АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Күләш Ахметова шығармаларындағы махаббат тақырыбы

Күләш Ахметова шығармаларындағы махаббат тақырыбы

 

Жоспар

 

         Кіріспе

 

         К.Ахметованың шығармашылық  өмірбаяны…………………….

 

         ІІ Негізгі бөлім

         1 – тарау. К.Ахметова поэзиясының ерекшелігі……………………….

         2 – тарау. К.Ахметова поэзиясындағы махаббат тақырыбы……

 

 

         Қорытынды…………………………………………………………………..

        

         Пайдаланылған әдебиеттер…………………………………………..

 

 

Кіріспе

        

         Дипломдық жұмыстың тақырыбы: Күләш Ахметова шығармаларындағы махаббат тақырыбы»

     Зерттеу тақырыбының өзектілігі:Ұлттық поэзия патшалығына өзіндік өрнек, өзгешеліктерімен келген, адамдық, ізгілік иірімдерін нәзік лиризммен, терең тебіреністі толғамдармен еркін жырлаған — Күләш Ахметова уақыт талаптарын жіті зерделеді. Қайсібір тақырыпты да тереңнен толғап, ақыл-парасат нұрын, көңіл күнделігін, жан-жүрек сәулесін молынан түсірді. Атамекен мұратын, ел-жер тағдырын, адам әлемін алуан ізденіс, түрлі салыстырулар арқылы шебер де шешен жеткізді. Күләш Ахметованың ақындық өнері-талант қуатымен, көркемдік нәрімен, сыр-сезімге толы шындық сипаттарымен даралана түседі. Ақынның махаббат тақырыбындағы өлеңдерінің өзекті мәселесіне үңіліп,өзіндік өрнектерін тану талмай зерттеуді талап етеді.

        Зерттеу нысаны ретінде Күләш Ахметованың лирикасы, әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары мен ол туралы жазылған әдеби сын еңбектері негіз етілді.

    Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Жұмыстың басты мақсаты қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Күләш Ахметованың ақындық әлемін махаббат тақырыбындағы өлеңдері арқылы қарастыру болып табылады.Сол арқылы танымал тұлғаның әдеби процестегі орын-үлесін, ізденіс арналарын, көркемдік мұраттарын, қаламгерлік нысанасын зерделеу. Ақын әлеміне ену,ізденіс арналарына назар аудару,тақырыпты меңгеру, образды ашу,коркемдік амал-тәсілдерді қолдану мүмкіндіктеріне мән беру.                                                             

         Осы мақсатқа жету барысында төмендегі мәселелерді негізгі назарда ұстау міндет етілді:

      — К.Ахметованың өмірі мен шығармашылық ғұмырбаянын жаңа уақыт талаптары тұрғысынан зерттеу мен зерделеу;

      — ақындық өнерін тақырып табиғаты,жанрлық-көркемдік жүйесі,тіл-стиль сипаттары аясында қарастыру;

      — ақын лирикасындағы атамекен мен адамгершілік сезімдерін,жастық пен достық сырларын кеңінен саралау;

  — ақын шығармаларындағы ізденіс мұраттарын, көркемдік таным арналарын, көзқарас эволюциясын зерделеу;

      — ақын өлеңдеріндегі тәуелсіздік тұғыры мен демократия тағылымының көріністерін байыпты барлау;

   — К.Ахметова лирикасын зерттеу негізінде шығармашылық процес табиғатын ашу, өлең-өнердің сырлы да сыршыл сипаттарына ден қою, ақын мұраты мен көзқарас, қолтаңба табиғатына мән беру;

  Зерттеу жұмысында қолданылған әдістер: жүйелеу мен жинақтау, сипаттау мен тұжырым жасау, салыстырмалы талдау мен кешенді түрде қарастыру.

         «Күләш» деген бүкіл халқымызға ардақты есім, бізге «Күләш» десе, алдымен ән келеді. Құлағымызға сыңғырлап күллі қазақ даласын жаңғыртқан оның бұлбұл үні жандүниеңді тербеп, денеңді бір суытып, бір ысытып таңғажайып сиқыр күйге бөленгендей боласыз. Күләш жайлы М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтен бастап, қаншама ақын – жазушылар тебірене жазды. Тербетіле сөз етті. Әнші Күләш жайлы ақын Күляш Ахметова да толғанған, ол:

         Келтірген түрлі сазын, түрлі нәтін,

         Қалдырды ұрпағына мол мұрасын.

         Әлі мен ойланамын өз  ортасы,

         Әлпештей алды ма деп бір Күләшін, — десе біз іштей қуанамыз. Дархан да талантты халқымыз «Күләштардың» қатарын сиретпепті, ел ішінде әншісі де, бишісі де ақыны да мол, олардың  әлі -ақ қайнап, бұрқап шығары сөзсіз.

         Осы орайда Күләш Ахметова жайлы сыр қозғасақ, ол 1946 жылы 25 сәуірде  бұрынғыша Жамбыл облысы, Талас ауданында дүниеге келіп, Үшарал орта мектебін бітірген.

         Үш жыл  медициналық училищеде оқып, оны  1966 жылы тәмамдаған. Он бір жылдан астам уақыт Үшарал медпунктінде меңгеруші қызметін атқарып, кейіннен Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде әдеби қызметкер болып істепті. Артынша, 1968 жылы КАЗ ГУ -ге түсіп, оны 1973 жылы бітірген. Жоғарыдағы оқу орнын тәмамдаған жылы «Қазақстан пионері» газетінің әдеби қызметкері, артынан білім меңгерушісі болады. Күләш Ахметова  1977-1980 жылдар аралығында «Жалын» баспасында қызмет атқарады.

         Ақынның 1975 жылы «Ақ гүлім» атты өлеңдер жинағы  жарық көрді. Осы кітабы Күләшқа үлкен абырой әкелді. Өйткені, бұл айшықты ойға, әдемі суретке  толы жырлар еді. Ақынның екінші жинағы «Сен менің бақытымсың» деп аталады. Осы кітапқа қазақ  поэзиясының көшбасшысы Әбділдә Тәжібаев «Күләш Ахметова ақын» деп аталатын көлемді мақаланы сол кездегі «Лениншіл  жас» газетінде тебірене жазды. Ақын Әбділдә Тәжібаев осы еңбегінде Күләшті нәзік  лирик әрі үлкен ой қорыта білетін терең толғамды, әрі табиғаттың суретін шебер сала білетін суреткер ретінде бағалады. Ақынның осы аталған кітабына «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы» берілді. Күләш Ахметова  он шақты жыр кітапшаларының авторы, солардың ең бастылары: «Жапырақ жаздың жүрегі», «Махаббат жылы», «Мейірім», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Жасыл жағалау», «Ләйлектер қайтып келгенде» т.б.

         Ақынның Әбіш Кекілбаевтың алғы сөзімен «Күн шыққанда күліп оян» атты таңдамалы өлеңдер мен поэмалары «Ана тілі» баспасынан 1986 жылы жарық көрген. Ақынның өлеңдері орыс украин, беларусь, өзбек, тәжік, башқұрт тағы басқа тілдерге аударылған. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.

         Таластың құтты өңірінде көктеп бүр жарған жас қайыңдай талдырмаш қыз мектеп қабырғасында -ақ өлең жаза бастағанын ақынның «Түркістан» газетінің тілшілері жүргізген арнайы сұраунамадағы: «Ең алғаш өлең жазуыма себепкер болған кісі 4-сыныптағы мұғалімім Мәдина апай еді. Бір өлеңнің құрылысын талдап тұрып, «Балалар іштеріңде кім өлең жаза алады?»  — деп сұрағанда мен ғана қолымды көтеріппін.

         «Анама» деген өлеңіммен, Үшаралды сағынғанда  жұптаған шумақтарымды қосып алып келдім. Екі  өлең кешікпей жарық көрді» деген жауабынан аңғарамыз. Студенттік кезеңінде поэзияның қасиетті өлкесінде нәзік сырлы, ыстық сезімді, күмістей сыңғырлаған сұлу әуенді, дарынды өлеңдерімен елең  еткізген ақын кеңінен таныла бастайды. Ақын бір сөзінде: «1968 жылдың көктемінде «Лениншіл жас» газетіне елден екі өлең жіберілді. Іле – шала жарық көрген сол өлеңдеріме Сәбит Мұқанов сол газетте жаңа пікір жазды. Бұл менің әдебиеттегі  ең алғаш естіген мақтауым еді. Үлкен жазушының жомарт бағасы жолымды ашты» деп тебірене сөз еткен  [1.7].  Көп ұзамай ақынның оқырманы молая берді.

         Сөйтіп халқының сүйікті ақынына айналды. Бүгінде оның туындыларының әлемдік поэзияның үлгілері деңгейіне көтерілгенін айта аламыз.

         Кезінде әдебиетіміздің айтулы азаматтары – Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағанбетов, Әбділдә Тәжібаев, көрнекті ақын – жазушыларымыз Тәкен Әлімқұлов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова баспасөз бетінде аталық батасын беріп, ағалық ақ тілектерін айтқан ақын бүгінде толысқан, кемеліне  келген, аты республикамыздан сырт жерлерге де белгілі тұлғаға айналған. Шығармалары бірқатар шетел тілдеріне де аударылған.

         Күләш Ахметова – нағыз ақын. Шығыстың жарық жұлдызы Әл Фараби өзінің «Поэзия өнерінің конондары жайлы» трактатында ақындарды тума, еліктегіш және жасанды деп неге үшке бөледі. Үшке бөледі де ұлы ғұлама «ең ғажайып поэзияны табиғи ақындар ғана жасай алар»  деп бір -ақ кесіп айтпай ма? Олай болса, Күләш Ахметова сол топтың табиғатына жатады.

         Нағыз ақын өзінің алғаш аяқ алысынан -ақ арыны мен адымын, кім екенін бірден айғақтап бере алады. Қолына алғаш қалам ұстағаннан -ақ Күләш – та ақын табиғатын тап басып түсінген.

         «Ақ гүлім менің» деген алғашқы жинағындағы «Ақын» деген өлеңіне назар аударалықшы:

         Апыр-ау қайда мейірім, қайда рақым,

         Болдым ғой төзімімнен айрылатын.

         Өлсең де өлмейтұғын өлең жазған

         Қандай сен  бақыттысың, қайғылы ақын.

         Елінің жан дертін жүрегімен сезіне білген ақынның қайғылы болмасқа қақы жоқ!

         Сен үшін адал перзент, жырың бақыт,

         Ғасырға өзің болып жүр үн қатып…

         Жырыңның бір парағын жыртқаны үшін,

         Жылатты біреу ұлын шырылдатып…

Ақын үшін бұдан асқан бақыт бар ма?

         Ол  — Қазақстан Жастар силығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшыларының бірі. Күләш аудармасымен А.Ахматова, Б.Ахмадуллина, Ә.Межелейтис, А.Межиров, П.Ислам секілді көрнекті ақындардың өлеңдері қазақшаланды. Бергенінен берері көп ақын үздіксіз ізденіс үстінде, жемісті еңбектеніп келеді.

