ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДЕГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ЗАҢ ФАКУЛЬТЕТІ
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ АРАЛЫҚ СОТ
Алматы — 2009
ЖОСПАР
КІРІСПЕ…………………………………………………………………………………………..
І-ТАРАУ. АРАЛЫҚ СОТ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК……………………
1.1. Аралық соттың түсінігі және оның тарихи даму барысы…………………
1.2. Аралық ескертпенің құқықтық табиғаты………………………………………..
ІІ-ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ
АРАЛЫҚ СОТТТАР ҚЫЗМЕТІ……………………………………………………….
2.1. Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметінің құқықтық реттелуі: 1990-жылдардан бергі даму барысы………………………………………….
2.2. Аралық соттар туралы заң жобасына қатысты кейбір мәселелер…….
ҚОРЫТЫНДЫ…………………………………………………………………………………
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР…………………………………………………
КІРІСПЕ
Мәселенің өзектілігі. Қазіргі уақыттағы экономиканың біртіндеп жаһандануы жағдайында, интеграциялану және азаматтық қатынастардың қоғамдық өмірдің жаңа салаларына таралуы жағдайында аралық сот немесе коммерциялық арбитраж міндеттемелік және басқа азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды, қақтығыстарды, келіспеушіліктерді шешудің негізгі тәсілдерінің біріне айналып отыр.
Аралық сот дегеніміз бұл – тараптардың мүліктік және басқа дауларын шешу үшін құрған соты болып табылады.
Аралық сот (арбитраж) – бұл тараптар таңдайтын арбитрдың азаматтық дауды қарауының мемлекеттік емес, баламалы нысаны болып табылады. Аралық сот барлық дерлік елдерде кеңінен пайдаланылады және оның қызметі үш постулатқа негізделеді: аралық сот туралы тараптар келісімінің міндеттілігі (мемлекеттік сот істі аралық келісім болған жағдайда қарай алмайды); аралық сот шешімінің мемлекеттік соттың күшімен мәжбүрлеп орындалуы; аралық сот шешімінің түпкілікті сипаты (мемлекеттік сот мәжбүрлеп орындау туралы ұйғарым шығарған кезде, шешімді мәні бойынша қарауға құқылы емес).
Қазіргі таңда аралық сот институты экономикалық дауларды қарайтын негізгі құрылым болып табылады. АҚШ-та экономикалық даулардың 80 пайызынан астамын аралық соттар қарайды. Елдегі жақсы жолға қойылған, қазіргі күнге сай кең құқықтармен қамтамасыз етілген аралық соттың қызмет етуі, шетелдік инвесторларды тартатын факторлардың бірі десек, артық болмайды. Халықаралық деңгейде халықаралық коммерциялық арбитраж мәселелеріне байланысты бірнеше келісімдер, конвенциялар қабылданды. Олардың көпшілігіне Қазақстан Республикасы қосылып отыр. Аралық соттардың қызметінің ел үшін тиімділігін мойындаған ТМД мемлекеттері тәуелсіздіктерін алғаннан соң, аралық сот қызметінің дамуына жақсы жағдайлар жасап, тиісті шаралар қолданды.
Осының бәріне қарамастан, Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметіне қатысты орын алып отырған жағдай өзгеше, яғни Қазақстан Республикасында тәуелсіздік алғаннан кейін әлі күнге дейін аралық соттардың қызметі кең дами алмай отыр. Қазақстан Республикасының аралық соттар қызметін реттейтін тиісті заң актісі қабылданған жоқ. Аралық сот шешімін мәжбүрлеп орындау туралы норманың заңнамада болмауы себебінен аралық соттар шешімінің мәртебесі дауды шешудің басқа баламалы тәсілдерінің мәртебесі деңгейіне түсуде.
Қазақстан Республикасындағы аралық соттардың жағдайы туралы М.К.Сулейменов былай деп көрсетеді: «Қазіргі уақытта өте қиын жағдай қалыптасып отыр деп айтуға болады. Бұл Қазақстан Республикасындағы аралық соттардың апатты жағдайынан туындап отыр. Қазіргі күні Қазақстан Республикасында аралық соттардың шешімдері барлық жерде орындалмайды. Соған қарамастан Қазақстанда аралық соттар жұйесі біртіндеп дамыған болатын және мемлекет тарапынан тиісті қолдау болғанда ол дамыған және тиімді құралға айналар еді. Алайда, мемлекеттік соттар бұл сұрақтың заңды түрде шешілмегеніне сілтеме жасай отырып, орындау туралы бұйрық шығарудан бас тартып отыр».[1]
Сонымен, мәселенің өзектілігін аралық сот қызметіне қатысты орын алып отырған қазіргі жағдаймен, экономиканың қозғаушы күші кәспкерлердің негізгі құқықтарының бірі – дауды аралық сотқа беру құқығын дұрыс жолға қоюды қамтамасыз етудің өткірлігімен түсіндіруге болады.
Жұмыстағы зерттеу пәні аралық соттардың түсінігі, оның пайда болуы, аралық келісімнің құқықтық табиғаты, Қазақстан Республикасында аралық соттар қызметінің құқықтық реттелуі мәселелері болып табылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы аралық сот туралы заңнаманың қазіргі күнгі жағдайы мәселелері жұмыста жан-жақты қаралады.
Жұмыстың мақсаты аралық соттардың түсінігін, оның пайда болу тарихын терең зерттеу, аралық келісімге азаматтық құқықтық тұрғыдан тиісті баға беру және аралық сот туралы заңнаманың қалыптасуына өз үлесімізді қосу, Қазақстан Республикасында аралық соттар қызметінің қазіргі жағдайына жан-жақты талдау жасау болып табылады.
Сонымен қатар, бұл жұмыста шешілуі тиіс төмендегідей міндеттерді алға қойып отырмыз:
- аралық сот қызметінің теориялық аспектілерінің анализін жүргізу;
- аралық сот қызметінің эволюциялық дамуына жан-жақты зерттеу жүргізу;
- аралық сот қызметінің шетелдердегі тәжірибесін зерттеу және халықаралық коммерциялық арбитраж қызметі мен аралық сот қызметінің салыстырмалы зерттеуін жүргізу;
- Қазақстан Республикасындағы аралық сот туралы заңнамаға анализ жүргізу;
- Қазақстан Республикасындағы аралық сот қызметіне қатысты қалыптасып отырған мәселелердің шешу жолдарын іздестіру.
Жұмыстың ғылыми жаңалығына келер болсақ, Қазақстан Республикасындағы аралық соттардың қызметі мәселелерімен М.К.Сулейменов, Ю.Г.Басин, П.Я.Грешников, И.П.Грешников және т.б. сияқты ғалымдар айналысады. Алайда, бұл жұмыста Қазақстан Республикасындағы аралық соттар туралы заңнамаға қатысты, анығырақ айтсақ, Аралық сот туралы соңғы заң жобасына толық, жан-жақты зерттеу жүргізіледі және аралық сот туралы заңдар жобаларына, шетелдік заңнамаға салыстырмалы зерттеу жасалып, Қазақстан Республикасында аралық сот туралы заңнама қандай болу керек деген сұраққа жауап ізделінеді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстан Республикасындағы аралық сот қызметі мәселесі аз көтерілген жоқ. Ол туралы бірнеше халықаралық, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп, Қазақстан Республикасы Президентіне, Парламентіне, Үкіметіне жолдау да жіберілді. Дегенмен, аралық сот туралы заңнамада соңғы болған жаңалық – 2003 жылдың 29-тамызындағы заң жобасына қатысты ой-пікірлер жеткілікті түрде баспасөз бетінде айтылған жоқ.
Аралық сот қызметі туралы мәселесімен Ресейде белгілі ғалымдар М.М.Богуславский, Е.А.Суханов, Г.К.Дмитриева, С.Л.Лазарев, М.Г.Розенберг, А.С.Комаров және т.б. айналысады. Қазақстан Республикасындағы аралық сотқа қатысты орын алып отырған жағдаймен байланысты мәселенің өзектілігін М.К.Сулейменов, Ю.Г.Басин, П.Я.Грешников, И.П.Грешников, З.Х.Баймолдина, Е.Б.Осипов секілді ғалымдар көтеріп жүр.
Бұл жұмыс аталған ғалымдардың және шетелдік ғалымдардың еңбектерін кеңінен пайдалана отырып жазылды.
Жұмыстың құрылымына келер болсақ, зерттеу жұмысы үлкен екі тараудан тұрады. Бірінші тарау «Аралық сот туралы жалпы түсінік» деп аталады. Бұл тарау екі параграфтан тұрады және бұл тарауда аралық соттардың түсінігі, пайда болу тарихы, аралық талқылаудың қағидалары және аралық талқылаудың мемлекеттік соттағы талқылаумен салыстырғандағы артықшылықтары мәселелері қаралады. Екінші тарау «Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметі» деп аталады және бұл тарау да екі параграфтан тұрады. «Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметінің құқықтық реттелуі: 1990-жылдардан бергі даму барысы» деп аталатын параграфта Қазақстан Республикасы егемендігін алған күннен бастап Қазақстан Республикасындағы аралық сот туралы заңнамада және қоғамдық өмірде орын алған оқиғаларға жан-жақты талдау жүргізіледі.
«Аралық соттар туралы заң жобасына қатысты кейбір мәселелер» деп талатын соңғы параграфта аралық сот туралы заңнамаға толық талдау жүргізіледі және Қазақстан Республикасындағы аралық соттар туралы заңнаманың болашағы туралы ұсыныстар айтылады.
І-ТАРАУ. АРАЛЫҚ СОТ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК
1.1. Аралық соттың түсінігі және оның тарихи даму барысы
Адамзат баласының тарихында даулы қатынастардан немесе қиын жағдайлардан шығудың және әділеттілікті іздеудің төрт нысаны белгілі: «Құдай соты», мемлекеттік сот, өзін-өзі соттау және аралық сот.[2] «Құдай соты» — бұл тағдыр секілді, яғни адамзат ұғымының шегінен тыс жатқан, бірақ шынайылығының, өзгермейтіндігінің арқасында әділеттілікті қамтамасыз ететін күштерге жүгіну болып табылады. Мемлекеттік сот – мәжбүрлеу күшімен мемлекеттің бекіткен құқықтық тәртібін қамтамасыз ететін процедура және мемлекет органы болып табылады.
Өзін-өзі соттау – бұл қоғамның және адамдардың пікірі бойынша, сот жүргізетін адамның әділеттілік туралы түсінігінен шыға отырып, қажетті тәртіпті қамтамасыз ететін процедура болып табылады. Және соңғысы, аралық сот – осы зерттеу жұмысының объектісі болып табылады.
Бізге белгілі, осы зерттеу жұмысының объектісіне қатысты мынадай ұғымдар қолданылады: төрелік немесе аралық соттар. Бұл екі ұғым бір-бірімен синоним болып табылады. «Аралық сот» ұғымы дауды шешуге, тараптар оның пікірін алдын ала түпкілікті деп танитын үшінші (мүдделі емес және құзыретті) тұлғаның қатысуын білдіреді.[3]
Арбитраж [фр. сөзі — arbitrage] – тараптары аралық судьяға жүгінетін даулы істерді қарау тәсілі. Сондай-ақ, «арбитраж» ұғымы дау делдал-судья арқылы шешілетін аралық сотты білдіреді.[4]
Аралық сот мемлекеттік сот жүйесінің элементі болып табылмайды және өзінің қызметі барысында оған бағынбайды. Тараптардың арбитражға жүгінуі немесе ол туралы тараптардың келісімінің болуы сот юрисдикциясын жоққа шығарады. Бұл, егер тараптардың біреуі келісімнің болуына қарамастан сотқа жүгінетін болса, соттың өзінің бастамасы бойынша, не басқа тараптың өтініші бойынша талап арызды қабылдаудан бас тартуы керектігін немесе басталып кеткен іс бойынша өндірісті қысқартуы керектігін білдіреді. Мемлекеттік сот органдары, негізінен, арбитраж қызметіне араласуға құқылы емес. Алайда, арбитраж ұлттық мемлекеттік сот жүйесінен толық ажыратылмаған.[5] Арбитраждық қараумен байланысты соттардың орындауы мүмкін кем дегенде екі процессуалдық әрекет бар. Біріншісі – бұл талапты алдын ала қамтамасыз ету бойынша мәжбүрлеу шараларын жүзеге асыру. Әдетте, арбитраж мүдделі тараптың тиісті өтініші болған жағдайда өзі мұндай шешімді қабылдай алады. Бірақ, егер мүдделі тұлға осындай өтінішпен сот органына жүгінетін болса, мұндай өтініш арбитраждық процедурамен сыйыспайтын әрекет ретінде қарастырылмайды және соттың қажетті шараларды қабылдауға құқығы бар. Екінші әрекет арбитраж шешімін орындаумен байланысты. Егер оны тараптар ерікті түрде орындамаса, тек мемлекеттік соттың ғана шешімді мәжбүрлеп орындатуға өкілеттігі бар. Сонымен қатар, қатаң белгіленген жағдайларда мемлекеттік сотқа даудың мүдделі тарабының тиісті өтінімі болған кезде арбитраж шешімінің күшін жою өкілеттігі берілген. Осы айтылғандарды қоспағанда арбитраж істі толығымен өз бетінше қарайды.
Аралық сот тарихында оның екі түрі белгілі: ad hoc арбитражы (бір ғана реттік арбитраж) және институциялық арбитраж. Институциялық немесе тұрақты әрекет ететін арбитраж ұлттық сауда (сауда-өнеркәсіптік) палаталары, биржалар, ассоциация, одақ, қоғам және кез келген басқа ұйымдар жанынан құрылады. Институциялық арбитражға дауды шешуге қатыспай, кейбір әкімшілік-техникалық, консультативтік және бақылау функцияларын жүзеге асыратын тұрақты әрекет ететін органның болуы; ол туралы ереженің (немесе жарғының) және арбитраждық процесс ережелерін бекітетін регламенттің болуы; тараптар ішінен арбитрларды таңдайтын арбитрлар тізімінің болуы тән.
Аd hoc арбитражын тараптар нақты бір дауды қарау үшін құрады, іс қаралып, ол бойынша шешім шыққаннан кейін ол өзінің қызметін тоқтатады. Тараптар арбитраждық талқылаудың өткізілу орнын таңдайды, арбитрларды таңдау ережесін және арбитраждық процедураны бекітеді. Дауды шешу процедурасын таңдау кезінде тараптар іс жүзінде шексіз автономияны пайдаланады. Олар дауды шешу процедурасы туралы басынан аяғына дейін келісуі мүмкін, не негіз ретінде қандай да бір институциялық арбитраждың регламентін алуы мүмкін.
Тәжірибе көрсеткендей, ad hoc арбитражы істің фактілік жағдайларымен байланысты даулар бойынша жетістікке жеткізеді: тауардың сапасы, оның бағасын анықтау мәселелері және т.б. Мұндай істердің көпшілігі тез және тиімді түрде қаралады. Алайда, күрделі және шиеленіскен қарама-қайшылықтар болған жағдайда институциялық арбитраждың артықшылықтары басым болып табылады.
Аралық сот туралы жалпы түсінік деп аталатын тарауда аралық соттың дауды шешудің баламалы процедуралары жүйесіндегі орны туралы мәселеге тоқталмай кетуге болмайды. «Дауды шешудің баламалы процедуралары» термині мемлекеттік соттарға қатысты айтылған. Дегенмен, кейбір ғалымдар дауды шешудің баламалы процедураларын мемлекеттік соттарға балама ретінде қарастырса, басқалары арбитраждық (аралық) соттардағы талқылауды дауды шешудің баламалы жолдарынан бөліп алады да, қалған процедураларды мемлекеттік, сондай-ақ арбитраждық (аралық) соттарға балама ретінде қояды.[6]
Арбитраж шешімінің құқытық табиғаты арбитражды дауды шешудің баламалы процедураларының қатарына жатқызбайтын жаңа пікір туғызды. Осыдан барып «баламалы» термині сот және арбитраждық талқылауға қарсы қойылады және тек консенсуалдық процедураларды ғана қамтиды. Шынында арбитраждардағы дауды шешудің тәсілі мемлекеттік соттардағы процедуралармен ұқсас болып келеді және бұл екеуі де дауды шешудің баламалы процедураларынан елеулі деңгейде ажыратылады.[7]
Мұндай тұжырымға төмендегі дәйектерді келтіруге болады: арбитраждық өндіріс тұрақты әрекет ететін аралық соттардың регламенттерінде басынан аяғына дейін реттелген (нақты процедуралар алдын ала анықталған, талқылау процесі – мысалы, талап арызды беру, қабылдау, арбитрларды сайлау т.б. жазылып қойылған); аралық соттардың шешімдерін орындау ұлттық заңнамамен және бірқатар халықаралық конвенциялармен қамтамасыз етілген.
