АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Аріп Танірбергенов поэзиясындагы Абай дастурі

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

 

Филология факультеті

 

Қазақ әдебиеті кафедрасы

 

 

Диплом жұмысы

 

Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрі

 

 

Алматы — 2011

 

РЕФЕРАТ

 

Жұмыстыың тақырыбы: Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрі.

Жұмыстың көлемі: 46 бет.

Пайдананылған әдебиеттер саны: 35.

Тірек сөздер: ұлттық поэзия, айтыс, дәстүр жалғастығы, қисса т.б.

Жұмыстың құрылымы: бітіру жұмыс кіріспеден, екі тараудан, оның ішінде төрт тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Зерттеу нысаны: Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрінің көркемдік қырларын  жан-жақты  зерттеу.

Жұмыстың мақсаты мен міндеті:  бітіру жұмысының негізгі мақсаты Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрінің көркемдік идеясының, эстетикалық қуатының, мән-маңызының алатын орнын анықтау. Кезінде әдебиеттанушылар даулы тақырыпқа айналған мәселенің бірі — Абай мектебінің төңірегі болатын. Абай мектебінің көрнекті өкілі Әріп шығармашылығындағы ұстаз  өнегесі дәстүрлі мектептің айқын көрінісі іспетті. Сонымен қатар, Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай тәлімімен қатар авторға  тән  жеке стильдік ізденістерді,  жаңа тыныс пен  тың тақырыптарды көтергені жайында сөз қозғау.

Жұмыста қолданылған дерек көздері: ғылыми-теориялық зерттеу еңбектері, диссертация, газет, журнал материалдары, көркем мәтін т.б.

 

 

МАЗМҰНЫ

 

Кіріспе………………………………………………………………………………………………….

 

І бөлім. Әріп Тәңірбергеновтың өмірі мен шығармашылық жолы………….

1.1 Әріп поэзиясының көркемдік ерекшеліктері…………………………………..

1.2 Әріптің ағартушылық бағытта жазған өлеңдері………………………………

 

ІI бөлім. Әріп — Абай поэзиясындағы көркемдік үндестіктер………………..

2.1  Ә. Тәңірбергеновтің қисса-дастандарындағы Абай дәстүрі……………. 

2.2 Әріп айтыскерлігіндегі Абай өнегесі………………………………………………

 

Қорытынды…………………………………………………………………………………………

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі…………………………………………………………

 

 

КІРІСПЕ

 

Әріп Тәңірбергенов ақындығы, ғұламалығы жөнінде кенжелеп алсақ та, қазір ол туралы айтылып та, жазылып та жүр, бұл жағынан жұртшылыққа біршама танымал деп айтуымызға әбден болады. Жан-жақты білімді, көп оқыған кемел ақын Әріп Тәңірбергенов артына мол мұра қалдырды. Өкінішке орай, олар Қасым ақын айтқандай, «арбасқан алақұйын заманалардың» салдарынан бізге толық жетіп отырған жоқ /1,18/. Мұны зерттеуші Қ. Мұхамедханұлы да қадап айтады. Оқырман қауым Әріп өлеңдерімен алғаш рет 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Ұмытпаңыздар мені» деген атпен шыққан шағын жинағы арқылы хабардар болса, екінші рет 1995 жылы Қайымның «Абайдың ақын шәкірттері» атты зерттеу еңбегі жарық көргеннен кейін ғана кеңірек танысуға толық мүмкіндік алды /1,23/.

Өйткені ол ақ патша өкімдерінің әңгір таяғымен азап шеккен қазақ ауылының тіршілік-тынысы ғана емес, оның экономикалық, саяси-әлеуметтік проблемаларын да жақсы білді. Халықтың зорлық-зомбылықтан, озбырлық-заңсыздықтан күйзелген шаруашылығын, титықтаған тұрмысын, аянышты ахуалын да көрді, оның неліктен бұлай болып отырғанын әшкерелеп, оны жөндеу жөнінде өз ой-пікірлерін, өз байлауын ортаға салды. Сондықтан да оқырман қауым оның үніне үнемі құлақ түріп отырды /2,65/.

   Әріп ақын қазақ елінің мәдениеті мешеу, тарихы белгісіз «бұратана» ел атануына намыстана қарады. Әсіресе, қазан төңкерісі алдындағы «қазақ халқын тарихқа кірмейтін жабайы халық» деп есептеген шовинистік пиғылдағы пікірлер де намысына тиді. Ол оның халқымыз, ел-жер тарихын білмегендіктен екенін аңғарды. Ұлы ұстазы Абайдың дүниетанымы мен көмегі оған халқымыздың тарихы мен мәдениетін зерделеп оқуға жөн сілтеді. Әріп өзге халықтардың ғылым, біліміне кітап арқылы саяхат жасап білім іздейді. Ол арабша, парсыша, орысша, қытайша, түркі халықтарының тілінде жазылған трактаттарды, діни кітаптарды оқи білді. Өткен тарихымызға деген қызығушылық, орыстың ғылыми еңбектері ғана емес, әлем әдебиеті мен ғылымына жетеледі. Халық ауыз әдебиетінің қайнарынан мол сусындап, батыс-шығыс елдерінің әдебиеті мен мәдениеті мен мұндалап тартты. Елінің тарихы және мәдени мұраларына деген сүйіспеншілігі өмірінің соңғы сағатына дейін сақталды /3,54/.

   Жұмыс тақырыбының өзектілігі.

   Әріп шығармашылығындағы жанр ерекшелігі сан алуан. Оның шығармаларындағы дүниетаным, көзқарас – сол заманның келбетін сипаттайтын, ел тарихы мен дәстүріне терең үңіле, айшықты жазылған, бірде эстетикалық, бірде діни-философиялық және этнотарихи, қоғамдық пікір-таласқа қызу араласатын сан алуан тақырыпты қамтып, мұның өзі сан алуан ғылым саласына қосар үлесі бар бай қазына десе де болады.

       Әріптің ақын ретінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруы, сөйтіп классикалық үлгідегі шығармалар жазуы тікелей ұлы ұстазының шығармашылық ықпалында жүріп жатты. Ұлы мектептің өнегесі оны шеберлік биігіне алып шықты. Бұған Әріптің өз бойындағы ақындық талантты, терең парасатты қосар болсақ, оның өз шығармалары арқылы «Әр дәуір поэзияға өз міндетін жүктеп отырады. Сол міндет, талаптарға орай ақындар да жаңарып, ізденіп отыруы шарт» деген биік талапқа барынша толымды жауап бергенін аңғарар едік /3,19/.

       Әріп Тәңірбергенов қаламынан туған «Зияда — Шаһмұрат», «Қисса Баһрам», «Қисса Қожа Ғафан»  дастандарының қай – қайсысы да шығыс  жұртында ертерек заманда болып өткен оқиғаларды арқау еткен. Кейіпкерлері — тарихта болған адамдар, жер – су атаулары да нақты. Алайда оған қарап бұл поэмаларды тарихи шығармалар қатарына жатқызуға болмайды. Ақын өзінің идеясын, ақындық нысанасын алып шығу барысында тарихи дәлдікті, нақты деректерді дастандарында көркемдік деталь ретінде пайдаланады.

   Қазақ әдебиеті тарихында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы өкілдерінің қатарынан орын алып келгенімен, Абайдың талантты шәкірті ретінде танылуы бертінге дейін көлегейленіп келген Әріп Тәңірбергенов тұлғасын жаңа тұрғыдан танып, ақын мұрасының зерттелу ауқымын кемелдендіре түсудің кезі келгендей. Көптеген кедергілерге қарамастан Әріп ақын мұрасы жарық көрді. Енді Әріп Тәңірбергенов қалдырған мол мұраның идеялық мазмұн байлығы, тақырыптық ауқымы, жанр молдығы, стильдік өзгешеліктері, тілдік шеберлігі, басқа да толып жатқан сыр-сипаттары, сан алуан қырлары дәйекті зерттеулер кезі келді. Бұрмаланған ойлар қалыпқа келтіріліп, әдейі өзгертілген сөздер түпнұсқасымен салыстырылып қарастыруда маман пікірлері мен толғақты мәселелер түйінін шешу міндетті. Сондықтан да Әріптің бай мұрасын зерттеу өзекті болса, ғылыми салаларда таптырмас бағалы дәйек, құнды мәлімет.   

   Зерттеу деңгейі.

   Әріп Тәңірбергеновтың өзгеше бітімін, биік мақсатын, ақыл-ой тереңдігін, толғандырар тұжырым ауқымының кеңдігін алғаш танып, қадірлегендердің бірі ұлы Абай мұрасына ғұмырын арнаған Мұхтар Әуезов болды.

Әріп ақынның өмірі мен мұрасын ғылыми негізде зерттеуге классик жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің жазғандары бағыт берері хақ. Кезінде «қоғамға жат» саналып, жарыққа шықпай қалған «Көкбайдың ақындығы» деген мақаласында Тәңірбергенов турасында алғаш боп мынандай пікір білдіреді: «Абай мектебінің ақындарын айтқанда сол «Абай шәкірті» деген атаққа лайығы бар бір топ ақындар жайын әзірше жазғамыз жоқ. Бұл қатарда алдымен аталатын Әріп ақын мен Әсет сияқты әдебиет, көркемөнер қайраткерлері бар екені даусыз… Бұл жерде мысалы — Әріптің Көкбайға ұқсаған және одан гөрі де молырақ, таланттырақ шығармалар тудырған бағалы еңбектері бар екенін білеміз.»/4,46/, — дейді. Әріптің ақындық қуатын алғаш танып, ақын мұрасының кейінгі зерттелуіне тікелей қозғалу салған қысқа ғана ой ұшығының келешекте кеңейіп, ғылыми түрде өрістеуіне уақыт қыспағы ырық бермеді.

   Осы арада біз Ә. Тәңірбергенов өмірі мен шығармашылығының әлі де жете зерттелмей, ғылыми тұрғыда өз орнын таппай келуінің бірнеше себептерін айта кетейік.

Біріншіден, абайтану мен Абайдың ақындық мектебін құртуға тырысқан сол уақыттың әдеби көзқарасы.

Екіншіден, ақынның социалистік қоғамға жат шығармалар жазуы (әсіресе, дүниетанымдық мәндегі поэзиясы).

Үшіншіден, Әріптің төңкеріске дейінгі патша шенеуіктерімен бірге бірнеше жерде тілмаштық қызметте және болыстың хатшысы сияқты қоғамдық жұмыстар атқаруы, ол аз десеңіз төңкерістен кейін кеңес өкіметі тұсында «істі болған күдікті» өмірі.

Ең соңында, тіпті «Әріп Абайды ұстаз көрмеген, Абайға қарсы болған», — деп Абай мен Әріп арасындағы өнерге тән өлең қақтығыстарын өршіткен кереғар пікірлер еді/4,22/.

Ғасыр аралығындағы әдебиет өкілдерінің бір тобы «діншіл, ескішіл» деген айдарға иеленіп келсе, ағартушы-демократтық бағыттағы екінші бір топ ақындарының өзі саяси идеология талғамына қарай тұрпайы сүзгіден өтіп, әдеби мұралары біржақты танылып келді. Кеңестік идеология стандартына сай өлең-жырлары аса дәріптеліп, ол талғамға келмейтін мұралары бүркемеленіп, реті келсе, сын тізіне алынып келген ақын — Ә. Тәңірбергенов болатын.

Ақын мұрасы жайында негізгі пікірлер төңкерістен кейін қарқын ала бастады. 1936 жылдың 11 қыркүйегіндегі «Социалистік Қазақстан» газетінде ақынның екі өлеңімен бірге 37-нің құрбаны болған Тұрлыхан Қасенұлының «Әріп ақын» атты мақаласы басылды. Бұл Тәңірбергенов мұрасына арналған алғашқы біртұтас еңбек еді. Араға аз уақыт салып бұл сарындас мақалалар кеңестік танымның таразысына тартылып, ызғарына шалынды.

Елуінші жылдары Әріп мұрасының зерттелу аясы ауқымдала түсті. Мұхтардың жетекшілігімен «Абайдың ақындық мектебі» концепциясы кең түрде зерттеліп, жүйелі қалыпқа енгізіліп, 1951 жылы Қ. Мұхамедхановтың «Абайдың ақындық мектебі туралы» /5,35/ кандидаттық диссертациясы үлкен тартыспен қорғалғаны белгілі.

1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Ұмытпаңыздар мені» деген атпен Ә. Тәңірбергеновтің тұңғыш  жинағы жарық көрді. Алғысөзін Өмірзақ Есназаров жазды.

Әріп ақынның өмірін, шығармашылығын бүге-шігесіне дейін зерттеген ғалым Қ. Мұхамедханов 1995 жылы шыққан «Абайдың ақын шәкірттері» деген еңбегінің үшінші кітабында Әріп ақын туралы бірталай мәлімет береді.

Қ. Мұхамедханов былай дейді: «Мен Әріп ақынның шығармаларын жинап, зерттеу мәселесімен 1939 жылы шұғылдана бастаған едім. Сол кезде Шұғыбанмен таныстым. Әріп ақынның шығармаларын ең көп білетін адамның бірі де өз шәкірті Шұғыбан Қауметов еді /6,19/».

 

 

 

       Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:

       Бітіру жұмысының негізгі мақсаты Абай дәстүрінің көркемдік идеясының, эстетикалық қуатының Ә. Тәңірбергенов поэзиясындағы алатын орнын анықтау болып табылады. Кезінде зерттеушілер арасында дау-дамай туғызған мәселенің бірі Абай мектебінің болуы. Осы Абай мектебінің көрнекті өкілі Әріп шығармаларындағы Абай өнегесі, оның мектебінің айқын көрінісі. Сонымен қатар Ә. Тәңірбергенов поэзиясында Абай дәстүрімен қатар өзіндік жаңалықтың тақырыптар қозғағанын ашу.

      Ғылыми зерттеу әдістері:

      Ә. Тәңірбергенов шығармаларының қазақ әдебиеті тарихында алатын орнын, маңызын және Абай дәстүрін зерттеуді салыстырмалы – салғастырмалы, жүйелі – комплексті әдістер басшылыққа алынды.

      Тақырыптың ғылыми методологиялық негізі: 

      Еңбектің ғылыми және методологиялық негіздерін ұлттық әдебиет тарихы ғылымының жетекші өкілдері және әдебиеттану ғылымының ірі теоретиктерінің сын, зерттеу еңбектеріндегі ой пікірлер тұжырымдарын құрайды. Атап айтқанда: М. Әуезов, Қ. Мұхамедханов, С. Мұқанов, С. Қирабаев, Ө. Күмісбаев, М. Мағауин, С. Негимов, Ө. Есназаров, А. Нұрқатов, М. Мырзахметов еңбектері алынды.

        Зерттеу обьектісі: Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрін зерттеу.

        Зерттеудің теориялық практикалық маңызы:

        Зерттеу жұмысының нәтижелерін, тұжырымдарын семинарларда, дәрістерде, арнайы курстарда әртүрлі деңгейлердегі баяндамаларда қолдануға болады.

        Жұмыстың қысқаша құрылымы:

        Бітіру жұмыс кіріспе, негізгі бөлім, және қортындыдан тұрады, ал негізгі бөлімнің өзі екі тараудан тұрады, бірінші тарау – Әріп Тәңірбергеновтің өмірі мен шығармашылық жолы. Екінші тарау –  Әріп — Абай поэзиясындағы көркемдік үндестіктер деп аталады.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І. Әріп Тәңірбергеновтың өмірі мен шығармашылық жолы

 

1.1 Әріп поэзиясының  көркемдік ерекшеліктері

 

        XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында қазақтан шыққан білімдар, сауатты ақындардың аса көрнектілерінің бірі —  Әріп Тәңірбергенов. Әріп Тәңірбергенов Семей облысы, қазіргі Жарма ауданында (бұрынғы Қандығатай болысы) 1856 жылы дүниеге келген. Әріптің шын аты – Мұхаммедғарып. Руы Найман, Найман ішінде Сыбан. Әріптің ата-бабалары тарихта белгілі, тұқым қуалаған би әрі ақын болған. Бекбердіұлы Сүлеймен бидің өлеңмен жазған «Найман шежіресінде» Жанкөбек ұрпағын таратып, баяндай келіп, Әріп туралы былай дейді:

… Байсалұлы Әліден – Тәңірберген,

Оның ұлы Әріпті Найман білген.

Тұсында «Әріп ақын» атаныпты,

Ақындық Байғарадан үзілмеген.

             Әріптің әкесі Әлі Тәңірбергенов шаруа баққан кедей, момын кісі екен де, анасы Аяжан қазақтың қара сөзін сапырған саңлақ әрі тура мінезді, алмас тілді жан болыпты.

