АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс.Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт – азаттық көтерілісі

Мазмұны

 

Кіріспе……………………………………………………………………………………………..

 

І тарау. ХІХ ғасырдың 20-50 жж. Қазақ – Ресей қатынастарының тарихнамасы.

1.1  Ұлт – азаттық көтерілістің Қазақстандағы орны……………………………

1.2  К.Қасымұлы көтерілсі тарихнамасы, кезеңдері, талаптар, қозғаушы 

       күштері және саяси лидері………………………………………………………….

 

ІІ тарау. К. Қасымұлы көтерілісінің тарихнамасы

2.1 Кенесары Қасымұлының  дипломатиясына зерттеулер…………………

2.2  Қазіргі заман Қазақстан тарихнамасы………………………………………….

 

Қорытынды…………………………………………………………………………………….

Әдебиеттер және сілтемелер тізімі………………………………………………….

 

 

Кіріспе

 

         Тақырыптың өзектілігі.

         Кенесары Қасымов тарих сахнасына Абылай ханның ісін жалғастырушы ірі тұлға ретінде қадам басты. Ал ол кездегі жағдайға келсек, патша әскерлерінің бастырмалатқан әрекеттер салдарынан, сібір және Орынбор қазақтары туралы 1822 -24 жылдарына уставтар қабылданғанына қарамай, саяси оқшауланушылығын әлі де сақтап келе жатқан Қазақстан аудандарының тәуелсіздігіне қатер төнген болатын. Сондықтан көтеріліс шығарушы сұлтанның басты мақсаты Қазақстанның Абылай хан тұсіндағы территориялық шептерінің тұтастығын қалпына келтіруге, Ресей құрамына кірмеген жерлердің толық дербестігін сақтауға құрылды, ол халық қозғалысынан бөлектенген жекеленген сұлтандардың, билердің өз еркімен кетушілігін қатал басып – жаншыды. Ресей  саясатын қолдаушыларды аяусыз жазалады.

         Қазақстардың бұл көтерілісі бастапқы кезінен -ақ кең құлаш жайған қарқын алды.

         Тақырыптың мақсаты мен міндеті.

         Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт – азаттық көтерілістің негізгі мақсаты: бостандықты аңсаған қазақ еліне, яғни, тәуелсіздігіне қол жеткізу, қазақтың теңдігі үшін, қазақтың жері үшін бар өмірін сарп еткен Кенесары Қасымов өзінің туы астында үш жүздегі қазақ руларының едәуір бөлігін топтастыра алды.

         Жұмыстың құрылымы.

         Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан,  қорытындыдан, пайдаланылған  сілтемелер мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

         Тарихнамасы.

         Қазіргі  кезде Кенесары  Қасымұлы турады жазған кітаптар аз емес. Кенесарының 10 жылдық көтерілісі туралы көрсетілген. Қазақ елі үшін, жері үшін қанын төккен Кенесары  хан туралы көптеген еңбектер жазылған. Атап айтқанда Е.Бекмахановтың “Қазақстан ХІХ ғасырының  20-40 жылдарында” атты еңбегінде  Кенесары хан туралы көптеген деректер келтірілген.

         Кенесары хан жайында көптеген баспасөз беттерінде жарияланған “Ақиқат”, “Қазақ тарихы” журналдарында бірнеше мақалалар жарияланған. Ж.Қасымбаевтың “Қазақ хандары” атты еңбегінде Кенесары хан туралы, оның іс – әрекеті жайында нақты жазылған.

 

І тарау.  ХІХ ғасырдың 20-50 жж. Қазақ – Ресей қатынастарының тарихнамасы.

 

1.1  Ұлт – азаттық көтерілістің Қазақстандағы орны.

 

Он  жылға  созылған,   үш   жүзді   қамтыған   азаттық қозғалыс қазақ қауымының қайшылықтарын да, бірлігін де, алауыздық пен осы арпалыстың сырында ашты. Қазақ қауымының бір-біріне қарсы тұрған жігіне XVIII ғасырдың соңындағы Кіші жүздегі Сырым батыр бастаған көтерілісте, не 1836—1838 жылдардағы Кіші ордадағы Исатай Тайманов қозғалысында да дөл осындай айқындалмады. Отаршылдыққа қарсы бой көтеруді үш жүздің барлық тұқымдары, тіпті Кененің өозіне жақын Абылайдың ұрпақтары бірауыздан қолдады десек біржақтылық болар. Бұл арада рулық қауымдасып емір сүру ерекшеліктеріне байланысты кейбірде ат төбеліндей ақсүйектердің тайпалық — қандық дәстүрге сай көшпенділердің тобын лықсытып, бірде үкіметке қарсы, екіншіде хан Кенесарыға да қарсы көтеріп отырғанын естен шығармасақ. Әрине, негізінен қазақ феодалдары мен орыс әскерінің офицерлерінің қолынан шыққан, тіпті көп жағдайларда облыстық басқармалардағы чиновниктер дайындаған құжаттарда қауымның екіге жарылып кеткендігін жасырмай сипаттайтын деректер сирек кездеседі. Ал казақ даласында болған саясатшылардың, көтеріліске байланысты оқиғалардың ақиқатын іздеген басқа да авторлардың жазбаларында жергілікті феодалдардың арасындағы теред жік ашып көрсетілген. Абылайдың ұрпағы Шоқан Уәлиханов жазбаларында көтерілісті даттап, оның реакциялық сипаты бар қозғалыс деп баға бергенін жоғарыда келтірдік. /1/

Көрнекті зерттеуші, Шоқанның досы Ядринцев (Семилужинский) қазақтың ұлы ғалымы туралы кейіннен жарияланған естелігінде Кенесары қозғалысына біршама мән берген. «…көтеріліс кезінде дала екі партияға ажырады: біріншісі тәуелсіздік үшін күрессе, екіншісі патша билігін мойындады. Жыршылардың суырып салма ақындар сайысында Кенесарының жеке басы жиі көтерілетін» А, Янушкевич байқағандай «күрестің саяси арнасы поэзия болды, шешен тілдерімен сайраған қырғыздар бір-бірін ақындық семсерімен түйресіп бақты» белгілі ғалым саяхатшы хатшы Г.Н.Потанин да Шоқан туралы естеліктерінде жас Уәлиханов өзінің Саржан мен Кенесары жөнінде тарихтан, ауыз әдебиетінен, мысалдардан қызықты мәліметтер келтіретінін түйіндей келе, «дала сол кезеңде екіге жіктелді: орыс және ұлттық. Кейінгіні Арқа деп атаған осы топтың белді жақтастары негізінде оңтүстік аудандарға, тақыр жерлерде қоныстанды. Екі партияның қарама-қарсылығын тенсоннан да байқадым. Көтеріліс мәселелері өлеңдерде де орын алған. Ақмола облысы округының белді биі Сапақ Тәңірбергеновтың асында болған айтыста ақын Өтеубай орыс үстемдігі қазақтарға жағымды деп өлеңдетсе, Сарысу өңірінің ақыны Құлтымай, оның ел үшін зиянын дәлелдеп берді. Кенесары ханның ешқандай кедергісіз Ресейге іргелес орналасқан Орынбор даласында көшіп-қонып, өзінін «қарақшыларының» қатарын көбейткенін, Ордадағы жаэдайға әсерін тигізгенін Н.Середа да қостайды. «Осы орданың тұрғындарыннң аз ғана бөлігін есептемегенде, барлығы дерлік оны хан ретінде таныды. Өте айлакер саясатшыл Қасымов әкімдерден өзінің іс-қимылдарын тасада ұстайтын»,— деп бағалайды хан Кенені Н.Середа .

Патша үкіметінің саясатына наразылық білдірген қазақтардың барлық әлеуметтік топтары үшін Кенесарының биік тұлға болғандығын XIX ғасырдың 60-шы жылдарында қазақ ауылдарын аралап, мәліметтер жинаған, Түркістан өлкесінде кейіннен ірі әкімшілік қызмет атқарған, қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыруға ашық қарсылық білдірген А.Гейнсте көңіл аударған. «Кенесары барлық жаңа тәртіпке бойұсынбағандарды әсіресе, сұлтандарды өзіне тарта білді. Олар Кенесарыға семьяларымен, мал-жайларымен қосылды, өздерінің елінің қожасы сезінді. Қазақ билеушісінің өзін қолдамаған руларды тонағанын, күшпен соңынан ерткенін, ешкім оған кедергі жасай алмағанын,— А.Гейнс те толықтыра жазады.

Ал Л.Мейер Кенесары турасында халықтың және дала ақсүйектерінің көзқарасын екі ұшты білдіреді. Мысалы, 1840 жылы Сібір және Орынбор жағынан бір мезгілде бірнеше ірі жазалау топтарының Кенесарыға қарсы қимылдарының өрістегенін талдай келе, Л.Мейер осындай ауыр жағдайдың өзінде,  мысалы, Кіші -жүздің Шөмекей руының белгілі биі ханға қызын ұзатқанын мақтан еткен. Төртқара, Шекті және бірнеше рулардың көтеріліс басшысын елдің ханы деп тануында негіз мол болғанын айта келе, екінші жағынан, Қасымұлының туы астына басын қосқандар «панасыз қаңғыбастар, баратын жер, басатын тауы қалмаған адамдар еді»,— деген біржақты қорытындыға келеді. /2/

Көтеріліс бүкіл елге жайылмай тұрғанда, жеке рулардың Сібір және Орынбор қазақтарының уставына наразылығын басу округтық приказдардың жанындағы аға сұлтандарға, негізінде әскери чиновниктерге тікелей бағындырылған казак отрядтарына жүктелді. Көтерілістің тез арада Кіші және Орта жүзді шарпуы патша үкіметінің көтерілісшілерді жазалайтын бірқатар шараларының қабылдануына себепші болды. Егерде Ертіс, Есіл, Жайық әскери шептері бойында орналасқан казақ феодалдары отарлауды күшейткен уставтарды қарсылықсыз да қабылдаса, казак әскерлерінен алыс, даланың ішкі аудандарындағы ауылдар уставқа мейлінше қарсы болды. Кенесарыға ойысқан семьяларымен, мал-мүлкімен жөңкілген осы округтық приказдан алыс орналасқан ауылдар еді.

Көтеріліс басталысымен патша үкіметінің губернаторлары Ресей империясына «антты» бұзғаны үшін округтық приказдардан ажырап түкпірлі аудандарға ойысқан қазақ ауылдарынаа «контрибуция» сала бастады. Үкімет анықтап берген өңірден көшіп кеткендер Ресейдің жауы деп жарияланып, сотқа тартылатын. Архив қорларында патша губернаторларының талабымен дайындалған көтеріліске дем берушілермен белсенді қатысушылардың тізімдері сақталынған. Кейіннен көтерілістің басты күштері оңтүстік Қазақстанға ауысуына байланысты округтық приказдың аға сұлтандары шекаралық комиссияның талаптарын қалтқысыз орындау барысында «бүлікті» жақтаған, немесе ханға оң пиғылда болғандардың сан алуан тізімдерін «құпия» деген грифпен Омбы мен Орынборға жеткізген. Бұл тізімдердің бір артықшылығы қозғалыстың әр кезеңінде Кенесарыны қолдаған Абылай тұқымдарының есімдерін анықтауға да мүмкіндік береді. Сондай бұрын жарияланбаған бірнеше құжаттарды оқырмандардың есіне ұсынсақ.

1838 жылы Құсмұрын округінде сараланған деректерде Кенесары «бүлігіне» қатысы бар деген бірнеше сұлтан, старшындар тексерілген. Деректің бір жағында қозғалысқа қатысы бар деп күдікке қойғандар тізімі, екінші жағында олардың күнәсінің дәрежесі анықталған: сұлтан капитан Жалбыр Абдуллин, старшина, прапорщик Барлыбаев олардың көтеріліске қатысы бар ма, жоқ па ешқандай белгі соғылмаған. Кенжеғали болысының старшинасы Шанка Мевдекин, сұлтан Кенжеғали Аспандияров: 1838 жылы К.Аспандияров өзін қолдаған 15 шаңыраққа бас болып, даланың ішкі аудандарындағы көтерілісшшерге қосылған. Сол жылы белгісіз себептермен өз ауылына қайта оралған Округтық приказдың ұсынысы бойынша одан 2 түйе, 25 жылқы, 5 мүйізді кара мал, 20 қой контрибуция алынған. «Бүлікшілердің» тізімінде Абылай тұқымынан Әбділда Абылайұлы мен Төрежан Әбділдиндер бар.

Кенесары айлакерлігімен Ресей ықпалындағы сұлтандарды да өз ығына көндіргенін айтып кеттік. Абылайдың ұлдарының бірі — Әбділда сұлтан алғашында патша үкіметіне бас иген белгілі шонжарлардың бірі болды. Бірде мынадай оқиға болған. Полковник Қонырқұлжа Құдаймендинмен аттұяғын біріктірген Әбділда өзінің тобымен Кенесары сарбаздарының қоршауында қалады. Үкіметке өзін байлап бермек болған Әбділданы Кенесары жазаламай, арнайы үй тіктіріп, екі күн қонақ етіп жібереді». Осыдан былай Әбділда сұлтан көтерілісшілер жағына ойысты.

1838 жылы 100-ге тарта төленгіттерін, уақ болысының екі ауылын үгіттеп, Ресейдің билігін әлі де мойындамаған Бағаналы қазақтарына көшіп кеткен. Келесі 1839 жылы баласы Төлеужан сұлтанмен белгісіз себептермен өз қонысына қайтып оралған, Батыс Сібірдің генерал-губернаторының «прокломациясына» сай жоғарыда көрсетілген «контрибуцияны» төлеген. /3/

Ақмола округі  бойынша  електен өткен мадшеттерге қарағанда Тұртұғұл болысынан сұлтандар Күшік, Жадай, Жанай Айшуақовтар,     билер Сейдалы  Жанмурзин, Аққошқар Кішкентаевтар да көтеріліске   қатысқандар қатарынан   бөлініп   көрсетілген. Осы сілтеме берілген құжатта аттары аталған сұлтандардың басты кінәсі -өздері   қоныстанған       округты рұқсатсыз тастап, «қарақшыларға»  қосылғандығы.  Кейіннен қайтып оралса да, губернатордың нұсқауына сәйкес олар жауапқа тартылған. Ал Жадай, Күшік Айшуақовтар кейіннен екінші рет Кенесарыға «қашып» кеткен. Ақмола округтық приказында есімдері    келтірілген сұлтандардың  Кенесары «бүлігінде» белді орын алғандығы баса көрсетілген. Осылар Кенесарының барынша қолдады. Пикеттер мен басқа да қоныстарға шабуыл жасағанда көтерілісшілерге тірек болды, сауда керуендерін тонауға қатысты. Округтардан болыстарын алшақтап кешіп кетуіне, біздін қырғыздардың малын талан-таражға салуға басқаларға арқау болған»,— деген айыпты оқуға болады.

Ақмола округы бойынша көтеріліске дем берушілердің тізімдерінде сұлтандар мен билердің аты-жөндері ажыратылып берілген. Аманкелді және Айтай билердің балалары Қойлыбай, Бекберді, Үмбетей «заңға қарсы істерге» қатысқан, орыс қоныстарына шабуыл жасаған, хорунжий Рытовты, оның қазақтарын талқандауға қатысқан; билер Батеш Одырбайұлы, Матақ Танақайұлы, урядник Парадаевты жазалауға қатысты; Мұса Садырбеков інісімен көтерілісшілерге қосылып, Ақтау бекінісін қоршауда көзге түскен; би Боқа Тынтиев қазақтарды Кенесарыны қолдауға үгіттеген, кейін сұлтанмен тізе қосып күресіп,  ерлігімен көзге түскен .

1839 жылы маусым айының 1-інде жеке Сібір корпусының штабынан «Сібір қырғыздарының» шекаралық комиссиясы төрағасының міндетін атқарушыға рапортында Акмола округыңдағы көтеріліске байланысты оқиғалар алан, тудырып отырғанын айта келе, қазақтардың үрейін алу үшін көетерілістен ажырап, ауылдарына қайтып оралған болыстардан «контрибуцияны ендіруге» ерекше мән беру мақұлданған.

«Бұл оқиғалардың бүкіл дала өңіріне әсер ететінін ойластырып, Кенесарының жақтастарының ұсақ-ұсақ партиялармен сауда керуендерін титықтататынын есіңізден шығармай, жергілікті әкім ретінде Ақмола маңында, жалпы осы далалық өңірде өзіңіздің болуыңызды қажет деп санаймын»,— деп ескертті шекара комиссиясының өкілін Сібір корпусының командирі.

Сібір губернаторының әсіресе ерекше мән бергені Көкшетау округы. Көтерілістің ең басты ошағы Абылай ханның ұрпақтарының Ғұбайдолла, Саржан, Қасым сұлтандардың иелігі.

Қазақ даласының осы бір әсем өлкесін отарлауға қарсылықтың өріс алған өңіріне үкіметтің ерекше мән беруі түсінікті, Сібір шекаралық комиссиясы, князь В.Д.Горчаков көтеріліске катысы бар деген, тіпті есімдері күдікке ілінген сұлтандарды кеп жағдайда жауапқа тартуды мән беретін іс  деп қарады.   Осы  мәселе  турасында мәлімет жинатуға патша үкіметі тек «аштан айнымаған» феодалдарды — аға сұлтандарды тартып қоймай, сонымен қатар округтық приказдардағы казактарға да үміт артты. 1839 жылы жазғытұрым Көкшетау округтық приказынан болыснайларға   «маңызды   қағаздарды»    жеткізу   тапсырылған  казактар  Нефед  Михеев  пен Михайло Ефимов шілде айында, округтық приказға қайтып оралғаннан кейін болыстарда өздерінің байқағандарын ортаға салады. Уәли ханның жесірі Айғанымның ауылына барғанда Кенесарының келуін қуана күтіп отырғандарды байқаған. Екі қазақты жібермей ұстап қалған сұлтандар оларды шаштарын қырғызып,  қазақтардың  дәстүрін  қабылдап,   Кенесарыға берілуге үгіттеген. Ал сұлтан  Шиген  Уәлиұлы   оқ-дәрі беруді  талап  етіп,  кейіннен солдаттарды  көрші  ауылға апарып салған. Бұл  мәліметке қарағанда, Орта жүзде ақыл-парасаттылығымен құрметке бөленген Уәли ханның жесірінің халық көтерілісін жақтағаны күмән туғызбайды. Белгілі орыс ғалымы, саяхатшы П.П.Тян-Шанский кейіннен «Әкесі жағынан Шоқанның туған әжесі Айғаным балаларымен, көтеріліс кезінде үкімет жағын ұстады, ал Уәлидің   бірінші   жұбайының   балалары   ханның  Ресей билігін мойындауына қарсы болған еді»,— деп жазған. Көкшетау    округы    бойынша    «Кенесарының    ылаңына» қатысы бар сұлтандардың тізіміне ілінген төртеуі: Ниген Уәлиұлы,   Таны   Тортайұлы,   Қанқожа   Уәлиұлы,   ханша Айғаным   Уәлиева.   «Бұл  сұлтандар, —  деп   жазылған Көкшетау округы бойынша тізімге түсіндірмеде — Михеев пен  Ефимовты  шаштарын  тақырлатып,   қырғыз   болуға, одан кейін бүлікшіге кетіп қалуға үгіттегенін… тағы да еске салған. Осы деректе сонымен қатар азаттық күреске ат салысқан Көкшетау өңірінің бірқатар старшиндарының аты-жөндері де келтірілген: Қараша-Жаңлыбай болысынан Шоқан Баянов, Жанабауыр Жаманов, Мыңбай Қарашин, Көптай Байсарин, Есенбай болысының ауылдық старшыны Байбатыр   Айсарин т.б. Бұл старшындар бірнеше билермен қосылып, Піралы Ғаббасұлы сұлтанның болысын Кенесарының «қарақшылары» шабуыл жасағанда жол  көрсеткен, оған  өздері де  қатысқан. «Қара тізімдердің» ішінде ерекше көз жүгіртетін көтерілістің басты ошақтарының бірі – Баянауыл округы бойынша «құпия  мәліметтер», Тек, 1839 жылға   қатысты мәліметтерде, үкіметтің сенімінен шыққан 18 сұлтан,  18 би, 7 старшын. Солардың қатарында көтеріліске қатысқандары анықталған сұлтандар: Маман, Тоқтамыс, Таймақ, Дүйсембі, Таймас Абылаевтар, ағайынды Рүстемовтар, Жәнібек Абыдшайызов. «Күдіктілердің» қатарында белгілі бай Мұса Шормановтың есімін де кездестіреміз. Жалпы Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы және Баянауыл округтары бойынша 1838—1839 жылдары жинастырылған деректерге қарағанда, көтеріліске 80-нен астам сұлтандар мен билер белсене қатысқан. Олардың негізгі дені — Абылайдың тікелей ұрпақтары. /4/

Көтеріліске қатысқандарды анықтап жазаға тарту науқаны Кенесарының жақтастары Жетісуға ығысқанға дейін де толастамады. 1847 жылдың қаңтар айында Сібір шекара комиссиясының төрағасы генерал-майор Вишневский өз мекемесінін кеңсесінде «Кенесары ісіне» қатысқандар жөнінде мәліметтердің болмауына байланысты генерал-губернаторға өтінішінде округтық приказдағы «құпия тізімдерді» қолына түсіруді өтінген. 1847 жылдың қаңтар айының 7-інде инфантерия-генералы Горчаков Вишневскийге жазған хатында әрбір округ бойынша «Кенесарының әлегіне» бой ұрған сұлтандар мен билер жөніндегі құжаттарды, Батыс Сібірдің бас басқармасына да жіберуді еске салды .

