АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Қазақ хандығын зерттеудегі деректік негіздер

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

 

 

ТАРИХ ФАКУЛТЕТІ

 

 

Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихы

кафедрасы

 

ДИПЛОМ    ЖҰМЫСЫ

 

 

Қазақ хандығын зерттеудегі деректік негіздер

 

 

АЛМАТЫ  2012

Мазмұны

 

 

КІРІСПЕ…………………………………………………………………………………………….3-8

 

  1. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

     1.1. Алғашқы Қазақ хандығының құрылуының алғышарттары……….9-17

     1.2. Алғашқы қазақ тарихшысы М. Х. Дулатидің

«Тарих-и-Рашиди» еңбегіндегі  Қазақ хандығы туралы мәліметтер……17-22

     1.3. Қазақ хандығының құрылу кезеңі мен жағдайы………………………22-28

 

  1. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН БИЛЕУШІЛЕР

     2.1. «Қазақ» сөзінің шығуы туралы деректік мәліметтер………………..29-35

     2.2. Қазақ хандығының негізін қалағандар…………………………………….35-42

     2.3. Қазақ хандығының нығайуы кезіндегі билеушілер………………….43-48

 

ҚОРЫТЫНДЫ……………………………………………………………………………….49-50

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ…………51-52

 

КІРІСПЕ

 

     Диплом жұмысының өзектілігі. Қазақ халқы тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей, өзегін ғасырлар тереңінен тартып, осынау қасиетті ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырлармен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан халық. Осы тарихи жолда халқымыз небір қиын-қыстау кезеңде де ерлікті, бірлікті, азаттықты ту етті. Біздің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан соның айғағы.

Қазақстан тарихында қазақ мемлекеттігінің тарихы, соның ішінде Қазақ хандығы тарихының алатын орны ерекше. Қазақ атауымен қазақ мемлекеті болып қалыптасқан бұл түбірлі тарихи өзгерістің сипаты XV ғасырдан бастау алады. Тақырыптың негізгі өзекті мәселесіне байланысты тарихшылар тереңдете зерттей қоймаған. Қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен даму тарихын деректік негізге сүйеніп қайта қарастырып, тереңінен талдап жазу өте маңызды. Жұмысты жазу барысында әр түрлі дерек көздеріне сүйене отырып, ішкі саяси құрылысы әбден әлсіреген Әбілқайыр хандығының тұсынағы бірден-бір еркін ұлтқа айналған, саяси ірі тұлғалардың негізінде жеке ұлт болып бөлініп шыққан, Қазақ хандығының саяси тарихын теориялық-методологиялық тұрғыдан зерттеу үлкен маңызға ие болды.

Қазақ хандығының тарихына қатысты деректерді талдап, демократиялық сипатта қалыптасқан, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның теренде жатқан тарихын жазуда жұмыстың тақырыбына байланысты ойларымызды тұжырымдап берсек Қазақ хандығына бірнеше жағынан сипаттама беруге болады. Біріншіден, бұл мемлекет XV ғасыр ортасында жеке халық  ретінде қалыптасып, тарих мінберіне шыққан, қазақ этносының төл мемлекеті. Сондықтан да бұл жерде Қазақ хандығының ұлттық, халықтық сипаты көрінеді. Екіншіден, қоғамдық қатынастар тұрғысынан қарайтын болсақ, Қазақ хандығын өзіне дейін Дешті Қыпшақта өмір сүрген Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай Ордасы сияқты мемлекттерден, тіпті Ақ Ордадан да онша айырмашылығы жоқ. Айырмашылығы тек оның ұлттық сипатында ғана.

Дерек көздерінің мағынасы мен мәніне, деректік құндылығы мен маңыздылығына негізделіп жазылған, Қазақ хандығының саяси және мәдени тарихын зерттеу кезінде өзекті мәселелердің бірі ретінде мынадай оқиғаларды, тарихи құбылыстар мен процесстерді және заңдылықтарды айтуымызға болады. Керей мен Жәнібектің Жетісу жеріне көшіп кетуі, сөз жоқ, қазақ халқының этногенезінде шешуші рол атқарды. Бірақ бұл халықтың өзінің қалыптасуындағы емес, оның қазіргі атының біржола бекіп қалуындағы ролін айтамыз. 1460-жылдардағы ауа көшуден қазақ халқы пайда болған жоқ, ол халықтың бұған дейін де жүріп жатқан қлыптасу үрдісін одан әрі жеделдетті. Ол көш қазақ халқының ұлт болып қалыптасуының бастауы да, жетер межесі де болған жоқ. Бірақ ол сол әр қилы аспектіден тұратын үрдістін ең басты қозғау күшінің бірі болды, қалыптасып жатқан халықтың өзінің болашақ есімімен тарихи тоғысуы осылайша Жетісу даласында жүзеге асты. Осылайша Қазақ хандығының тағдырын біржола шешіп берді.

Диплом жұмысының зерттелу деңгейі. Қай кезеңде де қоғамдағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың қоғамдық саяси қызметі өзі өмір сүріп отырған ортадағы саяси әлеуметтік, экономикалық, мәдени тағы басқа жағдайларға тікелей байланысты. Соңдықтан Қазақ хандығының тарихымен толық танысу, оның жүріп өткен жолдарын анықтау үшін XIV-XV ғасырлардан бастап бүгінге дейінгі тарихи зерттеулерге шолу жасалынады. Бұл арада Қазақ хандығының тарихына байланысты сол кезеңге тән бізге келіп жеткен деректердің авторлары мен XIX ғасыр мен бүгінгі зерттеушілердің еңбектерінің маңыздылығын атап өтпекпіз.

Зерттелу жұмысының тарихнамасына қатысты XIX ғасырдың атақты зерттеушісі В. В. Вельяминов-Зерновтың «Исследование о Касимовских царях и царевичах» [1,398] атты еңбегі құнды болып табылады. Автор Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» [2,323-326]  деген еңбегін пайдалана отырып Қазақ хандығының құрылу тарихына өзіндік баға берді. Белгілі зерттеуші К. А. Пищулина Қзақ хандығыныңелгілі зерттеуші К. А. Пищулина Қзақ хандығының тарихына байланысты «Юго-Восточный Казахстан в середине XIV-начало XVIвв» [3,246-264] еңбегің жазып шықты. Шетелдік автрдың көзқарасымен жазылған К. А. Пищулинаның бұл еңбегінде Қазақ хандығының құрылуы Жәнібек пен Керейдің көшіп-қонуынан емес, орта ғасырлық қазақ халқының шаруашылығы әлеуметтік, саяси дамуындағы өзгерістен деп түсіндірді. Орыс зерттеушісі А. П. Чулошников «Очерки по истории казак-киргизского народа в связи с общими историческими судьбами других тюркских народов» [4,200-203] атты еңбегі Қазақ хандығының құрылу барысындағы Жәнібек пен Керейдің өр тұлғаларын ашып жазады. Бірақ автор таптық көзқарас тұрғысынан феодалдық қатынастар бұл оқиғаның туындауына себепші болды деп жазады. Сонымен қатар зерттеушілер С. Г. Кляшторный, Т. И. Султанов «Казахстан: Летопись трех тысячелетий» [5,238-240] атты бірлесіп жазған зертеу жұмыстарында Қазақ хандығының құрылу уақыты туралы пікірлерін айтты, жаңа хандықтың құрылуын Әбілқайыр хан өлген соң, Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына қайтып келіп, мұнда жоғарғы үкіметті басып алуымен байланыстырады. Бұл авторлардың ойынша XV ғасырдың 70-жылдарынан, нақтырақ айтқанда 1470 жылға келеді. А. А. Семенов Қазақ хандығы құрылмай тұрып XV ғасырдың бірінші жартысында барлық Өзбек тайпаларының одағы бола қоймағанына күдік білдіріп, яғни Өзбек тайпалары деп аталғандардың барлығының бір мемлекетке Әбілқайыр хандығына бірікпегенің жазса [6,36], С. К. Ибрагимов Әбілқайыр хандығынан бөлініп шыққан Жәнібек пен Керейдің бөлініп шығу уақытын XV ғасырдың 50 жылдарының аяғына балайды [7,178-180]. Орта Азия арихын зерттеушілер П.П. Ивановтың «Очерки по исстории Средней Азий» [8,35] және Б. А. Ахметовтың «Государство Кочевых Узбеков» [9,149] деп аталатын еңбектерінде Қазақ хандығының тарихының дерек көздері болып табылатын шайбанидтік, тимуриттік, аштарханидтік деректерін пайдаланып, толық зерттеп жазды.

Қазақ хандығының төл тарихын шынайы зерттеу обьективті және субьективті заңдылықтарын ашып көрсету тек қазақ ұлтының ғалымдарының еңбектерінде зерттеліп жазылатыны сөзсіз. Қоғамдағы түбегейлі өзгерістер ретінде саналатын тәуелсіздігіміздің келуі қазақ халқының шынайы тарихын жазуға мүмкіндік туғызды. Ең алғашқы рет Қазақ хандығының тарихын деректермен толық талдап зерттеп шығу тарих ғылымдарының кандидаты Кәрібаев Берекеттің жариялаған мақалалары мен кандидаттық диссертациясында баяндалады. Қазақ хандығының құрылуы туралы Б.Б.Кәрібаевтің ҚазҰУ Хабаршысына шыққан «Қазақ хандығының құрылуының этникалық алғышарттары туралы» деген мақаласында Қазақ хандығының құрылуына негіз болған объективті алғышарттарды атап көрсетеді   [10,27-30].«Қазақ хандығы құрылуының тарихи маңызы» атты мақаласында да этникалық процесті халықтық деңгейге көтеру маңыздылығын түсіндіреді. Қазіргі таңдағы Қазақ хандығы тарихының проблемаларына қатысты ғалымдар арасында Қазақ хандығы сипаты жағынан қандай мемлекеттік түрге жатады деген көкейкесті мәселелер туындап жүр. Осыған байланысты Кәрібаев Берекеттің көзқарасы бойынша Қазақ хандығын ғылыми тілде патриархалдық және феодалдық сипаттағы мемлекет түріне жатқызатының айтады. Бұл тақырыптың маңызды проюлемаларына арнайы тоқталған профессор Оразгүл Мұхатова Қазақ хандығының мемлекеттік түрі айқындалмас бұрын мәселенің методологиялық негіздерін ашу керектігін айта келе Қазақ хандығының тарихына қатысты ғалымдардың үш бағыттағы ұстанымдарын атап өтеді. Олардың алғашқы тобына көшпелілердің этно-саяси ерекшеліктеріне сай мемлекеттің болғандығын мойындап, оны дәлелдейтін ғалымдар құрайды десе, екінші топқа көшпелілерде мемлекеттік бірлестіктер кейбір кезеңдерде ғана құрылған деген пайымдауды жақтайтындарды жатқызады, ал үшінші ағымның зерттеушілері мемлекет болмаған және болуы мүмкін емес деп тұжырымдайтының тарихнамалық тұрғыдан дәлелдейді [11,6]. Жоғарыда аталған ғалымдардың пікіріне қосыла отырып академик Хайролла Ғабжалелов былай дейді: «Меніңше бұл сауалға ғылыми әрі нақты жауап беру қиын, өйткені тарихшы зерттеушілердің өздері әлі де бір ортақ тұжырымға келе алмай отыр… Қалай болғанда да мемлекеттіліктің нышандары қазақ даласында ерте кезеңдерде-ақ орын алғаны сөзсіз» деген тұжырымға келеді  [11,6].

Тарихнамалық шолу рәсіміне сәйкес Қазақ хандығының сипатына баға беріп, өз көзқарасын білдірген ғалым Талас Омарбеков Қазақ хандығы өзінің сипаты жағынан авторитарлық және аристократиялық мемлекет болды деген көзқарасты айтып қазақ қоғамындағы биліктің ұйымдастырылу формасын тоқталады [11,7]. Екінші бір көкейкесті мәселелердің бірі алғашқы Қазақ хандығы құрамындағы ру-тайпалар туралы ойлар Зардыхан Қинаятұлының пікірінде көрінеді. Онда ол «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» — атты монографиялық еңбегінде бұл туралы мәселеге концептуалды өзгеріс қажет екендігін айтады [11,15]. Аталған проблеманың жалғасын Жұмахан Арынов төмендегі ойларымен дәлелдейді: «Қазақ тарихы ғылымында бұл мәселе әлі зерттеле қоймаған. Сондықтан да Қазақ хандығы құрамындағы ру-тайпалар туралы ой қозғау үшін ең алдымен ортағасырлық түркі және парсы деректеріне көз жүгіртсек Рашид-ад-Дин «Жами-ат-Тауарих», Шараф-ад-Дин Иездидің «Зафар-наме», Ата Мәлік Джувайнидің «Тарих-и-Джахангушай», Шамидың «Зафар-наме» тәрізді және тағы басқа еңбектерді атауға болады . Концептуалды мәселенің өзекті маңыздылығына арнайы осы тақырыпты зерттеуші Кәрібаев Берекет былай деп баға береді: «Бұл мәселе Отандық тарих ғыцлымындағы әлі көтеріле қоймаған тақырыптардың бірі. Журналдың бұл мәселені көтеруін мен өзім, бұл салада алға басудың, ғылыми тереңдеудің болып отырғаны деп санар едім. Бүгінге дейін бұл сұрақты біреулер айтуға жазуға қорықса, ал біреулер ол жөнінде тіпті ойлауға қорықады. Ал қазір ше? Қазір қорықатын ештене де жоқ, бұл ғылыми мәселе. Сондықтан оны шешуіміз қажет [11,13]. Демек бұл сөзінде ғалым Әбілқайыр хандығынан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібектің Шу бойына көшіп келген халықтарын Орта жүздің ру-тайпалары деп атайды. Жалпы Қазақ хандығының тарихына аса үлкен көңіл бөліп иллюстративті шағын кітап жазып шығарған Тұрсын Сұлтановты да ерекше айтуымызға болады. Онда тарихшы сонау Алтын Орданың ыдырап, тамыры жалғасқан Қазақ хандығының құрылу кезеңі мен жағдайына «қазақ» терминінің қалыптасуына Қазақ хандығының нығайуы кезіндегі билеушілердің саясатына және оқиғаның саяси тарихына тоқталады [12,154].

Диплом жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Біздің зерттеуіміздің басты мақсаты бүгінге дейін көп қырлары әлі де ашыла қоймаған Қазақ хандығының саяси және мәдени тарихын осы оқиғаға қатысты әртүрлі деректермен жүйелі түрде талдау жасап, әсіресе, төл ауыз әдебиетіміздегі мәліметтерді енгізу және оның деректік маңыздылығының жоғары екендігін баса атап көрсету оңтайлы болды.

Ол үшін алдымызға мынандай міндеттерді қойдық:

— Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керейдің Өзбек ұлысынан бөлініп шығуына қатысты оқиғаның дерек көздерін талдау;

-Қазақ хандығының құрылуының алғышарттары мен құрылу кезеңіндегі обьективті жағдайды төл деректеріміз бен кейінгі зерттеушілердің және қазақ зерттеушілерінің еңбектеріне сүйене отырып, қайта қарастыру; 

-Қазақ хандығына қатысты бүгінгі таңда туындап отырған қазақ тарихшыларының жаңа концептуалды ой-пікірлері мен ұстанымдарын жұмыстың негізгі бөлімінде талдап көрсету.

Диплом жұмысының деректік негізі. Диплом жұмысын орындау барысында, алдымызға қойған мақсатымыз бен міндеттерімізге орай бүгінге дейін жарық көрген, тақырыпқа тікелей қатысы бар көптеген деректер пайдаланылды. Қазақ хандығының тарихына қатысты дерек көздерінің қоры өте мол.Атап айтсақ бұл тақырыпқа байланысты деректерді сыныптауда олардың типтерін екі түрге бөлеміз.Ауызша және жазбаша деректер. Жазбаша деректердің түрлеріне сәйкес Қазақ хандығына қатысты деректерді төмендегідей топтарға бөлуімізге болады:

— Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-и-Рашиди» еңбегі;

— Темір әулеті тұсындағы деректер;

— Аштарханид әулетінің деректері;

— Бабырдың Бабырнамасы;

— Қадырғали Жалаиридің «Жылнамалар жинағы»;

— Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы.

Біздің жұмысымызда қаралатын деректеріміз Аштарханид әулетінің деректеріне дейін ғана пайдаланылады. Құнды мәліметтердің жинағы саналатын Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашидиін»[2,614] айтуымызға болады. Онда Қазақ хандығының тарихына негізделген мынадай мәселелерді көруімізге болады:

  • 1465-1466 жылдары Қазақ хандығының негізінің қалануы туралы мәліметтер.
  • Алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығын құрудағыролі.
  • Өзбек ұлысынан ауа көшіп, бөлініп шыққан Жәнібек пен Керейдің соңынан ерген қазақтардың саны екі жүз мың болғаны туралы мәлімет.
  • «Қазақ» терминінің деректен табылуы және қолданылуы.

Екінші бір дерек көздеріне Темір әулеті тұсындағы деректерді екі топқа бөлеміз: Бірінші топқа Темірдің өзінің бұйрығымен жазылған еңбектер. Екінші топқа Темірдің қарсыластары жазған деректер. Бірінші топтағы Шараф-ад-Дин Иезидің «Зафар-намасы» [13,145] мен Шамидің «Зафар-намасы» [14,216] парсы тілінде жазылған деректер қоры болып табылады. Бұл деректе Хақназар хан мен Бұрындық хан тұсындағы қазақ қоғамының жағдайы жазылады. Азақ хандығының нығайуы кезіндегі билеушілердің қазақ жерлерін қайтару үшін Шайбан әулетімен күресі сол кезеңнің тұсында жазылған шайбанидтік деректерімен тұспа-тұс келеді. Шайбанидтік дерек болып табылатын «Тауарих-и-гузидаи Нусрат-наме» [15,365]. Сонымен бірге «Фатх-наме» [16,145-147], «Шайбани-наме» [17,263-265б] Фазаллах Ибн Рузбиханның Мехман-наме-и-Бухара» [18,316], Хафизи Таныштың «Шараф-наме-и-шахи» [19,174-175], Махмұд ибн Уәлидің «Бахр-әл-асрар» [20,265], Мұхаммед Авазаның Зииа-әл-Кулуб» [21,136-137]. Бұл еңбектерде Бұрындық, Қасым, Хақназар, Тахир хандардың оңтүстік Қазақстан территориясы және Сыр бойындағы қалалар үшін Шайбан әулетімен талас-тартыстары жазылады. Белгілі автор Камал-ад-Диннің мын еңбектері Қазақ хандығының тарихына арналады. «Шайбани-наме» [17,144], «Футухат-и-Хани» [22,216], «Бадаии-әл-Вакаи» [23,287]. Бұл еңбектерде Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр хандығынан бөлініп шығу кезіндегі обьективті алғышарттары көрсетіледі.

Диплом жұмысының хронологиялық шеңбері. Тарихи деректер мен зерттеулерге сүйенсек зерттеу тақырыбына байланысты Қазақ хандығының тарихы 1465-1466 жылдары негізі қаланған Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы кезеңіне сәйкес келетін 1500 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан (әр тарау үш бөлімшеден), қорытынды бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімінен тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

 

1.1. Алғашқы қазақ хандығының құрылуының алғышарттары

 

     Қазақ хандығы XV ғасырдың екінші жартысында Шығыс Дешті Қыпшақты билеген Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тараған әулеттің бір тармағы Шибан әулеті билігінің құлауы нәтижесінде пайда болды. Жоғарғы билік сол әулеттің тағы бір тармағына жататын Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандардың қолына көшті. Қазақ хандығының құрылуы көшпенділердің жаңа мемлекетінің пайда болуының бірегей мысалы бола алады. Бұл құбылыстың табиғатын тереңірек түсіну үшін бірнеше ғасырға кейін шегініп, Шыңғыс хан империясының және Шыңғыс ұрпақтары ұлыстарының құрылу кезеңіне қайта бір оралып көрейік. Ең алдымен «Дешті Қыпшақ» термині жайлы бірер сөз айта кеткен жөн.

     Жаңа дәуірдің екінші мыңжылдығының басында Ертістен күнбатысқа қарай созылып жатқан ұлан-асыр кең дала Шығыста қыпшақ атымен белгілі болған түркі тілдес көшпенді тайпалардың қонысына айналды. Орыстар оларды «половецтер», Орталық Еуропа «құмандар» деп атады. Қыпшақ тайпаларының ықпалды болғандығы сондай, шығыстағы Ертістен батыстағы Днестрге дейінгі ұлы дала XI ғасырдан бастап Дешті Қыпшақ (парсы тілінде Қыпшақ даласы), орыстарда Половецтер даласы, Еуропада Кумания аталды.

     Дешті Қыпшақ Батыс Дешті Қыпшақ және Шығыс Дешті Қыпшақ болып екіге бөлінді. Батыс Қыпшақ даласы шығыстан батысқа қарай Жайық өзенінен (XVIII ғасырдан бастап Орал) Днестрге шейін, оңтүстіктен солтүстікке қарай Қара және Каспий теңіздерінен Елек қаласына (оның қалдықтары қазіргі Саратов қаласының маңында) шейін созылып жатты. Шығыс Дешті Қыпшақ шекарасы шығыста Ертіс, батыста Жайық, солтүстікте Тобыл, оңтүстікте Балқаш көлі мен Сырдарияның орта түсына тірелетін өңірлер болды.

