ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІ
ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ КАФЕДРАСЫ
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҢЫЗЫ
Алматы 2010
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ……………………………………………………………………………………………………
І ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ДЕШТІ-
ҚЫПШАҚ ЖӘНЕ ОҒАН КӨРШІЛЕС АУМАҚТАРДАҒЫ ЭТНОСАЯСИ
ҮРДІСТЕР…………………………………………………………………………………………….
ІІ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ КЕЗЕҢДЕРІ МЕН
БАРЫСЫ…………………………………………………………………………………………….
ІІІ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ МАҢЫЗЫ……………………………
ҚОРЫТЫНДЫ…………………………………………………………………..
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР……………………………………………………..
КІРІСПЕ
Диплом тақырыбының өзектілігі. Қазақстан тарихның негізгі мәселелері – қазақтың тегі, олардың мемлекеттілігінің қалыптасуы, ұлт боп жандануы. Тарихи мәліметтер мен жазба деректерге жүгінсек, қазақ халқының мемлекеттілігінің толық қалыптасуы ХV ғасырдың аяғына, нақтырақ 1470 жылдарға сай келеді. ХV ғасырдың ортасында тарих сахнасына көтерілген Қазақ хандығы — ең алдымен, қазақ халқының тарихи территориясында орын алған саяси, этникалық, рухани процесстердің жалпы қорытындысы, яғни қазақ этносының қалыптасуындағы тарихи маңызды оқиға. Хандықтың құрылуы Қазақстан тарихы үшін белесті, Қазақстан тарихында ерекше із қалдырған тарихи кезең. Сондықтан да ұлтымыздың ұлт болып қалыптасуына түрткі болған Қазақ хандығы тарихын зерттеу, тану, білу тарихшылардың да, сонымен қатар қазақтың да борышы.
Бұл мәселені зерттеудің маңыздылығын ҚР Президентінің еңбегінен көруге болады, «…Қазақ хандығының Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет болғандығында жатыр. Оны өздерінен бұрын өткендер немесе тарихи бабалар емес, қазіргі бар түркі халқы құрды. …1459 жылы Жетісуға жай ғана жекелеген тайпалар тобы емес, Жәнібек пен Керей ұлысының халқын құрайтын рулар мен тайпалардың бірлестігі бөлініп көшіп келді. …қазақ халқының дербес мемлекттік алып, бірлесуге құлшынған сан ғасырлық арманын айқын көрсетті»[1]. Яғни 1470 жылдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Жетісу және Сырдария өңірлерінде қалыптасқан Қазақ хандығы — Керей мен Жәнібек сұлтандардың «қазақ» халқының басын біріктірген кезі.
Бұл мәселемен кәсіби тарихшылардан басқа қоғамдық ғылымдар өкілдері де өз пікірлерін білдіріп, ғылыми болмаса да өз тұжырымдарын жасауда. Себебі, Қазақ хандығы тарихын зерттеу ерекшелігі және маңыздылығы хандықтың ұлттық сипаттағы мемлекет болуында.
Қазақ хандығы тарихы және оның құрылу тарихы отандық тарих ғылымының маңызды, өзекті әрі даулы мәселелерінің бірі болып табылады. Хандықтың құрылу тарихын зерттегенде тарихшылардың басты назарын алғашқы қазақ хандарының өзбек ұлысынан бөліну себептері, хандықтың құрылу датасы, хандықтың құрылуының саяси, этникалық, рухани алғышарттары, құрылу барысы мен кезеңдері сияқты сұрақтар аударады. Бұл Қазақ хандығы құрылуының өзекті мәселелері болып табылады.
Қазақ хандығының құрылу тарихының маңызын ашудағы негізгі мәселелер оның алғышарттары. Бұл да диплом тақырыбымның өзекті мәселелерінің бірі. Этникалық пен саяси алғышарттарын бір тарауда көрсеткеніммен, олар жеке қарастырылған. Себебі, әр алғышарт жеке, арнайы түрде зерттеуді қажет етеді. Әр алғышарттардың өзектілігі сонда, олар тарихи оқиғаны жан-жақты, толық қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Керей мен Жәнібектің Өзбек хандығынан бөліну себептерін айтылған этникалық, саяси және рухани алғышарттарынан көре аламыз.
Диплом тақырыбының деректік негіздері. Қазақ хандығының құрылуына қатысты деректерді ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінеді. Біріншіден, хандықтың құрылу тарихына тікелей қатысы бар жазба деректер, екіншіден жанама қатысы бар жазба деректер жатады.
Қазақ хандығының құрылуына тікелей қатысты деректерге, ең алдымен, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі жатады. Екінші шығарма, ол- Махмуд ибн Уәлидің «Бахр әл-асрар фи манакиб әл-ахйар» атты дерегі. Тікелей қатысты жазба деректерден ең басты осы екі тарихы шығармаларды көрсетеміз.
ХV ғасырдың 50-60 жылдары саяси оқиғаларды көрсететін жанама мәліметтерге М’асуд бен Османи Кухистанидің «Тарих-и Абулхаир-хани», Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабыр-намасы», «Тауарих-и-Гузидаий нусрат- наме», Шах Махмуд Чурастың «Тарихы», Мулла Мухаммед Шадидің «Фатх-намесін» жатқызамыз.
Мәселемізге қатысты жазба деректерді тілдік, аумақтық және әулеттік принциптер болып топтастырылады. Яғни тікелей қатысты жазба деректер өз ішінде белгілі бір принциптерге сай бөлінеді.
Тілдік принцип бойынша топтастырылған деректер — ХІІІ-ХV ғасырлардағы Қазақстан аумағындағы этносаяси мәселелер туралы араб, армян, орыс, монғол, парсы, түркі тілдеріндегі шығармалар.
Ең негізгілеріне тоқталсақ, монғол тіліндегі екі негізгі деректер — 1242 жылғы «Монғолдың құпия шежіресі», шыңғыстық идеологиясын негіздейтін мәліметтер сақталған; Лувсанданзанның «Алтын шежіресі». Бұл дерек түркі-монғол тайпаларының ХVІ ғасырда дүниеге келген көне жазба мұрасы. Деректе Қазақ хандығын құраған Керей, Жалайыр, Меркіт, Қоңырат, Найман, басқа да түркі тайпаларының бұдан 800 жыл бұрынғы өмір тіршілігі Шыңғыс хан империясының тарихымен сабақтас баяндалады.
Махмұт әл-Қашғаридің ХІ ғасырда жазылған «Диуани лұғат ат-түрік» және Қадырғали Жалаиридің ХVІІ ғасырдың алғашқы жылдарындағы «Жылнамалар жинағы» атты еңбектері түркі тіліндегі деректер тобына жатады.
Түркі халқының аса дарынды перзенттерінің қолынан шыққан «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») 1072 немесе 1078 жазылған деп шамаланады. Бұл еңбек тек қана тіл білімінің мәселелеріне ғана емес, сонымен қатар Орта Азия мен Қазақстан халықтарының әлеуметтік және мәдени өмірінің әр алуан салаларынан мәлімет береді. Еңбектегі түркі сөздерге қарап, қазақ тілі түркі тілідері тіліндегі ата сөздерін көп сақтағандығын көреміз. Қазақстан территориясын мекендеген түркі тайпаларыны қалдырған ортағасырлық ортақ мәдениет үлгісі. Деректе түркі тілдес 20 тайпаның атауы кездеседі және оның этнографиялық құнды мәліметтер берілген.
Ұлы жүздің тарақ таңбалы жалайыр тайпасынан шыққан ғұламаның еңбегі «Жами ат-тауарихтың» («Жылнамалар жинағы») — орта ғасырдағы қазақ тілінде жазылған тұңғыш шығармаларның бiрi. Мұнда Қазақ хандығының ХVI ғасырдың басынан бергі ішкі-сыртқы жағдайлары, қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы, оның халықаралық жағдайлары, хандардың және олардың төңірегіндегі түрлі әлеуметтік топтардың саяси ахуалдары жөнінде аса құнды мәліметтер береді.
Бұл тарихи құнды еңбек өз заманындағы Ортаазиялық жазба дәстүрінде 1600-1602 жылдары жазылған. Еңбек өз заманындағы Орта азиялық жазба дәстүрінде жазылған. Мағынасы мен желісі, сондай-ақ құрылымы жағынан «Тауарих ғузида-и нусрат-наме» (XVI ғ.), Әбілғазының «Түрік шежіресі» (XVII ғ.) және басқа да еңбектерге ұқсас. Қадырғалидың «Жылнамалар жинағын» мазмұны, құрылымы жағынан алып қарағанда, шартты түрде үш бөлімге бөлуге болады, яғни:
— Орыс патшасы Борис Годуновқа арналған арнау;
— «Жами ат-тауарих» атты Рашид-ад-диннің еңбегі негізінде жазылған тарих;
— Ұрұс ханның Ораз-Мұхаммед сұлтанға дейінгі Шыңғыс әулеті ұрпақтарының шежіресі. Еңбектің негізгі желісі Ораз-Мұхаммедтің тарихы болып келеді. Ораз-Мұхаммед хан атақты Тәуекел ханның (1586-1598) інісі Ондан сұлтанның ұлы болатын. Оның аталары Ұрұс хан, Барақ хан, Жәнібек хан, Шығай хандар Алтын Орда, Ақ Орда және қазақ хандығындағы белгілі тарихи тұлғаларға жатады.
Араб тіліндегі деректерде ХІІІ ғасыр басындағы монғолдардың Орта Азия мен Қазақстанды, Иран мен Кавказды және орыс жерлеріне шапқыншылығы, Алтын Ордада билік еткен хандар мен олардың саясаты, ислам мәселесі, ХІV-ХV ғасырлардағы Алтын Орданың саяси бытыраңқылығы, Ақ Орда билеушілері мәселелері қамтылған. Бұл топтағы негізгі деректерге Ибн әл-Асирдің «әл-Камиль фи-т-тарих», әл-Омаридің «Масалик әл-абсар фи мамалик әл-амбар», Ибн-Баттутаның, әл-Джанавидің еңбектері жатады.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі тілдік принцип бойынша парсы тіліндегі және әулеттік принцип бойынша бабырлық дерек көздеріне жатады. Соңғы аталған принципке келешекте тоқталып өтеміз. Қазір хандықтың құрылуына қатысты ең басты еңбекке көңіл бөлерлік. «Тарихи-Рашиди» еңбегі С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов айтқандай: «…Қазақ хандығының ежелгі тарихы байланыстыра баяндайтын ортағасырлық мұсылман тарихнамасындағы жалғыз шығарма», бұл еңбек құнды еңбек. Хандықтың тарихын зерттеуші көптеген тарихшылар, В.В. Вельяминов-Зерновтан бастап қазіргі таңдағы зерттеушілер осы еңбектің деректеріне сүйенді.
Шын мәнінде қазақ хандығының құрылуы тарихына қатысты басты дерек Мұхаммед Хайдар Мырза Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі болып табылады. Шығармада Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға көшуі жан-жақты баяндалады. М. Дулати Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға келуін Есен-Бұға кезінде болды дей тұра «Қазақ сұлтандарының билігі 870 жылдан — біздің жыл санауымыз бойынша 1465-1466 жылдан басталады…» дегенді айтады. Осы мәліметке сүйеніп тарихшылардың көпшілігі Қазақ хандығының құрылуын 1465-1466 жылдар деп есептейді. Бұл жылдарға дейін, яғни 1462 жылы Исан-Бұға қайтыс болып кеткен еді. Олай болса, Керей мен Жәнібек хандардың 1462 жылға дейін Сыр бойына көшкендігі анықталады. Ендеше бұл екі ханның Моғолстанға келген кезі 1458-1459 жылдарға сәйкес келетіндігін ғалым Т.И.Сұлтанов та қостайтындығын байқатады. Ол кісі Қазақ хандығының құрылғандығы туралы мәліметтердің дұрыс емес екендігін алғаш рет дәлелдеген ғалымдардың бірі.
«Тарих-и Рашиди» авторы кейбір даталарды шамамен жуықтап көрсететіндігі. Терең үңіле қараған адамға М. Дулатидің жуықтап алған жылдары аралығында 6-7 жыл-ай айырмашылық бар. Мәселен, Тоғылық Темір хан 1362-1363 жылы қайтыс болса, ұлы Қызыр хан 1368-1369 жылға дейін туған делінеді. Сондай-ақ Ұлықбектің өлген жылы 1449 болса, ол 1455-1456 жылға дейін өлгендігі айтылады. Сол сияқты қазақ хандығының құрылған жылы біздің зерттеуіміз бойынша 1458 жылға сай келіп тұр. Ал «Тарих-и Рашидиде» қазақ сұлтандарының билігі 1465-1466 жылдан басталады деп жазылған[2].
Мәселемізге қатысты жазба деректердің екінші тобы аумақтық принциптік деректер. Оларға европалық авторлардың еңбектеріндегі мәліметтерді жатқызамыз. Қазақстан тарихына қатысты мәліметтер итальян, француз, ағылшын тілдерінде кездеседі, дегенмен аз. Бұл деректерге Марко Поло, Плано Карпини, Вильгельм де Рубрук еңбектері жатады.
Марко Поло «Книга о разнообразии мира» атты еңбегінде Азияға сапары жөнінде баяндайды. Марко Полоның «Кітабы» монғол тарихы үшін маңызды болып табылады, олардың тұрмысы, экономикасы, әскери өнері жайлы, сонымен қатар монғол хандары туралы да құнды мәліметтер береді. Кітаптың LXV тарауында Шыңғыс хан туралы былай дейді: «1187 жылы … патша сайланды, ол Шыңғыс хан деп аталды, батыл, ақылды, тапқыр адам…»
«Құбылай хан, алтынщы ұлы хан. Ол мемлекетті 1256 жылы алады,» — дейді
М. Поло. Саяхатты Сарайға осы Құбылай хан тұсында келіп, әрі Ханбалыққа аттанған[3].
Вильгельм де Рубруктің «Путешествие в восточные страны» атты еңбегі жоғары бағаланды. Француз королінің бұйрығымен жасалған Рубруктің іс-сапары Орталық Азия үшін үлкен мұра қалдырды. Мөңке қағанның ордасы Қарақорым туралы құнды мәліметтер қалдырды.
Плано Карпини монғол хандарымен дипломатиялық қатынастар орнату мақсатымен іс-сапары негізінде алғаш рет Европаны сол кездегі Шығыс әлемімен таныстырды. 1246 жылы Карпини Сарай қаласында болып, Батый ханмен кездесті, содан соң ұлы Күйік ханда Қарақорымда болды, 1249 жылы Римге қайта оралды[4].
Бұл авторлардың еңбектерінен Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты мынадай мәліметтер бар: 1. Монғол жаулауына дейінгі Дешті- Қыпшақтың жалпы тайпалары туралы; 2.Дешті-Қыпшақтың жалпы географиясы; 3. Шыңғыс және оның ұрпақтары, монғолдар туралы; 4. Монғолдардың жаулап алуы, салдарлар туралы.
Сонымен европалықтардың мәліметтері Шығыс елдері үшін өте маңызды.
Үшінші жазба деректер тобы әулеттік принциптегі деректер. Бұл жазба деректердің көпшілігі парсы, шағатай тілдерінде жазылған, дегенмен түрлі әулеттер тұсында.
Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты жазба деректердің ішіндегі әулеттік принцип бойынша топтасқан дректердің алғашқысы Шыңғыс ханның немересі, Төленің ұлы Құлағу әулеті тұсындағы деректер. Құлағу Ильхандар әуетінің негізін салушы, Иранды жаулап алушы. Яғни 1258 жылы Құлағу Иран, Ирак жерлерін бағындырып, жаңа әулет негізін салады- Ильхандар немесе Құлағу әулеті деп аталды. Осы хан тұсындағы дерек мәліметтеріне келетін болсақ, біздің тарихымыз үшін маңыздысы Рашид-ад Диннің «Жами ат-Тауарих» еңбегі. Бұл еңбек ХІV ғасыр 40-жылдары өмір сүрген Газан хан тұсында жазылды. Ол өз халқының тарихына көп көңіл бөле отырып, Рашид-ад Динге монғолдар тарихына қатысты мәліметтерді жинақтауға бұйрық берді. Еңбек 1300/1311 жылы аяқталды. Бұл еңбекті жазу барысында М. Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік», Ата Мәлік Джувейнидің «Тарих-и джехангуша» еңбектері, сонымен бірге монғол тіліндегі, Шыңғыс хан, оның тегі және мұрагерлері туралы айтылған, ильхан мұрағаттарында сақталған «Алтын дептер» бөлігі пайдаланылған. Еңбектің негізгі бөлігі «Тарих-и Газани» деп аталды. Негізінен бұл кітап екі негізгі бөліктерден тұрады. І бөлімде монғолдар тарихы, олар құрған мемлекеттер туралы мәліметтер сақталған. ІІ бөлімі исламға дейінгі жалпы тарихқа, монғол шапқыншылығына дейінгі мұсылман мемлекеттерінің тарихына арналған. Сонымен қатар еңбекте түркі тайпаларына қатысты ерте заманнан ХІІІ ғсырдың басына дейінгі мәліметтер берілген. Ең басты мәлімет — қазақ хандарының ата-бабасы саналатын Орда-Ежен және оның ұрпақтары шежіресі.
Жоғарыда айтылғандай, хандықтың құрылуына қатысты негізгі дерек- бабырлық «Тарих-и Рашиди» атты М.Х. Дулатидің еңбегі. Бұл еңбек Орталық Азияның ХІV- ХVІ ғасырлар тарихындағы әсіресе, қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, және басқа да түркі халықтарының тарихындағы баға жетпес, құнды дерек көзі болып табылады. Бұл шығарма ХVІ-ХVІІІ ғ. жазылған көптеген тарихы шығармаларға негіз болды. 1526 жылы Үндіде билік құрған Темір ұрпағы Бабыр және оның ұрпақтары билік құрып, үнділік немесе делийлік деп аталды. Бұл еңбектің екі нұсқасы бар, бірі-парсы тіліндегі және Ш. Уәлиханов тапқан ұйғыр тіліндегі нұсқалары. Автор кіріспесінде былай деп жазған: «Бұл тарих екі кітаптан тұрады. Бірінші кітап: Тоғылық Темір ханның өмірінің басынан қазіргі күнде хандық билікте отырған Абдрашид ханның өмірін баяндауға дейін; екінші кітап: өзімнің өмірім туралы, сұлтандар, хандар, өзбектер, шағатайлықтар және басқалардың өмірі туралы, көргендерім мен білгендерім туралы, сондай-ақ сол адамдармен бірге өзім қатынасқан оқиғалар туралы».
Яғни 1446 жылы аяқталған бірінші кітапта моғол тайпалары, хандары мен әмірлері туралы тарихы аңыз-әңгімелер айтылған. Сондықтан да еңбектің бұл бөлімін деректанулық талдаудан өткізген жөн[5].
Ал екінші бөлімінде автор өзі көрген оқиғаларды мемуар ретінде баяндайды. Сондықтан да бұл мәліметтер өте құнды. Негізінен бұл еңбектегі оқиға уақыттары шамалап, жуықтап беріледі, сондықтан да олардың кейбіреулері күмән туғызады. Дегенмен «Тарихи Рашиди» Қазақ хандығы тарихы үшін күн өткен сайын құндылығын жоғалтпай, тарих, сонымен қатар деректану ғылымдарында да зерттеушілердің назарын әлі де аударып келеді.