Патша үкіметінің сойылға соғып, азаттық үшін алысқандарға қарсы жанталаса күресіп баққандар ең алдымен округтық приказдың аға сұлтандары, отаршылдық басқару жүйесімен ауыз жаласып үлгірген феодалдар, ел ішіндегі бытыраңқылықты өз мүдделеріне пайдалануға тырысқан болыснай, ауылнай, сұлтандар мен старшындар еді. Әсіресе Кенесарының көтерілісіне өршелене қарсы шыққан Абылайдың тұқымдарының бір тобы. Патша үкіметімен ауыз жаласқан Аманқарағай округының аға сұлтаны, Шоқанның әкесі, майор Шыңғыс Уәлиұлы.

Архив құжатындағы құпия тізімде Шыңғыс Уәлиұлының тұсында көтеріліске қатысы бар ма деген сауалға, нақты жоқ деп жауап берілген. Ақмола округының аға сұлтаны Қоқырқұлжа Құдаймендин мен Шыңғыс сұлтан Кенесарыға қарсылардың басын біріктіруде аянбаған патша үкіметінің атқосшылары. 1842 жылы желтоқсан айының 10-ында «бүлікші» сұлтан Кенесарыға қарсы қимылдарға белсене қатысқаны үшін майор Шыңғысқа алтын медаль тапсырылды. «Бүлікші» сұлтан Кенесары Қасымовқа қарсы біздін әскери топтарымыздың сәтті қимылдарына ерекше қолқабыс тигізгені үшін алтын медальға ие болды»,— деп жазылған сұлтан Шыңғысты наградтау жөніндегі жарғыда.

Сыр бойында патша үкіметіне қарсы күресте ерекше орын алған батыр Жанқожа Нұрмұхамедовтың Кенесары көтерілісі туралы көзқарасын анықтау қиын. 1846 жылы патша үкіметінен силық ретінде кафтан, 1847 жылы 200 сом күміс ақшамен жалақы тағайындалған, 1848 жылы есаул әскери шеніне ие болған батыр Жанғожаның халық есінде қалған тамаша ерліктерімен бірге солқылдақтық саясаты да Кенесары көтерілісінде көрініп-ақ қалды.

Елдің кең құрметіне бөленген Есет Көтібаров батырдың Кенесарыға деген көзқарасы бір шама анық. Есет батыр Кенесарыға күдікпен қарады, Қасымұлын хан деп мойындағысы келмеді,— деп жазды белгілі тарихшы В.Ф.Шахматов. Кенесары Есет батырдан салық төлеуді талап етті. Оны қабылдау Кенесарының билігін хан ретінде танумен пара-пар еді. 1841 жылы маусым айының 14-інде старшина Құлетай Құқановтың Орск бекінісі коменданты полковник Исаевқа түсіндірме жазбасында Ырғыз өзенінің жоғарғы ағысы бойында қоныс тепкен 30—40 шаңырақтан тұратын ауылында Кенесарының өзін ілтипатпен қабылдағанын хабарлай келе, Шекті, Төртқара, Жаппас, Шемекей руларынан көптеген қазақтардың жиналғанын Кенесарыны халықтың кең қолдауының бір көрінісі деп сипаттайды. Сонымен бірге «белгілі батыр» Көтібар балалары, ұлдары Дәрібай мен Есетті ертіп, Шекті руының Тілеуқабақ руының билері мен старшындарын бастап Кенесарының аулында болғанына мән береді. «Қандай екендігі белгісіз Көтібар батыр Кенесарының алдында бірқатар алауыздықтарды шешуді талап еткен. Кенесары Көтібардың қыр көрсетуін қабылдамай, келісімге келуді ұсынған. Бұған өкпелеген Көтібар ауылына қайтып кетеді. /5/

Кенесарының ашық жауларының бірі — Құнанбай Өскенбаев. Қара сүйектің өкілі, өзінің қабілетімен көзге түскен Құнанбай Қарқаралы округының аға сұлтаны дәрежесіне дейін көтерілді. 1846 жылы Орта және ұлы жүздің жерінде Вишневскийдің экспедициясы құрамында болған А.Янушкевич Құнанбайдың жеке қасиеттерін аузынан сілекейі аға дәріптеген. Сол жылы болашақ кемеңгер ойшыл Абай бір-ақ жаста еді.  Әдетте Абайдың ұлттығын, терең ой иесі екенін сипаттағанда, оған әсер еткен себептердің сырын ашқанда әкесі Құнанбайдан да табиғи жаратылыс жағынан одан көптеген қасиеттер дарығанын еске алмайтын сияқтымыз.    Құнанбайды ожар, қатыгез, қара түнек кертартпалықтың өкілі деп жағымсыз мінездеме беріп келгеніміз шындықтан біраз ауытқу. А.Янушкевич өзінің күнделіктері мен жазбаларындағы Құнанбайдың жеке басын сипаттауына біздін күдіктенуге негізіміз де жоқ. А. Янушкевич 1833 жылдардағы Польшадағы азаттық қозғалысқа белсене қатысқаны үшін генерал-фельдмаршал Сакеннің ұйғарымы бойынша дворьяндық атағынан айрылған, 1841 жылдан Омбы округтық сотында кеңсе қызметкеріне тағайындалып, кейіннен Сібір шекаралық комиссиясына жұмысқа алынған, 1846 жылы генерал-майор Вишневскийдің экспедициясы құрамында Аягөзден Ақбастауға (қазіргі Шұбартау ауданының Алғабас совхозының Көксеңгір-Шыңғыс тауларымен шекаралас өңірі) дейінгі жолда Құнанбаймен күн сайын тілдесіп, қазақтардың өмірі жөнінде көптеген мағлұматтар алған. «…қарапайым қырғыздың баласы,— деп жазды А.Янушкевич,— табиғатынан парасатты, шешен, іскер, отандастарының қамын терең ойлайтын Құнанбай дала заңдарының, құранның білгірі, қырғыздарға қатысты бар Ресей уставтарынан да жақсы хабардар. Жаны таза қазы, мұсылмандыққа берілген плебей (қара сүйек — Ж. Қ.) Құнанбайдын, аруақ ретінде даңқы кең жайылып кеткен. Кедей де, бай да, жас та, кәрі де түкпірлі ауылдардан шұбырып, одан кеңес алуға, сөзін тыңдауға асығатын. Абылайдың ұлы сұлтан Алидың аулында бірнеше күн қонақ болған би Құнанбай Кенесары көтерілісіне қарсы қазақ феодалдарының күресінде патша үкіметінің сойылын соққан қазақ даласындағы белгілі шынжыр балақ, шұбар төс шонжар.

Ташкентке, іргелес өңірде көшіп-қонып жүрген, ұлы жүз ақсүйектерінің арасында беделді Али сұлтанның Кенесарыға қарсы топтасқан Жетісудың Сарымсақты өзеннің бойындағы әскерге өз ұйғарымымен келуіне генерал Вишневский тіптен разы болды. Оған дейін 76 жастағы Сүйік Абылайханұлы, Сыбан руының басшысы Адамсат Ыбақов, Албан руының жетекшісі Хақым, Дулат руының белді сұлтаны жоғарыда аталған Әли Әділовтар Кенесарыға қарсы күресу мен Ресей билігін мойындауға келісім беру үшін жиналған.

XIX ғасырдың 80-шы жылдарында өз жақтастарымен Омбыға барып, Ресей билігін мойындаған Сүйік Абылайұлы кәрілігіне қарамастан Кенесарыға қарсы белсенді үгіт жүргізушілердің бірі болды. Тіпті кейіннен де капитан Гутковскийдың И.Ф. Бабковқа жазғанындай, Сүйік сұлтан орыс үкіметіне өзінің берілгендігін білдіру үшін, офицерлерге, «қырғыздарға» сенбей, жандарына ең сенімді және жас адамдар ертіп, абайлап жүріңдер деп ескертеді екен.  /6/

Зеңбіректердің гүрсілінен бе, орыс солдаттарының мылтығының жарқылдаған үшкір найзасынан ба, әлде Кенесарының жеңісіне күмән болғаннан ба-Дулат, Албан, Сыбан, Шапырашты руларының сұлтандарының бір бөлегі Ресейдің билігіне бас иуге генерал Вишневскийге ант етті. «Біз Абылай өреніміз. Кенесары бізге қандас, туыс. Оның мінезі бізге мәлім, қазір келсе де аш бөрі сияқты 100 ауылды шабар елі… Алайда бірде-біріміз Кенесарыға қарсы қол көтермейміз.

Патша генералының әбден шырмауына ілінген Ұлы жүздің белді сұлтандарының бір тобы Абылай жолынан бас тартты. Ұлытаудан Алатауға дейінгі өңірде найзаның ұшымен жол сілтеген ұлы Абылайдың жаугершілік дәстүрінен тұқымдарының бір тобы тікелей тайып кетті. 1846 жылдың шілде айының 22-інде сұлтандар Сүйік Абылайұлы, подполковник Әли Абылайұлы, Адамсат Ыбақов, Қамбар Асланов, Жанғазы Сүйіков, Мамырхан Бадылов, Аблек Алин, Дайыр Ішімов, Тінаш Таңатаров, билер Диқанбай Қажыланов, Сары Алтаев, Саймбет Байдериев, Қарабай Түлесов, Менке Боқтыбаев, Туғамбай Қойгелдиев, Дінанқияс Тынышбеков, Асылбек Байғарин, Қазыбек Тайбақин, Қоңғыбай Қаптағаев тағы да 16 би патша генералымен мәмлеге келіп, Кенесары қозғалысын жаншу мақсатында төмендегідей шешімді бекітті: Кенесарыны бүлікші, оның жақтастарын жауымыз деп санап, олармен ешқандай байланыс жасамау біздің казақтар арасында бір-біріне күдіктенушілікті, тонауды тоқтату, «жыртқыштарды» қуғындау, болашақта орта жүз қазақтары арасында барымтаға жол бермеу, «қарақшыларды» көрсек бір-бірімізді ескерту, сол сағатта Ресей үкіметіне хабар беру.   

Сонымен Кенесары көтерілісінің бір ерекшелігі  де қазақ феодалдары арасындағы жегідей жеген алауызда Егер халықтың басты бөлігі отарлаудың тереңдеуіне разылық   білдіріп, 10 жылғы  арпалысқа  ат  салысса, жергілікті ақсүйектердің екінші бір тобы патша үкіметіне ілініп, қызмет етіп, азаттық соғыстың басты кезеңдерінде көшпенді елді екіге жарып, жазалау топтарының қимылдарын біршама жеңілдеткені айқын. Кенесарының күресті қолдаудан бас тартқан ауылдарды шауып қатігездік те жасағаны, әсіресе, округтық приказдың аға сұлтандарын шешуші кезеңде ел мүддесінен айнығандығын айыптаудың бір көрінісі еді.

 

1.2  К.Қасымұлы көтерілсі тарихнамасы, кезеңдері, талаптар, қозғаушы күштері және саяси лидері

 

Қазақтардың ХVІІ-ХVШ-ғасырларда болған ірі көтерілістерінен Кенесары көтерілісінің ерекшелігі—оған үш жүздің бұқара халқы қатысты. Жұртшылық бір мезгілде бас қосып, қауымдаса атой салмағанына және қозғалыстың бір жерде күшейіп, екінші жерде бәсеңдеп отыруына қарамастан, Кенесары көтерілісі алғашқы жылдары-ақ кең қанат  жайып,  жалпы  халықтық қозғалысқа  айналды.

Кейбір рулардың көтерілісшілерден бөлініп кетуін және олардың орнын басқалардың басуын (әр жылдарда), ең бірінші: Кенесарының бір жүздің жерінен екінші жүздің қонысына орын ауыстыруымен және көтеріліс аймағының үнемі өзгеріп отыруымен түсіндіруге болады. Кенесары соңынан барлық рулар ілесе алмады, көпшілігі өздері көшіп-қонатын мекендерінде қалуға мәжбүр болды, сондықтан да олар көтерілістен кейде уақытша, кейде мүлде тыс қалып қойды. Бірақ бұған қарап біз олар Кенесарыдан толық қол үзіп, көтерілістің қонысын бүтіндей тастап кетті дей аламыз ба? Керісінше, оларға өзінің сенімді серіктері ретінде қарап, арқа сүйеген Кенесарыға деген іш тартуы бәсеңсіген  жоқ.

Белгілі рулардың, мәселен, адай, жаппас және арғынның бір бөлігі Кенесары көтерілісіне қатысқан жоқ. Адайлар жер шалғайлығынан әрі патшалық өзгінің ықпалын аз көргендіктен қатыспаса, Шеген Мусиннің қол астындағы арғын руының бір бөлігі мен зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегеновтың қарамағындағы жаппас руының кей бөліктері көтеріліске қарсы болған ел басыларының ықпалынан шыға алмады. Ал кейбіреулері белгілі бір себептерге байланысты көтеріліске  қатысуға тәуекел  етпеді.

Біз қарастырған ресми мәліметтерде қазақ руларының ішкі бөліністерінің бір-бірімен араласып, шатасып кеткенін еске аламыз.  Қазақтың бөлінуін,  оның ішкі жіктелуін кез — келген біле бермейді, оны тек зерделі адамдар ғана жадында сақтай алған. Ендеше, бұл мәселеден хабардар болмаған патша шенеуніктерінің және басқа да адамдардың ақпарларында қате мәліметтердің кездесуі табиғи нәрсе. /7/

Қазақ руларының қозғалыс ағысына біртіндеп-біртіндеп араласқанын байқауға болады. Көтеріліске қатысушылардың саны 1843-45-жылдары көбейе түскен. Өйткені бұл кездері қозғалыс өзінің шырқау шегіне жетті. Дәл осы кезеңде қозғалыс Қазақстанның қазіргі жерінің денін тұтастай қамтыған еді. Мәліметтер бойынша, Кенесарыны белсене қолдағандар: қыпшақ, төртқара, жағалбайлы, табын, тама, шөмекей, бағаналы, шекті, алшын, керей, жаппас, арғын  рулары  еді.

Аталған қазақ руларының барлығы патшалық Ресейге күреске шыққан жоқ. Шөмекей және табын сияқты рулар қазақ даласының қиян шетінде өмір сүргендіктен, олардын Россиямен   мүдделері  қайшы   келе  қоймаған   болатын.

Бұл рулар Сырдария, Қуаңдария өзендері бойында және Қызылқұмда жаз жайлап, қыс қыстап жүрген. Олар Хиуа және Қоқан хандықтарымен шекаралас қоныстанды. Шөмекейліктер мен шомішті табындар Қоқан және Хиуа бектерінің ауыр езгісін бастарынан кешіріп жатты. Сондықтан да осы қазақ рулары ортаазиялық хандықтардың езгісінен құтылу үшін Кенесары көтерілісіне қосылды. Дәл осындай нәрсені Ұлы жүз руларына (дулат, жалайыр) байланысты да айтуға болады. Көтеріліс орталығы Ұлы жүз иелігіне ауысқанда бұл қазақ руларының Кенесарыға қосылуы — олардың патша отаршылдарының езгісіне емес, ол Қоқан бектерінің  қанауына көрсеткен  қарсылығы еді.

Кейбір зарттеушілер арғын және жаппас руларының Кенесары көтерілісіне қатысуын жоққа шығарады. Мысалы, М.И.Стеблин-Каменская: «Шеген Мусин бастаған арғын руы Кенесарыға қосылған жоқ, сондықтан 1845-жылы көтерілісшілердің қатарында арғын руы қатыспаған деуге негіз бар»,— деп қорытынды жасайды. Алайда істің мәні мынада: «Арғын»— рудың жалпы атауы, ал бұл рудың құрамында Қазақстанның барлық аймағында орналасқан қарпық, темеш, қаракесек, атығай, қарауыл сияқты тармақтары бар еді.. Аталған ру тармақтары көтеріліске белсене атсалысты. Шындығында, тек би Шегем Мусиннің қол астындағы арғын руының бір бөлігі ғана 1845-жылға дейін көтеріліске қосылмады. Бірақ арғын руының ата мекенінің ортасынан ойып патша бекіністерінің салынуына байланысты    арғындардың    бұл    тобы    да    Кенесарының көтерілісіне қосылды. Ал арғын руының рубасысы Шеген Мусин өкімет алдында беделді болғанымен, оның келісімінсіз арғын руының жеріне бекініс салуға рұқсат бергені үшін енді билеуші сұлтандарға қарсы Өштік пиғыл көрсете   бастады.

