Қазақстандағы қуғын-сүргін жылдарының зерттелуі
Мазмұны
Кіріспе
Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы және саяси қуғын-сүргіннің орын алуы
1.1. Әкімшіл-әміршіл басқарудың республиканың қоғамдық-саяси өміріне ықпалы
1.2. Ұлт зиялыларын айыптаудың және жазалаудың басталуы
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихы мәселелерін зерттеу
2.1. Кеңестік тарихнамада қуғын-сүргіннің зерттелу мәселелері
2.2. Тәуелсіз Қазақстанда қуғын-сүргіннің тарихи зерттеулерден көрініс табуы
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер тізімі
Кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. XX ғасырдың 20-50 жылдары қазақ халқының тарихындағы аса бір азалы жылдар болғаны белгілі. Сонау зобалаң жылдары елдің ертеңін ойлаған ұлттық зиялылар “ұлтшылдар” ретінде негізсіз айыпталды. Және осы жазықсыз жазаланған жандар ұлт зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері еді. Ұлттық зиялылар деп кімді айтамыз. Бұл сауал жөнінде қазақ халқының ардақты азаматтарының бірі М. Шоқай: “Оқыған, тәрбие көрген адамдардың бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың “ұлттық зиялысына” қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады”[1] – деген болатын. Сондықтан да, ұлттық зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болды. Олар мақсатқа жету жолының ауырлығына мойымай, туған халқының жарқын болашағы үшін еңбек етті.
Алайда, өңін айналдырған большевиктік отаршылдардың саясатына ұлт зиялыларының ұстанған бағыты кереғар келді де, қазақ халқының қоғамдық санасының қалыптасуына, ұлттың сана-сезімінің оянуына қазақ зиялыларының қосқан үлесі еленбей, саяси қуғын-сүргін құрбандарына айналды.
Қазақстан тарихынының “ақтаңдақ” мәселелерінің бірі жаппай саяси қуғын-сүргін тарихы болып табылады. Өйткені, әміршіл-әкімшіл мемлекет пен оның таптық идеологиясының жетегінде кеткен елімізде болған оқиғаларға тарихилық принципі негізінде әділ баға беріп, объективтік зерттеулер жүргізу мүмкін емес еді.
Ұлттық тарихтың ақиқаты айтылмады, тарих коммунистік идеологияға сай жазылып келді. Тарихты ойдан шығарып, бұрмалай жазу ешкімге де, ешбір халыққа опа бермейтінін өмір өзі айқын көрсетті.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарих ғылымының негізгі міндеті – Отан тарихын объективтік тұрғыдан қайта қарап, отарлық кезең мен коммунистік жүйе дәуіріндегі қатаң саясаттың нәтижесінде оның елеусіз қалған, бұрмаланған және зерттеуге тыйым салынған мәселелерін зерделеп, халқымыздың шынайы тарихын қалпына келтіру болып табылады. Бұл тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің дамуындағы тарихи сабақтастықты жалғастыруға, еліміздің әргі-бергі тарихын түгендеуге, халықтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған шаралар қатарында қарастырылуы тиіс.
Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында саяси қуғын-сүргін тарихы маңызды орын алады. Осы орайда мәселеге тарихнамалық зерттеу жүргізіп, оның зерттелуінің бағыттары мен қалыптасқан көзқарастарын көрсете отырып, бұдан кейінгі зерттеулерде қандай мәселелерге назар аударылуы керектігі жөнінде қорытындылар жасау өте өзекті мәселе болып табылады.
Зерттеу жұмысының алға қойған мақсаттары мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – ұлттық тарихымыздың “ақтаңдақ” беттерінің бірі болып табылатын Қазақстандағы қуғын-сүргін жылдарының Кеңестік және Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында зерттелуін талдау. Анықталған мақсатқа байланысты алдымызға мынадай міндеттерді шешуді қойдық:
Әкімшіл-әміршіл басқарудың республиканың қоғамдық-саяси өміріне ықпалын анықтау;
Ұлт зиялыларын айыптаудың және жазалаудың басталуын көрсету;
Кеңестік жүйе кезеңіндегі саяси қуғын-сүргіннің зерттелу дәрежесін анықтау;
Тәуелсіз Қазақстанда саяси қуғын-сүргін жылдарының зерттелу барысын ашып көрсету.
Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негіздері. Ғылыми жұмысты жазуға тарих ғылымында бұрыннан белгілі тарихилық, жүйелік және Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тарихын жаңаша көзқараспен жазу, қалыптасқан объективтік және сыншыл талдау мен сараптау принципі алынды.
Жұмысты жазу барысында нақты-тарихи, талдау, жинақтау және қорыту әдістері, сонымен қатар логикалық әдістер қолданылды.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Жұмыстың деректік негізі Кеңестік және Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жарық көрген барлық зерттеу жұмыстары, баспасөз және құжаттық жинақтардағы материалдар болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенттік мұрағатының 141 және 3 қорлары дерек көздері ретінде алынды. Қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы “Книга скорби – Азалы кітап: Расстрельные списки” атты еңбек дерек ретінде пайдаланылды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Еңбекте қарастырылып отырған мәселе кеңестік тарихнамада жете зерттелінбеген. Тек тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиген шақта саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу қолға алына бастады.
1991 жылы қараша айында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі арнайы комиссия құрып, оған күшпен ұжымдастыру жылдарындағы зорлық-зомбылық пен ашаршылық нәубәтінің зардаптарын тексеруді тапсырды. Бір топ ғалымдардың күшімен арнайы зерттеу жүргізіліп, бұрынна жабық жатқан, оның ішінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивінде сақталған құжаттар көтерілді. Осының нәтижесінде 30 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси репрессияның кесепаты мен себептері айқындалып, зерттеулерге жол ашылды.
Сөйтіп 90-жылдардан бері жаңа негізде жазылған бірқатар зерттеулер жарық көріп, қоғамдық ғылымдар саласында тарихымыздың “ақтаңдақ” беттерін ашуға негіз салды.
Осы кезеңде ғалымдардың басты назарын аударған мәселелердің бірі — саяси қуғын-сүргін тарихы.
Осы тұрғыдағы зерттеулер әлі де жалғасуда.
Сонымен қатар, осы кезеңде бұл тақырыпқа байланысты кандидаттық және докторлық диссертациялар жазылды.
Олардың авторлары бұрын зерттеуге тыйым салған мәселелерді көтеру барысында осы уақытқа дейін құпия жатқан құжаттарды ғылыми айналымға енгізді.
Қарастырылып отырған кезеңде, кеңес өкіметі жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының өмір жолы мен қызметін, олардың әдеби және ғылыми мұрасын халыққа жеткізуге көп жұмыс атқарылды. Ш. Құдайбердиев, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Шоқай, Қ. Кемеңгеров, Т. Шонанов және басқалардың шығармалары жарық көріп, олардың өмірі мен қызметі жөнінде көптеген материалдар жарияланды. Олардың қайта басылып шығуына, зерттелуіне еңбек сіңірген белгілі тарихшылар К. Нұрпейісов, М. Қозыбаев, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, т.б. болды [2-5].
Сонымен, зерттеліп отырған тақырып бойынша бұрынғы Кеңестер Одағының ыдырауы қарсаңынан бастап тәуелсіздік жылдары ішінде жарияланған еңбектер тарихнамалық тұрғыдан жеке зерттеуді қажет ететін өз алдына бір үлкен проблема болып табылады.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы Отан тарихын зерттеуде Қазақстандағы қуғын-сүргін жылдарының зерттелуі мәселесін жеке тақырып ретінде қарастырылуынан туындайды.
Кеңестік жүйе кезеңіндегі саяси қуғын-сүргіннің зерттелу деңгейі анықталады;
Тәуелсіз Қазақстанда қуғын-сүргіннің тарихи зерттеулерден көрініс табуына баға беріледі.
Зерттеу жұмысының ғылыми-қолданбалық құндылығы. Қуғын-сүргін жылдарының зерттелуі халқының қамын ойлаған қазақ зиялылары елінің еркіндікке жету жолында қандай кезеңдерден және қиыншылықтардан өткендігін түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан да ізденіс нәтижелерін XX ғасыр басындағы Қазақстан тарихы баяндалған оқулықтарда, арнаулы курстарда, семинар сабақтарында қолдануға болады.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, қорытынды бөлімдермен қатар екі тараудан (бірінші және екінші тараулар екі тараушалардан) және пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер тізімінен тұрады.
- Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы және саяси қуғын-сүргіннің орын алуы
I.1. Әкімшіл-әміршіл басқарудың республиканың қоғамдық-саяси өміріне ықпалы
XX ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік өмірі қарама-қайшылықтарға толы кезең болды. Қазақстандағы саяси идеологиялық күреске байланысты мәселелердің ішінде ең бірінші кезекте “ұлтшылдық” деген кең тарап, сол кездегі ұлттық интеллигенция өкілдеріне негізсіз айыптар тағылды.
“Ұлтшылдыққа айыптау науқанының жүргізілуі В. Лениннің тірі кезінен-ақ басталды. Большевиктер 1917 жылдары отар болып келген елдерге азаттық күні жақындағанын уағыздаумен болды. 1917 жылғы сәуір айында Петерборда өткен большевиктер конференциясында: “Ресейдің құрамына кіретін езілген халықтарға Ресей мемлекетінің құрамында қалу немесе дербес мемлекет болып бөлініп шығу мәселесін өздігінен шешуге хұқық берілуге тиіс…”[6; 184] — деп мәлімдесе, көп ұзамай большевиктер Ресей мен Шығыстың мұсылман еңбекшілеріне үндеу жолдады. Онда мынадай жолдар бар еді:
“Уақытты өткізіп алмаңдар, ғасырлар бойы жерлеріңді жаулап алып келгендерді серпіп тастаңыздар! Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңіздер, өз елдеріңіздің қожайыны өздеріңіз болуға тиіссіздер! Тұрмыс-тіршіліктеріңізді Сіздер өздеріңіздің салт-дәстүрлеріңізге сай, өз қалау-ықтиярларыңызға орай құруға тиіссіздер!…”[2; 256 б.].
Еркіндікті аңсаған түркістандықтар үшін бұл үндеу бостандық алғандай әсер етті. Елдің түрлі аудандарындағы осы сипаттағы жағдайлармен таныстырған материалдар “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Бірлік туы” және басқа басылымдарда жарияланып, автономия құруға әзірлік жасала бастады.
Қазан социалистік төңкерісін Түркістан жұрты теңдікке қолымыз жетті депр үлкен үмітпен қарсы алды. Өкінішке орай, большевиктердің халықты өз еріктілігін алуға шақырған үндеулері бос сөз болып, уақыт озған сайын жалған саясаттың бет пердесі ашыла берді. 1917 жылғы 16-қарашада құрылған Түркістан халық комиссарлары кеңесінің 17 мүшесінің ішінде бірде-бір түркістандық болмай шықты.
Б.Р. Тагеев өзінің “Қан төгіліп, гүл өскен алқапта” деген еңбегінде Халкомкеңестің төрағасы большевик Колесовтың: “ … Жоғарғы органға мұсылмандарды енгізу олардың бірде-бір пролетарлық ұйымы болмағандықтан ғана емес, сонымен қатар жергілікті халқытың оларға деген көзқарасы әрқилы болып отырғандықтан да мүмкін емес”[7; 97б.] — деп мәлімдегенін айтады.
Ал, 1917 жылы 19 қарашада Түркістан Кеңестерінің III съезі: “Қазіргі кезде мұсылмандардан жоғары өлкелік төңкерісшіл өкімет органдарына енгізуге болмайды”[8; 181б.] — деген ұлт намысына тиетін қарар шығарды. Большевиктердің ұстанған бұл саясаты – ұлттық теңдік пен автономия алу жолында тәуелсіздік үшін белсене күрескендерді анықтап, артынан айдар тағып, айыптап қуғындау үшін жасалған арандатушылық саясат болды. Алайда, 1917 жылғы 22 желтоқсанда барлық саяси қозғалыстар мен партиялардың бүкілтүркістандық конгресі өткізіліп, онда Түркістан автономиясының құрылғаны жайлы жарияланды. Оның тұңғыш төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев болғаны, онан кейін Мұстафа Шоқай сайланғаны тарихтан белгілі. 1917 жылғы желтоқсанда Алаш автономиясы құрылды. Алаш автономиясының үкіметі Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.
Тәуелсіздік пен еркіндікке ұмтылған Түркістан автономиясы мен Алаш автономиясы большевиктер қарулы күш қолданып жойды. Түркістан автономиясының басшысы болған М. Шоқай шетелге кетіп бассауғалады. 1919 жылы қарашаның 4-де Түркістан майданының революциялық соғыс кеңесі Совет өкіметіне тікелей және жанама түрде қарсы күресіп келген барлық қазақтарға тиісті шарттар орындалған жағдайда толық кешірім жасау туралы қаулы қабылдады. Қазақ автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны өзі іске асырған Әлихан Бөкейханов “найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметке” қызмет етуден бас тартты. Осы “оппозициялық” қылығы үшін 1920-22 жылдары оған “буржуазиялық ұлтшыл” деген жала жабылып қуғындалды. 1922 жылдың күзінде Ә. Бөкейханов Мәскеуге жер аударылды. Қазақ зиялыларының ел үшін егіліп, халқы үшін қаймықпай қарсы тұруының себептеін Түркістан халық комиссарлар кеңесі К. Сорокиннің коммунистік партияның сұрқия саясаты туралы айтқан мына сөздері аша түседі:
“ … Мұсылмандардың барын тартып алуда, алып қана қоймай өздерін өлтіруде. Біздің әскерлер қорғаудың орнына тонап, қанға бөктіруде… Мұны істеп отырған партия емес, зәбір-жапаны жасап жатқан Қызыл Армия дейтіндер де шығуы мүмкін. Бірақ, осының басында партия тұр ғой. Партиядағы жолдастар жағдайы түзеу үшін ешқандай шара қолданар емес… Маскүнемдік пен бейбастақтық белең алған, әлбетте осының бәрі үшін партия кінәлі. Мұсылман пролетариаты орыстан көмек сұрайды, орыс оған сенбейтінін айтады. Мұсылмандарды түртпектеп, қудалап түбіне жетуде. Ақ-қарасын ажыратып жатпай, дүние-мүлкін, қатын-баласын құртып жіберіп жатқан біздің отрядтардан мұсылман кедейлерінің соры қайнауда… Осыншама қорлық-зорлық көре тұра олардың бізге қандайлық достық сезімде болары айтпаса да түсінікті емес пе? Олардың біздің өзіміз ұлтшыл етудеміз…”[9; 352 б.].
М. Шоқай большевиктердің бұл саясатына:
“Орыстар Түркістанды Мәскеуге тек экономикалық жағынан ғана байлауымен қоймай, мәдени рухани өмірінің көрінісі болған бүкіл тарихи шығармаларын да өз қалауынша бұрмалап, Мәскеудің еркіне тәуелді етуде. Олар тіпті сүйікті атамекеніміздің “Түркістан” екенін де теріске шығарып, “Орысстан” ету үшін адамгершілік өлшемдеріне симайтын ең бір шектен шыққан шараларға дейін барып отыр.
… Дүние жүзінде Түркістаннан басқа да көптеген отар елдер бар. Ол жерледе де үстем ұлттың озбырлығынан жәбір шегіп жатқандар аз емес. Алайда, дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ”[10; 306 б.] — деп, кезінде әділ бағасын берген.
Ал, Түркістан Компартиясы басшыларының бірі болған большевик Иван Тоболин өзінің шовинистік көзқарасын былайша жеткізген: “Маркстік тұрғыдан алғанда экономикалық жағынан әлсіз қазақтар бәрібір құрып бітіп жоғалуға тиіс, сондықтан да төңкеріс үшін басты мақсат-мүмкіндіктің бәрін аштыққа қарсы қолдану емес (бәрібір мақсатқа жеткізбейді), одан да майданға жұмсау қажет”[11; 75 б.].
Міне, осындай бір халықты тұтас құртып жіберу үшін жасалған саясатқа қазақ зиялылары қарсы тұрды. 1920-жылдары көп ұлтты Түркістандағы күрделі ұлттық қарым-қатынастарды шешуге үлкен үлес қосқан көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі Тұрар Рысқұлов болды. 1920 жылы мамыр айында Т. Рысқұлов РК(б)П Орталық Комитеті мен В. Ленинге “Түрік республикасын құру” туралы баяндамасын тапсырды. Т. Рысқұловтың тікелей басшылығымен әзірленген баяндамада Түркістанның саяси әлеуметтік жағдайы мен экономикалық, ұлтаралық қатынастардағы дағдарыстан шығудың жолдары ашып көрсетілді. 15 маусымда Орталық Комитет В. Лениннің тапсыруымен Т. Рысқұловтың “Түрік республикасын құру туралы” тезистерін қабылдамады. 29 маусымда В. Лениннің басшылығымен қабылданған “Түркістан туралы РК(б)П-ның негізгі міндеттері” деп аталған қаулыда Т. Рысқұлов және оның пікірлестері Н. Ходжаев пен Г. Бех-Ивановтың талаптары толық қамтылмады. 16-18 шілдеде делегация мүшелері РК(б)П Орталық Комитеті позициясымен келіспейтіндігін мәлімдеп, олар бұл мәселені Түрік комиссиясының қатысуымен Түркістан компартиясының Аймақтық комитетінде кеңейтілген мәжілісте талқылауын ұсынды. Бұл ұсыныс та қабылданбай, оларға “ұлтшылдар”, “басмашылар идеологы” деген жала жабылды.
Т. Рысқұловты Түркістан Атқару комитеті төрағасы қызметінен босатты, ал Низаметдин Ходжаев Түркістан Атқару комитеті президиумынна мүшеліктен және Түркістан коммунистік партиясы Орталық комитетіне мүшеліктен шығарылды. ВЦИК және СНК РСФСР Түрік комиссиясының мүшелері “рысқұловшылдық” деген терминді енгізді. Аталған комиссия 1919 жылы 29 қыркүйекте құрылды. Оның жұмыс жүргізу тәртібі РК(б)П ОК-де бекітілді. Комиссияның бастапқы құрамында Ш.З. Элиава (төраға), Г.И. Бокский, Ф.И. Голощекин, В.В. Куйбышев (төраға орынбасары), Я.Э. Рудзутак, М.В. Фрунзе болды. 1919 жылдың соңында Түркістанның басшы қызметкерлері арасында өріс алған ұлттардың өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқы жайлы ұрандарды тәжірибе жүзінде іске асыру туралы айтысмқа қатысып, комиссия мүшелері Т. Рысқұлов пен оның пікірлестерінің Түрік компартиясын құру идеясына қарсы шықты. 1920 жылы 19-шілдеде Рысқұлов, Ходжаев, Бисерев, Әбусаттаров және Железнев РК(б)П ОК мен Түріккомиссия саясатымен келіспегендіктері үшін қызметтерінен босатылды. Түріккомиссия Өлкелік комитеті таратылып, Уақытша Орталық Комитет құрылды, жауапты хатшы болып Н. Төреқұлов сайланды. Сондай-ақ Түрік Орталық Атқару комитетін де жаңартып, төрағасы А. Рахымбаев болды. 29-шілдеде РК(б)П Орталық комитеті Түріккомиссия құрамын толық жаңартып, төрағасы етіп Я.Г. Сокольниковты тағайындады. 27-тамызда партиялық жұмыстардың бәрі жаңадан құрылған РК(б)П ОК Түркістан бюросына берілді. Түріккомиссияда шаруашылық және мәдени құрылыс мәселелері қалдырылды. Комиссия 1922 жылы 16 тамызда РК(б)П ОК-нің шешімімен өз жұмысын тоқтатты.
