[:kz]
Қазақстандық танымал имам Әбдіғаппар Сманов «Алдараспан» театрының директоры, белгілі әзілкеш Нұржан Төлендиевке өз ренішін білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ислам дінін насихаттап жүрген ұстаздың сөзі Instagram желісіндегі daguat_kz тобында жарияланды.
Видеодан сұхбат барысында Смановтың жүргізуші сұрақтарына жауап беріп отырғанын байқауға болады.
Сөз арасында БАҚ өкілі Нұржан Төлендиев туралы сөз қозғағанда имам танымал әзілкешке деген ренішін білдіріп өтті.
«Мен Нұржан Төлендиевті жақсы танимын. Жақсы жігіт. Иманды жігіт. Ұяты бар, намысты жігіт. Бірақ оған жақында қатты ренжідім.
«Нұржанға немен ойнасаң да, ойнай бер, бірақ дінмен ойнама, дінмен әзілдеспе», — дедім. Сен молданың үстінен күлме. Ертең сенің жаназаңды шығаратын сол молда.
Сен анау телефон арқылы мәселені шешетін шенеунік, министр емес», — деді имам Әбдіғаппар Сманов.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың мамыр айында Youtube желісіндегі «Алдараспан» театрының каналында «Наиб-имам» атты видео жарияланды.
Атақты актер Нұржан Төлендиев осы сахналық қойылымда имамның рөлін сомдап, көпшілікті күлкіге қарық қылған болатын.
Осыдан кейін кейбір желі оқырмандары әртіске «дінді мазақтады» деп реніштерін білдірді.
[:]