Диплом тақырыбының тарихнамасы. Қазақ хандығы тарихы тарихнамасының төңкеріске дейінгі зерттелуіне келетін болсақ. Алғаш рет Қазақ хандығының құрылуы жөнінде зерттеген ХІХ ғасырдың орыс шығыстанушысы В.В. Вельяминов-Зернов болды. «Исследования о Касимовских царях и царевичах» деген еңбегінде бұл мәселе қозғалады. Автормен ғалымдар, зерттеушілер назарына бірнеше шығыс деректерінен, Қ. Жалайырдың «Жами ат тауарих», Захир ад дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбектерінен мәліметтер беріледі. Төрт томдық еңбегінің екінші бөлімінде Қазақ хандығы тарихын рет-ретімен көрсетті және де қазақ этногенезі мәселесін жаңадан мәлімдейді. Ол Жәнібек пен Керейдің Әбілқайырдан бөлініп, Моғолстан батысына орналасып, хандық құруын Қазақ хандығының құрылуы деп түсіндіреді Кейінгі тарихшылар Қазақ хандығы жөнінде В. В. Вельяминов-Зернов еңбегіне сүйенетін болды. Осыған байланысты зерттеуші Жәнібек пен Керей хандар туралы мәліметтерді Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінің парсы және ұйғыр тіліндегі нұсқаларынан алған, екі нұсқада 1456 жыл деген дата жоқ, бірақ В. В. Вельяминов-Зернов «Бұл кезде Дешті-Қыпшақта Әбілхайыр хан билік құрып тұрды»-деген сөйлемдегі «бұл кездегіден» соң жақша ішінде «860-шамамен 1456 жыл» деп береді[6]. Міне, осыдан кейін кейбір зерттеушілер Қазақ хандығының құрылу уақытында осы датаны қабылдайды [7].
В. В. Вельяминов-Зерновтың еңбегіндегі деректер, оның ішіндегі Керей мен Жәнібектің бөлінуі туралы материалдар қысқаша 1865 жылы Ресейде шыққан әскери энциклопедиялық жинақта беріледі. Бұл жинақтан соң Қазақ хандығы құрылуы жөніндегі тұжырым Республика тарихнамасына берік орнығып, зерттеушілердің барлығы В. В. Вельяминов-Зернов концепциясын қолдайды. Сол дәуірдің зерттеушілері В.В. Бартольд, Н.А. Аристов, т.б. авторлар осы негізгі тұжырымды қабылдап, жалғастырды. В.В. Бартольд өзінің очерктерінің бірі «Очерк истории Семиречья», «Әбілқайыр», «Мұхаммед Шайбани хан» атты энциклопедиялық мақалаларында осы ойды қалыптастырып, Қазақ хандығының құрылу датасын 1456 жыл деп көрсетеді. Бұл еңбек автордың орыс, сонымен қатар шығыс деректерін қолданғанымен құнды. Көптеген текстердің аудармасын да, түпнұсқасын да берген.
М.Л. Аристов бұл мәселе жөнінде В.В. Вельяминов-Зернов тұжырымдамасын қайталайды, бірақ шығыс деректерінің, орыс мұрағат материалдарының фольклорлық, этнографиялық деректер негізінде түркі халықтарының этникалық құрамы туралы мәселелерін қамтиды.
В.В. Вельяминов-Зерновтың еңбегіне дейін 1832 жылы А.И. Левшиннің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегі жарияланды. Еңбекте Қазақ хандығының құрылу мәселелері көтерілді.
Оған дейін Н.М. Карамзин 1821 жылы жарық көрген «Истории государства Российского» атты еңбегінде Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасы қатынастарына тоқталады[8].
Белгілі қазақ ғалымы Ш.Ш. Уәлиханов қазақтар мен ноғайлықтардың этникалық ұқсастықтарын айтып өтті. Ол ХVI ғасырдағы Қазақ және Ноғай мемлекеттерінің саяси қатынастары туралы тарихи мәліметтерді зерттеді.
Керей мен Жәнібектің көшуіне қатысты этникалық себепке ру-тайпа арасындағы жанжалдар туралы алғаш рет ХХ ғасырдың басында Ш. Құдайбердіұлы айналымға енгізген Қарақыпшақ Қобыланды батырдың арғын биі Ақжол биді өлтіруітуралы тарихи әңгімеде тайпааралық дау-дамайға Әбілқайыр хан мен Керей, Жәнібек сұлтандар араласады[9]. Тартыстың биде өлтірген Қобыланды батыр жағына қарай шешілуіне наразылық білдірген қарсы жақ Керей мен Жәнібекпен бірге Әбілқайыр ханнан бөлініп, көшіп кетеді.
Төңкеріске дейінгі кезеңде зерттеушілер шығыс авторларының еңбектері негізінде жазылды. Жоғарыда келтірілген зерттеушілер мен еңбектеріне сүйенсек, Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеу ХІХ ғасырдың ортасынан бастау алды.
Мәселеге қатысты кеңестік кезеңдегі зерттеулерге ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап А.П. Чулошников, М. Тынышпаев өздерінің жаңаша ойларын қосты. Осы уақытта қазақ мемлекеті қалыптасуымен қазақтардың этногенезіне байланысты бірқатар жұмыстар шықты. Солардың ішінде әсіресе, А.П. Чулошников ерекше. Ол қазақ халқының қалыптасуын өзбек ұлысының ыдырауымен және Керей мен Жәнібек басшылығымен көшпелі халықтың көшуімен байланыстырады. Кейін оларға көптеп жаңа тайпалық топтар келіп қосылад. Бұл «жаңа, күшейе түскен көшпенді одақ өзбек ұлысынан бөлінген, жекелеген топтарды біріктіретін хандық биліктің құрылуының қозғаушы күші болды»[10]. Сонымен қатар автор Қазақ хандығының құрылу уақытын 1455/56 жылды көрсетеді[10. 102-бет].
М. Тынышпаев 1925 жылы Ташкентте жарық көрген «Материалы к истории киргиз-казахского народа» атты еңбегімен Қазақ хандығының құрылу тарихнамасына бірқатар үлестер қосты: 1) Алғаш рет автор өз еңбегінде мәселені Қазақ хандығы құрылуы деп атады; 2) Қазақ хандығының құрылуын Алтын Орданың ыдырауымен байланыстырды; 3) Керей мен Жәнібек соңынан ру-тайпалар олардың бірден, кездейсоқ ерген жоқ, кем легенде, бірнеше ондаған жылдар бойы олардың маңында топтасты; 4) Қазақ хандығының құрылу уақытында 1456 жылды ұстанады[11].
Сонымен жоғары көрсетілген авторлар өз еңбектерінде 1456 жылы Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келген және Қазақ хандығының құрылған жылы деп көрсетеді.
Қазақ хандығы тарихы ХХ ғасырдың 30-40 жылдары С.Д. Асфендияров, М. Вяткин еңбектерінде көрініс тапты. 1934 жылы «Тарихты оқыту туралы» қаулы қабылданды. Қаулы бойынша тарих маркстік-лениндік тұрғыда жазылатын болды. Осы уақытта жарық көрген С.Д. Асфендияровтың «История Казахстана» атты оқулығы да басқа көзқараспен ерекшеленбеді.
Шығыстанушы М. Вяткин жеке мақалаларында, «Очерки по истории Казахской ССР» жинағында Қазақ хандығының құрылу мәселесін қарастырды, жалпы қазақ тарихын ерте заманнан ХІХ ғасырдың ортасына дейін зерттеді[12]. Автор Керей мен Жәнібектің бөліну себептерін анықтауда, басты фактор- халықтың саяси оқшалануы деп түсінді. Сонымен қатар М. Вяткиннің 1941 жылы «Большевик Казахстана» бетінде «К вопросу об образовании Казахского ханства» атты мақаласы шықты.
ХХ ғасырдың ортасынан 80-жылдарына дейін мәселені зерттеген А.А. Семенов, В.Ф. Шахматов, С.К. Ибрагимов, В.П. Юдин, К.А. Пищулина, Т.И. Сұлтанов зерттеушілердің еңбегі зор.
1950-60 жылдары бұл мәселемен кәсіпқой тарихшылар, профессорлар айналыса бастады. Қазақ хандығы тарихын соғыстан кейінгі жылдарда зерттелуінің орны ерекше. Біріншіден, кәсіби тарихшылар, шығыс тілін меңгерген мамандар мәселе төңірегінде еңбек ете бастарды. Екіншіден, осы кезеңде мәселеге қатысты дерек мәліметтері топталып, жинақтар шығады.
50-жылдары А.А. Семенов, В.Ф. Шахматов, С.К. Ибрагимов сияқты ғалымдар қарастырып өтеді.
А.А. Семенов «К вопросу о происхождении и составе узбеков Шейбани-хана» атты мақаласында Керей мен Жәнібектің бөліну мәселесіне байланысты деректерді зерттей келе, мынадай қорытындыға келді «…бұл өзбек-қазақтар тарихындағы кездейсоқ, көп қатардағы оқиға болды және көшу халықтың аз бөлігін қамтыды»[13]. Автордың бұл жағдайды Керей мен Жәнібектің бөлінуі Өзбек ұлысының ішкі тартыстары күшейіп және Әбілқайыр хан билігінің аса әлсіреу кезінде дербес сұлтандардың далада кең тараған наразылықтары болып табылады деп түсіндіреді.
А.А. Семеновтың пікірін қолдаған С.К. Ибрагимов болды. Ол орта кезеңінен аса маңызды мәлімет беретін деректердің алдыңғы қатарына масуд бен Османи Кухистанидің «Тарих-и Абулхаир-хани» атты шығармасын жатқызады. Дерекке сүйене отырып, көшудің сол кездегі Қазақстан территориясын мекендеген рулардың саяси өмірінде ешқандай әсері болмағандығына баса назар аударады. Автор деректе Әбілқайыр тұсындағы еліміздің территориясын мекендеген ру-тайпалардың өмірінен кең түрде хабарлама берілетіндігін, бірақ Жәнібек пен Керейді Әбілқайыр ханның дұшпаны, не болмаса олардың көшуі жайында ештеңе айтылмайтындығына тоқтайды. С.К. Ибрагимов хандықтың толық, дербес құрылған уақытын ХVІ ғасырдың 30-40 жылдарына әкеледі. Керей мен Жәнібек бөлініп, жаңа Қазақ хандығы деп аталатын жеке көшпелі мемлекеттің іргетасын қалаған деп есептейді[14].
В.Ф. Шахматов 1950 жылы «К вопросу об этногенезе казахского народа» мақаласында өзбек хандығының бір бөлігінің Орта Азияға кетуімен және Шайбанидтер билігінің әлсіруімен ХVІ ғасырда мемлекеттің пайда болуын байланыстырды. Алғашында қазақ иеліктері ғана пайда болып, оның бірігуі ХVІ ғасырдың ортасында жүзеге асты деп есептеді.
ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы ғалымдардың арасында Қазақ хандығының тарихына байланысты өзгеше пікірлер қалыптаса бастады. Бұл уақытта зерттеген ғалымдар В.П. Юдин, К.А. Пищулина, К.И. Петров, Б.А. Ахмедов, Т.И. Сұлтанов Қазақ хандығының құрылу уақытында жоғарыда көрсетілген авторларда қарағанда басқа датаны көрсетті.
Белгілі зерттеуші В.П. Юдин қазақ мемлекеттілігінің құрылуын Керей мен Жәнібек көшуімен байланыстырмайды. Дегенмен бұл саяси жағдайға ғалым үлкен мән береді, себебі Керей мен Жәнібек көшуі ғана «қазақ» сөзіне этникалық мазмұн береді. Көшу мәнін тым асыруға болмайды деп жазады немее айтып жатады. Бірақ тиісті бағалай білу керек, себебі қазақ халқының тарихында маңызы зор, «қазақ» деген атауға ие болды[15]. В.Г. Тизенгаузеннің «Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды» атты еңбегінің қайта бастырылып шығуына В.П. Юдин де ат салысты. Ғалым хандықтың құрылу уақытын 1465-66 жылдар деп көрсетеді.
Қазақ хандығының құрылу мәселесіне қатысты өз зерттеулерінде көшудің себептерін К.А. Пищулина мен Т.И. Сұлтанов түсіндіруге тырысады. К.А. Пищулинаның пікірінше, Керей мен Жәнібек сұлтандардың көшуі Қазақ хандығының құрылу жолындағы тап күресі түріндегі саяси оқиғалардың маңызды бірі болған[16]. Автор хандықтың құрылуының негізіне шаруашылық, әлеуметтік, саяси дамуларды жатқыза келе, көшу себебін тап күресінен іздейді. Еңбегінде Қазақ хандығының саяси құрылымына қатысты мынадай мәлімет берілген: «Қазақ хандығы ХVII ғасырға дейін біртұтас мемлекет болған… Ханның саяси билігі ықпалының аумағы қазақтардың этникалық аумағымен сәйкес келмесе де, ал хандықтың шекарасы хандардың соғыс кезіндегі табыстары мен сыртқы жағдайларға байланысты жиі өзгеріп отырса да, ең басты билеушінің қол астында біріккен, оның билігі айқындалған»[16. 246-264 б.б.]. К.А. Пищулина да В.П. Юдин секілді 1465-66 жылдарды ұстанады.
1960-70 жылдарда Т.И. Сұлтанов өзінің алғашқы мақалаларында Қазақ хандығының құрылуы мәселесіне көңіл аударып, хандықтың құрылған жылына мүлдем өзге датаны 1470 жылды ұсынады. Себебі, Қазақ хандығының қалыптасуы күрделі процесс екенін көрсетіп, процесс барысын: 1) (1459 жыл) Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуі; Ұрыс хан мен Моғолстандағы Шағатайлықтар арасындағы одақ.; 2) (шамамен 1468 жыл) Керей мен Жәнібектің өздерінің ұлысына оралып, жоғарғы билікті алуы деп көрсетеді.
Сұлтандардың оралу Әбілқайыр өлгеннен кейін орын алған хан тағы үшін күресті өршітті. Күрестер нәтижесінде елдегі билік Шайбани ұрпақтарынан Ұрыс хан ұрпақтарына көшті. Жазба деректерді талдау барысында бұл жағдай 875/1470 жылы болды[17].
Кеңестік кезеңде жарық көрген еңбектерде Қазақ хандығы мәселесі жүйелі түрде баяндалып, көп ғалымдар, зерттеушілер көңіл бөлсе де, өкінішке орай, кейбір туындыларда таптық бағыт айқын көрінді. Сол кезеңге сай маркстік-лениндік тұрғыдан жазылды десек болады.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғаннан кейінгі мәселенің зерттелуі ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы Қазақстандағы қоғамдық қатынастарымен қатар қоғамдық ғылымдағы да өзгерістермен ұшырасады.
Отан тарихын зерттеуде жаңа кезең басталды. Енді елімізге қатысты тарихи мәселелерді таптық тұрғыда емес, ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік туды.
Қазақ хандығы мәселесіне деген қызығушылық күні бүгінге дейін арта түсуде. Қазіргі кезеңде бұл мәселе Ә. Хасенов, С. Жолдасбеков, З. Қинаятұлы, Б. Көмеков, Т. Сұлтанов, Б. Кәрібаев сияқты тарихшылардың назарынан түспей жүр.
90-жылдардың басында орын өзекті мәселелер — Қазақ хандығы қашан құрылды? Хандықтың құрылуы процесі? Және де Қазақ хандығы сипаты жағынан қандай мемлекет? Міне осы сауалдар төңірегінде қазіргі кезде зерттеушілер, тарихшылар еңбек етуде.
Бірінші мәселе бойынша Отандық тарих ғылымында ортақ пікір қалыптаспаған. Қазіргі күнде Қазақ хандығының құрылған жылын көрсететін бірнеше болжам-пікірлер бар. Оларға; 1428, 1445, 1456, 1458, 1465-66 жылдар жатады. Бұлардың ішінде жиі айтылып жүргендері соңғы үш дата[7. 4-б.].
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Б. Кәрібаев хандықтың құрылу уақытына 1458 жылды ұстанады. Тарихшының айтуынша, дерек түрлерінің бәрі, жаба, ауызша деректер хандықтың 1458 жылы көктем айында құрылғандығын көрсетеді, ХV ғасырдың ортасындағы Дешті-Қыпшақтағы, Мауреннахрдағы, Моғолстандағы саяси процесстерді талдау-Қазақ хандығы құрылған жылын 1458 жылға әкеледі. Яғни, 1458 жылы Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келуімен Қазақ хандығының құрылу процесі басталса, 1470/71 жылы Жәнібек хан Дешті-Қыпшақтағы билікті толық өз қолына алуымен Қазақ хандығының құрылу процесі аяқталады деп қорытындылайды[18]. Сонымен қатар Б.Б. Кәрібаев хандықтың құрылуының этникалық алғышарттарына көңіл аударады. Оның пікірінше, моңғол жаулаушылығынан туындаған оқиғалардың Қазақстандағы жергілікті этникалық құрамға біршама өзгеріс әкелгенін және ол өзгерістер негізінен сандық сипатта болды дейміз. Этникалық құрамдағы сандық өзгерістер ХІV-ХV ғғ. оқиғалар көрсеткендей моңғолдық этностық пайдасына шешілмей, жергілікті қыпшақтық этностық даму бағытымен жүрді[19].
Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты тарихи аңыздар да ғылыми айналымға еніп, бірден-бір дерек көзі болды. Археолог М. Елеуов жиырма жылдан астам уақыт Шу, Талас, Сыр өңірлерінде Қазақстанның ортағасырлық қалаларды қазып, археологиялық зерттеулер жүргізді. Осы өңірлерге қатысты тарихи аңыз-әңгімелерді ел аузынан жинаумен айналысты. Нәтижесінде жинаған аңыздардың ішінде Керей мен Жәнібектің көшуіне қатысты екі аңыз бар. Осы екі аңыз Қазақ хандығының құрылған жылын анықтауда көмек береді. Бірінші аңыз бойынша Керей мен Жәнібек Мойнқұмға тышқан жылы, қара күзде көшіп келгендігін бейнелесе, екінші аңызда да қара күзде деп беріледі. Б.Б. Кәрібаевтің талдауынша деректерде үш тышқан жылы көрсетіледі, 1469-70, 1457-58, 1445-46 жылдар.
Тарих ғылымдарының кандидаты Н. Атығаев «хандықтың құрылу уақыты 1462-1466 жылдар арасымен белгілеуге болады. Тарихи деректерде Қазақ хандығының құрылу уақытын нақты көрсететін жалғыз-ақ шығарма бар. Ол түріктің … Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» шығармасы. Онда қазақ хандарының билік құра бастауын һижраның 870 жылымен анықтайды… қазіргі жыл санау бойынша 1465 жылдың 24 тамызында басталып, 1466 жылдың 11 тамызында аяқталды…»[7. 6-б.]
Сонымен қатар басқа да зерттеушілер құрылу датасына қатысты түрлі пікірлерді ұстануда, мысалы, Ә. Хасенов- 1445 жыл, кейін пікірін өзгертіп, 1428 жылды жақтауда, С. Жолдасбеков — 1465-66 жыл, З. Қинаятұлы — 1460-1470 жылдарды ұсынуда.
Қазақ хандығының құрылу процесін Б.Б. Кәрібаев екі кезеңге бөліп қарайды[20]. Бірінші кезеңге 1458-1469 жылдар аралығы: 1) Көшпелі өзбектер ханына наразылардың Керей мен Жәнібекке келіп қосылуы; халық санының көбейе түсуі; 1469 жылға дейін хандық халқы 200 мыңға жетті; 2) 1462 жылы Есен-Бұғаның қайтыс болуы, Жүніс ханның таққа келуі. Бұл кезең Әбілқайыр ханның қайтыс болуымен аяқталып, екінші кезең басталады. 1472-73 жылдарда Дешті-Қыпшақтағы шайбанилық әулет толығымен жойылып, Қазақ хандығының билігінің орнауы сияқты оқиғалар екінші кезеңде орын алды.
