ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Тарих факультеті
Қазақстанның Ежелгі және Орта ғасырлар тарихы кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Көшпелі өзбектер мемлекеті
М А З М Ұ Н Ы
КІРІСПЕ……………………………………………………………………………………………………
І – ТАРАУ. ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ
- «Өзбек» атауының шығу төркіні…………………………………………………………..
- Әбілқайыр хандығының құрылуының алғы шарттары……………………………
- Әбілқайыр хандығының құрылуы………………………………………………………….
ІІ – ТАРАУ. ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫҒЫНЫҢ КҮШЕЮІ ЖӘНЕ ӘЛСІРЕУІ
2.1 Әбілқайыр ханның жаулап алу жорықтары. Хандықтың күшеюі…………….
2.2 Көшпелі өзбектердің әлеуметтік – экономикалық қатынастары мен мемлекеттік құрлымы………………………………………………………………………………….
2.2 Әбілқайыр хандығының әлсіреуі және күйреуі……………………………………….
ҚОРЫТЫНДЫ……………………………………………………………………………………………
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ……………………………………………….
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Бүгінгі таңда көк туы көгінде желбіреп, әнұраны аспанында қалықтап, Елтаңбасы маңдайында жарқырап, Тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған қазақ халқы басынан небір қилы замандарды өткергені тарихта қаттаулы. Әр уақыттағы билеп төстеушілердің ұстанған қатаң талап, қатыгез қимыл, сыңаржақ шешімдері қарапайым халықты өз дегендеріне көндіріп, сарсаңға салумен болды.Әр кезеңдердегі қоғамдық өзгерістер мен саяси бағыттарға және сол қоғамдық өзгерістерге қатысты әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты болған толқынды тербелістер де халық жанын жай таптыра қоймады.Болаттай беріктік пен темірдей төзімділіктің нәтижесінде ғана ұлттың ұлттығын сақтап қалған қазақ халқы кешегі көрген азабын тарихқа айналдырып, бүгінгі қолда барын місе тұтып, ертеңінен үміттенумен өмір ағысын жалғастырып отырды.
Осыған орай диплом жұмысымызда қазіргі Қазақстан территориясында, яғни, тарихта кезінде Шығыс Дешті Қыпшақ жері деп аталған аймақта XV ғ. бірінші жартысының екінші ширегінің басында құрылған Көшпелі өзбектер мемлекетінің тарихын қарастырдық.
Таңдап алынған тақырып бүгінгі күні өзекті болып табылады. Мемлекеттің тәуелсіздік алып, көп жылдар бойы ұлтымыздың тамыры тереңге кеткен тарихы коммунистік-тоталитарлық идеологияның үстемдік еткен құрсауынан босап, өз тарихымызды қайта жазу мүмкіндігіне ие болған кезде, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының болашағына әсер еткен қырық жыл өмір сүрсе де тарихта өз атын қалдырып кеткен көшпелі өзбектер мемлекетінің тарихы қазіргі таңда қазақ хандығының құрылуын зерттеу мәселесінде, Қазақстан тарихында өзекті орын алады.
Осы тұста біз “Көшпелі өзбектер мемлекеті” кезеңін неге таңдадық деген сұраққа жауап бере кетейік.
Біріншіден, бұл мемлекет қойнауында Қазақ хандығының әлеуметтік- экономикалық ішкі жағдайының пісіп-жетілуіне негіз қаланған еді.
Екіншіден, Әбілқайыр ханның XV ғ. орта шенінде жүргізген көрші елдермен сыртқы саясаты да нәтижелі болды. Оған себепші, хандықтың батысындағы көрші елде болған жағдайды Әбілқайыр хан тиімді пайдалана отырып, онда да өзіне қолайлы адамдарды билікке отырғыза білді. Сөйтіп, Моғолстан мемлекеті мен Темір әулеті мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастар Әбілқайыр хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары, олардың даму барысы – бәрі XV ғ. 50-ші жж. аяғында Қазақ хандығының құрылуына саяси алғышарттар әзірледі. Сондықтан да біз Қазақ хандығының құрылуы кездейсоқтық емес, Әбілқайыр хан тұсындағы саяси дамуын заңды қорытындысы деп батыл айта аламыз.
Үшіншіден, ол хандық этникалық процестердің барынша даму процесін жеделдетті. XIII ғ.басында Моңғол жаугершілігіне байланысты Моғолстан, Мәуереннахр және Дешті Қыпшақ аймақтарындағы саяси құрылымдардың өзгеруіне байланысты этникалық процестер дамуы тежелсе, XIV ғ. саяси құрылымдар сипаты жағынан жергілікті халықтар мен ру-тайпалардың талабына бейімделе түседі.
Жаулап алушылар жергілікті халықтар арасына сіңісіп, бұрынғы тежелген этникалық процесс жаңа қарқында, жаңа сапада дамыды. Ал, XV ғ. бірінші жартысындағы Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығы, Жетісу мен Шығыс Түркістандағы Моғолстан мемлекеті және Мәуереннахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтарының мемлекеті, сондай-ақ Оңтүстік Сібірдегі қалмақ тайпалары, Иран мен Әзірбайжандағы Қара Қоюнлы әулеті аралығындағы шиеленіскен күрделі саяси оқиғалар мен олардың даму барысы XV ғ. орта шенінде Қазақ хандығын дүниеге әкелді.
Сондықтан Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығының құрылу тарихын білу үшін Әбілқайыр хандығы тұсындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды білгенім жөн.
Енді, Әбілқайыр хандық құрған, тарихи әдебиеттерде «Көшпелі өзбектер» аталған хандықтың этникалық құрылымы қандай еді дегенді де ой елегінен өткізе отырайық. Тарихи деректерге жүгінер болсақ, XІV және XV ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ хандықтарымен Моғолстан өз алдына дербес мемлекеттер болғанымен, олардың құрамында тайпалар әр түрлі себептерге байланысты миграциялар жасап, ауысып отырады. Солай болғанымен де бұл ауыспалы тайпалар болмашы ғана диалектік айырмашылықтарына қарамастан қыпшақ өңіріндегілердің барлығы түркі тілінде сөйлейді. Өйткені олардың материалдық мәдениеті, тұрмысы мен рухани мәдениеті бір типте болды деп С.Аманжолов [3] өз еңбектерінде дәлелдейді. Ол Қазақстанның төрт бұрышына дерлік ортақ – көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына негізделген шаруашылық мәдениеті болатын. Ал бұл салалық негізге бейімделген этникалық құрылымды шартты түрде бірнеше этно – саяси терминде атар болсақ, олар мыналар: қыпшақ, өзбек, қазақ, ноғай, өзбек – қазақ, моғол тағы басқалар.
Біз зерттегегелі отырған тақырыбымыздың ауқымына қарай келесі кезекте Әбілқайыр хандығына қарасты болған жерлердің шектесу аймақтарын айтып кетейік. «Көшпелі өзбек» мемлекетінде билік құрған ханның жер ауқымы мейлінше кең болғанын тарихи деректер орынды дәлелдейді. Ой таразысына сала келе Әбілқайыр хандығы қазіргі Қазақстан территориясын табиғи байлығы шалқыған үлкен бөлігіне иелік еткенін аңғарамыз. Ол тарих тілімен өрнектегенде кезіндегі Ноғай ордасынан шығысқа қараған кең аймақты, сондай – ақ батысы Жайықтан, шығыстағы Балқаш көліне дейінгі, оңтүстігі Сырдарияның орта және төменгі ағысынан, солтүстігі Тобыл мен Ертіс өзендерінің орта ағысына дейінгі маң даланы жайлаған халықтарға өз әмірін жүргізді. [1.35] Зерттеушілердің анықтауларына қарағанда Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде Әбілқайыр хан 1428/29 жылдан 1468/69 жыл аралығында табаны жалпақ 40 жыл хандық құрған.
Осы арада біз тілімізге тиек етіп отырған Әбілқайыр хан кім еді, қайдан шыққан деген сауалға да қысқаша тоқтала кету артық болмас деп ойлаймын. Тарихи деректердің айғақтауына қарағанда, 40 жыл ақыл – айламен ел билеген ханның арғы тегі де осал адамдар болмағанына көз жеткіземіз. Өзіндік орнын тарихтан уақыт жеткен сайын нақтылай еншілеген айбарлы да атақты, өз заманының ұлы тұлғасы болған Шыңғыс ханның тегі мен қанынан таралуы — Әбілқайырдың да даңқын асқақтата түсері даусыз. Тарата жүйелер болсақ, Шыңғыс ханнан – Жошы хан, Жошыдан – Шайбан, Шайбаннан – Баниат, Баниаттан – Бахадүр хан, одан Меңгі – Темір, Темірден – Болат, Болаттан – Ибрагим, одан Дәулет – Шайх хан, одан Әбілқайыр болып тізбек құрмақ [4.218]. 16 – 17 жасынан билікке араласқан Әбілқайыр Дешті Қыпшақ көшпелі тайпаларын біріктіру негізінде «Көшпелі өзбектер» мемлекетін бтлеу дәрежесіне дейін көтеріліп, ел ішінде қалыптасқан саяси жағдайларды өз пайдасына шеше жүріп, айналасындағы аймақтарды күшпен бағындырады. Әрі өзі күшпен бағындырған аймақтарға өз сыбайластарын билеуші етіп тағайындауды да дағдыға айналдыра білген. Ноғай ордасындағы билердің билік басына қалай келгендіктерін Дешті Қыпшақ тайпалары: «Әбілқайыр хан болды, Қазы би болды, Иадгар хан, Масы би болды» [5. 255]
Біз Әбілқайырға және Әбілқайыр хандығына қатысты біраз жайларды қысқаша тілімізге тиек еттік. Бұл айтылған мәселелердің кең ауқымда саралануын диплом жұмысының негізгі тарауына міндеттеп отырғанымыз да ескерте кетейік.
Деректік қоры. Диплом жұмысының маңызын ашып, танымын тереңдете түсу мақсатында қолға түскен ғылыми еңбектердегі деректік шолуларды да барынша пайдаланғанымыз рас. Мәселен, Мас’уд ибн Усман Кухистанидың орта ғасырлық зерттеу еңбегі деректерге байлығымен ерекше назар аударады. Әрине әрбір деректеменің берері де әр басқа екенін айтуға тиіспіз.Біз ұшырастырған материалдардың Ішінде Жошы ұлысының батыс бөлігіндегі тарихи оқиғалар туралы мәліметтер мол болса [6], Шайбан ұлысы жайлы деректік мағлұматтар тым мардымсыз.
Абд ар-Раззак Самаркандидің “Матла ас-садайн” атты еңбегінде көшпелі өзбектердің темірліктермен қарым-қатынасы жөнінде біршама құнды мәліметтер берілген.
Мирхондтың «Раузат ас – сафа» деген еңбегінде көшпелі өзбектер мен Темір әулеті ұрпақтары арасындағы қарым – қатынас кең қамтылады. Әрі бұл еңбек деректердің қайталанбауымен құнды.[31]
Әбілқайыр хандығы жөнінде тағы бір мәнді де маңызды деректер беретін зерттеу – Хондемирдің «Хабиб ас-сийар» атты еңбегінің үшінші бөлімі болып табылады.
«Тарихи гузида Нусрат наме» атты белгісіз автордың шығармасы көшпелі өзбек мемлекетінің құрылымы туралы нақты деректерді мол зерделеген. Атап айтар болсақ, өзбектерден әскер жасақтап, сол әскерді ұстап тұру үшін қажетті қаржы-қаражатты халықтан алым-салықтарды күштеп жинау негізінде қордаландырылып отырылғаны нақты дәлелдермен әшкереленген. Сондай-ақ бұл шығармада көшпелі өзбек мемлекетінің Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейінгі жағдайы туралы да мәліметтер мол кездеседі. Еңбек көне өзбек тілінде, 1505 жж. шамасында жазылған [ 7] .
Көшпелі өзбектер туралы кпптеген фактілі материалдарды Камал-ад-Дин Бинайдың “Шайбани-наме” атты шығармасынан алуға болады [8]. Мұнда көшпелі өзбек мемлекетінің Шайх-Хайдар ханның билік құрған кезінен (1468-69 жж.), Шайбани ханның Хорезмді жаулап алғанға дейінгі (1503 ж.) оқиғалар жүйелі негізде баяндалады. Көшпелі өзбек мемлекетінің құрылымы мен сипатын анықтайтын мәліметтерге де бай. Мемлекет құрамындағы әскерлері азық-түлікпен қамтамасыз ету жайы, шапқыншылықтан түскен олжаны бөлісудегі берекесіздік мәселесі санды деректермен расталады.
Әбілқайыр хандығы тарихын сәтті бейнелеген дерегі де, дәйегі де мол ең құнды еңбек Шайбандықтар сарайының тарихшысы Мас’уд ибн Усман Кухистани жазған “Әбілқайырдың тарихы” атты деректеме [24 ]. Бұл еңбек Масуд Абд ал-Латиф ханның (1540-1551 жж.) бұйрығымен таза өмірбаяндық тізбелер тұрғысында дүниеге келіп, өмір шындығын нақты көрсеткен.
Автор шығармасының Хорезмді өзбектердің басып алғандығы жайлы бөлімінде өзінің Әбілқайыр ханның ұлы Сүйінші Қожа-ханның секретары болғанын [1.22], ал қайтыс болған соң оның ұлы Абд ал – Латиф — ханның сарайында қызметте болғанын, сондықтан да Әбілқайырдың өмірін жақсы білетінін айтады.
Көшпелі өзбек мемлекетінің саяси тарихы жөнінде құнды мағлұмат беретін орта ғасырлық деректердің тағы бірі – Балх тұрғыны, XVII ғ. тарихшысы Махмуд ибн Уәлидің еңбегі. Ғалымның шығармасының аты “Бахр әл асрар фи Манакиб ал-ахиар” [23.322] (“Море тайн относительно доблестей благородных”). Еңбек 1434-1441 жж. аралығында жазылған. Ол Балх наместнигі, кейіннен Бұхара мен Самарқандтың билеушісі болған Аштарханилік Надыр Мұхаммедке арналған (1642-1645 жж.).Автор туындысын жазу барысында зерттеушілер пікіріне жүгінер болсақ, бізге дейін жеткен және жетпеген жиырмадан астам орта ғасырлық деректерді пайдаланған [ 23.322 ]. Сондықтан да Әбілқайыр хандығы туралы біршама мәліметтер осы еңбекте жинақталғаны байқалады.
Біз осы тұста Әбілқайыр хандығы туралы орта ғасырда дүниеге келген құнды еңбектердің тағы бірі – Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих – и Рашиди» атты шығармасы [11]. Мұнда Қазақ хандығының құрылуы, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайырдан бөлініп кетуі туралы алғашқы деректермен қоса, хандық ішіндегі талас-тартыстың туу себептеріде, ашық әңгіме болады.
Әрі мұндаXIV-XV ғғ. Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен шығыс Түркістанды және Қырғызстан территориясын жайлаған Моғолстан мемлекетінің тарихы кең көлемде баяндалады. Еңбек екі дәптерден тұрады. 1542 ж. екінші дәптер, ал 1546 ж. бірінші дәптер жазылған.
Ал тұтастай алғанда жоғарыда қарастырылып өткен деректердің көпшілігі, Алматыда 1969 ж. шыққан “Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII вв.” деген жинақта қамтылған.
Араб автоларының әл Макрази, әл Айнидің мәліметтерін Тизенгаузеннің аудармасынан пайдаландық [ 10].Және де С.К.Ибрагимовтың еңбегіндегі кейбір деректер пайдаланылды [40].
Зерттелу деңгейі. Алтын Орда ыдырағаннан кейін Әбілхайыр хандығы Жошы ұлысының орнына пайда болғанын, әрі сол кезеңдегі саяси, әлеуметтік оқиғаларды қамтыған еңбектерді іздестіру барысында Б. Д. Греков пен А. Ю. Якубовскийдің [ 6] ғылыми зерттеулерінің маңыздылығы ашылды. Сондай-ақ П. П. Иванов [12], А. А. Семенов [13], Н. И. Веселовскийлер [14] де осы мәселелерге өз көзқарастарын білдірген.
Н. И. Веселовский Хиуа хандығы қахындағы белгілі еңбегінде көшпелі өзбек мемллекетінің Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейінгі жағдайына тарихи баға берудің де ұмытпаған. Әрі оның қазақ, өзбек, қалмақ сынды халықтардың этнографиялық жағдайларына да баса назар аударғанын сезінесің [14].
Орыс зерттеушісі В.В. Бартольдтың “Ұлықбек және оның заманы” деген еңбегінде Әбілқайыр хан мен Темірдің ұрпақтары арасындағы түрлі жағдайлардағы қарым-қатынастар қамтылды [15]. Бұл еңбектің құндылығының өзі – болған тарихи оқиғалар жайлы дәйектеме мәліметтерге мол орын бергендігі демекпіз. өзбектердің пайда болу, олардың этникалық құрылымы төңірегіндегі ой қозғаған. А.Ю. Якубовский мен А.А. Семеневтың зерттеулерінің өзіндік берері бар [ 16].
Біз сөз еткен тақырыпты біршама тереңдей зерделеуге негізделген П.П. Ивановтың “Орта Азия тарихының очерктері” атты кітабы зерттеу обьектімізге қажетінше септігін тигізгенін атап айтуға тиістіміз.
Аталмыш еңбектің бөліміндегі Дешті Қыпшақ өзбектері мен қазақтарының Орта Азия территориясына орналасуы, сондай-ақ көшпелі өзбектер мемлекетінің саяси және әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршіліші қахында құнды мәліметтер бізге біраз жайдың бетін ашып береді [ 12].
Ал, берігірекке көз жіберер болсақ, Кеңес Одағы кезеңіндегі Әбілқайыр хандығына назар аударған тарихшы Б.А. Ахмедов болды. Оның “Көшпелі өзбектер мемлекеті” атты еңбегі 4 тараудан тұрады. Хандықтың ішкі құрылымы, саяси, идеологиялық бақыт-бағдары, әлеуметтік-экономикалық өзгерістері кең ауқымда қамтылып, Темір ұлысы мемлекетімен Әбілқайыр хан арасында болған саяси қарым-қатынас мәселелерінің мәні кеңінен ашыла түседі [1].
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Тарих сахнасында 40 жыл өмір сүріп, Қазақ хандығының құрылуына бастама қалыптастырып кеткен Көшпелі өзбектер мемлекетінің құрылуы, басқа мемлекеттермен қарым – қатынасы және 40 жыл бойы жеке – дара бір өзі билік құрған Әбілқайыр хан дүниеден өткеннен кейін оның хандығының ыдырау себептерін ашып көрсету мақсат етіп қойылды. Осы мақсатқа жету жолында мынадай міндеттер қойылды:
- әр түрлі деректер жинақтау, оларды жан – жақты пайдалану;
- әр кезеңдерде жазылған парсы, араб, шағатай тіліндегі мәліметтерді салыстыру;
- тақырыпқа байланысты деректердіпайдалану мен оларға баға беру;
- барлық дерек көздерін пайдалана отырып, дұрыс қорытындыға келу;
- «өзбек» сөзіне талдау жасау;
- мемлекеттің құрылу және ыдырау себептерін көрсету;
- орта ғасырлар тарихынан алатын орнын көрсету.
Зерттеу жұмысының құрлымы: Зерттеу еңбегі “Кіріспе” бөлімінен басқа екі негізгі тараудан тұрады.
Бірінші тарау “Әбілқайыр хандығының құрылуы” деген екі тақырыппен шағын үш бөлімді қамтиды. Олар: “Өзбек” атауының шығу төркіні, “Әбілқайыр хандығының құрылуының алғышарттары” және “Әбілқайыр хандығының құрылуы ” деп аталады.
Ал, “Әбілқайыр хандығының күшеюі және әлсіреуі” тақырыбы екінші тарауға алтын арқау болмақ. Және де осы тарауда көшпелі өзбектердің әлеуметтік — экономикалық және мемлекеттік құрлымына да тоқталып өтеміз. “Қорытынды” бөлімінде зерттеу еңбегімізде қамтылған, зерделенген, сараланған пікірлерге қысқаша түйін жасап, өз тарапымыздан болатын ұсыныс ескертпелерге орын бермекпіз.
І ТАРАУ.ӘБІЛХАЙЫР ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ
1.1 «Өзбек» атауының шығу төркіні
Көшпелі өзбектер кімдер болды және олардың этникалық құрамы қандай деген сұраққа тоқталсақ. Алтын Орданың XV ғасырдың І жартысында ыдырау процесі кезеңінде Дешті Қыпшақтағы тайпалар негізінен екі үлкен этникалық топқа топтастырылады. Бірі ноғай ру – тайпалар бірлестігі болса, екіншісі – көшпелі «өзбектер» деп аталған ру – тайпалар бірлестігі болды. [35] Тарихи заңдылықтар бойынша ру-тайпалардың біріктіріліп, белгілі бір аймақта мекендеп, ортақ этнос болып қалыптасуына экономикалық, діни – рухани факторлармен бірге, саяси факторлар да жетекші рөл атқарады.Осы заңдылыққа сәйкес ноғай ру-тайпалық бірлестігінің қалыптауына Ноғай Ордасы ықпал етсе, көшпелі «өзбектер» тобының пайда болуына 1428 – 1468/69 жылдары Дешті – Қыпшақта 40 жыл өмір сүрген көшпелі «өзбектер» мемлекеті әсер етеді. Көшпелі өзбектер 92 баулы тайпадан тұрған.