         Жаңа кітапты оқуға кірісердің алдында үнемі өзімізді алдында не күтіп тұрғаны беймәлім алыс сапарға шығуға дайындалған жолаушыдай сезінесің. Әлі де беті парақталмаған жаңа кітапты оқуға зейін қойғаныңда, не болар екен деген тынымсыз ой мазалайды. Жаңа кітап әсерлендіре алмаса, сапарға бекер шығып, түк таппай қажыған жолаушыдай өкініп, рухани әлеміңді байытатын шын жауһардарды тапсаң, сағынышыңды басатын сырласыңды кездестіргендей қуанып, рахаттанасың. Ол кітап кей кездері сені қанаттандырып, ерекше шабыт беріп, бірнеше күн бойы жаңа жыр жинақтарын қолыңа алғанда, есіңе ақынның алдыңғы туындылары түсіп, сол кездегі толқыған сәттерің мен алған әсерлерің санаңа қайта келіп тіреледі. Алпыстың асқарына  шығып отырған қазақтың біртуар ақын қызы  «Бақ», «Құт» кітабында өзінің толысқандығын, кемелденгендігін, ұлттық поэзиядағы өз орнын алғандығын тағы бір толық дәлелдегендей. Кітап түгелдей еліміздің егемендігіне, халқымыздың әдет – ғұрпына, республика жұртшылығының ынтымағына арналған. Қос туындының осылай аталуының өзінде де бір себеп бар секілді. Менің ойымша, ақын еліне, жұртына, қазақтың әрбір отбасына «бақ пен құт дарыса екен», деп қойған сияқты.

         Ұлы қазақтың кең байтақ сахарасын отты жырларымен тербеткен осындай біртуар ақын қызы бүгінде мерейлі  белесіне айбынды абыроймен көтеріліп отыр. Классик Қадір Мырза Әлиевтің: «Күләш – Ахметова – көп ақынның бірі емес. Өз алдына  бөлектеу тұрған сегіз қырлы, бір сырлы тұңғиық ақын» — деуі тегін емес.

         «Заман Қазақстан» газетінде жарияланған тікелей сұхбатта «Даңқ туралы ойыңыз?»  деп қойылған сұраққа: « — Аңшы нені қуса соны алады. Қумаса қалай алады? Білімпаз білімнің соңына ыждахатпен түспесе, оны қалай игереді? Даңқ та сондай. Оған қатты ұмтылған ақын атағын шығарады. Маған даңқ онша қажет болған жоқ. Мен өз дәуірімнің мәуесімін. Өлең үшін үлесімнен, өмір үшін күресім көп болды», — деген жауабынан нағыз ақынға тән тектілікті тани аламыз. [2.15].

         Өткен  ғасырдан бастау алып,  жаңа ғасырда да жалынды да жауһар жырларымен танылған қазақтың айтулы да айбынды ақын қызы Күләш Ахметова өлең өлкесінде өнімді де жемісті еңбек етіп, жыр сүйер жамиғатты әдемі өлеңдерімен тәнті етіп келеді.

         « — Толайым дүнием асым деп айта алмаймын. Артық – кемі көп екенін білемін. Заман солай болды – қаламақысы көп екен деп, кітаптан кітапқа асықтық. Төрт шумақпен  тоқтайтын жерде он шумаққа жеткіздік.

         Өзіме аяны – өзімше жазуға, шынайы жазуға, адал айтуға тырыстым. Кітаптарымды ақтарып отырсам екшелеп ашарлық, есте қаларлық, елге жарарлық жолдар баршылық сияқты» — деп ақын Күләш Ахметова  айтқандай жан  нұрына шарпылған жырларымен көпшіліктің көңілін баураған ақын поэзиясын оқып, ой түйіндемеу мүмкін емес [3.5].

         Қашанда нағыз ақын, кесек талант хақындағы сөз сарқылмайды, қайта күн өткен сайын оның жұмбақ та құпия қырлары гауһар тастай жарқырай ашылып, жан – жағына өз сәулесін  шаша түсері  сөзсіз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І. 1.  Күләш Ахметова поэзиясының ерекшелігі

 

         Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік  көзқарасы мен қолтаңбасы бар, ізденіс пен ізгілікке  жаны құштар, жүрегі жырға, көңілі нұрға толы талантты тұлғалардың бірі – Күләш Ахметова.

         К.Ахметованың ақындығы алыптар тобының асылы мен асқарының сөз өресіне айналады. Ақындық өнер мен көркемдік қабылдау мұраты өмір тәжірибесімен уақыт бедерінен де із береді. Мұны К.Ахметова поэзиясының бел – белестерінен  жіті көруге болады. Айталық, К.Ахметованың алғашқы өлеңдерінде (Атамекен, «Ақпан айы», «Жол», «Қысқы бақта», «Оқырменмен әңгіме», «Көктем де келді», «Ыстық жаз», «Таңертең», «Түнде» тб.) ізденіс іздері адам мен оның еңбегіне құрмет, өмірге құштарлық, игілік пен ізгілік қасиеттері, жыл мезгілдері мен табиғат тамашалары кең орын алған.

         Ақынның аталған өлеңдері адам әлемінің иірім сырлары, өмірдің нұрлы да жарқын сипаттары, еңбек мұраты мен ізгілік, инабат табиғаты сол секілді әр алуан ізденіс, салыстыру мен суреттеулер арқылы беріледі. Бұның бәріне де адалдық пен әділеттілік салтанаты, өмірдің өршіл сипаты, жасампаздық сырлары, еңбек қуанышы  кеңінен көрініс береді.

         Күләштің жырлаған тақырыбы, жанрлық ерекшеліктері, көркемдік стилі жағынан әр алуан. Ол қазақ даласындағы ұлттық идеяны, бүгінгі заман тақырыбын жырлайды. Табиғат толғаныстарын, сезім иірімдерін, адамгершілік пен ұлтжандылықты, жеке адам психологиясын, қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін өлеңдерінің өзекті тақырыптары ете отырып, жаңа идеяны насихаттаушы  ақын ретінде танылды. Күләш Ахметова лирикасының табиғатынан ұлттық болмыс бедері, қазақ тілінің өлең – жыр болып төгілген әрі мен нәрі, шұрайы мен шырайы қиял қанатымен қанаттанып, құштарлық, өнерге сүйіспеншілік сезімдері сырлы да нәрлі  түрде өріс алады.

         Адам өмірін үлгі ету, еңбек мұраттарын бағалау, келешекке үміт арту айқын аңғарылады. Кеше – бүгін байланысы берік те тағылымды. Мәселен, «Мен туған үй» өлеңінде:

         Түрлі достар үйімізде бар біздің,

         Тоғысатын шоғырындай жұлдыздың.

         Балалайка тартып анам, ал әкем

         Әнін салып отыратын қырғыздың, — деп балалық дәуренін сағынышпен еске алу арқылы алтын тамыр – ауылға, кеше  — бүгінге барлау – байлам жасайды [4-10]. Ақын үйді – отан бейнесінде алып, одан нәр – қуат алған адамдар әлемін, еңбек тынысын еркін де көркем, серпінді суреттейді. Ата  — анаға құрмет,  досқа беріктік санды сезім сырлардан да табиғилық, тазалық танылады.

         К.Ахметова поэзиясындағы сыр мен сезім шындығы, тұтастығы – тақырыптық – идеялық сипаттарынан, жанрлық – көркемдік ерекшеліктерінен, тілдік – стилдік қырларынан танылар еді.

         Бұл тұста, әрине, ақын өмір шындығын көркемдік шешімге айналдырар тұста, тақырып табиғатына айрықша мән береді. Ақын кез – келген тақырыпты толғаусыз толғап, қиыннан қиыстырып жаза бермегені ақын аңғарылады. Бұл ретте, әрине, өзі көрген, көңіл сеніп жүрекке берік ұялаған  жайларды ғана тереңнен толғап, шынайы жырлайды. Өзін  толғандырған тақырып табиғатына еркін еніп, оны  әр қырынан танып, қалың көпке ізденіс – көркемділігімен, шеберлік пен шешендікке сай сомды бейне, ұтымды қырларымен жеткізу – Күләш Ахметова ақындығының басты белгілерінің бірі.

          Күләш Ахметова лирикасындағы ізденіс арналары – ауқымды да ағысты, тақырыптары – іргелі де мәнді, көзқарас пен қолтаңба мәнерінен ақиқатты ту етіп, шынайы шындыққа табан тіреу айқын байқалса, мазмұн құрылымынан — ұлт пен ұрпақ мұратына адалдық, ел мен жерге берілгендік, адамдық істі ардақтау, кісілік пен кішілікке ден қою, тарих пен танымға, дәстүр мен дінге, діл мен тілге ерекше мән беріп, көркем де кемел, шебер де шешен жырлайтыны айқын танылады.

          Күләш Ахметованың ақындық өмірінде де өзіндік өзгешеліктер мол. Оның бастысы және қайсібір тақырып, мәселелер  өмір шындығына негізделуінде жатыр. Өлең мұраты, ондағы өмір оқиғасы мен лирикалық қаһарман әлемі осы бағыт, ұстаным аясында кең өріс алады [4.11].

          Күләш Ахметова өмірін өлеңге арнаған. Өмірге өнердің көзімен  қарайды. Сыр мен сезімді қатар ұстайды. Әр кезде шындықтың шырағданы бола біледі. Бұның барлығында да ақындық мұрат айқын. Ұлттық болмыс пен уақыт өрнегі бедерлі. Қазақ әдебиетіндегі қазіргі адым, жер, әлем, орта, гуманизм жеке адам тағдыры мәселелері көтерілуде. Кәдімгі қарапайым адам тіршілігі, психологиясы мен көңіл – күйі өрелі түрде, жоғары әлеуметтік деңгейде  қозғалуда К.Ахметованың лирикалық туындыларында өмір шындығы және қаһарман әлеміне кең орын беріледі.

         К. Ахметованың «Бұлақтағы жұлдыздар» (1982) атты өлеңдер мен поэмасы енген жыр жинағы – ізденіс іздері мол, тақырыбы мен мазмұны бай, көркемдік – рухани әсері жоғары, қолтаңба мен көзқарасы таным – түсінігі айқын, суреттеу амал – тәсілдері, шеберлігі мен шешендігі өзара үйлесім – тұтастық тапқан тағылымды туынды.

         Жыр жинағы  — бес бөлімнен тұрады. Алғашқы төрт бөлім – адалдық пен адамгершілік құндылықтарынан, игілік пен ізгіліктен, еңбек мерейі мен табиғат тамашаларынан тұрса, соңғы бөлімге «Болашақ үшін» деген Б.Момышұлына арналған поэма енген.

         Бұдан басқа, атап айтқанда «Қар жауып тұр қалада», «Күн бұлыңғыр», «Ыстық жаз», «Қызыл алма», «Өмір деген бояу», «Аппақ гүлдер» сынды өлеңдері жаратылыстың ғажайыптарын, жыл мезгілдерінің құбылысын адам әлемімен, оның еңбек әрекетімен, уақыт тынысымен өзара сәйкестікте суреттейді.

         Адам мен табиғаттың ара – қатынасын, аспан асты, жер үсті көріністерін, күн мен түн байланысын, жұлдыздар сырын көңіл толқыны, жан сезім тербелістері негізінде нанымды жеткізетін «Бұлақтағы жұлдыздар» өлеңінен үзінді келтірсек.

