АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Cонда өз бабамызды қазақ деп мойындамай моңғол қыламыз ба?»: Арыстық азамат жуырда Шыңғысханның қабірі табылатынын айтты[:]

[:kz]

Жарты әлемді жаулап алған Шыңғыс ханның тегі қазақ деп жар салып жүрген Махмет-Кәрім Шанасов ұлы билеушінің қабірін ашуға көмектесіп, бабасынан түрлі аян алып жатқанын хабарлаған еді. Қазіргі таңда қабірдің есігінің аузында тұрғанын, жақын күндері үлкен жаңалық болатынын Stan.kz тілшісіне айтты. Бір қызығы айналасындағы адамдар қарияның бұл жаңалығына сенбегендіктен, олармен араласуды қойдым дейді. 

Түркістан облысының тұрғыны Махмет-Кәрім Шанасов соңғы уақытта Шыңғыс хан бабасының қабірінде көптеген белгілер көре бастаған айтады. Қарияның сөзінше, оның бәрі қабірдің ашылуы алдынғы белгілер болуы мүмкін. 

 

«Жаңалық көп болып жатыр. Бұл туралы телеарналарға да жіберіп жатырмын. Жақында Шыңғыс бабаның қабірінен адамның бас сүйегі шықты. Менің телефонымда суреті, видеосы сақталған. Бас сүйек шыққан жерден «Шыңғысхан» деген жазу бар. Одан кейін сол жақтағы қураған ағаштан да белгілер беріліп жатыр. Сол талға жай күндері барсам, ештеңе білінбейді. Ал өзі аян беріп, бар деген кезде барсам, ағаштан адамның басы, жыланның және қасқырдың сұлбасы шықты. Мұны жұртқа айтсам, күледі, мазақ қылады. Қурап қалған ағаштан қалай шығады деп сенбейді», — деген Махмет-Кәрім ата іздеу жұмыстары кезіндегі тылсымдарға көпшілік күмәнмен қарайтынын айтады. 

«Барған сайын үңгірдің қабырғасынан сурет шығады. Қазір 150-ден аса сурет шықты. Жыланның сұлбасы көрінеді. Барлық белгі есік тұрған жақтан көрінеді. Ал басқа жақтан іздесең суреттер шықпайды. Осыған дейін берілген аяндарында бас көрініп тұрды, 6 маусымнан кейін көрінбей қалды. Осыдан кейін адамдар сенбейді, бірақ менде дәлелдер жетеді. Бұрын қабірдің айналасы жеміс ағаштарына толы бақ болған, бірақ бәрі қурап бір ғана ағаш аман қалып, біз бес жылдан бері қазып жүргеннен бастап, көгеріп жеміс беріп тұр. Ол ағашқа су құюға болмайды. Бір күні су құяйын деп барсам, аян беріп су құйма деді. Шыңғыс баба өзінің құдіретін осылай көрсетіп жатыр. Сусыз жеміс береді бұл ағаш, құдіретім осында деп айтты. Жылда сары өрік болып піседі, жеп, дәмін татып жүрміз», — дейді қария. Оның сөзіне сенсек, мұндай кереметтері көп, алайда ешкім сенбейді. Елі сенбеген соң кейде шаршап қолын сілтеп кетіп қалғысы келетінін жасырмайды. Тіпті, бір жерге отырысқа барып, арқа-жарқа әңгіме айтудан қалдым дейді. 

шынгысхан

«Бір жерде отырыс болатын болса,үлкендер осы Шыңғыс ханды сұрайды. Ол қалай қазақ болады деп тиіседі. Сонда мен Абылай кімнен тараған деп сұраймын. Олар Жошыдан тарағанын айтады. Шыңғыстан Жошы тарады, сол үшін ол қазақ десем, неге бәрін Шыңғысқа тірейсің деп сөйлейді. Мәселе онда емес, сонда өз бабамызды қазақ деп мойындамай моңғол қыламыз ба? Оның үстіне Алтын орда, Шыңғыс хан деп моңғолдардың өзі айта алмайды, ол біздің сөзіміз. Менің қолымда барлық дәлелдер бар. Шыңғыс бабаның сұлбасы шыққан тас бар, басында 45 сурет шығып еді. Қазір 70-тен асты», — деген ол қолындағы тас уақыт өткен сайын өз пішінін өзгертіп, құбылып тұратынын жеткізді.

Ең қызығы, Махмет-Кәрім атаға жақында қазақстандық бір көріпкел хабарласып, қабірдің жуырда ашылатынын ескерткен. 

 

«Жақында бір көріпкел кісі телефон шалып, үш айдан кейін Шыңғыс ханның қабірі шығады деп айтты. Үкімет бұл мәселені қолға алады деп ескертті. Жақындаған сайын мен де ұйықтай алмай жүрмін. Жақында ағаш есіктің бір шеті көрінді. Бізге түскен аянда Шыңғыс баба есік көрінбей ешкім сенбейді деп айтқан. Одан кейін есікке жақындағанған сайын жердің өзі қазылып жатыр. Неге десеңіз аянда айтылды «менің есігіме жақындаған кезде топырақ өзгереді» деп. Дәл сол айтқаны айдай келіп жатыр. Жұрттар мұны естіп күледі, жынды деп ойлайды мені. Сол үшін қазір ешкіммен сөйлеспей қойдым», — деп күйінген қария мүмкіндігінше жиын-тойларға бармауға тырысады екен.

Осы істі бастағалы бес жылға таяп қалды деген ол кейде сырт сөздердің сүйектен өтетінін айтып қынжылды. Жұртқа түсіндіремін деп шаршадым деген Махмет-Кәрім ата қабірдің тезірек ашылғанын тілейді.

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

[:]