     В. В. Бартольдтың айтуы бойынша, Даланы хандар биледі, бірақ барлық қыпшаққа ортақ хан болып көрген емес; Қыпшақ даласының әр аймағында — батысында да, шығысында да, — билік бір мезгілде бірнеше ханның қолында болды. XII ғасырда Шығыс Дешті Қыпшақтың мұсылман емес өлкесінің астанасы Сырдарияның орта тұсының оң жағалауына орналасқан Сығанақ қаласы болды. XIII ғасырдың басында Шығыс Дешті Қыпшақ хандарының бірі Күнжек болатын [24,145]. Рашид ад-Диннің «Шежірелер жинағына» жүгінсек, Шығыс Дешті Қыпшақты монғолдар басып алған кезде, Күнжек өз ұлы, құралайды көзге атқан мерген Құмырмыш-Күнжи екеуі қолға түсіп қалады да, Шыңғыста хан шатырын ұстаушыларының басшысы қызметін атқарады. Бұл бір айрықша шатыр болушы еді, ол билеушінің төбесіне ұсталып, Шығыс елдерінде монарх мәртебесінің сыртқы рәмізі ретінде бағаланатын. Шығыс қыпшақтарының сол бір соңғы билеушісінің одан арғы тағдыры беймәлім [25,86].

     Шыңғыс хан 1227 жылы тамызда қайтыс болды, бірақ жаулап алу жорықтарын оның ұрпақтары әрі қарай жалғастыра береді. 1235 жылы ханзадалар мен ақсүйектер бас қосқан бүкілмонғолдық құрылтайда солтүстік-батыс елдерін жаулап алып, оларды Шыңғыс ханның өзінен бұрын, 1227 жылдың басында өлген үлкен ұлы Жошының ұлысына қосып беру жайында ұйғарым жасалады, әкесі тірі кезінде табыстаған ұлыс әлі де Жошы ұлысы аталатын. Монғол әскерлерінің бас қолбасшысы болып Жошының екінші ұлы Бату (Батый) тағайындалады.

     Жеті жылға (1236 —1242) созылған Бату шапқыншылығы кезінде Еуразияның бейнесі адам танымастай өзгерді. Еділ бойы болгарларының мемлекеті жойылды, батыс қыпшақтарының әулеті құрып бітті, олардан басқа да бірқатар дербес елдер мен билік басындағы әулеттердің аты біржола өшіп тынды. Тарихта тұңғыш рет Ертістен басталатын Ұлы Дала, шын мәнінде тіпті шығыстағы Енесайдан күнбатыстағы Дунайға дейінгі ұланғайыр қоныстың бәрі бір ғана әулеттің — Жошының еркек кіндік ұрпақтарының — қолына көшіп, солардың иелігіне айналды.

     Жошы ұрпақтары иелігінің солтүстік шеті енді Болгар қаласы (қазіргі Татарстан аумағы) мен Башқұрд облысы, оңтүстік шекарасы Кавказдағы Темір Қақпа (Дағыстандағы Дербент қаласы) болды; Жошы ұлысының оңтүстік-шығыс аумағы Жоғарғы Ертістен Алакөлге дейін, одан әрі Көкше теңіздің (XVIII ғасырдан бастап — Балқаш) оңтүстігі арқылы Сырдарияға қарай ойысқан байтақ өлкені құрады. Одан әрі шекара Сырдарияның орта түсы өңірі арқылы, Арал теңізінің оңтүстігі, Солтүстік Хорезм мен Үргенішті қоса (Әмударияның төменгі саласы) Үстірт жазығы мен Маңғыстауға қарай созылып кете береді.

     Жошы ұлысының алғашқы билеушісі Бату, әкесінің інілері Үгедей мен Шағатай өлген соң (1241 жылдың соңы, 1242 жылдың басы), XIII ғасырдағы парсы жылнамашысы Жувейнидің айтуы бойынша, «барлық ханзадалардың үлкені (аға)» болып есептеледі де, аса зор беделге ие болады, тіпті кей тұста жоғарғы билеушінің дәрежесіне дейін көтеріледі. Сөйте тұра ол өмірінің соңына дейін Монғол империясындағы екінші адам болып қала берді де, дербес мемлекеттің басшысы бола алған жоқ. 1227—1255 жылдары билік жүргізген Батудың тұсында да, одан кейінгі оның алғашқы мұрагерлері Сартақ, Ұлақшы, Беркелер билеген кезде де, Жошы үлысы Монғолиядағы Қарақорым орталығына қарайтын ұлан-байтақ Монғол империясының бір құрамы ғана болып қала берді.

     Жошы ұрпағы саяси тәуелсіздікке тек Батудың немересі Мәңгі-Темір (1267—1280) билеген жылдары ғана қол жеткізді. Жошы ұлысы билеушілерінің ішінен сол ғана алғаш рет өз атынан «ұлы хан дәргейіндегі» атақпен теңге шығарып, жарлық  үлестіретін болды. Айталық, орыс дінбасыларына тапсырылған жарлықта оның 1267 жылы тамыз айында берілгені көрсетілген.

     Сөйтіп, XIII ғасырдың 60-жылдарының соңына қарай Жошы ұлысы жалпы империялық орталықтан бөлініп, өз алдына дербес мемлекет болып

шығады. Ұзақ жылдар бойына әр түрлі билеушілер басқарып келген монғолдың осынау жаңа мемлекеті мұсылман авторларының жазбаларында да, орта ғасырлардағы ресми құжаттар мәтіндерінде де әр түрлі, көбіне тіпті ел билеушілердің атымен байланысты сөздермен аталып келген. Толық емес тізімнің бір түрі мынадай: Жошы ұлысы, Дешті Қыпшақ, Қыпшақ, Бату үйі, Берке елі, Ұлык, Ұлысы, Солтүстік патшалык,, Тоқмақ, Тоқмақ, ұлысы, Өзбек мемлекеті, Өзбек ұлысы.

     Жошы әулеті билеген мемлекет зерттеме әдебиетте Алтын Орда атымен белгілі болып келді. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, «Алтын Орда» атауы ол кезде жоқ болатын. Бұл атау Алтын Орда мемлекеті әбден ыдырап біткеннен кейін — XVI ғасырдың екінші жартысында, тек қана орыс әдебиетінде пайда болды. Осының өзінде орыс нұсқаларындағы «Алтын Орда» атауы тек қана Жошы хандығының орталық және батыс өңірін ғана білдіріп қоймай, хан ордасы деген ұғымды қоса аткарған. Біртұтас Жошы ұлысының аты ретінде «Алтын Орда» ұғымы тарихи еңбектер беттерінде тек XIX ғасырда ғана біржолата орнықты.

Жошы әулеті иелігінің құрамында әр түрлі тілде сөйлетін, мәдениеттің әрқилы деңгейінде түрған, түрлі дін ұстанған көшпенділер де, отырықшы халықтар мен тайпалар да болды. Мәдениетті елдермен араласу, Шыңғыс әулетіне қараған әскери-көшпенді ақсүйектердің мұсылман дәстүріне бейімделуі Жошы ұлысының алғашқы негізгі құрылымын өзгерткен жоқ. Экономикалық тұрғыдағы әр түрлілік болмаса, Жошы ұрпақтарының мемлекеті саяси құрылымы жағынан шын мәніндегі көшпелі мемлекет қалпында қала берді де, үш әскери-әкімшілік округке: оң қанат, сол қанат және орталық болып бөлінді, өз кезегінде олар да ұлыстар не ордалар деп аталған ұсақ үлес-иеліктерге бөлініп отырды.

     Алтын Орданың алғашқы астанасы Бату ханзада XIII ғасырдың 50-жылдарының басында Еділдің төменгі саласы Ақтұба өзенінің сол жағалауына салдырған Сарай (парсы тілінен) қаласы болды. XIV ғасырдың 30-жылдарының басында Сарай әл-Жадид (Жаңа Сарай) салынып, Алтын Орда мемлекетінің астанасы сонда көшірілді (1395 жылы Әмір Темір әскері қиратқан бұл қаланың қалдығын Ресейдің Волгоград облысына қарайтын Царев селосы маңынан табуға болады). Әйтсе де Сарай да, Сарай әл-Жадид те Алтын Орда хандарының түрақты ордасы бола алған жоқ. Алтын Орданын, түңғыш билеушілері Бату мен оның інісі Беркеден бері қарай екі резиденциялы жүйе қалыптасқан болатын: Сарай қаласы (кейіннен Сарай әл-Жадид) қала тірлігі мен сауда орталығы болып қала берді де, елдің саяси өмірінің орталығы — ханның көшпелі резиденциясы, елдің тіршілік-мүддесі, билік-жарлық, қысқасы мемлекет ісінің барша басқару жүйесі орналасқан хан ордасы болып саналды.

     Бұл жағдай XV ғасырда Алтын Орда түгел ыдырағанға дейін сақталып келді. Алтын Орда жайында өзінің «1394 —1427 жылдар аралығындағы Еуропа, Азия, Африкаға саяхатында» Иоганн Шильт-бергер былай деп жазады:

     «Мен сондай-ақ Ұлы Татар (Жошы ұлысын ол осылай атаған. ) жерінде де болдым. Бұл елдің королі мен шонжарлары қысы-жазы қатын бала-шағасымен, мал-мүлкімен көшіп жүреді, отарларын айдап, басқа да қазына-мүлкін артып алып, осынау теп-тегіс жазық елде бір жайылымнан екінші жайылымға қарай жылжиды да отырады».

     Басқа кез келген мемлекеттің тарихындағы сияқты, Алтын Орданың тарихында да әр түрлі аумалы-төкпелі бұлғақ кезеңдер, жұрт берекесі кеткен дәуірлер болған. Жошы ұлысы монғолдарының өздерінің арасындағы ішкі талас-тартыстар сонау XIII ғасырдың аяғында-ақ басталған болатын. XIV ғасыр басында сәл-пәл толас алды да, 1312 жылы Тоқтай хан өлген соң ол талас-тартыс қайта күшейе түсті. Өлген ханның өсиеті бойынша оның тағына өз ұлы Елбасар отыруға тиісті еді. Бірақ билік басындағы би-сүлтандардың көпшілігі бірауыздан Өзбек ханзаданы хан етпек болды да, ақыры Елбасардың жақтастарын құрта отырып, соны таққа отырғызды.

     Өзбек ханның замандастары мұсылман авторлары жазбаларында оның сырт көркі келісті, мінезі жайсаң, жаужүрек қайсарлығымен көзге түскен, алысты болжайтын көреген, Шыңғыс ханның заңдары мен жарғыларына (йаса ва йусун) ізетпен қарайтын әмірші деп сипаттайды. Өзбек хан монғол және түркі тілдерін білген.

     Өзбек хан билеген (1313—1341) кезеңде Алтын Орда мемлекетінің өмірінде елеулі өзгерістер болады. Бәрін тәптіштеп тізіп жатпай-ақ, бұл жерде оларға себепші болған үш жағдайға ғана тоқтала кетпекпін.

  1. 1321 жылы Өзбек хан ислам дінін қабылдап, мұсылманша
    Мүхаммед деген ат алды да, Сұлтан Мүхаммед Өзбек хан атына ие
    болып, ислам дінін Алтын Орда мемлекетінің ресми діні етті.
  2. Өзбек хан билік құрған кезеңдегі 1335 жылғы Алтын Орда
    оқиғаларын суреттеген мұсылман авторларының жазбаларында өзбекий-ан (өзбектік, өзбектіктер) сөзі мен мемлекети өзбек (езбектіктер мемлекеті) сияқты сөз тіркесі алғаш рет қолданыла бастады. Бірте-бірте Алтын Орданың мұсылман әміршісі Өзбек хан есімі Жошы ұлысының әр түрлі тайпалы тұрғындарының жинақтама атына айнала бастады.
  3. Өзбек хан билеген уақытта хандық билік күшейе түсті, саяси орталықтану жолға қойылып, жаңа қалалар, оның ішінде Алтын Орда мемлекетінің екінші астанасы болған Сарай әл-Жадид салынды. Мұсылман-сүннет Өзбек ханның өзі де сол 1395 жылы Әмір Темір (Орта Азияны 1370 —1405 жылдары билеген) әскері тас-талқан етіп қиратқан Сарай әл-Жадид қаласында жерленеді.

     Алтын Ордадағы хан билігі Өзбек ханның ұлы Жәнібек хан билеген (1342—1357) тұста да әжептәуір күшті болды. Жәнібектен кейін таққа оның ұлы Бердібек отырып, 1357-1359 жылдары билік жүргізді. Ол барып тұрған қорқау, билікқұмар болды. 1413 жылы жазылған «Мунтахаб ат-тауарих-и Муини» мен 1426 жылы жазылған «.Муизз  ал-ансаб» авторларының айтуынша, өзі билік құрған кезде Бердібек таққа таласар деген қауіппен өзінің ет жақын туыстары, Жошы ұлысының өзімен кіндіктес ханзадаларының көпшілігінің көзін жояды. Бір әңгімеде Тайдула ханша Бердібекпен емшектес сегіз айлық баласын көтеріп келіп, осы бір кінәсіз сәбидің жанын қиюды жалына сұрағанда жауыз Бердібек баланы оның қолынан жұлып алып, міз бақпастан жерге бір ұрып өлтіргендігі жайында айтылады.

   Сұлтандар (XIV ғасырдан бастап Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысында Шыңғыс ханнан тараған әулеттің әрбір мүшесі сұлтан атала бастады) тұқымын тұздай құрту саясатының ақырында 1359 жылы Жошының тікелей Бату ханнан тараған бір бұтағы біржола құрып бітеді. Бұл 1255 жылы өлген Батудан соң жүз жыл ішінде болған жағдай.

     Алтын Орда ішінде бұлғақ пен сарай төңкерістері кезеңі басталады. XIV ғасырдың 60—70-жылдарында Жошы ұрпағы билікті бірінің қолынан бірі тартып алып, өзара қырқыс барысында біреуі жарты жыл, біреуі бір жыл, екі жыл, ең ұзақ билегені үш жылға жетпей биліктен тайдырылып отырды.

     Осынау саяси кикілжің мен қырқыстар барысында Жошы ұлысының аумағында бірқатар иеліктер пайда болып, оларды Сарайдағы ханмен бір мезгілде билік жүргізген жергілікті әміршілер биледі.

     Бердібек өлгеннен кейін Жошы ұлысының оңтүстік-шығыс аймағына әмір-билігі түгел тараған Алтын Орданың сол қанаттағы сұлтандары да бөлектене бастады. Орданың батыс қанаты бірнеше дербес бөліктерге бөлініп кетті: Төменгі Еділ бойы Сарай хандарының бақылауында қалса, Қара теңіз жағасы мен Қырым — әмір Мамайға, ал Еділ Болгариясы Болат Темір, кейіннен Асан ханзадалардың құзырына көшті.

     70-жылдардың орта шенінде сол қанаттың (Шығыс ордасы) басшысы Орыс хан бүкіл Жошы ұлысының басын қосуға әрекет жасап көрді. Сөйтіп ол Алтын Орда байтағы Сарай қаласын басып алғанымен, жоғары билікті ұстап тұра алмай, ақыры хижраның 777 жылы немесе 1375—1376 жылдары Сырдария жағалауындағы өз астанасы Сығанақ қаласына қайтып оралды.

     Жошынын, үлкен ұлы Орданың баласы Орыс ханның қолынан келмеген бұл істі XIV ғасырдың 80-жылдарында Жошының он үшінші ұлы Тоқай Темірдің ұрпағы Маңғыстау ханзадасы Тоқтамыс жүзеге асырды.

     1376 жылы Тоқтамыс Орыс хан ордасынан қашып шығып, Әмір Темірдің қол астына барып кірді, сөйтіп әлденеше рет оның қолдауымен өз жауларына қарсы күресті жаңғыртып отырды. Жауының басы Орыс хан еді, 1377 жылы ол өлген соң соның баласы әрі мұрагері Тоқтақия болды. Бірақ Тоқтақия небары үш ай билік құрып, сол 1377 жылы дүние салды. Жошы ұлысының шығыс қанатының астанасы Сығанақта (қала қалдығы Сырдарияның орта түсының оң жағасында) таққа Орыс ханның тағы бір баласы Темір Мәлік отырды.

     Темірлік автор Мойын ад-Дин Натанзи мінездемесіне (XV ғасырдың басы) иланар болсақ, Темір Мәлік «ойын-сауыққа құмар болып, арақ-шараптан бас ала алмағаны сондай, уақытының көбін дерлік ес-түссіз мас болып өткізеді. Соның салдарынан патшалықтағы жағдай мейлінше құлдырап, бағу-қағусыз қалған» [26,78].

     Сығанақ тағына қайткенде де өз адамын отырғызу ойынан айнымаған Әмір Темір Тоқтамысты тағы да қолдап, жас ханзаданы әскер беріп, қайтадан Сырдария жағасына айдап салады. Бұл жолы Темір оған Хынк-оғлан деп аталатын асыл түқымды арғымак, сыйлап, «Жолың бола қалса осы атпен жауыңды қуып жетерсің, ал қаша қалғандай болсаң сені ешкім қуып жете алмайтын болады», — дейді.

     Айтқандай-ак,, көп әскермен Тоқтамысқа қарсы келген Темір-Мәлік оны ойсырата жеңеді. Маңғыстау ханзадасы алды-артына қарамай қашып, Темір сыйлаған арғымақпен мәртебелі қамқоршысына бір өзі қайта оралады.

     Сөйтіп, жылнамашылардың айтуы бойынша, сол Хынк-оғлан аталатын ат Тоқтамыс сұлтанның «аман қалуына себепші болады».

     Темір бұл жолы да төзімділік танытып, осымен нешінші рет Тоқтамысқа тағы әскер беріп, Сығанақ тағын тартып алуға жұмсайды.

     Бұл жолы тағдыр ханзадаға оң қабақ танытты. Бұрынғысынша маскүнемдік пен ойын-сауыққа салынып, «түске дейін ұйықтап жататын» Темір Мәлік әскерінің қол астындағылардың көңілі оның қарсыласына ауа бастап, «ұлыстың үлкен бір бөлігі топ-тобымен Тоқтамыс жағына шығып кетеді». Хижраның 780 (1378—1379) жылының қысын Темір Мәлік Қараталда өткізуде еді. Осы кезде Тоқтамыс оған шабуыл жасап, ұрыс Темір Мәлік әскерінің толық талқандалуымен аяқталды. Шайқастың алғашқы сәтінде оның өзі тұтқынға алынып, өлтірілді. Ең басты әмір, «әмірлердің әмірі» Балтышақты Тоқтамыстың алдына бұғаулап алып келді. Балтышақтың ерлігі мен адалдығы жайында көп естіген Тоқтамыс оған:

     «Егер сен мені өз патшаң ретінде құп алар болсаң, мен сені құрметке бөлеп, патшалық пен байлықты басқартқан болар едім» — деп ұсыныс жасайды.

     Ашудан қалшылдап кеткен Балтышақ:

     «Егер менің қолым байлаулы болмаса, саған келістіре жауап берер едім; сені менің патшамның орнында көрген көз ағып неге кетпейді; егер билік шынымен сенің қолыңда болса, онда мені де жазалауға әмір ет, патшамның басын менің басымның үстіне, денесін денемнің үстіне қойсын, одан бұрын өлу маған бұйырмаған екен, ендеше көрге одан бұрын кірейін» — деп жауап береді.

     Тоқтамыс Балтышақ әмірдің тілегін орындайды.

     Сол жеңістен кейін Тоқтамыстың қасына ерген Темірдің әмірлері оны Сығанақта хан тағына отырғызып, ескі дәстүр бойынша «оның құрметіне нисар (ақша және басқа асыл дүниелер шашу) ұйымдастырады».

     Бірақ бойын даңққұмарлық кернеген Тоқтамыс бір ғана Сығанақ тағын қанағат тұтып отыра алмады. Қара-құрым қол жинап алған ол көп үзамай тағы да жаугершілік жолға түсіп, Темірдің қолдап-қуаттауымен Алтын Орда астанасын жаулап алу мақсатымен Еділ бойына аттанады.

     Тағдыр бүл жолы да Тоқтамысқа оң қабақпен қарады.

     Ол кезде Алтын Орданың үлкен бір бөлігі әмір Мамайдың қолында еді, сондықтан Жошы ұлысын түгел билемекке ниет еткен Тоқтамыстың ең басты дұшпаны да сол болды. Дмитрий Донскойға қарсы Русь жорығына дайындалып жатқан Мамай маңғыстау ханзадасы жақтан келетін қауіпті аңғармай қалып еді.

     1380 жылы Мамай Руське қарсы жорыққа шықты, бірақ Куликов даласында Дмитрий Донскойдан жеңіліп қалып, әскерінің қалған қалдығымен ұнжырғасы түсе еліне оралады. Мамайдың дәл осы қиын-қыстау сәтінде Тоқтамыс оған қарсы жорығын бастады. Алтын Ордалықтардың ез арасындағы қанды шайқас Қалқа өзенінің бойында өтті де, Тоқтамыстың толық жеңісімен аяқталды. Жеңілген Мамай осы шайқастан соң тарих аренасынан біржола кетті де, көп ұзамай Тоқтамыс хан Жошы иеліктерінің Хорезмнен (төменгі Әмудария) басқа жерін түгел өз қол астына біріктірді, Хорезмді 1379 жылы Темір жаулап алды.

     Енді Жошы ұлысының өзінде Тоқтамысқа қарсы келер пәлендей қауіпті күш жоқ еді. Алтын Орданың бар билігін өз қолына алған Тоқтамыс енді Руське қарсы жорыққа дайындала бастады.

