Мазмұны
КІРІСПЕ………………………………………………………………………………………………..3
І ТАРАУ. ҚАЗАҚ КІТАП БАСУ ІСІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
- КІТАП ТАРАТУ ПРОБЛЕМАСЫНЫҢ ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМДАРЫНДА
ЖАЗЫЛУЫ……………………………………………………………………………………………7
- МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАРДАҒЫ ОҚЫРМАН ЖӘНЕ КІТАП МӘСЕЛЕСІ…………………………………………………………………………………10
ІІ ТАРАУ.ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ БАЛАЛАР БАСЫЛЫМДАРЫН ШЫҒАРУ ЖӘНЕ НАСИХАТТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
2.1. БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАСЫЛЫМДАР ШЫҒАРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ НАЗАРЫНДА……………………………………………..24
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Тәуелсіздік алғалы елімізде елеулі орын алып, шешімін таппай келе жатқан мәселелер көп. Соның бірі – кітап проблемасы. Бүгінгі күннің кітап ісі жағдайын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Қазақстан Халқына Жолдауында «Қазақ тіліндегі оқулықтар сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тілін үйретуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді. Осы салаға жауапты тиісті органдар нақты шешім қабылдауы тиіс»,— [1] деп, атап көрсетеді. Бітіру жұмысты жазу барысында, кітап проблемасының бүгінгі мәселелерін жан-жақты ашып, шешу жолдарын нақтылай көрсетіп, етектен тартқан қиындықтардың орнын толтырар ұсыныстарын халық мүддесіне ұсынған, осы тақырыпта қалам тербеген азаматтардың аздығы байқалады. Десек те, еліміздің баспа ісін бұрынғы жеткен биігінен түсіріп алмауға ұмтылып жүрген жанкешті азаматтардың шығармашылыққа деген қажыр-қайратын көреміз. Атақты орыс жазушысы А.С.Пушкин ажал сағаты тақаған кезде кітап сөрелеріне карап: «Қош болыңдар, достар!» деген екен. «Егер мен байысым, тек қана кітап сатып алар едім»,— деп, М.Горкий рухани байлығымыздан, қалта байлығын бірінші орынға қоятын азаматтарға үлкен ой салған.
Қазіргі қоғамда орын алып отырған кітап мәселесі бір күннің ішінде туындаған жағдай емес. Проблема болған, қазір де бар, болашақта да бола бермек. «Әр кітап өз проблемасын ала келеді», деп баспагерлер айтқандай, бұл мәселе сонау кітап деген ұғымның дүниеге келуімен, мәдениеттің ең жоғарғы сатысы баспа кітап өмірге келгеннен бастап қалыптасып келе жатыр. Айырмашылығы, осы уақытқа дейін дами отырып, әр кезеңнің әр түрлі қиыншылықтары мен кедергілеріне ұшырауында. Ал біздің заманымызға өз қиындығымен қатар үлкен жетістігін де ала келген кітап жайлы: «Әсіресе баспа кітап шыққаннан бергі жерде кітаптың әлеуметтік, қоғамдық, рөлі орасан зор дәрежеге жетті. Бұл— кітаптың жасампаз дүние екендігінің айғағы. Тарих сахнасында мәңгі қалуын күйттеген қажеттіліктен туындаған ұлы жетістіктің көрінісі. Осынау адамзат көкірегін жарып шыққан ұлы идеяның авторы неміс өнертапқышы Иоганн Гутенбергке барша халықтың айтар алғысы шексіз»— деп жазады профессор Ш. Елеукенов [2]. Бұдан түйеріміз, адам дамуымен бірге қосарласып, егіздей жармасып келе жатқан проблема бүгін ғана пайда болмай, әр заманның мәселелерімен ұштасып отырған.
Ал осы мәселені көтермеген қазақ басылымдары кем де кем. «Әр кітабың шыққанда бір балаң өмірге келгендей қуанасың»— деп, «Санат» баспасының директоры, ұстазымыз С. Әбдрайымов айтқандай, әрбір туындап отырған мәселелерге халқымыздың бей-жай карамайтындығын қазақ баспасөз беттерінде жарияланған еңбектерден көреміз. Бұл жұмыстың жазылуын әр адамның жүрегіне сәуле нұрын құюда кездесіп отырған қиыншылықтардан, яғни ішкі қажеттіліктен туындап отырған еңбек деп ойлаймын. «Қазақ баспасөзі – тәуелсіздіктің нәтижесі, ұлттық өр үні мен көкірегіндегі мұңы екені даусыз. Бүгінгі қазақ баспасөзінің бет-бейнесі мен беталысы қалай? Ұлттың барын пайымдап, жоғын жоқтауда өштік пе, әлде өстік пе?» [3] деген пікірдің аясын толықтырғым келді. Сондықтан да «Қазақ баспасөздерінде кітап проблемасының жазылуы» атты жұмысымның қазіргі таңда өзектілігінде күмән болмауы тиіс.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті: Адамзат мәдениетін қалыптастырып дамытуда, адам парасатын биіктетуде, білімін шыңдап көтеруде баға жетпес үлкен қазына кітап екенін ескерсек, басты проблемаға айналып отырған кітап мәселесін баспасөз бетінде жариялау, яғни алдымызда тұрған проблемаларды ертеңгі күннің игілігі үшін ойдағыдай шешуге ат салысу — рухани азығымызға бей-жай қарамайтын зиялыларымыздың түпкі мақсаты, басты міндеті болмақ. Ал мен өзімді толғантып жүрген баспа, кітап әлемінің қыр-сырларымен танысып, қалыптасқан жағдайларды нақты мысалдармен анықтауды жөн көрдім. Қазіргі таңда осы тақырыпты кім көтеріп жатыр, не жазып жүр, қалай жазып жатыр деген мәселенің басын ашу, талдау менің алғашқы міндетім болмақ.
Ал осы жұмысты жазу барысында кітаптың шығу тарихы, тақырыптық және проблемалық өзгешеліктері, жанрлық, пішіндік ерекшеліктері мен тіл, стилін айқындап, саралау үшін мынадай міндеттер алға шықты:
— Проблемаларды зерттеп, анықтау барысында адамзат өмірінде және қоғамда алатын орнын анықтау;
–– Мақаланың басылымда жазылу үрдісіне тоқталып, оларды мазмұндық, такырыптық, формалық, жанрлық тұрғысынан анықтау;
–– Баспасөздегі көрінісіне талдау арқылы теориялық тұрғыдан баға беру;
Бұл мәселенің айқын бейнесін қаламгерлер қазақ басылымдарында мақала, корреспонденция, сұхбат, шолу т.б. жанрларда көтеріп келді. Ал біздің міндетіміз — шығармаларды тақырыптарына карай, қойған мәселелеріне қарай топ-топқа іріктеп бөле отырып, дәлелді, дәйектемелер жасау, обьективті қорытындыға келу.
«Қазақ баспасөзі қоғамды біріктіреді» [4], десек мерзімді баспасөзде жарық көрген, осы тақырыпқа арналған материалдардың ерекшеліктерін практикалык та, теориялық та тұрғыдан талдап, болжамдар мен тұжырымдардың ара жігін ажыратсақ, біз діттеген максатымызға жетіп, кішкене болса да қабырғаны қайыстырған жағдайдан шығуымызға сеп болар еді.
І ТАРАУ. ҚАЗАҚ КІТАП БАСУ ІСІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1.1. Кітап тарату проблемасының қазақ басылымдарында жазылуы
Елімізде кітап саудасы қазір қандай күйде? Бұл өте күрделі сұрақ және оған бір жақты жауап беру де мүмкін емес. «Кітап саудасы, кітап таратудың түрлі формалары — қоғамның, халықтың, ұлттың мәдени, рухани даму дәрежесін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. «Таратпасақ, кітап басып керегі не?» — деп, үлкен жазушымыз Ғабит Мүсірепов айтқандай, кітап саудасын, кітап таратудың түрлері мен формаларын дұрыс жолға қоймайынша, баспа кітап өзінің бұқаралық ақпарат құралы ретіндегі әлеуметтік рөлін ойдағыдай атқара алмақ емес»— деп зерттеуші, профессор Ш. Елеукенов ұстазымыз айтқандай [5], Қазақстанда кітап тарату жүйесі дұрыс жолға қойылмайынша, қатарымыздан көш ілгеріміз деп тоқмейілсуге болмайды. Оған дәлел, автор кітаптарының шаң басып, баспалардан ұзап шыға алмай, өз оқырманын таба алмауы. Мұны, Қазақстанда баспа өнімдерін таратудың қиындықтарын қанша мемелекеттік кітап сауда жүйесінің дұрыс жолға қойылмауымен түсіндіруге тырыссақ та, осы тақырыпқа қалам тербеуге келгенде кішкене кібіртіктеп қалатын авторлардан кейін қалай кітап тарату керек екенін дөп басып айту қиын.
«Әдебиет айдыны» газетінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУнің аға оқытушысы Мәрия Майлықұтованың «Қазақ кітабын қалай таратамыз?» деген атпен жарияланған мақаласында қазақ кітаптарын таратуда қандай проблемалар бар, оларды қалай шешу керек деген мәселелерді көтереді [6]. У.Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» десе,
Д. Дидро «Адамдар оқудан қалғанда ойлаудан да қалады» деген. Абай атамыз « артық білім кітапта» деп, қазаққа кітап оқуды үндеген. Автор
« Бүгінгі қазақ кітап оқымайды деп сайрағанға шеберміз. Әрине бұл шындық. Бірақ шығарған кітабымызды таратпасақ, жарнамаламасақ оны кім алады, кім оқиды?» деген сұрақтарға жан жақты жауап іздеу мақсатында зерттеулер жүргізеді. Автор қазіргі кездегі кітапқа деген қызығушылықтың жоқтығын массмедияның дамуымен байланыстырады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, кітап оқуды жаңа технологиялық жетістіктер алмастырды. Ал қаламгердің сөзін нақтылай түсу үшін келтірген «Негізінен оқырмандардың басым пайызын оқу процесіне қатысты жастар құрайды екен. Тек қазақстандықтардың 17 пайызы ғана белсенді оқырман қатарына енсе, олар жарты жылда шамамен алғанда 3.7 кітап сатып алатын болып шыққан. Соңғы 15 жылдағы жас толқынның басым бөлігі әдеби көркем шығармалармен таныс емес» деген деректеріне сүйенсек, 9.5 миллион халқы бар Қазақ жаппай әр жылына шаққанда мүлдем кітап оқымайды деген сөз.
