Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Тарих факультеті
Археология және этнология кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы мөрлер коллекциясы
Алматы — 2013
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
- Сфрагистика ғылымының дамуы
- Сфрагистиканың ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуы ………………8-16
- Қазақтардағы мөрлердің шығу тарихы ……………………………………..16-22
- 2. ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы мөрлер жинағы
- ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы лауазымдық мөрлер
(сот, би, старшина, болыс) …………………………………………………………….23-27
- ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы жеке және жай мөрлер …………………………………………………………………………………………………28-33
- 3. ҚР Мемлекеттік орталық музей қорындағы мөрлердің сақталуы
3.1 Музей қоры мен экспозицияда мөрлердің сақталу тәсілдері …………….34-42
3.2 Сфрагистикалық материалдарға реставрация және консервация
жасау әдістері …………………………………………………………………………..42-49
ҚОРЫТЫНДЫ ………………………………………………………………………………………..50-51
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ……………………………………………………….52-53
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі Ғасырлар бойғы халқымыздың жеке шаңырақ көтеріп, өз алдына еркіндік туын тігуі, тәуелсіз мемлекет болып, әлемнің өркениетті елдері қатарынан көріну арманы қазіргі күні толығымен жүзеге асқан тарихи оқиға болып отыр. Бұл қол жеткізген зор табыс болғанымен, оны кез келген мемлекеттің тәуелсіздігіне, елдігіне қажетті саяси, әлеуметтік-экономикалық алдыңғы қатарлы озық білім және мәдени жетістіктермен қамтамасыз етіп, одан әрі өрбіту керектігі сөзсіз.
Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгісі — мәдениет. Бүгінгі таңда мәдениет саласында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында біраз жұмыстар да атқарылып жалғасын таппақ.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ұлттық мұраны сақтауға, зерттеуге, қастерлеуге ерекше ден қойылып, қазіргі заманның кезек күттірмес маңызды міндеттерінің біріне айналып отырған мәселенің бірі-халықтың мәдени мұрасының сақталатын, көрсетілетін, насихатталатын орны – музейлердегі коллекцияларды ғылыми тұрғыдан, терең зерттеу болып отыр. Бұл сала бойынша атқарылып жатқан игі істерге ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің деректану және қолжазба бөлімі өз үлесін қосуда.
Бұл бөлім ҚР Орталық Мемлекеттік музейінде тұңғыш рет 1999 жылы құрылып, өз қызметін атқаруда. Бүгінгі таңда бөлімде жеті қызметкер атап айтқанда, бөлім меңгерушісі, екі ғылыми қызметкер, екі жоғары дәрежелі қор сақтаушы, екі кітапханашы жұмыс істейді. Бөлім қызметкерлері «Қазақ тарихына байланысты архивтік-деректі құжаттардың деректанулық зерттеулері» атты көп жылғы іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Онда сирек кездесетін қолжазбалар, басылымдар, нумизматика, эпиграфика, геральдика, сфрагистика, бонистика салалары бойынша қордағы және шетел архив музейлердегі экспонаттар, археологиялық деректанулық айғақтарды қарастырып, зерттеп ғылыми айналымға енгізуге ат салысуда. Дегенмен, ғылымның бұл саласында зерттелмей тың жатқан және жаңа тұрғыдан қарауды қажет ететін мәселелер әлі де болса баршылық. Осы бөлімнің қорында зерттелетін көп жәдігерлердің бірі – мөрлер.
Мөрлерді зерттейтін ғылым сфрагистика деп аталады – (грек тілінен sphragis аударғанда – мөртану дегенді білдіреді) – ол геральдика, нумизматика ғылымының бір саласы болып есептеледі. Басқа ғылым саласымен байланыстылығын мөрлерге қарап білеміз. Әр кезеңдегі мөрлер өзіндік белгілерімен ерекшеленеді. Мысалы, XVII ғасарлардағы мөрлердің ерекшелігі тарихи құжаттарда уақыты, мөр иесінің есімі, қала, ауылдікі екендігі көрсетілген.
Қазақ қоғамында хан, сұлтан мөрлері негізінен «тамшы іспетті» пішінді мәтінді, мөр иесінің әкесі мен атасының аты-жөні және «хан», «сұлтан», «би» атағы көркемделіп, нақышталып жазылды. Мұндай мөрлерді хан, сұлтан, билер ғана қолдану құқығы болды. Бұл куәландырғыш белгілерді қазақ хандары мен сұлтандары және билері өзара хат алмасуда, ішкі саяси іс жүргізуде, әр түрлі заңды құқықтық құжаттарда және сыртқы халқаралық қатынастарда кеңінен қолданған. ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорында сфрагистикалық белгісі бар құжаттармен қоса 98 ескі мөр 29 лауазымдық белгілер сақталған. ҚР Орталық Мемлекеттік музейінде 2006 жылы сәуірдің 28-күні «Мөрлер мен лауазымды белгілер – қазақ тарихы мен мәдениетінің деректері» атты көрме өтті.
Көрмеде ХІХ ғасырдың 60-90 жылдарында патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген әкімшіл-құқықтық реформасына байланысты пайда болған соттардың, билердің, болыстардың, ауыл старшындарының мөрлері қойылды. Қазақ хандығы дәуірінде қазақ хандары мен сұлтандары билік төреліктің мемлекеттік белгісі ретінде арнайы мөрлер қолданған. Ондай мөрлер көбінесе алтын, күмістен жасалған жүзіктер болған. Мөрлердің формасы қолданысына қарай да әр түрлі болған. Қазақ қоғамының саяси билігі жүйесіндегі тарихи деректік айғақтардың сақталған орны ҚР Орталық Мемлекеттік музейі. Саяси құрылымға қатысты музейдің фото документтер қорында ақсақалдар жиынынан, билер сотынан, уездік сот сәтінде С.М. Дудин, П. Лейбин, Л. Багаев және белгісіз фотогрфтар түсірген суреттер сақталған. Бұл фотоқұжаттардың маңызды дегендері ҚР Орталық Мемлекеттік музейінде 2002 жылдың 28 наурызында ашылған «Қазақтардың тұрмыс-салты мен мәдениеті (XIX ғ. аяғы –XX ғ. басы.)» атты көрмеде қойылды. Музей қорындағы құнды жәдігерлер қатарынан билік лауазымдықты, әлеуметтік статусты білдіретін белгілер орын алатыны даусыз. Соның бірі – 1861 ж 19 ақпанда Ресейде қоладан құйып жасаған, ауыл старшинасының лауазымдық белгісі. Мөрдің бір бетінде 8 желтоқсан 1856 жылы Александр II бекіткен Орынбор губерниясының гербі бейнеленген. Мөр шынжыр ілінген түйреуіш арқылы кеудеге тағылған. Александр II патшаның таңбасымен 1869 жылы қоладан құйып жасаған мөрінің ортасына Ресей герібінің бейнеленуі Ресей патшасының отарлық саясатының қазақ қоғамының билік жүйесіне тісін терең батырғандығын дәлелдейді.
Музейде сақталған сфрагистикалық материалдардың ішінде 1889 жылы 12 шілдеде Орынбор болыстық сотының мөрі бар. Мөрдің алдыңғы бетінде 1856 ж 8 желтоқсанда бекітілген Орынбор губерниясының герібі бейнеленген. Сондай-ақ, 1891 ж. 25 наурызда берілген Ақмола облысының биінің мөрінде 1878 ж. 25 шілдеде бекітілген Ақмола облысының гербі бейнеленген. XIX ғ. аяғында қолданылған Верный Атырау комиссиясының мүшесінің кеудеге тағатын қола мөрлерінің түрлері де музейде сақталан. Бұл мөр дөңес формалы болып келген. Мөрдің алдыңғы бетінде Жетісу облыстық герібі, екінші бетінде Ресей герібі және патша тәжінің ескі үлгісі бейнеленген. Мөр формасының бекітілген уақыты «1870 ж. 16 маусым» деп көрсетілген.
Елімізде егемендік алған уақыттан бері осы қойылып отырған мақсаттарды жүзеге асыруда жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Солардың бірі тарих ғылымы саласында аздаған жылдар аралығында кеңестік дәуірде саналы түрде бұрмаланып, жасырылып келген халқымыздың, қазақ ұлтының өткенін жаңа тұрғыдан зерттеуде, оған тиісті баға беруде орын алып отыр. Республика тарихшы ғалымдарының осы мәселелерді зерттеу нәтижесінде қол жеткізген табыстары осыған куә.
Тақырыптың зерттелу деңгейі Зерттеу жұмысы қазақ қоғамындағы әміршіл-әкімшіл реформаларға байланысты пайда болған соттардың, билердің, болыстардың, ауыл старшындарының мөрлерін тереңінен зерттеуге негізделіп, қоғамның саяси және экономикалық байланыстарын, дипламатиясы мен жеке қызыметтердің зерттелу деңгейін зерделеу, талқылау міндетке алынды.
Қазақстан сфрагистика ғылымы саласында жазылған зерттеулердің көлемі саусақпен санарлықтай, бірақ осы салаға қатысты азда болса ғылыми жұмыстар мен мақалаларды кездестіруімізге болады. Солардың бірі Н.П. Лихачевтің «Дипломатика» (Из лекций по сфрагистике) деген көлемді зерттеуінде «сфрагистика» ғылымының шығу тарихына тоқталып, мөрді ішкі саяси дипломатиялық қатынастарда кеңінен пайдаланғанын нақтылап жазған. Еңбектің негізгі бөлімінде Азия және европа халықтарының қолданған мөрлерінің ерекшеліктерін (көлемі, материалы, типі т. б.) салыстыра отырып талдаған. Мөрлерді қолданысына қарай, көлеміне, материалы, типі, таңбасына (оттиск) байланысты сыныптап көрсеткен /1/.
Қазақстан сфрагистика саласында жазылған көлемді ғылыми зерттеудің бірі И. Е. Ерофееваның “Символы казахской государственности” атты еңбегінде XVIII ғасырдың бірінші жартысы мен XIX ғасырдағы хандар мен сұлтандардың мөрлерін сипаттап жазған. Онда мөрдегі лауазымды тұлғалардың есімдері бойынша (өз есімі, қоғамдық титулы, ата тегі), мөрдің деректердегі қолданысы, мөрлердің көлемі, тарихи құжаттарға басылған мөрлердің тіркелген жері күні, мөр басылған құжаттың сақталған орны, таңбаның публикациясымен немесе мөр белгісімен бірге құжаттың текстін толығымен беріп, олардың ерекшеліктерін қарастырған /2/.
Е. Шаймерденовтің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» атты еңбегінде тарихи қосалқы пәндердің даму тарихына тоқтала кетіп, “тамға” сөзін “мөр”деген сөзбен байланыстырады. Бір ғажабы, таңба ұғымы түркі халықтарына ортақ екені байқалады. Мысалы, қырғызша “тамға”, — жылқының санына күйдіріп басатын таңба, белгі; қарақалпақша “тамға” немесе “таңба” – қазақшадағыдай мағынада; әзербайжанша “дамға” – таңба, белгі; өзбекше және башқұртша “тамға” – таңба, белгі мөр деген анықтамаларға тереңінен тоқталған /3/.
Белгілі түріктанушы ғалым В.В. Радлов бұл ұғымның мағанасын “белгі”, “ру таңбасы”, “мөр” деген сөздермен ашады. Өте ертедегі тасқа қашалып жазылған әдебиет нұсқаларындағы мәні де осы пікірдің дұрыстығын дәлелдейді.
С. М. Мәшімбаевтің «Патшалы Ресейдің Қазақстандағы мемлекеттік басқару мекемелерінің тарихы» атты диссертациясында Патшалы Ресей әр түрлі тәсілмен мемлекеттік мекеме құрлымын Қазақстандағы саяси-әлеуметтік өзгерістерге қарай бейімдеп жетілдіріп отырғандығы. Әр уақытта жаңа мекеме құру алдында Патша үкіметі Қазақстандағы саяси өзгерістерді ескеріп, жергілікті әлеуметтік топтарға арқа сүйегендігін жазған. Осылайша алғашқы шекаралық сот құрудан басталған бұл жұмыс қазақ жерлерін жеке бөліктерге бөліп, біртіндеп оларды Ресей-әкімшілік басқару жүйесіне енгізіп, отарлық мемлекеттік басқару мекемелерін құруға жалғасқаны туралы жазылған /4/.
А.И. Оразбаеваның «Қазақ қоғамындағы билер институты: тарихи бастаулары, орны және ролі» деген диссертациясында қазақ халқының тарихындағы билер институтының маңызы, ролі, саяси-әлеуметтік құндылықтары туралы мәліметтер жазылған. Билер институтының қоғамдық қатынастар саласындағы қызметі сыртқы қарым-қатынастағы ролі қарастырылған /5/.
Т. Е. Қартаеваның «Қазақ қоғамының дәстүрлі саяси құрлымы және лауазымдық белгілер» («Туркестанские ведомости» газеті және ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қор материалдары негізінде) атты мақаласында XIX ғасырдағы қазақ қоғамындағы жоғарғы топ өкілдерінің саяси құрлымын ролін лауазымдық белгілерін сипаттап жазған /6/.
Б. С. Қақабаевтың «Қазан ревалюциясына дейінгі Қазақстандағы халық сотының қызметтік белгісі» атты мақалада Ресей империясының құрамына өту кезеңіндегі Қазақстанның құқықтық жүйесінің эвалюциясына арналған. Соның ішінде өтпелі кезеңде қазақ билеріне берілген «халық сотының қызыметтік белгілерінің» ерекшеліктері сөз болады /7/.
Қорыта айтқанда ХІХ ғасырдың 60-90 жылдары мен ХХ ғасырдың басындағы мөрлер туралы ғылыми негізде жазылған мақалалар саусақпен санарлықтай, мөрлерді зерттеп ғылыми айналымға енгізу көп ізденісті талап етеді. Ол болашақтың еншісінде.
Жұмыстың мақсаты Зерттеуіміздің мақсаты сфрагистика ғылымының қалыптасу тарихын, бүгінгі күнде қазақ тарихына қатысты ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлердің зерттелу деңгейін, және қолданыстағы орнын анықтау барысында ХІХ ғасырдың 60-90 жылдарында патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген әкімшіл-құқықтық реформасына байланысты пайда болған соттардың, билердің, болыстардың, ауыл старшындарының мөрлерін зерттеп ғылыми сипаттамасын жазу, музей қорларындағы мөрлерді зерттеу болып табылады.
Зерттеу жұмысының міндеті Айтылған мәселелерді шешу барысында мынадай міндеттер қойылды:
— Қазақстандағы сфрагистика ғылымының қалыптасу тарихының зерттелу деңгейін анықтау;
- ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлердің жинақталу тарихын зерттеу;
- ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлерді сыныптау, жүйелеу;
- ХІХ ғасырдың 60-90 жылдарында патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген әкімшіл-құқықтық реформасына байланысты пайда болған соттардың, билердің, болыстардың, ауыл старшындарының мөрлерін зерттеп ғылыми сипаттамасын жазу;
- Мөрлердің музей экспозициясында сақталу, қорғалу деңгейін анықтау;
- Мөрлерге консервация және реставрация жасау тәсілдерін, ерекшеліктерін анықтау;
- Қазақ халқына билік жүргізген хандар, сұлтандар және Ресей империясына қосылғаннан кейінгі билер, болыстар және халық соттарының мөрлері мен лауазымдық белгілері арқылы тарихи тұлғалардың өмірінен қысқаша деректер беру;
Тақырыптың дерек көзі Жұмысты қолдану барысында пайдаланған деректер: ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлер, және құжаттардағы мөрлердің түрлері, музейдегі түсім кітаптары, инвентарлық карточкалар, мөрлердің аңызы, ғылыми зерттеулер мен музей меңгеруші қызметкерлерінің жинақтары, экспедиция материалдары, музейдің архив материалдары.
Диплом жұмысының хронологиялық шеңбері Зерттеудің хронологиясы мен ауқымдық шеңбері ХІХ ғасырдың 60-90 жылдары мен ХХ ғасырдың басын қамтиды. Себебі, ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлердің басым бөлігінің хронологиялық уақыты сол кезеңге сәйкес келеді.
Зерттеу жұмысының жаңалығы Музей қорында мөрлер алғаш рет музей жәдігері ретінде ғылыми зерттеу жұмысының нысаны болып отыр. Музей қорындағы мөрлер толық сипатталып талданып, жүйелеу және сыныпталуы айқындалды.
Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негізі ретінде объективтілік, тарихилық, жүйелілік принциптері, тарих және әлеуметтік ғылымдарының негізгі теориялық тұжырымдамалары басшылыққа алынды. Зерттеу жұмысын жазудың методологиялық негізі мен әдістеріне жалпы ғылыми зерттеудің арнайы музейтанулық ғылыми тәсілі басшылыққа алынды.
Диплом жұмысының құрылымы Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан әрқайсысы екі тармақшадан тұратын, қортындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімі және қосымшадан тұрады.
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі анықталып, зерттеу мәселесі мен тақырыпқа қатысты деректерге шолу жасалған.
Бірінші тарауда Қазақстанда сфрагистика ғылымының зерттелу деңгейі, ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлердің жинақталу тарихы жазылған.
Екінші тарауда лауазымдық мөрлер яғни билер старшындар, соттардың қоғамдағы ролі және атқарған қызметі мен қолданыстағы мөрлер туралы, және жеке тұлғалар мөрлерінің сипаттамасы жазылған.
Үшінші тарауда музейдегі мөрлердің сақталу деңгейі және мөрлерге консервация реставрация жасаудың әдістері мен тәсілдері қарастрылған.
Қортындыда берілген зерттеу жұмысының нәтижесі, ұсыныстар тұжырымдамалар берілген. Қосымшада Орталық Мемлекеттік музейінің қорында сақтаулы жекелеген мөрлердің суреттері берілген.
1 СФРАГИСТИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУЫ
- 1 Сфрагистиканың ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуы
Сфрагистика (грек тілінен аударғанда “сфрагис” – мөр), немесе сигиллография ғылымының (латын тілінен аударғанда “сигиллум” – мөр) – ғылыми зерттейтін дерегі мөр болып табылады. Бұл ғылым саласы тарихи ғылыми қосалқы пәннің бөлімі деп есептеліп, геральдика, нумизматика, эпиграфика т. б. ғылымдарымен тығыз байланысты.
Байырғы заманда, шамамен б. д. д. V-X ғасырларда Ассирияда, Бабылда, Мысырда, Урартуда циллиндір пішінді тас мөрлерді пайдаланған. Мысырда кейбір ғибадатханаларды (Осирис, Абидос) мемлекеттік талаптар мен міндеттерден босатуға билеушінің суреті бар мөрлері басылатын, сондай-ақ билік иелерінің бұйрығы, саудагерлердің келісімі де мөр арқылы бекітіліп отырған.
Ертеректе тарихи оқиғаларды ойшылдар, даналар қағаз беттеріне түсіріп отырған, сол құжаттардың түпнұсқалығын дәлелдейтін, шынайылылықты сенімділікті арттыратын белгі ретінде – мөрлерді пайдаланған. Бұл дипламатика ғылымы үшін өте құнды құжат болып табылған.
Көне дәуірлердегі мөрлер әр түрлі формада болды және оның бетіне неше түрлі бейнелер салынатын. Мысалы: құдайлар, құстар, қоңыздар, гүлдер т.б. Кейбір мөрлер асыл тастардан, кейіннен алтын мен күмістен жасалынды. Басуға ыңғайлы болу үшін иелері мөр тастарды жүзіктеріне орнатып, қолдарына тағып жүрді. Көшпелі өркениеттің көсемдері жылқының, тау ешкінің, барыстың бейнесі бар мөрлерді пайдаланды /8, 42-43/.
Әрбір мемлекеттегі жоғары биліктің өз әлеуметтік – мәдени табиғаты және өзіндік орны тарихы болатыны бәрімізге аян. Мемлекеттің осы бір мәдени-тарихи өзгешелігін мемлекеттік символикада, оның сөзсіз – атрибуттары – елтаңба, ту, мөрлерде және лауазымдық белгілерден айқын көруге болады.
Уақыт өте келе мөрлердің әр түрлі типтері пайда болған. Ертеде Шығыс елдерінде циллиндір пішіндес мөрлерді қолданып, оларды саз балшықтан жасалған тақтайшаларға өрнектермен және жазуларымен (циллиндірдің жоғарғы бөлігі) таңбалаған. Бұл туралы мәліметтерді Плиний өз еңбектерінде айтып кеткен.
Антикалық кезеңде жүзікті мөрлер пайда болған. Жүзікті мөрлерді алғаш рет Мысыр елдерінде әр түрлі асыл тастармен әшекейлеп, қымбат бағалы металлдардан құйып жасаған. Атақты патша ІІ Тутмос алтыннан жасалған жүзікті мөрінің бетінде ироглфтер таңбаланған. Онда Хуву патшаның үлкен пирамиданы салғызғаны, және пирамиданы салған сәулетшінің есімі жазылған. Жүзіктердің қалқанында өрнектері және жазба белгілері көрсетілетін болған /9, 55/.
Бізге жеткен мәліметтер бойынша ежелгі Римдіктердің қолындарында бір емес бірнеше жүзікті мөрлер болған, бірі құжат үшін, құпия хат үшін, әр түрлі қазыналарды сақтайтын қобдишаларға мөр соғу үшін және т.б. қолданған.
Мөрлерді қай жағынан оқып, зерттесеңіз де, ойыңыздың зерттеу дерегі тарихи-дипламатиялық білміңізге сай келеді – бұл сұрақтың тууы өте ертеде басталған еді. Әсіресе сфрагистика ғылымының тереңінен зерттелуі, ХІХ ғасырдың екінші жартысы болып есептеледі. Әлемдік сфрагистика ғылымында мөрлердің бізге берген әр түрлі көрсеткіші айтарлықтай қызықты пәнді жасады. Мөрлер дипламатиялық ескерткіштің үлгісі ғана емес (құжатты бекіту үшін); тарих ғылымы үшін де (саяси тенденцияларды біріктіруші, көпшіліктің ойы және көзқарасы — өрнектерінде, көлемінде, материалында, мөр иесінің ұлылығын да көрсетеді), өнер тарихының ескерткіші ретінде және тұрмыстық ортаның құнды тарихи құжаты (ғимараттың бейнесі, киімдер, әр түрлі қолданбалы аспаптар мен қару-жарақтар) болып табылады. Осыдан барып орынды мәселе туады, ескерткіштерді танып оқу үшін, бірнеше пән бір-бірімен тығыз байланысып, бір жағынан сфрагистика ғылымын зерттеу үшін тарихи-дипламатика пәнін оқып, тарихи оқиғаның шындығын дәлелдеу қажет, бұл ғылымның бағыты мың жылдықтар уақытында Византиялық мөрлерден бастау алады.
