АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. . Қылмыстық құқықтағы көптік қылмыстар институты

МАЗМҰНЫ

 

Кіріспе………………………………………………………………………………………………….3

 

  1. Қылмыстық құқықтағы көптік қылмыстар институты…………..4-18
    • 1. Көптік қылмыстардың түсінігі және белгілері……………………………..4
    • 2. Көптік қылмыстардың нысандарының сипаттамасы………………….9

 

  1. Қылмыстардың жиынтығы – көптік қылмыстардың бір нысаны ретінде……………………………………………………………………………………….19-33
    • 1. Қылмыстардың жиынтығының түсінігі және түрлері………………..19
    • 2. Қылмыстық-құқықтық нормалардың бәсекелестігі…………………..24

 

  1. Көптік қылмыстар үшін жаза тағайындау……………………………….34-52
    • 1. Жаза тағайындаудың жалпы ережелері………………………………………34
    • 2. Қылмыстардың жиынтығы барысында жаза тағайындау………………..44

 

Қорытынды………………………………………………………………………………………..53

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі………………………………………………………61

 

КІРІСПЕ

 

Кінәлінінің екі немесе одан да көп қылмыс істегенінің белгілері сот — тергеу орындарында жиі кездеседі. Қылмыстын ауыртпашылығына байланысты субъектінің қылмыстық — құқықтық бағалануы көп өзгереді. Кей кезде істелген қылмыстарды бірнеше қылмыстық құқықтық өлшеммен қарастырырылады (мысалы бірнеше қылмыс бірге істелгенде), ал басқа жағдайда бір өлшем мен қарастырылады (мысалы   қылмыс қайталанғанда). Кей жағдайларда жазаның ауырлығы, мөлшері, белгілеу түрі өзгереді. Барлық жағдайларда қылмыстың бәрі бір адаммен істелгеннен кейін, осыдан туындаған барлық сұрақтарды тұтас қарастыру керек. Сондықтан, қылмыстық – құқықтық ғылымда және сот — тергеу тәжірибесінде қылмыстың көптігін зерттеу ең маңызды мәселелердің бірі. Бір адаммен қайта — қайталанып істелген бірнеше қылмысты және оның қылмысты істеу себеп салдары мен, қайталануға жол бермеу үшін ішкі істер қызметкерлері үнемі күрес жүргізу керек. Қылмыс әр дайым ортаға белгілі бір зияндылық тигізеді және үкімет пен қоғаммен кері бағаланады. Қылмыскер мен бірнеше қылмыс жасалғанда теріс көзқарас пайда болады. Адам бірнеше қылмыс істеген кезде, әдетте моральдық, физикалық, материалды зияны қоғамға немесе жеке тұлғаға көп тиеді. Кінәлі адам қоғамның, үкіметтің жеке тұлғалардың өзіне деген теріс көзқарасын қаттырақ сезінеді. Бір адамның бірнеше рет қайталап жасаған қылмысы және сол қылмысқа жазаланбағандығы, жастар мен моральды адамдар арасында жазаланбай жүре берудің алданыш сезімін туғызады.

Бір адаммен бірнеше қылмыс жасау сот тәжірибесінде сирек емес. Бір адамның бірнеше қылмыс немесе бірінен кейін бірін жасауы сот — тергеу тәжірибесінде сұрақтар туғызады: қылмыстың көптігін дара қылмыстан ажырату, істелген қылмысты дұрыс саралау және жаза тағайындау, себеп — салдарын анықтау т.б. Көп қылмыс жасаған адамның мінез-құлқы бір ғана қылмыс жасаған субъектінің мінез-құлқынан ерекше болады. Сондықтан ондай субъектінің ортаға тигізер қатерін және өзіндік мінез — құлқын  ерекше бағалау керек, сонымен қатар жазаның белгілеу (ауыртпалығы жә не  оны өтеу жолдары т.б) түрлерін ескеру керек. Осы және басқа сұрақтар қылмыстық құқықта қылмыстың көптігі институтымен қамтылады.

Қылмыстың көптігі мәселесін шешу жолында қылмыстық — құқықтық ғылым 60 -шы жылдардан бері көп ілгеріге шықты. Осы жылдары атақты ғалымдар: Т.М. Кафаров, В.Н. Кудрявцев, В.П. Малков, А.М. Яковлев т.б еңбектері жарық көрді.

 

 

 

 

 

 

  1. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ КӨПТІК ҚЫЛМЫСТАР ИНСТИТУТЫ

 

1.1. Көптік қылмыстардың түсінігі және белгілері

 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде қылмыстардың көптігі үш бапта: 11, 12, 13 баптарда көрсетілген. Бұл нормалар заңнамада сот тәжірибесінде кең таралған бір адамның екі немесе одан да көп қылмыстарды жасау жағдайларын бейнелеуге оқталу болып табылады.

Алғаш рет қылмыстық заңнамада, Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінде, қылмыстардың көптігінің нысандары туралы айқындық байқалады, қылмыстарды әлденеше рет жасау, қылмыстардың жиынтығы және қайталануының мазмұны ашылған.

Бір адамның екі немесе одан да көп қылмыстық іс — қимылдарды жасауы қылмысты дұрыс саралаумен, кінәлінің жауаптылығын дараландырумен, сондай – ақ жеке күрделі қылмыстарды қылмыстардың көптігінен ажырату қажеттілігімен байланысты ерекше жағдайларды туындатады.

Осы сұрақтарды табысты шешу үшін «қылмыстардың көптігі» ұғымының мазмұнын анықтау қажет.

Қылмыстардың көптігінің ұғымы қылмыстық құқық теориясымен қарастырылған да, қылмыстық заңнамада берілмеген. Қылмыстардың көптігінің ұғымының анықтамасын беруге оқталу жасалған ғылыми еңбектерден, осы қылмыстық – құқықтық институтқа қатысты көзқарастардың әртүрлі екендігін байқауымызға болады.

А.М.Яковлевтің пікірі бойынша, «қылмыстық іс-қимылдардың көптігінің ұғымы қылмыстарды қайталау, қылмыстардың рецидиві және жиынтығы түсініктерінен нақты көрініс табады»[1]. Біздің көзқарасымыз бойынша, аталмыш пікірде, тек қылмыстардың көптігінің нысандары сипатталған да, нақты қылмыстардың көптігінің ұғымы, оның белгілері ашылмаған.

Г.Г.Криволапов қылмыстардың көптігінің ұғымын, оның белгілерін көрсету арқылы, яғни, «қылмыстардың көптігі әрқайсысы дербес қылмыс құрамдарының белгілерін құрайтын, бір адамның екі немесе одан да көп қылмыстық жазаланатын іс-қимылдарды жасауы» деп берген[2].

В.И.Ткаченко көптік қылмыстар ретінде, алдыңғы сотталғандығына қарамастан, адамның сот үкімі арқылы белгіленген, екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауын түсінеді[3]. Берілген анықтамалар қарастырылатын ұғымға тән басты белгі – бір адамның екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауын ғана көрсетеді. Бұл белгі қылмыстардың көптігінің барлық жағдайларына ортақ болып табылады. Бірақ та, біздің ойымызша, тек бұл белгіні көрсету жеткіліксіз, себебі біріншіден, адамның бірнеше қылмыстарды жасауы барлық жағдайда бірдей қылмыстардың көптігін құра бермейді, екіншіден, бұл ұғымға бір емес, бірнеше белгілер тән. 

Ю.А.Красиков көптік қылмыстарды «кінәлі адамның кезектілікпен орындаған бір немесе бірнеше іс-қимылдар арқылы бірнеше қылмыс құрамдарын жасауы»,- деп анықтаған[4].

Е.А.Фролов және Р.Р.Галиакбаров бойынша, «қылмыстардың көптігі — қылмыстық заңмен қарастырылған бір адамның мінез – құлқындағы бірнеше құқық бұзушылықтардың үйлесуі»[5]. Жоғарыда көрсетілген анықтамалардың әрқайсысы қылмыстардың көптігінің ұғымын жалпы алғанда дұрыс ашады. Дегенмен де, қылмыстардың көптігі ұғымының анықтамасы  бір адамның қылмыстық жауаптылыққа тартылатын бірнеше қылмыстарды жасауын ғана емес, оның алдыңғы іс – қимылы үшін сотталғаннан кейін жаңа қылмыс жасауын да қамтуы қажет деп есептейміз.

Осыған байланысты, И.М.Гальпериннің берген анықтамасы назар аудартады. «Қылмыстардың көптігі – кінәлінің қылмыстық жауаптылыққа тартылғанға дейінгі әртүрлі қылмыс құрамдарының белгілері бар, бірнеше қылмыстық іс – қимылдарды, немесе өзара ішкі байланыста емес, бір қылмыс құрамының белгілерін құрайтын бірнеше қылмыстық  іс – қимылдарды, немесе алдыңғы қылмысы үшін сотталғаннан кейін кез келген басқа қылмысты жасауы»[6]. Берілген анықтамада қылмыстардың көптігін әртүрлі және біртектес қылмыстардың құрайтындығы, сондай – ақ қылмыстардың қылмыстық жауаптылыққа тартылғанға дейін және алдыңғы іс – қимылы үшін сотталғаннан кейін де жасалатындығы айтылған. Біздің ойымыз бойынша, бұл анықтаманы қылмыстардың көптігін жоққа шығаратын белгілерді көрсету арқылы толықтыру қажет.

Қылмыстардың көптігін жоққа шығаратын кейбір белгілер Б.А.Куриновтың анықтамасында көрініс тапқан, яғни, қылмыстардың көптігі – адамның соттылық жойылмаған және қылмыстық қудалаудың мерзімдері өтпеген, екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауын қамтиды[7].

В.П.Малков қылмыстардың көптігінің кең анықтамасын береді: «Қылмыстардың көптігіне – егер де жасалынған қылмыстардың кемінде екеуі үшін қылмыстық – құқықтық нәтижелер жойылмаған және қылмыстық істі қозғау үшін процессуалдық кедергілер жоқ жағдайларда адамның бір мезгілде немесе кезектілікпен қылмыстық жауаптылыққа тартылғанға дейін, немесе алдыңғы қылмысы үшін сотталғаннан кейін, қайта қылмыс жасауын жатқызамыз»[8].

Жоғарыда берілген анықтамаларды зерттей келе, қылмыстардың көптігіне келесідей сипаттама беруімізге болады: «Қылмыстардың көптігі деп, бір уақытта немесе әруақытта бір адамның қылмыстық жауаптылыққа тартылғанға дейін немесе алдыңғы қылмысы үшін сотталғандығы жойылмаған, қылмыстық заңмен қарастырылған дербес қылмыс құрамдарының белгілерін құрайтын, екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауы».

Берілген анықтамадан қылмыстардың көптігіне тән келесі белгілерді көруімізге болады.

  1. Бір адамның екі немесе одан да көп қылмыстарды жасауы. Егер де, кінәлімен жасалынған екі іс – қимылдың біреуі қылмыстық іс – қимылдың белгілері жоқ құқықбұзушылық, яғни әкімшілік немесе тәртіптік қылық, маңызы шамалы іс — әрекет болса қылмыстардың көптігі болмайды.
  2. Қылмыстардың көптігі әрқайсысы, дербес қылмыс құрамдарының белгілерін құрайтын, қылмыстық іс – қимылдардан тұрады. Қылмыстық іс – қимылдың дербестігі оның объективтік және субъективтік белгілерінің бірлігімен анықталынады. Бұл дегеніміз – жеке алынған әрбір іс – қимылда белгілі бір қылмыс құрамының болуын бідіреді. Бұл қылмыстардың құрамдары өзінің юридикалық белгілері бойынша бір – біріне сәйкес келсе де, объективтік немесе субъективтік қасиеттеріне байланысты бір – бірінен ажыратылады.

Қылмыстардың көптігі аяқталған қылмыстар арқылы да, сондай – ақ қылмысты жасауға дайындалу немесе оқталу арқылы да түзіледі. Бұл жерде қылмыстардың көптігі ретінде тану үшін бірінші аяқталған қылмыс, одан кейін қылмысқа дайындалу немесе оқталу жасалуының, яғни қылмыстық іс – қимылдарды жасау кезектілігінің маңызы жоқ.

Қылмыстардың көптігі ретінде тек орындаушының әрекетін ғана емес, ұйымдастырушының, азғырушының, көмектесушінің әрекеттерін де тани аламыз. Айталық, қылмыстардың көптігі, егер ұрлықтың бір эпизодында кінәлі тікелей орындаушы, ал келесісінде – көмектесуші болса да танылады.

  1. Қылмыстардың көптігіне енетін әрбір қылмыстардың қылмыстық – құқықтық нәтижелері болуы керек, яғни кінәліні қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкіндіктерінің болуы немесе заңмен бекітілген тәртіпте соттылық алынбауы немесе жойылмауы қажет.

Қылмыстардың көптігі жасалынған қылмыстардың және қылмыскердің жоғары қоғамға қауіптілігінің, кінәлінің бойына сіңіп қалған қоғамға жат көзқарастардың, әдеттің, белгілі бір өмірлік ұстанымдардың юридикалық көрінісі болып табылғандықтан, аталынған белгілер болмаған жағдайда жағымсыз салдарларды туындататын ұғым ретінде қылмыстардың көптігінің де болмауын білдіреді. Сондықтан да, қылмыстардың көптігі жасалынған қылмыстық іс – қимылдардың біреуіне байланысты қылмыстық – құқықтық нәтижелерді жоятын мән – жайлар болған жағдайда болмайды.

Заңға сәйкес бұл мән – жайлардың қатарына келесілерді жатқызуымызға болады:

  1. Шын жүректен өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату;
  2. Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату;
  3. Жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату;
  4. Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату;
  5. Рақымшылық актісінің негізінде қылмыстық жауаптылықтан босату;
  6. ҚР ҚК 77, 86 баптары негізінде соттылықтың жойылуы және алынып тасталуы;
  7. ҚР ҚК Ерекше бөлімінің баптарында көрсетілген мән – жайларға сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚР ҚК 125, 165, 231, 233, 234, 236, 251, 252, 259, 312, 326, 352, 363, 364, 372, 373, 375, 376, 378, 379, 381 бб. Ескертулері).

Қылмыстардың көптігі бірқатар юридикалық салдарларды тудырады:

  1. Юридикалық біртектес және әртектес қылмыстарды жасау кейбір жағдайларда ауырлататын (ҚР ҚК 175, 176, 177 б.б.) немесе аса ауырлататын (ҚР ҚК 175, 177, 179 баптарының 3 бөлімдері) қылмыс құрамдарының белгілері болып табылады. Қылмыстық кодексте қылмыстрдың көптігіне қатысты қылмыс құрамының аса ауырлататын белгісі ретінде бұрынғы соттылық қана танылған. Бірақ та, соттылық өз бетінше қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін жоғарылатпайды, кінәлінің тұлғасын сипаттайды. Ал жаза болса, адамның қасиетіне байланысты емес, қылмыс үшін тағайындалады.

Қылмыстардың көптігі келесі модификациядағы қылмыс құрамдарының ауырлататын белгілері ретінде қарастырылады:

а) тек ұқсас қылмыстарды жасау барысында: ҚР ҚК 103 б. 3 б. «к» тармақшасы, 121 б. 2 б. «г» тармақшасы;

ә) юридикалық ұқсас, сондай – ақ бір объектілік және әртүрлі объектілік  қылмыстарды жасау барысынада – ҚК 175 б. 3 Ескертуі.

Кінәліні соттаумен байланысты қылмыстардың көптігі қылмыс құрамының ауырлататын белгісі ретінде көрінеді:

а) тек юридикалық ұқсас қылмыстарды жасау барысында – ҚР ҚК 117 б. екінші бөлімі;

ә) юридикалық әртүрлі объектілік қылмыстарды жасау барысында – ҚР ҚК 103 б. 2 б. «к» тармақшасы, 104 б. 2 б. «ж» тармақшасы;

  1. Қылмысты саралауды өзгертеді. Мысалы, қызғаныштан бір адамды өлтіру ҚР ҚК 96 б. 1 б. сараланса, осы ниет арқылы екі адамды өлтіру ҚР ҚК 96 б. 2 б. «а» тармақшасымен сараланады.
  2. Жауаптылықты ауырлататын мән – жайлар ретінде келесі топтамадан көрінеді:

а) ҚР ҚК-нің 52, 54, 59 баптарының негізіндеқылмыстарды бірнеше рет жасау және қылмыстың қайталануы барысында, кінәліге қылмысты алғаш рет жасаған адамға қарағанда, қатаң немесе ұзақ мерзімдегі жаза тағайындалуы қажет;

ә) ҚР ҚК-нің 58 б. негізінде қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау барысында жазаны толығымен немесе ішінара қосу қағидасы ғана қолданыла алады;

б) ҚР ҚК-нің 60 б. сәйкес, жазаны өтеу барысында, сондай – ақ шартты түрде соттау кезіндегі сынақ мерзімі кезеңінде, жазадан мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаны орындауды кейінге қалдыру кезінде жасалынған қылмысы үшін жаза тағайындауда жазаның берілген түрінің шегінде толығымен немесе ішінара қосу қағидасы ғана қолданылады;

  1. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындау барысында түзеу мекемесінің түріне әсер етеді. Бұрын, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеген адамдарға қатаң режимдегі, кейбір жағдайларда ерекше режимдегі түзеу колониясы тағайындалады (ҚР ҚК 48 б.);
  2. Кейбір қылмыстар, бұрын қандай да болмасын қылмыстарды жасағаннан кейін ғана жасалына алады – ҚР ҚК 358 б.

Сонымен, бір адамның екі немесе бірнеше қылмыс істеуі, оның қоғамға қауіптілігінің жоғары екенін көрсетеді. Жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік деңгейі құқықпен қорғалатын мүдделерге бір қылмысқа қарағанда аса мәнді залал келтіруден байқалады. Басқа жағдайларда қылмысты бірнеше рет жасау әлеуметтікке қарсы бағытталған әрекеттерден тұрады.

Қылмыстардың көптігі — жалпыланған қылмыстық құқықтық түсінік және ол ҚР-ң қылмыстық заңнамасында берілмегенмен де, қылмыстық құқық ғылымымен зерттелген. Қылмыстардың көптігінің белгілері:

  • бір адамның екі немесе одан да көп қылмыс жасауы;
  • бірінен соң бірі ретімен жасаған қылмыстар;
  • әр қылмыстан кейін қылмыстық құқықтың салдардың қалуы.

Бірінші белгі – қылмыстардың көптігінің ең негізгі сандық белгісі. Қылмыстардың көптігі болмайды, егер де бүкіл (екі) әрекеттің біреуі кінәлі оларды жасаған кезде қылмыс болып саналмаса.

Бір адамның екі немесе одан да көп қылмыс жасауы, яғни олардың әр қайсысы жекеі қылмыс болуы керек. Бірнеше қылмысты жасауды біз көптіік деп санаймыз. Мысалы, кінәлі екі жай қылмыс жасауы мүмкін. Біркелкі қылмыстар өзінің сипаты бойынша заңды түрде ұқсас немесе ұқсас емес болады.

Заңды түрде ұқсас деп өзінің объективтік және субъективтік белгілері бойынша бірдей қылмыстарды айтамыз.

Ал заңды түрде біртектес қылмыстарды көбінесе ерекше белгілері бойынша ажыратады, бірақ олар қылмыстық нормалардың әрқайсысында көрсетіледі (бап, пункт, бөлік).

Заңды біртектес емес деп мына қылмыстарды айтуға болады. Олар өзара ұқсас, белгілері жақын және қылмыстық нормалардың әрқайсысында көрсетілген (бап, бөлік, пункт).

Осы қылмыстардың сәйкес келуі көптіліктің нысанын байқауға мүмкіндік береді және соған байланысты қылмыстық заң әр түрлі қылмыстық құқықтық мәнге ие болады.

Қылмыстардың көптілігінің екінші белгісі — рет-ретімен екі немесе одан да көп қылмыс жасауын айтамыз. Ретімен жасау бұл қылмыстың бірі-бірімен бөлек жүретінін көрсетеді. Яғни әр қылмыс арасында белгілі уақыттың болуы. Уақыттың үзілуі созылмалы болмауы керек, бірақ бұл кезде бір қылмысты екінші қылмыстан ажыратылуы керек.

Көптіліктің үшінші белгісі — әр қылмыстан кейін келтірген зардаптың сақталуы. Осының мәні, яғни көптілікті құрайтын тек қылмыстар немесе кінәлінің әрекетіне нақты жаза қолданған кезін жатқызамыз.

Көптілікке қатысты жағдайлар бұл бір немесе бірнеше ретімен жасалған кінәлінің әрекетін айтуға болады.

 

1.2. Көптік қылмыстардың нысандарының сипаттамасы

Қылмыстық құқық әдебиеттерінде көптік қылмыстардың нысанына байланысты қылмыстың қайталануы (повторность) деген түсінік бар. Қылмыстың қайталануы деп — бұрын қылмыс жасаған адамның қайта қылмыс жасағанын айтамыз, егер оған дейін оның істеген қылмысы өшірілмесе. “Қайталанылу” -деген сөздің түбірі “қайта” сөзі, демек бір істің тағы да жасалынуы,  қылмыстық-құқықтық тұрғыдан алғанда екінші, үшінші, бірнеше рет қайталануы. Сондықтан, қайталанудың ең басты мағынасы оның сапасы мен санына байланысты. Қайталану қылмыстың заңдылық және әлеуметтік жақтарын анықтайды (қылмыстың объективтік жағын, субъектінің жеке қасиеттерін, қылмыстың істелінуінің объективті себептері т.б), сонымен қатар оларды қылмыстық- құқықтық жағынан да анықтау керек, аталған және басқа да аспектілер бірдей болған жағдайда, оның саны жазаның ауырлығын анықтайтын маңызды белгі ретінде қарастырылады. Кез келген қылмыстың объективті себептері болады, ол сондықтан да қоғамға қатер туғызады, қылмыстың қайталануының саны да оның қоғаумға қаншалықты қауіпті екендігін анықтау үшін өте маңызды. Қайталанудың санынан қылмыскердің қаншалықты қоғамға зиянды екендігін байқауға болады. Осы ортақ көзқарастарға байлынысты сот қызметкері өз шешімін қабылдауы тиіс.

Қылмыскердің мінезіне байланысты қылмыстың қайталануы деген түсінік әр түрлі болып келеді. Егер сәйкестіктерге көңіл бөлмесек, қылмыстың қайталану себептері ұқсас. Осыған байланысты, қарастырылған жағдайларды біз қылмыстың қайталануы деп айта аламыз.

Қылмыстың қайталануы деп бір адаммен бірнеше қоғамға зиянды іс-әрекет істеуін айтамыз, демек ол істердің әр қайсысы жеке қылмыс болып саналады. Қылмыстың қайталануы деп- біз әр түрлі қылмыстың әр кезеңде жасалуын айтамыз. Қылмыстың әр уақытта жасалуы қылмыстың көптігі деген түсініктің басты айқындаушы белгісі болып табылады. Қылмыстың қайталануы деген түсінікке сәйкес келу үшін қылмыс тек  бір адаммен жасалмай, тағы міндеттті түрде әр уақытта жасалуы керек.