Ресейдің В. Ленин басқарған КСРО деп аталатын жаңа коммунистік партиясының езгісінде қалған түрік халықтарын орыстандыру саясаты мен халық ретінде жойылып кету қаупінен қорғау ісін ұлт коммунистері татар Мірсаид Сұлтанғалиев, өзбектер Файзулла Ходжаев, Акмал Икрамов, қазақтар Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Смағұл Сәдуақасов тәрізді қайраткерлер өз қолдарына алуға күш салды.
1923 жылы 17-25 сәуір арлығында Москва қаласында өткен РК(б)П XII съезі ұлт саясаты туралы мәселеге баса назар аударды. “Партияның және мемлекеттік құрылыстың ұлттық мәселелері туралы” баяндаманы Сталин жасап, “жергілікті ұлтшылдық” деген аса қауіпті ағым (уклон) бар деген пікірін айтты. И. Сталиннің бұл пікірін Т. Рысқұлов пен М. Сұлтан-Ғалиев сынға алды. Т. Рысқұлов жергілікті ұлтшылдықты тудыратын экономикалық қайшылықтар екенін айтса, М.Х. Сұлтан-Ғалиев: “жергілікті ұлтшылдық дегеніміз не нәрсе өзі, егер жергілікті ұлтшылдық ұлы державалық шовинизмге қарсы ккүрестің көрінісі болса, онда ол ұлтшылдық емес, ол дегеніміз жай ұлыдержавалық шовинизмнің көріністерімен күрес қана”[12;29-п.] — деп жергілікті ұлт республикаларындағы ұлт саясаты ерекшеліктеріне мән бере сөйледі.
РК(б)П XII съезінің делегаттары ұлт мәселесі бойынша: “…партияның орталық мекемелерінде де, ұлттық республикалардың компартияларының ұйымдарында да сол республикалардың еңбекші бұқарасының салтымен, әдет-ғұрпымен, тілімен таныстығы жоқ, ал сондықтан да, олардың мұң-мұқтажын ылғи елеп отырмайтын, орыстан шыққан партия қызметкерлерінің ескі кадрларының көп болуы…великорустық шовинизм ауытқуын тудырды”[13; 86 б.] — деген қарар қабылдады.
Ұлт мәселесі жөнінде қабылданған мұндай қаралар сырттай қарағанда орыс емес ұлттар үшін тиімді көрінгенімен, оларды жүзеге асыру барысында қарама-қарсы мәнге ие болып отырды. Бұған дәлел – большевиктер партиясы мен кеңес өкіметі жүргізген ұлт саясатын жүзеге асырудың жолдары мен әдісетрі сөз болып, қызу пікір-талас орын алып отырған Ресей мен КСРО-дағы ұлт мәселесіне арналған кеңестердің хаттамалары мен стенограммалары.
РК(б)П XII съезінен кейін, 1923 жылы 9-12 маусым аралығында Москва қаласында РК(б)П Орталық комитетінің ұлт республикалары мен облыстарының жауапты қызметкерлерімен IV кеңесі болып өтті. Кеңестің күн тәртібіне екі мәселе қойылды: біріншісі “М.Х. Сұлтан-Ғалиев ісі”, екіншісі партияның XII съезінің ұлт мәселесі жөніндегі қарарын жүзеге асыру шараларын анықтау. “М.Х. Сұлтан-Ғалиев ісі” жөнінде Орталық тексеру комиссиясының баяндамасын В.В. Куйбышев жасап, М.Х. Сұлтан-Ғалиевтің атына “қара күйе” жаға сөйледі. И. Сталинге “Сұлтан-Ғалиевтің ісі ұлт кадрларын қуғындау үшін қажет болды.
М.Х. Сұлтан-Ғалиев 1923 жылы РСФСР ұлттық халық комиссариатында (Наркомнац) колегия мүшесі, Татарстан мен Башқұртстанда беделі зор мемлекет қайраткері болатын. Ол партияға қарсы жасырын топ ұйымдастырғаны, Түркияда эмиграцияда жүрген З. Валидимен және төңкеріске қарсы күштермен қарым-қатынаста болғаны үшін айыпталды. Сұлтан-Ғалиев басшы қызметтердегі партия және кеңес қызметкерлерімен ұлт және отар елдер мәселесі жөнінде ой-пікірін бөліскен хаттарды ГПУ қызметкерлері жасырын қолға түсіріп, оны федеративтік негізде біріккен Түркістан, Қазақстан, Қашқария, Хиуа, Бұхара және Ауғанстан мен Иранның “түріктер қоныстанған” бөлігінен тұратын Тұран мемлекетін құру идеясын қолдауға шақырған деп, осы хаттарды Сұлтан-Ғалиевті айыптау үшін пайдаланды. 1923 жылы 4-мамырда РК(б)П Орталық Тексеру комитетінің партколлегиясында М.Х. Сұлтан-Ғалиевті партиядан шығарып, жауапты қызметтерден алу және оның ісін ГПУ-ге тапсыру жөнінде шешім қабылданған болатын. IV ұлттар кеңесі осы шешімге қосылатынын мәлімдеді. Сталин мен оның маңына топтасқандар ұлттық интеллигенция өкілдерін заңсыз қуғындау ісін осылайша ұйымдастырып, келесі жылдары М.Х, Сұлтан-Ғалиев тәрізді ұлт зиялыларның қуғын-сүргінге ұшырауы жалғаса берді. М.Х. Сұлтан-Ғалиевқа 1939 жылы 8-желтоқсанда ату жазасы кесілді. Ол тек жарты ғасырдан соң, 1990 жылы ақталды[12; 30-31-пп.].
Қалыптасып келе жатқан әкімшіл-әміршіл жүйе алдыңғы қатарлы ой-пікірлердің бәріне тосқауыл қойды. Коммунистік догматизм мемлекеттік идеология болып тұрғанда ұлтыңды ерекше құрметтеу, салт-дәстүрлерін сақтап, мәртебесін көтеру, ешкімге бағынышты болмауын ойлау тәрізді қадамдардың барлығы “ұлтшылдық” болып есептелді.
И. Сталиннің “жергілікті ұлтшылдыққа” қарсы ұстанған саясаты ұлт республикаларында ұлыдержавалық шовинистік пиғылда жүрген коммунистер тарапынан ерекше қолдау тапты. 1925 жылы 9-11 сәуір аралығында өткен Аймақтық партия комитетінің пленумында БК(б)П Қазақ Өлкелік партия комитетінің хатшысы Нанейшвили қазақ коммунистерінің арасында “жікшілдік” пиғылдың пайда болу себебі “билікке таласу, бақталастық, тағы басқа”[14; 100-п.] — деп, біржақты көзқарасын білдірді. Ұлттық интеллигенция өкілдері болса, қазақ коммунистері арасында “жікшілдік” ағымның орын алғанын мойындап, мұның бүгінгі таңда атқарылар істерге кесірі тиіп отырғанын жасырмады. Алайда, соңғылар жікшілдіктің мәнін мансап пен билік басына жету жолындағы күрес ретінде бағалау біржақты көзқарастан туып отырғанын да айта келіп, “…қазақ коммунистері жаңадан қалыптасып келе жатқан жас ұйым, партияға өтерден бұрынғы көңіл күйден арыла қалу бір күннің ісі емес, сонымен қатар елдегі экономикалық жағдайлар күнделікті тұрмысымызғы әсер етіп отырғандықтан, қазақ коммунистері арасындағы әртүрлі пікір, көзқарас та осы экономикалық қайшылықтар негізінде туып отыр. Біздің партия органдарының жікшілдікті исі де жоқ жерден іздеп, оны өздері қолдан жасап алатын кездері де кездеседі. Жіктен арылу үшін әртүрлі ағымдар мен топтарды тудыратын жағдайларды анықтап, біліп алу қажет, … әкімшіл жолмен істі бітіре алмаймыз. Жағдай жақсармайынша жікшілдік те жойылмайды”[14; 152-п.] — деп ескертті.
1925 жылы бұрын Түркістан республикасына қарап келген Жетісу, Сырдария облыстарының қазақтар қоныстанған жерлері Қазақстан құрамына енгізіліп, елдің етек-жеңі енді жиналған тұста ұлт зиялылары жік-жікке бөлініп, билік үшін таласты деп айыптау асыра айту болар еді. Елдегі бас көтерер озық ойлы зиялылардың алдарына қойған бірінші кезектегі мақсаттары: ел экономикасын көтеру, ұлттық мәдениет пен салт-сананы жетілдіру болды. Олар жіктен арылу жөнінде “ең алдымен іс керек, әр коммунистің ойлайтыны іс пайдасы болса, осы күнгі “жіктің” көбі өзінен-өзі жоғалмақшы”[12; 31-п.] — деген сынды жалпы алғанда ортақ пікірде болды. 1925 жылдың тамыз айында Өлкелік партия комитетінің хатшысы болып Ф. Голощекин тағайындалды. Ол қазақ зиялылары арасындағы “жікке” ерекше саяси баға беріп, Қазақстанда өзінің жеке билігін орнату ісіне осы мәселені шебер пайдалана білді.
1925 жылы 1-7 желтоқсан аралығында Қазақстанның V Өлкелік партия конференциясы өтті. Осы конференцияда Ф. Голощекин орыс ұлтшылдығы мен жергілікті ұлтшылдық туралы және қазақ коммунистері арасындағы “жікшілдік” туралы сөз сөйлеп, “біреулер рушылдықты, губернияшылдықты көрсетеді. Бірсыпырасы оқығандарды айыптайды. Кейбіреулері қазақта зауыт, фабрика жұмысшыларының жоқтығын себеп қылып көрсетеді. Меніңше, мұның негізгі себептері: Жалпы қалың бұқарадан алшақтық, қалың бұқарамен араласпағандық”[15; 5 б.] — деп түсіндірмек болды. Халықтың жайын, болашаҒын ойлап, халықтың негізгі бөлігі тұратын ауыл мәселесін көтеріп жүрген ұлттық интеллигенция өкілдерін “қалың бұқарамен араласпаған” деу арқылы ол өзінің елдің саяси-әлеуметтік өмірінен бейхабар екендігін аңғартты.
Ф. Голощекиннің алғашқы күндерден-ақ алға қойған мақсаты – ұлттық мүддені, елдің экономикалық ерекшелігін ескере отырып жұмыс жасауды ұсынған ұлт коммунистерінің белсенді бөлігін биліктен ығыстыру болса, екінші бір көздегені алашорда құрамында болған қазақ оқығандарын пария басшылығндағы жауапты қызметтерден қуу болатын.
Оның бұл ойын жүзеге асыруын қазақ зиялыларының бетке ұстарларын, “Алаш” қозғалысының құрамында болған белсенділерін “сенімсіз әлеуметтік саяси элементтер” ретінде сипаттап, оларды алдымен қоғамдық-саяси жұмыстардын аулақтатып, одан соң тікелей ашық қуғындауға 1925 жылдың 29-мамырында Қазақстан партия басшылығына жолдаған И. Сталиннің “Ақжол” газеті туралы хаты үлкен көмек көрсетті. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін түбегейлі өзгертуге зор ықпал еткен бұл хатта былай делінген еді: “…Мен партияда жоқ интеллигенттердің қырғыз (қазақ) жастарына саяси идеологиялық тәрбие берумен айналысуларына қарсымын. Біз өкіметті, жастар тәрбиесін партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге тапсыру үшін алғанымыз жоқ”[16; 6 б.].
“Ақжол” газеті туралы хат “Алаш” қозғалысына белсене қатысқан қазақ зиялыларын Кеңес үкіметімен ықтиярсыз болса да ынтымақтаса, бірлесе отырып туған халқының мүддесі мен мақсаты, болашағы үшін қайткен күнде де қызмет ету мүмкіндігінен айырды.
И. Сталиннің Қазақстандағы қолшоқпары Ф. Голощекин орталықтан берілген тапсырманы асыра орындап, “көсемге” ұнаудың бар шараларын жасады. “Алашордашылардың” ықпалы коммунистердің ықпалынан күшті болып тұрғанда, қазақ оқығандарына қосылып кету де дұрыс емес… Техника, құрылыс, шаруашылық жұмыстарына кірісе берсін. Салт-сана мәселесі киліккен жерде олардан бір шақырым аулақ болуға тиіспіз”[17; 3 б.] — деп, “көсемді” құлшына қолдады. Ұлттық қатынастар саласында орын алған және пайда болып отырған келеңсіз құбылыстар мен тенденцияларды жоюды ұлттық негіздегі сезімдерді қоздыру немесе көбіне ойдан шығарылған “ұлтшылдық” төңірегіндегі даурықпа ұрандар арқылы емес, демократиялық процестер шеңберіндегі шаралар арқылы шешу қажеттігі ескерілмеді. Партия тарапынан ұлт коммунистерін топ-топқп бөліп бір-біріне қарсы қойып, партия ішіндегі билікті бұзуға жол берілді. Ұлттық ерекшелік, салт пен дәстүрдің түп-тамыры, бастауы көне дәуірлерден тартылатыны дәлел бола алмай, бұл маңызды мәселе еңбекшілерді экономикалық және рухани басып-жаншудың жиынтығы – коммунистік, таптық идеологияға жат әдеттер ретінде түсіндірілді. Сондай-ақ енді-енді ес біліп, “бодандықтан құтылдық, еркіндік алдық” деген қалың қазақ бұқарасының санасын осы ресми идеология улай бастады.
1926 жылы наурыз айында Өлкелік партия комитетінің “Қазақстан Өлкелік партия комитетінің Қазақстандағы ұлт аралары мен партия ұйымдарының ішіндегі жіктер туралы”[18; 19 б.] нұсқау хаты барлық губерниялық партия комитеттеріне таратылды. “Құпия” деп белгі соғылған бұл нұсқау хат (№13 протокол, 2-наурыз, 1926 жыл) шағын кітапша түрінде басылып, оған Ф.Голощекин алғысөз жазып қол қойды. Алғысөз хатты әр ұяда құпия талдап, мазмұнын жақсылап түсіндіріп беретіндей жарамды әзірлігі бар, ысылған коммунист баяндамашы болуы керектігі және хат қаралған мәжілістің хаттамасында әркімнің пікір алысу ретіндегі я қарсы сөздері, я ұсыныстары тегіс жазылып отыру керектігі айтылды. Әсіресе жалпы жиналыстың хат туралы шығарған қаулылары, сұраулары, тағы басқа материалдар әр ұядан уезге келіп жиналып, уездің партия комитеті ретке келтіріп, губерниялық комитетке жіберуі, губерниялық комитет осындай мағлұматтарды өзі қарап, тиісті қорытынды шығарып Өлкелік партия комитетіне жіберуі тиіс болды. Ф. Голощекин алғысөзін: “Осы айтылып отырған жұмыстар өте еппен, асықпай істеліп, нәтиже көп шығатындай болсын”[19; 4 б.] — деп аяқтаған.
Голощекиннің авантюристік айлакер саясатының жаңа торына түскен партия және кеңес қызметкерлері өз уездеріндегі, губернияларындағы жағдай туралы бастапқы кезде Голощекиннің өз әдісі бойынша “құпия түрде”, кейін “ұлтшылдар” мен “жікшілдерді” айыптау науқаны кең өріс алған кезде газет-журнал беттерінде жария ете бастады. Осы кезеңде қазақтың көрнекті ұлт қайраткерлерінің ішінде де партияның сұрқия саясатына алданып, бірінің үстінен бірі арыз жазу, баспасөз беттерніде белгілі тұлғаларды ашық түрде айыптау орын алды.
Ал, Голощекин осылардың бәрін “ұлтшылдықты”, “жікшілдікті”, “оңшылдықты” тағы басқа “шылдықтарды” айыптау, қуғынға салу, Қазақстаннан кетіру науқаны кезінде пайдаланды.
Нұсқау хатқа жауап ретінде “аса құпия” деген белгімен БК(б)П Орталық комитетіне 1926 жылы 20 қазанда Жетісу губерниясынан хат келіп түсті. Бұл хаттағы назар аударатын жай – Лепсі партия белсенділерімен болған мәжілісте “жікшілдік туралы: “орталықтан келген жауапты қызметкерлер жергілікті халықтың тұрмысын, тыныс-тіршілігін білмей іс қылуға ұмтылады, Лепсі ұйымындағы, тіпті Алматы және басқа да ұйымдардағы жікшілдіктің туу себебі осында” – деп атап көрсеткен. Сондай-ақ Лепсідегі партия және кеңес қызметкерлерімен өткен мәжіліс “жікшілдіктің шығуы жұмыстағы келіспеушіліктер мен басқалардың алдында болуға ұмтылыстан”[19; 5 б.] — деген де байлам жасалынады.
1926 жылы 12 желтоқсанда “аса құпия” деген белгімен БК(б)П Орталық комитеті Сталин, Молотов және Косиорға Голощекиннің Қазақстандағы “жікшілдік” туралы жолдаған хатында жоғарыда айтылған пікірлер сарынды бірде-бір пікір айтылмады. Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаевтардың “жікшілдіктері” туралы айтылып, Қазақ Өлкелік комитеті мен БК(б)П Өлкелік бақылау комитеті пленумының қарары қоса жалданды.
Партиялық пленумдар, конференцияларды ұлт зиялыларының “жікшілдігі”, “ұлтшылдығы” туралы мәселе қозғалмай қалмайтын болды. Сонымен бірге оларды үш топқа бөліп жіктеу, осылайша олардың жұмыстарына теріс саяси баға беру орын ала бастады. Нақтырақ айтқанда: бірінші топ – алашорда оқығандары, екінші топ – жас ұлтшылдар, үшінші топ – қазіргі үкімет басында отырған коммунистер. Ал, осы үш топтағы қазақ оқығандарының ұстанған көзқарастарына келер болсақ, алғашқы алашорда оқығандары “қазақ халқы осы күні теңдікке жетіп отырған жоқ, әлі отаршылдар езгісінде” деп қынжыла айтып жүрді, бодандықтан құтылудың сан-салалы жолдарын өздерінше іздеді.
Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов және олардың серіктері большевиктер ұстанған бағытты отарлау саясатының жаңа бір бағыты ретінде бағалады. Сондықтан шын мәнінде большевиктер мен ұлттық күресм басшылары арасында идеялық бірлік болмады. Алашорда оқығандары кеңес үкіметіндегі партия саясатына көңілдері толмай, отарлық езгінің әлі де сақталып отырғанын сынаса, бұларға бүйрегі бұрып тұратын оқығандардың келесі толқыны “коммунистердің жалпы жолы дұрыс, бірақ қазақ арасындағы үкімет істері орыс арасындағыдай тап жолымен жүргізілмеуі керек, қазақтың ұлттық ерекшелігі ескерілуі тиіс” деген пікірде болғандар. Үшінші топ – ел билеп, үкімет басында отырған партияның бұйрығын бұлжытпай орындаушылар еді.
Қазақ елі мемлекет болған алғашқы жылдарда жеке бас қамын ған мұрат етіп, мансап қуғандар да болды, орынсыз төңкерісшіл бола қалғандар да, реті келсе халықты төңкеріс үшін құрбан етуге даяр тұратындар да жоқ емес еді. Ф. Голощекин біржақты баға беріп “алашорданың жолы үшін күрес ашты” деп айыптап жүрген жас ұлтшылдар осындай солақай саясатқа қарсы тұрды. Сол бір қиын-қыстау кезеңнің куәгері Нақымжанұлы Әмзе былай дейді: “…қазақ жастары азды-көпті оқып, білім алып, өз ұлтының езіліп келе жатқанына көзі жетті де ұлтшыл болды. Орыс пролетариатының күресінен хабары болмады. Қазақ жастарының төңкеріс ұраны Ахметтің “Масасы”, Міржақыптың “Оян қазағы” болды.
