АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Қазақстанда XX ғасырдың 30-шы жылдардағы күштеп ұжымдастырудың зардаптары

ЖОСПАР

 

КІРІСПЕ

 

I ТАРАУ. 1930 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДА КҮШТЕП ҰЖЫМДАСТЫРУДЫҢ ЗАРДАПТАРЫ

1.1. Ресей және орта азия жеріндегі қазақ босқындарының қайғылы тағдыры

1.2. Қазақтардың шет елге ауа көшулері

 

II ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАНДА XX ҒАСЫРДЫҢ ЕҢ ІРІ ДЕМОГРАФИЛЫҚ АПАТЫНЫҢ СИПАТЫ

2.1. Аштыққа қарсы күрес және қазақстандағы жаппай босқыншылықты тоқтатуға бағытталған шаралар

2.2. Күштеп ұжымдастыру жылдарындағы қазақстандағы демографиялық апаттың зардаптары

 

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

КІРІСПЕ

 

Тақырыптың өзектілігі: Кейінгі кезде ізденімпаз зерттеушілеріміздің (Ә. Ғалиев, Т. Омарбеков, М. Қойгелдиев, Қ. Атабаев) арқасында көптеген архив деректері табылды. Сөйтіп, біздің бұрынғы таза ғылыми демографиялық талдауларымыз расқа шықты. Мысалы, 1927-ші жылғы республикалық ЦУНХУ-дің болжамы бойынша, 1932-ші жылы Қазақстандағы ауыл халқының саны 4,2 миллион ғана адам болуға тиісті еді.

Ал 1933-ші жылдың ортасында жүргізген ресми санаққа қанша қосып жазуға тырысып бақса да, өлген адамдардың санын көзбояушы шенеуніктер қанша азайтқысы келмегенмен, ауылдық жерде тірі қалған адамдардың санын 1,5 миллионнан асыра алмады.

Жоғарыда жасалған қылмыстың кесірінен есептеуші-зерттеуші сымақтарымыз құрбан болғандардың саны 1,1-1,2 миллион адам деп анықтаманы төмендетіп берді. Өкінішке орай, олар осы деректердің өзін бастапқыда жасырып келді де, кейіннен «темір сандыққа» салып тастады. Қазақстанда ашаршылықтан 2,5 миллион адам өлді деген дерек шындыққа жақындайды. Өйткені, бұл деректер зұлматтың беті ашылып, қателік зардаптарын тез арада түзету керек деген ақ ниет жеңген кезде жиналды.

1926-шы жылғы халық санағынан кейін құрбан болған адамдарының санын 1937-ші жылға дейін қалпына келтіре алмаған қазақстандық төрт ұлт туралы мынандай ресми деректер келтіруге болады. Мысалы, 1926-1937-ші жылдар аралығында қазақтар – 3,627,6 мыңнан 2,181,5 мыңға дейін: украиндер – 860,2 мыңнан 549,6 мыңға дейін, ұйғырлар – 63,4 мыңнан 33,4 мыңға дейін, өзбектер – 129,4 мыңнан 110,0 мыңға дейін кеміп кетті. Олар осы он жыл аралығында барлығы 1,816,2 мың адамын жоғалтқан екен. Бұл санақтардың он жылдық кезеңінде олар 15-17 процент өсудің орнына 40 процентке көшіп отырған. Сонда барлық жиыны демографиялық есеп бойынша 55-57 процент азайған /3/. Тіпті, осынау апатты жылдардағы халықтың өсімін қоса есептегеннің өзінде бұл төрт ұлттың кем дегенде тең жартысы келмеске кетіпті. Рас, украиндар мен өзбектердің және ұйғырлардың көпшілігі Қазақстанмен жапсарлас жатқан, не Сібірге, не Орта Азияға, не Қытайға тиісінше көшіп кетіп, аман қалып үлгерді.

Ал басқа ұлттарға келетін болсақ (орыс, неміс, татар, беларус), олар ашаршылықтан кейін қаңырап бос қалған Қазақстан жеріне күштеп қоныстандырылды. Сөйтіп, олар бұрынғы олқылықтарының орнын толтырып қана қоймай, онан сайын қаулап өсе түсіпті. Алайда, біздің қоғамтанушыларымыздың күні бүгінге дейін білмей жүрген бір нәрсесі – ол орталықтың жасанды жолмен бір мезгілде «ерікті ұжымдандыру» арқылы және екінші жағынан «жедел индустрияландыру» саясатының кесірінен Қазақстандағы байырғы халықтың мүлдем азшылыққа айналғандығы, яғни бұл бірінші бесжылдықта (1929-34) қазақты өз жерінде құрбандыққа шалу есебінен келімсектерге «социалистік бақыт» орнату әрекеті болды.

Сталин мен Голощекин бір халықтың мәдениеті мен ұлттық шаруашылығын құрту арқылы екінші халықтың өркендеуіне ашықтан ашық жол салды. Мысалы, қазақтың малын тартып алып, ауқаттыларын тәркілеп жіберді де, бүкіл Орта Азияны отырықшыландырып, тұрақты егіс алқабына айналдырды. Немесе үшінші біреулерін қалалы жерлерге шоғырландырды. Сөйтіп, жоғары индустрияны жеделдете дамытудың салдарынан ұлттардың бір-бірімен «жақындасқаны» сондай, жойылып кетуге шақ қалды. Қазақтың тәркілеумен тартып алынған малы ірі өндіріс орындарында, «аға халықтың» қолында «бесжылдықтың» балғасы солқылдата соғылуы үшін құрбандыққа шалынған болса, ал қазақтардың өзі малдан айырылған соң аштықтан қырылып қалған.

1926-1959 жылдардың арасында жүргізілген санаққа зер салсақ, ұжымдандыру, индустрияландыру науқандарын айтпағанның өзінде, кейін күшпен жер аударылғандар (депортация) мен соғыс кезінде көшіп келгендердің (эвакуация), тың игерушілердің Қазақстан жеріне жаппай ағылуы ұлт саясатын өрескел бұрмалауға әкеп соқтырды. Егер республикамыздағы ең көп екі ұлт – орыс пен қазақтың арасалмағын, салыстырар болсақ, Орталық ретінде билеп-төстеуші Мәскеудің күштеу саясатының бет-бейнесі айқындала түседі. Тек 1926-1959 жылдары ғана қазақтардың саны 58,7 проценттен 29,8 процентке қатты құлдыраса, ал орыстардың, саны 20,5 проценттен 42,7 процентке бірақ көтерілген./3/ Осы көрсеткіштің өзінен-ақ біраз шындықты айқын байқауға болады емес пе?

Сөйтіп, қазақтар жеке халық болып ұлттық белгісі жағынан, ал Қазақстан Республикасы болып құрамы жағынан бұрынғы КСРО-ның Орта Азиядағы одақтас республикаларының бірі емес, Ресейдің Федеративтік құрамындағы автономиялық республикалармен бірдей болып қалды.

Сондықтан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің сессиясы Қазақстандағы ұлттық қасіреттің себеп-салдарын түбегейлі зерттеп, оған кінәлілерді анықтау мақсатында арнайы комиссия құрды. Республикамыздағы 1931-33-ші жылдардағы зұламатқа нақты саяси баға беру үшін бұл комиссияның құрамына білікті тарихшылар мен демографтар, заңгерлер мен саясатшылар де енді. Сөйтіп, Голощекиннің құрығынан құрбан болған жазықсыз жандардың бейнесін мәңгілікке есте тұту мүкіндігі енді ғана туды.

Қорыта айтар болсақ, біздің қоғамтанушылар тікелей голощекиндік геноцид салдарынан, тағы басқа әміршіл зұламаттың зардабынан күні бүгінге дейін қазақ халқының ұлттық дамуы демографиялық детерминизм, яғни амалсыз санға тәуелділік жағдайында қалып қойғанын әлі біле алмай келе жатқан сияқты. Сол демографиялық кәріптікті жеңіп, сол ауыр дертті бір жола жазбайынша қазақты ұлт ретінде ұшпаққа шығара алмаймыз.

Диплом жұмысының мақсаты. Қазақстанда XX ғасырдың 30-шы жылдардағы күштеп ұжымдастырудың зардаптарына орны мен маңызына сипаттама беру.

Зерттеу міндеттері. Қазақстан тарихындағы ұлттық мемлекетті қалыптасуы үшін күрестің маңыздылығын ашып көрсету.

Зерттеу әдістері. Зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес салыстырмалы, талдау, ғылыми-танымдылық әдістер қолданылды. Отандық және жақын шет елдерде жарияларғар деректерден тақырып бойынша мәліметтерді талдау және көрсету.

Зерттеу деректері. Тарихшы мамандардың осы тақырып бойынша еңбектері, мақалалар, арнайы басылымдар, оқу-әдістемелік және құжаттар болып табылады.

Тәжірибелік құндылығы. Диплом жұмысының нәтижелері мен ұсыныстары тарих ғылымының дамуына, болашақтағы тарихи-саяси қызметтерді ұйымдастыруды жетілдіруге көмектеседі.

Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, 2-тараудан, қорытынды, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріспеде тақырып көкейкестілігі негізделіп зерттеудің мақсаты мен міндеттері анықталып, оның теориялық және тәжірибелік маңызы көрсетілген.

1 тарауда «1930 жылдардағы Қазақстанда күштеп ұжымдастырудың зардаптары» қазақ халқы үшін қиын жылдарда ашаршылықтың болуы, соның салдарынан басқа мемлекеттерге көшуі туралы айтылған.

2 тарауда «XX ғасырда Қазақстанда ең ірі демографиялық апаттың сипаты» қазақ халқы үшін ең ауыр жылдарындағы тағдыры жөнінде айтылған.

Қорытындыда зерттеу нәтижесінің негізгі тұжырымдамалары шығарылған тиісті ұсыныстар берілген.

Пайдаланған әдебиеттер тізімінде диплом жұмысында қолданылған әдебиеттер мен басылымдар жүйелі түрде көрсетілген.

 

I ТАРАУ. 1930 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДА КҮШТЕП ҰЖЫМДАСТЫРУДЫҢ ЗАРДАПТАРЫ

 

1.1. Ресей және орта азия жеріндегі қазақ босқындарының қайғылы тағдыры

 

Қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығын күйрету, ет және астық дайындау науқандарындағы зобалаңдар, байлар қожалықтарын тәркілеу және жойып жіберу саясаты, күштеп ұжымдастыру және зорлап отырықшыландыру, кінәсіз шаруаларды кеңес органдарының «ұлтшыл», «бандит», «контрреволюционер» деген жалған жалалармен жаппай қуғын-сүргінге ұшыратуы қазақ шаруаларын босқыншылыққа ұрындырды. Тоталитарлық жүйе ұзақ жылдар бойы тарихымызда ашық айтуға тыйьм салып келген осы жалпыхалықтық қасірет қазіргі күні арнайы зерттеулерді күтіп жатыр. Босқыншылықтың немесе туған жерден көшіп кетушіліктің 1930-1933 жылдар арасында аса көлемді көрініс бергені және әсіресе көшпелі, жартылай көшпелі қазақ шаруалары өмірінде терең, қасіретті із қалдырғаны белгілі.

Қазақстанның басшы мемлекеттік органдары, Қазақ өлкелік партия комитеті қазақ ауылында болып жатқан осынау ауыр өзгерістерден әрқашан хабардар болды.

1931 жылдың 1 желтоқсанында Қазақ өлкелік партия комитетіне ПП ОГПУ мынандай мәліметтер түсірді:

«1929 жылдың ішінде көшіп кетулер туралы мәлімет (шекаралық аудандарды айтпағанда) жоқ, өйткені көшіп кету қозғалысы тек 1930 жылдың көктемінен басталып, ауыл шаруашылығындағы капиталистік элементтерге кеңінен шабуыл кезеңіңде бұқаралық сипат алды.

1930 жылы көшіп кету қозғалысымен 34 977 қожалық қамтылды. 1931 жылы толық емес мәліметтер бойынша 45 000 шаруашылық көше бастады /1/. Айта кететін бір мәселе – бұл мәліметтер республикадан тыс көшіп кеткендерді ғана емес, сондай-ақ өлкенің өз ішінде туған жерден қозғалып, босқындар қатарына қосылғандарды жалпы түрде көрсете алады. Яғни орта есеппен алсақ, жоғарыдағы 1931 жылғы босқындар жолына түскен қазақ шаруаларының жалпы саны 225 000 адамдай болып шығады.

Ал енді осыншама босқындардың қайда және қаншасы көшіп кеткенін дәлме-дәл анықтау тіптен мүмкін емес. Өйткені қоныстарынан ауа көшушілердің едәуір бөлігі белгілі бір аймақта тұрақтап қалмай, үздіксіз босып, сенделумен болған. Дегенмен бұл мәселенің көлемін және негізгі бағыттарын шамамен болса да айқындап беретін тарихи деректер баршылық. Қаражат халық комиссариатының Өлкелік партия комитетіне берген 1931 жылғы 5 тамызға дейінгі мәліметінде босқындардың қайда көшіп жатқаны нақты көрсетілген. Мұнда 27 ауданның ғана мәліметі есептеліп, ал қалған 47 ауданнан әлі мұндай деректер түсе қоймаған кезең бейнеленген. Бұл дерек босқыншылыққа ұшыраған қожалықтардың сандарын ғана емес, тіптен олар айдап әкеткен мал басы сандарын да шамамен есепке алғандықтан да тарих үшін құнды.

Сонымен қазақстандық босқындар төмендегідей жат өлкелерге және аймақтарға босып кеткен: /1/

Босқындар барған жерлер

Босқын

қожалықтары

Олардағы мал

басы

1.

Өзбекстанға

3436

187909

2.

Түрікменстанға

7371

319725

3.

Тәжікстанға

1767

88350

4.

Қырғыз республ.

1031

33595

5.

Қ. А. 0.

2355

112621

6.

Т-Волга өлкесіне

2562

13797

7.

Сібір өлкесіне

2100

27348

8.

Украинаға

901

6652

9.

РСФСР-дің қалған бөліктеріне

13511

100801

10.

Қытайға

563

2276

 

 

35597

893074

 

Кестеден аңғарылатын нәрсе, қазақ босқындары негізінен Ресей және Орта Азия республикаларына қоныс аудара бастаған.

1932 жылы алапат ашаршылық Қазақстанда кеңінен таралғанда жағдай тіптен ауырлап, жоғарыда кестеде көрсетілген өлкелерге қазақтардың жаппай босулары орын алды. Исаев пен Орымбаевтың 1932 жылғы 11 мамырда Мәскеудегі Халық Комиссарлары Кеңесіне жолдаған мазмұндама хаты беретін аталған жылдың 1 ақпанына дейінгі мәлімет бойынша, «қоныстан ауу мен қоныс аудару есебінен кеміген қожалықтардың саны 300 мыңнан асып» кеткен. Бұл орта есеппен алғанда 1 млн. 500 мың адам.

Босқыншылық 1933 жылдың шілдесіне дейін толастамай қойды. Осы жылдың мәліметтеріне назар аударсақ, бұған көзіміз айқын жетеді. Қазақстан үкіметінің 1933 жылы Мәскеуге берген осы мәселеге байланысты ресми есебінде мынадай жолдар бар: «1931-1933 жылдарғы салық, есептері мәліметіне қарағанда, Қазақстан бойынша қожалықтардың жалпы саны 490 мыңға, ал село халқының саны 2,6 млн адамға кеміді. Оның үстіне Қазақстанда қалған қазақтар қожалықтарының аса үлкен бөлігі өздерінің бұрынғы мекендерінен ауа көшті… ».

Қазақстан Халық шаруашылығы есебі мекемесінің өзінің Мәскеудегі басшылығына және Қазақстанның басшысы Л. И. Мирзоянға берген ресми мәліметтеріне сүйеніп Қазақстаңдағы ауыл халқының жылдан жылға қанша адамға азайғанын анықтасақ, ол төмендегідей болып шығады (мәлімет әр жылғы 1 маусымда алынған): /1/

Жылдар аралығы

Кеміген аламдар саны (мың адам)

1930-1931

1931-1932

1932-1933

759,0

1887,0

733,5

1930-1933

3 379,5

 

Кестеден көріп отырмыз, үш жылдың ішіндегі адамдар санының жалпы кемуі Қазақстанның ауылдық жерінде 3 млн 379,5 адам.

Т. Рысқұловтың И. Сталинге 1933 жылы 9 наурызда жазған хатында босқын қазақтар көшіп барған аудандардан алынған мәліметтер бар. Бұдан аңғаратынымыз, көрсетілген уақытта Орта Еділде босқын қазақтар – 40 мың, Қырғызстанда – 100 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Орта Азияда – 30 мың адамға жеткен./2/ Сондай-ақ Т. Рысқұлов босқындардың Қалмақ, Тәжікстан, Солтүстік өлке өңірінен де кездесетінін, Батыс Қытайға ауа көшкендерін атап көрсетеді.

Көріп отырмыз, республикадан тыс жерлерге босып кетушілер аз емес. 1931 жылдың күзінен бастап Қазақстандағы Голощекин тәртібінен Батыс Сібір өлкесіне қашып кетушілер байқалған болса, ал 1932 жылдың алғашқы айларында аш-жалаңаш босқын қазақтардан Батыс Сібір Өлкелік партия комитетінің хатшысы М. Зайцевтің айтуына қарағанда, босқындар негізінен колхозшылар болды да, тек олардың шамалы ғана бөлігі бай-кулактар элементіне жатты. Қазақ даласынан келген босқындардың қаншалықты көлем алғанын Батыс Сібірдің Қазақстанмен шектесетін көрші Славгород ауданындағы қазақтардың 10000 адамға көбейгеніне, ал олардың 6000-ы Славгород қаласының өзінде ғана орналасқанынан да байқауға болатын еді. Батыс Сібірдің басқа аудандарындағы қазақтар да босқындар есебінен шұғыл өсті. Мысалы., Баевск ауданыңда 1300 босқын қазақ есепке алынды.

Алқымнан алған аштық Сібірдегі босқын қазақтарды қылмысқа итермеледі. 1932 жылдың тек 15-20 қаңтарында ғана осында 9 рет жылқы ұрлау фактілері, сондай-ақ ұрлық пен тонаудың кеңінен таралуы орын алды. Аштық адам кейпінен айыра бастаған, есі ауып, ісініп кеткен қазақтар көшелердегілерден де, пәтер тұрғындарынан да нанды ашықтан-ашық тартып алып, аштық аранына араша іздеді. Жоғарыда аталған Батыс Сібір хатшысы М. Зайцевтің Қазақ өлкелік партия комитетіне жолдаған хатында жазғанындай, 5-8 адамнан тұратын топқа біріккен қазақтар пәтерлерге кіріп, олардан нан беруді талап етті. Славгород қаласының асханалары жүдеп-ашыққан қазақтарға аузы-мұрнынан шыға толып кеткен. Олар столдардан шашылып түскен нанның қоқымдарын теріп жеп, тамақтанғандардан қалған тәрелкелерді жалап-жұқтап, кейде тіптен олардың стол үстіндегі тамақтарын да тартып алып, қолдарына түскен тамақ қалдықтарын дым қалдырмай қылғытумен болды.

Қаладағы аудандық мекемелердің алдына күн сайын дерлік топтасып келетін босқындар осында балаларын қалдырып, өздері тайып тұратын еді. Күңде осылай ата-анадан айрылып көшеде қамқорсыз қалған 4-5 баланы кездестіретін жергілікті өкімет орындарының органдары оларды орналастыратын жер таппай, әбігер болды. Жағдайды қиындата түскен балалар үйлері мен ауруханалардың осындайларға толып кетуі де еді.

Батыс Сібір өлкесінің кейбір аудандарының өздері де азық-түлік қиыншылықтарына кездескендіктен аштық қуалап босып келген қазақтарға қажетті көмек көрсетуге жергілікті жерлердегі мүмкіндіктер де шамалы еді. Сондықтан Батыс Сібір өлкелік партия комитеті Қазақ өлкелік партия комитетінен қазақтардың қашып келуін тоқтатуды, оған қажетті шараларды жедел қолдануды, босқындарға қажетті көмек көрсетуді қайта-қайта өтініп сұрады.

