“М.Әуезовтің “Абай жолы” романындағы қос сөздер” атты диплом жұмысына
П і к і р
Қ. Назарбаеваның диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан тұрады. Кіріспеде жұмыстың мақсаты мен міндеттері, зерттелу тарихы талданады.
Күрделі сөздер олардың түрлері, қос сөздер, олардың ерекшелігі құралу тәсілдерінде ғана емес, дыбыстық және морфологиялық нұсқаларында да, семантикалық мағыналары мен қолданылу ерекшеліктерінде де үнемі көрініп отыратындығы баяндалады. Қос сөздердің түр – сыңарларына ғылыми тұрғыдан классификация жасалып, олардың әрқайсысы морфологиялық құрамы жағынан жан-жақты талданған.
Диплом жұмысында М. Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясындағы қос сөздер пайдаланылған. Романда кездесетін қос сөздердің сыңарлары қайталанып та, басқа синонимдес сөздермен қосарланып та жасалатындығы дәлелденген.
Қос сөздердің семантикалық жағы, сөз таптарына қатысы тілдік материалдармен баяндалады. Кейбір қос сөздер сыңарларының этимологиясы анықталады, морфологиялық табиғаты ашылады. Қос сөздерді есім қос сөздер, етістік, үстеу, еліктеу қос сөздер деп тілдік фактілерге қарай жіктеп зерттеген. Жұмысқа өзінше қорытынды жасаған. М. Әуезовтің “Абай жолы” романындағы кездесетін қос сөздердің санын анықтап, оларды жік-жікке бөліп талдаған.
Жұмыс диплом жұмысына қойылатын талапқа сай орындалған.
Жұмысты мемлекеттік аттестациялау комиссиясына қорғауға ұсынуға болады. Жұмыс “өте жақсы” деген бағаға лайықты деп есептеймін.
М. Әуезовтің “Абай жолы” романындағы қос сөздер”
атты тақырыптағы диплом жұмысына
П і к і р
Сөз — күрделі құбылыс, сондықтан оның түрлі қасиеті, мағынасы мен тұлғасы, тіпті сөздердің өзара тіркесуі де жеке-жеке тіл саласының объектісі болып жүр. Олар жеке-жеке қолданылуымен бірге, бір бірлікте, бір категорияда қолданылады. Демек, жеке тұлға ретінде өмір сүрмейді. Мағынасымен байланыспаса, тұлға өздері сөз бола алмайды. Сондықтан жалаң формалармен байланыспаған жинақ мағына өмір сүрмейді.
Сөз тұлғасын зерттейтін тіл саласы–морфология саласы. Сөз тұлғасы дегеніміз сөздің мағынасымен байланысып барып қана сөздің бір элементі болады. Сондықтан сөз мағынасына сүйене отырып, сөздерді тұлғалық негізде екіге бөледі.
Дипломдық жұмыста осы қасиетке негізделіп, жалаң сөздер мен күрделі сөздер деп екіге бөлінеді. Ал күрделі сөздерді беске бөледі:
- Қос сөздер.
- Қысқарған сөздер.
- Біріккен сөздер.
- Кіріккен сөздер.
- Тіркескен сөздер.
Олардың әрқайсысы анықталып “Абай жолы” романынан терілген мысалдар келтіріледі.
Жұмыстың сәтті шығуы мынада:
- Жай сөздер мен күрделі сөздерді ажыратып, лексика-семантикалық, грамматикалық белгілерін дұрыс көрсете білген.
- Күрделі сөздердің ХІ ғасырдан бастап жиі қолданылғандығын көрсетеді.
- Тарихта күрделі сөздер жай сөздерден бастау алғандығын дұрыс көрсеткен.
- Еркін сөздердің күрделі сөздерге дейін дамуына әрі мағыналық, әрі морфологиялық жағынан дамуын десемантизация, деформацияға түсуін дұрыс көрсеткен.
- Күрделі сөздердің мағынасын дұрыс ажыратқан.
Зерттеу жұмысы диплом жұмысына қойылатын талапқа сай орындалған. Диплом жұмысын мемлекеттік емтихан комиссиясына қорғауға ұсынуға болады.
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
I тарау. Қос сөздердің қазақ тіл біліміндегі зерттелу тарихы.
- Күрделі сөздер туралы зерттеулер мен пікірлер
- Күрделі сөздердің табиғаты және оның түрлері
- Қос сөздердің қазақ тіл білімінде зерттелуі
- Қос сөздердің өзге күрделі сөздерден ерекшелігі
II тарау. Романдағы қос сөздердің семантикалық сипаты.
- «Абай жолы» романындағы қос сөздердің мағыналық
ерекшеліктері
- «Абай жолы» романындағы қос сөздердің жасалуы
- Қос сөздердің құрылымы жағынан түрлері және олардың
лексика- грамматикалық ерешеліктері
- М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздерді
байланыстырушы формалар
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе.
Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуымен байланысты қоғамдық өмірдің көптеген саласында өрісін кеңейтіп, жан- жақты атқарар қызметінің өсе түскені белгілі. Осы ретте тілдің дамып өркендеу барысында сөз мағынасы мен оның даму заңдылықтарын арнайы құрастырудың мәні зор. Өйткені тілді адамдар арасында қарым — қатынас жасаудың құралы деп танысақ, сөздер сөйлем құрамында өзара семантикалық синтаксистік үйлесімділікте айтылғанда ғана белгілі бір ақпаратты жеткізе алады.
Сөз күрделі құбылыс, сондықтан оның түрлі қасиеті, мағынасы мен тұлғасы тіпті сөздердің өзара тіркесуі де жеке- жеке тіл саласының объектісі болып жүр. Олар жеке- жеке қолданылуымен бірге бір бірлікте , бір категорияда қолданылады. Демек, жеке тұлға ретінде өмір сүрмейді. Мағынасымен байланыспаса, тұлға өздері тұлға сөз бола алмайды. Сондықтан жалаң формалармен байланыспаған жинақ мағына өмір сүрмейді.
Сөз тұлғасын зерттейтін тіл саласы– сөзжасам мен морфология саласы. Сөз тұлғасы дегеніміз– сөздің мағынасы мен байланысып барып қана сөздің бір элементі болады. Сондықтан сөз мағынасына сүйене отырып, сөздерді тұлғалық негізде екіге бөледі. Осы қасиетке негізделіп , сөздер жалаң сөздер және күрделі сөздер болып екіге бөлінеді. Ал, күрделі сөздер беске бөлінеді: қос сөздер, қысқарған сөздер, біріккен сөздер, кіріккен сөздер, тіркескен сөздер. Диплом жұмысында қос сөздердің лексика- семантикалық, грамматикалық белгілері талданады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
Сөз – күрделі құбылыс. Ол тіл білімінің барлық саласының зерттеу нысаны болып табылады. Соның ішінде сөздердің тұлғалық құрылымымен жасалып қалыптасуын сөзжасам мен морфология ғылымы қарастырады. Қазақ тіл білімінде қос сөздердің лексика- семантикалық, грамматикалық қасиет белгілері толық зерттелінді дей алмаймыз. Сондықтан М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздер диплом жұмысымыздың негізгі нысаны етіп алынды.
Қазақ тіл білімінде күрделі сөздерге алғаш талдау жасағандардың бірі– профессор Қ. Жұбанов болған. Ол қос сөздерді «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулерінің» «сөз тұлғалары » деген тарауында «қосар сөздер» деген терминмен берген. [1966,151]. Сонымен қатар К.Аханов, Ә.Керімов, А.Есенғұлов, Н.Сауранбаев, Н.Ысқақов сынды ғалымдар азды-көпті еңбек еткен.
Аталған ғалымдардың еңбектерінде күрделі сөздердің біріккен, кіріккен, қосарланған, тіркескен түрлері біршама зерттеу нысандарына арқау болған. Аталған ғалымдардың еңбектерін оқып, зерттей отырып қос сөздердің сөз- жасамдық сипатына байланысты пікірлерінің әр түрлілігін, тіпті қайшылыққа толы екендігін байқадық. Яғни қос сөздерге тән ерекшеліктер толық ашылды деуге болмайды. Қос сөздердің әлі де анықтайтын тұстары баршылық.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері.
Жұмыстың негізгі мақсаты – М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында қос сөздердің қолданылу аясын анықтау, яғни қос сөздердің лексика- семантикалық, грамматикалық белгілерін анықтау. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін алдымызға төмендегідей міндеттерді қойдық:
– күрделі сөздерге, соның бірі қос сөздерге байланысты айтылған ғалымдардың пікірлеріне ғылыми талдау жасау;
– қос сөздердің өзге күрделі сөздерден ерекшелігін айқындау;
- эпопеяда кездесетін қосарлау немесе қайталау арқылы жасалған сөздер жаңа мағынаға ие бола ма? деген сұраққа жауап іздеу.
Жұмыстың зерттелу әдістері.
Жұмысты зерттеу үшін төмендегідей әдістерді қолдандық: талдау әдісі, жинақтау, ой қорыту, жүйелеу, статистика әдістері.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы.
– Күрделі сөздердің ХI ғасырлардан бастап жиі қолданылғандығы анықталды.
– Еркін сөздердің күрделі сөздерге дейін дамуына әрі мағыналық, әрі морфологиялық жағынан дамуы, десемантизация, деформацияға түсуі анықталды.
М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында қос сөздердің мол қабаты анықталды. Олардың семантикалық ерекшеліктері айқындалды.
М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы қос сөздердің қолданылу аясы бұрын соңды зерттелмеген тақырып, зерттеу жұмыстарында көрсетілмеген.
Диплом жұмысының құрылымы.
Жұмыс кіріспе, екі тарау және қорытындыдан тұрады. Оған қоса пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымша материалдар (мысалдар жазылған кеспе қағаздар) берілген. Әр тараудың өзі іштегі құрылымына қарай бірнеше бөлімшелерге бөлінген.
I ТАРАУ. ҚОС СӨЗДЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ.
1.1. Күрделі сөздер туралы зерттеулер мен пікірлер.
Әр түрлі жүйеге жататын түрлі тілдерде күрделі сөздердің жасалуында айырмашылықтар бар. Бұл жағдай күрделі сөз туралы түрлі пікірлер туғызуы заңды деп санаймыз. Түркі тілдерін зерттеуші тіл мамандары өздерінің еңбектерінде күрделі сөз мәселесіне де назар аударып, ол турасында байқағандарын көзден таса қалдырмаған. Түркі тілдеріндегі күрделі сөз мәселесінің зерттелуі туралы А.А.Юлдашев былай дейді : «Сложные слова которыми изобилуют тюркские язык, особенно их терминология до сих пор не получили удовлетворительной разработки ни в словарях, ни в грамматических описаниях».
Күрделі сөз мәселесінің осы жағдайы қазір де өзгеріп кеткен жоқ. Бұл күрделі сөздерді зерттеудің қажеттілігін, өзектілігін білдіреді. Күрделі сөздерге ғалымдар түрлі анықтама беріп жүр.
Күрделі сөздерге анықтама беруші ғалым негізінде өз тіліндегі күрделі сөздердің ерекшелігіне көбірек көңіл аударған, сондықтан да күрделі сөздердің анықтамаларының бірдей болмауы заңды. Алайда тілдер түрлі болғанымен, күрделі сөз құбылысының көпшілік тілге ортақ қасиеттері де бары сөзсіз. Сондықтан күрделі сөздерге берілген анықтамаларында ол ортақ қасиеттер байқалмай қоймайды. Түрлі жүйелі тілдерде күрделі сөзге беріліп жүрген анықтамаларға шолу жасайық.
Күрделі сөздерге бай тілдер тобында ғалымдар ағылшын тілін жиі атайды. Сондықтан ағылшын тілі мамандарының күрделі сөзге берген анықтамаларынан бастаған дұрыс деп ойлаймыз. Ағылшын маманы А.И.Смирницкий сөзді дара сөздер, туынды сөздер, күрделі сөздер деп бөліп ; күрделі сөздердің құрамына екі я одан да көп түбір морфемалар кіреді дегенді айтады. Ағылшын тілінде күрделі сөзге беріліп жүрген анықтамалардың көбі бір- біріне ұқсас. О. Есперсен, Г. Марчанд, Р.В. Зандворт сияқты ғалымдардың күрделі сөзге берген анықтамаларында да оның құрамы екі не одан да көп болуы, бір сөз, бір лексикалық бірлік болып саналатыны үнемі аталып отырады. Лингвистикалық терминдер сөздіктерінде ол белгілер сақталған.
Осы ғалымдардың біразы күрделі сөздердің анықтамаларына олардың бір белгісі ретінде А.И.Смирницкийден басталып қолданыла бастаған «цельнооформленность » деген терминді біртұтас сөз деген ұғым мәнінде қоса қолданады. Солардың бірі О.Д.Мешков «Словообразование современного английского языка » деген еңбегінде түрлі ғалымдар берген анықтамаларды қорыта отырып, өз анықтамасын береді.
Орыс тілінде де күрделі сөзге берілген анықтамалардың бұлардан айырмашылығы шамалы. Орыс тілінің грамматикасынан осы типтес мына анықтаманы айтуға болады: «Производное слово образовано путем соединения одной или нескольких основ какой – либо части речи с самостоятельным словам»[23,27].
Рас, соңғы орыс тілінің академиялық грамматикасында аздаған өзгеріс бары байқалады, онда: «Сложение (или чистое сложение)– способ образование слов при котором опорный (последний) компонент ровен целому слову а предпяствующий ему компонент или компоненты представляет собой чистую основу»- деген анықтама берілген. Бұл анықтамада күрделі сөздің құрамындағы соңғы сөздерге ерекше мән берілген.
Түркі тілдерінің грамматикалық құрылысына арналған еңбектерде күрделі сөздердің компоненттері сабақтаса да салаласа да байланысатыны сөз болады. Мәселен, Н.К.Дмитриев «Башқұрт тілінің грамматикасы» деген еңбегінде жалаң сөздермен қатар, екі не одан да көп сөздердің тіркесінен пайда болған күрделі сөздердің де болатынын айта келіп, оған мысал ретінде билбау, оккош (лебедь) тошбош (пескарь) тәрізді жалпы және Тимурбулат тәрізді кейбір жалқы есімге жататын сөздерді келтіреді. [4,224.]
Күрделі сөзге қатысты пікірлерді басқа түркологтардың да еңбектерінен кездестіруге болады. Мәселен, А.Н. Кононов « Қазіргі өзбек әдеби тілінің грамматикасы» деген еңбегінде құрылысы жағынан сөздерді жалаң және күрделі деп екіге бөліп, жалаң түріне от , қизил, езмоқ, ал күрделіге оққұш, қулорра, муз ерар, күз еши деген мысалдарды келтіреді де, күрделі сөздерді өз ішінен біріккен сөз, жалғыз күрделі сөз, қос сөз деп үшке бөледі. Біріккен сөзге мысал ретінде қай оғайни, билагузук, алабуға тәрізді сөздерді келтіреді. Мұның басқалардан айырмашылығы компоненттері кейбір құрылымдық, дыбыстық және мағыналық өзгеріске ұшыраған, сыртқы пішіні жағынан жай сөз тәрізді құрамындағы дауыстылары үйлесімді, бір екпінге ие. Кейбіреулері дыбыстық, мағыналық өзгеріске ұшырау салдарынан бастапқы түр- түрпатын өзгерткені соншалық, оны этимологиялық талдау арқылы болмаса, қандай сөздерден біріккенін білу қиын дегенді айтады. [9,131]
Қарақалпақ тілінің грамматикалық құрылысына байланысты еңбек жазған М.А. Баскаков сөз табының жасалу тәсіліне тоқтала келіп, зат есімдер аффикс арқылы жасалуымен қатар сөздердің тіркесуінен де жасалады дейді [23,25]. Сөз тудырудың синтаксистік тәсіл арқылы жасалған зат есімдерді ол құрама және күрделі деп екіге бөледі. Құрама зат есімдерге бір- бірінен анықтауыш пен анықталушы сөз ретінде келіп, бірақ лексикалық тұтас бір бүтін тұлға ретінде танылатын сөздерді жатқызады. Мысалы, джанывар « животное», киндик шеше, адамзат, егей бала тәрізді сөздерді келтіреді. Ал күрделі зат есімдерге сөздердің қосарлануынан пайда болған төбе-төбе, ел- жұрт, юсти-баси, кёрпе- тёсек, бала- шаға, шай-май тәрізді сөздерді келтірген.
Азербайжан тілі грамматикасының авторлары күрделі сөздерге тән қасиеттерден мағына тұтастығына басымырақ мән береді.
Татар тілі грамматикасын зерттеушілер күрделі сөзге тән белгілерге мағына тұтастығын, компоненттерінің орын бекемдігін, бір екпінді иеленуін жатқызады. Кейбіреулерінің компоненттері дыбыстық өзгеріске ұшырау салдарынан бастапқы түр-тұрпатын өзгертіп барып қалыптасатынын да дұрыс көрсетеді.
Ал, енді әртүрлі тілдерде күрделі сөзге беріліп жүрген анықтамаларды қорыта келгенде, онда күрделі сөздердің төмендегі белгілеріне ғалымдардың назар аударғандығын байқаймыз.
- Күрделі сөздің құрамы екі не одан да көп сыңарлардан құралатыны.
- Күрделі сөз біртұтас сөз, бір мағына лексикалық бірлік екені.
- А.И.Смирницкийден басталған сөздің бір белгісі ретінде көрсетілген «цельнооформленность» деген ұғым. Рас, А.И.Смирницкий оны ішкі мағына бірлігі мен сөздің сыртқы бірлігі ретінде түсіндірген.
- Сөйлемде жеке сөз ретінде бөлінуі.
- Сөйлемде мағына және грамматикалық жағынан тұтастығы арқылы бөлінетін сөздер тобы.
- Сыңарларының негізгі және туынды сөз болып келуі.
Қазақ тіл білімінде де ғалымдар күрделі сөздің осы негізгі белгілерін оған анықтама бергенде ескеріп отырғаны анықталды .
А. Ысқақов күрделі сөзге төмендегідей анықтама берген : « Күрделі сөз деп кемі екі я одан да көп дара сөзден, жалаң я туынды түбірден құралып, ритм-ырғақ жағынан бір ұдай лексика-семантикалық жағынан біртұтас, лексика- грамматика жағынан бір бүтін тұлға болып бірлесіп тұрақталған құрама сөзді айтамыз». Бұл анықтамада күрделі сөз ең кемі екі сөзден тұратыны, бір ырғақпен айтылуы, мағына тұтастығы, бір сөз ретінде тілде қалыптасқанына автор мән берген. Ол өз еңбектерінде күрделі сөздердің аса маңызды мәселелерін қамтып, дұрыс тұжырымдар жасаған бірқатар тың проблемалар қойған «күрделі сөздердің, әлі де анықталмаған мәселелері көп. Ол мәселелердің негізгі түйінділері біріккен сөздер мен фразалық тіркестердің, біріккен сөздер мен идиомалық тіркестің араларын ашу, олардың ара қатынастарын анықтау мәселелерімен байланысты», – дейді. Аталмыш еңбектерінде күрделі сөзге қатысты әр жерде айтқандарынан мағына тұтастығын, тұтас тұлғалануын, белгілі бір сөз табына телулі болуын, сөйлемде бір ғана мүшенің қызметін атқаруын бір екпінді иеленуін тірек еткендігі байқалады. [21,199].
Ж.Шакенов – күрделі сөздерді арнайы зерттеген ғалым. Ол күрделі сөзге төмендегідей анықтама берген : «Күрделі сөз деп екі я одан да артық сөздердің тізбегінен құралып, лексика-грамматикалық мағынасы мен сөйлемдегі қызметі жағынан бөлшектенбей, тұтасымен белгілі бір ұғымның атауы ретінде жұмсалатын тұлғаны айтамыз»- дейді. Мұнда да ғалым күрделі сөздің құрамына лексикалық, грамматикалық тұрғыдағы тұтастығы, сөйлемде бір мүше қызметін атқаруы, бір ұғымның аталымы [номинация] қызметін атқаратындығына мән берген [25,53].