Жоғарыда көрсетілген мәселелердің бірі- Қазақ хандығы сипатына қатысты тарихшылардың пікірлері де әр түрлі. Мысалы, «Қазақ тарихы» журналының бетінде басылған «Қазақ хандығы туралы не білеміз?» атты дөңгелек үстелде осы мәселе талқыланған болатын[21]. Осы отырысқа қатысқан кейбір тарихшылардың пікірін келтірген жөн. О. Мұхатова пікірінше, Қазақ хандығы сипаты жағынан демократиялық басқару принциптеріне негізделген хандық мемлекет болып табылады. З. Қинаятұлы : «…Хандықты ұлұғ хан, жүздерді кіші хандар, аймақтарды сұлтандар басқарды… мемлекеттіліктің классикалық түріндегі барлық сипатына ие болды. Елдің шекарасы болды, әр ер адам Елен, жерін қорғауға міндетті болды, шет елдермен жан-жақты қарым-қатынастар жасады, таңба-мөр ұстады, жарлық хаттар жазылды,елші аттандырды, өзіндік Заң ережелері, би-сот жүйесі қызмет істеді. Осының бәрі Қазақ хандығы мемлекет ретінде пісіп-жетілген саяси жүйе екендігінкөрсетеді.» Т. Омарбеков авторитарлық — аристократиялық мемлекет болды деген көзқарасты құптайтынын айтты. Б.Б. Кәрібаев бірнеше жағынан сипаттады, « біріншіден, XV ғасыр ортасында жеке халық ретінде қалыптасып, тарих мінберіне шыққан қазақ этносының төл мемлекеті. Сондықтан да бұл жерде Қазақ хандығының ұлттық, халықтық сипаты көрінеді. Екіншіден, …ғылыми тілде патриархалдық және феодалдық сипаттағы мемлекет түріне жатқызамыз. Ал хронологиялық, тарихи уақыт жағынан алып қарасақ, онда ол кейінгі ортағасырлық мемлекет». М. Ноғайбаева Қазақ хандығына бір орталыққа бағынған, біршама күшті хандық билігі қалыптасқан ортағасырлық феодалдық-патриархалдық мемлекет деп таниды.
Осы жиында Қазақ хандығы құрамындағы алғашқы ру-тайпалар туралы сұрақ қозғалды. Б.Б. Кәрібаев бұл мәселе әлі де өзінің шыңына жеткен жоқ деп есептеді, ал Т. Омарбеков деректерге сүйене отырып, Қазақ хандығы құрылған тұста Дешті-Қыпшақтағы көрнекті тайпалар қатарынан Жалайыр, Қоңырат, Алшын, Арғын, Найман, Қыпшақ тәрізді қазақ халқын құрауға белсенді ат салысқан деп мәлімдеді. О. Мұхатова, «Керей мен Жәнібек сұлтандармен көшіп келген «қазақ» деп аталатын ру-тайпалар Жетісу өлкесіндегі Жалайыр, Қаңлы, Керей, Дулат тәрізді тайпалармен бірікті… Қазақ хандығында бірігудің негізгі ұйытқысы үйсін, қаңлы, дулат, жалайыр тайпалары болды». Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша Қазақ хандығы мәселесі өте күрделі құбылыс және де түрлі сауалдарға қатысты тарихшылардың пікірлері түрлі. Бірақ сипаты туралы пікірлерде авторитарлы-аристократиялық мемлекет деген басым[21. 19-25бб.].
Ресей империясының қазақ жерінде жүргізген жаулап алушылық, яғни отарлау саясатына байланысты жергілікті халықтың тарихын зерттеу басты мақсаттардың бірі болды. Қазақстан тарихын орыс ғалымдарының зерттеуі XVIII ғасырда басталды.
Патша үкіметінің саясатының күшеюіне байланысты ХІХ ғасырда Отанымыздың тарихын зерттеу тереңдеді. Осы кезеңнен бастап Қазақ хандығының мәселесі алғаш рет қозғалды. Бұл кезде хандық тарихы араб, парсы деректер негізінде, әсіресе Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіне сүйене отырып жазылды. Бұл кезеңде В.В. Вельяминов-Зерновтің Жәнібек пен Керейдің көшуімен Қазақ хандығының құрылды деген тұжырымы үстем алып, болашақта біршама зерттеушілер хандықтың құрылуында осы тұжырымды негізге алды.
Төңкеріске дейінгі уақытта Қазақ хандығы немее басқа да мәслелер қазақ ұлтының пайдасына не ағартушылық бағытта емес, патша үкіметінің мүддесі негізінде, көздеген мақсаттарда зерттелді.
ХІХ ғасырдан баста, ХХ басына дейін Қазақ хандығы мәселесі зерттеулерде жалпылама тарихи мәселелер щеңберінде қарастырылды деуге болады.
Бірақ В.В. Вельяминов-Зернов еңбегінде әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпаған Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінің орын алуы сол кезеңде мәз боларлық жағдай деп ойлаймын.
Қазақ хандығы мәселесінің кеңестік заманда зерттелуі ХХ ғасырдың 30-жылдарынан баста қалана бастады. Бұл кезеңде орыс зерттеушілерімен қатар қазақ тарихшылары ат салыса зерттеді, еңбектер басылып шықты. Кең көлемде зерттеле бастаса да, кейбір авторлардың еңбектерінде сол кезең идеологиясы байқалды.
Еліміз Тәуелсіздік алғалы тарихымыз ұлттық тұрғысында зерттелуге бағыт алды. Көптеген тарихшылар, ғалымдар сол бағытты дамытуда еңбек етуде.
Қазақ хандығы мәселесіне қатысты қазіргі заман тарихшылары Төңкеріске дейінгі және Кеңестік кезеңдер зерттеушілеріне қарағанда, Қазақ хандығының орны мен роліне, маңызына орынды және жоғары баға береді. Және де оның мемлекеттілік сипатына байланысты мәселеде өткен кезең зерттеулерімен салыстырғанда, мемлекеттің болғандығын, оның ұлттық сипатта, бір орталыққа бағынғандығын Тәуелсіз кезең тарихшылары мойындайды.
Сонымен, егер жоғарыда көрсетілген мәселелерге қатысты үш кезеңдегі тарихшылардың ой-пікірлеріне тоқтасақ, Қазақ хандығы тарихы өте күрделі, қиын, даулы мәселе екніне көзіміз жетеді.
Ең алдымен, хандықтың құрылу уақыты туралы мәселеде ортақ пікір қалыптаспаған. Соған қатысты тарихшылардың 3 тобы орын алды:
І топ — Шу мен Қозыбас өңіріне Керей мен Жәнібектің көшіп келуі Қазақ хандығының құрылуында шешуші роль атқарды. Осы оқиға 1455/56 жылы болды деп есептейтін ғалымдар тобы;
ІІ топ — 1465/66 жылы Қазақ хандығы Ақ Орданың аумағында құрылды деген пікірді ұстанушы тарихшылар тобы;
ІІІ топ — Қазақ хандығыеың құрылуында сыртқы факторлардың басымдығының көрсетіп, 1470 жылды ұстанушы ғалымдар тобы.
Яғни, хандықтың құрылған жылын анықтауда зерттеушілер бір ауызды емес. Әлі күнге дейін әр тарихшы әр жылды көрсетіп, өзінще болжам және тұжырым жасауда. Бұл сауалдың шешілмеуі Қазақ хандығының тарихын жазуды тежейді деуге болиды.
Екінші сауал, мемлекеттік сипаты жағынан қандай деген сұрақта Тәуелсіз кезеңдегі «тарихшылар пікірлерінің нақты тоқтамаға тоғыспағандарын байқадық. Әзірше Қазақ хандығын авторитарны-аристократиялық мемлекет деп зануды ұсынған көзқарастар үстемдік алуда. Бәлкім, осыны қабылдағанымыз жөн болар»[21. 25-б.] Бірақ хандықты бір орталыққа бағынған, ру-тайпаларды біріктірген. заңнамалық нормалары болған мемлекет екеніне көз жеткіземіз.
Сондықтан да Қазақ хандығы туралы мәселе толық зерттелмей, ғалымдар ортақ пікірге келе алмай жүр. Толық зерттеу үшін не керек деген сұраққа З. Қинаятұлы жоғарыда айтылған дөңгелек үстелде қазақ жыр-дастандарын, шежірелерін тарихи айналымға енгізу керек және де қазақ тарихшыларының өзіндік ізденсі қажет деп ойлайтынын айтты. О. Мұхатованың пікірінше, бұл сұрақты шешу үшін, «ең алдымен бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген деректерді іздеп тауып, талдап, олардың маңызын анықтау керек. Шынайы тарихи деректердің негізінде тың зерттеулер жазылуы тиіс. Жекелеген тарихи тұлғалардың мемлекеттікті нығайту мен дамытудағы рөлін ашып көрсеткен абзац. Бір ғана Қазақ хандығының тарихына байланысты көптомдық еңбек жазуымыз керек. Қазақстанның өткенін әлем тарихының құрамдас бөлігі деп жүрміз, ендеше, Қазақ хандығының тарихын көпқырлы, халық ұялатын ештеңесі жоқ тарих ретінде дүниежүзіне жайып салуымыз керек»[21. 22-б.] Бұл айтылған талаптарды орындау үшін Тәуелсіздік туы желбірегеннен кейін Отандық тарих ғылымында үлкен мүмкіншілік туды.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері.
Диплом жұмысымның мақсаты Қазақ хандығының құрылу тарихы мен оған қатысты мәселелерді зерттеу болып табылады. Осы мақсатқа жету барысында төмендегідей міндеттер қойылды:
- XV ғасырдың ортасындағы Дешті-қыпшақ, Мәуреннахр, Моғолстан мемлекеттеріндегі саяси оқиғаларға назар аудару;
- Қазақ хандығының құрылуының барысы мен кезеңдерін қарастыру;
- Керей мен Жәнібектің көшу себептерін анықтай отырып, Қазақ хандығының құрылуындағы маңыздылығын көрсету;
Диплом жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Жұмыстың теориялық негізін тарих ғылымының дамуы барысында қалыптасқан және Қазақстан тарихы мәселелерін зерттеуде жасалынған жаңаша тарихи ойлау тұжырымдарының бірлігі құрайды. Диплом жұмысында міндеттелген мәселелерді зерттеуде сол кезеңнің тарихи жағдайын зерттеуді мақсат ету және тарихи үрдістер мен құбылыстарды нақты жағдайлармен тығыз байланыста қарастыруға бағытталған тарихилық принципі басшылыққа алынады. Дипломның тақырыбына қатысты кеңестік кезеңде жасалынған түжырымдарға қарағанда тәуелсіз Қазақстанда жасалған тұжырымдар басшылыққа алынады.
Диплом жұмысының хронологиялық—территориялық шеңбері. Диплом жұмысын жазу барысында ХІV ғасырдан XV ғасырдың ортасына дейінгі Қазақ хандығының құрылуының эникалық өзгерістер, XV ғасырдың басынан XV ғасырдың аяғына дейінгі Дешті Қыпшақ, Моғолстан, Мәуреннахр және оларға көршілес аймақтардағы саяси оқиғалар қамтылады. Әсіресе, XV ғасырдың 50-70 –ші жылдарындағы оқиғалар назарға алынады.
Диплом жұмысының құрылымы кіріспе, үш тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диплом жұмысында Әбілқайыр хандығы, Моғолстан және Мәуереннахрдағы XV ғасырдың басынан Қазақ хандығының құрылуына дейінгі саяси мәселелер, сонымен қатар этникалық алғышарттар қарастырылады.
1 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ДЕШТІ-
ҚЫПШАҚ ЖӘНЕ ОҒАН КӨРШІЛЕС АУМАҚТАРДАҒЫ
ЭТНОСАЯСИ ҮРДІСТЕР
Дешті-Қыпшақ даласындағы саяси, этникалық, рухани процестер, өзгерістер, дамулар Қазақ хандығының құрылуының алғышарттары болды. Яғни тек қана саяси мәселелер негізінде емес, сонымен қатар Керей мен Жәнібектің өзбек ұлысынан бөлініп, Шу бойына көшіп келулерінің және ру-тайпа басшыларының олардың соңынан еруінің этникалық үлкен себептері бар.
Монғолдар жаулап алғаннан кейінгі жергілікті этникалық дамуда болған процесстерді ерекшелігіне қарай екі дәуірге бөліп қарастырылады, ХІІІ-ХІV ғасырлар, яғни монғолдардың үстемдік еткен кезеңі; ХІV-XV ғасырлар арасындағы, яғни монғол дәуірінен кейінгі кезеңдердегі этникалық өзгерістер немесе монғолдардың қыпшақтану процессінің аяқталуы.
Дешті-Қыпшақ даласындағы этникалық өзгерістер ХІІІ ғасыр басындағы Шыңғыс ханның жаулап алу нәтижесінде орын алды. Жаулап алу барысында жаңа саяси жүйе бойынша билік басына келген әулетті қолдайтын Дешті-Қыпшақ даласына қоныстанған жаңа тайпалар келді. ХІІІ ғасырда монғол шапқыншылығы Дешті-Қыпшақтың саяси даму тарихын өзгертсе де, этникалық дамуды толық өзгертпеді. Бұл дипломдық жұмысымның жазылуы барысында дәлелденіп жатар.
Жұмахан Арыновтың ортағасырлық түрік және парсы деректеріне көз жүгірте отырып тұжырымдауынша, ХІІІ ғасырда Орта Азияға, Дешті Қыпшақ жеріне Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының әскер құрамында Шығыс Алтай, Тарбағатай, Шығыс Түркістаннан келген ру-тайпалар найман, керей, жалайыр, меркіт, барлас, қоралас, қият сияқты түркі-монғол ру-тайпалары келіп қосылды.
Тарих ғылымының докторы Б.Б. Кәрібаев ХІІІ-ХV ғасырларда монғол ру-тайпалары келгеннен кейінгі этникалық процесстердің дамуына ықпалын тигізген мынадай факторларды атап өтеді: 1. Монғол жаулаушылығынан туындаған оқиғалардың жергілікті этникалық құрылымға тигізген кері әсері; 2. Монғол жаулаушылығы мен одан кейінгі қалыптасқан тарихи жағдайдың жергілікті этникалық құрылымға тигізген әсері; 3. Монғолдық этникалық элементтердің түркіленуі немесе қыпшақтануы; 4. Жергілікті этникалық дәстүрдің монғолдық мемлекетті басқару жүйесінде үстемдікке жетуі[19. 27-б.]Осы факторларды талдай отырып, оның хандықтың құрылуының этникалық алғышарттарына қалай әсерін тигізгенін көреміз.
Сонымен қатар тарихшы, зерттеуші Б. Кәрібаев монғол жаулаушылығы нәтижесінде пайда болған жергілікті этникалық құрамдағы өзгерістерді нақты оқиғалардан көрсетеді: 1. монғол жаулауы қарсаңында, 1200-1218 жылдар аралығында Қазақстанның әр аймағына Монғолия жерінен Шыңғыс ханның әмірлігімен найман, керейт, меркіт, жалайыр тайпаларының жекелеген топтары қоныс аударды[22]. Сонымен қатар жаулап алу барысында Отанымыздың территориясына маңғыт, қият, барлас, қоңырат сияқты этникалық топтар келді. Бұл аталған тайпалар қазақ этносының қалыптасуында белсенді роль атқарды. 2. қыпшақ тайпаларының бір бөлігі монғолдардың ығыстыруымен Солтүстік қазақстан мен Батыс Сібірге көшуге мәжбүр болды[23]; 3. Шыңғыс хан Дешті-Қыпшақты улкен ұлы Жошыға бере отырып, оған 4 мыңдық монғол әскерін қалдырады; соған байланысты Дешті-Қыпшақ тұрғындары монғол әскерлерінің қатарын толтырып, жасаған жорықтарына қосыла отырып, көбісі бағындырылған аймақтарда қалып қойып отырды[19. 27-б].
Қарастырылып отырған кезеңдегі монғол жаулауының тигізген кері әсерін мынадай оқиғалармен көрсетуге болады: а) жаулау кезінде жергілікті халықтың тұрғылықты жерлерінен, мекендерінен айырылып, басқа жерлерге қоныс аударуы; ә) жаулап алушылардың ең жақсы жайылымды және құнарлы жерлерді иемденіп, жергілікті ру-тайпалардың басқа жерлерге орын ауыстыруға мәжбүрлеуі; б) жаңа ұлыстардың құрылуы негізінде монғолдық басқару жүйенің этникалық құрылымды өзгеріске ұшыратып, жергілікті этностарды араластырып жіберді[19. 28-б].
Бұл өзгерістерге қарамастан жаңа этникалық құрылымдардың негізінде жергілікті этностар қайта жанданды.
ХІІІ-ХV ғасырлардағы этникалық өзгерістердегі назар аударарлық ерекше фактор- монғол этникалық топтардың түркіленуі немесе қыпшақтануы.
Алғашқы монғол хандарының қыпшақ жерінде жүргізген билік жүйесі туралы екі ағым қалыптасты. ХІІІ ғасырдың 50-шы жылдары бүкіл монғол империясын билеген Мөңке қаған тұсында екінші ағым, яғни жергілікті халықпен жақындасу, олармен қарым-қатынасты ретке келтіру орын алды. Бұл дегеніміз — бағындырылған халықтың үстем топтарымен жақындасып, олардың идеологиясы мен мәдени дәстүрлерін қабылдау[24].
ХІІІ-ХV ғасырлар аралығында хандық билік пен жергілікті этникалық күштердің қоғамдық өмірдегі орны мен олардың қарым-қатынастары бірнеше даму сатысынан өтті, оларды былайша бөлуге болды: 1) ХІІІ ғасыр басы-ХІІІ ғасыр ІІ жартысы, бұл кезең хандық биліктің жеке билігі және жергілікті этникалық топтардың билікке тартылмауымен анықталады; 2) ХІІІ ғасыр ІІ жартысы-ХV ғасыр І жартысы, жергілікті этникалық күштердің билікке тарту; 3) ХІV ғасыр ортасынан — ХV ғасыр басына дейінгі кезең, жергілікті этникалық күштердің билікке белсенді араласуы ( Қият Мамай, Едіге, Әмір Темір, әмір Болатшы, әмір Қамараддин іс-әрекеттері ); 4) ХV ғасыр басына бастап жеке хандық биліктің жергілікті этникалық күштермен санаса бастауы[25].
ХІІІ ғасырдың ІІ жартысында бұзылған шарушылықтардың қалпына келуі, экономикалық байланыстардың реттелуі, сауда жолдарының тұрақты жұмыс істеуі сияқты жаңалықтар этникалық өмірге де әсерін тигізбей қоймады. Бірте-бірте монғолдар жергілікті этностың тілі мен әдет-ғұрыптарын қабылдай бастарды, яғни қыпшақтық этникалық даму жолына түседі. Ең алдымен қарапайым монғолдық компоненттер өзгеріске түсті. Жат елді адамдарқыпшақ тілін, әдет-ғұрпын, дәстүрін, салтын қабылдайды. Яки әлеуметтік жүйеде төменнен жоғары қарай жүрді. Қарапайым монғолдар Дешті-Қыпшақтың қарапайым тұрғындарына, нойандар әмірлерге не бектерге, баһадүрлер батырларға айналды. Бұл процесс ХІV ғасырдың І жартысында монғолдық элементтердің толығымен қыпшақтануымен аяқталды. Араб саяхатшысы Әл-Омари бұл процесс туралы былай деген болатын: «Ертеректе бұл мемлекет қыпшақтар оларға бағынышты болды. Кейін олар араласты және туыстасты, сөйтіп қыпшақ жерл олардың табиғи және нәсілдік қасиеттерінен асып түсті. Осылайша олар қыпшақтармен бір ру адамдары секілді ұқсас болып кетті…»[26].
