АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Қазақ тарихында Әбілқайырдың алатын орны мен ролі

Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Тарих факультеті

Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасы

 

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

 

Қазақ тарихында Әбілқайырдың алатын орны мен ролі

 

 

 

 

                                                                    МАЗМҰНЫ

 

Кіріспе……………………………………………………………………………………….3-10

 

1   Әбілқайыр ханның хандық билікке келуі және қолбасшылық,    

      дипломатиялық қызметі

 

1.1 Әбілқайырдың шығу тегі және оның хандық билікке келуі………………….11-22

1.2 Әбілқайыр ханның әскери қолбасшылық іс-әрекеттері………………………..22-27

1.3 Әбілқайыр ханның дипломатиялық қызметі………………………………………..27-34

 

2   Әбілқайыр ханның Кіші жүзді Ресейге қосу жолындағы ұстанған                    

     саясаты

 

2.1 Әбілқайыр ханның Ресейге қосылудағы саяси көзқарасы…………………….35-41

2.2 Әбілқайыр ханның орыс өкіметінің өкілдерімен қарым-қатынасы……….41-52

 

Қорытынды……………………………………………………………………………………………53-54

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі………………………………………………………………55-57

 

                                                         

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                    

 

 

 

 

 

 

 

                                                        КІРІСПЕ

 

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ елі көп жылдар бойы бодандық құрсауында болып, енді егемендік алған тұста алдына әлемдегі өркениетті халықтар санатына қосылу мақсатын қойып отырған ұлт үшін өзінің өткенін білу, төл тарихынан тағылым алып, оның сабақтарын ескеру – болашақ мақсаттарға жеткізетін негізгі фактор. Қазақстанның ХVШ-ХІХ ғасырлардағы тарихы бірқатар объективті себептерге байланысты жеткілікті зерттелмей келгені белгілі. Осы кезеңдегі тарихи өткенімізді зерделеуге Қазақстанның отарлық тәуелділікте болуы да зиянды әсер еткені сөзсіз. Сол сияқты қазақтардың мемлекеттілігі туралы қолда бар тарихи жазбалар ең алдымен кеңестік кезеңдегі негізінен номадтық (көшпенділік) стереотиптерге құрылған болатын.

         Тарихтың өзекті арнасы — жеке тұлғалардың, тарихи қайраткерлердің туған еліне, халқына сіңірген еңбегін қоғамдық-саяси және әлеуметтік тұрғыдан зерттеу болып табылады. Жеке тарихи тұлғалардың өзінің азаматтық құқығының сақталуы, оның қайраткер ретінде қалыптасу мәселелеріне көп көңіл бөлінуі тиіс.

Халқының жадында, тарихтың сарғайған құжаттарға толы қойнауында есімі де, қызметі де сақталған, сол заманда жасаған ерлік істері бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналып отырған қазақ жерінің ардақты тұлғалары аз емес. Шындығында ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу — қазақтың дәстүрлі таным-түсінігінде ертеден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың қария сөздерінде, яғни шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырады.

Мемлекеттік билік кімнің қолында болатыны қоғам үшін өте маңызды. Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей, ұлт маңдайының бағына біткен Қасым, Есім, Тәуке, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандар елдің іргесін бекемдеп, шаңырағын нығайту жолындағы алмағайып заманның қиын-қыстау сәттерінде ұдайы жеке бастарының қадір-қасиеттері мен үлгі өнеге бола білді.

Әбілқайыр — қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын тұлғалардың бірі.

Әбілқайыр Қажысұлтанұлы сияқты ірі саяси тұлғаның қызметі кеңестік тарихымызда жалаң, бір жақты баяндалды. Оған дәлел кеңестік жүйенің алғашқы жылдарында оны тарихшылар «сатқын», «авантюрист» деп жөнсіз айыптаса, ал Кеңес үкіметінің кейінгі жылдарында «дана билеуші», «ұлы орыс халқына өз еркімен қосылудың негізгі ұйытқысы» деп асыра мадақтады. Демек, бұндай жағдай аталған тақырыпты шынайы, сындарлы, яғни жаңаша зерттеу қажеттігін айқындай түседі.

Қайткенде де, өз заманының перзенті Әбілқайыр Шығыс халықтарының тарихында ірі саясаткер, мемлекет қайраткері, күшті әскери қолбасшы ретінде елеулі орын алды.

Халқының қиын-қыстау тарихында дипломат-мәмілегер, данышпан қолбасшы өз ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салысқан ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды.

Бүгінде Қазақстан тәуелсіз ел атанып, өзінің тарихын жаңаша көзқараспен жазып жатқанда, оларды бұрынғы қате, сыңаржақ пікірлерден арылтуымыз қажет.

Зерттеу тақырыбын өзекті ете түсетін тағы бір нәрсе — ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ хандығының сыртқы саясатына байланысты жазылған әртүрлі құжаттар мен хаттарға Кіші жүз ханы саясатын зерттемейінше баға беру қиын. Көрші елдермен арадағы маңызы зор мұндай дипломатиялық құжаттарға сол замандағы басқа хан-сұлтандармен салыстырғанда көбіне-көп Әбілқайыр хан қол қойып отырған. Ал Кіші жүз ханы дипломатиясын зерттемей, жоғарыда аталған ресми құжаттарды білу мүмкін емес. Мұның өзі ХVІІІ ғасырдың 20-40 жылдарының қоғамдық-саяси астарларын, әсіресе тарихшы-ғалымдардың мұқият зерттеуін қажет етеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өз Жарлығымен 1998 жылды «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы» деп, ал 1999 жылды «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп және 2001 жылды «Тәуелсіздік жылы» деп жариялауы еліміздің өткеніне, қазақ мемлекеттілігінің тарихын ашуға, оның ішінде қазақ хандарының ел тарихында алатын ролінің ғылыми тұрғыда кеңінен жазылуына, халыққа оның тарихи зердесін қайтарып беруге септігін тигізері сөзсіз. Дегенмен де елбасының өзі айтқандай «тарих дегеніміз тек өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі, айғағы» /1/.

         Мәселенің зерттелу деңгейі. Қазіргі таңда Әбілқайырдың қайшылығы мол күрделі тарихи тұлғасы толық зерттелді деп айту қиын. Кіші жүз ханы туралы көптеген мәселелер түбегейлі, байыпты зерттеуді талап етеді. Сонымен Әбілқайыртанудағы өзекті мәселелерді зерттеуді ғалымдар енді ғана шын мәнінде қолға ала бастағанын айта кеткіміз келеді. Алайда, қазір біз оқып жүрген тарихнамада ғылыми дәлелденбеген, нақты дерекке емес, болжамға сүйеніп жазылған тұстар аз емес екені туралы пікірлер айтылуда. Бұл мәселеге байланысты әр кезеңде әр түрлі тұжырым айтылып келді.

         ХVІІІ ғасырдың I жартысындағы қазақ-орыс қатынастары жөнінде бұл мәселе бойынша біршама қарастырып өткен орыс авторлары болды. ХVІІІ ғасырдағы және XX ғасырдың басындағы орыс авторларының ерекшелігі -ғылыми экспедициялар мен қызмет бабындағы сапарлар кезінде ауқымды мәселелер бойынша материалдар жинады, сонымен бірге тарих, мәдениет, этнография, география және т.б. қамтылды. Бұл авторлар Қазақстанның ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қоғамдық-саяси дамуының ерекшелігімен жақсы таныс болғандықтан өздерінің еңбектерінде Әбілқайыр ханға көптеген беттер арнаған. Алайда бұл авторлар өз заманының адамдары болды және олардың көзқарастары сол уақытқа, идеологияға тән ықпалдардан азат емес еді.           Әбілқайыр хан саясатына берілген бағалар зерттеушінің қай тапқа жататыны тұрғысынан айқындалды. Қандай жағдайда болсын, казақ халқының шынайы тарихын жасау үшін олардың еңбектерін зерттеу және талдау қажет.         Алғашқы орыс зерттеушілерінің қатарына П.И.Рычковтың /2/, А.И.Левшиннің/3/, В.АМоисеевтің/4/, В.Н.Витевскийдің /5/, А.И.Добросмысловтың /6/,  А.И.Макшеевтің /7/ еңбектері жатады.

         Жоғарыда айтылған Кіші жүз ханы жайлы қалам тартқан ізденушілер мен зерттеушілердің көпшілігі патша үкіметінің отарлау саясатын ақтауға, керісінше, Әбілқайыр ханның саясатын жағымсыз жағынан түсіндіруге тырысқан.

         Орыс Географиялық Қоғамының негізін қалаушылардың бірі А.И.Левшин Орынбор комиссиясында дипломатиялық қызметте жүрген кезінде қазақтардың тарихына қатысты материалдар жинаған. Өзінің қомақты еңбегінің екінші бөлімінде автор Қазақстанның Ресей құрамына кіру тарихын айта келе, оның себептеріне мейлінше терең үңіліп, Әбілқайыр хан туралы да деректер келтіреді. Автордың ойы бойынша, қазақтың бірден-бір қорғанышы, қауіпсіздігі мен ішкі тыныштығының кепілі тек Ресей ғана бола алады. Кіші жүздің және Орта жүздің кейбір руларының Ресей бодандығына өз еріктерімен кіргенін дәлелдей келе, А.И.Левшин олардың бұл қадамы «сәті түскен кезде қайтадан тәуелсіздікке оралуға нақты шешім қабылдау» жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сонымен қатар А.И.Левшин бұл бодандықты Әбілқайырдың жеке басы еркінің және «қуатты елдің қорғаушылығымен күшеюге» үміт артқан басқа да халықтың «әкімқұмар бастықтарының» дәмеленушілік көрінісі деп қарауға да бейім тұрғанын атап өтуіміз қажет.

         Төңкеріске дейінгі орыс тарихнамасының ірі өкілдерінің бірі А.И.Левшиннің Кіші жүз ханы хақындағы түйіні төмендегідей: «Әбілқайыр Кіші жүздің ханы болғанымен, Орта жүздің де кейбір руларына билігін жүргізді. Елінің жағдайын ойлай отырып, билігінің өктем болуына назар аударды. Жауларын жеңіп өз билігін нығайта түсу үшін бар мүмкіндігін толық пайдаланды» /3/.

         Қазақ жерлерінің Ресей құрамына қосылу дәуірін біршама толық зерттеген А.И.Добросмыслов: «Самый сильным, предпримчивым и энергичным из ханов казахских орд, начале второй четверти ХVІІІ столетия был ближной наш сосед хан Малой Орды Абулхаир» /6/, — деген байлам жасайды.

         Патшалық Ресейдің жоғары лауазымды шенеунігі әрі тарихшы А.И.Макшеев былай деп жазады: «Мемлекет шекарасы сыртындағы қырғыздар (қазақтар) бұрынғысьнша тәуелсіз болып қала берді, ешқандай алым-салық төлемей, Ресей алдында міндет атқармады» /7/.

    Кіші жүз ханын көзімен көріп, жүзбе-жүз кездескен орыс шенеуніктері де, ханның жеке басының қасиеттерін жоғары бағалаған. Оған дәлел, Орынбор экспедициясының бастығы И.Кириллов: «Әбілқайыр хан барлық қазақ — қайсақ хандарының ішіндегі атақтысы және ақылдысы…» /8/ десе, ханмен етене жақын болған орыс елшісі М.Тевкелевтің: «Әбілқайыр хан жетерліктей ақылды және қулығы да бар адам… оның ұлы мәртебелі императорға бодан болу ниеті лажсыздан туып отыр» деген мінездемесімен толық келісуге болады. XIX ғасырдың басындағы ірі қоғам қайраткерлері сапынан орын алатын қазақ зиялылары да өз еңбектерінде аталмыш мәселеге назар аударған. Олар: Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедұлы, Ғ.Мұсағалиев, Қ.Кемеңгерүлы т.б. Бұл авторлардың шығармашылық мұралары олардьң ой-өрісінің кең екенін және Қазақстанның Ресейге қосылуын, соған сәйкес Әбілқайыр саясатын басқаша тұрғыдан бағалайтынын көрсетеді. Біз бұл еңбектердің қазақтарды отарлаудың зақымдары мен зардаптары көзге ұрып тұрған кезде жазылғанын ескеруіміз керек.  Осы орайда Ғабдулғазиз Мұсағалиев өз пікірін былайша білдіреді: «… Әбілқайыр хан халық пайдасы үстіне өзінің құмар болған дәреже, лауазымын русь қол астына кіріп, сақтауды амид етті. Сол ниет, сол амидпенен ол русь қол астына кіруді қуаттайды, һәмде қазақтардың бастан русьқа бағынуына себепші болды… Оның русьқа бағыну пікіріне көбісі қарсы келді… Сонда да хан көптің ризалығын күтіп тұрмады, өзіне ерген кісілермен русь қол астына кіруге қарар берді» /9/.

         Автор пікірі бір қырынан қарағанда Кіші жүз ханын сынағандай көрінгенімен, екінші жағынан кейбір пікірлері шындыққа жанасады.

 Әбілқайырдың Ресей әкімшілігіне сүйеніп, өзінің саяси қарсыластарының позициясын әлсіретуге, жеке билік жүргізу үшін күресте өзінің потенциалды бақталастарынан асып түсуге үміт артқан пайдакүнемдік мүддесі болғандығын қазіргі кәсіби тарихшылар да растайды. Ғ.Мұсағалиев бодандықтың мәнін Әбілқайыр шығыс дәстүрінде түсінгенін атап өткен. Десек те, ХVШ ғасырдың I жартысындағы әскери-саяси оқиғаларда басты рөл атқарған, сол үшін маңындағылардың жаулық, қастандықтарына ұшыраған, халық болашағы мен жеке мүддесі дәуір ағымының беталысына қарай ойламаған тұста келісім тауып, өзара жарасып кеткен Әбілқайыр тұлғасын автор біржақты бағалаған.

Әбілқайыр ханның ұстанған түпкі саяси мақсатын Қошке Кемеңгерұлы 1924 жылы Мәскеуден шыққан «Қазақ тарихы» атты кітабында былайша түсіндіреді: 1) Күшті Ресейге арқа тіреп Хиуалықты, Қарақалпақты бағындырамын, үш жүзге үлкен хан боламын; 2) Тақты мұралы қыламьн; 3) Қол-аяқты жинап алған соң, Ресейден бөлініп кетемін, деп ойлады. Соңғы пікірімен толқыған халықты да иландырды….

Профессор Халел Досмұхамедұлының көлемді алғысөз жазып, 1925 жылы Ташкент қаласында араб қарпімен жарық көрген «Исатай-Махамбет» деп аталатын еңбегінің күні бүгінге дейін мәнін жоймаған тұстары бар. Әбілқайыр саясатына берілген автордың бағасы мен ханның жеке басының қасиетін айқындауда автор көзқарасында қайшылық орын алады /10/.

«… Ұлы хан болғысы келген хандар көбейді. Әбілқайыр, Қайып, Сәмеке ұлы хан болғысы келіп қатар шықты. Бұлардың қайсысы да бір ауыздан елді тегіс соңына ерте алмады. Әбілқайырға елді қорқытьп алып хан болудан басқа жол қалмады. Елді қорқыту үшін Әбілқайыр орыс патшасына бағынбақшы болды» деп бір жазып кетсе, ханның өзін «Әбілқайыр айбарлы хан болды…» дейді.

1903 жылы Әлихан Бөкейхановтың «қазақтарды жау жағадан алып, бөрі етектен тартып орыс билігін мойындауға мәжбүр етті» /11/ деген тұжырым келтіреді.

XX ғасырдың 30-жылдарының ортасы мен 80-жылдардың басында қазақ халқының бастан кешіргенін зерттеуге маркстік-лениндік идеологияны меңгерген және дворяндық-буржуазиялық тарихнамаға белсенді түрде қарсылық білдіретін кәсіби тарихшылар кірісті. Ресей империясының бұрынғы отарларының ұлттық тарихына деген ынталылық кең етек алды.

   В.Лебедевтің, В.Ф.Шахматовтың, П.Г.Галузоның, С.Д.Асфендияровтың, М.Тынышпаевтың, Ғ.Тоғжановтың еңбектерінде, негізінен Ресейдің жаулап алу саясатының зардаптары айтылды. Жалпы алғанда Қазақстанның Ресей құрамына кіру тарихы да ұзақ. Сол сияқты оған берілер баға да әрқилы. Әуел баста ол Әбілқайыр ханның орыс патшасының алдына Ресейге қосылу мәселесін қоюынан басталды десе де болғандай. Өйткені, империя құрамына кірудің мәні бастапқыда бұл мәселеге орыс елін билеушілердің көзқарасынан мүлдем бөлек еді. Аталған мәселеге XX ғасырда жоғарыда айтылған авторлардан басқа М.П.Вяткин, Е.Б.Бекмаханов, Н.Г.Аполлова, Н.Бекмаханова, Д.И.Дулатова, Ж.Қ.Қасымбаев, А.Сабырханов, Б.С.Сүлейменов, В.Я.Басин, П.Е.Матвиевский, В.А.Моисеев, Н.К.Мұқитанов, Б.А.Төлепбаев /19/  және басқа ғалымдар елеулі үлес қосты.

            30 жылдары патшалық Ресейдің отарлау тарихын біршама объективті түрде жазып, қазақ жерін казак отаршылдарының тартып алуы, Орта Азия және Қазақстан жерінің Ресей империясының шикізат көзіне айналуы, Түркістан аймағы патшалық Ресейдін отары болғандығы жайында П.Г.Галузо өзінің зерттеуінде кең тоқталады. Сонымен қатар, онда патша өкіметі халықтарды бір-біріне айдап салып өшіктіру саясатын көздеп келгендігін де дәлелдей көрсеткен.

40-50 жылдары бұл мәселені  зерттеуге профессор М.П.Вяткин де зор үлес қосты. Ол қазақтардың бодандығына баға беру осы оқиға өріс алған тарихи жағдайдан туындау керек дегенді айтты. Оның ойынша осы қағидадан шығып кету «абсолюттік қорлау» терминінің пайда болуына әсерін тигізді. Зерттеуші ХVIII ғасырдың 30-40-жылдары қазақ жүздерінің алдында не Ресейге, не Жоңғарға бодан болуды таңдау қажеттілігі тұрды, олардың қайсысын таңдаса да, саяси тәуелсіздіктен айырылуға әкеліп соғады, бірақ Ресейге бодан болу «қорлықтың жеңілдеу түрі», өйткені ол өркендеуге жағдай жасайды деп көрсетті. Автор «өз еркімен қосылды» деп айтатын ұлы орыстық шовинизммен, тарихшылармен келіспейді, бірақ оған қарама-қайшы «… қазақтардың орыс бодандығын қабылдауы жаулап алудың нәтижесі болып табылды; оның бастапқы кезде… мүлдем жаулап алу болмай, «қара» және «ақ» сүйек шонжарларының халық бұқарасының еркіне қарсы патша үкіметі арасындағы одақ екенін жоғарыда көргенбіз» деген пікірді де қолдамайды. Түптеп келгенде оның ойынша, «Әбілқайырды патша үкіметінен қорғаныш» таңдауға жағдайдың өзі мәжбүр етті /12/.

1948 жылы Қазақстанның Ресейге қосылуьн қазақ халқының тарихындағы прогрессивтік жағдай деп бағалайтын Н.Г. Аполлованың «Присоединение Казахстана к России в 30-х годах ХVІІІ века» монографиясы жарық көрді. Әртүрлі деректерді мол пайдалануы жағынан, қарастырылған мәселелердің аумақтылығына қарай осы автордың біз пайдаланған еңбегінің ғылыми құндылығы зор. Онда бұл қосылу нақты тарихи жағдайда, Әбілқайыр ханның шаруашылық және саяси есеп — қисабынан туындады делінген. Автор: «Қазақ хандары ХVІІІ ғасырдың басынан сыртқы саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Тәукеден бастап Әбілқайырға дейін Ресеймен бейбіт қарым-қатынасты нығайту үшін қам жасады» дей келе, «көпшіліктің Ресей бодандығына қарсы болуы жасалған келісім-шартқа наразы болуының бірден-бір себебі, хан бұл мәселені шешуде өз билігін тым жоғарылатып жіберді. Ханның бұл қадамын старшина мен билер бабаларынан келе жатқан әдет-ғұрыптарды бұзғандық деп түсініп, өздерінің хандықтағы саяси биліктерін аяққа таптады деп түсінді» деген болатын /13/

Қазақ халқыньң аса ірі тарихшысы Е.Бекмаханов осы кезең туралы құнды еңбектердің авторы. Ол: «Кіші жүздің қазақтары өздерінің көреген ханы Әбілқайырдың бастауымен 1730 жылы ерікті түрде орыстарға бодан болғаны мәлім. Мұның өзі сыртқы және ішкі себептерден туған қажеттілік болды; ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарында жоңғар жаулап алушылары тарапынан қанауға түсудің қаупі төнген. Әбілқайыр бастаған қазақтар өздерінің қуатты көршісі — Ресейден әскери көмек сұрады. Сонымен бірге орыстарға бодан болуға қазақтарды империямен экономикалық және сауда байланыстары да итермеледі. Бодандықтың шарттары бойынша қазақтар өздері тұрып жатқан мекенін және мемлекеттік дербестігін сақтап қалды» /14/ , — деп жазады.

      Шетел тарихшылары да өз еңбектерінде осы мәселеге көңіл аударып, еңбектер жариялаған. Бұл жөнінде тарихшы — ғалым К.Л.Есмағамбетов ХІХ-ХХ ғасырдың өн бойында батыс елдерінде жинақталған қазақтар туралы тарихи-этнологиялық сипаттағы сан алуан материалдарды жинақтай отырып, сол кезеңдегі Батыс елдерінің біраз ғалымдарының, әсіресе Ю.Скайлердің, А.Боджердің, М.Б.Олкоттың өз еңбектерінде Кіші жүз қазақтарының Ресейге қосылу себептеріне, бұл орайда Әбілқайыр ханның атқарған роліне назар аударғандығын көрсетіп берді /15/.

Суонси университеті колледжінің (Англия) оқытушысы Алан Боджер өзінің «Кіші жүз ханы Әбілқайыр және оның 1731 жылы қазандағы Ресейге бодан болу туралы анты» деп аталатын еңбегінде бұл мәселе туралы; «Қазақ халқы орыс боданы болуды қалады» деген жорамал шындыққа жатпайды. Әбілқайыр өзінің іс-әрекеттерінде жеке басының мүддесін — саяси мақсатты көздеді, бір сөзбен айтқанда, ол да орыстан көмек алуға тырысты, бірақ орыспен қосылғысы келмеді» дейді /40/.

         Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» ашуға жергілікті тарихшылар да араласа бастады. Бұл мәселені тарихи танымдық жағымен де, ғылыми құндылығымен де ерекше, көптеген тарихнамалық, методологиялық мәселелерді алға тартып, ХVШ-ХІХ ғасырлардағы казақ тарихын зерттеушілерге тың серпін беріп отырған көрнекті тарихшыларымыз М.Қ.Қозыбаевтың,Ж.Қ.Қасымбаевтың, И.В.Ерофееваның тарихи зерттеулерінің орны айрықша.

Академик М.Қ.Қозыбаев «История России есть история страны, которая колонизуется» мақаласында Қазақстанның Ресей құрамына кіруі туралы өз пікірін келтіреді. Ғалым Қазақстанды басып алу стратегиясы сонау I Петр кезінде айқындалып, одан кейінгі уақытта түпкілікті рәсімделгенін көрсетеді. Әбілқайыр ханның Ресейге тәнті болуы «ұлтты сақтап қалу үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында» қазақтардың империя билігін мойындауға мәжбүрлікті қалыптастырған тарихи жағдай деп түсіндіреді /16/.

Осыған сәйкес тақырыпқа тікелей қатысты ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының саяси өміріндегі Әбілқайыр ханның орны, Кіші жүздегі ХVШ-ХІХ ғасырларда қалыптасқан саяси-құрылыс пен экономикалқ дамудағы өзгерістер, Кіші жүзді мекендеген ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы халықтардың этникалық құрамы туралы мәліметтер Т.З.Рысбековтың /17/, Б.Қ.Бірімжаровтың /18/, А.М Абдилдабекованың /19/, С.Өтениязовтың /20/,  М.Ж.Абдіровтың /21/, М.С.Мәшімбаевтің /22/, А.Исин /23/ еңбектерінде жан-жақты қарастырылғандығын айтып кету қажет. Мәселен, тарихшы М.С.Мәшімбаев Әбілқайыр тұлғасының біздің өлкемізге тікелей қатынасты болғандығын баяндай келіп, оны батырлығы мен өркөкіректігі, ақылдылығы мен билікқұмарлығы, саясатшылығы мен бірбеткейлігі астасқан қайшылығы мол тарихи күрделі тұлға ретінде бағалайды /12/.

Сондай-ақ республика баспасөз беттерінде осы тақырыптың әр мәселесін толықтыратын, дербес мемлекеттің өткен кезеңін көрсететін мақалалар жарық көрді .

Қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресі, Қазақстанның Ресейге қосылуы хақында бүгінге дейін ірілі-уақты бірнеше шығармалар жарық көрді. І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, Т.Ахтанов, Қ.Бекхожин, А.Сергеев, С.Сматаев, М. Есламғалиұлы, Қ.Салғараұлы, Қ.Жұмаділ секілді жазушыларымыздың шығармалары бұл тақырыпты едәуір тұсқа дейін тереңдетіп дамыта түсті. Бұл мәселе жөнінде тарихи проза саласындағы шығармалардың ішінде белгілі жазушы Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» атты романдары, Қ.Жұмаділовтың «Дарабоз» /48/ шығармасының орны оқшау тұр.