Ол 1845-жылы Ахмет Жантөринге былай деп жазды: «Сіз маған алтын алқа бердіңіз. Мойныма таққан соң мен қызға, әйелге айналдым, ал барқыт шапан киіп жас жігітке айналдым.. Алтын, күміс ақша алдым. Менің жерімде дала сұлтаны Ахмет бекініс салып, орыстан әскер берді. Не істеуім керек? Мен Ахметке ризамын. Тек қана басымызға шаш қойып, мұртымызды баспай, аузымызға салбыратып жіберу ғана қалды. Оны да істейміз әлі! Бәздің дініміз бір, тіліміз бір. Сіз осындай іс жасауға жол бердіңіз. Мен дәрменсізбін. Сіздің патшадан рақым сұраймын деген уәдеңізге біз сеніп қалған едік, бірақ мынадай күтпеген оқиға болды және неден болғанын білмеймін. Менің ойымша, сен сұлтандықтан, ал мен би болудан бас тартуымыз керек. Мынадай мақал бар: «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Біздің кепеміз келісетін емес, сондықтан мен өзімді би, сені сұлтан деп ойламаймын. Мен: Ахмет ақылдасатын болар, ойымызды ортаға салармыз деп ойлағанмын. Бірақ бұлай болмады, сондықтан мен өзіммен  өзім  ақылдастым.  Неліктен  бұлай?  Білмеймін».

Жаппас руына байланысты да осыны айтуға болады. Жаппас руының белгілі бөлігі (қалқаман) 1838-жыл, 1843-жылдары көтеріліске қатынасып, Кенесарыны қолдады. Кенесарыны тек зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегенов пен Алтыбай Көбековтің қол астындағы жаппас руының қазақтары ғана қодамады, олардың ауылын Кенесары 1845-жылы талан-таражға ұшыратты.

Осы деректің негізінде өкіметтің ресми хабарламаларында жаппас руының көтеріліске қатысуы жоққа шығарылып, Кенесарыны жаппас руының бітіспес жауы ретінде көрсетеді. Бұндай ойдың негізсіз екендігіне деректерге  жүгінсек анық көз жеткізе  аламыз.

Кенесарының жаппас руын шабуыма 1844-жылы осы жаппас руынан зекет жинауға Наурызбайды 100 жасауылымен жіберуі себепші етті. Бұл кезде жаппас руының Алтыбай мен Жанғабыл бастаған қазақтары патшалық Ресеймен тығыз байланыста болып, Қоқан хандығымен де сыбайласа араласты. Жаппастықтар Наурызбай мен оның жасауылдарын иіліп қарсы алып, өздерінен тиісті зекетті жинап беруге уәде  етіп, кешке   қонақасы беріп, ауыл-ауылға бөліп қондырды. Түн ортасы ауып, жасауылдар ұйқыға кеткенде, зауряд хорунжий Жанғабыл өзінің сыбайластарын жиып, Наурызбай мен оның жасауылдарын өлтіруге уәделесті. Жанғабыл өзінің ойға алған ісін сәтті аяқтау үшін әрі жақтастарын жігерлендіру мақсатында өзінің соңынан бүлікшілерді жоюға күшті орыс отряды келе жатыр деп хабар таратты, ал кімде-кім көтерілісшілерге қарсы шығудан бас тартса, қатаң жауапк,а тартылады деп үрейлендірді. Сондықтан да Жанғабыл кездестірген қандай да болмасын жаппастық оның сөзіне еріп, бүлікшілерге қарсы көтерілді және олардың қолға түскенін қырып-жоя бастады. /8/

Жанғабыл жасауылдарды өлтіріп, Наурызбайдың қосына жақындаған кезде, қастандык, туралы хабарланған ол, өзінің бірнеше  серіктерімен жасырынып  үлгерген еді.

Наурызбайдың жүз жасауылының 95-і қаза тапты, олардың ішінде Кенесарының сүйікті батыры Байтабын да бар еді, ол ұзақ атысып, қатты қарсылық көрсетті, ең соңында оны батпаққа тықсырып, қоршауға алған кезде оққа ұшты.

Осы оқиғаға байланысты зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегенов Орынбор Шекара комиссиясына жолдаған хабарында былай деп жазды: «Россияның бодандығына адал боламыз деген антымызға сай және патшамыздың жау-ларынан кек алу үшін біз қас дұшпандарымыздың 95 адамын өлтірдік».

Кенесарыға Байтабын батырдың өлімі өте қатты батты. Омар Шипин өзінің «Жеті батырдың оқиғасында» сол кезеңде Наурызбаймен бірге болған жасауыл Төлегеннің әңгімесін келтіреді. Кенесары Байтабынның өлгенін естіген соң, өзінің барлық сарбаздарымен бірге 3 тәулік бойы аза тұтады. Төртінші күні батырдың бейітіне ескерткіш орнаттырды. Осы ескерткіш әлі күнге дейін сақталғам. Ескерткіш орнатылған жер «Байтабын доңызы», ал көз жумған жері  «Байтабын  соры» деп  аталады.

Болған оқиғадан кейін Кенесары Жалпақ бастаған өзінің өкілдерін арғын руының басшысы Шеген Мусинге жұмсап, онан жаппастықтармен жоғарыда аталған оқиғаға байланысты бітімге келу үшін араға түсуін және «оған Наурызбайдың өзі кінәлі ме әлде жаппастықтар кінәлі ме, сол туралы мәлімет жеткізуіне»  өтініш жасады. /9/

Сөйте отырып, жаппас руының билерінен есе қайыру үшін Кенесары зауряд хорунжий Жанғабыл мен басқа да қырғынды ұйымдастырушылардың ауылдарына шабуыл жасады.  Наурызбайдың жасауылдарының қырғынына себепкер болған Жанғабылдың, Алтыбайдың, сұлтан Омаровтың, ауыл иесі Мырзабек Құлмановтың, Ниман Алтыбаевтың біраз малдарын тартып алды. Кейбір кездерде жаппас руының ауылдарына шабуыл жасау барысында Кенесары, елшілерінің өліміне кінәлі болмаса да, бейбіт ауылдарға шектен тыс қатыгездік жасады.

Алайда жаппас руының дені, Наурызбайдың жасауылдарының өліміне қатысы жсждары, көтерілісшілерді бел-сене қолдауын тоқтатқал жоқ. Бұған Наурызбайдың жасауылдарына қастандық, ұйымдастырушылардың бірі — жаппас Елемес Сұлтабаевтың билеуші-сұлтан Ахмет Жантөринге берген куәлігі дәлел: «Сұлтан Кенесары Қасымов маған және зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегеновке өткен жылғы Кенесарының жақтастарын өлтіргеніміз үшін өштесуде, ол бізге- шабуыл жасамасын деп, ауылдарымызбен Сібір шебіне қарай жылжыдық. Бірақ руластарымыздан 120 ауыл Торғайға қарап бөлініп кетті, біздің қанша бөлінбеуге шақырғанымызға қарамастан, олар Кенесарыдан бас тартпаймыз, себебі, біз оның жақтастарын өлтіруге қатысқан жоқпыз деп жауап берді»,—  деп көрсетеді.

Кенесары ешқашан жаппастықтарды өзінің саяси дұшпаны санамаған. Жанжалды тоқтату мақсатында ол 1845-жылы жаппас руына өзінің өкілін бітімге келу үшін келіссөз жасауға жіберді. Оп: «Үш адамға — Байтабын, Қанай және белгісіз тағы бір азамат үшін құн төлеуді, сонымен бірге олардың мінген аттары мен қындарындағы қылышын қайтарса, онда ол жаппас руына ешқандай кек сақтамай, біткен  іске  салауат дейміз,»— деді.  /10/

Екі жақты езгіге—солтүстік батыста патша өкіметінің отаршылық езгісіне, оңтүстікте ортаазиялық хандықтардың езгісіне және сұлтандар мен билердің патриархалдық-феодалдық қанауына ұшыраған қазақ халқының бұқарасы Кенесарының соңынан ерді, оның жеңісі әбден титығы шыққан, адам төзгісіз ауыр тұрмысты жеңілдетеді деп ойлады.

Қазақтар көтерілісшілерге қосылу себебін «зорлық пен зомбылықтың шактен шығуы» деп түсіндірді. Мысалы, Сарым болысының азаматы Жаңғұты Бумантаев Ақтау комендантына берген түсініктемесінде былай деп көрсетті: «Кенесарыдан қорыққандықтан емес, татарлар мен қарқаралылық орыстардың тықсыруынан қырға ішкерілей ендік,   алыстағанда іздегеніміз  тек тыныштық  еді».

Дәл осындай жауапты Ақтау комендантына Соқыр би мен   Базар  старшын  да   берді:   «Біздің   қырға  кетуіміздің бірден-бір себебі—Құдайменді сұлтан мен татар Бегіштің жәбірлеуі».

Кенесары көтеріліске қатысқандарға тек жер беруді уәде еткен жоқ, сонымен бірге, ауқатты, бай өмір сүресіңдер деп те уәде берді. Бұны Кенесары жақтастары берген түсініктемеден де көруге болады. Орынбор Шекара комиссиясындағылар  олардан  «неге   Кенесарыға қосылдыңдар?» деп сұрағанда, олардың көпшілігінің жауабы біреу болды: «Кенесары бізге байлықпен өмір сүргіземін деп уәде берді». Бағаналы руынан шыққан Тұрлыбек Темағынов тергеу барысында: «Мен Кенесарыға байлық табу үшін  қосылдым»,—  деп  жауап  берді.

Кенесарынның екінші бір жақтасы, Кенесарының жүзбасысы болған Тайман Мейірманов былай деді: «Кенесарыға қосылған себебім, оның Ордада атағы шықты және кімде-кім оның тобына қосылса, ол бай болады»,— депті, сондықтан өзінің отбасымен, туған-туыстарымен Кенесарыға көшіп  барды.

Сонымен бірге, Кенесарының патша үкіметі тартып алған қазак, жерлерін қайтаруды және салынған бекіністерді жоюды, алым жинау мен әр түрлі салық салуды тоқтатуды талап етуі және бұрын қазақтарға тиесілі болған жерлерді қайтару үшін Қоқан мен Хиуа хандықтарымен күресуі — қазақ халқының өмірлік мүдделеріне сай еді. Кенесары: «Қазіргі бастықтар… жерді кесіп-пішіп, қамал салып, халықты мазалауда»,— деп жазды. Мұны билеуші-сұлтан Ахмет Жантөрин де атап өтті, ол: «Кенесары сұлтан далаға бекіністердің салынуына қатты наразы және барлық қырғыздарға (қазақтарға — ауд.) «бастықтар қазақтардың ең жақсы жерлерін тартып алып жатыр» деп жар салды»,— деп  жазды.

Кенесары қазақ жерлерінің тартып алынуына күйініп қана қойған жоқ, атамекенді кері қайтару үшін де халықты батыл күреске шақырды. «Ата-бабамызға тиесілі жерге салынған бекіністерді талқандап, өртеп жіберемін»,— деп өкіметке  сес  көрсетті.

Қоқан ханымен тынымсыз күрес жүргізе отырып, Кенесары олардың шеңгеліндегі Ұлы жүздің жерлерін қайтаруды мақсат етті. Орынбор шекара комиссиясының торағасы осыған байланысты Азиялық департаментке: «Оның Қоқан жерлерін басып алуға тырысуының түпкі мақсаты — сол жерді қазақтарға бөліп беру»,— деп жазды.

Кенесары қазақтарға салық салуға да үзілді-кесілді қарсы шықты.  І-Николайға жазған  хатында ол:  «Біздің халықтан жасақ жинай бастады және оларға жан-жақтан қысым көрсетіп, шеттетіп жатыр, бұл біздің халық үшін үлкен қасірет»,— деп мәлімдеді. Генерал Горчаковқа жолдаған екінші бір хатта: «Қазақ халқына баж салыгын салдыңыздар, демек, бұл бізге қысым жасағандарыңыз, алым-салық төлеп сіздердің қол астарыңызда тұру тіптен мүмкін  емес»,— деп  жазды.

Кенесары «ежелгі тәуелсіздікті қалпына-келтіреміз», яғни «тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрамыз» деген ұранмен күрес  жүргізді.

Халық бұқарасының жанына жақын талаптар қазақ кедейлерінің де, жалшылардың да, жатақтар мен егіншілердің де мүддесін қозғағандықтан, олардың да күреске белсене қатысуы  табиғи  еді.

Көтеріліске қатысқан жалшылар туралы Кенесарының ордасында болған көптеген орыс шенеуніктері әңгімелейді. Екатерина станицасы маңында көтерілісшілердің қолына тускен А.Иванов кейін тұтқыннан оралған соң болған тергеуде: «Кенесарының қол астында 1500 жас өспірімдер мен бақташылар  бар»,— деп көрсетті. /11/

Кенесары ордасына арнайы барған патша тыңшысы Мыңбай Тұяқов: «Кенесарының кедейлігі мен қарусыз екендігін көрдім. Олар зорығып өлген жылқының етін жейді әрі киім киістері де жұтаң. Олар әдеттегі байғұстар сияқты өмір  сүреді»,— деп  хабарлады.

Сонымен бірге Мейер де: «Кенесары туының астына, негізінен, үй-жайсыз ержүрек жігіттер жиналды»,— деп көрсеткен  болатын.

Байғұстар мен жатақтардың көтеріліске қатысуы туралы қазақтың  халық әндерінде де  айтылады.

Көтеріліске егіншілер де белсене қатысты. Мұрағат деректерінде Сырдария бойын мекендеген шекті, кішкене шекті және төртқара рулары егіншілерінің көтеріліске қатысқаны  туралы айтылады.

Сонымен бірге көтеріліске Торғай және Ырғыз өзендерінің аңғарын мекендеген егінші қазақтар да қатысқан. Ал Торғай мен Ырғыз өлкесі осы қозғалыстың орталығы болғаны  белгілі.

Полковник Бизановқа берген түсініктемесінде Кенесарының ағасы Әбілғазы: «Менімен бірге ұсталған қазақтар Кенесарының қол астында жүргенімен, негізінен, олар кедейліктің кесірінен егіншілердің ішіне күн көру үшін сіңген жарпы-жақыбайлар»,— деп мәлімдеді.

Өзінің түсініктемесінде Шерман Асатов: «Кенесарының жақтастарынан   басқа,   оның   қасында   300-ден   астам   үй төленгіттер бар, олар қысы-жазы бірдей солармен бірге көшіп-қонып жүреді. Орта және Кіші орданың әр түрлі руларынан құралған төлеңгіттермен қоса, олардың қатарында қарауыл, атығайлар, уақтар, керейлер де бар»,—  деп  хабарлады. /12/

Соғыс жағдайында төленгіттер Кенесары үшін әскери күш ретінде керек болғаны түсінікті. Сондықтан да көтеріліске қосылған төленгіттер, негізінен, әскери жасақшының қызметін атқарғаны кездейсоқ нәрсе емес.        Тіпті, көтеріліске қосылған кейбір жеке қазақ рулары өздерін Кенесары төленгіттеріміз деп атады. Бұның өзі, уақытша болса да, төленгіттердің әскери күш ретінде беделінің  өскендігін көрсетеді.

Алайда төленгіттіктің уақытша қайта өрлеуі жалпы әлеуметтік дамудың ағымын тоқтата алмады, олардың бір кездегі әскери жасақ ретіндегі қызметі әлсіреп, бірте-бірте феодалға басыбайлы адамдардың тобына айналып бара жатты. Мұны көтеріліске қатыспаған Кенесарының өз туыстарындағы, мысалы, Шыңғыс Уәлихановтың, Абылаевтардың, Рүстемнің және басқалардың қол астындағы төленгіттердің жағдайынан-ақ көруге болады. Осы сұлтандар төленгіттерді басыбайлы адамдарға айналдыру үшін өкімет орындарымен үздіксіз хат жазысумен болды. Дәл осындай жағдай көтеріліске қатыспаған барлық сұлтандардың  төленгіттеріне де  ортақ  еді.

Кенесары әскерінің ішінде қазақтың үш жүзінен аса беделді, аты жұртқа әйгілі батырлары болады. Шұбыртпалы руынан шыққан Ағыбай (Орта жүз — Қарқаралы), сүйіндік Жанайдар батыр (Орта жүз — Баянауыл), қыпшақ (Орта жүз — Торғай) Иман Дулатов (Амангелді батырдың атасы), табын Жоламан Тіленшиев (Кіші жүз — Сырдария), дулат Бұғыбай (Ұлы жүз—Жетісу), атығай Аңғал батыр (Орта жүз — Көкшетау), қыпшақ Басығара батыр (Орта жүз — Ақмола), арғын Жеке батыр (Орта жүз), дулаттан шыққан Жәуке, Сұраншы, Бәйсейіт батырлар сияқты үзеңгілес жолдастары  болды.

Кенесары батырларының әлеуметтік құрамы біркелкі емес еді. Қара халықтан шыққан (Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, т.б.) батырлармен қатар, Кенесары батырларының арасында ақсүйектерден шыққан аты әйгілі сұлтан Наурызбай, табын руының биі Жоламан Тіленшиев те болды. Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы генерал Генстің айтуынша, Жоламанның 800 жылқысы, 2 мың қойы және 50  түйесі болған.

Аталған батырлардың барлығы Кенесарыны көтерілістің соңына дейін қолдады. Осылардың әрқайсысы туралы көптеген өлең, аңыз, әңгімелер бар. Кейбір батырлар өздерінің естеліктерін қалдырған. Сонымен бірге, мұрағат құжаттарында, көтерілістің соңына дейін қатыспаған батырлардың да есімі сақталған. Бұл көрініс Кенесарының Орталық Қазақстанның сайын даласынан Ұлы жүздің жеріне қоныс аударған кезінде байқалады. Мысалы, Кенесарыны Ұлы жүздің Тәуік, Сыпатай және т.б. батырлары қолдамады. Мұрағат материалдарында кейбір батырлардың көтеріліске қатысудан бас тартуының себебі туралы мәлімет кездеспегендіктен, оның толық мән-жайын түсіндірудің реті  келмеді. Айта кететін бір жай, сыртқы жаудың қауіп-қатерінен сескенген олар өздерінің әр түрлі әлеуметтік ортадан шыққанына қарамастан, белгілі бір уақытқа дейін бірлесіп қимыл жасады. Алайда көтерілістің соңына қарай, батырлардың әр түрлі әлеуметтік тегі қозғалыстың түпкі нәтижесіне әсер етпей қоймады. Батырлардың әлеуметтік құрамы туралы мәліметтерді біз, негізінен, ауыз әдебиетінің материалдарынан алып отырмыз. Мұрағат деректері тек қана батырлардың әскери қимылдарын сипаттаумен ғана шектеледі, ал олардың жеке бастары туралы мәліметтер  үзік-үзік  қана  кездеседі. /13/

Кенесары және оның серіктері жөнінде фольклор материалдарының құндылығы сонда, олардың көпшілігі ХІХ-ғ. аяғы мен ХХ-ғасырдың басында Кенесары батырларының, жеке көтерілістің басқа да қатысушыларының өз аузынан жазып алынғандықтан, олардың бағасы арта түседі. Кейбір мәліметтерді сол уақиғаларды көзімен көрген адамдар жазып қалдырған. 1890-жылы Т. Титаковтың Кенесарының батырлары Шынбай Мыңбаев пен Бектеміровтен жазып алған естелігі ерекше қызықты. Олардың айтуы бойынша, Ағыбайдың әкесі Олжабай шұбыртпалы руынан шыққан, ол өзінің бауырлары Манабай, Танабай, Мыңбаймен (олардың ағайындарын қосып санағанда 62 үй болған) бірге көтеріліске алғашқы күнінен бастап қатысқан. Олар Кенесары әскері қатарында шайқасты. Мысалы, Танабай Кенесары қолбасшыларының бірі және көтерілісшілердің арасында беделді болды. Олжабайдың өзі де батыр кісі еді.

