АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Оңтүстік Қазақстанда аномальды балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелері

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ – ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

 

ПЕДАГОГИКА ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫ

 

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

 

Оңтүстік Қазақстанда аномальды балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелері

Түркістан — 2009

Мазмұны

 

КІРІСПЕ…………………………………………………………………………………………………..

 

І ТАРАУ АНОМАЛЬДЫ БАЛАЛАРДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ — ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ.

1.1. Аномальды балалардың даму тарихы…………………………………………………

1.2. Аномальды балалардың негізгі категориялары және оның

ерекшеліктері………………………………………………………………………………………….

 

ІІ ТАРАУ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША АНОМАЛЬДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕКЕМЕЛЕР

2.1 Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аномальды балаларды оқыту және

тәрбиелеу мәселелері………………………………………………………………………………

2.2 Аномальды балаларға көрсетілетін психологиялық-медициналық-

педагогикалық консультация қызметі…………………………………………………………

 

ҚОРЫТЫНДЫ………………………………………………………………………………………….

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР………………………………………………………………….. 

 

  КІРІСПЕ

 

   Зерттеудің көкейтестілігі:

   Кез келген мемлекеттің өркендеуі онда өмір сүретін халықтың  білім деңгейі және денсаулығымен бағаланады.

   Қ.Р. Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Дені сау ұлт» үшін инфрақұрылымын дамытудың маңызы жоғары екендігін айта отырып,  балалық шақтан бастап дене шынықтыру мен спорттық даярлыққа және оған ең қолайлы мүмкіндіктер туғызуға ерекше ден қойылуына аса көңіл бөлді.

   Қазақстан Республикасының «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» заңы дамуында кемістігі бар балаларға көмек көрсетудің тиімді жүйесін жасауға, оларды тәрбиелеу, оқыту, еңбекке және кәсіби даярлау ісімен байланысты проблемаларды шешуге, балалар мүгедегінің алдын алуға бағытталған.

   Аномальды балалар – белгіленген тәртіппен расталған, туа біткен, тұқым қуаланған, жүре пайда болған ауруларды немесе жарақаттардың салдарынан тіршілік етуі шектелген, дене немесе психикалық кемістігі бар балалар.

   Аномальды балалар тәрбие ісінде, оқытуда көптеген қиындықтар келтіреді. Әдетте, кемістігі бар бала ақыл-ойы мен өсуінің бұзылуы оның организмі жаңадан қалыптаса бастаған кезде пайда болады. Балалардың өсіп-дамуы бұзылған кезде алуан түрлі ауытқушылық болатындықтан, аномальды балаларды зерттеу қиындай түседі. Бұзылудың қандай түрі болмасын баланың өсіп-дамуына өз тарапынан ерекше әсер етеді.

   Дефектология курсының мақсаты әр түрлі дәрежедегі дамуында ауытқуы бар балалардың психофизикалық дамуындағы ерекшеліктерін  қалыптастыру, осы  тұрғыдағы балаларға коррекциялық тәрбиелеу жұмыстарын жүргізуінің бағыты мен оқытудың мазмұны туралы білімді қалыптастыру.

   Осы курстың міндеттері:

  • дефектология ғылыми білімінің саласы ретіндегі ұғымы туралы, оның тарихы, қазіргі кездегі жағдайы және оның дамуының бағыттары жайлы білімдерді беру;
  • мүмкіндіктері шектелген балалардың негізгі топтарына психологиялық сипаттама беру;
  • арнайы мекемелердің әр түрлі типіндегі білім беру жүйесін, яғни білім беру мазмұнын, принциптерін, оқу тәсілдері мен формаларын ашу;
  • мүмкіндіктері шектелген балалардың әлеуметтік еңбекке бейімделуінің жолдарын көрсету;
  • дамуында ауытқуы бар балаларды интерактивті тұрғыда оқытудың үлгісін ашу;
  • балалардың бойында кәсіби және тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру;
  • балалардың физикалық дамуын, ақыл-ойын терең және жан-жақты зерттелуінің объективті заңдылықтарын жүзеге асыру;
  • аномальды балалардың кемістігін жою, түзету және орнын толтыру мүмкіндіктерін іске асыру;
  • аномальды балалардың қоғамдық ортадағы өмірі мен белсенділік ерекшеліктерін зерттеу;
  • аномальды балаларды тәрбиелеу жүйесінің даму принциптерін, білім алуын жақсартуды жолға қою;
  • арнаулы мектептердегі оқушыларды практикалық белсенділікке даярлау.

 

  Баланың дұрыс қалыптасуына негіз болатын басты жағдайлар:

  1. Баланың бас миының дұрыс қызмет жасауы;
  2. Баланың физикалық жағынан дұрыс дамуы;
  3. Сезім мүшелерінің сақталып, дұрыс қызмет атқаруы;

4.Балалардың бала-бақшаларда, жанұяда, мектепте жүйе бойынша оқытылуы.

    Аномальды балалар біздің елімізде жылдан-жылға азаюда. Жұқпалы ауруларды профилактикалық емдеу әдістерімен жолға қою арқылы елімізде балалардың денсаулығы жақсарып келеді.

   Біздің елімізде аномальды балаларды тәрбиелеп, оқытудың мемлекеттік негізі құрылған, арнаулы мекемелердің жүйесі бар. Бұл жүйе бойынша бастауыш білім беретін сыныптар ғана жұмыс істеп қоймайды, сонымен қатар орталау және орта білім беретін сыныптар да жұмыс істейді. Дефектологияның зерттеу аймағындағы негізгі мақсаты – аномальды балаларға жалпы білім беру болып табылады.

   Зерттеу жұмысының пәні: Аномальды балаларды оқыту және тәрбиелеу.

   Зерттеу жұмысының объектісі: Аномальды балалар.

   Дипломдық жұмыстың мақсаты: Аномальды балалардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін анализдей отырып, оларға коррекциялық көмек көрсетудің жолдарын ашу.

   Міндеттері:

  1. Аномальды балалардың даму тарихын анализдеу;
  2. Аномальды балалардың негізгі категорияларын талдау;
  3. ОҚО бойынша аномальды балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселелеріне тоқталу;
  4. Аномальды балаларға көрсетілетін психологиялық-педагогикалық кеңес қызметін ашып көрсету.

   Зерттеу жұмысының маңыздылығы:  Диплом жұмысын орындау барысында жинақталған теориялық материалдар, аномальды балалардың педагогикалық және психологиялық ерекшеліктерін терең түрде түсіну мақсатында, арнаулы мектептерде қолдануға ықпал етеді.

 

   Зерттеу жұмысының базасы: Ленгір қаласындағы тіл кемістіктері бар балаларға арналған арнаулы мектеп.

   Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және әдебиеттер тізімінен тұрады.

   Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, аномальды балалардың ерекшелігі көрсетілген.

   Бірінші тарауда аномальды балалардың даму тарихы, аномальды балалардың негізгі категориялары және олардың пайда болу себептері қарастырылған.

   Екінші тарауда Оңтүстік Қазақстан облысындағы аномальды балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері және оларға көрсетілетін психологиялық-педагогикалық кеңес қызметі сипатталған.  

   Қорытындыда аномальды балаларды оқыту және тәрбиелеу –  әлеуметтік проблема екендігі көрсетілген.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І ТАРАУ АНОМАЛЬДЫ БАЛАЛАРДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ — ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

1.1. Аномальды балалардың даму тарихы.

 

   Ерте кезде де аномальды балаларға әлеуметтік проблема ретінде қарап, көңіл бөлген. Балалардың қоғамдық орнын (жағдайын) белгілейтін барлық заң ережелерінде, Рим правосында, Юстициан кодексінде аномальды балалар жөнінде айтылып, олардың қоғамдық жағдайы белгіленді. Киев Русінің негізгі (мемлекеттік қағидалар жинағы) кітаптарында, Москва мемлекетінің «Жүз тарауында» («Стоглавасында») аномальды балалардың қоғамдағы орны ерекше бұйрықтармен  шектелді.

   Аномальды балалар қай кезде де философиялық ойға негіз болып келеді. Сондықтан да философтар, егер баланың құлағы есітпесе, көзі көрмесе, дұрыс сөйлемесе оның дүниені, өзін қоршаған ортаны танып білуі қалай өтеді деген мәселемен шұғылданды.

   Аристотель аномальды балаларға арналған екі трактат жазды. Кардано, Гольвеций, Дидро және басқалар аномальды балалар туралы арнайы кітаптар жазды.