Ерекше атап өтерлік мәселе, шығармада жер-су аттары, қазақтың аңыз әңгімелері түгелдей тарихи шындыққа сай келтірілгені. Автордың архивтердегі тарихи құжаттарды зерттегені, қажетіне қарай сұрыптап пайдаланғаны көрініп түр. Романда, жалқы жүріп жол бағып, іштен тынып, ой бағып дағдыланып қалған Әбілқайыр қанша бой тасалап, алыс мұратына бопсалап қана көз салғанымен, іске де, сөзге де мығым, ағалық жол басқаныкі болғанымен, ойының саралығы ісінің даралығы жағынан өзге сұлтандардан әлдеқайда үстем, биік екені көрінеді. Шығармада Әбілқайыр ханның образы сәтті шыққан десек бұл асыра сілтеушілік емес.

Жұмыстың деректік негізі. Диплом жұмысының дерек көзі ретінде Кіші жүздің Ресейге қосылуы қарсаңындағы қазақтардың экономикасы, саяси құрылымы мен тұрмыс-тіршілігін зерттеуде А.И.Тевкелев күнделігінің орны ерекше /8/. Күнделік 1731 жылдың 3 қазанынан 1733 жылдың 14 қаңтарына дейінгі аралықты қамтиды. Оның тағы бір құндылығы автордың қазақ тілін жетік білетіндігі мен қазақтар арасында екі жылдан астам уақыт болғандығында. Күнделікті мұқият зерттеу Қазақстан тарихнамасындағы кейбір күрделі мәселелерді шешуге; Әбілқайырдың Ресей қол астына өтуге ұмтылуының себептерін айқындауға септігін тигізеді. Тевкелев ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ хандығының көрші елдермен арадағы саяси жағдайының аса шиеленіскенін атап көрсетеді. Көршілес мемлекеттермен арада болып отырған жиі-жиі әскери қақтығыстар халық өміріне олардың тұрмысына елеулі нұқсан келтірді. А.И.Тевкелев жазбаларынан Әбілқайырдың Ресейдің қол астына өту арқылы Ресеймен және бодандарымен бейбіт қарым-қатынас орнатуды көздегенін аңғару қиын емес.

Күнделік кемшіліктерінің бірі — оның әлеуметтік жағынан сыңаржақтылығы. Онда феодал, сұлтан мен хандардың қызметі туралы мол мәліметтер келтірілгенімен, қарапайым халықтың өмірі мен тұрмысы жайлы деректер жоқтың қасы деуге болады.

Тұтас алғанда, А.И.Тевкелевтің халыққа сұрау жүргізу арқылы және қазақтармен тікелей араласуы негізінде жинақталған деректері ХVІІІ ғасырдың басындағы қазақ даласы солтүстік-батыс өлкесінің тарихы жөніндегі аса құнды мәліметтер болып табылады. Алайда, патша әмірін орындаушы А.И.Тевкелевтің консервативті саяси көзқарастағы адам болғанын да ұмытпаған абзал. Сондықтан да ол тарихнамалық мәліметтерді ғылыми мақсатқа емес, негізінен отаршылдық саясатты негіздеуге пайдаланды. Қалай болғанда да патша жансызы Тевкелевтің көптеген құжаттарын талдау Әбілқайыр хан саясатын айқындай түсуге көмектесері сөзсіз.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеуіміздің мақсаты ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Әбілқайыр ханның саяси-мәмілегерлік қызметінің негізгі бағыттарын айқындай отырып, оның қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы ұлттық мемлекетіміздің сыртқы халықаралық саясатымен астасып жатқандығын дәлелдеу. Сондықтан, осы мәселелерді шешу барысында мынадай міндеттерді назарға алдық:

  • Кіші Жүз ханы ретінде Әбілқайыр ханның билікке келуін;
  • Сол кезеңде елінің, жерінің тұтастығы үшін күрескен Әбілқайыр ханның қолбасшылық қызметін;
  • ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы қалыптасқан күрделі саяси                  ахуалды   Әбілқайырдың   саяси-мәмілегер   ретінде   ұғынғандығын
    дәйектеу және оның сол замандағы тарих сахнасына көтерілген ірі
    саяси тұлға екенін пайымдау;
  • Кіші жүздің Ресейге қосылуының алғы шарттарын анықтау арқылы
    Әбілқайырдың саяси  тұрақтылықты  сақтау  жолындағы  қызметін
    дәлелдеу және Кіші жүз ханының орыс отаршылдығына қарсы
    жүргізген саяси күресінің мәнін ашу;
  • Өзінің билік етіп отырған кезеңдегі Әбілқайыр ханның орыс өкіметінің арасындағы қарым-қатынасын көрсету;

    Диплом жұмысының хронологиялық шеңбері. ХVІІІ ғасырдың басынан осы ғасырдың 40-жылдарының соңына дейінгі қазақ даласындағы Кіші жүз ханының күрделі, қарама-қайшы саясат жүргізу шараларының маңызды кезеңін қарастыруды қамтиды.

     Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, бес тармақшадан тұратын екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

            1      Әбілқайыр ханның  хандық билікке келуі және қолбасшылық,                  дипломатиялық қызметі

           1.1    Әбілқайырдың шығу тегі және оның хандық билікке келуі

 

   Қазіргі тарих ғылымында қазақ хандары жан-жақты зерттелуде. Тәуелсіздікке қол жеткізуімізге байланысты тарихи таным арнасына жаңадан игеріле бастаған отандық және шетелдік жазба деректер тартылуда.

    Әбілқайыр ханның Қазақстанның саяси тарихындағы орны туралы талас-пікірлер әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Әбілқайыр ханға объективті бағаны XVIII ғасырдың 20-40-шы жылдар аралығындағы тарихи жағдайларды қарастыра отырып, анықтауға болады.

   Әбілқайыр ханның шежіресіне тоқталатын болсақ, оған қатысты көптеген ғылыми зерттеулерде әртүрлі шежіре кестелері кездеседі. Әрине, шежіре кестелерінде айырмашылықтар бар. Адам есімдерінің әртүрлі жазылуында, орындарының ауысуында немесе жаңа бір есімнің кездесуінде. Кейбір шежірелерде Әбілқайыр хан Өсеке ұрпағынан емес Қасым хан ұрпағынан шыққан деседі. Яғни, Шыңғыс хан — Жошы — Тоқайтемір — Өз темір — Қожа — Бадақұл — Арыс хан — Құйыршық хан — Барақ хан — Абусағид хан /Әз Жәнібек деп те аталған/. Әз Жәнібектің балалары Иранчы, Махмұт, Қасым хан, Айтек, Жаныс, Қамбар, Тәтіш, Үсек, Жәдік. Қасым ханнан — Шығай — Тәуекел хан — Есім хан — Жаһангер хан /Салқам Жәңгір/ — әз Тәуке хан — Әбілқайыр хан мен Болат хан. Ал, Болат ханнан Сәмеке, Әбілмәмбет тараған. Дәл осылар Ақтабан шұбырындыда Ұлы жүзде Әбілмәмбет хан, Орта жүзде Сәмеке хан, Кіші жүзде Әбілқайыр хан еді /24/. Қазіргі кезде ғылыми айналымға енбей келе жатқан қазақ хандарының шығу тегі мәселесін Б.Кәрібаев өз еңбектерінде ғылыми тұрғыда қарастырып, қазақ хандарының генеологиясын Жошының кенже ұлы Тұқай-Темірден емес, Орда Еженнен таратады. Сондай-ақ Берекет Бақытжанұлы өзінің еңбегінде XIX ғасырдың I ширегіне дейін өмір сүрген қазақ хандарының бәрі Жәнібектің ұрпақтары деген тұжырым жасайды /25/.

   С. Толыбеков Әбілқайырдың ата-тегін былайша таратады: «Әз Жәнібек сұлтанның тоғыз балаларының ішінен Өсеке сұлтаннан — Ырыс сұлтан — Ходжа сұлтан — Абдулла сұлтан тарайды. Абдулла сұлтанның балалары Жолбарыс хан, Нияз сұлтан, Әбілқайыр хан /1693-1748 ж.ж./, Досалы сұлтан» /26/.

   Алайда, көңіл бөлетін бір жай, профессор Т. Қаратаевтың Әбілқайыр аттас тарихи тұлғалар негізінде жазылған мақаласында: «Кіші жүздегі Әбілқайыр ханның Абдолла деген әкесі болмаған, әкесінің аты бірде Әжі, Қажы, бірде Аджа болып жазылған. Абдолла деген адам — Ұлы жүздегі Әбілқайыр ханның әкесі екен. Кіші жүзде Әбілқайырдың Жолбарыс, Нияз деген бауырлары болмаған. Кіші жүзде Әбілқайырмен бір мезгілде Ұлы жүзде де бір Әбілқайырдың болғанын тарихи деректерді пайдалана растай келе, көп жерде мәлімет араласып жүргендігін жазады».

  Қойшығара Салғараұлы: Әз Жәнібек ханның 9 ұлдарының бірі Ұснақтан (Сөк) — Бөлекей Қоян — Батырхан — Айшуақ — Ырыс -Қажысұлтан — Әбілқайыр хан,- деп шежірені өрбітеді .

  Әбілқайырдың ата-тегі қара сүйектен шыққан деген ғылыми тұжырымдар кездеседі. Әбілқайырды жоғары ақ сүйек әулетінің өкілдері оны «қара сүйек» әулетіне жатқызған.

1748 жылы 24 қыркүйекте А. Тевкелевтің Сыртқы істер алқасына Кіші және Орта жүздің хан-сұлтандарының генеологиясы жайында жазған  мәлімдемесінде  Кіші  жүз  ханының  шежіресі  былайша көрсетіледі: Өсеке — Бөлекей Қоян — Айшуақ — Нарыш — Аджа -Әбілқайыр /8/. А. Левшин де Әбілқайырдың шежіресін дәл осылай өрбітеді /3/.

   Әбілқайырдың ата-тегі туралы мәліметтер тағы да мынандай ғылыми зерттеулерде кездеседі Ш.Ш.Уәлиханов /27/. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорынан «Хандар шежіресі» атты көне қолжазба табылды. Бір өкініштісі осыншама құнды да асыл мұраны ұзақ жылдар бойы зерттеп, қағазға түсірген кісінің аты-жөні белгісіз күйде қалып отыр.

   Қорыта келгенде, Әбілқайыр ханның ата-бабалары қазақ хандығының негізін салушы Шыңғыс хан әулетінен шыққан Әз Жәнібектің кенже ұлдарының бірі Өсекеден тарайтынын тарихи деректер растап отыр. Бұған тағы бір ғылыми дәлел Мұхаммед Әбілқайыр II (Әбілқайыр I XV ғасырдың ортасында өмір сүрді) ата тегі қазақ мемлекетінің негізін қалаушы Жәнібек ханнан, оның кенже баласы Өсек сұлтаннан басталады. Шыңғыс ханнан бастап Әбілқайыр ханға дейін, Әбілқайырдан қазақ хандық билігі жүзеге асырылғанға дейінгі ұрпақтарының шежіресі жақсы өрбітілген /28/.

   Әбілқайыр қазіргі кейбір тарихшылардың көрсетуінше, 1693 жылы емес, 1684/85 жылдар аралығында туған сияқты. Себебі, ол Қарақұм кеңесінде хан сайланғанға дейін-ақ дарынды қолбасшы ретінде Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары арасында танылып үлгерген еді /47/.

  XIX ғасырдың аяғында жазылып алынған қазақ аңыздарының бірінде, Әбілқайырдың үйлену тойы Қарақұм кеңесінде оның хан сайлануымен ұласады. Әбілқайырдың 1710 жылы хан сайланғандығын орыс зерттеушісі В.Н. Витевский де растайды. Бопайдың 1709, не 1710 жылы тұрмысқа шыққандығы, тұңғышы Нұралының туған жылымен де (1710/11 — 1790) дәлелденеді. Бопай жүз жастан астам өмір сүріп, 1780 жылдың 31 мамырында қайтыс болған делініп жүр. Сонда ол 1680 жылдан кейін тумаған және Әбілқайырға тұрмысқа шыққанда 29-30 жас шамасында болады. Әрине, бұл ақылға да, сол кездегі қазақ салтына да сыймайды. Бопай әрі кеткенде жиырма жастан аспаған, яғни ол 1689/90 жылдар шамасында дүниеге келген.

Әбілқайыр ханның қазақ қоғамының қайраткері ретінде қалдырған ізіне куә ретінде күрделі әскери-саяси жағдай, қазақ қоғамындағы түбегейлі өзгерістерге мұқтаждық, далалық менталитет. Осының бәрі Кіші жүздің ұлы және дара қайталанбас ханы — Әбілқайырдың пайда болуына жағдай жасады емес пе?

Әбілқайыр хан нағыз саясаткер және әскербасшы ретінде ғана емес, сонымен қатар династияның негізін қалаушы ретінде де қымбат. Ол династияның өкілдері: алғашқы генералдар Жәңгір хан Бөкеев, Баймұхаммед Айшуақов, Мұхамеджан Баймұхаммедов және армия генералы Ғұбайдұлла Жәңгіров, атақты сазгер Дәулеткерей Шығаев, белгілі ақын Шәңгерей Бөкеев, Ішкі Бөкей Ордасындағы қазақ әйелдер мектептерінің негізін қалаушы Хосни Нұралыханова, II Мемлекеттік Дума депутаты Бақытжан Қаратаев пен Ғабдолхәкім Бөкейханов, Құрманғазы атындағы оркестрінің негізін қалаушылар Науша мен Махамбет Бөкейхановтар және т.б. Бүгін де Әбілқайырдың ұрпақтары (Бөкейхановтар, Сейдалиндер, Шығаевтар және т.б.) оның атын мақтанышпен алып жүр. Олардың ішінде ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Майя Хажетдинова Шығаева.

Сонымен, Әбілқайыр хан — мемлекеттік және әскери іскер, жоңғарлармен шайқастағы қазақ әскерінің бас қолбасшысы, Бұланты және Аңырақай шайқасының батыры, мәмілегер, қазақ даласының бірінші маршалы, Ресей мен Қазақстан жақындасуының инициаторы /18/.

Оның есімі қазақ даласының басқа көрнекті қайраткерлерімен бір қатарда тұруы керек, атап айтқанда жауынгер Қасым хан, айбарлы Жәңгір хан, дана Тәуке, данышпан Абылай және қаһарлы Кеңесары — деген ұсыныстарға қосыла келе, «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткен» кең байтақ қазақ даласының ұлы ұлдарының бірі.

Әбілқайыр орыс империясының боданы болу арқылы мемлекеттілікті сақтай алды.

 Ендігі кезекте мемлекет қайраткері — Әбілқайыр ханның жанұясына тоқталайық. Әбілқайырдың Бопайдан басқа тағы да екі қазақ, бір қалмақ, бір башқұрт әйелі болған. Бірінші қазақ әйеліне Әбілқайыр хан жас кезінде үйленген дейді,- зерттеуші И. Ерофеева.  Оның ойынша: Әбілқайыр бірінші әйеліне үлкен ағасы Тоқтамыс сұлтан өлгеннен кейін әмеңгерлік жолмен үйленген,- деп болжайды /29/. Әбілқайырдың бірінші әйелі туралы ең алғашқы мәліметтер А.И. Тевкелевтің 5 қазан 1731 жылы жазылған  Журналында көрсетіледі. Онда Әбілқайырдың бірінші әйелі мен өгей шешесінің жоңғарлардың Түркістан қаласына шабуыл жасаған кезінде тұтқынға алынғаны туралы айтылады. Шамамен 1731-1736 жылдар аралығында ол, осы жоңғарлардың қолында өледі. Бірінші әйелінен Әбілқайырдың бір қызы болды. Яғни, бірінші әйелі (Тоқтамыс сұлтанның әйелі) — адайдан; тек өмірлік серігі емес, саясатта да кеңесшісі болған төре тұқымынан шыққан — Бопай екінші әйелі; ал, қалған Әбілқайырдың үшінші әйелі — Еділ қалмағының тұтқынға түскен Цайроши деген қызынан Шыңғыс есімді ұл және екі қыз туды. Төртінші әйелі — башқұрт қызы, ол — кейін патша өкіметінің езгісіне қарсы көтерілген Қаратай сұлтанның анасы /38/.

Ең соңғы аталған екі әйелімен Әбілқайыр хан ішкі және сыртқы саясатының дамуы үшін, хандық билігінің үстемдігі мен көрші елдердің беделді адамдарымен тығыз қарым-қатынаста болу үшін үйленген болатын.

Әбілқайыр хан билігіне, 1748 жылға дейін әлімұлы, байұлы, жетіру ұрпақтарынан басқа арғындардың, уақтардың, керейлердің бір бөлігі кірді. Олар Батыс Қазақстан өңірлерінде, Сырдария өзенінің оңтүстік-батыс жағалауымен Ембі, Жайық өзендерінің бойында қоныс еткен. Бірақ-та негізінен Әбілқайыр ханның бабалары ертеден Ташкент, Түркістан, Сайрам қалаларымен соларға тиесілі ауылдарды басқарған.

Ғасырлар бойы ұлан-ғайыр қазақ даласында данышпан қайраткер тұлғалар қазақ халқының тарихына орасан зор үлес қосты. Жоғарғы мемлекет билігіне байланысты әр хандардың өзіне тән әскери дарындылық, қырандық саясаткерлік және дана мәмілегерлік қасиеттерін бойларына сіңірген олар, геосаяси стратег ретінде халқының және мемлекеттің тағдырын шеше алды.

XVIII ғасырдың 20-шы жылдарының ортасына дейін хан тағында Жәнібек ханның баласы Жәдік сұлтанның ұрпақтары болды. 20-шы жылдардың ортасында бұл қалыптасқан дәстүрді Өсектің ұрпағы Әбілқайыр сұлтан бұзды. Сонымен, Мұхаммед Әбілқайыр Ғази Баһадүр хан — Шыңғыс ханның 15-ші ұрпағы еді /24/.

Әбілқайыр өмірінің тарихи кезеңінің біріне тоқталсақ, бір күні атақты Жәнібек батыр бір топ жауынгерлермен көрші ауылға аттаныпты. Сапарының бесінші күнінде олар жолда жалғыз тал ағаштың түбінде ұйықтап жатқан жас жігітті кездестіреді. Жігітті байқаған батыр, аттың басын тоқтатады. Сонда жауынгерлерге қарап: «Қандай батыр әдемі жігіт. Келбеті жігерге, намысқа толы. Қолымен бүкіл дүниені құшақтайтындай. Бұл жігітті үлкен болашақ күтіп тұрғанына сенімдімін. Осы айтқан сөзім келмесе, мен Жәнібек болмайын»,-депті. Бұны Торғай көшпенділерінен бір қазақ тарихшысы жазып алыпты. Бұл аңыз сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік-тарихи дамуындағы Әбілқайырдың жетістіктерін айқын сипаттайды.

  Өзінің ақылдылығымен, стратегиялық айлакерлігімен, көптеген жетістіктерімен, ішкі және сыртқы саясаттағы істерімен Әбілқайыр хан сөзсіз өткен ғасырлардағы қазақ басшыларының ішіндегі ең көрнектілер қатарына жатқызуға болады /29/.

         1710 жылы Қарақұм құрылтайында, 1726 жылы Ордабасындағы ұлы жиында батырлық пен биліктің үндестігін іске асыра алған Әбілқайырға билер бастаған топтың назары бекерден-бекер тоқталған жоқ /36/.

 Қазіргі таңда Әбілқайырдың хандық билікке келу мерзімі өзекті мәселе болып отыр. Әр түрлі ғылыми зерттеулердегі болжамдар мен деректердің шашыраңқылығынан болар, Кіші жүз ханының таққа отыру мерзімі өте даулы мәселе болып, ол туралы қарама-қайшы пікірлердің кездесуі сирек емес.

         Адам баласының өмірінде екі кезең ең маңызды рөл ойнайды, ол адамның дүниеге келуі мен өмірден кетуі. Осы тұжырымды хандық билік тұрғысынан қарастырсақ, хан лауазымына тағы екі кезең қосылады, ханның билікке келуі және оның биліктен кетуі. Әрине, Әбілқайырдың хандық билік дәуірінен бері аз уақыт өткен жоқ. Сондықтан да болар, қазіргі кезде Әбілқайырдың хандық билікке келуі жөнінде бір-біріне қарама-қайшы ғылыми еңбектер кездеседі.

   Жоңғарлармен соғыста Әбілқайырдың жасаған қайсар ерліктері мен  шыға бастаған даңқы башқұрт тархандарының назарын аударды. 1709 жылы ойраттардың кезекті шабуылын тойтарғаннан кейін Әбілқайыр Алдар  Исянгельдиннің шақыруымен Аралдың терістігінен Шығыс Башкирияға, орыс үстемдігіне қарсы башқұрттар көтерілісі жүріп жатқан Ноғай даруғасының жеріне көшті. Белгілі башқұрт батырларымен, қазақ игі жақсыларымен, Әбілқайырдың өзімен тығыз байланыста болған Ташкенттік сарт Нұрмұхаммед Әлімовтің хабарлауынша,»Соңғы башқұрт бүлігіне Алдар жас Әбілқайыр сұлтанды шақырып, оны хан деп атады, ол Кіші Орданың ханы болды». Дәл осыны 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілхайырға барған Орынбор экспедициясының бұрынғы суретшісі Джон Кэстль де айтады: «Хан болмай тұрып, ол сұлтан ғана болатын, оның барлық балалары да осы лауазымды алып жүр. Жоңғар қалмақтарымен болған соғыста олардың басшысы қонтайшыны өз қолымен тұтқынға алғаннан кейін және артынан башқұрттардың Алдарына қарсы болған соңғы соғыста әбден көзге түскен соң, Кіші орда оны хан сайлады» /32/.

   Сөйтіп, Әбілқайырдың хандық билікке өрлеуі 1707-1711 жылдар аралығында басталған деген қорытынды жасалады /29/. Ал, тарихшы – ғалым К.Есмағанбетұлы Джон Кэстль күнделігіне жазған ескертуінде «Әбілқайыр хан болып 1710 жылы Қарақұмдағы бүкіл қазақ халқы елбасшыларының жиынында сайланған. Ал, Кэстль білетін Алдар Исянгельдин бастаған башқұрт көтерілісі 1735-1736 жылдары болды. 1708-1709  жылдардағы башқұрт көтерілісіне Әбілқайырдың қатысы болмаған сияқты, себебі ол кезде Түркістан жағында болды. Сонымен, 1710 жылғы Қарақұм кеңесіне дейін Әбілқайыр башқұрт ханы болып сайланды ма? Әлде жоқ па? Ол жағы бізге беймәлім.

   Нағыз хандық билік оның бүкіл қазақ халқының қоғам істерін шешудегі ақылдылығына, амал тапқырлығына байланысты . Хандықты өз жағына аудара білген Өсеке әулетінің өкілі Әбілқайыр осы қасиеттерді иемдену арқылы  билігін жүзеге асырды.

   Әбілқайырда қазақ даласының көшбасшысына тән қасиеттің барлығы үйлесті және де ханның аты қазақ даласына ерте бастан-ақ белгілі болды.

   1710 жылдың жазында Қарақұмдағы халық жиналысында жас Әбілқайыр Кіші жүздің ханы және бас қолбасшысы болып сайланды. Жастығына қарамастан Әбілқайыр ерлігімен, әскери шеберлігімен, басқару өнерімен танымал болды /21/.

   Әбілқайырдың үйлену тойы мен хандыққа сайлануы бір уақытта болды деген халық аузында сақталған аңыз әңгіме дұрыс болса, онда Әбілқайырдың «хан» лауазымына ие болуының дәл уақыты — 1710 жыл екендігі анық. Нақ осы жылды тарихшы К.Л. Есмағанбетов /15/, М.Ж. Әбдіров /28/, көрнекті каламгер Ә. Кекілбайұлы /33/ , академик М.Қ. Қозыбаев та /16/ Әбілқайырдың ақ киізге көтеріліп хан сайлануын Қарақұм құрылтайымен байланыстырады. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың хандық билікке келуіндегі тарихи мәліметтерге көз жүгіртсек, XIX ғасырдың ортасында Орынбор өңірінің зерттеушісі В.Н Витевский: «Кіші жүз ханы болып Әбілқайыр 1710 жылы сайланған»,- дейді /46/. Бұл мәліметтің бір қызықтысы В.Н. Витевский ешқандай да белгілі бір тарихи деректерге, ғылыми еңбектерге сілтеме жасамайды. Бұл туралы зерттеуші И. Ерофеева да өз еңбегінде көрсетеді /29/.

   Орыс елшісі А.И. Тевкелевпен болған әңгімесінде Әбілқайыр оның ата-бабалары Ташкентті, Түркістанды, Сайрамды басқарғанын айтты. Көп жылдар бойы ол жоңғарлармен теңсіз шайқас жүргізді, сол шайқастардың бірінде әйелі мен өгей шешесі тұтқынға алынады. Жауларының қыспағына шыдай алмаған Әбілқайыр, осы қалаларды тастап «көшпелі халық қырғыз-қайсаққа» кетуге мәжбүр болады. Бұл кезде қазақ хандығы үш жүзге бөлінген еді. Сонда Әбілқайыр Кіші жүзді басқарады. Бұл шамасы 1710 жылдағы Қарақұмдағы халық жиналысында ақ киізде көтеріліп, Кіші жүздің ханы атанды, ал бас сардар-қолбасшы болып табын Бөкенбай батыр сайланды.