Ағыбайдың шешесі Ақмола облысында көшіп-қонған тарақты руының қызы екен. Әкесі қайтыс болған соң, 13 жасар  Ағыбай  шешесімен  қалды.   Олардың  бар  байлығы тек «бір түйе, бір ат қана» болды. Басқа малдары болмады. Кейде тіске басар ештеңе табылмай қалғанда, Ағыбайдың шешесі жиі-жиі бай кершілерінен май, сүт және басқа қажетті нәрселерді рұқсатсыз алып отырыпты. Тым шектен шығып бара жатқан соң, бірде Кенесарының әкесі Қасым батырдың шешесінен оның бұл әдетін тоқтатуды және кершілерді  мазалауды қоюын  талап етіпті.

Ағыбай Саржан мен Есенгелдінің және Ержанның 1836-жылы Ташкент құсбегісіне барған елшілігіне де қатысты. Кенесарының көтерілісіне ол қатал өмір мектебінен өткен, есейген батыр болып қосылды. Ағыбай Кенесарының құрдасы әрі бірінші әскери кеңесшісі болды. Кенесары оны еш уақытта өз атымен атамай, әзілдеп «Көсе» деп атап, өте жақсы көріп, қатты сыйлапты. Ағыбайды көзі көргендер оның сыртқы түрін -былай деп суреттейді: «Ағыбай — иегінің айналасында ғана өскен сирек сақалды (қазақтар мұндай кісілерді «көсе» деп атайды), ұзын бойлы, кең иықты, шүңірек көз адам еді. Оның қолдары ұзын болғандықтан, сүйікті қаруы тоғыз түйінді, сырғалармен әшекейленген найза болды. Ол құлан терісінен жасаған мықты қайыс белбеуінде ілулі тұратын еді. Арқасында дөңгелек қалқаны, жанында күнге шағылысқан  қылышы мен  қысқа  қайқы  семсері  болды».

Көтерілісшілердің Ағыбайға деген ерекше құрметі туралы Кенесарының өз әйелдерінің бірімен әңгімесінен байқауға болады. Бірде ханым Кенесарыдан: «Сіз әскеріңіздегі кейбір адамдарға мыңбасы, бесжүзбасы деген атақтар беріп жатырсыз, неге сіз «Көсеге» атақ бермейсіз?»— деп сұрапты. Сонда оған Кенесары: «Егер әскерімнің алдыңғы легі ұрысқа «Абылай!» деп ұрандап кіріссе, ал олардың соңынан ергендері «Ағыбайлап» соғысқа кіріседі. Міне, сондықтан да мен оған әскери атақ  берген жоқпын»,— деп жауап  беріпті.

Ағыбай көтерілістің соңына дейін Кенесарыға деген адалдығынан айныған жоқ. Кенесары қаза тапқан соң, Ағыбай шұбыртпалы руымен қазіргі Ақмола облысының территориясына қоныс аударып, 83 жасында Қайрақты деген жерде қайтыс болды. ХІХ-ғасырдың екінші жартысында шығарылған «Ағыбай батыр» қисасы оның ерлік жолына арналған.

Кенесарының екінші бір атақты батыры —Амангелдінің атасы, қыпшақ руынан шыққан Иман батыр еді. Ол 1780-жылы бұрынғы Торғай уезінің Дулаттың Қызыл жары деген жерде  туған.  Иманның   әкесі  Дулат   орта  дәулетті адам болыпты. Иман көтеріліске 1839-жылы қосылды. Есіл өзені жағасындағы Көкалажар қамалын Кенесары — әскері қоршауға алғанда, гарнизондағылар көтерілісшілерді жақындатпай, ұзақ атысады. Сонда Иман батыр кішігірім тобымен байқатпай барып, қамалдың сыртынан соққы беріп, оған басып кіреді. Шайқас аяқталған соң, Кенесары сарбаздарын жинап, Иманның ерлігіне таңданғанын айтып: «Менің қасымда жолбарыстай қайратты, түлкідей айлалы Аякеңнің болғанына өте ризамын»,— дейді. Сонан кейін Кенесары құрметінің белгісі ретінде батырды «Аяке» деп атап кетіпті. Иман, жасы үлкен адам ретінде, Кенесарының әскери кеңесінің мүшесі болды.

Табын руынан шыққан Буқарбай батыр (Кіші жүз, Сырдария маңы) да Кенесарының сенімді серіктерінің бірі еді. Бұқарбай батырдың өз өмірбаянының қызықты кезеңдері туралы әнгімелері халық арасына кең тарап кеткен. Өзінің бір әңгімесінде қоқандықтардың Күреш деген қазақ ауылына шабуыл жасағаны туралы мынадай әңгіме айтып беріпті: Ауылдың тоналып, адамдардың тұтқынға айдалып кеткендігін естіген Бұқарбай батыр өзінің жасағымен қоқандықтардың соңынан түседі. Ол қоқандықтарды қуып жетіп, малдарын қайтарып, тұтқынға түскендерді босатады. Солардың арасынан Күреш байдың сұлу қызына көзі түседі. Ауылға оралған соң, Бұқарбай батыр Күреш байдан қызын өзіне әйелдікке беруін сұрайды. Күреш: «Қоқандықтар малымды айдап, тонап кетті, сондықтан қызымның қалың малына 47 бас мал бермесең, қызымды саған бере алмаймын»,— дейді. Сонда Бұқарбай батыр: «Менде бірде-бір мал жоқ, ондай қалыңмалды қайдан табамын»,— деп қызға қарапты. Сонда қыз орнынан тұрып, әкесіне қарап: «Егер Бұқарбай бізді қоқандықтардан құтқармағанда, қазір мен қайдағы бір Қоқан бегінің күңі болып жүретін едім. Бұқарбайдың ерлігінің өзі қалыңмалдың құнына татиды. Мен  тек осыған күйеуге шығуға  серт беремін»,— депті.  /14/

Бұл оқиға Бұқарбайдың кедей ортадан шыққандығын айтқызбай-ақ,  айғақ  етіп  тұр. Басқа бір фольклор материалдарында Бұқарбайдың ерліктері мен оның халық арасындағы аса беделді болғандығы  баяндалады.

Ауыз әдебиетінің шығармаларында басқа да батырлар туралы үзінді мәліметтер бар. Мысалы, Омар Шипиннің ауыз әдебиеті шығармаларының негізінде жазған «Жеті батырдың қысқаша хикаясы» атты шығармасында Құдайменді батыр туралы  мындай мәліметтер  бар:

«Ақсүйек Сандыбав Ерден Құдайменді батырдың қалыңдығын тартып алып, Қара Кеңгір және Ұлытау маңындағы жайылымдарын бермей, оны қуып жібереді. Сонда Құдайменді ауылынан қашып, Кенесарыға барып қосылады».

Кенесарының кейбір батырларының әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер мұрағаттық деректерде де сақталған. Мысалы, бас штабтың поручигі Герн 1845-жылы Кенесары ордасында болып, оның жанындағылардың жалпы кедейлігін, жайылымдарының нашарлығын айта келіп, қосымша Жеке батырдың ауылында 15 не 16 сиыр ғана бар екен деп хабарлайды. Жеке батырдың шын аты — Төлебай, 1838-жылы Ақмолаға шабуыл жасаған кезде көрсеткен ерлігі үшін Кенесары оны «Жеке батыр» деп атап кетіпті.

Поручик Герннің Жеке батырдың 15-16 сиыры бар деген хабары оның 5-10 үйден құралған ауылындағы адамдардың қажетін зорға  қанағаттандырып  отрығандығын  көрсетеді.

Екінші бір құжатта «Квнесарының айналасындағылардың ішінде      ерекше   сеніміне  ие  болғандар  қарапайым қырғыздардан (қазақ) шыққан батырлар: Жеке, Жанайдар, Сүтен  және  Шоқмар»,—  деп  атап  өтіледі.

Міне, қарап отырсақ, Кенесары батырларының бір бөлігі халық  бұқарасының  арасынан  шыққандар  екен.

Кенесары қозғалысына қазақ қоғамының әлеуметтік жоғарғы тобының өкілдері — сұлтандар мен ру билеушілері де қатысты. Олардың бір бөлігі көтерілістің басынан өздерінің жасақтарымен Кенесарыға ерді және соңына дейін оған адал болды. Бұлар, негізінен, Кенесарының жақын туыстары еді. Сұлтан Сейілханның түсініктемесіне қарағанда, 1846-жылдың соңына дейін Кенесарымен үнемі бірге жүрген туыстары мыналар: Наурызбай, Ержан Саржанов, Құдайменді, Сейілхан Бегалиев, Ораз Бопинов, Басалқа  Тоқтамысов,  Кенесарының  қайынағасы  және  т.б.

Бұлардан басқа, Кенесарының жақтастарының арасында патша өкіметіне наразы, 1822-жылғы «Сібір қазақтарының низамы» енгізілгеннен кейін өздерінің бұрынғы еркіндігінен айрылып қалғандар немесе кедейленген сұлтандар болды. Олардың да бір бөлігі Кенесарыны көтерілістің ақырына дейін  қолдады.  /15/

Патшалыққа наразы сұлтандардың бірі-Сармын Тұрсынханов тергеу барысында көтеріліске қосылу себебі: «Олардың арасынан біреуін де аға сұлтан етіп сайламай, бұл атақты  қарапайым  биге  бергендіктен»,— деп  мәлімдеді.

Көтеріліске белсене қатысқан сұлтан Қосан Жолбарысов туралы шекаралық басқарманың шенеунігі Сердюков: «Оның жағдайы нашар және адамдары да жоқ»,— деп хабарлады.

Сұлтандардың екінші бір бөлігі көтеріліске халық бұқарасының қысымымен байлығынан айрылып қалудан және халық арасындағы ықпалын жойып алудан қорқып қосылды. Олардың арасында даланы басқарудың жүйесінде белгілі бір қызмет атқарып жүрген кейбір сұлтандар да бар еді. Сібір шекаралық қазақтарының бастығы полковник Талызиннің 1838-жылғы жазған мәліметінде: «Жыртқышқа Ақмола өкірүгі сұлтандарының көпшілігі қосылып қойған жоқ, сонымен бірге Баянауыл, Қарқаралы және Көкшетау өкірүгтерінің де қосылғаны анық. Басқа барлық сұлтандар сырттай үкіметке адал болып көрінгенімен, олар Кенесарымен жасырын байланыста болды»,— деп жазуы бекер емес. Бұл сұлтандар көтерілістің уақытша серіктері болды. Олар көтерілісшілерді алғашқы сатысында ғана (1837-1838) қолдады. Көтеріліс бірте-бірте қазақ жеріне кеңінен тарала бастаған кезде, көптеген сұлтандар (Маман Абылаев, Қоңырқұлжа Құдаймендин, Күшік Айшуақов, сұлтан Дайыров, Көбеков, т.б.) қозғалысты сатып, жау жағына шығып кетті.

Күшік Айшуақов көтерілісшілер арасында жүріп полковник Талызинге: «Мен дуанға келе алмағаныма кешірім сұраймын. Қазір Кенесарыдан бірте-бірте алшақтап барамыз, біз оны дұшпан деп  есептейміз»,— деп  жазды.

Сұлтан Дайыров та Талызинге жолдаған хатында өзінің көтерілісшілер арасынан кетуге дайын екендігін хабарлайды. Ол: «Патшаға қарсы шығу және қару көтеру еш уақытта ойымызда жоқ және зиян келтіруді де ойламаймыз, қай жерде болмайын, бар уақытта да патшаға адал қызмет  етуге дайынмын»,— деп жазды.

Кенесары көтерілісіне ру ақсүйектері — билер, ірі феодалдар да қатысты, мысалы, Шаң Едігенов, Шорман Күшіков, Мұса Шорманов және т.б. Мұса Шорманов көтеріліске қосылғандықтан ғана өзін тонаудан аман алып қалды. Егер қосылмаған жағдайда ызаланған көтерілісшілер оның  бар  малын  барымталап  алатын  еді.

Мұса Шорманов өзін ақтау және патшаға адалдығын көрсету үшін орынборлық өкімет орындарына: «Кенесарыға еш уақытта қосылған емеспін және оның күресін қолдаған жоқпын. Ол мені шақырған еді, бірақ мен онан бас тарттым. Сізге белгілі, үнемі Кенесарының қаскөйлігіне қарсы күресіп келдім»,— деп жазды.

Үкімет өзінің жансыздары арқылы ру ақсүйектері және сұлтандармен тұрақты байланыс жасап тұрды. Олардың жері мен байлығын сақтап қалуға уәде бере отыра, Кенесары Қасымовтың «тобырынан» бөлінуге кеңес берді. Көтерілістің шешуші кезеңдерінде олар шынында да көтерілісшілерді тастап, патша үкіметі жағына шығып кетті.

Көтеріліске жеке рулардың басшылары — билердің және ірі феодалдардың қатысуы көтерілістің жалпы дамуына әсер етпей қоймады. Патриархалдық-рулық қатынастардың қалдықтары мен бір орталыққа бағынған мемлекеттің құрылуына мүдделі емес ірі феодалдар мен билердің іс-қимылдары кетеріліске шыққан халықтың күшін біріктіруге елеулі түрде кедергі келтірді. Кенесары оларға қарсы әр түрлі әдіспен қимыл жасады. Кейбір кездерде ру басшыларынсыз-ақ қазақ руларымен байланыс жасап, арасына үндеулер таратып, тікелей жұмыс жасады. Ал кей кездерде ру билерінің өздерін көтеріліске тартуға тырысты. Алайда қазақ руларын олардың басшыларынан бөліп әкету Кенесарының қолынан келмеді. Мысалы, арғынның қошқар руының биі Шеген Мусин 1845-жылға дейін көтеріліске қосылмады. Күреске оның қол астындағы ру тармақтары да қатыспады. Кенесары Шеген Мусиннің туыстары арасындағы беделімен сөзсіз санасты, сондықтан оған қарсы ашық  қарулы қақтығысқа  бармады.

Шеген Мусиннің және басқа да ру басшыларының беделі мен ықпалы қазақ қоғамындағы патриархалдық-рулық қатынастардың қалдықтарында рулық тұйықтық пен жершілдікке негізделген еді. Осы қалдықтар ру «көсемдерінің» беделі мен билігін мойындаудың алғышарты болды. /16/

Дәл осындай пікірді Есет Көтібаровқа байланысты да айтуға  болады.

Есеттің Кенесары көтерілісінен қол үзуін қалай түсіндіруге  болады?

Бұның басты себебі: тағы да сол патриархалдық-рулық қатынастың қалдықтарында, рулық тұйықтық пен жершілдікте жатыр. Есет Көтібаров шекті руы тілеуқабақ бөлімінің рубасы бола жүріп, кейбір қазақ сұлтандарына жолдаған хатында өзінің руын «тілеуқабақ халқы» деп атап, өз руының мүддесін жалпы халықтық мүддеден жоғары қояды. Кенесары оның руластарының бұған жасаған шағымдарын уақыт өткендігіне байланысты қараудан бас тартқанда, Есет оған өкпелеп, онымен байланысын үзді. Сонымен бірге, шекті руы мен төртқаралықтардың арасындағы   бұрыннан   келе   жатқан   рулық   жанжалды  да ұмытпау керек. Кенесарының Есетпен достық қатынас орнатуға және көтеріліске шыққан рулардың күшін біріктіруге тырысқан  әрекеттерінің  бәрі  сәтсіз  аяқталды.

Қазақстанға тән, қозғалыстың тұйықтығы мен бір жердің шеңберінен аспауы және патриархалдық-рулық қатынастардың үстемдігі Есеттің мінез-құлқына, іс-қимылына да әсер етті. Есеттің ортақ жау — патшалыққа қарсы күресі халық, бұқарасының күресін жеңілдететінін түсінген Кенесары онымен әскери қақтығысқа бара қойған жоқ. Есеттің көтерілістен шет қалуының өзі рулық томаға-тұйықтықтың қаншалықты күшті екендігін және көтеріліске шыққан халықтың бірігуіне кедергі жасағандығын көрсетеді, сонымен бірге, кейбір батырлардың күрес барысында рулық-феодал ақсүйектермен бірігіп кеткенін де  көреміз.

Ықпалы аз және әлсіз ру басыларын Кенесары әскери күш  қолданып  бағындырды.  /17/

Кенесарының Құдаймендин сұлтанға қарсы жорығы осындай қатынасқа тән шара болды. Осы жорық жөнінде Кенесарыда болған Тасболатов былай деп хабарлайды: «Жақын арада ол Қарқаралы бағытында қозғалып, сол өкірүгтің аға сұлтаны подполковник Құдаймендиннің қалған малын қуып әкетуге және қазақтардың арасында Кенесарыны балағаттағаны үшін және Құдаймендинмен бірге орыс отрядтарына көмектескені үшін сол өкірүгтегі Жамантайдың да жылқысын  алуға,   ауылын тонауға барады».

Ескерте кететін бір жай, Кенесары осы сияқты феодалдарды өте жақсы білетін және олардың көңіл күйін де түсінетін. Алайда өзінің алдына патшалық Ресейге, Қоқанға және Хиуаға қарсы жалпы майдан құру мақсатын қойғандықтан, ол қандай жолмен болса да көтеріліске қатысушылар санын көбейтуге тырысты. Оған сенімсіз болса да одақтастар аса қажет еді. Егер кейбір сұлтандардың қосылмайтындығына көзі жетсе, оларды қорқытып болса да бейтарап қалдыруға тырысты. Кенесарының назар руының билері —Байтөре мен Қаракүшікке жазған хаты сөзімізді дәлелдейді. Бұл хатта ол: «Менің хан екенімді мойындаңдар, сендермен арамызды суытқым келмейді. Егер бұрынғы іс-әрәкеттеріңе өкінсеңдер, іштеріңдегі ең сыйлы адамдарың маған келсін. Мен сендерге қайрымдылықпен қараймын. Ал егер келмейтін болсаңдар, онда мен, 30 жыл сендерді күтіп жүріп ем, енді 30 жыл бойы ісім сендермен болады. Сендерге өзімнің қызметшім Бабықты жіберемін, оның сөзіне сеніңдер»,— деп қорқытты. /18/

Міне, сондықтан да Кенесары көтерілісшілерінің арасынан сол кездегі қазақ қоғамының белгілі султандарынан және ру билерінен бастап, ауылдың кедейі-жалшыларына дейінгі  әр түрлі өкілдерін көреміз.

Көтерілісшілер құрамының әр түрлілігі ерте болсын, кеш болсын, қозғалыстың бәсеңдеуіне, соңынан оның жеңілуіне де  әсер  ететіндігі  өзінен  өзі  түсінікті.

Атап өтерлік жайт, ол көтеріліске басқа да ұлт өкілдерінің қатысу мәселесі. Бұл жерде ескере кететін мәселе, қазақтың езілген халық бұқарасы сол кезде де орыс халқының күресіне жанашырлықпен қарады. Бұл әсіресе Пугачев көтерілісі кезінде ерекше байқалды, қазақтар көтеріліске шыққан шаруаларға материалдық көмек қана көрсетіп қойған жоқ, сонымен бірге, өздері де  Емельян Пугачевтың  туы  астына  жиналды.