   А.И.Радищев өзінің атақты трактатында аномальды балалар дамуының кейбір заңдылықтарын анықтайды. Неміс философтары Кант және Бауэр аномальды балалардың даму ерекшеліктері жөнінде жазды.

   Кемістігі бар балаларға арналған мекемелердің пайда болу тарихы XIX ғасырдың II жартысынан Ұлы Қазан революциясының уақытына дейін созылады. XIX ғасырдың 80 жылдары Ресейде тек соқыр адамдарға арналған Санкт-Петербургтік училище және Петер, Мәскеу, Варшавада құлағы нашар еститіндер мен ақыл-есі кем балаларға арналған приют пен арнайы мектептерде  200-ге жуық балалар ғана тәрбие алатын.

    XX ғасырдың басында тек екі қосымша мектептерде ғана балаларға логопедияялық көмек көрсетілді. XIX ғасырдың соңында ғана Ресейде зағип адамдар саны 250 000 жуық, құлағы нашар еститіндер саны  150 000, ақыл-есі кем адамдар саны  200 000 жеткен еді.

   Ең алғаш аномальды балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемасы 1896 жылы кәсіби-техникалық білімді басқарудың  №2 съезінде талқыланған болатын. Сол съезде көзі нашар көретіндер, құлағы нашар еститіндер, ақыл-есі кем балаларды оқыту секциясы құрылды. Бұл жерде талқыланған мәселе – Ресейдегі аномальды балаларға үкімет басшылығының және қоғамның көңілін аударуды және арнайы мекемелер жүйесін ұлғайтып, кеңейтуге ұсыныс етті. Бұл секцияның ең басты жұмысы – Ресейдегі дефектологтардың I съезді болатын. Съезге қатысушылар аномальды балаларға деген қамқорлық – ол қоғамның міндеті екендігін дәлелдеді.  Олар балаларға көмектің тек негізгі формасын ғана емес, мектепке дейінгі және мектептегі балаларға арналған мекемелер құрылымын анықтады. Бұл сұрақтардың шешімін тапқан соң шетелдік аномальды балаларға арналған мекемелердің тәжірибесі ескерілді.

   Съездің шешімі бойынша осы проблемелар, яғни аномальды балаларға көмек беру, оларды емдеу, оқыту бүкіл ресей қоғамдық бағдарламасының басты міндеті болды.

   Ауытқуы бар балаларды оқыту мен тәрбиелеудің даму құрылысы филантропикалық негізде болды. Ал арнайы мекемелер жүйесінің даму проблемасы шешілмей қалды.

   Ұлы Қазан революциясынан кейінгі барлық іс-шаралар, яғни ауытқушылықпен күресу және оның профилактикасы жалпы өсіп келе жатқан ұрпақтың саулығын сақтауға бағытталады.

   Аномальды балаларды тәрбиелеудегі жабық жүйеге Л.С.Выготский қарсы болды. Аномальды балаларға арналған мекемелер жүйесінің түрлері көбейді, олар: балалар үйі, мектептер, қабылдау мектептері және т.б. мекемелер болды.

   Н.К.Крупская аномальды балаларға қамқорлық жасай отырып,          ақыл-есінің дамуында және физикалық дамуында ауытқуы бар балаларға арналған мекемелер жүйесін ашудың маңыздылығын атап көрсетті.

   Аномальды балаларға арналған арнайы мекемелер жүйесі сол уақытта тек мектеп қана емес, мектепке дейінгі де және көзі көрмейтін, құлағы естімейтін  ересектерге   арналған кешкі оқыту  мекемесі  қолға алынды.

   Арнайы мекемелер – мектеп-интернаттар, ондағы балалар толығымен мемлекеттің қарамағында қадағаланды. Ондағы балаларда кездесетін қиындықтарға байланысты дефектолог — мұғалімдердің  еңбекақысына 20%  қосымша төленіп отырды.

   Нашар еститіндер, нашар көретіндер, тілінде кемістігі бар  және ақыл-есі кем балалар жалпы орта білім беретін мектепте білім алғаннан кейін, өз мүмкіншіліктеріне байланысты арнайы және ЖОО-да оқуға мүмкіндігі болады. Арнайы мектептерде оқу орнын бітіргеннен кейін кәсіби білімді жұмыстан бөлмей оқуға дайындық жүргізілді.

   Дамуында ауытқуы бар балаларға «Жалпылама және міндетті оқыту заңы» толық таратылды. Арнайы мектептер жүйесі  оқу жоспарымен, оқу бағдарламасымен және арнайы оқулықтармен қамтамасыз етілді. Барлық аномальды балалар жынысына, әлеуметтік статусына қарамастан арнайы мекемелерге оқуға түсуге құқығы болды.

   Жас ерекшелігіне байланысты барлық арнайы мекемелер үш типке бөлінді:

  1. Мектепке дейінгі мекемелер (балабақша, балалар үйі, арнайы бөлімдер);
  2. Мектеп және мектеп-интернаттар (аномальды балалардың категорияларына байланысты);
  3. Ересектерге арналған кешкі мектептер.

   Аномальды балаларға арналған мекемелердің типтері:

  1. Тілінде кемістігі бар жандарға арналған арнайы мектеп-интернат. Бұл мектептер 1-12 сыныптан тұрады. 1-сыныпқа 7 жастан қабылдайды, дайындық сыныптарында 6 жастан оқытылады.

12-сыныптың түлектері емтихан тапсырады,  оларға «8жылдық» білім алды деген куәлік беріледі. Мұнда балалардың сөйлеу және           сөздік-логикалық ойлауының қалыптасып, дамуына ерекше назар аударылды. 1 сыныптан 7  сыныпқа дейін балалар арнайы оқу бағдарламасымен  және арнайы оқулықтармен оқытылады. Ал, 8-12 сыныпқа дейін жалпы оқу бағдарламасы бойынша оқытылып отырады.  Сыныптың құрамы 12 адамнан тұрған. 12 жастан бастап  жұмысқа дайындық топтарында  5-7 адамнан оқытылды. Мектеп-интернаттағы  алдын алу және қалпына келтіру, гигиеналық және консультациялық жұмыстарды маман-дәрігерлер (оториноларинголог, психоневролог, педиатр)  жүргізді.

  1. Нашар көретіндер және зағип жандарға арналған мектеп-интернат. Зағип балалар оқу жұмысында тактильді-кинестикалық және есту құралдарымен оқу материалын қабылдайды. Оқушылар офтальмолог-дәрігер, психоневролог, педиатрдың тұрақты бақылауында болады. Мұндай мектеп-интернаттың екі типі бар:

1) он жылдық; 2) он екі жылдық. Сынып құрамы 12 адамнан тұрады. Зағиптарға арналған мектептерде политехникалық білім  беріліп және кәсіби дайындық беріледі. Оқыту процесі жалпы білім беру жүйесіне сәйкес келеді. Оқыту «рельефтік-нүктелік»  шрифтке негізделген. Оқыту барысы  жоғары  деңгейде жарықтандырылған (500 мк жоғары емес), парталардың арнайы конструкциясы жылжымалы қақпағымен, оқулықтар үлкен шрифтпен жазылған, дәптерлері ерекше болады. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелу арнайы бағдарлама бойынша жүргізіледі. Бұл мекемелердің жұмысы: тәрбиелейді, емдейді, мүмкіндігі бойынша қалпына келтіреді және көру функциясының өзгерісін дамытуға тырысады.

