АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Денсаулық сақтау министрі Зайсандағы жағдайға қатысты пікір білдірді[:]

[:kz]

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов орталық коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы коронавирусқа байланысты қалыптасқан жағдайға пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Елжан Біртанов. Фото: NUR.KZ

Елжан Біртанов. Фото: NUR.KZ

Ведомство басшысы Сарытерек пен Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары көшеге шыққанын атап өтті. Олар аталған елді мекендерде Қытай тұрғындары үшін карантин ұйымдастырылады деген желіде пайда болған ақпаратқа байланысты алаңдаушылық білдіруде.

Министр екі мемлекет арасындағы шекараның жолаушылар тасымалы үшін жабық болуына байланысты Қазақстан аумағында аспан асты елдерінің азаматтары үшін карантин орналастыру мүмкін емес екенін алға тартты.

Айтуынша, мәселе кезінде Қытайға тауар алуға барып, шекара жабылған кезде көрші мемлекетте қалып қойған қазақстандықтар жайында болып тұр. Олар елге қайтуға ниетті.

Біртанов елдегі азаматтардың қауіпсіздігі үшін мемлекетке оралған адамдардың карантинге жатқызылатынын атап өтті. Сондай-ақ белгілі болғандай, қазіргі уақытта Қазақстанда келісімшартпен жұмыс істейтін Қытай азаматтары, соның ішінде мемлекеттік инвестициялық жобаларда қызмет ететін қытайлықтар да карантинге жатқызылады.

 

Ведомство басшысы осы уақыт аралығында дәрігерлеріміздің коронавирус бойынша күдіктелген адамдарды оқшаулауда тәжірибе жинап үлгергендерін жеткізді.

«524 адам карантиннен өтті. Бүгін түнде Уханьнан тағы бір қазақстандық студент жеткізілді. Ол Алматы қаласында карантинге жатқызылды. Яғни, бұл механизмдердің барлығы пысықталды, олар азаматтар мен дәрігерлер үшін қауіпсіз. Шекара және халықаралық әуежайлар бар өңірлерде біз қосымша обсервациялық стационарлар аштық», – деп мәлімдеді Біртанов.

Ол, сондай-ақ, қазіргі уақытта Зайсан ауданына облыс әкімі барғанын, халықпен кездесу өтіп жатқанын тілге тиек етті.

Еске сала кетейік, 19 ақпаннан бері әлеуметтік желілерде ШҚО-дағы ауданға коронавирус жұқтырған Қытай азаматтары жеткізілгені туралы ақпарат пайда болып, елді дүрліктірген еді. Алайда облыс әкімдігі мұны жоққа шығарып, Даниал Ахметов жұртты сабырға шақырды.

 

[:]