   Әріп бал құрақтай кезінде мұсылманша медреседе діни білім алып, сонан соң Семей қаласында миссионерлік мектепті тәмамдайды. Мұсылманша хат танып, орысша сауатын ашқан Әріп оқу-білімге ерекше құныға түседі. Өз бетінше ізденуден жалықпайды. Мұсылманша, орысша кітаптарды көп оқиды /5,28/. Өлеңге де осы кезден үйір бола бастайды. Орыс, қытай, араб, парсы тілдерін тиянақты меңгереді.

Әріп орысша бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, біраз жыл ауылда мұғалім болады да,  жиырма үш жасында Семейдегі училищеге түсіп, оқуын қайта жалғастырады. Семейде оқып жүрген жылдарында халық ауыз әдебиетінің қайнарынан мол сусындап, батыс-шығыс әдебиетінің классиктерімен жете танысады.

Әр жыл сайын Семейге келіп, ұзақ уақыт жатып, кітапханада болып, Михаэлис сияқты достарымен мәжіліс құрып қайтатын Абайдың әдеті болғаны мәлім.

Сондай Семейге келген уақыттарында, қалада оқып жүрген қазақ шәкірттерімен бас қосып, мәжіліс құратын болған. Абайдың осындай мәжілісінің толық мән-жайын Көкбай баяндап береді:

                                Семейге Абай келсе бізде думан,

                                Ән салып, босамаймыз айғай-шудан.

                                Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру,

                                Секілді бір ғылымның жолын қуған.

                                Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,

                                Өзгелер отырады, аузын буған.

                                Бір барсаң, мәжілісінен кеткің келмес,

                                Хакімдей Аплатон аңырап тұрған,

                                Келбеті біліміне ылайықты,

                                Япырым-ай мұндай адам қалай туған!

Абайдың осындай мәжілісінен қалмайтын шәкірттердің бірі, ең алдымен, Әріп пен Көкбай болған /6,69/.

Сөйтіп, Әріптің ең алғаш Абайды көріп-біліп, ұлы ұстаз ретінде таныған уақыты, оның Семей училищесінде оқып жүрген жылдары болады. Тарих, әдебиет, өнер-білім жайында Абай аузынан естіп, біліп ұққандарын көңіліне түйіп, ұлы ұстаздан тағлым алған Әріп ғылым қуу жолына мықтап түседі.

 1882-1884 жылдары Аякөз уезінде, 1884-1887 жылдарда Қытай Халық Республикасында Ресей консулы Николай Балкашиннің тілмашы міндетін атқарады. Сондай-ақ, Верный, Бішкек қалаларында заң орындарында, байланыс саласында жұмыс істейді. Жене жеткіншектерге жетекшілік жасап, ауыл балаларын үйіне шақырып, дәріс өткізеді.  

Қазақстан мемлекеттік Орталық архивінен келтірілген деректер Әріптің бір айға жуық уақыт жазықсыз Лепсі түрмесінде отырғанын және жалпы 1884 жылдары Еңірекей болысында тұрғанын дәлелдейді.

Өмірдің талай-талай қиын-қыстау жолдарын басынан кешіп, тіршілік сапарының ақырғы кезеңіне келген шақта ақын өз басының мұңын, шерлі сырын шертіп толғайды:

                                Жетелеп жетпіс алда, алпыс айдап,

                                Бекітіп қол-аяқты жіпсіз байлап.

                                Дүниенің бәрі де күңгірт тартты,

                                Шапшыған тұнық едім тұрған қайнап.

 

                                …Кәрілік жапалаққа айналдырды,

                                Бұлбұл ем даусы зарлы тұрған сайрап.

                                Төрт арыс қадіріңді білмеуші едім,

                                Жат болып менікі емес қалдың жайрап.

 

                                Өмірдің өтпегінің белгісі жоқ,

                                Пәлен күн барам демес саған сайлап.

                                Құтырған жолбарыстай көп жұлындым,

                                Я, тәңірім, өзің кешір ғафу ойлап, —

дей келіп, кешегі қаскүнем дұшпандарын есіне алып, ызалы мұңын да толғайды.

                                Орныма егін ексең мен кетейін,

                                Кіжінген дұшпандарым тісін қайрап.

                                Жақынға керегім де бар-ақ шығар.

                                Өкінер көмгеннен соң әбден жайлап.

 

                                Қолменен ұстап берген кісімсініп,

                                Отырар қуанысып күліп-ойнап.

                                Бурадан бота ажалы бұрын келмек,

                                Тегінде есіне алсын оны да ойлап.

                                Келмейді алжып жатып өлең жазғым,

                                Жасыққа көрсетейін сөзден қайрақ…

Рухы күшті ақын, мұң-шерін шаға отырып, сары уайымға салынбайды, жабырқап жасымайды. Ақындық өнерінің өлмейтініне берік сенеді.

    Ең соңғы шығармаларынан әзірге бізге жеткендері: «Кәрілікке», «Балаларыма» деген екі өлеңі және өлер алдында айтқан жиырма бес жол толғауы.

                                Жас өлімге тақалды,

                                Қарасам аппақ сақалды.

                                Атадан алтау тусаң да,

                                Бір жалғыздық бар деген

                                Естуші едік мақалды.

 

                                …Өмір шіркін көңілге

                                Таусылмастай көп еді.

                                Қызықтырып дүние —

                                Әлі өлмейсің деп еді,

                                Мінеки, көрге апарды.

    Әріптің ақындық сапары осы өлеңмен аяқталады.

    Өмірдің талай-талай тар соқпақ, тайғақ кезеңдерін бастан кешірген, ел арасындағы зорлықшыл топтардың қиянатын да көп көрген, надандықпен Абай ұстазынша алысып өткен ақын 1924 жылы, маусымның 14-і күні 68 жасында Еңірекей бекетіне таяу Жыланды деген жерде қайтыс болған. Сүйегі сондағы өз қыстауы Қарабұлаққа жерленген.

    Әйтсе де елмен қызмет бабында араласу ақынның адам тануына, адамшылық пен аярлықты айыра білуіне, қоғамдық ортаның тамырын басып, сырқатын анықтауына көмектеседі.

Әріп – Абай мектебінің түлегі. Ұлы Абайдың өнерпаздық дәстүрлерінен тағылым алған, жай отындай жарқылдаған өлең сөздің өрен жүйрігі. «Бәрінен Абай сөзі артығырақ, сыры көп, сырты сұлу, тым бағалы» /7,58/ деуі бұған дәлел. Оның сынына түсіп, шығармашылық жаттығудан өтеді. Абайша еңбек етіп, өмір сүруді өзінің бірден-бір мақсаты санайды. Дүниеге көзқарасы да Абай ықпалымен қалыптасады. Әріп ең алдымен тіл мәселесіне көңіл бөліп, зер салып ізденеді. Өзінің табиғи қабілітінің арқасында төрт халықтың тілін біліп, сол тілдерде жазылған кітаптарды емін-еркін оқитын болған /7,43/. Ақын өзінің «Тоқтағанда» деп аталатын өлеңінде:

                      Ғылымға жас күнімнен еттім талип,

                      Талпынып төрт лұғаттан тағлім алып,

                      Бір мен емес, әркімнен өткен өмір,

                      Қарасам жан-жағыма назар салып, — дейді.

Әріп қолына қалам алған күннен бастап Абайдан көз жазбаған. Абай дәстүрін бойына жастай сіңірген, аса ірі ақындардың бірі. Әрқашан Абайға ұқсауға талпынып, елдің мұңын-мұңдап, жоғын жоқтаған, Абай ағасынша «екі жаққа бірдей үңіліп» батыс-шығыс әдебиетінің үлгілерін көп үйренген. Әріптің Абай рухын бойына сіңіргені соншалық, оның кез келген өлеңінен Абай үлгісінің лебі есіп тұрады. Сөз арасын бөтен сөзбен былғамай, Абайша өрнек салуға, Абайша ой толғауға жасынан машықтанғандығы оның әр шығармасынан тайға таңба басқандай байқалады. Тіпті тырнақалды туындыларының өзі тікелей Абай әсерімен жазылғандығын көреміз. Абай жастық шағында жазған «Әлифби» өлеңіне еліктеп Әріп те «Әліфби» атты өлең жазған /8,93/. Абай арабтың ірбір әрпіне бір-бір өлең жолын арнап жазса, Әріп арабтың жиырма тоғыз әрпіне жиырма тоғыз шумақ өлең жазады.

Мысалы:

                               Әлиф, сенің аузың бал, иегің дүр,

                               Пәрдәң хулла жамылған жамалың нұр.

                               Не Күләндәм, не Балқис ғажайыпсың,

                               Затыңның кім екенін білмедім бір, —

деп келеді. Өлеңнің өн бойында Шығыс қиссаларындағы ғашықтар аты көп кездесіп, соларды дәріптеу сарыны басым болып отырады. Өлеңде араб, парсы сөзі көп орын алады.

   Абай өзінің «Әлифби» (1864)өлеңін:

                                Я, ярым қалай болар жауап сөзің,

                                Мәт-қасың, тәштит-кірпік, сәкін-көзің,

                                Үтір мен асты-үстілі жазу да бар,

                                Болуға асты-үстілі көнсең өзің! –

десе, Әріп те өз өлеңін дәл осы Абай үлгісімен жазып, Абайша аяқтайды:

                                «Қасың – мәт, ернің — әмза, сәкін – көзің,

    Үтірдей бармағыңыз, шәрбәт сөзің.

    Тәштит пен Таһиғаңды таба алмадым,

                                   Тыныстай кез келесің қайдан өзің», — дейді.

   Ақынның қолжазбалары бізге жеткен жоқ, бірақ Әріптің ақындық сапары ерте басталады. Оның шығармаларының тақырыбы да сан алуан. Ақынның шығармалары өзінің ой-өрісінің, өз басынан өткізген өмір белестеріндегі көзқарастарының көлемін айқын көрсетіп отырады. Әріп ақынның шығармаларынан Шығыс поэзиясының хош иісі аңқып тұрады. Бұған қоса орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінділер аударады. Әріп Тәңірбергенұлы М. Ю. Лермонтовты «көзді туған» данышпанға теңеген /8,39/.

Абайдың ақындық ортасы, мектебі, дәстүрі жөнінде ой өрбіткен білгір абайтанушы М. Әуезов Әріп ақындығының сыр-сипатын төмендегіше түсіндіреді: «Бұл ақынның да сан өлеңдерінде Абай аты аталып, үлгі-өнеге осыдан тарап отыратын. Әсіресе, Әріп жазған өлеңдердің көп мазмұны – ғылым туралы, еңбек туралы, әйел халі туралы және әсіресе жуан-содырлар туралы жазылған сыншыл, сатиралық шығармалардан тұрады. Осындай мұраларының бәрінде де Әріп Абайға аса жақын келіп, ой-сана жағынан да, шеберлік, стиль, үлгі жағынан да ұлы ақынның реалистік дәстүріне иық сүйеп отыратындығын сездіреді» /4,56/.

Осы тұста Әріп Тәңірбергенұлының мына бір ақындық дебізіне ой жүгіртелік:

 

Жас өлімге тақалды,

                                      Қарасам аппақ сақалды,

«Атадан алтау туса да

Бір жалғыздық бар» деген

Естуші едік мақалды.

 

Келіп көшкен сарайдан

Керуен біткен жөнелді.

Жанынан көрген мүлкінен

Ойласаңшы не көрді?

Жалаңаш айдап жіберді,

Құрғалы тұрмыз сапарды.

 

Жақыннан жатқа баруға,

Көптен жал,ыз қалуға

Бұзғалы тұрмыз қатарды.

   Әріптің осынау толғаныстары ауызекі сөйлеу мәнеріне құрылған күмбірлетіп, жүйткітіп, құйқылжытып айтуға келмейді. Баппен, мақаммен айтуға қолайлы. Бұған себеп — өмірді терең барлаудан туған, болмысқа байланысты тұжырым-түйіндер, пәлсапалық сарындар. Жалғанның баянсыздығы, тіршіліктің тұрақсыздығы, ғұмырдың қысқалығы, дүниенің опасыздығы мен қызықшылығы – поэзиялық ой мен мағынаға айрықша пәлсапалық сарын қосады. Ал «Өмір» дейтін жырына зейін аударсақ, өмір сырына жетік жанның, барлап ұшатын баба бүркіттің келбеті ойға оралады. Тәжірибесі мол тарлан таланттың салыстырулары мен сипаттаулары халықтық-ақындық дәстүрден нәр-қорек тапқан.

Бұған қоса Абай, Әріп шығармашылығындағы дүние және тағдыр, тәлім-тәрбие, сондай-ақ дос пен дұшпан тақырыптары бойынша жіктелген әсер үлгісі өзіндік тілдік өрнек және ойдың тереңдігімен ерекшеленеді. Дүниенің думаны, тағдыр жазмышы жайында ой тербегенде, осынау сөз тарландарының толғамдарын назар аудартпай қоймайды. Олар дүниенің өткінші екенін айтқанда, тағдыр – соның өтеуі деген бір тоқтамға келеді. Абай адамның “сұм дүние” тонауына ұшырайтындығын айтып, күңіренеді /9,68/. Дүрліккен дүниедегінің бәрі өткінші болғанымен, оның адамды өзін-өзі тану үшін үздік мекен, “ер сынарлық бес күндік бір майдан” екендігі айқындалады. Тәуба мен тақуалық сондайда тағдыр тауқыметін жеңілдетеді. Абайдың:

                               Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,

                               Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.

дегені Құдайтағаланың адамға ерік бермегендігін, сондайда пешенеге не жазса, соған риза болу керек деп тұжырған ойы  мен астасып жатыр.

Діни білімді меңгерген, Абай кәусарынан сусындаған Әріп ойын нақты мысалдармен дәлелдеп, өмірде пенденің басына түсетін сынақтардың мәнін өз оқырманымен бірге іздейді.       

Өлең сөзінің байыбына терең мән беріп, сөз өнерінің құдіретін, әдемілігін, нақышына келтіріп сөз кеңістігін байытқан ақынның көркемдік әлемі мен талғамы биік болатыны сөзсіз. Сөз – бір әлем. Оның жұпынылығы оған бей-жай қараудан шығады. Сөз – адам өмірін айшықтайтын, адам танымын танытатын құрал. Кемеңгер Абай сөздің орны мен мәнін, талабын былай өрнектейді:

                                  Ақылмен ойлап білген сөз,

                                  Бойыңа жұқпас, сырғанар.

                                  Ынталы жүрек сезген сөз,

                                  Бар тамырды қуалар /10,68/.

деп ақынның сөзге қойған талабы “жүрекпен сезіну”, “жүрекпен қабылдау”. Жүрек сүзгісінен өтсе ғана сөз орынды. Әріп те сөз құдіретінің құндылығын арттырған ақын. Кейбір өлеңдерінде сөз астарының небір мән – мағыналарын ашып немесе ауыспалы түрінде түсініктанымды ұштайтын қолданыстарды орнымен пайдаланған

 

                  1.2. Әріптің ағартушылық бағытта жазған өлеңдері

 

Әріп Тәңірбергенов шығармаларындағы ғылым-білім, тәлім-тәрбие мәселесі ақын мұрасының ең көрнекті де, көлемді жақтарының бірінен саналады. Бұл мәселені де Ыбырай Алтынсарин, Абай сияқты ұлы ағартушылар ХІХ ғасырдың екінші жартысында көтерген еді. Әріптің ұстаздық қызметі оның ақындақ өнерімен тығыз байланысты. Абай шығармаларында басты тақырып болып жырланған ағартушылық идеяны, Әріп ақын ұлы ұстазының дәстүрімен, өз шығармаларында, заман ағымына сай дамыта түсті. Әріптің ғылым, білім жайындағы өлеңдері Абайдың тағылымдық тақырыбынан бастау алғанын аңғартады. «Ғылым туралы», «Балаларыма», «Шәкірттерге айтқаны» өлеңдері Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» сияқты  өлеңдерімен тақырыптас қана емес, іштей мазмұндас, мағыналас екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Әрине, Абай өлеңдерімен тең дәрежеде деп айтуға келмес, бірақ Әріп – Абайдың тағылымдық поэзиясын жаңғырта жалғастырушы /8,36/. Ә. Тәңірбергеновтің өлеңмен жұмбақтар жазуы оның тәрбиелік мақсаттарымен тікелей байланысып жатыр. Әріп ұстаз ретінде де, ақын ретінде де алдында отырғын шәкірттерін ғана тәрбиелеп қоймай, бүкіл заманының жастарын ғылым-білімге шақыра үн қатты.