   Тағы бір ғылыми еңбекте Әбілқайыр 1718 жылы Кіші жүз ханы болып сайланады деген мәлімет кездеседі.

   Ал, М. Жолдасбекүлы бастаған «Елтұтқа» — атты ғылыми кітабында Әбілқайырдың хан тағына отыруындағы басты кедергі деп саналатын себеп көрсетілген. Яғни, Болат хан өлгеннен кейінгі тақ таласында Сәмекенің (Шахмұхаммедтің) «Әбілқайырдың атасынан хандық әуелден бұйырмаған. Жеті атасынан хан болып келе жатқан менің тұқымым, хан тағының заңды иесі менмін»- деуі де оның кіші буыннан екенін меңзейді. Әбілқайыр хан өзінің батырлық, ақылдылық, саясатшылық қабілеттері арқылы хандық билікке қол жеткізді /34/.

   Көптеген баспасөз материалдарында Әбілқайыр 1718 жылдан бастап «хан» ретінде көрсетілген.

         1718 жылы 10 желтоқсанда Бұлқайыр сұлтанның император I Петрге жазған хатында Әбілқайыр «хан» мәртебесімен емес «сұлтан» деп қана жазылады. Жарияланған хат жолдарына тоқталсақ: «… белому царю …, Булгаира — хана брат Булгаир — султан … покоряется». Бұл үзіндіден аңғарғанымыз, екі бірдей есімді адамның болуы, «хан» мәртебесімен «сұлтан» мәртебесінің қатар жүруі санаға кірмейді. Бұл Қажысұлтанның ұлдарының бірі, Әбілқайырдың інісі болса керек. Сонымен қорындылай келгенде, Әбілқайырдың 1718 жылға дейін-ақ хан болғандығын аңғаруға болады /36/.

   Ол — Өсекенің үрім-бұтағы. Демек, билікке таласу оның жолы емес-ті. Алайда бұл заманда көсемнің жеке басының қадір-қасиеті, игі-жақсылардың қолдау көрсетуі көп жағдайда елеулі рөл атқаратын.

   XVIII ғасырдың 30-40 жылдарында П.И. Рычков, А. Тевкелев: «хан мұрагерлік тәртіппен сайланбайды. Ру ақсақалдары кімді қаласа, сол хан тағына отырады, бұл жерде оның билігі мен абыройы хан тағына байланысты емес, ел ісін атқара алатын белсенділігі мен ақыл-ой парасатына байланысты.     Әбілқайыр айтарлықтай белгілі хандар тұқымынан емес, тек жас шағынан ерлік жасап,  ел тізгініне ие болып топ бастап хан лауазымына жеткен» /2/.

   Хан тағына сайлау жөнінде мәлімет зерттеуші А. Левшиннің еңбегінде кездеседі. «Хан тағының мұрагері ақ сүйек әулетінен шыққан сұлтан болғанымен, ол ақылымен, ел ісін атқара алатын қайсарлық, парасаттылық қасиеттерімен ерекшеленіп, сайлаушылардың ойынан шықпаса, онда ол халық сайлауында көп дауыс жинамайды» деген /3/.

   Хан тәуелсіз емес, өйткені оның шешімі ру ақсақалдарының құптау-құптамауына байланысты болатын. Дегенмен, олардың өзі барлық жағынан ханның бұйрығына бағынатын. Қоғам өмірінде орын алып жатқан жариялы істердің бәрінде мәліметі болатын және үкімдерді хан бекітетін. Ақсақалдар кеңесі Әбілқайыр хан туында оның еркін тежеп отырды /32/.

  Әбілқайырдың алдында үш жүздің ханы болу жоспары да көзделді. Әбілмәмбет, Сәмеке және Әбілқайырдың арасында үш жүздің Бас хан мәртебесіне күрделі бәсекелестік жүргізілді. Әбілқайыр Бас хан атағын ала алмады. Бұған қатты күйінген ол, өз әскерін алып  ордасына қайтты.

  Осыдан кейін Әбілқайыр бас билікке жету үшін басқа әдіске көшті. Енді Әбілқайыр Ресей империясының құрамына кіріп, орыс әскерінің көмегімен жоңғарлар 1723-1725 жылдарда тартып алған қазақ жерлерін — Ташкент, Түркістан, Сайрамды қайтарып алғысы келді. Ал бұл оның Қазақстандағы хандық билігін нығайтуға жол берер еді. Бұдан басқа хан Кіші жүз жеріне Еділ қалмақтарының, башқұрттардың, Орал казактарының шабуылдары тоқтайды деп сенді.

Сондықтан да болар, 1726 жылы Ордабасы жерінде бүкіл халықтың алдында үш жүздің бас билері — Төле, Қазыбек, Әйтеке және басқа да тұлғалар-сұлтандардың келісімімен Әбілқайырды жалпы қазақ әскерінің бас қолбасшысы  етіп сайлады. Әбілқайыр дәуірінде әр жүздің басында отырған ханға қарағанда, жалпы қазақ жасағының бас қолбасшы мәртебесі жоғары тұрған болар. Себебі, қазақтардың басты мақсаты шапқылақтаған жаулардан мемлекеттілікті қалай болса да сақтау, олай болса Әбілқайырды нақты болмаса да, бас қазақ ханы деп таныған шығар /48/.

Бірақ хан болу үшін тегінің салмағы аз болды, сонымен бірге өз бәсекелестеріне байлығындағы, соғыстағы, сот істеріндегі басымдылығын дәлелдеу керек болды.

 Әбілқайырдың Кіші жүз ханы болғанымен, ол Орта жүздің де кейбір руларына билігін жүргізді. Халқының жағдайын ойлай отырып, билігінің өктем болуына назар аударды. Қоршаған жауларын жеңіп өз билігін нығайту үшін қолынан келген бар мүмкіншілігін істеді /3/. «Кіші жүз ханы Әбілқайыр өз заманындағы басқа қазақ хан-сұлтандарынан ақыл-ойы озық тұлға»,- деп жазады П.И. Рычков /2/.

Жалпы алғанда, А.И. Добросмыслов, И.И. Крафт, В.Н. Витевский, А.И. Макшеев, И.И. Завалишин, т.б. сияқты авторлар Әбілқайырдың жеке өзіндік қасиеттерін ат жарыса сипаттайды. «Әбілқайыр хан барлық қазақ-қайсақ хандарының ішіндегі атақтысы және ақылдысы» делінсе, Кіші жүз хандығы  дәуірінде орыс елшісі қызметін атқарған А. Тевкелев: «Әбілқайыр өзінің бойына тән ақылы мен кулығы да бар адам»,- деп мінездеме берген . Дипломатиялық қызметке қажет қасиеттерінің бірі, «саяси достары мен дұшпандарын айыра білу» бұл туралы өз кезегінде В.Н.Витевский сүйіспеншілікпен жазды /5/.

Тағы да Кіші жүз ханы туралы мақтау сипаттары мынадай ғылыми еңбектерде кездеседі, «Зор тұлғалы сымбатты, аппақ жүзі қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі, зор денсаулық пен қайрат күш иесі, садақ тартуға келгенде бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ»,- деп керемет сипаттайды ханмен тікелей жүздескен ағылшын суретшісі Джон Кэстль /32/. Әділ бағалаудың бірі М. Тынышбаевтың еңбегінде де кездеседі: «Әбілқайыр барлық қазақ әскеріне қолбасшылық жасаған және тамаша жеңістерге жеткен хан» /35/.

Тарихшы А.И. Левшин Әбілқайырды феодал ақ сүйектерде қарапайым халық та бүкіл қазақ хандарының әкесі деп білгенін жазды /3/.

Әбілқайыр — тәжірибелі ақыл иесі, жігерлі, батыл, намысшыл, саяси қулық білген адам. Оның ең басты қасиеті алысқа көрегендік, жағдайды тура қатесіз түсіну, әр жағдайдың шешімін табу, саяси дос-жауды тану қабілеті болды. Қауіпті де қатерлі XVIII ғасырда бір-біріне тең келетін екі ғана саяси бас тұлғалар, олар: ғасырдың бірінші жартысындағы Әбілқайыр хан және екінші жартысындағы Абылай хан болды.

 Әбілқайырдың өліміне алып келген себептерді талқылауда зерттеушілер әртүрлі пікір айтады. Біреулері, Барақ Әбілқайырды орыстық саясаты үшін өлтіргені туралы айтады. Енді екіншілері, хан Барақ басында тұрған ақ сүйектерінің құрбаны болғаны туралы айтады. Үшіншілері, хан тағына күрес барысында таққа дәмелі болған Батыр сұлтан Барақ арқылы өзінің жолынан Әбілқайырды алып тастады. Бірақ, ол өз мақсатына жете алмады, себебі хан тағына Әбілқайырдың ұлы Нұралы отырды. Осы бірнеше пікірлердің ішінде біріншісі шындыққа сәйкес келмейді. Ол қоғамның белгілі топтарының антиорыстық көзқарас идеясын айқындайды, сол арқылы Барақ сұлтанды ақтап алғысы келетіндігі көрінеді /21/.

Екінші пікір шындыққа жақынырақ, себебі, ол сол кездегі нақты жағдайды анықтайды. Барақтың Әбілқайыр хаңдікіндей қоғамда беделі болмады. Үшінші пікір екінші пікірге сәйкес келеді. Барақ пен Батырдың мүдделері ортақ болды /18/.

Барақ сұлтанның Әбілқайыр ханға көшіп келген қарақалпақтарға шабуылы қарулы күрестің басталуына себеп болды. Әбілқайыр қарақалпақтарды босатуға келгенде қасында аздаған адамдары болды. Мұны Батыр сұлтаннан естіген Барақ кездесуге дайындалды. Осы қастандықты білген Әбілқайыр жолынан қайтпады. Барақтың адамдарымен ұсталған Әбілқайыр өз өлімін аса үлкен қайсарлықпен, батырлықпен қарсы алды. Осылай Әбілқайыр қаза тапты.       Әбілқайыр жоңғарлармен соғыс кезінде жеңіспен әскерді қадалаған әскербасшы; Ресей қоластына кіре отырып, қазақ даласында өз билігін нығайтуға тырысқан саясаткер; жоңғар басшыларының айқын қыспағына төтеп бере алған мәмілегер; Хиуа тағын өз қолына алмақшы болған авантюрист.          Әбілқайыр ханның тағдыры өзі өмір сүрген қайғылы уақыт сияқты драмалы болды. Соңғы жылдардағы ғылыми зерттеу жұмыстарында осы екі тұлғалар арасындағы қарым-қатынастардың саяси жақтарына көп назар аударған. Әбілқайыр хан мен Барақ сұлтан арасындағы жанжалдың себептерін, сондай-ақ Барақтың ханды өлтіруінің жағдайлары жөнінде мәліметтер Жәнібек батырдың И.И. Неплюевке жазған хатында көрсетілген. Барақтың Әбілқайыр хан жағына көшіп келген қаракалпақтарға шабуыл ұйымдастыруы жанжалдың себебіне айналады. Екі тараптың қақтығысы Торғай мен Ұлқұяқ өзендері арасындағы жерде өрбіді.

 Қазақ халқының екі ұлы дана билеушілерінің тағдырлары осылай аяқталды. Әрине, Барақ сұлтаннан Әбілқайыр ханның артықшылығы, оның қазақ мемлекетінің дербестігін сақтап қалуға ұмтылғандығы. Қазақ халқын біріктіретін мемлекеттік бірыңғай орталықсыз — қуатты Ресей патшасына және басқа да жауларына қарсы күресе алмайтынын Әбілқайыр түсінді. Ру арасындағы араздық, төрелер араларындағы өзара кикілжің қазақтарды бытыраңқылық күйге жеткізетін айғақтардың бірі деп талай рет ескертті.    Әбілқайырдың өлімі жөнінде ауылдардан мәлімет жинаған Ф. Найденовтің айтуы бойынша, Барақ өз қолымен қылышпен оның басын шапты. Хан өліміне басқа талдау И.И. Неплюев Сыртқы істер Коллегиясына жазған хатынан көрінеді. Барақ бір қырғыз (қазақ Сырымбет атты жігіт болса керек-Т.Д.) екеуі, қылышпен қатты ұрғаны соншалықты Әбілқайыр аттан да құлап қалды, ал Барақ сұлтан онысы аздай аттан түсіп, жатқан ханның ішіне 3 рет қылыш тығады /8/.

    Әбілқайыр — батырлығы мен өркөкіректігі, ақылдылығы мен билікқұмарлығы, саясатшылығы мен бірбеткейлігі астасқан қайшылығы мол тарихи күрделі тұлға ретінде бағаланады /14/.

    Қазақ халқының хандарына сай Әбілқайырдың да жеке мөрі болған, онда «Мұхаммед Қазы Бахадүр Әбілқайыр хан» деп жазылған. «Бахадүр» деген лауазым тек жаужүрек сардарлығымен мәлім болған және өзінің әскери жетістіктерімен даңққа бөленген ардақты тұлғаларға ғана берілген. Олай болса Әбілқайыр мемлекеттік лауазымды істерде үлкен орын алған /48/. Оның батырлығы туралы Е. Бекмаханов: «1730 жылы Кіші жүз қазақтары мен жоңғар басқыншыларының аса ірі шайқасында Бөкенбай, Есет және Әбілқайыр хан өздерінің батылдылығымен ерекше көзге түсіп, халық оларды батыр деп атап кетті»,- деп жазды /14/.

Қалай десек те, өз заманында Әбілқайырдың даңқы көкке көтерілді. Оның есімінің өзін «атағы», «мәртебесі» деп қарауға болады, өйткені көптеген орыс тіліндегі тарихнамаларда «Абул-Хаир» екі бөліп жазуын Әбіл «жақсы», ал, Қайыр «батыр» дегенді білдіреді деседі /29/.

«Хан 55-56 жас аралығында өмірінің нағыз шыңында өмірден өтті. Ханмен бірге дәуір кетті»,- дей келе тарих ғылымының докторы Ж. Қасымбаев Әбілқайыр ханның өлімінен кейінгі Бопай ханымның іс-әрекеттеріне тоқталады. Автор Оренбург облысының Мемлекеттік мұражайында сақталған А.И. Тевкелев пен И. Неплюевке жазылған бірнеше хаттарын өз еңбегінде көрсетеді.

Ханның өлімі алдындағы А.И. Тевкелевке жазған хаты біршама қызығушылық тудырады. Хат хан өлімінен бірнеше күн бүрын жазылған сияқты. А. Добросмысловтың пікірінше, хат хан өлген күннің алдында жазылмаған. Зерттеуші хаттың авторы ақылдылығымен ерекшеленетін Бопай ханым болды деп есептейді.

Хаттың басты мақсаты — Барақ және оның жақтастарының көзін құртуға Орынбордан келісім алу. Сонымен қатар А.И. Тевкелев арқылы губернаторды хан тағына қайтыс болған ханның ұрпағын отырғызуға көндіру болды.

Сол дәуірдегі қазақ әйелдері мемлекет істерінен тыс болатын. Бірақ, хан тағына кім отыратынын бекітуді үлгермей Әбілқайыр хан кенеттен қайтыс болғандықтан, енді Бопай ханымның алдында күрделі іс тұрды — хандыққа өз балаларының біреуін отырғызу.

Хан жесірі А. Тевкелевтің назарын хан балаларына аудартуды тырысты. Ханым оны Әбілқайыр хан ұрпағына хан өлімі үшін кек қайтаруға көмектесуді сұрады. Бірақ Сыртқы Істер Коллегиясы көрнекті шыңғысхандықтардың арасындағы жанжалға кірісуден бас тартты.

Ханым Ералы сұлтан арқылы Абылаймен сенімді қатынас орнатуға тырысты. Бұл мәселе өте маңызды болды. Себебі, сол кезде қоғам екі топқа бөлінді: бір топтың басында Барақ сұлтан, ал екінші топтың басында Барақ сұлтанның істерін қолдамаған Абылай болды. Әбілқайырдың қастандық құрбаны болғанын естіген Абылай мұңайды. Абылай мен ол екеуінің арасында туыстық байланыс болды. Қарақалпақтарды ойрандатқаннан кейін қайтар жолында Абылай ханым ауылына соқты.

Ханым Әбілқайырдың өліміне өте қатты қайғырды. Ол хан мен Барақты салыстырды. Барақты түкке де тұрғызбады, ал ханды мадақтаумен болды.

Бопай ханым Барақ сұлтанның әр қимылын қадағалап, Орынбор басшылары мен ойраттарды өз жағына қаратуға тырысты. Барақтың жоңғар ханының келісімімен ойрат жеріне өтуге тырысқанын Бопай білетін. Шынында да, Барақ Әбілқайыр өлімінен кейін іле-шала ойрат басшысына істің мән-жайын өз ықтиярына қарай сәлемімен елшілігін жіберген болатын /30/.

Барақты алдын алғысы келген ханым, 1748 жылдың қыркүйек айының басында ойрат басшысы Цеван-Доржыға хат жіберді. Хатта ханым оны Әбілқайырдың өлімі үшін Барақтан кек алуға қосылуды сұрады.

1748 жылдың тамыз айының аяғында Жәнібек тархан Бараққа өз адамын жіберіп, ол ешқайда кете алмайтындығын және жазасын алатынын айтты. Сонымен қазан айы келді. Бұл уақытта Бопай ханым тату жолмен алдына қойған бірнеше мақсаттарына жетті: Орынбор басшылығының алдында Барақ сұлтанды қаралады; өз балаларының біреуін хан тағына отырғызу үшін И. Неплюевтің келісімін алды, соның ішінде тұңғыш ұлы Нұрмұхаммед Әли-бахадүр бар еді. Бірақ ханым Әбілқайырды жерлегеннен кейін бұрынғы билігінен айырыла бастады. Оның хан моласына ұлы кесенені қою жоспары ұзақ уақытқа созылды. Инженер И. Ригельман кесененің сызбасын дер кезінде дайындаса да, Ресей жағы көпке дейін созып кешіктірді. Хан моласы Торғай өзенінен 80 шақырым жерде, Қабырғаның Ұлқұяққа құйған жерінде қалды. И.И. Крафттың айтуынша, ол мола басқалардан жалғыз тал қайың ағаштың өсуімен ерекшеленеді. Ол «Хан ағашы» деп аталады. Қайғыға батқан ханым кесененің тез уақытта тұрғызылуына тырысты. Кесенені ханым Бестамақ жерінде Ілек өзенінің жағалауында тұрғызуды жоспарлады. Кесенені тұрғызудағы кейінгі міндеттерді үлкен ұлы өз қолына алды /37/.

1748 жылдың 2 қазанында Нұралы хан болып сайланады. Аз уақыт үзілістен кейінгі билік қайтыс болған ханның ұрпағының қолына тағы көшті.

Қорыта келіп тоқтағанда, жеке бастың мүддесінен гөрі тарихи даму талабына сай Әбілқайыр ісіне Бопай күш-жігерінің аямағандығы анық. И.И Неплюевке жазған хатында Бопай: «… күйеуінің өліміне себепші болған Барақ сұлтанның, «атышулы зұлымның сазайын тарттыру» керектігі жөнінде айта отырып, «сіз көмек бермесеңіз, бұлталаққа салсаңыз, ол өзіңізге де абырой әпере қоймас»»,- деп тұқыртады. Бопайдың бұлай орағытуы Барақты тәубесіне келтіруге күш-куаты жетпегендіктен емес. Күйеуінің кегі қайтарылмаса, Әбілқайыр үйінің беделі түседі деп уайымдайды. Ел арасына жік салып, берекетін қашырмас үшін Бопай Барақты жазалауды орыс әкімшілігінің қолымен жүзеге асыруға ниеттенеді, сұлтанға қарсы іс-әрекеттерін алдын-ала заңдастырып алуға тырысады. Бопайдың осылай ойлап-пішіп жасаған қадамдарының арқасында Барақтың не қазақ, не жоңғар жерінде пана таба алмай, Қаранақ қаласында жергілікті қожаның үйінде өзінің екі ұлы және қызметшісімен бірге уланып, дүниеден кетеді /38/.

         Әкесінің кегін қуған Ералы жекпе-жекте Сырымбеттің басын алғанда да барлық қазақ халқы қадір тұтатын атақты Төле, Қазыбек билер, Жәнібек тархан, Қабанбай батыр, Орта жүздің беделді билері Өтембай мен Шөрек Бопайға Барақты мал-жанымен ұстап беруге әзір екендіктерін білдіреді. Абылай Бопайға көңіл айтып, балаларына әкесінің кегін қайтаруға барынша көмегін аямайтындығын және Барақ сұлтанның қай жерде тығылып жүргенін айтып береді. Ералы сұлтанның Сырымбет батырды және Барақтың басқа да серіктерін өлтіруі жөніндегі істі қараған Төле би Әбілқайырдың баласын толық ақтап шықты және Сырымбеттің туыстары тарапынан құн төлеу ұйғарылды /38/.

         Бопай орыс әкімшілігіне Әбілқайырдың бейітінің басына күмбез орнатуға, Елек өзенінің бойындағы Бестамақ деген жерде қала салдыруға тілек қояды. Осы істері үшін И. Неплюев Бопайды да, күйеуі сияқты, «бүлікшіл» («интригант») деп атап кетті. Қала салдыру Бопайдың және балаларының мүддесі үшін ғана емес, қазақтарды отырықшылық өмірге, тыныштық тірлікке бастау үшін де керек еді.

  Бопай Әбілқайырдың адал жары, А.И. Тевкелев, И.И. Неплюев және П.И. Рычковтың пікірінше, Бопай күйеуінің саяси көзқарастарын бөлісіп қана қойған жоқ, оның болашақ қазақ хандығын жаңа негізде кұру туралы және әлеуметтік өзгерістер жобаларына толық қолдау жасады. Осы жолда Бопай Әбілқайырдың қазақ қоғамында жеке билігінің орнауы мен беделінің артуына бар күш-жігерін жұмсады. Әбілқайыр да, Бопай да хан билігі нығаймай, қазақтарды бағынышты ұстау мүмкін емес деген пікірде болды. Орыс шенеуніктеріне шабуыл жасауын тоқтату болсын, казактармен, Еділ бойы қалмақтарымен, башқұрттармен бейбіт қатынасты сақтау болсын, сауда керуендерін аман-есен өткізу немесе Елек өзені бойында қала салдыру болсын — барлығын да олар хан өкілеттігі мен билігінің арта түсуімен байланыстырды /30/.

Сонымен, Бопай ханым — күйеуі Әбілқайыр мен оның төңірегіне ықпал жасай білген адам ғана емес, бүкіл қазақ арасында танымал, аты аңызға айналған тарихи тұлға, қайраткер-ару.

Бопай Әбілқайырмен бақытты да жарасымды өмір кешті, оның қайғы-мұңын да, қуанышты сәттерін де бірге бөлісті, екеуінің өмірлік мұраттары да астасып жатты. Олар бес ұл сүйді: Нұралы (1710/11-1790), Ералы (1721 ж. шамасы — 1794), Қожахмет (1722 ж. шамасы -1749), Айшуақ (1723/24-1810/11), Әділ (1750 ж.ө.).

1749 жылы 1 шілдеде Бопайдың И. Неплюевке «қолымда кішкентай қызым қалды» («малолетная дочь») деп жазуына қарағаңда, ол Әбілқайырдың қазасынан 3-4 жыл бұрын туған деп жорамалданады.

Сонымен, XVIII ғасырдың 30-40 жылдарында Әбілқайырдың іс жүзінде хан дәрежесіне көтерілуіне Бопай жарының да зор көмегі тигендігі көрінеді.

 

 

1.2 Әбілқайыр ханның әскери қолбасшылық іс-әрекеттері

 

    Ғасырлар бойы қазақ халқы өз күшімен ғана тәуелсіздігін және жерін сақтап келді. XVII ғасырдың аяғы — XVIII ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығының саяси жағдайы қиын болатын. Қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси жағдайының әлсіреуіне ықпал еткен мән-жайлардың бірі — көршілес елдердің қазақ халқының жеріне көз салуында еді. Өз кезегінде қазақ қоғамының саяси жағдайын Ш.Уәлиханов былай деп мәлімдеген болатын: «ХVП-ХVШ ғасырлар аралығы қазақ қоғамының тағдырында сұмдық қиын кездер болды. Жайық орыс-казактары, Еділ бойының қалмақтары, башқұрттар мен жоңғарлар бірінен кейін бірі қазақ халқына шабуыл жасап, олардың малын айдап, қазақтарды тұтқынға алды» /39/.

    Өзінің жеке әскери дарындылығы мен қолбасшылық шеберлігімен көзге түскен Әбілқайыр осы кезеңде қазақ хандары мен сұлтандарының әскери шерулеріне жастайынан белсене қатысқан жауынгер. Жай ғана қазақ әскери жасағының жауынгері болған ол, 16-17 жасында қазақ жасағының әскери басқарушыларының бірі болды.

   Кіші жүз қазақтары мен башқұрттар арасындағы әскери  қақтығыстар бірде жеңіске, бірде  жеңіліске ұшырап отырған.

