Мазмұны
Кіріспе
1 «Мемлекеттік тіл» ұғымы және оның анықтамасы
- 1 Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қалыптасу жолдары, кезеңдері
- 2 Мемлекеттік тілдің әлеуметтік қырлары
- 3 Еліміздегі қазіргі кездегі тілдік жағдайдың әлеуметтік мәселелері
- 4 Қазақ тілінің қоғамдық қызметі мен қолданыс аясы жайында
- 5 Мемлекеттік тілмен басқа ұлттардың арақатынасы, қақтығыстар мен келісімдер
2 Мемлекеттік тілге байланысты қабылданған заңнамалық құжаттардың сипаты және олардың жүзеге асырылу деңгейі
- 1 Тіл саясаты мен ондағы негізгі ұсыныстар
- 2 Мемлекеттік тіл мәртебесін сақтауға байланысты жүзеге асырылуға тиіс іс – шаралар
- 3 Мемлекеттік тілдің Қазақстандағы аймақтық дамуына ұсыныстар
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Тіл – қоғамдық құбылыс. Ол адам баласының ғана келбетін, даму сипатын көрсетіп қоймайды, сонымен бірге қоғамның да ілгерілеуін, алға қадам басуын, көркеюін көрсетеді. Тіл – адам баласының ғана емес, ұлттың, халықтың, қоғамның болмысын көрсететін құбылыс. Адамзаттық құндылықтар қатарында тіл – ғылымнан да, мәдениет пен өнерден де бұрын аталады. Ғылым да, мәдениет те өнер де материалдық игіліктер де, саясат та тілдің қатысуымен жасалады. Тілдің адамның жан – дүниесіне өлшеусіз әсер ете алатын құдіреті саяси тетік ретінде ертеден – ақ пайдаланылған.
Ғалым – ұстаз Ш. Бектұров тілдің қызметі туралы төмендегідей ой – пікір айтады: «Жалпы тілдің қоғамдық қызметімен қатар, ойды жарыққа шығару қасиеті де бар. Әрбір адам өз ойын басқа біреуге тіл арқылы айтып жеткізеді, біреудің ойын тіл арқылы түсінеді. Сонымен тілге анықтама беруде, тілдің әлеуметтік, яғни адам қоғамына қызме етуі және ойлаудың, ойды жүзеге асырудың құралы екендігі негізге алынады. Тілдің қатынас құралы болу қызметін қарым – қатынас коммуникативтік қызметі десе, ал оның ойды жүзеге асыру қызметін көркемдеуші, бейнелеуші экспрессивтік қызмет дейді».
Тілдің бұл екі қызметі – қарым – қатынас коммуникативтік қызметі мен көркемдеуші бейнелеуші экспрессивтік қызметі — өзара бір – бірімен тығыз байланысты, бірі екіншісін тудыруға себепкер. Мысалы, басқа тілді үйрену үшін адам, ең алдымен, сол тілде сөйлейтін адамдармен қарым – қатынас жасау әрекетін бастайды. Әбден үйреніп алғаннан кейін ғана сол тілде ойлап, ойын жарыққа шығарудың құралына айналдырады.
Әрбір құбылыстың өзінің шығу және даму тарихы болатыны тәрізді тілдің де шығу тарихы бар. Кейбір тілдер ерте туып, бірақ кейіннен келе – келе қолданудан шығып жатса, енді бірқатары ілгері басып дамиды. Осындай қолданудан шығып қалған тілдерді өлі тілдер немесе көне тілдер деп атайды.
Бүгінгі таңда, күнделікті өмірде қолданылып жүрген тілдерді тірі тілдер немесе қазіргі тілдер дейді. Әр мемлекеттің өз ішінде көбірек қолданылып, мемлекеттік маңызы бар іс қағаздары негізінен осы тілде жүргізілуі тиіс тілдерді – мемлекеттік тіл дейді. Мәселен, бұған қазіргі қазақ тілін жатқыза аламыз.
Бітіру жұмысында қазақ тілінің әлеуметтік қырлары, қолданылу аясы кеңінен сөз болады. Қазақ тілінің саласында тер төгіп жүрген ғалымдардың нақты тұжырымдарына сүйене отырып, мемлекеттік тілдің заңдық тұрғыда қолданылуын бағдарладық.
Жұмыстың көкейкестілігі: Мемлекеттік тіл тақырыбы қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өйткені мемлекеттік тіл – біздің бүкіл халқымыздың ортақ тілі, тарихы талай ғасырлардан бері келе жатқан құбылыс. Мемлекеттік тіл бірақ дәл қазіргі кездегідей бұрын – соңды мүшкіл халді бастан өткеріп көрмепті. Ана тіліміздің бүгінгідей жағдайға түсуі қазақ халқының ұлттық, отаншылдық сана – сезімінің қандай деңгейде екенін көрсетеді. Бірақ мемлекеттік тілдің құлдырауы бұлай жалғаса беретін болса, қазақтығымызды, елдігімізді мүлде жоғалтарымыз ақиқат. Сондықтан бұл жұмыстағы негізгі ой қазақ тілінің өткір мәселелерін жан – жақты ашып талдау болатын.
Зерттеудің пәні: Қоғамымыздағы мемлекеттік тілдің қолданылу, жұмсалу аясы. Мемлекеттік тілдің қызметін ретке келтіруге бағытталған іс – шаралар жиынтығы.
Зерттеудің мақсаты: Мемлекеттік тілдің бүгінгі таңдағы көрінісін, бет – бейнесін анықтау. Мемлекеттік тілді нығайту жолында жасалып жатқан жұмыстарға баға беру.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Мемлекеттік тілдің қалыптасу тарихы тұңғыш рет ғылыми деректермен дәлелденді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметі нақтыланды. Тіл саясатының негізгі тұжырымдары айқындалды.
Жұмыстың құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер, қосымша әдебиеттер тізімінен тұрады.
Зерттеудің дерек көздері: Бақытжан Хасанұлының әр жылдары жарық көрген мемлекеттік тілге байланысты еңбектері, энциклопедиялар, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақалалары, басқа да ғалымдардың баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары.
1 «Мемлекеттік тіл» ұғымы және оның анықтамасы
Алдымен «мемлекеттік тіл» деген ұғым шеңберін қалыптастыру үшін оның анықтамасына мән беріп кетейік. Әрі мемлекеттік тіл ұғымы кеңес одағы кезінде бізге көп таныс бола қойған жоқ. Мұның да астарында бір саясат жатқаны анық еді. Сол себептен, ең алдымен, кеңес одағының басылымдарында «мемлекеттік тіл» ұғымы қандай мағынада қолданылды, соған үңілеміз.
«Мемлекеттік тіл» ұғымы жарты ғасырдан астам уақыт бойында кеңестік республикалардың не конституцияларында, не заң ғылымдарында, не лингвистикалық әдебиеттерінде жете зерттелмегені былай тұрсын, ол өз мәнінде де қарастырылмады. Қарастырылғанның өзінде де ол бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, қарама-қайшы мағынада түсіндірілді.
Мемлекеттік тіл идеясының өзі кеңестік идеологияға жат, қанау, кіріптар ету немесе күштеп ассимиляциялаудың басты айыпкері ретінде ұғындырылып, оны шет елдерге тән адамды алдымен қанауы, бір ұлттың екінші ұлтқа билік жүргізу құралы деп түсіндірілді. Мысалы, Үлкен кеңестік энциклопедияда оған: «Мемлекеттік тіл дегеніміз — бұл заңды түрде мойындалған, сол елде міндетті болып табылатын және мекемелерде іс жүргізу саласында, мектептерде сабақ өтуде қолданылатын тіл. Державалық мемлекеттерде мемлекеттік тіл басқа қалған кіші ұлттардың өкілеттігін шектеу арқылы және оларды ығыстыру арқылы үстем ұлттың өз тілін күштеп енгізуі нәтижесінде іске асады «,– [ 1, 485 ] деп анықтама береді.
Бұл анықтамадан көріп тұрғанымыздай, кеңес үкіметі құрамындағы ұлттар тіліне жасап отырған өз үстем саясаттарын дәл берген сияқты. Анығында олар капиталистік елдердегі мемлекеттік тілдерді сипаттауға ұмтылған, бірақ өздерінің жүргізіп отырған әрекеттерін жасырып қала да алмаған.
Осылайша біртіндеп мұндай анықтамалар арқылы «мемлекеттік тіл» терминін кеңестік өмір саясатына сыйыспайтындай етіп көрсетуі өрши түсті. Бұл сөз жүзінде тілдер теңдігін мойындаған, ал іс жүзінде орыс тілінің үстемдігін жүргізуге бағытталған кертартпа тіл саясатының бүркеншігі еді. Сондықтан мемлекеттік тіл проблемасын қозғауға батылы жетпеушілік немесе бұл ұғымның осындай түсініктемелеріне үнсіз бас изеушілік түрлі саладағы мамандардың (социолингвистер, тарихшылар, құқықтанушылар т.б.) еріксіз оны аса маңызды қызметтік мәнін зерттеу аясынан шығарып тастады. Сол себептен кеңес үкіметінің тұсындағы заң құжаттарында «мемлекеттік тіл» термині кездеспейді деп айтылады. Мұның өзінің бір айқындалған себептері болды. Төңкерістен кейінгі бірінші бесжылдықта Одаққа қараған республикаларда мемлекеттік іс-қағаздары заңды түрде оларды мемлекеттік тіл деп арнайы жарияламай-ақ, орыс немесе республиканың байырғы халқының тілінде жүргізіліп отырды. Бұл кезеңдерде тілдердің еркін қолданылуы мен дамуына біршама жақсы жағдайлар жасалды. Мысалы, бұған Қазақстан көлемінде қабылданған мынадай заңды құжаттарды атауға болады:
- 1919 жылғы шілденің 10-да Бүкілресейлік Атқару комитеті (ВЦИК) мен Халық Комиссарлары кеңесінің (СНК) декреті негізінде қабылданған «Қырғыз (қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» (1920, 6- тамыз) декреті; 2. Қазақ КСР- і кеңестерінің 1-ші құрылтай съезі қабылдаған ҚАЗССР еңбекшілер правосының декларациясы (1920ж,6- қазан); 3. 1921 жылы ақпан айының 2-сінде Қазақ АССР Халық комиссарлар Советі қабылдаған «Қазақ, орыс тілдерінің мемлекеттік мекемелердеқолдану жөніндегі» декреті; 4. 1923 жылы қарашаның 22- сінде қабылданған «Қазақ тілінде іс-жүргізу туралы» деп аталатын Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің декреті; 5. 1924- жылы ақпанның 18-нде қабылданған Қазақ АССінің Орталық Атқару комитеті қабылдаған Қазақстанның 1-ші Конституциясы.
Мұнан кейінгі жылдарда да, яғни 1924 жылы КСРО-ның жаңа Конституциясы қабылданып, онда тілдердің мәртебелері айқындалды, бірақ мұнда «мемлекеттік тіл» емес одақта республикаларда жалпы қолданылатын тіл туралы айтылады, ал оның қандай мағына беретіндігі, қолдану аясы түсіндірлмейді.
Соңғы жарты ғасырлық уақыт (1938-1987) аралығында «мемлекеттік тіл» ұғымы республика жұртшылығының өмірінде заң жүзінде көрініс бермейді. Бұл тіл теңдігі мен ұлт тілінің дамыту мәселесі сөз жүзінде сақталған, ал іс жүзінде саналы түрде тежеуге бағытталған саясаттың күш салған тұсы болды. Осы кезеңде заңды түрде мемлекеттік тіл ретінде жарияланбай-ақ, орыс тілі КСРО аумағында барлық өмір салаларында жеке дара «ұлы» тіл болып шыға келді. Бұған белгілі дәрежеле түрткі болған 1938 жылдың 13 наурызындағы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК(Б)П Орталық комитетінің «Ұлттық Республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті түрде оқыту» жөніндегі қаулы болды. Қаулының текісін көріп отырғанымыздай не жергілікті тілдерге қысымшылық көрсету жөнінде, не орыс тілінің нақтылы мәртебесі туралы ештеме айтылмаған. Алайда оның күнделікті өмірде, білім беру саласында өзге тілдердің қызметінің жарты ғасырға тежелуіне және онымен байланысты қалған өмір саларында да күйзеліске түсуіне әкелді. Осының ізімен дәл осндай, яғни орыс тілді үйренуді міндеттеген арнаулы қаулылыр 1948, 1961, 1978, 1983 жылдары қабылданып, іс жүзінде іске асырылды. Бұл ұлттық тілдердің өз сөйлеушілері үшін тастанды тілге айналуына, тіпті кейбіреулерінің мүлдем тіл ретінде жойылуына әкеп соқтырды. Мысалы, Кеңес үкіметі орнаған кезде РСФСР- да тұратын халықтар 193 тілде сөйлесе, 1937 жылғы көрсеткен көрсеткіш- 90. Ал 1998 жылғы дерек бойынша КСРО-да оқу процесі небәрі 39 тілде жүргізіліпті. Сонда арадағы 51 жылда 51тіл жойылыпты.
Осындай қатты күйзеліске түскен тілдердің бірі – қазақ тілі. Қазақ тілі бұрынғы Одақтағы өзге тілдер сияқты өзінің қызметін көптеген өмір салаларында қысқартылды, өз сөйлеушілерінің екінші тіліне айналып, тұрмыстық жанұялық қатынасқа дейін ысырылды. Оған тағы бір себеп, бір сөзбен айтқанда, Кеңес үкіметі мен Компартия жүргізген зорлап ұйымдастыру саясаты кезіндегі халықтың аштан қырылуы мен жөн-жоқысыз өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға жаппай қоныстандырылуы еді. Соның кесіріне қазақ тілі өз этникалық Отанында көпұлттылық жағдайға душар болды. Ұлтаралық қатынас құралы ретінде қазақтардың ықтиярынсыз икемделген орыс тілі өз өктемдігін жұргізді. Ақырында қазақ тілінің табиғи ортасы бұзылды. Қазақ жерінің солтүстігі мен орталығында, күллі қалаларда қазақтың азайуы желеу етіліп, ана тілі шет қақпай көрді. Мысалы, 1938-1985 жылдар аралығында қазақ мектептерінің саны 4391-ден 2400-ге дейін азайған, басқаша айтқанда елу жылға толар-толмас уақытта 1901 мектеп жабылған екен.бұл қазақ халқының тілдік мүддесі тіпті де ескерілмегенін көрсетеді.
«Қазақ халқы есін жиып, 1986-1987 жылдардан бастап азаттық үшін ашық күреске шықты., ол тілден басталды десек болғандай. Орталықтың тегеурінінде әкімшілдігіне төтеп беріп, ана тілін дамыту мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осыған орай қазақ халқының зиялыларының талап етіуі бойынша 1987 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССр Министрлер Советінің «қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы» қаулысы қабылданды. Мұнан кейінгі жылдарда КСРО-ның ыдырауы мен бұрынғы Одаққа қараған республикалардың негізгі тілі мемлекеттік тілі болып жарияланды. Кейбір республикаларда өз тіліммен қоса орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас құрал тілі ретінде жариялады. Мысалы, Қазақстанның 1989 жылғы Тіл заңында: «Қазақ ССР-інде орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады»,–деп көрсетілсе, сол заңның екінші бабында: «Қазақ ССР-і орыс тілінің мемлекеттік тілмен бірдей еркін қолданылуын қамтамасыз етеді»,– деп жазылды. Бірақ қабылданған Конституцияларда да, шыққан заңдарда да «мемлекеттік тіл» ұғымының түсініктемесі берілмеді. Айталық, сол тұстағы, яғни 1989 жылы өз тілдері мен орыс тілін қатар мемлекеттік тілдер ретінде жариялаған Прибалтика, Тәжікстан, Украина, Қырғыз, Өзбек, Қазақстан республикаларының Тіл туралы заңдарынан мемлекеттік тілдің анықтамасын табу қиын. Дегенмен олардың әрқайсысынан көмескі түрде болса да, мемлекеттік тілдің анықтамасын табуға болады. Мысалы, Молдавия Конституциясының 70-бабына сәйкес қабылданған. Тіл заңында Молдавия мемлекеттік тілі – молдаван тілі деп жазылғаннан кейін оның түсініктемесі ретінде мынандай сипаттама берілген: «Государственный язык действует политической,экономической, социальной и культурной жизни и функционирует на основе латинской графики»,– делінген.
Орыс тілінің осы ресми тіл мәртебесі болуы кейінгі кезеңдерде егемен мемлекеттердің заң құжаттарында әлі күнге дейін қолданыстан қалмай келеді. Бұл қазіргі таңда өз тілін мемлекеттік тіл ретінде жариялаған республикаларда көпшілік жағдайда «мемлекеттік тіл» және «ресми тіл» дегендердің бір мағына беретіндігі ескерілмей, ара жігінің алшақтанып, бір-бірінің қайшы қойылуына себеп болып отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттілік тілі– қазақ тілі»,– деп анық көрсетілген. Ал орыс тілі жөнінде: «мемлекеттік ұйымдардажәне жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады»,– делінген» [2, 6].
Жалпы әлемдегі тілдік процеске назар аударсақ, онда «мемлекеттік тіл» және «ресми тіл» дегендер өзара синоним сөздер. әрине «ресми тіл» терминінің «мемлекеттік тіл» терминінен бөлек кездесетін сәттерде болады. Мұндайда ол бір мемлекеттен тысқары елдер, мемлекеттер арасындағы келісілген тіл қызметінде қолданылуы мүмкін. Мысалы, БҰҰ жұмыс тілі деген сияқты реттерде [3, 196] .
Мемлекеттік тіл– көптілді қоғам айналып өте алмайтын, ас қажетті құбылыс. Дегенмен, ол мемлекеттің саяси құрылымына өзіндік ұстаған ішкі, сыртқы саясибағыттарына байланысты әр қалай сиппатталуы мүмкін. Мәселен, Франция, Испания, Пакистан, Қытай сияқты елдерде мемлекеттік тіл– соны жариялаған ел азаматтарының барлығы бірдей білуге тиіс болса, Индонезия, Филиппинда мемлекеттік тіл– көпұлтты елдің түрлі халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың тиісті құралы болып табылады. Сондай-ақ кей елдерде мемлекеттік тіл қарсы шығуға болмайтын тіл болып есептеледі, тілге қарсы шығу мемлекетке қарсышығу болып табылады (Пакистан).