Сонымен қатар монғолдардың қыпшақтануын Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан хандарының дінге деген қарым-қатынасынан, іс-әрекеттерінен көре аламыз, мысалы, Берке ханның мұсылманшылдығы мен Өзбек ханның мұсылман болуы, Ақ Ордадағы Ерзен ханның исламға көп қолдау көрсетуі, Моғолстандағы Тоғылық Темір ханның исламы қабылдауы сияқты құбылыстар[27]. Бұл жазба деректердегі монғол билеуші топтың жергілікті этностың дінін қабылдағанын және исламның қорғаушысына айналғаны туралы баяндаулардан көрінеді. Хандардың исламды қабылдаған кезі ХІV ғасырдың І жартысы, яғни монғол үстемдігінің аяқталғандығын және жаңа кезеңнің басталғандығын көрсетеді[19. 26.-б.].
Жергілікті халықтың мәдениеті негізінде этникалық процесс бұрынғы қарқынында дами түсті.
Жергілікті этникалық дәстүр монғолдық басқару жүйесіне тарала қоймай, сонымен үстемдікке жетті. Екі этноста болған мұрагерлік жолмен биліктің берілу дәстүрінде айырмашылық болды. С.М. Ақынжанов өз еңбегінде көшпелілерде ертефеодалдық мемлекеттік құрылымға тән хандық билік ұлына емес, аға-інісіне немесе немере туысқа көшіп отырған деп көрсетеді[28]. Соған байланысты монғолдық кезеңге дейін қыпшақ қоғамы ертефеодалдық мемлекеттік құрылым сатысында болды. Оның ерекшелігі барлық салалардағы ру-тайпалық қатынастар түріндегі қоғамның әлеуметтік ұйымдасуының ерекше формаларының көп болуында еді, сонымен қатар саяси және әлеуметтiк бағыну сатылары қауымдық-рулық бөлініс принципі, яғни тайпалардың ағалығы, үлкендік бойынша құрылуында. Қыпшақ қоғамында мұндай салт-дәстүр мемлекеттік билікті мұралануда көрінген. Қазақ халқының дәстүрінде әлі де сақталған, яғни әкеден кейінгі сый-құрмет жасына қарай әкенің інілеріне немесе туыстарына көрсетіледі. Ал монғол этносынндағы мемлекеттік билікті мұралануда хандық билік атадан әкеге, әкеден балаға тікелей беріліп отырған. Бұған мысал ХІІІ-ХV ғасырларда Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан мемлекеттеріндегі билеген әулеттердің басқару жүйелерінен көруге болады.
Билікті мұраланудың монғолдық нұсқасы ХІV ғасырдың ортасына дейін өмір сүріп келді, ХІV ғасырдың ІІ жартысынан бастап ірге-тасы шайқалды, ХІV ғасырдың ІІ жартысында Алтын Ордадағы билік үшін күрестер, Моғолстандағы ХІV ғасырдың 70-90 жылдарындағы оқиғалар мысал болады. ХІV ғасырдағы биліктегі хандар жергілікті этникалық топтардан шыққан күштерге арқа сүйей бастады. Оған қоса жергілікті этносаяси күштер кейбір өңірлерде билікті толық өз қолына ала бастайды. Оған мысал Мауреннахрдағы Ақсақ Темір, Ноғай Ордасындағы Едіге ұрпақтарының билігі. ХV ғасырдың ортасында құрылған Қазақ хандығында билікті мұралануда-әкеден ініге немесе туысқа, яғни қыпшақтық дәстүр орнағанын көреміз. Хандық биліктің мұраланудың бұл жолын енгізген ресми билікке ұзақ араласпаған, сұлтан атағын иемденген, жергілікті халықтың барлық дәстүрін қабылдаған, соның ішінде қыпшақтың мұрагерлену дәстүрін де өздерінің дәстүріне, санасына сіңірген Шыңғыс ұрпақтары. Сондай сұлтандардың бірі, әрине, Қазақ хандығының негізін салуны Керей мен Жәнібек сұлтандар. Бұл да Қазақ хандығының құрылуындағы этникалық алғышарттардың ықпалы[19. 29.-б.].
Жоғарыда аталғандай монғол шапқыншылығының сандық және сапалық сипатта жергілікті этникалық топтарға әсері тиді. Соған байланысты сандық сипаттағы теріс әсеріне келетін болсақ, біріншіден, жаулап алу кезіндегі адамдар өлімі, бұл туралы араб тарихшысы Ибн әл-Асир жылнамасында былай дейді:
«…олар ешкімді аямады, әйел адамдарды, ер адамдарды, сәбилерді аса қатылдықпен ұрды, жүкті әйелдерді де, ұрықтағы сәбилердің де жанын аямады…»[29]; екіншіден, қолөнершілер мен шеберлердің тұтқынға түсуі; үшіншіден, қыз-келіншектерін алып кету сияқты үлкен-үлкен залалдар шекті. Сапалық жағынан монғолдардың Дешті-Қыпшақ аумағына шашырап орналасуы қыпшақтану процессіне, яғни жергілікті жерге сіңісіп кетуіне оң жағдай болды. Сапалық және сандық әсерлер ХІV ғасырдың ортасында Дешті-Қыпшақ аумағында жергілікті этникалық күштердің ықпалы нәтижесінде жалпылама атаудағы өзбек этно-қауымдастығының қалыптасуына әкелді.
Тағы бір этникалық себепке ру-тайпа арасында дау-жанжалдар жатады. Өзбек хандығында орын алған жан-жалдардың бірі Ш. Құдайбердіұлының ғылыми айналымға енгізген Қарақыпшақ Қобыланды батырдың арғын биі Ақжол биді өлтіруі. Осы тарихи әңгімеде тайпааралық ұрысқа Әбілқайыр хан және Керей мен Жәнібек араласуы туралы, тартыстың биді өлтірген Қобыланды батыр пайдасына шешілгеніне байланыстынаразы болған халық Керей мен Жәнібекпен Әбілқайыр ханнан бөлініп, көшіп кетуі туралы айтылады[9].
Ақын-жазушы әрі тарихшының еңбегінде халқы Ақжол би атаған Дайыр қожа тұлғасын әділ би деп рухани көсемі ретінде көрсеткен, қазақ сұлтандарының бидің азабын жазықсыз қалмауын көздеп, Әбілқайырдың Қобыландыны бермей: «Мұны өлтірсең қалған ел бұзылар» дегенін, соған өкпелеп қазақтың көшкені айтылады. Халықтың бұл орын алған жағдайға қарсы шыққанының себебі, халқы оны ұнатып, еңбегін бағалады, оны дінбасы, рухани өмірдің көсемі деп қадірледі. Сондықтан да Дешті-Қыпшақтың ру-тайпаларының рухани басшысынан айырылуы, қылмыскердің ханның өзінен қолдау тауып, айыпталмауы Керей мен Жәнібектің соңынан еріп, Моғолстанға көшіп кетуіне әкелді. Бұл да Дешті-Қыпшақ даласында этникалық және де рухани даму процесстердің нәтижесі.
Айтылған оқиғаларды қорыта келе мынадай тұжырымдар жасауға болады, монғол шапқыншылығынан кейінгі этникалық өзгерістер, яғни монғолдық этникалық күштер жергілікті этносқа сандық жағынан әсерін тигізсе де, уақыт өте келе жергілікті этникалық құрылым басқа этникалық күштерді енгізіп, қыпшақтандырды, және де монғолдық хандардың исламды қабылдауы және исламның қорғаушысына айналуы этникалық дамудағы қыпшақтардың пайдасына тиді, сонымен қатар монғол хандарының мұрагерлену дәстүрінің қыпшақтық нұсқасына бас аударуы жергілікті этникалық күштердің толық жеңісі болды деуге болады. Бұған қосарым Зардыхан Қинаятұлының айтуынша, Жошы хан 1225 жылы Ақ Орда мемлекетін құрғанда өзімен бірге 4000-дай монғол билеушілерін ала келгені болмаса, жергілікті халыққа, оның тірлік еткен қоғамына ешқандай өзгеріс енгізген жоқ. Тек халықтың басына моңғол ұлыстық жүйесін ғана әкеп орнатты. Халық, жер, ру, тайпа, мал-жан өз орнында қалды[30].
Сонымен қатар хандықтың құрылуында этникалық процесстермен бірге руханилық соңғы орында болмағандығына көз жеткіземіз.
Қазақ хандығын құраған тайралардың этникалық бастауын ең бері дегенде Қыпшақ хандығы, Ақ Орда мемлекеті дәуірінен бастап қарастыру қажет. Қазақ хандығы құрылған тұста Дешті-Қыпшақтағы ру-тайпалар қатарынан жалайыр, қоңырат, алшын, арғын, найман, қыпшақ тәрізді беделді тайпалар қазақ халқының қалыптасуында белсенді ат салысты.
Осы тайпалардың ішінде Жәнібек пен Керейді қолдап, Моғолстанға келген жалайыр, қоңырат, арғын, найман, қыпшақ. Біртіндеп Шу мен Талас арасында саны 200 мыңға жеткен алғашқы Қазақ хандығы осы тайпалардан тұрды деп есептейді тарихшылар.
В. П. Юдиннің зерттеуінше, керейттер, қаңлылар, дулаттар Моғолстанға қызмет етті, ал ноғайлар мен маңғыттар ықпалында болған алшын, байұлы тайпа одағына және жетіруға біріккен тайпалар алғашқы кезеңде «Көшпелі өзбектер» мемлекеті құрамында қалды[21. 23-б.].
Белгілі ғалым М. Тынышпаевтың еңбегінде өзбек ұлтын құраған төмендегі қазақ-ру тайпалары айтылады: үйсіндер, жалайрлар, қаңлылар, сіргелілер, ошақтылар, қыпшақтар, наймандар, қоңыраттар, ашамайлы және шереуші алшынның барлық рулары негізгі халқын құрады[21. 24-б.].
Сонымен қатар қазақ этногенезінің этникалық құрамының негізін соңғы сатыда Өзбек ұлысының тайпа топтары қүрады. Сондықтан да қазақтардың ХV-ХVІ ғасырлардағы этникалық тарихын анықтауда Өзбек ұлысының ру-тайпалық құрамын білген жөн. Т.И. Сұлтанов Масуд ибн Осман Кухистанидің еңбегіне жүгіне отырып, еңбектегі ХV ғасырдың 30-60 жылдарындағы «көшпелі өзбектер» құрамындағы ру-тайпалардың тізімін көрсетеді: барак, буркут, дурман, икчи, йджан, каанбайлы, қарлұқ, кенегес, қоңырат, қыйат, курлаут, кушчи, маңғыт, масит, найман, таймас, тангут, тубай, туман, туман-минг, ұйғыр, үйсін, украш-найман, утарчи, хытай, чат (джат), чинбай[31].
Махмұд ибн Уәлидің мәлімдеуінше, Әбілқайыр хан әскерінің қатарында ойраттардың, маджарлар, қыпшақтардың жасақтары болды[32]. Басқа да авторлардың шығармаларынан бұл тізімге шункарлы, шадбаклы, тубатуман, куйун, чубурган, алшын руларын қосуға болады.
Яғни қазақ хандығының құрылуында ру-тайпалар маңызды роль атқарды. М. Тынышпаев еңбегінде Қазақ хандығының құрылуын Алтын Орданың тарихымен байланыстырады[11]. Алтын Орданың құлдырауымен жаңа хандықтар Қазан (1439 ж.), Қырым (1449 ж.), Шайбақ ұлыстары Сібір (Түмен) және Оңтүстікке (Әбілқайыр) бөлініп кетеді; Моғолстанмен шекаралас Қазақ хандығы құрылды.
Осы хандықтардың құрылуы да ХV ғасырда Дешті-Қыпшақ, Жетісу мен Шығыс Түркістан аймақтарындағы этникалық даму монғолдық әсерді толығымен жұтып, жаңа этностардың дүниеге келгенін, монғолдардың енгізген мемлекеттілік жүйесі сақталса да, қалған қоғамдық өмірде жергілікті тайпалардың қоғамдық қатынастары толығымен жеңіске жеткенін, жаңа этностардың өзінің этно-саяси, этно-территориялық мүддесін қорғай алтын саяси құрылымдардың пайда болғанын көрсетеді. Ең бастысы, Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары құрған мемлекеттік құрылымдары жергілікті этникалық сипатқа ие болып, жаулап алушылар жергілікті тайпалар арасына сіңісіп, араласып кеткенін айқындайды.
Жоғарыда айтылғандай Қазақ хандығы халқының негізін өзбек ұлысының тайпалары құрады, сондықтан да ХV ғасырдың І жартысындағы Әбілқайыр хандығыңдағы ішкі және сыртқы саяси өміріндегі өзгерістер мен этникалық процесстер хандықтың құрылуына да қолайлы алғышарттар әкелді.
Әбілқайыр хан билік басына жергілікті этникалық күштердің басым көпшілігінің көмегімен келе отырып, 1439-1440 жылдардағы Дешті-Қыпшақтағы саяси бытыраңқылықты жойып, бүкіл аймақта ортақ саяси, этникалық, территориялық кеңістікті қалыптастырды. Сөйтіп, Әбілқайыр хан билігін мойындаған аймақтар Әбілқайыр хандығының территоиясы есептеліп, сол аймақтардағы ру-тайпалар «көшпелі өзбектер» атты ортақ этникалық атаумен аталды[36].
Т.И. Сұлтановтың еңбегінде өзбек-қазақ тайпалары құрамында 92 «өзбек» тайпаларының кіргені туралы айтылған. Тарихшы зерттеуінде Сайф ад-дин бен Дамулла Шах Аббас Ахсикентидің «Маджму ат-тауарих» атты еңбегін келтіреді.
«Маджму ат-тауарих» — тарихи даталар және оқиғалар аңыздар мен қияли әңгімелермен аралас берілген жартылай тарихи-жартылай аңыздық шығарма. Еңбек тәжік тілінде ХVІ ғасырда Ферғана маңында сайф ад-дин бен Ахсикенти атты молдамен жазылған.
Осы еңбекте Өзбек хандығында Дешті-Қыпшақтың 92 көшпелі тайпасы болғандығы айтылады. Бұл сан Орта Азияда өзбектердің саяси күшейген кезіндегі Оралдан Индке дейінгі территорияны мекендеген көшпелілердің этникалық топтарының санын көрсетеді[34]. Одан басқа В.В. Бартольд «өзбек тайпаларының 32 болғанын, кейін 92, 1756 жылы, маңғыттардан шыққан алғашқы бұхарлық Мұхаммед-Рахим ханның таққа отыруы туралы әңгімеде әлі де 32 тайпасы туралы айтылады; 1781 жылы Бұхара билеушісі орыс агенті Бекчуринге 92 тайпа туралы айтқан» деп жазды. В.В. Бартольд 92 «өзбек тайпаларының» пайда болуын 32 тайпаның «бірте-бірте ыдырауынан» деп түсіндіреді[35].
Ал Т.И. Сұлтанов бұл мәселені анықтауда 32 тайпаның «бірте-бірте ыдырауымен» емес, тайпалардың екі түрлі тізімімен кездесіп тұрмыз деп түсіндіреді. Яғни тарихшы Ахсикентидің «Маджму ат-тауарих» шығармасына сүйене отырып, 92 тайпаға дәстүрлі бөлінуі ХVІІІ ғасырға дейін өмір сүрген деп көрсетеді. Ахсикенти бізге жетпеген дерек көзіне сүйенгеніне қарап, 92 тайпаға бөліну ХVІ ғасырдың І жартысына дейін, немесе одан да ертерек пайда болған. Ал Дешті-Қыпшақ өзбектерінің 32 тайпаға бөлінуі тарихының белгілі бір сатысында болған. Бірқатар ХІХ ғасыр авторларының еңбектерінде Орта Азия өзбектерінің 32 тайпаға бөлінуі туралы мәліметтер бар. «Отыз екі баулы өзбек» туралы қазақ аңыз-әңгімелерінде де айтылады. Бірақ не Ахсикенти, не А. Борнс, Г. Потанин секілді авторлар 32 тайпа тізімін көрсетпейді, тек А. Вамбери 32 «өзбек» тайпа тізімінің хиуалық нұсқасын жариялады: «қоңырат, қыпшық, қытай, маңғыт, нукус, найман, кулан, қият, аз, таз, сайят, жегатай, ұйғыр, айбет, дормен, ошун, қанжығалы, нагай, балғалы, митен, жалайыр, кенегес, қаңлы, ичкили, багурлю, алшын, ашымайлы, қара-құрсақ, биркунак, тыркиш, кеттекесер, мың».
Ал Ахсикенти еңбегіндегі мәліметтердегі 92 тайпа тізімінің рет-ретімен берілуі әр тайпаның Дешті-Қыпшақтағы мәртебесін көрсетеді.
Т.И. Сұлтанов та «Маджму ат-тауарихтағы» тайпа атауларының орналасуын олардың сол кездегі қоғамда алатын орны мен роліне байланысты деген пікірде. Соған қатысты Б.Б. Кәрібаев Ахсикенти еңбегінде қазақ халқының құрамына енген тайпалар төмендегідей ретпен берілгендігін көрсетеді:
Жалайыр- төртінші;
Қоңырат- алтыншы;
Алшын- жетінші;
Арғын- сегізінші;
Найман- тоғызыншы;
Қыпшақ- оныншы;
Қаңлы- жиырма сегізінші;
Керейт- қырықыншы;
Меркіт- қырық алтыншы;
Қоралас- қырық тоғызыншы;
Керей- елу алтыншы;
Тама- елу тоғызыншы;
Рамадан- алпысыншы;
Үйсін- алпыс бірінші;
Телеу- жетпіс бірінші;
Кердері- жетпіс екінші.
Осы еңбекте кездесетін он алты ірі тайпа қазіргі күндегі қазақ халқының құрамында. Тізімдегі алты тайпа- Жалайыр, Қоңырат, Алшын, Арғын, Найман, Қыпшақ тайпалары 92 тайпаның ішіндегі бірінші ондықтағы тайпаларға жатады. Яғни ХV ғасырдың І жартысында бұл тайпалар күллі Дешті-Қыпшақта сан жағынан да, әскери қуаты жағынан да жоғары дәрежеде болды[33. 5-б.].
Әбілқайыр ханды, жалпы шибанилық әулетті қолдаған тайпалар Мың, Қият, Дурман, құсшы, Отаршы, Тубай, Жат, Қытай, Кенегес, Құрлаут, Итжан, Шынбай, Таймас, Барақ, Ұйғыр және де Найман, Өкіреш-Найман, Қоңырат тайпаларының бір бөлігі. Осы тайпалар ХІІІ ғасырдың І ширегінен Шибан ұлысында өмір сүріп, Жошының бесінші ұлы Шибанға және оның ұрпақтарына бағынып, соларды қолдады.
Ал Жалайыр, Арғын, Қыпшақ, Алшын, Найман, Қоңырат секілді тайпалар, яғни қазақ тайпалары Шибан әулетінің билігіне, Әбілқайыр ханның таққа келуін аса қолдамады, себебі бұл аталған тайпалар ханның бірде-бір саяси-әскери әрекеттеріне араласқаны айтылмайды. Бұл тайпалар алғашында Орда Ежен ұлысында, кейін Ақ Орда хандығында бірнеше ғасыр бойы билік құрған ордаежендік әулетке адал болған секілді. Саяси-экономикалық жағдайларға байланысты бұл тайпалар «көшпелі өзбектер» хандығында кездеседі деуге болады, себебі, олар — Дешті-Қыпшақтың негізгі тайпалары, Барақ хан қайтыс болғаннан кейін Орыс хан ұрпақтары ішінде тұлғалық ролі жоғары, елді басқара алтын адам табылмады. Ал 1428 жылы Әбілқайыр хан хан боп сайланған кезде Керей мен Жәнібек жас болған. Сондықтан да жоғарыда айтылған Жалайыр, Арғын, Қыпшақ, Алшын, Найман, Қоңырат секілді тайпалар Дешті-Қыпшақтың жаңа этноқауымдастығы- «көшпелі өзбектер» құрамына енгізіліп, 92 тайпаның құрамдас бөлігіне айналды.
