ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Заң факультеті
Қылмыстық құқық және криминология кафедрасы
ДИПЛОМ Ж Ұ М Ы С Ы
Қылмысты саралау және оның ұғымы
Алматы 2010
Мазмұны
І-тарау. қылмысты саралаудың жалпы түсінігі, түрлері жӘне теориялық негіздері…………………………………………………………………….
1.1. Қылмысты саралаудың түсінігі мен түрлері…………………………………………
1.2. Қылмысты дұрыс саралаудың маңызы…………………………………………………
1.3. Қылмысты саралаудың сатылары………………………………………………………..
ІІ-тарау. қылмыстық құқықтағы саралаудың құқықтық негіздері………………………………………………………………………………………………………
2.1. Қылмыстық заң-қылмысты саралаудың құқықтық негізі………………………
2.2. Қылмыстың құрамы және оны саралаудың маңызы……………………………..
Қорытынды………………………………………………………………………………………….
Қолданылған нормативтік құқықтық актілер жӘне әдебиеттер………………………………………………………………………………………………….
КІРІСПЕ
Елімізде ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында тарихта және саясатта жан-жақты елеулі өзгерістер болғанына куәгерміз. Демек, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен мемлекеттің егемендігі туралы декларация 1990 жылы қазан айының 25-жұлдызында қабылданды. Бұл арада Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп санай отырып, жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясын және ұлттардың өзін-өзі еркін билеу құқығын тани отырып, ізгілікті демократиялық құқықтық мемлекетті құруға бел байлауды негізге ала отырып, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды. Сонымен тарихи біршама уақыт бойы өмір сүрген тоталитарлық тәртіппен тәуелділіктен кейін Қазақ мемлекетінің тарихында тұңғыш рет 1991 жылы желтоқсан айының 16-жұлдызында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» маңызды заң қабылданғаны белгілі.
1995 жылы тамыз айының 30-жұлдызында референдум жолымен қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан акт болып табылады. Осы Конституцияның 1-бабына сәйкес «Қазқстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады және оның ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі мен құқықтары мен бостандықтарын құрметтеп қорғайды» [1,1б]. Әрине, егемендік пен тәуелсіздікті іс жүзінде толықтай тиянақты орнату процесі оңайлыққа түспей отыр. Республикада болып жатқан өзгерістер, күндегі апталық жаңалықтар, ауқымды кең тараған процестер, белгілі өскелең талап – талғамға сай өмір сүруге ынталандырып отыр. Осы жоғарыда айтылған белсенділігімен қоғамдағы дәрежесін арттыруды, адамды өндіріске материалдық қызығушылық арқылы тартуды әр республикада өз даму процесінде халықты құқықтық тұрғыдан қолдап қамтамасыз етуді басты бағдар етіп қойды. Қоғамдық қатынастарды реттеуші құралдардың бірі заң саласы. Осы үлкен өзекті саланың өзекті бір арнасы – қылмыстық заң бұл тұрғыдан алғанда көп іс-қимылды талап етеді.
Қазақ КСР 1959 жылы қабылданған Қылмыстық кодексінің нормалары өмірімізде орын алған саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сай келмегендіктен, 1997 жылы шілде айының 16-жұлдызында Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі қабылданып, ол 1998 жылы қаңтар айының 1-жұлдызынан бастап заңды күшіне енді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Жоғарғы заңды қорғауды қамтамасыз ете отырып, заңды сыйлайтын азаматтарды қылмыстан қорғауға жете мән берілсін және заңға қарама-қайшы іс-әрекет жасайтындарға билік пен заңның ең қатаң түрі қолданылсын»,-деп атап өтті[3,34б]. Сол себептен қазіргі кезеңде негізінен республикамыздың мемлекеттік және қоғамдық өмірінің құқықтық негізінің нығаюына, қылмыстылықпен және заң бұзушылықпен күресті күшейтуге қоғамымыздың әр мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарына қол сұғушылықтың алдын алуға басты назар аударуда. Осыған орай, елімізде қатарынан қабылданып жатқан құқықтық немесе ұйымдастыру шараларына қарамастан еліміздегі заң тәртібін бұзушылық қылмыстық ахуал күрделі күйінде қалып отыр.
Қазақстан Республикасы өзін құқықтық мемлекет ретінде қалыптастыруды мақсат тұтады. Құқықтық мемлекет қашанда қоғамдағы елеулі деп танылатын қоғамдық қатынастарды заң жүзінде реттеумен айналысып ғана қоймай, ол сонымен бірге құқықтық қатынас субъектілерінің міндеттері мен құқықтарын белгілеп, заң нормаларын дұрыс, әрі тиімді қолдану жолдарын арттыру қажет және олардың бұзылмай сақталуын қамтамасыз етуі керек. Құқықтық мемлекеттің мұндай қағидалары әсіресе қылмыс жасады деген себеппен жауаптылыққа тартылған адамдарға қатысты ерекше мағынаға ие болады. Өйткені, Қазақстан Республикасы да әлемдік өркениеттердің қатарына қосылу және адамгершілік қағидаға басымдық беру үшін азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және оны қамтамасыз етуді мақсат етеді. Мұндай қағиданың сақталмауы ауыр салдарға соқтыратын және адамның тағдырына әсер ете алатын болмыс, қылмыстық заң нормаларын дұрыс қолданбау болып табылады.
І-тарау. қылмысты саралаудың жалпы түсінігі, түрлері жӘне теориялық негіздері
1.1 Қылмысты саралаудың түсінігі мен түрлері.
Қылмыстық құқықтың негізгі міндеттерінің бірі қылмыс болып табылатын қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді анықтау, оларға жазаның түрі мен көлемін белгілеу болып табылады. Бірақ қылмыстық құқық осы міндеттерді іске асырып ғана қоймай, қылмыстардың қоғамға қауіптілік дәрежесін, кінәні ауырлататын немесе жеңілдететін жағдайларды, жаза тағайындау және жазадан босату кезінде ескерілуге тиісті қажеттіліктерді т.б. анықтаумен айналысады.
Қылмыстық заң нормаларын практикада, яғни сот-тергеу қызметінде қолдану тәртібі туралы сөз қозғалғанда және оны іске асырғанда қылмысты саралау туралы мәселе орын алады.
ҚР-сы ҚК-нің 2 бабының мағынасы екі қызметті іске асыруға бағытталған. Біріншісі, қауіптілігі жоғары деп танылған іс-әрекеттерді заңда қылмысты деп жариялау арқылы азаматтардың мұндай әрекеттерді алдағы уақытта жасауына немесе заң нормаларында міндеттер белгіленгенде әрекетсіздік танытуына шектеу қою, тыйым салу болып табылады. Екіншісі, қылмыстық заңның тыйым салынуына қарамай, қылмысты іс-әрекеттерді жасаған жағдайда оларға жауаптылықты белгілеу үшін заң нормаларын қолдану болып табылады. Қымыстық заң осы екі міндетті іске асыру үшін өмір сүреді. Қылмысты саралау мәселесі осы екінші міндетті дұрыс, әрі қылмыстық құқықта белгіленген ережелерге сәйкес іске асыруға арналған. Сондықтан қылмысты саралау қылмыстық құқық ғылымының маңызды және жиі қолданылатын ұйымының бірі болып табылады. Саралау ұғымы латын тілінің «qualis» деген сөзінен шыққан және «сапа» деген мағынаны білдіреді. Шын мәніне келгенде, саралау, яғни сапаны бағалау адамның тәрбиелік қызметінде қалыптасқан. Ендеше, біздің айналамызда бір – бірімен байланыста және үнемі қозғалыста болатын әр түрлі заттар мен құбылыстар өмір сүреді. Әрбір зат немесе белгілі бір қимыл іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) құбылыс өзіне ғана тән ерекшелігімен сипатталады. Мысалы, қылмыс құрамының элементтері бір – бірінен өзгеше. Мұндай ерекшеліктер сапаны бағалау ерекшеліктері деп аталады. Заттың, құбылыстың сапасын адам өзінің тәрбиелік қызметінде ғана анықтай алады. Ал сапасын бағалау – кез келген заттың мөлшерін, өлшемін, түрін, тобын анықтау болып табылады. Ол басқа заттармен, құбылыстармен тікелей немесе аралық байланыста және қатынаста болады. Сонымен қатар заттар немесе құбылыстар бір – бірімен белгілі бір қатынаста бола отырып, бірінен – бірі мөлшер жағынан ерекшеленеді. Мысалы, қылмыстық жауаптылық мәселелерін шешуде және жаза тағайындауда, жазаның мөлшерін белгілегенде ерекшеленеді. Сондықтан, заттар мен құбылыстардың, белгілі іс-әрекеттің (әрекет немесе әрекетсіздік) сапасын, мөлшерін, өлшемін айқындау өте маңызы.
Қылмыстық заңда саралау ұғымы сот, прокуратура, тергеу т.б. қызмет органының тәжрибелік қызметінде айқын көрінетін олардың іс-әрекетімен тығыз байланыста болатын түсінік.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық құқығының қолдану шегінің әрекеттілігі үш түрлі мағынада көрініс табады.
- Қылмыстық заңда қолданылады;
- Қылмыстық құқықтық нормада талқыланады;
- Қылмысты саралау аясында қолданылады;
Бұл үш түсініктің бағыты да, мағынасы да, мазмұны да біртектес тығыз байланысты, бірақ қолдану шегіне орай мақсаттары әртүрлі. Шынында да, соңғы екі түсінік бірінші түрдегі түсінікті, яғни қылмыстық заңның дұрыс қолдану тәсілін айқындап, бейнелейді. Ал біздің нақты зерттейтін тақырыбымыз, қылмыс құқығының қолдану шегінің әрекеттілігінің үшінші түрі қылмысты саралау.
Қылмыстық құқықтағы кез келген сұраққа жауап теория және тәжрибе жүзінде саралаудың қатысуымен шешіледі. Демек, қылмысты саралау мәселесі – теория бойынша да, тәжрибе тұрғысынан алғанда да, күрделі де маңызды мәселелердің бірі. Қылмыс жасаған адамның тағдыры жасалған іс-әрекеттің қалай сараланғандығына байланысты. Қылмысты саралауды қылмыстық құқық ғылымының институты ретінде танытқан ең тұңғыш докторлық диссертацияны профессор В.Н. Кудрявцев ұсынды. Оның пікірінше қылмысты саралау дегеніміз – қылмыс белгісі бар іс-әрекетті Қылмыстық Кодекстің Ерекше бөлімінің баптарына дәлме – дәл жатқызу арқылы белгілі бір қылмысқа құқықтық баға беру деп санады.[1] Қылмысты саралаудың түсінігі туралы оқулық әдебиеттерде бір – біріне ұқсас, бірақ өз – ара айырмашылығы бар бірнеше анықтамалар кездеседі. Мысалы, Б.А.Куринов «Қылмысты саралау – бұл жасалған қылмыстың белгілері мен қылмыстық заң нормаларының арасындағы ұқсастықты табу болып табылады»,- дейді.[2] Ал А.Н.Ағыбаевтің пікірінше: «Қылмысты саралау дегеніміз – қоғамға қауіпті, қылмыстық заңға қайшы істелінген іс-әрекетті нақты бір қылмыс құрамына жатқызу және осы іс-әрекетке Қылмыстық кодекстің Жалпы және Ерекше бөлімдегі тиісті баптарға дәлме – дәл жатқызып, құқықтық баға беруді қылмыстық құқық теориясы қылмысты саралау деп атайды».[3]
Негізінен құқық бұзушылық заң бойынша екіге бөлінеді:
- Қылмыс;
- Теріс қылық;
Қылмыс құқық бұзушылықтың ең ауыр түрі. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Теріс қылық үшін жауаптылықтың үш түрі бар:
- Әкімшілік жауаптылық (мысалы, автокөлік жүргізу тәртібін бұзғаны үшін).
- Тәртіптік жауаптылық (еңбек етуге байланысты міндеттерін орындамағаны үшін).
- Азаматтық құқықтық (мүліктік) жауаптылық.
Заң бойынша қылмыстық құқық бұзушылыққа қылмыс құрамының төрт элементі түгел болғанда ғана тартылады. Олар: объект, объективтік жағы, субъект, субъективтік жағы. Егер аталған төрт элементтің біреуі болмаған жағдайда тұлға жауаптылыққа тартылмайды. Төрт элементтің түгел болуы қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылған жағдайда қажет. Азаматтық құқық бұзушылыққа тұлға тікелей кінәсі болмаса да, келтірген зияны үшін жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Мысалы, автокөліктің иесі оны жүргізуді басқа біреуге тапсырса, жүргізушінің біртұтас келтірген зиянын көлік иесі төлейді. Мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары белгіленген болса, кінәсіздік болжамы қолданылады. Тұлғаның кінәсі дәлелденбей ол қылмыстық құқық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды (24,102,103). Әрине, қылмыс құқық бұзушылықтың жеке бір көрінісі болып табылады. Осыған орай, қылмысты азаматтық құқық, әкімшілік және тәртіптік құқық бұзушылықтан және бейморальдық жат қылықтардан ажырата білудің маңызы ерекше. Істелген қылмыстың зардабы болып, мемлекеттің ең ауыр күштеу шарасы қылмыстық жаза және содан туындайтын сотталғандық атақ болып табылады. Басқа құқық бұзушылықта мұндай жазалау шаралары жоқ, ал қолданылған ықпал ету шаралары сотталғандық атақ әкелмейді.
Саралау кезінде болған оқиғаға құқықтық баға беріледі, ал қылмысты саралау кезінде заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға, заңды мүдделерге, құқықтарға және қоғамның құндылықтарына қауіп төндірген, саналы түрде жасалған іс-әрекетке құқықтық бағалау жасалады. Қылмыстық құқықтық бағалау кезінде болған қылмыстық оқиғаны басқа құқық бұзушылықтардан ажыратып, онда қылмыстың құрамы бар немесе жоқтығын анықтап, бар болған жағдайда оны ҚКтің Ерекше бөлімінің белгілі бір бабына сәйкестігін табу керек.
Қылмысты саралау кезінде екі маңызды категорияның ара қатынасы, яғни ұғыстық дәрежесі өлшенеді. Біріншісі, Қоғамның мүддесіне қайшы жасалған әрекет назарға ілігіп, оған қарсы шара қолдану қажеттілігі туындайды. Мұндай әрекеттер қоғамаға қарсы сипатымен, әдетте сол ортадағы әлеуметтің назарлығын тудырып, жалпы адамгершілік тұрғысынан бағалауға алынады. Адамгершілік бағалау мұндай әрекеттерге тыйым салу бағытын ұстанғанда ғана, оны қылмыстық заңда қылмыс ретінде бағалау қажеттелігі пайда болады. Демек, әлеуметтік-қоғамдық ортада адамгершілікке жатпайтындығына байланысты құқық тұрғысынан қылмыс деп бағаланған құбылыстар өмір сүреді.
Екінші категория, ол заң шығарушының ой жұмысының жемісі емес, әлеуметтік-қоғамдық ортада, сол қоғамда кездесе алатын зиянды іс-әрекеттерді анықтаудың нәтижесінде дүниеге келген қылмыстық заң. Заң шығарушының зиянды іс-әрекеттерді қылмыс деп белгілеуінде де адамгершілік бағалау жатыр. Ол бағалау әлеуметтік ортаның бағалауына, яғни сол қоғамдағы адамзаттың ортақ бағалауына негізделген болуы немесе сәйкес болуы қажет. Міне осындай себептен қылмыстық құқық өмір сүріп, өзінің өмір сүру себептеріне байланысты басты міндетін, яғни қылмыстық құрамдарды анықтаумен және оларға жазаның түрі мен көлемін белгілеумен айналысады.
Қылмысты саралау кезінде жасалған қауіпті іс-әрекеттердің белгілерімен қылмыстық құқық нормалары мен қарастырылған қылмыс құрамдарының арасындағы сәйкестік анықталады. Жасалған қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мен заңда белгіленген қылмыс құрамының элементтері мен белгілері дәл келгенде, яғни қылмыс құрамының объектісін, объективтік жағын, субъективтік жағын және субъектісін сипаттайтын белгілері дәл келгенде сәйкес деп танылады.
Сонымен, қылмысты саралау дегеніміз – жасалған қылмысты іс-әрекеттің белгілері мен қылмысты құқық нормаларымен қарастырылған қылмыс құрамдары белгілерінің бір-біріне сәйкестігін анықтау болып табылады.
Қылмысты саралай отырып, оған құқықтық бағаны көрсеткенде әлеуметтік-саяси және адамгершілік бағалар берілуі үшін қылмыстық заң дұрыс, сапалы, толық жасалып және іс-әрекетті саралау жұмысы да заңдылықты сақтай отырып іске асырылуы керек. Сондықтан саралау мәселелерін шешу құқықтық ғана емес, ол әлеуметтік-саяси мағынаға да ие.
Қылмысты саралау ұғымы, осы салада ғана пайда болатын құқықтық қатынастың пайда болғанын көрсетеді. Дәлірек айтқанда қылмыстық құқықтық қатынас қылмыс жасалған кезден басталады. Ал саралау кезінде бұл құқықтық қатынас ресми түрде көрінеді. Қылмыстық-құқықтық қатынас кінәлі деп танылған адамға осы қылмыс үшін жауаптылықты өтеуді, ал мемлекет ол адамға қылмыстық-құқықтық шараларды қолдануды көздейді. Бұл құқықық қатынас іске асырылғанда кінәлі адамға қылмыстық заңның тиісті нормасы қолданылып, сол норма көлемінде жауаптылығы белгіленеді.
Қылмысты саралау кезінде жасалған қылмысты іс-әрекеттің белгілерімен Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі қылмыс құрамдары элементтерінің сәйкестігі ғана анықталып қоймайды, сонымен бірге қылмысты саралауда ҚК-тің Жалпы бөлімінің де баптары қолданылатын кездер болады. Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің де барлық баптары жекелеген қылмыс түрлерін білдіре бермейді. Мысалы, ҚК-тің 366 бабы әскери қылмыстардың жалпы түсінігіне арналған. Бұл бапта жеке қылмыс түрі келтірілмеген, сондықтан 366 бапқа сілтеме жасалынбайды. Ал Ерекше бөлімде қарастырылған қылмыстарды жасау кезінде Жалпы бөлімде қарастырылған жағдайлар орын алса, онда Жалпы бөлімнің нормаларына және оның бөлімдеріне сілтеме жасау арқылы сараланады. Бірақ Жалпы бөлімнің барлық нормаларына сілтеме жасалынбайды, оның ішінде тек аяқталмаған қылмыстар, қылмысқа қатысушылардың әрекеттерін қарастыратын нормаларға ғана сілтеме жасауға болады. Қылмыстық заңның Ерекше бөлімінде тек қылмысты орындаушының әрекеттері және аяқталған қылмыстардың белгілері бейнеленген.
Жалпы бөлімнің басқа нормалары қылмысты саралауда мүлдем қолданылмайды деп айтуға болмайды, оларға тікелей сілтеме жасалынбаса да іс-әрекетте қылмыстың құрамы бар немесе жоқ екендігін анықтау кезінде атқараты рөлі бар. Мысалы, кінә нысанының, қылмысқа қатысу ұғымының, қылмыс жиынтығының, қылмыстың бірнеше рет жасалуының т.б. ұғымдары Жалпы бөлімде қарастырылған және қылмысты саралау барысында ескерілетін ережелер болып табылады. Сонымен бірге қылмысты саралау кезінде қылмыстық заңға жатпайтын өзге де ведомствалық заңдар, жарғылар, ережелер, инструкциялар ескеріледі. Бұл өзге ведомствалық актілерді саралау кезінде қолдану себебі, ол ҚК-тің Ерекше бөлімінің кейбір баптарының бланкетті диспозиция түрінде болуына байланысты. Заң нормаларының диспозициясы бланкетті болғанда, белгілі бір қылмыс құрамы бар немесе жоқ екенін анықтау үшін, сол тиісті заңдарды қарау керек. Ол заңдарда, жарғыларда формальды түрде құқық бұзушылық болып саналатын іс-әрекеттер, қылмыстық құқықта көбінесе материалдық құрамдар ретінде белгіленген. Мысалы, 152-бап «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу», 256-бап «Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу», 267-бап «Санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу». Сол сияқты өзге ведомствалық ережелерді, инструкцияларды, заңдарды бұзу бірден қылмыс ретінде бағаланады. Мысалы, ҚК-тің 146,147-баптар сайлау жүргізу саласындағы қылмыстар, т.б. сот-тергеу қызметінде мұндай қылмыстар бойынша саралау жүргізілгенде ҚК-тің Ерекше бөлімінің тиісті бабы қолданылады, бірақ іс қозғау туралы қаулыда немесе сезікті, айыпкер ретінде тарту туралы қаулыларда міндетті түрде өзге салалық нормативті актілердің, яғни жарғы, ереже, инструкциялардың тиісті бөлімі келтіріліп, қылмыскердің кінәсі негізделеді.
Қылмысты саралаудың екі түрі бар:
- Легальдық (ресмиленген) саралау
- Доктриналдық (ғылыми) саралау
Легальдық саралау – қылмыстық істің барлық сатысында жүргізіледі (қылмыстық істі қозғаудан бастап, бақылау тәртібіне дейін). Оны латын тілінен «Leqalis» аударғанда – заңды деген мағынаны білдіреді. Қылмыстық заңның іс жүзінде қолданылуын білдіреді және көрінісі бойынша міндетті түрде ҚК-тің Ерекше бөлімінің баптарына сілтеме жасау түрінде іске асырылады. Легальдық саралау қылмыстық істі жүргізу қызметін атқаратын органдардың, яғни сот, тергеу, прокуратура қызметкерлерінің шығарған сот-тергеу құжаттарында көрініс табады. Сонымен бірге саралаудың бұл түрін тергеуде және сотта қаралып жатқан қылмыстық істер бойынша міндетті күші болады.
Ал, Доктриналдық саралау — қылмыстық істер немесе қылмыстық құқық ғылымына жататын кейбір мәселелер бойынша саралау жүргізу туралы ғалымдардың оқулықтарында немесе басқа да басылымдар да ұсынған пікірлері жатады. Ғылыми еңбектер, монографиялар, оқулықтар, ғылыми мақалалар т.б. еңбектер жүзеге асырылады. Ғылыми білім ғылыми ізденістің, шығармашылық іс-әрекеттің барысында туындап, жинақталады. Ғылыми саралау ұғымына қылмыстық істер бойынша жұмыс істемейтін немесе оның ғылымына қатысы жоқ жекелеген азаматтардың жасаған саралауы жатпайды. Себебі, жекелеген азаматтардың өз бетінше жасаған қылмыстық іс-әрекетке бағалауы қылмыстық құқық ғылымының дәрежесінде бола алмайды. Доктринал латын тілінен «Doctrina» аударғанда – оқыту деген мағынаны білдіреді.
Қылмысты саралаудың түріне байланысты ешқандай дау туған жоқ. Барлық ғалымдардың көз қарасы бір бағытта бейнеленді. Мысалы, Ф.Г. Бурчак, Г.А. Левицкий, Г.Т. Черненко т.б. ғалымдардың көз қарасы бір арнада біріктірілген. Бұл арада Г.А. Левицкийдің: «Ресмиленген саралау мен доктриналық саралау түптің түбінде айқындалған логикалық іс-әрекет болып табылады, сонымен қатар қылмысты дұрыс саралауда қылмыстың әлеуметтік – саясатын дұрыс қолдану арқылы құқықтық баға беруде саралаудың жоғарғы аталған екі түрінің атқаратын рөлі ерекше»,-деген пікіріне жүгінеміз.[4]
Бұл екі саралау түрінің бір-бірінен айырмашылығы ол біріншіден, қолданылу орнына және міндеттілігіне байланысты, яғни ресми саралаудың қылмыстық істер бойынша міндетті күші болады және тек құқық қорғау органдары қызметкерлерімен жүргізіледі. Екіншіден, ресми саралау ғылыми саралауға негізделген болуы керек. Яғни ғылыми тұрғыда қылмысты саралауды қылмыстық құқықтың қағидалары, ережелері ескеріле отырып талданған, жан-жақты зерттелінген, саралау тәртібі ұсынылады. Сондықтан ғылыми саралауда қателіктер аз кездеседі. Практика қызметкерлерінің қылмысты әрекеттерге саралау жүргізуінің моделі, қылмыстық құқық ғылымының дұрыс шешімдерін қолдану болып табылады.
1.2. Қылмысты дұрыс саралаудың маңызы.
Қылмысты дұрыс саралауда немесе қылмыстық заң нормаларын дұрыс қолданылғанда заңдылық қағидасы сақталады. Демократиялық және құқықтық бағыттағы дамушы мемлекеттер үшін заңды дұрыс, әрі дәл қолдану Конституциялық қағида болып табылады. Заңдылық қағидасы қылмыстық құқық саласында заңды дұрыс түсініп, дұрыс қолдана білуді міндет етеді. Мұнан басқа, бұл қағида заңда көрсетілмеген іс-әрекеттер қылмыс ретінде бағаланбайтынын, яғни барлық қылмыс деп танылған іс-әрекеттер тек қылмыстық заң арқылы анықталатынын білдіреді.