  1. Тілінде кемістігі бар балаларға арналған логопедиялық мекеме. Арнайы сабақтарда әр түрлі тіл кемістіктерін жоюға байланысты жұмыстар енгізіледі. Бұнымен жоғары педагогикалық білімі бар мұғалім-логопед айналысады. Логопедиялық жұмыс психотерапиялық және физиотерапиялық түрде жүргізілген. Мұндай комплекстік-коррекциялық педагогикалық емдеу жұмыстары ұзақ уақыт өтеді, үш айдан бір жылға дейін созылады. Тілінде күрделі ауытқуы бар балалар мектеп-интернатта білім алады. Мәселен алалия, афазия, ауыр дизартрия және дислалия, алексия, аграфия, өткір білінетін дисграфия және ауыр формадағы тұтықпа ауруымен ауыратын балалар оқытылады. Мектеп-интернатта 1-11 сыныпта оқытады. Бірақ «8жылдық» білім алды деген куәлік беріледі.
  2. Халықтық білім беру жүйесінде арнайы бала-бақшалар және арнайы балалар үшін мектепке дейінгі топтар ақыл-есі кем балалар үшін қарастырылады. Мектепке дейінгі мекемелерде  келесі диагнозы бойынша балалар қабылданады: дебиль сатысындағы олигофрения. Олардың жастары 4-тен 8-ге дейін болуы қажет. Ақыл-есі кем «өте төмен дәрежедегі» балаларға (имбецил, идиот) әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінде балалар үйі қарастырылады. Онда 4-18 жас аралығындағы балалар тұрады.. «Өте ауыр дәрежедегі» ақыл-есі кем балалар, яғни идиоттар психохроника колониясына жіберіледі. Емдеу, сауықтыру, қалпына келтіру жұмыстарын дәрігер-маман (ортопед, психоневролог, педиатр, физиотерапевт) және инструктор (әдіскер) емдеу физкультурасының әдістерін логопед жүргізеді. Дайындық топтарында сабақ уақыты 30-35 минутқа қарастырылған. Сынып құрамы 16 оқушыдан тұрады.
  3. Соқыр-мылқау балаларды оқыту арнайы мекеме – Загорск қаласындағы балалар үйінде қарастырылып, іске асырылды. Дүниежүзінде мұндай мекемелер көп емес. Мұнда 50 бала оқытылады. Олар: соқыр-мылқаулар, нашар көретін керең-мылқаулар,  нашар еститін соқырлар (интелектісі  нормада) болып табылады.  Бұл балаларды тифло-сурдопедагогтар және әр түрлі маман-педагогтар зерттейді. Балалар үйінде сабақ сыныпта 3-4 оқушымен өтеді. Әр топта үш педагог ауысып отырады, яғни әр оқушыға бір педагогтан болады. Тәрбиелеуші педагогтармен әрдайым тығыз байланыста болады. Сонымен қатар педиатр, офтальмолог, оториноларинголог, невропатолог жұмыс істейді. Оқуды балалар 3 жастан бастап 19-20 жаста аяқтап отырған. Себебі, олар 12 жылдық жүйе бойынша оқиды. Одан бөлек 16 жастан бастап балалар үйінде оқу-еңбек топтары жұмыс істейді. Мұндағы балалар оқып бітіргеннен кейін «Бүкілресейлік соқырлар қоғамы» мекемелерінде жұмыс істейді. Сол мекеменің жатақханасында өмір сүреді.

   Аномальды балаларды зерттеумен медицина және биология ғылымының өкілдері де шұғылданады.

   Организмнің аномальды тұрғыдан бұзылу механизмі қандай деген мәселеге өте ерте кезден көңіл бөлінді. Бір немесе екі орган жұмыс істемей қалғанда, басқалалары өзара қандай қарым-қатынаста болады? Бала естімегенде оның көзі қандай күйде болады? Көрмеген кезде құлақ қандай қалыпта болады? Баланың орталық жүйке жүйесі бұзылғанда, сезім органдары қандай күйде болады? Атап айтқанда, мұндай мәселелермен Дарвин және жаратылыс ғылымының басқа да өкілдері айнлысты. Қазіргі уақытта дамуында ауытқуы бар балалардың ішкі процестері мен механизмдерін танып білуге үлкен көңіл бөлінуде.

   Аномальды балаларды зерттеу жүйесінде ғылымның жаңа бөлімі пайда болды. Оның көру мен есту түйсіктерін тікелей зерттеумен айналысқан және ақыл-ой кемдігінің клиникасын зерттеген саласы бөлініп шықты. Аномальды балаларды зерттеудің қажеттігінен дәрігерлер, физиологтар және медицина-биология ғылымының басқа да өкілдері күш біріктіріп жұмыс істеуде.

   Психологтарға келетін болсақ, олардың назары қашан да аномальды балаларға аударылып келгені мәлім. Ал педагогтарға келсек, олар керең баланы оқытуға бола ма, көзі көрмейтін балаға жазуды үйретуге бола ма деген мәселемен айналысты. Осыған байланысты бұлардың арасында прогрессивті және реакцияшыл көзқарастары бар көптеген теориялар да орын алды.

   Педагогтар аномальды балаларды оқытудың әр түрлі жүйесін қолданып, бар күш-жігерін жұмсап бақты. Аномальды балаларды оқыту процесі өте кеш – XVIII  ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында басталды.  Бұл уақытта аномальды баланы жеке оқыту тәсілі орын алды. Бұлай оқытумен оны эксперимент түрінде жүргізген кейбір ғылымның өкілдері айналысты. Ал шет елдерде осы уақытқа дейін аномальды балаларды мемлекет тарапынан міндетті түрде оқыту жоқ. Тек меншіктегі мектептер, шіркеулік және әлденеше мемлекеттік оқу орындары  ғана бар. Міндетті түрдегі жалпыға бірдей оқу жүйесі де жоқ.

      Арнаулы мекемелердің құрылуымен бірге кеңес дефектологиясы дами берді. Кеңес дефектологтары алдында аномальды балаларға кімдерді жатқызуға болады? – деген басты проблема тұрды. Мұндай балалардың даму ерекшеліктері қандай? Олардың типологиясы қандай болуы тиіс?

   Шет елдердің өкілдері аномальды балаларға кімдерді жатқызуға болады деген мәселе төңірегінде әлденеше идеалистік  теориялар ұсынды. Шет елдік дефектология ғылыми өкілдеріне біріншіден мынадай пайымдаулар тән болатын: қайсыбір органның бұзылуы (кемістігі) қызметі бұзылған соның өзін ғана қамтиды деп есептеді. Мысалы, дұрыс есітпеу тек кереңдікке ғана байланысты, соқырлық тек көздің зақымдануына ғана байланысты деді. Қайсыбір органның немесе жүйенің бұзылуы бала дамуының осы жағына ғана қатысы болады деп жорамалдады.              Шын мәнісінде мұның бәрі де әлдеқайда қиындығы мол мәселе болып шықты. Сондықтан кеңес дефектологтары алдында аномальды балалардың даму ерекшеліктерін ашу міндеті тұрды.

   Шет ел дефектологиясы өкілдеріне тән екінші бір ерекшелік болды. Олар мынадай, ақау-кемістіктің өзі (дефект) аномальды баланы оқытуды ұйымдастырудың бастамасы деп санады. Ақауды жойып, оған барлық      іс-әрекетті бағындырып, соның өзімен байланыстыру керек деп қарайды. Мұның мәнісі, егер бала көрмейтін болса, онда көздің көруі арқылы қабылданатын түйсіктерді, білімді оқытудан шығарып тастау негізінде құрылуы керек. Кемістікті жалпы дамудан тыс оқшау қарап түсіну және ақауға барлығын да бағындыру – буржуазиялық теорияның басты бағыты болды.

   Соңғы он жыл ішінде аномальды балалардың ақыл-ойы дамуын педагогикалық тұрғыдан анықтау өте қиын. Ақыл-ойы кем бала белгілі бір дәрежеге дейін ғана көтеріле алады, сондай-ақ мылқау-керең балалар да дамудың жоғарғы сатысына көтеріле алмайды, өйткені олардың сөйлеуге тілі болмайды дегенді жақтайтын неше түрлі  жорамалдар пайда болды.

   Шет ел ғалымдары қалыпты балалық шақты бірнеше кезеңге бөледі:

0-3 жасқа дейін – биологиялық кезең,  3-7 жасқа дейін – алғашқы дағдылар кезеңі, 7-12 жасқа дейін – нақтылы көріп-білгенін көңілге түйетін кезең. Ал адам баласының нағыз даму кезеңі, дейді олар, 12 жастан кейін басталады. Осыған байланысты Пелле барлық аномальды балалар кереңдік, соқырлық және т.б. қандай кемістіктерге ұшыраса да 12 жастан жоғары олардың ақыл-ойы өспейді дейді, яғни оның пікірінше ондай балаларға ойлау жат.

   Кеңес дефектологтары аномальды балалар жөніндегі мұндай көзқарастарға үзілді-кесілді соққы берді. Бұл проблеманы шешуде белгілі психолог Л.С.Выготский үлкен үлес қосты. Аномальды балалардың дамуындағы кемістікті ол бірініші сатылы және екінші сатылы деп бөлді. Егер баланың естуі бұзылып, көзі көрмей қалса, биологиялық бірінші кемістік. Кеңес мамандары, бірінші кемістіктен кейін табиғи сипаты мүлдем өзгеше, екінші кемістік пайда болады, деп көрсетті. Керең баланың құлағы зақымданғаннан кейін  екінші кемістік пайда болып, ол бүкіл сөйлеу органдары дұрыс болғанына қарамастан, сөйлемей қалады. Баланың тілі болмағанына байланысты, оның ұғымы мен түсінігі де әлдеқайда төменгі дәрежеде дамиды. Егер адамның көзі көрмесе, ол өзін қоршаған тіршілікке, айналасына көз жібере алмайды. Сөйтіп онда дәл осы кеңістіктегі тіршілік жөніндегі ұғымның дамуы жеткіліксіз болады.