Сонымен жоғарыдағыларды негізге алар болсақ «мемлекеттік тіл» ұғымынының мәнін былай түсіндіруге болады:
- Қандайда тіл болмасын, егер мемлекеттік тіл болып жариияланса, ол– сол елдің негізгі тілі. Сондықтан да, ол тіл әкімшілік-басқару органдарының қызмет бабында қолданылатын тіл. Сондай-ақ сан алуан өмір салаларында алдымен пайдалануға тиісті.
- Мемлекеттік тіл – оны жариялаған ел азаматтарының барлығы міндетті түрде білуге тиісті тіл.
- Мемлекеттік тіл – Ту мен Елтаңба сияқты мемлекеттің рәмізі.
- Мемлекеттік тіл – көпұлтты елдің күллі халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың тілі.
- Мемлекеттік тіл – елдің лингвистикалық бірлігін білдіреді.
- Мемлекеттік тіл – мелекет қамқорлығына алынған тіл, оған қарсы шығуға болмайтын тіл.
Сонымен «мемлекеттік тіл» ұғымына нақтылай анықтама беретін болсақ:
Мемлекеттік тіл көпұлтты (көптілді) мемлекетте халықтың ұлттық құрамына қарамай іс қағаздарын, мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту, мәдениет, баспасөз бен байланыс (почта, телеграф т.б.) орындарында, құқық қорғау мен оның қолдану аясын (сфера) кеңейту үшін мемлекет тарапынан белгілі бір уақытқа жоспарланған жан – жақты бағдарламалар жасалады. Мемлекеттік тіл әрдайым мемлекеттің қорғауында және оның қамқорлығында болады. Демократиялық қоғамды белгілі бір тілге мемлекеттік мәртебе (статус) беру оның басқа тілдерге қысымшылық көрсету болып табылмайды. Бұл туралы Республикамыздың Тіл туралы Заңында (1997 ж.) анық айтылған. Кеңес заманында КСРО – ның Конституциясында және басқа да мемлекеттік құжаттарда ашық айтылмаса да, орыс тілі іс жүзінде (де — факто) Мемлекеттік тіл функцияларын орындады. Орыс тілінің осындай ерекше ролі геральдикалық әдіспен анықталады. Мысалы, КСРО – ның елтаңбасы мен ақша бірліктерінде орыс сөздер үлкен әріппен беріліп, басқа ұлттық тілдердегі лексемалар кіші әріппен берілгені дәлел бола алады. Кейбір көпұлтты (көпұлтты) мемлекеттерде тілге берілетін мәртебе басқаша аталуы мүмкін: ресми тіл, ресми түрде қолданылатын тіл, ұлттық, конституциялық және аймақтық тілдер. Осыған байланысты «көпұлтты» және «көптілді» деген терминдердің синоним сөздер ретінде қолданылуын сөйлеу тіліміздегі қателеріміздің бірі ретінде қараған жөн. Кезінде КСРО (Югославия) көпұлтты мемлекет болатын, себебі Одаққа өздерінінң белгілі бір территориясы, шекарасы, басқару органдары бар субъектілер енген болатын. Ал Қазақстан жайында ол басқаша, мұнда жоғарыда көрсетілген Одаққа тән ерекшеліктер болған жоқ, сол себептен де Республикамыз әлеуметтік тіл білімі тұрғысынан қарағанда көпұлтты емес, көптілді елдер санатына жатады деу шындыққа сәйкес келеді.
Көпұлтты елдердің қатарына жататын мемлекеттің субъектілері (ұлттық республика, облыс, аймақ т.б.) өздерінің ұлттық тілдеріне мемлекеттік мәртебе беруге құқылы болса, көптеген елдерде мұндай еркіндік жоқ. себебі көптілді елдің құрамына диаспора ретінде енген ұлт – ұлыстардың қалыптасуы солақай саясаттың, депортацияның т.б. нәтижелері болуы мүмкін., яғни бұл құбылыстардың тарихи мән – мазмұны жоқ. сол себептен Қазақстанда мемлекеттік қостілділік қабылданбай, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып, орыс тілі ресми түрде қолданылатын тіл болып жарияланған [4, 37].
Мемлекеттік тіл – қоғамдық функциялардың көпшілігінде қолданылатын тіл, белгілі бір территорияға тараған және құқықтық мәртебеге ие болған, мағыналық тұрғыдан ресми тілге бара-бар бірақ құқұқтық жағынан кейбір елдерде ерекшеленеді [5, 3].
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің басқа символдарымен (елтаңба, ту, әнұран) қатар мемлекетті билік және басқару органдары тарапынан қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындар, білім беру, ғылым және мәдениет, саласы және тағы басқа тарапынан бекітіледі, қоғам өмірінің әр түрлі саласында интеграциялық қызмет атқарып, мемлекетті нығайтудың негізгі құралы болып табылады, елдің мәдени және шаруашылығын дамуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің барлық халықтарының ұлтаралық қатынас құралы ретінде тарихи қалыптасқан функциясын атқарады; мемлекетті басқару тілі болып табылады, ресми ауызша және жазбаша қатынас құралы ретінде қолданылады, заң шығару, атқару және соторгандарында, білім беру ғылым мәдениет, бұқаралық ақпараттық құралдарында қолданылады.(ҚР. 7 бап.) [6, 3]
Мәдениеті мен тіліне үлкен көлемде мән беретін дамыған елдердің қоғамындағы тілдік жағдайды ескере отырып, мемлекеттік тіл атауына ие болған тілдің мынандай негізгі қызметтерді жүзеге асыратындығына көз жеткізіп, оларды тізімдеп көрсетіп беруге болады. Олар:
Мемлекеттік басқару тілі |
Іскерлік қарым-қатынас тілі |
Заң шығару тілі |
БАҚ-тың тілі |
Саясат тілі |
Мемлекеттік тілдің қызметі |
ҚР-ның қарулы күштер тілі |
Ғылым тілі |
Өнер тілі |
Білім тілі |
Басқа ұлт өкілдерінің үйрену тілі |
- 1 Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қалыптасу жолдары, кезеңдері
Бүгінгі таңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қалыптасып, тұрақтануы туған тілдің жүзеге асырылуын іс жүзінде бекітіп, қолданылу көкжиегін кеңейтіп берді. Қазақ тілінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып жариялануы қазақ халқының бұрынғы отарлық езгіден ажырап, енді ұлы тілі деп орыс тіліне жалтақтамай, ана тілінде еркін сөйлесуге, дәстүрлі үрдісті жалғастыруға мүмкіндік берді. Алайда мемлекеттік тіл болып қалыптасқанға дейін қазақ тілінің қаншама қиындықтарды бастан кешіргенін айтпай кетуге болмайды. Тіл тағдырының өз иелері қазақ халқы сияқты сан қилы замандарды бастан кешіргенін тарихтан байқай аламыз. Біздің қаншама ұлттық құндылықтарымыз жоғалып кеткен кезде ана тіліміз асыл мұраның көзіндей болып сақталып қалды. Кемеңгер ақынымыз Мағжан:
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың, — деп айтқандай мемлекеттік тіл болып нығайғанға дейінгі аралықта небір қиыншылықтарды өткерген қазақ тілінің тарихын саралауымыз, мемлекеттік тіл ретінде қалыптасу жолдарына назар аударуымыз қазіргі кезде басты мақсатымызға айналып отыр.
Қазақ тілі – қазіргі кездері жинақталып, бір ізге, бір нормаға түскен тіл. Қазақ тілі, ең алдымен, қазақ халқының ана тілі. Оның мемлекеттік тіл мәртебесін алып, өкілеттігін заңды түрде кеңейте бастағанына көп уақыт өткен жоқ. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалыптасу тарихын бағдарламас бұрын оның әлеуметтік сипатын қарастырып көрейік.
Қазақ тілі ғалым Баскаков жасаған тілдердің генеологиялық топтастырылуы бойынша түркі тілдері тобына жатады: Түркі тілдері тобына мына тілдер жатады:
Алтай тілі Құмық тілі
Әзербайжан тілі Ноғай тілі
Башқұрт тілі Өзбек тілі
Гагауыз тілі Татар тілі
Қазақ тілі Түрік тілі
Қарайым тілі Түркімен тілі
Қарақалпақ тілі Ұйғыр тілі
Қарашай тілі Чуваш тілі
Қарашай – балқар тілі Шор тілі
Қырғыз тілі Хакас тілі
Қырым татарлары тілі Якут тілі, т.б. ұсақ тілдер
Жоғарыда аталған тілдерді туыс тілдер деп атайды, өйткені бұлардың о бастағы шығу төркіні бір болған.
Қазақ тілі өзінің шығу төркіні жағынан осы түркі тектес тілдерге, соның ішінде Қыпшақ тобындағы тілдерге, ал сөз құрылысы (морфологиясы) жағынан жалғамалы (агглютинативті) тілдер тобына жатады.
Қазіргі қазақ тілінің арғы тегін сан – салалы көне түркі жазба ескерткіштерінен аңғарамыз. Қазақ тілі сонау ерте дәуірден, біздің жыл санауымыздан бермен қарай халқымыздың дамуымен бірге алға басып келеді.
Жалпы, шетел ғалымдары Радлов, Мелиоранский, Бартольд және қазақтың тіл мамандырының ғылыми тұрғыдан дәлелдеуі бойынша, қазақ тілі дамыған және жан – жақты жетілген тілдер тобына жатады. Қазақ халқы – ежелден шешендікке әуес, тіл өнеріне келгенде мүлт жібермейтін халықтың бірі. Қазақ – сөз қадірін білген және аталы сөзге тоқтаған халық.
Зерттеушілердің пікірлеріне сүйенетін болсақ, қазақ тілі патша өкіметі билеген тұста саяси – қоғамдық мәнде таныла алмаған. Ол «Қазан төңкерісіне» дейін тек халық ауыз әдебиетінде, тұрмыс және от басында ауызекі тіл дәрежесінде кең қолданылғаны болмаса, оның мемлекеттік тұрғыдан алғандағы қызметі жоқтың қасы болды, баспасөз ретінде де өрісі өте тар болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы көркем әдебиет өкілдерінің аздаған шығармалары болмаса, патшалық Ресейдің отаршылдық заманында мемлекеттік заң, құжаттар қазақ тілінде жазылмайтын. Ол кезде мемлекеттік мәні бар мәселелер ортаазиялық түркі жазба дәстүріндегі қазақтың ескі жазба әдеби тілінде жазылатын. Бірақ оның қолданылу аясы кең болмады, тек жеңіл – желпі іс қағаздарында ел билеушілердің өзара немесе патша әкімдерімен жазысқан хаттарында, оларға жазған арыз – хабарламаларында, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы баспасөз беттерінде, кейбір әдебиет өкілдерінің шығармаларында қолданылды». [7, 30].
Алайда бұл пікірмен толығымен келісуге болмайды. Қазақ тілі өз деңгейінде қолданыла алмады деп бағалау тым ұшқарылық. Отаршыл саясат өкілдері қазақ тілінің көркейіп кетуін қалап тұрмаса да, өз мақсаттарын жүзеге асыру ниетімен қазақ тілін үйренуге байланысты, патшалық үкімет шенеуніктерінің жергілікті ұлт тілдеріне сөйлеуіне байланысты көптеген нұсқаулар беріп отырған. Әрі қазақ тілінде газет – журналдар болмады деу мүлдем шындыққа жанаспайды.
ХІХ ғасырдың аяғында жүргізілген санақ бойынша, Қазақстанда жергілікті ұлт үлесі – 81, 1% болған. Яғни Қазақстанда ол кезде біртекті тілдік орта болған деген сөз. Бұл тілдік ахуалмен Ресей билеушілері де санасуға мәжбүр болған. Қазақ даласында қызмет атқарған губернаторлар мен оның төңірегіндегілер тілмаштар ұстаған. Қазақша білу қазақ даласында қызмет атқаратын патша шенеуніктеріне қойылатын қатаң талаптар қатарына жатқызылған [8, 37]. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы тілдік ахуал, яғни жергілікті ұлт өкілдерінің 81, 1% болу және біртекті тілдік ортаның болуы патша әкімішілігі үшін екі тілде (орысша, қазақша) газет шығару және сол газеттерді («Дала уәлаятінің газет», «Түркістан уәләятінің газеті») қаржыландырылып тұру қажеттілігін туғызады.
Сібір тарихының білгірлерінің бірі Я. Ядринцев бұл ретте «Әскер тұрған жердің шетінде, бекет бойында казактар өз тілдерін ұмытты десе де болады, ұдайы қырғызша (қазақша дегені ғой) сөйлеседі). Қырғыздармен (қазақтармен) жиі араласқандықтан, бұл тіл, тіпті олардың үй – тұрмысына да дендеп еніп алды. Стансаларда казак бикеші, казак шенунігінің қызы, өз қызметшісіне қырғызша (қазақша) бұйрық беріп тұрғанын жиі кездестіру ге болады, бұл ретте қырғыз тілі (қазақ тілі) француз тілінің орнына жүреді десе де болады. Омбыда бізге даладан келген бір казак шенеунігін көрсетті, ол істің жайын орысша баяндай алмай, орта жолда ұмытып қалып, ары қарай қазақша жалғастыруға мәжбүр болды» , — деп жазады [9, 9]
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ тілі өзінің қоғамдық — әлеуметтік қызметін толық атқарған. Сол жылдары қазақ даласында болған орыс ғалымы Г. Н. Потанин былай деп жазады: «Бар жерде қырғыз тілін ғана естисіз – жол шетінде жантайып, әңгіме соғып жатқан казактар да, стансада өткінші шенеуніктің ат – арбасының маңында әбігерге түскен ат айдаушылар да сол тілде сөйлейді. Кейде, тіпті сотта, қазақша сөйлесіп, тез тіл табысатын адамдар жеткілікті».
Яғни ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ тілі өзінің қоғамдық — әлеуметтік, керек десеңіз, мемлекеттік қызметін толық атқарған. Бұл тілдік ахуалмен Ресей билеушілері де санасуға мәжбүр болған. Қазақ қоғамына қоңсы қонушылар мен етене жақындасуға ниет еткендер қазақша үйренсе, губернатор мен оның төңірегіндегілер тілмәштар ұстаған. Қазақша білу – патша шенеуніктеріне қойылатын қатаң талаптар қатарына жатқызылған. Мысалы, Түркістан өлкесінің губернаторы – генерал – лейтенант Д. И. Субботин жергілікті отарлау басқармасы қызметкерінің тіл білмеуін мүлдем төзгісіз жай ретінде бағалап, 1908 жылғы 7 ақпандағы шешімімен төтенше комиссия құрады. Оған «әкімшілік қызметкерлерін жергілікті тілдерді үйренуге мәжбүрлейтін» шаралар ойлап табу міндеті жүктелінген.
Граф Толстой өзінің 1876 жылғы 4 желтоқсанда патшаның атына жазған мәлімдемесінде патшадан, біріншіден, әкімшілік орындарының қазақтарға қатысты іс – қағаздарының баршасын орыс графикасымен қазақ тілінде жазуға, екіншіден, осымен байланысты қазақ даласындағы татар тілмаштарын бара – бара қазақтармен ауыстыруға жарлық етуін сұрайды.
Ал, әскери министр А. Ф. Редигерге жазылған хатта (1905 жылғы 28 көкек) отарлау әкімшілігінің басшысы байырғы тұрғындар тілін оқып – үйренуге мүмкіндік беретін нақты шаралар ұсынады: «Әкімшіліктің барлық лауазымды қызметкерлері, уез басшыларына дейін жергілікті тілді білуі керек; өз аймағының тілін бастапқы деңгейде игеруге бір жыл бөлінеді; тіл білу деңгейі – аудармашыларды бақылай алатындай болуы керек; тілді білу деңгейін одан әрі көтеріп, жетік үйрену үшін әкімшіліктің лауазымды қызметкерлеріне тағы бір жыл қосып беріледі; бұл талап орындалмаған жағдайда лауазым иелерін далалық аймақта қызмет бабында көтеру тоқтатылсын, тіпті оларды іске жарамсыз деп «қызметінен босатуға дейін бару керек» делінген». Н. С. Лыкошин деген автор газетте байырғы тұрғындар тілін білу отарлау басқармасының қызметкерлері үшін ғана емес, барлық ведомстволардың қызметкерелрі үшін қажет, сол сияқты сотқа да, тергеушіге де, дәрігерге де, фельдшерге де керек деп ашық жазады. (Әйгілі шығыстанушы В. Бартольд тіл мамандарының пікірін қолдап, байырғы тұрғындар тілін игеруге бір жыл әбден жеткілікті деп есептеген).
Есесіне большевиктер басқаша ойлап, басқаша іс — әрекет жасады. Тілді де ортақтандырып, орталықтандыруға өктем кірісті. Оған ішкі «қызыл» миграция, ес жиғызбай әлденеше рет әліпби өзгерту, білім беру мен тәрбие саласын орыстандыру, бүкіл тілдік кеңістікті бір ғана тілдің «бағыныштысына» айналдыру арқылы жылдам – ақ қол жеткізілді. Ұлт республикалары зиялыларының кейбір өкілдері өздерінің ана тілі үшін ұялатын әсіре қызыл менталитет пайда болды (ол кейін мәңгүрттікпен ұласқаны белгілі). Өйткені, «қазақтың әдеби тілі жалпы халықтық тілджік негізінде қазан төңкерісінен кейін пайда болды», «қазақ тілі техникалық ұғымдарды беруге қабілетсіз», «ұлттық тіл – керітартпа нигилизм көрінісі», «жарқын болашаққа жалғыз тілмен баруымыз керек» деген сияқты «керемет пайымдаулар» ғылыми жаңалық ретінде жұртшылық санасына жүйелі түрде сіңіріле берді.
1920 жылдардан кейін қазақ тіліне деген көзқарас әр кезеңде әр түрлі болды. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы мәселесі Кеңес өкіметі жылдарында бірнеше рет көтерілді. 1920 жылы Қазақ АССР – і кеңестерінің бірінші құрылтай съезінде республикадағы әр ұл тбарлық мекемелер мен мектептерде ана тілін қолдануға тең құқылы деген шешім қабылданды. 1924 жылы қабылданған Қазақстанның бірінші Конституциясы бойынша қазақ және орыс тілдері республикада мемлекеттік тіл болып табылды.