   Еділ — Орал аймағындағы патша әкімшілігіне қарсы көтерілген башқұрттардың тарханы Алдар Исянгельдин айбынды қолбасшы Әбілқайырға арқа сүйегісі келіп, 1709 жылы Ноғай аймағына Кіші жүз ханын шақырды.

  Башқұрт елі Қазан, Осинов, Сібір, Ноғай деп аталатын төрт аймаққа бөлінген. Соның ішіндегі Сібір мен Ноғай аймағы Қазақстанмен тікелей шекаралас болып келеді. 1715 жылдың басында Әбілқайыр хан бастаған әскери күш башқұрт жеріне шабуыл жасады. Қазан губерниясыңдағы Черемшан өзенінің алқабын басып алып, Ново-Шешминск станциясын өртеп жіберді /29/.

   1717 жылдың қысында Әбілқайыр 10 мыңдай әскермен башқұрт халқының уезіне жаңа жорық жасады. Ново-Шешминскіні басып алып, көп адамдарды тұтқынға түсірді. Бірақ кейін шегінуге мәжбүр болды /10/. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Жайық орыс-казактарымен әскери соқтығысуы да тарихи арнада өзіндік із қалдырған.

   1718 жылы 30 мың әскер күшін басқарумен Әбілқайыр қазақ халқының үлкен ханы Қайып ханмен бірге, Аякөз өзенінің бойында жоңғарларға қарсы шайқасты. Белгілі бір жеңістерге жеткенімен, Әбілқайыр хан әскери күші жоғары тұрған жоңғарларға қазақ жасақтарының әскері қарсы тұра алмайтынын түсінді де, Ресей империясының Сібір әкімшілігімен жоңғарларға қарсы әскери одақ құру туралы келіссөздер жүргізді. 

Қалмақтар XVII ғасырдың 20-шы жылдары 50 мыңдай шаңырақ қалмақтары Жайық пен Еділ арасында орналасқан ноғайларға қарсы соғысты. Өзара ішкі алауыздықтан әлсіреген Ноғай ордасын қалмақтар бірнеше рет талқандап-жеңіп, екі өзеннің бойында жаңа бір калмақ хандығы орнайды.        Сөйтіп, қалмақтар бір ғасырдан астам жыл бойы Кіші жүз қазақтарының ту сыртындағы қатерлі дұшпандары болды /40/.

 Әбілқайырдың қалмақ хандығымен аянбай күресуінің бірден-бір себебі, қоныс мәселесі. Өйткені, Жайық өзенінің жағалауындағы жайылымдар мен ормандар тұрмысқа өте қолайлы еді. Осы ретте, Жайыққа таласуын қоймаған Әбілқайырдың мынандай сөз жолдары кездеседі: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, қазақ халқы бұл жерден айырылмайды. Өйткені қазақ елі мұндай жайлы жерді еш жерден таппайды» /6/.

   XVII ғасырдың аяғы — XVIII ғасырдың бірінші жартысында 54 жыл бойы Еділ қалмақтары, Аюке хан тұсында көрші қазақ және қарақалпақ, Хиуа қоныстарына жиілетіп шабуыл жасап, жаулаушылық саясатын жүргізді. Аюке хан тұсында қалмақтар Қазақстанның солтүстік-батыс аймағына жиі  шабуыл жасап отырды. Аюке хан бастаған қалмақтар өздерінің әскери-техникалық қамтамасыз етілуі және жауынгерлік қасиеттері жағынан көрші көшпенділердің әскери күштеріне қарағанда әлдеқайда жоғары болғандығы баяндалады. Қазақтарға, қарақалпақтарға, башқұрттарға, түркмендерге жасаған көптеген әскери шабуылдары нәтижесінде, Аюке хан қалмақ хандығының ішкі саяси жағдайын нығайтып, өзінің билігін көрші ауылдарға да жүргізді. Аталмыш ханның халықаралық беделінің күштілігі соншалықты, өз кезегінде белсеңді Хиуа, қырғыз-қайсақ, яғни, қазақ сұлтандары, соның ішінде Әбілқайыр да оның қарамағында қызметте болған /31/. Осыған байланысты кейін Кіші жүз ханы Әбілқайыр өзінің қалмақ ханы сарайында қызмет еткендігін құрметке балайтын. Осы орайда, сол кезеңдегі қазақ — қалмақ кақтығыстарын ескере отырып, қазақ сұлтанының «қызметке» өз еркімен емес, яғни, қалмақ билеушісінің әскери жорықтарының бірінде тұтқынға түскендер қатарында болған шығар деген тұжырым туады. Әр құбылысты жағымды жағынан пайдалануға тырысқан жас Әбілқайыр Аюкенің әскери қолбасшылық шеберлігі мен билеу жүйесін көріп, геосаяси дүниетанымын кеңейтеді. Сөйтіп, қалмақ ханының ержүрек бейнесі қазақ сұлтанының кеудесінде қалды. Әбілқайырдың әскери шеберлігінің қалыптасуы сол заманға тән қан майдан қақтығыстар болса, ержүректілік бейнесі осы қалмақ ханы Аюкеден берілген.

   1723-1724 жылдар аралығында Кіші жүз ханы Әбілқайыр Жайық қалашығына қайта оралады. Сол кездерде тарих көрінісінде қалған орыс-казактары мен қалмақтардың біріккен әскер отрядтары қазақ әскерімен Утва, Самара, Шаған өзендері бойында талай рет шайқастар жүргізді /41/.

   1723 күзінде Еділ қалмақтарының шекара қоныстарына жоңғар ханының Аюкемен әскери одақ құруға тырысуының басты себебі — басқыншылық саясаты болды. Өз қоныстарынан айырылып қалу қаупі Кіші жүзге де төнді.

   Осындай қиын кезеңде елден бұрын мән-жайды түсініп, аз уақыт ішінде ірі әскери күш құрып, басқыншыларға қарсы күресті ұйымдастырған Әбілқайыр хан еді.

   Жағдайды тез саралаған ол, 1723 жылдың тамызында 20 мыңдық қазақ, қарақалпақтардың біріккен әскерімен Арал маңында Сыбан Раптан мен Аюкенің күштеріне соққы беруге аттанды. Еділ — Жайық арасына шағын әскери топтарын қалдырған Әбілқайыр Еділ қалмақтарының жеріне бет алды. Кіші жүз ханы Әбілқайыр қазақтардың көшіп-қону аумағын солтүстік-батысқа қарай кеңейткісі келіп, Еділ даласына бағытталған жорығын одан әрі жалғастырды. 1723 күзінде Еділ қалмақтарының шекара қоныстарына жетті. Бұл ауданда оның ірі әскери күшпен кенеттен пайда болуы қалмақтар арасында үлкен қобалжу тудырды. Сөйтіп, 1723 жылдың 28-ші қарашада Әбілқайыр әскері Лекбай ұлысын талқандап, көптеген тұтқындарды ұстап, малдарды айдап кеткен /31/.

  1723 жылы көктемде жоңғарлар Ұлы және Орта жүздің жеріне басып кіреді. Қаратаудан асып, Талас өзеніне дейін жетеді. Қазақтар бұл уақытта шабуыл бола қояды деп ойламаған, жайлауға көшуге дайындалып жатқан кезі еді. Елді жаппай қырып, үйін, малын тонап, айдап әкетіп жатты, тірі қалғандар туған жерін тастап, қашуға немесе жоңғар билігіне көнуге мәжбүр болды. Аз уақыттың ішінде жоңғарлар көктеп басып қазақ жасақтарын талқандайды. Сөйтіп, Ташкент, Сайрам, Түркістан және көптеген басқа да қалаларды жоңғарлар  жаулап  алды.   Қазақ халқының  әдет-ғұрып дәстүрі бойынша қалыптасқан қоныстарын жойды

  Әбілқайыр жоңғарлармен күреске баса назар аударды, өйткені қазақтардың ең басты жауы жоңғарлықтар болды. Қазақ халқына басты қауіп-қатер солардың тарапынан төніп тұрды.

         Жоңғарлар, Ұлы және Орта жүзді, Ходжент пен Самарканд қалаларына, Кіші жүзді Хиуа мен Бұхара   қалаларына   қашуға  мәжбүр   еткізеді.   Қазақтар әскери шапқыншылықтардан ғана ауыр азап көрген жоқ, сонымен бірге мүліктерінен және мал шаруашылығынан айырылу себептерінен туындаған ашаршылықтарда көптеген адамдардан айырылды. Бұл жылдар қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды» жылдары ретінде есте қалды.  Қазақтар 1 млн. 100 мың адамнан айрылды, демографиялық апатқа ұшырады. Демограф М.Тәтімовтың есебі бойынша Қазақ хандығы құрылған кезде (1465ж.) қазақ халқының саны 1 млн. 100 мың, 1723 жылы 3 млн. 330 мың, ал 1725 жылы 2 млн. 222 мың болды /41/.

          Қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығына зиян келді, көшіп-қону тәртібі бұзылды. Қалалар қирады,сауда мен қолөнер ісі күйреді. Халықтың да, мемлекеттің де жағдайы қиындады.

          «Ақтабан шұбырынды» заманынан біздің осы уақытқа дейін жеткен «Елім-ай» атты мұңлы ән осыған дәлел, көрсеткіш және де дерек деп айтуға болады.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді,

 

Мына заман қай заман, қысқан заман?

Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман,

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

 Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман

         1724 жылы қалмақ ержүрек қолбасшысы Аюке өлгеннен кейін Әбілқайырдың Еділ қалмақтарымен шайқасы ерекше күшейді. Осы жылдың шілдесінде қазақтар қарақалпақтардың біріккен әскерімен қалмақ ұлыстарына шабуыл ұйымдастырды.

  1724 жылдың наурыз айында Еділдің сол жағасында көшіп-қонып жүрген қалмақ билеушілерінің бірі Доржы Назаров ұлысына Әбілқайыр хан бастаған 13 мындай қазақ-қарақалпақтар әскері 50 қалмақты тұтқынға алып, Доржы Назаровтың иелігінен мал айдап кетті. Сонымен қоса, қалмақтардың көрші қоныстарына шабуыл жасап, 400 адам шамасында тұтқын алып, сан жетпес ірі қара мал айдап кетті /29/.

         1724 жылдың шілдесінде қазақтар мен қарақалпақтардың біріккен әскери бөлімдерінің қалмақ ұлыстарына шабуылы ұйымдастырылды. Сөйтіп, Кіші орда өзінің бұрынғы шекарасы болған Жем өзеніне жетті. Онымен тоқтамай, өзеннің оң жағасына өтіп, Жайыққа дейін жетті. Осындай халық басына түскен ауыр кезеңде, билеуші топтарды ымыраға итермелеп, бірігуге ынталандырған қазақ билері мен батырлары болды. Олар 1726 жылы қазақ билеуші топтарының бастарын қосып, Ордабасы деген жерде (Оңтүстік Қазақстан облысы) құрылтай өткізеді. Қаралған мәселе: жоңғарларды қазақ жерінен қуып шығу, елді, жерді қорғау, күресті жандандыру. Кіші жүздің ханы Әбілхайыр біріккен қазақ жасақтарының қолбасшысы болып сайланады.Бұл жөнінде А.И.Левшин ортақ іс сол арада бір-біріне адалдыққа ант беру арқылы қастерленгендігін, төнген қауіптің өзара қырқыстарды бітістіргенін және ортақ жауды ежелгі қырғыз-қазақ жерінен қуып шығудың негізі қаланғандығын атап көрсетеді /3/.

  1726 жылдың күзінде Әбілқайыр мен бірге басқа да қазақ хандары мен сұлтандары бастаған 10 мың қазақ әскери жасағы Черен Дондук хан мен Доржы Назаров иеліктеріне басып кіреді. Қазақ әскер жасақтары бұл жолы шабуылды қалмақ патшасы ұлыстарына жасады. Бұл жорықта қазақ әскер жасағының саны 10 мындай болса, қалмақтар 30 мың жауынгердей әскер жинады. Алғашында жеңіс Әбілқайыр әскерінің жағында болды. Бірақ көп ұзамай Жайыққа жетпеген қазақ жасағына қалмақтың әскері кезікті. Қиыншылыққа кездескен әскер дереу қорғанысқа әзірленіп «түйе қорған» жасауға көшті. Бұл әскери әдіс бойынша, жау шабады деген жақтарға қатар-қатар түйелерді қойып, аяқтарын буып тастайды да, үстерінен қалың киізді сулап жабады. Мұндай бекініс жауды жақындатпай садақпен, мылтықпен бірер күн қайтаруға жақсы. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың бұл әскери жорығының нәтижесі саяси келісімсөз жүргізумен аяқталды /42/.    

  Батырлар – Бөгенбай, Наурызбай, Қабанбай, Малайсары, Қойгелді; Қарасай т.б. күш жинап 1727 ж. Бұланты өзенінің, 1728 ж. Шұбартеңіз көлінің, 1729 ж. Балқаш көлінің оңтүстігінде – Аңырақай деген жерде жоңғар әскерлеріне күшті соққы беріп, осы шайқастарды жеңіспен аяқтайды. Бұл жерде қазақ батырлары мен Абылай сұлтанды айтпауға болмас. Қай-қайсынын алсақ та қалың қол бастап, ел қорғаған, ақыл-парасатымен, ержүректілігімен, ел есінде қалған азаматтар. Қазақ жасақтарының ерлігі Бұхар жырау шығармаларында айқын көрсетілген

   Қазақ жеріне көз алартуын қоймаған қалмақтарды Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз жасақтары Қобда, Темір, Ойыл, бойларынан Каспий жағасына дейін ығыстырды. Ойылдың жоғарғы ағысындағы шайқаста қалмақтар жеңілді. 1738 жылы Әбілқайыр бастаған шамасымен 22 800 әскери жасақ Еділ қалмақтарына шапты /31/.

         Жоңғария мен Цин империясының арасындағы қайта басталған әскери әрекеттер қазақ — жоңғарлар арасындағы әскери қақгығыстарды тоқтатты. Кіші жүз ханы бұл жағдайды өзіне жағымды пайдаланғысы келіп, жоңғарларға ес жидырмайтын шабуыл жасағысы келді. 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-шығыс жағалауында Ит-ішпес жерінде Әбілқайыр жоңғарларға тағы бір шабуыл жасады.

    Әскери дарындылығы мен шеберлігі арқасында, әрі шайқастарда ержүректілігін көрсете білген Әбілқайыр қазақ халқының кең даласында үлкен атаққа ие болды Әбілқайыр көрші елдердің шабуылын болдырмауда белсенді ішкі саясат жүргізді. Ол тек жоңғармен күш алысқан жоқ, Еділ қалмақтарымен, башқұрттармен, Жайық орыс-казактарымен де күш сынасты. Әбілқайырдың әскери ержүректілік пен шеберлік қасиеттері тек жау қатарында ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының ақсүйектер арасында да атақ пен құрметке толы болды.

  Әбілқайыр тамаша саясатшы, ел билеуде ерекше көзге түскен әккі билеуші ғана емес, сонымен қатар Орта Азияға жаужүрек қолбасшылығымен атағы кең тараған сардар.

  Кіші жүз ханы Әбілқайырдың өз заманындағы басқа әскербасшыларынан айырмашылығы — бірнеше майданда қатар соғысуы, ол, Еділ қалмақтарымен, башқұрттармен, Жайық орыс-казактарымен, жоңғарлармен, сондай-ақ Хиуа хандығымен күш сынасты.

   Қорыта келгенде, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың үлкен әскери жетістіктері — 1726 жылы көктемде Торғай даласында Бұланты өзені бойында, «Қалмақ қырылған» деп аталған Қара сиыр деген жерде, 1729 жылы Балқаш көлінің солтүстік-шығысында Аңырақай даласында үш жүздің әскери күшіне бас қолбасшы болған Әбілқайырдың үлесімен жоңғарлар талқандалды.

   Бұл жеңістер қазақ халқына ең қажет кезінде тыныс берген аса елеулі тарихи оқиғалардың бірі болды. Әрине сөз жоқ, ұлы жеңістердің басты кепілі — қазақ халқының өзара ішкі ынтымақтықпен тізе қосып күресуінде екенін ескергеніміз жөн. Сонда да, жеке ерліктерімен жан аямаған батырлар болғанымен де үш жүздің әскери жасағының күшін біріктіріп ұрыс даласында үйлестіруде Әбілқайырдың жөні бөлек /43/.

Бұндай жеңістерге жету негізі — Әбілқайырдың жауды қоршауға алып, тылмен байланысын үзіп, жеке-жеке жойып отыру әскери әдісін қолдануы. Жалпы, оның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте зор ерлік көрсеткенін көптеген зерттеушілер сүйсіне жазды.

Ғасырдан ғасырға өткен бұл шайқастарда жеңушілер де, жеңілушілер де тарих көріністерінде орын алды. Сол дәуірдегі екі ірі халықтардың соғысы бірін-бірі әлсіретті. Әсіресе қазақ халқының зардаптары ауыр еді. «Қалмақ қырылған» шайқасының, «Аңырақай» шайқасының жеңістері қазақ халқының еңсесін көтеріп, жауға қарсы бірігу идеясын туғызды.

 

   1.3  Әбілқайыр ханның дипломатиялық қызметі

 

Әбілқайыр хан өзінің хандық билігін жүгізу барысында дарынды дипломат-мәмілегер екендігін көрсете білді.                                                    1717-1718 жылдары Кіші және Орта жүз жеріне енген башқұрттар қазақтардың мыңдаған жылқысын қуып әкеткен. «Қазақ-башқұрт» жанжалының саяси астарын сезген қазақ хандары әскери әдістермен шектеліп қана қалмай, дипломатиялық тәсілдерге де мән берді. Әбілқайыр хан қазақ — башқұрт қатынастарын реттеуде жоңғарларға қарсы қос одақ болу жөнінде ұсыныс жасап, Уфа қаласына Елмет Баулықовты, Сапа, Етмәмбет, Бақырман, Бәйбек, Төлебай батырлар бастаған елшілікті жіберді (1718-1719 жылдар). Бірақ-та Ресей мемлекеті бұл ұсыныстан қашқақтайды. Өйткені, Ресей мемлекеті басқа саясатты көздеген еді. Ол Жоңғарияны Қытайға қарсы қойғысы келді /44/.

Өз кезегінде орыс патша өкіметі қазақ қауымының ішкі сырын ұғуға, қай жағынан тор қою керектігін айқындауда әрбір ханмен жеке келіссөздер жүргізіп, олардың бір-біріне деген ой-пікірлерін білуде елшіліктер жіберіп тұрды. Бір сөзбен айтқанда, елшіліктер арқылы патша әкімшілігі қазақ халқының ішкі жағдайын біліп, әрдайым саяси хабарда болды. Қазақ халқының жан-жағынан жау анталап, саяси жағдайының тұйыққа батып отырғаны Ресей өкіметі үшін әбден тиімді болды. Ол қазақ халқының дипломатиялық табысқа жетуіне, әлсіреген саяси ахуалын күшейтуге  жол бергісі келмеді /45/.

Кіші жүз халқының орыс бодандығын қабылдауы осы башқұрттар арқылы жүзеге асырылды деген пікір бар. Академик М. Қозыбаевтың «Әбілқайыр ханның орыс патшалығына  өтінішін жазушылар да, аударушылар да орыс империясына бодан болған, христиан дініне шоқынған башқұрт-татарлар еді. Әбілқайырдың маңын ұзақ жылдар торлап жүрді. Ақырында, Әбілқайырды орыс боданы болуға көндірді. Тағы бір дәлел ретінде, Әбілқайырдың Анна Иоанновнаға жазған хатында башқұрттардан басқа көрші халықтарымен қарым-қатынасы жөнінде ештеңе айтпайды. Тек «башқұрттармен тату тұрамыз», «башқұрттарша салық төлейміз, …» — деген сөз жолдары жазылған еді /46/. Әбілқайыр хан 1726 жылы Санкт-Петерборға қазақ — башқұрт арасындағы жер дауын реттеу үшін, яғни Жайық өзені аралығындағы жерлерге көшіп-қону құқығын алу, қазақ көпестерінің Ресейге емін-еркін өтуін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмамен Қойбағар Көбекұлы бастаған елшілік жіберді.

   XVIII ғасырдың ортасында Жайық орыс-казактар мен қалмақтардың арасындағы жерлерді қазақ халқы өздеріне заңды жерді қаратып алу үшін, олармен талай рет соғысты. Ресейлік өкілдер арқылы шешуге де талпыныс жасады. Олар патша өкіметінен Жайық, Тобылдың бойларында еркін көшіп-қонып жүруге, сол кездегі орыс бодандары қалмақтар мен башқұрттардың қазақтарға шапқыншылығын тыюға кепілдік алуға талай рет әрекеттенген.

1726 жылдың 18 қаңтарында Қойбағар Көбеков бастаған Кіші жүздің бірнеше сынды игі жақсылары Петерборға, Сыртқы Істер алқасына өтініш-хат тапсырды. Қазақ көсемдерінің бұндай іс-әрекет қимылдары нәтиже бермегеннен кейін Әбілқайыр хан мен Орта жүз билеушілері қалмақтарды Жайық жағасынан күшпен ығыстырып, қазақ жайылымдарын кеңейткісі келді.

         1726 жылдың күзінде Әбілқайырмен бірге басқа да қазақ хандары мен сұлтандары бастаған 10 мың қазақ жасағы Черен Дондук хан мен Доржы Назаров иеліктеріне басып кірді. Қазақ жасақтары бұл жолы шабуылды қалмақ патшасы ұлыстарына жасады. Бұл жорықта қазақ жасағының саны 10 мыңдай болса, қалмақтар 30 мың жауынгердей жасақ жинады. Алғашында жеңіс Әбілқайыр әскерінің жағында болды. Бірақ, көп ұзамай Жайыққа жетпеген қазақ жасағына қалмақтың әскері кезікті. Қалмақтар мен қазақ халқы төрт күн бойы қақтығысып, тек бесінші күні екі жақ тынышталғаннан кейін келісім жүргізе бастады /42/.

Келісуші жақтар: «Бұдан былай екі жақта бір-бірімен жауласпай, тату өмір сүруге, екі жақ осы келісім болған күні туылған жас өспірім өсіп, ат мінгенше жауласпауға анттасты». Келісімсөз барысында аманаттар беру мәселесі де қарастырылды. Бұл келісім 1731 жылы, Еділ қалмақтары тарапынан бұзылды /42/.

Бұл жорықты қорытындылай келсек, қазақ хандары мен қалмақтардың қарым-қатынасы әскери қақтығыстан гөрі саяси жағынан маңызды орын алды. Әбілқайыр хан бастаған қазақ билеушілерінің Еділ қалмақтарымен жасасқан мәмілегерлік қадамы қазақ халқы үшін өте маңызды болды. Себебі, белгілі бір уақытқа болса да, қалмақтар жағынан ту сырты тыныш болды және жоңғарлардың әскери-саяси агрессиясына толық көңіл бөліп, әскери күшті осы халыққа қарай түгел жұмсауға мүмкіндік берді. Осы ретте ғылыми еңбекте кездесетін: «Әбілқайыр ханның жаулары Еділ қалмақтары мен башқұрттар, бірақ қалмақтармен бітісуі де оңай, соғысуы да оңай» — деген сөз жолдары еске түседі /4/.

1732 жылы Кіші жүзге келген елшілікте: «Черен Дондук Ресейдің қолшоқпары болып кетті (Черен Дондук Еділ қалмақтарын осы кезде билейтін), біз оған қарсы көтеріліс бастадық, бодандықтан бас тартыңдар, одақ болайық» — деген ұсыныстар айтылды. Қалмақ елшілеріне Әбілқайыр: «егер орыс өкіметі сендерге қарсы шығуға жарлық берсе, оны орындау үшін барлық күшімді саламын» — деп мәлімдеді. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың бұл берген жауабы әрине, қалмақтарды қатты алаңдатты. Бұл жауап Әбілқайырдың Ресейдегі өз позицияларын нығайтуға бағытталды.

Саясаттағы өз ұпайын ойлаған Әбілқайыр, 1732 жылдың 21 мамырында Анна Иоанновнаға жолдаған хатында қалмақ билеушісінің қазақтарды Ресейге қарсы қоюға тырысқаны, өзінің Доржыға Ресейге қарсы күресінде көмектесуден бас тартқанын хабарлады /8/.

1736 жылы Әбілқайыр хан елшілік арқылы Орынбор бекінісіне хат жолдайды. Ол 1735-1736 жылдардағы башқұрт көтерілісі басшыларының бірі Қылмекпен біріккен қырғыздар Ресейдің мемлекеттік кеңесшісі И.Кирилловқа оның жасағымен қауіп төніп тұрғанын, Уфа мен Қазанға дейінгі елді талан-таражға шығаруға әзір екенін айтып берді және олар осы жағдайды алдын-алу үшін орыс елшісін жіберсе екен деген тілегін білдірді. Орынбордағы Әбілқайырдың аманаттағы ұлы Ералы сұлтан коменданттан елші ретінде Джон Кэстльді жіберуін сұрайды /5/.

1736 жылы көтеріліс күшейді. Әбілқайыр орыс әскеріне көмектесемін деп башқұрт елінің жеріне келді, «Көтерілісті тоқтатындар, бүкіл башқұрт халқына орыс императрицасымен жақсы қарым-қатынасты мен ғана орнатып бере аламын»,- деп олардан сый-сияпат алғанымен қоса, өзінің ұлдарының бірін башқұрттарға хан етіп тағайындату қамымен жүрген. Ханның көтерілісші башқұрттар арасында жүргенінен күмәнданған орыс патша, ханға көмегі үшін алғыс айтып, башқұрт елінен қайтуын сұраған /20/.

