АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Қ. Жұмалиев және Махамбеттану мәселелері

Қ. Жұмалиев және Махамбеттану мәселелері

 

Мазмұны

 

Кіріспе………………………………………………………………………………………………………

 

І тарау. «Ұлпан» романының жазылу тарихы……………………………………………….

 

ІІ тарау. «Ұлпан» романындағы Ұлпан мен Есеней бейнесі және олардың тарихи тұлғалары…………………………………………………………………………………

 

ІІІ тарау. «Ұлпан» романындағы образдар жүйесі…………………………………………

 

Қорытынды…………………………………………………………………………………………….

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі………………………………………………………………

 

 

 

Кіріспе

 

Диплом жұмысының өзектілігі:

     Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, академик-жазушы, алыптар тобының сардары Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романы жарық көрген тұста оқырман қауымның ыстық ықыласына ие болып, әдеби сында да жоғары бағаланды. «Ұлпан» романының ерекшелігі оның басты кейіпкерлерінің тарихта болған тұлғалар екендігінде. Жазушының «40 жыл бойына» көңілінде пісіп-жетіліп, толыққан бейне − Ұлпан бейнесі. Бұл шығарма идеялық-көркемдік тұрғысынан ерекшеленетін туынды. Біз жұмысты жазу барысында шығарманың осындай ерекшеліктерін қарастырумен қатар оның жазылу тарихын, басты тұлғалар мен олардың түптұлғаларының тарихтағы орнын сараладық.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері:

1.Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығына жалпы шолу жасау;

2.»Ұлпан» романының жазылу тарихына тоқталу;

3.Кейіпкерлер мен түптұлғалардың арақатынасы, өмір шындығы мен көркемдік шындықтың байланысы;

4.Автордың тұлғасын сомдауы мен характерін ашудағы шеберлігін пайымдау;

5.»Ұлпан» романы туралы бұрын-соңды жазылған сыни мақалалар мен еңбектерге сүйене отырып, өзіндік ой-пікір қорытындысын шығару, пікір қалыптастыруға тырысу;

Жұмыстың теориялық және әдістемелік негіздері:

     Диплом жұмысын жазу барысында қазақ әдебиеттану ғылымындағы орныққан теориялық тұжырымдар мен қағидалар негізімен басшылыққа алынды. Сонымен бірге талдау, жинақтау және салыстыру әдістері қолданылды. Жұмыстың негізгі теориялық тұжырымдары мен түйіндерін қорытуда қазақ ғалымдары С.Мұқанов, З.Қабдолов, Т.Кәкішұлы, Ж.Ысмағұлов, Ш.Беркімбаева, М.Бекбергенов, Ә.Нарымбетов сынды

әдебиеттанушыларының теориялық зерттеу еңбектері, сын-мақалалары мен пікірлері басшылыққа алынды. Бұларға қоса әр жылдарда баспасөз бетінде жарияланған Ғ.Мүсірепов туралы түрлі мақалалар да пайдаланылды.

Диплом жұмысының құрылымы:

     Жалпы жұмыс кіріспеден, негізгі бөлім мен қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

     Белгілі қаламгер, көркем сөздің зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің қазақ әдебиеті тарихында алатын орны ерекше. Оның шығармашылығы келелі де мазмұнды әдеби қорымызды байыта түскен әдебиетіміздің қазынасына қосылды. Шеберлік шыңына Ғ.Мүсірепов бүкіл қазақ әдебиетінің өрге ұмтылған үлкен керуенімен бірге адымдай отырып, көптеген жетістіктерге жетті. Туған әдебиетімен бірге түлеген жазушы шығармалары өмір шындығымен, замандастың даңқты істерімен тыныстаған. Ол бүкіл қазақ әдебиетімен бірге қанаттанып, қияға бірге құлаш ұрды. Шағын әңгіме, новелладан бастап, салалы роман мен кесек драмаға дейін жазушы жүріп өткен үлкен жол − алғашқы шағын әңгімелерден көп томдық эпопеяға, фольклорлық эпостан XX ғасырдың биік өнеріне шырқап шыққан қазақ әдебиеті дамуының бір дерегі мен дәлелі. Ғ.Мүсірепов шығармашылығы қазақ әдебиетінің профессионалдық биік дәрежесіне, кең құлашына, философиялық тереңдігіне, байтақ өрісіне, қоғамдық зор маңызына айқын айғақ. Туған әдебиетіміздің осынау гүлдену, өсу жолында, оның әрбір кезең, белестерінде Ғ.Мүсіреповтің сіңірген еңбегі айрықша.

     Ұлттық жаңа әдебиеттің қалыптасуында белгілі роль атқарған Ғ.Мүсірепов әңгімелері мен пъесалары, романдары мен повестері халық өмірінің елеулі кезеңдерін қазақ қоғамындағы әлеуметтік өзектерді, қазақ кедейлерінің мінез-құлқындағы құбылыстарды, ұлт болып қайта туу, жаңғырып, жасару жолымызды бейнелейді.Оның шығармалары белгілі бір оқиғаның жалаң суреті ғана емес, ірі дарын иесінің халық тағдыры, адам жайлы толғаныстары деп білеміз.

      Ғ.Мүсіреповтің кітаптарында халық өмірінің әр алуан бояуы, ауыспалы ауасы, дабыл-дыбысы, әуен-ырғағы, тарихи бел-белестері, өсу кезеңдері жатыр, сан ұрпақтың көрікті-көріксіз келбеті мен тағдыры жатыр. Ол халық тынысын, халықтың жүрек дүрсілін, ауыр ойлары мен бұлдыр қиялын, асқақ арманы мен іргелі рухани ізденіс тарихын суреткерлік зейінділікпен жіті байқап, қайта жаңғыртып, қайтадан » жан бітіріп» жаңа қауымға ұсынды.

     Ғ.Мүсіреповтің шығармашылық ізденуінің ең бір жемісті қадамы,

сондай-ақ биік шыңдардан көріне білген кездері мен сәттері оның аналар тақырыбына арналып жазылған бірнеше әңгімелер мен новеллаларының қай-қайсысын алып қарайтын болсақ, қаламгер шеберлігінің арқасында аналарымыздың қоғамдағы орны, қызметі, қайраткерлігі, адалдығы, сонымен бірге қайсарлығы жете суреттелген.

     Қазақ совет әдебиетінің қалыптасу дәуірінде орыс әдебиетінің айрықша ұстаздық роль атқарғандығы белгілі. Жазушыларымыз орыс классиктерінен өмір оқиғаларын революциялық дамуы үстінде суреттеуді, күрескер адамның бейнесін жасауды үйреніп қана қоймай, кең жағдайда олармен тікелей тақырыптас, үндес шығармалар да жазды.Соның бір мысалы Ғ.Мүсіреповтің «Ана туралы әңгімелер» циклі. Мұның пролетариат әдебиетінің атасы А.М.Горькийдің анық ықпалымен жазылғандығы айқын. Әлем әдебиетінде тұңғыш рет күрескер, өршіл, оптимист ананың образы М.Горький шығармаларында жасалып еді. Ол өмірден жабыққан, тарыққан аналарды емес, өз бақыты үшін, ел бақыты үшін күресе білетін ер аналардың іс-әрекетін жырлаған. Міне, Горькийдің осы өнегесі Ғ.Мүсіреповтің әңгімелерінен анық көрінеді.

     Ана туралы новеллалар шоғыры алғаш рет 1934 жылы «Ана» атты кітапта топталып берілді. Онда «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана», «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы» новеллалары бар. Алғашқы екі новеллалар Горькийдің ізімен жазылып тұрса да, көп жағынан қазақ әдебиетінің өз туындысындай болып шыққан.

     Әр жазушы, ең алдымен, өз туған халқының көкейіндегі ойын, жан-сырын кемеліне келтіре жырлаумен ғана мұратына жетеді. Сол сияқты өзі өсіп-өнген ортаның, қазақ елі әйелдерінің нелер-бір асыл қасиеттері Ғабит Мүсіреповті де ертеден-ақ толғандырып, ойландырған секілді. Ал қазақ елі өзі ел билеп, халық болып қалыптасқан көне заманнан бері-ақ әйелді, ананы, қыз баласын қатты қадірлеп, құрмет тұтуды берік дәстүрге айналдырған халықтардың бірі. Сол кездегі дәуір шындығын көрсететін. «Алып-анадан туады», «Ана − алдында құрмет, ата алдында − қызмет», «Мейірімі мол ананың − жүрегі жылы, қолы кең» т.б. дана мақалдар бұған дәлел бола алады.

     Халық бейбіт кезде әйелді асқар таудай сүйеніш деп есептесе, ел басына күн туған қатерлі шайқастарда батырдың бірінші серігі деп  білген. Сол көне заманда алғырлығымен, шешендігімен, тапқырлығымен, батылдығымен, сезімталдығымен ел аңсауына арналған қазақ әйелі аз емес.Өмір қиыншылығының сондай бір кезеңдерінде өзінің табиғи құдіретті қалпын сақтап, өмір үшін табанды күрескер бола білген бүкіл әйел атаулының, соның ішінде тонның ішкі бауындай өзіне жақын қазақ әйелінің өмірі жазушыны өмір бойы ойландырып, олар жайында шабытты шығармалар жазуға жетелегенін айқын көруімізге болады.

     Ана туралы тақырыпқа баруы М.Горькийдің әсерінен болғандығын автордың өзі былай деп мәлімдеген: «Горькийдің тақырыбын, жазу әдісін ұғынамын деп талаптанған ғалымда ұшы-қиыры жоқ кең байлықтың ішіндегі ең бір негізгі саласы − күшті адам екен деген қорытындыға келдім… Құлақта ертеден бір әңгімелер жүретін еді. Горькийдің «Аналарын» қайта бір оқығанда, сол әңгімелерім тіріле бастады. Көп ойланбастан-ақ Горькийдің аналарында да, өзімде де бар әңгімелерді де қағазға түсірдім» [1, 5].

     Ана туралы новеллалар тақырыптық жағынан ұқсастығының үстіне идеялық бағыты, пафосы жағынан да бірін-бірі толықтырып отырады. Олардағы ортақ типтік герой − шындық үшін, әділет үшін өмірдің не бір қиындығына  да қарсы тұрып, кедергілерді жеңе білетін, әлемге өмір 

тарататын, сол өмір үшін өліммен айқасатын, қауіптің алдында қорқып иілмейтін, өзінің ұлылығын сезінетін, әрі мейірбан, әрі айбатты күрескер, өршіл, өжет ананың образы. Осы образ қазақ әдебиетіне өзінің үлкен соңылығын, жаңа сипатын, әсерлі күшін алып келген. Ғ.Мүсіреповтің әңгімелері мен новеллаларында, очерктерінде жасалған адамдар бейнесін аналардың өшпес тұлғалары байыта түседі. Автор қандай қиындық болса да, өзінің қамқоршыл жүрегінен, адамгершілік қасиетінен айнымайтын дүниедегі ең мықты жан − ана дегенді айтады [2, 23-29].

      Ғ.Мүсірепов «Ана» деген ардақты атты барлық жағынан, яғни, қоғамдағы орны, сонымен қатар жарық өмірмен тең екендігін, ана әрбір жанұяның шаңырағы екендігін, бір сөзбен айтқанда, ананың ұлылық сипатын жан-жақты сипаттап көрсете білді.

     Батырларымыз өз туған елін, жерін қорғай білетін қайсар, өжет ер екенін білсек, ал ана сол батырларды өзінінің нәзіктік сезімі мен өр рухты мінезімен қорғай білген дара тұлға.

     Ғабит Мүсірепов туралы Хабиби Елебекова былай деп сыр шертеді: «Ғабең нұрдан жаралғандай жан еді. Әр сөзінің өзі жүректі жан тебірентер сырлы саздай естілетін. Сондай сері кісі болды. Табиғаты қыз-келіншектерге қаншалықты жақын болса, отанасы Хұсниді де аялай білді. Хұсни апай өзінің ер-азаматына ол кісідей адал болған, алдынан кеспек түгіл, бір ауыз қарсы сөз айтпай өткен адамды, мен өте сирек кездестірген шығармын. Бірде қонақта отырып, әйелдер оңаша қалған бір сәтте Хұсни апай өзінің жас кезіндегі суретін көрсетті. «Мен де әдемі болатынмын, осы Ғабең ізімнен қалмай жүріп, қолына түсірген. Әрине, Ғабитті мен де жақсы көрдім. Ол кісіге деген махаббатымды өздерің де білесіңдер ғой», − деп жымиды. Сол сияқты Ғабең де Хұсни апайға ғашық болып қосылып, тамаша ғұмыр кешті.Үш перзент сүйді».

     Ғабит Мүсірепов өзінің «Күнделігінде» әйелдер туралы мынадай ой-толғаныстарын келтіреді:

     Әйел шынымен жылап алса ажарланып кетеді, көңілінде түйнек болып тұрған бір тасты көз жасымен жуып тастағандай.

     Әйелге – еркектердің таласы талай жазылады, әйелдердің еркекке таласы әлі жазылған жоқ. Бұл тақырыпты ептеп сезінсем керек: арнаулы тақырып етпегенмен бір сүрлеуге қоса кету дұрыс болады.

     Дүниеде әйеліңмен жанжалдасудың ғана көп варианты бар және әр жанрда жанжалдасуға болады! Енді тоқтады-ау деген кезде тағы бір саңылау тауып қайтадан қоза береді.

     Әйелді сүю үшін білуің ғана жетпейді, сезінуің керек, ең керегі осы.

  • Әйелге ше?
  • Оған да!

Еркектің ашуы түске дейін, әйелдің ашуы кешке дейін.

Еркектің ашуы аспен тарайды, әйелдің ашуы төсекте тарайды.

Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді.

Әйел боянса бұзылады, көп қиқаңдаса ұрылады.

Әйел шынын айтса да себебі бар, өтірік айтса да себебі бар.

Менің байқауымша, сұлу әйелді ит қаппайды. Олай болса сұлулықты ит те сезеді.

     Ғ.Мүсірепов өз шығармашылығында жігерлі де ақылды, сұлу да адал, мейірімді де қайсар, белгілі бір мүдде жолында өз жанын пида етуге бар, өр рухты да, ер мінезді, мәрт те нәзік, бір сөзбен айтқанда қаһарман әйелдер туралы үзбей жазған суреткер.

     Жазушы шығармаларында осындай  қаһарман әйелдер бейнесінің тәжі де, шыңы да іспеттес болып, әдебиетімізге Ұлпан бейнесі келді.Ұлпанның бір бойында жоғарыдағы әйелдердің баршасына тән драма да, трагедия да, қайраткерлік те, қаһармандық та бәрі-бәрі шынайы тоғысқандай. Ғ.Мүсірепов шығармашылығында үзбей орын алып келген әйел кейіпкердің барлық қасиетін бір бойына жинақтаған Ұлпан бейнесін, әйел − Ұлпанды ұлы образ, әрі ұлы тұлға, әрі ұлы әйел деп есептейміз. Романда қазақ қызының ісі де, қылығы да, сөзі де айқын танылады. Ұлпан бейнесі − бүкіл қазақ әйелінің жиынтық, көп планды бейнесі. Осы образдың ішкі тінінде қазақ әйелінің феодалдық қоғамда көрген зорлық-зомбылығы да, ел билеген, ел басқарған даналығы мен батырлығы да, шырақты сүттей ұйытып мейірімге бөлер аналық қадір-қасиеті де жатыр.

     Дегенмен, Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығы хақында айтылатын пікірлер мен зерттеулер түгелденіп бітті десек, жаңсақ кеткен болар едік. Осы кезге дейін Ғ.Мүсірепов туралы бірталай зерттеулердің, көптеген мақалалардың жарияланғанына қарамастан, жазушы творчествосының кейбір тұстары мен қырлары әлі де болса жеткілікті сөз болмаған.

     Көріп отырғанымыздай Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романында қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен қызметі туралы халық анасы ретінде тың жаңылықтар ашады. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І ТАРАУ. ҰЛПАН РОМАНЫНЫҢ ЖАЗЫЛУ ТАРИХЫ.

 

       Отызыншы жылдары бастаған «Ана» циклын жетпісінші жылдары «Ұлпан» романымен түйіндеді. ХІХ ғасырдағы қазақ әйелінің трагедиялы ащы тағдырын суреттеген бұл романын жазушы 1974 жылы жазып аяқтаған болатын. Романда автор сол қара түнек феодалдық заманда өз ортасынан суырылып шығып жарық жұлдыздай ағып өткен айрықша адамды суреттеп берді. Әрине, қанаушылар билеген қоғамның тепкісінде зарлап азап шеккендерге жаны ашып, қол үшін беру, өзін қас тұрып, өзгенің бақытын ойлау – сол кездегі төтенше қимыл, айрықша мінез еді. Міне, осындай жауыздық әлеміне қарсы батыл күреске шығып, ел аңызына айналған, аршынды іс-қимылға барған дарынды қайраткер – қазақтың сол замандағы асқан ақылды әйелі – Ұлпанның әдеби жарқын тұлғасын жазушы жасап береді.