Қазақстанның өзіне тән шаруа, мәдениет жағынан көрініп тұрған ерекшеліктерін ескермей, оларды сылдыр сөзбен боямақ болғандарға партиядағы ұлт өкілдері ішінен қарсы шыққандар табылды. Жел сөзге сол кездегі партияның орыс жағы да дем беріп, отаршыл саясатының жандануына жол берілді. 1926 жылы Н. Нұрмақұлы ел ішіндегі ахуал туралы: “… мансап қуғандармен алысып, отаршылдармен күресіп жүрген қазақ коммунистерінің көбі партияның негізгі пікірін ұмытып, бәлки “ұлтшылдық” ауруына ұшырады”[17; 4 б.] — деп жазды.
Иә, айтылып отырғандар ешқандайда ұлтшылдық ауруы емес, озбырлық саясатты тежеу, демократиялық негізде қазақ халқының мүддесін қорғау еді. Мұндай қиыншылықтардың қазақ қайраткерлері алдарынан шығу себебін, әдетте ең алдымен идеологиялық жұмыстың сапасы мен мазмұнынан іздеуіміз керек.
1923 жылы IV кеңестен кейінгі жылдарда ел ішінде елеулі өзгерістер болды. Орталықта билік үшін күрес қызып, И. Сталин мен оның жақтастары “троцкийшілдікке” қарсы күресті күшейтті. Л. Троцкийге марксизмді ревизиялады деген айып тағып, оны партиялық және мемлекеттік қызметтен кетірді.
1925 жылы желтоқсанда өткен БК(б)П-нің XIV съезінде Л. Каменев пен Г. Зиновьев басқарған “жаңа оппозиция” талқандалды. Тарихқа троцкийстік-зиновьевтік антипартиялық топ дегн атпен енген, Л. Троцеий, Л. Каменев және Г. Зиновьевтің И. Сталиннің саясатына қарсы күресі де Сталиннің жеңісімен аяқталды. Орталықта билік үшін осындай күрес жүріп жатты. Дара билікке қол жеткізуді мақсат еткен И. Сталин бірінші кезекке оппозициямен күрес мәселесін қойды. Ал, ұлт мәселесі шешімін таппай қала берді. Мемлекет пен партия басшылығындағы билік үшін талас-тартыс ұлт мәселесіне немқұрайлы қарауға сабап болды. Осындай ішкі партиялық күрес өршіп тұрған кезде одақ көлеміне белгілі мемлекет қайраткері дәрежесіне жеткен Тұрар Рысқұлов 1926 жылы 12-14 қарашада Мәскеуде ұлт мәселесіне арналған одақтық дәрежедегі үлкен кеңес өткізді. Бұл кеңес материалдары мұрағат қойнауында: “Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитеті Төралқасы жанындағы ұлттар Бөлімі және РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары Рысқұлов жолдастың инициативасы бойынша шақырылған ұлт өкілдерінің БОАК пен ССР Одағы Орталық Атқару Комитеті мүшелері және ұлттық шет аймақтардың басқа да өкілдерінің жеке кеңесі” деген атпен құпия құжат ретінде сақталынып келді. Т. Рысқұлов өткізген жеке кеңестің материалдарымен алғаш таныстырған белгілі тарихшы, профессор М. Қойгелдиев[18; 3 б.] болатын. Ұлт мәселесіне арналған аталмыш кеңестің құжаттарын жан-жақты ғылыми талдаудан өткізіп, стенографиясымен бірге белгілі журналист және баспагер М. Қазыбек пен тарихшы ғалым Ғ. Маймақов ұсынды[20; 124 б.].
Кеңестің бүкіл жұмысына басынан аяғына дейін РСФСР Халкомкеңесі Төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов төрағалық еткен. Кеңеске автономиялы республикалар мен облыстардан келген Рысқұловтан өзге 49 адам тіркелген. Қазақстаннан 9 адам: Мыңбаев Ж. – ОАК төрағасы, Қожанов – қызметі көрсетілмеген, Тоқжігітов — өкіл, Досов — өкіл, Қосымов – облатком төрағасы, Жансүгіров — өкіл, Орынбаев – Ақмола губатком төрағасы, Сұлтанбеков – Қазақстан Жер халкомы, БОАК мүшесі, Мұқтаров – Денсаулық сақтау халкомы. Сондай-ақ, Қазақстан мүддесін Кеңесте Рысқұлов, Меңдешев – РСФСР экономикалық кеңесі мүшесі, Асфендияров – БОАК-тың Ұлттар бөлімінің меңгерушісі қорғады. Сонда кеңес жұмысына барлығы 12 қазақ қатысты.
Кеңесте ұлт саясатында жіберіліп отырған кемшіліктер қатты сынға алынды. Күн тәртібіне төмендегідей бес мәселе қойылды:
Калинин жолдас басшылық ететін “РСФСР-дың, ұлттық республикалар мен облыстардың құрылысы жөніндегі комиссияның” жұмысына қатысты мәселелер.
Партияның Орталық Комитеті IV Ұлттық кеңес сипатындағы ұлттық кеңес шақыруы туралы мәселелер.
БОАК-тың Ұлттар бөлімінің жұмысы, оның құқықтары туралы.
Ұлт өкілдерін РСФСР-дың Халық Комиссариатының аппаратына тарту туралы.
Ұлт аймақтарының өздерінің жұмысындағы кемшіліктер мен жетімсіздіктер туралы[18; 4-5 б.].
Кеңестің күн тәртібі негізінен ұлт аймақтарының егемендігін барынша кеңейтуге бағытталған мәселелерден тұрды. Қазақстаннан Рысқұлов, Асфендияров, Меңдешев, Досов, Мыңбаев, Қожановтар сөз сөйледі. Кеңесте сөйлеген ұлт өкілдері ұлт саясатындағы барлық кемшіліктерді ортаға салды. Алайда, Рысқұлов өткізген кеңесте көтерілген ұлт мәселесі Сталинге ұнамады.
Кеңестің стенограммасымен танысқан Ф. Голощекин 1926 жылы 12 желтоқсанда “БК(б)П Орталық комитеті. Сталин, Молотов және Косиор жолдастарға “аса құпия” деп белгі соққан хатын жолдады.
Кеңесте сөз алған Ж. Мыңбаев 6 жыл ішінде Қазақстанда әлі де партия ұйымына жергілікті ұлт өкілін сайлай алмаймыз. Республикадағы 8 губерния, екі жеке уезд, бір автономиялы облыста партиялық басшылықта бір ғана қазақтың отырғанын, сондай-ақ, аппаратты қазақтандырудың да төмен дәрежеде екендігін айтқан болатын. Оны бұл мәселеде С. Қожанов әрі қарай жалғастырған.
Ф. Голощекин хатында: “Мыңбаев және Қожановтың Рысқұлов жолдаста өткен Ұлттар мәжілісіндегі сөздері ешқандай дәрежеде партия ұйымының, үкіметтің пікірін білдірмейді”[21; 23 б.] — деп жазды.
Ф. Голощекиннің хаты И. Сталиннің ойының үстінен түсті. Т. Рысқұлов өткізген жеке кеңестің ұсыныстарын, оған қатысушыларды ұлтшылдар ретінде айыптауды Голощекинге тапсырды.
Ол 1926 жылы 18 желтоқсанда БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитеті бюросының, Өлкелік Бақылау Комиссиясының Президиумының, Халық Комиссарлары Кеңесінің және Қазақ Орталық Атқару Комитетінің фракциясының Мәскеуде Т. Рысқұловтың төрағалық етуімен өткен БОАК және Кеңес Одағы ОАК-не мүшелері – ұлт өкілдерінің кеңесі туралы біріккен мәжілісін ашты. Мәжіліс өлкелік партия комитетінің бюросының шешімі бойынша шақырылды.
Ф. Голощекин өткізген кеңес Мәскеуде Т. Рысқұлов өткізген жеке кеңесті ресми түрде республика партия ұйымы мен үкіметінің бағытына қайшы әрекет ретінде айыптады. Кеңестің қарарында: “Біздер бұл кеңестің Орталық Комитет пен Орталық Бақылау Комиссиясы құрамын ұйымдастыру жөнінде талап қоюынан көрінген қауіпті уклонын табанды түрде айыптаймыз, өйткені мұның өзі партиямыздың негізгі принципімен қайшы келеді әрі партиялық және пролетарлық басшылыққа нұқсан келтіреді”[21; 36 б.] — деп атап көрсетілді.
И. Сталиннің қолдауына сүйенген Ф. Голощекин жеке кеңесте айтылған аса құнды пікірлер мен ұсыныстарды “ұлтшылдықтың” көрінісі ретінде сынға алды.
Қазақстаннан кеңеске қатысқан Ж. Мыңбаев, Ж. Сұлтанбековтер өз сөздерінде кінәлімін демеді, жеке кеңесті ұлтшыл деп айыптамады. Бірақ, олардың жазықсыз жазаланып, рухани жан дүниесі күйзеліске түскені анық. Бұл кеңес шын мәнінде Ф. Голощекинге өзімен келіспейтіндерді қуғын-сүргінге салуға саяси негіз қалады. Ол жөнінде алдағы тарауларда толығырақ тоқталамыз.
Ф. Голощекин 1930 жылы Алматыдағы партия белсенділерінің жиналысында баяндама жасап, “қазақ коммунистері арасында ұлтшылдық 1920 жылы партияға алаш оқымыстылары кіргеннен бері қарай басталды”[21; 41 б.] — дей келіп, “Қазақстанда партия ұйымының Кеңестік негізінің алғашқы кірпішін қалағандар, бұлар ол кезде Меңдешұлының жігіне қатынасып, соның маңына ұйымдасқандар. Жас ұлтшылдар ( ұстазы Әлихан Бөкейханұлы) Әуезұлы, Сәдуақасұлы Смағұл Алашордамен байланыста болып, солардың идеясын жалғастырушылар болды”[22; 49 б.] — деп анықтай кетті.
Ал демократиялық бағыт ұстанғандарды қолдайтын жастар, оқу орындарының студенттері мен ұстаздары да қалыптасып келе жатқан әкімшіл-әміршіл жүйенің құрығынан құтылмады. Оларды: “шет елдердегі студенттердің тұрмыстары анағұрлым жақсы”, “мақтаны теріп керегі жоқ, бәрібір Мәскеуге кетеді”, “қазақ халқының ең таңдаулы ерлері алашордашылар болса, олар абақтыда отыр, солар бас болып үкімет басында отырса, қазіргіден анағұрлым жақсы болар еді”[22; 50 б.] деген сынды пікірлері негізінде айыптаған. 1931 жылы “Қазақстан большевигі” журналының №4 санында Өлкелік комитетінің “Қызметшілер даярлау майданындағы ұлыорысшылдық пен ұлтшылдыққа қарсы” деген атпен Қазақстандағы барлық партия ұйымдарына жолдаған хатында: “студенттердің жұмысты тастап, топтанып қыр көрсетіп қалатындары да болған. Нағыз барып тұрған қара жүректердің сөздеріне де қарсы, ісіне де тиісті шара қолданушылар, аяусыз соққы берушілер болмаған”[22; 51 б.]. Міне, коммунистік партияның өсіп келе жатқан жас буын туралы пікірі осындай болды. Олардың қоғамдағы саяси белсенділігін шектеуді мақсат еткен партия белсенділері тарапынан “ұлыорысшылдық пен ұлтшылдыққа қарсы күресіміздің ең елеулі жері дәл қазіргі уақытта мәдениет майданы, әсіресе оқу орындары болып табылады” деген арнайы нұсқау да берілді. Айта кеткен жөн, Ф. Голощекиннің өзі атап көрсеткендей, “ең басты күрес жергілікті ұлтшылдыққа, партия ішіндегі демократиялық-буржуазия ағымына және қанаушы тапты қорғаушы “Сәдуақасовшылдыққа” қарсы бағытталды”[21; 38 б.].
Ф. Голощекин ұлт зиялыларын жік–жікке бөліп қудалауға шебер болғанымен, олардың алдынан шығып отырған қиыншылықтардың туу себебін назардан тыс қалдырды. Мұның өзі идеологиялық жұмыстардың бұрмалануына әкеп соқты. Ф. Голощекин “жікшіл”, “ұлтшыл” деген сөздерді синоним ретінде қолданды. Оның нақты дәлелі: “Ұлтшылдық туралы сөз көтерілгенде “жікшілдік” жайы қалай деген сұрау өзінен-өзі келіп шығады. Сондықтан “жікшілдік” қалай деп сұрайды. Мен ұлтшылдық туралы сөйлегенде жікшілдікті, жікшілдік туралы сөйлегенде ұлтшылдықты естен шығармаймын. Ал, Сәдуақасовшылдық туралы сөйлегенде жікшілдікті де, ұлтшылдықты да естен шығармаймын, қатар қойып сөйлеймін”[21; 39 б.] — деп тұжырымдауынан танылды.
Сол жылдары Сталин бастаған “жергілікті ұлтшылдықты” айыптау науқанын Қазақстанда Ежов пен Голощекин өрістетті. Ежовтың қысқаша өмірбаянымен таныса кетсек, ол 1895 жылы Петербург қаласында дүниеге келген, ұлты – орыс. 1923 жылдың наурыз айынан Семей губерниялық комитетінің хатшысы, 1924 жылдың маусым айынан 1927 жылға дейін БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің бастығы. 1936-1938 жылдары КСРО Ішкі істер халық комиссариаты, Мемлекеттік қауіпсіздік бас комиссары. 1938-1939 жылдары КСРО су транспорты халық комиссариатында істеді. 1939 жылы 10 маусымда тұтқындалып, 1940 жылы 3 ақпанда ату жазасына кесілді.
Сонымен қатар қазақстандық басшы қызмет иелері О. Исаев, Ғ. Тоғжанов, І. Құрамысов, А. Байділдин, А. Асылбеков, Н. Сырғабеков, Е. Ерназаров, А. Мусин, М. Жүнісов және т.б. партия мүшелерінің қолдауына сүйенген Ф. Голощекин билігі тұсында бұл науқан аясы күннен күнге кеңейе түсті. Қазақстандағы партиялық ұлт саясаты өрескел бұрмаланды. Жергілікті ұлт кадрларына астамси қарап, сенімсіздік танытуы, оларды бір-біріне айдап салып, артынан кінәлі атанғанды аяусыз жазалауы Ф. Голощекиннің шовинистік пиғылын паш ете түсті.
Ұлт мүддесі алдындағы азаматтық парызды, партиялық міндет пен қызметтен әлдеқайда биік ұстаған ұлттық интеллигенцияның ұстанған позициясы, осы кезеңде “сәдуақасовшылдық”, “қожановшылдық”, “рысқұловшылдық” және “меңдешевшілдік” деген тәрізді Голощекин ойлап шығарған көптеген “шылдықтар” арқылы талқыға түсіп отырды.
I.2 Ұлт зиялыларын айыптаудың және жазалаудың басталуы
XX ғасырдың басындағы ұлттық сананың оянуы халықтың саяси әлеуметтік ұйымдасуына, өмір тәжірибесіне, жаңа дәуір өзгерістерін қабылдау қабілеттеріне де елеулі әсер етті. Қоғамдық-саяси көзқарастың қалыптасу барысын бүгінгі күннің тұрғысынан қарасақ, ең негізгі қозғаушы күш ұлттық зиялылар тобы екенін көреміз. Олар қоғамдағы жүріп жатқан процестерді терең түсіне отырып, әлеуметтік өзгерістер кезеңінде белсенділік танытты. Қазақтың озық ойлы азаматтарын ойландырған үш мәселе: жер мәселесі, оқу-ағарту мәселесі, патшалық ағартушылық саясаттың қыспағы салдарынан өзін-өзі билеуден қалған елді өркениет жолына шығарып, азаттық әперу еді.
Патшалық Ресей тұсында отарлау саясатына қарсы шығып, азаттық, дербестік үшін, ұлттық бірлік үшін күрескен ұлт зиялылары “сеператистер”, “пантюркистер” ретінде қуғындалса, қазан төңкерісінде жеңіске жеткен большевиктердің басқыншылығы баса көктеген шақта Қазақстанды Одақтан бөліп әкетуді көздеген “буржуазияшыл ұлтшылдар” атанды. Кеңестік мекемелерде қызметте болған С. Сәдуақасов, Т. Рысқұлов, С. Қожанов сынды ұлт зиялыларының жаңа толқынына да “Буржуазияшыл ұлтшылдардың” ізбасарлары, “жікшілдер”, “ұлтшылдар” деген сияқты негізсіз айыптаулар тағылды, осы саясатты нәтижелі жүргізу үшін ұлттық ерекшелік, ұлттық дербестік туралы түсініктерден біржола безіндіру мақсатында шүбәлі болса да, шындықтың өзі деп көрсеткен нақты шаралар атқарылды. Кеңестік тоталитарлық жүйе ұлт басындағы халық мүддесі үшін күрескен ұлыларды “жіктердің көсемдері” етіп, соның негізінде түрлі “шылдықтарды” ойлап шығарды.
1937 жылғы жазықсыздарды жазалаудың ең бір сорақы да тұрпайы түрі – күнәсіздерді жалған жалалармен айыптап, арнайы сот процестерін ұйымдастыру болды. И. Сталин және оның төңірегі бұл әдіске “лениндік жол” арқылы біртіндеп, тәжірибе жинап келді.
Ашық жұмыс істейтін жеке партиялық саяси билікті күшейтуді көздеген В. Ленин кезінде меньшевиктер мен эсерлерді жазалауды талап етті емес пе?.. 1912 жылы жазда Мәскеуде эсерлер партиясының кейбір басшыларына қарсы ұйымдастырылған сот процесі осының нақты нәтижесі болатын. Айыпталушыларды азамат соғысы жылдарында сатқындық жасады, В. Ленинге қастандық ұйымдастырды депкінәлады. Олардың кейбірі өлім жазасына кесілді. Бірақ, үкім орындалмай, большевиктер айыптыларды түрмеге қамаумен шектелген еді.///
Осы процесте басталған саяси айыптау әдістері келесі “шахта процесінде” кеңінен пайдаланылды. Бұл процесс Донбасс көмір бассейніндегі мамандарға қарсы бағытталды. Сот Мәскеуде 18 мамыр мен 6 шілде аралығында, кейін 30-шы жылдардағы айыптау процестерінде ерекше белсенділік көрсеткен, ол кезде КСРО Жоғарғы Сотының Төрағасы А.Я. Вышинскийдің төрағалығымен және мемлекеттік айыптаушы Н.В. Крыленконың, сондай-ақ тағы басқа қорғаушылардың қатысуымен болып өтті.
Онда негізінен инженерлер мен техниктерден құралған 53 адам сотталды. Бұлар 1923 жылы Парижде құрылған “Ресейдің оңтүстігіндегі тау-кен өнеркәсіп иелері съезінің кеңесі” және “Донбасс тау-кен кәсіпорындарының бұрынғы директорлары мен иелерінің Поьшадағы бірлестігі” тәрізді шетелдік ұйымдардың басшылығымен Кеңес үкіметіне қарсы “зиянкестік” жұмыстарымен айналысты” деген айыптауларға ұшырады. Процесс кезінде “зиянкестердің” Харьковте және Мәскеуде бүлдіру әрекетіне басшылық жасайтын арнаулы орталықтары болғаны “анықталды”.///
1928 жылы 13 сәуірде Орталық Комитет пен Орталық Бақылау комиссиясының біріккен Пленумының жұмыстары туралы баяндамасында И. Сталиннің өзі бұл мәселеге арнайы тоқталды. Айыптау мәнін нақты ашатындықтан, бұдан нақтырақ үзінді келтірейік: “Шахталар ісі жөніндегі фактілер, материалдар нені көрсетеді? Фактілердің көрсететіні – шахта ісі бұрын көмір өнеркәсібін иемденген буржуазиялық мамандардың бір бөлігі жасаған экономикалық контрреволюция болып табылады.