     Көп әскер жиып алып, 1382 жылдың жазында Тоқтамыс Еділден өтіп, Мәскеуге қарай беттеді. Бұл кезде орыс ішінде бірауыздылық жоқ еді. Мәскеу князі Дмитрий Донской орыс княздерінің басын біріктіруге, жауынгерлік жаңа ерлік — «татардан» қорғану жолына күш салып көрді, бірақ олардан қолдау таба алмады.

     1382 жылдың 23 тамызында Тоқтамыс Мәскеуге жетіп, оны қоршауға алды. Қоршау ұзаққа созылды. Сондықтан Тоқтамыс қулыққа басты: ол Мәскеу тұрғындарын алдап, егер олар қарсыласуды тоқтатса, бәріне де кешірім жасалатынын, өмірлеріне де, мал-мүліктеріне де ешкімнің тимейтінін, тіпті сый-сыяпат көрсетілетіндігін айтып, үгіттей бастады. Қала тұрғындары хан сезіне сеніп, қақпаны ашқанда, Тоқтамыс хан әскерлері Мәскеуге лап қояды, талан-таражға салып, жартылай өртеп жібереді. Көп адам қырғынға ұшырайды. Мәскеуден мол олжаға батып, сол маңдағы тағы біраз қалалар мен мекендерді тонап, Тоқтамыс ат басын оңтүстікке бұрып, Ордаға оралады.

     Сол бір тонаушылық жорығы Тоқтамыстың кеудесіне нан пісіріп, өз күшіне деген сенімін еселеп арттыра түседі. Ол Алтын Орданы және оның ұлы державалық саясатын қалпына келтіруге көшеді. Бұл енді әмір Темірмен сөзсіз қағысу деген сөз еді. Тоқтамыс сол қақтығысқа дайындалып, тіпті қарсыласын соған ашық итермелей түсті.

      Ең алдымен ол, бұрын айтқанымыздай, Темірдің қолына қараған Хорезмнің ісіне араласа бастады. Бұл кезде Иран шаруасымен жүрген Темір өзі үнемі қолдап келген адамының бұл жаулық ісіне көңіл бөле қоймайды.

     Хижраның 788 (1386—1387) жылының қысында, Темір Кавказдағы Қарабақта жүргенде Тоқтамыс қалың әскерімен Дербент арқылы Дағыстандағы Самур өзеніне келіп жетеді. Сол жерде Тоқтамыс пен Темірдің ұлы Мираншах әскерлерінің арасында айқас басталады. Екі әскер бірін-бірі жеңе алмай, Тоқтамыс Ордаға оралады.

     Келесі, хижраның 789 (1387—1388) жылы Тоқтамыс қалың қолмен Сығанақтан өтіп, Түркістандағы Темір иеліктерінің шекаралық қамалы — Сабран қаласына таяп келеді. Тоқтамысқа қарсы Әндіжаннан Темірдің баласы — ханзада Омар Шейх аттанады. Ұрыс Отырар маңында өтеді. Омар-Шейх жеңіледі де, Тоқтамыс Бұхараға қарай тартады. Бірак, Бұхара түбінде қатты қарсылыққа душар болып, қаланы тастайды да, Мәуереннахрдың (Сырдария мен Әмударияның аралығы) шеткі аймақтарын тонауға кіріседі.

     Бұл тонаушылық жорық жайындағы хабар сол кезде Батыс Иранда — Шираз қаласында жүрген Темірдің құлағына жетеді. Темірдің төзімі де таусылуға айналған еді, енді ол Тоқтамысты тәубесіне келтіретін уақыт әбден жетті деп түйеді де, оған оңдырмай соққы беруді ойластырады.

     Ең алдымен Темір хорезмдіктердің Тоқтамысты қолдаған опасыздықтарына орай тиісті жазасын беру үшін Хорезмге аттанады. Хорезмнің астанасы Үргенішті тез алған Темір, хорезмдіктерге деген ашу-ыза үстінде сол хижраның 790 (1388) жылы тұрғындарды түгел Самарқанға көшіріп, Үргенішті жермен-жексен етіп, орнына арпа-бидай егуге әмір береді.

     Тоқтамысқа қарсы өз жорығын Темір 1390 жылдың 1391 жылға қараған қысында Самарқаннан бастайды. Темір Дешті Қыпшақ жерінде Тоқтамыс әскерінің соңында түсе отырып, ақыры Черемшан өзенінің бір тармағы Құндырша өзенінің бойындағы алқапта сол аттас Құндырша елді мекенінде (Самара облысы) жауласқан екі әскер бетпе-бет келеді. Бұл жойқын да қанды қырғын алма-кезек жеңіске жете отырып, ақыры Тоқтамыстың біржола жеңілуімен тынады. Темір өз жеңісіне қанағаттанып қана қоймай, олжаға да қарық болады.

     1391 жылғы Тоқтамыстың жеңілісі қаншама жойқын бола тұрғанымен, оның өз басының да, Алтын Орда мемлекетінің де тағдырын түпкілікті шешкен жоқ-ты. Оның есесіне 1395 жылы Темір Тоқтамысты күйрете жеңіп Алтын Орда ханының түбіне жетті. Бұдан кейін Тоқтамыс Жошы ұлысының тағына қайтып орала алған жоқ, кейбір деректер бойынша 1404, басқа бірінде 1406 жылы қазаға ұшырайды.

     XV ғасырдың басында Жошы ұлысының басын біріктіремін деген тағы да бірнеше талапкер болды. Бірақ Тоқтамыстан кейін Жошы ұлысының бәрін бойсүна мойындатардай билікке ешкім жете алмады. Ол ол ма, XV ғасырдың 30—70-жылдары орталығы төменгі Еділ бойында болған Алтын Орда мемлекеті біржола ыдырап, оның күйреген орнында бірнеше жаңа түркі мемлекеттер: Қырым хандығы Қазан хандығы, Астрахань хандығы, Сібір хандығы, Қазақ хандығы, тағы басқа бірқатар саяси бірліктер пайда болды.

     Бірақ тарихына осы кітап бағышталып отырған Қазақ хандығы құрылмастан бұрын-ақ Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында 1428—1468 жылдар аралығында Жошының ұлы Шибан әулетінен шыққан Әбілхайыр хан билік құрып тұрған болатын. Орыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібектің қол астындағы бірқатар тайпалар бұл мемлекеттің негізгі халқынан бөлініп, Шығыс Дешті Қыпшақта үстем билік орнату жолында ұзақ та ауыр күрес жүргізді. Бірақ бұл жайында кейінірек арнайы тарауда әңгімелейтін боламыз.

 

1.2 Алғашқы қазақ тарихшысы м.х. дулатидың «тарих-и-рашиди»  еңбегіндегі қазақ хандығы  туралы мәліметтер    

 

     Әрбір тіршілік иесінің талқаны таусылар күн болады. Бірақ ажалмен бірге бәрі құрып кетпейді. Ажал дегеніміздің өзі түрі өзгерген өмірдің тағы бір болмысы: адам өзгелердің есінде өмір сүреді, өзінің ақыл-ойы, тілегі, өз қолымен жасаған дүниенің бәрі ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, қызмет ете береді. Бұған мысалды көптеп келтіруге болады. Солардың ішінде Қазақстанның, көршілес егемен Орталық Азия мемлекеттерінің, сондай-ақ Таяу Шығыс елдерінің жұртшылығы болып бес жүз жылдық мерейтойын салтанатпен атап өткен Мырза Хайдар Дулаттың өмірі, өлімі және мәңгілік тарихи мұралары да бар. Ондай мерейтой өтуінің де заңдылықтары бар: Мырза Хайдар — айрықша бөлек тұлға, ал оның әйгілі «Тарихи Рашиди» аталатын еңбегі — XVI ғасырда парсы тілінде жазылған мұсылман елдері тарихи әдебиетінің ең бір құнды да қызықты жәдігері.

     Бұл еңбекті жазған адамның толық аты-жөні — Мұхаммед Хайдар ибн Мұхаммед Хұсайын Гурган. Бірақ өзінің жазғанындай, ол достары арасында Мырза Хайдар есімімен белгілі болды. Ортағасырлық мұсылман авторларының көпшілігінің деректерінде де ол осы есімімен кездеседі, бұрынғы-соңғы Еуропа ғалымдарының үлкен-кішісі де оны осы есімімен атайды.

     Мырза Хайдардың туған мерзімі жайлы дерек жоқ. Өз шығармасында ол тек қана хижраның 905 жылы (1499 жылдың 8 тамызы — 1500 жылдың 27 шілдесі) туғанын бірнеше рет жазады. Өкінішке орай, не туған жері, не айы, не туған күні аталмайды.

     Мырза Хайдар белгілі де беделді дулат руынан шыққан, сондықтан ғылыми әдебиетте ол көбіне-көп Мырза Хайдар Дулат аталып жүр. Оның ата-бабасы кезінде ел билеген әулетті әмірлер болған, Шағатай ұлысының шығыс өңірінде — қазіргі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан, Шыңжаң аумағында патшалық еткен әулеттердің ханзадаларын қаласа таққа отырғызып, қаламаса тақтан түсіріп отырған да солар еді. Ортағасырлық мұсылман деректерінде бұл өлке Моғолстан аталады.

     Оның әкесі Мұхаммед Гурган («Хан тұқымының күйеуі») өзін 1495 жылы Ұра-Төбеге басқарушы етіп тағайындаған моғолдың аға ханы (ұлы хан) Сұлтан Махмұттың (Моғолстанды 1487—1508 жылдары билеген) жақын досы еді. Сондықтан біз Мырза Хайдар сол кезде Шағатай ұрпағы Махмұт хан тұрған Ұра-Төбе мен Ташкенттің бірінде туған деп шамалап айта аламыз. Нағашы жағынан Мырза Хайдар Дулат Шағатай ұрпағы Махмұт ханның әкесі Жүніс ханның (Моғолстанды 1463—1487 жылдары билеген) немересі болып келеді. Яғни, Үнді жерінде Ұлы Моғол империясын құрған атақты Темір ұрпағы Бабырдың (1483—1530) бөлесі.

     Мырза Хайдардың өз айтуы бойынша, оның шешесі, Хуб Нигар-ханым, моғол ханы Жүністің үшінші қызы мұның мүлдем сәби кезінде «өз

өмірінің қазынасын о дүние сақтаушысының қолына табыстаған». 1508 жылы әкесі Мұхаммед Хұсайын Гурган да Шайбан ханның бұйрығымен Гератта өлтіріледі. Сөйтіп Мырза Хайдар сегіз жасында жетім қалады. Ол ол ма, өз өмірін аман сақтау үшін әлдене себеппен бара калған Бұхарадан Бадахшан арқылы Кабулға қашуға мәжбүр болады да, 1509 жылы сонда келіп жетеді. Кабул мен сол маңды билеп тұрған Темір ұрпағы Бабыр оны өз ұлындай қарсы алып, тәрбиешілер тағайындайды. 1512 жылы Мырза Хайдар Бабырдан кетіп, өзінің тағы бір немерелес бауыры Шағатай ұрпағы Сұлтан Саидқа қосылады, сөйтіп онымен бірге Қашқарға қоныс аударады. Сол жақта 1514 жылы Сұлтан Саид хан орталығын Яркенд етіп Яркенд хандығы аталған Моғол мемлекетін құрады.

     Ойға жүйрік, жан-жақты майталман шебер Мырза Хайдар өзінің ержүректілігімен де, әскери талантымен де көзге түседі. «Тарихи Рашидидің» болашақ авторы тағдырына Бабыр мен Сұлтан Саид ханның тигізген әсерінің арқасында ол мұсылманша жан-жақты білім алады, ғылым мен өнер саласы бойынша өз заманының әдеби һәм мәдени дәстүрін бойына сіңіріп өседі. Бұл жайлы ол өз еңбегінің алғы сөзінде анық айтқан. Бұл туралы Бабыр да:

   « Өз әкесінің қазасы өзбектерден болғанын кейін, ол маған келіп үш-төрт жыл қолымда болды. Содан кейін ол Қашқардағы ханға баруға рұқсат сұрады.

      Алтын, күміс, қорғасын ба — бүгінде,

     Өз негізін табады ақыр түбінде.

      Қазір ол әбден ақыл тоқтатқан, бірқалыпты жақсы жолға түскен көрінеді. Жазу-сызуға, сурет салуға, жебе, жебенің ұшын, садақ адырнасының сақинасын жасауға қолы әуелден епті болатын. Өлеңге деген икемі де бар. Оның маған жазған сәлем хатынан сөз мәнері дұрыс екеніне көз жеткіздім» — деп жазады.

     Мырза Хайдар түрік, парсы тілдерінде еркін сөйлеген, жаза да білген, Айаз аталатын поэтикалық лақап аты да бар-тын. Өзінің 1529—1530 жылдары  Бадахшанда болуына орай түрік тілінде жазылған    «Жахан-нама» поэмасы да бар.

     Текті атадан шығуы мен өз басының айрықша қабілеті Мырза Хайдардың қызмет сатысымен жоғарылап отыруына да әсер етті: Саид хан құрған мемлекетте ол мәртебелі орынға ие болды. Ол 1527—1528 жылдардың қысында моғолдардың Кафиристанға жіберген әскери экспедициясын сәтті басқара білді, ханның Бадахшан, Ладак, Кіші Тибетке жасаған жорықтарына (1529—1533) белсене араласты.

     1533 жылғы 9 шілдеде Сұлтан Саид хан өлген соң, оның орнына такқа дулат руына ерекше жауыға қарап дағдыланған баласы Әбдірашит отырады. Мырза Хайдар амалсыз бұл елден кетіп, Бабырдың баласы — Үндістандағы ұлы Моғолдар императоры Хумаюнның (1530—1556 жылдары билік жүргізген) қол астына қызметке кетуге мәжбүр болады. 1541 жылы Мырза Хайдар үшін әскери айламен Кашмир уәлаятын (облыс) өзіне қаратып алып, сонда өзі үшін шын мәнінде ешкімге тәуелсіз княздік құрудың мүмкіндігі туады. Үнді тарихшыларының дерегі бойынша, жеке басының жұғымдылығын дипломатиялық қабілетпен ұштастыра білген Мырза Хайдар өз иелігіндегі өңірдің тәуелсіздігін сақтап қана қоймай, сол бір император Хумаюнның тұсындағы бұлғақты кезеңнің өзінде елдің шығысына қарай біршама жаңа жерлерді жаулап алу арқылы, өз өңірін кеңейте түседі.

     Мырза Хайдар Дулат Кашмирдегі жергілікті тұрғындар көтерілісі кезінде қазаға ұшырайды. Оның өлімі мынадай жағдайда болып еді.

      Парсы тілінде жазылған үндінің баяндық деректерінің көпшілігінің сілтемесі бойынша, 1551 жылдың күзінде Кашмир уәлаятының шиит тұрғындары (мұсылман қауымындағы айрықша діни-саяси топ) арасында Мырза Хайдарға қарсы көтеріліс шығады. Ол шағын ғана қолмен бүлікшілерге қарсы аттанып, түнде шабуыл жасамаққа дайындалады. Бірақ ең алдымен өз жақтастарымен бас қосқан кеңесте ол тақ мұрагері деп інісі Мырза Әбдірахманның атын атайды, содан соң түнгі шабуыл жөнінде бұйрық береді. Сол күні түн тұманды да көзге түртсе көргісіз қараңғы болады. Екі жақ қоян-қолтық айқасып берген аласапыран кезде, Мырза Хайдар өз мергені Назар Құршы садағының оғынан кездейсоқ қаза табады. Өз көсемінен айырылған Мырза Хайдар жауынгерлері кейін шегініп, Индаркот қорғанына бекінуге мәжбүр болады. Мұсылман дәстүрі бойынша кашмирліктер оның денесін ертесінде-ақ Сринагардағы Мазари Салатинге (Кашмирдегі «Билеушілер пантеоны») апарып жерлейді.

     Мырза Хайдар Дулаттың қай жылы өлгені жайында деректерде әр түрлі айтылады. Біз «Бахаристан шахи», «Тарихи Азам» және басқа кейбір шығармалардағы хабарлама бойынша бұл қайғылы уақиға хижраның 957 жылы 8 зұлқада (1550 жылдың 19 қарашасында) болғанын білеміз. Абу-л-Фазл, Фиришт, Мүхаммед Азам сияқты парсыша жазған үнді тарихшыларының шығармаларында Мырза Хайдар Дулат хижраның 958 жылы (1551) өлді делінеді. Осы дата Еуропа ғалымдарының көпшілігің назарына алынған.

     Сөйтсе де, Мырза Хайдар Дулаттың Мазари-Салатиндегі зиратында жазуы бар екі құлпытас тұр. Оның бірі бүгінде тозуға айналған ақ мәрмәрдан жасалған шағын ғана тас, оның орта тұсында парсы тілінде жыр шумағы қашап жазылған, ол жырда Мырза Хайдар Дулаттың өлген жылының хронограммасы «казаи-ий-илахи» деген сөздерде қашалған да, бұл сөздердің сандық мазмұны араб графикасы бойынша хижраның 957 жылы, 1550 жылдың 20 қаңтары — 1551 жылдың 8 қаңтары аралығы дегенге келеді.

     Бұл құлпытастағы жазудың авторы кім екені белгісіз. Ақ мәрмәр тастан жасалған қүлпытас император Хумаюн билік жүргізген жылдарда қойылған деген болжам бар.

     Екінші қүлпытас ауқымды, жалтыратылған, қазірге дейін жақсы

сақталған, шеті ғана мүжілген қара граниттен жасалыпты. Сол қара гранит бетінде Мырза Хайдардың өмірі жайлы қысқаша мәлімет, оның хижраның 957 жылы (1550) өлгендігі туралы парсыша жазылған дерек бар.

     Бұл құлпытастың қайдан шыққаны белгілі. 1822 жылдан 1823 жылға қараған қыста  «бұхар жылқыларын сатып алу үшін» Үндістаннан Орта

Азияға аттанады. Жолшыбай Кашмирге соққан ол өзінің қасына ерген Мир Иззатулла Моғолға Мырза Хайдар Дулаттың зиратына оның атына лайық жаңа құлпытас орнатуға бұйрық береді. Бұйрық 1823 жылдың 23 ақпанында орындалады. Адамның жады өшпейді деген осы.

     Сонымен, соңғы сәтте  келіп, Мырза Хайдар Дулаттың тірлік шамы өшті. Ол елулер шамасында болатын. Ал елу жас дегенің сол XVI ғасырда да еркектер үшін елеуге тұрмайтын аз ғұмыр еді. Бірақ тағдыр оның маңдайына соны ғана жазыпты.

     Адам өмірі деген оның ұзақтығымен емес, сол өмірді қалай өткізді, артына қандай із қалдырғанымен өлшенетінін бәріміз де білеміз. Мырза Хайдар тек қана көреген әскери басшы, талантты ұйымдастырушы ғана емес, сонымен қатар артына автор есімін мәңгілік еткен, мұсылман тарихи әдебиетіндегі ең таңдаулы һәм қүнды жәдіргерлердің бірі — «Тарихи Рашидиді» қалдырған аса көрнекті тарихшы ретінде де танымал еді.

     «Рашид тарихы» («Тарихи Рашиди») 1542—1546 жылдары парсы тілінде Кашмирде жазылды. «Тарихи Рашидиді» жазуға түрткі болған Мырза Хайдардың, өз ұғымы бойынша, өзінің озық ілімін кейінгі ұрпаққа қалдырып кетсем деген арманы еді.

     «Құдайдың осынау ең қабілет-қауқары төменгі құлдарының бірі өзінің бейталант қаламын ақ қағаз бетінде жүргізуге қалай ғана батылы барды?» Оның себебі, деп жазады одан әрі Мырза Хайдар, жас кезінде ол жасы келген әңгімешілерден моғол хандары жайлы аңызды көп тыңдап, солардың тарихының қайсыбір уақиғаларына өзі де куә болып еді. Енді міне, көп жыл өтіп, Мырза Хайдардың өзі елуді еңсеріп қалғанда, ол өзіне қарап, өзі теңдес түрғыластарына қарап, сол аңыздарды білетін көзкөргендерден де ешкім қалмай бара жатқанын, енді соны айтып та беретін адамның жоғын байқады. Сол кезде оның ойына ислам дінін қабылдағаннан кейінгі моғол хандары мен тайпалары туралы тарих қойнауында жатқан дүниенің бәрін жиып, оларға «сенімді адамдардан» естігенін, өзі көріп, көңіліне түйгенін қоса отырып, екі бөлімнен тұратын кітап құрастыру ниеті келді.

     Бірақ «Тарихи Рашидиді» ақ қағаз бетіне түсірудің бірден-бір себебі бұл ғана емес еді.

     Мырза Хайдардың өзі үшін де бұл шығарма оның әдеби қызметіндегі кездейсоқ эпизод емес еді: ол қызметтік міндеттен емес, жеке бас мүддесінен туған болатын.

