ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Тарих факультеті
Деректану және тарихнама кафедрасы
Диплом жұмысы
ХҮШ – ХХ ғ. басындағы Солтүстік және Орталық Қазақстан қалаларының тарихнамасы
Алматы, 2012
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ ………………………………………………………………………………………… 3
1 – ТАРАУ. СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫ ТАРИХЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ ………………………………………………………………………… 7
1.1 Петропавл қаласының тарихнамасы……………………………………….. 7
1.2 Қостанай қаласының тарихнамасы………………………………………… 23
ІІ-ТАРАУ. ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫ ……………………………………………………………… 27
1.1 Ақмола қаласының қалыптасуының зерттелуі……………………… 27
2.2 Ақмоланың қала ретіндегі дамуының зерттелуі …………………… 32
ҚОРЫТЫНДЫ …………………………………………………………………………….. 47
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР …………………………………………… 49
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан аумағында қалалардың қайта жаңғыруы мен пайда болуының ерекше кезеңінің бірі ХҮШ – ХХ ғ. басы болып есептеледі. Олардың кейбіреулері ортағасырдағы орындарында қайта жанданса, көпшілігі жаңа жағдайда, жаңаша сипатта пайда болып дамыды. Патша үкіметінің қазақ жері мен халқын бағындыратын әскери тірек-бекіністер ретінде қалыптасып, бірте-бірте әкімшіліктік, экономикалық орталықтарына айналды. Сондықтан да, қалалар тарихы олар орналасқан аумақтың, елдің өндірістік қатынастары мен өндіргіш күштерінің ерекшеліктерін, даму сатыларын да айқынырақ сипаттайды. Мұнымен қатар, біздің еліміздің тарихи дамуын кең әрі тереңірек түсінуде қалалар тарихы мен оған қатысты мәселелерді зерттеу мен шешудің үлкен маңызы бар. Қазақ даласындағы қалалардың қалыптасуы мен дамуы ішкі және сыртқы, экономикалық және саяси факторлардың өзара ықпалына түсуі арқылы да ерекшеленеді. Бұл әсіресе ХҮШ – ХХ ғ. басындағы Қазақстандық қалалар тарихының күрделілігін айқындайды. Өйткені дәл осы кезеңде, патша үкіметінің отаршылдық саясатының барысында, қазақ жерінде күрделі саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістер жүрді. Ол өзгерістер ең алдымен қалалар арқылы таралып, ішкерілей енді. Сол себепті де Қазақстан тарихының маңызды бөлігі ретінде қалалар тарихына қызығушылық артты.
Сондықтан да аталған кезеңдегі қалалар тарихы бойынша көптеген еңбектер жарық көріп, арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ол еңбектердің көпшілігі кеңестік кезеңде жазылды және сол кездегі тоталитарлық тәртіптің саяси-идеологиялық, методологиялық ұстанымдарын басшылыққа алды. Сол себепті де оларда қалалардың негізделуі, экономикалық қатынастары, әсіресе әлеуметтік, демографиялық және мәдени дамуы туралы мәселелер біржақты, таптық-партиялық, кей жағдайларда «ұлыорыстық» ұстанымдар тұрғысында баяндалды. Оның үстіне қалалар тарихына арналған еңбектерді тарихшылар ғана емес, өлкетанушылар, жазушылар да жазды. Олардың мазмұны, зерттелу тереңдігі, зерттелген мәселелердің көпжақтылығы әртүрлі дәрежеде болды. Арнайы ғылыми зерттеу еңбектерімен қатар, қалалардың мерейтойлық датасына орай ғылыми-көпшіліктік очерктер мен кітапшалар да жарық көрді. Бұл соңғыларында ғылыми-анықтамалық аппарат болмады, деректік негізі әлсіз болды. Міне мұның барлығы қалалар тарихына арналған еңбектерді бүгінгі таңдағы тәуелсіз ой тұрғысында саралап, талдау қажеттігін және тақырыптың өзектілігін айқындайды.
Біз зерттеп отырған кезеңдегі Қазақстандағы қалалар бүгінгі күнде де еліміздің экономикалық-әлеуметтік және мәдени дамуында өзіндік рөл атқарып отыр. Ендеше олардың тарихы туралы мәселелерді жаңа тұрпаттағы көзқарас негізінде зерделеу, оның бүгінгі дамуының ерекшеліктерін түсінуге де мүмкіндік береді. Әсіресе капиталистік қатынастардың енуімен байланысты біз зерттеп отырған кезеңдегі қалаларда болып өткен үрдістердің тарихи еңбектерде қаншалықты деңгейде анықталғанын зерделеу, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері басталған нарықтық қатынастардың, урбанизацияның ерекшеліктерін түсінуге де көмектеседі. Демек қалалар тарихының зерттелу дәрежесін айқындап, оның әлі де болса толық ашылмай, айқындалмай қалған жақтарын анықтаудың бүгінгі күн үшін практикалық маңызы үлкен. Осы тұрғыдан алғанда да тақырыптың өзектілігі айқындала түседі.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстандық қалалар тарихын арнайы тарихнамалық тұрғыда зерттеуге келетін болсақ оны А.С.Елагиннің 1974 жылғы Қазақстан қалалары тарихының жағдайы және оны одан әрі зерттеудің міндеттеріне арналған мақаласынан бастаған дұрыс[1]. Автор қалалардың пайда болуы мен дамуы тарих ғылымындағы орасан зор ғылыми-теориялық және практикалық маңызы бар өзекті мәселелердің бірі екендігіне кеңірек тоқталады. Жалпы мақаланың тек революцияға дейінгі ғана емес, кеңестік кезеңдегі қалалар тарихының зерттелу барысын да талдауға арналғандығын айта кету қажет. А.С.Елагин сол өзі өмір сүрген кеңестік кезеңдегі маркстік-лениндік деп аталған таптық-партиялық методологияны басшылыққа алады. Кеңестік идеологияны дәріптейді және ол кездегі жетістіктерді баса көрсетуге тырысады.
Біздің республикамызда да қалалар тарихын зерттеудің жүргізіліп жатқаны, кейбір мәселелерінің қалалардағы революциялық қозғалыстар туралы мәселемен байланысты зерттеулерде көрініс тапқанын көрсете отырып, 50-жылдардан бастап диссертациялық зерттеулердің де пайда болғанын айтады. Солардың ішінде А.А. Горячеваның Верныйдың тарихымен, К.М.Тұманшиннің ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Петропавлдың экономикалық дамуы мәселесімен айналысқанын, бұл соңғысында қаланың әсіресе ХІХ ғ. 60-80 жыдарындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктерінің айқындалғанын атап өтеді
Жалпы алғанда А.С.Елагин Қазақстандағы қалалар тарихының зерттелу дәрежесінің басқа одақтас республикалармен салыстырғанда жеткіліксіз екендігі жөнінде тұжырым жасайды. Бұл бағытта жұмысты жандандыру үшін деректік негізін жетілдірудің маңызына тоқталады. Қалалар тарихы бойынша революцияға дейінгі кезеңнен көп мұра қалмағанын, барларының өзінде олардың географиялық ораласуы, 1867-1868 жылдардағы реформаларға дейінгі жағдайын сипаттау, тұрғындары, жәрмеңкелердің айналымы туралы кейбір статистикалық мәліметтерді келтіру, гербтерінің сипаттамасын беру дәрежесімен шектелетіні жөнінде пайымдаулар жасайды.
ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы Қазақстан қалаларының тарихнамасы көрнекті тарихнамашылар Д.И.Дулатова мен Т.Ә.Төлебаевтың еңбектерінде арнайы қарастырылған.
Д.И.Дулатованың революцияға дейінгі Қазақстанның тарихнамасына арналған көлемді де ауқымды еңбегінде кеңестік тарихи еңбектердегі қалалар тарихнамасы жеке тақырыпша негізінде баяндалған[2]. Оны К.М.Туманшин мен Н.Г.Аполлованың еңбектерін талдаудан бастайды [7. -73-75бб]. Оларда Петропавл, Троицк және Орынбор қалаларының қалыптасуынан әлеуметтік-экономикалық орталыққа айналуына дейінгі тарихының мұрағаттық құжаттар негізінде сипатталғанын айта отырып, барлық мәселелердің қамтылмағанына тоқталады. Атап айтқанда К.М.Тұманшиннің қалалардың құрылуынна байланысты қазақтардың көшу аумағының тарылғандығы туралы қорытындысының тезистік сипатта болғаны, қала тұрғындарының әлеуметтік құрамына сауданың ықпалы жөнінде мәселені айқындау барысында Петропавл тұрғындарының санының өсу динамикасын талдамағаны, қала аумағының кеңеюуін, оның оязбен экономикалық байланысын жете зерттемегендігі дұрыс көрсетілген.
Қалалардың Қазақстанға капиталистік қатынастардың дамуындағы орны тұрғысында тарихнамалық талдау жасаған Т.Ә.Төлебаев өзінің еңбектерінде Ресейге қосу барысында қазақ жерінде әртүрлі дәрежедегі 30-дан астам қала пайда болғанын жазады[3]. Олардың тарихына арналған алғашқы еңбектер 1930-жылдары анықтамалар түрінде жарық көргенін, арнайы зерттеу жұмыстарының ХХ ғ. 50-жылдарының басында жанданғандығын айтады және оларды үш топқа бөледі: «1) ғылыми проблемалық зерттеулер; 2) ғылыми-көпшіліктік және өлкетанушылық еңбектер және 3) экономикалық-географиялық бағыттағы еңбектердегі тарихи шолулар». Біздің жалпы қалалар тарихына арналған еңбектерді осылай топтаудың дұрыс екенін атап айтқымыз келеді.
Жалпы алғанда жоғарыдағы тақырыптың тарихнамасы мәселенің ғылыми негізде арнайы, кешенді түрде зерттелмегендігін айқындайды. Сондықтан да бұл дипломдық жұмыстың тақырыбының өзектілігі, әрі қажеттігі тағы да анықтала түседі деп ойлаймыз.
Жұмыстың хронологиялық шеңбері. Диплом жұмысы ХҮШ –ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы қалалар туралы кеңестік және тәуелсіздік кезеңдерінде — 1917 жылдан 2009 жылға дейінгі жарық көрген еңбектерді тарихнамалық тұрғыда зерттеуге арналған.
Диплом жұмысының деректік негізі. ХҮШ –ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы қалалар тарихы туралы жазылған еңбектерді мазмұны, түрі бойынша бірнеше топқа бөлуге болады.
Олардың алғашқысы, сөз жоқ, монографиялық арнайы зерттеу еңбектері. Қалалар тарихын арнайы зерттеп ғылыми дәреже алу үшін жазылған диссертациялық еңбектер тарихнамалық деректердің келесі тобын құрайды.
Бұл аталған екі топтағы ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми және мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары, олардың ғылыми тұжырымдарының, концепцияларының қалыптасу барысын, жалпы қалалар тарихының дамуын айқындауға мүмкіндік береді.
Ғылыми-көпшіліктік және өлкетанушылық бағытта жазылған тарихшылардың, өлкетанушылардың, жазушылардың қалалардың мерейтойларына арналған кітаптары, кітапшалары мен мақалалары да құнды тарихнамалық деректер болып есептеледі.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты ХҮШ – ХХ ғ. басындағы Солтүстік және Орталық Қазақстандағы қалалар туралы еңбектерді тарихнамалық тұрғыда талдау. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді шешуді қажет деп есептедік:
- қалалардың қалыптасуы, оның ерекшеліктері мен барысы туралы пікірлерді айқындау,
- қалалардың орны туралы көзқарастарды ерекшелеу;
- кеңестік кезеңдегі партиялық бағыт пен жалған интернационализмнің, орыстандыру саясатының қалалар тарихын зерттеуге кері әсерін көрсету;
- қалалар тарихының нашар зерттелген, әлі де зерттеуді қажет ететін тұстарын анықтау.
Жұмыстың нысаны мен пәні – Қазақстанның ХҮШ-ХХ ғ. басындағы қалалары қалыптасуы, дамуы туралы жазылған еңбектердегі көзқарастар мен тұжырымдар.
Диплом жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Бүгінгі таңда дүниежүзілік әлеуметтанушы ғылым саласында методологиялық плюрализм бағыты кең орын алып отырғаны белгілі. Сондықтан да біз дәстүрлі және жаңа методологиялық мектептер мен бағыттарды қатар пайдалануға тырыстық. Ресейдің Қазақстандағы қалалардың, ондағы мәдениет пен білімнің дамуына ықпалы жөніндегі жекелеген еңбектердегі көзқарастарды талдау үшін өркениеттік көзқарастардағы тұжырымдамалық қорытындыларды пайдаландық. Бұл методологиялық бағыттарды пайдалану барысында салыстырмалы-тарихи, логикалық, мәселелік-хронологиялық талдау тәсілдері қолданылды.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
- СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫ ТАРИХЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ.
1.1 Петропавл қаласының тарихнамасы.
1960 жылы К.Туманшиннің 1861-1917 жылдардағы Петропавловск мен оның оязының даму тарихына арналған тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясының авторефераты жарияланды[4]. Онда қалалар тарихының үлкен ғылыми – теориялық және саяси мәні бар тарих ғылымындағы маңызды мәселенің бірі екендігі атап өтіледі. Зерттеуші сонымен қатар, сол кездегі қазақстандық тарихи әдебиетте қалалар мен ояздар тарихына арналған еңбектердің аз екендігін, ал өзінің тақырыбы көлемінде 1913 жылы шыққан Петропавл қаласының қысқаша тарихи очеркі баяндалған шағын кітапшадан басқа ештеңенің жоқтығын жазады.
Бұл автореферат бойынша байқалғаны диссертациялық жұмыстың бірінші тарауы «ХҮШ ғ. екінші жартысы – ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Петропавловск мен оның оязының негізделуі мен дамуы» деп аталған. Бұл тарауда ХҮШ ғ. ортасында негізделген Жаңа-Есіл (Ново-Ишимск) бекіністер торабының бекіністерінің бірі болғандығы, соның негізінде қалыптасуы жөніндегі мәселені сол кездегі қазақ даласындағы жалпы тарихи оқиғалармен байланыстырыла сипатталған. Дегенмен зерттеуші сол кездегі кеңестік тоталитарлық биліктің идеологиясы бойынша «Қазақстанның Ресейге қосылуға мәжбүр болғандығы, бұл қосылудың прогрессивті маңызы» туралы концепцияны жетекшілікке алады. Қазақ жерінің ХҮП ғ. соңы мен ХҮШ ғ. ортасына дейін жоңғарлар шапқыншылығына ұшырағандығы, қазақ халқының оларға қарсы күрескендігі, бірақ саяси бытыраңқылығы мен феодалдық өзара қырқысулардың әсерінен оларға тойтарыс бере алмағандығы, осындай ауыр жағдайда қуатты көршісі Ресейден көмек күтіп, өз еркімен қосылғандығы, бұл қосылуға ішкі жағдайдың да, дәлірек айтқанда, Қазақстанның экономикалық және мәдени артта қалушылығының да әсер еткендігі, Ресейге қосылудың қазақ халқының өндіргіш күштерінің, материалдық және рухани мәдениетінің тезірек дамуға мүмкіндік алғандығы туралы шындыққа жанаспайтын тұжырымдарды баса көрсетеді.
Еңбекте сондай-ақ қайшылықты пікірлер де қатар жазылып отырады. Пікіріміз дәлелді болу үшін мына бір үзіндіні түпнұсқа бойынша келтірейік: «Присоединение Казахстана к России началась в 30-х годах ХҮШ в., когда Младший и Средний жузы добровольно приняли русское подданство. После этого в Младшем жузе установилось относительное спокойствие, Средний же жуз в результате антинародной политики ханов и султанов продолжал страдать от набегов джунгар. К захвату казахских земель и порабощению казахского народа стремились также манчжурские феодалы.
В такой сложной международной обстановке царское правительство стало спешно укреплять восточные границы государства. В 1745 г. в Сибирь было переброшено 5 полков пехоты и конницы, а затем началась подготовка к строительству Ново-Ишимской линии»[5].
Бұл жерде байқайтынымыз, Кіші жүз Ресейге «қосылғаннан» кейін салыстырмалы түрде тынышталды, хандар мен сұлтандардың халыққа қарсы саясатының нәтижесінде Орта жүз жоңғарлар шапқыншылығынан зардап шекті, елді басып алуға манчжурлық феодалдар да ұмтылды, — деуді ХҮШ ғ. – 30 жылдарымен байланыстырады. Ал шын мәнінде Кіші және Орта жүз старшындары мен сұлтандарының өкілдері 1740 жылы Орынбордағы сьезде ант бергеннен кейін тек Орта жүздің бір бөлігі ғана Ресейге өтті, қалған негізгі солтустік-шығыс пен орталық Қазақстан аумағы ХІХ ғ. 20-40 жж. царизмнің әскери-саяси акцияларының салдарынан орыс империясының құрамына енгізілді[6]. 1738-1741 жылдардағы Ғалдан-Сереннің жорығынан кейін, дәлірек айтқанда оның өлімінен соң Жоңғария әлсіреп, олардың тарапынан Қазақстанға қауіп жойылды[7]. Ал мұндай жағдайды күрделі халықаралық жағдай деп сипаттау және сол арқылы орыс үкіметінің басқыншылық әрекетін ақтау сол, кеңестік кезеңдегі орыстандыру саясатының салдары деп бағалануы қажет деп ойлаймыз.
Бұдан соң автор, Жаңа-Есіл (Ново-Ишимская линия) жүйесін негіздеу барысында Н.В.Горбань, Р.М.Кабо, В.В.Покшишевский сияқты зерттеушілердің Қазақстандағы Ресейдің әскери-стратегиялық мүддесімен шектелетіндігін, ал мұнымен қатар оның сауда жүргізу мақсаттарының да болғандығын ескертуін қолдауға болады. Бірақ мұны тек пайда болып келе жатқан буржуазия табының ғана мүддесін есере отырып жасады деу мәселенің себептерін толық көрсетпейді. Біздіңше оның, яғни сауда жүргізудің астарында отар аймаққа айналдыруды тездету мақсаты жатқанын және оның басты себеп болғандығын автор жете түсінбеген, немесе жеткілікті дәрежеде мән бермеген.
Жаңа Есіл жүйесінің құрылысы 1752 жылы 22 маусымда басталып негізінен 1755 жылы аяқталғанын көрсете отырып, А.П.Чулошниковтың [8] қазақтардың бұл құрылысқа наразы болғандығы жөніндегі тұжырымын шындыққа сай емес деп есептейді. Біздіңше К.Туманшиннің бұл пікірі де таласты. Өйткені Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілісі Есіл мен Нұра бойын қамтығандығы және оның дүмпуі ұзақ уақытқа созылғаны белгілі. Автордың бұл тұжырымы да кеңестік саясаттың ықпалынан, яғни қазақтардың өз еркімен бағынғандығы туралы концепцияны қолдаудан туған деп есептейміз. Оның бұл көзқарасы Жаңа Есіл (Ново-Ишимская линия) жүйесінің қазақ халқы үшін маңызы туралы тұжырымдарына да ықпал еткен. Сол тұжырымдарының ішінде тек біреуі ғана дұрыс, шындықты бейнелейді. Ол Ресейге Орта жүздің көпшілік бөлігін қосуды бекіткендігі туралы жазғаны. Ал қалған екеуі сол кездегі саясаттың ықпалымен жазылған. Олай дейтініміз, Қазақстанға жоңғарлардың тереңдей енуіне жол бермеді деген бірінші тұжырымы шындыққа сай емес. Өйткені бұл кезде Жоңғария әлсіреп, оған Цин империясы тарапынан қауіп туа бастаған еді. Сондықтан өзара қырқысып жатқан жоңғарлардың өздерінің жағдайы ауыр болатын. Автор бұл жағдайды ескермеген. Ал, үшінші тұжырымында Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстың күшеюіне ықпал етті дей отырып, мұны прогрессивті құбылыс ретінде көрсетпек болады. Автордың бұл бағыты да нақтылауды қажет етеді деп ойлаймыз. Өйткені екі ел тең дәрежеде тұрып сауда байланысын жасаса оның тиімді болуы мүмкін. Бірақ бұл жерде Қазақстан отар жағдайда болды, сондықтан экономикалық байланыс деген экономикалық отарлау болғандығын естен шығармауымыз қажет. Демек ол қазақ халқы үшін көп прогрессивті құбылыс бола бермеді. Міне кеңестік кезеңдегі еңбектердегі көптеген тұжырымдардың осындай біржақты болғанын жаңа тарихи көзқарастар негізінде еңбектер жазғанда ескеруіміз, сыни тұрғыда талдауымыз қажет.
К.Тұманшин 1752 жылы маусымда қазақтың Қызылжар атты жерінде Петропавл бекінісі негізделді және ол кешікпей Жаңа Есіл жүйесіндегі басты бекініс пен қару-жарақ қоймасына айналды деп көрсетеді. Бұл жерден біз Петропавлдың қазақ жерін басып алу үшін негізгі әскери тірек ретінде негізделгендігін, алдағы отарлау әрекеттерінің пладстармы қызметін атқарғанын байқаймыз. Бірақ зерттеуші мәселенің бұл жағын сипаттауға емес, Петропавлдың саудадағы орнын көрсетуге көшкен. Автордың айтуынша ХҮШ ғасырдың 60-жылдарынан бастап қала Жаңа Есіл және Ертіс жүйелеріндегі бекіністердің барлығын басып озып, Қазақ даласы мен Орта Азиямен Ресейдің саудасында басты орынға айналды. Бұған оның тиімді керуен жолдарының бойында орналасуы ықпал етті.
