МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
- МЫСАЛ ЖАНРЫНЫҢ ТЕОРИЯСЫ
- МЫСАЛ ЖАНРЫНЫҢ ТАРИХЫ
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Кіріспе
Азаматтық даму тарихына қарап отырсақ, қай халықтың болмасын руханияты мен мәдениеті ауыз әдебиеті екендігіне көзімізді жеткізеді. Ауыз әдебиетінің әр алуан түрлері қоғам дамуымен бірге жаңарып, өзгеріп отыратыны шындық. Осы жаңарулар өмірге көп қырлы өнер туындыларын әкеліп, әр түрлі қызмет атқарған. Ал ғылым қалыптасқан кезде жаңа жанрлардың тууына септігін тигізген. Біздің жұмысымызға негіз етіп алып отырғанынымыз да әдебиеттану мен фольклортану ғылымдарында сөз болып келе жатқан мысал табиғаты жайлы, оның тарихы, ол жайындағы ғылымдағы теориялық айтыстар, әртүрлі зерттеулерге тоқталып өтпекпіз. Біз мұнда орыс ғалымдарының ғылыми деректері мен мысал жанры туралы әр жылдары сөз қозғаған қазақ зерттеушілерінің еңбектеріне сүйендік.
Тақырыптың өзектілігі:
Мысал – қоғамдағы жағымсыз құбылыстарды, адам бойындағы әр түрлі жайсыз қасиеттерді, мінез-құлықтарды тура сынамай, астарлап жеткізетін шығармалар деп аталады. Мысалдың алғашқы үлгілерінің пайда болуын біздің эрамызға дейін VIII ғасырдағы гректердің өмірінен байқаймыз. Олар белгілі бір ойды, пікірді дидактикалық мазмұнда айтып беретін әңгімелер түрінде көрінген. Әрине бұл , бірден туып, қалыптаса қойған жоқ.
Эпостың әріден келе жатқан бір түрі – мысал. Мысал ескі Грецияда да болған. Бірақ мысалдың қайтадан дәуірлеген, кең түрде жайылған кезі XVII-XVIII ғасырларда болды. Мысал дегеніміз шағын ғана шығарма. Көбіне өлеңмен жазылады. Болмысты перделеу түрінде сықақтап суреттейді. Автор өз көзқарасын адамгершілікке үндейді, мысалдағы қатысушылар адамша сөйлей алатын, адамша күйініп, сүйінетін не айуан, не басқа нәрселер болады. Бірақ қатысушы адам да бола береді. Мысалдардың көпшілігінде-ақ не басында не аяғында автор пернелеген нәрсенің негізгі мазмұны, автордың айтайын деген адамгершілік ойы болады. Дворян- буржуазия жазушылары мысалды өздерінің қоғамдық адамгершілігін үйретудің құралы етіп қолданды. Бұл үйретулер сатираның кімге қарсы жұмсалуын анықтайтын жазушылардың таптық мүддесі болды. Ресейде мысал-жазушылар — Сумароков, Крылов т.б. қазақтың жазба әдебиетінде тұңғыш мысал жазушылар Абай мен Н.Наушабаев
Адамның шындық болмысты түсініп, қаншалықты рухани дәрежеде болғандығын өнер көрсетеді. Осы ретте алғашқы қауым адамдарының өміріне көз жүгіртеміз. Олардың дүние танымы мифтік көзқарастарымен анықталатыны белгілі. Адам санасының өсуі, өзгеруіне байланысты алғашқы түсініктердің де аясы кеңейе бастаған. Осылайша, дүниеге жаңаша қарау, қоршаған ортаға деген жаңаша қатынас өнерге де әсер етпей қалған жоқ. Ойымызды нақтылай түссек, алғашқыда шығарылған туындының оқиғасы сақталып, ауыздан-ауызға таралу жолында сюжеті мен айтылу мәнеріне қарай аңыз, хикая, ертегі пайда болғанда , даму процесі жетілген сайын шығармашылық та жан – жақты дамып отырған. Мысалы, мифтің тууы алғашқы адамдардың айналасындағылардың бәрін “ киелі” деп түсінгенімен байланысты болса, келе – келе бұл сипаттан айрылып, өздері араласып жүрген адамдар, іс — әрекет жөніде айтылатын әңгімелерге ауысқан.
Бұл әңгімелер де келе-келе жаңаша сипат алып, түрлі формаларды тудырған. Осы орайда қазақ халық прозасын, соның ішінде ертегілердің жан – жақты сипатын ашып берген ғалым С. Қасқабасов былай дейді:
«Ертегі жанрының түп – төркіні алғашқы қауым пайда болған көне миф, аңшылар туралы әңгімелер, хикая және әртүрлі кәде ырымдар мен аңыздар. Басқаша айтқанда, ертегі жанры өзінің қалыптасу процесінде осы жанрлардың қасиеттерін бойына сіңірген, олардың кейбіреуін молырақ, бағзыларын азырақ пайдалынған». [ 1,257].
Яғни, ойлаудың қалыптасу барысында шығармашылық әр түрлі үлгілер бір – біріне әсер етіп, өзгеше бір шығармашылықтың түрін туғызады екен. Сонда мысалдың да жанрлық тұлғасының қалыптасуындағы бірінші ерекшеліктер сонау дәуірдің өзінде жатса керек.
Сөз өнерінің басқа түрлеріне қарағанда мысал өте күрделі жанр. Осындай күрделі форма болғандықтан да мысал сонау Аристотель заманынан күні бүгінге дейін әлем ғалымдарының назарын өзіне аударып келеді.
Мысалдың ең басты ерекшелігі астармен жазылады, айтар ой тұспалдап жеткізіледі. Бірақ астарлап жазылатын дүниенің барлығы мысал бола бермейді. Мысал болу үшін оқиға, сюжет болуы тиіс. Сол әрекетті іске асыратын персонаждардың табиғатына келетін болсақ, ол аң – құс
Мысал жанрының тағы бір ерекшелігін елемеске болмайды. Ондағы персонаждар өздерінің табиғатынан тыс әрекетпен көрінбейді. Персонаж арқылы адам мінезі берілгенімен, мұнда адам мен хайуан, жансыз заттар бір — біріне мүлдем кірігіп кетпейді. Әрине, олар адамша сөйлейді, адамдар сияқты талас – тартысқа түседі. Бірақ мұның да шегі болады. Осы тұста қиял мен ғажайыпқа құрылып, көркемдік эстетикалық қызмет атқаратын ертегілерден мысалдың өзгешелігі көрінеді. Жансыз заттардың естіп қоюы, көріп қоюы ертегілерде мүмкін болса да, мысалдың табиғаты мұны көтермейді.
Мысалдағы тағы бір шарттылық, ол екі бөлімнен тұрады-дағы, бірінші бөлімінде оқиға дамып, шешімін табады, осы шешімнен айтылмақшы ойға негіз беріледі, ал екінші бөлімінде әлгі оқиғадан қорытынды жасалып, түйін шығарылады. Түйін негізінен сатирамен, ирониямен астасып келеді. Бұл мысалдың даму барысында алғанг қасиеті. Мысалдың негізгі сипатының ашылатыны да осы тұс болып келеді.
Мысал қоғамдық ой-сананың жемісі. Оның маңыздылығы да сонда, мысал адамдар арасындағы қарым – қатынасты әшкерелеуші құрал есебінде танылады. Бұл күнде мысалдың өзіндік жанрлық тұрпаты айқын, дәстүрлік белгілері сақталған іргелі форма екендігі анық. Алайда, оны қарапайым, қосалқы аударма жанр ретінде таныған кезеңдер де болды. Сондықтан да, біздің ойымызша, әдебиеттану мен фольклортану ғылымдарының саласындағы еңбектерге сүйене отырып, мысал жанрының жан – жақты табиғатын тану басты мәселенің бірі. Біз де осы еңбегімізде шамамыздың келгенінше мысал жанры табиғатына зерттеу жасадық. Әрине, бұған дейін де мысал жанры туралы зерттеулер болды. Бұл сол еңбектердің жалғасы іспеттес.
Қазақ әдебиетінде мысал жанрының стилі жүйелі – комплексті зерттеу методологиясы аясында арнайы зерттеледі.
Эпостың шағын да өткір жанры мысалдың қазақ әдебиетінде жедел дамып, әдеби процесте ықпалды маңызға ие болған кезеңі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басына дәл келеді. Ол кезеңде Дулат Бабатайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді алыптар буыны дүниеге әкелген мысалдар, Мұсабек Байзақов, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Сәбит Дөнентаев, Бекет Өтетілеуов, Спандияр Көбеев т.б. мысалдарында жалғасын тауып,жанрдың тұтас тұлғасы көрінді.
Дәл осы кезеңде мысал жанрының жедел дамуы кездейсоқтық емес. Бұл кезеңнің қазақ халқының өмірінде ірі –ірі тарихи оқиғалар, қоғамдық қарым-қатынаста әлеуметтік өзгерістер әкелген ерекше уақыт екені белгілі. Қазақ даласындағы сол бір қоғамдық тарихи мезгіл қазақ халқының рухани өміріне де әсерін тигізбей қойған жоқ. Міне, осы әлеуметтік өзгерістер мен рухани серпіліс мысал жанрының дамуына ықпал еткен негізгі факторлар еді.
Жалпы, өмірдегі өзекті мәселелерді көтерер көсем сөз сияқты өтімді , өктем жылдам жанрлардың әдеби аренаға толық шықпай, шыққаннгың өзінде бүкіл халыққа мол дәрежесінде жетпей жатқан кезде халықтың елдікке, бірлікке, оқу-білімге шақыруда ғибраттық сарынды, табиғатында поэзиямен егіз мысал жанрының халық үшін маңызы ерекше болды.
Мысал жанрының дамуы бүкіл қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерген қазақ әдебиетінің классигі Абай дәуірімен тұспа-тұс келді. Рухани серпіліс кезеңінде Абай дәстүрін жалғастыра мысалды әдебиетімізде жаңа биікке көтерген – Ахмет Байтұрсынов. Ахмет Байтұрсынов 1909 жылы Петерборда басылып шыққан « Қырық мысал» атты жинағы қазақ мысал жанрының алтын діңгегі іспеттес. Ол осы салада жарық көрген тұңғыш жинақ болатын. Бүкіл халық, әдеби орта жылы қабылдаған «Қырық мысал» жинағы 1933 жылы Орынборда, 1922 жылы Қазанда қайтара басылып, сол кезеңдегі мысал жанрының дамуына үлкен әсер етті. Ахаң мысалдары сол кездің өзінде қазақ әдебиетіндегі өзгеше құбылыс ретінде танылды.
Мысал жанрының қазақ әдебиетінің тарихында жарқырай көрінген кезеңі де осы тұс. Шағын жанрлардың өтпелі кезеңінде өркендеуі тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем халықтары әдебиетінде кездесетін құбылыс екені байқалады. Мысалы, орыс әдебиетінде XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында мысал жанры кеңінен дамыды.
Сол сияқты, француз әдебиетінде Лафонтен мысалдары дүниеге келген кезеңді еске алсақ та, аталған құбылыстың типологиялық сипаты бар екенін аңғарамыз. Осы орайда, Е.М. Мелетинскийдің: «Жалпы , шағын жанрлардың гүлденуі дәуір алмасуымен сейкес келеді де, сөйтіп не үлкен эпикалық формалардың қалыптасуына ықпал етеді, немесе олардың құлдырауына әсер етеді»,-деген пікірі ойымызды нақтылай түседі. [ 2,7].
Мысал жанрының зерттелуі. Қазақ әдебиеттану ғылымында мысал жанрын зерттеу ісі назардан тыс қалған жоқ. Жекелеген сөз шеберлерінің өмірі мен шығармашылық ерекшелігін зерттеу барысында, сондай-ақ қазақ әдебиетінің тарихын зерттеген коллективтік еңбектерде мысал жанры қарастырылды.
Атап айтсақ, Абай Құнанбаевтың мысалдарына өз еңбектерінде М.Әуезов, Қ.Жұмалиев т.б. тоқталып өтті.
Ал, Дулат Бабатайұлы, Сәбит Дөнентаев, Бекет Өтетілеуов мысалдарының өзіндік ерекшеліктеріне Б.Кенжебаев, Р.Бердібаев, Б:Ысқақов, Т.Әбдірахманов секілді ғалымдар өз еңбектерінде қарастырды.
Сондай-ақ, ғалым С.Қирабаев өзінің еңбектерінде С.Көбеевтің мысалдарына арнайы тоқталған. Қазақ мысалының жанрлық ерекшелігі Т.Қожакеев еңбектерінде, мысал жанрының тарихы С.Талжанов еңбегінде арнайы қарастырылды. Әдебиетші Т.Еңсегенов «Казахская басня» деген тақырыпта кандитаттық диссертация қорғады. Бұл еңбекте қазақ мысалы хронология бойынша кезең-кезеңге бөлініп сараланады. Мысал жанрының шығу тегіне, теориясына әр жылдары Ахмет Байтұрсынов, З.Қабдолов, С.Қасқабасов секілді ғалымдар өз еңбектерінде тоқталып өткен.
Поэзиялық жанрлар, соның ішінде мысал жанры жайында жазған З.Ахметов, М.Базарбаев, Қ.Сүйіншәлиев, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішов, Ә. Нарымбетов, Р.Нұрғалиев, Ш.Сәтпаева, Р.Сыздықова, Қ.Мұқаметқанов тағы басқа ғалымдардың еңбектері де зерттеуге негіз болды.
Диплом жұмысының негізгі мақсаттары Қазақ әдебиеттану ғылымында мысал жанрының теориясына қатысты мәселелердің қойылуына арнайы тоқталмақпыз. Мысал жанры теориясының өзекті мәселелеріне арналған белгілі ғылыми бағыттардың тәжірибесі мен жетістіктеріне сүйене отырып, жанрды зерттену барысында ұстанар теориялық принциптеріміздің шарттары қарастырылады.
Диплом жұмысының мақсаты қазақ мысалын хронологиялық жолмен тізіп, шолу емес, мысал жанрының теориясына тоқталып, жанр табиғатын тану. Өйткені: «… әдебиет теориясының мақсаты нақтылы көркем шығармаларға толық талдау жасау емес. Оның міндеті — сондай талдау жасауға негіз боларлық ой-түйіндер, байлам-тұжырымдарды ғылыми жүйеге салып, айқындап беру.
1 МЫСАЛ ЖАНРЫНЫҢ ТЕОРИЯСЫ
Көркем творчествоның көне жанры шағын болса да, өткір тілі мысалдың әлемдік әдебиет пен фольклорында алатын орны ерекше. Әдебиеттану ғылымының басқа жанрларына қарағанда мысалдың тек өзіне ғана тән айқындалған формасы бар.Ол — әлем әдебиетінде жалғасын тапқан ортақ сюжеттілік, персонаждардың көбінесе аң- құстан болуы, осы арқылы астарлап берілетін ойдың, идеяның ар жағында қоғамдық-әлеуметтік мәселенің, адам мінез-құлқының жатуы. Мысал жанрының белгілі бір тұтастығы, әлем халықтарының мысалдарындағы ұлы үндестігі, типологиялық ұқсастығы осыдан көрінеді.
Мысал жазба әдебиет үлгісі болып табылады. Өзінің даму барысында ол екі түрлі жолмен қалыптасты. Бұл әдебиетте XIX ғасырға дейін-ақ анықталған прозалық және поэзиялық мысал үлгілері.
Бір жанрдың екі ішкі жанрлық түрінің басты өзгешеліктерін, ұқсастықтарын сипаттау ғылымда әртүрлі теориялық бағыттарды қалыптастырды. Сондай ғылыми пікір-тұжырымның бір-екеуіне тоқталып өтейік: « Мысал жөнінде ғылымдағы екі бағытты айтуға болады, ол Лесссингтің рационалистік концепциясы мен Гриммнің романтикалық теориясы. [3,231-232].
Сонымен бірге, кейінгі зерттеушілерден қолдау таппаған поэзиялық мысалды зерттеу барысында пайда болған дарынды психолог Л. Высотскийдің «психологиялық бағытын» да атап өту керек.