Қазақ тіл білімін зерттеуші ғалым К.Аханов та күрделі сөзге өзінше анықтама берген. Ол: «күрделі сөздің сыңарлы жеке тұрғандағы мағынасынан да, қызметінен де алшақтап, олардың қосындысы немесе тіркесі тұтасқан күйінде бір бүтін сөз – күрделі сөз ретінде ұғынылады » [1,49] – деп анықтаған. Ғалым анықтамасында күрделі сөздің құрамындағы сыңарларының жеке тұрғандағы мағынасы мен қызметінен алшақтап, бір бүтін сөз ретінде танылатынына назар аударған.
К.Аханов « Грамматика теориясының негіздері» деген еңбегінде «сөзге соның ішінде күрделі сөзге де тән және оны сөз тіркесінен ажырататын жалпылама белгілер делініп семантикалық тұтастық, морфологиялық тұтастық, синтаксистік тұтастық белгілері айтылып жүр.
1.Семантикалық тұтастық белгісі. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлардың мағыналық дербестігі мен грамматикалық дербестігінің күңгірттенуі немесе жойылуы сөздің бұл түрінде семантикалық тұтастықтың пайда болуына әкеледі. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлардың әрқайсысы әр басқа лексикалық емес, олар тіркескен күйінде біртұтас лексикалық мағынаны білдіреді.
2.Морфологиялық тұтастық белгісі. Күрделі сөзде жалаң сөз тәрізді түрленіп, көптеледі, септеледі, жіктеледі. Оның сыңарларының әрқайсысы бөлек-бөлек өзгермей, тұтас күйінде түрленіп, бір тұлғаға (формаға) ие болады. Күрделі сөздің жеке сыңарлары өздігінен белгілі бір парадигматикалық қатардың мүшелері бола алмайды. Күрделі сөз тұтасқан күйінде ғана парадигматикалық қатарға мүше ретінде ене алады. Мұның өзі күрделі сөздің морфологиялық жақтан тұтастығын, бір бүтін екендігін көрсетеді.
3.Синтаксистік тұтастық белгісі. Күрделі сөздің синтаксистік тұтастық белгісі дегеннен әдетте, оның синтаксистік жағынан (сөйлем мүшесі болуы жағынан) бөлшектенбей, сөйлемде бір ғана мүше болуы ұғынылады. Мысалы, қолғап, қарақұс деген сөздердің қол, қара дегендері өз алдына, қап, құс дегендер өз алдына бір-бір мүше емес, сөйлемде қол мен қаптың екеуі қосылып бір-ақ мүше. Өйткені бұларда қол, қара деген сөздер анықтауыш. Қара құс деген тіркестің өзі де құстың белгісі бір аты болмай, бір құстың түсін ашу болса, онда, екі сөз болып, қара мен құстың екеуі сөйлемде екі мүше бола алады. Мысалы, қарға – қара құс десек, қандай құс? деп сұрауға болады. Сонда қарға ақ құс емес, қара құс деп түсін ашып беруге болады. Ал қара құс дегендегі қараны бұлайша бөліп ала алмаймыз. Өйткені қара әуелде құстың түсін көрсету үшін жұмсалғанмен, бәрі де онысынан қалып, құс деген сөзбен қосылып, құстың белгілі бір атасының ұлын атайтын сөз болып кеткен. Сондықтан қарақұс деп, кейде түсі қара болмайтын құстарды да атай береміз. Мысалы, Қарақұстың қазақ тілінде ақ-сар деп аталатын бір түрі бар. Мұның түсі қара емес, сары болады. Солай да болса, оны да қара құс дейміз [1,49-80].
Лингвистикалық кейбір еңбектерде сөзге, соның ішінде күрделі сөзге тән және оны сөз тіркесінен ажырататын белгілердің бірі ретінде оның фонетикалық белгісі аталады. Күрделі сөздердің барлығы бірдей фонетикалық өзгеріске ұшырайтындары, негізінен алғанда, кіріккен сөздер. Ал тіл-тілде ашудас, белбеу, сексен, тоқсан, білезік тәрізді кіріккен сөздердің саны да оншалықты көп емес және бұлар тәрізді кіріккен сөздер сөз тіркесінен оңай ажыратылады [23,85].
Күрделі сөздердің қай–қайсысы болса да әуел бастағы жай сөз тіркесінен шыққан. Бұлардың қалыптасуларына әрқилы синтаксистік амал-тәсілдер негіз болған. Кейбір сөздер бастапқы синтаксистік жай сөз тіркестерінің компоненттері бір–бірімен бірігу арқылы (бүгін, биыл, ағайын) туса, кейбір күрделі сөздер жарыса, қабаттаса қолданылған компоненттердің қосарлануы арқылы ( жер-су, ел- жұрт т.б) жасалған.
1.2. Күрделі сөздердің табиғаты және оның түрлері.
Күрделі сөздер құрылымы жағынан да, жасалуы жағынан да, сөз таптарына телінуі жағынан да алуан түрлі болып келеді.
Күрделі сөздер: күрделі біріккен сөздер, күрделі кіріккен сөздер, күрделі қос сөздер, күрделі қысқарған сөздер және тіркескен болып бөлінеді.
Қазақ тіліндегі кіріккен сөздерге бәйшешек, белбеу, қонағасы, биыл, бүгін, тоқсан, қарлығаш тәрізді сөздер жатады. Тіл мамандарының қай-қайсысы болмасын кіріккен сөздерге компоненттері дыбыстық өзгеріске ұшырау салдарынан бастапқы тұр-тұрпатынан өзгерген сөздерді жатқызады. Мысалы: бәйшешек, бәйтерек сөздерінің құрамындағы бәй деген элемент әуел баста бай формасында болғаны, кейін соңғы компоненттердегі жіңішке дауысты дыбыстың ықпалынан «а» фонемасы, «ә» фонемасына айналып, бәйшешек, бәйтерек болып қалыптасып кеткені мәлім.
Біріккен сөздерге: қарабауыр, асқазан, ұлтабар, көксерке, итмұрын, қарақұс, аққу тәрізді сөздер жатады. Біріккен сөздер біріншіден кейбір жұрнақтар арқылы туынды сөздің жасалуына негіз болады. Мысалы, ақсақалды, аққудай т.б. Екіншіден, кейбір терминдік атаулардың құрылымын жасауға қатысады. Мысалы: тасбақа, өнеркәсіп, құндыз [20,7].
Күрделі сөздердің бір түрі — қос сөздер. Қазақ тілін зерттеуші мамандар қос сөздерді қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер деп, екі үлкен топқа бөліп қарайды. Қайталама қос сөздер белгілі бір сөздер екі рет қайталануы немесе сол сөздің бір дыбысының өзгеріп қайталануы арқылы жасалады. Мысалы, тау-тау, үй-үйге, шай- пай т .б.
Ал, қосарлама қос сөздер әр басқа екі сөздің қосарлануынан жасалады. Мысалы , әке-шеше, дәм-тұз, тау-тас т.б. [1,93-94]
Күрделі қысқарған сөздер әрі ықшамдалып, әрі бірігіп жасалады. Күрделі қысқарған сөздер ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси терминологияда, мекеме, ұйым аттарында ұшырасады. Күрделі атаулар мынадай жолдармен ықшамдалады:
а) Күрделі атаудың әрбір сөзінің басқы дыбысынан құралады: ТМД, АҚШ, ХҚТУ.
ә) Күрделі атаудың құрамындағы алғашқы сөзінің басқы дыбыстарынан құралады: ҚазМУ, АлМи;
б) Күрделі атаудың құрамындағы әрбір сөздің басқы буындарынан құралады: партком, совхоз, обком ;
в) Күрделі атаудың құрамындағы алғашқы сөздің басқы буыны мен соңғы сөздің бірігуінен құралады: мединститут, пединститут т.б. [1,97].
Күрделі сөздердің келесі бір түрі — тіркескен сөздер. Мысалы, су жылан, түлкі тымақ, қоңыр ала, көк ала, он бес, сатып ал, екі жүз, алып қайт, күні кеше т.б. Осындағы су жылан, түлкі тымақ сөздері зат есімдерден; көк ала, қоңыр ала сын есімдерден; екі жүз, он бес сан есімдерден; сатып ал, алып қайт етістіктерден; күні кеше үстеуден жасалып тұр [1,88].
Жоғарыда аталып өткен күрделі сөздердің бір түрі күрделі кіріккен сөздер жайлы профессор Қ.Жұбанов өз пікірін білдірген. Ол кісі 1930 жылдардың өзінде-ақ қандай сөздерді кіріккен сөз дейміз, кіріккен сөздердің қандай белгісі болады деп сауал қойып, соған берген жауабында: «Бірнеше сөзден құралған болса да, кіріккен сөздер бір-ақ нәрсені атайтын, бір-ақ сөздің орнына жүретін болу керек. Екінші, кіріккен сөз болу үшін, мұның ішіндегі жеке сөздердің әрқайсысы сөйлемде өз алдына бір–бір мүше болмай, бәрі жиналып барып сөйлемнің бір-ақ мүшесі болу керек…Үшінші, кіріккен сөздердің қайсы біреулерінде біреуінің не екеуінің де формасы жай қалпындағыдан өзгеріп басқа түрге түседі. Төртінші, кіріккен сөздердің бір айырмасы — мұнда екпін біреу-ақ, онда кірігуші сөздердің ең соңғысында ғана болатындығы» — деп тұжырымдайды [8,223].
Профессор Н.Сауранбаев қазақ тіліндегі изафеттік топтың түрлеріне тоқтала келіп: «Бірінші топтың өзгешілігі –олар синтаксистік шеңберден шығып, морфология, оның ішінде сөз тудыру жүйесіне айналған тәсіл… Изафеттің бұл түрі қазір тұтас бір атау болып ұғынылады»– дейді. Мысалға, қаламұш, баскиім, желбеу дегендерді келтіреді де сөйлемге бір мүше болатынын айтады [17,21].
Қазақ тіл біліміндегі біріккен сөздерді зерттеумен шұғылданған екінші тіл маманы Г.Жаркешева: «…біріккен сөз дегеніміз семантикалық бір мағынаны білдіретін, сөйлемнің бір ғана мүшесі болатын, біріккен екі сөздің аралығына дыбыс үндесу заңы әсер ететін сөздер деп түсіну керек» [7,82], – дейді. Сонымен, Г.Жаркешева біріккен сөздердің ерекшеліктері дегенге мағына тұтастығын, сөйлемге дербес бір ғана мүше болуын, компоненттерінің қалыптасуына дыбыс үндесу заңы қатысуын жатқызады.
Сонымен, күрделі сөз, оның табиғаты мен морфологиялық құрылымы және түрлері жайындағы жоғарыда айтылған мәліметтерді жинақтай келгенде, күрделі сөз кемінде екі түбірдің бірігуінен, тіркесуінен немесе қосарлануынан жасалады. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлар әр басқа ұғымды емес, бәрі жиналып келіп бір ғана ұғымды білдіреді. Күрделі сөздің шыққан тегі — сөз тіркесі. Тілдің даму барысында сөз тіркестері семантикалық жағынан да, морфологиялық жағынан да, синтаксистік жағынан да тұтасып, бір бүтін ұғымды білдіруінен күрделі сөздер жасалған.
- Қос сөздердің қазақ тіл білімінде зерттелуі.
Түркі тектес халықтарда көп қолданылған, олардың сөздік қорындағы сөздік тұлғалардың бірі – қос сөздер. Сондықтан көптеген ғалымдардың назарын аударып зерттеу еңбектерінің объектісі болды. Сол жайында тоқталайық.
ХІХ ғасырда И.Н.Ильминский, К.Фой, И.Гигонов, А.Казембектің қызығушылығын тудырған бұл сөз тұлғаларының зерттеулеріне кейін түркологтар Н.К.Дмитриев (“Парные словосочетание в башкирском языке” 1930 г.), И.А.Баскаков (Ногайский язык и его диалекты), Е.У.Убрятова (“Парные слова в якутском языке” 1940 г.), Б.Орузбаева (Некоторые заметки о парных словах), Б.Қыдырбаев (Қарақалпақ тилиниң грамматикасы), В.А.Агонин (“Повторы однородные парные сочетание в современном турецком языке” 1957 г.), Ә.Қайдаров (“Парные слова в современном уйгурском языке” 1949 г.), М.И.Адилов (“Система повторов в азербайжанском языке” 1959 г.), М.Абдурахманов (“Парные слова в тюркских языках” 1975 г.) ат салысты. Сол кезеңдегі басқа да түркологиялық еңбектерден қос сөздер сөзжасам объектісі ретінде аналитикалық тәсіл арқылы сөз жасаудың жемісі болғанын көреміз.
ХХ ғасырдың бірінші жартысы түркология тарихында көптеген түркі тілдерінің ғылыми грамматикаларының жарық көруімен сипатталады. Бұл грамматикалардың барлығына ортақ ерекшелік — сөзжасамның екі тәсілі ғана -аффикстік және сөздердің бірігуі мен қосарлануы көрсетіледі. Бұған Е.Самойловичтің (“Краткая учебная грамматика современного османо-турецкого языка” Л.Гос. акад. тип.1925 г.). В.Гордлевскийдің (“Грамматика турецкого языка” М.1928), С.Ястремскийдің (“Грамматика якутского языка” М.1938 г.).
И.Батмановтың (“Грамматика киргизкого языка” ч.ІІ Фрунзе, 1939), А.Кононовтың (“Грамматика турецкого языка” М.Л. 1941 г.), Н.Дмитриевтің (“Грамматика кумыкского языка” М.Л. 1940), Л.Харитоновтың (“Современный якутский язык” М.І Якутск, 1947 г.) еңбектері дәлел. Аталған еңбектерде қос сөздер әр сөз табының аясында қарастырылады, аздаған мысалдар келтіріледі. Осы тақырыпқа арнайы жазылған еңбек деп Н.К.Дмитриевтің мақаласын атауымыз керек [1940, 501-516]. Автор башқұрт тілі деректерінің негізінде қос сөздердің жасалуы, түрлері, мағыналары жөнінде ғылыми тұжырымдар жасайды. Отызыншы жылдардан бастап түркологияда қос сөздерге байланысты көптеген мақалалар жарық көріп диссертациялар мен монографиялар жазылды.
Қазақ лингвистерінің біраз тобын бұл тақырып бейтарап қалдырмаған. Осы мәселе төңірегіндегі зерттеулерді сала-салаға бөліп, саралағанда, морфологиялық,этимологиялық, стилистикалық тұрғыда қарастырылған бірталай еңбектерге кездесеміз.
А.Есенғұлов көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қос сөздердің табиғатын көрсетсе, Ә.Керімов қос сөздерді құрамына қарай қайталама және қосарлама қос сөздер деп бөледі. Негізгі көпшілігі таза түркі сөздерінің қосарлануы арқылы жасалған дей отырып, кірме сөздерді де айқындайды: Екі сыңары да араб сөзі: мал-мүлік, екі сыңары да парсы сөзі: парә-парә, бір сыңары араб, бір сыңары түркі сөзі: шәһар-бол, мал-товар, қазғу-хасрәт [25, 49-45]. А.Есенғұлов: “Көне түркі жазба ескерткіштерінде қос сөздердің қосарлама түрі қолданылады да қайталама қос сөздер кездеспейді», — деп көрсетеді [25,138]. Тағы бір атап өтетін жайт: Көне жазбаларда қос сөздердің орын тәртібі өте тұрақты. Егер сыңарларының орнын ауыстырса, қос сөз болудан қалады. Мысалы: қыз-оғул — қыз бала, оғул-қыз —балалар, қыз-қудуз — қыз бала, қудуз-қыз — әйел [25,139].
Қос сөздердің морфологиясына қатысты мәселелер А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, Т.Қалабаева еңбектерінде сөз болды. Олар қос сөздердің негізгі белгілерін жасалу жолдарын, дұрыс жазылу жайын анықтап береді [24,65].
А.Байтұрсынов өзінің еңбегінде қос сөздерге былай анықтама береді: “Қос сөз дегеніміз – қосарынан айтылатын бір өңкей есімді сөздер. Қос сөз екі түрлі болады, біреуі нәрсенің көбін атайды, екіншілері айыра атайды. Алдынғысы жалпылағыш қос сөз деп соңғысы жалқылағыш қос сөз деп айтылады» [3,45], — дейді. Жалпылағыш қос сөздерге: аяқ-табақ, төсек-орын, ер-тұрман, киім-кешек, бақа-шаян сияқтыларды жатқызса, жалқылағыш қос сөздерге: жел-бау, жүк-аяқ, ер-батыр, есен-аман, өмір-қопса, шекті-бай, төсек-ағаш т.б. жатқызады.
А.Байтұрсынов қос сөздерді жалпы екіге бөліп қарастырса, белгілі тіл маманы Ж.Сауранбаев қазақ тіліндегі қос сөздерді бес топқа бөліп көрсетеді.
- Мәндес қос сөздер (қыз-келіншек).
- Қайшы мәндес қос сөздер (үлкен-кіші, ыстық-суық).
- Сыңар мәндес қос сөздер (алай-дүлей, кәрі-құртаң).
- Қайталама қос сөздер (тау-тау, бес-бестен).
- Қоспа буынды қос сөздер (ап-ауыр, ұп-ұзын, тәп-тәтті) [18,64].
А.Қайдаров, Н.Сауранбаевтың қос сөздерді беске бөліп жіктегенін қостай келе,қос сөздердің осы бес түрі барлық сөз таптарына да ортақ екенін, бірақ қос сөздердің қай-қайсысы да кемінде екі сөзден құралатындығын, оның әрбір сыңарының кейде толық мағыналы, кейде мағынасы жоқ сөз болатыны белгілі дейді. Ол зерттеушілердің екі сөзден құралатындығына сүйеніп, қос сөздерді сөз тіркесі түрлеріне жатқызатындығын да айтып өтеді.
А.Қайдаров кейбір басқа еңбектерде қос сөздерді сөз тіркесі дегенмен, олардың сөз тіркесінен төмендегідей айырмашылығы барлығын көрсетеді.
Бір сыңары өздігінен мағына бере алмайтын қос сөздер сөз тіркесіне жатпайды. Қос сөздердің екі сыңары да мағыналы болғанымен, бір сөздің орнына қолданылады. Қос сөздердің әрбір сыңары басқа тілге калька бойынша аударылмай, тек мағынасы жағынан аударылады. Қос сөздердің сыңарының мағыналық жағынан жақындастығы соншалық, оларды бірыңғай мүшелер сияқты айтуда арасына кідіріс жасап айтуға болмайтындығын А.Қайдаров өзінің еңбегінде айтып өтеді [18,12].
Жасалу тәсілі жағынан алғанда, қос сөздер жалаң және күрделі түрлерге бөлінеді. Қос сөздердің жалаң түрі – дефис арқылы жазылатын қос сөздер. Профессор А.Ысқақов осы жалаң қос сөздердің негізгі екі түріне: қайталама қос сөздер, қосарлама қос сөздер деген атау береді [21, 107].
Қос сөздердің күрделі түрі үтір арқылы жазылады және екі сөзден ғана емес,одан да көп сөзден, тіпті екі сөйлемнен жасалады. Бұл жайтты анықтаған Кеңесбаев былай дейді: «жалаң қос сөздерге қарағанда, күрделі қос сөздер, көбінесе, метафоралық мағынада айтылады. Бұл есептен олар «идиомдық» немесе «фразалық» қос сөздер бола алады. Оларға мынадай мысалдар келтіреді: «ұзын-арқан, кең тұсау», «үлде мен бүлдеге оранып», «айрандай аттап, күбедей пісіп», «бір сырлы, сегіз қырлы», «алалы жылқы, ақтылы қой», «әулиеге айтып, қорасанға қой айтып». Оның айтуынша қос сөздер деп атау үшін сызықшамен жазылу шарт емес, яғни тілімізде бір-бірінсіз айтылуға келмейтін тиянақты сөздерді қос сөздер деп тануға болады» [10, 93].