Патша үкіметінің Қазақстан мен Орта Азиямен сауданың дамуын барынша қолдап отырғанын айта келе, Петропавлға Ресейдің түпкір-түпкірінен көпестердің келіп отыратынын ерекшелей көрсетеді. Зерттеуші қазақтармен сауданың отарлық сипатта болғандығын, орыс көпестеріне орасан зор пайда түсіп отырғандығын дұрыс атап көрсетеді. Бірақ, бірден, бұл саудада ақша айналымы болған жоқ, сондықтан айырбастың теңсіздігі көзге өте түсе қоймады деп жайма шуақтандырып өте шығады. Бұл оның таптық көзқарасынан гөрі орысшылдық түсінігінің басым болғандығын байқатады. Бұл кеңестік тоталитарлық өктемдіктің ықпалы екендігінде сөз жоқ. Зерттеуші соған бейімделуге мәжбүр болған.
1782 жылы патша үкіметі қаланың саудадағы маңызды орнын ескере отырып, онда шекаралық кеден орнатып, оған Омбы, Преснегорьковск Николаевск сияқты бірнеше кеденді бағындырды. ХҮШ ғ. соңында қаланың сауда айналымының көлемі тек Кяхтаға ғана жол беретін ірі сауда орталығына айналды. Ал Х1Х ғасырда Ресей мен Қазақстанның сауда байланыстары арта түсті. Орыс саудагерлері әртүрлі фабрика-зауыт бұйымдарын алып келіп, қазақтардың малдары мен мал өнімдерін сатып алды. ХІХ ғ. 20-жылдарының соңында мұндағы кеденге қазақтардың малдарының негізгі бөлігі, автордың есептеуінше 84 пайызы, айдап әкелінді. Осы кездері бірнеше мың рубльге дейінгі қомақты сауда айналымы бар жергілікті саудагерлер де пайда болды. Зерттеуші осыларды баяндай келе, орыс саудасының одан әрі өсуін ресейлік өнеркісіптің, соның ішінде мақта-мата өнеркәсібінің дамуымен байланыстыра түсіндіреді. 1833 және 1834 жылдары Петропавл кедені арқылы өткізіліп, Қазақ даласы мен Орта Азияға шығарылған әртүрлі тауарлардың құнын мұрағаттық құжаттар арқылы көрсете отырып, соның негізінен Қазақстанда сатылғанын жазады. Бұл кезеңде қаладағы сауда айналымының 7 млн. рубльге дейін жеткенін, гильдиялық көпестерінің саны бойынша Батыс Сібір қалаларының ішінде Төменнен кейінгі, екінші орында тұрғандығын, олардың Есіл, Үрбіт және Нижегород жәрмеңкелеріне барып сауда жасап отырғанын жазған.
1845 жылы орыс көпестерінің бекініс жүйесінің аржағына шығуына рұқсат берілді. Бұл орыс саудагерлері мен олардың өкілдерінің Қазақ даласына тереңірек енуіне мүмкіндік берді. Автор Қазақ жерінде жәрмеңкелердің пайда болуын дәл осы жағдаймен байланыстырады. «Егерде ХІХ ғ. ортасына дейін орыс көпестерінің қазақтармен саудасы көбінесе айырбас сарайларында жүрсе, ендігі жерде орыс-қазақ саудасында жәрмеңке айшықты рөл атқара бастады», — дей отырып, оның бірі Петропавл оязында орналасқан белгілі Тайыншакөл жәрмеңкесі болды деп есептейді[9]. Біздіңше, зерттеуші қазақ – орыс байланыстарының, дәлірек айтқанда орыстардың қазақ жеріндегі саудасының маңызын көрсетуге ұмтылу барысында патша үкіметінің қазақтарға салған алым-салықтарын ақшалай төлетуінің олардың малдарын сату арқылы ақшаға айналдырып барып салықты төлеуге мәжбүр болуының жәрмеңкелерді тудырғандығына мән бермеген. Орыс көпестерінің қазақ даласына тереңдей енуіне де осы жағдай ықпал еткен. Өйткені олар қазақтардың салықты ақшалай төлеуге мәжбүр болып отырғанын бірден сезіп, әртүрлі ұсақ-түйектерін бірнеше есе қымбатқа бағалап өткізіп отырды. Бұл мал мен мал өнімдерінің ақшалай құнын әлдеқайда төмендетіп жіберді. Сөйтіп қазақтардың жалпы жағдайы нашарлап, кедейлене түсті. Патша үкіметі ақша арқылы олардың өзіне тәуелділігін арттырып жіберді[10]. Автор осы жағдайларды ескермеген. Ол тіпті жоғарыдағы ойын: Қазақстанның Ресеймен экономикалық байланысының дамуы Петропавлдағы сауданың одан ары өрлеуіне ықпал етті, — деп одан ары жалғастыра түседі. 1857-1861 жылдардағы Батыс Сібір кедендеріне келген қазақ тауарларының 90 пайызы Петропавл арқылы өтетінін көрсете отырып, қазақ тауарларын сатудың өсуіне қазақ халқының көптеген топтарының барған сайын көп қатысуы ықпал етті деп түсіндіреді. Бірақ бұл жағдайдың, яғни қазақтардың көптеген топтарының сатуға араласуының себептерін көрсетпейді.
Автордың бұдан кейінгі қала тарихына қатысты бұл тараудағы зерттеген мәселесі ондағы өңдеу өнеркәсібінің қалыптасуы мен алғашқы дамуы тарихы. Қаладағы өнеркәсіптің пайда болуын зерттеуші сауданың дамуымен ғана байланыстыра түсіндіреді. Ал өңдеу өнеркәсібі тарихын арнайы зерттеген Т.Ә.Төлебаевтың көрсеткеніндей, оның, яғни өнеркәсіптің пайда болуына көптеген жағдайлардың әсер еткендігін, соның ішінде батыстық капиталистік қатынастардың одан әрі дамуының, қазақ жеріндегі мал шаруашылығы мен егіншіліктің натуралдықтан тауарлы өндіріске айнала бастауынан және т.б. болғандығын ескермейді[11]. Қаладағы өңдеу өнеркәсібінің алғашқы түрлері тері илеу және май өңдеу өндірістері, яғни қазақтар өсірген малдардың өнімдерін өңдеуге арналған кәсіпорындар болды. 1849 жылғы Петропавлдағы кәсіпорындардың санын көрсете келе, солардың ішінде май қайыру өндірістерінің жақсы дамығандығын, мұның Еуропалық Ресейде сұранысқа ие болып отырғандығын жазған. Қаладағы кәсіпорындардың жұмысшыларының негізінен шаруалардан құралғандығын айта отырып, сол кеңестік жалған интернационализм идеясы рухында, олардың әртүрлі ұлттардан жиналғандығын ерекшелейді.
Автор Петропавлды ХІХ ғ. бірінші онжылдығында бекіністен қалаға айналды деп көрсетеді де, сол кезден бастап қаланың даму қарқыны тездеді деп есептейді.
Бұдан кейін зерттеуші патша үкіметінің қазақ жерін өзіне біржолата бекітуге кіріскенін, сол мақсатта казактар мен орыс шаруаларын қоныстандыры бастағандығын дұрыс жазады. Бірақ царизмнің осындай шараларына қарамастан, «ұлы орыс халқының материалдық және рухани мәдениеті Қазақ даласына ене бастады», — деп «отаршылдықтың өркениетті миссиясы» концепциясын орынсыз дабырайта көрсетуге ұмтылады. Мұнымен қатар, ояздағы орыс шаруаларының алғашқы қоныстарының ХҮШ ғ. ортасында пайда болғандығын, бірте-бірте олардың жаңа топтарының қоныстанғандығын жаза отырып, «қатаң табиғатпен күресте, үлкен қиындықтарды жеңе отырып тың жерлерді бағындыра бастады, сөйтіп өлкенің өндіргіш күштерін дамытуға, қазақтардың егіншілікпен айналысуына ықпал етті, уақыт өткен сайын олардың да егіншілікке және отырықшы өмірге ұмтылысы артты», — дейді[12]. Мұның барлығы сол кеңестік кезеңдегі Қазақ жері мен елін «интернационализм лабораториясы» деп жариялап, орыстандырудың үлгі орталығына айналдыру саясатының ықпалы деп санаймыз. Дәл осындай көзқарасты басқа да тарихшылар өз еңбектерінде қайталап жатты. Сондықтан зерттеушіні айыптау қиындау. Дегенмен, сол кездердің өзінде орыс шаруаларының нашар егіншілер болғандығын, егіншілік техникасы бойынша қазақтардан оза алмағандығын, жергілікті ерекшеліктерді білмегендіктен егін өсірудің кейбір түрін жергілікті қазақ шаруаларынан үйренгендігін дәлелдеп, көлемді ғылыми еңбек жазған тарихшылардың да болғандығын айырықша атап өтуіміз қажет. Бүгінге дейін өз бағасын толық ала алмай жүрген мұндай еңбектерге біздің ерекше мән беруіміз, қайта зерделеуіміз қажет. Сондай еңбектердің бірінде былай деп ашық жазылды, сондықтан оны түп нұсқаның өзінен тікелей келтіргенді дұрыс деп ойлаймыз: «Проанализированная выше насильственная передвижка земель в руки переселенцев из России, осуществлявшаяся царизмом, привилегии переселенческого кулачества в части получения, покупок и аренд земли – вот что явилось причиной застойности уровня культуры земледелия в русских поселках. Больше того, это была не только застойность, это был также откат переселенцев назад от русского трехполья к переложной системе земледелья: не переселенцы из России научили местных крестьян техполью, а местные крестьяне научили переселенцев применять залежь, как наиболее выгодную систему полеводства в данных земельных просторах.
Переселенцы не обогнали местное крестьянство, в частности казахов, в части техники земледелия. Не обогнали они его и в части развития капитализма, зарождения индустриальных форм капитала в сельском хозяйстве.
При всей неожиданности (с точки зрения современной литературы вопроса) такого сообщения, оно, однако, логически вытекает из всего нашего анализа аграрных отношений изучаемого района и его подтверждает»[13].
Бұл тұжырымдарды П.Г.Галузо өзінің Қазақстанның ХІХ ғ. П – жартысы мен ХХ ғ. басындағы аграрлық қатынастары тарихына арналған көлемді зерттеу еңбегінде жасаған. Байқалып отырғанындай ол өзінің бұл тұжырымдарының сол кездегі көзқарастардан ерекше, көпшілік күтпеген дәрежеде екендігін білген, соған қарамастан ғылыми шындықтан жалтара алмаған. Бұрын да қудалауға ұшырағанына қарамастан, өзінің басына төнетін қауіптен жасқанбаған. Нағыз ғалым, шындық үшін күресуге дайын зерттеуші ретінде ерекшеленгендігі байқалады. Оның тұжырымдары біздіңше дұрыс. Дәл осы тұрғыда Қазақстанның төңкеріске дейінгі аграрлық қатынастары тарихын қайта зерттеу қажет деп ойлаймыз.
К.Тұманшиннің еңбегінің екінші тарауы Петропавловск мен оның оязының ХІХ ғ. П-жартысындағы тарихына арналған. Автор ХІХ ғ. П –жартысында Ресейде капиталистік қатынастардың тез дамығандығын атап көрсетеді және бұл кездегі орыс буржуазиясын ерекше қызықтырған аймақ ретінде Қазақстанды ерекшелейді. Бұл кезеңдегі қаладағы сауданың дамуында 1868 жылғы Орынбор және Сібір шептеріндегі кедендердің алынып тасталуының маңызына баса көңіл аударады. Оның ойынша: кедендердің жойылуы Қазақстанға ресейлік сауда капиталының кең түрде ағылуына, сөйтіп, ортаазиялық қолөнер өндірістері өнімдерін бұл жақтан біржолата ығыстыруына және қазақтардың саудасының белсенділігінің артуына ықпал етті. Бұл жағдайлардың барлығы қаладағы сауданың жетіле түсуіне әкелді, ол әсіресе Ресейдің Қазақ даласымен саудасында бұрынғыдай жетекші орын алды. Дәл осы кезде петропавлдық саудагерлер негізгі мал сатушылар болған, әйгілі Тайыншакөл жәрмеңкесі өз дамуының шыңына жетті[14].
Зерттеуші мұнымен қатар, керуен сарайы, базарлар мен жәрмеңке сияқтылар арқылы қаланың ішкі саудасының да жандана түскендігі, оның ХІХ ғ. 60-70 жылдарда едәуір көлемге жеткендігі және оған ояздағы қазақтардың да белсене қатысқандығы туралы қорытындылар жасайды. Ал қалада 1867 жылғы алғашқы, одан кейін 1881 жылы Мемлекеттік банк бөлімшелерінің пайда болуын, оның капиталистік негізде дамуынын тездеткен, сауда мен өнеркәсібінің дамуына үлкен ықпал еткен үлкен оқиға ретінде бағалайды. Оның дәлелі ретінде қалада көпестік капиталдың өсуін, гильдиялық саудагерлер санының да, байлығының да артуын, олардың ішінде ірі қазақ саудагерлерінің де орын алуын баяндайды. Бірақ автордың дәл осы тұжырымының, келесі қорытындыларымен біршама үйлеспейтіндігі байқалады. Ол ХІХ ғ. 80-жылдарында қалада сауданың қысқаруы байқалады, ал 90-жылдардың басында қала экономикасында құлдырау айқын көрінді дейді. Мұның себептерін, біріншіден, Қазақ даласындағы малдардың бірнеше рет жұтқа ұшырауымен және екіншіден, Екатеринбург – Төмен теміржол тармағының іске қосылуымен, әрі Ертісте су қатынасының дамуымен түсіндіреді. Басты себеп ретінде қаланың орталық Ресеймен және Орта Азиямен байланыстыратын теміржолдың болмауымен байланыстырады. Біздіңше, автор, қаланы теміржол тораптарымен қосудың қажеттігін көздеген орыс буржуазиясының бір тобының дәлелдемелерінің мәліметтерін пайдалана отырып, оларды өз тұжырымдарына негіз етіп алған. Сөз жоқ қалаға теміржолдың тартылуы оның сауда-экономикалық қатынастарында елеулі рөл атқарады, оның салыстырмалы түрде тезірек дамуына ықпал етеді. Бірақ оны тоқыраудан шығарған құбылыс десек, автордың қаланың оған дейінгі кезеңдегі қарқынды дамуы туралы тұжырымдары күмән тудырарлық дәрежеде жазылған деген ойға қаламыз.
Зерттеуші қалаға теміржол торабы қосылғаннан кейін сауда айналымының өскенін жалпы көлемі және шығарылған әрі алып келініп отырған тауарларды салмағы бойынша сипаттайды. Ресейлік сауда капиталының енуінің өсуінің Қазақстандағы сауданың ескі түрлерін өзгертіп, Қазақ даласының сауда-экономикалық буржуазияның мүддесіне бағындыруды қамтамасыз ететін жаңа түрлерін дүниеге келтіргендігін атап өтеді. Саудадағы басты орынды жаңа қалыптасқан бірнеше жәрмеңкенің атқарғандығын, бұрынғы Тайыншакөл жәрмеңкесінің рөлінің төмендегендігін жазады. Бұлармен қатар, көтерме сауда қоймалары, ұсақ дүңгіршектер, мен дүкендер сияқты тұрақты сауда орындары санының да, сауда айналымының да өскенін көрсете келе, сауданың дәл осы түрі бойынша Петропавл тек Ақмола облысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша да ең ірі орын болғандығы жөнінде қорытынды жасайды.
К.Тұманшиннің бұл еңбегіндегі қалалар тарихын басқа зерттеушілерден ерекшелеп тұрған бір мәселе – шетелдік капиталдың енуі жөнінде арнайы сөз етуі болып табылады. Қаланың шетелдік капиталды Қазақстанға енуінің тірек орындарының бірі болғандығын мұнда ағылшын және американдық фирмалардың өкілдерінің пайда болғандығымен және Батыс-Сібір мен Орал темір жолдарының басқа да бекеттері (станциялары) сияқты тауарларды сыртқа шығару мен сырттан тасу жөніндегі орыс-герман-нидерланды, орыс-бельгия-француз, орыс –австрия-венгр теміржол одақтарына қосылғандығы жөніндегі мәліметтермен анықтайды. Соның нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінің Америкаға, Бельгияға, Парижге, Венаға және Берлинге жіберіліп отырғанын нақты деректер арқылы көрсетеді. Бұл мәселелер, біздіңше жұмыстың ғылыми мәнін көтеріп тұр. Автор қаланың Орта Азиямен саудасы туралы мәселені де зерттеген. Ол ортаазиялық сауданың ХІХ –ғ. 60-жылдарының соңында Ертістегі су жолының дамуынан, әсіресе 1880-1888 жылдары Закаспий теміржолының салынуынан бастап қысқара бастағандығын баяндайды.
Зерттеушінің келесі қарастырған мәселесі қаладағы өңдеу өнеркәсібі тарихына арналған. Ол қалада мал шаруашылығы мен егіншілік өнімдерін алғашқы өңдеуден өткізуге арналған жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар ХІХ ғ. екінші жартысында негізделді деп есептейді. Бірақ біз ол кәсіпорындардың қожалары туралы мәселеде автордың кеңестік кезеңдегі таптық көзқарас негізінде шаруаларды алдыңғы қатарға қойып, ерекшелегенін байқаймыз. Ол кәсіпорындардың қожаларының арасында ішкі губерниялардан келген шаруалар арасындағы кәсіпкерлердің орны үлкен болды деп көрсетеді. Бұл өзі жалпы шындыққа өте жақын тұжырым емес деп есептейміз. Оны еңбектегі бұдан кейін жазылған өнеркәсіптік кәсіпорындарды көпестер, мещандар және кейбір дворяндар, унтер-офицерлер мен міндетті өтеу мерзімі біткен содаттардың негіздегендігі жөнінде жазғандары дәлел бола алады. Шаруалар арасынан шыққан бірді-екілі өндіріс иелері болды, бірақ олар автордың жазғанындай қалалардағы негізгі, басым көпшілікті құраған кәсіпорын қожалары бола алмады. Қала өнеркәсібінің санының өсіп қана қоймай сапалық өзгерістерге түскендігін барлық май қайыратын кәсіпорындарда еңбек өнімділігін арттыруға ықпал ететін бу қазандарының пайдаланылғандығыиен сипаттаған. Дегенмен автор, бай шикізат көзіне қарамастан өнеркәсіптердің нашар жағдайда болғандығын өлкені тауар өткізетін рынок пен шикізат көзіне айналдыруға ұмтылған царизмнің отаршыл саясатының нәтижесі ретінде бағалайды. ХІХ ғ. 80-90 жылдарындағы қаладағы сауданың құлдырауы өнеркәсіптің де жағдайын нашарлатты, санының азаюына алып келді деп есептейді. Мұндағы өндірістің қайта жандануын қалаға теміржолдың келуімен байланыстырады. Ол сондай-ақ, қаладағы қолөнердің ежелден-ақ дамығанын айта келе, теміржол шеберханаларын ХХ ғ. басында жергілікті пролетариаттың басты шоғырланған орны мен революциялық қозғалыстың ошағы болған ірі капиталистік кәсіпорындар деп көрсетеді.
Теміржол ашылғаннан кейін қаладағы жұмысшылар саны артып, 1898 жылы тек өңдеу өнеркәсібінде ғана 960 жұмысшы еңбек еткендігі, бірақ олардың еңбек жағдайының өте ауыр болғандығы нақты деректер бойынша баяндалған. Автор жалпы қаланың өсуін сауда мен өнеркәсіптегі жетістіктермен байланыстыра сипаттайды. 1896 жылы қалада 30 көше, 8 алаң және 1929 үйдің болғандығын, олардың көпшілігінің ағаштан бірқабатты етіп салынғандығын, қаланың Есілдің оң жағалауына орналасып, тау етегі және таудағы болып екіге бөлінгендігін сипаттаған.
Қаланың этнодемографиялық жағдай жөнінде онда 1897 жылы 20мыңға жуық адам тұрғандығын айқындайды, оның негізгі бөлігін, яғни 84 пайызын мещандар, шаруалар мен қазақтар құрды, қазақтардың жылдан-жылға саны көбейе түсті және олар 1898 жылы 3 мыңнан асты дейді.
Қаланың ХІХ ғ. екінші жартысындағы мәдени өмірі мәселелерін негізінен қазақтарға прогресс алып келінді деген тезистің көлемінде, яғни «орыстардың өркениеттік миссиясы» концепциясының шеңберінде сипаттаған. Қазақ балаларын оқыту үшін оқу орындарын ашқанда патша үкіметі отаршылдық мақсаттар көздеді, — деп дұрыс жазғанымен бірақ оның барлығы Қазақ даласына шаруашылықтың алдыңғы қатарлы түрлерін, орыс мәдениетін ендіруге жол ашты, сөйтіп үлкен прогрессивті рөл атқарды, бұл мектептерде қазақ балалары орыс тілін үйренді,- деген кеңестік, әсіресе хрущевтік кезеңдегі орыстандыру саясатын қолдау бағытындағы тезистерді жандандырады. Патша заманында да және кеңестік кезеңде де бұл жағдайдың жалпы отарлау саясатының құрамдас бөлігі, рухани отарлау болғандығын және оның басқыншылар үшін әскери, әрі экономикалық отарлаудан да тиімді, бағындырылған халық үшін зардаптарының өте ауыр болатындығын ол кезде жазу түгіл, түсінудің өзі мүмкін болмады. Сондықтан авторды бұл мәселеде кіналамаған дұрыс шығар, бірақ, бұл еңбекті оқып отырғанда біздің аталған мәселелерді ескеруіміз, қажетті өзгерістер мен тәуелсіз тарихи ой негізінде түзетулер енгізуіміз қажет екенін ескеруіміз керек деп ойлаймыз.