     «Ұлпан» романы бірінші рет «Жұлдыз» журналының 1974 жылғы 6, 7, 12 – сандарында жарияланды. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан осы шығармасын әуелікде повесть деп атаған. Автор кейіннен көп өңдеп, роман жасады. Оны үш бөлімге жіктеп, әр бөлімнің тарауларының қатар санын өзгертті, жаңа тарау қосты. Жазушының бас томдық шығармалар жинағының бесінші томына (1976)  және таңдамалысының үшінші томына (1980) енді. Роман «Ұлпан ее имя» деген атпен орыс тілінде (аударған А. Белянинов) «Жазушы» баспасының 1976 жылы кітап болып шықты.

      «Ұлпан» романына жазушы қайта-қайта оралып, әрқилы жөндеулер, толықтырулар жасаумен келеді. Сол жөнделген, түзетілген, толықтырылған нұсқасын жазушы таңдамалысының үшінші томында (1980) жарияланады.

Тарихи тақырып бар жерде тарихи шығарма бар. Тарихи болмысқа еркін барып материалды өзінің шығармашылық қазанында еркін қорытып жазу мен тарихта болған және үлкен тарихи рөлі бар белгілі адамдар жайлы жазудың айырмасы бар. «Ұлпанның» басты кейіпкері—Ұлпан мен Есеней тарихта болған кісілер.

Шығарманың оқиғасы—XIX ғасырда қазақ даласында болған  тарихи   шындықтарға  негізделген.   Жазушы   бұларды шын болған күйінде емес, бұзып, бұрмалап көрсетіпті деген хаттар да  басты  образдардың болғанын  растай  түседі.   Бір ғана өлкеде болмаса, басқаға беймәлім жандар себепті, осы адамдар туралы керағар пікірлердің орын алуы да дәлелді. «Ұлпан»   романының   жазушының   тарихи   материалдарды өзінің идеялық тұрғысынан қарап, өз ырқына бағындырып пайдаланған   тарихи   әлеуметтік   шығармасы   деп   түсінеді. Романның     соңында     автордың     «Сөз     соңы» делінген түсініктемесі—осынау сөздің айғағы. Мұнда ол өз туындысын документті   деректерге    емес,   ел    аузындағы    мәліметтерге сүйеніп   жазғандығын   ашық   айтады.   Бәрі   де,   Ұлпанның бейітін  көргенде,   Исахмет  қария:   «Ғабит,   сен  бұл  кімнің бейіті  екенін   білетін   шығарсың»—деп   сұрады.   Бұған   ол: «Білемін,    тастағы    жазуын    да    оқып    отырмын.    Ұлпан шешеміздің бейіті,»—деп жауап қайырады. Сонда Исахмет: «Шешеміздің дегенін бүкіл Сибанның құлағына жағатын сөз. Ұлпан шешеміз аты жоққа ат берген, асы жоққа ас берген. Кедейлерге пана боған.  Өзі  Есенейдің ен байлығынан түк қызық көрмей өткен адам,»—дейді [6, 239]. Нұрғожа қарт күрсініп қойып:   «Ондай   адам   қайда!  Адалдығына  қарап   әулие ме дерсің,   ерлігіне  қарап   еркек пе деп  қаларсың дейді  екен бұрынғылар,»—дейді.       Нұрғожаны       қолдаған       Тайжан: «Есенейдей адамды көзі тірісінде ойлап алып,  осы елді ел қылған    сол    шешең,»—десе,    басқалары:    «Аяғында    сол  Керейдің    болыс-билері    күндесе    күңірене    жүріп    Торсан жалмауыздың дозағына апарып құлатты ғой,»—дейді. Бұдан әрі қарттар Ұлпанның бейітіне ақ тасты Торсан емес, Сибан елі орнатқанын әңгімелейді.

Міне, Ғ.Мүсірепов романына негіз салған осы әңгіме. Шығарманың сюжеттік желісі де осы ізден шыққан. Кенесары тобына қосылудан бас тартып. Керей-Уаққа қарасты бес болыс елге ықпалы жүріп тұрған шондар Есенейге жастай күйеуге шығып, оны ақыл-ойымен, көркімен, ер мінезімін билеп-төстеп кеткен Ұлпанның айналасындағы дүйім жұртқа қалайша беделі өткенін, әділдік, қайырымдылық еткенін, ақырында Торсан жалмауыздың тұзағына түсіп, опат болғанын Ғ.Мүсірепов ел аузынан естіген күйде кітаптың ұзын-ырға мазмұны етіп алған. Мұнда дәуір танытқыш, өмір танытқыш құнды мағлұматтар мен құнарлы образдар, психологиялық суреттер мен көркем детальдар молшылық. Шығарма кейіпкерлерінің тағдыры оқырмандарын сендіре ме? Сөз жоқ, сендіреді. Есеней мен Ұлпанның, Торсан мен Жәукенің, тағы басқаларының ара қатынастары өмірде шын осылай болған ба еді, жоқ басқаша болған ба еді—мәселе онда емес. Осылай болуға мүмкін бе еді, жазушы бізді осының растығына сендіре алды ма—міне, мәселе сонда.

Ұлпан образы туралы күдік келтірушілердің кейбіреулері өмірде бұлай болған емес деп күңкілдесе, кейбіреулері феодалдық-патриархалдық қоғамда қыз бала мұнша билік алуы мүмкін емес деген сыңай білдіреді.

Сибан елінің барлық әйелдері Ұлпанның бейітін бес жыл күтіпті. Топырағы олқы түсе бастаса-ақ жаулықтарына түйіп—топырақ әкеліп салады екен, содан бұзылмай келеді.

—Ұлпан әулие адам болмаса айтқаны келер ме еді? Өлерінде Торсанды «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін!»—деп қарғаған екен. Сол қарғысы келмеді ме? Бәрін де көрдіңдер, Торсанның шаңырағы бір күннің ішінде құрып бітті.

—Көп жылдар бойы араздасып жүріп, әрең татуласқан біздің әкеміз де Ұлпанды әулие адам деп өтті. Намазынан тастамайтын,—деп кіші баласы, таза жанды адам Сүлеймен өз ойын айтты [6, 530-531].

Тайжекең сөзінде мен де жақсы білетін шындық бар. Әуелі Торсанның үлкен ұлы Шақан болыс әкесінің бір ауыр зұлымдығынан өзін-өзі пышақтап жарылып өлді. Содан кейін 1920 жылы Торсан өзі өліп еді, балалары бір күннің ішінде быт-шыт болып тарап кетті: екеуі—қайнына, біреуі— туысқан еліне. Торсан шаңырағы құлап, қыстауы аңырап қалды. Аяқтап келгенде бір кезде болыс болған, мырза атанған Торсан балалары қайыршылыққа ұшырап барып құрыды. Торсанның бейітіне ешкім барып құран оқымайды екен. Бұл енді қорлаудың үлкені. Бейітінде тым болмаса бір шыбық шанышқан белгі де жоқ, бет тақтайлары көрініп опырылып жатыр. Балалары әкесін көмген күні ұмытып та болған. Осының бәрін Сибан елінің, Ұлпанның қарғысынан деп есептейді.

—Ұлпан шешеміздің қазасы неден болды екен? —деп сұрағанымда:

—Оның дәл анығын көрген де, білетін де өзіңнің үлкен әжең Шынар еді. Ол кісі өле-өлгенше аузын ашпай кетті. Ол кісі таң атпай келіп, Ұлпанның қаза болғанын бірінші болып көрген. Ұлпанды арулап, ақ киізге орап, үш жерден байлап берген де сол кісі. Жерлегенде ішінде болдық. Жүзін көре алғанымыз жоқ. Бала болатынбыз.

—Ел өтірік айтпайды, қате ұстап қалып, сол қатесін өзі түсінеді де соны өңдеймін деп, кейде өзгертіп алатыны болады, —деді қария.

Ұлпан жайындағы әңгіменің ұзын-ырғасы осы. Кейбір жерлерінде артық-кемі де жоқ емес.

Біздің үлкен атамыз Мүсірептің бейіті де осы зиратта. Бейіттің бас жағына шыққан екі жуан ақ қайың бар. Қайыңдар қолдан отырғызғандай емес, өздері шыққан.

—Үлкен атаң Мүсіреп Ұлпан бәйбішенің ең жақын дос адамы болыпты, —деді Нарғожа қарт.

—Бала күнімізде Мүсекеңнің атын суғарып келуге таласушы едік. Жақсы ат мінетін. Шынар әжең де балалардан барын аямайтын, мырза кісі еді. Әжең ертерек қайтыс болды да, атаң қартая келе көп жоқшылық көрді. Үлкен баласы шаруа басын құрастыра алмайтын момын кісі еді ғой,—деп аяқтады.

Сегіз сері Бахрамұлы әйел теңсіздігі туралы былай дейді: «Мен қалың мал салтына анық наразылық білдіремін. Жастардың өз теңіне қосылуы, бірін-бірі көріп, қалап барып құда түсуін орынды санаған. Кез-келгенді ала салуға, қалың малдың арқасында қос-қостан әйел алып, оларды күң есебінде ұстауға немесе жасы келіп дірілдеген кәрі шалға жас қыздарды ұзатуға батыл қарсылық танытқан. Ал әйел теңсіздігін аяққа басқан қоғамдық топтарды өткір сынайды. Серінің осы тұрғыдан 1850 жылы шығарған «Есенейге» атты өлеңінде:

Ұлғайған күшті арыстан түк бітірмес,

Шал ойнап жас қызбенен дәурен сүрмес.

Жылатып жас бойжеткен қыз алғанмен,

Бұл күнде Есенейден ештеңе өнбес.

Алғанын ол Есеней қайтып бермес,

Өзімен дауласқанды жақсы көрмес.

Көз жасы Ұлпан қыз бен Дайрабайдың,

Қазақ пен Есенейді шын жібермес, — деп, Есенейдің жас қыз алғанын жақтырмай сынаған еді [8, 31-32].

Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпан» романы жайында көптеген сыни ой-пікірлер газет-журналдар беттерінде басылып жатты. Одан кейін де сахна төрлерінде «Ұлпан—Есеней» атты қойылымдар да қойылды. Бұл жайында да баспасөз беттерінде режиссерлардың қателік жақтарын айтып көрсеткен. «Ұлпан» романы жайында жазылған ой-пікірлерге тоқталатын болсақ, 1997 жылы               22-каңтарда шыққан «Егемен Қазақстан» газетінде «Ер еңсесі» деген мақаламен жарық көрді. Мұнда былай делінеді: «Ауыл өміріндегі бай мен шаруа арасындағы қайшылықтарды сол тарихи кезеңдегі шындықпен дәлелдеп берген «Ұлпан» романы шыққаннан кейін, ненің өтірік екенін ешкім дәл басып айта алмады. Торсан қатал адам еді. Өзінің жұмыстарымен, болыс-билерімен сөйлескенде қатып қалушы еді. Алдына кісі салдырмайтын. Торсан туралы елде көптеген аңыздар, әңгімелер бар. Біріншіден, ол кісіні ешкім атымен атамай, «Қоқан» дейтін. Байдың ауылының жанынан ешкім жортып, атпен шауып өтіп, өліп кеткен адамды білуші еді. Көп жақтарын қазір ұмытып қалыппын,»—дейді С.Мұканов [17].  

Сонымен қатар Ғ.Мүсірепов Ұлпанды Есенейге ғашық болды деп айтып көрсеткен жоқ. Ұлпан негізінен Есенейге қазақтың ескі салт-дәстүрінен аса алмай және де әке-шешесінің кедей болып, қолы қысқалығынан Есенейге қосылады. Ал шындығында Есеней аты елге мәлім болған қайсар батыр адам. Кенесарымен бірге орысқа қарсы шықпайсың деп, малын қуып кеткенде бес болыс Керей-Уақты бастап, малын қайтарып алады. Кітапта Біжікен өлімі көмескі, екі ұшты болады. Өмірде Біжікен бала үстінде қайтыс болады. Соңында  қалған қызы да көп ұзамай өледі. Ұлпан бәйбіше күйеу баласының, яғни Торсан төсегін басқаға жаңғыртқызбайын деп, туған ағасы Ембайдың қызы Бибізәурені (Жәукені) қосады. Одан бес ұл, бір қыз өмірге келеді, — деп осы «Егемен Қазақстан» газетінде көрсетеді. Сонымен қатар осы газет бетінде «Төліңді сатып, төрінді жатқа берме» деген-мақалада мұндай деректер бар: «Ұлпанды кіші баласы Мырзашқа айттырып қойған Түленнің әкесінің әкесі Тілепбайдың шешесінің сіңлісі Ақбайпақтан туған Қарабайдың Қайыркелдісінің жиені Игембердінің қызын алып отырған Ырымбектің Жәуке деген қызы бар еді. Торсан сол қызға үйленеді». Міне, осы «Ұлпан» романына байланысты осындай көптеген көзқарастар жазылды.

Осы мақалаларға қарасақ, тарихи шындық екенін және де көптеген аңыз-әңгімелер бар екендігін айтады. «Ұлпан» романы өмірде болған тарихи шындық. Ғ.Мүсіреповтің осы романы жайында «Казақ тілі мен әдебиеті» газетінде (1996) былай делінген: «Ғ.Мүсірепов қазақ әдебиеті әлеміндегі кесек тұлға, тамаша сөз зергері, әңгіме, новелла, қара сөзбен жазылған баллада, поэма жанрының шебері, бірнеше романдар авторы. Ірі драматург, аудармашы, тамаша публицист, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым. Сонымен қатар «Ұлпан» романында басты кейіпкер — Ұлпан, Есеней, Артықбай батырдың, Мүсірептің өмірде болғандығы және де тағы басқа адамдардың өмірде болғандығын айтып көрсетеді. Романның бүкіл қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы екендігін айтады. Ұлпан ақылдықтың, даналықтың, қайраттылықтың,  мейірімділіктің анасы. Халық, ел жақсылары Есеней би мен Артықбай батыр, сонымен бірге адал сыйластық терең адамдықтың, қазақ халқының тамаша әдет-салтында анық бейнеленеді. Аңшы Мүсіреп, «түрікпен» Мүсіреп—Шынар, Ұлпан—Есеней араларында таза да, табиғи, әрі ыстық достық болады. Ұлпан—Есеней адамды адамша сыйлаудың, қадірлеудің, бір-бірінің қадірін бағалаудың үлгісі, киелі ардақты адамдар бейнесі болып көрінеді. Ұлпанның ел анасы, Есенейдің халық ағасы дәрежесінде берілуі, Торсан— ішкі есеп, арамдық,  мейірімсіздік, қатыгездік, баққұмарлықтың жексұрын көрінісі ретінде суреттелген. Киелілер қарғысы Торсан және оның ұрпағының сол қарғысқа ұшырауы, «Ұлпан»—ұлттық мәні, нәрі атайлап тұрған қазақтардың бай тілімен, шұрайлы етіп жазылған кезең туындысы болып табылады,» —деп көрсетіледі [24].

Міне, қай баспасөз бетінен алып қарасақ та, оқырман қауымның ой-пікірлері Ұлпанның соншалықты дана болып,  ел қамқоры болған асыл ана екендігін мойындап көрсетіп жазады. Осы туралы газет беттерінде жазылған ой-пікірлерге сүйене отырып, бұл «Ұлпан» романындағы кейіпкерлердің бәрі де өмірде болған тарихи тұлғалар екендігіне көз жеткіземіз. Оған нақты дәлел келтіретін болсақ, Ұлпан қаза болған кездегі, сол уақыттағы әлгі кішкентай балалар кейіннен үлкейіп, есейген шағында айтып отырған Еменалы балалары: Сүлеймен, Тайжыкен, Қари деген кісілер.

Жазушының 338-дәптеріндегі жазбалары «Ұлпан» романының біраз сыр-сипаттарын ашып береді. «Менің Джокондам – Ұлпан», дейді жазушы.

Ұлы суреткермен жарысқа түстім десем, оным барып тұрған астамшылдық болар еді. Мен онша ақымақ болмасам керек.

Әрбір жазушының ойында әр кезде өзімен бірге жасасып толыға түскен бейнелері болу керек. Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым — ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірімі, т.т.