Өзбектердің шығу тегі туралы көптеген пікірлер бар. Кейбір ғалымдар көшпелі өзбектердің шығуын Алтын Орда хандарының бірі Өзбектің (1312-1340 жж.) атымен байланыстырады. Н. А. Аристовтың пікірінше Өзбек ханға дейін өзбек аты тарихта кездеспегендіктен, ол өзінің бастауын осы билеушіден алған [ 18.147]. А. Ю. Якубовский өзбек терминінің шығуын осы Алтын Орда ханымен байланыстырып, ол өзбектер (узбекийан) сөзіне қатыстылығы туралы пікір білдірген [ 6.301]. П. П. Иванов та осы көзқарасты ұстанған. «Өзбек сөзінің шығу тегі Алтын Орда ханы Өзбек есімімен байланысты», — деп жазды ол [12.21].
Осындай пікірге ең алғаш қарсы шыққан В. В. Григорьев болды, бірақ ол бұл тұрғыда ешқандай өз ойын білдірмеді. Сонымен бұл пікірдің дұрыс емес екенін А. А . Семенов та дәлелдеді. Ол бойынша өзбек термині Ақ Ордада пайда болып, XIV-XV ғғ. Иран мен Орта Азия тарихшыларымен барлық Ақ Орданың түркі-моңғол тайпаларына таңылды [13.4]. Ол кезде Өзбек хан Көк Орданың, яғни Алтын Орданың ханы болды да, өзбек атаулы көшпелілер оның қол астында емес еді. Яғни зерттеушілердің екінші тобы бұл пікірмен келіспей «өзбек» сөзін « өзі бек», яғни «өзіне — өзі қожайын» деген сөзден шыққан деп түсіндіреді [19.52]. Олардың ортақ дәлеліне – Дешті Қыпшақ тайпалары өздерін өте еркін ұстап, еркін сезінген деген пікірлер жатады. Дәлелдің жаны бар, ежелден-ақ Дешті Қыпшақ тайпаларының мемлекет басшысына тәуелділігі отырықшы елдердегі сияқты қатаң түрде емес болатын. Билеушінің билігі, әскери қуаты күшті болып, жүргізген саясаты жергілікті ру — тайпалардың өмірлік мүддесіне сай келсе, онда ру — тайпа көсемдері ханға бағынады және оны қолдайды. Ал егерде ханның қауқары әлсіз, саясаты берекесіз болып, ол ру – тайпалар мүддесіне сай келмесе, онда билер мен бектер өз жолдарын өздері таңдайды, билеушіге бағынбайды. Оған тіптен қарсы шығады, не оны биліктен тайдырады, не болмаса басқа өңірлерге көшіп кетеді. Екінші пікірдің жаны бар деуіміз де осыған байланысты айтылып отыр.
Дегенмен де тарихшылардың басым бөлігі бірінші пікірді қолдайды. Алғашқы пікірдің ғылыми негізі берік. Біз де осыны қолдай отыра мынадай дәлелдеме айтамыз. Барлық этнонимдердің (халық атауы) шығуында, пайда болуына белгілі бір заңдылықтар болады. Түркі тілдес халықтардың басым бөлігіндегі атаулардың, яғни этнонимдердің нақты бір тарихи тұлғалар есімдерімен байланысты екендігі белгілі. Мысалы, Оғыз қаған – оғыздар, Бұлғар – бұлғарлар, Хазар – хазарлар, Ноғай – ноғайлар, Ашина – ашиналықтар деген жеке тұлғадан туындаған тайпалар аттары аз емес. Қазіргі күнде қазақ халқының құрамындағы ру мен ру бөлімшелерінің бәрі дерлік адамның есімімен немесе сол адамға байланысты пайда болған (мінезіне, түріне, түсіне және т.б.) атаулармен аталады. Яғни түркі тілдес халықтар үшін этнонимнің тарихи тұлғалар есімдеріне байланысты пайда болуы, ол — заңдылық. Олай болса, «өзбек» термині де Алтын Орда ханы Өзбекке байланысты пайда болған деуге негіз бар. Өзбек сөзі Джувейни мен Рашид ад-Дин еңбектерінде де кездеседі.Рашид ад-Динде өзбек сөзі Жошы ханның жетінші ұлы Букалдың, ұлы Минкудардың ұлының есімі ретінде келтірілген [20.124]. Сонымен қатар Әзірбайжандағы Ильдегиз әулетінен шыққан Атабектің бірінің есімі — Өзбек (1210-1225 жж. билік құрған) және де Хорезмшах Мұхаммедтің (1200-1220жж.) әмірлерінің бірі есімі Өзбек болған [20.73]. Осыдан өзбек термині және адамның есімі ретінде Өзбек ханға дейін белгілі болғанын көреміз.
Өзбек сөзі Хамдаллах Мұстафа Казвинидің (шамамен 1281ж. дүниеге келіп, 1350 ж.қайтыс болған). «Тарих-и Гузиде» («Таңдамалы тарих») еңбегінде кездеседі. Оның ұлы Зайн ад-Дин Казвини жазған осы еңбектің жалғасында узбекийан (өзбектер), улус-и Узбек (Өзбек ұлысы) деген сөздерді кездестіреміз [10.93, 97]. Мұнда Өзбек ханы туралы айтылғанымен, Ақ Орда көшпелілері туралы сөз болып отырғаны анық.
Осыдан кейін XIV ғ. 60-шы жж. дейінгі деректерде өзбек сөзі кездеспейді. XIV ғ. өмір сүрген Араб авторлары: Насир ад-Дин ибн ал-Фурат (1334-1404жж.), ал-Асади (1377-1447жж.), ал-‘ Айни (1361-1451жж.), Өзбек хан мен одан кейін Алтын Орданы басқарған хандарды «солтүстік аймақ елінің патшалары», «дала халқының сұлтандары», «Дашттың патшалары», «қыпшақ хандары» деп атаса, басқа араб тарихшысы-ал-Калкашанди (1418 ж. қайтыс болған) Тоқтамышты өзбек елінің билеушісі деп атайды [10.414].
Низам ад-Дин Шами еңбегінің Тохтамыш – оғланның Самарқандқа келгені туралы әңгімелеген бөлімінде «Ол (Темір) Тохтамышқа Отырар мен Сауран аймағын беріп, оны сол жерге жіберді. Біраз уақыттан кейін өзбек Орыс ханның ұлы Кутлуғ — Бұға әскерін әкеліп, Тохтамыш-оғланмен көп соғысты»,-деп жазды [10.106].
Өзбек термині Дешті Қыпшақты мекендеген түркі-моңғол тайпаларының жинақ есімі ретінде, XIV ғ.60-шы жж. пайда болған болуы мүмкін. Бірақ бұл өзбектер Дешті Қыпшақта XIV ғ. соңы мен XV ғ. басында пайда болды деген сөз емес. Қазіргі қазақ, өзбек, қарақалпақ және басқа халықтардың ата-бабалары қазіргі осы халықтар тұратын территорияларда мекендегенімен әлі қазақ, өзбек, қарақалпақ деп аталмаған болатын. XVIII ғ. осы территорияны жаулап алған моңғол тайпаларына келетін болсақ, олар Дешті Қыпшақтағы түркі тайпаларымен араласып, тіпті өздерінің тілін де жоғалтқан [22.125]. Сонымен қатар Шыңғыс ханның әскерінің көп бөлігін түркі тайпалары құрағанын ұмытпаған жөн.
Жоғарыда келтірілген дерек мәліметтері ХIV ғасырдың 70 – 80 –ші жылдарынан бастап, Дешті Қыпшақ тайпаларының жиынтық атауы ретінде — өзбек терминінің қолданыла бастағанын көрсетеді. Ақ Орда хандығына ХIV ғасырдың ІІ жартысымен ХV ғасырдың І ширегінде шығысы Ертістен, батысы Еділге дейінгі, оңтүстігі Сырдариядан, солтүстігі Тобылдың орта ағысы бойына дейінгі территория еніп, барлық тайпаларын ортақ атаумен — өзбектер деп, ал далалық аймақтардағы бөлігін – «көшпелі өзбектер» деп атау орын алды.
Мас ‘уд ибн Усман Кухистанидің айтуы бойынша, Ақ Орданың, яғни көшпелі өзбек ұлысының құрамына мына тайпалар кірді: бүркіт, қият, қосшы, йиджан, қоңырат, ушун (усун), утаджи, найман, жат, шымбай, қарлұқ, кенеге, дурман, қерлауыт, тубай, маңғыт, нукуз, таңғұт, ұйғырлар, хитай, таймас, эчки, туманминиг [24. 230 ]. Махмуд ибн Уәлидің айтуынша, Әбілхайыр ханның әскерінде ойрат, маджар, қыпшақ тайпалары да болған [23.133 ].
Бұл тайпалардың шығу тегі әр түрлі. Мысалы, қоңырат, нукуз және қияттар – моңғолдардан, ал таңғұттар – тибеттерден шыққан [25.44].
Ал, хитайлар, олардың ата-бабалаы-қидандар, олар б. э. д. X-XI ғғ. өмір сүріп, Солтүстік-Шығыс Қытайда билік еткен [25.32].
Кейінірек 1509 жылы Рузбехан өзбектерге үш халықты (тайифэ), яғни үш тайпалық одақты жатқызады: Шайбан ұлысына жататын барлық тайпалар, қазақтар және маңғыттар [26.32]. Дешті Қыпшақтың көшпелі өзбек тайпаларының құрамына енген көптеген тайпалар, кейін бөлшектеніп, көп бөлігі қазақ, қарақалпақ, башқұрт және т. б. халықтардың құрамына енгенімен өз атауларын сақтап қалған.
Осылайша айтылған ойларымызды түйіндей келе, «өзбектер», «көшпелі өзбектер» туралы мынандай тұжырымдама жасаймыз:
- «Өзбек» этнонимі – Алтын Орда ханы Өзбектің есімімен байланысты пайда болған;
- «Өзбек» этнонимі XIV ғасырдың 60 – шы жылдарынан бастап қолданыла бастаған;
- Ақ Орда халқы – «өзбектер» деп аталынған да, «көшпелі өзбектерге» Ақ Орданың далалы аймақтарын мекендеген тайпалар жатқан;
- Шамамен XV ғасырдың 50 – 60 – шы жылдарынан бастап, яғни Әбілқайыр хандығының құлауымен Қазақ хандығының құрылуына байланысты «көшпелі өзбектер» атауының орнына «маңғыт», «қазақ» және «шибан» атаулары қолданыла бастайды.
XVI ғ. басында жоғарыда көрсетілген тайпалардың көбі Шайбани-ханның қол астына бірігіп, Орта Азияға басып кіріп, қазіргі Өзбекстанның территориясында тұрақтап қалды. Осы кезден бастап өзбек термині этникалық мәнге ие болды да, омы аймақтың түркі тілдес тайпалары өзбек атауына ие болды. Осы кезде тағы да айта кетеміз, көшпелілер өздерінің бұрынғы тайпа атауларын сақтап қалды [27.58-65 ].
Ал әбілқайыр хан құрған мемлекеттің атауына келетін болсақ, деректемелерде ол әдетте дәстір бойынша «Өзбек ұлысы», сондай – ақ «Шайбани ұлысы», «Әбілқайыр ұлысы» деп аталған. «Ұлыс» атауы деректемелерде ел атауымен, «ел және Әбілқайыр ұлысы» деген түрде жеке адам есімімен бірге аталады немесе «ел және өзбек ұлысы деген түрде тәуелді халықтың этносаяси жалпы атауы ретінде айтылады. Бұл соңғы ат сонымен қатар географиялық «дийар» — ел (Дийар – и өзбек) ұғымымен қоса қолданылады. Тарихи әдебиетте Әбілқайыр мемлекетін «Өзбек хандығы», «Көшпелі өзбектер мемлекеті», «Әбілқайыр хандығы» деп атайды. Соңғы атау неғұрлым бейтараптау көрінеді, өйткені Орта Азиядағы өзбек халқының болашақ компоненті ретінде хандық аумағында тек көшпелі өзбектер ғана өмір сүрген жоқ, солармен қатар көп нәрседен хабардар XVI ғасыр авторы Рузбихан Исфаханидің жазбаларында қарағанда негізінен қазақтар, маңғыттар тұрған. Осы аумақты мекен етіп, Әбілқайыр мемлекетінің құрамына кірген аса үлкен этникалық топтардың бірінің атауымен оны Қыпшақ хандығы деп атауға да толық негіз бар[26.73].
Сонымен қорыта келе «Өзбек» этнонимі – Алтын Орда ханы Өзбектің есімімен байланысты пайда болған және де «Өзбек» этнонимі XIV ғасырдың 60 – шы жылдарынан бастап қолданыла бастаған, яғни Ақ Орда халқы – «өзбектер» деп аталынған да, «көшпелі өзбектерге» Ақ Орданың далалы аймақтарын мекендеген тайпалар жатқан;
Шамамен XV ғасырдың 50 – 60 – шы жылдарынан бастап, яғни Әбілқайыр хандығының құлауымен Қазақ хандығының құрылуына байланысты «көшпелі өзбектер» атауының орнын жеке тайпалар басты.
1.2 Әбілқайыр хандығының құрылуының алғы шарттары
Бұл тарауда ғылыми жұмысымыздың тақырыбына тікелей қатысты тарихи материалдарды шамамыз жеткенше жинақты түрде саралап, пікір білдіруді мақсат тұттық. Сондықтан, Әбілқайыр хандығынан алшақ жатқан уақыттағы тарихи жағдайларға үңіліп жатуды артық санадық. Жошы ұлысының дербес екі мемлекетке бөлінген кезеңінен, яғни, Әбілхайырдың таққа отыруына жуықтау уақыттан бастадық.
Тарихшылардың дәлелдеуі бойынша Жошы ұлысы XIV ғасырдан бастап Ақ Орда және тарихта Алтын Орда атты екі дербес мемлекетке бөлінді [6.30]. Ақ Орда қайсыбір саяси жағдайларға, сондай-ақ әскери көмек алып тұруға келісілген келісімдеріне байланысты жақын араластық қарым-қатынастыа болғанымен, өз алдына тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүрді. Алтын Орда Бату-хан мен Тұқа Темірдің ұрпақтары билесе, Ақ Орданың тағында негізінен Орда Ежен мен Шайбан тұқымдары отырды. Осы жерде мына бір тарихи жағдайды ескерте кету керек. 1359 ж. Жәнібек қайтыс болғаннан кейін Орда-Ежен мен Шайбан және Тұқа Темір ұрпақтары арасында Алтын Орда тағына таласу күресі басталып кеткен [1.32]. XIV ғ. 60-жылдарындағы Жошы ұрпақтары арасында болған осы бір қырқысулар тарихта нақты мәліметтермен көрсетілген [ 6. 271]. Сондықтан кім-кіммен бақталастықта болып, билік үшін кім-кімді өлтіргенін немесе өлтірткенін ежіктеп жатудың қажеті бола қоймас. Дегенмен, XV ғ. I-ші жартысындағы Шығыс Дешті қыпшақ жерінде билік жүргізудегі жетістіктерін көрсету үшін қайсыбір мәселелерге қысқаша тоқтала кету де артықтық жасамас.
XIV ғ. 60-80 жж. аралығында, яғни, жиырма жыл ішінде Алтын Орда мен Ақ Орда мемлекеттерінің тағы жиырма бестен астам хандарды келтіріп кетірді [6.272] .
Бұл билікті адамдарды өз мүдделеріне сай қызмет етуге орайластырып отырған белгілі феодалдық топтардың іс-әрекеті еді. Бұл хандар әр түрлі феодалды топтардың өкілдері еді және де осы топтар мемлекет пен хандардың өздерінің де тағдырын шешіп отырды. Осы жағдайда 14 ғасырдың 60 – шы жылдарының басындағы Мұрат пен Абдуллах хандардың билік үшін күресін атап көрсетуге болады.
Олардың арасында Алтын Орда тағы үшін табанды күрес жүріп жатты. Алайда бұл күрес күресуші екі жаққа да артықшылық алып бермегенімен, Мамай қолдаған Абдуллахтың жағдайы жақсы болды. 1362 жылы Мамай Қырымды жаулап алған болатын, ал Мұратқа келетін болсақ 1362-1363 жылдары ол тақтан тайдырылып, өлтірілді де, Сарайдағы билікті Болат – қожа басып алды. Алайда Болат – қожаның қанша уақыт билегені белгісіз.
1366 – 1367 жылдары Мамай мен Абдуллах Сарай мен Хорезімді жаулап алғанымен, олар Сарайда ұзақ билік құра алмады, 1369 – 1370 жылдары олар Сарайдан қуылды.
1369 – 1370 жылдары Абдуллах тақтан кетіріліп, Мамай оның орнына 1375 — 1376 жылдарға дейін билік құрған Мұхаммед – Бұлақты қойды [1;. стр.33]. Сол феодалдық топтар арасындағы қырқысулар XIV ғ. 70-жылдары жаңаша қарқын алып, бұл тұстағы тақ күресіне шайбандықтар аса жігермен кірісті. Тарихи деректерге қарағанда, билік жүргізуді аса мәртебе тұтып, қолына тізгін тиген соң дегенін істете білген шайбандық Тұлымбек–ханым болған көрінеді. Ол Сарай қаласынан 1371-1372 жж. тақ иесі болғанын дәріптейтін ақша да шығарған.
Тарихшы Әбілғазының деректеріне қарағанда, 1266-1280 жж. Меңгі-Темір Алтын Орда тағында отырып: «Бату ханның жарлығымен әрекет етіп, өздерінің үлкенді-кішілі туыстарына бар биліктерді үлестіріп берген. Тіпті, Шайбан ханның баласы Бахадүрді Ақ Ордаға хан етіп сайлаған» [ 1.35].
Сонымен қатар, 1373 -1374 жылдары сарайшықта Шайбан әулетінен екі хан ақша шығарғанын айта кеткен жөн болар: Ильбан (немесе Ильпанек) және Әліп – қожа. Шайбанидтардың Сарайшықта болуы және олардың ақша шығаруы, бұл қаланың Шайбани әулеті хандарының ордасы болды деген пікірге әкеледі.14 ғасырда Сарайшық – еуропалық көпестерге де белгілі, Еуропа мен Азия арасындағы өткел ретіндегі, Үргеніш, Бұхара және т.б. қалаларға керуен жолы бар үлкен орталық болатын.
Ал, 1375-1376 жж. Сарайда Шайбан ұрпағының бірі Қаанбек билік құрса, сол жылдары шайбандықтардың тағы бірі — Арабшах та Алтын Орда тағына таласып, күрес жүргізген [10..55].
14 ғасырдың 60 – 70 жылдары Алтын Орда тарихындағы саяси оқиғаларды бақылай келе мынадай қысқаша қорытынды шығаруға болады:
- Кезінде күшті және біртұтас Алтын Орда мемлекеті 14 ғасырдың 60 жылдарының басында ішкі талас – тартыс пен қырқысулар нәтижесінде ұлыстарға бөлініп кетті. Олардың ішіндегі үлкені Мамай Ордасы болды (Шығыс авторлары еңбегінде Ақ Орда деп аталды.
- Алтын Ордадағы билікке мұрагер ретінде Орда Ежен, Тұқа Темір және Шайбан ұрпақтары тарихи сахнаға шықты.
Нәтижесінде Алтын Орда әулеттік талас – тартыстардың әсерінен әлсірей түссе, ақ Орда , әсіресе Тоқтамыстың (1380/81 – 1395/96 ж.ж)кезінде күшейе түсті. Ол 1380/81 жылы Ақ Орда мен Алтын Орданы біріктірген болатын [6.316 -323].Тоқтамыстың Ақ Орда ғана емес Еділ бойында билігінің күшейуіне Темірдің көмегі және 1381 жылғы Дон бойында орыс әскерлерінің Мамайды талқандауы да әсер еткен еді.Тоқтамыс Алтын Орданың бұрынғы қуатын, күшін қайта орнатуға зер салып, бұл мәселеде біраз жетістіктерге жеткен болатын [6.323]. Алтын Ордадағы Тоқтамыстың билігі нық орнаған секілді болғанымен, оның күшті қарсыластары бар еді, солардың бірі 1389 жылы Тоқтамыс тұтқындаған Құтлұқ — Темір болатын. Алайда Сарайға жолда, ол тұтқаннан қашып кеткен [1.37].
1391 жылы маусымда Құндызшы өзенінің аңғарында сол кезең үшін үлкен шайқастардың бірі Темір мен Тоқтамыстың арасында ұрыс болып, нәтижесінде Тоқтамыс жеңіліс тауып, әскерінің қалғанымен ұрыс алаңын тастап шығады. 1398 жылы Теректің жағасында ұрыс та Тоқтамыстың жеңілісімен аяқталады. Темір Сарайды басып алып, оны талқандады. Сол жылы Тоқтамыс қайтадан Сарайды алып, өзінің Алтын Ордадағы билігін нығайтуға тырысқанымен, 1396 жылы Темір – Құтұлық оны талқандап Сарайды басып алды.