Онан соң, фактілердің көрсететіні – бұл мамандар құпия топ болып ұйымдасқаннан кейін, қазір эмиграцияда жүрген бұрынғы қожайындарынан және Батыстағы контрреволюцияшыл антисоветтік капиталистік ұйымдардан зиянкестік жұмыстар жүргізуі үшін ақша алып отырған.
Ақырында фактілердің көрсететіні – буржуазиялық мамандардың бұл тобы Батыстағы капиталистік ұйымдардың нұсқаулары бойынша әрекет істеп, біздің өнеркәсібімізді қиратып отырған”.///
И. Сталин осылай “шахта процесінің” мәнін “ашып” берді.
Ең қауіптісі бұл емес, осы “талдаудан” жасалған сталиндік жалпы қорытынды болды. “Бізде ішкі жаулар бар, — деді онан арі И. Сталин, — Бізде сыртқы жаулар бар. Мұны бір минутта ұмытуға болмайды, жолдастар…
Шахта ісінің өзі халықаралық капиталдың және оның біздің елдегі агенттерінің Совет өкіметіне қарсы жаңадан жасаған аттанысы болып табылады. Бұл – біздің ішкі істеріміздегі экономикалық интервенция.
Бұл аттаныстар және бұл сияқты басқа да аттаныстар ішкі салада болсын, сыртқы салада болсын, қайталануы мүмкін, сірә, қайталанатын да шығар. Біздің міндет – қырағылықты барынша күшейтіп, сақ болу керек, ал егер, жолдастар, біз сақ болсақ, өз жауларымызды мүлтіксіз қирататын боламыз, оларды қазір қалай қиратқан болсақ, келешекте де солай қиратып отырамыз”.///
Қоғам ішінен үздіксіз жаулар іздеуді мақсат еткен мұндай біржақты көзқарас баспасөз бетінде жаңа науқанды бастап берді. Әдеттегідей, бұл туралы алғашқы болып “Правда” газеті өзінің “Классовый процесс” деген атпен берілген бас мақаласында үн көтерді. ///
Бұл газет науқан біртіндеп адамдарды қоғам ішінен ғана емес, әрбәр жанұя ішінен де “өз жауларын” іздеуге жұмылдырып, мақалалар топтамаларын шығара бастады. Соның жантүршігерлік бір көрінісі – “шахта процесінде” айыпталғандардың бірінің 12 жасар баласының өз әкесін атып тастауын өтініп, газет бетінде өтініш жасауы еді./// Мұның өзі таптық көзқарасты қандастық, туыстық сезімнен жоғары қоятын Павлик Морозов тәрізді жаңа, қасаң коммунистік идеологиямен уланған жас ұрпақты тәрбиелеуге алғашқы идеологиялық негіздер қалана бастағанының белгісі еді.
Мамандар мен ғалымдарға, яғни ресми сталиндік басшылыққа кейбір мәселелерде балама бағыт ұстанған, еркін ойлы интеллигенция өкілдеріне қарсы күрестің алғашқы қорытндысы болған “шахта процесіндегі” айыптау үкімін КСРО Жоғарғы Соты 1928 жылдың 6 шілдесінде шығарды. Ол бойынша 5 адам (Н.Н Горлецкий, Н.К. Кржижановский, В.Я. Юсевич, С.З. Будный және Н.А. Бояринов) ату жазасына, 40 адам 1 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалуға, 4 адам шартты түрде жазалауға кесілді. ///
БК(б)П-ның 1928 жылы 4-12 шілде аралығында болып өткен Пленумы бүкіл елде мамандар дайындауда қырағылықты күшейте түсуге кеңес адамдарын шақырып, өндіріс орындарында социализмге берілген мамандарды ғана қалдырып, “зиянкестік” атаулыдан арылуды талап етті.
Көп кешікпей-ақ, “шахта процесінің” үлгісімен маман-кадрларды және ғалымдарды екі топқа бөліп, контрреволюциялық “Өнеркәсіп партиясын” және “Еңбекші шаруалар партиясын”, сондай-ақ меньшевиктік “Одақтық бюро” ұйымын ұйымдастырды деген айыппен 1928-1931 жылдар аралығынды жаппай тұтқындау басталды. Оларға тағылған күнә қандай біржақты қатал болса, жазалау да сондай мейірімсіз болды. Мысалы, 1930 жылдың 25 қарашасы мен 7 желтоқсаны аралығында “Өнеркәсіп партиясы” басшыларына арналған сот процесінде өздерінің “күнәларын” мойындаған 8 адамның 5-і КСРО Жоғарғы Сотының үкімімен ату жазасына, қалғандары 10 жылға бас еріктерінен айырылуға кесілді. Бірақ, кейіннен КСРО БОАК-ның Төралқасы сотталғандар өтініштерін ескеріп, оларды өлім жазасынан құтқарды және соттау мерзімдерін қысқартты. ///
Белгілі экономист-ғалымдар А. Чаянов пен В. Кондратьев басқарды делінетін “Еңбекші шаруалар партиясын” соттау да осы жобамен жүрді. Бірақ, әртүрлі себептермен бұл партияға ашық сот процесі ұйымидастырылмай қалды. Бұларды негізінен “Кулактардың көмегімен кеңес өкіметін құлатуды көздеді” деп кінәлады. Айыпталушылар өлім жазасынан 30-жылдар басында құтылғандарымен, келесі 1936-1938 жылдарды бұлар қайта айыпталып, бұл жолы сталиндік ажал құрығынан құтылмады. Олардың кейбіреулері тіптен жергілікті жерлерден Мәскеуге арнайы алдырылып, сонда атылды.
Ең сорақы нәрсе, жоғарыда аталған “контрреволюциялық” ұйымдарға байланысты процестер жергілікті жерлерден олардың бөлімдерін және бастауыш ұяларын іздестіруге ұласты. Көп жағдай бұл ұлттық бояуға ие болды. Осының нәтижесінде көп ұзамай-ақ, Татар және Башқұрт жерінде астыртын жұмыс жасайтын “Шаруалар иттифагі” деп аталатын кулактардың “террористік” тобы “әшкереленді”. ОГПУ бұл ұйымның теориялық басшыларын іздестіру барысында 1932 жылдың желтоқсанында Мәскеуде, Қазанда және Уфада жаппай тұтқынға алу жүргізді және барлығы 58 адам ұсталды.
Дегенмен де, әртүрлі себептермен атышулы сот процесін ұйымдастыру мүмкін болмай, ОГПУ коллегиясы 1933 жылдың мамыр айында “Шаруалар иттифагін” ұйымдастырушыларға үкім шығарды. Олардан 5 адам ату жазасына, ал қалғандары әртүрлі мерзімге тұтқында болуға кесілді. ///
“Еңбекші шаруалар партиясының” жергілікті ұйымдарын іздестіруден Қазақстан да тыс қала қойған жоқ. ОГПУ Алматыда да “Қазақ шаруалары партиясының” жұмыс жасағанын 1932 жылы көктемде “анықтады”. Оның мүшелері ретінде Тоқтыбаев Кәрім, Мұстамбаев Ыдырыс, Барлыбаев Ахмедулла, Ақжанов Құсайын, Тоқжігітов Шаймерден және осы кезде Ташкентте жүрген Әуезов Мұхтар, Ысқоқов Данияр, Ермеков Әлімхан және т.б. айыпталды. Енді осы республикалық “контрреволюциялық ұйымның” облыстық және аудандық деңгейдегі бөлімдерін іздестіру істері қолға алынды. Семейде “Орта шаруалар партиясы” деп аталатын осы ұйымның бір бөлімі “ашылып”, оның құрамына енетін Дүйсенбин Сыздық, Василий Иванов, Попов, Ильинский, Күзембаев, Торайғыров Шаймерден, Қабылбеков Хафиз, Жаналин Нұрке, Көркембаев Тоқжан, Әлин Ішмұхамед, Есенқұлов Құман, Дүйсенбаев Кәрім тәрізді адамдар айыпталды.
Мұнан ары осы партияның аудандық бөлімдерін басқаратын адамдарды іздестіру басталып, нәтижесінде Қызылтаң ауданынан Майтанов Камин, Қарқаралыдан Тұрғамбаеы Манан, Әнісбеков Ишан, Қозыбағаров Ахметжан, Аймауытов Жүсіпбек, Абыралы мен Шұбартау аудандарынан Тайсарин Бейсембай, Шыңғыстау ауданынан Құдайбердин Шәкәрім, Молдабаев Мұсатай және оның балалары Көпжан мен Манап жергілікті ұялар басшылары ретінде қудаланды. ///
Сталиндік басшылыққа ұнамайтындарды арнайы сот процестерінде айыптау тәжірибесі, әсіресе, 1934 жылы Ленинградтағы С.М. Кировқа жасалған қастандықтан кейін белсенді көрінді. Солардың ішінде “Мәскеу процестері” деген атпен белгілі болған сот процестері қоғам өмірінде өзінің ауыр іздерін қалдырып кетті.
Бұлардың алғашқысы 1936 жылы 19-23 тамызда әскери судья Ульрихтың төрағалық етуімен болып өткен Зиновьев-Каменев процесі еді. Онда троцкийшілдер мен Зиновьев-Камене тобының 1932 жылдың соңынан бастап келісімдер жүргізу нәтижесінде ымыраға келіп, біріккен одақ жасағаны, осылайша пайда болған біріккен орталыққа Зиновьевшілдерден – Зиновьевтің, Каменевтің, Бакаевтің, Евдокимовтың, Куклиннің, ал троцкийшілдерден – Смирновтың, Мрачковскийдің және Тер-Ваганянның енгені және бұл орталықтың БК(б)П басшыларын, алғашқы кезде Сталинді жіне Кировты өлтіруді өздеріне басты міндет етіп қойғандары “әшкереленді”.
Процесс басталар қарсаңында, 1936 жылдың 29 шілдесінде осы мәселеге байланысты төменгі партия комитеттеріне БК(б)П Орталық Комитеті жолдаған жабық хатқа И. Сталин өз қолымен мынадай жолдар жазған: “Бірақ троцкистік-зиновьевтік орталық тек жолдас Сиалинді өлтіруді үйымдастыркмен ғана шектеліп қойған жоқ, ол басқа партия басшыларын – Ворошиловты, Кагановичті, Орджоникидзені, Ждановты, Косиорды, Постышевті бір мезгілде өлтіруді өзінің міндеті етіп қойды”.
Прцестің алдында-ақ күштеу және қысым жасау жолымен сағы сындырылған “террористік орталық” мүшелері өздерінің “күнәларын” бас шұлғып мойындады. “Мен, — деді Зиновьев, — шындығынды да 1932 жылы ұйымдастырылған біріккен троцкистік-зиновьевтік орталықтың мүшесі болдым”;
“Троцкистік және зиновьевтік контрреволюциялық ұйымдарды біріктіру туралы троцкистермен келісімдерді, — деді, Л. Каменев, — біз ақырына дейін, яғни БК(б)П басшыларына қарсы террорға дейін жүргіздік”;
“Террорлық әрекетті дайындаудың барынша жеделдетілуі қажеттігін, — деді Н. Моторин, — және Кировтың қысқа қарай өлтірілуі керектігін Зиновьев маған атап көрсетті”;
“Маған Сталин жолдасты Мәскеуде өлтіруді ұйымдастыруды Зиновьевтің арнайы тапсырғанын мен мойындаймын, — деді Бакаев”. ///
Әрине, ашық процесте, шетел журналистерінің көз алдында өздерінің “қылмыстарын” бірден және бұлтақсыз “мойындауы” ең алдымен қарапайым большевиктердің, онан соң халық бұқарасының Сталиннің саяси қарсыластарына деген ашу-ызасын туғызды. Ал И. Сталинге әзірге ең керегі де осы еді. Осылайша Зиновьев, Каменев және олардың 14 “сыбайластары” бұрын “құлақ естіп, көз көрмеген” жантүршігерлік қылмысқа айыпталып кете барды.
Барлық “басты айыпкелер” өлім жазасына кесілді және үкім бірнеше күннен кейін жүзеге асырылды. Айыпталушылардың қастандық ұйымдастырушылар ретінде ғана кінәлап қоймай, оларды шетел барлау орындарына қызмет етушілер және шпиондар ретінде кінәлау да орны алғанын айта кеткен жөн.
Кейінірек, 1938 жылы шетелге қашып шыққан, кезінде осы істі тексеріге қатысқан, НКВД қызметкері Г.С. Люшков бұл сот процесінің қолдан ұйымдастырылғанын, жалған деректерге құрылғаныны атап көрсетті. Ал енді, сотта айыпталушылардың өздерінің “кінәларын” мойындауларына келер болсақ, олардың басшысы Г.В. Зиновьевтің түрмеден Сталинге жазған хаттарынан, оның террорлық әрекетке, шпионажға қатысы жоқ екендігі аңғарылады. Сонымен бірге, бұл хаттар сотталушылардың жазалаудан әбден діңкелеп, кез-келген “айыпты” мойындауға дайын күйге түскенін көрсетеді. “…За эти месяцы, — деп жазады Г.Е. Зиновьев түрмеден 1935 жылы 6 мамырда И. Сталинге, — я состарился на 20 лет. Силы на исходе. …Помогите. Поверьте. Не дайте умереть в тюрьме. Не дайте сойти с ума в одиночном заключении”.
Қаныпезер де қатыгез И. Сталинді біле тұра, процестің қарсаңында 1936 жылы 12 шілдедегі келесі бір хатында Г.Е. Зиновьев оған тағы да өтініш жасап, әсіресе жалғыз ұлына бас-көз болып, көмектесуді қайта-қайта өтінеді.///
Келесі атышулы ашық Мәскеу процесі 1937 жылдың 23-30 қаңтарында болып, “параллельді антисоветтік троцкистік орталық” дегеннің ісін қарап, 17 адамды сотқа тартты. Бұлардың ішінде Г.Я. Сокольников, К.Б. радек, Л.Ю. Пятаков, Л.П. Серебряков тәрізді, кезінде 20-шы жылдары Л.Я. Троцкийді жақтап, оппозициялық күреске катысқан кісілер де болды. Бірақ, партияның XV съезінен кейін бұлардың бәрі мұндай күрестен мүлде бас тартып, партияға қайта мүше болып, жауапты жұмыстар атқарған еді.
Ешқандай кінәлары болмаса да, оларды 1933 жылдан бастап, Троцкийдің басшылығымен КСРО-да кеңестік билікті құлатуды көздеген, осы мақсатпен зиянкестік-бүлдірушілік, шпиондық және террорлық қызметті жандандырған “орталық” құрды деп айыптады. Ең қауіптісі сол, бұл “троцкистік орталықтың” жергілікті жерлерде, КСРО-ның ірі қалаларында жергілікті органдарының белсенді жұмыстары тергеу және сотпроцесі барысында “әшкереленді”. Мұның өзі Қазақстанда да осы мәселе бойынша көптеген адамдарды айыптауға негіз жасады.
1937 жылы жазда “әскерилер ісі” деген атпен дүниежүзілік баспасөзді Қызыл Армия басшыларын соттаған сот процестері шулатты. М.Н. Тухачевский, И.Э. Якир, И.П. Уборевич және басқа да ірі әскербасылары Қызыл Армияда “антисоветтік торцкистік әскери ұйым құрды” және “Германияның барлау орындарының қаржыландыруымен жұмыс жасады” деген айыпқа ұшырады.
Мұндай “ұйымның” әрекетін сол кезде Қазақстанда жұмыс жасаған Қарағанды-Балқаш теміржол құрылысы бастығы С.Б. Мрачковский, Оңтүстік Қазақстан мақта басқармасының бастығы И.И. Рейнгольд және тағы басқалары НКВД-ға берген жауаптарында “дәлелдей” түскен.
Елде кең қанат жайған әскерилерді соттау нәтижелері төмендегідей: БК(б)П Орталық Комитетіне XVII партия съезінде мүше болып сайланған 9 қызметкердің 7-уі, Кеңестердің VII Бүкілодақ съезінде КСРО ОАК-нің мүшелігіне сайланған 36 көрнекті командирлер мен әскери саяси қайраткерлердің 30-ы, КСРО Қорғаныс халық комиссариаты жанындағы Әскери Кеңестің 108 мүшесінің 98-і, 1937-38 жылдары халық жаулары, “әскери қастандық
Ұйымдастыруға қатысушылар ретінде кінәланып айыпталды. Қорғаныс Халық Комиссары К.Е. Ворошиловтың мәліметіне қарағанда, армияда осы жылдары 4 мыңнан астам әскери қызметкерлердің көзі жоғарыдағыдай айыппен жойылған. ////
Әскери процесс нәтижесінде КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясы 408 әскери қызметкерлердің 401-ін ату жазасына кесіп, 7-ін әртүрлі мерзімге еңбек-түзету лагерьлеріне соттап жіберді. ///
Мәскеу процестерін 1938 жылдың 2-13 наурызында болып өткен “антисоветтік оңшыл троцкистік блокты” айыптау соты аяқтады.
Мәскеу процестері 1937 жылы Қазақстанда да “халық жауларына” арналған сот процестерін ұйымдастыруға түрткі болды. Олар – Қарағандыда, Үржарда және Солтүстік Қазақстанның Преснов ауданында болған сот процестері. Бұларды ңішіндегі республика деңгейіндегі партия, кеңес қызметкерлеріне айып таққан ең ірісі – Қарағандыда 1937 жылы қарашада өткен сот процесі болды. Онда А. Асылбеков, Н. Нұрсейітов және М. Гатаулин тәрізді Қарағанды облысының басшылары өздерінің “Мәскеудегі “троцкистік орталықпен” қалай байланыс орнатып, олардың тапсырмасын Қазақстанда қалай жүзеге асырғандарын” әңгімеледі. Мысалы, А. Асылбеков өзінің соттағы көрсетулерінде Мәскеуде қызмет ететін Н. Нұрмақовтың пәтерінде болған кездесуде соңғының өзіне тапсырмалар беріп, “партиялық және кеңестік аппаратқа Кеңес өкіметімен күрес жүргізуге дайын, сыннан өткен ұлтшылдарды тарты, оларды Кеңеске қарсы ұйымдарға тарту керектігін, Қазақстандағы колхоздарды және совхоздарды толық талқандауға және бүлдіруге бағытталған зиянкестік жұмыстарды кеңінен жүргізу қажеттігін” атап көрсеткенін айтты.
Сондай-ақ, осы сот процесінде дәл осындай “тапсырмаларды” Қарағандылық басшылардың Сәкен Сейфуллиннен және Жанайдар Сәдуақасовтан алғандары да айтылды.
Осындай “қаскүнем” мақсатты көздеген олар, Гатаулиннің соттағы “мойындауынша”, 1934 жылы Қарқаралы округі жаңадан ұйымдастырылғанда жауапты жұмыстаға “алашордашылардың қазақ ұлтшыл-фашистерін”, ал Асылбековтың “мойындауынша”, ұлтшыл көңіл-күйдегілерді алған және орналастырған.///
Дәл осындай жұмыстар Ұ.Ж. Құлымбетов пен О.Қ. Жандосовтан арнайы нұсқаулар алған Үржар ауданында да жүргізілген. Жергілікті аудандық деңгейдегі басшылар Матжанов, Мадалиев, бекебаев осындай контрреволюциялық-троцкистік ұйым “құрып”, оған аудандағы колхоз басқармалары төрағаларын, ауылдық кеңес төрағалары Ғайсинді, Құлжабаевты, Жүнісовты, Ыдыросовты, Қалышевті, Батқаловты тартқан. Ал, Солтүстік Қазақстанның Преснов ауданындағы осындай ұйым жұмысына Конюхов және Қанаровтар “жетекшілік” жасаған.