Қайталанатын қылмыстардың біртектес, әртүрлі және ұқсастары болады. Ұқсас қылмыстар – ең манызды белгілерімен бір-біріне сәйкес келеді. Демек қылмыс бір затқа, бірдей нысанда, заң жүзінде істелу түрі  және қылмыскердің кінәсі де бірдей.[9]

Ұқсас қылмыс деп, мысалы үкіметтің меншігін  сол субьектінің өзі техникалық құралдар қолдана отырып ұрлауы жатады. Біртектес қайталанатын қылмыстарға объектілерінің ұқсастығы жатады. Мысалы: пара беруші мен алушы, екеуі де қылмыскер.

Әр түрлі қылмысқа заң жүзінде бір-біріне сәйкес келмейтін қылмыстар жатқызылады. Демек, әр түрлі қайталанатын қылмыстарға жоғарыда аталғандарға жатпайтындарының бәрі қамтылады.

Әртүрлі, біртектес, ұқсас қылмыстар бірігіп қайталанатын қылмыстар тобын құрайды. Қылмыстық — құқық теориясында қылмыстың қайталануының түрлері әр-түрлі шешіледі. Жалпы және арнайы қылмыстың қайалануы кең тараған. Қайталанған қылмысқа алдында жасалған қылмысқа ұқсамайтын қылмыс жатады, кейде ол тек жазаны ауырлататын белгі ретінде қарастырылады. Алдында жасаған қылмысына жазаланған, жазаланбағанына байланысты қайталану қылмысы екі топқа бөлінеді:

1) Алдында істелген қылмысқа жазаланбаған қайталану;

2) Алдында істелген қылмысына жазаланған, қайталану (рецидив).

Қылмыстың қайталануын осындай екі топқа бөлудің тәжірибелік маңызы көп.

Алдында істелген іс-әрекеті үшін жазаланбаған қайталанған қылмыстың екі түрі белгілі:

А). Қылмысты пайда табу үшін бірнеше рет қайталап істеу;

Б). Әр түрлі қылмыстың бірге қосылып істелуі;

Қылмыстың жүйелі түрде қайталануы.

Қылмысты істің жүйелі қайталануы қылмыстың қайталануының бір түрі болып есептеледі. Жүйелілік бірнеше рет болған қылмыстан санына байланысты ажыратылады. Бірнеше рет қайталанған қылмыс деп есептеу үшін оның екі рет істелгені жеткілікті,ал жүйелі болу үшін ол кем дегенде үш рет істеліуі тиіс.

Бірақ істелген істің үш немесе одан да болуы оны жүйелі деп санауға негіз бермейді. Мысалы: бір істің бір адаммен бірнеше рет әр уақытта, әр түрлі субьективті және обьективті жағдайларда істеуі. Жүйелілік қылмыскердің мінез құлқына байланысты әр түрлі уақыт аралығында істелуі мүмкін. Жүйелілік өзара ұқсас қылмыстардан тұрады. Егер қылмыскер әр уақытта және әр түрлі қылмыстар істесе ол біріккен қылмыстарға жатады. Жүйелілік түсінігіне қылмыскердің сотталуға дейін істеген қылмыстары жатады. Сондықтан жүйелілік деп – ұзақ уақыт ішінде бір-біріне ұқсас үш немесе одан көп қылмыс істелгенде, істелген істердің біреуіне де сотталмаса, ал кінәлінің бойында қоғамға кері әсер тигізетін өзгерістер пайда болғанда айтамыз.

Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде көптік қылмыстардың нысаны ретінде:

  • қылмыстың жиынтығы (ҚК-ң 12 б);
  • қылмысты бірнеше рет жасау (11 б);
  • қылмыстың рецидиві (13 б) көрсетілген.

 

Қылмыстың бірнеше мәрте жасалуы.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 11 бабына сәйкес, қылмыстың бірнеше мәрте жасалуы деп бір немесе заңда арнайы көрсетілген реттерде әртүрлі баптарда көзделген қылмысты бірнеше рет жасауын айтамыз.

Екі немесе одан да көп қылмыс жасау кезінде, яғни олар әр түрлі баптарға жатса, бұны бірнеше мәрте жасалды деп тек қана ҚК-те Ерекше бөлімінде көрсетілген кездерінде танылады.

Егер бұл істелген қылмыстар үшін, оны істеген адам қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатылса немесе заңда белгіленген тәртіп бойынша осы қылмыстары үшін сотталғандықтан арылса немесе сотталғандығы жойылса қылмыс бірнеше мәрте жасалды деп танылмайды. Сол сияқты жалғаспалы қылмыстар де бірнеше рет жасалған қылмыс болып табылмайды.    

Қылмысты бірнеше рет жасау ҚК Ерекше бөлімінің белгілі бір бабында немесе бабының белгілі бір бөлігінде қаралған бірнеше қылмыстарды белгілі бір адамның жасауын көздейді. Белгілі бір адам ҚК Ерекше бөлімінің әр түрлi баптарында көзделген екi немесе одан да көп қылмыс жасаған жағдайда, жасалған әрекет ҚК 11-бабының екінші бөлігіне сәйкес бұл туралы қылмыстық заңда (мысалы, ҚК 175-бабының ескертпесінде) арнайы көрсетiлген жағдайларда да бiрнеше рет жасау деп танылуы мүмкiн.
      Қылмыстардың бірнеше рет жасалуының саралаушы белгісі қылмыстар үшін алынбаған немесе жойылмаған соттылықтарды және егер ҚК бабының диспозициясында соттылықтар осы қылмыстың дербес саралаушы белгісі ретінде көрсетілмеген жағдайда бұрын жасалған қылмыстар үшін соттылық жағдайын да қамтиды. Әрекетті бірнеше рет жасалу белгісі бойынша саралау кезінде кәмелетке толмаған жаста жасаған қылмыстар үшін бұрынғы алынбаған немесе жойылмаған соттылықтар ескерілмейді.
      Қылмыстардың бірнеше рет жасалуын анықтау кезінде адамның заңмен белгіленген тәртіп бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған қылмыстары немесе солар үшін қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімдерінің өтуі ескерілмейді.

Егер бірнеше рет жасау қылмыстық-құқықтық нормада саралаушы белгі ретінде көрсетілсе, онда белгілі бір адамның бірнеше ұқсас немесе біртектес қылмыстар жасауы осы қылмысты бірнеше рет жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК тиісті бабы (бабының бөлігі) бойынша тұтастай саралауға жатады.
      Әр түрлі саралаушы белгілерді көздейтін ҚК белгілі бір бабының әр түрлі бөлімдерінде қаралған бірнеше қылмыстар жасалған кезде бұл әрекеттер тек баптың неғұрлым қатаң жаза белгілейтін және барлық саралаушы белгілерін қамтитын бөлігі бойынша ғана тұтастай саралауға жатады. Мұндай жағдайларда қылмыстық заңның осы бабының өзге бөліктерінде көрсетілген әрекеттерге қатысты анықталған қылмыстың саралаушы белгілері тағылуға жатады және үкімде көрсетілуі тиіс.
      Бірнеше рет жасалуымен қатар, ҚК бабының басқа бөліктерінде көрсетілген өзге де саралаушы белгілері анықталған бір әрекет те осылай саралауға жатады. (Мысалы, ұрлық жасау кезінде оған қатысты ҚК 175-бабының екінші бөлігінде көрсетілген бірнеше рет жасау деген саралаушы белгісі және осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген басқа да саралаушы белгілер анықталса, онда әрекет ҚК 175-бабының үшінші бөлігі бойынша  саралауға жатады). Бұл орайда, қылмыстық заңның осы нормасының өзге бөліктерінде көрсетілген әрекеттерге қатысты анықталған қылмыстың басқа саралаушы белгілері тағылуға жатады және үкімде көрсетілуі тиіс. Егер бұрынғы алынбаған немесе жойылмаған соттылықтар әрекетті осындай қылмыс үшін екі және одан да көп сотталған адамның жасау деген белгісі бойынша саралау үшін негіз болса, қылмыстың бірнеше рет жасалуы көрсетілмейді.

Қылмыстардың бірнеше рет жасалуын жалғаспалы қылмыстардан ажырата білу қажет. Белгілі бір адамның кінәнің бірыңғай нысанымен және біріктірілген ортақ мақсатпен, материалдық құрамымен және келтірілген зардаптарының біркелкілігімен сипатталатын, қылмыс жасау тәсілі мен объектісі бойынша өзара ұқсас екі және одан да көп қылмыстық әрекеттерді жасауы қылмыстың бірнеше рет жасалуын құрамайды. Мұндай жағдайларда барлық жасалған әрекеттерді тұтастай жалғаспалы қылмыс ретінде танып, осы қылмысты жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК бір бабы немесе бабының бөлігі бойынша саралаған жөн.
      Егер жалғаспалы қылмыс кезеңінде қылмыстық заңға осы әрекет үшін неғұрлым қатаң жауаптылықты белгілейтін өзгерістер енгізілсе және қылмыс көріністерінің ең болмағанда біреуі заңның жаңа редакциясы күшіне енген кезеңде жасалса, онда жалғаспалы қылмыстың барлық көріністері жаңа заң бойынша тұтастай бір қылмыс ретінде саралауға жатады.
      Жалғаспалы қылмыс кезеңінде белгілі бір адам жалғаспалы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабының диспозициясы қамтымайтын белгілері бар басқа қылмыс жасаған жағдайда (мысалы, балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейi жалтару кезеңінде ұрлық жасау), оның әрекеттері жалғаспалы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін тиісті баппен  және басқа қылмыс үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабымен қылмыстардың жиынтығы бойынша саралауға жатады.

Екінші рет және одан кейін де қылмыс жасау кінәлінің жеке тұлғасының аса қауіптілігін, оның тұрақты қоғамға қарсы бағыттылығын көрсетеді. Сонымен бірге, екінші және одан кейін жасалған бірнеше рет жүзеге асқан қылмыстар қоғам үшін неғұрлым қауіпті, өйткені олар жәбірленушілердің көп санына зиян келтіреді және т.б. Бұл жағдайларды ескере келе, заң шығарушы қылмыстың бірнеше рет жасалуын қылмысты саралайтын белгілерге жатқызады.

Бірнеше рет қылмыс жасаудың құрамдаушылары болып егер ол заңда қарастырылған болса, біртектес қылмыстар табылуы мүмкін, оларға бірдей немесе ұқсас тікелей объектілерге озбырлық жасайтын, бірдей кінә нысанымен және ұқсас уәждармен жасалған қылмыстарды жатқызу қажет.

ҚК 11-бабына сәйкес, қылмыстың бірнеше рет жасалуы ҚК-те неғұрлым қатаң жазаға әкелетін жағдай ретінде қарастырылған жағдайда, тұлғаның жасаған қылмыстары бірнеше рет қылмыс жасағаны үшін жаза көзделген ҚК Ерекше бөлімінің бабындағы тиісті бөлігі бойынша сараланады.

         Қылмыстардың жүйелілігі қылмыстық заңның бірқатар баптарының саралау белгісі ретінде көзделеді.

         Жүйеліліктің сандық құрамы кінәлінің өз сипаты бойынша бірдей болып табылатын кемінде үш қылмысты жасауын талап етеді. Дегенмен, бірнеше рет қылмыс жасаудан ерекше, жүйеліліктің сапалық өзінділігі кінәлінің қылмыстық іс-әрекеттері азды-көпті ұзақтылы кезеңнің барысындағы оның қылмыстық мінез-құлқының белгілі бір желісі (жүйесі) болып табылатындығында жатыр.

         Осылайша, жүйелілік дегеніміз – кінәлінің қылмыстық мінез-құлқының белгілі бір желісін сипаттайтын бірдей қылмыстарды, егер олардың ешбіреуі үшін ол сотқа тартылмаса, үш рет немесе одан артық жасауы.

         Қылмысты кәсіп ретінде жасау дегеніміз – кінәлі үшін тіршілік ету құралдарының негізгі немесе қосымша көзі болып табылатын табысқа қол жеткізу мақсатымен жасалатын жүйелі қылмыстық қызмет.

         Бірнеше рет қылмыс жасаудың қылмыстық-құқықтық салдары келесіде жатыр:

  • ол жаза тағайындау кезінде жауапкершілікті ауырлататын жағдай болып табылады (54-б., 1-бөл., «а» т.);
  • қылмысты саралауға әсер етеді (120б. 2-бөл. «г» т., 121 б. 2-бөл. «г» т., 125-б. 2-бөл. «б»т., 175,176, 177, 178, 179, 180, 181 бб.);
  • қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігін болғызбайды;
  • жаза тағайындаудың ерекше, неғұрлым қатаң тәртібін көздейді (58-б.);
  • қылмыстық жауапкершілікке тартылудың мерзімнің өтуін тоқтатады (69-б., 4-б.);
  • шартты түрде соттаудың күшін жоюды талап етеді (64-б., 4,5 бб.).

 

Қылмыстың қайталануы, оның түрлері және құқықтық салдары

  Қылмыстың қайталануының түсінігі ҚР ҚК 13-бабында беріледі. Оған сәйкес бұрын жасалған қасақана қылмыс үшін сотталған тұлғаның қасақана қылмыс жасауы қылмыстың қайтлануы деп танылады.

         Қылмыстың қайталануы қылмыстың көптігінің түрі ретінде  кінәлі бұрын жасалған қасақана қылмысы үшін сотталудан кейін жаңа қылмысты жасайтындығымен сипатталады. Оның алдындағы қылмысы үшін сотталғандықтың болуы – оны қылмыстың бірнеше рет жасалуынан шектеу мүмкіндігін беретін қылмыстың қайталануының өзіне тән белгісі.

  Қылмыстың қайталануының түрлеріне: ұқсас қылмыстардың қайталануы; біртектес қылмыстардың қайталануы; әртүрлі қылмыстардың қайталануы жатады.

Сондай-ақ қылмыстық құқық теориясында жалпы, арнайы, қауіпті, аса қауіпті қылмыстың қайталануы деп бөлінеді.

Жалпы қылмыстың қайталануы дегеніміз — бұрын сотталған адамның кез келген жаңа қылмысты жасауы.

Арнайы қылмыстың қайталануы деп бұрын сотталған адамның жаңа ұқсас немесе біртектес қылмысты жасауы танылады.

Қауіпті қылмыстың қайталануының анықтамасы ҚК 13-бабының 2-бөлігінде беріледі.

Оған сәйкес қылмыстардың қайталануы қауіпті деп:

а) тұлғаның ол үшін бас бостандығынан айрылуға сотталатын қасақана қылмысты жасаған кезде, егер бұрын ол тұлға қасақана қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айрылған болса;

б) тұлғаның ауыр қылмыс жасаған кезінде, егер ол бұрын ауыр қалмыс үшін сотталған болса, танылады.

         ҚК 13-бабының 3-бөлігіне сәйкес аса қауіпті қылмыстың қайталануы дегеніміз:

а) тұлғаның ол үшін бас бостандығынан айыруға сотталатын қасақана қылмысты жасауы, егер бұрын бұл тұлға ауыр қылмыстары немесе орташа ауыр қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға кемінде үш рет сотталса;

б) тұлғаның ол үшін бас бостандығынан айыруға сотталатын ауыр қылмыс жасауы, егер бұрын осы тұлға екі рет ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталса немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталған болса;

в) тұлғаның аса ауыр қылмыс жасауы, егер ол бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталған болса.

         Сонымен қатар, әдебиеттерде қылмыстың қайталануының қарапайым (бір реттік), күрделі (көп рет жасалған) түрлері анықталады[10].

          Қарапайым (бір рет жасалған) қылмыстың қайталануы дегеніміз бұрын тек бір рет қана сотталған адамның қылмыс жасауы.

Күрделі (бірнеше рет жасалған) қылмыстың қайталануы деп бұрын екі рет немесе одан артық сотталған адамның қылмыс жасауы танылады.

         Қылмыстық құқықтық әдебиетте пенитенциарлық қылмыстың қайталануы да ерекше аталады, оның мәні сотталған адам бас бостандығынан айыру түрінде кемінде екінші рет жазасын өтейтіндігінде жатыр[11].

         Тұлғаның он сегіз жасқа дейін жасаған қылмыстары үшін сотталғандықтары, сондай-ақ қылмыстық заңменен белгіленген тәртіппен алынып тасталған немесе жойылған сотталулар қылмыстың қайталануын тану кезінде есепке алынбайды.

         Қылмыстардың қайталануы Қылмыстық Кодеспен көзделген негіздерде және шектерде неғұрлым қатаң жазаға әкеледі.

Үкімде көрсетілген қылмыстың ауырлығына және жаза түріне қарамастан, бұрын жасаған қасақана қылмыстары үшін алынбаған және жойылмаған соттылығы бар адамның жаңадан қасақана қылмыстар жасауы қылмыстың қайталануы деп танылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі — ҚК) 13-бабына сәйкес, қылмыстардың қайталануы, сонымен қатар қауіпті және аса қауіпті болып бөлінеді. Басты сот талқылауында қылмыстық істі қарау нәтижелері бойынша айыптау үкімін шығару кезінде сот қылмыстың қайталануының қандай түрінің бар екенін анықтайды.

  Қылмыстың қайталануының қылмыстық-құқықтық салдарына келесі позицияларды жатқызуға болады:

  • ол жазаны тағайындау кезінде жауапкершілікті ауырлататын жағдай болып табылады (54- б.1-бөл, «а» т.);
  • қылмысты саралауға ықпал етеді;
  • қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігін болдырмайды;
  • жазаны тағайындаудың неғұрлым қатаң тәртібін көздейді (59-б.);
  • айыптаушы үкімді орындаудың мерзімнің өтуін тоқтатады (75-б.);
  • соттылықты орындау және алып тастауды тоқтатады (77-б);
  • жазаны өтеудің неғұрлым қатаң тәртібін талап етеді (48-б.);
  • белгілі бір жағдайларда қылмыстың қайталануын қауіпті немесе аса қауіпті деп таниды (13-б.).

Сонымен, көптік қылмыстардың нысаны ретінде жоғарыда айтылып кеткендей бұрын сотталған адамның қайта қылмыс істеуі жатады. Бұл қайталану өте қауіпті, себебі сотталған адам соттан және үкіметтен моральдық теріс баға алып, басқа қылмыс істемеуге ескерту алған.

Рецидив түсінігін анықтаудын үлкен тәжірибелік және теориялық маңызы бар.  Ол қылмысты саралауға, жаза тағайындауға, қылмыспен күресуге, рецидивті қылмыстардың алдын алуға, қылмыскерді түзеуге мүмкіндік береді.

Рецидив — латын тілінің термині, ”қайталану” деген мағына береді. Орыс тілінің мағыналық сөздігі бір нәрсенің қайтуы немесе бірдеңені қайталау деп түсінік береді (возвращающиеся).

Рецидивтің ең манызды анықтауышы оның қайталануы болып есептеледі. Қайталанған қылмыс алдында істелген қылмыспен сәйкес немесе одан өзгеше болуы мүмкін. Рецидив болған жағдайда оның ауырлығының, түрінің, қолданылған жазаның түрінің айырмашылығы жоқ.[12]

Рецидивті қылмыстардың классификациясы:

А). Істелген қылмыстың түріне қарай рецидивті ортақ және арнайы деп екіге бөледі. Ортақ рецидивте қолданылатын жазаның жауапкершілігін аурлататын мағына беріледі. Арнайы рецидив жағдайды анықтайтын кезде белгіленеді.

Б). Қылмыстың қайталану теориясын негізге ала отырып бір рет және көп істелген рецидив деп екі топқа бөлеміз.

В). Рецидивтің  кінәнің нысанына  қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Мысалы: алдын ала ойластырып істелген, байқаусызда істелген, екеуінде қосып істеген қылмыстар.

Г).  Рецидивтің қоғамға туғызар қатеріне қарай пенитенциарлы және аса қауіпті деп бөледі. Сотталған  адамның жазасы біткеннең кейін қайта қылмыс істуі пенитенциарлы рецидив деп аталады. Рецидивтің ең ауыр түріне аса қауіпті рецидив жатады[13].

Қылмыстың қайталануын таныған және оның түрін анықтаған кезде әрбір сотталушылардың бұрынғы соттылықтарына қатысты мән-жайларды мұқият анықтау қажет. Атап айтқанда: сотталушының қылмыс жасаған сәттегі жасын, бұрын сотты болған қылмыстардың санатын, сот үкімі бойынша белгіленген жаза түрін, үкім бойынша тағайындалған жазаның іс жүзінде өтелген-өтелмегенін, үкім бойынша тағайындалған жазаның басқа жазамен ауыстырылған-ауыстырылмағанын және сотталған адам неге байланысты, қашан және қандай негіздер бойынша жазаны өтеуден босатылғанын, бұрынғы соттылығы алынғанын немесе жойылғанын анықтау орынды.

Қылмыстық заңның 13-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, адамның 18 жасқа толғанға дейін жасаған қылмысы үшiн соттылығы қылмыстың қайталануын тану кезiнде ескерiлмейдi. Осыған байланысты, соттар адамның бұрынғы сотталуына байланысты мән-жайларды зерттеп, сотталушы үкімде көрсетілген қылмыстарды жасағанда кәмелетке толған-толмағанын анықтау үшін үкімнің қарар бөлігінде ғана емес, сонымен қатар оның толық мәтінінде көрсетілгені дұрыс.

Қылмыстық кодекстің 77-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, айыптау үкімі заңды күшіне енген күннен бастап адамның соттылығы бар деп танылады, сондықтан бұрынғы үкімі заңды күшіне енгенге дейін адам жаңа қылмыс жасаған кезде оның бұрынғы үкім бойынша соттылығы қылмыстың қайталануының түрін анықтау үшін ескерілмейді.

Қылмыстық заңның 13-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, алынып тасталған немесе жойылған соттылықтар қылмыстың қайталануын анықтау үшін ескерілмейді. Сондықтан қылмыстың қайталануы туралы мәселені шешкенде бұрынғы соттылықтардың жойылу мерзімінің өткен-өтпегені есепке алынып, тексеріліп және оның жойылу мерзімін ҚК 77-бабының талаптарына сәйкес есептеу қажет.
      Бұл ретте, ҚІЖК 375-бабының алтыншы тармағында көрсетілген негіздер бойынша айыптау үкімімен жазадан босатылған адамның ҚК 77-бабының екінші бөлігіне сәйкес соттылығы жоқ деп танылатындығы назарға алынуы тиіс (осы үкіммен сотталушыға тағайындалған жазаны қолданудан босататын рақымшылық актісінің шығуына байланысты, не үкім бойынша тағайындалған жаза мерзімінің осы іс бойынша қамауда болған уақытын қамтуына байланысты).
      Үкімді орындау барысында адам рақымшылық актісінің негізінде немесе заңда көзделген басқа негіздер бойынша жазаны өтеуден босатылса, мұндай адамның соттылығының жойылу мерзімі ҚК 77-бабының төртінші бөлігіне сәйкес есептеледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ЖИЫНТЫҒЫ КӨПТІК ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ БІР НЫСАНЫ РЕТІНДЕ

 

2.1. Қылмыстардың жиынтығының түсінігі және түрлері

Егер адам ҚК-ң әр түрлі баптарында, ал жеке реттерде баптардың бөлігінде көрсетілген екі немесе одан да көп қылмыстарды істесе, оның бірде біреуі үшін сотталмаса немесе заңмен белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаса, онда оның іс-әрекетінде қылмыстың жиынтығы бар деп танылады. Басқа сөзбен айтқанда кінәлі түрде істелген іс-әрекетте екі немесе одан да қылмыстың құрамы болады.