Осы кезде 1925 жылы Якутияда соттық іс – қағаздар жүргізу якут тілінде жүзеге асты. [10, 280]. Мұның өзі кеңес үкіметінде біршама аз уақытқа болса да, аз ұлттардың тіліне еркіндік берілгенін байқатады. «Сол кездегі Қазақ АССР Орталық Комитеті 1927 жылы Орталық Комитеттің барлық мүшелеріне қазақ тілін оқып – үйренуді тапсырды». [11, 48]. 1930 жылы кеңестік тіл саясатын дамытудың ең басты элементі болған ұлттық – орыстық қостілділік. «Бұл саясат іс жүзінде орыстандыру саясатының бастауы болып табылды (русификация). Орыс емес халықтардың орыстануына үлкен жол ашты. КСРО құрамындағы халықтардың өз ана тілінен орыс тілінің басым болуы, елде орыс тілін білмейтін адамдардың болашағы жоқ деген теріс пікір қалыптасты»[12,158]. 1921 жылдан бастап республикада мемлекеттік дәрежеге екі тіл ие болды. Бұған дәлел ретінде мына құжаттарды көрсетуге болады: Оның бірі – 1921 жылғы ақпанның екісінде Қазақ АССР Халық Комиссарлар Советі қабылдаған «Қазақ, орыс тілдерін мемлекеттік мекемелерде қолдану жөніндегі» декреті, екіншісі –1923 жылғы қарашаның 22-сінде қабылданған, қазақ, орыс тілдерін Қазақ КСР-інде мемлекеттік тілдер деп тану жөніндегі «Қазақ тілінде іс жүргізу туралы» деп аталатын Қазақ КСР Орталық Атқару комитетінің декреті. Ал, үшіншісі – 1924 жылғы ақпанның 18-інде қабылданған Қазақстанның біріншісі конституциясы. Оның 13 бабында қазақ, орыс тілдері мемлекеттік тіл болып танылған.
1938 және 1978 жылдары қабылданған Қазақстан Конституцияларында мемлекеттік тіл жайында ашып еш нәрсе айтылмаған. 1989 жылы қабылданған Қазақ ССР – інің «Тіл туралы» Заңында, одан кейін Қазақстан Республикасының 1993 және 1995 жылдарда қабылданған жаңа Конституциясында қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып бекітілді. Тіл заңында қазақ тілі мемлекеттік қамқорлыққа алынатыны атап көрсетілді.
1920 және одан кейінгі кезеңде қазақ тіліне деген көзқарас төменде екі топқа топталып беріліп отырған әр кезеңде қабылданған құжаттардан да анық байқалады. Құжаттардың бірінші тобы: 1919 жылы 26 желтоқсанда В. И. Лениннің қолымен Халық Комиссарлар кеңесі еңбекші бұқараның сауатсыздығын жою туралы шаралар белгіледі. Бұл қаулыда бұрынғы бұратана, езілген ұлттар үшін олардың өз ана тілінде мектептер ашу, кеңсе жұмыстарын өз ана тілінде жүргізу, газет – журнал, кітаптарды өз ана тілінде шығару шараларына көңіл бөлінген.
Қазақ АССР Халық Комиссарлары комитетінің 1921 жылы 2 ақпанда жарық көрген «Республиканың мемлекеттік мекемелерінде қазақ және орыс тілдерін қолдану» деректері.
Қазақ АССР ОАК – нің 1923 жылғы қарашадағы «Қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді ендіру туралы» декреті.
Қазақ АССР ОАК Президиумының «Қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді енгізу жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы» қаулысы.
Қазақ АССР Әділет Халық Комиссариатының 1923 жылғы 11 шілдедегі «Сот – тергеу органдарының халық соттары мен халық тергеушілерінің қазақ тілінде іс жүргізуді ендіруге байланысты» нұсқау хаты.
Қазақ АССР ОАК – нің қазақ тілін Қазақ ХКК – нің іс қағаздарына ендіру жөніндегі Орталық Комиссияның аппаратын қазақ тілін білетін қызметкерлермен жасақтау жөніндегі ұсынысы.
Қазақ АССР ХКК – нің 1924 жылғы 23 сәуірдегі өлкелік мекемелерді қазақ тіліндегі жазу мәшіңкесімен қамтамасыз ету жөніндегі өкімі.
«Қазақ АССР Еңбек Халық комиссариатының 1924 жылғы 21 шілдедегі Қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді енгізуге байланысты қызметкерлерді жұмыстан босату және оларды қазақ тілінде сөйлеп жаза алатын қызметкерлермен алмастырудың тәртібі жөніндегі қаулысы.
Қазақ АССА ОАК мен ХКК – нің 1927 жылғы 17 мамырдағы «Қазақ уездері мен өлкелік мекемелердің қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуге көшірудің соңғы мерзімін белгілеу және аралас уездерде екі тілде қатар іс қағаздарын жүргізу туралы» қаулысы.
Қазақ АССР Халық ағарту комиссариатының 1930 жылғы 3 қаңтардағы Барлық өлкелік халыққа білім беру бөлімдеріндегі орыс мектептерінде қазақ тілін міндетті түрде оқыту жөніндегі нұсқау хаты сияқты көптеген ресми құжаттар қабылданды. Бірақ көп ұзамай – ақ мемлекеттің негізгі қарым – қатынас құралына айналдыру мүмкіншілігіне бұғалық салына бастады.
Енді (Л. Дүйсенбекованың «Іс қағаздарын қазақша жүргізу» оқу құралында көрсетілген) төмендегі құжаттар тобына көз жүгіртейік.
Қазақ АССР Халық Комиссарлар кеңесінің 1921 жылғы 2 ақпандағы «Республиканың бүкіл орталық және губерниялық мекемелері іс – қағаздарын және өзара қарым – қатынасты орыс тілінде жүргізеді» деп жазылған.
1938 жылы 5 көкекте «Қазақ мектептеріндегі орыс тілін мәжбүрлі оқыту туралы» арнайы қаулы шықты. Оны жүзеге асыруды жеделдетуге бағытталған шаралар жүргізілді. Сол кездегі оқу – ағарту министрінің орынбасары А. Аюповтың «Республикадағы қазақ және басқа орысша емес мектептерде орыс тілін оқыту жайы туралы» баяндамасында қосымша оқулықтар шығару, орыс тілі сабақтарының санын көбейту, жалақы төлеу тәртібін қайта құру, қазақ мектептерінде орыс тілі бойынша арнаулы нұсқаушы қызметін енгізу сияқты орыс тілін оқытуды жолға қою, орта білім беретін мектептер және жоғары оқу орындарында орыс тілін оқытуды күшейту шаралары белгіленді.
Қазақ АССР ОАК – нің 1938 жылдың сәуір айында «ұлттық мектептерді қайта құру туралы» қаулысы қабылданды. Соған сәйкес Қазақстандағы ұлттық мектептер «буржуазиялық – ұлттық идеологияның ошағы, балаларды Кеңес үкіметіне қарсы тәрбиелейтін мекеме» деп танылып, түгел таратылып жіберілді.
- 2 Мемлекеттік тілдің әлеуметтік қырлары
Мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметі Қазақстанда қай бағытта қалай дамып жатыр деген сұраққа жауап берейік. Жалпы тілдің әлеуметтік көрінісі көп нәрсені ұқтырса керек. Ғалым Ю. Д. Дешериев тілдің әлеуметтік қырларына оның мынадай қызметтерін ұсынады:
1) сабақ жүргізудегі тіл қызметі: а) бастауыш мектепте, б) орта мектепте, в) жоғары оқу орындарында;
2) қоғамдық – саяси өмірдің әр түрлі аясында қолданылатын тіл қызметі: а) ауылдардағы, қалалардағы, зауыттардағы және фабрикалардағы жиылыстарда; б) конференцияларда, съездерде; в) ғылыми сессияларда және т.б.
3) көркем, қоғамдық – саяси және ғылыми әдебиеттердегі және т.б. тіл қызметі;
4) мерзімді баспасөздердегі тіл қызметі (газет, журналдардағы және т.б. ).
5) белгілі бір тіл иелерінің бір – бірімен өзара қарым – қатынасындағы тіл қызметі, бұл ауыл, аудан, қала, мемлекет шектерінде жүзеге асуы мүмкін;
6) белгілі бір тіл иелерінің басқа мемлекеттермен, көршілес халықтармен қарым – қатынасқа түскен кездегі тіл қызметі, бұл салада дипломатиялық мәнде жүзеге асады;
7) ұлтаралық қарым – қатынас кезіндегі тіл қызметі с.с т.б. [13, 55]
Мемлекеттік тілдің басым бағыттарын айқындайтын әлеуметтік қырлары оның сипатына байланысты. Сондықтан бұл тарауды мемлекеттік тілде жүргізілетін іс – қағаздардың қандай болу керек екендігін айтудан бастағалы отырмыз. Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу мемлекеттік тілдің қолданылуын тереңдететін аса қажетті құрал. Тілші — ғалым Бақытжан Хасанұлының пікірі бойынша «Іс жүргізу деген – қоғамдағы сөзбен берілген ақпаратты белгілі бір кеңістікте нақты уақыт ішінде таңба жүйесімен белгілі нысанаға жеткізу» [14, 69].
Қазақ тілінде іс жүргізу үлгілері XVII ғасырдан бастап кездеседі. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин мен оның ізбасарларының істі қазақ тілінде жүргізу үшін күрескені белгілі.
Қазақ тілінде іс жүргізу 20 – жылдары дұрыс жолға қойыла бастады. Қазақ тілінде іс жүргізуге байланысты Қ. Жұбанов бастаған тілшілер емле, әліпби, терминология мәселелеріне ерекше мән берді. Кейінгі кезде кеңестік заманның өзінде зерттеу нысанасына айналды. Профессор Нарима Ерғазиева 1972 жылы «Қазақ тіліндегі ресми – іскерлік сөз саптаудың қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бірақ үкіметтің арнаулы қаулысы болып тұрса да, соңғы қырық жыл ішінде қазақ тілінде іс жүргізу тым нашарлап, төмендеп кетті. Сондықтан қазіргі кезде мемлекеттік тілде іс жүргізуді енгізу қолға алына бастады. Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен 2006 жылы Алматы қаласы мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшірілді. Тіл саласы бойынша атқарылып жатқан ауыз толтырып айтарлық жұмыстардың мазмұны осындай.
Мемлекеттік тілде іс жүргізу саласы Атырау, Қызылорда облыстарында жаппай қолданылу үстінде, Оңтүстік Қазақстан аймағының қалалары да мемлекеттік тілге көшті. Қалған облыстар мемлекеттік тілге әр қайсысының жергілікті халқының ұлттық құрамы, тілдік жағдаяты сияқты он шақты әлеуметтік – лингвистикалық факторлардың негізінде кезең – кезеңімен, жоспарлы түрде туғызылған қажетті жағдайлар негізінде біртіндеп өтуі керек. Бұл ретте жасалынған мемлекеттік бағдарлама нақтылануы тиіс.
Мемлекеттік мекеме басшыларының іс жүргізу үшін аудармашы ұстауына тыйым салатын кез жетті.
Жалпы алғанда, қазақ тілінің жұмыс бабында, іс жүргізуде қолданылуы – оның іс жүргізуде нақышты әрі ықшам, мәнерлі тіл болып берік қалыптасуының нақты кепілі.
Қазақстанның беделі (имиджі) іскерлік салтымен (этикетімен) ғана емес, мемлекеттік тілде іс жүргізу деңгейімен де сипатталса керек.
Баршамыз ұстанар бір қағида – тілдің қолданыста ғана тіл екендігі. Өз этникалық Отанында іс жүргізуде қолданылмаған тіл, неше мәрте мәртебе берілсе де, мемлекеттік тіл болу былай тұрсын, толыққанды тіл де бола алмайды.
Әділі керек, сөз мәнісін білгендер іс жүргізу саласында мемлекеттік тілді құлпыртып, өңін келтіріп – ақ қолданады. Бірақ кейбір олақ іс қағаздарын қолдарынан шыққан іс қағаздары мемлекеттік тілдің қадірін кетіріп, абыройына күйе жағуда.
Әрине, іс жүргізу саласында жарыса қолданылып келе жатқан қазақ сөздері де аз емес (жарыса қолданылған 2 – 3 сөз семьяны алмастыру жолында бәсекеге түсуде. «Базар» мен «нарық» «рынокты» алмастыра алмай келеді).
Қолданысқа толық түскен, бірақ болашағы күңгірттеу, қолайсыздау сөздер қатары да баршылық (мысалы, құқ, құқық (право)) сияқты сөздер.
Өз аудармасын күтіп жүрген тілімізге орыс тілі арқылы енген сөздер санатында реформа, эволюция, революция және трансформация сиқты көптеген сөздерді атау керек.
Заман ағымына қарай, Қазақстанның халықаралық қатынастарының дамуына орай шет тіл сөздері, терминдер мен кәсіби сөздерді қолдану қажеттігі анық, бірақ бұларды де екі шұқып, бір қарап, қазақша баламасын табуға талпынған дұрыс болмақ.
Мемлекеттік тілде іс жүргізу мәдениеті жан – жақты жетілуі тиіс. Ол үшін қазақша іс жүргізу қазақ тілі заңдылықтарына сай жетіле түсуі қажет. Бірақ түр жағынан әлемдік стандартқа жақындағаннан да ұтылмасақ керек. Қазақстанда іс жүргізу қай тілде болмасын, бірыңғай сипат алғаны жөн.
1996 жылы 4 қарашада бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатының тұжырымдамасында елдегі тіл ахуалының баяу өзгеруі себептерінің бірі ретінде мемлекеттік тілдің барлық жерде пайдаланылуын қамтамасыз ететін тетіктің болмауы аталған еді. Кейінгі уақытта бірқатар жаңа құжаттар қабылданды. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 5 қазандағы Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, 1998 жылғы 14 тамыздағы № 769 «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 8 қаңтардағы № 16 қаулысымен бекітілген Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасаудың тәртібі туралы ереже бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 5 қазандағы № 4106 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы мемлекеттік тіл саясаты саласындағы пәрменді қадам болды. Оның 1989 жылғы бұрынғы бағдарламадан ерекшелігі – барынша айқындығы мен нақтылығы, пәрменділігі.
Бағдарламаның құрылымы мемлекеттік тіл саясатының басты төрт бағытына негізделген, олар:
— ел азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті қаржылық, ұйымдастырушылық, материалдық – техникалық жағдайлар жасау;
— мемлекеттік тілді барынша дамыту, оның қоғам өмірінің барлық салаларында әсіресе ғылым, білім, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу, халықаралық қатынастар салаларында белсенді қызмет етуіне қажетті алғышарттар қалыптастыру;
— ресми іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең – кезеңімен көшірудің нақты негізін жасау; [15]
— ел азаматтарының ана тілін қолдануына, олардың қарым – қатынастәрбие беру, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауы үшін қолайлы жағдайларды сақтау мен дамыту.
Қазір қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін қамтамасыз етудің алғашқы кезеңінің бағыт – бағдары айқындалып, бір жүйеге түсті. Қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізудің нақты алғышарттарын жасап қалыптастыру мемлекеттік тілді нығайта түсуге жасалған қадам болмақ.
Мемлекеттік тілдің әлеуметтік қырының енді бір көрінісі баспасөзден, яғни бұқаралық ақпарат құралдарының қолданысынан байқалады. Баспасөз құралдары Қазақстандағы мемлекеттік тіл саясатын орнықтыруға қажетті аса қуатты қару. Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз таралымдарының көбеюі қазақ тілінің мәртебесінің өсуіне алып келмек.
Бүгінгі таңда мәдениет министрлігі тарапынан шығарылған 50 де 50, яғни бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілі мен орыс тілі тең болу керек саясат көпе – көрінеу қазақ тілінің қолданылу аясының тарылуына әкелетін қатерлі саясатқа әкеліп отыр. Мемлекеттік тілдің мүшкіл халін одан сайын ауырлата түскенде түсетін пайда не деген сұрақ туады осы кезде.
Жасыратыны жоқ, Қазақстанның ақпарат кеңістігін орыс тілді басылымдардың, орыс тілді телеарналардың жаулап алғанына қанша уақыт өтті. Тіпті бүкіл бағдарламаларын мемлекеттік тілде жүргізіп, қазақы ұлттық салт – дәстүрлерді қазақ тілінде кең насихаттауға мүмкіндік алған бірден – бір ұлттық арна «Қазақстан » телерадиокорпорациясының бүкіл жұмысы тоқтатылып, басшылығы ауыстырылды. Бағдарламалар түгелдей өзгеріске ұшырап, орыс тіліндегі хабарлар қаптап кетті. Міне содан бері бір жыл өтті, ұлттық мақтанышымызға айналар телеарнамыздың жағдайы адам көргісіз. Мемлекеттік тілдің заңдық – құқықтық негіздері аяққа тапталып жатыр десе де болады. Қазақстандағы БАҚ – тың бүгінгі хал – ахуалы осындай. Мемлекеттік қызметшілердің қолынан істелер жақсылық жамандыққа ұласып бара жатқан соң мемлекеттік тілдің жағдайы түзелмей келеді.
Қазақстан Республикасының тіл саясатының тұжырымдамасында мемлекеттік тілдің бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылуын былайша айқындайды: «Мемлекеттік бұқаралық ақпарат және коммуникация құралдарында мемлекеттік тілдің қолданылуы міндетті болып табылады. қажетті тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында мемлекеттік арналар арқылы басқа тілдерде берілетін хабарлардың көлемі, уақыты жағынан мемлекеттік тілде берілетін хабарлардың көлемінен асып кетпеуі керек» [16, 493].
Сондықтан тіл дамыту мәселесінде ғалым – зерттеушілер мемлекеттік тіл бұқаралық ақпарат құралдарында өзіне лайық орнын табу үшін мынадай заңдылықтар қалыптасуы керек деп есептейді:
Ең алдымен, республика халқын түгелдей дерлік ақпарат көздерімен қамтамасыз етуге болады. теледидар мен радиотаратқыш құралдарының өзі елді мекендердің 95 пайызын қамтуға мүмкіндігі бар. Ал спутниктер арқылы хабар тарату шет елдерді де қамтуға мүмкіндік береді. Техникалық күш – қуат шарықтап өскен сайын хабар тарату, сонымен бірге тіл тарату ұлғая түседі [17, 365].