“Жапон-герман фашизмі асырандылары” деген сипаттама алған бұл сот процестерінде айыпталушылардың өздері “мойындаған” қылмыстары төмендегідей: олар саналы түрде колхоздарды таратқан, адал адамдарға қарсы қастандықтар ұйымдастырып, оларды тұтқындаған, ұрып-соққан. Колхоздардың мал фермаларын таратып, олардағы малдарды жекешелерге үлестірген. Дамудың капиталистік жолына түсуге шақырған. Егіншілікті күйреткен…. Сонымен қатар, олар колхозшылардын материалдық көмектер жинап, қасақана оларды қанаған.
Осынау ішкі істер органдары ойдан шығарған “жантүршігерлік қылмыстар” сот процестерінде “нақты деректермен” бекітілген. Мысалы, жоғарыдағыдай “жүгенсіздік” нәтижесінде, 1935-1936 жылдары Қарқаралы округінде 52.000 бас мал жойылып, ал тек 1936 жылдары Қарқаралы және Қоңытар аудандарында 7.000-дай мал эпизоотиядан қырылған.
Ал Преснов ауданындағы процесс осындай қаскүнемдік нәтижесінде тек бір ғана “Путь к коммунизму” колхозында 70 бас жұмыс жылқысының 58 басы қырылғанын атап көрсетті. Сондай-ақ, Қарқаралы округінде 1936 жылы елден 400 мың сом салықтың заңсыз жиналғаны, машина, тракторлардың әдейі зиянкестікпен қиратылғаны әңгіме болды. Куәлардың айтуынша, “Асылбековтың бандасы” ТОЗ-дарды артельдерге көшіруді әдейі кешіктірген.///
Айыптыларды “әшкерелеуді” халық жауы болып кеткен Л.И. Мирзоянның орнына бірінші хатшы болған, бұрынғы екінші хатшы Н. Скворцов Қазақстан ҚК(б)П-ның екінші съезіндегі есепті баяндамасында қорытындылады. “Сіздер, — деді ол делегаттарға, — Мирзоян бастаған, Қазақстанда өмір сүрген оңшыл-троцкистік және ұлтшыл-фашистік ұйымның өзінің контрреволюциялық жұмысына көптеген жетекші партия қызметкерлерін, оның ішінде обкомдарыдың, аудандық комитеттердің бірқатар хатшыларын, сондай-ақ обкомдар және ҚК(б)П ОК аппараттары қызметкерлерін тартқандарын білесіздер. Бұл бандыларды талқандауды, әшкерелеуді біздің жұмыстағы үлкен табыс ретінде бағаламауға болмайды”.///
Тағдыр тәлкегін қойсаңызшы, осының алдында ғана ҚК(б)П I съезінде есепті баяндама жасаған Л.И. Мирзоянның өзі Сұлтанбеков, Қаратілеуов, Кенжин, Гатаулин, Асылбековті жіне т.б. халық жаулары ретінде “әшкерелеген” еді. /// Енді сол кебінді өзі киді.
Бүгінгі қайраткерді ертеңгі күні-ақ халық жауына айналдырған сталиндік сот процестерінің қасіретті көріністері осындай еді.
Топтап жазалаудың нақты көрінісі – 1936 және 1938 жылдар ішінде Қазақстан партия ұйымынан 25.833 адамның партиядан шығарылуы және олардың 8544-нің “халық жаулары” немесе халық жауларының сыбайластары “кулактар, ақ гвардияшылар” және т.б. әлеуметтік-бөтен элементтнр ретінде айыпталуы еді. ///
Бұларға қосымша тек 1937 жылдың 25 ақпаны мен 8 наурызы аралығында ғана республикалық және облыстық партия-кеңес органдарының 500 бірінші басшыларының атылғанын айта кеткен жөн. ///
Қысқаша алғанда 30-шы жылдардың екінші жартысындағы жазалау көлемі осындай болды.
Енді, Қазақстандағы интеллигенция өкілдеріне қарсы бағытталған қуғын-сүргіннің 1948-1953 жылдардағы үшінші толқынына тоқталып кетейік.
Сталиннің соғыстан кейінгі кезеңдегі негізгі соққысының интеллигенцияға қарсы бағытталғаны белгілі. Қоғамдағы қалыптасқан қатал тәртіпті, сталиндік жүйені жаңарту немесе өзгерту әрекеттері зиялылар ортасында ірге тебуі мүмкіндігін сол жылдардағы Кеңес өкіметі басшылары жақсы түсінді. Өмірдегі келеңсіз құбылыстарға терең ой жүгіртіп, оны шынайы таразылай алатын, кез-келген оқиғаға сын көзбен қарайтын да осы интеллигенция еді. Осыны ескерген сталиндік басшылық, біздің ойымызша, өзінің алдына екі түрлі мақсат қойды. Оның алғашқысы – идеологиялық қысымға төтеп бере алмай, ықпалға оңай берілетін ғалымдардың, жазушылардың, публицистердің және халықтың қалың тобын рухани және саяси тұрғыдан “өңдеуді” күшейте түсу, екіншіден, басқаша ойлайтындарға қарсы ашықтан-ашық жазалау және қуғын-сүргін науқанын ұйымдастыру.
Қазақстан да бұл науқаннан қалыс қала қойған жоқ. Өз кезегінде республика партия ұйымының басшысы Ж. Шаяхметов аталмыш мәселеге ерекше назар аударды. “Соңғы жылдарда, — деді ол өзінің Орталық Комитетінің VIII пленумында 1951 жылы 17 қазанда жасаған баяндамасында, — қазіргі тақырыпта жазылған бірқатар пьесалардың авторлары совет адамдарын дөрекі, мәдениеті кем, моральдық бейнесі төмен адамдар етіп суреттейді.Мұның өзі советтік тұрмысты өрескел бұрмалағандық болып табылады.
Соңғы жылдары бізде қазіргі тақырыпқа бірде-бір опера жазылған жоқ. Республикалық опера театры әзірге халықтың тарихы туралы музыкалық спектакльдер қоюмен ғана келеді. “Қыз Жібек”, “Ер Тарғын” сияқты бұрынғы дәуір туралы опералық шығарманы алатын болсақ, бұл шығармаларда біраз кемшіліктер және тарихи шындықты бұрмалаушылықтар бар және олар мықты өңдеуді керек етеді”. ///
Осыдан соң қазіргі тақырыпқа пьеса жазбайтындар сынға алына бастады. Олардың қатарына М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов қойылды. Жоғарыда аталған пьесалармен қатар “Қобыланды”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Ақан сері – Ақтоты” пьесаларынан идеялық кемшілік іздеп, оларды түбірінен қайта өңдеу қажеттігі айтыла бастады.
Ал, енді қазақ музыкасы туралы мәселеге келсек, Ж. Шаяхметов Қазақстан Компартиясының V съезінде композитор А. Жұбановты жазықсыз айыптады. Оның халықтық дәстүрден бастау алған кемел шығармаларын республика басшысы түкке тұрмайтын, буржуазияшыл-ұлтшыл бағытта жазылған туындыдар қатарына жатқызды. Ахмет Жұбановқа қарсы науқан осы съезден бұрын-ақ басталған еді. Бұған дейін оны Алматының Сталин аудандық партия комитеті партиядан шығарды, консерватория директорлығынан, Композиторлар Одағына мүшеліктен босатты. Оның еңбектері – “Қазақ композиторларының өмірлері мен творчестволары”, “Қазақ халқының музыка мәдениеті”, “Орталық Қазақстанның музыка өнері” феодалдық-байшылдық дәстүрлерді дәріптейтін шығармалар қатарына жатқызылды.
Тағы бір айта кететін нәрсе, 1946 жылы 26 тамызда БК(б)П Орталық Комитеті “Драмалық театрлар репертуары және оны жақсарту шаралары туралы” қаулы қабылдады. Онда кейбір орын алған “қателіктер” атап көрсетіліп, қазақстандық Ә. Тәжібаевтың “Біз қазақпыз” деген шығармасы саяси тұрғыдан қате пьеса ретінде сынға алынды. Авторға өткенді көксеуші, қазақ халқының тарихын бұрмалаушы, хандар мен феодалдар өмірін марапаттаушы деген жала жабылды.
Буржуазиялық-ұлтшылдыққа айыптау науқаны, әсіресе, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы “Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы” қаулысынан соң кең өрістеді. Онда Базар, Мұрат, Шортанбай, Шәңгерей, Ә. Қарашев, С. Торайғыров тәрізді Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ әдебиетінің өкілдерінің мұралары буржуазиялық-ұлтшылдық, феодалдық-реакциялық сарындағы шығармалар ретінде сипатталды. Сонымен қатар, халық ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларын зерттеуші кейбір ғалымдар да қуғындала бастады. Енді космополитизм мен буржуазиялық-ұлтшылдық бір медальдың екі беті ретінде сынға алынатын болды.
Осы ахуалды Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1948 жылы тамызда қабылданған “Қазақ совет әдебиетінің жағдайы және онан әрі дамыту туралы” шешімі ауырлата түсті.
Алғаш Алматыда болған идеология қызметкерлерінің қалалық жиналысы, онан соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің IV съезі Қазақстан шекаралық республика болғандықтан, қырағылықты күшейте түсуге, буржуазиялық-ұлтшыл, шовинистік жау элементтерді дер кезінде әшкерелеуге, байлардан және феодалдардан қалған қалдықтарға қарсы күресуге шақырды.
Осы бағыттағы Мәскеуден жасалған қысымға, тіптен, кезінде замандастары білімділігі, әдептілігі және мәдениеттілігі үшін аса құрметтеген республика партия ұйымы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ілияс Омаровтың өзі төтеп бере алмай, аталмыш жиында негізгі айыптаушы Ж. Шаяхметов құптап сөйледі. “Панисламизмді, буржуазиялық-ұлтшылдықты және феодалдық-байшыл қалдықтарды” әшкерелей келіп, ол: “Батыстың ықпалы бізге Шығыстың алқызыл халатын киіп келуі мүмкін екенін ұмытпауымыз керек”, — деп Таяу Шығыста болып жатқан “империалистік тіміскі әркеттерден” жұртты сақтандырды.
Қазақстан Компартиясының осы съезінен кейін 1949 жылғы 17 наурызда Б. Кенжебаевты, Т. Нұртазинді, Ә. Қоңыратбаевты, Е. Ысмайловты айыптаған Қазақстан Жазушылар Одағының партия жиналысы болды. Онда С. Омаров, Ж. Саин, С. Мұқанов жоғарыда аталғанк ісілерді ұлтшылдар ретінде айыптауда белсенділік көрсетті. Сондай-ақ айыпталушылар қатарында Т. Ахтанов, Д. Әбілев, М. Ақынжанов, С. Адамбеков, Т. Жароков және басқалар да болды. Бұл кісілер ол кезде, әрине, өздеріне берілген партиялық тапсырманы орындаған еді.
Осылайша өзара сынды өрістете тұрса да, Жазушылар одағының төрағасы С. Мұқанов жоғары жаққа бәрібір жақпады. Оны Ж. Шаяхметовтың республика партия ұйымы Орталық Комитетінің VIII съезінде сөлеген сөзінен байқауға болады. Мұнда ол былай деді: “…Жазушылар Одағының президиумы, оның председателі Мұқанов жолдас жазушылар ортасында большевиктік сын мен өзара сынды басқармай отыр. Жазушылар Одағында принципті творчествалық сын мен өзара сынның орнына тамыр-таныстық қатынастар, қателіктер мен кемшіліктерді бүркеу орнаған”.///
Жазушылардың біраз шығармаларының “халықтар достығын теріс баяндап, өрескел қателіктерге жол берілетіндігі” де атап көрсетілумен болды. Мысалы, Қ. Әбдіқадыровтың мақта өсіруші, атақты звеношы Рыскүл Мақатоваға арналған “Келес қызы”деген повесінің “қазақтар мен өзбектердің достық қатынасын өрескел бұрмалап көрсететіндігі”, С. Мұқановтың “Сырдария” романының “социалистік реализмнен ауытқықандығы”, Қ. Аманжоловтың “Дауыл” деген өлеңдер жинағының “қайдағы бір ежелден келе жатқан, жападан-жалғыз Қазақстанды жырлауы”, Ә. Тәжібаевтың “Жас қазақ” деген өлеңіндегі “елелі ұлтшылдық қателіктер”, Қ. Бекхожиннің “Мәриям Жагорқызы” поэмасындағы “тарихи шындықты өрескел бұрмалайтын қателер”, С. Бегалиннің “Көксегеннің көргендері” әңгімесіндегі “Колхозды елеусіз, артта қалған етіп суреттеуі”, Ә. Әбішевтің “Сахар әулеті” романының “басшы партия кадрлары бейнесін бұрмалап көрсетуі” өткір сынға алынды.///
Кейбір әдебиетшілер “қазақ халқына жат “батырлар”, Алтынорда хандары және Ноғайлы кезеңдердегі адамдар болып табылатын дастандарды дәріптеушілер” ретінде айыпталды. Бұған мұрындық болған жоғарыдағы Тіл және әдебиет институты туралы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысы ғана емес, 1944 жылы БК(б)П Орталық Комитеті қабылдаған Татар облыстық партия комитетінің жұмысы туралы қаулы да еді. Осы соңғы құжат Едіге туралы дастанды феодалдық-хандық Алтынорданы дәріптеуші шығарма ретінде қаралады. Сондай-ақ, ноғайлы жырларына жататын “Ер Сайын”, “Қарасай-Қази”, “Орақ-Мамай”, “Қазтуған батыр” тәрізді халықтық эпос үлгілері де осылайша өткір сынға алынды. “Ер Сайын” “соғысты, тонауды дәріптеуші, халыққа жат, реакциялық” шығарма ретінде сипатталса, “Шора батыр” жыры “қанқұмарлықты, жыртқыштық пен қатігездікті”, ал “Қобыланды батыр” “басқа халыққа жаулықты, панисламизм идеясын насихаттаушы” шығармалар ретінде айыпталды.
Кезінде 1940 жылы Л. Соболевтің редакциясымен “Дала әндері” деген жинаққа осындай жырлар кіріп, жарық көрген еді. Ал оған М. Әуезов “Қазақ эпосы және революцияға дейінгі фольклор” деп аталатын беташар мақала жазған болатын. Бұл мақала да енді жөнсіз айыпталды. Мұхаңның осындағы “… Богатырь – это носитель концентрированный в одном образе мощи коллектива, олицетворение своего рода…” деген пікірі партиялық аппарат чиновниктеріне мүлде ұнамады. ///
1948 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты “Қазақ әдебиеті тарихының” 1-ші томын жарыққа шығарды. Оның бір бөлімін жазған Қ. Жұмалиевтің: “Қобыланды батыр” патриотизмге, халықты сүюге шақыратын шығарма”, — деп пікір айтуы оны буржуазияшыл-ұлтшылдар қатарына қосты да жіберді. Ал, Ә. Марғұлан болса өзінің докторлық диссертациясында “моңғол басқыншылығы кезіндегі эпикалық поэмалардың реакциялық мәнін дәріптеуші” ретінде айыпталды. Әсіресе, ғалымның осы кезеңді Қазақстан тарихындағы “алтын ғасыр” деп бағалауы ресми орындарға тіптен де ұнамады. Академик А. Орлов өзінің “Казахский героический эпос” деген шығармасында Алтын орда хандары Едіге мен Тоқтамысқа “сүйсінгені” және “қанқұмар қатал Шора батырды, Ер Сайынды, Қобыландыны көтермелегені” үшін жақпай қалды. Тіптен Шығыс тарихының ғұлама білгірі академик В. Бартольд шығармалары да “зиянды” еңбектер қатарына жатқызылды.
Бұл кезеңде, сондай-ақ, Кеңес Одағының Батыры М. Ғабдуллин де өткір сыннан тыс қалмады. Оны өзінің “Қобыланды батыр” жырын зерттеуге арналған кандидаттық диссертациясында М. Әуезовтың, Қ. Жұмалиевтің және Ә. Марғұланның пікірін қолдағаны үшін айыптады.
Қазақ интеллигенциясын қуғындауда Кенесары Қасымұлының көтерілісі төңірегіндегі айтыстар үлкен роль атқарды. Сәл шегініс жасап айта кеткен жөн, жалпы Кенесарыға көзқарас ұзақ жылдар бойы қайшылықты болып келді. 1939 жылы “Большевик Казахстана” журналы Кенесары қозғалысын реакциялық қозғалыс деп жариялаған болатын. Бірақ соғыстың басталуына байланысты Қазақстан басшылығы өзінің көзқарасын өзгертті. 1944 жылы маусымның 18-інде “Социалистік Қазақстан” газеті Ұлы Отан соғысына аттанып бара жатқан жауынгерлерге арналған Ж. Шаяхметовтың мақаласын басты. Онда республика басшысы қызыл әскерлерге үлгі ретінде халық батырларын атай келе, олардың қатарында Кенесары мен Наурызбайды да ауызға алды. Солай болса да, кейіннен біз әңгімелеп отырған кезеңде ұлтшылдықты айыптау науқаны өрістегенде республика басшысы өз пікірінен тайып кетті. “Мен, — деп атап көрсетті 1951 жылы 17 қазанда болған республика Компартиясының пленумында Ж. Шаяхметов, — 1944 жылы Аманкелді Имановтың қайтыс болуына 25 жыл толуына арналған “Социалистік Қазақстан” газетінде жариялаған мақаламда елеулі саяси қате жібердім. Қазақ жауынгерлерін неміс-фашистерге қарсы күресуге шақыра отырып, мен оларды өздерінің даңқты бабаларына лайықты болуға үндедім, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, Амангелдінің есімдерімен қатар Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың аттарын да атадым. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясында 1944 жылғы апрельде жасалған баяндамасында Оңдасынов жолдас та осындай қате жіберді”. ///
Ж. Шаяхметовты мұндай “қателікке” ұрындырған, біздің ойымызша, И. Сталиннің орыс батырларын құрметтеген 1941 жылғы 7 қарашадағы әскери парадтағы сөзі және Невский, Суворов, Ушаков, Нахимов, Хмельницкий атындағы ордендер тағайындауы болды. ///
1943 жылы маусым айында “Қазақ ССР тарихы” жарық көрді. Оны дайындауға соғыс жағдайында Алматыға қоныс аударған А.М. Панкратова бастаған ресейлік ғалымдар және М. Әуезов, С. Мұқанов, Ә. Мұстафин, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Е. Бекмаханов тәрізді қазақ зиялылары қатысты.
Кітаптың Кенесары қозғалысына байланысты тарауын Е. Бекмаханов жазды. Бұл көтеріліс патшаның отарлау саясатына қарсы бағытталған ұлт азаттық қимыл ретінде бағаланды. /// Бірақ, көп кешікпей-ақ, Орталық партия комитетінің “Татар партия ұйымында бұқаралық-саяси және идеологиялық жұмысты жақсартудың жағдайы және шаралары туралы” (1944ж. 9 тамыз) және “Башкирия партия ұйымындағы үгіт-насихат жұмысының жағдайы және оны жақсарту шаралары туралы” (1945ж. 27 қаңтар) қаулылары буржуазиялық ұлтшылдыққа айыптау науқанының жаңа кезеңін бастап берді. Хан және төре тұқымынан шыққан тарихи тұлғаларды көтермелеушілер енді буржуазиялық ұлтшылдар қатарына жатқызылды. Мұндай көзқарас жоғарыда аталған А. Ждановтың сөзінен және 1947 жылы қабылданған Тіл және әдебиет институтының жұмысы туралы қазақстандық қаулыдан соң тіптен орныға түсті. Мұндайда Кенесары тілге тиек болды. 1949 жылы наурызда Жазушылар одағының партия жиналысында белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайыловқа “Кенесарыны дәріптеуші” деген кінә тағылды. “Ол жалған ақындарға Кенесарыны жырлауды тапсырды, ал бұл жыр әдейі жазылып алынып, өткен ғасыр фольклоры ретінде ұсынылды”, — деп атап көрсетті сөйлеушілер.