Егер де бір әрекет жалпы және арнайы бөлімінің белгілеріне сай келсе, онда қылмыстың жиынтығы болмайды және қылмыстық жауаптылыққа тұлға ерекше бөлімге сай тартылады.

Қылмыстардың жиынтығы идеалдық және нақты болып екіге бөлінеді.

Қылмыстың идеалдық жиынтығы деп кінәлінің бір іс-әрекетінен бірден қылмыстық заңның әр түрлі баптары, тармақшалары, бөліктері бойынша сараланатын екі немесе одан да көп қылмыстардың істелуін айтамыз.

Ал қылмыстың нақты жиынтығы деп адамның әр түрлі іс-әрекеті арқылы қылмыстық заңның әр түрлі бабына жататын қылмыстарды жасауын айтамыз.

Егер жасалған белгілі бір қылмыстар үшін кінәлі адам сотталса немесе қылмыстық заңмен көзделген негіздер бойынша жауаптылықтан босатылса, онда осы қылмыстар қылмыстардың жиынтығына кіре алмайды. Бұл жағдай жаза тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін. Адамның бұрынғы алынбаған және жойылмаған соттылықтары жаңа қылмыстың саралаушы белгілерінің (бірнеше рет жасалуы, бұрын екі және одан да көп сотталған адамның жасауы) тағылуы үшін негіз болып табылады.

Адамның қылмыстардың біріне қылмыстың бірнеше рет жасалуын көздейтін бір баптың (баптың бөлігінің) күші қолданылатын, ал басқа қылмыстарға ҚК басқа баптарының күші қолданылатын бірнеше қылмыстарды жасауын да қылмыстардың жиынтығы ретінде саралаған дұрыс. Мұндай жағдайларда қылмыстың бірнеше рет жасалуын құрайтын бірнеше әрекетті ҚК бабының бұл қылмыстардың осы саралаушы белгісін көздейтін бөлігі бойынша, ал жасалғаны үшін ҚК басқа баптарымен жауаптылық көзделген басқа әрекеттер — ҚК тиісті баптары бойынша саралануы қажет.

Қылмыстардың жиынтығы кезінде кінәлі адам ҚК 12-бабына сәйкес әрбір жасалған қылмыс үшін ҚК тиісті бабы немесе бабының бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Бұл сот дәлелденді деп таныған әрбір әрекеттің, әдетте, ҚК тиісті бабы (бабының бөлігі) бойынша дербес саралауға жататынын білдіреді.[14]

Барлық жасалған қылмыстардың белгілері неғұрлым қатаң жаза көздейтін ҚК баптарының біреуінің диспозициясымен қамтылған жағдайларда ғана қылмыстар жиынтығы ҚК бір бабы бойынша сараланады.

Қылмыстардың жиынтығына кіретін әрекеттердің дұрыс саралануын қамтамасыз ету мақсатында әрбір нақты жағдайда істің барлық мән-жайларын мұқият зерттеп, қылмыстардың жасалу ретін, себептерін, мақсатын, кінәнің нысанасын анықтап, сондай-ақ қылмыстық заң нормаларының әрқайсысының диспозициясын талдап және салыстырып, ҚК бір бабында жауаптылық көзделген бір әрекеттің белгілерінің жиынтыққа кіретін басқа бір қылмыс үшін жауаптылық көздейтін басқа баптың диспозициясын қамтитын-қамтымайтынын анықтаған дұрыс. Бұл орайда, қылмыстың белгілері деп, объект объективтік жағын, субъект субъективтік жағын құрайтын белгілерді түсіну қажет.

Қылмыс құрамын құрайтын белгілердің қылмыстың саралаушы белгілерінен ерекшелігі қылмыс құрамы белгілерінің ең болмағанда бiреуiнiң болмауы әрекетті қылмыс деп тануға мүмкіндік бермейтіндігінде, ал қылмыстың саралаушы белгілерінің болмауы әрекетті осы қылмыстың жасалғаны үшін қатаңдығы төменірек жауаптылық көздейтін заң нормасы бойынша саралауға негіз болады (жай құрам).

Қылмыстық заңның бір бабы (бабының бөлігі) бойынша саралауға жататын жалғаспалы қылмыстан қылмыстардың идеалды жиынтығының ара-жігін ашу кезінде қол сұғушылық жасалған объектілердің бір немесе бірнеше қылмыстық-құқықтық нормаларда көзделгенін және осы қылмыстың нәтижесінде келтірілген зардаптарды анықтау қажет, сондай-ақ жасалған әрекеттердің әрқайсысының субъективтік жағының қалай сипатталатынын ескеріледі.

Бір бапта көрсетілген объект басқа бапта көрсетілген объектінің бөлігі болып табылмаған жағдайда ҚК әр түрлі баптарында көрсетілген заңмен қорғалатын бірнеше объектілерге қол сұғуды әрбір объектіге жасалған қол сұғу үшін жауаптылық көздейтін ҚК тиісті баптары бойынша қылмыстардың жиынтығы ретінде саралаған дұрыс деп ойлаймыз. Қол сұғу нысаны бойынша өзара ерекшеленетін әрекеттер де осылай саралануға жатқызылуы керек (мысалы, белгілі бір адам ерекше құндылығы бар заттармен қатар басқа мүлікті ұрлаған кезде бірінші әрекет ҚК 180-бабы бойынша, басқа әрекет — ҚК басқа да тиісті бабы бойынша саралауға жатады).

ҚК бірнеше баптарында объектісі көрсетілген әрекетті саралау кезінде (жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі) қылмыстардың жиынтығы болмайды және әрекет ҚК 12-бабының үшінші бөлігіне сәйкес тиісті арнайы норма бойынша саралауға жатады.

Келтірілген әр түрлі қоғамдық қауіпті зардаптар қолдануға жататын қылмыстық заңның бір нормасымен көзделмесе және әр түрлі қылмыстардың тікелей объектілеріне жататын болса да, әрекетті де әрбір қылмыс үшін жауаптылық белгілеген ҚК тиісті баптары бойынша қылмыстардың жиынтығы ретінде сараланады.

Жасалған әрекетте ауырлатылған құрамды жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабында көрсетілген қылмыстың белгілері (мысалы, адам өлтіру кезіндегі аса қатыгездік) және сонымен қатар осы әрекетті жеңілдететін мән-жайлар бойынша (мысалы, жан күйзелісі жағдайында) саралау үшін негіз болып табылатын басқа да белгілер анықталған кезде қылмыстар жиынтығы болмайды. Мұндай жағдайларда әрекет осы қылмысты жасағаны үшін қатаңдығы төменірек жауаптылықты көздейтін ҚК бабы бойынша саралауға жатады (мысалы, жан күйзелісі жағдайында аса қатыгездікпен адам өлтіру ҚК 98-бабы бойынша ғана саралауға жатады).

Белгілі бір қылмысты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін әр түрлі саралаушы белгілер ҚК бірнеше баптарында көзделген жағдайларда, әрекет қатаңдығы төменірек жауаптылықты көздейтін ҚК бабы бойынша саралауға жатады. (Мысалы, қажетті қорғаныс шегінен тыс және жан күйзелісі жағдайында адам өлтіру ҚК 99-бабы бойынша саралауға жатады).

Белгілі бір адам жасаған, жиынтыққа кіретін қылмыстардың біреуінің субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен, ал басқа қылмыстың субъективтік жағы абайсыздықпен сипатталса (мысалы, бір адамды қасақана өлтіру және басқа адамды абайсыздықтан өлтіріп алу), онда жасалған қылмыстар тіпті объектісі, объективтік жағы және келтірілген зардаптары бойынша бір-бірімен сәйкес келгеннің өзінде әрбір әрекет ҚК қасақана және абайсыздықпен жасалған қылмыс үшін жауаптылық көздейтін тиісті баптары бойынша саралануды қажет етеді.

Егер жиынтыққа кіретін қылмыстардың бірін тек арнайы субъектінің жасауы, ал басқа қылмыстарды — өзге адамдардың жасауы мүмкін екендігі заңда көрсетілсе, онда мұндай қылмыстар осы қылмыстар үшін жауаптылық көздейтін ҚК тиісті баптары бойынша жеке саралануы тиіс.

Егер қылмыс субъектісі қылмыстардың бірін жасау кезінде орындаушы, ал басқа қылмыстарды жасау кезінде — ұйымдастырушы, арандатушы не көмектесуші болса, жиынтықты құрайтын қылмыстар да осылай саралауға жатады. Мұндай жағдайларда ұйымдастырушы, арандатушы немесе көмектесуші ретінде қылмысты жасауға қатысқан адамның әрекеттерін саралау кезінде ҚК 28-бабын және жасалған қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін ҚК Ерекше бөлімінің тиісті бабын қолдану қажет, ал адамның орындаушы ретіндегі әрекетін ҚК тиісті бабы бойынша дербес сараланады.

Егер жасалған қылмыстардың бірі басқа қылмысты жасаудың құралы немесе тәсілі болып табылса және қылмыстардың екеуінің де белгілері қылмыстық заңның тиісті нормасының диспозициясында көрсетілсе, онда жасалған әрекет неғұрлым ауыр қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін ҚК бір бабы бойынша ғана саралауға жатады. Бұл орайда, қатаңдығы төменірек қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін бап бойынша қосымша саралау қажет емес. (Мысалы, контрабанда жасау кезінде қызмет бабын асыра пайдалану ҚК 250-бабының екінші бөлігінің б) тармағы бойынша ғана саралауға жатады).

Бір қылмыстың басқа қылмыспен ұштасуы қылмыстардың өзара байланыстығын, бір қылмыстың басқа қылмыстың жасалуымен ұласуын білдіреді. Мұндай жағдайларда кінәлі адам қылмыстардың әрқайсысын орындауға (арасында уақыт өткізіп немесе өткізбей) бағытталған әрекеттерді жасайды.

 Қылмыстардың нақты жиынтығы кезінде олардың ұштасуы (яғни, қылмыс кінәлінің бірнеше әрекеттерімен жасалғанда), сондай-ақ олардың анық жиынтығы кезінде (бір әрекетте не әрекетсіздікте ҚК екі және одан да көп баптарында көзделген қылмыстардың белгілері болғанда), ҚК 12-бабына сәйкес, әрбір қылмысты ҚК тиісті бабы бойынша бөлек саралауға әкеп соғады.

Жиынтыққа кіретін біртектес емес қылмыстарды кінәлі бірнеше сабақтас әрекеттер арқылы жасаса және олардың біріншісінің жасалуы екінші қылмыстың бірінші қылмыспен ұштасып жасалуы деген саралаушы белгісі бойынша саралау үшін негіз болып табылса (мысалы, алдымен жәбірленушіге қатысты қарақшылық, қорқытып алушылық, бандитизм, зорлау, нәпсiқұмарлық сипаттағы әрекеттер жасау, содан кейін оны өлтіру), әрбір қылмыс ҚК тиісті бабы бойынша дербес саралауға жатады.

Бірінші қылмыс (мысалы, адам өлтіру) одан кейін екінші қылмысты (мысалы, ұрлау) жасауды жеңілдету мақсатында жасалса не кінәлі бірінші қылмысты (мысалы, зорлау) жасағаннан кейін осы қылмысты жасыру мақсатында басқа қылмыс (мысалы, адам өлтіру) жасаса, жиынтықты құрайтын қылмыстар осылай сараланады.

Егер іс бойынша қолдануға жататын қылмыстық заңның нормасы, қылмыстар жиынтығын көрсете келе, жасалған қылмыстардың әрқайсысының барлық белгілерін толық қамтыса және олардың әрқайсысынан қоғамдық қауіпті зардаптардың келтірілуін көздесе, онда жасалған әрекет тұтастай алғанда осы саралаушы белгілері бар неғұрлым ауыр қылмысты жасағаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК тиісті бабы бойынша саралауға жатады (мысалы, қарақшылық шабуыл жасау және бұл орайда денсаулыққа ауыр зиян келтіру).

Адам аяқталған қылмыстарды және қылмыс жасаудың белгілі бір сатысында соңына дейін жеткізілмей тоқтатылған қылмыстарды жасаған жағдайда бұл қылмыстар бір бап бойынша саралануы мүмкін емес. Мұндай жағдайларда аяқталмаған қылмыс ҚК 24-бабының тиісті бөлігі және ҚК Ерекше бөлімінің бабы (бабының бөлігі) бойынша, ал аяқталған қылмыс — осы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін ҚК бабы бойынша саралауға жатады.

Сонымен, жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, қылмыстық заңды қолдану кезінде қылмыстардың жиынтығы нақты және идеалды жиынтық болып бөлінетінін ескеруіміз қажет. Қылмыстардың нақты жиынтығы белгілі бір адамның әрқайсысында ҚК Ерекше бөлімінің әр түрлі баптарында (баптарының бөліктерінде) көзделген қылмыс құрамы бар екі және одан да көп қылмыстық жазаланатын әрекеттерді жасауынан құралады. Идеалды жиынтық кезінде кінәлінің бір әрекетінде ҚК екі және одан да көп баптарында немесе баптарының бөліктерінде көзделген кем дегенде екі әр түрлі қылмыс құрамдарының белгілері болады және барлық жасалған әрекет тұтастай алғанда қылмыстық заңның осы нормаларының бірде бірімен толық қамтылмайды.

Қылмыстардың нақты жиынтығы көптік қылмыстардың бір түрі болып табылады да, басқа да көптік қылмыстардың нысандары сияқты бір адаммен әр уақытта, әр түрлі қылмыс жасағанын білдіреді.

Бұл қылмыстар қылмыстық заңның әр түрлі баптары мен бөліктеріне сәйкес келеді. Қылмыстардың нақты жиынтығына кінәлінің сотталғанға дейінгі іс — әрекеттері жатады. Сондықтан да, нақты жиынтық ретінде тану  үшін істелген қылмыстардың заңмен қудалану мерзімдері өтіп кетпеуі керек.

Қылмыстардың жиынтығына ұқсас қылмыстар да жатады, кінәлі қылмысты жасайын деп жасамағанда және басқа кезде толық аяқтап жасағанда немесе керісінше болғанда. Бұл жағдайда бәрі бір түсінікке келмейді, сондықтан қылмыстарды жеке — жеке бөліп, заңның әр түрлі баптарымен қарастыру керек. Егер, кінәлі ұқсас қылмыстарды басында жалғыз, кейін біреумен қосылып жасаса, ол қылмыстың қоғамға қауіптілігін дұрыс анықтау керек.

Қылмыстық құқық теориясы айтылған айырмашылықтарды анықтаудың кейбір критерийлерін белгіледі. Қылмыстың жиынтығының екі түрі болады:

1). Бір-бірімен байланысқан қылмыстардың жиынтығы.

2). Бір адаммен қайталанып істелген әр түрлі қылмыстар.

Қылмыстардың жиынтығын жеке, күрделі қылмыстардан дұрыс ажырату үшін В.П.Малков мынандай түсініктер енгізген:

  1. Қылмыстардың жиынтығы барысында бір қылмыстың келесі қылмыстың істеліуіне жағдай туғызуы. Мысалы мылтық немесе суық қаруды дайындап, сол қарумен шабуыл жасау.
  2. Басқа қылмыс жасау үшін біреуінің екіншісін істеуге көмектесуі есептеледі. Мысалы: үкіметтің немесе коллективтің меншігін ұрлау жатады.
  3. Бір қылмыс екінші қылмысты жасырғанда немесе жауапкершіліктен қашқанда істелсе. Мысалы: тұтынушыларды алдау, жол ережесін бұзып, жарақаттанған адамды жол оқиғасы болған жерде тастап қашып кету, бұзақылық жасап полиция немесе басқа күзет адамдарына қарсылық көрсетіп олардың өміріне қауіп төндіру.
  4. Қылмыстардың нақты жиынтығына басқа қылмыстың түрі, уақыты мен істелген орны сәйкес келгенде. Мысалы: қызды зорлап, оның құнды заттарын ұрлап алу. Көлікті ұрлап алып, әдейілеп оның манызды бөліктерін сындырып тастап кету.
  5. Қылмысты істеудің ниеттері бір, бірақ әр түрлі уақытта істелуі. Мысалы: қылмыскер алдымен тонайды, кейін бөтеннің мүлкін ұрлап алады.

Иделды қылмыстардың жиынтығы деген ұғым қылмыстық заңның 12 бабының 2 бөлімінде берілген. Қылмыстық құқық теориясы мен сот – тергеу тәжірибесі қылмыстың нақты жиынтығы деп — қылмыскердің қылмысының заңның бірнеше баптарына сәйкес келген кезін айтады.

Қылмыстың нақты жиынтығы қылмыскердің бірнеше қылмыс істегендегі шынайы шындылығын көрсетеді. Қылмыстың нақты жиынтығын түсіну үшін оны бірнеше топқа бөлеміз.

1). Бір обьектілі қылмыстың нақты жиынтығы.

2). Әр түрлі обьектілі қылмыстың нақты жиынтығы.

Бір обьектілі қылмыстар тек бір обьектіге ғана жасалады. Әр түрлі обьектілі қылмыстардың жиынтығы сот – тергеу тәжірибесінде кең тараған. Бірнеше обьектілерге қылмыс жасалған уақытта біз оны әр түрлі обьектілі қылмыстардың жиынтығы деп атаймыз.

 

2.2. Қылмыстық құқықтағы қылмыстық құқықтық нормалардың бәсекелестігі

Қылмыстық құқықтағы нормалардың бәсекелестігін қарастырмас бұрын, жалпы бәсекелестік түрі болып табылатын, құқықтағы коллизияны қарастыруымыз керек.

Коллизиялардың түрлерін жіктеу бірнеше негіз бойынша жүргізіледі. Құқық немесе заңнама жүйесі тұрғысынан құқық арасындағы, салааралық және ішкі салалық коллизияларды бөлуімізге болады.

Құқықаралық коллизиялар әртүрлі құқықтық жүйелерге жататын құқық нормаларының арасында пайда болады. Осыған байланысты, халықаралық және ішкі мемлекеттік қылмыстық құқық нормаларының коллизиясын, ұлттық және шетелдік қылмыстық құқық нормаларының коллизиясын бөлуімізге болады. Бұл коллизиялар халықаралық құқықтың зерттеу пәніне жатады.

Салааралық коллизиялар қылмыстық, қылмыстық – процессуалдық, қылмыстық атқару, конституциялық, әкімшілік сияқты әртүрлі құқық салаларының ережелерінің арасында туындайтын қатынастарды білдіреді.

Барлық салааралық коллизиялар: конституциялық және салалаық нормалардың коллизиясына, материалдық және процессуалдық нормалардың коллизиясына, реттеуші және қорғаушы нормалардың коллизиясына бөлінеді.

Ішкі салалық коллизиялар бір салаға тиісті құқық нормаларының арасында пайда болады. Қылмыстық құқықтың құрылысына байланысты, олар Жалпы бөлім нормаларының коллизиясы, Ерекше бөлім нормаларының коллизиясы, Жалпы және Ерекше бөлім нормаларының коллизиясы деп бөлінеді.

Коллизиялар қасиеттеріне байланысты темпоралдық, кеңістіктік, иерархиялық және мазмұндық деп бөлінеді.

Темпоралдық коллизиялар әруақытта қолданылған екі немесе бірнеше нормалардың арасында пайда болады. Кей кезде, оларды уақыттық деп те атайды. Коллизияның бұл түрі және оны шешу әдістері қылмыстық заңнаң кеңістіктегі және уақыттағы күшіне байланысты шешіледі.

Кеңістіктік коллизиялар, әртүрлі аумақтарда қолданылатын, екі немесе одан да көп қылмыстық – құқықтық нормалардың арасында пайда болады. Бұлардың себептері: біріншіден, қылмыстық заңдардың күшінің мемлекеттің аумағының шеңберінде ғана болуында; екіншіден, кейбір қылмыстардың кеңістікте созылуына, яғни бір емес, екі немесе одан да көп мемлекетте жасалуына байланысты; үшіншіден, мемлекеттің шекарасының өзгеруіне байланысты болады.

Мазмұндық коллизиялар, жалпы және арнайы, арнайы және ерекше нормалардың арасындағы қатынастар.[15]

Олар бір салаға тиісті нормалардың арасында, құқықтық реттеудің көлеміндегі айырмашылықтарға байланысты туындайды. Осы мазмұндық коллизияларды қылмыстық – құқықтық нормалардың бәсекелестігі деп атайды.

Қылмыстық құқық ғылымында құқық нормаларының бәсекелестігі туралы бірыңғай пікір жоқ,  қылмыстық – құқықтық нормалардың бәсекелестігініі ұғымы қылмыстық заңда да көрсетілмеген.

Нормалардың бәсекелестігіне байланысты В.Н.Кудрявцевтің берген анықтамасы біздің көзқарасымыз бойынша дұрыс ретінде қарастырылады. Яғни, «бәсекелестік – жасалынған бір қылмыста бірмезгілде екі немесе одан да көп қылмыстық – құқықтық нормалардың белгілері көрінеді».[16]

А.А. Герцензон: «Жасалынған қылмыс үшін жазаланушылықты бірдей мөлшерде қарастыратын екі немесе одан да көп қылмыстық заңдардың болуы» деп көрсетеді.[17]

В. А. Сергиевскийдің пікіріне сүйенсек: «Қылмыстық құқықтық норма бәсекелестігі дегеніміз — белгілі 6ip жасалған 6ip қылмыстың белгілері Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің екі немесе одан да көп баптарының нормаларына сай келсе, яғни қылмыстың 6ip уақытта  бірнеше қолданыстағы нормаларды қамтуын айтамыз» десе, Б.А. Куринов: «Қылмыстық құқық теориясындағы қылмыстық құқықтық нормалардың бәсекелестігі деп — 6ip қылмыстың 6ip уақытта Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің әртүрлі баптарымен қамтылуы», деп көрсетеді.[18]

Сот және прокуратура, құқық қорғау органдарының тәжірибесінде, қылмысты саралау, нормалардың бәсекелестігімен тығыз байланысты. Сонымен қатар, нормалардың бәсекелестігі қылмыстық заңның өзгеруімен де байланысты.

Мысалы, К. деген ет комбинатының бастығы басқа азаматпен мәміле жасайды. Мәміледе К. 459т. дайындалмаған eттi артығымен жазып жібереді. Осыған орай, ауданның жоспар беруі 32 пайызға өседі, яғни К. өз қызметін  өкілеттілігін  қызмет мүдделеріне кереғар пайдаланады, оның бұл әрекеті пайдакуүнемдікпен және өзінің жеке басының мүддесі үшін жасалынып отыр, сонымен 6ipгe құжатқа көрінеу жалған мәліметтер енгізіп отыр. ҚР ҚК төменде көрсетілген қызметтік жалғандық жасау және (314 бап), қызмет өкілеттігін тepic пайдалану(307 бап), яғни өзінің жеке мүддесі үшін мемлекетке зиян келтірді. Тергеушінің міндеті қылмыстық — құқықтық нормалардың бәсекелестігі кезінде, олардың біреуін таңдау.

Сонымен, қылмыстық – құқықтық нормалардың бәсекелестігінің ұғымынан көретініміз, жасалынған жеке қылмыста бірнеше нормаларды белгілерінің болуы. Осыған байланысты, қылмыстық – құқықтық нормалардың бәсекелестігінің келесі түрлерін бөліп көрсетуімізге болады:

  • құрамдас қылмыстарды жасау барысындағы, қылмыстық – құқықтық нормалардың бөлік және тұтас түріндегі бәсекелестігі;
  • ауырлататын белгілері бар қылмыстарды жасау барысындағы жалпы және арнайы қылмыстық – құқықтық нормалардың бәскелестігі;
  • идеалды жиынтық барысында қарастырылған іс – қимылдың ауырлық дәрежесіне байланысты қылмыстық – құқықтық нормалардың бәсекелестігі.