Екінші мәселе, мемлекеттік тілде хабар тарату электрондық ақпарат құралдарында барлық берілетін ақпарат өнімдерінің жартысынан кем болмауға деген қағида үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынғаны белгілі. Ендігі мәселе осы таратылатын хабардың берілу мерзімі мен сапасына ауысты. Қазіргі тұрғындардың көп арналарды пайдалану мүмкіндіктері бар. Соған орай хабарларды мейлінше тартымды, ұғынықты һәм қызғылықты әрі дер кезінде ұсыну қажеттілігі туды.
Үшінші мәселе, осы түйіндерді шешуден шығады. Бұл орайда мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің БАҚ туралы қабылдануға тиіс жаңа заңы көптеген мәселелердің басын ашады деп үміттенуге тұрарлық. Заңда айтылуға тиіс мәселелер қазақ тілі бұқаралық ақпарат құралдарының тұрақтылық коэффициенті. Орыс тілімен қатар қолданылған кезде қазақ тілі орнын сақтап қалуы керек. Орыс тілінің қазіргі кезде теледидар бетін бермеуі заңды қайта жан – жақты қарастырудың шарттарын анықтайды.
Қазақ тіліндегі хабарларға тендерлер жариялауды республика, облыс, аудан көлемінде жүзеге асырса, мемлекеттік тілдегі БАҚ – ға жеңілдіктер жүйесін қарастырса, оларға техникалық жабдықтар алуға көмек көрсетілсе, тағысын тағылар.
Төртінші мәселе, соңғы он жылдың ішінде республикада қазақ халқының үлес салмағы 53 пайыздан асты. Қалаларда жергілікті ұлт өкілдерінің арасалмағының күрт көтерілуі тілдік ортаны кеңейту мүмкіндігін туғызды. Соңғы жылдары қазақ мектептерінің саны күрт өсуіне байланысты қазақ тілінде білім алғандар көбейді. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту жақсарған сайын өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді білуге деген құштарлық арта түсті.
Бесінші мәселе. Теледидарда, радиоларда халық сүйіп көретін, тыңдайтын қазақ тіліндегі хабарлар , бір жағынан, көбейіп келеді, бір жағынан, бәсеңдеу үстінде. Соларды реттеп, мемлекеттік телеарналардың орыс тілді басшының жетегінде кетпеуін қадағалап отырған жөн. Мемлекеттік телеарналардың міндеті – мемлекеттік тілді өз деңгейлеріне сай насихаттап жарнамалау екенін түсінетін кез жетті. Сондықтан мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің басшылығында отырған азаматтар қазақ тілін шетқақпайлап, орыс тіліне ерекше мәртебе беруден ештеңе ұтпайтынын түсінулері керек.
Алтыншы мәселе. Жарнама тілінің мүмкіндігін ашатын кез келді. «Өнер алды – қызыл тіл» деген ұлт өкілдерінің бұл салада ашылмаған қырлары көп. Теледидарда, газет – журнал беттерінде берілетін жарнамаларды қазақ тілінде жариялайтын мүмкіншілік бар. Сондықтан осы мүмкіндікті жіберіп алмай, дер кезінде пайдалануымыз керек.
Жетінші мәселе. Мемлекеттік тілде компьютерлік бағдарламалар жасауға конкурстар жариялауды барлық салаларда бірдей қолға алатын жағдай жетті. Тек қолдағы бар қаруды орнымен жұмсаудың қажеттілігі ғана қалды.
Осы аталған жеті мәселе қазіргі Қазақстан қоғамындағы баспасөз, теледидар беттеріндегі қазақ тіліне байланысты беріліп жүрген хабарлардың сапасын арттыруға да жол нұсқайды. Бұл мәселелердің пәрменділігін арттырып, тіл саласында қолдану мемлекеттік тілдің баспасөз, ақпараттық кеңістікте таралуын қамтамасыз ету қажет.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қолданылуға тиісті салаларының бірі – жарнама. Жарнама Қазақстанда нарықтық қарым – қатынастардың пайда болуына байланысты қалыптасты. Кеңестік кезеңде Қазақстанда жарнама атаулы болған жоқ. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап қана еніп, қазіргі кезде қоғамның ажырамас бір бөлшегіне айналған жарнама құралдарынг мемлекеттік тілде жасап пайдалану бүгінгі таңда күн тәртібінен түспей келе жатқан елеулі мәселелердің бірі. Жарнаманың мемлекеттік тілде көрініс табуының қажеттігі зерттеу еңбектерде арнайы сөз болып үлгерді. Мәселен жарнама саласында мемлекеттік тілді қолданудың тиімділіігін айқындайтын Асанбаева Сауле Асанбайқызының «Жарнама саласында мемлекеттік тілді қолданудың социолингвистикалық өзекті мәселелері» атты кандидаттық диссертациясы қорғалып, жарық көрді. Мемлекеттік тілдің жарнама саласындағы қызметі туралы жүргізілген зерттеулерде ортақ мақсатқа бағытталған айқындылық бар.
Жарнаманың қазіргі кездегі қазақ тіліндегі қолданылу аясына келетін болсақ, мынадай мәселер алдан шығады:
- Мемлекеттік мәртебелі тіл болғандықтан, қазақ тілі жарнама саласында қолданылады. Бірақ ол өзінің қолданылу аясын кеңейте алмай отыр. Жарнамалардың көпшілігі орыс тілінде, кейде бір ғана шет тілінде, яғни ағылшын тілінде жариялануда.
- Жарнама ісімен шұғылданатын арнайы жарнама агенттіктерінің көпшілігі жарнама жасауда тек орыс тілін қолданып келеді. Айталық, Алматы қала безендіру комитеті жарнаманы қазақша жүргізуді қолға алмай отырғаны былай тұрсын, қазақша жарнама жасайтын мамандардың аз екендігін алға тартуда. Себебі, айтпаса да түсінікті: біріншіден, жарнаманы орыс тілінде жариялауға әбден бой үйретіп алғанбыз, екіншіден, жарнама тілі мен стилінің қазақша қалыптаса қоймағаны байқалады; үшіншіден, республикада жарнама тіл қызметін бейресми түрде, бұрынғысынша орыс тілі атқаруда т.б.
Жарнамаларды мемлекеттік тілдің әдеби нормасына сай беру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Жарнама саласында мемлекеттік тілді қолдануды одан әрі дамытып, өркендету үшін:
- Жарнама саласында мемлекеттік тілді қолдануды, барлық жарнамалық мәтіндердің мемлекеттік тілдің талаптарына сай болып шығуын мемлекеттік қамқорлыққа алу, ол үшін білікті бақылауды күшейту;
- Үкімет тарапынан белгіленген барлық шаралардың (заң, қаулы, ереже, бағдарлама) жарнама саласында қатаң сақталуын бақылауға алу;
- Республикадағы барлық жарнаманың мемлекеттік тілде берілуін талап ету;
- Шет елден әкелінген өнімдер жарнамаларының мемлекеттік тілдегі аудармаларының болуын қадағалау;
- Барлық жарнаманың әдеби тілдің нормасына сәйкес болуын тексеру;
- Жарнама саласындағы іс қағаздарының мемлекеттік тілдегі үлгілерін жасауды қамтамасыз ету;
- Мемлекеттік тілде жарнамалар дайындайтын мамандар дайындауды осы бастан қолға алу т.б.
Қазақстан қоғамында, нарық экономикасы жағдайында жарнамаға жан кірді, әлеуметтік өміріміздің бөлінбес бір бөлігіне айнала бастады. Сонымен қатар оның саясат, экономика, мәдениет, экология салаларындағы қызметі де арта түсті.
Қыбын тауып пайдалана білсек, жарнама – Қазақстан Республикасының ішкі экономикалық жағдайын жақсартуға тікелей септігін тигізер фактор.
- 3 Еліміздегі қазіргі кездегі тілдік жағдайдың әлеуметтік мәселелері
Еліміздегі тілдің ахуалына қатысты белсенді қозғалыс 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында етек алды.
1989 жылғы Қазақ ССР — інің «Тіл туралы» Заңы қабылданды.
1990 жылы Қазақ тілі және Қазақ ССР – індегі басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы жсаалды. 1993 және 1995 жылдары қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Тіл заңын жүзеге асыру үшін 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамы, 1993 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанынан Тіл комитеті құрылды.
Тіл туралы Заңның, әсіресе қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесіне іс жүзінде көтерілуіне кедергі келтіретін қиындықтар аз емес. Сол себепті Тіл туралы Заңды күшіне келтіру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында белгіленген кейбір маңызды мәселелер әлі күнге дейін орындалмай келеді. Республикадағы қалыптасқан қазіргі тілдік ахуал өзінің перспективалық моделінен әлі де алшақ тұр. Оның себебі, біріншіден, қазақ тілі мемлекеттік өмірдің барлық қоғамдық маңызды салаларында талап етілмей келеді, екіншіден, ұлтаралық қарым – қатынас тіліне де айнала алмай келеді, үшіншіден, мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі қазақ тілінде еркін сөйлеп, еркін жаза білмейді.
Қазақ тілі сыртқы қатынас, табиғи және техникалық ғылымдар, өнеркәсіп, өндіріс орындары, қарулы күштер, ғарышкерлік, қаржы, банк, салық т.б. осы сияқта салаларда қолданыс таппай келеді.
Әлеуметтік тіл білімінің мамандары қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге ие болуына орай оны білудің қажеттілігін туғызып отырған себептер мынадай деп атап көрсетеді:
1) қазақтардың республикада үлес салмағының басым болуы және оның соңғы жылдарда үздіксіз өсіп отыруы. Мысалы, 1959 жылы Қазақ халқы республика тұрғындарының 30 пайызы болса, 1992 жылғы санақ бойынша 42 пайызды құрап отыр;
2) республиканың барлық жерінде азды – көпті қазақ тілді ортаның қалыптасуы;
3) көп ұлтты ауыл – село тұрғындарының тең жартысынан астамы қазақтар болғандықтан, қазақ тілінің ұлтаралық қатынаста жұмсалуы;
4) қазақтардың ТМД республикаларында көп екені, ондағы жүзден астам ұлт пен ұлыс ішінде бесінші орын алатыны (қазақ тілі кіретін түркі тілдері ТМД республикаларында славян тілдерінен кейінгі екінші орында);
5) қазақ тілі ғылыми тұрғыда зерттелген, сөйлеушісі көп тілдердің бірі екендігі. Қазір дүние жүзінде 5651 тіл болса, қазақ тілі соның ішінде сөйлеушісінің саны жағынан алғашқы 70 тілдің санатында екені;
6) қазақ тілін бөлу қазақтар саны жағынан бсаым көп ұлтты аймақтарда өзге ұлт өкілдері үшін аса қажет екендігі;
7) қазақ тілінің қоғамдық қызметінің ауқымы уақыт талабына сай кеңейіп бара жатқандығы.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен, қоғамдық өмірдің барлық саласында толыққанды қызмет ете алмай отыр.
Кеңес үкіметі кезінде арнайы саясатпен жүзеге асқан қазақ тілін білмеуге болады, бірақ орыс тілін білмей жүруге кеңшілік жоқ деген ұстаным қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалыптасуына көптеген зардаптарын тигізді. Ашып айтқанда Қазақстанда қолайсыз тілдік жағдай орын алды. Тілдік жағдай мемлекеттік тілдің орнығуын, қалыптсауын айқындайтын бірден бір көрсеткіш. Атап айтқанда тілдік жағдайдың әлеуметтік сипаты мынандай:
Тілдік жағдай қандай да бір тарихи кезеңге қызмет көрсететін тілдер мен тілдік варианттардың иерархиясы (территориялық және әлеуметтік диалектілер, койне, жаргон, тілдердің функционалдық стилдері). Социум (этнос, саяси қоғам) белгілі бір тарихи кезеңде пайдаланатын тілдердің немесе тіл варианттарының иерархиялық бірлестіктердің шеңберінде таралады. Эндоглосты (бір тілден тарайтын жүйелердің жиынтығы) және экзоглосты (әр түрлі тілдер жиынтығы). Тілдік жағдай балансты (фунуциялары жағынан бірдей тілдердің немесе тіл варианттарының жиынтығы — өзара бірдей коммуникативтік, функциялық қызметке ие болады) және баланссыз (функциялары бойынша мәртебелі не мәртебесіз тілдердің немесе тіл варианттарының жиынтығы — әр түрлі коммуникативтік үстемдікке ие болады) демография бойынша тепе – тең (демографиялық ортасы өзара тең тілдердің жиынтығы) және демографиялық жағынан тепе – тең (демографиялық ортасы өзара тең тілдердің жиынтығы) және демографиялық демографиялық жағынан тепе – теңдік сақталмаған (демографиялық орталары әр түрлі тілдердің жиынтығы) Тілдік жағдайға ажыратылады. Диглосты және диглосты емес тілдік жағдай бар. Мысалы, Венгрияда эндоглосты, баланссыз және диглосты (венгр тілінде тұрғындардың 99,4% сөйлейді, 8 диалект бар және әдеби тіл нормаға түскен); Қазақстанда экзоглосты, баланссыз, диглосты және демографиялық жағынан тепе – теңдік сақталмаған тілдік жағдай орын алған [18, 421].
Қазақстандағы тілдік жағдай қостілділік пен көптілділіктің орын алуына байланысты қалыптасты. Орыс тілінде және қазақ тілінде сөйлеу маргиналданған сананың қалыптасуына әкелді. Ұлттық мәдениет ұмытылып, кез келген мәселені орысша тұрғыдан ойластыру белең алды. Бұл, әрине, ұлттың жойылуына әсер ететін негізгі күш еді.
Сонымен бірге қазіргі Қазақстан қоғамында көптілділіктің белең алып отырғаны байқалады. Қазақ, ағылшын, орыс тілін меңгерген қазақ азаматтары елді жаңа бір тілдік кезеңге дайындауда. Жалпы көптілділікке қатысты ғалымдардың беретін анықтамасы мынандай:
«Көптілділік, мультилингвизм, полилингвизм – нақтылы коммуникативтік жағдайдың әсер етуімен белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте бірден үш я одан да көп тілде сөйлей білушілік. Жеке адамның (индивидиумның) көптілділіктегі және бүтіндей ұлт пен ұлттардың көптілділігі бар. Ұлттық құрамы бірыңғай, бір ғана этнос мекендейтін мемлекетте көптілділік сирек. Онда индивидиумның ғана көптілділігі ұшырасады (Жапонияда, Кореяда, Германияда, Исландияда). Көптілділік – АҚШ, Ресей, Үндістан, Нигерия сияқты жеңілген ұлт пен ұлыс мекендейтін мемлекеттерге тән құбылыс. Мысалы, Қазақстандағы славян тектес халықтардың дені – бір тілділер, қазақтар – қостілділер, ал – курд, тәжік, дүнген, шешен. өзбек, татар, ұйғыр халықтарының өкілдері – негізінен, көптілділер. Бүтіндей ұлт пен ұлыстың көптілділігі – социолингвистердің зерттек обьектісі боларлық күрделі құбылыс. Жаппай көптілділік жағдайында коммуникативтік формалардың (диалогтер, говорлар, әр алуан жаргондар, жеке тілдер) өте күрделі қолдану иерархиясын құрайды».
Қазақ тілінің көптілділік шеңберінен шығып, дербес қалыптаса алмай отырғандығынаң бір себебі, түрлі процестерге қазақ халқының бейімділігі. Мәселен, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының нарықтық қатынастар жүйесінде өмір сүріп отырғандығы дүниежүзіндегі экономикалық жағынан үстем елдердің тәжірибесінен керекті көптеген жаңалықтарды жеткізуде. Соған орай бізге ағылшын, француз, неміс тілдерін қосымша тіл ретінде үйрену қажеттілігі туындап отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та ағылшын тілін үйренудің қазақ халқының дамуы үшін өте маңызды екенін әр жиылыстарда, жыл сайынғы Жолдауларында атап айтып жүр. Демек, мұның өзі Қазақстанда көптілділік үрдістің қарқынды жүріп жатқанын білдіреді.
Жалпы елдегі көптілділікке құрылған тілдік коммуникациялық жүйеден бас тартып отырған біз жоқ, алайда көптілділік қоғамдық қатынастардың (сауда, экономика, баспасөз саласындағы) біртіндеп құлдырай бастауына әкеліп отыр. Сондықтан біздің тарапымыздан айтылатын ұсыныс:
- Көптілділікті мемлекеттің сыртқы елдермен байланысында қолдану, елдің ішкі өмірінде көптілділікті тежеусіз қолдану құлдыруға әкеледі;
- Көптілділіктің үлгісі бүгінде қала жарнамаларында жиі көрініс тапқан. Жарнаманың адамға ықпал етуші зор күш екенін ескерсек, мұның тигізер зардаптары да аз болмайды. Сол себептен жарнамалық бекеттерде ағылшын, орыс тілдерінің қолданылуын шектеу;
- Қазақ баспасөзіндегі қалыптаса бастаған ағылшын тілінде газет басып шығару ісін електен өткізіп, жан – жақты саралап барып жүзеге асыру. Ағылшын тілніде шығатын газеттер белгілі бір іскерлік топтарға ғана арналғаны дұрыс.
- 4 Қазақ тілінің қоғамдық қызметі мен қолданыс аясы жайында
Кез келген ұлттық әдеби тілдің қоғамдық қызметіне байланысты толып жатқан қолданыс өрісі және соған сәйкес қалыптасқан стильдік жүйесі болуға тиіс. Лингвистикада тілдің осындай қолданыс өрісіне ерекше мән беріледі. Өйткені әдеби тілдің толыққандылығы, өміршеңдігі, сайып келгенде, оның қоғамдық өміріндегі қолданыс аясының кеңдігіне, қызметінің әмбебаптығына тікелей байланысты.
Мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған қазақ әдеби тілінің қолданыс өрісі мен қоғамдағы атқаратын қызметі қандай болу керек?