   Бірінші кемістіктің табиғаты қандай? Бұл – организмнің белгілі бір қолайсыз жағдайлармен ұштасуы. Ол жағдайлар іштен туа немесе тұқым қуа және туғаннан кейін пайда болуы мүмкін.

   Өмірде нағыз тұқым қуатын кемістіктер соншама көп те емес, демек, біз көбінесе туғаннан кейінгі кемістіктің дамуымен жұмыс істей аламыз.  Ал туғаннан кейінгі кемістіктер  көптеген жағдайда бала өмірінің алғашқы жылында пайда болады. Энцефалит, менингит  т.с.с. көп жағдайда есту, интеллектуалдық ерекшеліктер және т.б. бұзады.

   Ауруларды болдырмау жолында ұшаң-теңіз жұмыстар істелді. Көп жағдайда адамның қорасаннан (оспадан) соқыр болып қалатыны да мәлім. Қорасанға қарсы алдын-ала егу адам баласын ондай қасіретті аурудан және оның зардабынан құтқарды.

   Екінші кемістіктің табиғаты қандай? Бұл – бірінші кемістіктен қалған организм ақауларының нәтижесі. Бала оларды өз өмірі ішінде, бірінші кемістік қалыптасқаннан кейін алады.

   Бірінші кемістік пен екінші кемістіктің алдын алуға бола ма?

   Қазіргі кезде біз кереңдік пен соқырлықтың азайғанын білеміз. Бұл кеңінен жүргізілген профилактикалық жұмыстың нәтижесі. Алайда кейбір жағдайда бірінші кемістікпен күресуге осы заманғы құрал әлі де дәрменсіздік көрсеткенімен, екінші кемістікпен күресте жағдай мүлдем басқаша. Мұнда аномальды баланы арнайы оқыту шарттары және тәрбиелеу арқылы екінші кемістіктің пайда болуына жол бермей, алдын алуға болады.

   Егер дер кезінде оқытып, үйретсе керең бала  ешнәрсе есітпегенімен оның сөйлеу тілі  дамитын болады. Шынында мектеп жасына дейінгі керең баланың сөйлеу тілі қалыптасып, кәдімгі дені сау бала тәрізді өсіп-дамиды. Мұндай құрал педагогтың қолында. Біз, міне осы құрал  арқылы баланың дамуындағы кенжеліктің, кеш қалушылықтың алдын аламыз.

   Бірінші кемістік – аса күрделі де ауыр кемістік, денедегі бір мүшенің бұзылуы. Бірақ жеке адамның дамуындағы одан да ауыры – екінші кемістік. Екінші кемістік баланың сан қырлы болып өсуіне әсер етеді, оның жалпы өсуіне, ой-өрісінің дамуына кедергі болады.

   Аномальды баланы оқытып, тәрбиелеу үшін, оның даму заңдарын білу керек.  Сондықтан оны оқытып, үйрету процесі бізде өзара байланысты екі жүйеден – ғылым негіздері ілімімен қаруландырудан, баланың өсіп-дамуын  толықтырудан тұрады.  Сондықтан да дефектологтар жасап, қарастырып жатқан екінші мәселе – «компенсация» (толықтыру) теориясы деп аталады.

 

1.2. Аномальды балалардың негізгі категориялары және оның              ерекшеліктері.

 

   Балалар дамуындағы аномальды балаларды арнаулы мектептерге жібереді. Аномальды балалар – физикалық немесе психикалық дамуы ауытқыған балалар. Кемістік немесе дефект балаларда іштен туа  және жүре пайда болуы мүмкін. Іштен туа пайда болған кемістіктің болуы әр түрлі себептерге байланысты:

  1. Тұқым қуалаушылық;
  2. Жаңа дамып келе жатқан ұрыққа сыртқы ортадан химиялық, механикалық, температуралық әсерлердің ықпал етуі;
  3. Тамақтанудың нашарлығы;
  4. Организмге суық тиюдің әсері.

   Жүре  пайда болған кемістік – бұл баланың нәресте кезінде  жұқпалы аурулармен  науқастануы. Мысалы: эпидемиялық менингит, полиомелит, қызылша, скарлатина, т.б. аурулар.

   «Аномальды балалар» — термині бұл арнаулы мектептерде оқытылатын балаларға арналған. Аномальды балалардың негізгі топтары:

  1. есту мүшелері нашар дамыған балалар(кереңдер, нашар еститіндер).
  2. көру мүшелері нашар дамыған балалар (соқырлар, нашар көретіндер).
  3. күрделі құрылымды кемістігі бар балалар.
  4. ақыл-есі нашар дамыған балалар.
  5. сөйлеу қабілеті нашар дамыған балалар (алалия, тұтықпа, дислалия, дизартрия).

   Аномальды балаларды тәрбиелеу және оқыту олардың физикалық дамуына және ақыл-ой дамуына қарай ұйымдастырылады. Кейбір балалардың кемістіктерін түзегеннен кейін, оларды кәдімгі мектептерде оқытуға болады. Ал кейбіреулері арнаулы мектептерде оқытылады және сонда тәрбиеленеді. Аномальды балалардың білім алу қабілеті әр түрлі болады. Кейбір балалардың білімді меңгеру дәрежесі кәдімгі жалпы білім беретін мектептердің жай ғана оқу бағдарламасын игерумен шектеледі. Ал кейбіреулердің мүмкіндіктері шексіз болады. Әрбір категориядағы балаларға біздің елімізде белгілі оқу орындары белгіленген:

  1. Керең, нашар еститіндерге арналған мектептер;
  2. Соқыр және нашар көретіндерге арналған мектептер;
  3. Қосалқы мектептер (ақыл-есі нашар дамыған балаларға арналған);
  4. Логопед пунктері (тіл кемістіктері бар балаларға арналған);
  5. Сөйлеу қабілетін түзету мектептері (күрделі тіл кемістіктері бар балаларға арналған);
  6. Барлық топтағы балалар үшін бала-бақшалар;
  7. Мемлекет тарапынан жәрдем беретін арнаулы орындар.

Аномальды балаларды тәрбиелеу және оқыту бұл күрделі педагогикалық жұмыс болып есептелінеді.

 

Ақыл-ойы кем балалардың ерекшелігі

   Ақыл-ой кемістігін халықаралық ғылыми тілде олигофрения деп атайды, грек сөзі, қазақша аудармасы «ақылы таяз» деген ұғымды білдіреді. Бұл терминді ғылымға Э.Кренлин енгізген.

   Олигофрения негізінен баланың орталық жүйке жүйесінің, әсіресе  бас миының  зақымдалуынан болатын кемістік. Бас миының зақымдалуына әр түрлі сыртқы және ішкі жағдайлар себеп болады. Сыртқы факторларға —  ананың жүкті кезіндегі гриппке, сүзекке, қызылшаға, сары ауруға және басқа да әр түрлі жұқпалы дерттерге шалдығыуы, ананың организміне жайылған уытты заттардан құрсақтағы нәрестенің улануы және босану кезіндегі болатын әр түрлі зақымдар жатады.

Ішкі факторлардың зардаптарынан олигофрения іштей туа пайда болады.                

  1. Тұқым қуалайтын кеселдер. Оған ата-ананың мерез ауруларымен ауруы, сонымен қатар ата-анасының бірінің ақыл-ой кемістігінің балаға ауысуы.
  2. Ақыл-ой кемістігінің іштен туа пайда болуына хромосомды аурулар да ықпалын тигізеді, яғни ата-ананың организміндегі тұқым қуалайтын қасиеттерінің бұзылуынан болады.
  3. Кейбір жағдайларда ананың қаны құрсақтағы нәрестенің қанымен резус-фактор бойынша сәйкес келмеуінің салдарынан баланың ақыл-ойының кеміс болып туылуы.

   Қан құрамында резус-фактордың «бар» немесе «жоқ» болуына қарай адамдардың қанын оң-резусты және теріс-резусты деп бөледі. Адамдардың 85%-нің қаны оң резусты, ал 15%-нің қаны теріс-резусты деп есептеледі. Егер екіқабат әйелдің қаны теріс резусты болса, онда құрсақтағы нәресте жұбайының оң резусты қанын мұраланады.