Автордың келесі бір шындықты бұрмалаған тезисі Қазақстанның Ресейдің отары екендігін айта отырып, оны батысеуропалық елдердің отарларымен араластыруға болмайды, егер Африка, Австралия және басқа отар елдерде басты фигура жергілікті халыққа кезкелген зорлық-зомбылық көрсетуге қабылетті жалқау-плантатор болса, Қазақ даласында басты фигура өзі де самодержавие мен помещиктердің езгісіне түсіп отырған еңбеккер-шаруа болды, -дейді. Бұдан ары диссертацияда орыс шаруаларының қоныс аудару процесі және оның қазақтардың дамуына ықпалы туралы жан-жақты баяндайды. Алдымен, отарлардың айырмашылығы жөніндегі мәселеге келейік. Иә, дүниежүзілік тарихта отар аймақтардың негізінен екі түрі болды. Олар сыртқы отар және ішкі отар деп аталады. Ең алдымен зерттеуші осы мәселеге жете назар аудармаған. Ресейдің отарлауының басты айырмашылығы оның көршілес аймақтарын әртүрлі тәсілдермен басып ала отырып өктемдігін орнатуында. Қазақ жерін басып алу ең алдымен, әскери отарлау арқылы жүргізілді. Ол әскери бекіністер салу, бірте-бірте оларды отаршыл үкіметтің тірегіне айналдыру мақсатында әкімшілік орталықтарға, содан соң экономикалық және рухани отарлау орталықтарына, қалаларға айналдырды. Ал шаруаларды қоныстандыруға патша үкіметі сақтықпен қарады, әрі Қазақ жеріндегі бірінен соң бірі болып жатқан ұлт-азаттық күрестер оған жол бермеді. Оның үстіне Ресей шаруаларының 1861 жылғы крепостнойлық құқықтың жойылуына дейін қоныс аудармақ тұрмақ қожасының иелігіндегі жерден кетуге де құқы болмағандығы белгілі. Ал патша үкіметінің Қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыруды ХІХ ғ. 60-жылдарының ортасында ғана бастағандығын, оның өзінде ауқатты және сенімді деген шаруаларды ғана қоныстандыру жөнінде шешімдер қабылдап, сол негізде жергілікті отарлық басқару орындарының есеп беріп отырғандығын кеңестік кезеңдегі ХІХ ғ. П-жартысы мен ХХ-ғ. басындағы Қазақстанның аграрлық тарихының көрнекті зерттеушісі Б.Сүлейменов бірнеше мұрағаттық құжаттар арқылы дәлелдей отырып жазған еді[15]. Ол сондай-ақ Қазақ жеріне Ресей шаруаларының қоныс аудару қозғалысына тек 1889 жылғы «Село тұрғындары мен мещандардың еркімен қоныс аударуы туралы» және 1993 жылғы «Уақытша ереже» атты заңдық құжаттардан соң ғана жол ашылғанын да көсетеді. Ендеше ХҮШ ғ. ортасынан бастап Қазақ даласын әкімшіліктік, сауда-экономикалық, әрі рухани отарлауда ерекше орын алған Петропавл қаласындағы басты фигура еңбекқор — шаруалар болды деу шындыққа еш сай келмейді. Қазақ жерінде де отаршыл үкіметтің басты тірегі жергілікті басқару органдары, әскери күш – казактар және сөз жоқ ірі жер иелері кулактар мен өнеркәсіп қожалары болды. Бұл жағынан келгенде Қазақстан да Африка мен Австралиядағы отарларға ұқсас болды. Мұнда да қазақтардың өрлігі мен ерлігі арқасында отарлау процесі ұзаққа — ХҮШ ғ. бірінші ширегінен – ХІХ ғ ортасына дейін — созылды. Ресейдің нағыз отарлық езгісі осыдан кейін ғана өз күшіне енді және ол еуропалықтардың отарлық әрекеттерінен әлдеқайда тегеуірінді және жылдам жүрді. Оған ең алдымен Ресейге капитализмнің енуі арқылы басталған экономикалық-әлеуметтік үрдістер ықпал етті. Дәл осы жағдай, Қазақ жеріндегі шаруашылықтық қатынастарға да өзгерістер әкеле бастады. Ол өзгерістер автор көрсеткендей орыс шаруаларының қазақ еңбекшілерімен достық қарым-қатынастары емес, орыс шаруаларының қазақ кедейлеріне «алдыңғы қатарлы шаруашылықтық тәжірибені қабылдаттыруы» арқылы орнаған жоқ. Тіпті де керісінше болғандығы жөнінде жоғарыда П.Г.Галузоның еңбегіндегі пікірлерді қайталап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймыз.
Ал автордың төмендегі пікірлерімен негізінен келісуге болады. Ол қазақтардың интенсивті мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысуына ықпал еткен, олардың ағаш, шөп, ет және басқа мал шаруашылығы өнімдерін өткізу рыногы қызметін атқарған, сондай-ақ жұмыс күшіне сұраныс тудырып отырған, әртүрлі қосымша кәсіптермен айналысуға да мүмкіндіктер берген қалалардың экономикалық және мәдени рөлі болды деп есептейді. Тарау соңында көптеген деректік мәліметтер негізінде қарастырылған мәселелерді қорытындылай келе жасаған басты тұжырымы да дұрыс. Мұнда зерттеуші Петропавл мен оның оязының әлеуметтік-экономикалық дамуына Ресей экономикасының, ең алдымен капиталистік қатынастардың енуінің маңызды орын алғандығын, соның барысында капиталистік өнеркәсіппен жұмысшылар пайда болып, олардың ұлттық кадрлары қалыптаса бастады дегенді баса көрсетеді.
Петропавлдың тарихына арналған зерттеу жұмысының үшінші тарауы қаланың ХХ ғ. басындағы дамуы туралы мәселелерді баяндайды. Зерттеуші мұнда да алдымен қала мен оның оязындағы сауда-сатық мәселелерін зерттеген. ХХ ғ. басында қалада сауданың тез дамығындығын, жүк айналымының 1900 жылдан 1913 жылға дейін үш еседен астамға өскендігін, жалпы сауда айналымының 40 млн. рубльге жеткендігін, мал шаруашылығы өнімдерімен қатар, астық пен май жөнелтудің де кең орын алғандығын деректер бойынша дәлелдеп жазады. Әсіресе майды экспорттауда қаланың тек Қазақстан ғана емес, Сібір көлемінде де ірі орталықтың бірі болғандығын, , оны негізінен Петербург, Мәскеу, Рига, Одесса, Владивосток қалаларына, батысеуропалық мемлекеттердің ішінде көбінесе Англияға, кейде Германия мен Данияға да жөнелтіп отырғандығын атап көрсетеді. Автор Петропавл қаласындағы сауданың дамуын Ресейдің орталық аудандарының тарапынан Қазақстандық мал мен оның өнімдеріне сұраныстың өсуімен байланыстыра түсіндіреді. Қаладағы сауда мен өнеркәсіп орындарының дамуымен байланысты 1904 жылы мұнда Орыстық сауда-өнеркәсіп банкінің, 1905 жылы Сібірлік сауда банкінің бөлімшелерінің, 1909 жылы Биржаның ашылуына әсер етті. Осымен бірге қаланың ішкі саудасы дами түсті. Онда жәрмеңкелер маңызды рөл атқарды. Бірақ ХХ ғ. екінші онжылдығының басында бұлар, яғни жәрмеңкелер, тұрақты саудаға орын берді. Жалпы зерттеуші Далалы өлкедегі ең ірі тұрақты сауда орталығының бірі Петропавлда болды деп есептейді, оны 1912 жылғы сауда орындарының саны 592 болғандығымен, ал олардың айналымының 8.663.300 рубльге жеткендігімен дәлелдейді. Сауда айналымының көлемі бойынша бірінші орынды қоймалар, одан кейін дүкендер, дүңгіршектер мен кеңселер алғанын жаза отырып, жалпы қаланың саудалық өмірінде фирмалардың, сауда үйлерінің, серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың, соның ішінде шетелдік те, үлкен рөл атқарғанын атап өтеді. Шетелдіктердің арасынан американдық, ағылшындық және неміс фирмаларының қалада сауда қызметін кең түрде дамытқандығын сипаттайды. Американдық және батысеуропалық капиталистердің далалық сауданың тиімділігін түсініп Қазақ жеріне енуді күшейткенін 1914 жылы Э.Нобельдің Далалық генерал-губернаторға сауда байланыстарын дамытуға ықпал етуін өтінген хаты арқылы нақтылай түседі.
Біздіңше К.Тұманшиннің бұл зерттеу жұмысындағы назар аударарлық мәселенің бірі қазақтан шыққан кәсіпкерлер мен саудагерлерге тұқрақты көңіл аудару, оларды мүмкіндігінше ерекшелеу. Қазақтардың арасынан біршама ірі саудагерлердің, малөнеркәсіпшілерінің шыққандығы жәй айтып қана қоймайды нақты фамилиялары бойынша көрсетеді. Мысалы, саудагер М.Бикчетаевтың жылдық сауда айналымы 250 мың рубль болғандығын, ал Баймұхамедов, Қарабалин, Майкопов, Маубеев, Мустаев және Ұрысбаев сияқты малөнеркәсіпшілерінің есімдерінің Ақмола облысы аумағынын да тыс жерлерге белгілі екендігін атап көрсетеді. Бұл есімдерді алғаш ғылыми зерттеу еңбегінде арнайы атап жазғандардың бірі – К.Тұманшин. Ол кездер үшін бұл да жаңашылдық деп есептеуіміз керек. Өйткені біріншіден қазақтардың есімін ерекшелеу партия мен кеңестік органдарда ұлтшылдық ретінде бағаланатын, ал екіншіден саудагерлер мен байлардың есімі атала қалған жағдайда таптық көзқарас тұрғысында тек жағымсыз бейнелер ретінде көрсетілетін. Сауда туралы мәселені зерттеуші бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында оның едәуір азайғандығы туралы қорытындымен аяқтайды.
Зерттеуші бұдан кейін, әдеттегідей қала мен оның оязындағы өнеркәсіптің дамуы туралы мәселені баяндайды. Ол ХХ ғ. басындағы Қазақстанның капиталистік өндіріске барған сайын көбірек тартыла бастағанын және бұның зерттеліп отырған аумақта өнеркәсіп дамуының өрлеуіне ықпал еткендігін 1900 жылы мұнда жалпы өнімінің құны 1018189 рубль болған 101 кәсіпорын туралы дерекпен дәлелдеген. 1900-1903 жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінде біраз тоқырауға ұшыраған қала өнеркәсібінің саны 1907 жылы Омбы, Ақмола және Көкшетау қалаларының өнеркәсіптерінің санын қосып есептегендей, ал жұмысшыларының саны олардағыдан бір жарым есе көп болғанын айтады және өңдеу өнеркәсіптері ішінде тері өнеркістерін еркшелейді. Бұдан кейін бу диірмендерін, теміржол шеберханаларын, консерві зауытын, май өнеркәсіптерін ерекшелей отырып олардың дамуы туралы баяндайды. Солардың ішінен 1915 жылы негізделген, 1 мыңға жуық жұмысшысы болған консерві зауытының жалпыресейлік маңызы болғандығын, ал май өнеркәсіптерінің қала мен оязда кең таралғандығын, олардың өнімдерінің орталық аудандар мен шет елдерге де шығарылып отырғандығын баса көрсетеді.
Автор өнеркәсіп иелері болған қазақтарды да ерекшелей көрсетеді. ХХ ғ. бірінші онжылдығында Б.Қаражанов, А.Мұсатаев сияқты салыстырмалы түрде көрнекті май зауыттарының қожалары болғандығын дәлелдейді. Жалпы К.Тұманшиннің еңбегіндегі қазақ саудагерлері, малөнеркәсіпшілері, енді міне өнеркәсіп қожалары туралы мәселелерді ерекшелей көрсетуден біз зерттеушінің патша отарлауынан басталған қазақтарды надан, дамуға қабылетсіз халық ретінде сипаттайтын ұлыорысшыл, нәсілшіл концепцияларға іштей қарсылығын, оны дұрыс емес деп санайтындығын қазақтар арасынан да капиталистік қатынастар талабын меңгерген адамдардың шыққандығын дәлелдеп көрсетуге ұмтылғандығын байқаймыз. Бұл сол тоталитарлық кезең үшін біршама прогресшіл, шындыққа ұмтылған тарихшының бағыты деп бағалауға болады. Біздің бұл тұжырымды еңбектегі Петропавл қаласындағы басқа ұлт өкілдерінің емес, тек қазақтардың ғана санын үнемі көрсетіп отыруы, қоныстанған орыс шаруаларының жағдайының нашар болғандығы, ал қазақтардың жер шаруашылығымен, шөп шабумен, интенсивті мал шаруашылығымен айналысып, отырықшылыққа көшкендігі — жалпы алғанда шаруашылығында алға басушылықтың болғандығы туралы мәселелерді кеңірек сипаттауы да дәлелдей түседі.
Жалпы өнеркәсіп пен сауданың дамуына талдау жасай келе оның қаланың одан әрі дамуына үлкен ықпал еткендігін халқының санының өсу қарқынымен көрсетеді. Оны 1897 – 1910 жылдардың арасында екі есе өскенде, Ақмолада 32,3 пайыз, ал Семейде – 22 пайыз ғана өскендігімен салыстыра отырып дәлелдейді. Қала басқармасы мен думасының қызметін жан-жақты талдай келіп, әлеуметтік мәселелерге – қаланы көркейтуге, медециналық қызметке, халықтық білімге және жалпы мәдениет саласына көңіл бөлмеген таптық, отаршылдық сипатта болды деп бағалайды. Оның бұл тұжырымдары да шындықты бейнелейді.
Қаланың мәдени өмірінің тарихын демократияшыл интеллигенцияның әрекеті арқылы сипаттайды. Олардың ықпалымен ХХ ғ. басында қалада драматругиялық қоғамдар, қоғамдық жиналыстар мен кітапханалар жанданып, «Корреспондент», «Степная жизнь», «Степная речь», «Приишимье» газеттерінің шыққандығын, бұлардың соңғысында «Мусульманская хроника» атты бөлімде қазақтардың өміріне қатысты мәліметтер де жарияланып тұрғандығын жазған[16]. Бұдан соң бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қала мен ояз тұрғындарының, әсіресе қазақ еңбеккерлерінң жағдайларының нашарлағандығын, таптық қарым-қатынастардың шиеленісе түскендігін айта отырып, социал-демократиялық қозғалыстардың басталуы мен оның барысын кең түрде баяндайды. Айта кететін бір мәселе бұл жерде де автор қазақтардың бұл қозғалысқа қатысуы жөнінде де, олардың аты-жөндерін атай отырып, көптеген деректер келтіруді ұмытпайды.
Петропавл қаласының бірнеше ғалым қатыса отырып, авторлар ұжымы жазған көлемді тарихы Қазақ ССР Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография Институтының ғылыми кеңесінің баспаға ұсынуымен «Ғылым» баспасынан 1985 жылы жарық көрді.[17] Еңбектің біз зерттеп отырған кезең тарихына байланысты мәселелері бірінші және екінші тарауларында баяндалады. Кітаптың кіріспесінде көрсетілгеніндей оның бірінші тарауын М.И.Бених, ал екінші тарауын Э.И.Герасимова мен Е.А.Мозгунова жазған екен.
Бірінші тарау ХІХ ғ. ортасына дейінгі қала тарихына арналған. Тарауда сол кезеңде, яғни ХХ ғасырдың 60-80 жылдарында кең таралған «Қазақстанның өз еркімен қосылуы», «ұлы орыс халқымен мызғымас достық» сияқты концепциялар басымдыққа ие болған, патша үкіметінің отаршылдық мақсат — мүдделері жөніндегі мәселелер айтылмайды немесе көмескілендіріліп көрсетіледі. Бұдан тарау авторының орысшылдық, отаршылдық саясатқа бүйрегі бұрып тұрғандығын аңғару қиын емес. Ол тіптен сол кеңестік кезеңдегі таптық көзқарас бойынша Е.Пугачевті азаттық күрестің батыры ретінде көрсетуге де ұмтылыс танытпайды. Керісінше Е.Пугачев көтерілісі кезінде Петропавл бекінісі мен оның басшылары қатты абыржыды, тіпті қазақтардың оған қосылуын болдырмау үшін бір қазақты дарға асып, сауда жасауға келгендерін сабап, танауын жұлып, таңба басып жер аударды деп жазады. Біздіңше мұның барлығы автордың шовинистік көзқарасының ықпалы, сондықтан бұл кітапты оқығанда осы жағына көңіл аударып отыру керек.
Бекініс 1752 жылғы арнайы экспедицияның барысында Есіл өзенінің оң жақ жағалауында Бабаш көлінің қарсысында үстірттеу жерге салынғанын, алты бұрышты болып келетін оның екі гектардай жерді алып жатқандығын сипаттаған. 1761 жылы маңызды қорғаныстық бекініс алғандығын, оның сыртындағы жерлерге үй салуға рұқсат берілгендігін, сөйтіп ХҮШ ғ. соңында сауда-экономикалық және әкімшіліктік орталықтың біріне айнала бастағандығын жазады.
Автордың Петропавлдың қала дәрежесін алуы туралы пікірлері нақты еместігі байқалады. Ол 1804 жылы Сібірдегі әкімшілік реформасынан кейін Есіл оязындағы юес болыстықтан Петропавл комиссарлығы құрылды, сөйтіп полицейлік басқармаға қатысы бойынша бекіністер мен порттар тұрған қалалардың кестесінің бекітілуімен бұл бекініс қалалар қатарына жатқызылды дей отырып, келесі бетте: «оның Петропавл деп аталуы, шартты түрде қала статусын алуы жөнінде құжат жоқ болса да қала деп есептелді. Мұндай фактылар ол уақыттағы Ресей империясында бола берген», — дейді. Ал бұдан бұрынырақ, Е.Пугачев бастаған көтеріліс кезіндегі жағдайларға тоқтала келіп: «1759 жылдан бастап Петр бекінісін Петропавловск деп атай бастаған», -деп жазады. Сонымен кітапта Петропавлдың нақты қашан бұл атауға ие болғандығы және қай уақытта қала атағын алғандығы айқын болмай қалған.
Бұл тарауда сондай-ақ, айқын, дәлелді деректерсіз үстірт жасалған тұжырымдар да кездеседі. Мәселен: ХҮШ ғ. соңғы ширегінде Петропавловскідегі айырбас сауда Ертіс бойындағы бекіністер мен Троицкдегі сауданы әлдеқайда басып озды»,-дейді.[18] Бірақ нақты деректік мәлімет келтірілмейді. Ал Ертіс бойы қалаларын, соның ішінде Семейді де арнайы зерттеген Ж.Қасымбаевтың тұжырымдары бұған қайшы мәліметтер береді.[19] Бұдан соң: «Шептің (Жаңа Есіл шебі болуы керек-Г.М.) әкімшілігі қазақтар арасында егіншіліктің таралуы жүздегі саяси жағдайдың өзгеруіне көмектеседі деп есептеп, өлкенің егіншіліктік игерілуіне жағдай жасады, сондықтан рубасыларына астық өсіру, шөп шабу, малдар үшін қора салуға табанды түрде кеңес берді. Мемлекет тіптен белгілі бір материалдық шығын да жұмсауға да барды. Мұндай саясат белгілі пайдалы нәтижесін де берді», — деген тұжырым жасайды. Бірақ бұл да ешбір дерекпен дәлелденбеген, автордың қиялындағы ой болып шыққан. Олай дейтініміз аграрлық қатынастарды арнайы және терең зерттеген П.Г.Галузоның, Б.С.Сүлейменовтың еңбектерінде мұндай мәселе айтылмайды, ал деректері мен олар негізіндегі тұжырымдары жоғарыдағы көзқарасқа мүлде қарама-қайшы.[20] Тараудың авторы М.И.Бенюхтың қазақстандық бұл зерттеушілердің еңбегімен ғана емес, жалпы осы кезеңге байланысты басқа да зерттеулермен таныстығы шамалы сияқты, немесе оның тұжырымдары тарихты әдейі бұрмалаған патша заманының зерттеушісіндей әсер қалдырады.
1822 жылғы әкімшілік реформа барысында Петропавл 1824 жылдан бастап Омбы облысының ішкі округының орталығына айналды. Ол тек әскери бекініс қана болып қойған жоқ сонымен қатар жер аударылғандар мен сотталғандардың да орны болды және басқа Батыс Сібір қалаларымен салыстырғанда орташа қала болып есептелді. Қала станицаға (солтүстік-батыс бөлігі) және қаланың өзіне бөлінді. 1849 жылы қалада үлкен өрт болып 450 үй өртеніп кетті. Бұдан соң қаланың жаңа жоспары жасалды. Ол бойынша қаланы еуропалық түрге жақындату көзделді. Кітапта бұл жоспар біршама кеңірек,оның артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де көрсете отырып, сипатталған. Бір көңіл аударарлығы мұсылмандар бейітінің орнына қалалық бақ жасау жоспарланған екен. Тек татар саудагерлерінің талап етуімен бақтың орнына мешіт салуға мумкіндік туған. 1865 жылы қалада тұрғызылған 1390 үй болды, оның 110 кірпіштен салынған екен. Тұрғындарының саны 7845 адам болған. Еңбекте ХІХ ғ. ортасындағы қаладағы өнеркәсіп, қолөнері, сауда орындары, мектептер мен емханалар туралы қысқаша мәліметтер бар.