В.Н. Кудрявцев нормалардың бәсекелестігін мазмұны мен көлеміне байланысты екі түрге бөледі: а) жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі; ә) бөік және тұтас нормалардың бәсекелестігі.[19]

Б.А. Куринов қылмыстық – құқықтық нормалардың бәсекелестігін үшке бөліп қарастырады: а) жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі; ә) арнайы нормалардың бәсекелестігі; б) бөлшек және тұтас нормалардың бәсекелестігі.[20]

В.П. Малков қылмыстық — құқықтық норма бәсекелестігінің  алты түрін көрсетеді: а) жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі; ә) арнайы нормалардың бәсекелестігі; б) одақтық және республикалық маңыздағы нормалардың бәсекелестігі; в) әртүрлі одақтас республикалардың нормаларының бәсекелестігі; г) шет мемлекеттің қылмыстық заң нормасымен ұлттық қылмыстық заңның нормасының бәсекелестігі; д) ұлттық қылмыстық заң нормасымен халықаралық құқық нормаларының бәсекестігі.[21]

Біз Б.А.Куриновтың пікірімен келісе отырып, қылмыстық – құқықтық нормалардың бәсекелестігінің үш түрін қарастырамыз.

  1. Жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі.

Нормалардың бәсекелестігінің бұл түрі Қылмыстық кодекстің 12 бабының 3 бөлімінде көрсетілген: «Егер де, қылмыс сәйкес баптың жалпы және арнайы нормаларының белгілеріне сәйкес келсе, қылмыстардың жиынтығы болмайды да, қылмыстық жауаптылық арнайы норманы қарастырылған бап бойынша туындайды».

Қылмыстық заңда қылмыстың арнайы құрамы өзінің белгілері бойынша жалпы құраммен сәйкес келгенімен де, заңшығарушы арқылы қылмыс құрамының элементінің біреуінің ерекшелігіне байланысты дербес нормада қарастырылған.

Мысалы: Қызмет өкілеттігін тepic пайдалану (307 бап) — жалпы норма болып есептелінеді, себебі өкілеттілікті теріс пайдаланудың барлық белгілерін қамтып тұр. Ал қызметтік жалғандық жасау(314 бап)  — тек қана қызметтік жалғандық жасаудың өзіндік, арнайы белгілерін көрсеткендіктен, арнайы норма ретінде қарастырылады.

Немесе, ҚК 96 бабының 2 бөлімі – жалпы норма болып табылады. Қылмыстық қол сұғушылықтың объектісінің белгілеріне байланысты, қол сұғушылықтың арнайы құрамдары бөлінген: Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қол сұғу (ҚК 167 б.),  әділсоттылықты жүзеге асырушы адамның өміріне қол сұғу (ҚК 340 б.).

Қызмет өкілеттігін теріс пайдаланғандығы (ҚК 307 б.) үшін жауаптылықты көздейтін жалпы нормадан, қылмыстың субъектісінің белгілеріне байланысты  құқыққорғау органдарының қызметкерлері тарапынан қызмет өкілеттігін теріс пайдаланудың арнайы топтары бөлінген.

Арнайы нормалар қылмыстың затының белгілері, қылмысты жасау әдістері және т.б. белгілер бойынша бөлінуі мүмкін.

Арнайы нормалардың түзілу процесі алуан түрлі: мысалы, бір жалпы номадан бір немесе бірнеше арнайы нормалар түзіледі.

Малыхин жалпы және арнайы норманың бәсекелестігінің әр түрлігін төртке бөліп айқындайды: а) (қарақшылық, 179-бап), яғни бөтен мүлікті ұрлау мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмірі мен денсаулығына күш көрсетсе, екіншісі (103-бап) денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірсе — бірінші (179-бап) қылмыстық құқықтық норма өз мазмұнын толық қамтиды, екінші қылмыстық құықтық норма тек қана белгілі 6ip бөлшегін қамтиды, алғашқысы жалпы сипатта, соңғысы арнайы сипатта. б) белгілі 6ip көрсетілген баптың тармақтарына байланысты норма бәсекелестігі сараланады. Мысалы, (ұрлық 175-бап), ұрлықтың екінші бөлігінің, бірінші тармақшасы адамдар тобының алдын — ала сөз байласуы бойынша. Бірінші бөлігінде ұрлықтың негізгі құрамы көрсетілген, яғни жалпы норма екінші бөлігінің тармақшасында құрамның саралануы көрсетілген, яғни арнайы норма, в) әр түрлі бапта көрсетілген белгілі қылмыс құрамының сараланған және олардың 6ip — бірімен негізгі бәсекелестігі, мәселен (96-бап) адам өлтірудің негізгі құрамы қамтылады, яғни жалпы норма, ал (97-бап) жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі, арнайы норма, г) негізгі құрам бәсекелестігі ауырлататын жағдайдағы мән-жайлар құрамының бәсекелестігі. Мысалы, жалпы норма 96-бап, арнайы норма 96-бапты 2-бөлімінің «н» тармағы.

Жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігінің бір түрі ретінде негізгі және ауырлататын, негізгі және жеңілдететін құрамдардың бәсекелестігін қарастыруымызға болады. Бұндай бәсекелестік барысында әруақытта арнайы нормалар қолдануға жатады.

Жалпы және айрықша, арнайы және айрықша нормалардың бәсекелестігі. Қылмыстық заңда айрықша нормалардың қатарына жасы толмағандардың қылмыстық жауаптылығының ерекшелігін белгілейтін Қылмыстық кодекстің VI тарауы жатады. Бұл нормалар, жалпы нормалармен салыстырғанда жазаның түрі және мөлшеріне, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдеріне, соттылықты жоюдың мерзімдеріне, жазадан босатуға байланысты елеулі шектеулерді білдіреді. Жалпы, арнайы және айрықша нормалардың коллизиясын болдыртпас үшін, келесі ереже қолданылады: айрықша норманың әрекеті жалпы және арнайы норманың әрекетін тоқтатады.

  1. Арнайы нормалардың бәсекелестігі.

Бірнеше арнайы нормалардың бәсекелестігі – оларда қарастырылған жазаның жеңілдігіне немесе ауырлығына байланысты ең арнайы норманың пайдасына шешілуі қажет.

Арнайы нормалардың бәсекелестігіне екі ауырлататын, екі жеңілдететін және ауырлататын немесе жеңілдететін құрамдардың бәсекелестігін жатқызамыз.

Екі ауырлататын мән – жай көрсетілген нормалардың бәсекелестігі. Ауырлататын мән – жайлар көрсетілген баптың әртүрлі бөлімдерінің бәсекелестігі барысында, нақты жағдайда қарастырылғандардың ішіндегі ең қауіпті белгілері бар норма қолданылады. Мысалы, бұрын зорлау үшін соттылығы бар адам, қайта он төрт жасқа толмаған жәбірленушіні зорлайды. Кінәлінің әрекетінде, бір мезгілде ҚР ҚК 120 бабының 2 және 3 бөліктерінде қарастырылған ауырлататын белгілер бар. Бұндай жағдайда, приоритет әруақытта ең ауыр мән – жай көрсетілген нормаға берілуі тиіс.

Екі жеңілдететін мән – жай көрсетілген нормалардың бәсекелестігі.

 Бұндай жағдайларда приоритет ең жеңілдететін мән – жай көрсетілген нормаға беріледі.

Ауырлататын және жеңілдететін мән – жайлар көрсетілген нормалардың бәсекелестігі барысында жеңілдететін норма қолданылуға жатады. Ауырлататын және жеңідететін мән – жайлар көрсетілген нормалардың бәсекелестігінің дұрыс шешілмегендігі келесі мысалдан көрінеді.

Я-ның үйінде қонақта отырып, Иванов әйелін қызғанып, Я-мен төбелес шығарып, ерте үйіне кетіп қалады. Әйелін күтіп отырып, ол түнде өзінің үйінің жанында әйелі мен Я-ның арасындағы жеке интимдік әңгімені естиді. Үйінен шыққанда, ол әйелі мен Я-ның жыныстық қатынасқа түсіп жатқандықтарын көріп, қатты күйзеліп, қабырғада ілулі тұрған шананы ала салып, әйелі мен Я-ның басынан ұрғылай береді. Шана сынып қалған соң, инеағашты ала салып, екеуін инеағаш сынып қалғанша ұрады. Келтірілген жарақаттардан оның әйелі мен Я қайтыс болған. Ивановтың әрекеті ауырлататын жағдайда кісі өлтіру ретінде, ҚК 96б. 2б. «д» тармақшасымен сараланған. Берілген саралау дұрыс емес, әрекет ҚК 98 бабы бойынша саралануы тиіс.

  1. Тұтас және оның бөліктерінің бәсекелестігі барысында, іс – қимыл бір мезгілде бірнеше нормалардың әсеріне түседі. Бұлардың біреуі жасалынған іс – қимылды толығымен қамтыса, басқасы оның тек жеке бір бөлігін ғана қамтиды. Бәсекелестіктің бұл түрі жеке жай және жеке күрделі қылмыстардың қақтығысуы салдарынан туындайды. Яғни, бір қылмыс басқа қылмыстың міндетті немесе ауырлататын белгісі болған жағдайларда кездеседі. Мысалы, қарақшылық (ҚР ҚК 179б.) барысында, меншікті иемдену кезінде, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіпті зиян келтіріледі.

Тұтас және оның бөліктерінің бәсекелестігі барысында тұтас норма қолданылуға жатады.

Берілген анықтамадан сот тәжірибесі өңдеп шығарған ауытқу бар: егер бөлім жасалынған тұтас әрекетке қарағанда ауыр қылмысты білдірсе, іс – қимыл қылмыстардың жиынтығын құрайды.

Қылмыстық құқықтық нормалардың бәсекелестігінде саралау, яғни нормаларды дұрыс саралау келесі қағидаларды ұстанғанда ғана жүзеге асырылады;

  1. іс-әрекетті тез арада зерттеу мен белгілерін анықтау;
  2. ҚР ҚK Жалпы және Ерекше бөлімдерін қолдана білу; Жалпы және арнайы норма. Қылмыс құрамы 6ip ғана қылмыстық құқықтық нормада — 6ip бапта көрсетілуі мүмкін. Мысалы: (314-бап) қызмет жөніндегі жалғандық. Басқа жағдайларда ҚK 6ip бабында қылмыс құрамының 6ip немесе бірнеше түрі қарастырылады. Мысалы, ҚК 308-бабында қылмыстың қауіптілік дәрежесіне қарай билікті немесе қызметтік өкітеттілікті асыра пайдаланудың үш құрамы көрсетілген баптың бірінші бөлімінде осы қылмыстың жай түрі ал екінші, үшінші бөлігінде осы қылмыстың ауыр-немесе өте ауыр түрлері көрсетілген; ҚР ҚК Ерекше бөлімінің тиісті баптарының диспозицияларында жекеленген қылмыс құрамдары көрсетілген. Қылмыстық құқықтың осы нақты құрамдарына қарсы ic-әрекет істеуді құқыққа қайшылық деп атау қалыптасқан. 1960 жылға дейін қолданылған ҚK ұқсастығы бойынша, яғни, қылмыстық заң нормасында әдейі көрсетілген іс-әрекеттерге де сонда көрсетілген соған ұқсас жақын нормаларды қолдануға жол берілген еді. Бұның өзі заңды бұзуға және осы мәселеде бейберекетсіздікке кетушілікке әкеп соғады. ҚР 1995 жылғы жаңа Конституциясында, осыған орай жаңа ҚK қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді делінген. Адамның қылмыстық құқықтық норма тыйым салған ic-әрекеттерді істеуін қылмыстық құқыққа қайшылық деп атаймыз. Құқыққа қайшылықта норма бәсекелестігі, яғни жалпы және арнайы норма түрінде қолданылады.

А.Н. Ағыбаев, қылмыстың түрлік белгілері дегеніміз — барлық қылмыстарға ортақ, олардың қоғамға қауіптілігі және құқыққа қайшылығын білдіретін жиынтығының көрінісі, деп көрсеткен.[22] Түрлік белгіге жатпайтын тек қана жекеленген қылмысқа тән белгілер қылмыс құрамына қосылмайды. Сондықтан да олар қылмыс құрамынан тысқары болады да, осыған байланысты оның қылмысты саралау үшін маңызы болмайды. Мысалы, біреудің мүлкін ұрлағанда (ақша, зат, құжат т.б) немесе ол ұрлықты қашан болғаны қылмысты саралауға әсер етпейді. Түрлік белгі сол немесе басқа қылмыстық міндетті белгілері болып табылады. Осы түрлік белгілердің 6ipeyi жоқ болса, онда қылмыс құрамы болмайды. Мысалы, басқа біреудің мүлкін ұрлауды түрлік белгісі — оны жасырын ұрлау. Егер басқа біреудің мүлкін алу жасырын түрде емес, ашық түрде жүзеге асырылса, онда ұрлық емес, басқа қылмыс құрамы — тонау болады. Қылмыс құрамы 6ip ғана қылмыстық құқықтық нормада көрсетіледі. Бұл жерде норма бәсекелестігі болмайды. Толық және бөлшек нормалардың бәсекелестігі қылмыс құрамының элементтерінде қаралады. Олар: объектісі, объективтік жағы, субъектісі, субъективтік жағы. Қылмыстың объектісі бойынша, мысалы абайсызда адам өлтіру (101-бап) 1997 жылғы ҚК бойынша абайсыздықта адамға өлім келтіру, адам өлтірудің қатарына жатпайды, ол өз алдына жеке қылмыс болып табылады. Бұл жерде, оның адам өлтіруден негізгі айырмашылығы өлімнің болуына қатысты кінә нысанынын өзгешелігінде.

Екінші, еңбекті қорғау ережелерін бұзу(152-бап) осы бапты 2-бөлігі абайсызда адам өлтіруге әкеп соққан әрекет болса, яғни екінші норма арнайы болып табылады, осы ретте бәсекелестік кезінде көрсетілген баптардың 152-бабы қолданады. Қылмыстың объективтік жағы бойынша көптеген нормалар бәсекелеседі. Мысалы, қарақшылықты (179-бап) объективтік жағы -адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсетумен немесе тікелей осындай күш қолдану мен қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау арқылы белгіленеді. Осыған оғай қарақшылықтың объективтік жағы негізінен екі әрекет арқылы: шабуыл жасау және күш көрсету арқылы жүзеге асырылады. Тонау (178-бап) объективтік жағынан белсенді әрекет күйінде бөтеннің мүлкін ашықтан — ашық талан-таражға салу арқылы жүзеге асырылады. Объективтік жақты белсенділігін В.Н. Кудрявцев үшке бөліп қарастырады:

— ic-әрекетте тек ғана олардың  біреуінен көрінсе, яғни екі немесе одан да көп нормалардың бірлестігінен;

— қылмыстық зардап, белгіні 6ip нормадан көрініс тапса;

— белгіні 6ip норма, қарама-қайшылықты ic-әрекеттен көрінсе.

Ал субъектісі және субъективтік жағы бойынша қылмыстың субъектісінің толық және бөлшек норма бәсекелестігі жалпы және арнайы норма бәсекелестігіне толық ұқсас болады. Мысалы, төмендегі норма бәсекелестігін ұсынамыз: пара алу және осы бапты 3-бөлігі жауапты мемлекеттік лауазымды атқарушы адам жасаған әрекеттер, әскери қылмыстар (366-бап) және (369-бап) бастыққа қарсы күш қолдану әрекеттері. Осы келтірілген мысалдардың субъектісі арнайы субъект. Қылмыстың субъектісінің өзі жалпы және арнайы болып бөлінеді. Eci дұрыстық заңда белгіленген жасқа толу және жеке адам болу сияқты белгілер барлық  қылмыстарға тән, ортақ белгілер. Бұл белгілер жалпы субъектінің түсінігін береді. Жалпы субъектінің осы белгілері мен қатар жекеленген қылмыстық құрамының ерекшелігіне қарай қосымша, арнаулы белгілерді қажет ететін адам қылмыстың арнаулы субъектісі болып табылады. Мысалы, мемлекеттің қызмет мүддесіне қарсы қылмыстың барлығы дерлік арнаулы мемлекеттік қызметшілер арқылы істеледі. Бұл жерде мемлекеттік қызметші арнаулы субъект болып табылады. Әскери қылмыстарды тек әскери қызметшілер істейді, сондықтан әскери қызметшілер де қылмыстың арнаулы субъектісі болып табылады.

Субъективтік жағының норма бәсекелестігі қылмыстық құқық теориясында өте аз зерттелген. Қылмыстық субъективтік жағының негізінен адамның психикалық іс-әрекетінің қылмыс істеуге тікелей байланысты жағының көрінici болып табылады. Қылмыстың субъективтік жағының мазмұнын мынадай заңдылық белгілері: кінә, қылмыстық ниет, мақсат құрайды. Осы белгілердің жиынтығы қылмыс істеген, яғни қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған адамның жан дүниесінде орын алған ішкі өзгерістер, оның санасы мен еркінің өзара байланысын бейнелеп береді. Осы аталған белгілердің қылмыстық құқықтық норма бәсекелестігінде тигізетін маңызы зор. Сонымен норма бәсекелестігінде қылмысты саралауды қорыта келсек, біріншіден, норма бәсекелестігі — нақты бейне. Қылмысты дұрыс саралауда тигізетін пайдасы өте көп, сонымен қатар қылмыстық құқықтық норма бәсекелестігінде саралауда төмендегідей талаптар орындалуы тиіс:

бірінші талап — жасалған қылмыстық белгілерін ресмилендірген жағдайда толық терец зерттеу қажет;

екінші талап — қылмыстық заңның нормаларын дұрыс қолданып қолданыстары қылмыстық құқықтық нормалардың жүйесін терең талдау қажет.[23]

Норма бәсекелестігінде көптеген қателіктер қылмыстық құқықтың жүйесін білмеуден жіберіледі. Ic-әрекетті дұрыс саралау үшін норма бәсекелестігінің көлемі, мазмұны жағынан толық норманы қолдануымыз қажет. Ал санкцияның балама рөлі қылмыс құрамымен салыстырғанда норма бәсекелестігінің жалпы және арнайы нормасынан айқындалады. Мәселен, (314-бап) қызметтік жалғандық жасау ең көп жауапкершілікке екі жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, ал (327-бап) өзінше билік ету үшін үш немесе бес жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға жазаланады, ал ауырлататын жағдайда жеті жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Санкция норма бәсекелестігінің сұрағы шешілгеннен кейін беріледі. іс — әрекетті дұрыс саралап, қылмыстық заңды дұрыс қолдану үшін істің нақты мән — жайын, сондай-ақ қылмыстың қылмыс емес әрекеттен, бір қылмысты екінші қылмыстан айыруға мүмкіндік беретін құрам нышандарын жақсы білуіміз қажет. Қылмыстың норма бәсекелестігін саралауда маңызды рөл атқарады. Әрекетті неғұрлым толық, әpi дәл сипаттай алатын норманы қолданылатыны хақ. Оның «толықтай» болуы, дәл қазіргі тұста қылмыс құрамының элементтерін құрайтын барлық белгілердің болуына байланысты болса, «дәлдігі» қылмыс белгілерінің жеке сипаттамасы мен мөлшеріне қатысты. Алғашқысының өзіне екі жақты келу ләзім. Жоғарыдан көрініп отырғандай, қылмысты саралау үстінде толық сәйкестік орнату кезінде, біріншіден, 6ip баптың бөліктері, екіншіден, әртүрлі баптар назарға ілінеді. Бір баптың бөліктері бірінен біріне өтіп саралануы ниеттің, мақсаттың, заттың нақтылануынан көрініс табады.

Қылмысты саралау мәселесі теория бойынша да, тәжірибе тұрғысынан алғанда да, күрделі де маңызды мәселелердің 6ipi, себебі қылмыстық заңның тиімділігі де, бұл заң қолданылған адамның тағдыры да жасалған әрекеттің қалай сараланғандығына байланысты. Сонымен 6ipгe, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімнің нормаларын қолдануда заңсыздыққа жол бермеуіміз, маңызды мәселелердің 6ipi. Мұндай жат қылықтарға, кемшіліктерге жол бермеу үшін сот тергеу материалдарына терең талдау жүргізіп, осы тұрғыдағы әр түрлі теориялық пікірлерге толық, жан-жақты ғылыми талдау жасап, осы қылмыстан сақтандыруға негіз болатын ғылыми ұсыныстар жасау біздің міндетіміз болып табылады. Нормалардың мазмұнына көз жүгіртсек, жекеленген қылмыс құрамының ерекшеліктерін анықтау, яғни қылмыс құрамына заңдылық талдау жасау болып табылады. Тәжірибе саласында 6ip тектес норманың екі немесе одан да көп қылмыста кездесетіні ақиқат. Осыған орай қылмысты саралау қиындықа келіп тіреледі де, оны анықтаудың қаншалықты маңызды екені өзінен өзі түсінікгі. Норма бәсекелестігінде саралау мәселесін дұрыс анықтаудың маңызды тәжірибелік, теориялық мәні бар.

Жасалған қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық, әрі әділ зерттеу жөніндегі заң талаптарын дұрыс орындау норма бәсекелестігінің ерекше көрінісі болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. КӨПТІК ҚЫЛМЫСТАР ҮШІН ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ

 

3.1. Жаза тағайындаудың жалпы ережелері

Жаза  тағайындау  қылмыстық  заңды  қолдану  барысындағы  ең жауапты  және маңызды сатысы болып табылады. Өйткені, жаза тағайындау, оны жүзеге асыру сотталған адамды түзеуге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге,қылмыстың алдын алуға  ықпал етеді. Жазаның осы мақсаттарына қол жеткізу көбіне қылмыстық жазаны әділ әрі негізді  тағайындау арқылы мүмкін болады. Қылмыс жасаған адамға белгілі бір жазаны жеке-дара тағайындау «Жаза  тағайындаудың  жалпы негіздері » деп аталатын арнайы ережелерге сәйкес жүргізіледі. Жаза тағайындаудың жалпы негіздері жөнінде алғаш рет 1958 жылы  ССРО қылмыстық заңдарында өз көрінісін тапқан. Сонымен қатар бұл норма кейінен Қазақ ССР-нің  1959 жылғы  қылмыстық  кодексінде көрініс тапты. Бұдан бізге бұл норманың кеңес уақыты кезінде де қолданылғаны белгілі болды.[24]  Қазақ ССР-ң қылмыстық кодексінде бұл норма 34-бапта көрсетілген еді. Қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының  1997 жылы  қабылданған жаңа қылмыстық кодексінде  жаза тағайындаудың  жалпы негіздері  52-бапта көрініс тапқан. Жалпы жаза тағайындау дегеніміз – жасалған қылмыста айыпты деп танылған адамға айыптау үкімін шығарарда қылмыстық ықпал жасаудың нақты шарасын соттың таңдауы.[25] Қылмыстық құқық жаза тағайындағанда негізінен кінәлінің жеке дара жауапкершілік приципін басшылыққа алады. Сотталушының нақты қылмысты істеудегі кінәсі анықталған жағдайда сот оған істеген қылмысы үшін жауаптылық қаралған  заңның тиісті баптарында  көрсетілген шекті мөлшерде ғана  жаза  тағайындайды. Мұндай ретте, жаза әділ, әрі  заң талаптарына толық сай болуы үшін, сөз жоқ істелген қылмыстың ерекшелігі және кінәлінің  жеке тұлғасы жан-жақты еске алынады.[26] Міне  тек осы мәселелерді есепке алынған жаза ғана әділ әрі заңға сай деп  танылады.