Біраз кейінірек республика бассшысы Ж. Шаяхметов Е. Ысмайыловты “Кенесары Қасымовтың қазақ халқын азат ету жолындағы күресі туралы” (1940 ж.) деген монографиясында және “Қазақ әдебиеті тарихының” 1-томында (1948 ж.) Кенесарыны “ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп дәлелдеуге тырысып, оның қырғыз халқына шабуылын ақтағысы келді” деп, Қ. Бекхожинді “Батыр Науан” атты поэмасында “Кенесарының інісі, қарақшы Наурызбайды халық батыры деп көрсетті”, ал соғыс кезінде “Кенесарыны еске түсіріп, қазақ халқын қан қақсатқан осы қанішер жендеттей” болуға шақырды” деп М. Әуезовты “отызыншы жылдардың өзінде “Хан Кене” деген ұлтшылдық пьесасында, сондай-ақ, 1949 жылғы “Әдебиет және искусство” журналында басылған “Ақындар ағысы” деген жаңа романында да Кенесарын дәріптеді” деп, С. Мұқановты “1923 жылы “Жайлауда” деген поэмасында Кенесары мен Наурызбайды, ал 1942 жылғы “Балуан Шолақ” повесінде Кенесарыны “құрметті батыр” ретінде көтермеледі” деп, Қ. Жұмалиевті 1943 жылғы “Батыр Мәлік” деген мақаласында “Мәлік Ғабдуллиннің батырлығын халықтарды тұншықтырушы Едігенің, реакцияшыл Кенесары ханның және басқаларының қарақшылық зорлықтарынан туғызады”, — деп айыптады.///
Тарихшы Е. Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген “Қазақстан XIX ғасырдың 20-40-жылдарында” деген монографиялық еңбегінде осы тарихшы Кенесарыға қатысты екінші тарауын жазған “Қазақ ССР тарихының” екінші басылуында Кенесарыға байланысты бұрынғы көзқарастың сақталуы жағдайды шиеленістіре түсті. Ақыры осыған байланысты 1950 жылы 26 желтоқсанда “Правда” газетінде Т. Шойынбаевтың, Х. Айдарованың, А. Якуниннің “За марксистко-ленинское освещение вопросов истории Казахстана” деген мақаласы жарық көрді. Е. Бекмахановты тарихты бұрмалаушы ретінде айыптаған бұл мақалада мынадай жолдар бар еді: “Все исторические данные говорят о том, что движение Кенесары не было ни революционным, ни прогрессивным. Это было реакционное движение, которое тянуло казахский народ назад, к укркплению патриархально-феодальных устоев, к реставрации средневековой ханской власти, к отрыву Казахстана от Росии и великого русского народа”. Осыдан соң көп кешікпей-ақ, Е. Бекмахановты жақтаушылардың бәрі дерлік, сонымен қатар Ж. Шаяхметовтың өзі де “қателіктерін” мойындай бастады.
Жоғарыда аталған Қазақстан Компартиясының VIII пленумы, Қазақстан Жастар Одағы Орталық Комитетінің II пленумы және солардан кейін өткен республика коммунистерінің V съезі (1951ж.) 1947-1948 жылдардағы айтыстарды қорытындылады. Нәтижесінде ғалымдарды жаппай қуғындау басталды. Қазақ Мемлекеттік университетінің ректоры Төлеген Тәжібаев Бекмахановты, Сүлейменовты, Бекхожинді және басқаларды қорғаушы ретінде айыпталды. 1951 жылғы 9 желтоқсанда Алматының Фрунзе аудандық партия конференциясы Тәжібаевты талқыға салып, оны аяусыз сілкіледі. Ал конференцияда сөз берілген Тәжібаев болса ендігі әңгіменің мәнсіз екенін түсініп: “Өзімнің қателіктерім туралы аз айтқан жоқпын”, — деп сөз сөйлеуден бас тартты. Конференция оның кандидатурасын Қазақстан Компартиясының алдағы съезіне делегаттыққа ұсынбай тастады.
Сондай-ақ, Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы І. Омаров буржуазиялық ұлтшылдарды әшкерелеуге байланысты жедел шаралар қолданбады, “идеологиялық бұрмалауларды ашпады, бақыламады, сынға ламады”, “Кенесары туралы қате пікірде болды” деген айыптардың астында қалды. Мәселенің мәнісі шындығында төмендегідей еді: 1948 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімі Кенсеары қозғалысының сипатын зерттейтін комиссия құрды. Ол көп кешікпей-ақ, бұл көтерілісті айыптайтын қорытындыға келді. Комиссия материалдары Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы І. Омаровқа тапсырылды. Ол осы материалдар бойынша “жедел шаралар қолданбағаны” және “Қазақ ССР-і тарихының” бірінші басылымында кеткен қателіктерді түзетудің орнына, оның екінші басылымындағы Кенсеарыға байланысты бөлімді тағы да Е. Бекмахановқа тапсырғаны үшін айыпталды. Оның үстіне, І. Омаровтың жоғарыда аталған “Правда” газетіндегі мақаланы талқылаған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мәжілісіндегі және аталған комиссия мәжілісіндегі ұстанған бағыты, “Кенесары күрескен басқару сол уақыттарда прогрессивті мемлекеттік форма болатын, бұл қозғалыстың бұқаралығын ешкім теріске шығарған жоқ”, — деген пікірі Орталық Комитет хатшылары Шаяхметовке де, Круглоақа да, Храмковқа да ұнамады. Бұл кезең тіл білімі саласында зертеу жүргізіп жүрген ғалымдарға оңай тимеді. Оған басты түрткі болған И. Сталиннің “Марксизм және тіл ілімі мәселелері” деген жұмысы еді. Оны тіл білімі саласының ғалымдары сол жылдары “тіл білімін дамытуға дүние жүзінде жаңа кезең ашқан классикалық еңбек” деп, дәріптеп жатты. Ол академик Н.Я. Маррдың “жаңа іліміне қарсы бағытталып”, оны ғылымға жат, тұрпайы теория деп “әшкереледі”.
Маррдың теориясындағы Кавказ тілдерінің семит тілдерімен туыстастығы және тіл шығармашылдығы процесіндегі дүние жүзіндегі барлық тілдердің даму бірлігі туралы қағида марксист-сталиншілдерге ұнамады. ///
Осы мәселеге байланысты Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және Әдебиет институты 1952 жылы 5-9 ақпанда пікірталас өткізіп, оған Орта Азия республикаларын, Башқұртстаннан, Мәскеуден ғалымдар, интеллигенция өкілдері келіп қатысты. Онда Қазақстанның тіл білімі саласындағы ғалымдары Н. Сауранбаев, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Ж. Досқараев өздерінің марристік деп танылған көзқарастарын өздері сынға алып, “қателестік” десті.
Ғылыми интеллигенцияны қуғындауда, әсіресе, биология мен ауылшаруашылығы ғалымдары саласында лысенковшылдықтың кең өрістеуі үлкен роль атқарды. ВАСХНИЛ-дің 1948 жылы тамыз айында БК(б)П Орталық Комитетінің бастамасымен шақырылған сессиясында баяндама жасаған академик Т. Лысенко отандық генетика ғылымының жетістіктерін жоққа шығарып, биология ғылымына өзінің субъективті бағаларын берді. Неміс биологы Вейсман, американ генетигі Морган, австриялық жаратылыстанушы Мендель және басқалар негіздеген тірі организмнің тұқым қуалау қасиеттерінің сыртқы ортаға тәуелділігін жоққа шығарған генетика іліміне Лысенко Мичуриннің есімімен аталған өзінің “биологиялық” ілімін қарсы қойды.
Лысенконың баяндамасы Сталиннің өзінен жеке қолдау тапты. Кейіннен, Лысенконың өзі жазған естелікте мынадай жолдар бар: “И.В. Сталин тікелей менің баяндамамның жобасын редакциялады, өзінің түзетулерін маған нақты түсіндірді, жекелеген тұстарды қалай баяндау керектігі туралы” нұсқаулар берді. ///
Осылайша, Лысенко “ілімі” биологиядағы жаңа бағыт ретінде бағаланды. Яғни, нақты генетик ғалымдарды селекционер малшылар және селекционер-бағбандар ауыстыра бастады. Енді, Лысенко есімі ауылшаруашылығы ғылымдарының П.А. Костичев, В.В. Докучаев, В.Р. Вильямс тәрізді алыптарымен қатар тұратын болды. Ауылшаруашылығындағы жаңалық атаулы Лысенко есімімен байланыстырыла бастады.
Мұндай құбылыстан, әрине, Қазақстан да тыс қала қойған жоқ. 1948 жылы қыркүйектің басында ВАСХНИЛ-дің Қазақ бөлімшесінің төралқа мәжілісі болып, онда оның төрағасы белгілі ғалым К. Мыңбаев “жоғарыдағылардың” тапсырмасымен Қазақстандағы “весманист-морганшылдарды” әшкерелеуді талап етті. Сәл кейінірек, қайтыс болған К. Мыңбаевтың орнына осы қызметке тағайындалған Х. Чурин Қазақстандағы лысенковшылдықты өрістетуде бұдан да гөрі белсенділік танытты.
Ол Қазақстан Компартиясының IV съезіндегі биік мінбеден былай деп мәлімдеді: “Т.Д. Лысенко бастаған совет ғалымдарының биологиядағы мичуриндік бағытты табысты дамытуы социолистік ауылшаруашылығының онан әрі табысты өркендеуіне таусылмас мүмкіндіктер ашады. Міне, сондықтан да әрбір биолог, агроном, колхозшы. Совхоздың және МТС-тің жұмысшысы мичуриндік ілімнің негізгі қағидаларын білуі, оларды өздерінде практикада творчестволықпен қолдануы тиіс”.///
Х. Чуриннің мәліметіне қарағанда, 1948 жылдың қыркүйегінен 1949 жылдың ақпанына дейін ВАСХНИЛ-дің қазақ бөлімінің ғалымдары Лысенко-Мичурин ілімін насихаттап жүздеген лекциялар, баяндамалар оқыған, радиодан сөйлеген, газеттерде көптеген мақалалар жазған, қазақ-орыс тілдерінде 20 ғылыми-көпшілік кітаптар шығарған.///
Мұндай жұмыстар, бір өкініштісі, қазақстандық-морганистерді сынау, әшкерелеу және қуғындау сипатында да жүргізілді. Қазақстандық немесе Қазақстанда жұмыс жасаған Завадский, Ильин, Литвинов, Кудерниязов, Боголябский, Раушенбах, Сызғанов, Павлов, Бессонов, Луса, Линаев тәрізді ғалымдар осылайша қуғындалды. ///
Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы И.С. Сүлейменов өзінің “Қазақстандағы астық дақылы мәдениеті” деп аталатын диссертациялық еңбегінде республиканың солтүстік-шығыс облыстарында, әсіресе, құрғақшылық аймақтарында аңызға күздік егіс себу туралы Лысенконың ұсынысы қанағаттанарлықтай нәтиже бере алмайды деген пікірі үшін арнайы сынға алынды.
Қ.И. Сәтпаев ғалымдарға бағытталған соққыны әлсіретуге тырысып бақты. Ал мұның салдары да ауыр болды. Ол 1952-1955 жылдар аралығында өзі ұйымдастырған және алғашқы президенті болған республика Ғылым академиясының басшысы жұмысынан айырылды. Ол қуғындаудың шыңы мен сөресі – 1952-жылдың 15-17 сәуірі аралығында болып өткен Қазақ ССРҒылым академиясының жалпы жиналысы дер едік. Оған Ж. Шаяхметов қатысып, ұзақ сөз сөйледі. Ол академияда орын алған кемшіліктерді тізіп шықты. Қ.И. Сәтпаевты нақты сынау Ғылым академиясы төралқасының бас ғылыми хатшысы Д.В. Сокольскийдің баяндамасында орын алды. Ол Қаныш Имантайұлы ғылыми қызметкерлер жетекшісі ретінде төралқа алдында есеп бермейді, ғылым мен өндірістің байланысын әлсіретіп жіберді, кадрлар таңдаудың сталиндік принципін бұзды, академияны іскерлік және саяси сенім артуға болмайтын адамдарға толтырды, нәтижесінде үкімет қаржысы далаға кетті деп кінәлады. Қ. Сәтпаев қызметінен босатылып, ақыры ол кісінің М. Әуезов тәрізді Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғаны белгілі.
Иә, соғыстан кейінгі интеллгенцияға қарсы сталиндік қуғын-сүргін қоғамда ауыр із қалдырды. Түрмеге қамау, жер аудару, партия қатарынан және қызметтен босату тәрізді жазалаулар тағы да орын алды. Ал мұның өзі, әсіресе, қазақ интеллигенциясын жалтақ, жасқаншақ, тіптен екіжүзді етіп қалыптастырудың жаңа кезеңіне апарды. Бұрын өзінің халқына қызмет ету рухында тәрбиеленген интеллигенцияның орнына енді партияға ғана қызмет етуді ойлайтын интеллигенцияның жаңа буыны қалыптаса бастады.
Сталинизм осылайша ұлттық интеллигенцияны рухани тұрғыдан тоздырып жіберуге негіз қалап берді.
- Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихы мәселелерін зерттеу.
II.1. Кеңестік жүйе кезеңіндегі қуғын-сүргіннің тарихи зерттеулерден көрініс табуы.
Кеңес өкіметі жылдарындағы тарихи-партиялық тарихнамада бұл мәселеге байланысты еңбектер партия қандай идеологиялық және саяси қағидаларды басшылыққа алды, соған икемделініп жазылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” деген кітабында:
“Тоталитаризм ұлттық тарихтың қалың-қалың қабаттарына кереметтей бір зұлымдық әдісті қарсы қойды – ұлттың өткен тарихының біртұтас жанды тасқынын тап күресі дейтін мұқыл ұғыммен мылжалап тастады” /// деп, әкімшіл-әміршіл жүйе тұсында ұлттық тарихтың бұрмалай жазылып, санамызды коммунистік идеологиямен уландырғанын атап өткен еді.
КСРО-да КОКП-ның XX съезіне дейін репрессия тарихы зерттелінбегендігі мәлім. Ал XX съезден кейін түрме мен еңбекпен түзету лагерьлерінде болғандар естеліктер, әңгімелер шығара бастады. Алайда сталиндік саясат біржақты сынға ие болды. Сталиндік саяси қуғын-сүргін туралы еңбектер Л.И. Брежневтің басқару тұсында кенеттен азайған. КСРО-ның өзінде қуғын-сүргін тақырыбы туралы диссиденттер ғана жазған. Олар өз шығармаларын шет елдерде бастырған.
Әкімшіл-әміршіл жүйе кезеңіндегі саяси қуғын-сүргін тарихы 20-30 жылдардағы қазақ зиялыларын айыптаудан басталады. XX ғасырдың 20-30-жылдарындағы Қазақстан тарихының “ақтаңдақ” беттерінің бірі – идеялық-саяси күреске байланысты мәселелер. Қазақ коммунистерінің ұйымшыл, жік-жікке бөлінбей бір ауызды болу мәселесін 1925 жылғы сәуір айында өткен Қазақстан Өлкелік партия комитетінің пленумы күн тәртібіне қойды. Онда “Алдымызда тұрған асқар таудай негізгі жұмыстарды іске асыруға бөгет болып келгенде, арамызда көп мәселелерге әлі күнге дейін дұрыстап пікір жасай алмай келгендіктің себебі де, орыс жолдастар мен қазақ коммунистерінің арасындағы анда-санда болатын қырғи-қабақтық” /// — деп, партия ішіндегі жікке бөлінушіліктің негізгі себебі дәл атап көрсетілген болатын.
1925 жылы тамыз айында Қазақ Өлкелік партия комитетінің хатшысы болып Ф. Голощекин келді. Ол Қазақстандағы “кіші қазан”, “зорлап ұжымдастырудың” негізгі жетекшісі ретінде танылды. Жергілікті халық ерекшеліктерін ескермей жүргізілген бұл шаралар орасан зор қиыншылық, құрбандықтармен жаңа қоғамның материалдық негізін қалағаны белгііл. Ф. Голощекин қазақ оқығандары мен Алашорда зиялылары туралы “оларды жұмысқа қосып, партияға ала тұрсақ та, олардың байшыл, ұлтшыл салт-санасына қарсы күресу керек” /// — деген бағыт ұстады. Ф. Голощекиннің осы бағытын жүзеге асыру мақсатында Қ. Жүсіпбекұлының ///, Ғ. Тоғжанұлының ///, О. Исаұлының ///, Өтемісұлының /// мақалалары жарияланды.
1926 жылғы БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің қараша пленумы ұлт зиялыларын “жікшілдікке” айыптап, Мыңбаев, Сәдуақасов, Қожанов туралы Орталық комитетке, Сталин, Молотов және Косиор жолдастарға 1926 жылғы 12-желтоқсанда “аса құпия” хат /// жолданды. “Ұлтшылдық” пен “жікшілдікке” айыптау ашық сипат алды. Партиялық қызметте жүрген қазақ қызметкерлерінің жұмысын бұрмалай түсіндірген мақалалар жарық көре бастады. Сырдария губерниясы Атқару Комитетінің төрағасы Ыдырыс Мүстамбаевтың басқару аппаратын жергіліктендіруге байланысты қызметіне партиялық тұрғыдан “ұлтшыл”, “жікшіл” деген баға берілді. Бұл жөнінде “Сырдария губерниясында жік жасап, партияның негізгі жолынан тайған адамдардың қылмыстары қаралды” /// — деп жазды баспасөзде. Мүстамбайұлы мен Тәжібайұлын “Сәдуақасұлы”, “Қожанұлы” жіктерінің адамдары деп атап көрсетті.
Қазақ зиялыларының қызметіне біржақты баға беруге қарсылық ретінде Н. Нұрмақовтың /// мақаласы шықты. Н. Нұрмақов коммунистер туралы: “Орынсыз төңкерісшіл бола қалу, “ағаш атқа” мініп алып, “реті келсе қазақ халқын төңкеріс үшін құрбан шалуға да болады” деген төңкеріс жолына, партия жолына қарсы келетін айқайға да салынды” /// — деген пікірін білдірді. Ол “ұлтшылдықтың” шығуы жөнінде: “мансап қуғандармен алысып, отаршылдармен күресіп жүрген қазақ коммунистердің көбі партияның негізгі пікірін ұмытып, бәлки “ұлтшылдық” ауруына ұшырады” /// — деп жазды.
1926 жылғы қараша пленумы қарарларын орындауға белсене кіріскен Ғ. Тоғжанов өз мақалаларында қазақтың ұлттық зиялылары С. Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев, С. Қожановтардың аттарына қара күйе жағуда алдыңғы қатардағылардың бірі болды. Ол: “III пленумды өзінше бұрмалап жүргендер көбінесе Смағұл, Жалау, Сұлтанбектер (не осыларды жақтаушылар). Бұл жолдастардың ойынша: III пленум көп пленум, көп жиналыстардың бірі” /// — деп, Ф. Голощекиннің пікірін қолдай кетті. Осы бағытта Б. Бермағамбетұлының ///, Қ. Жүсіпбекұлының //, І. Құрамысұлының /// мақалалары жарық көрді.