         Тыныштықта  тұнжырап тұрды ізгі аймақ,

         Сұлу сурет мойныңды бұрғызбай -ақ.

         Көздің жауын алады жарқ – жұрқ етіп,

         Жұмбақ толқын ішінде жұлдыз қайнап

 

         Өлеңде өмір өрнектерімен бірге табиғат  арқылы да адам әлемін аялау мен бағалаудың мол мүмкіндіктері бар. Ақын табиғат тылсымына үңілу негізінде адамзатқа ортақ мәселелерге назар аударады. Адам мен табиғатты қатар сөз етеді.

         Ортақ тұстарына ден қояды. Сол арқылы табиғатқа адам қолымен жасалып жатқан қиянат кедергілерге қарсылық білдіріледі. Экология мәселесін өткір көтереді.

         К.Ахметова поэзиясында ақынның өмірге деген құштарлығы, өнерге деген шынайы ілтипаты айқын аңғарылады.

         Екіншіден, ақын өлеңдері ойлы да өрнекті, сенімді де серпінді өріс алады.

         Үшіншіден, ақындық өнер табиғатынан өлең өрісінің кең көкжиегі, ондағы шындық пен суреткерлік, шеберлік пен шешендік жүйесі жеткізіледі.

         Төртіншіден, ақын қолтаңбасына шындық өмірдің өрнектері, еңбек ырғақтары, адам әлемінің сырлы иірімдері оңды сипаттарымен, ұнамды қырларымен көрініс береді.

         Бесіншіден, ақынның өлең өрімдері, ондағы өмірден өрбіген шындық сырлары көңілді бертеп, жүрекке қорытылған қалпында суреттейді. Ақын қайсібір құбылыс, көріністерді сырттай қызықтап, үстірт суреттемейді, керісінше көңіл көрігінде шыңдап, жүрек пернесінен өткізіп, содан кейінгі тұстарда ой мен сөз жүйесіне, сыр мен сезім тұтастығына тербеп, талғам – толғаныстарына еніп барып қана қалың көпшілікке ұсынады. Өмір шындығы негізгі нысаны етіліп, осы бағыт – арна мезгіл әуенінен, адам әлемінен, көркемдік таным иірімдерінен кең көлемде танылады.

         Ақын сыры, ондағы көңіл шуағы мен жүрек сыры осында. Ақын шығармаларында байқалған сыршылдық, терең лиризм, романтикалық әуен мен философиялық кеңдік оның лирикасының басты мұратын айқындайды. Парасатты поэзия биігінен көрініп, жемісті еңбегімен әдебиетке өзіндік үлесін қосып жүрген К.Ахметова лирикасы айқын қолтаңбасымен, дүниетаным тереңдігімен ерекшеленеді [4.15]. 

         К. Ахметованың өлеңдері тақырыптық жағынан алып қарағанда кілең лирикаға құрылған деуге болады. Оған мөлдірлік, тазалық тән. Ондағы табиғат, көңіл – күй, махаббат лирикалары оқырманның жан дүниесін тербеп, терең сезіммен баурап әкететін табиғилық басым.

         Ақынның табиғат лирикасы – кең даланың көрінісі. Ақын табиғаттың төрт мезгілін адам жанымен байланыстырып, оның өзі табиғаттың төл перзенті екендігін әр өлеңінде еске салатындай. Жүрегімізге терең үңіліп, ойымызға салмақ салсақ поэзия мен табиғат бір – бірімен ажырамас дүние, тамырлары тереңде, бір арнада тоғысқан тұтас жүйе екеніне ешбір шүбә келтіре алмаймыз. Табиғат – тұнып тұрған тыныштық ұясы ғана емес, тылсым, жұмбақ дүние. Тылсым дүниенің сырын ашу әрбір жеке адамның қолынан келмейді, ол үшін әрбір адамның бойынан ақынға тән жүрек пен әсемдікті бейнелейтін асыл көз, сергектік пен серпінділік сипаттар көп болуы шарт. Ақын мұраты, өлеңсіз өріс өресі  де осында.

         Ақынның «Күн шыққанда күліп оян» деген өлеңі табиғат лирикасына арналған шығармаларының шоқтығы десе де болады. Ақын жаны да, тебіреністі тұстары да бейнелі, бедерлі беріледі.     

         Лирикалық арнау – әлемдік поэзияда көп таралған. Ақын басқаға қаратып жыр арнау арқылы өзі туралы емес, өзінің сезім – күйі арқылы өзге туралы ой қозғайды. Ортақ мәселеге үн қосады.

         К. Ахметованың ақындығынан оның бел – белестері, көркемдік көкжиегі, өзіндік көзқарасы, қолтаңбасы жіті танылады.

         Өлең өлкесінде өз тұстастары секілді өнімді еңбек етіп, ұлттық мұрат пен өмір өнегесін шынайы да шебер жырлағандардың алдыңғы қатыранан — К. Ахметованың есімі құрметпен аталады.

         К. Ахметова поэзиясының көркемдік жүйесінен тақырып әр алуандығы, ізденіс мұраттары, өлең өрісі мен ондағы өрнек – өнегелері, бунақ, шумақ, тармақ табиғаты кеңінен көрініс береді. Ең негізгісі, Күләш Ахметованың ақындығы адами болмысты бедерлеуден, игілік пен ізгілікке құштарлықтан, өмір – уақыт тынысын сезінуден тұрады. Демек, ақын поэзиясы көркемдік таным арналарында қоғам, кезең көріністері бар сыр – сипаттарымен даралана түседі.

         К. Ахметова лирикасындағы тілдік, стильдік, бейнелік құбылыстар да ерекше назар аударады. Әдебиеттану  ғылымында стиль мәселесіне ерекше маңыз беріледі. «Стиль – форма мен мазмұн көркемділігінің жалпы сипаты. Стильді жеке суреткердің өзіне тән ерекшелігі туады. Әрі бір ғана шығарманың бойына тән ерекше стильдік сипаттарымен астаса, жарыса қиысып, оның тұтас творчествосына тән стильдік ерекшелігін жасауы мүмкін» [5.79]. Сол секілді, суреткердің өзіндік ерекшелігі оқшау, дара қалыптасатын құбылыс емес. Жеке стильдің жасалуы үстінде өткен, бұрыннан бар стильді қолданудан аулақтай алмайсыз, өйткені олар бірлесіп, өзара ұқсас көркемдік мәселені шешуге қатысады. Мұның ақындық өнермен де үндесетін тұстары бар.

         К. Ахметова ақындығынан ұлттық мінез – қасиет, адамға тән сыр – сезімдер, уақыт өрнектері, туған тілдің мол мүмкіндіктері терең көрініс береді. Бөлекше айтар жәйт: ақын лирикасы өмір шындығы мен уақыты өрнектерінен тұрады. Онда адам мұраты, еңбектің бейнеті мен  зейнеті, жастық – достық сырлары, сыр -сезім иірімдері – ұлттық болмыспен бедерленген, ана тілінің қуатынан нәр алған. Мұның ақын лирикасына, ондағы тілдік – стильдік құбылыстарға қатысы мол.

         Ақын поэзиясының көкжиегі кең. Көркемдік көкжиегі, тілдік мүмкіндіктері мол. Таныс тақырыпты әр қырынан байытып, түрліше суреттейді. Алуан салыстыруларға барады. Олар табиғи, шындық сипатында өріс алады.

         К. Ахметова поэзиясында кездесетін тұрақты тіркестер жайлы сөз еткенде, аса бір ерекше тұс – бұл тұрақты тіркестер жайлы сөз еткенде, аса бір ерекше тұс – бұл тұрақты тіркестерде лирикалық стиль бояуы анық байқалып тұруы. Оны төмендегі мысалдардан байқаймыз:

                   Сен үшін бабалардан бата аламын,

                   Із қалдырам сен үшін жылдарға бұл

                   Сыбағасы өзіңе бұйырмаған.  [6. 10].

                   Алдау – арбау арбасын быт – шыт қылып,

                   Ақиқаттың алдында бас ұрайын   [6. 78].

         Бұл жолдардан, әрине, ақынның жан жүрек дүрсілін танумен бірге өлеңдегі өрісті өлкені де, ізденіс пен ойлылық сипаттарды да, лирикалық кейіпкердің көңіл – күй көзқарасы да байқалады. Ақын тақырып табиғатына еркін енеді. Басты мәселеге назар аударып, екпін түсіреді. Әр алуан ізденістер арқылы көркемдік  мұраттарға, өмір өнегесіне мән береді. Ой – сөз жүйесіне кең өріс ашады.

         К. Ахметова  эпитет жасауда дәстүрлі көк тоғай, көк тау, көк орманмен қатар, көк белдер, көк көйлекті қыз, көк гүл, көк бұлт секілді эпитеттерді бір шумаққа сыйғыза алады:

         Көктем келіп көк гүлдерін санасақ,

         Көтеріле көк таулармен таласа ән  [7.81].

         К. Ахметова лирикасында нақты дүниетанымды байқататын метафоралар жүйесі мол. Мәселен « мезгіл – өзен», «өмір – күрес», «өкініш -ң», «төзім – сенің егізің» секілді ауыстырулар ақынның өмірге көзқарасын байқатады. Ақын сол секілді айшықтау мәндегі «жақсы  әтір – жалбызың мен қалампырың», «тентектеу теңіз өмір толқындары»,  «күн күлшелер», «көңіл кептері», «күн иісті» секілді тыңнан оралым тауып, жарыстыра қолдана білген.

         Бұл тұстардан да ақын ізденісі, көзқарасы көрінеді. Өзіндік қолтаңбасы, тақырыпты еркін де терең меңгеруі жіті танылады.

         К. Ахметовада көркемдегіш сөз бедерлерінің ішінде теңеу сөздер айрықша мол. Оларды шартты түрде бірнеше тақырып аясына бөліп қарауға болады. Онда табиғат құбылыстарын теңеу ретінде қолдану мүмкіндіктері де мол. Мысалы:

         а) Жастық қызығы жаздағы бұлттай тез көшкен;

         ә) Ағын судай асыққан бұл өмірде;

         б)  Күзгі күндегі дүние құбылмалы;

         К. Ахметова лирикасы, ондағы жанрлық көркемдік ерекшеліктер, тың тақырып, тосын сурет – көріністер, ұлттық тіл мен өзгеше бояу өрнектер, адам әлемі мен еңбегіне қатысты көзқарастар, жастық – достық тұрады.Өмір өнегесі мен өрнектерін, ұлттық болмыс пен уақыт бедерін, замандас тұстастар тағылымын, табиғат пен махаббат мәселесін талант қуаты, шабыт шалқары биігінде жырлады, тіл мүмкіндіктерін бар қырынан жарқырата көрсетеді, ең негізгісі қазақ өлеңін өзіндік өзгешеліктеріне сай сыр – сипаттарымен жеткізуді – ақындық мұратқа адалдық, талант табиғатына тән құбылыстардың бірі.