Осыған орай біз бүгінгі таңдағы ең дамыған тілдердің біір деп орыс тілін алып қарайтын болсақ, оның 50 шақты қолданыс өрісі бар екен, яғни ол тұрмыстық қолданыстан бастап, халықаралық және ұлтаралық тілге айналып отыр. Демек, бұл тілдің толыққанды ұлттық, жазба, әдеби тіл ретінде дамуына қажетті шарттың бәрі бар деген сөз.
Ал енді қазақ тіліне келетін болсақ, оның бүгінгі таңдағы қолданыс өрісінің саны оннан аспайды екен. Бұл, әрине, жақсылықтың нышаны емес. Ол ана тіліміздің қоғамдық қызметінің солғындап, қолданыс аясының тым тарылып кетуінің айқын көрінісі. Ал енді кез келген тілдің мемлекеттік тіл ретінде қызмет атқаруы үшін 50 болмаса да, сол шамасында атқаратын қызметі, қолданылатын өрісі болуы шарт. Осы тұрғыдан алып қарағанда мемлекеттік мәртебесін алып отырған қазақ тілінің қызметі талапқа сай емес, өте жұпыны екендігі белгілі.
Әдеби тіл ретінде ол ауызекі тіл, сөйлеу тілі, жазба тіл, көркем шығарма тілі, бұқаралық ақпарат (газет, журнал, радио, теледидар) тілі, сахна (театр, концерт, музыка, шебер сөз) тілі, оқу – тәрбие тілі, ғылым мен техника тілі, тәрізді қолданыс өрістеріне ғана жіктелінеді. Оның өзінде де қазақ тілі аталмыш кейбір салаларда толық емес, жартылай қызмет атқарады. Мәселен, ол оқу – тәрбие тілі ретінде де, ғылым мен техника саласында да өзіне тиісті қоғамдық қызметін (функциясын) тиісті ауқымында атқарып келеді деп айта алмаймыз. Өйткені жас ұрпақтың ана тіліндегі оқу – тәрбиесінің республикадағы хал – ахуалы бізге белгілі. Оның пайыздық көрсеткіші өте төмен. Ал орта және жоғары оқу орындарындағы мамандық даярлау мәселесіне келетін болсақ, мұнда да қазақ тілінің атқарып келген рөлі төмен, қолданыс аясы өте тар. Бұл жағдайдың барлығы бұрыннан – ақ белгілі болса да, қоғам өміріне керектігі мен қажеттіліг тек бүгінгі жариялыққа және Тіл туралы Заң қабылдауға байланысты ғана айқындала түсті. Ғылым мен техника жайында да осыны айтуға болады.
«Мемлекеттік тілдің мәртебесіне сай қолданыс өрісінде, мәселен, іс қағаздарының тілі (бұл ресми тілдің тек бір саласы ғана) өндіріс тілі, мәдени өмір тілі, көпшілік қоғам тілі, әскери тілі, ұлтаралық қатынас тілі, халықаралық ресми тіл т.б. толып жатқан «кіші тілдер» жүйесі болуға тиіс. Бұлардың бәрі қазақ тілінде әзірше жоқ, немесс өте тар шеңберде ғана қызмет атқарады. Мәселен, мерзімді баспа тілін алайық. Қазақ тілінде шығатын газет – журналдарымыз да баршылық. Бірақ олардың таралу шегі өз дәрежесінен әлде қайда төмен. Республикадағы басқа ұлт өкілдерін былай қойғанда, тіпті қазақтардың өздері ана тіліндегі газет – журналдарды, көркем шығармаларды өте аз оқиды. Өйткені тіл білмегендіктен, білсе де жете білмегендіктен, жұрттың дені орыс тіліне ауып кеткен. Қазақ театрларына елдің аз баруы да жалпы мәдениетке ғана емес, ана тіліне деген құштарлықтың солғындауынан болса керек»[19, 13] .
Әдеби тілдің жоғарыда аталған қызметтерінің ішінде ғылым мен техника тілі бүгінгі ғылыми прогесс, мәдени даму заманында ерекше орын алады. Ғасырлар бойы халқына қызмет істеп келе жатқан қазақ әдеби тілі жүйесінде «Ғылым мен техника тілі» деген ұғым төңкеріске дейін шын мәнісінде қалыптаспаған еді. Бірақ бұдан қазақ халқының болмысында ғылым мен техниканың элементі болмады деген ұғым тумаса керек. Ондай ұғымдардың әсіресе 18 ғасырдан кейін Ресеймен мәдени, экономикалық қарым – қатынастың нәтижесінде көптеп ене бастағаны мәлім. Тілімізде ондаған, жүздеген орыс және Еуропа тілдерінің элементі төңкерістен бұрын да қолданылып келген. Мұндай мәдени терминдердің қазақ тіліне араб, иран т.б. тілдерден әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты еніп тұрғаны белгілі. Алайда біздің сөз еткелі отырған ғылым мен техника тілінің мәнісі басқашалау. Әңгіме әдеби тіл құрамында көптеген жаңа ұғымға байланысты пайда болған (шеттен қабылданған немесе өз сөз байлығымыздан жасалған) термин – атаулардың негізінде қалыптасқан жүйелі ғылым тілі жайында болып отыр.
Осы тұрғыдан алып қарағанда «ғылым тілі» деп аталатын әдеби тілдің өрісі екі түрлі халді басынан кешіріп отырған сияқты. Қазақ тілінде тернминологиялық лексика сан жағынан да, сапа жағынан да төңкерістен кеінгі дәуірде әжептәуір дамығаны белгілі. Осы кезеңде дүниеге келген 80 – нен астам терминологиялық сөздіктерде қамтылған атаулары мен номенклатураларының жалпы саны алып қарасақ, ол ұлт тілінің төл сөз байлығынан асып кетіп отыр. Бірақ осыған қарап біз ғылым тілінің мәселесі шешіледі деп айта алмаймыз. Өйткені ғылым тілі терминологиялық сөздік түрінде кітап сөрелерінде ғана тұратын дүние емес, ғылыми қауымның, қалың жұршылықтың күнделікті қызметін атқаратын, оған қызмет істейтін тіл болуы керек. Міне сонда ғана ғылым тілі өзінің қоғамдық қызметі, қолданыс өрісі жағынан әдеби тілдің шын мәнісіндегі «жон арқасы» бола алады.
Осы тұрғыдан бағалағанда бүгінгі қазақ әдеби тілін толық мағынасындағы ғылым тілі деп айту қиын. Біздің зерттеуімізге қарағанда дәл бүгінге дейін Қазақстан ғылымының 90 пайызы орыс тілінде дамып келеді. Бүкіл академия бойынша жыл сайын шығатын ғылыми еңбектердің тек 10 пайызы ғана, онда да тіл білімі, әдебиет, тарих, этнография саласы бойынша жарық көреді екен. Мұның негізгі себептері жалпы ана тілімізге деген көзқарастың төмендеп кетуіне, ғалымдардың өз тіліне мән бермеуіне және ғылымды қазақ тілінде дамытуға қажетті жағдайлардың жасалмауына байланысты.
- 5 Мемлекеттік тілмен басқа ұлттардың арақатынасы, қақтығыстар мен келісімдер
Қазақстан Республикасы – көпұлтты мемлекет. Қазақ халқы мөлшері жағынан бірінші орында тұр. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігін орыс халқы да құрайды. Саны жағынан бір – біріне тете қазақ пен орыс халқының тіл мәселесіне келгенде, келісім таба алмай жатқандығы шындық. Дегенмен мемлекеттік тіл болып қазақ тілі бекітілген кезден бастап, орыс ұлтының өкілдері сыңаржақ көзқарас ұстап отыр. Шовинистік саясат салқынынан арыла қоймаған олар қазақ тілін үйренуге құлшына кірісудің орнына керенау тартып, жылдан – жыл кері кетіп бара жатқаны жасырын емес.
Белгілі ғалым Бақытжан Хасанұлы 1976 жылы жарыққа шыққан өзінің «Языки народов Казахстана и их взаймодействие» деген құнды зерттеу еңбегінде орыс тіліне қатысты қазақ ұлтына байланысты мынадай қызықты статистикалық мәліметтерді келтіреді:
«1 миллионнан астам орыс емес ұлттар орыс тілін ана тілі ретінде есептейді, 3,5 миллионға жуық адам екінші тіл деп есептейді. 47081 қазақ оны ана тілі ретінде таниды, ал 1762454 – орыс тілінде еркін сөйлейді, яғни орыс тілін екінші тіл ретінде санайды. Бұл факторлар тілді тұтынуға деген тарихи қажеттіліктің бар екенін дәлелдейді»[20, 25], — деп жазады. Әрине, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезде орыс тілін «бізге керек емес» деп айтудың мүмкін еместігін көкейге түйіп қойған жөн. Сондықтан оны тек өтпелі дәуірдің өтпелі көрінісі ретінде ғана қарағанымыз абзал. Нағыз тіл майданы, мемлекеттік тіл мәртебесін орнықтыру жолындағы күрес енді болмақ деп ойлаймыз. Сондықтан орыс тілі мен қазақ тілі арасындағы көрінбейтін қақтығыстардың мемлекеттік тіл мүддесіне сәйкес шешілуін қадағалауымы қажет. Қазақ тілі мен орыс тілінің аймақтық, мемлекеттік таралу ауқымына көз жүгіртіп көрейік.
Біз, ең алдымен, басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тіл – қазақ тіліне қатысын қарастырған кезде қазақ және орыс халықтарының мемлекеттік тілді үйрену деңгейін көрсететін статистикалық есеп – қисап деректеріне жүгінеміз.
«1996 жылдың көктемінде Парламенттік ақпараттық талдау жасау орталығы мен Ұлт саясаты жөніндегі Мемлекеттік Комитет бірлесе отырып, Қазақстандағы тіл мәселесіне байланысты қалыптасқан жағдайларға жүргізілген социологиялық зерттеу нәтижелері мынаны көрсетті: Мемлекеттік тілді жақсы меңгергендердің қатары өздерінің ана тілін өз беттерінше немесе оқу орындарында оқып – үйреніп жүрген қазақтардың есебінен ғана артқан. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін, оқи алатын және жаза алатын қазақтар саны 74,7 пайызды құрап отыр(1994 жылы 71% болатын), ал қазақша еркін сөйлеп, оқи алатындары, бірақ жаза білмейтіндері – 14,4% (1994 жылы 17,5% болатын), бірін – бірі қазақ тілінде қиындықпен түсінетіндері – 6,2% (1994 жылы 7,0% болатын), сөйлей алмайтындары – 2,9% (1994 жылы 1% болатын), мүлдем хабарсыздары – 1,1% (1994 жылы 1,5% ) болып шықты. Сонымен, бірін – бірі қазақ тілінде түсінісе алатындардың саны жалпы санын негізгі көрсеткіш деп алатын болсақ, олардың 96,3% (1994 жылы 95%) қазақ тілін біледі, ал 89,8% (1994 жылы 88,5%) ол тілде еркін сөйлеп, оқи алады деуімізге болады».
Қазақ тілін білетіндердің келуі соңғы жылдары қазақ тілін меңгеруге мән беруді тоқтатқан орыстар мен орыс тілділердің есебінен орын алды. Сұрау салудың нәтижелерінен көрініп отырғандай, олардың арасында қазақ тілін әртүрлі дәрежеде білетіндердің саны әсіресе соңғы екі жылда кеміп кеткен. 1996 жылғы социологиялық зерттеу нәтижелеріне қарағанда, олардың 71% — і қазақ тілінен мүлдем хабарсыз. 13% — ке жуығы мәтінді сөздік арқылы ғана оқи алады. 9,5% — і айтқан сөзге түсінеді, бірақ өздері сөйлей алмайды. Орыстардың араларында қазақ тілін меңгергендері – 1,4%, сөйлесіп, оқи алғанымен, жаза білмейтіндері – 1.7%, тек түсіне алатындары – 4,6%. Бұдан шығатын қорытынды орыстардың арасында қазақ тілін белгілі бір дәрежеді меңгергендердің саны небары 7,7% (1994 жылы 8,4% болатын). Сонымен қазақ тілін үйренудің жалпы алғандағы тұрақты процестерінің өз ішінде бір – біріне қарама – қарсы екі бағыттың бар екенін көреміз. Бір жағынан, қазақ тілін мейлінше жетік білетіндердің, әсіресе сауатты жаза білу деңгейінің қатары арта түсті, екінші жағынан, ол тілді мүлдем білмейтін халық саны көбейіп кеткен.
Бір – біріне кереғар бұл екі процесс аймақтық деңгейлерде де айқын байқалады. Қазақ тілді облыстарда қазақ тілі орыс тілінің қолдану аясын тарылтпай – ақ, өз жағдайын едәуір нығайта түсті, орыс тілді облыстарды орыс тілі бұрынғысынан басым, тіпті кейбір салалардан қазақ тілін ығыстырып шығара бастаған.
Енді кейінгі кездердегі мәліметтерге сүйенейік. Санақ көрсеткіштері қазақ тілінің кейінгі 3 – 4 жыл ішінде біршама нықтала бастағанын әдлелдеп отыр. Бұл бұрынғысынша қазақ пен орыс ұлтының өкілдерінің арасындағы қатынастарға да байланысты [21, 7].
Қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны 2000 жылғы мәліметтер бойынша 53,4%. «Цесси – Қазақстан» салыстырмалы әлеуметтік зерттеу институты мен Астана қаласындағы Тілдерді дамыту департаменті 2000 жылы жүргізген әлеуметтік зерттеуінде «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілде сөйлейтін қазақтар саны өсті ме?» деген сауалға жауап алынды. Қазақстан Республикасында қазақ тілінде сөйлейтіндер 51,9%, ал сауалнамаға қатысқандардың 37,3% орыс тілін, 10,8% басқа тілді өз ана тілім деп есептейді екен. Әлеуметтік зерттеу қорытындылары қазақ тілінің қоғамдағы қажеттілігі бәсең, яғни қолданыстағы аясының тар екенін көрсетті. Тілді қолдануда біртұтастық жоқ, ғылыми – терминологиялық сөздіктер аз, қазақ тілін жылдам оқыту әдістемесі жетілмеген. Осыған қарамастан, қазақ халқының өз тіліне деген сұранысы күшті. Қазақ тілі өкілдерінің 4 пайызы ана тілінен бас тартып отырса, 20 пайыздан астам қазақ тілін білгісі келетін қазақтар өз ана тілінен бас тартпайды.
«Этникалық ішкі коммуникациялық қарым – қатынаста сұралғандардың 40,9% — отбасында қазақша сөйлессе, 54,7% — і орыс тілінде, ал 4,4% — і басқа тілде сөйлейді екен. Өз туыстарының арасында мемлекеттік тілде сөйлейтіндер 76,4%, ауылдық жерлерде 86%, қалалық жерлерде 67%. Респонденттердің ішінде әсіресе Оңтүстік Қазақстанда тұратын орыстардың ішінде қазақша сөйлейтіндері біршама» [22, 181]. Елдің 200 – ден астамы,ауылдық тұрғындардың 85 пайызы таза қазақша ортада өмір сүріп жатыр. Бұл орта қазақ тілінің келешегі және потенциалы болып табылады.
Қазақ тілінің орыс тілділердің арасындағы беделін аталған статистикалық мәліметтерді сараптай отырып, көз жеткізуімізге болады.
Мемлекеттік тілді білу – барша қазақстандықтарға міндет, қасиетті парыз. Елбасымыз Н. Назарбаевтың бұл туралы қадап, нақтылап тұрып айтқан пікірін келтірейік. Н. Ә. Назарбаев тіл саясатындағы мемлекеттік тіл жайында былай деп атап көрсетті: «Қазақстан азаматтары елдің мемлекеттік тілін құрметтеуге және оны оқып – үйренуге, білуге тиіс. Бұл орайда, бұл тіл ел халқының туған тілі екенін және оның болашақта мемлекеттік тіл ретінде басым болатынын ескеру орынды» [23, 79]. Мемлекет бәрінен бұрын халықтың өзара қарым – қатынасында ресми түрде, ауызша және жазбаша түрдегі қарым – қатынастарда бірін – бірі ешқандай да қиындықсыз түсіне алатындай болу үшін жағдайлар жасалуы керек. Кітаптар, газет – журналдар шығару және оларды таратуда еркін қолданылатын мемлекеттік тіл болуы керек.
Соңғы кездегі деректер мемлекеттік тілдің дәрежесі жергілікті басқа халықтардың арасында жыл санап көтеріліп келе жатқанын айғақтайды.
Мемлекеттік рәміз ретінде танылатын Ту мен Елтаңбамен қатар тұратын, дәл сондай маңызға ие болатын мемлекеттік тіл. Қазақстанда мемлекеттік тілдің абыройының біртіндеп көтеріліп келе жатқанын мынандай деректер айқын дәлелдейді. Қазір қазақстандық орыстардың 16 пайызы мемлекеттік тілді жетік біледі. республиканы мекендейтін басқа ұлттардың диаспораларының ішінде поляктардың 10 пайызы, еврейлердің 18 пайызы, корейлердің 28,9 пайызы, болгарлардың 29,9 пайызы, татарлардың 32 пайызы, ұйғырлардың 36 пайызы қазақ тілін жетік біледі. Жалпы қазақстандықтардың 65 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейді.
1989 жылы қазақстандық орыстардың тіл үйрену деңгейі сұмдық төмен деңгейде болған (0,9%). Бұған қарағанда жоғарыда көрсетілген деректердің біршама тәуір көрсеткіш екені байқалады [24, 4].
2 Мемлекеттік тілге байланысты қабылданған заңнамалық құжаттардың сипаты және олардың жүзеге асырылу деңгейі
Тілді дамыту мәселесін кез келген тілге қатысты мекемелерде ұйымдастыру әдетке айналып кеткен. Мемлекеттік тілдің бір ерекшелігі қазақ тілі арқылы билікті бір қолға шоғырландырып, өмірге басқару енгізуге болатыны даусыз. Бірақ бұл күшке, немесе зорлыққа негізделген басқару жүйесі емес, адамдардың ортақ бір ұстанымға келген, сол арқылы бірін – бірі тыңдатуға, айтқанын орындатуға арналған жүйелі басқару принциптері. Тілдің қоғаммен бірге жасап, бірге тіршілік етіп келе жатқанын ұғынатын болса, әлемдік әлеуметтік лингвистикада тіл саясатының ерекше мәселе екеніне де көзіміз жетеді.