15 – ші ғасырдың бірінші ширегі Алтын Ордадағы ішкі талас – тартыспен сипатталады. Яғни, 17 жыл ішінде ( 1400 -1417 ж.ж.) алтын Орда тағында Шыңғыс тұқымынан сегіз хан ауысты ( Шәдібек, Болат – хан, Темір – хан, Жалел ад-Дин-сұлтан және т.б.) [6.392-410]. Тоқтамыстың жеңілісінен кейін (1395жылы) 14 ғасырдың 80 – ші жылдарынан бастап Өзбек ұлысы атанған Ақ Ордада ішкі талас – тартыс күшейе түсті. [1.38]. Орыс ханның ұлдарының бірі – Құйыршық – оғлан Темір мен Тоқтамыстыңшайқасы жылдары Темірдің жағында болды. Темір әскері Тоқтамысты талқандағаннан кейін «Еділ өзенінің өткеліне келіп, Темір Орыс ханның ұлына алтын белдік пеншапан жауып, өзеннің арғы бетінде, Жошы ұлысында өз билігін жүргізуді бұйырды» [28.178].
Жоғарыда келтірілгендей 1396 жылы Темір – Құтұлығ Тоқтамысты талқандап, сарайды басып алды. Ал Құыршық – оғлан Өзбек ұлысында билік құрған болу керек. 1418 – 1419 жылдары Өзбек ұлысында билікке Құйыршық – оғланның ұлы Барақ – оғлан мен Ұлұқ Мұхаммед таласты. Нәтижесінде Ұлұқ Мұхаммед жеңіске жетті. Барқ Самарқандқа қашып, сонда Ұлықбектен пана тапты. Бірақ, 1422 – 1423 жылдары Барақ – оғлан Өзбек ұлысының көп бөлігін жаулап алады. Жеңілген Ұлұқ Мұхаммед солтүстікке шегінеді. Ал, Барақ – оғлан Ұлұқ Мұхаммедке қарсы ұрысын жалғастыра отырып, қысқа уақыт ішінде ( 1423 -1425 ж.ж.) Сарай мен Алтын Орданың басқа да қалаларын жаулап алады. Алайда Барақ – оғлан билікте ұзақ отырмады, 1428/29 жылы ол өлтірілді, қандай жағдайда өлтірілгені белгісіз. 1424/25 жылы Дешті Қыпшақта билік үшін талас – тартыс күшее түсті. Олардың ішінде белсенділері Ұлұқ Мұхаммедпен Кішік Мұхаммед және оның ұлдары Махмуд хан мен Ахмед хан, Дәулетберді және Кепен болды.
Осы орайда бағанадан бері тілге тиек болған Шайбан ұлысы жайлы айта кету орынды болар. Әбілғазы зерттеулерінде: « Шайбан жаз бойы Орал тауы мен Тобыл, Жайық, Ілек, Ырғыз өзендерінің аралығын жайлап, қыс айларында Арал теңізінің бассейнін мекендеп Чу-су, Сары-су және Сырдария өзендерінің төменгі ағыстарын да көшіп-қонып жүрген» [ 1.41].
Тарихшы Махмуд ибн Уәли Бахадүр ханның тұсында Шайбан ұрпақтары Ақ Ордаға билік жүргізгенін растайды. Бұл жерден Әбілғазы мен Махмуд ибн Уәлидің зерттеулері бір жерден шығып жатыр. Әрі осы екі тарихшы да шайбандықтардың Бахадүр, Жан-Бұқа, Бадақұл, Меңгі-Темір, Болат есімді ұрпақтарынан кейін кімдер билегендерін тізбектеулері де бір түйінге саяды. Әбілғазы: «Болаттан кейін оның ұлдары Ибрагим мен Арабшах ұлысты бөліп алысты»,-дейді [1; 41]. Ибрагимнен кейін таққа оның мұрагері-кіші құлы, яғни Әбілхайырдың әкесі Дәулет-шейх-оғлан отырды.
Ал, XIV ғасырдың 20 жылдарында Шайбан ұлысын бірнеше дербес хандар биледі. Солардың бірі Жұмақ хан (1425-1428) Маңғұт ұлысына көршілес өңірге билік құрған. Жұмадықты сол кезде таққа отырғандардың тағдырын алақандарына ойнатқан ақсүйек феодалдар өз әкесінің орнына хан сайлаған. Бұл мәліметті Махмуд ибн Уәли: «Дәулет-шейх-оғлан қайтыс болған соң Шайбан Әулеті арасында тақ таласы қызу басталды. Осы тұста оның мұрагері Әбілхайыр биліктен шеттетіліп, орнына Шайбан ұрпағынан Софы; одан кейін оның ұлы Жұмадық хан таққа отырды»,-депті [23. 117]. Одан әрі Әбілхайырдан мұрагерлік тақтың күшпен тартып алынғанын, «Ханзаданың (Әбілхайырдың) жасы кәмелетке толмағандығын сылтауратып, әрі әзірше оның жұлдызы жарқырай қоймайтынын ескертіп, шайбандық сұлтандардың ішінен Софы-оғланның баласы Жұмадықты хан сайлады. Қу да айлакер Жұмадық хан таққа отырысымен-ақ тайпа көсемдерінің, әскер қолбасыларының, басқа да билік басындағы жақын-жуықтарының көңілін тауып, жүректерін жаулаудың түрлі жолдарын ойластырды. Соны байқаған Әбілхайыр биліктің қолға тие қоймайтынын сезіп, Жұмадықтың тақ иесі болғанын амалсыз мойындады. [23.119 ].
Осы кезде шайбан ұлысындағы дербес иеліктерді билеушілердің бірі Махмуд Қожа хан болды. Ол жоғарыда айтылып кеткен Қаанбек ханның баласы еді [ 1.43] .Әрі ол XV ғ. өзі билік құрған уақытындағы ең көрнекті билеушілердің бірі еді [24.222].
Ал, Тура қаласы мен оның маңайындағы XV ғ. 20 жж. Бүркіт Адаб-бек, Маңғыт Көпек-бек биледі. Атбасар маңында шайбандық Мұстафа хан биледі [24.223].
Міне, көшпелі өзбектер мемлекетінің, яғни, Әбілхайыр хандығының алдындағы Жошы ұлысының жалпы саяси жағдайы осындай еді. Ендігі әңгіме өзегін өкшпелі мемлекетінің құрылу мәселесіне қарай ойыстырайық.
Біз жоғарыда XV ғ. басында Шайбан ұлысында Жұмадық хан, Махмуд қожа, Бүркіт Адаб-бек, Кепек-бек билік құрған дербес иеліктер болғанын айттық. Тарихи зерттеулерде бұл жеке-жеке иеліктердің ішкі тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық жағдайлары туралы жарытымды мәліметтер болмағанымен, бұлардың бір-бірімен араларында әртүрлі жағдайлардағы қақтығысыз соғыстары болып тұрған [1.44]. Махмуд ибн Уәли Жұмадық хан тағына отырысымен шайбандықтар арасында жоғары билікке таласу күресі басталғанын тіліне тиек етеді [23. 117 ]. Сол кезде өзіне қарсы әрекеттер ұйымдастырып жатқан Маңғыт тайпасына қарсы Жұмадық хан күреске шығады. Ол кескілескен соғыс барысында қатты жеңіліске ұшырайды. Көптеген әскер басшыларымен бірге өзі де қолға түсіп, Маңғыт ру басыларының бұйрығымен жазаланады. Осы осғыста әскердің сол қанатын басқарған жас Әбілхайыр да маңғыттардың қолына түседі [1.45].
Маңғыттар ішіндегі мықтылары Сары Шыман мен Алаша Бахадүр жас Әбілхайырдың өмірін сақтап қалады. Сөйтіп, оған қолдау көрсетіп, билікке әкелді. Бұл жағдай тарихи жазбаларда былайша баяндалады: «Осы соғыста 16 жастағы Әбілқайыр алланың рахымымен теңіздей терең, кеңістіктей шексіз қайырымдылығы, рахымы жауып, Әбілқайырдың кескін, тұрпатынан Сары Шыман үстем биліктің нысанын танып, оны қорғыуда, тәрбиелеу, қызметке көтеруде көп рахым жасады» [24.142]. Міне, Әбілхайырдың хандыққа көтерілуі осылайша күтпеген жержен басталды.
Реті келіп тұрғанда біз XIVғ. соңы мен тұтас XV ғ. көшпелі маңғыт феодалдары Шығыс Дешті Қыпшақтың саяси өмірінде үлкен роль атқарғанын айта кетуге тиіспіз.Сондай маңғыт феодалдарының бірі Едіге 15 жыл бойына (1396-1411) Алтын Ордадағы бар билікті өз қолына ұстаса, оның балалары қол астындағы дербес мемлекеттерге әмірін жүргізді. Олар тіпті Жошының хандар тұсында да мемлекеттің жоғарғы орындарындағы тізгін иелері болды [1.45 ].
XV-XVI ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақтың саяси өмірінде Едіге және оның ұрпақтары-Уаққас би, Мұса мырза, Жаңбыршы, тағы басқалар үлкен роль атқарды. [4.219] Маңғыт әмірлері мен олармен аралас басқа да көшпелі тайпалардың басшылары Шыңғыс ұрпақтарының ішінен өз мүдделеріне сай саясат жүргізе алатындықтарын таққа отырғызып, көңілдерінен шықпағандарын ауыстырып, бірін келтіріп, бірін кетірудің саяси ойынын ойнады.
1.3 Әбілқайыр хан дығының құрылуы
Сөйтіп, өз кезегінде Әбілқайыр да әкесі өлгеннен кейін араға біршама жылдар салып келіпхан тағына отыру мұратына жетті. Ол хан сайлағаннан екі жыл кейін Едігенің немересі Маңғыт тайпасының басшысы Уаққас би Әбілхайырмен бірігеді [24.225 ] . Бұл — Әбілхайыр хандығы кезінде (1430-1431жж.) көшпелі өзбектерді Хорезмге жорыққа аттанар алдында болған жағдай.Бұл бірігудің мақсатын П.П. Иванов: « Әбілхайыр мен Уаққас бидің ағайындасуы Уаққас бидің ноғай ұлысындағы қарсыластарына қарсы күреске өзбектер арасынан қолдау табу әдісі еді» – деп түсіндіреді [12. 32 ].
Әбілқайыр 1428 ж. көктемінде Маңғыт ру басылары Сары Шыман мен Алаша Бахадүрге келіп солардың және олар билейтін аймақтағы тайпа көсемдерінің көмегімен көп әскер жинайды. «Арада аз уақыт өткен соң Сары Шыман Әбілхайыр ханды жабдықталған әскерімен рұқсат беріп, еліне қайтарады» [ 24.143]. Сол қалың әскердің құрамына қият, маңғыт, шыңбай, итжан, табғұт, думан, итаршы, үйсін, қоңырат, хытай, кенегес, тұбай, жат, барақ, ұйғыр, қарлұқ, ішкі, тағы басқа да көшпелі тайпалар өкілдері болды. Солар бірігіп Әбілқайырды хан көтерді [ 4.218 ].
Дерек мәліметінен үзінді келтіре кетейік.
«Барлық әмірлер, әскери қолбасшылар және басқа да атақты адамдар Құл-Мұхаммед Сайид, Қара- Сайид, Бұзынжар би Қыйот, Уаққас би Маңғыт, Шайх-Сары-оғлан, Хасан-оғлан Шынбай, Ташбек-оғлан итжан, Шад-Бахыт-оғлан Сатығ-бий, Сүйінші-би, Дәулет-Сопы-оғлан, Барақ-оғлан-Қаанбайлы, Мұрат-Сопы-оғлан, Табут, Мұхаммед би, Иақуб дұрман, Қара-Ғадай дұрман, Толы Қожа би қошшы, Мұрат-Сопы-отаршы, Дәулет-Қожа диуан қошшы, Шайх-Сопы-Найман, Ақ-Сопы Найман, Қара Осман Найман, Аба- Бақыр өкреш найман, Жүсіп-Қожа өкреш найман, Құдай-Берді-Тархан, Момыш-деруіш тұбай, Керей қожа бахадүр таймас, Сопы-бек шат, Қажы-мырза шат Жұмадық-Бахадүр, Тұбай, Сабыр-Шайх тұбай, Жадғар бахадүр тұбай, Күңгір-бай барақ, Тыршық би дұрман, Поладақ бахадүр хытай, Кепек би ұйғыр, Хасан би ұйғыр, Ішкі –Жабағы диуан ұйғыр, Бай Шайх ұйғыр, Абд ал-Малик қарлұқ, Тұнғашық-Толы-Қожа найман, Хәкім-шайх қошшы, Ақша-ұрыс қошшы, Темір — Шайх — Бахадүр кенегес, құдағай мен Осман бахадүр үйсін, Қылыш-бай – Бахадүр үйсін, Толқұджы би тұбай, Тіршік – би дұрман, Сары Шыман маңғыт, Құтлық-Бұқа-Тархан, Жағлы қожа қоңырат, Қожа-Лак құрлауыт, Шайх Мұхаммед бахадүр, Бірім қожа бахадүр ұйғыр, Бахты-Қожа ұйғыр, Сафар-Қожа ішкі, Қожа-Амин ішкі маңғыт, Тәңір-берді-тұрман, Інке-қожа дұрман, Толын-Қожа-тұман мінг,ұрыс қоңырат, Омар Найман, Толын-Қожа найман, Дәулет-Қожа жаршы — Қара және басқа да ұлыстар. Құдіретті билеуші сарайына келіп, жеңімпаз сарбраздары мен бақытты нөкерлері қатарынан орын алды.
17 жасында 833 ж. (Хижра жылы) (1428-1429жж.) Әбілхайыр таққа ие болды» [ 24.144].
Міне, осының өзінен-ақ Әбілқайырды Дешті Қыпшақ түркі-монғол ақсүйектерінің көп бөлігінің қолдағанын көреміз. Бұл пікірімізді Махмуд ибн Уәлидің «Әбілқайырды 200-ден астам тайпа, ру басшылары қолдаған» деген [23.117] түйінді толықтыра түседі. Әрі Әбілқайыр ханның тұтас билікті ұстаған әмірші болуына сол кездегі ел ішіндегі жағдайда итермеледі. Рулар, тайпалар, ұлыстар арасындағы бітіспес дау-жанжалдар, бір-бірімен жүргізген тоңаушылық соғыстар, және осындай келіссөз көріністерге қарапайым халықтың наразылығы тұтас көшпелі өзбектер мемлекетін бір орталықтан басқаратын билеуші іскер ханды қажет етті. Осының бәрі қалың әскері бар тұтас мемлекеттің, яғни Әбілхайыр хандығының құрылуына негіз қалады.
Сөйтіп, көшпелі өзбектер мемлекеті бұрынғы Жошы ұлысының орнында пайда долды. Бірақ бұл құрылым көшпелілердің алғашқы тұтас мемлекеттік құрылымы емес еді. Бұғанға дейінгі өмір сүрген ғұн мемлекеті мен түрік қағанаты сияқты басқа да феодалдық мемлекеттердің жаңа тұрғыда көрініс табуы, яғни қайта құрылуы болатын [1.45]. Бір сөзбен айтқанда көшпелі өзбек мемлекеті алдыңғы уақыттарда құрылған құрылымдар сияқты, уақыттың, қоғамның талап-тілегіне орай тарихи жағдайлардың қажеттілігінен пайда болды дей аламыз.
Ал, қал-қадірінше хан тағына отырғаннан кейінгі Әбілқайырдың алдына қойған арман-мақсаты тек Шайбан ұлысының басын біріктіріп қана қою емес, кезінде Алтын Орданың қол астында болған жерлердің барлығына да өз билігін жүргізу еді. Сол мақсатының алғашқы нышанын жүзеге асыру үшін ол 1428-1429 жж. Тура қаласына әскери жорық жасады [1 .48]. Бұл жорыққа аттнудағы Әбілқайыр ханның алға қойған түпкілікті жоспарын тарих зерттеушілері: «Құдай қолдап, Тәңір жарылқап тұрған кезде төрт құбыласы сай Әбілқайыр ханның бүкіл әлемге әмір жүргізуге аңсары ауды. Жаратқан иесінің жар боларына сенім артқан ол дүниені жаулап алудың алғашқы бастамасын Тура қаласына жеңіс туын тігуден бастамақ болды» [ 24.144 ]. Оның бұл ниеті қабыл болып, бар қарулы күшімен жетіп барған Әбілхайырды қала басшылары Адау – бек пен Кепек қожа т.б. да қала ақсүйектері қарсылықсыз қол көтеріп қарсы алып, хандығына бас ұрады. Яғни, «Жеңіс туын Тура қаласының төрінде желбіреткен әлем билеушісіне қала әкімі Адау – бек бүркіт пен Кепек қожа би барлық ру, тайпа көсемдерімен, әскери қолбасшыларымен бірге қол қусырып, бас иіп құлшылық етеді» [24.144]. Әбілқайыр ханның құдіретті мәртебесіне арналып хұтба оқылып, оның теңдессіз мықтылығының белгісі ретінде жедел түрде хан бейнесі нұсқаланған ақша шығарылып, сол Тура қаласы 1446 ж. дейін шайбандықтардың астанасы болып қалады [ 1.48 ].
Әбілқайыр ханның төрткүл дүниені жаулап алу жолындағы бұл жетістігі бүкіл Дешті Қыпшаққа аңыз боп тұрады. Осы бір жаулап алу жорығының нәтижесін Ма^суд: “Хан мекендеген Тура қаласына тұс-тұстағы сұлтан, оғлан, тайпа басшылары ағылып келіп жатты. Солрдың ішінді өмірінің соңына дейін Әбілхайыр ханмен бірге болып, оның қалың қол-әскерін басқарған Арабшахтың ұрпағы – Бахтияр сұлтан да бар еді”, — деп жазады. Келесі жылы хан Махмуд қожаға қарсы шабуыл жасап, ханның әскерін Тобыл маңында тізе бүктіреді. Қолға түскен Махмуд қожаны Әбілқайырдың бұйрығымен өлтіреді [1.50 ]. Оның ордасын ойрандап, иелігін өзіне қосып алып, қөңілі жайланған Әбілқайыр хан Тура қаласына қайтып оралады. Осынадй едел-жедел жаулап алудың нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде (1428-1431 жж.) бүкіл Шайбан ұлысын біріктіріп, оларды уысында ұстауға қол жеткізді.
1431-1432 жж. көшпелі өзбектердің Хорезмге үлкен жорығы жасалды.
Ол кезде Хорезмді Темір әулеті Ибрагим билеп тұрған.Көшпелі өзбек мемлекеті басқыншыларының жойқын күшіне төтеп бере алмайтынын сезген Хорезмнің әмірі де, оның әскерлері де оларға қарсылық көрсетпеді.Сөйтіп, Әбілхайырлықтар Хорезмді де, оның астанасы Үргенішті де еш қантөгіссіз басып алды. Бұл басқыншылық әрекет «Бахр әл асрар» атты еңбекте төмендегіше суреттелген.Әбілқайыр хан Үргеніш қаласын қоршап алады да,оның билеушісі Ибрагимге елші жібереді. Онда қаланы қарсылықсыз беріп, тұтас Хорезм халқын да өзіне бас идіруді талап етеді. Себебі бұл ел де, жер де осынау Шыңғыс ханның тұсынан бастап Жошы хан мен оның ұрпақтарының иелігінде болған. Сондықтан Хорезм мемлекетінің елі де, жері де, астанасы да менің қоластымда болуға тиіс дегенді тіліне тиек етеді Әбілқайыр хан [23. 21 ].
Қала әмірінің елшілеріне біршама уақыт ойланып барып, жауап бергеніне қарағанда, Хорезм дінбасылары мен ақсүйектері оны Әбілқайыр ханның шарттарын орындауға көндіргендігін аңғартады [ 24. 146].
Қаланы басып алған хан оның бар байлығын аяусыз тонайды. Мас’удтың жазба деректеріне қарағанда, Әбілқайыр; «Үргенішке кірген соң, Хорезм билеушісінен қазына сақталған қойма есігін ашуды талап етеді де, есікке өзінің сенімді деген екі әмірін отырғызады. Сонан соң өзінің маңайындағылар мен әскер басыларына тиісінше үлес таратады да, қалған сарбаздардың қоймаға екі-екіден кіріп, көтергендерінше дүние-мүлік алуларына рұқсат береді. Бар қазына-байлық хан бұйрығы бойынша талан-таражға салынады.» [24. 147 ] Сондай-ақ автор бұл шығармада Әбілқайыр ханның Үргеніш қаласында ғалымдар мен діни адамдардың, шейхтар мен басқа да оқымыстылардың жиналыстарын өткізіп, тұрғандығын айтқан. Сол жиналыстардың бірінде бір «мейірман адам» ханға өлең (қасында) тарту етеді. Хан жиналысқа қатысушылардың бірі Камал ад-Дин Хусейн Хорезмге осы өлеңге түсінік жазуды тапсырады. Тапсырма орындалып, түсінік жазылады. [ 1.50].
Түсінікті түркі тілінде жазған Камал ад-Дин Хусейн Хорезми өлеңге «Калиф ал-худа» ( «Билікке бастар жолдың ашылуы») деген тақырып қояды. Ол өлеңге түсінік жазып қана қоймай, көшпелі өзбек мемлекеті билеушісіне өзі де жыр арнайды [1.51 ] .