Ақын бойынан ақынның болашаққа деген сенімі есіп тұр. Әріп шығармашылығында таза ағартушылық тақырыптың да орны ерекше. Осы даналықты Әріп ақын ұстана отырып, талмай еңбек етудің арқасында  Абай дүниеге әкелген көркемдік тәсілдің орнығуына, оның қазақ әдебиетінен өз орнын табуына, өркен жаюына өзінің шыншыл да шебер, жаңашыл жырлармен өлшеусіз үлес қосты.

Әріп «Ғылым туралы» өлеңін жазды. Бұл өлеңінде өнер-білімді жалпы мадақтап, ғылымның пайдасын айтып, құрғақ насихаттамайды. Өз өлеңінде өмір шындығына сай жаңадан образ тауып, ғылымның қазақ халқының тағдырына қаншалықты қажет екенін әрі әсерлі, әрі ұғымды, нанымды, әрі көркем суреттеп жырлайды.

   Мысалы:

                                Дүние – теңіз, ғылым – кеме,

Кемесіз терең суға түсем деме.

Толқыны тауға ұқсаған мына заман

Сезе ме мұны даңғой жаһил неме.

 

Суы ащы бұл теңіздің, іші жайын,

Толқыны төңкерілер барған сайын.

Қауіпсіз балық аулап пайдаланыр,

Сенімді кеме болса кімде дайын.

 

Кемеде болмау керек саңлау, тесік,

Мақтанба жел қайыққа кеме десіп.

Жел соғып көтерілсе, жоқ боларсың,

Толқынның түрі жаман жатқан көшіп, —

деп ақын халықтың ой-санасын оятуға, әсіресе, ғылымды меңгеруге үндейді. Ол дүниені теңізге ұқсатады, ғылымды сол теңіздің айдынында, әлемнің шартарабына еркін саяхаттайтын қылаудай міні жоқ кемеге балайды. Теңіздің тереңдігі мен құшағының қисапсыз құпиясына жыртықсыз, саңлаусыз, сенімде кеме арқылы жүзіп қанығасың, жарылқанасың деген сындарлы пікір қозғайды. Ақын заманның жайын, өмірдегі ұлы өзгерістерді, ғылымның пайдасын, қажеттілігің баяндаумен ғана тынбайды. Өнер, білімді қайдан алу керек, дауылды күнгі теңіздей толқын атып жатқан заманда кіммен дос болып, қол ұстасу керек екенін Әріп айқындап айтып береді:

                                Толқынға кеме менен ыңғайлы бол,

Бір білгіш моряк пенен ұстасып қол.

Ғылым – кеме, көңілдің тиянағы,

Әне жаным, сөйткенде табасың жол, —

деп, өнер-білімі өскен, мәдениетті, алдыңғы қатардағы елмен достық қарым-қатынас жасап, үлгі-өнеге алып, өсіп, өркендеу жолын көрсетеді. Үлгі-өнеге алатын елді, толқын атқан теңізде, кемені басқаратын, адам бейнесінде суреттеп, «моряк» деген метонимия арқылы береді.

   Ағартушы ақынның «Ғылым туралы» бұл өлеңі әрі терең мағыналы, әрі көркем, көрнекті шығармасының бірі. Ақын өлеңін қазақтың жігерлі жастарына арнап, өнегелі өсиетін айтып аяқтайды:

                                Кәсіп қыл, ғылым берер іздесең жем,

Болмайсың таза жүрек ешкімнен кем.

«Күннен де білім жарық» деген мақал,

Соқыр кісі болмайды көздімен тең, — дейді.

   Өнер, білім Әріп шығармаларының басты тақырыбы. Әсіресе, жас ұрпақтың тағдыры ақынды қатты толғандырады. Бұл жөнінде жастарға тікелей арнап жазған өлеңдері көп болған. Бұл өлеңінде:

Балалар, жат та, тұр да білуді ойла,

Үнем түгел тұрмайды мұндай той да.

Жігіттіктің қадірін ғылыммен біл,

Салақтық, салқылықты былай қой да, —

десе, енді бір өлеңінде, өнер-білімнен хабарсыз халде, жас өмірін босқа өткізіп жүрген жас жігіттерді шенейді:

…Адамзат гүл сияқты аңғарамын,

Несіне кәріліктің шамданамын.

Не ғылым, не өнерден хабары жоқ,

Кейінгі жас жігітке таң қаламын, — дейді.

   Өнер-білімге бой ұрып, талаптанып, талпынбай, надан қалпында қалып, өтірік, өсекке салынып кеткен, жігерсіз жас жігіттерді көрген сайын, жанашыр қамқор ақынның қаны қайнап күйінеді. Тоқ етері, «күннен де білім жарық», «сөз жинаған мың кісілік», Ғылыммен мұздай қаруланған білімпаз төрт құбыласы тең текті тұлға /10,52/. «Халқыма» деген өлеңінде:

…Өнерсіз ендігі жас пәлен дерге,

Жігері көтерілмей, тартар жерге.

Өң бергіш өсек пенен өтірікке,

Қайтерсің бірі талпып ұшпайды өрге, — дейді.

   Ақынның өнер-білім тақырыбына арнап жазған өлеңдерінен сақталып, бізге жеткендері осылар.

   Ә. Тәңірбергеновтің келесі бір тақырыптық топтамасы – дүниетанымдық мәні бар, философиялық тұрғыдағы өлеңдері. Жалпы адам өмірі, дүние тылсымы, алланың хақтығы жайындағы ақынның бізге жеткен өлеңдері біршама. «Өлім туралы», «Нәпсіге», «Дүние туралы», Ғапылдың тірлігі, «Иман туралы», «Дәл ертең өзгереді бүгінгі күн», «Тәуба», «Ғапылдық қараңғы жол адаспаңдар» сияқты дүниелік тақырыпқа арналған өлеңдері оның философиялық танымын кеңейте түседі /11,45/. Ақын өткінші дүние құбылыстарын жырлай келе, өмірлің мәні адамдық қасиетте деп түйеді. Әріп Тәңірбергенов дүниетанымы терең.

   Ұлттық поэзия тарихында символикалық-поэзиялық бейнелілік, рухани өмір әлеміндегі әсемдік, эстетикалық ойлау өзгешеліктері, философиялық дүниетаным мәселелері «дүние» деген сөз – образ арқылы суреттеледі. Бұл бұраңдаған қисық жолға, бұлаң қаққан қызыл түлкіге, сырғып аққан сынапқа, думанды базарға, қанша ішсең де қанбайтын тұзды суға, үлбіреген қызыл гүлге, бояулы шүберекке, ұстараның жүзіне, бір кең сарайға ұқсайды. Ендеше, Абайдың шәкірті Әріп дүние туралы қалайша толғанатынын, қалайша сипаттап сөйлейтінін мына бір толғаныстарынан анық тануға болады:

                                Дүние – мейманхана бір аз дүрмек,

Білдірмей жарбаңдатып алдап жүрмек.

Өзіңше еш нәрсе жоқ, жатқа қалар,

Таңыңнан талқан бітсе, бірақ түрмек.

 

Дүние — көптен қалған бір үлкен тең,

Тонау торлау, тоқтауы жоқ толқыған сең.

Жамаған олақ қатын тон секілді,

Белгісіз бой мен жаға, етек пен жең.

Дүние қызыл түлкі жолы жал-жал,

Алданып, қыз деп бұған жүрміз аңғал.

Қарамай кескін-келбет ерлігіңе,

Хан мен қараң тұрсын, салар жанжал.

 

Дүние — бір бейнесіз сайқал екен,

Күн түскен күзгі шөптің мысалындай

Махаббат базарынан қайтар екен.

   Дүниенің опасыз, фәни екендігін айта отырып, дүниеден без демейді, сол фәни дүниеде өмір сүрген адам Құдай берген адамшылдық қасиетін дұрыс түсініп, өмірді бос өткізбеудің жолын көрсетеді. «Ғапылдың тірлігі» өлеңінде:

                            …Дененің қызықтысы бас пен жүрек,

Шіркін-ай, ойласаңшы, неге тойған.

Көз жараның орны емес, көрмек ләзім,

Ғылым – көңіл қазынасы сақтап қойған.

 

Білгенмен, білмегендік жер мен көктей,

Білген жетіп, білмеген болмақшы ойран.

Надандық бұл заманға құрал емес,

Қой жаным, надандықты шығар ойдан,

деп, ұлы ұстазы Абайдың: «Әуелі адамның адамшылығы ғақыл, ғылым деген нәрселермен» /9,17/, — деген сөзін ойыңа түсіргендей болады.

   «Иман туралы» деген өлеңінде, «Иман» деген сөздің мағынасын, қазақтың қарапайым сөзімен түсіндіріп, имандылықтың шарттарын ұғындырып береді.

…Көрмедім шын еркекті жол таныған,

Жаһил көп тілін тіске құр жанаған.

Қандай нәрсе екеннен хабары жоқ,

Не пысық суәл қылсаң иманынан.

 

…Ей, ғапыл иман деген шынға нанбақ,

Шындықты нысан тұтып көңілге алмақ.

Жүректі адалдыққа анық байлап,

Тартынып арамдықтан таза қалмақ.

 

…Осындай шын ниетпен қылсаң зікір,

Жүрекке тұтпақ керек шындық пікір.

Жолынан әділдіктің айнымасаң,

Иман деп соны айтады, сансыз шүкір.

   Діни бағытта жазған өлеңдерінің өзі, қазақ халқын дүние тануға, адалдыққа, әділдікке, ғылымға адал еңбекке шақыруға негізделген.

   Әріп поэзиясында нақыл сөзге лайық құрышиан құйылғандай тізбек-тіркестер мол кездеседі. Нақыл сөздер – жүректің миуасы. Жүрек демекші, бұл қытайдың философиялық көзқарасы бойынша, осынау жинақы әрі тағылымды сөз сана мен ақыл дүниесін қамтиды екен /12,21/. Мәселен: «Сымбатты сырты сұлу мырзалардың, қап-қара майдай арғы іші», «Жалпылдап жапалақша шыр айналма», «Жас жолбарыс секілді жігіттік күн», «Базарға салсаң пұл болмаса, Адалға тартпай ұл болмас. Қияр құрлы дәмі жоқ, қайран бақтың алмас». Мінеки, ақынның осы сөздерінен ойшылдық сарын өткір сезіледі. Ал мына шумақта ой мен тілдің қатынасына көңіл аударып, ғылыми көзқарасын мәлімдейді:

                             Сөйлерде мый береді тілге хабар,

Ақылсыз құр қызыл тіл қайдан алар.

Ой толғап, талап қозғап берсе хабар,

Мүдірмей қызыл тіл сөз сонда табар.

   Дүниетанымдық поэзия тек, өмір-дүние жайындағы философиялық ой-толғау ғана емес, заманын, заманға сай адамын ізгілік жолға жетелер тағылымы мол дүние. Сондықтан да, дүние тынысын терең ойшылдықпен пайымдаған, замана құбылысына қырағылықпен қараған Әріп Тәңірбергенов – ақындық арнадан асқан данышпандық әлемге жақын тұлға.    

Қазақ әдебиетіндегі реалистік әдеби дәстүрдің басында ұлы ақын Абай тұрды. Бұл заңды да. Өйіткені өз дәуірінің рухани жүгін арқалау міндеті Абай сынды алып тұлғалардың ғана қолынан келер іс еді. Ол өзінің сан қырлы шығармашылығы арқылы қазақ әдебиетінде бүтіндей жаңа дәстүр, әдеби мектеп қалыптастырды. Ұлттық әдебиеттің бұдан кейінгі даму процесін тікелей осы дәстүрдің заңды жалғасы деп білеміз. “Абайдың өзі тікелей араласып, творчестволық байланыста болған әдеби орта жайлы шындық өз қалпында көрсетілмейінше, ұлы ақын бойындағы ақындық өнердің шешек атып гүлдену процесін көрсетудің өзі екі талай болар еді”, – деген филология ғылымының докторы М. Мырзахметовтың пікірі /14,14/ ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың беріктігін аңғартады.

Әріптің 1890 жылдардан былайғы негізгі өлеңдері нағыз сыншыл-реализм бағытында жазылады. Халықты қанаушыларды әшкерелеп жырласа, еңбек елін дәріптеп жырлайды. Әріп ақынның реализмі – Абай реализмінің заңды жалғасы. Жалпы алғанда, Абайдың тікелей тәрбиесін көрген шәкірт Әріп өлеңдерін дүниеге әкелу барысында қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар көрнекті ақын дәрежесіне көтерілді. Ә. Тәңірбергенов шығармашылығына көз жүгірітсек, Абай өлеңдерімен астасып жатқанын байқаймыз. Сонымен қатар Әріп Абай дәстүрін өзіндік өрнек – бояуымен байытқан жаңашыл ақын болды. Оның бүкіл шығармашылығынан Абай іргесін қалаған реалистік әдеби дәстүрдің ізі сезіліп жатады. Өлеңдеріндегі идеялық, тақырыптық жаңалығына қоса, ақынның қазақ өлеңінің өрнегіне, ырғақ, буын, ұйқас өлшемдеріне қосқан тың бояулары да сан қырлы. Әлбетте бұл қасиеттердің бәрін шағын бір зерттеудің аясында қамту мүмкін емес. Бұлар – Әріптің шығармашылық мұрасын игеру барысында көзі ашылатын мөлдір бұлақтар.

   Ақын өлеңдерінің идеялық мазмұны тереңдей түседі. Халықты қанаушыларды әшкерелеп жырласа, еңбек елін дәріптеп жырлайды.

   Әріп творчествосы қазақ халқының саяси қоғамдық өмірімен тығыз байланыста дамып, өсіп отырады. Ақынның саяси сана-сезімі өскен сайын, оның өлеңдерінің идеялық мазмұны да тереңдей түседі /9,62/.

   Аяусыз езгіде, ауыр тұрмыста өмір сүрген еңбекші елдің жайын көрсету, қазақ халқын, еңбек адамын ғасырлар бойы қанап келген үстем тап өкілдерінің зорлық-зомбылығын сынау – ақын шығармашылығындағы келелі тақырыптардың бірі. «Қабанбайға», «Қалыбек биге айтқаны», «Алшеке, отырмысың өлшеп-пішіп», «Ажыбайға», «Тәуірбек болысқа», «Көкежанға», «Ғапілдің тірлігі», «Теңдік туралы», «Озбайды демеңіздер байдан кедей» т. б. өлеңдерінде ақын замана шындығын ашып, әкімдердің халық алдындағы қылмысын үнемі әшкерелеп отырады, қорықпай, қаймықпай батыл сөйлейді, өзінің де, езілген еңбекші елдің де көзқарасын анық, батыл айтады:

                                Қабанды ескі ауру сандыратқан,

                                Еңіретіп сен момынды зар жылатқан.

                                Ұлы боп ел шетіне біреу келсе,

                                Сар жезін знак қып салбыратқан.

Ақынның мұндай мысқылды өлең жолдары ұлы Абайдың:

                                Күштілерім сөз айтса,

                                Бас изеймін шыбындап.

                                Әлсіздің сөзін салғыртсып,

                                Шала ұғамын қырындап.

деген сынымен ұштасып, астарласып жатады.

Әріп ақынның сыршыл поэзиясы арқылы адамдық болмысты тануға ұмтылған азаматтық ірі мақсатының бірі – ұлтының бойына бәле болып жабысқан осы бір жағымсыз қасиеттерден арылту. “Үйретуден жалықпау” қағидасын ұстанған Абайды дана ұстаз таныған Әріп ұлы ақын ұсынған адамды адамдыққа тәрбиелеу атты жанды идеяны одан ары дамытты /11,13/. Данышпан Абай:

                                Болмашы кекшіл,

                                Болсайшы көпшіл.

                                Жан аямай кәсіп қыл –

дейді /10,18/.

Мұнда ол өзінің өмірлік тәжірибесін алға тартады. Яғни, ұлт алдындағы борыш ұғымы алдыңғы қатарға шығып, азаматтың халқына сіңірген еңбегіне қарай бағалануы. Ал өмірде адам болып қалу үшін, адамгершілікті жоғалтпау үшін не қажет?  Бұл сұрақ қазақтың ұлы ақыны Абай мен шәкірті Әріпті де өмірді сөзбен өрнектеген суреткер ретінде толғандырмай қоймасы хақ. “Адам деген даңқым бар, Адам қылмас халқым бар” күңіренген Абай ұйықтаған ойды түртпек ниетпен адамның адам болып қалуын көздеп, талай даналықты алға жайып салды. Ұлы ақынның адам болып қалуы үшін ұсынған бес қағидасы мынау еді:

                                Өсек, өтірік, мақтаншақ,

                                Еріншек, бекер мал шашпақ –

                                Бес дұшпаның білсеңіз.

                                Талап, еңбек, терең ой,

 

          Қанағат, рақым, ойлап қой –

                               Бес асыл іс көнсеңіз /10,16/.

