Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Қазақ филологиясы факультеті
Қазақ әдебиетi кафедрасы
Баққожа Мұқай — драматург
МАЗМҰНЫ
КIРIСПЕ
І ТАРАУ. Драма арқауы, заман сыры, адам тағдыры
ІІ ТАРАУ. Күлкісіз күн бар ма
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
К І Р І С П Е
Қазақ әдебиетін жанрға бөліп сөз еткенде революцияға дейін поэзиядан ауызша да жазбаша да мол мұраға ие болса, прозаның төркіні Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Спандияр Көбееев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлин шығармаларымен танылады.[1] Ал драматургиямыз болса, дәстүр мұра дегеннен тұлдыры жоқ тақырда туып, тек қана қазан революциясынан кейін қалыптасты.
Драма (грекше drama – қимыл-әрекет) – сахнаға арналған, уақиғаны, оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін, көңіл-күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығармалар. Драмаға уақиғаны қызу тартысқа құрып, мейлінше шиеленістіріп, шарықтау шегіне әбден жеткізіп барып тану – айрықша тән қасиет.
Драмалық шығармаларда кейіпкер өздерінің айтатын сөзі арқылы, сонымен бірге сахнадағы қимыл-әрекеті, жүріс-тұрысы, сонда байқалатын жай-күйі арқылы бейнеленеді. Кейіпкердің жеке қалып айтатын сөзі (монолог), бір-бірімен өзара сөйлесуі (диалог) – бұлар оның характерін, басқа адамдарға, өмірдегі әр түрлі жай-жағдайларға қатынасын, қоғамдық мәселелерге көзқарасын сипаттаудың басты тәсілі. Автордың уақиға барысын, кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын, күй-жайын тікелей өз атынан суреттеп, баяндап беруі жоқтың қасы. Біз болып жатқан, болып өткен уақиға жағдайларды кейіпкерлердің айтуынан біліп, солардың көзімен көріп, кейіпкердің хал-жайын, сағыныш, қуаныш-қайғыға берілуінен, ойлау-сезінуінен байқаймыз. Сөйтіп драмалық шығармада жеке адамның ойлану-сезінуін терең көрсететін лирикалық тәсіл мен тұтас бір шиеленіскен уақиғаны баян ететін эпикалық жанрға тән көркемдік тәсіл қабысып, ұштасып жатады.1 Драматаругия қазіргі әдебиетімізде жетекші жанрдың біріне айналып, күрделі белге көтерілген.
Драматургия өте қиын жанр. Оның даму жолы да күрделi. Ол диiрменге барғанша әлденеше сынақтан, електен өтiп, мықтап тазарып, өз кондициясына жеткенде ғана дұрыс болмақ.2
Драматуригяның басқа жанрдан ерешелігінің ең бастысы оның тууы, дамуы, тіршілік тынысы театрға байланысты. Ұлы Қазан революциясының бостандыққа жеткізіп экономикалық, мәдени, рухани өміріміздің сан-саласына енгізген көп өзгерістерімен қатар қазақ халқына тартқан үлкен бір сыйы 1926 жылы ұлттық театрдың құрылуын 3 ескерсек бұл жанрдың өмір өлшемі белгілі. Әдебиет пен өнеріміздің осы жаңалығын реалистік әдістің идеялық, эстетикалық көркемдік құралы ретінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, Ж.Шанин, Т.Ахтанов, С.Шаймерденов, Ә.Тарази т.б. шығармаларынан танып білсек,
соңғы жылдары қазақ әдебиеті біраз жаңа есімдермен толықты. Өзіндік сәтті ізденістермен танылған әдебиетіміздің тегеурінді толқыны. Сол толқынның ішінде тың туындыларымен көрінген Кәрібай Ахметбеков, Баққожа Мұқаев, Кеңес Юсупов, Т.Нұрмағамбетов, Н.Оразов, Роллан Сейсенбаев1 сияқты қаламгерлеріміздің шығармаларына назар аударуға тіпті әрқайсысы туралы жан-жақты талдап, әңгіме өрбітуге тұрарлық. Бұлардың қайсысы да бергісі төл әдебиетіміздің тәжірибесін тұғыр еткен, әрісі одақ, қала берді әлемдік әдебиеттің үлгілерінен хабардар қызықты да күрделі қолтаңбалары бар жазушылар. Сүйсінерлігі сол, осынау бір толқын лектің ішінде қазірдің өзінде суреткерлік қарымы сараланған өмір туралы, өнер туралы азаматтық кредосы айқындалған жазушылар бар. Одақтың семинарияларға қатысып, республикалық конкурстардан жүлде алып жүрген де осылар. Тіпті Оралхан Бөкеев пен Баққожа Мұқаев алғашқы сәтті драмамен республикалық Ленин комсомолы сыйлығына ие болды. Қазақ театр сахнасынан орын алып жүрген де көбіне-көп осы драматургтеріміздің шығармалары. Демек, драматругияның көші тығырыққа тіреледі деп дабыл қағудың реті жоқ.
Соңғы жылдары ауыз толтырып айтуға болатындай жақсы шығармалардың жазылғанын ешкiм де жоққа шығара алмайды. Драматургтер дәуiр бейнесiн, оның бойындағы драматизмдi көрсету үшiн қоғамдық өмiрiмiздегi түбiрлi өзгерiстерге сәйкес басқа мазмұнға көшкен жаңа адамның ойлау өрiсiн, дүниетанымына, өмiрлiк позициясына, оның жан дүниесiнiң диалектикасына терең үңiлiп, жан-жақты анализ жасау арқылы кең ауқымды көркемдiк қорытындыларға барып жүр. Бiр қуанарлығы – қазақ драматургиясында конфликтiнiң структурасы өзгердi. Қазiргi таңда драматургтер, әсiресе жастар жағы пьеса басталмай жатып, шиеленiсiп, орта жолдан “демi” бiтiп, қожырап кететiн “сыртқы” конфликтiден гөрi бар жұмбағы, бар сыры жасырын, кейiпкерлердiң дүниетаным, көзқарас, өмiрлiк концепциясынан туындап жататын “iшкi” конфликтiге машықтана бастағандығы байқалады.
Қаламгерлер драмалық структураны өзгерту арқылы пьесалардың әлеуметтiк-адамгершiлiк проблематикасын өткiрлей түстi. Соңғы уақыттарда жақсы бағаланған шығармаларда ескi мен жаңаның күресi мүлде басқа жаңа формада көрiне бастағанына сүйсiнбеске болмайды. Қазiргi кезде драмашылар уақыт пен қоғам, уақыт және адам арасындағы бiрлiк пен қайшылықтың диалектикасына терең үңiлiп, жан-жақты анализ жасай бастады.1
Жазушы драматургтарымыз жасампаз еңбектің республикадағы шалқар майдандарына белсенді араласып елдің де, жердің де, тілдің де, тарихтың да бірден-бір иесі. Бiздiң арманымыз осындай халық өкілдері – еңбек адамының зор тұлғасын көре білсе, сомдай білсе деген тілек.
Б.Мұқай – осы бағытта шарқ ұрып мол ізденіспен еңбек етіп жүрген жазушы. Ол прозада болсын, драматургияда болсын шамасы жеткенше жер басып жүрген еңбек адамының қарапайым философиясын түсінуге және оның рух тазалығын, мұрат биіктігін дәлелдеуге ұмтылатын жан.
Баққожа Мұқай талантты, бейнетқор жазушыларымыздың бірі. Ол сахна өнерінің сан алуан құбылған сазды әуенін, сан құбылыстарын тереңірек түсінуге тырысады. Б.Мұқайдың шығармаларында өмір құбылыстарын шыншылдықпен қызықтыра айта алатын әр уақыттың өзіне тиесілі тарихи парызы туралы, оны әркімнің азаматтық жоғарғы жауапкершілікпен атқаруы керектігі туралы ойлары айқын, жатық. Бұлардың қай-қайсысы да уақыттың көркем шежіресін жасауды басты мұрат еткен. Төл өнеріміздің кең дәстүрінен нәр алған.
Жазушы – драматург Баққожа Мұқай шығармаларына тоқталмастан бұрын ол кісінің өмір жолына көз тастайтын болсақ, Б.Мұқай 1948 жылы 31 қаңтарда Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол аулында дүниеге келген. 1966 жылы кешкі жастар мектебін тәмәмдап, Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетіне түскен. Оның журналистика факультетін 1971 жылы бітірген.
1965-1966 жылдары Райымбек аудандық «Коммунизм нұры», «Советтік шекара» газеттерінде, 1970-1988 жылдары «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан жазушылар одағында қызмет атқарған. Мәдениет министрлiгiнде репертуарлық коллегияның Бас редакторы, Бас басқарма бастығы болған. Қазiр “Парасат” журналының бас редакторы, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО iстерi жөнiндегi Ұлттық комиссиясының мүшесi.
Баққожа Мұқайдың алғашқы туындылары алпысыншы жылдардың бас кезінде жарық көрген. Содан бері оның қаламынан бiрнеше әңгіме, хикаялар, драмалық шығармалар, екі роман туды. Б.Мұқай бүгінгі күннің тақырыбына батыл барып жүрген жазушы. Жеке адамның қоғамнан алар орны және сол дәуірдің қым-қиғаш қайшылықтары қаламгер шығармаларының негізгі арқауы. Оның көптеген шығармаларында кешегі кеңестік қоғам мен жеке адам арасындағы ымыраға келмес қайшылықтар, елім деген ерлердің қасіреттері мен өмірлері көркемдік келісім тапқан.
Баққожа Седінұлы Мұқайдың «Жаңбыр жауып тұр», «Жалғыз жаяу», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні» сияқты кітаптары қалың оқырманның ықыласына бөленген. Оның шығармаларының құндылығы дәуір болмысын, заманның ащы шындығын батыл әрі дәл көрсете білуінде.