Автор зерттеу барысында мынадай статистикалық мәліметтерге сүйенеді: «Қазірде елімізде 150-ге жуық баспа бар екен. Оның елу шақтысы ғана бәсекеге қабілетті. Ресей баспаларының өнімдері Қазақстандық кітап нарығының 65-80 пайызын жаулап алған. Отандық баспалардың өнімі бар болғаны 10-20 пайызын құрайды. Ресейден келген миллиондаған дана кітаптардың 60 пайызы ғана детективтер мен әйелдер романдары, 17 пайызы фантастикалық әдебеттер көрінеді. Ұлттық кітап палатасының мәлімдеуінше жыл сайын елімізде 3.5 мың аталым кітап 1.5-2.0 миллион тиражбен жарық көреді екен. Олардың дені оқулықтар мен оқу құралдары, ғылыми зерттеулер мен монографиялар. 10 пайызы ғана көркем әдебиет үлесіне тиіп отыр. Балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттер жоқтың қасы». Келтірілген мәліметерге тоқталсақ, автор сөзінің шындығы бар. Біріншіден, жекелеген баспалар өз кітаптарын сатумен шұғылданбайды, яғни қазақ баспаларында маркетинг қызметі төмен жағдайда. Екіншіден қаламыздағы дүкендердің қай-қайсысының да сауда айналымындағы тауарлардың дені шетелден әкелінген кітаптар. Қазақ тілді кітаптарға келгенде ақын ағамыз М. Шаханов айтқандай, «Алматының кей дүкендерінен «Абай жолын», «Көшпенділерді» көріп қуанып қалдық» [7] дегеннің кебін киіп жүрміз. Ал дүкендерді аралағанда, күнделікті өзіміз баланы еліктіріп, қызықтырып, ынталандырып әкететіндей дүниелердің тек орысша нұсқасын ғана көрумізден-ақ, балалар көркем әдебиетінің ақсап тұрғанын бағамдау қиын емес.
Осындай жағдайлардан кейін туындаған қазақ баспалары шынымен де кітап шығармай ма деген сұраққа қаламгер : «Ақиқатына келсек, қазақ баспалары кітап шығармай жатқан жоқ, олар кітап таратпай отыр» деп, сөзін нақтылай, төмендегідей тарата талдай түседі. Автордың ойынша, Батыс баспалары, соның ішінде Ресей баспалары кітап саудасын 2000 жылдың басында едәуір дамытып алды. Олар біріншіден, нарықты зерттеп, кітап маркетингін дұрыс жолға қоя білген. Батыс баспалары өз тұтынушыларын жобалап алмай жатып өнім шығармайды. Әр түрлі сауалнамалар мен әлеуметтік зерттеулер негізінде оқырманды қай автор, қандай тақырып қызықтыратынын анықтайды.
Шынынмен де, сөрелердегі көздің жауын алатын Ресей кітаптарын көргенде, автор пікірімен келіспей тұра алмайсың. Қазақстандық баспаларда негізгі бір кемшілік маркетинг қызметінің іске қосылмауы. Яғни, баспа кітап шығарар алдында нарықты зертттеуге құлықты емес. Ол қандай кітап, қоғамда оған деген сұраныс бар ма, қазіргі заманның талабын қанағаттандыра ала ма деген сауалдар назардан тыс қалып жатады. Егер осы істі ертерек қолға алса, нарықты зерттеуден автор да, баспагаер де , кітап таратушы да ұтылмасы анық. Нарықты зерттеу дегеннің өзі тапсырыспен кітап шығару деген сөз. Яғни, тауар айналымға түсері сөзсіз. Осы олқылық біздің қазақ баспаларына да кітап маркетингінің қыр — сырын меңгеретін уақыт кегендігінің көрінісі сияқты.
«Екіншіден, біздің қазақ баспалары кітап тарату тетігін таба алмай отырғандай. Баспалар үйіне бара қалсаңыз (Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы) баспа жанындағы кітап дүкендеріндегі өнімдерге көз тоймайды. Бірақ, сол кітаптар баспалар үйінен ұзап кете алмай, оқырман қолына тимей отыр. Ресей баспаларының өнімдерін ТМД елдеріне таратумен айналысатын фирмалар бар болса, Қазақстанда ондай фирмалар жұмыс істемейді. Сол үшін Алматы қаласындағы Ресей баспаларының өнімдерін саудалайтын «Гулянда», «Меломан» сынды кітап дүкендері өз сөрелеріне қазақ баспаларының өнімдерін қоюдан қашқақтайды. Себебі, олардың ойынша, қазақ кітаптары өтпейді. Ресей баспаларының өнімдерімен салыстырғанда біздің кітаптарымыздың бағасы да қымбат. Өйткені қазақ кітаптары аз тиражбен шығады, сапалы қағаз шығаратын өндірісіміз жоқ болғандықтан, қағазды Ресей мен Қытайдан тасымалдаймыз». Мына жағдайдан кейін әрбір көкірек сәулесі ояу адам мемлекеттік баспалардағы қалыптасқан қиыншылықтарға қиналмай көз жеткізуге болады. Қазақстан бойынша ірі кітап дүкендерінің бірқалыпты жүйесі жоқ, яғни бұрынғы «Қазақкітап» сияқты бүкіл елге кітап тарататын мекеме жоқ. Өзіндік құнын ақтамай, кітаптар өтпей шаң басып жатқаннан кейін авторлар да еңбектерін аз ғана данамен шығарады. Арзымайтын тиражбен шыққан кітаптың өзіндік құны қымбат болғандықтан, кітап дүкендерінде өтпей, тұрып қалады. Бір кітаптың шығуы үшін 42 элемент керек болса, оның бір де біреуі Қазақстанда өндірілмейді. Шикізаттың сырттан тасылуы, безендірілудегі бояу, қағаз, технология – бәрі де шеттен әкелініп жатқан жаңалықтар, оның үстіне қосымша құн салығы және т.б. салық түрлері аз емес. Міне, осының барлығы сайып келгенде кітаптың өзіндік құнын аспандатып жібереді. Міне, мәселенің түп – төркіні қайда жатыр?
«Үшіншіден, қазақ кітаптарына жарнама жоқ. Жалпы, көпшілік оқырман қандай кітап шығып жатқандығынан мүлдем бейхабар. Қазақ баспаларында электонды жарнама беретіндей қаржы жоқ екендігі белгілі. Тендерге телміріп отыра беруден баспагер ағаларымыз әлі жалыққан жоқ. «Кітап почта» жүйесін дамытып, авторлармен кездесулер, кітап жәрмеңкелері сынды шараларды атқару керек», деген қорытындыға келеді. Расында да, автардың еңбегін зерделесек, кітап таратудағы атаулы проблемалардың өзі шығып отыр. «Бірақ солай екен деп айдың аманы, күннің түзуінде тым торығып, аузымызды қу шөппен сүрте берсек, бөркімізді аспанға атып, алақайлайтын берекелі сәттің ауылы әлә алысты екенін аңғарамыз» демекші [8], баспалар да жоғарғы оқу орындары мен мектептермен, мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнатып, көрмелер ұйымдастырып, жарнамалық каталогтар мен листовкалар таратып, әрекеттенуі керек.
Қаламгердің «Төртіншіден, қазіргі қоғамда «оқырман азайды, жастар мүлде кітап оқымайды» деген пікір қалыптасқан. Сол үшін ертеңгі оқырманды бүгін тәрбиелеуіміз керек дегенді айтады. Балалар басылымдарын шығаратын «Балауса», «Аруна» сынды баспалар балабақшалар мен мектептермен тығыз байланыс орнатып, балаларды қызықтырып, әдеби – танымдық кітап оқуға машықтандырса, өз өнімдерінің тұтынушыларын табар еді. Төртінші таратуында орыс ғалымдарының баланы сегіз айынан бастап кітаппен достастыру керек деген әдемі пікірін орынды қолданған автор жас ерекшелігіне қарай әр жастағы балаларға әр түрлі формадағы кітаптар ұсыну керектігін айтып, оқырман қауымды қазіргі біздің балдырғандардың кітап оқудың орнына компьютерге телміріп өсіп жатқанындығына баса назар аудартады. Бірнеше проблеманың басын ашып көрсеткен автор соңында ұлттың мәдени және рухани деңгейін дамыту үшін, рухани байлық қайнар көзі кітапты оқуа насихаттайды. «Егер кітап тарату мәселесін дұрыс жолға қоймайтын болсақ, 17 пайыз оқырманымыздан да айырылып қаламыз» — деп, басымызға үйіріліп тұрған қара бұлтты қазақ баспалары мен баспагерлері қазақ кітабына жанашырлықпен қарап, өз өнімдерін сұранысқа сай шығарып, қалайда оқырман қолына жетуіне мүдделілік танытса нұр үстіне нұр болар еді деген тілеулестік білдіреді. Проблемаларды жеке жеке тараулармен бөліп бөліп көрсете отырып, әр тараулардың соңын өзіндік ұсыныстарымен аяқтап отырған автор жарияланымын «Бәсекеге қабілетті елуге жуық баспаларымыз күш біріктірсе, оларға мемлекет және БАҚ тарапынан қолдау болып жатса, қазақ кітабының бағы ашылар еді» деген тоқтамға келеді.
Проблемалық мақала жанрында жазған еңбектің әр тарауында келелді мәселе, салмақты ой жатыр. Қаламгер орынды ұсыныстар мен нақты түйіндемелер жасай отырып, олардың шешу жолдарын ұсынуды назардан тыс қалдырмайды. Баспа ісінің педагог маманы ретінде де кітап оқу- білімділіктің көсеткіші, кітап қорының молдығы – бауаттылықтың белгісі болған деген терең мағыналы тіркестерді қолданған.
Кітап саудасы арқылы кітаптың оқылу дәрежесін, айналымын, көпшілік қандай кітапқа ынтазар екендігін айыруға болады. Сол арқылы халықтың рухани сұранысын біліп, кітап репертуарының бағыт-бағдарына өзгерістер енгізіп отыру да шарт. Осы еліміздің баспа әлемінде кітаптарды тарату мәседесінің әлі күрмеуі шешілмей келе жатқаны анық. «Совет кезінде кітап таратумен айналысқан ресубликалық «Қазақкітап» мекемесі жабылғаннан кейін, Қазақстанда кітап саудасының инфрақұрылымы өзгерген» [11]. Бұл бүгінгі жағдайдың көрінісі.