Архив мәліметтерінен көрінетініндей, егер 1932 жылға дейін қазақ босқындары Сібірдің Қазақстанмен шектескен аудандарына ғана орналасқан болса, ал 1932 жылдың алғашқы айларында олардың Сібір жеріне тереңдеп кеткенін, шалғай жатқан Новосибирск жері тәрізді аудандарда да «қоныстана» бастағанын аңғарамыз. Осыған қатты алаңдаған Батыс Сібір өлкелік партия комитетінің хатшысы Эйхе Қазақ Өлкелік партия комитетінің босқындарды Қазақстанға қайтарып алуға неге асықпайтынын түсіне алмай Голощекинге хат жазды.

Ал Голощекин болса Сібір басшыларынан бай-кулактарды ұстап беруді талап етумен болды. Батыс Сібір басшылары бай-кулактарды босқындар араларынан іріктеп алуды тек Қазақстанның өзінде ғана жүзеге асырған жөн деп санады. Біз қайтатындарды қабылдау пункттеріне жібереміз, сол жерлерде, яғни Қазақстанның өзінің аумағында босқындар арасынан байларыңды, кулактарыңды іріктеп алындар да, өздеріңнің спецпоселоктарыңа (арнайы қоныстар) жөнелтіңдер және оларды орталық ұйымдардың арнайы нұсқауларына сәйкес қалауларыңша әр түрлі жұмыстарға пайдаланыңдар, — десті сібірліктер./4/

Республика аумағындағы және Солтүстіктегі көршілеріне ауа көшкен босқын қазақтардың аянышты халін Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданының Луганский поселкасынан Сталиннің секретариатына 1932 жылы 27 шілдеде жолданған домалақ хат шынайы да әділ суреттеп берді. Осы ауданда ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында жол берілген әр түрлі асыра сілтеулерді тәптіштеп суреттеген хат иесі Орталық Комитетке Қазақстанның жергілікті халқы қазақтарға істеліп жатқан зорлық-зомбылықтар туралы арнайы әңгімеледі.

Сталиннің секретариатына жолданған бұл хатты едәуір сауаты бар қарапайым еңбек адамы жазған деп жорамал жасауға болады. Өйткені мәселе қарапайым шаруа тілімен баяңдалған. Онда мынадай мәселелер айтылады: Сібірге қашқан қазақтарды Голощекин жіберген уәкілдер жергілікті ОГПУ органдарының көмегімен іздеп тауып, қорқыту, күштеу және зорлық-зомбылық көрсету жолымен Қазақстанға алып қайтқан. «Сауын сиыр береміз, нанға тойғызамыз», — дегенге сеніп келген халық туған өлкеде тағы да аштыққа ұрынды. Кеудесінде шыбын жаны барлар Солтүстікке қайта қашты. Осылайша біресе Қазақстанға, біресе солтүстіктегі көршілерге қайта оралып, ерсілі-қарсылы жосылып, екі ортаны жол қылып, аштықтан әбден қалжыраған, екі ел арасына жұқпалы ауруларды да таратқан, сөйтіп өздері орта жолда көмусіз қалған, іздер-сұрары жоқ өлекселер қатарын толықтырып, голощекиншілдіктің құрбандығына айналған, соры қайнаған қазақтар туралы жоғарыдағы хат арқылы Сталиннің секретариаты тағы да хабардар болды.

Қазақтардың осы бір аянышты да мүсәпір кейпін әңгімелеген хаттың белгісіз иесі Шыңғырлау ауданындағы осы бір аштық зобалаңын Азамат соғысы жылдарымен салыстыра келіп, тіптен аудан аумағына ақтардың әскерлері келген кезде де мұндай сұмдықтар болған жоқ еді, халық қайта солармен жақсы тұрған еді, ал енді ғой ерікті Советтер Одағындағы халіміз адам айтқысыз ауыр болды деп күйзелді.

Хатты алған соң Кремльдегілер Қазақстаннан жедел жауап сұрады. БК (б)П Орталық Комитеті алғаш 30 қарашаға дейін хатта көрсетілген фактілерді анықтап беруді сұраса, келесі жолы (11.XII. 1932 ж.), 27 желтоқсанға дейін Қазақ өлкелік партия комитетінің шұғыл жауап қайтаруын талап етті.

Өз кезегінде Қазақ өлкелік партия комитеті де Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінен хатта жазылғандарды тексеруді талап етіп қайта-қайта хат жолдады. Бірақ обком қызметкерлері арызды тексеруге немқұрайлы қарады. Осы салақтықтың басында отырған осы обкомның бұқаралық үгіт секторы меңгерушісі Александров Таран 1933 жылы 6 қаңтарда ақыры сөгіс алды. Дегенмен бәрібір бұдан жағдай өзгере қойған жоқ./6/ Тек бір айдай уақыттан кейін ғана, дәлірек айтқанда, 5 ақпанда Шыңғырлау аудандық партия комитетінің бюро мәжілісі М. Коломийцев тексерген осы арыздың қорытындысын шығарып, онда көрсетілген өрескелдіктердің шындығында да орын алғанын мойындады. Бірақ архивте сақталған осы мәселеге байланысты жоғары орынға — Кремльге жіберілген тексеру қорытындысында босқын қазақтардың қасіретті ауыр жағдайы туралы мәселе назардан тыс қалды. Арызды тексеруші М. Коломийцев өзінің қорытындысында тіптен «қазақ» деген сөзді аузына да алмаған.

Босқын қазақтардың аса қайғылы жағдайы Қазақстанда туып-өскен кез келген қазақстандықты толғандырарлықтай, оған ауыр ой саларлықтай еді. Осының нақты мысалы, өзі қарағандылық, ал ашаршылық жылдарында Иркутскідегі Главзолотоның тау-кен институтында студент болған Н.А.Кузиннің Қазақ өлкелік партия комитетіне 1933 жылы 27 қазанда ашына хат жазуы дер едік. Ол өзінің 1931 жылы Сібірге оқуға кеткенін, оған дейін Қазақстанда қайғылы өзгерістер бола қоймағанын айта келіп, Л.И. Мирзоянға былай деп жазды: «1932 ж. орыс тілін мүлде білмегендеріне қарамастан тәуекелге бел буған және үздіксіз лектермен Шығыс Сібір арқылы, сондай-ақ, онан ары Қиыр Шығысқа шұбырған қазақтардың көптігі мені таңдандырды. Ал Сіз көшпелі қазақ үшін ауылдан белгісіз қиырға аттану дегеннің не екенін менен кем білмейсіз».

Қазақстандық Кузиннің хатындағы ащы шындықты аңғартатын бұл жолдардың Голощекиннің: «Ешқашан ауылынан шықпаған, өзінің көшу жолынан басқа жолдарды білмейтін қазақ, енді Қазақстанның ішіндегі ауданнан ауданға жеңіл жылжуда, орыс, украин колхоздарына кіруде, Еділ бойындағы және Сібірдегі жұмыстарға, шаруашылықтық құрылыстарға баруда», — деген тұтас бір халықтың туған жерден безе көшкен мүшкіл халіне жан ашырлық білдірудің орнына, оны қорлайтын, қайғылы халдегі қазақты мазақ ететін үстірт сипаттамасымен үндесе қоймайтыны бірден назар аудартады.

Архив қорында сақталған ресми құжаттардың бірінде Батыс Сібірдің 33 ауданында 1932 жылдың 5 мамырында 46 632 қазақ босқындары есепке алынған. Олардың осы уақытқа дейін 29166-сы Шығыс Қазақстан облысына көшіріліп әкелінсе, ал 14500-дейі сонда қалып қойған. /1/

Батыс Сібір жерінде аш қазақтардың көрінген бұтаның түбінде өліп жатқанын Хабаровск ауданынан 1932 жылдың 18 наурызында жазылған мәлімдеме хаттан да байқауға болады. Оңда соңғы кездері аудан территориясынан өліп қалған «қырғыздардың» өлімтіктері кездесе бастағаны айтылады. Қаңтарда 4 қазақтың өлігі табылса, ақпанда 6, ал наурызда — 33 қазақтың өлігі кездескен. Соңғыларының 30-ы бір жерден, аудандағы ет совхозынан 3 километрдей қашықтықтан табылған. Аш қазақтар ет совхозы бар дегенге осылай қарай бет алса керек. Аш қазақтардың үй жағалап нан сұрағанды былай қойғанда, көрінген жылқыны бас салып, рұқсатсыз табан астыңда сойып алатыны, етті пышақ үстінде үлестіретіндіктен қылмыскерлерді табу өте қиын екені, тапқанның өзінде де түгі жоқ аш-жалаңаштарға не айып салуға, не оларды қамауға (беретін тамақ жоқ болғандықтан) мүмкіндіктер жоқтығы осы құжатта атап көрсетілген.

Ақтөбе облысының аумағынан бастап, Батыс Қазақстан шекарасына дейінгі аймақты мекендейтін қазақтар 1929 жылдан бастап Орта Волга өлкесіне көшіп баруды жиілете түсті. Тек үш жылдың ішіңде ғана мұнда келген босқын қазақтар саны 50 мың адамнан асып түсті. Мұнда да қазақтардың қайыршылануы өте аянышты күйге жетіп, көпшілік орындары олардан аяқ алып жүргісіз болған соң, Орта Волга өлкелік партия комитеті бұл жағдайды бірнеше рет талқылап, әр түрлі шешімдер қабылдады. Қазақтар мұнда негізінен Самара төңірегіне шоғырланды. Оның ішінде Большеглущинский ауданыңца қазақтардың 2000 отбасы, Соль-Илецкіде – 1000, Буртинскийде – 2000, Илекскийде – 800, Оренбургскийде – 600, Орынбор қаласына – 1000, Каширинскийде – 400, Петровскийде – 300 отбасылары Батыс Қазақстан жерлерінен босып келді. Аштық жайлаған туған жерге қайта оралғылары келмеген босқын қазақтар өздерінің қайдан көшіп келгендерін жасыруға тырысып бақты. /1/ Мысалы, жоғарыда аталған Большеглущинский ауданының құжаттарының біріңде осы ауданның Фрунзе атындағы және «Имилеевский» совхоздарыңда Бұқар өлкесінен қоныстанған 2 мың қазақ отбасы жұмыс істейтіні айтылған. Шыңдығында бұлар бұрынғы Орал ауданынан келген қазақтарға ұқсайтын.

1932 жылдың 8 наурызында Орта Волга өлкелік партия комитеті көшіп келіп жатқан қазақтар проблемасын шешуді өтініп Мәскеудегі партияның Орталық Комитеті мен Голощекин басқарған Қазақ өлкелік партия комитеті алдына мәселе қойды. Қазақ өлкелік партия комитеті Ақтөбе жері арқылы өзінің уәкілі Сейтқали Меңдешевті Орта Волга өлкесіне аттандырды. Ол өзінің көзі көрген жайларды нақты түрде баяндап, Голощекиннің өзіне және Исаевқа жабық мәлімдеме жіберді./4/

С. Меңдешев Самарада қазақтарды елге қайтару мәселесін талдап, ойластырып жатқанда онда Қазақстаннан Ақбұлақ, Адамовск, Жетіқара аудандарының өкілдері де келді. Оларды ертіп алған ол, Орынборға барды. Өйткені босқын қазақтардың негізгі бұқарасы бұрынғы Орынбор округін паналаған еді. Уәкілдер келе сала қазақтардың жағдайымен жіті танысты. Осында Орынбордың өзінде және оның төңірегіндегі біраз елді мекендерде қазақ босқындарының 1000-ға тарта отбасы шоғырланып қалғаны анықталды. Олардың біразы осында кірпіш зауытында, ағаш өңдеу кәсіпорнында, құрылыс кеңсесінде жұмыс істесе, едәуір бөлігі ешқандай жұмыс таппай, аштыққа бой алдырып, денелері ісініп көшеде, кез келген жерде жан тапсырып жатты. Қазақстандық уәкілдер тек осыңда ғана не бары екі айда – ақпан, наурыз айларында шамамен 100 адамдай қазақ босқындары өлгенін анықтады. Ауру қазақтарды орналастыратын жер – аурухана табылмағандықтан бұрынғы Покровский шіркеуі ауруханаға айналдырылып, онда қазақтарды жатқызды.

Әсіресе туыстарынан айрылып көшеде қаңғырып қалған қазақ балаларының күнкөрісі өте қиын болды. Орынбордың өзінде ғана балалар үйінде осындай 100 баланы орналастыруға тура келді.

Қазақстандық жас сәбилерге арнап 25 адамаық балалар бақшасы да ашылды. Аштан өліп бара жатқандарды өлім аузынан алып қалу үшін 400 адамды қамтитын жеңіл де, арзан тамақпен қамтамасыз ету орны ұйымдастырылды. Бірақ бұл көмектердің бәрі уақытша ұйымдастырылған, яғни қол қусырып қарап отырып, халықты қырып алмайық деген оймен жасалған жоқтан бар шаралар болатын. Өйткені босқын қазақтарды Орынбор және Орта Волга аймағында тұрақты тұрғынға айналдырып, қоныстандыруға қажетті мүмкіншіліктер жоқтың қасы еді./6/ Баспана проблемасын былай қойғанда, мұнда қазақтарды жұмысқа орналастыру мүмкін болмады. Сондықтан Қазақстаннан барған уәкілдер сол жағдайда бірден-бір дұрыс та, ақылға сыйымды шешімге келді: қазақтарды шілде түспей тұрғанда туған жерлеріне қайтару керек, өйтпеген күңде олар қырылып қалады, ал аман қалғандарының өздері де материалдық және рухани жағынан әбден жүнжіп, көше қаңғыбастары мен қайыршылары қатарын көптеп толықтырады.

Орта Волгаға босып келген қазақтардың ауыр халін Орта Волга өлкелік партия комитеті де Мәскеудегі әр түрлі шаруашылық ұйымдары алдына әлденеше рет мәселе етіп қойды. Бірақ Сталиннің әкімшілік аппаратының ғана айдауымен жүріп үйренген олар безбүйректене міз бақпады. Аш қазақтардың аянышты жағдайлары туралы төтенше хабарлар оларды селт еткізе қойған жоқ. Сондықтан Орта Волга өлкелік партия комитеті 1932 жылы 8 наурызда өзінің бюро мәжілісіңде олардың үстінен шағым айтып, Кремльге, Орталық Комитетке хабар түсіру турайы шешімге келді. Мұнда сонымен қатар көшіп келген қазақтарға көмекке 1,5 мың тонна шай және қант босатуды міндеттеп, Жабдықтау халық комиссариатына нұсқау беру туралы Орталық Комитетке өтініш жасалды.

Волга бойындағы босқын қазақтардың ауыр халін Қазақстан өкіметінің басшысы Ораз Исаевтың өз көзімен көргенін дәлелдейтін жеделхат та архив қорында сақталған.

Тегінде, ол бұл жеделхатты Мәскеуге бара жатқан сапарыңда салған тәрізді. Өйткені жеделхат Самарадан Голощекинге 1932 жылдың 27 маусымында жолданған. Сонда стансаларда нан сұраушы қазақтардың өте үлкен тобын кездестіргенін айта келіп ол, «көмекке босатылған орасан көп азық-түліктің қайда кеткенін» түсіне алмай дал болады. Сондай-ақ «нан және азық-түлік көмегі туралы мәселені хатшылар қатысатын бюро мәжілісінде талқылауды» ұсынады./7/

1933 жылы Волга бойынан Қазақстанға қайтарылған босқындардың жағдайы да бірден жақсарып кете қоймады. Батыс Қазақстан облысына қайтып келгендердің Талов ауданынан 651, Лбещин ауданынан – 932, Тепловскіден – 215, Оралдан – 104, Шыңғырлаудан – 191, Тайпақтан – 151, Гурьев округінен – 200 отбасы аштыққа шыдай алмай қайта көшіп кетті./1/

1930 жылдың көктемінен бастап Қазақстанның батыс және оңтүстік аудаңдарынан қазақтардың көршілес Орта Азия республикаларына ауа көшулері үдей түсті. Қарақалпақ автономиялы республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің РКФСР үкіметіне 1931 жылы берген мәлімдемесінде Қарақалпақ жеріндегі қазақ босқындары 12830 адамнан тұратын 3060 қожалық деп көрсетілген. Бұл көрсеткіштер 1931 жылдың мәліметінен едәуір көп бола тұрса да босқын қазақтардың санының азайтылып отырғанын Сейтқали Меңдешевтің оларды Қазақстанға қайтару үшін Қарақалпақ жеріне барғанда берген мәліметтерінен де айқын байқауға болады. Меңдешев бастаған уәкілдер Қоңырат ауданынан Қазақстанға 2644 адамы бар 772 қазақ шаруалары қожалығын қайтарды. Ал Қарақалпақ үкіметінің мәліметі бойынша, мұңда бұл сандардан әлдеқайда аз – 1129 адамы бар 327 қожалық ғана болуы тиіс еді. Егер Қарақалпақ үкіметі Шымбай ауданында ешқандай да қазақ босқындары жоқ деп ақпарат берген болса, ал қазақстандық уәкілдер мұнан да 1044 адамы бар 324 қожалықты іздеп тауып, оларды елге қайтуға үгіттеп көндірді. Қарақалпақ жеріндегі қазақ босқындарының санын дәл анықтап алуға Қарақалпақстанның табиғи орналасу жағдайы да едәуір қиыншылық туғызды. Өйткені бұл өлкенің өзі көрші орналасқан екі бірдей одақтас республика жеріне алып баратын арнайы көпір іспетті де еді. Қазақтардың кейбір тобы Қарақалпақстанда тұрақтамай соларға өтіп кетіп те жатты. 1929-1930 жылдардан бастап Қарақалпақ жеріне көрші орналасқан Қазақстанның Қазалы, Арал, Шалқар, Темір, Табын, Ақтөбе және т. б. аудаңдарынан қалың жұрт осынау көрші өлкеге ойыса ауды./7/

Алғаш «ет дайында» деп әкіреңдеген шолақ белсендінің қайырымсыз талабы жекелеген рулас ауқатты аталарды топ-тобымен едәуір көп малды айдап ала кетуге еріксіз итермелесе, кейіннен мал-жанды күштеп қауымдастыру әрекетіндегі шектен шыққан оспадар қылықтар халықтың ашық қарсылығын туғызып, ал бұл көтерілістерге қарсы Кеңес өкіметі арнайы әскер бөлімдерін алдырғанда онсыз да наразы халықтың жаппай Қарақалпақ және Түрікмен жеріне ауа көшуі күшейе түсті.

1933 жылдың басына қарай базарларда өнімдердің және тауарлардың үздіксіз қымбаттауы жағдайында Қазақстандағы босқын қазақтардың тұрмысы біртіндеп ауырлай түсті. Олардың көпшілігі малдан мүлде айрылды, ашыға бастады.

1933 жылдың көктеміне дейін жоғары органдарға бас шұлғып уәде берген қарақалпақ жерінің жергілікті өкімет мекемелері шын мәнінде босқын қазақтарға ешқандай елеулі көмек көрсете қоймады. Қарақалпақ облыстық партия комитетінің нұсқауында және Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысында босқын қазақтарды жергілікті жерлерде есепке алу және оларды орналастыру туралы арнайы айтылғанына қарамастан, жергілікті жердегілер мұны орындауға немкетті қарап мән бермеді.

Қазақстаннан барған уәкілдер отандарына қайтуға жарамайтын тым әлсіз босқындарды Өлкелік партия комитеті нұсқауына сәйкес, Қарақалпақ обкомымен ақылдаса келе Қарақалпақстанда орналастыру жағын ойластыра бастады. Бірақ жергілікті ұйымдар Қазақстандық уәкілдерден босқындарды түгелдей алып кетуді талап етті. Босқындарды Қазақстанға қайтару жұмысының жандануына босқындардың өздерінің де туған жерге қайтуды аңсай түсуі ғана емес, сонымен бірге Голощекиннің орнына Мирзоянның хатшы болуы туралы хабар да әсерін тигізді./12/

Қазақ босқындары елге екі түрлі жолмен – құрылық арқылы Қоңырат және Тақтакөпір жерімен және су жолымен – Арал теңізімен қайтты.

Алғашқы жолмен 1933 жылдың желтоқсанына дейін 257 шаруа қожалығы 258 жылқы мен түйені, 320 қой мен ешкіні, 422 есекті айдай жүрді. Ал Арал теңізімен 8000 адамнан тұратын 2500 қожалық қайтып оралды.