Бірақ Әбілқайыр ханның мұндағы сайранды күндері онша ұзаққа созыомайды. Ол бұл қаладан кетуге мәжбүр болады. Оның бұл шұғыл шешімді әрекетін ханның өмірбаян зерттеушісі Мас’уд Усман Кухистани «Хорезмнің табиғатының қолайсыздығына байланысты» болған еді деп түсіндіреді. Тарихшы Әл-Макризи; «… 833 (Хижра) жылдары (біздіңше 1428-1430 жж.) және одан бұрынғы жылдары Дешті Қыпшақ даласында, Хорезм өңірінде қатты қуаңшылық болып, соның салдарынан жайлаған індет ауруынан халықтың көпшілігі опат болып, аздаған ғана ру, тайпалар мал-мүлкімен аман қалған. Әбілхайыр хан сол індеттің сарқыншағының жұқпалылығынан сақтанған» [ 10.442 ] — дегенді алдыға көлденнең тартады. А.Ю. Якубовский мен А.А. Семенов та осы пікірді қолдайды. Ал, Абд ар-Раззак Самаркандидің бұл жағдайға берген бағасы бүтіндей басқаша. Ол Шахрух оларға қарсы көп әскер жібергенін естіп, содан сескеніп, Әбілхайырлықтар Хорезм жерінен кетуге мәжбүр болды деп жазады. Мұнығ пікірін П.П. Иванов қостайды [ 12.33 ] .
Біз соңғы екі зерттеушінің айтқандары көңілге қонады – ау деген ойдамыз. Өйткені, дәл осы кезде Кішік Мұхаммедтің Орал өңірінде көшіп-қона жүріп, Қажы-Тарханда иелік еткен ұлдары Махмуд хан мен Ахмед хан Әбілхайырға қарсы күрес ашуға қажетті әскер жинау әрекеттерін барынша жеделтетіп, сақадай сай жүрген. Әрі «әне жетеміз», «міне, бара жатырмыз» деген сыбыстарды жеткізіп отыратын. Оның үстіне Шахрух көп әскер жіберіпті дегенді естісе, Әбілқайырлықтардың шегінулері, яғни, қашқақтаулары әбден мүмкін ғой.
Бұл жорық жөніндегі ой-пікірімізде ғылыми еңбегіміздің II таруында нақты баяндаймыз.
Қайта барса да сапары оң болған Әбілқайыр хан Хорезмнен қайтып оралған соң, біраз тынығып алып, үлкен дайындықпен Ахмед – хан мен Махмуд ханды жаулап алу жорығына аттанады. Бірақ ешкімді өздері билік құрған өңірден көлденнең өткізгісі келмейтін бұлар – «Жошы ұрпақтары – Ахмед хан мен Махмуд хан Әбілхайыр ханға бағынуды өздеріне ар-намыс санап, келсең кел, өліспей, беріспейміз деп, бар әскерлерімен сайланып отырды». Бұл жорық туралы Махмуд ибн Уәли; «Ахмед хан мен Махмуд хан әкелері Кішік Махмуд, ағайындары Жауақ сұлтан, Башиок сұлтандармен ымыраласып, күш біріктірді. [1.51 ] Ахмед хан мен Махмуд ханның жарақтанған әскерлері Екіретұп (Икра – Туб) маңында соғысуға сақадай сай тұрды.» Бұл қарсылықты алдын-ала естіп-біліп отырған Әбілқайыр хан буырқанған ашумен бірге бар күшін жинап, шиыршық ата буынып – түінеді. «бір Аллаға сыйынған ол қол астындағы барлық билік иелерін, әскер басшыларын, би, сұлтандырды жинап, үлкен кеңес құрып, солардың демеуімен қайраттанған хан бар күш-жігерін жау ордасы – Екіретұпке шүйілдірді. Өзіне адал ниетімен қызмет етеді деген әмірлерді қосып беріп, Бахтияр сұлтанды қорғанысқа қойды.»
«Вакказ–бий Маңгыт, Адад–бек буркут, Бузунджар–бий, қыйат, Иогли–Ходжа Конграт, Тимур–оглан, Суйунч Кытай, Дулат–Суфи–оглан, Каан–байлы, Баран оглан Каан–байлы, Манелат–оглан–тангут, Тули–Хаджи– бий Кушчи, Кунгур–бай кушчи, Даулет–Ходжа–диван кушчи, Хаким–Шайх кушчи, Кичик–бий уйгур, Хасен–бий уйгур, Иабабу–диван уйгур, Хасан–оглан чимбай, Кутлук–Бука–тархан, Иахши–бек–Тархан, Иа’куб Дурман, Шайх–Мухаммед–бахадур уйшин, Килич–бай–бахадур уйчин, Сары–Усман украш–найман, Абу–Бакр украш–найман, Тимур–Шайх–бахадур кенегес и другие эмири и прочие славные (мужи) и предводители войска украсили (своим присуствием) левое и правое крыло и подняв знамена божьей помощи, направились в Икру – Туп» (Екіретұп) [24.153-154 ].
Екіретұп маңындағы бұл соғыс басып алушылардың күш басымдылығын анық байқатты. Өліспей, беріспеуге бел байлаған, әрі Әбілхайырдан мұшшама жойқын мықтылықты күтпеген Ахмед хан мен Махмуд хан тұйыққа тіреліп, ойлаңқырап қалады. Көкейлерінде тыныш жатқан жыланның құйрығын басқан өзі, осы мүмкіндікті пайдаланып, үлкен тақты еншілеп қалуымыз да мүмкін-ау деп армаандаған «Ахмед хан мен Махмуд хан жағдайларының тым нашарлығын, бұл соғысқа өздерінің күшінің төтеп бере алмйтындарын майдан даласында көздерімен көргенде жоғарғы билікке жету ойлары бастарынан бытырадай бытырап, Әбілхайыр әскерінен бас сауғалап, қашады» [ 24.154 ]. Әбілқайырдың бұл соғыста да жолы болып, жеңіске жетіп, екі ханның ордасы болған Орда – Базарды басып алуын Ма’суд шабыттана жасады. Жеңіс иелері олжаға белшеден батады. «Жеңімпаз әскерлер қашқан жауынгерлерді тышқанмен ойнаған мысықша қуалап, басып алған жерлерінен көп олжа алып, мәз-мәйрам болып өз ордаларынан қайтад.» [24.155]. Әбілқайыр ханның құрметіне мұн да хұтба оқылып, жедел ақша шығарылады. Бар иелікті хан өзіне қосып алады. [4.221]
Кез-келген жағдайды мүмкіндігіне қарай өз билігінің пайдасына шешуге дәндеген Әбілқайыр хан Алтын Орданың өз ішінде болып жатқан бүліктер мен қырқысу, талас – тартысты пайдаланып, Дешті қыпшақтың батыс бөлігіндегі өз жағдайын алды. Ол 15 жыл ішінде (1431-1446 жж.) өз ұлысын кеңейту мақсатында бірде – бір ірі соғыс жүргізген жоқ [1.55 ]. Оның жойқын соғысқа күш шағындасауының түрлі себептері бар.
Біріншіден, Ибак хан, Бүреке сұлтан, Жәнібек пен Керей сынды басқа да көптеген сұлтандар Әбілқайыр ханға бас игілері келмеді, тіпті, алғаш ол таққа отырған күннен бастап онымен күресумен болды. Мұстафа хан Маңғыттрадың көп бөлігін өз билігінде ұстап, қыр көрсетумен сес танытты. Екіншіден, өзбек мемлекеті иелігінің оңтүстік батысында көшіп-қонып жүрген жұрт арасында жатып Ахмед ханның өш алу үшін жаңа әскер жасақтау әрекетінен сақтанды. Әрі шайбандық Саид Ахмедтің өзінен жасқанбайтыны да Әбілқайыр ханды тітіркентетін.
Солай бола тұра ол шағын шығынды соғыстардан тартынбады. XV ғ. 40 – жылдарының ортасында жаулап алу соғыстарын тағы жалғастырды. Бұл сапарда ол Сырдарияның орта ағысына көз тіккен еді. Оның ішкі ойының жүзеге асуына Темір әулеті мемлекеті мен Моғолстандағы өзара қырқысу, билікке таласу, яғни, іштей іру әрекеттері қолайлы жағдай туғызды. Үлкен дайындық үстінде жүріп, әрі оңтайлы сәтті пайдалана білетін Әбілқайыр хан 1446 ж. өзінің мықты қарсыластарының бірі Мұстафа ханды жеңеді [4.222]. Мұстафа сеператист-феодалдар ішіндегі айбарлылардың айбарлысы еді. Ол сол айбарлығын соғыс кезінде де танытты. Қақтығыс кезінде маңғыттардың басшысы Уаққас биді өз жағына тартып алып, әскер санын молайта түседі. Масудтың жазбасында: «Әбілқайырдың жойқын күшті әскерлері Мұстафа хан мен оны қолдаушы Уаққас бидің әскерлерімен бетпе-бет кездесті» [ 24.157]. Әбілхайыр хан әскер басшысын, әкімдер мен би, сұлтандарын жинап, кеңес құрып, бүкіл әскерлерді қайтпас – қайсар күш-жігермен ұрысқа кірісуге үгіттеп, Алланың рахымына сиынып, соғысқа кірісті. Ақбасардың сол жақ жағалауында өткен бұл қиян – кескі шайқаста қанша айлакен болса да Мұстафа әскерлері толық жеңіліс тапты. Әрі оның 4500-ге тарта адамы қырылды. Солрдың мыңға жуығы ел ішінде беделге ие жандар еді [ 24.158]. Ал, Мұстафа хан қалған әскерлерімен Манғышлаққа қашып кетеді. Бар байлық, мал, мүлкі Әбілқайыр хан жауынгерлері тарапынан олжаланып, олардың дәрежелеріне қарай бөліске түсті.
Әбілқайыр жеңіліс тапқан Мұстафа хан тыныш жатпады. XV ғ. орта тұсында ол Хорезмнің оңтүстік батысын жаулап алып [1.65], тарихшы Хандемир мәліметіне қарағанда; «Ол Үргеніш қаласын басып алып, оның халқын сол қаланың оңтүстік маңыйынан жаңадан салынған Вазир қаласына қоныс аудартады.» Одан билікті қоңырат тайпасының әмірі Осман Қоңырат (Мұхаммед Суфидің баласы) тартып алады. Ол кезінде Мұстафа ханның өз қоластындағы көрнекті әкімдерінің бірі болған.
Енді сол кезеңдердегі көршілес хандықтардағы жағдайларға қысқаша тоқтала кетейік.
Әл Айнидің мағлұматына қарағанда, 1428-1429 жж. Алтын Орда тағын Ұлық Мұхаммед билейді [10.534 ]. Оның ең мықты қарсыласы Кішік Мұхаммедтің іштей жүргізіп жатқан бүлігіне төтеп бере жүріп Ұлық Мұхаммед 1438 ж. дейін тақта отырды. Билік кейіннен Кішік Мұхаммедтің қолына өткен соң да таққа таласу күресі жалғаса берді.
Уәйіс хан қайтыс болған соң (1427-1428 жж.) Моғолстан билігі үшін талас басталды. Феодал басшыларының басым бөлігі Уәйіс ханның камелетке толмаған ұлы Есен-Бұғаны қолдады. Тақтың негізгі мұрагері Жүніс хан Самарқандқа қашып кетуге тура келді. Сонымен елде бірнеше жылға созылған анархия болды: Ұлы-құла елді мекеніні билеген Дулат әмірлері өздерін тәелсізбіз деп жариялап, Есен-Бұға ханның билігін мойындаудан бас тартты. Ақсу мен Қошпайдағы билікті әмір Саид – Али басып алды. Сөйтіп, Моғолстан үлкен бытыраңқылыққа ұшырады. М. Хайдар бұл жағдайды «Әр феодал өзін жеке билік есемін деп жариялап, толық тәуелсіз мемлекет иелеріміз деп сезінеді» [11.39]. деп жазды. Сондай тәуелсіз феодалдардың бірі Міркәрім-Берді Дулат тайпасының бас ханын көзге де ілместен Ала-Бұға маңынан қамал салып, Андижан мен оның төңірегіндегі жерлерге тоңаушылық шабуылдарын жүргізіп отырды. Екінші Әмір Мір Хак – берді Ыстықкөл аңын жаулап алып, Түркістан мен Сайрам қалаларын тоңаумен айналысты. Шорас пен барин тайпаларының әмірлері Шу алқабында билік құрған қалмақ тайпасына қызмет етуге мәжбүр болды. Ал, Қалушы мен Бұлғашы тайпаларының әмірлері Әбілхайыр ханның қолтығына кірді. Ал қалған көшпелілер Моғолстанды оңды-солды кезіп жүрді [ 4.220].
Есен Бұға хан 1434-1435 жж. Ақсу мен Қашқарда өз жағдайын жақсартып алғанына мәз болды. Қалған билік иелері дербестікте қала берді.XV ғ. бірінші жартысындағы Моғолстанда қалыптасқан бұл бытыраңқылық көшпелі өзбек мемлекетінің Сырдарияның орта ағысында оңай табысқа жетуге жеңіл жағдай туғызды.
XV ғ. 20 жж.Шахрух өз қол астына бұрын Темір империясына бағынышты болған жерлердің көпшілік бөлігін біріктірді. Бірақ оның өз туыстарымен жауласына тура келді.Сұлтандар Мұхаммед Хайду, Ескендір, Мұхаммед Жөкі бөлек-бөлек иелік иелеріміз деп өздерін тәуелсіз сезінді. Әрі орталық билікке таласып бір-бірлерімен қырқысумен болды. Іштегі бүлік аз болғандай Шахрухтың Қара-Қоюилы түркімендерімен және Хуруфиттермен соғысуға тура келді. Осындай ішкі, сыртқы соққыдан әлсіреген Шахрух көшпелі өзбектердің Сырдария бассейніне баса-көктеп кіруіне қарсылық жасай алмады.
Айналадағы көршілес мемлекеттердегі жағдай жоғарыдағыдай еді. Шахрухтың әлсіздігін, Моғолстанның бытыраңқылығын пайдаланған Әбілхайыр хан 1446 ж.Сырдарияның екі жағалауына орналасқан Ақ қорған, Акрүк, Үзгенд, Сығанақ және Созақ секілді қалалары мен қамалдарды басып алды [ 1.58]. «Сығанақ қаласының әкімі Әбілхайырдың әскерінің көп әрі күштілігінен қорқып, ханға бас иді.Қанды Сатурнша жарқыраған жұлдызы биік әміршінің құзырына қаланы табыс етті. Сондай- ақ Ақ Қорған, Акрук, Созақ және Үзгендте оның қолдаушыларының қолына өтті» [ 24. 159 ].
П.И. Лерх бұл қалалардың Қаратауда орналасқандығын айтады. [29] А.А. Семенов аталмыш қалалар Сырдарияның оң жағына орналасқанын, ал Сығанақтың сол кездегі Түркістан өлкесіндегі ең ірі әрі көрнекті қалалардың бірі болғанын шығармасына арқау етеді [13.103 ] .
Ал, 1446 ж. мемлекет құлағагға дейін сол Сығанақ қаласы көшпелі өзбек мемлекетінің, яғни, Әбілқайыр хандығының астанасы болды [ 1.59 ] .
Сырдария жағалауына қол жеткізген көшпелі өзбектер мемлекеті Темір мемлекетіне көрші болып, сол мемлекеттің тағы үшін таласы әрекетіне аса белсенділік көрсетті. Әрі тыныш жатпай Мауреннахрдың отырықшы халықтарына тоңаушылық жорықтарын жиі – жиі жасап тұруды да ұмытпады [ 4.220 ] .
Түйіндей айтқанда, Әбілқайыр хандығы толық салтанат құрды, яғни Шайбан ұлысын біріктіруді алдына мақсат етіп қойған Әбілқайыр хан өзінің билігін бұрынғы Алтын Орда қоластында болған барлық аймаққа жүргізуді көздеді.
II ТАРАУ. ӘБІЛҚАЙЫР ХАНДЫҒЫНЫҢ КҮШЕЮІ ЖӘНЕ ӘЛСІРЕУІ
2.1 Әбілқайыр ханның жаулап алу жорықтары
Айналасындағы көршілес мемлекеттерді басып алып, бар байлығын, мал-мүлкін еншілеп, жаулап алған хандықтардағы халық ішінен қосылған азаматтармен әскери күшін толықтыра түскен Әбілқайыр хандығын барған сайын күшейе түсті. Әлі де болса дербес тыныс-тіршілік құрып жатқан таяу маңдағы басқа мемлекеттер Әбілқайыр хандығының анда да, мұнда да жеңіске жетіп жатқанын естіп, одан жасқанатын дәрежеге жетті.
Жалпы тарих мәліметтеріне жүгінсек, Әбілқайыр хандығы тұсында көшпелі өзбектер Темір әулетімен Сыр бойындағы қалалар мен Хорезм мемлекеті үшін соғысқандары рас. Сөйтіп, жеңіске жете жүріп, Сыр өзенінің орта ағысы жағалауында орналасқан бірқатар қалалар мен Хорезмнің бір бөлігін темірліктерден тартып алады. Үргенішті екі дүркін жаулайды. Басып алған жерлердің мал-мүлкі мен қазына-байлығын аяусыз тоңайды.
Тіпті одан кейінгі жылдары көшпелі өзбектердің Астрабад пен Мазандаран елді мекендеріне шабуыл жасап, басқыншылық әрекетін мейлінше күшейте түскендігінен Шахрух ханның бұл жерлерде жыл бойы әскер ұстануына тура келген уақыттары да болған [ 1.125 ]. Әрі өзбектердің мезгілсіз, едел-жедел шабуылдарынан жасқанған Шахрух Гурган мен Астрабадтағы әскерлерді әмір Алейк–құлтайшы, Мұхаммед Суфи–тархан, Мұхаммед Мироштардың көмегімен өзі басқарып отырған. Ол кезде ханзада Байсұңқар тірі еді. Ал, 1443 ж. 21 желтоқсанында Байсұңқар қайтыс болған соң бұл міндетті Ала ад-Доулеге жүктейді. Өйткені бұл аласапыран уақытта Темір империясының солтүстік шекараларынан тыныштық кете бастаған. Қауіптің қай жерге молдау төніп тұрғанын бағамдап жүретін Ұлықбек әскерімен әр қыста Бұхара Шахрухия немесе Ташкент қалаларының бірінде жайғасатын.
1431/32 жылдың жазында Ұлықбек Серахсқа жедел түрде әкесіне келді. Деректер Ұлықбектің Бұхарадан Серахсқа жедел келуі туралы еш мәлімет айтпайды. Біздің пікірімізше Мәуереннахр шекарасындағы көшпел іөзбектердің белсенді іс – қимылынан сескенген ол әкесіне келіп, өзбектерге қарсы шаралар қолдануды ұйғарған. Біз бұны Абд ар – Раззактың мәліметтерінен көреміз. Ұлықбектің Серахсқа келерінің алдында Шахрух Мазандаранға Байсұңқармен Әмір Әлейка – Кекілташ, Мұхаммад Софы – Тархан бастаған көп әскер жібереді. Басқа жерде Абд ар – Раззактың айтуы бойынша Ұлықбек Байсұңқардың өлімін Бұхарада жүріп естіп, Моғолстан мен Дешті Қыпшаққа көп әскер жиып шығады [30. 309 ] .
1440-1441 жж. көшпелі өзбек әскерлері Мазандаранға шабуыл жасап, халқын қатты шығынға ұшыратады [30. 321 ]. Олардың бұл әрекеттерін тыю үшін Гераттан қажы Жүсіп, Шейх-қажы, т.б. да әмірлер басқарған әскер жіберіледі. Мазандаранға жетер-жетпес тұсқа бұлар жеке-жеке әскери лагерь құрады. Оны біліп қойған өзбектер тұтқиылдан шабуыл жасап, Әмір қажы Жүсіп–Жалилдің әскерін талқандап, өзін өлтіреді. Сөйтіп, бай олжаға кеңеліп қайтады. Олардың бұл бүлігін кешірек естіген Шейх-Қажы, басқа да әмірлер әскерлерімен соңдарынан қуып, жете алмай қалады. [30.322 ] Міне, осы оқиғадан кейін Шахрух хан Мазандаран маңындағы әскерлерін жаңа күшпен толықтыруға мәжбүр болады. Әрі әскер басылары мен ханзадаларға Темір империясының солтүстік шекараларына көшпелі өзбектердің қол сұғуына мүмкіндік бермеуге бұйрық шығарады. Мирхондтың айтуы бойынша «бақытты билеуші Шахрух жыл сайын Гурганға Дешті Қыпшақ шекарасын бақылап отыру үшін әскер жіберіп отырған. Сол жылы осы аймақта Хиндүктің әмірі болды» [31.447]. Осы Мирхондтың әгімесінен мемлекеттік шекараны Темірлік әулет өкілдері кезектесіп қорғағанын көреміз.
1447 ж. Шахрух та дүниеден өтеді. Енді оның ұрпақтары арасында билікке таласқан кескілескен қырқысулар басталады. Әсіресе, Абд ал-Латиф, Ұлықбек, Ала ад-Даул және Абул Қасым Бабур Шахрухтың тағы үшін аяусыз жауласты. Ақыры айлалығымен де, ақылымен де, күш басымдылығымен де жеңіске жеткен Ұлықбек хан тағына отырды [ 1.126 ].