«Кітап тарату ісі қашан жолға қойылады?» атты Т.Тәшеновтың мақаласы «Бір кездері Э.Баталова басқарған «Алматыкітап» басшылығы Қазақстан баспагерлері мен полиграфистерінің қауымдастығын құрмаққа ниеттенгенін білеміз. Бірақ баспагерлер әр тарапқа тартып, ортақ мәмілеге келе алмаған. Мұның зардабын енді баспагер де, автор да , оқырман да тартып отыр» деген жанашырлық сөздермен басталған. Жыл сайын мкітап шығаруға арналған тендрге өткізіледі. «Сол тендрді жеңіп алып, мемлекеттік тапсырыс бойынша баспалардан шығатын кітаптардың ең көп таралымы—2000 дана екені белгілі. Ал кітаптар еліміздегі кітапханалар мен оқу орындарына тегін таратылып беріледі. Кітап дүкендеріне түспейді» деген автор сөздерінінң жаны бар. 2000 данадан аспайтын кітапты Қазақстанның қай бұрышындағы кітапханалар мен оқу орындарына жеткізбекпіз. Кітап басу ісінде оқырман сұранысын анықтап, зерттеп, маркетингтік қызмет саласын атқарып отырмаған жағдайда қайдан кітап саудасы дұрыс жолға қойылсын? Сонда баспалардан шығып жатқан кітаптарды қайда қоямыз: Мойындау керек, қазірде баспалар жекешеленіп кеткен. Мынадай нарық заманында кімнің ақшасы бар, сол кітап шығара алады. Бұрындары кітабын шығарған авторға ақша төленетін болса, қазірде автор кітабын шығару үшін өзі ақша төлейді. Ал, оның шығарған кітабының тарату мәселесіне баспадағылар басын қатырмайды. Сонда автордың кітабын таратумен айналысуы керек пе, жоқ әлде шығармашылықпен айналысу керек пе деген сұрақтың толғантары анық. Қысқасы, автор «Баспалар кітап шығарумен айналысады, кітап тартумен айналыспайды», деген тоқтамға келеді. Қаламгердің айтуынша, қазір Алматыда кітап сатумен айналысатын «Книготорг» фирмасы ЖШС-нің Алматы филиалы, «Джагамбек и С» ЖШС, «Алматы кітап! ЖШС, «Атамұра –Мир кітаптар» фирмасы, «Эврика» фирмасы айналысады. Бары осы. Өкінішке қарай «Алматыкітап» та, «Атамұра» да тек өз өнімдеріне ғана қызмет істейді. Оның үстіне жоғарыда аталған фирмалардың Алматы мен Астанадан басқа жерде кітап дүкендері жоқ болып шықты. Есесіне Алматыда Ресей өнімдерін саудалайтын 43 кітап дүкені бар екен. Ал «Меломан», «Гулянда» сынды кітап дүкендері қазақ кітаптарын қоюдан қашқалақтайтынынын алдыңғы мақалаларымызда көтерген едік. Оған себеп, Қазақстаннң өнімдері Ресей өнімдерімен салыстырғанда есі еседей қымбаттығы, екінші қазақ тілді кітаптардың қазіргі заман талаптарына сай безендірілмеуі, одан кейін жастарды қызықтатындай, қанағаттандыратындай шығармалардың болмауы. Осының бәрі – отандық кітаптардың өз биігіне жете алмауына кедергі жағдайлар. «Кітап жаршысы» республикалық анықтамалық –сараптамалық басылымының бас редакторы Қанат Қайымның: «Кеңес заманында Мемлекеттік баспа комитеті болатын. Ол әр облыстағы « облкниготоргтен» қандай қажетті кітаптар керектігі жөнінде өтініш жинайтын. Олар өз кезегінде аудандарға, аудан ауылдарға шығатын. Барлық кітапханаларда Қажетті кітаптар үшін сараптау мен санақ жүргізетін бибколлекторлар жұмыс істейтін. Осылайша орталықтандырылған мызғымас кітап сауда жүйесі бар еді «Кітап жаршысы» газеті 1961 жылдан 1992 жылға дейін тұрақты шығып тұрды. Осы газетті біз он бес жылдық үзілістен кейін қайта шығаруды қолға алдық. Мақсат—ең болмаса, оқырмандар баспалардың қандай кітап шығарып жатқанынан хабардар болсын дегендік. Өкінішке қарай, таралымы—үш-ақ мың дана. Елімізде 17 мың кітапхан бар десек, соған де жетпейді екен» деген сөздерін келтірген автор қазірде баспалардан қандай кітап шығып жатқанынан халықтың расында да бейхабар екендігін көрсетуде жақсы келтірген. Осындай пікірлерден кейін қазіргі барлық барлық түйіннің шешімі Қазақстанда белгілі бір кітап таратумен айналысатын сауда мекемесінің жоқтығына келіп тіреліп тұр.
Осыдан кейін оқырман мәдениет қалай қалыптаспақ деп шарқ ұрған автордың өз сөзін «Орталықтандырылған кітап саудасы ауадай қажет. Бұл үшін баспаларымыз күш біріктіріп, мемлекет тарапынан нақты қолдау қажет. Қысқасы, бұрынғы кітап тарту құрылымын қайта қалпына келтіру—Үкімет, не Мәдениет министрлігі қолға алып шешетін мемлекеттік мәселе» деген қорытындыға келеді. Қаламгердің қай ойымен болса да келіспеуге болмайды. Бірақ барлық проблеманы алдымызға жайып салып, мәселенің шешу жолдарына баса назар аудармаған. Айтқанның аузы жаман, көргеннің көзі жаманның күйіп қалмасақ болғаны. Өйткені, Үкімет пен Мәдениет миниситрлігіне арқа бар жүкті артып қоймай, істерді қолға алудың сәті келген де сияқты. Кітап оқымайтын ұрпақтан сауатты адам шықпайтынын ескерсек, Рухани азық боларлық біршама кітаптар жарық бетін көріп жатыр. Бірақ жетім баланың күйін кешкен ол кітаптардың —қамқор қолға, кітапқұмар оқырманға жетуі қиын. Көзі ашық қаламгер қауымның өзі бір-бірінен сұрап біліп, өз аяғымен сол шыққан баспаға барып сатып алмаса, дүкендерен іздеген кітаптарыңызды таба амасыңыз анық.
Жалпы кітап таратуда көрші елдерден үйренеріміз аз емес. Егер тез арада ес жиып, кітап саудасын қолымызға алмасақ, кітап дүкендері ғана емес, санамызға дадендеп кірген шетелдік баспа өнімдерінен көз аша алмай қалуымыз ғажап емес.
1.2. Мерзімді басылымдардағы оқырман және кітап мәселесі
Белгілі журналист Мақпал Жұмабайдың «Қазақ кітап окымайды емес…» атты мақаласында [9] «Кітапхана — кітап сақтайтын қойма» деген қарадүрсін, таяз түсінікті тағы бір жоққа шығарып, кітапхананың басты міндеті қалың көпшіліктің рухани талап-тілегін өтейтін орын екендігін айқындап бергендей болды. Оған дэлел «РАБИС» (Республикалық автоматтандырылған ақпараттық кітапхана жүйесі) бағдарламасымен жұмыс істейтін Іле аудандық кітапханасында болған екі күндік сапар кезіндегі мәліметтер.
Жарияланған мақаланың аты айтып тұрғандай, күрделі де өзекті мәселені көтерген. Мақала тақырыбы нақты, тартымды, шұбалаңқы емес қойылған. Соған орай әрбір көзі қарақты оқырманды ойландырмай қоймауы мүмкін емес. Ең көкейкесті проблеманы таба біліп, талмау жерге тап түскен, тіршілік тынысының ең қажетті пернесін дәл басып, көңілде жүрген тақырыпты қоюын автордың өзіне ғана тән шеберлігі деп білеміз.
Сонымен үлкен қалаларда отырып алып, «жастар кітап оқымайды» деп мұңға берілетін ел ағаларына өкпелерін білдірген кітапханашылардың айтуынша, барлық проблема жастардың кітап оқымауында емес, қазақ кітаптарының ауылды жерлерде жетіспеушілігінде екен. Міне, мәселенің түп-төркіні кайда жатыр? Осыдан кейін жастардың мұқтаждығын, қажеттілігін өтейтін кітаптармен қамтамасыз етпесек, әдебиеттер оқып, қиялға берілетін, өз-өздерін рухани дамытатын кітапсүйер жастарды қалай тәрбиелеп шығамыз деген сұраққың туындауы заңды да сияқты.
«Бір шенеунік мемлекет қазынасына ақша кұймайтын кітапхана, театр, мұражай секілді мекемелерді жабу керек», — сынды теледидардан айтқан пікірге ашынған кітапханашылардың сөзін келтірген автор кітапхананың міндеті мемлекет қазынасына ақша кұю емес, адамдардың санасына сәуле құю екенін баса айтады. «Кітаптан жерінген халық тілінен де, ділінен де, дінінен де, мәдениетінен де жерінеді» дей келе, журналист «Жас ұрпақ не окиды?» деген сауалға жауап іздеу мақсатында үлкен мәселені көтере отырып, қазіргі жастарды кандай саладағы әдебиеттер қызықтыратынын тарата айтып береді. Зерттеу жүргізгендей, жас оқырмандардың әдебиет, тарих, мәдениет мәңгілік оқитын тақырыптары болса, олардың ішінде әлем әдебиеті, информатика, құқық, саясат, салық сынды салаларды оқуға ниеттенетіндер саны көп екен. Оған қоса автор казіргі жастардың діни кітаптарды іздеп жүріп оқитынын, олардың тек газет-журналдар арқылы ғана келгені болмаса, діни кітаптардың қолға тимей қынжылтатынына баса назар аударады.
Қазақ қаламгерлерінен Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиндердің шығармаларын, Алаш азаматтары туралы жаңа деректерді, оған қоса «Абай жолын» оқымайтын жастар жоқ екенін айта келіп Мұқағали, Фариза, Күләш, Қадыр, Тұманбай апа-ағаларымыздың өлеңдерін жатқа айтуды парыз санайтын жастардың ізденімпаздығын сүйсіне жазады.
Мақпал Жұмабай 10 жыл бұрынғы кітап ошақтарын жабу кезіндегі еліміздің әр ауданында кей жылдарда кітапханалар қорына мүлдем кітаптардың түспей, киын кезеңді бастан өткізгенін тілге тиек ете отырып, қазіргі жағдайда да Қазақстанның кез-келген аймағындағы кітапханалардағы оқырмандар сұранысын қанағаттандыра алмау проблемасын тарқата талдай түседі. Балалар әдебиетінің атасы саналатын Бердібек Соқпақпаевтың, тіпті, «Менің атым Қожасы» мен «Балалық шаққа саяхат» атты кітаптардың кітапханада жоқ екенін ескерген автор балалар әдебиетінің ақсап тұрғанын, жастардың аударма ісіне көңілдері толмайтынын да назардан тыс қалдырмайды.
Мақаланың соңында қаламгер бізге интернеттің кітапты алмастыра алмайтынын, кітаптың адам өмірінде орны толмас үлкен қазына екендігін дәлелеп берді. Мәселен ауыл кітапханасында болған екі күндік сапар кезінде көз жеткізген « Апай, біз кітап оқимыз. Кітап оқымайтын «компьютер басты жарты адамдар ғой» деген жүректі дір еткізетін кітапқұмар бүлдіршіндей қыздың бір ауыз сөзін Мақпал Жұмабай өз ойы арқылы әсерлі жеткізіп, кітапқа көзін салмай, күндіз-түні компьютерге тәуелді болып қалған жастарға үлкен ой салады.