   Демек, резус фактор бойынша ананың қаны құрсақтағы нәрестенің қанымен сәйкес келмеуінен оның физикалық және психикалық дамуының ауытқуы  бұзылатындығы байқалады. Даму процесінің бұл сияқты бұзылуы олигофренияның пайда болуына мүмкіндік туғызады.

  1. Баланың ақыл-ойының жетілмеуіне ата-ананың маскүнемдікке, нашақорлыққа және есірткіге салынуы да себеп болады.

   Олигофрен балалардың бас миының үлкен жарты шарының қыртысы түгелімен жайылып зақымданатындығы арнайы клиникалық зерттеулердің нәтижесінде анықталған. Сонымен бірге олигофренияда бас миының үлкен шарының барлық қыртысының жайылып зақымдануымен қатар оның қыртысындағы жүйке жүйелерінің даму барысының сапалық жағы да бұзылатындығы байқалады.

   Ақыл-ой кемістігінің даму барысындағы деңгейіне және сапалық дәрежесінің өзіне тән өзгешелігіне қарай олигофрения: идиотия, имбецильдік және дебильдік болып үш топқа бөлінеді.

   Идиотия – гректің сөзі, қазақ тілінде «нақұрыс» деген мағына береді. Демек идиотия туа біткен психикалық бұзылудың нәтижесінен болатын ақыл-ой кемістігінің ең ауыр түрі.

  1. Идиот балалардың физикалық дамуы өте қатты күйзеліп бұзылған. Олардың бас сүйектері мен дене құрылысы сүйектерінің сыртқы мүсіндік тұлғалары майысып-қисайып бүлінген және соның салдарынан қимыл-қозғалыстары толық жетілмей қалған.

   Физикалық кемістіктің мұндай зардабынан идиот балалардың кейбіреулері тіпті өздігінен емін-еркін отырып тұрып, түзу жүре де алмайды. Сондай-ақ идиот балалардың көпшілігінің алақандарын шапаттайтын, бастарын шайқайтын немесе изейтін, қолдарының немесе аяқтарының саусақтарын немесе бармақтарын ауыздарына салып үздіксіз шолпылдататын, сорып отыратын ритмикалық жасанды қылықтарын да жиі байқауға болады.

  1. Идиот балалардың сөйлеу тілдері жекелеген кейбір жеңіл дыбыстарды айтудан әрі бармайды. Тек кейбір жағдайларда ғана бір-екі буыннан тіркескен бірнеше сөздерді бұрмалап бұзып айтуға шамалары келеді.
  2. Бас миының үлкен жарты шары қыртысының жұмыс істеу қызметінің соншалықты өрескел қатты бұзылғандығының нәтижесінен идиот балалардың тіпті қарапайым деген шартты рефлекстерінің өздері де өте қиыншылықпен орындалады.
  3. Идиот балалардың мінез-құлықтары тағы тақылеттес болып кетеді. Олардың кейбіреулері өлі денеге ұқсап айналасындағыларға көңіл аудармастан ұзақ қимылсыз құлап жатып алады немесе қозғалмастан бір орында мелшиіп отырады да қояды; ал басқа біреулері керісінше, тынымсыз жүгіреді, секіреді немесе тоңқалаң асып құлайды да аунақшып дөңбекшіп домалай бастайды.

   Қорыта келгенде, жоғары жүйке қызметі іс-әрекетінің мұндай ерекшеліктері идиот кемістігіне шалдыққан балалардың психикалық дамуының қатты күйзеліп, бұзылғандығын  көрсетеді.

   Дебильділік – латынның сөзі, қазақ тіліндегі аудармасы «деліқұл» деген ұғымға тура келеді.

   Баланың іштей жетілмей туатын физикалық және психикалық дамуындағы патологиялық кемістігін «дебильділік» — деп атайды.  Дебиль балалардың ақыл-ой қабілеттерінің таяздығы идиот пен имбецильге қарағанда әлде қайда жеңіл болады. Сондықтан да олар өздеріне арналған арнайы мектептің жеңілдетілген оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгереді және сонымен қатар қарапайым қол жұмыстарымен атқарылатын еңбектің түрлерімен шұғылдануға бейімделеді.

   Алайда бұл кемістік патологиялық процестің негізінде пайда болғандықтан дебиль балалардың физикалық дамуында да болмашы жеңіл ауытқулар байқалып тұрады. Бірақ бұл ауытқулар жайшылықта көп біліне бермейді. Тек кейбір иіліп-бүгілуі, қайырылып-бұрылуы қиын күрделі қимыл қозғалыстарды орындағанда ғана байқалады. Мысалы, футбол, волейбол, баскетбол, ұзындық пен биіктіктен жүгіре секіру  сияқты және басқа да спорт ойындары.   Дегенмен де, педагогикалық тәсілдердің  қағидасымен жүргізілетін түзету, тәрбие жұмыстарының нәтижесінде  дебиль балалардың физикалық дамуындағы  патологиялық кемістіктерінің тіпті де білінбей кететіндері соншалықты,  олардың кез келген қарапайым қол еңбегінің түрлерімен айналысуына мүлде кедергісі болмайды.

   Дебиль балалар күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын дағдылы қарапайым сөздерді ауызекі сөйлеу тілдерінде еркін меңгеріп, оңай түсінеді. Ал, мазмұны күрделі, мағынасы астарлы болып айтылатын сөздерді байыптап түсінуге ақыл-ойларының зерделілігі жетпейді.

   Олигофренияның дебиль тобына жататындардың өздері ауыр және жеңіл дәрежелі болып екіге бөлінеді.  Өйткені олардың ақыл-ойларының даму процестері мен сөйлеу тілдерінің бұзылулары біркелкі болмайды. Сөйлеу тілі ақыл-ойдың ең негізгі құралы ретінде оның даму процесіне байланысты бірыңғай жетіледі.

   Ақыл-ойларының патологиялы кемістері жаңадан нышан көрсетіп,    енді-енді байқала бастаған мектеп жасына дейінгі ересек топтағы балалардың сөйлеу тілдеріндегі мүкістердің түрлері мен олардың айтылуындағы ерекшеліктері әр алуан болып келеді. Мұндай балалардың сөйлеу тілдердегі мүкістері, әсіресе олардың мектептің бірінші және екінші сыныбында жүрген кездерінде анық байқалады.

   Ақыл-ойы кем балалардың арасында оқығанын түсінбейтін кемістіктері бар балалар да кездеседі. Олар берілген мәтінді қатесіз оқығанымен оның мағынасын түсінбейді. Себебі, мәтінді оқыған кезде не бастапқы, не соңғы сөз тіркесін ұмытып қалады. Соның салдарынан мәтіннің мазмұнына сәйкес қойылған сұраққа дұрыс жауап бере алмайды. Егер сол мәтінді басқа біреу дауыс ырғағымен мәнерлеп оқып берсе оны жақсы түсінеді. Демек, дебильдің жеңіл дәрежесіндегі балалар мәтіннің немесе сөйлемнің құрамындағы тіркескен сөздердің бір-бірімен грамматикалық синтаксистік жолымен байланысып, белгілі бір мазмұнды тудырып тұрғандарын ұқпайды және өздерінің оқығандарын түсініп, естерінде сақтай алмайды.

   Имбециль – латын сөзі, қазақша аудармасы «әлсіз, дәрменсіз» деген мағынаны білдіреді. Имбециль идиотқа қарағанда ақыл-ой кемістігінің жеңілдеу тобына жатады. Олардың патологиялық кемістіктеріне зерттеу жүргізген кезде жүйке жүйелерінің, әсіресе оң жағының құрылысы мен оның қызметіне залалын тигізетін әр түрлі аурулар жиынтығының бытыраңқы қалдықтарының болатындығы анықталды.

   Имбециль балалардың ақыл-ой кемістіктері идиоттарға қарағанда біршама жеңілдеу болғанымен, бірақ олардың да қимыл-қозғалыстарының толық жетілмегендігі айтарлықтай толық білініп тұрады. Демек мұндай балалардың да қимыл-қозғалыстарының толық жетілмегендігі айтарлықтай айқын білініп тұрады. Мұндай балалардың қимыл-қозғалыстары жеткілікті дамымай қалған. Соның салдарынан дене бітімдерінің құрылыстары да қисайып майысып бұзылған. Олар өздерінің дене мүшелерін кез келген нысаналы бағытқа бұрып және бір-бірінен айырып қимылдатып, қозғалтуға шамалары келмейді. Мысалы, бір көзіңді қыс десең, ол бүкіл бетін тыржитып жиырып екі көзін де қысады, кейде қолымен жабады.