Аралық сот туралы жалпы мәселердің арасында, айта кету қажет, аралық соттың қарауына азаматтық құқықтық қатынастардан шығатын даулар беріле алады. Сәйкесінше, әкімшілік, еңбек т.б. құқықтық қатынастарынан шығатын даулар, дәрменсіздік туралы істер, заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер және т.б. арбитраждық талқылауға беріле алмайды. Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай – ҚР АІЖК) 25-бабына сәйкес, сотқа бағынысты мүліктік дау, оған заң актілерінде тыйым салынбаған кезде, тараптардың келісімі бойынша аралық соттың қарауына берілуі мүмкін. Бұл нормадан екі тұжырым жасауға болады: аралық сотқа тек мүліктік даулар беріледі және кейбір даулардың аралық сотқа берілуіне заң актілерімен тыйым салынуы мүмкін. Негізінен, аралық сот қарайтын даулар тиісті аралық сот туралы заңнамада толық бекітілуі тиіс.
Қазақстан Республикасындағы аралық соттар туралы жалпы мәселелердің бірі — аралық сот пен халықаралық коммерциялық арбитраждың арасын ажырату негізі мәселесі. Аралық соттың жоғарыда айтылған екі түрінен басқа оны ішкі дауларды қарайтын аралық сот және сыртқыэкономикалық қатынастардан шығатын дауларды қарайтын аралық сот немесе халықаралық коммерциялық арбитраж деп бөлуге болады. Кейбір елдерде, мысалы, Швецияда аралық соттар бұлай бөлінбейді, яғни барлық аралық соттың қарауына берілуі мүмкін ішкі және сыртқы дауларды бір аралық сот қарай береді. Аралық сот мәселесімен терең айналысып жүрген ғалымдардың бірі И.П.Грешников халықаралық коммерциялық арбитражды ішкі аралық соттан, біріншіден, даудың қатысушыларының құрамы бойынша, екіншіден, тұрақты әрекет ететін аралық соттың құрылтайшыларының интернационалдық құрамы бойынша, үшіншіден, белгілі бір аралық соттың арбитрлар құрамы бойынша ажырату қажет деп санайды.[8]
Белгілі ғалым ҚазГЗУ Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры М.К.Сулейменов халықаралық коммерциялық арбитраж бен аралық сотты ажырату негізі ретінде даудың шетелдік элементпен шиеленісуін, яғни тараптардың әртүрлі мемлекетке жатуын, не даудың шетелде орналасқан объектіге қатысты болуын, не шетелде орын алған заңдық фактіге қатысты болуын келтіреді.[9] Бұл мәселеге қатысты ортақ шешім әзірге жоқ және ол қазіргі Қазақстан Республикасының аралық сот туралы заңнамасының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, оған осы жұмыстың екінші тарауында кеңірек тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Аралық соттардың мемлекеттік соттармен салыстырғандағы артықшылықтары туралы соңғы уақытта аз айтылып жүрген жоқ. Аралық талқылау мемлекеттік-соттық дауды шешуге қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие. Бұл артықшылықтардың арасында істі қараудың тездігін және үнемділігін; арнайы аралық сотты құру мүмкіндігін; судьяларға, сондай-ақ олардың шығарған шешімдеріне «жоғары сенім» факторының болуын; құпиялылығын; тараптардың дауды шешу уақытын, орнын және мерзімін өздері анықтау мүмкіндігін және т.б. айтуға болады. Ынтымақтастық рухын сақтап қалудың да маңызы зор, ол контрагенттердің өзара пайдалы шарушылық байланыстарын ары қарай жалғастыруға қажетті жағдай туғызады.[10]
Сондай-ақ, арбитраждың демократиялық сипатта болып келетіндігін айта кету қажет. Ол, жоғарыда айтылғандай, сот, әкімшілік және басқа да мемлекеттік органдар жүйесіне кірмейтін қоғамдық құрылым болып табылады. Тараптар арбитраждық талқылаудың барлық сатысында оған әсер ете алады: тараптардың келісімі арбитражға жүгінудің міндетті шарты болып табылады; тараптар бірнеше арбитрларды немесе бір арбитрді таңдауы мүмкін; тараптар арбитражды өткізу орнын және арбитраждық талқылау тілін таңдайды; тараптар толығымен немесе ішінара арбитраждық процедураның өзін анықтауға құқылы.
Арбитраждық талқылау қарапайым болып табылады. Ол сот процедурасын реттейтін көп процессуалдық нормалармен реттелмейді. Бұл істі салыстырмалы түрде қысқа мерзімде қарауды қамтамасыз етеді.[11]
Арбитраждық дауды қарау, әдетте, жабық отырыстарда өткізіледі, бұл дау тараптарының өндірістік және коммерциялық құпияларын сақтауға кепілдік береді. Көптеген елдерде тараптардың келісімінсіз арбитраж шешімдерін жариялауға тыйым салынған. Арбитрлар шешілетін дау туралы ақпаратты құпияда ұстауы қажет.[12]
Аралық соттың негізгі қағидаларының бірі оның шешімінің түпкілікті сипатта болуы болып табылады. Бұл қағида аралық сотты дауды шешудің альтернативті процедураларына қарағанда тартымды етеді.
А.А.Гринкевич өзінің «Аралық сот: тарихы және дамуы» атты мақаласында аралық соттың артықшылықтарын қағида түрінде былай тұжырымдайды:
- аралық судьяның тәуелсіздігі және бейтараптығы. Аралық судьялар өздерінің міндеттерін орындау барысында осындай болуы тиіс және олардың кандидатураларын тараптар анықтағанымен, судьялар олардың өкілдері болып табылмайды, өйткені істің нәтижесіне тікелей немесе жанама түрде мүдделі тұлға судья бола алмайды;
- тараптар құқықтарының теңдігі. Аралық сотта дауды шешу өздерінің ойларын баяндауға деген тараптардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі негізінде жүзеге асырылады. Әрбір тарап өзінің талаптары немесе қарсылықтарын негіздеу үшін сілтеме жасап отырған жағдайларды дәлелдеуге міндетті;
- процессуалдық және материалдық құқықты қолдану бостандығы. Тараптарды аралық талқылау процесі кезінде немесе оған дейін дау қаралатын материалдық құқықты таңдауда, сот отырысының процессуалдық тәртібін анықтауда және өздерінің материалдық және процессуалдық құқықтарына (талаптан бас тарту, талапты мойындау, бітімгершілік келісім, талаптың негізі мен нысанын өзгерту) билік етуде еркіндік беріледі;
- дауды қараудың біліктілігі. Тараптар дауға қатысты сұрақтар бойынша білімі мен біліктілігіне сенетін тұлғаларды судьялыққа тағайындайды;
- ынтымақтастық атмосферасын қамтамасыз ету. Аралық сот тараптардың екі жаққа да ыңғайлы, тиімді келісімге келуіне жәрдемдеседі, яғни олардың арасында бітімгершілік келісімнің жасалуына және осының нәтижесінде болашаққа деген сенім мен ынтымақтастықтың сақталуына күшін салады;
- аралық сот шешімінің міндеттілігі. Бұл шешім шығарылған күннен бастап процестің барлық тараптарына міндетті болып табылады;
- аралық сот өндірісінің жеделділігі. Бір циклдан тұрғандықтан, шешім түпкілікті болып табылады және шағым беру процедураларын (кассация, апелляция) қарастырмайды;
- аралық сот өндірісінің үнемділігі. Тағы да дауды қарау процедураларының көп кезеңділігінің жоқтығынан, сондай-ақ сот шығындарының талап сомасына кері пропорционалдылығынан сот өндірісі үлкен шығындарды қажет етпейді. Сонымен қатар, кейін төлеуге және бөліп-бөліп төлеуге рұқсат етіледі;
- аралық сот шешімінің орындалуына кепілдік берілуі. Шешім ерікті түрде орындалмаған жағдайда ол мәжбүрлеп орындаудың мемлекеттік жүйесі арқылы орындатылады.[13]
Аралық сот туралы жалпы түсінік, оның артықшылықтары, түрлері туралы сұрақтарды аяқтай отырып, бұл тарауда аралық соттың тарихына қысқаша тоқталып кеткенді жөн көріп отырмыз.
Арбитраж институты (аралық сот) – дауды шешудің тарихи қалыптасқан өркениетті нысаны. Ерте уақыттан бастап әртүрлі елдерде билеушілер, саудагерлер, банкирлер, іскер адамдар сот талқылауының баламалы нысандарын қолдана бастады. Аралық сот көптеген ғасырлар бойы мемлекеттік юстициямен қатар, дауды шешудің құқықтық құралы ретінде мойындалды.[14]
Аралық соттың тарихи дамуында зерттеушілер шартты түрде бірнеше кезеңдерді бөліп көрсетеді. Атап айтар болсақ, С.Л.Лазарев төрт кезеңді ажыратады:
Бірінші кезең өте ерте кезден басталып, б.э. І мыңжылдығының аяғына дейін жалғасты. Арбитраждық процедура Ежелгі Шығыс, Ежелгі Греция және Рим мемлекеттерінде жиі қолданылды.
Екінші кезең орта ғасырларды және абсолютизм (XI-XVIII ғғ.) дәуірін қамтиды. Бұл уақытта монархтардың шексіз билігі әсерінен арбитраж сирек қолданылды.
Үшінші кезең (XVIII ғ. аяқ кезінен XX ғ. басына дейін) буржуазиялық мемлекеттердің және капиталистік қатынастардың қалыптасу кезеңімен байланысты және бұл процестер арбитраждың елеулі дамуына алып келді.
Төртінші кезеңнің басталуы ретінде Гаага конференцияларының (1899 және 1907 жж.) өткізілу уақытын және Аралық сот тұрақты палатасының құрылу уақытын айтуға болады. Бұл кезең осы уақытқа дейін жалғасып келеді.[15]
Аралық сот ежелден Русьте де белгілі болды. Шіркеу қайраткерлерінің қатысуымен болған аралық талқылаулар XІІ ғасырда өте бастады. Аралық сот 1646 жылғы Соборлық уложениеде қарастырылды. І Петрдің жарлығымен бірнеше санаттағы істерге міндетті аралық сот енгізілді.
Империяның сот жүйесінің қызметін жеңілдететін дауды шешудің баламалы механизмдерін жасап шығару мәселесімен екі ғасыр бойы орыс заңгерлері айналысты. 1831 жылы Ресейде алғаш рет аралық сот туралы кодификацияланған заң актісі бекітілді, онда соттың екі түрі қарастырылды – ерікті және міндетті. Міндетті сотта серіктестік мүшелері арасындағы даулар, сондай-ақ акционерлердің басқа тұлғалармен арасындағы даулары қаралды. 1864 жылғы сот реформасы соттың бұл нысанын жойып, ерікті аралық сотты сақтап қалды. Ерікті аралық сот өндірісі Ресей империясының Азаматтық сот өндірісі жарғысының (1864 ж. 20-қараша) 33-бабының (1367-1400) нормаларымен реттелді.[16]
Аралық сот институты кеңестік кезеңде де сақталып қалды. №1 1917 жылғы Сот туралы декретте азаматтардың өздерінің дауларын аралық соттың шешуіне беру құқығы қарастырылды. Алайда 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Ресей империясындағы болған аралық соттар жүйесі біртіндеп өзгеріске ұшырай бастады. Аралық соттарды жою жылжымайтын мүлікке, өндіріс құралдарына, жерге жеке меншікке тыйым салумен бірге жүргізілді. Іс жүзіндегі кәсіпкерлік пен тауар-ақша қатынастарының жойылуынан кейін аралық соттардың өмір сүруінің негізі, экономикалық базаның өзі жойылып кетті.
Кеңестік экономиканың мемлекеттік меншікке, басқаша айтар болсақ, “мемлекеттік кәсіпкерлікке” негіделгені белгілі.[17]
Мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындардың даулары арнайы органдармен шешілді; шаруашылық дауларын шешудің ерекше тәртібі енгізілді. Оның үстіне, 1918 жылдың 7-наурызындағы №2 Сот туралы декрет “әртүрлі қазыналық мекемелер арасындағы соттық талаптарға рұқсат етілмейді” деп бекітті.
Кеңестік экономиканың мемлекеттік секторының қалыптасуы және дамуы барысында шаруашылық дауларды шешуге арналған мекемелер жүйесі–мемлекеттік арбитраж құрылды. “Арбитраж” термині оған алғашында берілген мағынасына қарамастан алынған болатын.
1922 жылы арбитраждық комиссиялар құрылды. 1931 жылдың 3-мамырында КСРО ОАК және ХКК бірінші Мемлекеттік арбитраж туралы ережені бекітті. Арбитраж әртүрлі ведомстволардың (наркоматтардың) мекемелері мен ұйымдары арасындағы шаруашылық дауларды қарауға өкілетті болды; бір наркоматтың ұйымдары арасындағы даулар ведомстволық арбитраждарда, не әкімшілік тәртіппен шешілді.
Кейінгі кезеңдерде қабылданған мемлекеттік арбитраждар туралы ережелерде оның өкілеттіліктері тек кеңейтілді және нақтыланды.
Мемлекеттік арбитраж негізгі функциясы шаруашылық қатынастарды реттеу, жоспарлық тапсырмалардың орындалуын және шаруашылық шарттардың жасалу процесін бақылау болған соттан тыс орган ретінде құрылды. Арбитраж құқықтар мен міндеттер туралы сұрақтарды емес, жоспардың тиісінше орындалуы, шарт жасауға мәжбүрлеу туралы сұрақтарды шешті.[18]
Арбитраждық органдар КСРО Министлер Кеңесінің, салалық министрліктердің және ведомстволардың құрамына, сондай-ақ одақтас республикалардың министрлер кеңестерінің құрамына кірді, яғни әрқашан биліктің атқарушы органдарының жанында болды.[19]
Тек 1990-жылдардың басында арбитраж мемлекеттік бақылау және басқару функциясын жоғалтты, ал оның процедурасы соттардағы дауларды қарау процедурасымен ұқсас сипатқа ие бола бастады.
Алайда посткеңестік кеңістікте құрылған жаңа тәуелсіз мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстан Республикасында да, арбитраж ретінде, бұрынғыдай, тараптары заңды тұлға құқығындағы ұйымдар, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар болып табылған экономикалық дауларды шешетін мемлекеттік орган түсінілді.
1995 жылдың 20-желтоқсанындағы “Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы” Конституциялық заң күші бар Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының қабылдануымен жағдай өзгерді, оған сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік арбитраж жойылды, ал оның функциялары жалпы юрисдикциядағы соттарға көшті. Облыстық соттарда, республикалық маңызы бар қалалар соттарында және ҚР Жоғарғы сотында Шаруашылық істер жөніндегі сот алқалары құрылды. 2000 жылдың 25 желтоқсанында “Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан кейін шаруашылық істер жөніндегі сот алқаларының функциялары азаматтық істер жөніндегі сот алқаларына көшті. Сонымен қатар эксперимент ретінде, жалпы сот жүйесіне кіретін мамандандырылған экономикалық соттар Алматы және Қарағанды қалаларында құрылды. Қазіргі уақытта бұл тәжірибе республиканың бүкіл сот жүйесіне таралған.[20] Қазіргі уақыттағы барлық қазақстандық арбитраждық (аралық) соттар мемлекеттік емес болып табылады.
Ресей Федерациясында және кейбір басқа ТМД елдерінде әлі де мемлекеттік арбитраж (арбитраждық сот) сақталып келеді. Бұл, анықтамасы жағынан біздің ойымызша, жаңсақ болып табылады. Арбитраж, қайталап айтамыз, – бұл тараптардың құрған соты, және ол өзінің мәні бойынша мемлекеттік бола алмайды.
Сөйтіп, “арбитраж” (“арбитраждық сот”) терминін қолдана отырып, біз аралық сотты – коммерциялық, мүліктік, негізінен, кәсіпкерлік дауларды шешетін және мемлекеттік сот жүйесіне кірмейтін арнайы органды айтамыз.[21]
Аралық сот тарихы туралы сөз қозғағанда қазақ қоғамындағы билер сотының құқықтық табиғатына қатысты ғылымдағы даулы мәселелерге тоқталмай кетуге болмайды. А.А.Гринкевич аралық сот тарихы туралы жан-жақты жазылған мақаласында қазақ қоғамындағы билер сотының аралық сотпен ара қатынасына қатысты өз ойын білдіреді. Билер – бұл, бір қайнар көздер бойынша, өзінің шығу тегінің және байлығының, ал басқа қайнар көздер бойынша, ақылдылығының және сендіру қабілетіне иелігінің, сондай-ақ шешен тілділігінің арқасында осындай болған аймақтық көшбасшылар болып табылады. Қазақстандағы хандық басқару жүйесінде немесе кейбір авторлардың айтқанындай “феодалдық немесе далалық демократия” жағдайында билер соты сот билігінің орнында болды, “конституциялық сот” функциясына ие болды, ал ханмен бірге заң шығарушы орган болып табылды.