Сфрагистика ғылымы алғашында дипломатика ғылымының бөлімінде – қосымша пән ретінде актілердің мазмұнын, көлемін анықтаушы қызмет атқарып, құжаттың уақытын, түпнұсқалығын, немесе жасандылығын анықтап отырды. /10, 176-178/. Кейінен мөрді дипломатика ғылымы тұрғысынан оқып, олардың көлемі немесе сурет белгілері бойынша, құжаттың мазмұны мен жапсырмасын, мемлекеттің ондағы билік мекемелерінің атқарған қызметін хронологиялық шеңбермен жүйелеп, мирасқорлық белгілерін, олардың әсерін және өзара қарым-қатынасын қарастырды /1, 297-307/.
Бұл ғылымының басқа да, ғылыми құнды бөлімдері бар. Біріншіден, мөрді оқу, тарихи-дипламатиялық пәнді оқытуда өзіндік үлкен үлесін қосады. Екіншіден, мөр тарихи мәдени материал болып есептеледі. Үшіншіден, мөр өнер тарихының ескерткіші ретінде танылады. Қандай ғылыми бөлім болмасын шығармашылығына қарап тарихи білімді әсіресе, — дипломатика ғылымы үшін, мәдени тарих, өнер тарихы да — әр қайсысы өзіндік зерттеуді қажет етеді.
Сфрагистика ғылымы деректанудың белсенді саласы ретінде де, өзіндік зерттеу мақсатын айқындайды. Оларға: деректі сынау, түпнұсқалығын анықтау, авторын, датасын білу жатады. Мөр жазба деректердің ішкі белгілерін анықтап, дәлелдеп көрсететін дерек. Ішкі сараптама, әрине нақты жазба деректің пайда болуы туралы сұраққа тікелей жауап беретін мәлімет бермейді. Бірақ құжаттағы мөр тарихи деректің құпиясын ашудың бір негізі болуы мүмкін. Мөр куәләндіргіш белгі ретінде бір адамға, немесе белгілі қызмет мекемесіне тиісті болуы мүмкін. Мөрді оқу ол жеке затты куәләндыратын құжатты оқығанмен бірдей қызмет атқарады. Оған заң жүзінде құқықтық күш берілгендіктен тарихшылар үшін үлкен қолданбалы білімді анықтауда тарихи қосалқы пәндерді ұштастыруы қажет. Алғашында мөрлер құжаттың бір түрі ретінде мұрағаттарда, музей қорларында сақталды. Бір уақыттарда мөрлерді — мемлекеттік биліктегі әр түрлі институт өкілдері тарихи құжаттарды куәләндіру мақсатында шартты түрде қол қойып бекітіп заңды дипломатиялық іс-шаралар жүргізген. Мөрлерді зерттеуге деген қызығушылық XVIII ғасырда пайда болды. Ең алғаш зерттеушілердің назарын аударған нәрсе мұрағаттарда сақталған актілік құжаттардағы мөрлердің таңбалары еді /1, 239-242/.
Мөр мағынасы сфрагистика ғылымында – штамп немесе қалып және (оттиск) таңба түрінде кездеседі. Ғылымда басылған мөрлерді штамп деп атайды. Мөрлерді ойып немесе қатты материалдарды қырып жасайды және балауыздан жасалған штамп бар (сүргіш бояуымен басылады). Металдағы оттисктер (алтын, күміс, қалайы, қорғасын) булла деп аталады. Мөрлер таңбалық, жай, жеке тұлғалық (факсимил) деп бөлінеді.
Факсимил – латын тілінен facsimile аударғанда қалағаныңды сал дегенді білдіреді.
Ертеректе әр үйде заттары ауысып кетпеу үшін ерекше мөрлер «signaculem» болған – олар қарапайым белгі салумен ерекшеленген /1, 286, 291/.
Материалына байланысты мөрлер – металлда, қағазда, балауызда, балауыз мастикасында, сүргіште, ысталған мөрлердің таңбалары басылады. Мөрдің қалыбы қатты берік материалдардан жасалады – тастан, сүйектен, металлдан, ағаштан немесе соңғы кездері жұмсақ — каучуктен, резеңкеден жасалып жүр. Мөрлерді қолданысына қарай үлкен екі топқа бөлуге болады – ілінбелі (вислые) баулы ілінбелі құжат, және қолданбалы құжаттарды таңбалау. Ең алғашқы құжаттар арнайы қысқыш-түйреуіштермен таңбаланған, екіншіден — әр түрлі пішінде және таңбаны дайындау үлгілерімен ерекшеленген. Көне заманда хатты жазғанда куәләндыру үшін мөрдің орнына балауызды ағаштан жасалған тақтайшалар қолданылған – балауыз арнайы дайындалған қалыпқа құйылып, екі тақтайшаға хаттың немесе құжаттың үлгісі балауызбен бірге қатталып бауымен біріктіріліп, соңында мөр жапсырмасы жапсырылатын болған /1, 287/.
Орта ғасырларда ілінбелі мөрлер пайда болған. Жазба құжаттарда, пергаментте немесе қағаздың төменгі бөлігіне кішкене саңылау жасап оған лента немесе зығырдан бау жасап, бауға мөр жапсырлатын болған.
Мөр таңбасын салу үшін балауызды пайдаланған. Таза балауыз өте күйрегіш, осал материал болғандықтан, мөрлердің таңбасын тез бұзылудан және ұзақ сақталу үшін, арнайы балауыз мастикасы дайындалған. Оны дайындау үшін балауыз бен бояуды араластырып, бор немесе ұн, сымала, майды қосу арқылы мөр таңбасын салуға арнайы қоспа жасаған. Бұл қоспа анағұрлым берік әрі ұзақ саталатын болған. Мұндай қоспаны «балауыз мастикасы» деп атаған. Балауыз мастикасы қызыл немесе ақшыл қызыл түсті болған.
XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында сақталған бірнеше құжаттарда сақталған таңбалардағы балауыздың құрамын зерттеу барысында оның қалай дайындалатыны анықталды. Қызыл түсті балауызды дайындау үшін: 12 фунт балауыз, 3 фунт кинварь (қызыл түсті минирал), 4 фунт жоса, 7 фунт сымала, жарты фунт терпентин (қылқан жапырақтан шығатын қара май) қоспалары қосылған.
Материалдың сапасына қарай мөр таңбасын салуда сымаланы сирек болса да қолданған.
Кейінгі уақыттарда шамамен XVII ғасырдың соңында сүргіш мөрлер айналымға енген. Ал, XVIII ғасырда оларды көптеп пайдаланған. Оларды мемлекет арасында яғни елшілік бұйрықтар қызыл сүргішпен «пошта суммалары», «әр түрлі хаттардағы жарлықтар» таңбаланды /11, 13-18/.
XVIII-XX ғасырлардағы құжаттарда отқа ысталып басылған мөрлер де кездеседі. Осындай таңбаны салу үшін металл немесе тас қалыпты отқа қақтап, әбден қарайғанда қағазға басқан. Бұл қалып қағазға қара таңба қалдырған, ал қалыпта ойылған өрнек немесе таңба ақ түс болып қалған. Мұндай мөрлер XVIII ғасырдағы қазақ хандарының орыс үкіметіне жазған хаттарында кездеседі.
XIX ғасырда «ысталған» мөрлерді болыс мүшелері, ауыл старосталары да пайдаланған.
Жаңа және қазіргі заманда қолданбалы мөрлер көптеп пайдаланылады. Қолданбалы мөрлер негізінен металлдардан алтын, күміс, қалайы, қорғасыннан жасалған. Қорғасын мен қалайы жұмсақ әрі арзан металл болғандықтан оларды көптеп пайдаланған.
Мөрдің басты белгісі – құжаттың шынайылығын дәлелдеп, бекітетін құқықтық күш. Мөрлер арнайы штампельдік-граверлық орында полиция басқармасының рұқсатымен жасалған. Мөрлердің жауапкершілігі ұйымның мекеменің басшылығында болған. Егер мөр бүлінген зақымданған (штамп) болса тез арада оны полиция оргондарына хабарлап немесе оның жарамсыз екендігін басылымдарда жариялау қажет.
Әлемдегі сфрагистика ғылымының қалыптасуы мен дамуында бір келкілік заңдылығы сақталған. Оны біз жүйелеп сараптаған кезде ғана анықтай аламыз.
Ол үшін сфрагистика ғылымын бір бағытқа келтіріп жүйелеу керек. Бұл ғылымды ең алғаш неміс ғалымдары әр түрлі жүйелеп сыныптады. Мұнда граф Гогенлоэ-Вальденбург пен Гротефендтің еңбектеріндегі мөрлердің сыныпталуы берілген.
Олар еңбектерінде мөрлерді төрт басты типке бөліп жүйелейді. Онда:
— Өрнексіз мөрлер, бір таңбалы, археографиялық таңбалары бар мөрлер;
— Өрнектері бар мөрлер, кескіндемелік белгісі бар немесе белгілі бір ұғымның я бір идеяның шарты және нышандық белгілері бар мөрлер;
— Портреттік бейнесі бар мөрлер;
— Елтаңбалық белгісі бар мөрлер;
Осы төрт типті белгілеріне қарай он тоғыз бөлімге бөледі.
— Иесінің аты жазылмаған таңбалары бар мөрлер;
— Иесінің аты жазылған таңбалы мөрлер;
— Иесінің аты жазылмаған өрнектелген мөрлер;
— Иесінің аты жазылған өрнектелген мөрлер;
— Портрет бейнесі бар мөрлер, елтаңбалық белгісі жоқ, иесінің жартылай бейнесі бейнеленген – оның басы, кеуде бөлігінің тұрпаты немесе беліне дейінгі бейнесі бар мөрлер;
— Портрет бейнесі бар мөрлер, елтаңбалық белгісі жоқ, иесінің тұтастай бейнесі (тігінен тұрған адам) бейнеленген мөрлер;
— Портрет бейнесі бар мөрлер, елтаңбалық белгісі жоқ, иесінің тұтастай отырған бейнесі бейнеленген мөрлер;
— Портрет бейнесі бар мөрлер, елтаңбалық белгісі жоқ, иесінің тұтастай түргеліп тізерлеп отырған бейнесі бейнеленген мөрлер;
— Портрет бейнесі бар мөрлер, елтаңбалық белгісі жоқ, иесінің атқа мінген бейнесі бейнеленген мөрлер;
— Портрет бейнесі бар мөрлер, елтаңбалық белгісі бар, иесінің жартылай бейнесі бейнеленген – оның басы, кеуде бөлігінің тұрпаты немесе беліне дейінгі бейнесі бар мөрлер;
— Портрет бейнесі бар мөрлер, елтаңбалық белгісі бар, иесінің тұтастай бейнесі (тігінен тұрған адам) бейнеленген мөрлер;
— Портрет бейнесі бар мөрлер, елтаңбалық белгісімен иесінің отырған бейнесі (адамның денесі түгелімен көрсетілген) бейнеленген мөрлер;
— Портрет бейнесі бар мөрлер, елтаңбалық белгісімен және иесінің тұрып бір аяғымен тізерлеп отырған бейнесі бейнеленген мөрлер;
— Портрет бейнесі бар мөрлер, елтаңбалық белгісімен немесе иесінің атқа мінген бейнесі бейнеленген мөрлер;
— Елтаңбасы бар мөрлер, елтаңбалық белгісі бар, (бейнелер шартты белгілер (эмблема)) геральдикалық қалыпты тік мөрлер;
— Елтаңбасы бар мөрлер, елтаңбалық эмблемаларымен, арнайы қызмет иесінің геральдикалық қалқаны бейнеленген мөрлер;
— Елтаңбасы бар мөрлер, геральдикалық бейнедегі шлем және елтаңбасы әшекейленген (ортаңғы алаңында бейнеленген) мөрлер;
— Елтаңбасы бар мөрлер, геральдикалық бейнедегі шлем және әшекейленген билік оргондарының геральдикалық қалқаны бейнеленген мөрлер;
— Елтаңбасы бар мөрлер, мөрдің көлемін толығымен елтаңба бейнеленген, гербтік эмблема, арнайы билік оргондарының геральдикалық қалқаны, әр түрлі геральдикалық атрибуттармен әшекейленген мөрлер /1, 298-307/;
Мұндай геральдикалық атрибуттарымен ерекшеленетін мөрлер ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорында да кездеседі.
Мысалыға, ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорында ХІХ ғасырдың 70 жылдары жасалған елтаңбалық белгісі бар мөр сақтаулы. КП 8022/37 номерлі мөр музей қорына 1952 жылы түскен. Торғай облысы Николаевск уезі Меңдіғар болысы № 4 ауыл халық сотының мөрі. Мөр қоладан жасалған диаметірі – 3,5 см, биіктігі – 3,7 см. Мөрдегі елтаңбалық белгі Торғай қаласының елтаңбасы. Бұл елтаңба Верный, Орал, Семей және Торғай қалаларының елтаңбаларымен бірге 1878 жылы патша жарлығымен қабылданған. Төртеуінің де сыртқы нысанасы ұқсас. Жоғарғы жағында патша тәжі, төменгі бөлігінде төменге қаратылған жарты ай суреті бар. Бұл белгі мұнда Ресей мұсылмандары тұрады дегенді білдіреді (1-сурет).
Көріп отырғанымыздай бұл жүйе мөрлерді бір жақты мазмұнына қарай сыныптаған. Бұл жүйе әлі де жеткіліксіз, мөрлерді толығымен сипаттап жазу үшін сфрагистикалық материалдарды оқып үйрену керек, бір ескерткішті әр түрлі кезеңге бөліп, пайда болу уақытын және тарихи мағлұматты анықтау қажет.
Мөрлердің басты белгісіне қарап бес бағытта сыныптайды.
Бекітетін белгілеріне байланысты, материалына, көлеміне, таңбасына байланысты, термин сөздің қажеттілігі бар мөрлер, аударылуы қиын таңбалар.
Бесінші типі бойынша Гогенлоэнің мөрлерді сыныптауда Гротефендтің сыныптауын толығымен өзгертусіз қабылдаған. Гротефендтің мөрлерді алғашқы төрт тип бойынша сыныптауы мынадай белгілерді келтіреді.
- Бекітілген белгісіне байланысты:
— Актінің бетіндегі қосымшасы.
— Актінің арт жағындағы қосымшасы.
— Мөрлердің бекіткіші (ілінбелі, пергаментті ойып тесу).
— Құжатта басылған мөрлер белгісі (құпия құжаттардағы таңбалар).
— Таңбаны бекіту, құжатты тесу арқылы, үлкен орамалы қағаздарды берік ұстап тұру үшін лентамен немесе баумен бекіту.
— Бұл термині бойынша аталатын мөрлердің түрлері, лентаға ілінген мөрлер, құжаттың дәл ортасын ойып таңбалау.
— Ілінбелі мөрлер.
а) пергаментті, б) теріден жасалған ( түсі ақ немесе қара, қара қоңыр, қызғылт қоңыр), в) баулы немесе жіңішке арқанды мөрлер, г) материалға таңбаланған мөрлер жібек, зығыр, кендір, жүн маталарда таңбаланған мөрлер немесе жіпте, бауда, тоқылған бауда, лентада мөрлердің таңбасы кездеседі.
Мөрлерді көптеген белгілері бойынша бөліп оларды анықтау қиынға соғады.
Біркелкі — мөрлер, мөрдің құжаттағы немесе конверттегі анықтамасы (егер құжатты бүктеп конвертке салса), — типтің маңызды нышаны құжат үшін ең елеулі белгі. Мысалы құжатты бекіту немесе орамалап бекіту жатады /1, 228-230/.
Сфрагистика ғылымында мөрлерді басты типтерге бөліп қарайды. Олар мыналар:
1) Қолданбалы мөрлер, 2) қолданбалы мөрлердің қағаздағы таңбалары, 3) ілінбелі мөрлер. Ілінбелі мөрлерді қазақ қоғамында ХІХ ғасырдың ортасында билер мен халық соттары көптеп қолданды. Мысалы, ҚР Орталық Мемлекеттік музейі қорында КП 26530 номерлі ілінбелі мөрдің бауының ұзындығы 35 см. Халық сотының мөрі қоладан жасалған көлемі – 2,5 х 5,5 см. Александр ІІІ кезендегі мөрдің ортаңғы алаңында Семей облысының елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбада негізгі белгі ретінде түйе, шалқалаған ай және бес бұрышты жұлдыз суреттері алынған. Ең үстінде патша тәжі және оларды айналдыра Александр лентасымен байланған алтын түстес емен жапырақтары бейнеленген. Мөрдің шетін айналдыра 25 наурыз 1891 жыл деп жазылған (2-сурет).
- Материалы бойынша:
а) металл; 1) қорғасын буллалар ( пломбысы бар), 2) алтын буллалар,
в) балауыз;
а) қарапайым, таза балауыз: 1) түссіз, боялмаған, 2) қызыл, жасыл, қара балауыз.
б) құрамына байланысты, (мөрлердің ерекше түрлеріне арналған аралас балауыз т.б.) мастика ( жапсыру, бекіту үшін жасалған қою замаска), екі түсті (мөрдің таңбасы бір түске боялса, мөрдің шеті басқа түсте немесе бояусыз), түссіз табақшалы балауыз, шыны аяқтағы түсті балауыз (әсіресе поляктар және румындар көп қолданған), табақшалы түрлі түсті елтаңбалық белгісі бар немесе өрнектелген мөрлер, қаңылтыр қораптағы мөрлер: ақ қаңылтырдан, кейде сары мыстан (латуни) күмістен не алтын жалатылып жасалған мөрлер, ағаш кустадии (ағаштың қабығынан және боялған ағаштан жасалған), піл сүйегінен жасалған кустадии, қағазды парақтарға таңбаланған мөрлер.
Бұл ең соңғы бағыт парақ немесе кустадии, ең басты мөр болып саналады. Мөрдің өзіндік мағанасы кустадии бөлек мағынада болуы керек. Балауызды мөрлерді жіктегенде, кустадии ең алғашқы мөрлердің белгілері ретінде және сол уақытта буллаларды ұзақ сақтау үшін арнайы қорапшаларға салып қоятын болған.
Балауызды мөрлер қоспасына байланысты бөлінген, көбінесе балауызды таза күйінде қолданған:
а) бояусыз балауызды мөрлер; б) бояу қосылған балауызды мөрлер; Балауызды мөрлерді балауыз матитінің құрамына байланысты сыныптайды:
а) асты табақша көлеміндегі балауызсыз мөр; б) балауызсыз шыны аяқ көлеміндегі мөр; в) арнайы кустадии;
III. Мөрлерді көлеміне байланысты былай сыныптайды:
дөңгелек пішінді мөрлер; сопақша пішінді мөрлер; көлденең сопақша пішінді мөрлер; сүйірленген сопақша мөрлер; қалқан тәрізді мөрлер; қалқан тәрізді жоғарғы бөлігі дөңгеленген мөрлер; қалқан тәрізді төменгі бөлігі дөңгеленген мөрлер; жүрек тәрізді мөрлер; үшбұрышты ұшы төменге қаратылған мөрлер; үшбұрышты ұшы жоғары қаратылған мөрлер; үш жапырақты пішіндегі мөрлер; төрт жапырақты немесе крест тәрізді дөңгеленген аяқтамалы мөрлер; төртбұрышты мөрлер; ромбы тәрізді мөрлер; бес-алты-сегіз бұрышты мөрлер. Гротефенд мөрлерді көлеміне қарай осылай бөліп, кейіннен екі пішінді қосады:
- екі жағы сүйірленген сопақша мөрлер; 2. алмұрт немесе жұмыртқа тәрізді мөрлер; Көлемі бойынша сыныпталған мөрлердің біразын ата-бабаларымыз қолданған мөрлерден де кездестіруімізге болады. Сонымен бірге бізде көлемі бойынша бұл жүйелеуде жоқ мөрлер де бар. Мысалы, ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорында КП 26358/1 номерлі күміс мөрдің пішіні екі мүйізді тепеттеп қоғаланып жасалған. Екі мүйіз бұрышында бербұрын салынған. Арт жағында бау-жіп тағылатын күміс ілгегі бар. Көлемі 2,6 х 2,6 см.
Төртбұрышты мөрлерді былай бөледі:
- төртбұрышты; 2. тік төртбұрышты; 3. көлденең тік төртбұрышты; 4. ромбы тәрізді төртбұрышты;
- Мөрлерді құрлымына байланысты
- бір жақты мөрлер; 2. екі жақты мөрлер; 3. мөрдің контры басқа жағында
(қырында, жанында т. б.) бейнеленген мөрлер /1, 312-318/.
Қарастырылған сыныптаудың барлығы құнды терминдерді қалыптастырып сфрагистикалық ескерткіштерді дұрыс сипаттап жүйелеуге септігін тигізеді. Бұл жүйелеу тек сфрагистика ғылымының бір бөлігі ғана.
ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы мөрлерді жүйелеп сыныптап көрсек, бұл арада ескертетін мәселе зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері ХІХ ғасырдың 60-90 жылдары мен ХХ ғасырдың басы болғандықтан жаңа заманда пайда болған мөрлер жүйеленіп сыныпталады.
Мөрлердің типіне қарай:
- Администрациялық – лауазымды тұлғалардың (сот, би, болыс) XIX ғасырдың 60-90 жылдары мен 1916 жылға дейінгі Патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген әкімшілік құқықтық реформаларына байланысты пайда болған мөрлер.
- Жеке (факсимиле) – танымал ғалымдардың, жазушылардың, дәрігерлер және тағы басқалардың мөрлері.
