АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Димаштың концертiне ең көп билет сатып алған қытайлықтар мен ресейлiктер[:]

[:kz]

Елорданың «Астана Арена» стадионында Димаш Құдайбергеннiң «Бастау» Live шоуы өтiп жатыр. Концерт басталмас бұрын Димаштың әкесi әрi продюсерi Қанат Айтбаев баспасөз мәслихатын өткiзiп, тiлшiлердiң бiраз сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

 

«Димаш бүгiн қазақ, ағылшын, француз, қытай, орыс тiлдерiнде ән шырқайды. Қазақстандық композиторлар мен әлемдiк хит әндердi орындайды. Бiрнеше жаңа әннiң тұсауы кесiледi. Бұған дейiн ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi ағайынды Меладзелер мен Лара Фабианды ұсынған болатын. Дегенмен, шығармашылық топ ақылдаса келе, басқа шетелдiк әншiлерге тоқталды. Болашақта Лара Фабианмен дуэт бәрiбiр болады деген ойдамын, оған асығыстық жоқ. Олардың шығармашылығында ұқсастық өте көп», — дедi Қанат Айтбаев.

 

Ал концерт ұйымдастырушысы Асхат Маемировтың айтуынша, Димаш 5 бөлiмнен тұратын концертте 5 түрлi костюммен шығады. Ол Майра Мұхамедқызымен, ресейлiк әншi Кристина Орбакайтемен дуэт айтады. Кристинамен «Опять метель» әнiн орындап, шағын қойылым қояды. Сондай-ақ, шоуда Софи Эллис Бекстор мен «Еуровидение» байқауының жеңiмпазы әншi Лорин ән шырқайды. Осы концертке дайындық 2 жарым ай бойы жүргiзiлген.

 

«Концертте астаналықтар, Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келген азаматтарымыз басым. Одан кейiн билет сатып алған шетелдiктер арасында Қытай, Ресей алдыңғы орында. Сондай-ақ, ТМД, Еуропа елдерi, мәселен Германия мен Франция және Америка, Австралия, Сингапур, Малайзия сияқты мемлекеттерден келiп жатқандар бар. Шетелдiктер барлық көрермендердiң шамамен 30-40 пайызын құрайтын шығар. Билеттiң барлығы өттi. Жарық, дыбыс, барлығы сапалы. Концерт 100 пайыз жанды дауыспен өтедi», — дедi Асхат Маемиров.

 

Ал Димаштың әкесi Қанат Айтбаевтың айтуынша, Димаштың концертiн тамашалауға оның ата-әжесi де келген.

 

«Димашты 5 жасынан бастап сахнаға шығарған солар. Ұлым оларды ең басты сынайтын ұстаздарым деп атайды», — дейдi әкесi.

 

«Әншiнiң өнерi бiр ғана мемлекетпен шектелiп қалмауы керек. Димаш қазақтың баласы, қазақтың жерiнде тұрады, бiрақ ол өзiн тыңдайтын, өзiн құрметтеп-қадiрлейтiн бүкiл елде ән салуға даяр. Бiзге ТМД, Қытай, Еуропа, Америка елдерiнен әрiптестiк орнатуға түрлi ұсыныстар түсiп жатыр. Солардың барлығымен жұмыс iстеуге бiз дайынбыз. «Америка дауысы» конкурсы да ұсыныс жасады, дегенмен әзiрге, конкурстарды тоқтата тұрсақ деймiз. Өйткенi Димаш соңғы кездерi көптеген конкурсқа қатысты, оның барлығы оңай емес», — деп түйiндедi әншiнiң продюсерi Қанат Айтбаев.

alashainasy.kz

 

 

[:]