Келесі жылы Әбілқайыр башқұрт еліне қайта келіп, беделді башқұрт батырларының бірінің қызына үйленді. Осы заман саясатының мәмілегерлік тәсілдерінің бірі ретінде — үйлену, құда болу қазақи әдет-ғұрыптары қолданылды.

  1738 жылдың сәуір айының аяғында башқұрттардың бір тобымен бірігіп,Әбілқайыр Орск маңына қоныстанған бейбіт башқұрттарды тұтқындап, қалаға кірді.

  Ханның бұл қылықтарынан қатты сескенген Орынбор экспедициясының бастығы В.Н. Татищев Кіші жүз ханына еріп жүрген башқұрттарды тұтқындауға ордер береді. Алайда, өз қызметшісінің мұндай оқиғаларға жұмсақ жаза жариялағанын қолдамаған патша өкіметі В.Н. Татищев пен оның тобын қатаң әкімшілік жазаға тартты.

  Осыдан кейін, Әбілқайыр ханның Ресей бодандығына екінші мәрте ант қабылдауының керектігі туралы мәселе қозғалды.

  Кіші жүз ханы Әбілқайыр қазақ — башқұрт қатынастарына байланысты көтерген күрделі мәселелердің бірі — 1734 жылы қазақ

даласын отарлаудың тірегі болған Ор бекінісін салу мәселесін ұсынды. Бұл ұсынысты бір жағынан әскери бекінісі, екінші жағынан сауда мәселесін дамытудың қайнар-көзі ретінде қарастырған. Ресей мемлекеті Әбілқайырдың бұл ұсынысын қолдады /23/.      

         Қазақ — башқұрт қатынастарында Кіші жүз ханы Әбілқайырдың саясатында да қайшылықтар аз болмаған. Соған қарамастан осыны Әбілқайыр өзіне тиімді пайдалана білген.

         Қазақ пен жоңғар билеушілері арасындағы күрес жүз жылдан астам уақытқа созылғаны бізге мәлім. Әсіресе, XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ — жоңғар қарым-қатынастары өте шиелініскен жағдайда болды. Жоңғар феодалдары қазақ жеріне агрессиялық шабуылды жиілетті. Олар қазақ жүздерінің ішкі алауыздығын пайдаланып, 1723 жылы Қазақстанға агрессиялық, алапат соғыс бастады. Жоңғар агрессорларының Қазақстан жеріне басып кірген бұл шабуылы тарихта Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаулармен танымал.

Сонымен, Әбілқайыр ханның басқаруымен 1728-1729 жылдар аралығында қазақ жасақтарының Торғай даласының оңтүстік-шығыс жағындағы Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасындағы Қарасиыр (Қалмақ қырылған), Іле  Алатауының Көкпек (Ойран төбе) деген жерлерінде қол жеткен жеңістері нәтижесінде қазақ жерінің едәуір бөлігі басқыншылардан азат етілді. Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс жағындағы Итішпес көлінің маңындағы Аңырақай деген жерде қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресінің шешуші айқасы болды. Аңырақайдағы жеңіс үш жүздің біріккен қолының жеңісі еді /33/.

Кіші жүз ханы Әбілқайыр тек әскери өнерімен даңқы шыққан жоқ, сонымен қатар саясатта да өзіне тән шеберлігімен көрінген.

   Жоңғар билеушілерінің бірі Қалдан Серенмен Кіші жүз ханы Әбілқайырдың арасындағы саяси-мәмілегерлік тактикасына қысқаша тарихи шолу жасасақ, Әбілқайырдың орыс патшасымен одақ болу қатынастарында Қалдан Серен саяси тұрғыдан шалуға тырысқан.

  Кіші жүз ханының Ресей бодандығын қабылдағаны туралы Жоңғар қонтайшысы ақпаратты болды. Өзінің дипломатиялық іс-әрекеттерін жағымпазданушылық жағынан көрсеткен Қалдан Серен 1736 жылы Әбілқайыр ханға елшілік жіберді. Достықтың шынайы белгісі ретінде ол, шамамен он бес жыл бұрын тұтқынға түскен әйелі мен туысқандарын босататынын айтқан.

  Өзінің Ресеймен жақындасқанын жоңғар қонтайшысына қолайсыз жағдай туғызғанын Әбілқайыр хан түсінген де шығар. Бұл істің аузын бос қойғысы келмеген Әбілқайыр, жауаппен өз елшілігін жіберді. Елшілік сапарының негізінде ол ата-бабалары басқарған Түркістан мен Ташкент қалаларын қайтарса, өзінің Жоңғарияға бағынатынын және аманат ретінде өзінің ұлын беретіндігі туралы ұсыныс жасады /45/.

  Бұл жай туралы Әбілқайыр «Ресейден ешқандай көмек көрсетілмеді» дегенге байланыстыра орыс патша қызметшісі Д. Гладышевқа баяндаған болатын. Әбілқайырдың көздеген мақсаты Жоңғарияға бодан болудан гөрі Ресейге саяси ықпал көрсету еді.

    Д. Гладышевтің Кіші жүз хан ордасына барған сапарының бірінде, яғни 1742 жылдың қаңтар айында Д. Гладышев Әбілқайыр ордасына келген жоңғар елшісін кездестірді. Жоңғар елшілігі, Түркістан мен Ташкент қалаларын қайтарса, Жоңғарияның қол астына кіріп, аманат ретінде ұлын беруге даяр екенін білдірген Кіші жүз ханымен келіссөздер жүргізуге келгенін айтты. Өз кезегінде орыс өкіметінің қызметшісі Кіші жүздің он жыл бұрын Ресей бодандығын қабылдағанын, қазақтардың жоңғарларға қосылуы орыс — жоңғар қатынастарын біршама нашарлататынын ескертті.

   Шын мәнінде, бұл Кіші жүз ханы Әбілқайырды ақылды, парасатты, ойы озық мемлекет қайраткері ретінде растайтын дипломатиялық әдістерінің бірі. Дипломатиялық әдіс ретінде жоңғар қонтайшысына бағыну емес, бар болғаны Ресейге саяси ықпал жасау. Себебі, қазақ халқының Ресей бодандығын қабылдағалы бері олардан ешқандай көмек берілмегендігі.

   Ғылыми зерттеу жұмыстарында мынандай мән-жайлар кездеседі, Қалдан Сереннің хан ұсынысынан бас тартуы. Оның себебі — Ташкентке орнығып алған соң, жоңғар өктемдігінен бір жұлқыныспен шығып кететіні,

   Әбілқайырдың ұстараның жүзіндей өткір адам екенін, көздегеніне жетсе болды тастап кететініне Қалдан Сереннің көзі жетті /48/. Бірақ сонда да, оның арманы үш жүздің басын біріктіріп билеу болғандықтан ары қарай саяси мәмілегерлік келіссөздер жүргізе берді.

   Тарихта, Жоңғар басшысы Қалдан Серен қазақ сұлтандары мен хандарына қатаң талап қоюы кездеседі. Ол үш жүздің билігін қолына беруді, алым-салық төлеуді, аманат беруді талап етті. Қазақ игілерінің 1500 өкілдері осы талапты талқылауға жиналып, Әбілқайыр ханға келді. Кіші жүз ханы Әбілқайыр бастаған үш жүздің 160-қа жуық өкілі Қалдан Сереннің талаптарына қатысты И. Неплюевпен кездесті. И. Неплюевтің жоңғарларға берген саяси сәлемдеме сөзі: «Орта жүз бен Кіші жүз Ресей елінің бодандары, жоңғар ханының қазақ халқына ашықтан-ашық саяси соққы жасауына, тіпті аманат алуына, алым-салық салуына ешқандай құқысы жоқ» /5/.

  Әбілқайыр ханның өте ықпалды, батыл билеуші, ел қамын шынайы ойлаған кемеңгер екенін дәлелдейтін бір мысал: 1741 жылы жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылының бірінде аты аңызға айналған Абылай қолға түсіп қалды /35/.

  Атағы алысқа жеткен Абылай сұлтанның жоңғар тұтқынынан босату үшін Әбілқайыр еш аянбады. Ол Абылай сұлтанды босату ісіне бел шеше араласып, істің қайырлы аяқталуына ықпал етті .

   Әбілқайыр Абылайды босату үшін не істеді? Қажеттілік туған жерде тұтқында жүрген жоңғарларды жинап беруге де уәде берді. Ақырында, Әбілқайырдың сан рет жасаған талпынысының нәтижесінде К. Миллердің араласып, миссияны сәтті орындауымен босатылды /39/.

   Екі ірі тұлғаның бір-біріне деген көзқарасын, «Жоңғарларға қарсы күресте Абылай тек Әбілқайырдың ғана ерлігін бағалаған» — деген сөз жолдарынан ұғынуға болады.

   Қалдан Сереннің көксегені қазақтың үш жүзіне бірдей өз дегенін жүргізу еді. Ұлы жүз жоңғарларға бағынып, аманат берді, салық төледі. Абылай еліне оралғаннан кейін Орта жүзбен достасу сәті түсті. Ішінде тек Кіші жүз ханы Әбілқайырмен қарым-қатынасы ауырлау болып тұрды. Бірақ, Мәуереннахр қалалары, яғни Түркістан мен Ташкенттің кілті Әбілқайыр үшін өте маңызды екенін жоңғар ханы түсінді /42/.

   Қазақ — жоңғар қарым-қатынастарында тек жау шапқыншылығы ғана болған жоқ, сонымен қатар дипломатиялық келіссөздер де орын алғанын байқап отырмыз. Оның бір мысалы ретінде, Қалдан Сереннің Кіші жүз ханы Әбілқайырмен құда болу ниеті алғашқы елшілігінде (1741) оң жауап әкелмегені белгілі.

   1743 жылы көктемде еліне оралған Абылай Әбілқайырға елші арқылы сәлем жолдайды. Онда Әбілқайыр жоңғар ханымен тату қарым-қатынаста болу, сенім үшін ұл-қыздарымен алмасу мәселелеріне қатысты жолдаулар жіберілген /8/. Бұл сол замандағы екі елдің қарым-қатынасын нығайтатын дипломатиялық келіссөздер әдісінің бірі. Бірақ, бұл екі елдің құда болу идеясы Ресей мемлекетіне ұнамады.

   Ендігі тарихи ақиқат керісінше өрбейді. Алғашқы кезеңдерде жоңғар басшысының тарапынан саяси жік қою әдістері байқалса, енді патша өкіметі жоңғар ханының әрекеттерінен сезіктене, екі ел арасына жік қою әдісін қолдана бастады. Сондықтан болар, тарихи зерттеулерде «Кіші жүз ханы өзінің сыртқы саясатында екі жүзді бағыт ұстады» деген тұжырым кездеседі. Бір мезгілде патша өкіметінің де, жоңғардың да бодандығында болуы оның саясатшылығының көрінісі емес, опасыздығының белгісі деп те бағаланды. Әбілқайыр екі елге де адал қызмет етпеген. Ол өзіне жоңғар халқынан келген ұсыныстары мен елшіліктері жайында Орынборға үнемі хабарлап отырған. Осының өзінде тиімді жағына қарай бұрып жеткізе алған /44/.

Сонымен қорыта келгенде, бұны далалық дипломатияны жетік меңгерген Әбілқайыр саясатының екі ұштылығы емес, сол замандағы ерекше мәмілегерлік тәсіл түрі ретінде түсіну керек.

Әулетаралық одақ құру идеясын патша өкіметі қолдамады. Жоңғарлар мен қазақтардың басшылары құда болса, олар бірлеседі. Яғни, Ертістің шығысынан Арал теңізі Ресей шекарасына дейінгі жерлерді дүрбелейді,-деген түсінікте болды /28/.

Кіші жүз ханы Әбілқайыр — башқұрт, жоңғар халықтарымен, Еділ қалмақтарымен, Жайық орыс-казактарымен, Хиуа хандығымен саяси қарым-қатынастарды жасай келе олардың нәтижелерін өзі үшін, халқы үшін мол пайдалана алған қазақ даласының қайраткері /2/.

Әбілқайыр ханның дипломатиясында ерекше орын алатын мемлекеттердің бірі — Хиуа хандығы. Кіші жүз бұрыннан бері Хиуа хандығымен шаруашылық және саяси қатынастары жағынан тығыз байланыста болатын.

Хиуада хан билігінің жағдайы тек Жошы ұрпағы Шерғазы ханның (1715-1727) билігі тұсында ғана тұрақтанды. Алайда, 1727 жылы Хиуаны өзбек ақсүйектерінің қастандығымен Шерғазы хан өледі. Жаңа хан етіп Әбілқайырдың қайтыс болған үлкен ағасы Тоқтамыс сұлтанның ұлы Мамай сұлтан отырады. Оның ел басына келуі немере ағасы Әбілқайыр ханның тікелей араласуымен болған /49/.

Өкінішке орай, жаңа билеуші күтпеген жерден қаза болып Хиуада бар болғаны 1 жұма билейді. Әбілқайыр өзге қарсыластарының алдын алу үшін Хиуа тағын өз әулетіне жақын ұстап қалу мақсатында сол кезде Бұхарада тұратын күйеу баласы Батыр сұлтанды хиуалықтардың өз билеушісі деп тануына қол жеткізді. Бірақ-та бұл ханның да билеу мерзімі қысқа болады. Бірнеше аптадан кейін, оған қарсы дайындалып жатқан жергілікті адамдарының қастандығы туралы біліп, бір күні жасырынып қашып кетеді. Бұл оқиғалардан кейін хан тағына Әбілқайырдың туысқандарының бірі Елбарыс сұлтан отырады. Бұл шыңғызсада өзіне дейінгі ел билеген басқа хандарға қарағанда 10 жылдай өз билігін жүргізеді.

  Әбілқайырдың Орта Азияға байланысты саясатында Бұхара және Хиуа иеліктері маңызды орын алады, себебі Әбілқайыр хан Орта Азиялық хандық құру идеясын алдына қойған болатын. Әбілқайыр Хиуа, Бұхара хандарының Ресейге бодан болуға ниет ететіндігін және ол арқылы оларды өз билеушісі ретінде танитындығын өз хатында хабарлаған болатын. «Сөз жоқ, бұның бәрі әдейі жалған жазылған болатын»,- деп пайымдайды ағылшын тарихшысы Алан Боджер /40/.

         Әрине мұның бәрі, Әбілқайырдың Хиуа — Қазақ — Ресей қатынастарында ұтқыр дипломатиялық тәсілдер қолдану арқылы өз мақсаттарына жетуді көздегені. Хиуа мен Ресей аралығында орналасқан Қазақ хандығының шиеленісті мәселелерін шешуді ойлаған Әбілқайыр алма-кезек Ресей мен Хиуаны пайдалану арқылы екі мемлекетке де ыкпал ету мүмкіндігіне ие болғысы келді.

         Хиуа Петр I заманынан бастап Ресейдің Шығыс саясатындағы нысанаға алынған мемлекет екенін Кіші жүз ханы жақсы түсінген секілді. Себебі, Әбілқайыр орыс үкіметіне жазған хаттарында Хиуаның өзіне бағынышты екенін келістіріп жазып қана қоймай, оны Ресейдің боданы етіп жариялайтындығын мәлімдейді.

         Елбарыстың хан болып сайлануы Әбілқайырдың мәртебесін қазақтың басқа хан сұлтандары арасында біршама көтеріп, сонымен қатар оның ықпалды Хиуа элитасымен байланыстарын орнықтырды. Дегенмен, бұл тұжырымның қарама-қайшы жағы орын алуда. Оған мысал, Әбілқайыр хан ұлдарының бірі Нұралы сұлтанды Хиуа хандығына бүкілресейлік бодандықты алу мәселесі бойынша жібереді. Жүргізілген келіссөздері жағымды қорытынды бермегені былай тұрсын, жас сұлтанды Хиуа сарайында кұрметтеп қарсы алынбауының өзі Әбілқайыр ханды ызаландырды. Хан М.Тевкелевке осы ызасы үшін хиуалықтармен соғысатынын жариялады. Шынында да, хан айтқан сөзін далаға тастамай, 1732 жылы Арал иелігіне жергілікті өзбектердің билеушісі Шах-Темір ханға Хиуаға қарсы бірге шабуылға шығуға көндіруге Нұралы сұлтанды жібереді. Әйтсе де, хиуалықтарға Нұралының жаңа сапары туралы мәлімет алдын-ала белгілі болып, олар беделді старшыны Аныш-Абызды сатып алып, Әбілқайыр мен Шах-Темір арасында жасалғалы отырған одақты қалайда бұзуды тапсырады. Сөйтіп, ол қазақ пен өзбек старшындарын бір-бірімен жауластырады /8/.

Жаңа хан Тақырдың қатыгездігіне және елге жат жерліктердің көмегімен шииттік рәсімдер мен әдеттердің күштеп енгізілуіне ашынған өзбектер оны Хиуадан қуып жіберіп, қазақ даласындағы Әбілқайырдан қолдау сұрады. Қазақ халқының Кіші жүз ханы мұндай сияпат көрсетілгенін жоғары құрметпен қабылдап, осы мәселемен Әбілқайыр Хиуаға аттанады. Ханмен кездесуде өзбектер сыпайы түрде Әбілқайырды тез арада парсы шахының шабуылынан құтқаруды сұрап, Хиуа тағына отырғызуға уәде етеді. Сөйтіп, 1740 жылы Әбілқайыр хан салтанатты түрде Хиуа тағына отырады. Бұрыңғы қазақ ханы енді Хиуа ханы болған Әбілқайыр саяси оқиғаларға байланысты өзінің екі жақты позициясын білдіріп отырды  /29/.

Парсы әскері бүгін емес ертең қалаға кіретінін ол жақсы білді. Әбілқайыр өміріне қауіп төнгенін сезініп, өзге дипломатиялық тәсілдерге жүгінуді дұрыс көрді. М.П. Вяткин еңбегінде: Дәл осы кездегі Әбілқайырдың Хиуадағы жағдайы күрделі болатын. Нәдірдің кез-келген уақытта Хиуа қақпасына кіріп келуі мүмкін еді. Хиуа ханы ретінде өз саяси жағдайын орналастырып алу мақсатында Әбілқайыр орыс офицерлерін пайдалануды дұрыс шешім деп санады. Кіші жүз ханының Хиуа бағытындағы дипломатиялық әрекеттері оның дарынды мәмілегер екендігін тағы да көрсете білді.

Жалпы, Әбілқайыр ханның қазақ қоғамының тағдырына қалдырған ізі — біріншіден, қоршаған ортасы анталасқан жау арасында өзінің жеке әскери қолбасшылық шеберлігі мен дипломатиялық келіссөздерді жүргізуде өзіне тиімді пайдалана білген мемлекет қайраткер болса, екіншіден, Қазақстанның Ресей бодандығын қабылдаудағы алғашқы қадам жасасқан тұлғаның бірі ретінде қызметі сипатталады.

Ресейге бодан етуге Әбілқайыр хан үлкен үлес қосты. Ол, сол кездегі қазақ даласында туындаған ішкі және сыртқы саясатты бағалап, ішкі тартыстың тоқтатуын және жоңғар әскерінің басқыншылығынан Ресей өкіметінің көмегімен тоқтатуға болатынын саяси тұрғыдан саралай білген жан.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

        

       

          2      Әбілқайыр ханның Кіші жүзді Ресейге қосу жолындағы ұстанған                           саясаты

          2.1   Әбілқайыр ханның Ресейге қосылудағы саяси                                      көзқарасы

         XVIII ғасырда орталық шығыста халықаралық саясаттың негізгі күші Ресей империясының қолында еді, I Петр патша Үндістан мен Қытай, сондай-ақ өзге де ірі-кіші мемлекеттермен сауда жолдарын иемденуді жоспарлады. Осы жоспарын іске асыру жолында ол, барша Азия елдері мен жерлерінің кілті мен қақпасы қазақ елі, осы халықтың жері арқылы жүзеге асыра алатынын өз саясатына түйіндеді. Ресей ерте ме, кеш пе көшпенді халықты өзіне бағындыратын еді. Себебі, көшпенді халықтың жерлері арқылы Орта Азияға саяси ықпал ету мүмкіндігі мен сауда жолы жатты /50/.                                      Қазақ жерін отарлау екі бағытта жүргізілді: Қазақстанның батыс бөлігінде (Кіші жүзде), солтүстік пен шығыста (Орта жүзде). Бұл бөліктің барлығында Ресейдің әскери бекіністері тұрғызылды. Сөйтіп, қазақ елі ата-бабалар заманынан қолданып келе жатқан жерлерінен айырыла бастады. Оның салдарынан дәстүрлі көшіп-қону жолдары бұзылды. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың түпкі мақсаты — Ресейге бодан болу емес. Ресейді пайдаланып, әуелі жалпықазақтық, кейін бүкіл ортаазиялық хандық құру еді. Оның алғашқы хаттарында-ақ Әбілқайырдың Бұқара, Хиуа хандығының өзіне бағынышты, қазақтың өзге хандары бұған бағынышты екенін қисындырып жазғанын алдыңғы тарауда айтқан едік.

         Осы тарихи тұрғыдан, қазіргі кезде қазақ халқының хандарының бірі Әбілқайыр ханды Ресейге қосылуға итермелеген қандай себептер деген сауалдың төңірегінде әлі күнге дейін бірыңғай жауап кездеспейді. Әр түрлі көзқарастар орын алады.

         Бір зерттеушілер, Әбілқайырдың Ресейге қосылу себебін, баққұмарлыққа негіздейді. Ең дұрысы, біздің пікіріміз бойынша, Тәукенің жолын қуған, халық мұрасын шашыратпауға тырысқан Әбілқайыр саясатының мәні — қазақ халқының ұзақ соғыстан қалжырауы, жоңғар, Еділ қалмақтары, башқұрт халықтарының қысым көрсету саясаты, дағдарысқа ұшыраған шаруашылық, жүз-ру арасындағы таққа таласқан төре тұқымдары. Осы айтылғанның бәрінің таразыға салынуы /14/.

         Міне, Кіші жүз ханы Әбілқайыр кезіндегі ішкі және сыртқы саяси-әлеуметтік жағдай өрісі осындай еді. Осындай күрделі мәселелерді шешуде солтүстіктегі қуатты көрші елі Ресеймен тату-тәтті қарым-қатынас орнату қазақ халқы үшін, яғни оның ішінде көрші елдердің тынымсыз шабуылынан мазасы кеткен Кіші жүз ханы Әбілқайыр үшін кең байтақ қазақ даласында тыныштық орнатудың кепілі ретінде көрінді. Мысалы, 1740 жылы Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан орыс өкіметіне бодан болу шартының талабы негізінде қолындағы тұтқындарды босату, сауда керуендерінің қауіпсіздігін қорғау және Ресей елімен достықты бұзбауға, яғни адал қызмет етуге уәде берді /39/.

         Тарих арнасының ақиқат шындығына кеңірек тоқталсақ, XVII ғасырдың аяғы — XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамының саяси жағдайы аса ауыр халде болатын. Қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси жағдайының әлсіреуіне ықпал еткен мән-жайлар көршілес елдердің қазақ халқының жеріне көз алартуы еді.

         1726 жылы Ордабасында халық съезіне жиналған хандар, сұлтандар, билер мен батырлардың тегіс бір пікірмен Әбілқайыр ханды халық жасағының бас қолбасшысы етіп сайлауы жайдан-жай емес. Бұл да Әбілқайырдың жоғары деңгейде жеке қасиеттерін халықтың мойындауының көрінісі еді, Әбілқайыр хан қазақ әскерінің жоғарғы бас қолбасшысы ретінде қазақ әскерінің қарулы күштерін құруда және халықты жауға қарсы тойтарысты жұмылдыруда көптеген іс-әрекеттер жүргізді. Қазақ әскерінің сарбаздары бірінен кейін бірі ұлы жеңістерге жетіп отырды /51/.

         Соның ішінде қазақ-жоңғар шайқасы қазақ қоғамының дамуына теріс әсерін тигізді. Енді бейбіт дәуірге де қол жеткізерміз деген ой қоғамда белең ала бастаған еді. Күтпеген, ойламаған жерден үлкен хан Болат қайтыс болады. Босаған таққа үміткерлер арасында талас-тартыс басталды.

         Ғасырдан ғасырға келе жатқан әдет-ғұрыпқа лайық үлкен хан болып тек сұлтандар әулетінің үлкен бұтағының өкілдері сайлана алатын. Осы қағидаға сәйкес, Болат ханның ұлы Әбілмәмбет хан болып сайланды. Ал, Әбілқайыр хан сұлтандар әулетінің кіші бұтағынан тарағандықтан, оған көп көңіл бөлінбеді. Осыған жәбірленген ол, бас қолбасшылық қызметінен бас тартады да өзінің әскери жасағымен Кіші жүзге оралады. Осылайша үлкен еңбекпен және күшпен жиналған қазақ әскерінің бірлескен халық сарбаздар жасағы ыдырайды /17/.

         Енді әр жүз өз алдына жаудан қорғану мәселесін шешуге мәжбүрлі болды. Ұлы жүз жоңғарларға бағынды, оларға аманат берді, алым-салық төледі. Жоңғар шапқыншылығына бәрінен аз шалынған Орта жүз азаттық үшін күресін жалғастыруға дайын еді. Ал, Кіші жүз жағдайы әлде-қайда басқаша суреттеледі, Кіші жүз халқы жан-жағынан қаптаған жаулар қысымында болды. жоңғарлардың, Хиуа хандығының, түркмендердің, Еділ қалмақтарының, Жайық казактарының, Башқұрттардың ұдайы шабуылынан Кіші жүз халқы үрейлі кемтарлықты көріп — төзді.