Баққожа Мұқай жұртшылыққа кең танылған драматург. Оның қаламынан оннан астам драмалық шығармалар туған. Сол шығармалар негізінде қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, тәжік, түркмен, татар, лак, башқұрт , қарақалпақ және басқа тілдерде қырықтан астам спектакльдер қойылған.
Драматург шығармалары өткірлігімен ерекшеленеді. Оның М.Әуезов, Ғ.Мүсрепов атындағы және республикамыздың басқа да театрларында қойылған «Тоят түні», «Қош бол менің, ертегім», «Заманақыр», «Сергелдең болған серілер», «Өмiрзая» деп аталатын шығармалары көрерменнен де, театр сынынан да өз бағасын алған. Жазушы «Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» атты кітабы үшін 1982 жылы Қазақстан Жастар Одағының сыйлығын алды.
Б.Мұқай Колесниковтың деректі материалдар негізiнде жазылған «Рихард Зорге» атты кiтабын және бұдан басқа орыс, өзбек, қырғыз, түрік жазушыларының шығармаларын да қазақ тіліне аударған. Ол республикаға танымал журналист. Б.Мұқай қоғам қайраткері ретінде де елеулі жұмыстар істеп жүрген азамат.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қырымен көрініп жүрген Б.Мұқайдың драматургиясын жұмысымыздың зерттеу нысанасы етіп алып отырмыз. Б.Мұқай творчествосы қазақ әдебиеттану ғылымында толық зерттеліп өз бағасын алған жоқ. Яғни біздің тақырыбымыз бұл тұрғыдан келгенде өзекті де жаңа десе де болады. Ал мақсат – Б.Мұқай драматург ретіндегі жазушылық қырына баға беру. Егер бұл кiсiнiң қазақ драматургиясына қосқан үлесін өз әлімізше саралап алсақ, онда мақсаттың орындалғаны.
І ТАРАУ. ДРАМА АРҚАУЫ – ЗАМАН СЫРЫ, АДАМ ТАҒДЫРЫ
Бүгінгі әдебиетімізде тарихи кезеңдер туралы түрлі тұрғыдан ой толғайтын туындылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Халық өмірінің қоғамдық саяси әлеуметтік рухани өзгеше бетбұрыс жасаған кезеңдердің көркем шығармалар өзегіне айналуы – жекелеген қаламгерлеріміздің көркемдік идеяның ізденісі ғана емес, сонымен бірге уақыттың қажеттілігімен бірге талабынан туындап отырған ұлттық мәдени – рухани өрлеудің де бір куәсі.
Б.Мұқай – талантты бейнетқор жазушы-драматург. Бұл кісі өзінің тұңғыш пьесасын мектепте оқып жүрген кезде жазған екен. Осы шығарма «Қалың мал адыра қалсын» деп аталған. Бұл пьесаны драматург жаза отырып, мектеп сахнасына шығару барысында өзі режиссер болып, басты рольдердің бірінде ойнаған екен.
Баққожа Мұқай – жұртшылыққа танылған драматург. Бұл кісінің шығармалары өзінің жаңашылдығымен, өткірлігімен ерекшеленедi. Драматургтің көптеген пьесаларының ішіндегі соқталысы «Тоят түні», «Заманақыр», «Өмірзая», «Қош бол менің ертегім», «Дүние кезек», «Сергелдең болған серілер» пьесалары.1 Автор бұл пьесаларында оқиғаны барын-бардай бояуын бұзбай кескіндеуді місе тұтпайды. Біздің тұрмыс – түйсігіміздегі дендеп бара жатқан небір адами кесапаттарды жегі құрттай жеген жұмыр індет-имансызды ашып көрсетіп, тоғышар, тоңмойын, өтірікші, жылпос, екіжүзді, мансап пен байлықтан басқаны ойламайтын, соның жолында бәріне де беті былш етпей мәңгүрттікке тосқауыл болар түйсіктерді оятқысы келеді. Драматург шығармаларындағы адам жанын дір еткізер ардан аттаушылық ұят деген қазақи қасиеттерді таптаушылық, сол арқылы жақсылыққа жетсем болды деп – тым қарапайым өмірлік қатынас та, өмірлік күйбең де қалай болатынын кім-кімді де шошынтып селт еткізеді. Жайдақ жаяуымыздан бастап, зиялымызға дейін ұшырып отырған осы ардан аттау адамгершілік қасиет дегеннің жабайыланып бара жатуы драматург зердесіне ащы шындықтың тамшыларын сіңіріп, көңіл көрігінде қорытылып келіп, қалам ұшынан сорғалағанын көреміз. Ең жаманы адамды тірідей жүйкелетіп құртатын жайт. Білімді, зиялы адамдардың арасындағы әділетсіздік. Мұндай әділетсіздік сауаттылықпен, ақылдылықпен жасалады.
Драматург өмірдің осы жағын тереңірек үңілуді парыз көреді. Тіксінген жүрек қаламға жүгiнбеске амалы қалмайды. Міне, Б.Мұқайдың драмадағы арқау тартыс біздің бір-біріміздің арамызда болып жатқан ситуациялардан шым-шып алынған өмірдің шындықтары. Тоят түніндегі бар үлестерінен айырылған, қолдары қарапайым игіліктерге өз адал еңбектерінің жемістеріне жете алмай Асан мен Баян бүгінгі тіршілік теңізінің әрең малтып келе жатқан пенделері. Олар қазіргі өмір теңізінде қалай жүзудің қырларын білмейді. Сөйтсе өмір олар ойлағандай кең айдын емес екен. «Мен адам сияқты өмір сүргім келеді, адам сияқты»,1 деп Асанның ашына айқай салатыны содан. Бірақ үлкен қызметтегі Жолдас пен Қалилардың өмір сүру кредосы мүлдем басқаша. Жеке бастың қамы үшін бәріне барудың айыбы жоқ, адамгершілік деген ол сөз, істе бәрі керісінше, одан қоғам еш ойсырамайды деп біледі. «Мансап, екеуіміз үшін, біздің бақытты өміріміз үшін қызмет етер еді»2 – деп Асанның тағы да түңіле мойындауы қоғамның ішкі індетінің қалай қабынып кеткенін байқататын сәт. Мұның ар жағында: «Өмірдің бәрі мансапқа кеп тіреліп жатқанын көрген ұрпақ өз ұрпағымыз алдында не тұрса да өнер мен дене, арды аяққа баса, ұятты белге түйе ұмтылады-ау?» деген күдік те бас көтереді. Соны ойлағанда шошына қарауға мәжбүр боласың. Оны оқырманға немесе көрерменге қатты әсер етіп, қабырғасына бата тигенде ғана түсінеді, қобалжиды, тебіренеді.
Баққожа Мұқай ақын Олжас Сүлейменовпен бірігіп жазған «Заманақыры» бұған қарама-қарсы саяси ыңғайдағы тақырыпты қаузыған туынды. Бұл трагедия талай жыл, талай ұрпақ айта алмай келген зардың запыран күйі іспетті. Драматургтің оның құрғақ публицистика емес, қилы тағдырлар арқылы көрсетуге ұмтылуы үлкен ізденіс көп дайындықтың дәлелі.
Б.Мұқайдың «Заманақыр», «Тоят түні», «Өмірзая», «Қош бол менің, ертегім» пьесалары жазушы-драматург қаламының бар қырынан танытатын сүбелі шығармалары. Бұл пьесалар қазақ сахнасын байытқан оның репертуарына тұрақтап енген қойылымдар.
Баққожа Мұқайдың «Қош бол, менің ертегім» пьесасы 1977 жылы Ұлы Қазан социалистiк революциясының алпыс жылдық торқалы тойы құрметіне өткізілген республикалық жабық конкурсте екінші жүлдеге ие болған шығарма.1
Пьесаның авторы бұл дүниесінде қоғамдық, әлеуметтік үлкен мәселе көтерген. Ол мәселе – адамның, яғни біздің бүгінгі замандастарымыздың өзін қоршаған ортаға, жер мен суға, тау мен тасқа, орман мен тоғайға, бәр-бәріне, күллі табиғат байлығына иелігі және оны көздің қарашығындай сақтауға міндеттілігі, жауапкершілігі. Жер-ананы құрметтеу, оны ұзатылар қыздай жасандырып, сұлу көркін салтанатқа бөлеп ұстау, әсіресе, бүгінгі біздің ұрпақтың алдағы келер болашақ ұрпақ алдындағы ең қастерлі, ең абыройлы борышы. Табиғат пен адам егіз, оның тұнып тұрған байлығы адам өмірінің өзегі. Адамның ішкі жан дүниесінің, рухани тірлігінің бай, сұлу, көрікті болуы да табиғаттың тамылжыған қалпын бұзбай, көркем келісімін мәңгі сақтап тұра алуына тікелей байланысты. Ал оны сақтап, қастерлеп ұстау – қазіргі ұрпақтың міндеті, парызы. Драматург пьесада осы мәселені әдемі айтып бере алған. Сонымен қатар автор бұл туындысында бүгінгі күн тынысын көрсетуге, замандастардың жарқын бейнесін сипаттауға, өмір құбылыстарын өзінше пайымдап, өрнектеп айтуға ұмтылған, көрерменін бейтарап күйде қалдырмайтын шын мәніндегі психологиялық драма. Бір қарағанда алыс түкпірде, тау қойнауында жатқан бір малшының кәдуілгі таңы атып, күні батып жүрген күйбеңіндей көрінетін құбатөбел тіршілік. Автор осынау оқшау ортаның сырттай салқын сипатына драмалық қан жүгіртер, жан бітірер негізгі тартыстың көркемдік кілтін сәтті тапқан.
Неліктен пьеса өмірден жоғары баға алды? Мұндағы ата, бала, немере сабақтастығын өзек еткен арқауда жалын әр ұрпақтың өмірге, ортаға, тұрмысқа тән өзіндік көзқараспен, өзіндік рухани құштарлықпен қарайтыны, қадам жасайтыны талғам таразысына тартылады. Әркімнің ішкі мінезімен сырласуға, шындықты өз бетінше іздеуге үндейтін мұнда да романитикалық хикая оқушыны бей-жай қалдырмайды.