Джоконда маған мұңайыс пен жымию сиқыры сияқты елестейді. Мен сиқырға бара алмадым, кәдімгі тірі әйел бейнесін жасамақ болдым. Горькийдің бағытын ұстадым. Ұлпанда романтизм бар деп те ойлаймын. Орыс сыншылары Ұлпан бейнесінде аңыз бар десті. Мен — жоқ — деймін. Ұлпаннан бірнеше ғасыр бұрын өткен Абақ, Қарқабат, Ақкелін, Домалақ енең тағы басқа рулы елге ұран болған әйелдеріміз болған ғой!» (338-дәптер). Бұл жазбалардан «Ұлпан» романын жазуға Ғабит Мүсіреповтің 40 жыл уақытын жұмсағанын көреміз. Және бұнда Леонардо да Винчи (1452-1519), А.М. Горький (1868-1936) сияқты ұлы суреткерлердің Ғ.Мүсіреповке тигізген творчестволық игілікті ықпалдарының ізі де сайрап жатыр. Бұл жазба тарихта болған талай-талай қайраткер, дарынды қазақ әйелінің жиынтық (типтік), биік образын мүсіндеуге жазушының ұзақ жылдар бойы шығармашылық мұрат-арман етіп ұстағанын бұлтартпай дәлелдейтін әдеби деректің құндысы [9. 276].

Ұлпан казақтың әйелдер арасындағы ақылды да, зерделі де, дана да, тамаша адам. Ұлпан ел анасы болып, халықтың жағдайын аса бір ұқыптылықпен жайғастырған, көркіне ақылы сай, Ақнар, Ару  ана, Әулие ана болып танылған асыл бейне.

 

 

 

 

 

ІІ ТАРАУ «ҰЛПАН» РОМАНЫНДАҒЫ ҰЛПАН МЕН ЕСЕНЕЙ БЕЙНЕСІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРЫ

 

       Ғабит Мүсірепов шығармашылығында аяулы, асыл, қасиетті аналар образын бейнелеуге ерекше назар аударған суреткер жазушы.

     Романның өзіне келетін болсақ, бұл роман үш бөлімнен және жиырма төрт тараудан тұрады. Әрбір жеке тараулары рим цифрымен белгіленген. «Ұлпан» романында тоқсанға жуық образдар бар.

      Шығарманың оқиғасы – ХІХ ғасырда қазақ даласында болған тарихи шындықтарға негізделген. Романның Ұлпан, Есеней, Мүсіреп тәрізді кейіпкерлері өмірде болған адамдар.  Романның атына лайық оның ең басты кейіпкері, әрине, Ұлпан.

      Ұлпан – романтикалық характер. Тарихи адам өмірінің реалды шындығын жазушы оны сәл көтере түсер, өз ортасынан оқшау шыққан адам екенін танытар қаһармандық қасиеттермен әрлейді. Қарапайым қазақ қызының іс-қимылы да, сөзі де бір көргеннен ірі танылады. [ 2, 125].

     Батырдың ерке қызы шаңырақтың ошағы, үйдің ұстыны болып, яғни жоқтың өзі бар, аздың өзін көптей етіп отыратын, он саусағынан өнері тамған Несібелі ананың қызы Ұлпанға ұяда көрген тәрбиесінің арқасында Есеней ғана емес, бүкіл ел қызыққан, сүйсінген. Ұлпан ата-анасының тұңғышы мен жалғызы болғандықтан, өте еркін өсіп, еркекшора киінген.

      «Қаршығалы» шұбарына көз тіге келген Есеней тобының алдынан жігітше киініп шыққан қыз өтінішінің өзінде ерекше бір асқақтық барын «түрікпен» Мүсіреп бірден байқайды. Онысын бетіне айтқанда, қыз айып тартқан болып, атын тастап, тағы да салмақ салып кетеді. Бұл салмақ өмірі кісі алдында айып тартып көрмеген Есенейді атына ат қосып қайтаруға мәжбүр етеді.

     «Ерке болушы еді, ығыспай сөйлейтін қыз болыпты-ау? Зейінді, зерделі боларсың деп ойлап кетіп еді, ойлағаны келген де қойған. Ұтқызбай кетті ғой».

    Төрт-бес жасында Артықбай батыр үйінде кездесіп, әке мен баладай достасып кеткен Ұлпанды Есеней осылай еске түсіреді. Сондай-ақ көркіне мінезі сай биязы да инабатты, сұлу да сымбатты. Ұлпанның инабатты екенін романның мына тұстарынан байқаймыз:

          Бала жігіт бұл жолы да тез жауап қайтарды:

         — Арызымызды айтып кел деген жұрт асқақтай сөйле деп тапсырған жоқ еді, ағалар. Солай болып шықса айып өзімде. Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар деген бар ғой. Міне, айыбым! – деп атынан түсе қалып ұзын шылбырын Кенжетайға қарай серпіп жібереді.

      — Әйтеуір ат жетелеп жүр екенсің, мынаны жетелей жүр.

      Міне, осы тұстарынан еркекшора киінген Ұлпанның Есеней мен оның жанындағы төрт адамдарға осылай жауап қайтарып кетті.

      Сонымен қоса, Ұлпан сөзге шешен, ақылды да, батыл қыз болып өседі.

      — Ойдағы он ауыл Сибанның барлық малын айдап әкелсе де бір қыс асырап шығуға «Қаршығалының» шұбары жетер еді. Жалғыз Есенейдің жылқысын асырап шығуға жеріміз жетпей жатса, айыпты болмақпыз ба?

     Ұлпан кейде әкесіне ақыл-кеңесін беріп отыратындығын осыдан байқауымызға болады.

     Тағдыр ісіне мойынсұнып, қарап отыру – Ұлпан характеріне жат. Феодалдық ортаның әйел қауымына құрып қойған тұзағынан біржола босап кетуді ойламаған ол өзіне бұйырылған ырзық көлемінде еркін, өз ықтиярымен тіршілік құруды қалайды. Оның Мырзаштан құтылуға талабы да осының бір көрінісі. Мырзаштан құтылады және одан өз күші емес, Есеней сияқты күштінің қолы құтқарады. Тағдыр құрығы ұзын емес пе? Бірақ мұның артында Есенейдің өз құрығы дайын тұрғанын Ұлпанның аңғарған да түрі бар. Есенейден құтылар күш жоғын Ұлпан біледі. Сондықтан да Есенейдің сөз салғанын естігенде, оның ойына келгені: «Ағашқа асылып өлмесең, құтыла алмайсың. Есенейден арашалап алып қалар адам жоқ. Айтты – болды. Басың болса – ие бер, тізең болса – бүге бер. Тек түрікпен Мүсірепке қайтарған жауабында: Бірақ ағаңның есінде болсын – Ұлпан арзанға түспейтін қыз», — дегенді қоса айтып шарасыз көнеді. Мұнысы: Есенеймен сөзді басынан ашып алу, үлкен ордаға тоқал емес, бәйбіше болып кіру болатын. Есеней өзінің бүкіл өмірін сарп етіп етіп жеткен есенейлігін оп-оңай Ұлпанға бере салды. «Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боларсың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр…» − дейді [7, 103]. Ұлпанның өзі білетін дүниенің бірінші адамы – Есеней де, егер бұл ойы іске аса қалса, екінші өзі болмақ. Ұлпанның өзінің осы ойын іске асырады.

     Осыны істетіп отырған Есенейдің кеңдігі, жомарттығы басым ба, жоқ әлде, өз басынан дәурен өтіп бара жатқанын сезгендіктен, сол есенейлік біржола құрып кетпесін деп, көзі тірісінде бір сенімді қолға тапсырып қоюға бекінген өзімшілдіктің ішкі есебі басым ба? Қалай болған да Ұлпан есенейлікті өзінше қабылдап, өзінше пайдаланады.

     «Тоқтай тұр әлі, біраз көрейін, көрмегеніме көзім үйренсін, білмегенімді біліп алайын. Тоқтай тұр әлі…». Осы «тоқтай тұр әлі … « бұдан кейінгі бүкіл Ұлпан әрекетінің ішкі өзегі секілді естіледі.

     Әрине, мұның барлығы феодалдық-патриархалдық тәртіптің көбесі сөгілмей, тұтасып тұрған кезінде бір әйелдің басына артығымен жетіп жатыр еді.

     Ғ. Мүсірепов бір шығармасынан екінші шығармасына асқан сайын өзінің шебер суреткер екенін дәлелдей түседі. Ол бір сәт те өткенге тоқмейілсіп тоқтап қалған емес. Ылғи ізденісте болған. Жазушы осындай тынымсыз ізденістен туындаған көркемдіктің талай үлгілерін «Ұлпанда» ұсынады.

« – Ол үйде отырған бәйбішеңіз бар емес пе? – Жоқ. Мен Өреліде тұрамын, ол кісі Сөреліде тұрады. Арамыз құдайға илансаң, жеті жылдық жол.

      Есенейдің жұмбақтап айтқанына Ұлпан ойланбай-ақ түсінді» [11, 373]. Өрелі ат деп бір алдыңғы аяғынан, бір артқы аяғынан шалыс шідерленген атты айтады. Бұл күнде естіп жүрген сөзі. Ондай ат бос та емес, түгел тұсаулы да емес. Есеней өзін солай өреленген атқа теңеді.

     Сөре деп жаугершілік заманда өлген адамдарды мекеніне апарып жерлегенше қалдыра тұратын жарым, үй-жарым жапқаны айтады. Сол кездерден қалған «Сөрелі» деген жерлердің талайын Ұлпан өзі де біледі.                             

     Арамыз жеті жылдық жол дегені – жеті жылдан бері осылай тұрамыз дегені де. Әйтеуір Есеней құрығынан құтылмасына бой ұсынып қойған Ұлпан ең болмағанда тоқал емес, үлкен орданың бәйбішесі боларына көзі жетті» [11, 373].

    Қазақтың шешендік сөздерінде кездесетін үлгі. Егер де Есеней «өрелі», «сөрелі», «жеті жылдық жол» деген сөздерді қолданбай, барды барынша айтып, жұмбақтай сөйлемесе, осы бір жолдар қарабайыр болып шығар еді. Оның үстіне, автор, Ұлпанның таным-түсінігінің де мол екендігінен хабар беріп отыр.

     Ұлпанның мінезі де ашық жарқын, ақ көңіл. Әрі өз ой-пікірін ашық, нақты жеткізетін болған.

      Жазушы романдағы әрбір сюжетті көз алдымызға елестеп отырғандай көркемдегіш тәсілдермен суреттеген. Мәселен:

      Ұлпанның тұла бойы тітіркеніп кетті… бала мінезді болушы еді, қатты қорыққан екен. Жас балаша жылады. Ерке болса да ер мінезді болушы еді, қорланып жылады. Үйге қадірлі қонақтар келген күні ұятқа ұшырап қалдым-ау деп, ұялғаннан жылады.

     Романда Ұлпанның кішкентайынан бір маралды жанындай жақсы көретіні де суреттеледі. Яғни, жігіттер көлге түскен маралды қалай ұстаудың айласын таба алмай Артықбай шалдың үйіне келіп, садағын сұрағанда, Ұлпан әкесіне бергізбей қояды. Сонда:

      — Тиюші болмаңдар! Бұл менің маралым! – деп үйден қуып жібереді. Ұлпанның жанашыр ретінде қол ұшын берген әрі сенімді досы болған- «түрікпен» Мүсіреп. Олар әрі бір-бірімен ағалы-қарындасы ретінде араласып, кейде қалжыңдаса беретін. Оны романның мына тұстарынан байқауға болады:

—  Мүсіреп аға, қасқырға тым кеш шығыпсыз ғой? – деді.

—  Қасқырға емес, саған амандаса кетейін деп келе жатырмын, қарағым.     Ертең елге қайтатын едім.

— Елге? Бізді осылай тастап кете бересіз бе?

— Тастап дегенің не айналайын-ау… Сені кім қиып тастап кетер! Ұзамай қайтып келемін.

       Ғабит Мүсірепов сонымен қатар, Ұлпанның мінезі мен оның сүйініш -күйінішін суреттеген. Мына төмендегіден оның сүйініш — күйінішін көреміз.

       Ұлпан бір түсініксіз күлкімен күле бастады. Тоқтай алмай күлді. Қуаныш күлкісі, ойын-қалжың күлкісі бұлай болмайды. Бұлай күлгенінен  жылағаны жақсы болар еді. Жынданып кеткендей атынан ауып, ар жағына қарай қүлап барады. Мүсіреп Ұлпанның тізгін ұстаған қолынан шап беріп өзіне қарай жұлқып қалды. Жындана бастаған адамды шошындыру керек.

      Романның екінші бөлімінде Ұлпанның ақылы мен адалдық қасиеттері, ерік-жігері мен батылдығы, парасаттылығы мен кішіпейілділігі молынан суреттеледі. Ұлпанның акылдылығымен қатал, қатыгез болған Есеней бірте -бірте жұмсақ, көңілді бола бастайды. Ұлпан Есенейді әрі билей, әрі еркелете сөйлейді. «Бозбалам», «Жолбарысым» деп те атайды. Есенейдің ақылдасары да, әйелі де, қызы да, тіпті шешесі де сол Ұлпан ғана болады.

       —  Келін! — деді Ұлпан Айтолқынға, — шымылдығыңызды әрі әкетіңізші! Мен өз ауылыма өзім шымылдық бүркеніп барғым келмейді.

      Өзін үлкен бәйбішелер қатарында ұстап  келген Айтолқынға Ұлпанның «келін» дегені Еменалының қамшысынан да қатты тиді. Еменалы оны қамшылап — қамшылап алатын.

     —   Не дейді!? «Ойбай — ай, көргенсізін — ай!»

 

     Ұлпан келінінің жасынан кіші болғанына қарамастан, өзін келіндердің үлкені ретінде биік ұстады. Ұлпан өз бойындағы өрлікке барып, атақты бай би адамның ауылындағы көріксіз халге қатты намыстанды. Өзі кедей ауылдан шыққандықтан, жарлы-жақыбайға жаны ашыды.

     Ұлпан кең пейілді, адамгершілігі мол Сибан елінің кедей-кепшігіне қол ұшын беретін әйел.

    » Бұл күндері Ұлпанның қолы да босай алмады. Қой қырқылып, жылқы күзеліп жатқан кез екен. Әуелі бір кемпір келді.

       —  Қарағым — ай, төрт жетімек немерем тырдай жалаңаш… тым болмаса бір — екеуіне күпті тігіп беретін жабағы берші.

      — Ала ғой, шеше… төртеуіне де жететін етіп ал…

      Одан соң екі кемпір келді. Одан соң екі кемпір, бір жастау әйел, одан соң екі кемпір, екі жастау әйел келе берді, көбейе берді, келе берді…»

Ұлпан  алдына келген  адамның қолын  қусырып  қайтарған  жоқ.  Сұраған адамдарға бере берді. Ол белгілі бір мырза келін атанғысы келген жоқ, әлденеге іштей наразы, әлденеге іштей намыстанып үлестірді.

      Ұлпан мен Есеней бір-біріне қатты бауыр басқандықтан, олар әрқашан бір-біріне ерекелеп сөйлейді.

      Ұлпан өз аулына жақындағанша Есенейге баладай еркелеп, қалжыңдасып келе жатты. Пәуескенің ішінде де шынтақтай отырып келеді.

—    Есенейжан, сен көлге шомылғанда жүземісің?

—     Оны неге сұрадың?

—     Су сені көтере ала ма дегенім ғой.

—    Жоқ, мен қолым жеткен жерге ғана жүземін…

—    Жүзіп үйренгің келе ме?

—    Оның маған керегі не? Жалғыз «Қайран көлден» басқа көлдердің бәрінен де аяқтап өте берем.

 

     Кезінде ойын-калжыңға шорқақ Есеней, осы күні Ұлпанның ыңғайына қарай, Ұлпанды күлдіргісі келіп қалжыңдаса алатын болды. Бұрын бар ойы дау-жан-жалда болса, ал казір оның бар ойы Ұлпанда, Ұлпанның қас-қабағында.

      Есеней Ұлпанмен отау болып, шаңырақ құрғанда, Ұлпан өзінің дариядай ақылымен, батылдылығымен Есенейді қатал, қатігез мінезін түбегейлі өзгертеді.

      Ұлпан – сол кездегі саны өмірдің жаңалығын түсіне қабылдап, болашағын дұрыс аңғара білген қайраткер.

     Ол алдымен әлеуметтік теңсіздікке қарсы. Ұлпан өз тегі кедей болғандықтан, жоқшылық зарын тартып өскендіктен, Есеней ауылына келгеннен кейін, талай жыл бойы төбе бидің төлеңгітіндей ақысыз-пұлсыз жалшылықта жанкешті болып тіршілік еткен жарлы ауылдардың талай жылғы ақысын қайтарып берді, иесіз жатқан шұрайлы жерлерді де соларға бөліп береді [7,  99]. Мәселен:

      — Осы қырық үй малшы — жалшыларыңның қырық жылдан бергі жалақылары сенің мойныңда кете беріпті… обал ғой, — деді!