Осы кезде Мауренахрдағы жағдай қандай еді? Иә, онда да оңып тұрған жоқ болатын. 1446 ж. күзінде Сығанақ қаласын басып алған Әбілхайыр сонда қыстап қалды. 1447 ж. көктемінде ол Шахрухтың қайтыс болғанын және Ұлықбектің Мауренахрдан кеткендігін естіп, өзінің жайлауға көшіп барып тынықсам деген ойынан айниды. Мауренахрдың ішкі саяси жағдайының, яғни, таққа тартыстан ішкі күштерінің әлсірегенін пайдаланып, Самарқандты басып алуға жорыққа аттанды [24.159 ] Қала дарбазасына дейін барып, оны тұтас қоршауға алды. Абд ар-Раззак Самарқандидің суреттеуінше; Бұл жорықта да Әбілқайыр хан әскерлері олжаға белшесінен батты. Самарқанд пен Бұхара маңындағы бау-бақшалар қиратылып, тоналды. Халық байлығы, мал-мүлкі талан-таражға түсті.
Әбілқайырдың өмірбаянын зерттеушісі бұл басқыншылық соғысты шабыттана суреттей келіп, қоршауда қалған Самарқанд халқы әміршіге ақы беріп құтылғанын айтады. Қала билеушісі Жалел ад-Дин Баязид ханға сыйға аса асыл заттардан сый-сияпат жібере отырып; «Ханға сый тарту етерден бұрын Ұлықбек Әбілқайырдың сенім білдіріп, билік басына отырғызған адамдарына ешқандай қарсылық білдірмеуге, сондай-ақ әміршінің өзі қойған шарттарға бой ұсынуға бел байлауға келіскендіктерін» елшілер арқылы хабарлайды [24.160 ]. Бартольд бұл соғыста Әбілқайыр әскерлері Самарқанд пен Бұхараны тонаумен ғана тыңбағанын шығармасына өзек етеді. Хан сарайына жетуге асығып келе жатқан Ұлықбекті әскерімен Әмудариядан өтер тұста, Мерв маңында көшпелі өзбек әскерлері қатты қанға бөктіреді. Ұлықбек сарбаздарының аман қалған шағын бөлігі бас сауғалап, қашып құтылады. Басқыншылар мол олжаға батып, біраз әскерлерді тұтқынға түсіреді [ 30.357 ]. Ұлықбек аса қинала жүріп, Бұхараға жетеді.
Осындай келеңсіздікті бастарынан кешіріп отырса да Шахрух ұрпақтары тақ құмарлықтарын қоймайды. 1449 ж. күзінде Абд ал-Латиф өз бақталасы Ұлықбек әскерлерін талқандап, оны Самарқанд пен Шахрухияға кіргізбей қояды [ 1.128 ]. Өз туысқанынан осындай соққы алған Ұлықбек алғашқыда Әбілқайыр ордасына өтіп кетпек болады. Ашуы басыла келе бұл ойынан қайтып, «Қолына билікті өз еркіммен берсем, рахым жасар, қалған ендігі өмірімді ғылыми жұмыстар жазуға арнармын», деп хандықты Абд ал-Латифке берген ол қатты қателеседі. Оның тікелей бұйрығымен өлтіріледі.
Көшпелі өзбектер Темір әулеттерінің таққа таласына араласып, қолтықтарына су бүркіп отырды. 1451 ж. Самарқанд тағын темірлік сұлтандардың бірі – Абу Сайдтің басып алуына көмектесті [1.128]. Абу Сайд Ұлықбектің кезінде Мулязимде болған.Әкесімен баласы, яғни Ұлықбек пен Әбу ал-Латифтің Амудария жағасында болған соғысы алдында Әбу Саид ретін тауып, Ұлықбектің қолтығынан сытылып шығып кеткен. Содан арғын тайпасындағылардан жақтастар тауып, сол күшпен Самарқандты қоршайды. Бірақ, соңынан келіп қалған Ұлықбек сарбаздарына төтеп бере алмасын біліп, арғындармен бірге қашады. Абд ал- Латиф өлгеннен кейін Әбу Саид Самарқандты басып алуға тағы да әрекеттеніп көреді. Оның билеушісі Абдулладан оңбай жеңіліс тауып, дала кезіп кетеді. Дегенмен ол билікке таласу ниетінен қайтпайды. Қу да, айлакер, әр нәрсенің ретін бағып жүретін Әбу Саид Ала ад – Дауле мен Абдулланың арасында болып жатқан қырқысуды өз мүддесіне орайластырып, Түркісанды басып алады. Абдулланың өз билігін қайтарып алу үшін жасаған екі ретті жорығы да сәтсіз аяқталады. Өйткені сол кезде Мауреннахр мен көшпелі өзбек мемелекетінде Әбу Саидты қолдайтындар көп еді. Өз мүддесін ойлауда алдына жан салмайтын Әбу Саид кейінірек Әбілхайр ханмен одақтасып, Самарқандты жаулап алуға әрекеттенеді. Мас’уд ибн Усман Кухистани Әбу Саидтың Әбілхайр ханнан көмек сұрап барғанын, оны ханның қалай қабылдағанын өз жазбасында әсерлі суреттеген [ 24.163 ]. Оны хан барған бетте бірнеше күн бойына сенімді ақсүйектер мен сенімді әмірлерінің бақылауна беріп, өзі талап ететін шарттар негізінде сынақтан өткізеді. Сынақшылардың Әбу Саидты іскер, қайсар, төзімді әрі ақылды ел билеу тәжірибесі бар екенін бағамдаған соң ғана оны қабылдайды [1.131]. Өзінің оғландары, сұлтандары, нояндары және мемлекеттік шенуліктері мен ақылдасқаннан кейін хан оны қабыл алуға келіседі. Кухистанидің мәліметтері бойынша өзбек билеушілерінің дәстүрінде көмек сұрап немесе жай келген қонақты үйді – үйге бөліп орналастырған. Бұл орналастыру кезінде олардың әлеуметтік дәрежелері, қоғамдағы орны ескерілген. Келесі күні қонақты ханға алып келген. Бұл жерде барлық ноян, ханзада, ақсүйектер отыратын еді. Өзбектер қонақты мас қылуға тырысқан, себебі қонақ қанша көп ішсе де мас болмаса, ол ханның сыйына ие болған. Яғни бұл қонақ үшін сын болған. Кейін бірнеше күн қонақты бақылағаннан соң, хан өз жауабын айтқан. Сөйтіп, оның көмек сұрап келген өтініші бойынша нойандарды, сұлтандарды, оғыландарды, әскер басылар мен мемлекет шенеуніктерін шақырып, кеңес өткізіп, солардың келісімін алғаннан соң барып, Әбу Саид бірге Самарқандқа жорыққа аттануға бел шешкенін айтады [ 24.164 ].
Осы келісім бойынша 1451 ж. жазында көшпелі өзбек мемлекеті әскерлері мен Әбу Саидтың бірлескен шабуылы жасалады. Өзбек әскерлерін Әбілқайыр ханның өзі басқарады. Абдулламен арадағы болған бұл шайқас 1451 ж. 10 – маусымында Бұлыңғыр өзенінің жағасындағы Құтпан деген жерде өтті [24.131 ]. Соғыс нәтижесінде Абдулла әскерлері аяусыз жеңіліп, Абдулланың өзі Әбу Саидтың бұйрғымен өлтіріледі [24.165 ].Яғни, көшпелі өзбектер мемлекеті көмегімен Әбу Саид Самарқанд тағына отыруға қол жеткізеді. Айлакер де қу Әбу Саид көкейіндегі ойын жүзеге асырыпалған соң өзбек әскерлерін сый- сияпатқа бөктеріп, алдап- сулап шығарып салғаны Мирхонд пен Хондемир жазбаларында айшықты өрнектеледі. Дәлеліміз дәйекті болу үшін Мирхонд шығармасынан үзінді келтіре кетейік:
« … Егер Абдулла мырзаны жеңер болсақ, өзбектерден құтылудың қандай жолдары бар деген сауал Әбу Саид Бұлыңғыр өзені бойындағы соғыстан да бірнеше күн бұрын мазалаған еді. Ол егер өзбек сарбаздары қалаға басып кірсе, бар байлық пен дүние- мүлікті түк қоймай, қала халқын шығындайды. Мұндай жүгенсіз әрекет жұрт наразылығын тудырады. Әрине, бұлайша қаланы басып алу Әбу Саидқа тиімсіз еді. Сондықтан ол өзбек сарбаздары қалаға кіргізбеудің тәсілін де ертерек ойластырған. Кухектен өтіп, Самрқанд қаласының қақпасына жақындағанда бүкіл әскерлерге демалыс жариялайды. Сол демалыс уақытын пайдаланып, қала қақпасына жақын барып; «Мен Әбу Саид сұлтанмын! Мені әскерімен кіргізіп, өзбек сарбаздарынан қорғанбасаңдар жағдайларың мүшкіл болады.»,- деп айқайлайды. Күзетшілер расында өздеріне көмектеседі екен деп оны нөкерлері мен ішке кіргізіп алады. Ал, өзбек сарбаздары қала сыртында қалады» [31.461 ].
Міне, Әбу Саидтің аярлығын бұдан өтімді де мәнді етіп суреттеудің қажеті бола қоймас.
Сонымен, өзбек әскерлері қала сыртындағы бау-бақшаларға орналасады [ 1.132 ]. Ең көрікті жерлердің бірі – Бағы майданға Әбілқайыр хан нөкерлерімен, сенімді әмірлер мен әскер басыларымен салтанатты күтімге алынады. Көрнекті қала ақсүйектерімен, дін адамдары Шейх Қожа Фазыл ад-Диннің бастауымен Әбілқайырға бас ие келіп, Әбу Саидтің атынан сый-сияпатты төгіп тастайды. Сол сапарда Дешті Қыпшаққа қайтар алдында Ұлыұбектің қызы Рабия сұлтанбегім Әбілқайыр ханға әйелдікке «тарту» етіледі [ 24.167 ].
Әбу Саид бара-бара өз хандығының ауқымын кеңейте түседі. Ол Шахрух дүниеден өткеннен кейін бір-бірімен қырқысып, тоз-тоз боп кеткен темірліктер империясын XV ғ. 60 ж. басында қайта біріктірді. Кең территорияны еншілеп жатқан бұл империяның бір орталыққа бағынып, береке-бірлікке ұмтылуларын байқаған көршілес түркімен, көшпелі өзбек, қалмақ мемлекеттері, т.б. темірліктермен кәдімгідей санасуға мәжбүр болды. Аталмыш мемлекеттер енді бір-бірлерімен қарым-қатынасты мейлінше жақсартуға тырысты. Ал, Әбу Саид хандық құрған темірліктер мемлекеті осы үлкен беделге ие бола бастаған. Сол себепті Герат қаласында тақта отырған Әбу Саидқа көшпелі өзбек, қалмақ мемлекеттері қатарлы біраз елден татулықты жақтаған елшіліктер келді. Олардың барлығын да жылы шыраймен қарсы алып, талап-тілектерін қабылдауға көңіл танытқан. Әбу Саид Дешті Қыпшпақ пен қалмақ жеріне келгендерге қосып өз әмірі Мұхаммед Халелді жіберді. Бұл оның солтүстегі көшпелі көршілерімен тату-тәтті қарым-қатынас жасауға қадам жасаған алғашқы әрекеті еді.
Бұл әрекетінің арғы жағында ішкі есебі де бар болатын. Себебі, темірліктер арасынан өзі отырған таққа аса бір үміткерлер әрі өте қауыпты жаулары Мұхаммед Жөкі мен Хусейін сұлтан осы кезде көшпелі өзбектермен жақындасып үлгірген. Ал, қалмақтар болса, Сырдария өзенінің төменгі ағысы мен Іле аудандарына жасаған басқыншылық жорықтарында жұлдыздары оңдарынан туып, енді темірліктер империясына барынша жақындай түскен. Ара – арасынада Мауренахрдың отырықшы аудандарында тұтқиылдан баса – көктеп кіріп, тоңаушылық жұмыстарын жүргізуді де ұмытқан жоқ [41.137 ].
Айналасындағы осы қыспақтардан сескенген Әбу Саид көршілерімен жақсы байланыста болуға ұмтылмасқа амалы жоқ еді.
Деректерде Шахрух пен Ұлықбек қайтыс болғаннан кейін өзбектердің Астрабатқа және Иранның солтүстік аймақтарына шабуыл жасағандары туралы тікелей мәлімет жоқ. XV ғасырдың ортасында негізінен шапқыншылықтар болып қана қоймай, көбейіп кеткен секілді. Іс жүзінде өзбектер Шахрух кезінде, Темірлік империя күшейіп тұрған кезде де шабуылдар жасап отырған болса, енді империя ішкі талас – тартыстың нәтижесінде әлсіреген кезде өзбектер шабуыл жасамады деу қиын. Негізінен Шахрух пен Ұлықбектің тірі кезінде өзбектер Мәуереннахрмен Солтүстік Иранға шабуыл жасап, Самарқанд пен Бұхараға дейін жетіп отырған. Ал, Абу – л – Қасым Бабыр (1452 – 1457 ж. ж) кезінде бір Асрабадтың өзінде Гияс ад – Дин Али – тарханның, Хосроу – тарханның, Шер Қажы, Пахлаван Құсайын Диванидың, Хасан Шейх – Темірдің түмендері болды. 1456/57 жылы Абу – л – Қасым Бабыр Машхатта қыстау кезінде Нес пен Язырға Низам ад – Дин Ахмадйар мен Мүбәрәз ад – Дин Құсайын Жандар басқарған әскерді осы аймақты бақылауға жіберді.
Абу — л – Қасым Бабыр (1457 жыл 21 ақпан) дүние салғаннан кейін елде талас – тартыс, алауыздық күшейді. Ала ад – Доуленің ұлы мырза Ибрахым Мазандарандағы тұтқыннан қашып шығып, 1457 жылы қыркүйекте Хератты басып алады. Абу – л – Қасым Бабырдың ұлы және мұрагері жас өспірім Шах Махмұд Машхадқа қашып шықты. Осы жағдайда Әбу Саид көп әскермен Хорасанға келіп кірді. Балхта онымен Балх билеушісі Шейх – Қажы бірігіп, Әмударияның сол жағалауында Ибрахиді талқандайды. Әбі Саид еш қарсылықсыз Херадқа келіп, 1457 жылы екінші қазанда Қыпшақ [Хераттың солтүстік жағындағы қақпасы осылай аталды] қақпасы арқылы салтанантты түрде астанаға кіреді. Әрі бақталастары да бұған көз алартуын тоқтатпаған. 1457 ж. Балх қаласында Мұхаммед Жөкі Әбу Саидке қарсы қанды-қырғын соғыс ашып, өзі жеңіліс тапқан соң қашып барып Херат қаласы арқылы Әбілқайыр ордасын паналайды. Мас’уд Усман Кухистани мәліметіне қарағанда, «Дешті Қыпшақ ханы Мұхаммед Жөкіні әйелі Рабия сұлтан-бегімнің туысқана ретінде жылы қабылдап, оған Самарқанд тағы үшін күресуге көмектесуге уәде береді» [ 24.170 ] .
Міне, мұндай хабарлар да оны мазасыздандырмай қоймайды. Әбу Саид Иран елінің Хорасан, Мазандаран сияқты бірқанша аудандарын жаулап алуға аттанғанда, Мұхаммед Жөкі үн-түнсіз барып Самарқандты басып алуға ұмтылады. Сөйтіп, «Әбілқайыр ханнан берген уәдесін жеделдетуін өтінеді. Ол Мұхаммед Жөкіге бір топ сенімді әмірлер басқарған әскерлері мен әмірлерін, бахадүрлер Бүреке сұлтан мен Бишкенд – оғланды қосып жіберуге келісім бергені» [24. 171 ] де Әбу Саидқа жетпей қоймайды.
Бұл кезде Темір әулеті империясының бытырауы күшейіп тұрған кез еді. Мысалы, 1458 жылдың басында бір Хорасанның өзінде тәуелсіз бірнеше билеуші отырды: Сұлтан Ибрахим Хератта, Мырза Санжар – Мерв пен Маханда, Шах Махмұд Тұста, ал Ықтияр ад – Дин бекінісі Ахмед – жасауылдың, Серахс — Абдулла Пірзаданың, Салық бекінісі Әмір Құдайдаданың, Имад бекінісі Баба Хасанның билігінде болса, Хабашанда Құсайын Шайх Темір, Балхта Сұлтан Әбу Саид билік етіп тұрды.
Осы күндері Несы мен Абивердің аймағына Ала ад – Доулэ келіп, Хератқа өзінің келгені туралы елші жіберді. Ала ад – Доулэ Абу – л – Қасым Бабырдан Бадахшанда жеңіліп, тауға қашып кеткеннен кейін, ол туралы еш хабар жоқ еді. Ал ол болса, таудан Хорезмге,одан әрі Дешті Қыпшаққа, өзбектерге қашып кеткен. Ол Әбілқайыр ханда болды ма, әлде болмады ма белгісіз. Ол туралы деректер еш нәрсе айтпайды. Абд ар – Раззактың мәлімдеуі бойынша, Ала ад – Доулэ Әбірдібір уәләятында тұрды. Нақты өмір сүрген жерін анықтау мүмкін болмады. Абд ар – Раззактың мәліметі бойынша Әбірдібір өзбек иелігіне жатады. Ол Абу – л –Қасым Бабыр (1457 ж) қайтыс болғанға дейін Дешті Қыпшақта өзбектердің арасында өмір сүрген.
Ала ад – Доулэ өзбек ханынан көмек ала алмаған секілді. Ішкі талас – тартыстың әсерінен, ауыз біршіліктің болмауынан әлсіреген көшпелі өзбектер мемлекеті, әсіресе 1457 жылы қалмақтардан ойсырай жеңілгеннен кейін өте терең дағдарысты басынан кешіріп жатыр еді. Сондықтан өз ішкі істерімен айналысып жатқан өзбектер Ала ад – Доулэге ғана емес, басқа да Темірліктерге де көмек бере алмады.
Сұлтан ибрахим әкесін Санжаб жағалауында кездестіріп, оған жоғарғы билікті беріп, өзі тек жоғарғы әскер басшы қызметінде қалды. 1458 жылы 23 сәуірде Ала – ад – Доулэ Хератқа келіп, таққа отырады [30.292]. Алайда, Ала ад – Доулэ билікте екі ай да отырмады. 1458 жылы қазан айының ортасында Қара – Қоюнлу түркмендерінің шабуылына төтеп бере алмай астананы Хераттан 33 – 35 километр жерде тұрған Жахан – шахқа тастап кетеді. Сол жылдың бірінші қарашасында Қара – Қоюнлу түркмендері Хератты еш қарсылықсыз басып алды. Ала ад – Доулэ біраз уақыт Гурда болып, баласымен (Сұлтан Ибрахим) ұрысқаннан кейін Жахан шах жағына өтіп кетті. Оқиғаның өрістеуіне байланысты Ала ад – Доулэ Жахан шахтың қасында көп болмай, Мервтегі Мырза Санжардың қасына кетеді. Жахан шахтың өзінің жағдайы Хорасанда ғана емес, Әзірбайжанда да тұрақсыз болды. Әзірбайжанда Тебризде тұтқында отырған өзінің ұлы Құсайын Али көтеріліске шықты. Және де 1458/59 жылы ерте көктемде Жахан Шах өткелді қорғауға жіберген Әбу Саид Мұрғаб арқылы өтіп, түркмен әскерін талқандады. Осы қиын кезеңде Жахан Шах Әбу Саидтпен одақтасып, Хорасанды тазалады. 1458 жылы 16 желтоқсанда Әбу Саид екінші рет Хератты басып алды.
Кейін Абу Саид өзара біріккен Сұлтан Санжармен Ала ад – Доулэ, Сұлтан Ибрахимді талқандады. Осы кезде Әбу Саид Астрабат пен Мазандаранды басып алды. XV ғасырдың 60-шы жылдарының басында Әбу Саид Шахрух өлгеннен кейін бытырап кеткен Темірлік империясының басын біріктірді. Бұл қайта жанданумен темірліктердің көршілері: түркмендер, көшпелі өзбектер, қалмақтар және тағы басқалар санаспай қала алмады. Олар өздерінің күшейіп келе жатқан көршілерімен татулық қарым – қатынас орнатуға тырысты. 1460 жылы Хераттағы Әбу Саидқа көрші елдерден елшілер келді, оның ішінде көшпелі өзбектер мен қалмақтар да бар еді. Деректерде бұл мәселе жөнінде, яғни Әбу Саидтың келіссөз жүргізуі туралы айтылмаған. Біздің пікірімізше бір – бірімен қырқыста әлсіреген өзбектер мен қалмақтар күшейген Әбу Саид мемлекетімен жақындасуға тырысты. Осы кезде көшпелі өзбектерде де, қалмақтарда да өзара қырқысулар күшее түскен еді. Олар біріккен күш ретіде көрінбеді, ұсақ ұлыстарға бөлініп кеткен еді. Міне сондықтан олар Темірліктермен жақсы қарым – қатынас орнатуға тырысты. Әбу Саид елшілерді жақсы қарсы алып, олармен бірге Дешті Қыпшаққа және қалмақ еліне өзінің елшісі — Әмір Мұхаммед Халилді жібереді. Бұл Әбу Саидтың да өзінің солтүстіктегі көшпелі көршілерімен бейбіт қарым – қатынас орнатқысы келгенін көрсетеді. Яғни Әбу Саидтың Темір әулеті тағына деген бақталастары Мұхаммед Жөке мен Сұлтан Құсайын да өзбектермен жақындасуға тырысқан еді. Бұл Әбк Саидтың сақтық шараларына баруына алып келді. Ал қалмақтар болса, төменгі Сырдариямен Іле аймағына жиі шапқыншылықтар жасау арқылы Темір империясының солтүстік шекараларына жақындап қалған еді. Яғни Мәуереннахрдың отырықшы аймақтарына басып кіру қауіпін туғызып тұр.