Ақын «Еңбек туралы» деген көлемді өлеңінде халықты қанаушы сараң байларды, жебір би, болыстарды, еңбек етпей елді алдап, ұрлық-өтірік, қулық-сұмдықпен күн көрушілерді «ызалы жүрекпен, улы тілмен» әшкерелеп, жалқаулықты жеріне жеткізе әшкерелейді, «бойында ат тартпайтын арам» жырлайды.

                            Байлар жүр мансап іздеп құр далақтап,

Көрінбей малы көзге жүр жалақтап.

Би мен болыс көрінсе қошемет қып,

Қойын сойып, ет тартар қос табақтап.

 

…Адал еңбек істеуге дертің күшті,

Жиреніп жек көресің шындық істі.

Адалды адал, арамды арам демей,

Қара жаһил надансың қасқыр түсті, — дейді.

   Осындай сиқы қашқан елдің бетке ұстар ауқаттылары «Мансап іздеп далақтаған, малға тоймай жалақтаған, би мен болыс алдында жалпылдап, қос табақтап ет тартып», бейшаралық танытуда… «Қара жаһил қасқыр түсті» зорлықшыл топтың бар қолынан келері:

                            Алдау, арбау қанына сіңгенбатпан,

Бар мақсұтың нашарды зар жылатқан.

Жалға жүрген жарлының еңбегін жеп

Адал астай асайсың құдай атқан.

   Құдай атқан! Қара қазаққа мұнан ауыр сөз жоқ. Елді қан қақсатқан билеуші топтың шектен шыққан айуандығын алмастырар сөз – бұл. Бүкіл өлеңнің басты кейіпкері де осы – құдай атқан. Парақор би мен болыс та, зорлықшыл бай да, алланы аузынан тастамай құдайсыздыққа барушы мүләйім молда да – құдай атқан /12,64/. Міне, ел берекесіздігінің басы – осылар.

   Әріптің нағыз сыншыл реалистік өлең. Ақын өлеңін былайша қорытады:

                             Елірме ел қыдырып ет жегенге,

Ұрлыққа өтірікті септегенге.

Жарлының жалғыз қойын жалмап алып,

Мұнша неге құмарсың ептегенге

Ертең біреу әділдік құра қалса,

Қайтесің су түбіне кетпегенде.

Бір қойға бес есе қып төлеу берсең,

Айтпадың деп сонда өзің өкпелеме.

 

Қорқыттай қазан көрің алдыңда тұр.

Жалғыз топырақ шашасың көпке неге.

   «Еңбек туралы» деген өлеңнен соң, ақынның «Қалыңмал туралы» өлеңі жазылады. Өлеңнің негізгі тақырыбы әйел теңдігі мәселесі.

   Әйел теңдігі халықтың ежелден көкейкесті арманы еді. Бұл мәселе халық поэзиясында да, ХІХ ғасырдағы Абай бастаған жазба әдебиетте де көтерілген әлеуметтік тақырыптардың бірі болатын /11,21/.

   Әріп «Қалыңмал туралы» өлеңінде: әйелді малға сату, сүймеген адамына зорлап беру, әмеңгерлік сияқты, ғасырлар бойы қалмай келе жатқан ғұрыпты ашына әшкерелеп жазады:

                             …Жас қызды алпыстағы шал алады,

Әйел жағы тағы  кем саналады.

Әлгі шалда үш қатын бұрын балса,

Мал беріп төртінші қып ала алады.

 

…Сәулім боп жиырмаға жеткен қызды,

Бір еркек жеті жасар бала алады.

Шал да емес, бала да емес, ең негізі –

Не туысы, не хайуан мал алады, —

дей келе, адамды бас бостандығынан айырып, ықтиярын жоғалтқан, адамгершілікке жат әдет-ғұрыпты тастауға шақырып, әрбір жас өз еркімен теңіне қосылсын, «теңін тап та, тегін бер», әділет жолы осы дейді:

                             …Жоғалтқан жанды адамның ықтиярын,

Халықтан осы дағды қалса нетер.

 

…Әркімнің жолдас болсын сүйген досы,

Біріксе айырылмасын көңіл қошы.

Теңін тап та, тегін бер, түзел жұртым,

Аумас көңіл, айнымас жүрек осы.

   Әріп қалың мал сияқты ескі әдет-ғұрыпты әшкерелеп, қазақ әйеліне адамгершілік, ізгілік көңілін білдіріп қана қоймайды. Ақын қазақ әйелінің келешегіне зор сеніммен қарап, жырлайды. Бұл әдет мәдениетті, білімді елде жоқ. Қазақ халқы да мәдениетке жетілген сайын ескі әдет-ғұрыптан арылмақ, бірақ ата-бабаның жол-жоралғысына көне бермей, қазақ қыздары бас бостандығы үшін күресу керек деген идея «Қалыңмал туралы» өлеңінің негізгі сарыны болып келеді.

                            Бір болар бұл әдеттің қалар күні,

Бар әйелдің басында өмір түні.

Не жаманның, не шалдың жетегінде,

Не керек, кете барды шықпай үні.

 

Әкең құрсын жас қызын малға сатқан,

Шешең құрсын өтірік жылап жатқан.

Бұл тәртіп білімді елдің бірінде жоқ,

Шатылып жалғыз қазақ тәңірі атқан.

   Ақын өлеңінде үмітсіздік, күйректік әуені (пессимизм) жоқ, келешекке зор сенім бар. Қазақ әйелдерінің басында ол кезде төніп тұрған қара түнек, «Өмір түні» болса, келешек жарқын күні бар деген Әріп өлеңінде оптимизм басым /14,52/.

 Ә. Тәңірбергенов – айналасындағы болып жатқан қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер мен жаңғыруларға үнемі үн қосып өзгелерге жөн сілтеп, жол басшы болған кісі. Керек кезінде қазақ жұрытшылығын бұйығы тұрмыс тіршіліктен оятуға ұмтылған ақын, ұлы өзгерістер тұсында өзгеше түлеп шыға келді.

   Қазан төңкерісінен кейін де қарт ақынның қаламы қолынан түскен жоқ. Отаршыл патша үкіметінің күйреп, құлауы ақынның рухын көтерді. Патша өкіметін құлатып, халыққа бостандық әперген, Ленин бастаған большевиктер деп сенген ақын. Кеңес үкіметін мадақтап жырлады:

                               Кеңестік өкіиетті ашты халық,

                                Большевик партиясы қылып жарлық.

                                Жерді алы помещиктен, байдан дәулет,

                                Тамырын талқан қылды падишалық, —

деді. Большевиктердің үздіксіз өзеуреген үгіт-насихатына, қыздырма қызыл сөзіне – демогогиясына сеніп қалған қарт ақын, Кеңес өкіметінің мақсаты: адам баласына азаттық, теңдік беру патша заманында езілген халыққа кең жол ашып, ерікті ел ету деп түсініп:

                                Кеңестің іздегені азаттық, тең,

                                Адамдық ықтиярын қылмақшы кең.

                                Ескеріп, есепке алып, ұран шашып,

                                Дәл мұндай ілгеріде болып па ең, —

деп жырлады.

   Сөйтіп, ақын өмірінің соңғы кезінде, Қызыл империяның екі жүзді алдамшы саясатының байыбына бара алмай шырмауына түсіп қалғанын көреміз. Бұндай хал тек Әріп ақынның ғана басында болмағаны белгілі нәрсе.

Ақын өмірінің ақырына дейін шыншылдық, сыншылдық жолынан тайған емес. «Кедейге қамқоршы» атанған кеңестік үкіметке көп кешікпей таптық мүддені жарнама етер жаңаша жырлар қажет болды /13,24/. Міне,осы кезде көптеген «социалистік» туындылармен қоса 1927 жылдары Ә. Тәңірбергеновтің «Париж коммунасы», «Ленин жолдас» деген өлеңдері кеңес дәуіріне ақын атын танытқан алғашқы туындылары болып басылған-ды. Сол кездегі қоғам талабын тұшындырарлық деген ақын өлеңдері республикалық, обылыстық баспасөз беттерінде дүркін-дүркін басылып тұрды.  Әріп өлеңдерінің жариялануы тек төңкерісен кейін, кеңес дәуірінің тұсында ғана қарқын ала бастады. Қоғамымыздың әдеби-мәдени дамуы кеңестік идеология ықпалына жығылды.        

    Абайдың реалистік дәстүрі —Ә. Тәңірбергенов шығармашылығының негізгі идеялық-көркемдік нысанасы. Әріп ақынның реализмінің күші саяси, азаматтық лирикада айқынырақ көрінеді. Ол, ең алдымен, қоғамның әлеуметтік жағдайларын, теңсіздікті көре біледі, соны әшкерелейді. Өз заманыньң көзі ашық, көкірегі ояу парасатты азаматы ретінде ақын халқының, бүкіл елдің басындағы ақиқат жағдайды тани алды /16,152/. Халық тағдыры оны қатты толғандарды. Келеңсіз кеселдердің тамырына балта шабудың жолдарын іздейді. Оларды түзетуге болатын дерт деп біледі.

   Ә. Тәңірбергенов өлеңдерінің сүбелі саласы да осы бір замана бедерін берер, ондағы адамдар мінезін айқындар әлеуметтік тақырыпқа арналған. Ақынның реалистік бағыттағы өлеңдернің негізгі күші — өз қоғамындағы әлеуметтік теңсіздікті айқын сезінген ақынның соларды жалтармай әшкерелеп беруінде. Ақын қоғам кемшілігін ең алдымен, жеке адам бойындағы жағымсыз қасиеттерден деп табады. Ол қоғамдағы мін атаулыны өз ортасы, күндегі көріп жүрген өз ауылының адамдарынан көре білді. Әріптің осы тақырыптағы арнау өлеңдері қысқа қайырылып келгенімен, нысанаға алғанын жеріне жеткізе әшкерелеп берумен құнды. «Қабділдаға» деген өлеңінде бәтуасыз бидің бүткіл болмысын:

                             Қабанды ескі ауру сандыратқан,

Жылатып сан момынды зар жылатқан,

Ұлық боп ел шетіне біреу келсе

Сар жезін знак қып салбыратқан, —

деген төрт-ақ ауыз сөзбен сомдап береді. Өлеңнің ішкі бітіміне үңілсек, алдыңғы үш жолды сомдап, шумақтың шырайын келтіріп тұрған «Сар жезін знак қып салбаратқан» деген өртінші жол. Бөгде жұрт – орыс ұлығының алдында жылмың қағып жағынған қазақ даласындағы жағымпаз билердің қасиетсіз қаракеті осы тіркеске толығымен сыйып, бұл жолдар детальдық түйін тауып тұр. Абай заманының «арқаға ұлық қағып, шелтірейген орысы шекпен жапса мәз болған» болыс-билердің берекесіз, беделсіз, бейшара кейпі Әріптің «Қалыбек биге», «Билерге», «Тұрғали болсқа», «Жақияұлына», «Жетінші ауылдағы қазы бисың» тағы басқа қысқа қайырылатын арнау өлеңдерінде жаңғыра сыннан өтіп, қоғамының қораш тұстары әшкерелене түседі /11,124/.

   Әріптің арнау өлеңдерінің бірі – «Базаралыға» деген туындысы. Ақын Базаралыдай ұлдың өр тұлғасын шыңдай түсіп:

                            Ақиық қыран едің бұлғын ілген,

Талай құрбың сағынды ойнап-күлген, —

деп астарлы баламаға басады. 

                            Тірі сынап секілді жұрт қозғалды,

Кім опа көрер дейсің жақынынан, —

деп елдің үрейін алып Жігітектің он жетісін бірдей Құнанбайдың сібірге айдатқанын тұспалдап келіп ақын, өлең аяғын Базаралыдай ерге ауыр тиетін шымшыма сөзбен түйеді:

                            Бермедің жегеніңді иесіне,

Қой бердің сан жуанның түйесіне.

Жасында үйірсек деп естуші едім,

Шауыпсың өш айғырдың биесіне.

Нұрғаныммен арадағы оқиғаны мұнан өткір, өтімді жеткізуге болмас сірә. Масайрата мақтап алған Базаралыны әрі тұспал, әрі туралап ұрды. Бұл Әріптің қанында бар кесектік. Осындай дос, сыйлас адамдарына тура сөйлеп, бойындағы мінін бетіне айтар Әріптің турашыл, шыншылдығы – Абайдан жұқтырған ілкі қасиеттерінің бірі.

   Өз ортасының бойындағы мінін ғана көріп қоймай, ел ішіндегі ардақтылардың адамдық қасиеттеріне сүйініп, ықыласпен жырлаған да… Ақынның сондай арнаулары «Қожан Балтабек қажының ұлына» өлеңі, «Шәкіжан өлгенде», «Жақсылық өлгенде», «Санабай қажы» жоқтаулары. Осы жоқтау өлеңдерден байқағанымыздай, елінің панасы бола білген Жақсылық, Шәкіжан, Санабай сияқты ардақтыларын Әріп өмірінде қатты бағалап, олар бақилық сапарға аттанғанда шын көңілімен қайғыланып, жүрек шерін жоқтау жырларымен ағытқан.

   Әріптің кеңес өкіметінің шынайы бейнесін берер шығармаларына біз осы күнге дейін «ішкі жаугершілікті әшкерелейтін» деп өңін теріс айналдырып баға бергеніміз де кешегімен кетті. Анығында, ақын елдегі болып жатқан құбылысты сол қалпында бере білді. Сондай өлеңдерінің бір топтамасы – 1921 жылдары жазылған «Әйелдер арызы». Кеңес өкіметінің заңына көңілі толмаған, тіпті ашынған төрт әйелдің арызы ретінде жазылған.

    Әріп ақын Кеңес өкіметінің орнауын, негізінен, теріс қабылдамаған, оны әділет жолы деп ұққан. Ә. Тәңірбергеновтің әдеби мұрасы өте бай. Оның шығармашылығы жанры жағынан да әртүрлі. Ол поэзия, аударма саласында жұмыс істейді. Ә. Тәңірбергенов Қазан төңкерісіне дейін ағартушы-демократ ақын ретінде қалыптасты. Идеялық мақсаты жағынан демократтық-халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытты ұстанды. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім», деген Абай мектебінен тағылым алған, оньң жолын жалғастырған Әріп те екі жаққа бірдей назар салған /17,144/.

            Әріптің үлкен еңбегінің бірі — орыс мәдениетін игеру жолындағы Абай дәстүріне беріктігі. Оның ақыл тоқтатқан кездегі бас алмай оқыған рухани азығы — XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің туындылары еді. Әріп ақын Гоголь, Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Толстой, Некрасов, Салтыков-Щедрин т.б. алыптарды оқыған. Оларды шығармашылық тұрғыдан зерттеп үйреніп, үлгі тұтқан /18,34/. Бұл сияқты ізгі істеріне кедергі келтіруші, ұлты өзгелерді кәпір дейтін молдалармен аянбай күреседі. Әсіресе, дін, әдет, ескі сенім кедергілерін қатты сынайды.

Абайдың әдеби мұрасының үлкен бір саласы – оның аудармалары. Жалпы қазақ аудармасы жайлы сөз ететін болсақ, Абайға дейін шын мәніндегі әдеби аударманың болмағанын көреміз. Ы. Алтынсарин сияқты бірлі-жарым ағартушылардың бірлі-жарым тәржімалары болмаса, Абай сияқты аудармамен арнайы айналысып, шығармашылық мән берген ақын-жазушы жоқтың қасы. Сондықтан да қазақ әдеби аудармасының негізін қалап, оны профессионалдық дәрежеге жеткізген Абай деп білеміз /17,15/.

ХІХ ғасыдың соңы мен ХХ ғасырдың басы Тәңірбергеновтің әдеби өмірінде айрықша шығармашылық іздену жылдары болып есептеледі. Оның шығармашылығында жаңа бағыт басталады. Бұл кезде жасы толып, ойы өскен ақын мол оқып, көп ізденеді, қоғам өмірінің сырын, замана қайшылықтарын аңғарады. Патша өкіметінің қанау саясатын, қазақ байларының, ел басқарған әкімдердің еңбекші халыққа ауыр да азапты, аянышты тұрмысын түсініп жазады /19,25/.