      — Айналайын Ұлпанжан, соны маған ендігәрі айтпайтындай болып, өзің тындыршы, екеумізге екі айғырдың үйір жылқысын қалдырсаң болды. Менің ендігі байлығым жалғыз сен! Асырарсың бірдеме қылып…

Міне,  осы   тұстан   Есеней   әрі   әйелі,   әрі   ақылшысы   Ұлпанға   сеніммен қарайтынына көз жеткізіп отырмыз.

     Ұлпан бейнесі – жазушы жүрегінің терең тебіренісінен туған, үлкен жүректің мол сезімінен жаралған, оның барлық мерейі мен махаббаты, қадірі мен құрметін суреткерлік талаптың елегінен өткізіп, әбден екшеп барып, қапысыз мүсінделіп, кемеліне келтіре жасалған бейне. Характердің өсу, қалыптасу, ашылу сатылары, оның әрбір іс-қимылының жан-жасығы мен дәлел-дәйегі, өріс-кеңісі мен келіс-келеңі дегендер бәрі орын-орында.

 

Ұлпанның тұла бойы толып тұрған ерлік пен езгілік, ақыл мен парасат, әділдік пен адамгершілік. [7, 100].

      Келе-келе Есеней Ұлпанға Есеней, Ақнар деп ат қояды. Есеней дегені − бұл символ. Бұрын бұл елдің көсемі мен едім, енді сен болдың дегенді аңғартады. Ақнар деп атау себебі қазақтың нардан қасиетті, нардан күшті, нардан сұлу, нардан қадірлі несі бар! Сондықтан Есеней Ұлпанды Ақнарым деп те атай береді. Ұлпан өзінің ақылымен, парасаттылығымен жасаған игі, ізгі, жақсы касиеттерінің арқасында тек қана Сибан еліне ғана емес, сонымен

бірге Сібір генерал-губернаторына да таныла бастайды. Ұлпан үйі жоқтарына үй беріп, аты жоққа ат беріп, Есенейдің жарты малын Сибанның жоқ- жітігіне үлестіріп жібереді. Бәрі байып алып, енді «орыс үй» салдырып береді. Сонымен қатар Шынар босанар алдында Стаптан дәрігерлер шақыртып алады. Шынар мен Мүсірептің қуанышына ортақтасады. 

     Ұлпан характерінің алғашқы бір шоқтығы көтерілген тұсы да, оның әлеумет тіршілігіне қарай батыл аяқ басуы да, ұлпандықтың есенейлікті мықтап тұрып жеңуі де – осы ара.

      Есенейдің бар билігін қолына алғаннан кейін, сол елді орыс өмірінің өрісті жақтарына қарай бұруы, жұртты отырықшылыққа бастап, егіншілікті енгізе бастауы – Ұлпанның халықтың шын жанашыр жақын досы екенін танытатын қадамдары. Сонымен қоса Ұлпан медіресе салдырады, әйел теңдігі мәселесін көтереді. Есеней өлген соң Сибанның анасы атанады. Бұл – автордың еңбегі, жазушы тапқырлығының жемісі, шын суреткерліктің белгісі.

     Мәселен, романның мына үзіндісін келтіруге болады. Үйіне келген қонақтарды Ұлпан кішіпейілділігімен, ақ көңіл мейірімімен қарсы алады. Сонда Савросов мырза былай дейді: «Бұл әйел жалғыз Есенейді ғана бағындырып алған жоқ, бес болыс Керей-Уақтың руларына түгел беделі бар адам. Әуелі Александар II патшамыздың реформасын жасады. Есенейдің барлық жерін еліне бөліп берді. Бөліп бергенде қандай ауыл-

ауылға қыстауды да, егіндік-шабындық жерді де тұтас берді. Бұл араның қазағына егін салдырды. Шөп шаптырды, қыстау  салғызды.  Сондықтан   бұл   елді жартылай  отырықшы  дей аламыз».

      Ұлпанның адал еңбекқорлығының нәтижесінде, генерал губернатордың алтынмен жазылған, мөр басылған, екі басты самұрық құсы бар мақтау қағазбен марапатталады. Алайда, Ұлпанның көптеген қиын кезеңдерді басынан өткізеді. Соған қарамастан, ол барлық қиыншылықтарды өзінің сабырының арқасында жеңіп, төтеп бере алатын болады.

      Романның үшінші бөлімінде Ұлпанның басынан кешірген қиын кезеңдері дәріптеледі. Ең әуелі тоғыз жыл бойы күзетіп жатқан Есенейден айрылады. Сонымен қоса, әкесі — Артықбай да дүние салып, мұң-зары ұлғая түседі. Дегенмен, бір көңілі тек жалғыз қызы  − Біжікенде болады. Ұлпанды жұрт әрі құрметтейтін де, әрі жақсы көретін де. Ұлпанға ақылдаса келетін еді. Ел ішінде үлкендер үшін «Әулие Ұлпан», ал кішкентай балалар үшін «Ұлпан ана» болып мәңгілік халық жүрегінде сақталады.

     Ұлпан өмірде болған, есімі жалпақ елге мәшһүр адам. Автор романда өткен ғасырда көшпелі қазақ ауылында жасаған кемел қайраткер әйелдің трагедиялық тағдырын тебірене толғайды. Бірақ адам қанша әділ, қаншама қайырымды болғанымен, екінің бірі, әсіресе сол кездегі қазақ әйелі нақ сол заманда жаңағы біз айтқан қайраткерлік дәрежеге оңайлықпен жете алмас еді. Қайраткер атану үшін ол қоғамдық өмірге өзінің іс-әрекетімен тың жаңалық әкелген болуы, заман өктемдігін көктей өткенде қажыр-қайратымен тыңнан жол тартып, өмір ағымын жаңа бір арнаға бұрғандай іс-тындыру шарт. Ұлпан – осы мағынада нағыз қайраткер, қаракетшіл істің адамы. Ұлпан өз ортасынан суырылып шығып, елге қамқор, ер ана дәрежесіне көтеріледі. Ол қазақ әйелдерінің бас бостандығын, еркіндігін арман етеді, азап шеккендерге, кедей-кепшіктерге қол ұшын беріп, аршынды іс-қимылдарға барады.

        Ұлпан Есеней билігін қолына алғаннан кейін-ақ, ешбір тартыссыз сол есенейлікке қарсы күресті және соңы жеңді. Сындырып, қиратып жеңген жоқ. Иінін тауып, иіп әкеліп жеңді. «Мен қымбатқа түсемін» — дегендегі Ұлпан ескертуінің бір шешімі осы-ау дейміз.

     «Қатал еді, озбыр еді, енді жан-жүрегі жібиін дегені де. Мың жаса, алтын Ұлпаным!». Бұл – қыз әкесі, кәрі батыр Артықбай сөзі. «Мырза келін-ай, сен келдің де көзім ашылды ғой».  Бұл жарлы-жақыбай кедей ауыл адамдарының сөзі.

     «Жатсырап кеткен екенмін.  Ұлпан өз еліме өзімді қайта табыстырып жүр». — Бұл Ұлпан ықпалымен райдан қайтқан Есеней өз сөзі. «Елге ең керегі Есенейдің бұғау-тұсауынан босану екен. Ұлпан сол бұғауды бұзып, сол тұсауды сыпырып тастағандай болды.» [7, 108].

     Романда тағы бір ең басты кейіпкерлердің бірі – Есеней. Есеней Шыңғыс сұлтанның беделді биі. Оның даңқы, атағы бес болыс Керей-Уақ елін Кенесарының шапқыншылығынан аман алып қалған тұста дүркіреп шыққан, жасы алпысқа келген. Есенейді суреттейтін болсақ, ол дәулетті, қатал билердің бірі болған. Ол − ауыр сүйекті, балуан денелі адам. Бар өмірі ат үстінде таза ауада өтіп келе жатқандықтан, үсті-басы қол батпайтын білеудей -білеудей бұлшық ет, бірақ қарны шыққан емес. Есенейдің төрт жолдастары болған: ең сенімді серігі − жамағайын «түрікпен» Мүсіреп, Алдай елінен − аңшы Мүсіреп, руы басқа болса да Есенейдің қоныстасы Бекентай батыр жэне Есенейдің қосалқы атын жетелеп жүретін жас жігіт, «түрікпен» Мүсірептің туған інісі − Кенжетай. Сонымен қатар, Есеней өмірінде айып тартып көрмеген адам, алайда айып-жазасы болған адамдарға қатал жаза кесуді жақтайтын би. Есеней намаз дұғаларын білмесе де намаз оқитын.

     Кенжетай Есенейдің әрі атшысы, әрі имамы, анығырақ айтқанда, сабыршысы — суфлері. Намаз дұғаларын ол Есенейге естірте айтып тұрады. Араб тіліндегі дұғаларға тілі де келмейді, жаттап та ала алмайды. Араб тілінде төрт түрлі «з», үш түрлі «с», екі түрлі «х», екі

түрлі «г» бар. Есеней мұның бірін де дұрыс айта алмайды. Сондықтан Кенжетай намазды Есенеймен қатар тұрып, дұғаларды Есенейге қарай бұрылып, түгел естірте оқиды.

     Есеней діндар адам болғанымен бір кезде аса адуын, озбыр би болатын. Орыс шекарасына қарасты Нұралы деп аталатын момын елдің барлық жерін тартып алып, елді далаңқы жайлауға айдап тастайды. Міне, осы елдің қарғысы − келесі жылы екі ұлы қара шешек деген аурудан бір күнде, бір сәттің ішінде өліп кетеді.

      Есеней Ұлпанды Кенжетайдан да қызғанатын еді. Ол мына тұста байқалады:

      Есенейдің іші Ұлпанды Кенжетайдан қызғанып бір қалды. Байдың мырзасындай жақсы киінген кескінді жас жігіт қызбен тіл табысып қала ма деп қызғанады.

      Тіпті, Есеней Ұлпанды Түленнің есі ауысқан кіші баласынан аман алып қалады.

—  Түлен деген кісінің үлкен баласымын… өз атым Мырзагелді.

— Е, Жесір сенікі екен ғой?

—  Ие, тақсыр… інім бала жасынан сырқаттау болушы еді… Қысқа қарай тіпті жүдеп бара жатқан соң көңілін көтереміз бе деп, қалыңдығын әкеліп берсек деп келіп қалып едік.

        Жігіттің түні бойы ойлап тапқан айласы осы-ақ. Інім ауру десем Есенейдің көңілі жібір, аяушылық етер деген.

— Ауру адамға қатын әпере ме екен?

—  Көңілі көтеріле ме деген үміт қой… қалың малы түгел төленіп қойған соң жесір біздікі деп ойлағандық қой.

     Есеней мен Ұлпан отау тіккен соң, бірін-бірін құрметтеп, қадірлейді.

— Есеней, — деді Ұлпан. Бұрын сіз деп сөйлеуші еді, мұнысы бір табан жақындағанын аңғартқандай шықты. — Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойладың ба?

—  Ойладым, жаным. Қырық жыл болса, қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боларсың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр… мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, оны өзім де білмеймін. Әйтеуір осы түннен бастап менің Есенейім сенсің!

     Бірте-бірте Есенейдің ақылшысы да, әйелі де, тіпті қуанышы да, қайғысы да − Ұлпан болады.

—  Ұлпанжан, менің еншімді бөліп бергені несі деп ойлап қалма. Бұл еншің емес, сыйлығым. Басқа дүниені екі Есеней бірге билерміз. Мына қосты өзің оңаша биле, — деді. — Алдымен кемпір-шалымыз еш нәрседен тарықпасын, маған сол болады. Мен баласы жоқ, үрпақсыз қалған адаммын. Ұлым да, қызым да, жарым да жалғыз сенсің, күнім… Күнімдей

жарқырап, ел жұртыма кейде айбынды, кейде мейірімді қарап ордамызды жалғыз толтырып отырсаң, құдайдан сұрар басқа бір тілегім жоқ.

      Есеней би алды тар, қатал адам, бет-аузы жолбарыс сияқты қара шұбар, күле білмейтін ызғарлы адам дегенді Шынар көз алдына елестете алмайтын. Ал қалжыңнан кейін, әсіресе, Есенейдің өзі айтқан қалжыңдарына Шынар таңырқап тамсана қарап отырды.

      Ұлпан Есенейді «Есенейім», «Жолбарысым» деп те атай береді. Күле білмейтін адамды күлімсіретіп қарату − үлкен еңбектердің бірі болу керек. Сол бір еңбек Ұлпанның қолыннан келді. Есеней оған күлімдей қарады.

—  Ұрсып келемісің, жаным?

— Шаршадың ғой, жолбарысым — ау… тоқтасаңшы.

— Бітті. Тараттым. Енді барлық тізгінді өз қолыңа ала бер.

       Ұлпан  не  айтса болды,  соны  Есеней  мақұл  көріп,  келісе  беретін. Мәселен:

— Есенейжан, осындай бір қысқы үйді біз де салдырып алайықшы.

— Салдырсаң, салдыр, күнім. Мен оның есік-терезесін қай жерінен шығаратынын да білмеймін. Әйтеуір мен де сыятын етіп салдыр!        

— Сен үшін салдырмаймын ба, қара бурам-ау! 

— Онда маған қарама, бұрқырата бер!                              

     Есенейдің қырық жылқысын базарға айдатып, қаладан жасау алғызғанда да Ұлпанның кім болары белгісіз болатын. Оның қасиеттері өмірді көре жүре ашылады. Ол алғаш рет қалаға аттанғанда қазақ даласына үш өрім таспадай тартылған арба жолын көрді. Бұл Ұлпанның да өмір жолы еді. Үлкен өмірдің күре жолынан айырық кетпей, бұдан әрі ылғи қапталдасып отырған ерлік жолы…

    Ұлпан характерінің алғашқы арна тауып, өз заңдылығымен өріс алуы – оның қала өмірімен танысуы, орыс тіршілігінің келесі келешегін аңғарып, соның жан-жосығын таңырқамай да, жатырқамай да етене қабыл алды. Бұл Ұлпанның өзін өмірге орнықтыру талабымен қат-қабат келген процесс.

     Осыдан кейін Ұлпанның ақыл–парасатымен Енесей Сибан елінің қамын ойлай бастайды.

     — Айтсам қысы-жазы киіз үйде отыруды қояйық. Үйренгеннің ұяты жоқ, орыстарша қысқы үй салып алайық. Бала- шаға жылы үйде қыстап шықсын. Менің қорығымдағы жерді бәріңе бөліп берем. Әркім үй салып алсын. Мен өзім «Суат қол» жанына үй салдыратын болдым. Орыстар салады. «Қыс азығын жаз жимай, жарлы қайдан байысын!» дегені қайда? шөп шаптыратын, егін салатын болайық. — Есеней содан кейін қай жерді қай ауылға бөлетінін айтты.

     Есеней өз еліне көптеген игі, ізгі әрекеттер жасағаннан кейін, біразы Есенейді мақтады. Тіптен жеті жылдан бері өз малымен болып кеткен адамның әділ би деген атағы көмескі тарта бастап еді. Ұлпанның атағымен бірге қайта көтерілді. Ұлпан олай ойламаса да, оны Есеней іштей сезіп жүрді.

Ақнарым, сен мені адам қыла бастадың, — деді аттанарда.

— Жоқ, Есеней, сен көлеңкең күндік жерге түсетін бәйтерексің. Мен сенің саяңда шырылдаған бозторғаймын. Менің құдайдан бірінші тілегім сенің амандығың! — деді Ұлпан. — Сенсіз мен кім болар едім?…

       Кейде Есеней жалғыз болғанда бала туралы көп ойланып қалатын.

  —  Біржола бала берместей қарғайтын, құдайға жазған жазығым жоқ-ты! — деп бастайды да: — бермесе тағы мейлі, менің жарым да, ұлым да, қызым да Ақнарым, Есенейім, сен аман бол! — деп тоқтайды.

       Бір кездерде Есенейге суық өткендіктен бе, әлде басқа дертке шалдыққандықтан ба, әйтеуір тұла бойында дірілдеу пайда болады. Сырқаттанып жатқанда күндіз-түні жанында болған Ұлпан. 

      —  Құдайдың деймін-ау, саған қосқан еркегіңнің түрін қарашы! Басы қара қазандай… бар денесі ілбісіндей қара- шұбар… саусақтары таяқтай… деп өзін- өзі сынай- міней отыратын.

      —  Құдайға менің өкпем жоқ, жолбарысым. Құдай маған еркекті екі есе етіп берген ғой,−деп Ұлпан да риясыз мақтайтын және риясыз мақтанатын.

      Ауыр халде жатқан Есеней кейде Ұлпанның жайын ойлап, мұңға батып отырады.

      Ұрпақсыз өтетін болса ол өз алдына бір қасірет, мен олай-бұлай болып кетсем, Ақнардың күні не болар деп қайғырады. Баласыз әйел − панасыз әйел. Қазақ дәстүрінше, шариғат бойынша баласыз әйел өз үйіне өзі ие деп саналмайды. Әәсіресе, жесір қалған әйел «аға өлсе − іні мұрасы, інісі өлсе − аға мұрасы». Мұны әлі орыс заңы да өзгерте алған жоқ. Оның есесіне Еменалы есіне түсіп кетсе, діріл де күшейе түседі.