Пьесада символдық бейнеге айналдырған кәрі бәйтерек маңындағы бас кейіпкер Әли қарттың әңгімесі.
Барлық оқиға аға ұрпақтың өкілі орманшы қарт Әли, оның немересі Мұраттың қатысуы арқылы өрбиді.
Пьесада басынан бастап біз мақсат–мұраты тоғысқан ,арман-мүддесі түйіскен екі ұрпақ өкілінің өнегелі өміріне сүйеніп, сан қилы тағдырына толғанамыз.
«Адам өмірге келеді, жәй келмей – өзінен кейінгілерге бір тамаша ертегідей көрiп, үлгі тұтар еңбек пен ерліктің сөзін, жырын қалдыру үшін келеді. Мына бәйтерек соның дәлелі». Бұл пьесадағы Әлидің өз немересі Мұратқа айтары, ұрпағына қалдырар аманаты, ғибраты. Туған жер төсін ну орманға айналдырсам деген қарияның көңіл төрінде жүрген арман-мұраты. Бірақ шуағы мен көлеңкесі, ерлігі мен ездігі, адалдығы мен алалығы, ақылдылығы мен дарақылығы, мансабы мен мұраты ұдайы жағаласып, шарпысып жүретін адамдар қарым-қатынасындағы әлі де кездесіп қалар «әттегенайлар» Нұрбек пен әкесi Әлидің өмір, уақыт, адамдар туралы толғам түсініктерін тұсайды. Орманшы қарт Әли бүгініне риза емес, ертеңгі күннің қамын жейтін, ұрпақтарының тағдырына басы ауырып, балтыры сыздайтын, табиғаттың келешегі үшін күресіп жүрген байсалды да байыпты жан. Пьесаны оқи отырып, Әли – бойында қулық-сұмдығы жоқ ақкөңіл жан екеніне риясыз сенеміз. Бірақ ол қажетті жерінде турашылдығы бар, алған бетінен қайтпайтын қайсар жан. Мәселен, Алматыда үлкен қызмет атқаратын баласы Нұрбектің өзі туып өскен ауылына алдын-ала хабар беріп, қоңыраулата келгенін көпті көрген қария жаратпай: “Осы жолғы келiсiңе көңiлiм толмады. Ақылы бар азамат туған жерiне ұрандамай келушi едi”,1 – дейдi.
Тіпті әке мен бала арасындағы орман жайлы пікір-таласы үлкен дауға айналып, орманшы қарттың өз ойын дәлелдемек болып жоғары орындарға көмек сұрап барған сәттері, әумәсір Жаппардың араққа тойып алып тоғайға өрт қойған тұсында: “Одан да менi… Менi өртеп қарап тұрғандарың жақсы едi…Менi… Менi өртеңдер”2, – деп еңiреп жылап жiберген Әли бейнесі оқушы көңіліне жылы әсер қалдырады.
Әли қарт пен баласы Нұрбектің арасын жалғайтын үшінші ұрпақ – Мұрат бейнесі пьесада әлеуметтік-психологиялық арқауына айналуында да мол мән бар. Атасы Әлидің мейірім мен ізгілікке толы ойларының ғұмырын ұзарта түсетін, ал әкесі Нұрбектің кейбір тоғышарлардың біріне айналғанын меңзейтін тұлға – Мұрат. Мұрат – арманшыл да адал, өзінің ұстаған бағыты бар, айналасына сеніммен қарайтын, зерек те алғыр жасөспiрiм. Мұрат көкірегі ашық, көзінің оты бар сәтті бейне. Ол қаншама елгезек те ақкөңіл болғанымен Асан сиқтылардың пікіріне батыл қарсы шығады.
Мұрат бейнесін өзіндей арманшыл , пәк сезім иесі Маржанмен арадағы махаббат арқылы бедерлене түседі. Маржан жаны нәзiк, сезiмтал, әдемiлiктi, сұлулықты жанымен түсiнуге, аялауға құштар жан. Екеуі алғаш кездескенде айтатын ойнақы, күлкілі әзіл сөздері кейінірек түсініскен сәттегі үп еткен тұңғыш махаббат, үлбіреген пәк сезім серпілісі. Екеуінің ой-арманы, шын тілегі оқырман көңіліне шымырлай батып сенім ұялатады. Азамат соғысында қаза болған қызыл әскердің басына Маржан екеуі қатар жүріп ескерткіш орнатуы, соны өздерінше үлкен мәні бар іс санап, бар ынтасымен бас қоюы олардың ең алдымен тиянақтылығын, екіншіден, жан жүректерінің аяушылық, бауырмалдылық, достық сезімге бай екендігін анық танытады. Түбі Әли қарттың еткен еңбегін өмірінің мақсаты тұтқан істі жалғастыратын осы Маржан мен Мұрат болатынына кәміл сенесің.
Басқаша айтқанда, ертек пен ертегінің ертеңге жалғасқан ертектің ұштасқаны деп түсінеміз. Өскелең өмірдің ертеңі, болашағы деп білеміз.
Пьесада адамдар арасындағы қақтығыстан туындап оқырман зердесіне ұялайтын бір ой бар. Ол – бүгін қоршаған ортаны, табиғатты аялай сақтауға тырысайық деген заман талабына сай туындап жатқан толғақты мәселе. ЮНЕСКО – дан бастап талай-талай алқалы жиын-жиналыстардың өзекті тақырыбы болып отырған бұл маңызды мәселенің жазушы назарын аударуы да, суреткерлік сергектiктi танытары даусыз. Мәселенің қойылысы осылай болғанда соның сахналық шешімі де көңіл толарлық. Пьеса финалында бұл міндеттің оңайлықпен жүзеге аспайтыны бұл жолда талай тер төгу қажеттілігі туралы жақсы ой айтылған.
Пьесадағы Әлиге қарама-қарсы бейне – омарташы Қожабек. Екеуінің өскен ортасы бір, өткен өмірі ұқсас болғанымен, олардың ой-армандары, мақсат-мүдделерi, азаматтық ар-ұжданы, адамгершiлiк қалып тұрғысы, өмiр мән-мағынасын түсiнiп таразылауы мүлде бөлек жандар. Әли қоғамдық мүддені алға тартса, Қожабек бас пайдасын көбірек ойлайды. Екінші бөлімнің басында Нұрбек келген кезде Қожабектiң: “Ұмытпай жүргенiңiзге мыңда бiр рақмет, Нұреке! Жаман ағаңыз да өзiңiздiң тiлеуiңiздi тiлеп жүредi. Колхоз председателiн нұсқап: Мынау сияқты балаларға Нұрекең деген iнiмiз бар деп мақтанып қоямын кейде”1 – деп жағымпаздануы оның мiнез-құлқын, бет-бейнесiн дәл аша түседi.
Айжан ана – кеңпейілді, мейірімді жан. Оның қартқа деген назы қандай мол болса, балалары Нұрбек пен Мұратқа деген аналық махаббаты да ерекше.
Айжан ананың өмiрге деген шын көңiлден шыққан пiкiрi әдемi бояуымен биязы да нәзiктiгiмен баурап алады.
Қарт Әлидiң ұлы Нұрбек бойында адамдық, жылылық, ата-ана, балаға деген жылы шырай байқалмайды. Ұлын оқуға түсiрудi тек әкелiк парыз деп ұғатын секiлдi.
Папам: “Неғұрлым қатал адам соғұрлым сыйлы” дегендi жиi айтады”2, деген Мұраттың сөзiнен Нұрбектiң ұстанатын кредосын байқауға болады. Нұрбек – жеке басының абыройынан аса алмайтын, өз тұсынан iс тудыруға жоқ кiсi. Пьесада ол айтатын бiр сөзге көңiл тоқтатып қарайықшы. Мұрат әкесiн көргенде өзiнiң азамат соғысы кезiнде қайтыс болған белгiсiз батырдың басына ескерткiш қойғалы жүргенiн бiлдiрген тұста Нұрбек: “Сендерге ескерткiш орнат деп бiреу тапсырма бердi ме?”1 дейдi. Осы бiр жалғыз ауыз “тапсырма” деген сөз-ақ оның кiм екенiн айқындап, өздiгiнен шаруа тындыра алмайтын адам екенiн әдемi танытып тұрған жоқ па?!
Баққожа Мұқай «Қош бол, менің ертегім» атты пьесада Асан тәрiздi алаңғасар, әңгүдiк, маскүнем, өзiндiк ойы жоқ, басқаның айтқанын екi етпей орындаудан өзгенi бiлмейтiн әпербақан адамның бейнесiн тасқа таңба басқандай бедерлеп берген.
Автор ойына қарап отырсақ мұндай әпербақан жандардың дүниені өртеп от қойып жіберуден де тайынбайтынына және өзінің есерлік өкінішті ісіне есеп бермейтініне шынымен иланасың, иланасың да сақ болуды ойлайсың.
Театр шығармасына қойылатын бір үлкен талап бар. Ол – өмірлік, сахналық, көркемдік деп аталатын үш шындықтың басын сахна төрінде көркем толғастырып, бірігей өнер туындысын дүниеге әкелу. Жазушы-драматург Баққожа Мұқай осы айтқан үш қиындықтың басын шебер ұштастырып, көрермен қауымға сәтті туынды ұсына алған деп ойлаймыз.
Пікір түйе сөйлесек, Баққожа Мұқайдың “Қош бол, менiң ертегiм” атты пьесасы талпыныс, тәжірибе деңгейінде қалып қоймай, ойланатын да, ойлантатын да кейіпкерлері бар бүгiнгі оқырманның талғам-талабына жауап бере алатын шығарма екені талас тудырмайды.