III. Жай мөрлер – бұл мекемелерге, көпшілікке қызымет көрсететін ұйымдарға арналған мөрлер, — деп бөлеміз.
Қордағы коллекциялардың негізгі ядросы – бұл мөрлер лауазымды тұлғаларға арналған (әкімшіл соттар, билер, ауыл болыстары), олардың көпшілігі XIX ғасырдың 60-90 жылдарында Қазақстандағы әміршілдік құқықтық реформаларыға байланысты жасалған мөрлер. Негізінен мөрлердің көпшілігі қорға түспес бұрын бірнеше адамдардың қолында болған, тарихы 1916 ж тиісті. Қордағы барлық мөрлердің композициясы, көлемі, материалы бірдей. Мөрдегі жазулар айналық келбетте оқылады. Осыған қарап мөрлерге қорытынды жасауға болады – бұлар дәстүрлі, мәні бар мөрлер. Мөрлерді жасаған шеберлердің есімдері белгісіз, оймашылар өздерінің есімдерін жазып қалдырмаған. Коллекция құрамында лауазымды тұлғалардың жеке (факсимиле) мөрлері бар. Бізге белгілі қазақ ғалымдарының, дәрігерлердің, жазушылардың Мысалы: партия төрағасының мөрі, профессор Б. И. Безсоновтің (Қазақстандағы бірінші топырақ зерттеуші) мөрі, Ұлы Отан соғысы кезінде әскери емханаларда қызмет атқарған Е. А. Садуақасованың факсимелі, жазушы С. Сейфуллиннің, және қазақ әдебиетінің негізін салушылар, ревалюциялық төңкеріске қатысушылардың, кеңес өкіметін орнатуға ат салысқан адамдардың және т. б. мөрлері бар. Үшінші бөлімдегі жай мөрлер — қоғамдық мөрлер. Мысалы: Қостанай қаласының (1915-16 ж.ж) салық инспекторы А. М. Озеровтің мөрі, ұжымдық «интергельпо«, «өзара көмек» (бұл қырғыз халықтарының өзара көмегі) /Музей материалы/.
- Материалы бойынша:
- металл; (күміс, мыс, ақ металл, темір, қола); 2. ағаш; 3. тас;
Мысалы музей қорында КП 26358/2 номерлі күмістен жасалған дөңгелек пішінді мөр бар. Көлемі – 24 см. Мөрдегі белгілер араб әрпімен жазылған. Онда Ақсақал Ибраһім Ақұнұлы Қасым Ақұн — деп жазылған. Мөр музей қорына 2000 жылы 28 желтоқсанда түскен. Оны музейге С. М. Баширов деген азамат өткізген .
Мыстан жасалған дөңгелек пішінді диаметірі – 6,2 см, мөрдің қалыңдығы — 0,1 см. КП 7911 номерлі мөрдің тұтқасы қалайыдан жасалған оның ұзындығы – 2,7 см. Ортасында өзбек тілінде араб әрпімен жазылып, мөрдің шетін айналдыра орыс тілінде кириллица әріпімен жазылған.
Арап әрпімен мөрге бес қатарға ойылып жазылған белгілер:
- B.H.S.C.
- Sarqi Buhara hukligi
- wa maliyet makamasi
- muftis himeberi
- 1924
Орыс тіліндегі таңбаны аударғанда: «Бұхара Кеңестік Республикасының Халық Инструкторы. Шығыс Бұхара инспекторының төтенше қаржы комитеті», — деп жазылған.
Темірден жасалған КП 8022/47 номерлі мөр. 1867-1916ж.ж. Торғай облысы № 2 Наурызым болысы биінің мөрі – дөңгелек пішінді арт жағында тұтқасы бар. Тұтқасының ұзындығы — 4,5 см.
Қоладан жасалған КП 8022/15 номерлі мөр. 1867-1916 ж.ж. Торғай облысы №1 ауылдың халық сотының мөрі – дөңгелек пішінді, көлемінің диаметірі – 3,5 см. Мөрдің ортасында «№ 1 ауылдың халық соты», — деп жазылған /Музей материалы/. Музей қорында мөрлер коллекциясының көптігіне байланысты мөрлердің бірнеше үлгілері ғана көрсетіліп отыр.
III. Мөрлер көлеміне байланысты мынадай топтарға жіктеледі:
дөңгелек пішінді; сопақша; екі мүйіз пішіндегі мөр; тік бұрышты; төрт бұрышты; тұтқалы мөрлер. Көлеміне байланысты ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорында дөңгелек пішінді КП 8022/16 номерлі Торғай облысының №1 ауылдың халық сотының мөрі сақтаулы. Мөрді 1867-1916 жылдар аралығында қолданған. Мөрдің көлемінің диаметірі – 3 см, тұтқасының ұзындығы 3,6 см. Мөрдің ортасында «№1 ауылдың халық соты», шетін айналдыра «Торғай облысы Николаевск уезі Сарыой болысы», — деп жазылған.
Сопақша пішінді тастан жасалған КП 11639 номерлі мөр бар. Мөрдің көлемі -1,2 х 1,7 см, биіктігі — 2,6 см. Мөрде араб әрпімен «Мұхаммед-Ахмет», — деп жазылған. Мөрді 1969 жылы Талдықорған қаласының тұрғыны геграфия пәнінің мұғалімі Төлеубаев бақшасын суғарып жатқанда тауып алған. Мөрді шамамен XVIII-XIX ғасырда қолданған.
Тұтқалы ақ металлдан жасалған КП 8022/49 номерлі мөр ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорында сақтаулы. Мөр 1867-1916 жылдар аралығында жасалған. Мөрдің көлемінің диаметірі – 3 см, қалыңдығы — 0,8 см. Мөр Николаевск уезі Ұбаған болысы № 3 ауылдың старшинасыныңкі (3-сурет).
Қортындылай келгенде ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорында сақталған ХІХ ғасырдың 60-90 жылдары мен ХХ ғасырдың ортасында жасалған мөрлердің көлемі бойынша сараптайтын болсақ, басым бөлігі дөңгелек пішінді мөрлер және сол кезеңнің сот билігінде қызмет атқарған тұлғалардың мөрлерінің көпшілігі ілінбелі мөрлер болған.
- 2 Қазақтардағы мөрлердің шығу тарихы
Ежелгі көшпелі қоғамда мөр қолданылғаны жайында жазба деректер баршылық. Далалық көшпенділердің әсіресе көне түріктердің қаған, йабғұ, шад, тархан, бек, әскери қолбасшылары мен батырлары секілді билік иелері арнайы мөр тұтынған. Ол мөрлер мемлекеттік істерде және ру-тайпалық, еларалық қарым-қатынастарда белгілі бір лауазымдық иелерінің куәлігі ретінде кеңінен қолданылды. Мысалы, көне түркі дәуіріне қатысты «Құтлұқ» деген лауазымдық атағы жазылған қола мөр табылған. Жазба деректерде кездесетін көне түрікше «тамға, тамғачы, алтын тамған тархан» деген сол мөр-таңбалардың көне аталымын оның ресми түрде қолданғанын, сол мөрлерді арнайы сатушысы болғандығын айғақтайды.
Мөр мағынасында қазақ хандары мен сұлтандары Орта Азиядағы үлкен игілікті оқымысты даналар татарлар немесе мұсылмандар күнделікті қолданыста парсы тіліндегі «мухр» немесе «моһр» («мохр») сөзін қолданған – бұл «тамға» сөзіне жақын. Түркі тіліндегі жазба деректерде мынадай сөздер «ал тамға», («қызыл мөр») және «көк тамға» («көк мөр») деген сөздер кездеседі /2, 19/.
Қазақтың «таңба» сөзінің мәні де соған ұқсас. М. Қашғари сөздігінде (ХІғ): ел билеушілерінің ерекше белгілері деген мағынада «Хақан не басқа билеушілердің таңбасы» деген анықтама бар.
Қазақтың ежелгі ру таңбалары әр түрлі геометриялық пішіндерді еске салады. Өкінішке орай, таңбалардың мәні мен мағанасын, терең тарихи тамырларын және халқымыздың этникалық болмысымен байланыстыра терең зерттелген іргелі ғылыми зерттеулер жоқ. Олардың басты ерекшеліктері — нақтылық пен қарапайымдылық. Кезінде әмбебап этносаяси нышан ретінде пайдаланылған, әскери байрақтар мен тулардың маңызды элементтері қатарына жатады. Таңбалар қол орнына жүретін мөр ретінде де пайдаланылып келген /3, 77/.
«Таңба» сөзін орыс князьдері де «герб» деген мағанада қолданғаны белгілі. Бірінші Петр патшаның әкесі Алексей Михайлович Романов қол қойған грамоталарда «герб салығы» деген ұғымды білдіретін «тамговой сбор» тіркесі кездеседі. Ғалымдардың пікірінше орыс тілінде осы уақытқа шейін кең қолданылатын «таможня» сөзі «таңба бажы» дегеннен шыққан.
Қытай тарихшысы Фан Сюаньлин «Цзинь династиясының тарихы» атты еңбегінде үйсін тайпасынан шыққан ер жүрек қолбасшы Шы Лэнің ІІІ ғасырда бүкіл Қытайға билігін жүргізіп тұрған кездегі императорлық мөрі туралы кең мағлұмат береді. Ол ғажайып асыл тас қара яшмадан (кварцтың бір түрі) жасалған. Көлемі төртбұрышты (4 пунь мен 7 фень). Ұстайтын тұтқасы таспақа пошымды. Аса бағалы асылтас – оның қолындағы биліктің ерекше қасиетті, маңыздылығын білдірсе, оның түсі – тіршіліктің негізі болып табылатын бес стихияның бірі – судың белгісі, асыл таспақа – сол киелі күштің иесі болып саналған. Төртбұрыш қабырғаларының өлшемдері де тегін алынбаған. Жеті саны – жеті аспан шырағын (Күн, Ай, Шолпан, Меркурий, Марс, Юпитер, және Сатурн) бейнелесе, төрт саны — дүниенің төрт бұрышы деген ұғым береді. Астарында аспан денелерінің (құдайлардың) мейрімі түскен император төл стихиясы күш алып тұрған сәтте шартарапқа бірдей сөзін өткізіп билігін жүргізе бердіге саятын емеуірін жатыр /3, 79/.
Әйгілі «алтын шежіреде» Шыңғыс хан Найман мемлекетін құлатқаннан кейін Таян ханның мөр сақтаушысы – Тататунганы сарай маңында ұстап, өнерін пайдаланғаны жазылған. Найман ханның жеке билік белгісін қойнына жасырып, жылысып бара жатқан Тататунгадан Бати:
- Басқаның бәрі бізге тізе бүгіп жатқанда, сен қайда қашып барасың? Мынаны қайда апарасың? – деп сұрайды.
- Мен өз қызметіме өлгенімше адал болайын деп едім. Бұл таңбаны мәртебелі иесіне табыс етуді ойлағанмын. Үлгермедім.
- Ол неге керек?
- Ием осы таңбаны маған көздің қарашығындай сақтатып, кірген-шыққан қағазға бастырушы еді. Жақсы адамды жат жерге жіберерде сенім көрсету белгісі ретінде пайдаланылады, — деген екен.
Аңыз бойынша, Шыңғыс хан дүниеге келгенде оң қолында яшма асыл тасынан жасалған айдаһарлар патшалығының мөрін уыстап жатқан екен деген сөз бар.
Шыңғыс ханның мөрі алқызыл түсті асыл яшмадан жасалған. Онда «Аспанда – Құдайтағала, жерде қаған құдіретті. Адамзат билеушісінің мөрі» — деген сөздер бар.
Қазақ таңбаларының үлгілері қола дәуіріндегі Беғазы-Дандыбай мәдениеті қазбаларынан табылған. Мысалы, әйгілі этногрф-тарихшы Ә. Марғұлан осы кезеңнің мәдени ескерткіштері арасынан бағаналы руының таңбасына ұқсас белгі көргенін жазады /3, 78-82/.
Бір ғажабы, таңба ұғымы көптеген түркі халықтарына ортақ екені байқалады. Мысалы қырғызша «тамға», — жылғының санына күйдіріп басатын таңба, белгі; қарақалпақша «тамға» немесе «таңба» — қазақшадағыдай мағанада; әзербайжанша «дамға» — таңба, белгі; өзбекше және башқұртша «тамға» — таңба, белгі, мөр. 1882-1892 жылдары Н. Ф. Костанов түркі халықтарына тән үш мыңға жуық таңба үлгілерін жинапты.
Белгілі түріктанушы ғалым В. В. Радлов бұл ұғымның мағанасын «белгі», «ру таңбасы», «мөр» деген сөздермен ашады. Өте ертедегі тасқа қашалып жазылған жазба деректегі нұсқаларындағы мәні де осы пікірдің дұрыстығын дәлелдейді.
А. Дж. Эмре мен А. Н. Кононов сияқты ғалымдар «таңба» сөзінің түбірі «там» — күйдіру, өртеу, жағу деген етістік деп есептейді. Бұл қисынға келетін тәрізді. Қырғыз тілінде де «там» тұтану, от алу деген ойларды береді. Ол қазақ тілінде де «тұтан», «жан» деген сөздердің синонимі. Ел арасында «Сексеуіл оты тамғанша, сексендегі шал өлер, тамуына таз өлер, қызуына қыз өлер» — деген сөз бар.
Таңба — әдетте малға, көбіне жылқының санына күйдіріп басылатын айшық екенін жоғарыда айттық. Бірақ мәселе оның тек қана айырым белгісі емес екендігінде жатыр. Ол — малдың иесі болып табылатын рудың, тайпаның елдің нышаны, меншіктік айғақ міндетін атқарады. Ал мөр ретінде билік белгісі сипатында көрінетіні белгілі. Ел тұтқасын ұстаған, оның мемлекеттік істерін жүргізіп отырған бедел иесінің биліктік нышаны деп қарасақ та, ой төркіні тереңде жатқанын аңғару қиын емес. Таңба, мөрлерге бүгінгі елтаңбаларымыздың тарихи бастауында тұрған мәдени-этникалық мұралар тұрғысында қарайтынымыз да содан.
Таңбалық нышандар, әдетте, тайпаның, рудың бүтін ел құрамындағы халықтардың қасиет тұтқан наным-сенімдерімен, арман-аңсарларымен астасып жатқан киелі белгілерден тұрады.
Шәкәрім шежіресінде түркі халықтарының таңбалары туралы деректер V ғасырлардан белгілі екендігі айтылады. Қазақ руларының таңбалары осы күнге дейін сақталған. Мысалы, тік сыңар сызық немесе дара әліп – қаңлылардың, тік қос сызық, немесе қос әліп – қыпшақтардың, көлбеу немесе тік айқасып қиысқан қос сызық немесе айқыш – керейлердің, бұрыш белгі – наймандардың, дөңгелек – дулаттардың, қос дөңгелек немесе көз – арғындардың, босаға – қоңыраттардың, садақ – адайлардың, құлақты дөңгелек – албандардың, қос құлақты дөңгелек — суандардың, үш құлақты дөңгелек – ботбайлардың, қос құлақты және тік қосылған сызықтар тірескен дөңгелек – сыйқымдардың ру-тайпалық таңбалары саналады.
Олардың әр түрлі бейне-пішіндері тастағы жазуларда, сан алуан материалдық мәдениет үлгілерінде, археологиялық қазбалар кезінде табылған көне мөрлер мен металл ақшаларда жиі ұшырасады /3, 72; 75; 76;/.
Қазақ тілінің сөз қорында таңба, байрақ, жалау, ту деген ұғымдардың болуы халқымыздың өзіне тән рәміздері болғанын көрсетеді. Мөрлердің тарихы ру-тайпалардың таңбаларынан басталады /12, 139/.
Өздерінің күрделі этникалық тарихи даму жолдарында нақты деректерді тым аз қалдырған қазақ рулары мен тайпалары өзіндік таңбаларымен ерекшеленеді. Рулық немесе тайпалық таңбалар мөрлерде де кездеседі. Сондықтан таңбалардың тарихын зерттеудің де маңызы зор. Мұны жекелеген зерттеушілер, атап айтар болсақ, А. Левшин, Ш, Уалиханов, Л, Мейер, А. Харузин, Н. Аристов, Н. Гродеков, М. Тынышпаев, С. Аманжолов және т. б. жақсы түсінді. Алай да олар өмір сүрген кезеңдегі саяси әлеуметтік ақуал және тарихи білімнің жеткіліксіз деңгейі, бұл мәселеде іргелі де салмақты қортындылар жасауға мүмкіндіктер бере қойған жоқ. Сондықтан да рулық таңбалық тайпалардың шығуы туралы әр түрлі көзқарастар орын алды. Қысқартып айтар болсақ, бұл тұжырымдар төмендегдей:
- Руларға таңбаны Оғыз ханның баласы және мұрагері Күнхан таратып берген (В. Радловтың ел аузынан жазып алғаны бойынша);
- Қырғыздар (қазақтар) таңбалар мен белгілерді қол қою үшін және мөр ретінде қолданды. Қырғыздар таңбалар мен белгілерді моңғолдардан алып, Орта Азияға ғана емес, Үндістанға дейін таратса керек. (А. Левшинің айтуы бойынша);
- Таңбалар мен ұрандарды қырғыздарға (қазақтарға) Шыңғысхан таратқан (И. Казанцевтің айтуы);
- Таңбаларда Шыңғысхан тұқымынан тараған хандар әскерлеріндегі қырғыз (қазақ) тайпаларының пайдаланған қаруларының түрлері бейнеленген (М. Иванин мен А. Харузиннің пікірлері);
- Таңбаларды малға белгі салу үшін қазақ руларына Тәуке хан таратып берген (Л. Мейірдің түсіндіруі).
Осыншама сандаған, біріне-бірі хронологиялық және логикалық тұрғыдан мүлде жақындамайтын пікірлер мен тұжырымдардың орын алуының және осы мәселеге көптеген зерттеушілердің назар аударғанының өзі рулық және тайпалық таңбалардың халқымыздың қалыптасу тарихындағы маңызды орнын тағы да дәлелдей түседі.
Алайда, жоғарыда айтылған зерттеушілер пікірлерінің ғылыми тұрғыдан қисынсыздығын Н. Аристов Күлтегін жазуында (732 ж.) түркі тайпалары хандарының таңбаларының бейнеленгенін, мұндай таңбалардың одан да ертеректегі Орхон бойынан табылған тас плиталардан кездесетінін дәлелді түрде айту арқылы көрсетіп береді. Ол аталмыш Орхон-Енисей жазуларындағы 38 әріптің 29-ның қазақ рулары пайдаланатын рулық-тайпалық таңбаларға ұқсас екендігін айта келе: “қырғыз-қазақ таңбаларын руларға қандай да бір болмасын билеуші берген жоқ. Ол мал баққан елдің халықтық өмірінің тарихи-органикалық жемісі болып табылады …”, — деп ескерткен еді. Ғалымның ойынша рулық таңба рулық меншік белгісі. Егер осы қорытындыны мақұлдар болсақ түркілердің рулық-тайпалық таңбаларының тарихи бастаулары Орхон Енесей жазуларымен замандас болып шығады. Н. Аристовтың пікірінше, рулық таңбалар адамзат қоғамында жеке және жанұялық меншік шыға қоймаған, мал тек белгілі бір рудың меншігі болған рулық қауымдастықта пайда болған. Зертеушінің бұл пікірін әлі ешкім байсалды түрде терске шығара алмағанын ескерер болсақ, қазақ руларының тарихы тереңнен басталғанын мойындауға тура келеді.
Алайда бұл айтылғандар жоғарыда әңгімеленген рулық тайпалық таңбалардың генезисі туралы әр түрлі пікірлерді мүлде теріске шығарады деуден аулақпыз. Мысалы, Оғұзханның алты баласынан тараған 24 ұлына үлестірген рулық таңбалар Рашид ад-Диннің “Жылнамалар жинағында” шынында да көрсетілген. Бұл нақты тарихи дерек. Десекте осы деректің өзі де қазақ руларының таңбалары Оғұзханның балаларынан бастау алады деп айтуға негіз бола алмайды. Бұл жерде Оғұзхан ұрпағы бұрыннан түркі тайпаларына бар таңбаны үлестіру салтына мемлекетті нығайту құралы ретінде мән берген /13, 32-34/.
Ал енді қазақ ру-тайпаларды моңғолдардан немесе Шыңғысханнан алды деген пікірге тоқталсақ, бұған негіз болған шағатай тіліндегі ежелгі дерек екенін байқаймыз. Онда Шыңғысхан өзіне бағынған көптеген билеріне “таңбалар, ерекше құстар, ерекше ағаштар” үлестіреді. Шыңғысханнан осындай белгілер алған билер арасында кейінен қазақты құраған тайпалардан Сепкіл Қоңырат би, Майқы би, Тама би, Керейт би тәрізді кісілер бар. Алайда олар Шыңғысханнан алған таңбалар кейінгі қазақ тайпаларының таңбаларына сәйкес келмейді.
Біздің ойымызша, осы тұжырымдардың рулық таңбаларды ерте ортағасырлардағы түркілердің өмірінің саяси-шаруашылықтық қажеттіліктері туғызған дегенге ақиқат жақын тұр. Десек те қазақ ру-тайпаларының ішіне бүккен жұмбақтары аз емес.
Қазақ руларының кейбірінде қосынды (крест) + түріндегі рулық таңбалардың кездесулері де қазақ руларының шығу тегін тәңірге табыну дәуірінен іздеструге итермелейді. Мұндай таңбалар қазақтың төртқара, телеу, сіргелі, керей, адай тәрізді руларында кездеседі. Алтай түріктернің ежелгі тарихына белсенді қалам тартып жүрген Мұрат Әджи қосынды (крест) белгісінің тәңірге табыну кезеңінен бастау алатынын, яғни б. з. д. ІV-III ғасырлардан, б. з. VII ғасырына дейін алтайлық түркілер арасында таралғанын, оны Европаға ғұндар апарғанын тәтпіштеп баяндайды. Мұндай белгілер көк түріктердің руна жазуларында да бар.
Әрине ерте түрік дәуіріндегі тайпалар аттары кейініректе таралған қазақ ру-тайпаларының аттарына өзгешелеу болып келеді. XI ғасырдағы М. Қашқаридің “ Дуани лұғат-ит-түрік” атты еңбегінде оғыз руларының таңбалары мен қазақ руларының таңбаларындағы ұқсастық бар. Мысалы, оғұздардың қынық-қынықтарының рулық таңбасынан қазақтың садыр, матай руларының таңбаларына ұқсастықты байқасақ, осылайша қайықтардан қаңлыларға, ыстыларға, тіліктерге; байұндүрден қоңыраттарға, сары үйсіндерден керейлерге, балталыларға; ибалардан сұпақтарға; салғұрлардан – адайларға, алшындарға; афшаралардан есен темірлерге; бектілілерден – шөмекейлерге; иазғрлардан – алтындарға, төртқараларға; іғдірлерден таздарға, жаппастарға; тұғыртқыдан – шөмекейге, берішке, найманға рулық таңба жақындығын көреміз.