Жоғарыда айтылғандай Әбу Саидтың бақталастарының бірі – Мұхаммед Жөке 1457 жылы күзде Балхта көтеріліске шықты. Әбу Саидтан жеңілген ол Хератқа қашты. Кейін Дешті Қыпшаққа Әбілқайыр ханға барды. Мас’удтың айтуы бойынша өзбек ханы оны туысқанындай, яғни Рабия Сұлтан – бегімнің бауыры ретінде жылы қарсы алып, Самарқанд тағы үшін көмектесетіндей уәде берді.
1460 ж. жазында Иранның Систан қаласының билеушісі әмір Халил Әбу Саидтің басқыншылық шабуылына қарсылық білідіреді. Осы уақытта Мазандаранда тұрған Хусейн сұлтан да көп әскерлерімен Хорасанға бет алған. Тіпті Сабзавар мен Нишапурға жетіп те үлгірген. Сасқалақтаған Әбу Саид Хусейн сұлтанға қарсы күреске аттанады. Осы ыңғайлы жағадайды тиімді пайдаланған Мұхаммед Жөкі Бүреке сұлтан мен Бишкенд оғланның әскери күшімен бірлікте жүріп, Түркістан, Сайрам, Ташкент, Ақ сикент қалалары мен Шахрухияны жаулап алады. Шахрухияда бұрын Әбу Саидтің қол астында болған көптеген әмірлер енді Мұхаммед Жөкінің қолтығына кіреді.
Мас’уд ибн Усман Кухистанидің жазба мәліметтерінде Мұхаммед Жөкіге бірігіп кеткен әмірлер қатарында Арғын сұлтан мен Нұр Са’ид бар екені айтылады. Сондай-ақ олардың қатарында кезінде Ұлықбекке қызмет еткен, ол қайтыс болғаннан кейін орталық билікке бағынбай, Мауренахрдың кейбір жерлерін дербес билеген көптеген «шағатайлық» бектер де бар еді. Мұхаммед Жөкі Мауренахрға шабуыл жасағанда Нұр Сайд бек Шахрухия маңайында болатын, Мұхаммед Жөкіге сол жерде қосылды [ 1.139] .
Біртіндеп, сарбаздар саны молайып, күшейе түскен Мұхаммед Жөкі Мас’уд мәліметтеріне қарағанда, Мауренахрдың көпшілік бөлігін басып алды. Самарқанд, Бұхара сияқты қорғанысы мықты бірен-сараң қалалардан басқа Мауренахрдың көптеген отырықшы аудандары Мұхаммед Жөкіге өз еріктерімен беріледі. Ташкентті, Шахрухияны, басқа да қалаларды иеленген Мұаммед Жөкі көшпелі өзбектер көмегімен енді Сырдариядан өтіп, Самарқандқа бет түзейді. Самарқанд әмірі арғын Мазид бүкіл қала гарнизонын тік тұрғызып қарсыласқанымен, Кухен өзенінің оң жағында күш жетімсіздігінен жеңіліс табады [ 1.140 ].
Самарқандқа кірген өзбектер әскері енді тыныш жатпай, оның айналасындағы аудандарда тұратын бейбіт халықтарды тонаумен айналысады. Бұл жүгенсіздіктің шектен шығып кеткендігі соншалық, тонаушылыққа Мұхаммед Жөкінің өзі тыйым салуға мәжбүр болды.
Мауренхрдағы жағдайдың тым шиелінісіп кеткендігі жайлы хабар құлағына тиісімен Әбу Сайд, 1461 ж. 17 қаңтарында ол жаққа Му’из ад-Дин Ширази басқарған, ең жақсы жарақтанған әскерін жібереді. Көп кешікпей сол жылдың наурыз айында өзі де жетеді. Әбу Саид сұлтанның Мауренахрға жорыққа аттанғанын ести сала Мұхаммед Жөкі жедел түрде жинап, әмірлері мен әскер басшыларының кеңесін өткізеді. Бұл кеңестегі Әбу Саидқа қарсы соғысқа шығу жоспарына келісу жайы олардың арасында біраз тартысқа ұласты. Бүреке сұлтан Бишкенд – оғлан, т.б. өзбек әмірлері Әмудария жағасына тез жетіп, Әбу Саидтің өзеннен өту жолына тосқауыл қойып, күйрете соққы беру керек деген ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты шағатайлық әмірлердің біраз бөлігі мен Мұхаммед Жөкінің өзі қолдады.
Ал, Нұр Сайд пен Арғын Сұлтанның және олардың пікірін қуаттаған шағатайлықтардың көптеген әмірлерінің ұстанған тәсілдері-солтүстікке қарай шегініп барып, Шахрухиядағы бекіністі нығайту еді. Соңғыларының пікірі кеңесте басым дауысқа ие болып, сол ұсыныс иелері әскерлерімен солтүстікке қарай ретсіз, бей-берекет шегіне бастады. Өз ұсыныстарының қабылданбай қалғанына ашуланған өзбек әмірлері сарбаздарымен жол-жөнекей Мауренахр жерлерін тонап, олжалай жүріп, ат басын өз мемлекеттеріне қарай бұрды.
Әбу Саид Әмудариядан еш қиындықсыз өтті, ал Мұхаммед Жөке және Шағатай әмірлері Сырдариядан өтіп, Шахрухия бекінісіне барып бекінді. Ол кезде бұл бекініс өте ірі бекіністердің бірі еді. Абд ар – Раззак Самаркандидің айтуы бойынша: «Бұл бекініс үш жағынан сумен қоршалған. Өзен өтіп жатқан жағы суға толған жыралардан (абкандха), ірі арықтардан (жұха) тұрды, олардан өту өте қиын еді» [30.408]. Әбу Саид Шахрухияны жан – жағынан қоршап, басып алуға тырысты. Бұл қан құйлы соғыс төрт айға созылды. Бірақ, Әбу Саид ақыры қаланы ала алмай қоршауды босатып, Хорасанға кетті. Бұған себеп, Сұлтан Құсайынның Астрабадпен Мазандарандағы белсенді жорықтары еді.
Сұлтан Құсайын Хорасанда Әбу Саидтың жоқтығын пайдаланып, Хорезм жағынан Мазандаранға басып кіріп, Астрабадты өзіне қаратты. Мазандаранды, Астрабадты қорғау тапсырылған Әмір Шейх Қажы және Әмір Аллаберді Сұлтан Құсайынмен шайқаста өлтірілді. Олардың әскерлері бытырап, тарап кетті. Гурганды басып алған Сұлтан Құсайын Хератқа бағыт алды. Астанада толқулар күшейгеннің үстіне күшейе түсті. Бірінші болып, Хератқа Әбу Саид қалдырған әмірлер састы. Бірақ әскердің, басшылардың, қолөнершілердің және басқа да қала тұрғындарының арқасында қаланы қорғау жұмыстары жүргізілді. Деректер бойынша, қаланы Сұлтан Құсайын алты ай бойы қоршаған.
Сұлтан Құсайын Херат аймағынан, кейін Мазандараннан қуылғаннан кейін Әбу Саид 1462 жылдың наурызында Мәуереннахрға қайтып келді. 1462 жылдың сәуір айының аяғында ол Самарқандқа келіп, қысқа мерзімді демалыстан кейін қайтадан Шахрух бекінісін алу жолында іс – қимылдар жасауға кірісті. Бұл жолы қаланы қоршау табандай бір жылға созылды. Әбу Саидтың бекіністі қоршап, өзіне бағындыруы жолында жеке қуаты, әскери қулықтары мен арандатулары оған бекіністі алуға көмектеспеді. Тек қана темірлік тарихшылардың айтуы бойынша Қожа Ақырар мен әл – ислам шейхы Қожа Бұрхан ад – Диннің көмек беруі арқасында Әбу Саид бұл бекіністі алды. Алайда Мұхаммед Жөке мен бекіністе қоршалғандарға Әбу Саид мырзаның құзырына берілуге нағышбанди Шейхының әсері болмады. Мас’уд ибн Усман Кухистанидің айтуы бойынша, қоршалған бекіністе азық – түлік қоры таусылып, адамдар аштықтан өле бастаған [24.243]. Міне, осы жағдай бекінушілерді Қожа Ұбайдоллахтан көмек сұрауға итермеледі. Қожа Ақырар бірінші Әбу Саидтың ордасына келіп, ол жерден қоршалған бекініске жол тартты. Алайда, оның Мұхаммед Жөкемен әмірлер Нұр Саид және Сұлтан Арғынмен келіссөздері ешқандай нәтиже бермеді, олар Әбу Саидқа бағынуға қарсы болды. Тек бекініске екінші рет келгенде ғана Қожа Ақырар оларды көндіріп, келісімге келді. Ал, бекінушілер өз тарапынан Әбу Саидтан берілгендерге өмірін қалдыратыны туралы уәдесін алып, қаруларын тастап, бекіністің қақпасын ашуға келісім берді. 1462 жылы он төртінші қазанда Мұхаммад Жөке мен оның әмірлері бекіністен шығып, Әбу Саидтың ордасына келді. Күтілгендей Әбу Саид Мұхаммед Жөкеге Шахрухиямен Самарқандта сый – сияпат көрсетіп, ал одан шығып Хератқа келгенде Ықтияр ат – дин түрмесіне қамайды. 1464 жылы ол сол жерде қайтыс болады[ 24. 223б]. Ханзада Әбу Саидтың бұйрығымен өлтірілген болуы да мүмкін. Осылай Әбу Саид өзінің қауіпті қарсыластарының бірінен құтылды. Алайда, оның тәжірибелі, қу, саяси істерде шыңдалған тағыда бір қауіпті қарсыласы бар еді. Ол — Сұлтан Құсайын болатын. Оның қоластында Несе, Языр, Астрабад бар.
Жоғарыда айтылғандай Сұлтан Құсайын 1459/60 жылдарының басында Астрабадты басып алды. Бірақ кейін Әбу Саид жіберген Әли Фарыс – барлас, Хасан Шейх Темір, Нұр Саид, Саид Мазид бастаған түмендер оны Астрабадтан ығыстырып шығарады. Ол сонда Гурганға қашып барып, Әмудариядан кемемен өтіп, оң жағалауға барып бекінді. Ол осы жерден 1446 жылы Әбілқайыр ханнан бөлінген Вәзірдегі Мұстафа өзбек ханына өзінің бір әмірі Абд ар – Рахман Жандарды Әбу Саидқа қарсы одақ құруға ұсыныспен жібереді. Бірақ Вәзірден Абд ар – Рахман Жандар келгенше Сұлтан Құсайын Мұстафа ханның інісі Пір Бұдақ – Сұлтанды өзінің жағына қаратқан еді. Бұл сұлтанның ордасы Сұлтан Құсайынның орналасқан жерінен қашықта емес еді. Бұл екіағайынды сұлтандар арасында билік үшін талас жүріп жатқан еді. Сұлтан Құсайын Пір Бұдақ – Сұлтанға өзінің қарындасы Бәди әл – Жамал бегімді беру арқылы туыстық қатынас орнатты. Бабырдың айтуы бойынша: «Мырзаның (Сұлтан Құсайын) Бадқа – бегім атты қарындасы бар еді. Өзінің билігі кезінде ол қарындасын Қажы Тархандық хан Ахмед ханға әйелдікке береді» [32.204]. Алайда Ахмад хан оған Пір Бұдақ – Сұлтанның өлімінен кейін үйленеді. Бәди әл – Жамал – бегім Ахмед ханға екі ұлмен қыз сыйлады. 1486/87 жылы Ахмед хан өлгеннен кейін патшайым Херадқа қайты оралады. Бұл жерде сөз болып отырған Ахмед хан 1481 жылы Дон сағасында Ибақ ханның қолынан қаза тапқан Алтын Орданың ханы еді. Бәди әл – Жамал – бегім Ахмед ханның қолына қандай жағдайларда барғаны белгісіз. Мүмкін Ахмед ханмен Пір Бұдақ – Сұлтан арасында шайқас болып, нәтижесінде Пір Бұдақ — Сұлтан өлтіріліп, ал оның әйелі Ахмед ханға олжа ретінде берілді.
Пір Бұдақ — Сұлтанмен біріккен Құсайын Сұлтан Вәзірге жорық жасап, оны басып алады. Қаланы қоршау қырық бір күнге созылып, екі жақтың келісімге келуімен аяқталады. Достықтың белгісі ретінде Мұстафа ханға мырза өзінің Бехбуд атты бүркітін сыйға берді. Мұстафа ханмен бейбіт келісімге келген Құсайын Сұлтан Адаққа бет алды. Ол жерге 1460/61 жылы келді. Адақ Құсайын Сұлтанның жорыққа күш жинап, аттанатын жері болды. Яғни әр бір жеңілістен кейін осы жерге келіп, күш жинап, тынығып, қайта жорыққа аттанып отырған. Жоғарыда айтылғандай Сұлтан Құсайын Әбу Саидтың Мұхаммед Жөкемен ұрысын пайдаланып, 1461 жылы Хорасанды басып алуға талпыныс жасады. Алайда бұл жорықта жеңіліске ұшыраған ол қайтадан Адаққа қашып барады. Бұл жолы да ол өзінің жағына Мұстафа ханды тартуға тырысты. Бірақ бұл ойы іске аспады. Осы кезде Махммұд – софының ұлы Осман – қоңырат Мұстафа ханды тақтан тайдырып, Вәзірдегі билікті басып алды. Мұстафа хан Маңғышлаққа қашып кетті. Негізінен қала тұрғындары да Мұстафаға қарсы көтеріліске қатысқан. Бұны естіген Құсайын Сұлтан Асаф – Оғзы тұсынан Әмудариядан өтіп, Вәзірді басып алды. Бұл жолы ол өте көп шығынға ұшырады. 1462 жылы Сұлтан Құсайын Үргеніш пен Хиуаны алып, ондағы Хорезмнің билеушісі Құтлық Деруішті қуып жіберді. Әбу Саид бұл кезде Бадғиста еді. Ол Құсайын сұлтанға қарсы Шер Қажы мен Ахмед Яра бастаған әскерлерін жібереді. Олар Құсайын сұлтанды Тұршизда қуып жетіп, ойсырата соққы бареді. Құсайын Сұлтан тағы да Хорезмге қашып ктті.[30.417]. 1463/64 жылы ол тағы да Хорезмнің астанысын алып қана қоймай Хиуаны Тұршақ бекінісін де алады. Үргеніш Құсайын Сұлтанның астанасы болды. Осы жерде ол күш жинап, тынығп, тағы да Хорасанға жорыққа аттанғанымен Мерв түбінде Саид Асыл – Арғын, Шейх Темір және Саид Мұрат әмірлері әскерлеріне жолығып, қайтадан талқандалады. Сұлтан Құсайын аз уақыт өткеннен кейін қайтадан Хиуаны өзіне қайтарды. Хорезмнің Құтлық – Дербіштен кейінгі билеушісі Нұр Саид Хиуаға қашып кетті. Бұл жерде көмек алған ол қаланың қабырғаларын біраз бекітті. Құсайын Сұлтанның қаланы қайтару жолындағы істері сәттілікке апармады. Ол Хиуадан шегініп кетті.
Әбілқайыр хан Хорезмнен қайтып оралған соң, біраз тынығып алып, үлкен дайындықпен Ахмед – хан мен Махмуд ханды жаулап алу жорығына аттанады. Бірақ ешкімді өздері билік құрған өңірден көлденнең өткізгісі келмейтін бұлар – «Жошы ұрпақтары – Ахмед хан мен Махмуд хан Әбілхайыр ханға бағынуды өздеріне ар-намыс санап, келсең кел, өліспей, беріспейміз деп, бар әскерлерімен сайланып отырды». Бұл жорық туралы Махмуд ибн Уәли; «Ахмед хан мен Махмуд хан әкелері Кішік Махмуд, ағайындары Жауақ сұлтан, Башиок сұлтандармен ымыраласып, күш біріктірді. [1.51 ] Ахмед хан мен Махмуд ханның жарақтанған әскерлері Екіретұп (Икра – Туб) маңында соғысуға сақадай сай тұрды.» Бұл қарсылықты алдын-ала естіп-біліп отырған Әбілхайыр хан буырқанған ашумен бірге бар күшін жинап, шиыршық ата буынып – түінеді. «бір Аллаға сыйынған ол қол астындағы барлық билік иелерін, әскер басшыларын, би, сұлтандырды жинап, үлкен кеңес құрып, солардың демеуімен қайраттанған хан бар күш-жігерін жау ордасы – Екіретұпке шүйілдірді. Өзіне адал ниетімен қызмет етеді деген әмірлерді қосып беріп, Бахтияр сұлтанды қорғанысқа қойды.»
1464/65 жылы Әбу Саид Хорезмді тазарту және Құсайын Сұлтанды талқандау мақсатымен Мервте қыстайды. Сол жерден 1465 жылы ақпанда өзінің бір әмірін Хератқа Хорезмде тұтқында отырған өзбек ханзадасы Саид Бикені Мервке әкелу туралы бұйрықпен жібереді. Абд ар – Раззак бұл ханзаданы Әбілқайыр ханның ағасы ретінде айтады. Саид Бике Мервке алып келінгеннен кейін Әбу Саид оған құрметкөрсетіп кейін, сый – сияпат беріп, Көшпелі өзбектер ұлысына қайтарады. Біз Әбу Саидтың бұл ісін Әбілқайыр ханмен жақындасу және Сұлтан Құсайынның өзбектермен одақ құру ниетінің жолын кесу, өзбектерді өз жағына тарту арқылы Сұлтан Құсайынмен күресуге ұмтылысы деп бағалаймыз.
Әбу Саидтың 1464/65 жылы Құсайын Сұлтанға қарсы жорығы орындалмай қалып, 1465 жылдың наурызында Мервтен Хератқа қайта оралды. Оның себебі әзірбайжанда Қара – Қоюнлу Жаханшахпен оның ұлы Пір Бұдқ арасында соғыстың басталып кетуі еді [30.418]. Сонымен бірге Әбу Саид сол жылдары Әзірбайжанды қайта өз иелігіне қосу мақсатымен Жаханшахпен Пір Бұдақ арасындағы ұрысты өз мүддесіне пайдалануға ұмтылды. Сол жылдары Гармсирмен Кандахар хазарлары көтеріліске шықты. Осы хазарлықтардан үлгі алған басқа да ұлыс көшпенділерінің қарсылығына Әбу Саид жол бергісі келмеді.
Құсайын Сұлтанның Хорезмдегі 1467/68 жылғы қимылдарының қалай өрбігенін біз білмейміз. Негізінен 1465/66 жылы Әбу Саид оны Хорезмнен қуғанымен 1467/68 жылы Құсайын Сұлтан қайтадан бұл аймақтан көрінеді. Абд ар – Раззак Самаркандидің айтуы бойынша ол (Құсайын Сұлтан) Хорезмге Дешті Қыпшақ жақтан келді. Ол Әбілқайыр Ордасында болғаны немесе болмағаны туралы біз білмейміз, бірақ ол Дешті Қыпшақта күш жинап, Үргенішті басып алды [30.423]. Бірақ, Әбу Саидтың басым күшінің тегеурініне шыдай алмаған Құсайын Сұлтан Дешті Қыпшаққа өтіп Әбілқайырға келеді. Абд ар – Раззак Самарканди бұл туралы еш нәрсе айтпайды. 1469 жылы Әбу Саидтың Әзірбайжанға жорығы кезінде қаза болуы Құсайын Сұлтанның Хератты жаулап алуына жол ашты. Көшпелі өзбектер ордасында Құсайын Сұлтанға көмек беру шешілгенімен, оған Әбілқайыр ханның сырқаты, кейін қазасы кедергі болды. Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін Құсайын Сұлтан Дешті Қыпшаққа өзбектерден көмек ала алмай қайтты. Бізге белгілі Әбілқайыр хан өлгеннен кейін Көшпелі өзбектер мемлекетінде талас – тартыс күшейіп, бұл олардың Темірліктер мемлекетіндегі қырқысқа араласуны мүмкіндік бермеді.