Алайда бұндай жағдайлар аз болған еді. ХІХ-ғ. бірінші жартысында орыс тұрғындарымен қарым-қатынас жасауына біршама алғышарттар жасалған болатын. Ол мына жағдайларға  байланысты  болған  еді.

ХІХ-ғ. 20—30-жылдары патша өкіметі Ресейдің орталық аудандарынан шаруаларды күшпен империяның шет аудандарына көшіре бастады, соның ішінде Қазақстанмен шекаралас жерлерге де. Шаруалар өздерін үйренбеген жерлерге қоныс аударғанға наразы болды және қазақтардың көтерілісіне тілектестікпен қарады. Патша өкіметіне Сібір және Орынбор бөлімдеріне әскери қызметке  жаңадан  алынғандар да  наразы  еді.

Көтерілістің алғашқы күндерінен бастап Кенесарыға көтеріліс ауданында тұратын көптеген ұлт өкілдері қосылды. Ортақ жау — патша өкіметіне қарсы қазақтармен бірге, қазақ далаларында өкімет орындарынан қашып жүрген  орыстар,   татарлар,   башқұрттар да  қосылды.

Олар Кенесары әскерінде қару-жарақшы, топ басшысы қызметін атқарды. Олардың көтеріліске қатысуы туралы Бас штабтың поручигі Герн: «Кенесарының қасында Сібір және Орынбор гүбірнатырларына бағынышты барлық рулардан қазақтар бар. Олармен бірге, бес орыс, төрт башқұрт және алты татар бар. Олардың кейбіреуі Кенесары армиясына қару-жарақ, оқ-дәрі жасайды»,— деп жазды.

Қару-жарақ шеберлерінің ішінде аталған орыстардан басқа, басшылық қызметте болған қашқын солдаттар да болды. Мысалы, Белешев және Малкин сияқтылар. Малкин туралы қызықты мәліметтерді өзінің   құпия   хабарында Аюшин былай деп хабарлайды: «Кенесары оны бай қалыңдыққа үйлендіріп, қол астына 40 адам беріп, бастық етті. Олардың бәрін орда маңында ұстайды. Қазір Кенесарының, қасында бірінші жасауыл—Хусни (башқұрт), Кішін (Малкин)— екінші жасауыл деп жүр. Кішін онда балуан ретінде даңқы шығыпты, ал Кенесары оған Батыр-Мұрат деп  ат қойыпты». /19/

Үкімет өзінің елшілері және жансыздары арқылы Кенесары әскерінде қызмет ететін қашқын солдаттар туралы мәліметтер жинауға тырысты. Герн бастаған елшілікті Кенесары ордасына жіберер алдында генерал Обручев «Кенесары ауылдарында қашқын орыс азаматтары бар ма, жоқ па, соны білуді», (алып қашпа сөз арқылы белгілі еді), «егер бар болса, онда оларды беруге көндіруді» арнайы  тапсырып  еді.

Қашқын орыстың біреуі Кенесарының жеке хатшысы болып  та  қызмет  етті.

Кенесарыға тұтқынға түскен орыс офицері барон У-р қолға түсісімен Кенесарының хатшысы қазақ шапанын киген, қырынған, белгісіз бір орысқа алып барғанын айтады. Белгісіз орыс барон У-рға қай губерниядан екенін айтудан бас тартқан. Осы қашқын орыс туралы тұтқыннан шыққан орыстар мен патша өкіметінің жансыздары да хабарлаған еді. «Аударма үшін екі адамы бар… бірі—татар, Троискі қаласынан,  екіншісі—орыс,  өзін орыс офицерімін»,— дейді.

Кейбір қашқын орыс солдаттары қатардағы жауынгер ретінде Кенесарының әр түрлі жорықтарына қатысты. Жаппастықтардан зекет жинау кезінде, Наурызбай бастаған 200 жігіттің ішінде, оның жеке көмекшісі Николай Губин де болды. Жаппастықтар қастандық жасағанда Губин Наурызбаймен бірге оның қасында еді, алайда атына мінуге үлгермей, тұтқынға түсіп қалды. Кейіннен ол Орынбор шекара  өкіметіне  берілді.

Кенесары қолға түскен орыс тұтқындарды қалуға үгіттеп, жақсы қалыңдық беруге уәде беретін болды, Кенесарыда тұтқында болған Федоров П. тергеуде: «Кенесары бірнеше рет христиан дінінен бас тартуға үгіттеп, қыздардың ең жақсысына үйленуді ұсынды, алайда мен онан әр түрлі уәж айтып, бас тарттым»,— деп жауап берді.

Кенесары ортаазиялық хандар мен дінбасылары барынша насихаттауға тырысқан кәпірлерге қарсы қасиетті соғыс — «Ғазауат» үндеуін ұстанған жоқ. Әдетте Қоқан немесе Хиуа хандары өздерінің басқыншылық соғыстарын «Ғазауат» үндеуімен бүркемелеуге    тырысатын.  Бұндай  жағдай Саржан Қасымов көтерілісі кезінде де болды, қоқан ханы қазақ жерлерін басып алуды көздеп, Саржанды орыстарға қарсы Қасиетті соғысқа және мұсылмандарды бірігуге шақырды. Бұл сөзсіз реакциялық үндеу еді. Ал Кенесары болса, өзіне қашқан әр түрлі халықтардың өкілдерін құшақ жайып қарсы алды. Әрқайсысының білімі мен тәжірибесіне қарай, әр түрлі қызметті сеніп тапсырды. Кенесарының әскерінде көптеген башқұрттар мен татарлар болды. Олардың күреске қатысуы туралы Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, генерал Генс: «Оларда көптеген башқұрттар мен Татарлар бар, маңызды  істерді  күтуге  болады».

Башқұрттар әдетте қару жасауға өте шебер келеді, кейбір мәліметтерге қарағанда, олар Кенесарыға зеңбірек құюға да тырысқан. Мысалы, өзінің жансыздарының мәліметтеріне сүйене отырып, сұлтан Ахмет Жантөрин Орынбор шекара комиссиясына жолдағай құпия хабарында былай деп жазды: «Қазіргі кезде Кенесары оның екі башқұрты зеңбірек құюға кірісті деп қазақтардың арасына сөз таратуда, оларға көмекке он адам беріп, оларды Ақкөл көлі жағасында жұмыс істеуге қалдырыпты, пайдаланатын заттарынан тек көмір ғана белгілі, оларға сексеуіл ағашын   күйдірген  бірнеше  арба  көмір  апарып  беріпті».

Кенесарының армиясында қашқын татарлар да қызмет етті,   алардың көпшілігі  басшылық қызметте  болды.

Татарлардың бірі — Әлім Жағудин әскери Кеңестің мүшесі болды. Көтеріліс жеңілген соң, оны Перім Қаласына жер аударды. Белгілі Сібір тарихының зерттеушісі И.Завалишин 1859-жылы Әлім Жағудинмен тікелей таныс болғандығын және оның уақытында «белгілі қырғыз сұлтаны Кенесары Қасымовтың кеңесшісі, елшісі және рухани досы  болғандығын»  жазады.

Басқа халық өкілдерінің көтеріліске қатысуының маңызы мен дәрежесін анықтау өте қиын. Алайда олар күреске ұйымшылдық сипат беруге көмектесіп, көтерілісшілерді әскери   іске үйретті.

Сонымен бірге, Кенесары ордасында қарақпалпақтар, түрікмендер, қырғыздар мен өзбектер де болды. Олардың арасында ерекше көзге түскені—Самарқанд пен Бұхарада білім алған өзбек Сайдақ қожа Османов еді. Елшілік келісімдерде және де хандықты басқаруда ол Кенесарының ең сенімді көмекшісіне айналды. Кейіннен Сайдақ қожа Османов тұтқынға алынды. Үкіметтің ресми документтерінде ол  туралы былай деп жазылды:   «Османов өзінің ақылымен, сөзге шешендігімен ерекшеленеді. Кенесарының басты көмекшілерінің бірі, оны көп жағдайда зекет жинауға ж«не ордалықтарды Кенесары жағына тартуға пайдаланды. Қолға түскен кезде онан әр түрлі бұйрықтар мен ордалықтарға арналған үндеулер   табылды».

Кенесары көтерілісінің құрамы, міне, осындай болды. Халық бұқарасының өздеріне жақын да түсінікті мақсаттар үшін, ең бастысы—жоғалтқан жайылымдары үшін күреске кеңінен тартылуы — көтерілістің аумақтылығын қамтамасыз еткені даусыз. Халықтың қолдауының нәтижесінде ғана көтеріліс 10 жылдай уақытқа созыла алды. Екінші бір даусыз нәрсе, ол көтерілістегі басшылық рөл халық бұқарасында емес, Қазақстандағы патриархалдық-рулық бытыраңқылықты жоюға тырысқан орта феодалдық топтардың қолында болғаны. Көтерілістің барысымен және Кенесарының саяси шараларымен танысқанымызда, біздің оған көзіміз жетеді. Әзірге, көтерілісте қоғамдык, күштердің бұлай орналасуы заңдылық екенін атап өтуге болады, себебі, Кенесарының ұлт азаттық қозғалысы феодализм жағдайында патриархалдық-рулық тұрмыс қалдықтары кезінде күшті дамыған еді. Халық бұқарасы Қазақстандағы патриархалдық-феодалдық қоғамдық қатынас пен рулық тұрмыстың билігі кезінде өзінің феодалды билеуші тобының билігінен  және  ықпалынан  шыға  алмады. /20/

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ тарау.  К.Қасымұлы көтерілісінің тарихнамасы

 

2.1 Кенесары Қасымұлының  дипломатиясына зерттеулер

 

         Қазан революциясына дейін дворяндық-помещиктік ағымдағы орыс тарихшылары Кенесарыны «қарақшы», «бүлікші» деп бағаласа, екінші жағынан, осы көтеріліс женінде арнайы еңбек жазған Н. Середа сұлтанның жеке қолбасшылық қасиетіне таң қалғаны сонша, оны «жеке басының аса ірі қасиеті бар билеуші, егер басқа жағдайда тәрбиеленсе, керемет мемлекеттік қайраткер болатынына» сенімі молдығын қайран қала суреттеген. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті өзінің 1951-жылдың 10-сәуірінде осы мәселеге байланысты қабылдаған қаулысының үшінші тармағының «В» пункітінде көтеріліс тек «бауржуазиялық-ұлтшылдық қозғалыс ретінде зерттелсін» деген нұсқау беруі былай тұрсын, Кенесарының жеке басына тағылған негізсіз айыптардан адамның жаны  түршігетін еді.

         Иә, сұлтанның біраз жантүршігерлік қатыгездігі болғаны рас еді. Бірақ көпшілік және бірқатар тарихшыларымыз да сондай біржақтылықтың шылауында кетіп, Кенесарының патша үкіметі мен қазақ елінің мүддесін соғыссыз, мүйіздеспей, келіссөзбен, бейбіт жолмен шешуге мейлінше күш салғанын есепке алмай, назардан тыс қалдыруға бейім болып келді. Осылайша талай тарихшының қырғыз және қазақ халықтарын «қасіретке душар еткен қандыбалақ» Кенесарының “кемшіліктерін”  табуға тырысқаны баршаға аян. Мақаламыздың осы бөлігінде Абылайдың жолын қуған, мұрасын шашыратпауға тырысқан өз заманының саяси қайраткері Кенесары Қасымовтың дипломатиясы жайлы дәйекті пайымдауларымызды ұсынып отырмыз. Сұлтан — алдымен қолбасшы, оның бұл қасиеті жайлы арнайы әңгімеде сипаттаған мақұл. Ал дипломатиялық қабілетінің қалыптасып, шыңдалуында заңды өріс бар. Бұл ретте мына бір жайға мән бере қарау қажет деп санаймыз. Оның дипломатиясы он жылға созылған табанды күресте шыңдалды. Патша үкіметінің жазалау-әскери қимылдарының және екі жақ күші ара салмағының үнемі Омбы, Орынбор және Петербург жағында басым түсіп жатқандығы көп-көп тығырыққа тіреді. Осындай қиын-қыстау жағдайда Кенесарының алдына қойған мақсатына дипломатия жолымен  жетуге  үміт  артуы  көңіл  бөлер  жай. /21/

         Байырғы қазақ жерінде, тіпті, Оқжетпестің түбінде, Абылай алаңына 80 шақырым маңда отарлау ошағының шаңырақ көтеруі (Көкшетау өкірүгі) Қасым төре тұқымының бас көтеруіне түрткі болғанын атап кеттік. Әкесі мен ағасы Саржан сұлтанның көтерілісін жеткіншек жасынан қуаттаған Кенесары, әрине, мәселені шешудің бірден дипломатиялық жолына түспеді. Елдің дербестігіне қазақ руларының басын қосып, отаршылдыққа қарсы ойдағыдай арпалысса жетуге болады деп сенген жас сұлтан келіссөз әдісін бірден қалаған жоқ. Жиырма екі жастағы Кенесары Батыс-Сібір генерал-гүбірнатырлығы озбырлығына қарсылығын былай білдіреді: «Абылай хан тұсындағы Ресеймен келісімнің бұзылуы бізге үлкен нұқсан келтіреді. Құдай қаласа, барлық қырғыздардың басын біріктірсек, Абылайдың тұсындағы жағдайымыз қалпына келеді.» «Бұл ұсыныс Қасым төре маңайына түгел ұнады. Ресейге қарсы күреске көтерілуге бәрі де келісті» деген шешімді Е. Смирновтың өңдеуімен 1889-жылы Ташкентте орыс тілінде шыққан кітапта Кенесарының ұлы Ахмет те растайды. Кенесары көтеріліс басшысы ретінде Орынбор гүбірнатыры В.А.Перовскийге жолдаған алғашқы хаттарының бірінде жыпырлап салынып жатқан әскери бекіністерді ең болмағанда 35 жылға тоқтатуды талап етеді. Екінші талабы тұтқынға алынып, каторгаға айдалған Ғұбайдолла сұлтанды босату болған. Кейін 1867—1868-жылдардағы патшаның қазақ жерін отарлауға кең жол ашқан реформаға қарсы бағытталған, 1870-жылды қамтыған Маңқыстаудағы   адайлықтардың   көтерілісі  туралы  арнайы еңбек жазған Н. Середаның мәліметтеріне қарағанда, орыс үкіметі Ғұбайдолла сұлтанды 1838-жылы екінші рет қамауға алып, жер аударды, қара жұмысқа салған. «Уәлиев Ғұбайдолла ханның ешбір кінәсі жоқ, бізбен де байланысты болмаған», — деп ақтады өзінің туысын Кенесары В.А.Перовскийге жеткізген  хаттарының  бірінде.

         ХІХ-ғасырдың 30-жылдарының екінші жартысынан былай қарай бірде Орынбор, бірде Батыс-Сібір генерал-гүбірнатырына әр түрлі мазмұнды хаттар жолдап, шиеленіскен ахуалды келіссөзбен шешуді ұсынған пікірлері Кенесары саясатының түбірін анықтайтын басты құжаттар. Атышулы сұлтанның кейінгі дипломатиялық талаптарының мәні мен мазмұнын тереңірек ашу үшін, біздің ойымызша, 1822-жылғы патша ұстабына отаршыл әкімшілер мен қазақ феодалдарының берген бағаларын салыстыру жөн сияқты. Кезінде «қарақшының» тұтқыны болып, 1848-жылы «Отечественные записки» жорналында «Төрт ай қырғыз даласында» деп аталған жазбаларын жариялаған барон Услар әлгі ұстабтың қазақ халқының еркіндігін табанға басатындығын мойындаған. Патшаның ақсүйек өкілі әулетінің қорытындысында  терең мән жатыр.

         Жоғарыда аталған Н. Середаның 1833-жылғы Польшадағы азаттық күреске қатысқаны үшін қазақ даласына жер аударылған, 1847-жылы Сібір шекаралық комиссиясының әміршісі генерал-майор Вишневскийдің экспедициясымен Орта және Ұлы жүзде қазақ феодалдарымен тілдескен Адольф Янушкевичтің, орыстың ұлы саяхатшысы П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің және басқалардың жазбаларында Кенесары саяси тұлға, қолбасшы, шебер дипломат ретінде аса жоғары бағалағанын ішінара басқа мәселелермен байланыстыра айтып өттік. Янушкевич, патша генералы тобының құрамында бола отырып, кейіннен Кенесарыны бірде Әлжір халқының француз отаршылдарына қарсы күресінің көсемі, шешен, ақын Абд-Әл-Қадерға, бірде біздің жыл санауымызға дейін 2-ғасырда Рим импеирясымен күресіп, кейде өз одақтастарын да сатып кеткен, көптеген соғыстар жүргізген Нумидия патшасы Югуртаға теңейді. П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің Кенесарыны «Қырғыз даласының Митридаты» деп бағалауында мол негіз бар. Көпті керген, өз заманының аса білімді перзенттерінің бірі — орыс саяхатшысының қазақ сұлтанын Рим империясының жаулау саясатына қарсы табанды  күрес   жүргізген,   Кіші   Азиядағы  шағын  ғана   Понт патшалығының дербестігін сақтап қалуда әр түрлі жолдарды қарастырған, айла-амалдардан да тайынбаған, белгілі қолбасы Гней Помейдің жеңісінен кейін өзін-өзі өлтірген Митридат Евпаторға теңеуі — оның қолбасшылық, дипломатиялық  қасиеттерін  жоғары  бағалағандық.    

         Кенесарының әскери, дипломатиялық тапқырлығы мен айлакерлігінің, саяси қайраткерлік қасиеттерінің көтеріліс барысында мейлінше әсер етіп, оған қатысушылардың қатарының өсуіне зор ықпалын тигізгенін орыс тарихшылары кезінде бірауыздан атап айтқан. Н.Середаның құжаттарына қарағанда, ол өз туы астында топтасқан әр түрлі рулардың өкілдері арқылы (теленгіттер, батырлар, туыстары) күллі қазақ даласына үндеу таратып отырған. Соның нәтижесі — шалғай жерлерден де сарбаздар топ-тобымен келіп жатты. Кенесарының тапқырлығы Россия билігіне ойысқан сұлтандарды да өзінің ырқына көндіруге дейін жеткен.

         Бірде мынадай оқиға болған. Полковник Қоңырқұлжа Құдаймендинмен бірігіп, көтерілісшілердің соңына түскен нағашысы Әбділда сұлтан Кенесары сарбаздарының қоршауына түседі. Патша өкіметіне өзін байлап бермек болып жүрген Әбділданы Кенесары жазаға тартпай, арнайы үй тіктіріп, екі тәулік қонақ етіп жібереді. Осы айласы кейін көп қазақ ауылының көтерілісшілер жағына шығуына әсер  етеді.

         Россияның билігін таныған феодалдарға қарсы күресте Кенесары ауыз толтырып айтатын жетістіктерге жетсе де, масаттанбады. Қолындағы күш пен мүмкіндігін сарапқа салып, патша үкіметімен қайшылығын келіссөзбен шешуге зор мән берді. Граф В.А.Перовскийге жолдаған хатында І-Николайды патшалардың патшасы деп көпіртіп мақтап, мадақ сөздерді аямай үйіп-төккен. Оның «Ұлытау мен Кіші тауға әскер жібермеңіз. Басқаша болса, біздің жұбайларымыз бен балаларымыз патша ағзамға қызмет ете алмайды» деуі, сұлтанның осалдығының көрінісі емес, қазақ даласына әскерді жолатпаудың қамы болды. Кенесары В.А.Перовскийге жолдаған тағы бір хатында, Абылайдың кезінде ІІ-Екатерина патшайымға жіберген құжаттағыдай, «мен оған алыста, жақында болсам да жүрегім мен жанымды салып қызмет етуге дайынмын. Маған бір шен мен грамота алып берсеңіз», — деген өтініш  жасайды.