«Заманақыр»
Қалың елім, қазағым! Сенің тарихыңда өзекті өртер қайғылы қара дақтар көп-ақ! Соның бірі – Семейде жаңғақша жарылған бомба зардабынан халқымыздың тартқан қасiретi. Семей полигонында 40 жыл ішінде болған 570-ке жуық ядролық жарылыс ғалымдардың есептеуінше, Ұлы Отан соғысында болған жарылыс күштерінен 100 есеге асып түседі екен. Осындай ауыр қасiреттi коммунистiк идеологияның үстемдiк құрып тұрған тұсында айта алмай тұншығып келдiк.
Ұзақ жылдар бойы коммунистiк идеология идеялары бiзде ешқандай “трагедия жоқ”, керiсiнше, романтикаға толы ел деп бөсiп келдi. Тек жаңадан ғана етек ала бастаған демократия нышаны небiр трагедияларды көркемдiк әдiспен бейнелеуге жол ашып бердi. Осындай шындықтың бiр пердесiн ашуға тұңғыш атсалысқан ақын О.Сүлейменов пен драматург Б.Мұқайдың бiрiгiп жазған “Заманақыр” пьесасы түрен ұшы тимеген тың тақырып болды. Пьесаның негiзгi желiсi Семей полигонынан халқымыздың тартқан азабы.
Пьесадағы Сарыжал тұрғындарының аяулы да мүшкіл халдері өмірлік шындықтың жиынтығы.
Авторлар дерекке мол фактілерді көркем шындыққа айналдыру арқылы идеялық мұраттарды символдық дәрежеде насихаттайды.
«Ей, Жер–Ана, бiзге сен неге сонша тасбауыр болдың? Мейірімің түскен пендеңе барыңды үйіп төгiп бере саласың… Біздің не жазығымыз бар едi? Кiнәмiз – атажұртты кие тұтқанымыз ба? Кінәміз – кіндік қанымыз тамған мекенді қиыншылықта қимай, көшпей қалғанымыз ба? Кінәміз – кенезең кеуіп, шөлден қарс-қарс айырылып, шыт-быт болып жарылып жатқанда сенiң тiлеуiңдi тiлеп, iштей өксiп жылағанымыз ба? Өмір бойы сенің тілеуіңді тілеген пендеге неге суықсың, Жер-Ана.”1
Күллі шығарманың архитектоникасын жымдастырып, қиюластырып тұрған Салиханың сөзі, халық зарын, оның ішінде момын қазақ халқының талқыға түскен тағдырын бейнелейтін жинақы монолог.
«Ядролық жырылыс халықтың болашағы үшін жасалып жатқан игі іс», – деп насихаттаушы парторг Нарбек пен әскери өкіл Власов ұрандары коммунистік психологизмді мұқиятталған, бағытталған әскери идеяға қарсы айтылған бүкілхалықтық наз өкпені жұмсартудың айлашарғысы.
Құнарлы сөз құнарлы ойдан туады. Ойы нәрсіздің білім де нәрсіз. Ғ.Мұстафин тіл мен ойдың қатынасын жалпы мәденитеттің негізгі арнасы деп тектен-текке айтпаған. Авторлар көркем тіл арқылы ядролық жарылыс болса да кіндік қаны тамған жерлерін тастап кеткісі келмейтін тұрғын халық өкілі – Салиха арқылы әскери мүддесі мен халық мүддесінің қабыспайтынын шынайы көрсетеді.
Сарыжал өңірі тым-тырыс. Адамдар да тыныш. Күйкі тірліктің күйбеңінде. Соғыстан енді ғана ес жиған елдің жарасы жазыла қойған жоқ. Салиха сияқты жесірлер Сәрсендей аяулы жарын іздеп, құмалақ ашып, күн сайын Саржалдың қырқасына сан қарайды.
Қызы Мәлике, ұлы Әли де есейіп ер жетсе де әлі күнге әкесін іздейді. Ананың мұңды жанарындағы сыр Мәликенің жүрегіне біздей қадалады. Гүл ашқан жастығының бір қуанышы Дастанмен тұрмыс құруға сөз байланысса да тойына әкесі келіп қалатындай үмітте.
Саржалға қаптаған әскер келгенде Дастан да, Мәлике де ойына ешқандай қауіп алмайды. Алайда, қаптап келген әскер қауіп әкелді. Өйткенi олар үшiн басты қуаныш – той өтсе, сонан соң шаттығы таусылмас өмiр басталса. Армандары асқақ Дастан: Екеуiмiз қол ұстасып, бiрге жүремiз. Сексен, тiптi тоқсан жыл өмiр сүремiз, көп, көп баламыз болады, үш қыз, жетi ұл”1,– дейдi. “Кiшкене азайтшы” деген сүйгенiнiң тiлегiне: “Жетi ұл, үш қыз. Айттым бiттi, деуi де жарасымды.
Саржал тұрғындарының ұйыған тыныштығының ұйытқыған желдей әр күннің ішінде астан-кестені шығатынын қарапайым халық қайдан білсін?! Дереу көшу керек екен. Офицер мен жауынгерлердің алдында Нарбек парторг құрдай жорғалап суық хабарды суыт тарату қажет. Бұл сұмдықтың таяғанынан секем алған жұртты офицер үреймен емес, «үмітпен» басқысы келеді. Бұл сынақтың қаншалықты елге қатер төндіретіні қаперіне кіріп те тұрған жоқ.
Тіпті күдік алған Оспанның күмәнді сөзі Нұрбекке ұнап тұрған жоқ. Қылышы қылшылдап тұрған Сталин заманы екенін қадап айтудан тайынбайды. Ол үшін құдыретті күш өкімет пен партия. Одан әрі Орталық. Ол офицер шенінен еш сескенбейді. Оны орталықтың бір көзіндей көріп, оның айтқанын әркез орындауға дайын. Сұмдықтың боларын сезсе де тіл ұшынан шығарудан қорқады. Оспанның бойында жомарттық көңiлiмен қатар батылдық та бар. Айтса нақ айтады. Бірақ мықтыларды бұғаулап, білімділерді баудай қиған сталиндік қатал жазалардан әбден ығып қалғанын да байқатады. Артынан бәрін жуып-шайып, арына кір жуытқысы келмейді. Ел-жұрттың соңында қалып, ертеңгі болатын тойды күтіп жатқан Дастанға: “Бiр тажалдың келе жатқанын көре тұра сенi қалай тастап кетемiн? Әй, құлағыңа сөз кiре ме сенiң? Бомба жарады, сынақ болады. Жан керек пе, ей саған?1 дейді ұлына. Ал жастар үшін мына келер қауіп өткінші нәрсе сияқты.
Салиха ананың ақ жүрегі туған жеріне деген ыстық махаббатымен де күшті. “Құдай-ау, есi бар адам жерiнен кетушi ме едi?!”2– дейді ол табандылықпен. Ол осынау қатерлi сәтте де, Сәрсенiн күтуден күдерiн үзбейдi. Оның басқалармен бірге туған мекенде қалуға бел байлауы – қауіптен сескенгендік емес, қуаныштың басы-қасында болудан. Ал офицер Власов үшін керегі де осы сынаққа неғұрлым көп адамның қалуы. Өлетін өзі емес, басқалар. Бүлінетін туған мекен емес, бөгде жер.
Парторг Нарбек партия үкімет тапсырмасы десе жанын салатын адам. «Партия бiздiң анамыз, партия бiздiң панамыз. Ол өл десе өлемiз, өлтiр десе… Ар жағы түсiнiктi. Коммунистiк партия бiздi коммунизмге алып барады. Сондықтан Жасасын бiздiң партия! Ұлы көсемдерiмiз жасасын!»1 деп ұрандауы елді белден бір басқандық. Оған салса Сарыжалдағы жарылыс та – партия мен үкіметтің елдің қамына жасалған кезекті қамқорлық іспетті.
«Мына сұмдықты партия біле ме?» дегенге: Барлық істің ұйымдастырушысы партия”2– дейді ол.
Сарыжалда қалған ел тойға кіріскен. Офицер де парторг Нарбек те, жауынгерлер де осында. Ортаға қойылған ішімдіктер – ақпейілді момын елдің қуанышына тартылған тарту емес, халықтың санасын улау. Власов пен оның қол астындағылардың арақ әкелуінің өзінде де бір гәп бар. Мас болып көңілді думанға кіріскен аңқау халық қатердің таяғанын да сезбей қалды. Құлақ тұндырған жарылыстан кейін төнген жарықтан айқындалып апат «саңырауқұлақ» жайылып бара жатты. «А-а-а! А-а-п-а! Көзiм-ай! Көзiм!…»2 Бұл шырқыраған Әли баланың жан дауысы. Ол мына мөлдiр аспанды, жап-жасыл Абыралының белестерiн ендi мәңгi көрмейдi… Көретiндер үшiн де қасиеттi жер ендi тозаңға айналған қырық жамау қыраттар, тiлiмденген жазық, жоғалған көл, уланған су.
Екінші бөлімде оқырман мамыржай әлемді, жасыл жайлауды, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылды көре алмайды. Белуардан келетiн көк шалғын жоқ. Жер өртенген сияқты. Қара жолдың оң жақ қапталы қалың бейiт. Бұлар – ядролық сынақ құрбандары. Драмалық тартыс та ширай түседі. Өйткені гүрілдеген самолеттен үрейленген Әли де ес-түсінен айрылған, ауруға ұшыраған. Тірліктен үміті жоқ. Ақыры азаппен көз жұмды. Табанды Оспан қарт та денеге тараған ядролық удан құтыла алмады. Дастан мен Мәлике армандарына жете алмады. Ауыр тұрмыстың тауқіметі мен ядролық апаттың зардабын екеуі де қоса тартты. Жеті бірдей перзентін жер қойнауына тапсырды. Ең соңғы үміті дүниеге аяқсыз, қолсыз келген сәби тірі қалса деген жанталастан да ештеңе шықпады. Емшегінен сүт орнына удай ащы қан шыққан Мәлике емге ешкі сүтін іздеп қайта оралғанда «Томар» атанған сәбиден және оның өмірден нала кешкен әкесінен бірдей айырылған еді.