Осы тұрғыда біздің тоқталатын мәселеміз — қос сөздердің стильдік жағынан зерттелу жайы. Қос сөздердің қолданыстағы мән-маңызы қаншалықты, оларды пайдаланудан ұтарымыз не, ойды бейнелі, әсерлі жеткізуде олардың ролі қандай дегенде, кімнің қандай пікір айтқанын, дәлелін төмендегіше сипаттап шығамыз. «Ойды ажарлы беруде «фразалық» қос сөздердің маңызын алдымен І.Кеңесбаев дәлелдейді. Ол «шалқып, басып жүргенде» дегеннен гөрі «айрандай аттап, күбідей пісіп жүргенде» деген тіркесі ойды әсерлі жеткізеді», — дейді. Стилистика тұрғысынан қос сөздердің қолданылу жайына алғаш көңіл аударған ғалым Ф.Мұсабекова. Ол қос сөздерді зат есімдік тұлғада қарастырып, сөйлем ішіндегі қолданылуына, стильдік мән-мазмұнына түсініктеме береді. Ғалым қос сөздерді қолданудың сөйлем мағынасына әсерін былайша көрсетеді: «Көшені араладық»дегенде немесе «көше-көшені араладық» деген екі сөйлемде айтылып тұрған ой мағыналас, бірақ бұл екі сөйлем арасына мағыналық жағынан тепе- теңдік белгісін қоюға болмайды, себебі «көше-көшені араладық» дегенде, даралап, бөліп-бөліп айырып, әлденеше көшені аралағаны айқын берілсе «көшені араладық» дегенде, даралау көптік ұғымнан гөрі жалпылық ұғым басым беріледі. [14, 133].
Сол тәрізді «ызыңнан мезі болу» мен «ызың-шудан мезі болуды» салыстырып, олардың мағыналық реңкін көрсетеді. Ол сонымен бірге зат есімді қос сөздердің қайталанған түрі молшылық мағынасын беретінін «тегене-тегене қымыз», «мая-мая шөп», «табақ-табақ ет», «қазан-қазан асылған ет» деген сөздер қатыстырылған сөйлем арқылы түсіндіреді де кейбірін мүлде жекелеп қолдануға болмайтынын ескертеді. Қос сөздерді қолдану жайына арнайы тоқталған ғалым С.Хасанова мынадай пікір айтады: «Ол аз сөзбен көп жайды аңғартуда, ойды дәл, жинақы жеткізуде ұтымды келеді. Сөзді қосарлап қолданудан айтылмақшы ойға экспрессиялық реңк, эмоциялық мән-мағына үстеледі. Мысалы, жеке қолданған күн, түн сөзін күні-түні деп қосарлап айтудан тыңдаушы мен оқушының алар әсері әртүрлі» [22, 61].
З.Қожабергенова өз еңбегінде трансформациялы қайталама қос сөздердің стильдік мәнін ашып көрсетеді. Ол «Қос сөздердің бұл түрі көркем әдебиетте стильдік ерекшеліктеріне қарай көркем сөзді оқырманға әсерлі жеткізу үшін, сонымен қатар оқиғалардың өрбу әсемдігін, экспрессивтілігін, эмоциялығын дәл нақышпен баяндау үшін пайдаланады» дей келе, нақты мысалдармен дәлелдейді [11,40-41].
А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі» атты еңбегінде қос сөздердің түрлеріне тоқтала келіп, қайталама қос сөздің үстеме буын түрінде қалыптасқан түрі —негізінен алғанда, сын есімдерге тән форма. Бұл үстеме буын сын есімге күшейту мағынасын жамайтын форма түрінде қалыптасқан, өйткені бұл форма тек негізгі сынға я ұлғайту, я солғындату реңкін жамайды»,— деп, үстеме буынның табиғатын әбден дұрыс айқындаған. Ол бір сыңары ықшамдалып қайталанатын қос сөздерді, мысалы: жап-жақсы, қып-қызыл, кіп-кішкене, сап-сары, теп-тегіс сияқтыларды үстеме буынды немесе күшейтпе буынды қос сөздер деп К.Ахановтың пікіріне қарсы келеді. А.Ысқақов бұл сөздерді үстеме буындары әрі ықшамдалып, әрі соңына «п» дыбысы жамалып, бір тұйық я бітеу буынға айналуынан пайда болған дейді [21, 110].
К.Аханов өз еңбегінде қып-қызыл, қап-қара тәрізділердің сын есімнен басқа сөз таптарынан жасалған қос сөздердің түрлерінде мүлдем ұшыраспайтынын, оның тек сын есімдерге ғана тән екендігін және бірден-бір негізгі қызметі сын есімнің шырай формасын тудыру тәсілдерінің қатарында емес, форма тудыру, соның ішінде сын есімнің шырай формасын тудыру тәсілі деп қараған жөн. Демек, қып-қызыл, қап-қара тәрізділер қос сөздердің қатарында емес, сын есімнің шырай формаларының мағына мен қызметі жағынан тым қызыл, өте қызыл, тым қара, тіпті қара тәрізді сын есімдердің күшейткіш шырай формаларымен сәйкес келуі дәлелдей түседі, ал тым қызыл, өте қызыл, тым қара, тіпті қара тәрізділерді күрделі сөздер деп қарамайтынымыз белгілі (бұлар торы ала, қара торы тәрізді күрделі сөздерден мүлдем басқаша) дейді. Ол тілдегі құбылыстарды бір-бірінен ажыратуда, әдетте, негізгі үш түрлі өлшемді таяныш етеді: оның бірі – мазмұны екіншісі – форма, үшіншісі – қызметі. Ал жартылай редупликация арқылы жасалған қып — қызыл, қап – қара тәрізділер формасы жағынан ғана қос сөздерге ұқсайды, ал мазмұны мен қызметі жағынан өте қызыл, тым қара тәрізді сын есімдердің күшейтпелі шырай формасымен сәйкес келеді деп қорытындылайды [1, 97-98].
А.Н.Кононов та А.Ысқақов сияқты қып-қызыл, қап-қара тәрізді формаларды сын есімдердің күшейткіш формалары деп санайды. Бірақ А.Н.Кононов оларды жартылай редупликация жолымен жасалған деп есептейді.
А.Ысқақов пен К.Аханов күшейтпе буын тек сын есімнің шырай формасы арқылы туады десе, бұған қазақ тіл білімі тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов тұжырымы қарсы болады. Мысалы, қап-қара, тіп-тік, қып-қызыл, сап-сары деген қос сөздер күні бүгінге дейін жасалу жағынан осылайша тек «п» дыбысының жамалуы ғана ескеріліп жүрген күшейтпе буынды қос сөздердің Жұбановтың еңбектерінде тағы да бірнеше дыбыстар арқылы жасалатын түрлерін кездестіреміз. Мысалы, қаз-қатар сөзінің тіркестік құрылысын талдай келе былай дейді: «Бұл жерден мен қаз және қатар деген сөзді көріп тұрған жоқпын. Мұнда сап-сары, қып-қызыл сияқты қатар сөзі қаз деген күшейткіш буынмен айтылған». Дәл осындай сөздер қатарына ғалым қаз-қалпы, тас-талқан, тым-тырыс,жым-жырт, қым-қуат сияқты сөздерді туғызады. Бұдан екі түрлі жаңалықты байқауға болады. Бірі – бұрын қос сөздердің күшейтпе буынын жасаушы дыбыс тек қана «п» деп танылатын болса, енді соған «з» (қаз-қатар, қаз-қалпы дегендегі ), «с» (тас-талқан дегендегі) және «м» (тым-тырыс, жым-жырт, қым-қуат дегендегі) дыбыстар да қосылады. Сөйтіп күшейтпе буынды қос сөздер жасайтын дыбыстар біреу емес, п, з, с, м болып төрт дыбысқа жетеді. Екінші – буын күшейтпе буындар тек қана сын есім түбірлерден жасалады делініп келсе, енді зат есім (қаз-қатар, қаз-қалпы,тым-тырыс дегендегі қатар, қалпы, тырыс) түбірден де,еліктеуіш сөздер (жым-жырт дегендегі жырт) түбірлерден де, етістік (қым-қуат дегендегі қу) түбірлерден де жасалуы болып табылады [8,84].
Соңғы шыққан еңбектерден қос сөздердің қолданысына қатысты пікір Г.Әзімжанованың кандидаттық диссертациясында да айтылды. Ол «Қайталама қолданыстар – оқырманға, тыңдаушыға ерекше эмоциональдық әсер ететін қасиеті бар стильдік әдіс ретінде көркем әдебиетте жиі қолданылады. Сөз зергерлері бұл стильдік амалды психологиялық анализді тереңдету үшін де жұмсайды. Редупликацияланған немесе қосарланған (порно-повторные) лексикалық элементтері тілек (морфологиялық) категория ретінде, ал бір сөйлемде немесе микротексте қайталанып қолданылатын құбылысты стилистика құбылысы (категориясы) деп тану керек» – дейді [2,71].
Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері И.Уәлиев өзінің «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қос сөз сыңарларының сырлары» деген еңбегінде қос сөз сыңарларының сырын ашып, түп-төркінін көрсетіп, этимологиялық талдау жасайды. Мысалы, «Кілең мықты» деген мағынаны білдіретін ығай-сығай қос сөзінің негізгі сыңары сығай, ал ығай оның дыбыстық өзгеріске ұшырағандағысы. Жеке алғанда сығай сөзінің нендей мағынаны білдіретіндігін бірден байқай қою қиын. Енді осы сөзді өзге бір сыбайлас сөзбен салыстырсақ, сөзге сөз сәулесін түсіріп, көмескілікті сейіткендей болады», — дейді.
Сондай сөздің бірін ұлы қаламгер М.Әуезовтің «Қараш-қарашынан» кездестіреміз: «Соңғы кездесудегі қуғын әлденеше жақты болуға айналды. Бір жағынан , он шақты кісіні қолдарына мылтық, қару-жарақты сығайлап беріп, күндіз-түні, тау-тастың барлығын кезгізуден басқа, тау ішінде отырған елді де мұның соңына салмақшы болды. Мұндағы сығайлап сөзі – қазіргі «сайла»- ның байырғы нұсқасы. Сығай сөзінің ықшамдалған түрі — сай. Бұл сөздің қазіргі тіл қолданысымызда «лайықты», «мықты», «келісті», деген мағынада жұмсалатындығын мынадай тұрақты тізбектерден байқаймыз: төрт құбыласы сай, сай күлік (сайгүлік), бір түлікке бай болғанша, төрт түлікке сай бол т.б.
Тілімізде түп — төркіні өзара салыстыру арқылы ашылатын бұдан басқа да бірталай қос сөз сырлары бар дей келе құрбы-құрдас деген қос сөзге де талдау жасайды. Бұл сөз дейді Уәлиев: «былайша қарағанда екі сыңары да түсінікті. Жас шамасы қарайлас адамдарды құрбы-құрдас деп атайтындығы байқалады. Әйгілі ғалым М.Қашғари [Х ғ.] сөздігінде құр сөзі «дәреже», «лауазым», [19,467] дегенді білдіреді делінген. Осындай дерекке қарағанда құрдас деп әуелде қарайлас адамдарды емес, дәреже, лауазымы қатар кісілерді атаса керек»,— деген тұжырым жасайды [12,10].
Т. Қалабаева «Қайталама қос сөздердің кейбір мәселелері» деген еңбегінде тілімізде қайталама қос сөздерге жатқызып жүрген кейбір ( түйе-түйе, қатын- қалаш, қыз-қырқын, бала-шаға, некен-саяқ, нан-пән, ет-мет, бара-бара, айта- айта)
сөз тіркестері жөнінде профессор А.Ысқақовтың «Жалпы түсіну, талдау мәселелерін жеңілдету үшін, қос сөздерді ең әуелі қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер деген үлкен екі топқа бөліп алғанын дұрыс» — деп өте дұрыс түйіндеген, ол бұл екі топқа қысқаша ғана мәлімет беріп өтеді дейді. Т.Қалабаева қайталама қос сөздер немесе редупликация деп аталатын екі түбірден яки екі сөзден синтетикалық жолмен бірігіп жасалған сөздер тілімізде жаңа сөз тудырмайды, бірақ мағына тудырады. Кейде жұрнақтар, жалғаулар арқылы, яғни синтетикалық – морфологиялық тәсілмен де жасалады», — деп мынадай мысал келтіреді: Бүгін мен Алматы, Москвамен ауызба-ауыз сөйлестім (Ғ.Мүсірепов). Мені күте- күте кетіп қалыпты (Т.Иманбеков). Осы сөйлемдердегі бір сөздің екі рет қайталануы әртүрлі үстеме мағына беріп, оның экспрессивтивтілігін арттырып тұр дейді. Осы еңбегінде Т.Қалабаева қайталама қос сөздердің ең көп қолданылатыны қосымшалы қос сөздер екіндігін, соның нәтижесінде қайталама қос сөздердің эмоциональдық мәні арта түсетінін және қайталама қос сөздердің қосымшалар арқылы жасалу тәсілі барлық сөз таптарында қолданыла беретіндігін, соның ішінде етістіктердің түбіріне көсемшенің -а,-е,-й, -ып, -іп, жұрнақтарының қосылуынан жасалғаны жиірек кездесетінін айтып өтеді. Т.Қалабаеваның осы зерттеуінде қайталама қос сөздердің стильдік өңі туралы айтылып өтіледі және бір сөздің екі рет қайталануы немесе қосымшалы түрде қайталануы экспрессивтік және эмоционалдық мән үстейтіндігі де көрсетіледі. Мысалы, мені күте- күте кетіп қалыпты. Бостан- босқа бүлініп, саған не болды? [13,70-76].
Жоғарыда айтылған пікірлердің бәрін қорытындылай келе, қос сөздердің стилистикасы мынадай мәселелердің айналасында болған:
- Қос сөзді қолданудың сөйлем мағынасына әсері.
- Қос сөздердің экспрессивті- эмоционалдық мағыналары.
- Қос сөздерді қолданудың ұтымдылығы.
- Жеке жазушылардың қос сөздерді қолдану ерекшелігі.
1.4. Қос сөздердің өзге күрделі сөздерден ерекшелігі.
Қазақ тіл білімін зерттеуші І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаев «Қазіргі қазақ тілі атты еңбектерінде: «Қалыптанған тиянақты фразеологиялық топқа жататын сөздердің бір саласы қос сөздер болады» десе, ал профессор А.Ысқақов болса: «…сөзді қайталап қолданудан…лексикалық түсінігі өзгермейді, демек, жаңа сөз тумайды, тек грамматикаланады», — дейді. Профессор К.Аханов «Грамматика теориясының негіздері» деген еңбегінде қос сөздердің үстеме буынды түрлерінен басқаларын күрделі сөз деп қарайды.
Сонымен, жоғарыда келтірілген пікірлерден қос сөздердің лексикалық тұлға болу-болмауы әлі де шешімін толық таба алмаған мәселенің бірі болмақ. Қос сөздердің күрделі сөздер қатарына жатуы осылайша әртүрлі пікір тудырғанымен, бұларға ортақ кейбір жақтардың барлығын да бекерге шығаруға болмайды. Ондай ортақ белгілерге, біріншіден, құрамындағы сөздердің сыртқы пішіні, дыбысталуы мен ішкі мән-мағынасы негізінде қалыптасқан құралымының болуы, екіншіден, белгілі сөз табына жатуы; үшіншіден сөйлемге мүше болғанда да бірінен-бірі ажырамай, бір ғана мүшенің, сондай-ақ сөз тіркесінің бір ғана сыңарының қызметін атқаруы жатады.
Бұлардың бір-бірінен ерекшеліктері неде?
- Күрделі сөздер құрамы екі сөзбен шектелмей, одан ортақ сөзден де бола беретіні белгілі. Ал қос сөздер құрамы екіден аса қоймайды.
- Күрделі сөздер компоненттері ортасына басқа сөзді сыналап қою мүмкін болмаса, көпшілік қос сөздер сыңарлары арасына үшінші бір сөзді қоюға болады. Мысалы: төсек-орын (төсек те орын), сарт-сұрт (сарт та сұрт), сөйлей-сөйлей ( сөйлей де сөйлей).
- Бұдан кейін көпшілік күрделі сөздерден сөз тудырушы жұрнақтар арқылы басқа бір сөз тудыруға болады, Мысалы: биыл-биылғы, аққу –аққудай. Ал, қос сөз бойында ондай қасиет байқалмайды.
- Күрделі сөздердің арғы тегі, негізінен сөз тіркесі, некен-саяқ болмаса, көпшілік күрделі сөздерге негіз болған сөз тіркесін тауып, оны түсіндіруге болады, ал қос сөздер олай етуге келмейді, өйткені ол сөз тіркесінен ажырамаған. Оған тарс-тұрс, шай-пай тәрізді мысалдар дәлел.
Морфологиялық сипаты, яғни морфемалық құрамы жағынан қос сөз сыңарлары аса күрделі болады, мәселен, қайталама қос сөздердің компоненттері жалаң түбірлерінің жай қайталануынан да (биік-биік, қап-қап), қосымшалы сөздің қайталануынан да (өзді-өзімен, сөйлей-сөйлей) бола береді. Қосарлама қос сөздердің компоненттеріне келсек, олар да, біріншіден сөздердің қосымшасыз қосарлануынан (құрт-құмырсқа, бақа-шаян), екіншіден, қосымшалы-қосымшасыз сөздердің қосарлануынан (төсек-орын, темір-терсек, жата-жастана), үшіншіден, күрделі сөз бен жалаң сөздердің қосарлануынан (бүгін-ертең, ағайын-туған, аш-жалаңаш) жасалады.
Демек күрделі сөз компоненттері морфологиялық құрамы жағынан жинақы, бір ізділеу болып келсе, қос сөздердікі бытыраңқы, ала-құла болып келеді. Фонетикалық жақтан қос сөздердің компоненттері буын, дыбыс жақтарынан үйлесіп, ыңғайласып, ұйқасып отырады. Мысалы: емін-еркін, қалған-құтқан, олпы-солпы тәрізді сөздердің компоненттері екі; мең-зең, у-шу тәрізді қос сөздер бір буыннан тұрады. Абысын-ажын дегенде екі компонентті де біріңғай дауысты «а» фонемасынан басталса, жүн-жұрқа дегенде біріңғай дауыссыз «ж» фонемасынан басталып тұр. Қос сөздер ішінде бұл сияқты ассонанс, аллитерация құбылыстары жиі ұшырайды. Ал күрделі сөзде бұл кездеспейді.
Қос сөздер құрамындағы сөздердің сөз табына қатынасына келсек, оның құрамында күрделі сөздердей емес, сөз таптары түгелдей кездеседі. Мысалы, зат есім де (жер-су, ел-жұрт), сын есім де (үлкен-кіші, жақсы-жаман), сан есім де (бір-екі, он-он бес), есімдік те (кімде-кім), етістік те (буынып-түйініп, келді-кетті), үстеу сөз де (ерте-кеш, әрі-бері), еліктеу сөз де (даң-дұң, шатыр-шұтыр), әр тарап сөз де (бар-жоқ, аз-көп), шылау сөз қатысты сөз де (көзбе-көз), одағай сөз де (шөре-шөре) кездеседі, ал күрделі сөздің құрамында, мәселен, көмекші сөз болмайды.
Ал енді, қос сөздер мен сөз тобының ара-қатынасына келсек, әдетте, оның құрамындағы сыңарлары қай сөз табына жататын сөз болса, олардың қосарлануынан пайда болған қос сөз де сол сөз табына жатады. Бұдан ерекше тек үстеу сөз, мәселен, көзбе-көз, сөйлей-сөйлей тәрізділердің компоненттері бірінде негізінен зат есім, екіншісінде етістік категориясына жататын сөз бола тұра, сөз табында үстеу сөз болады. Бұл тегі үстеудің сөз табы ретінде қалыптасу ерекшелігінің өзгешелігінен болса керек.