Заң нормалары кейде өмір шындығына сәйкес келмейтін немесе ескіре бастаған түрде, сонымен қатар қылмыс деп танылған кейбір әрекеттердің қылмыстылығына әлеуметтік тұрғыдан күмән болуыда мүмкін. Бірақ өмір сүріп отырған қылмыстық заңның сапасыз тұстары болса да, оның жалпыға міндетті күші болғандытан сақталуға тиісті болып табылады. Бұл да заңдылықтың сақталуын білдіреді. Демек, жасалған қылмысты дұрыс саралау, ол кінәлінің әректтеріне дұрыс баға беретін және қоғамның, жеке адамдардың мүддесі мен құқықтарын қорғайтын заң бабын қолдануды білдіреді. Мұндай талапты сақтаудың маңызы зор, себебі қылмысты іс-әрекетке дұрыс құқықтық бағалау бергенде әділ сот іске асырылып, қылмыскер басқа қылмыс үшін емес, өзі жасаған қылмыс түрі бойынша жауапты болады. Нәтижесінде қылмыс жасаған адамның қоғамға қауіптілігі дәрежесіне сай келетін жауаптылықтың түрі мен көлемі белгіленеді, себебі әр қылмыстың қоғамға қауіптілігінің дәрежесіне қарай қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің баптарында жазалар келтірілген. Қылмысты дұрыс, әрі толық саралау – жазаны дұрыс белгілеуге жағдай жасайды және қылмыстық жауаптылықтың салдары да дұрыс шешіледі, яғни жаза өтеу мекемесінің түрі, жазадан шартты түрде ерте босату, сотталған адамға түзеу құралдарының түрлерін қолдану, соттылық мерзімінің аяқталуы дұрыс қолданылады.
Қылмысты дұрыс саралаудың келесі маңыздылығы, ол елдегі қылмыстылық туралы статистикалық ақпараттың дұрыс берілуіне әсер етеді. Егер құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмысқа дұрыс баға бермей және қате саралау жасаса, онда қылмыстылық туралы статистикалық мәліметтер бұрмаланып беріледі, нәтижесінде қылмыстардың ауырлығы, түрлері бойынша объективтік өмірдің шындығына сәйкес келмейтін, қате ақпараттар жарияланады.
Қылмысты дұрыс саралаудың келесі маңыздылығы – мемлекеттің қылмыстылықпен күрес шараларын жүргізуіне байланысты болып табылады. Практика қызметкері қылмыстың түрін дұрыс анықтамаса, онда ол қылмыс өз тобына жатқызылмай, басқа қылмыстың көбеюін білдіруі мүмкін. Мемлекет қылмыстылықтың түрінің көрсеткіштеріне қарай онымен күрес шараларын белгілейді.
Сот-тергеу практикасының материалдарына назар аударсақ, өкінішке орай қылмысты саралау субъектілерінің қате жұмыс істеуі жиі кездеседі. Құқық қорғау органдарының жұмысына баға бергенде «құқықтық нигилизм» деген ұғым кейде қолданылады. Мағынасы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жағымсыз әрекеттер жасауын, салдыр-салақ, қате жұмыс істеуін білдіреді. Құқықтық нигилистік әрекеттер сот-тергеу органдары қызметкерлерінің құқықтық сауатсыздығына жеткілікті деңгейде білімінің болмауына байланысты абайсыздықта қате жіберуіне немесе өздері қылмыстық іске мүдделі болғанда қасақана да құқық нормаларын дұрыс қолданбауына байланысты кездеседі.
Заңды қолдануда қателіктер жіберу әділ соттың іске асырылуына кедергі жасап ғана қоймайды, ол сонымен бірге халықтың арасында құқық қорғау органдары қызметі туралы теріс пікір қалыптасуына және сенімсіздік танытуына әкеп соғады. Нәтижесінде сот-тергеу, прокуратура органдары қызметінің беделіне нұқсан келеді және олардың қызметтерінің негізгі мақсаты іске асырылмайды. Мысалы, ауыр қылмыс жасаған адамның әрекетін жеңіл қылмыс түрі бойынша бағалағанда, ол қылмыскерге жаза жеткілікті деңгейде белгіленбейді, нәтижесінде жаза қылмыскерге әсер етпейді. Ал жеңіл қылмыс жасаған адамның әрекетін ауыр қылмыс деп белгілегенде, ол қылмыскер өзінің қауіптілік деңгейіне сәйкес келмейтін құқықтық жазаға тартылады және жаза керісінше, яғни адамды түзеу мағынасында емес, бұзу мағынасында көрініс беруі мүмкін. Нәтижесінде ол адамда құқық қорғау органдарының қызметі туралы теріс пікір қалыптасады және оның болашақ өміріне түпкілікті әсер етуі мүмкін. Осындай нигилистік әрекеттердің алдын-алу үшін ҚР-сы ҚК-тің 52 баптың барлық бөлімдерінде соттарға жаза тағайындау кезінде ескерілуге тиісті талаптарды келтіреді.
Жаза тағайындау кезінде бұл талаптардың сақталуын ҚР-сы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 19 қазандағы «Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы талап етеді. Бұл қаулының 1 пунктінде «Әрбір қылмыс бойынша ҚК-тің 52 бабында белгіленген жазаны тағайындаудың жалпы негіздерінің сөзсіз сақталуын соттар ескеріп, тым қатал немесе тым жеңіл белгіленген әділетсіз жазалар жазаның мақсатына жетуге жағдай жасай алмайтынына көңіл аудару керек» деп сот қызметіне талап қояды.[5]
Тергеу органдары қызметкерлерінің қылмыстық заңның барынша ауыр қылмыс түрімен саралау жасайтындығын кездестіруге болады. Мұндай кезде тергеушілер жауаптылықтың жоғарғы көрсеткішіне есеп жасап, оны жеңіл қылмысқа ауыстыруды соттардың еншісіне қалдырады. Тергеу органының қызметкерлері осылайша жұмыс істей отырып, максимальдық деңгейде іс-әрекеттті бағалау саясатын ұстанады және осындай қызметімен сезікті немесе айыпкер адамдардың заңды мүдделері мен құқықтарын бұзады және заңдылық қағидасын естен шығарады.
Сот – тергеу практикасының материалдарынан қылмыстық жиынтығын қолдан жасауды жиі кездестіруге болады. Тергеушілер қылмысты саралау кезінде жасалған қылмысқа ұқсас өзге де қылмыстарды қоса отырып саралайды. Мысалы, бір бандитизм қылмысын саралау кезінде оған ұқсас қылмыстарды, мысалы ұйымдасқан топпен жасалған қарақшылықты, атылатын қару – жарақты алып жүру немесе сақтауды, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастықты құру және оған қатысу тәрізді қылмыстарды қосып, жиынтық түрінде бағалайды. Осылай ете отырып, сот-тергеу қызметкерлері қылмыстық құқықта кейде бір қылмыстың белгілері бірнеше қылмыстардың қосындысынан құралатынын, яғни күрделі қылмыстық құрамдардың ерекшелігін немесе мұндай қылмыстарды саралау ережесін естен шығарады. Бірнеше қылмыстардың қосындысы бір қылмыс түрінде заңда бейнеленгенде, оның жауаптылығы да басқа қылмыстармен салыстырғанда ауыр болып белгіленеді. Тергеушілер қылмысқа осындай қате саралау жүргізе отрып, оның қателерін соттар қайта саралау жүргізу мүмкіндіктеріне қалдырады, яғни бұл кезде де тергеушілер максимальдық мөлшерде бағалау жүргізу саясатын ұстанады. Ал аудандық, қалалық соттарда бұл қателіктер көбінесе соттардың жеткілікті деңгейде білімді болмауына байланысты түзелмей, сотталушы, адвокат т.б. тарапынан апелляциялық арыздың болуына байланысты Жоғарғы Соттың қылмыстық істер туралы алқа мәжілісінде түзеліп жатады. Мұндай кездерде Жоғарғы соттың алқасы артық тағылған айыптауларды алып тастап, оның себебін өз анықтамаларында келтіреді. Іс-әрекетте қылмыстың жиынтығы жоқ жерде сауатсыздықпен қылмыстар жиынтығы түрінде саралау, сот – тергеу қызметінің ең ауыр қателігі болып табылады. Себебі мұның нәтижесі қылмыстар жиынтығы бойынша жаза тағайындауға әкеледі.
Қылмысты дұрыс саралау – құқық қорғау органы қызметінің қызметтік борышы, негізгі міндеті болып табылады. Осы орайда қылмысты дұрыс саралауда ғалымдардың ой пікірлеріне жүгінсек, В.Н. Кудрявцев қылмысты дұрыс саралау негіздерін үш топқа бөліп тұжырымдайды:
- Қылмысты дұрыс саралау-құқық қорғау органы қызметінің қызметтік борышы, негізгі міндеті болып табылады.
- Қылмысты дұрыс саралау — әділсоттылықты заңға сәйкес жүзеге асырады.
- Қылмысты дұрыс саралау-заңды қатаң сақтауды талап ету мақсатында нақты көрсетіледі.
Ал Б.А.Куринов: «Қылмысты дұрыс саралау – қоғамға қауіпті іс-әрекетке нақты және толық қылмыстық заңды қолдану»-деп өз ойын қорытындылайды. Г.А.Левицкий: «Қылмысты дұрыс саралау – қоғамдық саяси негізінде қылмыстық мақсаттарды әділ, заңды орындау»-деп өз ойын айтады.
Қылмысты дұрыс саралау үшін заң талаптарын дұрыс түсінетін, біліктілігі жоғары, сауатты тергеушілер, соттар, прокурорлар жұмыс істеуі керек және олар заңды тек құқықтық мағынада түсініп ғана қоймай, оның әлеуметтік мағынасын да түсіне алатындай деңгейде болуы керек. Қылмысты дұрыс саралауды іске асырудағы бір кедергі, ол сот – тергеу органдары қызметкерлерінің жаттанды жұмыс істеуі болып табылады. Тергеу қызметінде бұрын болған қылмысқа ұқсас оқиға болғанда, дәл сол баптарды қайта қолдану да жиі кездеседі. Осылай ете отырып, әр бір жасалған қылмыстың өз ерекшілігі болатынын ескермейді. Тергеу жұмысы, оның ішінде қылмысты іс-әрекеттерге заң баптарын қолдану творчествалық тұрғыдан қарауды қажет ететін қызмет. Яғни қылмысты саралауда қолданылатын қағидалар мен ережелерді ескере отырып, тергеуші саралау жүргізгенде, қылмысты іс-әрекеттің заң баптарымен толық қамтылуын, заңмен қорғалатын қоғамдық қатынасқа сәйкес келуін, қолданған заң нормасы кінәлінің қауіптілік деңгейіне сәйкес келуін, бір әрекет үшін бірнеше қылмыс ретінде құқықтық шараға тартылмауын т.б. талаптарды сақтауы қажет. Бірақ бұл жұмыс қылмыстық құқықтық талаптарын ескере отырып іске асырылуы тиіс, олай болмағанда әр тергеушінің, соттың қылмысты әрекеттерге жасаған саралауы, оның жеке пікірін, ұстанымын білдіріп, қылмысты саралауға белгіленген ережелерге сәйкес жүргізу талабын бұзуы мүмкін. Қылмыстық заң және оны түсіндіру мақсатында шығарылатын өзге нормативтік актілер жауаптылық шарасын дұрыс, әрі мемлекет аумағында бір келкі қолдану үшін шығарылады. Әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси құбылыстарды бір мемлекет аумағында бір тектес және дұрыс түрде жүргізу үшін, мемлекет ол салалар бойынша арнайы заңдар қабылдайды. Олай болмағанда мұндай елеулі қоғамдық құбылыстардың шешімі әр аумақтағы лауазымды адамдардың жеке көз қарасына тәуелді болып қалады. Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекетті қалыптастыруды көздейді. Бұл ұзақ процессті қамтитын мақсат, себебі қоғамда заңның бірінші кезекте қолданылуын, оның беделін көтеріп ғана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық елеулі қатынастардың барлығын анықтауды, олардың бір тұтас үлгіде шешу үшін арнайы заңдар қабылдануды талап етеді. Құқықтық реттелуге жататын елеулі қатынастар немесе елеулі қоғамдық болмыстар ретінде бағалануы үшін мыналар болуы керек. Біріншіден, ол құбылыс әлеуметтік-қоғамдық өмір үшін елеулі маңыздылығы болуы керек. Мысалы, төтенше жағдайлар орын алғанда туындауы мүмкін мәселелерді қалай шешу керек? Бұл сұрақтың жауабы ретінде Қазақстан Республикасында арнайы заң қабылданған немесе тұқым шаруашылығына қатысты туындайтын қатынастарды реттеуге арналған заң т.б. Екіншіден, елеулі қатынастар тек жеке бір адамның биологиялық қажеттілігін ( мысалы, тамақ сатып алу т.б.) емес, қоғамның дамуын білдіретін құбылыс түріне жатуы керек. Үшіншіден, елеулі құбылыста бір тектес қоғамдық қатынастар орын алып, оның шешілуі мемлекеттік құқықтық саясатты барынша ескере отырып іске асырылуы керек. Төртіншіден, елеулі қоғамдық құбылыста құқықтық қатынас субъектілері белгіленіп, олардың құқықтары мен міндеттері анықталуы қажет. Демек құқықтық мемлекет жеке түсінік, ұстаным бойынша емес, ереже бойынша өмір сүруді талап етеді.
Құқықтық мемлекеттің қылмыстық заңы бірнеше міндеттерге сай болуы керек. Бірінші кезекте қылмыстық заң құқық дамуының ең жоғарғы деңгейін көрсетуі қажет. Ол үшін қылмыстық іс-әрекеттерден қорғалуға жататын мемлекетпен қоғамның барлық мүдделері, құндылықтары қаншалықты деңгейде бағаланғаны анық болуы қажет. Екінші кезекте адамгершілік пен құқықтық моральға, қайшы қоғамға қауіптілігі елеулі іс-әрекеттердің барлығы қылмыс ретінде заңмен қамтылуы керек. Келесі кезекте қылмысты әрекеттерге белгіленетін жазалау шараларының сәйкестігі мен толықтығы заңда көрініс табуы керек. Төртінші кезекте қылмыстық құқық ғылымында заң нормаларының қолданылуы тиімділігін шешу, яғни іс-әрекетке баға беруге байланысты даулы мәселелерді бір тәртіпке келтіру арқылы қылмысты саралау қызметін оңайластыру қажет.
Қылмысты дұрыс саралау- жасалған қылмысты іс-әрекет дәл анықталып қоймай, заңмен қорғалатын қатынас, зардап, т.б. құрам элеметтерінің белгілері, яғни әрекеттің сипаты мен бағыты, кінә нысаны дұрыс анықтылады. Сондықтан қылмысты дұрыс саралау бірнеше талаптарға жауап беріп, мынандай мағыналарда анықталады:
- Әділ сотты іске асыруда заңдылық қағидасының сақталуын білдіреді;
- Қылмысқа берілген әлеуметтік-саяси және құқықтық бағаны бұзбай іс жүзінде көрсетеді;
- Кінәлінің жазасы мен жауапкершілігін дұрыс белгілеуге, яғни ҚК-тің Ерекше бөлімінің баптары бойынша айыпталып, сол баптар көлемінде жаза тағайындауға әкеледі;
- Қылмыстық іс жүргізу заңында қарастырылған істі тергеу тәртібін белгілеуге жағдай жасайды;
- Қылмыстылықтың көрсеткіштері дұрыс келтіріледі;
Сонымен қылмысты іс-әрекеттерге дұрыс баға беру құқықтық құбылыс ретінде құқықтық маңызға ғана ие болмай, әлеуметтік-саяси маңызға да ие болып, құқық қорғау органдары қызметінде көрініс табады және олардың жұмысының сапасын анықтаудың басты құралы болып табылады. Сондықтан қылмысты дұрыс саралау қылмыстық заңды сот-тергеу қызметінде дұрыс қолдану арқылы көрініс беріп, ол тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әлеуметтік-қоғамдық ортаның да ортақ тілегін іске асыратын қызмет түрі болып табылады.
1.3. Қылмысты саралаудың сатылары.
Жасалған қылмысты әрекеттерге қылмыстық-құқықтық баға беру, бірнеше сатылардан құралатын және ұзақ уақытты қамтитын құқықтық құбылыс болып табылады. Қылмысты саралауға байланысты қылмыстық құқық нормаларын қолданып, оны қылмыстық іс туралы құжаттарда көрсету – бұл қылмыстық құқықты іс жүзінде қолдануды немесе өмірге енгізуді білдіреді. Қылмыстың жасалу оқиғасы бойынша жұмыс істейтін құқық қорғау органдарының түрлеріне және органдардың қылмыстық іс бойынша өз қызметтерін атқару түріне қарай қылмысты әрекеттерді бағалау субъектілері бұл жұмысты өз өкілеттігі шегінде атқарады. Демек, қылмыстық іс жүргізудің әрбір сатысында, мысалы, қылмыстық іс қозғау, айып тағу, прокурорлық қадағалау, істі сотта қарау және үкім шығару кездерінде қылмысты саралауға қатысты мәселелер шешіліп отырады. Мұндай кездерде қылмысқа бастапқыда баға беріп, заң нормасын қолданған органның жұмысына істі кейінгі сатыларда қарайтын органдар бағалау беріп, қате саралау жасалғанда қайта саралау жүргізіледі. Қылмыстық іске байланысты атқарылатын құқық қорғау органдарының барлық жұмыстары қылмысты саралауға байланысты деп айтуға болмайды. Құқық қорғау органдары жасалған қылмысқа заң тұрғысынан баға беруден басқа, дәлелдемелерді жинауға, қылмыстық оқиғаны толық ашуға, жаза белгілеуге қатысты қызметтерді де атқарады. Сондықтан, қылмыстық іс жүргізу сатыларымен қылмысты саралаудың сатылары деген ұғымдар өзара ұқсас деп түсінуге болмайды. Қылмыстық іс жүргізу сатылары деген әлдеқайда кең ұғым болып табылады, тек қылмыстық іс жүргізудің барлық сатыларында қылмысты саралауға қатысты мәселелер туындап отыруы мүмкін. Қылмысты саралауға байланысты мәселенің іс жүргізудің кейінгі сатыларда да кездесуі, ол барлық жағдайда қылмыстық істі бұрын қараған органның немесе қызметкердің қате бағалау жүргізуіне байланысты бола бермеуі де мүмкін, кейде тергеу жүргізу немесе қылмыстық істі сотта қарау кездерінде саралауға әсер ете алатын жаңа мән-жайлар ашылып жатады. Қылмыстық іс жүргізу сатыларында іс-әрекетті бағалау бойынша құқығы бар органдар құқық нормаларын қолдануға қатысты мәселелерді атқарып, дәлірек айтқанда, қылмыстық оқиғаның толық мазмұнын ашу, заңның мағынасын түсіну және заң нормасын талқылау, ақырында белгілі бір заң нормасына осы қылмысты оқиғаны жатқызу мәселелерін шешеді. Қылмыс оқиғасының мазмұнын толық ашу, ол қылмысқа дұрыс, дәл құқық нормасын қолдануға жағдай жасайды. Қылмыс оқиғасы толық белгілі болғанда саралауды дұрыс беру – қылмыстық істі жүргізіп отырған қызметкердің біліміне байланысты.
Қылмыстық істі жүргізу немесе қылмыс бойынша қызмет атқаратын құқық қорғау органдарының тізбектелген жұмыстарына қарай қылмысты саралау субъектілеріне алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдары жатады. Ал қылмыстық іс бойынша нақты атқаратын қызметінің түріне қарай бөлгенде анықтаушылар, тергеушілер, прокурорлар және соттар деп бөлуге болады.
Анықтаушылар және тергеушілер қылмыстық іс жүргізу кезінде екі міндеттің толық орындалуын көздеу керек. Біріншісі, қылмыс оқиғасының мазмұнын толық ашып, оған дұрыс құқықтық баға беру, екіншісі, кінәлінің айыбын толық белгілеу үшін қылмыс оқиғасына және кінәлі адамға байланысты дәлелдемелерді жеткілікті көлемде жинау болып табылады.
Тергеу органдары қылмысты саралауды ресми түрде немесе тергеу құжаты түрінде қылмыстық іс қозғау қаулысында көрсетеді. Бұл саралауды білдіретін құжат, қылмыс оқиғасының орын алуына байланысты шығарылады, бірақ жеке адамның әрекетін саралауды білдіре бермеуі мүмкін. Ол кінәлі адамның әзірге белгісіз болуына байланысты болады.
Қылмыс оқиғасы бойынша кінәлі адамның әрекетттеріне саралау жүргізу-тергеу құжаттарында сезікті немесе айыпкер ретінде тану туралы қаулыларда және айыптау қорытындысында көрініс табады.
Прокуратура органы заңдылық қағидасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық істі өз қадағалауына алып, тек сот-тергеу органдарының қызметін ғана емес, сонымен бірге қылмысқа берілген құқықтық бағаның, яғни саралаудың дұрыс жүргізілуін қадағалайды. Прокурорлар қылмысқа дұрыс саралау берілмегенде, ол бойынша жұмыс жүргізген органға өз ұсынысын білдіріп, неліктен наразылық білдіріп отырғанын негіздей отырып хабарлайды. Демек, прокурорлық қадағалау мұндай кезде қылмыстық заң нормаларының дұрыс қолдануын мақсат етеді.
Сот органдары қылмыстық іс бойынша қылмыстық құқықтың екі қызметін іске асырады:
- Заң жүзінде қылмысты дұрыс бағалау.
- Қылмыскерге жауаптылықтың түрі мен көлемін белгілеу.
Сонымен қатар соттар тергеу органдарының қылмыс оқиғасын ашу деңгейіне қарай саралаудың дұрыстығын тексереді. Дұрыс болмағанда қайта саралау жүргізіп, бұл туралы өз құжаттарында негіздеп, түсіндіреді. Сонымен, қылмысты саралау субъектілері қылмыстық әрекетке саралау беруді өз қызметінде басты міндет ретінде емес, тек қылмыстық іс бойынша белгіленген өз қызметін атқару кезінде заңның дұрыс қолдануын қамтамасыз ету түрінде жүзеге асырылады.
Қылмысты саралау – бұл жасалған қылмыстық әрекетке қылмыстық заң нормаларының ішінен дәл келетін бапты қолдану деп түсінік бергенмен, оны іске асыру алдын ала дайындықтың болуын және қажетті ережелерді сақтауды талап ететін күрделі қызмет болып табылады. Қылмысты саралау прцессуальдық қызметке қарағанда ой қызметінің басым қолданылуын қажет ететін жұмыс ретінде түсіну керек.
Кейбір қылмыс оқиғасының мазмұнына, сипатына қарай отырып, әрекеттің қылмыстылығын толық ой елегінен өткізбей-ақ бірден анықтауға болады. Мысалы, үйдің, қойманың тоналуына, адамның қару қолдану арқылы өлтірілуіне, қылмыс оқиғасын көзімен көруіне т.б. осы тәріздес жағдайларда әрекеттің қылмысты екендігі және жасалған қылмыстың түрі бірден белгілі болады. Бірақ қоғамға қауіпті зардап туындағанмен, ол үшін кінәлі адамның бар-жоқтығына немесе іс-әрекетті жасаған және зардапты келтірген адам белгілі болғанмен, іс-әрекеттің қылмыстылығы анық болмаған жағдайларда, болған оқиғаның әрбір бөлігіне баға беру керек. Мұндай кездерде ойлау процестерінің нәтижесінде саралау жасалады. Қылмысты саралаудың тәртібінде тек таза қылмыстық-құқықтық ғана емес, қисындық (логикалық) ережелер де кездеседі. Ол қисындық ережелер қылмыстық заңда қылмыс түрлерінің көптілігін және кейбір заң баптарының өзара ұқсастығын ескере отырып, ойлау процесін жүргізуді талап етеді. Бір айта кететін жайт, ол кейбір құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмысты саралау кезінде мұндай ойлау қызметін қолданбай, бірден саралау жасауға тырысады. Мұндай қызметкерлер көбінесе осы қылмыс оқиғасын бұрын практикасында кездескен ұқсас қылмыспен бірдей көріп немесе қылмыстың зардабы, қылмыс объектісі, тәсілі, жағдайы тәрізді белгілердің жасалған қылмыста кездесуіне қарай саралау жүргізеді. Мұндай кездерде олар әрбір қылмыс оқиғасының мазмұнындағы ерекшеліктер саралауға әсер ететінін ескермейді. Себебі қылмыстық заңдағы өзара ұқсас қылмыс түрлерінің кем дегенде бір құрам элементінде немесе оның белгілеріне қарай айырмашылығы болады. Осы айырмашылықты ескере отырып, қылмыс мазмұнын салыстырудың өзі, ол қылмысты саралаудағы алдыңғы емес, кейінгі кезектегі ойлау жұмыстары болып есептеледі.
Қылмысты саралау жұмысының бастапқы кезеңінде жасалған әрбір қылмыс «оқиға» ретінде бағаланады. Оқиға деп бағалану себебі біріншілен, жасалған іс-әрекеттің, туындаған зардаптың қылмыстылығы әлі анық болмауына байланысты. Зардап туындағанмен ол зардапты келтірген есі дұрыс, жауаптылық жасына толған адам болғанмен, ол барлық жағдайда қылмыс болып анықтала бермеуі мүмкін. Мысалы, қылмыс жасаған адамды ұстау шаралары шегінен шықпай оның өміріне немесе денсаулығына зардап келтіру. Мұндай жағдайлар кінәсіз зардап келтіру оқиғаларында да болады. Екіншіден, «қылмыс» деген құбылыстың өзі әлеуметтік-саяси тұрғыдан алғанда қоғамдық құбылыстың бір түрі болып табылады.