Пьеса соңында төрт адам қалады. Ол – генерал Власов И.Н., парторг Нарбек, мұңлы ана – Салиха, жынданған Мәлике. Бірі – мақсатына жеткен армансыз жан. Бірі елiнiң іргесін сөксе де, ақтық сәтте партияға берген сертіне берік қолшоқпар. Қасіреттің қаншама зардабын тартса да, қайсар Салиха Жер–Ананың ажал апатынан мәңгілік құтылар сәтін үнсіз күтіп отырған сияқты.
Семей қасіреті бүгін де, ертең де жазылмайды. Ол жердегі жарылыс қана емес, адамдар жүрегіндегі жарылыс ретінде ұзақ күткен шындықтың айғақтарымен әлемге таныла береді. Сол тұрғыда көрнекті ақынымыз Олжас Сүлейменов пен белгілі жазушы-драматург Баққожа Мұқайдың «Заманақыр” пьесасы жемісті шығармашылық еңбек қана емес, ғасыр ақиқатын айғақтайтын күрделі де шынайы сахналық туынды. Ең бастысы, шындық шуағын сіңірген шығарма.
«Өмірзая»
Халқымызда «Даудың түбін қыз бекітеді, судың түбін шым бекітеді, сөздің түбін қағаз бекітеді» деген қағида бар. Осы төңіректе ойланып қарасақ, ел басынан өткен небір зұлмат оқиғалар кейінгiге тек сөз өнерi арқылы ғана жетіп, бірте-бірте көркемөнердің өзге де салалары арқылы салмақтанып, сақталады екен. Ал айтылмайтын ақиқат болмайды десек, осы ғасырдың запырандары мемлекетіміз тәуелсіздікке қол созғалы бері қозғалып келе жатқаны мәлім. Мұны әр өнер тілі өз оң жамбасына салып айтады.
Сонау әрідегi жаулау соғыстар, қырғын-қырқыстар, берідегі 30-шы жылдардың ойраны мен күнi кешегі желтоқсан оқиғалары, бәрі-бәрісінің астарында тек бір ғана нәрсе – жамандық пен жақсылық күресі жатыр.
Баққожа Мұқайдың “Өмiрзая” атты трагедиясы осынау мәңгiлiк тақырыпты арқау еткен туынды болып есептеледi. Бұл трагедияны оқып отырғанда әлдебiр өкiнiш, өзiңе де, өзгеге деген аяныш сезiмi, қолдан жасалған қателiктердiң құрбаны болған мыңдар мен миллиондардың тағдыры ойландырады, толғандырады.
Оқиға бастан-аяқ жындыхана торы ішінде өтедi. Алабажақ киінген адамдар әрлі-берлі сенделіп жүреді, өз-өзінен сөйлейді, жөн-жосықсыз күледі…
Жоқ, бұлар тегін кісілер емес, бірі – Цезарь, ендігі – Ескендір Зұлқарнай, үшіншілері – Напалеон, Шыңғысхан! Масқарапаз, қорқақ та, екіжүзді сатқын да осында. Ара-арасында ақ ниетті адамдар да жүр. Бір топтың ішінде жүрген бұлар бір-біріне зорлық та, қорлық та жасайды. Ендігі бір мәуріт тыншыққан уақыттарында адами қалыптарына келіп, бастан өткерген оқиғаларын айтып, сыр шертiседі. Бағамдап қарасақ, ғалымдардың өздері де соңғы кездері есі ауысқан жындылардың жеті қат көктегі «Адамдық сана» көпірімен байланысы барлығын айтады. Сондықтан да байсалды ой айтар жасқа жеткен драматург жындыхананы туынды нысанасына әдейі алып отыр.
Пьесадағы бас кейiпкер 77 жастағы шал Ес қария – жиынтық бейне. “Ес” деген атының өзi шартты түрде алынған сияқты. Бүгiннiң жындыханаға апарып жұрттан жасырмақшы болған өмiр шындығы, ұрпақ жадынан шығып, ұмыт болмауға тиiс ақиқат айтылады. Жалпы “Өмiрзаяның” астары қалың, тұспалы көп. Пьесада Ес, Рақия апа, Шыңғысхан сияқты денi сау адамдардың болуы таңқаларлық. Алайда өзара дидарласу сәтінде олардың мұнда қалай түскенінің, кімдер түсіргенінің сыры ашылады.
Бұған да кінәлі баяғы қара күштер – күні кешеге дейін атын атауға жасқанатын сатқын саясаткерлер қолшоқпарлары.
Жындыханада тоғысқан тағдырлардың әрқайсысын жеке-жеке танып-бiлуге қаншама тырысқанымызбен, оларды өздерi өмiр сүрген қоғамнан бөлiп алып қарай алмаймыз. Бiр ғана қазақ халқының жиырмасыншы ғасырда басынан кешкен зұлмат-зобалаңдары – аштық, репрессия, соғыс, пролетариат диктатурасы – жындыханалар мен түрмелерге талай боздақтарды қойдай тоғытты. Ендi бүгiн жалғыз ұлы, алақанға салып әлпештеп, арқалап жүрiп өсiрген перзентi өгей болып шыққанын көргенде Ес қария сенер-сенбес халде болады. Мансапқор, мәңгүрт ұл Иса Желтоқсан оқиғасы кезiнде әдiлет iздегендердi жақтаған әкесiн қызметiме зияны тиiп кетедi деген қауiп ойлап, жындыханаға әкеп жасырады.
Исаның: “Ағайында өсектен басқа ештеңе жоқ. Маған жаныңыз ашыса, мен десеңiз осында қаласыз. Сiз осында жатсаңыз ғана менiң жаным қалады, көке. Менде дұшпан көп. Олар сiздiң алаңға шығып, сойылға жығылғаныңызды бiлсе түседi соңыма. Бәрiн сыпырып алады. Қызметтi де, паритялық билеттi де…1 деуi әкесiне деген мейiрiмiнiң жоқ екендiгiн және оның тасжүректiгiн көрсетедi.
Бұл жындыхананың ішінде кімдер жоқ дейсіз. Сонау 37-нің қара боранында құрбан болған жарын 50 жылдан аса күткен Рақия апа тағдырының жындыханада қайғылы аяқталуы жан түршіктіреді. «Ана кемпір асылып өлді. Ол капут! А-а-х-ха-ха! Мен көмектестiм. Жiп тауып бердім. Ва-а-а!»2 деп мәз болады Ескендір есімді есі ауысқан. Мұндай сүмелектердiң жындануы аз, ондайларды атып өлтiрсе де артық болмас.
Шыңғысхан сияқты ақылдан азап шеккендердiң жындыханада рухани жанышталуы жаныңа батады да. Ес қарияны өз ұлы Иса бір күндік мақсаты үшін сатып кетсе, жындыханадағы жас жігіт Шыңғысхан асқар таудай сүйеніш тұтады. Қара күштердің қаһарынан қорғайды. Енді Ес қарияның өзі ертеңге деген үміті мен сенімін осы жігіттің бойынан, оның бейкүнә перзенті Достан іздейді.
Әрі беріден соң жындыханадағы темір тәртіптің қақпақылына түскен қарапайым пенделерді аяйсыз. Бір жынды: «Шындық жоқ, Шындық 1953 жылы 5 мартта марқұм болған»3– деп пәлсапа соқса, екінші біреу: «Саясат – ауа. Ауа болмаса бiз жоқпыз. Үшiншi бiреу: “Саясат – газ”; ендi бiреуi “Саясат – парауоздың пешiн қыздыратын отын болды”4 – деп өңештерін жыртады. Автор кейіпкерлерінің қатардағы қарапайым жындылар еместігіне көбірек көңіл аудартады. Тіпті: Адамгершілік адыра қалғалы қашан!» деген жанайқайды да жындыханадағылар аузынан естисің. Адамгершілік пен имандылықты, қатыгездік пен қиянат қорлап жатқан қазіргі қиын өтпелі кезеңнің де өксігін аңғарамыз. Қай қоғамда да рухани азып-тозуға ұшырататын – озбыр өктемдік, әділетке қиянаттың қара тырнағын батыруы.
Жындыханадағылар өздерін шетқақпай жасап, алыстаған ортамен байланыстарын үзгісі келмейді. Бірақ бұлардың ол жақта таяныш-тірек тұтатын, демеуші–сүйеніш болатын жанашырлары қалмаған.
Қоғамдағы әділетсіздiктер қыспағына түсіп, жан-дүниесі жараланғандар жындыханаға түскенде саналы адам қатарынан мүлдем шығып қалады екен. Оларды аурулар деп қарайды, жынды деп жәбірлейді. Тек қана тұяқтың күшімен бағындырмақшы болады.
Пьесада жүйелі оқиға желісі жоқ деуге болады. Өйткені Ес қарияның жындыханаға түсуі мен жанашыр жас жігіт Шыңғысханның жанұшыра арашашы болып жүріп, ақыры жендеттің қолынан қаза табуы арасында сабақтасқан драмалық шиеленістер бәсең. Ал туындының өн бойындағы трагедиялық ахуал кейіпкерлер арасындағы үзік-үзік диалогтар арқылы ашылады. Бұл әсіресе Ес қария мен Рахияның, Ес қария мен Шыңғысханның, Ес қария мен Исаның, Ес қария мен Наполеонның арасындағы қақтығыстарынан аңғарамыз.
Пьеса соңында жындыхана тіршілігінде алып-ұшып бара жатқан оң өзгерістердің нышаны байқалмайды. Өйткені, бұл адам санатынан шығарылғандарды қамайтын орын. Ұзақ бір ғұмырдың иесі Ес қария жазықсыздан жазықсыз қара жүрек жәндеттің қолынан қаза таба жаздайды да арашаға түскен адал жас Шыңғысхан мерт болады. Ес тірі қалады.