Өзбектер Темір ұлысының иелігінде болған Ферғана мен Янгикентке дейін шабуыл жасады. 1493/94 жылы Бабыр оқиғаны былай сипаттайды: «Алмалық, Алмату және Янги енді моғолдармен өзбектердің жаулап алуынан тып – типыл болып жойылып кетті» [32.2]. Сұлтан Құсайын мырзаның (1469 — 1506) кезінде Хорезм Темірлік мемлекетке тәуелді болды. Бірақ билеушісі Нангадай әмірдің соңғы ұрпағы Шын – Софы болды. Ол 1505 жылға дейін билік құрды. Осы кезде өзбектер тағы да Хорезмге басып кірді. Бұл жолы әскерді Әбілқайыр ханның немересі Шайбани хан басқарды. Шайбани хан Маңғышлақта қыстап, көктемде Сұлтан Ахмет мырзаның шақыруымен Смарқандқа келді. Ол Шайбаниді моғолдарға қарсы ұрысында пайдаланғысы келгенімен, Самарқанд бектеріне ызалы Шайбани Шахрухия маңында моғолдармен ұрыс кезінде Ахмед ханды тастап, моғолдар жағына шықты 1483 жылы Сырдариядағы қала бекіністер – Аркөк, Үзгент, Сығанақты алғанымен үш жылдан кейін Бұрындық, Қасым сұлтан, Атық сұлтан маңғыт әмірі Хамзабекпен бірігіп, Шайбанды бұл қаладан ығыстырып шығады. 1486 жылы ол тағы да Хорезмге қарсы шықты. Бұл жолы өзбектер Тырсақ бекінісін басып алды. Осы жерде Шайбани хан әскерінің жартысын қалдырып, Үргенішке бағыт алды. Сұлтан Құсайын өзбектерге қарсы Абд ал – Халик бастаған жиырма мыңдық әскерін жіберді. Шайбани хан Үргеніштен шегініп, Бұлдымсаз бекінісіне қарай кетті. Бұлдымсаз әмірі Халил оның лақап аты «садақшы», ханға сый – сияпат беріп, қалаға кіргізді. Осы жылы өзбек әскері Вәзірдегі Темірлік әскерлерді талқандап, қаланы басып алды. Шайбани хан Адақты басып алып, сол жерден Астрабад аймақтарына жорықтар жасап отырды.
Қайсыбір тұстарда өзінің алды-артын бажайлап алмай, темірліктердің бір-бірінен өш алуға және таққа отыруға ниеттенген ана сұлтанына бір, мына сұлтанына бір көмектесіп, әскер қосып берем деп жүргенде Әбілхайыр ханның өз күші де әлсірей бастаған еді. Оның үстіне XV ғ. 30-40 жж. көшпелі өзбек ақсүйектері ішіндегі Шыңғыс хан тұқымынан тараған сұлтандар орталық билікке таласуын әлі де тоқтата қоймаған.Күші басым, беделі дүркіреп тұрған кезде олардың бас көтерулерін Әбілқайыр хан жаныштап, тұншықтырып тастап отырған. Әбілқайыр мұны; «Шыңғыс хан тұқымдары арасында Әбілқайырдың соққысы тимеген бірде-біреуі қалмаған еді» [33.68-169] деп суреттейді.
2.2 Көшпелі өзбек мемлекетінің әлеуметтік – экономикалық қатынастары және мемлекеттік құрылымы
Біз айтып кеткендей Әбілқайыр хан өзінің жаулап алу жорықтарының нәтижесінде көшпелі аймақтарды ғана емес, отырықшы халықтарды да бағындырды. Бұл хандық алып жатқан үлкен территорияда қалалармен жер игеру оазистері болды. Қазіргі оңтүстік Қазақстан аумағында, яғни Сырдарияның төменгі ағысында Ясы (Түркістан), Отырар, Сығанақ, Сауран, Аркөк, Үзгент, Ақ – қорған тағы басқа қалалар орналасқан. Бұл аймақта ежелден – ақ көне қалалар бой көтерген бұл қалаларда IX – X ғасырлардың өзінде – ақ, сауда мен қолөнер жақсы дамыған. Бұл қалалар ерте кезден XVII ғасырға дейін Мәуереннахр мен Дешті Қыпшақ арасындағы мәдени сауда байланысы болып келді. Бұл жерде суармалы егіншілік түрлері дамыған. Оған дерек ретінде осы қала қалдықтарына қазба жұмыстарын жүргізу кезінде арықтардың орны табылған. Негізінен жер өңдеу Сырдарияның сол жағалауында жақсы дамыған. Ақ – Қорған, Аркөк, Үзген қалалары осыған мысал бола алады. Қалалармен отырықшы тұрақтар Қаратау жотасына, Қаратал өзені аңғарында Шу мен Талас бойында тараған. Қаратау оазисіндегі ірі мекендерге Саудакент, Созақ, Қымкент жатады. Бұлар ірі керуен жолдары бойында орналасқан.
Осы қала – мекендерден бізге жеткені Қаратаудың солтүстік беткейіндегі Созақ қаласы. Созақтың жаңа және көне қалдықтарын зерттей келе көптеген керуен – сарайлармен сауда орындары және қолөнершілерге арналған шеберханалардың қалдықтары табылған. Шеберханаларда негізінен ұсталық, былғары, зергерлік тағы басқа бұйымдар дайындалған [34.52 — 53].
Қалалар оңтүстікте ғана емес, қазіргі Қазақстанның Шығыс бөлігінде де орналасқан. Бұл тұрақтар «өзен аңғары, көл жағалаулары, шөл оазистері» деп топталатын еді. Арық жүргізуге болмайтын аймақтарда адамдар су көтеретін машина – «шығырды» пайдаланған. Бұл машинаның қалдықтарын археологтар Орталық Қазақстаннан тапқан. Бұның бәрі бұрынғы Қазақстан территориясын мекендеген халықтардың мәдениетінің жоғарғы дәрежеде болғандығын көрсетеді. Яғни көшпелі мәдениетпен қатар ежелгі Қазақстан жерінде отырықшылықпен қала мәдениеті болған.
Қазаіргі Қазақстан территориясы өткен тарихи оқиғаларға өте бай. Осы оқиғаларды зерттеуде Сырдарияның қос жағалауы, Сарысу, Кеңгір, Есіл өзендерінің жағалауларындағы археологиялық жұмыстар өте көп мәліметтер береді[38.86]. Біз жоғарыда жер игерушілік дамыған біраз аймақты көрсеттік. Бірақ жер өңдеу шаруашылығы кең дамушылық сипат алған жоқ. Бірақ Оңтүстік және Орталық Қазақстанда олар тұрақты мәнде болды. Ал басқа аймақтарда ол жартылай көшпелі еді. Негізінен отырықшылыққа көшіп – қону көзінен айрылған малшы ауысатын. Жиі болатын жұттар мал санының азаюына алып келіп отырған және бұдан көшпелілер көп жапа шеккен. Жұт – көшпелілердің отырықшы өмір салтын қабылдауының басты себебі. Бірақ егер ол көшпенді қайтадан малға ие болып, көшіп – қонуға мүмкіншілігі болса, ол қайтадан көшіп – қону өмір салтына ауысып кетіп отырған.
Бірақ осы жағдайларға қарамастан мал шаруашылығы Дешті Қыпшақ тұрғындарының басты шаруашылығы болып табылады: Көпшілік жайылымдылық көшіп – қонумен айналысты. Бұл шаруашылық түрі адамдардан күш — қуат пен мұқияттылықты талап етті. Яғни қыстың екі – үш айынан басқа уақытта олар бір жерден екінші жерге көшіп қонып отырған. Сонымен қатар көшпенді малшы өзі қонған жерден құдық қазып, қар жауған кезде шөпті аршып, тазалап отырған. Малды бағып, төлін күтіп, қойды қырқып тағы басқа жұмыстар атқарған. Жазғы кезде малды өзен жағалауларымен көлдердің жағасында, жоғарғы таулы Альпі шалғындықтарында, дала жазықтықтарында, яғни шөбі мен суы мол жерлерде баққан. Ал күзде кишлакқа қайтып оралып отырған. Қыста суық желден таса, ықтасын жерлерді таңдаған. Көшпенділердің ең үлкен қыстаулары Сырдария жағасында болған.
Аң аулау мен балық, құс аулау көшпенділер шаруашылығында аздаған орын алды. Аңшылықпен негізінен қыс бойы айналысқан.
Аркөк,Үзгент, Ақ – Қорған, Сығанақ, Созақ, Түркістан тағы басқа қалаларда қолөнер дамыған. Сығанақ пен Созақтағы қазба жұмыстары осыны дәлелдеді [34.53]. Бұл қалаларда терімен металлдан, соның ішінде зергерлік бұйымдар жасалған арнайы пештерде керамикалық ыдыстар құйылған. Сонымен қатар әскери қару – жарақ: қылыш, садақ, оқ, найза, ер, арба тағы басқа жасалған. Қазіргі Қазақстан территориясын зерттеубарысындағы деректер әскери қару – жарақтың тек қана қалаларда емес, көшпенділер ауылында да жасалғанын көрсетеді. Олар көші – қон киіз үйлерін жасаған.
Тұрмыс қажетіне қажетті заттар қолөнерге қарағанда жақсы дамыған. Негізінен олар мал шаруашылығының өнімінен жасалған. Мысалы: теріден киім тіккен, қымыз сақтайтын шанаш, мес тағы басқа жасалған. Және де теріден аяқ киім, жүген, ер – тұрман ат әбзелдері жасалған.
Сауда көшпелілерде айырбас түрінде болған және нашар дамыған. Бұл өндіруші күштің төмендігімен еңбектің қоғамдық бөлінуінің нәтижесі еді. Көшпелілерде шаруашылық натуралды түрде болды. Нәтижесінде өндірілген өнім көшпелілердің өз ішінде қалып отырған. Дешті Қыпшақтың солтүстік орманды аймағында арба, киіз үй, оқ тағы басқа заттармен айырбас жүрді. Далалы аймақтарда айырбас негізі ретінде мал мен мал өнімдері болды.
Табыстың тағы бір көзі әскери олжа болды. Осы жерде феода ақсүйектерханды жеңісті жорықтар жүргізіп, көп олжа түсіріп отырған жағдайда ғана қолдайтынын айта кеткен жөн. Мысалы Әбілқайыр хан 1457 жылы қалмақтардан жеңілгеннен кейін оны көптеген жақтастары тастап кетті [24.224]. Әскери олжа қалай бөлінде десек, ең алдымен барлық олжа ханның ордасына жиналған, кейін солжерде олжаны бөлген. Хан және әскери басшылар әр бір әскер алған олжасын ханның ордасына беруін қадағалап отырған. Ханға олжаның бестен бір бөлігі тиіп отырған. Олжа қатардағы көшпеліге де берілген. Сондықтан ол билеуші шақырған кезде бар ынтасымен жорыққа аттанған. Бұл кезде құлдық болған. Құлдықтың көзі жаулап алу жорықтары еді. Жорық кезінде әскерлер адамдарды алып келіп, өз шаруашылығына қолданған немесе сатқан. Олар – бардә, бандэ деп аталған [7.86]. Тұтқынды соғыс олжасы деп есептеп, оған ешқандай құқық бермеген. Екінші құлдықтың көзі бұл құлсаудасы еді. Ол Дешті Қыпшақта бүкіл орта ғасыр бойы гүлдеп тұрды. Құлды Орта Азия Дешті Қыпшақ, Сібірдің кез келген базарынан сатып алуына болады. Құл қызметі негізінен үй шаруашылығында қолданылады. Құлдықтың үшінші көзі рулар мен тайпалар арасындағы жауластықтар еді. Құлдарда ешқандай құқық болмады. Олар толықтай иесіне тәуелді болды.
XV ғасырда Дешті Қыпшақ тайпаларында рулық – тайпалық қатынастар әлі де болса күшті еді. Олардың басында дала феодал аристократиясы: хан, сұлтан, оғлан, бахадүр, би тағы басқалар тұрды. Алдыңғы үш топ Шыңғыс тұқымынан болды, «ақсүйектер». Ал бахадүр, би, тархан тағы басқалар жергілікті аристократия өкілдері болды. Яғни «қара сүйектер» басшылары болды. Тайпаның немесе рудың басшысы қай жерге көшіп – қону мәселесін реттеуден бастап, ең аяғы дауларды шешумен де айналысқан.
Қысқы және жазғы көшіп – қону ерекшеліктеріне тоқтала кететін болсақ, қыстау мен жайлаудың арасы бірнеше мың километр болған [26. 110]. Осыған орай малшы көшпенділер бұл қашықтықты белгілі бір жерге тоқтау арқылы өтіп отырған. Қыста арыған және қалжыраған мал күніне он – он бес километрден артық жүре алмаған. Мамандар қазақтарда төрт маусымды жайылым түрін көрсетеді: Қыстау (қысқы), көктеу (көктемгі), жайлау (жазғы), күзеу (күзгі). Қыстаудан жайлауға көшу кезінде көшпенділер түнейтін орындарын алдын ала белгілеп отырған. Көшуге бүкіл ауыл қатысқан. Бір ауылда үштен беске дейін киіз үй болса, мал шаруашылығы күшті дамыған жерде оның саны жетпіске жеткен. Бұлай бірігуге көшпенділердің өмір жағдайы итермелеген еді, яғни бір киіз үй болып көшкеннен ұжымдасып көшкен әлде қайда тиімді және қауіпсіз еді. Осыған орай айта кететін тағы бір жайт, ол көшпенділердің белгілі бір иемденген жайылымы жоқ еді, яғни кім бірінші келіп орналасса, сол жерге ие бола алады. Бірақ, кейбір жақсы жайылымдар мен құдықтар хан мен оның жақындарының иелігінде болды. Деректерде мысалы: «Әбілқайыр хан ұлысы», «Алаша Бахадүр аймағы» [24. 222] деген атаулар кездеседі.
Хан өзінің жаулап алған жерлеріне вассал қылып, өзінің жақындарын, туысқандарын қойды. Сонымен қатар Шыңғыс тұқымынан шықпаған басқа да ақсүйектер артықшылықтарға ие болды. Мысалы: 1446 жылы Сырдарияның орта ағысын жаулап алған кезде Әбілхайыр хан, Созақты – Бахтияр сұлтанға, Сығанақты – Манадан оғланға, Үзгендті – Уақас биге бөліп берді [30. 295]. Және де Көшпелі өзбектер мемлекетінде Тархандық болды. Әбілқайыр хан кезінде Башы – бек пен Кепек қожа тархандар болған. Тархан атағы әскери жетістіктерге жеткен батырларға берілген.
Көшпелі өзбек аристократиясы қатардағы көшпенділердің еңбегін эксплуататциялады. Қатардағы көшпенді иесінің малын бағып, көші – қон кезінде оған көмектесті, ал соғыс кезінде оған өзінің атына мініп, қаруын алып келіп қызмет етті. Сонымен қоса ол көптеген салықтар төледі. Негізгі салықтардың бірі құбжұр жасағы, яғни мал басына салынатын салық. Ал отырықшы халықтан ұшыр немесе ондық салығы алынды. Және де отырықшы халықтар өнім салығын төледі. Тағыда салықтың түрі әскерді қамтамасыз ету үшін салынған салық – тағар деп аталды. Ал көшпенділер Шариаттағы малға салынатын басты салықтың түрі – зекет төледі.
Көшпенділерде соғым сою ерекше болған. Яғни олар қысқа арнап малды дайындаған. Соғым сою кезінде әрбір қатардағы жай көшпенді ханға немесе сұлтанға соғым әкелу керек болған. Сонымен қатар ханға сұлтанға жаз кезінде өнім түрінде негізінен, піскен ет түрінде әкелінген салықтың түрі – шибағу деп аталды. Хан ауылдардың үстінен өткен кезде оған берілетін «сый» сауари деп аталды. Ал аң терісінен, асыл бұйымдардан, киімнен, аң аулайтын құстардан тағы басқадан тұратын сыйлықтар пишкаш деп аталды. Пишкаш түрінде кейде құлдар берілді. Жорықтан қайтқан кезде әскерлер хан сарайының алдына пишкашы жинап, ханға тарту етеді [26.214]. Көшпенділерде туысқандардың бір – біріне көмектесу қызметі болған, ол – сауын деп аталды. Яғни байлар кедейлерге бағуға қой, сиыр, түйе, жылқы беріп, олардан малының амандығын және өнімін өзіне беріп отыруды талап еткен. Көшпенділерде туыстық қатынастар өте жақсы дамығандықтан көшпелілер өз руын, тайпасын тастап кете алмаған. Егерде ол өзінің тайпасын немесе руын тастап кеткен жағдай болса, ол қашқын болып есептеліп, екінші бір ру немесе тайпа оны қабылдамаған. Феодалдық топтар осы жағдайды кеңінен қолданған.
Көшпелі өзбектердің саяси құрылымына келетін болсақ, ол толық зерттелмеген. Ол нақты деректердің жоқтығынан. Бірақ деректердегі үзінді мәліметтер, Темірлік әулет деректерінің жанама мәліметтері Көшпелі өзбек мемлекетінің мемлекеттік құрылымын анықтауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттің басында хан тұрған, оны тайпалар мен рулардың басшылары сайлаған. Бірақ мемлекетті басқаруда оның билігі шектеулі болған. Барлық істер, яғни соғыс жариялау, ханзадаға тәрбиеші тағайындау (аталық), тайпа басшыларымен дін басыларының, оғландар мен сұлтандардың қатысуымен шешіліп отырған. Белгілі бір мемлекеттік іс атқарар алдында хан кеңес шақырып отырған.
Бізге белгілі Әбілқайыр ханды көптеген тайпа өкілдері бірігіп сайлаған. Бұл тайпалар 1457 жылға дейін Әбілқайыр ханды қолдап келгенімен, негізінен билік солардың қолында болды. Тайпа басшылары хан ордысына жорық алдында өз әскерлерімен келіп, жорық біткен соң қайтып кетіп отырған.
Дін басылар үлкен маңызға ие болған. Әбілқайырдың ақылшылары Құл Мұхаммед Саид пен Қара Саид мемлекет өмірінде маңызды қызмет атқарған. Мысалы: 1431 жылы Әбілқайыр ханның Хорезмге жорығын ақылдасуға шақырған кеңесінде көптеген тайпа басшылары Шахрухпен қарым – қатынасты нашарлатып алмау үшін бұл жорыққа қарсы болды. Бірақ жоғарыда айтылған саидтар жорықты қолдағандықтан басқа әмірлер бұл жорыққа келісуге мәжбүр болды [24. 225]. Негізінен көшпелі өзбектер мемлекеті орталықтанбаған, әкімшілік аппараты әлсіз мемлекет болған. Онда мынандай мемлекеттік қызметтер болды: аталық (атаке, күкелташ) — түрік сөзінен «әкенің орнын басушы» деген мағынаны білдіреді. Аталықтар ханзадаларды тәрбиелеп, кәмелетке толғанша, олардың ұлысын басқарған. Мысалы: Әбілқайыр ханның аталығы әмір Қарашынбек болаған. Оның шын аты Дербіш Құсайын. Олар өздерінің тәрбиеленушілеріне әсер ете алған. Ендігі бір қызметкерлер – дивандар. Әбілқайыр ханның кезінде екі диван болған: Қосшы руынан шыққан Дәулет қожа және ұйғыр тайпасынан шыққан Абағу. Хандар мен сұлтандардың қасындағы ажырамас қызметшісі Ишик – аға – баши деп аталды. Мемлекеттегі маңызды қызметтердің бірі жоғарғы қазының қызметі болды. Әбілқайыр хан кезіндегі жоғарғы қазы – Құл Мұхаммед Саид болды. Ал әмірлердің ішіндегі ең бедеодісі Инақ, яғни ақылшы қызметін атқарды. Ал уәзірлердің орынбасарлары Наиб деп аталды. Аңшылықты басқаратын әмір ханның аңға шығуын қамтамасыз етіп отырған, олар әмір – и шикар деп аталды. Сарайдағы төменгі қызметші жасауыл деп аталды. Деректер бойынша олар салық жинау, олжаны есептеу сияқты қызметтер атқарды. Михман – құдай сияқты қызметінің болуы тек Рузбекханида кездеседі. Ол бойынша Михман – Құдайлар мәжіліске адамның толық жиналған жиналмағанын білген. Ханның жарлығын аймақтарға таратушылар Мубаширлар деп аталды. Жаулап алған жерлерінде хан өзі жеңілдік берген адамдар – даруға деп аталды [26.213]. Деректерге жүгінсек, негізінен мемлекет басындағы билік екі тайпаның: ұйғыр мен қосшының қолында болған.
Көшпелі өзбектердің әскері Шыңғыс хан кезіндегі әскери тәртіпті сақтап қалған. Бірақ олар жорық кезінде ғана әр жақтан жинақталып отырған. Ал ханның сұлтанның қасында бірнеше жүз нөкері болған. Олар әскери істі ғана емес, үй шаруашылығына да араласып отырған. Көшпенділерде әр бір ер адам әскер болып есептелген. Олар ең бірінші шақырудан – ақ атымен қаруын алып, жорыққа жиналған. Әскер жинаумен арнайы қызметкерлер Тауаджи мен жаршылар айналысқан [7.74]. Бұлар әскерді жинаумен қатар, әскерді орналастыру, әскери олжаны бөлу қызметін де атқарған. Өзбек әскері ежелгі түркі моңғолдық принципті сақтап қалған, яғни түмен, мыңдық, жүздік, ондық. Осы жағдайда өзбек әскерінің оң қанатын дұрман, тубай, шымбай, ұйғыр, ал сол қанатын бүркіт, қият, қоңырат, найман, қосшы, маңғыт сияқты тайпалар құраған. Ал басқа тайпалар (қарлұқ, тұман – минг, жат, хатай, таңғұт) ортада қарауылды құраған. Қарауыл – авангардтың алдында жүретін барлаушы – қорғаушы топ. Жорық кезінде көшпелі өзбектер барлауға өте қатты мән берген. Олар Бабырдың айтуы бойынша маневр жасауды жақсы білген [32.110].