      Кейіннен Есеней Ұлпанның жерік екенін естігенде, Есеней Ұлпанды бір қолымен құшақтай көтеріп, өзінің кеудесіне жатқызады.

      — Шын ба, Ақнарым? — даусы қалтырап, дірілдеп әрең естілді…

     — Шын болғанда қандай! Аузымның сілекейім шұбырып барады!

    — Енді Есеней өлсе де болады! Жалғыз арманы осы болатын. — Бұл жолы даусы қалтырамай өз қалпында шықты.

     Романның соңғы бөлімінде оқиғаны баяу дамытып, уақыт пен кеңістікті молынан қамтыған реалистік стиль бұл тұста жеделдеп, уақытта, оқиға да секіріңкіреп кетеді. Қалың мал, әмеңгершілік, сол кездегі оқыту жүйесі жайлы әңгімелеуге көбірек орын беріледі. [2, 127].

      Екінші рет жиналыс болғанда Есеней қатты сырқаттанып жатқандықтан мәжіліске қатыса алмайды. Сондықтан Ұлпан қатысып, сөзін былай бастайды:

       —  Мен мұндай жиында сөйлеп көрген емеспін… Не айтсам да, қалай айтсам да ұзын — ырғасы Есенейдің сөзі. Қазақ біреудің жүйрік атына қызықса да құда бола салады. Болыс — би сайлауларының тұсында оңдаған бай үйлер құда болысып қалады. Әлі тумаған балаларды атастырып аманат —  құда болатындары да бар. Би — болыстардың қайта сайланар кезі жақындап қалған ба, немене, өткен түні біздің ауылда отырып екі би, үш болыс құдаласып қалыпты. Әйел тағдыры дегендеріңіз осыдан басталмай ма? Есенейдің бірінші тапсырғаны — балалар ер жетіп, бірін — бірін көріп, ұнатса ғана құдалық басталатын болсын. Қазақ қызы бетін жасырмайды. Көшпелі елдер жылда араласып отырады… көрісіп, білісу қиын емес. Қазақта «қыз көру» деген жөн — жосық бар еді ғой. Соны әдет — ғұрпымызға айналдырайық. Екінші, әмеңгерліктің қай түрі болса да жойылғаны дұрыс болар еді. Сіздер әмеңгерлікке ұшыраған әйелдің бақытты болған біреуін атай аласыздар ма? Жоқ, атай алмайсыз! Мен ондайдың отпен кіріп, күлмен шығатын күң болған жүзін атай аламын. Есенейдің өз елінде де толып жатыр. 

      Осындай аңғал күдіктің алдын ораған автор Есенейдің сөзі еді дегендей емеуірін аңғартады. Біздің кәміл сенуімізше, бұл авторлық тәсіл ғана. Есеней сөзі болса, Ұлпан соның жай ғана тілхатшысы. Есеней өзі дәуірлеп тұрған кезеңде, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғанда қайда қалған? Демек, бұл – Ұлпанның сөзі. Ұлпанның есенейлікті өз табиғатының мүддесіне лайықты пайдалануының көрінісі. Яғни Ұлпан секілді көрнекті өкілдерінің аузымен айтылған бүкіл қазақ әйелдерінің көкейтесті арманы,

 

олардың қоғамдық сана-сезімінің сол кезде-ақ оянып қалғанын көркемдік заңдылықпен, суреткерлік тактымен көрсетіп отырған жазушы арманы [ 12 ].

     Ұлпан қайраткерлігі осындай ауыл өміріндегі күнкөріс мәселелерімен де шектеліп қалмай, ірі-ірі әлеуметтік мәселелерге дейін көтеріледі. Ұлпан ұсынысымен қазақ әйелінің қоғамдық жағдайын жақсарту бағытында, жесір туралы, әйелдің мүліктік құқығы туралы заңдар қабылданады.

      Мәжіліс аяқтап келгенде Тұрлыбек пен Леознердің сүйемелдеуі арқылы Ұлпанның екі ұсынысы амалсыз қабылданды.

  1. Жесір қалған әйел кімге тиемін десе де өз еркінде болсын.
  2. Жесір әйел ерінен қалған мал-мүліктің үштен екісіне өзі ие, үштен бірі ерінің ағайын-туғандарына берілсін.

     Бұдан көп жыл кейін өткен болыс-билердің облыстық төтенше съезінде де бұл екі ұсыныс өзгертілмей алынды. [6, 190].

     Осы бөлімінде Есеней тоғыз жыл төсек тартып жатып дүние салады. Жазушы оны былай суреттейді:

       Барлық міндеті кісіде, күні- түні күзетте тоғыз жыл жатып, Есеней былтыр қайтыс болды. Қол-аяғынан жан кетіп, Есеней де Артықбай батырға ұқсап сал болып қалып еді. Қол-аяғы қалшылдап- селкілдеп бар денесін теңселтті де жатты. Қол ұстаудан, аяқ басудан біржола айрылды. Көп өмірі жорықта өткен, көп жараланған адам еді, әлдеқай жерінің жүйке тамыры үзіліп кеткенін кім білсін, өзі де тоғыз жыл азаптанды, Ұлпан да тоғыз жыл азаптанды.

      Ұлпан бейнесіндегі бүкіл характер дамуының ең асылуы білігі, кейіпкердің барынша ашылып, жаңа арнада көрінетін жері – «Сибан жорығының» тұсы. Бұл арада Ұлпан − маңайдағы аз ағайын қамқорынан әрі асып, оның жай күн көріс жайынан әлдеқайда жоғары көтеріліп, ел амандығын, халық бірлігін ойлаудан барып туған ірі қимылдың иесі.

      Сонымен, Ұлпан бейнесіне байланысты қайталап айтарлықтай пікіріміздің түйіні мынадай: осынша суреткерлік шеберлік пен тарихи

нақтылық талабынан аумайтын, соншалықты мінсіз зергерлікпен мүсінделген бұл кейіпкерлердің бір өзі бүкіл дәуірді бейнелеп тұр. Қазақ әйелінің өткен тағдырында осы күнге дейінгі назардан тыс қалып келген үлкен бір теңістікті толтырып, аса үлкен тарихи жүкті арқалап тұр.

     Ұлпан бейнесінің ұлылығы, ол тындырған істердің мәнділігі – оның қай заманда өмір сүргенін, қай кезеңде қарекет еткенін тағы бір қырынан еске алсақ, тіпті зорайып, биіктей түседі. Бұл – дүниеге Шоқан келіп кеткен кезең. Ұлпан – ұлы Абайдың замандасы. Қазақ даласына Ыбырай Алтынсарин білім нұрын дәл сол кезеңде тарата бастаған. Арқаның биік аспанында Біржан мен Ақан әндері де сол кезде шырқалған.

      Халықтың рухани өмірінде өшпес іс қалдырған сол ардагерлермен қапталдас өмір сүріп, қазақ даласының бір пұшпасында әлеуметтік өмір арнасына солғұрлым соны  тыныс енгізген Ұлпан ана бейнесі, осы сабақтастықты ойлағанда , тіпті аруақтана түсетін сияқты.

     «Есеней − туған әдебиетімізге үлкен бір төбе болып келген, кешегі Құнанбай, Игілік, Шәкенбай аумағындағы сом тұлға. Онымен Ұлпан арасындағы қарым-қатынасты суреттеуге жазушы ерекше бір санаға із салды. Өз табиғатында мейлінше кесек жаралып, тұтас біткен, бөліп – жарары жоқ, оралым-бұрылысқа оңтайлы келе бермейтін осынау бірбеткей, қайшылықты бейненің күрт өзгеріп жаңашылыққа ұшырауында. Ұлпан бейнесінің шарапатымен қайта туғандай көп-көп есенейліктен арылуында, баяғы ел қамқорындай қарт батыр қалпына оралуында көп мән жатыр. Ұлпанның еркіндігі мен Есенейдің пейілі орайласса да, Ұлпанның өз билігінің нелер күрделі істер тындырылып жатса да, ылғи ұлпандықтың жеңіл, белең алып жатқанынан оны өзіне біржола одақтас етіп алғанын аңғарамыз. [7, 107].

      Романындағы Ұлпан − негізінен реалистік тұлға. Оның бүкіл бойынан сол дәуірдегі қазақ әйелінің ең жарқын, ең асыл қасиеттерін көру қиын емес. Романда суреттелетін Ұлпан – сырлы мінез-құлқымен, кесек бітімімен берілген тұлғалы образ. Оның сезім байлығы, адамгершілігі, адалдығы,

моральдық, тазалығы, ақылдылығы, зеректігі, зерделілігі, парасаттылығы, өткірлігі, өжеттігі келісті де көрікті бейнеленген. Мұндай жарқын баяулармен берілген әйелдің әдеби тұлғасы тек осы романда ғана емес, қазақ әдебиетіндегі өзге шығармаларда да кездеседі. Ал Ұлпанды олардан бөлектейтін, даралап, оқшаулайтын соның үш басты сыр сипаты бар.

      Бірінші, Ұлпан тек қана жалғыз өз қара басының жайын ойлаған пенде емес, ол – айналасындағы ел-жұрттың, бұқараның, қалың қауымның қамын көздеген ел қамкоры, ел анасы. Өз бақытын, тағдырын, тұрмысын ойлап, сол өзгелер үшін жан сала қызмет ету, сол басқаларға қиыншылықта қол ұшын беруге ұмтылу – адамгершіліктің ең жоғарғы қасиетіне ие болған абзал ана. Тар заманда қолынан келген мүмкіндікті қапысу пайдалана отырып, қалың бұқараға болысқан оны сол аймақтың бүкіл еңбекші қауымы кезінде қатты қадірлеген, құрметтеген, әлпештеген, сол төтенше адамгершілік үлкен кісі үшін ол өмір бойы ел алғысына бөленіп өткен. Өлгеннен кейін де оны ұмытпай бүкіл аймақ әулие тұтып, аруағына сиынған.

     Сол феодалдық заманда Ұлпан сияқты халық қамын ойлаған ірі қайраткерлердің ізгі ойы, арманы, мақсат-мұраты іске толық асуы мүмкін емес еді. Ұлпанға қарсы кедергі тас қамалдай, жауыздар тобының тегеуріні мықты болатын. Сондықтан да оның өмірі бастан-аяқ шиеленіскен күресте, арпалыста өтті де, трагедиямен бітті. Ақырында, Ұлпанға жабылған жалмауыздар тобы оны аянышты да, өкінішті апатқа ұшыратып тынды. Бұлай болу сол дәуірдің әлеуметтік шындығы болатын. Әлеуметтік өмірдің логикалық түйіні осыған келіп тірелері заңды еді. Жазушы айтқандай, «өз заманынан бұрын туып, арманда кеткен үлкен жанның» өмірі басқаша аяқталуы мүмкін емес болатын.

     «Аты жоққа ат берген, асы жоққа ас берген, кедейге пана болған, өзі өмірден түк қызық көрмей өткен «Ұлпанның екінші басты қасиеті − өз заманындағы көне ескілікке, әсіресе әйелдерді қорлап, кемітетін феодалдық әдет-ғұрыпқа қарсы батыл күресуі, халық өміріне ауадай қажет

аңашылдыққа, прогреске ұмтылып, елге айтарлықтай үлгі өнеге көрсетуі, көршілес ұлы орыс халқының тұрмысындағы, тіршілігіндегі озық үлгілерді пайдалануға өзімен қатар үлгілерді де жетелей түсуі. Міне, бұл жағдайда романдағы Ұлпан образының әлеуметтік бітімін әрі көріктендіре, әрі биіктене түскен.

      Үшінші, үлкен адамгершілік, зеректік, ақылдылықпен қатар, Ұлпанда қайраттылық, өткірлік, қаһармандық мінез бар. Ел, халық намысы үшін оның жалындап жарқ еткен тұсы да шығарма да қапысыз бейнеленген. Әсіресе Сибан жорығы тұсында ол ел анасы болумен бірге, халықты ерлікке, батылдыққа, елдікке жетелейтін қаһармандық, патриоттық, азаматтық дәреженің де биігінен табылады.

     Романдағы Ұлпан – сол халық өмірінің шынайы сипатын танытатын, жинақтаушылық күші мол әдебиетіміздегі шын мәніндегі типтік образ. Ұлпан бойындағы барлық абзал қадір қасиеттер ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ әйелінің, қазақ халқының адамгершілік, ерлік, батырлық тұлға — бітімінің айқын да жарқын көрінісі екені кәміл. [3, 13-14].

       Осындай асыл қасиеттерді бір бойына жинақтаған Ұлпанды ұлы образ, әрі ұлы тарихи тұлға, әрі ұлы ана деп есептейміз. Осы күнге дейінгі ұғымымызда қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен қызметі жайлы теріс түсініктер де жоқ емес еді. Қазақ әйелі қоғамның ешқашан теңдікке ие болып көрмеген, қашан да езгіде жүрген адам есебінде түсіндіріп келді. Әр әйелге қалыңмал төленетінін сылтау етіп, малға сатып алғандықтан, әйел тек мал орнына жұмсалады деген ұғым да кең тарады. Әсіресе, басқа ұлт оқырмандарында қазақ әйелі туралы осындай түсініктер де қалыптасқан еді. Қазіргі кезде де бұл ұғымнан кем де емес сияқты. Түгелімен жоғалмаса да, осы тектес ұғымдар қалып қойған.

     Ал қазақ әйелінің бұрынғы тұрмыс-тіршілігі қайшылықты жағдайда өткенін онда, теңсіздікпен  қатар әйел ие болар құрмет те болғанын біз тәжірибеден де, тарихтан да анық білеміз. Қазақ қыздарының ерге тең ерлік

көрсете білген жайлары, аналардың жеке адамның емес, өзінің әрекет-қылығымен елге жағып, халық анасы боларлық күйге жеткені де жиі кездеседі. Мысалы, Шоқанның әжесі Айғаным да өз билігін жүргізген тұстарында, яғни оның айтқандары орындалып, орыстың жоғары өкілдері мен халықтың саяси жағынан араласып, қоғамдық жұмыстардан көрінеді. Сонымен қатар І.Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Кенесерының қарындасы Бопай да ерлерге тән жұмыстарға, яғни батырлар секілді ат үстінде жүріп, өз жерін қорғауға үлесін қосып, Кенесары қолында жаулармен шайқасты. Ал С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романындағы Нарғыз да батырларша ер үстінде жүрген, бірақ ол жағымды жұмыстарға емес, әкесі мен ағалары барымташы болып, барып кел, шауып келмен жүретін әйгілі ұрылар тобы болатын.Себебі, жұпыны кедей жанұя болатындықтан,үстем тап өкілдерінен қорлық-зомбылық көргеннен соң осындай жолға түскен. Соның қатарына Нарғыз да қосылып, бір бойынан батырларға тән қасиеттері табылатын.

     Бұдан шығар қорытынды тек Ұлпан ғана емес, қазақ елі арасында қаһарман аналарымыздың бір қатары бар екеніне көзіміз жеткендей.

     Міне, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы біздің осы сияқты түсінігімізді молайтып, қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен қызметі туралы, халық анасы ретінде тың жаңалықтар ашады.       

       Атақты Сегіз сері мен Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов шығармаларының кейіпкері болған Есеней Естемісұлы тарихымыздан орын алатын үлкен тұлғалардың бірі. Бірақ лайықты бағасын әлі ала алмай келеді. Оның қилы тағдыры туралы зерттеумен айналысып жүрген өлкетанушы Социал Жұмабаевтың ортаға салар ойлары көп.  

      — Сәке, қай әдеби шығарманы алыңыз, жерлесіміз Есенейдің тек жағымсыз жағынан суреттелетіні қалай? Сіздің сөзіңізге қарағанда, оның тарихтағы орнын анықтап, ақиқатты ажырататын кез келген сияқты. Оны қандай деректерге сүйеніп айта аласыз?

        − Шынында да қазақ тарихында өз орны айқындала коймаған тұлғалардың бірі — Есеней Естемісұлы. Ресей патшалығына қызмет етті желеумен күстәналай беру дұрыс емес. Көбіне оны үстем таптың зорлықшыл өкілі, қолына ұры ұстайтын ашамайлы керейдің озбыр адамы, шіріген байы ретінде көрсететін таптаурын сарыннан арылған жоқпыз. Тарихшылар мен зерттеушілер жаңаша көзқарас жетіспей ме, әлде беделді адамдардың берген бағасынан аса алмай жүр ме, түсініксіз.