Мысалдың шығу тегі, типологиялық дамуы және оның бойында лирикалық, эпостық, драмалық, тіпті трагикалық элементтердің кездесесетіндігі ғалымдардың әртүрлі байлам жасауына әкелген. Мысалды халық ауыз әдебиетіндегі жануарлар эпосымен тығыз байланысты қарастырған Костюхин Е.А. былай дейді:
«Теорияда мысал тек қана әдебиет жанрының бірі ретінде қарастырылмайды, сонымен қатар бір ойды берудің өзіндік формасы және тіпті жалпы сөз өнерінің іргелі формасы ретінде қаралады».[4,164].
Мысалдың философиялық-дидактикалық мазмұнына көңіл қойған Лессинг концепциясын ұстанушылар өмірдегі әртүрлі жағдайлардың себебінен туған ғибраттық мазмұндағы мақал-мәтелдердің негізінде мысал пайда болды дейді. Бұл көзқарасқа философтар да назар аударып, кейіннен В.Перри, А.Потебня, Гаспаров еңбектерінде көрініс тапты. Олардың айтуынша, жанрдың дамып қалыптасуының негізі ғибрат, яғни мысалда айтылар ғибрат адамдардың қарым-қатынасына қызмет етеді. Соңғы түйіннің мақал-мәтелдермен мазмұндас келуінің тәрбиелік сипатына ерекше мән беріп, мысалды өзіне дейін болған басқа формалардан бөлек алып қарастырады.
Сөйтіп, бұлар поэзиялық мысалдың озық үлгісін әкелген француз ақыны Лафонтенді сынға ұшыратты. өйткені, антик дәуірінде Федр мен Бабрийдің кейбір мысалдары өлең тілімен жазылса да, XVIII ғасырға дейін прозалық мысал дамыды. Ал, Лафонтен мысалдары тек философиялық мазмұнға ғана құрылмаған, оның бейнелеу-көркемдеу құралдары да өзгеше болды. Лафонтеннің мысалдарын сынай отырып, Лессинг поэзиялық мысал үлгісінің қалыптасқанын атап көрсетті. Әйтсе де, оның негізгі атқаратын қызметі «ғибрат айту» деген позициясында қалады.
Осы орайда В.Жуковский де : «Мысал дегеніміз әрекет үстінде көрінетін мораль,мұнан адамгершіліктің жалпы ұғымы байқалады», — дейді. [5,402].
Мұнан біз мысалда жеке оқиға арқылы жалпы ақиқатты көреміз.ол үшін алдымен ғибраттық мазмұндағы шындық ойластырылып,соған бейім әңгіме құрылады» деген рационалистік бағыттағы ғалымдармен пікірлестікті аңғартады.
Лессинг мысалды «әдемі поэтикалық ойыншыққа» теңеді. Ол мысалдың ғибрат айтар маңызының төмендеуі поэзиялық мысалдағы персонаждардың тартысы бейнелі сөздер арқылы берілуінде деп таныды. Бұл көзқарас мысалдың ішкі жанрлық түрінің басты сапалық ерекшелігін ажырата алмаушылықтан туындаған болса керек.
Басқа сөз өнері жанрларына қарағанда, мысал жанрының көне дәуірден біздің заманымызға дейін әлем ғалымдарының ерекше назарында болғанын тарихи ұзақ уақытта дүниеге келген іргелі теориялық еңбектер мен қалыптасқан ғылыми бағыттар дәлелдейді. Бұның өзі: мысал жанры – сөз өнерінің ең көне, ең бай және ең дәстүрлі де өміршең. шағын да күрделі формасының бірі екенін байқатса керек. Алайда, оны қоңыртөбел, қарапайым кейде тіпті қосалқы аударма жанр ретінде таныған кезеңдер де болды. Сондықтан да, біздің ойымызша әдебиеттану және фольклортану ғылымы саласындағы теориялық еңбектерге сүйене отырып, мысал жанрының табиғатын тану – басты мәселенің бірі.
Мысал жанры туралы ғылымның жүйелі теориялық үш бағытын айтуға болады.Бірі, Аристотель еңбектерінен бастау алған негізінен философтар да аса назар аударған кейіннен Г. Э. Лессинг, В. Перри, А. Потебня, М. Н.Гаспаров т.б. ғалымдар еңбектерінде айқын көрініс тапқан, мысал жанрының басты өзге жанрдан өзгешелендіріп тұратын негізі ғибрат \мораль\
деген оның философиялық-дидактикалық мазмұнына ден қойған рациональды бағыт. Бұл бағыттағы ғалымдар мысал жанры адамзат қоғамының дамыған кезінде, тіршіліктен түрлі жағдай, өзгеше оқиғалар салдарынан туындаған ғибраттық мазмұнды теңеу, мақал мен мәтелдер негізінде қалыптасты деген тұжырым, пайымдауларға барып ғибрат жанрдың негізгі қасиеті деген ой түйеді.
Екінші, мысал жанрының негізі әңгімелеу\ повесттвование\ ал ғибрат, кейіннен алған қасиеті деген, А. Гриммнің «миф – жануарлар туралы ертегі – мысал» \типологиялық тұрғыда\ эволюциялық даму концепциясын ұстанған, кейіннен А. Хауарат, И. Левин, Е.А.Костюхин т.б. негізінен фольклортанушы ғалымдар еңбектерінде қолдау тапқан романтикалық бағыт.
Үшінші, мысал жанрының жаңа серпіліс кезеңінің ерекшелігіне \поэзиялық мысал жанры проблемасы\ , оның психологиялық, эстетикалық әсер ету қасиетіне ерекше көзқараспен келген А. Выготскийдің ықпалы өзгеше болған психологиялық-эстетикалық бағыт. Мысал жанрын бұл бағытта зерттеу жалғасын таппағанымен, поэзиялық мысал жанрының табиғатын тануда елеулі ықпалы болды.
Жалпы ғылыми бағыттарды топтастыруымыз белгілі мөлшерде шарттылық характер таныту мүмкін, бірақ қалай болғанда біздің пайымдауымызша теориялық ой-пікір негізінде бас айналып, барар бағытын ауытқымас үшін бағдарлық рөлі болары сөзсіз. Мысал жанрының теориясына арналған еңбектердің бірнеше бағыттарда дамуы , мысал әдебиет жанры бола тұрып фольклормен дәстүрлі байланысының сақталуы және лирикалық, эпостық, драмалық элементтердің жанр тұлғасынан көрініс табуы ішкі жанрлық түрлерінің сырттай ұқсастығы болғанымен, әрбір даму кезеңінде, ұлттық әдебиеттері де жаңаша бір көркемдік шешім тауып, серпінді қозғалыс \динамика\ өзгеше түр-сипат байқатуынан туындап отырды. Бұл жөнінде, Е. А. Костюхиннің: «Теорияда мысал тек қана әдебиет жанрының бірі ретінде қаралмайды, сонымен бір ойды берудің өзіндік бір ерекше формасы және тіпті жалпы сөз өнерінің іргелі формасы ретінде қаралады»,- деген пікірі көп нәрсені аңғартады.[4,165] Мысал жанры табиғатының көп қырлы сипаты, оның әдебиеттану ғылымының ғана емес, фольклортану, философия секілді ғылымдардың да назарын өзіне аударады. Белгілі ғылыми бағыттардың қарама- қайшылықты ой-пікір, тұжырымдардың және болжау- пайымдардың жан-жақты, сан-салалы болуының себеп-салдарының жұмбағы осында болса керек. Бұл бағыттар жөнінде бұрын да айтылған. Біздің, жүйелеу бағдарымызда ғылыми әдебиеттегі кейінгі ғылымның даму процесінде де сай біраз өзгеріс бар.Cол ғылыми бағыттар жөнінде айтылған пікір-тұжырымның бір-екеуіне тоқталып өтейік: «мысал туралы ғылымдағы Лессингтің рационалистік концепциясы және Я.Гриммнің романтикалық теориясы».[3,230] Дарынды психолог, теоретик Л. Выготский аталған пікірге жақын мынадай тұжырым жасаған: «Негізінде, бізді мысалдың психологиялық жүйесінің қалыптасқан тек қана екеуі бар: Лессинг және Потебня теориялары».[ 6,81]
Мысал жөніндегі тегеурінді айтыс, пікір-таласты ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі прозалық жанрының стильдік ерекшелігіне өзгеше бір «жаңашыл өзгеріс» желе әдеби майданға шыққан поэзиялық мысал жанрының поэтикалық қуатының көркемдік толқыны әкелді. Поэзиялық мысал жанрының тамаша үлгілерін әкелген француз ақыны Лафонтен кезінде сынға да ұшырады. Өйткені антикалық заманның өзінде Федр мен Бабрий қайсы бір мысалдарын өлең тілімен жазғанымен, XVIII ғасырға шейін прозалық мысал түрі ықпалды бағытта дамыды. Прозалық мысалдың дидактиткалық, тәрбиелік сипаты айқын канондық қалыпта мысал жанрының моральдық-философиялық мазмұнын байытып қана қойған жоқ поэзиялық тілмен жазып бейнелік-көркемдік тұрғыда формалық өзгешелік те әкелді. Алайда, кезінде француз классицизмінің теоретигі Н.Буало да Лафонтен жаңашылдығын жүрек жарды қуанышпен қабылдады.
Тек қана, бір ғасырдан кейін неміс ғалымы Г .Лессинг Лафонтен мысалдарын сынай отырып, мысалдың поэзиялық жанрлық түрінің қалыптасқанын алғаш рет саралап көрсетті. Соның өзінде, мысал ғибраттық мәнді ақиқатты дәлелдейтін жанр. Мысалда жеке оқиғалар арқылы жалпы ақиқат көрсетіледі. Алғашында ғибратты ақиқат ойластырылып, соған бейімделіп әңгіме құрылады. Яғни, ғибрат «мысал философиясы» оның негізгі функциясы деген позицияда болды. Н. Буало сияқты Г. Лессинг те халық фольклорымен, халық ауыз әдебиетімен мысал сюжетінің байланысына және сондай-ақ әрбір творчествалық таралық тұлғаның сол сюжетті дара стильмен ұлттық қолданыста түрлендіріп жіберер ерекшелігіне мән бермеді.
Рациональді бағыттағы ғалымдар көзқарасы өздеріне дейінгі уақытта жиналған тәжірибеге сүйенді. Мысалы Аристотель өзінің «Поэтикасында» қарастырған жоқ «Риторикасында» қарастырды. Тағы басқа да көне замандағы еңбектерде мысал философия объектісі тұрғысында қаралды.
Г.Лессинг мысал жанрының поэзиялық түрінің пайда болғанын атап көрсеткенімен жанрдың ол түріне деген өз көзқарасын айтпай қалмады: «Лафонтену удалось сделать басни приятной поэтической игрушкой» -деп яғни, поэзиялық мысал жанрын «әдемі поэтикалық ойыншыққа» теңеп, Лафонтеннің мысал персонаждарын образды түрде, поэзия тілімен бейнелі сөздер арқылы беруін, жалпы ондағы драмалық сцена, мысал дәстүрін бұзу, ең бастысы ғибрат айтар тәрбиелік маңызын төмендету деген көзқараста болды. Прозалық мысал жанрын Лессинг қызғыштай отырып, оның «кейбіреуі» өзінің негізгі ғибрат айту секілді қызметіне толық жауап бермейтініне өзі де кезінде зейін аударған. Г. Лессинг бұл бағдардағы көз қарасы романтикалық бағыттағы ғалымдар тұжырым – пікірімен үндеседі. Лессинг пікіріне, аталған проблемаға қатысты деген біздің пайымдауымызша маңызды деген Эзоптың екі мысалын келтірейік: «Адам өзінің суық қолын демімен үрлеп жылытады және сондай-ақ ыдыстағы ыстық тамақты суыту үшін де демімен үрлейді. «Сонда қалай – дейді сатир – сен аузыңнан суық та ыстық та демді қатар шығарасың? Кет мен сенімен дос болғым келмейді».Бұл мысал, екіжүзді адаммен достықтан аулақ жүруге үйретеді».[7,105]
Бұл мысалдағы келтірілген персонаж – Адамды екі жүзді деудің өзі қисынсыз немесе А.Потебняның өз еңбегінде келтірілген Эзоптың мына бір мысалын алайық: «маймылдар балалағанда әдетте дүниеге екеуін әкелетін көрінеді. Оның біреуін өте жақсы көріп, күтетін көрінеді де, ал екіншісін өте жек көріп, оған көңіл бөлмейді екен. Бірақ, құдайдың жазғанына шара бар ма күтіп әлпештеген баласы өліп, қарамаған, күтпеген баласы тірі қалады екен».[8, 62] Мысал «жазмыштан озмыш болмас» дегенді ескертеді. Ал осы мысал жөнінде Потебня: «Маймылдардан басқа біреулерге бағыттайтын, ешқандай ой серпіні, импульс жоқ. Ал, бізге мысалдан дәл осы айтылғанның өзі ғана керек», — деп тұжырымдайды.
Ал дәл осы мысал жайында Л. Выготский: «…жеке бір оқиға айтылған сияқты; бұл – мысал, біздің ойымызды өз балаларын жақсы көріп, мөлшердеен тыс еркелететін ата-ананы есіміізге түсіреді.»- деп, принципінде өзі басқа көзқараста болып, ғибраттың астары бар деп түйіндейді.[6,59] Алайда, аталған мысалдарды әр қырынан саралауға болады, ондағы ғибрат екіұдай ойға жетелей, ішкі психологиялық қарама-қайшылығымен оқиғадағы әрекет әртүрлі бағытта қорытынды шығаруға бейімдейді. Жалпы мысалдарды салыстыру барысында біз мынадай көрініске тап болдық. Г.Э.Лессинг прозалық мысалдар жазғаны белгілі кез-келген мысалдың таза ғибраттық, тәрбиелік мәні бола бермейтін, қалайда ирония, әжуа астасып қатар келетінін байқаған. Сондықтан кейбір мысалдарда персонаждардың образын айқындай түсу үшін атап айтсақ, «Қарға мен түлкі» сюжетіне ерекше өзгеріс енгізді. Мысалдағы бәрімізге белгілі сюжетке өзгеріс енгізе, жанр тарихында кеткен қателікті түземек ниетте болады. Енді сол мысалды келтірейік: «Көршісінің мысығына ыза болып, Бақ күтушінің әдейі қойған уланған етті Қарға тырнағымен іліп әкетті. Тапқан пайдасын шоқыйын деп, кәрі еменнің бұтағына қонғаны сол-ақ еді, аяқ астынан түлкі тап болып, бұған дауыстап:
- О, Юпитердің құсы, рақымды бол! – дейді.
- Сен мені кім деп тұрсың – деп сұрайды Қарға.
- Мен сені кім деп тұр дейсің ба?- деп таңданды Түлкі.
— Сен әлгі, Зевстің өзі жіберген құдіретті Бүркіт емессің бе? Күн сайын осы еменге қонып, мен сияқты сорлыны тамақтандырып кететін. Білесің, әдейі істеп тұрсың ғой ә? Мені көрмей тұр деп ойлайсың ба, сенің ерлікке толы тырнақтарыңда менің құлшылық еткенімді ескеріп сенің құдайың жіберген сый бар ғой.