   Толық жетілмей кем болып қалған дене мүшелері баланың көздеген мақсатына қарай емін еркін қимылдап, қозғала бермейді. Сондықтан да олардың дене мүшелері әсіресе, қолдары ешқандай бағыт-бағдарсыз бет алды салдыр-салақ сілтеніп қимылдайтындары жиі байқалады. Қолдарының, аяқтарының және саусақтарының қимылдары өте әлсіз және ебедейсіз шалажансар болады, емін-еркін иіліп-бүгіліп, ашылып жазылмайды. Сондықтан да мұндай балалар өздерінің үсті-басына қарап, күтінуге шамалары келмейді. Қолдары мен саусақтарының кемістігі олардың жазуды үйренулеріне де қиындық туғызады.

   Имбециль балалардың мінез-құлықтары идиоттардікіне қарағанда біршама тыныштау болғанымен, бірақ олардың да өздеріне тән тағылық қылықтары жиі-жиі көрініп тұрады.

   Мысалы, олар көп уақытқа дейін өздерін мектептің шәкірттері болғанын, онда дәріс алып оқу керек екенін мойындамайды, өйткені «мектеп, шәкірт, оқу, мұғалім» деген сөздерді ұқпайды. Мұғалімнің қойған талап-өтініштеріне құлақ аспайды, демек, мұғалім сөйлеген сөздерінің мағыналарын түсінбейді. Олар сабақ жүріп жатқан кезде рұқсатсыз орындарынан тұрып, парталарды жағалап, бет-алды ары-бері сандалып жүреді, мұғалім ескертпелеріне құлақ аспайды.

   Имбециль балалардың көпшілігінде мінез-құлықтарында еліктеушілік қасиеттері басым болады. Олар не көрсе соны дәл сол қалпында айнытпай салады, тіпті әлдеқашан бұрынғы көргендерін де ұмытпай қайталап сала береді.

   Іштен туа бітетін ақыл-ой кемістігінің имбециль тобына кіретіндердің ішіндегі айтарлықтай көп тараған түрі – Дауна синдромы. Бұл кемістіктің дауна деп аталу себебі, 1866 жылы ағылшын дәрігері Лэнгдон Даун аурудың өз алдына жеке бір түрі ретінде ақыл-ой кемістіктерінің басқа түрлерінен бөліп алып арнайы зерттеген. Дауна синдромы ақыл-ойдың хромосомды кемістіктеріне жатады.

   «Дауна» балалардың психикасында ақыл-ой кемістіктерінің басқа түрлерінен ерекшеленіп тұратын, өздеріне тән өзгеше белгілері болады.

   Алайда ақыл-ойларының өте таяздығы жағынан олар имбециль балаларға көбірек ұқсас келеді. Тек кейбір сирек кездесетін жеңілдеу түрлерін ғана дебиль дәрежесіндегі ақыл-ой кемістігіне жатқызуға болады.

   Мұндай балалардыың мінез-құлықтары әр түрлі және құбылмалы болады. Олардың кейбіреулері ашуланшақ, ызақор, кекшіл; екіншілері байқағыш, еліктегіш; үшіншілері мейірімді, ақкөңіл, кішіпейіл, ал төртіншілері өкпелегіш, жәбірленгіш, кінәмшіл  болып келеді. Олар өздеріне күліп қарайтын адамға тез бауыр басып кетеді.

   Дауна синдромы бар балалардың психикалық қимыл-қозғалыстарының жетілмей қалатындығы дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларында-ақ көріне бастайды.

   Бұл кемістікке шалдыққан балаларда ынталы ұмтылыстың, қуанышты шаттықтың, еркелік наздың, мазасыз көңілдің, мұқтаждық талаптың ерекшеліктері тән, қимыл-қозғалыстары өте енжар, сүреңсіз, солғын болады. Демек, олардың барлық қимыл-қозғалыстарының, әсіресе психикалық жұмыс істеу қызметінің қалыптасып жетілуі кешеуілдеп тоқыраған немесе бұзылған.

   Алайда, 3-4 жастан асқаннан кейін айналасындағы өзі қатарлы дені сау балалармен тікелей қатынасып араласудың және отбасындағылардың, әсіресе ата-анасының ерекше көңіл аударып түзету тәрбиесімен айналысудың нәтижесінде олардың қимыл-қозғалыстарының біршама ширайтындығын, психикалық дамуының белсенділік қызметінің артатындығын және сөйлеу тілінің сөз құрастыруға қалыптаса бастайтындығын көруге болады. Әрине, бұған қарап, бұл кемістік толық түзеліп кетеді деген ұғым тумайды.

   Гидроцефалия – қазақ тілінде «өте үлкейіп кеткен, қазан бас» деген ұғымды білдіреді. Гидроцефалия дегеніміз – жұлын сұйығының шамадан тыс қатты тасып, басқа құйылып жиналуынан пайда болатын ауру.

   Жұлын сұйығының тасуына ананың жүкті кезінде әр түрлі азық-түлік тағамадарынан ағзаға уытты заттардың жайылуы, әр түрлі жұқпалы аурулардың залалдары және әр түрлі зақымдардың зардаптары немесе мидағы қанның жүру жолын реттеп тұратын жұлын сұйығының жүйелеріне тікелей әсерін тигізіп, олардың жұмыс істеу қызметін бұзатын ми қабықтарының қабыну процестерімен мидың іріндеп ісініуі себеп болуы мүмкін деген жорамал бар.

   Іштен туа бітетін гидроцефалия кемістігі баланың дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы күндерінде немесе айларында-ақ білінуі мүмкін. Бұл кезде баланың басы шарланып, әсіресе маңдайы дөңестеніп тез өсе бастайды.

   Гидроцефалия кемістігіне шалдыққан балалардың  психикасында өздеріне тән ерекшеліктері бар бірқатар өзгерістердің орын алатындығы байқалады. Мұндай балалардың кейбіреулері естігенін немесе көргенін мағынасы мен мазмұнын түсінбесе де есінде жақсы сақтайды. Мысалы, олар бірнеше шумақты өлең жолдарын бір естігенде-ақ жаттап алады. Ал, екінші біреулерінің музыкалық әуенге және көркем өнерге деген қабілеттері жақсы жетілген. Алайда, бұлардың жұмыс істеу қабілеттері бірқалыпты жетілмеген. Олардың белгілі бір мақсатқа талаптанып ұмтылу нысаны бұзылған. Демек, еш нәрсеге қызықпайды. Олар бір нәрсеге ден қойып көңіл аудара алмайтын алаңғасар келеді. Көңіл-күйлері тұрақсыз, құбылмалы келеді.

   Гидроцефалияға шалдыққан балалардың ақыл-ойларының кемістіктері идиоттың ең ауыр түріндегісінен дебильдің жеңіл түріндегісіне дейінгі дәрежелерінде кездесе береді.

   Ақыл-ой кемістіктерінің бұл сияқты әр түрлі дәрежеде көріну себебі, көбінесе аурудың даму барысының өзгешелігіне және мидың зақымдану дәрежесіне байланысты олардың ағзаларының әлсіреу шамаларына қарай болады. Алайда, гидроцефалияның бірқалыпты дамуында баланың      ақыл-ойы дұрыс жетілуі де мүмкін және ол жалпы мектепте де оқуы ықтимал.

   Гидроцефалияның дебиль дәрежесіндегі ақыл-ойы кем балаларға арналған арнайы мектепте, ал имбециль дәрежесіндегілердің тек жеңілдеу түрлерін ғана осы мектептің имбециль сыныбында оқытуға болады.

   Микроцефалия – гректің «микро» — «кішкентай» және «цефаль» — «бас» сөздерінен бірігіп, бас сүйегі мен миы жетілмей қалған деген ұғымды білдіреді. Микроцефалия ақыл-ой кемістігінің ең ауыр түріне жатады. Мұндай ауруға шалдыққан балалардың басы дұрыс өсіп жетілетін әдеттегі көлемінен әлдеқайда кішкентай, шақша бас болып келеді де, соған орай милары да толық жетілмей қалады.