Сейтқали Меңдешев бастаған қазақстандық уәкілдер қарақалпақ жерінде қанша қазақтардың қалып бара жатқанын, оңда арнайы есеп жүргізілмегендіктен дәлме-дәл айтып бере алмады. Бірақ олардың шамалауынша онда қалғандардың саны Қазақстанға қайтып оралғандардың санындай болып табылады. Бұл дегенің – 10000 адамнан тұратын 2500-дей отбасы, оның ішінде Шымбай, Қоңырат және Ходжелі балалар үйіңдегі 600-ге тарта жетім бала да бар еді.

1932 жылдың 19 ақпаныңда Өлкелік партия комитетінің бюро мәжілісі Голощекиннің төрағалық етуімен босқыңдар туралы мәселені арнайы қарады. Онда «Қазақстанның аудандарындағы партия ұйымдарының және кеңес аппаратының кейбір ұлтшыл элементтері тарапынан» көшіп кету ынталандырылып отыр», – деп атап көрсетілді. Әсіресе «Ташкенттегі топтасқан ұлтшылдар мен жікшілдердің ұйымдастырушылық рөліне» баса назар аударылды. Бюро мәжілісі босқындар арасынан байларды және ауа көшуді бастаушыларды ұстап алуға көмектесуді БК (б) П Орталық Комитетінің Орта Азия бюросынан және Қырғыз облыстық партия комитетінен өтініп сұрады. Сонымен бірге осы қаулыда: «Қазақстанның кеңес мекемелерін және оқу орындарын қазақтардың ұлтшыл және топшыл элементтерінен тазарту қажеттігі», – атап көрсетілді./1/

БК (б) П Орталық Комитетінің Орта Азия бюросымен келісім жүргізу және көзделген шараларды жүзеге асыру үшін Өлкелік партия комитетінің хатшысы Кахиани Орта Азияға жүріп кетті.

Кахиани Орта Азиядағы қазақ босқыңдарының ауыр жағдайымен жан-жақты танысқан соң, бұл туралы БК (б) П Орталық Комитетінің Орта Азия бюросында арнайы мәлімдеді. 1932 жылдың 7 наурызында болып өткен бұл мәжіліс орташалар мен кедейлерді ерікті түрде қайтаруға көмектесуді ұсына келіп, 15-20 коммунист-қазақтарды босқындар араларында жұмыс жүргізуге бөлуді қажет деп тапты. Сонымен бірге босқындар арасынан ұйымдастырушы-байларды ұстап алу мәселесі де назардан тыс қала қоймады. Бірақ бір қызығы бұл қаулыда Голощекин аузынан бір тастамайтын «ұлтшылдар» туралы бір ауыз да сөз айтылмаған. Яғни Голощекиннің Орта Азия мен Ташкентте қазақ ұлтшылдарын көптеп ұстап аламын деген дәмесі ескерусіз қалды. Сондай-ақ осы мәжіліс босқындарды Қазақстанға қайтару жұмыстарына арнап 10000 пұт астық босату қажет деген бірден-бір дұрыс шешімге келді. Қазақ Өлкелік партия комитетінің алапат аштық жайлаған 1932 жылдың 9 сәуірінде шақырылған секретариат мәжілісіңде Қырғызстанға босқындардың аууы «мемлекеттік тапсырманы орындаудан жасырынып қалу нысаны», «кулактар мен байлардың үгітінің және Қазақстанның ішіндегі және одан тыс ұлтшылдардың қызметінің салдары» деп бағаланып, ал әкімшілік, зорлық-зомбылық пен асыра сілтеулер екінші қатардағы себептерге жатқызылып, Қырғыз облыстық партия комитетіне ОГПУ органдары арқылы босқындар арасындағы байларды дүние-мүліктерімен ұстап беру туралы өтініш жасалды. Сондай-ақ Голощекиннің өзі қол қойған бұл қаулы Қырғызстан партия ұйымын Қазақстанмен шекаралас аудандарда «алда байлар мен ұлтшылдарға қарсы батыл күрес жүргізуге» шақырды./4/

Көрші Қырғызстан жеріне қазақ босқындарының тоқтаусыз ағылуы Қырғыз облыстық партия комитеті бюросын осы мәселені 1932 жылы 31 желтоқсанда арнайы қарауға мәжбүр етті. Мұнда қабылданған «Қазақ азаматтарының Киргизия жеріне жаппай ағылуы туралы» қаулыда «Жолдас Садаевқа оның Мәскеуге барған сапарында БК (б) П-ның ОБК-ын қазақ халқының Қыр. АКСР-ы жеріне қаптап кетуі туралы және осы қазақ азаматтарының шектен шыққан қайыршы жағдайы және олардың арасында жұқпалы аурулардың, сондай-ақ өлімнің кең таралуы туралы хабардар ету» тапсырылған.

Осы қаулы сонымен қатар, БК (б) П Орталық Комитетінің Орта Азия Бюросынан осы «Қазақстанға және қазақтардың панасыз балаларына көмек көрсету үшін нанның қажетті ең аз мөлшерін бөлуді» өтінген.

Қырғызстан үкіметінің осы жағдай туралы мәлімдемелері БК (б) П ОБК-на және КСРО Жұмысшы-шаруа инспекциясына 1933 жылы қаңтарда келіп түскен, бұл органдар КСРО Халкомынан және РКФСР Халкомынан қазақтарға көмек көрсетуді өтінген.

Дегенмен бұл өтініштерді орындауға одақтық және ресейлік мекемелер асықпады. Шұғыл көмек көрсетіле қоймады.

Көрші қырғыз жеріне жөңкілген қазақтардың ауыр да, тауқыметті халі Қазақстанның Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Исаевтың Қырғызстанның Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ю.Абдрахмановтың атына жолдаған хатынан да айқын байқалады. Онда республика көлік прокурорының Қазақ өлкелік партия комитетінің көлік жөніндегі хатшысына жазған хатынан нақты мысалдар келтірілген. О.Исаевтың бұл хаты 1933 жылдың 19 мамырыңда Қырғызстанға жіберілген. Мұнда 19 және 23 сәуірдің аралығыңда ғана Пішкек темір жол стансасында Қазақстанның әр түрлі аудандарынан 860 аш адам шоғыры пайда болғаны, олардың ішіңде балалар да әйелдер де аз еместігі айтылған.

Қазақтардың жағдайларының өте ауыр болғанын мынадан да байқауға болады: күн сайын стансада 6-7 өлген адам табылып отырды. Мұндай жантүршігерлік көрініс жол көлігі ОГПУ-дің жедел араласуын туғызды және ол Қырғызстанның кеңес органдарына босқындарға қажетті көмек көрсетуді өтініп хабар түсірді. Бірақ Қырғыз үкіметі бұған байланысты дер кезінде шара қолдана қоймады және босқындарды кері Қазақстанға қайтаруды барынша талап етті.

Бірақ Қырғыз облыстық партия комитетінің бұл мәселеге араласуы жағдайды өзгертті: қырғыз жеріндегі жергілікті әкімшілік органдары босқындарды тамақтандыруға және орналастыруға біртіндеп көңіл бөле бастады. Дегенмен бұл көмек шындығында тек аштарға нан бөлуден арыға бармады.

Сондықтан өзінің хатында Ораз Исаев заңсыздықты тоқтатуды және Пішкек стансасындағы босқындардың қайда және қалай орналастырылғанын біліп беруді өтінді.

1933 жылғы көктемгі егіске қауырт дайындықтың басталуы босқындарды орналастыру мәселесін екінші қатарға ысырды және қырғыз жеріндегі көп қазақ бытыраңқы түрде елге оралса да олардың едәуір бөлігі қырғыз жерін мекен етіп қалды.

Босқын қазақтардың көршілес Өзбекстан жеріне қоныс аударуы да 1932 жылы күшейе түсті. Сондықтан Өзбекстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Секретариаты бұл мәселені 1932 жылдың 27 желтоқсанында арнайы қарап, «Қазақ халқының Өзбек КСР-ы аудандарына ағылып келуінің күшейе түсуі туралы» қаулы қабылдады./12/

Онда «БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінен қазақ халқының Өзбек КСР-ы жеріне ағылып келуін тоқтату үшін Өзбек КСР-мен шекаралық аудандарда ерекше шаралар қолдану сұралды.

Қазақ босқындарының Өзбекстан жеріне аууындағы бір ерекшелік – олардың негізінен қалаларға көптеп шоғырланып, баспанасыз, көшеде өмір сүруі еді. Бұлар негізінен мал-жанынан жұрдай болған, аштық апатының нақ аузында тұрған бейшара жандар болатын. Жағдай адам төзгісіз ауырлап кеткендіктен Өзбекстан үкіметі 1933 жылы қаңтарда шұғыл шаралар қолдануға мәжбүр болып, Өзбек Қызыл жарты айы қоғамына 515 мың сом ақша бөліп, баспанасыз қазақ босқындарын тамақтандыру орындарын көптеп ашуды тапсырды.

Қысқа мерзімде Өзбекстанның қазақтар босып жүрген Әндіжан, Каргелан, Хаваст, Самарқанд, Икрамов, Каттақорған, Ново-Бухарский, Янчи-Юль аудандарында және Ташкент қаласында 22 тамақтандыру орны ашылды. Олар нанмен және басқа да азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етілді. Бұл орындар талай адамдарды өлім аузынан алып қалды. 1933 жылдың ақпан және тамыз айларының аралығында ғана осы тамақтану орындарынан күнде берілетін астың саны 298-ден 929-ға (бұл адамдар саны емес, берілген тамақтың саны), жетсе, оның ішінде қазақтар 107135 рет тамақтанды да, ал өзбектердің өздері 20909 рет осында дәм татты.

Өзбек үкіметі аштарды тамақтандырумен шектеліп қана қойған жоқ. Босқындар ішінен еңбекке жарамды 6050 адам совхоздар мен колхоздарға, қоғамдық жұмыстарға жөнелтілді. Ал Қазақстанға 2683 адам біртіндеп қайтарылды, сондай-ақ ауруханаларға 547 адам, балалар үйіне 8975 бала (олардың ішінде қазақтар 3095) орналастырылды. Оқшаулайтын үйде аштықтан және аурудан әбден әлсіреген, күш-қуаттары таусылған 346 адам жан тапсырды. Жалпы, босқындарды аман алып қалуға 340 мың сом қаражат жұмсалды./1/

1933 жылдың тамызына қарай, босқындар санының біртіндеп азая түсуіне байланысты жоғарыдағы 22 тамақтаңдыру орнының қажеттілігі шамалы бола бастады да, олардың саны 12-ге дейін азайды. Олардың ішінен 6-ы Қазақстанға орапатын жолаушыларға арналса, ал 3-і жан-жақтан жиналғандарға, ап тағы 3-і оқшаулайтын үйлерге арналды. Бұлар арқылы бір күнде 3200 адам тамақтана алды.

Өзбекстан жеріндегі қазақтарды елге қайтару жұмысын Қазақстанның Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Ұ. Құлымбетов басқарды. Оның басшылығымен қазақстандық үгітшілер жергілікті жерлерде босқындарды елге қайтса оларға қажетті жағдайлар жасалатыны айтылған қазақ үкіметінің қарарымен таныстырумен болды. Құлымбетов Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретариатын 1933 жылдың ақпан айында осы жылдың 1 мамырына дейін Өзбекстандағы барлық баспанасыз балаларды алып кетеміз деп сендірді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Ташкентке жақын қазақ аудандарында 1000 адамды орналастыра алатын 3 балалар үйі ашылды./1/ Бірақ Өзбекстандағы жетім балалар бұл саннан әлдеқайда көп болғандықтан, балаларды алып кетуді біртіндеп орындауға тура келді. Сондықтан Өзбекстан жерінде қазақ балаларына арналған бірнеше уақытша балалар үйлері тағы да ашылды. Бірақ өзбек жерінен көп қазақ бәрібір қайтпай қалды. Қуғын-сүргіннен шаршаған қазақтардың едәуір бөлігі Өзбекстанда біржолата қалу туралы шешімге келді./9/

Сонымен қорытып айтар болсақ, Қазақстанға көршілес одақтас республикаларға бытырай қоныстанған қазақ босқындары аз емес. Егер 1926 және 1937 жылдардың Бүкілодақтық санақ материалдарына сүйеніп талдау жасасақ, көрші одақтас республикалардан қайтпай қалған қазақтардың 300 мыңнан астам екенін байқаймыз. Қысқа мерзімде мұншама халықтың жат жерлерге қоныс аударуы адамзат тарихында бұрынды-соңды болмаған қасіретті оқиға.

 

1.2. Қазақтардың шет елге ауа көшулері

 

Бүгінгі тарихымызда әлі де жұмбағын ішіне бүгіп жатқан «ақтаңдақ» тақырыптардың бірі – сан мыңдаған қазақтың 1929-1932 жылдары Қытай асып кетуі. Тарихшылардың назары әсіресе аталған жылдары қанша қазақтың Қытай асып кеткеніне ауып отыр. Мұның басты-басты екі түрлі себебі бар. Біріншіден, осы жылдары қазақтар шет елдерге негізінен Қытай арқылы кеткен, ал Орта Азия жері арқылы Ауғанстанға және Иранға кеткен қазақтар көп емес, бірнеше мың қожалық ғана.

Сондықтан Қытай арқылы шет елге кеткен қазақтардың санын шамамен болса да анықтау осы жылдары қанша қазақтың жат жерлік болғанын білу және осы негізде қазақ диаспорасының күрделі тарихи тағдырындағы кейбір «жұмбақтарды» жою деген сөз; екіншіден, Қытай арқылы шет ел асқан қазақтардың санын шамамен болса да ғылыми негізде анықтамайынша, осы жылдары аштан өлген қазақтар санын түгел білу қиын.

Кейбір тарихшылар мен демографтар бұл мәселеде әр түрлі өзара қайшы пікірлер айтып, тарихи шындықты айқындау ісін күрделілендіре түсуде.

Мысалы, еңбектерін орыс тілді басылымдар жаппай жариялап жатқан шетел тарихшысы Роберт Конквест Қазақстанның шекаралық аудаңдарынан аталған жылдары Синьцзянға (Батыс Қытай) 200 мың қазақ көшіп кетті десе, мәскеулік зерттеушілер Ю. А. Поляков, В. Б. Жиромская, И. Н. Киселев 1930-1932 жылдары шет елге кеткен қазақтар санын (қайтып келгендерін шығарып тастағанда) 1,3 млн адамға жеткізеді. Ал енді өзіміздің кейбір қазақстандық тарихшылар бұл пікірлердің ешқайсысына қосылмайтын санды – Қытайға кеткен 500 мыңдай адам туралы айтып жүр. Бұл пікірді теріске шығарушы қазақ демографы М. Тәтімов шет елге кеткен қазақтар санын 165 мындай деп біледі.

Бұл мәселеде осыншама әр түрлі пікірлердің орын алуының себебі де бар: қолда нақты тарихи құжаттардың болмауы зерттеушілердің түйінді де тоқ етер қорытындыға тоқталуын қиыңдатты. Жоғарыда аталған тарихшылардың мәліметтерінің Қытайға көп қазақты аман-есен көшіріп жіберуі Қазақстанда ресми құжатта берілгендей – 1930-1933 жылдарда 3 миллион 379,5 мың адамға шұғыл кеміп кеткен (босқындарды қосқанда) ауыл халықтарының нақты шығынын, яғни қазақтардың ашаршылықтан болған тікелей өлімін сан жағынан азайтып көрсететіні айтпаса да түсінікті. Аталмыш мәскеулік тарихшылардың пікірлеріне тағы бір назар аударалық. Оларға сенсек, жетіспейтін жаңағы 3 миллион 379,5 мың адамның 1 миллион 300 мыңы шетел асып кеткен, яғни ашаршылықтан қырылмаған, тірі қалған болып шығады. Дегенмен Қытайға көшкен қазақтар санын көрсетуде әр түрлі көзқарас ұстана тұрса да зерттеушілер бұл көшулердің негізінен шекаралық аудандарды қамтығанын мойындайды. Мұның мынадай-мынадай басты себептері бар: 1) шекаралық аудандарда күштеп ұжымдастырудың қатал саясатын шекаралық аймаққа тән әскери ахуал, шекара әскерлерінің осы аудандардағы ішкі істерге араласуы ауырлата түсті; 2) шекаралық аймақтарда қазақтардың арғы бетте рулас, қандас туыстары орналасқан еді. Олар онда саяси-әлеуметтік ахуалдың қалыпты екенін айтып, туыстарын шекарадан аман-сау өткізіп алуға мүдделі болды; 3) 20-жылдары шекаралық аудандарда Синьцзянмен (Батыс Қытай) еркін сауда-саттық өріс алғандықтан Қытайдағы едәуір тыныш өмірден шекара қазақтары жақсы хабардар еді; 4) шекарадағы тәртіпті, одан жасырын немесе ашық түрде қалай өтіп кетуге болатынын тек шекара аймағындағы тұрғындар ғана білді; 5) шекарадан рұқсатсыз өту мемлекеттік қылмыс болып саналатындықтан шекара қазақтары мен ұйғырлары оған өте құпия даярланды, бұл іске сенімді деген өздерінің ағайын-туыстарын және ауыл-аймағын ғана тартты. Сондықтан да мұндай нар тәуекелге басқа орталық аудандардан босып келген бірлі-жарым қазақтың қатыстырылуы да екіталай болды; ең соңында, 6) шекаралық аудандар төтенше тәртіп аудандары болғандықтан бұл жерлерге басқалардың босып келуі бірден көзге түсті, олар тексеруге ұшырап, кейін қайтарылды немесе қажетті құжаттары бар болса, қатал бақылауға алынды./1/

Ал енді осы Қытаймен шекаралас Қазақстан аудандарына қысқаша сипаттама берелік. 1931 жылы бұлардың жалпы саны 11 болды (бұрын 16 еді). Олар: Алакөл, Лепсі, Октябрь, Жәркент, Кеген, Қатонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Үржар аудандары, сондай-ақ, Талдықорған және Ақсу аудандарының шекараға жақындау бір бөліктері еді.

Аталған шекаралық аудандардағы халықтың жалпы саны 1931 жылы 505,701 адам, яғни Қазақстан халқының 7,33%-і болды. Ал олардың әлеуметтік құрамы төмендегідей еді: жұмысшылар – 25 510 адам, қызметкерлер – 25 318, қолхозшылар – 228 387, кедейлер мен батырақтар – 101 924, орташалар – 79 264 және кулактар – 45 298./3/

Келтірілген мәліметте тағы бір назар аударатын мәселе – шекаралық аудандардағы халықтың негізгі бұқарасын колхозшылар меп кедей-батырақтардың құрауы.

Осы құжатта шекаралық аудандар халықтарының ұлттық белгілері де берілген: мемлекеттік жоспарлау органының мәліметтері бойынша, 1931 жылы мұндағы халықтың 66,10% – қазақтар, 33,35% – еуропалық ұлттар өкілдері, 0,55% – Орта Азия халықтары болатын, яғни қазақтар шекаралық аудандардағы халықтардың ішінде 334 268 адам еді. Шекаралық аудандарда тұрған халықтардың бәрі бірдей Қытай асып кетті деу (505 701 адам) тарихқа қиянат болар еді./3/ Рас, Қытайға өткендер арасында әр түрлі ұлт өкілдері де болды. Әсіресе Сібірден, Солтүстік Қазақстаннан колхоз құрылысынан безе қашқан орыстардың кейбірі осы жылдары шекара асып кетпек болып, шекаралық аудандарға ірге теуіп, қоныстана бастады.

ОГПУ органдарының құпия ақпарат мәліметтерінің бірінде 1930 жылғы наурыздағы шекаралық аудандағы жағдай «Сібірден қашқан кулактардың шоғырлануы» деген арнайы тақырыпшамен берілген. Онда мынадай жолдар бар: «Алматы округінің Сарқанд ауданында Сібірден қашып келген 794 кулак шаруашылығы есепке алынды. Селолық кеңестерде олар орташалар мен кедейлер ретінде тіркелген. Сібірліктердің көпшілігі ешқандай жұмыс істемейді – қоңды малдары, ақшалары бар, үй шаруасын, егін өсіруді және т.б. жолға қойып алған»./1/ Онан әрі құжатқа бұлардың жағдайдың ыңғайына қарай Қытай асып кеткісі келіп, соған жан-жақты даярланып жатқаны айтылады. Біздің қолымызда жекелеген орыстардың Қытай асқаны туралы ғана деректер бар. Қытайға сол жылдары ұйғырлар мен қазақстандық дүнгендердің де аз өтпегені байқалады. Соңғыларының 50 процентке жуығы Қытайға көшіп кетуге даярланып жатқанын архив құжаттарының бірі нақты әңгіме етеді.