     Шығарма алғы сөзінде ол өзінің елін тастап моғолдардан бөлініп кетсе де, Әбдірашит ханның өзіне салқын қарап, туыстарына суық  қабақ таныта тұрса да, Әбдірашит ханның әкесі Сұлтан Саид ханның өзіне жасаған

жақсылығын ұмыта алмайтынын, он үш жасар жетім кезінде өз баласындай бауырына тартып қамқор болғаны, сыйлап-сүйгенін, міне, жиырма төрт жыл бойына қатарынан қалдырмай құрмет пен сыйға бөлегенін, тек сол адамның арқасында, тек сол адамның қамқорлығымен өзінің білім алып, ғылымға жетік болғанын ілтипатпен айтады. Сондықтан да жамандыққа жақсылықпен жауап бергісі келетінін білдірді. Хан баласы бұл еңбекті жылы көңілмен қабылдай ма,

болмаса сырт беріп теріс айнала ма, біріне де қарамай, ол осы шығармасын Рашид ханға арнап, өзі туралы есіне салайын, оның да кім екенін қалың жұрт біле жүрсін дегенді аңғартады.

     «Тарихи Рашидидің» негізгі мазмұны — 1242 жылы өлген Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай ұрпағының шығыс жақ бұтағының тарихы мен дулат руын көтеруді қолға алған ұлыс ішіндегі айтыс-тартыс, дулат беделділерінің Шығыс Түркістанды билеуінің жөн-жосығы. XIV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасырдың алғашқы жартысындағы Моғолстан тарихы жөнінде негізгі әрі бірден-бір деректі еңбек болғандықтан, «Тарихи Рашиди» Орталық Азияны мекендеген түркі халықтары мен тибет, кафир, кашмирліктер туралы да мол фактілер мен сирек деректі материалдарға толы болып келеді. Ондағы Кафиристан мен Кіші Тибет түрғындарының тұрмыс-салты мен дәстүрі жайлы жазғандары да сондай; оның аса зор этногенетикалық маңызы бар, толып жатқан зерттеу әдебиетіне негіз болған Тянь-Шань қырғыздары туралы әңгімелеуі де сондай.

     Мырза Хайдар Дулаттың шығармасы Қазақ хандығының тарихы жайындағы ең алғашқы түпкі деректер ішінде ұлағатты орын алады. «Тарихи Рашиди» беттерінде сөз болатын қазақ беделділері жайлы мәлімдемелер, айналып келгенде, құрылуы алдындағы, құрылып жатқан кездегі, алғашқы кезеңдегі Қазақ хандығы тарихы жөніндегі ортағасырлық мұсылман тарихи жылнамаларындағы бірден-бір басы бүтін шығарма болып табылады. Сөйтіп, сайып келгенде, Мырза Хайдар Дулатты Алғашқы Қазақ мемлекетінің толық хақылы алғашқы тарихшысы деп айтуға біздің де хақымыз бар.

     Мұсылмен әдебиеті Мырза Хайдардың тарихи шығармасын аса жоғары бағалайды. Мәселен, XVI—XVII ғасырлар межесінде өмір сүрген иран тілді автор Амин ибн Ахмад Рази былай деп жазады:

     «Оның соңында тек шапағатты дүние қалды, ол жоғары да таусылмас дарын иесі еді; көркем жазуы тап-таза, стилі анық, өлеңі өрімталдай сұлу болатын. Ол теңдесі жоқ ержүрек, айбатты да айбарлы, қабілетті әскербасы еді, Сұлтан Саид ханның нұсқауымен Қашқар арқылы Тибет өтті. Кашмирге кіріп, онда әміршінің байрағын тікті. Екінші рет ол бұл уәлаятқа Хинд жолы арқылы келіп, жеті  жылға жуық елді дербес басқарды. Ақыр соңында сол Кашмирде ажал тапты. Оның Қашқар билеушісі Рашид ханға арнаған «Тарихи Рашидиі» бүкіл елге белгілі».

     Мырза Хайдар шығармасы Еуропа шығыстанушыларына да айрықша ықпал етті. XIX ғасырдың орта тұсынан бастап Орталық Азия мен Солтүстік Үндістанның ортағасырлық тарихы жайлы азды-көпті пікір айтқысы келген әрбір ғалым осы еңбекке бір соқпай кетпейтін болған. Батыс Еуропа ғылымына «Тарихи Рашидиді» жеделдете енгізу мақсатымен 1895 жылдың өзінде Н. Илайес және Е. Росстардың ықпалы арқасында Мырза Хайдар шығармасы ағылшын тілінде алғы сөз, кең ауқымды танымдық түсініктеме, қосымшалармен басылып шықты (re-issиe 1898; repr. 1970, 1973). 1990 жылдардың басында америкалық ғалым W. Thackston «Тарихи Рашидидің» парсы мәтінін ағылшын тіліне жаңадан аударып жариялады.

     Кеңестік шығыстану ғылымына келетін болсақ, ондаған жылдар бойына әр түрлі деңгейде «Тарихи Рашидидің» ғылыми түсініктемелер берілген толық түрін орыс тіліне аударудың өте қажеттілігі сөз болып келді. Бірақ уақыт өте берді, осынау бір теңдесі жоқ шығарманың аудармасы жасала қоймады. Ақыры, міне, 1996 жылы ғана, жиырмасыншы ғасыр аяқталар тұста, бүл маңызды міндетті Өзбекстан шығыстанушылары А. Орынбаев, Р. П. Джалилова, Л. М. Епифановалар белгілі бір шамада жүзеге асырды.

    «Тарихи Рашидидің» жоғарыда айтылған Еуропа тілдеріндегі тәржімаларының әрқайсысының өз жетістіктері мен кемістіктері бар. Сонымен қатар бәріне ортақ және бір фактор: бұлардың бәрі де толық емес, біршама қысқартып аударылған нұсқалары, сондықтан қазірдің өзінде маманның бірқатар жағдайда тікелей түпнұсқа мәтініне жүгінуіне тура келеді. Сондай-ақ осы күнге дейін «Тарихи Рашидидің » сенімді тізімдерге негізделген, бәрі жиыла келе шығарманың толық мәтінін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін сыни басылымы да болмай тұр. Осының бәрі «Тарихи Рашидиді» зерттеу әлі аяқталмағанына көз жеткізеді.

 

1.3  Қазақ хандығының құрылу кезеңі мен жағдайы

 

 Тарихтың қалыптасуы да қызық: кейде қоғамды дүр сілкіндірген айқай-шулы оқиға ұзамай ұмытылады да, өткен шақтың қатардағы ғана фактісіне айналады, ал кейде, керісінше, жай ғана бір оқиға, елеусіз ғана құбылыстың өзі әр түрлі жағдайдың өріс алуына қарай ел мен оның түрғындары тағдырында адам нанғысыз айрықша орын алуы мүмкін. Бұған Қазақ хандығының қүрылу тарихы толық мысал бола алады.

     Ал енді бұра тартып, бұрмаламастан баяғы өткен бағзы заманның ұзын ырғасына кез жібере отырып, — қолда бар деректер оған мүмкіндік береді — XV ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына жаңа бір саяси құрылым — Қазақ хандығын, Алғашқы қазақ мемлекетін алып келген маңызды да маңызсыз оқиғалар тізбегін қалпына келтіруге тырысып көрелік.

     XV жүзжылдықтың 20-шы жылдарында Шығыс Дешті Қыпшақ қырғын соғыс құшағында болды. Сол кезгі шайқастардың бірінде 1428 жылы Шыңғыс ханның тұңғышы Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұрпағы, Орыс ханның немересі Ұлы Дала ханы Барақ-оғлан қазаға ұшырайды. Сол 1428 жылы (әлде 1429 жылдың басы болар) Шығыс Дешті Қыпшақта Жошының тағы бір баласы Шибан әулетінен шыққан Әбілхайыр сұлтан таққа отырды.

     Қырық жыл хан тағында отырған Әбілхайырдың алдынан үлкенді-кішілі мың сан іс өтеді. Соның бірі, атап айтсақ — тежеусіз билікке төзбеген бір топ дешті руларының одан іргесін бөліп, түп көтеріле көшуі еді. Әбілхайыр хан да, соңына ерген жұртын бастап оның ұлысынан үдере көшкен сұлтандар да ол кезде көшпелі қоғамның өміріндегі осынау бір қарапайым оқиға олардың елдерінің бүкіл болашақ тағдырында шешуші маңызға ие бола қояды деп ойламаған болар-ау. Әйтеуір, сол көштен бүгінгі Қазақстан тарихының жаңа тарауы басталғаны айқын. Тіпті «Қазақстан» топонимінің шығуы да дәл сол көштің бір нәтижесі болатын. Ол оқиғаның өз алғышарттары бар.

     Хижраның 864 жылында (1459 жылдың қазаны, 1460 жылдың қыркүйегі), «Фатхнама»[18] авторы Шадидің айтуынша, Жошы баласы Шибан әулетінен тарайтын Шығыс Дешті Қыпшақ билеушісі қырық жеті жасар Әбілхайырдың отбасы ауыр қайғыға душар болады: оның бүркіт тайпасынан алған әйелінен туған тұңғыш ұлы, әлі жап-жас Шах-Будақ сұлтан қайтыс болады. Шади оның қалай өлгенін тәптіштеп айтып жатпайды [14]. Бірақ басқа да деректерге сүйенсек, XV ғасырдың 50-жылдарының аяғында Шығыс Дешті Қыпшақта ел ішінің берекесін алған оқиғалар көбейді: ежелден ел билеп қалған басқа әулеттер Шығыс Дешті Қыпшақтағы үстем билік жолындағы бітіспес дауды тағы да қоздыра түседі. Жас сұлтан Шах-Будақ та әке тағын қорғаймын деп жүріп бір шайқаста қазаға үшыраған сияқты. Ол жолы Шибан әулеті Әбілхайыр хан ішкі жауларына аяусыз тойтарыс берген болатын. Бәлки, тұңғыш ұлының кегін қайтару мақсатымен ол «Дешті Қыпшақ еліндегі Жошы әулетіне жататын біраз шахзадалардың түбіне де жетіп, тоз-тоз қылып жіберген болар» — дейді деректер.

   Бағына қарай аман қалған Әбілхайырдың саяси қарсыластары ішінде Дешті Қыпшақтағы Жошы әулетінің тағы бір тармағынан тарайтын Орыс ханның ұрпақтары Керей сұтан мен Жәнібек сұлтан бар еді. Олардың алдында: «Қайтсек екен?» — деген сұрақ тұрды. Көршілерден пана іздеу керек пе? Бұрынғылардың көбі солай жасайтын. Әлде ұлыста қала беріп, тағдырдың жазғанын күткен дұрыс па? Жағдай керіліп-созылуды көтермейтін еді, тез қимылдау қажет болды. Айтыс-тартыстан соң ақылға сала келіп, Керей мен Жәнібек Әбілхайыр ханның мемлекетінен біржола кеткен дұрыс деп үйғарды. «Бүгін істейтініңді ертеңге қалдырма» деген қағиданы берік ұстанған олар, сол хижраның 864 жылы (1459—1460), шахзада Шах-Будақ «о дүниеге озғанының» соңынан өздеріне ерген барлық жұртымен көршілес Моғолстан еліне қарай үдере көшеді.

     Болашақ қашан да жұмбақ. Алғашында олар шын мәніндегі босқындар болатын.

     Ол кезде Керей мен Жәнібек өздерінің көрші моғолдар басшыларымен арақатынасы қалай қалыптасарын да, біреуге кіріптар болудың қандай зардаптары барын да, екеуі де енді бір он жылдан кейін еліне оралып, Шығыс Дешті Қыпшақтағы жаңа мемлекет — Қазақ хандығының іргесін көтерген өздерінің абыройлы болашағын да болжап біле қоймаған еді.

     Қысқасы, хижраның 864 жылының (1459—1460) әлде бір айында Жошы ұрпағы Керей мен Жәнібек соңына ерген қалың жұртымен ол кезде Шағатай ұрпағы (Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдан тараған) билеп тұрған Моғолстан аумағының негізгі құрамы болып табылатын Жетісуға келіп жетеді. Ол кезде, XV ғасырда батыста Талас пен Шу, солтүстік-шығыста Ертіс пен Емілге дейін созылған үлан-ғайыр аймақ Моғолстан деп аталған. Солтүстікте Моғолстан шекарасы Әбілхайыр мемлекетімен шектесіп, Көкше теңізге (XVIII ғасырдан бері қарай — Балқаш) шейін, оңтүстіктегі құрамында Қашқария да болған. Моғолстан — парсы атауы, «Моғолдар елі» деген сөз. Ол монғол сөзінің н қарпі түсіп қалған түрінен шығып, айтылуы да, жазылуы бөлекше болып кеткен Орта Азия монғолдарының аты; моғол деп бұрынғы Шағатай ұлысының шығыс бөлігінің жергілікті хандарының қуатты әскерін құрайтын көшпенділерін атаған.

     Ол жылдарда моғолдардың жоғарғы билеушісі Есенбүға хан еді. Ол Керей мен Жәнібекті, Жошы әулетінен тарайтын басқа да сүлтандарды қошамет-құрметпен қарсы алып, Моғолстанның батысындағы Шу мен Қозыбасы өңірінен қоныс береді. Дешті рулары мен сұлтандары тобының бұл елде тұруы ұзаққа созылады. 1462 жылы Есенбүға өледі де, тағына інісі Жүніс (1462—1487) отырады.

     Ол дәуірде әр түрлі себептермен, әр түрлі жолдар арқылы еркіндік іздеп өз елінен, үйренген ортасынан бөлініп кетіп, жағдайға орай басынан сан түрлі оқиғалар өткізген адамдардың хал-күйін білдіру үшін оларды қазак, (толығымен — келесі тарауда) деп атаған. Керей мен Жәнібек те сондай елден жырақ, қашып-пысып, кешегі өз елі, бүгінгі жауы Әбілхайыр мемлекетінің шекарасын жағалап жүргендіктен де, олар қазақтар аталды. Олардың сол аты мәңгілікке қалып қойды.

     Көршілес Моғолстан жеріне қоныс тепкен, қол астында сан мыңдаған қазағы бар сұлтандар Әбілхайырға жайлы тие қойған жоқ. Сондықтан Шығыс Дешті Қыпшақ басшысы қол жинап, Моғолстанға қарсы мүқият дайындалған жорық бастады. Бұл туралы толық деректі біз Махмуд ибн Уәлидің «Бахр әл-асрар («Теңіздей терең сыр») шығармасынан кезіктіреміз [20]. Әбілхайыр хижраның 874 жылы  күзде жорыққа аттанады. Алатау сілемдерінен өтіп, бірнеше күншілік жердегі Жетіқұдық мекеніне жетеді де, сол жерге жорық шатырын тігеді. Көп ұзамай қатты дауыл тұрып, селдетіп жаңбыр жауады, жаңбыр арты қалың қарға ұласып, қатты аяз басталады да, Әбілхайыр әскері амалсыз іркіледі. Ханның өзі ауырып безгегі ұстап, дірілдеп-қалшылдай бастайды. Халі күн сайын сағат, сайын, нашарлап, ақыры аз күннен соң, елу жеті жасында дүние салады.

     Әбілхайыр хан өлген соң мемлекет ішіндегі саяси дағдарыс одан әрі өрши түсті:

     «… ел ішінде бұлғақ басталды, — деп жазады Ибн Рузбихан [18,265], — Шибан ұлысына хан болу кезегі Шейх-Хайдар ханға жетеді». Бірақ, ортағасырлық мұсылман жазбаларының айтуынша, ол аз уақыт қана билік құрады. Тура сол кезде қалың қазағын ерткен Керей мен Жәнібек өз ұлысына қайтып оралып, Дала саяси билігі үшін тартысқа араласып кетеді.

     Еркін қазақтар мен Әбілхайыр мұрагері әлжуаз Шейх-Хайдар хан арасында басталған соғыста, Шади, Бинаи және белгісіз автордың «Нусратнамасының («Жеңіс кітабы») айтуынша, соңғысы күйрей жеңіледі де, қаза табады. Оның айналасындағы адамдардың біразы қырғынға ұшырап, тірі қалған Шибан ұрпақтары Астрахан жаққа Тоқай-Темір әулетінің төңірегіне қарай қашады. Сөйтіп, бұл өңірдің бірден-бір иесі Керей мен Жәнібек және олардың жақтастары болып шығады [15,78].

     Жазба түпнұсқалардағы деректерді тәптіштей тексере келгенде, бұл тарихи уақиғаның хижра бойынша 875 жылы (14701471) болғанына көзіміз жетеді.

      Сөйтіп, араға қырық жыл салып барып Шығыс Дешті Қыпшақта билік қайтадан Жошы ұрпағы Орыс хан әулетіне көшеді. Бірақ бұл жерде бірқатар маңызды жәйттерді баса көрсетіп кетуге тура келеді, атап айтқанда:

  1. Егер Орыс хан (1377 жылы өлген), оның баласы Құйыршақ
    хан (1395 жыл шамасында өлген), немересі Барақ хан (1428 жылы өлген) Дешті Қыпшақта билеуші болса, XV ғасырдың екінші жарты-
    сынан бастап олардың әулеті Шығыс Дешті Қыпшақ қазақтарының
    басшысына айналды.
  2. Ұлы Дала мен оған жалғас аймақтарда XV ғасырға шейін де
    қазақтар болған. Бірақ ол еркін тайпалар тұрағы қайтадан ыдырап,
    оның біразы бұрынғы қалпына барар еді де, қазақ (еркін ел мағына-
    сында) деген атты ұстап қала алмас еді. Енді, міне, түңғыш рет
    Орыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған еркін
    қазақтар өз елдерінде жоғарғы билікке қол жеткізеді де, өздерінің
    дербес Қазақ мемлекетін (лаулати казак) құрады.
  3. Егер Қазақ хандығы құрылғанға дейін «қазақ» сөзі тек әлеуметтік
    мағынада ғана қолданылып келсе, енді мемлекет болып құрылғаннан
    кейін саяси термин — дербес хандық атауына айналды, ал одан
    кейін жер үстіндегі түріктердің арасындағы ен, саны көп қазақ халқ-
    ының өз этнонимі — төл есімі болып тұрақтанды.

     Қысқаша түйіндер болсақ, Алғашқы Қазақ мемлекеті — Қазақ хандығының құрылуы барысындағы тарихи хал-ахуал осындай болатын. Және сол жағдай Шығыс Дешті Қыпшақтағы Шибан әулеті Әбілхайыр хан мемлекеті құлап, онда Қазақ хандығының құрылуы қарастырылып отырған дәуірдегі дәстүр ауқымында болғанын көрсетеді: орта ғасырларда мемлекеттер белгілі бір билеуші әулет билікке жетсе бірге пайда болып, құласа бірге құлап отырды.

     Енді Қазақ хандығының құрылу уақыты жайлы мәселені неғұрлым егжей-тегжейлі талдап көрелік. Бұл ретте де ең алдымен Мырза Хайдар Дулатқа (1500 —1551) жүгінеміз. Мен «Тарихи Рашидидің» Санкт-Петербургтегі Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институтында сақталып тұрған парсы тіліндегі түпнұсқасының төрт тізімін тілге тиек етіп отырамын. Бұл жайында Алғашқы Қазақ мемлекетінің түңғыш тарихшысы былай деп жазады:

     «Әбілхайыр хан Дешті Қыпшақты түгелдей ез қол астына бағындырып алғаннан кейін, Жошы әулетіне жататын сұлтандардың бірқатары ол тарапынан әлдеқандай қауіптің қара бұлты төніп келе жатқанын алыстан сезіп, соның алдын алуға ұйғарды. Сол мақсатпен Керей хан, Жәнібек сұлтан және солар сияқты бірнеше сұлтан Әбілхайырдан қашып шығып соңдарындағы азды-көп адаммен Моғолстанға барды.

     Ол кезде Моғолстанда хандық құру кезегі Есенбүға ханға жеткен еді. Есенбүға хан оларға айрықша ілтипат көрсетіп қамқорлық жасады, Моғолстанның бір шетінен қоныс беріп, олар онда сенімді тыныштық тауып, тірліктері оңала бастады.

   Әбілқайыр өлген соң Өзбек ұлысында өзара қақтығысулар басталды; бас амандығын ойлағандар шамасы келген кім болса да Керей мен Жәнібекке кетіп отырды. Соның арқасында олар да күшейе түсті.

Олар (Керей мен Жәнібек, солардың жақтастары.) алғашында қашып шығып, өздерінің сансыз көп халқынан бөлініп сырт жерде көшіп-қонып дағдарып жүргенде, былайғы жұрт тілінде қазақ, аталады да, сол атпен қала береді» [2,215].

Басқа бір тарауда Мырза Хайдар нақ осы уақиғаларды былайша әңгімелейді:

     «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан билейтін. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға көп қысым көрсетті. Жәнібек пен Керей хан

одан қашып барып, Жетеге, яғни Моғолстанға жетеді. Есенбұға хан оларды ықыласпен қарсы алып, Моғолстанның батыс шетіндегі Шу мен Қозыбасы аталатын округті береді.

     Олар мүнда жүргенде  Әбілқайыр хан өлімінен соң Өзбек ұлысындағы жұрттың қаймағы бұзылып, берекесі кете бастайды. Әбілхайыр хан қол астындағы елдің көбі Керей хан мен Жәнібек хан жағына ауа көшеді де,олардың маңындағы адамдар саны екі жүз мыңға жетеді. …Қазақ сұлтандары мемлекетінің (Ааулати-салатини қазақ) басталуы — сегіз жүз жетпісінші жылдан (1465—1466). Әйткенмен, бәрі де Аллаға аян».