Егер қазақты құраған рулар мен тайпалардың генезисіне байланысты нақты деректер мен материалдардың жеткіліксіздігін, тым аз кездесетінін ескерер болсақ, түркі рулары мен тайпаларының қазақ ру-тайпалары мен таңбалар тұрғысынан жақындығы тарихи мәселенің жаңа қырларын анықтауға меңзейтінін байқар едік.
Осыны айқын аңғарған, VII-VIII ғасырлардағы Қытай сарайының жылқыларға таңбалар салу тәртбін зерттеген қазақстандық шығыстанушы Ю.А. Зуев: Махмуд Қашқаридің және Рашид ад-Диннің кезіндегі рулық таңбаларды” кейінірек кезеңдегі түрік және монғол тайпаларының таңбаларымен салыстыра қарау Орталық және Орта Азия халықтары этногенезін зерттеп білуге қажетті аса құнды материалдар бере алар еді”, — деп жазған еді.
Бұдан шығар қорытынды: қазақ рулары мен тайпаларының арғы тарихын зерттеу дегеніміз, ең алдымен олардың таңбалық белглерін зерттеу болып шығады. Мұны алғаш, айқын аңғарған Н. Аристов болды. Ал оның пікірлерін тереңдете зерттеген С. Аманжолов еді /13, 35/.
Жоғарыда айтылған пікірлердің көпшілігі орыс ғалымдарыныңкі, ал қазақтың заттай дерегі ретінде Таңбалы тасты айтуға болады. Қариялардың айтуы бойынша, ислам дәуірі басталған кезде тамғалы тас маңында көп тайпалар бас қосып, ұлы мереке жасаған. Барлық тайпалардың ұлыс басқаратын адамдары, атақты билері, асқан ерлері жиналып, кеңес құрып қай тайпа қай жерде қоныс ету мәселесін шешкен. Әр бір тайпаның өзіне арнап таңба беріп, ол таңбаның суретін осы тасқа жазып түсірген. Ру таңбасы сол рудың нышанының орнына қолданылған, ру жалаушаларына салынған, қазақтың көптеген ру аттары сол рудың таңбасы арқылы аталған. Мысалы: бағаналы балталы, шанышқылы, ергенекті, тарақты, ашамайды, оймақты т.б.
Тек тайпа ішінде адам саны көбейгенде ғана ішінен рулар бөлініп шығып отырған. Олар өздерінің таңбасын алған.
Таңбалары шыққан тайпаніңкіне бір белгі қосу арқылы пайда болған. Осы заңдылық рулардың шығу тегін анықтауға мүмкіндік береді.
Тайпалық ортақ таңбаға қосымша бір белгі салу арқылы өзінің жаңа белгісін жасау тәсілі Америка үндістері мен Шығыс фин тайпалары арасында да кездеседі.
Орыс халқында / — таяқша, + — крест, * — сауысқанның ізі, — қарғаның ізі, III – деген белгілер болған. Мұндай жеке белгілерді жеке үй иесі иеленген. Балалары әкесінің үйінде тұрғанда осы белгіні пайдаланған. Егер баласы өзіндік отау тіксе, өзінің белгісінен жаңа түрін алған. Жаңа белгіде әкесінің негізгі белгілері сақталған.
Гродековтің көрсетуі бойынша дулат тайпасыныңкі O – дөңгелек. Оның туыстас рулары албандікі – дөңгелек төменгі бөлігінде тік сызық , суандікі – дөңгелек екі бүйірінде екі сызық. Дулат тайпасының ботпай руының дөңгелек жоғарғы бөлігінде екі сызық төменде бір сызық немесе дөңгелек жоғарғы бөлігінде екі сызық төменде крест тәрізді сызық.
Арғы замандарда жазу тегі суреттен басталатыны белгілі. Пиктографиялық жазулардың дамуы барысында идеографиялық жазу пайда болған. Идеографиялық таңба жеке сөзді немесе оның атауын, бөлшегін белгілейді.
Қазақтың ру-тайпалары мен ен-таңбаларын идеограмма деп түсінсек, мұндағы заттық бейне мен ұғымның, таңба мен оның атауына байланысы бар екенін аңғару қиын емес. Өйткені бейнелік идеограммалардың тегінде заттық кескіннің өрнектелгені белгілі. Демек арғынның көз тайпасы, қоңыраттың босаға тайпасы сияқты айғақтық белгілері бар.
“Таңбасыз тай, енсіз қой”, — деген сөз тіркесінде ен мен таңба салуға дейінгі дәуір, мал-мүлік ру-тайпаның ортақ меншігі болған деген ұғым бар. Ол дәуірді суреттегенде қазақтар “Алаш, алаш болғанда, ала тай ат болғанда, таңбасыз тай, енсіз қой болғанда” – деп бастайды.
Таңбалы тастағы орта ғасырда қазақ таңбаларынан жиі кездесетіні үйсін таңбасы ІІІ үш жіп. Ол Енесай бойындағы таңбамен бірдей. Қыпшақ таңбасы // екі жіп, арғын таңбасы «o o» көз Манғолия жазуларында сақталған /10, 3/.
Қорыта айтқанда таңбалар тарихын, мөр түрлерін, терминдер төркінін тереңінен зерттесек әлі талай жаңалықтар табылып, төл мәдениетімізден талай томдар жазылары да анық.
2 ҚР ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ МӨРЛЕР ЖИНАҒЫ
- 1 ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы лауазымдық
мөрлер (сот, би, старшина, болыс)
Көшпелі қазақ қоғамында әлеуметтік аристократияның жоғарғы тобы хандар мен сұлтандар болды. Алғашқы қазақ хандары заманынан бері қарай хандық биліктің мирасқорлық дәстүрі сақталып келді. Мұрагерлік тәртібі жүрмеген жағдайда хандарды билер, батырлар мен сұлтандар арнайы құрылтайда сайлады.
Дәстүрлі қазақ мемлекеттігі дәуірінің жаңа заман кезеңінде қалыптасу және одан әрі дамуының символикалық белгісі қазақ хандары мен сұлтандарының қолданбалы металл мөрлері болды. Олар негізінен әсем нақышты сәні бар ірі күміс жүзіктер түрінде болып, үстіңгі жағына араб әріптерімен мөр иесінің және олардың атақты әкелерінің толық аты-жөні ойылып жазылды. Бұл куәландырғыш белгілерді қазақ билеушілері ішкі іс жүргізудің әр түрлі актілік құжаттарын және халықаралық шарттарды растау үшін қолданды.
Қазақстанның Ресейдің қол астына қарауы XVIII ғасырдан бастап жоғарғы хандық биліктің әлсіреуіне, жүздердің оқшаулануына, соған орай хан ықпалының бірте-бірте әлсіреп XIX ғасырдың екінші жартысында тіпті жойылуына әкеп соқты /14, 256/.
Ресейдің жаңа жерлерді отарлау саясаты кезінде патша соты өзінің қатал жүйесін қолданбады. Әскери басқару жүйесіне бағынатын мемлекеттік органдар ретінде олар өз жұмысын отарлау негізінде жүргізді. Қазақстанды отарлау кезеңінде Ресей әкімшілігі Солтүстік Кавказдағы отарлау мен басқару тәжірибесін пайдаланды.
Отарлау саясатының ең басты міндеті қоғамдық қатынастар ережелерін жергілікті халықтың ережелеріне ұқсас қалыптастыру еді. Осы мақсатта қазақтардың қарапайым құқық ережелерін жиналып, зерттеу жүргізілді. Бұл әдіс Қазақстанның Жетісу, Сырдария обылыстарын отарлауда кеңінен пайдаланылды.
Ресейдің басқару әкімшілік жүйесі енгізіліп, қазақ жеріндегі әкімшілік-басқару кеңселерінде қызмет атқаратын шенеуніктерді дайынауға да көп көңіл бөлінді. Қазақ даласындағы орыс, қазақ шенеуніктерін Орынбор мен Омбы қалаларындағы оқу орындарында дайындады. Орынборда Неплюев училищесі, Омбыда Азиат мектебі болды. Сөйтіп қазақ даласында кеңсе қызметкерлерінің көбі орыстардан қойылатын еді.
ХІХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстандағы сұлтандық билік әлсіреп, оның орнын орыс шенеуніктері алмастыра бастады. Қазақ даласында сұлтандық саяси биліктің орнына әскери полицейлік басқару жүйесі толық орнады. Аға сұлтандардың саяси билігі, жаңа қоғамдық-әлеуметтік дамуға сәйкес келмей, жаңа әлеуметтік топ байлар мен саудагерлер Ресей патшасының қазақ даласының әлеуметтік тірегіне айналды, сұлтандық институт жойылды.
Болыстың басқару жүйесін құрудағы қиындықтың бірі жайылым мәселесі болды. Халықтың наразылығын тудырмау үшін Ресей әкімшілігі жергілікті сұлтандар мен болыс ақсақалдардың пікірлерін ескеріп отырды.
ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары басқару ісі ішінара қайта ұйымдастырылды. Орынбор әкімшілік-саяси жүйесі қамтыған қазақ жерлері 1859 жылы Ресей империясының «ішкі облыстарына» айналды. Олар аталған кезеңге дейін жоғарыдан басқарып келген Сыртқы істер министірлігіне берілді, қазақ жерлерінде Батыс-Сібір әкімшілігі ұйымдастырған әкімшілік-аймақтық бөліністер түрі жағынан сол қоғамның дәстүрлі қоғамдық-ұйымдық құрлымына сәйкестендірілді. 1822 жылғы жарғыда жергілікті басқарудың төменгі буындарын ұйымдастыру ісінде қазақ қоғамына біршама дербестік (Ресей үкіметінің мүдделері үшін) берілген еді. Жарғы бойынша округтік және басқару мекемелеріне сұлтандар арасынан қазақ ұлты өкілдерін «ұсыну» құқығы қалдырылған болатын /4, 29-30 /.
ХІХ ғасырдың ортасынан ғасыр аяғына дейін қазақ жерінің бүкіл аумағы Әскери министірліктің ерекше ережелері бойынша Орал, Сібір, Жетісу, Орынбор казактары әскерлерінің «далалық басқару аудандары» (сол қанат, оң қанат, және т.б.) сияқты әскери терминдер қолданылды.
Ресей үкіметі 1864 жылдың басында қазақ жерлеріндегі әкімшілік-басқару өзгерістерінің жаңа жобаларын және жаңадан қосылған Түркістан өлкесіндегі әкімшілік құрлыстың негіздерін әзірлеуге кірісті.
Дала комиссиясының екі жылдан астам уақыт жүргізген жұмысының нәтижесінде 1868 жылы 7-мамырда Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарын басқару туралы Ереженің жобасы аяқталып, ол 1868 жылы 21-қазанда заң жүзінде бекітілді. 1864 жылы «Ереже» бойынша, қазақ жерінде осы кезеңге дейін өмір сүріп келген «Орынбор қырғыздары», «Сібір қырғыздары», Семей облыстары, Орал және Сібір казак әскерлерінің жерлері сияқты әкімшілік-аумақтық бөліністерден төрт облыс: Торғай, Ақмола және Семей облыстары құрылды. Әр облыс төрт уезге бөлінді. Жалпы алғанда басқару жүйесі үш буыннан: облысты, уездік және жергілікті басқармалар болып құрылды /18, 288/.
Облыстық басқармалар. Орал және Торғай облыстық басқармалары тікелей Орынбор генерал-губернаторлығына, ол Ақмола және Семей облыстық басқармалары Батыс-Сібір генерал-губернаторына бағындырылды. Облыстардың әскери губернаторы мен облыстық басқару билігі облыстық басқармаға біріктірілді. Орал және Торғай облыстарының әскери губернаторларының құқықтары мен міндеттері жалпы империялық мекемелер бойынша, ал Ақмола және Семей әскери губернаторлары – арнаулы Сібір мекемесі бойынша Ресейдің ішкі губерниялар губернаторларының құқықтары мен міндеттері теңестірілді. Облыстық басқарманың төрағасы мен вице-губернаторды генерал-губернаторлармен келісе отырып, ішкі істер министірі тағайындады. Облыстық басқарма жанында кеңсе құрылды.
Уездік басқармалар. Уезд басқармасын басқаруға уезд бастығы лауазымы енгізілді. Ол қызыметке үкімет орыс шенеуніктерін ғана тағайындап, билеуші-сұлтан билігін жоя бастады. Уезд бастықтарының құқықтары мен міндеттері жалпы империялық мекемелер бойынша Ресейдің ішкі губернияларындағы полиция исправниктерінің құқықтары мен міндеттеріне теңестірілді /18, 292/.
Жергілікті басқармалар. Бұл буын уездік қазақ халқы арасындағы азаматтық құқықтық процестерді әкімшлік жағынан тікелей реттеп отыру қызметін атқарды. Уездер болыстармен ауылдарға бөлінді. Болыс басқарушылары — болыс «съездерінде», ауыл старшындары «ауыл жиындарында» сайланды. Бұл лауазымды адамдарды ұстауға арналған қаражатты оларды сайлаған болыстардың халқы қосымша міндеткерлік ретінде төлеп отырды. Шынына келгенде, орыс әкімшілігі қазынадан ешқандайда материалдық қаражат шығармай, патша шенеуніктерінің барлық талаптарын болыс басқарушылары мен ауыл старшындары түрінде төменгі буындағы әкімшілік құрады.
Ресей 20-60 жылдардың аяғында әкімшілік-басқару реформалаудың барысында қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси жүйесін өзінің эканомикалық мүмкіндігіне бейімдеп қайта құрып, олардың ішкі мазмұнын өзгертіп, қиратты. Ресей эканомикалық және саяси ықпалының нақ осы қиратушылық зардаптары ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында апатты салқынын тигізгеніне қарамастан, бұл қоғамның одан әрі дамуына қозғау салды /4, 42-43/.
1886 жылдарға дейін аймақты басқару жұмысын Солтүстік Кавказ әскери генерал-губернаторы атқарды. Ресей империясының Орталық Азияны отарлау нәтижесінде (1865-1867) Жетісу облысы 1865 жылы жаңадан құрылған Сібір генерал-губернаторларының қол астына қарайды, ал Түркістан генерал-губернаторлығы Түркістан өлкесі деп аты өзгертіледі. Жетісу облысында Қазақстан мен Орталық Азияның басқа әкімшілік облыстарындай әскери Министірлікке бағынған әскери-әкімшілік басқару жүйесі бекітілді. Әкімшілік құрылыс сонымен қатар жергілікті халықты басқару құрылымы заңды түрде екі рет (1886 және 1891 жж) қаралды. Біріншісі-«12 маусымнан 1886 жылы Түркістан өлкесін басқару туралы заң». Екіншісі – «1891 жылы 25 науырызда Жоғарыдан бекітілген Түркістан өлкесін басқару туралы заң». Екінші заң біріншісін өзгертпей тек бекіте түсті. Дәл осылай Орталық Азия мен Қазақстан және Батыс Сібір әкімшілік құрылысының ортақ жүйесі қалыптасты.
1891 жылғы заңға байланысты обылыстағылар уезд басқармаларын қадағалады. Жетісу обылысының Алатау аймағында әкімшілік бөліну рулық құрылыс бойынша жүргізілді. Ресей әскери-аймақтық бастығының бұйрығымен ру биі болып «сенімді қазақтар» сайланды. Қазынадан жалақы алмаған олар салықтың бір бөлігін өздері иемденді. Орыс әкімшілігінің жұмысы да қадағалаусыз жүргізілді. Осындай келеңсіздіктерден соң XIX ғасырдың аяғында рулық билер жүйесі әділ сот ретінде өз әрекетін тоқтатты.
Осы мәселелердің бәрі Ресейлік стандартқа сәйкес сот жүйесінің жаңа формаларын ойластыруға итермеледі. Бірақ бұл шаралар ақырын жүргізілді. Қарапайым құқық ережелері мен шариғатты пайдаланған қазақтар баптар мен параграфтарға бөлінетін Ресей соттарын қабылдауы қиынға түсті. Осы уақыттан бастап билер соты күшін жоғалтып, олардың орнына сайланған халық соты келді. Бұған орыс казачествосы мен шаруалардың отарлау саясаты да әсер етті. Құнарлы жерлердің барлығы отарлаушыларға беріліп, жергілікті халық өнімсіз жерлерге ығысты /20, 126/.
Сонымен ХІХ ғасырдың соңына қарай билердің орнына орыс әкімшілігі белгілеген халық соттары келеді. Халық соттары үш жыл мерзімге болыстар жиналысында сайланды. Халық соты жергілікті халықтың ісін қарастырды. Орыс әкімшілігі сонда да қазақтардың қылмыстық істеріне жиі араласып, далалық ереженің 17 бабына сәйкес саяси қылмыстылар мен барымташыларға әкімшіліктік жер аудару жазасын қолданды. Бұл жағдайларда лауазымды адамдардың сөзі мен рапорттарына сүйеніп істерін сотсыз қарады. Осы іс-шаралардың кесірінен жер аударылушы өз алдына сот мекемелеріне сүйеніп өзінің жазықсыздығын дәлелдеу мүмкіндігінен айырылды. Сол сияқты 17 бапты орыс әкімшілігі болыстыққа, халық соттары қызметіне және т.б. лауазымдық орындарға «өз адамдарын» сайлау кезінде қарсы жақтарды ығыстыру үшін пайдаланды. Өзінің не үшін әкімшіліктік жер аударылу жазасын алғанын білмейтіндер көп болды.
ХХ ғасырдың басында мұндай бассыздықтар көбейе түсті. 1907 жылы мамырда өткен далалық генерал-губернатор жиналысында қазақ өкілдері қазақтың саяси қылмыстылары мен барымташыларын халық соттарының қарауына жіберуге, ал орыс пен қазақ қарым-қатынасын әлемдік соттардың қарастыруына ұсыныс жасады. Орыс өкілдерінен құралған комиссия бұл ұсынысты қабылдамады. Қазақтар барымтаны аса ірі қылмысқа жатқызбайтындықтан бұл істерді орыс әлемдік соты қарастыруын жөн деп тапты.
Сөйтіп XIX ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында Ресей империясы шеткі жерлердегі сот жүйесі ортақ жүйеге келтіреді. Бұл шаралардың нақты қадамдарының бірі ретінде халық соты деген лауазымды енгізді. Халық соттары өз қызметтерін 1917 жылы қазан төңкерісі бастала салысымен тоқтатады /18, 97-102/.
1891 жылы далалық ереже сол кезде-ақ аймақтық соттар жүйесін енгізуді қарастырды. Тек 1898 жылы ғана Сырдария, Жетісу, Ақмола, Семей, Торғай обылыстарында заң шығуына байланысты сот жүйесі 1864 жылы шыққан бүкіл Ресейдің сот жүйесін негіздейтін сот жарғысы негізінде құрыла бастайды. Бірақ толығымен сот жүйесі енгізілмеді. Осы заңның 77 бабында болысқа, ауыл старшынына, халық сотына және билерге жергілікті болыстың қаржысына жасалатын ерекше лауазымдық белгілер беріледі делінген. Осы бабтың соңғы сөйлемінде билердің жұмысын нақтылана түседі, әрі аталмыш бап бойынша билер соты шариғат негізінде үкім шығаруға тиісті болды, ал оларды губернатор халыққа сыйлы адамдардан құрамынан таңдап бекітіп отырды.
Түркістан аймағында қолданыста болған қазылар мен билердің лауазымдық белгілерін бекіту бұйрығы сақталмады. Кейіннен дәстүрлі қазақ қоғамындағы би сөзі халыққа мағына жағынан әрі сыйлы, әрі түсінікті болғандықтан «халық соты» деген сөз мүлдем ығыстырылып шығарылды.
Сөйтіп XIX ғасырдың соңында Қазақстан аумағындағы қазақ тұрғындарының істерін бірінші сот инстанциясы ретінде халық соттары қарастырды. Ресми түрде соттар халық соттары болып аталса да қазақтарға олар тек билер соты деген атпен белгілі болды.
Билер сотының қызметіне тоқталмас бұрын «би» сөзінің шығу тарихына тоқталып, зерттеушілердің пікірін анықтасақ билер институтының пайда болу мәселесі «Би» сөзінің этимологиясымен байланысты. Бұған алғаш рет көңіл аударған Ш.Ш. Уалиханов «би» түбірін көне түркінің «бек» және «бей» сөздеріне тіреп, оның негізгі мағанасы «сотты» білдіретінін атап көрсеткен-ді /19, 56-58/. Мұнан кейінгі уақытта А. Леоньтев «би» сөзін «билеу» етістігінен туындата келіп, оның «басқарушы» мағанасында қолданылғанын айтса, В.В. Бартольд «би» түркінің » бек » лауазымының варианты, осман түркілерінде бұл термин «бей» формасында қолданылып, біріншіден қара халықтың да, билеуші династиядан да бөлек тұрған «шонжарларды», екіншіден, тайпа немесе рудың жетекшісі ретінде «князьды», үшіншіден сөздің кең мағанасында кез келген «басқарушыны білдіреді дейді. В. Бартольд тәрізді В. Радлов та «би» сөзінің үш түрлі мағанасын келтірген болатын: «би» – княьз, патша, (царь), қожайын (господинь); «би» – сот (судья); «би» – дана, шешен.
Құрбанғали Халид «Би – бектен, бек — бүюктен» қысқарған атаулар. «Бүюк – үлкен, зор» мағанасында айтылған, — дейді. Кейінгі зерттеулер арасында мұндай тұжырымды О. Сүлейменов қайталайды.
Қазіргі ғылыми-зерттеулердің басым көпшілігі Ш. Уалиханов пен А. Леонтьевтің тұжырымын қолдайды. Т. Сұлтанов келтірілген пікірге қоса, «би» сөзінің ежелгі түркінің «бек» сөзінен бас алатынын және бұл орайда терминінің ХV ғ. дейінгі деректерден мүлдем ұшыраспайтынын айтады. «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы» атты құнды зерттеу еңбегінің авторлары Р. Сыздықова мен М. Қойгелдиев «би» сөзін «бек» сөзінің бір варианты ретінде қарастырып келіп, «бек» – ханнан кейінгі билеушінің титулы, ал «би» вариантымен ру тайпаның басшысын, билеушісін немесе билеуші топтың өкілін атаған деп жазады.
Қарастырылып өткен ғылыми болжамдардың айналып келгенде бір ғана пікір төңірегінде тоқайласып жатқанын байқау қиын емес. «Би» сөзі ежелгі түркінің «бек» сөзінен бас алады да, негізінен «басқару», «билеу», «билік ету» ұғымдарын білдіреді. Олай болса, «би» сөзінің пайда болу уақыты да ежелгі түркі заманына тірелетіні даусыз /5, 19-20/.