Жастарды тәрбиелеуде кітапқа деген құмарлығын, ынтазарлығын оятуда неден қателік жіберіп жатырмыз, қай тұсымыз кем түсіп жатыр, қай бағытқа баса назар аударуымыз керек екенін анық айтып, оқырманға ой салған автор жастар кітап оқымайдыға салмай, мәселенің, түп-төркінін кітаптың жетіспеушілігінен іздеген. Әрбір жас оқырманның кітапқа деген сүйіспеншілігі туған үйінің тәрбиесі, екінші ынтасы, үшінші мектептің, яғни мұғалімнің өнегесі, берген білімі, төртінші араласатын ортасы екенін ескерсек, осы жиынтықтың басын құрайтын кітапханалар қажетті кітаптармен камтамасыз етілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
« Авторлар осы тақырыпты қай жанрда сөз ету тиімді, айтылмақ идея қай жанрда жете ашылмақ, қай жанрда мазмұн жан-жақты қамтылмақ, қай жанрда жазылса, аудиторияға әсерлі болмақ деген сүрақтар төңірегінде ойланып, толғанып барып жанр таңдауы тиісті»,— деп профессор Т.Қожекеев айтқандай, әр автордың жанр тандауында ойын жинақтап, үлкен қорытындылар жасауында, тақырыпты терең зерттеп, ой-идеяларымен әр жанрға өзіндік сипат беріп, жаңаша қолдануында дараланып, шығармашылық шеберлігі, біліктілігі айқындалып отырады.
Проблемалық мақала жанрында жарияланған еңбегінде автор көкейге қонымды пікірлері мен өз ойларын, көтерген мәселесін публицистік
сарынмен жақсы талдаған. Зерттеуші ұстазымыз Т.С. Амандосов «Мақалада идея жалпыдан жалқыға қарай өрбиді» десе, жастар кітап оқи ма деген жалпы мәселені көтере отырып, жүйелі пікір қозғауынан, күн тәртібіне мәселе қойып, талдауынан және фактілерді көрсетудегі амалдарынан автордың осы әдісті жақсы қолданғанын көреміз. Мақаланың өзіндік белгісі айтылған ой, жасалған түйін, көтерген мәселе болса, қаламгер Іле аудандық кітапханасының өткені мен бүгінгі күйін салыстыра отырып, «Кітапханалар қайта ашылуы керек. Заңдылық бойынша, 2000-2500 адамға бір кітапхана қызмет етуі тиіс» деген ұсыныс жасайды.
Проблемалық мақала жанрын таңдағанда журналист еңбегін оқырманға жете түсінікті болу үшін жеке-жеке тақырыпшаларға бөле отырып, әр тақырыпты белгілі бір мәселеге арнап отырған. «Кітапқұмарлар қайдан шығады?» деген тақырыпшасында сөздері дәлелді болу үшін «Аудандық кітапхананың жыл бойында 6352 тұрақты оқырманы бар. Дені — балалар (2424) мен жасөспірімдер (2055). Келушілердің саны — 76224 деген статистикалық мәліметтер келтіреді. «Абайдың әлеміне сапар шегеді» деген әдемі сөз айшықтарымен, бұрын қолданған деген тіркестерді «бұрын баспа бетін көрмеген» деген өзіндік бір стилімен бейнелі түрде алмастырып, көркемдеп қолдана білген. Ал «Генетика, кибернетика, ғарыш…» атты тақырыпшасын қоюда өзіндік бір кұпия, ықшамдылық, тартымдылық, оқырманды қызықтырушылық жатқандай. «Интернет кітапты алмастыра алмайды» деген бөлімінде кітап интернетті алмастыра алмайды емес, интернет кітапты алмастыра алмайды деген сөз қолданысындағы ерекшелігін байқаймыз. Бұл дегеніміз кітаптың жасампаз дүние екенін көрсетсе керек. Ал тақырып қоя білуде автор еңбегін жан- жақты ашу мақсатында қолданған ерекше форма деген баға берер едік.
Міржақып Дулатов ағамыз кезінде «Қай елдің баспасөзі мықты, сол елдің болашағы зор», деп бекер айтпаса керек. Расында халықтық жадты тазарту мен қоғамдық сананы жаңғыртуда, ұрпақ тәрбиесін жолға қойып, ұлттық тіл мен ділді қанықтыруда баспасөздің алар орны орасан зор екенін мойындамасқа болмайды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік Тіл жөніндегі Комитеттің төрағасы Мұхтар Шаханов ағамыздың «Ресейлік рухсыз кітаптар басқыншылығы» атты мақаласында осы мәселелер төңірегіндегі проблемалар көтерілген [10]. Республикамызда мемлекеттік тілде шығатын 453 қана газет журнал бар десек, олардың тең жарымы Оңтүстік Қазақстаннан, яғни Шымкент қаласынан шығатыны жасырын емес. Ал оның едәуір бөлігі сөз жұмбақ, нәпсі қызығушылығын насихаттайтын басылымдар екенін ескерсек, адамды ізгілікке тәрбиелейтін немесе таным, білім мүддесін ту етіп, рухани байытатын кітаптарымыздың орнын Ресейдің баспа өнімдерінің қаптап кеткені де шындық. Бұл жағдай мәнді де мағыналы отандық шығармалар жоқ немесе қазақ кітабын ешкім алмайды деген ұғымды тудырмауы керек.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын тапсырыспен 400-430 кітап шығарады екен. Әрқайсысы екі-үш мың данадан аспайтындықтан бұл кітаптар тек кітапханаларға таратылып беріледі. Яғни олардың бір де біреуі қала дүкендеріне түспейді. Міне, бұл есте ұстайтын жағдай кітаптың шығарылмай жатқанынан емес, дайын басылымдардың қала дүкендеріне жетпей, шаң басып жатқанынан хабардар етіп тұрғандай. Сөйтсек, мәселенің түп-төркіні тереңде жатыр екен.
«Осы жолы біз Астана, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларындағы кітап дүкендерін араладық. Кейбір дүкендерде 100 пайыз, базбіреулерінде 85, 90 пайыз Ресей баспаларынынң өнімдері сатылады екен. Тағы да өзіміздің Қазақстанда немесе Ресейде жүргенімізді ұмытып қала жаздадық. Өз республикамызда орыс тілінде жарық көретін 2303 басылымды айтпағанның өзінде Ресей Федерациясынан Қазақстанға 5248 газет — журнал келіп, тарайтынын, оның 2728-і ғана ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінде тіркелгенін, қаншама мәскеулік басылымдардың кеден және басқа салықтардан жалтарып, өз материалдарын Қазақстан баспаларына интернет арқылы жіберіп, газет журнал етіп бастырып шығаратынын әйгіледік. Қазақстан заңдарын қонышынан басқан мұндай қылмысты істерді ақпарат басқыншылығы демей не дейміз?»— деп, ашына айтқан автор сөзінің жаны бар. Келтірген мәліметтерге көз салсақ, қазір Қазақстанда Ресей баспа өнімдері 80-90 пайызға көтерілген. Ешбір елде мұндай баспасөз басқыншылығы жоқ.
Қаламгер өз ұлтының тілі мен рухынан алшақтаған жастарымызды зұлымдыққы, әдепсіздікке, шектен шыққан арсыздыққа баулитын, өз республикамызда қабылданған заңдарға мүлде қайшы келетін шығармаларға бақылау жасау керек екені туралы үлкен бір өзекті тақырыпты көтере отырып, Санк-Петербург қаласында бір қазақ қызын өз жанұясымен телефон арқылы қазақ тілінде сөйлесіп тұрғаны үшін ғана өлтірген тақырбас скинхедтердің зұлымдығын мадақтайтын басылымдардың Қазақстанға қандай себеппен емін — еркін таралып жатқанын кім бізге түсіндіріп беретініне жауап іздейді. Оған дәлел Алматы қаласында «Жібек жолы» көшесінде Ресейлік скинхедтерді қолдау тұрғысында өткізілген шеруде қара жалау көтерген тақырбас қазақ жігіттерінің де ұрандап жүргені, шеру өтіп жатқанда да билік басындағылар мен қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылыушылар оған назар аудармауға тырысып, көрсе де көрмеген сыңай танытқаны еді. «Ресейде 70 мыңнан астам скинхедтік, 160-қа жуық неофашистік ұйымдар жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты — елін славян еместерден тазалау. Бәрінен масқарасы—адам өмірі көк тиын болып табылатын мұндай қозғалыстардың жүйесі Қазақстанда да құрыла бастауы»—деген пікірлердің қалыптаса бастауы тегін болмаса керек [11] .
Кезінде Гитлерден : «Шығыстағы жаулап алған елдерге қандай саясат қолданамыз?»— деп сұрағанда: «Оларға ертеден кешке дейін музыка бере беру керек, кітап оқуға, ойлануға мүмкіндік қалдырмаған жөн. Өйткені рухани жағынан саяз адам қашанда өзін бақытты сезінеді»,— деп жауап қайтарған екен. Гитлердің сол арманы біздің елімізде де белгілі деңгейде іске асып жатқанын, өмір танымы мен көзқарастары өзгерген кей жастардың рухани азып-тозып кеткенін, өз тіліміз бен дінімізден айырылуымызға алып келе жатқан жағдайларды тілге тиек еткен ақын ағамыз, «Өз республикамызда қабылданған заңдарға мүлде қайшы келетін, тіпті скинхедтік фашизмді мадақтайтын шығармаларға сын көзбен қарар уақыт баяғыда-ақ жетті. Өйткені кітаптардың едәуір бөлегі бүгінгі таңда қиратқыш күшке ие. Сондай-ақ шетел басылымдары отандық басылымдар үлес салмағының 35-40 пайызынан аспағаны жөн. Бұл туралы арнайы заң қабылдауды ұсынамын» деген ұсынысын тастайды. Ал автордың республикамыздың Премьер — министрі Кәрім Мәсімов мырзаны тез арада Тіл полициясын немесе инспекциясын құрып, заңсыздықты тексеру арқылы ешкімнің бақылауынсыз бетімен кеткен мына қауіпті ағымға тосқауыл қоюына шақыруын елімідің ертеңгі болашағы жастарымыздың мына күйіне бей — жай қарамағандығы деп білеміз.
Тақырып қоюда автор үлкен тапқырлық танытқан. Ұзақ жылдарға созылған, әлі де созылып келе жатқан Ресей империясының жымысқы саясатына тосқауыл қою керек екенін төтесінен бір-ақ айтқан. Ал бұл проблемамен күресу үшін еліміздің ақпарат, мәдениет, руханият кеңістігін диверсиялық басылымдардан тазалап алуымыз қажет деп табады. Қоғамымызда белең алып бара жатқан үлкен бір проблеманың ұшығын шығара отырып, оны шешу жолдарын жоғарыда билік басында отырған азаматтарға батыл жеткізе біліп, нақты ұсыныстар жасаған. Ресей өнімдерінің мүддесін қорғап, өз отандық өнімдеріміздің нарыққашығуына кедергі келтіріп, етектен тартып отырған жемқорлықты сынайды.
«Жақсы жазатын адам жақсы жазбайды, жақсы ойлайтын адам жақсы жазады» демекші», ұлттық идеологияның жоқтығынан жастарды тәрбиелеуде маңызды мәселеге сүбелі жырлары мен публицистік сарында қалам тербеген Мұхтар Шаханов ағамыздың орны ерекше. Аты айтып тұрғандай, рухсызданып бара жатқан әрбір адамды осы жарияланым бей-жай қалдырмас деген ойдамыз.