Жалпы «Өмірзая» дегеніміздің өзі естіп білуімізше көктемде құлпырып шығатын түбі қара қызғалдақ гүлінің екінші аты осылай екен. Жайқалып тұрған гүлді жерден теріп алсаң күлте жерден теріп алған жапырақшалары көп ұзамай ұшып түсіп қалады. Мiне, қақтығыспен, тартыспен еңбек ерлерін жазықсыз жындыханаға қамап тастағандық өмірдің зая кеткендігі емес пе?… Әрине, сонау зұлматты жылдарда, Желтоқсан оқиғасы кезінде халқымыздың қаншама қызыл гүлі ерте солды десеңiзшi. Алайда халқым деп соққан жүректің дүрсілі тоқтамайды, еңбеккер ердің өмірі зая кетпейді. «Өмірзаяның» жылата отырып айтпағы да осы болар, бәлкiм.
«Тоят түні»
Оқиға дегеніміз – іс-әрекет. Күндегі өміріміздегі қимыл-қозғалыстың тізбегі. “Тоят түнi” пьесасының ұзын ырғасы төрт кейіпкердің басынан өткен, төрт ауыз сөзбен айтып жеткізуге болатын жәйт. Бірақ әуелі бастан аяқ пьеса оқиғаға емес, психологиялық желіге құрылған.
Сөз еткелі отырған пьсаның тақырыбы өте актуальды. Шығармадағы көтерілген проблема өте өткір. Бұл шығарманы Газовтың «Кабанчик», А.Гельманның «Наедине совсеми» шығармаларымен орайлас пьеса деп есептеуге болады. Шығарманың түп қазық идеясы – қоғамда болып жатқан адамгершiлiкке жат моральді аяусыз әшкерелеу, айдай әлемге жария етіп жар салу. Пьсадағы Асан мен Қали – сол ардан безгендердің өкілдері.
Асан кім еді? Талапты жас маман былай қарағанда бір кісідей іскерлігі де бар жігіт. Жетім, жоқ – жітік болып өсті. Ата-ана, аға-ініден тұлдыр екен. Ол өзі секілді жетім қыз Баянды жанындай қалап, өміріне серік етедi. Екеуі де қызметте біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей республикалық бір мекемеде бөлім бастығы. Отызға толған жігіт үшін аз да емес, көп те емес.. Тек әлі күнге басында үйі, қала сыртында саяжайы, астында машинасы жоқ. Асанға бататыны – осы жайт.
Кейіпкер үш бірдей хал-күй кешетін секілді. Олар – арман, мансап, есеп. Осы үшеуі қабаттаса келіп, оның төзімі мен дегбірін алып, шыдамын тауысатын тәрізді. Арман, мансап, есеп үшеулеп, іштей-тыстай кірігіп келіп, оның өмір мақсатына айналған. Өзі қызмет атқарып жүрген үлкен мекемеде бастықтың орыны босағалы тұр едi. Асаннан күндіз күлкі, түнде ұйқы қашты. Бар арман – мақсаты оның орнын басу болды. Бұл жолда оны ешкім де ешнәрсе де тоқтата алмақ емес – арын да, аяулысын да құрбан етуге даяр. Алайда бұл орынға Асаннан басқа дәмелi шенқұмарлар да жоқ емес. Олар екi адам. Оның бiреуi – бастықтарға жантықша жағынатын Асылбаев, ал екiншiсi – Сухарев деген бiреу. Бұл ретте Асан өзін нақақтан өспей жүрген сүйенері, сөзін сөйлер қолдаушысы жоқ адам санайды. Асан әйелі Баянға «менің әділет үшін күрескім келеді. Әлдекімге арқа сүйеп, жалғанды жалпағынан басып, екеуіміз сияқты сүйеуі жоқтарға қиянат жасап жүргендердің тәубасын есіне түсіргім келеді. Маған жақсы қызмет берсе жан-тәнімді аямай еңбек етер едім. Өзiмнiң кiм екенiмдi танытар едiм басқаларға»1 – дейді. Бірақ Асан қатты қателесіп отырғанын аңғармайды:әлеуметтік әділдікті әркім өзінен бастауы қажет екенін, араға адам салып өскен адам, одан кейін бұған да жоғары орыннан дәмелі болатыны, ол үшін бұдан да мол пара беріп, бұдан да беделді адам салып өсе түскісі келетінін ойына кіріп те шықпайды. Пара, араға адам салу жалпы әділет, адамдық тазалық атаулымен от пен судай қарама-қарсы екеінін ұғына алмайды. Ойына өсу арманы ұялағаннан бастап оның бойында мансапқорлық, есепшілдік психология ұлғая түсіп шырмауықша шырмай бастайды. Жанына балаған сүйген жары Баянды аждаһаның аузына көріп-біліп тұрып жұмсайды. Әсіресе, Баянның қолына параға деп мың сомды ұстатып, Жолдас Адамовтың қабылдауына баруға келістірген Асанның түр түсінің өрт сөндіргендей болып түтігіп, дегбірінің қашуы, ресторанда Қали мен Баянды сыртынан бағып, газет оқыған болып отырып, Қалидың әрбір сөзі мен әрекетін қалт жібермей аласұруын автор өте шеберлікпен көрсетеді. Ал Асанның финалдағы халі нағыз трагедияға толы. Есеп пен үміттің желікке айналуы, қуыс кеуде жанның есірік ойынының күлі көкке ұшқаны: жоққа желігемін деп жүріп қолда бар байлығы мен бақытынан бір жола айырылып қалып: «Баян! Б-а-я-н!….»1 деп азар илей ауа қармай зыр жүгіріп, жер құшып жылауы ынсапсыздық, ождансыздық моралі мен психологиясының заңды қорытындысы болып шыққан.
Асанның әйелi Баян өте сұлу, өз өмiрiне шүкiршiлiк ететiн, қанағатшыл жас. Оның жаны таза әрi нәзiк. Автор Баянның тұңғыш ұлдары шетiнеп кеткенi туралы есiне алған сәттерiнде аналық күйзелiсiн сондай әсерлi жеткiзген. Баянның бойында табиғилық, мөлдiрлiк, рухани тазалық басым. Ол Асанды өзіне пір тұтатын, ақылшым да, әкем де, балам да, бас ием деп ұғатын жан. Сондықтан да Баян Асан желігіне, оның лекітпе сөзіне еріп, гарнитурға деп жинап жүрген 1000 сомын қолтығына қысып, Жолдастың қабылдауына барады. Қалидың қорлығы мен мазағына тап болып, масқара халге ұшырайды. Автор пьесадағы басты кейiпкерлердiң бiрi – Жолдас Адамовтың көмекшiсi Қали бейнесіне көп мән мағына идея сыйғызуға күш салған. 70-жылдарда қоғам өмірінде орын алған жағымсыз құбылыстардың сырын ашуға, себептеріне ой жүгіртуге талап қылған. Сол арқылы Қалилардың қоғам бойындағы паразиттік арамтамақтық, сұрқиялық болмыс – бітімімен, психологиясының сырын ашып, бет пердесін жырту ойда болған. «Үлкен мықты кісілердің қолтығына кіріп алып, сол үлкендердің беделіне басқаларды билеп төстеп, елді алатайдай бүлдіріп, бүкіл дүниені жеке басымен тамыр-таныс, ағайын-туысының пайдасы мен ыңғайына қарап өлшеп-пішіп жүрген жандардың өкілі болып табылатын Қалидың пьесада тайға таңба басқандай бедерлі бейнесі жасалған. Қали жүрісі майда, жымия күліп, жылы шырайда сөйлеп, алды-артыңды орап, еркіңді алып, еліктіріп әкетеді. Қулық-сұмдық, адамды майлы шектей айналдырып алатын айлашарғы жетіп артылады. Түптеп келсек Қали 70-ші жылдардағы осы тектес жылым құрттардың жиынтығы – типтік бейнесі.
Қалидың бойында Жантықтың «Қорғансыздың күніндегі» серінің қолшоқпарының “қасиеттері” бар. Бастығына бұйымтаймен келген сұлу келіншекті оған бір жақындатып, бірақ тікелей кіргізбей, бір алыстатып, бір үміттендіріп, бір үміттен айырып, ақыры ресторанға өзі ертіп келеді. Ресторанда отырғанда оның не жұмыспен келгенін біліп алып, бастығының саяжайына сұлу келіншекті жеті түннің ішінде «сюрпризге» алып барады. Қалидың өз қылығына, табиғатына сай сөздері мірдің оғындай…. Оның бастықтың көңілін табу жолындағы “білгіштігі мен сезгіштігі” таң қаларлық.
Сұлу келіншекті көрген соң алғашында қарсылық көрсеткен, саяжайында жалғыз дем алып жатқан бастықтың да көңілі жібіп әндете бастайды. Жолдас Адамов – сырт қарағанда суық та маңғаз көрінгенімен замана ағысының тура жолға бұрылып, өзінің одан қалыс қалғанын сезіп өкінетін бастық. Дегенмен де оның бойында тазалық, ар-ождан жұрнақтары әлі де бар. Оған дәлел, сұлу келіншекті қандай мақсатпен келгендігін білгеннен кейінгі ашына айтқан сөздері: «Гриптің вирусынан, мансаптың вирусы күшті болып шықты-ау деймiн… Бәріміз де бірінші болғымыз келеді, ұятты жоғалттық. Асан iнiм өзi келмей, сенi жiберiптi. Оның сенен басқа капиталы болмаған ғой, сiрә”1– дейді ол. Ал Баян оның жылы қызметте жылдар бойы қалыптасқан самарқау «шындығына» өзінің жеке өмірін, сол өмірiнен түйген шындығын қарсы қояды: “Өзi үшiн ғана өмiр сүрiп жүрген тоғышарлар көбейiп кеттi. Сол топтың iшiнде сiз де барсыз, аға. Өйткенi сiзде мұң жоқ. Сiз тек қана жеңiп үйренгесiз. Соныдықтан сiзге жеке басыңыздың қадыры қымбат. Сiзге өзгенiң тағдырынан гөрi бiр сәттiк алданыш артық. Тәңiрiм-ай, тағдырымызды кiмдерге сенiп тапсырғанбыз? Кiмдерге сенiп келгенбiз?”1 ,– дейдi.