1428-1468 жылдары Әбілқайыр хан тұсында «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығында үлкен үш топ қалыптасты, біріншісі- маңғыттар; екіншісі- шибан әулетінің билігін қолдаушы шибандықтар; үшіншісі- Ақ Орда хандарының билігін қолдаған, «қазақ» атанған Жалайыр, Арғын, Қыпшақ, Алшын және Найман, Қоңырат тайпаларының бөліктері, яғни ордаежендік немесе ақордалық тайпалар деп атайды. Мұндай мәлімет Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидің «Михман намэ-йи Бухара» атты дерегінде өзбектерге үш тайпаның жатқанын жатқанын, алғашқылары- шибаниттер, екіншілері- қайраттылығымен және білектілігімен белгілі қазақтар, үшіншілері- маңғыттар. Бұл тайпалардың хандары бір-біріне озбырлықпен қарады, жерлеріне қол сұғып отырды. Тайпалардың сыйлы хандары болды: Шыңғыс хан ұрпақтарынан болған белгілі және ұлы адамдар сұлтандар деп аталса, ал бәріненде атақтысы, тақсырлардың әйгілісі, олардың билеушісі хан атанды деп жазылған деректе[36].
Шибандықтар деп Шибан ұлысының құрамында ұзақ уақыт бойы ортақ этно, саяси, рухани, шаруашылық кеңістікте өмір сүрген, бір-бірімен өте жақындасып кеткен, ортағасырлық авторлар шибандықтар деп атаған тайпаларды білеміз.
Маңғыттар деп аталатын тайпалар ХІV ғасырдың соңынан Еділ мен Ембі өзендерінің аралығында мекен етіп, Едіге және оның ұрпақтары билік еткен Маңғыт ұлысында болды. Бұл тайпалар да ұзақ уақыт бір ортақ кеңістікте өмір сүріп, бір-бірімен араласып, жетекші тайпаның- маңғыт тайпасының атауымен аталды. Шибандықтар мен маңғыттарда түркілік және моңғолдық этнокомпоненттер белгілі болды, бірақ маңғыттарда түркілік компоненттер басым болды.
Ордаежендік немесе ақордалық атанған Өзбек хандығының үшінші этникалық тобы Жошы ханның үлкен ұлы Орда Еженге берілген Ертістен батысқа қарай Орталық Қазақстанға дейінгі жерлерде, оңтүстікте Сырдың орта ағысына дейінгі аймақтарда өмір сүрді. Осы ұлыста билеген әулетті ордаежендік деп атады. Сондықтан да Орда Ежен ұрпақатарының билігін мойындап, қолдаған ру-тайпалар ордаежендіктер деген атауға ие болды.
Ордаежендік тайпалардың шығу тегіне келсек, олардың жергілікті, дештіқыпшақтық тайпалар екендігін көруге болады.
Алшын, Арғын, Қыпшақ тайпалары деректер мен зерттеулер мәліметтерінде ХІІІ ғасырдың басына дейін Дешті-Қыпшақ даласында өмір сүргенін айтады[33. 6-б.].
Осы үшінші топтағы тайпалардың «көшпелі өзбектерден» бөлінуі Қазақ хандығының құрылуына алып келді. 1449-1449 жылдары, яғни бөлінуге дейін Әбілқайыр хандығының саяси жағдайына этносаяси сипаттағы оқиғалар әсер етті.
Солардың бірі- 1446 жылғы Әбілқайыр ханның Сыр бойындағы қалалар мен өңірлерге билігінің орнауы, яғни бұл арқылы хан осы аймақтардағы тайпаларға өз үстемдігін мойындатты; екіншісі- 1449 жылы Оқас би қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлерінің Әбілқайыр ханмен одақтасудан бас тартуы, соған байланысты маңғыттардың Өзбек хандығынан бөлініп кетуі.
Неліктен ордежендік тайпалар мен әулеттің Әбілқайыр хан билігін қолдамауын келесі себептермен түсіндіруге болады: 1) Шибан әулетінің қысымшылығынан босанып, Ақ Орда хандарының билігі тұсындағы саяси жағдайды қалпына келтіру; 2) Ордаежендік әулеттің көрнекті өкілдері Керей мен Жәнібекке, ең бастысы, ордаежендік әулеттің билігін Дешті-Қыпшақта келтіру болды, яғни тайпалар мен әулеттің көздеген мақсаттары бірдей еді. Яғни Әбілқайыр ханға қарсы күресуде бастаушы және қолдаушы пайда болды. Сөйтіп, Керей мен Жәнібек ордежендік тайпаларды бастап Әбілқайыр ханға қарсы шығуларына хандықтағы бірнеше оқиғалар қолайлы әсер етті. Жоғарыда айтылып кеткендей, маңғыт биі Оқастың қайтыс болғаннан кейінгі хандықтағы жағдай жатады. 1449 жылы Оқас би қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлері Әбілқайыр ханнан бөлініп кетеді. Бұл туралы тарихшы В.В. Трепавлов былай жазды: «Маңғыт жұртының өзбек хандығынан бөлінуі 1440 жылдардың соңында Оқас би қайтыс болғаннан кейін оның ұлдарының Әбілқайырға бағынудан бас тартуы болды. …Оқас бидің Әбілқайырға қарағанда басқа бір әлсіздеу Жошы ұрпағымен саяси жағынан жақындасуы жөніндегі көзқарасын оның ұлдары жүзеге асырған сияқты»[37]. Ал бұл жағдай, яғни маңғыттардың бөлініп кету Әбілқайырдың жағдайын әлсіретеді. Сонымен қатар бұл оқиға ордаежендік тайпалардың бөлінуіне де итеріс болды.
1457 жылы Әбілқайырдың Сығанақ түбінде Үз-Темір тайшы бастаған қалмақтардан жеңіліс табуы ханның жағдайына кері әсерін тигізді. Бұл жеңіліс Әбілқайырдың беделін түсірсе, сонымен бірге бүкіл әулеттің атына нұсқан келтірді. Және де өзбектердің билеушісі өзіне бағынбаған, бөлінген ру-тайпалар мен олардың басшыларына жаза қолдана түсті деген мәліметтер бар. Сөйтіп өзбек хандығындағы этносаяси жағдайлар, ордаежендіктердің бөлінуі қазақ этносының қалыптасуына және Керей мен Жәнібек бастаған ордаежендік ру-тайпалары этникалық негізі болған Қазақ хандығының құрылуына әкелді.
Сонымен қазақ этносының ұйтқысы ордаежендік немесе ақордалық тайпалар болды. Яғни моңғол шапқыншылығынан кейін барлық қазақ рулары мен тайпалары Жетісуда алғаш рет бір мемлекетке біріктірілді.
Орта Азияның саяси картасында Қазақ хандығының пайда болуы Чингизидтер есімдерімен, Жошы ұрпақтарының — Шибанидтік Әбілқайыр ханның және туыс Керей мен Жәнібек сұлтандардың аттарымен байланысты. ХІІІ ғасырдың басында моңғолдардың жаулап алуы нәтижесінде Дешті-Қыпшақтың этникалық құрылымымен қатар саяси құрылымы да өзгеріске ұшырады. Енді хандық басқаруға негізделген мемлекеттік жүйе құрылды. Моңғолдар келгенге дейін Қыпшақтар даласында биліктегі әулет, билікке қолдау көрсеткен жергілікті іргелі тайпалар ықпалы жойылып, оның орнын жаңа әкімшілік жүйе және жаңа басқару жүйесі басты, жаңа әулетті қолдайтын тайпалар келді. Моңғолдар енгізген хандық билік жүйесі қыпшақтардың билік жүйесіне қарағанда мықтырақ, қуаттырақ болды. Яғни қыпшақтардың билік жүйесі ерте феодалдық қатынастарға негізделді. Ал Шыңғыс хан енгізген хандық билік атқарушы, заң шығарушы, әскери, сот биліктерін қамтыды. Сондықтан осындай билікті иемденген ханның билігі шексіз еді. Т.И. Сұлтановтың еңбегінде ханның уәкілеттілігін, оның құқықтарына тоқталады. Жоғарғы билікті иемденген хан қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтыған, шексіз билікті емденген. Ол заң шығарып, оны өзгерте алады, ол біреуді өлім жазасына кесе немесе оған рахымшылық бере алды, т.б.[33. 4-б.]. Бірақ ХІV ғасырдың ІІ жартысында билікке жергілікті ру-тайпалардың басшылар араласа бастады. Яғни Ру-тайпа басшылары өздеріне сай, көңілдерінен шыққан, олардың саясатн жүргізетін шыңғыс ұрпақтарын таққа отырғызды. Жергілікті ру-тайпа басшылары жаңа хан сайлаған кезде Шыңғыс ұрпақтарының жас өкілдерін тағайындап отырды. Себебі, басшылар өз еркіндіктерін сақтап қалуға тырысты. Мысалы, 16-17 жасар Әбілқайрды хан сайлауы осы себепке сай келеді. Әбілқайрды ханның 40 жылдық билігін екі кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезеңге хандықтың гүлденуі жатса, екінші кезеңге өзбектер ұлысының ыдырауы, яғни осы кезеңде Қазақ хандығының негізі қалана бастады.
С. Г. Кляшторный, Т. И. Сұлтанов пікірінше, Қазақ хандығының құрылуы 1458 және 1462 жж. аралығындағы Өзбек ұлысы халқының Орыс хан ұрпақтары бастаған бір бөлігінің Моғолстан аумағына көшуі мен 1468 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін «көшпелі өзбектер» мемлекетінің ыдырауымен байланысты[38].
Қазақ хандығының құрылуы ХV ғасырдың І жартысында орын алған Дешті-Қыпшақ пен Моғолстанда, Мауреннахрда, Оңтүстік Сібір мен Батыс Сібірде, Алтын Орда мен Ноғай Ордасында, Иран мен Әзірбайжанда болған саяси жағдайлардың нәтижесі.
Хандықтың құрылу қарсаңында, яғни ХV ғасырдың 50 жылдарында Шығыс Дешті-Қыпшақ жері саяси тұтас болмады. Батысын Ноғай ордасы, ал көп бөлігін Өзбек хандығы алып жатты. 1428 жылы өзбектер ұлысында Әбілхайыр хан билігін құрып, феодалдық бытыраңқылықты тоқтатса да, 50-жылдары саяси дағдарыс басталады, яғни хандықтың ішіндегі және көршілес елдердегі Шыңғыс ұрпақтарының бас көтерулері мен наразылықтары себеп болды. Әбілқайыр ханның саяси билігіне қарсы болған Шейбан ұрпақтары- Сейтек хан, Ибақ хан, Береке хан; Орыс ханның шөберелері, Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің ұрпақтары- Керей мен Жәнібек сұлтандар және ХІV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың басында Алтын Ордада уақытша билік құрған Едіге мырзаның ұрпақтары- Мұса, Жаңбыршы және Аббас бектер. Мұса мен Жаңбыршы Едігенің немересі Оқас бектіңұлдары болса, ал Аббас Оқас бектің туған інісі. Бұл Шыңғыс ұрпақтарының қарсы болуларының жек мақсаттары өз ұлыстарында дербес, тәуелсіз, ешкімге бағынбайтын хандық құру еді. Сонымен қатар Әбілқайыр ханның Дешті-Қыпшақтағы билігін жою болды.
1457 жылы Әбілқайырдың Сығанақ түбінде Үз-Темір тайшы бастаған қалмақтардан жеңілісінен кейін бұл саяси күштер жанданды. Бұл жеңіліс Әбілқайырдың беделін түсірді. Әсіресе, Керей мен Жәнібек сұлтандардың іс-әрекетін атауға болады.
Сөйтіп, 1457 жылы Әбілқайыр хандығында құлдырау кезеңі басталды. Әбілқайыр хан жеңілуші ретінде Үз-Темір тайшының қолына туған немересі Сұлтан Махмұт сұлтанды кепіл ретінде берді. Сонымен қалмақтар Сығанақ маңындағы елді мекендерді тонауға алып, Әбілқайырды өз шарттарына көндіріп, алым-салық төлейтін болды. Шыңғыс хан ұрпағының қалмақтарға тәуелді болуы Әбілқайырдың басқа Шыңғыс ұрпақтарының алдында беделін аса түсіріп, олардың Әбілқайырға қарсы күштерінің жандануына әкелді. Осындай саяси жағдайда ордаежендік Керей мен Жәнібектің іс-әрекетінен көруге болады.
Әбілқайырдың қалмақтардың падишахы Үз-Темірмен шайқасы туралы Кухистанидің «Тарих-и Абулхаирхани» шығармасында былай делінген, Әбілқайырдың ұлылығы мен күштілігі Үз-Темір тайшы бойында қызғаныш пен өшпенділік тудырды. Үз-Темір тайшы әмірлерін, баһадүрлерін және әскер басшыларын жинап, былай деді: «Әбілқайыр хан үлкен байлық жинап ап, жайлауында қызыққа батты. Жеңімпаз әскер жинап, кенеттен бас салу керек». Оны әмірлері мен қолбасшылары қолдады, оның сөзінің мәні бар деп түсінді. Келесі күні жауынгерлері қару-жарақтарын жөнге келтіріп, хан сарайының алдына жиналды да, бала-шаға, қатындарымен жорыққа шықты. Шу өзенінің жағасына жеткенде, бала-шағасын осы жерге тастап, ары қарай жорықтарын жалғастырды[39]. Осыған байланысты Қазақ хандығы 1457 жылы пайда болды деп айтуға болмайды. Қалмақтар келісімге келгенге дейін Түркістан, Шахрухия және Ташкент аймақтарын талқандады. Келісмнен кейін қалмақ тайшысы әскерлерімен Сайрам арқылы Шу өзеніне бет алды.
Шығармада сонымен қатар Мәуреннахрда өлтірілген Әбд-әл-латифтің ұлы Мұхаммед Жөкінің 1449-1450 жылдары Әбілқайырға келуі туралы да сөз қозғайды, ханның оны тамаша қарсы алғаны жайлы айтады.
Мұхаммед Жөкі Әбу Сайд мырзаға бағынбай, Әбілқайыр ханға келіп паналайды. Ханның әйелдерінің бірі- Рабиға-сұлтан бегім мен Мұхаммед Жөкінің әкесі Әбд-әл-латиф Ұлықбек сұлтанның балалары болатын. Кейін Әбу Саид мырзаның Хорасанды, Мазандеранды және басқа да Иранның басқа аудандарын жаулап алу кезінде Мұхаммед Жөкі Әбілқайырдан көмек сұрағанда, Бүреке сұлтанның басшылығымен 30 мыңдық әскер Мәуреннахрға жібереді. Осы көмек арқасында Мұхаммед Жөкі Ташкент пен Шахрухияны басып алып, Самарқандқа жақындайды. Қала әкімінен Хорасандағы Әбу Сайд хабар алып, әскерімен Мәуреннахрға беттейді. Әбу Сайд пен Мұхаммед Жөкі арасындағы күресте Мұхаммед Жөкі қолға түсіп, Хорасанның Ыхтиаралддин деген қамалына тұтқынға жіберіледі. Бұл оқиға 860 жылы (1456 жыл) орын алған еді[40] Яғни бұл кезде Әбу Сайд мырзаның Хорасанды алып, Шираздан Жүніс ханды алдыртуымен және оның хан көтеруімен сай. Сонымен қатар Жүніс ханның Есен-Бұға ханның иелігімен іргелес жерді иемденуі 1457 жылы болған деп есептейді зерттеушілер. Бұл Қазақ хандығының құрылуына дейін болған саяси оқиғалар. Бұл да хандықтың құрылуында белгілі бір орнын алды.
1458 жылы Керей мен Жәнібек «өзбектер» ұлысынан бөлініп, күз айында Моғолстан жаққа бет алды. Күз айы деп отырған себебіміз М. Елеуұлының «Шу өңірі: аңыз бен тарих» атты мақаласында Керей мен Жәнібектің көшуі туралы екі аңыз берілген, солардың бірінде: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе мойынқұмға жетіпті…» делінсе, екіншісінде «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті…» деп айтылады[41]. Сонымен қазақ сұлтандары Моғолстанға көшіп келгенде Жүніс ханның иелігі болған болатын.
Бұл кезде қазіргі Қазақстан территориясының оңтүстік-шығыс бөлігін, Шығыс Түркістанды және Солтүстік Қырғызстанды алып жатқан Моғолстанның ХV ғасырдың 50-жылдарындағы саяси жағдайы тұрақты емес еді. 1423-1462 жылдары билік еткен Есен-Бұғаға туған ағасы Жүніс хан қарсылық көрсеикен еді. Билік үшін күресте ініснен жеңіліп, Жүніс хан Мәуреннахрға кеткен болатын. 50-жылдары жоғарыда айтылған оқиға, яғни Әбу Сайд мырзаның Жүніс ханды Шираздан алдыртып, туған інісі Есен-Бұғаға қарсы пайдаланды. Жүніс ханның соққысымен қатар Моғолстандағы тайпа әмірлерінің ханға бағынбай, дербес болулары ХV ғасырдың 50-жылдарында әрбір тайпа әмірі өз ұлыстарында жеке дара билік жүргізіп, Моғолстанды бытыраңқылыққа әкелді.
Бұл оқиғалармен қоса Моғолстанның жағдайын жиі-жиі болып тұратын қалмақтар шабуылы да нашарлатты. Бір жағынан Есен-Бұға қалмақ жорықтарының шығынын толтыру мақсатымен, екінші жағынан Моғолстандағы өз беделін сақтап қалу үшін Мәуреннахрдағы ішкі дүрбелеңді пайданлана отырып, 1451 жылға дейін, яғни билікке Әбу Сайд келгенге дейін Түркістан, Сайрам, Ташкент аймақтарына тонаушылық жорықтар жасап отырды. Жалпы, ХV ғасырдың 40-50 жылдары Мәуреннахр мен Моғолстан арасындағы саяси қарым-қатынас шиеленісті жағдайда болды.
Ал Моғолстан мен Өзбек хандығының арасында қарым-қатынас туралы нақты мәліметтер жоқ. Бірақ Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға көшуі Әбілқайыр мен Есен-Бұғаның арасында достық, одақтастықтың болмағанын көрсетеді[42].
Не себептен Әбу Сайд мырза Жүніс ханды Есен-Бұғаға пайдаланды? ХV ғасырдың 50-жылдарында Әбу Сайд екі жақпен, Хорасанды алуға ұмтылған Әзірбайжандағы Қара-Қоюнлы әулетімен және Мәуреннахрдың шығыс аймақтарына тонаушылық жорықтар жасаған Есен-Бұғаға қарсы күрес жүргізді. Әбу Сайд мырза екі жаудың негізгісі- Хорасанды алуға ұмтылған Жахан шахқа қарсы бар күшін жұмсап, ал тонаушылық жорықтар жасап жатқан Есен-Бұғаға туған ағасы Жүніс ханды пайдаланды.
Осы саяси оқиғаға қатысты Махмұд ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» шығармасында былай делінген: «…Жошы ханның ұлы Тұқай-Темірдің ұрпақтары, мысалы Керей мен Жәнібек… бір топ адаммен Моғолстанға жол салды. Сол кезде Моғолстанда Уәйіс ханның ұлы Есен-Бұға билік етті. Бұл кезде Әбу Сайд мырза, Сұлтан Мұхаммад ұлы, Мираншах ұлы, Әмір Темір ұлы, Ирактан Жүніс ханды шақыртты, оған қолдау көрсетіп, інісіне қарсы жіберді. Осы себептен Есен-Бұға билігі күйзеліске ұшырап, Керей мен Жәнібектің келуін халық үшін тиімді және жақсы деп есептеді. Сұлтандарды барлық қошеметпен қарсы алғаннан кейін Есен-Бұға мен Жүніс ханның арасында аралық буын болған Моғолстанның батыс бөлігін берді. Бұл аймақ Шу және Қозыбашы деген атаумен белгілі.