   Сонымен қатар олардың қимыл қозғалыстары да бұзылған және құрысып-тырысудың, қалшылдап, дірілдеудің, сіңірі тартылудың синдромдары болады және қоршаған ортада болып жатқан тіршілік болмысының шындығын сезініп түсінуі, ұғынып әсерленуі, ойланып елестетуі арқылы көңіл күйдің реңімен бейнелеп көрсететін ми торабының жұмыс істеу қызметінің (психикасының) даму барысы да кешеуілдеп қалатындығы анық байқалады.

   Микроцефалияның пайда болуына баланың миы бірқалыпты жетіліп келе жатқан шағында тыныс мүшелері мен жүрек тамырларының ауруынан тіндердегі оттегінің азайып кетуі (гипоксия), ағзаның әр түрлі улы заттармен улануы (интоксикация), ауру қоздырғыш әр түрлі жұқпалы микробтардың залалды зардаптарынан ағзаның дертке шалдығуы  (инфекция) және витамин теңдігінің бұзылуы сияқты факторлардың әсер етуі ықтимал деген жорамал бар.

   Микроцефал баланың миының салмағы дені сау балаға қарағанда әлдеқайда жеңіл болатыны, мидың үлкен жарты шарының, әсіресе маңдай бөлігінің қыртысы толық жетілмегендігі, оның үстіртіндегі иір-иір болып келетін қатпарлы арықтары мен жіңішке бұтақты иірімдері жетілмегендіктен ми біркелкі тегіс күйінде қалатындығы арнайы тексерудің нәтижесінде анықталды. Микроцефалияның алғашқы белгілері бала туғаннан кейін-ақ біліне бастайды.

   Ал, кейбір жағдайларда бұл аурудың белгілері нәрестенің дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларында білінеді. Баланың микроцефалия ауруына шалдыққанын тек қана осы ауруға тән кейбір сыртқы белгілерінен байқауға болады.

   Біріншіден, баланың бас сүйегі туылған кездегі көлемінен әрі қарай үлкейіп өспейді немесе болар-болмас қана өседі, бас сүйегінің ми орналасқан жоғары бөлігі мен бет сүйегінің түзілісі бір-бірімен сайма-сай келіп үйлесіп тұрмайды, маңдайы кейін қарай шалқайып, тайпайған, құлағы қалқайған үлкен және етегі салпиып төмен орналасқан.

   Екіншіден, жүйке жүйелерінің зақымданып бұзылуынан бұлшық еттерінің жұмыс істеу қызметтері әлсірейді немесе мүлдем жұмыс істемей сал болып қалады, сіңірлері түйіліп, тартылады немесе                   құрысып-тырысады, дене мүшелерінің қозғалыстары жақсы жетілмегендіктен қимылдарының икемдері ауытқып бір-бірімен байланыстары бұзылады және көздері де қылиланып бітеді.

   Микроцефаль балалардың басым көпшілігінің ақыл-ойларының кемістік дәрежелері негізінен идиоттарға немесе имбецильдерге жақын келеді. Ал, психикасының жетілмей қалуынан болатын кемістіктері басқалармен байланысып, араласқан түрде байқалады.

   Қорыта келгенде, жүкті кезінде ағзаны әр түрлі зиянды заттардың уландырып, зақымдауынан құрсақтағы ұрықтың жаңадан қалыптасып келе жатқан орталық жүйке жүйесі дертке шалдығады да, оның бірқалыпты даму дәрежесі бұзылады. Нәтижесінде, баланың дүниеге келгеннен кейінгі алты айында-ақ іштен кеміс болып туылатындығы біліне бастайды.

   Ал бұл кемістік баланың мектеп жасына таяған уақытында тіпті анық білінеді. Сонымен қатар, нәрестенің құрсақта жатқан кезінде мидың дертке шалдығып зақымдануынан оның ақыл-ойының бірқалыпты жұмыс істеу қызметінің қабілеті бұзылып, жетілмей қалады.

   Ақыл-ойы кем балалар қосалқы мектептерде оқытылады. Қосалқы мектепте оқушыларға жалпы және арнайы еңбек тәрбиесі беріледі.

   Жалпы – әр адамға тән еңбектің негізгі түрлері бойынша бағыт беріледі.

   Арнайы – оқушыларды кәсіптік жағынан дайындауға бағытталады. Арнайы кәсіптік еңбекке баулу 3 кезеңнен тұрады:

  1. еңбек пропедевтикасы;
  2. кәсіптік бағдар;
  3. кәсіптік еңбекке баулу.
  4. Еңбек пропедевтикасы – (1-3 сыныпты қамтиды). Негізгі мақсаты – оқушылардың еңбекке деген жалпы дайындығын қалыптастыру. Еңбек әрекетінің негізгі формасы – еңбек сабағы. Балалар қағазбен, картонмен, ағашпен, матамен, пластилинмен жұмыс орындаудың алғашқы ептілігін, дағдысын меңгере бастайды.
  5. Кәсіптік бағдар – (4 сыныпты қамтиды). Оқу шеберханаларында қол еңбегін қолдану ретінде қалыптасады. Балалар шеберханаларда еңбек жағдайларымен, құралдармен, станоктармен танысады. Материалдарды (қағаз, картон, сымдар) өңдеудегі қарапайым дағды мен ептілікті меңгереді.
  6. Кәсіптік еңбекке баулу – (5-8 сыныпты қамтиды). Мақсат – оқушыларды өнеркәсіп орындарында, еңбек құрылыстарында, халыққа қызмет көрсету орындарында жұмыс істеуге үйрету, яғни арнайы мамандық беру. Қыздар киім тігу, ер балалар аяқ киім жөндеу, маляр, штукатур, обой жапсыру, картонды түптеу мамандықтарын алады.

 

Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың ерекшелігі

   Сөйлеу тіліндегі мүкістердің патологиялық дәрежелеріне, белгілі бір мүшелерінің атқаратын қызметтерінің бұзылуына, зақымдануының уақытына, басты кемістіктердің ықпалынан пайда болатын екінші бір ақаулықтардың көрінуіне байланысты олардың бір-бірінен айырмашылықтары да әр алуан болып келеді. Олар әрқайсысының өзіне тән симптоматикалық және динамикалық ерекшеліктеріне қарай әр түрлі салаға бөлінеді. Мұндай салаға дауыстың бірқалыптылығының бұзылуы, сөйлеу тіліндегі дауыс ырғағының бұзылуы, тұтықпа, дислалия, ринолалия, дизартрия, алалия, афазия, жазу тілі мен оқу тілінің бұзылуы жатады.

   Тіл бұзылуының себептері органикалық және функциональдық болып бөлінеді.

   Органикалық – түрлі зақымдардың нәтижесінде тіл аппараты мен жүйке жүйесінің бөлімдерінің бұзылуы.

   Функциональдық – мұнда органикалық зақымдану болмайды, тек сөйлеу механизмдерінің функциясы бұзылады.

   Тілдің бұзылуы түрлі жаста, әсіресе жас балаларда көп кездеседі.

   Енді сөйлеу тілі мүкістеріне жеке-жеке тоқталып, олардың ерекшеліктерін сипаттайық.

   Дислалаия – сөйлеу тілі мүшелерінің анатомиялық кемістіктерінен дыбыстардың бұзылып айтылуын сипаттайды. Дислалия сөйлеу тіліндегі ең көп тараған мүкістіктер.Пайда болу себептеріне  қарай дислалия механикалық және функционалдық болып бөлінеді.

   Органикалық дислалияға сөйлеу тілі аппаратының сыртқы сүйек құрылысының және бұлшық ет түзілісінің органикалық кемістігінен дыбыстардың бұзылып айтылуы жатады. Органикалық дислалияның ерекшеліктері: тіл асты желбезегінің тым қысқа болып бітуінен, тілдің ұшы жоғары қарай емін еркін көтеріліп қимылдай алмайды да, таңдай арқылы айтылатын дыбыстар бұзылады. Сонымен қатар тілдің ауыздың ішіне зорға сиып тұратын өте етжеңді үлкен немесе өте кішкентай жіңішке болуы да дыбыстардың  дұрыс айтылуын қиындатады.

   Соныменен, органикалық дислалия бұл перифериялық аппараттың сүйегі мен бұлшық етіне зақым келуінен дыбыстардың дұрыс айтылмауы.

   Перифериялық сөйлеу аппаратының бұзылуы туа пайда және жүре пайда болуы мүмкін.