Қоғамдық құбылыстар ретінде, әдетте қоғам мүшелері бар жерде сол қоғамның өмір сүріп отырғанын немесе оның дамуына әсер ете алатын, сонымен қатар қоғамның өсуіне де, дағдарысына да әсер ететін болмыстар алынады. Мысалы, демогрфиялық құбылыстар (халықтың тууы, көшіп қонуы т.б.) экономикалық, дәрігерлік қызмет салаларындағы қатынастардан туындайтын құбылыстар. Қоғамдық құбылыстардың қатарына сол қоғам үшін зиянды қылмыстылық тәрізді құбылыстар да жатады. Қылмыстылықтың қоғамдық құбылыс қатарына жатуының басты себебі — ол қоғамда қылмыстардың жасалуына алғы шарттардың, себептердің орын алуы деп түсінуі керек. Демек, қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасалғанда немесе заңмен қорғалатын мүдделерге зардап келгенде, ол түбінде қылмыс немесе қылмыс болмай анықталсын, бәрі бір оқиға ретінде бағаланады. Егер орын алған оқиғада зардаптар, зиянды әрекеттер бар болса, онда құқық бұзушылық, оның белгілерінің бар – жоқтығын анықтау керек. Бұл қылмысты саралаудың алғашқы сатысы болып табылады.
Болған оқиға құқық бұзушылықтың бар – жоқтығын анықтау үшін біріншіден, заңмен қорғалатын мүдделерге зиян келгенін, екіншіден, ол бойынша адам немесе заңды ұйым ( азаматтық құқық бұзушылықтың субъектілеріне заңды ұймдар да жатады ) бар – жоқтығын және үшіншіден, зиян келтірген адамда кінәнің бар – жоқтығын анықтау керек. Осы үш белгі болған жағдайда құқық бұзушылық бар деп саналады. Құқық бұзушылық бар деп танылса, онда келесі сатыда құқық бұзушылықтың қай түрі орын алғанын анықтау қажет болады. Құқық бұзушылықтар қылмыстық, әкімшілік, азаматтық т.б. салаларға бөлінеді. Бұл құқық бұзушылықтар бір – бірнен іс-әрекеттің қоғамға қауіптілік дәрежесіне және қоғамға қауіптілік сипатына қарай ажыратылады. Қоғамға қауіптілік дәрежесіне карай көбінесе, қылмыс пен әкімшілік тәртіпте қаралатын теріс қылық бір – бірінен ажыратылады. Мысалы, ұсақ ұрлық әкімшілік құқық бұзушылық ретінде танылса, ал меншікке елеулі көлемде зардап келтіретін ұрлық қылмыс деп бағаланады.
Іс-әрекеттің қоғамға қауіптілік сипатына қарай көпшілік жағдайда азаматтық құқық бұзушылық пен қылмысты ажырату ыңғайлы. Мысалы, бір адам екінші адамнан қарыз ақша алады, бірақ қайтармайды. Бұл жағдайда қарыз ақшаны қайтармаудың үш түрлі нұсқасын келтірейік. Бірінші нұсқада қарызға ақшаны алып тұрып, оны кейін қайтармаймын деген іштей шешім болған, яғни алдау арқылы алған. Ал, екінші нұсқада қарыз алу кезінде қайтару ниеті болған, бірақ кейін қайтарудан қасақана бас тартқан. Үшінші нұсқада қарызды алған адам қайтарғысы келеді, бірақ оған мүмкіндігі жоқ. Бұл өзара нұсқалардағы мысалдардың біріншісі іс-әрекеттің қауіптілік сипаты бойынша қылмыс деп анықталса, қалған екі нұсқа бойынша азаматтық жауапкершілік туындайды. Себебі, бірінші нұсқа бойынша кінәлі адам бірден қауіпті әрекет жасады, яғни ол адамның сеніміне қиянат жасады. Бұл қылмыс болып есептеледі. Ал, екінші нұсқадағы қарыз алған адамда алу кезінде қоғамға қауіпті, меншікке қарсы бағытталған ой, қылмыстық ниет болмаған, соған орай іс-әрекет жасаған кезде қоғамға қауіптілік болған жоқ. Ол адам тек міндеттемені орындаудан қасақана бас тартқан болып саналады және азаматтық – құқықтық тәртіпте қарыз берген адамның мүліктік құқығы қорғалып, қарызды қайтару тәртібі белгіленеді. Үшінші нұсқада осындай тәртіппен шешілуге жатады. Демек, қылмысты саралаудың бұл сатысында іс-әрекеттің қоғамға қауіптілік дәрежесі мен сипатын дұрыс анықтау арқылы қандай салаға жататын құқық бұзушылық орын алғанын анықтауға болады.
Келесі сатыда жасалған іс-әрекетті қылмыс деп тану үшін ҚК-тің 9-бабындағы қылмыстың жалпы белгілерінің бар – жоқтығына көңіл аудару керек. Дәлірек айтқанда іс-әрекетте қоғамға қауіптілік, яғни заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға бағытталу және абайсыздық немесе қасақаналық түріндегі кінәнің бар екендігін анықтау қажет. Ал қылмыстың қалған жалпы белгілері, құқыққа қайшылық пен жазаланушылық белгілері саралауды нақтылау кезінде, яғни ҚК-тің белгілі бір бабына жатқызу кезінде, соңғы сатыда қолданылады.
Келесі сатыда қылмыстың қандай тобына немесе ҚК-тің қай тарауындағы қылмысқа жататындығын анықтау қажет. Бұл міндетке жету үшін кінәлінің саналы ойынан туындаған іс-әрекетінің бағыты ескеріледі және осы тәсіл арқылы қылмыстың топтық объектісі анықталады. Топтық объектіні анықтау үшін кінәлінің қылмыстық ойының бағыты, осының нәтижесінде жүзеге асырылатын іс-әрекеттің мақсаты ескеріледі. Мысалы, көлік жүргізуші абайсыздықта көлігімен жаяу адамды қағып кетіп, оның өліміне соқтырған зардап келтірді. Мұндай жағдайда екі нұсқа келтіруге болады. Бірінші нұсқа бойынша көлік жүргізуші жол жүру ережелерін бұза отырып немесе көлікті пайдалану ережелерін сақтамай, адам өміріне зардап келтірген. Екінші нұсқа бойынша көлік жүргізуші жол жүру ережелерін бұзбаған немесе көлікті пайдалану ережелерін сақтағанның өзінде адам өліміне соқтырған әрекет жасады. Бұл мысалдар бойынша адамның өміріне қарсы қылмыстар ретінде ҚКтің 101-бабымен абайсыздықта қаза келтіру деп немесе көліктегі қылмыстар ретінде 296-баппен саралау туралы ой келуі мүмкін.
Бірінші нұсқадағы көлікті пайдалану немесе жол жүру ережелерін бұза отырып абайсызда адамды қағып кеткенде кінәлінің әрекеті бастапқы кезеңде адамның өміріне бағытталған жоқ. Ол жылдамдықты арттыру немесе қауіпті жағдайды көре отырып, алдындағы көліктен озуға ұмтылу немесе тежегіші ұстамайтын көлікті пайдалану арқылы адам өмірі мен денсаулығына тікелей бағытталған әрекетті емес, көлік қозғалысының қауіпсіздігі деп аталатын, заңмен қорғалатын объектіге қауіпті әрекет жасайды. Демек, қылмыстың жасалуында кінәлінің қауіпті ойының, әрекетінің бағыты, адам өміріне емес, басқа бағытта болып, оның себебі көлік қозғалысы тәртібін бұзу түрінде болса, онда көлікке байланысты қылмыстар тарауынан тиісті бапты іздеу керек.
Әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыс өзара ұқсас болғанда, құрамның құрылымына қарай ажыратылуы жиі кездеседі. Әкімшілік заңда формальды түрде құқық бұзушылық деп танылған әрекеттер қылмыстық заңда материалдық құрам ретінде кездесетін жағдайлар көп. Жоғарыда келтірілген мысал бойынша жол жүру ережесін немесе көлікті пайдалану ережесін бұзған көлік иесінің әрекеттері ауыр зардаптарға соқтырмаса, онда әкімшілік тәртіпте қаралатын құқық бұзушылық деп бағаланар еді. Ал, осындай әрекеттер ауыр зардаптарға соқтырғанда іс-әрекеттің қауіптілігі артуына, нақты зардаптың көрініс алуына байланысты қылмыс деп анықталады.
Екінші нұсқа бойынша, яғни көлікті пайдалану немесе онымен жол жүру ережелерін бұзбай-ақ ауыр зардаптарға соқтырған әрекеттер болғанда, көлік қозғалысының қауіпсіздігі бұзылған жоқ, сондықтан мұндай жағдайларды көлік қылмысы ретінде саралауға болмайды. Себебі көлік жүргізушіде көлік қозғалысының қауіпсіздігін бұзбауға бағытталған ой-ниеті және әрекеті болған жоқ. Мұндай оқиғаларда көлік жүргізушіде кінәнің абайсыздық нысаны анықталса, онда ҚК-тің 101-бабымен абайсызда қаза келтіру қылмысы деп бағаланар еді. Мысалы, аялдамада тоқтап тұрған автобустан түскен жолаушы автобустың алдынан өтемін деп, арттан келген көлікке қағылуы мүмкін. Мұндай жүргізушілердің болуы мүмкін екендігін көлік жүргізуші білуге міндетті немесе білуге мүмкіндігі бар деп саналады. Ал зардап туындағанмен көлік жүргізушіде абайсыздықтың белгілері болмаса, онда қылмыс та жоқ деп танылады.
Осы тәріздес тәсілмен қылмыстың қай тарауға жататын қылмыс екендігін анықтағаннан кейін, қылмысты саралаудың соңғы сатысына қатысты міндетті шешу керек. Бұл сатыда қылмыстың осы тараудың қай бабына жататындығы анықталады. Бұл міндетті шешу үшін жасалған қылмыстың белгілеріне барлық құрам элементтері сәйкес келетін заң нормасын табу керек. Ол үшін ең алдымен жасалған қылмыспен заңдағы қылмыс түрінің тікелей объектілерінің сәйкестігін анықтау керек. Өйткені, қылмыстық заңның бір тарауының өзінде екі немесе одан да көп топтық обьектілер қарастырылатын кездер болады. Мысалы, қоғамның қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп, отбасының және кәмелетке толмағандардың заңды мүдделері, т.б.
Қылмыстың тікелей объектілерінің сәйкестігі анықталғанннан кейін құрамның объективтік, субъективтік жақтарының және субъектісі белгілерінің дәлдігі анықталып, құрам элементтері түгел дәл келгенде ғана қылмысты саралау сатысы аяқталады. Бірақ, бұл сатыдағы саралауды түпкілікті өзгермейтін бағалау деп тануға болмайды. Себебі, қылмыстың оқиғасына қатысты жаңа мән – жайлардың ашылуына байланысты берілген саралау ауыр немесе жеңілірек қылмыс түріне өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар қылмыстық іске дұрыс саралау бермегенде, ол бойынша қылмыстық-құқықтық қатынасқа қатысушы кінәлі адамда, жәбірленушіде т.б. наразылық болғанда қылмыстық іс облыстық немесе Жоғарғы Соттың қылмыстық істер бойынша алқасында, қадағалау алқасында қаралып, қайта саралау жүргізілуі мүмкін.
ІІ-тарау. қылмыстық құқықтағы саралаудың құқықтық негіздері
2.1. Қылмыстық заң – қылмысты саралаудың құқықтық негізі.
Еліміздегі жүзеге асырылып жатқан реформаларға қатысты жаңа заңдардың қабылдануы орын алуда. Тәуелсіз Республикамыздың Конституциялық қағидаларына, нарықтық қатынастар жағдайына толық сәйкестендірілген елдің жаңа қылмыстық кодексі және қылмыстық істерді жүргізу кодекстері тұтастай алғанда әмбебап құбылыс. Қылмыстық заң қылмысты саралауда заңдылық негіз болып табылады және қылмыстық заң қылмысты саралауда ең маңызды, ерекше рөл атқарады. Қылмыстық заңның саралаудағы қызметін айтпас бұрын біріншіден, оның даму тарихын, қайнар көзін, түсінігін, маңызын, түрлерін, белгілерін, құрылымын сонымен қатар қылмыстық заңның кеңістіктегі күшін, қылмыстық заңның кері қайтару күшін, оны түсіндіруді толық ашуымыз керек. Қылмыстық заңның даму кезеңі қылмыстық құқықтың даму тарихымен байланысты. Бұрынғы кеңес қоғамында капитализмнен социализмге және коммунизмге өту кезеңінде, сонымен қатар әлеуметтік, экономикалық базаның қалыптасуына, социализмнің құрылуында, социалистік қондырмада қалыптасты. Қылмыстық заң барлық кезеңде мемлекеттік құқықтың тәртібін, мемлекетті қорғауын, қалыптастыруға қарсы күрестің өзекті мәселелерін белсенді түрде қамтамасыз етті. Қылмыстық заңның тарихи дамуын сипаттайтын болсақ, біріншіден олардың даму сатыларын білуіміз қажет.
Ең алғашқы даму сатысын 1917-1921 ж.ж. көреміз. Бұл кезеңде қылмыстық заңның ережелері жүзеге асырылып, яғни Кеңес сотының міндеттері, қылмыстық құқықтың ережелері бекітілді.
Екінші кезең 1922-1923 ж.ж. ең бірінші рет Кеңес мемлекетінде Қылмыстық кодексті жарыққа шығарды, сонымен қатар заңның тарауларына жататын мемлекетік заңдарды бірыңғай жүйеге келтіріп, біріктірді.
Үшінші кезең қылмыстық заңның даму кезеңі, КСР бірінші рет жалпыодақтық Конституция қабылдады. Конституцияға сәйкестендіріп жалпыодақтық қылмыстық заң қабылданды. Бұл саты үлкен кезеңді қамтыды (1924-1958 ж.ж.).
Төртінші кезең 1958 жылы қылмыстық заңның даму кезеңінде жалпыодақтық КСР қылмыстық заңның жауаптылық негізі қабылданды, демек мемлекеттік және әскери қылмыстарға қылмыстық жауаптылық қабылданды. 1969 жылдың шілде айында Еңбекпен түзеу заңының Жалпыодақтық негізі қабылданды. Ресей патша үкіметінде үш қылмыстық заң пайда болды. Олар: 1885 жылы қабылданған қылмыстық және түзету жаза жинағы, 1903 жылы қабылданған қылмыстық жинақ, 1864 жылы қабылданған жаза ережесі. Бұл үш қылмыстық заң Жалпы және Ерекше болып екі бөлімге бөлініп қабылданды. 1970-1971 жылы КСР еңбекпен түзеу кодексі қабылданды. Жалпыодақтық қылмыстық заң екі түрге бөлінді: Қылмыстық заңның негізі 1958 жылы 25-желтоқсанда қабылданды, 1959 жылы 6-қаңтарда заңды күшіне енді (37,40 б). Соңғы қабылданған қылмыстық кодекс біз тәуелсіз мемлекет құрғанымызға дейін заңды күшінде болды. Ал ендеше, қылмыстық заңның қылмыстық құқықтық қайнар көзіне келсек, қылмыстық заңның тарихи зерттелуі жайында көптеген монографиялар бар. Қылмыстық заңның тарихи зерттелуінің жинақтары ғылыми мақалалар ретінде қалыптасқан жинақтардан да алынған мәселен, «НКЮ материалдары» 1918-1922 ж.ж. басылған, «Пролетарлық революция және құқық» журналы, «Юстиция кеңесінің күнтізбесі» кейін «Советтік юстиция» болып басылды. «Совет юстициясының хабаршысы», «Революция құқығы», 20-жылдарда басылған «Еңбек соты», «Пролетарлық сот» ж.т.б. журналдар Қылмыстық заңның қайнар көзі болып табылды. Ал жеке жазылған монографияларды атап айтқанда П.Г.Мишугин «Кеңестік қылмыстық құқығының тарихы», 1917-1918 ж.ж. Госюриздат, Н.И.Загордников Алғашқы Кеңестік Конституция және советтік қылмыстық заңдар, «1918 жылғы РСФСР Конституциясының 40 жылдарына арналған, ғылыми еңбек сессиясы», 1959 жылғы т.б. ғалымдардың монографиялары жеткілікті [23,55б]. Сонымен, Қылмыстық заңның даму тарихын және қылмыстық құқықтың қайнар көзін қорытындылайтын болсақ, жоғарыда аталған жеке монографиялардың барлығы қылмыстық заңның даму тарихына, оның зерттелуіне тікелей бағытталған және қылмыстық заңның қайнар көзі болып табылады.
Еліміздегі ең алғашқы рет қылмыстық заң 1997 жылы 16-шілде де қабылданды. Бұл қылмыстық кодекс 16 тараудан, екі бөлімнен (Жалпы бөлімі-95 баптан, Ерекше бөлімі-300 баптан) тұрды, яғни «Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдары тек қана осы Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінен тұрды. Қылмыстық жауаптылықты көздейтін өзге заңдар оларды осы Кодекске енгізгеннен кейін ғана қолдануға тиіс. Осы Қылмыстық кодекс Қазақстан Республикасы Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидалары мен нормаларына негізделді»- деп қылмыстық кодекстің 1 бабында көрсетілген. Бұл арада қылмыстық заңның қайнар көзіне байланысты қарсы пікірлер де айтылады, мәселен, М.Д.Дурманов: Қылмыстық құқықтың бір ғана қайнар көзі қылмыстық заң болып табылады дейді [2,56 б]. А.С.Шляпочниковтың пікірінше: «Заң күшіндегі актілер қылмыстық құқықтың қайнар көзі болмайды, бірақ та олар қылмыстық заңды дұрыс түсінуде, орынды қолдануда қосымша рөл атқарады»- деді [8,24б]. М.Д.Шаргородскийдің пікірінше: «Қылмыстық заң негізгі нормалардан тұрады, мемлекетті қылмыстан қорғайтын, кінәліге жазаны қолданатын қылмыстық құқықтық нормадан тұратын заң күшіндегі акт» [9,29б]. Ал М.И.Ковалевтің пікірінше: «Қылмыстық заң құқықтық норма болып табылады, ал қылмыстық заң – бұл құқықтық нормадан тұратын нормативтік акт» [21,3б].
Қылмыстық заң – Қазақстан Республикасының Ата заңына сәйкес Еліміздің билік органы, яғни Парламент қабылған құқықтық акт болып табылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 2 бабында қылмыстық заңның міндеттері көрсетілген. Онда: Адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ қылмыстардың алдын алу болып табылады. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін қылмыстық заңдар қылмыстық жауаптылықтың негіздерін белгілейді. Жеке адамға, мемлекетке немесе қоғамға қауіпті іс-әрекеттердің қандайы қылмыс болып табылатынын айқындайды. Қылмыс істеген адамдарға қолданылуы мүмкін және өзге де ықпал ету шараларын белгілейді.
Қылмыс құрамы – бұл нормативті ережеге сәйкес анықталатын және соған байланысты қолданылатын ұғым. Қылмыс құрамын анықтаудың заңды моделі, ол қылмыстық заң.
Қылмыстық заңның құрылымы қылмыс құрамына қатысты және оған қатысты болып есептелмейтін басқа да ұғымдарды қамтиды. Қылмыстық заң нормалары арқылы қылмыстық құрамдардың мағынасы ашылып ғана қоймай, сонымен қатар әр қылмысқа белгіленген жаза түрлері де қарастырылады. Демек, нормалар санкциясы қылмыстық құрам ұғымынан тысқары жатыр.
Бұл жерде алдымен қылмыс құрамы, қылмыстық-құқықтық норма және қылмыс деген ұғымдардың ара қатынасын ашу қажеттілігі туындайды, себебі саралау жүргізуде бұл ұғымдардың қолдану деңгейін білу міндеті болып табылады.
Қылмысты саралау негізінен Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің нормалары бойынша жүргізілетіндіктен ондағы әр баптың диспозициясы сол құрамға сипаттама беру міндетін атқаруы тиіс. Құрам және олардың белгілері Ерекше бөлімнің баптарында келтіріледі деп айтуға негіз бар. Себебі, ол баптар өзіне сәйкес барлық қылмысты әрекеттерді қамти білу үшін, толық, анық, әрі сенімді болуы керек. Бұл заң баптарында, оның диспозицияларына қойылатын қағидалар. Бірақ қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің ешбір бабы қылмыстың құрамына қатысты белгілерді толық тізіп сипаттамайды. Олардың көпшілігі объективтік жақтың белгілерін келтірумен шектелсе, ал кейбіреулері объективтік және субъективтік жаққа қатысты белгілерді ғана келтіреді. Мысалы, ҚР-сы ҚК-нің 134-бабы «Баланы ауыстыру». Қылмыстық субъектісі де осы тәріздес кейбір баптарда аталса, ал кейбіреуінде айтылмайды. Ал қылмыстық объектісін дәл болмаса да, бағыттап көрсететін диспозициялар кездеседі. Мысалы, ҚР-сы ҚК-нің 96 бабы. Кісі өлтіру, яғни басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру. Осындай жағдайларға қарай отырып, баптың диспозициялары қылмыстың құрамын бейнелейді немесе оның маңызын ашады деп айтуға болмайды. Демек, қылмыс құрамы мен норма диспозицияларының айырмашылықтары ғана емес, міндеттері де бөлек деп түсіну керек. Ерекше бөлім нормаларының диспозициялары нақты қылмыс құрамының ерекшелігін білдіретін белгілерді көрсетуді міндет тұтады. Ал оның басқа және ұқсас құрамдардан айырмашылығы, яғни құрам элементтерінің ерекшеліктеріне түсіндірме беру кезінде немесе оқулық әдебиеттерде ашылады. Сондықтан қылмыстық құрамдарды оқу, меңгеру, онымен практикада жұмыс істеу үшін, тек қылмыстық заңды оқып шығумен шектелуге болмайды. Заңды оқу арқылы халық қандай әрекеттер қылмысты болып табылатыны және қандай жаза түрлерімен оның көлемі туралы хабардар болып, үстірт, алғашқы қажетті түсінік алады. Ал қылмыстық заңмен үнемі жұмыс істеу үшін құқық қолданушы қызметкер толық білімді болуы керек және ондай білімді оқулықтардан, зерттеу әдебиеттерден алады. Ерекше бөлімнің нормаларының диспозициялары қылмыс құрамы элементтерінің белгілерін толық келтіретін болса, онда қылмыстық кодекс қазіргі қолданып отырған көлемнен анағұрлым қалыңдап отырар еді. Мысалы, қылмыстың жалпы субъектісі, әдетте 16 жасқа толған, есі дұрыс адам. Бұл көптеген құрамдарға ортақ белгі.
Ерекше бөлімнің нормалары Жалпы бөлімнің нормаларымен өзара үндестікте, байланыста қолданылады және қылмыстық құрамдарды оқып, меңгеру барысында қажет болып табылады. Жалпы бөлімде Ерекше бөлімде қарастырылатын құрамдарға қатысты ортақ ережелер қарастырылады. Оларды үш топқа бөлуге болады:
- Қылмыстық заңға қатысты.
- Қылмыс құрамына қатысты.
- Жазаға қатыста.
Бірінші топтағы қылмыстық заңға қатысты нормалар қылмысты саралауда қолданылатын заңдарды, заңның міндеттері, заңның кері күшімен уақытындағы күші тәрізді ережелерді құрайды. Екінші топтағы қылмысқа қатысты нормалар Жалпы бөлімнің екінші бөлімінде келтірілген. Мұнда қылмыстың жалпы түсінігі, оның санаттары, қылмыс жиынтығы, қайталануы, бірнеше рет жасалуы, жауаптылық белгіленетін жас, кінәға қатысты түсініктер қарастырылған. Сонымен бірге бұл топтағы нормаларға қасақаналықпен сипатталатын қылмыстарда кездесе алатын қылмысқа қатысу, қажетті қорғану, аса қажеттілік, бұйрықты немесе өкімді орындау тәрізді т.б. осы тәріздес жалпы ережелер жатады. Ал жаза қатысты ережелер ІІІ-VІІ бөлімдерде келтірілген.
Заңды екі бөлімге бөліп оқу және жұмыс істеу, ол заңды оқып, үйренудің жеңіл болуы және заң қолдану жұмысын тиімді, оңтайлы жүргізу үшін пайда болған. Яғни барлық қылмыстарға қатысты, ортақ болып табылатын кінә, қылмыс субъектісі, есі дұрыстық, қылмыс ұғымы тәрізді ұғымдар және көпшілік қылмыстарда кездесе алатын қылмысқа даярлану немесе оқталу, қылмысқа қатысу, қажетті қорғану тәрізді ережелер Жалпы бөлімге шығарылған. Сондықтан Жалпы бөлім нормаларының Ерекше бөлім нормаларына қарағанда түсінік беру немесе белгілерді атау қызметі басым, толық көрінеді. Себебі, Ерекше бөлім нормаларының диспозициялары мұндай Жалпы бөлімде қаралған ортақ ұғымдарды, белгілерді қайталамауы керек. Қылмыстық заңның Жалпы және Ерекше бөлім нормаларының өзара жақындығы, байланысы, бір-біріне атқаратын қызметі міне осында. Демек, Ерекше бөлім нормаларының диспозициялары өзінің басты міндеті болып табылатын, қылмыс құрамының басқа құрамдардан айырмашылығын білдіретін осы қылмыс түріне тән белгілерді, ұғымдарды келтірумен айналысады дейміз.
Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімі әлеуметтік-қоғамдық өмірде кездесетін қылмыстардың түрін анықтауға және оларға жауаптылық белгілеуге арналған. Қылмыс құрамы ұғымының да басты міндеті осы тәріздес, яғни жауаптылық белгілеу, адамгершілік және құқықтық тұрғыдан әділетті, негізді болуы үшін іс-әрекеттің қылмыстылығын анықтайтын құрам элементтерінің белгілерін ашуға ұмтылады. Мұндай кезде «қылмыс» және «қылмыс құрамдары» ұғымдарының ара қатынасын анықтау туралы қажеттілік туындайды. Бұл екі ұғымдардың ұқсастығын былай түсіну керек. Біріншіден, кеңірек ұғым ретінде қолданылатын «қылмыс», тар немесе нақты мағынада қолданылатын «қылмыс құрамы» ұғымдары екеуі де қылмыстық жауаптылықтың негізін білдіре алады. Тек «қылмыс» ұғымы әлеуметтік-саяси мағынада, ал «қылмыс құрамы» деген термин құқықтық сипаттағы жауаптылықтың негізін білдіру мақсатында қолдануға оңтайлы.
«Қылмыс» және «қылмыс құрамдары» ұғымдарының өзара айырмашылықтары мынада. Сырттай қарағанда біріншіден, «қылмыс» әлеуметтік қоғамдық ортада қалыптасқан, сол ортада өмір сүретін ұғым, ал «қылмыс құрамы» қылмыстың құқықтық немесе ғылыми ұғым болып табылады. Қоғамда немесе халықтың арасында қылмыс құрамы деген сөз айтылмайды. Себебі, «құрам» деген сөздің өзі, ондай элементтердің, белгілердің немесе құрамдас бөліктердің бар екендігін білдіреді. Мұндай құрамдас бөліктерді білдіретін элементтерді анықтауды халық міндет санамайды.
Т.М.Күлтелеев қазақ әдет-ғұрпында құқығында «қылмыс» деген ұғым болмаған. Оның орнына «жаман қылық» деген ұғым қолданылған. Бұл жаман қылықтардың түрлері қазіргіше ұғыммен алғанда қылмыстарды білдірген. Қазақ әдет-ғұрып заңдарында қылмысты, яғни жаман қылықты бірнеше санатқа бөлу болған тәрізді. Себебі, «өте жаман қылық» деген ұғым қолданылып, ол жеке адамға, хан, сұлтан, би, ру басылардың жеке басына, оның ішінде ар-намысқа, сонымен қатар отбасы иесі болып табылатын адамға қарсы әрекеттерді білдірген.[6]
Т.М.Күлтелеев қазақтардағы қазіргі «қылмыс» термині «қылық, жаман қылық» деген сөзден шыққан тәрізді дейді [19, 154б].[7]
С.М.Әпеновтың пікірінше: «Қылмыс» сөзінің төркіні «жаман қылық қылма» деген сөздегі «қылма» сөзіне байланысты болуы мүмкін. Яғни «жаман қылық қылма» сөзі «қылмыс» әрекеттер немесе қылмас, жасамас деген мағынаға көшіп, бірақ қазақ тілінің айтылуы икемділігіне қарай «қылмыс» болып кетуі де мүмкін [6, 50б].[8]
Ал А.Н.Трайниннің пікірінше: Қылмыс ұғымы көлемі бойынша құбылыстың немесе қылмыс түрінің жалпы атын ғана білдіретін түсінік болып табылады. Ал қылмыс құрамы сөзі көлемі боынша қылмыстың бар екендігін дәлелдеу мақсатында оның белгілерін, оған тән ерекшеліктерді ашатын және объективтік, субъективтік белгілерін қамти алатын кең ұғым ретінде қолданылады [60б].[9]
Республика Жоғарғы Соты мәжілісінің нормативтік қаулысы да құқықтық норма болып табылады, мұндай қаулылар белгілі бір қылмыстық құқықтық норманың түпкі мәнін ашып көрсетеді, оларды түсіндіреді. Сондықтан да ондай қаулылардың Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады. Сот прецеденті біздің Республикада құқық нормасы болып саналмайды. Ол Ұлыбритания, Канада сияқты мемлекеттерде ғана құқық нормасы болып табылады. Қылмыстық заңның қылмысты саралауда алатын орнына келсек, қылмыстық заң болмаса, саралау да болмайды. Қылмыстық заңның тиімділігі де, бұл заң қолданылған адамның тағдыры да жасалған әрекеттің қалай сараланғандығына байланысты. Мәселен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 52-бабына сот айыпты деп таныған адамға жазаны Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінің ережелеріне сәйкес істеген қылмысы үшін жауаптылық қаралған Ерекше бөлімнің тиісті баптарында көрсетілген шектен шықпай тағайындалады деп белгіленген. Жаза тағайындағанда сот істелген қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, айыпкердің жеке басының ерекшеліктерін, мінез-құлқын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалын толық есепке алады. Қылмыс істеген адамға оның түзелуіне немесе жаңа қылмыс істеуден сақтануына қажетті және жеткілікті әділ жаза тағайындау керек. Ал әділ жаза тағайындау қылмысты дұрыс саралау болып табылады. Мұның өзі соттың жаза тағайындауында заң талаптарымен қоса өзінің құқықтық сана-сезімін басшылыққа алатынын көрсетеді. Алайда құқықтық сана-сезім құқық нормасы болып табылмайды. Ол сотқа тек қана қылмыстық құқықтық норманың мазмұнын дұрыс түсінуге жөн сілтейді.
Қылмыстық заң басқа заңдар сияқты барлық лауазымды адамдар, азаматтар, заңды тұлғалар үшін міндетті күші бар заң нормасы болып табылады. Оны ешқандай сылтаумен бұзуға немесе орындамауға жол берілмейді. Сонымен қылмыстық заң қылмыстық құқықтық норманы білдірудің нысаны, ал оның нормасы оның мазмұнының көрінісі болып табылады. Осыған орай, қылмыстық заң саралаудың заңдылық негізі болып табылады, былайша айтқанда, Қылмыстық заңға байланысты алсақ, саралау дегеніміз – қоғамға қауіпті әрекетті аралас деликттерден айыруға мүмкіндік тудыратын сапалы баға беру деген мағына. Адам жасаған қылмыстың нақты нышандарын қылмыстық заң нормаларында дәл келетіндігін анықтап, заң жүзінде тиянақтау. Сонымен, Қылмыстық заң – қылмыстық құқықтың ең негізгі көзі. Сот үкімі, ұйғаруы немесе қаулысы құқықтың қайнар көзі болып табылмайды. Олардың нақты қылмыстық істер бойынша ғана заңдылық күші бар. Республика Жоғарғы Соты мәжілісінің басшы қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясы құқық нормасы болып табылады, ал қылмыстық құқықтың жалғыз қайнар көзі – қылмыстың заң. Ал қылмыстық заң қылмысты саралаудың құқықтық негізі. Қылмысты саралау негізінде адамның қоғамға қауіпті істеген іс-әрекетін қылмыстық заңда көрсетілген нақты қылмыс құрамының белгісі бар бапқа дәлме-дәл жатқызу болып табылады. Осыған орай қоғамға қауіпті ісәрекет қылмыстық заңда көрсетілген нақты қылмыс құрамымен қамтылса, онда ол дұрыс сараланған деп саналады. Қандай түрде болса да қылмысты дұрыс сараламау, ол қылмыстық заңдылықты бұзуға, қылмысқа қарсы күрес жүргізетін органдардың беделіне нұқсан келтірумен байланысты болады. Мұндай құбылысқа жол бермеу үшін қылмыстық заңды дұрыс қолданып, істің мән-жайын терең зерттей білу керек. Кез келген іс-әрекетті, жасалған қылмысты дұрыс саралау қажет. Сондықтан қылмыстық заң қылмыстық саралаудың құқықтық негізі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 1-бабында көрсетілгендей: Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдары тек қана осы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен тұрады. Қылмыстық заңның жүйесінде ең маңызды рөл атқаратын түсінік қылмыстық заңның екі бөлімге бөлінуі. Олар: Жалпы бөлім және Ерекше бөлім. Қылмыстық заңның Жалпы бөлімінде қылмыс туралы ұғым, жаза, қылмыстық заңның қолданылуы, жаза тағайындау, қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату, кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары Жалпы бөлімде зерттелген. Қылмыстық заңның Жалпы бөлімі 7-бөлімнен, 95-баптан құралған. Қылмыстық заңның Ерекше бөліміндегі нормалар белгілі тәртіппен, жүйеге бөлініп орналасады. Ерекше бөлімнің жүйелері дегеніміз – қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жеке қылмыстық нормалардың топтық объективтік белгісі бойынша белгілі бір жекеленген топтарға бөлініп, қоғамдық қауіптілік дәрежесіне қарай реттерімен дәйектілікпен орналасу тәртібін айтамыз. Қылмыстық заңның Ерекше бөлімінің жүйесін дұрыс құру қылмысты саралауға ғана емес, сонымен бірге қылмыспен белсенді күрес жүргізуге, оның алдын алуға, әділ жаза тағайындауға толық мүмкіндік береді. Ерекше бөлімде 16-тарау бар. Бұл Қылмыстық кодексте қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде орын алған. Яғни азаматтардың жеке басы олардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау бірінші кезекке қойылған. Қылмыстық заңда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін Қылмыстық кодекс қылмыстық жауаптылықтың негізін белгілейді. Яғни, қылмыстық заңда көрсетілген іс-әрекеттерді істеген адам осы заңда белгіленген негізде ғана жауапқа тартылады. Ол үшін қылмыстық заң жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшін қандай қауіпті іс-әрекеттер қылмыс болып табылатынын белгілейді және оларды кінәлі түрде істегендерге жазалар мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын белгілейді.
А.А.Герцензон қылмыстық құқықтық нормаларды үшке бөліп қарастырады:
- Декларативті – қылмыстық құқықтың жалпы міндеттерін айқындайтын нормалар (ҚР-сы қылмыстық кодекстің 2-бабы).
- Анықтаушы – қылмыстық құқықтың түсінігі мен жекеленген институттарына айқындама беретін нормалар (ҚР-сы ҚК-тің 9-бабы). Осы қылмыстық кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамға қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады.
- Арнаулы – нақты қылмыс құрамына және оған тағайындалатын жазаға сипаттама беретін нормалар. Мысалы, ҚР-сы қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімі барлық нақты, жекеленген құрамдары, қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінің бабы өзінің құрылысы жағынан Ерекше бөлімдегі баптың құрылысынан өзгеше болады.
Жалпы бөлімнің бабы тек қана диспозициядан құралса, ал Ерекше бөлімнің бабында диспозицияға қоса санкция да болады.
Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің баптары топтық және түрлік болып екіге бөлінеді. Топтық баптар дегеніміз – біртектес қылмыстардың ортақ және соларға тән белгілерін анықтайды. Мысалы, ҚК-тің 366 бабында әскери қылмыстардың түсінігі берілген, 307-бапта лауазымды адамның түсінігі айтылған. Топтық баптардың түсінігі әртүрлі тарауларда орналасқан, әртүрлі қылмыс топтарын бір-бірінен жіктеуге мүмкіндік береді. Түрлік баптар дегеніміз – заңда көрсетілген жекеленген қылмыстың белгілері және осы қылмысты істегенде қашан жаза тағайындалу керек екендігін көрсетуін айтамыз. Қылмыстық құқықта диспозицияның төрт түрі бар:
- Жай диспозиция дегеніміз – қылмысты іс-әрекеттің атын ғана айтып қояды, оның нақты белгілерін ашып көрсетпейді. Жай диспозиция қылмысты іс-әрекеттің мазмұнын оның белгілерін ашып көрсетілмегеннің өзінде жеткілікті түрде түсінікті болған жағдайда қолданылады. Мысалы, ҚР-сы ҚК-нің 96 баптағы «Адам өлтіру», 175 баптағы «Ұрлық».
- Сипаттамалы диспозиция дегеніміз – қылмыстың барлық белгілерін заңның өзінде нақтылап көрсететін диспозицияны айтамыз.
- Бланкеттік диспозиция дегеніміз – бапта көрсетілген нақты қылмыстың құрамын анықтау үшін басқа заңға немесе нормативті актіге, Үкімет қаулылары мен жарлықтарына, бұйрықтар мен ережелерге, нұсқауларға жүгіну қажет. Мысалы, ҚР-сы ҚК-нің 295 баптағы темір жол, әуе, су көлігі қозғалысы мен оларды пайдалану қауіпсіздігінің ережелерін бұзу. Бұл қылмыс құрамын анықтау үшін көлік құралдарының қауіпсіздігі мен пайдалану ережесін реттейтін тиісті нормативті актіні басшылыққа алу қажет.
- Сілтемелі диспозиция дегеніміз – нақты қылмыс құрамын анықтайды. Бұл диспозиция бойынша қайталап жатпау үшін қылмыстың осы құрамын анықтаған қылмыстық заңның тиісті бабына, баптың тармағына сілтеме жасайды.
Қолданылып жүрген қылмыстық кодексте санкцияның екі түрі көрсетілген:
- Салыстырмалы-айқындалған санкция деп – тек жазаның мөлшерін белгілі бір шектен шықпайтындай етіп реттеуі. Кейбір реттерде бапта жазаның ең жоғарғы шегі ғана көрсетіледі. Мұндай жағдайда жазаның ең төменгі шегі қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің ережелеріне сәйкес бас бостандығынан айыру үшін 6-ай, түзеу жұмысы үшін 2-ай мерзімге деп есептеу керек. Көп жағдайда қылмыстық заң нормаларында жазаның төменгі және жоғарғы шегі көрсетіледі. Мысалы, кісі өлтіру, яғни басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру – алты жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген (96 бап, 1-бөлігі).
- Балама санкция деп – Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабындағы жазаның екі немесе одан да көп түрінің біреуін қолдануға мүмкіндік береді. (Мысалы, ҚР-сы ҚК-нің 115 бабы 1-бөлігі). Балама санкциялар сотталған кінәлі адамға бірнеше жазаның ең әділін, тиімдісін таңдап алуға жол береді.
Біздің ойымызша, заңдылықты жүзеге асыруда Қылмыстық заңның Ерекше бөлімі баптарының маңызы өте ерекше. Бұл ерекшелікті қылмысты саралаудан да көруімізге болады. Мысалы, қылмыстық заңның басты міндеттерінің бірі – қылмыстан сақтандыру болып табылады. Ал қылмыстық құқық жалпы және арнаулы сақтандыру функцияларын жүзеге асырады. Жалпы сақтандыру дегеніміз – қылмыстық заң арқылы кез-келген қылмысты істеуге тыйым салу, нақты қылмысты істеген адамға әділ жаза тағайындауды белгілеу арқылы жүзеге асырылады. Арнаулы сақтандыру дегеніміз – қылмыстық заң тыйым салған әрекет немесе әрекетсіздіктерді істеген адамға қылмыстық-құқықтық нормалар арқылы белгіленген тиісті ықпал ету шараларын қолдану ретімен іске асырылады. Қылмыстық заң сонымен қатар, қылмыстық саясатты жүзеге асырудың да құралы болып табылады. Қылмыстық саясат әлеуметтік саясаттың бір бөлігі, оның негізгі мазмұны – қылмыстық заңдарды қолданудың міндеттерін, қылмыстан сақтандырудың тиімді жолдарын табу, қылмыспен күресуде заңдылық қағидаларын қатаң сақтау болып табылады. Іс-әрекетті дұрыс сараламау салдарынан адамға заңға негізделмеген жаза тағайындалып қана қоймайды, ол оның тағдырына байланысты көптеген зардаптарға әкеліп соғады. Қылмыс дұрыс сараланбаған жағдайда қылмыскерге берілген түзеу колониясының түріне де әсер етеді, яғни санкцияның қылмысты саралауда алатын орны ерекше. Қылмысты дұрыс саралау тек қана заңдылық қағиданы жүзеге асырады. Заңдылық қағида – Парламент немесе Президент қабылдаған қылмыстық заңның құқық қолдану тәжрибесінде де, заң нормаларын қабылдау саласында да, сөз жоқ, үстемдік ету арқылы көрініс табады. Қылмыстық заңның маңызы қылмысты дұрыс саралаудан көрініс табады.
Қылмыстық заңды түсіндіру және қолданыстағы шегінде қылмысты саралаудың маңызы. Қылмыстық заңды түсіндіруге байланысты, қылмыстық құқық теориясында әртүрлі пікірлер бар. Н.Д.Дурмановтың пікірінше: «Қылмыстық заңды түсіндіру дегеніміз – заңды дұрыс қолдану үшін, заңның түсінігін толық ашып көрсету»-деген қорытындыға келген. Көптеген еңбектерінде, қылмыстық заңды анықтауды және қылмыстық заңды түсіндіруді пара-пар, ұқсас түсінік ретінде қарастырады, осыған орай түсіндіру мен анықтау салдары бір-бірімен қарама-қайшылықта болмайды [2,285б]. Кейбір ғалымдар тобы түсіндіруге – заңды пайдаланылатын терминдер қатысты деп тұжырымдайды. Бұл пікір дұрыс көрініс табады, өйткені қылмытық заңда құқықтық терминдер көп орын алады, ол терминдердің нұсқасын арнайы толық ашып көрсетпесе, қылмыстық заң айқындалмайды. Терминдерді ашып көрсету – бұл заңның мағынасын айқындау немесе табу. Сонымен, қылмыстық заңды түсіндірудің мәнісі, сол заңды дұрыс қолдану үшін оның мазмұны заң шығарушының заң еркіне сайма-сай етіп, ашып көрсету, заңды заң шығарушының еркіне сайма-сай, дәлме-дәл қолдану үшін оның мазмұнын ашып көрсетуді қылмыстық заңды түсіндіру дейміз. Қылмыстық заңды талқылаудың субъектісі – мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар және қоғамдық ұйымдар болып табылады. А.С.Шляпочников: «Қылмыстық заңды талқылаудың субъектілері ретінде нақты қандай орган түсіндіруді жүзеге асыруда және олардың жалпы міндеттері, сонымен қатар шектелген міндеттерін айқындайды және талқылаудың дәрежесі түсіндірудің субъектісімен тығыз байланысты»,-деп ой тұжырымдады [17,140б]. Қылмыстық заңды түсіндірудің субъектісін немесе қайнар көзін А.С.Шляпочников үш түрге бөледі: легальдық (ресми), соттық, дотринальды (ғылыми). Кейбір ғалымдар төртінші түрі аутентикалық түсіндіруді қосады. Мәселен, А.А.Герцензон: «Қылмыстық заңды түсіндіруді екі түрге бөледі. Олар: а)аутентикалық немесе легальдық, соттық, доктриналдық; б)кең көлемді және тар көлемді [10, 95-200б]. М.Д.Шаргородский қылмыстық заңды түсіндіруді әдісіне қарай, көлеміне қарай, субъектісіне қарай үш түрге бөледі.
- Әдісіне қарай түсіндіру: грамматикалық, логикалық, жүйелі, тарихи;
- Көлеміне қарай түсіндіру: тар және кең көлемді;
- Субъектісіне қарай түсіндіру: соттық және доктриналды [46,154-179б].
С.В.Познышев пен П.И.Любинский грамматикалық түсіндіру – сөздің мағынасын, мәнін, дұрыс жазылуын реттейді деп көрсетті [14,45б]. П.И.Любинский: «Ауызша түсіндіру – бұл талқылауға сілтеме беру арқылы сөзді анықтау немесе филологиялық түсіндірме ретінде көрініс табуы, сонымен қатар заңгердің іс-әрекетінің ғылыми түйіні»-десе, Н.Г.Александров: «Түсіндіру – толық түрде филологиялық заңға сүйену арқылы бейнеленеді»,-деді [23,302б]. А.Н.Ағыбаев қылмыстық заңды түсіндіруді субъектісіне, әдісіне, көлеміне қарай түсіндіруге байланысты бірнеше түрлерге бөлді. Заңды түсіндіретін субъектісіне байланысты түсіндіру: аутентикалық, легалды (ресми), соттық, доктриналдық (ғылыми) болып бөлінеді. Әдісіне қарай түсіндірмені: грамматикалық, жүйелі, тарихи деп бөледі, көлеміне қарай түсіндіру: дәлме-дәл, тар көлемдегі, кең көлемдегі түсіндіру деп бөлінеді. Аутентикалық түсіндіру дегеніміз – заң бойынша құзіретіне сәйкес заң шығарушы органның өзінің заңға түсіндірме беруін айтамыз. Аутентикалық түсіндірудің заңдылық күші бар және ол жалпыға бірдей, аутентикалық түсіндіруді заң шығарған орган жүзеге асырады. Ресми түсіндірме – барлық мемлекеттік органдар, жеке тұлғалар, лауазымды адамдар және ұйымдар үшін міндетті орындауға жататын заңдылық күші бар құжат. Сонымен, көлеміне қарай қылмыстық заңды үшке бөлеміз. Олар: дәлме-дәл, тар және кең көлемді болып бөлінеді. Заңның өзінің мәтіні мен заң нормаларының оның мазмұнына және мәнісіне, оның сөйлем құрамына тура келуін дәлме-дәл түсіндіру деп атлады. Н.Д.Дурмановтың пікірінше, тар мағынада түсіндіру – заң нормаларындағы өз мәтініндегі дәлме-дәл көрсетілгеннен гөрі, тар мағынада, тар шеңберде қолдануға мағына беретін түсіндіру. Мысалы, ҚР-сы ҚК-нің 131 бабында көрсетілген жасы кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тартуды алып қарайық. Жалпы ереже бойынша бұл қылмысты істегені үшін жауаптылыққа сырттай қарағанда 16 жасқа толған адамдар тартылу керек сияқты. Бірақ бұл қылмыс істегені үшін тек 18 жасқа толған адамдар ғана қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Себебі, заң норманың атауы жасы кәмелетке толмағандарды қылмыс істеуге тарту деген сөздің мағынасы бұл қылмысты тек кәмелетке, яғни 18 жасқа толғандар ғана істей алатынын көрсетеді. Кең көлемдегі түсіндіруге Н.А.Беляев пен М.Д.Шаргородский өз пікірін ұсынады. Кең көлемдегі түсіндіру деп – заңға дәлме-дәл түсіндіруден гөрі кең мағынада беретін және осы заң нормасын кең шеңберде қолдануға негіз беретін түсіндіруді айтамыз. Мәселен, ҚР-сы ҚК-нің 135 бабында көрсетілген бала асырап алудың құпиясын жария ету мысал бола алады. Заңда бала қылып алудың құпиялығы жариялағаны үшін қылмыстық жауаптылықты белгіленгенде қыз қылып алудың құпиялығын жариялау үшін де осындай жауаптылықтың бар екендігін еске алып отыр, яғни кең мағынада бала деген ұғым қыз және ер бала екендігін түсіндіріп отыр. Жалпы қылмыстық заңды түсіндіру деп – қылмыстық заңды дұрыс қолдану арқылы заңның мазмұнын, мағынасын заңды заң шығарушының еркіне сайма-сай, дәлме-дәл қолданылуын айтамыз. Қылмыстық заңның мезгілдегі күшінің қолданыстағы шегі қылмыстық заңның сақтандыру функциясы мен тығыз байланысты. ҚР-сы ҚК-нің 4 бабы Қылмыстық заңның уақыт бойынша қолданылуы, іс-әрекеттің қылмыстылығы мен жазаланушылығы сол әрекет жасаған уақытта қолданылып жүрген заңмен белгіленеді. Қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекетсіздік) жүзеге асырылған уақыт, зардаптың басталған уақытына қарамастан, қылмыс жасаған уақыт деп танылады. Осыған орай, зардаптың қашан болғанына байланыссыз істелген іс-әрекеттің уақыты болып іс-әрекеттер жүзеге асырылған жыл, ай, күндер және сағаттар есепке алынады. Сонымен қылмыс істелу уақытының ұзақтығына қарай жалғаспалы және созылмалы қылмыс болып бөлінеді. Жалғаспалы қылмыс үшін заң бойынша жауаптылық оны істеудің алғашқы кезеңін жүзеге асырған уақыттан басталады. Ал созылмалы қылмыс үшін жауаптылық кінәлінің әрекетіне тыйым салынған немесе қылмысты актінің соңғысын істеп үлгерген уақыттан бастап басталады. Сонымен, Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы ізгілік қағидасын басшылыққа ала отырып, іс-әрекеттің қылмыстылығын және жазаланушылығын жоятын жауаптылықты және жазаны жеңілдететін немесе кінәлінің жағдайын басқа түрде жақсартатын заңның кері күші бар, яғни мұндай заң күшіне енгенге дейін тиісті қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді істеген адамға оның ішінде жазаны өтеп жүрген немесе өтеп шыққан сотталғандық атағы бар адамдарға күші жүреді деп белгіленеді. Егер жаңа қабылданған қылмыстық заңда жазаның мөлшерін қысқартса немесе балама жазалардың ауыр түрін қылмыстық баптың санкциясынан алып тастаса, қылмыс санкциясына жазаның ауыр түрінің орнына жеңілірек жаза түрін өндірсе немесе санкцияда көрсетілген қосымша жаңа түрін жойса немесе оны жеңілірек түрдегі қосымша жаза түрімен алмастыра қылмыстық заңның кері күші қолданылады. Ал, Қылмыстық заңның кеңістіктегі күші Қылмыстық кодекстің 6,7,8-баптарында бекітілген қағидаларда жүзеге асырылады.
