[:kz]
Алматыда жаңа форматта көрсетілетін әлеуметтік көмек туралы түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Алатау ауданына күніне 100-ге жуық адам кеңес алуға келеді екен. Көбінесе қажетті құжаттардан бөлек, тұрғындарды төлем жүргізу мәселесі қызықтырады.
«Бұл көмекті көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен, отбасының табысы жан басына шаққанда күн көріс деңгейінің 70 пайызынан төмен, яғни 21 172 теңгеден төмен болса, сол кезде тағайындалады. Ол тек көпбалалы отбасыға емес, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қатысты», — дейді Алматы қаласы Алатау ауданы Әлеуметтік әл-ауқат бөлімінің басшысы Ләйлә Оразбаева.
Басқармада айырмашылықты 4 баласы бар ана мысалында түсіндіруде. Бұған дейін мұндай отбасы атаулы әлеуметтік көмекті 63 мың теңге көлемінде алса, ал сәуірден бастап оның мөлшері 103 мың теңгеден асады.
Жәрдемақыдан бөлек, ауылда тұратын көпбалалы отбасылар өз ісін бастау үшін грант және шағын несиеге үміткер бола алады. Оның көлемі 500 мыңнан 20 миллион теңгеге дейін жетеді.
[:]