         Кенесарының І-Николайдан атақ, шен сұрап, Орынбор әкіміне «жығылуын» бірыңғай феодалдық мемлекетті қалпына келтіру   жолындағы   тактикалық   айла  деп   ұққан дұрыс. Ханның бұл әрекетінің терең астарына мән бермеген, бірақ қуанып қалған В.Перовский Петербургке жолдамасында: «Мұғалжардан шығысқа қарай көшіп, жайғасқан Кенесарының өтінішін қабылдап, оның беделін қайсақтар арасында орыс билігін күшейту үшін пайдалануды жөн көремін», — деген ұсыныс енгізеді. Бұл ойға Петербург сарайы тіпті құлақ салмайды. /22/

         Бірақ бұл кезде империядағы саяси ахуал да өзгеріске ұшырады. Бұхар әмірі мен Хиуа хандығының Кенесарымен жақындасуы, әскерлердің бір бөлігін имам Шәміл туы астында топтасқан «ғазауат» жариялаған тау халықтарының күресін басуға аттандыру қажеттігі патша үкіметін қазақ ханымен келіссөз жүргізуге итермеледі. Келіссөз арқылы қазақ хандығын сақтап қалуға үміттенген Кенесары да дипломатиялық шаралардан бас тартпады. 1840-жылы өзінің інісі Көшекпен бірге қол қойған (арап тілінен аударма) І-Николайға жолдаған хатының мазмұнына мән берсек, Кенесарының патша үкіметімен келісуге әлі де үміттен таймағанын байқаймыз: «Патша ағзамға, ең құрметті, биік, бақытты тақта отырған ұлы патшаға… Сібірдегі сіздің генерал-гүбірнатырларыңыз және генерал-майорларыңыз күшке сүйеніп, біздің ханымыз, атамыздың иелігін басып алды, дуандар ұйымдастырды. Осыны біз Сіздің рұқсатыңызбен істелген шара деп қарамай, генералдарыңыздың шектен асып кеткендігінен деп білеміз. Осыдан Сібірдегі орыс адамдарымен алыстық та шайқастық. Ұсынысымызды қабылдамасаңыз, біз Үргенішке (Хиуа) көшіп кетеміз…». Хаттың екінші бөлімінде Кенесарының тұтқында болған «орыс казағы» Лобановты босатқанын, осыған жауап ретінде «патша ағзам да соғыста тұтқынға түскен жігіттерімізді босатады» деп сенім білдірген.

         Кенесарының Орынбор және Омбы әміршілеріне жазған көптеген хаттарының бір ойландыратын жері — шындығында қазақ ханы нағыз қандыбалақ І-Николайға үміт артқан ба, озбырлықтарды тек патшаның шенеуніктерінің істеп отырған зардаптары деп ойлауы да мүмкін екеніне таң қалуға болмайды. Кенесарының Орынбор әкімшілерінің ішінде ерекше сеніммен қарайтыны Петербургта да байланыстары берік генерал-майор А.Ф.Генс болды. Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасына Кенесарының хаттарынан жылы лебіз аңқиды. Басқа да деректерге қарағанда, Генс — көшпенді қазақтарға ілтипатпен қараған әскери шендегі белгілі шенеунік. Орынборда А.Ф.Генстің қолына табыс етілген, кейіннен 1843-жылдың маусым айының 23-інде соғыс міністірлігіне жіберген хаттан үзінді келтірсек: «Сіз Орынборда тұрып, денсаулығыңыз тәуір болса, маған көп жақсылықтар жасайтындығыңызға сенімім мол, өзіме де жаманшылық болмас. Сізбен кездесуге құштармын, жоғары мәртебелі императорға көп жай туралы жеткіздім. Суайт өтірікшілерге сенбеңіз, Сіз императорға жақынсыз, бізге де қамқоршысыз. Өтінетінім, болып жатқан жағдайды жоғары мәртебеліме жеткізсеңіз. Бұл біз үшін зор қайырымдылық болар еді» .

         Алайда Еуропаның жандаралы, декабристерді қанға бояған, Польшадағы азаттыққа ұмтылуды аямай жаныштаған, тау халықтарын қырып-жойған, империяны мылтықтың найзасының күшімен ұстап тұрған Николайдың қанішер қимылдарын өз даласының еркіндігі үшін арпалысқан Абылайдың немересі білмеген болар. Патша үкіметінің мақсаты — елшілік жіберу арқылы Кенесарыны тәуелділікте ұстау болса, сұлтанның мақсаты — елшілердің көзін жеткізіп, өкірүгтерді жойып, қазақ халқының тәуелсіз өмір  сүруін қамтамасыз  ету.

Ресей үкіметі орыс әскері бас штабының поручигі Герн мен Долгов бастаған елшіліктің алдына нақты төмендегідей міндеттерді орындатуды тапсырды: ханға империяның билігін мойындаттыру, Бұхара, Хиуа хандарымен Кенесарының келіссөз жүргізуіне тиым салу. Кенесарыға бәрінен ауыр тигені — патша үкіметі белгілеп берген жерлерде ғана көшіп-қону, орыс әкімдері тағайындаған сұлтандарға бағынуға көну талабы болды. Әрине, сұлтанның бұл әділетсіз талаптардан бас тартуының толык, негізі бар еді. Малға жем, шөп керек деген желеумен бірнеше ай бойы даланы кезген Кенесары әскерімен бірге «қаңғырып», әбден титықтаған орыс елшілері мардымды нәтиже шығара алмай, кері қайтты. Кенесарының табандылығы маңайындағы батырлар мен сарбаздарды  қайран қалдырып,   риза  етті.

Сұлтанның патша үкіметімен арадағы тартысты жою мен феодалдық мемлекетті сақтап қалу бағытындағы ең алдымен дипломатиялық шараларға жүгініп отырғандығын, тіпті, 1838-жылдың қазан айының 26-сында өзіне сенімді бес елшімен Батыс-Сібір генерал-гүбірнатыры В.Д.Горчаковқа және І-Николай патшаға жолдаған хаттары айқын көрсетеді. Оның патшаға жолдаған хаты бұрын да,  кейінгі кезде де толық жарияланбағандықтан, осы арада мазмұнын толық беруді жөн көрдік: «Бүкілресейлік дара билеуші патша ағзамға. Бүтін «қырғыз ордасын» билеген Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымовтан. Тақсыр, төмендегі жағдайға көңіліңізді аударсаңыз, бақыттымын деп санаймын. Сіздің ата-бабаларыңыз, бізде менің атам Абылай хан билеп-төстегенде халық тыныштықта болды. Оған еш пенде қолын сұққан жоқ, екі жақ та саудаласты, қалыпты өмір сақтады, біздің қоныстарымыздан ешкім алым-салық жинамайтын. Кейінгі кезде біздің ха дан алым-салық ала бастады, әр түрлі қысым көрсетуді сезіндік. Бұрынғы бейбіт келісімді (трактат) сіздің төменгі буындағы басқарушыларыңыз, ақиқатпен санаспай, барша қырғыз халқын Ресейдің құрамында деп есептейді. Менің марқұм атам Абылайдың иелігінде жатқан өңірде Сіздің адамдарыңыз сегіз диуан құрғаны бізді қатты қынжылтады. Барлық қырғыз халқына қысымды тоқтату үшін және тыныш өмірдің рақатын көруді қамтамасыз ету үшін Сізден, ұлы патша, біздің өмірімізге қол сұқпауыңызды, сегіз диуанды және басқа да даламыздағы қоныстарды жоюды Сізден өтінуді бақыттымын деп санаймын. Құрметпен мөрін басқан Кенесары Қасымов».  /23/

Кенесары осылайша кикілжіңді келіссөздер арқылы шешіп, қазақ ауылдарының бейбіт өмірін отарлаудан сақтап қалуға үміт артқан еді. Жоғарыда атап қана кеткен Кенесарының Омбыға жіберген елшілері кімдер еді, ханның жолдамасы Петербургке жетті ме, елшілердің тағдыры не  болды?

Атақты тарихшымыз Е. Бекмахановтың тамаша зерттеуінде осы хатты В. Д. Горчаков арқылы империяның астанасына жеткізуді міндетіне алған Тобылды Тоқтин, К,ойшыбай Қазанғапов және үш қазақты 1838-жылдың көктемінде Омбыға аттандырылғаны айтылады. Ал Сібір қазақтары шекаралық басқармасы әкімшісінің міндетін атқарған полковник Ладыженскийдің Омбы дуанбасына жолдамасында әлгі бес елшінің 1838-жылдың желтоқсан айының 26-ында Үшбұлақ өкірүгтік приказының маңайында ұсталғандығы хабарланған.  Жоғарыда естеріңізге салғандай, Ерекеңнің кітабында бес елшінің екеуінің ғана есімі келтірілген. Біз ақтарған мұрағат қазынасы Кенесарының қалған үш елшісінің де аты-жөндерін, қай жақтан екендігін толықтыруға мүмкіндік береді. Олар-Жүсіп Жанкүшіков, Мәмберді  Қонысбаев,  Тайтоқ  Дөненов.   Тобылды  Тоқтин —35 жаста, сауатсыз, Ақмола өкірүгінің Мамай-Төртқұл болысынаң, Тайток, Дөненов — Көкшетау өкірүгінің Атығай болысынан, Қойшыбай Қазанғапов -33 жаста, Көкшетау өкірүгінің Керей болысынан, Мамберді Қонысбаев — Баянауыл өкірүгінідегі Мұса Шормановтың ауылынан. Жүсіп Жанкүшіков жөнінде біз қараған мұрағат істерін мәлімет кездеспеді. Елшілердің ішінде Қ.Қазанғапов орыс тілінде тәуір  білген.

Полковник Ладыженскийдің Омбыға хабарлауына қарағанда, елшілердің арасында Кенесарыға әсіресе жақын болған — Қойшыбай Қазанғапов. Ол басқалармен салыстырғанда «бұзықтығымен» айрықша көзге түскен. Үшбұлақта Қазанғаповты Омбыға қарауылмен айдап алып бара жатқанда, казак станицаларының бірқатар тұрғындары оны таныған. Елшілер алғашында жауап алу үшін Омбы қалалық түрмесінде қапаста ұсталып, 1839-жылдың желтоқсан айының 20-ында генерал-лейтенант В.Д.Горчаковтың шешіміне сай Шығыс-Сібірге айдалуға кесілді. Желтоқсан айының соңғы күндерінде Кенесарының елшілері жер аударылғандардың Тобылдағы орталығына аттандырылған.

Кенесары Жетісу жеріне келгеннен кейін де жергілікті қазақ сұлтандарымен інісі Құдайменді Құлжадағы Қытай билеушісіне жібергендігі оның Шыңжандағы қазақтарға барып тыныштық табайын деген жоспарымен байланысты ма екен? Қытай әміршісі Құдайменді бір ай ұстап, қошемет, қонақжайлық көрсеткен, Абылайхан кезіндегі өзара қарым-қатынасты дамытуға уәде берген. Алайда Кенесары елшісі Шыңжан  әміршілерінен  саяси  қолдау  таба  алмады.

Патша әскерлерінің, олармен қоян-қолтық тасқан қазақ феодалдарының күштерінің қысымымен қырғыз жеріне кіруге мәжбүр болған Кенесары манап Орманға және т. б. жолдама жіберіп, салауат (мәселелерді келісіп шешу) жариялайды. Алайда сұлтанның озбырлығы да шектен асып кететін…

 

 

2.2  Қазіргі заман Қазақстан тарихнамасы

 

         Көтерілістің басқы кезеңінен патша үкіметінің, әсіресе Батыс-Сібір генерал-губернатырлығының Кенесарыға қарсы қимылдары күшпен жаныштау әдісіне негізделді. Әрине, көлемі шағын мақаланың осы бөлімінде Ресей билеушілерінің барлық жазалау әрекеттерін жыл-жылға саралап салу өте күрделі. Әйтсе де, қолдағы әр түрлі сипаттағы деректерге қарап, Романов әулетінің Абылай әулетін жапыруға бағытталған жазалау қимылдарын біршама анықтауға  болады. /24/

         Қазақстанның сол кездегі екі әкімшілік орталығы — Омбы мен Орынбор Кенесары көтерілісін жаныштауға негізгі әскери күштерді жабдықтап, қатарын толықтырып отыратын тірек болады. Әсіресе, ХІХ-ғасырдың 30-жылдарынан әскери соттардың билігі кеңейтілді. Қолға түскен Кенесарыны жақтайтын қазақтарды жауапқа тарту, олардың «кінәсін» анықтау және айып тағу Омбы әскери-далалық сотына тапсырылды. Ордонанс-гауз мекемесі (патша заңдарының іске асырылуын қадағалайтын жазалау ұйымы) жаңадан құрылған өкірүгтерден басқа аудандарға қоныс ауыстырған, «үкіметке берген анттан тайғандардың» ісін арнайы қарайтын. 1839-жылы Тер-соққан деген жерде қолға түскен бірнеше қазақтар «бүлікшінің» ісін қолдағаны үшін Ордонанс-гауздың шешімімен жауапқа тартылды. К,анша қинаудан зәбір көрсе де, «бұзықтар» кінәлерін мойындамады. Бұған қапаланған әскери-дала сотының өкілі оларды ауыр жазаға тартуды талап етті: осы қазақтардың әрқайсысына тұздалған шыбықпен бір мың дүре соғып, аман қалғандарын Шығыс Сібірге айдау ұсынылды (Бұл жаза 1731-жылдан 1861-жылға дейін Ресейде жиі қолданылған). Алайда мұрағат қорындағы мәліметтер бұл жазаның қазақтарға қолданылғанын немесе қолданылмағанын анықтамайды

         Омбы мен Орынбор әкімдері Кенесары топтарының шоғырланған жерлерін Ресейдің билігін мойындаған қазақтар арқылы алдын ала біліп отырғаны айғақ. 1839-жылдың жазында Омбы облысында Кенесарының, сұлтан Күшіктің және Саржан сұлтанның ұлының (кім екендігі анықталмаған) өздерінің жақтастарымен Ұлытау төңірегінде көшіп жүргендігін білген Батыс-Сібір гүбірнатырының кеқесінде оларды қалай да болса қолға түсірмесе, қазақтардың «билеушілерінің ойрандауы» кең таралып кететіндігі үрей туғызған. Көтерілісшілер қатарының жылдан-жылға өсуі Сібір генерал-гүбірнатырын қатты мазаландырды, 1840-жылы ақпан айының 5-інде «Сібір қырғыздарының» бастығы Ресей билігінен бас тартқандардан айып ретінде «әскери контрибуция» төлету туралы арнайы шешім қабылдады.  Осыны негізге алып, Ресей билігіне бас ұрған аға сұлтандар немесе өкірүгтік приказдың жанында «тәртіпті қадағалайтын» казак отрядының офицерлері көтеріліске қатысы жоқ қазақтарға күдігін айыпқа айналдырып, жала жабуға, жазаға тартуға заң жүзінде хұқылы болды. Көтерілісті ашық қолдаған би, старшын, сұлтандарға бұл шешімнің салдары ауыр болды. «Ресей билігін мойындауға қарсы үгіт жүргізді» деп айып тағылған Песчаная форпосты төңірегінде көшіп-қонып жүрген сұлтандар Жұбаныш Матаевты, Құбақ Жанатбаевты, Өтен Жарықбаевты, Коряковск (Кереку) форпостына жақын Ертіс бойында қоныстанған Талмас Буринды, молда Жабаевты қолға түсіру жөніндегі ұйғарым да жоғарыда көрсетілген Сібір гүбірнатыры кеңесінде қабылданған шешімге байланысты. /25/  

         Қазақ даласының кеңдігі, көтерілісшіледің өз өңірінің бұта-шұңқырына дейін білуінің нәтижесінде жазалаушылардың оларды іздестіріп, ұрыс жүргізуі мейлінше қиындаған. 1840-жылы сәуір айының 20-ында Сібір корпусының кәмәндірі генерал-лейтенант, кінәз В.Д.Горчаковтың соғыс міністіріне («Құпия» деген белгімен) жолдаған арнайы хатында алшын руы «қырғыздарының» бүлікші Кенесары Қасымовтың Сырдария бойында жүргендігін айтқанын қуана хабарлаған. Осы хабар расталысымен, Сібірден гвардия штаб капитаны Спиридонов бас болған 250 казактан және екі зеңбіректен құралған жазалаушы топ Атбасар өлкесін басып өтіп, Есіл өзені арқылы Торғайға беттеді. Одан оңтүстікке бағыт алған әскер Кенесарыны талқандауға ұмтылды. Патша жазалау әскері көрінісімен-ақ жеке-жеке топтарға бөлінген қазақтар, кінәз В. Д. Горчаковтың рапортында хабарланғандай, «шошынып, киіз үйлерін, дүниесін тастай, жан-жаққа тарап кетті». Жақсы қаруланған патша «әкерлерімен ашық қақтығыстан ойысып, оларға тиіп-шегінді әдісін шебер пайдаланған Кенесары топтары кең жазық далада тұрақты әскерлердің уысынан тез құтылып кетіп отырды. Сібір корпусы кәмәндірінің 1840-жылы Омбыдан әскери гүбірнатырға жолдама хатында Қарқаралы өкірүгтік приказынан жүзбасы Ребров пен заседатель (аға сұлтанның төрт көмекшісінің бірі) Неговскийдің казак тобы тобықты болысының Тәшкентке ойысқан ақсақ руларын Балқаш көлінен асырмай тоқтатып, қайтадан бұрынғы жеріне қайтару мақсатын қойды. Құр-Бақанас   өзенінің  бойында бір жыл қыстап шыққан ол рулар айтылған ауданнан көшіп кеткен. /26/ 

         Сібір гүбірнатыры әскери шендерінің өз мүмкіндіктерін асыра бағалауы қазақ  даласына аттандырылған жазалаушылардың көп жағдайда нәтижесіз кейін қайтуға мәжбүр болғандығына себепші еді. Сібір корпусының кәмәндірі 1840-жылы шілде айының бірінде Петербургке жіберген хатында өзін ақтап, көтерілісшілерді қудалаудағы сәтсіздікті Омбы басшыларына жабуға тырысты. Патша үкіметіне жағынуға тырысқан Орта Азия көпестері де қазақ даласын қамтыған көтерілістен зиян шегіп, бекініс комендаттарына жолдаған түсіндірмелерде көтеріліс жөнінде ылғи анықталған мәліметтер бере алмайтын. Мүмкін, мұндай жағдай Кенесарының Қоқан бектерімен арасының шиеленісіп кетуінің салдарынан да болар. Басты себеп — қазақ даласының транзиттік саудадағы делдалдық орны. Орта Азия көпестері керуендерінің әсіресе Шыңжанға, Маңғолияға әр түрлі тауарлардан мол кіріс түсіруіне қолайлы шарт жасалғаны мәлім. Енді Орта жүздің шеңберінен кеңейіп бара жатқан азаттық қозғалыс, патша әскерлерімен қарулы қақтығыс сауданың дамуын баяулатты. Сондықтан да көпестер көтерілістің тезірек сөнуіне мүдделес болды. 1840-жылдың шілде айының екісінде Тәшкенттен шыққан керуеннің басы Қасымжан Молданиязов «азиаттық иеліктердегі» тыныштықты бұзып тұрған — «Кенесарының бүлігі» деп ашып жазған.