Қарға өзін бүркіт деп қабылдағанына таң болды және іштей қаунып та қалды. «Жарайды – деп ойлады ол
- Түлкінің адасқанын ашпай-ақ қояйын. Сөйтті де, ақымақ бір кеңпейілділікпен тырнағындағы пайдасын тастап жіберіп, кеудесін кере ауаға көтерліп , ұша жөнелді. Түлкі сайқымазақ күлкімен етті қағып алып, сол арада –ақ қылғытып қалды. Бірақ, оның қуанышы тез арада қайғыға айналды. У әсер етіп, ол өліп тынды.[7,215]
Жануарлар эпосы жырларында мысал жанр персонаждары белгілі –бір характермен көрініс тауып , сол мінезді қимыл-әрекет етуі типологиялық қалыптасқан дәстүр. Мысал жанры даму процесімен ондағы персонаждар мінез- қылықтарына да сапалық өзгерістер енді. Сондықтан да, аталған сюжетте түлкі негізінен қу мінезді персонаж ретінде алынып , характеріне баға берілгенімен диалог барысында басқа да қырлары ашыла түседі. Мысал жанрындағы психологиялық екіұдайылық, паралелизм сол арқылы мысалдағы драмалық тартыс, персонаж бейнесін күрделендіре түсіп, көркем әдебиеттің басқа жанрларына тән брлық ерекшеліктері көрінеді. Мысалды сөз өнерінің емес, философия мен шешендік өнерінің жемісі ретінде таныған, басты қызметі ғибрат айту, ақыл айту деген көңілмен Лессинг сюжетке түзетулер енгізіп, тәрбиелік мәнін аттыруды мақсат тұтқан. Келтірілген
үзінді де, түлкіге «уланған» деп ат беру арқылы қу персонажды жазалау, оның басқа қасиеттерін жасыру, ал қарға аңқау бейне, тіпті, топастықтан, ақкөңілдігі басымдау ма деген логика елес береді, осы арқылы мысалдың ғибраттық мазмұнын арттыра түскен болған.
Мысал теориясына ерекше көңіл бөлген Потебня А. Кейіннен Лессингтің пікірін осы бағытта өз еңбектерінде қолдады. Мысал жанрының ең басты функциясы ғибрат айту, ал бұл жанрды поэзиялық бейнелік- көрккемдік құралдарымен көркемдеудің өзі артық деп таныды. Бұл бағыттағы ойын мына пікір толық ашып көрсетеді: «…адамдардың мысалды пайдалана алмауынан, пайдаланғысы келмегендіктен болды. Шындығында, кезінде қуатты саяси памфлет болған, өзінің қызметіне қарамай, тіпті өзінің қызметінің арасында- ақ толық поэтикалық шығарма ретінде танылған,ой-толғамда көрнекті маңызы болған мысал, қазірде түкке тұрғысыз,жарамсыз ойыншыққа айналған».[8,213]
Мысал жанрының ғибраттық мәнін табандылықпен қорғаған Лессинг
және Потебня, оның поэзия тілінде жазылып, сөз кестесінде әшекейдің қолданылуы мысал табиғатын танымау, өмірдегі саяси және әлеуметтік мәселелерді ашып көрсетер маңызын және ғасырлар бойы қалыптасқан жанрдың құрылымы мен мазмұнын, жазылу стилін әлсірету деп қабылдады. Сонымен қатар рациональды бағыттағы ғалымдардың прозалық мысалдар жөніндегі тұжырымдары бүгінгі күнге дейін құндылығымен өзіне назар аудартып отырғанын атап айтқан жөн. Алайда поэзиялық мысалдың өзіне дейін ғасырлар бойы қалыптасқан прозалық мысалмен тамырлас, өзектес болғанымен сөз өнеріне тән қасиеттерді бойына сіңіріп жаңа бағытта дамуы осындай қарсылықты, қызу айтыс-пікір туғызды.
Поэзиялық мысалда ғибрат негізінен сатирамен астасып жатты. Бұл жанрды күрделендіре түсіп, драмалық тартысқа құрыла, психологиялық жағынан ондағы әрбір сөз диалог үйлесім тауып, ғибраттық ой, образды оймен үндесіп, эстетикалық талғам, бейнелі тілдік оралым көркемдік бағытқа бейімдеді. Поэзиялық мысалға, нақтылай айтқанда Крылов мысалдарына, оның ортақ сюжеттерге құрылғанымен творчестволық даралығына талдау жасай келе, Выготский оны сөз өнерінің толыққанды жанры ретінде таныды. Оны ғалымның мына бір тұжырымды пікірі дәлелдей түседі: «… мысал бүтіндей поэзияға жатады және оған өнердің ең жоғарғы формасынан көрінетін өнер мен психологиялық заңдылықтардың барлық күрделі түрлерінің таралатынын көреміз».[6,87] Шындығында, поэзиялық мысалдың сөз өнерінің басқа да роман, поэма, комедия сияқты жанрларына тән форма тауып, арнаға бет бұрғанын көреміз.
Мысалдың екі жанрлық түрінің негізгі басты өзгешелігі неден көрінеді деген мәселеге сапалық тұрғыдан келсек, прозалық мысалда қалыптасқан дәстүр басты негіз болса, ол поэзиялық мысалда авторлық тұлға басым бағытта болып; әр ақынның стильдік өрнегі айқындаушы роль атқарады. Бұл бағдарда сөз жоқ, Лафонтен, Крылов, А. Құнанбаев, А. Байтұрсынов мысалдары дәлел бола алады. Ұлы ақындар қаламынан туған поэзиялық тамаша мысалдың үлгілері әлемдік әдебиеттің төркінінен өзінің ұлттық халықтық белгілерімен және қайталанбас стильдік тілдік жетістігімен көрінді.
Әрине, мысалдың жанрлық екі түріне шекара қою, қайсысында қай фактор басым соны ажырату да мақсат емес, әңгіме, таныс мотив, ұқсас сюжетіне құрылғанымен поэзияның қиыннан қиыстырар құдіретінің әр ақын стилінің өзіндік өрнегі жайында болса керек. Бұл жерде, басып айтатын мәселе творчестволық даралығымен көрінген. Гетенің тілімен айтқанда «қарапайым еліктеу», «мәнерден» өтіп, өзінің «стилін» тапқан сөз өнері шеберінің өзгешелігі турасындағы әңгіме болып отыр. Біріншіден, мысалдар екі жанрлық түрінің жоғарыда аталған өзіндік ерекшеліктері және поэзиялық мысал жанрындағы творчестволық даралықтың қолданыс ерекшелігі де айқын көрінеді. Ол үшін Эзоп пен А. Байтұрсыновтың әлемдік сюжетке құрылған мысалдарының Персонаж – түлкінің, персонаж – қарғаның мақтайтын тұсынан бір ғана салыстырумен шектелсек те айқын көрінеді.
А. Құнанбаев, А.Байтұрсынов сияқты ақындардың мысалдары ортақ сюжетке құрылғанымен стильдік, тілдік өрнектерінің ұлттық болуының, халықтың рухының арқасында аударма емес, төл шығармаға айналғаны әлемдік әдеби процесте ғылыми көзқарастардың үндесуі де дәлелдей түседі.
Негізінен, прозалық және поэзиялық мысалдардың принципті өзгешелігін көре отырып, оның типологиялық ұқсастығын және мысал жанрына тән элементтердің бірінде аз , бірінде көп болса да астасып біріне-бірінің сәулесін түсіре дамып отырғанын теріске шығара алмасақ керек. Алайда, бұл бағытта мысал жанрының прозалық және поэзиялық түрінің өзіндік ерекшеліктеріне баса назар аударылып екі арасына белгілі мөлшерде шекара қойылу табы да сезіледі. Бұндай көзқарас салдарынан мысал жанрының ішкі екі түрінің біріне ерекше мән берілсе, екіншісіне салқын көзқарас басым байқалады. Прозалық мысалға баса назар аударған оны ғибрат айтылар риторикалық жанр тұрғысында танып, поэзиялық тіл т.б. ерекшелігіне «артық әшекей» деп қабылдаған. Потебня А.Л. және Лессинг Г.Е. т.б. рационалистер көзқарасына біз арнайы тоқтайық.
Сонымен бірге, бұл тұжырым бағыттан алшақ поэзияның жанрға кесіп айтар артықшылық берген көзқарас та жоқ емес. Белинский В.Г. байламына көңіл тоқтатайық: «Мысал сатира ретінде поэзияның нағыз ақиқат тегі – деген еді.[9,47] Поэзиялық мысал жанры сөз болып отырғанымен, оның ғибраттық ерекшелігіне толық қарсылық, яғни прозалық мысалдың негізгі өзегіне айтылған қарсылық байқалады. Поэзиялық мысалда ғибрат айтылмайды деп кесіп айта алмасақ керек, алайда сатирамен ирониямен астасып ақынның шебер тілімен мүлдем жандана, өткір де батыл айтылатын мысал дәстүрлік табиғатын да жоғалта қойған жоқ. Сонымен қатар орыс поэзиясында мысал жанры өткір сатиралық факторларымен де айқындалғаны анық. Бірақ та, шығыс апологымен ғасырлық байланысы бар қазақ мысалы жанрдың жаңашылдығын қабылдағанымен дәстүрлік ерекшелігін де жоғалтқан жоқ.
Екінші жағдайда, мысал жанрын Выготский басқаша саралайды: « … біз мысалды екі паралельді ағымды білеміз прозалық мысал мен поэзиялық мысалдар әрқашанда әдебиеттің екі бөлек жанры ретінде өмір сүріп келеді».[6,65] Жалпы, Выготскийдің өз еңбегінде мысал жанрының екі түрінің қатар өмір сүріп отырғаны, прозалық мысал негізінен ғибраттық бағытта дамып, өзіндік ерекшеліктері айқындала түскені жөніндегі пікірлері әрине құнды. Прозалық мысал бүгінгі таңға дейін жалғасын тауып келеді. Бұған дәлел, Эзоп, Лессинг, Толстой мен Әлихан Бөкейханов мысалдары. Сондай-ақ, поэзиялық мысалдың да ұзақ тарихи даму жолы бар. Поэзиялық мысал, Бабрий, Лафонтен,Крылов және Абай, А.Байтұрсынов тағы басқа ақындар мысалдары.
Мысал жанрының ең басты ерекшеліктерінің бірі оның эпостық шағын жанры екендігі. Ол ерекшелігі эпиканың үлкен роман, повесть, поэма сияқты жанрлардан ажыратып тұрады. Ал, оның шағын жанр болғанымен, жалпы эпикалық жанрға тән оқиға, сюжеттің болуы, әңгімелеу, оқиға біртіндеп дамып, персонаждардың тартысына құрылып, шарықтап шешімін табуы, керісінше шағын лирика секілді жанрдан ерекшеленіп тұрады. Ал, новелла, әңгіме тағы басқа шағын жанрлардан персонаждардың көбіне аң мен құстардан болуы баяндалған оқиға астарлап айтылып және көбіне міндетті түрде оқиғадан түйін жасауы, ол түйін негізінен мақал – мәтелдермен астасып келуі өзгешелендіріп тұрады. Әдебиеттің басқа жанрларынан ерекше бір қасиеті мысал жанрының ортақ сюжетке құрылуы, оның өзі ғасырлар бойы байланысын үзбеген фольклорлық дәстүрдің беріктігінің бір көрінісі. Көптеген сюжеттер фольклордан әдебиетке келіп, керісінше әдебиеттен фольклорға сіңіп кеткен. Бұл – заңды құбылыс. Ұлы Абайдың мысалдары елге ауызша таралып, ертегіге айналып кеткен төл әдебиетіміз бен фольклорымызда белгілі.
Жалпы мысал табиғатын тануда даму заңдылығын естен шығаруға болмайды. Яғни, мысалдың негізгі функциясы қоғамдық даму барысында алмасып отырған. Сонда прозалық мысалда сонау Эзоп заманынан қалыптасқан дәстүр мысалға басты негіз болса, поэзиялық мысалда авторлық тұлға басым болады. Бұл мысалдағы сюжеттің халық ауыз әдебиетімен байланысты және әдеби байланыс сақтала отырып, әр халықтың ұлттық әдебиетінде өз шарттылықтарымен түрленуінің мүмкіндігін көрсетеді. Әдебиетте осы арқылы творчестволық тұлғаның даралық стилі қалыптасады.
Осы тұрғыда «Емен мен Шілік» мысалын келтіре кетелік: Бұл мысал Бабрийде «Дуб и тростник» деп аталады: «Таудың төбесінде өсіп тұрған еменді қатты дауыл тұрып, түбімен қопарады. Адамзаттың бәрінен де жасы үлкен жойдасыз еменді сарқырап аққан өзен қалқытып ала жөнеледі. Осы долданып ағып жатқан өзеннің екі жақ жиегінде маужырап, жайбарақат өсіп тұрған қалың шілік бар екен. Осындай әлсіз және бойы да кішкентай мына жойдасыз жуан емендерді алып ұрған сұрапыл дауылға қарсы тұрып, қасқайып майданға шықтың да, күресіп жығылдың ғой, ал біздер болсақ, жеңіл-желпі жел тұрса да, майысып құлай кетеміз. Біздің еншімізге тиген нәрсе – көне беру»,- депті Шілік.[10,98] Мысалдағы негізгі ой күштінің айтқанына қарсы шықсаң осындай күйге тап боласың, онан да олардың айтқанына көне беру керек дейді. Ал осы мысал Абайда:
Шілік пен емен бір күн сөйлесіпті:
Аллаға недеп сорлы жаздың?- депті.
Торғайға да майысып, солқылдайсың,
Жел бүлк етсе, тебесін әлпеншекті.
Құдай басқа салмасын сен секілді
Желмен бірге жығылып жер сүзбекті.
Обалың бір құдайға, байғұс сенің,
Қақтырып қойған мұнша бас селтекті.
Қарашы маған ,сендей сорлы емеспін,
Тау, жартасқа ұзарып бой теңестім.
Сенің қорыққан дауылың – маған өлкек,
Маңыма сәуле өткізбей күнге егестім
Тырп етпес менің күшім жауын-желге,
Жапырағым көлеңке талай жерге.
Ығыма сені де алып қорғар едім,
Иең сені бітірген иен дөңге.
Есіркегіш екенсің , — деді шілік,
Онша сорлы емеспін, тартпа күйік!
Сынбаймын майыссам да, солқылдаймын,
Желден маған келмейді еш кемшілік.
Бүгінгі аман бола ма үнемі аман?
Керкеңдікпен деп тұрсың небар маған?
Шалқақтық иілмейтін кімге жаққан,
Екпінге ерегіссең, қатер саған.
Кавказға бір қап-қара бұлт мінді,
Естіп тұрған кісідей тау күңіренді.
Жер-дүниені шаң тұман қабат басып,
Ойнақ қағып, құтырып дауыл келді.
Арты – бұршақ, алды – шаң жел құтырды,
Шілік жерге бас ұрды, емен тұрды.
Басы көкке, сирағы жерге енсе де,
Ақырып долданғанда алып ұрды.
Майысқаннан шіліктің несі кетті,
Батыр, мақтан көйлеме сен де оғұрлы.[11,45]
Осыдан байқайтынымыздай, Бабрий мысалындағы ғибраттық ой Абайдың мысалында да бар. Бірақ Абайдың мысалын оқып отырып, ондағы көркемдік ізденіс пен дәстүрлік белгі бір өрілетініне көз жеткізесің.
Теорияда мысал жанрының өзгешелігі туралы мынадай пікір бар: «В истории басни можно заметить три главных эпохи: первая, когда она была не иное что, как риторический способ, пример, сравнение: вторая, когда получила бытие отдельное, и сделалось одним из действительниших способов предложения моральной истины для оратора или философа нравственного,- токавы басни, известные нам под именем Эзоповых, Федровы и в наше время Лессинговы: третья, когда из области красноречия перешла она в область поэзии, то есть получила ту форму, которой обязана в наше время Лафонтену и его подражателям, а в древности Горация ».[3,87]
Мысалдың басты өзгешеліктерін анықтауда жоғарыдағыдай артық
баға поэзиялық мысалға да берілген. Белинский: «Мысал сатира ретінде поэзияның нағыз ақиқат тегі»,- деген еді. [9,48 ] Бұл жерде поэзиялық мысал сипатталып отырғанымен, онда айтылатын ғибраттық ерекшелікке қарсылық бар. Бірақ поэзиялық мысалда ғибрат мүлдем айтылмайды деуге болмайды, ақындық шеберлікпен берілген ащы мысқыл, кекесіннің астарында мысалдың дәстүрлі табиғаты жатады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Абайдың Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын келтіре кетелік:
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықтап жүріп жазды алған.
Жаздыкүні жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті ,
Күз болған соң, кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тонған, қарны ашқа
Ойын қайда, ән қайда?
Оныменен тұрмады,
Қар көрінді қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып, дән жиған.