         Дара дарын дидары, білім болмысы бөлек шынайы ақын әлемінің орны қашанда биікке – даңқ тұғырында болу керек. К. Ахметова лирикасы, ондағы көркемдік – эстетикалық сипаттар, дүниетаным иірімдері мен шынайы шындықтар хақында осыны айтар едік.

         Көркем әдебиеттегі суреткерге тән сезімталдық, жіті бақылағыштық, парасаттылық, шеберлік, шабыттылық, көрегендік сынды қасиеттерді өн бойына жинаған ақын поэзиясынан алар ғибрат мол.    

 

 

2.2.  Күләш Ахметова поэзиясындағы махаббат тақырыбы

 

           Ақын жаннан қатты шыққан асқақ үн,

         Дүр сілкінтер дүниенің аспанын.

         Сүйсе дағы тас бала боп сүйетін

         Ақындарды қолдау керек достарым,  — деп Тұманбай Молдағалиев жырлағандай, қазақтың қара сөзіне жан бітіріп, қасиетті халқымыздың рухани құндылығына үлес қосып, өзіндік сапалығымен қайталанбас мұра қалдырған Күләш Ахметованың махаббат лирикасына тоқталмау сірә дә мүмкін емес.

         Күләш Ахметова – махаббатты, сүйіспеншілікті жырлауға жаралған ақын. Арманындай аялаған жайсаң жігітке, өзінің, сөзінің бағасын білген асыл жарға, баллдай тәтті перзенттеріне, туған елге, өскен жерге,  ардақты ерге сүйіспеншілік сезімі оның өлеңдерінің арқауына айналып, өріліп төгіліп жатады.

         «Күннің нұрындай, гүлдің өріндей, нанның дәміндей, сүттің өңіндей, бөбектің иісіндей емірентпей, тебірентпей қоймас, кінә тақсақ,  кие айтатындай пәк жыр. Ол ананың пейіліндей дархан, ғашықтық жүрегіндей отты, сәбидің еңбегіндей нәзік, қарындастың көз жасындай мөлдір. Күләш – қарындас ақын. Қазақтай қарға тамырлы халықтың өзі тонның ішкі бауындай ерекше қастерлейтін бөлекше қимас жақыны – қарындаста ғана болатын  асыл қасиеттердің бәріне ие абзал жыр. Бақырмай сөйлеп, бажылдамай жылап, шаршысына толып келе жатқанда, қара орманынан айрылып, қанатынан қайырылып, қамауға түскен халқын көріп, еңіреген елін, есірген жауын көріп, қаны қарайған, қаһарына мінген Қобыландының қарындасы Қарлығаштың  назын тыңдағандағысындай тал бойың еріп, тас жүрегің жібіп сала береді, — деген қасиетті қаламгеріміз Әбіш Кекілбаевтың осы сөзіне ештеңе қосып айтудың қажеті жоқ шығар.

         Күләш Ахметоваға шығармаларындағы топтамалардың бір үздігі туған жерге, Отанға арналған. Олар «Үшарал», «Талас», «Сексеуіл өскен сол өлке», т.б., «Сарыөзек – сағыныш», сынды өлеңдері мен поэмаларынан көрінеді. Бұл өлеңдердегі ақынның жүрегінің лүпілі, ыстық ықыласы, назды сағынышы айқын сезіледі.

         Күләш өлеңдерінде халыққа деген ілтипат, махаббат ерекше жырланады. Ақынның шабытына дем беретін, оны рухтандырып отыратын күштердің ең бастысы халық екенін ақ жүрігімен ақтарыла:

         Ортасында болуға жалықпап ем,

         Жалғыз қалсам жан орта, шабыт та кем.

         Қандай қызмет жасадым, хан көтеріп

         Маған сонша дем берген халыққа мен.

         Мейіріңе қалай мен тоя аламын,

         Сол емес пе аяулым, сая бағым.

         Халқым аман босын деп көз ілемін

         Халқым аман болсын деп оянамын, — деп «Халық» деген өлеңінде ақындық шабыты мен талабына дем беретін ұлы қуаттың ең бастысы осы халық екенін ақ жүрегімен ақтарыла жырлайды.

         Күләш осы өлеңдерінде оқырман есіне қанша биік болсаң да халқыңа қызмет ет, адал бол, себебі ол сенің де қолдаушың, қорғаның деген адамгершілікті естеріне сала кетеді. Ия, халықты сүйген жүрек еш қателеспеуі тиіс.

         Ақынның ел қамын ойлаған азаматтың үні тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында -ақ одан сайын биіктей түсті. Сондай топтаманың бірі Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнауының терең мәні бар.

         Сізге аманат – ертеңі армандардың,

         Сізге аманат – өркені ормандардың.

         Жалғанда жолы даңғыл болған емес.

         Халқының қамқоршысы болғандардың, — дейді ақын. Елбасы – халықтың, халық – Елбасының тілегін тілеген заман енді туды. Ақын осыны түсінеді. Күләштің осы сипаттағы азаматтық үні алғашқы жинақтарынан – ақ байқалады. Оның өлеңдерінің алтын қазығы біреу – халық қамын ойлау. Сондықтан да «Диалогтар» деген деген өлеңіндегі ақын Жер:

         — Жер – Ана!

         Адамға бар не тілегіңіз?

         — Қан төгіп соғыспаңдар, өтінемін!  — деп әңгімелеседі. Ал, уәзірі мен өкім алдындағы патшаның әңгімесі де шынайы шыққан.

         — О, падишам!

         Саялы бәйтерегім

         Таба алмадым дертімнің қайтар емін.

         Алдияр!

         Алдыңда тұр байтақ елің,

         Халқыңа ақырғы рет не айтар едің?

         — Бояуын,

         Бар қызығын бала күннің

         Үлбіреп дірілдеген лала гүлдің,

         Ұлдың да,

         Жылап қалған сұлудың да

         Шын  қадірін жаңа білдім.

         Осы өлең жолдары жарық  көргеніне 20 жыл  өтсе де, ақын адал  принциппен халықты сүйіп, Елбасын құрмет тұту идеясынан таймайды.

                   Кеш түсінген сияқты мұны елім де,

                   Қалай жүрдік өктемдік түнегінде?

                   Бір үн жетіп санама ғасырлардан

                   Ұлы Тұран оянды жүрегімде!

                   …Өз ұлтыңа құясың да, Иесің де – Сен.

                   Түсінесің қасиет киесін сен.

                   Дархан болсын,

                   Өр болсын,

                   Надан болсын

                   Бөлмей жармай, түгелдей сүйесің Сен, — деді ақын. Елбасы миссиясы мен Ақын миссиясы. Осылайша бір нүктеде түйіседі. Ол – халықтың бақыты үшін күрес. Бұл ғасырлар бойына тартыған ұлы күрес, адамзат сүйенетін алтын діңгек.

         Ақын жүрегіндегі әділетті іздеу сезімі өз бастауын сонау ғасырлар қойнауынан алып, болашақ ғасырларға:

         Мен  Алладан сұраймын мінәжат қып,

         Заман бізге жолатпай, сірә жатпақ.

         Бұл далама,

         Ұлтыма,

         Ұрпағыма,

         Шын мәнінде келгей деп шын Азаттық.

         Мейлі бізге қиын жол, қиын азап,

         Тербегенде табиғат – күйші ғажап.

         Адамзаттың баратын дәуірінде

         Аман – есен барса екен исі қазақ! – деп толғанады ақын.

         Өзінің Отанға, халқына деген ыстық ықылас, жүрек жарды ыстық сезімінен туған қанатты жырлары арқылы, бүкіл елдің үлкені мен кішісін, ері мен ұрғашысын бірлік пен береке, ынтымақ пен татулық, ұлтжандылыққа шақыратын «Қазақтың тұтастығы қасиетті іс» деп аталатын өлеңінде:

         Қазақты жамандама, қазақ бала!

         Халық  қой қазақ деген аз-ақ қана!

         Мәңгілік

         Ай астында,

         Жер үстінде

         Қазақтың жанашыры қазақ қана, — деп жырлайды.

         Күләштің «Ақ гүлім менің» деген алғашқы жинағынан бастап, соңы кітабына дейінгі аралықта жыр әлемінің шексіз кеңістігі мен түпсіз тұңғиығына еркін бойлап, елі мен жерін – байтақ Қазақстанын үлкен махаббатпен жырлап келе жатқан жүректі тұлға екені даусыз.

         Күләш  жырлары тұнықтығымен, ойшылдығымен, сыршылдығымен, табиғилығымен, тектілігімен баурайды. Әрбір  өлеңі сырттай әрқайсысы өзінше жеке туынды көрінгенімен бір – бірімен үндесіп, ұласып, ұштасып жатқан тұтас әлем.

         Сайрам салған сағынышпен келем де,

         Қарлығаштар айналады төбемде.

         Қырымнан да Римнен де артықсың,

         Сенен ыстық жер жоқ маған әлемде…

         …Сенсің менің асыл әнім, әңгімем,

         Аязыңды еске аламын алдымен.

         Ақ қарың ше?

         Көрген  жоқпын еш жерден

         Ондай мөлдір, көп – көгілдір қарды мен.

         Өзінің алтын ұясы Үшаралдан ұшқан ақындықтың ақ құсы бірте – бірте кеңге  қанат жайып, биікке самғайды.

         Күләш нәзік жанды сыршыл ақын болумен қатар, азаматтық тұғыры биік, заманының құбыла соққан күре тамырының бүлкілін дәл басып, дер кезінде үн қосатын қайраткерлігімен де ерекше. Халқының қамы, ұлт болашағы үшін тіл өнерінің азапты да ләззатты жолында жүрек отын алаулата жағып, айналасына шуағын шашып келе жатқандығы қуантады.

         Қиялым шарлап ғаламды,

         Көтеріп кие күш аппақ.

         Жер бетіндегі адамды

         Жеке –жеке құшақтап,

         Құттықтап шықтым жүрекпен

         Пәк тілек айтып мына мен.

         Жақсылыққа толы тілекпен

         Жарқырай түсті Күн, Әлем.

         «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», Абай атасы айтқандай, Күләш та «жер бетіндегі Адамды жеке – жеке құшақтап сүйгісі келеді». Береке, бірлік, ел амандығы, әлем тыныштығы, адамзатқа деген ұлы махаббат – оның бүкіл шығармашылығының алтын өзегі.

         Міне, өресі биік ақындар әрқашан осылай биік сөйлейді.

         Ақын К.Ахметова «Анам туралы» деген өлеңінде ана мен бала махаббатын, мейірім шуағын кең көлемде ашады. Енді бірде: «Біздерді мезгіл – ана мейіріміне тапсырып» деп өкпесінің өкінішке толы екенін жасыра алмайды. Ананың жылуына қанбаған, мейірімін аңсаған ақын өз басынан өткен жетімдіктің азабын ешкімге тілемейді:

         Өтінен қашып ызғардың,

         Шешімге келдім неше осы:

         Жанынан ерте қыздардың

         Кетпесе екен шешесі!

         Сен тоқыған шілтер мынау тозбаған,

         Ал мен болсам тозбайтұғын сөз бағам, — деп ақын анасыа қалған асыл мұра – шілтерді көргенде жүрегі қарс айрылады.