Сонымен, сөз қосарлануы арқылы оның құрамындағы сөздердің лексика-грамматикалық сипатынан мүлде басқаша сөз табының пайда болуы қос сөздерден болған бірен-саран ғана сөз табының басында кездеспесе, көпшілігінде ол байқалмайды. Ал сөздердің кірігуі, бірігуі, тіркесуі арқылы сөз таптарын бүтіндей қамтиды. Оған: асқазан, сексен, түрегел тәрізді біріңғай сөз табынан, ақсақал, ұлтабар, бүгін, еңбек ету тәрізді әр түрлі сөз категориясынан пайда болған алуан түрлі мысалдар айғақ болады.
Сонымен, сөздердің қосарлануы, негізінен, жеке сөз таптарының аясынан шықпайтын бір жақты құбылыс болмақ та, ал сөздердің кірігуі, бірігуі, тіркесуі құрамындағы сөздердің лексика-грамматикалық сипатына орайлас та, одан мүлдем басқа да сөз табын тудыратын әр жақты, әрі құнарлы, әрі күрделі құбылыс болмақ.
Күрделі сөздер мен қос сөздердің бір-бірінен айырмашылығын олардың құрылымындағы сөздердің лексикалық сипатынан да көруге болады. Мысалы: күрделі сөз компоненттері дербес лексикалық мағынасы бар сөздерден болса, қос сөз компоненттері дербес мағынасы бар сөздерден де, көмекші сөздерден де бола береді, тіптен дербес мағынасы бар түріндегі атауыш сөздердің өзі де мағына жағынан еркін емес, әдетте олар, мәндес, қайшы мәндес, ұштас, сыбайлас сөздерден болады. Мысалы, мәндес қос сөздер: аңырап-боздап, ашық-жарқын, алдап-арбап, алым-салық, арып-ашып, ер-азамат, жан-жақ, жол-жоба, мінез-құлық, хал-жағдай т.б.
Қайшы мәндес қос сөздер: ашып-жұм, асты-үсті, болар-болмас, келімді-кетімді, өліп-тіріліп, ірілі- уақты т.б.
Ұштас қос сөздер: аты-жөні, апалы-сіңлілі, ата-ана, есі-түсі, жын-шайтан, ойын-күлкі, ой-пікір, соқыр-мылқау, үй-жай т.б.
Енді сөз таптарының құрамында кездесетін қос сөздердің семантикасына назар аударайық. Мәселен, қып-қызыл, жап-жақсы тәрізді сын есім категориясында кездесетін түрлері сапаға үстеме мағына қосып одан шырайдың күшейтпелі шырай деп аталатын түрін жасайтыны белгілі. Бұлай болғанда, үстеме буын лексикалық емес, грамматикалық қызмет атқарады. Демек, грамматикалық тұлға болады.
Ескі-құсқы тәрізді қос сөздерден де кемсіну, қомсыну реңі аңғарылады. Олай болса, бұлардан да лексикалық мағынасы тың сөз жасалмайды.
Сан есімде кездесетін бес-алты, он-оннан тәрізді түрлеріне келсек, олар әдетте, қосарланған сан түрлеріне тек болжалдық, топтық мағына үстеп, сан есімнің семантика-морфологиялық түрлерін жасауға қатысады. Үстеу сөздердегі күні-түні тәрізді түрлері мезгілдік; әрең-әрең сын-қимылдық, көре-көре түрлері себеп-салдарлық қосымша мағына қосып үстеудің семантикалық топтарын жасайды. «Зат есім категориясында кездесетін, мәселен, тау-тау астық, тал-тал шаш тәрізді түрлеріне келсек олар да лексикалық емес, грамматикалық мағына немесе стильдік рең, ал ет-мет, шай-пай, тәрізділер эмоциялық рең үстейді. Мәселен, заттық ұғымды білдіріп, оның атауы болатын мая сөзін қайталап мая-мая дегеннен одан басқаша бір ұғым, басқаша бір лексикалық мағынасы бар, соған атау болып табылатын жаңа бір сөз пайда болып тұрған жоқ. Мая шөп дегенде бірді, мая-мая шөп деген әлденеше маяны білдіреді емес пе. Мұны, заты көптік ұғымның синтаксистік тәсілмен берілу жолына жатқызған жөн. Сол сияқты биік-биік деген тізбектен басқа бір сапаны білдіретін сөз байқалмайды. Осылар тәрізді қос сөздердің қосарлама түрлерінен де, негізінен алғанда, жаңа сөз жасалмайды.
Идиомалау процесі арқылы тұрақты тіркес қасиетіне иеленген некен-саяқ, анда-санда, іле-шала тәрізді мағыналары басқа сөзбен беруге келетін сөздер және осы типтес, мәселен, бірен-саран, оқта-текте, жалма-жан, тәрізді сөздер болмаса басқа қос сөздерді нағыз күрделі сөздермен бір қатарға қою, біздіңше, жаңсақ пікір болса керек.
Демек, қос сөздерді сөз тудырудың аналитикалық тәсіліне жатқызғанның өзінде де оны біріккен, құрама сөздер тәрізді өнімді тәсіл деуге келмейді. Қос сөздерді, әрине тілде лексикалық мүддені өтеуге жұмсалмайды емес, жұмсалады. Соның өзінде барлығы емес, негізінен, қосарлама деп аталатын түрі. Бірақ олардың өзі де күрделі сөздер сияқты, заттық, сапалық, сандық, іс-әрекет, қимылдық тәрізді ұғымдарды білдіріп, солардың атауы ретінде емес, әр алуан жалпылама, экспресивтік ұғымның атауы ретінде қызмет атқарады. Мысалы, ағайын-туған, абысын-ажын, қас-қабақ, жан-жануар, қиян-кескі т.б.
Қос сөз мәселесі зерттелмеді дей алмаймыз, ол турасында құнды пікірлер, тұжырымдар да аз емес. Соған қарамастан, оны лексикалық тұрғыдан егжей-тегжейлі зерттеп, тілдің әр саласына жататын жақтарын алмай, оны бір ғана құбылыс деп қарау дұрыс болмайды [20,5 -12].
2.1. «Абай жолы» романындағы қос сөздердің мағыналық ерекшеліктері.
Романдағы қос сөздердің жасалуына тән заңдылықтар сыңарларының мағыналық байланысына қатысты болып келеді. Туындыда ешбір мағыналық байланысы, бір-біріне қатысы жоқ сөздер бір-бірімен қосылып, қосарланбаған. Міне, бұл романдағы қос сөздердің жасалуында қатты сақталған заңдылық. Осыған байланысты қос сөздердің сыңарлары көбіне мағыналас, синоним, антоним сөздерден болған. Мысалы төмендегі сөйлемдерге назар аударайық Қораның ішімен ас үйдің бәрі палау басқан, сарбуға салып, балқытып ет асқан қазан-ошақтарға толды [М. Әуезов “Абай жолы” 2-кітап А. Жазушы 2002 ж. 117-б]. Тіпті ауыл маңында үрген ит те жоқ. Олар да сорпа-сүйек тимеген соң, жүдеу күздің күнінде тышқан аулап, қаңғып кеткен [3-кітап, 57-б]. Терлетпей аяңдап жүрген семіз сәйгүліктердің жал-құйрықтары қыраулатып, кекілдері шалбастанып тұр [сонда, 72-б]. Қозылары жаңа жамыраған , иттері үріп шулаған, құлын-тайы шіңгірлеп кісінеген көп үнді, даңғаза болған ауылдың үстінен шықты [сонда, 151-б]. Көрпе-жастық, асжаулық, тегене, тостаған самауырлар тасыған жас әйелдер, еркектер қарбаласады [сонда103-б].
Осы сөйлемдердегі қазан-ошақ, сорпа-сүйек, жал-құйрық, құлын-тай, көрпе- жастық деген қос сөздер өмірде бір-бірімен белгілі байланысы бар заттардың атынан яғни бір-бірімен мағыналық қатысы бар сөздерден жасалған . Мағыналық байланысы бар қос сөздер романда көп қолданылған. Мысалы қарға-құзғын, тай-құлын, аяқ-қол, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, кедей-кепшік, шаң-тозаң, қатын-бала.
Ал енді мына төмендегі сөйлемдерге назар аударайық. Үнсіз жығылған жігіттің бар сырын аңғарған, әншейінде сырлас-мұңдас Қаңбақ Исаны қатты мүсіркеп кетті [сонда, 84-б]. Оқу тәрбие мен шаһар тіршілік тәртібі бұлардың әрбір қимыл-қозғалыстарын мүлде басқа еткен Әбіш мынау [сонда, 110-б]. Алыс жолдан келген өнерлі, оқымысты қонақпен сағынысқан аға, бауыр, құрбы-құрдас, дос-жолдастар ең алғаш осылай кездесті [сонда, 112-б]. Ендеше, не керек, бетің-жүзің бар демей қарсы алысу керек [сонда, 167-б]. Көз шарасына, ақыл-санасына сыймастай алып, барлық адам ойын осы бір тынып барлап тұрған ұлы тыныштығының өзімен де кішірейіп, тозаңдай елеусіз етіп, бағындырып тұр [сонда, 181-б]. Бұл сөйлемдердегі қос сөздердің сыңарлары (сырлас-мұңдас, қимыл-қозғалыс, пішін-мүсін, құрбы-құрдас, дос-жолдас, беті-жүзі, ақыл-сана) бір мағынаны білдіреді, бірақ екі түрлі дыбысталады. Бұндай қос сөздердің сыңарлары сөйлемде бірінің орнына бірі қолданыла береді. Осы сияқты қос сөздер романда өте көп кездеседі. Оларға: қас-дұшпан, әлді-малды, өсіп-өнген, бай-бағлан, күш-қуат, ақыл-парасат, өлім-қаза, әл-қуат т.б. жатады.
Мұхтар Әуезов өзінің туындысында мағыналары бір-біріне қарама-қайшы сөздерден жасалған, яғни, антоним сөздерден болған қос сөздерді көп қолдана білген. Мысалы, Қазіргі күндерде бұлар аш-тоғын да елемейді [3-кітап, 67-б]. Сондықтан барлық еркек-әйел сол қалың қойды қоршап алып, айқай салып қамап тұр [сонда, 81-б]. Солар арқылы әр кеңсенің үлкенді-кішілі чиновниктеріне де осы күнде білікті, көзтаныс арызшы болып алған [сонда, 168-б]. Ауыл үстіндегі аттылы-жаяулы төбелеске қарамастан артына ерген Асан мен Үсен үшеуі құстай ұшып отырып жаңағы Базаралының үйіне жеткен [сонда, 198-б]. Осы сөйлемдердегі қос сөз мағыналары бір-біріне қарама-қайшы, яғни антоним сөздерден жасалған. Мұндай сөздер романда көптеп кездеседі. Мысалы: еркек-әйел, үлкен-кіші, аттылы-жаяу, ұл-қыз, аш-тоқ, азды-көпті, іші-тысы, ақ-қара т.б.
Сонымен қатар М.Әуезов романында бір сыңары мағыналы, екінші бір сыңары мағынасыз сөздерден жасалған қос сөздер де көптеп кездеседі. Мысалы; Бұншалық өктем, зорлықты күтпеген момын ауылдар қазір біріне-бірі жүгірісіп, жалғыз-жәутік, тай-тулаған мінісіп шапқыласып әбіргерге түсті [3-кітап, 65-б]. Олар ағызған бойларында айқай-сүреңін үзбей отырып, кесірлі асауларды шошыта қиқулады [сонда, 72-б]. Қайда қойшы, сауыншы, күзетші, жылқышы кем-кетік, жоқ-жітік болса солардың ғана басына арналған апат [сонда, 121-б].
Қазан-аяғына шейін жамап-жасқайтын, жасқаушысы болдым ғой [сонда, 176-б]. Осы сөйлемдердегі тай-тулағын, айқай-сүрең, кем-кетік, жоқ-жітік, қазан-аяқ, жамап-жасқайтын деген қос сөздердің бір сыңары мағыналы да екінші сыңары мағынасыз. Мұндай қос сөздер романда көп кездеседі. Мысалы, әуре-сарсаң, тығыз-таяң, шапан-шоқпыт, киім-кешек, ойын-сауық, бала-шаға, ұры-қары, аралас-құралас, тері-терсек, жүн-жұрқа, көрші-қолаң т.б.
Сонымен қатар романда екі сыңары да мағынасыз сөздерден жасалған қос сөздерді көптеп кездестіреміз. Мысалы, оқта-текте, ыңқыл-сыңқыл, саңғыр-сұңғыр, әлім-берім, быт-шыт, мең-зең, астаң-кестең, ойран-топан, тас-талқан, некен-саяқ, іле-шала, алда-жалда, ұмар-жұмар, бұрқ-сарқ, үшті-күйлі т.б.
Тіл мамандары осындай қос сөздердің кейде бір сыңары, кейде екі сыңары да мағынасыз болып келуі, тілдің даму сатысына байланысты; ол жағдай қос сөздердің жасалған кезіне қатысты емес, олардың бәрі алғаш мағыналы сөздерден жасалған дейді. Кейін келе бір сыңары, кейде екі сыңары да тілдік дамудың нәтижесінде лексикалық мағынасы солғындап, не мағынасынан мүлдем айырылып, қазіргі дәрежеге жеткен. Оған сөздің дыбыстық өзгеріске ұшырауы да қосылған деп тұжырымдайды.
М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздердің өзіне тән жасалу заңдылықтарымен қатар өзіне тән мағыналық ерекшеліктері де бар. Романдағы қос сөздердің мағыналары бірдей емес. Қос сөздердің тұлғалық түрлері қаншалықты бай болса, мағыналық ерекшеліктері соншалықты көп. Туындыдағы кейбір қос сөздер дара мағыналы сөздерден құралып жинақтық я жалпылық мағынаны білдіреді. Мысалы, Түнгі жүрістің сырын іріккен ыңғайлы, ықшам жігіт те өне бойымен қару-жарақ, ер-тұрманымен сондай әдемі реңге ауысқан [сонда, 224-б]. Осылайша өзі қыз-келіншектерге арнап істеген жүзік-сырғасын ұсынған, қазақша кіселі белдік жасап, қыны мен пышағын түгелдеген қол ісмерлері де кездеседі [сонда, 49-б]. Бұдан бөлек қаланың Сейсекедей, Қасендей байларын ертіп, сахараның ақсақалы, ру басы, әдет-ғұрып жоқшысы болып Оразбайлар да өктеді [сонда, 90-б]. Бірақ ол тұста Әйгерімнен өздері төмен болса да, оны қызғанышпен жек көретін абысын-ажын, келін-кепшік дегендерге басқаша мінез жасауға үйреткендей [сонда, 120-б]. Әдетте, ойын-сауықта үй тола жиналған әнші болса да, бір әнге екі кісіден артық қосылып салатындар болмайтын [2-кітап, 168-б]. Күндіз-түн күйеу үйлерінде той-думан бәсеңсіген жоқ [2-кітап,17-б]. Отырғандарға сәлем беріп, Асылбай ел-жұрт, ауыл-аймақ амандығын сұрап алып, қаланың хабарын айтуға көшті [2-кітап, 220-б]. Қалада үлкен үйдің ерке келіні болғанмен, Мәкіш ағайын-туған, ауыл-аймағын ойлағанда өзгеше бір қимас ыстық жүрекпен, соншалық тілеулестікпен тебіренеді [сонда, 5-б].
Осындағы бірінші сөйлемдегі қару-жарақ деген қос сөзі бастапқы қару және жарақ дейтін жеке сөздерден қосарланып, ұрысқа қолданылатын соғыс құралдарының жалпы мағынасын білдіреді. Ал, ер-тұрман қос сөзі де жеке-жеке мағынасының жиынтығын қамтитын жалпы бір мағынада, яғни тек атқа байланысты керекті ер, тоқым, жүген, әбзел тағы басқа жабдықтарды білдіру мақсатында ғана қолданылған. Енді, кейінгі сөйлемдердегі қос сөздердің мағынасына назар аударайық. Қыз-келіншек деген қос сөзде қыздар тобы мен келіндер тобын ; жүзік-сырға – жалпы әйел затына тән түрлі тақыншақтар; әдет- ғұрып қос сөзі жалпы халқымызға тән нанымы, сенімі, салты, дәстүрі, ырымы деген жалпы бір мағынаны қамтиды. Абысын-ажын, келін-кепшік деген қос сөздер жалпы абысын мен келін атауын білдіреді. Ойын-сауық деген қос сөз қазақ халқының ұлттық ойындарын, яғни көкпар, қыз қуу, алтыбақан, асық, ақ сүйек ойындарының жеке-жеке мағынасының жиынтығын қамтитын жалпы бір мағынаны білдіріп тұр. Сол сияқты той-думан қос сөзі де жеке-жеке сөздерден қосарланып, жалпы қазақтың салт-дәстүріне тән (шілдехана, тұсау кесер, сүндет той, беташар, қыз ұзату) жалпы бір мағынада берілген. Сонымен қоса, ауыл- аймақ, ел-жұрт деген ұғым бүкіл ауыл, ел және оның айналасын; ағайын-туған деген ұғым әке, шеше, апа, аға, іні, қарындас, нағашы, жиен т.б. дегендердің жеке мағынасын қамтитын жалпы бір мағынада қолданып тұр.
Осы сияқты мағынасы екі бөлек, бірақ өзара мағыналық сыбайластығы бар екі сөзден құралып жинақтық, жалпылық мағынаны білдіретін романдағы қос сөздер мыналар: бала-шаға, әке-шеше, кәрі-жас, ағайын-туыс, үлкен-кіші, қарға- құзғын, жер-су, ат-тұрман, қозы-лақ, қыз-келіншек, жиын-думан, үй-мүлік, қатын- қалаш, қыз-қырқын, тай-тулақ, қоныс-жай т.б.
Туындыда кейбір қос сөздер жалпылау я топтау мағынасын білдіретін жеке сөздерден құралып, керісінше, жіктеу, даралау мағынасын білдіреді. Осыған байланысты романдағы мына бір сөйлемдерді алайық: Бүгін таңертеңнен бері Оразбайдың осы кең Сартөскейдегі көп аулының үстіне қалың топ-топ болып жиналып келіп кетіп жатқан әр рудан, әр қоныстардан шыққан салт аттылар сансыз көп болған [4- кітап,159- б]. Сонымен Оразбай аттандырған пәле іздеген қалың топ жаңағы сайдан лек- лек болып бытырап, буын-буын бөлінісіп ат жол тартты. Бар елдің отардағы қос-қос жылқыларына өлім араласыпты дейді [сонда, 289-б]. Ол – әлсіз, жүдеу Ералы жазығы. Сол жазықта енді будақ-будақ бүлік шаң шығады [2- кітап, 325- б]. Алайда, мұндай қос сөздер романда аз кездеседі.
М.Әуезов белгілі бір ұғымды дәл атамай екі-ұшты етіп болжау мағынасын беретін қос сөздерді де туындыда орынды қолдана білген. Мысалы, Жүргіншілер ойға, жазаң жерге келіп түскенде, бағанадан бұларға көрініп, өздеріне қарай асығып, тырағайлап шауып келе жатқан аттылардың алдыңғы екеу-үшеуі үйме-жүйме қатар жетті [сонда,106-б]. Міне, құдайға шүкір, азды-көпті алғандарыңмен сендер де қол артып отырсың [сонда,210-б]. Аралтөбенің жан- жақ маңайында үш шақырым, бес-алты шақырым, жеті-сегіз шақырым жерлерде көп ел бар [сонда,262-б].
Осы мысалдардағы екі-үш, азды-көпті, жеті-сегіз, бес-алты деген қос сөздер дәл екеу емес, үшеу емес немесе аз емес, көп емес, жетеу емес, сегіз емес, жалпы шамалап, болжап айтып тұр.