Дегенмен бұл жерде ең басты нәрсені – Қытай асқандардың негізінен қазақтар болғанын естен шығаруға болмас. Қатал да қатыгез ұжымдастыру саясаты салдарынан қазақтардың Қытайға қашуы 1929-31 жылдары өте кең өріс алды.

Мұны шекаралық ОГПУ мәліметтері де мойындайды. Бұларға назар аударсақ, аталған жылдары (1931 жылдың сәуір айына дейін) Қытайға 5 903 шаруа шаруашылықтары (яғни шамамен 29 656 қазақ) көшіп кеткен болып шығады. Бірақ бұл деректер дөрекі кемшіліктерден де құралақан емес: біріншіден, ОГПУ органдары кеткендер санын азайтып көрсетуге күш салған, өйткені шекара бұзушылардың санының көп болуы, шекарадағы ПП ОГПУ органдарының кінәсын да арттыра түседі; екіншіден, шекара жанжалындағы қарулы қақтығыста шаруалар шаруашылықтарын дәлме-дәл санап ала қою да оңай болмаса керек; үшіншіден, шекарадан орман-тоғай, құз-жартас арқылы жасырын соқпақпен жанамалап, бой тасалап көзге шалынбай өтіп кеткендер қаншама екенін ешкім біле алмайды./4/

Дегенмен біздің қолымыздағы кейбір ресми құжаттар қазақтардың едәуір бөлігінің Қытайға көшіп кеткенін нақтырақ дәлелдейді.

ПП ОГПУ-дің жедел барлау мәліметтері бойынша, 1930 және 1931 жылдарда Қазақстаннан Қытайға өтіп кеткен босқындардың саны (адамдар) және әлеуметтік құрамдары төмендегідей:/1/

 

Жылдар

Қулактар, байлар

Орташалар

Кедейлер

Колхозшылар

Барлығы

1930 1931

3510

7542

5039

3606

4463

14840

2290

8469

15302

34457

 

11052

8645

19303

10759

49759

 

Бұл мәліметтер 1931 жылдың 1 қарашасына дейінгі кезеңді ғана бейнелей алатынын ескертеміз. Оның үстіне бұлар толық емес және бұл мәліметтерге шекарадан өту кезінде қолға түскеңдер саны және шекарадан өту кезіндегі қарулы қақтығыстар мен шекара әскерлерінің жазалау әрекеттері кезінде өлгендер кірмей қалған. Ал бұлар аз емес. Мысалы, тек 1931 жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейін ғана шекарадан өтерде 14412 адам ұсталған.

Оның үстіне босқындардың шекарадан өтерде ондап немесе жүздеп емес, мыңдап қырылғаны, сөйтіп осы жылдары Қытай – Кеңес шекарасының қан сасығаны тарихи шындық. Ал тарихи шындықтан қайда қашып құтыларсың. Шекарада қанша қазақтың өлгенін, қалың бұта мен жақпартастар тасасында өліктері терусіз, көмусіз қалып, құзғын-карғаға, ит-құсқа олардың қаншасы жем болғанын дәл анықтау әрине мүмкін емес. Мұны Қытай жағының ресми құжаты да мойындайды. Дегенмен тек бір ғана 1930 жылдың өзінде Іле округінің шекарасынан Қытайға өтерде кеңестік шекарашылар 1000-нан астам босқынды өлтірді.

Ал енді жоғарыдағы қазақтардың Қытай асып кетуін бейнелейтін деректердің 1931 жылдың 1 қарашасына дейінгі кезеңді көрсететінін ескерттік. Бұдан кейінгі айларда шекара күзеті кеңес өкіметі тарапынан да, Қытай жағынан да шұғыл күшейтілді. Мысалы, Батыс Қытайдағы Үрімші және Чугучак губернаторлары 1932 жылдың наурыз айының соңына қарай Қытай шекара күзетіне КСРО-дан өтіп келе жатқандарды жедел кейін қайтару туралы нұсқау берді /12/. Бұл нұсқау орындалмаған жағдайда, Қытай шекарашыларының босқындарды жасырушылар ретінде жауапкершілікке тартылатыны ескертілді. Мұндай шешім Батыс Қытайда «өздерінің ешқандай азық-түлік қорлары жоқ эмигранттардың КСРО-дан қаптап ағылып келуінен туындаған азық-түлік қиыншылығына» байланысты қабылданған.

Ф. Голощекин өзі жүргізіп отырған қатал саясатты ақтау үшін қазақтардың Батыс Қытайға ауа көшулеріне қытайлықтарды мүдделі етіп көрсетуге күш салды. Ол өзінің 1931 жылдың желтоқсанында И. Сталинге жазған хатында бұл ауа көшулердің «таза контрреволюциялық сипаттағы» әрекеттер екенін «дәлелдеп» бақты. Онда мынадай жолдар бар: «Қытай өкімет орындарының көмектерін пайдаланған Қытайдың Синьцзянь провинциясындағы арнайы ұйымдар ауа көшулерді ұйымдастыруда, ауа көшушілердің арнайы қарулы бандаларын қанаттарының астына алып қорғауда…».

Бірақ Ф. Голощекиннің бұл пікірлері сол жылдары Кеңес өкіметінің Құлжадағы консулы қызметін атқарған Колосовтың Сыртқы істер халық комиссарының орынбасары Л.М. Караханға 1931 жылдың 15 қаңтарында жазған хатында (көшірмесі Ф. Голощекинге жіберілген) айтылған қорытындыға қайшы келетін еді: «Біздің ойымызша, – деп атап көрсетті Колосов, – шекара халқының Қытайға көшу және көшіп кету құбылыстары бұған қытайлықтардың мүдделі еместігімен және олардың мұндай ауа көшулерді ұйымдастырмайтындығымен емес, тек бірқатар Қазақстан ұйымдарының Қазақ АКСР-індегі шаруалар мен малшыларды ұжымдастыру және шаруа қожалықтарын социалистік қайта құру мәселелеріндегі саясатты іс жүзіне жүзеге асыру процесінде жіберген асыра сілтеулерімен және бұрмалауларымен ғана түсіндірілуі тиіс» /1/.

Егер консул Колосов айтып отырған себептер 1931 жылдың орталарына дейін шынында да босқыншылықты күшейте түсуде шешуші рөл атқарған болса, ал 1932 жылдан бастап, осы себептерге шекаралық аудандарды жаппай жайлаған алапат ашаршылық қосымша болды. 1932 жылдың шекара бұзушылары туралы ПП ОГПУ-дің ақпан-сәуір айларындағы оқиғаларды қамтитын жедел барлау мәліметтеріңде мынадай жолдар бар: «шекара бұзушы контрабандиттердің басым көпшілігі азық-түліктермен, 1-ден 3 пұтқа дейін үнмен ұсталды. Сондай-ақ Қытайға өтетіндер осындай мөлшердегі нанға айырбастау үшін ескі темір-терсек және жеке заттарын алып алған. Көрсетілген құбылыс шекаралық аудандардың бірқатар ауылдарындағы азық-түлік қиыншылығының өткірлігімен түсіндіріледі». Сонымен қатар 1932 жылы КСРО-дан Қытайға өтетіндерден гөрі Қытайдан КСРО-ға өтетін босқындар саны көбейе бастады.

Деректерге қарағанда 1932 жылы шекара бұзушылар көп емес /1/. Оның үстіне Қытайға өтетіндерден гөрі кейін, туған елге – Қазақстанға қайтатындар көбейген. Мұның себебі «Қытайдағы эмигранттардың, кедейлердің материалдық өмірінің нашарлығынан жұқпалы аурулардың туындап, таралуымен, Қытай жағындағы қалмақтар мен чириктардың кеңес жағынан келіп, сонда тұрып жатқан эмигранттардың малдарын және дүниелерін тартып алуларымен, көп жағдайларда қандай болса да өзіне жұмыс табудың қиыншылығымен және эмигранттар арасында таралған «көктемде Қытай өкіметі барлық эмигранттарды қытай жерінен Кеңестер жағына көшіреді екен» дегендей өсек-аяндармен түсіндіріледі.

Сонымен қатар Қытай жағының да 1932 жылдың мамыр айынан бастап шекарада қатал тәртіп орнатып, КСРО-дан келгендерді кідіртпей кейін қайтарулары да босқындардың Қытай асуын күрт азайтты. 1932 жылдың соңына қарай қазақтардың Қытайға көшуі мүлде тоқталды деуге болады. Сондықтан ПП ОГПУ-дің 1932 жылы 1 қарашада берген мәліметі бойынша Қытайға өтпекші болған 7-ақ босқын ұсталған /1/.

Ал енді нақты тарихи дерекке жүгінер болсақ, қазақтардың Қытайға көшуіне байланысты Өлкелік партия комитеті И. Сталин мен В. Молотовтың нұсқауымен 1931 жылы құрған Ә. Жангелдин басқарған мемлекеттік комиссияның тексеруі бойынша шекаралық аудандардан Қытайға көшіп кеткен қазақтар осындағы қазақтардың 1/4-нен астамы, яғни 83 500-дейі екенін көреміз /4/.

Бұл деректерді ПП ОГПУ-дің жедел барлау мәліметтері және мемлекеттік жоспарлау деректері де растай түседі. Алғашқысының Батыс Қытайдан алған мәліметі бойынша, 1931 жылдың күз айында Батыс Қытайдағы босқындар саны 60 мыңға жуық, ал соңғысының дерегі бойынша, көрсетілген мерзімге дейін Қазақстанның шекаралық аудандарындағы халық 87 мыңдай адамға азайған. Егер тарихи шындық осы деректердің ортасында жатыр деп қарасақ, Батыс Қытайға өтіп кеткен қазақтар шамамен 70 мың адамдай деп шамалауға болар еді.

Шекара асқан қазақтар саны бұдан әлдеқайда көп болды деу, яғни жоғарыдағы тарихшылар айтқандай жарты немесе 1 миллионнан асып түсті деу тарихи шындықты көпе-көрінеу бұрмалау болып табылады. Өйткені шекаралық 11 аудандағы қазақтардың өздерінің жалпы саны жарты миллионға да (334 268 адам) жетпейді ғой /8/.

Қазақтардың Қытай асуын айтқаңда ондағы қазақтар санының көптігіне қарап оларды негізінен ұжымдастыру жылдарында өтіп кеткендер ретінде сипаттауға да болмайды. Батыс Қытай қазақтардың ежелгі отаны. Халқымыздың мақтан тұтар ардагер тарихшы ұлы Мұхамеджан Тынышбайұлының мәліметіне қарағанда, 1917 жылдың өзінде Қытайда 450 000 қазақ өмір сүрген /8/. Бұлардың біразы қолайсыз саяси оқиғалардың салдарынан қырылып қалса, едәуір бөлігі кезінде басқа елдерге қоныс аударған.

Сондықтан М. Тәтімовтың мәліметінде көрсетілгендей, біздегі жаппай ұжымдастыру науқанының қарсаңында Монғолия мен Қытайда шамамен 375 000-дай ғана қазақ қалған еді.

Сондай-ақ шетелдегі қазақтар санының біздегі ұжымдастыру апатынан кейінгі үш он жыл бойында айтарлықтай өсе қоймауы да біздің пікірімізді дәлелдейді. 1959 жылы Қытайда не бары 580 мың, ал Моңғолияда 40 мың ғана, қоса есептегенде 620 мың қазақ өмір сүрді.

Ал енді қазақтардың әңгіме болып отырған жылдары басқа таяу шет елдерге – Ауғанстанға және Иранға қоныс аударуына келсек, олар көп емес, бірнеше мың қожалық ғана. Демограф М. Тәтімов 1992 жылдың ортасында жасаған есебімен Ауғанстанда 35 мың, Иранда 16 мың, ал Түркияда 30 мың қазақ мекендегенін көрсеткен еді. Бұл кейінгі он жылдықтардағы өсіп-өнудің нәтижесі. Оның үстіне Ауғанстандағы, Ирандағы және Түркиядағы босқын қазақтардың көпшілігі онда Қытай жері арқылы барғандар /3/. Сонымен қатар М. Тәтімовтың жоғарыдағы есептеулері шындықты мүлтіксіз бейнелейді деуге болмас. Шет елдегі қазақтар онда көрсетілген сандардан едәуір аз болуы да мүмкін. Өйткені шет елдегі қазақтардың қадірменді ақсақалы Халифа Алтайдың былай дегені бар: «Осы күні Түркияда, Еуропада 20 мыңдай қазақ тұрады екен деп айтушылар, жазушылар көп. Ол — жаңсақ әңгіме. Дұрысы баршамыз, оның ішіңде Англия, Франция, Германия сияқты Еуропа елдерінде пайда қылып, кәсіп істеп жүргендер де бар, он мыңдаймыз. Еуропада жүрген 500–1000-дай жастар біздің отауларымыз… олардың бәрі Түркияның азаматтары…».

Сонымен қорыта келгенде айтарымыз, Қытайға және Қазақстанға таяу басқа да Ауғанстан, Иран тәрізді шет елдерге біржолата көшіп кеткен қазақтар жалпы алғанда ең көп дегенде 100 мыңға жуық. Бұлардан басқа бірнеше мың қазақ шекарадан өтерде өлген және «контрабандит» деген жаламен тұтқындалған. Өз азаматтарын туған Отанынан бездірген сталиндік әміршіл-әкімшіл социалистік қайта құрулардың қазақ деген халыққа жасаған ауыр қылмысының қайғылы нәтижесі міне осындай.

 

II ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАНДА XX ҒАСЫРДЫҢ ЕҢ ІРІ ДЕМОГРАФИЛЫҚ АПАТЫНЫҢ СИПАТЫ

 

2.1. Аштыққа қарсы күрес және қазақстандағы жаппай босқыншылықты тоқтатуға бағытталған шаралар

 

Ашаршылықтың салдарынан әсіресе қазақ шаруаларының жаппай босқыншылыққа ұшырауы Қазақстан басшылығын босқындарды орналастыру мәселесімен жүйелі де жоспарлы түрде айналысуға еріксіз мәжбүр етті. 1932 жылы 31 наурызда Өлкелік партия комитетінің бюросы өзінің № 97 хаттамасымен «Қоныстарынан ауа көшкен кедейлер, орташалар қожалықтарын қайтаруды және Қазақстанның өз ішінде шаруашылықтық орналастыруды ұйымдастыру туралы» арнайы қаулы қабылдады /6/.

Қаулы бойынша аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Дәл осындай комиссиялар облыстық атқару комитеттері төрағаларының басшылығымен жергілікті жерлерде де жұмыс істеді.

Негізгі мақсат – Қазақстаннан көрші аймақтарға босып кеткен, туған жерге қайтқысы келетін кедейлер мен орташаларды ерекше уәкілдер арқылы екі айдың ішінде (сәуір, мамыр) Қазақстанға қайтару, орналастыру болды.

Аталған қаулыда қайтып келетіндерді негізінен колхоздарда, совхоздарда және т. б. елді мекендерде орналастыру қажеттігі арнайы атап көрсетілді.

Сондай-ақ медициналық жедел жәрдеммен, киіммен, тамақпен және т. б. материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз ету, балаларға қамқорлық тәрізді мәселелер де жергілікті жерлерде қолға алынатын болды.

Белгіленген шаралар жалпы гуманистік, адамгершілік сипатын ала тұрса да, сонымен бірге көрсетілетін алғашқы көмектің 80 000 босқындар қожалықтарына ғана есептелуі Қазақстан басшылығының нақты жағдайды жақсы білмейтінін айқын байқатты. Шын мәнінде елдің ішіндегі ашаршылық апатын біржолата жоймай босқыншылықтың өріс алуын тоқтату мүлде мүмкін емес еді.

Республика үкіметінің және Қазақстанға көрші орналасқан, қазақ босқындарының ауыр мәселелерін шеше алмай жатқан өлкелер басшыларының көмек көрсету туралы өтініштерін ескеруге мэжбүр болған Одақтық үкімет те босқын қазақтарға жеңілдіктер жасауды қолға алды. 1932 жылы 13 сәуірде КСРО ХКК «Басқа аудандардан Қазақстанға оралып жатқан қазақтар қожалықтарына көмек көрсету туралы» қаулы қабылдап, онда Заготзерно мекемесін Қазақ АКСР-ына бір млн. пұт көлемінде азық-түлікті несиеге беруге міндеттеді. КСРО Қаражат халкомы босқындарды шаруашылыққа орналастыруға, балалар үйлерін ұйымдастыруға және басқа шығындарға КСРО ХКК сақтық қорынан 2 млн. сом ақша бөліп, бұл қаржыны Қазақ АКСР ХКК қарауына жіберуі тиіс болды. Ал Мемлекеттік банкке босқындардың жұмыс малын ауыл шаруашылығы машиналарын алуы үшін ауыл шаруашылығына ұзақ мерзімге несие беру қоры есебінен 2 млн. сом көлемінде жедел қарыз бөлу жүктелді. Бұл қаулыға одақтық ХКК сол кездегі төрағасы В. Молотов (Скрябин) пен оның іс басқарушысы П.Керженцев қол қойған. Одақтық ХКК осы жылдың 4 шілдесінде «Егіннің шықпауына, қожалықтардың ауа көшулеріне және қоныс аударуларына байланысты Қазақ АКСР-дағы қаражат жинау жоспары туралы» тағы бір қаулы қабылдады. Онда аталған қиыншылықтарға байланысты Одақтық үкімет 1932 жылға арналған Қазақ АКСР-ындағы қаржы жинау жоспарын төмендету туралы Одақтық қаражат халкомына тапсырмалар берді. Енді өткен жылдарда және 1931 жылы өндірілмеген ауылдық жердегі міндетті төлемдер мемлекетке төленбейтін болды /8/.

Мұндай жеңілдіктер, әрине, Қазақстанға аса қажет еді. Бірақ мынаны да ұмытуға болмас: ашаршылықтан оңбай ойсыраған Қазақстанның жоғарыдағы жеңілдетілген мөлшердегі төлемдердің өзін төлейтіндей де шамасы жоқ еді. Яғни аш қазақ шаруасына бұрынғыдай әр түрлі көп салықтар салсаң да немесе оларды жеңілдетсең де, бәрібір олардан ешнәрсе өндіріп ала алмайсың. Ащы да болса бұл сол кездің шындығы. Соңдықтан Одақтық үкіметтің кезінде Қазақстанға шамадан тыс көп салған салықтарын енді амалсыз төмендетіп, азайтуларын немесе оларды жоюларын қазақ шаруасына көрсетілген көмек ретінде орынсыз мадақтап-марапаттаудың еш реті жоқ.

Қазақстан үкіметінің босқындарды шаруашылыққа орналастыруға байланысты жоғарыда аталған алғашқы шараларының өмір шындығынан алыс жатқаны көп кешікпей-ақ дәлелденді. 1932 жылдың 1 тамызына қарай панасыз балалардың саны Қазақстанда 31 993-ке жетті. Ал босқындарды орналастырумен айналысатын мемлекеттік комиссия болса не бары 3000 жетім баланы ғана орналастырармыз деп ойлаған еді. Сондықтан да Қазақстан үкіметі көрсетілген мерзімде 31 993 жетім баланың 25 222-сіне ғана (яғни 80 процент) ішінара көмек көрсете алды /9/.