         Жүректен түйдек – түйдек өлең жолдарымен қоса көзден көл боп жас ағады. Балалық көңілі анасын іздеп, шарқ ұрады. Өлеңде өмір өрнектері мол. Уақыт бедері, тағдыр талқысына да, кең орын берілген. Ізденіс пен сырлы сипаттар да жан – жүрек тебіреністері арқылы көркем де келісті өріс алады.

         К.Ахметованың бауырға, аға – қарындас, ағайын – туысқа деген ішкі сезімін суреттейтін сәттерінің бірін «Бауыр» атты белгілі балладасынан көруге болады. Шығарманың сюжеті Ақсақ Темірдің жастау кезінде өзі куә болған оқиға ретінде баяндалып, үлкен өзімді адам мен қоғам, ақын мен әкімнің қарым – қатынасын өзара байланысын көрсете отырып, тақырыбындағы «бауыр» сөзіне шоғырландырған.

         Балладаның ең әсерлі де қуатты тұсы; әкім мен әйел қақтығысы:

                   «Өнерлісің, өжетсің де әрқайсың,

                   Сен айт, әйел,

                   Алдыңда тұр таудай сын.

                   Сені және үш еркектің біреуін

                   Босатамыз айт қайсысын таңдайсың?»

                   «Тұрған заман құшағында дауылдың

                   Әділ күші жеңіп шығар дәуірдің

                   Ауырдым мен бұл үшеуі үшін де,

                   Бірақ орны бөлек екен бауырдың.

                   Жарым кетсе жар табармын бірде мен,

                   Жар табылса болар тағы ұл деген.

                   Өлген анам қайтып келіп ұл таппас

                   Бауырымды босатыңдар түрмеден!

                   Өз жақсысын өзің құртып

                   Қалай ел боласыңдар?

                   Құрбан болды – ау талай ер…

                   Ертеңі жоқ, ақыны жоқ халықтың

                   Ойланыңдар!» деген екен дана әйел.

         Міне, осындай айбынды рухты көтеретін шумақтар арқылы берілген, Ақсақ Темір дәуірін суреттейтін шығарма арқылы ақын елді бауырмалдыққа, бірлікке шақырады [8784].

                   Жасанып жылжығанда заман – көштер,

                   Жасаған менің екі баламды ескер.

                   Жалғанда арманда боп опынбасқа,

                   Асыл жар, алтын орда, адал дос бер! – деп, — жырлаған ақын өлеңінен аналық махаббат, жарға деген махаббат, Отанға деген шынайы сезім мен досқа деген адал көңілін аңғарамыз. Осы сезімдердің әрбірінің тамырына тереңнен бойлап, өзінің асқақ жырларын арнаған ақын апамыздың адуынды жырлары қаншама.

         «Мен бір бақыт іздеп жүрмін достарым» деген жыр шумақтарында ақынның асқақ ой, қол созған арманы, құс қанатты қиялы, бәрі – бәрі қаз – қалпында көрініс береді.

                   Мен  бір бақыт іздеп жүрмін, достарым,

                   Ұқсамайтын бақытына басқаның.

                   Жұлдыздардай жарық әрі, биік тым,

                   Сол бақытты іздеп жүріп, жиі ұқтым:

                   Ортақ бояу керек оған достарым,

                   Бауырларым, сәбилерім, сүйіктім.

         Ақын өлең жазарында қолайлы тақырыбын таңдайды, алдына мақсат қояды, нәзік сезімге беріледі. Кейде біреуден үйренгісі келеді, кейде біреуге ұқсағысы келмей, кең дүниеге  құлаш ұрып кетеді. «Мен бір бақыт іздеп жүрмін достарым, Ұқсамайтын бақытына басқаның» деген сөзінде күнделікті күйбең тірлікпен жүрген, оңай олжамен пайда тауып байыған, сөйтіп өзінің бақытын дүниеден тапқан тоғышарларға ұқсағысы келмейді.

         «Жұлдыздардай жарық әрі биік тым» деп өз бақытын сонау шетсіз, шексіз ғарыштан жұлдыздар арасынан іздейтінін аңғартады. Өзін толғандырған тақырып табиғатына еркін еніп, оны әр қырынан танып, қалың көпке ізденіс – кркемдігімен, шеберлік пен шешендікке сай, сомды бейне, ұтымды қырларымен жеткізу – Күләш Ахметова ақындығының басты белгілерінің бірі.

         Күләш Ахметва поэзиясының басты тақырыбы – сүйіспеншілік, ананың балаға, ғашық жандардың  бір – біріне деген ыстық ықыласы. Дархан даладан түлеп ұшып, думанды жырдың иесіне айналған асқақ рухты ақынның анасына арнаған өлеңдерінен үзінді келтірсек:

                   Жылдан жылға жаз дағы жайдарырақ

                   Жарқырайды шақырып айна бұлақ.

                   Бар дүние елжіреп тұрғанменен

                   Мейіріміңдей өзіңнің қайда бірақ.

         Осы бір өлең шумағынан анаға деген сағыныштың алаулаған жалынын көрсек «Мұң» деген өлеңінен:

                   «Сен кеттің апа кешікпей,

                   Сездім мен өмір салмағын.

                   Бауырым жылап бесікте

                   Жатты мен жұбата алмадым, — деп жетімдіктің ең үлкен қасірет екенін, өмірдің ерте есейтіп, балалық шақтың тәтті күндерімен, аналық құшақтың жылылығымен, мейірім шуақпен ерте қоштасқанын айтып қайғырады. Әсіресе, қыз баланың ең жақын сырласы – анасы. Сондықтан, ақын анасының өмірден өтуімен, мұң оның ертерек  серігіне айналғанын, қуыршақпен ерте қоштасқанын айтып, іші  алай – дүлей болады. Ананың жылуына қанбаған, мейірімін аңсаған ақын өз басынан өткен жетімдіктің азабын ешкімге тілемейді:

                   Өтінен қашып ызғардың

                   Шешімге келдім  неше осы:

                   Жанынан ерте қыздардың,

                   Кетпесе екен шешесі!.

         Ал, ақын осы тақырыптағы «Шілтер» деген өлеңінде «Біздің үйде шешемнің қырғыз қыздарынан үйреніп тоқыған шілтері жатыр. Шілтер бар, тоқыған адам жоқ…» деген алғысөз жазып;

                   “Шілтеріңмен көз жасымды сүртемін

                   Сүрткен сайын жанарымды бүркер мұз.

                   Ол үшін сен қанша көркем гүл тердің!..

                   Өкінішті! Апа сенің ғұмырың

                   Ғұмырына жетпегені шілтердің”, — деп, ақын анасынан қалған асыл мұра – шілтерді көргенде жүрегі қарс айрылады, жүректен түйдек – түйдек өлең жолдарымен қоса, көзден көл боп жас ағады. Бала көңілі анасын іздеп, шарқ ұрады. Алайда, ананың балаға, баланың анаға деген сүйіспеншілігі – ақынды өмірге қайта әкеледі. Осы арқылы, ақын ананың балаға деген тау суындай сарқылмас ыстық сезімдерін жырға қосып, өз өлеңдеріне жаңа екпін, жаңа леп береді.

                   Ботақандарым!

                   Кішкентай сүйкімділерім

                   Көкірегімді иіскеп

                   Бұзыңдар ұйқымды менің.

                   Ересектерден көңілім қалған кездерде

                   Сендерге қарап кеудемде күй тынды керім, — деп аналық сезімін ақтарып салады. Өзі көрмеген қызықты баласының көруін, білуін тілейді. Өзі ала – алмаған махаббатты балаларына мейлінше көп беруге тырысып, аймалап, еркелетеді.

                   Қарайын, баласының ойынына

                   Қарай алмай көз жұмған анам үшін, — деген тіркестер арқылы аналық махаббатын мейлінше терең жырласа:

                   Бақыт қой саған ұзақ қарай алсам,

                   Сезімнің сәулесіне орай алсам.

                   Ұйықтай ғой оянарсың күн шыққанда

                   Не күннің өзі – ақ шығар, сен оянсаң, — деу арқылы ақын қызын болашақ өмірге даярлауға тырысады. Ана мен бала арасындағы шынайы сезімді сұлу сөзбен осылай көркем етіп келтіре жырлаған ақынның досқа деген сезімі де адал.

         «Достың қолы ғана  жүректе қадалған тікенді алып тастай алады» деп Гелвеций айтқандай, осы тақырыпта қаншама ақын тебірене сөз қозғаған.

                   Достық деген ізгіліктің алаңы,

                  Оған куә ғасырлар мен замандар.

                   Отанын да сатып кете алады.

                   Қиын шақта досын сатқан адамдар», — деп қазақтың арқалы да ақиық ақыны Мұхтар Шаханов жырлаған достық өлкесіндегі берік махаббатты Күләш Ахметова.

                   Тірлікте мынау үмітсіз, ойсыз кім тынған?

                   Тынымсыз адам алдына қарай ұмтылған.

                   Күн туған сәтте, жан досым, сені қайтейін,

                   Шыр етіп қорғап, шындықты айтпасаң сыртымнан, — дей келе, шынайы достар арасындағы адалдық, тілектестік, сенімділік, жанашырлық секілді ізгі сезімдерді  тебірене толғайды.

         Ал, ақынның «Достық  жыры» атты өлеңіндегі:

                   Қара бастың қамын жеу –

                   Ұят та, айып.

                   Бақыт деген –

                   Баянсыз тұрақ, қайық.

                   Қыл көпірлі қиянат теңізіне

                   Бірімізді – біріміз құлатпайық, — деген шумақтар арқылы қаны бір әрбір қазақ баласын, тіпті адамзат әлеміндегі әрбір жанға қарата айтып мәңгілік бірлікте, адал достықта өмір сүруге үндейді.

         Күләш Ахметованың ыстық сезімді жырлаған асқақ үні мәңгілік алтын қорға айналары шындық. Өзіндік нәзік сыршылдықпен өрілген ақын өлеңдерінің тамыры тереңде жатыр. Сол себепті ақынның ғашықтық жырларына тереңнен көз жіберу керек.

         «Саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Анаға сүйспеншілік, жарға құштарлық, Отанға перзенттік, туған топыраққа борыштық сезімдерінің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл сезімдердің бірі адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені, махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегіне асыл махаббат ешқашан да ұя салмайды», — деген Әзілхан Нұршайықов сөзінің мәні тереңде. Сонау ықылым заманнан өмірдің тірегіне айналып Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, Еңлік  пен Кебек, Ләйлі мен Мәжнүндердің жүрегіне берік ұялап, қаншама тағдырлардың арқауына айналған махаббат жырларының қазақтың көркем әдебиетінде алатын орны бөлек. Міне, осы тақырыпта бүгінгі таңда да қаншама ақын – жазушыларымыз сыр шертіп, қалам тербеуде. Мұқағалиша айтқанда:

                   Ғашықпын!  Қайтіп оны жасыра алам,

                   Бір алтын оның әр тал шашы маған.

                   Сағынайын таусыла, сағынайын,

                   Сағынышқа жаралған ғашық адам.

         Мұхтар Шахановша айтқанда:

                   Ғашық жүрек сүйгені үшін бол алмайды жазалы,

                   Адам азса ғашықтықтың жоқтығынан азады.

