[:kz]
Бахтияр Беков жұбайымен бірге бақытты отбасының іргесін қалап, үш баласын тәрбиелеп отырған отандастарымыздың бірі. Елімізді әлемге паш етіп жүрген Димаш Құдайбергенге ұқсауына байланысты бүгін ол халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Бахтияр Беков Stan.kz тілшісіне танымал әншіге өзін қаншалықты ұқсататынын, мен Димаш емеспін деген сөздеріне адамдардың неліктен сенбейтінін айтып, әншімен шатастырғанда қандай күйде болатынын айтып берді.
Халықтың сүйікті ұлы, мақтанышы атанған Димаш Құдайбергеннің өнерін жоғары бағаламайтын, жақсы көрмейтін қазақ кемде-кем. Содан болар отандастарымыз Димашқа ұқсайтын Бахтиярды көргенде оны әнші екен деп ойлап, жерден жеті қоян тапқандай қуанады. Қайда барса да, жайдары жүзбен қарсы алып, бетінен сүйіп, құшақтап, жылы лебіздерін білдіруге асығады екен. Күн сайын әншімен шатастырып, Бахтиярдан автограф беруді, суретке түсуді сұрайтын қазақстандықтардың ішінде кішкентай балалар да, жасы ұлғайған үлкен кісілер де бар.
Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, басында әйелі әншімен ұқсастығы жайлы сөз қозғағанда аса қатты мән бермеген. Бірақ кейін екеуінің бір-біріне ұқсайтынын байқаған.
«Димаш Славян базарына қатысып, таныла бастаған кезде әйелім оған ұқсайтынымды айтты. Басында сенбедім. Егіздердің өзі бір-біріне ұқсайтынын айта бермейді ғой. Бірақ мен уақыт өте келе Димашпен ұқсастығымды байқадым. Кейде адамдар «Сен Димаштың туысқанысың ба, бауырысың ба? деп сұрайды Екеуміздің арамызда ешқандай туыстық жоқ», — дейді ол.
Қалың жұрттың арасында Димаш емеспін деп айтса да, сөзіне сенбейтін жандар бар. Әйтсе де, Алматы тұрғыны қоғам назарынан қысылмайтынын айтты.
«Жақында отбасыммен сауда орталығында қыдырып жүрген едім. Бутиктен бір әйел шығып, Димаш деп маған қарай жүгірді. Құшақтап, бетімнен сүйіп: «Біз сенімен мақтанамыз, жақсы көреміз, балаларымызға да ұнайсың», — деді. Димаш емеспін, басқа адаммын, атым Бахтияр, Алматыда тұрамын деп едім, сөзіме сенбей қойды. Сосын мен жұмыстарыммен басқа жаққа кетіп қалдым. Орталыққа қайтып келсем, әлгі әйел интернеттен Димаштың суретін тауып алып, бес-алты кісімен бірге мені және әншіні салыстырып жатыр екен. Маған: «Сен Димашсың, бізді алдап тұрсың», — деп еді қызым «әкелеп» жүгіріп келді. Қызым «Әкеңнің аты кім?» деп сұраған кісілерге: «Бахтияр», — деп жауап берді. Осыдан кейін ғана әйелдер қауымы маған сенді», — дейді отандасымыз.
Бахтияр Беков оңтүстік астанадағы банктердің бірінде банк кассирі болып жұмыс істейді. Әріптестері де алғашқы кезде де көздері үйреніп кеткенше Бахтиярдың Димашпен ұқсастығына қайран қалып жүрген. Сырттан жұмыс барысымен келетін адамдардың өзі оның әншіден айнымайтынын атап өтпей қоймайды екен.
Өнер адамы болмаса да, өнерді жаны сүйетін кейіпкеріміз сұхбат барысында әншіге деген ізгі тілектерімен бөлісті. Димаштың атымен Қазақстанның атын қатар атайтын отандық және шетелдік жанкүйерлеріне де қайран қалатынын тілге тиек етті.
«Димаштай әнші әлемде біреу ғана деп ойлаймын. Оған тек қана сәттілік, отбасына аманшылық тілеймін. Өнері алға басып, еліміздің атын шығара берсін. Концерттерін көріп отырып, ол үшін, қазақ елі үшін қатты қуанып кетемін. Қазақстанда Димаштың бар болғанымен мақтанамыз», — деді Бахтияр Беков.
[:]