Қорыта келсек, негізгі қылмыстық заң – қылмысты саралаудың заңдылық негізі, қылмыстық заңсыз саралау мәселелерінің жүзеге асуы мүмкін емес, талдай келсек, қылмыстық заң тұрғысында қылмысты саралау адамның жасаған қылмыстық айрықша, нақты нышанының дәл келетіндігін анықтап, заң жүзінде дұрыс саралау қылмысты саралаудың нәтижесінде белгілі іс-құжаттарында (қылмыстық іс қозғау туралы, айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулыларда, үкімде, прокурордың қаулысында, соттың ақтау үкімінде) көрініс табады. Қылмысты саралаудың қаншалықты маңызды екендігі осыдан да түсінікті болар, яғни қылмысты дұрыс саралау – жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекеттің нышандарын әлеуметтік-заң тұрғысынан дәлме-дәл талдау арқылы қамтамасыз етілетін заңдылық негіз. Қылмыстық заңды дұрыс қолдану, белгілі істің нақты мән-жайын, сондай-ақ қылмысты қылмыс емес әрекеттен, бір қылмысты екінші қылмыстан айыруға мүмкіндік беретін құрам нышандарын жақсы, толық танырлықтай ашу болып табылады. Қоғамдағы заңдылықтың жайы заң қолданатын органдардың қылмысты қаншалықты дұрыс саралай алатындығына едәуір байланысты, ал біздің мақсатымыз қылмыстық құқықтық теориясында және сот тәжрибесінде тек заңдылық тұрғыда жүзеге асыру. Қылмыстық заңдарды қылмысты саралауда дұрыс қолдану, заңдарды жетілдіруге ғылыми салада ғылыми ұсыныстарды енгізу, қолданылып жүрген заңдарға жүйелі талдау жасау, қылмысты дұрыс саралаудың тиімділігін, пәрменділігін жетілдіру, яғни қылмыс қатарына жататын немесе қылмыс қатарынан алынып тасталатын әлеуметтік құбылыстарды дер кезінде анықтау арқылы, ішкі істер, тергеу, прокуратура, сот органдарының қылмысты саралау жөніндегі тиісті тұжырымдар жасауына белсенді қатысу, Қазақстан мемлекетінің қылмыстық заңдарының қылмысты саралау жолдарында айқындайтын ғылыми болжамдар жасау болып табылады.
- . Қылмыстың құрамы және оны саралаудың маңызы.
Қылмыс – жай әлеуметтік құбылыстың бір түрі ретінде ғана емес, ол сонымен бірге қылмысты сипаттай алатын және оның қауіптілігін көрсете алатын әлеуметтік – саяси тұрғыдан қауіпті белгілер мен элементтердің жиынтығы ретінде бағаланады. Қылмысты саралау үшін қылмыстық заңдағы жекелеген қылмыс түрлерінің қылмыстық құқықта белгіленген ерекшеліктерін немесе оларды өзге қылмыстардан ажырататын белгілер тобымен жақсы таныс болуы керек. Әрбір қылмысты білдіретін белгілер тобының жиынтығы арқылы ғана жеке қылмыс құрамдары өзге құрамдардан ажыратылады және нақтыланады. Қоғамдық құбылыстардың, процестердің кейде бір – біріне кейбір белгілері ұқсас болып келетіндігі тәрізді қылмыс құрамдары да кейбір құрам элементтерінің белгілері бойынша бір – бірімен жақын болып келеді. Қылмыстық заңның Ерекше бөліміндегі қылмыстардың көпшілігі объектісі, субъективтік жағы және субъектісі бойынша бірін–бірі қайталайтындай дәрежеде. Мұның себебі қылмыстық құқықтық ережелерге байланысты. Мысалы, қылмыстық құқық қылмысты жауаптылықты әдетте 16 жастан белгілейді және тек есі дұрыс адамдарға кінә артып, жауаптылық жүктейді. Немесе қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің тараулары қылмыс объектілері бойынша топтастырылған, сондай-ақ субъективтік жағы бойынша қылмыстық құқықта қасақаналық және абайсыздықтағы кінә нысандары белгіленген. Міне осындай ережелер қылмыс құрамдары белгілерінің көпшілік жағдайда ұқсас болуының басты себебі болып табылады. Қылмыстық кодексте қылмыстың объективтік жағының белгілері бойынша да бірін-бірі қайталайтын құрамдар кездеседі. Мысалы, Қорлау (130-бап), Өкімет өкілін қорлау (320-бап), Сотты құрметтемеу (342-бап), Әскери қызметшіге тіл тигізу (371-бап). Осындай ұқсастықтардың кездесуіне қарай сот-тергеу практикасында қылмысты саралауға байланысты қиындықтар туындайды. Қылмысты саралауды дұрыс жүргізу үшін осындай ұқсас қылмыс құрамдарының өзара бір-бірінен ажыратылатын құрам элементтерін білу қажет.
Қылмыс құрамы деген ұғым «құрам» деген сөздің қолданылуының өзінен-ақ, оның белгілі бір элеметтерден, белгілерден құралып бір ұғымды білдіретінін көрсетеді. Демек «қылмыс құрамы» деген атауда бірнеше құрамдас бөліктердің өмір сүретінін, ал жасалған қылмыс оқиғасы бойынша айыпты деп тану үшін сол қылмыс оқиғасының белгілі болуы ғана емес, адамның негізгі жауаптылығын ашып бере алатын белгілердің анықталуы қажет екенін білдіреді.
Қылмыстық құқықта қылмыс құрамдарының элементтері ретінде қылмыстың объектісі, объективтік жағы, субъективтік жағы және субъектісі аталады. Бұлардың әр қайсысының қылмыс оқиғасын зерттеуде, ол бойынша кінәлі адамның жауаптылығын белгілеуде өз рөлі бар.
Қылмыстың объектісі ретінде қылмыстық заң бойынша қорғауға алынған қоғамдық қатынастардың, заңды мүдделердің, құқықтардың және құндылықтардың жиынтығы алынады деп түсіну керек. Кейбір әдебиеттерде қылмыс объектісі ретінде «қоғамдық қатынастар» деген ұғым алынып, ал қалған «заңды мүдделер, құқықтар мен құндылықтар» деген ұғымдар «қоғамдық қатынастар» деген ұғымға жатқызылады.
Қылмыстың объективтік жағы ретінде қылмыстың сыртқы бейнесін сипаттайтын белгілердің жиынтығы алынып, онда қылмысты факт немесе оқиға ретінде бағалауға болатын белгілер тобына сипаттама беріледі. Объективтік жақты қылмыстың жасалу оқиғасын білдіретін элемент ретінде түсінуді ұсыну, ол объективтік жақтың «қылмыстың сыртқы бейнесін сипаттайды» деген ұғымға байланысты. Яғни бұл құрам элементінде қылмыстың қоғамға қауіптілігін көзге көрсете алатын сыртқы белгілер болып табылатын қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік, елеулі зардап, себепті байланыс, қауіпті құрал, тәсіл, жағдай тәрізді белгілер түгелденеді немесе осы бағыттағы материалдарды саралау жүргізуші субъект іздестіреді.
Қылмыстың субъективтік жағы ретінде қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған адамның психикалық сезімдерін білдіретін ішкі жақ белгілері алынады. Демек бұл құрам элементінде қылмыс жасаған адамның қауіпті іс-әрекетіне, зардапқа, қылмыс тәсіліне, жағдайына деген психикалық қатынасы, сонымен бірге қылмыстың жасалуына түрткі болған ішкі сезімдер ашылады. Яғни қылмыскердің қылмыстың объектісі мен объекивтік жағының белгілеріне деген ми жұмысының шешімдері анықталуға жатады.
Қылмыс субъектісі ретінде қылмыстық жауаптылық жасына жеткен, есі дұрыс, кінәлі адам алынады. Қылмыстың құрамын негізінен субъективтік және объективтік бағыттардағы белгілерден құралатынын ескеріп, оның ұғымын осы екі бағыттағы белгілердің жиынтығы түрінде алу қисынды және өзге әдебиеттерде де осындай сипаттағы түсінік беріледі. Сонымен, қылмыс құрамы дегеніміз-қылмыстық заң бойынша қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді қылмыс ретінде сипаттайтын объективтік және субъективтік белгілердің жиынтығы болып табылады.[10]
Қылмыс құрамының элементтері өзара бір-бірімен байланысты ұғымдар болып табылады. Мысалы, қылмыстың объективтік жағы мен субъективтік жағының түсінігі және оларды құрайтын белгілер бірін-бірі дәлелдеуші, анықтаушы рөл атқарады. Яғни қылмстың объективтік жағы қылмыстың сыртқы бейнесін сипаттаса, ал субъективтік жақ ішкі бейнесін ашады. Бұл ұғымдар қылмыстық құқықта бір медальдың екі жағы іспеттес ұғымдар болып табылады. Яғни қылмыстың сыртқы жағы болмаса, оның ішкі жағы да болмайды.
Қылмыстың объектісі өзге құрам элементтерінің ішінен қылмыстың объективтік жағымен тығыз байланысты, өйткені кінәлі адамның жасаған қауіпті іс-әрекеті оның зардабы заңмен қорғалатын объектіге бағытталады. Ал қауіпті әрекеттің жасалуы заңмен қорғауға алынған объектінің бұзылғанын білдіреді.
Қылмыстың субъективтік жағының да қылмыс объектісімен байланысы бар. Бірақ бұл байланыста субъективтік жақ қылмыстың объективтік жағының белгілері арқылы қылмыс объектісімен байланысатын тәрізді болып көрінеді. Өйткені қылмыскердің қауіпті іс-әрекетіне немесе зардапқа деген психикалық қатынастары іске асырылғанда объективтік жақтың белгілері көрініс алып, заңмен қорғалатын объектіге нұқсан келеді.
Қылмыстың субъектісі қылмыстың субъективтік жағымен тікелей байланысты. Себебі объективтік жақтың белгілеріне деген әртүрлі психикалық қатынастар және қылмысты әрекеттің орындалуына түрткі болған ішкі сезімдер, сонымен қатар әрекеттің мақсаты барлық кезде адам ойынан шығып жатады. Сондықтан қылмыскер адам болмаса, қылмыстың субъективтік жағына, объективтік жағына қатысты белгілер орын алмайды.
Қылмыс құрамының элементтері бірін-бірі толықтыратын ұғымдар болып табылады. Бұлай деуіміздің себебі, ол жасалған әрекеттерде аталған элементтердің біреуі немесе бірнешеуі көрініс алғанмен, бірақ кем дегенде біреуі болмаса, онда қылмыс құрамы да, қылмыс оқиғасы да жоқ деп танылады. Мысалы, заңмен қорғалатын объекті ретінде адамның өміріне, денсаулығына, меншігіне зиян келгенмен, бірақ ол зиянды келтірген адам болмаса, қылмыстың субъектісі жоқ. Мұндай кезде заңмен қорғалатын мүддеге зиян келтіруші жануарлар немесе табиғаттың зілзала күштері болуы мүмкін. Сол сияқты қылмыстың объектісіне зиян келіп, ол зиянды келтірген адам бар болғанмен, бірақ ол адамда кем дегенде абайсыздық түріндегі кінәнің белгілері болмаса, қылмыстың субъективтік жағы жоқ деп танылады. Мысалы, жазықсыз зиян келтіру. Сондықтан жасалған іс-әрекетте қылмыс құрамының бар болуы қылмыстық жауаптылықтың негізін ғана емес, сонымен қатар қылмысты саралаудың құқықтық негізінде білдіреді.
Қылмыс құрамы элементтерінің қылмысты іс-әрекеттерге құқықтық талдау жасау кезінде кезектілікпен аталу тәртібі, ол таза құқықтық емес, қылмыс құрамының әлеуметтік сипатына байланысты болып табылады. Әдетте қылмыс құрамының элементтері қылмыс объектісі, объекивтік жағы, субъективтік жағы мен субъектісі деп реттілікпен келтіріледі. Бірақ кейбір әдебиеттерде қылмыстың субъективтік жағы мен субъектісінің орнын ауыстырып, субъективтік жақты соңғы кезекте атайтын оқулықтар кездеседі.
Құрам элементтерінің кезектілік тәртібін белгілеу мәселесі қылмыстық құқықтың зерттеу объектілерін әлеуметтік тұрғыдан талдауға алғанда ашылады.
Әлеуметтік тұрғыдан алғанда қылмыстың алғашқы белгісі қоғамдық қатынас болып табылады. Қоғамдық қатынас қылмыстың объектісі ретінде ғана емес, сол нақты қоғамдық қатынастың түрі немесе оның қоғамдағы рөлі қылмыстың мазмұнын ашуға да әсер ете алады.
Қоғамдық қатынастар жалпы әлеуметтік тұрғыдан алғанда қоғамда ерекше орын алады. Себебі белгілі бір ортада қоғам бар деп айту үшін, ол жерде қоғамның қалыптасуын, дамуын білдіретін қоғам мүшелері арасындағы қоғамдық қатынастар өмір сүруі керек.
Қоғамдық қатынастар жеке адамға тәуелсіз сипатта болады деп түсіну керек, өйткені әрбір жеке адамға келгенде қоғамдық қатынастар ол адамға дейін өмір сүрген құбылыс. Жаңа адам тек оған қосылады. Қоғамдық қатынастар жеке адамға тәуелсіз өмір сүретіндіктен, адам оған тәуелді болып, ұжымдық өмірге бағынады. Нақтырақ айтқанда қоғам мүшесі әртүрлі қатынастарға түсуге негіз беретін қоғамның құрамдас белгілерін сол қоғамнан алады. Ол бір уақытта отбасы мүшесі, жұмысшы, партия мүшесі т.б. бола алады. Және бұл белгілер бір адамның бойында бір-біріне қарсы бағытта болмай, олар өзара үндесіп жатуы керек.
Қоғамдық қатынастың келесі қызметі, олардың жиынтығы бүтін қоғамдық организм ретінде әлеуметтік-экономикалық және саяси формацияның түрін немесе сол қоғамның даму бағытын білдіреді. Сондықтан қоғамдық қатынастардың жиынтығы қоғамды білдіретін күш дейміз.
Қылмыстық заңмен қорғауға алынған қылмыс объектісі ретінде аталатын қоғамдық қатынастардың қоғам, жеке адам өміріндегі рөлі осындай маңызды болуына байланысты қылмыс құрамының элементі ретінде бірінші кезекте аталады. Сонымен қатар адамда қылмыстық ниеттің пайда болуының алғашқы кезеңінде-ақ және оның жасаған қауіпті іс-әрекеттері қоғам, адамзат үшін аса қажетті болып табылатын қылмыс объектісіне бағытталады. Әлеуметтік – экономикалық дамуда жай еңбек бөлінісі ғана пайда болып қоймайды. Сондай-ақ қоғам мүшелерінде әлеуметтік, мүліктік т.б. айырмашылықтар пайда болып, олар әртүрлі деңгейлерде бола алады. Әрбір адам өз заманының адамы болғандықтан, осындай айырмашылықтар қоғам мүшелерінің арасында мүліктік, саяси, т.б. артықшылықтарға ұмтылуға себепші болады. Оның бір тәсілі қылмысты әрекеттер жасау арқылы қоғамдық қатынастарға зиян келтіре отырып, өз мұқтаждығын қанағаттандыру болып табылады. Қылмыскер жеке адамға зиян келтіргенде де қоғамға зиян келтірген болып есептеледі, өйткені жәбірленуші адам қоғам мүшесі. Осы айтылғандар қылмыс объектісінің қайдан шығатынын, оның неліктен бірінші кезекте аталатынынғана емес, сонымен бірге қылмыстың қоғамға қауіптілігін де білдіреді.
Әлеуметтану теориясынан келгенде адам әрекетін бағалаудың критерийі қоғамды объективтік заңдылыққа іс-әрекеттің сәйкестік шамасы болып табылады. Әлеуметтік ортадағы әрекеттердің бағыты, қауіптілік дәрежесі әртүрлі. Жалпы әлеуметтік әрекеттердің кейбіреулері қоғамдық жүйенің даму заңдылықтарына сәйкес келеді, ал кейбір түрлері қоғам мүддесіне қарсы тұрады. Сондай-ақ осы уақытта емес, болашақта қолданылатын әрекеттер де кездесе алады. Мұндай әрекеттердің ішінен қоғам талабына қарсы тұратын әрекеттер зиянды, қоғамға қауіпті деп бағаланады, олардың қоғамға қауіптілігі барынша жоғарылары қылмыс ретінде белгіленеді.
Қоғамға қауіпті іс-әрекеттердің қауіптілік қарқындарының шамасына, дәрежесіне қарай зиянның мөлшері белгіленеді және осы критерийде қылмыс теріс қылықтан ажыратылады. Қылмыстық құрамның объективтік жағын сипаттауда (мысалы, бұзақылық, билікті не қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану қылмыстарында) көрнеу, кәнігі, аса кәнігі түрде деп келтірілетін ұғымдар да осы қылмысты әрекеттердің қарқындылық шамасына қарай анықталады. Мұндай қарқындарды кейбір қылмыс түрлерінде дәл анықтау қиын, ол көбінесе бағаланушы ұғым ретінде заң нормасында белгіленіп, іс жүзінде саралау жүргізуші қызметкердің өз шешіміне қарай анықталады.
Қылмысты іс-әрекеттер заң шығару жұмысында практикадан, яғни қоғам өмірінен алынады, себебі қылмыстар қоғамға таралған әрекеттер болып табылады. Қылмысты іс-әрекеттер қатарына практикада әлі кездеспесе де алдағы уақытта кездесуі мүмкін деген болжамымен заң шығарушының қылмысты деп таныған әрекетері болуы мүмкін. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96-бабаы 2 бөлімінің «м» пунктінде қарастырылған «жәбірленушінің мүшелерін немесе тінін пайдалану мақсатымен жасалған» кісі өлтіру Қылмысты кодекс 1997 жылы бекітілгенге дейін сот-тергеу практикасында кездескен жоқ. Бірақ заң шығарушы мұндай кісі өлтіру түрі шетелдердің практикасында бар, алдағы уақыттарда бізде де кездесуі мүмкін деген болжаммен заңға енгізді. Қылмысты іс-әрекеттер мен зардаптың қарқындылық шамасын қылмыстық құқықтық тұрғыдан талдағанда осындай түсіндірмемен шектелуге тура келеді. Ал бұл қарқындылық шаманы әлеуметтік тұрғыдан талдасақ, онда қылмыстық құқықтық ережеден аса бастаймыз. Себебі қасақана немесе абайсызда қылмыстар жасау, аяқталған қылмыстармен қылмысқа даярлану немесе оқталу, сондай-ақ қылмысқа қатысушылар мен оған жанасушылардың әрекетерінің қарқындылық дәрежесі бірдей емес.
Тағы айта кететін жәйт, ол қандай іс-әрекеттер қоғамға қауіпті деп танылады. Бұл сұраққа жауапты анық, әрі қысқаша былай беруге болады. Қылмысты әрекеттер зардап келтіретін әрекеттер деген сөзбен тоқтауға болиайды. Ол іс-әрекеттер қалыптасқан жағдайға зардап келтірудегі ерекше тәсілді білдіреді және олар тек қоғамдағы қатынастарды бұзатын немесе бұза алатын әрекеттерді қамтиды. Осындай себептерден қылмыс құрамында объективтік жақ белгілері қылмыс объектісінен кейін екінші кезекте қарастырылады.
Қылмыстық құрамдарда субъективтік жақ белгілерінің үшінші кезекте қарастырылуын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай объективтік жақтың белгілері қылмыстың сыртқы бейнесін сипаттаса, субъективтік жақтың белгілері қылмыскер адамның сол сыртқы белгілерге деген ішкі ойын, оның бағытын ашып береді. Қылмыстық құрамдарға талдау жасағанда, әрине сыртқы бейнесін ашқаннан кейін, оның ішкі жақ, яғни қылмыскердің ми жұмысындағы шешімдерге және зардапқа, қылмыстық объективтік жағының қосымша белгілеріне деген ой қатынасын қарастыруға тиімді, әрі мәселені кезектілікпен талдауды білдіреді.
Бұл мәселеге анығырақ үңілсек, шындығында қылмыстық объективтік жағының белгілерінен бұрын субъективтік жақты құрайтын белгілер алдымен пайда болады. Бұлар кінәнің нысандарын құрайтын белгілерде, ниетпен мақсатта жасалған әрекеттен, туындаған зардаптан бұрын пайда болады. Анығырақ айтқанда, кінәліде қылмысты іс-әрекет жасаудан бұрын қауіпті әрекет жасауға итермелейтін ой-ниет пайда болады. Мысалы, ұрлық, тонау, алаяқтық қылмыстарын құрайтын әрекеттер орын алу үшін алдымен пайдақорлық ниет пайда болады. Сол сияқты қылмысты әрекет жасардың алдында немесе сол кезде, өзінің әрекетінің қауіпті екенін сезеді, ол әрекеттің белгілі бір зардаптар тудыратынын көре біледі және сондай зардаптардың туындауын тілеуі немесе оған саналы түрде жол беруі мүмкін. Бірақ осындай себептерге қарамай қылмыстың субъективтік жағының объективтік жақтан кейін қаралу себебі, ол қылмысты кінә, ниет, мақсатқа жетуге жағдай жасайтын әрекеттер жасалмай, зардап туындамай тұрып, қылмысты оқиғаның бар екендігін көру қиындығына байланысты болып табылады. Яғни адамның іште жатқан қылмысты ойлары сыртқа шыққанда ғана және заңмен қорғалатын объектілерге нақты қауіп туындағанда немесе олар бұзылғанда қылмыс оқиғасы туралы сөз қозғауға болады.
Екіншіден, қасақана түрде жасалатын қылмыстарда қылмыстық ниет өзге белгілерге қарағанда алдымен пайда болғанмен, оның іске асырылуы соңғы кезекте тұрады. Қылмыстың ниетті (мысалы, кек қайтару, пайдақорлық) іске асыру үшін тиісті іс-әрекеттер толық, әрі ойдағыдай орындалып шығу керек. Егер қылмыстың жасалуына түрткі болған ниетті іске асыру бағытындағы әрекеттер орындалмаса немесе толық орындалмаса, онда қылмыстың ниетті ғана емес, мақсаты да жүзеге аспайды. Демек бұл белгілерге кінәлінің жетуі, оның жүзеге асыуы қылмысты орындауда соңғы кезекте тұрады.
Үшіншіден, оқиғаның сыртқы көрінісі бар болғанмен кейін анықтай келгенде ішкі көрінісі жоқ болып шығуы да мүмкін. Мұндай жағдайларда «сыртқ көрініс» деп отырғанымыз анықтай келгенде қылмыстың объективтік жағын білдірмейді, өткені бұл оқиғаның ішкі мазмұны басқа мағынаны білдіруі мүмкін. Мысалы түн уақытында адамның үй есігін бұзып жатуы сырттай қарағанда ұрлық қылмысына бағытталған әрекетті білдіре алады. Бірақ есікті бұзып жатқан адамның осы үйдің иесі болып шығуы оқиғаның мағынасын өзгертеді. Демек ол адам есіктің кілтін жоғалтуына т.б. себептерге байланысты осындай әрекетті жасап жатырған болып шығады. Бұл жағдайда кінә немесе ниет болмауына байланысты қылмыстың объективтік жағының да белгілері жоқ деп танылады. Яғни қоғамға қауіпті іс-әрекет жоқ.
Міне осындай реттілікпен қылмыстық құрам элементтерін келтіргенде, соңғы кезекте қылмысқа субъектісі анықталуға жатады. Қылмыс субъектісіне қойылатын талаптар көп емес. Қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасаған адам екі белгінің болуы шартты. Олар адамның есі дұрыстығы, яғни жасаған іс-әрекетінің мағынасын түсіне алуы және өз әрекеттеріне жетекшілік жасай білуі және екіншіден қылмыстық жауаптылық жасына жеткен болуы.
Қылмысты саралауда және қылмыстық құрам элеметтерінде қылмыс субъектісінің соңғы кезекте белгіленуін тергеу практикасының мынандай қызметімен де негіздеуге болады. Жоғарыда айтқанымыздай кейбір жағдайларда қылмыс жасаған адам әлі белгілі болмаса да қылмыс болып шығуы мүмкін деген болжаммен оқиға, факт бойынша қылмыстық іс – қозғалып жатады. Мұндай жағдайларда тергеушіге қылмыстың субъектісі ғана емес, субъективтік жақтың белгілері де белгісіз болады. Яғни қылмыстық іс зардап туындау фактісі бойынша қозғалып, оған Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабы бойынша саралау беріледі. Нәтижесінде кінә және қылмыс субъектісі анықталғанда айып тағылып, ал зардап туындау фактісінде адамның кінәсі немесе субъектіні құрайтын белгілер болмаса, онда іс қысқартылады.
Қоғамды қалыптастырушы және оны қызметтендіруші күш қоғамдық қатынастар болып табылады. Қазіргі уақытта ғана емес, адамдардың алғашқы қауымындағы, ру-тайпалық өмірде де қоғамдық қатынастар өмір сүрген. Ол кездердегі қауым, тайпа ішіндегі қоғамдық қатынастар әдет-ғұрып арқылы қорғалған және реттелген.
Қоғамдық қатынастар азаматтың өмір сүруі үшін қажетті құндылықтарды, дұрыс мүдделерді білдіретін болмыстың бірі болып табылады, сондықтан ол ерте замандардан бастау алып, үнемі дами отырып бүгінге дейін жеткен. Мысалы, кісі өлтіру, ұрлық жасау қылмыс. Бұл қылмыстардың қылмыстылығы шын мәнінде өзге құрам элементтерінде емес, негізінен қылмыстың объектісінде, өйткені қай заманда да болмасын кісі өлтіру, біреудің мүлкін ұрлау жаман әрекеттерге бағаланған, өйткені бұл құндылықтар азаматтың өмір сүруі үшін қажетті қатынастарды білдіреді. Сондықтан қазіргі қолданылып жүрген құқықтың бойында әдет-ғұрып нормаларының қалдықтары сақталған және кісі өлтіру, денсаулыққа зардап келтіру, әйел зорлау, ұрлық тәрізді қылмыстар өз тарихын өте ертеден алады.