Жәнібек пен Керей осы жерге тұрақтанғаннан кейін, Әбілқайыр ханның билігінен жиренген билеуші топтар сұлтандарда паналады. Әбілқайыр ханның өлімінен кейін Дешті-Қыпшақ аудандарында талас-тартыстар басталды, әсіресе өзбек әскерлерінің көп бөлігі сұлтандардың қоластына кетті. Моғолстанға қоныстануының алғашқы кездерінде қалмақтарға жорықтар жасап, қырғыздарға да сұлтанндар тарапынын тосқауыл қойылады, сондықтан бұл халыққа қазақ деген атау жармасты…»[32].
Осы дерек бойынша Б.Б. Кәрібаевтың қорытындыларына тоқталсақ: а) Жүніс ханның Шираздан келіп, моғолстанмен көршілес иелік алуы Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуінен бұрын болған. Ал Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуі мен Жүніс ханның шекара маңына орналасуы арасында аз ғана уақыт өткен. Егер де Керей мен Жәнібек Моғолстанға 2-3 жыл кешігіп келгенде, онда Моғолстанға кім билік құрары белгісіз болар еді. ә) Керей мен Жәнібектің Сығанақ түбіндегі ұрысқа байланысты 1457 жылы әлі де болса Моғолстанға келмеген еді. Сондықтан да Жүніс осында иеліке ие болған жылын 1457 жыл деп есептейміз. Өйткені 1457 жылы Әбу Сайд мырза Хорасанды алып, Гератта сол жылы Жүніспен кездеседі. Екеуінің арасындағы келісім осы қалада болады. Осы келісімге сай Әбу Сайд мырза Жүніс ханға Ферғананың солтүстігіндегі Иетікент қаласын иқтаға береді. Ондағы ойы болашақта Есен-Бұға ханның билігін әлсірету немесе құлату еді[42. 37-б.]. Оны жоғарыда айтылып кеткен себептермен байланыстырамыз.
Сонымен қатар Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінде мынадай мәлімет беріледі: «… Екеуінің арасындағы келісім бойынша Әбу Сайд Жүніс ханды Моғолстанға аттандырады. Бұл кезде Жүніс хан 41 жаста еді, оқиға 860 жылы болған еді»[43].
Жүніс хан Жетікентке орналасу кезінде, яғни 1458 жылы Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан бөлініп, Моғолстанға келді. Бұл сұлтандардың арқасында Жүніс хан 1462 жылға дейін, яғни Есен-Бұға хан қайтыс болғанға дейін Моғолстанға ене алмады.
Екі сұлтан жеке иелікке ие болып, өздерінің үлкені Керейді хан етіп сайлады.
Қазақ хандығының құрылу тарихы туралы қысқаша «Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есен-Бұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шетіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Кухистанидің еңбегінде Әбілқайыр хан 57 жасында хижраның 874 жылы тышқан жылында қайтыс болды деп көрсетеді. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады…» Бірақ еңбектегі 1465-1466 жыл деп отырғаны қате екенін Т.И. Сұлтанов дәлелдеген болатын, яғни Керей мен Жәнібек Әбілқайыр хан өлімінен кейін оралып, өзбектер ұлысында таққа құқықтарын бірден білдірмесе де, шайбанилік деректерде олардың есімдері аталады. Сұлтандардың өзбектер ұлысына қайта оралуы хан тағы үшін күресті өршітті. Әбілқайыр ханның өлімінен кейін «көшпелі өзбектер» елінде таққа оның екінші ұлы Шайх-Хайдар хан келді. Әбілқайыр ханның өткен қарсыластары ашық түрде қимылдай бастайды. Басталған соғыста Шайх-Хайдар хан, Әбілқайыр ханның ұлы, жеңіліп, қаза тапты. Шайбанилік «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» атты деректе: «Сол жылы Әбілқайыр хан ордасында жаулар пайда болды. Олар Шайх-Хайдар өміріне қауіп төндірді. Ол жаулардың есімдері: Қажы Мұхаммад-тарханның ұлы Саийдек және Қажы Мұхаммад-тарханның немересі, Махмудек ханның ұлы Ибақ, Барақ ханның ұлдары Жәнібек пен Керей, Арабтың ұлдары Бүреке сұлтан, маңғыттардан Аббас бек және Мұса және Жаңбыршы басшылығымен жаулары жиналып, оған қастық істеді»[44].
Өзбек ханының өліміне кейін билік үшін күрес басталады, яғни 1470 жылдан бастап Дешті-Қыпшақтағы билікті иелену жолындағы күресте деректерде тек қана Жәнібек сұлтанның есімі кездеседі. Соған қарағанда Керей хан хандық құрылғаннан кейін бірнеше жылдан соң қайтыс болса керек. Деректерде Жәнібектің есімі басқа сұлтандардың есімдерімен бірге айтылады, мысалы Камал-ад-дин Али Бинаидің «Шайбани-наме» шығарамасында да: «Шайх-Хайдар уәлаятын жаулап алу мақсатымен келген сұлтандардың арасында Хожа-Мұхаммед ханның ұлы Сейтек- Айтбақ хан, Барақ хан ұлы Жәнібек және Бүреке сұлтанның ұлы Керей-Араб болды; маңғыттық әмірлерден Аббас-бек, Мұса-бек және Жаңбыршы-бек. Бірнеше рет болған Шайх-Хайдар ханға қарсы соғыстарда екі жақтан да адамдар өлімі тым көп болды»[45].
Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр хан ұрпақтарымен Дешті-Қыпшақ үшін күресі 1469 жылы басталды. Бұл күрес нәтижесінде Батыс Жетісу, Орталық Қазақстан, Сырдарияның ортаңғы ағысы Керей мен Жәнібектің қолына көшті[49].
Сонымен 1457 жылы Керей хан мен Әз Жәнібек ханның Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне, Моғолстан жеріне таман қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға еді.
Міне ХV ғасырдың 50-жылдарының соңындағы шиеленіскен тарихи оқиғалар нәтижесінде Қазақ хандығының негізі салынды. Бұрыннан Әбілқайыр ханға қарсы жекелеген ру-тайпалар Қазақ хандығының дербестігін мойындайды. ХV ғасырдың 70-жылдарында «көшпелі өзбектер» мемлекеті толығымен жойылып, оның орнына Қазақ хандығының саяси билігі орнайды. Яғни Моғолстанның батысында Керей мен Жәнібек құрған хандық Қазақ хандығының бастамасы болып, өзбектер мемлекеті ыдырағаннан кейін аталарынан мұра болып қалған жерлеріне қайта оралады. Керей мен Жәнібек хандарға танылған «қазақ» деген атау енді олар орнатқан мемлекетке берілді. Осы мемлекеттің енді халқы да жаңаша «қазақтар» деп атала бастады.
К.А. Акишевтің ойынша, қазақ және өзбек мемлекеттілігінің құрылуы 1428 жылы Әбілқайырдың хандығынан басталады. Яғни Қазақ хандығы ХV ғасырдың ортасындағы саяси оқиғалар мен процесстердің нәтижесінде 1458 жылы дүниеге келді.
Хандықтың құрылу қарсаңындағы саяси оқиғаларды қарастыру маңыздылығы Қазақ хандығының құрылу жылын анықтауда. Мысалы, 1457 жылғы Әбілқайырдың қалмақтардан жеңілісі, 1450 жылдың ІІ жартысында Әбу Саид мырзаның Хорасанды қайтарып, Жүніс ханды Шираздан алдыртып, Мәуреннахрдың шығысынан жер беруі сияқты мәселелер хандықтың құрылған жылын анықтауда жәрдемі бар. Қазіргі Отанымыздың негізі, бөтен елде кішкене иелік болып пайда болған мемлекет Қазақ хандығы күллі Дешті-Қыпшақтағы қоғамдық қатынастарды реттейтін нағыз мемлекетке айналды. Яғни Есен-Бұға ханның қазақ сұлтандарын паналауы, Өзбек хандығының әлсіреуі хандықтың құрылуына әкелді.
2 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ КЕЗЕҢДЕРІ МЕН
БАРЫСЫ
Қазақ хандығы он жыл төңірегінде жүзеге асқан тарихи процесс. Он жылға созылған бір тарихи желідегі оқиғалар тізбегі негізінде құрылған мемлекет. Қазақ хандығының құрылуы ұзақ жылдарға созыла отырып, құрылу қарсаңында болған саяси оқиғалар ықпалымен кезеңдерге және сатыларға бөлінеді, сонымен қатар өз ішінде тарихи дамулардың барысынан тұрады.
Қазақ мемлекеттігі тарихына қатысыты М. Қойгелдиев үш кезеңді көрсетеді: 1) жалпытүріктік кезең; 2) қазақ хандығы кезеңі; 3) бүгінгі қазақ мемлекеті кезеңі. Негізінен қазақ тарихы бүтін процесс. Ол бір аумақта, ішкі және сыртқы ықпалдардың әсерімен уақыт ағымында түрлі өзгерістерге ұшырап отырған үрдіс. Сонымен, бірінші кезең б.з.б ІІ ғасырдан б.з. ХІV ғасырға дейінгі уақытты қамтиды. Б.з.б. ІІ ғасырында өмір сүрген үйсін және қаңлы қоғамдары қалыптастырған мемлекеттіктер бүгінгі қазақ мемлекетінің бастау көздері. Бұл мемлекеттік құрылымдар кейін түрік, түргеш, қарахандар мемлекеттігіне ұласты. ХV ғасырдың ортасында қалыптасқан қазақ халқын құраған ру тайпалар осы құрылымдар арасында болды. дегенмен, бұл мемлекеттілік құрылымдарда жеке ұлттық емес, жалпы түркілік нышандар басым болды.
Қазақ ұлтының жалпы түркілік ортадан бөлініп шығуы Алтын Орда алып империясының ылырауы мезгіліне тұстас келеді. Бұл процесстің нәтижесі ретінде өмірге Ақ Орда(ХІV) келді, ал оның негізігі халқы «Алаш мыңы», яғни Алаш елі болды. Ұрыс хан қазақ хандары әулетінің негізін қалады. ХV ғасырда шаңырақ көтерген Қазақ хандығы, яғни ұлттық мемлекет осы Ақ Орданың жалғасы болатын[7. 4-б.] Бұл жалпы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңінің қысқаша түсініктемесі десек болады.
Ал Қазақ хандығының құрылу барысы мен кезеңдеріне келетін болсақ, Керей мен Жәнібек Әбілқайыр хандығынан 1457 жылы бөлініп, 1470 жылы Қазақ хандығының толық құрылуы арасында 13 жылдай уақыт өткенін білеміз. Бұл тарихи кезең өз ішінде төрт сатыға бөлініп қарастырылады. Әр кезеңнің өзіне тән айрықша ерекшеліктері бар. Бірінші кезең 1457 жылдың күз мен 1458 жылдың көктемін қамтиды. 1457 жылы жаз және күз айларында Әбілқайыр ханның Үз-Темір тайшы бастаған қалмақтармен Сығанақ түбінде ұрысы болды. Ұрыста өзбек ханының жеңіліс табуы Әбілқайыр ханның халық алдындағы жағдайының одан әрі нашарлауының және қазақ сұлтандарының бөлінуінің бірден бір себебі болды. Бұл шайқастың нәтижесі ханның ел алдындағы беделін түсірсе, қалмақ басшысына немересін аманатқа беруі бүкіл шибан іулетінің беделін таптады. Шайқастан кейін Әбілқайыр хан өзін ру-тайпаларды жазалай бастады. Сөйтіп, 1457 жылы күз мезгілінде, аңыз бойынша қара күзде Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханның саяси билігіне наразылық білдірген ордаежендік тайпалармен Шу бойына келіп, сонда қыстап шыққан және келесі жылы көктемде, яғни 1458 жылы наурыз-көкек айлары ішінде Керейді хан сайлаған. Алғашқы ханы Керей хан болған қазақ хандығы осылайша дүниеге келіп, мемлекеттің құрылғандығын көрсетті. Бұл жағдай Әбілқайыр хандығындағы ыдыраушылық процессті одан әрі күшейтті және Қазақ хандығына деген жергілікті тайпалардың сенімін арттырды[2]. Осыған байланысты ордаежендік тайпалар жаңа атауға ие болды. Яки Керей мен Жәнібекпен кеткен тайпаларға саяси-этникалық мәндегі «өзбек — қазақтар» атау ілінді.
Қазақ хандығы алғашқы құрылған күннен бастап өзінің өміршеңдігін көрсетеді және алғашқы тарих сындарына төтеп бере алды. Оны біз жүніс ханның Әбу Саид мырзаның қолдауына сүйене отырып, Есен-Бұға ханды жеңе алмауынан көреміз[47]. Алғашқы құрылған күннен бастап хандық біртіндеп күш жинай бастайды. Керей мен Жәнібектің қоныс аударуынан кейін өзбек хандығындаңы ыдырау процессі тереңдей түседі.
Екінші кезең 1458 жылдың көктемі мен 1461/62 жылдарды қамтиды. Бұл кезең де Қазақ хандығының құрылуына себепші болған ордаежендік тайпалардың жаңа атауға және мәнге ие болып, дербес өмір сүре бастауы, Моғолстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайындағы өзгерістер сияқты маңызды саяси оқиғаларға толы. 1433-1434 жж. Моғолстанның хан тағына отырған Есенбұға хан солтүстік шекарасын қорғату үшін, сондай-ақ өзінің бауыры Тимурид Абу Саид қолдап отырған Жүністің шабуынан батыс шекарасын қорғату үшін қазақ сұлтандарын жылы қарсы алып, өзінің ішкі және сыртқы жағдайын нығайтуға пайдаланбақ болды. Есенбұға оларға Шу өзені мен Талас бойынан қоныс берді.
Оған дейін, яғни XV ғасырдың 50-жылдары Мәуреннахрдың билеушісі Әбу Саид мырза Жүністі Персиядан шақыртып алып, Моғолстанда жаңадан қырқыс тудырып, Есен-Бұғаны әлсірету мақсатымен 1455 жылы Жүністі Есен-Бұғаға қарсы аттандырды. Бұл ұрыста Есен-Бұғадан жеңілген Жүніс сұлтан Моғолстаннан сырттап, Жетісу мен Ферғана шекарасындағы Жетікент қаласына орналасты. Бұл қаланы Әбу Саид оған арнап берген еді. Жүніс сұлтан осы жеңілістен соң Моғолстан тағына таласуды доғарып, Есен-Бұға өлгенге дейін осы Жетікентте тұрды. [48; 530] Бір жағынан қазақ хандарының арқасында Жүніс хан Есен-Бұға иелігіне аяқ баса алмады, Есен-Бұғаның қалған өмірі тыныштықта өтті деп жазады Махмуд ибн Уәли[32]. 1462 жылы Моғолстан ханы Есен-Бұға қайтыс болды. Осыдан кейін Жүніс хан (1462-1487) билік басына шықты да, Әбу Саидтің көмегіне сүйеніп, Моғолстанның батыс шегін басып алды. Қашқарияны билеген Есен-Бұғаның баласы Досмұхаммед хан қайтыс болған соң, Жүніс хан Ақсуды басып алды. Бұл жағдай Қазақ хандығының одан арғы дамуына көп ықпал етті. Себебі, Есен-Бұға кезінде жаңа хандық оған тәуелді болса, таққа Жүніс хан келгеннен кейін екі мемлекет арасында одақтық қатынас орнады.
Үшінші кезеңде 1461/62 жыл-1469 жылдарды қарастырамыз. Керей мен Жәнібек сұлтандары тұсында Жетісу халқы, 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосты. Жүніс хан тақ басына келгеннен кейін жергілікті ру-тайпалар көсемдерінің, сонымен қатар қазақтардың да қолдауына ие болды. Жүніс хан Жәнібек ханның ұлы Әдік сұлтанға қызы Михр — Нигар-ханымды күйеуге бере отырып, қазақ сұлтандарымен туыстық қарым-қатынас орнатты. Досмұхаммедтің қайтыс болған жылы 1469 жыл, бұл жылы Әбу Саид мырза, Әбілқайыр хан да көз жұмады. Осы оқиғалар да Керей мен Жәнібек бастаған Қазақ хандығының күшеюіне немесе ордаежендіктердің Шығыс Дешті-Қыпшақ жеріне оралуына жағдай жасады. Кухистани еңбегінде өзбек ханы 57 жасында тышқан жылына сәйкес 874 жылы дүниеден өтті деп жазады[39]. 1469 жылы Әбілқайыр ханның Қазақ хандығына жасаған жорығы ханның қайтыс болуымен аяқталады. Оның жасаған жорығының бағытын Б.Б. Кәрібаев Тобыл-Ұлытау-Қызыл Нәдір және Жеті құдық деп есептейді, яғни ханның соңғы жорығы Моғолстанға емес, оның батысындағы Қазақ хандығына қарсы жасалғандығын көрсетеді[20. 18-б.]. Қазақ хандығының құрылуының бұл сатысында болған айтарлық маңызды оқиғалар — Керей ханның қайтыс болуы, биліктің Жәнібектің қолына көшуі. М. Елеуұлының халық аузынан жинаған аңыз-әңгімелерінде шамамен 10 жыл Шу өзені аймақтарында билік еткен Керей хан Хантауында жерленіпті деп айтылған. Екі жылдан кейін Керей мен Жәнібек ұрпақтары Сырдария өңіріне қайта оралды[49]. Егер де 10 жыл дегенді 7-8 жыл деп алсақ, Жәнібек билікті 1465-66 жылдары алды деген тұжырым жасайды Б.Б. Кәрібаев. Ал сырдария өңіріне оралған жылдары 1468-1469 жылдарға сай келеді.
Сонымен қатар бұл кезеңнің неізгі ерекшелігіне қазақ сұлтандарына қосылған халық санының 200 мыңға жетуі жатады. Яғни Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығын күшейте түсті. Едәуір әскери күш жинап және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1469 ж. Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері- оның ұлы Шайх -хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды.
Сөйтіп, 1469 жылы Әбілқайырдың қайтыс болуымен Қазақ хандығының құрылу тарихында төртінші кезеңі басталды. Бұл кезең Өзбек ұлысының толығымен күйреп, Қазақ хандығы билігінің орнау уақытын қамтиды.
Бұл кезеңдегі оқиғаларды щайбанилық деректерден көре аламыз. Мысалы, Шайбанилік «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» атты деректе: «Сол жылы Әбілқайыр хан ордасында жаулар пайда болды. Олар Шайх-Хайдар өміріне қауіп төндірді. Ол жаулардың есімдері: Қажы Мұхаммад-тарханның ұлы Саийдек және Қажы Мұхаммад-тарханның немересі, Махмудек ханның ұлы Ибақ, Барақ ханның ұлдары Жәнібек пен Керей, Арабтың ұлдары Бүреке сұлтан, маңғыттардан Аббас бек және Мұса және Жаңбыршы басшылығымен жаулары жиналып, оған қастық істеді[44].