Тіл арқылы жүйелі басқарудың маңызды саласы тіл туралы қабылданған заңнамалық құжаттар болып есептеледі.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде бекітіп, оның қолданылу аясын кеңейткен алғашқы заң 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданды. Заң қабылданған кездегі қоғамның көңіл – күйі туралы академик Әбдуәлі Қайдар: «Біз марафонға алқынып жеткен спортшы тәрізді болдық. Бірақ бұл тіл марафоны еді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы ел тарихындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі болды. Қазақстанның тұс – тұсынан хаттар ел адамдары өздерінің бұл көптен күткен оқиға екенін, мемлекеттік тілді бар жан – тәндерімен қолдайтындарын жеткізді» [25, 8], — дейді. Сонымен қатар академик сөзін сабақтай келе: «Бірақ қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне жетті екен деп, енді бұдан әрі қол қусырып отыра беруге болмайды», — дейді. Яғни қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалыптасуы үшін атқарылар қыруар іс – шаралардың тосып тұрғаны өз — өзінен белгілі болса керек.
Сол кезден бастап, алдағы орындалар іс – қимылдар көкжиегі айқындала бастады. Ең алдымен, мемлекеттік тілге мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында, қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын оқып – үйренуге, әдет – ғұрпын, тұрмыс – салтын сақтап, одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы Алматы қаласында өткен 1 – құрылтайда құрылды. Бұл қоғамның қызметі туралы академик Әбдуәлі Қайдар біршама атап көрсетті. «Қазақ тілі» қоғамы қазан айында құрылды. Қоғам қазіргі кезде зор әлеуметтік күшке айналып отыр. 17 облыста, 50 – ден астам қала мен 250 – дей ауданда құрылған «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдарында бүгінде 10 мыңнан астам тілдің шынайы жанашырлары белсене іске кірісті. Ал қоғам мүшелерінің жалпы саны миллионнан асады.
Республикалық қоғамның «Ана тілі» атты газеті шыға бастады, оның құзырында «Тіл өнері» халық университеті, «Ғақлия» атты орталық, т.б. ұйымдар іске кірісіп отыр. Газет шығару мәселесі астана және кейбір облыстық, тіпті аудандық ұйымдарында да қолға алына бастады».
Бұлардың барлығы Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының бас бағдарламасы мен жүздеген облыстық, қалалық және аудандық қоғам ұйымдары тарапынан қабылданылған жергілікті ерекшеліктерді ескертетін нақты бағдарламаларында бекітілген қыруар шараларды атқаруға, ұйымдастыруға, ғылыми – практикалық бағыт – бағдар беруге бағышталып отыр.
Бағдарламаның нысаналы мақсаты – бүкіл республика бойынша Тіл туралы Заңды уағыздау, жүзеге асыру, мемлекеттік тіліміздің өз дәрежесінде қызмет істеуіне жағдай жасау. Алайда бұл мақсатты тек тіл мәселесі ғана деп тар мағынада түсінбеу керек. Ал шын мәнісінде, қоғамның тілге байланысты рухани, мәдени, әлеуметтік өмірімізде қамтымайтын, араласпайтын мәселесі кемде – кем. Қоғам тек қазақ тіліне ғана емес, сонымен қатар ол басқа тілдерге де астанада, облыстарда құрылып жатқан неміс, кәріс, украин, татар, грек, ұйғыр, дұңған т.б. ұлттық – мәдени орталықтар арқылы қамқорлық жасап отыруды мақсат етеді.
«Қазақ тілі» қоғамының басшыларының бірі Өмірзақ Айтбайұлы «Мемлекеттік тіл тынысын кеңейтуде «Қазақ тілі» қоғамының рөлі» деп аталатын еңбегінде былай дейді: «Қазақ тілі» қоғамының ең басты міндеті жоғарыда ескерілгендей, мемлекеттік мәртебе алып отырған тілдің қоғам өмірінің барлық салаларына дендеп еніп, қапысыз қызмет етуіне қажетті жағдай жасау.
Екіншіден, демографиялық мәліметтер бойынша өз тілін білмейтін қазақтардың саны жылдан – жылға көбейіп барады. Міне, мемлекеттік тілді, ең алдымен, солардың ілгерілеуіне және өзге ұлт өкілдерінің үйренуіне ықпал жасайтын оқу жүйесін ұйымдастыру.
Сонымен бірге қостілділіктің шын мәнінде талапқа сай тепе – тең түрін дамыту.
Төртіншіден, өз тілін терең меңгерген ұлтаралық қатынас тілі мен өзге де ұлт тілдерінің бірін жетік білетін, қай халықтың да әдет – ғұрып, салт – санасын құрмет тұтатын, қоғамда белсенділігі жоғары жеке адамдардың қалыптасуына ықпал жасау.
Бесіншіден, қазақ тілін насихаттау күні кешеге дейін өте төмен дәрежеде болып келді. Міне, сондықтан мұның түрлі әдістерін (радио, телевизия, баспасөз, конференция, семинар, мәслихат т.т) пайдалану көзделіп отыр.
Алтыншыдан, қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі сапасын күшейтіа, қолданыс аясын кеңейту. Ол үш ін қоғам тиісті мекемелермен тығыз байланыс орната отырып және мамандарды тарта отырып, ғылымның барлық салалары бойынша терминологиялық жүйені қалыптастыруға қолқабыс етеді. Әсіресе салалық терминологиялық сөздіктердің түзіліп, оларды неғұрлым тез жұртшылыққа ұсыну шараларын қарастыратын болады. бұл ретте ондаған жылдар бойы термин қалыптастырумен айналысып келген мемлекеттік терминология комитетінің жұмысын қайта қарап, бұрынғы термин түзу принциптерін саралау қажеттігі туып отырғанын еске саламыз. Жедел қарқынмен жұмыс істейтін жұмысшы тобын құру міндеті де тұр алда. Терминология ғасыры деп айтуға болатын бұл дәуірде бұл шаруа осылайша өріс алуы керек» [26, 8].
«Қазақ тілі» қоғамы өз жұмысын ҚР ата заңы (Конституциясы), Тіл туралы Заңы, өзінің жарғысы және халықаралық құқықтық, адамгершілік нормалары негізінде жүргізеді. Нақтылап айтатын болсақ, қоғамның мақсаты: қазақ тілінің республикада және одан тыс жерлерде кеңінен қолданылуына байланысты мемлекеттік, қоғамдық әр түрлі ұйымдар мен ұлттық – мәдени орталықтарға, жеке азаматтарға көмек көрсету;
— тиісті мекемелермен бірлесе отырып, тіл дамытуға қажетті ғылыми — әдістемелік, оқу – анықтамалық құралдар, бағдарламалар, сөздіктер, тілашарлар тәрізді анықтамалықтар шығаруды ұйымдастыру;
— қазақтың ертедегі және осы заманғы мәдениет үлгілерін, тарихын, әдебиетін, өнерін, салт – дәстүрі мен әдет – ғұрпын өзге ұлт өкілдеріне таныстыра отырып, жалпы адамзаттық рухани игіліктердің өз ортамызда да өріс алуына қамқорлық жасау;
— мемлекеттік тіліміздің, ең алдымен, республикамызда заңға сәйкес насихатталып, қанат жаюына септігін тигізер бұқаралық ақпарат құралдары (радио, теледидар, баспасөз) мен конференция, кеңес, семинар тәрізді түрлі шаралар өткізуге қамқорлық жасау;
— мекетпке дейінгі мекемелерде, орта кәсіптік – техникалық училищелерде, арнаулы орта білім беретін және жоғарғы оқу орындарында негізгі пәндерді қазақ тілінде жүргізу жайын қадағаоап, ретіне қарай жәрдлем көрсету және басқа да тілдік орталарды пайдалана отырып, тіл мейрамдары мен лингвистикалық олимпиадалар, тақырыптық кештер мен белгілі мәдениет қайраткерлерімен кездесуге ұйтқы болу.
Міне мемлекеттік тіл туралы заңға сәйкес қаншама атқарылуға тиіс іс – шаралардың көзі ашылғанын осыдан байқауымызға болады. «Қазақ тілі» қоғамы бүгінгі таңда қазақ тілінің әр салаларда қолданылуын жіті бақылап отыр. Оның таралу ауқымы тек Қазақстанда емес, сонымен қатар дүниежүзінің қазақ диаспоралары тұратын көптеген елдеріне де жеткен.
1989 жылы қабылданған Тіл туралы Заңнан кейін 1997 жылы шілденің 11 – де Заң екінші мәрте қайта қабылданды. Бұл заңда көптеген көмескі мәселелер айқындалып көрсетілді. Атап айтатын болсақ, «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы».
Қазақстанның заңнамасы Республикадағы тілдер қызметінің құқықтық негіздерін анықтап, оларды зерттеп және дамытуға мемлекеттің жағдай жасау міндетін белгілейді, еліміздегі тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасаудың тәртібін реттейді.
Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Қазақстан Республикасының Заңы (1997 ж. 11 шілде) бойынша:
«Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі».
- Мемлекеттік тілдің ахуалын білу үшін, ең алдымен, заңдағы «Мемлекеттің бүкіл аумағында»;
- Заңдағы «Қоғамдық қатынастардың барлық саласында» қолданылуы қалай?
Ашығын айту керек, орыстілді қазақтардың бастауымен әкімшілік органдары мемлекеттік тілдің тамырына балта шауып отыр. Тіл заңында: «Қазақстан халқын топтастырудың маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» (4 — бап)[27, 32].
Мемлекеттік тілді білу – Қазақстандық патриотизмнің құрамдас бөлігі (Тіл саясаты жөніндегі тұжырымдама). Мемлекеттік тілді білу, білдіру – Конституциялық арнаулы баптың (93 — бап) талаптары. Заңдағы қойылатын белгілі бір талаптар орындалуды көздейді. Сондықтан заңнан аттап, өз бетінше бұра тартудың мүмлдем қажеті жоқ. Тек заңнан жалтарып, бұра тартудың жер – жерден орын алып отырғаны ғана қынжылтады.
Сонымен қатар Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мемлекеттік тілді білумен тікелей байланысты. Ендеше академик Салық Зимановтың сөзі зиялы қауым, ғылыми жұртшылық пікірімен терең астасады: «Қазақ тілінің құлдырауы және кері кетуі, оның мемлекеттік және іскерлік саладан барынша аластату процесі жүріп жатыр… Өкінішке орай бұл процесті тұрақты заңдылыққа айналдырғысы келетіндердің ұстанымы барған сайын күшейе түсіп отыр… қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде болсын, ұлттық тіл ретінде болсын, қайта өрлеуіне мүмкіндік азайған үстіне азая беретін сыңайлы». («Жас Алаш» 12. 08. 2004) [28, 5]
Депутат Амангелді Айталының Парламенттегі сөздері, «Жас Алаш» газетінің жан айғайы дұрыс бағалануы тиіс.
Президент пен мәжіліс, сенат төрағаларының мемлекеттік тілді еркін білуін талап ететін конституциялық қағида халқымыздың қалаулысы атанған депутаттардың мемлекеттік тілді білуді қажетсінбеуі – мемлекеттік тілді мойындамау болса керек.
Қысқасы, Қазақстанда бұрынғы КСРО аумағында өзге елдер сияқты тілдік жағдаят күрделену үстінде. Мысалы, Қазақстанда мемлекеттік мәртебелі тілдің қолданылуы шектеулі түрде қалуда, орыс тілінің жағдайы да күңгірттеу, бірақ мемлекеттік аппаратта «ұлы дәстүрмен» бұрынғыша басым қолданылуда. Тілдік егемендік болған соң, кез келген тәуелсіз елдің тіл саясаты бойынша, мемлекеттік тіл мемлекеттің күллі аумағында еркін де кеңінен қолданылуы шарт, қолданыста төл ерекшелігі мен әдеби нормасын сақтап, шет ел тілі элементтеріне бой алдырмауы тиіс.
Алайда біздің заманның әлемдік тіл заңын қолдану тәжірибесі тіл заңын қалай болса солай жасау қате екенін, әлеуметтік лингвистикалық, психолингвистикалық, когнитивтік лингвистикалық тұрғыдан жан – жақты сараптау қажеттігін алға тартуда. Сараптау барысында байқалғаны:
- Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жүзеге асыру — әлеуметтік қажеттілік. Қажеттілікті өтеу үшін мәселеге күдікпен емес, үмітпен қарау керек. Нақты шаралар белгілеу қажет.
- Тіл саясатының жүзеге асуы үшін декларация керек емес, құр сөзді қойып, биліктің әкімшілік әдісті қолданудан басқа жол жоқ екені анықтала түсуде.
Әкімшілік әдіс тілдің жұмсалуында ғана емес, ішкі құрылысын жақсарту барысында да қолданылуы тиіс. Мысалы, мемлекеттік тілді қолданыста шектеу мен орынсыз қолданылған шет ел тілі элементінен сақтау үшін әркім бір айтқан сынның берері аз.
Бұрын кеңес дәуірінде қазақ тіліне, негізінен, орыстан әсер еткен болса, қазіргі кезде ықпалды тілдер қатарына ағылшын тілі де қосылды. Қазақ тілі халінің мүшкіл болуының басты себебі оның екі халықаралық тіл қыспағында қалғаны. Мұндай жағдайда шет елдерде екі бағытта шара қолданылады: Мысалы, бірі – шет ел тілі элементтерінің көптеп енуіне (құйылып кетуіне) әкімшілік жолмен тиым салу (Мысалы, генерал де Голь ағылшын тілдік элементтерінің француз тіліне көптеп енуіне әкімшілік жолмен тыйым салды. Қазір Францияда баламасы бола тұрып, ағылшын сөзін қолданған француз, заң бойынша сотталады). Екінші бағыт – халық арасында шамадан тыс шеттен сөз алудың тіл үшін зияндылығын түсіндіру жұмысын жүргізу, бұл істе тіл мамандары мен ақын – жазушыларды, журналистерді кең қамту. Қазақстанда әкімшілік пен кірме сөздер бейбіт қатар өмір сүруде. Ескі сөзді жаңғыртып қолданбай орынсыз, тықпалаушылар, қисынсыз жаңа сөз жасаушылықпен айналысушылар көбеюде, олардың пайда, зиянын сарапқа салу керек. Бұл аталған істер орайында жазушылар тыныштық сақтауда, анда – санда тілшілер мен журналистер дауысы ғана естіледі. Шетелдік тіл тәжірибесінен үлгі аларлық реттер баршылық.
- 1 Тіл саясаты мен ондағы негізгі ұсыныстар
Тіл саясаты туралы кесіп пікір айтпас бұрын бітіру жұмысында тіл саясатына қатысты ғалымдардың берген анықтамаларын негіз етіп ұсынамыз. «Тіл саясаты ағылшынша language policy – ұлт саясатының ажырамас бөлігі; белгілі субьектілердің (мемлекеттік билік, қоғамдық топтар, партия т.б.) тіл дамуына саналы әрі мақсатты түрде ықпал етудің теориясы мен практикасы. Тілдердің қызмет етуіне мақсатты және ғылыми негізде басшылық ету және тілдік қатынас құралдарының жаңа түрлерін жасау және жетілдіру; ұлт мәселесі бойынша тілге қатысты мемлекеттік саясаттың аспектілері. Тілдік саясат имплицитті (қаулылармен қабылданған құжаттар, іс – шарасыз және практикалық тұрғыдан жүзеге асырылатын) немесе эксплицитті (заң актілері, мемлекеттік бағдарламалармен жетілдірілген) болады. Мысалы, Тіл саясаты Канададағы «әртекті мәдени және тілдік нақыштар» онда бір орталыққа бағындырылған (Оттаваның федералдық үкіметі тарапынан) және аймақтық (Квебек неміс провинциялық үкіметі тарапынан) саясат жүргізіледі» [29 ,446].
«Батыс елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда тіл саясатының зерттелуі мен қалыптасуында мемлекеттің рөлі өте зор, керісінше бейресми ұйымдар, мемлекеттік емес ұйымдардың тіл саясатын жүргізуге қатысы тым бәсең» [30, 15].
Тілді тұтынушылар әрқилы, әртүрлі топтық қарым – қатынастың субьектілерінің арасындағы жағдайларда әрқилы. Осыған орай, тіл мәселесіне байланысты тағы да пікір айту шы ғалым А. Д. Швейцер: «Тіл саясаты дегеніміз – мемлекеттік тілдің дамуы мен қалыптасуына әсер ететін әлеуметтік фактор. Ол тілде даму эволюциясының жүйелік және тармақтық түріне әсер ететін және оның саяси жүйеде жоғары деңгейде жетуіне тікелей ықпал ететін басты элементтердің бірі»[31, 120], — дейді.
«Социолинвистика» деп аталатын монографиясында неміс ғалымы, тілтанушы М. Юсселер тіл саясаты мәселесіне қатысты өзгеше пікір айтады. Бұл ғалымның пікірінше: «Мемлекеттік және басқа да қоғамдық мекемелер тілдің әлеуметтік мәселесіне коммерция құралы ретінде қарауы тиіс. Мұнда ұлттық тілдің қалыптсауының әлеуметтік бағасын көтеру және ұлттық қалыптасуын әсер етер іс – шаралар жүргізу керек», — дейді [32, 198].
В. А. Аврориннің пікірі бойынша, шын мәнінде тіл саясаты дегеніміз – «Мемлекет арқылы саналы түрде жүргізілетін реттеушілік іс – қимылдар – тілдің функционалдық жағын жетілдіру үшін жүргізілетін белгілі бір жағдайларда тіл құрылымына әсер ету». Ғалым тіл саясатына берген анықтамасында: «Тіл саясатын ғылыми негізделген, болашашаққа бағытталған қоғамды басқару саясаты», — дейді. «Басқару органдары тап, партия, саяси билік арқылы фунционалдық және құрылымдық аспектіде саяси жүйені басқару», — деп атап көрсетеді. [33, 10]
Н. Ә. Назарбаев тіл саясатында мемлекеттік тіл туралы былай деп атап көрсетті: «Қазақстан азаматтары елдің мемлекеттік тілін құрметтеуге және оны оқып – үйренуге, білуге тиіс. Бұл орайда, бұл тіл ел халқының басым көпшілігінің туған тілі екенін және болашақта оның мемлекеттік тіл ретінде басым болатынын ескеру орынды» [34, 1].