         Ал, Фариза Оңғарсынованың шумақтарында:

                   Мен сонда жылап қалғам.

                   Сен сезбедің кетті ұшып жыраққа арман

                   Мұның бәрі неліктен? Білесің сен –

                   Өзіңді ұнатқаннан;

         Ал, Күләш Ахметова – махаббатты өздігінше жырлайтын ақын.

         Поэзия мен махаббат – бір – бірінен айрылмайтын егіз ұғым. Сондықтан, әр елдің әдебиетін, әсіресе поэзиясында көп ұшырасатын, мәңгілік тақырып – махаббат. Бірақ, әр халықтың жан дүниесінің құрылымына, әрбір ақынның ой – түйсігіне қарай, махаббатты әркім өзінше жырлайды.

                   Көз салмасам, ерінімді тоспасам,

                   Көнерсің сен, сенерсің де шыдарсың.

                   Дәл осылай ешкімді де ешқашан

                   Таза, сұлу сүймеген – ақ шығарсың.

         Ақын өз сүйіктісінің адалдығын, пәктігін мақтаныш ететін секілді. Сол арқылы жырына  демеу, жанына ләззат, жүрегімде сенім орнайтындай көрінеді. Ақын өмірінің негізі – махаббатты адам бойындағы ұлы күш ретінде көрсетеді және өз жүрегінен шыққан сезімін дариядай шалқытып, арнасынан тасытып отырады. Күләш өмірдің өзі махаббаттан бөліне алмайтынын, тек сол сезім арқылы бір – бірімен жарасым, үйлесім табатынан айтады. Сондықтан, кеудесінде жаны бар адам махаббатқа тағзым ете, табына білу керектігін әсем жырларымен аңғартады.

         “Алғашқы махаббатыңыз кім? махаббат тақырыбында жазған алғашқы өлеңіңіз қайсы”, — деген сұраққа ақын Күләш Ахметова: «Бала күнімде кештерде Ақан Серінің «Сырымбетін» айтатын бір жігітке ғашық болғам. Әні ұнады ма, әнші ұнады ма білмеймін, жүрекке бір сәуле  түскенді, кейін соған өлең жаздым», — дей келе:

                   Серілерден сезімге толы талай хат алдық,

                   Талайына тіл қатпай тәкаппар да атандық.

                   Ең намысты жігітке – тән еді үлкен махабат

                   Ең бір нәзік қызға да – тән болатын қаталдық, — [3.5] деген өлеңін жазған. Осы секілді шумақтардан бастау алған өнердің заңғар биігінен көз тастайды.

         Ақын құдіреті — өзінің танығанын өзгелерге қапысыз таныта алғанында. Үлбіреген дүниенің үйлесімдері   — әрқашан қарапайымдылық пен күрделіліктен, жақсылық пен жамандықтан, мейірімділік пен жауыздықтан, адалдық пен арамдықтан, шуақ пен көлеңкеден тоғысып – тағы өмірлік небір қақтығыстардың әралуан драмасынан, трагедиясынан тұратындығы Күләш ақынның қаламына тән зайыр бояулармен, өрнектермен, бедерлермен, сезімдермен, ойлармен жетіп жатады, суреттелініп жатады, бейнеленіп жатады.

         Тілге  тиек ретінде, нақты дәлел ретінде Күләш Ахметованың мына өлеңіне зер салайық:

         Жаңалық жоқ қалада,

         Тәкәппарлау таулардың басы бірақ,

         Күндегіден шыршалар жасылырақ

         Жаңалық жоқ қалада,

         Ән салады құс түгіл тас та бірақ.

         Күндегіден астана асқағырақ.

         Жаңалық бар ал менде –

         Жұмысы жоқ біздерде, ел не десін?!

         Тұңғыш рет жанымда сен келесің! – деген  үш тармақты өлеңнен небір ғаламатты қалайша сезінбейміз. Бүкіл қалада жаңалық жоқ. Сөйте тұра бүкіл қала қисапсыз жаңалыққа толы емес пе? Таулар тәкәппар, дүние сүйкімді, астана асқақ болса, құс түгіл тас та ән салып тұрса, шыршалар жасылырақ, көшелер жарығырақ болып тұрса, күндегіден қандай ғажап! Сөйте тұра, бір ғана адамның жаңалығы бүкіл қаланы, айнала қоршаған ортаның өзін осыншама құлпыртып жібергені қандай құдіретті, қандай парадокс.

         Сөйте тұра, бүкіл қала мен қоршаған ортаның олармен еш жұмысы жоқ. Қандай қасірет, қандай антитеза!… Мұның бәрі баршасы ұлы мағынады ақындықтың құдіреті емес пе? Оған қоса мұның бәрі – баршасы Күләштай көрнекті ақынның дара қолтаңбасы, сара көркемдігі, яғни бір сөзбен айтқанда, үлбіреген дүниенің үйлесімдерін көре, тани білгендігімен бірге соны өзгелерге де таныта білгендігі емес пе?

         Осы өлеңде «жоқ жаңалықтардың» баршасы поэзияның сиқыр – қуаты арқасында ғаламат жаңалықтарға, тым тосын өмірлік философияларға айналып кететіні неліктен заңды, қаншама заңды болса да, ал соған керісінше, барша жаңалықтардың «жоқ жаңалыққа» — небәрі тамшыдай өзгеріске керемет қуат дарытатыны, соншама құдірет құятындығы да ақиқат. Бұл арада мұндай ғажайыпты нәзік те асау, қарапайым да асқақ, өршіл де өміршең поэзия тілімен – Күләш қаламымен жеткізгеннен артық қандай ақиқат бар.

         Ақын сөзі алмастай өткір, гүлдей нәзік, теңіздей терең, ерекше сырлы да мұңлы, сол себепті оның өлеңдері халықтың жанына жақын. Оқырман бір нәрсе жайлы ойланса да бір сырлы құпияның ұшығына шыға алмай тығырыққа тірелсе де, бір жақын досына жан (досын) сөзін айтқысы келсе де, ең алдымен ақынға  жүгінеді, оның отты туындысынан кілті табылмай жатқан сұрағының жауабын іздейді. Осы орайда Күләштің адам жанының құпиясына толы жырлары талай ғашықтардың арасына дәнекер болғаны анық.

                   Түсіндім мен көктемнің тағы күшін,

                   Рахмет шуағы мен жарығы үшін.

                   Шумақ – шумақ ойлардың арасынан.

                   Күн шыққандай оянды сағынышым;

 

                   Көшелерден жас жандар бірге өткенде,

                   Өрік сезім кетеді гүлдеп демде.

                   Гүлдеп мен де, тағы да сені ойладым,

                   Ал сен кімді ойладың бұл көктемде?!

         Жас кезде жазылған бұл өлеңде сол жастыққа тән албырттық, аңқаулық, шынайы таза сезім бар, адам бойындағы еркіндік те, еркелік те қос бұрымдай қатар өрілген.

         Ақын Иосиф Бродский «Бірден де төмен» атты әдеби эссесінде поэзияның ерекшелігі туралы айта келіп «ақынның өмірін оның өлең жолдарынан  іздеу керек» деген ойын білдіріпті. Айтса айтқандай, расында да ақынның ешкім білмейтін, көпшілік үшін беймәлім жан сыры оның өлең жолдарының астарында көміліп жатады емес пе? Ақынның  көміліп жатқан ойының құнарына терең бойлағанда ғана сіз оның тағдырын түсініп, алтын сарайының кілтін табасыз. Сондықтан да Күләш Ахметованың дәуір тынысын суреттейтін ғашықтық жырлары ақын әлемінің барометрі деп қабылдау керек. Ақын Күләштің сезім сырларын суреттейтін сезімтал жырлары, ақынның жан дүниесін кеңінен ұға білген, өзі де поэзия өнерінің биік шыңынан көрініп ақын атын жамылып жүрген өмірлік серігі Қайырбек Асанов есімімен тікелей үйлесімде. Бұған дәлел ретінде:

                   «Сен барсың!

                   Бір ауаны жұтам бірге,

                   Күлемін. Өкпелеймін. Еркелеймін.

                   Өзгеріп отырамын тұтам күнде…

                   Сол қиял мені солай жетелесін,

                   Түсінбей кейде жаным кетер есің.

                   Сен – ақын, сезімтал бір нәзік жанды

                   Білмеймін бәрін қалай көтересің…», —

         Деген жыр шумақтарын айта аламыз. «Жарды сүю бір басқа, жырды сүю бір басқа», — деп өмір мен өнерге деген сезімдерді қатар ұштастырып, өрелі өмір иесі атанған ақынның алғашқы өлеңдеріндегі:

                   Басқаларға өр басын имеді шың.

                   Жүрегімді бір шаттық биледі шын.

                   Қайғыруға хақым жоқ,

                   Бақытты екем,

                   Сендей жігіт мені адал сүйгені үшін! – деген секілді жастық жалыны мен жүрек жарды көңіл күйі, бүгінгі таңда өмірге әкеліп жүрген махаббат тақырыбындағы жырларымен сарындас, үндес. Мысалы:

                   Қандай бақыт тағы да таң атқаны,

                   Тамылжытып  жылда жаз келетіні,

                   Қандай бақыт өзіңе сенетінім.

                   Қандай бақыт жапырақ билегені,

                   Қандай бақыт басқаны сүймегенім.

         Күләш Ахметова жырларында қазақи ұлттық болмыс пен қарапайымдылық қасиеттері айқын аңғарылған. Өзінің әрбір өлеңі арқылы дархан елдің тәлім – тәрбиесін алғандығын, сол арқылы бүгінгі мен кешегісіне сараптама жасай отырып, өмірі мен іңкәр сезімі үшін күресе алатындығын дәлелдейді. Мысалы ретінде, 2001 жылы «Қазақ әдебиетінің төте сауалдары» деген айдармен шыққан сауалнамадағы «Отбасыдағы ерлі – зайыптылар қарым – қатынасының тең болу құқын желеу етіп, әйелдердің жетекшілік рольге таласуы қате екендігін мойындайсыз ба?» — деген сұраққа:

                   Ерлер жайлы жоқ тарих жазып біткен,

                   Азаматын арулар азып күткен.

                   Өжеттікпен, ерлікпен емес, қыздар

                   Жігіттерді силайық нәзіктікпен

                   О, арулар, сәндеп шаш тарағандар,

                   Жігіттерге биіктен қарамаңдар!

                   Өмір ұлы көш болса баяғыдан

                   Алға тартып келеді ер адамдар! – дей келе, — асыл азаматтарымызды билеп – төстеп емес, тек шынайы сезімімізді, яғни махаббат мейірімімізді қазақи тәрбиеге сай нәзіктік пен салмақтылықтың таразысына салсақ, ол біздің биліктің төрінен көрінеміз» деп қазақ қыздарының ішіне түрткі салып, ақыл – парасатын көрсеткен.

         К. Ахметова өлең өлкесінде ақиқат пен адалдықты, жастық сезімін, махаббатты ту етіп көтерді. Дәуір дидарына қатысты көзқарастарын айқын айтты. Өмірді, еңбекті жырлады. Адам мен оның еңбегінің жасампаздығын назардан тыс қалдырмады. Соның бәрінде ақынның ұлттық мінез – сипаты, қабылдауы танылды.