       Тарихи шындыққа жүгінер болсақ, Ресей патшалығының Қазақстанның солтүстік өңірін озбырлықпен отарлауы кезінде атқа қонып, ел басқарған оның үлкен адамгершілік иесі, халқына қорған бола білгені шежірелерде, мұрағат деректерінде аз кездеспейді. Бұл ел ағасының кісілік келбетін ақындар өз өлеңдеріне қосқан. Сегіз сері «Ер Есеней» толғауын шығарған. Өкініштісі сол жағымды жайттардың бәрі кеңестік дәуірде бұрмаланып, анық ақиқат табан астыңда қалып қойды. Әйтпесе, халқы, елі үшін күресе білген оған жұрты «ер» деген қастерлі атты тектен-тек бермесе керек. 1815-1819 жылдары ол Марал ишан бастаған Ресей отарлауына қарсы бағытталған ғазауатқа белсене қатысқан. Жұзбасылық, мыңбасылыққа дейін көтерілген. 1818 жылы Есетезені бойындағы шайқаста ерекше көзге түскені үшін «ер Есеней» атанған. Осы бір теңеуден-ақ оның күрескерлік тұлғасы айқын аңғарылып тұрған жоқ па! 1819 жылы Қақ сорының жағасында оны Сібір казақтарының шорасы, ал 1824 жылы патша өкіметінін рұқсатынсыз-ақ ашамайлы керейдің игі жақсылары рубасы әрі қазы етіп сайлаған.

      Әдебиеттерде мұның бірі де аталмайды. Қайта оны неғұрлым жеккөрінішті етіп көрсету үшін түр-тұлғасына дейін кемсітіп суреттеген ғой. Есенейді көзі көрген Сегіз сері оны былай сипаттайды:

Қарасұр, жарлау қабақ, қою қасты.                                                         

Тікірейген қара шаш, үлкен басты.

Ат жақты, кен маңдайлы, коңқақ мұрын,

Қанды көз бейне қыран айнымасты.

     Ал С.Мұқнов болса, «Аққан жұлдыз» романында оны барынша ұсқынсыз етіп көрсетуге тырысқан. «1834 жылы Есеней шал болған. Көзі нашар көрген, Кұлағының мүкісі бар», — дейді романның тағы бір жерінде. Сұлтандар мен билердің тізімі сақталатын формулярлық тізімде оның 1798 жылы туғаны тайға таңба басқандай жазылған. 1834 жылы тепсе темір үзетін ол Аманқарағай дуанына заседатель болып сайланады. Аталмыш шығармада Шыңғыс аға сұлтан болып Кұсмұрынға кетіп бара жатқанында Есенейдің жас тоқалы Ұлпанмен көңілдес болған деп айтылады. Ол кезде Ұлпанның тұлымшағы желбіреген 8 жастағы қыз бала екені мүлдем ескерілмейді.  Бұдан туатын қорытынды.

      Есенеймен аталас Сәбит, Ғабит секілді алып жазушыларды да кеңестік зымиян саясаты айналып өтпегені. Олар жастайынан бұл бабаларының есіміне қанығып өсті. Ұнамды тұлға ретінде жақсы білді. Ғабен: «Ұлпан туралы шығарма жазуға 1928 жылдан жиналдым». — деп жазған екен қойын дәптеріне. Солай бола тұра, ол да Есенейдің халықтық тұлғасын көрсетудің орнына жағымсыз әдеби бейнесін сомдауға амалсыз барған. Әйтпесе, Кенесарыны ат тұяғы тимеген Пресногорьковка маңында Есенейдің қолымен соғыстырып қояр ма еді? 1982 жылы 7 наурыздағы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Ұлпан жайлы азғана анықтама» мақаласында Ұлпанның 1838 жылы туғанын. Есенейден бақандай 40 жас кіші екенін жазады. Бұл да шындық ауылынан алыс жатыр. Сегіз серінің шежіресі бойынша Ұлпан 1826 жылы туған. Жергілікті зерттеуші А.Аткелтіров те осы пікірді ұстанады. Алматы мұрағатының құжатында — 1827 жыл деп көрсетілген (1354-ші іс).

       Бұл — мен келтірген кейбір мысалдар ғана. Айта берсе бұра тартушылықтар толып жатыр. «Айтқан сөз атылған оқ» деп бабаларымыз тегін айтпаса керек. Тасқа басылған жазулардан кейін жағымсыз әдеби кейіпкерге айналып, сол қалпында қабылданып келгені рас. Санамызда көп жылдар бойы қалыптасып қалған марғау ойлардан арылу да оңай емес, Десек тек аққа құдай жақ демекші, Есенейдің қилы тағдыры жайлы әңгіме

қозғағанда ең алдымен сүйенетініміз — мұрағат құжаттары болуы тиіс. Тынымсыз ізденістердің иәтижесінде ондай дерек көздерін Алматы, Петропавл, Омбы, Тобыл қалаларынан таптык. Ал ешнәрсеге негізделмеген ұшқары сөздердің ұшпаққа шығармайтынын тағы да қайталап айтқым келеді.

Қандай тарихи тұлғаны болмасын өзі өмір сүрген заманынан, сол кездегі қоғамдық құбылыстардан, тарихи жағдайлардан беле-жара қарастыруға болмайды. Есеней де заманына қарай амалын жасап баққан күрделі тұлғалардың бірі. 1830 жылы Аманқарағай дуаны құрылғанда заседательдікке сайланады, кейін Шыңғыс сұлтанның кеңесшісі болып бекітіледі. Сибан керей болысының старшыны, Батыс Сібір губерниясының кеңесшісі, аға сұлтан қызметтерін атқарады. Осынысы үшін сый-сияпатқа бөленгені жасырың емес. 1835 жылы Ресей патшасының бас министрі Петербургке шақыртып, ел тыныштығын сақтағаны үшін «құрметті қазақ» атағымен, Анна лентасына бекітілген алтын медальмен марапатталған. Батыс Сібір шекаралық комиссиясына мүше еткен. Майор атағын алған.

      Бірақ қандай лауазымда жүрсе де ол елдің мұң-мұқтажын назардан тыс калдырмаған адам болған. Оған дәлел жеткілікті. Халықтың Есенейді қолдайтынынан патша жандайшаптары катты сескеніп, шен-шекпенін аямаған. Беделді сұлтандар мен билерді, төрелерді биік лауазымдарға тағайындап, алдап, арбап ұстауға, уысынан шығармауға тырысқаны белгілі. Ел қамын ойлаған Есеней сияқтылар бұл зымиян әрекеттерді түсініп, мұны олардың өздеріне қарсы қару ретінде қолданған. Мәселен, жаңадан кұрылған Аманқарағай округінің аға сұлтандығына халық Есенейді калағанымен, карадан шыққан адам ел басқара алмайды деген теріс түсінік басым болғандықтан, Ресей тарапынан бұл ұсыныс қабылданбайды. Есеней осыны алдын-ала сезіп, Абылай ханның көп әйелдерінің бірінен тараған. ел-басқаруға ебі шамалы жабыр Абдуллинді бекіттіреді. Сөйтіп, дуанның заседательдері болып сайланған Тәбей Барлыбаев екеуі аумалы-төкпелі кезеңде руластарына көп шарапаттарын тигізген. Зорлық-зомбылықтарға 

тежеу салып, тәртіп орнатқан. Басалқы сөз айтып, татулыққа, ауызбірлікке үндеген.

       Жетім-жесірлерге көмектесіп отырған. Олар қазақтың елін-жерін патша жендеттерінен қорғап жазған онға тарта шағым хаттарының көшірмелері бізде сақтаулы. Әрқайсысының мазмұнына үңілетін болсақ қазақ әскерлерінің жолсыздықтары, әлімжеттік салық жинаудағы асыра сілтеушілік секілді іс-әрекеттер баяндалады. Тиісті шара қолдану талап етіледі.

      Есеней — ислам дінінің таралуына да үлкен үлес қосқан адам, 1826 жылы Ресейдің рұқсат етпегеніне қарамастан, терістік өңірдің қазысы болып тұрғанда жүз мүрид (шәкірт) ұстап, мұсылманшылықты насихаттаған. Телі-тентекті тезге салып, тыйып отырған. Қоластындағыларды мешіттер мен медреселер ашуға жұмылдырған. Генерал-губернатор И.Вельяминов Есенейді керей елінің және Кызылжар каласы мұсылмандарының ортақ қазысы екенін мойындаған.

      Оның діни оқуы да, лайым-түсінігі де мол болған. Алдымен Шақшақ. сосын Үргеніш медресесін тауысқан. Орыс тілімен қатар араб, парсы, шағатай тілдерін үйренген. Осылайша, дін жолына түсіп, біраз жыл Марал ишанның тәрбиесін алған. Кейбіреулер оны сөзге шорқақ, қара күштің ғана иесі етіп көрсетуге бейіл. Бұл да түбірінен қате. Ол сөзді тауып сөйлейтін шешен болған. Тура да әділ жолдан жаңылмаған. Одан қалған ғибратты сөздер ел ішінде көп. Жинастырып жүрміз.

    — Есеней Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты екі жақты саясат ұстанған деген сөздерді естіп қаламыз. Олар қаншалықты шындыққа жанасымды?

   — Бұл тұрғыдан алғанда да алып-ұшпа пікірлер жоқ емес. Шын мәнінде Есеней Кенесары көтерілісін бастан-аяқ қолдаған. Оның ағалары Есенгелді, Саржан бастаған көтерілісшілерге азық-түлікпен, мініс аттармен көмектесіп отырған, Бұл ұлт-азаттық толқудың атақты Марал ишан қозғалысынан бастау алатыны мәлім. Есеней ишанның мүриді болып, тікелей дәріс алғанын

айттық қой. Кейін ол бастаған қозғалыска белсене қатысып, ер Есеней атанған дедік. Туыстық жағынан қарасақ, Кенесары — Марал ишанның туған бөлесі, Есенейдің құдасы. Есенейдің інісі Еменәлі Кенесарының қарындасы Бопанды (Бопайдың сінлісі) алған.

     «Ұлпан» романында Ғабең Есеней Кенесарыны қолдамады деп жазатыны бар. Ол үшін жазғыруға болмас. Бұл жерде С.Мұкановтың да, Ғ.Мүсіреповтің де кезінде «кенесарышыл» деп айыпталғанын, оның салқыны кейін шығармаларына әсер еткенін есте ұстаған жөн.

      Кей тарихшылар мәселенің байыбына бармастан Есеней Кенесарыға қарсы күресті деп жаздырады. Ол екеуінің арасындағы жақсы қарым-қатынастың уакытша үзілуіне мына жай себеп болған. Кенесары көтерілісшілерге қосылмаған, көмектеспеген байлардың ауылдарын шауып, малдарын айдап әкетіп отырған. Қазақ арасында кедей-кепшіктің де малы кеткен. Есеней осы жайтты батырға ескерткен, адам жіберген. Омбы мұрағатынан табылған деректер бойынша Бопай самай-керей болысына қарасты ауылдарды шауып, тігерге тұяқ қалдырмаған. Осыған байланысты болыс атынан Батыс Сібір губерниясына шағымдар түсіп, барымташылардан малды қайтарып беру талап етілген. Шара қолдану үшін хат Кұсмұрын дуанына жолданған (аға сұлтан — Шыңғыс, заседательдер — Есеней мен Тәби). Бұлар Бопайды ұстауға өздері де мүдделі еді. Өйткені, туған-туыстарының малдары қолда болған. Және Сырымбеттегі Шынғыстың әкесі Уәлидің ордасын шауып кеткенді. 1938 жылы Шыңғыс пен Есеней 35 қарулы жігітті бастап Бопайдан дуанның малдарын қайтарып алған. Осы оқиғадан кейін екеуінің арасы біразға дейін суып кетеді. Арада екі жыл еткен соң қатынас қайта жалғасады. Бұл хабар губерния басшыларына жетіп, көтеріліс жаншылғанға дейін Есенейге сенімсіздікпен қараған. Аға сұлтан кеңесшілігіне бекітпей қоюдың бір сыры осында жатса керек. Олардың кұдандалы ілікшатыстығын да білген.

 

     «Ұлпан дауына» байланысты ауылы аралас, қойы қоралас керей мен уақ арасының ушығуына себепші ер Есеней емес пе?

      Иә. Есеней үш әйел алған. 17 жастағы оған Ғайнижамалды әмеңгерлік жолмен қосқан. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін атақты Жылғара бидің кіші қарындасы Қаныкейді алған. Алайда, Ұлпанға үйленген соң оған бөлек үй тіккізіп, мүлдем қатынаспай қояды. Жылғара бұған қатты намыстанады. Есенейді қаралап, Батыс Сібір шекаралық басқармасына арыз жазады. Есеней де қарап қалмайды. Губерния басшыларына керегі осы. Істің насырға шаба бастағанын алдымен Тәбей Барлыбаев аңдап, екеуін қазақшылық жолмен татуластырып, істі жаптырады. Алматы мұрағатында сақтаулы деректерге қарағанда, Есеней Қаныкейді кайтадан әйелдікке алып, мұсылмандық ғұрыппен ұстауға уәде берген.

      Ал «Ұлпан дауына» тоқталсақ былай Ұлпан — бір куаңшылық жылдары керей ішіне мал кыстатуға келіп, тұрақтап қалған қанжығалы — күрлеуіт деген аз елдің адамы Артықбайдың қызы. Ғабеңнін романында Артықбай Кенесарымен болған соғыста Есенейді қорғаған батыр ретінде суреттеледі. Шын мәнінде олай емес, Ұлпан сұлу Есенейге еріксіз ұзатылған. Оның Дайрабай деген сөз байласқан жігіті болған. Құрай уақтан шыққан атақты Ерен молданың иемересі Сегіз серінің сүйікті шәкірттерінің біріне айналған. Бірнеше күй шығарып, өнерімен ерге ерлеген. Жігіт пен қыздың серті барын естіген Дайрабайдың әкесінің ағасы Елембай би Артықбайға келіп құдалықты жаз шыға өткізуге уәделеседі. Ұлпан арудың атағы екі баласы шешектен қайтыс болып, ұрпақсыз қалған Есенейге де жетеді. Не керек ақыры тоқалдыққа алып тынады. Уақ жағы қанша арызданғанымен іс нәтижесіз қалғанға ұқсайды.

      Десек те, ықпалы қанша жүріп тұрса да, ата қонысынан еріксіз кешірілген жоқ па? Не үшін?

     Айтайын, Патша өкіметі сол кездегі қазіргі Қостанай, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарының жарты аймағына қарасты елді билеп тұрған қос тұлға — Есеней мен Жылғарадан қатты сескенетін. Өйткені, бұл екеуі де өз руларының көсемі. Кез келген уақытта халықты сондарына ерте алатын. Есенейдің Марал ишан әскерінің кұрамында патша отаршылдығына қарсы соғысқаны анық.  Оның үстіне Кенесары көтерілісіне қосылып кетуден қатты қауіптенгеңдері де бар. Есенейді қатты бақылауға алғаны сондықтан.

      Оның Қызылжар кенті теңірегіндегі шұрайлы қонысы Ресей отаршылдарының иелігіне айналдырылып, «Кожағұл бүркеуі» деген жерге еріксіз кешуіне тура келген. Сөйтіп, оны орталықтан алыс ұстағысы келген зымияндық саясат іске асқан. Бүл жөнінде мұрағат құжаттарында біраз мәлімет бар.

      Ер Есенейді есте қалдыру шаралары қалай атқарылып жатыр? 1992 жылы бабамыздың бейітіне ескерткіш орнатылды. «Асыл мұра» қорының қолдауымен кітап шықты. Басқадай игі Істерді байқай қойған жоқпын. Меніңше әлі де насихат жағы тапшы секілді. Оған қатысты материалдар біршама жинақталып қалғанымен жас буын санасына жеткізу жайы қанағаттандырмайды. Биыл оның туғанына 210 жыл толып отыр. Мұндай айтулы дата оны ұлықтау шараларына уласып жатса, қандай ғанибет болар еді. [ 14 ].

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІІ ТАРАУ.  «ҰЛПАН» РОМАНЫНДАҒЫ ОБРАЗДАР ЖҮЙЕСІ.

 

      Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрінің келіп құйылар арнасы, әдебиеттің ең басты және өзекті мәселесі – образ және образдылық. Бұны түсіну үшін, әдебиеттің объектісі — өмір, ал заты – адам екенін ескеруіміз қажет.

      Көркем бейне, яки әдеби қаһарман дейік, я болмаса шығарма геройы не кейіпкері немесе персонажы дейік, бәрібір, осылардың бәрі – бір-ақ ұғым образ. Әдебиеттегі адам, сөздегі сурет, шығармада өмір шындығын жинақтау, адам мінезін дарлау, сайып келгенде, осылардың бәрінің сарқырап құяр сағасы біреу, ол – образ. Ал, «Образ – эстетикалық мәні бар, ойдан шығару арқылы әрі нақты, әрі жинақты жасалған адам  өмірінің  әсем суреті. [10, 106].