Қоғамдық қатынастар азаматтың танымы өскен сайын күрделенетін және кейде өзгеретін құбылыс болып табылады. Сол себептен қоғамдық қатынастар дамыған сайын, ол қоғамның құқығы да дамиды. Мысалы, ертедегі Рим мемлекетінің ХІІ кесте заңы көптеген қатынастарды бастапқы кезеңдерде қамтымаған. Ал жаза ретінде көбінесе өлім жазасы қолданылған. Қоғамдық қатынастар дамыған, күрделенген сайын көптеген қауіпті әрекеттер қылмыс қатарына жатқызылды, полициялық аппарат пайда болды. Римнің республика кезінде қасақана кісі өлтіру қылмыс болып саналғанымен, абайсызда қаза келтіру жазаланбады. Рим империяға айналған кезде абайсызда қаза келтіру де қылмыс ретінде бағаланды. Сол сияқты ұрлық та азаматтық талап арызынан қылмыс қатарына жатқызылды. Осы айтылғандарға сүйене отырып, қоғамдық қатынастардың даму деңгейі құқықтық реттеу шегін, құқық нормаларының мазмұнын, құқықпен қамтылатын әлеуметтік қатынастардың шеңберін анықтайды деуге болады.
Л.Д. Гаухман: «Қоғамдық қатынастар кез-келген әлеуметтік-экономикалық формацияда өмір сүріп отырған қоғамда өзінен-өзі пайда болды. Олар заң арқылы жаратылмайды, бірақ заң, оның ішінде қылмыстық заң да мемлекеттік қоғам мен мемлекетте үстемдік құрып отырған топтың мүддесіне сәйкес, олардың қалыптасуына, дамуына және нығаюына жағдай жасайды»,-дейді.[11]
Қоғамдық қатынастардың жиынтығы қоғамды құрайтындықтан және олар жалпы адамзаттың қажеттілігіне байланысты барлық кезде қоғам мүшесі ретінде бағаланатын адамның қолымен жасалатындықтан, ол құқықпен реттеуге алынады. Құқықтық реттеу біріншіден, қоғамдық қатынасқа түсушілерге барынша дұрыс шешімді көрсетуді және екіншіден, бүкіл мемлекет аумағында нақты қатынас біркелкі мақсатын көздейді.
Қылмыстық құқықта қоғамдық қатынастар нақты, жекеше ұғым ретінде қолданылады, ал жалпы мағынада алғанда мүдделер, құндылықтар түрінде көрінеді.
Қылмыстық құқықпен қорғауға алынған қоғамдық қатынастар қылмыстық-құқықтық қорғаудың объектілері деп бағаланады және нақты қылмыс түрлерінде қылмыс объектісі деген мағынада қолданылып, бұл кезде заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастың нақты түрі анықталады. Қылмыстық құқықта қорғауға алынған қатынастар ақиқат болмысында бар, өмір сүретін қоғамдық қатынастар болып табылады, сондықтан әрбір қылмыс жасалғанда қылмыс объектісі анық көрінеді және қылмыс объектісі заң шығарушының санасы арқылы анықталған ұғым ретінде анықталмайды. Заң шығарушы қылмыс объектісі ретінде бағаланатын нақты қоғамдық қатынастың қоғамдағы рөлін, қызметін терең тануға мүдделі. Өйткені қылмыстық құқықтық қорғауға алынған объектілер бірдей сапада болмауына байланысты қоғамдағы рөлі соған сәйкес құндылығы да әр түрлі деңгейде. Демек, қоғамдық қатынастың маңыздылығы қаншалықты дұрыс бағаланса, соншалықты құқықтық норма негізді белгіленген және осы қатынасты қорғауға тиімді өмір сүреді.
Қылмыстық заңда қанша қылмыс түрі бар болса, сонша түрлі объекті бар ма деген сұрақ туындауы мүмкін.
Заңмен қорғалатын нақты объектіге қарсы бағытталған іс-әрекеттер қоғамдық өмірде әрқилы, әр жағдайда және әр түрлі қауіптілік деңгейде бола алады. Яғни бір объектіге зиян келтірген әрекеттер кінә нысанына, қылмыс субъектісіне, қылмыс жасау тәсіліне, құралына, уақытына т.б. қарай әр түрлі кездесіп, олардың қоғамға қауіптілік дәрежелері бір баптың жауаптылық көлеміне сыймауы мүмкін. Сондықтан қылмыстық заңда бірдей қылмыс объектісімен сипатталатын қылмыс түрлері көп. Олар әсіресе бір тарауда қарастырылған қылмыстарда көптеп кездеседі. Мысалы, ҚК-те қасақана кісі өлтіру, қажетті қорғану, өзін-өзі өлтіру халіне жеткізу қылмыстардың барлығының объектісі бірдей, ол адам өмірі.
Бұл қылмыстар өзара басқа құрам элементтеріне қарай ажыратылады. Ал заңмен қорғалатын объектілер қанша болса, сонша қылмыс түрі бар ма дегенде қылмыс түрлері объектілердің санынан әлде қайда көп деп түсіну керек. Бірдей объектілі қылмыстар меншікке, әскери қызметке, экологияға, экономикалық қызметке қарсы қылмыстар тарауында т.б. көптеп кездеседі.
Қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастардың көп және әртүрлі салаларда кездесе алатындығына байланысты оларды топтастыру немесе нақтылау қажеттілігі туындайды. Мұндай қажеттілік қылмыс түрлерін анықтау, жауаптылықтың көлемін белгілеу, заң құрлысын белгілі бір тәртіппен дайындау және заңды тиімді қолдану кездерінде байқалады. Бұл айтылып отырғандар қылмыс объектісі түрлерінің қылмыстық құқықтағы қызметін және оның маңыздылығын білдіреді.
Қылмыстық құқықты меңгеруді және зерттеулер жүргізуде жалпыдан нақтыға өтіп талдау жиі кездесетін тәсіл. Осы тәсіл бойынша қылмыстық заңмен қорғалатын объектілерді тігінен бөлгенде жалпы, топтық және тікелей объектілер деп бөлу қалыптасқан. Бірақ қылмыстық құқық теориясында қылмыс объектілерін топтастырудың өзгеде бағыттары кездеседі. Мысалы, жалпы, типтік, топтық және тікелей деп төртке бөлуде типтік объекті ретінде, ҚК-тің Ерекше бөлімінің бір тарауына жатқызылған баптарда жауаптылығы қарастырылатын, қылмысты әрекеттер зиян келтіруге бағытталатын бір типтік қоғамдық қатынастардың тобы алынады.[12] Бұл бағыт бойынша ҚК бөлімдерге (раздель) бөлуші критерий топтық емес, типтік объектілер болады да, ал бөлімдерді тарауларға бөлуші критерий топтық объектілер болып табылады. Мұндай төрт деңгейлі бөлу Қазақстанның қылмыстық заңына қолайлы емес, өйткені біздің қылмыстың заңның Ерекше бөлімі бөлімдерге бөлінбей, тек тараулардан тұрады.
Қылмыс объектілерінің үш деңгейінің әрқайсысының қылмыстық құқықтық маңызы бар. Қылмыстың жалпы объектісі ретінде қылмыстық заңмен қорғауға алынған қоғамдық қатынастардың жиынтығы алынады. Жалпы объектінің қылмыстық құқықтағы атқаратын қызметі немесе маңыздылығы, ол қылмыстық заңның өмір сүру мүмкіншілігін білдіреді. Егер қылмыстық заңмен қорғауға алынуға жататын объектілер қоғамда болмаса, онда қылмыстық заңда өмір сүрмес еді. Мына жайтты ескеру керек, қылмыстық құқықпен қорғалатын кейбір объектілер өзге де құқық салаларымен қорғала алады. Мысалы, азаматтық, әкімшілік, еңбек, отбасы т.б. құқық салаларында. Қылмыс объектілерінің кейбір түрлерінің өзге құқықтармен қорғауға алыну себебінде біріншіден, кейбір қоғамдық қатынастардың қоғамдық өмірде әртүрлі деңгейде өмір сүретіндігі және екіншіден, оларға қарсы бағытталған әрекеттердің де қауіптілік дәрежесі әрқилы болады. Мысалы, меншік құқығын, қоғамдық тәртіпті, еңбек ету қаіпсіздігін қылмыстық құқық ғана емес, әкімшілік құқық та қорғайды. Меншікті құрайтын мүліктер қоғамда әртүрлі деңгейлерде болады. Соған қарай ұсақ, жай, елеулі мөлшерлерде меншік құқығына зияндар келіп, олар зардаптың ауырлығына, іс-әрекеттің қауіптілігіне қарай, нәтижесінде құқықтық қорғаудағы объектілердің мөлшеріне, маңыздылығына байланысты жеке құқықтық қорғау белгіленеді.
Қылмыстың жалпы объектісі деген ұғымның құрылымы кең, оны ҚК-тің әрбір тарауымен, баптарымен қорғалатын объектілердің жиынтығы құрайды. Сондықтан жалпы объекті қорғауға алынған қатынастардың түріне, бағытына, қоғамдағы маңыздылығына қарай топтық объектілерге бөлінеді.
Топтық объектілердің қылмыстық құқықтық маңыздылығы ретінде біріншіден, ҚК-тің Ерекше бөліміндегі жекеленген қылмыстарды тарауларға бөлудің басты негізі, осы біртектес қоғамдық қатынастардың жиынтығын білдіретін топтық объекті болып табылатындығы, яғни қылмыстарды жүйелеу қызметін атқара алады. Екіншіден, топтық объектілер қылмысты саралау барысында құқық нормасын кезең арқылы іздеу кезінде қолданылады.
Сондықтан, қылмыстың топтық объектісі дегеніміз ҚК-тің Ерекше бөлімінің баптары арқылы қорғауға алынған біртектес қоғамдық қатынастардың тобы болып табылады.
Қылмыстың топтық объектілері заңмен қорғалатын қоғамдық өмірдің салаларымен анықталады және меншік, қоғам қауіпсіздігі, жеке адам, экономикалық қатынастар, экологиялық қауіпсіздік, отбасы мен кәмелетке толмағандардың мүддесі т.б. Бұл заңның қоғамдық өмірдің барлық салаларын қорғауға алатындығын білдіреді.
Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімі 16 тараудан құралады. Ерекше бөлімде қарастырылған қылмыстар топтық объектілерге қарай тарауларға, бөлінуіне сүйеніп, 16 топтық объекті бар екен деп түсінуге болмайды. Ерекше бөлімдегі тараулардың санымен салыстырғанда топтық объектілердің түрлері көп. ҚК-тің бір тарауында екі немесе одан да көп топтық объектіге жататын қылмыстар кездесе алады. Бір тарауда бірнеше топтық объектілердің қарастырылу себебі, ол біріншіден, өзара ұқсас топтық объектілерді заң шығарушы жеке-жеке бөлмей, бір тарауға қосуына байланысты. Бұл топтық объектілердің мағынасы ұқсас болып табылады. Мысалы, кәмелетке толмағандардың дұрыс тәрбиесі мен отбасы мүддесі, қоғам қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп, сот әділдігі мен жазаның атқарылу тәртібі т.б. Мұндағы кәмелетке толмағандардың тәрбиесін жеке объекті ретінде түсіну керек, ал отбасының мүддесі ол да жеке объекті ретінде бағаланады.
Бірнеше топтық объектілердің бір тарауда қарастырылуының келесі себебі, ол бір топтық объектіге қарсы бағытталған қылмыстардың кейде аз болуына байланысты. Мысалы, қоғам қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп деген ұғымдарды жеке объектілер деп түсінсек, қоғамдық тәртіпке қарсы бағытталған қылмыстар заңда екеу-ақ. Олар бұзақылық және тағылық қылмыстары. Жаппай тәртіпсіздік қылмысы қос объектілі, яғни қоғам қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп деп анықталады. Бір топтық объектіге жататын екі қылмыс түріне бола заң шығарушы жеке тарау бөліп жатпайды және ондай топтық объектіге жататын қылмыстарды өзіне ұқсайтын топтық объектімен бір тарау ретінде қосып қарастырады.
Топтық объектінің құрылымы күрделі, ал атауы жалпы болуымен ерекшеленеді. Бұл объектінің құрылымында осы салаға жататын нақты қоғамдық қатынастардың түрлері болады және олар қылмыстық құқықта тікелей объекті деп аталады. Қылмыстың тікелей объектісі дегеніміз заңмен қарғауға алынған қоғамдық қатынастардың жеке түрі болып табылады.
Тікелей объектілер нақты қылмыс түрінің өмір сүру себебін білдіреді және топтық объектінің бағытымен, мағынасымен ұқсас анықталады. Айырмашылығы тікелей объектілер мазмұны бойынша нақты қоғамдық қатынастың түрін білдіреді. Мысалы, ҚК-тің 3-тарауындағы қылмыстардың топтық объектісі азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары болып табылады, ал осы тараудың 141-бабындағы азаматтардың тең құқықтылығын бұзу қылмысының тікелей объектісі ҚР-сы азаматтарының бірдей құқықтарының сақталуы, 142-баптағы жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу қылмысындағы тікелей объекті адамдардың жеке басына қатысты құпиялардың жарияланбауы болып анықталады.
Топтық объекті мен тікелей объекті кейде бірдей мазмұнда анықталуы мүмкін. Мысалы, меншікке қарсы қылмыстардың топтық объектісі меншік құқығы оның сақталуы болса, ал осы топтағы қылмыстарға жататын ұрлық, тонау, алаяқтық тәрізді т.б. қылмыстардың тікелей объектілері де меншік құқығы немесе меншік құқығынан туындайтын қоғамдық қатынастардың сақталуы болып табылады. Сондықтан бір топтық объектіге бағытталатын қылмыстардың тікелей объектілері атауы, мазмұны бойынша барлық кезде әртүрлі болып анықтала бермейді. Қылмыстың тікелей объектілері әртүрлі баптардағы қылмыстарды бірдей болып анықталғанда олар өзара басқа құрам элементтеріне қарай ажыратылады.
Кейбір қылмыстар кейде бірнеше тікелей объектілерге зиян келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайларда ол объектілердің біреуі ғана осы қылмыстың тікелей немесе міндетті объектісін білдіреді. Ал қалған объектілер осы қылмыстың қосымша немесе балама объектілері ретінде бағаланады. Осы қылмыста қосымша немесе балама деп саналып отырған объектілер, басқа бір қылмыстар үшін тікелей объекті болып табылады. Қылмысты саралау кезінде бірнеше объектілер кездескенде тікелей объектінің топтық объектіден шығатынын ескеру керек. Кейбір қылмыстар құрылымының күрделі және басқа өзге қоғамдық қатынастармен тығыз байланысты болуына қарай қылмысты құқықта бірнеше объектілі болып сипатталады. Көбінесе балама және қосымша объектілер адам өмірі, денсаулығы, бөтеннің меншігі, ар-намысы түрінде кездеседі. Бұл осы қатынастардың қоғам өміріне барынша жайылғандығына, оладың өзге қатынастармен жиі байланыста болатындығына байланысты.
Ұқсас қылмыстарды бір-бірінен ажырытуды тек объектілері ғана емес, барлық құрам элементтерінің белгілері, оның ішінде қылмыстың заты бойынша да жүргізуге болады.
Кейбір қылмыстық құрамдарда қылмыстың заты міндетті белгі болып табылады. Қылмыстың заты Ерекше бөлім баптарының диспозициясында тікелей аталғанда, ол заттар осы қылмыс құрамының міндетті белгісі ретінде бағаланады, яғни осы баппен саралау жасау үшін баптың диспозициясында келтірілген заттар қолданыла отырып немесе осы заттарға байланысты іс-әрекет жасалған болуы керек. Егер жасалынған қылмыста қоғам элементтерінің өзге белгілері белгілі бапта толық сәйкес келгенімен, бірақ қылмыс заты сай келмесе, онда іс-әрекет басқа қылмыс түрімен сараланады.
Қылмыстың заты дегеніміз – кінәлі қылмыс жасау кезінде қолданылатын және осы қылмысты жасауда міндетті түрде болатын жанды немесе жансыз материалды сапаға ие заттар болып табылады.
Қылмыстың заты жанды немесе жансыз болуы, ол кейбір қылмыстардың жансыз материалдық заттарды, мысалы, есірткі, атылатын қару, радиактивті заттар,мүлік, құжаттарды пайдаланып немесе сол заттарға қатысты әрекеттерді жасай отырып, қылмысты іске асыруды көздеуін түсінуіміз керек. Ал жанды заттар ретінде жануарларға қатысты, яғни экологияға, адамгершілікке қарсы әрекеттер жасай отырып, қылмыс жасау кезінде жанды құндылықтарға зиян келуін түсінеміз. Адамдар қылмыс затына жатқызылмайды. Себебі адамдар қылмыстық құрамдарда жәбірленуші немесе кейде құрал ретінде кездеседі.
Қылмыстың заты және қылмыс объектісі қылмыстық құрамға қылмыс объектісі элементіне қосыла отырып қарастырылады. Бұл екі ұғымды бірдей көруге болмайды, себебеі бұл ұғымдардың қылмыстық құрамды ашуда және міндетті белгі болып саналуында айырмашылықтар бар. Қылмыстың заты қылмыс объектісіндей заңмен қорғауға алынған қоғамдық қатынастарды білдірмейді, ол бірнеше мағыналарда объектіге жақындығын байқатады немесе қылмыс объектісінен кейін бірден анықталуы қажет ететіндігін көрсетеді. Біріншіден, қылмыстың заты жасалған қылмыстарда көрініс алуы арқылы заңмен қорғалатын объектіге нұқсан келгенін білдіреді. Мысалы, ұрлық қылмысының объектісі болып табылатын меншікті ақша, киім, тамақ, бұйым ондай игіліктер қылмыстың затын білдіреді. Яғни қылмыс затының көрініс табуы объектіге зиян келгенін білдіре алады. Екіншіден, қылмыс заты міндетті белгі болып табылатын құрамдарда бұл белгі болмаса, қылмыс объектісі бола алмайды. Үшіншіден, қылмыс затының қоғамдағы маңыздылығы объектінің құндылық дәрежесін, қылмыстың ауырлық деңгейін көрсете алады. Мысалы, ұрлық (175-бап) және ерекше құнды заттарды ұрлау (180-бап).Төртіншіден, қылмыс затының құрамдарда бірдей анықталуы, ол қылмыстардың объектісінің де бірдей екендігін көрсетеді. Мысалы, ұрлық, тонау, қарақшылық қылмыстарының, содай-ақ алаяқтықпен қорқытып алушылықтың заттары бірдей, соған орай олардың объектілері де бірдей анықталады.
Қылмыстың заты қылмыс объектісімен салыстырғанда қосымша (факультативті) белгі ретінде қолданылады, яғни қылмыс құрамын сипаттау кезінде барлық кезде міндетті белгі ретінде қолданылмайды. Қылмыс затының қосымша белгі ретінде қолданылу себебі, ол барлық қылмыстың құрамында белгілі бір заттың қолданылуы міндетті болмауына, заңдағы көпшілік қылмыстарға құқықтық талдау бергенде және олқылмыстардың жасалу табиғатына зер салғанда арнайы бір заттардың қолданылуы шартты болуына байланысты. Мысалы, бұзақылық, кәмелетке толмағандарды қылмыстық жолға тарту, жала жабу, көрнеу кінәсіз адамды қылмыстылық жауаптылыққа тарту және т.б. қылмыстарда қылмыс заты, оның арнай бір түрлері болмайды. Мұндай қылмыстарда өзге элеметтердің белгілері және қылмыс объектісі болса құрамы бар деп танылады.
Кейбір қылмыс түрлерінде зат қосымша емес, міндетті белгі ретінде қолданылады, яғни қылмыс жасалды немесе заңмен қорғалатын объектіге нұқсан келді деп есептеу үшін қылмыстың заты көрініс алуы керек болып табылады. Қылмыс заты міндетті белгі болып табылатын құрамдарда сол заттың түрі баптың атауында немесе оның диспозициясында көрсетіледі, сондай-ақ бапта зат түрі аталғанда объектінің мағынасын аша отырып анықтауды қажет ететін кездер болады.
Қылмыстың заты бапта арнайы көрсетілгенде оны өзге ұқсас қылмыстардан затына қарай отырып бірден оңай ажыратуға болады. Мысалы, ҚК-тің 260-баптағы есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды ұрлау немесе қорқытып алу және 255-баптағы қару, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын ұрлау не қорқытып алу қылмыстарының негізгі айырмашылықтары қылмыстың затында және қылмыс затының қоғамға тигізетін пайдалы немесе зиянды әсеріне қарай қылмыс объектісі де анықталады.
Бір ескере кететін жәйт, ол кейбір құрамдарда қылмыстың заты мен қылмыс құралы ұқсас анықталады. Қылмыстың заты мен құралын шатастырмас үшін ол заттың қылмыстың жасалуын жеңілдету үшін немесе басқа мағынада қолданылып отырғанын ескеру керек. Егер белгілі бір зат қылмыстың жасалуын жеңілдету мақсатында қолданылса, онда ол құрал ретінде бағаланады. Мысалы, халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар тарауындағы есірткімен байланысты 259-265 баптардағы қылмыстардың заты есірткі және жүйкеге әсер ететін заттар болып табылады. Ал адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірудің бір түрі адамды есірткіге тәуелді етуде есірткі заттар қылмыс құралы ретінде қолданылады.
Қылмыстық құқықта қылмыстардың бейнесін, оның құрамын ашу, негізінен екі бағытта жүргізіледі, біріншісі қылмыстың сыртқы бейнесін көрсету, екіншісі оның ішкі бейнесін ашу бағытында болады. Қылмыстың сыртқы бейнесін сипаттауға жататын мәселелер, құрамының объективтік жағы деген элементке енгізіледі. Қылмыстың сыртқы жағының бейнесі ретінде жасалған іс-әрекеттің қылмыстылығын сырт қараған адамға-ақ көрсете алатын белгілерді түсінуге болады. Кез-келген қылмыс сырттай бейнесін көрсете алатын белгілері арқылы қоғамға қауіпті болып көрініп, қылмыс оқиғасының көрінісін білдіреді. Бұл сырттан қарағанда қоғамға қауіпті оқиға, оның ішкі жағымен сәйкес болғанда, яғни адамның ойының қауіптілігі әрекет немесе зардап туындауы түрінде көрінгенде ғана қылмыстың толық бейнесін білдіреді. Сондықтан қылмыстың объективтік жағы ретінде қылмыс құрамының сыртқы жағын сипаттайтын белгілердің жиынтығы алынады.
Объективтік жақтың белгілері тұрақтылығына қарай екіге бөлінеді:
- Міндетті
- Қосымша (факультативті)
Міндетті белгілер барлық қылмыстық құрамдарда болуы шартты, яғни жасалған қылмыста объективтік жақ бар деп есептеу үшін орын алуы міндетті деп танылған белгілер. Объективтік жақтың міндетті белгілеріне іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік), елеулі зардап және осы екі белгінің арасындағы себепті байланыс жатады. Егер материалдық деп бағаланатын құрамдарда осы белгілер, ал формальдық құрамдарда қоғамға қауіпті іс-әрекет болмаса, онда қылмыстың объективтік жағы да жоқ деп танылады.
Объективтік жақтың қосымша белгілеріне қылмыстың жасалу орны, уақыты, тәсілі, құралы және жағдайы жатады. Бұл белгілердің қосымша деп бағалану себебі, ол жасалған қылмыста бұл белгілер болмаса да қылмыстың объективтік жағы бар деп саналуына байланысты. Қосымша белгілер қылмыстың құрамын қосымша тұрғыдан сипаттайды және олардың қылмыс оқиғасында белгілі бір түрде болмауы қылмыстық құрамның бар-жоқтығына әсер етпейді. Қосымша белгілер тек баптың атауында немесе диспозициясында тікелей көрсетілгенде ғана міндетті белгі ретінде қолданылады. Яғни, осы баппен немесе осы бөліммен қылмысты саралау үшін жасалған іс-әрекет сол бапта көрсетілгендей уақытта, орында, тәсілмен, құралмен немесе жағдайда жасалған болуы керек. Мұндай жағдайда міндетті белгінің күшіне енген қосымша белг тек осы бап немесе осы бөлім үшін ғана міндетті белгі болып табылады. Себебі, жасалған қылмыста арнайы уақыт, орын, т.б. қосымша белгілер болмаса, онда негізгі құраммен немесе басқа баппен бағалануға жатады.
Қылмыстың объективтік жағының белгілерін дұрыс анықтау – ол құрамның бұл элементіне жататын белгілердің өзара байланыстылығын түсінуді қажет етеді. Қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мағынасы бойынша нақты зардаптар тудыратын және нақты зардапты тудырмай-ақ қылмысты деп бағаланатын түрде болады. Соған сәйекс қауіпті әрекет немесе әрекетсіздікпен елеулі зардаптың арасындағы байланыстың себепті болуы ескерілуі керек. Қылмыстық құқықтық ереже бойынша қауіпті әрекет жасалғанмен және зардап туындағанмен, ол зардаппен байланыс тікелей болмаса, онда өзге әрекеттер қылмысты деп бағаланады немесе қылмыстың объективтік жағы жоқ деп танылуы да мүмкін. Сондай-ақ объективтік жақтың қосымша белгілері де міндетті белгілермен байланысты болуы керек, яғни белгі бір орында, жағдайда, уақытта немесе құралмен заңмен қорғалатын мүдделерге нұқсан келуі.Ол кінәлінің жасаған қауіпті әрекетінің түріне сәйкес келуі немесе онымен үндесу керек.