Яғни Әбілқайыр ханның өлімінен кейін «көшпелі өзбектер» елінде таққа оның екінші ұлы Шайх-Хайдар хан келді. Әбілқайыр ханның өткен қарсыластары ашық түрде қимылдай бастайды. Шадидің де «Фатх-наме» шығарамасында «Йадгар ханның өлімі, оның орнына Шайх Хайдар ханның келуі, бүліктің тууы және Шайх-Хайдар ханның азапты өлімі туралы» бөлімінде де Өзбек ұлысына төнген қауіп туралы айтылады[50]. Және де бұл деректе Шайх Хайдар хан қарсыластарының ішінде тек Жәнібек сұлтанның ғана есімі айтылады, яғни бұл М. Елеұлының аңыз-әңгімелеріндегі Керейдің 1465-66 жылдары қайтыс болды дегені расталады. «Шайбанинама» мен «Бахр әл-асрар фи манакиб әл-ахиар» деректерінде жалғыз Жәнібек хан басқа сұлтандардың қатарында айтылады. Мысалы, «Шайбанинамада»: «Шайх-Хайдар ұлысын иеленуге келгендер арасында Хожа-Мұхаммедтің ұлы Сейтек-Айтбақ хан, Барақ ханның ұлы Жәнібек…»[51] , екінші аталған деректе: «Хожа- Мұхаммедтің ұлы Сейтек сұлтан, Сейіт Махмүдектің ұлы абақ хан-бұлар шайбанилер, Барақ сұлтанның ұлы Жәнібек хан — Тұқай Темірлік сұлтан»[52]. Бұл мәліметтер де Керей ханның Қазақ хандығы құрылғаннан кейін бірнеше жылдан соң қайтыс болғандығын көрсетеді.
Билік үшін 70-жылдары Сауран, Созақ түбінде, үлкен шайқастар болды. Ясыны, Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Осындай шайқастардың бірінде көрнекті қолбасшы Керейдің ұлы Бұрындық болды. Осыған қатысты Қыпшақ-ханның дерегінде Әбілқайыр хан ұлын талқандауда Керей ұлы Бұрындықтың қатысқандығы туралы айтылады[53]. Соның нәтижесінде 15 ғ. 70-жылдарда қазақ хандығының шекарасы кеңейе берді. Оңтүстік қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да толастамады. Батыс Жетісудағы иеліктеріне оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты. Дешті Қыпшақта қазақ хандары билігінің орнығуы, Мұхаммед Шайбаниды Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға кетуге мәжбүр етті. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды[54].
Билік үші кұрестердің бірінде Алтын Орда ханы Ахметтің әскери көмегімен Айбақ хан тұтқиылдан жорық жасап, Шайх-Хайдар ханды өлтірді. Әбілхайыр ханның басқа ұлдары жан-жаққа тарап, Шайх-Хайдар өлімінен кейін Дешті-Қыпшақта 40 жылдан өмір сүрген «көшпелі өзбектер» мемлекеті өмір сүруін тоқтатты. Сөйтіп, Әбілқайыр ханның мұрагері Жошы ұрпақтарының арасындағы өзара тартыс кұрестердің бірінде қайтыс болып, қазақ хандарымен өзбек ханының немересі Мұхаммед Шайбани хан қыпшақ даласында, әсіресе Орта Сырдарияның оңтүстік қалалары мен Қаратау маңында әулетінің билігін сақтап қалу үшін ұзақ және қажырлы күрес жүргізуге мәжбүр болды. Осындай үздіксіз соққылардың нәтижесінде шамамен 1472-73 жылдары Дешті-Қыпшақтағы шайбанилік әулет толығымен жойылып, Қазақ хандығының билігі орнайды. Бұл кезең Қазақ хандығының құрылуының аяқталған кезі болып саналады. Сонымен қазақ хандығының құрылуына ұйтқы болған себептер — саяси және этникалық процестері хандықтың құрылу кезеңдеріне бөлінеді. Оның басты сатысы — Керей мен Жәнібектің қол астындағылармен бірге көшпелі өзбектердің басшысы Әбілхайырдан кетіп, Моғолстанның батысына қоныс аударуы. Мұндағы маңызды оқиға — Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың өзбек-қазақтар, кейін тек қазақтар деп аталуы, Әбілхайырдың өлімінен кейін Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына келіп, үкімет билігін басып алуы.
Сонымен, Қазақ хандығы 1457-1470 жылдар аралығындағы тарихи оқиғалар барысында қалыптасқан. Осы кезеңнің негізінде тарауымызды Б.Б. Кәрібаевтің аталған тарихи кезеңде орын алған оқиғаларды мынадай ретпен келтіруімен қорытындылаймыз: 1. 1457 жылдың жазы мен күзі – Сығанақ қаласы түбінде Әбілқайыр хан мен Ойрат көсемі Өз-Темір тайшы арасындағы шайқас, Әбілқайыр ханның жеңілісі; 2. 1457 жылдың күзі – Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп, Шу бойына келуі; 3. 1457-1458 жылдың қыс айлары – Шу өңірінде қыстап шығуы; 4. 1458 жылдың көктемі – Керейді хан көтеруі – мемлекеттің құрылған датасы; 5. 1461-1462 ж.ж. – Моғол ханы Есен-Бұғаның қайтыс болуы; 6. 1468-69 ж.ж. — Әбілқайыр ханның қайтыс болуы; 7. 1469-1471 ж.ж. – Дешті-Қыпшақ үшін күрестер; 8. 1471-1472 ж.ж. — Дешті-Қыпшақтың басым бөлігінде Қазақ хандығының билігінің орнауы. Міне осы даталардан Қазақ хандығының құрылу барысын көруге болады[7. 5-б.].
3 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ
Әр ұлт, халық өз тарихымен, тарихи маңызды оқиғаларымен ерекшеленеді. Ұлттың ұлт болып қалыптасуындағы, халықтың халық болып роліне қарай оқиға халық тарихында белгілі бір маңызға ие болады. Яғни кейбір тарихи оқиғалар халық ғұмырына толығымен ықпал етуі мүмкін. Ал Қазақстан, қазақ ұлтының тарихында, зор маңызға ие болған оқиға Қазақ хандығының құрылуы.
Қазақ хандығын зерттеудегі маңыздылығын жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Енді бұл тарауда хандықтың қазақ тарихындағы маңыздылығына, оның ұлт тарихындағы роліне назар аударамыз. «Қазақ» сөзінің мәніне, қазақ халқының халық болып қалыптасуындағы ерекшеліктеріне зейін қоямыз.
Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде зерттеушілерді Қазақстан территориясында мемлекеттілік, жалпы қазақ мемлекеттілігі қашан пайда болды деген сұрақтар ерекше баурайды. Сонымен қатар қазақтың халық болып қалыптасуындағы хандықтың құрылуының ролі, яғни этникалық маңыздылығы бірінші орында қазақ ұлтының мүддесіндегі сұрақ. Қазақ халқы ХV ғасырда Қазақ хандығының құрылуымен толық қалыптасты.
Қазақ хандығының қалыптасуы мен кеңеюімен қатар «қазақ» терминінің этникалық мәні кеңейді. Керей мен Жәнібектің артынан ерген босқындардың артынан «өзбектер-қазақтар» деген атау ілінді. ХV ғ. аяғы мен ХVІ ғ. басындағы шығыс деректерінде «өзбек-қазақтар» деп ХV ғасырдың 50-жылдарында Әбілқайыр хандығынан Моғолстанға қоныс аударған Керей мен Жәнібек басшылығындағы көшпенділерді атайды. ХVІ ғасырдың ортасындағы оқиғаларда, мысалы Махмуд ибн Уәли еңбегінде «қазақ» деген терминді қолданады. «Қазақ» термині «еркін, кезбе» дегенді білдірді. ХV ғасырға дейін «қазақ» атауы этникалық мағынаға қарағанда, әлеуметтік ерекшелікте айтылды. Жалпы қазақтар деп ерік, бос өмірді сүйген адамдарды атады.
Сөйтіп, ХV ғасырдың 60-шы жылдарынан кейін Керей мен Жәнібекпен бірге Өзбек хандығынан бөлінген этникалық топтар «қазақтар» деп аталды. Яғни, Керей мен Жәнібек артынан ерген халық «қазақ» деген, «өз ұлысынан бөлінген адамдар», «босқындар» деген атқа ие болды. «Қазақ» терминінің басында этникалық мағынада қолданбағаны М.Х. Дулатидің «Тарихи Рашиди» дерегінен көрінеді, автор былай деп жазады: «Әбілқайыр хан өлімінен кейін Олардың көп бөлігі Керей мен Жәнібектің иеліктеріне өтіп, саны 200 –ге жетті, өзбек-қазақтар деген атау қалыптасты»[55]. Сонымен қатар зертеушілердің басым көпшілігінің пікірінше, бұл термин «ерікті адам» деген мағына береді. Бұлар тау бөктерлері мен ірі өзендердің сағаларындағы жайлаулар мен егіндік жерлерді мекендеген, алдына айдаған қыруар малы бар көшпелілер мен дихандар[17].
Жоғарыда айтылғандай ибн Уәли де бұл терминнің әлеуметтік мәнін ашып көрсетеді: «Моғолстанға келгеннен кейін олар қалмақтарға шапқыншылық жасаумен және тонаушылықтарының арқасында олар қазақ атанды». Өз руынан, тайпасынан, мемлекетінен бөлініп шығып, тіршілік көздерін соғыс істеріне қатысу арқылы тапқан индивидтерді, адамдарды білдірген деп санауға мүмкіндік береді.
Тек Қазақ хандығының құрылуымен «қазақ» термині этно-саяси мәнге ие болды. XV-XVI ғасырларда Шибанидтерге бағынышты өзбектердің бір үлесі Орта Азияға кетіп, Шығыс Дешті-Қыпшақтың және Түркістанның қалған тайпалары қазақ хандарының қоластына бірігуімен «қазақ» термині этникалық мәнге ие болды.
Негізінен, жоғарыда берілген тараудың қорытындысы бойынша Қазақ хандығының құрылуы қазақ территориясындағы ертеден келе жатқан этникалық процесстердің нәтижесі екендігіне көз жеткіздік. Яғни, Қазақ жерінде халық болып құрылу процесі алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, одан кейін қола дәуірі (б.д.д.2-1 мыңжылдықтар) мен темір дәуірі (б.д.д. 7-4ғғ.) кезеңдерінен басталады. Олар негізінен Қазақстанның жерін мекендеген (байырғы) тайпалардан құралған. Әрбір тарихи дәуірде этникалық процесс өзіндік эволюциялық бағытынан ауытқымай, өзіне қажетті шарттармен толыға түседі. Монғол шапқыншылығына дейін Дешті-Қыпшақ даласында этникалық процесс халықтық деңгейге жетіп қалған еді[56]. Бірақ қыпшақтар ХІІІ ғасырдағы монғолдар шапқыншылығына қарсы тұра алмай, сырттан келген тайпалар араласып, этникалық өзгерістерге ұшырады. Сөйтіп монғолдар үстемдігіне өтті. XIII ғасырдағы монғол шапқыншылығы қыпшақ халқының белгіленіп қалған құрылу процесін үзіп тастады. Монғолдарға дейінгі кезеңнен айырмашылығы, одан кейін қыпшақ қоғамындағы тарихи процестің дамуы олардың өзінің этникалық қалыптасуы бойынша жүрмей, олардың бөлшектенуі, ең алдымен қазақ халқының, сондай-ақ толып жатқан өзге де түркі тілдес халықтардың құрылуына қатысу арнасына түсті. Алайда ХІV ғасырдың ортасында монғолдық этнокомпоненттер жергілікті халықпен толығымен сіңісіп кеткенін білеміз.
Б.Б. Кәрібаевтың мақаласында осы кезеңде орын алған мемлекеттік жүйе де жергілікті этностың ыңғайына бейімделді. Алтын Орда, Ақ Орда Моғолстан, Әбілқайыр хандығы секілді мемлекеттік құрылымдар этникалық процесске оң ықпалдарын тигізді. Бірақ та бұл мемлекеттік құрылымдар халықтық сипатта бола алмады. Халықтың этноерекшеліктері мемлекеттік жүйеге терең орнығып, этнос пен мемлекеттік жүйе бір-біріне деген қажеттіліктерді толық сезінгенде ғана мемлекетті халықтық деп санауға болады[56. 47-б.].
ХV ғасырдағы мемлекеттерде билікті басқаруда монғолдық дәстүр болса да, бұл жүйе жергілікті дәстүрлерге аса әсерін тигізбеді. Қыпшақтық дәстүр бойынша, ресми ханнан кейін хан тағына үлкенділік принципке сай ханның іні-ағалары немесе билеуші әулеттің жасы үлкен өкілі отыру керек болса, монғолдық дәстүр бойынша билік ханнан оның ұлына беріліп отырды. Ал Қазақ хандығының құрылуы тарих ғалымдарының кандидаты Б.Б. Кәрібаевтың айтуынша, мемлекеттік жүйеде жергілікті дәстүрдің толық жеңіске жеттуін көрсетті. Сондықтан да хандық жергілікті халықтың толық саяси құрылымы болды. Сөйтіп, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Дешті-Қыпшақтың тұрғындары жалпы атаумен «өзбектер» немесе «көшпелі өзбектер» деп аталынып келсе, XV ғасырдың ортасынан бастап, жалпы этноним нақтыланды, Қазақстан территориясында ХІ-ХІV ғасырлардағы «қыпшақтар», ХІV-ХV ғасырлардағы «көшпелі өзбектер» атауын ХV ғасырдың ортасында «қазақтар» атты нақты этноним ығыстырды[57].
Тарих ғылымының докторы Т. Сұлтановтың айтуынша, қазақ-түркі сөзі. Парсы ақыны Фирдоусидің «Шах-намесінде» Левшин айтқандай «қазақ» деген сөз кездеспейді. Б.Е. Көмековтің көпжылдық зерттеулері бойынша, ерте арба авторларының еңбектерінде де айтылмайды. Мұсылман жазба деректерінде бұл сөзді түркі-араб сөздіктерінде «үйі жоқ», «мүсәпір», «қаңғыбас» деген мағынада айтылады[58].
«Қазақ» сөзінің өзі қыпшақтар мекендейтін аймақта пайда болған деп санауға барлық негіздер бар. Бір қатар түркологтардың пікірі бойынша, «қазақ» терминінің бастапқы таралған жері Шығыс Дешті Қыпшақпен байланысты болған. Қыпшақ тіліне тән осы фонетикалық ресімделуінде «қазақ» сөзінің пайда болуын А.Н.Самойлович уақыты жағынан ерте дегенде XI ғасырға жатқызған. XIV ғасырдың басында байырғы дәстүрлер жаңғыру барысында қыпшақ тайпасы ұйытқы болған жергілікті этникалық негізде алғашқы ірі мемлекет Ақ Орда құрылды. Ақ Орда этникалық құрамы жағынан қазақ халқы болса да, оның атауы деректемелерде кейінірек жазылып, анықталды. Дәлірек айтқанда, XV ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы құрылғаннан соң, халықтың этногенез процесінің күрделі ерекшелігінің бірі болып табылатын «қазақ» атауы этникалық маңызға ие болды[59].
Сонымен қатар хандықтың құрылу маңыздылығы қазақ даласындағы саяси және географиялық атаулардың өзгеруіне әкелді. Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан аумағы географиялық тұрғыдан әр түрлі атаулармен аталды. Мысалы, көне парсы деректерінде Қазақстан аумағындағы түркі тілдес тайпалардың территориясын Тұран деп атаған. Оны біз Фирдоусидің «Шах-намасынан» көреміз.
ІХ-Х ғасырлардан бастап араб тарихшылары мен географтары Түркістан қолданса, ХІ ғасырдан бастап Ертіс пен Еділ өзені аралығын Дешті-Қыпшақ деп атай бастады. ХІV-ХV ғасырларда Дешті-Қыпшақ даласында Әбілқайыр хандығы орнағаннан кейін «Өзбекстан» деген атау да қолданылды, мысалы, «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Дулати Өзбекстан деп Арал теңізінен далалық жерлерді атайды[55].
Алғаш рет «Қазақстан» терминін қолданған Зайн-ад-Дин Махмуд Васифи болды. Өзінің «Бадаи әл-уақаи» (1532 ж.) еңбегінде «Қазақстан» деп Жетісудің Оңтүстік Батысындағы Шу және Талас жерлерін, яғни Жәнібек пен Керейге бағынған халық орналасқан, Қазақ хандығы пайда болған алғашқы территорияны атайды[60].
Бұл терминдегі «стан» немесе «астон»деген жұрнақтың мағынасы парсы тiлiнен аударғанда мекен, жер, ел деген мағынаны бiлдiрсе керек. Демек, бұл сөздiң қазақ деген киелi атаумен бiрiккендегi бiзге түсiнiктi мағынасы «Қазақ елі» дегенге келiп саяды.
Қазақстан территориясында бес ғасырдан аса уақыт билік еткен чингизидтердің қамқорлығымен болса да, XIV—XV ғасырлардағы жергілікті халықтың мемлекеттілігінің дамуы шаруашылықтың қалыптасуы негізінде, феодалдық қатынастардың даму жағдайында, жергілікті халықтың негізінде жүзеге асты. Көптеген этносаяси ерекшеліктері әр түрлі халықтарды, тайпаларды еріксіз, зорлап біріктірген монғолдық ұлыстарға қарағанда этникалық негізге бағытталған, қалыптасқан халықтар негізінде құрылған мемлекеттілік пайда болды. Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы мемлекеттірінің құрылулары жергілікті, яғни түпкі нәтижесінде қазақ халқының мемлекеттілігінің құрылуындағы маңызды кезең болды. Бұл мемлекеттер аймақтағы шаруашылықтың дамуына, көшпелі және жартылай көшпелі, сонымен отырықшы халықтар қатынастарының ңығаюына себепші болды. Ал бұл өз кезегінде тілі, рухани және материалды мәдениеті жағынан жақын этникалық топтардың жақындасуына әкелді. Бұл мемлекеттердегі тіршілік әрекеттері, яғни көшпелі халықтардағы ұлыстық жүйе, билік құрылымы, әскери күш, салық жүйесіндегі сұрақтар бірдей болды. Бұл формалар мен құрылымдар монғол кезеңінен алынған болатын, оған қарамастан Қазақ хандығындада сақталды. Қазақ хандығының құрылуы Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу және Түркістан территорияларындағы әлеуметтік-экономикалық және этносаяси процесстердің заңды нәтижесі болып келді. Сауда-кәсіптік, отырықшы немесе көшпелі мал шаруашылығына бағытталған шаруашылықтары әр түрлі, экономикалары аралас облыстарды біріктіру негізінде XIV—XV ғасырларда біртұтас экономикалық аймақтың қалыптасуы барлық жерлердің бір саяси құрылымға бірігуіне жағдай жасады. Көшпелі және отырықшы халықтар арасындағы экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси қатынастардың бекітілуі қазақ тайпалары мен руларының бірігуіне себепші болып, халық болып қалыптасуының ұзақ процессінің аяқталуына әкелді.
XV ғасырға дейін, яғни хандықтың құрылуына дейін қазақстан аумағында әр түрлі саяси атаулардың болғанын, Ғұн, Қаңлы, Қыпшақ мемлекеттері, Батыс, Шығыс Түрік қағанаттары, Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы, Әбілқайыр хандығы сияқты саяси құрылымдар белгілі болса, Қазақ хандығының құрылуымен бір ғана саяси құрылым- Қазақ хандығы өмір сүрді.
Қазақстан тарихын дәуірлеуде немесе кезеңдеуде Қазақ хандығы өмір сүрген кезеңді, яғни XV ғасырдың ортасынан – ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарына дейінгі уақыт аралығын — Қазақ хандығы дәуірі деген атаумен белгіледі. XV ғасырдың ортасынан – XVІІ ғасырдың 30-шы жылдар аралығы бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы дәуірі болса, XVІІІ ғасырдың басы мен ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары хандықтың жүздерге бөлінуі, Патшалық Ресейдің қазақ территориясына араласа бастап, хандықтың құлдырай түскен кезеңі, ХІХ ғасырдың 60-жылдарында барлық қазақ жүздері Ресей патшалығының құрамына кірді.
Қазақ хандығының құрылуы қазақ тарихындағы маңызды оқиға, қазақ мелекеттілігін болғандығын растайтын саяси фактор болғаннан кейін хандықтың құрылуына үлкен мән беріледі.