Сондай-ақ бұл кезде Ә. Тәңірбергенов орыстың классикалық әдебиетін, әсіресе, А. С. Пушкин мен М. Ю. Лермонтов мұраларын көп оқиды, Абай дәстүрімен орыс әдебиетінің қайсібір шығармаларын аудара бастайды. А. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романы мен М. Ю. Лермонтовтың «Ақын өліміне» өлеңінен ол жасаған аудармалар осындай талаптану үстіндегі жемістер.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

             ІІ. Әріп-Абай поэзиясындағы көркемдік үндестіктер

 

2.1 Ә. Тәңірбергеновтің қисса-дастандарындағы Абай      дәстүрі

 

Әріп Тәңірбергенұлының шығармашылығының бір арнасы – дастаншылық өнері. Абай білген Шығыс ақындарынан Әріп те жастайынан оқып, нәр алған. Шығыс ақындарының шығармалары ертеден-ақ нәзиралық жолмен аударылып, қазақ арасына кең тараған, қазақ ақын-жыраулары олардың сюжетін өлеңге айналдарып, талай дастандар жасаған /20,86/. Осындай үлгімен   Ұстазы Абайдан үйреніп, үлгі алған қазақтың төл әдеби нұсқаларын Әріп те жастай көкірегіне тоқып өскен. Араб, парсы тілдерін жетік білген соң Шығыс әдебиетін көп оқып, өз шығармаларында Шығыс әдебиеті үлгілеріне еліктейді.

Қазақтың жазба әдебиетіндегі алғашқы поэмалар Абайдың  “Ескендір”  мен “Масғұты” десек, одан кейінгі Ақылбай мен Мағауияның, Әсет пен Көкбайдың, Шәкәрім мен Әріптің дастандары Абайдың ақындық ықпалымен, шығармашылық тәрбиесімен жазылған шығармалар еді. Әйтсе де, Абайдың ізбасарлары өздерінің ұлы ұстаздарын немесе бірін – бірі қайталамады. Олардың шығармашылықтарындағы өзіндік ерекшеліктер, көркемдік-стилдік даралық осыны аңғартады. Тіпті олардың тақырыптық бағыттарында да  ә дегеннен-ақ айқындық болғаны байқалды /21,151/. Көкбай мен Шәкәрім өз поэмаларына қазақтың өткен өміріндегі оқиғаларды арқау етсе,  Ақылбай мен Мағауия, Әсет, Әріптер өзге жұрттар өмірінен алынған сюжеттер негізінде романтикалық дастандар жазды.

Әдетте поэма жайында сөз болғанда, ең алдымен, өлеңмен жазылған күрделі эпикалық туынды ретінде құралады да, оның бойындағы эпостық элементтерге баса назар аударылады. Сонан соң барып оның ішкі формалары ескеріледі. Алайда әдеби тектер ешқашан бір-бірінен алшақ, дербес өмір сүре алмайды. Көп жағдайда эпикалық шығармалардың түп негізінде лирикалық сипаттар, дәлірек айтқанда, белгілі бір оқиға желісін баяндау процесі үстінде автордың сезім-толғаныстары, сүйініш-күйініштері қатар көрініс беріп жатады. Бұл кемелденген әдебиетке тән қасиет. Эпоста лириканың аралас жүруі қаншалықты қажет болса, лирикада эпос элементтерінің көрінуі де поэма жанрының даму өрісін айқындайды.  Бұл айтылған сипаттар өзіміз қарастырғалы отырған поэмаларға да тән. Оларды белгілі бір тектік қалыпқа ғана салып қоюға болмайды. Бір қарағанда, Абай шәкірттері өз поэмаларында нақты бір халықтың басындағы оқиғаларды баяндағанымен, олардың көтерер идеялары мен көркемдік жүгі әр алуан. “Жалпы, Абай шәкірттерінің ескі қазақ тұрмысынан жазылған поэмаларының ешқайсысы да тарихи шығарма емес. Жанрлық тұрғыдан алғанда, бірі – лиро-эпикалық жырға бейім, енді бірі – әлеуметтік дастан, ал кейбірі – махаббат драмасы болып табылады” /22,114/, – дейді М. Мағауин.  “Негізінен тартысқа құралған сюжетті бұл поэмаларда да қисса, дастан мен қазақ эпосының әсерлері қатар жүреді” /23,65/, – дейді Абай ізбасарларының дастандары жайында сөз қозғай келіп белгілі ғалым  М. Дүйсенов.

«Қалай болғанда да, Абайдың талантты шәкірттері тудырған дастандар шын мәнінде қазақ поэзиясындағы жаңа үлгідегі поэмалар болды. Бұл – ұлы ақынның сыншыл ралистікпен, терең ойшылдықпен көмкерілген  (Масғұт ), (Ескендір) дастандарынан басталған сара жол болатын. Абайдың ақындық күшінің зорлығы: өз заманында жұртты өзіне қаратып алып, кейінгілерді де сол ізбен әкеле жатыр. Кейінгі жазушылардың бәрін Абай өзіне еліктіріп, соңынан ертіп, шәкірт қып әкетті» /18,63/, – деп Ж. Аймауытов пен М. Әуезов өздерінің  1918 жылы жазған мақалаларында айырықша баға бергендей. Абай, ең алдымен, өз маңындағы талантты жастарды жаңа үлгідегі поэманың өрісін кеңейту ісіне бірден жұмылдырып әкетті.

Әріп поэмаларының жазылу стилінде де ұлы ұстазына ұқсастық бар. Оның дастандары да негізінен баяндау үлгісінде жазылған. Ол заңды да. Өйткені бұл дәуірде көркемде бейнелі сурет жасайтын қазіргі ұғымдағы поэмалар дәстүрі әлі де толық қалыптаса қоймаған болатын.

Әріп он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Абайдан бастау алатын реалистік үлгідегі лириканың дамуына ғана үлес қосып қойған жоқ, оның  қаламынан көркемдік бояуы өзгеше шығыс әдебиетінің өнегесімен «Зияда-Шаһмұрат», «Қожа Ғафан», «Таһир» және «Баһрам» қиссаларын туындатқан. 

Әріптің шығыстық сарында қандай қисса-дастандар жазғандығын «Зияда-Шаһмұрат» қиссасының аяғындағы:

                              Үш қисса жіберіп ем мұнан бұрын,

 «Қожа Ғафан», «Таһир» мен «Нұрғазарұн»

  Абзықай, қата болса, ғайып етпе

  Ғашықтың масниф еттім өлең-жырын, /22,38/, —

деген жолдардан 1890 жылға дейін Әріптің Қазан қаласына ғашықтық тақырыпта үш қисса жібергені анықталады.

   Әріптің шығыстық үрдіспен жазылған тағы бір дастаны – «Баһрам». Ө. Күмісбаев «Зияда-Шаһмұрат», «Баһрам» дастандарын ҚР ҒА кітапханасының қолжазбалар қорында сақталған 200-ден аса қиссалардың қазақ ішіне кең танымел, ең көрнектілерінің қатарына жатқызады /24,16/. Бұларда Шығыстың классикалық поэзиясының әуез-сарындары, әшекей-суреттері, үлгі-өрнектері мол ұшырасады.

   «Қисса Зияда — Шаһмұрат» 1884 жылы, Әріптің 28 жасында жазылыпты. Бұл қиссаның көлемі 2774 жол өлең. Әзірге бізге мәлім мағлұматтарға қарағанда қисса Қазан баспасынан 1890, 1892, 1896, 1912 жылдары төрт рет басылып шыққан.

   1890 жылы Қазанда басылып шыққан «Зияда — Шаһмұрат» қиссасының соңында Әріптің баспа басшысына жолдаған хаты да басылған. Бұл хатта «Зияда — Шаһмұрат» қиссасының жазылған уақыты туралы:

                             Қолыма ұстағаным қалам болды,

Көңілім бұл дүнияға алаң болды.

 

Мың сегіз жүз сексен төртінші жыл,

Әпрелде он бесінші тәмам болды, —

дейді.

   Әріп пен Әсеттің бір айтысында, Әсет:

                            Байғара он жеті ақын сенен шықты,

Тау мен тасты мақтауға Әріп шықты.

Өлтірдің «Баһарамда» жеті ханым,

Дарынды ақын демеймін Әріп тіпті, —

дегенінен, Әріптің «Баһрам» атты да қисса жазғанын білеміз /24,28/.

   «Қисса Қожа Ғафан» 1876 және 1880 жылдары екі рет басылып шыққан, «Қисса Таһир» 1878-жылдан бастап бес рет басылған, «Қисса Баһрам» 1897, 1908, 1912 жылдары үш рет басылыпты.

   «Нұрғызарұн» қиссасының басылымы жайында әзірге мағлұматымыз жоқ.

   Ү. Субханбердина: «Зияда — Шаһмұрат» қиссасы «Сейфүлмәлік» пен «Баһрам» дастандары сюжетінің ізімен жырланған» /24,12/, — деп аталмыш дастанды Шаһнаме нұсқасынан келген батырлық жырлардың қатарына қосады. Осы жерде ескеретін бір жай – «Зияда — Шаһмұрат» дастанында қиял-ғажайып элементтер де, батырлық әрекеттер де бар, ал бұған қарап дастанды қиялдан туған шығармаға немесе батырлық дастандар қатарына жатқыза салуға болмайды. Қияли әлементтер де, батырлық, ерлік әрекеттер де жырдың негізгі тақырыбы – ғашықтық, махаббат идеясын ашуға жұмсалып, соған баспалдақ ретінде қызмет етуде. Дастанның негізгі желісі махаббат, достық мәселесіне құрылған. Сондықтан да, «Зияда — Шаһмұрат» ғашықтық жырлардың қатарына жатады.

   Жоғары пафоспен, қияли биіктен жырланған мұндай романтикалық жырлар қарабайыр өмірдегі халықты елітіп, арман-мұраттарын ұштай түсті. Сондығымен құнды. Осы тұрғыда: «кейбір ертегілік сарындары мен көркемдік кемшіліктері бола тұса да, бұл шығарма – адам тағдырын, адамның күш-қуаты мен махаббат бостандығын жырлауы жағынан  маңызы бар шығарма» /24,28/, — деп бағалайды дастанға үңілген зерттеушілер. «Зияда — Шаһмұрат» дастанының қаһармандарын автор таза махаббаттың, адал достықтың, адамгершілік пен ізгіліктің символы дәрежесіне көтере білді. Оқиға желісі шығыстан келгеімен. Әріптің төлтума туындысы болып табылатын бұл дастан ақын тұлғасының шығыстық үрдісін танытарлықтай дәрежедегі шығарма ретінде бағалануы тиіс.

   Қиссаның кейіпкерлері: Бағдат патшасы Мұхтар, оның баласы Зияда, Мысыр патшасы Зада, оның ұлы Шаһмұрат, қыздары Хорлы және Ғайын.

   Автордың басты мақсаты, негізгі идеясы – махаббат еркіндігі мен шынайы достықты жырлау. Кейбір ертегілік  сарындары мен көркемдік ерекшеліктері бола тұрса да, бұл шығарма адам тағдырын, адамның күш-қуаты мен махаббат бостандығын жырлауы жағынан маңызы бар құнды шығарма.

   Қиссаның аңыз аралас күрделі де қызықты, бай оқиғаларға толы мазмұнын бұл арада түгелдей баяндап жатпаймыз. Бір-біріне ғашық болған басты кейіпкерлерді атап өтіп, Зияда мен Хорлының бейнесін суреттеудегі ақынның қолданған көркемдік тәсілінен қысқаша мысал келтіреміз.

   Қиссада суреттелетін ғашықтар: Зияда мен Хорлы, Шаһмұрат пен Ләззатібал және Құсмүлия мен Ғайын.

   Шаһмұраттың ғашығы пері патшасының қызы болады:

                            Хан екен Ирембақта пері Муфтал,

Қызының аты болар – Ләззәтібал.

Ұйқтаса Шаһмұрат тақ үстінде,

Түсінде ғашық болған бір мүшкіл хәл, —

дейді ақын.

   Енді Хорлының Зияданы түсінде көріп, екеуінің бір-біріне ғашық болып, көңіл қосқанын, сүйіспеншілікпен сұхбаттасқанын, жалындаған ғашықтық сезім-сырларын қалтқысыз шертіскен сәттерін ақын былайша суреттейді:

                             …Жігітпен Хорлы келіп бір жатады,

Аузынан шәрбәт ләззат дәм татады.

Оятып мойынынан құшақтап ап,

Зиямен ұйықтап жатқан сөз қатады.

 

Сол уақыт жігіт тұрды пердені ашып,

Қасында бір қыз отыр басын басып.

…Көрген соң ханышаны ғашық болып,

Шаһзада тұра келді асып-сасып.

 

Тілің бал, тісің меруерт жігіт сенің,

Жаралған шыны нұрдай шариф тәнің.

…Қараса бір сұлу қыз бетін басқан,

Шын ғашық белгісі емес сөзден қашқан.

 

Бұраң бел, ерні ғақық, көзі – гауһар,

Сипаты бұл ғаламнан еркін асқан.

…Түсінде сейіл құрды екеу бақта,

Көп жатты сұқпатласып алтын тақта,

Суретіне түсте көрген не хайла етсін,

Оянып ханша кетті сол уақытта.

 

…Оянса қасында жоқ көрген шатыр,

Бермеді еш біреуге жауап жатыр,

Көзін ашып жіберсе Хорлы байғұс,

Баяғы өз сарайы тақта жатыр…

   Енді Хорлы мен Ғайынды сипаттау өлеңінен үзінді келтірейік:

                                Екі қыз Хорлы, Ғайын жұпар шашты…

…Ақ маңдай, қас – зүбәржат, көзі – гәуһар…

Жұмақтай сезіледі қойындары,

Бағында бұлбұл сайрап ойындары.

Інжуден отыз тісі, ерні – ләғыл,

Ақ тамақ, алтын иек мойындары.

…Меруерт кірпіктері бейне тізген,

Ұқсамас адамзатқа көзін сүзген.

 

Мас болып дидарына талып қалып,

Жанынан көрген адам күдер үзген.

Ханшаның отыз тісі мәруарттан,

Мүшесі, кеудесі алтын, зүбәржаттан.

 

Райхан гүлі біткен екі қолы,

Безенген алтын, інжу, шын жақұттан…

   Сөйтіп, Хорлы мен Ғайынның бейнесін сипаттап суреттеген шақта олардың дене мүшелерін парсы әдебиетінде көп қолданылытын, неше түрлі асыл тастарға балап: қасы – зүбәржат, көзі – гәуһар, тісі – інжу, ерні – ләғыл, иегі – алтын, кірпігі – меруерт… деп, түр-түсіне қарамай тізе берген.

   Жас ақын Әріптің, Шығыс әдебиетіндегі ғашықтық жырларға соншама аса қатты еліктеу салдарынан, әсіресе, сұлу қыздың бейнесін сипаттауда шындықтың шегінен шығып кететінін көреміз. Сондықтан, Абай сынына ұшыраған үш ақынның бірі Әріп болады.

   Бұл мәселе туралы Мұхтар Әуезов, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар жайында айта келіп, былай дейді:

   «Абай бұл жастардың өлең жазуын қабылдаған, кейбіріне, мәселен Көкбайға Абылай ханды, Кенесарыны өлең қыл деп, өзі тема да беріп отырған. Бірақ, бұлардың өлеңдеріне де жалпы өлеңге қоятын қатты сынын түгел қояды. Сондықтан сөздері ұнамаған уақытта, міндерін өлеңге қосып та жібереді. Мәселен Көкбай, Әріп, Шәкәрім үшеуінің үш түрлі өлеңдерін еске алып:

Сөз айттым ӘзіретӘлі айдаһарсыз,

Мұнда жоқ, «алтын иек сары ала қыз».

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерімжоқ жігіт арсыз, — дейді.

«Әзірет әлі айдаһарды» Көкбайдың қисса жазғыш болғандығынан айтты. «Алтын иек сары ала қыз» деп Сыбан Әріп деген ақын «Зияда» деген қиссасында, сұлу қызды сипаттаймын деп иегі алтын, көзі гәуһар деп мадақтауын асырып, түсіне қарамай асыл тастарды санай берсе керек. Соған айтылған. Соңғы екі ауыз кәрілікті жамандап айтқан Шаһкәрім өлеңіне арналған…» /23,91/.

Ә. Тәңірбергеновтің «Зияда — Шаһмұрат» дастанымен әдебиеттегі алатын орны жағынан үзеңгілес, тақырыбы жағынан ұқсас туындысы – «Баһрам» дастаны. Әсет:

                                Байғара он жеті ақын сенен шықты,

Тау мен тасты мақтауға Әріп мықты.