Заң шығарушылық қызметінде әр қылмыстың өзге қылмыстардан айырмашылығы негізінен, объективтік жақ белгілеріне қарай берілетіндігі ескеріле отырып, баптың диспозициясында осы қылмыстың барынша елеулі белгілері қамтылады, оның басты себебі, сот, тергеу қызметкерлері қылмысты іс-әрекеттердің түрін өз бетінше анықтау бағытын жүргізуіне шектеу қою болып табылады. Заң мұндай шектеуді іске асыру бағытында кейбір баптарда қажеттілігіне қарай қылмыстың объктивтік жағының белгілерін, нақтырақ айтқанда, осы қылмысты құрайтын әрекеттердің нысандарын толық келтіреді. Әйтсе де, заң шығарушы қылмыстың объективтік жағын білдіретін белгілерді барлық кезде тізбектеп көрсете бермейді, ол қылмыстың басты белгісін жалпы атаумен ғана беруі де мүмкін. Мүндай баптардағы жалпы атаумен берілген белгі әртүрлі нысандарда анықталады. Және ондай әрекеттің жекелеген нысандарын түсіндіру кезінде ашылады. Мысалы, ҚК-тің 308 бабындағы қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану қылмысының объективтік жағын сипаттайтын әрекет, «өкілеттік шегінен көрінеу асып кету» болып табылады. Бірақ бұл баптың диспозициясы көрінеу асып кетудің жекеленген нысандарын ашып көрсетпейді. Ол нысандар осы әрекеттің мазмұнын ашу кезінде анықталады.
Сонымен объективтік жақтың құрам элементтерінің ішіндегі өзіне тән ерешеліктері ретінде мыналарды көрсетуге болады:
- Объективтік жақ қылмыс құрамының және жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілігін сыртқы белгілері арқылы сипаттайды.
- Объективтік жақ қылмыс құрамының сыртқы жағын анықтайды.
- Бұл құрам элементі де өзге құрам элементтеріндей қылмыстық құрамды аша алатындай маңызды белгілерден құралады.
- Объективтік жақтың белгілері нақты қылмыстарда ерекшеленіп, жекеленген қылмыстың түсінігін, қауіптілігін бере алатындай белгілерден құралады. Яғни, әрбір қылмыс түрінде объективтік жақ жекеше ерекшелікке ие болады.
- Объективтік жақтың белгілері заңда бейнеленген нұсқада болады.
Қылмыстың объективтік жағының келесі міндетті белгісінің бірі, елеулі зардаптың туындауы болып табылады. Елеулі зардап материалдық құрамға жататын барлық қылмыстардың және формальдық құрамдарға жататын қылмыстардың аяқталу моменті үшін міндетті белгі ретінде бағаланады.
Егер қылмыстық заңдағы материалдық құрамдағы қылмыстардың аяқталу кезеңі нақты, материалдық зардаптардың келуімен анықталатынын және кейбір қылмыстар бойынша баптың диспозициясында «қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеліп соғатын» деп кездесетінін (мысалы, 307-309,314-316 және т.б. баптарда) бағалай отырып анықталатын зыяндарды, сонымен қатар кез-келген қылмысты іс-әрекет жасалғанда заңмен қорғалатын объектілер бұзылып, оның бұзылғандығы сол объектілерге келген зиянмен анықталатындығын ескерсек, онда қылмыс зардапсыз болмайтын сияқты. Бұл мәселе туралы қылмыстық құқық теориясында екі түрлі бағыттағы көзқарастар кездеседі.
Бірінші көзқарас бойынша салдарсыз қылмыс болмайды десе,[13] ал екінші көзқарас бойынша барлық қылмыстарға зардап тән белгі емес, зардаптың туындауы ол тек материалдық құрамдардың ерекшелігін көрсететін белгі деп бағаланады.[14] Қылмыстық салдарды анықтау туралы бұл бағыты содықтан қылмыстық-құқықтық салдар немесе зардап деп анықтауға болады.
Қылмыстың салдарын сипатына қарай екіге бөлінеді:
- Материалдық
- Материалдық емес
Материалдық салдарлар заңмен қорғалатын объектілердің бұзылғанын анық көрсете алады және іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігін дәлелдеудің негізгі амалы ретінде бағаланады.
Материалдық салдарлар немесе зардаптар түріне қарай мүліктік және жеке адамға қатысты сипаттағы (физиологиялық зардаптар) деп екіге бөлінеді. Мүліктік сипаттағы зардаптар ретінде мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ жеке азаматтардың меншігіне қарсы жасалған қылмыстарда және экономикалық, экологиялық, көлік, т.б. бағыттарда жасалған қылмыстардағы меншікке келген зардаптар алынады. Бұйымдардың құны ақша курсымен анықталатындығына байланысты мүліктік зардаптардың мөлшерін дәл белгілеуге болады.
Мүліктік зардаптар мөлшеріне байланысты ұсақ, елеулі, ірі және аса ірі деп бөлінеді. Келтірілген шығынды қылмыстық зардап ретінде бағалау үшін ол елеулі мөлшердегі зардап болуы керек. Ал ұсақ мөлшердегі зардаптар кінәлінің іс-әрекеті осындай мөлшердегі шығын келтіруге бағытталғанда қылмыс емес, әкімшілік құқық бұзушылық ретінде бағаланады.
Мүліктік зардаптардың елеулігін анықтау саралау жүргізу кезінде маңызды болып табылады. Мұндай зардаптың көлемі Қазақстан Республикасында жыл сайын арнайы белгіленіп отыратын айлық есептік көрсеткішпен анықталады. Мысалы, Маңғыстау облыстық сотының үкімімен 2002 жылдың 18 сәуірінде З. және Г. Алдын ала келісіммен И.-дің мүлкін ұрлап, одан кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында ұрланған мүліктерді қасақана өртеп жібергендігі үшін ҚР-сы ҚК-нің 187 бабының 2 бөлімі «а» пунктімен айыпты деп танылған.
ҚР-сы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер туралы алқасы бұл істі қайта қарап, қылмыс оқиғасында елеулі зардап болмағандығы үшін істі қысқартқан. Себебі, өрт арқылы келген зардаптың көлемі 12.400 теңге болған. Ал бұл қылмыс түрі бойынша міндетті белгі болып саналатын елеулі зардаптың көлемі 187 баптағы ескертпе бойынша 100 айлық көрсеткіштен кем болмауы керек. 2002 жылғы 18 сәуірдегі ақша курсы бойынша 12.400 теңге 100 айлық көрсеткішке жетпеуіне байланысты елеулі зардап жоқ деп танылып, қылмыстық іс қысқартылған.[15] Мүліктік зардаптың көлемі ірі немесе аса ірі мөлшерде болуы қылмысты саралауға әсер ете алады, соған сәйкес жауаптылық көлемі де тиісті деңгейде белгіленеді. Зардап көлемі баптың немесе оның бөлімдерінің диспозициясында көрсетілгенде ғана саралауға әсер етеді. Мысалы, 175 баптың 1 бөлімімен тек елеулі зардап келтірген ұрлық әрекеттері бағаланса, ал осы баптың 3 бөлімінің «б» пункті бойынша тек ірі мөлшерде зиян келтірген ұрлық қылмыстары сараланады.
Материалдық зардаптың келесі түрі адамның жеке өз басына келген зардаптар болып табылады және бұл зардаптың түрлеріне адамның өміріне, денсаулығына келген зияндар жатады.
Адамның өміріне келген зардапқа өлшем қойылмайды, себебі адамның өмірі дәрежелеуге немесе ақша соммасымен бағалауға келмейді. Ал денсаулыққа зардап келтіру ретінде бөтен адамның анатомиялық тұтастығына немесе оның дене мүшелерінің дұрыс жұмыс істеуіне қарсы бағытталған құқыққа қайшы іс-әрекеттер алынады. Денсаулыққа келген зардаптарды қылмыстық заң ауыр, орташа, және жеңіл дәрежелі деп үш түрге бөлінеді. Бұл зардап түрлерінің түсінігі ҚК-тің 103-105 баптарында берілген және денсаулыққа қарсы бағытталған қылмыстарды осы баптардың бірі бойынша саралау үшін, кінәлінің қасақаналығының бағыты ескеріледі. Яғни, ауыр дәрежелі денсаулыққа зардап келтіруді тілеген болса, онда осы зардапты қарастыратын 103 баппен бағалау жүргізіледі.
Бұл жерде қасақаналықтың тікелей және жанама түрлері бойынша саралау жүргізудің ерекшелігіне тоқтала кеткен дұрыс. Мәселе адамның денсаулығына кінәліде тікелей қасақаналық болмаса, яғни зардап түрінің келуін тілемесе, онда әрекет нақты келген зардап түрі бойынша сараланатындығында болып отыр. Қылмыскер нақты бір зардап көлемінің туындауын тілемей, қандай зардап келуі мүмкін екендігіне есеп жасамай ұра берсе, онда мұндай анықталмаған қасақаналықта кінәлінің ойы белгісіз болады және оны практика жұмсында да дәл анықтау мүмкін емес, сондықтан осы тәріздес жағдайларда нақты денсаулыққа келген зардап түрі бойынша саралау жүргізіледі. Әдетте, адамның өміріне, денсаулығына зардаптарды келтіру туралы қылмыстарды тергеуде, саралау жүргізу үшін кінәлі адамның жауабынан көрі, оның жәбірленушімен қылмыс жасау оқиғасына дейінгі ара қатынасы, қандай затпен, қай жерден ұрғандығы, мұндай әрекеттерді жасау кезінде әрекеттерін толық игеру мүмкіндігі т.б. объективтік жағдайлар ескеріледі және осы әрекеттердің түріне, бағытына қарай отырып, қылмыскердің кінәсі, яғни қасақаналығы немесе абайсыздығы анықталады.
Қылмыстық құқықта қылмыстың аяқталу моменті үшін материалдық зардаптардың туындауы белгіленген құрамдар материалдық құрамдарға жатқызылады және олардың мәнісі мүліктік немесе физиологиялық зардаптардың келуімен көрінеді.
Материалдыққа жатпайтын зардаптардың көлемін дәл анықтауға, көрсетуге келмейді. Мұндай зардаптар әлеуметтік, психикалық, саяси, идеологиялық түрлерде кездесе алады және мұндай бағыттардағы зардаптың туындағанын анықтау үшін дәл өлшем құралы болмағандықтан зиян келген объектінің түріне, келтірілген зардаптың орны өтелмейтіндігіне, жайылу деңгейіне, т.б. зиянды әсерлеріне көңіл бөлу керек.
Материалдыққа жатпайтын зардаптың бір түрі ол моральдық, яғни ар-намысқа келген зардап болып табылады. Моральдық зардап ҚК-тің 129 бабындағы жала жабу және 130 бабындағы қорлау қылмыстарында қарастырылған. Моральдық зардаптарды ҚК-тің өзге тарауларындағы қылмыстардың қосымша зардаптары немесе қосымша объектілері ретінде де кездестіруге болады. Мысалы, жыныстық қылмыстарда, 142 баптағы жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу, 342 баптағы сотты құрметтемеу, 351 баптағы көрнеу жалған сөз жеткізу, т.б. Мұндай қылмыстарда қосымша түрде ар-намысқа зардап келтіргені үшін 130 баппенен қосып, қылмыс жиынтығы бойынша саралауға болмайды., себебі моральдық зардаптар жоғарыда аталған қылмыстардың құрамыменқамтылған.
Қылмыстық құқық теориясында қылмыстық зардаптарды негізгі және қосымша деп бөлу кездеседі. Негізгі зардап немесе салдар деп – қылмыс құрамының қылмыстылығын бейнелеу және қылмыстың аяталу кезеңін анықтау үшін объективтік жақтың міндетті белгісінің бірі ретінде зардап түрінің келтірілуін түсінеміз. Мысалы, кісі өлтіру ретінде 96 баппен қылмысты саралаудың негізі, ол зардаптың туындауы, оның ішінде адамның қайтыс болуы алынады.
Ал, қосымша зардаптардың түрін, мағынасын анықтау жағына келгенде әдебиеттерде әртүрлі шешімдер кездеседі. Мысалы, Б.А.Куриновтың қөзқарасы бойынша қосымша зардап қылмыс құрамының міндетті емес қосымша белгісі болып саналады. Олар баптың диспозициясында көрсетілген зардаптардың әртүрлі көріністерін білдіреді және іс-әрекетті саралауға әсер етеді.[16]
Екінші көзқарасты Н.Ф.Кузнецова келтіреді, оның айтуынша қосымша зардаптар қылмыс құрамының белгілеріне кірмейді және қылмысты саралауда тікелей қолданылмайды. Бірақ кінәлі адам мұндай қосымша зардаптың туындауын көре білгенде немесе көре білуге мүмкіндігі болғанда жауаптылықты ауырлататын жағдай ретінде ескерілуі тиіс.[17]
Бұл мәселенің шешімі туралы үшінші көзқараста кездеседі. Л.Д.Гаухман қосымша зардаптарды қылмыстық-құқықтық нормада жеке зардап ретінде, сондай-ақ оның келуін де қамти кететін баптардағы зардаптар түрінде анықтайды.[18]
Сонымен қорыта айтқанда, қоғамға қауіпті, қылмысты салдар деп, қылмыстық заңмен қарастырылған, объектіге келген зардаптарды түсінеміз. Қалған барлық салдарлар қылмыстық құрамның белгісі ретінде қарастырылмағандықтан қылмысты саралау кезінде қолданылмайды.
Қоғамдық өмірде көптеген құбылыстар бір-бірімен байланыста өмір сүреді және пайда болады. Қоғамдық құбылыстардың өзара қатыстылығының бір түрі себептілік немесе себепті байланыс болып табылады.
Себепті байланыстар мәселесі криминологияда (қылмыстың себептері мен жағдайларын ашу тұрғысынан), статистикада (факторлық және нәтижелік белгілердің өзара байланысын өлшеу бағытынан), әлеуметтануда, философияда, т.б. ғылымдарда зерттеледі.
Қылмыстық құқықта себептілік мәселесі қылмыстың объективтік жағын сипаттайтын бір белгі ретінде қоғамға қауіпті іс-әрекетпен елеулі зардаптың арасындағы себепті байланыс тұрғысынан зерттеледі. Қылмыстық құқық теориясында себепті байланыс мәселесі себептілік туралы философиялық ілім негізінде қарастырылады.
Қылмыстық құқықтағы бұл мәселенің маңыздылығы, ол іс-әрекетті қылмысты деп тану жолында, соған сәйкес жауаптылықты толық белгілеу үшін қолдануға жататын себепті байланыстарды анықтау, ал өзге байланыстарды, оның ішінде зиянды салдар тудыруға ықтималдығы аз немесе іс-әрекеттен алшақ жататын, сондай-ақ елеусіз байланыстардың терістігін дәлелдеу болып табылады.
Себепті байланыс материалдық құрамдардың, яғни қылмыстың аяқталуы үшін елеулі зардаптардың болуы міндетті болып табылатын құрамдардың объективтік жағының міндетті белгісі болып табылады. Сондықтан жасалған іс-әрекетті қылмысты деп тану және жауаптылықты дұрыс белгілеу үшін себепті байланыстың анықталуы практика қызметінде маңызды болып табылады. Зардап туындағанмен, бірақ ол зардап жасалған іс-әрекеттің нәтижесінде болмаса, яғни іс-әрекет пен зардаптың арасындағы байланыс қылмыстық – құқықтық сипатта болмаса, онда іс-әрекетті жасаған адам кінәсіз деп танылады немесе басқа адамдар жауапты болады.
Қылмыс құрамының басты элементтерінің бірі және қылмыстың жасалу процесінің бастапқы кезеңінде орын алатын субъективтік жаққа қатысты белгілер болып табылады. Қылмыс құрамында субъективтік жақтың алатын орнын, ол қылмыстың ішкі жағына қатысты сипаттаманы, яғни жасалған қылмысты іс-әрекетке және т.б. белгілеріне байланысты адамның ми жұмысында болған сезімдерді ашу және осы негізде іс-әрекетке құқықтық баға беру ретінде түсіну керек.
Қылмыстың субъективтік жағы дегеніміз, қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған адамның психикалық сезімдерін білдіретін қылмыс құрамының ішкі жағы белгілері болып табылады. Субъективтік жақты құрайтын қылмысқа деген кінәлі адамның ми жұмысындағы ішкі жақтың белгілеріне кінә, ниет және мақсат жатады. Осы үш белгі қылмыстың және қылмыстық құқықта зерттелетін қылмыстық құрамдардың субъективтік жағын толық ашып беруге жарамды деп саналады. Жасалған қылмыста субъективтік жақты сипаттайтын белгілердің бар екендігін анықтау кезінде қасақаналық немесе абайсыздық түрінде бейнеленетін кінәні анықтаудың өзі де жеткілікті болып табылады.
Жасалған қылмыста басқа құрам элементтері болғанмен субъективтік жақтың болмауы, ол адамның кінәсіз зардап келтіргендігін білдіріп, қылмыс құрамының жоқ екендігін көрсете алады. Адамның белгілі бір іс-әрекет жасау кезінде алдымен оны ми жұмысында шешетіндігіне байланысты, егер ми жұмысы әрекетті билей алмаса, онда ондай әрекет жасаған адамның есі дұрыс емес деп танылады. Демек, адамның іс-әрекетке және оның нәтижелеріне деген ми жұмыстары тек қылмыстың субъективтік жағына ғана қатысты емес, ол қылмыс субъектісі мәселесіне де қатысты болып табылады.
Қылмыстың субъективтік жағының белгілері қылмыстық заңның баптарында барлық кездерде анық көрсетіле бермейді. Көпшілік жағдайда, ол қылмыстың объективтік жағын бейнелейтін іс-әрекет түріне, сипатына байланысты талдау кезінде ашылады. Іс-әрекеттің сипатын, түрін немесе мағынасын ескере отырып, кейбір қауіпті әрекеттер тек қасақаналықпен жасалады деп бағалауға болады. Мысалы, парақорлықпен, бұзақылықпен, кәмелетке толмағандарды қылмысқа, қоғамға қарсы әрекеттер жасауға тарту сияқты т.б. әрекеттер мағынасы бойынша тек қасақаналықпен жасалатындығы белгілі. Сондықтан мұндай қылмыс түрлеріне келгенде баптардың диспозицияларында кінә нысаны туралы артық мәліметтер келтірілмейді. Кінәнің нысанын заңда тікелей көрсету, яғни тек қасақана түрде жасалатындығын көрсету, бұл әрекеттің абайсыздықпен және қасақаналықпен жасалуының арасында елеулі айырмашылықтың бар екендігін білдіреді.
Қылмыстың субъективтік жағының қосымша белгілері болып табылатын ниет пен мақсатта осы тәріздес мағыналарда заң мазмұнында кездеседі. Ниет пен мақсат бір жағдайларда қылмысты әрекеттің қылмыстылығын көрсетіп, бұл әрекеттің қылмыс ретінде заңда өмір сүру мүмкіндігін білдіріп тұрса (мысалы, 206 баптағы жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау немесе өткізу қылмысы үшін осы баптың диспозициясында «өткізу мақсатын» арнайы көрсетеді. Егер адам жалған бағалы қағаз немесе ақша жасағанмен, бірақ өткізу мақсатында жасамаса, онда қылмыс деп танылмайды), келесі бір жағдайларда мақсат пен ниеттің баптың диспозициясында көрсетілуінде кінәні немесе жауаптылықты ауырлататын жағдай ретінде тану мағынасы жатады.
Мақсат пен ниет субъективтік жақтың қосымша белгілері ретінде бағаланатындықтан, көпшілік баптарда бұл белгілер туралы айтылмайды. Мұндай қылмыстарда мақсат көбінесе іс-әрекеттің түпкі бағытын білдіретіндіктен саралауға әсер етпейді, сондай-ақ қылмыстық ниеттерде іс-әрекеттің қоғамға қауіптілік дәрежесін ауырлату немесе жеңілдету негіздеріне әсер ете алмайды.
Қылмыстың субъективтік жағының белгілерін құрайтын кінә, ниет және мақсат нақты өмір сүріп отырған құбылыстың объективтік шындығын, өмір сүру негіздерін білдіреді. Олардың мағынасын, мказмұнын жасалған қылмыстардың объективтік белгілеріне талдау, бағалау жасай отырып анықтауға болады, сонымен қатар бұл белгілер бойынша ұқсас қылмыстарды ажыратып саралау жүргізуге де болады.
Кінә-қылмыстың субъективтік жағының міндетті белгісі болып табылады, себебі қылмыстың құрамының өзге элементтері жасалған қылмыс оқиғасында болғанмен қасақаналық немесе абайсыздық түрінде бейнеленетін кінә болмаса, онда қылмыстың субъективтік жағыда жоқ деп танылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында кінәлілігі дәлелденбей ешкімнің де жазаға тартылмауы тиіс екендігі және айыпты деп тану, тек соттардың құзіретіне жататындығы көрсетілген.
Кінә жауапкершілік мәселесін қарастыратын қылмыстық құқық тәрізді құқықтардың әділдік және заңдылық қағидаларын сақтауының бір кепілі түрінде бағалайды. Өйткені адамның кінәсі анықталған жағдайда ғана жауапқа тарту – құқықтық мәжбүрлеудің кез-келген жағдайда емес, белгілі бір заңды негіз, яғни кінәлі болу нәтижесінде тартылуы, ол әлеуметтік құқықтық тұрғыдан қарағанда дұрыс, әділ жұмыс істеуді білдіреді.
Сондықтан кінә дегеніміз – қасақаналық немесе абайсыздықпен бейнеленетін адамның өз іс-әрекетіне және оның нәтижесіне деген психикалық көз қарасы болып табылады.
Кінәнің нысандары қылмыскердің іс-әрекетіне және оның нәтижесіне деген психикалық қатынастарының түрлеріне қарай қасақаналық және абайсыздық деп бөлінеді.
Қасақаналықтың өзі кінәлінің өз іс-әрекетіне және оның зардабына қатысты еркін білдіру түріне қарай тікелей және жанама қасақаналық деп бөлінеді. Қылмыстық заңның 20 бабының 2 бөлімінде «Егер адам өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екенін ұғынып, оның қоғамға қауіпті зардаптары болуының мүмкін екенін немесе осы зардаптардың болуын тілесе, тікелей қасақаналықпен жасалған қылмыс деп танылады» дей отырып анықтама берген. Бұл анықтамада психикалық қатыстардың үш түрі келтірілген. Олар адамның іс-әрекетінің қауіпті екенін сезінуі немесе ұғынуы, екіншісі зардаптың туындау мүмкіндігі немесе болмай қоймайтын алдын – ала білуі немесе көре білуі, үшіншісі зардаптың болуын тілеуі. Бірінші және екінші кезекте келтіріліп отырғандар интелектуалдық белгілер болып табылады, яғни қылмыс жасау жағдайында кінәлінің объективтік жағдайлар туралы хабардарлық дарежесін білдіреді, ал үшінші кезекте айтылып отырған « тілеу » еріктілік белгісін білдіреді немесе адамның шешімін көрсетеді. Уақыты бойынша интелектуалдық белгілер зардап туындағанда немесе қылмыс жасауын білдіретін әрекет орындалғанға дейін анықталады. Ал еріктілік белгісі қылмыс жасау әрекетін орындау немесе зардаптың туындау уақыттарында болады.
Жанама қасақаналықтың тікелей қасақаналықтан айырмашылығы еріктілік моментінде, яғни зардаптық болуын тілемесе де оған саналы түрде жол беруінде немесе немқұрайлы қарауында болып табылады.
ҚК 20 бабында берілген тікелей және жанама қасақаналықтар анықтамаларының мазмұнына назар аударсақ, онда бұл анықтамалар тек материалдық құрамдағы қасақаналықтық түсінігіне арналған тәрізді. өткені қоғамға қауіпті зардаптардың болу мүмкіндігін көре білуі және осындай зардаптың туындауын тілеу немесе саналады түрде жол беру деген белгілер кінәлінің тек зардапқа қатысты психикалық қатынастарын анықтауға арналғандығын көрсетіп тұр. Ал іс-әрекетке қатысты психикалық қатынастар – тек адамның өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екенін сезіну түрінде берілген.
Формальдық құрамдарда интеллектуалдық және еріктілік моменттер тек қылмысты іс-әрекетке деген кінәлінің психикалық қатынастарымен анықталады, яғни фармальдық құрамдарда қылмыскер өз іс-әрекетінің қауіптілігі сезінеді және осындай іс-әрекеттердің жасалуын тікелей немесе міндетті әрекеттің орындалуынан саналы түрде бас тартады. Формальдық құрамдарға жататын қылмыстар тек ғана тікелей қасақаналықпен жасалады деген пайымдау кездеседі.[19] Шынында да моральдық зардаптар қарастырылған басқа фармальдық құрамдарда қылмыстың аяқталуы және қасақаналығы заң бойынша қылмысты деп тыйым салынған іс-әрекетті жасау немесе жасамау туралы шешімімен, ерікімен анықталады.
Абайсыздықпен жасалған қылмыстардың қасақа жасалған қылмыстармен салыстырғанда қауіптілік дәрежесі төмен деп бағаланады.