Құмырсқаны іздеп табады.
Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра:
Қарағым, жылыт, тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра!
Мұның жаным сөз емес,
Жаз өтерін білмеппе ең?
Жаның үшін еш шаруа
Ала жаздай қылмап па ең?
Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып,ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме ?
Қайтсін қолы тимепті.
Өлеңші, әнші асыл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер![11,143]
Соңғы шешім «ала жаздай селкілдеген» шегірткенің халін мысқылдаумен аяқталса да, сол мысқылдың өзі-ақ адамды жалқаулық, бой күйездік сияқты қылықтардан сақтандырады.
Белгілі бір қалыпқа түскен әдеби арна өкілінің көркемдік бейнелеу тәсілдерін қолдану арқылы тудырған мысалдың психологиялық және эстетикалық әсер ету қасиетін өзіндік түсінік- пайыммен таныған Л. Выготскийдің мысалдың поэзиялық түрінің ерекшелігін сипаттауда ықпалы зор болды. Ғалым психологиялық екіұдайылылық арқылы мысалдағы драмалық тартыс, персонаж бейнесі күрделеніп, көркем әдебиеттің басқа жанрларына тән ерекшеліктер көрінетінін дәлелдеп берді. Л.Выготский Крылов мысалдарына талдау жасай келе «мысал бүтіндей поэзияға жатады және одан өнердің ең жоғарғы формасынан көрінетін өнер мен психологияның заңдарының барлық күрделі түрлерінің таралатынын көреміз» — дейді.[6,88] Әрине, поэзиялық мысал сөз өнерінің басқа ірі жанрлары сияқты өзіне тән формасы бар, арналы сала. Алайда, мұнда поэзиялық мысалдың өзіне дейін ғасырлар бойы қалыптасқан прозалық мысалдармен тамырлас бола отырып, сөз өнеріне тән қасиеттерді бойына сіңіре жаңа бағытта дамуы , яғни жанрдың генетикалық және контактілі байланысы ескерілмеген.
Психологиялық екіұдайылық арқылы мысал персонаждарының арасындағы драмалық тартыс шиеленісіп, ондағы әрбір сөз, диалог ғибраттық оймен үндеседі деген пікірімізді тарата айтсақ , Ахмет Байтұрсыновтың «Қасқыр мен тырна» деген мысалындағы мына бір сәттерге назар аударалық: Елден жырақта сапар шегіп келе жатқан қасқырдың қарны ашып жолында кездескен жемтіктің шетінен ауыз салады. Асығып аптығып, кемірмей жұта салған сүйегі тамағында тұрып қалған кездегі қасқырдың кейпі мынадай екен:
Қақалды, сүйек жүрмей тамағына,
Болмады әртүрлі еткен амалына,
Жанынан күдер үзіп тұрған шақта
Көзіне түспесін бе Тырна.
Тырнаны шақырады ишаратпен ,
Мәнісін баяндауға жайы кеткен.
Ойлайды: бұл тұрғанда тіл алмас деп,
Көңілін жұмсартпасам алдап еппен.
Бұрынғы мықтылықты былай қойып,
Тырнаға сөз сөйлейді кішілікпен:
«Шырағым, дүниеде ұмытпайын,
Құтқарсаң мені қазір осы дерттен…[12,55]
Осылайша, тырнаны өтірік мақтап, шыққан тегін, әкесін айтып жағымпаздануыменен көкейдегісін орындатып алғаннан кейін қасқырдың сөзіне көңіл аударалық:
Құтқарған зор пәледен Тырнасына,
Ол бірақ көрсетпеді ықыласты.
Еңбегін бер деп сұрап еді,
Қасекең сау күндегі әнге басты.
«Не дейсің, ойын ба осың, шын ба Тырна?
Қажауға мәжнүн жоқ саған мұнда.
Ақы алып өзгелерден дәндеп қапсың,
Қой,Тырна, ойнап мені әуре қылма!
Мен саған олжа болар серің бе едім,
Құтқардым сөзім сыйлап, ерінбедің.
«Сыйға- сый» дегендейін, таз басыңды
Аузыма салып тұрған кемірмедім.
Көрінбей, жоғал шапшаң, көзіме енді,
Түсініп айтқан достық сөзіме енді.
Аш бөрі неше күндей дәм татпаған,
Ұялмас тап беруге өзіне енді».[12,56]
Басына іс түскенде «Шырағым, қарағымдап» тұрған қасқыр бостандыққа шыққаннан кейін «көрінбей,жоғал шапшаң, көзіме енді» дейді. Психологиялық екі ұдайылылық дегеніміз осы. Осының нәтижесінде жауыздықтың, қатқылдықтың белгісі ретінде алынатын қасқырдың тағы бір қыры ашылады.
Мысалдың шығуы, даму тарихы туралы айтылған Л. Выготскийдің мына пікірімен де келісе алмаймыз:« біз мысалда паралельді екі ағымды білеміз және прозалық мысал мен поэзиялық мысалдар әдебиеттің екі бөлек жанры ретінде шығу тегі жағынан да екі жақты».[6,121-122] Бұндай көзқарас, біздеңше мысалдың фольклормен байланысына ден қоймаудан туындаған болса керек. Осы орайда, тарихи – типология әдісіне сүйеніп «мысал өзінің шығу тегі мен даму эволюциясы жағынан фольклормен тығыз байланысты» деген фольклористер пікірінің қолдауға тұратынын айтпай өтуге болмайды. Я. Гриммнің «миф — жануарлар туралы ертегі – мысал» деген даму концепциясын ұстанған ғалымдар мысал жанрының негізі әңгімелеуден тұрады , ал ғибрат адамзат санасының өсіп дамыған кезеңінде алған қасиеті деп таниды. Бұл жөнінде Костюхин Е. А, Қасқабасов С. А өз еңбектерінде атап өтеді.
Даму эволюциясы бойынша мысал фольклормен байланыста дамыған. Түп төркіні негізінен жануарлар жайында ертегілер. С. Қасқабасов: « Егер жануарларға байланысты тотемистік түсініктерге негізделіп туған көне әңгіме- мифтердің мақсаты әрбір адам білуге міндетті мифологияны білдірсе, көркем ертегінің мүддесі басқа. Бұл жанр пайда болып, қалыптасқан шақта, адамзат таптық қоғамда өмір сүрген еді. Сол себепті мұндағы қиял тұспалдау болады да, әлеуметтік-таптық классикалық ертегілерде әңгіме шын мәніндегі аң мен құстар жайында емес, адамдар жайлы болады».[1,189] Мұның өзі мысалдың жануарлар жайындағы ертегілермен байланысын сақтайтындығын білдіреді.
Мысал жанрының ең басты ерекшеліктерінің бірі мысал эпостың шағын жанры. Бұл ерекшелік оны эпикалық үлкен жанрлар роман , повесть, поэмадан ажыратып тұрады. Сонымен қатар, мысалда жалпы эпикаға тән оқиға сюжет болады. Әңгімелеу барысында осы оқиға біртіндеп дамиды да, персонаждардың тартысы шарықтап шешімін табады. Бұл мысалды лирика сияқты шағын жанрдан ерекшелендіреді. Ал персонаждардың аң мен құстан болып, осы арқылы астарлап баяндалатын оқиғаның сыртында адамның іс-әрекетінің жатуы, сол оқиғадан жасалған түйіннің негізінен мақал –мәтелдермен астасып келуі мысалды новелла, әңгіме сияқты шағын жанрлардан ажыратып тұратын бірден- бір белгі және бұл мысал жануарлар эпосымен байлнысты дамыған деген ойымызға нақтылық береді. Орыс фольклорисі Костюхин Е: « Специфика басенного жанра состоит в том, что он основательно связан с фольклорной традицией»,-дейді.[4,169] Ғалымның көрсеткеніндей, мысал ғасырлар бойы фольклормен жалғасын берік сақтап келеді. Фольклордағы мысал ертегілер әдебиет пен жануарлар эпосының арасындағы көркемдік түр екенін айтып өтілді. Даму сатыларының ерекшелігін қамти отырып, аполог сюжеттері мысалдың табиғатымен тамырласа түсті. Қазақтың мысал ертегілерінің бастау көзі «Панчатантра», «Хитопадаша», «Шукасаптати» сияқты үнді жинақтарынан басталғанымен олар өзіндік сипаты мен ұлттық тұрпаты жағынан ерекшеленеді. Себебі, ауыз әдебиетін тудырмайтын халық болмайды. Ал мысал ертегілер болса әдебиетке жақын болғанымен, фольклорға кіреді.
Мысал фольклорға қатысты деген ойымызды ортақ сюжеттілік те дәлелдесе керек. Мәселен, хайуанат жайындағы ертегілердің көбі әр халықта да болатын ұқсас әлеуметтік жағдайдан туған. Бұл типологиялық жолмен іске асады. Сол сияқты мысал тудырушылар да жаңа сюжет табуға тырыспаған. Бұл дәстүр сонау Эзоп заманына осы күнге дейін жалғасын сақтап келеді. Сонымен қатар, көптеген сюжеттер фольклордан әдебиетке келіп, кейде керісінше әдебиеттен фольклорға сіңіп кетіп отырған. Мысалы «Түлкі мен ешкі» ертегісінің сюжеті Эзоп, Ыбырай, Әлихан мысалдарында, «Түлкі мен қарға» ертегісі Эзоп,Федр, Бабрий, Крылов, Абай мысалдарында көрініс табады. «Қарға мен түлкі» ертегісіне сюжет келтіре кетейік: Қалың орманды қақ жарып аққан өзеннің жағасында ауыл отырады екен. Ауылда бір аңқау кемпір бар. Ол күнде ірімшік қайнатып үйдің төбесіне жайып қояды, кешке аларда азайып қалады. Кемпір оны күн көзіне құрысқан ғой деп жүре береді. Шынында бұл ірімшікті ұрлайтын орманға ұя салған ала қарға екен. Ол кемпірдің аңқаулығын пайдаланып өзі әбден тойып, балаларына да алып кетіп жүреді екен. Бір күні бұрынғы дағдысы бойынша ірімшікті жеп тойғаннан артығын үйіне ала қайтады. Балаларын тойғызып болған соң артылған бір түйір ірімшігін жеп қоюды да, жоқ үнем қылуды да шеше қоймай, ойланып отырғанда, орман кезіп жүрген қу түлкі көреді. Оның көзі жайнап, аузынан сілекейі шұбырып ағашты айнала береді. Басына шығуға дәрмені жоқ. Ақырында ол ойлап-ойлап амал табады.
Қарғаның бойын ерітіп, жүрегін жұмсатып мақтайын, сол кезде бір дыбыс берер. Егер де дыбыс шығарса аузын ашады. Аузы ашылса ірімшіктен айырылады. Менің аш құрсағыма тамақ барады,-деп есепке алады. Сол ретпен мақтай бастайды. Шіркін-ай, дүние жүзіндегі құстарда сенен сұлуы бар ма екен? Маңдайың жылтыр қара, ішің толған ақыл-сара.Қанаттарың гаухардай жарқырайды, екі көзің танадай жалтырайды. Бар сұлулық бір өзіңнің бойыңа қалай үйлесіп, қалай жарасып кеткен? Үміт сипатына қарай даусың да тамаша деседі. Соны естіген соң әдейі іздеп, алыстан келіп тұрмын. Естігенде құлағым тойып еді, көрген соң көзім тойып тұр. Неше күн сапар шегіп келген бейнетім орнына тұрды. Енді жарқыным, маған үніңді есіттір. Өмірде армансыз болайын,-деп жалынады. Қарғаның түлкінің мақтауына көңілі өседі. Мейілінше шат болып, масаттанады. Сөйтіп бұл байқұстың бағын сындырып, жүдетіп қайтармайын, келген соң разы етіп қайтарайын деп барлығынша жағын керіп «қарқ» етеді. Сол кезде ірімшік жерге түсіп кеткен екен. Түлкі ірімшікті қағып салып:
«Дәулеттінің дәмінен»,-деген. Даусың ащы, ірімшігің тәтті екен,-деп, жортып жүре беріпті».[13,56] Осы ертегінің сюжеті Крылов мысалында да бар. Қазақ жұртшылығына Абайдың аударуымен таныс. Абай бұл мысалды екі нұсқада аударған. Екінші нұсқасына қарағанда « Жұрт біледі, күледі» деп басталатын түрі тіл қолданыс, көркемдік ізденіс ерекшелігімен өзіне баурап алады.
Жануарлар эпосында да, мысал жанрында да персонаждар белгілі бір мінезбен көрінеді, сол мінезбен әрекет етеді. Яғни, ертегідегі және мысалдағы жануарлардың сипаттамасына келсек, екеуінде де кең тараған қаһарман –түлкі. Ол –қу, айлакер екіжүзді. Осы айлакерлігіменен адам бойындағы кейбір жағымсыз қылықтарды, адамгершілікке сай келмейтін іс-әрекеттерді көрсетеді.
Қасекең теуіп қалып, жалтыр мұзды,
Келді де дәл түбінен құйрықты үзді.
Түлкі арсыз терісінің саулығына
Қуанып, құрықсыз-ақ тартты ауылына.
Әуелде аямаса бір-ақ қылын,
Қалдырмай кетуші еді ол өз құрығын[14,227]
Мысал жануарлар жайындағы ертегілердің негізінде қалыптасқан
М. Әуезов пен Е. Ысмайыловтың пікірінде айғақтаса керек: « Хайуанат жайындағы әңгіме-аңыздардың екі түрі бар. Бірінде хайуан мінез-құлықтарын дәл хайуанның өзін суреттеу үшін айтпай, адамдағы мінез-құлыққа бейне, тұспал, мысал есебінде қолданған. Адамдағы кемдікті, мінді бадырайтып ұлғайтып, жиренішті етіп көрсету үшін, сондай сын арқылы жаманшылықпен алысу үшін мысал етіп алу болған».[15,21] Осыдан анық байқалатындай, мысал шығуы, даму процесі жағына халық ауыз әдебиетімен бірлікте дамыды деп дәл айта аламыз. Сонымен қатар ертегілердің әлеуметтік сипатына қарап мысалды да осы сарында жазылады десек, мұнымыз мүлде жаңсақ пікір болып шығар еді. Мұндай көзқарастар ғалымдардың арасында кездесіп те қалады. Оған дәлел етіп, ертегілік кейіпкерлердің өзара таптық қайшылықтардың жатуын алады. Мысалы, ертегідегі жолбарыс – ханды, түлкі – биді басқа да әртүрлі жыртқыш аңдар байларды білдірсе, мысалда бұл кейіпкерлердің адамзаттық сипаты негізінде алынады. Мысалда таптық түсінік, мағына оның ең алғашқы үлгілеріне тән.
Мысал аллегориялық сипатта жазылатын шығарма екендігін айтып өттік. Қазақ ауыз әдебиетінде осы сипаттас тағы бір алуан шығармалар бар. Ол — өтірік өлеңдер. Мысалдың дамып қалыптасуында өтірік өлеңдердің де өзіндік үлгісі бар. Профессор Қ. Жұмалиев былай дейді: « Қазақ ауыз әдебиетінде аллегорияның көп кездесетін түрі — өтірік өлеңдер. Көбіне жастардың ойын-сауықтарында айтылады. Мұны қазақ ауыз әдебиетіндегі басняның алғашқы бастамасы деп жорамалдауға болады».[16,252] Мысалдың шығуы өсіп қалыптасуы жайлы ойларымызды жинақтай келе айтарымыз, мысал халық ауыз әдебиетімен байланысы берік сақталған күрделі форма. Мысалды поэзиялық, прозалық деп екіге бөліп тастап, екеуін екі түрлі жанрлық форма деп тануға болмайды. Біздіңше, бұл екеуінің өзгешелігі прозалық мысал ғибраттық бағытта, поэзиялық мысал көркемдік бағытта дамитындығында. Поэзиялық мысал да , прозалық мысал да бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бұған Эзоп, Лессинг, Толстой, Бөкейханов прозалық, Бабрий, Лафонтен, Крылов, Абай, Ахмет поэзиялық мысалдары дәлел бола алады.