Өлітірдің «Баһрамда» жеті ханым

Дарынды ақын демеймін сені тіпті, —

дейді. «Баһрам» дастанының Әріптікі екедігін дәлелдейтін екінші бір дәлел – «Зияда — Шаһмұрат» дастанындағы «Зияданың анасының ғазалын» Әріп ақын «Баһрамдағы» «Ер Баһрамның анасының зарлағанында» пайдаланады. Нақтырақ айтсақ, Тоғыз ай сені көтерін« деп басталатын сексен жолдық ғазалдағы Зияданың есімі Баһраммен ауысқаны болмаса, жыр қос тундыда да дәлме-дәл сол күйінде қолданылған. Сондай-ақ, патшалардың бір перзентке зар болып, алладан бала тілеуі сияқты «Алса да неше қатын бала көрмей» деп басталып, «Тарқады қайғылфы шер, сары уайым» деп аяқталған сегіз жол өлең шумақтары да автор екі дастанында қатар келтіреді. Демек, Әріп оқиғалық тұрғыдан ұқсас келетін дастандарында тек ортақ суретті ғана емес, ортақ өлең жолдарын да пайдаланған. Олай болса, «Зияда — Шаһмұрат» дастанымен басқа да ортақ, ұқсас жақтары жетерлік «Баһрам» туындысын Ә. Тәңірбергенов шығармасына жатқызуға толық хақылымыз.

   Тегінде Баһрам бейнесі әр заманда өмір кешкен бірнеше ақындардың жырларына арқау болған.

   Нәзирагөйлік жолмен ғасырлар бойы жалғасын тапқан Баһрам жыры қазақ топырағына да өзіндік ерекшеліктерімен, тың сүрлеуін сала келді. Көне түркі жазбаларынан келе жатқан Баһрам-Гурдың қаһармандық бейнесі қазақтың төл ауыз әдебиеті үлгілерімен өріле сомдалып, Қобыланды, Алпамыс тұлғаларына ұқсас Баһрам батыр образы жасалды.

   Әріптің бұл дастаны, негізінен, Сайқали жырының ізімен жырланған. Десек те, Әріп дастаны — өзбек ақынын қайталамайтын мүлде бөлек туынды. «Тегінде, белгілі сюжет негізінде шығарма жазған ақындардың қайсысы да түпнұсқаны іздеп, не түпнұсқадан ауытқымауды қадағалап жатпаған. Оның себебі: олар шығарманы аудару емес, соның негізінда өз туындыларын жасауды көздеген» /24,60/, — деген пікірлер Әріп дастанының бітіміне сай айтылғандай.

   Баһрамның пері қызы Күләндамға ғашық болуы, теңіз, керуен сияқты азабы көп сапарлар «Сейфүлмәлік», «Зияда — Шаһмұрат» оқиға желісіне ұқсас болып келеді. Алайда, сыртқы мазмұны ұқсас болып келгенімен, Баһрам дастанының негізгі идеясы – батырлықты, ерлікті жырлау. Баһрам – батырлық образ. Сондықтан да, Ө. Күмісбаев «Баһрам» дастанын «батырлық, ерлікті, ақ пен қараның күресін жырлайтын романтикалық сарындағы қисса-дастандар» тобына жатқызады. /25,30/.

   Дастанның көркемдік қасиеттеріне келсек «Баһрам» дастаны ауыз әдебиетінің элементтерін бойына сіңірген. Батырлар жырындағыдай Баһрам тұлпары айрықша:

                                Тұлпардан дүниедегі аң құтылмас

…Ер Баһрам менгені тұлпар ол маңмаңгер.

  Жөнелді тұлпарменен жалғыз қуып,

   Әр жерде қастық қылды кәпір сұмдық.

  Ер Баһрам ол тұлпармен салды қысмыл,

  Мәсли үш күн-түн жүрді жарты жылдық.

Жырдағы тұлпар сипаты аз да болса қазақтың батырлық дастандарындағы ер серігі Тайбурыл, Байшұбарлардың образдарымен ұқсастық тауып жатыр. Дастанда қазақи салт-дәстүр элементтері де кездеседі. Жапанда жолыққан шалдың батасын алмай Баһрам бел буған сапарына аттап баспайды. Өйткені қара қазақ ұғымында жасы үлкеннің батасынан аттау немесе теріс батаға ұрыну қасіретке, бақытсыздыққа бастайды. Сондай-ақ, дастанда жеңгетайлық жолмен қалыңдыққа сөз салу, түс жору сияқты қазақтың салт-санасына, ұғым-түсінегіне сай құбылыстар да кездеседі.

   Жалпы Әріптің шығыстық тақырыпта жазған дастандарын сөз еткенде мына бір жайларды мықтап есте ұстағанымыз жөн. Біріншіден, бұл дастандарды дүниеге әкелген уақыты Әріптің ақындық жолға енді бет бұрған жасаң шағы, яғни ақындық өнерге шығар баспалдағының алғашқылары деуге болады. Екіншіден, ақындық жолды шығыстық-нәзирагөйлік жолдан бастаған Әріп әлі нақты ақындық шеберлікті айқын сезінердей Абай алдын көріп, тағылымын танып үлгермеген еді. Сондықтан да, ақынның шығыстық үлгідегі қисса-дастандарын оның ақындық қуаты толысқан кезеңдегі шырлы өмірдің сырын ашар реалистік шығармаларымен таразылаудың еш қажеті жоқ. Бірақ, Ә. Тәңірбергенов қаламынан туған «Зияда — Шаһмұрат», «Баһрам» қазақ қисса-дастандарының ең көрнектілерінің қатарынан орын алатынын естен шығармауымыз керек. Әріптің бұл шығармаларына кезінде Ә. Қоңаратбаев, Ө. Күмісбаев, А. Қыраубаева, Б. Әзібаева, Ү. Субханбердина сында шығыстанушы ғалымдар арнай тоқталып, өз еңбектерінің зерттеу объектісіне арқау еткен. Осы дастандарды бүгінгі күні жаңғырта жариялап жүрген Ү. Субханбердинаның: «…осы нұсқалардың озығын саралап зерттеу, сын көзімен сұрыптай отырып, бүгінгі заман тілегіне жарайтындарын жиі жариялап отыру – алдымызда тұрған игі істердің бірі» /23,145/, — деген пікірі Әріп туындыларының шығыстық дәстүрмен келген қазақ қиссаларының ішіндегі тақырыптық табиғаты жағынан болсын, оқиға суреттеу жағынан болсын алдымен ауызға алынар айтулыларының қатарынан орын алатынын даралап, ғасырлар бойы халықтың бай қазынасын танытар өміршеңдік қасиетін айқындай түседі.

   Әріп ақынның сонымен қатар айтыс түрінде жазылған екі дастаны бар. Олар «Біржан – Сара» және «Тәуке — Ұрқия» дастандары.

   Артына осынша мол мұра қалдырған ақынның шығармалары қазірге дейін толық жинақталмай, ал қолда бар дүниелерінің өзі басы қосылып, жарық көре алмай жатқандығы өкінішті. Басқаны былай қойғанда, «Біржан — Сара» айтысының ауызекі айтыс емес, айтыс түрінде жазылған поэма екендігі әлдеқашан дәлелденгеніне қарамастан, ақынның өзінің төл жинағына қосылмай келеді. Рас, Біржан мен Сара айтысы болды ма, жоқ па деген мәселе төңірегіндегі дау-дамай әлі аяқталған жоқ . Біржан мен Сара кездесті дейік, сонда олар Ешкіөлместің бауырында қай жылы кездесті? Жұрттың басын қатырып келе жатқан сұрақ осы. Кездескен күннің өзінде қазіргі жазылып жүргендей 1871 жылы емес екендігін Қайым Мұхаметханұлы бұлжытпай дәләелдеп отыр. Мүмкін Біржан мен Сара 1871 жылдан берірек уақытта кездесіп, айтысқан болар. Бірақ қолымыздағы айтыс дәл ол айтыс емес. Қазіргі «Біржан ме Сара» айтысы деп малданып жүрген шығармамыз жазба әдебиеттің туындысы екені айдан анық. Сөзіміз күмәнді болмас үшін ғұлама ғалым М.Әуезовтің сенімді шәкірті Қайым Мұхаметханұлының дәлелдерін тағы да еске алайық. Қайым Мұхаметханұлы алдымен Біржанның туған жылына байланысты С.Мұқанов, А.Жұбанов, Е.Исмаилов еңбектеріндегі және «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ совет энциклопедиясындағы» мағлұматтарды егжей-тегжейлі салыстыра келіп, Біржанның баласы Теміртастың өз аузынан айтқан сөзіне табан тірейді: «…Е.байболов деген жолдас, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1957 жылғы 2 (106) санында жариаланған, «Біржа ел аузында» деген мақаласында: «…1928 жылдың жаз айы еді. Қасымда әнші Өтебайұлы Хамит бар – екеуіміз Біржанның баласы Теміртасты іздеп, Ақкөл деген жерде – жайлауда отырған Қожағұлдың ауылына келдік… Әдейілеп келген мақсатым — әншінің өмірі жайында мәлімет жиып, біржан ұрпақтарының әңгімесін дәл айтылған күйінде хатқа түсіріп алу еді. Теміртастың сөзін айнытпай қойын дәптеріме жазып алдым», — дейді. Одан әрі Теміртастың өз сөзін келтіреді… Теміртас әкесінің туған, өлген уақыты туралы былай депті:

   «Біржан өлгенде, шешеміздің қолында үш бала қалдық. Қыздары – Асыл, Ақық, ұлы – мен. Біржан  алпыс үштен алпыс төртке қараған жасында дүние салды. Ол қайтқанда, мен тоғыз жасар бала едім… Ал өзім биыл дәл отыз тоғыз жастамын.» Осы Байболовтың мағұлматы сенімді дейтін болсақ, Теміртас 1928 жылы отыз тоғыз жаста екен. Олай болса, Теміртас 1889 жылы туған, ол туғанда әкесі елу бесте, яғни Біржан 1834 жылы туған. Алпыс үш жасында дүниеден қайтса, 1897 жылы өлген болады /27,140/».

   Белгілі мемлекет қайраткері, мәдениет қайраткері, терең білімді әдебиетші-сыншы, Ілияс Омаров 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газаетін 17 тамызында жарияланған «Ақын Сараның әдебиетіміздегі үлесі» деген көлемді мақаласында:

   «…Белгілі Біржан мен Сараның айтысын біреу болды деп, біреулер болмады деп пәтуаға келтірмей жүретін. Осындай жағдайдың боларын тегі зерек Сараның өзі де алдын ала білген сияқты. «Қош бол, елім» деген ұзақ өлеңінде Сара:    

                                …Дүниеге келіп-кетер әркім қонақ,

                                Солардың біреуі мен, өмірі шолақ.

                                Сырықтан қазық ала алмайтын,

                                Ұқыпсыз болмаушы ма ед кейбір олақ.

 

   Адаммын мен де сондай ұқыбы жоқ,

                                Тіл бар деп санап жүрген көңіліне тоқ.

                                Қағазға жалғыз сөзім түспегенсін,

                                Ұмытылып қалар Сара құр аңыз боп.

 

    Дәм татқан қадірлі елде тартып бұйрық,

                                Осы бір он ауыз сөз менен сыйлық.

                                Хиқая кітап жазып бере алмадым,

                                Әріптей болмаған соң хатқа жүйрік… –

деп болжаған» /27,55/, — дей келіп, Ілияс Омаров тағы былай деп жазады.

   «Біржан – Сара айтысын» кітап қылып шығарған белгілі ақын Әріп Тәңірбергенов өзінің Сараға жазған сүйіспеншілік хатында Сараның көптеген сипатын суреттеп, бейнесін жасайды. Мүмкін махаббат оты ұйтқытып, ақынның артық та кеткен жерлері бар шығар, дегенмен өлеңмен жазылған үлкен хат Сараны көп білетін, оның жай-күйін көбірек аңғаратын, оның басындағы хал-жайды көбірек түсінетін адамның атынан жазылған хатқа ұқсайды. Сондай-ақ бұл хаттан Сараның зеректігі, аңғарғыштығын, ақылдылығын көреміз» /27,10/.

   Сөйтіп Ілияс Омаров нақтылы мысалдар келтіре отырып, «Біржан-Сара айтысын» Әріп жазғанын және бұл айтысты оның жазуына себеп болған Абайдың Әріпті қатты сынап жазған өлеңі екені, Абайдың баласы Тұрағұл мен Мұхтар Әуезовтің дәлелдеп жазғандарын, басында толық баяндағанбыз.

   Сөйтіп «Біржан-Сара айтысы», Абайдың 1889 жылғы «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңінен кейін, яғни 1890 жылдары жазылған болады. Сол уақыттан бастап, «Біржан-Сара айтысы» Әріптің қолжазбасынан көшіріліп, жатталып, ел арасына кең таралып кетеді. Айтысты жазып шығарған адам Әріп ақын екендігіне ешкім де шек келтірмеген.

   Біржан мен Сара айтысқан деп өтірік айтып, өлең жазып, Абайға тіл тигіздің деп, қатты намыстанған Тобықтының Қуанышбай деген ақыны Әріпті мейлінше шенеп, барынша даттап, ұзақ өлең шығарған. Әрніптің өзін де, елінде жамандап, жер-жебіріне жетеді. Құнанбайды, Абайды мадақтай келіп:

                                Соларға тіл тигіздің сайтан, доңыз,

                                Жарайды бақсы болып, алсаң қобыз… –

деп, Әріпті қатты балағаттайды.

   Қуанышбайдың «Біржан-Сара айтысында» Абайға тіл тигіздің дегеніне, ондай-ондай тиген тілге Абайдай адамның ешбір мақұлдамайтынын, Әріп былай сипаттайды:

                                Абайды ұнасады мақтағанға,

                                Болат қой екі дүзді сақтағанға.

                                Алтынға дым тигенмен қараймайды

                                Жұдырық хан артынан боқтағанға…

   1936 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің 11-қыркүйектегі, 210 санында жарияланған «Әріп ақын» атты мақалада: «…Әріп, Көкбай – бәрі де Абай тұстас, Абай тұсында болған ақындар. Бұл екеуі де Абайды өзінің мұғалімі есебінде есептеп, Абайдан тәлім-тәрбие алуға иждиһад еткен.

   Бірақ, Көкбай Абайдың өз елінен шыққан туысқаны. Ал, Әріпті алатын болсақ, Тобықтымен үзеңгі жау, ежелден күндес, басқа рудан шыққан. Сондықтан ру намысы, бақ таласы арасын алшақтатып, өлеңін Абайға қарсы жұмасаған да жері болған.

   «Біржан – Сарадағы»:

                                Антұрған аты құрыс Абай деген,

                                Жылатты мұсылманды талай неген.

                                Болғанда қасиетті жақсы кісі,

                                Қасқырда өз күшігін қалай жеген, —

дейтіні де осының салдары» /28,26/, — дейді.

   Сөйтіп «Біржан – Сара айтысын» жазған Әріп ақын екендігіне, айтыс елге кең тарай бастаған, 1890 жылдан бері, ешбір адам ешқандай туғызбағанын көреміз. Ал 1939 жылдан бері «Біржан – Сара айтысын» Әріп жазбаған деген жалған пікір айтыла бастады /31,101/.

   Мұхтар Әуезовтің: «Біржан – Сарның айтысын Әріп шығарған» /32,125/деп дәлелдеп жазған пікірін жоғарыда келтірдік. Көп жылдар өткеннен кейін Мұқаң сол алғашқы жазған дұрыс пікірін өзгертіп: «Біржан мен Сараның айтысы болған жоқ, болса сақталмай қалып қойған. Бұл айтысты шығарушы Әріп ақын деген де пікірлер бар. Бұл қате пікір. Анығында Біржан – Саран айтысы болған. Бірақ, дәл қалпында, толық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі қалпымен түгел сақталған жоқ. Кейін көпшілікке өз редакциясымен айтып беруші Сара болған… Ал, кейін сол Сараның айтқаны да көпке шейін ауызда жүреді… Хатқа түскенше бұл айтыс көп өзгерістер көреді. Осындай айтушының және ең алғаш хатқа түсірушінің бірі Әріп болады. Әріп өзі ақын және қазақша, орысша оқыған адам. Ақындығы, шешендігі, тапқыр тілділігі бар ірі ақынның бірі. Сол Әріптің Біржан – Сара айтысына, кейінгі айтушының бірі дәрежесінде ат салысқаны анық. Бірақ, бар айтыс Біржан – Саранікі емес, жалғыз ғана Әріптікі деген теріс. Осы айтысты ең алғаш хатқа түсіруші де Әріп. Революциядан бұрын баспаға беруші, сол Әріп хатқа түсірген Біржан – Сара айтысын бұлжытпастан, өзгертпестен береді» /32,51/, — дейді Мұхтар Әуезов.

   Мұқаңның бұл пікірін түгелдей құптау қиын мәселе.

   Енді бір адамның пікірін келтіруге тура келеді.

   Мұхтар Әуезовтің «Әр жылдары ойлары» /33/кітабы туралы жазған «Көп толғантқан ойлар» атты сын мақаласында Тахауи Ахтанов былай дейді: «Кітаптағы аса қызықты, ірі еңбек «айтыс» туралы. Қазақ әдебиетнің осы бір ерекше қызғылықты жанрын автор ғылыми үлкен эрудициямен жан-жақты талқылап толық тексереді» /34,11/.