         Бұл — К. Ахметова өлеңдері өрнегі, өмірдегі мұраты.

         Бұл – ақынның көркемдік әлеміндегі үздік үлгісі, дәстүрлі үрдісі.

         Бұл –адалдықтың, махаббатқа тұрақтылықтың, сезім мен сырға беріктіктің биік үлгісі, көпке көрсетер өнегесі.

         Бұл – жастық салтанатының, достық дастанының көркем шежіресі.

         Бұл – мейірім шуағы, сезім сәулесі, мөлдір махаббат тағылымы.

         Иә, қаншама дүйім елді тамсандырып, қазақтың қазақтығын қара өлеңі арқылы танытқан ақын жырларындағы махаббат тақырыбы қарапайым адамның күнделікті өмірде басынан өткерген түрлі сезімдерін көркем сөзбен көрікті жеткізіп суреттейді.

         Күләш Ахметова  қазақ әдебиетінде саралы жолы бар, айшықты ерекшеліктерімен танылған ақын. Күләш шығармашылығын қай қырынан алып қарасақ та, бойды шымырлатып, ойды ширататыны анық. Ақын өлеңдері таңғы шықтай мөлдірейді, самал желдей еседі. Көзге, көңілге жиі ұшырайды.

         Ақынның бүкіл шығармашылығындағы идеялық – көркемдік негіздің сол жазушыға ғана тән ерекшеліктерін аңғарамыз. Күләштің өзіндік ерекшелігі – тілінде. Күләш қазақтың тіл байлығын өте жақсы меңгерген. Оның сөздерінің мағынасы өте терең, әрі көркем. Ақын өлеңдерінің тілі таза, көркем, сөз қолданысы өте шеберлікпен қолданылған.

         Тіл оралымы келісті болып келеді. Тағы бір ерекшелігі – Күләш Ахметова әдебиеттің көркемдегіш құралдарын (теңеу, метафора, метонимия, эпитет, қайталау, арнау және тағы басқалар) өте шебер қолданған. Айтар ойымыз анығырақ болу үшін мысалдар келтіреміз:

                   Түсінем десең өзің біл,

                   Түңілтем десең өзің біл.

                   Түсіме кірген сезім – бұл,

                   Түсіндіре алмайтын кезім – бұл !

         Өлеңді ажарлау құралдарының бірі – ассонанс пен аллитерация. Поэзияда  қайталанып келетін бірыңғай дауысты дыбыстар ассонанс, ал бірыңғай дауыссыз дыбыстар аллитерация болып есептелінеді.

         Ақынның осы өлең үзіндісі бірыңғай «Т» дыбысы әр тармақтың басында кездесіп тұрса, бірыңғай «Л» дауыссыз  дыбысы әр тармақтың аяғында келіп тұр. Бұлар Күләш Ахметованың көп ақынның бірі емес, сөз қолданысының ірі екенін, стильінің басқаға ұқсамайтын ерекшелігін дәлелдейді.

         Болсын сенде дос, ондаған,жүз мейлі,

         Болсын бәрі мейірімді ізгі ойлы.

         Бір –ақ адам сеніменен бақытты,

         Бір –ақ адам сені аңсайды, іздейді.

         «Б» дауыссыз дыбысы әр тармақтың басында келіп, тыңдаушысын да өзіне баурап алуы, ішкі көркем үндестігін қалыптастырып тұр.

         Күләш Ахметова өлеңдерінде синонимдердің стильдік құрамда мол жұмсалғандығы байқалады. Оның махаббат лирикасы ойлы, тілдік құралдардың оралымдығымен, көркемдігімен ерекшелінеді. Ақын лирикасындағы синонимдер сөз табының барлық түрінен жасалған.

         Адамның жеке басындағы әр түрлі болып өткен, болатын қасиеттерді жан – жақты көрсетуде зат есім синонимдерінің берілуі ұтымды, ал қимыл әрекетті суреттеуде етістік синонимдердің орны ерекше.

         Ақын тіліндегі синонимдердің қолданылу мүмкіндігіне мысал келтірейік:

  1. Сәлем, ел! Сәлем, дала! Сәлем, көлдер!

                       Сендерге қызығады әлемде елдер.

                       Жеңімпаз , батыр елдің адамдары

                       Бұл жердің ұлылығын дәлелдеңдер!  [10.142 б]

         Отанға, жерге, туған елге деген ыстық сезім, мөлдір махаббатын әрбір адам баласының азаматтық сезімін оятуға арналған жырлары арқылы дәлелдеуге тырысқан бұл шумақта қатар келген контекстік синонимдер жеңімпаз, батыр сөздері. Өлеңнің басқы екі тармағы дыбыстық аллитерацияға құрылған. Ақын өз жерінің киелі қасиеттілігіне бас ие отырып, мұнда тұратын халықтың жеңімпаз батыр елдің ұрпағы екендігін бүкіл әлемге паш ете жырлайды. Сол сияқты қасиетті жердің даңқын, мерейін көтеріп, ұлылығын ардақтауға шақырады. Бұдан ақын қыздың еліне деген сүйіспеншілігін, мақтанышын байқаймыз. Біз сөзбен бере салмай, мағыналы сөзді қолдануы, батыр деп айта салмай, жеңімпаз деуі, өлеңнің әсерін күшейтіп, стильдік бояуын айқындай түсіп, үстеме мағына жамап тұр.

         Бұл өлең жолдарынан ұлтқа деген мақтаныш, патриотизм анық орын алған.

  1. Ұмыттырсын күн мен түн жиі алмаса,

                       Менен қашсаң берілме қиялға аса.

                         Еш әйелге ренжіп, өкпелеме

                       Мендей таза, тәкәппар сүйе алмаса!  [11.35].

         Өлеңнің үшінші шумағында ренжіп, өкпелеме синонимдері, контекстік синонимдер таза, тәкәппар қолданылған. Мұндағы ренжіп, өкпелеме қатар келген етістік синонимдер, адамның іс — әрекетін суреттеуде жұмсалып тұр. Синонимдік қатардың алғашқы сыңарынан, екінші сыңарының мағынасы басым келіп, өлеңге стильдік бояу беріп, тілдің шеберлігін танытады. Сонымен бірге өлең жолындағы лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі сезім оты таза, тәкәппар контекстік сын еміс синонимдері арқылы жалғасын тапқан. Тәкәппар сөзі ғашықтық әлеміндегі сезімнің тазалығы, яғни махаббат тазалығы ретінде берілген.

         Әйел ақын өлеңінде күн мен түннің жансыз заттардың күресі суреттелуі, кейіпкердің жан дүниесіндегі алай – дүлей сезіммен ұштасып, астарласып жатыр. Өлеңнің мазмұны әйел затына деген силастық, әйел затын бағалау, аялау, ұлы сезімге деген адалдық. Өлеңнің идеясы әйел қауымының бірлігі. Бұл әйел ақындар поэзиясынан әйел  затына тән қасиет, әр өлеңдерінде ажарлы бір нәзіктікпен жырланады.

         Ақын ойының ұтқырлығын өлеңнің мазмұнын ашатын контекстік синонимдердің қолданылуында, өлеңге үлкен әсер беріп, поэтикалық тілдің ұшқырлығын, өткірлігін айқындай түседі.

  1. Еркін қалмай қол создың ба таңдана.

                       Бетін тақап еміренді сәл ғана…

                       Сезеді өзін аңсап, күтіп жатқанын

                       Жазиралы, жазық төсті, кең дала! [10.101].

         Өлеңнің соңғы шумағы аңсап, күтіп етістік синонимдерге құрылған, түбірі аңсау, күту тұйық етістік формалы етістік синонимдер. Жазиралы, жазық, кең түбір сын есімдерден келген синонимдер. Бұлардың бәрі өлеңде сөйлемнің мазмұнын ашатын, стильдік синонимдер. Өлең жолынан ақынның туған жерге махаббаты, сағыныш сезімі айтылады. Сонымен бірге автор етістікті синонимдерді қолдана отырып, туған жерге деген махаббатын, туған жердің анасындай құшағына алып еміренуі, туған баласындай күтіп аңсауы, жансызға жан бітіре жырлауы, жүрек түкпіріндегі туған жерге, анасына деген сағынышы өлең мағынасының тереңдігін білдіреді. Дала келбетін жазиралы, кең синонимдерін қолдана отырып беруі, тілдің бейнелігін айқындай түседі.

         Емірену, жазық төсті сөздері деп берілуі әйел заты ғана сезіп – толғана алатын аналық сезім, аналық мейірімді білдіреді, бұл тек қана әйел затына тән ерекшелік. Әйел ақындар поэзиясын оқи отырып, олар жырлаған кез – келген тақырыпты алатын болсақ, өлеңдері нәзік сезіммен, аналық махаббатпен жырланса, сонымен бірге ер азаматтарға тән ерлік те, батылдық та тән құбылыс.

         Күләш Ахметова поэзиясындағы синонимдердің қолданылуы тек образ үшін емес, өлеңнің көркемдігін, экспрессивті – эмоционалды бояуын айқындау үшін таңдап – тауып қолдана білді, өлеңдерінде синонимдік қатардың стильдік мақсатта қолданылуы сөздер бояуының молыға түскенін байқауға болады. Ақын қолданған әр сөздің қызметі, әсері айқын, әр сөздің қызметі нақты, шынайы.

         Поэтикалық бейнені дәл беруде синонимдерді талғап, таңдап өте шебер пайдаланған. Ақын өлеңдерінде мағыналас, мағыналары жақындасатын сөздерді контексте бір – бірін қатарластыра жұмсайды, лексикалық синонимдерді еркін меңгеріп, онымен өлеңнің мазмұнын ашуға, ойды тереңдетіп беруге қолданады.

         Күләш Ахметова өлеңдерінде сирек кездесетін құбылыс анафораның қолданылуы бар.

                   Сендерсіз, әне сары белдерден асты күн,

                   Сендерсіз елім жинап та болды астығын.

                   Сендерсіз бірақ айдынның бауыры – тас бүгін,

                   Сендермен кеткен мазасыз шағы – жастығы.

         Ақын шығармаларын көркем теңеулермен де ажарландырады. Академик Заки Ахметов теңеу туралы былай дейді: «Теңеу – екі нәрсені, құбылысты салыстырудың ең көп тараған тәсілі. Жасалу қалпына қарай теңеулердің сан түрлі болып келетіні байқалады. Бірде теңеу екі нәрсені тұтас алып салыстыру арқылы жасалса, енді бірде айтылып отырған нәрсенің бірде сипат белгісін, түсін, дыбыс – үнін, тағы басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрсемен салыстырып бейнелеу негізінде туады. Сонымен қатар бір нәрсені басқа нәрсемен қимыл – қозғалысындағы ұқсастықты «тірек етіп, салыстыру жолымен жасалған теңеулер жиі кездеседі».

                   Ел тілесе,

                   Айналам қорғаныңа

                   Жолбарыстай жол салам орманыңа.

                                               ***

                   Өтті өмірім сынаптай сырғанағым,

                   Саздарымды алыңдар тыңдамаған.