Романдағы кейбір қос сөздер белгілі амалдың бір рет емес, әлденеше рет қайталанғанын білдіреді. Мысалы; Абай тек қана сылқ-сылқ күліп, өлеңді Дәрменге беріп жатыр [сонда, 64-б]. Біріміз айдауға, біріміз байлау-матауға күңірене жүріп, көне беретінбіз. Бірақ айтып-айтып, мұңдап-мұңдап қоятынбыз [сонда, 69-б]. Жаңағы екі жылқышының өздеріне қарай төнген сойылдарын қағып-қағып жіберісті [сонда, 73-б]. Жусан, тарлау, қазотының иістері де ауық- ауық демді шалады [сонда,182-б]. Қораның сол жағында, аласа кірпіш оттықта шөп жеп тұрған екі-үш ат көкшіл бау шөпті күтір-күтір шайнай түсіп, пысқырып қойысады [4-кітап, 4-б]. Демі дір-дір еткен өксік тәрізді ауыр күйіні қалпын байқатты [сонда,111-б]. Тек қана бадырайып, шошынғандай шатынап ашылған көздерінен үнсіз жастар бұршақтай боп үзіліп-үзіліп, оқтын-оқтын тамып, төгіліп кетеді [сонда,302-б].
Осы жоғарыда келтірілген сөйлемдердегі сылқ-сылқ, айтып-айтып, мұңдап- мұңдап, қағып-қағып, ауық-ауық, күтір-күтір, дір-дір, үзіліп-үзіліп, оқтын-оқтын деген қос сөздер бір қимыл әрекеттің әлденеше рет қайталанған мағынасын білдіріп тұр.
Романдағы қос сөздердің келесі бір мағыналық ерекшелігі қимылдың я көріністің бір қалыпты емес, бірде олай, бірде бұлай құбылып отыратындығында. Мысалы, Ойлы көзі үй ішіне, Қаражан, Тәкежан жаққа жалт-жұлт қарай түседі [3- кітап,64-б]. Кейбіреулерінің білегіне ілген, үзеңгіге ілген емен сойылдары қақтығысып, сатыр-сұтыр етіседі [сонда,71-б]. Бәріміздің жиылып, тауықша шөкімдеп тауып, тергеніміз тек қана сол ішкен тамақ пен осы үстіміздегі бір-бір қабат лыпаға тақ-тұқ жетіп отырады [4- кітап, 9-б]. Жаяу базардың оқшау бір белгісі: ең әуелі, тынымсыз балдыр-бұлдыр, дабыр-дұбыр, саңғыр-сұңғыр, үздіксіз, сөйленіп жатқан үндер, сөздер естіледі. [сонда, 47-б]. Ол есікті бір қолымен баса тұрып, сол шоқпарды сырттағы арс-ұрс еткен қанды ауыз қасқырларға сілтемек те болады [сонда,79-б]. Паромның көпірін үлкен айбынмен тарс-тұрс басып, әлі де байлаулы тұрған паромға шапшаң аттап кіре берді [сонда,83-б]. Мәкен дауының ең алғаш бұрқ- сарқ еткен тасқыны бәсеңдей бере, Әбіштің сапарға аттану кезі тақап қалды [сонда,101-б]. Осы мысалдардағы жалт-жұлт, сатыр-сұтыр, тақ-тұқ, балдыр-бұлдыр, дабыр- дұбыр,саңғыр-сұңғыр, арс-ұрс, тарс-тұрс, бұрқ-сарқ деген қос сөздер қимылдың бір қалыпты емес, құбылып өзгеріп тұратынын білдіріп, амал кезектеніп отырады. Бұл сөздердің осындай мағыналық ерекшеліктері сөздің бірінші сыңарындағы ашық дауысты дыбысының екінші сыңарда еріндік қысаң дауысты дыбысқа ауысуы арқылы жасалған.
Туындыдағы келесі бір қос сөздер екі субьектінің арасындағы әрекеттің немесе қарым-қатынастың тікелей байланысы болатынын білдіреді. Мысалы; Жаңағы тазы ит иесінің сол қызға көзі түсіп сұрағанда, Педот баспа-бас айырбасқа салады [3-кітап, 67-б]. Жүзбе-жүз бет алдында ақсиған жауы ажалдай көрінсе де әлі түк те шіміріккен жоқ [сонда, 83-б]. Тайдай арлан бөрімен шаппа-шап ұстасып өлердей жағаласқаны, табжылтпай ұстап өлтірткені – бәрі де бұл өңірде, бұл заманда болмаған балғын азамат қасиеті боп тарады [сонда, 84-б]. Енді Тәкежан алдында қолма-қол тайқып салғанын екі жүзді ұсақ тақыстық, айнығыш айлакестік көрді [сонда, 92-б]. Бетпе-бет келсе, ағам бәрінің шабан-шардақ жаман ойын халыққа әйгілеп ашып та, басып та кетеді [сонда, 149-б].
Осы сөйлемдердегі баспа-бас, жүзбе-жүз, шаппа-шап, қолма-қол, бетпе-бет деген қос сөздер амал мен істің біреу арқылы емес екі субьектінің арасындағы әрекеттің тікелей болатынын білдіріп тұр.
Романдағы кейбір қос сөздер заттың түсін, көлемін я болмаса сапасын күшейту үшін қолданылған. Мысалы: Көтеріңкі қырлы мұрын, жұқа еріндері мен Абайша біткен жіп-жіңішке қара қасы Әбішті өз тұқымының ең бір сұлу жасы дегізгендей [3-кітап, 114-б]. Ерінің қолына қарсы созған жүзікті білезікті жұп-жұмсақ кішкентай саусақтары ып-ыстық боп майда тиді [сонда, 212-б]. Осының бәрі де намазға келетін азын-аулақ, кәрі-құртаң махалла халқын өсиеттеуді аз көрген [сонда, 253-б]. Бұлардың бәрі де сыртынан қарағанда тап-тұйнақтай, кісіге күні түспейтін адамсып көрінуші еді [4-кітап, 240-б]. Бұның сұп-суық бетін уқалаған кәрі шешесінің кішкентай құрысқан алақандары қойшының көз жасынан суланды [сонда, 298-б]. Абайға кейісті болған наразы көңілін әр кезде ірікпестен, ығы жөні демей, турасынан ақтара тастап отыратын Ділдә, бұл жерде де кеп-кесек қып айта салды [2-кітап, 163-б]. Шоқша сақалы шанжау-шанжау боп, тырағайлап шыққан қап-қара көмірдей [2-кітап, 248-б]. Дәл осы Балқыбек жиынының үстінде ақ адал малын түп-түгел алдарына салыңдар! [сонда, 274-б]. Келтірілген мысалдардағы жіп-жіңішке, жұп-жұмсақ, ып-ыстық, азын-аулақ, тап-тұйнақтай, сұп-суық, кеп-кесек, қап-қара, түп-түгел деген қос сөздерді заттың түсін, көлемін, сапасын күшейту үшін жазушы шығарма жазуда әрбір сөйлемде өте орынды қолданған.Үстеме буынды қос сөздердің дыбыстық та, морфологиялық ерекшеліктеріне қарай, семантикалық мағыналары бәрінен өзгеше.
М. Әуезов туындысында мезгілдік мағынаны беретін қос сөздер де жиі кездесіп отырады. Мысалы, Жаман үйінде, жыртық шоқпыт төсекте қатын-бала қасында тыныштық алып жату деген Алтыбайдың қысы-жазы қолына түспейтін арманы тәрізді [4-кітап, 291-б]. Өздері әнін үйретіп, сыйластық, құрметтестікке жеткен соң, көп ауылдардың жастары Біржан мен Абайды өз ауылдарына шақырып, үзілмеген ұзақ сауық күн-түндерін өткізген [2-кітап, 52-б]. Екеуінің кездесуі күндіз-түні талғаусыз, еркін болды [сонда, 224-б]. Әкесіне күнбе-күн оқып білген дерегін бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтқанды [сонда, 9-б]. Түнде жатқанда аяқ-қолым қақсағанда таңды-таңға ұрамын [сонда, 43-б].
Бұл келтірілген мысалдардағы қысы-жазы, күндіз-түні, күнбе-күн, таңды-таңға дегендер мезгілді білдіріп тұр.
Романда бір затты қомсыну, кемсіну мағынасын білдіретін қос сөздер де қолданылған және сөйлемге эмоциялық реңк үстеген. Мысалы, мына сөйлемдерге назар аударайық: Бұларды ат-матымен осы жатқан алақандай қарлы жерімен де түгел үйіріп, құйындағы қаңбақтай шырқ айналдырған сияқты [2-кітап, 205-б]. Осылардың әрқайсысы асырап отырған қызыл қарын жас бала, айналасында қолдарына қараған кәрі-құртаң, ақсақ-тоқсақ бар екен [сонда, 196-б]. Тек шай-пай ауыз тисек болды [3-кітап, 177-б].
II ТАРАУ. РОМАНДАҒЫ ҚОС СӨЗДЕРДІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ СИПАТЫ.
2.2. «Абай жолы» раманындағы қос сөздердің жасалуы.
Тіл-тілдегі күрделі сөздердің, атап айтатын болсақ қос сөздердің пайда болуы кездейсоқ құбылыс емес. Тілдегі қос сөздердің жасалуына қатысты заңдылықтарды қос сөздердің түрлеріне байланысты нақтылы материалдарға сүйене, соған талдау жасай отырып айқындауды жөн санадық.
Жалпы айтқанда, романдағы қос сөздер өзіне тән бірнеше заңдылықтар арқылы жасалған. Туындыда қос сөздердің сыңарлары кез-келген сөзден бола бермей, екі сыңары да бір сөз табынан жасалған. Мысалы, Сол көштің алдында ұзаңқырап кеткен мынау бір топ аттылар – Абай мен оның жас достары, кей ақын-әншілер, [3-кітап, 4-бет]. Бұл отырғандар өз шаңырақтарына немесе іні-туысқандарына шығынды салмайды [сонда, 30-б]. Құзғындар таласы боп кеткен айла-тәсілдерінің сойыл-шоқпары етпек болады Базаралыны [сонда, 43-б]. Ішінен осы сияқты зәр аралас қошемет-құрметті ұнатқан да жоқ [сонда, 45-б]. Бұл шақта сақал-шашы ғана емес, қабақ түгіне шейін ақ араласып, тікие сояуланған Дәркембай насыбайын иіскеп, ауыр ойлы есті басын изей түсіп отыр [сонда, 54-б]. «Қарғаның көзін қарға шоқымас» деп, ел атаулыны өзінің жемі көретін қарға-құзғындар бірін-бірі екілендіріп жүр [сонда, 95-б]. Алыс жолдан келген өнерлі, оқымысты қонақпен сағынысқан аға, бауыр, құрбы-құрдас, дос-жарандар ең алғаш осылай кездесті [сонда, 112-б]. Абайдың үй-жайын, ауыл-аймақ, ел-жұртының амандығын байыптап сұрады [ 4-кітап, 4-бет]. Ол өзгенің, достарының құрбылас қыз-келіншектің араларындағы достыққа, ынтазарлық махаббатқа барынша тілеулес [сонда, 74-б].
Осы жоғарыда келтілірген сөйлемдердегі ақын-әнші, іні-туысқан, сойыл-шоқпар, айла-тәсіл, қошамет-құрмет, сақал-шаш, қарға-құзғын, құрбы-құрдас, дос-жаран, ауыл-аймақ, ел-жұрт, үй-жай, қыз-келіншек деген қос сөздердің екі сыңары да бір сөз табынан, яғни зат есімнен жасалған. Туындыда ең көп ұшырайтын сөз таптарының бірі – зат есімдер.
«Қазақ грамматикасында» қосарлы зат есімдерді қазақ тіліне тән айрықша құбылыс және заттың, ұғымның, құбылыстың, түсініктің атауларын жинақтап беру үшін қолданылатын сөзжасам амалының бірі дей отырып қосарлы зат есімдерді: а) Көне замандардан қалыптасқан тілдік бірліктер. ә) Тілдің даяр нұсқасы. б) Сөзжасамның аналитикалық тәсілімен жасалатын құнарлы түрі деп көрсетеді.
Романда зат есімдерден басқа да сөз таптарынан жасалған қос сөздер кездеседі. Бірақ бұл сөз таптардың саны зат есімдерден жасалған сөздерге қарағанда айтарлықтай көп емес. Туындыда сын есімдерден жасалған қос сөздердің мағыналарының көпшілігі, бір-біріне қарама-қарсы болып келеді. Мысалы, Кәрі-жасынан тегіс бір адамгершілік дос көмекті көресің. [3-кітап, 52-бет]. Ол әлеумет азаматы болған ақын Абайдың өзіне де, алыс-жақынға да сынмен, әділ талаппен қарайтын ойынан туады [сонда, 172-б]. Бұл кеште намазға келген адамдар көбінше шала оқыған, намазға ден қойған боп жүрген қаланың алыпсатары, әр түрлі ауқаты бар, осы мешітке жақын жерде үлкенді-кішілі үйлері бар қазақ саудагерлері [4 кітап, 17-б]. Бірақ сонымен қатар Әбіш әкесінің жүзіне қараса, оның ақ-қарасы әлі де айқын шошақтау біткен көздерінде салқын күлкі ащы бір мысқыл аралас отырғанын байқайды [сонда, 97-б]. Бұдан былайғы тірлікте Дәрмен мен Мәкеннің қолында тұрса, олармен тату-тәтті болмақтан бөтен ой, басқа мінез өзінен шықпайтынын саналы әйел жақсы аңғарды [сонда, 116-б]. Ат кекіліне, жал құйрығына, қызыл-жасыл әлем байлаған, кең шанаға кілем орнаған жүргіншілер [сонда, 136-б]. «Бата оқи келген әр алуан алыс-жақын ауылдың басты-еркектері болмаған соң, әр түрлі жаңағыдай ірік-шірік сөздер тастап кететін көрінеді» деп отырып, Ақылбай Абайға және бір удай ауыр сөзді айтты [сонда, 148-б]. Бірдеме айтқысы келсе, тек ұйқылы-ояу адамның қалпындай ақырын сыбырмен айтып та қояды [сонда, 146-б]. Ескіден келе жатқан ақ-қараны өзінше таныған түсінігі бар халық [сонда, 255-б]. Осы мысалдардағы қос сөздердің біразының жеке мағыналары бір-біріне қайшы болып келеді. Туындыдағы қайшы мағыналы сын есімнен жасалған қос сөздерге мыналар жатады: кәрі-жас, алыс-жақын, үлкен-кіші, ақ-қара, ұйқылы-ояу. Ал, мағыналас қос сөздерге: тату-тәтті, қызыл-жасыл, ірік-шірік жатады.
Сонымен қатар романда күшейтпелі шырай формасын беретін қосарлы сын есімдер де көптеп кездеседі. Мысалы мына сөйлемдерді қарайық: Арық құп-қу беттерінде аштық тағы да бар. [3-кітап, 60-бет]. Бойы да ұзын тіп-тік сұңғақ біткен [сонда, 114-бет]. Тұп-тұнық, таза шыныдай мөп-мөлдір мол су жатыр [сонда, 152-б]. Қап-қара боп түтігіп кеткен жүзінде түгінің бәрі сояулап, үдірейіп кеткен жүзінде түгінің бәрі сояулап, үдірейіп шыққан-ды [сонда, 162-б]. Ақ қызғылт мұрнында, ұялы келген үлкендеу қой көздеріне, сопақтау бетінде әр тұқымның араласынан туғандай келбет бар [сонда, 251-б]. Көкбараздаған аппақ, тап-таза кимешек-шаршысын аса сәнді етіп тартқан Дәмежан үлкен таза самауырдың қасына отырды [4-кітап, 6-б]. Әбіштің қоңырқай қызыл тартқан, тотыққан жүзі қып-қызыл боп кетті [сонда, 31-б]. Қазір Өтегелді жап-жалғыз, басшысыз кіріп келгенге, оның осал сырын біліп, бұрын күліп қалған әйелдер мен Әбіш енді таңданып отыр [сонда, 46-б]. Абайды бұлайша оп-оңай, дәл осылай жуасиды деп ойласқан жоқ еді [сонда, 62-б]. Сырманов маңайдағы ноғай көршілерден де қатынастан тыйылып, айналасын тап-тұйнақтай қымтай жүретін [сонда, 94-б]. Оның жұп-жұқа, сұлу майда жүзінен ауыр қайғы, улы жас көріп тұрса да: «Жұбата алмаймын, қымбаттым, жалған айта алмаймын сізге көгершінім! Ғабдрахимның саушылығы қуантпайды, не шара, не шара!?” – дейді [сонда, 135-б]. Ұзын бойлы, ұзын қара сақалды шұбар қазір сұп-сұр болып алыпты [сонда, 205-б]. Абайдың үлкен алақанын екі бірдей ап-арық, құп-құрғақ, сұп-суық қолдарымен ұстап сипап жатып өз сөздерін сыбырлап, баяу сөйлеп жеткізген [сона, 301-б]. Осындағы құп-қу, тіп-тік, тұп-тұнық, мөп-мөлдір, қап-қара, түп-түзу, тап-таза, қып-қызыл, жап-жалғыз, оп-оңай, тап-тұйнақтай, жұп-жұқа, жіп-жіңішке, сұп-сұр, ап-арық, құп-құрғақ, сұп-суық сияқтылар сын есімнің шырай формасынан жасалып тұр. Мұндай қос сөздерді профессор А.Ысқақов бір сыңары ықшамдалып қайталанатын қос сөздер қатарына жатқызып, қос сөздердің бұл түрін үстеме буынды немесе күшейтпе буынды қос сөздер деп атайды. Сонымен қоса бұл сөздің үстеме буындары сын есімнің әуелгі толық компонентінің әрі ықшамдалып, әрі соңына «п» дыбысын жамап алып, бір тұйық, бір бітеу буынға айналуынан пайда болған дейді.
Романдағы қос сөздер сан есімдерден де жасалған. Алты-жеті кісі боп, жаңағы оқшау отырған елу басылардың екінші жағынан Құнанбай балалары отырған жақтың қарсы қанатынан келіп орын алысты [ 3-кітап, 37-б]. Бірақ ендігі дауыс елу басы ішінен жалғыз Омарбектен шыққан жоқ, қатар отырған жігітек, Бөкеншінің үшеу-төртеуі бірауыздан бір-ақ кісіні атады [сонда, 38-б]. Қораның сол жағында, аласа кірпіш оттықта шөп жеп тұрған екі-үш ат көкшіл бау шөпті күтірлетіп шайнай түсіп, пысқырып қойысады [ 4-кітап, 4-бет]. Әр бөлменің легені, құмғаны, майлық-орамалы әзірленіп, осы байдың приказнигі, тілхаты малайы есебінде жүретін жеті-сегіз жігіт күтушілері де әр бөлмеде қонақ тосумен болды [сонда, 27-б]. Осыдан әрі Сейіт Айсаның үйіне жетіп, атын ұстатып алғанша, кедей ауылға жиырма-отыз сойыл, шоқпар, арқан, шылбыр алған қызба бос, құтырған жігіттер шауып келді [сонда, 218-б]. Осы сөйлемдердегі алты-жеті, үшеу-төртеу, екі-үш, жеті-сегіз, жиырма-отыз деген қос сөздер есептік және жинақтау сан есімдерінен жасалып тұр.
Туындыда қос сөздердің біразы етістіктен де жасалған. Мысалы, Ол төрттік жырды төрт ақын болып, іліп-қағып айтатын бір дәстүр [3-кітап, 4-б]. Әзімбай тағы қатты боқтап кеп, қамшымен тартып-тартып жіберді [сонда, 15-б]. Таңертеңгі шайдан бері кіріп-шығып жүрген Зылиқадан екі рет: — Күн қалай? Бұл қалай?
— Күн ашылатын реңі бар ма? – деп сұрай берген [сонда, 19-б]. Сұлу жүзді, қиылған қара мұртты, ақ сұр жігіт домбыраны шешен сарнатып отырып-отырып барып, жортып бастап кетті [сонда, 50-б].