Басқа зерттеушілер билер сотын империялық соттармен қатар өмір сүрген халық соттарымен теңестіреді, бұл оларды аралық соттармен жақындастыруға алып келеді.
Алайда билер сотының өкілеттігі ажыратылды, оған сәйкес сұлтандар “жай қазақ билерінің” соттарының юрисдикциясына бағынбады, бұл аралық соттың емес, тек мемлекеттік соттың саралаушы белгісі болып табылады.
Сөйтіп, А.А.Гринкевичтің қорытындылауы бойынша, билер соты қоғамның ру тайпалық ұйымдастырылуы кезіндегі биліктің легитимдік органы, жоғарғы билеуші – хан немесе сұлтан жанындағы орган болды. Оған мүшелік судьяның әлеуметтік мәртебесімен, даналығымен немесе әділеттілік сезімімен анықталды. Мұндай сот ресми сот болды және оған сол кездегі жалғыз орган ретінде жүгінді.[22]
Ғылымда бұған қарсы пікірлер де бар. П.Я.Грешников билер сотын аралық соттың прообразы деп атайды. Билер сотының ерекшелігі мынада болды, яғни би әдет-ғұрып құқығының білгірі және түсіндірушісі ретінде сот-делдалдық функцияны жүзеге асырды. Би тағайындалмады және сайланбады. Би болу әдет-ғұрып құқығының нормаларын меңгерген және мінсіз беделі болған жағдайда тек халықтық танудан кейін мүмкін болды.[23]
Бұл мәселеге қатысты өз ойымызды біз екінші бағытпен жақындастырамыз. Себебі бір ғана белгі бойынша, яғни билер сотының жалғыз сот органы ретінде әрекет еткеніне қарап, оның аралық сотқа ұқсамайтындығы туралы қорытынды жасауға, біздің ойымызша, болмайды. Билер сотының әрекет ету қағидалары, құқықтық табиғаты аралық сотпен өте ұқсас болып келеді. Сонымен қатар билер сотының өзіндік ерекшеліктері де болғандығын естен шығармауымыз қажет.
1.2. Аралық ескертпенің құқықтық табиғаты
Арбитраждың негізгі қағидаларының бірі тараптардың арбитраждық талқылауға жүгінуінің еріктілігі болып табылады. Арбитраж істі өзінің өндірісіне тек тараптардың бұл туралы келісімі болған жағдайда ғана қабылдай алады. Араларындағы дауды арбитражға беру туралы тараптардың келісілген еркін білдіретін келісім арбитраждық келісім деп аталады.[24]
Ю.Г.Басин арбитраждық ескертпені жеке (индивидуалды) юрисдикция ұғымымен байланыстырады. Әдетте, оны даудың қатысушылары өзара келісім бойынша бекітеді. Басқаша айтқанда, тараптар өздерінің араларындағы дауды арбитраждық сот шешеді деп келіседі. Мұндай келісімсіз аралық соттың дауды қарауға құқығы жоқ. Ю.Г. Басин мұндай келісімді арбитраждық ескертпе деп атайды.[25]
Тәжірибеде арбитраждық келісімнің үш түрі белгілі: арбитраждық ескертпе, аралық жазба, және арбитраждық шарт. Арбитраждық ескертпе –бұл контракт тараптарының осы контрактіден болашақта пайда болуы мүмкін даулардың арбитраждық талқылауы туралы, тікелей оның мәтініне қосылған келісімі. Аралық жазба – бұл араларында пайда болған даудың арбитраждық талқылауы туралы тараптардың контрактіден бөлек келісімі. Арбитраждық шарт – тараптардың өздерінің арасындағы белгілі бір шарттар шеңберіндегі, не қызметтің белгілі бір аясындағы дауларды қарау процедураларын және арбитраждық органды таңдауды келісу мақсатында жасайтын шарты. Әдетте, арбитраждық келісім өзінің түріне қарамастан жазбаша нысанда жасалуы тиіс.[26]
Аралық жазба тараптар үшін ыңғайлы болуы мүмкін. Ол қайшылықтар пайда болып қойған жағдайда және тараптар қандай дауды арбитраждық талқылауға беретіндігін анық білетін кезде жасалады. Алайда тәжірибеде аралық жазбаны жасау қиынға соғады. Контракт бойынша өзінің міндеттемелерін орындамаған тарап дауды арбитражға беруден жалтаруы мүмкін, ал жәбірленуші тараптың қарсы тарапты арбитражға жүгінуге келісім беруге тартатын ешқандай құралы жоқ. Әдетте, арбитраждық келісім контракт мәтініне қосылатын арбтраждық ескетпе түрінде жасалады. Осылай жасай отырып, тараптар даудың білікті талқылану мүмкіндігіне және арбитраждық шешімнің мәжбүрлеп орындалуына кепілдік береді. Сонымен қатар, контрактіге арбитраждық ескертпенің қосылуы белгілі бір тәртіпке келтіруші фактор ретінде болады және шарттық міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етудің өзіндік құралы болып табылады.[27]
Болашақта пайда болуы мүмкін даулардың шешілу тәртібі туралы жеке шарт түріндегі арбитраждық келісімнің үшінші түрі тәжірибеде сирек кездеседі. Мұндай шарт не мемлекеттің ішкі заңнамасы мұны талап еткен жағдайда, не тараптар арасында тұрақты және әртүрлі сыртқыэкономикалық байланыстар болған жағдайда жасалады.[28]
Арбитраждық келісімнің барлық үш түрі де мәні бойынша бір бірінен ерекшеленбейді; олар бір құбылыстың – арбитраждық талқылау туралы тараптардың келісімінің үш нысаны болып табылады. Әдетте, ішкі заңнама да, халықаралық шарттар да “арбитраждық келісім” терминін ғана қолдана отырып, арбитраждық келісімнің жекелеген түрлерінің арасында ешқандай да бір айырмашылықтар орнатпайды. Мысалы, 1958 жылы Нью-Йорк конвенциясында былай делінген: “Әрбір қатысушы-мемлекет объектісі арбитраждық талқылаудың пәні бола алатын нақты бір шартпен немесе басқа құқықтық қатынаспен байланысты пайда болған немесе болашақта араларында пайда болуы мүмкін барлық немесе қандай да бір дауларды арбитражға беруге міндеттенетін тараптардың “жазбаша келісімін” таниды” (2-б., 1-т.). Көріп отырғанымыздай, бұл жерде арбитраждық келісімнің барлық үш түрі де қарастырылған және олардың барлығы бірдей заңдық күшке ие болады.[29] Ю.Г.Басиннің айтуы бойынша, өзінің міндеттері жағынан, негізгі мазмұны және функциялары жағынан арбитраждық келісімнің бұл түрлері тек жасалу техникасы жағынан ғана ажыратылады. Осының салдарынан мұндай бөлудің өзі шартты болып табылады.[30] Кейбір авторлар, мысалы арбитраждық шарттарды бөліп көрсетпейді, ал аралық жазбаны тек пайда болған даулармен ғана байланыстырады.[31]
Сөйтіп, коммерциялық дау тараптарының арасында қандай да бір түрдегі арбитраждық келісімнің болуы даудың арбитражда қаралуының міндетті шарты болып табылады. Ол болмаса арбитраждың дауды өзінің қарауына қабылдауына құқығы жоқ. Керісінше, заңға сай арбитраждық келісімнің болуы, жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік сотқа жүгіну мүмкіндігін жоққа шығарады, ол істі өзінің өндірісіне қабылдаудан бас тарту қажет. Егер тараптардың мұндай келісімі сот істі өзінің өндірісіне қабылдағаннан кейін жасалған болса, онда ол қысқартылуы тиіс.[32]
Мұндай ереже Ресей Федерациясының заңнамасында анық бекітілген. 1993 жылдың 7 шілдесіндегі Ресей Федерациясының “Халықаралық коммерциялық арбитраж туралы” Заңының 8-бабында былай делінген: “Арбитраждық келісімнің пәні болып табылатын сұрақ бойынша талап қойылған сот, егер тараптардың біреуі ол туралы даудың мәні бойынша алғашқы мәлімдемесін табыс еткеннен бұрын сұраса және сот келісімді жарамсыз, күшін жойған немесе орындалуы мүмкін емес деп таппаса, өндірісті қысқартуы және тараптарды арбитражға жіберуі тиіс”.
Егер арбитраждық келісімнің бір тарабы мемлекеттік сотқа жүгінсе, ал екіншісі бұған қарсылық келтірмесе және келіспеушілігін арнайы білдірмей сот талқылауына қатысса, онда тараптар өзара келісім бойынша арбитраждық келісімнің күшін жойды деп есептеу қажет.[33]
Бірақ, тәжірибеде бұдан да күрделірек жағдайлар кездеседі:
- тарап істің мемлекеттік сотта қаралуына арбитраждық ескертпеге сілтеме жасай отырып, қарсылық білдіреді, бірақ оның қарсылығын қабылдамаған жағдайда істі қарауға қатыса береді, соған қарамастан басқа тараптың заңсыз іс-әрекетін әшкерелеу қажеттігімен қатысу себебін түсіндіре отырып, мемлекеттік соттың әрекетінің заңсыздығы туралы пікірін өзгертпейді;
- тараптар істің қаралуына қарсылықсыз қатысады, бірақ мемлекеттіксот шешім шығарғаннан кейін бұған қанағаттанбаған тарап арбитраждық ескертпеге сүйене отырып арбитраждық сотқа талап қойып жүгінеді.[34]
Бірінші жағдайда осы іс бойынша мемлекеттік сот шешім шығарғаннан кейін талап қоюшының арбитраждық сотқа жүгінуін толық толық мүмкін деп санаймыз.
Екінші жағдайда, керісінше, мемлекеттік соттағы істің қаралуына қарсылықсыз қатысу арбитраждық ескертпеден бас тартуды білдіреді.[35]
Арбитраждық келісімнің жалпы түсінігі, оның нысаны туралы сұрақтарды қорытындылай келе, ол жауап беруі тиіс талаптарға тоқталатын болсақ, конвенцияларға, беделді арбитраждық соттардың регламенттеріне және қалыптасқан іскерлік әдет-ғұрыптарға сәйкес, арбитраждық ескертпе бірнеше талаптарға сай болуы тиіс, онсыз ол заңды күшінен айрылады:
- Арбитраждық ескертпе, әдетте, жазбаша нысанда жасалуы және оған өкілеттігі бар тұлғалармен қол қойылуы тиіс. Жазбаша нысан туралы талап халықаралық конвенцияларда, ең алдымен Нью-Йорк (ІІ б.) және Европа (І б.) конвенцияларында көрініс тапқан. Ескертпе мәтіні тараптар содан туындайтын дауларын арбтраждық сотта шешуге ниет етіп отырған негізгі контрактінің мәтініне қосылады, не жеке келісім ретінде жасалады. Арбитраждық ескертпенің тараптар қол қоятын бір құжат нысанында, не өзара хат алмасу, телеграмма, телефонограмма, телетайпограмма, факс немесе ескертпенің субъектілерін және олардың еріктерінің мазмұнын анықтайтын басқа да құжаттар алмасу нысанында жасалатындығы жалпымен қабылданған.
Жазбаша нысан, егер ескертпенің мазмұнын бір тарап құжат түрінде бекітсе, ал басқа тарап конклюденттік әрекеттерімен келісім білдірсе сақталды деп есептелінеді (ҚР АК-нің 396-б. 3-т.).
- Әдетте, арбитраждық ескертпе екі субъектінің арасында жасалады. Бірақ тәжірибеде көпжақты және сондай-ақ бір жақты арбитраждық ескертпелер белгілі.[36] Көпжақты арбитраждық ескертпе рәсімделінуінің және тараптар еркінің келісілуінің жарамдылығы жағынан екі жақты арбитраждық ескертпе жауап беруі тиіс талаптарға сай келуі тиіс.
- Барлық азаматтық құқықтық мәмілелер сияқты арбитраждық келісім (ескертпе) мәмілелер үшін міндетті талаптарға жауап беруі тиіс: қатысушылардың құқыққабілеттілігі, мазмұнының заңдылығы, тиісті нысанда жасалуы, еркін және тиісті ерік білдіру. Бұл талаптар бұзылған жағдайда арбитраждық келісім жарамсыз деп танылуы мүмкін. Бұл талаптарға сай келген жағдайда арбитраждық келісім заңды күшке ие болады және тек соттарға ғана емес, сондай-ақ қатысушылар үшін де міндетті болады.
Арбитраждық келісім мәмілелердің жарамсыздығының жалпы ережелері бойынша заңды күшін жоғалтады. Арбитраждық ескертпенің жарамсыздығы бекітілген жағдайда ол қолдануға жатпайды. Жарамсыздық фактісін мемлекеттік сот та, арбитраждық сот та талап арыздың қайда берілгендігіне байланысты анықтай алады.
- Ескертпе мәтінінде кейбір міндетті элементтер болуы тиіс. Бұл талапты сақтау мүмкіндігін жеңілдету үшін конвенцияларда, не кейбір арбитраждық соттардың регламенттерінде үлгілік арбитраждық ескертпе беріледі.
ЮНСИТРАЛ-дың арбитраждық регламенті ұсынатын үлгілік ескертпе төмендегідей:
Осы шарттан, не оны бұзудан немесе оның жарамсыздығынан пайда болған немесе оған қатысы бар кез келген дау, келіспеушілік немесе талап ету қазіргі уақыттағы қолданыстағы ЮНСИТРАЛ-дың арбитраждық регламентіне сәйкес арбитражда шешіледі. Бұған тараптар еріктері бойынша нақты органды, арбитрлар санын (біреу немесе үшеу), арбитраж орнын, арбитраждық талқылау тілін көрсете алады.
Арбитраждық ескертпе мәтінінің ұсынылатын үлгілері, сондай-ақ көптеген басқа да нормативтік құқықтық актілерде берілген. Әрине, үлгілік арбитраждық ескертпе сөзбе-сөз міндетті болып табылмайды, ол тек үлгі ретінде беріледі.
- Бұл элементтердің арасындағы ең маңыздыларының бірі тараптар таңдаған арбитражды немесе оны тікелей дараландыратын, не осындай дараландырудың әдісін нақты анықтайтын белгілерді көрсету болып табылады. Арнайы айта кету қажет, халықаралық конвенциялар және халықаралық арбитраж тәжірибесі тараптардан арбитраждық ескертпе мәтінінде арбитрды міндетті дараландыруды талап етпейді. Оның басты функциясы – тараптардың араларындағы дауды мемлекеттік соттың емес арбитраждық сотттың шешуі керектігі туралы еріктерін қандай да бір жолмен білдіру болып табылады. Тараптардың бұған қоса, арбитраждық сотты тікелей арбитраждық ескертпеде көрсете отырып, тіпті арбитрлардың есімдерін атай отырып, максималды түрде дараландыруға құқықтары бар. Бірақ, арбитраждық сотты мұндай деңгейде дараландырудың болмауы арбитраждық ескертпені күшінен айырмайды.
- Тараптар арбитраждық ескертпеде жасалатын контрактімен байланысты, не контрактілер тобымен байланысты барлық мүмкін болатын дауларды, не мұндай даулардың бір бөлігін қамти алады.
- Арбитраждық ескертпе негізгі контрактінің мәтініне қосылған күннің өзінде өзіндік заңдық тағдыры бар өзіндік келісім болып қала береді. Бұл аралық сот саласындағы басты қағидалардың бірі болып табылады.
Арбитраждық ескертпенің күшін жою, оны өзгерту немесе жарамсыз деп тану негізгі шарттың күшін жоюға, оны өзгертуге немесе жарамсыз деп тануға әкеліп соқпайды. Және, керісінше, негізгі шартпен байланысты мұндай әрекеттер арбитраждық ескертпенің заңдық күшіне әсер етпейді. Бұл ереже заң әдебиетінде ешқандай күдік тудырмайды.[37]
Алайда ҚР Жоғарғы сотының Шаруашылық алқасының тәжірибесінде негізгі шарттың мәтініне қосылған арбитраждық ескертпесінде даудың Лондон халықаралық аралық сотында қаралуы көзделген іс болды. Арбитраждық ескертпенің болуына қарамастан, талап қоюшы негізгі контрактіні жарамсыз деп тану туралы талабымен мемлекеттік сотқа жүгінеді. ҚР Жоғарғы Соты контракт жарамсыз болған жағдайда арбитраждық ескетпенің де жарамсыз болатындығына сілтеме жасай отырып істі өзінің қарауына қабылдады. Бұл негіздер арбитраждық ескертпенің өзіндік заңды күші туралы жалпымен мойындалған доктринаға қайшы келеді.