         Бұл теңеулер оқырманның эстетикалық сезіміне әсер етіп, қиялын шарықтатады.

         Жаны нұрға, жүрегі сезімге толы ақын Ахметова өзінің аңсарыңды аударатын айбынды жырларын тылсым күшке толы табиғат әлемімен, жыл мезгілдерімен байланыстыра кең мағынада суреттейді.

                   Самал желге – жүгірген тасып хабар –

                   Сыр айтады ұзақ та, ашық та олар.

                   Күрсінеді, қарайды біз сияқты

                   Бір – біріне олар да ғашық болар?

         Ақынның табиғат лирикасына тән ерекшелігі – қашанда «Жапыраққа» тіл қатады.

                   Ғашық боп қалдым мен оған,

                   Жапырақтар –ау не істеймін?! [11.56]

деп жапырақтардан қайратты ақыл сұрап, артық сырлары бар екенін айтып, тілектес болуын қалайды. Өзінің қасиетті талантының арқасында жарық көріп жатқан жыр жинақтарының бірін «Күн шыққанда күліп оян» деп атауының өзі әсерлі. Ақынның  «Күн шыққанда күліп оян» деген өлеңі нағыз лирикалық ақынның жан дүниесінің айнасы. Әрине, қуана білмеген адам күле де білмейді, баянды өмір сүре де бермейді.

                   «Жүрекке мейірім мен жылу көмек,

                   Сүйсінбеуге бола ма сұлуға ерек?

                   Ойлай берсең ой да көп, уайым да көп

                   Шыққан күнге қуана білу керек».

         Бұл нағыз сезімтал ақынның жүрегінен шыққан нәзік те, шынайы сезімі. Ақынның көңіл – күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал жайына байланысты өзін қоршаған шындықтың саяси әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да – лирикада сол өз кезінің шындығымен сыры жатады.

         Күләш Ахметова эпитет жасауда үлкен белестерден бастау алады. «Сарыөзек сағыныш поэмасында ақын «сары» сөзінен эпитеттерді шебер үйлестіре білген:

                   Сары өзен. Сары тоғай. Сары қайың,

                   Сары өзек, сары дала, сары уайым.

                   Сарыптап сезімдерге сабау болып,

                   Сары ішік шабытымды жамылайын.

         Ақын өлеңіндегі «сары бұлақ» айқындауы өзінің жеке қабылдауынан туған. Әдетте бұлаққа қатысты айқындаулар «кәусар, мөлдір, таза» болып көбірек қолданса, поэмадағы сағыныш – аңсардың аясында «сары» түстің басым болып, бұлақтың да сары түске боялуы табиғи шыққан. Өзіндік өзгешеліктерін де нақтылы ашады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. Қорытынды

         Ақын лирикасының негізі – адам жанының нәзік сезімі, ақ сөйлейтін пәктігі мен адалдығы, жақсы адамдарға тән жайдары мінезі болып табылады.  Күләш Ахметованың махаббат тақырыбындағы жырлары – жыр сүйер қауымның көз қуанышына, рухани кәдесіне айналды. Күләш – қазақ әдебиетіндегі қайталанбайтын өзіндік жыр өрнегі бар сезімтал ақын. Күләш Ахметованы өзге ақындардан ерекшелеп, даралап көрсететін – оның өлеңдеріндегі шынайы, таңғы шықтай мөлдір жырындағы лиризмнің үстемдігі және ғашықтықты ғиззат тұтудың, сұлулыққа сүйіспеншіліктің, асыл сүйіністің жарасымды жырын кестелейді.

         Күләштің өлеңдерін тақырыптық жағынан алып қарағанда кілең лирикаға құрылған деуге болады. Мұндағы табиғат, көңіл –күй, махаббат лирикалары оқыған жанның жан дүниесін тербеп, терең сезіммен баурап әкетеді.

         Ақын өлеңдерінен үзінді келтіре отырып, пәк сезімін –

  • Хат жазар деген ойға еш келмеген.
  • Мен сенің есіміңді жырыма орап, —

Болашаққа қастерлеп алып барам.

  • Тірліктің барлық заңдарынан да қымбаттым,

Адамның жаны, адамның көңілі жұмбақ тым.

  • Ортақ маған арманың, қиял қайғың…

Ойларымды мен саған жиі арнаймын…

деген тармақтары арқылы да дәлелдей, толықтай түсеміз.

         Күләш Ахметованың өнер мен шығармашылық  жолы дүниетанудан, адам сезімінің сан алуан үйлесімділігін көрсетуден тұратындығын байқаймыз. Ақын жырларының өн бойынан мейірім, шапағат, жақсылық, адамгершілік, азаматтық сағыныш, күрескерлік, ұлтжандылық, мұң, ата – баба рухына адалдық, ата мекенге деген, аяулы жарға деген сүйіспеншілік, махаббатқа мәңгілік сияқты ұғымдардың асқақтығын неғұрлым биіктету әр уақытта алғы саптан көрінеді.

         Халықтың ұлттық санасын көтеріп, жас ұрпақтың рухани дәрежесін арттыруда Күләш жырларының алар орны шексіз.

         Күләш Ахметованың ақындық өнері өмірдің өзіндей өрісті де өрнекті, адам сезімдерін жырлауда шебер де шешен, шыншыл сипаттарымен ден қойғызады. Өлеңдегі өмір өрнектерін алуан салыстырулар арқылы сенімді суреттеледі.

         Қорыта келгенде, Күләш Ахметованың ақындық өнері:

  • өмірден өрбіген шындықтарды көңіл көрігінде қорытып, жүректен қозғап, шынайы жеткізеді;
  • атамекеннен басталған өмірге құштарлық, адамды аялау мен бағалаудан тұратын ізгілік іздері сенімді де серпінді өріс алады;
  • бала шақтан болашаққа бет түзеген арман – мұраттары, жастық пен достық сырлары, махаббат ғаламаттары мөлдір де шыншыл сипаттарымен қойғызады;
  • адамдық іс, әділетті әрекет, халықтық тағылымдар, мораль мәселелері уақыт тынысына сәйкес беріледі;
  • жан – сезім сырлары, табиғат таңғажайыптары, жыл мезгілдері өзіндік өрнек, көріністерімен кемел де көркем суреттелінеді;
  • ең бастысы, ақын поэзиясы тақырып табиғатымен, жанрлық көркемдік ерекшеліктерімен, тіл бедері мен стильдік сипаттарымен дараланады.

Асылы, ақын әлемі – бөлек болмысты бітімімен, көзқарас қолтаңбасының өзгешеліктерімен, дара дарынымен, табиғи талантымен танылар болса, бұл белгі ерекшеліктер – Күләш Ахметова поэзиясынан, ондағы махаббат тақырыбындағы табиғат туындыларынан терең танылады. Күләш Ахметова лирикасының табиғаты мен тағылымы, көркемдік – рухани нәрі осында болып табылады. Сондықтан болар, үлкен әріптермен жазылатын ұлы мағыналы ақындықтың, яғни таласы жоқ көрнекті ақын Күләш Ахметованың шығармашылық табысы өзіне де өзгелерге де анық, олар асулары, көтерілер баспалдақтары бұдан да биік болады деп сенеміз.

Күләш Ахметова жырлары өз оқырманын бей-жай қалдыра алмайды. Өзіндік нәзік сыршылдықпен өрілген ақын өлеңдерінің тамыры тереңде жатыр. Қазіргі таңда әдебиет сүйер қауым көркем сөздің, көркем ойдың құдіретіне бас иеді. Әдебиет – асыл да көркем ойдың жемісі. Күләш жырын оқыған әрбір жан, оның жырларынан да өмірінің титтей де болмасын сәулелі сәттерін көз алдынан өткізіп, бір серпіліп қалары ақиқат.

                   «Бегімайдың мұңы» қалқып санамда,

                   Жыр жазамын ғашық болып қалам да.

                   «Айша Бибі» күмбезіне тәу етем,

                   Ахметова жырларынан табам да», [12.4] – деп бүгінгі өркендеп келе жатқан поэзия әлеміне енді ғана бас сұққан талант иелері осылайша ақынға жыр жолдарын арнайды.

         Күләш өлеңдері еліне, халқына қызмет етіп, адал ниетте әр адамның жүрегінде жұлдыздай жанып, жарық нұр шашыратып тұр. Өйткені ол жыр Күләші!

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Қазақстан Заман // 4 сәуір 2003 жыл 7-бет.
  2. Қазақстан Заман // 14 ақпан 1997 жыл 15-бет.
  3. Шалқар // 12 қазан 2003 жыл  5 –бет.
  4. Абдуалиева Ж.Б. «Күләш Ахметованың лирикасы» Автореферат.

ҚР.Астана  2006 жыл.  10-бет.

  1. Жұмалиев Қ. Стиль — өнер ерекшелігі. Алматы. 1966 жыл 79-бет.
  2. К.Ахметова «Күн шыққанда күліп оян» Алғы сөз: Жебеу жырлар.

Алматы: Ана тілі,  1996 – 10 бет.

  1. К.Ахметова. Бұлақтағы жұлдыздар. Алматы: Жазушы. 1982 жыл.
  2. Сыздық Р. «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау». Оқу құралы.

Алматы «Ғылым  2002 жыл.

  1. Қазақ әдебиеті // 7 мамыр  1996 жыл № 19.  14 –бет.
  2. К.Ахметова. Арғымақтар даласы. Өлеңдер. Алматы. Жалын. 1987

жыл. 142-бет.

  1. «Күн шыққанда күліп оян» Өлеңдер мен поэмалар. Алматы. «Ана

тілі» 1996 жыл 35 бет.

  1. Қазақ әдебиеті // 19 мамыр 2006 жыл №20  4 бет.
  2. Жұмабек С. Сын симфониясы. Таңдамалы. Әдеби толғаныстар.

         Алматы. 2005   332-340-бет.

  1. Егемен Қазақстан // 2006 25 сәуір №89   6-бет.
  2. Түркістан 2004 жыл 6 мамыр.  № 19
  3. Ақ желкен 2004 жыл 7 қыркүйек  №9  2-бет.
  4. «Лениншіл жас» 1968 жыл сәуір 4-бет.      
  5. Егемен Қазақстан 2006. 25 – сәуір. № 89. 6-бет.
  6. Егемен Қазақстан 2004. 26 – мамыр. № 132-135. 13-бет.
  7. Қазақ әдебиеті. 1999. 26-раурыз. 4-бет.
  8. Нарынбетов Ә. Қазіргі қазақ поэмасы. — Алматы: жазушы. 1982 ж.

178-бет.

  1. Жүсіп Қ.П. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. — Павлодар. 1999. — 384-бет.
  2. Дәдебаев Ж. Өлеңдегі сөз. Уақыт және қаламгер. — Алматы: Жазушы. 11 кітап. 1985. 151-бет.
  3. Ахметова К. Сен менің бақытымсың. — Алматы: Жалын. 1977. 80-бет.
  4. Кәрібозұлы Б. Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты. Фил.ғылым.докторы диссертациясының авторефераты. — Алматы: 1997. 50-бет.
  5. Тілешев Е. Суреткер және көркем әдіс. — Алматы: Аркас. 2005. 278-бет.