[:kz]
Желіде қызық ақпарат тарады. Әлгі ақпараттың қызығы сол, елордалық бір дәрігердің жазып берген рецептісін қолына алып дәріханаларды жағалаған тұрғын қағаздағы жазуды түсініп оқитын бірде-бір дәріхана қызметкерін таба алмапты. Яғни, ол барған 4 дәріхананың қызметкері де қағазда не жазылғанын түсінбеген екен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Дәріхана жағалап амалы таусылған қыз желіде осы жазуды оқи алатындар табылып қалар деген үмітпен Instagram-дағы «zhaloby_astana» парақшасының оқырмандарынан көмек сұрады.
«Қайырлы түн! Кеше кешкілік уақытта мені жедел жәрдем ауруханаға алып келді. Денсаулығымды тексеріп, дәрі жазып берді. Сондықтан жақын маңдағы төрт дәріханаға бардым. Бірде-бір фармацевт дәрігердің жазуын түсінбеді. Бұл қалай? Мен кеше емделе алмадым. Алда не боларын білмеймін. Біреу түсіндіріп бере ала ма маған? Тез дәріханаға барып келейін. Ауырсыну бар, бірақ ем жоқ», — деп жазды дертін емдейтін дәрі сатып ала алмай сарсаңға түскен тұрғын.
Желі арқылы көпшіліктен көмек сұраған оның бұл дабылы елеусіз қалмады. Көптің назарын бірден аударған жазбаны оқығандар қол ұшын созуға тырысып-ақ бақты. Әйткенмен, олар да қағаздағы жазуды оқи алмай әлекке түскен сыңайлы. Тіпті, жазба астына пікір білдірушілер дәрігердің жазуын әзілге айналдып, келеке қылды.
«Мұндай жазумен экзорцисттерді шақырып, қасиетті суға шомылу керек», «Дым түсіне алмадым», «Сақтап қою керек, өзіңнің жазуыңның нашар деп ойлаған кезде осыған қарайсың да, сабырға келесің», «Дрлилилилилт лилили лилили, дрлилилилилили болды ғой мынау», «Менің жазуым нашар ма деп жүрсем… Өзіме деген сенімді арттырғаныңыз үшін алғыс білдіремін!», — деп жеке ойларын білдіре жөнелді.
[:]