         Осы фактіларға сол дәуірдегі қазақ халқының Кіші жүз басында әлеуметтік-саяси билікті жүзеге асырушы тұлға Әбілқайыр хан куә болды. Ол қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси жағдайының қиын сәттерін шешуде саяси жолдарды қарастырды. Әбілқайыр хан осы кездегі қуатты империяның бірі Ресейге өзінің назарын аударды /33/.

         Ресей бодандығына кіру оған, Жоңғар империясының әскери және саяси үстемдігін жеңудің бірден-бір жолы болып көрінді, әрі қазақ қоғамының бірыңғай біртұтас мемлекетін құруға жол ашылады деп топшылады. Осыларды жүзеге асыру мақсатында Әбілқайыр хан тарихи ауыртпалықты және жауаптылықты өз мойнына алды.

         Дегенмен, Әбілқайыр ханның бұл саяси жолы қазақ даласының сұлтандар әулетінің бекзаттарының ызалануы мен қарсыласуына қақтығысты. Себебі, Әбілқайыр хан Ресей империясына арқа сүйеу арқылы өз ықпалын күшейтуді, қазақтың үш жүзін түгел бағындырып, бір орталықтан басқарылатын билік жүйесін орнатуды, сөйтіп сол билігін балаларына сайлау жолымен емес, мұрагерлік жолымен қалдырып отыруды көксеп отырғанын олар сезген еді.

        Сөйтіп, 1730 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей мемлекетіне қазақ елін қамқорлыққа алу термині ретінде «бодандыққа» алу туралы өтініш білдірді /13/.

        Қамқорлық — ірі мемлекеттің кіші халыққа көрсеткен ағалық мейірімдігі сияқты. Осыған сәйкес қазақ халқының дарынды тарихшысы Е. Бекмаханов «қазақ елінің Ресейге бағыныштылығын ағаның ініге қамқорлығы іспеттес дей келе, Ресей патшасы Анна Иоанновнаның ірге тасында (подданство) бодан болу деген термин қолданылған. XVIII ғасырдың бірінші ширегінде бұл сөздің мағынасы қазіргіден бөлек. Ол кезде «подданство» деген сөзді қамқорлық деп түсінген, яғни бұл сөзді өзіне қаратып алу немесе отарлау деп түсінбеу керек»,- деп жазған /14/. Осыдан Әбілқайырдың бодандықтың құлдықтан айыра білгендігінен қазақ халқын өзге мемлекетке басыбайлы құлы қылып бермеген. Хан орыс құжаттарында өзін «құл» деп атауына қарсы тұрды. Бодандық сөзі сол кездегі қалыптасқан ұғым бойынша, кез-келген екі елдің арасындағы одақтастық шартта әлсіздеуі күшті мемлекетке кіруі. Бодандықты нақты бағыныштылық деп есептемеген /34/.

        Бодандықтың мәнін Әбілқайыр шығыс дәстүрінде түсінді. Ресейді бүгін «сюзерен» ретінде танығанымен, күш жинап, ес жиып алғаннан кейін одан бас тартуға болады деп ойлады.

        Башқұрт, қалмақ, Жайық орыс-казактарының қазақ жеріне шабуылдары тоқтамайтынын Әбілқайыр хан ұқты. Сондай-ақ патша бодандығын қабылдаған жағдайда хан құр қол қалмайтынын да ескерді /7/.

        Кіші жүз ханының орыс бодандығына өту жөніндегі шешіміне Бөкенбай, Есет, Құдайназар атты белді азаматтар қолдау көрсетті. Олар діні де, тілі де жат елдің мәңгілік бодандығында болуға ұмтылушылықтан емес, халқым аман болса, бір мәнісі болар деген қағидада болды.

        Ханның ой-пайымдары орыс патшаға жазған хаттарынан анық байқалады. Біз білетін мәлімет бойынша, Әбілқайырды Хиуа хандығы, Ташкент, Түркістан билеушілері өз көсемі ретінде танитынын хабарлап, оларды орыс бодандығын қабылдайтынын хат жолдарына қоса жазған. Әрине, сөз жоқ мұның бәрі Кіші жүз ханының дипломатиялық шеберлігі /8/.

        Сонымен, 1730 жылдың 8 қыркүйегінде Кіші жүз ханы Әбілқайыр Анна Иоанновнаға, өзін және өзіне тиесілі халықтарымен Ресей бодандығына кіру туралы өтініш хатын жіберді. Осы жылдың 30 қазанында Санкт-Петербургқа Ресей қол астына кіру жөнінде келіссөздерді жүргізуге Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан елшілігі келгені туралы Сыртқы Істер Алқасының көшірмесіне көз жүгіртсек, Әбілқайыр ханның келесідей шарттарда болуын қалайтынын көреміз:

  1. Башқұрт халқы сияқты, адал қызмет етуге және салық төлеуге
  2. Қазақ қоғамына Ресей бодандығындағы басқа халықтардан
    ешқандай өкпе-ренжіс пен шапқыншылық болмасын
  3. Егер де шабуыл жасаған жағдай болса, Ресей империясының
    әскери көмек көрсетуін қалайды
  4. Бұрын, жоңғар қонтайшыларымен, Еділ қалмақтарымен жау
    болатын едік, бұдан былай олармен бейбітшілік-татулықга тұруды
  5. Башқұрттармен, басқа да Ресей бодандарының тұтқынға алған
    адамдарын қайта қайтарып беруді және олар біздің адамдарымызды
    қайтарып беруін қалайды.

           Сөйтіп, 1 жылдан астам жүргізілген келіссөздер нәтижелі болады.

           1731 жылдың 19 ақпанында императрица Анна Әбілқайыр ханды және оған тиесілі қазақ халқын Ресей қол астына кіргені туралы грамотаны жіберді /47/. Әбілқайырдан ант алу мәселесімен басынан аяғына дейін Ресей Сыртқы істер алқасының тілмәші А.И. Тевкелев мырза айналысты. Қазақ халқының жеріне барар сапарының алдында М.Тевкелевке 12 бөлімнен тұратын «Нұсқау» тапсырылды /41/.

           «Нұсқау» негізінде ол білген-көргенін, түртіп жазып жүруде арнайы «Күнделік» жүргізді.

           «Нұсқау» дипломатиялық іс-әрекеттердің айнасы болып тарихта қалды. Оған талдау жасайтын болсақ, назар аударатын бір факт, күнделікке жазылған жазбалар туралы еш тірі жан білмеуі тиіс деп көрсетілген Нұсқаудың 10-ші бөлімінде.

           Императрица Анна Иоанновна қазақ ордасының ең басты әрі үлкен ханы, бүкіл қазақ әскерінің Бас қолбасшысы ретінде Әбілқайыр ханды мойындап Грамота жібергенін Нұсқаудың 1,2 бөлімінен көреміз /8/.

           Нұсқаудың 3,4,5,6 бөлімдерінде Әбілқайыр ханның қазақ халқының әдет-ғұрып заңы бойынша ант бергендігі, башқұрттар сияқты салық төлеу және Ресей империясының аманат сұрағандығы көрінеді. Егер де Әбілқайыр хан салық төлеуге және аманат беруге көнбесе, онда Тевкелев тек бастапқы пункттарға қолын қойдыруға тырыссын.

           Ал, егер де Әбілқайыр хан жоғарыдағыдай пункттарды Тевкелевтің өзінен сұраса, онда Тевкелев ондай пункттарды жазудың қажеттігі жоқ, оның барлығы грамотада көрсетілген десін. Бұған көнбеген жағдайда ғана айтылған пункттарды қағаз бетіне жазып, өзінің қолын қойсын да алмастырып алсын.

           Тағы да бір назар аударатын фактылардың бірі, Ресей империясының артығымен бірнеше варианттарды алдын-ала қарастырғандығы. Бұл варианттардан байқайтынымыз Ресей империясының қазақ халқының жеріне өзге өз мүдделерінің болғандығы.

           Қорыта келгенде: «Әбілқайыр хан Тевкелевтің өтінішін орындамай пункттардың ешқайсысына қол қоймаса, келіспесе, онда ол өзінің жауабын қағаз бетіне көрсетсін де, оған уәдесін беріп, қолын қойсын (хан ол қағазды Тевкелевтен беріп жіберуі керек), тіпті бүғанда көнбесе, онда ол өзінің қолы қойылған қағазға императрица Аннадан алынған Грамотадағы мән-жайлармен  келісетіндігі туралы жазсын»-делінген Нұсқаудың 7 бөлімінде.

            Егер Сыртқы Істер Алқасының көшірмесіне сенетін болсақ, Ресей бодандығында қалайтын шарттарда Әбілқайыр ханның өзі башқұрт халқы сияқты салық төлеуді қалайтынын көрсеткен. Бірақ-та Әбілқайыр хан үшін жіберген шарттарының ішінде 3-ші шарт басқаларға қарағанда маңыздырақ болатын. Ол Ресей империясының әскери көмек көрсетуі.

           Нұсқаудың 9-ші бөлімінде тапсырмалардың бірі ретінде қазақ халқы туралы, оның ішінде Әбілқайыр ханның жеке басына қатысты барлау жүргізу, қанша қала мен ауылды жерлер оның билігінде, қарамағындағы халық саны қанша, басқа хандардың аты кім, олардың өздеріне дербес қарайтын қаласы мен жер аймағы бар ма және әрқайсысының қанша иелігі бар, қандай лауазымға ие, мекендерінің маңында егін өсетін жері, бау-бақшасы бар ма, қандай кәсіпшілікпен айналысады, өзге хандар бас хан Әбілқайырды тыңдай ма, олар мұрагерлік жолмен таққа отыра ма, әлде сайланады ма, олар өздеріне бағынышты халықтарынан алым-салық жинай ма, оның ішінде жиналған алымның қаншасы Әбілқайыр ханға беріледі, Әбілқайыр ханның Ресейге елші жібергеніне өзге хандар разы ма, бұны бүкіл халқы қоштай ма, бәрінің атынан жіберілгені рас па, көпестерінің жағдайы қалай екен, қандай көрші халықтармен шектеседі, олардан ханға қандай түсім түседі, қаруларының ерекшелігі қандай, құйма құятын, оқ-дәрісін жасайтын зауыттары бар ма, олардың өздері зеңбірек құя ала ма, басқа қандай қару жасай алады, егер олардың өздері зеңбірек пен қару жасай алмаса, оқ-дәрі жасамаса, онда оларды қайдан алады, оны ақшаға сатып ала ма, жоқ басқадай заттарға айырбастай ма, қазақ ауылдарының шекаралары кіммен шектеседі, олар қай елмен дос, қай елмен жау.

           Бұл дипломатиялық миссия мақсаты патша өкіметінің тарапынан атқарылатын іс-әрекеттер бағдарламасы ретінде болды. Онда қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық даму мөлшерін, әскери қуатының дайындығы, оның саны мен қару-жарақ түрін, ел басшыларын анықтап қайту тапсырылған /5/.

           Біздің бұл құжаттан байқайтынымыз, қазақ халқын Ресей өзіне тәуелді етудің барлық жолдары қарастырылған. Патша өкіметі А.И. Тевкелевке барлық мүмкіндікті пайдалануға, қазақ халқын алдап-арбауға дейін баруға әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға рұқсат бергенін көрдік. Осы мәліметтердің өзінде-ақ қазақ халқының жері Ресейге қажет екендігін көрсетеді.

            Осы келіссөздерді жүргізу, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың А.И. Тевкелевпен кездесуі 1731 жылдың 3-ші қазанында айдалада қараңғы түнде өтті. Ханның өтініші бойынша, ол үстіне ескі қазақ шапанын киіп келді. Себебі, Әбілқайырдың Ресей бодандығын қалағанын өзінен басқа қазақ рубасылары білмеген, бұл келіспей жасалынған іс-әрекет еді. Бұлай етуінің себебі неде?- деп сұраған Тевкелевке Әбілқайыр хан: «Ресей бодандығын қабылдау шешімінің себебін, осы елге арқа сүйеп ата-бабалары билеген, кейіннен жоңғарлармен ұзақ соғыстардың нәтижесінде амалсыздан тастап кеткен Ташкент, Түркістан, Сайрам қалалары мен оған тиесілі ауылдарды қайтару», деп жауап берді. Сөз барысында Әбілқайыр орыс елшісінен ант беру алдында атақты, беделді рубасыларына қарсылық білдірмеу үшін сый-сияпатқа тарту қажет екенін ескертті. Сөйтіп, екі тұлға келіссөз тактикасын анықтап, игі жақсыларының аузын алу мен ұластыруды ақылдасып алды, қазақ қоғамының  игі жақсылары екі топқа бөлінді: бірінші, әрине, Әбілқайыр ханның жақтастары, содан кейін қарсыластары  /18/.

            Алғашқы кезде қаншама сыйлықтар тартса да, қазақ игілері бодан болмаймыз деген позицияны ұстаған еді.

            Тевкелевтің келесі саяси қадамы назар аударарлық. Ол бұл саяси кедергіні шешуге, ақылдасуға игі башқұрт жақсыларын шақырып кеңес сұрады. Башқұрт игілері ақылдаса келе, қазақ халқының текті азаматтары — Бөкенбай батыр мен оның күйеу баласы Есет батыр, Құдайназар мырзалардың тілін тауып, солар арқылы бұл мәселені шешкен жөн,- деп кеңес берді.

            Сөйтіп, көп ұзамай аталмыш тұлғалар қазақ халқын Ресей бодандығын қабылдау, алым-салық төлеу, аманат бергізуге көндіреді /14/.

            Бірақ, бұнымен шаруа бітпеді. Тарих арнасында ашу-ызасы тасыған ақсақалдар кеңеске Тевкелев мырзаны қайта шақырады. Ақсақалдар орыс елшісіне «бұнда неге келдің?»- деп бас сала тергей бастайды. Елші мән-жайды тағы да егжейлеп түсіндіре баяндайды. Әбілқайырдың орыс бодандығын қабылдау тілегін білдірген мәселе бойынша келіссөздер жүргізуге келдім дегені сол еді, ақсақалдардың ашу назары ханға ауды: «сен неге ешкіммен ақылдаспай орысқа бодан болуды өтіндің, не үшін халқыңа құлдық бұғауын кигізбек болдың?»,-десті. … Келіссөз одан әрі жалғасты. Орыс елшісі А.И. Тевкелев Ресей империясының алыптығын, күштілігін мақтай жөнелді. Ресей бодандары қалмақ, башқұрт халықтарының Ресей тарапынан ешқандай зардап шекпегенін, керісінше, оларды қолдап-қорғап отырғанын мәлімдеді. Еділ қалмақтарының, башқұрттардың, Жайық орыс-казактардың қазақ еліне шабуыл әрекеттері тоқтамайтындығын ескертті. Осы сәтте, Бөкенбай батыр Әбілқайыр ханға «сенің қалауыңмен Ресей бодандығын қабылдап, оны ант беріп бекітейін деп отырмыз»,- деп қорытындылады /3/.

            Осылайша қолдарына Құран кітап ұстаған 29 қадірменді қария ант берді. Сөйтіп, Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісі қауіп-қатерлі болғанымен, бейбіт жолмен басталды /43/.

            Қалай десек те, Әбілқайыр Ресеймен бейбіт қарым-қатынасты нығайтудың қажет екендігін білген әккі билеуші. Ол тек өзінің ғана қара басының қамын ойламаған, оның орыс патша бодандығына кіру себептерін жоғарыда айттық. Яғни, еркіндікті ту еткен ол ешқашан да өз еркімен бодандыққа бармағаны айдан анық болды. Халқын сақтап қалудан туған шаралар мәжбүрлік етті /22/.

    А.И. Макшеев, И.И. Завалишин, И.И. Крафт, А.И. Добросмылов, П.И. Рычков, сияқты авторлар Кіші жүз ханының жеке қасиеттерін мойындай келе, оның дипломатиялық іс-әрекеттеріне таң қаларлық баға береді. Зертеушілер Л. Мейер, В.Н. Витевский, М. Красовский, Ф. Лобысевич еңбектерінде Әбілқайыр саясатына жағымсыз мінездеме бере тұрса да, кейде Әбілқайыр ханның жеке қасиеттеріне қайран қалатын. Әбілқайыр хан өте ақылды азамат ретінде батыл шешімді іс-әрекеттер істей алатын. Ол өз жоспарларының сәтсіз жолдарына мойымай, өз мақсатына жетуде кез-келген мүмкіндіктерді қолдана білетін /37/.

         Жалпы алғанда, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге бас иуінде өзінің мансапқұмарлық мүддесін көздегенін де айта кету керек. Бас билікке таласқан Жәдік әулетінен тараған шыңғысзадалардан қалмауды көздеген ол, жеке мүддесімен бірге халықты апаттан сақтауды да ойлады /52/.

         Жан-жақтан қаумалаған жаулардың ортасында қалған Кіші жүз ханы Әбілқайыр бір орталыққа бағынатын Қазақ хандығын қалпына келтіруді көздеді. Ол үшін әуелі орыс бодандары — башқұрт халқының, Еділ қалмақтарының, Жайық орыс-казактарының шапқыншылықтарын тоқтату мақсатында Ресейден әскери көмек алу. Сонда барып қазақ халқының басы бірігіп, Орда тігер деп үміттенді.

 

 

 

         2.2   Әбілқайыр ханның орыс үкіметінің өкілдерімен қарым-                             қатынасы

         Көптеген ғылыми зерттеу еңбектерінде «өз халқын сатқан авантюрист Әбілқайыр хан өз билігін сақтап қалу үшін патша өкіметінің көмегіне сүйенді. Тек қана өзінің қара басының қамын ойлай отырып, ол патша өкіметінің қазақ даласындағы халыққа қарсы саясатын жүргізуші басты тірегіне айналды». Осыдан Әбілқайырды «баққұмар», «мансапқор» деп бағалағандығы кездеседі. Десек те, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың патша өкіметімен саяси   қарым-қатынастарды   соғыссыз,   тек   келіссөздер   жүгізу жолымен шешуге күш салғанын есепке алмағаны өкінішті-ақ.

         Ханның жеке саясатшылық қасиетіне таң қалушылық мінездеме берушілер де кездеседі. Олар бір дауыспен Әбілқайырдың жеке басының ақылды да айлалы билеуші екенін жар салады /3/.

   Әбілқайыр патша өкіметімен, оның өкілдерімен қатынастары қанша қиын-қиыншылықты болса да, ол тек келіссөздер жүргізе ғана шешуге тырысқан. Қазақ — орыс келіссөздер мәселелерінде хан үлкен дипломатиялық тәжірибе жинақтаған.

   XVIII ғасырдың 30 — 40-шы жылдарындағы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың орыс өкіметінің өкілдері А.И. Тевкелев, В.И. Татищев, В.А. Урусов, И.И. Неплюевпен жасасқан саяси дипломатиялық іс-әрекеттер қатынастарын суреттесек, осы кезеңдегі әр түрлі мазмұнды хаттар оған дәлел. Хаттар — шиеленіскен ахуалды келіссөзбен шешуді ұсынған пікірлері Әбілқайыр саясатының түбірін анықтайтын басты құжат ретінде.

   1731 жылы 30 сәуірде А.И. Тевкелев бастаған арнайы елшілер Кіші және Орта жүздерін бодандыққа қабылдау үшін қазақ еліне жіберілді /41/.

  Әбілқайырдың Тевкелевке жолдаған хатының бірінде, «… знатной бухарской хан Аболфеиз-хан отдался в мою волю. Брат мой хивинский хан Албас-хан отдался в мою же волю. Кочующий по реке Ходже Ченнет-Даряс Акбатур-бек в мою же волю отдался. Барак-хан, владение ево 4000, город Ташкент, Сири, Торкостан, в наших руках» /8/. Бұл хабарды орыс елшісі өз кезегінде 1731 жылдың 5 қазанында Сыртқы Істер алқасының орталығына жеткізген еді.

  Тевкелевтің қазақ жеріне келгендегі тіккен ордасы Әбілқайыр ордасына жақын орналасқан болатын. Алғашқы кезде башқұрт Таймас пен Қыдырыс елшілері арқылы хабарласып тұрды. Қазақ киімін киіп алған Тевкелев бірнеше рет жасырын түрде түнде Әбілқайыр ханмен жүздесті. Осылай жасырын кездесіп жүрген кезде Әбілқайыр хан Тевкелевке Ресей бодандығын қабылдауды басқа хан, сұлтан, старшындармен ақылдаспай, жалғыз шешкенін айтты.

   Егер де тарих алдын қарасақ, 1730 жылы қазақ қауымының Ақсақалдар жиынында жоңғарларға қарсы орыс өкіметіне әскери одақ құру туралы ұсыныс жасауды Әбілқайырға тапсырған болатын. Осы жылдың қыркүйегінде Г. Головкинге жазған хатының мазмұнына көңіл бөлсек, онда: «просьба его о подданстве является желанием всех подвластных ему казахов, в количестве 40 тысяч» /31/. Айта кету керек, жоғарыда байқағанымыздай Әбілқайыр өзіне тиесілі хандық билігін артта түсе қолданған. Мүмкін сондықтан болар ол Тевкелевке уақытша қазақ старшындарына бодандықты қабылдауға ұсыныс жасағанын жасыра тұруын сұрады. Сондай-ақ ол Тевкелевке қазақтарды асықпай біртіндеп бодандыққа қабылдауын сұрады, келіспеушіліктер туындамас үшін старшындарды сыйлықтармен сатып алу керектігін айтты.

Ендігі тұста қазақ старшындарының ашу-ызасының қаттылығы көрінеді. Кіші жүз ханымен жасырын кездесіп жүрген түндердің бірінде Тевкелевті еріп жүрген башқұрт Таймасқа Әбілқайыр хан қарсыластары жабылады. Олар Тевкелев не үшін келгенін, Әбілқайыр хан мен орыс елшісі арасында не шаруа деген сұрақтар қояды /44/.

Қайткен күнде де, 1731 жылдың 7 қазанында Тевкелев Әбілқайыр хан ордасында жиналған қазақ қауымының ортасына түседі. Онда ол қазақ еліне келу себептерін айтқаны сол еді қазақ беделділер  Әбілқайыр ханды тергей бастап, оған бұндай өкілеттілік ата заманынан жоқ екенін ескертті.

Ызаланған қазақ қауымының ішінде Әбілқайыр ханның қарсыластары Тевкелевті өлтіреміз деп қорқытты. Ол туралы Тевкелевтің вице-канцлер А. Остерманға «… үш ай бойы күнде өлім үстінде жүрдім» — деген сөз жолдарынан көреміз.

Тевкелев өзіне башқұрт Аддарбай Исекеев, Таймас Шаимов атты тағы басқа беделді тұлғаларды жинап, олардан кейінгі іс-әрекеттерді ақылдасуда кеңес сұрады. Олар бір дауыспен елге беделді Бөкенбай батырмен оның күйеу баласы Есет батыр және Құдайназар мырзалар арқылы бұл мәселені шешу болатынын айтты. Ары қарай бұл оқиғаның тарихи өрбуін алдыңғы тармақшаларда суреттеген болатынбыз. Тек бір сөз шумағы ретінде қосатынымыз екі жақтама қазақ-орыс халқының арасындағы бодандық мәселесіне өтуіне қарамастан, Әбілқайыр хан жағының позициясы үстем болды /40/.

1732 жылы қақтығыстар көрінісі қазақ даласында көрінді. Осы қақтығыстар Тевкелевке қауіп төндіре ме деген оймен Әбілқайыр хан Тевкелевке қауіп төнген жағдайда көмектесе алмайтынын айтып тезірек Ресейге кеткені дұрыс болатынын айтты. Ол өзінің орыс империясына адал екенін қоса Тевкелевке ескертті. Сондай-ақ, Ор өзенінің арнасына қала салу керек екенін, өзінің Ресей империясына адалдығын білдіру үшін ұлы Ералы сұлтан мен немере бауыры Ниязды елші ретінде жіберетінін айтты. Сөйтіп, 1732 жылдың 24 қарашасында Найзакескен жерінен ұзақ сапарға аттанды. Тевкелевті қуғынға салмауы үшін Әбілқайыр хан қасында Бөкенбай батыр мен өзге де қазақ старшындары жарты жолға дейін шығарып салды. 1733 жылы 2 қаңтарда Тевкелев Уфа қаласына келіп жетті /19/.

1734 жылы 10 ақпанда Әбілқайыр хан ұлы Ералы сұлтан Петерборға императрица Анна Иоанновнаның салтанатты қабылдауында болды.

Тевкелев елшілігінің миссиясы ойдағыдай сәтті орындалды ма? деген сұрақ төңірегінде талдау жасаған Сулейменов Б.С. «принятие казахами русского подданства, имевшее свое начало в недоразумении с обеих сторон, — как русского правительства, и киргизского (казахского) народа, не только не содействовало безопасности русских границ и торгового движения, но в связи с некоторыми неудачными мерами администрации, отдалило слишком — на целое столетие — прочное утверждение наше в Киргизской степи»  /51/ Л. Мейер, Р. Лобысевич және тағы басқалары Тевкелев өз миссиясын орындамады деп санайды.

