[:kz]
Данияның Орхус қаласында тұратын Амангүл әже сондағы жергілікті қазақтардың арасындағы ең жасы үлкені.
Сонау 1928 – 1929-жылдары бай-бақуатты адамдарды қудалаған заманда ата-анасы Ауғанстанға бас сауғалап кеткенде анасының құрсағында болған Амангүл әже бала күнінде: «Құдай-ау, елім қайда, жерім қайда? Келген соң Ауғанстанға боппын пайда», – деп ел-жұртты әбден жылатқан екен. Қазір де қазақтың халық әндерін нәшіне келтіре орындайды.
«Ауғанстанға барғасын мен туылыппын, – дейді Амангүл Аюби. – Атымды әкем марқұм сондай қиын-қыстау жағдайдан аман қалған қыз болды ғой деп ырымдап қойған екен. Менен кейін анам бейшара талай рет құрсақ көтеріпті, бірақ олардың бәрі шетінеп кетіпті.
Ол заманда қыз 15-ке толғанда тұрмысқа беру жазылмас заң болатын. 15 жасқа толғасын әкем мені өзінің жақсы араласып жүрген досының ұлына ұзатты. Атам мен енем марқұм өте жақсы кісілер еді. Бардамды жерге түстім. Жағдайымыз жақсы болатын. Бірақ кейін, 1980-жылдары Ауғанстанда соғыс басталып кетті де, біздер отбасымызбен Иранға, Горган қаласына қоныс аудардық.
Иранға барғасын жағдайымыз мәз болмады. Ол жақта шеттен барған қыз-келіншектердің бәрі жүн жууға, оны түтуге жегілетін. Бірақ атам мені оған жібермеді. «Балам, сенің ондай жұмыс істегеніңді намыс көремін. Одан да енең екеуің үйде отырып кілем тоқыңдар», – деп бізге кілем тоқуға қажеттінің бәрін алып берді. «Ата-ау, кілем тоқитын қабілетім жоқ қой. Оны қалай, кімнен үйренемін?» – деп едім, «Әгерәки осы кілемді тоқып бітірсең, оны Меккеге қажылыққа барарда өзіммен алып кетіп, сонда іліп қоямын», – деген шарт қойды. Содан не керек, тырысып бағып бір кілем тоқыдым, атамыз уәдесінде тұрып, оны Меккеге әкетті. Осылайша мен кілем тоқудың хас шебері болып шықтым. Енді шеттен келгендер біздің үйден кілем тоқудың қыр-сырын үйренетін болды».
Араға оншақты жыл салып Амангүл әженің тұңғышы Дания еліне көшіп баруға рұқсат алып, бүкіл отбасын сонда көшіріп әкетіпті. Содан бері Аюбилер отбасы Данияның Орхус қаласында тұрып жатыр. Амангүл әженің үш ұлы, екі қызы бар. Ол кісі қазір екінші қызы Гүлшахтың қолында.
«Бір қызым Қазақстанда тұрады, шипалы суы бар Сарыағаш қаласында. Қалғандары осы Данияда. Кіші қызым Гүлшахты әкесінің қалауымен қазақстандық жігітке ұзатып едік, қызым мұндағы оқуын тастап кете алмады. Ол жігіт осында көшіп келіп еді, жерсінбеді. Содан екеуі екіге айырылды. Қазір сол қызымның балаларына қарайласып отырған жайым бар, – дейді Амангүл әже. – Жылына бір рет Қазақстандағы қызымның үйіне барып, біраз уақыт демаламын. Шипажайынан ем аламын. Барған сайын Қазақстанымның осындай күнге жеткеніне шүкіршілік айтып, бір жылап аламын.
Баяғыда біздер елден елге көшіп жүргенде ауғандар мен ирандар бізді адам құрлы көрмейтін. «Өздеріңнің елің жоқ, шекарамен бекітілген жерің жоқ, қаңғыбассыңдар», – деп кемсітуші еді. Сонда көзіме жас толып: «Аспанымда бұлт бар, жүрегімде үміт бар, Аллам-ай, бізге де бір патша бұйырта гөр!» – деп жалбарынушы едім. Сол тілегімнің қабыл болғанына қазір шүкіршілік етемін. Құдай сол Президентке сабыр берсін, еліміз тыныш болсын деп енді бес уақыт намазымда тілеп отырамын».
Амангүл әженің жары Қожа Мұрат Аюби 2003-жылы дүниеден өтіпті. Сүйегі қызы тұратын Сарыағашқа қойылыпты. Әжеміздің де арманы – туған жерге көшіп келу. Бірақ әзірге бұл арманы орындалар емес.
«Кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда туған жерге барып отырғым келеді. Бірақ мұндағы балаларымды қимаймын. Олар осында орнығып қалды, тәп-тәуір қызметтері бар. Отыз жыл өмір сүрген мекенді тастап кете салу оларға да қиынға соғып тұр. Мен мұнда тіл білмеймін. Білмегесін ешкіммен араласпаймын, бір жерге барып келуім де қиын. Ал қызымның үйіне барсам, ондағы кемпір-шалдармен емен-жарқын сөйлесіп, күннің қалай батқанын білмей қаламын.
Жалпы, мен өз балаларымның қазақ тілінде сөйлеуін қадағалап отырамын. Қазақтың салтын, дәстүрін, тілі мен дінін ұмытпаса екен деп тілеймін», – дейді Амангүл әже.
…Әңгіме соңында ол кісі Қазақстанға Жаңа жыл жақсылық әкелсін, ешкім таршылық көрмесін деп ақжарма тілегін айтты.
Аман болыңыз, Амангүл әже, ұрпақтарыңызбен мың жасаңыз!
А. ҚАСЫМБЕК
zamana.kz
Сурет zamana.kz сайтынан алынды
[:]