 Жалпы жаза тағайындау бұл сотқа Конституциялық заңмен берілетін өкілеттілігі,  сондықтанда жаза тағайындау өте күрделі де маңызды деп есептеледі. Жаза тағайындау, яғни айыптау үкімін шығарарда жаза таңдау сот қызметіндегі маңызды да жауапты сәт болып табылады.

 Бұл жайында  Қазақстан Республикасының  Жоғарғы Соты Пленумының  24.08.1993 жылғы   «Жаза тағайындағанда соттардың  заңдылықты сақтау туралы » №3 Қаулысында айылған.  Сонымен  қатар,  Қазақстан Республикасының  Жоғарғы Соты Пленумының 1999 жылғы  30-сәуірдегі «Жаза  тағайындағанда  соттардың  заңдылықты сақтау туралы » жаңа қаулысында да айтылған болатын.   Жаза мақсатының жүзеге асырылуы көбіне тағайындалатын жазаға байланысты болады. Жазаның тағайындалуы  әлеуметтік  әділеттіліктің   қалпына келуіне, сотталған  адамның  түзелуіне,  сотталғанның,  басқа  адамдардың да жаңа қылмыс жасамауын  болдырмыуға  көмегін тигізеді. Бұл   мақсатқа  қол  жеткізу үшін  жаза дәлелді де әділ болуға тиіс. Қылмыс жасаған адамға, делінген Қылмыстық кодекстің  52-бабында, оның  түзелуі  және жаңа  қылмыстардың  алдын алу  үшін қажетті  және жеткілікті  жаза тағайындалуға  тиіс.  Сол сияқты  сот  жаза тағайындау барысында келесідей  қағидаларды  басшылыққа алуы тиіс.  Олар қылмыстық заңның  жалпы құқықтық  және салалық  арнаулы  қағидаларының  нақты көрінісі болып табылады. Жаза тағайындаудың негізінде жатқан қағидалар  мыналар: Заңдылық, адамгершілік, жазаның әділеттілігі, жазаның  дәлелділігі  және үкімде оның себебінің міндетті түрде көрсетілуі, жазаны жеке даралау, қылмыстық  қудалау  шараларын  үнемдеу. Бұл  қағидалар  қылмыстық   кодекстің  нормаларында  өз көрінісін  табады.

Жаза тағайындаудың  жалпы негіздері дегеніміз —  әрбір нақты іс бойынша жаза тағайындау кезінде  сот басшылыққа  алуы тиіс заңмен бекітілген белгілер. Қылмыстық заңда жаза тағайындаудың жалпы негіздері  ретінде жазаның әділеттілігі, мақсатқа  лайықтылығы, тиімділігі айтылады.  Қылмыстық   кодекстің   52- бабы  1- бөлігінде  « Қылмыс жасауға айыпты деп танылған  адамға  Қылмыстық  кодекстің  Ерекше бөлімінің тиісті бабында белгіленген  шекте  және Қылмыстық кодекстің  Жалпы  бөлімінің  ережелері ескеріле отырып,  әділ жаза  тағайындалады»  делінген. Жаза егер ол жасалған қылмыстың  ауырлығына, қоғамға   қауіптілік сипаты  мен  дәрежесіне,  кінәлінің жеке тұлғасына  және қылмысты жасау жағдайларына сәйкес  тағайындалатын болса  әділетті деп танылады.  Мұнда  сәйкес термині  бір ғана ұқсастық  емес,  тепе-теңдік   деген  мағынада    қолданылады,  яғни  жаза қылмысқа сыртқы  формальды  жағынан емес сонымен қатар әлеуметтік жағынан  және арифметикалық  жағынанда  емес,  заңдық   жағынан  тең  болуы керек  дегенді білдіреді.  Сонымен бірге,  жаза   мәні  жағынан  заңды және негізді  болуы керек.  Егер оны  барлығы, сотталғаннан  бастап қоғамның  барлық мүшелері  заңды, негізді және көз  жетерлік  жаза ретінде  қабылдаса  ғана ол әділетті  деп танылады. Тағайындалатын жазаның  заңға сәйкестік  талаптары ерекше маңызды.  Жасалған  қылмыстың қауіптілігін  бағалай отырып,  сот ең алдымен,  аталған  қылмыстың түріне Қылмыстық кодекстің  Ерекше бөліміндегі  заң шығарушының  берген бағасын  ескеруі керек. Сондықтан,  әділетті  жаза   тағайындаудың    міндетті алғы шарттары ретінде  қылмыстың нақты заңдық  саралануы саналады.  Қылмыстық  саралаудағы  қате   әділетсіз  жаза тағайындауға әкеліп соғады.   Жазаның  мақсатқа лайықтығы  дегеніміз —  соттың  тағайындаған  мәжбүрлеу  шарасының сотталған адамға оң ықпал етуге  сәйкес  келуі  талабын білдіреді. Соттың таңдаған жазасы оның  жалпы  мақсаттарына  қол жеткізудің  жеткілікті құралы болуы   керек.  Осыған  байланысты  Қылмыстық кодекстің  52 – бабының  2-бөлігінде «Қылмыс жасаған адамға  оның  түзелуі және жаңа қылмыстардың алдын алу  үшін  қажетті  және жеткілікті  жаза тағайындалуы тиіс  »  деп  көрсетілген.  Қылмыстық заң  сотты  жаза тағайындау кезінде  жаза мақсаттарының  біреуіне қол  жеткізу болып саналатын – жазаның сотталған адамның түзелуіне әсер ететіндігін  көре білуді  және  жасалған қылмыспен  қылмыскерді  сипаттайтын  барлық  мән-жайларды ескере отырып, жазаның мүмкіндігінше ең  қатаң  емес түрін дұрыс  тағайындауды  білуді, оның мөлшерін  анықтауды міндеттейді.Сот жазаны Қылмыстық кодекстің  Жалпы  бөлімінің  ережелерін  ескере отырып   жаза  тағайындайды.

Жаза  тағайындау  кезінде  сот мына  жағдайларды міндетті  түрде  ескеруі тиіс:

1) Жасалған  қылмыстың  қоғамға қауіптілік  сипаты мен дәрежесі;

2) Кінәлінің  жеке  басы;

3) Кінәлінің  қылмыс жасағанға дейінгі  және одан кейінгі  мінез-құлқы;

4) Жауаптылық пен жазаны жеңілдететін  мән-жайлар;

5) Жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар;

6)Тағайындалатын  жазаның  сотталған адамның  түзелуіне және оның  отбасының  немесе оның  асырауындағы  адамдардың  тіршілік жағдайына  ықпалы.

Қылмыстың  қоғамға  қауіптілігі – бұл  Қылмыстық кодексте  қарастырылған  іс — әрекеттің  қылмыстық  заңмен  қорғалатын  объектілерге  нақты зиян  келтіру немесе  нақты зиян келтіру қаупін  тудыруының  объективті қасиеті. Әрбір  қылмыстың қоғамға қауіптілігі  қылмыстық  құқық  теориясында  екі   категорияға: Қоғамға қауіптілік  сипаты,  яғни сапалық белгісі   және  қоғамға қауіптілік  дәрежесі  ол  сандық  белгісі  арқылы  ашылады.

 Қылмыстың  қоғамға  қауіптілік  сипатыҚылмыстың  сапалық  категориясы,  ол ең  алдымен,  қол сұғушылық  объектісінің  ерекшелігімен,  яғни объектінің  қоғам мен мемлекет үшін  құндылығымен,  қылмыс нәтижесінде  келтірілген  зиянның  мөлшерімен  және т.б. жағдайларымен анықталады.  Барлық  қылмыстар  бір-бірінен  осы   қоғамға  қауіптілік  сипаты бойынша  ерекшеленеді.

Қылмыстың  қоғамға  қауіптілік  дәрежесіқылмыстың  сандық  категориясы.  Бұл  жасалған  қылмыстың ауырлығына  байланысты  шешіледі.  Ол  ең  алдымен  қылмыс  құрамының  белгілерімен,  объектіге келтірілген  зардаптың   мөлшері мен  сипаты ; кінәнің  нысаны,  мақсат пен ниет; қылмыстың  жасалу  тәсілі; субъектінің  ерекшелігі  және т.б.  жағдайлармен анықталады.

  Қылмыстың   қоғамға  қауіптілік  дәрежесі  көбінесе  қылмыстың  объективтік  жағымен,  ал  қоғамға  қауіптілік  сипаты —  қылмыстың  объектісімен  және  субъективтік  жағымен  сипатталады. Қазақстан  Республикасының  Жоғарғы Соты  Пленумының  1999 жылғы  30- сәуірдегі  «Қылмыстық  жаза  тағайындаған кезде  соттардың  заңдылықты сақтауы   туралы »  қаулысының  2- тармағына сәйкес  «жасалған  қылмыстың  қоғамға қауіптілік  дәрежесін анықтағанда,  соттар  қылмыстың ауырлығын  анықтау  тәртібін  реттейтін  Қылмыстық  кодекстің  10- бабы талаптарын,  сондай-ақ  нақты қылмыстық  әрекет  (кінәнің  түрі, себебі, тәсілі, жасалған қылмыстық жағдай  мен кезеңі,  одан  болған  ауырпалық,  сотталушылардың  әрқайсысының  қылмысқа қатыстылығының  дәрежесі  мен  сиапты және т.б.)  жағдайлардың  барлығы  ескерілуі тиіс. »(16,189 б)  Жасалған  қылмыстың  қоғамға қауіптілік  сипаты мен дәрежесін  анықтау кезінде  нақты іс бойынша  жинақталған  барлық объективтік және субъективтік  белгілерін есепке алу қажет.

  Соттар  жазаның түрі  мен  мөлшерін  белгілеу  үшін  елеулі мәні бар  сотталушының   жеке басының  мәліметтерін  жан-жақты, толық  және объективті  түрде тексеруі тиіс. Атап айтқанда,  сотталушының  денсаулығын, еңбекке қабілеттілігі мен  қатыстылығын,  білімін,  сотталғандығы туралы  мәліметтерді, сонымен бірге  сотталушының  отбасы анықталғаннан  кейін  тағайындалған  жаза  оның  отбасы  немесе  оның асырауындағы  адамдардың  жағдайына  қандай  әсер  ететінін  ескеруі  қажет.(17,50-52 б)

Қылмыстық  кодекстің  52- бабына  сәйкес  жаза  тағайындаудың  жалпы негіздері  мынандай  үш  критерийден  тұрады:

1) Қылмыстық   кодекстің  Ерекше  бөліміндегі  сол  қылмыс үшін  жауаптылық  көзделетін  баптар  шегінде;

2) Қылмыстық   кодекстің  Жалпы  бөлімінде қарастырылған  жағдайларды ескеріп;

3) қылмыстың сипаты мен  қоғамға  қауіптілік  дәрежесін, айыпкердің жеке басын,  қылмысқа дейінгі  және  оны жасағаннан кейінгі  оның  міне-құлқын, жауаптылық пен жазаны  ауырлататын және жеңілдететін  мән-жайларды, сондай-ақ тағайындалатын жазаның  сотталған адамның  түзелуіне және  оның  отбасының  немесе  оның асырауындағы  адамдардың  тіршілік  жағдайына  ықпалын  ескеріп  белгілейді.

 Осы  критерийлерді  қарастырайық:

1.Сот жазаны  Қылмыстық кодекстің  тиісті баптарында  белгіленген шекте  жаза  тағайындайды.  Бұл – сот жазаны   Қылмыстық кодекстің  Ерекше  бөлімінің  айыпкер жасаған  қылмыс сараланатын  баптың   санкциясы шегінде  ғана  тағайындай алады деген ұғым.  Мысалы, Қылмыстық кодекстің  264 — бабының  2-бөлігінің  санкциясы  екі  жылдан  жеті жылға дейін  мерзімге  бас бостандығынан  айыруды көздейді.  Қылмыстық кодекстің  осы  нормасы бойынша соттағанда сот бұл  баптың  санкциясы  бойынша белгіленген  ең  көп және ең аз  мерзімдер  шегінде жаза  тағайындауға тиіс.

  Нақты  жағдайға байланысты  жаза тағайындауда  санкция  түрінің  маңыздылығы бар. Өзінің түріне  қарай  қылмыстық кодекстегі санкциялардың көбі салыстырмалы – анықталған, яғни  жазаның  түрі,  оның  жоғарғы және төменгі шектері  көрсетілген.  Мұндай санкциялар  жазаны  жеке даралау  үшін үлкен  мүмкіндіктер береді.

  Балама санкцияларда екі және оданда көп  негізгі  жазалар көрсетіледі, сот оның кез келгенін  таңдай  алды.  Қылмыстық кодекстің  санкциялардың  көпшілігі  балама. Олар жазаны жеке даралауға,  оның мерзімі мен  түрін анықтауға  көп мүмкіндік  береді. Қандай жағдай болса да, сот Ерекше бөлімнің  бабындағы  ең жоғарғыдан,  яғни жоғарғы шектен  жоғарғы  жаза тағайындай алмайды. Мысалы,  Қылмыстық кодекстің  264- бабының    2- бөлігі бойынша жеті жыл.

Егер сот оған жол берсе,  онда жаза тағайындаудағы  принцип бұзылады. Бірақ, Қылмыстық кодекстің  55 – бабында көзделген  мән- жайлар  болса,  сот   Қылмыстық кодекстің   Ерекше бөлімінің  бабындағы  санкцияда көзделген   ең   төменгіден, яғни  төменгі шектен  төмен жаза тағайындай алады.  Бұл  жаза тағайындаудағы  адамгершілік  принципінің  өзінше көрінісі.

  1. Сот жазаны Қылмыстық кодекстің Жалпы  бөлімінде  қарастырылған  жағдайларды  ескеріп  тағайындайды.  Бұл жазаның  кейбір  түрлерін  қолданудың  мақсатына, түрлеріне, шарттарына, сондай-ақ  жаза тағайындау  тәртібіне  қатысы  бар  Қылмыстық кодекстің   жалпы бөлімінде  қарастырылған  жағдайларды   соттың  басшылыққа алуы тиіс  екендігін көрсетеді. Мысалы,  Қылмыстық кодекстің  359 – бабындағы  санкцияда  екі жылға дейінгі  мерзімге бас бостандығынан  айыру  түріндегі жаза  көзделген. Бұл бап  бойынша  бас  бостандығынан  айырудың   ең аз мерзімі,  Қылмыстық кодекстің   48-бабындағы жағдайларды  ескергенде, алты ай деп белгіленген. Қылмыстық кодекстің  осы  нормасы бойынша  соттағанда  сот алты айдан  екі  жылға  дейінгі  мерзімге тағайындау керек. 

Жаза тағайындай  отырып,  сот  қаралған  іс бойынша  толық тұжырым жасайды, жазалаудағы  мақсатқа жету  үшін  жазаның  қандай  түрі және  мерзімі  жеткілікті екендігін анықтайды. Мысалы, аяқталмаған қылмысты  жасағаны үшін  айыпталған  адамға жаза  тағайындағанда  сот  қылмыстың  ақырына дейін жетпеуіне себеп болған мән-жайларды есепке алу жөніндегі  Қылмыстық кодекстің   56- бабының  1-бөлігінің  талаптарын ескереді.Қатысып жасалған  қылмыс үшін жаза тағайындау  кезінде, оны жасауға адамның  іс жүзінде  қатысу сипаты  мен дәрежесі, оның келтірілген немесе келтіруі мүмкін  зиянның сипаты мен мөлшері жөніндегі  Қылмыстық кодекстің   57-баптың  1 – бөлігіндегі жағдайды соттың ескеруі тиіс.Егер адам  бұлтартпау шарасы ретінде  қамауда ұсталса, онда үкім  заңды күшіне енгенше қамауда ұсталған уақыты  бас бостандығынан  айыру  түріндегі  жазаның мерзіміне жатқызу жөніндегі  Қылмыстық кодекстің  62- баптың  3- бөлігінің талабын соттың ескеруі қажет.  Жаза тағайындай  отырып,  сот  Қылмыстық кодекстің  38-бабында белгіленген  мақсаттарды  көздейді. Егер  қылмыстардың жиынтығы бойынша   немесе үкімдердің  жиынтығы орын алса, онда сот  Қылмыстық кодекстің  58,60,61- баптарында белгіленген  тәртіп бойынша, ал қайталанған қылмыс  бойынша  Қылмыстық кодекстің  59- бабында белгіленген тәртіп бойынша жаза  тағайындалады. Соттың Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінде  қарастырылған  басқа жағдайларды  да  ескеруі  қажет.  Атап айтқанда, шартты түрде соттау немесе  жаза өтеуді  кейінге қалдыру  мүмкіндіктерін  қарастырады . (Қылмыстық   кодекстің  63,72,74- баптары ) 

Жаза   тағайындау кезінде  қылмыстық заңның  жалпы бөлімінде  қарастырылған   жағдайларды  соттың елемеуі  әділқазылық   жасағанда  заңдылықтың өрескел  бұзылуы болып   табылады,  ол  дәлелсіз  үкім  шығаруға  әкеп  соғады.

  1. Жаза тағайындаған кезде қылмыстың сипаты мен қоғамға  қауіптілік дәрәжесін,  айыпкердің  жеке басын,  сондай-ақ  жауаптылық пен жазаны  ауырлататын  және жеңілдететін  мән-жайларды  соттың  ескеруі  қажет. Жаңа қылмыстық  заң,  осы аталғандардан басқа, айыпкердің қылмыс  жасағанға  дейінгі және одан кейінгі  мінез-құлқын, сондай-ақ тағайындалған жазаның  сотталған  адамның түзелуіне және оның отбасының  немесе оның асырауындағы  адамдардың  тіршілік  жағдайына  ықпалын ескеруді  міндеттейді.Жаза  тағайындаудың  және  қылмыстың   қайталануының  алдын алудың тиімділігі  қылмыстың  жан-жақты, дұрыс бағалануына тікелей байланысты.  Жасалған  қылмысты қоғамға онша қауіп төндірмейтін  адамдарға бас  бостандығынан  айырумен байланысты емес  жаза қолданған  дұрыс, және  керісінше,  ауыр  қылмыс  қылмыс жасаған адамға сот  қатаң  жаза  тағайындау керек, себебі  ондай  әрекет жасаған адамның бойын  қоғамға  жат  қылық жайлап алған, одан арылту үшін  оны ұзақ   уақыт көзден  таса қылмай тәрбиелеу қажет. Қылмыстың қоғамға қауіпті сипаты, бәрінен  бұрын,  қастандық  жасалған  нысан  бойынша анықталады – жасалған  қылмыстан қандай  қоғамдық  қатынастар  бұзлады немесе  бұзылу  қауіпі туады, яғни  бұл  қоғамға  қауіптіліктің  сапалық  сипаттамасы. Осы тұрғыдан  алғанда  қандай да болсын адам  өлтірудің ар-ұждан  мен  қадір-қасиетке қастандық  жасаудан  айырмашылығы  бар,  денсаулыққа  қарсы  қылмыстың  мүліктік  қылмыстан  айырмашылығы бар.

Қоғамға қауіптілік  тұрғысынан  қылмыс жасаудың  себептері де, тәсілдері де, басқа мән-жайлар  да  маңызды рөл атқарады.  Мысалы,  аса қатыгездікпен, бұзақылық   ниетпен  немесе  жәбірленушінің    мүшелерін  немесе тінін  пайдалану  мақсатында  қасақана  адам өлтіру  (Қылмыстық кодекстің  96-бабының  «д, и, м» тармақтары ) қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі  өлтіруге қарағанда (Қылмыстық кодекстің  99 -бабы)  ауыр  қылмыс болып табылады. Қоғамға қауіптілік сипатына  қарай қылмыс  түрлерінің бір-бірінен  айырмашылығы бар. Мысалы,  ұрлыққа  қарағанда  тонау  қауіптірек, өзін-өзі  өлтіруге дейін  жеткізуден  адам өлтіру  қауіптірек. Әрине, бұл қылмыстар үшін  жазалар да әртүрлі  болуы керек. Қылмыс ауыр болған сайын  жазада қатаң болуы тиіс, және керісінше, кішігірім  немесе орташа  ауырлықтағы  қылмыстарды  жасағаны үшін, басқа мән-жайларды  да  ескеріп, жазаның  жеңілірек  түрін  қолдану керек.(18, 95-100 б)

Жаза  тағайындаудың  жалпы негіздері  Қылмыстық кодекстің  52- бабында көрсетілген. Онда  былай делінген:

  1. Қылмыс жасауға айыпты деп танылған адамға осы  Қылмыстық Кодекстің  Ерекше  бөлімінің  тиісті бабында белгіленген шекте  және осы кодекстің  Жалпы бөлімінің  ережелерін  ескере отырып, әділ жаза  тағайындалады.
  2. Қылмыс жасаған адамға оның түзелуіне және жаңа қылмыстардың алдын алу  үшін қажетті   және  жеткілікті жаза тағайындалуға тиіс.

Егер жасалған қылмыс үшін көзделген жазаның онша қатаң емес түрі жазаның мақсатына жетуді қамтамасыз ете алмайтын болса ғана ол үшін көзделгендері арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындалады. Жасалған қылмыс үшін тиісті баптарда көзделгеннен неғүрлым қатаң жаза Кылмыстық кодекстің 58 және 60 баптарына сәйкес қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкін. Жасалған қылмыс үшін қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі тиісті баптарында көзделгеннен қатаңдығы төменірек жаза тағайындау үшін негіз қылмыстық кодекстің 55 бабында белгіленеді.

  1. Жаза тағайындау кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі, айыпкердің жеке басы, сонымен бірге оның қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайының ықпалы ескеріледі. Жоғарыда көрсетілген талаптарды біз үш топқа жіктеуімізге болады.