Кітаптың екінші тарауы Петропавл қаласының ХІХ ғ. екінші жартысындағы тарихына арналған және ол мазмұны бойынша маман тарихшының қолынан шыққандығын байқатады. Бұл тарауды жазған тарихшылардың бірі Э.И.Герасимова, бізге жоғарыдағы параграфтан белгілі болғанындай, Орал қаласының тарихын арнайы зерттеген адам. Сондықтан да болар бұл, екінші тарау кейбір кемшіліктеріне қарамастан, көптеген тарихи деректер негізінде, жүйелі, әрі біршама ғылыми түрде жазылған.
Авторлар крепостниктік құқық жойылғаннан кейін Ресейдің орталық аудандарында басталған капитализмнің қарқынды дамуы ұлттық аймақтарға да өз ықпалын тигізді. 1868 жылы енгізілген далалық облыстарды басқарудың уақытша ережесі негізінде Петропавл Ақмола облысындағы ояздың орталығы болып шықты. Авторлардың ойынша мұндағы сауданың дами түсуіне айырбас саудасының ақшалай саудаға көшуі тиімді әсер етті. Соның барысында ХІХ ғ. 70-жылдарының соңына қарай мал саудасы өз шыңына жетті. Авторлар бұл тұжырымын К.Тұманшиннің мақаласындағы мәліметтер бойынша нақтылай түседі.[21] Сауданың одан ары қарай дамуын Сібір теміржолының Петропавл арқылы өтуімен және шаруалардың қоныстануымен байланыстыра түсіндіреді. Ал сауданың дами түсуі өңдеу өнеркәсібіне ықпал еткенін де нақтылы деректер бойынша айқындайды. Авторлар қалада 1871 жылы қоғамдық банктың ашылуын және тұрғындар санының өсе түсуін осы сауда мен өнеркәсіптің дамуына байланыстыра қарастырады. Қала тұрғындарының 1865 жылғы (7845 адам), 1889 жылғы (16794) және 1897 жылғы жаппай санақ (19688 адам) мәліметтерін келтіре отырып, олардың табиғи өсімнің емес, миграцияның нәтижесі болғандығын анықтаған. Қала тұрғындарының ұлттық құрамы да анықталады: негізінен орыстар, 1500 қазақ, одан соң татарлар, қалған 8-10 % басқа ұлттар: украиндықтар, белорустар, поляктар, өзбектер және т.б. болды.
Бұл кітаптың қалалар тарихына арналған басқа еңбектерден бір айырмашылығы қаланың басқару жүйесінің тарихына кеңірек көңіл аударуында. Оны авторлар төмендегіше сипаттайды. Қаладағы ояздық әкімшіліктік органдар 1869 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Алғаш қала ісімен городничий айналысты, оған полиция мен жергілікті қоғамдық өзін-өзі басқару бағынды. Ратуша қаладағы қоғамдық істерді басқарды, оның жанында қала бойынша шешім қабылдап отыратын көпестер мен мещандар жиналысы өткізілді. Городничий мен ратуша 1873 жылға дейін әрекет етті. Сол жылдан бастап, 1870 жылы қабылданған қала туралы ережеге байланысты Қалалық дума сайланатын болды. Авторлар думаға кімдер сайланды, саны қанша болды, олардың міндеттері мен атқарған қызметі қандай еді деген мәселелерге толығырақ жауап береді. Думаның және оныі атқарушы органының қызметін губернатор мен полицмейстер бақылап отырды. Дума өз бюджетінің 20% -ын полицейлік басқарманы қамтамасыз ету үшін беруге міндетті болды. Оның ақшалай табысының басты көзі жылжымайтын мүліктен, сауда мен кәсіпкерліктен, қалалық жерден, құрылыстан, сондай-ақ қалалық қоғамдық банктың жылдық табысынан жинақталып отырды. Авторлар бұл қалалық бюджеттің негізінен полицияны, түрмені, әскери казармаларды ұстау үшін жұмсалып отырғандығын, қаланың әлеуметтік қажеттіктеріне көңіл аударылмағандығын баса көрсетеді және бірнеше деректер арқылы дәлелдейді.
ХІХ ғ. соңындағы қаладағы өткір мәселелерді: су құбырларының болмағандығын, көшелердің ластануының, базарлар мен мал соятын жерлердегі антисанитарлық жағдайдың, тұрғындардың көпшілік бөлігінің кедейшілігінің мыңдаған адамдардың өмірін алып кетіп отыратын түрлі ауырулар мен эпидемияның таралып отыруына әкелетінін ашық жазады. Медециналық көмектің жоққа тән екенін, оның өзі ауқаттылар үшін ғана берілетінін, дәрі-дәрмектің жеке дәріханаларда 5-7 есе қымбат сатылатынын кең түрде баяндайды.
ХІХ ғ. екінші жартысындағы қаланың мәдени өмірі туралы жазғандарын оқи отырып біз авторлардың мына ойларын ерекшелеуді дұрыс деп ойлаймыз. Қазақ балаларын оқыту үшін 1876 жылы ашылған мектеп-интернаттың отаршылдық мақсатының жемісі екендігі дұрыс көрсетілген. Мектептердің ұлттық және сыныптық түрлерін атап өте келе қаладағы мектептердің сосоловиелік-ведомстволық болғанын, мұны бағдарламалары айқындап отырғанын, орта білімнің тек ауқаттылардың отбасы үшін ғана қол жетерлік екендігін айтады. Жалпы мәдени өмірдің осы жақтарын айта отырып, бұл кездегі Петропавл сауда-өнеркәсіптік орталық бола отырып, керең бұрыш болып қала берді (оставался глухим уголком), — деп есептейді.[22]
ХХ ғ. басында Ресейлік капитализмнің одан ары дамуының барысында ұлттық аймақтарды өз экономикалық иіріміне тарта отырып отар ретінде қанауды жалғастыра берді. Осыны көрсете отырып, авторлар Петропавлдың мал мен ауылшаруашылық шикізатын сататын орталық ретіндегі маңызы арта түсті, ол Солтүстік Қазақстандағы жеке сауда орталығына айналды, — деп есептейді. Қала арқылы өтетін жолаушы және жүк тасымалының жыл өткен сайын арта түскенін деректер бойынша көрсете отырып, тасымалдың басты статьялары, төңкеріске дейінгі Қазақстан экономикасының отарлық сипатын жақсы сипаттайтынын ерекшелейді: сырттан дәстүрлі «еуропалық» тауарлар әкелініп, сыртқа тек ауылшаруашылық шикізаттары ғана шығарылды, 1911 жылы шығысқа 1,7 мың пуд жүк жіберіліп, еуропалық бағытқа 314 мың пуд жүк аттандырылды. Авторлар бұдан басқа да бірнеші деректерді келтіре отырып өз ойларын дәлелдей түседі.
Еңбекте бұл кезеңдегі, яғни ХХ ғ. басындағы тұрақты сауданың дамуы жәрмеңкелердің рөлін азаюына әкелгендігі туралы тұжырым бар. Оны авторлар бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында қаладағы сауда орындарының іріленуімен, көтерме сауда үшін айырбас сарайының әлдеқайда кеңеюімен, 1908 жылы қалалық биржаның ашылуымен байланыстыра отырып дәлелдейді. Біздіңше авторлардың бұл мәселеге қатысты тұжырымдары сенімді болып шыққан.
Тиімді экономикалық конъюктураның қаладағы өнеркәсіптің одан ары дамуына түрткі болғанына көңіл аудара отырып, авторлардың дамудағы өнеркәсіп пен сауданың сипатына аймақтың отарлық жағдайы өз таңбасын қалдырды: тек мал мен астық шаруашылықтары өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ғана болды, — денег тұжырымы шындыққа сай келеді. Сонымен бірге авторлардың төмендегі ойлары да басқа қалалардың өнеркәсібі туралы көзқарастардан біршама прогрессивті деп есептеу қажет. Олар кәсіпорындардың кейбіреуін ғана еуропалық Ресей капиталистері негіздесе, көпшілігі сауда-өсімқорлық саласында жинақталған жергілікті капиталға салынды. Жаңа кәсіпорындардың көпшілігінің қожалары сауда операцияларымен де айналысты. Бұл олардың көп қаржысын жұмсаттырып, қалада өнеркәсіптің дамуын тежеді. Бірақ өнеркәсіптің біржақты дамуының басты себебі царизмнің отаршыл саясаты болды. Авторлардың бұл тұжырымдары да шындықты бейнелейді. Олар өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының негізінен шағын, техникасы нашар болғандығын айта келе, 1915 жылы салынған, 100 адам жұмыс істейтін консерві зауыты, жылдық айналымы 2 млн. рубль болатын жел және су диірмендері сияқты ірілеу кәсіпорындардың да болғандығын, ресейден келетін өнеркәсіптік тауарлартың көптігіне қарамастан қолөнер өндірісінің де кең таралғандығын баяндаған. Олардың ойынша сауданың дамуы банк ісінің де кеңеюіне ықпал етті, соның барысында ХХ ғ. басында Петропавлда жұмыс жасап тұрған Мемлекеттік банктың бөлімшесі мен Қалалық қоғамдық банкке Орыс сауда-өнеркәсіптік банкі, Сібір сауда банкі және Петербургтік коммерциялық банктері қосылды.
Қала тұрғындарының санының 1900 жылғы 21044 адамнан 1915 жылы 65230 адамға өскенін, оның негізінен миграция есебінен болғанын, әсіресе батыс губерниялардан қашып келгендердің санының көбейгендігін айтады. Әлеуметтік құрамында көп өзгеріс болған жоқ негізгі еңбеккерлер — 95,7%, ал дворяндар, шенеуніктер, дін басылары мен саудагерлер – 4,3 % болды. Жұмысшылардың саны салыстырмалы түрде аз болғанын, бірақ оған теміржолшылардың енбегендігін жазады. Өлкедегі царизмнің тірек пункты болған, басқа да әкімшілік орталығындағы сияқты мұнда да казактар көп болды. 1918 жылы олар қала тұрғындарының 8% -ын құрды. Қала тұрғындарының тағы бір ерекшелігі көпұлттылығында дей отырып, басым көпшілігі орыстар, 1/3 бөлігі татарлар, 1/4 бөлігі қазақтар, қалғаны украиндар, еврейлер, немістер, поляктар болғандығын көрсетеді.
Авторлардың есептеуінше ХХ ғ. басында қала біршама шекарасы кеңейді, бірақ абаттандыруға қаржы бөлінбеді. 1913 жылы қалада өлкедегі ең ірі электр станциясы жұмыс істей бастады. Электр қуатын ауқатты қалалықтардың үйлері, дүкендері пайдаланды және бірнеше орталық көшелер жарықтандырылды. Зерттеушілер қалалықтарды медециналық қызметпен қамтудың нашар бола бергенін, онымен салыстырғанда Думаның білім беруге аздап назар аударғанын айтады. Кітап дүкендері, кітапхана пайда болып, 1899 жылдан қаладағы бірінші баспахана ашылып, 1906 жылдан бастап жергілікті мерзімді басылымдар жарық көре бастағаны баяндалады.
Бұдан ары авторлар, ХХ ғ. басындағы қалада экономикалық-әлеуметтік дамудың жалғасқаны, оның барысында әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісіп, революциялық қозғалыстардың алғышарттарының қалыптаса бастағандығы туралы қорытындылар жасайды. Екінші тараудың екінші – «Қаланың қоғамдық-саяси өмірі» атты тақырыпшасында сол революциялық қозғалыстар, социал-демократтардың іс-әрекеттері туралы мәселелер баяндалады.
1.2 Қостанай қаласының тарихнамасы.
Тарихи еңбектерде арнайы сөз болған Қазақстанның солтүстігіндегі қалалардың бірі – Қостанай. Оның революцияға дейінгі тарихы мәселелері «Кустанай: вчера, сегодня, завтра» атты 1979 жылы шыққан көлемі 248 беттік кітаптың төрт тараудан тұратын бірінші бөлімінде салыстырмалы түрде кеңірек сипатталады[23]. Қаланың қалыптасуы тарихына жеке тарау арналған. Қостанай өлкесінің, әсіресе Тобыл бойының бай табиғи флорасы мен фаунасы жөнінде жаза келіп, археологтардың бұл аумақта қола дәуіріне тән ескерткіштерді тауып, зерттегендігін атап өтеді. Кітапта өлкені қосып алғаннан бастап патша үкіметінің мұнда отаршылдық саясат жүргізгендігін, 1868 жылғы «Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлықтарының далалы облыстарын басқару туралы уақытша ереже» бойынша Орал, Торғай, Ақмола және Семей деп аталған төрт облыстың құрылғандығы, соның ішінде Торғай облысы төрт: Ырғыз, Торғай, Елек және Николаев оязға бөлінгендігі жазылады.
Сол, 1979 жылы «Қазақстан» баспасынан тарихи ақпараттық жол сілтегіш жарық көрді[24]. Оның авторы Г.А.Куприн Тобылдың жоғары ағысы бойында ғасырлар бойы көшпелі тайпалардың өмір сүріп келгендігін айта келе, патша үкіметінің отаршылдық мақсатта бекіністер сала бастағандығын, ХҮШ ғ. ортасында Ащы шеп (Горькая линия) құрып, Қостанай облысының солтүстік шекарасы бойында бірнеше казак станицаларын орналастырылғандығын айтады. Осыдан кейін бұл аймаққа Ресей және Украин шаруаларының қоныс аудара бастағанын, ал бұл процестің 1961 жылы крепойтнойлық құқықтың жойылуымен және ХІХ ғ. екінші жартысында Ресейде капитализмнің дамуымен байланысты күшейгендігін айта келе соның барысында Тобыл бойында Қостанайдың негізделгендігін сипаттаған. Автор 1868 жылы Торғай облысының құрылғандығын. Оның ояздарының бірі Николаев атанғанын және оынң сол кездегі, яғни 1970-жылдардағы Қостанай облысының аумағын алып жатқандығын, бірақ оның орталығы шеткері болғандықтан жаңа сауда-экономикалық, әрі бай да, кең аймақты отарлау орталығын салу қажеттігі пайда болғанын. Сол себепті 1870 жылы арнай комиссия Тобылдың Қостанай өткелі маңына қала салуды және ол елді мекенді Конистантинович деп Торғай облысы губернаторының атымен атауды шешкенін жазады. 1879 жылы жазда мұнда Ресейдің Самара, Херсон, Чернигов, Орлов және басқа губернияларынан 1000 –нан астам адамның қоныстандырылғынын, 1881 жылы алғашқы көшедердің пайда болғанын, кейінірек алдымен Шәкір, кейіннен Татар ауылының қалыптасқанын айтады. Бұл еңбекке қарап отырып Жаңа елді мекеннің атының бірнеше ретауысқанын байқаймыз. Ол Ново-Николаевск, обан соң Қостанай, одан кейін 1893 жылы Николаевск, тек 1895 жылы қайтадан Қостанай атын алып барып, ояз да сол атпен аталған екен. Автор бұдан кейін Қостанай атауының мәні мен мағынасы туралы мәселелерге тоқталады. Бұл қазіргі Қазақстанда топонимикалық зерттеулердің нашар жүргізіліп отырған жағдайда, яғни патшалық одан соң кеңестік кезеңдердегі өзгертіліп кеткен, жер-су мен елді мекендердің тарихи атауларын қайта қалпына келтіру ісінің нашар жүріп жатқан кезінде, көңіл аударуға тұрарлық мәселелердің бірі деп есептеймін. Автор Қостанай атауының шығуы жөнінде бірнеше аңыздың бар екенін атап өте отырып, соның ішіндегі екеуіне тоқталады. Қос және Танай есімді екі қызы бар бір кедейді бай руынан қуып жібереді. Қыздарымен ол Тобыл бойындағы осы жерге келіп қоныстанады. Кешікпей оның екі қызы қайтыс болады да сол жерге жерленеді Содан қаланың атын олардың есімімен атайтын болыпты. Ал екіншісі лингивистикалық талдауға негізделген. Қос дегенді қазақ үй деп аударуға болады. Ал танай деген рудың аты. Содан Танай руының тоқтаған мекені ретінде Қостанай де,п аталған делінеді. Екі аңызға да тоқтала отырып,біз қала атының көнеден, қазақ халқының қалыптастырған атауы екендігін көреміз. Қазақстанның көптеген аймақтарындағы, әсіресе солтүстігіндегі қалалар мен елді мекендердің атауларына да осындай тарихи негізде талдау жасау, тарихи атауларын қайтару тұрғысындағы қажетті мәселелердің бірі екендігін қайталай отырып, бұл да болашақ тарихшылардың арнайы айналысуы қажет тақырып деп есептейміз.
Тобыл бойында қаланың негізделуі, — дейді автор, — патша әкімшілігінің ойы бойынша Торғай облысын отарлауды жеңілдетеді. Шынында да, ол еуропалық қоныстанушылардың, ең алдымен Қостанай оязын отарлаудың тірек пункты болды, сөйтіп олардың легі күрт өсті. Олардың көпшілігі Қостанайдан солтүстікке қарай, Тобыл бойын қоныстанып, көптеген жаңа елді-мекендерді қоныстанды және 1910 жылға қарай мұндай ауылдың саны 10-ға жетті. Бұнымен қатар, қоныстанушылар Қостанайдан оңтүстікке қарай да бет алып отырғанын көрсеткен.
Автор сол кезеңдер үшін ояздық қаланың өнеркәсіптік және сауда орталығы ретінде тез дамығанын, тіпті «Оренбургский листок» газетінде Қостанайды «орыстық Чикаго» деп те атағандығын айта келе, «Сборник узаконений о киргизах степных областей» жинағындағы деректер негізінде 1898 жылы қаладағы өнеркәсіп орындары жөнінде мәліметтер келтіреді. Одан соң бұл деректерді 1904 жылға тән Торғай облыстық шолулардағы Қостанайдағы өнеркәсіп орындары жөніндегі мәліметтермен толықтырады. «Бірақ,- дейді автор,- бұл кәсіпорындардың әрқайсысы өте ұсақ және бірден сегізге дейін ғана жұмысшысы бар болды»[25]. Ол сонымен қатар, Қостанайда сауданың, әсіресе жәрмеңкенің уақыт өткен сайын үлкен рөл атқарып отырғанын, жәрмеңкелердің ояздық әкімшілік белгілеген мерзімдеөткізіліпотырғандығын жазады. ХІХ ғ. соңында мұнда екі жәрмеңкенің болғандығын, олардың екі кезеңде: 29 маусымнан 5 шілдеге дейін және қазанның 1 мен 10 аралығында өткізіліп отырғандығын, бұл кездері оларға Қостанай, Торғай, Троицк ояздарының саудагерлері мен сатып алушылардың толып кететінін, басты тауарлары мал, астық, жүн, тері, мануфактура, шәй, қант, ыдыс-аяқ, әйнек, метал бұйымдары, бұхарлық және ташкенттік кілемдер, жібек шапандар, кептірілген жеміс-жидектер, күріш және т.б. болғандығын да кең түрде баяндайды. Жәрмеңкелермен бірге қалада, базар мен шағын (лавкалық) сауданын да гүлденгенін, жалпы сауда да астық сатудың кең тарап, көптеген саудагерлердің шаруалардан арзанға сатып алып, Оралда, Сібірде басқа да облыстарда сату арқылы еселеп артық пайда тауып отырғанын сипаттайды. Автордың келесі бір тоқталған мәселесі бірінші қажеттілік болып есептелетін өнеркәсіптік тауарлармен сауда жасаудың кең көлем алуына ықпал еткен жағдай болды. Оның есептеуінше Қостанайдың темір жол торабынан шеткері орналасуы оязда тасымал кәсібінің дамуына әсер етті. Ол әсіресе Трицк – Қостанай — Торғай жолы бойында көбірек әрекет етті. 1913 жылы Қостанай – Троицк темір жолының ашылуы бұл кәсіптің маңызын төмендетіп, балық аулау, аң аулау, құс өсіру, тұз өндіру сияқты кәсіптердің ерекшеленуіне ықпал етті.
Автордың ойынша Қостанай салыстырмалы түрде тез өсті. Бұл тұжырымын ол қаладағы мәдени орындар мен мектептер туралы мәліметтер арқылы дәлелдемек болады. Бірақ біз бұл мәселелер көлемінде оның орыстық шовинизмге бой алдырғанын көреміз. Мәселен ол «қаланың рухани әкелер мен әкімшілігінің бастамасымен ең адам көп жиналатын Базар алаңында православтық собор салынды», — дей келе шіркеулердің, трактирлер мен сыраханалардың санын термелеп кетеді. Демек оның жазғанына қарасақ, отаршыл әкімшілік пен отар аймақтардағы жергілікті халыққа жат орыстандыру ошақтарының, орыс өктемдігінің орталықтарының бірі болып есептелетін шіркеулердің басшылары аса жоғары бағаланады. Ол сондай-ақ қазақтарды орыстандырудың төте жолының бірі болған орыс-қазақ мектептерін «мәдениетсіздік пен діни фанатизммен күрес» орны ретінде көрсетеді, бұл бағыттағы Ы.Алтынсариннің еңбегіне баса тоқталады.