Алдыңғы мақалаларымызда біз мәселенің түп — төркінін ауыл жастарының кітап оқымауынан емес, қажетті кітаптардың жетіспеушілігінен іздесек, «Алматы ақшамы» газетінде «Қала кітап оқи ма?» атты мақаласын жариялаған журналист Әсия Бағдәулетқызы қалалықтар кітап оқи ма, дүкендерде сатылатын бағасы удай қымбат шетел кітаптарының ішінен іздеген шығармаңызды таба аласыз ба және олардың мазмұны мен безендірілуі қандай деген мәселелерді көтерген [12]. Мақаланы жазуға ой салған жайт— шоғырланған байырғы интелигенция мен мен жастардың қаласы саналған Алматыдағы кітап дүкендерінен төр алған шетелдік кітаптар. «Таңқаларлығы, оқиды екен. Бірақ қандай кітап өтімді мәселе сонда. Кітаптың бәрі зиялылыққа итермелемейді, қайта «тұтынушылар қоғамын» тар шеңберінен шығармауды мақсұт тұтатын дүниелер көп», — деген автордың сөзіне қосылуға болады. Өйткені қазіргі кезде кітап дүкендерінде көз аштырмайтын Андрей Малахов, Татьяна Булановалардың «көркем шығармалары», «Дом-2» мен сағызша созылатын телехикаялардың кітаптағы нұсқасы немесе сол сияқты арзанқол дүнелердің қаптап кеткені жасырын емес. Сонымен Орта Азиядағы ең үлкен кітап дүкені саналатын «Букмарк», «Букинг», тағы сол сиякты «Экономик с», «Академкітап», «Кітап қалашығынан» өзге дүкендерден шаммен іздесең де таппайтын кітаптарды тауып, ал біздің Тілендиев, Айманов, Қарсақпаев, Өмірзақова, Әшімовтер туралы шығармалардың табылмайтындығын ашына айтқан автордын сөзінен кейін кітап нарығындағы жағдайымызды түсіне беріңіз. Ал қазақ қаламгерлерінің шығармаларын заңды орнынан, яғни кітап дүкендерінен таппауымызды «книгомандықтар» пікірінше автор былай түсіндіреді: «Біріншіден, қазақстандық авторлар танымал емес. Сондықтан көпшілік оқырманды қызықтыра алмайды. Екіншіден, Ресей баспаларымен салыстырғанда жергілікті кітап шығарушылар полиграфиялылық стандартты сақтай бермейді. Соған қарамастан, өнімдері қымбат. Мысалы, Қазақстан мен Ресей энциклопедияларының бағасындағы айырмашылық 1.5-2 еседей». Сонда қазақ қаламгерлері кітап шығарар алдында нарықты зерттеуге құлықты емес пе, қандай кітапқа қоғамда сұраныс бар деген сауалдардың шетке ысырылып жатқаны ма? Оқырмандар үшін шығарманың бай мазмұнымен қоса мұқабаның көркемделуін басты назарда ұстайтынын ескерсек, жаңа технологиямен әсем безендірілген кітаптың өзіндік құны да қомақты болары сөзсіз. «Тығырықтан шығу үшін кітапқа тауар ретінде қарау керек секілді. Бұл орайда оның тұтанушыны тартатындай сырт көрінісі болуы қажет. Ал қазақ кітаптарының қағаз сапасы төмен, сыртқы безендірілуі де айтарлықтай емес. Бәлкім, сондықтан да ерекше безендірілген, түрлі-түсті орыс тілді кітаптар өз оқырмандарын тез табатын шығар», — деп журналист Б.Мұқашева айтқандай [13], осындай келеңсіз жағдайлардың орын алуы баспа ісі мен жалпы кітап саудасына өзіндік зиянды жактарын тікелей тигізіп жатқаны жасырын емес.
Қаламгер «Книгомания» дүкендер желісінің директор орынбасары Анна Мраченко бұл тізбектің барлық мүшелері де дұрыс қызмет істемейтінін айтып, кітап қорының 30 пайызы көркем, 30 пайызы балалар, 25 пайызы «Үй. Тұрмыс. Демалыс», 15 пайызы іскерлік әдебиет және қалған 5 пайызы күйтабақтағы мультимедия өнімдері» десе, ал «Меломан Хоум Видео» ЖШС – нің («Букинг» осы желіге кіреді) сауда менеджері Тимур Смайыловтың айтуынша, дүкендер желісінің қорындағы кітаптардың шамамен 30 пайызы балалар, 30 пайызы көркем, 30 пайызы «Үй. Тұрмыс. Демалыс», 5 пайызы ғана қазақстандық және сондай мөлшерде ғылыми — техникалык әдебиеттер» деген статистикалык мәліметтер келтіреді. Қазір кітап дүкендеріндегі қазақ кітаптарының мөлшері 20 пайыз делініп жүр. Егер қазақ кітаптары ең көп саналатын «Меломанның» өзінде 5 пайыз болса, басқадай дүкендерден отандық шығармаларды табуымыз екіталай болмақ. Сонда кімге өкпелейміз? ІІ ТАРАУ.ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ БАЛАЛАР БАСЫЛЫМДАРЫН ШЫҒАРУ ЖӘНЕ НАСИХАТТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
2.1. Балаларға арналған басылымдар шығару мәселесі қазақ баспасөзінің назарында
Кітап оқымаған баладан сауатты ұрпақ шықпайтынын мойындауымыз керек. Осыны ескеріп, қоғамымыздағы ең өзекті мәселелерін көтере білген қазақ баспасөзі қазақ балалар әдебиетінің проблемаларын көтеруде қарап қалған жоқ. Бүгінгі бүлдіршіндерімізді, ертеңгі ұлт болашағы ұрпағымызды тәрбиелеу жолында қазақ балалар әдебиетіннің маңызы зор екендігі рас. Жаһанданудың жағасына жармасамыз деп жұтылып кетпей, ұлт болып қаламыз десек, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуіміз керек. Жаңаның бәрі жақсы емес, ескінің бәрі жаман емес десек, күн ұзақ компьютерге телмірген балаларымызды қайтсек кітап оқуға тәрбиелейміз. Интернет пен компьютерлік ойындар олардың ұлттық рухын оята ала ма? Компьютерлік ойынды күнұзақ ойнаған бір бала «мен терминатормын» деп, терезеден секіріп кеткенін естігенде, интернеттегі неше түрлі атыс-шабыс, т.б. ойындардың жас балалардың санасына қалай кері әсер етіп жатқанын көруімізге болады. Қазіргі балалардың кітап оқуға ынтасы кем дегенді жиі естиміз. Оның түрлі себептері де бар. Алдыңғы мақалаларымызда айтқандай, кей кітапханаларда балалар әдебиетінің атасы саналатын Б. Соқпақпаевтың кезінде бас алмай оқыған «Менің атым Қожа» сияқты тамаша шығармаларының жоқ болуының өзінен-ақ, балалардың қаншама нәрседен құр қалып жатқанын байқауымызға болады. Сірә, қазіргі балалар әдебиетінің өлмес күйіне қарасақ, осы бағытқа қадам басуға кез-келген қаламгер тәуекел ете алмайтын да сияқты. Шынында тек балар психологиясын жетік меңгерген, балабай жаны таза, қиялы ұшқыр жазушы ғана бала жүрегіне жол табатын жақсы туындыны өмірге әкелетіні сөзсіз» деп бастайды Қалас Жамалұлы «Жұлдыз» журналындағы «Кітап бала көзімен»[19] атты сыни мақаласын. Автор соңғы кезде қазақ балалар әдебиетінің жүпыны тартқанын айта келіп, осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында «TSC Group» корпарациясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп «Дарабоз» деген атпен балаларға арналған шығармаларға халықаралық бәйге жариялағанын тілге тиек етеді. Қаламгер 2007 жылғы дәстүрлі конкурста жеңімпаз болған әдеби шығармалардың басын қосқан «Кәусар бұлақ» жинақ шыққанын, аталған басылымды Алматы қаласының қазақ мектептерінде тегін тарата бастағанын айтады.
Автор балаларға арналған «Кәусар бұлақ» жинағына енген белгілі қаламгер Е. Айғалиұлының «Ақбарыс, америка және Аспантау үңгіріндегі қазына» атты хикаятына талдай келе сын пікірлерін айтады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, қазіргі біздің қоғамымызға қара қылды қақ жаратын өткір сын керек-ақ. Қаламгер Қалас Жамалұлы ата-ана ретінде өз баласынының кітапты оқу барысында туындаған сауалдарына жауап бере отырып, шығармаға орынды сын айта білген. Орынды деуіміздің себебі, автор шығармадан үзінділер келтіру арқылы, сыни пікірін дәлелдеп, шегелеп отырады. Мәселен, шығармадан « Бізді, халқымызды, ұлтымызды жақсы көргеніміз үшін, тәуелсіздігіміздің жолында күрескеніміз үшін, ештеңеден тайсалмай, шындықты айтқанымыз үшін халық жауы деп жауларымыз кінә тағып, атты, асты, итжеккенге айдады. Біздің тәніміз өлді. Алайда олар рухымызды өлтіре алмады, сағымызды сындыра алмады. Кейін ақталдық. Біз елімізге , туған жерімізге оралдық. Халқымыз тәуелсіздік алғанына аруақтар, біз де қуандық…» деген үзінді келтіріп, оған қатысты өз пікірін былай баяндайды: «… төгіліп кете беретін ұранға бергісіз әсіре қызыл сөз тіркестері. Оқушы баланың түсінде аруақтар айтқан сөз емес, тұнып тұрған саяси баяндама дерсің. Үлкен адам түгілі, оқушы баланың өзі талай-талай жиналыстардан естіп, мезі болған таптаурын сөздер. Әрине тәуелсіздік деген киелі ұғым, алайда, «қант-қант деп қақсағаннан қант тәтті бола түспейді…». Жарияланымда автор шығарма оқиғалары мен кейіпкерлерінің суреттелуіндегі қисынсыздық пен бала иланбайтын тұстарын мысал келтіре отырып сынайды. «Алайда тәбеті тартпаған асты зорланып ішкендей балам осы хикаятты бірнеше күн дегенде оқып тауысты. Асығыс, атүсті жазыла салған осы шығарманың өн бойынан « балаға бәрібір ғой, осы да жарар» деген көңілді аңғарғандай болдым»,- деп жазады. Қаламгер Қ. Жамалұлы елді аузына қаратқан сыншы, жұртты талантына табындырған жазушы емес екендігін айта келе, тек баласының қандай кітап оқып жүргенін және сол оқыған кітабынан қандай әсер алғанын қадағалап отыратын қарапайым әке ретінде өз пікірін ортаға салып отырғанын айтады. Мақаланы оқи отырып тіршіліктің қамымен жүріп, жұмыстан босамай, назар аудармайтын әрбір ата-ана баласының кітап оқуын, одан не алатынын дәл осындай қадағаласа ғой деген ойға қалдық. Көзі ашық, көкірегі ояу ата-ана баласының компьютерге телмірмей кітап оқуын діттейтіні, оқыған кітабының мазмұндық, идеялық, логикалық қисынына дейін қадағалауы, әрине, куантарлық жай. Мақала авторы «Кәусар бұлақ» аты жинақтағы Жаңабек Шағатайдың «Ай жерге жақындаған жаз» деген хикаятына «… Хикаят авторының тілі жатық та шебер екен. Оқиғасы да иланымды. Жазушы ештеңені ойдан құрастырып, жоқтан бар жасап әуре болмайды дей отырып, «бала психологиясын тап басып тани алған сезімтал, байқампаз жанның сөзі», — деген баға береді.