Қазақстанның өз ішіндегі және оның сыртындағы көрші аймақтардағы босқындар санын Қазақстан үкіметінің анық білмейтіндігін 1932 жылы 20 тамызда 6 облыстан келіп түскен нақты материалдар айқын көрсетіп берді. Осы мерзімге дейін жоспарда белгіленген Қазақстанда орналастырылуы тиіс 35 000 шаруа қожалығының орнына 75 670 босқын қожалығы ата мекенге қайтып оралды. Бұлардың 44 251 ұйымдасқан түрде қайтып келсе, ал қалғандары бытыраңқы түрде, азып-тозып шұбырып қайтты. Қазақстан үкіметі босқыншылық ауыртпалығын бастан кешіріп, әбден сорлаған қайтып оралушыларға өздерінше жеңілдіктер жасап бақты. Мысалы, автономиялы республикалық Халық Комиссарлары Кеңесінің 1932 жылғы 7 қыркүйекте өткен мәжілісінде қайтып оралған босқын еңбекшілер қожалықтарына жасалатын жеңілдіктер туралы мәселе қаралып, онда қабылданған қаулы бойынша «қайтып оралған босқындар 1932 ж. а/ш (ауыл шаруашылығы) салығын төлеуден, жалақыны міндетті түрде қауіпсіздендіруден, су төлемінен, жеке салықтан және мәдени-шаруашылық құрылысына төлем төлеуден босатылды» /10/.

Онан соң «қайтып оралған босқындар қожалықтарын өз құрамдарына қабылдаған колхоздардағы табыстың босқыншылықтан оралған колхоз мүшелері үлесіне тиетін бөлігін салықтан шығарып тастау» көзделді.

Дегенмен мұндай шаралардың босқындардың жағдайын жақсартуға тигізер септігі шамалы еді. Қолында түгі жоқ, әбден жүдеп-жадаған аштар мен жалаңаштарды әр түрлі салықтар төлеуден босатпасаң да олардың мұны бәрібір төлей алмасы белгілі. Рас, соңғы мәселе бойынша колхоздардың босқындарды өздеріне мүшелікке қабылдауына жол ашылды.

Қиыншылық қайтып оралған босқыңдардың көптігінен ғана туындаған жоқ, жағдайды күрделілендіре түскен нәрсе, Қазақстаннан тыс жерлерден алдағы уақыттарда тағы да қанша мың қожалық қайтып оралуы мүмкін деген сұраққа Қазақстанның үкімет орындарының ешқайсысының нақты жауап бере алмауы еді. Мұның ең басты себебі – Қазақстан басшылығының осы мәселеде көздеген алғашқы мақсаттарының жүзеге аспай қалуында болды /12/. Дәлірек айтсақ, Қазақстан басшылығының 1930 жылы басталған көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын жоспарлы түрде отырықшыландыру шаралары қазақ шаруаларының қоныстарынан ауа көшулерін тежейді деген үміті ақталмады. Отырықшыландыру шараларының алғашқы бесжылдықта сәтсіздікке ұшырауы босқын қазақтарды орналастыру ісін тіптен қиындатып жіберді. Өзінің БК (б)П Орталық Комитетіне 1932 жылы 9 қыркүйекте жазған хатында Ф. И. Голощекин Қазақстанның 25-30 ауданында 150 мыңдай босқын қазақ шаруаларының қожалығы бар екенін, бұлардың 50 мыңдайы кезінде басқа өлкелерге ауа көшіп, енді Қазақстанға қайтып оралғандар екенін, әсіресе осы соңғылардың жағдайы ауырлығын атап көрсете келіп, бұларға көмек беруге орталық араласпаса болмайтынын, өйткені Қазақстанның жалғыз өзінің жағдайды жөңдеуге шамасы жетпейтінін ашық айтты /1/.

Аталған хатында Ф. И. Голощекин осы кезге дейін өзі үздіксіз қолданып келген «отырықшыландыру» деген ұғымнан бас тартып, орын алып отырған қиыншылықты өз атымен атап, тұңғыш рет босқындарды орналастыру мәселесін ресми түрде көтеруге мәжбүр болды.

Ф. И. Голощекиннің хатынан кейін көп кешікпей-ақ 1932 жылдың 17 қыркүйегінде БК (б)П ОК Қазақстанның ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы туралы арнайы қаулы қабылдады. Дәл осы аттас қаулыны көп кешікпей-ақ, 1932 жылы 5 қазанда КСРО Халкомы да қабылдады. Бұлар бойынша, азық-түлік көмегі ретінде және көктемгі жаздық бидай егісіне арналып Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі аудандарына 2 млн. пұт астық босатылатын болды. Оның 1 млн. пұтын Қазақстан азық-түлік көмегі ретінде өзіне жоғарыдан түсірілген астық дайындау жоспары есебінен Мәскеуге тапсырмай, өзінің өнімінен өзінде ұстап қалатын болды. Сондай-ақ, Қазақстанға белгіленген астық дайындау жоспары да 3 млн. пұтқа азайтылды. Онан соң Қазақстанның 5 млн. пұт көлемінде азақ-түліктік, тұқымдық қарызды төлеуі де келесі жылға қалдырылды /1/.

Аталған қаулылар бойынша Қазақстандағы көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтар орталыққа мал және астық дайындаудан 2 жыл мерзімге босатылды және олардың өткен жылдардағы барлық мемлекеттік қарыздары жойылды, олар 2 жыл мерзімге мемлекеттік салықтардан да босатылды.

Бірақ Қазақстанға берілген мұндай жеңілдіктер босқындарды шаруашылыққа орналастырудың күрделі мәселесін бәрібір шеше алмайтын еді. Ал босқыншылық өршіп тұрған жағдайда оның ең негізгі себебі болып табылатын азық-түліктің жетіспеушілігіне қарсы күресу қажет болды.

Жоғарыда аталған қаулылар қабылданғаннан кейін арада бірнеше айдан соң 1933 жылы 29 наурызда И. Сталин мен В. Молотовтың атына хат жолдаған Қазақстанның жаңа басшысы Л. Мирзоян «қонысынан ауғандардың жағдайы төтенше ауырлап» бара жатқанын, олардың козғалысы Қазақстанның 71 ауданын қамтығанын, сондықтан республика басшылығының «қонысынан ауушылар санының бұдан әрі көбейе бермеуі үшін жәрдем берілетін шаруашылықтардың санын 150 000-ға дейін көбейтуге мәжбүр болып» отырғанын айта келе, бұрын бөлінген азық-түлік жәрдеміне қосымша Қазақстанға тағы да бір миллион пұт тары бөлуді өтінді /11/. Сондай-ақ Л. Мирзоян босқындарға көмек көрсетудің басқа жолдарын да ұсынды. Ол шекара пункттерінде жәрмеңкелер ұйымдастыруды, оларға Батыс Қытайдан мал сатып алуға, қазақ қожалықтарына совхоздардан сиыр малын көптеп сатуға рұқсат етуді Мәскеуден өтінді.

Ащы шындықты Мәскеуге жасырмай айтып, Қазақстанды аштықтан құтқаруға нақты негіз қалаған бұл хат, сонымен қатар Қазақстаннан тыс аймақтарға босып кеткен қазақтардың белгілі мөлшерінің өздерінің тарихи Отанына қайтпай, жат жерлерде қалып қоюларына да біршама себепкер болды деу керек. Хаттағы ең соңғы 6-пунктте арнайы бөліп көрсетілген мынадай жолдар бар: «Көрші өлкелер қонысынан ауғандарды кері қайтарып жіберуін тоқтатпай отырғандықтан, Орталық Комитеттен Орта Азияны, Сібірді және Еділ бойын бұларды барған жерінде орналастыру ісін ұйымдастыруға және оларды бұдан былай Қазақстанға кері қайтарып жібермеуге міндеттеуді өтінеміз». Л. Мирзоян неліктен мұндай шешімге келгенін түсіндіріп жатпайды. Бірақ хатта көрсетілген қиыншылықтар – аштық, «ауру-сырқаулардың көптігі және кейбір аудандарда сүзек індетінің таралуы» және т. б. оны осындай қорытынды жасауға итермелеген. Босқыншылықтың ауыр салдарларының алғашқы нақтырақ ресми қорытындылары Қазақстан үкіметінің есебінде көрсетілді. Ол бойынша, 1934 жылғы 1 қаңтарда салық есептері мәліметтері негізінде есепке алынған босқындар сандары Қазақстаннан тыс жерлерден қайтып оралғандарды қосып есептегенде 139,6 мың қожалық болып шықты. Бұл барлық шаруалар қожалықтарының 2 процентіне жуығы, ал қазақ шаруалары қожалықтарының барлығының 30-40 проценттейі еді /12/.

Кейбір аудандарда босқындар саны тіптен бұдан да көп болды. Мысалы, Қазалы, Келес, Қаратас, Павлодар, Бесқарағай, Еңбекшілдер, Бейнетқор, Шыңғырлау және т.б. аудандарда босқындар барлық қожалықтардың 40-50 проценттейін құрады /1/.

Тағы да айта кеткен жөн, Л. И. Мирзоян Қазақстанның партия ұйымына жауапты хатшы болып сайланысымен-ақ Өлкелік партия комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесін босқындарды орналастыру мәселесімен нақты айналысуға жұмылдырды.

Алғаш 1933 жылы 22 ақпанда БК (б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің секретариаты мәжілісіңде «Халық Комиссарлары Кеңесінің жанынан босқыншылыққа байланысты барлық мәселелермен айналысатын жеке секретариат құру» туралы шешім қабылданды.

Ал осы жылдың 13 сәуірінде Қазақ өлкелік партия комитеті өзінің дәл осындай мәжілісінде Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы отырықшыландыру мен босқындарды орналастыруға байланысты комиссия тәрізді комиссияларды облыстық атқару комитеттерінің жандарынан ұйымдастыру туралы шешім қабылдады /8/. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан Өлкелік партия комитеті жанындағы отырықшыландыруға байланысты комиссия енді таратылды.

Дәл осы 13 сәуірдегі мәжілісте жергілікті облыс басшыларына жөнелтілетін Л. Мирзоян мен О. Исаев қол қойған жеделхаттың мәтіні бекітілді. Онда былай деп көрсетілген: «Босқындар мәселесі бойынша біздің баяндау хатымызға байланысты ОК босқындарға көмек көрсету үшін бір миллион пұт астық, бес миллион сом ақша босатты, алпыс мың баланы орталықтан асырауға алды және Оқу-ағарту халкомы мен Денсаулық сақтау халкомын көмек ұйымдастыру және жұқпалы ауруларға қарсы күресу үшін Қазақстанға жедел түрде қызметкерлер жіберуге міңдеттеді. Бұдан көрінетіні, Л. Мирзоянның 1933 жылы 29 наурызда И. Сталин мен В.Молотовтың аттарына жазған өтініш хаты Мәскеуден қолдау тапқан. Сөйтіп Л. Мирзоян сұраған көмек Қазақстанға босатылған /11/.

Қазақстан өлкелік партия комитетінің жоғарыдағы, 13 сәуірде болған секретариат мәжілісі орталықтан түскен осы көмекті үнемдеп пайдалануға байланысты нақты нұсқау берді. Әрбір колхоз және ауыл бойынша босқын отбасындағы адам саны дәлме-дәл көрсетіліп, нақты тізімі жасалатын болды. Босқындарға көмек осы тізім негізінде босатылды.

Жергілікті жерлерге берілген азық-түлік көмегін ауыл белсенділері пайдаланып кетпеуі үшін олардың азық-түлік көмегі қорынан 3 проценттен артық астық алуларына тыйым салынды. Мұның бәрі әрине Қазақстандағы жаппай босқыншылықтың біртіндеп азая түсуіне едәуір ықпал етті.

1933-1934 жылдары босқындар қожалықтарын орналастыру жұмыстарының қалай жүргізілгенін төмендегі кестеден біле аламыз: /1/

 

Жылдар

Жоспар

Барлығы

Орналастырылды

Ескерт-

пелер

оның ішінде

колхоздарда

серіктік

совхоз-

дар мен

кәсіпорындар

қалған

жеке-шелер

Оның

ішінде

Қаз.

сырттан

1933

46500

131986

107269

20480

3493

119279**

1/1-1/Х

1934

24 780*

28248

23035

5213

 

19334

 

Барлығы:

71283

160234

103943

25693

3493

138613

 

* – 1934 жылдың жоспары бойынша 60000 қожалық белгіленген, «24780» санына да, «орналастырылды» бөліміндегі келесі сандарға да тек қана 1934 жылы оралғандар және 1933 жылдың соңында оралып, бірақ орналастырылмағандар кірген, ал қалғандар – өткен жылдары баспана тапқандар болып табылады.

** – 1933 жылғы 15 қарашадағы мәлімет бойынша берілген.

Келтірілген кестеден қазақ босқындарын орналастыру ісінің совхоздарда, әсіресе мемлекеттік кәсіпорындарда аз көлемінде жүргізілгенін байқау қиын емес. Бұл туралы Қазақстанның ХКК 1934 жылдың наурызында атап көрсетіп «өздерінің кәсіпорындарында босқындарды орналастыру ісін қасақана елемей отырған Түркісібті (жоспарды 5 процент орындаған), Жеңіл өнеркәсіп Халкомын (42,8 процент), Қаз. Өлке. Одағын (орындалуы 13,2 процент) және Жабдықтау Халкомын (орындалуы 52,5 процент)» сынға алды. Ал «Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының «Каззолотодан» басқа негізгі кәсіпорыңдарында жұмысшы қазақтар саны бір жыл ішінде мүлде дерлік артқан жоқ, тіптен кеміп кетті». Бұл кәсіпорындарды кестемен бейнелесек, онда Халық шаруашылығы есебі мекемесінің мәліметі бойынша, осы саланың кәсіпорындарында орналасқан қазақтардың төмендегідей санын аламыз: /1/

 

 

Караганда-

уголь

Эмба

нефть

Жезқаз-

ған

Риддер

Каззолото

1 қаңтар 1933 ж.

4003

4119

2589

1172

2571

1 қаңтар 1934 ж.

4378

3475

2575

1086

3485

1933жылы

орналастырылған

босқындар

отбасылары

2248

мәлімет

жоқ

252

103

мәлімет

жоқ

 

Босқындарды мемлекеттік меншіктің негізгі «көздері» болып табылатын өнеркәсіп орындарына және совхоздарға орналастыру ісі мардымсыз жүргізілген. Бұл босқындарға мемлекет тарапынан қамқорлықтың аса аз болғанын дәлелдей түседі. Босқындар сондықтан қалаларға немесе қала типтес поселоктарға да сирек орналастырылған және негізінен олар Қазақстанның егіншілік және мал шаруашылығы аудандарындағы колхоздар мен серіктіктерді айналсоқтауға мәжбүр болды. Егер мұны кестемен бейнелер болсақ, бұл мәліметтер төмендегідей болып шығады (мың қожалықпен есептегенде): /3/

Облыстар

Батыс

Актөбе

Қара-

ғанды

Шығыс

Алматы

Оңтүстік

Бар-

лығы

Егінші

(барлығы)

32,0

68,0

95,7

116,1

74,1

75,4

561,8

Аудандар

(босқын)

9,0

12,6

14,6

10,6

22,5

18,2

87,5

Мал

шаруаш.

(барлығы)

58,0

39,4

18,5

9,5

11,4

29,5

113,4

Ауданд.

(босқын)

13,2

10,1

6,6

2,5

3,0

16,7

52,1

Барлығы (бар. қожал.)

90,6

107,4

114,2

125,6

85,5

104,9

628,2

Өлке бойынша (босқын)

22,2

22,7

21,2

16,1

25,5

34,9

139,6

 

Әрине мәлімет әр түрлі берілгендіктен және орналастырылған босқындар сандарына егіншілік және мал шаруашылығы аудандарындағы өнеркәсіп орындарына орналасқандар да кіріп кеткендіктен бұл мәліметтерде кемшілік жоқ деп айтуға болмас. Дегенмен бұл кестеден бір нәрсені айқын байқай аламыз: босқындардың басым көпшілігі (үштен екісіне жуығы) Қазақстанның егіншілік аудандарына келіп орналасты.

Босқындарды шаруашылықтық орналастыру қалалар мен темір жол стансаларында шоғырланған олардың саны 450 мың адамға жеткенде ғана қолға алынғаны белгілі. Солай бола тұрса да оларды осында орналастыруға ешкім мән бере қойған жоқ.

Айта кеткен жөн, Қазақстанның халық шаруашылығы есебінің берген мәліметтері дәл осы жылдары қала халқы санының шұғыл өскенін көрсетіп береді. Жылдарға шағып қарасақ, бұл процесс шамамен төмендегідей: /1/

Қаңтар

1931ж.

732,7 мың

 

1932 ж.

1072,1 мың

 

1933ж.

1218,9 мың

 

1934 ж.

1311,6 мың

 

1935ж.

1437,6 мың

 

1936 ж.

1499,5 мың

 

Осы ресми мәліметті беріп отырған аталмыш мекеменің өзі «қала халқының ауқымды өсуінің ең алдымен селоның есебінен болып отырғанын» мойындай тұрса да, кестедегі қала халқының өсуінің «кейбір асырып көрсетулерден» құралақан еместігін де ескерте кетеді.

Дегенмен қала халқының 1931-33 жылдары 732,7 адамнан 1218,9 мың адамға өскені Қазақстан үкіметінің «Қазақ АКСР-інде босқындарды шаруашылықтық орналастыруға және отырықшыландыруға байланысты шаралар туралы есебінде» атап көрсетілгендіктен жоғарыдағы қала халқының өсу көрсеткіштерін шындықтан тым алшақ жатыр деп айтуға негіз жоқ. Сонымен қатар жоғарыда аталған мемлекеттік ресми есепте Қазақстанда жаңадан құрылған совхоздардағы және т. б. өндіріс поселкаларында 1931-1933 жылдары халық санының 76,1 мыңнан 334,7 мың жанға өскені де атап көрсетілген. Бірақ бұл өсулер республика үкіметінің өзі мойындағанындай, «барлық кемуді жаба алмайды» /1/.

Оның үстіне қалалардағы, жаңадан құрылған совхоздардағы және өнеркәсіп поселкаларындағы халық санының өсуі негізінен босқын қазақтардың есебінен болды деуге ешбір негіз жоқ. Қазақ босқындарының егіншілік және мал шаруашылығы аудандарында орналастырылғаны белгілі.

Босқындардың шаруашылық түрлері бойынша қалай орналастырылғанын төмендегі, 1934 жылы 1 қаңтарда Қазақстан үкіметі берген ресми деректерден де байқай аламыз: /1/

№ Шаруашылық түрлері

Жоспар бойынша

(мың қожалық)

Нақты

орналастырылғандар

(мың қожалық)

1. Тарамай тұрған колхоздарда

33960

86789

2. Дербес ТОЗ-дарда

12540

21034

3. Жекеше қожалықтарда

3493

4. Совхоздарда

5300

6233

5. Өндіріс кәсіпорынд.

17700

14247

Б а р л ы ғ ы

69400

131796

 

Бұл мәліметтер жергілікті жерлерден және әр түрлі мерзімде келіп түскендіктен әрине дәлме-дәл берілген деп айта алмаймыз. Мұнда кейбір ауытқушылықтар бар екенін басқа деректермен салыстырғанда да байқай аламыз.

Ресми құжаттар көптеген кәсіпорындарда қазақ босқындарына ұлы державалық шовинистік көзқарастардың орын алғанын, «қазақтар көшпелі, жұмысқа қабілетсіз халық» дегендей сыңаржақ пікірлердің кең таралғанын растайды.

Сондықтан қалаларда, өндіріс поселкаларында және жаңадан құрылған совхоздарда халық негізінен қазақ босқындарының емес, славян халықтарының, әсіресе орыстардың есебінен өсті деу керек. Бұлардың біразы Ресейден, Сібірден көшіп келгендер еді. Әңгіме болып отырған жылдары Қазақстанды мекендеген ең негізгі халықтар қазақтар (үлесі 57,1 процент), орыстар (үлесі 19,7 процент), украиндар (үлесі 13,2 процент) болғаңдарын, 1926 жылғы және 1937 жылғы Бүкілодақтық санақтар мәліметтері бойынша Қазақстандағы әр түрлі ұлттар ішінде орыстардан басқаларының санының осы мерзімде едәуір кеміп кеткендерін, ал орыстардың керісінше 642,5 мың адамға өскенін байқау қиын емес. Мұндай тенденцияның орын алып отырғанын 1939 жылғы Бүкілодақтық санақ нәтижелері де көрсетіп берді. Дәл осы 1939 жылы Қазақстандағы ұлттар арасында қазақтардың үлес салмағы 38,0 процент қана болып қалған болса, ал осындағы орыстардың үлесі 40,2 процент болған /3/.

Аштыққа ұшыраған қазақ босқындарының негізінен жаңадан құрылып жатқан совхоздарды, өндіріс кәсіпорындарын және темір жол стансаларын паналауға әрекеттенгендері шындық.