Ғ. Тоғжанұлының “сынына” жауап ретінде С. Сәдуақасұлының /// мақаласы баспасөзде жарияланды. Ғ. Тоғжановтың “ұлтшылдарға” қарсы “еңбегі” ескерусіз қалмады. 1927 жылы 15-23-қараша аралығында өткен БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің VI партконференциясында Ф. Голощекин: “Еңбекші қазақ” газеті Ғ. Тоғжанұлы келгенге дейін партия газеті болмай келді. “Еңбекші қазақты” партия ұйымы шығарып отырса да, партия жолын қара бұқараға түсіндіретін газет болуға тиісті болса да , олай болмады” /// — деп, Ғ. Тоғжановқа дейін “Еңбекші қазақ” газетіне редакторлық еткен С. Сәдуақасов, Т. Рысқұловтардың еңбектерін жоққа шығарды.
1928 жылы мамыр айында Қызылорда партия белсенділерінің жиналысында Ф. Голощекин: “Смағұлшылдардың ұлт мәселесін қалай шешетінін, олардың пікірі, олардың сыры партияның да, жұмысшылардың да қаулысына қайшы екенін бір кітапша қылып жазу керек” /// — деген тапсырма берді.
Осыған орай О. Исаұлының ///, С. Аспандиярұлының ///, Қ. Жүсіпбекұлының ///, Н. Манайұлының /// мақалалары жарық көрді.
Қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрінен мәлімет беріп, халықты ұлттың өткенінің жақсысынан үлгі алып, жаманына жиренуге үндейтін ақын-жазушылардан марксизм-ленинизмге жат элементтер ретінде бас тартып жатқанда мұндай асыра сілтеуге қарсы тұрғандар болды. Олар “ұлтшыл”, “байшыл” атанды. 1928-1929 жылдары Сталин “оңшыл ағымды” түпкілікті талқандауды мақсат етіп, жан-жақты күрес жүргізіп жатқанда Қазақстанда “ұлтшыл”, “байшыл” атанғандар “оңшыл ағым” ретінде негізсіз айыпталды. Шын мәнінде олар халықтың ұлттық мұрасын сақтап қалу жолында еңбек еткен ерлер еді.
С. Сәдуақасұлы: “Абай-Мабайыңды біз білмейміз. Бернияз-Мерниязыңды біз есіткеміз жоқ, осы күнге өзімізде жараймыз” – деушілер болар. Егер бұлай деушілер бола қалса, олар біздің надандығымыздан басқа еш нәрсені дәлелдемес еді” /// — деп, өткеннің бәрінен бас тарту дұрыс емес екендігін айтады. Қазақ әдебиеті өзінен өзі үлгі алатын дәуірге жеткен жоқ деп жүрген солақай сыншыларды сынға алады.
Үлкен таланттарды сол кезде-ақ бағалаған ол, М. Әуезов пен Ж. Аймауытовтың шығармашылығы туралы: “… Мұхтардың да, Жүсіпбектің де жазғандарына өмір тану, тұрмысты ұғыну ретінен қарағанда оларға рахмет айтпасақ, лағнет айтатын орнымыз жоқ-ақ” /// — дейді.
Ал, әдебиетші, сыншы әрі ірі қоғам қайраткері Ы. Мұстамбаев: “Абайдың пәлсапасы бізді марксизмге үйретпейді, Абайдың дүниеге көзқарасы теріс деп, Абайды бұл күнде сөге салу оңай олжа. Бірақ, сол Абайды туғызған заманның пішінін айқындау, сол күнгі қоғам тұрмысының күйіне жетіп, Абайдың тарихи салмағын білу қиынырақ” /// — деп, заманның ызғарлы саясатынан қаймықпай, батыл пікірлер айтады.
Қазақ коммунистерінің партия жолына қалай келіп түскендігі қандай соқпақтардан өткендігі туралы мәселелерге тоқталып, сол кезеңнің тыныс-тіршілігінен мағлұмат беретін Ә. Нақымжанұлының мақаласына да тоқтала кеткеніміз жөн. Ф. Голощекин Қазақстанға келгенге дейінгі жағдай туралы ол былай дейді:
“Қазақстанда жікшілдік партия ұйымымен қатар туды деуге болады” ///. Ал ол “жіктер” қандай болды? Бұл мәселе жөнінде: “Ұлтшылдар, шенқұмарлар, тағы түрлі-түрлі жіктер болды. Бұлар негізінде “оңшылдарға” бөлінді. Оңшылдар – шынында нағыз оңшылдар, ұлтшылдық идеясына берілгендер еді. “Солшылдардың” көбі шенқұмарлар, лай судан балық аулаушылар еді. “Солшылдардың ішінде таза коммунист болғысы келген, ақ жүретіндер де болды, бірақ олар партияның саясатын түсінбей, бәрін қырып-жойып, бір-ақ күнде істемек болып айқайға салып жүретіндер еді. Бұл жіктердің саны да, түрі де күн санап өсе берді. Онан бұл күнде неше түрлі “шылық” қалып отыр ///. Бұл пікірлер “сәдуақасовшылдық”, “қожановшылдық”, “рысқұловшылдық” және тағы басқа “шылдықтар” Ф. Голощекин билігі кезінде ұлт зиялыларын қуғындау үшін ойлап шығарылған айла екеніне дәлел.
1929 жыл жағдайында жүрегінде түгі бар біреу болмаса, партия саясатына ашық қарсы шығу іс жүзінде тоқталған кез еді. Ә. Нақымжанұлын саясаттың ұйытқи соққан ызғарлы желі өз ығына көндірмен қоймады. Ол С. Сәдуақасовтың қызметіне “оңшыл” “сәдуақасовшылдардың көсемі” деген баға берді.
1929 жылғы орталықтағы Бухарин, Томский, Рыковтардың “оңшыл” тобына қарсы күрестің салқыны Қазақстандағы ұлт зиялыларына дауыл болып тиді. Әрбір конференцияларда, пленумдарда, мәжілістерде қазақ зиялыларының “жікшілдігі”, “оңшылдығы ерекше талқыланатын мәселеге айналды. “Шылдықтарға” айыптау үлкен науқанға айналдырылды. І. Құрамысұлы ///, Ж. Сәрсекұлы ///, Қ. Жүсіпбекұлы ///, Ә. Байділдәұлы ///, Ә. Епмағамбетұлы ///, Ғ. Тоғжанұлы ///, Н. Сырғабекұлы ///, Н. Байсалықұлы ///, Шаймерденұлы ///, Ә. Мұсаұлы ///, Қ. Тәштитұлы ///, Қ. Әзірмәмбетұлы ///, Ярламов ///, М. Қайыпназарұлы /// бұл науқанда ерекше белсенділіктерімен көзге түсті. Аталған авторлардың жазғандары қалыптасып келе жатқан әкімшіл-әміршіл жүйе саясатына сай жазылғандықтан, бүгінгі күні ешқандай сын көтермейді. Баспасөз бетінде шындық бұрмаланып, бірінші хатшының ұстанған бағытына сәйкестендіріліп беріліп отырды. Қазақстандағы “оңшылдық” – “сәдуақасовшылдық” деп ұрандаған партиялық баспасөз С. Сәдуақасовтың “Ұлттар және ұлт өкілдері туралы” ///деген мақаласы жарияланғаннан кейінгі кезде оның соңына шырақ алып түсушілерді көбейтті. С. Сәдуақасовтың есімінен орталықтағы “көсемнің” де көңіліне күмән келіп, Қазақстандағы “Сәдуақасовшылдыққа” қарсы күреске орталық та үлес қосты. Мәскеулік Тоболов: “сәдуақасовшылдық салт-сананы қазақ тұрмысынан ғана тауып отырған әңгіме деуге болмайды. Қазіргі күнде төңкеріс жолына қарсылық дәрежесіне жетіп отырған Грузиндегі ұлт ағымы да, ол баста ұлт шаруашылығын жеке жолмен жүргізудің бір түрі болатын, сәдуақасовшылдық бірінде аз, бірінде көп бола отырып, басқа кеңес республикаларында да өзіне жақтас, қостаушылар тауып отырғандығы анық” /// — деп жазды.
Дамудың капиталистік сатысынан өтпеген аймақтар мен халықтардың социализмге жедел өту мәселесіне балама пікірлерін ұсынған ауыл шаруашылық қызметкерлері мен ғалымдар “ұлтшылдар”, “оппортоншылдар”, “зиянкестер” деп айыпталды. Олар Қазақстан экономикасын көтеруде дәстүрлі мал шаруашылығын табиғи даму жолымен өркендету жөнінде ғылыми теориялық, публицистикалық еңбектер жазды ///.
Орталықта партияның ресми бағытына балама пікір ұсынған Н.И. Бухарин ///, А.И. Рыков ///, Томскийдің “оңшыл ағым” ретінде, экономист ғалымдар Н.Д. Кондратьев ///, А.В. Чаянов/// және олардың пікірлестері “зиянкестікке”, “кондратьевшілдікке”, “чаяношылдыққа” айыпталып, қуғын-сүргін басталған кезде, Қазақстан да бұл науқаннан қалыс қалмады.
Қазақстанда орныға бастаған саяси науқаншылдық пен сталиншілдіктің нақты көрінісі болып табылатын материалдар Б. Семевский ///, Ф. Фролов ///, Н. Сырғабеков ///, Ф. Хоробрых ///, Ф. Голощекин ///, Ф. Искаков ///, Ғ. Тоғжанов ///, Е. Федоров ///, И. А. Зверьяков /// еңбектері мен осы авторлардың мақалалар жинағы ///. Аталған авторладың мақалалары мен кітаптары қазіргі тарихнамада сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің Қазақстанда қалыптасуын түсінуге көмектесетінін де айтқанымыз жөн.
1937-1938 жылдардағы зиялыларға қарсы жүргізілген жаппай жазалау саясатына және әкімшіл-әміршіл жүйенің орнығуына байланысты олардың көбісінің есімін ауызға алудың өзі мүмкін болмады.
1938 жылы 28-маусымда қазақ және орыс тілдеріндегі 97 кітап пен кітапшаны таралымнан қайтарып алу, оларға тиым салу жөнінде қаулы қабылданды ///. Олардың ішінде С. Асфендияров, Ә. Байділдин, І. Жансүгіров, Ғ. Тоғжанов, Т. Жүргенов, Ұ. Құлымбетов, І. Құрамысов, Н. Нұрмақов, Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, С. Сейфуллин, Т. Шонанов және т.б. еңбектері болды.
80-жылдардың соңына дейін 20-30-жылдардағы ұлттық зиялылардың қоғамдық-саяси қызметіне арналған арнайы зерттеу объектісі есебінде жазылған еңбек жоқтың қасы. Қазақстандағы таптық қозғалысқа немесе кеңестік құрылысқа арналған еңбектерде “ұлтшылдық”, “сәдуақасовшылдық”, “қожановшылдық”, “рысқұловшылдық” деген айдар көп айтылды, аталмыш қайраткерлердің қызметі мен саяси идеяларын барынша қаралап көрсетуге тырысушылық орын алды ///.
II.2 Тәуелсіз Қазақстанда саяси қуғын-сүргіннің зерттелуі
Кеңестік тоталитарлық кезеңдегі Қазақстан тарихының өзекті мәселелерінің бірі – 1930-1950 жылдар аралығындағы саяси репрессия.
Тәуелсіздік тізгінін қолға алған бетте тарихшыларымыз сталиндік қуғын-сүргіннің себептерін, сипатын, ішкі механизмін және ауыр салдарларын ашып көрсететін зерттеулерге бет бұрды. И.Сталиннің жеке басына табынудың айыптау науқанынан өту бұрын жартылай ғана тарихшылар зерттеулерінде көтерілген бұл мәселе жаңа жағдайда толық қолға алынды. Тәуелсіз Қазақстан тарихшылары бұл тақырыпты негізінен мынадай бағыттарда тереңдете зерттей бастады:
- 20-шы жылдардың соңында 30-шы жылдардың басындағы “оңшылдыққа” және “ұлтшылдыққа” айыптау тарихы;
- Қазақстанға басқа халықтарды жер аудару (депортация) мәселелері;
- 30-шы жылдар соңындағы – 50-ші жылдар басындағы Сталиндік террор.
Алғашқы мәселе төңірегінде Б. Қойшыбаев///, Т. Қожакеев (Көк сеңгірлер. –Алматы: Қазақ ун-ті, 1992. –272б.), Қ. Атабаев (Айға жапқан арыстан // Ақиқат, 1998), Ж. Әлмашұлы (Нәзір Төреғұлұлы. –Алматы: Жеті жарғы, 1992. –132б.), Д.Қамзабекұлы (Руханият. –Алматы: Білім, 1997. –272б.) тәрізді зерттеушілер біраз жұмыстар жасағанын айта кеткен жөн. Олардың еңбектері қазақ зиялыларын “оңшылдыққа” және ұлтшылдыққа айыптаудың бұрындары тарихымызға белгісіз, “ақтаңдақ” болып келген кейбір тұстарын айқындап алуға қызмет жасады.
Бұл мәселе төңірегінде М. Қойгелдиев (Ұлтшылдықпен күрес науқаны // Социалистік Қазақстан, 1992. –5,7,8,9 — мамыр) пен Т. Омарбеков (“Оңшыл ағымға қарсы күрес: мәні және қорытындылары // Ақиқат, -95. –№11) кәсіби тарихшылар ретінде үлкен белсенділік танытқандықтарын айтпасқа болмас. Бұл ғалымдардың еңбектері сталиндік қуғын-сүргіннің методологиялық және теориялық бағыттарын белгілеуге көмектесті.
Бұл тақырыптағы зерттеулердің қорытындысы Д. Махаттың арнайы жазылған кандидаттық диссертациясы болды (Махат Д.А. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде “оңшылдыққа” және ұлтшылдыққа айыптау: тарихы және салдарлары (1925 — 1933жж): Тарих ғыл. канд. дисс. автореф. –Алматы, 2000. –29б.). Мұнда 1925 – 33 жылдардағы қазақ зиялыларын “ұлтшылдыққа” және “оңшылдыққа” айыптау, тарихи жаңа көзқараспен жүйелі зерттелді. Зерттеу тың және мол тарихи деректерге негізделді.
Осы кезеңдегі саяси қуғын-сүргінді ұйымдастырудағы кеңестік сот-тергеу, әкімшілік органдарының зомбылықтары С.Саржанованың диссертациялық еңбегінде жан-жақты ашылды (Саржанова С.С. Сот-тергеу, әкімшілік органдарыкеңестік зорлық-зомбылық шаруаларын жүзеге асырушы: тарихы және сабақтары (1925 –1932жж): Тарих ғыл. канд. дисс. автореф. – Алматы, 2002. –29б.).
Сталиндік қуғын-сүргіннің келесі мәселесі Қазақстанға басқа халықтарды жер аудару (депортация) тарихымызда әлі де кеңінен зерттеле қойған жоқ. Мәселені ауқымды түрде толығырақ зерттеген Т. Омарбеков болды (Омарбеков Т. XX ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері: Көмекші оқу құралы. –Алматы: ҚАЗақпарат, 2001. –404б.). Ол, Қазақстанға жер аударылған корейлер қасіретін, Қырым, Кавказ және Еділ бойы халықтарын Қазақстанға жер аудару тарихын нақты зерттеді. Жер аударылған қазақстандық корейлер тағдыры Г. Канның зерттеулерінде толық және тиянақты ашылды (Кан Г.В. Корейцы Казахстана: Истор. очерк. –Алматы: Казахстан, 1994. –240с.). Қазақстанға жер аударылған Солтүстік Кавказ, Қалмақ және Қырым татарлары тағдырларына қатысты тың, жаңа деректерді Қ. Алдажүмановтың еңбектерінен кездестіре аламыз (Алдажұманов Қ. Насильно в Казахстан … //Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. –Алматы: Арыс – Казахстан, 1998. –428 с.). Ирандықтар мен поляктарды қазақ жеріне жер аударудың кейбір мәселелерін тарихшы Е.Уәлиханов зерттеді (Валиханов Е. Переселение иранцев в Казахстан. Поляки в Казахстане // Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. –Алматы: Арыс-Казахстан, 1998. –с.152-171). Депортацияға ұшыраған халықтардың лагерь жағдайындағы ауыр тұрмысы Ж. Абылхожинның еңбектерінде біршама қарастырылды (Абылхожин Ж.Б. Лагерная экономика // Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. –Алматы: Арыс – Казахстан, 1998. –94-106 бб.).
Тәуелсіз Қазақстан тарихшыларының назарын аударып отырған тағы бір мәселе — 30-шы жылдардың соңындағы 50-ші жылдар басындағы сталиндік террор мәселелері. Зерттеушілер бұл жылдары құрбан болғандар тізімін жариялай бастады (Книга скорби – Азалы кітап: Расстрельные списки. Вып. 1. –Алматы, 1996. –360б.; Вып.2. –Алматы, 1998. –496б.). 1937-38 жылдары Қазақстанда саяси репрессия құрбандары болғандар туралы архивтік құжаттар жинағы жарық көрді (Политические репрессии в Казахстане 1937 – 1938 гг. –Алматы: Казахстан. 1998. –336б.). Бұл кезеңдегі саяси репрессия құрбандары болғандардың өздерінің естеліктері де жарық көрді (Народ не безмолвствует. –Алматы: П. Обелиск, Простор, 1996. –305с.); Қызылдар қырғыны. –Алматы: Өнер, 1992. –256б.). Саяси тұтқындардың лагерьлеріндегі жағдайлары Ж.Абылхожинның (Абылхожин Ж. Очерки социально-экономической истории Казахстана XX века. –Алматы, 1997. –358с.), Т. Садықовтың (Садықов Т. Жезқазған өнеркәсіп аймағының қалыптасу және даму тарихы (XIX ғ. ортасы – XXғ.): Тарих ғыл. докт. Дис. –Алматы, 1998. –262б.), Д. Шаймұхановтың және Д. Шаймұханованың зерттеулерінде біршама қамтылды (Шаймұханов Д.А., Шаймұханова Д.С. Карлаг. -–араганда, 1997. –175с.). Бұл тақырыпқа байланысты арнайы диссертациялық еңбектер де жазылды. Олардың ішінен А. Кукушкинаның кандидаттық /// және С. Дильмановтың /// докторлық диссертациялық еңбектерін бөліп көрсеткен жөн. Айта кету керек, бұл мәселеге қатысты құжаттар әлі де өздерінің зерттеушілерінен терең талдаулар күтіп жатыр.
Осы саяси репрессия туралы алғаш зерттеу мақала жазған қазақ тарихшыларының бірі, академик М. Қозыбаев болды. “Сталин және Қазақстан” атты мақаласында академик, лениннің мұрагері болып, партия басшылығына келген И. Сталиннің марксистік-лениндік философияның теориясын жете меңгермей, саяздық көрсетіп, іс жүзінде, яғни практикада осы теорияны қолдана отырып социализм құруда өзіндік бұрмалауға жол беріп, марксистік-лениндік ілімнен ауытқыды, таққа, баққа талас барысында білім емес, білек жұмсады, әділ ел ағасы, халық ағасы болу қолынан келмей қара күшке айналды деп жазады ///. Бұл мақаладағы бір қызықты дерек, 1921 жылы 1-ші қаңтарда РСФСР-дың құрамындағы түркі коммунистерінің жиналысында Сталиннің кіріспе сөз сөйлеп, “орыс социализмі” дейтін сөз тіркесін қолданғандығы. М. Қозыбаевтың пікірінше, И. Сталин Ресейдегі революциялық процесті “орыс социализмі”, “түркі социализмі” деп бөлудің дұрыс еместігін академик бірнеше аргументтер мен фактілер келтіре отырып дәлелдейді. Сталиннің бұл тұжырымы қазақ халқына қасірет, қырғын әкелді деп жазады М. Қозыбаев ///. Академиктің жоғарыда аталған мақаласы Қазақстанның тәуелсіздік алу қарсаңында жазылғандықтан саяси репрессия тарихы жан-жақты, терең қарастырылмаған.