         Көтерілісті басу жолындағы үкіметтің жоспарларын іске асыруын  күрделендірген   жағдайдың  бірі — патша  билігін мойындаған рулардың Кенесары көтерілісінің бірде өршіп, бірде сәтсіздікке ұшырауына байланысты әр жаққа ойысып отырғандығы. Мысалы, 1840-жылдың шілде айының 27-нде Ресейге бойсынған бағаналы руының бір тармағы Аманқарағай өңіріне  бет алды.  Өкірүгтен  біраз жер қашықтағаннан кейін, кенеттен бағыттарын өзгертіп, Сырт Торғай өзеніне, Сарықопа,   Наурызым   аймағына   ойысты. Кінәз В.Д. Горчаков соғыс міністіріне хабарлағандай, бұл қазақ ауылдарының мақсаты — әлі де тәуелсіздігін сақтаған Торғай өлкесіндегі арғындармен қосылу еді.  150 казактан және екі зеңбіректен тұратын майор Гаюс басшылық еткен отряд шілде    айының 9-нда Сарықопа өзені  бойында бағаналы   қазақтарына   шабуыл   жасады. 527 түйе, 229 жылқы, 52 ірі қара мал, 3955 қой жазалаушылардың қолына  түсті.                                     

         Алайда ұрыс даласынан бас сауғалаған бағаналы руының қазақтары Гаюстың тобының қысымына шыдай алмай, шегініп  үлгерді.

         Кенесары барлық сарбаздарын бір топқа шоғырландырмай, өзінің батырлары арасында әскерін бірнеше топқа бөлген еді. Міне, осыдан да патша жазалаушы күшіне Кенесарының басты қолын талқандау қиын болды. Оның бір жасақтары Торғай бойында күрес жүргізсе, екінші бір тобы кең даланың басқа өңірлерінде не патшаның жазалаушы күштерімен, не Ресей үкіметінің билігіне ант берген аға сұлтандармен алысты. Жергілікті табиғи жағдайды бес саусағындай білген Кенесары топтарының кенеттен қай өкірүг төңірегінен шыға келетінін аңғару да қиын еді. Мысалы, 1840-жылдың, тамыз айының 2-нде жүзбасы Волковтың казактары қуғынынан құтылған сұлтанның өз жасағы Шу өзені бойында шоғырланып, 600 сар-базды бастап, жаңадан құрылып жатқан өкірүгтердің тағы да берекесін кетірді. Ұлытау маңайында, Сары және Қара Кеңгірлі өзендерінің тұсында «бүлікші қырғыздар» күтпеген жерден жазалау отрядына жақындады. Жүзбасы Лебедевтың бұйрығымен осы аймақта Кенесарының соңына түскен хорунжи Рытовтың қарауындағы 50 казак пен оған ілескен 100 қазақ тобына Кенесарының «қарақшылары» атой салып, шабуыл жасады. Шайқаста біраз көтерілісшілер оққа ұшты. Кенесарының жиені (оның қарындасы Бопайдың ұлы) сұлтан Төрехан Сәмекин, «қарақшының» төленгіті Сарсенбай казактардың тұтқынында қалды. /27/

         Кенесары көтерілісінің әр түрлі кезеңдеріндегі сәтсіздіктері тек патша үкіметінің жазалау отрядтарының жан-жақтан қысымында ғана емес, негізінен алғанда, приказдардың басында тұрған, Россия әскерінің офицер шені бар қазақ феодалдарының және де басқа бірқатар би-сұлтандарының халық мүддесінен алшақ тұрғандығында. Әсіресе, Қасым төренің тұқымдарына күресуде ерекше табандылық көрсеткен Ақмола аға сұлтаны, полковник Қоңырқұлжа Құдаймендин. Белгілі жазушы I.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Хан Кене» бөліміндегі дала ақсүйектерінің арасындағы қайшылықты хан Кене мен Қ.Құдаймендиннің тартысымен бейнелеуі кездейсоқ емес деп ойлаймыз. Кенесарының туының астына бүтін қазақ халқы топтасты деп тұжырымдау, әрине, біржақты, жалаң қорытынды болатындығы сөзсіз. Халықты бір-біріне қайшы екі топқа бөліп тастаған бұл бұқаралық қозғалыстың беттерінде әлі де сыры ашылмаған қаншама оқиғалар бар. Көтерілістің «ақ таңдақтарын» ашуда жаңа мәліметтер қажет. Екі феодалдық топ арасындағы тартысты Батыс-Сібір генерал-гүбірнатыры шебер пайдалана білді.

         1842-жылы қаңтар айының 22-інде Сібір корпусының кәмәндіріне «Сібір қырғыздарының» әкімінің рапортындағы төмендегідей мәліметтер жоғарыда айтылған жағдайды біршама анықтайтын сияқты. Бұл мәліметтерді аға сұлтан Қ.Құдаймендиннің төленгіті Қожасов жинастырған: Амантау төңірегінде Кенесарының жиені Саржан сұлтанның баласы Ержан, Жекебатыр көтерілістен ажырай бастаған қазақтарды «тонау» немесе қайтадан қайтаруды көздеген. Ресейге ант берген қазақтарды «қорғау» мақсатында 25 казактан отряд жіберілді. Қ.Құдаймендиннің көмекшісі (заседатель) Сердюковқа, қажет деп тапса, күш пайдалануға рұқсат берген, полковник, аға сұлтан маңайдағы ауылдарға барып, «бөрілген қырғыздардан» казактармен бірігіп Ержан сұлтанның тобына қарсы шығуға дайындық жүргізді. Ақтау бекінісінің комендантына және 2-Сібір баталонының кәмәндірі майор Игнатьевқа «біздің қырғыздарды» қорғау үшін барлық шараларды іске қосу тапсырылды.

         Патша үкіметінің генерал-гүбірнатырлыры арасында Кенесарыға қарсы күрестің тәсілдері жөнінде бірауыздылық болмады. Егер генерал-адьютант граф В.А. Перовский самарқау жолды дұрыс көріп, Кенесарымен арадағы тартысты негізінде келіссөздермен шешуді қаласа, генерал В.Обручев тек күшпен жаныштауды талап етті. Орынбор генерал-гүбірнаторы В. А. Перовский Сібір корпусының кәмәндіріне 1842-жылдың науыз айының 30-ындағы хатында Орынбор өлкесіндегі сұлтан қимылдарының әсірелеп сипатталғандығына көңіл аударды: «Мәселе Кенесары туралы болса, ол патшаның кешіріміне жатпайды. Оны жазалауды қажетті деп есептеймін, оған қарсы емеспін. Алайда басынан аяғына дейін сұлтанды кінәлі деген біржақты қорытынды жасаудан аулақпын. Орынбор «қайсақтары» арасында ол бүлік жасап отырған жоқ.     Сіздің 1841 — жылдың Қазан айының 10-ында, 1842-жылдың қараша айының 17-індегі, наурыз айының 21-індегі оның Сібір аймағында тонауға қатысқандығы туралы хабарларыңыз бірнеше ғана қайсақтардың  дәлелдеріне негізделген,  сондықтан да сенімді куә болады деп айтуға қиын».

         1843-жылдың тамыз айының 30-ында Василий Перовскийдің Петербургқа жолдаған арнайы хатына мән берсек, Орынбор генерал-гүбірнатыры (1842-1851-жылдары) В.А.Обручевтың Кенесарыны құбыжық қылып көрсетуге тырысқандығын сипаттап, әскери жазалау топтарын оған қарсы жіберу қажет емес екендігін дәлелдеген. «Менің пікірімше, — деп жазды В.А.Перовский (1833-1842-жылдары Орынбор гүбірнатыры), — Обручев тектен-текке Кенесарының қимылдарына қатты қобалжиды… тіпті, Кенесарының қарсылығы, Обручев көрсетіп отырғандай, қауіпті десек, бүкіл дала көтерілді деп қорытындыласақ та, оларды қуғындау үшін әскери топтар ұйымдастырудың ешқандай қажеті жоқ. Шекаралық комиссия Кенесарыға қарсы күресу үшін аға сұлтандардың қарамағындағы қарулы топтарды күшейтуі қажет». Яғни, қазақ қоғамының өмірімен, тарихымен әбден таныс болған В.А.Перовскийдің басты жоспары — көтерілісті не келіссөзбен, не дала жағдайымен жақсы таныс, Ресей үкіметіне берілген сұлтандардың күшіне арқа сүйеп жаныштау. Әскери күшпен көтерілісті басудың қиындығына көзі жете бастаған В.А.Обручевтың өзі бір жыл гүбірнатыр болғаннан кейін келіссөзбен мәселені талқылауға көнгендей болғандығын 1843-жылдың маусым айының 29-ында Кенесарыға жазған хатынан байқаймыз: «Мен өткен жылдың қыркүйек айының 2-індегі хатыда Ресей үкіметіне қарсы қимылдарыңызға көңіл аударған едім… Ресейге берілгендігіңізді дәлелдегіңіз келсе, Орынбор шебіне жақындап көшіп келіңіз де, Орынбор шекаралық комиссиясы көрсеткен өңірде қоныс тебіңіз. …Сіздің шекара комиссиясының бастығы генерал-майор Генске жазған хаттарыңыздан басшылар алдында ақталуға дайын екендггіңізді қанағаттанарлықпен байқадым. Көптеген өтініштеріңіз бар екендігін, генерал Генспен кездесуге дайын екендігіңізді білдіріпсіз». /28/

         Алайда Кенесарының сәтсіздіктері оның жауларын қанағаттандырып, опасыздықпен патша үкіметін қолдаған жергілікті феодалдардың бір тобы өздерінің әскери топтарын казак жазалаушыларына қосып, бірігіп қимыл жасауы Қасымовтардың   жағдайын   әлсіретті.

         1843-жылы 5000 сан қолды (негізінде қазақтар) бастаған Бизановтың тобы Кіші жүздің билеуші-сұлтандары Арыстан Жантөринмен және Баймағанбет Айшуақовпен бірікті. Николай І-патша да соғыс міністірлігінің талабын қабылдап, 1843-жылы маусым айының 27-інде Кенесарыға қарсы жаппай күресті жүргізу үшін жазалау топтарын құруға ресми бұйрық берді. Кенесарының басын жеткізген адамға награда ретінде 3 мың сом тігілді. 1844-жылдың шілде айының 20-нан 21-не қараған түнде сұлтан Жантөриннің қолы Кенесарымен шайқасты. 44 сұлтанның және басқа да сарбаздардың қаза болуымен аяқталған бұл қақтығыс Кенесарының рухын көтерді. Алайда патша үкіметі де енді Қасымовтың күш алып кетуінен үрейленіп, көтерілісшілерге қарсы бірнеше жазалау тобын шығарды. Жемчужников, Лебедев, Дуниковский және басқа да офицерлердің басшылығымен қимылдаған тұрақты әскерлер Кенесары қолы үшін  зор қауіп  болды. 

         Кенесарының Жетісу жеріне шегінуіне де басты себеп болған патша үкіметінің әскери жазалау күштерінің бірігіп қимылдауы еді. Көтерілісшілердің оңтүстікке ойысқанынан, Жетісу қазақтарының Кенесарыға қосылу мүмкіндігінен үрейленген генерал-майор Вишневскийдің басқаруымен арнайы топты осы өңірге жіберуді шешті. Экспедицияның ресми міндеті Жетісу мен Орта жүз шекарасындағы халық пен малдың санағын өткізу, шын мәнінде, Кенесарыны Жетісуға жібермей, оған осы аймақтағы қазақ руларын қарсы  қою.

         1833-жылғы Польшадағы азаттық күреске қатысқаны үшін Сібірде айдауда болған, «Сібір қырғыздары облысының» мекемесіне кейіннен қызметке алынған А. Янушкевич «Қазақ даласындағы саяхаттан хаттар» деген кітабында Қарқаралы, Аягөз және Көкпекті өкірүгтерінің аға сұлтандарымен, белгілі билермен және болыс-байлармен кездесуді тамаша көркемдеп, сипаттаған. Кейбір ру билеушілерінің басым бөлігі Ресейдің билігін мойындап, Кенесарыға қарсылық білдірді. Олардың ішінде Абылайдың ұлдары Сүйік пен Әли сұлтандар да бар еді: «Біздің жерімізге келген Кенесары мен оның соңынан ергендерді қоғамдық тыныштықты бұзушы, біздің жауымыз деп есептейміз, онымен ешқандай байланыс жасамаймыз»,— дейді олар. «1846-жылдың шілде айының 9-ында сұлтан Әли бір қақтығыста Кенесары 1500 адамынан, 2 зеңбірегінен, 500 қыздан айырылғанын, оның қолға түскен сарбаздарының» бір бөлігінің ташкенттіктерге сатылғандығын хабарлады. Гүрсілдеген зеңбіректердің дауысынан кейінгі сұлтан Әлидің сөзі: «Біз — Абылай тұқымымыз, Кенесары оның жұбайларының бірінен туған А.Януцжевич дұрыс түсінбеген болса керек. Кенесары Абылайдың баласы Қасымның ол бізбен қарындас. Оның мінезі бәрімізге белгілі: ол аш бөрі, қазір де бізге келсе, жүз ауылды тонар. Біз оны сүйе аламыз ба, бірге бола аламыз ба, жоқ…». Генерал-майор Вишневскиймен сол рулардың кездесуінде:» «… егерде оны байқасақ, не естісек, Орта жүз қырғыздарына, әсіресе, өкірүгтерге таяу орналасқан өңірде жаулық қимылдарын көрсек, бүлікті тоқтату үшін хабар жеткізуді міндетімізге аламыз»,  —  деп лепірген  Әли.

         Кенесары көтерілісінің әр кезеңдерінде әлсіреуіне әсер еткен патша үкіметінің осындай қазақ феодалдарын бір-біріне айдап салу, көтерілісшілерден олжаға түскен мал, әр түрлі зат-бұйымдарды үкіметке «берілгендігін» дәлелдегендерге таратып беру әдісі 1836-1 838-жылдардағы Бөкей (ішкі) Ордадағы көтерілісті басу кезінде де жиі қолданылған.

         Мұрағат қорларына терең үңілген сайын аңғаратын бір жай — мал-мүлкімен, үй-жайымен, бала-шағасымен қосылып көше-қона жүріп, патша үкіметіне қарсы күресін үзбеген Кенесарының соғыс қимылдарына белгілі дәрежеде кедергі болған да осы жағдай. Жақсы қаруланған қазақ бөлімдерінің көп қақтығыстарда басым түскені — көтерілісшілердің өздерімен бірге алып жүрген семья, мал-мүлкінің аяққа оралғы болғанынанда. Кейбір зерттеулерде патша жазалаушыларының әскери қуатын қамтамасыз еткен мылтық пен зеңбірек деп түсіндіріліп келді.    Кенесары қозғалысына қатысты әр түрлі деректерді қопарыстыру зеңбіректің көтерілісшілерде де тіпті аз болмағандығын дәлелдейді. Жеке-жеке топтарға жіктеліп қимылдаған патша әскерлерінің көңіл аударғандары да — көшпенділер өмірінің көзі болған малды қолға түсіру, көтеріліс басшыларының жақындарын тұтқындап, моральдық жағынан Қасым әулетінің сағын сындыру. Мысалы, 1844-жылы Сібір генерал-губірнатырлығынан арнайы аттандырылған әскери топ Жездіге жақын жерде, Ақши төңірегінде көтерілісшілердің бір тобына күтпеген жерден шабуыл жасап, хан Кененің бәйбішесі Күнімжанды тұтқындап әкетті.       Әкесі Қасым төреден, ағалары Есенгелді мен Саржаннан ерте айрылған Кенесары өзінің туының астында тізе қосқан қандастарының аман-саушылығына әрдайым ерекше көңіл аударған. Хан болып сайланғаннан кейін сұлтанды мейлінше қолдаған — оның інілері Әбілғазы, Наурызбай,  Құшақ,   Мұса,   апасы   Бопай,   немере   інілері Құдаймен, Ержан, Иса, Қошарбай, т. б. Аталары атақты Абылайдың, кезіндегі Қазақ хандығын қалпына келтіру үшін жан-тәнін аямаған Кенесарының бауырларын алтынмен де, малмен де, сыйлықтармен де сатып алу мүмкін емес еді. Ал кейбір би, старшындардың, ардақты істің мақсатынан тайып, өзінің руластарынан патша жазалаушыларды тартып алып, үлестіріп берген дүние мен малға қарық болғандығын көрсететін мәліметтердің де аз елес екендігіне жоғарыда көңіл аудардық. Бірер мысал келтірсек. Өкірүгтерден жіктелген қырғыз болыстарынан тартып алынған мүліктің «тізімінде» 263 әр түрлі заттар көрсетілген. Бұл мәлімет Ақмола өкірүгі бойынша ғана жинақталған. «Сібір қырғыздарының облысы» әміршісі міндетін атқарған шенеунік жинастырған мәліметтерге қарағанда, тек 1839-жылы қазақтарға көтерілісшілерден қолға түскен төмендегідей әр түрлі бұйым, зат бөлініп берілген: Атығай Құбатовқа — қызыл мата, Байдәулет Сағындықовқа — қызыл түсті киіз, боялмаған, өте төзімді екі бөлек мата, Шоныбай Мүсіреповке — бір жібек қалат, 2 бөлек қызыл мата, 2 зенден (берік, жуан жіппен тігілген, әр түрге боялған мата), 3 қойдың жабағысы, 1 көрпе, Қалдығұл Маңғытовқа, Байымбет Тұрымтаевқа — 1 қалат, Биат Араповқа — 1 көрпе, екі зенден, бір кигіз, 1 әр түрлі көмкерілген кілем, Асықбай Түленовке — 1 көрпе, 1 ақ түсті мата, 1 қызыл сырмақ, старшын Оразан Шалабаевқа (Шұбарқұлдан қашып кеткен «қырғыз» Алдаберген Айтыбаевты ұстап бергені үшін) — 1 қызыл мата зипун, 1 сырмақ, Нұрбай Өтеновқа — 1 жібек қалат. Тізімді бекіткен және оған қол қойған Ақмола өкірүгінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендиннің көмекшісі Сердюков. Бұған қарағанда, қелтіріп отырған мәліметтер сол ХІХ-ғасырдың 30-жылдарының өзінде 7-8 өкірүгтен тұрған «Сібір қырғыздары облысының» барлық, өңірін қамтымайды, тек бір ғана Ақмола бойынша көтерілісшілерден қолға түскен заттарды көрсететіні   анық.