Қазақстан басшылығы да аш қазақтардың негізінен қайда шоғырланғандарын жақсы білген. Бірақ солай бола тұрса да жоғарыдағы кестеден көрінетініндей, мемлекеттің өзі қаржыландырып отырған совхоздар мен өндіріс кәсіпорындарына босқындарды аз ғана мөлшерде орналастыру жоспарларын берген. Ал өндіріс кәсіпорындары осындай мардымсыз жоспардың өзін де орындамаған. Қазақстан басшыларының мұндай саясаты аш босқын қазақтарға тұйықтан шығудың жалғыз жолын қалдырды. Бұл жол – шаруалардың өздері кезінде бас сауғалап қашып шыққан, аштық пен жұқпалы аурулар жайлаған колхоздар мен серіктіктерге мүше болып кіру еді. Ал мұның өзі әсіресе қазақтарды жаппай қырғынға ұшыратты. Қазақстан басшылығына мұндай қатыгез саясаттың тиімді болғанын айтпауға болмас. Ең үлкен және басты «жеңіс» – бұрынғы көшпелілердің басқа жол қалмағандықтан, амалсыздан жаппай колхоздарға кірулері және ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастырудың екінші бесжылдықта негізінен жедел қарқынмен аяқталуы болды. Аштықтан қырылған және босқыншылыққа ұшыраған көшпелі қазақтардың негізінен колхоздарды паналап, сонда отырықшылануға мәжбүр болғанын Қазақстандағы шаруалар қожалықтарын ұжымдастыру қарқынын оған көрші аймақтармен салыстырып талдауға мүмкіндік беретін төмендегі кестеден де байқай аламыз, кестедегі шаруалар қожалықтарының мөлшері процентпен және әр жылдың 1 шілдесіндегі мәліметпен көрсетілген. /1/

Республикалар

мен аймақтар

1933 ж.

1934 ж.

1935 ж.

1936 ж.

1937 ж.

Қазақ КСР

67,6

85,9

90,7

95,4

97,5

Қырғыз КСР

66,9

65,7

70,8

82,4

89,1

Түрікмен КСР

72,0

75,4

81,5

88,8

95,4

Тәжік КСР

45,2

51,6

59,4

80,9

89,9

Өзбек КСР

71,6

78,5

82,4

90,4

95,0

РКФСР

65,5

71,6

83,4

90,5

92,0

КСРО

65,0

71,4

83,2

90,5

95,0

 

Кестеден көрінетініндей, алғашқы бесжылдық кезінде зорлап ұжымдастыру мен отырықшыландырудың әсіресе қазақ шаруаларын ауыр қасіретке ұшыратқанына қарамастан және көрші Орта Азия мен РКФСР республикаларына қарағанда осы процестің зардаптары елеулі бола тұрса да Қазақстан екінші бесжылдықта да ұжымдастыру қарқыны жөнінен басқа республикалардан алда болып, тіптен бұл мәселеде одақтық көрсеткіштен де жоғары тұрды. Алғашқы бесжылдық жылдарында меншігінен жұрдай болып қайыршыланған қазақ шаруасы үшін колхоздар күн көрудің, өмір сүрудің ең басты жолына айналғандықтан да шаруалар екінші бесжылдықта колхоздарға көптеп кірді.

Бұған ықпал еткен тағы бір мәселе – 1933 жылы Мәскеудің тікелей қолдауымен Қазақстанның жаңа басшылығының сталиндік күштеп ұжымдастыру зардаптарын жоюға байланысты бірқатар шұғыл шараларды жүзеге асырулары еді. Кезінде зорлықпен құрылған 1117 қазақ колхозының енді 168-і ғана ауыл шаруашылығы артелінің жарғысында қалдырылды. Ал қалғандары серіктіктерге – ТОЗ-дарға айналдырылды. Жалпы, 1933 жылы 1423 серіктік (ТОЗ-дар) ұйымдастырылды./6/

Күштеумен құрылған ауыл шаруашылығы артельдерін серіктіктерге (ТОЗ-дарға) айналдыру туралы нақты шешімнің БК(б)П-ның «Қазақстанның ауыл шаруашылығы және сондай-ақ мал шаруашылығы туралы» 1932 жылдың 17 қыркүйегіндегі қаулысына сәйкес қабылданғаны белгілі. Осы шараны жүзеге асырудың 1935 жылдың 10 қарашасына дейінгі кезеңдегі нәтижесі төмендегідей болды:/1/

Облыстар

ТОЗ-

дар

жарғыс.

көшір.

а/ш

артел

Қалды-

рылған

артел

саны

Ұйымдасқан

ТОЗ-дар

Таратылған фермалар

саны

Ірі

қара

ферма-

сы

қой,

ешкі

фер-

масы

жылқы

фер-

масы

түйе

фер-

масы

сақтал-

ған

ферма-

лар

Батыс

213

56

341

98

50

28

20

30

Ақтөбе

238

10

249

12

12

14

Қарағанды

156

267

68

17

11

58

Шығыс

176

18

106

мәлім. жоқ

58

Алматы

105

30

118

18

15

18

Оңтүстік

231

64

325

33

46

19

13

12

Барлығы

1117

178

3406

229

130

58

33

132

 

Кестедегі мәліметтер әрине ауыл шаруашылығы артелдерін серіктіктерге (ТОЗ-дарға) айналдырудың жалпы жағдайын ғана бейнелей алады. Шындығына келсек, бұл бағыттағы бетбұрыс БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің 1933 жылдың ақпан айындағы артелдерді ТОЗ-дар жарғысына көшіруді, барлық фермаларды таратып, олардағы малды серіктіктер (ТОЗ-дар) мүшелерінің жеке пайдалануына беруді қатал түрде талап еткен арнайы жеделхаты жергілікті жерлерге жіберілген соң ғана байқалды.

Жоғарыдан жасалған қысым жергілікті жердегілерді бұл бағытта біраз жұмыстар тындыруға мәжбүр етті. Колхоздарға қауымдастырылған малды серіктіктер (ТОЗ-дар) мүшелеріне таратып беру толық емес мәліметтер бойынша облыстарда төмендегідей жүзеге асырылды:/3/

Облыстар

Барлық

таратыл-

ғаны

Соның ішінде

Мәліметтер

мерз. 1933 ж.

жылқы

ірі қара

түйе

қой мен

ешкі

Батыс

86820

16816

22619

10845

36542

1/Х

Ақтөбе

36580

12938

9073

432

14146

10/ІХ

Қарағанды

30243

6760

12199

901

10389

1/Х

Шығыс

33135

6543

9606

748

17225

ІО/УІІІ

Алматы

12137

4129

2492

5516

1/Х

Оңтүстік

34328

3845

6726

2882

20875

13/ІХ

Барлығы

233245

50031

62715

15801

104693

 

БК(б) П Орталық Комитетінің колхозшыларды малмен қамтамасыз етуді көздеген 1933 жылдың 26 маусымыңда белгіленген шаралары және Орталық Комитеттің КСРО Халық Комиссарлары Кеңесімен бірігіп осы жылдың 14 тамызында «Сиыры жоқ колхозшылардың сиыр иемденулеріне көмек беру туралы» қаулы қабылдауы бұл жұмыстың барлық облыстарда нақты қолға алынуына ықпалын тигізді.

Жалпы 1935 жылдың соңына дейін Қазақстанның малы жоқ шаруаларына 435 мың бас мал таратылып берілді /4/.

Мұның ішінде босқындар мен отырықшылыққа көшіп жатқан қазақтарға ішкі ет дайындауға арналған 15987 бас мал үлестірілді./1/

Сондай-ақ малы жоқ шаруаларды малмен қамтамасыз ету үшін совхоздар меншігіндегі мал да пайдаланылды. Мысалы, 1935 жылы совхоздар жоспарланған, халыққа таратылуы тиіс 20,0 мың бас малдың 19,8 мың басын, ал дәл осы мақсатқа жоспарланған 51,7 мың бас қой малының орнына 56,0 мың басты малсыздарға үлестіріп берді./6/

Сонымен қатар шетелден, дәлірек айтсақ, Қытайдан мал сатып алу операциялары да жүзеге асырылды. 1935 жылдың соңына дейін малсыздарға осындай шетелдік малдан 5,4 мың бас жылқы, 6,1 мың бас ірі қара малы, 80,7 мың бас қой мен ешкі таратылып берілді./7/

Босқындарға мал таратып беруден басқа да көмек көрсетілді. Олар әсіресе азық-түлік көмегіне ауадай зар болды. 1934 жылдың наурыз айындағы Қазақстан Халком Кеңесінің мәліметі бойынша, оларға астықпен берілген азық-түлік көмегінің жалпы көлемі Қазақстан бойынша 461 449 центнерге жетті. Мұнан басқа оларға әрбір аудандық тұтыну қоғамы арқылы 153 центнер қант, 105 центнер шай, 170 центнер кондитер бұйымдары, 103 центнер мал майы, 3606 центнер балық жөнелтілді. Босқындарға өнеркәсіп тауарлары да үлестірілді. Ақшаға шаққанда мұндай көмектің жалпы сомасы 1703 мың болды./10/

Қазақстан үкіметі босқындар қалың орналасып жатқан аудандарға там-тұмдап болса да құрылысқа қажетті материал беруге күш салды. Бұл жерлерге осы мақсатпен 22,5 мың текше метр бөрене, 5,8 мың текше метр тақтай, 68,8 мың шаршы метр әйнек, 49,2 тонна шеге жөнелтілді./12/

Әрине мұндай көмек шаралары Қазақстанның күйзелген ауыл шаруашылығының ауыртпалықтардан арылуына игі ықпал жасады.

Мұны әсіресе серіктіктерге (ТОЗ-дарға) мүше болған қазақ шаруалары айқын байқады.

Колхоздың жоғарғы нысаны – ауыл шаруашылығы артеліне қарағанда серіктіктер (ТОЗ-дар) жекеше шаруалар қожалықтарына жақындау тұрды. Мұнда жекешелер малы қауымдастырылған жоқ. Тіптен жұмыс малының өзі де егіншілік науқаңдары кезінде ғана уақытша қауымдастырылды. Дегенмен серіктіктерде мал фермаларын ұйымдастыруға тыйым салынған жоқ. Мұндай фермалар серіктіктерге берілген бай-кулактардың, таратылған немесе ТОЗ-дар жарғысына көшірілген ауыл шаруашылығы артелдерінің малы, онан соң ТОЗ-дардың өздерінің қаражаттарына сатылып алынған, бөлінбейтін қор түріндегі малы есебінен ғана ұйымдастырулары тиіс еді.

Бірақ осындай орталықтандырылған фермаларды ұйымдастыру және жұмыс малын науқан кезінде уақытша болса да біріктірудің өзі де күштеумен құрылған колхоздардағы ауыр жағдайларды көріп отырған шаруалардың колхоз құрылысының төменгі нысаны болып табылатын серіктіктерге деген сенімдерін нығайта қойған жоқ.

Мұны ҚазАКСР-дағы көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтарды орналастыруға байланысты 1933 жылы Қазақстанда жұмыс істеген БОАК-нің мемлекеттік комиссиясы да байқап, өзінің қорытындыларында былай деп атап көрсеткені бар: «Көбіне бұл колхозшы науқандарды өткізу кезінде ғана Тоз-дың жарғысы бойынша қауымдастырылатын өзінің малына өзін қожа сезіне қоймайды»./9/

Дегенмен мәскеуліктер, аталған мемлекеттік комиссия серіктіктерге мүше болып отырғандардың, яғни бұрынғы көшпелілердің жағдайының әлі де аса ауыр екенін мойындады және Қазақстан үкіметінің алдына «1934-1935 жылдары, сондай-ақ 1936 жылы мал серіктіктері мүшелерінің сиыры жоқтығынан қолда бар мал басын сақтай отырып құтылуды» ұсынды./1/

Дәл осындай міндетті Қазақстан үкіметінің алдына «мал шаруашылығын нығайтуға және дамытуға байланысты шаралар туралы» 1935 жылы 6 ақпанда арнайы қаулы қабылдаған КСРО-ның VII Кеңестер съезі де қойды./12/

Қазақстан басшылығы бұл міндетті орындауға байланысты көптеген ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды.

Л. И. Мирзоянның және Қазақстанға көмек көрсетудің Мәскеудегі басты ұйтқысы болған РКФСР Халком Кеңесі төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың нақты іс-әрекеттерінің нәтижесінде РКФСР Халком Кеңесі 1933 жылы 13-наурызда «Қазақстан және Қырғыз АКСР, Батыс Сібір және Орта Волга өлкелері бойынша босқын қазақтарға көмек көрсету шаралары туралы» қаулы қабылдады. Осы қаулының негізінде және оған толықтыру ретінде РКФСР Еңбек Халкомы босқын қазақтарды орналастырудың жаңа шараларын белгіледі. Жобасын Тұрар Рысқұлов Қазақстанға жіберген бұл шараларды Қазақстанның Халық Комиссарлары Кеңесі 1933 жылы 20 шілдеде мақұлдап бекітті.

РКФСР Еңбек халкомы Қазақстанда босқыншылыққа ұшырап, көрші аймақтарға көшіп барған қазақтарды кейін қайтармай, келген жерлеріне орналастырудың төмендегідей жоспарын ұсынды:/1/

Барлығы

Орта Волга

Батыс Сібір

Орал

Төменгі Волга

Ива-ново

Горь-кий

Тата-рия

Мәскеу облысы

38201

11514

7099

8923

3545

2250

650

150

1320

 

Сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде қазақ босқындары есебінен әр түрлі кадрлар даярлап, оларды жұмысқа орналастырудың да жоспары бегіленді: /1/

ХКК-нің

тапсырмасы

Барлығы

Еңбек Халкомы наряды

Орта

Волга

Батыс

Сібір

Қырғыз-

стан

Башқұрт-

стан

Орал

24800

24108

15709

5649

2650

100

 

Кестеден көрінетініндей, жалпы алғанда 1933 жылдың соңына дейін Қазақстаннан тыс жерлерде 25 мыңға жуық адамды өнеркәсіптерге жұмысқа тартып, оларды маман етіп шығару көзделді. Сонымен қатар Қазақстанның өз ішінде 30 мың босқын қожалықтарын осындай кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру жоспарланды. Қазақстанның өз ішінде қазақ босқындары есебінен 12 мың маман жұмысшы даярлау да қолға алынды./1/

Қазақстаннан тысқары жерге кеткен босқындар темір жол бойындағы Ақтөбе, Орынбор, Орск, Қарталы, Челябі, Пермь, Қостанай, Свердловск, Кинель, Уфа, Сызрань, Пенза, Ряжск, Мәскеу, Рузаевка, Поворино елді мекендерінде арнайы тамақтандырылды.

Бірақ босқын қазақтарды Қазақстаннан тыс жерлерге орналастыруға байланысты жоғарыда көрсетілген жоспарлар бәрібір орындалмай қалды.

Мұның төмендегідей басты-басты екі себебі болды: біріншіден, Қазақстанмен көрші жергілікті шаруашылық органдары босқын қазақтарды жұмысқа алмауға тырысса, ал Қазақстанның жергілікті жерлердегі басшылары шөп шабу, егін жинау тәрізді науқандық жұмыстарға өздерінде де жұмыс қолы жетіспей жатқандарын сылтау етіп босқындарды басқа жақтарға жібермегенді жөн көрді.

1934 жылы Қазақстанда босқындарды орналастыру ісі негізінен аяқталды. БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің осы жылдың 10-16 маусымында болып өткен Пленумы аталған мәселені арнайы қарап, босқындардың негізгі бөлігі, соның ішінде Қазақстаннан тыс жерлерден оралғандар ТОЗ-дарға, ауыл шаруашылығы артельдеріне және өндіріс кәсіпорындарына шаруашылықтық орналастырылды, – деп атап көрсетті./11/

Осыған байланысты Пленум осы кезге дейін Республика Халық Комиссарлары Кеңесі және облыстық атқару комитеттері жанында жұмыс істеп келген босқындарды шаруашылықтық орналастыру және отырықшыландыру жөніндегі комитеттерді жоюды ұсынды. Бұл мәселеге байланысты қалған жұмыстармен енді Егіншілік Халкомының отырықшыландыру және босқындарды шаруашылықтық орналастыру жөніндегі секторы, сондай-ақ осы халкомның жергілікті органдары айналысатын болды.

Ал осындай шешім қабылданған кездегі Қазақстанда босқындарды орналастырудың шынайы жағдайы қандай болғанын нақты деректер негізінде талдай аламыз (мәліметтер 1934 жылдын 1 маусымында алынған):/1/

1/1-34 ж. есепке

алынған

босқындар саны

(қожалықтар)

1934 ж. оралған

босқындар

(қожалықтар)

Барлық босқындар

(қожалықтар)

Олардың

орналастырғандары

(қожалықтар)

139684

14761

154445

148921

 

Кестеден көрінетініндей, 1934 жылдың алғашқы жартысында сырт жақтардан Қазақстанға қайтып оралғандар көп емес, бар болғаны 14 мың 761 қожалық. Оның үстіне осы мерзімде босқындар негізінен орналастырылған. Сөз орайында айта кеткен жөн: Қазақстан үкіметі 1934 жылы сырт жақтардан республикаға 23 000 босқын оралады деп күтіп, соған арналған дайындық жұмыстарын жүргізген еді. Алғашқы жарты жылдықта-ақ мүның үштен екіден астам бөлігі Қазақстанға қайтып келген. Ал енді осы 1934 жылдың 1 маусымында босқындардың шаруашылықтарға және өнеркәсіп орындарына қалай орналасқандарына талдау жасасақ, босқындардың негізінен колхоздарға орналастырылғанына тағы да көзіміз жетер еді. Мұны төмендегі мәліметтер дәлелдей алады./1/

Орналастырылған

босқындар (қожалық)

Оның ішінде

өмір сүріп түр. колх-да.

жаңа ұйымд. ТОЗ-дарда

совхоз-

дарда

өнер-кәсіпте

Жеке-шелер

148921

98824

21691

7285

17628

3493

 

Әрине мұнда жекешелер секторына босқындар орналасты деген тұжырым үстірттеу айтылған. Өйткені жекешелер бұл кезде басқаға көмек бермек түгіл, өз бастарымен қайғы болып, ертеңгі күнін уайымдай бастаған еді. Рас, кейбір жекелеген босқындар қожалықтарының әр түрлі себептермен әлі колхоздарға мүше бола алмай отырған жекеше қожалықтағы өз туыстарын паналаулары мүмкін. Қалай дегенмен де жекешелерді паналаған босқындарды шаруашылықтық жағынан толық орналасты деуге негіз жоқ.

Айта кеткен жөн, босқындар мәселесі 1934 жылы негізінен шешіле тұрса да, олардың шағын топтар түрінде біртіндеп Қазақстанға қайтып оралулары 1937 жылға дейін байқалды. Қазақстан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары Ұ. Құлымбетов осыған байланысты 1937 жылдың 21 сәуірінде Л. Мирзоянның атына арнайы хат жолдап, онда «ҚазОАК-не 1930-33 жылдары көшіп кеткен, Қазақстанға қайтқылары келетін Өзбекстандағы, Қарақалпақстандағы, КСРО-ның Еуропалық бөлігіндегі (Мәскеу, Воронеж, Куйбышев, Саратов) және Сібірдегі қазақ азаматтарынан хаттар мен жеделхаттар түсіп жатқанын» және олардың осыған байланысты материалдық көмек көрсетуді өтінетіндерін айта келіп, «осы жұмыспен неғұрлым нақтырақ айналысу үшін» мәселені Өлкелік партия комитеті бюросында талқылауды өтінді./11/

Өлкелік партия комитеті Ұ. Құлымбетовтың ұсынысын мақұлдап, «Қазақстанға қайтып оралатын қазақ босқындарын орналастыруға арналған қаражат туралы» деген мәселені 1937 жылдың 29 сәуірінде арнайы қарады. Бұл бойынша өлкелік комитет отырықшыландыруға арналған қаражат есебінен туған өлкесіне қайтып оралушы босқындарға 1500 мың сом көлемінде көмек босатты.