      Чернышевскийдің а йтуынша: «Сөз өнерінің шын мазмұны – тек адам өмірі» екенін айтады. «Кітап немесе симфония не туралы? Сурет не мүсін не туралы? Бәрі де адамға қатысты. Адам туралы, әсемдігі мен асылдығы, адам рухының көркем күші мен қасиеті жайлы… өнер туындысының бәріне ортақ – адамның ойы, арманы, мақсаты. Кез-келген әдеби шығарманы алсақ болғаны, іздеп табарымыз – адам тағдыры болып табылады.

     Адам тағдыры жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі де: өмірдегі адамдар туралы ойы қалыптасады, нәтижесінде шығарма жазылады. Әдеби шығармадағы адамның көркем образын алсақ, бай-тұлғасындағы, кескін-кейпіндегі, жүріс-тұрысындағы, қимыл-әрекетіндегі ойлау-сөйлеу әдетіндегі өзгеше сипат – белгілерді нақтылы суреттеу арқылы жазушы типтік қасіреттерді, яғни қоғамдық жағдай туғызған, басқаларға ортақ, жалпылық мәні бар ерекшеліктерді айқын танытады. Реалистік көркем образ типтендіру тәсілімен жасалады. Жазушы көптеген адамдарға тән қасиет  сипаттарды жинастырып, екшеп іріктеп алып, бір адамның бойына алғызып бейнелейді. Сондай кейіптердің кескін тұлғасы,

 

характеріндегі жекешелік, көпке ортақ жалқылық қасиеттері де, жалқылық ерекшеліктермен қатар бедерленеді.

     «Ұлпан» романына келетін болсақ, романның стилі байсалды, өмір шындығын кең қамтып, асықпай суреттеумен ерекшеленеді. Оқиға жанр талабына лайық бас кейіпкердің іс-әрекеті маңында өрбісе де, Ұлпанға қатысты біраз адамдар дараланып берілген. Әсіресе, Мүсіреп пен Шынар, олардың мінез-құлқы мен адамгершілік белгілері оқушысын риза етеді. Есеней – Мүсіреп, Ұлпан – Шынар араларындағы құрбының жарастықты әзілі мен силастығы халықтың жақсы әдет-ғұрып, салт-санасының әдемі көріністері есебінде де бағалы. Дәуір мен адамның диалектикалық байланысын ел өмірінің көп салалы шындығы арқылы жазушы эпикалық суреткерлікпен көркем бейнелейді. Тағы бір айтатын мәселе романның тілі, суреттеу, бейнелеу құралы әбден толысқанның куәсі боларлықтай. Суреткерлік те, авторлық түсіндірме де орын – орнында. Қазақтың сөз өнеріне жетік халық екенін, екі жақты қақтығыс, әзілдесудің өзімен-ақ көп нәрсені біріне-бірі айтып, түсіндіріп үлгеретін алғырлықтың үлгілерін де жазушы әдемі келтірген. Тұспалдап айту, бірді айтып отырып екінші нәрсені меңзеу де орынды қолданылады. Мұны және Ғабит Мүсірепов жалпы емес, кейіпкерлерді даралау мақсатында ақылды, аңдағыш, сөз сырына қанық би Есеней мен Ұлпан арасындағы сөз салмағын көтере түсу үшін пайдаланылады. [ 2, 128 ].

      Жоғарыда айтып кеткендей, романда қырыққа жуық образдар бар. Олардың негізгілері:  Есенейдің ең сенімді серігі − жамағайын «түрікпен» Мүсіреп және оның өмірлік серігі − Шынар; аңшы − Мүсіреп; Ұлпанның ата — анасы − Артықбай мен Несібелі; Есенейдің інісі − Еменалы және оның жары − Айтолқын; Есеней мен Ұлпаның қыздары − Біжікен (Бибіжиһан); тілмаш − Тілеміс және оның баласы − Торсан; ауылдың би-болыстары: Байдалы би, Тоқай би, Күзембай болыс, кәрі би Өтеміс; молда Хұсайынғази; ұры Қожық тағы басқалар.

     Есеней бидің ең сенімді серігі – «түрікпен» Мүсіреп. Ол аздап сыбызғы тартады. «Бозінген», «Боз мұнай», «Сүйір батыр», «Алқа көл», «Алғашқым» деген күйлері бар. Одан соңғы құмары — бір жақсы ат, қонымды киім, серілеу адам. Қалталарында қалампыр жүреді… Әлі ақ кірметен сақал — мұртын жарасымды қырқып ұстайды. Мүсіреп Ұлпанды өзінің туған қарындасындай жақсы көріп, оған әрқашан қол ұшын береді және бір-бірімен қалжыңдасып жүре береді. Есеней Мүсірепке «Артықбайға құда түсіп қайт», — дегенде, ол шошып кетті. Бір жағынан Мүсіреп ұрпақсыз қалған Есенейді аяса, бір жағынан бойжеткен Ұлпанды да аяды. Сол кезде айттырып барғанда Ұлпанның анасы, яғни Несібелі былай дейді:

      — Мүсіреп, мен сені жиырма жылдан бері білемін. Адалдығыңнан басқа сырыңды көрген емспін.. Ұлпанмен өзің де сөйлес. Адал ақылыңды айт.               Мүсіреп өте еңбекқор адам. Егін салуға, шөп шабуға келгенде мұнымен ешкім теңдесе алмайды! Екі үйдің егінін салатын да сол, шабатын да сол. Ағасы Әсірепке соқаны да ұстатпайды, бел орақты да ұстатпайды.

       Мүсірептің сүйген жары, өмірлік серігі − Шынар. Шынардың әкесі етікші − Шақшақ. Шынар ақ жарқын, кішіпейіл, адамгершілігі мол жандардың бірі.

       Романда Шынардың сыртқы келбеті былай суреттеледі:

        Е, мына қыпша бел, сұңғақ бойлы, қызыл шырайлы торғылт келіншек Шынар болар. Аяғында кестелі етік… Ие, сол екен… күлімдеп, іші — бауырыңа кіріп бара жатқан көзқарасы қандай әдемі еді! Ашаң да, ашық жүзді. Көк қиығының құйрығы азғана көтеріңкі… Сол жақ бетінде «бармақ баттысы» бар… Мүсіреп ағай сүйгеніне тауып қосылған екен де…

       Шынар Ұлпанның жан құрбысы әрі сырласы. Әрқашан бір-бірімен сырласып, кейде әзіл айтып қалжыңдаса береді.

      Ал енді би-болыстарға келетін болсам, Байдалы би қандай жиылыста болмасын, қандай той — думандарда болмасын ең бірінші сөйлегенді ұнатады.

Би — болыстар Ұлпанның генерал — губернатордан мақтау қағаз алғанын көре алмай:

        Құдай-ау, не деген қорлық! Бес болыстың би-болыстары көзіміз жаудырап тірі отырған бір қатын алды-ау! Қатын!.. Сыйлығы адыра қалсын, алтынмен жазылған, мөр басылған, екі басты самұрық құсы бар мақтау қағазды айтсайшы! Құдай осы қатынды біздің қолға бір бере ме,

жоқ па? Ай, ол күн алыс емес шығар… Есеней анау, оның күні санаулы… Жоқ, сен қатын біздің қолға бір түспей кете алмайсың!..

Міне, осы тұста кейбір би — болыстардың іштарлығы байқалады.

       Ал енді Есеней бидің інісі — Еменалыға келетін болсақ, жазушы шебер әдіс — тәсілдермен Еменалының образын ашып көрсеткен. Мәселен:

       Елден қасында үш жігіті бар өз інісі Еменалы келіп еді, олардан ет жеп, қымыз ішуден басқа пайда болар емес. Сөйлесіп, көңіл көтеруге де жарамайды. Аңға шықса далақтап шауып, айқайлап, шулап аңды күндік жерден үркітіп жібереді.

       Еменалы ақымақ күні кеше «Мүзбел торы » атты ерттеп жатқан Ұлпанға:

—   Әй, қыз, қоя бер атты Бұл атқа сендей он қыздың құны жетпейді. Қоя бер! — депті.

      Ұлпан аттың жүгенін сыпырып алып қоя берген екен, Есеней жалынып — жалпайып қайтып алғыза алмай қойды.

     Есеней бүгін інісі Еменалыны қуып жіберді, қоштасқан да жоқ. «Кет!» — деп ақырды да айдап тастады.

Міне,  романның  осы  тұсынан   Еменалының үлкендерді   сыйламайтынын, адамгершілігі жоқ екенін оның іс-әрекетінен көріп тұрмыз. Анда-санда Еменалының айқайы бір шығып калады. Ол ылғи әлдекімдерге ұрсып, аузы — мұрнын боқтап жүреді. Сол сияқты ағасының әрбір ісіне келіспей, қарсы шығып отырғанын да аңғаруымызға болады.

 

     Есенейдің кең бейіл отырғанын сезінген жұрт осылай қысқа — қысқа аңғартып, ризалық білдірді. Есенейдің өз інісі жалғыз Еменалы ғана жанжал шығарды:

— Қысқы үй деген қара түтінді салып аламыз ба, салмаймыз ба, ол әркімнің өз еркі ғой, маған оның керегі жоқ. Айға — бабамыз киіз үйде өлген…

—   Саласың! — деді Есеней қысқа ғана. — Салмасаң өкпелеме, өзің өкінесің.

—  Үй салсам Елтінжалға салам. Ол менің қорығым, менің жерім.

—  Елтінжал — Елеман аулы мен Андарбай — Отарбайға берілді дедім ғой!

—  Елтінжалды түрікпенге бергенше өртеп жіберсем болмай ма!

— Жоғал! — деді Есеней ақырып, — Сенің қырсығыңнан Сибанның қақ жартысы анда — мында қашып көшіп кетті. Жоғал!

      Міне, ағасы мен інісінің арасындағы келіспеушіліктен Есеней қалшылдап, дірілдеп кетті. Аяқ — қолы түгел дірілдеп әрең басылды.

      Бірде Шынар ұл босанып, шаңырақтары қуанышқа бөленіп, шілдехана жасағанда Еменалы келіп ағасына қорлық жасап кетеді.

      Қыздар әнді енді көтере бергенде төрдегі терезенің ең жоғарғы шынысы салдыр — гүлдір сынып түсті де, қақ сойылдың шоқиар басы төрде отырған Есенейдің жауырын ортадан нұқып қалды.

      — Әкеңнің көрін… түрікпен! — деді сырттан салған Еменалының айқайы. — Маған ағаш кестірмейтін сен кімсің осы? Мынаны көремісің? Төбеңде ойнайтын болады! — Сойылдың шоқпар басын екі жағына кезек -кезек үйіріп қойды.

      Еңсесі төмен қарай солқ ете түскен Есеней: «Өлтірді-ау, ит!» -деп қалды.

Қасында отырған Ұлпан атып тұрып, сойылды ұстай алып, бар күшімен жұлқып қалып еді, Еменалы айырылып қалды.

      — Жоғал, көргенсіз сотқар! — деді Ұлпан.

 

Сол сияқты Еменалы ағасына қастандық жасамақшы болып, тал түсте он жігіт ертіп әкеліп, биік өскен ақ қайыңдарды қамшысымен нұсқап:

      — Бірін қалдырмай қырыңдар. — деді де үйіне қайтты.

Осыны көрген Мүсіреп былай дейді:

       — Ау, жігіттер, бұларың не? Құдайдан қорықсаңдаршы! Отын керек болса осындай ағашты кесеме екен?

Жігіттер жөнін айтты.

      Біз емес құдайдан қорықпай жүрген… Еменалы ағаңыз… Ағаш үй салдырмақшы.

      Ағасы өлген көл «Бай өлген көл» деп аталып кетеді. Еменалы осы көлдің жағасына қоныстанып, ағасына ас бермекші болады. Сонда Ұлпан мен Еменалы сөйлеседі.

      — Оңаша қалғанымыз жақсы болды, — деді Ұлпан төрге шығып отыра беріп. — Мен сендерге қоныс қайырлы болсын деп айтуға келгенім жоқ, көшіріп әкетуге келдім. Сибан көшінен бір адам бұрылып келді ме, сендерге? Сибан сені Есенейдің алдында айыпты деп санайды. Сен Есенейдің өліміне де ортақсың. Есенейге ең соңғы тиген қара шоқпар сенікі болатын. Содан кейін Есеней бір күн төсектен тұра алды ма? Тұра алған жоқ. Енді сен сол Есенейдің қатыны Үлпанға әмеңгер болып Есенейдің төсегіне жатқың келетін көрінеді. Жасың алпыстан асты. Есің болса, енді Есенейдің төсегіне ешкім жақындамасын ден ағаңның аруағын қорғай жүрер едің-ау! Оны ойлаудың орнына озің жатқың келіпті. Ұялсаңшы! Есенейдің жалғыз мұрагері менмін деп дауласқалы отыр екенсің. Өзіңе керегі мал ма? Қанша керек өзіңе? Күні ертең үш балаңды ертіп кел де қанша мал керек болса, соншасын айдап жүре бер. Маған мал керек жоғын нағып түсінбейсің жүрсің? Биыл Есенейге мен ас беремін депсің. Беріп көрші, бір Сибан қатынасар ма екен! Сонда қандай масқараға ұшырайтыныңды білемісің! Есенейдің асын биыл өз үйі берді. Келер жылы сен бер. Ашпа аузыңды, жықтыр үйіңді! Көш жайлауға!

Бұдан кейін Еменалы үй ішімен көшіп кетті. Еменалының үш баласы да өзі сияқты сотқар, арампаз.

       Кейіннен романның аяқ жағында Еменалының молда болып, таспиғын тырсылдатып отырғанын көреміз.

        Ғабит Мүсірепов Еменалының әйелі − Айтолқынды былай суреттейді:               Шымылдық алдында қос- қабат барқыт қамзолдың сыртынан көк жібек тысты пұшпақ ішік киген Айтолқын — Еменалының әйелі, бойы шарғылау, бөктеріншектілеу болған соң, бүгін жаулығын биігірек   етіп салыпты.

Сонымен   қатар   Айтолқынның   қандай   екенін   Ұлпанның   ойы   арқылы берілген. Мысалы;

       Мынау жаулығы қақырайған Еменалының әйелі болар… қандай кержалқау екен? Табақтай бетінен сорғалаған тер жаулықтың алқымын қап — қара қылып жібергені сонша, сақалы бар ма деп қалғандай екенсің.

       Айтолқын өзін бәрінен жоғары ұстайды, сондай-ақ көкіректеу. Барша адамды сынағанды ұнатады.

        Айтолқын да Ұлпаннан көзін айыра алмай тұр. Қызық киіне береді екен-ау!.. басына ақ жібек шаршыны шәліге ұсатып жамыла салыпты да, үстінен сәукеле киіпті. Алқымы ашық… мойным әдемі, еркектерге көрініп тұрсын дегені ме?.. Көтек!.. Қына сары жібек көйлекке қызыл жібектен бүрме жаға салыпты. Жетпей қалған ғой! Үстіне жана -жалғыз қара көк барқыт қамзол… басқа несі бар дейсің, тәңірі. Бар болса киер еді ғой. Бір қос жылқы беріп алған сұлуымыз осы ма? Беті менің бетімнен ақ бола алмас. Үш ұл, екі қыз тапқаннан кейін көрерміз әлі, әуелі сол бес баланы тауып көрсін!.. ту сыртыңнан өтіп бара жатқан көзі қандай жаман еді! Жынды Мүсіреп несін мақтап жүрген?.. Аяғындағы кестелі етік қызыл шұбар болмай, көк шұбар болса, қандай жарасымды болар еді. Аш — арықтың қызы Шынар да соның біреуін киіп алыпты. Кедейдің кербезінен сақта деген осы-ау!..

     Торсанға келер болсақ, ол Біжікеннің күйеуі, яғни Ұлпанның куйеу жігіті. Романда ол былай суреттеледі:

     Қазақ денелі, кавказ көзді жас жігіт Торсан Ұлпан үйіне көптен бері дәмдес болып келе жатқан. Әкесі Тілеміс қайтыс болғалы Ұлпанның алыс базарларға жұмсап отыратыны осы Торсан еді. Ол Сипап қаласында орысша бастауыш мектеп бітірген, өзге замандастарынан өресі биік, білгір де ұтымды, ойын-сауықта жұмысы жоқ, іскер жігіт. Ірбіт, Тобыл, Қызылжар базарларына барғанда ылғи бір түсі — түгі келісімді бұйымдар әкеледі. Торсан алдамайтын, алданбайтын, адалдығына кір жұқтырмайтын адам болатын.

       Торсан үй ішілік жайларда өте жұмсақ. Күнделікті шайды үшеуі ішетін. Сонда кешкі тамақтарына да Торсан Ұлпанның етін турап беріп: — Ішіңіз апа!.. Жеңіз апа!.. — дейді.