Бұл өрелі ірі еңбекті сүйсіне бағалай отырып, айта кеткіміз келген кейбір жеке пікірлер бар…

Автор осы кезге дейін даулы боп келген Біржан мен Сараның айтысына баса тоқталады. Бұл айтыстың шығуы жөнінде өз пікірін, аралық сөзін айтады. Қиғаш екі пікір болатын –  бірі Біржан – Сара айтысы тек сол екі автордың ғана сөзі, өзге ешкімнің қатысы жоқ дегенге тірелсе, екіншілері ондай айтыс болмаған, мұны шығарған Әріп ақын десетін. Ал, Мұқаң бұл айтыс болған, оны Әріп жазап алып, редакция енгізгүен деген пікірге келеді және бұл айтыстың негізгі салмағын Біржан мен Сараға аударады. Әріпті редакторлық дәрежесіне жақындатады /33,32/.

Қарпайым көзге көрініп тұрған бір жәйтті айта кеткіміз келеді. Бірінші – бұл айтысты өлеңдік жағынан тексергенде – ол ауыз әдебиеті емес, жазба ақынның шығармасына аса жуық. Мұнда суырып-салма ақындар айтысында шартты түрде жүретін көп қайталаған сөз нақыштары, мәтелдер жоқ, қанша жүйрік болса да амалсыздан туатын буын асып кету, ұйқас шалалығы байқалмайды. Екінші аса қатты ескеретін нәрсе: Сара мен Біржан сөздері стильдік жағынан, образ, бейне, теңеу, ритмика жағынан соншалықты ұқсас, — екеуінің сөзін екі ақын айтты деу мүмкін емес. Және де Қазақстанның екі шалғайында туып-өскен, бірі еркек, бірі әйел, екі ақынның бүкіл поэтикалық жүйесі соншалық ұқсас болады деуге сену қиын.

Ал, Біржан мен Сара айтысы  аталатын көркем шығарма жайына келсек бұған кім де болса бір талантты ақынның мықтап араласқан ыжәне соның авторлығы шығарманың өзінен көрініп тұр.

Соңғы кезде осы айтыс  туралы әрқилы пікірлер айтылып, әртүрлі деректер келтірілп жүр. Бірақ солардың көбі осы айтыстың поэтикалық жүйесін, стиль бірлігін тексермей, көбіне кәрі құлақ, ескілердің сөзіне сүйенеді. Ал, біздіңше мықты деректі «айтыстың» өзінен, оның өлең табиғатынан іздеген жөн», — дейді Тахауи Ахтанов /34,82/. Сөйтіп үлкен жазушы, білгір де турашыл сыншы Тахауи Ахтанов «Біржан – Сара айтысы» талантты бір ақынның көркем шығармасы екенін көрегендікпен дә дәлелдеп берген.

«Біржан – Сара айтысының» құрылысының өзінен-ақ, шығарманы жазған бір ғана ақын екенін айдан анық көреміз. «Айтыстың» кіріспесінде, ең алдымен айтыстыратын адамдарын таныстырады:

Қызы екен ақын Сара Тәстембектің,

Жақыны заты Найман Есімбектің.

Сауық қып Садыр, Матай жиылысып,

Ауылына алдырыпты Тұрысбектің.

 

Аулына Тұрысбектің Сара кепті,

Өлеңді жүндей сабап дүрілдетті.

Сол кезде он жетіде ақын Сара,

Жел сөзге адам болмас одан епті, —

деп, ақын әуелі Сараны таныстыра келіп, одан кейін:

                            Сараның атын білген Арғын, Найман,

                            Шыққан жүйрік Аталық, Қаптағайдан.

                            Баласы Қожағұлдың сері Біржан

                             Сараны іздеп шыққан әлде қайдан… –

деп, Біржанды сипаттап таныстырып, оның қасына он бір жігіт  жолдас алып, жолға шықанын, Сараның еліне келгенін суреттейді:

                                …Арада бір Азырақ күндер өтті,

                                Кезінде шаңқай түстің ақын Біржан,

                                Ауылына Тәстембектің жетіп кепті,

                                Сара отырған ауылға алып бар деп,

                                Қасына қосып берді Жүнісбекті.

 

   Біржанның салтанатын көрген адам,

                                Таңырқап талып түсіп тамаша етті.

                                Бұлардың келгенімен ісі болмай,

                                Сара қыз үйде отырып өлеңдетті, —

деп суреттей келіп, Сараның қандай өлең айтып отырғанын баяндайды:

                                Ақын қыз отыр екен дүкен құрып,

                                Тыңдаған көп жамағат судай тынып.

                                Бірқатар әңгімен сөз сөйлеп болып,

                                Қажыға мұңын айтты сонда тұрып…-

деп бастап, басында билігі жоқтығын айтқызады. содан кейін Біржанның Тұрысбек қажының ауылына келгенін, аттан түспей жатып, өлеңдете жөнелгенін:

                                Ән салды сонда Біржан айғай салып,

                                Тоқтады үйдегілер аң-таң қалып.

                                Дәт қылмай аттан түсіп айтысуға,

                                Өлеңді қоя берді домбыра алып, —

деп суреттеп келіп, Біржанды сөйлетеді. Біржан:

                                Бұл үйде Сара бар ма шықсын бері,

                                Іздеген келіп тұрмын Біржан сері.

                                Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,

                                Ауылында Тұрысбектің өлер жері, —

деп бастап, өлеңдете жөнеледі. «Ақ иық мұзбалақпын», «Кең қолтық арғымақпын» деп, асқақтата, әсірелей жырлай кеп, Сараны айтысқа шақырып:

                                …Басайын аптығыңды тез шық Сара,

                                Сен түгел әкеңдеймен болдым істес, —

деп өктемдік көрсетеді.

Енді Біржанға:

                                Үш жүзге даңқым шықты өлең жаттап,

                                Қысқартам адымыңды бір-ақ аттап, —

дегізіп алып, Әріптің өзі сөйлеп кетеді:

                                  Дәуірлеп қыздың дауысы шықпаған соң,

Айғайлап ұран салды Қарқабаттап.

 

Көк тамда Тұрысбектің ауылында,

Көріп ем істің жеңіл, ауырын да.

Біржанның төңкерілген әніменен,

Ешкіөлмес ел жиылды бауырына, —

деп, ел жиылған сын сағатта, Сараның айтысқа бірден шыға қоймай, бөгелу себебін көрсету үшін Есімбекті сөйлетеді.

                            Сал Біржан дәуірлейді барған сайын,

Екпіні соққан желдей көрсең жәйін.

Шырағым Сара, саған не болды деп

Есімбек кіріп келді ағатайым.

 

Шырағым, Арғынға орай бар ғой Найман,

Бала едің атағыңды жұртқа жайған.

Кең жерде келістіріп душар болмай,

Қапыда қажы үйіне келді қайдан, —

деген Есімбектің сөзінен: Сара Тұрысбек қажыдан именіп, сыпайылық сақтап бөгеліп қалғанын көреміз. Енді Тұрысбек қажының өзін сөйлетеді:

                             Тартынба, енді балам, — деді қажы ,

                              Адымың аттан артық, шықты тайдан.

Ант ұрған сөзі бұзық көрінеді,

Бар еді бір кісідей өлеңге айлаң.

 

Аптыққан қу Арғынды бір дөңгелет,

Ағаңа осы болсын тиген пайдаң.

Өнерің ұлдан артық қарағым-ай,

Тұрайын мен де тілеп бір құдайдан.

   Тұрысбек қажының батасын алғаннан кейін, рухы көтеріліп, Біржанмен айтысуға құлшышып шыққан Сараның көтеріңкі көңіл күйі, Біржанмен жүзбе-жүз келіп, алғашқы танысу сәті суреттеледі.

                             Қажының әлгі сөзі болған себеп,

                              Қолтықтан көтере көр аруақ жебеп.

                               Кеншімбай, Дулат, Сабыр, Сұртай, Жылтыр,

                              Жанұзақ, қолда – дедім, — ақын Түбек.

                               Қозғайды қырмызыдай сөзді талдап,

                               Басында аялдадым Біржанды алдап,

                               Төрт қызын Тұрысбектің қасыма ертіп,

                              Ақ үйден шыға келдің «Найманшалдап».

 

Аспаннан жерге түсті ғайып пірім,

Даусыма жағырықты тұрған жерім,

Ән шырқап ақбоз үйден шыға келдім,

Көрген соң аттан түсті Біржан серің.

 

Таңданып жиылған жұрт қарап тұрды,

Біржанға қыз да болсам балап тұрды.

Кәмшат бөрік, күлдері белбауы бар,

Көк торғын шапанды адам қарсы жүрді.

 

Түрінен танып тұрмын, — осы Біржан,

Сандалтып Орта жүзді әнмен қырған.

Кісі екен тым өңді емес, сары сұрлау,

Құбылар тоты құстай әлгі антұрған.

 

Осы ма, — деді, Матай бұлбұл құсы,

Көп іздеп жаңа таптым жазы-қысы.

Әуелі қазақшылап көріселік,

Жарқыным, берірек кел жасың кіші.

 

Баласың менен көрі жасың кейін,

Ежелден менің сөзім қызға бейім.

Көрісем бері кел, — деп, сәнсіп тұрды,

Тоғанып үндемедім соған шейін.

   Осы келтірілген мысалдардан «Біржан – Сара айтысы» көркем шығарманың ерекшк бір түрі санлатын, адамдардың өзара сөз жарыстыру яғни диалог түрінде жазылғанын көреміз.

   Сондықтан бұл шығарманы айтыс түрінде жазылған дастан деуімізге болады. Тұңғыш рет, 1898 жылы, жеке кітап ретінде басылып шыққан да: «Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» деп аталған.

   «Айтыстың» өзінен тағы бір мысал келтірейік. Біржанның руы Керей екеніне қарамай, оны Арғын руының ақыны ретінде айтыстырады. Сондықтан, Біржан Керейдің атақты адамдарын бірде-біреуін аузына алмайды.

   Сара – Матай, Әріп – Қаракерей. «Айтыста» Матайдың атақты адамдарынан Маман, Тұрысбек, Есімбек сияқты үш, төрт қана адам болмаса, Сараның аузынан мадақталатын атақты адамдардың бәрі қаракерей адамдары, яғни Әріптің өз руының кісілері. Мысалы, Қаракерейдің ішінде Сыбаннан: Ақтайлақ би, оның баласы Кеңсебай би, Кенжеғұл, Байтоқа билер, Алтыбай батыр, Ақтанберді батыр әрі жырау, Еспенбет батыр, Аққожа би, Тойғұлы, тағы басқалар. Мұрынан: Тана мырза, Жұмақан, Шерубай сияқтылар. Басқа Қаракерейден: Тілеуберді, Қозыбай, Әліхан, Қанақай, Қабанбай батыр, Сүлеймен, тағы басқалар.

   Түбек, Жанұзақ, Сабырбай, Кеншінбай, Дулат, Сұртай, Жылтыр сияқты Қаракерейден шыққан атақты ақындар аталады.

   Лепсі, Зайсан, Семей уездеріне қарайтын Қаракерейдің белгелі адамдарынан аты аталмай қалғандары жоқ. Осылардың бәрі, Матай қызы Сараның аузынан мадақталады. Ал, Матайдың бұлар қатарлы атақты адамдары, мысалы, Бұғыбай батыр, Жапалақ би, Садыр Сиқымбай, Қызай Балапан би, тағы басқалары Сараның аузына да алынбай қалады. Сол сияқты Қаракерей ақыны Түбекпен, Маман алдында, үш күн, үш түн айтысқан дейтін Матайдың атақты ақыны Толғанбай да Сараның аузына алынбай қалған.

   Сөйтіп, Әріп өз руынан, Қаракерейдің белгілі адамдарының бәрін Сараға мақтатып, мадақтатқан. Осының өзінен-ақ «Біржан – Сара айтысын» Әріп ақын жазғандығы айдан анық көрінсе керек.

   «Біржан – Сара айтысы» жазылып шыға сала-ақ қолжазбадан қолжазбаға көшіріліп, жатталып, ауыздан ауызға көшіп, халық арасына кең тарап кетеді.

   Шынында, «Біржан – Сара айтысы» сияқты терең мазмұнды, ерекше көркем, әрі көлемді айтыс – дастанды дәл айтылған қалпында, барлық теңеу, ұйқастарымен, бір адам есінде сақтап қалуы мүмкін деп, ой көзімен қарайтын, ешбір адам айта алмаса керек.    

Бізде ақындар айтысы туралы, негізінде, бір ғана ұғым болды. Яғни екі ақынның қалың топ алдында қолма-қол суырып салып айтысқаны деп түсініп келдік.

Қандай айтыс болмасын, оның мағынансына, құрылысына, қолданған тәсіліне мән берместен, сол бір қалыптасып қалған ұғым, түсінік бойынша бағалап келдік.

Ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» атты кітабында айтыстың мән-мағынасын бейнелі сөзбен сипаттап бере келіп: «Айтыс бастапқы кезде шын екі ақынның айтысқаны болса да, соңғы кезде айтысты ақындар өз ойынан шығаратын болған. Яғни, бір ақын екі ақынны айтысқаны қылып, екі жағының да сөзін өзі шығаратын болған. Сөйтіп, айтыс шын айтыс емес, тек шығарманың түрі болуға айналған. Адамның, елдің яки бүкіл жұрттың келіссіз істерін, мінездерін, пиғылдарын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзі қылып шығаратын болған /35,252/» — дейді. Әріптің «Біржан – Сара айтысының» үлгісімен жазған екінші бір айтыс-дастаны – «Тәуке мен Ұрқия айтысы».

 

 

2.2 Әріп айтыскерлігіндегі Абай өнегесі

 

Айтыс, оның ішінде ақындар айтысы – қазақ халқының әдеби өмірінде ерте туған, терең дамыған және кең тараған жанр. Халық ақындар айтысын қашан да үлкен өнер ретінде жоғары бағалаған, оны өнер жарысы, ақындық талант пен ой парасатының таразысы деп қараған. 

Әріп ақындығының енді бір қыры – оның шаппа-шап айтыскерлігі. Ол өлеңді қолма-қол суырып салып айтуға да аса шебер, импровизатор ақын. Ә. Тәңірбергеновтың айтыс өлеңдері көп болған, оның бәрі бізге түгел жеткен жоқ /33,28/.

 Оның суырып салып айтатын өлеңдері, көбінесе, кейбір ақындармен ойламаған жерде кездесіп, шаппа-шап келіп қалған сәтте, тұтқиылдан шығарып айтқан шағын өлеңдер болады. Әріптің өлеңдері көбінесе шиеленіскен тартысқа құрылады. Қысқа қақтығыстарының астарында ел басынан өткен оқиғаларды меңзейтін тұжырымдар жатады. Оның алмастай тіліп түсетін тегеурінді өнерпаз екендігін Көкбаймен, Сәдірмен, Қауметпен, Бейсекемен, Боранбаймен, бір келіншекпен айтыстарынан көреміз. Ақынның қолда бар осы айтыстарының өзі де оның айтысқа қабілетті, қажетті жерінде қиядан қиыстырып сөз тапқыш, шешен де ойлы ақын екендігін, өзіндік бетін, өзіне тән кейбір өзгешеліктерін байқатарлық. Ақын тілі әуезді, әсем, көркем. Ойы ірі, сөзі тірі. Сондай өлеңдердің туу себебін баяндайтын бірер мысал келтірейік.

Көкбай ақын Абай туралы естелік әңгімесінде: «Ел ішінің тағы бір сиезі болып, Семейдің оязы келгенде, соған тілмаш болып Сыбан Әріп келді. Әріп екеуміз құрбы болатынбыз.

Кездескен жерде әрқашан бірер ауыз өлеңмен жанасып қалатынбыз. Сиезд болып жатқанда, менің бір ақы сұраған арызым болып, соның тез қаралуын тапсырамын деп, Әріпке:

Найманшам, адырайма кеуіп-ісіп,

Ежелден Арғын аға, Найман кішік.

Төбеңмен жүр, тез бітір қызметімді,

Күнде бүйтіп мөлимен ісім түсіп, —

дегеніме, ол:

Асықпа, бітірермін қызметіңді,

Тапсырған құрбылықпен міндетіңді.

Арғынға, Көкше сенен Қызай жақын,

Ата қумай түзей бер өз бетіңді, —

деді. Мен мұның орайына:

Көкше атам Тобықтының бел баласы,

Бөтен деген білместің бос таласы.

Нарынбайды Ташкенттік сарт дейді ғой.