1937 жылы Қазақстанға басқа жақтан қайтып оралуға өтініш жасаған қожалықтар саны төмендегідей еді:

  1. Түрікменстаннан – 400 босқын қожалықтары;
  2. Воронеж қаласынан – 9 қожалық;
  3. 3. Өзбекстандағы Қуаң даладан Арыс ауданына барғылары келетіндер (саны белгісіз);
  4. Батыс Сібірден 24 қожалық (Еңбекшіқазақ және Іле аудандарына баруға өтініш жасағандар);
  5. Қарақалпақстаннан 200 қожалық;
  6. Өзбекстаннан (Бұхарадан) 250 қожалық./4/

Алайда қазақ босқындарының туған жерлеріне қайтып оралуларына олар кезінде амалсыз барып орналасқан кейбір өлкелер келісім бере қойған жоқ. Мысалы, Түрікмен КСР-нің Тежен ауданынан 64 қазақ қожалықтарының Маңғыстау ауданына қайтқылары келді. Бірақ олардағы 560 бас малға қызыққан түрікмендер жібергілері келмеді. Тіптен Түрікменстан үкіметі Қазақстанның Егіншілік Халық Комиссариатының осы мәселеге байланысты өтінішін де жауапсыз қалдырды. Сондай-ақ Тәжікстанның Қорғантөбе ауданындағы 64 қазақ қожалықтары өздерінің қауымдастырылып кеткен 420 бас және өз қолдарындағы 783 бас малымен Қазақстанға қайтып оралғылары келді. Дегенмен бұған тәжік үкіметі келісім бермеді. Осындай жағдайға Өзбекстанның Шыршық ауданындағы 24 қазақ босқындарының қожалықтары да тап болды./1/

Мұндай босқын қазақтардың малына қызығып, олардың туған отанына қайтып оралуларына кедергі жасау әрекеті қазақтардың қайтып оралу процесін едәуір тежеді. Бұған босқын қазақтар наразы бола тұрса да, Мәскеу және Қазақстан үкіметінің тарапынан қолдау болмады.

Босқындардың туған жерлеріне қайтып оралуға деген ынталары 1936-37 жылдары Қазақстанның өз ішінде де байқалды. Кезінде, Қазақстанда ашаршылық асқынған – 1932 жылы Республикалық отырықшыландыру комитеті аштық апатына ұшыраған Орталық Қазақстан өңірінен және Түрікменстаннан 18000 көшпелі қазақ қожалықтарын Қазақстанның негізінен техникалық дақылдар өсірумен айналысатын аудандарына қоныстандыру ісін қолға алған еді./5/

1936-37 жылдары осы қожалықтар Қазақстан үкіметінен өздерін туған жерлеріне қайтаруды жаппай өтіне бастады. Мүны Ұ. Құлымбетовтың Қазақстан К(б)П Орталық Комитетіне 1937 жылы 22 маусымда жолдаған төмендегі арнайы хатынан да байқай аламыз: «ҚазОАК-не кезінде Қазақстанның ішіңде шаруашылықтық орналастырылған, енді өздерінің бұрынғы тұрған жерлеріне қайтқылары келетін бұрынғы босқын қазақ азаматтарынан көп арыздар түсуде. Бірақ жергілікті органдар түрлі сылтаумен олардың әсіресе малымен қайтуларына кедергі жасауда»./1/

Ұ. Құлымбетов Орталық Комитетке бұл мәселеде «арнайы шешім қабылдауды», егер босқындардың туған жерлеріне оралулары «темір жол арқылы жүрумен байланысты болмаса» және қайтып оралушылар «техникалық дақылдар өсіретін аудандардан тыс орналасқан» колхоздарда тұратын болса оларға кедергі жасамауды ұсынды. Бұл ұсынысты Орталық Комитет мақұлдады, яғни негізінен басым көпшілігі техникалық дақылдар өсірілетін аудандарға орналасқан босқын қазақтардың едәуір бөлігі өздерінің туған жерлеріне осылайша қайта алмай қалды. Өлкелік партия комитеті олардың арасында «бұқаралық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп», амалсыз қоныстанған жерлерінде біржолата қалдырды.

Осылайша Қазақстанның және оған көрші республикалардың басшылары қасіретті адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілік сезімінен өздерінің шаруашылықтық мүдделерін жоғары қойып, көптеген қазақтардың ата-баба жұртына қайтып оралуына кедергі жасады. Адамдар тағдырына мұндай немкетті қараушылық – әкімшіл-әміршіл жүйенің бюрократиялық-деспоттық басқару әдісінен туындаған еді.

 

2.2. Күштеп ұжымдастыру жылдарындағы қазақстандағы демографиялық апаттың зардаптары

 

Қазақстандағы күштеп ұжымдастырудың және зорлап отырықшыландырудың ауыр зардаптары қазіргі Қазақстан тарихында біршама жазылып жүр. Бұлардың ішіндегі ең ауыр дерт ашаршылықтан адамдардың қырылып қалуы – осы жылдардағы орны толмас демографиялық апат. Жоғарыда айтылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының осы мәселелерді зерттеген комиссиясы өзінің қорытындысында тарихшы демографтардың жүргізген алдын ала талдаулары «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамынан, яғни барлық қазақ халқының 49 процентінен айрылғанын» дәлелдегенін атап көрсете отырып, сонымен қатар «қасірет құрбандарының саны туралы мәселе әзірге ашық қалып» отырғанын де ескертті./1/

Аталмыш комиссия қорытындысы сонымен қатар Қазақстандағы қазақтан басқа халықтардың азайғанын көрсететін деректерді төмендегідей кесте түрінде берді./3/

Этностардың аты

Олардың құрамының азаюы

Украиндар

100 мың адам (11 процент)

Орыстар

85 мың адам (6 процент)

Өзбектер

20 мың адам (8 процент)

Ұйғырлар

10 мың адам (8 процент)

Татарлар

9 мың адам (10 процент)

Немістер

8 мың адам (11 процент)

 

Мордвалар

4 мың адам (12 процент)

 

Белорустар

3 мың адам (10 процент)

 

Қырғыздар

3 мың адам (25 процент)

 

Дүнгендер

1 мың адам (10 процент)

 

Басқа ұлттар

9 мың адам (10 процент)

 

       

 

Халықтардың бұл кемулерінің едәуір бөлігін кезінде орталықтан жіберілген жаңа қоныстанушылар легі толтырды.

Сталиндік режим күштеп ұжымдастыру жылдарында орын алған алапат аштықтан туындаған демографиялық апатты анықтауға мүдделі болған жоқ. Өйткені мұндай зерттеу «ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру» деген атпен жүргізіліп шаруа халыққа орасан зор қасірет әкелген, кінәсіз жандарды жаппай жазалауға ұласып кеткен қызыл империя саясатын әшкерелеуге алып барар еді.

Сондықтан Мәскеудегі мемлекеттік, партиялық органдар күштеп ұжымдастыру салдарынан опат болған қазақстандық шаруалар туралы өздерінің ресми деректерінде үндемей кетуге немесе осы демографиялық қырғынды көтеріңкі санмен жауып көрсетуге тырысты. Мұны біз Қазақстан халқының алапат ашаршылық жылдарындағы жалпы санын көрсететін төмендегі салыстырмалы кестеден де байқай аламыз:

Мерзімі

ҚА КСР-індегіхалық саны

Айырмасы (мың)

 

 

ҚазХШЕБ-ның есебі

(мың)

Мемлекеттік жос. ОХШЕБ-ы есебі(мың)

 

 

1/1-32

1/1-33

5877,7

4906,1

6756,7

6796,1

879,0

1890,0

 

-971,6

+ 960,6

 

 

Кестеден көрінетініндей, егер Қазастанның Халық шаруашылығы есептеу басқармасы (ҚазХШЕБ) көрсетілген 12 айдың ішінде ғана республика халқы санының 971,6 мың адамға азайып кеткенін көрсетсе, ал Мәскеудегі Мемлекеттік жоспарлаудың Орталық халық шаруашылығы есебі Басқармасы (ОХШЕБ) керісінше жантүршігерлік ашаршылықтың барынша кең өрістеген айларында Қазақстан халқының 960,6 мың адамға көбейгенін «есептеп» шығарған.

Шындықты бұлайша көпе-көрінеу бұрмалаушылыққа, яғни ашаршылықтың демографиялық апатын жасыруға наразы болған Қазақстанның Халық шаруашылығы есептеу басқармасы бастығының орынбасары Н. Мацкевич өзінің БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы Л. И. Мирзоянға 1935 жылы 23 қыркүйекте жазған «Қазақ АКСР-індегі халықтың жалпы санын есептеулер туралы баяндау хатында» былай дегені бар: «КСРО Мемлекеттік жоспарлауының ОХШЕБ 1930 және 33 жылдары Қазақстан халқының қозғалысында орын алған, осы жылдары халықтың санының көп төмендеуіне алып келген Сізге белгілі процестерді объективті түрде көзге ілмей отыр»./1/

Бұдан көрінетіні, осы жылдардағы ұжымдастыру саясатының жергілікті халық үшін ауыр салдарларын Мәскеудегілердің жасырмақ болған әрекеті. Н.Мацкевич мұны айқын аңғарып және әшкерелеп, өзінің хатында Л.И.Мирзоянға алапат ашаршылықты өз атымен атамай, «белгілі процестер» деп жұмбақтайды. Осы соңғы сипаттама 30-жылдардағы басқа ресми құжаттарда да осылай айтылады.

Өйткені И. Сталин БК(б)П-ның XVII съезінде атап көрсеткен елдің санының 1933 жылдын соңына 168 млн адамға жетуі туралы көрсеткіш 1937 жылға қарай халық саны 180,3 млн адамға жетеді деп болжауға мүмкіндік берген еді./4/ Бірақ ашаршылық кесірінен бұл болжамның орындалмай қалуы санақшыларды қатты састырды. Болжам жасауда орын алған тағы бір дөрекі қателік «тұрмыс деңгейі көтерілген сайын (ал 30-жылдары ол шұғыл өсті деп саналды) халықтың саны да автоматты түрде арта түседі деп түсінілді. Социализмнің капитализмнен негізгі артықшылықтарының бірі осыдан көрінуі керек еді. Халық санының автоматты түрде өсетіні туралы жорамал ресми тұжырымдамаға айналды». Сталиншілдер бұл жерде тағы бір басты нәрсені ескермеді: ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысқан қазақ тәрізді көшпелі және жартылай көшпелі халықтың дәстүрлі тіршілігін зорлап өзгерту олардың тұрмысын жақсартпайтынын былай қойғанда, жалпы-халықтық қасіретке, демографиялық апатқа ұрындыруы әбден мүмкін еді. Шын мәнінде осылай болды да.

Қазақстанның ХШЕБ мен КСРО Мемлекеттік жоспарлауының ОХШЕБ есептеулеріндегі айырмашылықтарды көрсеткен аталған баяңдау хат сол кезеңдегі Қазақстан халқының әр жылдағы санын төмендегідей бейнелеген:/1/

Жылдар

Қаладағылар (мың)

Селодағылар (мың)

Барлығы (мың)

1927

483,5

5690,2

6173,7

1928

510,8

5823,7

6334,5

1929

549,5

5908,7

6456,2

1930

601,4

6086,7

6688,2

1931

732,7

5973,8

6706,5

1932

1072,1

4805,6

5877,7

1933

1171,0

3735,1

4906,0

1934

1311,6

4805,6

5239,5

1935

1437,6

4212,4

5650,0

 

Бұл мәліметтерді Л. И. Мирзоянға жолдаған Н. Мацкевич «есептеулер нәтижелерінің тек шамамен алынғанын, бұларды тексеруді 1936 жылдың желтоқсанында өткізілуі көзделіп отырған Бүкілодақтық халық санағында ғана жүзеге асыруға болатынын» ескерте кетеді. Көрсетілген кестедегі 1930-1933 жылдардағы ауыл халқы санының кеміп кетуі 2 млн 351,6 мың адам. Егер осы жылдары қазақ халқының негізінен мал шаруашылығымен айналысып, тек 8,6 проценті қана қалаларда тұрғанын ескертсек, бұл кемшіліктің негізінен қазақтарға қатысты екенін мойындауға тура келеді./8/

Дегенмен осы Қазақ халық шаруашылығы есептеу басқармасының (ХШЕБ) есептерін әр түрлі жанама есеп-статистика операцияларының (салық есебі, мал есебі және т. б.) қорытындылары нәтижесінде алынған ауыл халқының санымен салыстырсақ көрсеткіштер өзгеше болып шығады. Соңғылар бойынша аталған жылдардағы ауыл халқының кему саны 3 млн 559,8 мың адам. Шындыққа жақыны осы соңғысы. Өйткені Қазақ халық шаруашылығы есептеу басқармасы өзінің келесі – 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағына байланысты Мәскеуге, КСРО Орталық Халық шаруашылығы есептеу басқармасына және Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И. Мирзоянға 1937 жылдың 14 қаңтарында жолдаған мәліметінде тағы да осы, соңғы жанама санақ операциялары есептерін ұсынады. Бұл маңызды құжатқа Қазақ АКСР Халық шаруашылығы есептеу басқармасының бастығы Саматовтың өзі қол қойған және оны мөрмен бекіткен./10/

Бұл құжатта төмендегі мәліметтер ұсынылған (мұнда негіз ретінде әр жылдың 1 маусымында ауылдық жерлерде жүргізілген салық есебі басшылыққа алынған):/1/

Жылдар

(1 маусымда)

Халық саны

(мың)

1930

5873,0

1931

5114,0

1932

3227,0

1933

2493,5

1934

2681,8

1935

2926,0

1936

3287,9

 

Бұл мәліметтерден көрінетіні, Қазақстанның ауылдағы халқының саны 1930-1933 жылдардағы ашаршылықта 3 млн 379,5 мың адамға кеміп кеткен. Рас, осы құжатты жасаған ҚазХШЕБ өзі мойындағандай, бұл салық есептерінде негізінен мал және т. б. салық салынатын мүліктерді қамтуға баса назар аударылып, адамдар 8-12 проценттей кем көрсетілулері мүмкін. Оны 1937 жылғы Бүкілодақтық санақтың алғашқы мәліметтері де растай түсті. Дегенмен бізге керегі адамдар санының кемуін анықтау емес пе? Ал бұл бағыт (тенденция) құжатта атап көрсетілгеніңдей, онда негізінен дұрыс берілген./2/

Ал енді осы 3 млн 379,5 мың ауылдық жерде жетіспейтін адамның қаншасы тікелей аштықтың және одан туындаған жұқпалы аурулардың құрбандықтары деген мәселені анықтауымыз керек. Мәскеудегі Қазан төңкерісі орталық мемлекеттік архивінен алынған Қазақстан үкіметінің мемлекеттік комиссияға берген есебіне қарағанда 1934 жылдың 1 қаңтарына дейін осы босқындардың 628,2 мыңы (139,6 мың қожалық) Қазақстандағы шаруашылықтарға, өндіріс орындарына және т.б. орналастырылған. Бұлардың ішінде қаладағылар да бар. Осы есептің өзінде де бұл мәліметтердің «шартты жанама» екендігі атап көрсетіле түрса да, бұл дерек негізінен дұрыс. Өйткені мұнан басқа тағы бір ресми архив құжатында 1933-1934 жылдары Қазақстанда 160 мың босқын шаруа қожалықтары (640 мың адам) орналастырылғаны айтылған./6/

Бұл деректердің шындыққа сәйкес келетініне күмәнданбауға болады. Өйткені қазір біздің қолымызда қазақтардың сол жылдардағы ауа көшулерінің жалпы көлеміне байланысты деректер баршылық. Солардың ішіндегі аса құндысы – Тұрар Рысқұловтың 1933 жылдың 9 наурызында И.Сталинге жазған хатындағы мағлұматтар. Мұнда хат авторы Қазақстаннан тыс жерлерге көшіп кеткен 240 мың қазақты әр түрлі өлкелерден түскен деректер негізінде санап береді. Әрине бұл сан барлық босқын қазақтарды түгел қамтиды деп айтуға болмас. Өйткені мұнда Төменгі Волга, Украина, Кавказ, Батыс Қытай, Ауғанстан, Иран және т. б. жерлерге ауа көшкен қазақтар кірмей қалған./9/

Бұлардың ішіндегі қазақтардың шетелге – Батыс Қытайға кетуі туралы жоғарыда арнайы әңгімеленді. Енді осыған тағы бір назар аударалық. Қазақстанның Мемлекеттік жоспарлауы берген ресми мәліметке қарағанда, шекаралық аудандар халықтары Қазақстанда осы 1929-1931 жылдары 87 мың адамға кеміген. Ал енді ПП ОГПУ-дің шет елдегі барлаушылары берген жедел барлау мәліметтеріне сүйенсек, 1932 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстаннан Батыс Қытайға өтіп кеткен қазақтар саны 60 мыңға тарта адам екенін көреміз. Әрине бұл мәлімет те дәлме-дәл шындықты бейнелей алмайды. Өйткені Қытайға өткендермен қатар одан кейін қарай, КСРО-ға қайта көшіп қайтқандар да аз болмаған. Дегенмен аталған санның ақиқатқа біршама жақын екендігін Өлкелік партия комитетінің тапсырмасымен шекаралық аудандарды арнайы тексерген, Ә. Жангелдин басқарған мемлекеттік комиссия материалдары да дәлелдей түседі./12/

Ал енді 1926, 1937 және 1939 жылдардағы Бүкілодақтық санақтар материалдарын және т. б. архив деректерін өзара салыстыра қарастырсақ, жалпы алғанда Қазақстаннан шығып кеткен босқындар саны 500 мыңнан асып түсетінін байқаймыз. Бұлардың 200 мыңдайы Қазақстандағы басшылық ауысқаннан кейін көп кешікпей қайтып оралды.

Қазақстан босқындарының республиканың кейбір жекелеген аудандарындағы ауыл-село халқының 40-50 процентке жуығын құрағанына қарамастан, олардың республикадағы село халқының орта есеппен 22 процентке жуығын қамтығаны ресми құжаттардан белгілі.

1933 жылы көктемде 500 мыңнан астам босқынның 300 мыңға жуығы Қазақстанның өзінің ішіндегі босқындар болғанын байқаймыз. Бұл туралы Л.И. Мирзоян өзінің И. Сталинге және В. Молотовқа 1933 жылдың 29 наурызында жазған хатында былай дегені белгілі: «Барлық облыстарды алатын болсақ, шамамен халқының жалпы саны 300 000 адам, 90 000-нан аса қожалық (республика шеңберінен тыс жердегіні есептемегенде) өздерінің тұрған жерлерінен басқа аудаңдарға, аудан орталықтарына, темір жол пункттеріне көшіп жатыр, яғни қонысынан ауушылық жағдайына душар болуда»./1/

Босқындар саны туралы бұл мәліметтердің негізінен дұрыстығын Ф.Голощекиннің өзінің қазақ даласында босқындықтың жаппай орын алғанын және 25-30 қазақ аудандарының азық-түлік қиыншылықтарына тап болып аштыққа ұрынғанын, оларды аман алып қалу үшін 3 млн пұт астық босатуды өтініп Мәскеудегі Орталық Комитетке 1932 жылғы 9 қыркүйекте жазған хаты да және Г. Исақовтың, І.Қабыловтың, Ж. Арыстановтың, Б.Айбасовтың, Ғ. Тоғжановтың, О. Жандосовтың И. Сталинге (көшірмесі Л.Мирзоянға) 1933 жылдың 24 ақпанында жазған хаты да дәлелдейді./4/

Соңғы хат авторлары Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің мәліметтеріне сүйеніп, 800 000 қазақ қожалықтарынан 1932 жылдың көктемінде 450 000 ғана қазақ қожалықтары қалғанын айтады. Хат авторлары «300 000-нан астам қазақ қожалықтары Сібірдің және Орта Азияның темір жол стансалары бойымен орталық қалаларға, көрші облыстарға тарап кеткен. Олардың көпшілігі өлмеші күн көруде», – деп жазады.