— Кедей жорығының жолы болсын тарт! Ұрып таста! Ұрып таста! – деді де, ақ боз атқа қамшыны басып-басып жіберді, «кеу-кеу!» деп, жауға тиердегі қайратты ерлер сүренін салып, жосыта жөнелді [3-кітап, 72-б]. Үлкен қойды алып соққан өлекшін тыпырлаған қойлардың тамағын орып-орып жіберіп жайратып тастап, енді басын көтере беріп еді, дәл осы шақта үнсіз жеткен Иса шоқпарын құлаштап көтеріп ап ақ қасқырды дәл қара тұмсықтан періп кеп кетті [сонда, 81-б].
— Әй, шырағым-ай, ата кәсіп аздырып-тоздырып болды ғой [сона, 158-б].
Осындағы қос сөздер тек етістіктерден жасалған. Туындыда негізінен етістіктерден жасалған қос сөздердің саны өте көп кездеседі. Романдағы етістіктен жасалған қос сөздерге мыналар жатады: іліп-қағып, тартып-тартып, кіріп-шығып, отырып-отырып, басып-басып, орып-орып, азып-тозып, көрген-білген т.б.
Абай кітап оқыса да тыстағы күннің райын анда-санда шаңыраққа қарап, жиі барлайды [3-кітап, 19-б]. Ал дұрыстығына келгенде, осы жайларға құран беретін жауап, бұрынғы-соңғы ойшылдар айтқан жауаптардан кем соққаны қалай? [сонда, 25-б]. Қазіргі шақта Базаралы келгелі бір жұмадай болса да, оны қала ішінде қарсы алған көңілдес ағайын күндіз-түн қонақ етеді [сонда, 41-б]. Арада оқта-текте ғана кездескен топ үйлер бар [сонда, 67-б]. Мұндағы қос сөздер үстеуден жасалып тұр. Туындыда үстеуден жасалған қос сөздер мыналар: анда-санда, бұрынғы-соңғы, күндіз-түні, оқта-текте, бірен-саран, әрлі-берлі, қысы-жазы т.б.
Сондай-ақ романда екі сыңары да еліктеуіш сөзден болған қос сөздер де кездеседі. Мысалы, Енді Шұбарға қарап қарқ-қарқ күледі [3-кітап, 11-б]. Жай кірмей, секіріп кірген тұсаулы аттар маңдайшаға биік ерлерінің алдыңғы қостарымен сарт-сарт ұрып кіріп жатыр [сонда, 32-б]. Бірде қызумен, бір көңілді әзілмен айқын ашылып, жалт-жұлт етіп отыратын шошақтау үлкен көздері де әсерлі [сонда, 36-б]. Ырғызбай Құнанбайды бөктіріп, бұрқ-сарқ еткізіп, тулатып жатқан тартысқа Ақшоқыдағы ауыл қатысқан жоқ [сонда, 90-б]. Жаяу базардың оқшау бір белгісі: ең әуелі, тынымсыз балдыр-бұлдыр, дабыр-дұбыр, саңғыр-сұңғыр, үздіксіз сөйленіп жатқан үндер, сөздер естіледі [4-кітап, 47-б]. Ол есікті бір қолымен баса тұрып, сол шоқпарды сырттағы арс-ұрс еткен қанды ауыз қасқырларға сілтемек те болады [сонда, 79-б]. Бұл мысалдардағы қарқ-қарқ, сарт-сарт, жалт-жұлт, бұрқ-сарқ, саңғыр-сұңғыр, арс-ұрс деген қос сөздер еліктеуіш сөздерден болып тұр. Еліктеуіш сөздердің қатарына мына қос сөздерді де енгіземіз: шарт-шарт, сылқ-сылқ, тақ-тұқ, тарс-тұрс, қарш-қарш т.б.
Туындыда бір қатар қос сөздер есімдіктерден жасалған. Мысалы, Бір күнде топ баласының ішінен оққа ұшқандай үш баласы мұрттай түскенде ол ес-түсінен айырылып, анау-мынау ыстық істеп беруге де жарамай қалыпты [4-кітап, 322-б]. Таңертеңгі астарын өзді-өз отауларында ішкен Мағаш, Ақылбайлар мен қонақтар енді ғана Абайдың үстіне келіп, кірісіп жатыр [3-кітап, 19-б]. Романда есімдіктің бір түрі өздік есімдігі өте көп қолданылған.
Сонымен романдағы қос сөздер барлық сөз таптарының құрамында кездеседі. Бірақ бір айта кететін жайт, романда одағай мен шылаудан жасалған қос сөздер мүлдем жоқ.
Романда қос сөздердің жасалуындағы тағы бір заңдылық-ол қос сөздердің сыңарларының буын саны жағынан үндесіп келуі. Романдағы қос сөздердің 80% буын саны жағынан тең буынды сөздерден жасалған. Мысалы мына сөйлемдерді қарайық: Әлді ауқаттыны қорғап қалып, қайда момын, жалғыз-жәутік, қайратсыз, қорғансыз шаңырақтар болса, соларды атап, бір де түңілігін тастамастан үлес береді [3-кітап, 30-бет]. Қысы-жазы мұның қолын Қаражан сондай үздіксіз істен босатқан емес [сонда, 85-б]. Жаз шыға бергенде Тәкежен жылқыларына екі бестіден айып-жаза тартып, зорға құтылды [сонда, 104-б]. Бұнда талас-тартыстың жиыны болмақ емес [сонда, 105-б]. Екеуінің де беттері, аяқ-қолы күнге мейлінше күйген [185-б]. Қазіргі әскерлік оқу тек жалаң құрал болатын, патшалықтың қатал құдіретін, таж-тахтын ғана қорғайтын топас жандар әзірлейді [сонда, 220-б]. Осы мысалдардағы жалғыз-жәутік, қысы-жазы, айып-жаза, талас-тартыс, аяқ-қол, таж-тах деген қос сөздер буын саны жағынан тең болып келген (жал-ғыз – жәу-тік, қы- сы – жа-зы, ай-ып – жа-за, та-лас – тар-тыс екі сыңары да екі буынды; аяқ-қол, таж-тах бір буынды сөздерден жасалған). Романда жалпы қос сөздердің бір буынды, екі буынды, үш буынды сөздерден жасалғанын көруімізге болады. Бір буынды қос сөздерге: жым-жырт, көп-көп, арс-ұрс, жер-су, мән-жай, қол-аяқ, сарт-сұрт, ұл-қыз, дір-дір, тіп-тік, мең-зең, дос-жар, шаң-шұң; екі буынды қос сөздерге: бала-шаға, сүйек-сорпа, үлкен-кіші, сырлас-мұңдас, қысы-жазы, қуғын-сүргін, көрпе-жастық, ата-ана, оқта-текте, бөліп-жарып т.б; үш буынды қос сөздерге: үзілді-кесілді, ерсілі-қарсылы, қызылды-жасылды, үлкенді-кішілі, таршылық-тапшылық, аздырып-тоздырып деген қос сөздер жатады. Бір буынды және екі буынды сөздерден жасалған қос сөздер туындыда өте көп қолданылған. Ал үш буынды сөздерден жасалған қос сөздер аз қолданылған, төрт буынды сөздерден жасалған қос сөздер тіпті кездеспейді.
Буын саны тең сыңарлы қос сөздердің жасалуы, олардың айтылуы да үндесімділігін көздеуден туған деуге болады. Өйткені романдағы қос сөздердің басым көпшілігінде буын үндестігі яғни сингорманизм заңы сақталған. Мысалы, Дәл қазір екі абысынды оңаша қалдырып, ендігі тың сөзді емін-еркін сөйлеттіруге де сырттан үйшік құрып жүрген Әзімбайдың өзі [сонда, 232-б]. Қылмыстардың атын санасақ: ұрлық, өтірік, куәлік, талан-тараж, кісі өлтіру, үлкен шайкалар жасап, бір елден шығып екінші елге барып, мал талап қайту [сонда, 280-б]. Тілмаштарға берген паралары арқылы қыбыр-сыбырды алдын ала біліп жүрген сақ, пысық болыстар мына жаңалықты елден бұрын аңғарыпты [284-б]. Осындағы емін-еркін, пішін-бітім, талан-тараж, қыбыр-сыбыр деген қос сөздер не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке сөздерден жасалған. Романда мұндай қос сөздердің саны көптеп кездеседі. Олар: ауыл-аймақ, айна-тарақ, азын-аулақ, тамыр-таныс, үзілді-кесілді, ерсілі-қарсылы, айқыш-ұйқыш, алыс-жақын, ірік-шірік т.б. Алайда романдағы қос сөздердің жасалуындағы бұл заңдылықтарда қайшылықтар жоқ емес, бірақ олар негізгі заңдылықтарға қарағанда өте аз. Романда қос сөз сыңарларының буын саны жағынан тең болмайтындары да бар. Олардың іштей ерекшеліктері мыналар:
- Таза мағыналық байланыстан туған сыңарлардың буын соңының теңсіздігі: қыз-келіншек, ер-азамат, ер-тоқым, әл-қуат, би-болыс, бай-бағлан, қыз-бозбала, той-думан, ар-ождан т.б. Мұндай қос сөздер сыңарларының мағына байланысының күштілігі негізінде жасалған сияқты.
- Романдағы қос сөздердің жасалуындағы келесі бір қайшылық буын үндестігіне байланысты. Әдетте, қос сөздердің екі сыңары да не бірыңғай жуан не бірыңғай жіңішке сөздерден жасалған. Осы заңдылықтарда қайшылықтар жоқ емес – бар құбылыс. Мысалы, оқта-текте, ерсілі-қарсылы, қайыр-мейір, асты-үсті, жүзік-сырға, аман-есен, тату-тәтті, күтіну-сақтану, жүріс-тұрыс, арлы-берлі, алқа-жүзік дегендер сингорманизм заңына бағынбай, қосарланып жасалған. Осылай сыңарлары жуан-жіңішке сөздердің аралас келуі арқылы жасалуы мағынаға тікелей байланысты. Қос сөздердің бұл түрлерінің бәрінде олардың сыңарларының арасындағы мағына байланысы өте күшті. Туындыдағы мұндай қос сөздер мағыналық байланыс негізінде жасалған.
- Романдағы кейбір қос сөздердің бір сыңарының қосымшамен келуі арқылы сыңарларының буын саны теңдігінен айырылған. Мысалы, өзімен-өзі, біріне-бірі, қолма-қол, көзбе-көз, жүзбе-жүз, шаппа-шап, бет-бетімен, тұс-тұстан, бетпе-бет, аз-аздап т.б.
Сондай-ақ М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы кейбір қос сөздер күрделі сөз бен жалаң сөздердің қосарлануынан жасалған. Бала шағынан бері елге келіп жүріп, дәл қазіргідей жүдеу жүз, жадау көңіл ағайын-бауыр аулын да білген жоқты [сонда, 171-б]. Бүгін-ертең келіп қалар [сонда, 194-б]. Осы мысалдардағы ағайын-бауыр дегендегі ағайын-аға іні, бүгін-ертең дегендегі бүгін сөзі бұл күн деген екі сөздің бірігуі арқылы күрделі сөзден жасалған. Мұндай қос сөздердің саны романда өте аз кездеседі.
Сондай-ақ романдағы қос сөздердің көпшілігі араб, парсы тілдерінен енген сөздер арқылы жасалған. Мысалы мына сөйлемдерді алайық: — Сонда бар дүние-мүлік қолыңнан кетіп қалғанда, сенің табатын олжақ қайсы! – деп, бұны да шенеп қояды [3-кітап, 231-б]. Дүние – қазақ тіліне араб тілінен енген бүкіл әлем, бүкіл жер жүзі деген мағынаны береді. Мүлік сөзі де араб тілінен енген. Меншікті бұйым, дүние, дәулет мағынасында жұмсалады. Асауды құлақтан басып мойындатқандай, демді құртқан қауіп-қатер болса да, Мағаш қайтыс болғалы Дәрмен үшін дәл осы жалғанның бір үлкен жарымы көшіп, өшіп кеткендей болды [4-кітап, 304-б]. Мұндағы қос сөздер сыңары араб тілінен енген. Қауіп – (арабша хәуіор) – қорқыныш, қатер, құт қашу, зәре ұшу. Қатер (арабша-хәтар) – қауіп, қорқыныш, бақытсыздық, төніп келе жатқан пәле. Ендігәрі кісілерің өлсе жайшылықтай емес, молла-қожаны шақырмаңдар, көп жұртты жиып ас бермеңдер [сонда, 36-б]. Молла (мулла) сөзі – араб тілінен енген. Ислам дінінің рухани қызметкері. Қожа (худжә, хадже) – парсы тілінен енген. 1). Бас, басшы, бастық. 2). Ұстаз, тәрбиеші, дін иелері. 3). Төре нәсілі, ақ-сүйек. 4). Дін ұғымы бойынша Мухамбет пайғамбардан кейінгі төрт халипалардан тараған ұрпақтардың атағы. 5).Кісі аттарында кездеседі, құрметтеу мағынасын білдіреді. Қолымнан келсе, ақыл-парасатым жетсе өз кеудеме ақ көрінген әділетті айтқым келеді [4-кітап, 194-б].
Бұл қос сөздер араб тілінен енген сөздер арқылы жасалған. Ақыл (ғәқыл) – адамның ойлау қабілеті. Парасат (фәрасәт) – ақыл-ой, ес, сана-сезім, көрегендік.
Жын-пері араласып кетсе, молда береке болмайды, — деген [3-кітап, 71-б]. Осы мысалдағы жын (джен) – сөзі араб тілінен енген. Адам санасындағы еріктен тыс күш, дию, пері, шайтан. Пері (пәри) – парсы тілінен енген. 1. Ертегілер мен аңыз, қиссаларда сиқырлы сұлу әйел түрінде қос сөздер араб-парсы тілдерінен енген сөздер арқылы жасалып тұр.
Қылмыстардың атын санасақ: ұлық, өтірік, куәлік, талан-тараж, кісі өлтіру, үлкен шайкалар жасап, бір елден шығып екінші елге барып, мал талап қайту [3-кітап, 280-б]. «Талан-тараж» деген қос сөзі де парсы тілінен (талан-тарадж) енген. Мағынасы: талаушылық, бүлінушілік деген мағынаны білдіреді.
Қазіргі әскерлік оқу тек жалаң құрал болатын, патшалықтың қатал құдіретін, таж-тақтын ғана қорғайтын топас жандар әзірлейді [сонда, 220-б]. Бұл қос сөз парсы тілінен енген. Таж (тадж) – 1) Өкімет белгісін көрсететін патшалардың қымбатты бас киімі. 2) Айдар, кекіл; 3) Дәруіштердің басына киетін сопақ киіз қалпағы. 4) Кісі аттары ретінде кездеседі (Тәжібай, Тәжігүл). Тақ (тәхт) – 1) Патшалардың отыратын салтанатты орны, орындығы. 2) ауыспалы мағынасы: Мәртебесі биік, шоқтығы биік.
Сол себепті: «Жігітек масайрап, шат-шадыман боп жатыр [1-кітап, 167-б]. Мысалдағы қос сөздің бірінші сыңары шат –араб тілінен енген, көңілді, қуанышты, шадыман деген ұғымда жұмсалады. Екінші сыңары шадман – парсы тілінен енген. Көңілденген, қуанған, масайраған деген ұғымын береді. Бұл қос сөздер арап және парсы сөздерінің қосарлануынан жасалып тұр. Осы сияқты араб-парсы тілдерінен енген сөздер романда көптеп кездеседі. Осы сөйлемдердегі араб және парсы элементтерінің қатысуымен жасалған қос сөздердің құрамдас компоненттері: араб-араб, араб-парсы, парсы-парсы, парсы-араб, арабша-қазақша болып жұптасып келген.
М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздер қолданылу сипаты жағынан әртүрлі болып келеді. Олардың көбі халықтың сипаттағы, ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін ашып көрсететін қос сөздер. Мысалы, Олардың ат көрпелеріне, ер-тұрмандарына қарағанда дағдылы еркек ер-тоқымдарынан көрі, әйел мінетін қоқан ерлер молырақ, қастарын жалпақ күміспен, неше түрлі ақық тастармен безендірген қыз-келіншек ерлері көп сияқты [2-кітап, 49-б]. Осындағы «ер-тоқым» — ер-тұрман жабдықтарының бірі болып саналады. Тоқым киізден екі қабаттап пішіліп тебінгілігі төзімді мата немесе былғарымен қапталып, өрнектеле сырылып айнала шеті көмкеріліп жасалады. Бір уақыттары тоқымның қаптал тоқым, күміс тоқым, ойма тоқым, желдік тоқым, кестелі тоқым және Дулат тоқым Арғын тоқым, Найман тоқым, қырғыз тоқым деп аталатын түрлері болған екен. Ерте заманда қазақ халқы қыз-келіншектеріне арнап тоқымды былғарымен тұтас қаптап, қақ күміс бүркеншікті мықтарымен әшекейлеген, кейде түрлі-түсті жіптермен кестелеген. Солар тобы қалың күшпен еңсере қайрат еткенде, ауыз үйдің уық-керегесі шықырлай сынды, сығылысып, ішке қарай жапырылды [сонда, 127-б]. Осы сөйлемдегі «уық-керегі» қос сөзі халқымыздың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігіне байланысты қолданылған киіз үй жабдықтарының бірі.
Бұл әнді қой шетінде күзетші, ат үстінде жылқышы, ойын-сауық, той-думанда қыз-келін, жігіт-желең, балаға шейін айтатын болады [сонда, 283-б]. Осы сөйлемдегі «той-думан» деген қос сөзі қазақ халқының ұлттық дүниетанымына байланысты өзіндік әдет-ғұрып дәстүрі болып саналады. Қазақ халқының өмірінде той ежелгі заманнан үлкен орын алады. Адамның дүниеге келуі, үй болуы, неше түрлі қуанышты кезеңдерін атап өтетін дәстүрлі той аталып келеді. Мысалы, шілдехана, наурыз, бесік той, үйлену, қыз ұзату, ұрын бару тойлары. Бұл тойлардың бүгінде мүлдем ұмыт болған түрі – ұрын тойы. Күйеудің алғаш рет ресми түрде қалықдықты көру мақсатымен қайын жұртына баруын «ұрын бару», қайын жұрты оның бұл сапарын «ұрын келу» деп атаған. Қазақ халқының бір ерекшелігі – қыз ұзату, үйлену, сүндет тойларында: ат шаптыру, жамбы ату, қыз қуу, айгөлек, ақсүйек, қыз кәде, балуан күрес, сайыс, көкпар т.б. көптеген ойындар өткізілген. Тойдың жақсы дәстүрлері бүгін де сақталған. Мысалы, үйлену тойында жар-жар айтылып, түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар романдағы қос сөздердің көбі тақырыптық жағынан да әр алуан: ұғым-түсініктің, тұрмыс-тіршілікке қатысты жабдықтың, қажетті бұйымдардың жинақтық атауларын білдіреді. Мысалы мына сөйлемдерге назар аударайық: Азықтар көрпе-жастықтар, әлденеше қабат жазғы, қысқы киімдер болсын, барлығы да күймеге түгел салынып болғанды [2-кітап, 13-б]. Қора-жай мен той үйлердің салыс үлгісін берген Абайдың өзі еді [сонда, 163-б]. Сонымен Абай қайта қайтқанда, отаудағы қонақтардың аттары ерттеліп, кермелердің бәріне байланыпты, жарау жүйріктер, найқалған құр аттар, күдір бел жорғалар күлік ер-тұрмандарымен, қызылды-жасылды ат көрпелерімен ауыл үстін жаңғыртып тұр еді [сонда, 64-б]. Шағын үйдің ортасын қазан-ошақ алғандықтан бұл күнде Абай кітабын дөңгелек үстел үстіне салып оқымайды [сонда, 184-б]. Осы келтірілген мысалдардағы көрпе-жастық, қора-жай, ер-тұрман, қазан-ошақ деген қос сөздер тұрмыс-тіршілікке қажетті бұйымдар. Дүние ойран болсын, ата-ана, ағайын-туған жат көрсін. Абай осы байлауға бекіп отыр [сонда, 37-б]. Сыбаға әкелген қадірлес абысын-ажын, бәйбіше-келін Ұлжан аулын басып жатқан болу керек [сонда, 40-б]. Абай осы бүгінгідей етіп өз аулына Тобықтының әнші, күйші жасынан жігіт-желең, қыз-келіншегінен талайын талай рет жинаған [сонда, 56-б]. Манас ағайын-туыстың Абайды көп ойлайтынын айтты [сонда, 145-б]. Бұл уақыттарда ол абақтыдан шығып келгендіктен, аға-іні, шеше-жеңге, жанкүйер жақын — барлығына ыстық болған [сонда, 162-б]. Оспан өзінің аға-бауырларының бақ-дәреже қуанышын, сол аңқылдақтық бойынша Абайдан аулақ демейді [сонда, 252-б]. Осындағы ата-ана, ағайын-туған, абысын-ажын, қыз-келіншек, жігіт-желең, ағайын-туыс, аға-іні, аға-бауыр сияқты қос сөздер жалпы туыстық қатынасты білдіріп тұр. Осындай қос сөздерді М.Әуезов өзінің туындысында өте шебер қолданған.