Ғалымдар А.И. Макшеев, М. Красовский атты басқа да зерттеушілер «хотя казахи и приняли российское подданство, они по-прежнему оставались независимыми, не платили податей и не несли никаких обязанностей в отношении России»/7/.

Жалпы, Тевкелев елшілігін саралай келе қазақ-орыс қатынастарының дамуына үлкен үлес қосты дей аламыз. Себебі, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ізінен алғашқы кездерде мойынсұнбаса да Орта жүз, Ұлы жүз жүрді. Оған дәлел, императрицаның Еділ бойы қалмақтарына, башқұрттарға, Жайық орыс-казактарына қазақ халқының иеліктеріне шабуыл жасауына тиым салуы жөніндегі Жарлығы /8/.

   1731 жылғы Актінің құқықтық маңыздылығы мынада еді, жоңғарлармен қоса Еділ бойы қалмақтарға, Жайық казактарға, башқұрттарға орыс өкіметінің тарапынан арнайы елшіліктер арқылы қазақ халқына шапқыншылық жасауға тиым салынды. Елшілік қазақ халқы орыс бодандығында деп қорғады. Егер Бөкенбай батырдың сөзін мысал ретінде қолдансақ «Теперь киргиз-кайсацкая орда в такой защите — ни с какой стороны им опасности нет и живут во всяком покое, как в пазухе.» Бұндай мысалға алдыңғы тармақшада жазылып кеткен Бопай ханымшаның және өзге де қазақ қоғам қайраткерлерінің сөздерін алсақ болады /4/.

Қазақстанның Ресей еліне қосылу жолының маңыздылығы көп жылдар бойы әр түрлі көзқараспен сараланып келуде. Яғни, бұл мәселе өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

1748 жылдың жазында Бопай ханымның айтқан сөзі, қазақ халқы Ресей елінің боданы болғаны біріншіден, тыныш өмір, екіншіден, ешқандай лапылдаған жаудан әскери шапқыншылық іс-әрекеттерін көрген жоқ. Және 1749 жылдың 13 шілдесінде Орынборда Неплюев қабылдауында болған Қаратоқа (Каратука) би сөзіне мән берсек, «приведением в подданство … торгом свободно пользуются и чрез то ни в чем нужды не имеют и желают, дабы оной здесь и впредь так свободно происходил, чтоб не токмо самим им, киргиз-кайсакам, но и женам их безопасно было приезжать и отъезжать, как-де то и чинится».

А.И. Тевкелев, В.Н. Татищев, ВА Урусов, И.И. Неплюев қазақ хандарынан қоғам істеріне әсер ете алатын біліктілік, адал қызмет атқару, бір сөзбен патша өкіметінің мүддесіне қызмет ету қасиеттерін жоғары бағалады.

В.Н. Витевский Кирилловтың, Татищевтың және де Урусовтың қызметін сүйіспеншілікпен бағалады /5/.

I Петр патшаның ой-арманын лебіздеп И. К. Кириллов сауда жолын қазақ даласы арқылы Ортаазиялық және шығыс сауда орталықтарына байланыс салғысы келді. Ол орыс керуендерінің жүру барысындағы транзиттік пункттерді көбейткісі келді. Ол жоспар-жобасында мемлекетке пайдалы болатын бағдарламаны мақсаттады. Бұл жоба 1734 жылдың көктемінде бекітілді. Орыс өкіметінің тарапынан оған келесі нақты айқындалған жазба бұйрық берді. Оның бірі Ор өзенінің бойында қала салу тапсырылды.

1734 жылы Ұлы жүз де Ресей бодандығын қабылдайды. Дәл осы жылдың 1 мамырында Орынбор экспедициясы, яғни «қырғыз-қайсақ экспедициясы» құрылды. Ол алдына өте үлкен мақсаттар қойды. Қалалар мен бекіністер салу, Орта Азия мемлекеттерімен сауда байланыстарын орнатудан басқа жаңа қосылған өлкенің экономикалық жағдайын, тарихын, географиясын зерттеп картографиялық сызбасын жасау. Экспедиция бастығы болып И.К. Кириллов, ал оның көмекшісі А.И. Тевкелев тағайындалды. Осы жылдың 18 мамырында Ор бекінісі бойынша 41 пункттан тұратын ерекше нұсқау берілді /16/.

Бірақ, 1737 жылдың 14 сәуірінде И.К. Кириллов қайтыс болғаннан кейін патша жарлығымен Орынбор экспедициясы Орынбор комиссиясы болып қайта құрылды. Оның бастығы В.Н. Татищев тағайындалды /39/. В.Н. Татищевтің негізі міндеті И.К. Кирилловтың бастаған ісін жалғастыру, соның бірі Кіші жүз қазақтарын қадағалау. Осыған байланысты 1738 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырды съезге шақырды. Оның себебі, сол кезде жүріп жатқан башқұрт халқының көтерілісі. Башқұрт халқын қолдап кете ме деген қауіптен орыс өкіметі сескенген болатын. Башқұрт көтерілісін Әбілқайыр қолдаса, істің насырға шабатынына көздері жетті. Бұл тарихи оқиғаны алдыңғы тарауда талдағандықтан, қорыта айтқанда Әбілқайыр ханға екінші рет ант бергізу керек болды  /22/.

Бұдан басқа съезге шақыру себебі болып Кіші жүзбен Орта жүздің қалмақтармен әскери қақтығысы. Әбілқайырдың бұл жорығында көптеген тұтқындар қолға түсті. Осыны шешу барысында Татищев орыс өкіметінің қаулысына сәйкес Әбілқайырдан, Әбілмәмбеттен және Абылайдан тұтқындарды қайтаруды талап етті. Бұл съезде Орта жүз әміршілері Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Ресей бодандығын қабылдау керек еді. Бірақ-та екі аталмыш тұлға да съезге келмеді /53/.

Орыс өкілі Татищев кезінде Ресей империясы Әбілқайыр ханнан Ресей сауда керуендерін қорғауын сұраған еді. Әбілқайыр хан бұл ұсыныстың оған біршама пайда әкелетінін түсініп, 1738 жылдың тамызында Татищев арқылы Анна Иоанновнаға өзінің көмегін көрсетуге дайын екенін білдірді. 1738 жылы 3-4 тамызда Әбілқайыр хан бастаған 15 адам, Нұралы сұлтан 100 адам Орынбор қаласына келді, оларды В.Н. Татищев күтіп алды /6/

Сауда саласында әртүрлі қиянат етуімен айыпталған Татищев бұл қызметтен босатылды. Оның орнына 1739 жылдың маусымында В.А. Урусов тағайындалды.

1739 жылы 22 қазанда Урусов Ресей империясының Сыртқы Істер алқасының орталығына, оған 17 қазан айында қазақ Байдаулетпен, татар Сарысахай, прапорщик Этыгеровтан (Орта жүзге Ресей империясынан жіберілген тыңшы) және Орта жүздің атақты батыры Жәнібектен (Әбілқайыр ханның күйеу баласы) хат алып келгенін жеткізді. Жәнібек өз жолдауында Қара теңіз (Жайыққа жақын жер) аудандарына қоныс аударуға рұқсат сұрады. Рұқсат сұрау себебін, Жайық қаласына сауда жүргізуге ыңғайлы болатынымен түсіндірді. Урусов бұған сенімсіздікпен қарады. Сақтықпен қараған ол, бұл жерде басқа ой бар деп ойлады. Бірақ, жоқ деп те айта алмады, себебі патша қарсыластарын көбейтіп аламын ба деп қауіптенді. Алайда, Урусов Жәнібекке белгілі бір мөлшерде Жайық өзенінің бойында сауда жасауға рұқсат етеді.

Урусов қазақтардың Жайық иелігіне қарай қоныстану себебінің мәліметін анықтауды прапорщик Этыгеровқа және Жайықта қызмет істейтін майор Дурасовқа әскерін әркез сақтықпен ұстап отыруын бұйырды. Урусов Дурасовқа қазақтарға қатал үстемдік етпей, алдап, Жайық жеріне жібермеу керектігін айтты /3/.

  • жылы қазақ даласында қолға түскен орыс тұтқындарын
    қайтару жұмысы бойынша Кіші жүздегі Әбілқайыр ханның ісі үлкен үлгі
    болды. Ол геодезист Шишков арқылы орыс тұтқындарының көбін
    қайтарды. Дәл осы жылы Қазан саудагерлерінен тауар ұрланады    Ресей    делегациясы ұрланған тауарлардың қайтарылуын немесе оны компенсациялауды талап етті. Қазақ елшілері тоналған керуендер Ұлы жүз территориясында екенін айтты. Әбілқайыр хан Орынборға жүрер алдында Ұлы жүзге хат жазып, тоналған тауарлардың қайтарылуын талап етті. Дәл осындай іс-әрекеттерді Жәнібек батыр жасап, егер тоналған тауар қайтарылмаса,соғыс ашып, шауып кететінін ескертті. Урусов бұндай іс-әрекеттерге риза болды, бірақ күш көрсетпеуді сұрады. Урусов ұрының біреуін
    ұстап, тұтқынға алу керектігін айтты.Солар арқылы тонаушылардың басшысын ұстау үшін пайдаланбақ болды. Бұған қазақ өкілдері келісті /51/.
  • жылы 19 тамызда Орынборға Кіші жүз сұлтандары Нұралы
    мен Ералы 74 старшындармен бірге келді. Әбілқайыр жол сапарының
    ұзақтығын және денсаулығының ауырлығын сылтаулатып, съезге келмеді. Шын мәнінде, ол жауласып жүрген Әбілмәмбет ханмен
    бетке-бет кездескісі келмеді /41/.

  Нұралы және Ералы сұлтан Урусов қабылдауында сауда-саттық керуендері туралы, торғауыттармен әскери қақтығыстары туралы және тұтқындарды қайтару туралы келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында олар әкесінің Сырдария бойында бекініске ие болғысы келетінін айтты. Бұл жиында кейбір Кіші жүз старшындері бодандық антын берді. Урусовтың мәліметі бойынша, 1740 жылы 180 адам ант беріпті /14/.

  Әбілқайыр хан өтініші бойынша Сырдария бойындағы ежелгі астана Жаркент қаласын қалпына келтіру мәселесі қозғалды. Хан бұл қаланы өзінің резиденциясы етейін деген еді. Осы мәселе бойынша Әбілқайыр орыс әкімшілігінен құрылыс инженерлерді жіберуі туралы өтініш жасайды /37/.

   Еске түсірсек, Орынбор қаласы Кіші жүз жерін басқаратын Ресей патша өкіметінің ірі әкімшілік басқару орталығы болған. Орынбор губернаторы И.И. Неплюев қызметінің негізгі мақсаты патшалы Ресейдің отарлық саясатын іс жүзіне асыруда қазақ жеріне шекаралық бекіністер салу болды. Ресейдің бұл бекіністерді салудағы ниеті біртіндеп қазақ даласын зерттеп, өзінің отарлық саясатын ішке қарай енгізу еді /22/.

   Осы орайда, Кіші жүз ханы Әбілқайыр да өз кезегінде патша өкіметінің көмегін пайдаланып, өз хандығын күшейте беру жағын қарастырды. Өзінің сыртқы жауларынан қауіпсіздігін сақтауды және Сырдария бойындағы қоныстарды иемдену мақсатын көздеген ол, Арал теңізінің бойында қамал тәріздес қала салу ұсынысын орыс патшасына жасай бастады. Бірақ, 1742 жылы барған Кіші жүз елшілігіне, император Елизаветаның «әзірше сауда-саттық қатынасқа Орынбор қаласы да жетеді» — деген жауап қайтарды /44/.

   ХVІІ-ХІІІ ғасыр аралығындағы Қазақстанның ірі мемлекет қайраткерлерінің бірі — Әбілқайырдың орыс патша өкілдерінің ішінде ең кикілжіңді қарым-қатынас жасасқан И.И. Неплюев арасындағы қарым-қатынастың саяси қырларына көз салайық. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың соңғы өмір жылдары осы түлғамен тығыз байланысты. Хан ажалына аталмыш тұлғаның қатысы бар деген де негіз бар.

   Орыс патшасының А.И. Тевкелев, И.К. Кириллов, В.Н. Татищев, В.А. Урусов атты сынды өкілдерімен жетік тіл табыса алған Әбілқайыр И.И. Неплюевпен бір ортақ саяси келісім жасай алмады.

   Кіші жүз ханы, көшпелі қоғамда орталықтандырылған басқару жүйесін құру, қазақтың үш жүз билігін қол астына біріктіру жолындағы іс-әрекеттеріне орыс патша өкіметінен қолдау алғысы келді. Бірақ Әбілқайырдың бұл әрекеті И.И. Неплюев тарапынан қарсылыққа душар болды. И.И. Неплюев қазақ жүздеріндегі билік құрылымдарын алып тастауға, соның ішінде Әбілқайыр ханға қатысты жеке билігінің күшеюіне қарсы тұрды. Жалпы ол, Әбілқайыр ханның билігін шектеуді көздеді. Оның ойынша, «дәстүрлі хан сайлау ісі қазіргі кезде пайдасыз, қырғыз-қайсақ хандары билікті қазақ халқының еркімен емес, Ұлы орыс патшайымның рұқсатымен алынсын»- деген пікірде болды. Егер А.И. Тевкелев оның қазақ даласындағы хан билігін нығайту жолындағы талпыныстарын қолдаса, онда И.И. Неплюев Әбілқайырдай ақылды, беделді тұлға қолындағы хан билігінің күшін Ресей империясының мүддесіне қарай қайшы келеді деп санады /5/.

Кіші жүз ханы Әбілқайырдың И.И. Неплюев кезеңінде орыс өкіметімен қатынастары нашарлаған тәрізді. Себебі, орыс патша өкіметі    орыс    емес    халықтардың барлығында «бірыңғай, орталықтандырылған мемлекеттілік» ұғымын жоюды көздеді. Ол патша құзырындағы халықтарды жуасытып ұстаудың өзіндік жоспарын ұсынды /16/. И.И. Неплюевтің ойынша, 1743 жылдың 19 сәуірінде қаланған Орынбор бекінісі дала өлкесін игерудің тірегі болуы тиіс еді.

Өзінің Орынборға келуін И.И. Неплюев Кіші жүз ханы Әбілқайырмен кездесуден бастады. И.И. Неплюевпен жүздесуге Әбілқайыр қасына жоңғар елшілерін, ұлы Ералы сұлтанды және Жәнібек батырды ертіп келді. Әбілқайыр Неплюевке саяси жағдайды баяндап, көмек сұрады. Бұл келіссөздер кезінде Әбілқайыр хандығының жоңғар халқымен, Еділ қалмақтарымен қарым-қатынастары, қазақ даласындағы орыс, башқұрт тұтқындарымен алмасу, Орынборды көшірудің сауда салдары, дала арасындағы тыныштық, ханға әскери көмек көрсету тағы басқа да мәселелер талқыланды. Осы кездесу барысында Кіші жүз ханы аманаттағы ұлы Қожахмет сұлтанның орнына басқа ұлы Шыңғысты анасымен қосып алмастыру ниетін мәлімдеді. Алайда, Шыңғыс ханша ұрпағынан емес, қалмақ әйелінен туған ұлы деген себепті сілтеп, Неплюев мұндай іске бара алмайтынын айтып жалтарды. Бұл жауапқа ашуланған хан, «мен орыс патша өкіметіне өз қалауыммен бодан болғанмын, ал ұлдарымды тұтқынға емес, патша қызметіне бергенмін»,- деп батыл наразылығын білдірді /43/. Осы уақыттан бастап Неплюев пен Әбілқайыр арасында бітіспес жаулық басталды. Оларды татуластырушы тұлға Тевкелевтің куәлік етуінше бұл жаулықтан өте көп қиыншылық туды. Орыс өкілі жоғарыда айтылған мәселе бойынша «Әбілқайырдың Бопай ханшадан туған ұлының бірі болуы керек» деген пікірде болды..

Әбілқайыр орыс патша өкіметі өкілдерінің ішінде ерекше сеніммен қарайтын досы Астрахан губернаторы В.И. Татищев. 1743 жылдың 3-ші қыркүйекте императрица Елизаветаға И.И. Неплюевтің іс-әрекетіне шағымдану негізінде жазған ханның шағын хатынан үзінді келтірсек, «… Қожахметті қайтаруға көмек берсеңіз, … риза болар едім».

Муравин Әбілқайыр ордасында болған кезінде, өзінің жазбаларында жазылып алынған мәліметтердің бірінде, хан оған: «В.И. Татищевпен де, В.А. Урусовпен де дос болғанын айтты. Сонымен қоса, қазіргі Орынбор комиссиясының бас командирі И.И. Неплюевтің сөзі өтірік, өйткені, балаңды алмастыру жөнінде кейін хабар берем деген уәдесін орындаған жоқ», — деген сөз жолдары бар /12/.

И.И. Неплюевпен бірнеше рет кездескен Әбілқайыр қазақ халқының бірыңғай мемлекеттілігін нығайтып, өз билігін бүкіл қазақ халқына жүргізуде Ресей тарапынан ешқандай көмек ала алмайтындығына  көз  жеткен  секілді.  Аманаттағы Қожахметті Шыңғыспен алмастырудан бас тартуы және өзге де хан тілегінің орындалмауы Кіші жүз ханының Неплюевті жек көруіне әкелді. Әбілқайыр көзіне ашықтан-ашық сенбеушілік, оның нәтижесінде ар-намысының қорлауын көрді /16/.

Осындай саяси жағдайлар Әбілқайырдың орыс империясына қарсы әрекеттер жасауына себеп болды. Бұл әрекеттер әуелі жылқы айдап кетуден басталып, кейін кісі өліміне жалғасты. 1743 жылы И.И. Неплюев Орта және Кіші жүздегі саяси жағдайлар туралы Сыртқы істер алқасына жолдаған хатында, «орыс бекіністеріне шабуыл жасаған қазақтардың жетекшісі Әбілқайыр ханның нағыз әйелінің туған ағасы Дербісәлі сұлтан» деген /23/.

Әбілқайыр хан патша өкіметіне қарсы теріс іс-әрекет қимылдар істегеніне қарамастан адал берілгендігін мәлімдейді. Ол «қазақ халқы менің айтқаныма көнбей, бас көтеруде» — деген позицияны ұстайды. И.И. Неплюев бұл Әбілқайырдың саяси қулығын жақсы түсінді. Өйткені, Кіші жүз ханы орыс өкілді өзінің адалдығына сендіре отырып, баласын күштеп тартып алуды ойластырды. Бірақ, ханның бұл ойы сәтсіз болды.

1744 жылдың жаз айында Әбілқайыр өзінің қастандық әрекеттерін жиілете берді. Аманаттағы ұлы Қожахметке хан қашып шығу жолдарын қарастыруы туралы айтты. Ресей патшасының бодандығын қабылдаған қарақалпақтарға Сыртқы істер алқасының грамотасын апаруға аттанған Гладышевті ұстап алды, онымен бірге келе жатқан қарақалпақтарды тонады /2/.

Бұл тарихи оқиғалардан кейін Кіші жүз ханы мен орыс патша өкіметі арасында қалыптасқан қарама-қайшылық бұрынғыдан да қиындай түсті. И.И. Неплюев патша өкіметінің ықпалын нығайту мақсатында қазақ халқының ішкі және сыртқы саяси жағдайының қиыншылықтарын пайдалануымен қоса, Әбілқайырды саяси сахнадан ығыстырып алып тастау мүмкіншілігін де ойлады. Ол Әбілқайырды патша өкіметіне түгелдей тәуелді ету үшін, хан беделін басқа қазақ билеушілерінің алдында саяси жағынан төмендететін мүмкіншіліктердің бәрін қолданды /22/.

Негізінен, Қожахмет сұлтанды қайтарудан бас тарта И.И. Неплюев қазақ билеушілеріне Әбілқайырдың саяси ықпал жасауда әлсіздігін дәлелдегендей болды. Бірақ, Әбілқайыр қазақ халқының, жұртының алдында өз беделін көтеру үшін, ұлын қайтаруға бар күш-жігерін сала жанталасты.

Қожахметтің Сорочинск бекінісінен қашуға талпынысы сәтсіз болғаннан кейін 1744 жылы 16 желтоқсанда Петерборға әкетті, содан соң Қазанға көшірді. Бұл жағдай Кіші жүз ханы Әбілқайырды қатты ашуландырды.

1746 жылдың 13-ші ақпанында Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз қазақтары Жайық қамалдар бар тұстан өте алмағандықтан Еділ қалмақтарына Гурьев (Атырау) қалашығынан төмен, теңіз мұзының үстімен өтіп қалмақтарға тұтқиылдан тап берді. Красно Яр тұрғындарын тонап, малдарын айдап кетті. Дәл осы жылдың 18-ші ақпанында Енотаев бекінісінен шыққан астық және жем тиген керуенге Черно Яр түбінде тағы да шабуыл жасады. Жылдан жылға шекарадағы жағдай қиындай берді. Бұл тұста, бәрінен бұрын патша өкіметін ашуландырған жай — орыс тұрғындарының тұтқынға алынуы. 1742 — 1748 жылдар аралығында қазақ әскерінің қолында 1182 орыс тұтқындары болған /51/.

Орыс өкіметі де Әбілқайыр хан саясатына қарсы іс-әрекеттер қолданды. 1747 жылдың 11-ші мамырында Еділ және Жайық арасындағы кең даланы жыл сайын күзде жаппай өртеу туралы Жарлыққа қол қойды 1747 жылдың 21-ші шілдесінде Сенаттың құпия жарлығына сәйкес қазақтарға кез-келген қаруды, оқты, жалпы қару-құралдарын сатуға қатал тиым салды /22/.

Әбілқайырдың Сыртқы Істер алқасына жазған хаттарының бірінде, «… Орынбор бекінісі біз үшін салынған еді, онда менің үйім болуы керек еді, бірақ Неплюев мырза қазір онда мен тұғылы менің балама қамқорлық көрсетпейді»,- деп жазды. Бұл шағын ғана хатта негізгі реніштерін болып жатқан өмір шындығымен шебер байланыстырып, көрсете білуі Әбілқайыр ханның терең ойлы саясатшылық қасиеттерін айқындай түседі.

Өзге халықтарды бір-біріне қарсы қойып, бір-бірінің күшімен тыныштандыру саясатын шебер меңгерген И.И. Неплюев қалмақтарды башқұрттарға, башқұрттарды қазақтарға жаулатып, олардың арасында жаулық отын жаққан. Бұл жаулық отын жаққанының нәтижесінде олар Ресей үшін мүлдем қауіпсіз еді. Неплюев ниеттерінің бірі, қазақ халқының бір-екі ұлысын бесіктегі баласына дейін қырып, басқаларына үлгі көрсету ретінде қолдану еді.

Әбілқайырдың саяси дұшпандары ханның қазақ хандығын қайта жаңғырту қызметіне қарсы шықты. Олармен күресте хан анағұрлым батыл саясат жүргізу бағытына көшті. Осы істе, ол патша өкіметінің көмегіне сүйенді. Әбілқайырдың ойынша, қазақ қоғамындағы өзінің саяси дұшпандарынан құтылудың негізгі құралы, оларды саяси басқару ісіне араластырмау. Мұндай шаралар ханды күшейтетінін Неплюев дер кезінде аша біліп, жақсы түсінді. Түсінгендіктен болар, ханның бұндай өтініштерін жасаудан талай рет бас тартқан /43/.

         Ресей Сібір арқылы Қиыр шығысқа жетіп алғысы келгені бізге мәлім. Балтық теңізі мен Қара теңіз маңындағы өзге елдер арасындағы мәселелерді еркін шешкен Ресей елі Орта Азияның байлығы, Азия елдері мен жеріне кірудің кілті қазақ елі деп білген. Сөйтіп, бұл саясатқа іргелес жатқан Қазақстан мен Орта Азияны пайдалануды да ойлағаны белгілі. Патша өкіметінің мақсаты — құрғақ уәде беру арқылы Әбілқайырды тәуелділікте ұстау болса, ханның мақсаты — өз талаптарын орындатып, қазақ хандығының бытыраңқылығын жойып, қазақ халқының дербес өмір сүруін қамтамасыз ету.

Әбілқайыр Неплюевтің жәрдем бермегеніне қатты наразы болды. Бұл кезең Әбілқайырдың аталмыш тұлғамен қатынасының өте қатты нашарлаған кезеңі еді. Ол өзінің саяси ықпал жасау әдістерінің бірінде, «орыс шекарасынан қашықтап, Түркістан қаласы жағына көшіп те кетуім мүмкін»- деген. Бұл сөздің түбі — Ресей саясатының қыры мен сырын терең түсінген мемлекет қайраткерінің нақты есебі. Себебі, осы кезең Әбілқайырдың жоңғарлармен құдалық байланыс орнатуына да сай келді. Осы екі жүзділік   істері үшін И.И. Неплюев Әбілқайырды «интригант» деп те атаған. Өйткені, жоңғар билеушісі Әбілқайыр ханның ата-бабалары басқарған Түркістан, Сайрам қалаларын қайтарса, хан оған салық төлеп, аманат берем деген сөзі бар. Тарих арнасында, аталмыш кезенде Әбілқайыр ханның тағы келесі іс-әрекеттері кездеседі, Хиуа хандығының солтүстік аудандары Бишқалы қамалы, Үргеніш қаласымен сауда-саттық жасауға рұқсатты Нәдір шахтан сұрайды. Аталған мәліметтер бойынша, И.И. Неплюев 1747 жылы Сыртқы Істер алқасына оның шахтың немесе жоңғар билеушісінің қол астына кіруі мүмкін екендігін мәлімдеген. Әбілқайырдың Хиуадағы қоныстарды иемдену мақсатында шахпен байланыс жасауы патша өкіметін аз толғандырған жоқ. Себебі, біріккен жағдайда Әбілқайырдың күшейіп кету мүмкіндігі патшаны қатты қауіптендірді. Бірақ, 1747 жылы Нәдір шах өлгеннен кейін, Хиуаның ханы болып Қайып ханның тұқымы Батыр сұлтанның баласы II Қайып отырды. Бұл жағдай, Кіші жүз ханы Әбілқайыр үшін Хиуа қалаларымен сауда-саттықты күшейту мақсаты жүзеге аспады /44/.