    Қазақстан тарихнамасында Мырза Хайдар Дулаттың осы деректері (парсы мәтінінде және орысша аудармасында түсініктемесіз) тұңғыш рет келтірілген 1864 жылғы В. В. Вельяминов-Зерновтың «Қасым патшалары мен патшазадалары туралы» кітабының екінші бөлімі жарық көрісімен тарихи әдебиетте хижраның 870 жылын (1465—1466) Әбілхайыр хан өлген жыл, сонымен қатар Қазақ хандығы құрылған жыл деген пікір орнықты [1,136], (Н. А. Аристов, А. П. Чулошников, М. П. Вяткин және басқалар). Бұл датаның қазіргі қазақ халқының тарихы үшін маңызы зор болғандықтан, біз «Тарихи Рашиди» авторы Мырза Хайдардың айтқанына сын талдау жасауымызға тура келеді.

     Жоғарыда келтірілген үзінділерден байқағанымыздай, Мырза Хайдар Қазақ хандығы құрылар алдындағы және түптеп келгенде соған жеткізген оқиғалар тізбегін қатарынан екі рет еске салады да, бірақ бір ғана датамен шектеліп оқиғалардың әрқайсысы қай жылы болғанын таратып жатпайды. Алайда Мырза Хайдардың анық қазақ сұлтандарының билігі басталған жыл деп хижраның 870 жылын келтіруі, анықтай келгенде, қате болып шығады.

     Мырза Хайдардың жазуы бойынша Қазақ хандығы Әбілқайыр хан өлгеннен кейін пайда болады, бұл басқа да көптеген деректермен тұжырымдала түседі. «.Тарихи Рашидиде» анық айтылғандай, Мырза Хайдар Әбілхайыр хижраның 870 жылы (1465— 1466) өлген деп есептейді.

    Бірақ шын мәнінде Әбілхайыр хижраның 870 жылы емес, одан үш-төрт жыл кейін өлген. Парсы тарихшысы Қази Ахмад Ғаффари Казвинидің «Тарихи жахан-арасы» [27,145] бойынша хижраның 873 жылы (1468—1469) немесе XVI ғасырдағы ортаазиялық автор Масуд ибн Усман Кухистанидің «Тарихи Абу-л-Хайр-хан» [28,159] («.Әбілхайыр ханның өмірбаяны») және Махмуд ибн Уәлидің «Бахр әл-асрары» бойынша хижраның 874 жылы (1469—1470) [20,352-353].

     Сондықтан да Қазақ хандығының құрылуы 1469 жылдан бұрын деп белгіленуі мүмкін емес.

     Қазақ хандығының бастапқы тарихы хронологиясында Мырза Хайдар Дулат жіберген мұндай қарама-қайшылыққа таңырқауға да, қымсынуға да болмайды. «.Тарихи Рашидиді» авторы әр жылды мөлшерлеп есіне түсіреді. Оның бәрі әлденеше рет шығыстану әдебиетінде,әсіресе академик В. В. Бартольд еңбектерінде атап көрсетілген де болатын. Бағымызға қарай, біздің, яғни қазіргі шығыс зерттеушілерінің қолымызда «Тарихи Рашидиді» Кашмирде, оқиға өткеннен кейін жетпіс жылдан соң ойша жазып шыққан Мырза Хайдардан гөрі Қазақ хандығының алғы және бастапқы тарихы жайында материал көбірек.

     Енді біз бүкіл хронологияны салыстырып тексере аламыз. Мұсылман күнтізбесінің, сондай-ақ он екі жылдық айналым күнтізбесінің қай жылы болсын өзінің әр түрлі бөлігі арқылы Еуропа күнтізбесіндегі екі жылға келетінін ескере отырып, төмендегі оқиғалар да қосарлы жылмен белгіленеді.

     Әбілхайыр ханның Шығыс Дешті Қыпшақта таққа отыруы — 1428 -1429 жылдар.

     Керей мен Жәнібектің тайпалар мен рулардың бір бөлігін ертіп Шығыс Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайырдан бөліне, Моғолстанның батыс шегіне ауып кетулері — 1459 —1460 жылдар.

      Моғол ханы Есенбүғаның өлімі — 1461 —1462 жылдар.

     Шибан әулеті Әбілхайыр ханның өлімі — 1468—1469 жылдар.

     Дешті Қыпшақтан қашып өздеріне қосылған жаңа босқындар есебінен Керей мен Жәнібектің күшейе түсуі және олардың ерікті көшпенділерінің Моғолстаннан қайта оралуы — 1469—1470 жылдар.

     Қазақ хандығының құрылуы — 1470 —1471 жылдар.

1470 —1471 жылдардан бастап XIX ғасырда патша үкіметі кең-байтақ Қазақ даласындағы хан билігін жойғанға шейін Орыс хан ұрпақтары үнемі бірін-бірі алмастырып келді, бірақ саяси үстемдік енді қайтып Шыңғыс әулетінің басқа тармағының өкілдеріне көшкен емес.

 

 

 

  1. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН БИЛЕУШІЛЕР

 

 2.1. «Қазақ» сөзінің шығуы туралы деректік мәліметтер

 

«Қазақ» — түрік сөзі. Бастапқы нысаны нақ осындай — екі жағынан екі — қ, қазақ болып жазылады. А. И. Левшиннің қазақтар туралы кітабы жарық көрген уақыттан бері (1832) кейбір ғалымдардың еңбегінде парсының ұлы ақыны Фирдоусидің (X—XI ғасырлар межесі) «Шахнамасының» Рүстем жайлы тарауында қазақ халқы, қазақ хандары жайында айтылған деген пікір тараған. Бірақ ол әлдене түсініксіздіктен туған жағдай. Данышпан Фирдоусидің мәңгі өлмес шығармасының мазмұны шығыс зерттеушілеріне жақсы таныс, онда «қазақ» сөзі атымен жоқ [29,218]. Қазақстан Республикасының көрнекті шығыстанушысы Б. Е. Көмековтің көп жылғы зерттеулері көрсеткендей, «қазақ» сезі ежелгі араб авторлары шығармаларында да ұшыраспайды.

     Мұсылман жазба ескерткіштерінде «қазақ» сөзінің алғаш аталуының бірін авторы белгісіз түрік-араб сөздігінде кездестіреміз. Сөздік, тегі, Египетте түзілген болуы керек, Лейденде 1894 жылы М. Хоутсм басып шығарған 1245 жылғы қолжазба бойынша белгілі. Бүл сөздікте «қазақ» сөзіне «үйсіз», «баспанасыз», «қаңғыбас», «аласталған» деген мағынада түсінік беріледі.

     Тарихи әдебиеттерде «қазақ» сөзінің сан түрлі түсіндірмесі бар. Біреулер оны түрік тіліндегі қаз, қазу (рыть) сөзіне немесе кез,  кезу (скитаться), қаш, қашу (бежать, спасаться) сөзіне апарып телиді; екіншілері қаз (гусь), оқ (белый) сөздерінен шыққан деп бұл сөздің адам нанғысыз этимологиясын жасайды; «қазақ сөзін» монғолдың қасақ-тэргэн (арбаның бір түрі) сөзінен шығаруға болатын дейтін зерттеушілер бар. Тағы бірқатар авторлар «қазақ» сөзін касогпен» көне Кавказ тайпасының немесе тайпалар одағының атауы байланыстырады; алайда бүл сияқты жорамал-болжамның бәрі, В. В. Бартольдтың пікірінше, «тарихшы үшін кәдеге жарай қоймайды» [24,156].

     Қысқасы, «қазақ» сезінін, сенімді этимологиялық түсінігі әзірге жоқ. Бірақ «қазақ» сөзінің шығу тегі қандай екендігіне қарамастан, оның әуел баста еркін, үйсіз-күйсіз, кезбе, аласталған, сонымен қатар ержүрек, өр адам деген мәндегі атау мағынасы болғаны дау тудырмасы анық.

     Сөйтіп, ешқандай саяси болмаса этностық мағынасы жоқ «қазақ» сөзі әрбір өз жұртынан, өзінің заңды билеушісінің қол астынан бөліне көшкен, сөйтіп тәуекілшілеп һмір сүруге мәжбүр болған өз еркі өзіндегі адам дегенді білдіреді. Айта кететін жайт, түріктің осы сөзі орыс тілінде де сол мағынада қолданылады. Русьте казактар деп арнаулы бір кәсіппен айналыспайтын адамдарды, жалдамалы батырақтарды, қысқасы өз еркінше жүрген адамдарды айтқан. «Казак» сөзі XIV ғасырдың аяғында Русьтің терістік аумағында тіркелгенімен, тарихшылар орыс казачествосының отаны Қыпшақ даласымен шекаралас оңтүстік Русь жері болғанын мойындайды. Бұл аймақтағы тұрмыстың ыңғайы олардың әскери қауымдастық ретінде қалыптасуына ықпал етті. Басқаша айтар болсақ, «қазақ» сөзінің түпкі мәні — әлеуметтік мән. Ол — дәл осы сәттегі жеке адамның, ұжымның өз билеушісіне, қоғамға, мемлекетке қатысты жағдайы, күйі, мәртебесі. Мәселен, айналасына сыймай ел кезіп, өзін-өзі қылыштың жүзімен асырап жүрген адам — қазақ, жора-жолдассыз жалғыз өзі қатерлі де шалғай жолға шыққан адам — қазақ, Бабырдың сөзімен айтсақ, «көзсіз ерлікпен жауының жылқысын айдап әкетпей тынбайтын» жаужүрек жігіт — бұл да қазақ.

     Кейде өз еркімен не әлде бір жағдайға байланысты еріскіз қазақы өмір сүретін адам қашанда аз болмаған. Оған ол кездің күнделікті тірлігі де қолайлы еді, оның үстіне сол кездің түсінігі бойынша, «Тарихи Рашиди» авторы айтқандай, ер-азаматтың жас шағында елден жырақ, шөлді жерде, тау мен орман ішінде, ауылынан шалғайда өмір сүріп, жүгірген аң, ұшқан құс етімен тамақтанып, бас кетер қатерге бара жүріп ұстаған аң терісін үстіне іліп жүрудің өзі ерлікке парапар болған.

     Кез келген адам, ол түрік пе, парсы ма, көшпелі малшы немесе жеті атасынан үзілмей келе жатқан ақсүйек төре ме, «қазақ» болып кете алатын еді. Біраз уақыт Тоқтамыс ханның тұңғыш ұлы Жалад-Дин де, Шибан әулеті мемлекетін орнатқан Әбілхайыр да, оның немересі Мұхаммед Шибан да, Шағатай ұрпағы Уәйіс сұлтан мен Саид сұлтан да «қазақ» болып жүрген. Қылыштасудан алдына жан салмайтын Әмір Темір ұрпағы Сұлтан Хусейн де кеп айлар «қазақ» болып жүрген. Өзінің әйгілі «Жазбаларында» Бабыр да «қазақ аталып», таулы аймақ Масчадан Сұлтан Махмуд ханға бармақ болғанын есіне алады.

     Бұл жерде қазақ болған адамның өз бетінен қайтып, бұрынғы қалпына қайта келуіне, ежелгі өз ауылына қайта оралуына болатынын баса айту керек. Жоғарыда біз атап өткен ақсүйек түқымдарының бәрі де сөйткенін көреміз. Сұлтан Хусейн мен Сұлтан Саид кейін әрқайсысы өз елінде патша болды. Мүхаммед Шейбани мен Захир ад-Дин Бабырлар өз алдына дербес мемлекеттерін құрды.

     Сөйтіп, сонау бір ескі заманда қазақ болу әркімнің өз қолындағы нәрсе еді. Иран және түркі тілдес деректер түпнұсқаларында қазақтың тұрмыс-халін көрсету үшін қазақ болу, казачество, ел кезу, еркіндік дегенді білдіретін қазақлык, зат есімі, сондай-ақ қазақламақ, етістігі қабылданды.

     «Казачество кезінде» деген ұғым түркі тілді деректемелерде әдетте казақлықта, казаклыкларда, иран тілділерде дар аййам-и қазақ), муддат-и қазақ, сөздері арқылы беріледі.

     Қазақтың тұрмыс-халі қарабайыр екені белгілі. Содан барып «каза-қына», яғни «қазақша», «қарапайым» үғымдарын білдіретін сөз, түріктің қазақ, деген сөзіне парсының ына қосымшасы жалғануынан барып туған сөз шыққан. Ортағасырлық деректеме мәтінінде бұл сөздің қалай қолданылғанынан бір мысал. Шағатай нәсілі Сұлтан Ахмад нағыз дала баласы еді, қарадүрсін қатаң тірлік кешті. Бабыр Таңбала әмірге қарсы 1502 жылғы жорығы кезіндегі Сұлтан Ахмадтың «баспанасын» суреттеген.

     Бабыр Сұлтанға келіп жеткенде, ол оның қолынан алып, өзінің «ұядай шағын шатырына» кіргізеді. «Сұлтан Ахмад шеткері жерде өскендіктен,

— деп жазады Бабыр, — оның тұрып жатқан шатыры да, тұрмыс-халі де барынша жұпыны, қазақша (қазақына) екен. Қауын, жүзім, ат-әбзелдері де осы өзі тұратын аядай шатырда үйіліп жатты».

     Қазақ, әрине, өзінің «қазақлығын» жалғыз-жарым өткізе бермеген. Еркін қазақпен бірге оның болашағы беймәлім тірлігін теңдей бөліскісі келетін адам, оған қазақтас болған. Қазақтас сөзін (оның негізінде белгілі үлгі: йолдаш — серіктес, аркадаш — жолдас, ауылдас — жерлес, ватандаш — отандас жатыр) мен екі-ақ жерде — әл-Хаджа Абд әл-Ғаффар Киримидің «Умдат ат-тауарих» («Тарихтар негізі») шығармасында және XVII ғасырдағы осман авторы Эвли Челебидің Қырым хандығын суреттеген «Саяхаттар кітабынан» ғана кездестірдім.

     Қазақтас. Қызық сөз! Бірақ оны орысша қалай лайықтап аударуды білмедім.

     Ортағасырлық мұсылман авторлары тіпті «қазақтардан тұратын қоғамдарды», джама’ати қазак, деп те атаған. Мұндай ұжымдар әр кезде, түрлі себеппен әр жерде пайда болып отырған. Кей-кейде, деп жазады XV ғасырдың тарихшысы Әбдіраззақ Самарқанди, «өзбектің жекелеген жауынгерлері қазаққа айналып», Мазандаранға (1440— 1444 жылдарда Каспий теңізінің оңтүстік жағалау аймағы осылай аталған) келіп, айналасын ұрлап-тонап, кері қайтып жататын. Кейде «қазақ бірлестігі» таққа таласып жүріп бас сауғалаған үміткер мен оның сенімді жақтастарынан құрылған, иен даланы еркін жайлаған топ болып та шығатын.

     Біз сөз етіп отырған дәуірде «қазақ» сөзі жекелеген этностық, саяси және басқа топтарға, кейде тіпті жеке адамдар атына қосылып айтылған. Мәселен, моғол қазақтары, ноғай қазақтары, Дешті қазақтары, қызылбас қазақтары, сондай-ақ «Таңбала әмір қазақтары», «біздің қазақтар» (Бабыр), «шибан қазақтары» болған.

    «Қазақ» сөзі сондай-ақ белгілі бір топтың, әр түрлі себептермен өз мемлекетінен ажырап қалған, қазір онымен соғысуға мәжбүр болып жүрген көшпенділердің бір бөлігіне де таңылып келді. Міне, сондай топтың, қазақтардың біріне Әбілхайыр хан мемлекетінің оған қарсы шығып, оның билігінен бөлініп кеткен Орыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібектерге қосылып жат жерден бақыт іздеген көшпенділері де жатады. Бұл жерде нақ сол ауа көшудің себептеріне тоқталып жатпаймыз, — бүкіл сол уақиғада кейін, 1459—1460 жыл-дары болған жайлар анағұрлым маңызды.

     Әлбетте мынадай сұрақ туады: Керей мен Жәнібектің ауа көшіп кетуінің қазақ халқының этногенезіндегі рөлі қандай? Керей мен Жәнібек

маңындағы қазақтар бірлестігі саяси және этностық тұрғыдан қандай бірлестік еді?

     Керей мен Жәнібектің Жетісу жеріне көшіп кетуі, сөз жоқ, қазақ халқының этногенезінде шешуші рөл атқарды. Бірақ халықтың өзінің қалыптасуындағы емес, оның қазіргі атының біржола бекіп қалуындағы рөлін айтамыз. 1459—1460 жылдардағы ауа көшуден қазақ халқы пайда болған жоқ, ол халықтың бұған дейін де жүріп жатқан қалыптасу үрдісін одан әрі жеделдетті.

     Қысқасы, ол көш қазақ халқының ұлт болып қалыптасуының бастауы да, жетер межесі де болған жоқ. Бірақ ол сол әрқилы аспектіден тұратын үрдістің ең басты қозғау күшінің бірі болды: қалыптасып жатқан халықтың өзінің болашақ есімімен тарихи тоғысуы осылайша Жетісу даласында жүзеге асты. Осыдан былай Орыс хан әулетін жақтаған адамдардың тарихы мен «қазақ» сөзінің тарихы тұтасып біте қайнасып кетті. Ендеше Керей мен Жәнібектің көшуі «қазақ» сөзінің де тарихи тағдырын біржола шешіп берді.

     Шибан ұрпағы Әбілхайыр өлгеннен кейін Керей, Жәнібек және олардың қасына ергендер үшін туған елге қайтуға жол ашылды, қайтып оралған соң көп ұзамай олар жоғарғы билікті өз қолдарына алды. Сол оқиғалар тел қазақ мемлекеттілігінің бастау негізі болды.

     Әбілхайыр мемлекетіндегі билік ұстаған әулетті Жошы әулетінің басқа бұтағынан тарағандар алмастырғанымен, елдің экономикалық һәм әлеуметтік құрылымында елеулі өзгеріс бола қойған жоқ. Бірақ осы оқиға түптің түбі мемлекет атының өзгеруі мен «қазақ» сөзінің этностық мазмұн алуына жеткізді.

     Дала халықтарын өз қол астына біріктіру жолындағы қатал бәсеке күресте қазақтарды, одан соң мемлекетті де басқарған Орыс хан ұрпақтары жеңіп шықты. Шыңғыс ханның баласы Жошының Шибанынан тараған ұрпақ бұдан әрі жан-жаққа бытырап, біріктіруші болуға жарамсыз болып шықты.

     Шығыс Дешті Қыпшақтағы «өзбек» жиынтық атауы біржола жойылды. Бұрын осы өңірді мекендеген тайпалар енді әрқайсысы өз атымен өзбектер (шибандықтар), қазақтар және маңғыттар (ноғайлар) деп атала бастады.

Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы сол кезгі этностық-саяси жағдайды 1510 жылы өлген Мұхаммед Шайбан хан сарайының ең хабардар бір тарихшысы Ибн Рузбихан былайша сипаттайды.

    « Шыңғыс хан иелігіндегі елдің сүт қаймағы саналған үш тайпаны өзбектер деп біледі. Бұл күнде олардың бірі — шибанлықтар, ұлы мәртебелі хан (Шибан хан. ) бірқатар аталарынан кейін оларды билеп отыр. Екінші тайпа — қазақтар, бүкіл әлемге күшімен, жаужүректілігімен аты шыққан, үшінші тайпа — маңғыттар… Бұл үш тайпаның хандары ұдайы бір-бірімен дүрдараз, біріне-бірі көз алартумен келеді» [18,365].

     Бір сөзбен айтқанда, саяси және этностық жағынан Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындарының аражігін ажырату үрдісі XV ғасырдың 70—

90-жылдарында шын мәнінде аса тереңдеп, енді ешкімге бой бермес дәрежеге жетіп еді. Сөйте тұра, үрдістің өзі өте баяу, ілби басып жылжыды; бұдан әрі қаншаға созылары да, немен тынары да белгісіз болатын. Бірақ дәл осы кезде Тарих доңғалағы кенет басқаша айналып жүре берді.

     Жаңа, XVI ғасырдың басында Орталық Азия тарихына аса зор саяси, этностық және басқа өзгерістер келген бірқатар оқиғалар болып өтті. Шибан әулетінің басшысы Мұхаммед Шейбани  көрші елдегі саяси ыдыраушылықты тиімді пайдаланып, 1500 жылы Шығыс Дешті Қыпшақтан шыққан бетінде Бұхараны басып алды, ал келесі жылдың мамырында Әмір Темір ұрпағы Бабырды қуып, Самарқанды тартып алады. Олардың әскери табыстары үдей түседі де, Бабыр ақыры қашып шығып, немере ағасы моғол ханы Махмұдты паналауға мәжбүр болады. 1503 жылы Ақси маңында Шейбани ханнан ол да жеңілген соң, Қабұлға бет алады.

     Бұл кезде шағын-шағын үлестерге бөлініп ыдыраған Әмір Темір иеліктерін жаулап алу жолындағы Шейбанидің жеңісті жорығы жалғаса түскен. 1505 жылы Шейбани хан Әмударияның төменгі саласындағы Хорезмді (Хиуаны) жаулап алады. 1507 жылдың мамырында Шейбани хан өз әскерімен Хорасан шекарасына барып кіріп, Герат, Астрабад, Гурган және басқа қалаларды иеленеді. Темір нәсілі Сұлтан Хусейннің ұлы әрі мұрагері, Дешті Қыпшақ өзбектерімен (шибанАык,-тармен) күрестегі ең соңғы үміт артқан Бади аз-Заманның өзі алдымен Әзірбайжанға, одан әрі Түркияға қарай ауып, ақыры Стамбұлда көз жүмады.