Солтүстік Қазақстан қалаларының ішінде Петропавлдың тарихы біршама ғылыми негізде зерттеліп, экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуының барысы жүйеленген. Дегенмен кеңестік кезеңде жарияланған, жазылған бұл еңбектерде біршама кесшіліктер мен кереғар, тіпті жаңа тарихи ой дәрежесімен алғанда сын көтермейтін тұжырымдар мен концепциялар орын алған. Мәселен қаланың дамуындағы «Ресейге қосылудың прогрессивті маңызы», орыс отаршылдығын «жоңғардың қаупі, күрделі халықаралық жағдайдың» салдары ретінде ақтауға тырысу, мәдени өмірдегі «орыстардың өркениетті миссиясы» сияқты концепциялар қайталанып отырады. Бұл тұжырымдар бүгінде ескірген. Сондықтан Петропавл тарихының көптеген мәселелерін жаңаша пайымдау керек. Ал Қостанай тарихына арналған еңбектер негізінен көпшілікке арналған танымдық тұрғыда жазылған. Сондықтан ол арнайы, ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді.
2-ТАРАУ. ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫ.
- Ақмола қаласының қалыптасуының зерттелуі.
Ақмола қаласының тарихына арналған алғашқы көлемді еңбек 1959 жылы жарық көрді[26]. Оның авторы тарихшы емес – А.Дубицкий деген жазушы. Кітапша 126 беттен тұрады. Оның алғашқы 30 беттейі біз қарастырып отырған кезеңге, яғни революцияға дейінгі Астана қаласының тарихына арналған және ондағы басты ойлар мен тұжырымдар автордың кейініректе жарық көрген екі кітабына арқау болған, кейбір мәліметтері қайталанып та жатады. Біз алдымен, бұл кітапшадағы басқаларында кездесе бермейтін кейбір көзқарастары мен пайымдауларына тоқталайық. Автор бекіністің пайда болуы және оның алғашқы тұрғындары жөнінде айта келіп: «Бекініс тұрғындары толықтай дерлік ерлерден құралды. Мұндай жағдай басқа да бекіністерден байқалды. Сондықтан 1825 жылы ақпанда үкімет батыс-сібірлік генерал-губернаторға «жатжұрттықтардың» қыздарын айырбастап және сатып алып, шоқындырып, «әйел жынысын қажет ететіндердің» отбасына орналастыруды» тапсырды. Өздеріне осы жолмен әйел алғандарға ақшалай силық берілді, ал сатып алынған немесе айырбастап алынған кәмелетке толмаған қыздар 15 жасқа жеткенше нанмен және ақшалай қамтамасыз етілді. Бұл шығындар «қоғамдық пайдалы тұтыну үшін жұмсалатын шығын» ретінде жергілікті алым-салықтар есебінен алынды», — делінген қазақстандық тарихнамада көп кездесе бермейтін деректі келтіреді[27]. Бұл патша үкіметінің отарлық саясатының тағы бір қырын көрсетеді және оның алғашқы сатысындағы құйтырқы әрекетін әшкерелей түседі. Автордың басқа пікірлері жоғарыда айтылғандай кейінгі еңбектерінде жазылғандықтан оларды бірге келтіреміз. Тек айырмашылықтарын жеке, жалпы талдаудан соң қарастыруды дұрыс деп есептейміз.
А.Дубицкийдің келесі еңбегі 1965 жылы жарық көрді[28]. Еңбек негізінен алғанда, автордың өзі көрсеткендей деректерге, кейбір құжаттарға сүйене отырып, қала туралы қысқаша, көпшілікке арнап, тың өлкесіне жаңа қоныстанғандарға пайдалы болады деген оймен жазған. Дегенмен төңкеріске дейінгі және жекелеген облыстық мұрағаттардың деректері пайдаланылған, кейбір ғылыми қызметкерлердің кеңестері ескерілген. Сондықтан да бұл кітап әдеби шығармадан гөрі, саясиландырылған тарихи еңбекке жақындау. Кітап бес тараудан және хронологиялық көрсеткіштен тұрады. Ол тараулардың алғашқысы қазіргі Астана қаласының біз қарастырып отырған революцияға дейінгі кезеңіне арналған және ол «Ақмола» деп аталған. Онда жалпы Қазақстан, соның ішінде Есіл өңірі тарихы мәселелері де көбірек баяндалады. Біз солардың ішінен революцияға дейінгі Ақмола тарихына қатысты көзқарастарына ғана талдау жасамақпыз.
Автор 1824 жылы Қарқаралы және Көкшетау ішкі аймақтарының (округ) құрылғанын, сол кезде Ақмола округін де құру жоспарланып, бірақ қаржы жетіспегендіктен оның орындалмай қалғанын, тек 1829 жылы Қарпық және Қуандық болыстықтарының болысы Қоңырқұлжа Құдаймендиннің орыс үкіметіне қармағындағы ауылдарға қарақшылық шабуылдар жасалатындығы туралы шағымынан кейін бұл округты құру мәселесінің шешілгендігін жазады. Бұдан соң 1830 жылы 28 мамырда Шубин бастаған әскери топтың шыққандын, оның басты күшінің алғаш қазіргі қаладан 30 шақырым жердегі Ақмолада бекініс салмақ болғандығын, бірақ оның Нұра мен Есіл өзендерінің көктемде тасып, ойпатты су басып кететін болғандықтан қолайсыздығын ескеріп, Қараөткелде бекініс құрылысын бастағандығын, тек оның алғашқы атаумен қалғандығын баяндауы назар аударарлық мәселе деп ойлаймыз. Өйткені бұл мәселе басқа зерттеушілердің еңбектерінде айқын айтыла бермейді. Автор сол, 1830 жылы 7 қыркүйектегі Чириковтың рапортында күніне 120-125 адам жұмыс істеп жатқан Қараөткелде адамдар мен аттарға арналған құрылыс жұмыстарының жүріп жатқандығын хабарлағандығы, бірақ құрылыс материалдары жетіспегендіктен оның тоқтап қалғандығы жөнінде де деректер келтіреді. Сонымен автордың пікірлеріне қарай отырып, қазіргі Астананың алғашқы негізі Қараөткелде қаланғанын, тек атауы патша үкіметі негіздемек болған Ақмола болып қала бергендігі және оның кейін кеңейе келе оның да, яғни Ақмоланың да аумағын қамтығандығы туралы түсінік қалыптасатынын байқаймыз. Бұл болашақ зерттеушілердің айқындауы қажетті мәселелердің бірі.
Кітапта Ақмола бекінісінің басқа еңбектермен салыстырғанда біршама толық сипаттамасы берілген. Сондықтан да оған тоқтала кету қажет деп ойлаймыз. Алғаш бекініс қазылған ормен, жал топырақпен қоршалып, бес бастионы бар шаршы (квадрат) тәрізді болыпты. Оның солтүстік –шығыс жағы әлсіздеу болғандықтан солтүстік бастионда мұнара орнатылыпты. Шығыс жағында бірнеше тастан және балшықтан жасалған казармалар болыпты. Мұнаралардың төменгі жақтары балшықтан, екі зеңбірекке арналған орын қалдырылып, жоғары жағы бөренеден мылтықтан атуға қолайлы етіп жасалған екен. Бекіністің оңтүстігі өзенге тиіп жатса, солтүстік-батысында қамысты батпақ болды, батысында – шағын өзен ағатын, ал шығысы мен солтүстік-шығысында ашық дала жатты. Автордың бұл сипаттауынан біз бекіністің ең алдымен әскери отарлау саясатының жемісі ретінде бой көтергендігін көреміз.
Кейінірек бекіністе үйлер, казармалар, оқ-дәрі қоймалары пайда болып, әскери басшылар, әскерлер мен шенеуніктер тұрды. Бекініс сыртында қызмет мерзімі біткен солдаттар, жер аударылғандар, ұсақ қолөнершілер мен саудагерлер тұра бастады. Дегенмен автордың сипаттауларынан байқайтынымыздай бұл кезде де бекініс әскери-отаршылдық маңызын сақтап қалған. Кітапта сол кездегі Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық соғысына кері баға беру, тонаушылық ретінде көрсету басым орын алған. Ал казактарды керісінше батыр, ержүрек жауынгерлер ретінде сипаттауға ұмтылады. Сөйте отырып, Кенесары Қасымов көтерілісімен байланысты 1845 жылы Ақмолаға 100 казак отбасы көшіріліп келіп Ақмола станицасын негіздеді дейді. Автор Ақмола станицасын жеке бір ауыл (поселок) ретінде сипаттайды. Ол ауыл асығыс шабылған, әдетте, қараңғылау дәлізі екіге бөліп тұратын екі бөлмелі ағаш үйлерден тұрды. Әсіресе Г әрпіне ұқсас «глаголь» деп аталып кеткен үйлер кең таралды. Сонымен, кітапты оқи отырып, бекініс бір бөлек, ал станица бір бөлек болғандығы жөнінде көзқарас қалыптасады. Дәл осы ұғым А.Дубицкийдің 1986 жылғы кітабында да қайталанады[29]. Басқа еңбектерде дәл осы мәселе айқын жазылмаған, яғни қазіргі Астананың Ақмола деп аталған Қараөткелдегі бекетінің негізінде дамығандығы, немесе Ақмола станицасының негізінде дамығандығы жөніндегі мәселе әлі де болса нақтылауды, айқындай түсуді қажет етеді деп есептейміз.
Ақмола станицасы 1851 жылдан бастап, — дейді одан әрі автор, сауда орны ретінде дами бастады. Петропавловск – Ташкент – Кашқар керуен жолында маңызды орын алғандықтан, Сібірден, Ресейдің ішкі губернияларынан көпестердің көптеп келгендігін, тұрғындарының да санының өскендігін деректер негізінде баяндаған. Автор өзінің жоғарыда айтылған екі еңбегінде де 1862 жылы Ішкі істер министрінің Сібір комитетіне жазбасында Ақмола станицасын аймақтық (окружной) қалаға айналдыруды негіздегендігін, оның 12 қыркүйекте Сібір комитетінің мақұлдап, 26 қыркүйекте патшаның бекіткендігін, бұл статусты шартты түрде жариялаудың 1863 жылы 16 шілдеде өткізілгендігін жазады[30]. Бірақ автордың кейінірек, 1986 жылы шыққан кітабында: «1868 жылы Ақмола ояздың орталығы (алты жылдан кейін, 25 мамыр 1874 жылы қала) болды», — деген сөйлем бар[31]. Бірақ автордың соңғы екі еңбегінде де және басқа зерттеушілердің еңбектерінде де бұл мәселеге түсініктемелер берілмеген, сілтеу жасалмаған, немесе айтылмай кеткен. Сол себепті бұл мәселені нақтылау, яғни Ақмолаға қала статусының 1862 жылы берілгендігін, немесе 1874 жылы берілгендігін айқындап, дәлелді түрде тұжырым жасап, бір көзқарас қалыптастыру да керек.
Бұрынғы Ақмола қаласының Астана аталып, тәуелсіз Қазақстан Республикасының елордасына айналуына байланысты, оның өткен тарихына қызығушылық арта түсті. Міне дәл осы кезде оның өткен тарихына айырықша назар аударып, арнайы зерттеу жұмыстарын жаңа тарихи көзқарас тұрғысында зерттеген ғалымдардың бірі Ж.Қ.Қасымбаев болғандығы белгілі. 1998 жылы ғалым тарихшылар, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қасымбаев пен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Ж.Ағубаевтың ХІХ –ХХ ғ. басындағы Ақмола тарихына арналған зерттеулері, деректер мен түсініктемелері топтастырылған көлемді еңбек жарық көрді[32]. Авторлар кітаптың аннотациясында оның мұндай кешенді сипат алуына тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының өткендегісіне қоғамдық қызығушылықтың артқандығы түрткі болғандығын атап көрсетеді.
Кіріспеде адамдардың тас ғасырының өзінде Есіл мен Нұра жағалауларын игере бастағандығын, ал ортағасырлар дәуірінде Ақмоланың даласында қуатты да, айбатты дала билеушілерінің ордасында тулары желбіреп тұрды, ал ХҮ ғасырда қазіргі Атбасар маңында басты қарсыласы Шынғыс тұқымы Мұстафаның әскерін талқандаған Әбілхайыр хан орталықтанған феодалдық мемлекет құрғанын, бұл жерде қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов бастаған әлемдік тарихтағы ХІХ ғасырдағы отаршылдыққа қарсы күрестің ең ірілерінің біріне байланысты оқиғалардың болуының да кездейсоқ емес екендігі атап көрсетілген.
Кітап үш үлкен тарауға бөлінген. Олардың құрылымы дәстүрлі ғылыми зерттеу еңбектерінен бөлектеу. Қаланың қысқаша тарихы, деректер және оларға түсініктемелер хронологиялық жүйе бойынша қатар және, бірінен соң бірі жалғасып жататындай жүйеге негізделіп жазылған. Мұқият оқымаған адам, алғаш тарихи зерттеулерді деректік мәліметтермен шатастырып алуы да мүмкін. Авторлар оны ескерген болуы керек, деректер «ариал» шрифтімен, ал тарихи мәтіндер әдеттегі «таймс нео роман» әріптерімен, яғни бір-бірінен ажырата отырып жазылған. Келтірілген әрбір деректің аты, соңында алынған орны, яғни әдебиеттері немесе мұрағаты толық көрсетілген. Кітаптың соңында ескертулер ретінде пайдаланылған деректерге сілтеме мен қосымша деректік мәліметтер мәтіні топтастырылған.
Еңбектің бірінші, негізгі бөлімінің құрылымына арнай көңіл бөлген дұрыс деп есептейміз. Бірінші тарау Ақмоланың пайда болу тарихына арналған. Ол «Ақмола сыртқы окургының ашылуы», «Ақмола округтық приказының салына бастауы және қоныстың пайда болуы», «Ақмола Кенесары Қасымов бастаған көтеріліс кезеңінде» атты тақырыптарға бөлінген. Ал «Ақмола өзінің қалыптасу кезеңінде» атты екінші тарауда экономикалық және әкімшіліктік жүйе тарихы мәселелері ерекшеленген. Үшінші «ХІХ ғ. соңғы ширегі мен ХХ ғ. басындағы Ақмола тарихы» аталған тарауда қаланың сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы, қаланы басқару, денсаулық сақтау, білім және қоғамдық өмір мәселелері ерешелене отырып зерттелген. Кітаптың осындай тақырыптық жүйесі, оның Ақмола қаласының ХІХ –ХХ ғ. басындағы дамуының барлық қырларын қамтуға бағытталғандығын байқатады. Оның үстіне әзірге еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қалалар тарихы мәселесі арнай жазылған бірден-бір еңбек болып отыр. Көптеген мәселелер бойынша авторлар жаңа тарихи ой негізінде, соны тұжырымдар жасап, жаңаша пікірлер айтады. Сондықтан да еңбектің тарихнамалық құны жоғары. Оны жан-жақты талдау да қажетігі осыдан-ақ байқалады деп ойлаймыз.
Зерттеушілер бірінші параграфты ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Ресейдің Қазақстанға қатысты саясатының басты бағыттарын сипаттаумен бастайды. Патша үкіметінің хандық билікті сақтай отырып, қазақ ақсүйектерін ресейлік өктемдікті өз еркімен қабылдауға икемдеу әрекетінің күткен нәтиже бермегендігін. Қазақ жерін Ресей империясының құрамына қосу әрекетінің ұзақ және күрделі сипат алғандығын, қазақ хандарының өздеріне шын берілген вассал ретінде сенімсіз екендігін Е.Пугачев пен С.Датов көтерілістері кезіндегі оқиғалардың көрсеткендігін айта келіп, соның барысында патша үкіметінің Қазақстанды қосудың күштеу тәсіліне көшкендігін айтады. Бұл негізінен алғанда шындық. Дегенмен авторлар Ресейдің Қазақстанды бағындыру әрекетінің ұзаққа созылғандығының және царизмнің күштеу әрекетіне көшуінің басты себептерінің бірі сол С.Датұлы, К.Қасымұлы, Ж.Нұрмағамбетов бастаған және басқа да халық соғыстары мен көтерілістері екендігін көрсете кетуі қажет еді. Сонда мәселе айқынырақ, әрі кеңірек түсінікті болатын еді. Кітаптың авторлары Омбы, Орынбор, Семей, Өскемен, Орал және басқалар сияқты қала-бекіністері сияқты Ақмоланың да Қазақстандағы Ресей ықпалын ( позициясын) бекітудегі басты стратегиялық орталықтың бірі болғандығын атап көрсетеді. 1822 жылғы патша үкіметінің Орта жүздегі хандық билікті жою үшін жасаған әкімшілік реформасының мәні мен мазмұнын, кемшіліктерін көрсете отырып, Сібір қазақтарының Жарғысы негізінде 1824 жылы Көкшетау, Қарқаралы, 1831 жылы Аягөз округтерінің құрылғанын жазады. 1929 жылы сұлтан Ғ.Уәлиев, одан соң сұлтан Қ.Құдаймендин әрқайсысы өздеріне қарасты болыстықтардың аумағында жаңа сыртқы округ құру туралы Батыс Сібір әкімшілігіне өтініш жасағандығын, мұндай өтініштердің басқа да сұлтандардан келіп түскендігін, соның барысында округ ашу мәселесін айқындау үшін қазақ даласына бес отряд аттандырылғандығын баяндайды. Осы мәселелердің өзі-ақ, яғни сұлтандардың өтініш жасауы, ең алдымен олардың өздерінің билігін кеңейту мен нығайту үшін болғандығын, халықтың көпшілігінің еркінен тыс әрекет еткендігін көрсеткенде мәселе айқынырақ болар еді деп есептейміз. Ақыры Ақмола округын құру туралы шешім қабылданады. Ақмола округының құрылуы сөз жоқ оның орталығын айқындаудан басталады. Бұл да белгілі бір дәрежеде даулы мәселе айналғандығы, басты тартыс Қ.Құдайменде мен Ғ.Уәлиевтың арасында жүргендігі, нәтижесінде Қасым сұлтанның отбасымен онсыз да шиленісті жағдайды ушықтырғысы келмеген билеушілер Ғ.Уәлиевтың өтінішін қанағаттандырмай, жергілікті ақсүйектер арасында беделді Қ.Құдаймендені қолдап, соның болысы орналасқан аумақтан ашуды ұйғарды. 1830 жылы Ақмола сыртқы округын ашу үшін Алтай және Қарпық болыстарына арнайы отряд аттандырылады. Авторлар бұл отрядтың бірден-ақ Қ.Құдаймендин ауылы отырған Ақмолаға бет алғандығын жазады. Сол отряд басшысының жүргізген шаралары туралы бастығына жазған рапортын келтіре отырып, Ақмола сыртқа округын ашу мен жаңа тәртіпті орнатудың рапорттағыдай жеңіл, әрі тыныш өтпегендігін, Қ.Құдайменде мен оның туыстарына бағынған қарпық және алтай руларының жаңа басқару жүйесін мойындағандығын, ал қыпшақ, шұбыртпалы руларының мойынұсынбағандығын, тарақты және тама руларының казак — орыстардың талауы мен тонауынан құтылу үшін, әрі жазғы бай жайылымдықтарынан айырылмау үшін жаңа округ құрамына енгендігін, кейіннен дәл осы рулардың К.Қасымұлы бастаған көтеріліске белсене қатысқандығын сипаттайды. Бұл жерден біз, авторлардың деректік мәліметтерге сыни тұрғыда талдау жасағандығын, сөйте отырып өз тұжырымдарын ұсынғандығын байқаймыз. Ол тұжырымдары өте дұрыс. Тіпті келтірілген деректің өзінде жекелеген қарсылықтар туралы да жазылған. Мәселен, Ақмола сыртқы округын ашуға жіберілген отряд бастығының өзі аталған рапортында Қөқсал болысына барғанда Ниязбек би оларға берілген шақыру хатын алудан бас тартып, тіпті орыстарды бастап алып келген Құлбек биге пышақ ала жүгіргендігін, ал Шұбыртпалы, Тоқтағұл, алтай болыстарының келеміз деп айтқанымен, уақытында келмей қалғандығын көрсетуге мәжбүр болған. Осылардың өзі жекелеген қазақ руларының орыстық тәртіпті мойындауға наразы болғандығының айқын дәлелі емес пе? Сондықтан да оны түсініктеме мәтінінде жазған жөн болар еді. Әлде авторлар нақты үзінді ретінде келтіріп отырғандықтан көп қажет деп ойлады ма екен?
1831 жылғы қараша айына қарай Ақмола округының құрамына 131 262 адамы бар 3576 ауылдың кіргендігін, ал округтың ресми түрде 1832 жылы 9 қаңтарда ашылғандығын Ақмола атауы мен оның нақты орны мәселесіне тоқталады. Ол бойынша, алғашқы шешім бойынша округтың орталығы қазақтар арасында Ақмола деп аталған жер болып белгіленгенімен, кейіннен ол өзгертіліп, Есілдің оң жақ жағалауына салынған екен, қала да сол жерде бой көтеріп, алғашқы атауын сақтап қалыпты. Ақмола сыртқы округының басшылығына Қ.Құдаймендин және жергілікті аты мәлім билерден екі кеңесшісі, екі орыс заседетельдері, сондай-ақ орыстардан бір хатшы, бір аудармашы енгізілді. Округқа кіретін болыстықтар мен олардың басшылары белгіленді. Авторлар Ақмола сыртқы округы болыстықтарының саны бойынша Қазақстандағы ең ірісі болғанын атап көрсеткен.
2.2. Ақмоланың қала ретіндегі дамуының зерттелуі.