Арбитраждық ескертпенің тәуелсіздігі халықаралық құқықтың нормативтік құжаттарында да көрсетіледі. ЮНСИТРАЛ-дың Арбитраждық регламентінің 21-бабында былай делінген: “Шарттың бөлігі болып табылатын және осы Регламентке сәйкес арбитраждық талқылауды көздейтін арбитраждық ескертпе осы шарттың басқа жағдайларынан тәуелсіз келісім ретінде қарастырылуы тиіс. Арбитраждық соттың шартты жарамсыз деп тануы арбитраждық ескертпенің жарамсыздығына әкеліп соқпайды”.
2002 жылдың 21-маусымында қабылданған Ресей Федерациясының “Ресей Федерациясындағы аралық соттар туралы” Федералдық Заңының 17-бабында шарттағы ескертпе түрінде жасалған аралық келісімнің шарттың басқа жағдайларынан тәуелсіз келісім ретінде қаралуы керектігі туралы айтылған.
- Талап қоюшылар мен жауапкерлердің құрамы арбитраждық ескертпеге қол қойған тұлғалар шеңберінен аса алмайды, өйткені дау қатысушыларының даудың арбитраждық сотта қаралуына келісім беруі – істі арбитраждық талқылауға қабылдаудың басты шарты болып табылады. Мәжбүрлі түрде арбитраждық ескертпеге қол қою түріндегі келісімсіз, не басқа да заңды жолдарсыз ешкім де арбитраждық сотта талап қоюшы немесе жауапкер ретінде тартыла алмайды. Бұл пайда болған конфликтіге шынайы және байсалды түрде қатысатын, өзіне ыңғайлы арбитраждық шешімнің шығарылуына мүдделі түлғаларға да қатысты (кепіл беруші, кепілдік беруші, кепіл болушы және т.б.).
Мысалы, Халықаралық сауда палатасының Арбитраждық соты қазақстандың бірлестіктің ағылшын сатып алушысына алдын ала төлеу негізінде металл жеткізу шартын бұзуы туралы дауды қарады. Арбитраждық ескертпе жеткізуші орындамаған шартқа қосылған болатын. Сатып алушы екі жауапкерге – жеткізушіге және тауар жеткізілімі шарты жасалғаннан кейін жеткізуші-кәсіпорын өзіне сенімгерлікпен басқару негізінде өткен және талап қоюшының ойы бойынша, жеткізілімнің болмауына әрекеті әсер еткен корейлік фирмаға талап қойды. Корейлік фирма өзін арбитраждық талқылауға тартуға қарсылық білдірді, өйткені арбитраждық ескертпе қосылған тауар жеткізілімі шартына ол қол қойған жоқ. Халықаралық арбитраждық сот бұл дәйекпен келісті.
- Жоғарыда айтылған талаптарға сай болған жағдайда арбитраждық келісім заңды күшке ие болады, қатысушылар үшін міндетті сипатқа айналады және тек олардың өзара келісімі бойынша ғана өзгертіледі және күшін жояды. Арбитраждық ескертпеден біржақты бас тарту шарттан біржақты бас тартудың жалпы негіздері бойынша ғана мүмкін болады (ҚР АК-нің 401, 404 бб.). Мұндай негіз болмаған жағдайда қатысушыларының бірі бас тартқан арбитраждық ескертпе міндетті күшін сақтайды. Бұл бас тартып отырған қатысушы талап қойып жүгініп отырған мемлекеттік сотқа да, арбитраждық ескертпенің жауапкер-қатысушысы істің онда қаралуынан бас тартып отырған арбитраждық сотқа да қатысты болып табылады.[38]
Арбитраждық ескертпеден туындайтын құқықтар мен міндеттердің құқықмирасқорлығы тәртібімен берілуі мәселесі арнайы тоқталуды қажет етеді.
Біріншіден, бұл талап ету құқығын берумен немесе борышты аударумен, яғни шарттық міндеттеменің бір қатысушысының алмастырылуымен байланысты болуы мүмкін.
Тәжірибеде өзіне цеденттен талап ету құқығы көшкен цессионарийдің арбитражға міндеттемені орындау туралы талап қойып жүгінген жағдайлары кездесті, борышқор даудың арбитражға ведомстволық бағыныстығын мойындамады, өйткені ол арбитраждық ескертпені цедентпен жасасқан болатын.
Осыған ұқсас бір жағдайда құрылтай шартының бір қатысушысы басқа қатысушының келісімімен шарт бойынша барлық құқықтар мен міндеттерді құқықмирасқорына береді. Жаңа қатысушының шартпен көзделген, бірақ тараптар ауысқаннан кейін орындалуға жататын міндеттемесін орындауы туралы дауда құрылтай шартының екінші қатысушысы арбитражға жүгінеді, ол дауды қараудан бас тартады, себебі арбитраждық ескертпеге жауапкер қол қоймаған болатын.
Мұндай жағдай борыш аударылған кезде де мүмкін болады. Мұндай жағдайларда туындайтын барлық даулар арбитраждық ескертпенің заңды күшінің оның қатысушылары құрамының өзгермейтіндігіне бағыныштылығы қағидасына сүйене отырып шешілуі тиіс деп ойлаймыз. Бір қатысушыны екінші тұлғаның алмастыруы – не жаңа мәтін құрастыру жолымен, не жаңа қатысушының бұрынғы құжатқа қосылуы жолымен (қалған қатысушының келісімімен) арбитраждық ескертпе мәтініне өзгерістер енгізбей мүмкін емес.
Екіншіден, негізгі міндеттеме жаңғыртылған жағдайдағы арбитраждық ескертпенің тағдыры, яғни тараптардың өзара келісімі бойынша бір міндеттемені басқасымен алмастыру кезіндегі арбитраждық ескертпе жағдайы.
Қазақстандық коммерциялық тәжірибеде тараптардың бірлескен кәсіпорын құру туралы шартты Өнімді бөлу туралы шартпен (Production Sharing) алмастырған жағдайлары кездесті. Жаңа шартта даулардың Стокгольм сауда палатасының Арбитраждық институтында қаралуын көздейтін арбитраждық ескертпе болды. Алғашқы шартта мұндай ескертпе болған жоқ. Оған қарамастан пайда болған дау бойынша талап қоюшы алғашқы шарттың жағдайларына жиі сілтеме жасады. Арбитраж бұл сілтемелерді қараудан алып тастады.
Мұндай шешімді алғашқы шарттағы арбитраждық ескертпе жаңғырту нәтижесінде пайда болған екінші міндеттемеде болмаған жағдайда да қолдану қажет.
Өшіншіден, заңды тұлға қайта құрылған кездегі арбитраждық ескертпенің күшін сақтауы.
Егер қаайта құру нәтижесінде өзінің қызметін тоқтатқан қайта құрылған заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттері құқықмирасқорлығы тәртібімен өтетін жаңа заңды тұлғалар пайда болса күмән тумайды. Жаңа заңды тұлға өзінің алдындағы заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттерімен байланысты арбитраждық ескертпеге қайтадан түсуі қажет.
Қосылу және бөлініп шығу нысанындағы қайта құру нәтижесінде сақталып қалған заңды тұлғаларға келер болсақ, олардың бұрын жасасқан арбитраждық ескертпелері сақталып қалған заңды тұлғаның оған басқа заңды тұлғаның қосылуына дейінгі, не бөлініп шыққаннан кейінгі сақталып қалған шарттық міндеттемелеі бойынша күшін сақтайды.
Сөйтіп, ғылыми доктрина да, қазақстандық талапкерлер мен жауапкерлердің тәжірибесі де мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді:
- Арбитраждық ескертпе негізгі міндеттемеден бөлек және ол оның заңдық тағдырынан тәуелсіз міндеттемені туғызады;
- Арбитраждық ескертпедегі тікелей жекеше көрсетусіз ешқандай бір үшіші тұлға арбитраждық даудың бір тарабы ретінде, бұл тұлғалар талап қоюшымен немесе жаупкермен негізгі міндеттемеге тәуелді міндеттеме арқылы байланысты болса да немесе арбитраждық шешімге жеке мүдделі болса да, тартыла алмайды.
Әрине арбитраждық ескертпенің заңды күшінің шегімен байланысты барлық мәселелер үшінші тұлғалар тиісті нысанда арбитраждық ескертпенің басқа қатысушыларының келісімімен даудың арбитраждық қаралуына оның бір тарабы ретінде қатысуға ниет білдірген кезден бастап күшін жояды.[39]
Қазақстандағы арбитраж мәселесімен терең айналысып жүрген белгілі ғалым Ю.Г.Басиннің еңбегін келтіріп отыруымыздың себебін біздің ол кісінің ойымен келісуіміздің нәтижесі деп қабылдаған жөн және бұл жерде тағы бір түсініксіз жағдай орын алуы мүмкін. Ол тақырыбымыз аралық сот мәселесі бола тұрып, арбитраждық келісім мәселесін қарастырғанда халықаралық коммерциялық арбитраж тақырыбындағы еңбектерді, халықаралық коммерциялық арбитраж тәжірибесін пайдаланғандығымыз. Айта кету қажет, халықаралық коммерциялық арбитраж бен ішкі дауларды қарайтын аралық соттың расында да бір бірінен айырмашылықтары жеткілікті-ақ. Дегенмен халықаралық коммерциялық арбитражда да, аралық сотта да арбитраждық келісімнің функциясы бір болып табылады, бұл жердегі аралық келісімнің жалғыз ғана айырмашылығы, біздің ойымызша, оның жарамдылығын анықтаудың қолданылатын құқық бойынша айқындалатындығы болып табылады.
Сонымен қатар, арбитраждық келісімнен екі маңызды процессуалдық-құқықтық салдардың туындайтындығы туралы Г.К.Дмитриева өз еңбегінде жазады. Біріншіден, жоғарыда айтылғандай, арбитраждық келісім сотты оның юрисдикциясынан айырады. Арбитраждық келісімнің болуының екінші процессуалдық-құқықтық салдары арбитраждық компетенциямен байланысты: арбитраж оған келісім тараптары жүктеген өкілеттіктердің шегінен шығуға тиіс емес.[40]
Аралық соттың түсінігі, тарихы және аралық келісімнің нысаны, оның құқықтық табиғаты мәселелеріне арналған, тақырыбымыздың жалпы сұрақтарының басын ашып алуды көздеген жұмысымыздың І-тарауын қорытындылай отырып, осы аралық соттардың Қазақстандағы жағдайына арналған келесі тарауына көшеміз.
ІІ-ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ АРАЛЫҚ СОТТТАР ҚЫЗМЕТІ
2.1. Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметінің құқықтық реттелуі: 1990-жылдардан бергі даму барысы
Аралық соттың қызметін реттейтін нормалар ҚР АК-сінде, АІЖК-сінде және т.б. заң актілерінде көзделген. ҚР АК-нің 9-бабына сәйкес, азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелік сот немесе аралық сот жүзеге асырады. Сондай-ақ, ҚР АІЖК-нің 25-бабы бойынша сотқа бағынысты мүліктік дау, оған заң актілерінде тыйым салынбаған кезде, тараптардың келісім бойынша аралық соттың қарауына берілуі мүмкін. Бұл нормалар қазіргі уақытта Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметіне қатысты бірден бір негізгі нормалар болып табылады. Себебі, әлі күнге дейін Қазақстан Республикасында аралық соттар қызметін толық реттейтін, оның шешімін мәжбүрлеп орындауды қамтамасыз ететін заң актісі жоқ.
Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметінің құқықтық реттелу тарихына тоқталар болсақ, ең алдымен 1993 жылғы 4-мамырдағы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің «Экономикалық дауларды шешуге арналған аралық сот туралы Үлгі ережені бекіту туралы» №356 Қаулысын атауға болады. Бұл қаулы қазақстандық аралық соттардың ұйымдастырылуы мен қызметі мәселелеріне тікелей арналған, олардың шешімдерін мәжбүрлеп орындатудың тәртібі мен тәсілін анықтаған арнайы нормативтік құқықтық акт болатын. Қаулы көптеген заңдық кемшіліктерге толы болды. Онда орындауға сот бұйрығы берілгенге дейін мемлекеттік соттың шешімінің заңдылығын тексеруі көзделді. Сонымен қатар, бұл қаулының әрекеті тараптарының бірі шетелдік қатысушысы бар кәсіпорын болған дауларға таралмады. Дегенмен, 1992 жылдың қазанындағы «Қазақстан Республикасы төрелік соттарының шаруашылық дауларын шешу тәртібі туралы» Заңның 134-бабында аралық сот шешімдерін орындаудың жалпы процедурасы көзделді. Бәрі өз орнында бола бастаған секілді еді, бірақ бұл 1997 жылы қабылданған және қазіргі күні қолданыстағы Азаматтық іс жүргізу кодексінің қабылдануына дейін ғана созылды. Мұнымен байланысты, сондай-ақ арбитраждық соттар азаматтық соттарға айналғандығымен байланысты оларға жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің сот-процессуалдық нормалары таралатын болды, ал «Қазақстан Республикасының төрелік соттарының шаруашылық дауларын шешу тәртібі туралы» Заң 134-бабымен бірге күші жойылды деп танылды.
Аралық сот шешімін мәжбүрлеп орындату туралы мәселе тағы да көтерілді. Ең алдымен, ҚР АІЖК-сі де, 1998 жылдың 30-маусымындағы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заң да бұл орындауды көздемеген. ҚР АІЖК-сінің 25, 61, 106, 153, 185, 192, 249 баптары, ҚР АК-сінің 9-бабы аралық сотқа даудың берілуін кезең-кезеңмен реттеп келіп, ҚР АІЖК-сі аралық сот шешімінің қалай орындалуы керектігі туралы еш жерде көрсетпейді. Мұндай шешімдер сот бұйрығын (ҚР АІЖК-нің 130, 140 баптары), не атқару парағын (ҚР АІЖК-нің 236-бабы) беру негіздерінің арасында айтылмайды. Тек ҚР АІЖК-нің 425-бабында және 1998 жылдың 30-маусымындағы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 5 және 80-баптарында халықаралық және шетелдік арбитраждардың шешімдерін мәжбүрлеп орындау туралы айтылады.[41]
Бұл жерде түсініксіз құқықтық жағдай қалыптасты: заң аралық соттардың дауларды шешуінің маңыздылығын және легитимдігін мойындайды, бірақ олардың шешімдері қалай орындалуы керектігін айтпайды. Мұның салдарынан қайшылықты сот тәжірибесі пайда болды. Соттар мазмұны бойынша қарама-қайшы шешімдер қабылдай бастады. Мысалы, Қостанай облыстық сотының Шаруашылық істер жөніндегі алқасының 1999 жылдың 11-қарашадағы ұйғарымымен, ҚР АІЖК-сі мұндай шешмідердің орындалуына бұйрық беруді көздемейді деген негізбен аралық сот шешімін орындауға бұйрық беруден бас тартылды. Айта кету қажет, 1993 жылғы қаулыда аралық сот шешімін мәжбүрлеп орындау сот бұйрығын шығару арқылы жүзеге асырылатын. ҚР Жоғарғы Сотының Шаруашылық істер жөніндегі алқасының 1999 жылдың 18-қарашасындағы қаулысымен Алматы қалалық сотының 7-қазандағы аралық сот шешімі бойынша атқару құжатын беру туралы өтініштен бас тарту туралы ұйғарымының күші жойылды. Тиісті заң болмағандықтан, алқа 1993 жылдың 4-мамырындағы Аралық сот туралы үлгі ережеге сілтеме жасады. Сонымен қатар, ҚР Жоғарғы Сотының 2001 жылдың 30-мамырындағы ұйғарымымен ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы Арбитраждық комиссияның шешімін мәжбүрлеп орындауға бұйрық беруден төмендегідей негіздер бойынша бас тартылды: «тараптар шешімі өздері үшін түпкілікті болып табылатын, өздерінің дауларын шешетін органды ерікті түрде анықтағандықтан, шешімді орындау да жалпы соттардың қатысуынсыз ерікті түрде орындалуы тиіс».[42]
Мұндай шешімі жоқ жағдайдан шығу үшін ҚР Жоғарғы Соты 2001 жылдың 19-қарашасында «Аралық сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату туралы арыздарды қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулыны қабылдады. Бұл қаулыда аралық соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындатудың бұрынғыдан өзгеше тәртібі көрсетілді. ҚР АІЖК-нің 425-бабына аналогия бойынша және Аралық сот туралы үлгі ережеге сілтеме жасай отырып, ҚР Жоғарғы Соты мемлекеттік соттарды аралық соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындауға ұйғарым шығаруға міндеттеді. Бұл қаулыға сәйкес, экономикалық дауларды қарайтын аралық соттардың шешімі тараптар үшін міндетті болып табылады және борышқорлар оны сол соттардың шешімінде көрсетілген мерзім мен тәртіпте ерікті түрде орындауы тиіс. Борышқорлар аралық соттардың шешімдерін ерікті түрде орындаудан жалтарған жағдайда, талап қоюшы жауапкердің тұрғылықты жері бойынша аудандық немесе оған теңестірілген соттарға өзінің аралық соттың шешімін мәжбүрлеп орындату туралы арызын қойып жүгіне алады. Бұл қаулыда соттың келіп түскен арыз бойынша жасайтын әрекеттері реттеледі. Соңында, судья, егер сол қаулының үшінші бөлігінде көрсетілген талаптарды аралық сот сақтады деп тапса, онда аралық соттың шешімін мәжбүрлеп орындау туралы ұйғарым шығарады.