Саяси репрессия тарихына арналған келесі бір зерттеу – Т. Омарбековтың “Қазақстандағы Сталиндік саяси террор” дейтін мақалалар жинағы. Т. Омарбеков 1920-1930 жылдардағы сот процестеріне талдау жасай келіп, осы процестердің 1937 жылы Қазақстанда да “халық жауларына” арналған сот процестерін ұйымдастыруға түрткі болғандығын жазады. Оның пікірінше, олар – Қарағандыда, Үржарда және Солтүстік Қазақстанның Преснов ауданында болған сот процестері, бұл сот процестерінде ішкі істер органдары ойдан шығарған, қолдан жасалған жалған қылмыстық істерді өрнектеуде сталиндік жазалаушы машинаның асқан “ізденімпаздығы”, жауыз келбеті айқын көрінді ///. Троцкистік, Зиновьевтік оппортунистерді және ұлттық республикалардағы буржуазияшыл ұлтшылдарды жазалаған сот процестерінен бөтен БК(б)П XVII съезінде сайланған орталық Комитетке мүшелердің және мүшелікке кандидаттардың, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мүшелері және мүшелікке кандидаттардың саяси репрессияға ұшырауына талдау жасай келіп, зерттеушілер мынадай қорытынды жасайды: Партияның XVII съезінде сайланған Орталық Комитет мүшелерінің және мүшелікке кандидаттардың осыншалықты қатал жазалау себебі – олар осы съезде И. Сталинді Бас Хатшылықтан тайдыруды көздеп, шешуші дауыстары бар делегаттардың едәуір бөлігі оған қарсы дауыс берген. Осы қарсы дауыс бергендердің ішінде, Т. Омарбековтың пікірінше Қазақстанның сол кездегі бірінші басшысы Л. Мирзоян да болған. Себебі Л. Мирзоян 1938 жылы қызметінен босатылып, 1939 жылдың 26-шы ақпанында С. Косиор, П. Постышев және В. Чубарь тәрізді партия қайраткерлерімен бірге атылған ///. Бұл мақалалар жинағында Т. Омарбеков 1937-1938 жылдары қазақ зиялылары ғана емес, сондай-ақ партия қайраткерлерінің жазалау құрбандығы болғандығын архив құжаттары, сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдары жарық көрген ғылыми зерттеулердің негізінде көрсетіп берген.
Қазақстандағы саяси құғын –сүргін туралы тек тарихшы ғалымдар ғана емес, сондай-ақ зиялы қауымның басқа да өкілдері зерттеулер жазды. Осындай зерттеулердің бірі – Қ. Қасенов пен Ә. Төреханов құрастырған “Қызыл қырғын 37-де опат болғандар” атты очерктер жинағы ///. Бұл жинақта 1920-1930 жылдары Қазақстанның саяси өмірінде елеулі рөл атқарған қазақ зиялыларының өмір жолы, қатал тағдыры нақты тарихи деректер негізінде берілген. Тоталитарлық жүйе кезінде халыққа қарсы жасалған қылмыстарды әшкерелеуде, оның тарихи шындығын қалпына келтіруде баспасөздің атқарған қызметі зор болды. Қарастырылып отырған мәселеде баспасөздің рөлі ерекше болғанына күмән жоқ.
1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеуде, оның жеке адам құқығын аяққа таптаған қылмыстық болмысын әшкерелеуде, репрессия туралы объективті қоғамдық пікір қалыптастыруда тарихи зерттеулермен қатар публицистикалық мақалалар да ерекше рөл атқарды. Публицистикалық мақалалар мен очерктер 1987-1998 жылдар аралығында қазақ мерзімді баспасөзінде жарық көріп, осының нәтижесінде бұрын мүлде білмейтін немесе шала-шарпы атын естіп қана жүрген қайраткерлердің өмірбаяны, саяси-қоғамдық, әдеби-мәдени қызметі, отбасы туралы мәліметтер қалың жұртшылыққа белгілі болды.
Демократиялық шарттарды былай қойғанда, социалистік құрылыстың өзін бұрмалаған жеке адамға табыну идеологиясы елді осындай қайғы-қасіретке ұшыратқаны туралы, зерттеуші, тарих ғылымының докторы І. Қозыбаев өзінің “Отыз жетінші…” деген мақаласында жан-жақты ашып көрсеткен ///. Автор жаппай жазалау мен қудалау шараларын қазақ халқының тарихындағы ең бір ауыр да қиын кезең “ақтабан шұбырындымен” теңестіре отырып, оның басты себептеріне тоқталады. І. Қозыбаев сол кезеңнің партиялық құжаттары мен басылымдарындағы материалдарды талдай отырып, “шпиондар” мен “жаулардың” кімдер болғанын баяндайды. Қазақстандағы жаппай репрессиялау кадрларды жоюдың жан-жақты ойластырып жасалған Н.И. Бухаринге, А.И. Рыковқа және т.б. болған тамыз (1936.) процесіне байланысты етек алғандығын сөз етеді.
Қазақстанда тек 1937 жылдың өзінде-ақ Үржарда, Пресновкада және Қарағандыда (Ақмола ісі) “контрреволюциялық ұлтшыл-фашистік қаскөйлік ұйымдар” деп үш “шулы” процестің өткендігі белгілі. Бұл жөнінде алғаш рет Қ. Алдажұмановтың сот процестерінің документтері негізінде жазылған мақаласында айтылды ///. Сондықтан тарихтың осындай “ақтаңдақтарының” шындығын көрсету үшін, М. Ғатаулин, К. Қуанышев, М. Дәулетқалиев, А. Асылбеков, Ұ. Құлымбетов, Ғ. Тоғжанов, Ж. Садуақасов, І. Құрамысов сияқты абзал азаматтардың қоғамдағы орнын анықтау үшін үздіксіз ізденістер, тиянақты зерттеулер, тарих құжаттарымен дұрыс жұмыс істеу қажет.
В. Чундеровтың “Жарты ғасыр бұрын, 38-жылы…” атты мақаласы жоғарыда аталған І. Қозыбаевтың еңбегінің жалғасы іспеттес ///. Онда соғысқа дейінгі жастардың өмірі, астанадағы жоғары оқу орындары студенттерінің “жалаң империализмге” тәрбиеленіп, “ұлтшыл-жауларға” қарсы науқандық жұмыстар ұйымдастырып, жеке басқа табынушылықтың шыңына көтерілгенін байқаймыз. Сондай-ақ, бұл материалда қос тілділіктің лениндік принципінің бұзылғандығы, қазақ тілінің қоғамдық функциясының аясы тарылғандығы, жастарға интернационалдық және патриоттық тәрбие берудің қанағаттанарлықсыз болып отырғандығы айтылды, бұл ретте тек жетістіктерге ғана қол жетіп, проблемалар, қарама-қайшылықтар мен қиындықтар болмағандай түр көрсетеді. 1988 жылдың 26 маусымында “Казахстанская правда” газетінің арнаулы тілшісі В. Диктің “Карлаг” атты материалы жарияланды. Осы тақырыпқа байланысты газеттің 4 нөмірінде (25, 27 қазан, 27 желтоқсан және 1989 жылдың 25 қаңтарында) оқырмандардың пікірлері басылды. Ілешала бұл мәселе Орталық телевизияның “Көзқарас” бағдарламасынан да көрсетілді.
Кезінде жариялылық пен демократиялықты бетке ұстай отырып орталық басылымдар И.А. Сталиннің, Л.Д. Троцкийдің, Н.С. Хрущевтің және Л.И. Брежневтің саяси портреттерін жариялады. Бұл бағытта республикалық басылымдарда да И.В. Сталиннің жеке бас және оны қоршағандар туралы бірқатар танымдық мақалалар жарық көрді.
Осыған байланысты “Қазақ әдебиеті” газетінде Қазақстан Республикасы ұлттық ҒА академигі М. Қозыбаевтың қазақ жазушыларының шығармаларына талдау жасаған “Тарих және әдебиет” деген мақаласы жарияланды ///. Онда тарихшы көркем әдебиеттің өткенді шындықпен суреттеу арқылы көрсетуі қажет екендігін еске салады.
Осылайша тәуелсіздік алған жылдарда Қазақстан тарихшыларында, жалпы қазақ зиялыларында 20-30 жылдардағы саяси репрессия туралы тәуелсіз тарихи ой-пікірлер қалыптасты.//////////////////
Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында 40-шы жылдардың соңындағы 50-ші жылдар басындағы саяси қуғын-сүргін мәселесі әлі де мардымсыз зерттеліп келеді. Бұл кезеңнің зерттеулері И. Қозыбаевтың ///; К. Нұрпейісовтың ///, Л. Гуревичтің ///, Т. Омарбековтың /// жекелеген зерттеулерімен шектелді. И. Қозыбаев өзінің “Қазақстан тарихнамасы ; тарих сабақтары” деп аталатын монографиялық еңбегінің “Бекмаханов эпопеяясы” атты тарауында алғаш рет белгілі тарихшы Е. Бекмахановты қуғындауға қатысты архивтік деректерді ғылыми айналымға енгізді. Оның “Қазақстанның тарих ғылымы” атты келесі монографиясында соғыстан кейінгі онжылдық ішінде қазақстандық тарихшыларды саяси қуғындаудың қыры мен сыры жүйелі баяндалды. К. Нұрпейісов пен Т. Омарбековтың еңбектері де осы Е. Бекмахановты саяси қуғындауға арналды. Зерттеуші Л. Гуревич тоталитарлық жүйенің қазақстандық интеллигенцияға қарсы соғыстан кейінгі кезеңдегі құйтырқы шабуылының мәнін ашып берді. Осы кезеңде қазақ интеллигенциясы өкілдерін ұлтшылдыққа айыптаудың кейбір “ақтаңдақ” мәселелері Т. Омарбековтың зерттеулерінде көрсетілді.
Алайда тақырыптың күрделілігі бұл мәселені әлі де болса кеңінен, тереңдете зерттеуді қажет етеді деп ойлаймыз.
Қорытынды
Сонымен, қазақ халқына тәуелсіздік жеңіл жолмен келген жоқ. XX ғасырда тәуелсіздікке ие болуға қазаққа екі рет мүмкіндік туды. Осы екі мүмкіндікті де қазақ қайраткерлері пайдаланып үлгеруге қажетті әрекеттер жасады. Алғашқы мүмкіндікті Ә. Бөкейханов бастаған алаш қайраткерлері билікті қолдан шығармау үшін Алашорда үкіметін құрды. Ал екінші мүмкіндік – КСРО-ның құлағанын пайдаланып, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасын құруымыз. Алғашқы мүмкіндікті күйретіп жіберген коммунистер екенін ұмытпайық. М. Фрунзе бастаған қалың әскерді жіберген большевиктер көсемі В. Ленин қазақтың осы ғасырдағы алғашқы тәуелсіз мемлекетінің дербес өмір сүруіне мүмкіндік бермеді. Орталықтан басқару жүйесі күшті болды. Кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы тұрған, осы кезеңдегі ел қамын ойлаған зиялылар талай тар жол, тайғақ кешулерді, қуғын-сүргін, ауыр азапты бастарынан өткізді.
Большевиктер партиясының отаршылдық саясаты қолыңнан билігіңді, басыңнан еркіңді алып бір қорласа, қазақ елінің өзіне тән ерекшеліктерін ескеруді, Орталық Ресейде ықпалды және маңызды болған шараларды қайталап, сол қалпында күштеп енгізу қателік болатындығын айтқан зиялыларымыздың ой-пікірлері партия жолынан жаңылыс басу ретінде сипатталып, оларға тағы тауқымет тарттырды.
20 жылдардың соңынан бастап партия мен Кеңес өкіметінің идеологиялық, ұлтаралық, экономикалық саясаты өзіне тән ғылыми тұрғыдан зерттеген, істі оңына бастайтын, іске жарайтын заңдармен емес, партия “көсемдерінің” нұсқауларымен жүргізіле бастады. Саяси бюродағы айтыс-тартыс И. Сталиннің пайдасына шешілді. “Коммунистердің бірлігі мен темірдей тәртібі жолында” деген ұранды бүркенген Сталин саясаты азшылықтағы, алайда ақиқатты ұстанған жандарды көнбіс көпшіліктің алдында бас идірді.
Бір халықтың маңдайына біткен жұлдыздарын, елім, жерім деген арыстарын содырлы саясаттың сойылымен соғып, есеңгіретіп отыруды не деуге болады? Оны тек қана өздерін дәріптеп, өзгені көзге ілмеген шовинизм сырқатының сырынан іздеу керек. Бұл әдейі зымиян саясатпен саналы түрде жасалған қастандық.
Ұлт мүддесі алдындағы азаматтық парызды, партиялық міндет пен қызметтен әлдеқайда биік ұстаған ұлттық интеллигенцияның ұстанған позициясы, осы кезеңде “сәдуақасовшылдық”, “қожановшылдық”, “рысқұловшылдық” және “меңдешевшілдік” деген тәрізді Голощекин ойлап шығарған көптеген “шылдықтар” арқылы талқыға түсіп отырды.
Күндердің күнінде әділдік орнайтынын, жазықсыз қараланған ұлт зиялылары да Қазақстан тарихы төрінен өзінің лайықты орынын алатынын большевизмге “уланған” қайраткерлер ол кезде аңғара алмады.
Соғыстан кейінгі интеллгенцияға қарсы сталиндік қуғын-сүргін қоғамда ауыр із қалдырды. Түрмеге қамау, жер аудару, партия қатарынан және қызметтен босату тәрізді жазалаулар тағы да орын алды. Ал мұның өзі, әсіресе, қазақ интеллигенциясын жалтақ, жасқаншақ, тіптен екіжүзді етіп қалыптастырудың жаңа кезеңіне апарды. Бұрын өзінің халқына қызмет ету рухында тәрбиеленген интеллигенцияның орнына енді партияға ғана қызмет етуді ойлайтын интеллигенцияның жаңа буыны қалыптаса бастады.
Сталинизм осылайша ұлттық интеллигенцияны рухани тұрғыдан тоздырып жіберуге негіз қалап берді.
1937-1938 жылдардағы зиялыларға қарсы жүргізілген жаппай жазалау саясатына және әкімшіл-әміршіл жүйенің орнығуына байланысты олардың көбісінің есімін ауызға алудың өзі мүмкін болмады.
1938 жылы 28-маусымда қазақ және орыс тілдеріндегі 97 кітап пен кітапшаны таралымнан қайтарып алу, оларға тиым салу жөнінде қаулы қабылданды ///. Олардың ішінде С. Асфендияров, Ә. Байділдин, І. Жансүгіров, Ғ. Тоғжанов, Т. Жүргенов, Ұ. Құлымбетов, І. Құрамысов, Н. Нұрмақов, Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, С. Сейфуллин, Т. Шонанов және т.б. еңбектері болды.
80-жылдардың соңына дейін 20-30-жылдардағы ұлттық зиялылардың қоғамдық-саяси қызметіне арналған арнайы зерттеу объектісі есебінде жазылған еңбек жоқтың қасы. Қазақстандағы таптық қозғалысқа немесе кеңестік құрылысқа арналған еңбектерде “ұлтшылдық”, “сәдуақасовшылдық”, “қожановшылдық”, “рысқұловшылдық” деген айдар көп айтылды, аталмыш қайраткерлердің қызметі мен саяси идеяларын барынша қаралап көрсетуге тырысушылық орын алды ///.
Алайда тақырыптың күрделілігі бұл мәселені әлі де болса кеңінен, тереңдете зерттеуді қажет етеді деп ойлаймыз.
Біз, кейінгі ұрпақ, абзал ағаларымыздың қиын-қыстау жағдайдағы айнымас асыл ар-ожданын, парасатын қадірлеуіміз қажет. Сондықтан да Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін жылдарын зерттеу өте маңызды мәселе.
Қазақстандағы қуғын-сүргін жылдарының зерттелуі Кеңестік тарихнамада әкімшіл-әміршіл жүйенің қыспағына байланысты орын ала алмады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында бұл мәселе елеулі орынға ие болды. Қазақстан тарихшылары бұл тақырыпты бірнеше бағыттарда тереңдете зерттей бастады.
Алайда, тақырыптың күрделілігі бұл мәселені әлі де болса кеңінен, тереңдете зерттеуді қажет етеді деп ойлаймыз.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның еркін, демократиялық ел болып, басқа мемлекеттермен тең, қатар дамуы үшін туған халқымыздың өткен тарихын терең зерттеп, жан-жақты біліп, оны жаңа буынның санасына сіңіру қажет. Біз өзіміздің жұмысымыз осы үлкен нысанаға аз да болса қызмет етсе, алдыға қойған мақсатымыз орындалды деп санаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер тізімі:
- Шоқай М. Таңдамалы. – Алматы: Қайнар, 1999. Т. 1. – 521 б.
- Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.
- Қозыбаеы М. Ақтаңдақтар ақиқаты. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 272 б.; Историография Казахстана: уроки истории, — Алма –Ата: Рауан, 1990. – 136 с.; Историческая наука Казахстана (40-80-е годы XX века). – Алма-Ата: Қазақ университеті, 1992. – 143 с.
- Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Санат, 1995. – 368 б.
- Омарбеков Т. XX ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері: Көмекші оқу құралы. – Алматы: Қазақпарат, 2001. – 404 б.; Зобалаң. – Алматы: Санат, 1994. – 272 б.
- Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры. – Алматы: Жалын, 1992. – 196 б.
- Сейфуллин С. Көкшетау. – Алматы: Жазушы, 1994. – 175 б.
- Рысқұлов Т.Р. Собрание сочинений. – Алма-Ата, 1982. Т. 1. – 227 с.
- Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. – Алматы: Қазақстан, 1994. –447 б.
- КПСС съезінің, конференцияларының және Орталық Комитет пленумдарының қарарлары мен шешімдері. Т. 2. (1917-1924 жж.). – Алматы: қазақсатн, 1972. – 469 б.
- Известия ЦК КПСС. – 1990. — №10. – 88 с.
- КР ПМ – 141-қ, 1-т, 28-іс, 29-п.
- “Ақжол” туралы үш құжат. // Ақиқат. – 1993. -№1. – 91б.
- ҚР ПМ –3-қ, 1-т, 124-іс, 100-п.
- Тоғжанұлы Ғ. Екі жастың әңгімесі. / Ұлтшыл мен коммунист // Еңбекші қазақ. –1929. – 26 қыркүйек. — №212
- Нақымжанұлы Ә. Қыңырлатқан партия жолына. // Еңбекші қазақ. – 1929. – 8 қаңтар. — №6
- Нұрмақов Н. Жікшіл туралы // Еңбекші қазақ. – 1926. – 25 қараша. — №262
- Қойгелдиев М. “Рыскуловское” совещание: участие Т. Рыскулова в совещании руководящих работников автоном. образований РСФСР в 1926 г. // Горизонт, — 1994. – 16-23 сентября
- Ф. Голощекиннің Алматыдағы партия белсенділерінің жиылысында жасаған баяндамасы. // Еңбекші қазақ. – 1930. – 15 қазан. – №228
- Қазбек М., Маймақов Ғ. Құпия кеңестер. – Алматы: Санат, 1999. – 336 б.
- Голощекин Ф. Казахстан на путях социалистического переустройства. Сб. статей и речей. Москва – Алма-Ата: ОГИЗ. – 1931. – 248 с.
- Махат Д. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде “оңшылдық” және ұлтшылдыққа айыптау: тарихы және салдары: (1925-1930): Т.ғ.к. дисс. – Алматы, 2000. – 151 б.