Сонымен мысал өзіндік өзгешелігі мен қуатты қызметінің арқасында толық поэтикалық шығарма болып табылады.
2 МЫСАЛ ЖАНРЫНЫҢ ТАРИХЫ
Бүгінгі күнде әдебиеттану ғылымында мысалдың тұлғасы әбден тұрақталып, қалыпты бір арнаға түсті. Осы процестің өзі ұзақ тарихи дамудың нәтижесі. Сондықтан да осы үлгідегі Лафантен, Крылов, Абай мысалдарын жете бағалау үшін мысалдың алғашқы үлгілеріне жан-жақтық таным қажет.
Мысалдың бастау алар қайнар көзі сонау ежелгі дәуірлердің өзінде жатса керек. Оның көне түрлері біздің заманымызға дейінгі үш мыңыншы жылдықта « Қос өзен» бойын мекендеген Шумер жазбаларынан табылған. Бұл жазбалардағы айтыс өсімдік пен ағаштың, жыл мезгілдері мен дене мүшелерінің диалогына құрылады. Аталған жазбалар нағыз мысал үлгісі болып табылмайды, алайда ондағы шарттылық пен аллегориялық ой мысалдық сипат береді.
Мысалдың сюжетінің шығуы, таралуы жағынан оны бірнеше тарихи- географиялық регионға топтастыруға болады: Ежелгі Шығыс, бұған: Вавилон, Мысыр елдері жатады, антикалық (Эзоп, Федр, Бабрий, Авиан), көне үнді («Панчатантра», «Шукасаптати», «Хитопедаши»), орта ғасырлық европалық және орта ғасырлық шығыстық.
Жануарлар эпосы мен мысал жанрының тарихында біздің эрамызға дейінгі бір мыңыншы жылдың соңында құрастырылған көне үнділік ертегі жинақтары маңызды орын алады. XIX ғасырдың өзінде-ақ фольклористика Үндістанды жануарлар жайындағы ертегілері мен мысалдың отаны ретінде мойындады. Жануарлар туралы Үндістанда туған сюжеттер батысқа тараған. Бұл жөнінде ғалымдардың арасында қайшылықты көзқарастар бар. Кейбір ғалымдар сюжеттер батыстан үнді еліне келген дейді. Ертегілік сюжеттер Үндістандағыдай басқа ешбір елде, әдебиетте қолданылмайды. Сондықтан да сюжет отаны үнді елі деуге негіз бар. Ал сюжеттер батыстан келген дейтін ғалымдар: «Үндістер гректердің кім екенін білмей тұрып-ақ Эзоп мысалдарымен таныс болған. Сөйтіп, өзіндік мәнерлерімен жануарлар жайында мысалдар шығарған» дейді.
Жанрдың дамып қалыптасуына тағы бір бастау болатын үстіміздегі дәуірдің үшінші ғасырында көне санскрит тілінде жазылған « Панчатантра» — «Бес бәйіт» атты жинақ. «Панчатантраның» жазылуы туралы «Вишнушарман деген брахман Кашмир өлкесінде патша балаларына арнап жазыптымыс» дейді. «Панчатантраны» үш жүз жыл өткен соң, яғни VI ғасырда парсы тіліне Барзуя деген кісі аударады. Ал VIII ғасырда « Бес бәйіт» жинағы «Кәлила мен Димна» деген ат қойылып, Әл-Мухаф ұлы Абдолла араб тіліне аударады. «Кәлила мен Димна» шығыс пен батыс европаның мәдениетті елдеріне кең тарады. Араб тілінен еврей тіліне Раббий Иоэль аударады. Ал Иоан Капуанский деген кісі латын тіліне «Адам өміріне өсиет» деген атпен аударады. Грек тіліне аударылғанда « Стефанит пен Ихнилад» деп аталады.
«Панчатантраның» негізгі сарыны феодалдық қоғам болғандықтьан XVIII ғасырға дейін әр түрлі халықтардың рухани өмірінде елеулі орын алды. XVI ғасырда парсы тіліндегі аударманың Хусин Ваиз Кашифидің өңдеуімен « Бақыт жұлдызы» деген атпен үндіге қайта барады. Парсы тілінен бірнеше рет түрікшеге аударылады, солардың ішінде ең жақсы таралғаны « Хумаюн нама» — Патша кітабы.
Жинақтың арабша нұсқасын еуропа тіліне аударылуы 1836 жылы жүзеге асты. Мұны аударған белгілі арабист, француз ғалымы Сильвестр де –Саси еді. Орыс тіліне И.Ю. Крачковский аударған үшінші нұсқасынан « Кәлила мен Димна» 1962 жылы С. Талжановтың аударуымен қазақ оқырмандарының қолына тиді. «Панчатантраның» негізінде «Хитопедашаның», «Шукасаптати» жинақтарының дүниеге келуі қоғамның мәдени дамуының белгілі бір ырғағын көрсетсе керек.
«Панчатантрадағы» материалдар фольклормен тығыз байланысын сақтағанымен, ол мысал кітабы болып табылады. Жинаққа үндінің атақты көне эпосы « Махабхаратаның» үш тарауы кіреді. Бұл жалпы мәдениеттің тек «Панчатантрадан» ғана басталмайтынын дәлелдейді. Жинақ жазбалары белгілі бір мақсатқа негізделгенімен өте жұтаң болып келеді. «Панчатантрада» әйгілі ертегілер мен апологтар өзгеріске ұшырап, мысалға айналдырылып, қандай функция атқаратынына қарамастан аполог пен новеллалық ертегілерді оңай тануға болады.
Мысал ертегілердің қалыптасуы, даму қарқынына біз фольклордан гөрі әдебиетке жақын тұрғанын байқаймыз. «Панчатантра» және басқа жинақтардан көрінетініндей бұл даму бірнеше сатыдан тұрады. Бірінші жағдайда мысал дәл сюжетін сақтап қалады. Мұндағы әңгімелеу мен нақыл тек қана механикалық түрде бірігеді де, олардың әрқайсысы жеке-жеке тұрған сияқты және әңгімелеу негізінде ешқандай түйін жасалмайды. Жинақтағы әңгімелеу мен ғақлияның бір-бірімен қиыспайтындығын «Екі қаз бен бір бақа» мысалынан көруге болады: « Ертегі заманда екі қаз су таба алмай жүріп ыстық шілденің күнінде бір көлшікке келіп қонады. Ол көлшікті көптен бері мекен етіп жүрген бір бақа бар еді. Екі қазды қарқылдап жолатпай, көлшігін қызғанып , екі қазға су ішкізбеді. Екі қаз жалынды. Жалынса да бақа:
Бұл азғана көлшік құрып таусылады, сіздер ұшып кетесіздер, мен бишара қанат, құйрығым жоқ, қайда барамын- дейді. Қаздар айтады:
Әгер де , осы көлшік құрыса, сізді біз алып ұшып, бір жақсы көлге жеткізелік,-дейді. Бақа қабылдап, үшеуі шарттасып, бір жүре береді. Күндерде бір күн аз ғана көл таусылып, қалған суы сасып кетеді. Екі қаз уәде бойынша бақаға : « Кетелі, бір жақсы суға жетелі»,-дейді. Мұны бақа мақұлдады. Екі қаз ағаштың екі шетінен аяғымен мықтап ұстап, бақаны аспанға алып ұшты. Бақа көктің үстіне шыққанға көтеріліп, көңілі өсіп, жердегі бақалардан өзін жоғары дәрежелі деп мастанды. Сөйтіп, аспанда бара жатып, бір үлкен шаһардың үстіне келіп еді, шаһар халқы көкке қарап қайран қалды.
Бұл не зат? – деп. Біреулер «қасиетті бақа»- деді. Біреулер «бақа емес басқа зат»,-деді. Жұрттың сарынын естіген соң бақа мақтанып: « Атымды айтпай, білдірмей кеткенім болмас»,-деп таң қалып тұрған елге:
Мен – бақамын! – деп, аузын ашқанда ағаштан босап, жерге қарай құлдилап шыр айналып, сүзе соғып далбаңдап келіп, ат базардың ортасына тарс етіп түскенде, жарыстырып базарға салып жүрген аттар бақаның белін басып, өлтіріп кетті. Екі қаз : — Ақымаққа жақсылық етіп болмас!-деп өз бетімен ұшып кете берді.
«Панчатантра» мысалдарының сюжеті шығыс халықтарында фольклорында басым болғанымен, мұндай емін еркін араласу еуропалық фольклорда байқалмайды. « Стефанит мен Ихнилад» қаншама кең таралғанымен де орыс халқының дәстүрлі фольклорына әсері болмаған. Себебі ондағы жануарлар әлемі қиялдағы өмірден гөрі шындық өмірге жақын болғанымен, ондағы жануарлар орыс тұрмысынан алынбаған. Қандай халық болмасын, оған өз жағдайы, өз тұрмысы артық, таныс ештеңе жоқ. Еуропаның басқа да халықтарының ауыз әдебиетінде «Панчатантра» сюжеттері ұшырасқанымен өте аз. Бірақ еуропалық әдебиет тарихында шығыс мысалдары өз ізін қалдырмады деуге болмайды. Олар орта ғасырдағы әдеби дамудың бір бөлігі бола отырып, еуропалық мысалдың сюжетін байыта үлесін қосқан.
Мысалдар жайлы сөз болғанда, антикалық дәуір туралы айтпай өтуге болмайды. Антик заманының қалдырған ескерткіштерін біздіңше әдебиетке дейінгі және әдебиеттік кезең деп саралауға болады. Әдебиетке дейінгі кезең мысалдарына тән ерекшелік, мұнда сюжет қарапайым, авторы белгісіз, жартылай фольклорға , жартылай әдебиетке жатады. Көркемдік форма прозалық түрде көрінеді. Бұл кезеңнің нақты өкілі біздің эрамызға дейінгі VI ғасырда өмір сүрген Эзоп болып табылады.
Әдебиеттік кезеңнің өкілдері біздің эрамыздың III ғасырында өмір сүрген римдік ақын Федр мен үстіміздегі дәуірдің II ғасырының ақыны грек Бабрий . Бұл кезеңде сюжеттер белгілі бір қалыпқа түскен, эстетикалық мақсат айқын, тіл, композиция, стиль ерекшелігі сақталады. « Эзоп мысалдары» шартты түрде құрылған әңгімелердің ғана жиынтығы делінгенімен, оның өзінен кейінгі мысалшыларға тигізген әсері, ықпалын атап өту керек. Мысал дегенде есімізге ең алдымен Эзоп есімі түсетіні де сондықтан. Эзоп мысалдарының мысал тудырушыларға үлгі болғанын тексеру үшін бір дәлел келтіре кетелік.
« Өгіз бен бақа» мысалы Эзоп жинағында « Құрт пен жылан» деп аталады. «Жолдың жиегінде бір шоқ жеміс өседі екен. Соның түбінде ұйықтап жатқан жыланды көріп, бір кішкене құрт оның ебедейсіз ұзындығына қызығыпты. Сондықтан құрттың жылан болғысы келіпті, жанына жата қалып өзін-өзі зорлап созыла беріпті. Алайда ол қанша созылып ұзарса да, жылан бола алмай, жарылып өліпті»,- дейді Эзоп.[17,136]
Тура осы мысалды III ғасырда Федр « Лопнувшая лягушка и бык» деп береді: « Күштіге еліктеймін деп әлсіз өзі өледі. Көкорай шалғында жүрген бақа бұқаны көрді де, оның зорлығын күндеді. Борпылдақ қарнын шертитіп, балаларынан: « Мынау менің жуандығым, семіздігім сендер көрген бұқадан артты ма ?»-дейді. Балалары «жоқ»,-деп жауап қатады. «Қайсымыз үлкенбіз?»-дейді. «Әрине – бұқа үлкен» — дейді балалары. Сонда ашуланып, бақа мүлде ісінеді. Шертиіп үлкеймек болады, алайда бұқаға жете алмай, қарны жарылып өзі өліп кетеді». Ал II ғасырдың ақыны Бабрий « Бұқа мен бақа» мысалында: « Бір күні бақа су ішкелі суатқа келіп, тұяғымен бақаның баласын таптап кетеді, соның артынша қыдырып кеткен шешесі келіп: « Әй, әлгі інілерің қайда?» — деп сұрайды. « Ойбай-ау, ол өліп жатыр. Төрт аяқты жуан хайуан келіп тарпып, таптап кетті»,-дейді. Сонда бақа қарнын шертитіп ісінеді де: « Әлгі хайуанның жуандығы осындай ма?» — деп өзін көрсетеді. Балалары : « әуреленбей-ақ қойыңыз, сөзімізге сеніңіз, ол хайуанға ұқсаймын деп жүргенде жарылып кетерсіз»,-деп беріледі. Келтірілген мысалдар Эзоп мысалымен өзектестікті аңғартумен қатар , соңғы екі ақынның да әр алуан идеялық бағытын , өзіндік стилін байқатып тұр.Федр оқиғаны беру арқылы барлығын тік айтады, ғибрат та бар. Соңында бақа өліп тынады. Ал Бабрийдың мысалдарында бақаның өліміне тұспал ғана бар, мұнда бір жағынан ирония да аңғарылады. Бұл сюжет Крыловтың «Лягушка и вол» атты мысалында , ал қазақ әдебетінде Абай аудармасымен келген «Бақа мен өгіз» мысалында бар.