Автор мақалада Жеткіншек Меңдіғалиұлының» Ұлың сені сағынды, әке!» деген шағын әңгімесіне қатысты: «… шағын әңгімесін лезде оықп тастаған ұлым аз-кем үнсіз қалды да: «Әкесіз қалған жаман екен-ғой»- деп күрсінді. Аса бір тіл байлығы болмаса да, осы әңгіме шынайылығымен тартымды екен. Тырнақалды дүниесі жүлдеге ілінгенініе тоқмейілсімей, көп ізденіп, өзгелердің жазғанын қадағалап оқып жүрсе, болашақта бұл жас жігіттен жақсы қаламгер шығатын сияқты» сынды пікір береді. Жазушылар өз оқырманымен байланысын үзбей, үнемі олардың пікірімен санасып отырса, ол жазушы ешқашан оқырманынын жоғалтпайды. Өкінішке орай, оқырмандар тарапынан оқыған дүниесі жайлы баспасөзде пікір білдіру аз. Оқырман мен автор арасында кері байланыс болмағандықтан автор көп жағдайда қай бағытта, қандай сарынмен жазарын анықтауда көп қиындыққа ұшырауы мүмкін. Осындай , Қ. Жамалұлы сынды шығарманың жетістігін де, кемшілігін де тура айтатын қаламгерлер қатары өкінішке орай сирек. Бұл мәселе егер ойдағыдай орындалса, балалардың ойын оқып, солардың сана-сезімінің деңгейіндегі шығармалармен кітап әлемі тағы да біршама жақсы еңбектермен толығар еді.
Қ. Жамалұлы өз мақаласында «қаламы қалыптасқан автор» Әлмағамбет Төрехановтың «Жетім Жабай» атты әңгімесін «…жып жылы әзіл –сықаққа толы бұндай диалогтар хикаятта жиі ұшырасады»,- деп бағалап, шығарманың бала жандүниесіне әсер еткенін, көңілінде толғаныс пен тебіреніс тудырғанын айтады. Әдиеттің адам жанының емшісі, рухани тәрбие қайнары деуімізге бірден-бір дәлел. Бала сезіміне әсер етіп, ойға қалдыратын шығармалар көбейгені қуантады бізді.
Автор Жаңабек Шағатайдың «Ай жерге жақындаған жаз» деген әңгімесіндегі «мажығып», «беймарал», «құждана», «құдауанда», «нәйеті», «әлімұлық», «пәдеріне нәлет» сынды диалект сөздердің көптігіне назар аудартады. Диалект сөздерді орынды-орынсыз қолдану балалар ұғымына ауыр тиетінін жөнімен ескертеді. Қаламгер кітапты оқу барысында туындаған бала сауалдарына жауапты көпшілік оқырманмен бірлесе отырып талқылағанды жөн көрген. Онысы құптарлық әрекет. Мақаладан «Кәусар бұлақ» жинағын оқыған бүлдіршіндер көкейінде туындаған сауалдарға жауап тапса, ал, сол жинаққа әңгімесі енген жазушылар өз оқырманының пікірін біле отырады. Қ. Жамалұлы мақаласының бір тұсынды былай деп жазады: «Раушан Құрманғалиеваның «Қыз он беске толғанда» әңгімесінен соң
« біздің сыныпта да қыздар топ-топқа бөлініп, кейбірі нашар киінетін қыздарды менсінбей, шеттетіп жүреді» — деді ұлым. Ол осыған ұқсас пікірді Әлібек Айзуллаевтың «Көзтүрткісін» оқып болғаннан кейін де айтып еді. Шынында да, бұл екі шығарма да балалармен қоян-қолтық қызмет істейтін, олардың арасындағы проблемаларды жақсы білетін, терең зерттеген жандардың қолынан шыққан дүние екені сезіліп тұр». Автор әр пікірін, шығарманы оқып шыққан бала пікірімен шегелеп отырады. Әрине, оқырман 10-11 жастағы бала. Баланың әкеге қойған сауалына қайтарған жауаптан туған мақала. Әрбір баланың психологиясына үйлесімдіболуын талап еткен шығарма. Автор Д. Батырдың «Атақоныс» атты әңгімесін оқып отырып, «Түнгі айрандай ұйыған суретке жанарын сүзді» деген сөйлеміне қатысты бала «Түнгі айранның күндізгі ұйыған айраннан қандай айырмашылығы болады?» деген сауал қойғанын айтады. Мынау тылсым дүниенің әрбір бөлшегіне қызығушылықпен қараған баланың сұрағы.
Автор мақалада өзінің мақсаты тырнақ астынан кір іздеу еместігін айта келіп, «… жабуды жаба тоқудан, немесе көзге ұрып тұрған кемшілікке көз жұма қараудан да аулақпыз. Өйткені «Сын түзелемей мін түзелмейтінін» жоққа шығаруға болмайды. Әрине, «көш жүре түзелеріне» дауымыз жоқ. Қалай десек те, осындай жинақтың оқушы баларға жол тартуы елдің әдеби өміріндегі ұнамды оқиға екеніне дау жоқ. Биыл корпарация тағы бәйге жариялады. Жалғыз тілек: «Дарабоз»деген аты дардай сол бәйгенің арты қылдай болмаса екен» деп ойын қорытады. Мақала авторы қазіргі балалар әдебиетінің сын көтермейтін деңгейін нақты шығармаларды талдау арқылы дәлелдейді. Жинақты оқыған бала сауалына жауап беру арқылы оқырманға кітаптағы шығармалар кемшілігін тайға таңба басқандай дәлелдеп отырады. Мақалада орынсыз шүйлігу, қисынсыз пікір айту жоқ. Автордың қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі деңгейіне алаңдаушылық көңілінен туған, риясыз толғаныстарын байқауға болады. Автор мақалада мәселенің мәнісін байбалам салмай, байыппен түсіндіріп, тарата талдайды. Әңгімелерді жазған жазушылардың көңіліне тиетін артық бірде-бір сөз таппайсыз. Тек шығармалардан үзінді келтіріп отырып, соған қатысты ғана пікірін білдіріп отырады. Мақалада шұбалаңқы сөйлемдер кездеспейді. Анық та айшықты тілмен жазылған. Жарияланымды проблемалық мақала жанрына енгіземіз. Баспасөз зерттеушісі Д.Г. Бекасов “Проблемалық мақалаға тән қасиет мәселені қою, талқылау және оны шешудің жолдарын көрсету ” [20], – деп тұжырымдаса, Т.С. Амандосов “Проблемалық мақала қоғамдық даму заңдарының теориялық жайларынан еліміздің сыртқы-ішкі өмірінен халық шаруашылығы саласынан күрделі де аумақты мәселелерді проблема етіп қояды” [21], – деп анықтама береді.
Ахмет Байтұрсынов «Газет халықтың құлағы, көзі һәм тілі» демекші, қазақ баспасөзінің назарынан бабалар әдебиетінің өзекті мәселелері сирек болса да көтеріледі. «Қазақ балалары не оқып жүр?» деп жазады «Қазақстан мұғалімі» [22] газетінде Дархан Бейсенбекұлы. «Өзекті мәселе» айдарымен жарық көрген проблемалық мақаласының кіріспесінде автор өзінің балалық шағын еске алады. Үлкендерден тығыла жүріп «Мың бір түнді» парақтағанын, «Менің атым Қожаға» жалғастырып, «Балалық шаққа саяхаты», « Махаббат қызық мол жылдарға» ұласқанын айтады. Әрине, алдыңғы буын кітап оқығанына, аталған шығармаларды оқымаған бала сирек болғанынына күмәніміз жоқ. Ал, бүгінгі балалардың кітап оқумауын көпшілігіміз техника мен технологияның дамуымен байланыстыратынымыз өтірік емес. Алайда, осы пікіріміздің бұрыстығы жайлы мақала авторы былай дейді: «… Алдыңғы буын рухани қазынасы бұрқырай қайнап жатқан қара қазаннан дәм татып шықса, кейінгілері оны маңайлаған жоқ. Ат тонын ала қашты. Біз оны қоғамның дамуынан көрдік. Бірақ, Қабдеш Жұмаділов ағамыздың сөзімен айтатын болсақ, «қоғамның дамуы-техника мен технологияның қарыштап өсуімен емес, адамгершілік қасиеттердің биік дәрежеге көтерілуімен өлшенуге тиісті».
Дархан Бейсенбекұлы соңғы жылдары балалар әдебиетіне «ат бұрушылар» сиреп кеткендігін, бұған кез-келген жазушы қалам тербей бермейтінін тілге тиек етеді. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясының кітапханасына дәріс тыңдауға еліміздің түпкір-түкпірінен мектеп кітапханашылары жиналғаныны, олардан «Ауылдағы балалар әдеби кітаптардан кімді оқып жүр ?» деп сұрағанын айтады. «Өкінішке орай бір де біреуі балалар тарапынан жақсы жаңалық жеткізе алмады. Бәрі де бір ауыздан «ауылда да балалар кітап оқымайды» деп жауап берді» деп, қамыға жазады. Ауылды жердегі кітапханалардың қоры тым аз, жұпыны екенін айтады. Автор аталған проблемалардың себептерін үңіледі. Ол «Бірде Төле би мен Розыбақиев көшелерінің қиылысында орналасқан «New Net» интернет орталығына бара қалдым. Содан кейін бір емес бірнеше рет қатарынан барып жүрдім. Сондағы көзімнің жеткені — Алматының бар баласы осында жиналып алып компьютерлік ойындардан шықпайтындығы. Дені қазақ. Тіпті бас алмайды. Таң атпастан кірген балалар күн бата орындарынын тұрады. Бейне балалардың санасына осы компьютерге таңып қойған тәрізді. Негізінде солай. Олардан неге кітап оқымайсыңдар?» деп сұраудың өзі ұяттылау секілді. Ұят болса да сұрадым. «Қазір оқи қоятын кітап та жоқ қой. Ескі кітаптарды оқығым келмейді. Былтыр «Абай жолы» мен «Қан мен терді» оқып шыққам. Мүмкін біз байқамайтын шығармыз, жаңадан шығып жатқан кітаптарды. Өйткені жарнама болмағысын, көп біле бермейміз. Егер де жаңадар кітап басылып шықса неге оны радиодан немесе теледидардан жарнамаламайды? » — деп жазады. Әрине баланың осылай қарсы сауал қоюы да орынды. Қазақ кітаптарын жарнамалау тұрмақ, таратуды қойғанбыз. Кеңес үкіметінің тұсында кітап тарату жүйесі болған, облыстар мен аудан, ауылдардағы кітап дүкендеріне мемлекеттік жоспар негізінде жарық көрген басылымдар мұрты қисаймай жетіп, аудан-ауыл тұрғындарының қолына тиіп жататын деген пікірлерді 2000-шы жылдарға дейінгі шыққан газет беттерінде жарияланған мақалалардан оқыдық. Қазір ше? Қазір бір ауданда бір-ақ кітапхана бар болса да, кітап дүкені жоқ. Кітап оқитын қазақ болмай тұрғанда, кітап сатумен айналысатын қазақ қайдан болсын. Бала екеш балалар да «Жаңа кітап неге жарнамаланбайды?» деген сауал қоюда.