А.Дубицкийдің 1965 жылы жарық көрген еңбегінде 1868 жылғы уақытша ережеге тоқтала келе Ақмола облысының құрылғандығын, Ақмоланың сол кезде ояз орталығы болғандығын, соның барысында қаланың ірі сауда орталығына айналғандығын жазады. Орталық ресейдің ғана емес шығысындағы Бішкек, Ташкент, Бұхара және басқа қалалардан да келетін тауар керуендері өтіп, ресейлік қана емес шет елдерден, Батыс Еуропадан да көпестер келіп жатты. 1890 жылы Ақмола оязының сауда айналымы 9 миллион рубль болса, оның 2 миллион 239 мың рублі алып келінген тауарларды сатудан түсті. Автор үш кітабында да Ақмола қаласының әсіресе 1890-1891 жылдарда ерекше өсе түскендігін атап көрсетеді[33]. Оны осы кездердегі қалалық басқарма үйінің, қонақ сарайының, шіркеудің, көпестердің үлкен үйлерінің, дүкендердің, қоймалардың салынуымен және қалалық бақтың ашылуымен түсіндіреді. Бұдан соң Константинов және Дмитриев жәрмеңкелері жөнінде айта келе, ол кезде қала өмірінің біраз жанданатынын, содан соң қайтадан тыныш, адамы аз қалаға айналатынын, Есілдің жағасындағы сұр үйлер мұңды өмірді елестетсе, шеткері жақтағы қазақ жатақтарын қыста төбесіне дейін қар басса, жазда күн күйдіріп, аптап аңызақ жел ен даладан гуілдеп тұрды. Қаланы көргендердің мәліметтері негізінде, онда бестен аспайтын «жалықтыратын мещандық архитектуралы» тасты құрылыстың және бірыңғай фасады мен кіре берісі бар көпестерге тиісті бірнеше үлкендеу ағаш үйлер болғанын, қалған тұрғындардың бір қабатты шағын үйлерде тұрғанын жазады. Кең, әрі ұзын көшелер тазартылмайтын, жел шаң мен қоқысты аспанда шыр айналдыратын. Нан базарында жиырмашақты ағаштан жасалған шағын қымызхана, тұшпарахана мен мәнтіхана болды. Қалаға бірнеше керосин және спиртті шамдар жарық түсіретін. Ол кездері қалада тек тоғыз ғана жоспарлы көше болғанын, қалғандарының жүйесіз, қалай болса солай, қожайындардың қалауынша салынғандығын, кейінірек көше шамдарының санының отызға дейін жеткендігін баяндайды.
Ақмола қаласының аумағы төрт бөлікке бөлінгендігі және олардың бекініс, қала, станица, слабодка деп аталғандығы, бұлармен қатар қала сыртында жел диірмендерінің көп болғандығы, қалада өрттің жиі болып тұратындығы, тіпті 1909 және 1916 жылдарда болған өрттен қаланың үштен біріне жуығының өртеніп кеткендігі да кең түрде жазылған. Мектеп пен мәдени – ағарту мекемелерінің өте аз болғандығы, қазақтарда жалпы білім беретін мектептердің мүлде болмағандығы, кейбір қазақ балаларының кішкентай татар медресесінде немесе молданың үйінде сауаттылық пен құранның негіздеріне үйренетіндігі айтылады. Қалада жалпы саны 200 ден сәл асатын жұмысшыларды құрайтын шағын кәсіпорындардың болғандығы, ұйымдасқан пролетариаттың болмауы үкіметтің жер аударған революционерлерді жіберетін орынға айналдыруына ықпал еткенін, ең жақын теміржол станциясынан 500 шақырым қашықта тұрғандығын, почта, қажетті жүктерді көлікпен таситынын, әсіресе қысты күндері тапталған қармен, ал қар кеткеннен кейін жер құрғаған кезде астық, жүн, тері, май басқа да ауыл шаруашылық өнімдері сыртқа шығарылып, сырттан қалаға ағаш, өнеркісіп заттары, көмір, керосин және тағы басқалар тасылатындығы, темір жол жүйесіне қосу жөніндегі әңгімелердің ұзақ жылдар аяқсыз қалып, ақыры, Орск – Ақмола – Семей жолын салу туралы акционерлік қоғам құрылып, жұмысы басталғанымен азамат соғысының басталуына орай аяқталмай қалғандығы сипатталады. 1913 жылғы Ақмола оязындағы жағдайды жаза келе, қаланың өзінде 16411 тұрғын болғанын, екі шағын кітапхана, коммерциялық клуб пен «Прогресс» атты жекеменшік кинематограф жұмыс істегенін, кітапханадан кітапты тек мұғалімдер, шенеуніктер мен оқушы жастар ғана алып отырғанын, жалпы жұртшылықтың телефон, радио, электр жарығы дегеннің не екенін де білмегенін, дәрігерлердің болмауынан әртүрлі жұқпалы ауырулардың көп тарап, адамдардың жиі өліп отырғандығын да шынайы баяндайды.
Қала тұрғындарының басымкөпшілігі шаруалар болды. Олардың басты тіршілік көзі егіншілік пен мал бағу еді. Егістік жерлер қала сыртында шашырай орналасты. Шөпті Нұраның, Сарқыраманың, Қозыкөштің, Есілдің жағалауларынан, жақын жатқан сайлардан шауып отырды. Қалада 1913 жылы 9 кірпіш зауыты, 4 қыш құмыра шеберханасы, 2 механикалық диірмен, 21 ұстахана, 2 тері өңдеу, 2 ішек тазарту, сондай-ақ май шыжғыратын, жүн жуатын – барлығы 208 жұмысшысы бар 40 кәсіпорын болды[34]. Бұлармен қатар жүзге тарта жел диірмендері жергілікті тұрғындардың тұтынуы үшін және де бір бөлігін Ресейдің басқа аудандарына жөнелту үшін ұн тартты. Кәсіпорындарда, екі механикалық диірменді есептемегенде, барлық жұмыс қолмен атқарылды. Еңбек өнімділігі төмен болды. Жасалған бұйымдар негізінен жергілікті базарлар мен жәрмеңкелерде сатылды, тек өте аз бөлігі ғана басқа қалаларға шығарылды. А.Дубицкий осылардың барлығын жаза келе, аймақтағы революциялық қозғалыстар тарихына кең тоқталады.
Енді біз А.Дубицкийдің осы үш кітабындағы революцияға дейінгі Ақмоланың тарихына қатысты жазылған мәліметтеріндегі айырмашылықтарға талдау жасайық. Автордың қала тарихына қызығушылығын ерекше атай отырып, біз 1959 жылы «Акмола – славный город» және 1986 жылы «Город на Ишиме» деген атпен жарияланған еңбектерінің негізінен алғанда ұқсастау екенін байқаймыз. Соңғы кітабында қала тарихын біршама деректер бойынша кеңейтіп, толықтырған. Бірінші кітапшасында Кенесары туралы және Есіл бойын зерттеушілер арнайы тақырыпшалармен ерекшеленсе, соңғы кітапта оларға тақырыпшалар берілмеген, тіпті Есіл бойын зерттеушілер жөніндегі мәселе мүлде алынып тасталған десе де болады. Олардың біразы «Где течет Ишим» атты 1965 жылы шыққан екінші кітабында айтылады. Дәл осы екінші кітабы жалпы Есіл бойы, Ақмола өңірі жөнінде кеңірек баяндау негізінде көпшілікке арналғанымен, қала құрылысы, жалпы жағдайы туралы біршама кеңірек сипаттамалар беруімен құнды. Оларды біз жоғарыдағы талдаулар байқадық.
Ж.Қ.Қасымбаев пен Н.Ж. Ағубаев Ақмоладағы алғашқы құрылыс жұмыстары туралы мәселеге біршама көңіл аударған. Патша отаршылдарының алғаш салған құрылыс мекемесі казарма, атқора, дүкен болыпты. Алғашқылардың бірі болып келген сотник Г.Чириковтың әрекеті басқыншылардың тонау мен баю үшін келгендігін айқын байқатады. Ол офицерлер үйі деп жасатқан үйдің құрылыс жұмыстары біткеннен кейін, өзінің жеке меншігіне айналдырып алуына мүмкіндік берілмеген соң, Қ.Құдаймендин екеуі арасында араздасу басталады. Бұдан соң арнайы құрылыс үшін әскери бөлімнің адамдары жіберіледі. Олар 1834 жылы округтық приказға және шенеуніктерге арнап үйлер салынады. Алғашқы ағаштан тұрғызылған екі бөлмелі жекеменшік ағаш үй әскери отрядтың бастығына арналды. 1835 жылы қарағайдан жасалған үш бөлмелі үй пайда болыпты. Қызметшілердің көпшілігі бұл кезде жартылай жеркепелерде тұрған екен. 1822 жылғы Жарғының негізінде әскери казарманың бір бөлмесі ауырухана ретінде белгіленген екен, бірақ оған қазақтар келмеген соң жабылып қалған. 1836 төрт бөлмелі үйде дәріханасы бар әскери лазареттің болғандығы жазылады. Осылармен байланысты жазған авторлардың төмендегі ойлары құптарлық деп білеміз. Олар ресейлік шенеуніктердің қазақтар өмірі туралы өте үстірт түсініктерінің болғандығын, көшіп жүрген қазақтардың шұғыл дәрігерлік жәрдем алу үшін лазаретке ондаған, кейде тіпті жүздеген шақырым жерден келе алмайтынын түсінбегендігін, ол кездері Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалдың салыстырмалы түрде жақсы болғандығын, әртүрлі жұқпалы ауыруларды кейіннен қоныстанушы – шаруалардың алып келгендігін және солардың арасында кең таралғандығын атап көрсеткен.
Зерттеушілер Ақмолада тұтқындарды ұстайтын түрме салу қажеттігін жоғары орындарға жазған бірнеше құжатты келтіре отырып, Қазақстанда құрылған округтардағы мемлекеттік органдардың жазалаушылық қызмет атқаруға үлкен маңыз беріп отырғандығын, соның нәтижесінде 1835 жылы Ақмолада үш бөлмелік түрме, ішінде әскерилерді қамайтын гарнизондық гауптвахтасы бар үй тұрғызылған көрсетеді. Аталған құрылыс орындарымен қатар 1836-1837 жылдардағы құжаттарда қойма, приказ қызметкерлері үшін монша салынғандығы туралы мәліметтердің кездесетінін, 1838 жылы облыстық архитектордың Ақмолада жаңа, тас тұғырда, асханасымен казарма салудың жобасы жасалғанын, бірақ Ақмола түбінде Кенесары Қасымұлы жауынгерлерінің тұтқиылдан пайда болуы ол жоспарды өзгерткендігін жазған.
1839 жылы округтық приказ арық жүргізілген топырақ дуалмен, қоршалды. Ағаштан, кейіннен саз балшық кірпіштен басқа да құрылыстармен қосылып, әскери бекініс жүйесін айнала қоршайтындай етіп, қорғаныстық казарма салу басталды. 1840 жылы шығыс және батыс жақта, 1841 жылы солтүстік жақта қорғаныс казармалары салынып, тастан оқ-дәрі қоймасы және аға офицерлерге арналған үй тұрғызылды. 1842 жылы үлкен етіп жаңадан әскери лазарет, одан кейінгі екі жылда саз балшық кірпіштен тағы да үш қорғаныс казармасы салынады. Авторлар мұның бәрін тәптіштеп баяндайды. Бұдан соң бекініс сыртынна округтық приказ қызметшілерінің, әскерлердің үйлері салынып, бұл соңғыларының санының да көбейгендігін, сөйтіп, 1840 жылы Ақмола сыртқы округының аумағында 65 жеке меншік құрылыс тұрғызылса, ол 1844 жылы жартылай жеркепелерді қосқанда 162 –ге дейін өскендігін баяндайды. 1842 жылы аға сұлтан Қ.Құдаймендиннің қаражатына ағаштан, екі қабатты мешіт, оның қасына 1843 жылы жергілікті мұсылмандардың балалары сауат ашатын шағын үй салынғандын, сол жылы қазына есебінен саз балшықтан шіркеу де тұрғызылғандын қысқаша жазады.
Бұдан соң авторлар Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілісті ХІХ ғасырдағы дүниежүзі тарихында болған ең ірі отаршылдыққа қарсы қозғалыстың бірі деп бағалай отырып, сол кезеңдегі оқиғалардың ортасында қалған Ақмола тарихының кейбір мәселелеріне тоқталады. 1837 жылы Кенесары Қасымұлы Ақмола мен жаңа салынған Ақтау бекінісі арқылы өтетін керуен жолына қатаң бақылау орнатады. Батыс Сібір әкімшілігі арнайы әскери экспедиция жіберуге мәжбүр болады. Уақытша Ақмола сыртқы округының аумағынан кеткен Кенесары Қасымұлы қайта соғып, Ресейдің одан ары ішкерілей енуіне жол бермеу мақсатында Ақтау бекінісін басып алып, талқандауды ұйғарады. Бірақ жергілікті әкімшілік оны біліп қалғандықтан, бұл жоспар іске аспай қалады. 1838 жылы Кенесары Қасымұлы өз әскери күштерін Ақмола түбіне топтайды. Бірақ оған тіке шабуыл жасамайды. Зерттеушілер Ақмола әскерлерінің басшысы Чириковтың қазақтардан қатты қорыққандығын, 80 қарулы казактары бола отыып, тек өз басын қорғауға тырысып, шенеуніктің әйелдерін құдайға сақтап қал деп сыйынуларын өтінгендігін орыс полковнигі Талызин ашық жазған деректі келтіреді.
Кітаптың келесі тарауы сауда туралы мәселемен басталады. Алғашқы кезде сауданың айырбастау түрі кең таралғандығын, оның құн эквиваленті қызметін ісек қойға балау арқылы жүргізілгендігін арнайы кесте мәліметтері бойынша дәлелдей отырып жазады. Авторлар сауданың бұл түрін шртты түрде жәрмеңкелер пайда болғанға дейін, ал сауда орталықтарынан қашық жерлерде, негізгі орын алғандығын, соның барысында «алыпсатарлардың» тобының қалыптаса бастағандығын, сауданың Ресеймен ғана емес, Орта Азия елдерімен де жүргізіліп отырғандығын біршама кеңдеу сипаттайды. Сауда керуендерінің ежелден-ақ Ақмолаға таяу жердегі Қараөткел арқылы өтетіндігі бұл аумақтағы сауданың дамуына ықпал ете түскендігі келіп жатқан керуендер санымен байланыстырыла көрсетіледі.
Алғашқы кезеңде тұрғындардың негізінен әскерилерден құралуы және уақытша сипат алуы кәсіппен айналысуды, қарапайым өндірістердің пайда болуын тежеді. Дегенмен, 1840 жылы мұнда бір диірмен болды, өздерінің тұтынуы үшін 250 пұт тұз алынды. Авторлардың Ақмоланың айналасындағы болыстардағы қазақтардың әртүрлі кәсіптермен, қолөнермен, зергерлікпен айналысатындықтары туралы мәселені нақты деректер бойынша дәлелдей жазуы, оларда ешқандай даму болған жоқ деуге саятын кеңестік және батыстық әдебиеттердегі көзқарастарға жауап ретінде жазылғандай.
Ал тікелей Ақмола тұрғындары арасынан қолөнермен айналысқандардың жоқтың қасы екенін, өйткені жергілікті қолөнершілердің заттары сапасыз, соған қарамастан, шикізаты қымбат болғандықтан, құны жоғары болғандығын, сондықтан қолынан келетінер өздеріне қажетті бұйымдарды өздері жасап алып отырды. Ақмола станицасындағы кейбір казактар ұсталықпен, етікшілікпен, тігіншілікпен айналысты, олар да негізінен базарға шығару үшін емес, өздері тұтыну үшін айналысты. Олардың ауқатты қазақтарға қызмет көрсету жөніндегі ұсыныстары нәтиже бермеді, өйткені олардың өздерінің шеберлері жасаған заттарының сапасы казактар мен солдаттардыкінен сапасы бойынша кем түспеді дейді. ХІХ ғ. 40-жылдары көшпенділерді Ақмола көбінесе сырттан келген тауарлар базары ретінде қызықтырды. Көшпенділер мұнда негізінен Орта Азиядан керуендер және Сібір қалаларынан тауар лар жеткенде көбейіп отыратын. Сөйтіп кең түрдегі негізінен айырбас сауда жасалатын және ол жылдан-жылға көбейе түсті. Авторлар мұның бәрін айта келе, Ақмолада ресейлік және ортаазиялық саудагерлердің өзтауарларын өткізу және жүк тасушылар мен тасымал құралдарын жалдау үшін тиімді жағдай жасалғандығын, Петропавл мен Орта Азия арасында жүретін барлық керуендердің осында келетіндігін, олардың саны жылына 10-12-ге дейін жетіп отыратынын баяндайды. Соның барысында Ақмолада, көтерме саудамен айналысатындар тұрақтап, өздерінің шағын сауда орнын (лавкаларын) ашып, қоймалар тұрғызды. Керуендер келген кезде қонақ сарайында (гостиный двор) ғана емес, базар алаңында да тауарлар бірден қолдан қолға өтіп, жан-жаққа жіберіліп жатты. Авторлар мал мен шикізаттар Петропавл қаласына, азиялық тауарлардың бір бөлігі жергілікті жерде сату үшін, ал бір бөлігі көшпенділер болыстарына жіберілгенін көрсетеді. ХІХ ғ. 50-жылдарының басындағы Ақмола сыртқы округының жалпы жағдайын ашолу жасай келіп, Ақмоланың өзінде әскери құрылыстардың салынып біткендігін, онда 1851 жылы 26 саз балшықтан, 15 ағаштан, 17 тоқылған қазналық құрылыстың сондай-ақ, тұрғындардың салдырған 292 жекеменшік ағаш үйінің, 25 жартылай жер кепесінің, 8 тоқылған құрылысының болғандығын айтады.
Ақмоланың халықаралық сауда байланыстарында маңызды рөл атқаруымен байланысты шетелдік саудагерлердің онда дүкендер ашып, өздерінің өкілдерін тұрақты қоныстану үшін қалдырғандығын, олардың ішінде әсіресе, Орта Азиядан шыққан сарттардың ХІХ ғ. 50-60 жылдарда татар слабодкасы деп аталған бөлік тұрғындарының көпшілігін құрағандығын көрсетеді.
Ақмолада екі бірдей — Константинов және Дмитрий жәрмеңкелерін ашу туралы деректі жеке келтірген соң оларға келіп түскен тауарлар мен олардың сату барысында өткен құны жөніндегі мәліметтер келтірілген кестелерді қысқаша талдайды. Казактар станицасы мен татар слабодкасы арасында орналасқан Константинов жәрмеңкесі ашылған 1852 жылдан бастап – ақ көктемдегі сауда үздіксіз жүріп отырса, күзде өткізілуі тиісті Дмитрий жәрмеңкесі алғашқы бесжылдықта дұрыс жұмыс істей алмаған. 1857 жылғы сыртқы округтардағы сауданың барысы туралы Ведомость мәліметтері бойынша Ақмолада 24 тұрақты және 150 уақытша саудагер тіркелген. Ал Константинов жәрмеңкесіне 750, Дмитрий жәрмеңкесіне 546 шетелдік көпестер мен садагерлер келіпті. Сол жылғы екі жәрмеңкедегі тауарлардың түрлері, келген жақтары, алып келгендегі және сатылған құны рубль есебімен көрсетілген кестеге талдау барысында, константинов жәрмеңкесінде азиялық тауарлар (64 пайыз), ал Дмитрий жәрмеңкесінде қазақ даласынан келген өнімдер (46,7 пайыз) жетекшілік еткендігін, ал екеуінде де тауарлардың сатылуы бойынша бірінші орында қазақтардың өнімдері тұрғандығын дәлелденген. Авторлар бұл, яғни 1857 жылы Ақмоладағы жәрмеңкелік сауданың айналымы тұрақты сауда айналымынан артық болғандығын есептеп шығарған. Тұрақты сауданың да біршама өскендігін Ақмолада 1854 жылы бар жоғы 4 лавка болып, оларда 10 тұрақты сатушы болса, 1863 жылы 82 лавка болғаны, оның 72-сі көтерме саудамен, ал 10-ны ұсақ саудамен айналысқаны, бұларда 311 саудагер мен сатушы жұмыс істегендігі жөніндегі деректер арқылы дәлелдейді. Бұлармен қатар, Ақмолада 1236 саудагер уақытша тіркелген екен. Бұларға қарай отырып, — дейді зерттеушілер, — аралап сатудың да көлемінің артқандығы туралы тұжырым жасауға болады. ХІХ ғ. 50 – 60 жылдарындағы ақмолалық базарлардағы тауарларды үш топқа бөледі. Олардың біріншісі, қазақ даласынан келген өнімдер – негізінен мал мен мал өнімдері; екіншісі, Орта Азия мен Қытайдан келетін мақта-мата бұйымдары, түрлі-түсті жібектер, күріш, шәй, киімдер және т.б.; үшіншісі, Сібір мен Ресейдің басқа да аймақтарынан келетін металл бұйымдар мен аң терілері және т.б. Ол кездегі Сібір қазақтарының облысындағы бес оқругтың ішінде Ақмоланың үлесіне 38 пайыз тиеселі болғандығын, сөйтіп бірінші орынға шыққандығын, тек Ақмолада 1863 жылы 1200 жылқы, 1220 мүйізді ірі қара, 1800 қой, 40 түйе жалпы құны 63 640 рубльге сатылған екен. Жалпы еңбекте авторлар сауда бойынша өте көп сандық деректер келтіреді. Бұның өзі олардың мәселеге өте байыпты түрде көңіл аударғандығын білдіреді. Сауданың сондай қарқынды дамығандығын айта отырып, ХІХ ғ. 50- жылдарының соңы мен 60-жылдарының басында ең алдымен азық түлік пен отынның бағасының жоғары болуына байланысты қымбатшылық орнап, сауданың жалпы көлемі біраз төмендегендігін де атап өтеді.