Тіл саясаты – бұл қоғамның тілдік үдеріске ұйымдасқан түрде араласуы және ол – заңды, обьективті құбылыс.
Тіл саясаты деген, шын мәнінде, мемлекеттік тіл саласында орнатқан саяси өмірі. Тіл саясаты – тіліді қолданушылар мен мемлекеттік биліктің өзара байланысының жемісі.
Тіл заңын жүзеге асыру үрдісінде адамда үш мүдде – кәсіби, саяси, тілдік мүдде тоқайласады. Біздің елде кез келген кәсіп иесі ана тілінің қамын ойлайды. Ана тілінің қамын жеген адам саясаттан тыс бола алмайды. Қазақстанның тіл саясатын алайық. Ол игіліктілігімен сиаптталады және оның Коституциялық тұжырымдамалық негізі төрт бағытта дамуда:
- Мемлекеттік тілдің қолданылуы
- Орыс тілінің қолданылуы
- Ұлт тілдерін қолдану
- Шет ел тілдерін үйрену.
Мемлекеттік тіл мәселесі төңірегінде пікір алысу — өзекті мәселе. Алдымен айтпақ керек, мемлекеттік мәртебедегі қазақ тілі – бай, әлемдегі қазақ көрген құбылысты да білдіре алады, абстрактылы ойдың күллі түрін бейнелей алатын тіл.
Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ ұлтының тілі. Әлемдік лингвистикада ұлт тілі – ұлтты туғызушы, қалыптастырып, дамытушы құрал. Қазақ тілінің қазақ ұлтын туғызғаны, қалыптастырғаны даусыз. Алайда, шынын айту керек, ол ұлтты дамытушы бірден – бір құрал бола алмай отыр. Алайда аяулы ана тілін білу және оны қызмет бабында қолдану – бойында қазақ қаны бар әр адамның мұраты.
Ашығын айту керек, кезінде, билік Қазақстанның тіл саясатын жалпылама, декларация түрінде түзуге мәжбүр етті. Нақты айтар болсақ, тіл саясатын бейнелейтін құжаттардың мәтінінде саясатты жүзеге асыратын тетіктер көрсетілмеген. Біздің ұсынысымз мынау: Тіл заңы мәтінін қайта қарау қажет. Бұл үшін ақылы уақытша еңбек ұжымын құру керекжәне оның міндеті нақтылануы тиіс. Кезек күттірмейтін нәрсе үшеу:
Біріншіден, заңдағы мемлекеттік мәртебелі тілді мәртебесіз тілмен теңгеруді заң мәтініндегі заңсыздық ретінде алып тастамай, мемлекеттік тілдің күні қараң болып қала береді. Бұған біз кепіл.
Екіншіден, мемлекеттік тіл қолданылатын өмір саласының санын, шамамен болса да, анықтау керек. Өйцткені күні бүгінге дейін мемлекеттік тіл өмірдің он саласында қолданылады деген жаңсақ пікір кездесіп қала береді.
Үшіншіден, мемлекеттік тілдің күллі өмір саласындағы атқарып келе жатқан және атқарар көлемін анықтамақ керек. Егер заң мәтіні қайта қаралмаса, онда әрбір өмір саласындағы мекемелер тиісті заң актілерін қабылдауын міндеттеу керек. Бұл ретте Әділет министрлігінің тілдік заң актілері кез келген мекемеге үлгі болар еді.
Әлбетте, Қазақстан конституциясы – еліміздің саяси актісінің негізі екені баршаға аян. Басқа заң актілері соған сәйкес жасалуы шарт. Ал, бұл күллі заңнама жүйесінің бірлігін, заңның жалпыға ортақтығын қамтамасыз етеді. Қазақстанның тіл саясатының тәуелсіздік көрпесі көлемінде көсілер кезі келді.
Қазақ тілінің қызметі өмірдің күллі саласы бойынша әр аймақта сараланбай, қазақ тілінің мәртебесі дараланбайды.
Тіл саясатының жүзеге аспауының тағы бір себебі, онда аймақтық тілдік жағдаяттар арасындағы айырмашылықтар ескерілмеген. Әлбетте, тілдік жағдаяты күрделі солтүстік аймақ пен тілдік жағдаяты әлдеқайда жеңіл болып келетін оңтүстік, батыс аймақтарға Қазақстанның тіл саясаты ортақ, бірақ сол саясатты жасаудың өзінде күллі аймақтың тілдік жағдаяты ескерілуі шарт. Қазіргі кезде социолингвистикалық, психолингвистикалық зерттеу жүргізіп, ортақ тіл саясаты негізінде сол жергілікті тілдік жағдаят ерекшелігін ескере отырып, қосымша заң актілері қабылданғаны абзал.
Өмірдің кейбір саласы бойынша мемлекеттік тілдің өзекті мәселелерінен туындаған ойлар мыналар:
- Жанұя, тұрмыс саласы.
Адам болған соң, оның жанұясы (отбасы) болмақ керек. Ал әлемдік саясат атаулы жанұя саясатынан басталады. Демек, тіл саясаты – жанұяның тіл саясатынан бастау алмақ керек. Олай болса, тіл саясаты баладан басталады. Көрнекті ақын Қадыр Мырза — Әли оны дұрыс келтіреді:
Елдің көркі тіл десек,
Тілдің көркі сәби ме деп қаласың,
Бала тілі бола алмаса ана тіл.
Ана тілі бола алмайды ешқашан.
Қазақстанның жанұялық тіл саясатын жасау керек. Оның құрамы мыналарды қамтуы тиіс:
1) Ата – ана өздерінің тілін білуі міндетті, балаларын үй ішіндегі еркін қарым – қатынастан бастап, өз тілін шығармашылықпен айналыса алатындай дәрежеде білетіндей етіп лингвистикалық тәрбие беруге міндеттеу;
2) Балалардың шет ел тілін ұйымдасқан түрде оқытуды он үш жастан кейін, ана тілін толық меңгергеннен соң бастау;
3) Қазақ жанұясында қазақы жанұялық тіл саясатын қайта түлетпесе болмайды. Әже мен немере, ата – ана мен бала арасындағы, әке, шеше арасындағы ана тілін білмеуден туындайтын тілдік қайшылықты (әже тілін немеренің білмеуі, арада ата – ананың тілмаштық қызмет атқаруы, ата – ана тілін баласының түсінбеуі, ата – ананың төл тілін білмеуі) жоюдың нақты шараларын белгілеу т.б.
- Заң саласы бойынша алда тұрған міндеттер:
1) Қазақстанның орыс тілін қазақ тілімен теңгертпе саясаты уақыт сынынан өте алмады. Қазақтың орыстілді, қазақтілді болып екіге жарылу үрдісін тоқтату үшін теңгермешіліктен құтылу;
2) Қазақ тілінде бұрыннан қалыптасқан сөздерді заңдандырып бұрмалауды (мысалы, «хақым бар», «хақың жоқ» деудің орнына «құқығым бар», «құқығың жоқ» деген сияқтыны) тоқтату, тілбұзарлықтан арылту.
- Ғылым, білім саласы:
Мемлекеттік тіл ғылым саласының көптеген тарауларында өз дәрежесінде қолданылмайды. Бұл – бір. Екіншіден, тілді дамытуды зерттеу ойдағыдай емес. Тілді дамыту үшін оны толық меңгеру шарт. Құдайберген Жұбановтың пайымдауынша, тіл тарихын білу – жалаң мақсата емес, тілді меңгерту мен өзгерту үшін керек. «Тілдің тарихын білу деген сөз – оның өніп — өскен жолын білу деген сөз. Әлбетте, тіліміздің сонау ұзақ жолда қандай өзгерістерге ұшырағанын білу керек. Бұрынғыны білу жай, әшейін мақсат емес, тілді меңгертудің амалы», — дейді ғалым.
Мемлекеттік тілді дамытудың басты кепілі – білікті басқару. Әлемдік игілікті іс біткеннің күллісі әлеуметтік үш алыпқа сүйене отырып жүргізіледі. Даму теориясының үш негізгі ұғымының бірі – басқару, екіншісі – ұйымдастыру, үшіншісі – ақпарат.
Басқару деген не? Басқару деген – даму тетігін табу, қоғамдық қатынастарды үйлестіру, сол үшін шешім қабылдау, қоғамдық қатынасқа түскен адамдарға ықпал ету. Ал бұл ықпал әкімшілік, құқықтық т.б. тұрғыдан жүргізілуі мүмкін.
Басқару алдымен әлеуметтік лингвистикаға, психолингвистика мен саясаттануға арқа сүйеуі тиіс. Ол үшін еліміздің социолингвист, психолингвист аммандарды дайындауы керек. Басқару моделі, асылы Қазақстанның тілдік даму стратегиясын жасау ісінен бастау алуы тиіс және ол ғылыми негізделуі шарт.
Басқару моделі тілдік даму стратегиясын түзу ісіне белсенді араласып, бұл сипатты дамудың күре тамыры тіл саясаты екенін басшылыққа алуы тиіс, олай болса, мемлекеттің тіл саясаты қазіргідей көмескілей түзуіне жол бергізбеуі тиіс.
Қазақ тілінің жұмысы өрге баспауының басты себебі – тіл мамандарының тіл саясатымен айналыспауы. Асылы, тіл саясатын меңгерсек, өркениетті күреске шықсақ, сонда ғана мемлекеттік тілдің мерейі үстем болар еді.
- 2 Мемлекеттік тіл мәртебесін сақтауға байланысты жүзеге асырылуға тиіс іс – шаралар
Қазақ тілінің белсенділігі мен өміршеңдігін арттыру қоғамдағы әрбір саналы азаматтың тек азаматтық парызы ғана болып есептелмеуі керек, сонымен қатар өмірінің ажырамастай бөлшегіне айналуы керек. Себебі, ұлты қазақ әрбір адамның қоғамдық ортаға сай дүниетанымын қалыптастыруға қазақ тілі өлшеусіз үлес қосты. Ал кейбір орыс тілін ана тіліндей қадірлеп, керісінше ана тілінің қасиетіне жетпей, оны табанға таптап жүргендердің санасында ұлттық сана жоқ.
Жалпы қазіргі кезде ғана демейміз, ана тілін – қазақ тілін әспеттеп, оның хал – ахуалына алаңдау барлық кезеңнің табиғатына тән құбылыс болған. Тіптен патшалық отаршылдық кезінде де қазақ тілін білмейтін шенуніктер лауазымды орындардан алынып тасталған. Кешегі кеңестік заманда Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбановтар төл тілін толық түрде мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткіземіз деп әрекет еткен. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленген кезде ғана қазақ халқының оңаларына сенген.
Кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып, орыс тілі барлық жерде жаппай қолданылып жатқан уақытта да тіл мәдениеті, баспасөздер сауаттылығы мәселесін жетілдіре беру ісіне ерекше мән берілген. Осы мақсатта түрлі ғылыми – теориялық конференциялар өткізіліп, әр түрлі іс – шаралар заңнамалық күші бар нормативті актілермен бекітіліп отырған.
Қазақ тілінің кеңестік құрсаудан арылар тұста мемлекеттік тіл мәртебесін алғаны – оның табиғи құқы болса, сол мәртебені қолдау барша қазақ азаматтарының, оның ішінде қазақ халқының басты парызы. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруге алдыменен ұлтымыздың тілдерін жандандыруға бағытталған әрекеттер, ең бастысы, оның құрдымға біржолата түсіп кетуінің тоқтатылуы болды. Оған ең алдымен 1989 жылы қабылданған «Тіл туралы» Заңның шарапаты тигенін айтып өтуіміз керек. Бірақ қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуіне ол Заңның да қауқары сарқылғандықтан, кейін 1997 жылы жаңа Заң қабылдауға мәжбүр болдық. Сонда да болса мемлекеттік тілге немқұрайды қараушылық жойылмай келеді. Сондықтан аталған заңнамалық құжаттарды іс жүзіне асыру үшін нақты шараларға көшуге тура келіп тұр. Біз, ең алдымен, бұл тақырыпқа көшпес бұрын мемлекеттік тілдің қазіргі қоғамдағы орны қандай, әсіресе мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметшілер тарапынан қолдау тауып жүр ме деген сұрақтардың басын ашып алайық. Сонда ғана мәселенің беті ашылып, түсінікті бола бастамақ. Себебі тіл жанашырлары мемлекеттік қызметте істейтіндер болуы керек. Өйткені олардың қолында Заңды орындау тетіктері бар, билік бар.
Қазақстан Республикасының Конституциясында 7 – бапта «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін — өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Осы бап өзгеріссіз «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңында да қайталанады. Жасыратыны жоқ, орыс тілді шенуніктердің өз өкілеттіліктерінен айрылмай отырғандығына бұл баптар толығымен жол ашып отыр деп айта аламыз.
Мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына, аясының кеңеюіне іштей қарсы, қазақ тілін білмейтін немесе шала түсінетін мемлекеттік қызметкерлер мен қазақ тілін менсінбеушілер, яғни «шалақазақтар» жоғарыдағы келтірілген баптарды заңды негіз деп түсінеді де, мемлекеттік тілді білмеулеріне байланысты мүмкіндіктері шектелмейтін болғандықтан үйренгісі де келмейді, басқаладрдың да үйренгенін қаламайды. Себебі осы жылдардың ішінде олардың Қазақстанда заңды орындамай – ақ жазаланбастан өмір сүруге, мемлекеттік тілді білмей жатып – ақ , жақсы, лауазымды қызмет басында отыра беруге болатынына көздері жетті. «Тіл туралы» Заңдағы 24 – баптағы мына жолдар оларға мүлдем әсер етпейтін болуы керек: «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың, кез келген меншік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшылары, сондай – ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады».
Сонымен қатар «Тіл туралы» заңның 4 – бабында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың парызы» делінген. Ендеше, бірқатар теріс пікірдегілер мен шенуніктер өз парыздарын елемей –ақ жұмсақ креслоларында әлі отыр. Сол бапта әрі қарай «Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға міндетті», — делінген.
Олай болса, алдымен, Үкімет пен жергілікті билік басындағылар отансүйгіштік көрсетіп, мемлекеттік мүдде үшін, оның негізгі халқы қазақ ұлтының айналасына басқа ұлттарды топтастыру үшін, мемлекетімізі бен мемлекеттік тілдің халықаралық беделін нығайту үшін саналы қызмет етпей отыр, әрі Елбасының тапсырмасын аяқасты етіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда Заң шығарушы Жоғарғы орган Парламент депутаттарының «болашақта Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің мемлекеттік тілді білуін» міндеттеуге қарсы дауыс беруін қалай түсінеміз.
Міндеттелмеген заң – заң емес. Қазақ тілінің ішкі әлеуеті кеңінен пайдаланылмай отырған орындардың бірі — өндіріс орындары. Оған себеп «Тіл туралы» Заңның 23 – бабының осы уақытқа шейін орындалмауы. Онда «мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» делінген.
Тағы бір айта кететін жай, заң уақытылы және дәлелсіз орындалса ғана заң. «Тіл туралы» заң бойынша бұл саладағы мемлекеттік бағдарламаның орындалуы 10 жыл, яғни 2000 жыл деп белгіленген болатын. Ал бірінші «Тіл туралы» Заңның шыққанына 18 жыл, екінші толықтырулар мен өзгерістер енгізілген заңның шыққанына 10 жыл толмақ. Енді оны 2010 жылға дейін созып отырғандықтан, Заңның толыққанды орындалуына 20 жылдан аса уақыт керек екен. Осыдан бұның бұрынғы кеңес үкіметі кезіндегі « коммунизм құру бағдарламасынан өзгешелігі бар ма, соған ұқсамай ма? » деген тағы да заңды сұрақ туындайды. Егер заң бұзылса немесе кесілген уақытында орындалмаса, алдымен мемлекеттік қызмет орындарында отырған шенуніктер жауапқа тартылады. Бірақ республика бойынша ондайлардан аяқ алып жүргісіз болса да, олардың бірде – біреуізаңға сәйкес әкімшілік жауаптарға тартылған жоқ. Тек ара – тұра ғана баспасөз беттерінен «мемлекеттік тіл талаптарын сақтамағандықтан, жауапқа тартылды» деген мақалалар жарыққа шығады. Бірақ бұның өзі «теңізге тамған тамшыдай» ғана там – тұмдап жиналған мәлімет.
Болашақта тіліміздің ілгерілей үрдіспен дамуы бүгінгі жастарымызға, олардың қай мемлекеттің ішінде білім алып жатқандарына да тікелей байланысты. Мәселен «Тіл туралы» заңда тілдердің дамуында мемлекеттік тілдің басымдылығы көрсетілгеніне қарамастан, Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу жоспарына сәйкес қазақ тілін оқыту орыс мектебінде қазақ тілінен 9,4 пайызға, қазақ әдебиетін оқыту 69 пайызға кем берілген. Қазақ жастарының ұлттық санасын қалыптастыруда, өлкетану мен ел – жер тануда зор маңызы бар Қазақстан тарихы мен географиясы туралы да осыны айтуға болады. Бұлардан басқа Заңның 9, 10, 12, 13, 15, 16, 17, 21, 22 – баптарында да орыс тіліне ерекше мән берілген. Біздің ойымызша, бүгінгі таңда орыс тілін басқа халықтар тілінен бөле қарап, оған ерекше мәртебе берудің қажеттігі жоқ. Сондықтан алдағы уақытта Конституциядағы 7 – баптың 2 – тармағын және «Тіл туралы» заңдағы 5 – бапты алып тастау керек. «Тіл туралы» заңдағы орыс тілін басқа тілдерден бөлек, ерекше мәртебе беретін екінші тараудағы көптеген баптардың орыс тіліне қатыстылары жаңаша редакцияланып, «мемлекеттік тілмен қатар аса қажет болған жағдайларда, басқа тілдердің де қолданылуы қамтамасыз етіледі» деп жазылу керек. «Тіл туралы» заңның алтыншы бабында «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» делінген. Осыны желеу еткен кейбіреулер, өздерінің құлықсыздықтарын Үкіметтен ,болмаса осы жағдайды жасауға қатысы бар мекемелерден көріп, оқулық, әдістемелік құралдар жоқ, бар болғанның өзінде нашар деп түрлі сылтаулар айтады. Бұл мүлдем дұрыс емес екенін бұрынғы да, бүгінгі де тәжірибелер көрсетіп отыр. Кезінде жартысына жуығы орыстанып кеткен қазақтарға әдістемелік құралдарды кім жазып беруге құлшыныс танытып отыр еді дейсіз.