Сондықтан ҚК-тің 10 бабында келтірілгендей, абайсыздықтағы қылмыстар ауыр немесе аса ауыр санаттарға жатқызылмайды. Абайсыздықтағы қылмыстардың қоғамға қауіптілігі негізінен материальдық зардаптардың туындауымен айқындалады. Әдетте зардаптарға соқтырмаған абайсыздықтағы әрекеттер жауаптылықтың объективтік нешіздерінің жеткілікті болмауына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық ретінде бағаланады.
Абайсыздықтағы кінәнің түрлері менмендік және немқұрайлық түрінде кездеседі. Қылмыстық заңның 21 бабына сәйкес, егер адам өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіп туғызуы мүмкін екенін алдын-ала білсе, бірақ бұл зардаптарды жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен болғызбау мүмкіндігіне сенсе, қылмыс менмендікпен жасалған деп танылады. Қылмысты менмендіктің интеллектуальдық белгілері кінәлінің өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екенін сезінуі және одан белгілі бір зардаптардың туындау мүмкіндігін көре білу түрінде анықталады. Ал еріктілік белгісі ретінде кінәлінің басқа нәтижеге жету үшін зардаптарды болдыртпаймын деп әрекеттер жасауы алынады.
Абайсыздықпен қылмыс жасаудың келесі түрі немқұрайлылықты қылмыстық заңның 21 бабының 3 бөлімі «Егер адам қажетті ұқыптылық пен сақтық болғанда ол зардаптарды болжап білуге тиіс және болжап біле алатын бола тұра өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамдық қауіпті зардаптарының болуы мүмкін екенін болжап білмесе, қылмыс немқұрайлылықпен жасалған деп танылады»,- деп анықтайды. Абайсыздықтың бұл түріндегі кінәлінің өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екені және зардапқа соқтыру мүмкіндігін көре білуін интеллектуальдық белгі ретінде бағалауға болады. Ал қажетті ұқыптылық пен сақтық болғанда зардаптың туындау мүмкіндігін болжауға тиісті және болжауға мүмкіндігі болуы еріктілік моментін білдіреді.
Қылмыстық заңдағы кейбір қылмыстық құрамдар субъективтік жағынан кінәлінің қос нысанымен сипатталады. Кінәнің қос нысанымен анықталатын қылмыстарды бір ерекшелігі, ол мұндай күрделі кінәмен жасалатын қылмыстар ҚК-тің Ерекше бөлім баптарында тікелей келтіріледі. Келесі бір ерекшелігі, кінәнің екі түріменде жасалатын құрамдар қылмыстық кодексте негізгі құрамнан кейін жауаптылықты ауырлататын құрам ретінде қарастырылуы болып табылады.
Кінәнің қос нысаны ҚК-тің 22 бабы «Егер қасақана қылмыс жасаудың салдарынан заң бойынша неғұрлым қатаң жазаға әкеп соқтыратын және адамның ниетімен қамтылмаған ауыр зардаптар келтірілсе, мұндай зардаптар үшін қылмыстық жауаптылық, егер адам олардың пайда болуын алдын ала білсе, бірақ осыған жеткіліксіз негіздерсіз оларды болдырмауға менмендікпен сенген жағдайда немесе адам бұл зардаптардың пайда болуы мүмкін екенін алдын ала білмесе, бірақ болжауға тиіс және болжай алатын болған жағдайда ғана пайда болады» деп анықтаған.
Кінәнің аралас нысанымен жасалатын қылмыстар формальдық құрамдарда да, материальдық құрамдарда да кездесе алады. Негізгі құрамы формальдық құрамдар болып табылатын адам ұрлау, әйел зорлау сияқты қылмыстарда кінәлінің іс-әрекетке деген психикалық қатынасында қоғамға қауіпті әрекеттің орындалуын тілеу болса, ал ол әрекеттен туындаған зардапқа деген психикалық қатынасында зардаптың болуын көре білуге мүмкіндігі бола отырып, көре білмеу немесе болдырмаймын деп жеңіл ойлылықпен есеп жасау болады.
Қылмыстық құрамның субъективтік жағының қосымша белгілері ретінде қылмыстың мақсаты мен ниеті алынады. Бұл белгілердің қосымша белгі ретінде қолданылу себебі, ол қылмыстың субъективтік жағының бар-жоқтығын анықтау кезінде қоғамға қауіпті, арнайы мақсат немесе ниет түрі болмаса да абайсыздық немесе қасақаналық нысандардағы кінә болуымен субъективтік жақтың бар деп танылуы болып табылады.
Ниет пен мақсаттың субъективтік жақтың белгілері қатарына жатқызылу себебі, ол бұл белгілердің кінә нысандары тәрізді қылмыстардың іс-әрекетке және салдарға қатысты ішкі сезімдерін білдіретін белгілер ретінде бағалануына ғана байланысты емес, сонымен бірге ниет пен мақсаттың зұлым, қауіпті сипатта болуына байланысты. Қылмыстық құқықта жекелеген қылмыс құрамдарын талдау кезінде қолданылатын ниеттер, көбінесе кек, бұзақылық, қызғаншақтық, пайдақорлық, жек көрушілік тірізді адамгершілікке жатпайтын, әлеуметтік тұрғыдан зиянды және дұрыс құқықтық санаға қайшы ниеттер түрінде анықталады. Мұндай ниеттердің көпшілігі қылмыстық заңда кінәні ауырлататын құрам ретінде бағалауға негіз береді.
Қылмыстық құқықтық ереже бойынша қылмыстық жауаптылыққа тек жеке адамдар тартылады. Қылмыс жасады деп айыпталып, ол үшін жауаптылық белгіленетін адамдар қылмыстық құқықта қылмыс субъектісі деп аталады. Қылмыс субъектісі – бұл заң бойынша қылмыс деп танылған қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасағандығы үшін кінәлі деп танылған және қылмыс жасау кезінде жауаптылық жасына толған, есі дұрыс адам болып табылады.
Қылмыстың субъектісінің негізгі белгілері есі дұрыстық және жауаптылық жасына толғандық.
Есі дұрыстық – адамның өз іс-әрекетінің мағынасын түсінуін және әрекеттерін басқара алуын білдіреді. Егер адам психикалық аурулардың салдарынан жасаған әрекетінің мағынасын түсіне алмаса немесе оған жетекшілік ете алмаса, есі дұрыс емес деп танылады. Адамның есі дұрыс деп тануда, осы екі белгінің бірінің болуы жеткілікті, яғни жасаған әрекеттерінің мағынасын түсіне алғанмен, бірақ өз әрекеттерін басқара алмайтын немесе иелік ете алмайтын болса да, есі дұрыс емес адам деп саналады. Есі дұрыс еместікті тек құқық ғылымы ғана емес, медицина ғылымы да анықтайды. Құқық, оның ішінде қылмыстық құқық қауіпті іс-әрекет жасаған адамға жауаптылық қолдану үшін адамның есі дұрыс немесе дұрыс емес екендігін анықтауға мүдделі. Ол үшін қылмыс жасаған адамның есі дұрыс, дұрыс еместігін анықтап алу үшін психиатрия қызметінің көмегіне жүгінеді.
Адамның өз іс-әрекеттерінің мағынасын түсіну ретінде ми қызметімен жасалған қимыл-әрекет қандай мағынаны білдіретіндігін, сондай-ақ қандай нәтиже шығатындығын сезінуі алынады.
Адамның өз іс-әрекеттеріне жетекшілік, иелік етуін жасалған қимыл қозғалыстың немесе іс-әрекеттің ми қызметінің шешімімен сәйкес келуі және орындалған іс-әрекеттің адамның ой-тілегін білдіре алуы түрінде түсіну керек.
Қылмыс субъектісінің келесі міндетті белгісі, қылмыс жасаған адамның жауаптылық жасына толуы болып табылады, яғни ҚК-тің 15 бабының 1 бөліміне сәйкес қылмысты іс-әрекет жасаған кезде 16 жасқа толған болуы керек. Бұл қылмыстың жалпы субъектісін білдіретін жас шамасы. 15 баптың 2 бөлімінде келтірілген кейбір қылмыс түрлері бойынша қылмыстық жауаптылық 14 жастан басталады және бұл бөлімде келтірілген қылмыстарды ауыр немесе аса ауыр екен деп түсінбеу керек. Бұл қылмыстардың қатарына қауіптілігі ауыр емес, орташа ауырлықтағы қылмыстарда жатады. Мысалы, бұзақылық, тағылық, ұрлық, тонау тәрізді т.б. қылмыстар. Демек, жауаптылық 14 жастан белгіленген кейбір қылмыстар деп отырғанымыз, ол жас өспірімдердің немесе кәмелетке толмағандардың қолымен жиі жасалатын бұзақылық, ұрлық, қарақшылық, әйел зорлау, көлік құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыз ету тәрізді қылмыстарды білдіреді деп түсіну керек. Қылмыс субъектісі ретінде 14-16 жастар белгіленгенде қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған адамның жауаптылықты көтере алатын және жазаның мақсатын қолдануға болатын ең төменгі жас мөлшері алынған. Адам жазаны физиологиялық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да көтере алуы қажет.
Жауаптылықты физиологиялық тұрғыдан көтере алу ретінде жазаны қолдану кезінде адамның өз бетінше өмір сүре алуы және еңбекке қабілеттігінің сәйкестігі алынады. Мысалы, екі қолы жоқ немесе екі көзі көрмейтін адам жазаны физиологиялық тұрғыдан көтере алмас еді.
Жауаптылықты психологиялық тұрғыдан көтере алу дегеніміз – адамның жаза мен жауаптылыққа не үшін тартылғанын түсіне білу, жазаның мақсатына сай жұмыстарды қолданғанда қабылдай алу және жаза түрі жасалған қылмыстың қауіптілік дәрежесіне, сипатына қарай белгіленгенде жан күйзелу жағдайына берілмеу мүмкіндігі болып табылады. Міне сондықтан қылмысты іс-әрекет жасандағы үшін жаза қолданғанда оны психологиялық және физиологиялық тұрғылардан көтере алатын адамның ең төменгі жас шасамы 14-16 жастар деп бағаланады.
Қылмыстық кодекстің 15 бабында қысмыс жасаған кезде 16 жасқа толудың міндеттілігі көрсетілген. Демек, қылмыс жасау уақытында 16 жасқа толмаған немесе 15 баптың 2 бөліміндегі қылмыс түрлері бойынша 14 жасқа толмаған адамдар қылмыс субъектісі болып саналмайды. Адам қылмыстық жауаптылық жасына бір күн немесе бір сағат жетпей тұрып қылмысты әрекеттер жасаса да қылмыс субъектісі болып саналмайды. Мұндай жағдайда бір сағат немесе бір күнде тұрған не бар, осы уақыттар аралығында адам психологиялық немесе физиологиялық тұрғылардан өзгеріп, есейіп кете қоймайды ғой деген сұрақ туындауы мүмкін.
Заң бұл талапты практикада бір келкі қызметтің сақталуы, әр қилылықтың орын алмауы, нәтижесінде қылмыс субъектісі болып саналуына елеулі уақыттары бар адамдарды жауаптылыққа тарттырмауды іске асыру үшін қойып отыр. Яғни заңда қылмыс субъектісі ретінде белгіленген жасқа толғаннан кейін ғана жасалған әрекеттер үшін жауаптылық туындайтынын ескертпесе, онда бір тергеуші 16 жасқа бір сағат жетпей тұрып қылмысты әрекет жасаған адамды субъекті ретінде бағаласа, екінші тергеуші бір апта немесе бір ай жетпей тұрып қылмысты әрекет жасаған адамды қылмыс субъектісі ретінде тануы мүмкін. Нәтижесінде бір ай немесе екі айда тұрған не бар, бұл уақыттарда адам дамып, есейіп кетпейді деп жауаптылық қолданып, осылай қылмыс субъектісі жасына толмай-ақ жауаптылыққа тартуда практика қызметкерлері бұл уақытты соза беруі мүмкін.
Кейбір адамдардың туылған күнінің немесе айының, сондай-ақ жылының белгісіз болуына байланысты оның белгілі бір жасқа толғандығын анықтауда қиындық кездесетін кездер болған. Мұндай мәселені шешу үшін мынандай ереже қолданылады. Егер адамның туылған жылы, айы белгілі болып, бірақ туылған күні белгісіз болса, онда туылған айының соңғы күні оның туған күні ретінде белгіленеді. Егер адамның туылған айы белгісіз болса, онда жылдың соңғы айымен, яғни желтоқсан айы деп белгіленеді. Егер адамның туылған жылы белгісіз болса, онда психолог мамандардың комиссиясы ол адаммен жұмыс істеп, оның жасының төменгі және жоғарғы мөлшерін көрсетеді. Мысалы, 16 мен 18 жастар арасында деп. Мұндай кезде адамның жасы туылған жылы төменгі мөлшермен анықталады.
Адамның жасын анықтауда үнемі төменгі ай, күн, жыл қолданылу себебі, ол адамға белгілі бір міндеттемелер жүктеуде немесе қылмыс субъектісі ретінде бағалауда қателікті болдырмау немесе қателіктің ықтималдығын барынша азайту болып табылады.
Қылмыстық заңда кейбір қылмыстар бойынша жауаптылық басталатын жас ретінде 18 жас белгіленген. Мұндай жастан бастап жауаптылық қарастыратын қылмыстарды субъектісі бойынша арнайы субъектілер деп бағалау кездеседі. Себебі 18 жасқа толғаннан бастап қойылатын міндеттеріне (мысалы әскери қызметке тартылу) немесе берілетін құқықтарына (мысалы көлік жүргізу құқығын алу) байланысты жағдайда қылмыстар жасау, әдеттегі жалпы субъектінің ережесінен өзгеше анықталады. Демек, қылмыстың арнайы субъектісі – бұл жалпы субъектілердің белгілерімен қатар кейбір қылмыстардың ерекшелігіне қарай тиісті белгілерді иеленетін адамдар болып табылады. Кейбір қылмыстардың ерекшеліктеріне қарай тиісті белгілер немесе ол қылмыстарды жасау мүмкіндігі барлық адамдарда бола бермейді. Заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар қоғамдық өмірдің әр саласында мысалы, медицина, көлік, мемлекеттік қызмет, әскери, отбасы тәрізді бағыттарда қорғауға алынатындықтан, осындай салалардағы құндылықтарға зұлым әрекеттер жасау, сол саладағы адамдар ортасында ғана бола алады.
Қылмыстық заңда қарастырылған қылмыстардың арнайы немесе жалпы субъекті түрінде сипатталатынын анықтау, барлық кездерде оңай бола бермейді. Қылмыстық заңдағы көпшілік қылмыстар тек жалпы субъекті түрінде қарастырылса, ал кейбір қылмыс түрлерінде жалпы және арнайы субъектілердің жауаптылығы белгіленген. Мысалы, 146 баптағы сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау. Сондай-ақ кейбір қылмыстар субъектісі бойынша тек арнайы белгілері бар адамдардың әрекеттерімен сипатталады.
Қылмыстың арнайы субъектісімен жасалатындығын білу үшін қылмыстық құқықта мынандай тәсілдер қолданылады:
- Қылмыс түріне талдау жасау нәтижесінде анықталады. Заңдағы кейбір қылмыс түрлерінде, ол қылмыстың арнайы субъектімен жасалатындығы баптың атауында немесе оның диспозизиясында келтірілмейді.
- Қылмыстың арнайы субъектімен жасалатындығы баптың атауында немесе оның диспозициясында тікелей айтылады. Мысалы, 114 баптағы медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы.
Сондықтан ҚК-тің Ерекше бөлімінің баптарында субъекті түрі туралы айтылса, онда бұл қылмыс тек арнайы субъектілер арқылы жасалады деп түсіну керек.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жалпы тәуелсіздікке қол жеткен ел – даму бағытында алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тәжрибесінің елеулі дәмін татып көріп, сосын іске асыратыны табиғи заңдылық. Осындай көлемді қадамға сәйкес экономикалық бағдарламалар мен заң жобалары жасалып, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатады. Осыған байланысты, еліміз үшін аса маңызды мәселелердің негізгі көзі болып табылатын экономикалық дағдарыстан қиналмай өту, әлеуметтік оңтайландырылған тиімді де өнімдінарықтық механизм құру да қоғамдағы қылмыспен қарсы күрес жүргізу де құқық қорғау органдарының алатын орны ерекше. Бұл арада қылмыс заңдарының орындылығын қарау мәселесі қылмысты саралауда айқын көрініс табады.
Диплом жұмысында әдебиттерді талдаумен Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі басқа да нормативтік актілер мен қылмыстық заңдар негізге алынып, қылмысты саралаудың мазмұнын, маңызын, әдістемелік және теориялық негізін, олардың бағыттары мен қағидалары, түрлері, қылмыстық саралаудағы объективтік шындықтың орын алуы, жеке, жалпы және ерекше қатысудағы қылмысты саралаудың олқылықтары, қылмыстық заңның даму ерекшелігі мен құқықтық негізі, қылмыс құрамының элементтерін құрайтын белгілердің жиынтығы (ниет пен мақсат, кінәнің аралас түрі, тұлғаның жасқа толу белгісі, жаза тағайындау мөлшері, нормалардың бәсекеге түсуі, зат пен құрал) жүйелендірілген мазмұны ұсынылады.
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық сипаттағы құқықтығы және ұйымдастырушылық шараларын қамтамасыз етудегі белгілі бір жетіспей жатқан кемшіліктері қылмысты дұрыс сараламаудың орын алуына жағдай туғызады. Сонымен қылмысты саралау ұғымы дегеніміз – қоғамға қауіпті, құқыққа қайшы, қылмыстық заңға кері бағытталған іс-әрекетті Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің баптарына нормаларды дәлме-дәл жатқызу. Екіншіден, қылмысты дұрыс саралау еліміздегі қылмыстылықтың жағдайын, құрылысын, деңгейін, қозғалысын дұрыс анықтауға мүмкіндік туғызады. Қылмысты сараламаудың нәтижесінде қылмысты іс-әрекетті жасаған кінәлі адамға жөнсіз жеңіл және ауыр жаза тағайындалады, яғни әділ жаза тағайындау қағидасына қайшы келеді. Қылмысты дұрыс саралау тәжрибе тұрғысынан сот төрелігін жүзеге асырудың кепілі және заңдылық, әділеттілік қағидаларының жүзеге асыруының басты шарты болып табылады. Сонымен қылмысты дұрыс саралау құқық қорғау органдары беделінің мәртебесінің биік болуына келіп тіреледі. Қылмыстық заңға негізделген әдейі үкім шығару сот органының беделін, мәртебесін нығайтады.
Қылмысты саралаудағы «Үйлестік функциясы» ұқсас қылмыстарды бір-бірінен ажыратуға қылмысты қылмыстылық еместіліктен айыруға, қылмыстың қоғамға қауіптілігінің дәрежесін белгілеуде маңызы зор, яғни жасалған іс-әрекеттің арасындағы ұқсастықты нақты шындыққа бекіту болып табылады. Бұл тұрғыда қылмысты саралау дегеніміз – қоғамға қауіпті, құқыққа қайшы істелген іс-әрекеттің арасындағы ұқсастықты, шындықты бекіту нәтижесінде көрсетілген қылмыс құрамының белгілерін қылмыстық нормада және қылмыстық актіге сай заңдылық баға беру.
Қылмысты саралаудың түрлеріне тоқталсақ, қылмыстық құқықтық теориясында легальдық саралау, дотриналдық саралау болып екі түрде көрініс табады. Доктриналдық саралау адамның мәндік күшінің қоғамдық қалыптасып өркендеуіне, тарихи сатылармен ілгерілеуіне оқиғалардың, құбылыстардың одан әрі даму бағдарларына, бағыттарына болжам жасайды. Доктриналдық саралау ғылыми білімнің, рухани дүниенің құрамдас бөлігі есебінде әр қашанда жүйелілігімен, логикалық тұрғыдан ұйымдасқандылығымен, қылмыстық құқықтық теориялық сипатымен ерекшеленеді. Ресмиленген саралау құқық қорғау органдарының іс-әрекеттерінде көрініс табады.
Қолданылған нормативтік құқықтық актілер жӘне Әдебиеттер тізімі
І. Нормативтік құқықтық актілер:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы, 1995жылы 30-тамыз. (өзгерістер мен толықтырулар 2007жылы).
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. – Алматы: 1998 жылы 1-қаңтар. (өзгерістер мен толықтырулар Алматы: Юрист 2007жылы).
- Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл (заң актілерінің жиынтығы) 10 лет Независимости Республики Казахстан сборник законодательных актов. – Алматы Жеті жарғы 2001ж.
- Қазақсан Республикасының Бас Прокуратурасы жанындағы құқықтық статистика және ақпарат орталығының мәліметі.
- Сборник постановлений Пленума Верховного Суда РК. (1981-2003годы) Алматы 2004.
- //ҚР-сы Жоғарғы Сотының Пленумы қаулыларының жинағы. Том-1. Алматы: 1997ж,-128б.
- Маликова А.Ш. ҚР-сы Қылмыстық құқығы қылмысты саралаудың жалпы түсінігі мен маңызы. «Докторлық Диссертациясы», Алматы: 2003 – 49,51б.
ІІ. Арнайы әдебиеттер:
- Ағыбаев А.Н. Қылмыстық құқық Ерекше бөлім. – Алматы, 2000 – 11б.
- Н.Д.Дурманов. Советский уголовный закон. Москва:1967г,-56б.
- Кудрявцев В.Н. Общая теория квалификация преступлений. Москва, 1972 – 321б.
- Герцензон А.А. Квалификация преступления. Москва, 1947 – 144б.
- Куринов Б.А. Научные основы квалификации преступлений МГУ, 1976 – 178б.
- Әпенов С.М. Қылмысты квалификациялаудың ғылыми негіздері. Алматы: — «Заң әдебиеті», 2006 – 36, 78-126 б.
- Сапарғалиев Ғ. Заң терминдерінің түсіндірме сөздігі, Алматы – 1995ж.
- Шляпочников А.С. Толкование советского уголовного закона. М: 1960г,-24б.
- Шаргородский М.Д. Уголовный закон. М: 1948г,-50б.
- Герцензов А.А. Уголовное право. Часть общая. Учебное пособие. М: 1948г,-169б.
- Черненко Т.Г. Квалификация преступлений. Алматы, 1999 – 9б.
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне түсініктеме. Алматы: 2001ж,-12б.
- Кудрявцев В.Н. О противоправности преступлений. //Правоведения. Москав: 1959г,-№1-94б.
- Познышев С.В. Учебник уголовного права. Часть-1 М: 1963г,-45б.
- Комментарий к уголовному кодексу РК. Под. Ред. Рогова И.И., Рахметоава С.М. Алматы: 1999г,-39б.
- Кузнецова Н.Ф. Значение преступных последствий. М: 1958г,-24б.
- Курс советского уголовного права. Часть общая. Том-1. Под. Ред. Беляева Н.А, Шаргородского Н.Д. Ленинград: 1968г,-140б.
- Дурманов Н.Д. Понятие преступления. М: 1948г,-39б.
- Күлтелеев Т.М. Уголовное право казахов – Алма-ата, 1955 – 154б.
- Левицкий Г.А. Квалификация преступления (обшие вопросы) //Правоведение.-1962г,144б.
- Ковалев М.И. Советский уголовный закон. Сверловск: 1956г,-3б.
- Шаргородский М.Д. Советское уголовное право. Часть общая. ЛГУ, 1960г,-179б.
- Недбайло П.И. О толковании советского закона. М: 1960г,-302б.
[1] В.Н.Кудрявцев. Общая теория квалификации преступлений.-М.2001. 5-бет.
[2] Б.А.Куринов. Научные Основы квалификации преступлений.-М. 1984. 12-бет.
[3] А.Н.Ағыбаев. Қылмыстық құқық. Ерекше бөлім. Алматы: Жеті Жарғы. 2003. 7-бет.
[4]Г.А.Левицкий. Квалификация преступления. Правоведение: 1962. 140-бет.
[5] Сборник постановлений Пленума Верховного Суда РК (1981-2003 годы), Алматы-2004. 317-бет.
[6] Күлтелеев Т.М. Уголовное обычное право казахов-А:1955. 72-бет.
[7] Бұл да сонда 154-бет.
[8] Әпенов С.М. Қылмысты квалификациялаудың ғылыми негіздері. А: 50-бет.
[9] Трайнин А.Н. Общее учение о составе преступления. М:1957. 60-бет.
[10] Курс Советского уголовного права. Т.1-Л: Изд Ленинградского ун-та, 1968. 243-244-бет. Курс Советского уголовного права Т.2-М: Изд «Наука» 1970. 89-бет.
[11] Гаухман Л.Д. Аталған еңбекте, 63бет.
[12] Коржанский Н.И. Объект и предмет уголовно-правовой охраны. М: Академия МВД, 74-бет.
[13] Михлин А.С. Последствия преступления. М: юрид. Лст. 1969. 16-бет. Мальцев В.В. Проблема уголовно-правовой оценки общественно-опасных последствий. Саратов: изд. Сарат. Ун-та, 1989. 27-бет.
[14] Уголовное право. Общая часть. Учебник. /под.ред. Л.Д.Гаухмана, Л.М.Колодкина. М: Московский ин-т МВД России, 1997. 158-бет.
[15] Судебная практика по уголовным делам Верховного Суда РК. 2000-2002. 123-бет.
[16] Куринов Б.А. Научные основы квалификации преступлений, М: 1976 103-104-бет., В.А.Сергиевский аталған еңбекте, 34-35-бетте.
[17] Уголовное право. Общая часть., М: 1993. 122-123-беттер.
[18] Аталған еңбекте 111-бет.
[19] Гаухман Л.Д. аталған еңбекте. 153-154-бетте.