Оның біріншісі, әділ жаза тағайындау болып табылады. Әділеттік принципі қылмыстық кодекстің жалпы бөлімінде көрсетілген. Бұл қағидаға байланысты адамның қылмыс құрамының белгілері бар іс-әрекеті ғана қылмыстық жауаптылықтың негізі бола алады. Бір қылмыс үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды. Жазаның әділеттігі істелген қылмыстың ауырлығына, оны істеу жағдайларына және кінәлінің жеке басының кім екендігіне сай келуі қажет (19,257 б.). Тағайындалған жаза қылмыскердің іс-әрекетінің заңдылық зардабы, нәтижесі болу керек. Осыған байланысты тым ауыр немесе тым жеңіл жаза тағайындауға жол берілмейді. Тағайындалған жаза істелген қылмысқа пара-пар келетін әділ болғанда ғана ол өз мақсатына жетеді. Сот жаза тағайындағанда кінәлінің істеген қылмысы үшін жазаның мөлшерін, түрін сол баптың санкциясы көрсеткен шектен шықпай тағайындауға міндетті. Мұнда санкцияның алатын орны ерекше. Түріне байланысты қылмыстық кодексте санкциялардың көбісі салыстырмалы түрде анық болады, яғни, жазаның түрі көрсетіліп, оның жоғарғы және төменгі шегі белгіленіп көрсетіледі. Балама санкцияларда негізгі жазаның екі немесе одан да көп түрі көрсетіліп, сот солардың ішінен кез келгенін тағайындауға құқылы. Қылмыстық кодекстің санкцияларының көбісі балама болып келеді. Бұның бірден-бір себебі, балама санкциялардың сотқа жазаны мерзімі және түрі жағынан толық түрде жекелеуге мүмкіндік беретіндігі (20,341 б.). Әділ жаза тағайындаудың алғы шарты іс-әрекетті  дұрыс саралау болып табылады. Яғни, істелген іс-әрекеттің белгілерінің нақты қылмыс құрамы белгілеріне дәлме-дәл сай болуын анықтау өте қажет Қылмысты дұрыс саралау әділетсіз жаза тағайындауға әкеліп соғады. Қылмыстық заңның нақты құрамының санкциясында көрсетілген жаза мөлшерінің ең жоғарғы шегінен шығып, жаза тағайындауға заң ешқандай жол бермейді. Керісінше, сот жаза тағайындағанда қылмыстық заңның 55-бабында көрсетілген шарттарды еске ала отырып, кінәліге белгілі бір қылмыс үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға құқылы. Сондай-ақ, жалпы бөлімінің ережелері де басшылыққа алынуы тиіс. Сот адамды қылмыстық жауапкершіліке тарту үшін алдымен оның іс-әрекетінде қылмыс құрамы бар ма, жоқ па осы мәселені анықтайды. Егер, қылмыс құрамы бар болса, ол біткен немесе бітпеген қылмыс па, қылмыскер оны жеке өзі немесе басқалармен істеді ме деген мәселелерді анықтайды. Бұл сұрақтарға жауап алу үшін ең алдымен қылмыстық кодекстің Жалпы бөліміндегі қылмыстың ұғымы, оның сатылары, қылмысқа қатысу ұғымы, іс-әрекеттің қылмыстылығын жоятын жағдайлар, қылмыстық заңның уақыттағы, кеңістіктегі қылмыс жасаған адамдарға қатысты қолданылуы сияқты мәселелерді анықтау керек. Қылмыстың құрамы бар іс-әрекеттерге жаза тағайындағанда сот ең алдымен адамды қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатуға негіздер бар ма, жоқ па деген мәселелерді анықтауға міндетті. Егер сот жасаған қылмыс үшін жаза тағайындау қажет деп тапса, онда ол қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінен жаза туралы бөліміндегі қағидаларды-жазаның ұғымы мен мақсаты, жазалау түрлері жаза тағайындаудың жалпы негіздерін басшылыққа ала отырып бекіткен немесе бітпеген қылмыстарға, қайталанып немесе қатысып жасалынған қылмыс үшін, қылмыстардың, үкімдердің жиынтығы үшін жаза тағайындаудың ерекшеліктерін ескереді. Мысал келтіретін болсақ: Қылмыстық кодекстің 359-бабының санкциясында екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Осы бап бойынша қылмыстық кодекстің 48-бабын ескере келгенде ең төмегі мерзім алты ай болып саналады. Яғни, сот қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша алты айдан екі жылға дейін мерзімді тағайындауға құқылы. Егер, осы қылмыс аяқталмаған қылмыстардың қатарына жататын болса, сот жазаны анықтау кезінде қылмыстық кодекстің 56-бабын басшылыққа алады. Ал, қылмыс бірге қатысушылықпен    жасалған    жағдайда,    қылмыстық    кодекстің    57-бабы қарастырылып, осы баптың санкциясы қолданылады.(21,95-98б)

Жаза тағайындау барысында, сот заңға сәйкес қылмыстық кодекстің 38-бабында көрсетілген мақсаттарды көздеуі тиіс. Осыған байланысты, егер қылмыстардың немесе үкімдердің жиынтығы орын алатын болса, тиісті баптар, яғни қылмыстық кодекстің 59,60,61 баптары қолданылып отырады. Сондай-ақ, қылмыс рецидивті сипатта болған жағдайда 59 бап сәйкес қолданылады Мұнымен қоса, сот басқа да жағдайларды, атап айтқанда Қылмыстық кодекстің 63,72,74 баптарын, ескеріп басшылыққа алып отыруы қажет. Сондай-ақ мерзімдерді қосу кезінде оларды белгілеу, жаза мерзімдерін есептеу және жазаны есепке алу туралы Жалпы бөлімнің ережелері негізге басшылыққа алынады. Егер жасалған қылмыс үшін көзделген жазаның онша қатаң емес түрі жазаның мақсатына жетуді қамтамасыз ете алмайтын болса сол үшін көзделгендердің арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындалады. Бұл жерде балама санкцияларды қолдану туралы сөз болып отыр. Сот жаза тағайындағанда істелген қылмыстың сипатын және қоғамға қауіптілік дәрежесін, айыптының жеке басының кім екендігін, істің жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларын еске алады.

Осы айтылған факторлардың ішінде есепке алынатын екі негізгі белгі бар. Ол біріншіден, істелген қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі, екіншіден, кінәлінің жеке басының кім екендігі, басқа айтылған жағдайлар мен мән-жайлар бұл жоғарыда айтылған екі факторлардың мазмұнын нақтылап толтырылатын, оларға бағынышты түсінік болып табылады. Осы жоғарыда айтылған екі негізгі факторға сипаттама берелік. Бірінші, істелген қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтау арқылы жаза тағайындау. Заң бойынша әрбір істелген қылмыстың қоғамға қауіптілігін екі жақтан: сапалық (қоғамға қауіптілік сипаты) және сандық (оның дәрежесі) белгілері арқылы анықталады. Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі қылмыстың объективтік және субъективтік белгілері арқылы анықталады. Мұның ішінде объективтік белгілері (қылмыстың объективтік зардабы, іс-әрекеттің мәні, қылмыстың істелген уақыты, тәсілі, оның жағдайы) субъективтік белгілері, кінәнің нысаны қылмыстық ниет немесе мақсат жан-жақты еске алынады.

Қылмыстық кодекстің 52-бабының келесі бір маңызды талабы айыптының жеке басының кім екендігін анықтау болып табылады. Өйткені, оны сипаттайтын мән-жайларды дұрыс анықтаудың жазаны даралаудағы маңызы өте зор.

Сот нақты жағдайларға байланысты әр уақытта да кінәлінің жеке басына сипаттайтын әлеуметтік мәні бар барлық жайттарды анықтау қажет. Оның ішінде кінәлінің қылмыс істегенге дейінгі немесе одан кейінгі мінез-құлқы, оның еңбекке, оқуға деген көзқарасы, өмір сүру салты, өзін қоршаған ортаға қатысы, оны сипаттайтын оң немесе теріс мән-жайлардың бәрі де ескерілуге жатады (22,11б.) Бұрын сотталғандарға ішімдікпен, нашақорлықпен әуестенушілерге, қоғамдық тәртіпті бұзушыларға, қатігездікпен немесе сыбайласып қылмыс жасағандарға шектен тыс жеңіл жаза тағайындауға болмайды. Керісінше мемлекет, қоғам, отбасы алдындағы өз міндеттерін адал орындап жүрген өндірісте, тұрмыста жағымды мінездемемен сипатталатын адамдардың бірінші рет қылмыс жасауы олар үшін жеңілірек жаза тағайындауға негіз бола алады. Соттардың сотталушының жеке басының мәліметтерін жан-жақты объективті түрде  тексеруі оларға тағайындалатын жазаның түрі мен көлемін белгілеу үшін елеулі маңызды болып табылады. Сондықтан да, қылмыстық құқықтың адамгершілік принципін басшылыққа ала отырып, сот жаза тағайындауға сотталушының денсаулығын, отбасы жағдайын, еңбекке қабілеттігімен оған деген көзқарасын, білімін, мүгедектігін, асырауындағы адамдардың санын, тағы да басқа мәліметтерді жан-жақты жеке еске алады.

Сонымен қатар, сот істегі жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды да есептеуі қажет (23, 123 б.)

 Қазақстан   Республикасының  Жоғарғы  Соты  Пленумының  1999 жылғы  24-мауысымдағы «Жаза  тағайындағнда  соттар  заңдылықты дұрыс сақтау туралы»  Қаулысының   2-тармағында  жасалған  қылмыстардың  қауіптлік дәрежсін  анықтағанда, нақты қылмыстық (іс-әрекет, кінәнің түрі,себебі, тәсілі,жасалған қылмыстың жағдайымен  кезеңі, одан болған ауырпалықтар әрбір сыбайластықтың  қатыстылығының  дәрежесі мен сипаты, т.б. ) жағдайлардың барлығы  ескерілуі тиіс, деп жоғарыда айтылған  заң талаптарының мазмұнын ашып көрсетілген.(24, 6 б) Сондай-ақ  соттардың сотталушының  жеке  басының  мәліметтерін  жан-жақты  объективті  түрде тексеруін  оларға  тағайындалатын жазаның  түрі  мен  көлемін  белгілеу үшін  елеулі  маңызды  болып табылаы. Сондықтан да  қылымыстық  құқықтың  адамгершілік принципін  басшылыққа ала отырып, сот жаза  тағайындағанда сотталушының  денсаулығын,  отбасы   жағдайын, еңбекке қабілеттілігі мен оған  деген  көзқарасын, білімін, мүгедектігін, асырауындағы адамдардың  санын, тағы да басқа мәліметтерді  жан-жақты  есепке  алады.(25, 212 б).

 

3.2. Қылмыстардың жиынтығы барысында жаза тағайындау

Қылмыстық заңды дұрыс қолдану азаматтарды негізсіз айыптау мен соттаудан қорғауды, сондай-ақ сотталушыларға жасаған әрекетіне сәйкес әділ жаза тағайындауды қамтамасыз етеді. Сондықтан белгілі бір адам бірнеше қылмыс жасаған кезде қылмыстық заңды дұрыс қолдану үшін қажетті мән-жайларды анықтаған және жасалған әрекетті жалғаспалы (созылмалы) қылмыстың, қылмыстардың бірнеше рет жасалуының, қылмыстардың нақты және идеалды жиынтығының анықтаулары бар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 11  және 12-баптарының ережелерін ескеріп, саралаған жөн.

Қылмыстардың бірі кәмелетке толмағанда, ал басқа қылмысы он сегіз жасқа толғаннан кейін жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталғанда әрбір қылмыс үшін соттылықтың жойылу мерзімі, қылмыстар жиынтығы бойынша тағайындалған жаза өтелгеннен кейін жеке: біріншісі — ҚК 86-бабының ережелері, басқасы — ҚК 77-бабының ережелері бойынша есептеледі.
      Мұндай жағдайларда кәмелетке толғанда жасалған қылмысы қылмыстар жиынтығына кіретін соттылық есепке алынады.
      Егер жаңа қылмысты жасаған сәтте адамның кәмелетке (18 жасқа) толғаннан кейін жасаған қылмысы үшін соттылығының жойылу мерзімі өтпеген жағдайда ғана осы соттылық қылмыстың қайталануын тану кезінде назарға алынады.
      Адамды түрлі ауырлықтағы бірнеше қылмыстарды жасағаны үшін соттаған кезде, оның ішінде қылмыстардың бірі қасақана, ал басқалары — абайсызда жасалған болса, қылмыстардың жиынтығы бойынша тағайындалған жазаны өтегеннен кейін соттылықтың жойылу мерзімі ҚК 77-бабы үшінші бөлігінің тиісті тармақтары бойынша олардың әрқайсысы үшін жазаны іс жүзінде өтегеннен кейінгі мерзімге сүйене отырып, әрбір қылмыс үшін жеке есептеледі.

Қылмыстық заңның 10-бабына сәйкес, қаралып отырған іс бойынша сотталушының жасаған қылмысының санатын және ҚК 20 және 22-баптарына сәйкес, кінәнің нысанын дұрыс анықтауы қажет (тікелей немесе жанама ниет не қылмысты кінәнің екі нысанымен жасауы, олар тұтастай алғанда қасақана деп танылады). Бұл ретте, сотталушының қасақана жасаған қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған соттылығы бар болса және оны жаңа қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырып, ол қылмыс ҚК 21-бабына сәйкес абайсызда жасалған қылмыс болып табылса, қылмыстың қайталануы танылмайтынын назарға алу қажет.
      Кәмелетке толмағанда жасалған қылмыстары үшін соттылығының негізінде «қылмысты бірнеше рет жасау», «бұрын екі және одан да көп рет сотталған адамның қылмыс жасауы» деген саралау белгілері қате тағылған жағдайларда, бұрынғы үкімдер бойынша, сондай-ақ қаралатын іс бойынша қылмыстардың санатын осы саралау белгілерін есепке алмай анықтайды.
      Бұрынғы алынбаған және жойылмаған соттылықтарға байланысты мән-жайларды зерделегенде қылмыстық заңның 5-бабының ережелерін ескеріп, қылмыстардың қайталануы туралы мәселені қарағанда қылмыстық заңның өзгеруіне сәйкес, жаңа іс бойынша үкімді шығарған сәтте қылмыс деп танылмайтын әрекеттер үшін соттылықтары назарға алынбайды.
      Жасаған қылмыстары үшін адамның алынбаған немесе жойылмаған соттылықтары болып, қылмыстардың санаттары туралы қылмыстық заң қылмыстың ауырлығын ұлғайту жағына қарай өзгергенде, қылмыстардың қайталануын тану кезінде үкім шығарған сәттегі қылмыстың қай санатқа жататынын ескеру керек.
      Егер сотталушы жасаған қылмысы үшін сотталып, ол бойынша алынбаған және жойылмаған соттылығы болса, заңның өзгеруіне байланысты қылмыстар онша ауыр емес қылмыстар санатына ауыстырылған жағдайда, олардың санатын қылмыстық заңның 5-бабына сәйкес анықтап, жаңа заң бойынша қылмыстардың қайталануын тану кезінде ескеру керек.

Бұрын бірнеше қылмыс жасап, бір үкіммен сотталған немесе жаңадан бірнеше қылмыс жасаған адамдардың әрекеттерінде қылмыстың қайталануын тану туралы мәселені қарағанда қылмыстардың немесе үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті белгіленген жазаны емес, нақты қылмысты жасағаны үшін тағайындалған жазаны негізге алу қажет, оны жасағаны үшін сотталғаны қылмыстың қайталануының тиісті түрін анықтау үшін негіз болып табылады.
      Абайсызда жасаған қылмысы үшін адамды бас бостандығынан айыруға соттап, оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес, қасақана қылмыстың жиынтығына кіретін өзге жаза тағайындаған жағдайда, ҚК 13-бабы екінші бөлігінің а) тармағына, үшінші бөлігінің а) және б) тармақтарына сәйкес қылмыстың қайталану түрін анықтағанда, аталған адам қасақана қылмыс үшін сотталған немесе бас бостандығынан айыруға сотталған ретінде есептелмейді.
      Егер адам бір ауырлықтағы санатқа жатқызылған қасақана жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталған болса және жиынтыққа кіретін әрбір қылмысы үшін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған жағдайда, онда ол адамды жаңа қылмысты жасау кезінде соттылығы жойылмаған және алынбаған қылмыстары үшін сотталған деп есептеу қажет.

Қылмыстық заңның 13-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, сотталушының әрекетіндегі қылмыстың қайталануын тану үшін бір мезгілде екі шарттың болуы қажет: жасалған қылмыстары үшін сот тағайындаған жаза түріне қарамастан, адамның қасақана қылмыс жасағаны және бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін соттылығының болуы қажет. ҚК 13-бабы екінші бөлігінің а) тармағына және үшінші бөлігінің а), б) тармақтарына сәйкес қылмыстың қайталануын тиісінше қауіпті немесе аса қауіпті деп тану үшін адам бұрынғы үкімдер бойынша, сондай-ақ қаралып отырған іс бойынша шығарылған үкіммен нақты бас бостандығынан айыруға сотталған болуы керек. ҚК 13-бабы екінші бөлігінің б) тармағы және үшінші бөлігінің в) тармағы бойынша қылмыстың қайталануын тану бұрынғы үкімдер бойынша және қаралып отырған іс бойынша шығарылған үкім бойынша тағайындалған жазаға байланысты емес.

Қылмыстық заңның 13-бабы үшінші бөлігінің а) тармағын қолданғанда, бұрын орташа ауырлықтағы қасақана қылмыс жасап үш рет сотталғаны немесе қасақана ауыр қылмыс жасап үш рет сотталғаны не біреуі ауыр қылмыс болып табылатын, ал басқасы орташа ауырлықтағы қылмысқа жататын қасақана қылмыстар жасағаны үшін үш рет сотталғаны — қылмыстың қайталануын аса қауіпті деп тану үшін жеткілікті болып табылады.
      Қылмыстық заңның 13-бабы үшінші бөлігінің б) тармағына сәйкес, бұрын аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бір рет соттылығының немесе ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет соттылығының бар болуы — қылмыстың қайталануын аса қауіпті деп тану үшін жеткілікті болып табылады.

Бұрынғы немесе соңғы үкім бойынша сотталушыға түпкілікті жаза ҚК 58-бабының алтыншы бөлігінде көрсетілген ережелер бойынша белгіленсе, онда қылмыстың қайталануын тану кезінде бұл қылмыстар үшін бірнеше үкім бойынша соттылық қылмыстың жиынтығы бойынша бір соттылық ретінде ескеріледі.

Бұрынғы үкімдер бойынша, сонымен қатар қаралып отырған іс бойынша қылмыстың қайталануын тану үшін қылмыстың жасалу сатысы маңызды емес (қылмыс аяғына дейін жасалғаны немесе оны жасауға оқталу орын алғаны). Сондай-ақ, қылмыстың қайталануын тану үшін сотталушының қылмысты орындаушы екендігі немесе оның қылмысқа қатысуы басқа нысанда болғандығы, ол бұрынғы үкім бойынша жазаны толық өтегені, оны өтеу мерзімі ішінде жаңа қылмыс жасағаны, не заңда көзделген негіздер бойынша жазадан босатылуына байланысты жазаның мерзімін толық өтеген-өтемегені маңызды емес.

Қылмыстың қайталануының белгілі бір түрін тану үшін негіз болып табылатын алынбаған және жойылмаған соттылықтар заңда қарастырылған жағдайларда жаңадан жасалған қылмыстарды «қылмыстың бірнеше мәрте жасалуы» немесе «бұрын сотталған адамның осыған ұқсас қылмыс жасауы» деген белгілер бойынша саралаған кезде де ескеріледі. Мұндай жағдайларда, кәмелетке толмаған кезде жасалған қылмыстары үшін соттылық саралау кезінде ескерілмейді және жаңадан жасаған қылмысы үшін жаза тағайындаған кезде ҚК 59-бабының екінші бөлігінде көрсетілген ережелер қолданылмайды.

Қылмыстардың қайталануының болуы ҚК 54-бабы бірінші бөлігінің а) тармағына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікті және жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде ескеріледі, сондай-ақ ҚК 59-бабына сәйкес, сотталушыларға жаза түрін және мөлшерін айқындаған кезде ескеріледі және қылмысты саралау бойынша қылмыстық заңның санкциясында көрсетілген жазаның неғұрлым қатаң түрін тағайындауға әкеп соғады. Қылмыстың қайталануы кезінде жазаны тағайындағанда ҚК 59-бабының ережелерін қолданбауға осы баптың 3-бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болғанда ғана жол беріледі. ҚК 59-бабына сәйкес жаза тағайындаған кезде, сондай-ақ «Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 19 қазандағы № 15 нормативтік қаулысының 8-тармағында және «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» 1999 жылғы 30 сәуірдегі № 1 нормативтік қаулысының 13-тармағында берілген түсіндірмелерді басшылыққа алу керек. Қылмыстың қайталануы кезінде жазаны тағайындаған кезде ҚК 59-бабының ережелерін қолдану не қолданбауды сот үкімде дәлелдеуге міндетті.

Сот адамның әрекетінен қылмыстың қайталануының тиісті түрін таныса, оған түзеу мекемесінің түрін белгілеген кезде ҚК 48-бабын, сондай-ақ «Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға түзеу мекемелерiнiң түрлерiн тағайындау жөнiндегi сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы № 7 нормативтік қаулысын басшылыққа алады.

Соттың үкімімен сотталғандардың әрекеттерінде қылмыстың қайталануының тиісті түрін анықтау, жойылу мерзімі аяқталғанға дейін соттылықты алып тастау туралы мәселені қарағанда ескеріледі. ҚК 77-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, сот үкімі бойынша қылмыстың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануы үшін жаза тағайындалған адамдардың соттылығын, соттылықтың жойылу мерзімі аяқталғанға дейін алып тастауға жол берілмейді.

Қылмыстардың қайталануы туралы істерді қарағанда алынбаған және жойылмаған соттылығы бар адамдардың қылмысты бірнеше рет қайталап жасауына әсер ететін себептерді және жағдайларды анықтау керек, үкімдердің атқарылуын жүзеге асыратын және сотталғандардың түзелуі және қайта тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын органдардың жұмыстарындағы кемшіліктерге назар аудару керек. Атап айтқанда, жазасын өтеу кезеңінде және жазадан босатылғаннан кейін олармен тәрбиелік алдын алу жұмыстары жүргізілген-жүргізілмегенін, бұрын сотталғандардың жүріс-тұрысына бақылау жасау жүзеге асырылғанын және қажетті жағдайларда әкімшілік қадағалау белгіленгенін, оларды еңбекке орналастыру және олардың тұрмыс жағдайына көмек көрсетілгенін және басқа да мәселелерді анықтау керек. Қажетті жағдайларда ҚІЖК 59-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, жеке қаулылар шығару қажет.

    Қылмыстың жиынтығы бойынша жаза тағайындау.

Қылмыстың жиынтығы деп, бір адамның қылмыстық заңның әртүрлі баптарында көрсетілген екі немесе одан де көп қылмыстарды істеп, осы қылмыстың бірде-біреуі үшін сотталмағандығын айтамыз.

Қылмыстың жиынтығы бойынша жаза тағайындау ҚК 58 б 1 бөлігінде көрсетілген соған сәйкес егер бір адам ҚК әртүрлі баптармен немесе бір ьаптың әртүрлі бөлімдерімен  қарастырылған екі немесе одан да көп қылмыстарды істегені үшін кінәлі деп танылса  бірақ осы қылмыстардың бірде-біреуі үшін сотталмаған болса, сот негізгі жазаны, ал керекті заттарда және қосымша жазаны әрбір қылмысқа бөлек тағайындап алып, түпкілікті жазаны ауырырақ жазаға сіңіру жолымен немесе тағайындалған жазаларды түгілдей, ия болмаса, ішінара қосу жолымен  заңның ауырырақ жаза белгіленген бабындағы шектеп асырма жазаны жиынтықпен бірақ тағайындайды. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау процедурасы екі кезеңнен тұрады: 1) Қылмыстардың жиынтығына жататын әрбір қылмыс үшін жазаның бөлек бөлек тағайындайды. 2) Осы қылмыстардың жиынтығы бойынша соңғы жазаны белгілеу қылмыстардың жиынтығын құрайтын әрбір қылмыс үшін жазаны бөлек бөлек тағайындау ҚК 58 бабының бір талабы болып табылады. Жаза тағайындаудың  бұндай тәртібі  нақты қылмыстардың түрі бойынша кінәліге сотталғаннан кейін рақымшылық немесе кешірім жасауға мүмкіндік береді.Қылмыстық істі аппеляциялық немесе қадағалау тәртібімен қарастыру жағдайында бөлек қылмысқа тағайындалған жазаны жеңілдетуге негіз болғанда немесе үкімнен мүлдем алып тастауға мүмкіндік болады.