Жаңа басқару жүйесінің басшысының міндеті қазақтар арасында мүмкін болатын тәртіпсіздіктің болмауын бақылау, бағынбаған адамдарды ауылдан қуып жіберу, ауыл старшынасының рұқсатынсыз ешкімге кетуге рұқсат бермеу, ауыл қазақтарының іс әрекетін бақылау, салық жинау барлық уақиғаларды аға сұлтанға, династия бастығына хабарлап отыру болды /4, 25/.
ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорында соттардың, билердің, ауыл старшындарының мөрлерін құрайды.
Мыслаы: Верный қаласының халық сотының мөрі дөңгелек, қолдан жасалған, «Верный қаласының халық соты» деген доғал түскен жазуы бар. Сонымен қатар музей коллекциясында бізге белгілі адамдардың — қазақ ғалымдары мен жазушыларының, саяси қайраткерлері мен дәрігерлерінің жеке мөрлері бар. Мысалы: белгілі қоғам қайраткері, «Алаш» партиясының белсенді мүшесі, дәрігер Х. Досмұхамедовтың, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, жазушы Сәкен Сейфуллиннің, дала комиссары Әліби Жангелдиннің, ең алғаш Қазақстанның жер қыртысын зерттеген профессор А.И. Безсоновтың, Ұлы Отан соғысы кезінде емханаларда қызмет атқарған Е.А. Садуақасованың және т.б. тұлғалардың жеке мөрлері сақтаулы /Музей материалы/.
Жылжып жылдар өткен сайын техникалық прогресс те қарқынды даму үстінде. Өмірімізді компьютерсіз, интернетсіз елестете алмайтын болдық. Заман қанша өзгерістерге ұшыраса да мөр сол қаз қалпында қазіргі таңдағы бүкіл жарлықтардың заңдардың, келісімдердің, бұйрықтардың шынайылығын куәландырып, мемлекеттік биліктің бөлінбес бір бөлшегі ретінде айырбасталмайтын құрал рөлін атқарып келеді. «Мөрсіз қай құжат болмасын жәй ғана қағаз» деп бекер айтылмаған ғой. Қорыта айтқанда патшалы Ресей қазақ қоғамында ханды билікті жойып, өз үстемдігін губернаторлыққа бөліп басқарды. Губернаторлықтың құрамындағы уездерді, болыстарды, ауылдарды басқаруға жоғарғы тап өкілдерін өздері арнайы сайлап отырды. Әр басшыға арнайы мөр бекітті. Сол уақыттағы мөрдегі таңбалар отарлық белгілерді айқын көрсетті.
- 2 ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы жеке және жай
мөрлер
Сфрагистика ғылымында жай мөрлердің алатын орны өте зор. Мөрлер туралы мәліметтер бермес бұрын, оның терминалогиялық мәселесіне тоқталсақ.
Жай мөрлер – негізінен бұл мекемелерге, көпшілікке қызымет көрсететін ұйымдарға арналған. Орыс тілінде простие печати деп жазылған егер біз оны қазақ тіліне аударсақ жай немесе қарапайым мөр дегенді білдіреді /11, 158-159/. Осындай жай мөрлердің біразының сипаттамасына тоқталып өтейік. Олар:
26358/3 Құж №111
28.12.2000 ж. Мөр қалам. IX-Xғғ. Қытай. (1930-1939 жж.) Тас, ою өрнек алынған. Тік бұрышты, еңкіштеу. 3,7х2,5х2,3 см.
Оң жақ бөлігінің ортасында дөңгелек отверстие (2мм). Мөрдің біріккен жері- соғылған. Қаламның негізінде бедерлі өрнектер салынған, …………. . Бұл екі қатар және үш айналым. Жетісу жерінен табылған. Мөр қалам соғылған, кірленген.
8597 Құж №4 17.07.1953 ж. Мөр «Оренбург казак әскері Бақалы станицы» (1748-1755) d-3,1 см, һ-3,2 см. Дөңгелек, вертикальды ұзартылған. Оң жақ жоғарғы жағында Ресей мемлекетінің ел таңбасы бейнеленген ( қанатын жайған бүркіт бейнесі) (ел таңбаның 3 түрі). Төменде 3 қатарда жазу: «О.К.В. 3-го Кант Бакалінской станицы» О.К.В. – бұл оренбург казак әскері.
Мөр ескірген, сызат түскен, тұтқасыз.
10072 08.02.1962 ж. Мөр » Пугачев 217 атқыштар полкінің қару жарақ командирі». (1773 ж.) Қола, безендірілген. d-3,4 см, һ -3,5 см.
Дөңгелек, вертикальды ұзартылған. Оң жақ бөлігінде 5 жұлдыз бейнеленген. Айналдырыла жазылған: «Пугачев 217 атқыштар полкінің қару жарақ командирі». Мөр ескірген, сызат түскен.
7884 1952 ж. Мөр -«Лейб – гвардиясы Измайловск полкі» (1830-1839)
мыс, безендірілген d-2,8 см, т-0,2 см. Дөңгелек, монетадан жасалған. Оң жақ жоғарыда Мәскеу қаласының ел таңбасы бейнеленген. Төменде 3 қатарда жазу: «Лейб. гвард. Измаиловск. Полка.» Ортасында – Ресей империясының мемлекеттік ел таңбасы бейнеленген. Мөр ескірген, сызат түскен.
7894 1952 ж. Мөр «14-ші Егор полкі 2-ші Қарабенерротасы». (1830-1940) Қола, безендірілген. d-2,9 см, т-0,3 см. Оң жақ жоғарғы жағында Ресей мемлекетінің ел таңбасы бейнеленген (ел таңбаның 3 түрі) онда ел таңбадағы бүркіт қанатымен лавр жапырақтарын әкеле жатыр, шырақ, екі ат, екі перун жебелерімен және лентасы бар. Осылай аталатын » қанатын жайған бүркіт».
Төменде 3 қатарда жазу: «14-ші Егор полкі 2-ші Қарабенерротасы». «14-ші Егор полкі 2-ші Қарабенерротасы». Мөр ескірген, тұтқасы сынған.
7872 1952 ж. Мөр француздардікі, онда Напален-II баласы Напален-I 1815ж. император кезі бейнеленген. (1815 ж.) мыс, ақ металл, безендірілген, дәнекерленген. d-5 см, т- 0,4 см. Дөңгелек /Музей материалы/.
Музей қорында жай мөрлермен бірге жеке тұлғалардың да мөрлері сақтаулы. Жеке тұлғалардың мөрлері бүгінгі қоғамда, тарих сахнасында алатын орны ерекше.
Сфрагистика ғылымында жеке мөрлердің алатын орны, маңызы өте зор. Жеке мөрлер – атақты тұлғалардың мысалы, жазушы, дәрігер, ғалым және т. б. болған. Мөрді – жеке тұлғалар қызмет барысында, атқарған істерін немесе шығармашылық қызметін айғақтайтын заңдық күші бар құжат ретінде пайдаланды. Осы айғақтың дәлелін айтсақ Орталық Мемлекеттік музей қорында жеке тұлғалардың мөрі сақтаулы. Мысалы, Х. Досмұхамедовтің мөрі ақ металлдан жасалған, дөңгелек пішінді тұтқасы бар, көлемінің диаметірі – 2,3 см, биіктігі – 6,5 см. Мөрдің ортасында “Х.Д.”- деген таңба белгіленіп, мөрді айналдыра “Дәрігер Досмұхамедов” – деп жазылған. Яғни бұл белгілерге қарап біз ол кісі медицина ғылымымен айналысып, үлкен қызмет атқарғанын білуімізге болады. Шынында да Х. Досмұхамедовтің өмірінде атқарған қызметтері осының дәлелі.
Халел Досмұхамедов 1883 жылы сәуірдің 24-інде Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмында дүниеге келген. Ол – Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым. 1894 ж Орал әскери-реалдық училищесінің даярлық класына қабылданып, оны 1902 ж үздік бітіреді де, тағы бір жылға қосымша класта оқуға қалдырылды. 1903 ж Санк-Петербург императорлық әскери медициналық Академиясына латын тілінен қосымша емтихан тапсырып түседі. 1909 ж. академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен бітіріп, офицер ретінде кесінді мерзімдегі әскери міндетін өтеуге жіберіледі. 1913 ж. Орал облысының вице-губернаторы берген №6618 куәлікпен әскери борышын өтеуден босап, Орал облысы Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасады. 1917 ж Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласында облыстық жалпықазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге ат салысты. 1917 ж желтоқсанда П жалпықазақ съезінде жарияланылған Алашорда үкіметі – Ұлт Кеңесі құрамына сайланды. 1918 ж. наурыз айында Ж. Досмұхаметовпен бірге Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен бетпе-бет келісім сөздер жүргізеді. 1920-1921 ж ж. Ташкенттегі Физикалық әдіспен емдеу институтының ординаторы, 1922-24 ж ж. Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі болды. 1927 ж Қазақ педагогикалық институтының доценті болып бекітілді. 1928 ж Қазақ мемлекеттік университетінің әкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарды. 1929 ж осы университеттің профессоры болып бекітілді және Қазақ педогогикалық Институтының проректорлығына тағайындалды. 1930 жылы 15 қыркүйекте қуғын-сүргін саясатында тұтқындалады. 1932 ж 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына бес жылға жер аударылды. 1938 жылы, 26-ншы шілдесі күні Ресейдің Воронеж қаласында үй-ішімен айдауда жүрген жерінде НКВД-ның тұтқынына алынады. Одан Мәскеуге, кейінірек Алматыға жеткізіліп, 1939 жылы, 24-ншы сәуірде “әскери трибуналдың үкімімен атуға бұйрылады”, ал 19-ыншы тамызда “түрме ауруханасында өкпе түбіркілезінен қайтыс болады”. 1958 жылы 11 ақпанда ақталды /21, 11-23/. Х. Досмұхамедовтің мөрін музей қорына 1998 жылы 22 маусымда немересі Д. Е. Абрахимова өткізген ( 4-сурет).
ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорында КП №15920/28 номерлі металлдан жасалған дөңгелек пішінді сақина тәрізді тұтқасы бар мөр сақтаулы. Мөрдің көлемінің диаметірі – 3,4 см. Мөрдің ортасында үлкен әріптермен “дәрігер” деп жазылып оны айналдыра Елизавета Алихановна Садуақасова – деп жазылған (5-сурет).
Садуақасова Елизавета Алиханқызы 1903 жылы 25-шы сәуірде Омбы қаласында дүниеге келген. 1971 жылы 23-шы маусым айында Мәскеу қаласында дүниеден озған. Ол кісі – қазақ совет терапевті, медицина ғылымының докторы (1965), профессор (1966), 1944 жылдан КПСС мүшесі қызметін атқарған. Мәскеу мемлекеттік университетінің медицина факультетін 1927 жылы бітірген. Ол 1928-31 жылы аспирант, 1931-41жылдары СССР Денсаулық сақтау министірлігінде жоғары оқу орындары жөніндегі аға инспектор, Ұлы Отан соғысына қатысқан, СССР медицина ҒА-ның Денсаулық сақтау институтының ғылыми секретары (1945-48), ал 1948-59 ж ж СССР Денсаулық сақтау министірлігінде медициналық статистика бөлімінің меңгерушісі болды. Садуақасова 1959 жылдан өмірінің ақырғы күндеріне дейін әлеуметтік гигиена ғылыми зерттеу институтында статистикалық санитария бөлімін басқарды. Садуақасованың 50-ден астам ғылыми еңбегі бар. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту және 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен наградталған. Е. А. Садуақасова Ұлы Отан соғысы кезінде әскери госпитальда дәрігер қызметін атқарған. Сонда ол соғыстағы жауынгерлердің денсаулығын анықтайтын мәлімет құжаттарына өзінің мөрін басып отырған. Мөр музей қорына 1979 жылы 23-ші тамызда түскен /Муз материалы/.
КП №10182 номерлі дөңгелек пішінді, көлемінің диаметірі-3,5 см, биіктігі -4 см ағаштан жасалған мөр. Мөрдің ортасында РСФСР-дың гербі бейнеленген, гербті айналдыра Социалистік федаративтік кеңестік Ресей мемлекеті, одан кейін Торғай губерниясының әскери комиссары – деп жазылған. Бұл мөрді Әліби Жангелдин 1918-1922 жылдар аралығында жасатқан.
Жанкелдин Әліби Тоқтан ұлы 1884 жылы Торғай облысы, Жанкелдин ауданында дүниеге келген. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату және нығайту жолындағы күрестің көрнекті басшысы, Қазақстанның мемлекеттік қайраткері 1915 жылдан Компартия мүшесі болған. 1903 ж Қостанай орыс-қазақ училищесін бітіріп, Қазан мұғалімдер семинариясына оқуға түсіп, ол 1905 ж революцияға қатысқаны үшін оқудан қуылады. 1911 ж Женевада В.И. Ленинмен кездесіп 1913 ж Қазақстанға оралып ревалюциялық жұмыс жүргізеді. 1917 ж Қазақстанда саяси жұмыстар атқарды: буржуазиылық Уақытша үкіметтің контрревалюция әрекетін әшкерелеп, байлар мен буржуазияшыл ұлтшылдарға, эсерлер мен меньшевиктерге қарсы күрес ұйымдастырды, бұқара халық арасында большевиктер идеясын насихаттады. 1917 ж қарашада РСФСР Халкомсовы Торғай облысының төтенше соғыс комиссары етіп тағайындады. Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі соғыс-ревалюция комитет председателінің орынбасары (1919 ж шілде — 1920 ж қазан), 1938 жылдан ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі, 1951 жылдан оның председателінің орынбасары қызметін атқарды. Ә. Т. Жангелдин Ленин орденімен, Қызыл Ту орденімен наградталған. Торғай облысының бір ауданы, бірнеше ауыл Жангелдин есімімен аталады ( 6-сурет).
ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорында ақ түсті металлдан жасалған КП № 16334/3 номерлі мөр сақтаулы. Тік төртбұрышты мөрдің артында ұстайтын тұтқасы бар, көлемі – 5,7х2,4 см, биіктігі – 2 см. Мөрдің ортасында бір қатарда С. Сейфуллиннің қол таңбасы таңбаланған. Мөрді музей қорына 1980 жылы 19-шы сәуірде С. Сейфуллиннің жиен қарындасы Батырбекова С. А. өткізген /Музей материалы/.
Сейфуллин Сакен (Садуақас) 1984 жылы 15-ші қазан айында қазіргі Жезқазған облысы, Ағадыр ауданы, «Ортау» ауылының «Қарашілік» қыстағында дүниеге келген. Ол – қазақ кеңес жазушысы, қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушы, Қазан революциясына қатысқан ардагер, мемлекет және қоғам қайраткері. Ақмоладағы бастаушы приход мектебінде (1905-1908 ж ж), үш класты қалалық училищесінде (1908-1913 ж ж), Омбыдағы мұғалімдер семинариясында (1913-1916 ж ж) оқыды. 1914 ж Қазан қаласында «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарады, 1917 ж Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берді. Сейфуллин 1917 ж қарашада «Кел, жігіттер» атты өлеңін жазып, Қазан революциясын зор қуанышпен қарсы алды. 1918 жылы 4 шілдеде көтерілісі болып, Ақмола Совдепшілері тұтқындалды. 47 күн ажалмен арпалысқан Сәкен 1919 жылы 3 сәуірде Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шықады. 1920 жылы 7 мамырда Ақмолаға қайтып оралып, Атқару комитеті председателінің орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болды. 1922 ж «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, халық ағарту комиссарының орынбасары 1925 жылы 7 сәуірде халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым орталығының председателі, 12 маусым Қазақтың пролетар жазушылары ассоциациясының (ҚазАПП) басшысы болып тағайындалды. 1927 жылы Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педогогикалық институтының директоры болып жұмыс істейді. «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларын» (1931 ж), «Батырлар жырын» (1933 ж), Ы. Алтынсарин, Ақан сері, Ақмола т.б. шығармаларын жинап (1935 ж), бастырып шығарды. 1974 жылы Қазақстанда, одан тыс жерлерде Сәкенің туғанына 80 жыл толған туылған күнін кеңінен аталып өтті дөңгелек жоғарғы бөлігінде екі сызық төменде (7 — сурет).
КП №10587/11 номерлі ағаштан жасалған тік төртбұрышты мөр музей қорында сақтаулы. Мөрдің биіктігі — 4,2 см, ені — 1,6 см, ұзындығы — 5,5 см. Мөрдің ортасында екі қатарда «Партия жетекшісі профессор А. И. Безсонов» — деп жазылған. Мөр музей қорына № 131 актімен 1965 жылы 17-ші желтоқсанда қабылданған.
Безсонов Андрей Иванович 1875жылы 27-ші сәуірде Төменгі Новгород қазіргі Горький қаласында дүниеге келген – 1962 жылы 26-шы ақпан айында Алматы қаласында көз жұмады. Ол – топырақтану саласындағы кеңес ғалымы, ғылым Докторы (1936 ж ), профессор (1926 ж ), ҚазССР ҒА-ның корроспондент-мүшесі (1946 ж) қызметін атқарған. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1945 ж ). 1898 жылы Петербург университетін бітірген. Қазақстан топырағын (Балқаш маңы, Жоңғар Алатауы, Іле Алатауы, Орт.Тянь-Шань) алғаш зерттеушілердің бірі. 1921-38 ж ж РСФСР-да (Москва, Куйбышев, Башқұртстан) ғылыми зерттеп және педагогикалық жұмыстар атқарады. 1938-51 ж ж СССР ҒА-ның Қазақ филиалында Топырақ секторын басқарып, Қазақ ССР ҒА-ның Топырақтану институтында директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Негізгі еңбектері топырақтану мәселелеріне арналған. Батыс Қазақстан облысының топырақ картасын жасауға өз үлесін қосқан ғалым /Музей материалы/.
ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорында КП № 20403/93 номерлі ағаш пен резеңкеден жасалған мөр бар. Мөр тік төртбұрышты тұтқасыз, көлемінің ұзындығы – 3,5 см, биіктігі – 1,7 см, ені – 1 см. Мөрдің ортасында бір қатарға «А. Нүсіпбеков» — деп жазылған. Мөр музей қорына № 57 актінің негізінде 1986 жылы наурыздың он екісінде қабылданған. Мөрді музей қорына А. Нүсіпбековтің әйелі Зайда Ақышева өткізген.
Нүсіпбеков Ақай 1909 жылы 9-шы желтоқсанда қазіргі Алматы облысы, Кеген ауданы Жалаңаш ауылында дүниеге келген. Ол — қазақ кеңес тарихшысы, республиканың көрнекті қоғам қайраткері. ҚазССР ҒА-ның академигі 1962-1967жылдары корроспондент мүшесі, 1971 жылы Қаз ССР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, 1961 жылы тарих ғылымының докторы, 1963 жылы профессор атағын алған. А. Нүсіпбеков 1918-22 ж ж ұйғыр, орыс кулактарының малын баққан. 1926-32 ж ж Алматы ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, осы техникумның оқытушысы, директоры қызметін атқарады. 1933-34 ж ж Қазақстан Комунисстік Партиясының Алматы облысы Комитетінің сектор меңгерушісі. 1934-37 ж ж Мәскеуде шығыс еңбекшілері университетінде оқыды. 1937-39 ж ж Қазақстан Комунисстік Партиясының ОК-нің мәдени–ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1939-41 ж ж Семейдегі басшы колхоз кадрларын даяралайтын республикалық мектептің директоры 1945 жылдан Қаз ССР ҒА–ның Ш. Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының бөлім меңгерушісі, 1956 жылдан директоры, 1968-76 ж ж ҚазССР ҒА-ның вице-президенті. Қазақстан Комунистік Партияның 13-14 съездерінде 1971-76 ж ж Орталық Комитетке мүшелікке кандидат болып сайланады. Ленин орденімен 1-2—дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен наградталған /Музей материалы/.
КП №21429/69 номерлі тік төртбұрышты мөр музей қорында сақтаулы. Мөр тік төртбұрышты сақина тәрізді тұтқасы бар, ақ металлдан және резеңкеден жасалған. Көлемі – 6,3х1,9 см. Мөрдің ортасында үш қатарда: «агроном-инжинер-зоотехник Нажит Закирович Галиакберов» — деп жазылған. Мөр музей қорына № 432 актінің негізінде 1987 жылы шілденің 17-сі күні қабылданған.
Ғалиакберов Нажиб Закирұлы 1909 жылы 29-шы қараша айында Петропавл қаласында дүниеге келген. Ғалиакберов Н.З. – ғалым, 1944 жылы ауыл шаруашылық ғылылымының кандидаты. 1932 жылы Алматы зоотехникалық – мал дәрігерлік институтын бітірген. 1934-51 ж ж Қазақ мал өсіру ғылыми зерттеу Институтында аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1951-64 жылдары Бүкілодақтық ауыл шарушылық академиясының қазақ филиалында сектор меңгерушісі, 1964 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ КСР Ауыл шаруашылық министірлігінде бөлім бастығы қызметін атқарған. 1930-50 жылдары Қазақтың сиыры мен қалмақтың герефордтық бұқасын будандастыру арқылы ет алуға бағытталған Қазақтың ақбас сиырын шығарғаны үшін бір топ ғалымдармен бірге КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. 1955 жылы Ғалиакберов Нажиб Закирұлы үш рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған /24, 305/.
ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы жеке мөрлер көбіне металлдан және ағаштан жасалған мөрлерді қолданған. Қорыта айтқанда жай мөрлер мен жеке мөрлердің қоғамда алатын орны маңызы өте зор. Құжаттағы жеке мөрлердің таңбасына қарап, ол адамның қоғамда қандай қызымет атқарғанын, оның маңыздылығын, бастысы оның кім екендігі жөнінде толықтай мағлұмат ала аламыз.
3 ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ МӨРЛЕРДІҢ САҚТАЛУЫ
3.1 Музей қоры мен экспозицияда мөрлердің сақталу тәсілдері
Музей қорларын сақтау оның ең маңызды бағытының бірі болып табылады. Қорда сақтау жүйесі мен тәртібін дұрыс ұйымдастыруды қамтамасыз еткенде ғана музей заты сол қалпында сақталады.