     Орта Азиядағы Темір әулетінің билігі жойылып, оның бұрынғы әулетінің негізгі аумағында жаңа әулет — өз тамырын Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның баласы Шибаннан (Сыбаннан) алатын Шибан әулетінің билігі орнады. Тарихи әдебиетте көбінесе қате жазылып жүргендей Шайбан емес, Шибан әулеті. Өйткені Орта Азияда Шибан әулетінің мемлекетін орнатқан Әбулфатих Мұхаммед Шейбани ханның (толық аты осылай еді) ез кіндігінен тараған ұрпағы ешқашан ешбір жерде билік басында болып көрген емес. Шибан әулетінің бұл бұтағы Мәуереннахрда хижраның 1007 жылына дейін (1598—1599) билік құрды.

     1510 жылы Мұхаммед Шейбани хан Мерв түбінде қызылбастармен шайқаста жеңіліп, қазаға ұшыраған соң, Хорезм аз ғана уақытқа парсы шахы I Исмаилдың қолына өтеді. 1511 жылы Мұхаммед Шейбанидің атасы Әбілхайыр ханның ежелгі саяси бәсекелесі, өзі де Шибан әулеті Бүреке сұлтанның балалары ағайынды Елбарыс пен Белбарыстар өздеріне ерген Шығыс Дешті Қыпшақ «өзбек-шибандықтармен» бірге жорыққа аттанып, иран шахының қойған билеушісін айдап шығып, Хорезмге орнығады да, онда, Әмударияның төменгі саласында, ғылымда Хиуа хандығы аталып кеткен өздерінің дербес мемлекетін құрады. Әулеттің бұл тармағының (Жошы хан баласы Шибан ұрпақтарының ерекше тармағы) Хорезмдегі билігі хижраның 1106 жылына (169-4—1695) дейін созылады.

     Дешті Қыпшақ көшпелі тайпаларының Темір әулеті мемлекетін жаулап алуы, Мәуереннахрда екі дербес өзбек хандығының — бас қаласы Самарқан, одан кейін Бұхара болған Бұхара хандығының және орталығы әуелде Үргеніште, ал кейін Хиуада болған Хиуа хандығының құрылуы қазіргі өзбек және қазақ халықтарының этностық-саяси тарихындағы аса маңызды оқиға болады.

     Осы арада екі жағдайды баса айтқым келеді. Біріншіден, Шибан әулетінің басты-басты екі бірдей тармағының Даладан кетуінің нәтижесінде Дешті Қыпшақ көшпелі тайпаларының біразы Мәуереннахр мен Хорезмнің бағындырылған өңірлеріне қарай жаппай жылжып, сол маңнан екінші отан тапты. Бұл мәселе бойынша деректерді зерттей келе, Даладан Мәуереннахр мен Хорезмге ауған Дешті Қыпшақ көшпенділерінің саны үш жүз алпыс — төрт жүз мың шамасында болғанын байқаймыз. Екіншіден, Шибан ұрпағының көптеген адамдарды ертіп, қазіргі Қазақ даласы аумағынан біржола кетуі Мәуереннахр өзбектері мен Шығыс Дешті Қыпшақ қазақтары арасындағы тұрмыс, салт-сана, дәстүр. мәдениет тұрғысында өзгешеліктер болуына әкеліп соқты.

     Шибан ұрпағына ерген көшпелі тайпалардың бірсыпырасының Мәуереннахр мен Хорезмге қарай аууына байланысты Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындарының аумақтық-этностык,, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-тұрмыстық өзгешеліктерінің шығуы этностық жаңа қауымдастық — қазақ халқының біржола қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Шығыс Дешті Қыпшақ «өзбек» және «қазақ» деген терминдердің тарихи тоғысқан орны болудан арылды. «Өзбек» сөзі Шибан ұрпағымен бірге Мәуереннахр мен Хорезм аумағына өткен тайпалардың атына айналды. Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісу жерінде көшіп жүрген қалпында қалған Жошы әулеті Орыс хан ұрпағының қол астына біріккен түркі тілдес тайпалар мен рулар «қазақ» атын түпкілікті иемденіп, олардың елі Қазақстан атала бастады.

      Сол кезден бастап қазірге дейін осы бір еуразиялық ұлан-байтақ елдің түпкілікті тұрғындары өздерін тек қазақ деп қана атап келеді.

     Сөйте тұра орыс тіліндегі әдебиет пен құжаттарда XVIII ғасырдан XX ғасырдың 30-жылдарына дейін көптеген жылдар бойына Қазақстанның байырғы халқын атау үшін «қырғыз» (көршілес түркі тілдес халықтың атауы, олар орыс құжаттарында қара қырғыз, буруттар, жабайы тау кырғыздары деп аталып келген), немесе бірде кырғыз-қазак,, бірде қырғыз-қайсак, (бұл жерде «қайсақ» сөзі түріктің «қазақ» деген сөзінің бұрмалануы ғана) деген сөздер қолданылды. Қате атаудың қазақтарға таңылуының әрбір жағдайының өз түсіндірмесі бар, сондықтан арнайы қарастыруды талап етеді.

     «Казах» сөзі — осы күнгі жер аумағы жағынан барлық түркі елдерінің алдында түрған көп миллион халқы бар ұлттың қазіргі ресми орысша аты — түркіше «қазақ» сөзінің орысша нұсқасы болып табылады. Г. Ф. Благованың анықтауынша, «казах» сөзінің орыс деректерінде алғаш қолданыла бастауы 1822 жыл екен де, сөздіктерде бұл сөз 1865 жылы пайда болыпты. Қазақ түркі сөзінің орысша казах нұсқасының ресми орнығуы 1936 жылы Қазақстанның әкімшілік-шаруашылық тұрғыдан қайта құрылуымен байланысты.

 

Ыждағатты оқырман екі жағдайға қалайда назар аударған болар:

біріншіден, бұл шығармада, әсіресе оның төртінші және бесінші тарауында шығыс терминдері жиі ауызға алынады, кей тұста тіпті парсы және түркі тілдерінде кішігірім үзінділер де келтірілген;

екіншіден, автор ортағасырлық жазбаша түпнұсқалардан алынған тарихи материалмен шығармашылықпен жүмыс істеудегі өзінің «әдіс-амалдарын» осы жағдайда қаншалық мүмкін болғанынша көрсетуге тырысып бақты.

Аталмыш тараулар үшін материалды ұсынудың осындай тәсілін таңдағаннан соң мен төмендегі бұлтартпас ақиқаттардың есте қалуын ойладым:

Түркілер тарихы жөніндегі жазба ескерткіштердің көбі түркі
тілінде жазылған емес, сондықтан түркі халықтарының өткен тари-
хын зерттеу үшін түрколог болып қою жеткіліксіз, сонымен қатар
қай дәуірді зерттемек ниетіне орай синолог (қытай тілінің маманы),
араб, иран тілдерінің де маманы болу керек.

Шығыс тарихын зерттеу дегеніміз тек шығыс тілдерін біліп
қана қою және тиісінше білім қоры болу ғана емес, сонымен бірге
басты-басты ғылыми әдістерді білу және оларды қолдана білу.

Қысқасы, шығыстанушы-тарихшы мамандығы өте кеп еңбектенуді қажет ететін, бірақ, иланыңыз, барынша қызғылықты да тартымды мамандық.

       

2.2 Қазақ хандығының негізін қалағандар

 

     Естеріңізге сала кетейін, Қазақ хандығының негізін салған қос сұлтан — Керей мен Жәнібек. Бұған ешқандай таңырқауға болмайды. Екі немесе әлденеше туысқандардың күш біріктіруімен мемлекет құру мысалдары Азияның ортағасырлық тарихында жетіп артылады. VI ғасырдағы Түрік империясын да, XI ғасырдағы Селжұқтар мемлекетін де ағайынды екі адам құрған. XVI ғасырдағы Хиуа хандығы да Елбарыс пен Белбарыс сынды ағайынды екеуінің бірлескен қарекетімен құрылған болатын. Ағайынды екеуі жайында Әбілғазының «Түркілердің ата-бабалары туралы» аталатын шығармасында толық әңгімеленеді. Ол әңгіменің жан-жақты әсері болғандықтан, қысқаша мазмұнын бере кеткім келеді.

Шыңғыс хан ұлы Жошы, Жошы ұлы Шибан ұрпағы Буреке сұлтанның (XV ғасыр) соңында екі ұл: үлкені Елбарыс, ел ішінде Биликич (бұл арада — Таңбалы) аталып кеткен кішісі Белбарыс қалады. Күндер жылжып, айлар өтіп, жылдар құрайды, екі бала да ержетіп, соқталдай ержүрек жігіт болады. Содан олар өздеріне ерген адамдарымен Шығыс Дешті Қыпшақтан жорыққа аттанып, 1511 жылы Үргенішті, Хиуаны, Хазараспыны жаулап алып, сол Әмударияның төменгі саласында өздерінің тәуелсіз хандығын орнатады. Елбарс Уәзір қаласында тұрады да, Белбарыс одан сәл батысқа қарай орналасқан Жаңа шәһәрда орналасады.

Әрине, жаңа хандық әдеттегідей қанды жорықтар арқылы құрылып нығайған болатын. Ағайынды екеуі де жауынгерлерін шайқасқа өздері бастап шығып, қауіп-қатер, қиындықтың бәрін солармен бірге көреді. Бірақ қызығы басқа еді.

Емшектегі кезінде ауырып, мүгедек болып қалған Белбарыстың (Биликич) екі аяғы да қара санға дейін семіп, жамбастап қалған еді де, сондықтан атқа салт міне алмай, арбаға отыратын. Бір кісілік ыңғайлы арба жасатып, оның доңғалақтарын темірмен құрсаулатты. Арбасына ең ұшқыр арғымақтарды жектіріп, темір білек жігіттерді қасына ерткен ол, Абулхан мен Маңғыстау арасын ұдайы кезіп, талан-таражға қатысатын. Өзі де құралайды көзге атқан мерген, ержүрек жауынгер болатын. Екі доңғалақты арба үстінде тізерлеп тұрып алып — сырт көзге жатқан сияқты көрінетін, — жан-жақтан қарша жауған садақ оғына қарамай ілгері тарта беретін. Көзсіз батырлар бастаған не бір қызу шайқас кезінде ол үнемі алда жүретін. Арбасының алдына қарай еңкейіп алып, өз жігіттеріне: «Солай! Солға! Алға! Кейін!» — деп бұйрық беретін. Арба үстінде салт аттылардан қалыспай шайқасатын. Оның жорыққа арналған, ең жақсы арғымақтар жегілген жеп-жеңіл арбасы салт атты жауынгерлерден қалыспаушы еді.

   Міне, осылай салт атпен де, арбамен де құйғыта жүріп, ортағасырлық Азия көшпенділері өз империясын құрған болатын.

Енді Ұлы Далаға қайта оралып, Керей мен Жәнібек жайлы әңгімемізді жалғастырайық.

Белгісіз автордың «Шейбани-намасында» Қазақ хандығын құрған сұлтандардың екеуі де 1428 жылы өлген Барақ ханның балалары делінген. В. В. Вельяминов-Зернов та (1864 жылғы жарияланымы), одан кейінгі XIX—XX ғасырлар зерттеушілері де бұл екеуін бірге туған адамдар деп келді [1,76]. Әйтсе де, «Муизз әл-ансаб» (XV ғасыр) және «Нусрат-нама» (XVI ғасыр) сияқты Жошы әулетінің ата-тегі толық көрсетілген еңбектерге сүйенсек, бұлар Орыс ханнан тарайтын біршама алыс ағайындар ғана екен.

Керейдің ата-тегі: Орыс хан, Тоқтақия, Әнеке-Болат, Керей.

Жәнібектің ата-тегі: Орыс хан, Құйыршақ, Барақ, Жәнібек [15,336].

Сөйтіп, Қазақ хандығы Жошы нәсілінің Керей мен Жәнібек секілді екі сұлтанының бірлескен қаракетімен құрылды. Бірақ, делінген Махмуд ибн Уәлидің «Бахр әл-асрарында», «алдымен падишах атанғаны Керей», яғни қазақтардың аға хан көтерген адамы сол.

Бұл жерде палишах (палшах) сөзінің парсының көне сөзі екенін, пал (сөзбе-сөз — сақшы, сақтаушы) және шах (сөзбе-сөз — асыл текті, ұлы) сөздерінің бірігуінен жасалғанын айта кетуге тиіспін. «Падишах» сөзі Алдыңғы және Орта Азия елдерінде монархтарының қай-қайсысына да қарата айтыла беретін үйреншікті лауазым болған [20,254].

Махмуд ибн Уәлидің сөздері «Тарихи Рашиди» деректерімен де, Мұхаммед Шейбани хан тұсындағы ортаазиялық тарихи шығармалар мәліметімен де толық қуатталады. Бұл баян деректер беттерінде Керей қазақтардың жасы үлкен ханы ретінде аталады. Керейдің хандық құруының жай-жапсары бізге белгісіз. Оның есімі соңғы рет хижраның 878 жылына (1473—1474) қатысты деректерде айтылады. Сірә, ол сол жылдары өлсе керек.

Керей ханның ұлдары көп болған, деп жазады Мырза Хайдар Дулат, бірақ олардың атын атамайды. Ал «Муизз әл-ансаб» пен «Нусрат-намада» келтірілген Жошы әулетінің шежіресі бойынша Керейдің Бұрындық, Қожа Мұхаммед, Сұлтан Әли аталған үш ұлы, бірнеше қызы болған [15,336].

Жәнібек жайындағы қолда бар деректер де өте аз. Барлық жазба нұсқаларда оның есімі  ылғи дерлік Керей хан есімімен бірге аталады. Оның шын аты Әбу Саид екені белгілі, Жәнібек лақап аты, бірақ ол Жәнібек атымен көбірек белгілі. Оның тоғыз ұлы, бірнеше қызы болды.

Жәнібектің қай жылы өлгені, Қазақ хандығын құрысқан осы бір адам жеке-дара ел биледі ме, жоқ па деген сауалдарға біз жанама ғана деректер келтіре аламыз, дәл айтылған сілтеме жоқтың қасы. Мәселен, «Тарихи Рашидиде» мынадай сөздер бар:

«Жоғарыда аты аталған Қасым хан Жәнібек ханның баласы еді. Ол өз әкесі сияқты барлық жағынан Бұрындық ханға бой ұсынып, бағынатын».

Осы сөздердің өзінен-ақ Жәнібектің Бұрындық ханның әкесі Керей ханнан кейін де өмір сүргенін, хан деп атала тұрғанымен, жеке дара билік құрмағандығын аңғарамыз [2,218].

Соңғы жағдайға қымсынудың қажеті жоқ. Бір мемлекетте бір уақыт ішінде бірнеше сұлтан хан деп аталған жағдайлар аз емес. Мәселен, шибандықтар мемлекеті Мәуереннахрда, оның іргесін қалаған Мұхаммед Шейбани хан 1510 жылы өлгеннен соңғы жағдайға байланысты хан атағын бір мезгілде Сүйіндік Қожа, Көшкінші, Мұхаммед-Темір және Убайдулла сияқты төрт сұлтан иемденген болатын. Бірақ аға хан Көшкінші (Көшім) болып қала берген.

Сөйтіп, Керей хан мен Жәнібек ханның нақ қашан өлгені де, жерленген жері де белгісіз. Бірақ аттары қалды. Ұрпағы қалды. Олар құрған, ұзақ ғұмыр бұйырған хандық қалды. Қазақ халқының түрлі мемлекеттік бірлестіктерге бытырап, саяси бөлшектелуін жоюға әрекет жасау Жошы ұрпақтары Жәнібек пен Керейдің үлесіне тиді. Олардың басқа Шыңғыс ұрпақтарымен (негізінен алғанда Шайбани ұрпақтарымен) бұрынғы Жошы ұлысының мұраға қалған жерлерінде билік жүргізу құқығы жолындағы тайталастағы әулеуметтік мүдделері топтасқан халықтың дербес мемлекет құруға ұмтылысын объективті түрде бейнелеген еді. Қазақ хандары жалпы мемлекеттікке және ұзақ уақытқа созылған өзара байланысты Шығыс Дешті Қыпшак, Жетісу және Түркістан аумағын мекендеген этникалық топтардың этникалық-саяси, шаруашылық-мәдени дамуы арқылы бірігуге дайындалып та қойған жерлерді топтастырғанын атап көрсеткен жөн.

Әбілқайыр хандығы мен Моғолстанның әлсіреуі және ыдырауы жағдайында аталған кең байтақ аймақтың рулары мен тайпаларынын, ең ықпалды көсемдері саяси тәуелсіздікке ұмтылды немесе әлдебір Шыңғыс ұрпағы арқылы қамқоршы іздестірді. Олардың көбісі алғашқы қазақ хандарының біртұтас мемлекет құру мен оны нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерін қолдады.

Қазақ рулары мен тайпаларының едәуір бөлігі сонау 40—50-жылдардың өзінде Қазақстанның оңтүстігіндегі жерлерде — Қаратау баурайларында, Сырдарияның төменгі ағысында, Түркістанның солтүстік бөлігінде Керей мен Жәнібектің төңірегіне топтасқан еді. Әбілқайыр хан қырда өз билігін нығайту жолындағы күреспен, көптеген Жошы ұрпақтарының және рулар мен тайпалардың бағынбаған басшыларының қарсылығын басумен әлек болып жүргенде, Ақ Орда хандарының мұрагерлері бұл аумақта тұрақты билігін қамтамасыз етіп алды.

Тарихи әдебиетте Ұрұс хан, ал сол арқылы Барақ хан мен Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей де Орда-Еженнің ұрпақтары деп саналатын болған, дегенмен бұл деректемелерде нақты мәліметтер жоқ. Теңге деректері мен Му’ин ад- дин Натанзидің «Мунтахаб ат-таварих Му’ини» шығармасының мәліметтеріне қарағанда, Ұрұс ханның генеалогиясы Сасы-Бұға ханға барып тіреледі: Сасы-Бұға — оның ұлы Ерзен хан (Лэн Пуль Стенлиде Ерзеннің орнына Мүбәрак-Қожа хан аталған) — оның, ұлы Шымтай — Шымтайдың ұлыҰрұс хан. Алайда, бұл деректемеде Сасы-Бұғаның тегі Орда-Ежен емес, Алтын Орданың әмірі Ноғай деп саналады, бұл басқа деректермен қуатталмайды[26,138]. Рашид ад-Диннің айтуынша, Ақ Ордада Сасы-Бұғаға дейін Орда (Орда-Ежен) — Сартақтан (Сартақ) — Қуынжы (Қоңшы) — Байан билік еткен Сасы-Бұғаның Орда ұрпақтарының бұл тармағымен генеалогиялық байланысы дәлелденбеген, дегенмен де дәстүр бойынша Ұрұс хан Орда-Еженнің ұрпақтарынан шыққан деп саналады [25,316].

Жошы ұрпақтарының генеалогиясына қатысты басқа деректемелерде (авторы белгісіз «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме», Махмұд бен Әмір Уәлидің «Бахр-әл-асрар фи манакиб әл-ахийары») қазақ хандарының генеалогиясын Жошының 13-ұлы Тоқа-Темірге апарып тірейді: Жошы — Тоқа-Темір — Үз-Темір — Қожа — Бәдік — Ұрұс хан — Каруджак, (Құйыршық) — Барақ—Жәнібек хан, оны Бу Са’ид деп те атаған. Керей хан мен Жәнібек ханды Махмұд бен Уәли «Жошы ханның ұлы Тоқа-Темір ханның ұрпағына» жатқызады [20,396].  Барақ сұлтанның ұлы Жәнібек хан Тоқа-Темірден шыққан Қадырғали Жалаири де Ұрүс ханды Жошының 13-ұлы Тоқа-Темірдін ұрпағы деп атайды [30,295]. Бұл шығармаларда келтірілген генеалогияларда кейінгі кездердегі қазақ хандары мен сұлтандарының есімдері бар, оларды XV ғасырдағы басқа да бірқатар деректемелер растаған. Барақтың, Жәнібектің, Керейдің, Бұрындықтың ұлдары мен қыздарының есімдері келтірілген; олардың анықтығы күмән туғызбайды. Олардың арасындағы туыстық қатынастар туралы мәселені шешудің XIV—XV ғасырларда Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттік құрылымдардың саяси тарихы фактілерін түсіну үшін зор маңызы бар. Ұрүс хан мен оның ұрпақтарының Жошы тармағындағы Тоқа-Темірден тарайтындығының немесе олардың тегі Орда-Еженмен байланысты болуының принципті маңызы жоқ. Олардың екеуі де дәстүр бойынша Ақ Орданың дәрежесі тең билеушілері деп саналған, өйткені Тоқа-Темір ағалары Орданың ұлысында үлес берілген және бәрі бірігіп Жошы иеліктері мен әскерінің сол жақ қанатын кұрған ағайынды төртеудің (Удурмен, Шингкуммен және Шинкурмеи бірге) ішінде болған. Тоқа-Темір ұрпақтары XIII ғасырдың өзінде-ақ Орда-Ежен ұлысына жатады деп саналған. Бірақ XIV—XV ғасырлар шебінде Алтын Орданың ыдырауы кезеңінде олардың көбі оның Сарайшықтағы  тағына үміткер болды. Бұл жөнінен Сарайшықтағы 1428—29 жылы орнығып алған Ұлық-Мұхаммсд ханның, сонан соң оның інісі, Сарайды 1438 жылы алған Кіші-Мұхаммед ханның мейлінше жолы болған еді. Шайбани ұлысының ханы Әбілқайыр, — деп хабарлайды Махмұд бен Уәли, — Ұлыстағы билікті қолына алған бойдан ақ өз иеліктерін әлгі Тоқа-Темір ұрпақгарынатәуелсіз, яғни Алтын Ордаға тәуелсіз деп жариялаған. Батысқа кеткенде Тоқа-Темір ұрпақтары өздерін дәстүр бойынша Ақ Орда аумағының, соның ішінде Шайбани ұлысының да заңды иеленушілері деп санаған.