Зерттеушілер: ХІХ ғ. ортасында Ақмола әскери-стратегиялық маңызын жоя бастады, енді оны Қазақстанның басты сауда орталықтарының бірі ретіндегі маңызы бірінші орынға көтереді, тұрғындарының да әлеуметтік құамы өзгерді, — дей келіп, Ақмоланың қалаға айналуының алғышарттары пайда болды деп тұжырымдайды. 1861 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Ішкі істер министрлігіне Ақмолаға округтық қала дәрежесін беріп, онда полицейлік басқару орнатуды ұсынады. 1862 жылы 7 мамырда Ішкі істер министрі ол ұсынысқа қол қояды, ал сол жылы 23 қазанда Ақмолаға қала дәрежесін беру туралы сенат жарлығы шығады. Ақмоланы округтық қала ретінде құру үшін 1859 жылы қабылданған Семей облысының қалалары – Қапал, Аягөз, Көкпекті – үшін берілген жеңілдіктер мен құқықтар туралы Ережені пайдалану жөнінде Соғыс министрлігі мен қаржы министрліктері келіскен екен. Ресейдің ерікті адамдары Ақмолада өмір сүріп, көпес, мещан, қолөнерші ретінде тіркеле алды. Оларға қала аумағынан, қазналық құрылысқа қажеті болмаса, белгілі бір ақыға үй салуға, огород, басқа да қажеттіктер үшін керекті жер берілетін болды. Қалаға тіркелген тұрғындарға кез келген жылжымайтын мүлік сатып алуға да құқық берілді. Көпестерге, мещандарға, цехтық шеберлерге он жыл көлемінде гильдиялық салық пен мемлекеттік алымдарды төлеуде жеңілдіктер берілді. Қаланың жобасын жасау, құрылыс салу, мал жаю мен шабындықтар үшін жерлерді бөлу бірнеше жылға созылды дей отырып, оның басты себебі қалалықтар мен казактар арасындағы талас болғандығын көрсетеді. Ақмола казактары оның айналасындағы жерлерге мал жайдырғандығы үшін зор пайда тауып отыратын еді. Бұны үкімет орындары заңсыз деп тапты. Сөйтіп казактарға Есілдің сол жағалауынан шабындық берді, мұнымен қатар олар ақмолалық базарларды сатуүшін, алып келінген малдардан алым алу құқынан айырылды. Зерттеушілер Ақмоланың шартты түрде қала статусын алғаннан кейінгі алғашқы кезеңдегі жағдайын осылайша баяндай отырып, оны толықтыра түсетін көлемді деректік құжатты келтіреді.
Авторлар Ақмолаға қатысты мынандай қызықты фактыны сөз етеді. Ол патша үкіметі қызметкерлерінің кейбір тобының Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарын жойып, орнына Далалық өлке құру және оның орталығын белгілеу жөніндегі мәселе екен. Далалық өлке әкімшілігін орналатырудағы барынша тиімді жер ретінде Атбасар мен қатар Ақмола да қарастырылғандығын, оны, яғни Ақмоланы Сібір комитеті жетекшілерінің қолдағандығын, бірақ батыс-сібірлік генерал-губернатор қолдамай, пікірталас басталып, мәселенің кейінге шегерілгендігін жазады. Байқап отырсақ Ақмоланы қазақ өлкесін басқаратын ірі орталыққа айналдыру мәселесі патша заманында – ақ сөз болған екен.
Кітаптың үшінші тарауы Қазақстанның оңтүстігін Ресейдің басып алуы, саяси және экономикалық өктемдікті нығайтуға бағытталға әрекеттері, 1868 жылғы далалық облыстарды басқару туралы реформа жөніндегі мәселелерді баяндаумен басталады. Бұл әкімшілік реформалар бойынша батыс-сібірлік генерал-губернаторлықта екі облыс – Ақмола және Семей – құрылып, олар ояздарға бөлінеді. Мұны авторлар кезінде П.Г.Галузо айтқандай «царизмнің жергілікті феодалдарға берген қуатты соққысы» деп бағалайды. Біздіңше бұл шындық еді. Енді сұлтандар мен билердің бұрыңғы беделі әлсіреді. Көшпелілер шаруашылығының нарықтық қатынастарға тартылуы ХІХ ғ. соңына қарай қазақтардың әлеуметтік дәрежесіне өзгерістер алып келіп, енді шыққан тегіне қарай емес, байлығымен және орыс үкіметіне жақындығымен ерекшеленетін болғандығын, жалпы алғанда қоғамның шаруашылықтық-мәдени түрінің өзгергендігін, жаңа әлеуметтік жіктердің пайда болғандығын жатақтар мысалы арқылы көрсетеді. Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы 1868 жылғы Уақытша ереже бойынша Ақмола облыстық қала дәрежесін алғандығын, бірақ облыстық басқарманың Омбыда қалғандығын, айта келе, оның саудадағы рөлі мәселесіне баса назар аударылған. Қаланың транзиттік және жергілікті сауданың дамуында маңызды орын алу себептерін былайша түсіндіреді. Ақмолада кеден болмағандықтан және гильдейлік салық төленбегендіктен Петропавл мен Омбыға қарағанда тауарды сату мен сатып алу тиімдірек болды, өйткені сауда жолының қысқаруы капиталдың айналымын тездетіп, пайданы көбейтті. Ал көшпенділермен тікелей, делдалдарсыз сауда жүргізу, оның яғни сауданың кең көлем алуына мүмкіндік берді. Авторлар сондай-ақ, 1871 жылы ташкенттегі жәрмеңкенің ашылуының Ақмоланың Ресейдің ортаазиялық мемлекеттермен транзиттік саудасындағы басты орталықтардың бірі ретіндегі жағдайын нығайта түскендігін, мұнда керуендердің жабдықталып, солтүстіктегі Петропавлға арбамен, оңтүстіктегі Ташкент, Бұқара, Қоқанд, Түркістан және басқа да қалаларға түйемен жөнелтіліп отырғандығын, Ақмола мен оның оязының керуендер үшін басты көлік дайындап беретін орынға айналғандығын, ол үшін тұрғындарының арнайы түйелер өсіріп, тасымал кәсібімен айналысып, біршама пайда тауып отырғандығын нақты деректер арқылы дәлелдей жазған.
Бұдан соң 1871 жылдың екінші жартысында Ақмолаға келген тауарлардың түрлері, олрдвы алып келген түйелердің саны, пұт көлеміндегі салмағы және құны туралы мәліметтер жүйеленген кестені жасап, соның негізінде сауда көлемінің кеңейгендігін көруге болатынын айтады. Керуен саудасына ортаазиялық қалалармен біршама сауда айналымы бар орыс көпестерінің барған сайын көбірек айналыса бастағандығын, олардың ендігі жерде керуен жолдарын пошталық жолға айналдыруға ұмтылғандығын, бірақ мәселе ұзақ талқыланып, ақыры шешілмегендігін жазады. 70-жылдары Ақмоладағы тұрғындардың да саны өскендігін айта отырып, 1875 жылы онда 175 көпес, 911 мещан болғандығы туралы дерек келтіреді, қала тұрғындарының 19,2 пайызының көпестер сословиесіне жатқанын есептеп шығарады және оның Сібірдің сауда орталықтары үшін әдеттегіден тыс және жоғары пайыздық көрсеткіш екенін көрсетеді. Оның себебі, қаланың жас боуы және сауда үшін қолайлы жерде орналасуында деп біледі. Бұл кезеңде Ақмола мен Петропавл қалаларындағы сауданың көптеген ұқсас жақтары болғандығын жаза отырып, айырмашылығы да болғандығын, оның мал саудасынан көрінетіні жөнінде пайыдаулар жасайды. Авторлар 1882 жылы ІІМ-нің шаруашылық департаменті шығарған сирек кездесетін құжаттық жинақтан Ақмоладағы 1870 жылға тән сауда айналымы турады мәліметтерді кесте бойынша топтап, оған талдау жасаған. Ол бойынша қалада жыл бойы орта есеппен тұрақты және уақытша жұмыс істеген сауда орындары, олардағы сатушылардың саны, алып келінген тауарлардың және сатылған тауарлардың құны, жалпы сауда айналымының көлемі жөнінде есептеулер жүргізген, әрі оларды нақты сандық көрсеткіштері бойынша көрсеткен.
Тауарларды алып келу мен өткізудің ең көп болатын кезі жаз және күз айларындағы керуендер өтетін және жәрмеңкелер өткізілетін уақыт екендігін көсете отырып, бұл кезеңде Ақмола кең байтақ дала өлкесінің өміріне орасан зор ықпал етеді деп тұжырымдайды.
ХІХ ғ. 70 жылдарында көшпелі шаруашылықтың сипатының өзгеруімен байланысты мүйізді ірі қараға сұраныстың артқандығын, оның жыл сайын Ақмолаға 80 мыңдайы айдап келінетіндігін, мал сатып алу көбінесе Батыс Сібірден, Ресейдің еуропалық бөлігінен малөнеркәсіпшілерінің барлығы дерлік келетін, Конистантинов жәрмеңкесінде жүргізілгендігін де ерекшелеген. Мұндағы сауданың түрі мен жағдайын былайша сипаттайды. Жәрмеңке қаланың шетінде, ресейлік және азиялық тауарлар лавкалкры мен ағаштан салынған мешіт пен Есіл өзенінің арасында өткізілді. Сол жерде малдар мен шикізаттарды айыбастау да жүрді. Көшпенділер күн сайын бірнеше табын мал айдап, жүн, киіз алып келіп, оларды әртүрлі тауарларға айырбастады. Ал ақшаға сататын малдар мен шикізаттар қала сыртындағы он – жиырма шақырым жерде тұрды, ол жерге көпестер мен приказчиктер көру және көптеп сатып алу үшін баратын еді, — дей отырып, — Ресейдің Қорған, Челябі, Екатеринбург аумағынан келген көптеген орыс саудагерлерінің аты жөні, сатып алған малдарының түрлері мен саны жөнінде мәліметтер келтіреді. Сондай-ақ Төмен шұға комбинатының өкілдері көп мөлшерде жүн сатып алып отырған екен. Бұның өзі Ресей өнеркәсіп орындарының арнай көңіл бөле бастағандығын байқатады. Авторлар осылайша мал мен мал өнімдерін сатудың бірінші орында болғандығын көрсетеді. Бұнымен қатар, Константинов жәрмеңкесіндегі тауар айналымына ауа-райының, сондай-ақ облыстағы мал шаруашылығының да ықпалы болғандығын малдардың жұттар мен, әртүрлі ауыруларға шалдығуын сипаттау арқылы көрсетеді. Малдың қырылуының көшпенділендің нан өнімдеріне сұранысының да артуына ықпалы болғандығын жазады. Бұның бәрі бойынша нақты деректер келтіреді. Бұл жерде біздің мынаған көңіл аударғымыз келеді, авторлар жұттардың көп болғандығы жөнінде жиі жазады. Бірақ оның тек ауа тайының ықпалынан ғана бола бермегендігіне назар аудармайды. Біздіңше апвторлар көрсеткен 1844, 1851, 1856, 1873 жылғы аса ірі жұттардың себебінің бастысы, қазақтардың бұрынғы дәстүрлі көшіп, жая жүріп бағатын мүмкіндігінен патша үкіметінің отарлауының айыруы, ғасырлар бойы жыл мезгілдерінің ерекшеліктеріне қарай, қоныстарын Орта Азия мен Сібірдің арасында көшіп жүріп, көп шығынға ұшыратпай-ақ малдарын бағып келген көшпенділер енді, отаршылар бекіністер мен қалалар салып, шеп құрып өрісті тарылтқанында екенін, тек содан соң ғана, жиі жұтқа ұшырау басталғанын нақты жазу қажет еді. Авторлар тек ауа-райының қаталдығына ғана сілтеу жасайды. Сол ауа-райы ғасырлар бойы солай бопып келген. Бірақ ол кездерде патша отарлауынан кейінгідей жаппай жұттар мен жұқпалы ауырулар бола бермеген. Авторлар ол жөнінде, дәлірек айтқанда, көшпенділердегі эпидемиологиялық жағдайдың орыс шаруалары көбейгенге дейін жақсы болғандығын өздері де көрсеткен еді. Малдардың ауыруларының да себебі жыл маусымдары бойынша ауа-рай қолайлы жерлерге көшіп бара алмаудан болғанында сөз жоқ. Сондықтан да авторлар жұттың басты себебін дұрыс көрсетпеуі, олардың білмегендігінде емес, саясаттанып қалған, идеологиялық жағдайға алаңдаудан деп түсінеміз.
Константинов жәрмеңкесіндегі екінші орынды Орта Азиядан келген тауарлар алғанын атап көрсете келе, ол жақтан келген саудагерлердің керуендерінің қалаға жақын келіп, жергілікті халықтан киіз үйлерді жалға алып, оларды дөңгелендіре тігіп, ортасында сауда жүргізгендігін, кейбір жылдары мұндай уақытша сауда қалашығының 500-дей киіз үйден құралғандығын сипаттаған. Оларда сауда тамыз айына, кейде қыркүйек айының ортасына дейін созылғандығын, сатылмай қалған тауарлардың бір бөлігі 50 және одан да көп лавкалардан тұратын азиялық сауда қатарларына беріліп, қалғандары Петропавлға жөнелтілген екен. Бұл кезеңде ресейлік тауарлармен сауда Константинов жәрмеңкесінде өте көп болмағандығын, 1874 жылы алып келінген 83,6 мың рубльдің тауарының тек 14 мың рубльдік бөлігі ғана сатылғандығы, жалпы алғанда азиялық тауарлардың 45,7 пайызы сатылса, ресейліктердің тек 16,7 пайызы ғана өткендігімен сипаттай отырып, алып келінген тауарлардың ішінде өтімділігінің абсолюттік және салыстырмалы көрсеткіштері бойынша азиялық тауарлар жетекші орында тұрды деп тұжырымдайды.
Ақмоладағы нан өнімдерінің жетіспеушілігі және олардың қымбатшылығы қала тұрғындарының өз сұраныстарын қанағаттандыру үшін ғана емес, тауарлы астық өндіру үшін де егіншілікпен айналыса бастағандығын нақты деректер бойынша мысалдар келтіре отырып баяндайды. Тіпті ауылшаруашылық артелін құрып, дәнді дақылдармен қатар, көкөністер мен жемістер өсірумен де айналысқандардың болғандығын, олардан көрген кейбір қалалықтар мен қала маңындағы ауылдардағы кедейлердің де жер шаруашылығымен айналысы бастағандығын, соның нәтижесінде 1871 жылы қалада 5 жел диірменінің және бір су диірменінің жұмыс істегендігін баяндайды. Ұсақ өндірістердің ішінен екі май шыжғыру зауытын ерекшелейді, оларда жыл сайын 15 мың қой және 800 өгіз сойылатынын, қалалық гарнизон солдаттарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыратынын, бірақ қажетті шикізат жеткілікті болғанымен ағаштың және де отынның басқа да түрлерінің жетіспеушілігі дамуын тежегендігін жазады. Мал бағу мен саудадан кейінгі басты кәсіп тасымал мен балық аулау болғандығын, тасымалдаумен Ақмола станицасындағы казактардың жартысының айналысатынын, олардың балық аулауды да кәсіп ететіндігін, тасымалдау, балық аулау, аң аулау кәсіптерімен көшпенділердің де айналысқандығын жаза отырып, нақты мәліметтер негізінде дәлелдейді.
1872 жылы Ақмола қаласы пайдаланып келген сауда мен кәсіпкерлік салаларындағы жеңілдіктер берілген он жылдық мерзім бітеді. Қала көпестері мен мещандары ол жеңілдіктерді тағы да бес жылға ұзартуға әрекет етті, бірақ Батыс Сібір Бас басқармасының Кеңесі оған келіспеді.
ХІХ ғасырдың соңғы үшінші бөлігінде қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани өміріне ауқымды өзгерістер енгізген оқиғалар болды дей келіп, оны Қазақстан аумағына орыс шаруаларының жаппай қоныстандырылуы, 1886 – 1891 жылдардағы әкімшілік-сот реформалары және қазақ жерін өнеркәсіптік игерудің басталуы сияқты шаралармен байланыстыра түсіндіреді. Қазақстанды Ресейлік мүдде ауқымына тарту үрдісінде экономикалық факторлардың да дәстүрлі қоғамның мызғымаған негіздерін шайқалтқан, оның психологиясына күшті әсер еткендігін, бұл кезеңнің бұрын өз дамуы біртұтас, мақсат-мүддесі бір қоғамның қайғылы күйреу уақыты болғандығы атап өтеді. Авторлар орыс шаруаларының қоныс аудару себептеріне тоқтала келіп, патша үкіметі алғаш Батыс Сібірді қоныстандыру үшін Қазақстанға қоныс аударуға шек қойды, бірақ соған қарамастан «Сібірдің қатаң жағдайына үйренбеген қоныстанушылар, өз еркімен Есілдің ар жағына – таныс далаға барды» дейді[35]. Бұл жерде біздің назарымызды аударған «таныс далаға» сөзі. Сонда қалай, орыс тарихшылары ежелден – ақ таныс өлке деп сипаттайтындай Сібірден гөрі кейін бағындырылған қазақ даласы, Ресей мен Украин шаруаларына қашаннан бері келіп-кетіп жүрген таныс өлке болып еді? Біздіңше бұл сөз қандай мағынада болса да орынсыздау қолданылып отыр. 1889 жылғы қоныстанушылар туралы ереженің, одан соң Транссібір теміржолының Қазақ жеріне орыс және украин шаруаларының қаптап келуіне мүмкіндіктерді кеңейте түскендігін, тек Ақмола облысының өзінде ХХ ғ. басына қарай 200 қоныстанушылар поселкесінің болғандығын, оларда 160 мыңнан астам адамның тұрғандығын жазады.
Кеңестік дәуірге дейінгі Ақмола қаласының тарихын арнайы зерттеу обьекті ретінде ала отырып, тәуелсіздік кезінде арнайы ғылыми зерттеу жұмысын жүргізген Г.А.Алпысбаева болды. Ол 1997 жылы Ақмола қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы (1832-1914 жж.) мәселелеріне арналған тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады[36]. Зерттеушінің бұған дейін бес ғылыми еңбегі мақалалар түрінде жарық көрген екен. Ал диссертациялық жұмыстың өзі кіріспеден, төрт тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Ол негізінен хронологиялық және проблемалық мәселелер бойынша жүйеленген. Бірінші тарауын автор кіріспе тарау деп атайды және ол Ақмола қаласы мен округының негізделуінің саяси, экономикалық алғышарттары мен себептеріне арналған. Автор қаланың негізделуінің тарихи алғышарттарын ең алдымен Ресей империясының отаршылдық саясатынан іздеу қажет дейді. Бұл тұжырым А.Дубицкийдің қала мен Ақмола сыртқы округының ашылуының басты себебін Орта жүз қазақтарының орыс үкіметіне «қоқандықтардың тонаушылық шабуылдарынан» қорғау туралы өтінішінен іздестіруінің дұрыс емес екендігін дәлелдейді. 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы жарғы» негізінде орыс патшалығының қазақ жерін бағындырудың күштеу тәсіліне көшкендігін, орта жүз көлемінде басқарудың жаңа жүйесін енгізу, яғни сыртқы округтар құру жұмысының жүргізілуі барысында басты мәселенің бірі оның болашақ орталығын орналастыратын жерді айқындау болғандығын жазады. Зерттеуші Есілдің оң жақ жағалауындағы биіктеу жердегі Қараөткел шатқалынан төрт шақырым Ақмола қонысы патша үкіметі өкілдерін қазақ даласының орталығы, әрі орта жүздің ірі рулық бірлестіктерінің қоныстарына жақын болуымен стратегиялық мәні бар табиғи, географиялық – экономикалық жағдайы да қолайлы жер ретінде қызықтырғанын айтады. Мұнымен бірге, диссертациялық жұмыста, сыртқы округтың құрылуы, бекініс жүйелерінің салынуы мен оның бойындағы он шақырымдық жерглерге енуге тиым салынуы қазақтардың дәстүрлі көшу бағыттарын бұзып, көптеген қиындықтарға әкелгендігі, оның рулар арасындағы көбінесе барымтамен аяқталатын қақтығыстарға әкелгендігі, сол себепті де жергілікті халықтың көп бөлігінің жаңадан енгізіліп отырған басқару жүйесіне сақтықпен қарауына әсер еткендігі жөнінде жаңа тарихи көзқарастар баяндалады.
Ал «ХІХ ғасырдың 40 – 50-ші жылдарындағы қала мен округтың әлеуметтік-экономикалық дамуы» деп аталған екінші тарауда Ақмоланың алғашқы кезеңдегі дамуының жалпы проблемалары, округтық приказдың болыстықтарды құрудағы қызметі және Кенесары Касымов көтерілісінің округ аумағындағы нақты әрекеттері қарастырылған.
Ақмола қаласының өлкені одан әрі отарлау мақсатында әскери бекініс ретінде пайда болу ерекшелігі оның алғашқы қоныстанушыларының негізінен әскерилер болуына және қала құрылысының осы әлеуметтік топтың сұранысына бейімделуіне әкелгенін, соның нәтижесінде бұл округте ХІХ ғ. ортасында Қазақстандағы Ресей империясының қарулы күштерінің ең ірі тобының шоғырландырылғанын нақты деректер бойынша дәлелдейді. Диссертацияда ХІХ ғ. 20 – 30 жылдарындағы жергілікті тұрғындарға жітік,әрі қатаң бақылау орнатуды мақсат еткен реформалардың қазақтардың дәстүрлі қоғамына кең көлемді дағдарыс алып келіп, Қазақстанның Ресей отарына айналдыру процесін жеделдете түскенін, көшпелі қазақ қоғамының әлеуметтік жіктелісін тереңдетіп, феодалдық ақсүйектер арасындағы қайшылықты күшейткенін мұның барлығының дүниежүзі тарихындағы ең ірі отаршылдыққа қарсы қозғалыстың – К.Қасымов бастаған қазақтардың көтерілісінің барысында толықтай көрініс тапқандығын сипаттаған.