Музей қорында сақталынатын барлық заттар өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, табиғи жағдайынан ескіреді, оның химиялық, физикалық-механикалық құрамы біртіндеп өзгереді. Бұл жағдай ауада, температура мен ылғалдылықтың қалыпты процессінде өте жай жүреді, егер ауа құрамының нормалық деңгейі бұзылатын болса бұл процесс тез жүруі мүмкін. Негізінен оның тездетілуі атмосфералық факторларға температура мен ауа ылғалдығыны өзгеруіне, жары сәулесінің түсуіне, ауада зиянды газдардың болуынан және басқа да әр түрлі микроорганизімдердің пайда болуы мен дамуын тудыратын шаң-тозаңдардың пайда болуына әсер етеді. Материлдар құрамының физикалық-механикалық өзгеруі түбінде заттың біртіндеп бүлінуіне алып келеді /26, 214-215/.
Заттардың ескіру процесін мүлдем тоқтату мүмкін емес, бірақ оған ыңғайлы жағдай жасалса, ол ұзақ жылдарға жақсы сақталуы мүмкін. Заттардың қолайсыз жағдайлардың әсерінен сақтау үшін, музейде белгілі бір сақтау тәртібі орындалады. Ол температура ылғалдылық тәртібінің, затты ауадағы зиянкестерден қорғау үшін және биологиялық, механикалық зақымданудан сақтау үшін жүргізілетін іс-шаралардың, апаттан алдын алу және басқа да оқыстан болатын жағдайда қорды қорғау шараларының жиынтығынан құралады.
Сақтау тәртібі музей қорларындағы әр бір заттың сақтау орындарында жасалған мтериалдарының физикалық-химиялық құрамына, жасалу техникасына және көлеміне байланысты жеке ерекшеліктерін ескеретін жағдаймен қамтамасыз етуге жауап береді.
Ал, сақтау жүйесін белгілі бір музей қорының құрамына байланысты музей материалдарын сақтау орындарына белгілі ретпен орналастырумен түсіндіруге болады. Сақтау жүйесі негізгі мынандай үш міндетке жауап беруі қажет: барлық материалдардың сақталу деңгейін қамтамасыз ету, олардың барлығын ғылыми жұмыс үшін пайдалануға мүмкіндік жасау, ұрлануды болдырмау.
Сонымен тәртіп сақтау жүйесіне негізделіп жүргізілетін қор жұмысының бағытын музей қорларын сақтау деп атаймыз /25, 15-17/. Оның негізгі мақсаты қордың сақталу дәрежесін қамтамасыз ету және оның құрамындағы заттарды пайдалану үшін мүмкіндік жасау.
Қорларды сақтау заттардың музейде болған барлық кезеңдерінде: қордағы сақталу орнында, экспозицияда және басқа да орындарға ауыстырылған уақыттарында да жүзеге асырылады.
Музейдегі мөрлердің зақымдануы температура мен ауа ылғалдығының деңгейінен және оның өзгеруінен болады. Температураның өзгеруіне байланысты мөр материалдарының құрамы осының нәтижесінде олардың әр түрлі бөліктерінің арасындағы механикалық байланыстары бұзылады. Температураның өзгеруі ауаның ылғалдығының өзгеруіне алып келеді. Ауадағы жоғарғы ылғалдылық мөр материалдарының химиалық құрамын өзгеріске ұшыратуы мүмкін. Жоғарғы ылғалдылық металл құрамын өзгертетін электрохимиалық процесс – оның тот басуына алып келеді.
Кейбір материалдар температуралық жағдайға өте сезімтал келеді. Мысалы қалайыдан жасалған мөрлерді +18° С-ден төмен температурада сақтау өте қауіпті. Егер оны +13° С-ге дейін төмен температурада ұстаса, бұл материалдың құрлымы өзгеріп «қалайы обасы» ауруына ұшырйды. Мөрде сұр дақтар пайда болып, тесіліп кетуі мүмкін. Ал, балауыздан жасалған мөрлер +25° С-ден жоғары температурада жойылып, құрып кетеді.
Заттарға температура мен ылғалдылықтың әсер етуі бір-бірімен тығыз байланысты. Температураның өзгеруі ылғалдылықтың өзгеруіне алып келеді. Осы себептен «температуралық-ылғалдылық тәртіп» деген түсінік пайда болады. Температура мен ауа ылғалдылығының өзгеруі мөрлердың табиғи ескіруінің ең маңызды факторы болып табылады. Мөрлерді сақтағанда температура мен ылғалдылық жағдайын бір деңгейде сақтаған дұрыс, бұл жағдай негізінен көрме құру барысында, экспозицияны бір орыннан екінші орынға ауыстырған жағдайда аралық температуралық-ылғалдылық көрсеткіші бірдей жерде ұстап, акклиматизациядан өткізу қажет.
Температуралық-ылғалдылық тәртіпті дұрыс ұйымдастыру үшін заттардың тек қандай материалдардан жасалғанын анықтап қана қоймай, оның құрлымын зерттеудің маңызы зор.
Музейге түскен жаңа заттар үшін температуралық-ылғалдылық тәртіпті анықтау барысында оның музейге дейін қандай ортада сақталғанын анықтап алу қажет. Мысалы, музей қорына археологиялық қазба нәтижесінде табылған мөрлер түсуі мүмкін. Оларға қалыпты орта мүлдем өзгеше әсер етеді. Себебі жер астындағы ауа ылғалдылығы мен музейдегі қалыпты температуралық деңгей өте алшақ. Мұндай заттар бірден қорға қабылданбай жеке камераларда сақталады. Себебі жер астынан табылған металлдан жасалған заттарда топырақты коррозия болады, бұл қордағы басқа заттарға да әсер етеді. Металлдағы қатты тоттану процессін ылғалдылықты өте төмен жағдайда ұстағанда ғана тоқтатуға болады. Ал, ылғалды топырақты ортадан археологиялық қазба нәтижесінде алынған ағаш мөрлер үшін керісінше, жоғары ылғалдылықта сақтауды қажет етеді.
Сонымен, музейдегі заттардың сақталу температуралық-ылғалдылық тәртібі олардың материалдарына, құрлымына байланысты анықталып, мамандардың зерттеулеріне негізделіп белгіленеді.
Соңғы уақыттарда жарияланған еңбектерде бір-біріне толық сай келетін деректер жоқ. Бірақ, көптеген материалдарға берілген нұсқауларда аса алшақтық жоқ. Осы нұсқаулар мынандай көрсеткіштерді көрсетеді: металлдар үшін сақталу температурасы +18°-20° С, 50 %-ке дейінгі ылғалдылықта; тастар (оның ішіне құнды, жартылай құнды тастарда кіреді) үшін +15° +18° С және 55-65 %; ағаш үшін +15°-18° С, және 55-60 %; мата үшін +15°-18° С, және 55-65 %; тері, аң терісі бұйымдары үшін +15°-18° С, және 55-60 %; сүйек үшін +14°-15° С, және 55-60 % ылғалдылықта үстау қажет.
Материалдарды кешенді түрде сақтаудың көрсеткіші мынандай: температура +18°±1°С, қалыпты ылғалдылық 55±5% болуы қажет /27, 66-67/.
Музейдегі белгіленген климаттық жағдайың тұрақтылығына әр түрлі жағдайлар әсер етеді. Олар: жылдық маусымдық немесе тәуліктік температураның және сыртқы ауа ылғалдылығының өзгеруі; музей ғимратын салу үшін қолданылған материалдың сипаты; ғимараттың орналасқан жері; музейге келген келерменнің саны.
Маусымдық өзгеріс жыл мезгілінің ауысуына және жылу жүйесіне, ал тәуліктік өзгеріс тәулік бойы температура мен сыртқы ауа ылғалдылығының өзгеруіне тікелей байланысты.
Маусымдық өзгерісті тұрақтандыру үшін музейдегі жылу жүйесін ерте күзде қосып, көктемнің соңғы уақыттарында өшіру керек. Жоғарғы ылғалдылықты жылуды күшейту қажет. Температуралық-ылғалдылық тәртіпті бір қалыпта реттеу үшін желдетудің маңызы зор. Ол ауаның жоғарғы ылғалдылығымен күресуге көмектеседі және оны ауа райының өзгерістерін ескере отырып жүргізеді /28, 80-81/.
Сақтау орындары мен сыртқы ауның ылғалдылығы мен температурасының арасында тым алшақтық үлкен болған жағдайда желдету өте қауіпті. Сондықтан, сыртқы және ішкі температура көрсеткіштері жақын болған дұрыс. Желдеткен кезде кірген ауа музей затына тура тимегені жөн. Ыстық күндері желдетудің қажеті жоқ /25, 174/.
Температуралық-ылғалдылық тәртіпті тұрақтаныру үшін қолданылатын тағы бір әдіс ауаны құрғату немесе ылғалдандыру болып табылады. Сақтау орындарын ылғалдандыру қажет болған жағдайда, өнеркәсіптерде дайындалған әр түрлі ылғалдандырушылар қолданады, жылу көздерінің жанына ылғалды маталар іліп, арнайы ыдыстарға, су құйылып қойылады. Ал, ішкі ауаны құрғату үшін фен тәрізді желдеткіш құрлымы бар құрғатқыштар қолданылады.
Температуралық-ылғалдылық тәртіпті тұрақтандырып реттейтін жоғарыда аталып өткен әдістерден басқа ең тиімді түрі ауаны кондиционерлеу болып табылады. Ауаны кондиционерлеу жүйесі сақтау орындарында қажетті температура мен ауа ылғалдылығын өзгеріссіз ұстап тұрады. Кандиционер бар болғаны мен де температуралық-ылғалдылық тәртібін тұрақты түрде бақылап отыру қажет. Температураны термометрмен ал, ылғалдылықты гигрометр, гигрограф және психометір сияқты аспаптар мен тексеріп отырады. Аспаптардың көрсеткішін тұрақты түрде тәулігіне 2 рет, ал экспозицияда 3 рет температура мен ауа ылғалдылығын тіркеуге арналған журналға жазып отыру керек.
Музей заттарының ескіруіне әсер ететін тағы бір себептерінің бірі – жарық сәулесінің түсуі болып табылады. Сондықтан музейдегі жарықтық тәртіптің маңызы зор. Ол музей заттарына жарық сәулесінің түсуін реттеп, бақылап отырады. Музейдегі жарықтық тәртіп заттардың табиғи ескіруін тежеу үшін қажет. Тәртіп бойынша мөрлерге тұрақты жарық сәулесін мүлдем түсірмей немесе жартылай кейде белгілі бір көлемде түсіру арқылы сақтауға болады. Ол мөрлердің қандай металлдан жасалғанына байланысты анықталады.
Жарықтың әсерінен мөрлер фотохимиялық және физикалық өзгерісткерге ұшырайды. Фотохимиялық өзгеріс мөрлерге ультракүлгін және көзге көрінбейтін сәулелердің әсерінің нәтижесінен болады. Ол мөрлердің сарғайып, түрінің ағаруынан немесе толық түссізденіп кетуінен көрінеді. Табиғи жарық ультракүлгін сәулелерге бай болса, жасанды жарық ішінде люминиценттік шамдар қауіпті. Заттардың физикалық өзгеріске ұшырауы табиғи және жасанды жарықта болатын инфрақызыл сәулелердің әсерінен болады. Әр түрлі материалдан жасалған мөрлерге жарық әр түрлі әсер етеді.
Жарыққа төзімділігі жағынан мөр материалдарын үш топқа бөлуге болады:
- жарыққа төзімділігі жоғары металлдан және тастан жасалған мөрлер;
- жарыққа төзімділігі орташа сүйектен, теріден, былғарыдан, ағаштан жасалған мөрлер;
- жарыққа төзімділігі төмен қағазға, матаға басылған мөрлер жатады.
Мөрлерге жарықтың әсері тек материалына ғана емес, сонымен қатар оның түр-түсіне де байланысты. Мөрдің түсі күңгірт қара болса, онда жарықты сіңіру қасиеті арта түседі. Жарықтың тіке түсуі барлық материалдарға зиянды. Ал, орташа төзімділіктегі мөрлер үшін жарықтық тәртіп әр түрлі болады. Ағаштан жаңғақ, емен, қызыл ағаш, қайың, шырша ағаштарынан жасалған мөрлер оңуы мүмкін. Сүйектен жасалған мөрді сақтау үшін жарық түсуі қажет, жарықсыз сүйектен жасалған мөрлер сарғаяды.
Жарық сәулесіне сезімтал барлық заттарды қараңғы орындарда, арнайы жарықтан қорғайтын әйнектермен қапталған қор жабдықтарында сақтайды. Заттармен жұмыс істегенде бөлме ішіндегі жарық 50-75 лк –тен аспау керек.
Музей жинақтарының дұрыс сақталуы олардың биологиялық зиянкестерден қорғауды ұйымдастыру деңгейіне де байланысты. Өйткені зең саңырауқұлақ, кеміргіштер сияқты биологиялық зиянкестер музей заттарын қатты зақымдауы мүмкін. Сондықтан, музейде олардың пайда болып, тарап кетуіне кедергі жасайтын жағдайлар жасалуы қажет.
Егер музейдегі температуралық-ылғалдылық тәртібі бұзылса, заттар шаң-тозаңданып кетсе, музейдің айналасы ластанатын болса, музейге жаңа түскен мөрлерді дезинфекциясыз қабылданса биологиялық зианкестер үшін ыңғайлы жағдай туады /25, 178/.
Заттарға зең түскен саңырауқұлақтың жұғуы ауа арқылы немесе ауруы бар мөрлер арқылы жүреді. Ауадағы ылғалдылықтың жоғарылауы оның пайда болуының негізгі себебі болып табылады, ал температура тек саңырауқұлақтардың өсуіне әсер етеді. Әсіресе, ол температура +20° +25° С ауа ылғалдылығы 70% жоғары болса өрши түседі.
Заттардың шаң-тозаң басуы да микроорганизімдердің пайда болып, көбеюіне ыңғайлы жағдай жасайды. Зеңденген саңырауқұлақтар мөрлерді механикалық және химиялық жағынан да зақымдайды. Мөрлерде әр түрлі түстегі дақтар қалып қоюы мүмкін. Оларды кейде реставрация барысында қалпына келтіру мүмкін емес. Зеңденген саңырауқұлақ түскен мөрлерді тез арада басқа заттардан бөліп алып, жеке ұстау қажет. Әрине, олардың жағдайын дұрыс анықтау үшін арнайы лабараториялық зерттеулер қажет.
Зеңденген саңырауқұлақтан ауруын болдырмау үшін музей жабдықтарын 2%-ті формальдегидтің спирттік ертіндісімен жиі сүртіп отыру керек /27, 74/.
Музей жинақтарын саңырауқұлақтардан басқа әр түрлі жәндіктер де зақымдайды. Оларды үш топқа бөлуге болады: Ағаш зиянкестері, тері, былғары зиянкестері және қағаз зиянкестері /30, 69/. Әсіресе ағаш кеміргіші – шашел көп тараған. Оның личинкасы (жас личинкасы көзге көрінбейді) ағашты көлбей кеміреді. Оның өсуі екі жылдан төрт жылға дейін жалғасады. Бұл кезеңде заттың ауырғанын анықтау өте қиын. Заттың ауырғаны тек заттың бетінде домалақ тесіктер пайда болғанда ғана белгілі болады. Мұндай заттар фумигациялық камераларда немесе сұйық инсектицидтермен өңделеді.
Биологиялық зиянкестермен күрес жүргізу жұмыстары реставрациялық кеңестің шешімімен және реставраторлардың көзінше не олардың қатысуымен атқарылады.
Музей қорларын сақтауда механикалық нұқсан келу қаупі бірнеше факторларға байланысты: мөрдің жасалу материалына, материал мен мөрдің жасалу технологиясына, сақталу дәрежесіне, шаңның бар жоғына, мөрлердің қойылу тәртібіне, қорабына қарайды. Сондықтан мөрді сатау мәселесін дұрыс шешу үшін оның жасалған материалы мен жасалу әдісін анықтап алу қажет. Нашар сақталған заттар механикалық бұзылуға бейім келеді. Оған шашел тескен ағаштар мысал бола алады.
Механикалық нұқсан келтірмеу үшін сақтаудың дұрыс системасын қлыптастыру мен қатар, музей заттарымен жұмыс істеу тәртібін сақтау керек. Сақтаушының қолы құрғақ, таза болғаны ләзім. Тоқылған қолғап киген оданда жақсы. Мөрдің ең мықты жерінен ұстау қажет. Музей заттарымен жұмыс істеудің тәртібімен тек қор сақтаушылар ғана емес, экспозиция жасаушылар, басқа да зерттеушілер таныс болғаны жақсы.
Қорды сақтаудың ең маңызды істерінің бірі музейдегі заттарға нұқсан келтіретін немесе жоятын жағдайларды алдын алу болып табылады. Сонымен қатар, төтенше жағдайдың алдын алу мүмкін емес жағдайда музей заттарын құтқару мәселесі де маңызды.
Музей қорына өрт үлкен қауіп төндіреді. Оны алдын алудың жолы музейде барлық өртке қарсы режимді қатаң сақтау болып табылады. Бұл режимде бірнеше шаралар қарастырылады: төбедегі жаппаны өртке қарсы сұйықпен өңдеу, қондырғыларды орналастырғанда өртке қарсы ережелерді сақтау, бөлмелерде өртке қарсы қолданылатын инвентармен жабдықтау, өрт дабылын қағатын сигнализация болуы шарт.
Музей тәулік бойы бақылауда болуы тиіс. Дирекция әр бөлімге жауапты адамдарды тағайындайды. Өрт болған жағдайда заттарды көшіру жоспары жасалынып, жаттығулар өткізілуі тиіс. Өрт шыққан жағдайда оны өшіруге және қорды көшіруге кіріседі, қалалық немесе аудандық командасын шақырады. Өрт электор жүйелерінің ақуалынан шығуы мүмкін. Электриктер тәулік бойы бақылау жүргізілуі тиіс. Төтенше жағдайда автономды жарық беру системасына қарастырған жөн.
Музей қорына су мен жылу жүйесінің ақаулығынан да зиян келуі мүмкін. Кептіру кезінде көптеген заттар формасын жоғалтады.
Табиғи зардаптар – боран, су тасқыны, жер сілкіну, жанартаулардың атқылауы, сияқтылардың алдын алу мүмкін емес, алайда олардың музей қорына келтіретін зардабын әлсірету белгілі бір мөлшерде музей құрлысының жағдайына, коммуникацияларына, музей қызметкерлерінің бірігіп жұмыс істеуіне де байланысты.
Музей коллекциясының сақталуына соғыстың болу қауіпі де өте зор. Мұндай жағдайда музей қызметкерлері музей қорындағы заттардың қайсысын бірінші кезекте құтқару керектігін білуі тиіс. Іріктеу жұмысы жоғарғы басқарушы оргондардың нормативтеріне сай жүргізіледі.
Музей қорының сақталуы оның күзету режиміне де байланысты. Ол музей ғимаратының және музей қондырғыларының техникалық жабдықталуына, арнайы күзет қызметінің бар-жоғына байланысты. Бұл режимге музейдің қор сақтау бөлмелеріне көрермендердің кіруін шектеу де жатады.
Музей ғимаратының ұраларында, бірінші қабатындағы бөлмелерінде, шатыр терезелерінде тор болуы тиіс. Барлық терезелерде, ішкі және сыртқы есіктерде, қор және экспозициялық қондырғыларының сенімді құлыптары болуы тиіс. Бағалы металл мен тастар сақталатын ерекше бөлмелерде темір есіктер мен торлар болуы қажет. Кей жағдайда бағалы заттар жалпы бөлмелерде сақталуы мүмкін, бірақ олар сейфтерде, жанбайтын шкафтарда, сақталуы тиіс.
Терезелер сыртқы және ішкі есіктерде күзет сигнализациясы болуы керек. Күзет қызметі азаматтық полициялық немесе аралас болуы мүмкін. Полиция бекеттері әдетте сыртқы күзетпен айналысады, музейдің сыртқы шығатын және кіретін есіктерін күзетеді. Музей қараушыларының экспозициялық залдарда, қор бөлмелерінің, реставрациялық шеберханалардың кіре берісінде тұратын бекеттері болады. Күзетшілердің және материалды жауапты сақташылардың бөлмелерді қабылдау өткізу тәртібін, кілт, пломбир, мөрлерді сақтау тәртібін нормативтік құжаттар негізінде жүргізеді /26, 58-60/.
Сонымен біреге музей қорларындағы мөрлерді сақтап қорғап қана қоймай оны халыққа насихаттап көрсету үшін экспозициялық көрінісін суретші-дизайнерлар жасайды. Музей экспозициясын құру барысында мөрлерді сақтап қорғауымыз қажет. Сондықтан арнайы музей заттарын сақтаудың өзіндік ерекше заңдылықтары бар.
Музей экспозициясындағы заттарды сақтаудың негізгі ерекшеліктері: экспонаттарды сақтаудың комплекстік жүйесінің қажеттігі, экспоаттарды безендіру мен монтаждау, экспонаттар тұрған бөлмеде келермендер құрамының көп болуы.
Экспозициядағы мөрлерді орналастыратын комплекстік жүйе сақтау орындарындағы комплекстік жүйеден өзгеше болады. Себебі мұндағы бір тектес заттар бір шкафка салынып қалыпты жағдайда сақталады. Ал, экспозицияда мұндай заңдылықтар сақталмайды, барлық заттарға ортақ температуралық заңдылықтар сақталады. Мысалы, фотосуретер, металл, шыныдан жасалған бұйыдар әрқашанда бөлек жабдықтарда сақталады. Ал, тақырыптық-экспозициялық комплексті құратын әр түрлі заттар бір сөреге жиі қойыла береді. Бұл сөре ішіндегі микроклиматты құру жарықтық тәртіпті реттеу міндетін қиындатады.
Мөрлерді безендіру мен монтаждау олардың механикалық және химиялық зақымдану қаупін тудырады.
Экспозицияны көру үшін келермендерге жарық керек. Сондықтан, жарыққа аса сезімтал заттарға да жарық түсіруге тура келеді.
Экспозициялық залдардың температуралық-ылғалдылық тәртібі келермендердің келу дәрежесіне де байланысты. Адамдардың көп болуы ауаның температурасы мен ылғалдығын жоғарлатып жібереді. Ауадағы зиянкестердің мөлшері ме құрамы да өсіп кетеді. Мысалы, ауа құрамында көмірқышқылымен шаң-тозаң көбейіп кетеді.
Экспозицияны дайындау барысында осы факторлардың әсеріне қарсы біраз шаралар жасалынады. Экспозициядағы сөрелер шаң-тозаң кірмейтіндей етіп жасалынады.