Антик дәуірінің екі мысалшысының хикаяны баяндау, беру тәсілі түрліше болғанымен, ой сарыны бір жерден шығады. Екеуі де өмірдің келеңсіздіктері тек қана ақыл насихатпен емес, күлкімен де жеңуге болатындығына меңзейді. Мысалдардың шығуы жайында Федрдың өзі былай деген: « Айтарын қаймығып айта алмаған, батылы барып өз сезімін ақтара алмаған құлдық дәуір еді, сондықтан күлкі келемежді қарғаша етіп, құлдар осылай мысалдап сөйлеуді шығарды».[10,25]
Федрдың осы пікірін аудармашы ғалым М.Л. Гаспаров та қолдай отырып: «Мысалдардың ауызша айтылуы түрі ұзаққа созылмады. Ақсүйектер мен қара халық күрескенде осы арпалыста қара бұқара жеңіп шықты . Сондықтан енді кінәлап түйреу қажетсіз болды, мысалдардағы жауынгерлік пафос әлсіреп қалды. V-IV ғасырлардағы философиялық бағыт жаңа идеялық ізденулерді тудырды. Әрине , мысал жойылып кетпеді, бірақ оның айтылатын орны ауысты. Халық жиналысында сөйленбей, мектепке көшті, үлкендерге айтылмай, балаларға айтылатын болды »,- деп қорытынды жасайды.[3,206]
Өмір бар жерде толғану ойлану қатар жүреді. Айналадан таныған шындықты әркім өз ұғымына өзінше қорытады, өзінше баға береді. Ойдың өсуі рухани ұғымға сай бірте-бірте жоғырылай береді немесе мешеулеп кейін қалады. Мұның барлығы ортаға байланысты. Бұл орайда Г. В. Плехановтың: «Бір елдің әдебиетін бізге жеке адамның табиғаты, сол халықтың мінез-құлқы ғана түсіндірмейді. Тек сол елдің өткен тарихы мен әлеуметтік құрылысы ғана айқындап ұғындыра алады. Адамның рухы жасап шығарған туындыны да , сондай-ақ төңіректегі тірі табиғаттың туындысын да тек сол қоршап тұрған орта түсіндіретіні даусыз» деген ойы пікірімізді нақтылай түседі. Бұл орайда біз жалпы мысал арқылы айтылатын ой-пікірлердің ұқсастығы туралы айтқымыз келіп отыр. Өмірдің қайшылығын жұрттың барлығы көреді. Әркімнің басынан кешкен тағдыры өзіне тарих. Сол көрген -білгенінен өзінше бір ой қорытып, пікір түйесің. Сөзіміз анық болу үшін «Ауру арыстан,Түлкі мен бұғы» атты мысалдың Эзопта, Бабрийде кездесуін айтайық. Бұл «Кәлила мен Димнада» «Арыстан мен түлкі, Есек» болып келеді. Осы мысал қазақта «Түйе, Арыстан, Қасқыр және түлкі» түрінде кездеседі. Мысалды әрқайсысы өзінше дәлелдейді, алайда қорытуы бір. Бұдан аңғаратынымыз , ұқсастықтың барлығы тек аударма, не болмаса саяси — әлеуметтік байланыстың нәтижесінде ғана тууы мүмкін емес. Олай болса, жоғарыдағы бір ұғымды тудыру үшін ертедегі қазақтар Грецияға барып келген деуіміз керек. Тек ескере кететін бір мәселе: ұқсас ойлар әр елде бір мезгілде тумайды, себебі саяси экономикалық жағдай әр елдің басында әр уақытта болуы мүмкін. Бір елде ерте болса бір елде кеш. Бұл арқылы мысалдар бір елден екінші елге мүлдем ауыспайды деуден аулақпыз. Ауысқан мысалдардың сол халықтың ұғымына сай өңделіп берілуі ауызекі таралудың үлгісі болса керек. Кейіпкерлер де сол елдің күнде көріп біліп жүрген шындығына , тұрмысына сәйкестендіріледі. Жоғарыдағы «ауру арыстан, Түлкі мен бұғы» мысалының Эзоп, Бабрий нұсқасындағы бұғы «Кәлила мен Димнада» Есек, ал қазақ елінде Түйе болып кетеді. Себебі Италия мен Грецияда аңқау кейіпкер бұғы болса, Үндістанда бұғы міндеті есекке жүктеледі, қазақ халқында болса алаңғасарлық пен аңқаулықты түйе атқарады. Кейіпкерлері бөлек-бөлек болғанымен негізгі ойлары бір сарында. Сонымен, мысал өзінің тарихи ұзақ сапарында талай нәрсені басынан кешірді. Жанрға тән дәстүрлі белгілер сұрыпталып, сыннан өтті. Мұның өзі мысалдың адамзат қоғамының мәдени құлдырау және гүлдену дәуірлерінде де өз сипатын жоғалтпай дамығанын көрсетеді. Бұл жөнінде Е. М. Мелетинский: « Жалпы, шағын жанрлардың гүлденуі дәуір алмасуымен сәйкес келеді де, сөйтіп не үлкен эпикалық формалардың қалыптасуына ықпал етеді, немесе олардың құлдырауына әсер етеді» дейді.[2,46] Бұған қазақ әдебиетінің тарихында мысал жанрының XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында , ал орыс әдебиетінде XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында қарқындап дамуын айтуға болады. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басы қазақ халқының өмірінде тарихи оқиғалар көп болған кезең. Бұл кезеңде қоғамдық қарым- қатынастағы ірі өзгерістер халықтың рухани өміріне де әсерін тигізген. Халықты елдікке, білім-ғылымға шақыруда ғибраттық сарындағы мысалдың маңызы зор еді. Мысал қазақтың жазба әдебиетінде алғаш рет өз өрнегімен Дулат жырау творчествосында басталғанымен, әйгілі орыс мысалшысы И. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне бірінші рет Ы. Алтынсарин аударды. Ыбырайдың әдебиетімізге қосқаны орыс мысалдарының негізінде өзі де мысалдар жазған. Мәселен, Крыловтың «Пустынник и медведь» мысалының негізінде жазылған «Ақымақ дос» деген мысал әнгімесінде жанрлық астарды сақтай отырып, Ыбырай өз ойын қысқа болса да қазақ ортасына лайық етіп берген. Сол сияқты «Жаман жолдас», «Таза бұлақ» әнгімелерінде аллегориялық сипатта жазылған дүниелердің қатарына жатқызуға болады. Ыбырайдың бұл ісін Абай жалғастырды. Қазақ мысалының өсіп өркендеуіндегі Ыбырай мен Абайдың тарихта ролі де бұлар мысалды бұрынғы фольклорлық түрінен ілгері дамытып күрделендіре түсті. Ыбырайдағы Крыловтың « Қарға мен түлкі» аудармасына қарап отырсақ Крыловтағы бірден айтылатын мораль Ыбырайда жоқ.(Уж сколько раз твердили миру, что лесть гнусна, вредна, но только все не впрок, и в сердце льстец отищет уголок ).
Аударма аш түлкінің тамақ іздеп келе жатқан жерінен басталады.
Ашығып түлкі жүрді жапандарда
Тамақ іздеп, жол шекті сапарларға.
Еш нәрсені көзге ілмей келе жатса,
Көзіне түсті алыстан жалғыз қарға.
Ал түп нұсқа қарғаның ірімшік тауып алған жерінен басталады.
Вороне где-то бог послал кусочек сыру;
На ель Ворона взгромоздясь,
Позавтракать было совсем уж собралось
Да пазадумалась, а сыр во рту держела.
Осы мысалдың:
Голубушка, как хороша!
Ну что за шейка, что за глазки!
Рассказывать, так, право, сказка!
Какие перушки! Какой носок!- деген жолдарын Абай:
Осыдан артық дейсіз бе,
Ертегі қылып айтқан сөз.
Қалайша біткен ,япырмау!
Мұрныңыз бен жүніңіз ! – деп аударады. Ыбырайда бұл мүлдем жоқ. Көп сурет, көп деталь аударылмай, өзінше берілген. Мысалдың негізгі сюжеті, идеясы ғана алынып, өз сөзімен берілген.
« Қарға батыр, әр сөзің күміс-алтын
Сырттан тілеу тілейді барша халқың
« Қарға үніндей дүниеде әуен жоқ»,-деп
Осылайша шығады сыртқа даңқың
Сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім
Даусыңды бір шығаршы, шаттанайын,
Сырттан ашық болғаннан өліп едім».
Алтысарин Крыловтан үш-төрт мысал аударған. Әйтсе де, Ыбырайдың осы игілікті ісі өзінен кейінгі қазақ ақындарына тигізген ықпалы аз болған жоқ. Қазақ мысалын дамытудағы жетістікке Абай да аударма арқылы жете отырып, баяндалуы мен құрылысы жағынан тың дүниелерді өмірге әкелді. Олар өзіміздің төл шығармамыздай оқылады. Осы тұрғыда Абайдың сөз қолдану ерекшелігін де айтып өту керек. Мысалдың тілі аллегория болғандықтан, бұл орайда Абайдың орны бөлек.
Осындай өзіндік ізденіс, әр түрлі творчестволық тәсілдер қолдануын нәтижесінде Абай Крыловтан «Әншілер», «Қарға мен бүркіт», « Емен мен шілік» тағы басқа да мысалдарды өзіміздің шығармамыздай оқитын дәрежеге көтерген.
Абайдың тағы бір жетістігі түп нұсқадағы қазақ тұрмысына сай емес образдар, есімдер қазақ ұғымына сай бейнелермен ауыстырылып берілген. Крыловтың «Бақа мен өгізі» көк майсада кездессе, Абай бақа мен өгізді бұлақ басына өгіз су ішуге келгенде кездестіреді.
Дәл осы тұста қазақ мысалына шығыс мысалдарының негізінде жазылған шығармаларымен айтарлықтай үлес қосқан Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Ақын «Кәлила мен Димнадан» «Қарға, кептер, атжалман, тасбақа, киік» мысалының сюжетінен «Қасқыр» деген мысал жазған. Майлықожа мысалы арқылы айтылмақшы болып отырған қанағатсыздық, тойымсыздықты әшкерелеу ниетімен түп нұсқаға қарағанда біршама өзгерту енгізген. Мерген аңға шығып киік атып алады да, үйіне қайтып келе жатады. Алдынан қабан шығып қалады да, оған тұра ұмтылады. Жаны алқымға келген мергеннің атқан оғынан жараланған қабан мергенді жарып өтіп барып құлайды. Осы өліктердің үстіне желе жортып келе жатқан аш қасқыр шығады да, жемтікті үнемдеп жеуге ойы кетеді. Осы оймен бүгінше садақтың кермесін қажай тұрайын деп отырғанда керме үзіліп кетіп, садақтың бір басы алқымға келіп тиеді. Осындай ынсапсыздың нәтижесінде қасқыр құрбан болады. Осы идея Майлыда былай беріледі. Мұнда тек қана қасқыр ғана тойымсыз емес, мерген де қанағатсыз. Атып алған киігін місе тұтпай, қабан аулайды.Сөйтіп ажалынан бұрын өледі.Ал түп нұсқада мерген еш күнәсіз. Майлы көзі тоймастық, қанағатсыздықты екі объекті – қасқыр мен мерген арқылы беріп отыр.
Автор мұнан басқа да «Кәлила мен Димнадан» алынған сюжет бойынша «Аңқау мен арамза», « Үш жігіт», «Бұлбұл» атты мысалдар жазған. Қай қайсысында болмасын автордың өзіндік қолтаңбасы көрініп тұрады. Майлықожаның шығыс мысалдарының сюжетін қазақ мысалдарына айналдыру арқылы әдебиетімізге әкелген байлықтарының сапалық ерекшелігі де осында.
Мысал, әсірісе XX ғасыр басында халық арасында кең өріс алды. Бұл белгілі қазақ ақындары С. Торайғыров, С. Дөнентаев, Б. Өтетілеуов, Т. Ізтілеуов, М. Байзақов, т.б. творчествосы арқылы көрінеді. Негізінде, бұл кезеңдегі екі түрлі бағыт болғаны белгілі. Бірі шығыс әдебиетінің мектебінен өткен ақын-жазушылардың бағыты болса, екіншісі орыс әдебиетінің ықпалы мен қалыптасқан реалистік бағыттағы ақындардың тобы болатын. Шығыс үлгісін тшығармаларына арқау еткен ақындардың бүкіл творчествосы ел-жұртқа үлгі, ақыл-насихат айтудан тұрады. Бұлардан Т. Ізтілеуов, М. Байзақов, М. Қалтаев,т.б.
Сонымен қатар, бұл стильдегі мысалшылардың шығармаларынан байқалатыны тағы бір ерекшелік діни нанымға негізделіп жасалған. М. Байзақұлының « Қайырымды қыз бен қайыршы» мысалын алып көрейік. Мұнда қыз Диуанаға сараң әкесінен жасырып күлше береді. Сараң бай осы жақсылығы үшін қызының қолын шаптырып тастайды. Осы ісі өзіне кесір болып бай өледі. Қыз аштыққа шыдай алмай бір байдың есігіне барады. Байдың ұлы қыздың көркін көріп ғашық болады. Екеуі тамақтануға отырғанда, Алланың әмірімен қызға қайтадан қол бітеді. Мысал адамды адамгершілікке, ізгілікке діни тұрғыдан үндеп, жақсылық еткені үшін жазаланғандар қор болмайтынын аңғартады.
Орыс- татар әдебиеттерінен үлгі алған ақындардың ішінен С. Торайғыров аудармамен қатар, өзі де мысал өлеңдер жазған. Бірақ олар көп емес. Көп болмаса да олардың көпшілікке сабақ боларлық, пайдалы ой-пікірлер бар. Сондай мысалдардың қатарына « Арыстан мен тышқан» , « Көк өгіз» сияқты дүниелерді жатқызуға болады.
Осы кезеңдегі ақындардың ішінен мысал жанрына айрықша ден қойған С. Дөнентаев. Алтынсарин мен Абайдың жолын ілгері дамытып, алғашқы мысал өлеңдерін шығыс халықтарының сюжетіне құрылған аудармалардан бастаса, Сәбит осы үлгіде қалып қоймай, творчестволық деңгейі бірте-бірте жоғарылай берді. Яғни, ақын мысал өлеңдерін идеясы жағынан алғашқы кезеңде адамгершілікке, мінез-құлықты көздеуге бағыттаған шығармаларынан бастайды. Бұған, әсіресе, «Ауырған арыстан», «Қожа», «Көзі тоймаған ит», «Екі теке» тағы сондай сияқтыларды жатқызамыз. Ал ақынның «Шілде», «Әр жан әр түрде», «Көк төбетке»,»Бозторғай», «У жеген қасқырға» өлеңдерін идеялық-көркемдік жағы кемелденген шығармалар тобына жатқызамыз. Заманның саяси-әлеуметтік тынысын ашып беруде памфлет өлеңдерімен аты шыққан Сәбиттің уытты тілі әдебиетімізге жаңадан аллегориялық образды алып келді. С. Дөнентаевтың ақындық жолын зерттеген ғалым Б. Ысқақов: « Мысал өлеңдерінде ақын қанаушы атаулыны әшкерелеу үшін жыртқыш құстардан тұрымтай, қырғи, қаршыға, лашын, кейде құстың ең жаманы тырнаны , қарға мен сауысқанды жыртқыш аңдардан – арыстан, борсық, қасқыр, түлкіні алады да, езілген еңбекші халықты бозторғай, бөдене, үйрек, қаз сияқты момын құстар бейнесінде береді. Бұлар – Сәбиттің қазақ әдебиетіне енгізетін аллегориялық тың образдары».[18,178] Қазақ ауыз әдебиетінде де, бұған дейін жазылған мысалдар да бұл образдар бұрыннан бар. Қарға, сауысқан, торғай Дулат, Майлықожа мысалдарының персонажы ретінде алынған. Сәбитті жаңа образ жасауда жаңалық ашты дейтін болсақ, оның « Ерегіс» мысалында алынған адамның жүрегі, көзі, миын айтамыз.Жүрек қайғыға ұшырайды. Осыны басқалар көріп, басты келіп қыспаққа алады. Осылайша неше түрлі кінәлаулармен қолды да , аяқты да жүрек істен шығарады. Оған көз дау айтады. « Егер сенің өзіңнің әмірің болмаса, қол да, аяқ та іс қылмас еді. Өзің ақ адал болуың керек еді» дейді. Рсында жүрек образы арқылы жұртты арандатып ап, өзі опық жегеніне елді кінәлайтын адамдарды келекелеген. Замандас ақындарының ішінен Сәбиттің оқ бойы озып тұратындығы оның сол кездегі халықтық маңызы бар мәселелерді өткір мысалдарымен сынға алуында. Ондай дәрежеге сол кездегі көптеген ақындар жеткен жоқ. Бұл Сәбиттің осы саладағы өзіндік талантын, мысал жазуға табиғи бейімділігн көрсетеді.
Мысалдар жайында сөз болғанда А. Байтұрсыновты атап өтпеуге болмайды. Ахмет қазақ әдебиетіне өзіндік шығармашылық даралығымен келген ақын болатын. Оның Крыловтан аударған мысалдарының негізімен жинақ болып шыққан « Қырық мысал» бүгінгі мәдениетіміздің де, әдебиетіміздің де бағалы дүниесі. Ахмет мысалдарының ерекшелігі де сонда, өз шығармаларының эпикалық тынысын сақтай отырып жазады. Драмалық тартыс ширақ, кейіпкерлер ұшқыр сөзді болып келеді. Мысалы « Аңдарға келген індет» деген әлемдік белгілі мысалдың сюжетін мазмұны жағынан байыта , тереңдете түскен. Ондағы кейіпкерлердің сөйлесуі, әңгімелеу барысындағы тіл дәлдігі, жинақылығы, барлығы үндесіп сюжеттің жүгін, айтылатын ойды салмақтандыра түскен. Ақынның басқа да мысалдарында дәстүрлі сюжеттер алынып, драмалық сипатты шығармалардың деңгейіне көтерілген. Ондағы оқиғалар халық өмірімен тығыз байланысты, қазақ тағдырымен ұштастыра беріледі. А. Байтұрсыновтың сан қырлы талантының қазақ әдебиеті мен мәдениетін жасаудағы рөлі тек қана өлең тудырумен танылмайды. Мысал өлеңдер ақынның бір қалпы ғана соның өзінде Ахмет мысалдарды қазақ әдебиетін тақырып жағынан да, жанрлық жағынан да байыта түсті.
Жалпы алғанда қазақ мысалының қалыптасып, жанрлық тұрпатының айқындала түсуіне XX ғасырдың басындағы ақын жазушылардың аударма дүниелерімен де, төл шығармаларымен қосқан үлесі де мол. Осының нәтижесінде қазақ әдебиетінің шығармашылық қоры ұлғая түсті.