Сол сияқты қазақтың бір жаласы, —

дедім. Әріп:

Тіпті Тобықты Арғын емес, Көкше тұрсын,

Ата қуып қайтесің, өзің жүрсің.

Құдай ақын, теңдесім Алтай – Қарпық,

Құр көңіліңді көтерген кеудең құрсын, —

деді.

Біз осылай сөйлесіп жатқанда, өзіміздең елдің біреулері Абайға барып: Әріп пен Көкбай айтысып жатыр депті. Сонан соң біреу келіп, екеумізді де Абай шақырады деді. Келіп едік: «Не айтыстыңдар?» деді. Мынау ананы айтты, мен мынаны айттым дедім. Абай тыңдады да, әлгі даудың орайына:

Ақсұпы дүниеден ұлсыз өткен,

Енетен жалшысынан бала біткен.

Өкіреш Найман ұл болмаған соң,

Атасызда Найман көп, деп ап кеткен, —

деді /15,35/». Міне нағыз суырып салма айтыстың түрі осындай болады. Әрі пен Әсеттің айтысы, Сәдір мен Әріптің айтысы да сондай суырып салма айтыстар.

   Айтыс күрделі бір мәселе жайында болса, ондай айтыс ұзақтау болып келеді және ақындар жазу арқылы, жазысып айтысады. Әріптің Қуанышбаймен айтысы, Көкбай, Боранбай ақындармен ұзақтау айтыстары, жазба айтыс түріне жатады.

   Айтыстарға байланысты тағы бір айта кететін жай, революцияға дейінгі айтыстардың көпшілігінде ақындардың қайсыбірі шыққан руын, оның көптілігін, елдің бай-жуандарын, қажы, молдаларын қалай болса солай көтермелеп мадақтап сөйлейтін. Тіпті бай-жуандарының таптық негізіне, халыққа, еңбекші елге істеп отырған қиянатына қарамастан ру, ата атынан мақтаныш етіп, қарсы ақынға кесе-көлденең тартатын. Ал осы сияқты ру қуу, ата намысын орынды-орынсыз мадақтап, құры босқа даурығу Әріптің айтыс өлеңдерінде кездеспейді. Мысалы, Көкбай өз елінің бай-жуандарын көкке көтеріп дәріптесе, Әріпте ондай мақсат жоқ. Қайта ел жуандарын мадақтаған Көкбайға қарсы дау, тоқтау айтады. Көкбай мадақтаған байлардың адамгершілік пен әділеттен тайған қылмыстарын, олардың еңбек адамын, кедей-момынды есепсіз қанап, аяусыз талап отырғандығын сынайды, оларды орынсыз дәріптегені үшін Көкбайдың өзін де түйрейді.

   Әріп айтыстарының ішіндегі көңіл аударатын күрделі айтыстың бірі – Қуанышбаймен айтысы. Бұл айтыста Қуанышбай өз айналасының, өз руының намысын жоқтап, Әріптің жеке басына ғана емес, бүкіл Найман елінің намысына тиеді, ірі феодалдардың бірі Құнанбайдың басқа руларға, жалпы еңбекші елге істеген қасақана озбырлықтарын батлдық, батырлық ретінде көтермелеп дәріптейді. Абайдың өзін өзге елге, басқа руға қарсы қойып, Құнанбайдың баласы, ру қайраткері етіп көрсетуге тырысады. Ал, Әріп болса Абайдың Құнанбайдай озбыр әке мұрагері емес, қайта қараңғылыққа қарсы алысқан халық қайраткері деп мақтан етеді:

                                Болмайсың бәрің Абай, жаһил аңғал,

                                Құтырса соған тоқтар қулық, жанжал.

                                Абайдан басқаң сөзді не қыласың,

                                Сол дана бұл заманда биік заңғар.

   Әріп ақынның айтыс өлеңдері өзі қалдырған мол әдеби мұралар ішіндегі басты салаларының бірі. Олай болса, ақын шығармашылығының бұл саласы да арнайы сөз етуді, ғылыми тұрғыдан әлі де болса зерттей түсуді қажет етерлік маңызы бар үлкен мұра.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

 

        Бітіру жұмысымызды  қорыта келгенде ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген ағартушы-демократ ақын, сонымен қатар айтыскер ақын Әріп Тәңірбергеновтың поэзиясындағы Абай дәстүрінің сабақтастығын зерттеу. Бітіру жұмысымыздың алғашқы тарауында ақынның өміріне арнап, шығармашылығын талдадық. Ақын дүниетанымындағы негізгі мәселелер, дүниетанымдық көзқарасына тоқталып өттік. Ол Абай тәрбиесін ала жүріп, шығыс шайырлары мен батыс ойшылдарының ойларын сұрыптап, сана сүзгісінен өткізіп, шығармаларына арқау етті. Оның адам жайындағы, қоғам мен өмір, тіршілік туралы өлеңдерінің қай-қайсысында да сырлы астар, терең мән жатыр. Әр нәрседен байсалды тұжырым жасау Әріп лирикасының ойшылдық қасиетін тереңдете түседі.

   Ә. Тәңірбергеновтің әдеби мұрасы өте бай. Оның шығармашылығы жанры жағынан да әртүрлі. Ол поэзия, аударма саласында жұмыс істейді. Ә. Тәңірбергенов Қазан төңкерісіне дейін ағартушы-демократ ақын ретінде қалыптасты. Идеялық мақсаты жағынан демократтық-халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытты ұстанды. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім», деген Абай мектебінен тағылым алған, оньң жолын жалғастырған Әріп те екі жаққа бірдей назар салған.

   Абайдың әдеби мектебінен тәлім алған Әріп ұлы ұстазының қазақ халқын әлемдік мәдениет үлгілерімен таныстыру бағытындағы қызметін жемісті жалғастырды. Әріп ақынның лирикалық қаһарманы да Абай кейіпкерлеріне ұқсас. Оның басына қуаныш пен күйініш те, үміт күдік те өтеді. Кей сәттерде мұңға беріледі. Бірақ, бұл құрғақ пессимизм емес. Шығармашылық жолының өне бойында адамгершілік мәселесін, ардың тазалығын, имандылықты бірінші орынға қойып отырады. Бұл мәселелерге ол өз елінің перзенті тұрғысынан қарады. Абайға жүгініп отырды.

   Ә. Тәңірбергенов өлеңдерінің сүбелі саласы да осы бір замана бедерін берер, ондағы адамдар мінезін айқындар әлеуметтік тақырыпқа арналған. Ақынның реалистік бағыттағы өлеңдернің негізгі күші — өз қоғамындағы әлеуметтік теңсіздікті айқын сезінген ақынның соларды жалтармай әшкерелеп беруінде. Ақын қоғам кемшілігін ең алдымен, жеке адам бойындағы жағымсыз қасиеттерден деп табады. Ол қоғамдағы мін атаулыны өз ортасы, күндегі көріп жүрген өз ауылының адамдарынан көре білді. Әріптің осы тақырыптағы арнау өлеңдері қысқа қайырылып келгенімен, нысанаға алғанын жеріне жеткізе әшкерелеп берумен құнды.

   Абайдың реалистік дәстүрі —Ә. Тәңірбергенов шығармашылығының негізгі идеялық-көркемдік нысанасы. Әріп ақынның реализмінің күші саяси, азаматтық лирикада айқынырақ көрінеді. Ол, ең алдымен, қоғамның әлеуметтік жағдайларын, теңсіздікті көре біледі, соны әшкерелейді. Өз заманыньң көзі ашық, көкірегі ояу парасатты азаматы ретінде ақын халқының, бүкіл елдің басындағы ақиқат жағдайды тани алды. Халық тағдыры оны қатты толғандарды. Келеңсіз кеселдердің тамырына балта шабудың жолдарын іздейді. Оларды түзетуге болатын дерт деп біледі.

   Ә. Тәңірбергенов өлеңдерінің сүбелі саласы да осы бір замана бедерін берер, ондағы адамдар мінезін айқындар әлеуметтік тақырыпқа арналған. Ақынның реалистік бағыттағы өлеңдернің негізгі күші — өз қоғамындағы әлеуметтік теңсіздікті айқын сезінген ақынның соларды жалтармай әшкерелеп беруінде. Ақын қоғам кемшілігін ең алдымен, жеке адам бойындағы жағымсыз қасиеттерден деп табады. Ол қоғамдағы мін атаулыны өз ортасы, күндегі көріп жүрген өз ауылының адамдарынан көре білді.

   Ақын өлеңдерінің идеялық мазмұны тереңдей түседі. Халықты қанаушыларды әшкерелеп жырласа, еңбек елін дәріптеп жырлайды. Әріп творчествосы қазақ халқының саяси қоғамдық өмірімен тығыз байланыста дамып, өсіп отырады. Ақынның саяси сана-сезімі өскен сайын, оның өлеңдерінің идеялық мазмұны да тереңдей түседі

Өзінің алғашқы шығармаларының бірі – «Ғылым туралы» атты өлеңінде ақын өзіне де, өзгеге де Абайды бағыт сілтеуші, жолбасшы ретінде ұсынды. Өлеңде жас ақынның сезімталдығы мен көргендігі танылды. Сол кезде небары отыздан жаңа асқан Абайдың кемеңгерлігін, даналығын, парасатын бағалай білудің өзі Әріп Тәңірбергеновтің қасиеттерін дәлелдей түседі.

Абай шығармаларында басты тақырып болып жырланған ағартушылық идеяны, Әріп ақын ұлы ұстазының дәстүрімен, өз шығармаларында, заман ағымына сай дамыта түсті. Әріптің ғылым, білім жайындағы өлеңдері Абайдың тағылымдық тақырыбынан бастау алғанын аңғартады. «Ғылым туралы», «Балаларыма», «Шәкірттерге айтқаны» өлеңдері Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» сияқты  өлеңдерімен тақырыптас қана емес, іштей мазмұндас, мағыналас екендігі дәлелдеуді қажет етпейді.  

   Ә. Тәңірбергенов шығармашылығына көз жүгірітсек, Абай өлеңдерімен астасып жатқанын байқаймыз. Сонымен қатар Әріп Абай дәстүрін өзіндік өрнек – бояуымен байытқан жаңашыл ақын болды. Оның бүкіл шығармашылығынан Абай іргесін қалаған реалистік әдеби дәстүрдің ізі сезіліп жатады. Өлеңдеріндегі идеялық, тақырыптық жаңалығына қоса, ақынның қазақ өлеңінің өрнегіне, ырғақ, буын, ұйқас өлшемдеріне қосқан тың бояулары да сан қырлы.

 Бітіру жұмысымыздың екінші тарауында Абай және Әріп поэзиясындағы көркемдік үндестікті мейлінше нақтылай салыстыра отырып талдадық.       

   Әріп Тәңірбергенов поэма жанрында да жемісті еңбек еткен қаламгер. Ол ХІХ ғасырдың 2-жартысында Абайдан бастау алатын реалистік үлгідегі оқиғалы дастан дәстүрінің дамуына елеулі үлес қосты. Оның қаламынан «Зияда — Шаһмұрат», «Қисса Баһрам», «Қисса Қожа Ғафан», «Нұрғызарұн» сияқты шығыс сюжетімен жазылған қиссалары мен «Біржан – Сара», «Тәуке — Ұрқия» атты айтыс үлгісінде жазылған поэмалар туды. Әріп ақынның, Ақылбай мен Мағауияның, Әсет пен Көкбайдың, Шәкәрімнің дастандары ұлы Абайдың ақындық ықпалы мен шығармашылық тәлім-тәрбиесімен жазылған туындылар еді.Абай ең алдымен өзінің айналасындағы Әріп  тәрізді жастарды жаңа үлгідегі поэмалық өрісін кеңейту ісіне жұмылдырды. Тіпті кейбіреулеріне өз жанынан тақырып беріп, жазғандарын талқыға салып, сынына өткізіп отырды. Соның нәтижесінде Әріптің лирикалық поэзияда меңгерген көркемдік шеберлігі мен жетістіктері оның поэмаларының табиғатынан да айқын көрініп жатты.

Абай бастаған реалистік әдебиетке тек шыншылдық, суреткерлік қасиетті бұл шығарманың бойына мол сіңірген. Абай өлеңдерінде бейнеленетін табиғаттың әсем көркі, ауыл мен даланың күнделікті қам-қарекеті романды көркем өрнекпен зерлеген. Әріптің прозалық шығармаларында осы тәрізді айқын бояу, айшықты суреттермен қатар, терең философия, халық даңғылы, тарих тағлымы қоса өріліп жатады.

   Әріп Тәңірбергенов тек қана қазақ халқының ғана мүддесін ғана ойлап қоймаған. Ол бүкіл адамзат атаулының игілігі үшін қызымет еткен. Оның барлық шығармаларындағы көтерген мәселесі адамзаттың ар жолынан таймауы. Оның шығармаларының құндылығы да осында. Әріп Тәңірбергеноұлының шығармашылығы сонысымен де мәнді және  мәңгі деуімізге әбден болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

     Пайдаланылған әдебиеттер тiзiмi:

 

  1. Негимов С. Әріп туралы сөз.//“Абай” журналы, 2004, №1.
  2. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. -Алматы: Қазақ Университеті, 1992.
  3. Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. -Алматы, 1974.
  4. Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. -Алматы, 1966.
  5. Тәңірбергенов Ә. Өлеңдері. — Алматы: Жазушы, 1969.
  6. Мырзахметов М. М.Әуезов және Абайтану проблемалары. -Алматы, 1982.

7.Әбдіманов Ө. ХХ ғ. бас кезіндегі қазақ әдебиеті.-Алматы: Қазақ              Университеті, 2002.  

  1. Абай тағылымы.-Алматы, 1986.

9.“Әлем” альманағы.-Алматы, 1991.

  1. “Абай” журналы.- Семей: 1994, №09.
  2. Әуезов М. Абай ақындығының айналасы// Әдебиет майданы, 1934, -№11. – 20 б.

12.Ерденбеков Б. Әріп Тәңірбергеновтің өмірі мен шығармашылығы. Канд.диссерт. –Алматы, 1999. –175 б.

13.Аюпова Г. Этическое наследие Ш.Кудайбердиева в свете казахских     литературных связей и традиций. Канд.диссерт. -Алматы, 1997. – 137 б.

14.Iзтiлеуова С. Шәкәрiм поэзиясындағы тұлға мәселесi. Канд.диссерт.автореф. -Алматы. 2000. – 25 б.

  1. Әбдiғазиұлы Б. Шәкәрiм шығармашылығының дәстүрлiк және көркемдiк негiздерi. Докт.диссерт. -Алматы, 2001. –338 б.
  2. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Екi томдық шығармалар жинағы. Алматы, Жазушы. 1986. -1 Т. –304 б.

17.Сүйiншәлиев Х. VII-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиетi. –Алматы:                      Мектеп. 1989. – 279 б.

  1. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. – Алматы: Санат, 1997. – 448 бет.
  2. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: дәуірлеу мен жаңаша пайымдау // Егеменді Қазақстан. 1999. 16 шілде.
  3. Қасенұлы Т. Әріп ақын // Социалистік Қазақстан. 1936. ІІ қыркүйек.
  4. Мұхамедханов Қ. Абайдың ақындық мектебі. Канд. диссирт. – Алматы: 1950.
  5. Мұқанов С. Абайдың ақын шәкірттері туралы // Әдебиет және искусство. 1951. №7.
  6. Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жақсы. – Алматы: Санат, 1997. – 416 бет.
  7. Есназаров Ө. Әріп ақын туралы жаңа деректер // Қазақ әдебиеті. 1963. 22 наурыз.
  8. Бисенбаев М. Ақын тағдыры // Жұлдыз. 1990. №3.
  9. Мұхамедханов Қ. Абайдың ақын шәкірттері. К.З. – Алматы: Дәуір, 1995.
  10. Тәңірбергенов Ә. Ұрпақпен үндесу. – Аякөз. 1996. – 72 бет.
  11. Мұхамедханов Қ. Абайдың ақын шәкірттері. К.2. – Алматы: Дәуір, 1995.

 

  1. Қисса-и Зияда – Шаһмұрат. – Қазан: Университет таиғханасы, 1890. – 48 бет.
  2. Күмісбаев Ө. Терең тамырлар. – Алматы: Ғылым, 1994.
  3. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. –Алматы: Қазақстан, 1995. – 208 бет.
  4. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1-том. Фольклор. Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы. Алматы, 1948. 251-252-бет
  5. Әуезов М. Әр жылдары ойлары. – Алматы: ҚМКӘБ, 1959.
  6. «Керуен». Әдебиет туралы ойлар. Алматы: Жазушы, 1969. 264-265-бет).
  7. Байтұрсынов А. Шығармалары — Алматы: 1989. 227-бет.