Алайда, бұл қаулыға ҚР Бас Прокуроры және ҚР Әділет министрлігі күтпеген жерден қарсы шықты. Олардың түрткі болуымен ҚР Премьер-Министрі ҚР Конституциясының 13-бабының 2-тармағын және 75-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру туралы сұрауымен ҚР Конституциялық кеңесіне жүгінді.
Сол уақытта ҚР Үкіметінің 2001 жылдың 7-желтоқсанындағы №1592 қаулысымен 1993 жылдың 4-мамырындағы «Аралық сот туралы үлгі ережені бекіту туралы» ҚР Министрлер кабинетінің №356 Қаулысының күші жойылды деп танылды.
ҚР Премьер-Министрінің сұрауын қарап, Конституциялық кеңес мынадай қорытындыға келді:
- Аралық сот Қазақстан Республикасындағы сот төрелегін жүзеге асыратын сот жүйесіне кірмейді, ол азаматтық құқықтық қатынас қатысушыларының арасындағы мүліктік дауды олардың ерікті түрдегі ерік білдіруі бойынша қарайды. Аралық сотқа жүгіну Конституцияның 13-бабының 2-тармағында бекітілген азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығының жүзеге асырылуы болып табылмайды.
- Конституцияның 75-бабының 1-тармағымен бекітілген «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады» деген конституциялық қағида тек Республиканың сот жүйесіне кіретін соттарға ғана таралады. Аралық соттардың дауларды қарауы сот төрелігінің жүзеге асырылуын білдірмейді.
- Тараптардың дауды аралық соттың шешіміне беру туралы азаматтық құқықтық шарт жасасуы кейін бұл дауды Республика сот жүйесі соттарының қолданыстағы заңнама бекіткен тәртіппен қарау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
М.К.Сулейменов Конституциялық кеңестің алғашқы екі қорытындысымен келісе отырып, үшінші қорытындымен келісуге болмайтындығын айтады.
Шынында, аралық сот сот жүйесіне кірмейді және сот төрелігін тек сот қана жүеге асырады. Алайда, Конституциялық кеңес Конституцияның 13-бабының 2-тармағындағы құқықтар мен бостандықтарды сот арқылы қорғау құқығына сүйене отырып, 13-баптың 1-тармағын еске алмады, онда әркімнің өзінің құқықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау құқығы бекітілген. Бұл бірінші тармақтан Конституциялық кеңес аралық соттың дауды қарауының осындай тәсілдердің бірі болып табылатындығы туралы қорытындыны ғана шығарды.
Алайда, Конституцияның 13-бабының 1-тармағынан басқа да қорытынды шығаруға болады: сот арқылы қорғау да әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау тәсілдерінің бірі болып табылады. Сәйкесінше, басқа да тәсілдерге жол беруге болады және азаматтар мен заңды тұлғалар өздерінің құқықтарын сот арқылы қорғаудан бас тарта отырып басқа да тәсілдерді пайдалануға құқылы.
Конституциялық кеңестің қаулысында қылмыстық құқықтық акцент айқын көрінеді. Сот төрелігі, шынында да сот арқылы жүзеге асырылады, бірақ азаматтық құқықтық қатынастарда азаматтар мемлекеттің мәжбүрлеу күшіне және сот төрелігіне жүгінбей-ақ қорғау құқықтарын пайдаланады (өзін-өзі қорғау құралдары, жедел санкциялар).[43]
Ресей ғалымы Е.А.Суханов та аралық соттың жеке құқықтық қатынастардағы дауды шешу үшін құрылатындығы жайлы былай дейді: «Нақты құқықтық қатынас қатысушыларының өздерінің араларындағы дауды қарайтын жеке, мемлекеттен тәуелсіз сот органын құру мүмкіндігіне тек жеке құқықтық қатынастарда ғана жол берілетіндігі айқын және ол өздерінің байланыстарын өздеріне тиесілі құқықтарға билік етудегі бастамашылық пен диспозитивтілік бастауларына негіздейтін тең құқықты мүліктің жеке меншік иелерінің қатынастары ретіндегі ерекше заңи табиғатымен анықталады. Бұл жағдай арқылы тек азаматтық, яғни жеке құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешу бойынша аралық сотттың құзыреті де анықталады».[44]
Сонымен, аралық талқылауды қолдану – бұл да азматтардың өздерінің құқықтарын қорғау тәсілдерін таңдау құқығын жүзеге асыру болып табылады. Бұдан, егер аралық сот шешімі орындалмай жатса мемлекеттің араласпауы керектігі туындамайды. Аралық ескертпе – бұл азаматтық құқықтық шарт, екі тараптың еркінің білдірілуі. Бұл шарттың бұзылуы, яғни аралық сот шешіміне бағыну міндетінің бұзылуы кез келген азаматтық құқықтық шарттың бұзылу салдарына алып келеді.
Азаматтық қатынас қатысушылары шарт жасасып және оны тараптардың бірі орындамаса, жәбірленуші тарап өзінің құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы. Азаматтық құқықтық қатынастарда олардың мемлекеттің мәжбүрлеу күшімен қамтамасыз етілгендігі нақ осыны білдіреді. Дәл осы жағдайда сот төрелігі жүзеге асырылады.
ҚР Конституциясының 13-бабын түсіндіргенде сот арқылы қорғану құқығының абсолютті болып табылатындығын және азаматтың бұл құқықтан бас тарта алатындығын нақтылау қажет.[45]
ҚР АІЖК-нің 8-бабының 4-тармағында былай бекітілген: егер заңға қайшы келсе немесе әлдекімнің құқығын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзса, сотқа жүгіну құқығынан бас тарту жарамсыз болады. ҚР АІЖК-сі (25, 170, 192-баптары) және ҚР АК-сі (9-бабы) өздерінің құқықтарын аралық сотқа жүгіну арқылы қорғауды тікелей қарастырып отыр. Бұл жерде әлдекімнің құқықтары мен мүдделерін бұзу байқалмайды, өйткені аралық келісімнің тараптары бірге және бір уақытта өз құқықтарынан бас тартады. Сәйкесінше, тұлға өзінің сот арқылы қорғану құқығынан бас тартуға құқылы.
Осыған байланысты Конституциялық кеңестің үшінші қорытындысы түсінбеушілік туғызады.
М.К.Сулейменов: «Аралық соттың қараған дауын мемлекеттік сотқа берген кезде сот қолданыстағы заңнаманы жетекшілікке алуы тиіс», – дейді. Ал қолданыстағы заңнама (ҚР АІЖК-нің 249-бабының 5-тармағы), егер тараптар арасында аралық келісім жасалған болса, соттан арызды қараусыз қалдыруды талап етеді.[46]
Бұл жерде айта кету қажет, Конституциялық кеңестің жоғарыда аталған қаулысының қарар бөлігінің 3-тармағында аралық сот қараған дау туралы емес, тараптардың дауды аралық соттың шешіміне беру туралы азаматтық құқықтық шарт жасасуы туралы айтылады. Сонымен қатар, М.К.Сулейменов ҚР АІЖК-сінің 249-бабының 5-тармағын келтіргенде, «егер жауапкерден қарсылық келіп түспесе» деген сөйлемді еске алмаған.
Осыған байланысты П.Я.Грешников пен И.П.Грешников Конституциялық кеңестің аталған қаулысының қарар бөлігіндегі жағдайды былай түсіндіреді: Қаулының қарар бөлігіне сәйкес, тараптар аралық келісімнің болуына қарамастан мемлекеттік сотқа жүгіне алады. Талап қоюшы сотқа талап қойғаннан кейін, егер жауапкерден қарсылық келіп түспесе, іс сол сотта қарала береді (ҚР АІЖК-сінің 249-бабының 5-тармағы).[47] Бұл жерде ғалымдар заңға сыйыспайтын, түсінбейтін еш нәрсе орын алған жоқ деп есептейді.
Алайда Конституциялық кеңес өзінің аталған Қаулысының дәлелдеме бөлігінде былай дейді: «…. аралық сотта даудың шешілуі сот төрелігін жүзеге асыруға Коституциямен және заңдармен өкілеттік берілген соттарға тараптардың жүгінуіне кедергі келтірмейді». Республикамыздағы конституциялық қадағалауды жүзеге асыратын жоғарғы органның бір құжатта екі түрлі сөйлеп отырғаны түсініксіз. Мұндай жағдайда аталған нормалардың қайсысына сүйену керектігі туралы сұрақ туындайды. Себебі бұл нормалардағы айтылған қатынастар бір бірінен ажыратылатын бөлек қатынастар болып табылады. Егер дауды аралық соттың шешіміне беру туралы шарт жасауды, яғни Қаулының қарар бөлігін алар болсақ, онда П.Я.Грешников және И.П.Грешниковтың ұсынған жолымен жүруімізге болады. Ал егер оның дәлелдеме бөлігіне сүйенсек, онда бүкіл дүниежүзілік іскерлік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген аралық соттардың Қазақстан Республикасындағы қызметіне балта шапқандай боламыз. Себебі, мұндай жағдайда, аралық сот шешімі міндетті деп танылмайды және оның дәрежесі келіссөз, бітістіру процедураларымен бір деңгейде болып қалады.
2001 жылғы 19-қарашадағы ҚР Жоғарғы соттың нормативтік қаулысына ҚР Бас прокуратурасы мен Әділет министрлігі тарапынан көрсетілген қарсылықтар ҚР Конституциялық кеңесінің қаулысымен ғана шектеліп қана қойған жоқ. ҚР Бас прокуратурасы ҚР Жоғарғы сотының аталған қаулысына шабуылын жалғастыра берді. 2002 жылдың 22-ақпанында ол 2001 жылғы 19-қарашадағы ҚР Жоғарғы сотының нормативтік қаулысына наразылық келтірді. Бұл саладағы ғалым-мамандар (М.К.Сулейменов, Ю.Г.Басин, З.Х.Баймолдина, П.Я.Грешников, Е.Б.Осипов, И.П.Грешников) бұл наразылыққа қорытынды дайындады, одан соң бұл қорытынды ҚР Жоғарғы сотының Ѓылыми-консультативтік кеңсінде қаралды және дәйекті сынға ұшырады да, ҚР Бас прокуроры наразылықты қайтарып алды.
Бұл наразылығында ҚР Бас прокуроры ҚР Жоғарғы сотынан нормативтік қаулыны толық көлемде жоюды сұраған болатын. Прокурордың бұл наразылықтағы дәйектерін шартты түрде үш бөлікке бөлуге болады:
Біріншіден, сот арқылы қорғану азаматтардың және заңды тұлғалардың өздерінің құқықтарын қорғаудың негізгі және тәжірибе жүзіндегі жалғыз заңды тәсілі болып табылады. Прокурор аралық соттар Қазақстан Республикасының сот жүйесіне кірмегендіктен, олардың құрылуының негізгі қағидасы еріктілік болып табылады, ал ҚР АІЖК-сі аралық соттар шешімдерінің мәжбүрлеп орындатылу механизмін анықтамағандықтан, олардың шешімдері мәжбүрлеп орындалуға тиіс емес деп санайды.
Екішіден, прокурор «Қазақстан Республикасының заңнамасы, атап айтқанда: ҚР АІЖК-сі, Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының Заңы ҚР сот жүйесі соттарының шешімдерінен басқа аралық және басқа да соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындауды қарастырмайды», – деп бекітеді. Атқару құжаттарының тізімі келтірілген аталған Заңның 5-бабы, прокурордың ойынша, аралық сот шешімінің негізінде берілген атқару құжатын қарастырмайды.
Өшіншіден, прокурордың ойынша, аралық соттар өзінің мәртебесі және нысаны бойынша қоғамдық құрылымдарға жатады. Қоғамдық құрылым деп прокурор бұл жерде қоғамдық білестіктерді айтып отыр.
Аралық соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орыдауды, прокурор, мемлекеттің қоғамдық құрылымдарды қаржыландыруы деп саралайды. Сонымен қатар, аралық соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындауды, прокурор, қосымша бюджеттік шығындарға әкеледі деп санайды.
Бұл келтірілген дәйектерге И.П.Грешников төмендегідей негізді қарсылықтар білдіреді:
- Конституцияда және (13-баптың 1-тармағы) және Қазақстан Республикасының заңдарында кез келген азамат немесе ұйымның өздерінің құқықтарын қорғау тәсілдері мен құралдарын таңдауға құқықтары бар екендігі бекітілген.
Азаматтар мен ұйымдар құқық субъектісі ретінде бұл қатынастарда қандай тәсілдерді қолдану керектігін өздері шешеді.
Құқық субъектілері өздерінің еркі бойынша – өзін-өзі қорғауды; жоғары тұрған басқару органына құқығын қорғау мақсатында жүгінуді; мемлекеттік сотта талап қоюды; аралық сотқа жүгінуді; дауды шешу бойынша маманның, бейтарап үшінші тұлғаның көмегін пайдалана отырып істі шешуді және т.б. таңдайды.
ҚР Жоғарғы сотының нормативтік қаулысына наразылық келтіре отырып, ҚР Бас прокуроры азаматтар мен ұйымдарды тек мемлекеттік сотқа жүгінуге мәжбүрлеуге талпыныс жасады. Заңнамаға және Қазақстанда, сондай-ақ әлемнің көптеген елдерінде қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, шетелдік және отандық аралық (арбитраждық) соттар мемлекеттік соттардың жүйесіне кірмейді. Алайда олардың шешімдері жалры соттармен танылады және мемлекеттік атқару органдарының жүйесі арқылы орындалады.
Сот төрелігінің мемлекет атынан, бұл жағдайда Қазақстан Республикасы атынан тек мемлекеттік соттармен жүзеге асырылатындығы белгілі. Аралық соттар экономикалық (мүліктік) дауларды шешеді, бұл, тағы қайталап айтамыз, сот төрелігін жүзеге асыру болып табылмайды, өйткені аралық соттар тараптардың олардың арасындағы жекеқұқықтық дауды шешу тәртібі туралы келісімі негізінде әрекет етеді. Тараптар аралық сот шешімінің күшінің міндеттілігін және түпкіліктілігін, бірінші кезекте өздері үшін таниды. Егер тараптардың бірі адал ниетті болмай шықса және аралық соттың шешімін орындаудан бас тартса немесе бұл шешімді іс жүзінде орындамаса, мұндай жағдайда тарапты аралық сот шешімін орындауға мәжбүрлеудің маңызы зор.
Тараптардың істі аралық соттың қарауына беру туралы келісімі шарт болып табылғандықтан, мынадай аналогияны қолдану жөн болып табылады. Кез келген азаматтық құқықтық шарттан туындайтын міндеттемені, тіпті, бұл шарт Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен көзделмесе де, тараптар ерікті түрде орындауы тиіс, орындалмаған жағдайда борышқор шартпен көзделгеннің бәрін жасауға мәжбүрленуі мүмкін, өйткені шарттық міндеттемені орындау мемлекеттік биліктің күшімен қамтамасыз етіледі.
Айта кететін жайт, Қазақстан Республикасының мемлекеттік соттарының жүйесіне халықаралық сот органдары, басқа мемлекеттердің соттары, сондай-ақ шетелдік арбитраждар да кірмейді, соған қарамастан олардың шешімдерінің біздің еліміз территориясында орындалуының заңды екеніне ешкімнің күмәні жоқ.
Аралық соттар мен мемлекеттік соттардың жалпы арақатынасына келер болсақ, аралық соттар мемлекеттік соттармен кез келген сот шешімдерінің, оның ішінде қазақстандық аралық соттар шешімдерінің орындалуының жалпы ортақ жүйесінің болуымен тығыз байланысты. Сонымен қатар мемлекеттік соттар аралық соттардың шешімдерін тануды жүзеге асырады және олардың орындалуына құжаттар береді. Аралық сот шешімін тану барысында сот істің формальды жағын, тараптардың аралық талқылауды сақтағанын және арбитраждың өзінің барлық қажетті процедураларды сақтағанын тексереді.
Аралық сот шешімін тани отырып, оны мәжбүрлеп орындау үшін билікті қолдануды мақұлдай отырып, судья мемлекет атынан сот төрелігін жүзеге асырады.