      Біраздан кейін Ұлпан Есенейден қалған бар мал-мүлікті қызы -Біжікенге, күйеу жігіті — Торсанға және Еменалыға бермек болады. осы кезде Торсан:

     — Апа, сіз, алып үйренбеген, беріп үйренген адамсыз… Біреу ат сұрап, біреу сауын сұрап келсе, балалардан сұра деп отыратын боласыз ба? Жоқ, апа, қақ жартысын бізге бергеніңізбен, бәрібір, бәрінің иесі сіз… Қағаз деген не тәңірі, әшейін айбар ғой…

      Осындай іс-әрекетінен Ұлпан Торсан ана сыйлай білетін жігіт екен. Білімді де ақ көңіл адам болар. Байлыққа қызықпау деген екінің бірінің қолынан келе бермейді деп ойлайтын.

       Кейінен Біжікен дүниеден өтіп бара жатқанда шешесіне айтқан сыры мынау болды:

      — Торсан бұзық адам екен… енді менің денеме… соның қолын… тигізе көрме, апа!

       Біраз уақыттардан кейін Торсан Жәуке деген қызға үйленеді. Сонымен қатар Ұлпанның рұқсатынсыз Қаршығалыдағы бар жылқыларды Шәйгөз –

 

Уақ жеріне қарай аударып әкетеді. Міне, осы тұстарынан Торсанның шынайы мінезі ашылған.

      Ұлпан өмірінің трагедиямен аяқталуы да заңды. Беймезгіл заманның қым-қуыт пәлеқор саясаты. Ұлпан үйіне Торсан болып кіреді де, оның байлығын да, беделін де өзіне пайдаланып, жалғыз әйелді шетқақпай жасайды. Біжікен өлімі оны тездете түседі. Сөйтіп қоғам мен адамның арасындағы қайшылықты күй кейіпкердің өлімімен бітіді. Әділетсіздік билеген феодалдық орталық шешімі басқаша болуы да мүмкін емес еді.

      Ұлпан әулие атанған адам. Оның әулиелігін көрсететін романның «Сөз соңында» былай берілген:

      — Ұлпан әулие адам болмаса айтқаны келер ме еді? Өмірінде Торсанды «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін!» деп қарғаған екен сол қарғысы келмеді ме? Бәріңде көрдіңдер.

      Торсанның шаңырағы бір күннің ішінде құрып бітті ғой! Әуелі Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің бір ауыр зұлымдылығынан өзін-өзі пышақтан жарылып өлді. Содан кейін 1920 жылы Торсан өзі өліп еді, балалары бір күннің ішінде быт-шыт болып тарап кетті: екеуі – қайнына, біреуі – туысқан еліне. Торсан шаңырағы құлап, қыстауы аңырап қалды. Аяқтап келгенде бір кезде болыс болған, мырза атанған Торсан балалары қайыршылыққа ұшырап барып құрыды.Торсанның бейітіне ешкім келіп құран оқымайды екен. Бұл енді қорлаудың үлкені. Бейітінде тым болмаса бір шыбық шанышқан белгі де жоқ, бет тақтайлары көрініп опырылып жатыр. Балалары әкесін көмген күні, ұмытып та болған. Осының бәрі ел Сибан Ұлпанның қарғысынан деп есептейді. [6, 257].

       Ғабит Мүсірепов бұл романдағы әрбір кейіпкердің өзіне тән болмысын, сыр-сипатын, сырт суретін, мінезін жан-жақты аша білген. Кейіпкерлердің сырт суретін, мінезін ашуда монологты, диалогты қолданғанын көреміз. Осы орайда «Ұлпан» романында Ғ. Мүсірепов шығарма құрылымын, бейнелер жүйесін, кейде тіпті сюжзеттік композициялық желіні де әдейі қиындататын,

күрделендіріп отыратын сияқты. Мәселен, шығарманың өң бойында бір-бірімен жұптасып, қосарланып отыратын егіз бейнелер бар. Ұлпан мен Шынар, екі Мүсіреп, Есеней мен Артықбай, Тілеміс пен Торсан, тіпті екі жас жігіт Кенжетай мен Мұстапа, екі әнші қыз Кәукәр мен Бикенге дейін осындай.

      Кейде автор екі жұп бейнені контраст ретінде де алуы мүмкін. Айталық, алғашқы тарауларда ғана көрінетін аңшы Мүсіреп «түрікпен» Мүсірептің жақсы қасиеттерін салыстыра көрсететін немесе Есенейдің сыншыл, талапшыл, қатал табиғатын нақтырақ танытатын алаң ретінде алынды. Ал енді көп-көп жақсы мінездері де, тағдырлары да өте ұқсас Ұлпан мен Шынар ше? Сөз жоқ, бұл – бейнелерді даралауда, көркемдік құралдарын әркімге шақтап бөле пайдаланған.

     Романда Ғ. Мүсірепов суреттеудің мынандай түрін қолданған.

«Кәукер – Бикен

Мұстапа – Кенжетай

Кенжетай – Бикен

Мұстапа – Кәукар

— Тойларың тойға ұлассын! – Ұлпан» [11, 431].

     Бұл – екінші бөлімнің он бірінші тарауы. Бүкіл тараудағы айтылатын оқиға – осы. Сәл төменіректе бұған мынандай сілтеме беріледі:

«Дүниедегі ең қысқа әңгіме Индия топырағында туыпты. Не бары мынау ғана: «Екі жолбарыс, бір адам. Бір жолбарыс, бір адам. Бір жолбарыс»

— Түсінікті емес пе?

 Осыған еліктеп бір тарау әңгімені мен де қысқа жаздым. Түсініксіз болып шықса, ол менің олақтығым» — дейді.

       Ал енді Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» деп аталатын мемуарлық еңбектің I томымен салыстыратын болсақ, бұл романда Ұлпанды басқаша суреттеген. «Жаман шұбар» деп аталатын 5-тарауында былай суреттелген:

 

      Есеней елу тоғызға шығар жылы, бір байдың Ұлпан атты жас қызына зорлықпен үйленеді. Намысы тапталған қыз, Есенейдің ордасын ойран етуді алдына мақсат қып қояды. Бұл мақсатына Ұлпан жетеді.

       Ұлпан Біжікен атты жалғыз қыз туады. Қыз бойжеткен соң, Есенейдің ордасын бүлдіру, шаңырағын, мал-мүлкін жатқа иелендіру мақсатымен жас жігіт — Торсанды Ұлпан Біжікенге телиді.

      Торсан аса көркем, пысық жэне орысша білетін жас жігіт боп өседі. Біжікен оған қызығады. Торсанның әкесі Тілеміс те, Біжікеннің шешесі Ұлпан да, екі жастың қосылуына тілеулес. Бірақ, олар, бұны Есенейге батып айта алмайды. Есеней кешікпей өледі. Ұлпан жұртқа айтпастан, қызын Торсанға қосады да, Есенейдің мал-мүлкіне ие қып үкімет орындарына бекіттіреді. Бұны білген Есенейдің руы қарсы жасамақ болады. Бірақ, кеш. Үкіметке сүйенген, заңды білетін Торсан, надан дұшпандарын бет қаратпайды.

 

 

 

 

 

Қорытынды.

 

      Ғ.Мүсірепов − қазақ әдебиетінің үлкенді-кішілі бірнеше жанрларын өркендетуге бар күш-жігерін салған көркем сөздің асқан шебері. Оның ұшқыр қаламынан туған туындыларының қай-қайсысын алып қарасақ та идеялық мазмұнға толы, жазылу шеберлігі көз тартарлық әдемі де, мінсіз шығармалар ретінде танылып отырады. Ғабит жасаған көркем дүние, сөз жоқ, қазақ халқының тозбас рухани азығына айналды. Тіпті келшекті болжамай-ақ, қазір ғұмыр сүріп жатқан ұрпақтар көкірегінде жарқын талант иесінің салған ізі, қалдырған әсері бар. Ол − әсемдік әлемі, әдемілік ізі. Сонымен қатар Ғ.Мүсіреповті табиғи талғамы, талант мадениеті жоғары қаламгер деп бағалаймыз.

     Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» атты романын оқығанда, тарихи шындықты әдебиет бетінде бейнелей отырып, жазушы қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен қызметін, оның феодалдық-патриархалдық ортадағы күресін нақты характерге сүйене, нанымды етіп суреттейді. Халық сүйіспеншілігіне бөленіп, ел анасы атанған күрескер қазақ әйелінің бейнесін кесек те, ірі образ дәрежесіне көтереді.

     Осы күнге дейінгі кей халықтардың ұғымында қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен қызметі жайлы теріс түсініктер де жоқ емес еді. Бұл тақырыптағы ғылыми және көркем әдебиет қазақ әйелін қоғамның ешқашан теңдікке ие болып көрмеген, езгідегі мүшесі есебінде түсіндіріп келеді. Әйел заты болғаннан кейін тек қана ошақ қасында ғана қалу керек деген түсінік бұрыннан қалыптасқан. Ал біздің осы «Ұлпан» романын оқи отырып ұғатынымыз, әйел заты барлық биіктерден, яғни соның ішіндегі қоғамдық сатылардан көрінгеніне таңданамыз да қуанамыз. Қазақ қыздарының қалың топ алдында қасқая тұрып сөз сөйлегенін, билік айтқанын да, айтысқа түскенін немесе олардың қиын-қыстау кезеңде жауынгерлік жорық үстінде еркектермен бірдей ерлік көрсете білгенін анықтайтын дәлелдер тарихта көптеп кездеседі. Сондай-ақ қазақ аналарының жеке адамның ғана еиес,

сонымен бірге көптің анасы болғанын, өзінің жақсы қылық-әрекеттерімен елге жағып, халық анасы болрлық күйге жеткені өмірде жиі кездеседі. Қазақ даласында әйел атымен аталған жерлер (Ай, Таңсық, Айша-бибі, Болған ана, Баршы-кент, Баянауыл), аттарымен тараған рулар да (енең, қыздай т.б.) көп болған. Ұлпан аты құрметтеліп, көлді, станцияны Ұлпан атымен атаған. Мысалы, Ақ көңіл ел Ұлпан ызалығын ұмытқысы келмей, кіші Шалқарды бұдан бұлай «Ұлпан көлі» деп атайды. Елге қайтар алдында Ұлпан: Қайтып көрем бе, жоқ па, өзімнің көліме тағы бір түсіп қайтайыншы деп көп әйелдермен барып шомылып қайтты. Ер әйелдерінің ойында бұл да орнығып қалды.

     Ұлпанмен қоштасарда нағашы жұрты:

      − Ұлпан қарағым, мынау сенің көлің. «Ұлпан көл» деп атаса,  осыдан жиырма жыл кейін, жиырмасыншы ғасырдың басында Орынбор- Ташкент темір жолы салынып, дәл сол «Ұлпан көлінің» басындағы темір жол станциясын «Ұлпан» деп атайды. Оның аты «Ұлпан» боларын әрине өзі де білген жоқ.

     Ұлпан қазақтың әйелдер арасындағы бір туар ақылды да, дана да, тамаша адам. Ұлпан ел анасы болып, халықтың жағдайын аса бір ұқыптылықпен жайғастырған. Көшпелі қазақ ауылын отырықшылыққа үйреткен Ұлпан болтын. Ұлпан өмірде болған ел анасы бәріне қамқор болған ардақты ана. Өткен ғасырда көшпелі қазақ ауылында жасаған қарапайым әйел ақырында елге қамқор, ел анасы дәрежесіне көтерілді. Бір өзінің ғана емес, біршама әйелдердің бас бостандығын, тәуелсіздігін, еркіндігін арман етеді. Өз қолынан келгенше сол жолға бар күш-жігерін, өмірін арнайды. Сибан елінің бәрі аса құрметпен бас иіп, Есенейді адам еткен осы Ұлпан еді деп қадірлеген. Ауыл қариялары, ақсақалдары кейінгі ұрпаққа ерекше бір мақтанышпен Ұлпанның жомарттығын айтып көксеп отырған.

     Қайраткер тұлға, әдебиетке іңкәр қазақ қыздарының бірі − Шәмша Беркімбаева:

      «Ақын орны — қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде. Ондай орын әсіресе, биікте көп», — деген екен Ғабеңнің өзі. Қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі, сөз зергері – Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов —  өзі айтқандай, қарымды қаламының қуатымен халық тудырған алыптармен қатар тұрар асқар биікке көтерілген, елінің шынайы құрметі мен шықтай таза махаббатына бөленген суреткер» [16].

       Роман оқиғалары бірінен кейін бірі өріле отырып, қызықты да қайғылы оқиғаға толы. Ғ.Мүсірепов тек Ұлпан өмірін суреттеп қана қоймай, сол кездегі елдер басындағы оқиғалар мен жайларды қатар суреттеп көрсетті.

     Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан романы» оқушы жұртшылықтың көңілін қатты елеңдетіп отырған елеулі құбылыс екені даусыз. Романда жақсылық пен жамандық проблемасы, қайғы мен қуаныш проблемасы, сонымен бірге адам өміріндегі толып жатқан оқиғалар мен тарихқа толы халық өміріндегі бейнелер молынан суреттелген. Бұл роман дәстүрлерінің жойылар алдындағы қазақ өмірі десек те болады.

      Қорыта айтқанда, Ғабит Мүсірепов қазақ халқының әйелдер бейнесін жан-жақты бейнелеген жазушы. Кез-келген туындысын алып қарасақ та, мейлі ол әңгіме болсын, мейлі ол роман болсын, мейлі ол пъесасы болсын, әр қайсысының өзіндік тәлім- тәрбиелік мәні өте зор. Қай туындысын оқысақ та, адамзат баласы өзінің тұла бойына тек ізгі, игі қасиеттерді сіңіреді. Зейнолла Қабдоловтың айтуынша, біз Ғабит Мүсіреповті мақтамауымыз керек, біз Ғабит Мүсіреповпен мақтануымыз керек.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Мүсірепов Ғ. Ана. Алматы: 1934ж
  2. Бекбергенов М. Ғабит Мүсіреповтің прозасы. Алматы: Рауан, 1990ж.
  3. Мүсірепов Ғ. Қазақ әйелі. Алматы: Жалын 1982ж. Ғылыми түсініктерді жазған филология ғылымының докторы. Әділхамит Нарымбетов.
  4. Нарымбетов А. Ардақтаған аруларды, ананы [ Ғ. Мүсіреповтің туғанына – 90жыл]. // Алматы ақшамы – 1992ж – 18 наурыз – 19 наурыз.
  5. Нарымбетов Ә. Қазақ әйелін бейнелеудің шебер мүсіншісі. [Социалистік Еңбек Ер, академик-жазушы Ғ.М. – 80 жаста] // Қазақстан әйелдері №3, 1982ж.
  6. Мүсірепов Ғ. Ұлпан. Алматы: Атамұра,  2003ж.
  7. Ысмағұлов Ж. Ғабит Мүсірепов туралы тоғыз толғам. Алматы: Қазақстан, 2002ж.
  8. Мүсірепов Ғ. Ұлпан. Повесть пен әңгімелер. Алматы: 1975ж.
  9. Мүсірепов Ғ. Күнделік. Алматы: Ана тілі 1997ж.
  10. Қабдалов З. Сөз өнері. Алматы: Санат, 2007ж.
  11. Мүсірепов Ғ. Таңдамалы шығармалар. ІІІ том, Алматы: 1980ж.
  12. Ысмағұлов Ж. Егіз толғам [Ғ. Мүсірепов – 100ж] // Егемен Қазақстан 2002ж 17 мамыр
  13. Жұмабеков С. Ғабит Мүсірепов. Алматы: Мектеп, 1989ж.
  14. Есқали Ө. Прототип // Егемен Қазақстан -2008ж -30 сәуір -8б.
  15. Кәкішұлы Т. Бойына сіңбеген тақырыпқа жарамаспайды. Жас Алаш 2002, 21 наурыз.
  16. Беркімбаева Ш. Ғабеңнің сөзі қай ғасырда да өзекті әрі өтімді // Қазақ әдебиеті, 2002, №22
  17. Бәкенов С. Ер еңсесі //Егемен Қазақстан- 1997ж 22 қаңтар
  18. Танабаев Ө. Сегіз сері Бахрамұлы шығаралары. Шымкент, 1999ж
  19. Дәдебаев Ш. Қазақ тілі мен әдебиеті. 1992ж, №7
  20. Бекбергенов М. Сөз зергері. Алматы: Жазушы, 1964ж
  21. Мұқанов С. Өмір мектебі. Алматы: Жалын, 1977ж
  22. Әдібаев Х. Талант, талғам, тағдыр. Алматы: Жазушы, 1971ж
  23. Нұрғалиев Р. Телағыс. Алматы: Жазушы, 1989ж
  24. Дәдебаев Ш. Ұлпан. Қазақ тілі мен әдебиеті. 1992ж. №7