         Тек Кенесарыға қарсы күрескен қазақтар емес, бекіністер тұрғызып, осы өңірді отарлауды жеңілдетуге үлес қосқан әскери бөлімшелердің казактары, солдаттары да ұмытылмады. 1842-жылдың 1-ақпан айының 11-індегі бұйрықтың бірінде Батыс-Сібір генерал-гүбірнатырлығында шашырап орналастырылған Сібір әскері бойынша Николай 1-ші   патшаның өзі «Қырғыз даласында» Ақмола және Жарғалан Ағаш аймағында бекіністер тұрғызуға белсене қатысқан осы корпустың қызметкерлеріне награда беруді құптағанын мақтаныш ретінде атап көрсеткен. Сонымен мақаланың осы бөлігінде келтірілген әр жақты деректер патша үкіметінің Қасымов әулетіне қарсы күресте әрқилы әдіс-айладан да тайынбағанына көңіл аударады. Қаншалықты ерлікпен рухтанып, Орынбор жағынан да, Батыс Сібір жағынан да жақсы қаруланған, далалық өңірде қимыл жасауға машықтанған тұрақты әскери топтарға ашық қарсы күресудің қиыншылығын түсіне білген белгілі қолбасы Кенесары, әрине, әр түрлі айла-амалдарды пайдаланды, өзіне қорған болған кең даланың табиғат-жағрапиялық ерекшелігін пайдалана білді. Кенесары сонымен қатар Орынбор және Омбыдағы патша әміршілерімен арадағы алауыздықты бейбіт келіссөзбен, дипломатиялық жолмен шешуге де мән берген айбынды, көреген қайраткер болды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

 

         Кенесары соғыс қимылдарын 1838 ж. көктемінде Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Бекіністің коменданты, әскер старшинасы Карбышев пен Ақмола округінің аға сұлтаны, полковник Қоңырқұлжа Құдаймендин өртелген бекіністен әрең дегенде қашып шыға алды. Көп кешікпей көтерілісшілер Торғай ауданына қарай ойысты. Орынбор шенеуніктеріне жазған хаттарында Кенесары өзінің бұл қадамын Орынборға жақынырақ келіп қоныстап, келіссөздер жүргізуімді жеңілдету үшін жасадым деп түсіндіреді. Ал іс жүзінде сұлтан көтерілісті Ресеймен тікелей жанасып жатқан 1836—1838 жж. Исатай Таймановтың басшылығымен көтеріліс болған Кіші жүз жеріне таратуды мақсат тұтты. Жоламан Тіленшиев батыр бастаған төртқаралықтар, шөмекейлер, табындықтар және басқа рулар көтерілісшілерге келіп қосылды. Сөйтіп, қозғалыс Кіші жүзді де қамтыды. Күткендегідей, келіссөздерден ешқандай нәтиже шықпады.

         1841 ж. қазақтардың үш жүзінің өкілдері Кенесары Қасымовты хан сайлады. Қазақ хандығы қалпына келтірілді. 1841 ж. тамызында көтерілісшілер Қоқаңдықтардың едәуір күштері орналастырылған Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін қоршауға алды. Қокандықтардың бірнеше бекіністеріне басып кіру көтерілісшілерді жігерлендіре түсті. Көтерілістің негізгі ошақтарынан шалғайда көшіп-қонып жүрген төртқаралықтар мен шектілердің өздері Кенесарыны бүкіл қазақтық хан деп мойындайтындықтары туралы хабарлады.       Төртқаралықтар мен шектіліктердің Кенесары Қасымов жағында белсенді әрекет жасағандығы туралы айта отырып, олардың ХІХ-ғ-дың 30-жылдарының соңы мен 40-жылдарының бас кезінде әрекет-қималдарын ширықтыра түскен қозғаушы факторларға назар аударғанымыз жөн. Біз бұл арада осы аймақтағы қазақ руларының қазақ жерлерінің оңашалануы тек Ресей империясы тарапынан төніп келе жатқан отар етіп басып алушылық қатерінен сақтап қалу ғана емес, сонымен бірге қоқандық бектердің зорлық-зомбылығынан құтылу мақсатындағы ортақ іске өз үлестерін қосуға талпыныс жасағандарын еске салмақпыз. Кенесары мен Қоқанд хандығы қарым-қатынастарының шиеленісуі қазақ сұлтанының жеке өзіне байланысты себептерден де туды. Қоқанд басқарушыларының 1836 ж.- патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы қазақтар көтерілісі басшыларының бірі, ағасы Саржан сұлтанды опасыздықпен өлтіруі, 1840ж. Қасым төрені, туған ағалары Есенгелді, Өлжан сұлтандарды, Абылай қанынан тараған тағы басқаларды сатқындықпен дарға асуы қозғалыс жетекшісінің қоқандықтарға қарсы позициясын қатуландырып жіберді. Бұл жөнінде, жекелеп айтсақ, Кенесары өз хаттарының бірінде Орынбор губернаторына жазды. Азаттық жолындағы күрестің ең басынан бастап қаза тапқанына дейін Кенесары Қоқанд хандығы жөнінде нақты мақсат-қоқанд басқарушыларының езгісінен босану мақсатын ұстанды. Қазақ ханының Бұхар әмірімен және Хиуа хандығымен қарым-қатынасындағы саясаты біршама өзгешелеу болды. Кенесары олармен өзара толық сенімділік қатынас орнатты. Хиуа басқарушысы кейде қазақ жасақтарын зеңбіректермен, оқ-дәрімен жабдықтап отырды. Әскери тарихшы В.Поттоның пікірі бойынша бұл мемлекеттер Кенесарымен өзара тиімді одақ құруға дайын тұрды.

         Осы жағдайдың бәрі белгілі бір дәрежеде Кенесарының көрші елдерге байланысты саясатының сипатын алдын-ала анықтады, бұл оның хандығының әкімшілік басқару құрылымына ықпал жасады.

         Кенесары хан құрған мемлекет феодалдық мемлекет болды. Ол, өзінің билігін империяның отаршылық билігі орныққан Ертіс, Есіл, Жайық бекініс желілері бойындағы аудандардан басқа Қазақстанның бүкіл территориясына таратты. Салықтар жинау тәртіпке келтірілді: малшылар үшін — зекету егіншілер үшін —ұшыр салығы қолданылды. Патша әскерлерімен соғысудың жалғасуы материалдық және басқа шығын — қаражаттарды талап етті, мұның өзі, әрине, салық ауыртпалығының арта түсуіне әкеп соқты.

         Кенесары мемлекеті қазақтардың егіншілікпен айналысуын қалады. Басқа жағдайлармен бірге бұл патша әкімшілігі тарапынан сауда керуендеріне бақылау жасау қатты күшейген жағдайда көтеріліске шыққан ауылдарды астықпен қамтамасыз ету қажеттігінен туды. Көтершісшілерге арналған астық конфискеленіп отырды, оларға тәуекелдікпен астық жеткізуші саудагерлер қатаң жауапкершілікке тартылды.

         Кенесарының сауда-саттық саясаты едәуір өзгерістерге ұшырады. Көпес керуендерінен алынатын баж салығы едәуір кіріс келтіретінін көріп, хан керуендерді тонаушылығын доғарды, кейде керуен басыларын жеке өзі қабылдап, товар алып келгені үшін баж салығын төлеуден жалтарушыларға қосымша салық салды.

         Мемлекеттік құрылыс қайта өзгертілді, Хандық кеңес мәселені кеңесіп шешетін жоғары органдар ретінде ханға берілген батырлардан, билерден, сұлтандардан, ханның туысқандарынан құрылды. Басқарудың негізгі тұтқасы Кенесарының өз қолында қалды. Хандық қеңеске негізінен азаттық қозғалысының мүдделеріне адал, жеке басының батылдығымен, дипломатиялық қабілетімен көрінген адамдар енді.

         Басқарудың арнайы қызметі хандық кеңес шешімдерінің, үндеулерінің ауылдарда таратылуын, түсіндірілуін және орындалуын қадағалады. Мемлекеттің басында бола отырып, Кенесары басқару ісіне шығу тектеріне қарамастан жеке басының әдеттен тыс сапасымен көрінген адамдарды тарта білгендерді сыйлық беріп көтермеледі.

         Хан Ресейдің, Орта Азияның лауазымды адамдарына үнемі хаттар жазып, сөз салып тұрды. Дипломатиялық қызметтің ұйымдастырылуына ол мейлінше маңыз берді. Оның хаттары, үндеулері дәлме-дәл нақты мазмұнымен, талаптарының дәлелдігімен ерекшеленеді. Орыс дипломаттары Гернді, Долговты, барон Урды, әйгілі көпестерді қабылдағанда дипломатиялық әдептілік танытты.

         Хандықтағы билікті орталықтандырудың жақтаушысы болғандықтан Кенесары ықпалды феодалдардың арасында талас-тартыстың орын алуын тыюға тырысты, барымтаны айыптады, руаралық қақтығыстардың шығуына кінәлілерді қатаң жазалады. Кенесары жекелеген жасақтарына әскери кеңестің мүшелері, даңқты батырлар қолбасшылық еткен, соғысуға қабілетті жасақ ұйымдастыра білді. Жүздікке және мыңдыққа бөлінген Кенесары әскері созылыңқы далалық соғыс жағдайына бейімдендірілген болатын. Кенесары енгізген қатал тәртіп оған сарбаздарын қысқа мерзім ішінде жинап алуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Кенесары өз әскерінде айырмалық белгілерін енгізді. Көптеген түпкі материалдар көтеріліс қолбасшысының өзі орыс армиясының офицерлік алтындалған әшекейлі погонын тағып жүргенін растайды.

         Кенесары өзіне қажетті мәліметтерді жеткізіп отыратын өз тыңшыларының қызметін білгірлікпен пайдаланды. Осындай хабарламаның арқасында хан жазалаушы күштердің әскери жылжу жоспарларын алдын-ала біліп отырды, ал мұның өзі оған адам шығынын болдырмауға мүмкіндік берді. Кенесарының соғыс әрекеттерін жүргізу тактикасы полковник Дуниковскийдің, әскерлік ағаман Лебедевтің рапорттарында, есептерінде, хабарламаларында, өткен ғасыр тарихшылары Н. Середаның, В. Поттоның, Л. Мейердің және басқалардың еңбектерінде егжей-тегжейлі суреттелген.

         Хандықтың басына келіп, Кенесары қазақ жерлерін азат ету жолындағы күресін бұрынғысына қарағанда едәуір табандылықпен жалғастырады. Қоқандтық Созақ бекінісін басып алып, Кенесары тек соғыс қимылдары ауданын кеңейтуді ғана емес, сонымен бірге өз жақындарының өлімі үшін кек алуды көздеді.

         Отарлауға қарсы күреске үш жүз қазақтарының да белсенді қатысуы патша өкіметін қатты аландатты. Көтерілісшілерге қарсы ірі қарқынды күрес жүзгізу керек деп шешілді. Бір мемлекетте екінші мемлекет болмауға тиістігін білдіретін қарарға қол қойып, Николай – І 1843 ж. 27 маусымда Кенесарыға қарсы ірі көлемді соғыс жорығын жасауға рұқсат етті. Әскери старшын Лебедевтің 300 адамдық отряды алға шығарылған күш саналды да кейіннен оның отрядындағы әскер саны 1900 адамға жеткізілді; 1843 ж. тамызында сұлтан А.Жантөрин мен Б.Айшуақов басқарған екінші топ жасақталды. Қарсылас жақтардың 1843 ж. 7 тамызындағы шайқас үкіметке көздегеніндей нәтиже бермеді. Полковник Бизанов басқарған-қарулы топ көтерісшілердің негізгі күштерін кездестіре алмай, Орск бекінісіне кері қайтты. Өлке жерін жақсы білетін Кенесары шабуылға шығып, 1844 ж. шілденің 20-нан 21-не қараған түні сұлтан Жантөрінің жасағын тас-талқан етіп жеңді. Әскери старшын Лебедев шабандығы және шұғыл көмек көрсетпегендігі үшін әскери отрядқа басшылық етуден тайдырылды. Осы жеңістерімен жігерленген Кенесарының негізгі күштері 1844 ж.14 тамызда Екатеринск станицасына шабуылдап, оның шетін, форштадты өртеп жіберді, 40-адамын тұтқындап алып кетті.

         Көтерілісті басып-жаншу үшін Орынбор жақтан полковник Дуниковскийдің отряды жіберілді, ал әскерлердің сібірлік тобын генерал Жемчужников басқарды. Кенесарыға патша отрядтарының қуғынынан сытылып кетудің сәті түсті. Үкіметтік топтарды абыржушылық биледі. Оның үстіне Кенесарымен ұзаққа созылған соғыс үкіметтің талай күш-қаражатын шығындатты. Соғыс жылдам жеңіспен бітетін болмады. Бұған қоса Орынбор губернаторы В.А.Перовский мен Сібір губернаторы В.Д.Горчаковтың арасында Кенесарымен қалай күресу жөнінде алауыздық туды. Перовский дауды келіссөздер жүргізу жолымен шешуді ұстанды, ал Горчаков мәселені шешудің соғыстық түрін жақтады.

           Орынбор бастықтары Кенесарыға Долгов пен Герн басқарған елшіліктер жіберу қажет деп тапты. Олар өздері алған нұсқауға сәйкес Кенесарының алдына қабылдауға болмайтын шарт қойды.

         Бұл шарт бойынша көтерілісшілерге үкімет белгілеген шектеулі аймақтарда ғана көшіп-қонуға рұқсат етілді. Көздеген мақсаттарына жете алмаған патша елшілері кері қайтуға мәжбүр болды. Соның өзінде Долгов Орынбор әкімшілігіне Кенесарының талаптарын жеткізді. Онда Кенесары егер орыстардың барлық бекіністері жойылса, басылып алынған жерлер қазақтарға қайтарылса, далада тонаушылық пен зорлық-зомбылық жасаушылық тоқтатылса ғана Ресейдің протекторатын (импералистік ұлы мемлекеттің ықпалындағы кіші мемлекет…) қабылдауға келісім беретінін білдірді.

         Үкімет Арал-Сырдария алқабы ауданынан бірнеше бекіністер салу арқылы Кенесары ханды Орынбор өлкесінен ығыстырып шығаруға күш салды. Екі қанатынан қыспаққа алынған Кенесары Сарыарқаны (Алтын даланы) қалдырып, көтеріліс орталығын Ұлы жүзге ауыстыруға мәжбүр болды.

         Сібір өкімет орындары аймаққа Кенесары жасақтарының келуінен алдын-ала сақтану үшін халық пен мал санағын жүргізуді желеу етіп, Жетісуға Сібір шекара басқармасының төрағасы генерал  Вишневскийдің басқаруымен зеңбіректері бар едәуір әскери күш жіберді. Оның қай жағынан да басым күшінің қысымымен Кенесары Іле өзенінің оң жағалауына етіп, одан алатаулық қырғыздарға қауіп төндіре Алатау бектеріне қоныс аударды. Ұлы жүз батырлары Сұраншы, Байсейіт, Тайшыбек Кенесарыға қолдау көрсетті. Көтерілісшілер қырғыз жерлеріне жақындады. Көтерілістің бастапқы кезінде старшындыққа қарсы сипаты өзгеріске ұшырай бастады. Хан солтүстік қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Қырғыз манаптары Орман, Жантай және Жанғараш тайпалар өкілдерінің құрылтайын шақырды. Сарыбағаш, Бұғы, Саяқ, Солто, Шерік және басқа тайпалардың өкілдері қазақ ханының талаптарын орындаудан бас тартты.1847 ж. сәуірінде 10000 әскері бар Кенесары Қырғызияға басып кірді Қырғыздармен қақтығысу Ыстықкөл көлінің тау шатқалы қойнауында және Шу өзенінің бас жағында өтті. Тоқмақтың маңында болған күштері тең емес шайқаста Кенесары 32 қазақ сұлтандарымен бірге қаза тапты. Ханның жеңілісі мен өлімі орыс отрядтарының Іле сыртындағы өлке мен Солтүстік Қырғызия жаққа қарап жылжуына қолайлы жағдай туғызды, сөйтіп бұл территорияларды Ресей империясына қосып алуды жеңілдетті.

         Кенесары Қасымовтың көтерілісінде қарама-қайшылықтар аз емес. Олар: бір жағынан-Қоқанд хандығымен соғыс (қазақтарды азат ету мақсатын көздеді) және екінші жағынан-қырғыздармен туысын өлтірушілік соғыс, өзіне қолдау көрсетуден бас тартқан қазақ руларына деген өшпенділік.

         Қазақ халқының феодалдық хан мемлекеттілігін қалпына келтіру мақсатындағы XIX ғ. аса ірі халық-азаттық көтерілісі бұл жолы да жеңіліспен аяқталды, ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының есінде өшпес із қалдырды. Кенесарының күресі, оның халық мүддесіне шын берілгендігі, қолбасшылық өнері, нәзік саясатшы ретіндегі сирек кездесетін қасиеті XIX ғ-дың өзінде-ақ халық арасында қадірлеушілік тапты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер мен сілтемелер тізімі

 

  1. Қ.Ахметов. “Кенесары хан Ұлытау өңірінде”. Астана  2002 ж, 3 б.
  2. Бұл да сонда 8-9 б.
  3. Ахмед Кенесарин “Хан Кенесары” 1992 ж, 4-5 б.
  4. Бұл да сонда 9 б.
  5. Бұл да сонда 21 б.
  6. Бұл да сонда 23 б.
  7. Бұл да сонда 24-25 б.
  8. Ахмед сұлтан Кенесарыұлы “Кенесары және Сыздық сұлтандар” Алматы 1992 ж, 8 б.
  9. Бұл да сонда 12-13 б.
  10. Бұл да сонда 19 б.
  11. Бұл да сонда 22 б.
  12. Н.Э.Масанов, Ж.Б.Абылхожин “История Казахстана народы и культуры” Алматы 2001, 1892 б.
  13. //Ұлағат — 2004 № 3-46-50 б. Ж.Жақаев.
  14. // Жұлдыз – 2004 № 6, 112-120 б.
  15. // Қазақстан тарихы. 2004 ж  №5 – 312 б.
  16. // Қазақстан тарихы. 2004 ж №1 45– 50 б.
  17. Бұл да сонда 2005 ж. № 6 -45-51 б. Б.Серебренников.
  18. // Ақиқат – 2005 ж №10 – 53-60 б. С.Ақтаев.
  19. // Қазақ тарихы — 2005 №2   55-57 б. Ә.Дилебаев.
  20. Е.Бекмаханов “Қазсқатан ХІХ ғ-ң 20-40 жылында. Алматы, 1994 ж.

5-8 б.

  1. М.Қозыбаев. “Жауды шаптым шубайлап” Алматы, 1994 ж,  14-16 б.
  2. Ж.Қасымбаев “Қазақ хандары” 1988 -99 ж.
  3. Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Алматы, 1998 ж.
  4. Қазақстан тарихы очерктер, Алматы 1994 ж.
  5. Е.Ирина Викторовна “Казахские ханы и династий” 2003 ж.
  6. // Азия Транзит — 2002 ж — № 9 — 34 б. Р.Бимендина.
  7. // Ана тілі, 2003 ж, — 200б.
  8. Рязанов “Восстание Кенесары Касымова (1837-1847 г) исторический очерк” Алматы, 1993 ж. 90 б.
  9. Середа Н. «Бунт Кенесары Қасымова. Вестник Европы, №8, 1870., 550б.
  10. Б.Жамгерчинов. Киргизы в эпоху Орман хана, 127 б.
  1.  М. Қозыбаев. Ақтаңдақтар ақиқаты. Алматы, 1992 ж.