Экспозицияға қойылатын заттарды таңдауға реставраторлар да қатысады. Бұл заттардың барлығына қажетті консервациялық және реставрациялық шаралар жүргізіледі. Реставраторлар экспонаттардың сақталу дәрежесін тұрақты бақылап отырады. Мысалы материалдың барлық түрінің экспозицияға қойылу уақыты, көшірмесі жасалынған материалдардың уақыты және т.б.
Экспозициялық жиһаздар терезелерден экспонаттарға тікелей күн сәулесі түспейтіндей етіп орналастырады. Терезелерге ультра күлгін сәулесін жібермейтін арайы әйнектер салынуы қажет. Жарыққа аса сезімтал экспонаттар қойылған сөрелер мен терезелер арнайы жарықтан қорғайтын жапқыштармен жабдықталынады. Жасанды жарық көздерінен экспонаттарды 1,5-2 м қашықтықта орналастырады.
Сонымен қатар, келермендердің келуін де реттеп отырған жөн. Бұл ауаның ластануын төмендетеді. Экспозициялық залдарда, сөрелер мен экспонаттардың сапалы түрде тазалап тұрудың да маңызы зор. Терезелер арнайы шаң-тозаң мен биологиялық зиянкестерді жібермей тұратын қондырғылармен жабдықталады.
Экспозицияға қордағы барлық есепке алу кезеңдерінен өткен заттар ғана қойылады. Әр залдың экспонаттарына топографиялық тізімдеме жасалынды.
Сигнализация жүйесі залдарда орнатылған телекамералар экспонаттардың соғылуын болдырмауға көмектеседі /25, 190-191/.
Экспозицияға мөрлерді қою үшін оларды іріктеу барысында ол туралы зерттелген деректер, мағлұматтардың, анық маңыздылығы ескеріледі. Бірақ әр бір зат экспозицияның талабына және оның міндеттері мен тақырыбына байланысты «бағаланады». Экспозицияда музей затының әр бір түрі өзіндік роль ойнайды да, арнайы тәсілмен көрсетуді талап етеді.
Мөрлердің заттық дерек ретіндегі өнегелі-тәрбиелі әсері, ең алдымен, оның адам еңбегінің нәтижесі екендігімен бағаланады. Экспозицияда келермендердің көңілін көбінесе заттық ескерткіштер аудартады. Олардың әсер етуінің негізгі себебі экспозиициялық әдістің көмегімен оны әр қырынан көрсету болып табылады.
Міне, осы заттық ескерткіштер өмірлік шынайылылықтың «ізі», «қалдығы» ретінде өткен оқиғаны куәләндырады. Экспозициядағы заттық ескерткіштердің эстетикалық маңызын да ұмытпау керек.
Заттай деректер ғылым мен білімнің, техниканың дәрежесін сипаттайды, қоғамдық жағдайды суреттейді және оның қай уақытқа жататындығын анықтайды. Тарихи дерек ретінде заттай ескерткіштердің маңызын көру арқылы қорытынды жасай отырып айқындауға болады. Сондықтан да, экспозицияда болған оқиғаның іздері көрініп тұртындай, байқалып тұратын іздері бар экспонаттар: клеймалары бар, даталық басқа да өткен уақыттың дерегін айқын көрсету керек. Олардың белгілерін еркін көріп, қарау үшін арнай жалпақ немесе айналып тұратын, үлкейтіп көрсететін шынының астына қойылады. Олардың мазмұнын мәнін ашып көрсету үшін, оған қосымша сөздік немесе көрнекті түсініктемелер қажет.
Экспозицияда тақырыпты толық ашу үшін музей заттарының және музейден тыс объектілердің қайталама көшірмелері қолданылады. Музей заттарының қайталама көшірмесі оның түп нұсқасына толығымен сай келуі қажет. Оның жасалуы жағынан техникалық әдісі және тәсілі басқаша болғаны мен де түпнұсқа зат туралы түсінік бере білуі керек. Экспозицияда белгілі бір музей жинағының негізінде құрылатын болғандықтан, оның қорында бар бірақ сақтау дәрежесіне байланысты көрмеге қойылуға болмайтын заттардың көшірмесі жасалып, экспозицияда көрсетіледі. Мұнда міндетті түрде түпнұсқа музей қорында сақталған деп аннотацияда көрсетілуі қажет.
Текст экспозицияның қосалқы элементіне жатады. Текст экспозицияның ғылыми дәрежесі мен мәдениетін сипаттайды, және келермендердің экспозицияны қабылдауына әсер етеді. Тексті экспозицияға қосудың қажеттілігі музей заттарының коммуникативті екі дәрежесімен анықталады. Оның бірінші дәрежесі заттың сыртқы белгілері (түсі, көлемі, фактурасы) арқылы берілетін деректермен сипатталады. Ол арнай түсініктемелерді қажет етпейді. Ал, екінші дәрежесі тікелей көру арқылы қабылдануы мүмкін емес белгілерін (мөрдің алынған ортасын, оның тарихи фактілермен және қоғамдық оқиғалармен байланысы) сияқты анықталады.
Психологтардың айтуы бойнша мұндай жазбалар адам көңілін заттың өзінен басқа жаққа аудармайды, керісінше онымен қосылып бірлесе отырып, келермендердің оны қабылдау «коэфицентін» күшейтеді.
Ең алдымен, этикеткада заттың атауы көрсетіледі. Ол есепке алу құжаттарында жазылған атаудың оның тақырыбын ескере отырып, әдеби тілмен беру керек. «Мөр» деген атау келерменге этикеткасыз да түсінікті ұғымға ештеңе қоса алмады. Егер оның жасалған материалын көрсету керек болса, онда ол: «күмістен жасалған мөр» деп жазылады. Ал, егер оның атақты тарихи тұлғаніңкі екенін көрсету керек болса немесе жасаған шебердің есімі керек болса, әрине этикеткның атауы өзгереді.
Өздеріңіз білетіндей экспозицияның мәнін ашу үшін әр түрі материалдарды қолданады. Әр материалдың өзіндік сақталу ерекшеліктері болғандықтан, экспозицияда барлық экспонаттарға ортақ жағдай жасалынады. Қорыта айтқанда, музей қорында экспозицияда мөрлерді сақтаудың өзіндік ерекшеліктері әдіс тәсілдері бар. Мөрлерді сақтаудың маңызы өте зор. Мұндай сала үлкен тәжірибелілікті, ұстанымдылықты қажет етеді.
- 2 Сфрагистикалық материалдарға реставрация және консервация
жасау әдістері
ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорында қоладан жасалған әр түрлі көлемдегі мөрлер коллекцияларын құрайды. Сондықтан да музейлердің негізгі міндеті музей жәдігерлерін зерттеу, экспозицияға қою және сақтау ғана емес, олардың ұзақ сақталуын қамтамасыз ету үшін консервация және реставрация әдістері қолданылады.
Температуралық-ылғалдылық, жарық, биологиялық режимдерді енгізу және сақтаудың өзі музей заттарын консервациялауға жатады. Алайда бұл шаралар көп жағдайда жеткіліксіз болғандықтан, заттарды сақтау үшін химиялық және физикалық құралдарды қолдануды талап етеді. Мұндай консервациялық жұмыстарды тек арнайы дайындықтан өткен реставратор ғана жүргізеді.
Консервация дегеніміз, табиғи ескіру процессін баяулату мақсатында белгілі бір режимдерді енгізу арқылы заттарды сақтау, сонымен қатар, бұзылу процессіне белсенді түрде араласып заттарды бекіту болып табылады /29, 39/.
Заттарда олардың семантикалық дерек ретіндегі құндылығын төмендететін сынған жерлері, нұқсандары немесе кейінен бүлінген тұстары болады. Мұндай жағдайда заттар қайта қалпына келтіріледі. Мөрдің бастапқы кейпін келтіру тек шартты түрде жүреді. Өйткені, материал табиғи ескіру кезінде қалпына келмейтін өзгерістерге ұшырайды.
Реставрация дегеніміз – табиғи ескіру, нұқсан келтіру немесе әдейі өзгерту кезінде заттардың өзгеріске ұшыраған тұстарын бастапқы қалпына барынша жақындату болып табылады /29, 42/. Кейде консервация мен реставрацияның ара-жігін нақты айыру мүмкін емес. Мысалы, заттың бетіндегі зиянды тот пен кірді тазарту оның сақталуына да, бастапқы қалпына келтіруге де жатқызуға болады.
Қордың сақталуын бақылап жүрген қор сақтаушылар мен реставраторлар консервация мен реставрацияны қажет ететін заттарды іріктеп алады. Іріктеуді қордағы заттарды түгендеу кезінде жүргізген дұрыс. Өйткені, түгендеу кезінде әр бір затқа көңіл бөлініп қаралады. Үлкен көлемді заттарды сақтаулы тұрған бөлмесінде қарайды. Көлемі кішігірім арнайы дайындалған столда қалпына келтіреді. Ол үшін столдың үстіне тегіс ақ қағазды төсейді. Мұндай жабу үстінде заттан түскен ұсақ бөліктерін, үгінділерін, талшықтарын тез табуға болады. Олар кейін қалпына келтіру кезінде қажет болады. Сонымен қатар, мұндай столда заттың биологиялық зиянкестердің әсерін байқауға болады. Басқа заттарға жұқпас үшін төсенішті ауыстырады.
Мөрлерді қарауда рефлекторлы лампалар мен ұзын шнур қолданылады. Кей кездерде лупа қолданған жөн. Табылған нұқсандарды – сызық, коррозия, жарық, үгітінділерді сызғышпен өлшейді.
Қаралғаннан кейін оның қорытындысы арнайы кітапқа жазылады. Жазбада мөрдің негізгі сипаттарынан басқа, оның сақталу дәрежесі хронологиялық ретпен жазылады. Бұл белгілі бір уақыт аралығында болған өзгерістерді анықтауға көмектеседі.
Консервация мен реставрациялау өте жауапты іс. Қате көрсетілген диагноз, дұрыс жүргізілмеген жұмыс музей затының жойылуына әкеліп соғады. Жаңа тәсіл мен жаңа құралдарды қолдану өте сақтықты және тиянақты эксперименттік тәсілдерді қажет етеді. Қайталанбас сирек заттарды жөндеу аса маңызды іс.
Консервация мен реставрация жасаудың керектігі, мүмкіндігі құралдары мен тәсілдері жөніндегі мәселелерді арнайы кеңес не комиссия шешеді. Оның шешімі протоколда тіркеледі. Жұмыстың барлық этаптары мен нәтижелерін реставратор арнайы құжатта көрсетеді. Жасалған жұмыс жөнінде қысқаша сипаттама ғылыми сипатталу карточкасына енгізіледі. Бұл құжат заттың спецификалық тарихын айғақтайды. Жылдар бойы осылай жинақталған құжаттар, заттардың реставрацияланған құралдары мен тәсілдерін анықтауға, тәсілдерді жетілдіруге көмектеседі.
Реставратордың музейдегі функциялары көп қырлы. Сақтаушымен бірге ол музей заттарының сақталуын қадағалайды, консервация мен реставрацияны қажет ететін заттарды сұрыптайды да осы жұмысты атқарады, заттардың экспозицияға қойылуы мен тасмалдануы мүмкіндігі жөнінде шешім де оған байланысты. Реставраторлар жүргізіп отырған зерттеу жұмыстары музей заттарын зерттеуші ғылыми қызметкерлерге де пайдалы. Мысалы, заттың материалы мен жасалу техникасын анықтау жағынан көмектесе алады.
Қола адамзат тарихында өте көне құйма болып табылады. Ол адамзат тіршілігіне б.з.д 3-2 мың жылдықта алтын мен мыстың орнына енген еді. Қоланы көптеген ғасырлар бойы қарапайым тұрмыстық заттан бастап, керемет монументтік мүсіндерге дейін әр түрлі заттар жасалып келді. Бүгінгі күнге дейін қола өнер ескерткіштерін жасайтын тамаша материал ретінде өз маңызын жойған жоқ. Реставрация жұмысы әсіресе, музей қорларын археологиялық экспедициядан табылған заттармен жиі толықтырып отыратын жұмыстарда ерекше орын алады. Өйткені жер астынан табылған мыс пен қоладан жасалған көне заттар коррозияға тез ұшырайды. Музей қорына енген коллекцияларды зерттеу үшін оны ең алдымен дезинфекциялап, реставрация жасалынып, оның әрі қарай бүлінбеуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар, музей қорында ұзақ уақыт болған заттарды реставрация жасау да маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Өйткені қола белгілі бір жағдайда ғана коррозияға берік болады. Оның дұрыс сақталмауы және өткен уақыттарда реставрация мен консервацияның дұрыс жүргізбеудің барлығы қола мен мыстан жасалған заттардың бүлінуіне, яғни «ауруға» шалдығуына алып келеді. Қола мен мыстан жасалған заттарды реставрациялау үшін оны алдын ала ғылыми түрде зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Ол үшін мыналардыы ескеру қажет: а) қола мен мыстың құрамын анықтау; б) оның бүлінуінің себебі мен сипатын анықтау; г) бүлінген жерді қалпына келтіру барысында, оған зиян тимей, гарантия беретін әдіс-тәсілдер қолдану; Сонымен қатар, реставратор қалпына келтірілген затты дұрыс консервациялау мәселелерін шешіп алуы керек, оған ортаның әсері және бүлінудің қайталануынан сақтау жатады.
Реставратордың жалпы міндеті өнер ескерткіштерінің көркемдік құндылығын қайта қалпына келтіру. Бұл міндетті дұрыс атқару үшін музей жәдігерінің химиялық, физикалық құрамын, мәнін дұрыс түсіну, өнер ескерткіштерін сақтап, қалпына келтіруде жасалған материалдың мәнін, ерекшелігін ескерген де ғана оның көркемдік құндылығын қалпына келтіру мүмкін /28, 30 /.
Адамзат қола мен мыстан жасалған заттарға қашаннан бастап реставрация жасағаны туралы деректер жоқ. Бірақ, коллекциялау мен зерттеу жұмысымен айалысқан адамдар заттарды тазалау, сақтау сияқты мәселелері ертеректен қызықтыруы мүмкін. Реставрациялық жұмыспен немесе сол ездегі тазалау деп аталған жұмыспен коллекционерлер не шебер-қолөнершілер айналысқан. Ұзақ жылдар бойы тазалаудың әдіс-тәсілдерінің тәжрибесі қалыптаса берді. Ал, олардың сәтті әдістері шебердің құпиясы болып, оны ешкімге жария етпей әкеден балаға мұра етіп қалдырып отырды, кейде тазалаудың құпия тәсілдері ешкімге айтылмай шебердің өлімімен жоғалып та кетті.
ХХ ғасырдың басында коллекционерлердің мыстан жасалған заттарды тазалағанда оны ағаш майына қайнатып немесе апта бойына керосинге ұстау сияқты әдістерін қолданды.
Кейбір жағдайларда ғана металлдан жасалған аса бағалы заттарға реставрация жасау процессіне ғалымдар қатысатын болған. Мысалы, 1862 жылы Чартомлыцкий қорғанынан табылған Эрмитаж музейіндегі атақты вазаға реставрациялық жұмысты монета сарайының тәжірибелі химигі Вайсенбергер жасаған /28, 30/.
Тек қана ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ғана металлдан жасалған тарихи маңызы бар құнды заттарды реставрациялау мәселесі ғылыми тәсілде жасау әдістерін қолдана бастады. Сол уақыттағы реставрациялық әдістер туралы мәселені көтерген атақты коллекционер ғалым А.К Марковтың мақаласы борлды («Очистка древних монет» Спб., 1908). Онда алтын күміс, мыс және қола монеталарды тазалау тәсілдері туралы тәсілдері туралы айтылған еді. Бұл мағлұматтық сипатта айтылғанымен маңызы зор, өйткені ол ХХ ғасырдың 20-жылдары жазылған бірде-бір еңбек еді. Ал, сол уақытта көне қоланың табиғи құрамын зерттеп анықтау жоғарғы дәрежеде болды. ХІХ ғасырдың 90-жылдары көптеген атақты химиктер археологиялық қазбадан табылған металл заттардың химиялық құрамын зерттеумен айналысты. Сонымен атақты француз химигі М. Бертело алтын, күміс, қола, мыс және басқа да археологиялық заттардың химиялық анлизін жасады. Анализдердің нәтижелерін зерттеу негізінде ол металлдың құрамы туралы дерек бойынша археологиялық заттарды датасын табу жүйесін анықтап шықты.
ХІХ ғасырдың 90-жылдары Европаның музейлерінде арнайы реставраторлық шеберханалар қалыптаса бастады. Онда реставрацияны ғылыми пән ретінде қалыптасуына аса үлкен роль атқарған ғалым-химиктер жұмыс істеді. Бірінші дүние жүзілік соғыстан кейін, соғыс уақытындағы ауыр жағдайдан зақымдалған музей коллекцияларын сақтап қалу үшін төтенше амалдарды қабылдаудың қажеттілігінен металлдан жасалған заттарды реставрациялаудың ғылыми жағынан дамуы тездетілді. Мұнда 1918 жылы Британ музейінің жанынан ұйымдастырылған реставраторлық лабараторияның жұмысы туралы ағылшын химигі А. Скоттың жарияланған есебінің маңызы зор. Ол есептің маңыздылығы сонда, ондағы материалдарға жасалған реставраторлық әдістердің сипатталған әдістерінің көпшілігі ғылыми негізделген, көптеген эксперементтермен тексерлген және одан әры реставрацияланған заттарға бақылау жасалынған.
Кеңес одағы кезінде көне қоланы консервациялау мен реставрациялаудың ғылыми негізінің дамуында Санк-Петербург қаласындағы Марра атындағы материалдық мәдениет тарихының Мемлекеттік Академияының жанындағы археологиялық технология институтының жұмысы маңызды роль атқарды. Олардың жұмыс нәтижесі реставраторлар методикалық пасобия шығарды (Материалы по методологии археологической технологии). Ал, 1935 жылы «Очерки по методике технологического исследования реставрация и консервация древных металлических изделий» (Известия ГАИМК М-Л, 1935 г вып /30) атты очерк шығарды; Скоттың есебін орыс тіліне аударды.
Ұлы Отан соғысынан кейін музей коллкециясынан соғыстың ауыр зардаптарын жою үшін СССР-да реставрациялық жұмыс анағұрлым белсенді қарқын алды. 1947 жылы М.В. Фармаковскийдің «Консервация и реставрация музейных коллекций» деген кітабы жарық көрді. Бұл еңбек реставраторлар мен қорғаушыларға соғыстан зақымдалған коллекцияларды қорғау мен қайта қалпына келтру мақсатында үлкен көмек болды. Музейлерде бұл уақытта практикалық жұмыстар мен қатар зерттеудің тәсілдерін жетілдіру мен жаңа түрін ашу белсенді ізденістер жүріп жатты. Мынадай бір қатар ғалымдардың еңбектері жарыққа шықты 1947 жылы Аносова және Смирновтің «Способы очистки изделий из бронзы, применямые в Эрмитаже», 60-жылдары И.О. Домбровский «О реставрационной службе», Инкерманский «Археологической экспедиций 1950 г», Н.Т Клинова «Методика реставрация археологического бронзы – Вопросы реставрация и кансервация произведений изоброзительного искуство», — деген еңбектері жарық көрді .
Мыс пен қоладан жасалған көне заттарды реставрациялау барысында мынадай мәселе тууы мүмкін: заттар коррозия өнімдерін толық алып тастау керек пе немесе сол қабаттармен бірге консервациялау керек пе, заттан ол қабаттан толық тазалап алып тастау керек пе деген. Кейбір жағдайда олар алынып тасталып, тазаланған заттың сыртын жылтыратып тонировать ету керек. Бірақ та мыспен қоладан жасалған өнер туындыларын реставрациялау мәселесінде олардың сыртқы әсемдік, көркемдік, эстетикалық талаптары бірден-бір шешуші талап бола алмайды.
Реставрациялық принциптерді таңдауда металлдың химиялық табиғи құрамы, оның бүліну процессінің химиялық мәні болып табылады.
Заттарды өңдеу әдісі туралы шешім және әр түрлі дәрежеде тазалау заттың сақталу дәрежесін ерекшелігін міндетті түрде ескеру қажет.
Мыс пен қолада эмаль тәрізді оны табиғи түрде жақсы сақтап тұратын пленка түрінде болады. Сондықтан оны алып тастаудың қажеті жоқ. Ал, оның әр жерінде ашық жасыл түсті нүктелі коррозия болса, онда патинаны зақымдамай сол тұсын ғана алып тастауға болады.
Реставрацияға түскен қоладан жасалған зат толығымен тексеруден өтуі керек. Заттың сақталу дәрежесі, қышқылдардың сипаты және басқа да деректер анықталып алынуы керек. Тек осыдан кейін ғана затты тазалау әдістері туралы мәселені шешуге болады.
Қола мен мысты реставрациялау барысында тазалаудың үш: механикалық, химиялық, электрохимиялық әдістері қолданылады. Қоланы тазалаудың механикалық әдісін Санк-Петербургтегі Мемлекеттік Эримтажда кеңінен қолданылады. Бұл әдіс заттың патинделген жоғарғы қабатында әр түрлі қошқылдың ошақтары болған жағдайда ғана қолданылады. Олар ақырын ғана скальпельмен алынып тасталады. Егерде ол қышқылдарды алып тастау қиынға соқса, медииналық кішкентай балғамен ұрып түсіру керек.
Кейде сыртын патина жапқан заттар жалпылай тотығу қабатымен жабылған болады. Мұндай заттар механикалық тәсілде жақсы тазаланады. Тот басқан жерін скальпельмен алып тастайды. Ондағы патиналық қабатты зақымдамауға тырысу керек. Кейбір жағдайларда тотықтар алынып тасталғанан соң оның үстінде терең ошақтар қалып қояды. Ондай жерлерді толық тазартып тастау керек. Оны дұрыс тазаламаған жағдайда ол жерде біраз уақыттан соң жаңа тотықтар пайда болуы мүмкін.
Заттарды механикалық тазалаудан кейін сумен жуады, содан кейін екі үш күнге Розенбергтің ылғалдық камерасына салып қояды. Егер де, заттан қышқылдың бәрі алынып тасталмаған болса, онда екі үш күннен кейін онда су тамшылары пайда болады. Алғашында су тамшыларының түсі түссіз болады, біраз уақыттан кейін ол жасылдана бастайды. Ол кепкеннен кейін осы жерде ашық-жасыл түсті ұнтақ пайда болады. Мұндай кезде зат қатты щеткамен тазаланып, сумен жуылады. Содан соң ол қайтадан Розенбург камерасына салынады. Егер екі үш күннен кейін бұл затта қышқылдық ошақтары пайда болмаса, онда бұл зат толық тазаланған болып саналады.