- ҚР Бас прокурорының «Қазақстан Республикасының заңнамасы, атап айтқанда: ҚР АІЖК-сі, Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының Заңы ҚР сот жүйесі соттарының шешімдерінен басқа аралық және басқа да соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындауды қарастырмайды» деген ойы таң қалушылық тудырады. Прокурор өзінің қарсылығында ҚР АІЖК-сінің 425-бабына сілтеме жасағандығына қарамастан, мәні жағынан прокурордың ұстанған бағыты бұл бапқа және аталған заңның 5, 6-баптарына қайшы келеді. Аталған баптардың нормалары мәні жағынан қазақстандық аралық соттардан ерекшеленбейтін шетелдік және халықаралық арбитраждардың шешімдерін орындау механизмдерін анықтайды.
Қазақстан Республикасының аралық соттары, халықаралық, шетелдік аралық (арбитраждық) соттар тең құқықтық жағдайда болып табылады. ҚР Бас прокуратурасы бұл теңдікті шетелдік арбитраждар пайдасына бұзуға талпыныс жасап келеді.
Айта кету қажет, Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабының 4-тармағында атқару құжаттары болып «халықаралық, шетелдік соттардың және арбитраждардың шешімдері негізінде берілген атқару парақтары» табылатындығы туралы айтылған. Қазақстанда «арбитраж» термині «аралық сот» терминіне синоним болып табылғандықтан, аталған заңның 4-тармағы республикада атқару парақтары халықаралық, сондай-ақ ішкі аралық соттардың шешімдері негізінде берілуі тиіс деп санауға мүмкіндік береді.
- ҚР Бас прокурорының наразылығындағы басқа ойдан шығарылған негіздердің бірі – аралық соттардың өздерінің мәртебесі және нысаны бойынша қоғамдық құрылымдарға жататындығы туралы пікір болып табылады. «Қоғамдық құрылымдар» деп прокурор бұл жерде қоғамдық бірлестіктерді айтып отыр. Аралық соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындауды, прокурор, мемлекеттің қоғамдық құрылымдарды қаржыландыруы деп саралайды.
Алайда ҚР Бас прокуроры өзінің наразылығында сілтеме жасап отырған ҚР Конституциясының 5-бабының нормаларының аралық соттарға еш қатысы жоқ. 1996 жылдың 31-мамырындағы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, қоғамдық бірлестіктер ұғымына саяси партиялар, кәсіподақтар және азаматтардың басқа да бірлестіктері кіреді.
Аралық сот саяси партия да, кәсіподақ та, азаматтардың бірлестігі де болып табылмайды, оны қоғамдық бірлестік ретінде анықтауға болмайды, ол заңды тұлғаның ұйымдық құқықтық нысаны болып табылмайды. Аралық сот азаматық құқықтық дауды шешу тәсілі болып табылады. Әдетте, аралық соттар сауда-өнеркәсіптік палаталар, қорлар, биржалар жанында, сондай-ақ мекеме, ассоциациялар және т.б. нысанында құрылады.
Енді сұрақтың қаржылық жағын қарастырайық. Аралық сотта даудың шешілгендігі үшін аралық сот аралық алымдар алады, оның сомасынан бюджетке мемлекеттің заңдары көздеген барлық салықтар төленеді.
Мемлекеттік соттардың, сондай-ақ аралық соттардың шешімдерін орындау жөніндегі шығындар борышқордың есебінен өтеледі. Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының Заңының 77-бабының 1-тармағымен қандай соттың шешімі орындалатындығына қарамастан өндірілетін соманың (мүлік құнының) 10 пайызы мөлшерінде атқарушылық санкциясы көзделген.
Сөйтіп, ҚР Бас прокуратурасының аралық соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындауды енгізу мемлекет қазынасынан қосымша қаржы бөлуді талап етеді деген пікірі жаңсақ болып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы заңнамаға және іс жүзіндегі қалыптасқан жағдайға қайшы келеді.[48]
Жоғарыда айтылғандай, дәйекті сынға ұшырағаннан кейін наразылығын қайтарып алған ҚР Бас прокуроры 2002 жылдың 6-маусымында ҚР Жоғарғы сотының аталмыш қаулысына қайтадан наразылық келтірді.
Бас прокурор наразылығындағы дәйектердің негізсіздігіне қарамастан, ҚР Жоғарғы соты 2002 жылдың 28-маусымында №15 қаулысымен 2001 жылдың 19-қарашасындағы нормативтік қаулысының күшін тиісті заң қабылданғанға дейін тоқтатып қойды.
Сөйтіп, Қазақстан Республикасында аралық сот бүгінгі күні Азаматтық және Азаматтық іс жүргізу кодекстерімен мойындалатын, бірақ толық құқықтық вакуумдегі ұғым болып табылады, өйткені ол барлық мемлекетпен қамтамасыз етілген қызмет ету механизмдерінен айрылған.
Қазақ гуманитарлық заң университеті Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының қарамағында ғалымдар тобы (М.К.Сулейменов, З.Х.Баймолдина, Ю.Г.Басин, П.Я.Грешников, И.П.Грешников, Е.Б.Осипов) Техникалық ынтымақтастық бойынша Неміс қоғамының (GTZ) және Бремен университетінің профессоры Рольф Книпердің қатысуымен 2002 жылдың 17-қаңтарында аралық сот туралы заң жобалары дайындалған болатын. Бұл бір бірімен тығыз байланысты үш заң жобалары болатын: «Халықаралық коммерциялық арбитраж туралы», «Аралық сот туралы», «Азаматтық іс жүргізу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар жобалары.
Бұл жобалар Әділет министрлігіне ұсынылды, онда олар қозғалыссыз жатып қалды. Тек ҚР Президентінің араласуымен Өкімет аралық сот туралы заң жобасын дайындау туралы 2002 жылдың 12-қыркүйегінде ғана бастама көтерді. 2002 жылдың 12-қыркүйегінде ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесінде
- ҚР Жоғарғы сотының «Аралық сот туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын дайындау туралы бастама көтеру қажеттігі туралы ұсынысымен келісу туралы;
- Заң жобасының дайындаушысы ретінде ҚР Әділет министрлігін бекіту туралы;
- Аралық сот шешімін мәжбүрлеп орындауға қатысты нормаларын алып тастай отырып, заң жобасын дайындау туралы шешім қабылданды.
Мұндай нұсқада заңды қабылдаудың, алайда, мәні жоқ екендігі айқын.
Атап көрсету қажет, яғни егер аралық сот туралы заңнан мәжбүрлеп орындау процедурасы алынып тасталса, онда бұл аралық сот болып табылмайды. Мұндай мекемені дауды шешудің баламалы процедураларының бір нысаны ретінде сипаттауға болады.[49]
Ал дәл осы уақыттарда жақын шетелде аралық сот институтын нығайтуға бағытталған оқиғалар орын алды. Мысалы, 2002 жылдың 28-маусымында Қырғызстан Республикасы «Қырғызстан Республикасындағы аралық арбитраждар туралы» Заңды қабылдады, 2002 жылғы 24-шілдеде Ресей Федерациясы «Ресей Федерациясындағы аралық соттар туралы» Федералдық заңды қабылдады. Бұл мемлекеттердің жаңа заңнамасында аралық соттарға нақты қолдау көрсетуге бағытталған ережелер бар. Атап айтсақ, Ресейде мемлекеттік соттың аралық сот шешімін болашақта орындауға қатысты қамтамасыз ету шараларын қолдана алатындығы туралы ереже енгізілді, соттардың аралық сот шешімі бойынша атқару парағын беру туралы істерді қарау мерзімі бір жылға дейін қысқартылды. Аралық сот шешімін тану және орындау тәртібі толығымен халықаралық құқық нормаларына сай келеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік арбитраждық соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындай отырып және қазақстандық аралық соттардың шешімдерін мұндай орындаудан бас тарта отырып, біз қазақстандық азаматтар мен заңды тұлғаларға қарағанда шетелдік азаматтық құқықтық қатынас субъектілерінің бұзылған құқықтарын толығырақ қорғап отырмыз. Республиканың биліктік құрылымдарының белсенді қызметінің нәтижесінде қазақстандық кәсіпкерлер экономикалық дауларды ішкі аралық соттарда шешу мүмкіндігінен айрылып отыр. Қалыптасқан жағдайдың нәтижесінде Қазақстандағы аралық соттардың қызметі дамуға мүмкіндік болмағандықтан олардың Қазақстаннан басқа мемлекеттерге ығыстырылуы орын алып отыр. Мысалы, «IUS» заң орталығы ресейлік фирмамен бірге бірлескен кәсіпорын – Санкт-Петербургте аралық сотты құрды, оның құрамындағы заңгерлердің көбісі – қазақстандықтар.
Қазақстанда аралық соттарды жою ең алдымен кіші және орта бизнес өкілдерінің мүддесіне қиынға соғады, өйткені ол кәсіпкерлердің осы санатын шаруашылық дауларды шешудің арзан және объективті баламалы тәсілінен айырады. Ірі компаниялар үшін шетелдік немесе халықаралық арбитражда істерді, тіпті, егер іс шетел тілінде жүргізілетін болса да, қиынға соқпайды.Талаптың үлкен сомасы және көпмиллиондық айналым кез келген арбитраждық шығындарды өтеуге мүмкіндік береді. Бірақ кішігірім компаниялар үшін бұл іс жүзінде мүмкін емес. Сөйтіп, мемлекеттік соттардан басқа оларда басқа жол жоқ. Мүмкін, осының өзі аралық сот қарсыластарының түпкілікті мақсаты болар. Алайда, бұл кәсіпкерлерді дауды шешудің баламалы тәсілдерін пайдалану мүмкіндігінен айыруды және сайып келгенде, құқықтарына нұқсан келтіруді білдіреді.[50]
2001-2002 жылғы орын алған оқиғалар аралық сот туралы заң актісін тез қабылдау қажеттігін көрсеттті. Бұл туралы қазақстандық ғалымдар бірнеше ірі-ірі конференциялар өткізіп, өздерінің жоғарыда аталған жобаларын ұсынды. Сондай конференцияның бірі 2003 жылдың 3-ақпанында Астана қаласында өтті. Қазақ гуманитарлық заң университеті Жеке құқық ғылыми-зерттеу институты, Техникалық ынтымақтастық бойынша Неміс қоғамы(GTZ), Халықаралық сауда құқығы бойынша БҰҰ Комиссиясы (ЮНСИТРАЛ) және Заңгерлердің халықаралық одағы өткізген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция нәтижесі бойынша оның қатысушылары ҚР Президентіне, ҚР Парламентіне, ҚР Өкіметіне жолдау жіберді. Жолдауда ҚазГЗУ Жеке құқық ғылыми-зерттеу институты дайындаған заң жобаларын қабылдау сұралған болатын.
Дегенмен 2003 жылдың 29-тамызында ҚР Өкіметінің №883 Қаулысына сәйкес, ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына Аралық соттар туралы Заң жобасы енгізілді. Бұл заң жобасы аралық сот шешімін мәжбүрлеп орындау механизмін көрсеткенімен, оның негізіне жоғарыда айтылған Жеке құқық ғылыми-зерттеу институты дайындаған заң жобасы алынбады. Бұл заң жобасындағы кемшіліктердің көп екендігі туралы осы саладағы зерттеушілер айтып үлгерді. Біз де сол айтылған кемшіліктерді жаңғырта отырып, оның басқа да кемшіліктеріне, жалпы аралық сот туралы заң жобасының қандай болуы керектігіне қатысты ойларымызды осы жұмыстың «Қазақстан Республикасындағы аралық соттар туралы заң жобасына қатысты кейбір мәселелер» деп аталатын соңғы параграфында, жоғарыда аталған екі заң жобасын және Ресей Федерациясындағы, сондай-ақ шетелдік заңнаманы салыстыра отырып, тоқталмақпыз.
2.2. Аралық соттар туралы заң жобасына қатысты кейбір мәселелер
Азаматтық құқықтарды қорғау нысандарының ішінде аралық сот институтының нарықтық экономикаға бет бұрған дүние жүзі мемлекеттерінде маңызы артып отыр. Дау тараптарының кең құқықтарын қамтамасыз ететін осы бір құрылымның, оның шешімін мәжбүрлеп орындауды қамтамасыз ететін тиісті нормалардың заңнамада жоқтығынан Қазақстан Республикасында дами алмай отырғандығы жайлы жоғарыда айттық және осыған байланысты тиісті шараларды қолдану туралы бірнеше конференциялар өткізілді, сондай-ақ баспасөз беттерінде айтылды. Сондай-ақ ҚазГЗУ- дің Жеке құқық ғылыми- зерттеу институты Аралық соттар туралы заң жобасын ұсынғандығын да жоғарыда айтып өттік. Алайда әлі күнге дейін жағдай өзгерген жоқ. Дегенмен, 2003 жылдың 29- тамызында ҚР Өкіметінің №883 Қаулысымен Аралық соттар туралы заң жобасы (әрі қарай – Жоба ) ҚР Парламент Мәжілісіне енгізілді. Жағымды жаңалық болғанымен, бұл Жобаның кейбір ережелері күмән туғызады.
Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры М.К. Сулейменов аталған Жобадағы “халықаралық аралық сот ” атауына, халықаралық аралық соттың қолданатын құқығына және халықаралық аралық сотқа анықтама беруге қатысты ойларын білдірген болатын.[51] Оның айтуынша, “халықаралық аралық сот” термині халықаралық қауымдастыққа түсініксіз болады, сондықтан оның орнына “халықаралық коммерциялық арбитраж” терминін қолдануымыз қажет. Сондай-ақ Жобадағы халықаралық аралық сотты ”резидент” және ”резидент емес” ұғымдары арқылы анықтау өте тар және қарапайым болып табылады. Дауға тек резиденттер қатысатын, ал даудың өзі халықаралық сипатта болатын жағдайлар кездеседі. Осыған байланысты Жобада бұл мәселеге қатысты ЮНСИТРАЛ-дың “Халықаралық сауда арбитражы туралы” Өлгі заңының 1-бабының 3, 4-тармақтарындағы формулаларды толығымен алу немесе шетелдік элементпен шиеленістірілген азаматтық-құқықтық қатынастар ұғымын қолдану қажет. Сонымен қатар, Жобадағы шетелдің құқығын қолдану мүмкіндігін тек тараптардың келісімімен шектеу ҚР АК-нің ережелеріне қайшы келеді. Сондықтан Жобада шетелдің құқығын қолдану негіздеріне тараптардың келісімімен қатар, заң актілерімен бекітілген жағдайларды да жатқызу қажет.
М. К. Сулейменовтың жоғарыда аталған ой-пікірлері қолдауға тұрарлық. Жобада осы аталған кемшіліктерге қоса өзге де кемшіліктердің жетіп-артылатындығы туралы өз ой- ұсынысымызды білдіре кеткен жөн тәрізді.
Жоба халықаралық коммерциялық арбитраж бен аралық сот қызметін қатар реттейтіндіктен, оның қай нормасы аралық сотқа қатысты, ал қайсысы халықаралық коммерциялық арбитраж қызметіне қатысты екендігін анықтау мүмкін емес. Ал, егер оны екеуінің де қызметіне қатар қолданылады деп ұйғаратын болсақ, біз бүкіл дүние жүзіндегі орын алып отырған үрдіске қарсы шығамыз. Мысалы, Батыс Еуропа мемлекеттері халықаралық коммерциялық арбитраждың және аралық соттың мәртебесін жеке көрсетпейді. Былайша қарағанда, реттеу тәсілі ҚР-ғы аталған Жобаға ұқсас. Бірақ Еуропа мемлекеттерінде ішкі дауларды қарайтын аралық соттар халықаралық коммерциялық арбитраж мәртебесіне теңестірілген, яғни олардың құқықтары едәуір кеңейтілген.[52] Ал, бізде, керісінше, яғни халықаралық коммерциялық арбитраждың құқықтық жағдайы аралық соттарға жақындатылған. Айта кету қажет, Жобадағы көпшілік ережелер “Ресей Федерациясындағы аралық соттар туралы “ 2002 жылы 24-шілдеде қабылданған Ресейдің Федералдық заңының ережелерімен ұқсас болып келеді. Ресей Федерациясында халықаралық коммерциялық арбитраждың қызметін 1993 жылы 7-шілдеде қабылданған “ Халықаралық коммерциялық арбитраж туралы” Заң реттейді. Бұл жерде Ресейдің “Халықаралық коммерциялық арбитраж” туралы Заңы тәрізді арнайы заң неге қабылдамасқа деген заңды сұрақ туындайды. Егер Жобаны қазіргі күйінде қабылдайтын болсақ, халықаралық коммерциялық арбитраж бүкіл әлемде қалыптасқан, ЮНСИТРАЛ-дың Өлгі заңымен бекітілген көптеген құқықтарынан айрылады, қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдік әріптестері біздің заңды түсінбей, дауларын ҚР-ның халықаралық коммерциялық арбитраждарына бергісі келмеуі мүмкін.
