[:kz]
Бес миллионға салынып қатып қалған қоғамдық дәретхана, жүздеген бүлінген аялдама (оларды жөндеуге бюджеттен 50 млн теңге бөлінді), қараусыз қалған 6,5 млн теңгеге салынған «Тәуелсіздік» көшесіндегі аллея. Павлодар қаласы дегенде міне осы жайттар еске түседі. Бұл шаһардың басшысы «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген Қазақстандағы ең жас әкім Әнуар КҮМПЕКЕЕВ. Мәскеуде де білімін жетілдірген бұл шенеунік былтыр 2018 жылы қала басшысы болып тағайындалған. Алайда жас әкімнің аты өзіне қызметтік баспананы 50 млн теңгеге сатып алып шықты. Амал нешік, журналисттер болмағанда хан сарайында тұра берер ме еді…
Бүгін Павлодар әкімі жергілікті журналистердің алдына шықты. Жуырда ғана даулы баспананың жеті пәтерге ауыстырылып мұқтаж жандарға өз қолымен кілтін бергенін масаттана айтып, өзінің қазір пәтер жалдап тұрып жатқанын айтты. Осылайша, әп сәтте дәулет пен байлықты сүйетін әкімнен ең қарапайым шенеунікке айналып шыға келді. Айтпақшы, сол үшін облыс басшысы Болат БАҚАУОВТАН ескерту алған шенді өзін журналистер алдында сенімді ұстады. Әріптестеріміздің сауалдары да аз болмады.
Мәселен, қаладағы қоғамдық көліктердің жағдайы. Тілшілердің айтуынша, әсіресе шаhарға қарасты елдімекендерге қатынайтын автобустардың жағдайы көңіл көншітпейді. Автобус аз, бұған қоса арнайы кестеден кешігіп келеді. Кесірінен, аялдамаларда сағаттап тұрып, жаураған тұрғындар «бұл мәселе қашан шешіледі» деп жергілікті БАҚ өкілдеріне жиі хабарласады екен.
— Автобустар бар. Кестеге сай жүрулері тиіс. Жалпы, биыл облыс орталығына қостанайлық 30 автобус әкелу жоспарлануда. Жазда қала көшелерінде су жаңа автобустар қатынауы мүмкін. Бұған бюджеттен 700 миллион теңге бөлінген, — деді әкім.
Биыл Павлодарда қоғамдық көлікте жолаушыларды электрондық билеттендіру жүйесі енгізілмек екен. Ол үшін қазір алматылық және мәскеулік қос инвестормен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, облыс орталығындағы трамвайлар жаңартылмақшы. 13 жаңа вагон үшін қалалық бюджеттен қаражат бөлініп қойыпты. Осы ретте жұрт жиі шағымданатын аялдамалар жайлы да сөз болды.
— Тұрғындардың жайлылығы үшін қаладағы барлық аялдамалар жөнделеді. Жалпы, Павлодар көшелерінде 450 аялдама бар. Олардың барлығын жөндеп, жаңалау үшін бюджеттен 50 миллион теңге бөлінген, — дейді КҮМПЕКЕЕВ.
Журналистер «Тәуелсіздік» даңғылында демеушілердің 6,5 миллион теңгесіне салынып, кейін сұрқы қашқан аллеяға да тоқталды. Бүгінде серуендеу аллеясы әкімдік балансында. Әдемі аллея қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып үлгергенімен, кейін қараусыз қалып, арканың гүлдері селдіреп, диодты шамдары істен шығып қалған. Шаһар әкімінің сөзіне сенсек, бүгінде арканы қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстар қолға алынған. Десе де, әкімдіктегілер оның көркін келтіруге дәмелі тұрғындар табылып жатса, көмектен бас тартпаймыз деп отыр.
Бұдан бөлек, Әнуар Күмпекеевке тура қалалық әкімдіктің алдында орнатылған қоғамдық дәретханаға қатысты да сұрақтар қойылды. Өйткені, бюджеттің 5 миллион теңгесіне салынған әжетхана қараусыз қалып, әбден бүлінген. Бұзақылар ондағы жылытқыш құрылғысын қолды қылып, дәретхананың ішін ластап кеткен. Әкім әжетхана алдағы күндері жөнге келіп, қайта қолданысқа беріледі деп сендіріп отыр.
— Бүгінде дәретханаға күзітші тауып қойдық. Енді қайта жөнделіп, іске қосылады. Қоғамдық дәретхана бұрынғыдай ақылы емес, тегін болады.
Коллаж және фотолар автордікі.
[:]