Кейде эмаль тәрізді патинамен жабылған заттарда механикалық тазалауға келмейтін терең коррозиялық ошақтар болады. Мұндай жағдайда, сол орынды ғана тазалау туралы нұсқау беріледі. Қышқылдарды еріту химиялық жолмен жүреді.
Егер эмаль тәрізді патинамен жабылған заттардың қышқылы бар жерден басқасын балауызбен немесе парафинмен жабады. Егерде белгілі бір себептермен мүмкін болмаса, эмальдік қабатты да бүлдіре отырып, затты тұтастай химиялық әдіспен тазалайды.
Тазаланған заттарды алдын-ала қырық отыз минут спиртте ұстап, шкафта кептіреді. Оны кейін қорғаушы қабатпен жабады. Қола заттарын химиялық әдіспен тазалау оксильдер түрлі қышқылдармен ерітуге негізделген. Қоланы реставрациялауға әр түрлі минералды қышқылдар қолданылады. Олар: органикалық құмырсқа қышқылы, лимон қышқылы, сірке суын қолданады.
Құмырсқа қышқылын қолдану барысында жақсы нәтижелер алуға болады. Бұл үшін 15 % құмырсқа қышқылды алып, оксильдерді ерітіп, 60-70º С қыздырған жағдайда тез жүреді. Кейбір қола заттар құмырсқа қышқылымен тазартқаннан кейін қызғылтым түске айналады. Бұл затта мысты өңдеп болған жағдайда болады. Затты ыстық ертіндімен жасағаннан кейін қызыл түсі өзгереді.
Сонымен қатар, 10º С лимон қышқылын қолданады. Химиялық реактивтермен затты жақсылап тазалағаннан кейін оларды сумен тазалап жояды. Оларды ыстық суға 3-4 рет қайнатқан жөн. Әр қайнатқан сайын суын ауыстырып отыру керек. Оны кептіргеннен кейін Розенбергтің ылғалдық камерасына салады. Оны бақылаудың нәтижесіне байланысты, оған келесі операцияға көшуіне болады. Қола заттарды қышқылдардың әлсіз ерітінділерімен тазалау барысында, оксильдерді еріту кей жағдайда өте ұзақ уақытқа созылады. Бұл процесс қола заттарының бетіндегі оксильдердің еріту кей жағдайларда өте ұзақ уақытқа созылады. Бұл процесс қола заттарының бетіндегі оксильдердің қабатының қалыңдығына байланысты ұзақ болуы мүмкін. Мұндай жағдайда қоланы тазалаудың электрохимиялық әдісін қолданады.
Қолаға жүргізілетін электрохимиялық әдіс темірге жүргізілетін әдіске ұқсас келеді.
Бұл үшін затта эмаль ыдысқа салады, оның түбіне майда ұсақталған мырышты жұқа етіп төсейді. Оның үстіне қоланы құяды да толығымен ұсақ цинкті бетіне сеуіп тастайды. Енді ыдысқа электролит құйылады. Ол 10-15 % натрийдің ерітіндісі болып табылады. Электролитті ыдысқа цинктан 3-4 см асып тұратындай етіп құю керек. Мұнда тез арада ауа көпіршектері шығып, реакция береді.
Бұл электрохимиялық процесін былай түсіндіруге болады. Электролиттегі екі түрлі металлдың өзара қарым-қатынасынан электорлық ток қалыптасады. Тазаланып отырған қола заты қарама қайшылық +,- катод, ал мырыш анод болып табылады. Осы элементтің электорлық тогы суды екі бөлікке — сутегі мен оттегіге ыдыратады. Көпіршік тәрізді бөлінген сутегі катодқа бөлініп шығып, қоланы оксильден тазалап, металлдық қола қалпына түседі. Ал, оттегі анодқа бөлініп мырышпен қосылып кетеді. Затты тазалау өте ақырын жүреді. Оны түзету үшін ыдысты отқа қойып екі үш сағат қайнату керек.
Тазалау процессі біткеннен соң ыдыстан затты алып, ағын суға жуады. Содан соң дистилендірген сумен шайып, орамалмен сүртіп, құрғатады. Бұдан кейін затты 30-45 минут таза спиртте ұстайды және сыртқы құбылыстардан сақтау үшін антикоррозиялық қабатпен қаптайды. Ол үшін синтетикалық сымалаға негізделген лак, парафин, балауыз сияқты заттар қолданылады.
Реставраторлық практикада қатты тоттанған тек қана жалпы тотықтан ғана тұратын қола заттарын тазалауға тура келеді. Мұнда реставрацияың негізгі міндеті оны ғылыми зерттеу үшін оның формасын анықтау және уақытша консервациялау болып табылады. Мұндай қатты зақымдалған заттарды химиялық және электрохимиялық тазалау оларды толық бүлдіріп алу қауіпін тудырады. Мұндай жағдайда тек қана затты тазалаудың механикалық әдісін ғана қолдану керек. Заттан оксиль скальпель немесе басқа да құралдармен ақырын алынады. Мұнда затты қысуға, затты бүлдіріп алмас үшін құралды ұрып түсіруге болмайды. Оны тазалай отырып, заттың жалпы формасы анықталынып, шығарылады. Бұл тазалауды толық аяқталды деп айтуға болмайды, себебі механикалық тәсілмен оксиль толығымен тазаланбайды. Бірақ, негізгі мақсат орындалды деп санауға болады, өйткені заттан оксиль толық тазаланбағанымен ғылыми-зерттеу үшін затты қолдануға болады.
Археологиялық қазба нәтижесінде табылған, реставрацияға түскен темір мөрлерді оның тотығу қабатына, сақталу дәрежесіне, жағдайына байланысты үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа, жақсы сақталған, тегіс және жұқа тотығу қабатымен жабылған темірлер жатады. Мұндай темір мөрлер жерде ұзақ жатқаны мен де оның формасы өзгеріске аса көп түспейді.
Екінші топқа, сыртқы қабаты қалың тотығу қабатымен жабылған, бірақ, металлдық негізі сақталған темір мөрлерді жатқызуға болады. Заттың тотығуы оның формасы мен көлемін қатты өзгеріске түсіреді.
Үшінші топқа, толығымен темір тотығынан тұратын темір бұйымдар жатады. Мұндай заттардың бетінде қатты тоттанудың әсерінен бүдірлер, ісініп кеткен орындар байқалады. Мұндай заттар ыдырап, қабаттанып кетіп оның алғашқы түрі мүлдем өзгеруі мүмкін. Олар құлағанда, ұрылғанда бөлшектеніп шашылып кетеді.
Темірдің электрохимиялық тәсілі мыста жүргізілген тәсіл сияқты өтеді. Темірді электрохимиялық тәсілмен өңдегеннен кейін сүр түске айналады. Тотықты қабат жұмсарады. Әлі де ылғал заттан тотықты жұқа скальпелмен тазартады. Заттың бетіне сызық түсірмей, өте жай ақырын тазарту керек. Содан соң оның бетін матамен сүртеді. Оны толығымен тазарту үшін қызыл резенкемен өңдейді де, жұмсақ щеткамен тазартып, тотықтың қалдықтарынан затты толық тазартады. Егер тотық бірінші өңдеудің барысында толық тазармаса, ол электрохимиялық тәсілмен тағы да қайта өңдейді /30, 86/.
Жақсы металдық негізі сақталған темір бұйымдарды өңдеудің электрохимиялық тәсілінен басқа мынадай тәсіл қолданылады. Ыстық суда жуылған заттарды он — он екі сағатта 5-10 % -тік едкий натрий ертіндісіне салып қояды. Бұдан кейі оларды ағын сумен жуады, жұмсарған тотықтарды скальпельмен тазартады. Содан мөрді 5 % сірке қышқылына 1-2 % глецирин қосылған ертіндіні салып қояды. 10-15 минутта кейін оны ыдыстан алып, ағын судың астында жуады да, скальпель немесе жұмсақ щеткамен өңдейді. Мөрді қышқылмен өңдеп біткеннен кейін 10-12-сағат тағы да 5-10 %-тік едкий натрий ертіндісінде ұстайды. Содан соң оны дистиллирленген сумен шаяды да, кептіреді.
Таттық қабатының толық кеткенін тексеру үшін, кейбір қауіп тудыратын заттарды дат химигі Розенберг ұсынған ылғалдық камерасына салады. Электрохимиялық тәсілмен тазаланған заттар жылтырап тұрады. Темір мөрлерді сыртқы әсерден қорғау үшін оларды анти коррозиялық заттар қабатымен жабады. Қазіргі уақытта темір үшін бетін жабатын әр түрлі материалдар — май, лак, арнайы смазкалар қолданылады. Бірақ, олар темір мөрлер үшін көп жағдайларда сай келмейді. Заттардың сақталуын қамтамасыз ететін майдың қою және қалың қабаты ғылыми зерттеу немесе музейлік экспозиция үшін көп ыңғайсыздықтар тудырады. Сақтау қабаты ретінде парафин қолданады. Оны мынадай әдіспен жабады: ыдыста парафинді 120º температураға дейін жеткізіп ерітеді, ерітілген парафиннің ішіне темір мөрлерді қайнатады. Парафины бар ыдыстқа алдын-ала тазартып, кептірілген (кептіру шкафында 120º тампературада 30-40 минут ұсталады) темір мөрді салады. Еріген парафині бар ыдысқа оны салғаннан кейін, мөрдің бетінде жұқа парафиндік қабат пайда болады. Парафиндік пленка мөрдің сыртқы бейнесін көрсетіп тұрады.
Кейбір жағдайларда парафинмен жабылған заттардың бетінде ақ дақтар пайда болады. Ол жуған кезде едкий натрийдың толық тазартылмағанның әсерінен болады. Олар мөрді қайтадан суға қайнатқан кезде немесе кептірген уақытта тез кетеді. Содан соң оны тағы да ыстық парафинге салып алу керек. Реставраторлық практикада темір заттарды тазалаудың ингибиторды қолданып, қышқылмен өңдеу тәсілі бар.
Ингибитор дегеніміз – тотыққан белсенді ортаға аз көлемде қосылатын зат. Ол металлдың тоттануын, бүлінуін баяулатады. Металлдарды қышқылмен өңдеу барысында көптеген органикалық заттар ингибитор бола алады.
Ингибитордың металлды коррозиядан қорғайтын қасиеті оның металдық сыртқы бетінде қышқылдық ортаның әсеріне қарсы келе алатын жұқа абсорбоциондық қабат түзуінен көрінеді.
Қорытындылай айтқанда, музейдегі заттарды сақтаудың негізгі қызметі болып табылатын реставрациялық және консервациялық жұмыс өте күрделі зерттеу негізінде жүргізіледі. Ол аса жауапкершілікті талап етеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады – деген бір шындық бар. Көшпенділердің соңғы әулеті біздің ата-бабаларымыздың ұлы далада ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырған төлқұжаты – ол мөрлердегі таңбалар мен жазулар.
Бүгінгі Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғанда ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Тарихи құндылықтарымызды барынша зерттеу мен қайта қалпына келтіру, сақтауға, зерттеуге мән беріп, өткен тарихымызды ұрпаққа жеткізуіміз керек»,- деп ерекше мән беріп айтты.
Қазақ қоғамының саяси билігі жүйесіндегі тарихи дерек айғақтары сақталған орны ҚР Орталық Мемлекеттік музейі.
Орталық Мемлекеттік музей қорындағы мөрлер – бұл болашақ ұрпақ бойындағы патрриоттық сезімді оятып, отан сүйгіштікке тәрбиелейтін, жас буынның дүниетанымын кеңейтіп, оларды ғылыми зерттеу жұмысына жетелейді. Сондықтанда музей қорындағы мөрлер коллекциясы ескерткіш ретінде ұрпақ тәрбиесінде атқаратын орны маңызы зор болмақ.
Жұмысымызды жазу барысында осы тақырыпқа тікелей немесе жанама қатысы бар зерттеулерді мүмкіндігінше қарауға тырыстық.
Мәселен, бірінші бөлімде сфрагистика ғылымының басқа ғылым саласымен тығыз байланыстылығын айта отырып оның пайда болуы мен даму ерекшелігін, қазақ халқында мөрлердің шығу тарихын музей экспозициясы арқылы кеңірек баяндауға талпыныс жасадық. Қазақтардағы мөрлердің шығу тарихын таңбалармен байланыстырып қарастырдық. Себебі ертедегі қазақтардың рулық таңбалық белгілері мөрлерде белгіленіп отырған. Мөрге белді тайпалардың атақты адамдарын шығарып оған өз таңбаларын бастыртқан. Таңба дегеніміз – ру атынан өзіндік идеограммасы, оған қарап оның иесінің қай әулеттен, қай рудан екендігі туралы мәліметтер береді. Осыдан келіп қазақ рулары мен тайпаларына жан-жақты терең зерттеу халқымыздың этникалық тарихына байланысты жаңа, тың қорытындылар мен тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Рулық және тайпалық таңбалар әрбір рулар мен тайпалардың өткен жолын ғана емес, олардың өзара қалай біріккендерін де анықтай түсуге жол ашады.
Диплом жұмысымыздың екінші бөлімінде ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы лауазымдық мөрлердің (сот, би, старшина, болыс) көлемі, жасалу материалы, мөр иесі туралы мағлұматтар беруге тырыстық. Бір айта кететін жайт, көптеген мөрлер музей коллекциясына түспес бұрын талай тарихи иесін ауыстырған болуы керек. Негізінен көпшілігінің көлемі бірдей. Аталмыш мөрлер аты-жөні белгісіз шеберлердің қолымен жасалған.
Музейдің есепке алу бөлімінде мөрлердің музей қорына қалай түскендігі, оны кім әкелгендігі жөнінде мағлұмат алу үшін жұмыс істегенімізде қабылдау актсінің көпшілігінде мөрледі өткізген адамның аты-жөні берілмеген, тіпті кейбір мөрлердің музейге қалай түскендігі жөнінде мағлұмат жоқ болып шықты. Мұның себебін музей қызыметкерлерінен сұрағанымызда кеңес өкіметі тұсында болмасы нәрсе үшін жала жауып, қудалаудың жаппай жүруіне байланысты мөрді музейге өткізген адамдардың аты-жөнін жазбауды өтінгендігін айтады. Себебі мөрлердің басым бөлігі араб жазуымен жазылып, мөр иесі лауазымды тұлғалар мен қазақ зиялылары болғандықтан қудалауға ұшыраймыз деп қорыққан болуы керек.
Жұмыстың үшінші бөлімінде музейдің қор жұмысына оның экспозицияда жалпы сақталу ерекшеліктерін, яғни әрбір мөрдің материалына қарап сақталуын, ғылыми – қосалқы материалдарға жататындығын анықтау және олардың заңды жағынан қорғалуын қарастырдық. Сфрагистикалық материалдар бүлінген жағдайда оған консервация және реставрация жасау әдістерінің қалай жүретіндігін анықтадық.
Жалпы музей қорларындағы күрделі бір мәселе ескерткіш заттардың ескіруі, өзінен — өзі тозығы жетуі. Әсіресе осы жағдайда затарды сақтап қалудағы музей қызметінің, атқарар қызметі ұшан теңіз екендігі айтылды. Мұндайда музейдегі ескерткіштерді қалай сақтауға болады деген сауал туындайды.
Ол үшін ең алдымен музейдің сақтау және қалпына келтіру бөлімінің техникалық мүмкіндігін талапқа сай, бүгінгі техноллогиялық жетістікке сай қайтадан жабдықтау керек. Екіншіден, музейге өкімет тарапынан үлкен қамқорлық қажет. Үшіншіден, жас ұрпаққа бала-бақшадан бастап музейлердің құндылығын ұғындыру қажет-ақ. Бүгінде ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорында мөрлердің 98 түріне ие болып отыр, оның аз бөлігі музей экспозициясында қызмет жасауда, көпшілігі қорда сақтаулы, қорда мөрлердің саны көп болғанымен, өкінішке орай музейде бір ғана экспозициялық сөреде көрсетумен шектеліп отыр. Әрине мөрлерді экспозицияда кең көлемде көрсету біздің ата-бабаларымыздың атқарған істері мемлекет аралық дипломатиялық келісім шарттар жүргізгендігін көрсететін дерек көзі болып табылады. Бұл бүгінгі қоғамда жастардың еңбекке деген белсенділігін арттырады. Мөрлерді насихаттау ұлттық сана сезімді оятып, жас ұрпақты тәрбиелеуге өзіндік үлес қосады.
Зерттеу жұмысын жазудағы мақсатымыз-зерттеу нысанасы ретінде музей қорындағы мөрлердің тарихи маңыздылығын дәлелдей отырып, оның қоғамдағы орнын айқындау, музей жұмыстарын ұйымдастыруда кездесетін қиындықтарды, оларды шешу жолдарын анықтау музейлердегі экспозициялық қор сақтау жұмысының зауанау технологиямен қамтамасыз етілуін баса назарға алу болды. Себебі техника дамыған заманда компьютердің алдында отырған жастарды музейге әкелу үшін, түпнұсқа заттарды сақтап оны насихаттап көрсету бүгінгі күннің қажеттілігі. Ғылыми-зерттеу жұмысының мазмұнын ашу сияқты алға қойған мақсаттарға белгілі бір деңгейде қол жеткіздік деп ойлаймыз.
Қорыта келгенде ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы мөрлерді насихаттау үшін заманауи техникамен жабдықтауды талап етеді, көне мәдениет ескерткіштерін қамқорлыққа алып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру – бәріміздің де ортақ азаматтық парызымыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Лихачев Н. П. Дипламатика (из лекций по сфрагистике). — Москва: ГПИБ, 2001. – 332 с.
- Ерофеева И.В. Қазақ мемлекеттігінің рәміздері (кейінгі орта ғасыр және жаңа заман). — Алматы: «Арқайым», 2001. – 152 б.
- Шаймерденов Е. Ш. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері. — Алматы: «Жеті жарғы», 2001. – 248 б.
- Мәшімбаев С.М. Патшалы Ресейдің Қазақстандағы мемлекеттік басқару мекемелерінің тарихы. Тарих ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Автореферат, – Алматы, 1999. – 49 б.
- Оразбаева А. И. Қазақ қоғамындағы билер институты: тарихи бастаулары, орны және ролі (XVIII ғасыр). Тарих ғылымының кандидатығылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Автореферат, – Алматы, 1998. – 34 б.
- Қартаева Т.Е. Қазақ қоғамының дәстүрлі саяси құрлымы және лауазымдық белгілер («Туркестанские ведомости» газеті және ҚР ОММ-нің қор материалдары негізінде) // Орталық музей еңбектері. — Алматы: “Ғылым”, 2004. — 370-375 бб.
- Какабаев Б.С. Должностной знак народного судьи в дореволюционном Казахстане С. 364-368 // Труды Центрального музея. — Алматы: «Ғылым», 2004. — 364-368 бб.
- Янин В.Л. Актовые печати древней руси X-XV в.в. Т-1. — Москва: Изд. «Наука», 1970. – 226 с.
- Янин В.Л. Актовые печати древней руси X-XV в.в. Т-2. — Москва: Изд. «Наука», 1970. – 367 с.
- Артықбаев. Ж. Таңбалы тас: деректер мен зерттеулер // Қазақ тарихы. 2004. — № – 3-10 бб.
- Каменцева Е.И. Устюгов Н.В. Русская сфрагистика и геральдика. -Москва: «Высшая школа», 1974. – 264 с.
- Нұрғалымова Г.С. Елтаңбалар мен тулар тарихынан // КазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. 2002. — №3 (18). — 139-143 бб.
- Т. Омарбеков Х. Ғабжалилов Ежелгі түркі, қазақ руларының таңбалары туралы // Алаш. Тарихи-этнологиялық ғылыми журнал. 2005. №1 (1). — 32-49 бб.
- Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (XVIII в.) -Т.1. — Алматы: «Білім», 1999. – 288 б.
- Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств XVIII – первой половины XIX вв. // Хан Айшуак (1719-1810)-Т.2. — Алматы: Жеті жарғы, 2001. – 352 б.
- Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств в XVIII – первой четверти XIX вв. // Хан Жанторе (1759-1809)-Т.3. — Алматы: «Білім», 2001.- 365 б.
- Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств XVIII – первой половины XIX вв. // Жангир хан (1801-1845)- Т.4. — Алматы: Наш Мир, 2001. – 364 б.
- Жиренчин К.А. Политическое развитие Казахстана в ХІХ начале ХХ веков. — Алматы: “Жеті жарғы”, 1999. — 248 б.
- Уалиханов Ш.Ш. Таңдамалы. — Алматы: “Жазушы”, 1985. — 258 б.
- Бекмаханов Е.Б. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. (Оқу құралы). — Алматы: «Санат», 1994. – 416 б.
- Досмұхамедұлы. Х. Таңдамалы. (Избранное). – Алматы: «Ана тілі», 1998. – 384 б.
- Иллюстрированная история Казахстана. Т.2. Алматы: АО «Қазақ энциклопедиясы», 2005. – 388 с.
- Энциклапедия символов, знаков, эмблем. Авт, сост: Андреева В, Куклев В, Ровнер А и др. – Москва: «Локид-Миф», 2000. – 556 с.
- «Большая советская энциклопедия» Москва: 1988. – 635 с.
- Музееведение. Музеи исторического профиля. Учебное пособие. Под. Ред проф Левыкина. К. Г. и проф Хербста. В. Москва: 1988. – 268 с.
- Юренева. Т. Ю. Музееведение: Учебник для вышей школы. – 3-е изд., и доп. – Москва: «Академический Проект», 2006. – 560 с.
- Инструкция по учету и хранению музейных ценностей находящихся в государственных музеях СССР. Москва: 1984. – 366 с.
- Зернов А.Б. Воробьев В.П. Основные факторы, вляющие на сохранность музейных предметов // В кн: Актуальные проблемы фондовой работы музеев. М., Вып 13.(Труды НИИК), — 76 с.
- Фармаковский М.В. Консервация и реставрация музейных коллекций. –Москва: 1947. – 165с.
- Курицына. Д. С. Тоскина. И.Н. Вредители музейных предметов (Вопросы профилактики) // В. кн: Актуальные проблемы фондовый работы музеев. М., 1978. Вып 1. (Труды НИИК. Вып 63), — 96 с.
- Шулепова. Э. А. Основа музееведения. Учебное пособие –Москва: «Едиториал УРСС», 2005. – 504 с.