Пьесаның шарықтау шегіне жетуі – Баянның өзі бұрын сыйлап, ардақтап келген ағаларының өзін тоят түніне айналдырғысы келгенiн біліп, өзінің де сондай бір тоят түнінің құрбаны болғандығына мойынсынуының сәті.
Халықтың тiлек-мүддесiн, үмiтiн мойындарына артқан кейбiр ел ағаларының олардың көбiн орындамай, керiсiнше халықтан, халық мүддесiнен тым алыстап кеткендерiн бетiне басады. Сөйтiп “Тоят түнiн” ар-ождан сотының түнiне айналдырады.
«Тоят түнінде» кезеңге ортақ адам тағдыры, сана-сезім қарама-қайшылықтары, қоғамдық проблемалық мәселелер бар. Адамның адамға қырғи-қабақтығы, баюды биік мақсат деп түсінушілік, еңбек адамының талантты потенциалын бұғау мен тұншықтыру сияқты дамыған социализм мүмкіндіктеріне кереғар жайлар әшкерленеді. Бұл да бір уы жайылған дерт, қасірет болып келген жоқ па!
Баққожа Мұқайдың «Тоят түнінiң» түн жамылып отырып айтар ақтық сөзі де осы деп ұғамыз.
Сөзімді жинақтай келе Б.Мұқайдың «Тоят түні» пьесасы негізінен заман, уақыт талабына сай дер кезінде үн қоса алған шығарма дегім келеді.
ІІ тарау. КҮЛКIСIЗ КҮН БАР МА
Комедия «Сергелдең болған серілер»
Б.Мұқаев жас кейіпкерлерінің
ойлылығына сүйсіне отырып,
сол ойды жалғандықтан, жалаңдықтан
сақтайтын авторлық позициясының
күш-қайраты мол жазушы.
Дара-дара тұлғалы мінездерге бай, жасандылықтан аулақ, табиғи әрі уытты күлкіге негіздеулі, замандастар бейнесін жасайтын, көркемдігі жоғары реалистік комедияларға қазақ театрларының аса зәру екендігі кейінгі жылдары жиі-жиі айтылып жүр. Өйткені, қазақ комедиясының тереңнен тамыр тартқан алтын өзек нәрі біздің драматургтерімізге осынау қасиеттті міндеттің жүгi жеңіл еместігін аңғартса керек-ті. Ж.Шаниннің «Торсықбай», «Айдарбек», Б.Майлиннің «Неке қияр», «Шаншар молда», М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» секілді комедиялары күні бүгінге дейін театр сахналарынан түспей келеді. Одан бергі уақыт аралығында Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Ш.Хұсаиновтың «Алдар көсе», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында»атты комедиялары да шоқтығы биік шұрайлы шығармалар екендігін танытты.
Дегенмен биыл премьерасы қойылып, келер жылы репертуардан шығып қалатын әлсіз комедиялар да аз емес. Комедия – драматургия жанрларының iшiндегi ең қиыны. Гоголь “Ревизорды” 16 жыл бойы қайта-қайта көшiрiп жазған көрiнедi. Осы бiр ғана мысалдың өзi аталмыш жанрдың қиындығынан хабар берсе керек. Белгiлi драматург Л.Зорин бiр әңгiмесiнде комедия жазудың қиындығын өз тәжiрибесiнен мысалдар келтiрiп айтқан едi. Ол да бiр комедиясын 15 жыл жазыпты.
Комедия жанрының мұраты – көрермендi мақсатсыз күлдiре беру емес. Бiрақ, кейбiр драматургтерiмiз әлеуметтiк адамгершiлiк проблемаларын, дәуiрдiң қым-қиғаш қайшылығын, басты кейiпкердiң бойындағы сан салалы өзгерiстердi – қысқасы, негiзгi мәселенi ұмытып, бiрiншi планға арзан күлкi тудыратын ситуацияларды шығарып жiбередi. Көптеген драмалық шығармаларда, мейлi ол драма немесе трагедия болсын, осындай жайт жиi кездеседi. Күлкi кейiпкерлердiң табиғи болмысынан туып, шығарманың бояуын аша түсуге қажет болса бiр жөн, көбiне-көп күлкiнi қолдан жасаймыз. Сөйтiп ол ар жағында ешқандай мәнi жоқ сылдыр күлкi болып шығады.
Тереңге үңiле бiлсек, мынау ғажап өмiрiмiзде күлкi болар жайлар, күлiп отырып жиiркенер, жиiркене отырып күлкi етер жайлар аз емес. Мiне, соны Баққожа Мұқайдың “Сергелдең болған серiлер” атты екi бөлiмдi комедиясын оқып отырғанда байқаймыз.
Оның бұл комедиясы бүгінгі күн тақырыбына арналған. Автор қоғамымызда әлі де болса, кездесіп қалатын дүмбіліне, шала сауатты адамның адамшылық қызметі, атақ-даңқы арқылы таразылайтын, ар тазалығын, намыс туын тулақ құрлы көрмейтін пысықайлардың парықсыз тірлігін арқау ете отырып, осынау комедиясы арқылы оқырманды шындық пен жалғандықтың ара салмағын безбендеуге шақырады. Негізгі оқиға шектеулі, аз ғана уақыт аралығнда өтеді. Онда өндіріс, шаруашылық проблемасы емес, шағын топ, яғни қала интеллигенциясы бір бөлшегінің моральдық – этикалық, адамгершілік қадыр-қасиеттері таразыға түседі.
Шығарманың кейіпкерлері көктен түсе қалған «періштелер» емес. Ет пен сүйектен жаралған, соған орай тіршілік үшін, тіршілік болғанда өмірдегі бар нәрсені мейлінше уыстап, қармап қалуға ышқына ұмтылып, ақ тер-көк тер болып, қайтсем дегеніме жетем деп жүргендер. Өмірде “сыпайы сыйластықты” әбден меңгеріп, оның бауырына басып, өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» дейтін мұндай адамдар арамызда баршылық. Шыншыл шығарманың шырайлы ажары – өмірдің ортасынан ойылып алынған шындық оқиға, шынайы сурет. Өміршең шығарманың болмысы да осы болуға тиіс. Кейіпкерлер арасындағы конфликт көп жағдайда «іштерінде өліп жатқан итті» аңдысуға құрылады. Рас, кейде комедия кейіпкерлері жұдырық жұмсасып, бірін-бірі бауыздап тастай жаздауға ұмтылса да автор образдарының ішкі дүниесін барынша жарқыратып көрсетуге тырысқан. Әсіресе Сайраның жансарайын сыздатып, жүдететін ащы өкініш оқырман қауымды бей-жай қалдыра алмайды. Адам тағдырлары мен характерлері қақтығысы да осы аумақта өрбиді, Бас кейіпкер – Сайра өмірге ептеп наразы. Оны басқалардың кінәсінен деп түсінетін, біраз жасқа келіп қалған кәрі қыз. Оқиғаның өзі де Сайраның төңірегінде өрбиді. Жан, Байбол, Нұрбай тәрізді сұр бойдақтар күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып Сайраның бір ауыз келісімін күтіп, зар еңіреп жүрген жайлары бар. Егер теріңiрек үңілетін болсақ, Сайра ақылдан кенде емес, ішкі сезімге бай адам. Оның жанын жейтін, жегі құрттай бір нәрсе – ол жалғыздық, осы уақытқа дейін қиналған сәтте қол ұшын беретін сенімді серік таба алмауы. Өзі шындап танып білмеген, әлі байқай қоймаған махаббат сезімі ішкі дүниесін шарпып, болашағынан үлкен үміт күттіреді. Бірақ бірінен соң бірі судай сапырылысып, алдынан өтетін «нағыз жігіттер» оның ойлағанындай болып шықпайды.
Сайраға сөз салатын ақын Жан, заң қызметкері Байбол, аспирант Нұрбай бірінен-бірі өткен жылпостар. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық та жерге кіреді» деген қағиданы өмірлік мақсатына айналдырған. Мінез-құлықтары, сөйлеу мәнерлері, дарын-қабілеттері мүлдем бөлек осынау үш жігітке ортақ бір қасиет, қайткен күнде де Сайрамен отау құрып, үй болып, сол арқылы үлкен басшы қызметте істейтін қыздың әкесінің бедел-қасиетін өздерінің жеке мансабына пайдаланып, өмір атты бәйгеде оза шауып, омыраулап алға шығу. Міне, Сайра үшін отқа да, суға да түсуге бейім серілердің арман-мақсаттары осы.
Жанның тілі де, мінезі де өзгелерден оқшау. Шамадан тыс ділмәрсіп кететiн көк мылжыңдығы езу тарттырмай қоймайды. Ұшқалақ көбелектей жеңiл мiнездi, адамшылық қасиет пен таланттан жұрдай жұқсыз ақынның образын автор әдемi жеткiзе бiлген.
Байбол өзін үлкен мәдениет иесі, ақылды, маңғаз адам ретінде көрсеткiсi келеді. Кей тұста қылығының оғаш екеніне қарамастан оны үлкен тапқырлық көреді. Сырт жұртқа айбарлы, жаужүрек Байбол жеме-жемге келгенде алға қойған мақсат-мүддесінен лезде безіп шыға келетін жексұрындардың тобынан.
Сайрашқа үйленсе қайын атасы атағынының арқасында-ақ өсемін, жоғарылаймын деп дәмеленеді. Қыздың әкесі құрметті демалысқа шыққанын газеттен оқығанда: “… Мүмкiн емес, Жәкең пенсияға шығыпты”1, – деп аһ ұрып, сан соғатын Байбол бірер сәтте ғана қандай жан екенін оп-оңай байқатып алады.