2.3. Қос сөздердің құрылымы жағынан түрлері және олардың лексика-грамматикалық ерекшеліктері
М.Әуезов өзінің туындысында қайталама қос сөздер мен қосарлама қос сөздердің барлық түрлерін өте шеберлікпен қолданған. Енді осы жайында айта кетейік.
Қайталама қос сөздер бір сөздің я қосымшасыз, я қосымшалы түрінің екі рет қайталануы арқылы, я сол сөздің не бір я бірнеше дыбысының немесе бір буынының өзгеріп қайталануы арқылы жасалады. Қайталама қос сөздер компоненттерінің ерекшеліктеріне сәйкес, қалыптасқан дыбыстық және морфологиялық формаларының өзгешеліктеріне қарай, төрт түрлі болады.
- Қосымшасыз түбірдің қайталауынан құралатын қос сөздер.
- Қосымшалы түбірдің қайталауынан құралатын қос сөздер.
- Түбірдің бір дыбысы өзгеріліп құралатын қос сөздер.
- Түбір ықшамдалып құралатын қос сөздер.
- Ешқандай да қосымшалар жалғанбай-ақ, бір түбір екі рет қайталау
арқылы жасалатын қос сөздерге жалтақ-жалтақ, қарқ-қарқ, тартып-тартып, мылжа-мылжа, қора-қора сияқты қос сөздер романда көптеп кездеседі. Мысалы: Үлкендер ақырын мырс-мырс күліп қойды [1-кітап, 12-б]. Әрқашан жанкүйер жақын қабіріне ыстық-ыстық жастар төгеді [сонда, 25-б]. Үндемей иіндері тиісіп, көздерін алмай ұзақ-ұзақ отырысады [сонда, 25-б]. Бас сүйегі мылжа-мылжа болыпты [сонда, 30-б]. Әншейінде көш деген қаз тырнадай тізбек-тізбек болушы еді [сонда, 47-б]. Осы келтірілген сөйлемдердегі мырс-мырс, ыстық-ыстық, ұзақ-ұзақ, мылжа-мылжа, тізбек-тізбек қос сөздері әуелгі түбір қай тұлғада тұрса, сол тұлғада тұрып жай қайталану арқылы жасалады. Осы себептен бұл топты жай (қайталама) қос сөз деп атауға болады. Бұндай қос сөздердің бірде-біреуі бастапқы түбірден мағына жағынан өзгеше болып түсінерліктей жаңа лексикалық мағына білдірмейді, тек олардың семантикасына саралау, топтау мағынасы жамалып, стилистикалық қызметіне өзгеріс енеді.
2) Қосымшалы түбірдің қайталануы арқылы жасалатын қос сөздерге түбірге жұрнақтар да, жалғаулар да жалғанып қосарланатын сөздер жатады. Мысалы, Аттың екпінімен кеп сойылды соққанда, ат үстіндегілер жаяуларды қағып жығып, домалатып-домалатып кетті [сонда, 67-б]. Сүйіндік пен Асылбек Абайды қайта-қайта:
— Же шырағым.
— Жесеңші Абай! Алмадың ғой! – деп әлденеше қозғап көріп еді, Абай жей алған жоқ [сонда, 117-б]. Шапқа түрте-түрте барып, ақыры бір күн «өлермен бол да, отқа түс, соныңды көрмей тоқтаймын!» дегені ғой мұнысы [сонда, 126-б]. Осындағы қос сөздерде қайталанған түбірдің екеуіне бір түрлі жұрнақ (-ып, -а, -е) жалғанып тұр. Қосымшалар жалғанып қосарланған бұл сөздердің де лексикалық мағыналары өзгермей, тек семантикалық мағынасы мен стилистикалық қызметтеріне ғана қосымша реңктер ғана жамалады. Бұл қос сөздер қайталанатын түбірдің я біреуіне, я екеуіне де бірдей қосымша жалғанып жасала беретіндіктен, оларды қосымшалы қос сөз деп атауға болады. Қайталанып жасалатын түбірге қосылатын қосымшалардың формаларына қарай, бұл топ мына төмендегідей салаларға жіктеледі:
а) Екі компонентіне де қосымша қосылатын қос сөздер іштей екеуіне де бір түрлі жұрнақ жалғанатын және екеуіне де бір түрлі жалғау жалғанатын болып екі топқа бөлінеді: Мысалы: — А, құрыған құдай, нең бар еді? – деп беріп, қасына бұрын барған екі жігітті қойып-қойып жібергенде, біреуі мұрнын басып ұшып түсті [сонда, 26-б]. Абай енді Смағұлдың ақымақтығына ыза боп, Оспанды қол беріп, ананы тартайын деп еді, Оспан дәл осы кезде Абайдан босай сала қымыз бетіне үңіліп тұрған Смағұлды желкесінен түйіп-түйіп қалып, қымыздың ішіне бет-аузы мен құлағына шейін батырып жіберді [сонда, 73-б].
— Бұны кім үйретті доңыз? – деп кеп, Смағұлды жақтан тартып-тартып жіберді [сонда, 73-б]. Сол тақиясының екі самайдағы жиегінен ойдым-ойдым боп түскен ақ құйқа көрінеді [сонда, 81-б]. Бірақ күндізгі уақыттар Құнанбай асығып, сауыт жүргенмен, жолдағы белгілі-белгілі ауылдарға кеп түскенде үнемі тез аттана алмай қалады [сонда, 102-б]. Енді сен маған осыны айтқызып-айтқызып, ертең әкеңмен екеумізді тағы араз қыласың-ау сығыр! – деп Сүйіндік күліп қойды [сонда, 131-б]. Бөжейдей азаматтарының ыстық көзіндей болған екі серік аты келгенде барлық үлкендердің өздері де еңіреп-еңіреп жіберісті [сонда, 141-б].
ә) Қосымша екі компонентіне де қосылатын қос сөздер іштей екі сыңары екі түрлі жұрнақты, бір сыңары жұрнақты, бір сыңары жалғаулы немесе әр сыңары әр түрлі жалғаулы бола береді. Осы сөздерге сай туындыдағы мына сөйлемдегі қос сөздерге назар аударайық: Абай бұған жетер-жетпестен:
— Ой, Жиренше, жаңағы осы Қодар кім? О не қылған? Айтшы, — деді [сонда, 30-б]. Кішілеу көздері ашылар-ашылмастай сәл ғана сығырайып, төмендеген [4-кітап, 111-б]. Абай науқастың тамырын ұстады, сәл өте сирек, болар-болмас қана соққан қыбыр бар [сонда, 116-б]. Таңертеңнен, таң білінер-білінбестен барып, ел орнына отыра, зорға қайтқанда, күні бойы істейтіні тек ішек аршу [сонда, 127-б]. Барды төгіп, ойран-топанын шығарып, лезде құдықтан басы ғана көрінер-көрінбес боп тұрған Сейітті анық тірідей көмдіріп салды [сонда, 218-б]. Осындағы қос сөздердің сыңары екі түрлі жұрнақтан жасалған. Бір сыңары жұрнақты, бір сыңары жалғаулы қос сөздерге: Көп ауылдар түн бойы қотандарын күзетіп, ауыл-ауылдың шеттеріне үзбестен лапылдатып оттар жағып отырып айғай-шумен таңды-таңға ұратын [1-кітап, 39-б]. Бірнеше көштерді сайма-саймен өз жолдарымен жіберсе де Сүйіндік, Жексендер бастаған еркектер тобы жұбын жазған жоқ [сонда, 50-б]. Осы балалардың бәрі үйді-үйлеріне Сармолланың қоанды қазасын айтып жылап-еңіреп келіскен [4-кітап, 55-б].
Мына сөйлемдердегі қос сөздер: Сөйтіп Базаралыға көмек етер деген болыс көрден-көрге тығылғандай [3-кітап, 90-б]. Топ алдында сол сөзді түгел айтқызса, өзінен-өзі соққы тигізгендей болатынын сезіп, Дәркембай мен баланы ықсыра, қалың топтан шет бөлініп шықты [2-кітап, 15-б]. Тыйым салған тағдыр салмағының астында қатар келе жатқан екеуі біріне-бірі ашыла алмай, іштерін толық тани алмай үздігеді [сонда, 66-б]. Осындағы көрден-көрге дегенде бірінші сыңарына (-ден) да екінші сыңарына да (-ге) екі түрлі жалғау жалғанып тұр, өзінен-өзі (-нен, -і), біріне-бірі (-не, -і). б) Қосымшалы қайталама қос сөздердің бір сыңары жұрнақты, бір сыңары жалғаулы да болып келеді. Мысалы; Содан әрі қазіретпен не деп жауаптасудың бабын таба алмаған және тіпті, шүлдіреген, кітапшылаған тілін ұға алмаған Жұмабай тағы бір ойдағы әңгімесін тұпа-тура, қолма-қол бастап еді [1-кітап, 20-б]. Жалғыз-ақ Бөжей ғана Сүйіндік, Қаратаймен бірге үшеуден-үшеу боп оқшау кетіп бара жатып күрсініп:
— Ер өлтіргенге құн сұраушы ең. Өлтірген өзіңсің — деді [сонда, 31-б]. Бірталайдан бері ел-елдің үлкендері шаруа иелері «Жайлаудың тоңы жібіді ме екен? Көгі жетілді ме екен?» деп өткен-кеткеннен ылғи сұрау салумен болған [сонда, 38-б].
— Бара көрейік. Жүзбе-жүз көрісейік жауабын өз аузынан естиік? – деді [сонда, 50-б]. Жалғыз-ақ бұрынғы майырларды бір-ақ белгімен «сұлу майыр», «семіз майыр» деп немесе бетінің секпіліне қарап, «тарғақ майыр» десе, мынаның сыртқы түсі, түгі талай ат атауға өз өзінен сұранып тұрушы еді [сонда, 83-б]. Абай қонақ үйлердің есік-есігінен бір-бір қарағаны болмаса ешқайсысына кірген жоқ [сонда, 96-б]. Жұмысы жоқ болса да қаланың шетіне бір шығып кетіп, базарын бір кезіп, тобықтылар жатқан пәтер-пәтерді аралап жүрді [сонда, 99-б]. Ол емес, тысқа шығып өз-өзімен қалғанда, жұлдызы аспанға, аса бір рақат қуанышпен қарап тұрып, кең тыныс алды [сонда, 117-б]. «Пәле осылардан шықты» деп өшіге түседі де, өз қыстауына өз малын бастырмай ұдайы кедей ауылдардың қыстау-қыстауының үстіне бар малын қаптатып, талап жеп отырды [3-кітап, 78-б]. Аз уақытта қамыс тегенеге құйылған қымыз келіп сапырылып таралғанда, ауыл иесі мен қонақтар әр жайдан тұс-тұстан жан сұрасып, сөйлесіп кетті [сонда, 141-б]. Осы келтірілген мысалдардағы қолма-қол, үшеуден-үшеу, ел-елдің, жүзбе-жүз, өз-өзінен, есік-есігінен, пәтер-пәтерді, өз-өзімен деген қос сөздердің бір ғана сыңары жұрнақты және біразының бір ғана сыңары жалғаулы болып келген.
- Бір сыңарының дыбысы өзгеріп (трансформацияланып) құралатын
қос сөздер де туындыда кездееді. Бұл топ та түбірдің бастапқы кездегі жай қайталауынан шыққан, олардың екінші компоненттері бірінші сыңарларының ритмикалық жаңғырығы ретінде жұмсалатын болып қалыптасқан. Бұндай қос сөздерден де жаңа лексикалық мағына тумайды; олардың екінші сыңарлары бірінші компоненттерге қосымша реңк қана жамайды. Бірақ жамалатын мағыналық рең бұл топтағы қос сөздердің бәрінде біркелкі болмайды. Олардың сыртқы дыбыстық өзгерістерінің ерекшеліктеріне қарай, семантикалық айырмашылықтары да болады.
Бұндай қос сөздердің жасалу заңдылықтары мынадай: а) Егер сөздің бірінші дыбысы дауыссыз болса, ол дыбыс қайталанғанда көбінесе м, с, п, дыбыстарына ауысады. Мысалы, романдағы мынандай сөйлемдерге назар аударайық: Егер жеке бақса, отыз шақты ауылдың аз-маз, бөлек-бөлек шоғыр жылқылары тырым-тырақай жайылар еді де, солардың қайсысына кеп соқтықса да, жаудың алдынан шығар, басы бір жерге құрылған көп бақташы сойыл соғар болмас еді [7-кітап, 172-б]. Жақсының ең алдымен адамға, әсіресе, біздей олпы-солпысы көп адамға, тілеуі жақсы болады! – деп Дәркембай қолағашты аудара қарап, әлі де қағаздай мін қалдырмай мүсіндеп отыр [3-кітап, 175-б].
ә) Егер сөздің бірінші дыбысы дауысты болса, қайталанатын сыңарға сол дауысты дыбыстан бұрын дауыссыз дыбыс қосылады. Мысалы: Абылғазының үрдіс ұрған қара шоқпар зілінен бұл кезде үш жылқышы ұмар-жұмар түскен-ді [3-кітап, 73-б]. Оспанның жылын берер алдында Қнанбай ауылдарын осындай бір үлкен қақтығыс ұйды-тұйды еткен еді [сонда, 207-б].
— Турасын айтса біреу ат-шапан ала ма? Мысалы, несі? Тағы әрі-сәрі, тағы әуре-сарсаң [223-б]. Және Тәкежан мен Ысқақ сені сонда кіргізуді ұйғарған соң, сен орнықпай, тағы маған еріп кетсең ыбыр-жыбыр қоздана береді [сонда, 257-б].
б) Егер қайталанатын бірінші түбірде ашық дауысты дыбыс болса, қайталанатын екінші жаңғырық сөзде ол дыбыс еріндік қысаң дауысты дыбысқа ауысады. Мысалы, мына сөйлемдерге назар аударайық: Ырғызбай Құнанбайды бөктіріп, бұрқ-сарқ еткізіп, тулатып жатқан тартысқа Ақшоқыдағы ауыл қатысқен жоқ [3-кітап, 90-б]. Осымен келесі күннің екінді шағында ауыл үстінде бір шаң-шұң шығып қалды [сонда, 204-б]. Дәл осы кезде бұлардың қасына үсті-басы шылдырлап, аяғын сарт-сұрт басқан біреу келіп қалды [сонда, 259-б]. Аттылар бұрылып келіп, дөңгелене отырған жиынға жапыр-жұпыр сәлем берісіп, амандасып қалды [2-кітап, 271-б]. Қайталама қос сөздердің осы үшінші топқа жататын түрі туындыда өте сирек қолданылған. Жазушы ондай қос сөздерді өте шебер пайдаланған.
4) Бір сыңары ықшамдалып қайталанатын қос сөздер туындыда көптеп кездеседі. Қос сөздердің бұл түрі үстеме буынды немесе күшейтпе буынды қос сөздер деп те аталады. Бұл сөздердің үстеме (я күшейтпе) буындары тиісті сын есімнің әуелгі толық компонентінің әрі ықшамдалып, әрі соңына «п» дыбысын жамап алып бір тұйық я бітеу буынға айналуынан пайда болған. Бұндай күшейтпе сын есімнің негізіне мынадай екі түрлі жолмен үстелетін болып қалыптасқан: а) Егер қайталанатын негіздің бірінші буыны ашық болса, алғашқы буынына қатаң еріндік «п» дыбысы қосылып, үстеме буын я бітеу, я тұйық буынға айналады. Мысалы: Дәркембайдың көзі Абайға түскенде, оның жүзі боп-боз боп, екі көзі қанталап, Майбасар мен Тәкежанды жарып өткендей, алдына тып-тыныш тұрған апан суға кесек атып толқытқан әрекет елестейді [сонда, 17-б]. Абайдың екі көзі қып-қызыл екен, ісініңкіреп тұр [сонда, 30-б]. Оң жақ бетіндегі әдемі қап-қара меңі айқындап сілкіп тастап, кегі қайтқандай рақаттанып, сақ-сақ күлді [сонда, 71-б]. Романда мұндай қос сөздерге тап-таза, сап-сары, қып-қызыл, қап-қара, оп-оңай, тып-тыныш, боп-боз жатады.
ә) Егер қайталанатын негіздің бірінші буыны жабық я бітеу болса, сол алғашқы бітеу буынның соңғы дауыссыз түсіп қалады да, оның орнына «п» дыбысы жалғанып, үстеме буын жоғарыдағыша – я тұйық, я бітеу буынға айналады. Мысалы;
— Жаным, жарығым! – деп, жігіттің бетіне ып-ыстық бетін басты [сонда, 77-б]. Кәмшат бөркінің үкісі мен қозасының, маржаны мен шоғынан бастап, кішкентай аяғындағы тұмсығы үп-үшкір, жылтырауық әміркен кебісіне шейін бөлек сәнді Үмітей келеді [сонда, 173-б]. Өңі сұп-сұр, дырау қамшысын қымтып ұстап алған салалы саусақтарында сабырсыз діріл бар [2-кітап, 65-б]. Дәл осы Балқыбек жиынының үстінде ақ адал малын түп-түгел алдарына салыңдар! [сонда, 278-б].
Қос сөздердің екінші түрі қосарлама қос сөздерге тоқтала кетейік.
Қосарлама қос сөздер лексикалық мағынасы басқа-басқа екі түрлі сөзден құралады. Қосарлама қос сөздер мағына жағынан ыңғайлас, морфологиялық жағынан тектес, синтаксистік жағынан теңдес сөздерден құралады Бұл аталған еркшеліктер қосарлама сөздердің күрделі сөз болып жасалуына негізгі таяныш болумен қатар, олардың өзге күрделі сөздерден ажырауына да негізгі белгі есебінде қызмет етеді.
Компоненттері морфологиялық жағынан бір тектес, синтаксистік жағынан өзара тең болғандықтан, қосарлама қос сөздің мағынасын құрамындағы екі компоненттің де мағынасын бірдей қамтиды да, жалпылау, жинақтау, топшылау, болжаудау, мөлшерлеу тәрізді ұғымдарды білдіреді. Қосарлама қос сөздердің құрамындағы компоненттер дыбыс, буын және реті жақтарынан да үлес, үндес болып құралады.
Біріншіден, қосарлама сөздердің құрамындағы компоненттер рифма жағынан өзара үйлесіп отырады. Синтаксистік жағынан бір-бірімен тең екі компоненттің екеуіне де бір түрлі қосымша қосылуы арқылы да, осымен байланысты, буын саны мен екпіннің орны ауысуы арқылы да өзара орайласып отырады. Оған мысал ретінде романда мынадай қос сөздер кездеседі: әке-шеше, бала-шаға, көрмей-білмей, көшіп-қону, азан-қазан, сақал-шашы, зар-нала т.б.