Жобаның 13-бабының 5-тармағына сәйкес, нақты дауды шешу үшін құрылатын аралық соттың құрылу тәртібі, егер тараптар өзгеше белгілемесе, мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
- үш аралық судьядан тұратын аралық сот құрамын құрған кезде әрбір тарап бір аралық судьяны, ал екі осындай тәртіппен сайланған аралық судьялар үшінші аралық судьяны сайлайды.
Егер тараптардың бірі бұл туралы өтінішті алғаннан соң 15 күн ішінде аралық судьяны сайламаса немесе екі сайланған аралық судьялар сайланған күннен бастап 15 күн ішінде үшінші аралық судьяны сайламаса, аралық сотта даудың қаралуы қысқартылады және бұл дау құзыретті соттың қарауына берілуі мүмкін.
- егер дауды аралық судья жалғыз шешуі тиіс болса, бір тараптың аралық судьяны сайлау туралы ұсынысымен басқа тарапқа жүгінген күннен бастап 15 күн ішінде тараптар аралық судьяны сайламаса, онда даудың аралық сотта қаралуы қысқартылады және бұл дау құзыретті соттың шешуіне берілуі мүмкін.
Бұл нормаларда “аралық сот” деген ұғымды біз халықаралық коммерциялық арбитраж, сондай-ақ ішкі дауларды қарайтын аралық сот ретінде де түсінеміз. Шетелдік аралық сот туралы заңнамада және “Халықаралық сауда арбитражы туралы” ЮНСИТРАЛ-дың Өлгі заңында мұндай жағдайда сайланбаған аралық судьяны тұрақты аралық сот төрағасы немесе сол мемлекеттегі Жоғарғы сот төрағасы тағайындайды. Егер мұндай норма қабылданса, даудың аралық сотта қаралуын қаламайтын тарап үшін ыңғайлы жағдай пайда болады, яғни ол тарап аралық судьяны сайламаса болғаны, аралық талқылау қысқартылады, ол тарап уақытты созу үшін кең мүмкіндік алады. Халықаралық деңгейде, шетелдік заңнамада да тараптардың келісіміне деген көзқарас өзгеше, яғни олар “шарт орындалуы тиіс” деген қағиданы ұстанады, олар аралық талқылауды аяғына дейін жеткізуге тырысады.
Жоғарыда Жобаның көптеген ережелерінің Ресейдегі аталмыш заңының ережелерімен сәйкес келетіндігін айтып өткеніміздей, бұл нормалар сол заңның нормаларына сай келеді. Бұл ережелердің ішкі дауларды қарайтын аралық соттар үшін де кері әсерін тигізетіндігі жайлы ресей ғалымдары жазған болатын.[53] Дегенмен бұл ережені ішкі аралық соттардағы қаралатын дау тараптарының бір мемлекет юрисдикциясына бағынатындығымен түсіндіруге болады. Бірақ, айта кету қажет, қазіргі уақытта мұндай ереже аралық сот қызметінің дамуына кедергі келтіреді. Халықаралық коммерциялық арбитражға қатысты мұндай нормалар түпкілікті қолданылмауы тиіс.
Аралық сот пен халықаралық коммерциялық арбитраж қызметін бір заң актісімен реттеуден туындаған түсінбеушіліктің бір мысалы ретінде Жобаның 23-бабын келтіруге болады. Ол баптың 1-бөлігінде былай делінген: “Аралық сот талап арызды қабылдап, аралық талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, тараптарды оның қаралу орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап арызға жазбаша қарсылық білдіруді ұсынады”. Бұл жерде халықаралық коммерциялық арбитражға қатысты “азаматтық іс жүргізу заңнамасы” деген ұғымның қолданылмайтындығын айту қажет. Егер ішкі дауларды қарайтын аралық сот туралы айтар болсақ, онда оларды ҚР-ның азаматтық іс жүргізу заңнамасына императивті түрде бағындыруға болады. Дегенмен ішкі азаматтық дау субъектілеріне іс жүргізу тәртібін толығымен анықтау құқығын беру артық болмас еді.
Сонымен бірге Жобаның 33-бабының 3-тармағында аралық талқылау барысында тараптар заңға және нормативтік құқықтық актілерге қайшы келмейтін және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтын жағдайда бітімгершілік келісімін жасау жолымен дауды реттей алатындығы айтылған. Бұл жерде, біздің ойымызша, “заңға және нормативтік құқықтық актілерге қайшы келмейтін” деген ереже халықаралық коммерциялық арбитражға қатысты артық және түсініксіз болып табылады. Біріншіден, бұл жерде қай мемлекеттің заңы туралы сөз болып отырғандығы түсініксіз. Екіншіден, халықаралық коммерциялық арбитраж қызметінде оның шешімін орындау кезіндегі “жария тәртіпке қайшы келу” негізінен басқа халықаралық коммерциялық арбитраж шешімінің қандай да бір елдің материалдық құқығына қайшы келу негізімен шектеуге жол берілмеуі тиіс.
Жоғарыда айтылған кемшіліктермен қатар Жобаның біз келісе алмайтын басқа да тұстары жеткілікті.
Біріншіден, Жобаның құрылысы жүйесіз, яғни жоғарыда айтылғандай, ішкі дауларды қарайтын аралық сот пен халықаралық коммерциялық арбитраж қызметін қоса реттегенімен қатар, халықаралық коммерциялық арбитраж үшін артық болып табылатын аралық талқылауды қозғау, талап арызды қайтару, аралық сот отырысының хаттамасы, тараптардың сот отырысына қатысуы және т. б. сияқты нормаларды көздейді.
Екіншіден, Жоба талапты қамтамасыз ету ережелерін қарастырмайды. Ресей Федерациясының 2002 жылғы 24-шілдедегі “Ресей Федерациясындағы аралық соттар туралы” Заңында “Аралық соттың қамтамасыз ету шаралары туралы өкім ету өкілеттігі” деп аталатын бап бар. Бұл жерде мұндай нормаларды Жобаны дайындаушылардың ұмыт қалдырғандығы түсініксіз. Бүкіләлемдік тәжірибеде аралық соттың талапты қамтамасыз ету шараларын қабылдау өкілеттігі мойындалған. Сондай-ақ тараптардың құзыретті сотқа талапты қамтамасыз ету туралы өтінішімен жүгінуі және құзыретті соттың қамтамасыз ету шараларын қабылдауы аралық сотқа дауды беру туралы келісімімен сыйыспайды деп қарастырылмайды.
Өшіншіден, аталған Жобаның 43-бабына сәйкес, аралық соттың шешімі шешім өзіне қарсы шығарылған, аралық сот шешімінің күшін жою туралы өтініш берген тарап:
- <……..>
5) аралық сот шешімінің заңдылық қағидасына және Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келетінін;
6) дау аралық талқылау нысанасы бола алмайтынын дәлелдесе ғана күшін жою туралы шағымдануға жатады.
Бүкілдүниежүзілік, халықаралық тәжірибеде бұл аралық сот шешімінің күшін жоюдың аталған екі негізін тараптар дәлелдеуге міндетті емес, оны сот анықтауы тиіс. Бұған көп мысалдар келтіре беруге болады (ЮНСИТРАЛ-дың “Халықаралық сауда арбитражы туралы” Өлгі заңының 34-бабы, Швецияның “Арбитраж туралы” Заңының 55-бабы және т.б.).
Бұл екі негізді дәлелдеу міндетін тараптарға жатқызу тараптар үшін қосымша қиындық және өрескел қате болып табылады. Мұндай ереже қабылданар болса, ақылға қонымсыз жағдайлар қалыптасады. Мысалы, егер шешім өзіне қарсы шығарылған тарап, шешімнің Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келетін немесе даудың Қазақстан Республикасы заңнамасы бойынша аралық талқылау нысанасы бола алмайтындығын дәлелдей алмады делік. Мұндай жағдайда бұл шешімнің орындалуға жататындығы туралы қорытынды шығады. Сондықтан аталған аралық сот шешімінің күшін жоюдың екі негізін анықтау міндеті сотқа жүктелуі тиіс.
Төртіншіден, Жобаның 4-бабының 2-тармағында заңдылық қағидасының аралық судьялардың және соттардың өздерінің шешімдерінде тек Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларына қайшы келмейтін бөлігінде тараптардың келісімімен анықталған құқық нормаларын, Қазақстан Республикасының заң және басқа да құқықтық актілерін жетекшілікке алуға тиіс екендігін білдіретіндігі туралы айтылған. Жоғарыда айтылғандай, шетелдік құқықты таңдауды тек тараптардың келісімімен шектеу ҚР АК-нің халықаралық жеке құқыққа қатысты нормаларына қайшы келеді.
Бесіншіден, Жобадағы кемшіліктердің бірі мерзімдерге байланысты. Мысалы, Жоба бойынша судьяға қарсылық білдіру мерзімі бес күн. Ал ЮНСИТРАЛ-дың аталған Өлгі заңында бұл мерзім он бес күнді құрайды. Сондай-ақ, Жоба бойынша қосымша шешім шығару мерзімі, шешімді түсіндіру мерзімі он күнді құрайды. ЮНСИТРАЛ-дың Өлгі заңына сәйкес, бұл мерзімдер отыз күн. Жобадағы бұл мерзімдер Ресейдің жоғарыда айтылған Аралық сот туралы Заңындағы мерзімдермен сәйкес келеді, бір қарағанда жай ғана формальдылық сияқты. Алайда халықаралық деңгейде бұл мерзімдер аздық етеді.
Алтыншыдан, Жобаның 10-бабының 4-тармағындағы “аралық келісімнің әрекеті тараптардың келісімімен ол жасалған тәртіпте тоқтатылуы мүмкін” деген ереже артық. Себебі, аралық келісімнің әрекеті тараптардың келісімімен ол жасалған тәртіпте, сондай-ақ басқа да жолдармен тоқтатыла береді. Мысалы, аралық келісімнің жасалуына қарамастан талапкер мемлекеттік сотқа жүгінсе, жауапкер оған қарсылық білдірмесе, аралық келісімнің күші жойылды деп танылады және іс мемлекеттік сотта қаралады.
Жетіншіден, Жобаның 20-бабының 2-тармағында нақты дауды шешу үшін құрылған аралық соттың аралық талқылауды тараптар келіскен ережеге сәйкес жүзеге асыратындығы айтылған. Ал, егер тараптар мұндай ережені келіспеген жағдайда нақты дауды шешу үшін құрырлған аралық соттың қандай ережеге сәйкес аралық талқылауды жүзеге асыратындығы айтылмаған.
Сонымен, қорыта келе айтарымыз, жоғарыда аталған кемшіліктерге байланысты Жобаны қазіргі күйінде қабылдау ҚР-да аралық соттардың және халықаралық коммерциялық арбитраждардың қызметінің дамуына кедергі келтіреді
Біздің ойымызша, ҚазГЗУ Жеке құқық ғылыми-зерттеу институты дайындаған заң жобаларында аталған кемшіліктер өз шешімін тапқан тәрізді. Біріншіден, бұл заң жобалары дүние жүзінің 40-тан астам мемлекеттері өздерінің аралық сот туралы заңнамасын негіздеген 1985 жылғы ЮНСИТРАЛ-дың “Халықаралық сауда арбитражы туралы” Өлгі заңы негізінде дайындалған. Екіншіден, бұл жобалар ішіндегі аралық сот туралы заң жобасы әлемдегі орын алып отырған үрдіске сай келеді, яғни аралық соттардың жағдайын халықаралық коммерциялық арбитраж мәртебесіне жақындатып, оның қызметін кең құқықтармен қамтамасыз етеді. Аталған жобалардың қабылдануы Қазақстан Республикасындағы аралық соттар қызметінің дамуына үлкен әсерін тигізері сөзсіз.
Сонымен қатар, ҚазГЗУ-дің Жеке құқық ғылыми-зерттеу институты дайындаған заң жобалары қабылданбаған жағдайда, жоғарыда аталған кемшіліктерге қатысты тиісті өзгерістерді енгізе отырып, 2003 жылдың 29-тамызындағы ҚР Парламент Мәжілісіне енгізілген Аралық сот туралы заң жобасын қабылдаудың да ҚР-да қазіргі заман талабына сай аралық соттар қызметін қалыптастыруына жағдай жасайтындығына сенімдіміз.
ҚОРЫТЫНДЫ
Өткен ғасырдың соңғы жылдары көптеген Еуропа мемлекеттерінде халықаралық коммерциялық арбитраж, аралық сот туралы заңдар ЮНСИТРАЛ-дың 1985-жылғы «Халықаралық сауда арбитражы туралы» Өлгі заңы негізінде қайта қабылданды (Германияда 1998 жылы, Швецияда 1999 жылы, Чехияда 1994 жылы, Словакияда 1996 жылы, Ұлыбританияда 1996 жылы және т.б.). Қазіргі уақытта 40-тан астам еуропа және басқа континент мемлекеттері – Австралия, Ресей Федерациясы, Техас (АҚШ-ның штаты), Иран, Беларусь және Канада, Гонконг, Нигерия, Украина, Корея және басқалары өздерінің аралық сот туралы заңнамасын ЮНСИТРАЛ-дың аталған Өлгі заңына негіздеп отыр.
Германияда 1998 жылдың 1-қаңтарында қабылданған «Аралық сот іс жүргізуін жаңа реттеу туралы» деп аталатын заңды қабылдауға берілген ресми негіздемеде ол заңды қабылдаудың мақсаты төмендегіше түсіндіріледі:
- Германияның әлемдік экономикаға интеграциялануының беріктігін бекіту және нарық қатысушыларына дау тараптарының өздері бекіткен қағидаларды ескере отырып, туындаған дауларды шешу үшін қазіргі заманғы механизмдермен қамтамасыз ету үшін;
- Экономикалық айналымның неміс және шетелдік қатысушыларының бостандығын және өзара сенімділігін арттыру үшін;
- Аралық сот іс жүргізуін жүзеге асыру процедурасын мемлекеттік соттағы іс жүргізуге бәсеке ретінде емес, оған қосымша ретінде дамыту үшін;
- Тараптардың өздері күрделі сұрақтарды шешу үшін ең білікті күштерді жұмылдыра алатын дауды қарау процедураларын құру арқылы онсыз да жүгі көп мемлекеттік соттардың жүгін жеңілдету үшін;
- Халықаралық аралық талқылауды өткізудің тартымды орнына айналу үшін, өйткені бұл елге ақшалай кірістер әкеледі;
- Осылардың барлығымен қатар, Конмтитуцияда бекітілген әлеуметтік жағынан әлсіздерді қорғау және құқықтық мемлекеттті жетілдіру бойынша міндеттерді орындау үшін.[54]
Мұны келтіріп отырған себебіміз, Қазақстан Республикасында аралық соттар қызметін реттейтін сапалы заңның қабылдануы осындай нәтижелерге әкелер еді және тек қана Германия емес, бүкіл дүние жүзі мемлекеттері осы тектес мақсаттарды алдарына қойғандықтан тиісті заңдарды қабылдап, сондай-ақ басқа да нысандарда аралық сот, халықаралық коммерциялық арбитраж қызметін дамытуға күш салып келеді.
Сонымен, қорыта келгенде, 2003 жылдың 29-тамызында Қазақстан Республикасы Өкіметінің №883 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген Аралық соттар туралы заң жобасы қазіргі күйінде қабылданбауы тиіс. Мұндай күйінде қабылданған жағдайда, біз жоғарыда аталған мақсаттарға қол жеткізе алмаймыз, аралық соттардың қызметі қалыпты жүзеге асырылатын болғанымен, халықаралық коммерциялық арбитраж қызметінің дамуына үлкен шектеу қойылады, Қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдік әріптестері заңнаманы түсінбейтін болады, олар өздерінің шарттарында қазақстандық арбитраждарды дауды шешетін орын ретінде көрсетуге келісім бермейтін болады. Сондықтан аралық соттың құқықтық жағдайын халықаралық коммерциялық арбитраждың құқықтық мәртебесіне жақындату қажет, не аралық сот қызметіне кейбір шектеулер белгілегіміз келсе, болмаса, олардың қызметін толық заңда реттегіміз келсе, аралық сот туралы халықаралық коммерциялық арбитраж туралы заңнан бөлек заң қабылдау қажет.