Қылмыстардың жиынтығы бойынша соңғы жазаны тағайындау қатандығы төмен жазаны қатандығы жоғары немесе толық жолымен және тағайындалған жазаны ішінара қосындысын сіңіру принципінің негізінде болады.

Егер қылмыстардың жиынтығы өзіне ауырлығы төмен және ауырлығы орташа қылмыстарды ғана қосатын болса, соңғы жазаны тағайындау қатаңдығы жеңілірек жазаны қатаңдығы жоғары жазаға сіңіру жолымен жургізіледі.

Сіңіру принциптерін қолданғанда сот кінәлінің әрекеті сараланған ҚК-тің Ерекше бөлімінің баптарының санкциялары арқылы емес жасалған әрбір қылмысқа тағайындалатын санкцияларының шегінде нақты жазаны ескереді. Сондай-ақ қатандығы жеңілірек жаза қатандығы жоғары жазаға сіңдіріледі.

Бөлек қылмыстарға тағайындалған жазаларды қосу толық немесе ішінара болуы мүмкін, бірақ кез келген жағдайда қосу кезінде жазаның қатандығы бөлек қылмыстарға тағайындалған жазалардың кез келгенінен жоғары болуы керек. Толық қосындысы кезінде жиынтық бойынша соңғы жаза жиналған сомасына тең. Жазаның ішінара қосындысы кезінде қатаңдығы жоғары жазаға бөлек қылмысқа арналған жазаның бір бөлігі қосылады.

Егер қылмыстардың жиынтығы өзіне ауыр немесе аса ауыр қылмыстарды қосса онда соңғы жаза қатаңдығы жеңілірек жазаның қа-таңдығы жоғары қылмықа сіңіру арқылы, болмаса жазаларды қосу принципі жолымен тағайындалады. Бұл жағдайда бас бостандығынан айыру түрінің соңғы жазасы 20 жылдан аспауы тиіс.

Егер қылмыстардың жиынтығы өзіне, бас бостандығынан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өлім жазасын, өмір бойына бас бостандығынан айыруды қосатын болса, онда соңғы жазаны тағайын-дау толық немесе ішінара қосу жолымен тағайындалады. Бұл жағдайда бас бостандығынан айыру түріне соңғы жаза 25 жылдан аспау тиіс.

Мерзімдерді қосу кезінде оларды белгілеу тәртібі ҚК-тің  61-бабымен жүзеге асырылады, ал ол жерде былай көрсетілген, қылмыстардың және үкімдердің жиынтығы бойынша жазаларды ішінара немесе толық қосу кезінде бас бостандығынан айырудың бір күніне:

  • қамаудың немесе тәртіптік әскери бөлімде ұстаудың бір күні;
  • бас бостандығын шектеудің екі күні;
  • түзеу жұмыстарының немесе әскери қызмет бойынша шектеудің үш куні;
  • қоғамдық жұмыстарға тартудың сегіз сағатына.

Сот жиынтықты құрайтын қылмыстарға әр түрлі жаза тағайындағанда: мысалы, бір қылмыс үшін – айыппұл, басқа қылмыс үшін – белгілі бір лауазымға ие болу құқығынан айыру немесе белгілі бір қызметке ие болуға, үшінші қылмыс үшін – бостандықты шектеу және т.б. ҚК-тің 61- бабының 2-бөлігінде қарастырылған мерзімдерді қосу кезінде оларды белгілеу тәртібі қолданылады.

Басқа сөзбен айтқанда мұндай жазаларды қосу кезінде айыппұл салу белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнаулы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеңнен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сынбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу оларды бас бостандығын шектеумен, түзеу жұмыстарымен, қамаумен, тәртіптік әскери бөлімде ұстаумен, бас бостандығынан айырумен қосқан кезде дербес орындалады.

Қылмыстардың жиынтығы бойынша қосымша жазаларға соңғы жазаны қолданудың тәртібі ҚК-тің 58-бабының 5-бөлігінде көрсетілген, соған сәйкес тағайындалған негізгі жазаға жиынтықты құрайтын қылмыстар үшін тағайындалған қосымша жазалар қосылуы мүмкін. Бұл жағдайда түпкілікті қосымша жаза қосу кезінде аталған жаза түріне тағайындалған ҚК-тің 50-бабы (арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан; сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру), 51-бабы (мүлікті тәркілеу), 40-бабы (айыппұл), 41-бабы (белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру) үшін белгіленген ең жоғары мерзімінен немесе мөлшерінен аспауы  керек.

ҚК-тің 58-бабымен көрсетілген тәртіптер соттың үкімі шыққан-нан кейін әшкере болғанда қолданылады. Бұл жағдайларда түпкілікті жазалардың мерзіміне соттың бірінші үкімі бойынша өтелген жаза ескеріледі.

Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау.

ҚК-тің 60-бабына сәйкес, үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау мынадай жағдайда орын алады, егер сотталған адам үкім шығарылғаннан кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін жаңадан қылмыс жасаса.

Үкімдердің жиынтығының белгілері болып:

  1. адамға жаза тағайындауға болатын , үкімнің болуы;
  2. жаза сотталушымен әлі толық өтелмеген болса;
  3. тағайындалған соттың үкімі бойынша жазаны толық өтеп болғанға дейін жаңа қылмыстың жасалуы.

Үкімдердің жиынтығы кезінде бұрыңғы жасаған қылмысы үшін адам сотталғаннан кейін жаңа қылмыс жасалады. Бұл мән-жайлар кінәлінің қоғамға қауіптілігі жоғары екендігін дәлелдейді. Сондықтан заңмен қатаңдығы жоғары жазаның тәртібін тағайындауға әкеп соғады.

Қайта жасалған қылмыс үшін тағайындалған жазаның жазадан және соттың үкімі шығып қойған жазаның өтелмеген бөлігінен үкім-дердің жиынтығы бойынша түпкілікті жаза жоғары болуы тиіс.

Сонымен бірге, егер үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті жаза бас бостандығынан айыруымен байланысты болмаса, ҚК-тің Жалпы бөлімінде осы жаза үшін көрсетілген мерзімнен немесе мөлшерден аспауы тиіс.

Ал үкімдердің жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза 25 жылдан аспауы тиіс.

Егер үкімдердің жиынтығында қылмыс жасаған үшін заңмен көрсетілген бас бостандығынан 20 жылға дейін айыру немесе өлім жазасы заңмен көрсетілген қылмыстардың біреуін жасаған деп таныл-ған үкім қамтылатын болса, бас бостандығынан айыру түріндегі үкімдер жиынтығы бойынша түпкілікті жаза 30 жылдан аспауы керек. Бірдей сондай-ақ әр түрлі жазаларды (олардың ішінде қосымша жаза) қосу, ҚК-тің 58-бабы және 61-баптарымен белгіленген тәртіптермен жүргізіледі.

Осыған орай, үкімдердің жиынтығы кезінде сот жазаны келесі тәртіптер бойынша тағайындайды:

  1. қайта жасалған қылмыс үшін жаза анықталады;
  2. бұл жазаға сот толық немесе ішінара бұрын тағайындалған үкімнің өтелмеген бөлігін қосады.

Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындаудың тәртібі ҚК-тің 58-бабында көрсетілген тәртіппен (қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау) айырмашылығы мынада, бұл жерде жазаларды қосу принциптерін қолдану көрсетілген (ҚК-тің 58-бабында жазаны сіңіру принципі де көрсетілген). Екінші ерекшелігі бас бостан-дығынан айыру ретінде мұндай жазалардың түрін қосу кезінде ең жоғарғы мерзімдерді қамтиды.

Жазалар, сонымен бірге қосуға жатпайтын қосымша жазалар ҚК-тің 61-бабына сай өзіндік толықтырылады. Солардың ішінде: айыппұл, белгілі бір қызметке ие болуға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға, арнаулы, әскери, құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу. Іс бойынша үкім шыққаннан кейін бірақ жазаның толық өтеп болғанға дейін адам бір емес екі немесе одан да көп қылмыс жасаса. Мұндай жағдайда қылмыстардың жиынтығы және үкімдердің жиынтығының жиыны орын алады. Сот біріншіден, ҚК-тің 58-бабының  негізінде жаңа қылмыстар үшін жаза тағайындалуы керек. Содан кейін жаңа қылмыстардың жиынтығы бойынша тағайындалған соңғы жазаға, сот ҚК-тің 60-бабында көрсетілген тәртіптерді қолдана отырып бірінші үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігін толық немесе ішінара қосады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Жоғарыда баяндалғандарды келесідей қорытуымызға болады. Бiр ғана тұлғаның бiрнеше рет қылмысқа баруы — қоғам үшiн аса қауiптi болып табылады. Бiрiншiден, қылмыстық құқықтың қорғауындағы қоғамдық қатынастарға тиетiн зиян объективтi түрде анағүрлым арта түседi. Екiншiден, бiр тұлғаның жасаған қылмыстары әртүрлі  объектiлерге қиянат келтiретiн болса, зиян келетiн қоғамдық қатынастардың қатарының өзі де кеңейе түсуi мүмкiн. Бір тұлғаның бiр ғана емес, бiрнеше қылмыс жасауының өзі әдетте, бұл қылмыскердiң бойында тұрақты түрде қоғамға қарсы бағыт қалыптасқандығын дәлелдейдi. Мұның өзі жағдайдың тең қарастырылуы барысында бұл тұлғаға неғүрлым қатал қылмыстық-құқықтық ықпалдың қолданылуын талап етедi. Сонымен қатар, бiр тұлғаның бiрнеше қылмыс жасауы, оның iстегендерiнiң дұрыс саралануы мәселесiн де туындатады.

Тұлғаның қылмыстық жауапқа тартылуының ескiру мерзiмi өтпеген немесе соттылығы жойылмаған не алынып тасталмаған немесе қылмыстық жауапқа тартылу заңға сәйкес тоқтатылмаған екi не одан да көп қылмыс жасауы қылмыстық құқықта қылмыстардың көптігі деп танылады. Қазiргi қылмыстық заңдар бойынша қылмыстардың көптігінiң төмендегiдей түрлерi айқындалып, ажыратылады:

1) қылмыстың бiрнеше мәрте жасалуы;

2) қылмыстардың жиынтығы;

3) қылмыстың қайталануы.

Қылмыстардың көптігінiң өзіне тән белгiсi бiр тұлғаның кемiнде екi қылмыс, яғни қылмыстардың дербес құрамының белгiлерi бар әрекеттер (немесе жиынтықталған бiр әрекет) жасауы. Ал әкiмшiлiк құқық бұзушылық, азаматтық-құқықтық тәртiп бұзушылық, сол сияқты, ҚК-тiң 9-бабының 2-бөлiгiнде қарастырылған iс-әрекет немесе әрекетсiздiк қылмыстың көптігіне жатпайды.

Қылмыстық жауаптылықтың ескiру мерзiмi өтiп кеткен немесе соттылығы жойылған (алынып тасталған) заң бұзушылықтар да қылмыстың көптігіне жатпайды. Бұл туралы қылмыстың бiрнеше мәрте жасалуына қатысты ҚК-тiң 11-бабының 3-бөлiгiнде айтылған.

Сонымен қатар, қылмыстық-құқықтық салдар жоққа шығарылған әрекеттер де қылмыстардың көптігіне жатпайды. Ол жағдайлар, атап айтқанда мыналар: шын өкiнуiне (ҚК-тiң 65-бабы), қажеттi қорғанудың шегiнен асуына (ҚК-тiң 66-бабы), жәбiрленушiмен татуласуына (ҚК-тiң 67-бабы) байланысты немесе рақымшылық жасау актiсi негiзiнде (ҚК-тiң 76-бабының 2-бөлiгi) немесе ҚК-тiң Ерекше бөлiмiнде көрсетiлген жағдайларға орай (125, 165, 231, 233, 312 және басқа баптарда кездесетiн ескертулер) қылмыс жасаған тұлғаның қылмыстық жауаптылықтан босатылуы немесе босатылуға тиiстiлiгi.

Қылмыстардың көптігін жекелеген қылмыстан, яғни қылмыстың бiр ғана құрамының белгiлерiнен тұратын әрекеттен ажырата бiлу керек. Егер де жасалған қылмыс қарапайым құрамның белгiлерiнен тұратын қылмысты қылықтың бiр ғана көрiнiсi болса, әрине, жекелеген қылмыс түрiн қылмыстардың көптігінен ажыратып алу, әдетте, қиынға соқпайды.

Алайда, сот тәжiрибесiнде сырттай қарағанда жекелеген қылмыстардың қылмыстың көптігіне өте ұқсас болып келетiн жағдайлары да ұшырасады. Бұл күрделi (құрамдас), созылмалы, жалғаспалы қылмыстар жасағанда орын алады.

Жеке алғанда әрқайсысының өзі қылмыстың дербес құрамының белгiлерiнен тұра алатын, алайда iшкi түтастығына қарай бiр қылмыс ретiнде қарастырылушы екi немесе бiрнеше Әрекеттерден қүралатын қылмыстар күрделi (құрамдас) қылмыстар деп танылады.

Мүндай қылмыстардың ең кең тараған түрi ретiнде бөтен мүлiктi иелену мақсатымен жәбiрленушiнiң өмiрiне не денсаулығына қауiптi болып табылатын күш қолдану арқылы қол жеткiзетiн қарақшылықты мысалға алуға болады.

Жекелеген күрделi қылмыстардың қатарына екi әрекеттен, соның iшiнде балама әрекеттерден де тұратын қылмыстар жатады. ҚК-тiң 202-бабында төмендегiдей балама әрекеттерден тұруы мүмкiн бiр ғана қылмыс туралы сөз болады: құнды қағаздарды эмиссиялау жобасын оның жалған ақпараттардан тұратынын бiле тұра бекiту, сонымен бiрге, құнды қағаздарды шығару жөнiндегi есептiң жалған екендiгiн бiле тұра, оны бекiту. Кiнәлi адам осы әрекеттердiң тек бiреуiн жасаса да, бiрнешеуiн жасаса да оның iсi, бәрiбiр, қылмыстың бiр құрамынан тұрады деп есептеледi.

Белгiлi бiр қылмысты әрекет құрамын үзбестен жүзеге асырып отыру  созылмалы қылмыс болып табылады. Атап айтқанда, ол заңмен қылмыстық қудалану қаупiн төндiре отырып кiнәлiнiң мойнына артқан мiндеттердiң көп уақыт бойына орындалмауына келiп тiрелетiн әрекет немесе әрекетсiздiк.

Айталық, П өзiнiң ұлын асырауға қажеттi, сот шешiмi арқылы белгiленген қаржыны төлеуден бiр жарым жыл бойы қасақана бас тартты. Бұл уақыт аралығында ол өзінiң жұмыс орнын сегiз рет өзгертiп, бiр қаладан екiншi қалаға көшумен болды. Қылмысты қылығының осыншама уақытқа созылғанына қарамастан, П-ның iсi қылмыстың көптігіне жатпайды, ол созылмалы жалғыз ғана қылмыс болып табылады.

Созылмалы қылмыстар қатарына, сонымен қатар, қашқындық (ҚК-тiң 373-бабы), несиелi берешектi өтеуден әдейi жалтару (ҚК-тiң 195-бабы), шетел валютасындағы қаражатты шетелден қайтармау (ҚК-тiң 213-бабы) және басқалар жатады.

ҚК-тiң 11-бабының 1-бөлiгiне сәйкес жалғаспалы қылмыс ортақ ниетпен және мақсатпен қамтылып, тұтас алғанда, бiрдей қылмыстық әрекеттер қатарынан тұрады. Әдетте, жалғаспалы қылмыстар әрекеттерден туындайды, бiрақ әрекетсiздiктен де тұруы мүмкiн (ҚК-тiң 315-бабындағы — қызметтегi әрекетсiздiк). Барлығын тұтас алғанда жалғаспалы қылмысты құраушы әрекеттердiң әрқайсысы жеке алғанда дербес қылмыс болуы да, болмауы да мүмкiн (әкiмшiлiк немесе тәртiптiк жауаптылықпен байланысты немесе тiптi ешқандай заң жауаптылығына байланыссыз). Алайда, кез-келген жағдайда да, мұндай әрекеттердiң әрқайсысы заң тұрғысынан өз алдына жеке сараланбауы тиiс, себебi, ол жалғаспалы қылмыс болып табылатын тұтас әрекеттiң бiр кезеңi ғана. Мысал ретiнде жалғаспалы ұрлықты алуға болады. Егер кiнәлi деп табылған адам қоймадағы азық-түлiктi белгiлi бiр уақыт аралығында азғантай мөлшерде алып шығып ұрлап отырса, оның әрекеттерiнде қылмыстың көптігі болмайды. Бұл орайда, қылмыскердiң әр кезде ұрлап шығарған мүлкiнiң мөлшерiнiң маңызы жоқ. әр жолғы ұрланған мүлiк мөлшерi әртүрлі болып келтiрiлген залал бiр жолы айтарлықтай келесi бiр жолы елеусiз болғандықтан қоғамдық қауiптiлiкке жатпайтын және ҚК-тiң 9-бабының 2-бөлiгiне сәйкес қылмыс болып табылмайтын күнде де бұл ұрлықтың — жалғаспалы деп танылғаны орынды.

Ұрлықпен бiрге тұтынушыларды алдау (ҚК-тiң 223-бабы), ұрып-соғу (ҚК-тiң 106-бабы), азаптау (ҚК-тiң 107-бабы) және басқа да қылмыстар жалғаспалы қылмыстар қатарында жиi ұшырасады.

Қылмыстардың бiрнеше рет жасалуы дегеннiң мағынасына тереңiрек үңiлер болсақ, ол бiр тұлғаның екi немесе одан да көп қылмыстар жасауы. Бұл әрекеттерi үшiн тұлғаның сотталған-сотталмағандығы ескерiлмейдi.

Теория жүзiнде де, тәжірибе жүзiнде де қылмысты бiрнеше рет жасау екi түрге бөлiнедi жалпы және арнайы.

Қылмыстардың қайталануының кез-келген түрi, оның қоғамдық қауiптiлiгiнiң сипаты мен деңгейiне қарамастан жалпы бiрнеше рет қайталану деп табылады. Жалпы бiрнеше рет қайталану қылмыстардың саралануына ықпал жасамайды, бiрақ жаза тағайындау кезiнде сот бұл жағдайды жауаптылықты ауырлататын мән-жай ретiнде ескеруi мүмкiн (ҚК-тiң 54-бабының 1-бөлiгiнiң «А» тармағы).

Кiнәлi тұлғаның ұқсас немесе бiртектес екi немесе одан да көп қылмыс жасауы арнайы бiрнеше рет жасалу деп табылады. ҚК-тiң 11-бабының 1-бөлiгiнде дәл осындай бiрнеше рет жасалу туралы айтылған: «Осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң белгiлi бiр бабында немесе бабының бөлiгiнде көзделген екi немесе одан да көп әрекеттi жасау — қылмыстардың бiрнеше рет жасалуы деп танылады».

Нақты жағдайлар тұрғысынан өзара айырмашылықтары болғанымен, бiрдей қылмыс құрамының белгiлерiнен тұратын қылмыстар, ұқсас (бiрдей) қылмыстар деп есептеледi.

Мысалы, бiр тұлғаның кiсi өлтiру қылмысын екi рет жасауының бiр-бiрiнен қылмыстың жасалған уақыты, орны және басқа да нақты жағдайлары түрғысынан өзара айырмашылығы болуы мүмкiн, бiрақ бұл ҚК-тiң 96-бабында қарастырылған қылмыс құрамының белгiлерi бойынша ұқсас (бiрдей) болып келедi.

ҚК-тiң Ерекше бөлiмiнiң бiрқатар нормаларында ұқсас қылмыстардың бiрнеше мәрте жасалуының орын алуы салаушы мән-жайлар болып табылады (ҚК-тiң 96-бабының 2-бөлiгiнiң «А» тармағы; 120-бабының 2-бөлiгi және т.б.).

Заңмен тiкелей қарастырылған жағдайларда бiртектес қылмыстардың да бiрнеше мәрте жасалуы ескерiледi. Белгiлi бiр объектiге немесе соған ұқсас объектiге қайталап қиянат келтiрушi, кiнӘнiң түрi бiрдей және басқа да объективтiк және субъективтi ұқсас белгiлерден тұратын қылмыстар (мысалы, ұрлық, тонау, қарақшылық, т.б.) бiртектес қылмыстар деп танылады. Бiртектес қылмыстарды есепке алу мүмкiндiгi ҚК-тiң 175-бабына қатысты 3-ескертуде тiкелей қарастырылған, атап айтқанда онда былай делiнген: «Осы Кодекстiң 175, 181-баптарындағы бiрнеше рет жасалған қылмыс деп осы бапта, сондай-ақ осы Кодекстiң 248, 255, 260-баптарында көзделген бiр немесе одан да көп қылмыстардан кейiн жасалған қылмыс танылады». Осыған орай, бөтеннiң мүлкiн ұрлау қылмысы, бұған дейiн де мүлiк ұрлағандықтан ғана емес, сонымен қатар, кiнәлi тұлға жоғарыда аталған қылмыстардың бiрiн бұрын жасаған жағдайда да бiрнеше рет жасалған деп танылатын болады.

Бiрнеше рет жасалу ұғымы, кiнәлi тұлғаның сотты болған қылмыстарымен қатар, оның қылмыстық жауаптылыққа әлi тартылмаған әрекеттерiн де қамтиды. Аяқталған немесе аяқталмаған қылмыс деп саралануына, кiнәлi тұлғаның бұл қылмыстардың орындаушысы немесе оған бiрлесiп қатысушы болуына қарамастан, бұл әрекеттер бiрнеше рет жасалған деп танылады.

Бiрнеше рет қайталанудың заң тұрғысынан алғанда мәнi мынада: бiрiншiден, жоғарыда айтылғанындай ҚК-тiң 54-бабының 1-бөлiгiнiң «А» тармағына сәйкес сот оны жауаптылық пен жазаны ауырлататын жағдай ретiнде қарастыратындығында. Екiншiден, ҚК-тiң 11-бабының 5-бөлiгiне орай «Қылмыстардың әлденеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соқтыратын мән-жай ретiнде көзделген жағдайларда адамның жасаған қылмысы осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң қылмыстарды бiрнеше мәрте жасағаны үшiн жазалауды көздейтiн бабының тиiстi бөлiгi бойынша айқындалады деп көрсетiлгендiгiнде».

ҚК-тiң 12-бабының 1-бөлiгiнде айтылғандай «Осы Кодекстiң түрлі баптарында немесе баптарының бөлiктерiнде көзделген, адам солардың бiрде-бiреуi үшiн сотталмаған немесе заңмен белгiленген негiздер бойынша қылмыстық жауаптылытан босатылмаған екi немесе одан да көп әрекеттердi жасау қылмыстардың жиынтығы деп танылады. Қылмыстардың жиынтығында адам, егер жасалған әрекеттердiң белгiлерi ҚК-тiң бiр бабының немесе бабының бiр бөлiгiнiң неғұрлым қатаң жаза қолдануды көздейтiн нормасымен қамтылмаған болса әрбiр жасалған қылмыс үшiн ҚК-тiң тиiстi бабы немесе бабының бөлiгi бойынша қылмыстық жауапқа тартылады».