Екіншіден, қосарлама сөздердің құрамдарындағы компоненттердің дауысты және дауыссыз дыбыстары үйлесіп, үндесіп отырады. Мысалы; қауіп-қатер, сай-сала, тамыр-таныс, қатын-қалаш, балдыр-бұлдыр, тиын-тебен, салдыр-сұлдыр, кедей-кепшік т.б. сияқты қос сөздер сөз басындағы дауыссыз дыбыстардың қайталануы арқылы үндескен аллитерациялық үйлесімдер.
Ал, азын-аулақ, аш-арық, анда-санда, абысын-ажын, ығы-жығы, айла-амал, ым-жым, ұмар-жұмар, ауыл-аймақ т.б. сияқты қосарлама қос сөздер дауысты дыбыстардың қайталануы ассоннанс жолымен үйлесіп романда қолданылған.
2.4. М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы қос сөздерді байланыстырушы формалар.
Қос сөздердің қай-қайсысы болмасын бір-бірімен белгілі бір формалары арқылы байланысады. Олар әртүрлі тұлғада жасалады. Қайталама қос сөздердің жасалуына келетін болсақ, “бір” сөзінің әртүрлі тұлғада қайталанып келуінен жасалған қос сөздерді үш түрлі мағыналық топқа бөлуге болады. Мәсалы: мына төмендегі сөйлемдерге назар аударайық. Бүгінгі әнші, өнерлі жастардың біріне-бірі көрсетіп жатқан құрмет ғыззат, сый-сұхбат арасындағы нәзік жарастық күй болды [4-кітап 53-б]. Қазіргі уақытта бұл ауылда бірде-бір бөгде кісі болмауы керек [сонда, 131-б]. Бір-біріне қонаққа барысу «ақсарбас, көкқасқа» айтысып, баталасу, тамырласып достасу көп. [сонда, 164-б]. Осындағы бірде-бір — ешбір деген ұғымды берсе, біріне-бірі, бір-біріне дегендер – екеуара, өзара деген ұғымды беріп, жаңа мәнде қолданып тұр. «Бірде-бір» сөзі бір және де шылауына тіркесінен қалыптасқан. Енді «өз» сөзінің әртүрлі тұлғада қайталанып келуінен жасалған қос сөздерге тоқталайық. Бұл күнге дейін арылмай келген көңіл кірбеңі түннен бері, дәл осы сәтте, өз-өзінен көзеліп жадырап кеткендей [сонда, 34-б]. Өзінен-өзі суық тартып, сұлық түсіп жүдеңдеп барады [сонда, 164-б]. Бірақ сонымен қатар, өзін-өзі күдіктенбей құптаған мақтаған сағыныш сезеді [сонда, 182-б]. Топ алдында сөзді түгел айтқызса өзіне-өзі соққы тигізгендей болатынын сезіп, Дәркембай мен баланы ықсыра қалың топтан шеттелініп шықты [сонда, 11-б]. Мұнда өз сөзіне әртүрлі жұрнақтардың жалғануы арқылы сөздің мағынасы бірде өзгеріп, бір сол қалпында мағына үстеп қолданылып тұр.
Қайталанатын сөздердің алдыңғы сыңарына –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнағы қосылу арқылы жасалған сөздердің семантикасы тіпті бөлек. Мысалы, әкесіне күнбе-күн оқып білген дерегін бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтқан-ды [сонда, 9-б]. Тай бұдан құтылмақ боп, нелер қиястық жасаса, соның бәріне де сол секундта Оспан қолма-қол тәсіл жасайды [сонда, 146-б]. Ыңғайлы шапшаң табақшылар ат үстінен көсіліп кеп, табақтарының сорпа-тұздығын төкпестен ұсынып, қонақ үйлердің алды-алдына тұра-тұра қалысады [сонда, 189-б]. Көзбе-көз айтып кеткен қияссөзі әлі есімнен кеткен жоқ [сонда, 282-б]. Мен сіздің ауызба-ауыз сөзіңізді бұл шаққа қатар естімеп-ем [сонда, 142-б]. Бұндай тұлғалар грамматикаларда синтаксистік тәсілі ретінде көрсетілген. “Қазіргі қазақ тілінің сөз жасам жүйесінде” де –ма, -ме үстеу жасаудың бір жолы. Бұл жұрнақ үстеулердің алғашқы сыңарына жалғанып, оқиға әрекеттің орындалуындағы дәлдікті, жедел болған істі айқындап көрсетіп тұрады. Үстеулердің негізі көбіне зат есімді сөздерден болады: ауызба-ауыз, қолма-қол, бетпе-бет, көзбе-көз т.б. Мұндай құрылыстағы үстеу сөздер әруақытта да етістіктермен тіркесе жұмсалып, оқиға әрекеттер арасындағы тығыз байланыстылықты білдіреді. Жоғарыдағы келтірілген мысалдардағы қайталама қос сөздердің мағыналары (қолма-қол, көзбе-көз, күнбе-күн, ауызба-ауыз) жеке сыңарларының мағыналарынан мүлде бөлек, жаңа мағыналар. Осындай қайталама қос сөздердің түрлері туындыда кездесіп отырады.
Ал енді туындыдағы қосарлама қос сөздерді байланыстырушы формаларға тоқталайық. Компоненттерінің морфологиялық құрылымына қарай, қосарлама сөздерді екі салаға бөлуге болады:
а) Негізгі түбірден құралған қсарлама сөздер. Оған бала-шаға, ата-ана, үй-жай, телан-тараж, аяқ-қол, дос-жар, күш-қуат, ләм-мим, күш-қуат, ас-су, нан-тұз, тай-құлын, оқу-білім, іні-бала, құлын-тай, дау-шар, дос-жар, көш-қон, ойын-сауық, той-думан т.б.
ә) Туынды формалардан құралған қосарлама сөздер екі түрлі болады. Бірінші – екі сыңарына да бірдей жұрнақ жалғанып жасалады, екіншісі – бір сыңарына ғана жұрнақ жалғау арқылы қосарланған қос сөздер. Мысалы, туындыда мынандай қос сөздер кездеседі: атарман-шабарман, онша-мұнда, әлді-малды, көрген-күздеу, қашқын-қуғын, есітіп-білген, келген-кеткен, көрінер-көрінбес, үзіп-жұлып, ерлі-зайып, алым-салық, ішіп-жемі, жүріс-тұрыс, бірен-саран, лім-жітім, өштік-қастық т.б. Қосарлама сөздің екі компонентіне де бірдей жалғанатын жұрнақтар көбінесе бір ғана түрлі болып қосылады, кей-кейде ғана екі түрлі болады. Мысалы, мына төмендегі сөйлемдерге назар аударайық: Жас қыз кезінде Абай мен Тоғжан арасындағы жалынды сырдың азды-көпті куәсіндей болған [сонда, 53-б]. Жолды-жолсыз жердің барлығында суыққа қарсы қасқарып-ап топты бастап келе жатқан себебі де сол [сонда, 102-б].
— Балам-ай , алды-артымды орап алдың-ау осы сен ә? – деп, Сүйіндік ақырын күле түсіп, екі ойлы болып қалды да Асылбекке қарап:
— Ей, менің балаларым мына бала қонағың артымда жатыр-ау өзі, ойлаймысыңдар?-деп, жақсы жадырап, шын бейілденді [сонда, 114-б]. Құнанбайдың алдында мысықтай үндемей отырып, былай шыға бере, бала-шаға, малшы-жалшыны сықпыртып, боқтап жүру оның дағдысы болған [сонда, 114-б].Кешегі төбелес, алыс-жұлыс атаулының ор жырасының ар жағында қалып қойған, алысып тұрған – Тоғжан [сонда, 168-б]. Сол шығын өскен сайын іші ауырып, ең ақыры осы кездерде Ұлжанды абысын-ажынға да ағайын-жақын, үлкенге де, тіпті бала-шағаға да жамандай бергіш боп еді [сонда, 169-б]. Өзенді құлдап селдір тоғай ішіне кіріп, арлы-берлі жүріп көрді [сонда, 178-б]. Көрпе-жастығы қызылды-жасылды жаңа төсек тәрізді [2-кітап, 25-б]. Келісімен Әділбек суық сөз есітіп, сезіктенген бе? Жаман бүлініп жеңгелерін де, малшы-көршілерін де қатты бүріпті [сонда, 221-б]. Әсіресі Ұлжанның айналасындағы үбірлі-шүбірлі молдықты, кеңдікті сүймейтін [сонда, 241-б]. Осы келтірілген мысалдардағы қосарлама қос сөздер бір-бірімен әр түрлі формалар арқылы байланысып жасалған. Осындағы қолданылған жұрнақтар мыналар: -лы, -лі,-ды, -ді, -ты, -ті (арлы-берлі, қызылды-жасылды), -шы, -ші (малшы-жалшы), -н, -ын, -ін, -қан, -кен, -ған, -ген (ішкен-жеген, жиған-терген), -ыс, -іс (алыс-жұлыс), -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік (өштік-қастық). Мұндай қос сөздер романда сирек қолданылған.
Сонымен, жалпы туындыдағы қос сөздер–қазақ тіліне айрықша тән құбылыстың, заттың және ұғым, түсініктің атауларын жинақтап беру үшін қолданылатын сөзжасам амалының бір түрі.
Қорытынды.
Қос сөздер түркі тілдің бәрінде бар тілдік құбылыс. Қос сөздер ең көне Орхон жазба ескерткіштерінің тілінде де болған. Содан бері қарай қос сөздер түркі тілдерінің бәрінің сөздік қорынан мол орын алып, тілде жиі қолданылатын лексикалық бірліктер қатарында келе жатыр. Қос сөздер мәселесі зерттелмеді дей алмаймыз.Ол жайында құнды пікірлер мен тұжырымдар да аз еместігін жоғарыда айтып өттік. Соған қарамастан, оны лексикалық тұрғыдан егжей-текжейлі зерттеп, тілдің әр саласына жататын жақтарын анықтап алмай, оны бір ғана құбылыс деп қарай алмаймыз. Қос сөздер мәселесі ғылымда әбден танылған, тілдік құбылыс.
Тарихи шығу төркінін, қалыптасу заңдарын топшылағанда, қос сөздер мынадай екі түрлі жолмен дами келіп, үлкен бір арнаға сыйған.
- Қайталама қос сөздер айтылатын ойға әртүрлі экспрессиялық, эмоциялық және басқа қосымша мән беру мақсатымен әуелде бір сөзді екі рет қайталап қолдану машығынан пайда болған.
Ал, сөздің ықшамдалып келіп, бір буын түрінде қайталануы сондай-ақ, сөздің я дауысты дыбыстың қайталануы кейінгі заманда қалыптасқан формалар.
- Қосарлама қос сөздер мынадай екі түрлі жолмен дамып қалыптасқан:
а) Қосарлама қос сөздердің бір алуаны сөйлемдегі бірыңғай мүшелердің, айқындауыш мүшелердің логикалық, интонациялық, формалық райға қарай бірте-бірте орын жағынан өзара орайласып, бір-бірімен үнемі жұпталып қолданылуына сәйкес, бірде күрделі, бір бүтін тұрақты сөз ретінде, бірде бір-бірінен ажырасатын бірыңғай мүшелер ретінде жұмсалынуының нәтижесінде қалыптасқан. Практикада әрі байлаулы, әрі еркін қолданылатын қасиет мағыналы қосарлама сөздерге тән. Сондықтан ондай қосарлама сөздердің компоненттері ауыспалы болады, бірде қос сөз құрамында қолданылса, бірде олар бір-бірінен ажырап дербес, жеке дара сөз ретінде қолданыла береді. Қос сөздердің екі сыңары да бірыңғай, яғни бір ғана сөз тобына тән сөздерден құралатын себебінің бір негізі олардың бірыңғай мүшелермен ұштастығында да болуға тиіс.
б) Қосарлама қос сөздердің бір алуаны белгілі бір төл сөзге бір рудың не тайпаның тіліндегі пар-пар я мәндес сөзді немесе көшірме, айлас-күлес отырған, я бұрынғы-соңды белгілі қарым-қатынаста болған басқа халықтардың тіліндегі балама сөзді жарыстыра, қосарлап қолдану нәтижесінде туып қалыптасқан.
Бірақ бұлардың ішінен кейбіреулерінің жеке, я екі компаненті әуелгі өз мағынасын не солғындатып, не жоғалтып, тек қосарлама сөздің құрамында ғана қолданылатын көне формаға айналған. Бұл процесте тиісті фонетикалық құбылыстардың маңызы болғаны күмәнсіз.Осыған көз жеткізу үшін романдағы мына қос сөздерді алып салыстырамыз: бала-шаға, жора-жолдас, некен-саяқ, тоқты-торым, дос-жар.
Халқымыздың классик жазушысы, қарымды қаламгер Мұхтар Әуезов өзінің төл туындысы – «Абай жолы» романында қос сөздерді орынды қолдануда түрлі әдеби тәсілдерге сүйене отырып, туындының негізгі тақырыбын аша білген.
М.Әуезов романды жазу барысында 500-ден астам қос сөздерді қолданған. Туындыдағы қос сөздерді талдау барысында байқағанымыз қайталама қос сөздерге қарағанда, қосарлама қос сөздердің саны өте көп қолданылған.
Романдағы қос сөздердің тұлғалық түрлерінің қаншалықты бай болуына байланысты, мағыналық ерекшіліктері де соншалықты бай болып келеді.
Жалпы туындыдағы қос сөздерді мағынасына қарай мынадай негізгі топтарға бөліп қарастырдық:
- Жинақтық я жалпылық мағынаны білдіретін қос сөздер: бала-шаға, әке-шеше, қыз-келіншек т.б.
- Жіктеу, даралау мағынаны білдіретін қос сөздер: мая-мая, қора-қора, топ-топ, қос-қос т.б.
- Болжау мағынасын білдіретін қос сөздерге: бүгін-ертең, екі-үш, төрт-бес.
- Белгілі амалдың бір рет емес, әлденеше рет қайталанғанын білдіретін қос сөздер: сарт-сұрт, бара-бара, қайта-қайта, қағып-қағып, мұңдап-мұңдап т.б.
- Екі субъектінің арасындағы әрекеттің немесе қарым-қатынастың
тікелей болатынын білдіретін қос сөздер: бетпе-бет, ауызба-ауыз, қолма-қол, көзбе-көз т.б.
- Қимылдың я көріністің бірқалыпты емес, бірде олай, бірде бұлай құбылып отыратынын білдіретін қос сөздер: жалт-жұлт, сарт-сұрт, тарс-тұрс, сақыр-сұқыр т.б.
- Аталатын затты кемсіну-қомсыну мағынасын білдіретін қос сөздер: ат-мат, ақсақ-тоқсақ т.б.
- Заттың түсін, көлемін я болмаса сапасын күшейту мағынасын беретін қос сөздер: сап-сары, үп-үшкір, кіп-кішкене, ып-ыстық, жұп-жұмсақ, түп-түгел, жіп-жіңішке т.б.
- Мезгіл мағынасын білдіретін қос сөздер: бүгін-ертең, анда-санда, күндіз-түні, күнбе-күн т.б.
Сонымен қоса туындыдағы қос сөздер атауының бәрі мынадай заңдылықтар арқылы жасалады:
- Қос сөздер сыңарлары кез-келген сөздерден бола бермей екі сыңары да бір сөз табынан болады: қарға-құзғын, төрт-бес, ақ-қара, кәрі-жас т.б.
- Қос сөз сыңарлары мағыналас, синоним, антоним сөздерден жасалады: аяқ-қол, күш-қуат, қазан-ошақ, пішін-мүсін, еркек-әйел т.б.
- Сыңарлары буын саны жағынан үндесіп келеді, яғни сингорманизм заңы сақталған: қару-жарақ, талан-тараж, у-шу, сүйек-сорпа т.б.
Туындыдағы қос сөздердің жасалуындағы бұл заңдылықтарда қайшылықтар жоқ емес, бірақ ол негізгі заңдылықтарға қарағанда әлдеқайда аз екендігін негізгі тарауда айтып өткен болатынбыз.
Туындыда қолданылған қос сөздер тек өзіміздің ұлттық тілімізде ғана емес, басқа түркі тілдерінен енген сөздер арқылы да жасалған. М.Әуезов төл туындысын жазу барысында қос сөздерді сол кездегі кезеңге сай қолданған. Мысалы; көші-қон қазақ халқының көшіп қонуына байланысты: жайлау-қыстау, қару-жарақ, әдет-ғұрып, салт-дәстүр т.б. сияқты сөздерді көп қолданып, айтпақшы болған ойын әсерлі жеткізген. Романда қос сөз сыңарлары, тұрақты сөз тізбектерінде көненің сарқытындай сақталып қалған құпия сөздер де кездеседі. Тіл мамандары көне сөздерге арнайы зерттеу жасап, көзін ашып отырса, бір кездегі болмыстан сыр аңғарып қана қоймай, бүгінгі тіл қолданысымызда «бұл қалай» деген сұраққа жауап табар едік.
Жалпы М. Әуезов туындының негізгі тақырыбын айқын аша білген және әдеби қазынамыздың дамуына өз үлесін қосты. Қазақ халқының қалыптасу, бағзы замандағы тұрмыс тіршілігі жайында баяндайтын туындыны оқыған кез-келген оқырман қазақтың бай тілінің тарихы тереңде жатқандығына көз жеткізеді. М.Әуезов туындысы қазақ әдебиетіндегі баға жетпес қазынаның бірі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
- Аханов К. «Грамматика теориясының негіздері» Алматы, «Мектеп» 1972 ж.
- Әзімжанова Г. «Көркем проза тіліндегі етістіктердің стилистикасы». Кандидаттық диссертациялық қолжазбасы. Алматы, 1988 ж.
- Байтурсынов А. «Тіл тағлымы» Алматы «Ана тілі» 1992 ж.
- Дмитриев Н. «Грамматика башкирского языка» Москва, 1984 ж.
- Есенғұлов А. «Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қос сөздер және олардың қазақ әдеби тіліне қатысы жайында» «Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары» Алматы, 1981 ж.
- Жұбанов Қ. «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» Алматы. «Ғылым» 1999 ж.
- Жаркешова Г. «Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігі» Алматы, «Жалын» 1960 ж.
- Жұбанов Қ. «Қазақ тілі грамматикасы бойынша зерттеулер» Алматы, 1975 ж.
- Кононов А. «Грамматика современного узбекского литературного языка» Москва, 1960 ж.
- Кеңесбаев І. «Қазақ тіліндегі фразалық қос сөздер» Алматы, 1950 ж.
- Қожабергенова З. «Транскрипциялы қос сөздер» Бастауыш мектеп 1984 №4.
- Қайдаров «Парные слова в современном уйгурском языке» Алматы 1956 ж.
- Қалабаева Т., «Қайталама қос сөздердің кейбір мәселелері» Қазақстан мектебі. Алматы, 1980 ж. №3.
- Мұсабекова Ф. «Қазақ тілінің практикалық стилистикасы» Алматы, «Мектеп» 1982 ж.
- Нұрмағамбетов Қ. «Қос сөздердің құпия сырлары» Алматы, «Жалын» 1991 ж.
- Отарбаева А. «Сөзжасам жүйесі» Алматы, 2003 ж.
- Сауранбаев Н. «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» Алматы, «Мектеп» 1948 ж.
- Сауранбаев Н. «Қазақ тілі педучилищеге арналған» Алматы, «Жазушы»
1953 ж.
- Уәлиев И. «Қос сөз сыңарларының сырлары» Қазақ әдебиеті, 1983 ж. №6.4 ақпан.
- Шәкенов Ж. Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен күрделі тұлғалар» Алматы,
«Ана тілі» 1991 ж.
- Ысқақов А. «Қазіргі қазақ тілі» А. «Ана тілі» 1991 ж.
- Хасанова С. «Қос сөздердің стилдік қисындары», «Қазақ тілі мен әдебиеті мәселелері бойынша мақалалар жинағы» Алматы, 1977 ж.
- «Қазақ тілі мен әдебиеті» — Алматы, 1999 ж. №5
- «Қазақ әдебиеті» 1982 ж., №2.
- «Қазақ тілі мен әдебиеті» Алматы, 2003, №10
- «Древнетюркский словарь» Ленинград 1968 ж.