«Мемлекет халқының тең жартысы ғана, яғни 8 миллионы қазақ. Зерттеушілердің есептеуі бойынша ұлт тілін тұтынатыны соның жартысындай ғана екен. Міне сол 4 миллион қазақтың өзі қазақ тілінің күнкөріске келіңкіремей бара жатқанын сезіну үстінде. Қазір қазақ тілін білетіндерге тек қана қазақ мектептері мен ұлттық газет – журнал редакцияларынан басқа жерлерде қызмет істеу мүмкіндігі жоқ. Қызмет қана емес, жалпы жұмыс істеудің өзі де қиын.
Нан тауып жеуге жарамаған тіл – іс жүзіндегі мемлекеттік тіл бола ламайды, бола алмай отыр.
Егер біздің мемлекеттік тіліміз өз мәртебесіне сай жағдайға қойылсыншы, қазір – ақ жұрттың бәрі сайрай жөнелер еді. Қажет болып жатса – жасанды эсперантоны да, өлі латынды да, бүгін базарлы деген қай тілді де болсын, игеріп – ақ ала алады.
Тіліңді мойындамаған сенің ұлтыңды да, мелекетіңді де мойындамайды. Сенің мәдениетің, әдебиетің, өнерің, тарихың бар деп білмейді. Өз жеріңде өзге үстем, сен міскін күй кешесің. Қазақстанды мекендейтін осы халықтардың білгені сенің ұлтыңның зиялысынан бес – алты – ақ адамды атар, сосын олар үшін ешкім жоқ, ештеңе жоқ. Кекірейе қараған соң, берілетін баға да атүсті болжамға негізделеді ғой» [35 ,132] дейді мемлекеттік тіл үшін қолынан келген қайратын аямай, баспасөз беттерінде ашық күреске шыққан жазушы – журналист Сабыржан Шүкірұлы. Бұл айтылған пікір мемлекеттік лауазымдағы шенеуніктерге де қатысты болуы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені олардың тілге қатысты аңдамай істеген бір қадамының салдары онсыз да талай құндылықтарынан айрылған халқымыздың маңдайына таяқ болып тиері сөзсіз.
Бұлардың бәрінің артында мемлекеттік тілдің қажеттігін іс жұзінде әлі түсінбеу жатыр деп айта аламыз. Ондай адамдар үйренуге мүдделі болмағандықтан үйренбейді. Себебі, Қазақстан мемлекеттік тілді білмей – ақ азаматтық ала алатын, еңбек етіп, билік құруға, оқып білім алуға болатын дүние жүзіндегі бірден – бір ел. Басқа мұндай ел жер бетінде жоқ.
Егер біз ел болып, мемлекеттік тіл саясатын жоспарлы да, жүйелі жүргізуді шындап қолға алуды ойласақ, онда мемлекеттік тілді мәртебесіне жеткізудің негізгі тетігі, оның құрылымын күшейтуден бастап, яғни мемлекеттік тіл мәселесін күнделікті күн тәртібінен түсірмей, тиянақты түрде айналысатын бұрынғыдай (1993 — 1995 жылдары жұмыс істеген) Үкімет жанындағы Тіл комитеті мен жергілікті Тіл басқармалары еліміздің мемлекеттік тіл саясатын ілгері жылжытатын сол механизмнің негізгі тірегі.
Қазақ тілін кем етпей, тең тіл етіп қатарға қосудың тағы бір тетігі, ол республикамыздың конституциясы мен «Тіл туралы» заң талабы негізінде, арнайы тізбеге сәйкес ел азаматтарына белгілі бір көлемде мемлекеттік тілді оқып – үйренуіне деген қажеттілікті туғызу. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілді дамытудың осы маңызды тетігі бес жылдан бері іске қосылмай, кейінге қалдырылып келеді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесіне сай бекітілуінің осындай көлеңкелі тұстарын есепке ала отырып, қазақ тілінің шынайы түрде мемлекеттік тіл болып көрінуі үшін мынандай заңнамалық тетіктер қалыптасу керек деп санаймыз:
— Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңею үшін мемлекеттік орындардан арнайы бағытталған іс — әрекет жүзеге асырылуы керек. Бұған мемлекеттік қызметкерлер тобы тарталуы тиіс. Бұл жауапты жұмысқа салғырт қараған немесе қатысудан бас тартқан мемлекеттік қызметкерлер «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңның 24 – бабына сәйкес жауапқа тартылуы тиіс.
— Мемлекеттік тілді насихаттауға бұқаралық ақпарат құралдары, үгіт – насихат орындары белсенді атсалысуы тиіс. Іс қағаздарын жүргізудің мемлекеттік тілге көшуі толығымен заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек. Бұлай болмаған жағдайда газет – журнал, теледидар басшылары жауапкершілікте болады.
— Мемлекеттік тілдің қолданылуының қоғамдық жүйесін кеңейту, яғни балабақшаларда, мектептерде, жоғарғы оқу орындарында, мәдениет, өнер жүйелерінде қазақ тілінің үздіксіз өз міндетін атқаруын қамтамасыз ету.
— Мемлекеттік тілдің қолданылуының аса маңызды саласы жарнама екендігі аян. Біз өмір сүріп отырған қоғамдық нысандардағы қазақ жарнамаларының жағдайы көңіл көншітерлік емес. Сондықтан «Тіл туралы» заңға сәйкес (21 — бап) жарнамалардың, хабарландырулардың, прейскуранттардың қазақ тіліндегі нұсқалары талаптарға толық сай келуі тиіс.
— Мемлекеттік тілде сөйлемейтін, орыс тілін білмейтін қазақ азаматтарына менсінбей қарайтын шенеуніктерді жұмыстан алып тастап, әкімшілік шаралар қолдану. Мұның барлығы «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының заңнамалық құжаттарына сай болғаны жөн.
— Тілді дамыту үшін, тілді қорғау үшін іс – қағаздарды толығымен мемлекеттік тілде жазылуын қамтамасыз ету керек. Бұл үшін арнайы мамандар тобы тартылып, іс – қағаздардың мемлекеттік тілге арналған (әдеттегіден тыс) үлгілерін қалыптастыруы керек.
- 3 Мемлекеттік тілдің Қазақстандағы аймақтық дамуына ұсыныстар
Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметіне ерекше мән бере отырып, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», — деп ұран тастады. Содан бері жасалып жатқан тірліктерде есеп жоқ, қиындық пен бейнет бірте – бірте еңсеріліп келеді. Елбасымыздың аталы сөзі талай қазақтардың санасын оятып, жүректеріне қозғау салғаны хақ. Оны біз жай әнешейін айтып кеткен жоқпыз, бітіру жұмысының бас жағында статистикалық деректермен де келтіре кеттік. Егер осыдан тұп – тура отыз жыл бұрынғы статистикалық деректерге үңілсек, бұдан мүлдем басқаша жағдайға көзіміз жетеді. Қазақстандағы мемлекеттік тілді бірден – бір қолдаушы, ғалым, профессор Бақытжан Хасанұлы кеңестік жылдар шындығын алға тарта отырып, орыс тілінің қандай кең тарлағандығы жайлы сандық мәліметтер келтіреді: «Орыс тілі Қазақстандағы 6 555 457 адамның ана тілі. Олардың арасында орыстар 5 519 005адам болса, басқа ұлт өкілдерінің саны –1 036 452 адам. Аталғандардың арасында жарты миллиондай қазақ орыс тілін өз ана тіліндей қастерлейтін болған» [14, 108].
Ал бүгінгі таңда қазақ ұлтының екі пайызы өз ана тілін мойындамайды екен. Бұл мәліметті бұрынғыға қарағанда, көңіл жұбатарлық деп есептеуге болады. Дегенмен әлі де болса атқарылар іс – шаралар жеткілікті. Халықтың дамуына, елдің , Қазақстанды мекендеген сан түрлі үлттардың тізе қосып бірге әрекет етуінде ешкім де бой тартып кете алмаса керек. Бұл тұрғыда Қазақстанның тіл саясатын, тіл мәселесін орнықтыруға аймақтық жағдайлар да әсер етеді.
«Кең байтақ Қазақстанның әр түрлі аймағында тұратын ұлттар мен ұлыстардың басын өзара келісім мен қоғамдық татулық негізінде мектеп ашу сияқты тиімді тәсілдермен мемлекеттік тіл туы астында біріктіре және ынтымақтастыра алсақ, біздің қазақ тілі мемлекеттік мәртебесіне қоса Ата заңымызда тайға таңба басқандай айқынырақ көрінбей тұрған ұлтаралық , халықаралық қатынастар құралы ретінде де өз функциясын нәтижелі түрде атқарар еді» [36, 228].
Қазақстанда мемлекеттік тілдің аймақтық дамуын қамтамасыз ету үшін жасалатын әрекеттер жүйесінің мынандай жолдары бар:
- Біз бүгін жас жеткіншектерімізді халықаралық мәртебесі бар тілдерден басқа да тілдердің, атап айтқанда мемлекеттік тілімізді меңгерудің асқаралы үлкен перспективалары бар екендігінен кең көлемде және толық хабардар етуіміз керек.
- Қазақ мектептерінде өзге ұлттардың балаларын көбірек тартып олардың қазақстандық білім жүйесі, қазақ мектебі жағдайында өз менталитетін тұрақты сақтай алатынына көздерін күмәнсіз жеткізе білуіміз керек.
- Әрбір аймақтағы жергілікті үкімет органдары, мектеп әкімшіліктері, облыс, аудан көлеміндегі Ұлттық Мәдени Орталықтармен өз мемлекетіміздің мүдделеріне сай басты бағыттар мен бағдарламалар бойынша мәдени – іскери байланыстар орната отырып, Қазақстанды мекендейтін ұлттардың өз тарихи Отандарымен адами – рухани қарым –қатынасын одан әрі нығайта түсу керек.
Егер біз өз мемлекетіміздің аясында қазақстандық отаншылдық және ел жандылық рухында өзіміз тәрбиелеген ұлттар мен ұлыстар өкілдерін тек қана Америкаға, Батыс Еуропа елдеріндегі оқуға жөңкілте жөнелтумен аса әуестенбей, өзіміздің ішімізде білім беру жүйесінің қазақстандық стандартын қалыптастыру арқылы өз еліміздегі жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде білім алуын қамтамасыз етуіміз керек. Сонда ғана мемлекеттік тіліміз орнығып, мәртебесіне сай қызмет етері сөзсіз.
Қорытынды
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Ана тіліміздің мемлекеттік тіл болып орныққанына да он сегіз жыл толыпты. Бұл ердің жасымен есептегенде, нағыз ат жалын тартып мінер азаматтың жасы. Ал мемлекттік тіл осынша жылдың ішінде көркейіп дамыды ма, өсіп — өркендеу үстіндле болды ма?
Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Өйткені бұл, бір жағынан намысымызға тиетін ауыр сұрақ. Қазақ халқының қаншама ғасырлар бойы тауқімет тартып келе жатқандығының, тартып келе жатқан барлық азабының сыры осында. Қазақ жеріне көз алартып, оны меншіктенгісі келетін жаулар, ең алдымен, қазақтың құдіреті – ана тілінде, киесі – сөзінде екенін түсінген. Сондықтан қазақты рухынан айыру үшін тілінен айыру керек екендігін сезіп – білген.
Өкінішке орай, кезінде әбден ойластырылып жасалған сұрқия саясаттың зардабын қазақ халқы тартудай – ақ тартып келеді. Қазақ тілі десе, тағылардың сөйлегені елестейтін жас ұрпақ өсіп келе жатыр.
Міне, осылардан қалай құтылу керек деген де және бір сұрақ көлденең тартылады. Мемлекеттік тіліміздің қазіргі қоғамда айрықша беделге ие бола алмай отырғандығы оның қалыптасуы үшін дер кезінде күшін ғана емес, жанын да қосып еңбек ете алмай жатқандығымыздан да болар деген ойлар келеді. Себебі қанша айтылса да, қанаша рет талқыға түссе де, орыс тілі қазақ тіліне қарағанда басым сипатқа ие болып тұр. Мемлекеттік тілді өз мәртебесіне сай, соған лайықты тіл ретінде көтеру үшін ұлтжанды азаматтардың да көзге көрінер жұмыстар жасап жүргендігі белгілі. Ондай азаматтардың қатарына қазіргі кезде Мұхтар Шахановты жатқызуға болады. Тіл саясаты туралы еңбектерде М. Шахановтың тіл үшін сіңірген қызметі айтылады. Оның депутаттық мінберлерде сан мәрте мемлекеттік тілдің мерейін шығаруға байланысты ой – пікірлері, жанайқайы көптің көңілінен шығып келеді.
Тіл туралы Заңның, әсіресе қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесіне іс жүзінде көтерілуіне кедергі келтіретін қиындықтар аз емес. Сол себепті Тіл туралы Заңды күшіне келтіру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында белгіленген кейбір маңызды мәселелер әлі күнге дейін орындалмай келеді. Республикадағы қалыптасқан қазіргі тілдік ахуал өзінің перспективалық моделінен әлі де алшақ тұр. Оның себебі, біріншіден, қазақ тілі мемлекеттік өмірдің барлық қоғамдық маңызды салаларында талап етілмей келеді, екіншіден, ұлтаралық қарым – қатынас тіліне де айнала алмай келеді, үшіншіден, мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі қазақ тілінде еркін сөйлеп, еркін жаза білмейді.
Мемлекеттік тілдің қолданылуы мен өркендеуін жолға қою үшін әр облыстарда арнайы мекемелер ашылған. Және үстіміздегі жылы Алматы қаласында іс – қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру туралы қаулы қабылданды.
Мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәселелері оның барлық қырын қамтуы керек. Мемлекеттік тіл өзінің қызметін толық орындаған жағдайда ғана үстем, мәртебелі тіл болып бекитінін ұмытпауымыз керек.
Болашақ қазақ халқы тәуелсіз мемлекет ретінде жер бетінде тұра беруі үшін туған тілді көзді қарашығындай сақтау керек екендігі бұлжымас ақиқат.
Қорыта келгенде айтарымыз, мемлекеттік тіліміз даму үшін өркендеу үшін тек қана сөз емес, сөзден гөрі істің болғаны нәтиже бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Большая советская энциклопедия.- Москва, 1999
- Абасилов А. М. «Мемлекеттік тілді Қазақстанның солтүстік аумағында жүргізу тетіктері». Кандидаттық диссертация.- Алматы, 1999.
- Қазақ СССР. Қысқаша энциклопедия. 3-том, -Алматы, 1988
- Хасанов Б. «Национальные языки, двуязычие и многоязычие: Поиски и перспективы».- Алматы, Казахстан, 1989
- Двуязычие – в делопроизводство! // Казахстанская правда,18 сентябрь, 1987
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. –Алматы: Қазақстан, 2005.
- Қалиев Ғ, Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.- Алматы: Дәуір, 2003.
- Дүйсенби Қабыл. Қазақстандағы тіл саясаты (тарихи – танымдық шолу) // Тіл және қоғам, 2006, №1
- Шаймерденұлы Е. «Қоғамдағы тілдік ахуал және әлеуметтік реформа» // Мемлекеттік тіл: Бүгіні мен болашағы. –Астана: Елорда, 1998
- Джафаркулиев М. А. Язык в многонациональном государстве.- Москва, 1992
- Двуязычие – норма жизни. -Алматы, 1988
- Балиашвили Г. С. Интерференция – как проблема двуязычия,- Тбилиси, 1988
- Дешериев. Социолингвистика. –Москва, 1976
- Хасанұлы Б. Мемлекеттік тілде іс жүргізудің әлеуметтік – лингвистикалық қырлары // Мемлекеттік тіл: терминология, іс қағаздары мен БАҚ тілі .- Астана, 1999
- Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы // -Алматы, 1998
- Қазақстандағы тіл саясатының тұжырымдамасы ,- Алматы, 1998
- Психолингвистика. -Алматы : Қазақ университеті, 2000
- Қазақ тілі энциклопедиясы,- Алматы, 1998
- Әбдуәли Қайдар. Мемлекеттік тіл мәселелері // Егемен Қазақстан, 22 қыркүйек, 1991
- Хасанов Б. «Языки народов Казахстана и их взаймодействие». -Алматы, 1976
- Нысанбаев А. Институт президентства как фактор стабильности межэтнической организации// Экспресс К, 1 апрель 2001
- Шаймерденов Е. Ш. Языковая ситуация в РК // Саясат, 2001, №1
- Назарбаев Н. Ә. «Халық мәңгілігінің мәселелері» //Егемен Қазақстан, 28 қараша, 1992 жыл
- Малеев С. «Дремучесть как определяющий признак казахского интеллекта // Каз. Правда №19 (1) 2004
- Қайдар Ә. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытудың жолдары мен шаралары.- Алматы, 1990.
- Айтбай Ө. Мемлекеттік тіл қызметін реттеуде «Қазақ тілі» қоғамының ролі. -Алматы, 1989
- Хасанұлы Б. Қазақстанның тіл саясаты: аймақтық, салалық жүзеге асуының өзекті мәселелері. Мемлекеттік тіл саясатының негізгі бағыт – бағдарлары, -Астана, 2000
- Зиманов С. «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл»// Жас Алаш, 12 тамыз 2004
- Сүлейменова Э. Д. Тіл білімі сөздігі.- Алматы: Ғылым, 1998
- Базарбаева Гүлнар. Қазақстан Республикасында тіл саясатының қалыптасу ерекшеліктері.- Алматы, 2005
- Швейцер А. Д. Введение в социолингвистику.- Москва, 1978
- Юсселер М. Социолингвистика, -Киев, 1987
- Аврорин В. «Принципы языковой коммуникации»// Вопросы языкознания, 1970, №2
- Назарбаев Н. Ә. Ғасырлар тоғысында.- Алматы, 2000
- Шүкірұлы С. Мемлекеттік тіл мұраттары.- Алматы: Ғылым, 2002
- Хасанұлы Б. Ана тілі – ата мұра.-Алматы: Жазушы, 1992