Әдебиет жанрындағы жануарлар эпосының ішіндегі ең бай, ең шебер жанры – мысал, бірақ оның дамуы соңғы жүз жылдықта тоқтап қалғаны анық. Сондықтан да біз әдеби жанрлардағы эпосты мысалдан бастаймыз. Мысал жанрын біздің заманымызға дейінгі антика дәуірінің теоретиктері де қарастырды. Мысал теориясы әдебиет жанрының бірі ретінде ғана емес, ойдың спецификалық формасы , шешендік өнердің іргетасы десек те жаңылыспаймыз. Мысал туралы ғылымда екі бағыт бар: оның бірі Г.Лессингтің рационалистік концепциясымен ұштасса, ал екіншісі Я.Гриммнің жануарлар эпосы туралы романтикалық теориясын айтуға болады. Егер Лессингпен келіссек, мысал шындықты дәлелдейді, бәрінен бұрын мораль көрсетіледі. Алғашында шындық қалыптасып, содан соң оған сай келетін әңгіме құрылады.
Мысал жанрының функциясы – ойлаудың құралы болса, оны рационалистік бағыттың өкілдері өмірден, тұрмыстағы жағдайдан іздеді.
Потебня мысалды ғылымнан гөрі қарапайым деп есептесе, Г.Тиле мысалдың бастау алар көзі — бұл ұрыс, қарсыласының кемшілігін бетіне басып күлкі ету үшін құрылған. Осы гипотезаны жоғары бағалаған И.Левин үзілді –кесілді былай деп жариялайды: « Барлық ғалымдар мысалдың негізінде белгілі бір тұрмыстық сөйлеу ситуациялары жатады деген жерде бір арнаға құйылады: өнеге беретін әңгіме бұл ұрыстан темперамент арқылы ажыратылады».[19,26 ]
Сонымен, өнеге беретін әңгіме—міне осыдан барып мысал туындайды. Орыс мысалдарын талқылау тарихында Жуковский мынадай ой тастады: « Мысал қозғалыстағы мораль».
М.Л.Гаспаров Б.Перридің теориясын ескере отырып былай дейді: «Жанр болып қалыптасуында материал емес функция анық белгі болып табылады; мысал ертегілер мен мифтерге жақын емес, ол теңеулермен, мақал-мәтелдерге жақын бола алады. Адамдар қоғамында қатынастың негізгі аргументі болып қызмет атқарады».
Мысал жанрының дамуы барысында бірнеше тарихи-географиялық орталықтарды кездестіруге болады: ежелгі шығыс (Ассирия, Вавилон және Египет), антикалық, ежелгі үнді, орта ғасырлық еуропалық және орта ғасырлық шығыс. Олар тек географиялық региондарына байланысты емес кезеңдер арқылы бір-бірінен ажыратылып тұрады. Сюжеттерді бақылай отырып байқайтынымыз, мысал жанрының дамуы фольклорлық дәстүр негізінде мысал репертуарлары сияқты эволюциялық жолмен қалыптасқан. Осыдан барып әдеби мұраның рөлі арта түседі: егер Эзоп мысалдарында сюжеттері ежелгі шығыс екендігін аңғарсақ, еуропалық мысал Эзоп дәстүрінен өсіп, сол арқылы қалыптасады. Ежелгі мысал мәтіндері б.э.д III мыңжылдықта шумерлерде табылған. Аса жоғары құндылыққа ие болмағанымен бұл жазбалар бізге мынадай ой тастайды, Ежелгі Вавилон мысалдардың тек бір формасын сирек әрі шектелген түрін сақтап қалған. Негізінен бұл форма мысалға жатпайды. Ондағы әңгімелеу диалогпен алмастырылған. Бірақ жағдайдағы шарттылық аллегориялық ой тенцонды мысалға жақын шығарма ретінде танылады. Ежелгі шумер материалдарында мысал шамалы ғана кездеседі: ыдыстардың сыңғырынан оянатын ұста ит туралы, пілдің үстіне отырып, өзінің салмағын қызықтайтын оқалақ туралы мысалдар. Пілдің үстіне отырған оқалақ туралы сюжет мысал дәстүріне айналды.
Тағы бір мысал Месопотамида б.э.д. III мыңжылтықтан бүгінгі кезгі дейінгі сақталған: жылан мен бүркіттің алауыздығы туралы, тышқан мен торғайдың айтысымен тығыз байланысты. Шолушы Е.Гордонның мол материалы шумерде «жануарлар туралы ертегі мен мақал-мәтелдер аз емес екенін айтады, бірақ мысал ма, әлде ертегі ме айыруға ешқандай мүмкіндік бермейді. Мақалдардың мұнда басым екені анық көрініп тұр, бірақ мысал жоқ.
Көптеген «сюжеттік» мәтіндерде дамымаған әрі шешімінен айрылған жағдайлар суреттеледі: артына ит ілескен есек өзенде жүзіп барады, ит болса жағаға шыққанша оны жеуге асығып барады. Өзінің ініне кіре алмаған түлкі Элилиядан мүйіз сұрайды. Келтірілген мысалдардың ішінен ертегілермен түбірлес, аяқталатын тек біреу ғана: арыстанға тұтылған қойға «сен ақылдысың» деп айтып қана қоймай, оны құтқарады, қой арыстанға басқа қой әкеліп беруге уәделесіп құтылады.
Ежелгі Египет мысалы жайында мағлұмат өте аз. Өзінің тегі жағынан шумер Вавилондық мысалға ұқсас тенцон ( мысалы, бастың денемен айтысы ). Ежелгі Египетте және басқа да жер шарының елдерінде адамдар қоғамындағы қасиет жануарлар эпосына көшірілді. Ежелгі Египет шығармаларында аңдар музыкалық аспаптарда ойнайды, көңіл көтереді, адамдарша жұмыс істейді, « аңдар қоғамында» өздерінің әлеуметтік құрылымы бар ( біреулері қызмет жасайды, басқалары бақылайды, ал тышқандар мен мысықтар арасындағы шайқастағы әскер басшысы фараонға ұқсайды). Тағы бір бейнелі сюжетте қарлығаш саты арқылы ағашқа шығып жатады, ал онда су сиыр кәрзеңкеге жеміс-жидек жинап отыр. Осындай көріністер әрине ежелгі Египетте жануарлар эпосының болғанын куәландырады. Бірақ бұл мысалдың сюжеті емес. Тышқан мен мысық арасындағы шайқас шығысқа да белігілі, бірақ олар ежелгі Египет сюжетін қайта құруға жол бермейді.
Ежелгі шығыс мұрасының жануарлар эпосында ерекше орын алады. Ол туралы Левин: « б.э.д. I мыңжылдықта Таяу Шығыстағы елдің жан-жақты көп тілді қарым-қатынасы айрықша болды. Әңгімелер Таяу Шығыстың ана басынан мына басына дейін жетіп отырды. Бұлар негізінен хатқа түсіп бекітілгендері еді, вавилондар, еврейлер, гректер, армяндар, египеттіктер өз тілдеріне жазып «әдебиеттің» бөлігі ретінде қалып қойды».[19.17]
Таяу шығыста тарихи саяхат жасауда Панчатантра үлкен рөл атқарды. Панчатантра бірнеше тілге аударылып, Оңтүстік Шығыс Азиядан, Атлантика мүхитына дейін еуразия әлемін шарлады. «Калилә мен Димна», «Степанид пен Ихнилат», «Гумаюн-наме» деген әйгілі шығармалардың тууына негіз болған көптеген сюжеттердің бастауы болды. Панчатантра ауыз әдебиетімен тығыз байланысты болса да, өзінің кітабын ұсынады, бұл мысалдар емес. Бұл классикалық повесте көптеген тарихтар бір арнаға келіп тоғысады.
Нәтижесінде, қанша белгілі мотивь және сюжет болса да әрбір оқиға өзімен бірге жасанды өзгеруді, жаңаруды, кеңеюді не тарылуды алып жүрді.
Панчатантраның мазмұны мен мағынасы туралы көзқарастар көп. Брахман Винчушарман Панчатантраны патшаның ақымақ балаларына халық даналығын үйрету үшін шығарды. Панчатантраның белгілі, ең жақын ізбасары «Кәлила мен Димна». Шығарма туралы И.Ю. Крачковский: «дидактикалық моральдік шығарма ел билеушілерге арналған. Мұнда иллюстрациялық бөлімде – адамша қозғалатын, сөйлейтін жануарлар өмірі берілу арқылы идея күшейе түскен», — дейді.[4,178] Бұндай анықтама және иллюстрация бөліміндегі жануарлар сюжетіне берілген бағалау дұрыс емес, шығарма олардың өмірі жайлы әңгіме емес. Панчатантра мен «Кәлила мен Димнаның» мазмұны күрделі дегенмен бұл кітап мінез-құлыққа арналғанымен ол религиозды шығарма емес. Панчатантра құрамына кірген фольклорлық материалдары өзгеруі керек еді. Көп жағдайда ертегілер стилистикалық қайта құруға байланысты мысалға айналып отырды. Фольклорлық зпосын еш қиындықсыз екіге бөлуге болады: аполог және новеллалық ертегі. Фольклорлық апологтан әдеби мысалға қарай қозғалыс жасалады. Панчатантра және одан кейінгі кітаптар осы қозғалыс барысында бірнеше жол кешкенін көрсетеді. Моральдік тезиске аса назар аудармастан, бір жағдайда мысал дәл сюжеттік негізді сақтайды. Панчатантрадағы көптеген шығармалар әңгімелеу мен ғибраттың үйлеспеуі көрініс табады.
Халық ертегілеріне ұқсас шығыс мысалдарында хайуанаттар әлемі адамзат әлеміне аздап жақындайды. Бірақ қазіргі халық ертегісінде бұл ұқсастық шартынан айрылмаған. Дәл осы шарт комедиялық бастауға қызмет етеді. Көптеген шығыс мысалдарында екі жақтың да шекарасы бұзылып, өлең оқыған тышқан мен бит арасында ешқандай күлкі жоқ.
Мысал әлеуметтік қарым – қатынас туралы аз жазбаған, сөз жоқ онда ешқандай күлкіге жол берілмейді. Халықтық және әдебиеттік болып саналатын жануарлар сатирасы өзіне комедиялық әсер алады, өйткені әлеуметтік қоғамдағы жануарлардың іс-әрекеті күлкілі жағдайды туғызады. Шығыс мысалдарында «Кәлила мен Димнадағы» шиебөрі де «Тотықұстың әңгімелеріндегі» шиебөрі рөліндегі антилопа мен газель де күлкі тудырмайды.
Ғибраттық мысалдар фольклордан алыс кетеді, бірақ халық ертегілерімен сюжеттік байланысты сақтап қалады. Олар әдебиетке жатады, әсіресе халық әдебиетіне, өйткені олар Шығыста таралатын халық кітаптарына кіреді.
Б.э.д. I мыңжылдық пен б.д. I мыңжылдықтар арлығында үнді ертегілерінің, повестерінің жинағы болды. Бұл жинақ мысал және жануарлар эпосының тарихында үлкен рөл атқарды. XIX ғ. Фольклористика мысал және жануарлар туралы ертегілердің отаны деп Үндістанды мойындады. Үндістанда туған жануарлар туралы ертегілердің сюжеті батысқа қарай жылжыды. Қазіргі таңда бұл көзқарасқа қарсы мынадай ой бар: көптеген сюжеттер Үндістанға батыстан келді.
Ертегілік сюжеттің қайда туғанына байланысты қарама-қайшы пікірлер туындап Үндістанға келіп тіреледі. Себебі мұндай үлкен көлемде фольклорлық ертегілер, ешқандай елдің әдебиетінде қолданбады.
Антикалық мысалдың даму кезеңін үш этапқа бөлуге болады: эллинистикаға дейінгі кезең мысал әдебиетте арнайы жанр ретінде емес, кенеттен пайда болған кез, эллиндік кезең мысал жинақ болып шықты, кейінгі антикалық бұл этапта мысал өз алдына әдеби шығарма болып қалыптасқан кезең.
Антикалық әдеби мысал жөнінде сөз болса, Эзопты атамай кетуге болмайды. Эзоп — Гомер сияқты мифтік жеке тұлға. Ол б.д.д. VI ғасырда өмір сүрген. Эзоптың мысал жинақтары кейінгі антикалық демократиялық әдебиетте қалыптасты. Ертегілер, апологтар, жануарлар туралы әзілдер, аңыздар—міне осының бәрі Эзоп жинағында. Эзоп мұрасында әрине басты рөлде—көптеген мысалшыларға үлгі болған мысал. Эзоп мәтіндері әртүрлі болғанымен, онда тек қана мораль суреттеледі. Ғибрат қана айтылады. Эзоп мысалдарының сюжеті еуропалық мысал дәстүрінің негізі ғана емес, жануарлар эпосының негізі болып табылады.
. Ертегіге жақын болу және «көптүрлілік» мүлде болмауы мысалды көркемдігінен айыра алмайды. Халықтың жануарлар эпосы жетерліктей әртүрлі. Мысал апологқа қарай ұмтылады, бірақ новеллалық жануарлар ертегісін ұмытпайды. Мысалдың ғибрат айтудан басқа көңіл көтерер, комедиялық функциясы да бар.
Ульрих Бонердің «Самоцвет» жинағында терең оймен, «мейірімділікке» , абай болуға шақырады. Ғибратпен аяқталатын эпимиф дәстүрі Бонерде әлемді билеген заң туралы талқыға айналып кетеді. Ит туралы мысал, сүйектің суретін судан көріп, ит суға құлайды. Мұнда бақташы мен шіркеу қызметшілері, аймақтың басшылары мен кеңесшілері, жалпы айтқанда бүкіл елдің тойымсыздығы туралы қайғылы ойлар көрсетіледі. Арыстан мен тышқан туралы әңгімелегенде Бонер дүниедегі күштілерді әлсіздерге мейірімді болуын сұрайды. Керісінше, ит пен қасқыр жайлы мысалда автор кедейлерді дүниедегі бәрінен биік тұратын теңдесі жоқ еркіндікті қадірлеңдер, бағалаңдар дейді.
Мысалдар орта ғасыр мәдениетіне жақсылап орныққан және оған сәйкес келеді. Ол өмірдегі табандылықтан негіз алған. Мысал сабақтары өмірдің негізгі ұстанып тұрған құрылымдарын жеңіл әзілмен ерекшелеп топтастырған. Осы қасиетін мысал бірнеше жыл ұстап тұрады, орта ғасырдан қайта өрлеу дәуіріне өтсе де,осы екі мәдениеттің шекаралары шартты. Барлығымыз білетіндей әдеби процесс көп қабаттан тұрады, және жаңаның жанында ұзақ уақыт бойы бұрынғылары қатар жүреді. XVIII ғасырда орыс әдебиетінің «шыңдары» Ломоносовтың одалары мен Сумароковтың трагедияларына қанық болғанда, «төменгілері» классицизмді білмеді және ескі кітаптар Четьями –Менея мен Измарактаға қанағаттанатын болған.
Мәселе сол кезде жаңа идеология ескі жанр жүйелерін қамтып алуында. Бірақ кейбір жерлерде осындай әсер етулер болса да ескі әдеби ойлардың принциптері сақталып қалған. Мысалдың табиғаты осындай.
Жоғары жақта орта ғасырдағы адам туралы түсінікті жойып жатса да, ол туралы ойлар қалып қояды. Гуманизмді билеп алу бұрынғыны қайта жаңғыртпайды, яғни адамның өзгермейтін механикалық түсініктерін мысал осындай суреттеулерді ұсынады, және ол орта ғасырдан Реннесенсқа жеңіл қадам басты. Қайта өрлеудің идеологиясы қайшылық тудырады, оның жеке деңгейлері орта ғасырлық болып қала береді. Адамның психикасы туралы механикалық түсінік XIX ғасырға дейін сақталды, сонда мінез-құлықтың ситуацияға байланыстылығы, және ішкі дүниенің қайшылығы ашылды. Осы ашылуларға байланысты мысал принціптерінің шектілігі белгілі болды. Сонда мысал, яғни әлем әдебиетінің мәңгі жанры өз мәнін жоғалтпады. Ары қарай мысал жанрының белсенділігі сирейді, және уақытша бұрынғыға қайта келумен байланысады.