Жоғарыда айтқанымызды қорытындылай келе Ақ Орда мен Шайбан ұлысындағы көшпелі қоғам ерте феодалдық қоғам болды. Нақтылай айтсақ, әскери көшпелі аристократия жоғары тұрған, патриархалды дәстүрлері (биліктік ұрпақтан – ұрпаққа берілуі, қатардағы көшпенділердің тәуелділігі) қатаң сақталған патриархалды — феодалды қоғам болды.
2.3 Әбілқайыр хандығының әлсіреуі және күйреуі
Бертін келе Әбілқайыр хан күшінің әлсіреген сәттерін аңдып жүрген қайсыбір сұлтандар онымен қырқысуын әлі де тоқтатпаған еді. Әбілқайырдың билігіне мойынсынбаған Барақтың ұлдары – Керей мен Жәнібек сұлтандар, Қажы Мұхаммед ханның ұлы – Ибақ хан, Ядгар сұлтанның баласы – Бүреке сұлтан кейіннен бүтіндей дербестікке ұмтылды. Олар «бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанып, көшпелі өзбектер мемлекетін бөлшектеп әкету әрекетіне кірісті. Бұл – Дешті Қыпшақ мемлекетінің шаңырағының шайқалып, іргесінің күйреуіне әкеп тіреді.
Яғни уақыт өте келе Көшпелі өзбектер мемлекетінде Әбілқайырға қарсы ру, тайпалардың қарсылығы өсе түсті. Моғолстан ханы Исан – Бұғаға наразы бірнеше тайпа Әбілқайыр ханның қоластына өтіп кетті. Сондай – ақ Әбілқайыр ханның күшеюі Алтын Орда, Сібір хандығы, Ноғай ордаларына да қауіп төндіре бастады [35].
XV ғ. 40 – жылдарының ортасында жаулап алу соғыстарын тағы жалғастырды. Бұл сапарда ол Сырдарияның орта ағысына көз тіккен еді. Оның ішкі ойының жүзеге асуына Темір әулеті мемлекеті мен Моғолстандағы өзара қырқысу, билікке таласу, яғни, іштей іру әрекеттері қолайлы жағдай туғызды. Үлкен дайындық үстінде жүріп, әрі оңтайлы сәтті пайдалана білетін Әбілқайыр хан 1446 ж. өзінің мықты қарсыластарының бірі Мұстафа ханды жеңеді [4.222]. Мұстафа сеператист-феодалдар ішіндегі айбарлылардың айбарлысы еді. Ол сол айбарлығын соғыс кезінде де танытты. Қақтығыс кезінде маңғыттардың басшысы Уаққас биді өз жағына тартып алып, әскер санын молайта түседі. Масудтың жазбасында: «Әбілқайырдың жойқын күшті әскерлері Мұстафа хан мен оны қолдаушы Уаққас бидің әскерлерімен бетпе-бет кездесті» [ 24.157]. Әбілқайыр хан әскер басшысын, әкімдер мен би, сұлтандарын жинап, кеңес құрып, бүкіл әскерлерді қайтпас – қайсар күш-жігермен ұрысқа кірісуге үгіттеп, Алланың рахымына сиынып, соғысқа кірісті. Ақбасардың сол жақ жағалауында өткен бұл қиян – кескі шайқаста қанша айлакен болса да Мұстафа әскерлері толық жеңіліс тапты. Әрі оның 4500-ге тарта адамы қырылды. Солрдың мыңға жуығы ел ішінде беделге ие жандар еді [ 24.158]. Ал, Мұстафа хан қалған әскерлерімен Манғышлаққа қашып кетеді. Бар байлық, мал, мүлкі Әбілқайыр хан жауынгерлері тарапынан олжаланып, олардың дәрежелеріне қарай бөліске түсті.
Көшпелі өзбек мемлекетінің беделі түсіп, берекесі кете бастаған кезеңін орыс зерттеушілері де назарынан тыс қалдырмаған. Қайсыбір сұлтандардың орыс патшалығымен одақтасуға бой алдырғандары да дәйекті суреттелген. Мәселен, XV ғ. тарихын зерттеуші орыс тарихшыларының бірі 1481 ж.Ибак хан үшінші Иванмен сауда – саттық жөнінде келіссөз жүргізгенін тіліне тиек еткен. Осы жақындасуды кеңейте келе олар араға екі жыл уақыт салып барып достық пен одақтастық туралы келісімге қол қояды. Өзбек мемлекеті осылайша іштей іріп-шіриді.
Керей мен Жәнібек туралы XV ғ. 50-ы ж. дейін ешқандай дерек жоқ. Дешті Қыпшақтан бөлінген тұста бұл екеуі Ақ Ордадағы әкелерінен қалған иелікті еншілеп, мұрагерлікке қол жеткізеді. Керей мен Жәнібектің Әбілхайырдан бөлінуі туралы Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінің 1542 ж. жазылған бірінші дәптерінде; «Кейбір Жошы ұрпағынан тараған сұлтандар Әбілхайыр тарапынан өздеріне төніп келе жатқан қауіп-қатерді алдын-ала болжап, оны болдырмаудың әрекетін жасап отырды. Бізді де күшпен бағындырып алады-ау деп сескенген Керей хан мен Жәнібек сұлтан, осылар қатарлы басқа да сұлтандар Әбілқайыр ханның қаһарынан қашып, Моғолстанға келді» [11.221-222] деп жазса, 1546 ж. жазылған екінші дәптерінде; «Әбілқайыр хан жошылық сұлтандарды қатты мазалады. Сондықтан Жәнібек хан мен Керей хан Моғолстанға қашты» [ 11.195] деп алғашқыдағы ойын нақтылай түседі.
Міне, Әбілқайыр хандығының іштей бөлшектеніп, іріп-шіріп, ыдырауы – Дешті Қыпшақ мемлекеті құлауының бірден-бір себебі еді.
Келесі, ең негізігі себеп – көшпелі өзбек мемлекеті мен қалмақтар арасында өткен қанды – қырығн соғыс болды.
XV ғ. орта тұсында қалмақтар Әбілқайыр хандығының шығыс шекарасына мейлінше жақындап, 1457 ж. көктемінде қалмақ әскербасының Үз-Темір Тайшының қалың қолы Сырдария өзенінің жағалауына дейін дендеп енеді. Ақыры сол жылы Сығанақ маңындағы Көк кесене деген жерде қиян-кескі соғыс болып, қалмақтардан көшпелі өзбектер жеңіліс табады. [ 4.223 ] Өзбек әскерлерінің қолбасшылары Бақтияр сұлтан мен Ақмет сұлтан опат болып, Әбілқайыр хан шегініп барып Сығанақ қаласының өзіне бекінеді. «Нусрат – наме» жазбасы авторының дерегіне қарағанда, «Сол кезде Үз – Темір Әбілқайыр ханның немересі Махмұд сұлтанды аманатқа алып кетеді. Әрі ол қалмақ ордасында 7 жыл болады» [7.17 ]. Бұл әрекетте Әбілқайырға аз соққы болмаса керек.
Ақыры 1468/1469 жж. Әбілқайыр хан дүниеден өткеннен кейін өзбек мемлекеті күйреді. «Ес білген жастан, еңкейген кәріге дейін хан тағына отыруға ұмтылды» [ 24. 239 ]. деп еске алады осы тұстағы тыныс-тіршілікті суреттеген Мас’уд ибн Усман Кухистани.
Дешті Қыпшақ мемлекетінің құлаған кезін тіліне тиек еткен Мұхаммед Хайдар Дулати; «Әбілқайыр хан қайтыс болған соң, өзбектер мемлекеті ішінде берекесіздік пен ыдырау басталды. Халықтың басым бөлігі Керей мен Жәнібектің қарамағына кетіп, бұл екуінің маңына жиналғандар саны 200 мыңға жетті» деп жазады [ 11.222 ].
Әбілқайыр қайтыс болған соң хандық тарап кетпейді. Таққа оның екінші ұлы Шайх – Хайдар отырады. Ол таққа отырысымен кезінде Әбілқайыр ханның қарсыластары оған қарсы күресті күшейте түседі. «Нусрат наме» мәліметіне жүгінсек, көптеген бектер мен ру, тайпалар Шайх — Хайдарға қарсы шабуыл жасалғанға дейін оның билігінен бөлініп кетіп үлгіргенін айтады.
Ал, Бенайдың жазуына қарағанда, Ибак хан, Жәнібек пен Бүреке сұлтан Маңғыт әмірлері Жаңбыршы мен Мұса мырзамен бірігіп, Шайх – Хайдарға шабуыл жасаумен болады. Бастапқыда бұл әрекеттерінен еш нәтиже шықпайды. Кейіннен Алтын Орда ханы Ахмедпен бірігіп, қарсыластары 1470 ж. Шайх – Хайдарды тізе бүктіреді. Бұл – Дешті Қыпшақ мемлекетінің құлауымен тұспа – тұс келген еді.
Біз диплом жұмысының бұл II тарауында көшпелі өзбектер мемлекетінің Темір әулеті билеушілерімен арада болған қарым – қатынастарын тарихи деректерде бар мәліметтерге сүйене отырып,
мүмкіндігінше ашып көрсетуге тырыстық. Әрі Әбілқайыр хандығының әлсіреуі мен күйреу себептерін де дәлелді дерек, дәйектермен жеткізіп бердік деп ойлаймын. Сонымен Көшпелі өзбек мемлекетіні ыдырауының негізгі себебі:
- Халықтың көшпелі бөлігі мен отырықшы бөлігінің арасында тығыз экономикалық байланыстың болмауы;
- Орталықтанған мемлекеттік аппараттың әлсіздігі, яғни көшпелі феодалдар тәуелсіз болды;
- Орда Ежен, Шайбан, Тұқай темір ұрпақтары арасындағы әулеттік күрестің күшеюі;
- Өзбек феодалдарының арасында ауыз біршіліктің болмауы және олардың орталық хандық билікке қарсы шығуы деп көрсетеміз.
Қорытынды
XV ғасыр Еуразия халықтарының тарихындағы белесті ғасырлардың біріне жатады. Бұл ғасырды түркі тілдес халықтардың саяси тарихы тұрғысынан алып қарағанда, біріншеден, екі жүз жылдай өмір сүріп, түркі халықтары мен славян халықтарын бір саяси құрылымда біріктірген Алтын Орда секілді алып империяның ыдырау процесі өтеді. Екінші жағынан Алтын Орданың ыдырауы процесі нәтижесінде осы ғасырда түркі тілдес халықтар өздерінің ұлттық мемлекеттерін құра бастады. Сонымен бірге Алтын Орда құрамында болған көптеген түркі тілдес тайпалар әр түрлі тарихи жағдайларға байланысты жеке этно – саяси бірлестіктерге, этностарға біріге бастайды. Алтын Орда дәуіріндегі қайнаған қызу саяси және этникалық процестер XV ғасырда белгілі бір тарихи аймақтарда тұрақтанып, қазіргі күнге дейін өмір сүріп отырған ұлттардың қалыптасуына жағдайлар жасады. Міне, осы саяси және этникалық процестің бірі ретінде біз, XV ғасырдың 20 – шы жылдарының соңында құрылып, Дешті Қыпшақта 40 жыл өмір сүрген, сол дәуірдегі жазба деректерде «Көшпелі өзбектер» елі атанған Әбілқайыр хандығын қарастырамыз.
Біз бірінші тарауда Әбілқайыр хандығының құрылуы процесіндегі алғышарттарды , «өзбек» атауының шығу төркінін, осыған орай хандықтың құрылуын тарихи жазба деректерге, ғылыми зерттеулерге сүйене отырып баяндадық. Яғни, Көшпелі өзбектер мемлекетінің халқының негізін құраған «өзбектер», «көшпелі өзбектер» Алтын Орда ханы Өзбектің есіміне орай пайда болып, XІV ғасырдың 60 — шы жылдарынан бастап қолданыла бастаған. Ал, XV ғасырдың 50 – 60 – шы жылдарынан бастап, «көшпелі өзбектер» атауының орнына «маңғыт», «қазақ», «шибан» атаулары қолданыла бастайды. Біз бұл мәселеге байланысты ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, бірінші тараудың бірінші бөлімінде талдадық.
Және де осы бірінші тарауымызда Әбілқайыр хандығы құрылар алдындағы Жошы ұлысындағы саяси жағдайға тоқтала отырып, осы хандықтың қандай жағдайда құрылғанын талқыладық. Әбілқайыр ханның өз мемлекетін күшейту жолындағы жорықтары, хандықтың күшеюі, ондағы әлеуметтік – экономикалық жағдай және Көшпелі өзбектер мемлекетінің әкімшілік басқару түрлерін талқылай келіп, нәтижесінде қырық жыл өмір сүрген хандықтың әлсіреп, күйреуі мәселесін диплом жұмысымыздың екінші тарауында деректер мен зерттеулерге сүйене отырып баяндадық.
Негізінен XV ғасырдың басындағы Орта Азиядағы әулеттік қырқысулармен ішкі талас – тартыстар феодалдық бөлшектенуге алып келді. Нақ осы жылдары басында Әбілқайыр хан тұрған көшпелі өзбектер мемлекеті құрылды. Бұл мемлекет Шайбан ұлысында құрылып, XV ғасырдың орта шенінде өзінің билігін бір кездері Ақ Орданың қоластында болған территорияларға таратты. Бұл мемлектте мемлекеттік шендердің болуы, диван, инақ, салық жүйесі, ханның атына тиын шығару тағы басқа атрибуттар Көшпелі өзбектер мемлекетінің көшпелілердің уақытша одағы емес, орталықтанбаған болса да, патриархалды – феодалды титегі мемлекет екендігін дәлелдейді. Қырық жыл бойы Көшпелі өзбектер мемлекетіне қараған ауқымды территорияны мекендеген халықтың басым бөлігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысса, Орталық және Оңтүстік Қазақстандағы отырықшы бөлігі егіншілікпен айналысты. Қалаларда сауда мен қолөнер өте жақсы дамығанымен, қолөнершілік көшпелі аудандарда да өз орнын тапқан. Көшпелі өзбектерде жерге жеке феодалдық меншік болған және де тархандық, сойырғалдық меншік осының дәлелі болады.
Көшпелі өзбектерде сонымен қатар құлдық та болған. Яғни көшпенділер отырықшы аудандарға, өздерінің көшпелі көршілеріне шабуыл жасау кезінде еріксіздерді алып кетіп отырған. Құлдың қызметі негізінен көшпелі феодалдардың үй шаруашылығында қолданған.
Біз зерттеп отырған кезеңде Орта Азияның отырықшы халықтарымен көшпелі өзбектер арасында саяси және экономикалық қатынастар дамыған. Сауда отырықшы халықтар арасында ғана емес, көшпелілер арасында да маңызды орын алған. Осы жерде көшпелілерде сауда айырбас түрінде болғанын айта кеткен жөн.
Көшпелі өзбектермен Тимуридтар арасындағы Хорезм үшін қақтығыстар XV ғасырдың өн бойында болып тұрған. Көшпелі өзбектер XV ғасырда (1431, 1435 ж. ж.) Хорезмді екі рет басып алғанымен көшпелі өзбек феодалдарының алауыздығынан және жошылықтардың Әбілқайыр ханға қарсы көтерілуінен Хорезмді тастап шығуға мәжбүр болды. Бірақ өзбектер 1505 жылы Хорезмді толықтай басып алады.
Көшпелі өзбек феодалдары Темірліктер арасындағы ішкі талас – тартысқа белсенді түрде араласты. 1451 жылы олар Самарқанд тағына сұлтан Әбу Саидты отырғызады, ал 1960/61 жылы Мұхаммед Жөке жағында оған қарсы күресті. Мұхаммед Жөке Ұлықбектің немересі. Өзбек хандарына басқа да Темір әулетінің өкілдері: Сұлтан Құсайын, Ала ад – Доулэ көмек сұрап келді.
XV ғасырдың 80 – ші жылдары көшпелі өзбектердің бір бөлігі қазіргі Қазақстан территориясында қалып, басқа да ру тайпалармен бірігіп, Қазақ хандығын құрды. Екінші бөлігі XV ғасырдың аяғымен XVІ ғасырдың басында Мұхаммед Шайбани ханның бастауымен Мәуереннахрға басып кіріп, Темірліктердің билігін жойды.
Яғни, Дешті Қыпшақта өз орнын алып, ізін қалдырған, 40 жыл ғұмырында тарих сахнасындағы саяси және әлеуметтік процестерге бастама болған Көшпелі өзбектер мемлекеті осылай жаңа қалыптасып келе жатқан ізбасарларына өз орнын берді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Ахмедов Б. А. Государство кочевых узбеков. М.,1965
- Б. Б. Кәрібаев Көк Орданың Ақ Ордаға айналуы //“Қазақ тарихы” № 4. 1995 ж.
- Аманжолов С.А. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. А., 1959
- Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячилетии.А., 1992
- Сыздықова Р., Қойгелдиев М., Қадырғали би Қасымұлы және оның жылнамалар жинағы. А., 1991.
- Греков.В.Г., Якубовский.А.Ю. Золотая Орда и ее падение. М.- Л., 1950
- Материалы по истории Казахского ханства. А.,1969
- Мухаммад – Салих. Шайбани – наме. //МИКХ
- Қазақстан тарихы (Көне заманнан бүгінге дейін), 5 томдық.2 том. Алматы,1998
- Тизенгаузен В.Г. СМИЗО. Т.2 М.-Л., 1941
- Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих – и Рашиди.// МИКХ.
- Иванов.П.П. Очерки по истории Средней Азии. М.,1958
- Семенов.А.А. К вопросу о происхождении и составе узбеков Шейбани – хана, Т.12.,1954
- Веселовский.И.Н. Очерки историко – географических сведении о Хивинском ханстве от древнейших времен до настоящего. СПб. 1877.
- Бартольд.В.В. Улугбек и его время. Соч. Т.2 ч.2.1962
- Якубовский.А.Ю. К вопросу об этногегезе узбекского народа. Ташкент.,1941
- Кәрібаев. Б. XV — XVІ ғ.ғ. Дешті Қыпшақ тайпалары // Алаш. 2005, №3.
- Н.А.Аристов. Заметки об этническом составе тюркских племен о народностей и сведения об их численности. Спб.,1897
- «Қазақ ру – тайпаларының тарихы». Тама/Ғабжамилов.Х.М., Омарбеков.Т.О., Кәрібаев.Б.Б. Т.1 екінші кітап. А., 2005.
- Рашид ад-Дин. Сборник летописей.А., 1998
- В.В.Бартольд, История турецко-монгольских народов народов.Ташкент.1958
- Б.Я.Владимирцов. Общественный строй монголов . Монгольский кочевой феодализм.Л.,1934
- Махмуд ибн вали. Бахр ал – Асрар фи манакиб-и ахйар.//МИКХ
- Мас’уд ибн Усман Кухистани. Тарих-и Абу-л-Хайр-хани.
- Н.Я.Бичурин.(Иакинф). Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена.А.,1993
- Фаз-аллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман – наме – ий бухара. М.,1973
- Н.В. Ханыков. Описание Бухарского ханства. М.,1843
- Шараф ад – Дин Али Иезди, Зафар – намэ.//СМИЗО ,1941
- Лерх. П.И. Археологическая поездка в Туркестанский край в 1867 г. СПб., 1870
- Абд ар – Раззак Самарканди. Мтла ас-Садайн.//СМИЗО,1941
- Мирхонд, Раузат ас – сафа фи сират ал-анбийа ва-л мулук ва-л хулафа. Т.VI.// Бартольд.В.В. Улугбек и его время. Соч. Т.2 ч.2.1962
- Бабур Захир ад-Дин мухаммад. Бабур – наме. А., 1995
- Әбілғазы Түрік шежіресі.А.,1994
- Маргулан А.Х. Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана, А.,1950
- Б. Б. Кәрібае. Қазақ хандығы қай жылы құрылды? // Президент және халық, № 17. 2006ж. 7 сәуір
- Бенаи. Камал ад-Дин Бенаи.//МИКХ
- Б. Б. Кәрібаев XVғ. Соңы мен XVIғ. I ширегіндегі Қазақ хандығының Мәуереннахр мемлекеттерімен саяси қарым-қатынасы. Автореферат.А.,1992
- К.А.Пищулина Присырдаринские города и их значение в истории Казахских ханств в XV – XVIIвв.А.,1969
- К.А.Шаниязов К этнической истории Узбекского народа. Ташкент.1974
- С.К.Ибрагимов Некоторые источники по истории Казахского ханства XV-XVIвв.А., 1956
- Г.Вамбери история Бохары или Трансоксонии с древнейших времен до настоящего. Пер. А.И. Павловского.Спб.,1873
- Тарих – и Гузида — и Нусрат наме. //МИКХ.