Осындай тарихи ақиқаттарда, Әбілқайыр хан басқарған Кіші жүз халқының ішкі және сыртқы саяси жағдайы әлсіреп, қайтадан Ресеймен жақындасуға мәжбүр еткізді. Бұл тұрғыда, патша өкіметінің де өз мүдделері болды. Олар, ханмен қарым-қатынасты біржолата тоқтата алмады. Себебі, қазақ халқының жері арқылы Шығыс елдерімен жасалатын саудаға қолайсыз әсер тигізетін.

Айлакер хан, өзінің орыс өкіметіне адал берілгендігін көрсетуге тырысқан. Оған дәлел, ол жазған хатында: «… сіздерге пайдасы тиетін адамдардың көңілінен шығу жағы жоқ сияқты. Менің бұрынғы жазған хаттарым бойынша ештеңе істелінген жоқ. Ал, бұл мені бүкіл халқымның алдында ұятқа қалдырды. Ұлымның Тевкелев мырзамен келе жатқанына екі жыл болды. Орыс патшайымының жарлығында, «барлық іс генералмен келісіліп шешіледі»- деген, ал сіз бірде-бір істі шешпедіңіз. Егер, менің сіздерге қажеттігім жоқ болса, онда сіздер де маған қажет емессіздер. Мен бұдан былай Тобылдың жоғарғы жағымен Жайыққа дейінгі жерлерді күзете алмаймын. Керек болса өзіңіз күзетіңіз»,- деген үрейлі сөз жолдар кездеседі. Бұл хаттан, хан ойының өктем ырғақпен жазылғандығы байқалады. Хаттың И.И. Неплюевке әсер еткені соншалықты, ол барлық бекіністерге сақтықты күшейту туралы ордер жіберді /2/. Оның ішінде Жайық әскери бөліміне ерекше жарлық берді.     Ашулы ханның ызалы хатынан біршама сескенген Неплюев Әбілқайырға барынша жұмсақ көзқараспен карап, жауап беруге тырыскандығы соншалықты, Сыртқы Істер алқасына Тевкелевті Кіші жүз ханына жіберу керек туралы өз пікірін білдірді. Тевкелев Сыртқы істер алқасына шақырылып, қайтадан патша өкіметінің мүддесіне орнықты іс-әрекеттер туралы арнайы нұсқау алды. Ханмен татуласу мақсатында, бұл жолында ханның пайдасына шешілетін, көңілінен шығатын кейбір маңызды қадамдар жасау көзделді. Соның ішінде, егер де хан қырсығып келіспеген жағдайда Қожахметтің орнына аманатқа Бопай ханшаның ұлы емес, ханның Цайроши деген калмақ әйелінен туған ұлы Шыңғысты аманатқа алмастыратынын айту. Бірақ, бұл өтпелі тарихи оқиғаларында ханның шабуыл әрекеттерінен әбден қажыған орыс өкіметі осыдан 2-3 ай бұрын Қожахметті еліне қайтару туралы бұйрық шығарған болатын /29/.

Сонымен, А.И. Тевкелев Кіші жүз ханының Орынбор әкімшілігімен арақатынасын шешу мәселесімен, 1748 жылдың маусым айында Әбілқайырмен Орск қаласында келіссөздер жүргізді. Кіші жүз ханы бұл кездесуге дейін көптеген мәселелерді қазақ қоғамының беделді ақсүйектерімен кеңесіп шешуге тырысқан. Олар қарастырылған мәселелер — шекарадағы қамалдарға жасалатын шабуылдарды тоқтату, патша өкіметімен келісе отырып Әбілқайыр ханның Қожахмет баласының орнына басқа бір баласымен алмастыру және тағы басқа мәселелер. Осы кеңесте, Әбілқайыр Ресей бодандығын қабылдағалы қазақ халқы біраз болса да тыныш өмір сүргенін айтты. Өз бетімен жүрген қазақ қауымының кейбір мүшелерін сынға алды. Сөз соңында, Бопай Әбілқайырдың орыс бодандығына өтуін, балаларын аманатқа беруін тек жеке басының мүддесі емесекенін атап өтеді. «Аң екеш аң да баласын аяйды, басқалар сияқгы, бізде балаларымызды қимаймыз. Әбілқайыр балаларын аманатқа өзіне сенбей беріп отырған жоқ, өзге қырғыз-қайсақ халқының тұрақсыздығынан беріп отыр».

Әбілқайыр ханның адал жары Бопай қазақ қоғамында ханның жеке билігінің орнығып тұрақтануы мен беделінің артуына аз күш-жігерін салмағаны бізге мәлім. Хан да, оның өмірлік жары да хан билігі нығаймай, қазақ халқын бір уысқа ұстау мүмкін емес деген пікірде болды. Орыс-казактарымен, Еділ қалмақтарымен, башқұрттармен бейбіт қарым-қатынаста болу болсын, сауда керуендерін дамыту болсын, Елек өзеңі бойында қала салдыру болсын барлығы да хан өкілеттігі мен билігінің арта түсуімен байланысты екенін екеуі де жақсы ұқты.

Жиын нәтижесі күтерліктей қорытынды шешімге келді, жиналған қауым өздерінің ханға бағынатынын білдірді. Әбілқайырдың ең үлкен саяси мақсаты орындалды, бұл хан жеңісі еді /53/.

Сөйтіп, бір ызаланып көтерілген Әбілқайыр ашуын саяси пайдалы жағына қарай пайдаланды. Нәтижесі — Кіші жүз бен Ресей арасындағы саяси қарым-қатынастардың жақсару мүмкіндіктеріне алып келді.

Алайда, Тевкелевтің И.И. Неплюев пен Кіші жүз ханы Әбілқайырды татуластыру әрекеттерінен ештеңе шықпады. Неплюевпен ынтымақтастыққа Әбілқайыр тек қазақ халқын хан билігінің астына біріктіруге толық көмек көрсеткенде ғана келетінін білдірді /8/.

Арада, Неплюев пен Әбілқайыр арасындағы қарсылықтар тоқталмады. Неплюев Сыртқы Істер алқасына Әбілқайыр өкілеттілігіндегі хан билігін күшпен айыру керектігі жөнінде жазбаша рұқсат сұрады. 1747 жылдың 1-ші маусымында «бұл мәселе орынсыз қырғыз-қайсақ халқында хан сайлау әдет-ғұрпы жалпы халықтық сайлау қорытындысымен жүзеге асырылады, патша өкіметі бұған араласа алмайды»,- дейді. Қайткен күнде де Сыртқы Істер алқасы Неплюев ұсыныстарына оң жауап бермеді. Осындай жағдайлардан соң И.И. Неплюев, кейін хан ажалына себепкер болған Барақ сұлтанды өз қарауына жақындата бастады. Барақ, орыс өкілінің көзіне Әбілқайырдың жеке беделі мен саяси ықпалын жоятын тұлға ретінде көрінді. Орыс өкілі кейіннен өз дегеніне жетіп, ақыры Әбілқайырды саяси сахнадан ығыстырды. Оның қанын осы Барақ сұлтанның мойнына жүктеді. Патша өкіметінің ойыншығына айналған Барақ сұлтанның бұл қылмысы қазақ даласының бетке ұстарларынан қолдау таппады. Қайта барлық қазақ халқы, қадір тұтатын, аты аңызға айналған Абылай, Төле би мен Қазыбек би, Жәнібек тархан, Қабанбай батыр, сондай-ақ Орта жүздің беделді билері Өтембай мен Шөрек Бопай ханшаға Барақты ұстап беруге әзір екеңдіктерін айтты. Кіші жүз ханын саясат сахнасынан опасыздықпен ығыстырған Барақ сұлтанның да кейінгі тағдыры айтарлықтай оңай болмаған. Тек айтылған деректерге қосатынымыз, Барақ Әбілқайырды орысшылдығы немесе сатқындығы үшін емес, өзінің жеке басының мүдделерін көздеп бұл іске барғандығын айта аламыз /46/.

Жалпы негізінен, Неплюевтің ойы, Әбілқайыр хан мен Барақ сұлтанның жауласуы патша өкіметінің Қазақстандағы саяси ықпалын күшейтіп, қазақ хандығын іштей әлсіретуге соғатын факторлардың бірі ретінде санады.

Неплюевтің түпкі ойы, мақсаты — қазақ қоғамының бір орталыққа бағынатын хандықтың болмауы.

   Орыс өкілі мен қазақ ханы арасындағы қайшылықтың басты себебі, аманаттағы ұлының қайтарылмауы деген пікір тарих тұрғысынан бір жақты болар. Ол тек жанама себептердің бірі ғана дей аламыз. Оның бұл ісі ізсіз қалған жоқ, Қожахметті басқа ұлы Айшуақпен алмастырды. Орыс патша өкілдерінің ішінен хан Тевкелевпен әрқашан да достық қатынаста болды. Әбілқайырдың жеке хан билігін нығайту ойларын өз жазбаларында Тевкелев те қолдады /53/.

    Әбілқайыр хан өте ақылды азамат ретінде батыл шешімді іс-әрекеттер істей алатын. Ол өз жоспарларының сәтсіз жолдарына мойымай, өз мақсатына жетуде кез-келген мүмкіндіктерді қолдана білетін /17/.

         Жалпы алғанда, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге бас иуінде өзінің мансапқұмарлық мүддесін көздегенін де айта кету керек. Бас билікке таласқан Жәдік әулетінен тараған шыңғысзадалардан қалмауды көздеген ол жеке мүддесімен бірге халықты апаттан сақтауды да ойлады.

         Жан-жақтан қаумалаған жаулардың ортасында қалған Кіші жүз ханы Әбілқайыр бір орталыққа бағынатын қазақ хандығын қалпына келтіруді көздеді. Ол үшін әуелі орыс бодандары — башқұрт халқының, Еділ қалмақтарының, Жайық орыс-казактарының шапқыншылықтарын тоқтату мақсатында Ресейден әскери көмек алу. Сонда барып қазақ халқының басы бірігіп, Орда тігер деп үміттенді

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

     Әбілқайыр ханның мемлекет қайраткері ретіндегі қызметінің табиғатын ашу мақсатында автор төмендегідей тұжырымдарға келді:

          Әбілқайыр хан өмір сүрген заманда қазақ қоғамының саяси
жағдайы аса қиын хал-ахуалда болды. Көршілес елдердің қазақ халқының жеріне көз салуы қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси жағдайының   әлсіреуіне   ыкпал   еткен   еді.   Қазақтардың   көрші жұрттармен  қатынастары  шиеленісіп,  олардың арасында әскери соқтығысулар жиіледі. Қазақ қоғамына жан-жағынан қауіп төніп, үлкен  қатер  алдында  тұрды.   Еділ  қалмақтары,  Жайық  орыс-
казактары, башқұрттар мен жоңғарлар жан-жақтан анталап, қазақ
жеріне шабуыл жасауларын үдете түскен еді.

           Қан майдан шайқастарға толы заманда өзінің жеке әскери дарындылығы   мен   қолбасшылық   шеберлігімен   көзге   түскен Әбілқайыр осы кезеңде қазақ хандары мен сұлтандарының әскери шерулеріне жастайыннан белсене қатысқан жауынгер еді. Он алты-он жеті жасынан орда бұзып жауға шапқан жас сұлтан Кіші жүз ханы атанып, бүкіл қазақ халқының әскери жасағының Бас қолбасшысы дәрежесіне көтерілді.

           Әбілқайырда қазақ даласының көшбасшылық тұлғасына тән қасиеттің барлығы үйлесті. Ханның есімі қазақ даласына тез арада әйгілі болды. 1710 жылы Қарақұм құрылтайында, 1726 жылы Ордабасындағы ұлы жиында   батырлық  пен  биліктің  үндестігін   іске   асыра   алған Әбілқайырға билер бастаған топтың назары бекерден-бекер ауған жоқ. Жастығына қарамастан    Әбілқайыр    ерлігімен,  әскери шеберлігімен, басқару өнерімен танымал болды.

           Әбілқайырдың мемлекет қайраткері ретіндегі ұстанымдары мен
көзқарастары, сан-салалы қызметі мен оның нәтижелері объективті
түрде баға беруді талап етеді. Әбілқайырдың саяси қайраткер ретіндегі
қол  жеткізген жетістіктерінің ең бастысы — қазақ халқының мемлекеттік территориясын көрші халықгардың шапқыншылықтарынан қорғап қалуында, осы территорияда дәстүрлі мемлекеттік билік жүйесі — хандықты сақтап, ұстап тұруында және оның нығаюына күш салуында, сонымен қатар дәстүрлі құқықгық — нормативтік реттеу механизмі — әдет құқығын тиімді пайдалана
білуінде еді.

          Әбілқайыр заманында мемлекеттік қызметтің халыққа ең кажетті нысаны және түрі — ел қорғау ісі, әскери қызмет еді. Әбілқайыр өзі осы қызметті толық және жан-жақты игеруге күш салды, сонымен бірге әскери өнер саласындағы сол кездегі қол жеткізген барлық жетістіктер мен тиімді әдістерді қолбасшы ретінде қазақ халқының мемлекеттігін сақтап қалу үшін және оның этнос есебінде тарихтан өз орынын жоғалтпауы үшін пайдаланды. Әбілқайыр хан хандық билікті әскери қолбасшылықпен, ал әскери қолбасшылықты мәмлегерлік — дипломатиялық өнермен сәтті ұштастыра білген тарихи тұлға. Оның үстіне Әбілқайырдың әскери қызметі кейде оның дипломатиялық іс-әрекеттерінің бастауында жатса, ал кейде, керісінше, оның дипломатиялық қадамдары әскери күш қолданудың алдын алып отырды. Өз дәуіріндегі мемлекеттік қызметтің сан-салалы түрін және қырын жете меңгерген Әбілқайыр оларды ортақ мақсат — мемлекеттік территорияны сыртқы жаудан қорғау, көшпелі қоғамдағы мемлекеттіліктің негіздерін шайқалтып алмай оны нығайта беру, хандық биліктің аясын кеңейте беру мақсатында жұмсады.

         Бодандық сөзі сол кездегі қалыптасқан ұғым бойынша кез-
келген екі елдің арасындағы одақтастық деп түсінілді, соғыстан
әлсіреген мемлекеттің күшті мемлекеттің қол астына уақытша кіруі
деп  бағаланды. Бодандық ұзаққа  созылған  не  мәңгілік  саяси бағыныштылық деп есептелмеген. Бодандықтың мәнін Әбілқайыр осылай түсінген.

   Әбілқайыр хан өз ордасының жан-жақтан жау қыспағында қалғанын түсініп, саяси тәуелсіздіктен айрылу қаупі алдында тұрғанын сезініп, дипломатиялық жолдар іздеп, қазақ қоғамын Ресейдің бодандығында болуын қалады. Сөйтіп, 1731 жылдың 19 ақпан айында императрица Анна Әбілқайыр ханның және оған тиесілі қазақ халқының Ресей қол астына қосылғандығы туралы грамотаға қол қояды.    

  Ресей бодандығын қабылдау дипломатиялық қадамы арқылы Әбілқайыр хан сауда-саттық мәселесін дамытуға да күш салды. Осы мақсатқа жету үшін ол орыс өкіметінен Ор өзенінің бойында қала салуын сұрады. Ол қала біріншіден, қазақ жерін шабуылдардан қорғайтын, екіншіден, Ресеймен сауда жолының орталығы болатын еді деп пайымдады.

 Әбілқайыр хан небәрі елу бес жас жасады. Әбілқайыр ханның
трагедиялық өліміне алып келген себептерді талқылауда зерттеушілер
әртүрлі пікірлер айтады. Ізденушінің көзқарасы да ғылыми ортада
қалыптасқан пікірлермен сәйкестенеді. Барақ пен Әбілқайырдың
жауласуы   және   соның   жалғасы   ретінде   Әбілқайырдың   өлімі
объективті факторлармен қатар субективті жәйттердің нәтижесі еді.

   Хан өлімін қарастырған билер кейін Барақ сұлтанды ақтап шығарғанымен, ол өзіне тиесілі тағдыр жазасын алды.

  Жалпы және арнайы ғылыми еңбектерде Әбілқайыр батырлығы
мен өркөкіректігі, ақылдылығы мен билікқұмарлығы, саясатшылдығы
мен бірбеткейлігі астасқан қайшылығы мол тарихи күрделі тұлға
ретінде бағаланады.

         Әбілқайыр — қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын тұлғалардың бірі. Ғылыми ортаға танымал зерттеулерде Әбілқайырды екі бағытта суреттеп бағалайды. Кейбір зерттеушілер оны «сатқын», «алаяқ» деп бағаласа, ал, екіншілері оны «ұлы хан», «дана билеуші», «халық мүддесін қорғаушы» деп мақтады.

         Қайткенде де, өз заманының перзенті Әбілқайыр Шығыс халықтарының тарихында ірі саясаткер, мемлекет қайраткері, күшті әскери қолбасшы ретінде елеулі орын алды. Халқының қиын — қыстау тарихында дипломат-мәмілегер, данышпан қолбасшы, өз ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салысқан ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды.

 

 

                       ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1 Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында.- Алматы: Атамұра, 1999.- 296 б.

2 Рычков П.И. ,Рычков Н.П. Капитан жазбалары. — Алматы: Ана-тілі,  1995.           

     -102 б

3 Левшин А.И. Описание киргиз — казачьих, киргиз – кайсацких орд и степей.

     Ч. І, ІІ и ІІІ. СП б., 1832. –с.161

4 Моисеев В.А социально-экономических и политических последствиях        

   борьбы казахского народа с Джунгарией. Проблемы, поиски, решения.-  

   Актюбинск, 1992.-с.104

5 Витевский В.Н. Неплюев и Оренбургский край в прежнем его составе до  

   1758 г. – Казань: ТипоЛитография В.М.Ключникова, 1889-1897. Т.І. -368 б,  

   Т.ІІ. –с.122

6 Добросмыслов А.И. Турганская область. Исторический очерк. Т.І. Вып. І. –

     Оренбург: Типо-Литография  Ф.Б.Сачкова, 1900. –с.124

7 Макшеев А.И: Исторический обзор  Туркестана и наступательного движения

   в него русских. –Петербург, 1890. –с.375

8 Казахско — руссские отношения в ХҮІ – ХҮІІІ веках: Сборник документов и

   материалов. – Алма- Ата: АН КазССР, 1961. –с.136

9 Мұсағалиев Ғ. Қазақ жайында. // Айқап. -1930, №14.

10 Досмұхамедұлы Х.Д. Исатай – Махамбет.- Алматы. Қазақстан, 1991. -256 б.

11 Бөкейханов А. Избранное. – Алматы: Қазақ энциоклопедиясы, 1995. -478 б.

12 Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР. –Москва: АН СССР, 1941.       

      –385 с.

13 Аполлова Н.Г. Присоеденение Казахстана к России. –Алма-Ата: АН КазССР,  

  1. –с.254

14 Бекмаханов Е.Б. Присоеденение Казахстана к России. – МоскваАН СССР; 1

  1. –с.341

15 Есмағамбетов К.Л. Қазақтар шетел әдебиетінде. – Алматы: Атамұра –

     Қазақстан, 1994.-240 б.

16 Қозыбаев М.Қ. «История России есть история страны, которая      

     колонизуется». К вопросу вхождения Казахстана в состав России. //

     Столичное обозрение. – Алматы, 1998. -8мамыр.

17 Рысбеков Т.З. Әбілқайыр ханың  тарихтағы орны // Жайық күні. – Орал,  

  1. -14 қаңтар.

18 Бірімжаров Б.Қ. Әбілқайыр хан // Орал өңірі. – Орал, 1996. -30 қаңтар.

19 Абдильдабекова А.М. Присоеденение Казахстана к России. Дискуссионные

     проблемы ( сер. 30-х – нач. 80-х годов ХХ века). // КазМУ хабаршысы. –

     Алматы, 1999. №7.

20 Өтениязов С.Н. Дерек тілекке бағынбайды. // Ана-тілі. – Алматы, 2006. -16

     ақпан, №7.

21 Абдиров М.Ж. Триумф и трагедия // Советы Казахстана. -1993. -12 қазан.

22 Мәшімбаев С.М.  Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. – Алматы: Санат,

  1. -136 б.

23 Абжанов К.С. История Казахстана с древнейших времен до наших дней.

     Алматы. Эверь. 2002. с.165

24 Құдайбердіұлы Ш.Қ. Түрік-қырғыз һәм хандар шежіресі. –Алматы:

     Қазақстан және Сана, 1991. -80 б.

25 Кәрібаев Б.Б Жәнібек хан.// Парасат 2002. 13-14б

26 Толыбеков С. Қазақ шежіресі. – Алматы: Қазақстан, 1992. -144 б.

27 Валиханов Ч.Ч. Генеологические таблицы казахских ханов и султанов //

     Собрание сочинений: В5-и т. – Алма- Ата, 1985.- Т.4. –с.174

28 Абдиров М.Ж. Он был ханом. Его звали Абулхаир // Казахская правда. –

  1. -16 июнь.

29 Ерофеева И.В. Хан Абулхаир полководец, правитель и политик. – Алматы:

    Санат, 1999. -с.336

30 Есмағамбетов К.Л. Бопай ханым //Ана тілі. Алматы.1999. -18қараша, 2 

     желтоқсан.

31 Аполлова Н.Г. Экономические и политические связи  Казахстана с Россией в

    ХҮІІІ – нач. ХІХ вв. –М.: АН СССР, 1960. — с.454

32 Кэстль Джон.  1736 ж Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар

    туралы. Неміс тілінен аударған Төреханов Ә. Алғы сөзі мен түсініктемелерін

    жазған Есмағамбетұлы К. – Алматы: Атамұра, 1996. 96 б.

33 Кекілбаев Ә. Азаттықтың ақ таңы. –Алматы: Қазақстан, 1998. 736 б.

34 Жолдасбеков М.Ж., Салғараұлы  Қ.С., Сейдімбек А.М. Елтұтқа.- Астана:  

  1. -357 б.

35 Тынышбаев М.Т. Великие бедствия… (Ақтабан Шұбырынды).-Алма-Ата:   

     жалын, 1991. –с.152

36 Абдиров М.Ж.  Хан Мухамед – Абулхаир ІІ // Простор. – 1993. №12. – с.243-

    253.

37 Крафт И.И. Сборник узаконений о киргизахстепных областей. – Оренбург:

    Тип. П.Н.Жаринова, 1898. –с.532

38 Ерофеева И.В. Казахсие ханы и ханские династии в ХҮІІІ- сер.ХІХ вв. //   

    Культура и история Центральной Азии и Казахстана: Проблемы и

    перпективы исследования. – Алматы: МН-АН РК, 1997.-с.

39 Уалиханов Ш.Ш. Таңдамалы. –Алматы: Жазушы, 1985. -560 б.

40 Алан Боджер. Қазақ халқын орысқа бодан еткен хан Әбілқайыр туралы

    ағылшын тарихшысының пайымдамасы // Ақиқат.- Алматы, 1992. №4.

41 Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы. Бас ред. Қ.С.Қаражан.

    Алматы: Қазақ университеті, 2005.

42 Омар Ж. Бұқар жырау. Он екі тарих. – Қарағанды: Полиграфия, 1994. -333 б.

43 Қасымбаев Ж.Қ. Последние годы жизни Абулхаир хана // Столичное

     обозрение. — 1998. -7,021 август; 18,25 сентябрь.

44 Артықбаев Ж.О. Елшіліктер шежіресінен // Қазақ тарихы. – 1997. №1,6;

  1. №1.

45 Тынышбаев М.Т. История казахского народа.-Алма-Ата: Қақақ

     университеті, 1993. –с.244

46 Шойынбаев Т.Ж. Добровольное вхождение  казахских земель в состав

    России. – Алма-Ата: Қазақстан, 1982. -с.279

47 Атабаев Қ.М. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. –Алматы: Қазақ

     университеті, 2002, -265 б.

48 Жұмаділ Қ. Дарабоз: 2-томдық. – Алматы: Шабыт, 1994. –Т.І.-416 б.;

     Алматы: Жазушы, 1996. Т.2. -416 б.

49 Әбілғазы Б. Түрік шежіресі. –Алматы. 1992.

50 Абусейтова М.Х. История Казахстана и Центральной Азии. – Алматы: Білім,

  1. 620 б.

51 Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана ХҮІІІ века. – Алма-

     Ата: Наука, 1988. -144 с.

52 Омарбеков Т.О., Омарбеков Ш.Т. Қазақстан тарихына және тарихнамасына

     ұлттық көзқарас.- Алматы: Қазақ университеті, 2004.-388б

53 Мұхаметханұлы Н. Тарихи зерттеулер.Алматы.Жалын,1999,- 144б