Басқаша айтқанда, кiнәлi тұлғаның жасаған қоғамдық қауiптi әрекеттерiнң жиынтығы кезiнде, қылмыстың екi немесе одан да көп құрамдары орын алады. Және де ескерiлетiн жай кiнәлiнiң жасаған iстерi ҚК-тiң Ерекше бөлiмiнiң түрлі баптарында немесе бiр бабының әр түрлі бөлiктерi мен тармақтарында қарастырылған қылмыстардың белгiлерiне сай болуы керек. Тұлғаның бiртектес әрекеттер жасауы, ол әрекеттердiң кейбiреулерi аяқталған қылмыс, қалғандары қылмыс жасауға даярлану, оқталу немесе бiрлесiп қатысу сияқты болып сараланса да — қылмыстардың жиынтығы болып табылады. Құрамына кiретiн iстердiң ешқайсысы үшiн тұлға бұрын сотталмаған жағдайда ғана қылмыстар жиынтығы орын алады. Ал бұдан өзге жағдайларда ол қылмыстың жиынтығы емес, қылмыстың бiрнеше мәрте жасалуы немесе қайталануы болады. Iс жүзiнде, субъектiнiң қылығында қылмыстың көптігінiң бiрнеше түрлерi, атап айтқанда, қылмыстардың бiрнеше мәрте жасалуы мен жиынтығы, қылмыстардың жиынтығы мен қайталануы бiрден байқалатындығы жиi ұшырасады. Қылмыстардың жиынтығының түрлерiнiң әрқайсысының заңды салдары дербес туындайды. Бұдан басқа, жиынтықтың құрамына енетiн қылмыстар бойынша, жоғарыда айтылғанындай, қылмыстық жауаптылыққа тартылудың ескiру мерзiмiнiң өтiп кетпеуi, осы қылмыстардың бiреуi бойынша қылмыстық жауаптылықтан заң жүзiнде тағайындалған негiздер арқылы бұрын босатылмағандық болуы қажет.

Қылмыстар жиынтығының екi түрi болады: идеалды және нақты.

Кiнәлi тұлға өзінiң бiр ғана әрекетi арқылы, қылмыстық заңның әртүрлі баптары бойынша сараланатын екi немесе одан да көп қылмыс жасаған жағдайда идеалды жиынтық орын алады. Қылмыстар жиынтығының бұл түрi ҚК-тiң 12-бабының 2-бөлiгiнде тiкелей қарастырылған. Идеалды жиынтық үшiн кiнәлiнiң жасаған iсiнiң бiр-ақ рет орын алуының немесе ол iстiң әжептәуiр ұзақ уақыт аралығында жасалып келгендiгiнiң еш маңызы жоқ.

Үйдiң iшiндегi адамды өлтiру мақсатымен сол үйдi өртеп жiберу  идеалды жиынтықтың айқын, нақты үлгiсi. Бұл мысалда жалғыз әрекет арқылы бiрден екi қылмыс, яғни мүлiктi қасақана жою немесе бұлдiру (ҚК-тiң 187-бабының 2-бөлiгi), әрi кiсi өлтiру (ҚК-тiң 96-бабы) жасалып отыр. Бұл жерде, кiнәлi адамның үйдiң iшiндегi кiсiнi өлтiру жөнiндегi ниетiнiң болу-болмауы iстiң айқындаушысы болып табылады. Егер кiсi өлтiру жөнiнде ниет болмаған жағдайда, бұл iс  не тиiстi жағдайларға қарай бiр ғана қылмыс ретiнде сараланады, атап айтқанда: бөтен мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiрудiң абайсызда адам өлiмiне әкелiп соқтыруы (ҚК-тiң 187-бабының 3-бөлiгi).

Тұлғаның өзінiң әр түрлі әрекеттерi арқылы қылмыстық заңның түрлі баптарына (бiр баптың бөлiктерi мен тармақтарына) сай келетiн бiрнеше қылмыс жасауы нақты жиынтық деп қарастырылады. Мысалы, адам алдымен ұрлық, содан кейiн қарақшылық шабуыл жасайды.

Нақты жиынтықтың идеалды жиынтықтан айырмашылығы тұлғаның жасаған қылмыстарының арасында уақыт үзiлiсiнiң болу-болмауында. Бұл үзiлiс тiптi азғантай ғана болып, бiр қылмысқа екiншi қылмыс ұласып отыруы мүмкiн.

Қылмыстар жиынтығының идеалды және нақты болып бөлiнуiнiң теориялық қана емес, практикалық тұрғыдан да маңызы зор.

Бiрiншiден, нақты жиынтықтың болуы, әдетте, қылмыс жасаған адамның қоғам үшiн анағүрлым қауiптi екенiн дәлелдейдi. Ал мұның өзі жаза тағайындау кезiнде соттың неғүрлым қатаң шара қолдануына әкелiп соқтырады, себебi алғашқы қылмыстың жасалуы екiншi қылмыс үшiн жаза тағайындау кезiнде ауырлатушы жағдай ретiнде танылуы мүмкiн (ҚК-тiң 54-бабының 1-бөлiгiнiң «а» тармағы).

Екiншiден, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескiру мерзiмi идеалды және нақты жиынтық кезiнде әрқалай есептеледi.

Үшiншiден, нақты жиынтық заңмен көзделген жағдайларда бiрнеше мәрте қайталаудың саралаушы белгiлерiн құрауы мүмкiн (ҚК-тiң 175-бабына қатысты 3-ескерту). Ал идеалды жиынтық кезiнде бұл жағдай мүлдем болмайды.

Қылмыстардың жиынтығын бiр қылмыстың ҚК-тiң Ерекше бөлiмiнiң бiрнеше баптарымен бiрден қамтылатын кезiндегi нормалардың бәсекелестiгiнен ажырата бiлу керек. Жиынтықпен салыстырғанда, нормалар бәсекесi кезiнде бiр ғана қылмыс жасалады және сот ҚК-тiң баптарының iшiнен осы әрекеттi саралайтындай бiреуiн ғана таңдап алуы тиiс.

Ал норманың жалпы және арнайы түрлерiнiң бәсекесi кезiнде арнайы норма қолданылуы тиiс. ҚК-тiң 12-бабының 3-бөлiгiнде былай делiнген: «Егер белгiлi бiр және нақ сол әрекет осы Кодекстiң тиiстi баптарының жалпы және арнаулы нормаларының белгiлерiне сәйкес келсе, қылмыстардың жиынтығы болмайды және қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң арнаулы норманы қамтитын бабы бойынша туындайды». Мысалы, судьяны оның заңды қызметiне кедергi жасау үшiн өлтiрудi ҚК-тiң қызметтiк iс-әрекетiн жүзеге асыруына байланысты кiсi өлтiру үшiн жауаптылық көзделген 96-бабының 2-бөлiгiнiң «Б» тармағына сәйкес емес, ҚК-тiң сот төрелiгiн немесе алдын-ала тергеудi жүзеге асырушы адамдардың өмiрiне қол сұғу үшiн жаза тағайындайтын 340-бабы бойынша саралау керек, себебi екiншi норма бiрiншiге қатысты арнайы болып табылады.

Егер де арнайы нормалардың өзара бәсекесi туындаса, жазаның қандай түрi қарастырылатынына қарамастан, арнайы норма қолданылуы тиiс. Сараланған және ерекше сараланған құрамдардан тұратын нормалардың бәсекесi кезiнде, қылмыстың ерекше сараланған нормасынан тұратын норма қолданылуы тиiс. Мысалы, ұйымдасқан топтың бiрнеше рет жасаған ұрлығы саралаушы белгi ретiнде бiрнеше рет жасалуды қарастыратын 175-баптың 2-бөлiгi мен осы баптың ерекше саралаушы белгi ретiнде қылмысты ұйымдасқан топтың жасауын қарастыратын 3-бөлiгiнiң жиынтығы арқылы сараланбауы тиiс. Бұл жерде кiнәлiнiң әрекеттерi аталған баптың едәуiр сараланған құрамынан тұратын 3-бөлiгi бойынша саралануы тиiс. Ал айыптау қорытындысы саралаушы белгiлердiң бәрiнде, яғни әрi сараланған, әрi ерекше сараланған құрамдарды құрастырушы белгiлердi қамтуы тиiс. Артықшылықты екi құрамның бәсекелестiгi кезiнде (жеңiлдетушi мән-жайлары бар) артықшылығы басым құрамға жол бередi. Мысалы, жан күйзелiсi жағдайында қажеттi қорғаныс шегiнен шығып, осының салдарынан, өзіне шабуыл жасаған адамды өлтiрген тұлғаның әрекеттерi бiрден екi бап бойынша, яғни ҚК-тiң 98 және 99-бабы бойынша саралануға тиiс, себебi оның жазалаушы шарасы жеңiлдеу.

Сараланған және жеңілдетілген мән-жайлары бар құрамдардан тұратын нормалардың бәсекесi жеңілдетілген мән-жайлары бар құрамнан тұратын норманың пайдасына шешiледi. Мысалы, кенет пайда болған жан күйзелiсi жағдайында, жәбiрленушiнiң заңға қарсы әрекеттерiне байланысты субъектi екi адам өлтiрсе, оның әрекеттерi 96-баптың 2-бөлiгiнiң «А» тармағы бойынша емес, ҚК-тiң 98-бабының 2-бөлiгi бойынша саралануы тиiс.

Бөлшек пен бүтiннiң бәсекелестiгi кезiнде де қылмыстардың жиынтығы болмайды (бiр қылмысты әрекет басқа қылмыстың мiндеттi белгiсi болып табылған кезде). Әдеттегiдей мысал ретiнде қарақшылықты айтуға болады (ҚК-тiң 179-бабы). Шабуыл кезiнде жәбiрленушiнiң өмiрi не денсаулығы үшiн қауiптi болып табылатын күш қолдану оның мiндеттi белгiлерiнiң бiрi болып табылады. Егер де қарақшылық шабуыл жасау барысында кiнәлi жәбiрленушiнiң денсаулығына залал келтiрсе, оның әрекеттерi ҚК-тiң осындай залал тигiзгендiк үшiн жауаптылық қарастыратын баптарының жиынтығы арқылы саралануды қажет етпейдi. Бұл жағдайда iстелгеннiң бәрiне неғұрлым толық заңды саралаушы норма, яғни ҚК-тiң 179-бабы қолданылады.

Егер де, басқа қылмысты тәсiлi болып табылатын әрекет, бұл қылмыс құрамының заң арқылы қарастырылатын мiндеттi белгiсi болып табылмаса, мүндай әрекет жеке қылмыс ретiнде танылып, iстелген әрекеттердiң барлығы ҚК-тiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарының жиынтығы бойынша сараланады. Мысалы, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алудың немесе ысырап етудiң жолы болып табылатын қызметтiк жалғандық жасау, ҚК-тiң 12-бабының 1-бөлiгiне сәйкес тұлғаның әрбiр жасалған қылмысы үшiн ҚК-тiң тиiстi бабы немесе бабының бөлiгi бойынша Қылмыстық жауапқа тартылатындығында.

Қайталану — қылмыстың бiрнеше мәрте жасалуының бiр түрi болып табылады. ҚК-тiң 13-бабының 1-бөлiгiне сәйкес қылмыстардың қайталануы бұрын қасақана қылмысы үшiн соттылығы бар адамның қасақана қылмыс жасауы ретiнде түсiндiрiледi. ҚК-тiң осы бабының 4-бөлiгiнде 18 жасқа толмаған адамның жасаған қылмысы үшiн соттылығы, сондай-ақ Кодексте белгiленген тәртiп бойынша алынып тасталған немесе жойылған соттылық қылмыстың қайталануын тану кезiнде ескерiлмейдi делiнген. Қылмыстардың қайталануы қылмыскердiң қоғам үшiн қауiптiлiгiнiң жоғары екендiгiн бiлдiредi, себебi бұл оған алғашқы қылмысы үшiн қолданылған жазаның мақсатының орындалмағандығы. Қылмыстың қайталануының орын алуы, кiнәлi қылмыстық жауаптылыққа тартылар кезде мiндеттi түрде ескерiлуi тиiс.

ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 1994 жылғы 25 мамырдағы «Соттардың қайталанған қылмыстар туралы қылмысты iстердi қарастыру тәжiрибесi туралы» №1 қаулысында бұрын болған соттылық, бұған дейiн тағайындалған және шынмәнiнде өтелген жазалар, жазадан босатылу негiздерi туралы мәлiметтер жан-жақты мұқият тексерiлуi керектiгi, сонымен қатар, сотталушының жеке басы туралы басқа да деректердi анықтап, бiлу керектiгi атап көрсетiлдi.

Жасалатын қылмыстардың сипатына қарай қайталану жалпы және арнайы болып бөлiнедi.

Жалпы қайталану бұрын соттылығы бар тұлғаның кез-келген жаңа қылмыс жасауы. Мысалы, алаяқтық үшiн сотталған тұлға бұзақылық жасауы мүмкiн.

Жалпы қайталанудың заңдылық тұрғысынан маңыздылығы оның қылмыстардың саралануына әсерiн тигiзбестен, жеке жауаптылықты анықтау мен жаза тағайындау кезiнде ескерiлетiндiгi (ҚК-тiң 54-бабының 1-бөлiгiнiң «А» тармағы бойынша жалпы қайталану жауаптылық пен жазаны ауырлататын жағдай болып табылады). Егер де қылмыстың қайталануы бұрынғы жасалған қылмыс үшiн жазаны өтеу кезiнде орын алса, жаза ҚК-тiң 60-бабымен үкiмдердiң жиынтығы үшiн бекiтiлген ережелер бойынша тағайындалады. Егер бұрын жасалған қылмыс үшiн сотталушы бас бостандығынан айыру жазасын өтеген болса, қайта жасаған қылмыс үшiн бас бостандығынан айыру қатаң режимдегi түзеу колониясына тағайындалады.

Соттылығы бар тұлғаның ұқсас немесе бiртектi жаңадан қылмыс жасауы арнайы қайталану болып танылады.

Арнайы қайталанудың заңды тұрғыдан алғандағы мәнi мынада: бiрiншiден, ол заңмен қарастырылған жағдайларда саралаушы немесе ерекше саралаушы жағдай болып табылады (ҚК-тiң 170-бабының 2-бөлiгi, 175-бабының 3-бөлiгi, т.б.). Екiншiден, жалпы қайталану сияқты, арнайы қайталануды да егер ол ҚК-тiң Ерекше бөлiмiнде саралаушы белгi ретiнде көрсетiлмесе, сот жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар ретiнде ескередi. Және де, үшiншiден, егер де арнайы қайталану сотталушының бұрын жасаған қылмысы үшiн жазасын өтеу кезiнде болса немесе алғашқы қылмыс үшiн субъект бас бостандығынан айыру түрiнде жазасын өтеген болса арнайы қайталану да жалпы қайталану сияқты салдарға әкелiп соқтырады.

Қоғамдық қауiптiлiгiнiң деңгейi бойынша қайталану қарапайым қауiптi және аса қауiптi болып бөлiнедi.

Қарапайым қайталану бұл қауiптi және аса қауiптi қайталанудың белгiлерiне сәйкес келмейтiн қайталану.

ҚК-тiң 13-бабының 2-бөлiгiне сәйкес қылмыстың қайталануы төмендегiдей жағдайларда қауiптi қайталану деп танылады:

а) егер адам бұрын қасақана жасаған қылмысы үшiн екi рет бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адам қасақана жасаған қылымыс үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда;

Ә) егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшiн сотталған болса, ол ауыр қылмыс жасаған жағдайда.

Қылмыстың қайталануы ҚК-тiң 13-бабының 3-бөлiгiне сәйкес мынадай жағдайларда аса қауiптi қайталану деп танылады:

а) егер адам бұрын ауыр қылмыс немесе ауырлығы орташа қасақана қылмыс жасағана үшiн кемiнде үш рет бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адам жасаған  қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда;

Ә) егер адам бұрын ауыр қылымыс жасағаны үшiн екi рет бас бостандығынан айыруға сотталса немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн сотталған болса, осы адам жасаған ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда;

б) егер адам бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн сотталған болса, ол аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда.

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Нормативтік құқықтық актілер
  2. 1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 30 тамыз 1995ж. өзг. мен толық. қоса.
  3. 2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 16 шілде 1997ж. өзг. мен толық. қоса.

1.3. КазССР Қылмыстық кодексі 22 шілде 1959ж.

1.4. Қазақстан Республикасының қылмыстық істер жүргізу кодексі

1.5. «Рецидивті қылмыстар туралы қылмыстық істерді қарау тәжірибесі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Пленумының №1 қаулысы 27 мамыр 1994ж.

1.6. «Қылмыстардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 11 Нормативтік қаулысы.

1.7. «Соттардың қылмыстардың қайталануы туралы заңдарды қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы № 8 Нормативтік қаулысы.

1.8. «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 30 сәуірдегі № 1 нормативтік қаулысы.

1.9. «Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға түзеу мекемелерiнiң түрлерін тағайындау жөнiндегi сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы № 7 нормативтік қаулысы.

 

  1. Оқу және арнайы әдебиеттер

2.1. А.М.Яковлев. Совокупность преступлений. М., 1960г.

2.2. Г.Г.Криволапов. Множественность преступлений по советскому уголовному праву. М., 1974г.

2.3. Уголовное право Российской Федерации. Под ред. Б.В.Здравомыслова. М., 1996г.

2.4. Ю.А.Красиков. Множественность преступлений. М., 1988г.

2.5. Е.А.Фролов, Р.Р.Галиакбаров. Множественность преступных деяний как институт советского уголовного права. Свердловск, 1967г.

2.6. Советское уголовное право. Общая часть. М., 1974г.

2.7. Б.А.Куринов. Научные основы квалификции преступлений. М., 1976г.

2.8. В.П.Малков. Множественность преступлений и ее формы по советскому уголовному праву. Казань, 1982г.

2.9. Уголовное право. Общая часть. М., 2004г.

2.10. Г.Ф.Поленов. Уголовное право. Общая часть. Алматы, 2001г.

2.11. Крылова Н.Е., Серебренникова А.В. Уголовное право современных зарубежных стран. М., 1997г.

2.12. Кудрявцев В.Н. Общая теория квалификации преступлений. М., 1999г.

2.13. Герцензон А.А. Квалификация преступлений.

2.14. Куринов Б.А. Научные основы квалификации преступлений. М., 1984г.

2.15. Малков В.П. Совокупность преступлений. Изд-во Казанского ун-та, 1974г.

2.16. А.Н.Ағыбаев. Қылмыстық құқық. Жалпы бөлім. Алматы, 2001.

2.17. Маликова А.Ш. Қазақстан Республикасы қылмыстық құқығындағы қылмысты саралаудың жалпы түсінігі мен маңызы. З.ғ.к. диссерт. Алматы, 2003ж.

2.18. Соловьев А.Д. Вопросы применения наказания по советскому уголовному праву. М., 1958г.

2.19. Алауханов  Е.,Рахметов С. “ Жаза” практикалық  оқу  құралы  Өркениет, 1999 жыл.

2.20. Чогошвили Т.Р. Уголовно-правовой рецидив и его значение для тпредупреждения новых преступлений. Автореф. дис. канд. юрид. наук. М., 1991.

2.21. Ильмалиев Ж.Б. К вопросу о повышении роли посткриминального контроля в предупреждении рецидивной преступности//к 10-летию Уголовного, уголовно-исполнительных кодексов РК. Сборник Международной конференции. Алматы, 2007г. С.129-132

2.22. Уголовное право. Общая часть Под ред. А.Н.Агыбаева, Г.И.Баймурзина. Алматы, 2003г.

2.23. Уголовное право Российской Федерации.  Общая часть. М., 1996г.

2.24. Наумов А.В. Уголовное право. Общая часть. Курс лекций. М., 1996г.

2.25. Галиакбаров Р., Ефимов М. Фролов Е.  Множественность пре­ступных деяний как институт советского уголовного права//Со­ветская юстиция. 1967г. №2.

 

 

 

[1] А.М.Яковлев. Совокупность преступлений. М., 1960г. стр.5.

[2] Г.Г.Криволапов. Множественность преступлений по советскому уголовному праву. М., 1974г. стр.6.

[3] Уголовное право Российской Федерации. Под ред. Б.В.Здравомыслова. М., 1996г. стр. 285.

 

[4] Ю.А.Красиков. Множественность преступлений. М., 1988г. стр. 6.

[5] Е.А.Фролов, Р.Р.Галиакбаров. Множественность преступных деяний как институт советского уголовного права. Свердловск, 1967г. стр. 8.

[6] Советское уголовное право. Общая часть. М., 1974г.  стр. 249-250.

[7] Б.А.Куринов. Научные основы квалификции преступлений. М., 1976г. стр. 159.

[8] В.П.Малков. Множественность преступлений и ее формы по советскому уголовному праву. Казань, 1982г. стр. 12.

 

[9] Галиакбаров Р., Ефимов М. Фролов Е.  Множественность пре­ступных деяний как институт советского уголовного права//Со­ветская юстиция. 1967г. №2.

 

[10] Уголовное право. Общая часть. М., 2004г. С. 67

[11] Г.Ф.Поленов. Уголовное право. Общая часть. Алматы, 2001г. С. 24

[12] Ильмалиев Ж.Б. К вопросу о повышении роли посткриминального контроля в предупреждении рецидивной преступности//к 10-летию Уголовного, уголовно-исполнительных кодексов РК. Сборник Международной конференции. Алматы, 2007г. С.129-132

[13] Чогошвили Т.Р. Уголовно-правовой рецидив и его значение для тпредупреждения новых преступлений. Автореф. дис. канд. юрид. наук. М., 1991. С. 17

[14] «Қылмыстардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 11 Нормативтік қаулысы.

 

[15] Крылова Н.Е., Серебренникова А.В. Уголовное право современных зарубежных стран. М., 1997г. стр. 57

[16] Кудрявцев В.Н. Общая теория квалификации преступлений. М., 1999г. стр. 210

[17] Герцензон А.А. Квалификация преступлений. Стр. 21

[18] Куринов Б.А. Научные основы квалификации преступлений. М., 1984г. стр. 165-167

[19] Кудрявцев В.Н. Общая теория квалификации преступлений. М., 1999г. стр. 211

[20] Куринов Б.А. Научные основы квалификации преступлений. М., 1984г. стр. 182

[21] Малков В.П. Совокупность преступлений. Изд-во Казанского ун-та, 1974г. стр. 182

[22]А.Н.Ағыбаев. Қылмыстық құқық. Жалпы бөлім. Алматы, 2001. 98б

 

 

[23] Маликова А.Ш. Қазақстан Республикасы қылмыстық құқығындағы қылмысты саралаудың жалпы түсінігі мен маңызы. З.ғ.к. диссерт. Алматы, 2003ж. 44б.

[24] Соловьев А.Д. Вопросы применения наказания по советскому уголовному праву. М., 1958г. Стр. 104

[25] Алауханов  Е.,Рахметов С. “ Жаза” практикалық  оқу  құралы  Өркениет , 1999 жыл. 92 б.

[26] А.Н. Ағыбаев.  Қылмыстық  құқық.  Жалпы  бөлім.  Алматы «Жеті жарғы »  1999 жыл. 189 б.