Автор Дархан Бейсенбекұлы мақаланың тақырыбын «Қазақ баласы не оқып жүр?» деп қойып, еңбегін көтеретін мәселелеріне қарай тақырыпшаларға бөліп қарастырады. Соңғы кезде мақала жанрының осындай формасын жиі кездестіріп жүрміз. Мақаланы тақырыпшаларға бөліп қарастыру мәселені жан-жақты талдауға, мән- мәнісіне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Айқара бетті алатын ұзын сонар мақаладан гөрі, шағын тақырыпшаларға бөлінген мақалалар оқуға жеңіл келіп, оқырманын жалықтырмасы анық. Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамыған заманында оқырман талғамы қысқа да нұсқа, нақты да дәлелді ақпаратқа түсері заңдылық. Автор мақаладағы екінші тақырыпшаны «Балалар әдебиетіне қалам тартатын қазақ жазушылары бар» деп қойған. Қаламгер «біздің жазушылар балаларға арнап кітап жазбайды, кітап дүкендерінде балаларға арналған қазақша кітаптар жоқ»,- деген пікірге келіспейтінін мәлімдейді. Мақалада автор «Балауса» балалар баспасының редакторы Оразақын Асқардың « … біздің баспада жиырма қолжазба жатыр. Бәрі де балалар әдебиеті. Бірақ оларды шығаратын қаржы да көмектесетін демеушілер де жоқ.Бала біздің болашағымыз дейміз. Егерде балалардың ертеңін ойласақ балалар әдебиеті баспасын мемлекет өз қарамағына алуы керек», — деген пікірді алға тартып, осы пікірге толықтай қосылатынын айтады. «Жомарттың қолын жоқ байлайды» дегендей, дайын өнімдердің балалар еншісіне бұйырмай тұрған себебі тағы да ақшаға келіп тіреледі.
Тәуелсіздіктен бергіде қоғамда үлкен өзгеріс, санада жаңғыру жүрді. Ал, балалардың не оқығысы келетінін үлкен жазушылар білмейді. Өйткені екі арада жарты ғасырлық сана өзгерісі мен талғам таңдауы жатыр. Сондықтан ұлттық балалар әдебиетінде бүгінгі баланың психологиясына біртабан жақын жиырмадар асқан жас жазушылар білек сыбанып кірісуі керек деген ұсынысын айтады. Проблемалық мақалада, проблеманы көтеру бар да, оның шешу жолдарын көрсету бар. Осы тұрғыдан келгенде автор, жас жазушыларға «ұлттық балалар әдебиетін дамытайық» деген ұраннан арыға бара алмады. Қаламгер тақырыпты толғырақ зерттесе, проблеманың себебіне тереңірек үңілсе, тақырыпшасы жалаң сөзбен түйінделмес еді. Мақаланың «Кітап оқымағанға бала кінәлі емес» деп аталатын келесі тақырыпшасында «балаларды әдеби өмірде қызықтыра қоярлықтай ештеңе болмай тұр. Оған балаларды да кінәлауға болмайды. Өйткені олар өздеріне қажетті дүниелерді, мәліметтерді интернеттен, кинолардан, небір қызықты бағдарламалардан тауып жатыр. Балалар сондықтан әдеби кітаптарды көп оқымайды. Енді бірен-сараны болмаса, мемлекет тарпынан да бабалар кітабына көңіл бөліне бермейді. Бұрынғыдай балалар жазушыларының кітаптарын тапсырыспен шығарып, оларды насихаттап, авторлар мен балалар арасында кездесулер өткізу де жайына қалған шаруа. Алдағы уақытта не оқығысы келетіндіктерін балалардың өз ауыздарынан естіп естіп, солармен пікірлесіп-сұхбаттасып отырған екі жаққа да аса пайдалы болар еді»,-деген пікірді айтады.
Мақалада жалаң пікір, құрғақ ақыл айту басым. Өз көзқарасының дұрыс-бұрыстығын дәлелдейтін зерттеу, деректеу, дәйектеу, толымды талдау, салыстыра сараптау жоқ. Тек, тізбектелген «қисыннан» тұратын мақаладан оқырман көкейіндегі сан сауалға, көп күдікке жауап ала алмайды. Мақала стилінде ұрандатуы басым. Қаламгердің тақырыпқа тереңдемеуін, үстірт, бетін ғана сипап кетуін ғалым Т. Қожакеев былай түсіндіреді: «Табылған мәселе – тақырыпты зерттеу үстіндегі қиындық- ой-пікір айтуға, теорияны қолдануға тірек, негіз болатын тиімді факт, материал деректерін іріктеу. Бұлай етпейінше, әр нәрсенің басын шалып, үстірт кетіп тереңдей алмау сөзсіз».
Яғни, Т. Қожакеев журналистің өз пікірін оқырманға ұсынумен ғана шектеліп, оны дәлелдеп-дәйектемеу себебін «тақырыпты игермеуі» деп баға береді.
Жарияланымда дәлел-дәйектің жоқтығы, автордың талдауға, сараптауға бармауы мақаланың оқырманға әсерін төмендетіп тұр. Жалаң сөз, жайдақ үгіт кешегі кеңес баспасөзінің бетінде көрініс берген келеңсіздіктер. Бұл келеңсіздіктерге тәуелсіз елдің, қаламы қарымды қаламгері орын бермеуі тиіс. Факт, айғақ, дәлел, дәйек мақаланың пәрменділігін арттырып, оқырманға әсерін күшейтеді.
Бұл мақала «Қазақ баласы не оқып жүр?» деп аталса, қазақ балалар әдебиетінің қордаланған мәселелерін көтерген келесі мақала «Жас қазақ» газетінд, «Жанайқай» айдарымен жарық көрген «Тастанды әдебиет. Балалар жазушысы қоңыз теріп жүр» деп аталатын Әділ Балтаның жарияланымы. Автор мақаланы тақырыпшаларға бөліп алып жазған. Мақаладағы көтерілген мәселелерді шағын тақырыпшаларға бөліп қарастыру, көтерген проблеманы жан-жақты талдауға, тақырыпты сан қырынан келіп ашуға көмектеседі. Әсіресе, қолына енді-енді қалам ұстап жүрген жас қаламгерлердің қанаты қатайып, бұғанасы бекіп алғанша зерттеген тақырыбын осындай тәсілмен қарастырып үйренсе, жаттықса, болашақта күрделі ғылыми, саяси-проблемалық дүниелерді жан-жақты талдай, тереңдете жазатын маман шығары анық. Бұл жерде тәжірибесі мол, төселген журналистер мұндай әдіске бармайды деген ойдан аулақпыз. Тақырыпты әр-қырынан ашуға оңтайлы тәсіл екенін айтқымыз келеді.
Автор ой шашыраңқылығына, жүйесіздікке ұрынбайды. Бүгінгі баспасөзімізде проблемалық мақалаларды осы формамен беру жиі кездеседі.
«Баламен бала болу оңай емес» тақырыпшасындағы кіріспесінде автор бірден желдіртіп әңгімелей жөнеледі. Әдетте қаламгерлеріміз проблеманы бірден қойып қалып немесе мақаланы сауалмен бастап, соның себептеріне үңіліп тарқата жазып жатады. Әділ Балта жауыр болған тәсілден ауытқып өзіндік стильмен бастайды. Жайдары, желдірме әңгіменің рәуішіндегі мақала кез-келген оқырманды ынтықтыра түсері анық. Мәселен кіріспеге назар аударайық: «Бірде балалар газетіне көркем әңгіме қажет болды. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағама телефон соқтым.
-Жарайды, келесі аптаға дайын болады,-деді ағайым.
Кешіге бастаған соң тағы да телефон соғуыма тура келді.
-Кешір қарағым,-деді сонда ол кісі.-Түк шығара алар емеспін. Мені қинамаңдар…
Міне кісілік. Мойындау да – ерлік. Бірақ мұндай ерлік екінің бірінің қолынан келе бермейтіні жаман. Әйтпесе, талай-талай құнды шығармаларымен халқының сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер ағамыз балаларға арнап ештеңе жаза алмады дегенге қалай сенерсің? Демек, балаларға арнап жазудың оңай болмағаны. Бұл балаларға жазуды «шатпақ» деп түсінетіндерге үлкен сабақ». Автор болған жағдайды тартымды әңгімелей отырып, оқырманға ой сала, жайдақ жазатын кейбір балалар жазушыларын «мақтамен бауыздай» кетті. Автор сөз саптауындағы ойын көркем тілмен жеткізуіндегі шеберлік деп баға бермеске болмайды. Құрғақ ақыл, жалаң ұраннан мезі болған оқырманға осындай сюжетке құрылған тартымды дүниелер керек. Ондай мақалалар жазу үшін қаламгерлік шеберлік қажет екені түсінікті. Мерзімді басылымдарда ішінара кездесіп қалатын қарадүрсін, тартымсыз, айтары шамалы жарияланымдар жөнінде зерттеуші Т. Ыдырысов “Бүгінгі күндері баспасөздің идеялық дәрежесі, мазмұны журналист шеберлігіне көп байланысты. Журналистика енжарлықты, қарадүрсіндікті, сүреңсіздікті көтермейді. Журналист шеберлігіне оқушы қауым күнбе-күн назар аударып отыр” [23] – дейді. Осынай оқыс жерден өз жаңалығын әкелген, әсерлі де қызықты шығармалар жазылса, оқырманға жақсы кітап, оны шығаратын баспа қожайынына бәсекелестік рух, шеберге шабыт келері сөзсіз.