Жалпы, кәсіпкерлік субъектілері үшін аралық сотта дауды қараудың тиімді болатындығы анық. Жоғарыда айтылғандай, ол тиімділіктердің арасында істі қараудың тездігін және үнемділігін, арнайы аралық сотты құру мүмкіндігін, судьяларға, сондай-ақ олардың шығарған шешімдеріне « жоғары сенім» факторының болуын, құпиялылығын, тараптардың дауды шешу уақытын, орнын және мерзімін анықтау мүмкіндігін және т.б. айтуға болады. Ынтымақтастық рухын сақтап қалудың да маңызы зор, ол контрагенттердің өзара пайдалы шаруашылық байланыстарын әрі қарай жалғастыруға қажетті жағдай туғызады. Өкінішке орай, дауды шешудің осы бір тәсілі Қазақстан Республикасында қанатын кең жая алмай отыр.
Қазақстан Республикасында орын алып отырған жағдайға таң қалушылығын Ресей Федерациясы Жоғарғы арбитраждық сотының төрағасы В.Ф.Яковлев «Юрист» журналына берген сұхбатында «Ресей мен Қазақстанда өткізілген сот-құқықтық реформаның айырмашылығы мен ұқсастығы неде» деген сұраққа берген жауабында білдірген еді: «Әрине, біздің елдеріміздің арасында кейбір айырмашылықтар бар. Мысалы, біз Ресейде коммерциялық дауларды қарайтын аралық соттар жүйесін, коммерциялық арбитраж жүйесін белсенді түрде қосуға ұмтылып келеміз. Бірақ, менің білуімше, Қазақстанда бұлай емес. Ал бізде бұған қатысты жеткілікті түрде үлкен тәжірибе жинақталып-ақ қалды. Қазіргі уақытта соттардың жүгі өте ауыр, сондықтан біз олардың жүгін жеңілдету тәсілдерін іздейміз. Және бүкіл әлем дауды шешудің баламалы тәсілдерін пайдалана отырып, осы бағытпен келеді».[55]
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. 30.08.1995. Қазақстан Республикасының Парламентінің Жаршысы, 1996 жылғы №4.
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі. 27.12.1994. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Жаршысының 1994 жылғы 23-24 номерлерінің қосымшасы.
- Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі. 13.07.1999. “Егемен Қазақстан” газеті, 1999 жыл, 22-шілде №156-165.
- Қазақстан Республикасы төрелік соттарының шаруашылық дауларын шешу тәртібі туралы Қазақстан Республикасының Заңы. 17.01.1992. 13.07.1999 жылғы Қазақстан Республикасы Заңымен күші жойылды. Вед., 1992, №5. ст. 102
- Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының Заңы. 30.06.1998. Қазақстан Республикасы Парламентінің жаршысы, 1998 жыл, №13, 195-құжат.
- Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің Экономикалық дауларды шешуге арналған аралық сот туралы ережені бекіту туралы №356 қаулысы. 04.05.1993.12.2001 жылғы ҚР Үкіметінің қаулысымен күші жойылды. Третейский суд: законодательство, теория и практика (Arbitration court: legislation, theory and experience): Сборник статей и документов / Ю.Г.Басин, П.Я.Грешников, М.К.Сулейменов и др.; Сост. и отв.ред. к.ю.н. И.П.Грешников. – Алматы: Юридический центр «IUS», 2000. – 336 с.
- Постановление Правительства РК “О признании утратившим силу постановления Кабинета министров Республики Казахстан от 4 мая 1993 года №356. 07.12.2001. САПП Республики Казахстан, 2001 г., №45-46 ст.539.
- Аралық сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату туралы арыздарды қарау практикасы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының №14 Қаулысы. 19.11.2001. Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының бюллетені, қазан-октябрь, 2001.
- Нормативное постановление Верховного суда РК от 28.06.2002 г. №15 О протесте Генерального прокурора Республики Казахстан на нормативное постановление Верховного суда Республики Казахстан №14 от 19 октября 2001 г. О судебной практике рассотрения заявлений о принудительном исполнении решений третейских судов. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-теоретической конференции. – Астана, 3 февраля 2003 г. / Отв.ред. М.К.Сулейменов. – Алматы: КазГЮУ, 2003.
- Постановление Конституционного совета РК от 15.02.2002 г. №1 Об официальном толковании пункта 2 статьи 13 и пункта 1 статьи 75 Конституции Республики Казахстан. Юридическая газета от 27 февраля 2002 года №8.
- Доплнительное постановление Конституционного совета РК от 12.04.2002 г. №1/2 О ходатайствах Верховного суда Республики Казахстан и Генерального прокурора РК в отношении постановления Конституционного совета Республики Казахстан Об официальном толковании пункта 2 статьи 13 и пункта 1 статьи 75 Конституции Республики Казахстан от 15 февраля 2002 г.
Пайдаланылған халықаралық құқықтық актілер және шетелдік заң актілері:
- Типовой Закон ЮНСИТРАЛ о Международном торговом арбитраже от 21 июня 1985 г. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-практической конференции. — Астана, 3 февраля 2003г. /Отв.ред. М. К. Сулейменов. – Алмты: КазГЮУ, 2003.
- Арбитражный регламент ЮНСИТРАЛ от 15 декабря 1976 г. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-практической конференции. — Астана, 3 февраля 2003г. /Отв.ред. М. К. Сулейменов. – Алмты: КазГЮУ, 2003.
- Конвенция о признании и приведении в исполнение иностранных арбитражных решений (Нью-Йорк, 10 июня 1958 г.) (Нью-Йоркская Конвенция). В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-практической конференции. — Астана, 3 февраля 2003г. /Отв.ред. М. К. Сулейменов. – Алмты: КазГЮУ, 2003.
- Европейская конвенция о Внешнеторговом арбитраже (Женева, 21 апреля 1961 г.). В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-практической конференции. — Астана, 3 февраля 2003г. /Отв.ред. М. К. Сулейменов. – Алмты: КазГЮУ, 2003.
- Федеральный закон Российской Федерации от 24 июля 2002 г. “О третейских судах в Российской Федерации”. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-практической конференции. — Астана, 3 февраля 2003г. /Отв.ред. М. К. Сулейменов. – Алмты: КазГЮУ, 2003.
- Закон “Об арбитраже” Швеции (вступил в силу с 1 апреля 1999 г.). В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-практической конференции. — Астана, 3 февраля 2003г. /Отв.ред. М. К. Сулейменов. – Алмты: КазГЮУ, 2003.
- Закон по новому регулированию законодательства об арбитраже от 22 декабря 1997 г. (вступил в силу с 1 января 1998 г.). В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-практической конференции. — Астана, 3 февраля 2003г. /Отв.ред. М. К. Сулейменов. – Алмты: КазГЮУ, 2003.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Арбитражный процесс / Под ред. проф. В.В.Яркова. – М., 1998.
- Богуславский М.М. Международное частное право. – М.,1994.
- В защиту коммерческого арбитража. // Юрист. №7 2003.
- Гражданский процесс: Учебник. 3-е изд., испр. и доп. / Под ред. М.К.Треушникова. – М.: ООО «Городец-издат», 2000.
- Дмитриева Г.К. Международный коммерческий арбитраж. – М., 1997.
- Лазарев С.Л. Международный арбитраж. – М.: междунар. отношения, 1991.
- Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002.
- Международное частное право: Учебник / Л.П.Ануфриева, К.А.Бекяшев, Г.К.Дмитриева и др.; Отв.ред. Г.К.Дмитриева. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: ТК Велби, изд-во Проспект, 2003.
- Мы можем синхронизировать законодательство на постсоветском пространстве. Интервью с председателем ВАС РФ В.Ф.Яковлевым. // Юрист №12 (30) декабрь, 2003.
- Право и внешнеэкономическая деятельность в Республике Казахстан / Отв.ред. М.К.Сулейменов. –Алматы: КазГЮА. 2001.
- Розенберг М.Г. Практика международного коммерческого арбитражного суда. – М., 1997.
- Современный словарь иностранных слов: Ок. 20000 слов. С48.3-е изд., стер. – М.: Рус.яз., 2000.
- Суханов Е. А. Новый закон о третейских судах //Третейский суд. № 3-4.2002. стр.10.
- Суханов Е.А. Третейские суды // Хозяйство и право. №3.2003.
- Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-теоретической конференции. – Астана, 3 февраля 2003 г. / Отв.ред. М.К.Сулейменов. – Алматы: КазГЮУ, 2003.
- Третейский суд: законодательство, теория и практика (Arbitration court: legislation, theory and experience): Сборник статей и документов / Ю.Г.Басин, П.Я.Грешников, М.К.Сулейменов и др.; Сост. и отв.ред. к.ю.н. И.П.Грешников. – Алматы: Юридический центр «IUS», 2000. – 336 с.
- Тынель А., Функ Я., Хвалей В. Курс международного торгового права. – Минск, 1999.
[1] В защиту коммерческого арбитража. // Юрист. №7 2003. стр. 16-17
[2] Гринкевич А.А. Третейскиц суд: история и развития. В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С.79.
[3] Бұл да сонда. 79-80 бет.
[4] Современный словарь иностранных слов: Ок. 20000 слов. С48.3-е изд., стер. – М.: Рус.яз., 2000.
[5] Международное частное право: Учебник / Л.П.Ануфриева, К.А.Бекяшев, Г.К.Дмитриева и др.; Отв.ред. Г.К.Дмитриева. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: ТК Велби, изд-во Проспект, 2003. – С.631.
[6] Сулейменов М.К., Куанышев Б.Г. Альтернативные процедуры разрешения споров. В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С.140.
7 Сулейменов М.К., Куанышев Б.Г. Альтернативные процедуры разрешения споров. В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С.141.
[8] Грешников И.П. Испонение решений иностранных и международных третейских (арбитражных) судов в Республике Казахстан. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-теоретической конференции. – Астана, 3 февраля 2003 г. / Отв.ред. М.К.Сулейменов. – Алматы: КазГЮУ, 2003. – С.80-81.
9 В защиту коммерческого арбитража. // Юрист. №7 2003. стр. 16-17
[10] Гражданский процесс: Учебник. 3-е изд., испр. и доп. / Под ред. М.К.Треушникова. – М.: ООО «Городец-издат», 2000. – С.639.
[11] Международное частное право: Учебник / Л.П.Ануфриева, К.А.Бекяшев, Г.К.Дмитриева и др.; Отв.ред. Г.К.Дмитриева. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: ТК Велби, изд-во Проспект, 2003. – С.630.
12Бұл да сонда.630-бет.
[13] Гринкевич А.А. Третейский суд: история и развития. В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С.104-105.
[14] Грешников П.Я. Третейское разбирательство: из опыта работы Международного третейского суда Юридического центра «IUS». В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С.40.
[15] Лазарев С.Л. Международный арбитраж. – М.: междунар.отношения, 1991. – С.178-179.
[16] Грешников П.Я. Третейское разбирательство: из опыта работы Международного третейского суда Юридического центра «IUS». В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С.41-42.
17 Қараңыз.:СУ РСФСР. –1918.– №26. –С. 420.
[18] Грешников И.П. Третейские суды в Республике Казахстан. В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С. 57-58.
19 Бұл да сонда. 58-бет.
[20] Грешников И.П. Третейские суды в Республике Казахстан. В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С. 58-бет.
21 Бұл да сонда. 58-59 бет.
[22] Гринкевич А.А. Третейский суд: история и развития. В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С.96-99.
23 Грешников П.Я. Третейское разбирательство: из опыта работы Международного третейского суда Юридического центра «IUS». В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С. 42.
[24] Дмитриева Г.К. Международный коммерческий арбитраж. – М., 1997. – С.30
[25] Право и внешнеэкономическая деятельность в Республике Казахстан / Отв.ред. М.К.Сулейменов. –Алматы: КазГЮА. 2001. С.414
[26] Дмитриева Г.К. Международный коммерческий арбитраж. – М., 1997. – С. 30-31.
[27] Бұл да сонда.30-32 бет.
[28] Бұл да сонда. 30-32 бет.
[29] Дмитриева Г.К. Международный коммерческий арбитраж. – М., 1997. – С. 31-33.
[30] Право и внешнеэкономическая деятельность в Республике Казахстан / Отв.ред. М.К.Сулейменов. –Алматы: КазГЮА. 2001. С.415
[31] Тынель А., Функ Я., Хвалей В. Курс международного торгового права. – Минск, 1999. – С.616, 638-639.
32 Право и внешнеэкономическая деятельность в Республике Казахстан / Отв.ред. М.К.Сулейменов. –Алматы: КазГЮА. 2001. С.415
[33] Право и внешнеэкономическая деятельность в Республике Казахстан / Отв.ред. М.К.Сулейменов. –Алматы: КазГЮА. 2001. С.415
[34] Бұл да сонда.416-бет
[35] Бұл да сонда. 416-бет.
[36] Виноградова Е.А. Разрешение экономических споров третейским судом. – В кн.: Арбитражный процесс / Под ред. проф. В.В.Яркова. – М., 1998. – С.409-410.
[37] Богуславский М.М. Международное частное право. – М.,1994. – С.396; Розенберг М.Г. Практика международного коммерческого арбитражного суда. – М., 1997. – С.201; Дмитриева Г.К. Международный
коммерческий арбитраж. – М., 1997. – С.31-33; Тынель А., Функ Я., Хвалей В. Курс международного торгового права. – Минск, 1999. – С.639.
[38] Международное частное право: Учебник / Л.П.Ануфриева, К.А.Бекяшев, Г.К.Дмитриева и др.; Отв.ред. Г.К.Дмитриева. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: ТК Велби, изд-во Проспект, 2003. – С.610.
[39] Право и внешнеэкономическая деятельность в Республике Казахстан / Отв.ред. М.К.Сулейменов. –Алматы: КазГЮА. 2001. С.417-425
[40] Международное частное право: Учебник / Л.П.Ануфриева, К.А.Бекяшев, Г.К.Дмитриева и др.; Отв.ред. Г.К.Дмитриева. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: ТК Велби, изд-во Проспект, 2003. – С.647-648
[41] Басин Ю.Г., Сулейменов М.К. Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-
теоретической конференции. – Астана, 3 февраля 2003 г. / Отв.ред. М.К.Сулейменов. – Алматы: КазГЮУ, 2003. – С.9.
[42] Басин Ю.Г., Сулейменов М.К. Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-теоретической конференции. – Астана, 3 февраля 2003 г. / Отв.ред. М.К.Сулейменов. – Алматы: КазГЮУ, 2003. – С.10.
[43] Басин Ю.Г., Сулейменов М.К. Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-
теоретической конференции. – Астана, 3 февраля 2003 г. / Отв.ред. М.К.Сулейменов. – Алматы: КазГЮУ, 2003. – С.11.
[44] Суханов Е.А. Третейские суды // Хозяйство и право. №3.2003.
[45]Басин Ю.Г., Сулейменов М.К. Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-теоретической конференции. – Астана, 3 февраля 2003 г. / Отв.ред. М.К.Сулейменов. – Алматы: КазГЮУ, 2003. – С.11-12.
[46] Басин Ю.Г., Сулейменов М.К. Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-теоретической конференции. – Астана, 3 февраля 2003 г. / Отв.ред. М.К.Сулейменов. – Алматы: КазГЮУ, 2003. – С.12.
[47] Грешников П..Я., Грешников И.П. Арбитраж в Казахстане.В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С. 198-199.
[48] Грешников И.П. Третейские суды в Республике Казахстан: правовое положение. В кн.: Международный коммерческий арбитраж: Сб. статей и документов (на рус. и англ. яз.) / Отв.ред. И.П.Грешников – Алматы: Юридический центр «IUS», 2002. С. 64-72.
[49] Басин Ю.Г., Сулейменов М.К. Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-теоретической конференции. – Астана, 3 февраля 2003 г. / Отв.ред. М.К.Сулейменов. – Алматы: КазГЮУ, 2003. – С.19.
[50] Басин Ю.Г., Сулейменов М.К. Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-теоретической конференции. – Астана, 3 февраля 2003 г. / Отв.ред. М.К.Сулейменов. – Алматы: КазГЮУ, 2003. – С.20.
[51] В защиту коммерческого арбитража.//Юрист. №7. 2003. стр. 16-17.
[52] Рольф Книпер. Арбитражное разбирательство в Германии и других странах Европы. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-практической конференции. — Астана, 3 февраля 2003г. /Отв.ред. М. К. Сулейменов. – Алмты: КазГЮУ, 2003. – С.20-23.
[53] Суханов Е. А. Новый закон о третейских судах //Третейский суд. № 3-4.2002. стр.10.
[54] Рольф Книпер. Арбитражное разбирательство в Германии и других странах Европы. В кн.: Третейский суд в Казахстане: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-практической конференции. — Астана, 3 февраля 2003г. /Отв.ред. М. К. Сулейменов. – Алмты: КазГЮУ, 2003. – С.21-22.
[55] Мы можем синхронизировать законодательство на постсоветском пространстве. Интервью с председателем ВАС РФ В.Ф.Яковлевым. // Юрист №12 (30) декабрь, 2003.