Автордың шығармасына қарағанда аспирант Нұрбай жетекке бас иетін, біреу қолынан ұстап, таптаурын сүрлеудің сорабына салып жібермесе өздігінен жол таба алмайтын адам. Нұрбайдың осынау жымысқы қасиетін Сайраның үйiне келгенде: “Мен Тәкеңнiң көңiлi үшiн келдiм ғой, жеңеше. Ол өте кекшiл кiсi, айтқанын орындамасаң соңыңа түсiп алады”2,– деп Тәкеңнiң атын қайта-қайта аузына алатын бейшара жанның мүскiн келбетін автор дәл береді.
Әр кеудеде – бір арман. Әйтсе де ең өкініштісі, үшеуiнiң де арманы пасықтыққа, бақай есепке құрылған. Осы ретте орыстың классик жазушысы, ұлы драматург Н.Гогольдің «Үйлену» пьесасын еріксіз еске аласыз. Агафья Тихоновна сияқты болашақ жар таңдауға кіріскен Сайраштың да өз Яичница, Анучкин, Жевакиндері бар. Олар жоғарыда аттары аталған үш сері. Бұл ұқсастықты драматургтің өзі де байқамаса керек.
Өздері көрінбесе де пьесада белгілі роль атқаратын Сайраның әкесі және қызға күнде телефон соғып, қуыршақ театрына шақырушы «Икс» деген бүркеншік есімді жігіт, сондай-ақ аспирант Нүрбайдың аузынан аты түспейтін Тәкең де пьесадағы оқиғалардан тыс қалмайды.
Ғашық жүрек, адал сезім, тұрақты махаббат иесін іздеген жас бойжеткен үш серінің ешқайсысын да ұнатпайды.
Жанды – арсыз, Байболды – мансапқор, Нұрбайды – робот деп табады.
Сырт адамдарға ізетті, мәдениетті, парасатты көрiнетiн Жан, Байбол, Нұрбайлар қоғам үшін, орта үшін өте қауіпті адамдар. Сайраның Айжан атты құрбысы бұлардың қандай адамдар екенін жақсы біледі. Солай бола тұра олардың алдында дәрменсіз, олардың бадырайып көзге ұрған кемшілік қасиеттерін білсе де білмеген күй кешеді. Сайраның құрбысы Айжан немесе лирикаландырып айтқанда “Аяш” сол оқиғаға дәнекер кейіпкерлердің бірі.
Сайра пьеса финалында үнемі телефон арқылы сөйлесетін, жүрек түкпіріне әдемі гүл тәжі болып қонақтаған Икспен бірге қуыршақтар театрына кетті. Олар қуыршақ театрынан қандай көңiл-күймен оралатынын тап басып айта алмаймыз, әрине. Қуыршақтардан тіпті кем түспейтiн Нұрбайларды қайтесіз? Байбол, Жан сияқты қуыршақтарға айналғандардың ортамызда ойнап-күліп жүргенін қалай ұмытасыз? Бұл қуыршақтар адамгершiлiктен сергек, сезiмнен ада.
Қорыта айтқанда автор оқырман алдына қандай сауал қойды дегенде орыстың данышпан жазушысы Достоевскийдің мына бір сөзі еріксіз еске түседі: «Красота спосет мир» Иә, сұлулық, әдемілік әлемді кір-қоқыстан сақтайды. Адам жанының сұлулығын, оның ар тазалығын, адамгершілік сұлу қасиетін қалай сақтап қаламыз? Адам жүрегіне ізгілік нұрын еге беруіміз үшін не істеуіміз қажет? Жаңа комедиялық шығарма оқырман қауымға осындай сауал тастайды.
Қ О Р Ы Т Ы Н Д Ы
Жанарымен бірге жаны сәулеленген, көзімен бірге көңілі нұрланған тұлға енді толғайым төңірекке ғана емес, аспан жердің арасына да, тіпті оның арғы жағына да ой жүгірте бастады.
Түйсіктің түйсікке, түсініктің ұғымға, ұғымның пайымдаға, одан толғанысқа бастаған қиын жолында осындай бір бейнелі бір шындық жатыр. Адамзат қоғамында осы шындық әрқилы формада көрінеді десек, әдебиет соның бір түрі іспетті. Әркім өзінің қабілетіне, әрқилы әлеуметтік қоғамдық жағдайларға байланысты сол шындық туралы түрлі деңгейде толғайды. Адамның ең қымбат қасиеті сол шындықты ұғынуға, өз білгенін әсер-толғамын өзгелермен бөлісуге ұмтылуында жатқан жоқ па?!
Сөз соңында, сөз орайы келген соң айтуды тілейтін жәйт – Баққожа Мұқайдың үнемі ізденіп, шарқ ұрып, өмір шындығын өзінше өрнектеуге талаптанатыны. Оның қайраты қаламының қуатын қожырлатпай салмақты сырлы дүниелерінің қатары көбейіп келе жатқанын атап айтудың артықтығы жоқ.
Баққожа Мұқай драмамызға не әкелді дегенге біз ең алдымен оның шығармаларынан салаланып шығар моральдық-адамгершілік, көркемдік-идеялық, сыр-сипаттар мен әлеуметтік мәні бар психологиялық талдау тәсілінің түрлі қырынан қолданылып көркемдік философиялық принциптерге айналуын айтар едік.
Өмірдегі қайшылықтар, адамдар арасындағы ар-ождан, адамгершілік қасиеттер, тағдырлар тартысы, замандастарымыздың әрқилы іс-әрекеттерін өзек-арқау еткен пьесалардың өн бойынан уақыттың рухы мен тынысы айқын да анық көрінеді.
Жазушы-драматург Баққожа Мұқай барлық шығармасын мен бұл арада толық әңгімелеп отырған жоқпын, мақсатым – драматургтың қай пьесасында болсын көптің көңілінде жүрген күрделі шындықты қопара жазуға әрі өзінше өрнектеуге деген қуатты ұмтылысын, сол ұмтылыс арқылы бүгінгі прозамыздың мазмұн көркемдік жағынан көп қырлана түсуіне белсене атсалысуын пайымдау, көз жеткізу. Өзінің көзі жетіп, көңілі ұялаған шындықты жанын – толқытқан мейлінше маңызды мәселелерді байыптап, саралап алып, танымы мен табиғаты әртүрлі образдар арқылы бейнелеуге ден қоятын байсалды, дарын иесі Баққожа Мұқайдың алдағы уақытта да парасатты, пайымды шығармалар ұсынатындығына сеніміміз зор.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Мұхаметжанов Қ «Қазақ драматургиясының даму жолдары»
- Мұқаев Б «Тоят түні» пьесалары Алматы «Өнер» 1994ж
- Нұрғалиев Р «Трагедия табиғаты» Алматы, 1968ж «Жазушы» баспасы
- Ғабдуллин Н «Ғ.Мүсіреповтың драматургиясы»
- Ордалиев С «Қазақ драматургиясының очерктері»
- Тәжібаев Ә «Өмір және драматургия»
- «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» Ана тілі, 1996
- Б.Мұқай. “Ертегiдей ертеңiм” (толғаулар мен эсселер) Ана тiлi, 2003ж
- Сыздықов М «Сергелдең сеңін бұзғандай» Қазақ әдебиеті. 10.02.1984.
- . Қ.Ысқақов «Жас леп – жаңа леп». Қазақ әдебиеті 1981ж, 19 июнь.
- Мұрат Мұқанов. «Заманақыр ақиқаты» «Әділет»1993.27.01. №4
- Әбілдаұлы Б «Тоят түні орыс сахнасында» «Ақ жол» 1993ж
- Елеусізов С «Қош бол, менің ертегім» Оңтүстік Қазақстан. 1979ж
- Ыбырайымов Б «Уақыт және қаламгер» Жазушы» 1978ж
- Оразалиева Г «Әділет үшін күрескім келеді» Тоят түні туралы «Орталық Қазақстан» 1988ж
- Тоғысбаев Б «Өмір зая ма?» Мәдениет 1994 ж №11
- Әлімбек Қ «Шын жынды кім?» Жас алаш 1994ж №48
- Дәуренбеков Ж «Мазалайды шабыт шырағы» Жас алаш 1994ж
[1] Қ.Мұхамеджанов.Қазақ драматургиясының даму жолдары
1 Әдебиеттану терминдерiнiң сөздiгi, 1996ж
2 Б.Мұқай. Ертегiдей ертеңiм. 53-бет
3 Қ.Мұхамеджанов.Қазақ драматургиясының даму жолдары
1 Ә.Сығаев. Сахнаға сапар.
1 Б.Мұқай. Ертегiдей ертеңiм. (толғаулар мен эсселер) 54-бет
1 Ж.Дәуренбеков «Мазалайды шабыт шырағы». Жас алаш. 1994ж. ақпан
1 Тоят түнi. 141-бет
2 Тоят түнi. 162-бет
1 Б.Ыбырайымов «Уақыт және қаламгер.» Жазушы баспасы 1978ж
1 Қош бол менiң ертегiм. 28-бет
2 Сонда. 37-бет
1 Қош бол менiң ертегiм. 27-бет
2 Сонда. 10-бет
1 Қош бол, менiң ертегiм. 30-бет
1 Заманақыр. 240-бет.
1 Заманақыр. 226-бет
1 Заманақыр 231 бет
2 Сонда. 236-бет
1 Заманақыр. 233-бет
2 Сонда. 233-бет
2 Сонда. 238-бет
1 Өмiрзая. 338-бет.
2 Сонда. 333-бет
3 Сонда. 316-бет
4 Сонда. 318-бет
1 Тоят түнi.140-бет.
1 Тоят түнi,. 182-бет
1 Тоят түнi. 169-бет
1 Тоят түнi. 178-бет
1 Сергелдең болған серiлер. 134-бет.
2 Сонда. 114-бет.