Осы әулетке жатқан Ахмет хан мен Махмұд хан (олардың генеалогиясы: Жошы—Тоқа-Темір — Үз-Темір—Абай — Томған — Қүтлық — Темір — Темірбек — Темір — Құтлық хан — Темір — (Кіші) Мұхаммед хан — Ахмед хан және Махмұд хан) Әбілқайыр ханға келіп қарсылық көрсетті. Шайбанилік ханның 1431—1432 жылы әскерімен Хорезмді шабуға кеткенін пайдаланып, сол жерлерден үміткер және сол кезде Арал өңірінде көшіп жүрген Ахмет пен Махмұд өздерінің іс-қимылын жандандыра түсті, Ма’суд Кухистанидің сөзімен айтқанда, «бүлік пен бұзақылықтуын көтеріп, бағынбау және құлақ аспау жағында тұрды» [28,95]. Осы Тоқа-Темір ұрпақтары әскерлерінің өз ұлысына басып кіруінен қорыққан Әбілқайыр Хорезмнен қайтып келген.

Қарсылығын Әбілқайыр ақырына дейін баса алмаған Жошыдан тарайтын сұлтандар ішінде деректемелерде Ұрұс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек және Керей сұлтандар да аталады, ал олар туралы алғашқы мәліметтер Мұхаммед Хайдар Мырза Дулаттың «Тарих-и Рашиди» деген шығармасында (ал одан кейін басқа да бірсыпыра шығармаларда, мысалы, Хондемирдің «Хабиб ас-Сийарында», «Бахр әл-асрарда») XV ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысына байланысты ғана пайда болады. Бұл кезге дейін олар Ақ Орданың 20-жыддарда Барақ ханның билігі мейлінше берік болған және одан кейінгі жиырма жыл бойы Әбілқайыр хан аттап баса алмаған нақ сол оңтүстік бөлігінде болған еді. Олар Барақтың осы аумақтағы билігін мұраға алды және Ахмет хан мен Махмұд ханның өздері мұраға алған жерге көз алартқан Әбілқайырға қарсы күресінде оларға одақтас болғаны күмәнсіз, Олардың келісе отырып іс-қимыл жасауы да мүмкін, Жәнібек пен Керейдің алыс болса да, неғұрлым қүдіретті осы туыстарымен одақ жасасып қана қоймай, сонымен қатар қамқорлығында болуы да ықтимал еді [2,316]. П. П. Иванов Жәнібек пен Керейдің арғы атасы «Барақ ханның атасы, Алтын Орда ханы Ұрұс» «Астархан әулетінің бабасы», яғни Кіші-Мұхаммедтің балалары Ахмет хан мен Махмұд ханның да атасы болған деп санайды [8,129]. Ал егер Ұрүс хан Тоқа-Темір әулетінен шыққан болса да, оның Кіші-Мұхаммедпен туыстығы, жоғарыда келтірілген генеалогияның көрсеткеніндей, дегенмен де оның бабасы деп санауға тым алыс болған.

Жәнібек пен Керей жастары жағынан Ахмет хан мен Махмұд ханның замандастары, қатарлары ғана емес, сонымен бірге олардың серіктері де болуы мүмкін еді. Керей хан мен Ахмет хан шамамен қатар өлген, біріншісі 1479 шамасында, екіншісі 1481 жылы қайтыс болған. Жәнібек пен Керейдің туған кезі туралы дәл деректер болмағанымен, жанама деректер олардың жас шамасын анықтауға мүмкіндік береді. Бұған, атап айтқанда, олардың бір-бірімен туыстық қатынастарын анықтау көмектеседі.

«Таварих-и гузида-йи нусрат-намеде» берілген шежіреге сәйкес, Казақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей немере ағайын болған, яғни өте жақын туыс болмаған. Керей ханның (деректемелерде «Кирай хан») шежіресі: Ұрұс хан — Тоқтақия — Полад — Керей хан. Жәнібек ханның шежіресі: Ұрұс хан — Құйыршық — Барақ хан — Жәнібек хан. Осы қосарласып билік еткен казақ хандарының XV ғасырдың екінші жартысындағы 60-70-жылдардағы іс-қимылдары туралы баяндайтын деректемелерде осы екі ханның қайсысы басты хан болғаны дәл түсіңдірілмейді, олардың есімдері қатар жазылады, бірақ қатаң ретпен жазылмайды. Жәнібек хан өз әкесі Барақ ханның тура мұрагері және мирасқоры болатын, оның атасы Құйыршық та хан болған. Керей ханның Жәнібектен жасы үлкен болған және ол Ұрұс ханның үлкен ұлы және мирасқоры, бірақ Ұрұс ханнан кейін көп ұзамай (1376—1377 жж.) қайтыс болған Тоқтақияның немересі еді, ал Жәнібек Ұрұс ханныңтөртінші ұлы Құйыршықтың немересі болатын. Бірақ ортағасырлардағы Қазақстан мемлекеттерінде XIV ғасырдан бастап-ақ бірте-бірте орныққан хан билігін тікелей мұраға алу (әкесінен баласына) принципімен катар хан билігіне беделді рубасы құқығының басым болатын бұрынғы түрік-монғол принципі де сакталып қалған еді, яғни ағасы (ханның ағасы) өзінің немересінен (ханның ұлынан) үлкен саналатын, демек Жәнібек сұлтан сияқты хан атағына Керей сұлтан да үміт ете алатын [15,339].

Тіпті олардың кішісі Жәнібек те өздері Жетісуға көшіп кетпестен кеп бұрын, яғни 30-40-жылдарда Әбілқайырға қарсыластар қатарында бола алатын еді. Егер Жәнібек сұлтан (немесе Жәнібек оғлан) әкесі Барақ хан қаза тапқанға дейін бірнеше жыл бұрын, мысалы, 1420 жылы туған болса, 1436 жылдың өзінде-ақ ол 16—17 жасқа толған және Әбілқайырдың карсыластары катарында бола алатын Әбілқайыр 17 жасында хан көтерілді; мұнда ең бастысы ханның жеке басына және оның жасына емес, оны қолдайтын топтарға, шонжарларға байланысты болды. 1446 жылы (Әбілқайыр хан Сырдария калаларын алған кезде) Жәнібек — 26—27 жаста, 50-жылдардың аяғында көшіп кеткен кезде 38—40 жаста болуы мүмкін: 1480 жылға дейін, яғни 58—60 жасында қайтыс болған. Бұл деректер жас шамасына (дұрысырақ айтқанда, туған кезін) тағы да 10 жыл әрі жылжытуға мүмкіндік береді, айталық, егер ол 1410 жыл шамасында туған болса, Әбілқайырдың  маңындағы Ахметпен және Махмұдпен шайқасы кезінде Жәнібек 20-21 жаста болған. Керей сұлтан Жәнібектен де үлкен еді, яғни екеуі де Әбілқайыр хан билік еткен алғашқы жылдардан бастап-ақ (1428 жылдан) оның саналы қарсыластары болды.

Қазақстанның оңтүстік аудандарында Керей мен Жәнібекке рулар мен тайпалардың едәуір белігі бағынды, олардың төңірегіне көшпелі рулық-тайпалық шонжарлардың айтарлықтай топтары, әсіресе үстем таптың Барақ ханды қолдаған және Сырдариядағы қалалармен байланысты бөлігі топтасты. Шонжарлардың бұл топтары өздерінің Сыр өңірінің отырықшы-егінші халқын қанауға, жергілікті қалалардың саудасы мен қолөнер кәсіпшілігінен пайда алуға дәмеленуін қамтамасыз ететін берік хан билігіне мүдделі болатын. Әбілқайыр хан қырда өз билігін нығайту жолындағы жиырма жылға жуық күреспен, көптеген Жошы ұрпақтарының және рулар мен тайпалардың бағынбаған басшыларының қарсылықтарын басумен айналысып жүргенде, Қазақстанның оңтүстігінде мұндай күшті билікті Ақ Орда хандарының мұрагерлері қамтамасыз ете алатын еді. Оларға рулар мен тайпалардың Әбілқайырға наразы көптеген көсемдері өз бодандарымен бірге ағылып келіп жатты. Қаратау баурайлары мен Сырдариядағы қала орталықтары мен бекіністер — Созақ, Сығанақ, бәлкім Сауран мен басқа да онша ірі емес бекіністер, сірә Жәнібек пен Керейдің қолында болса керек.

Бұл жорамал әбден орынды, өйткені деректемеде 1446 жылы бұл қалаларды Әбілқайырдың кімнен тартып алғаны айтылмайды. Б. А. Ахмедов 40-жылдары Керей мен Жәнібек Сырдария бойында болмаған, әйтпесе олар Ақ Ордаға қарайтын осы қалалардың бірінде болса, олар Мұстафа ханмен шайқаста күші әлсіреген Әбілқайырға қарсылық көрсетер еді деп санайды [9,105]. Бірақ жоғарыда айтылғанындай, Әбілқайырдың калаларды алғанын жеткізуші бұл бірден-бір деректемеде қазақ хандары туралы да, олардың Әбілқайырға карсылығы туралы да, көшіп кету туралы да, Әбілқайырдың қазақ хандарына қарсы Моғолстанға жорығы туралы да мүлде ешнәрсе айтылмайды — жалпы қазақ хандарына байланысты ләм демейді, Әбілқайыр серіктерінің бірде-бір егжей-тегжейлі тізімінде олардың есімдері аталмайды. Сірә әдейі айтылмаған болуы керек.

Ұрұс хан мен Барақ хан ұрпақтарының осы уақыттың бәрінде Ақ Орда аумағының оңтүстік бөлігін — Түркістанның солтүстік бөлігін, Сырдарияның төменгі ағысын, Қаратау баурайларын, Шу мен Таластың төменгі ағыстарын іс жүзінде билеушілер болғаны әбден айқын және Жәнібек пен Керейді олар Жетісуға кеткенге дейін-ақ, яғни XV ғасырдың 50-жылдарының аяғына дейін Дешті Қыпшақ рулары мен тайпаларының бір бөлігі хан деп таныған фактісі деректемелерде көрініс тапқан. Мысалы, Махмұд бен Уәли мұны былай деп растайды: «Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақ аймағында өз жауларының балаларын жеңіп шыққан кезде, Жошы ханның ұлы Тоқа-Темір хан ұрпақтарының кейбіреулері, мысалы, Керей хан мен Жәнібек хан… бағыну және мойынсыну шеңберінен шығып, отанынан кетіп қалғанды жен көрді. Олар бабаларынан мұраға алған елден бас тартып, жат жерге апаратын жолға шықты. Мойындауға лайықты адамдар тобымен бірге олар Моғолстанға апаратын жолды таңдап алды» [20,218].

Мырза Мұхаммед Хайдар Дулат осыған байланысты Керей хан мен Жәнібек хан Жетісуға өздерінің сансыз көп халқынан бөлініп кетті дейді, яғни замандастары оларды Өзбек ұлысында билік еткен хаңдардың мұрагерлері, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағының бір бөлігінің иелері, көшпелі халық рулары мен тайпаларының әлдеқашан-ақ бөлініп шыққан бөлігінің билеушілері деп әбден орынды санаған.

Алайда Қазақстанның оңтүстігіндегі иеліктерінде Керей мен Жәнібектің жағдайы өте қолайсыз болды. Түркістанның солтүстік бөлігіндегі бекініс-қалаларда олар осы бекіністерді өз қолдарына қайтарып алуға тырысқан Темір ұрпақтарының наместниктеріне, сондай-ақ моғолдарға да үнемі тойтарыс беріп отыруға тиіс болды. Керей мен Жәнібектің көшпелі тайпалардан тұратын бодандары Әбілқайыр ханның көшпелі бодандары иеленіп алған Қазақстан даласына көктем-жаз кезінде дәстүр бойынша маусымдық терендеп көшіп баруына мүмкіндіктерінің болмауы себепті өз жағдайларында ерекше қиындық көру кезегінде Әбілқайыр бодандары да, тым болмағанда, олардың едәуір бөлігі қалалар аудандарда өздеріне жау қазақ сұлтандарының бодандары болғандықтан,Төменгі және Орта Сырдария бойындағы дағдылы қыстайтын жерлеріне көшіп бару, көшпелі мал шаруашылығы үшін де, Сыр өңірі жазираларының отырықшы-егінші халқы үшін мейлінше өмірлік маңызы бар сауда айырбасын жүргізу мүмкіндігінен айрылды.

 

2.3  Қазақ хандығының  нығаюы кезіндегі билеушілер

 

XV—XVI ғасырлар тоғысы — қазіргі Орталық Азия республикаларының тарихындағы жаңа бір кезеңнің басы болып табылады. Нақ осы XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басында Шығыс Дешті Қыпшақта Қазақ хандығының (XV ғасырдың 70-ші жылдары), Мәуереннахр мен Хорезмде шибандықтар мемлекеттерінің (XVI ғасырдың басы) және орталығы Яркенд болған (1514 жылдан) Моғол мемлекетінің құрылып, нығаюымен бірге Орта Азияның тарихи сахнасына өзбек, қазақ, қырғыз, қарақалпақ сияқты халықтар шыққан еді.

1470 —1471 жылдары Қазақ хандығының құрылуына байланысты Әбілхайыр хан мемлекеті біржола ыдырады. Сол кезден бастап, Мырза Хайдар Дулаттың айтуы бойынша, «қазақтар Өзбекстанның көпшілік бөлігін толық билеп тұрды».

Жайық өзенінен батысқа қараған қыпшақ даласы, Шығыс деректерінде түркіленген монғол тайпаларының біреуінің атымен маңғыт аталған көшпелі тайпалар бірлестігінің мекеніне айналды; ал орыс деректерінде маңғыттар XIII ғасырдың соңын ала Алтын Орда хандарын өз қалауынша бірін алып, бірін қойған, Жошы ұлысының тарихында белгілі әскербасы Шыңғыс нәсілі Ноғай (Ноқай) есімімен ноғайлар (ноғайлықтар) аталып кеткен. XV ғасырдан бастап маңғыттар (ноғайлықтар) тек этнографиялық қана емес, өз билеушілері (билері, мырзалары) бар саяси даралыққа да ие болды.

Қазақ хандығының құрылуы Шибан әулетінің Шығыс Дешті Қыпшақта үстем билігінен айырылып, жан-жаққа бытырай тарауына әкеліп соқты, бірақ олар саяси күрестен бас тарта қойған жоқ еді. Мұндай топты Әбілхайыр ханның немересі қайратты да жаужүрек ханзада Мұхаммед Шейбани (1451 —1510) басқарды. Әбілхайырдың баласы әрі мұрагері Шейх Хайдар өлісімен (1470 жыл шамасында) оның жақтастары Мұхаммед Шейбани мен інісі Махмұдты (1454 жылы туған) Астрахан асырып жіберген болатын. Араға жылдар салып жас сұлтандар Сырдария өңіріне қайта оралды да, сонда шағын-шағын қол жинап, Шығыс Дешті Қыпшақтағы Әбілхайыр әулетінің билігін қайтадан қалпына келтіру жолындағы күрестерін бастады.

Әйтсе де Мұхаммед Шейбани атасының Шығыс Дешті Қыпшақта мемлекет басқарған тәжірибесін қайталай алмады. Қазақ билеушілері тым күшті еді, олардың қол астында отыз-елу мың әскер болды, ал Мұхаммед Шейбани маңында әрі кетсе үш жүз, төрт жүз адамнан тұратын шағын топ қана бар еді.

Ақыры, Әбілхайыр ұрпағының Даладағы үстем билігін қалпына келтіреміз деген үміті біржола үзіліп, ағайынды Мұхаммед Шейбани мен Махмұд-сұлтан барлық туған-туысқандарын, өздерін жақтаушыларды Әмір Темір әулетіне қарсы бірлесіп соғысқа шығуға шақырды.

Олардың шақыруын бірқатар туысқандары, Шығыс Дешті Қыпшақ көшпенді тайпаларының жекелеген рубасылары қабыл алды. 1500 жылы — екі ғасыр тоғысында — кішігірім қолды бастаған Мұхаммед Шейбани оңтүстікке аттанады да, қысқа мерзім ішінде Мәуереннахрды жаулап алып, сол арада өзінің дербес мемлекетін орнатады.

Нақ сол кезде Орта Азияның шығыс аймақтарында да маңызды оқиғалар болып жатқан. XV ғасырдың екінші жартысында моғолдардың жоғарғы билеушілері өздеріне мұраға қалған Моғолстанда емес, Мәуереннахр мен Түркістан уәлаятында тұрып, Ташкент, Сайрам, Ұра-Төбе, Шахрух сияқты қалалар мен басқа да біраз қамалдар соларға қарайтын. 1500—1501 жылдары Шейбани хан Мәуереннахрдың ірі-ірі орталықтарын жаулап алғанда оған Моғолдың жоғарғы билеушісі (ұлы ханы) Махмұд хан (1487—1508 жылдары билік құрған) едәуір әскери көмек берген болатын. Мырза Хайдар Дулат ханның бұл көмегін «ағат әрекет» — болашақта моғолдардың өздеріне төнуі ықтимал қауіпті ескермей, ойланбай істелген іс деп сипаттайды.

Шынында да, «Ортаазиялық қос өзен» арасына орнығып алған Мұхаммед Шейбани өз қаруын күні кешегі қамқоры әрі одақтасы Махмұд ханға қарсы кезейді. Жалтақ әрі әскери қабілеті де мүлдем жоқ моғол билеушісі Шейбани хан тегеуірініне төтеп бере алмай, Шығыс Түркістандағы, қалмақтармен шайқаста ержүректігімен аты шыққан інісі Сұлтан Ахмадты көмекке шақырады. Жауласқан екі жақ хижраның 908 жылы (1503) Ақси маңында бетпе-бет келіп, ақтық майданға шығады. Шейбани хан жеңіске жетіп қана қоймай, ағайынды екі қарсыласын да қолға түсіреді. Ағайынды хандардың Ташкенттен кетеміз деген уәдесін алып, оларды босатып жібереді.

Хандар Шығыс Түркістанға барып, 1503—1504 жылдың қысын Ақсу да өткізеді, сол жерде Ахмад хан (кіші хан) жазғытұрым қайтыс болады. Махмұд хан Жетікентті мекендеп қалады.

Темір әулеті иеліктерінің солтүстік бөлігін жаулап алған Мұхаммед Шейбани 1507 жылдың мамырында бұл кезде әжептәуір саны артып, күшейген әскерімен Әмудариядан өтіп, Хорасан иелігіндегі Герат, Астрабад, Гурган және басқа қалаларды басып алады. Шейбани ханның Темір әулетінің ұланғайыр иеліктеріндегі бұл жеңісті жорықтарын Шибандықтардың оңтүстіктегі жаңа қарсыласы Иран шахы I Исмайыл (1501 —1524 жылдары билік құрған) әскері тоқтатты.

Шейбани хан мен Исмайыл шах арасындағы ақырғы айқас Мерв түбінде 1510 жылы қарашада өтеді. Өзбек әскерлері күйрей жеңіліп, әскери қулыққа алданып қолға түскен Шейбани ханның өзі де мерт болады. Оның кесілген басы жеңімпаз шах Исмайылға тартылады.

Шейбани ханның сыдырып алынған бас терісінің ішіне сабан толтырылып, шахтың бәсекелесі түрік сұлтаны II Баязидке (1481 —1512 жылдары билік құрған) жіберіледі. Ал, бас сүйегі алтынмен қапталып, салтанатты күндерде шах «оны құрмет пен ұлылық белгісі ретінде тағына қоятын». Шейбани ханның мылжаланған бассыз денесін ақыры өзбектер тартып алып, Самарқандағы өзі ашқан медресе ауласына апарып жерлейді.

Сөйтіп Жошы хан ұлы Шибанның ең атақты ұрпағының бірі өз өмірін осылай аянышты аяқтайды. Жеңіліске ұшыраған Шибанидтер Хорасаннан айырылса да, Мәуереннахрда билігін сақтап қалады.

Енді Қашқардағы билік үшін Шағатай ұрпағы мен дулат әмірлерінің арасындағы ежелден келе жатқан күрестің жаңа кезеңі басталады. Шағатай әулеті жеңіске жетіп, хижраның 920 жылы (1514) Сұлтан Саид хан орталығы Яркенд етіп жаңа мемлекет, жергілікті авторлардың тарихи жазбаларында Могулийе, Мамлакати могулийе аталған Моғол мемлекетін құрады.

Сөйтіп, XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басында Түркістан халықтарының өмірі мемлекеттік-саяси тұрғыдан да, этностық тарих тұрғысынан да маңызды оқиғаларға толы болды. Сол бір өтпелі кезеңде қазақтар мемлекетін билеу Бұрындық пен Қасым хандар үлесіне тиді.

Бұрындық — Алғашқы Қазақ мемлекетінің тұңғыш ханы Керейдің үлкен ұлы болатын. «Тарихи Рашидидің» айтуынша, Бұрындық хан өз әкесінің тікелей мұрагері еді. XV ғасырдың 70-ші жылдарының ортасындағы, яғни әкесі өлген уақытқа жақын кезеңдегі оқиғаларды сипатайтын барша деректерде Бұрындық қазақтардың ұлы ханы (парсыша — хан-и-бузург, түрікше — улуғ хан) аталады.