Қазақстандық қайраткерлердің осынау айтарлықтай көлемді және шынайы мазмұнды хатының бір ғана олқылығы бар: мұнда 1932 жылдың көктемінен кейінгі және 1933 жылдың өзінде болған алапат ашаршылықтан өлгендер саны есепке кірмей, көрсетілмей қалған. Соның өзінде де осы хаттан 1932жылғы көктемге дейінгі қазақтардағы аштықтан болған кемудің 2 млн 100 мың адамнан асатынын байқай аламыз. М.Г. Сириустың сол жылдардағы есептеулері бойынша, әр малшы от басында орта есеппен 6 адамнан болған. /1/

Рас, күштеп ұжымдастыру жылдарында Қазақстанның ХШЕБ ауыл шаурашылығындағы әр қожалықтағы адамдар санының орташа көрсеткіштерін едәуір төмендетіп есептеді. Бұған ең басты ықпал – алапат ашаршылықта әр қожалықтағы адамдар санының едәуір кеміп кетуі еді. Мұны біз Қазақстанның ХШЕБ жасаған төмендегі кестеден аңғара аламыз./3/

 

Жылдар

1930

1931

1932

1933

1934

1935

Қожалықтағы адам саны орта есеппен

4,76

4,44

3,94

3,83

3,79

3,76

 

Қазақтар қожалықтарының күштеп ұжымдастыру қарсаңындағы саны туралы жоғарыдағы хатта көрсетілген мәліметті басқа да ресми деректер мақұлдайды. Солардың бірі «Қазақ қожалықтарының саны туралы есептеулер» атты құжат деректеріне қарағанда, 1928 жылы Қазақстанда 828 мың қазақ шаруаларының қожалықтары болғанын, ал 1931 жылға қарай олардың 706 мыңы көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтарға жатқызылғанын ескерсек, Қазақстандағы барлық қазақтың саны орта есеппен есептегенде 4 млн 836 мың адам болып шығады. Демограф М. Тәтімовтың есебі бойынша, 1931 жылғы қазақтар саны 5 млн 450 мың адам. Мұнда Қазақстандағы қазақтар ғана емес, дүние жүзіндегі барлық қазақтар жалпы алынған./3/

Сонымен жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйеніп, мынадай қорытынды жасауға болады: күштеп ұжымдастырудан бұрын саны 4 млн 836 мың адамға жеткен Қазақстандағы қазақтардың алапат ашаршылықта 1933 жылы 1 млн 149 мыңнан астамы босқынға айналған болып шығады.

Егер біз бұл мәліметті республикаға көрші өлкелерден қайтпай қалған, шет елге өтіп кеткен және 1935 жылға дейін республиканың өз ішінде орналасқан босқындарды жеке-жеке бөліп есептеу жолымен тексеріп шықсақ шындыққа жақындай түсеміз.

Қазақстанның өз ішінде орналастырылған босқындар, жоғарыда айтылды. Ал енді Қазақстанмен көрші республикалардан қанша қазақ босқыны қайтпай қалды? 1926 жылғы Бүкілодақтық санақ бойынша, оларда 340 289 қазақ өмір сүрсе, ал 1937 жылдың Бүкілодақтық санағының алғашқы мәліметі бойынша олар 680938 адамға шұғыл өскен. Бұл өсімнен демография ережесіне байланысты табиғи өсім процентін (5,6 процент) шығарып тастағанның өзінде де біздің көршілерімізден 300000-нан астам қазақ қайтпай қалған болып шығады.

Жоғарыда айтылды, Қытайға және шетелдерге өтіп кеткендер шамамен 100 мыңдай қазақ. Ал енді осы мәліметтердің бәрін жинақтап, күштеп ұжымдастыру жылдарында қанша халықтың қырылып қалғанын есептеп шығарайық.

Ол үшін алғаш тірі қалған босқындарды анықтаймыз. Қазақстанға 1935 жылға дейін қоныстанған жоғарыдағы 640 мың босқынға көрші кеңестік республикаларға бытырап кеткен 300 000-нан астам босқынды және оларға Қытайға, шетелдерге көшіп кеткен босқындарды қосқанда өлімнен аман қалған босқындардың жалпы санын 1 миллионнан асады. Яғни жоғарыда көрсетілген 1 млн 149 мыңнан астам босқын туралы дерек шындықтан алыс емес./1/

Енді осы ашаршылық апатынан тірі қалғаңдарды 1930-1933 жылдары күрт кеміп кеткен ауыл адамдарының, яғни 3 млн 379,5 мың адам санынан шөгеріп тастаймыз. Сонда 2230,3 мың адам күштеп ұжымдастыру жылдарында опат болған болып шығады./1/

Біздің бұл есебіміз осы мәселеге байланысты жұмыс жасаған жоғарыда аталған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасы комиссиясының адам шығыны туралы қорытындысын негізінен растай түседі.

Бұл шығыннан табиғи өлімді шығарып тастау қажет деп ойламаймыз. Өйткені қазақтардың табиғи өлімін аштық жеделдете түсті. Сондықтан табиғи өліммен өлген қазақтар да аштық азабын тартып опат болғандар қатарында, соның есебінде қалулары керек. Шын мәніндегі табиғи өлім сол жылдары ашыға қоймаған қазақстандық басқа ұлт өкілдерінде ғана болды. Бізді мұндай пікірге келтіріп отырған осы ашаршылық жылдарындағы қазақстандық әр түрлі ұлттар құрамына жасалған талдау.

Осы орайда 1926 және 1937 жылғы Бүкілодақтық санақ материалдарына негіздеп құрастырылған төмендегі кесте біраз нәрсені аңғартады./1/

1926 жылғы санақ бойынша (мың)

1937 жылғы санақтың алдын ала мәліметтері (мың)

ҚазАКСР-індегі

ұлттар

Санақ

бойынша

барлығы

Қарақалпақ

авт. обл. шығарып тастағанда

Санақ

бойынша

барлығы

Екі санақ арасындағы айырмашыл.

Қарақалпақ.авт.

обл. есептемегенде

Барлығы

6500,9

6196,2

5120,1

-1076,1

Соның ішінде

 

 

 

 

Қазақтар

3713,4

3627,6

2181,5

-1446,1

Орыстар

1280,0

1275, 1

1917,6

+ 642,5

Украиндар

860,8

860,1

549,9

-316,2

Басқа халықтар

646,7

433,5

471

+ 37,5

 

Кестеден көрінетініндей, екі санақ арасында қазақстандықтардың кемуі 1 млн адамнан асып кетеді. Оның 1 млн 446,1 мыңы қазақтар да, ал 310,2 украиндар. Сонымен қатар осы кезеңде Қазақстандағы басқа ұлттар ашаршылыққа қарамастан 680 мың адамға өскен. Әсіресе бұл өсім орыстарда көп – 642,5 мың адам. Әрине мұнда табиғи өсім де өз рөлін атқарған.

Дегенмен бір қарағанда ашаршылықта кімнің өліп, кімнің тірі қалғанын, тіпті өсіп-өнгенін де бірсыпыра аңғартатындай бұл мәліметтердің кемшілігі де бар. Бұл кестеде ашаршылық жылы Қазақстанға сырттан қанша келімсектер келіп, олардың қаншасы тұрақтамай кейін қайтып кетті, сондай-ақ республикадағы ауыр ахуалға байланысты қанша орыс, украин және т.б. ұлттар көрші республикаларға және Қытайға (ұйғырлар мен дүнгендер) ауып кетті деген сұраққа жауап жоқ. Ал оларды анықтамайынша, басқа ұлттардың адам шығыны туралы дәлме-дәл айту қиын. Біз қазір мынадай мәліметті білеміз: 1928-1930 жылдары Қазақстанда жаңа совхоздар құру үшін еліміздің басқа өлкелерінен 65 мың (260 мың адам) отбасы келген. Сонымен қатар 1931-1937 жылдары Қазақстан кәсіпорындарында жұмыс істеуге келген (оргнабор бойынша) сан мыңдаған жұмысшылар және бар. Бұлардың бәрін қосып есептегенде осы келімсектердің жалпы саны 642 мың адам. Бірақ бұлардың бәрі бірдей Қазақстанда тұрақтап қалмаған, кем дегенде 35 проценті, яғни 224,7 мың адам Қазастанға тұрақтамай кейін қайтып кеткен./4/

Бұлардың басым көпшілігі украиндар мен орыстар еді. Архив деректеріне сүйенсек, тағы да біраз қазақстандық украиндардың аштықтың күшейе түсуіне байланысты біздің республикадан кетіп қалғанын көреміз. Сондықтан екі санақ мәліметі арасындағы Қазақстандағы украиндардың жетіспеушілігі 310,2 мың адам болып отыр. Мұндай кемушілік басқа халықтарда да орын алды. Нақты деректер мынаны көрсетеді: көптеген украиндар, белорустар және мордвалар Ресейдің Қазақстанмен көрші аймақтары мен облыстарына аштықтың қарсаңында-ақ, дәлірек айтсақ, 1928-29 жылдардағы Қазақстандағы зорлап ет және астық дайындау, сондай-ақ 1930-31 жылдардағы кулактарды тап ретінде жою науқандары кезінде кетіп қалған. 1937 жылдың Бүкілодақтық санақ мәліметтерінің алғашқы материалдары Қазақстанмен көрші: Алтай өлкесінде, Башқұрт АКСР-да, Бурят Монголиясында, Иркутск, Новосибирск, Омбы, Саратов, Свердлов облыстарында 1937 жылы 1437,8 мың украиндар мен 123,8 мың белорустар мекендегенін көрсетіп берді. Бұлардың біразы бұрынғы қазақстандықтар еді./4/

Қазақстандағы орыстар санының арта түсуі туралы айтқан кезде мынадай жәйтті де естен шығаруға болмас: 1937 және 1939 жылдардағы Бүкілодақтық санақтарда біраз қазақстандық украиндар, мордвалар, болгарлар, еврейлер, белорустар және т. б. славяндар орыс болып жазылды.

Мұның өзі қазақстандық орыстар санын көбейте түсті, аталған этностарды азайтты. Ал енді 1926-1937 жылдар ішінде украиндардан басқа азайып кеткен халықтарға келсек: қазақстаңдық қырғыздар – 5 мың 42, дүнгендер – 1438, мордвалар – 21 511, ұйғырлар – 18 821, өзбектер – 103 082 адамға кеміген. Бұлардың едәуір бөлігі өздерінің Қазақстанға көрші туған республикаларына қоныс аударған, ал ұйғырлар мен дүнгендердің бір бөлігі Батыс Қытайға өтіп кеткен./3/

Сонымен қатар, аталған жылдар аралығыңда Қазақстанда ашаршылық болса да, немістер 29 465 адамға, ал татарлар 11 369 адамға өскен./3/

Қазақстандық этностардың кейбірінің санының өсуі олардың ашаршылық жылдарындағы шығындарын бейнелейтін жоғарыда келтірілген Республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасы комиссиясының демографиялық кестесіндегі мәліметтерді теріске шығара алмайды деп ойлаймыз. Әңгіме болып отырған кезеңде Қазақстанға сырттан келіп қоныстанған әр түрлі этностардың құрамына жасалған талдау басқа ұлттарда орын алған республикадан кетіп қалудан, қуғын-сүргіннен, аштықтан қырылудан болған демографиялық кемудің едәуір бөлігі жаңа қоныстанушылар есебінен жабылып кеткенін дәлелдей түседі. Қазақстанға қоныстанушылар арасындағы әр түрлі этностардың үлесі төмендегідей:/1/

Ұлты

Процент

Ұлты

Процент

орыстар

42,6

татарлар

3,4

украиндар

32,8

мордвалар

1,8

белорустар

13,6

еврейлер

0,2

чуваштар

3,9

басқалар

2,0

 

Бұдан көрінетіні, қазақтан басқа ұлттардағы осы жылдардағы демографиялық процестер едәуір күрделілеу. Бұл мәселені зерттеу Қазақстанға көрші басқа республикалардың, Қытайдың және т. б. елдердің демографтары мен тарихшыларының осы бағытта бірігіп жұмыс істеуін қажет етеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Сонымен, қазақ шаруаларын меншігінен зорлап айыруды, олардың қожалықтарын күштеп ұжымдастыруды қамтитын Қазақстан тарихының беттері аса күрделі.

Ұзақ жылдар бойы адамдар санасына дара үстемдік жасаған, ал балама ой-пікірлерге «бөтен ойлау», «буржуазиялық идеология», «тап жауының көзқарасы», «космополитизм», «ұлтшылдық», «антисоветтік», «антикоммунистік» дегендей әр түрлі саяси, идеологиялық айдарлар тағып, өз азаматтарын тар өрісті таптық пиғыл аясынан шығармай, қоғамдағы барлық құбылыстарға тек пролетариат диктатурасының мүддесі тұрғысынан баға беруді талап еткен ресми коммунистік идеология үстіміздегі жүз жылдықтың 20-30-жылдарында Қазақстанда орын алған оқиғаны тарихшылардың жан-жақты, салиқалы зерттеуіне, ақиқатты өз атымен жасырмай атайтын, «ақтаңдақтарды да», «қаратаңдақтарды да» әшкерелейтін сүбелі еңбектердің өмірге келуіне жол берген жоқ.

Ресми тоталитарлық жүйе өзінің әкімшіл-шаруашылық тәртібін зорлық-зомбылық әдістерімен қалыптастырғанын, тоқшылық жылдары тұтас халықты алапат аштыққа ұрындырғанын, меншік иелерін кінәсіз жазалағанын, күштеп ұжымдастыру саясатының адамгершілікке жат, қаскөй принциптерді басшылыққа алғанын, әлеуметтік теңдік, социалистік демократия дегендерді шын мәнінде еңбекшілер билігін шектеуге, жаппай қуғын-сүргінге айналдырғанын өз азаматтарынан, әсіресе кейінгі ұрпақтан жасырып қалуға әрқашан тырысып келді.

Әкімшіл-әміршіл авторитарлық жүйе өзін сынға алатын, өзінің қылмысты саясатын әшкерелейтін тарихи еңбектерге мүдделі бола қойған жоқ. Осыған байланысты тарихшылар пайдаланатын деректер аясы да тарыла түсті. Ресми үстем идеологияның «социализмнің толық және түпкілікті жеңуі», «кемелденген социализмнің орнауы» және «совет халқының коммунизмге өте бастауы» жайлы қияли теориялық тұжырымдамаларына көлеңке түсіретін, оларға күдік туғызатын құжат атаулы жарыққа шығарылмай тұншықтырылды. Мұндай ахуалда тарихшылар үстем ресми идеологияны ғана басшылыққа алып, тек «табыстар» мен «жеңістерді» дәріптейтін де, ал кемшіліктерді айта қалса оларды қайдағы бір «солшылдар» мен «оңшылдардың» немесе «ұлтшылдардың» қаскүнемдік әрекетінің салдары ретінде көрсететін. Тарихи шындықты жартылай айтып, бұрмалап түсіндіретін мұндай еңбектер жазуға тарихшылар біртіндеп төселіп алған еді.

Осы уақытқа дейін Қазақстан тарихында назар аударылмай келген нәрсенің бірі – мемлекетке астық және ет дайындаудың сталиндік бағытын Қазақстанда күштеп жүзеге асыру туралы мәселе еді. И. Сталиннің 1928 жылдың басындағы Сібірге сапары барлық елдегідей Қазақстанда да шаруаларға жаппай зорлық-зомбылық жасауға жол ашты. Астықты тауар деп есептеген «көсем» оны айырбастағандарды немесе онымен сауда жасағандарды РКФСР ҚК-нің 107-бабымен жаппай соттауды ұсынды. Шаруа өз еңбегімен өндірген астығын мемлекетке тапсырмағаны үшін айыпталды. Қазақ шаруаларының ерекшелігі – оларда астықтың жоқтығында немесе аз мөлшерде кездесуінде еді. Бірақ оны ескерген жан болмады. «Қайдан тапсаң онан тап, қаптың түбін қақ!» деген мәтел осы жанкешті науқанда елге сондықтан да таралды. Сталиндік зорлап астық дайындау науқаны – күштеп ұжымдастырудың және еріксіз отырықшыландырудың беташары және соларға алғашқы даярлық болатын.

«Өнеркәсіптегі артта қалуды жоямыз» деген ұранмен жүргізілген сталиндік ұмтылыс та дәстүрлі шаруашылық аясында дамып келген қазақ ауылына ауыр соққы болып тиді. Қазақстан Мәскеу, Ленинград тәрізді одақтың астана мәртебесіндегі ірі қалаларын, Ресейдегі өнеркәсіп орталықтарын, Солтүстік Кавказды, Орта Азияны, Қиыр Шығысты және әскери мекемелерді етпен негізгі жабдықтаушылардың біріне айналдырылды. Мұның нәтижесі қайғылы болды. Қысқа мерзімде Қазақстандағы мал басы он алты есе азайды. Дәстүрлі мал шаруашылығы қайта бас көтере алмастай болып күйреді.

Кеңес өкіметі орнықтыра бастаған әміршіл-шаруашылық жүйесі әсіресе сары дала төсінде қалауынша еркін өмір сүріп, рулық-қауымдық, туысқандық, меймандостық рухында тәрбиеленген қазақ шаруасына ұнай қоймады. Дәстүрлі шаруашылықты талқандап, оны жаңа арнаға күштеп ұжымдастыру және зорлап отырықшыландыру жолына түсіру, меншік иелерін шектен тыс қатыгездікпен жазалау қазақ шаруаларының қалың бұқарасының ресми үкіметке наразылығын, тіптен ашық, қарулы бас көтерулерін туғызды.

Материалдарді ғылыми талдау жасау барысында бізді мынандай қорытындыға келтірді: аталған жылдардағы кеңес өкіметіне қарсы бұқаралық наразылықтарды негізінен халыққа қадірлі және ықпалды ақсақалдар, дін басылары және орта шаруадан шыққан батыл да өжет адамдар басқарған. Халық соңынан ерген, құрметтеген адамдарды неліктен Қазақстан тарихы айыптауы керек? Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы», 1928 жылғы 13 қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодал байларды тәркілеу және жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» және 1930 жылғы 19 ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулыларын зерттеу жөніндегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы комиссиясының қорытындылары және «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңы халық наразылықтарына қатысушыларды ақтауға құқықтық және саяси негіз жасады. Енді тарихшылар алдында наразылыққа қатысқандар тізімдерін архив қорынан алып жариялау, халыққа таныстыру, осы есімдерді тарихымызға енгізу тәрізді қасиетті міндеттер тұр. Сонымен бірге ұлттық мүдде мен халықтық дәстүр-салтты, дінді қорғап, бастарын қатерге тігіп, мейірімсіз де тасжүрек мемлекеттік жүйеге қасқайып қарсы тұрған ірі көтерілістер басшыларын ақтаумен ғана шектелмей, оларды халық батыры, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының қаһармандары дәрежесіне көтеріп, тарихымыздың лайықты бағасын беру жөн болар еді.

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

  1. Омарбеков Т. 20-30-шы жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы. Алматы, 1997.
  2. Егеменді Қазақстан, 1992 22 желтоқсан.
  3. Тәтімов М. Ауылдағы демографиялық ахуал. Алматы, 1990.
  4. Қозыбаев М., Абылхожин Ж., Алдажуманов К. Коллективизация в Казахстане трагедия крестьянства. Алматы, 1992.
  5. Халықнама. Сан мен сана. Алматы, 1992.
  6. Ақтаңдақтар ақиқаты. Алматы, 1992.
  7. Назарбаев Н. Әділеттің ақ жолы. Алматы, 1991.
  8. Абылхожин Ж. Традиционная структура Казахстана: социально-экономические аспекты функционирования и трансформации (1920-1930 гг). Алма-Ата, 1991.
  9. Турсунбаев А. Победа колхозного строя. Алма-Ата, 1957.
  10. Тулепбаев Б. Торжество ленинских идей социалистического преобразования сельского хозяйства в Средней Азии и Казахстане. М.,
  11. Тулепбаев Б. Социалистические аграрные преобразования в в Средней Азии и Казахстане. М., 1984.
  12. Материалы по истории КазССР. Т.ІІ. 1.2. 1741-1751 гг. Алматы, 1948. С.21.
  13. Қараңыз: Алаш-Орда. Сб. документов. Сост. Н.Мартыненко. Кзыл-Орда, 1929. С. 73-76.
  14. Отчет Краевого Комитета VI Всеказахской партконференции. Кзыл-Орда, 1928. С. 34.
  15. Социалистік Қазақстан. 1989. 7-маусым.
  16. Проблемы мира и социализма. 1989. № 4. С. 75.
  17. Неру Дж. Открытие Индии. Книга вторая. М., 1989. С 393.
  18. Ленин В.И. Шығ. толық жинағы. 38-т., 173-176-66.