Орта ғасырлық ойлау және өз заманының белгілі кітабы—«Смех и дело» ешқашан шектен шықпайды. Оны жазған француз Иоган Паули. Мұнда қарапайым өмірдің суреттері бірнеше әңгімеге жинақталады, әр бірі адамның қасиеттеріне негізделеді. Ол бұрында болған. Паули өз кітабында әртүрлі негіздерді пайдаланады, онда ғибраттан әзілге дейінгі аралық енген. Олардың арасында мысал да бар. Паули мысал жанрының дамуына ешқандай жаңалық енгізбеді. Мұнда Эзопқа жоғарылаудың сюжеттері де, тұрмыстық заттарды тану принціптері де, Бонер ұсынған ашық моральдық нақышы бар. Паули орта ғасырды аяқтамай ары қарай қадам баспады. Мұны реформацияның басшысы Мартин Лютердің қызу гуманизмдік қоры деп айтуға болмайды. Оның трактаттары мен памфлеттері жаңа ғасырға жатады, ал библияның немісше аудармасы қайта өрлеу дәуірінің ұлы ескерткіші. Бірақ басқа деңгейде — тұрмыстық моральда – Лютер ескі мәдениеттің өкілі болып табылады. Оның «Эзоптық мысалдар» (1530) Паулидің кітаптары сияқты жаңа жолдар ашпайды. Лютердің нақылдары сол қатып қалған және өзгермейтін өмірді қамтиды. Мұнда ешкім-ешкімге жақсылық ойламайды, зұлымдық барлығын басып алған. Қанша өзгермейді десек те, орта ғасыр мысалдарының мазмұндық формасы жылжымалы – информациялық тарихтан бастап , белгілі новелла, шванктарға дейін – мысалдың баяндау көлемі осындай. Егер Лютердің мысалдары қысқа болса оның ізбасарлары Эразм Альберт пен Буркард Вальдистің мысалдары кішкентай жанрлық суреттерден дамиды. Мысалдар енді кейіпкерлердің жағдайларында ойнамайды, олар барлық сюжетті қамтыған тұрмыстық заттарды танудың негізі.
Олардың арасында саясатқа кірген мысалдар ғана емес, кең таралған ертегілер де бар. Алдамшыларды үгіттеуге арналған Буркард Вальдистің мысалдарын алайық. Мұнда түлкі қасқырды балық аулауға шақырып, аяғында қасқыр құйрықсыз қалады. әдеби мысалдарға осындай сюжеттерді тұрмыспен байланысты фольклорлық әзіл кіргізеді. Осы балық аулау мысалында қасқырдың құйрығы мұзға қатып қалады, осы кезде түлкі тауық алу үшін ауылды аралап келеді. Оны шаруалар қуғанда қасқыр құйрығын үзе бірге қашады.
Ауыз әдебиет бастауларына Эргазм Альберт те жүгінеді. Міне құстар мен төрт аяқтылардың соғысы туралы ертегісінде жарқанат екі жаққа да бара алмай, ортада жүреді. Бұл еуропа мысалдарының ішінде салтқа айналды, оның үстіне мысал жазушылар соғыс тақырыбына немқұрайлы қарады. Осы мысалда тторғай мен тышқаның аяқталмаған дән үшін ұстасып қалуынан соғыс басталады.
Мотердің ортасындағы мысал жазушылардың бәрінің мысалдары арттағы орта ғасырдың новеллаларына айналады. Буркард Валдиспен Альберт Эргазмман басқа ауыз әдебиет бастауларын Ганс Сакс пайдаланған ол белгілі мысық пен ит туралы ертегіні қайта өңдеген.
Ұлағатты әдебиет антикалық сюжеттерінен ғана емес араб сюжеттерінен де бастау алады. Петр Альфонси «Наставление духовным лицам» деген еңбегін осы араб сюжеттерінен алған.Ол қысқа новеллалар жинағы. Бұл кітап орта ғасырлық еуропаны түгел шарлаған және нағыз сюжеттердің қоймасы болған.
Мысалды оқиды және ол шіркеуден естіледі. Паули Иоганн мен Мартин Мотер әңгімелерді жинап оларды өздерінше пайдаланып ғана қоймай нақылдарында, қарапайым халыққа жолдауларында пайдаланады. әдебиеттің қорына ең алғаш жеңіл моральдық талқылаулар, яғни хайуанаттар туралы ертегілер, апологтар түскен. «Римские дияния» деген ертегіде есек ит сияқты адамға еркелеуі жазылған. Мұнда адамды өзін-өзі тәрбиелеуге үйретеді. Мысал жинақтары, оның ішінде ауыз әдебиеті сюжетіндегі хайуанаттар туралы эпостық ауқымы кең.
XV ғасырдың аяғында Генрих Штейнгевель неміс тілінде Эзоп мысалдарының кітабын шығарған. Бұл кітап бірнеше тілдерге аударылған . эзопты аударып қана қоймайды, ол өткен эзопты аударып қана қоймайды, ол өткен эзопты аударып қана қоймайды, ол өткен дәуірдің маролисті бролып саналады. Осымен орта ғасыр мысалдарының дамуы аяқталады. Енді мысалдар өңдеумен бай ланысты емес, жаңа классикалық сюжеттермен, әлем әдебиетіне таныс дамулармен байланысты болды. Лафонтен мен Крылов орта ғасыр мысалдары сияқты Эзоп, Ромул, Авиандардың ізбасарлары ғана болған емес, олар француз және орыс әдебиетінен жоғары орын алатын ақындар. Міне осы жаңа кезең әдебиеті еуропа мысалдарының тарихындағы ерекше тарау.
Қорытынды
Көркем сөз өнерінің әртүрлі үлгілері халықпен бірге жасасып, ежелден бері өзімен бірге өмір сүріп келеді. Мысал да сондай халық керегіне жарап күні бүгінге дейін келген ең көне, ең бай қазыналарымыздың бірі болып табылады.
Мысалдың арғы анасы – халық. Ал халық болса қашан да жақсылықты дәріптеген. Мысал табиғатының тереңдігінде халықтық сипаттың жатуы да осы идеямен сарындас. Себебі, халық арман-тілегін өнер туындыларында беріп отырған. Дәуірдің, қоғамның көзқарасына байланысты мысал бұқара халықтың өзінен үстем тап өкілдеріне айтарын батыл айта алмағанда жанамалай айтатын құрал есебінде де қызмет атқарған. Уақыт өте келе, мысалдың осы қасиеті көмескіленіп, басқаша сипат ала бастаған. Оның ең ықшамдалған , өте қысқа болса да , ойқастамай оқиғаны дәл айтып беретін күйде жазба әдебиетімізден көріне бастауы мысал дамуындағы серпінді ырғақты байқатса керек. Әйтсе де мысалдардан халықтың тарихи тәжірибесінен туған даналығы мен отты да өткір тілмен берілетін ащы ысқақ , келемеж қатар өріліп отырады. Халық даналығы дейтініміз мысал қашан да халықтың сара тілімен жазылып, орайын тауып қолданған сөз мақал-мәтелдермен шендесіп жатады. Оның әдебиетіміздің іргелі формаларының қатарына жатуы, бір жағынан, мысал тудырушылардың ойға жомарт, бос сөзге сараңдығынан болар. Мысалшы ақындардың қайсысының творчествасында да осы қасиеттің басым жатқандығын байқаймыз. Бұл сонау гректің Эзопынан басталып, француздың Лафонтені, орыстың Крыловы, қазақтың Абайы арқылы жалғасын тауып келеді. Мысалшылардың арасында бұлардың есімі қатар алынады. Басқаларынан озық тұрады . Ол да болса бұлардың табиғи талантымен бірге қажымай, талмай еңбектенуінің арқасы. Соның нәтижесінде халықтың рухани керегіне жараған үздік үлгідегі мысалдыр дүниеге келді.
Қазақ әдебиетінде мысал жанры өзіндік тарихы бар көне де, күрделі жанрдың бірі. Қазақ мысал жанрының бастау алар қайнар бұлақтарына, сондай-ақ жанрдың қазақ әдебиетінде алар орнына мінездеме берілді. Қазақ әдебиетінде мысал жанрына қалам тербеген сөз зергерлері мен жанрды зерттеуші ғалымдар еңбектеріне арнайы шолу жасалады. Мысал өзінің жанрлық ерекшеліктерімен көркемдік қуатымен, ғибраттық сарынымен және өткір тілімен өзгеше қалыпта көрінген, халқымыздың рухани азығына айналған көркем құбылыс екен. Сондықтан да кіріспе бөлімінде мысал жанрының зерттелуінің негізгі принциптері мен мақсаттары, тақырыптың өзектілігі баяндалып, көрсетіледі.
Алғашқы тарауда мысал жанрының теориясы арнайы қарастырылып, ғылыми бағыттарға тоқталып, теориялық болжам, тұжырым жасалды. Мысал жанрының ұзақ даму жолын зерттеу барысында, бірнеше іргелі, ғылыми бағыттар пайда болды. Мысал жанрының шығу тегі, фольклорлық кезеңі, фольклорлық дәстүрін зерттеп, анықтауды романтикалық бағыттағы ғалымдар еңбектері жемісті болды. Бұл бағытта Я.Гримм, А.Хаусрат, И.Ловин, Е.А.Костюхин, С.Қасқабасов және тағы басқа ғалымдардың еңбегі, сон,ы пікірлері мысалдың «фольклорлық» табиғатын ашуға септігін тигізді. Мысал синкретті жанр. Жанр тұлғасынан фольклорлық дәстүрден басқа да, ғибраттық-философиялық, драмалық, трагедиялық элементтердің көрініс табуы осының дәлелі. Жанрдың прозалық түсін, оның философиялық-ғибраттық сарынын,мақал-мәтелдермен жанрлық байланысын анықтауда рационалды бағыттың еңбегі өлшеусіз болды. Аристотель еңбегінен бастау алған, кейіннен Г.Лессинг, В.Перри, А.Потебня, М.Н.Гаспаров сияқты ғалымдар еңбегінде жалғасын тапқан бұл бағыт жанр табиғатын тануда психологиялық-эстетикалық бағыттың маңызы ерекше болды. Бұл бағытта әсіресе, Л.Выготскийдің еңбегі елеулі жаңалық болды. Кейінгі толқын Лафонтен, Крылов сондай-ақ қазақ әдебиетінде А.Құнанбаев, А.Байтұрсынов әкелген поэзиялық мысал жанрының эстетикалық әсер ету, персонаждар монологы мен диалогы арқылы берілетін психологизмдерді саралауда өзгешелік танытқан бағыт.
Ал екінші тарауда мысал сюжетінің шығуы, таралуы жағынан оны бірнеше тарихи-географиялық регионға топтастыруы жайлы, яғни мыссал жанрының тарихын сөз етеміз. Жануарлар эпосы мен мысал жанрының тарихында біздіің эрамызға дейінгі бір мыңыншы жылдың соңында құрастырылған көне үнділік ертегі жинақтары маңызды орын алады. XIX ғасырдың өзінде–ақ фольклористика Үндістанды жануарлар жайындағы ертегілері мен мысалдың отаны ретінде мойындады. Жанрдың дамып қалыптасуына тағы бір бастау болатын үстіміздегі дәуірдің III ғасырында көне санскрит тілінде жазылған «Панчатантра» — «Бес бәйіт» атты жинақ. Бұл жинақ көптеген әлем тілдеріне аударылып, олардың сүйікті шығармаларына айналды. Жинаққа үндінің атақты көне эпосы «Махабхаратаның» үш тарауы кіреді. Мысал ертегілерінің қалыптасуы, дау қарқынынан біз фольклордан гөрі әдебиетке жақын тұрғанын байқаймыз.
Әдебиеттік кезеңнің өкілдері біздің эрамыздың I ғасырында өмір сүрген римдік ақын Федр мен үстіміздегі дәуірдің II ғасырының ақыны грек Бабрий. Бұл кезеңде сюжеттер белгілі бір қалыпқа түскен, эстетикалық мақсат айқын, тіл, композиция, стиль ерекшелігі сақталды. «Эзоп мысалдары» шартты түрде құрылған әңгімелердің ғана жиынтығы делінгенімен, оның өзінен кейінгі мысалшыларға тигізген әсері, ықпалын атап өту керек. Мысал дегенде есімізге ең алдымен Эзоп есімі түсетіні де сондықтан. Эзоп мысалдарының мысал тудырушыларға үлгі болды.
Мысалдың ең ескі, ең бай сөз өнерінің түрі екендігін тек қана мұндай мысал жинақтары, мысалдың үздік үлгілері ғана емес ол турасында сонау замандардан бастап әртүрлі еңбектердің шығуы, әлем ғалымдарының ерекше назарында болуы керек. Біз де осы қараған еңбегімізде мысалдың тұлғалық ерекшеліктеріне үңілуге тырыстық. Әрине, бұл жайында осы уақытқа дейін талай айтыс-тартыстар болды. Біздің айтарымыз, мысалдағы ортақ сюжеттілік, персонаждардың басым көпшілігі аң-құстан келіп, сол арқылы айтылмақшы идеяны тұспалдай берілуі, оның астарында қоғамдық-әлеуметтік мәселе мен адам характері жатуы сияқты әлем халықтарының мысалдарында үндесіп жатқан типологиялық ұқсастықтарының белгілерін сақтай отырып жаңара дамыған мысал жанры бүгінгі әдебиеттану ғылымының кесек саласы. Яғни, суреткердің әлем әдебиеті мен ұлттық әдебиетке қалыптасқан көркемдік дәстүр байлығын игере отырып, өзіндік суреткерлік шеберлігімен ұлттық тілдің байлығын қолдана отырып, мысалды нағыз халықтық шығармаға айналдырып әдебиетіміздің арнасын нығайта түсуі екен. Осындай дара саланың даралығын таныту зерттеушілеріміздің алдында тұрған келелі мәселе. Сонымен қатар, мысал өмірдегі кемшіліктерді жоюға көмектесетін, халқымыз рухани нәр алатын, әдебиеттегі өткір жанрларымыздың бірі болып қала бермек.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Қасқабасов С. А. Қазақтың халық прозасы .- Алматы, 1984.- 272 бет.
- Мелитинский Е.М. Историческая поэтика новеллы. – Москва: Наука,
1990.-272 стр.
- Гаспаров М. Античная литературная басня. — Москва: Наука, 1971.
-361 стр.
- Костюхин Е. А. Типы и формы животного эпоса. – Москва: Наука
- — 265 стр.
- Жуковский В. А. Собрание сочинении в 4 томах. – Москва:
Госслитиздат, 1960.том 4. 357– стр.
- Выготский Л. Психология искусства. – Москва: Педагогика, —
343 стр.
- Лессинг Г.Э. Избранное. – Москва: Художественная литература,
1980.- 574 стр.
- Потебня А.А. Из лекции по теории словесности, Басня, пословица,
поговорка. Харковь: Мирный труд, 1914.-115 стр.
- Белинский Г. Собрание сочинении в трех томах. 1 том – Москва.
- – 737 стр.
- Федр, Бабрий. Басни. — Москва: Наука, – 379 стр.
- Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. II том – Алматы: Жазушы,
1986.- 291 бет.
- Байтұрсынов А. Шығармалар. – Алматы. 1989. — 395 бет.
- Ертегілер . 1 том. — Алматы. 1952. — …бет.
- Крылов И. А. Басни. — Москва. 1953. – 492 стр.
- Қазақ ертегілері. – Алматы. — 231 бет.
- Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және
Абай поэзиясының тілі. — Алматы. 1960. — 228 бет.
- Басня Эзопа. — Москва. 1968. – 315 стр.
- Ысқақов Б. С. Дөнентаевтың ақындық жолы. — Алматы. 1966.- 394
бет.
- Шаңбаев Т. Мысал жанрының стилі мен тілі. – Алматы. 1994.
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындаған диссертацияның авторефераты.