Сонымен, басында жалпы ерікті, босқын деген мағына берген «қазақ» этносаяси мәнге ие болып, Ұрыс ханның ұрпақтарының қоластына жиналған түркі халықтарын біріктріген этнос атауына айналды. Сөйтіп, Жетісу жерінде орныққан жаңа көшпелілер қазақ мемлекеттілігінің дамуының негізін салды, ал «қазақ» және «өзбек» терминдері саяси шекарамен белгіленген тұрғылықты жерлеріне қарай адамдардың бөлінуін көрсетті.
1458 жылы Керей мен Жәнібектің бөлінуі маңыздылығын қазақ тарихшылары қазақ халқының бірігуін тездетті деп көрсетті[61].
Қазақ мемлекеттілігінің құрылуы және халқының қалыптасуы бүгінгі кезде мемлекетіміздің тәуелсіздігінің қалыптасуында мәні зор.
Яки ұлттық сипаттағы Қазақ хандығының құрылу-Қазақстан территориясындағы ежелден бері үздіксіз дамып келе жатқан мемлекеттіліктің көрінсі, жаңа сипат пен жаңа сатыдағы түрі, жоғарыда айтып кеткендей қазақ халқының хандықтың құрылуымен сай келуі қола дәуірінен басталған этникалық процесстердің заңды қорытындысы[33. 3-б.].
Қазақ хандығының құрылуын зерттеуде тәуелсіз Қазақстанның тарихшылары осы алғашқы қазақ мемлекеті сипаты жағынан қандай болды деген сұраққа жауап іздеуде. «Қазақ хандығы туралы не білеміз?» атты дөңгелек үстелде т.ғ.д.
О. Мұхатованың айтуынша, Қазақ хандығы сипаты жағынан демократиялық басқару принциптеріне негізделген хандық мемлекет, себебі далалық нормалалар мен мемлекеттіліктің дәстүрлеріне байланысты ерекшеліктері болды, яғни мемлекетті хан басқарды, хан тек Шыңғыс хан ұрпақтарының өкілі, билер кеңесіне сүйенген, хан билігі белгілі бір құқықтармен белгіленген, хандық көшпелілердің дәстүрлі шаруашылық пен мәдениетіне негізделген мемлекет болғандығы даусыз деп көрсетеді.
Б.Б. Кәрібаевтың пайымдауынша: 1. Мемлекет- XV ғасырдың ортасында жеке
халық ретінде қалыптасып, тарих сахнасына шыққан қазақ этносының төл мемлекеті. Мұнда тарихшы Қазақ хандығының ұлттық және халықтық сипатын көрсетеді; 2. Қазақ хандығы қоғамдық қатынастар тұрғысынан оның алдында өмір сүрген мемлекеттерден айырмашылығы жоқ. Айырмашылық тек ұлттық сипатында ғана. Хандық географиялық орналасуына сай көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен отырықшы және жартылай отырықшы шаруашылқтарымен айналысты, оның қоғамдық қатынастарының негізінде қауымдық немесе тайпалық жер иелену мен феодалдық жер иелену түрлері жатты. Сондықтан да Қазақ хандығын ғылыми тілде патриархалдық және феодалдық сипаттағы кейінгі ортағасырлық мемлекет[21. 19-б.].
Тарихшылардың бұл пікірлеріне қарай хандықтың ұлттық маыздылығын және көшпелілерде мемлекеттіліктің болғандығын көреміз. Мемлекеттіліктің болуы қазақ тарихындағы маңызды фактор, бұл ұлтымыздың өркениеттілігн, ерекшелігін көрсетеді, бұл арқылы кеңестік заманда жазылған жалған қазақ тарихын жоққа шығарамыз.
Тарихтан әрбір этнос өзіне тән мемлекеттік құрылым қалыптастырғанын көреміз. Осы тұрғыдан біз Қазақ хандығын саяси қондырма деп қарайтын болсақ, оның арғы жағынан жаңа бір этностың, яғни ұлттың пайда болғанын байқаймыз. Ал ұлт бар жерде мемлекеттік құрылым қалыптасуға ұмтылады. Сол себепті де халқымыздың айрықша өзіндік орны бар Қазақ хандығының құрылу маңыздылығы арта түсуде, оның қазақ халқының қалыптасуындағы, мемлекеттілігінің құрылуындағы маңызы әрқашан да қазақ ұлтының тарихында орны ерекше.
ҚОРЫТЫНДЫ
Диплом жұмысымды қорыта келгенде, қазақ халқының тарихындағы ең маңызды оқиға – Қазақ хандығының құрылуы. Ал хандықтың құрылуы қарсаңындағы этносаяси алғышарттар, хандықтың құрылу барысы мен кезеңдерін анықтау бұл тарихи оқиғаның маңызын аша түседі. Дешті-Қыпшақ даласында ХІІІ ғ.-ХV ғ. аралығында орын алған этносаяси, рухани, мемлекеттілік дамулар сияқты үрдістер кең-байтақ далада қазақ тайпаларының басын қосып, үлкен территорияны біріктіру, қазақ халқының дербес ел болып қалыптасуының, Қазақ хандығының құрылуының басты алғышарттары болып табылады. Әр алғышарттың өзіне тән белгілері, ерекшеліктері бар. Этносаяси алғышарттарды жеке қарастыратын болсақ, Қазақ хандығының құрылуына ықпал еткен алғышарттардың бірегейі – саяси оқиғалар. Қазақ хандығы құрылуы саяси алғышарты мәселесі ХV ғасырдың І жартысында Дешті-Қыпшақ, Моғолстан, Темір әулеті мемлекетінің ішкі және сыртқы саяси қарым-қатынастарымен байланысты. Яғни бітіру жұмысымды жазу барысында аталған аймақтарда орын алған саяси қатынастар, мемлекеттердің саяси жағдайы, қазақ сұлтандарының Әбілқайыр хандығынан бөлінуі, Моғолстан ханының қазақ сұлтандарын қарсы алып, оларға өз елінің батысынан иелік беру және Әбу Саид мырзаның Жүніс ханды Есен-Бұға ханға қарсы аттандыру себептері сияқты тарихи оқиғалар хандықтың құрылуына негіз болған саяси алғышарттар болды. Бұмәселені жазу барысында Әбілқайыр, Моғолстан, Темір әулеті мемлекеттерінің саяси жағдайы мен өзара байланыстарын талданды. Қазақ хандығының ққрылуына ықпал еткен қолайлы жағдайларда анықталды. Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы, яғни XV ғасырдың 50-ші жылдарындағы Моғолстанның ішкі-сыртқы жағдайы Керей мен Жәнібек сұлтандарға жаңа мемлекеттің Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне қолайлы жағдайлар жасады дейміз.
Қазақ хандығының құрылуына оң әсерін тигізген Дешті-Қыпшақ және Моғолстан жерінде болған этникалық процесстер. ХІІІ ғасыр басында монңол шапқыншылығы нәтижесінде бұл аймақтарда этникалық процесстер біршама тежеледі деп бітіру жұмысымның барысында көрсетілді. Алайда уақыттың көмегімен этникалық процесстерде жергілікті ерекшеліктер үстемдік алып, монғолдық белгілерді жеңіп шыққандары қазақ халқының қалыптасуына негіз болды. Халық — мемлекеттіліктің басты белгісі. Бұл жұмысымда этникалық процесстердің монғол үстемдігінен кейінгі, яғни ХІІІ-ХV ғасырлардағы дамуынан бастадым. Этникалық процесстер саяси оқиғалар мен жағдайлармен тығыз байланысты, олард бір-біріне әсер етпей қоймайды. Монғол шапқыншылығынан кейін Дешті-қыпшақ даласында саяси өзгерістер орын алды, яғни басқару жүйесі өзгерді, билік басына жаңа әулет келді, мұсылман елінде үлкен қасірет туды. Сырттан келген монғол тайпалары жергілікті халықтың дамуын тежесе де,алайда кейін жаулап алу барысында қоныс аударған найман, керейт, меркіт, жалайыр, маңғыт, қият, барлас, қоңырат секілді тайпалар қазақ этносының қалыптасуында басты роль ойнады[62]. Сөйтіп, этносаяси жағдайларға байланысты «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығынан ордаежендік тайпалардың бөлінуі – қазақ этносының тууына алып келсе, Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр хандығынан бөлінуі – этникалық негізін ордаежендік тайпалар қалаған Қазақ хандығының құрылуына себеп болды[33. 7-б.] Сонымен қатар этникалық алғышарттарды талдай отырып, «көшпелі өзбектер» мемлекетіндегі 92 көшпелі тайпаның үш этникалық топқа бөлінгендігін, бірінші топта- шибандықтар, екінші топта- маңғыттар, үшінші топта-қазақ этносының ұйтқысы болған ордаежендік тайпалардың болғандығын көреміз.
Әрбір алғышарт ерекшеліктері мен белгілері хандықтың құрылуының әр тарихи кезеңдерінде айқын көрініс тауып отырды. Алғышарттардың маңыздылығы ол туғызған тарихи оқиғаның маңыздылығын көрсетуде. Сондықтан да біз үшін Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде, ең алдымен, оның алғышарттарын зерттеу маңызды. Тарихшы Б.Б. Кәрібаевтің айтуынша, өкінішке орай, мәселемізге қатысты зерттеулер хандықтың құрылу барысы мен оның құрылу жылына арналған. Оқиғаның алғышарттарын зерттей отырып, оны тарихи толық, жан-жақты зерттеуге мүмкіндік туды[19. 26-б.]. Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы алғышарттарды қарастыру Дешті-Қыпшақ даласындағы саяси тарихының, оның саяси құрылымының, этникалық құрылымының түбегейлі өзгерістерге ұшырағанына көз жеткіздік.
Жалпы Қазақ хандығының құрылу тарихына келетін болсақ, бұл салада айқындалмаған, яғни тарихшылрдың пікірін біріктіретін нақты тұжырымдар жоқ, мысалы ең басты сұрақ «Қазақ хандығының қай жылы құрылды?», содан кейін «Қазақстан аумағында алғашқы мемлекет қашан құрылды?», «Қазақ мемлекеті қашан қалыптасты?», «Көшпелілер қоғамында мемлекеттілік болды ма?» секілді сауалдар орын алып жүр. Әр тарихшы өз тарапынан түрлі пікірлер айтып жүр, хандықтың қалыптасуы мен орны туралы мәселелер сияқты Керей мен Жәнібектің қоныс аударуына байланысты ғылыми еңбектерде бірегеей пікір жоқ.
Қорытындылай келе қазақ ұлттық мемлекеттілігінің өзекті идеяларын атап көрсетуге болады:
- Керей и Жәнібек алғашқы қазақ хандар болып, қазақ мемлекеттілігінің негізін қалады. Ұрыс ханның саяси мұрагерлері мен Ақ Орда дәстүрінің ізбасарлары болды.
- Нақ Керей мен Жәнібекпен қызметінің арқасында XV ғасырдың екінші жартысында Дешті-Қыпшақта қазақ деген политоним пайда болды. Бұл атау өзбек-қазақтардан біртұтас халық атауы қазаққа өзгерді.
- Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр хандығынан бөлінуі далалық дәстүрге сай тәуелсіздікке деген талпыныс, көшпелі өмірде еркіндікті білдіру, яғни бұл хан билігіне қарсылық таныта алған батырлық рухтың көрінісі. Сондықтан да әр хан өз халқына рухани және батырлық қасиеттерін жоғатпағанын, әлі де сыйлы екендігін дәлелдеуге тырысты[46]. Сонымен, саяси, этникалық алғышарттарын ескере отырып, Керей мен Жәнібектің «көшпелі өзбектерден» бөлінуі — Әбілқйыр ханның әлсіруіне, жаңа мемлекет-Қазақ хандығының құрылуына, жаңа этноним- «қазақ» атауының пайда болуына, жаңа термин «Қазақстан» ұғымының дүниеге келуіне себепкер болды.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы: Атамұра, -1999. — 296 б.
- Қазақ хандығы қай жылы құрылды? // «Президент және Халық» газеті №14 (029), 2006.
- Книга Марко Поло о разнообразии мира, записанная пизанцем Рустикано в 1298г. от Р.х. – Алма-Ата. Наука. 1990.- С. 350.
- Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука.- Алматы6 1993.- 248с.
- Кәрібаев Б.Б. М.Х. Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегіндегі кейбір тарихи оқиғалардың мерзімі туралы // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы, №3(18),
- Вельяминов-Зернов В.В. Исследования о Касимовских царях и царевичах. Ч.2.- Спб., 1864.-498с.
- Қойгелдиев М., Кәрібаев Б.Б. Қазақ мемлекеті қашан пайда болды? // Қазақ тарихы, №4, 2006.- 4-6 бб.
- Карамзин Н.М. История государства Российского.
http://www.bibliotekar.ru/karamzin/55.htm
- Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі.- Алматы, 1991.-80 б.
- Чулошников А.П. Очерки по истории казак-киргизского народа в связи с общими историческими судьбами других тюркских племен.- Оребург: — С. 291.
- Тынышпаев М. Материалы к истории ктргиз-казакского народа.-Ташкент, 1925.- С. 64
- Вяткин М. Очерки по истории Казахской ССР. Т.І.: С древнейших времен до 1870 г.-М.,1941.
- Сабденова Г. С. Ибрагимовтың еңбектеріндегі ХV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының кейбір мәселелері // ҚазМУ хабаршысы, 2000, №1 (16), 46 б.
- Ислямиева C.Н. К вопросу о роли откочевки Джаныбека и Гирея в образовании казахской народности // ҚазМУ хабаршысы, №1 (32), 2004.- 24 б.
- Юдин В.П. Центральная Азия в ХV-XVIII веках глазами востоковеда.-Алматы, 2001.
- Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в середине ХІV- начале ХVІ веков.-Алма-Ата, 1977.
- Кляшторный С.Г., Сұлтанов Т.И. Казахстан: Летопись трехтысячилетий.-Алматы, 1992.
- Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылуы // Қазақ тарихы, №6, 1995.- 18 б.
- Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылуының этникалық адғышарттары туралы // ҚазМУ хабаршысы, №3 (22), 2002.- 26 б.
- Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығы құрылуының өзекті мәселелері // ҚазМУ хабаршысы, №6, 1998.- 17 б.
- Қазақ хандығы туралы не білеміз? // Қазақ тарихы, №1, 2007.-18-25бб.
- Қадырбаев А.Ш. Очерки истории средневековых уйгуров, джалаиров, найманов и кереитов. Алматы, 1993.
- История Казахстана. С древнейших времен до наших дней. В 5 томах. Ч. ІІ. Алматы, 1997.-282б.
- Петрушевский И.П. Земледелие и аграрные отношения в Иране ХІІІ- ХІV веков. М., Л., 1960.-51с.
- Кәрібаев Б.Б. Керей мен Жәнібектің көшу себептері туралы. // ҚазҰУ хабаршысы. Таих сериясы, №4 (23),
- Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т.1. Извлечения из сочинений арабских. Спб.,- 235с.
- CМИЗО. Т.ІІ. М.-Л., 1941.-129 с.
- Ахинжанов С.М. Кипчаки в истории средневекового Казахстана. Алматы, 1995.- С. 282.
- CМИЗО. Т.І. Спб., 1884.- 25 с.
- Қинаятұлы З. Қаза мемлекеті және Жошы хан.- Астана: «Елорда», 2004.
- Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в XV-XVII вв. (Вопросы этнической и оциальной истории).-М., 1982.
- Махмуд ибн Уәли. «Бахр әл-асрар фи манакиб әл-ахиар»
http://www.vostlit.info/Texts/rus15/Machmud_ben_Vali/frametext.htm
- Кәрібаев Б.Б. Тоқсан екі баулы «көшпелі өзбектер» және қазақты
құраған тайпалар. // Қазақ тарихы, № 5, 2007.
- Сайф ад-дин Ахсикенти «Маджму ат-тауарих»
http://www.vostlit.info/Texts/rus4/Ahsikendi/pred.phtml
- Бартольд В.В. Сочинения. Т. ІІ. Ч.2. – М., 1963.
- Фазлаллах ибн Рухбихан Исфахани «Михман-наме-ий Бухара»
http://www.vostlit.info/Texts/rus7/Isfachani/frametext1.htm
- Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. М., 2001.
http://lib.babr.ru/index.php?book=3376
- Кляшторный С. Г., Султанов Т. И. Казахстан: летопись трех
тысячелетий. – Алматы, 1992. – С. 374.
- 39. Масуд ибнОсмани Кухистани «Тарих-и Абулхаир-хани»
http://www.vostlit.info/Texts/rus12/Kuchistani/frametext1.htm
- Әбілғазы. Түрік шежіресі, А., 1992. 124-125 бб.
- М. Елеуұлы. Шу өңірі: аңыз бен тарих. //ҚазМУ. Хабаршысы. Тарих
сериясы. № 37, 1996. 6-12 бб.
- Б.Б. Кәрібаев. Қоғамдық-тарихи дамудың нәтижесі. //Қазақ тарихы.
№3, 1993.- 31- 37 бб.
- Мұхаммед Хайдар. Дулати. Тарихи-Рашиди. //МИКХ. Алма-Ата.
Наука. 1969.- 196-бет
- «Тауарих-и гузида-ий нусрат-наме»
http://www.vostlit.info/Texts/Dokumenty/M.Asien/XVI/1500-
1520/Istorija_pobed/frametext1.htm
- Камал-ад-дин али Бинаи «Шайбани-наме»
http://www.vostlit.info/Texts/rus15/Binai/frametext.htm
- Галым АГЕЛЕУОВ. История образования Казахского ханства. Керей и
Жаныбек.
http://www.abai.kz/content/galym-ageleuov-istoriya-obrazovaniya-
kazakhskogo-khanstva-kerei-i-zhanybek
- 47. Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылуы. //Қазақ тарихы. № 6, 1995.-
15-20 бб.
- Қазақ совет энциклопедиясы. Т. 4. Док-Имантау /Бас ред. Қаратаев М.
Қ. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1974. – 672 б.
- Елеуов М. Шу мен Талас өңірлерінің тарихи-мекендік аңыздары //
ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. №9. Алматы, 1998.- 78-б.
- 50. Молла Шади. «Фатх-наме»
http://www.vostlit.info/Texts/Dokumenty/M.Asien/XVI/1500-
1520/Molla_Schadi/frametext.htm
- Шайбани-намe. МИКХ. Алматы, 1969.- 99-б.
- Бахр әл-асрар фи манакиб әл-ахиар. МИКХ. Алматы, 1969.-352-б.
- 53. Кипчак-хан. «Та’рих-и кипчаки»
http://www.vostlit.info/Texts/Dokumenty/M.Asien/XVIII/1720-
1740/Kipcak- chan/frametext.htm
- http://kk.wikipedia.org
- Мұхаммед Хайдар. «Дулати. Тарихи-Рашиди»
http://www.vostlit.info/Texts/rus14/Tarich_Rashidi_II/frametext.htm.
- Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызы //ҚазҰУ
хабаршысы. Тарих сериясы. №2(25),
- 57. Кәрібаев Б.Б. ХІІІ-ХV ғ.ғ. Дешті-Қыпшақта хандық билікті
мұраланудағы монғолдық дәстүрдің өзгеріске ұшырауы туралы// ҚазҰУ
хабаршысы. Тарих сериясы 1(24) 2002. 38-41 б.б.
- Султанов Т. Кто такие казахи?
http://elim-aj.web-box.ru/elim-aj-russkij/ctati/kto-takie-kazahi
- «Қазақ» атауы қайдан шыққан? // Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге
дейін.- Алматы, 1998.
http://irgetas.com/media/news/49.html
- Зайн-ад-дин Махмуд Васифи. «Бадаи’ әл-уақаи’»
http://www.vostlit.info/Texts/rus14/Vasifi/frametext3.htm
- 61. Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине XYI в. Алма-
Ата,1985.-С. 89.
- 62. С.А. Аманжолов. Вопросы диалектологии и истории казахского языка.
Алматы, 1959. 58с.