Автор бүгінгі қазақ балар әдебиетінің жағдайын былай жеткізеді: «Балалар әдебиеті – жетім әдебиет. Әкесі де, шешесі де жоқ тұлдыр жетім. О байғұсқа жетімдер үйіне қабылдану да бұйырмаған. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ» айдалада қаңғып жүр». Мынадай теңеулерден кейін қазақ балалар әдебиетіне жаныңыз ашымай көрсін. Қаламгер еттен өткізіп, сүйекке жеткізіп жазып отыр. Жандүниеңізге қозғау салып, тебіреніс туғызады. Проблеманы айтып «жылай» бергенді жөн көрмеген автор, оны шешу жолына «… балалар жазушыларын жазуға қызықтырған абзал. Жыл сайын қомақты бәйге жарияланып жатса, нұр үстіне нұр»,- деп тоқтала келіп, әңгімеге арқау болар фактілерге ойысады. Кезінде «Жалын» баспасынан балалар мен жас өспірімдерге шығармаларға арналған жабық бәйгесі қаншама құнды дүниелерді тудырғанын, жаңа есімдер тапқанын айтады. Автор бүгінгі көрнекті жазушылар Тынымбай Нұрмағамбетов, Серік Асылбек, Нұрғали Ораз, Қуандық Түменбай, Марат Қабанбайлар – сол бәйгелердің берген жемісі екенін айтады. 2005 жылы Алматы қаласының әкімі болып тұрған тұсында Иманғали Тасмағамбетовтың мектеп жасына дейінгі балаларға арналған әңгіме-өлеңдерге жариялаған жабық бәйгесі де әдебиетке аз табыс әкелген жоқ. Автордың қазақ балалар әдебиетін өркендету үшін айтқан ұсыныстары көкейге қонымды. Автор мақалада «Бүгінгі бүлдіршіндер кітап оқымайды. Бәріне теледидар кінәлі» деп байбалам салатынымызды тілге тиек етеді де, соның салдарына былай үңіледі: «Оқитын, қызықтыратын кітап жоқ болса, несін оқысын? Шығып жатқан кітаптардың таралымы екі мыңнан аспаса…Жарайды , о жағын қоя тұрайық. Балалар ынтыға оқитын кітап бар ма қазір? Жоқ. Өйткені, жазатын жазушы жоқ. Балалар әдебиетіне түсінігіміз жоғарыдағыдай. Жазғанмен еңбегің –еш, тұзың—сор. Бір кітапқа алатын қаламақың – бес мың теңге». Қаламгердің ойынша, балаларға арналған әдебиеттерді тапсырыспен, қомақты қаламақыға жаздыру керек. «… Бұл қазіргі таңдағы үлкен проблема. Қайтсек те, балаларды кітап оқуға қызықтыру керек»,- деп оқарманға ой тастай, «Келешекте оқырман бола ма?» деген тақырыпшасын қорытады. Қаламгердің проблеманы орынды көтеруі, оны тарата талдауы, өз ойын бейнелі жеткізуі жас қаламгерлерге үлгі боларлықтай. Айтқан әр ойын мысалдармен шегелеп отыруы көңілге қонымды. «Шайнап берген ас болмас» дегендей, проблеманың шешу жолдарын тәптіштей бермей, оқырманға ой салып, пікір қосуға шақырады. Бұл оқырман белсенділігі мен мақаланың пәрменділігін арттыратын тәсіл. Тақырыпты жан –жақты ашу мақсатында қаламгер әр проблемаға тақырып беріп, жүйлі түрде талдайды. «Кітап бетін ашпаған мамандар бар» деген тақырыпты «Мұны дәлелдеу оп-оңай. Қалаған мектебіңе кір. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ оқытып жүрген су жаңа мұғалімді ұстап ал да кез-келген ақын жазушыны сұра. Аңырайып бетіне қарамаса маған кел. Өйткені ол ондай жазушыны көрмеген-білмеген. Кітаптарын оқымаған. Қалайша қазақ әдебиетінен сабақ оқытып жүргені түсініксіз»,- деп бастағанына, «мұнысы қалай көпке топырақ шашуға болмас» деп келіспейін десек, автор енді нақты мысалға көшеді: «… Бірде журналистика факультетінен газетімізге үш болашақ журналист қыз келді. Жазушы Смағұл Елубайдан сұхбат алып келуге тапсырма бердік. «Ондай да жазушы бар ма?» деп олар аң-таң». Әрине, сын айтқаннан кейін, қай оқу орнының студенттері екенін дәлірек айтса жөн болар еді. Мына фактісі барлық болашақ журналистер қазіргі жазушыларды білмейдіге санап отырғандай әсерге қалдырары анық. Алайда журналистің келтірген фактілері дәлелді, нақты, бұлтартпас болғаны дұрыс. Өз пікірін дәлелдеу үшін автор құбылыстың тарихына, оған әсер ететін факторларға, оның саяси-экономикалық, мәдени-рухани мән-миаңызына терең үңіле зерттеуі қажет. Орыс ғалымдары фактіге мынадай анықтама береді: «Факт-один из наиболее доказательных аргументов, наждежный аргумент для опровержения. Факт (от.лат. «Factum»-сделанное, свершившиеся. Факт — деиствительно существующее, невымышленное событие, явление, то что произошло на самом деле, основанное на теоритическом обобщении» [24].
Әділ Балта жоғарыда өзі көрсеткен келеңсіздіктің салдары жастай оқырман тәрбиелемеуден туып отырғанын, балаларды әдебиетке баулитын болашақ ақын-жазушыларды жасап шығаратын «зауыт» газет-журналдар болғанын айтады. Өкінішке орай, қаламгер қазіргі кезде ол газет-журналдардың да оқырманмен байланыс үзілгенін орынды ескертіп отыр. Шығармалары газет журналға жарияланбаса да, редакциядан келген жылы жауап, бала көңілін серпілтіп тастаушы еді. Осындай өзекті бірнеше мәселенің басын шалған автор өз ұсыныстары мен түйген қорытындылары арқылы мақаланың маңыздылығын арттыра түскен.
Балалар әдебиетіне қатысты проблемаларға арналған мақалалардың денінен байқағанымыз, алдымыздан шығатын ең алғашқы мәселе—балаларды қызықтыратын әдебиеттердің өз оқырманын таппауы. Себеп кітаптың оқылмауынде емес, жетіспеушілігінде жатыр. Мүмкін автор келтірген осындай олқылықтардың орнын толтырсақ, балалар әдебиетінің кең қанат жаюына есік ашылар.
ҚОРЫТЫНДЫ
Кітап қамы—болашақ қамы. Елдің бүгіні мен ертеңін, өсіп келе жатқан ұрпағының қандай болатының ойлау, жоспарлау, өзге елден кем түспеу жағын және өзгенің өзегінде кетіп қалмау жағын ойлаудың бәрі ұлттық мұрат, мемлекеттік міндет. Кітап өмір шындығына негізделіп, ақиқатпен ажарланғанда ғана қадірі артып, оқырманның санасында қалады. Санаға орнаған таным-білім адамды ешқашан адастырмайтыны белгілі. Ал кей кезде рухани қайнардың көзі саналатын ұлы кітап қолданыстағы қарабайыр тауарға теңгерілгенін жасыру мүмкін емес. Кітап тауар ретінде қарастырылғанымен, оның өзге тауарлардан шоқтығы биік екендігі ескерілмегені ащы да болса, шындық. Сол үшін де рухани саланы өз бетімен жіберуімізге болмайды. Одан ұлттық менталитетімізге орны толмас өкінішке тап боларымыз сөзсіз.
«Қазақ баспасөзіндегі кітап проблемасының жазылуы» атты бітіру жұмыстың барысында қазіргі кездегі елімізде орын алып отырған кітап проблемаларымен тереңдей таныстым. Таныса отырып, көптеген толғақты түйіндердің шешілмеген тұстарын , зерттелмен қыр-сырларын анықтауға тырысқан қаламгерлердің еңбектерін тереңдей талдауға тырыстым. Талдап, зерттеп, жеке-жеке тақырыптарға бөле отырып қарастырдым. Елімізде кітап ісін жандандыруда етектен тартып тұрған мәселе кітап тарату мәселесі екенін жұмыс барысында байқадық. Сол маңдай термен шығарған жауһарларымыздың өз иесін таппай, шаң басып жатпауы үшін мынадай ұсыныстарды ұсынамын:
- Болашақта шығатын немесе шығып жатқан өнімдердің каталогтарын жүйелі түрде кітап дүкендеріне , мекемелерге, оқырмандарға тарату.
- Жарнамалық жобалар мен листовкалар тарату. Жарнамалық добада кітаптың тақырыбы, авторы , қысқаша аннотация, тиражы, бағасы, , баспа телефоны секілді мәліметтер беріледі. Оны кітап дүкендеріне, мекемелер мен кәсіпорындарға, кітапханаларға, адам көп жиналатын мәдени орындарға таратылады.
- Бұқаралық ақпарат құралдарына әрдайым жарнама беру. әрдайым телерадио, телевидение, мерзімді баспасөздермен тығыз қарым-қатыныста болып, жаңадан шыққан баспа өнімдерін БАҚ саласын құлағдар етіп отыру керек.
- Әр кез авторлармен кездесулер ұйымдастырып, оқырманды сүйікті авторларымен жүздестіріп отыру керек. Авторлармен бірге өткізілген кездесулерде авторлардың кітабына да, өзіне де жарнама болады. Сонымен қатар, сүйікті авторларымен балалар мен жасөспірімдердіжиі кездестіріп отыру, олардың кітапқа деген қызығушылығының артуына септігін тигізеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Назарбаев Н.Ә. Қазақстан Халқына Жолдауы. Егемен Қазақстан.- 2009, 6- наурыз, 1-б.
- Елеукенов Ш. Кітап тарихы.—Алматы: Санат, 1997.
- Патеев Ш. Қазақ баспасөзі қоғамды біріктіреді. – Алматы: Айқын.—2008, 9-сәуір, №64(1001)
- Елеукенов Ш.Р, Шалғынбаева Ж. Қазақ кітабының тарихынан: (Ежелгі дәуірден 1917 жылға дейін).—Алматы: Санат, 1999.—177
5.Елеукенов Ш.Р, Шалғынбаева Ж. Қазақ кітабының тарихынан: (Ежелгі дәуірден 1917 жылға дейін).—Алматы: Санат, 1999.—177
- Майлықұтова М. Қазақ кітабын қалай таратамыз? — Әдебиет айдыны. – 2008, 20-қаңтар
- Шаханов М. Ресейдің рухсыз кітаптар шапқыншылығы.—Ана тілі.—2007, 26-сәуір
- Сыздықов М.Көңіл көкжиегін кеңейтетеін кітап рухани ғана емес, ұлттық та байлығымыз.
9.Жұмабай М. Қазақ кітап оқымайды емес….— Ана тілі.—22-наурыз
- Шаханов М. Ресейдің рухсыз кітаптар шапқыншылығы.—Ана тілі.—2007, 26-сәуір
- Сатиева К. Скинхедтерге тосқауыл қажет. – Алматы: Айқын апта. – 2008, 3-наурыз, №60(997)
- Бағдәулетқызы Ә. Қала кітап оқи ма?—Алматы ақшамы.—2007, 10-маусым
- Мұқашева Б. Кітап бағасы сапасы мен мазмұнында.—Алматы ақшамы.—2001, 25-желтоқсан
- Сыздықов М.Көңіл көкжиегін кеңейтетеін кітап рухани ғана емес, ұлттық та байлығымыз
- Дүтпаева Н. Кітап неге оқылмайды: Себеп пен Салдар, Қазақ әдебиеті.—2009, 30-қаңтар
- Қожакеев Т. Таңдамалы шығармалар. КӨптомдық.7-том.—Алматы: ҚАЗақпарат, 2007.—346 бет.
- Майлықұтова М. Интернет жүйесінде кітап тарату ісінің көрінісі. ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы.—2006,№1(20)
- Өмірбеков Ж. ИНтернет ешқашан кітаптың орнын толтыра алмайды.—Айқын апта.—2007, 4 қазан