Бұрындық ханның билігі ең бір мазасыз, талас-тартысты, аумалы-төкпелі кезеңге дөп келген еді. Ол сол қиындықтардың бәріне төзіп, өз әкесі мен оның сенімді серігі Жәнібек ханның өсиетіне адал болды, олар құрған хандықты сақтап, күшейте беру жолында аянып қалмады. Ол іскер де батыл еді. XV ғасырдың соңғы ширегіндегі хандықтың үлкен-кіші оқиғасының бәріне тікелей араласып, әскер басында да өзі жүрді, шайқастарда әлденеше рет жараланды. Мұсылман тарихшылары Бұрындық ханды Дешті Қыпшақ билеушілерінің ішіндегі ең белгілісі және құдіретті әмірші деп сипаттайды.

Бұрындық хан тағында ұзақ уақыт — отыз жылдан астам отырды. Сөйте тұра жоғарғы билікті өмірінің ақырына дейін ұстап тұра алмады. Тарихи деректерде Бұрындық хан тағдырының соңғы жылдары жайлы аянышты әңгімелер қалған.

Мырза Хайдар Дулаттың айтуынша, хижраның 915 жылы (1509— 1510) қарсаңында Жәнібек ханның баласы Қасымның күш-құдіреті артып, ықпалы күшейе түседі. Бұрындықтың аға хан болып тұрған кезінің өзінде-ақ барлық билік іс-жүзінде Қасым сұлтанның қолында болатын. Хандықтың осынау аса беделді екі адамының арасындағы бақталастық ақыры қажырлы да қуатты Қасым сұлтанның жеңіп, беделінен айырылған ханның қуылуымен тәмамдалды. 1511 жылдың күзіне таман Бұрындық хан соңына ерген бір топ жақтастарымен «Самарқан шегіне қоныс аударды да, — делінеді «Тарихи Рашиди» кітабында, — жат жерде дүние салды» [2,415].

Қасым Қазақ хандығының негізін қалағандардың бірі Жәнібек ханның үшінші ұлы болатын. Ол 1445—1446 жылдар шамасында дүниеге келген, соған қарап жастық шағын «қазақ» ретінде қазіргі Жетісу, яғни Моғолстан жерінде өткізді деп пайымдауға болады.

XV ғасырдың соңғы үштен бірі мен XVI ғасырдың басында Қасым Қазақ хандығының қоғамдық-саяси өмірінде ең орталық тұлғаға айналды. Жеңімпаз қолбасы, үлкен үлыстың беделді сүлтаны, кейіннен қазақ ханы, реформатор-билеуші, — міне, туған ел тарихының өтпелі кезеңінде Қасым маңдайына тағдыр атқаруға жазған тарихи рөлдер ауқымы осындай болатын; керші елдерде шекаралар жиі өзгеріп, билік басына бір әулеттер келіп, бірі кетіп, өзара соғыстар ондаған жылдар бойына жалғасып жатқан аласапыран заманда негізі жаңа қаланған қазақтың жас мемлекетінің болашағын тиянақты ету, аңыс аңдыған жаудың бетін қайтарып, ел іргесін бекіту қажет еді.

Қасым хан даңқы артуының қысқаша мазмүны мынадай.

Кішінің үлкенге бағынуы сияқты қалыптасқан дәстүрді берік ұстанған нағыз дала перзенті ретінде Қасым сұлтан да, кешегі өз әкесі сияқты, бастапқыда Бүрындық ханның ықпалында болып, соған бағынды, — Мырза Хайдар Дулаттың осылай деп жазғанына сілтеме жасағанбыз. Шынында да, Қасым сұлтанның есімі деректемелерде Мұхаммед Шейбанидің XV ғасырдың 70 — 80-ші жылдары аралығындағы қазақ билеушілерімен соғысы кезінде алғаш рет аталып, ол туралы «Дешті Қыпшақтың атақты сұлтаны, даңқты бахадүрі», Бұрындық хан атты әскерінің қолбасшысы делінеді.

Ежелден белгілі: ел мақтаған ер жігіттің соңынан билік те ере жүреді. XVI ғасыр басына қарай Қасым сұлтанның беделі көтеріліп еді, жеке билігі де арта түсті. Қасым сұлтанның күшейіп көтерілу кезеңін бауыры Әдік сұлтанның өлімімен (1503 жыл) байланыстыратын Мырза Хайдар Дулат Жәнібек ханның үшінші ұлының мәртебесі арту себептері жайында ештеңе айтпайды. Ондай мәліметті біз Махмұд ибн Уәлидің «Бахр әл-асрар» кітабынан табамыз; ол Шейбани ханның 1504 жылғы көктемнің басында Әндіжанға жасаған жорығын суреттей келе:

«Осы кезде Қасым хан маңғыттардың көмек, қолдауымен Қыпшақ даласын өзіне қаратып, Ташкент пен Түркістан шекарасына шабуыл жасау мүмкіндігіне ие болды», — деп жазады [20,265].

Қасым ұлысына шибандықтар шабуыл жасаған хижраның 915 жылы (1509—1510) Мырза Хайдар Дулаттың айтуынша, «оның қолындағы биліктің зорлығына, Бұрындық ханды ешкім елеп-ескеріп жатпағанына қарамастан, ол әлі хандық лауазымды иелене қоймаған болатын». Хандық лауазымды ол Бұрындық хан Самарқанға кеткеннен кейін, сол 1511 жылдың күзінде алды. Сол кезден бастап, деп жазады «Тарихи Рашиди» авторы, «Қасым хан бүкіл Шығыс Дешті Қыпшаққа билік жүргізді, оның атақ-даңқының зор болғаны сондай, Жошы ханнан кейін Қасымнан асқан құдіретті хан бұл жұртта болып көрген емес».

Қасым Дешті Қыпшаққа белгілі батыр да еді, ұрыс кезінде небір жаужүрек жігіттерден оқ бойы озық тұратын, соңына ерген әскері ол үшін отқа да, суға да түсетін айтулы көсем, шын мәнінде соғыс құпиясын жақсы меңгерген қолбасы еді. Оның қаншама шайқасқа қатысқанын санап шығу мүмкін емес. «Зубдат әл-асар» («Шежірелер қаймағы») авторының айтуынша, оны бір шайқаста қарсыластары аттан ұшырып түсіргенде, Қасымның жасы алпыстан асқан болатын, жаяу қалған ханды ұрыс үстінде ешкім түстеп танымады да, ол аман қалды. Елгезек нөкерлері (бұл жерде — жасақтар) шалт қимылдап, хан лып етіп атқа қайта мінеді. Қазақ басшысы жаудан беті қайтпаған жауынгер болатын.

Жорықта жау бетінде, шайқаста найза ұшында жүретін қазақ жерінің басшысы Қасым туыстық байланысты қастерлеп, берік ұстанған жайсаң да ер мінезді адам еді [31,139]. Оған XVI ғасырдың басындағы ортаазиялық тарихшылар — Шади, Бинаи, «Нусрат-наманың» белгісіз авторы баяндаған мына бір факті де дәлел бола алады.

Міне, қазақ билеушілері Сауран қаласын тағы да жаулап алып, Шейбани ханның інісі Махмұд Сұлтанды отбасымен қолға түсіреді. Бұрыннан ішкі кегі бар Бұрындық хан «оны өлтіруге бұйырады». Бірақ Махмұд Сұлтанның туған бөлесі — олардың шешелері апалы-сіңлілі адамдар еді — Қасым ханның бұл шешіміне көнбейді. Ол тұтқынды өлтірткізбегені былай тұрсын, Махмұд Сұлтанды босатып, қасына өзінің сенімді адамдарын қосып беріп, отбасымен Созаққа (Сауран сияқты Сырдарияның оң жағасына орналасқан қамал-қала), одан әрі ағасына апарғызып салады. Қазақ сұлтанының мінезіндегі мұндай мәрттік Шейбани хан тарихшыларының бәрін тәнті етіп, оның кеңдігі, кісілігі сан әңгімеге арқау болады [15,219].

XV ғасырдың 80-ші жылдарында, бұрын айтылғандай, Қасым Бұрындық ханның «атты әскеріннің қолбасы» болды. Ержүрек жауынгер, жеңімпаз қолбасы, бекзат мінезді сұлтан ретіндегі атақ-даңқы сол ХV-ХVІ ғасырлар өларасының өзінде оны қазақ халқының нағыз көсемі ретінде танытты. Бірақ ол ардан аттаған емес. Қолында шексіз билік, тежеусіз тізгін бола тұра, Қасым хандықтағы барша билікті өз қолына алуды ойлаған жоқ.

Мырза Хайдар Дулаттың айтуынша, Бұрындық хан билігінің соңғы жылдарында Қасым оның маңына жақындамауға тырысты, өйткені «қасында жүріп міндетті қошемет түрін сақтамаса, ханға қарсы шығуға тура келер еді, ал өз көңілі қалай дегенде де бағынуды қаламайтын». Ақыры қартайған Бұрындықты бар құрметімен Самарқандағы қызының қолына аттандырып салғаннан кейін ғана Қасым хан атағын иемденіп, мемлекет билігін өз қолына алды.

Осы жерде айрықша атап өтетін нәрсе, сол күннен бастап, XIX ғасырда хандық билік біржола жойылғанша Қазақ даласындағы жоғарғы билік Жәнібек хан ұрпақтарының қолында болып келді.

Енді Қасым өзі құрып, іргесін бекіткен мемлекетті басқаруға көшті. Қазақ ұлыстарының жеке дара билеушісі ретінде ол енді ақыл-парасатының бәрін ата дәстүрін берік сақтай отырып, хандық билікті күшейтуге, низам жүйесінің тұрақты сақталуына жұмсап, бұл ретте аса зор табысқа жетті. Жасы кіші замандасы Бабырдың айтуынша, ол білетін барлық билеушілер ішінде өз халқын Қасымдай қатаң тәртіпке бағындыра білгендері болмаған. Ал Қасым ханның қол астында, Мырза Хайдардың айтуынша, бір миллионнан астам адам болған.

Қасым хан таққа отырған мерзім, 1511 жыл, ағайынды Елбарыс пен Белбарыс Әмударияның төменгі саласында тағы бір дербес мемлекет — «өзбек» хандығы Хиуаны құрған тұсқа сәйкес келіп еді. Шибани тұқымдарының өздерін қолдаған рулармен және тайпалармен бірге Шығыс Дешті Қыпшақтан біржола кетуі мен олардың соңынан көшпенділердің жаңа қонысқа қозғалуы ел бірлігіне әсер етпей қойған жоқ: өз руларынан бөлініп қалған топтар, кейбір рулардың жекелеген бөліктері басқа бір этностық қауымдастыққа қосылып кетуге тырысты. Бұл бұрыннан келе жатқан кейбір ру аттарының жоғалып кетуіне, сондай-ақ бұрын белгісіз немесе қосарлы атпен жаңа рулық тайпалардың пайда болуына апарып соқты. Сонымен бірге Қазақ хандығындағы сұлтандар арасында ұлыс пен үлесті қайта бөлу жүргізіле бастады.

Қысқасы, Ұлы Далада аласапыран басталды. Сондықтан қоғамдық және мемлекеттік өмір нормалары бұзылмауы үшін Қасым жаңаша бағыт ұстанып, ескірген көне заңдардың біразын жойып, біразын жаңартып, сол кездегі тарихи жағдайдағы қазақ қоғамының өмірлік қарекетіне орайлас жаңа құқық нормаларын тиянақтады. Қасым ханның бұл заңдары халық жадында Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен сақталған.

Мұсылман тарихшыларының пайым-пікірінше Қасым хан өз халқының барлық қадір-қасиетін бір бойына жинақтаған дана басшы, жеңімпаз қолбасылығына қоса, ержүрек көсем де шешен адам ретінде көрінеді. Осы жолдардың авторы да қазақ елін Қасым хан билеген тұстағы жаугершілік пен соғыстар ішкі реформалармен қатарласа жүрген Шығыс Дешті Қыпшақтағы XV—XVI ғасырлар тоғысындағы саяси тарих пен этностық даму үрдісі арасындағы байланысты осы тұрғыдан пайымдайды.

Мағлұматы мол автор, Қасым ханның жасы кіші замандасы Мырза Хайдар Дулаттың хабарлауынша, бұл әмірші хижраның 924 жылы (1518) дүние салады[2,136]. XVII ғасырдың басындағы автор Қадыр Әлі бидің мәлімдеуінше, Қасым хан Сарайшық қаласында (Жайық бойы) көз жұмып, сол жерде жерленеді.

Қасым ханның екі баласы: Мамаш пен Хақназардың аты белгілі. Екеуі де кейіннен хан болған. Қасымның бір қызы білікті ноғай мырзасы Шейх Мамайға тұрмысқа шығады. Екінші қызы 1512 жылы Шибан ұрпағы, Мұхаммед Шейбани ханның інісі Махмұд Сұлтанның ұлы Убайдулла ханға ұзатылған.

Қасым хан, сөз жоқ, Тұңғыш Қазақ мемлекетінің аса құдіретті билеушісі. Оның әділ де білгір, терең де тегеурінді басшылығы, саяси көрегендігі арқасында Қазақ мемлекетінің күш-қуаты арта түсті, ел ішінде тыныштық пен ынтымақ орнады, жат жұрттың бәрі енді оларға құрметпен қарады. Тағы бір атап айта кететін нәрсе, Қасым хан басқарған тұстағы Қазақ хандығына терістіктегі ұлы көршісі — Русь те көз тігіп, өз мүддесіне орайластыра бастады. Оған патша мұрағаттарындағы мына бір тізім дәлел бола алады:

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

XV ғасырда құрылған «қазақ» деген атаумен алғашқы рет аталған мемлекетіміздің түпкілікті қалыптасуы қазақ тарихы үшін түбірлі оқиғалардың бірі болып есептелінеді. Деректік негіздермен дәлелдей отырып, 1465-1466 жылдары құрылған мемлекет қазіргі Қазақстан аумағындағы хандық мемлекеттің жаңа құрылымын жасады. Бұл мемлекетті саяси тұлғалардың алып бәйтеректері Керей мен Жәнібек сұлтандар құрды және жетекшілік етті. Жетісу жеріне келіп қоныстанған екі жүз мың көшпенділердің көп бөлігі қазақтар деп аталды. Жаңадан пайда болған этностық саяси қауымдастық қазақ халқын үш жүз елу жылдан астам уақыт билеген Шыңғыс әулетінің жаңа тармағын қалыптастырды.

Отандық тарих ғылымында қазақ мемлекеттілігі проблемасы жуық уақытқа дейін, тіпті пікір таластырарлық проблема деп есептелінбеді, қазақ қоғамы саяси тарихының басқа оқиғалармен бір қатарға қойып, ол жалпы алғанда бөліп көрсетілмеді. Солай бола тұрса да нақ осы уақытты қазақ халқының саяси тарихында ғана емес, сонымен бірге этностық тарихындағы да бетбұрыс деп есептеу керек, өйткені ол қазақтың ұлттық мемлекеттілігінің дүниеге келген уақытын көрсетеді. Халықтың тарихи жады берік сақталынбайынша, ұлттың қалыптасуы және өсіп-өркендеуі мүмкін емес, ол қай заманда, қай жерде болмасын халықтың өткен тарихындағы ең маңызды кезең ұлттық мемлекеттілігінің құрылуы болып есептеледі. Бұл мемлекеттіліктің әлеуметтік кейпі қандай болғаны және ол уақыттарда мемлекеттіліктің қандай нысаны қолайлы және мүмкін болғаның атап өткен жөн.

Әр түрлі деректерді шынайы талдаудан өткізу арқылы төл тарихымыздың ұлы тарихи оқиғасы Қазақ хандығының құрылуы мен нығайуы кезеңдерін күмәнсіз тарих беттерінде айта аламыз. Зерттеудің қорытынды бөлімінде тақырыпқа сай жазбаша және ауызша деректердің сәйкестігін ескерсек, Қазақ хандығының құрылған уақытының дәл көрсетілмегенін айтып, бірақ объективті жағдайдың деректерде бейнеленуі сөзсіз шындыққа айналып отыр. Еркін халық деген атаумен танылған қазақ халқының түпкілікті қалыптасуы демократиялық сипатта болды деп сеніммен айтамыз. Қазақ хандығының құрылуы мен нығайуын деректердегі бейнеленуші объективтілік пен образдың шынайы сипатын ашып көрсетуде мынадай қорытындылар жасауға болады. Біріншіден Қазақстан аумағында өмір сүрген Дешті Қыпшақ даласындағы Алтын Орданың ыдырауынан кейін пайда болған мемлекеттік құрылымдардың өзара қырқысы нәтижесінде пайда болған ұлт аралық өзара қақтығыстың туындауы Әбілқайыр хандығындағы қазақ ұлтының дербестікке ұмтылуына жол ашты. Түптеп келгенде бұл жеке субъектілердің ықпалымен бір ұлттың жеке мемлекет болып қалыптасуына жағдай туғызды. Екіншіден бұрыннан қалыптасқан, сонау қола және темір дәуірінен бергі үздіксіз процесстердің негізінде тамыры үзілмей келе жатқан ұлы қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуы ұлкен оқиғаның біріне айналды. Үшіншіден Қазақстан тарихын дүниежүзілік тарихтың бір бөлігі деп есептесек, қазіргі таңдағы кез-келген мемлекеттің қалыптасуына негіз болған жеке адамдардың әсерін байқаймыз, демек Қазақ хандығын құруда Керей мен Жәнібектің тарихи тұлғаларын және олардың жеке қасиеттері мен қызметтерін арнайы тарих беттерінде зерттеп көрсету, қаралатын мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені тарихымыздың шынайылығымен әлемдік деңгейдегі тарих деп санау болып өткен оқиғалардағы жеке тұлғалардың жеке субъективті тарихына тоқталу олардың қызметтерінің жақсы және жаман, ұтымды және ұтымсыз кейіптерін сомдау, халыққа танымал көпшіліктің жадында сақтала беретін тарих жазу қалыптасады және дамиды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ

 

1.Вельяминов-Зернов В. В. Исследование о Касимовских царях и царевичах.- СПб., 1864.

  1. Мухамед Хайдар Дулати. Тарих-и-Рашиди. Алматы.,1999.

3.Пищулина К. А. Юго-Восточный Казахстан в середине XIV — начале XVI вв. Алма-Ата.,1977.

4.Чулошников А. П. Очерки по истории казак-киргизского народа в  связи с общими историческими судьбами других тюркских народов. –Ч.I. Оренбург, 1924.

5.Кляшторный С. Г, Султанов Т. И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. Алма-Ата: « Мектеп  » ,1993.

6.Семенов А.А. К вопросу о происхождении и составе узбеков Шейбани-хана // Сталинград, 1954.

7.Ибрагимов С. К. К истории Казахстана в XV в. // Вопросы филологии и истории стран советского и зарубежного Востока. — М.,1984.

8.Иванов П. П. Очерки по истории Средней Азии. — М.,1984.

9.Ахмедов Б. А. Государство кочевых узбеков. М., 1965.

10.Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылуының этникалық алғышарттары // Қаз ҰУ хабаршысы.Тарих сериясы 1(24).2002. — 12-14бб.

11.Омарбеков Т.О. Қазақ хандығы :ол туралы не білеміз? //Алаш журналы. 1(4) ,2006. — 11-12бб.

12.Сұлтанов Т.Қазақ хандығының тарихы.Алматы,2003.

  1. Шараф-ад-Дин Иезди. Зафар-наме // Материалы по истории казахских ханств. — 124-125бб

14.Шади. Зафар-наме.    Материалы по истории казахских ханств. 39-40бб

15.Таварих-и гузида-йи нусрат-наме, Материалы по истории казахских ханств. 39-46бб.

16.Шади. Фатх-наме. Материалы по истории казахских ханств 124-125бб

17.Камал ад-дин Али Бинаи Шайба-ни-наме // Материалы по истории казахских ханств. — 39-49-бб.

18.Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман-наме-й-Бухара // Материалы по истории казахских ханств. — 96-б.

19.Хафизи Таныш Шараф –наме- и- шахи // Материалы по истории казахских ханств. — 59-61бб.

20.Бахр ал-асрар // Материалы по истории казахских ханств. — 352б.

21.Мухаммед Аваза. Зийа- әл- Кулуб. М., 1984.

22.Камал ад Дин Футухат и Хани. М.,1986.

23.Камал- ад -Дин Бадаи- әл-Вакаи. // Материалы по истории казахских ханств. — 96-98бб.

24.Бартольд В. В. Очерк истории Семиречья.М.,1984.

25.Рашид ад-Дин. Сборник летописей, т. II, М.-Л., 1960.

26.Муин – ад — Дин Натанзи. Мунтахаб — ат –таварих- и- Муини. М.,1987.

27.Абусеитова М.Х., Баранова Б.И. Письменные источники по истории и культуре  Центральной Азии  Алматы 2003.

 28.Масуд Кухистани.Та’рих-и Абу-л-Хайр-хани. — Л., 1978.

29.Фирдоуси. Шахнаме. М-Л.,1989

30.Кадыргали Джалаири. Джами ат-таварих. Алма-Ата. 1993.

31.Зубдад- әл-асрар. // Материалы по истории казахских ханств. — 38-б.