[:kz]
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 7-8 сәуірде Нұр-Сұлтанға келуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова хабарлады деп жазады nege.kz
Сергей Лавров 8 сәуірде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездеседі. Кездесу барысында екі ел арасындағы әріптестік, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, ТМД мәселесі талқыланбақ.
Ерекше назар коронавирус инфекциясымен бірлесіп күресуге бөлінеді. Сондай-ақ екі ел президенттерінің сыртқы істер министрлеріне қойған тапсырмаларын тиімді орындау да сөз болады.
С.Лавров пен М.Тілеуберді
Еуразиялық интеграция, Каспий аймағы жөніндегі әріптестік те назардан тыс қалмайды. Ауғанстанның мазасы қаша бастағанын ескеріп, екі ел министрлері Орталық Азияның қауіпсіздігін де бір үстел басында отырып талқыламақ.
Соңғы уақытта Ресейде Қазақстанның шекаралық тұтастығына күмәнмен қарайтындар көбейіп барады. Және олар қатардағы көп «мұжық» емес – Ресейдің ішкі-сыртқы саясатының тізгінін ұстағандар.
Айталық, күні кеше ғана Дума депутаттары В.Никонов пен Е.Федоров біздің шекарамыздың тұтастығына күмән келтірді. Одан кейін Ресейдің бұрынғы мәдениет министрі В.Мединский әлдебір «сыйлық жерлер» туралы айтты. Бұл жөнінде Путиннің не дегені де есте.
Осының бәріне нақты әрі ашық пікір білдіріп, елдестіруге тиіс адам Сергей Лавров еді. Бірақ…
Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавровтың өзгелерге шекеден қарайтын астамшыл мінезі бар. Лавров мұндай қыңыр мінезін қырғыз әріптесі Мәскеуде өз тілінде сөйлегенде де көрсеткен.
Қазақстанның сыртқы істер министрі М.Тілеуберді ресейлік бейпілауыз әріптесін дипломатиялық тұрғыда тізгіндей алады деп сенейік.
[:]