Диссертациялық жұмыстың бұл тарауында қаланың қалыптасу кезеңіндегі қолөнер өндірісінің, сауданың, өндірістердің дамуына талдау жасалған. Патша үкіметінің қазақ даласы арқылы Орта Азиямен сауда байланыстарын арттыру мақсатында жүргізген саясаты, соның ішінде Ақмола қонсысын Петропавл – Орта Азия керуен жолындағы басты сауда орнына айналдыруы, Константиновск және Дмитриевск жәрмеңкелерін ашуы, соның нәтижесінде Ақмола рыногында тауардың қазақ өнімдері, Орта Азия мен Қытай, сондай-ақ Ресей мен Сібір тауарлары сияқты үш түрінің болғандығы жөнінде жазады. Автор өндірістер мен өнеркәсіп орындарының дамуына кедергі келтірген фактор ретінде бұл кездегі Ақмола қонысының басым бөлігінің әскери сословиеден құралуын атап көрсетеді. Соның барысында негізінен жергілікті тұрғындарға, яғни қазақтарға тән аң аулау, балық аулау, тасымал жасау, ұсталық, етікшілік, тоқыма сияқты кәсіп пен қолөнер түрлерінің ғана дамығанын ерекшелейді.
Ақмола округтық приказының болыстықтарды ұйымдастыруының зиянды салдарында олардың территориялық негізде бөлінуі барысында кейбір ірі рулардың бөлініп кетуіне, кейбіреулерінің араласуына әкеліп, шабындықтар мен жайылымдар үшін тартыс-талас басталғанын дәлелдейді[37].
Зерттеу жұмысының үшінші тарауында округтық қала статусын алуынан бастап 1914 жылға дейінгі Ақмоладағы сауда мен өнеркәсіптің дамуы жөніндегі мәселеге кең көлемді деректерге негізделген талдау жасалған. Автор округтық қала статусын алғаннан кейін қаланың Қазақстанның әлеуметтік – экономикалық дамуындағы рөлі бұрынғыдан да белгілі бола бастады, ал ХІХ ғ. 60-70 жылдарында Ресейдің ортаазиялық мемлекеттермен транзиттік саудасында аралық пунктке айналды, — деп есептейді[38]. Бұл кезеңде Ақмоладағы сауда өлке тұрғындарының көп бөлігін қамти отырып, жәрмеңкелерді тұрақтандырды, сөйтіп жәрмеңкелік және тұрақты сауда динамикалы түрде дамып, олардың көлемін 9 – 10 млн. рубльге дейін жеткізді. Екі басты жәрмеңкенің сауда айналымына ең алдымен табиғат жағдайлары, мал шаруашылығының жағдайы, соның ішінде далалы аймақтағы жұттар да әсер етіп отырды. Жәрмеңкелердегі тауарлардың ассортиментіне талдау жасай келе, еуропалық тауарларға сұраныстың өсе түскендігін және оған Ресей мен Сібір губернияларынан қоныстанушылардың ғана емес, жергілікті қазақтардың да отырықшылыққа көшіп, өз тұрмысы мен шаруашылығында фабрик-зауыттық өнімдерді барған сайын көбірек пайдалануының да ықпал еткендігін баяндайды. Мұнымен қатар, зерттеуші Ақмоладағы сауданың сипаты мен тауарларының категориялары бойынша Петропавлдағы сауда айналымымен көп ұқсастығы болғанын, тек мұнда Петропавлдағыдай мал өнімдерімен емес, көбінесе малдың өзімен сауда жасау кең орын алғандығын және астық саудасы айналымының, астықтың бағасының қымбат болуымен байланысты, өте үлкен болмағандығын көрсетеді.
Қаланың саудалық функциясының оның тұрғындары арасындағы әлеуметтік құрамының өзгеруіне алып келгендігін 1863 жылғы статистикалық мәліметтерде көпестік сословиенің кездеспеуімен, ал 1875 жылғы ІІМ-нің шаруашылықтық департаментінің деректерінде тұрғындардың жалпы санының 19,2 пайызының көпестер тобын құрағаны, ал оның Сібірдің ескі сауда қалалары үшін де жоғары көрсеткіш екендігін салыстыра отырып дәлелдеген. Зерттеуші сондай-ақ, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында Ақмола ояз бен өлкенің экономикалық өмірін ұйымдастырушы орталық болды деген баға береді. Қалада өңдеу өнеркәсібінің дамығандығын май қайнату, тері өңдеу, жүн жуу, ішек тазарту сияқты мал өнімдерін өңдеу, сыра қайнату, бал жасау, жемісті сусын жасау сияқты тағам өндірістері, шырағдан жасау, сабын қайнату, қыш-құмыра жасау сияқты шаруашылықтық-тұрмыстық заттар жасау, жел, су және бу диірмендері, кірпіш зауыттарының болғандығымен дәлелдеген. Автор жергілікті шикізаттың арзандығына қарамастан бұл өндіріс орындарының төменгі дәрежеде , әрі өнімінің көлемінің шағын болғандығын, жоғары дәрежелі мамандардың болмағандығын, қожаларының капиталдары мен кәсіпкерліктерінің жеткіліксіздігін, техникалары мен технологиясының қарапайымдылығын айта келе оларды зауыт атына толық сай келмейтін көрсете отырып, қолөнер өндірісі тәрізді болғандығы жөнінде тұжырым жасайды. Зерттеушінің бұл тұжырымы сонау патша заманындағы көптеген еңбектердегі пікірлерді қайталау болып қана шыққан. Біздіңше ол өңдеу өнеркәсібі жөніндегі өзіне дейінгі зерттеушілердің еңбектеріндегі категориялдарға бөлу жүйесінен қабарсыз екендігі байқалады. Біз бұл жерде тағы да Т.Ә.Төлебаевтың Қазақстандағы өңдеу өнеркәсіптерін ұсақ тауарлы, мануфактуралық және фабрик-зауыттық деп жіктеуі жөніндегі тұжырымдары мен дәлелдеулерін айтып отырмыз[39]. Зерттеуші сол негізде талдау жасаса бұл мәселелерді сипаттаудың ғылыми дәрежесі арта түсер еді деп есептейміз.
Диссертацияның төртінші тарауы Ақмола қаласы дамуының жалпы мәселелеріне арналған. Онда қаланы басқару органдарының қызметі, білі беру мен денсаулық сақтау ісінің дамуы, қоғамдық ұйымдар мен діни конфессиялардың әрекеті жөніндегі мәселелер зерттелген. Автор Ресейдегі 1870 жылғы қала реформасының Ақмола өміріне әсерін, дәлірек айтқанда, басқарудың әлеуметтік органдарын жойып, орнына қалалық дума мен оның атқарушы мекемелерін құру жүйесінің енгендігін буржуазиялық өзгерістер ретінде көрсетеді. Қалада пайда болып келе жатқан буржуазияның жағдайы нығайып, олардың негізгі өкілі көпестердің рөлі күшейгендігін қала басшылығында олардың саны мен ықпалының артқандығы арқылы дәлелдейді. Сонымен қатар, зерттеуші қала тұрғындарының көпшілігінің артықшылықтар мен құқықтарының бұзылып отырғанын да көрсетеді. Бұдан соң зерттеуші қалалық қоғамдық басқарманың қызметіне тоқталады. Оның қалалық емхананың, үш ерлер және екі әйелдер училищесінің жұмыс істеуіне, қаланы көріктендіру ісіне және т.б. шараларды іске асыруға өзіндік үлес қосқандығын жазады.
Жалпы ХІХ ғ. соңына дейін облыста денсаулық сақтау ісінің нашар дәрежеде болғанын, бір ояздық дәрігердің 100 мың адамға көмек беруге мәжбүр болғанын, тек 1892 жылы ғана Ақмолада қалалық қабылдау емханасы (приемный покой) ашылғанын онда бір фельдшердің қызмет еткенін баяндайды. Ақмола облыстық дәрігерлік есептерге талдау жасай келе, көшпелі өмір салтындағы қазақтар арасында өлімнің сирек екенін, ал орыстар арасында Ресейден өздерімен бірге ала келген ауыру түрлерінің көп болғанын бірақ бала туудың да көп болғанын айқындаған.
Диссертациялық жұмыста бастауыш білімді қолдау қоғамы, қалалық қоғамдық жиналыс, ауылшаруашылық қоғамы, тұтынушылар қоғамы, сияқты әртүрлі қоғамдық ұйымдардың мақсаты, қызметі туралы мәселелер де баяндалады. Автор жоғары бастауыш училищенің, мұғалімдер семинариясының, қоғамдық кітапхананың, кинематографтың, астрофизикалық лабораторияның, әртүрлі қайырымдылық мекемелерінің, ғылыми және мәдени қоғамдардың құрылуын ақмолалықтардың белсенді позицияларын және қала дамуының үлкен мүмкіндігі болғандығының айғағы деп есептейді[40].
Диссертацияның қорытындысында 1832 жылы Ақмола сыртқы округының және приказының құрылуы қала тарихының бастамасы деп тұжырымдайды. Қазақ жерінің ортасында, Орта жүздің ең ірі рулық бірлестіктерінің жайлауларының тоғысқан жерінде орналасуы Ақмоланың Қазақстанды Ресейге қосу процесін аяқтау үшін әскери плацдарм рөлін атқарғандығы туралы қорытынды жасайды. Қазақ даласындағы царизмнің өктемдігі нығайған сайын Ақмола әскери маңызын жойып, саудалық рөлі артып, жәрмеңкелер әртүрлі кәсіптер мен өнеркәсіптің дамуына, қазақтардың тауарлы қатынастарға тартылуына және жалпы ресейлік капитализмнің дамуына тиімді әсер етті, — деген пайымдаулар жасайды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Кең байтақ қазақ даласында ХҮШ –ХХ ғ. басында қалалардың пайда болуы мен дамуы Қазақстанды патша үкіметінің отарлауымен қатар жүрген күрделі процесс. Қалалар кез келген қоғамда маңызды, көбінесе жетекші рөл атқарып отырады. Сондықтан оның тарихын зерттеу қоғамдық-экономикалық қана емес, этноәлеуметтік, мәдени, тіпті саяси қатынастардың ерекшеліктерін түсінуге, белгілі бір кезеңдегі тарихи құбылыстарды тереңірек пайымдауға жол ашады. Бұл жағдай қала тарихына әртүрлі мамандық иелерінің де қызығуына әсер етті. Сол себепті де болар еліміздегі қалалар тарихына тарихшылармен қатар, көптеген экономистер, журналистер, жазушылар да өз еңбектерін арнады. Қазақстанның ХҮШ — ХХғ. басындағы қалаларының зерттелу жағдайын талдау бізге тарихшылардың еңбектеріндегі қол жеткізген маңызды нәтижелерін айқындауымызға мүмкіндік берді.
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. 50-жылдарына дейінгі еңбектерде қалалар туралы мәліметтер берілгеніне, кейбіреулерінің қалалар туралы жазғандарына қарамастан бұлар ғылыми зерттеу дәрежесіне көтеріле алмады. Солтүстік және Орталық Қазақстан қалаларының тарихын ғылыми негізде арнайы түрде зерттеу ХХ ғ. 50-жылдарында басталды. Міне содан бері жарты ғасырдан астам уақыт қазақстандық қалалар тарихы біртіндеп дамуды бастан кешіріп келеді. Әсіресе кеңестікке дейінгі қалалар тарихын ғылыми тұрғыда зерттеудің салыстырмалы түрдегі серпінді дамуы 1960-1970 жылдарға тура келеді. Бұл кездері қалалар тарихының географиялық аумағы да кеңи түсті, қойылатың мәселелерінің ғылыми мазмұны жоғарылады. Соның барысында Қазақстан қалалары тарихына арналған кітаптар топтамасы жарық көре бастады. Оларда әрбір қалаланың бекініс ретінде негізделуі, біртіндеп экономикалық-әлеуметтік қатынастарының дамуы, тұрғындарының саны, қала статусын алуы, ұлттық және әлеуметтік құрамы, абаттандырылуы, мәдениет пен білім ошақтары, таптық күрестер белгілі бір құрылымдық және хронологиялық жүйе бойынша баяндалады. Деректер тобында мұрағаттық құжаттар басты орын алады және жарияланған еңбектердегі статистикалық мәліметтер мен деректер пайдаланылып, ғылыми түрде өңделеді.
ХҮШ –ХХ ғ. басындағы Солтүстік және Орталық Қазақстандық қалалардың ішінен тарихы біршама жақсы зерттелгендерінің қатарына Петропавл, Қостанай, Ақмола қалаларын жатқызуға болады. Петропавл қаласы туралы зерттеуде қала тұрғындарының әлеуметтік құрылымы, өсу динамикасы, сондай-ақ қала шекарасының кеңеюі, қаланың оязбен экономикалық байланысы туралы мәселелер тереңдете зерттеуді қажет етеді деп есептейміз.
Бірақ тікелей тарихи тұрғыда арнайы зерттеу жұмысымен айналысқан тарихшылардың саны ғылыми-көпшіліктік және өлкетанушылық тұрғысында кітаптар мен кітапшалар жазғандарда әлдеқайда аз болды. Көбінесе қалалардың белгілі бір датасына орай шығарылған бұл еңбектерде қаланың қалыптасуы мен дамуындағы жергілікті жағдайдың маңызы асыра көрсетіліп отырады.
Жалпы қалалар тарихына арналған еңбектердегі басты кемшілік методологиялық және идеологиялық ұстанымдарының дұрыс еместігінен туындаған деп есептеу керек деп ойлаймыз. Қалалар тарихы туралы жазылған еңбектерді талдау барысында байқалғанындай, ол ең алдымен маркстік-лениндік деп аталған таптық-партиялық көзқарастар жиынтығынан, сондай-ақ жалған интернационализмді жамылған орыстандыруды негіздеу, мадақтау мен дәріптеуден, патша үкіметінің отаршылдық саясатын бүркемелеуден, кейбір жағдайда тіптен ақтауға тырысудан, қазақ халқын сауатсыз, мәдениетсіз етіп көрсетуге ұмтылудан көрінеді. Мұның барлығы қазақстандық қалалар тарихының бір сарынды, бір қаланың тарихын баяндаудың, құрылымының, кейде мазмұндық бағытының екіншілерімен ұқсастығына алып келді. Осылайша жұтаңданған қалалар тарихы туралы еңбектерде жоғарыда талған кемшіліктер орын алды, біршама мәселелер толық, әрі жан-жақты зерттелмей, айқын ашылмай қалды. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жазылған Ақмола қаласының тарихы туралы жазылған еңбектерде ғана біршама тарихи шындық айқындала, ашыла түскен. Басқа да қалалар тарихын осы тұрғыда қайта пайымдау, жазылмағандарын жаңа тарихи көзқарас бағытында зерттеу қажет екендігі айқындалды деп санаймыз.
Біздіңше ХҮШ-ХХ ғ. басындағы Солтүстік және Орталық Қазақстандағы қалалар тарихының толықтыруды, кеңейтуді, тереңдетуді қажет ететін қырлары мен мәселелері баршылық. Аймақтағы кейбір қалалар әлі күнге дейін арнайы зерттелмеген, өз зерттеушілерін күтіп отыр. Қалалар тарихының әлі де шешілмей қалған мәселелері қатарына төмендегі мәселелер жатады деп ойлаймыз:
- қалалардың жалпы Қазақстанның экономикалық қатынастарындағы орны;
- қала тұрғындары құрамы, ондағы қазақтардың үлес салмағы;
- қалалардағы әлеуметтік топтар, кәсіпкерлер мен өндіріс иелері, саудагерлер, олардың тұрмысы мен жағдайы;
- қалалардағы қолөнер, ұсақ өндірістер және олармен айналысатындар, олардың қала өміріндегі орны;
- қалалардың ауылмен байланысы.
Ең үлкен мәселе, аталған ұсыныстарды ескере отырып және жаңа тарихи көзқарас негізінде жазылатын Қазақстан аумағындағы барлық қалаларды қамтитын біртұтас, көлемді, кешенді тарихи зерттеу еңбегі қажет сияқты. Ондай еңбектің жарық көруі жалпы Қазақстан тарихын тереңдете және кеңейте түсуге мүмкіндік берер еді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Елагин А.С. Состояние и задачи дальнейшего изучения истории городов Казахстана. //Известия АН Каз ССР. Серия обществ. наук. 1974, №3. 33-40 бб.
- Дулатова Д.И. Историография дореволюционного Казахстана. Алматы, 1984. 272-б.
- Төлебаев Т.Ә. Қазақстанға капитализм енуінің тарихнамасы. Алматы, 2002. 276-б.
- Туманшин К. История развития Петропавловска и его уезда (1861 – 1917 гг.). Автореферат дисс. к.и.н. Алматы, 1960.
- Туманшин К. История развития Петропавловска… 6-б гг..
- История Казахстана с древнейших времен до наших дней (очерк). Алматы, «Дәуір», 1993.182-б.
- Итория Казахстана с древнейших … 182-б.
- Чулошников А.П. Восстание 1755 г. в Башкирии. М-Л., 1940.
- Туманшин К. История развития Петропавловска… 8-б.
- Несипбаева К.Р. Налоговая политика царизма в казахской степи. Алматы, 1996.189-200, 209-212 бб.
- Тулебаев Т.А. Обрабатывающая промышленность дореволюционного Казахстана (по материалам Сырдарьинской и Семиреченской областей). Алматы, 2001.15-б.
- Туманшин К. История развития Петропавловска… 9-10 бб.
- Галузо П.Г. Аграрные отношения на юге Казахстана в 1867-1914 гг. Алматы, «Наука», 1965. 268-269 бб.
- Туманшин К. История развития Петропавловска… 10-11 б.
- Сулейменов Б.Аграрный вопрос в Казахстане последней трети ХІХ – начала ХХ в. (1867-1907). А., 1963. 95-96 бб.
- Туманшин К. История развития Петропавловска… 20-б.
- Петропавловск. Серия: История городов Казахстана. А., Наука, 1985. 208 б.
- Петропавловск. Серия:… 21-б.
- Касымбаев Ж.К. Развитие Прииртышских крепостей как торговых центров в ХҮШ в. // Известия АН КазССР. Сер. Обществ. наук., 1974, №6, 42-45 бб.; История городов Казахстана: Семипалатинск. А., Наука, 1984. 224 б.
- Галузо П.Г. Аграрные отношения на юге Казахстана в 1867-1914 гг. А., 1965. 5-32 бб.; Сулейменов Б.С. Аграрный вопрос в Казахстане последней трети ХІХ – начала ХХ в. А., 1963.22-95, 142-172 бб.
- Туманшин К.Развитие торговли в Петропавловске в 60-90гг. ХІХ в.// Ученые записки КазГУ, сер. Истор., 1958, вып. 4, т.38. 83-б.
- Петропавловск. Серия:… 43 — б.
- Кустанай: вчера, сегодня, завтра. А., «Казахстан», 1979. 248 б.
- Куприн Г.А. Кустанай. Историко-информационный путеводитель. А., «Казахстан», 1979. 78-б.
- Куприн Г.А. Кустанай… 7-б.
- Дубицкий А. Акмола – город славный. Акмолинск, 1959. 126-б.
- Дубицкий А. Акмола – город славный… 16-б.
- Дубицкий А. Где течет Ишим. Из истории Целинограда и целинного края. А., «Казахстан», 1965. 326 б.
- Дубицкий А. Ф. Город на Ишиме. А., «Казахстан», 1986. 20-33 бб.
- Дубицкий А. Где течет Ишим… 35-36 бб.; Соныкі. Город на Ишиме… 36-37 бб.
- Дубицкий А. Ф. Город на Ишиме… 41-б.
- Касымбаев Ж.К., Агубаев Н.Ж. История Акмолы (ХІХ – начало ХХ века): исследования, источники, комментарии. А., «Жеті жарғы». 1998. -176 б.
- Дубицкий А. Акмола – город славный…24-б.; Соныкі. Где течет Ишим… 37-б.; Соныкі. Город на Ишиме… 41-б.
- Дубицкий А. Где течет Ишим… 55 –б.
- Сонда. 78-б.
- Алпысбаева Г.А. Проблемы социально-экономического и культурного развития города Акмолы (1832 – 1914 гг.). Автореферат дисс. канд. ист. наук. А., 1997. 25 б.
- Алпысбаева Г.А. Деятельность Акмолинского окружного приказа в 30-40-х годах ХІХ века.// Материалы республиканской научно-теоретической конференции «Казахстан-Россия: история и перспективы взаймоотношений». Вестник науки Акмолинского аграрного университета им. С.Сейфуллина. Акмола, 1996. №7. 49-50 бб.
- Алпысбаева Г.А. Проблемы социально-экономического… 17-б.
- Тулебаев Т.А. Обрабатывающая промышленность дореволюционного Казахстана (по материалам Сырдарьинской и Семиреченской областей). А., 2001. 33-36 бб.
- Алпысбаева Г. Из истории обшественно-политической жизни г. Акмолы в конце 19 – начале 20 веков.// Вестник науки Акмолинского аграрного университета им. С.Сейфуллина. Акмола, 1997, №8. 101 -103 бб.