   Туа пайда болатын кемістікке жататындар:

  • прогнатия -жоғары жақ төменгі жақтан алға шығып тұрады;
  • прогения – төменгі жақтың алға шығуы;
  • тістердің дұрыс орналаспауы;
  • еріннің түрлі кемістіктері;
  • таңдай параличі;

   Жүре пайда болатын кемістікке жататындар:

  • сүйектер мен бұлшық еттердің зақымдалуының нәтижесінде артикуляциялық аппаратта пайда болатын түрлі кемістіктер.

   Дұрыс тістеу – бұл астыңғы алғы тістер үстіңгі тістермен сәл жабылып тұрады.

   Органикалық дислалияға жататын кемістік бұл ринолалия.

   Ринолалия – ауыз бен мұрын қуыстарының дұрыс қызмет етпеу нәтижесінде дауыс құбылысының өзгеруі мен сөйлеген уақытта дыбыстың бүлінуі.

 

 

  Ринолалияның түрлері:

  1. Ашық ринолалия – сөйлеген уақытта ауа ауыз және мұрын қуысы арқылы өтеді.
  2. Жабық ринолалия – ауа тек ауыз арқылы өтеді, бұл әсіресе «м,н» әріптерін атағанда білінеді.

   Ашық ринолалияның себептері: таңдайдың бөлінуі, жұқа таңдайдың қысқалығы, таңдайдың параличі.

   Жабық ринолалияның себептері: мұрын қуысының бітелуі, мұрын қуысындағы ісіктер, мұрын қалқасының қисайып қалуы.

   Ринолалик балалар өте әлсіз болады. Осының өзі олардың сөйлеуінің дамуына әсер етеді. Туылғаннан кейін олар өте кеш отыра бастыйды, сөйлей бастағанда көптеген қиыншылықтарға кездеседі. Олар мектепке барған уақытта түрлі қиыншылықтарға кездеседі. Мұғалімдер оны түсінбеуі мүмкін, айналасындағы балалар да мазақтауы мүмкін. Бұның бәрі оның психикасының дамуына әсерін тигізеді. Кейбір ринолалик балалар өздерінің осындай кемістіктерінен мектепті тастап кетеді де көп сөйлемейтін жұмыс, мамандық іздей бастайды. Міне, сондықтан ринолалик балаларға ерте кезден бастап жәрдем көрсету керек. Бұл жәрдемді хирург пен логопед мамандары көрсете алады.

   Мысалы, «хейлопластика» — бұл туғаннан кейінгі бірінші аптада баланың жоғары ерніне жасалатын операция.

   «Уранопластика» — жасанды таңдай жасау. Бұл операция 5-6 жасында жасалады. Қазіргі мәліметтерге қарағанда жыл сайын 5000-нан астам балалар таңдай кемістіктерімен туылады.  Бұның себебі: сөйлеу аппаратының жетілмеуі, түрлі инфекциялық, вирустық аурулар, тұқымқуалаушылық.

   Дислалия сөйлеу тіліндегі бұзылған дыбыстардың санына қарай қарапайым және күрделі болып бөлінеді. Егер баланың сөйлеу тілінде мүкістердің саны төрт дыбысқа дейін байқалатын болса – оны қарапайым дислалия деп атайды, ал егер бесеу және одан да көп болса – оны күрделі дислалия деп атайды.

   Сөйлеу тіліндегі дыбыстардың мүкістік ерекшеліктеріне қарай бөлінетін дислалияның түрлері:

  1. Сигматизм – ызың дыбыстардың («с», «з», «ц», «ж», «ч», «ш», «щ») айтылуындағы мүкістіктер. Бұлар сөйлеу тіліндегі кемістіктердің ішіндегі ең көп тараған түрі;
  2. Ротацизм – «р» дыбысының айтылуындағы мүкістік;
  3. Ламбдацизм – «л» дыбысының айтылуындағы мүкістік;
  4. Таңдай дыбыстарының айтылуындағы мүкістіктер;
  5. Каппацизм – «к» дыбысы;
  6. Гаммацизм – «г» дыбысы;
  7. Хитизм – «х» дыбысы;
  8. Йотацизм – «й» дыбысы;

   Алалия грек сөзі, «қолдануға жарамайтын болымсыз тіл» деген мағынаны білдіреді. Демек алалия деген ұғымға баланың құрсақтағы немесе тілі шыққан нәрестелік даму кезеңінде бас миы қабыршағының сөйлеу тілін қалыптастырып жетілдіретін аймағының органикалық зақымдануынан сөйлеу тілінің жүйелі түрде дамымауы немесе мүлде болмауы жатады. Сөйлеу тілінің мұншалықты бұзылуына негізінен орталық жүйке жүйесінің зақымдануы себеп болады. Органикалық зақымдануға мидың қабынып ісінуі, сырттан болатын қатты соққыдан зақымдануы, босанған кезде миға қан кетуі және нәрестенің құрсақтағы дамуы кезеңінде және толғақ кезінде, сондай-ақ дүниеге келгеннен кейінгі бір айлығынан бір жас аралығындағы дамуында ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуы жатады. Сонымен қатар, алалияның пайда болуына менинго-энцефалит, рахит және қызылшаның асқынған түрі  тыныс алу жолдарының қатты сырқаттануы  және нәрестенің алғашқы айларындағы ұйқысы мен тәбетінің бұзылуы себеп болуы мүмкін. Бас миының үлкен сыңарының сөйлеу тілі аймағындағы жинақталған зақымдардың өздеріне тән ерекшеліктеріне байланысты алалия моторлы және сенсорлы болып бөлінеді.

   Моторлы алалияда сөйлеу тілін қимылдатып қозғалысқа келтіріп тұратын анализатордың қызметі бұзылады. Моторлы алалик балаларда назар аудару, көңіл қою, зер салу, ықыласпен қарау немесе бір нәрсені елеу, ілтипатқа алу, ескеру және есінде сақтау сияқты жоғарғы психикалық функциясының даму деңгейінің төмен екендігі байқалады. Баланың психофизикалық жағдайының әлсіздігінен оның жұмысқа қабілеттілігі төмендейді және болдырып тез шаршайды. Сонымен қатар мұндай балалардың дене түзілістері және соған орай олардың қимыл-қозғалыстары да бұзылған. Олар ебетейсіз жүреді   және жиі-жиі сүрініп кетіп құлай береді, музыканың ырғағымен қимыл жасап жүруді білмейді. Артикуляциялық аппаратының қимыл-қозғалыстарының дамуы айтарлықтай дәрежеде жетілмеген. Мысалы, бала тілін жоғары көтеріп және сол қалпында ұстап тұру, үстіңгі ернін жағалата жалау, таңдайын тақылдатып қағу, тілін екі жағынан қусырып сүйірлеу және т.б. сияқты артикуляциялық аппараттың қарапайым қимылдарын орындай алмайды. Моторлы алалияға шалдыққан балалардың өздеріне қарасты қарап айтылған сөздерді түсінуі біршама сақталған. Олар ересек адамдардың сөйлеген сөздерін ықыласпен тыңдай алады, қарапайым жай тапсырмаларды, өтініштерді орындайды. Қорыта келгенде, олар сөздерді жақсы түсінеді, бірақ сөйлей алмайды.

   Сенсорлы алалия. Сөйлеу тілін түсініп ұғынудың және сезіп түсінуінің бұзылуы сенсорлы алалияның ең басты сипаты болып саналады. Алайда сенсорлы алалияда есту қабілеті толық сақталады. Демек, сенсорлы алалия бас миының сол жақ жарты шарының самай аймағының зақымдануынан пайда болады. Мұндай балалар өздеріне қарата айтылған сөздерді мүлде түсінбейді немесе өте нашар түсінеді. Олар дыбыстардың ерекшеліктерін ажырата алмайды, яғни оларға айналасындағы құбылыстардың қимыл қозғалыстарынан шығып жататын әр түрлі дыбыстардың барлығы да бірдей сияқты болып көрінеді.

   Тұтығу – нң ауыр кесел. Оның себептері:

  1. Қорқу;
  2. Баланың түрлі инфекциялық аурулармен жиі ауруы;
  3. Ата-анасының тұтығуы;
  4. Шамадан тыс жазалау әдістерін қолдану.

   Бұл әдетте, 2-5 жас арасында кездесетін құбылыс. Алдын-ала оларға шара қолданбаса, ол асқынып, кей уақытта бой бермей кетуі мүмкін. Тұтығудың пайда болу себептері көп. Кейде олар жұқпалы аурулардан кейін, дене әбден әлсірегенде пайда болады. Баланың қоршаған ортаның оған көзқарасы, ол туралы әділетсіз баға да, жалтақ сөйлеуге, қорқып сөйлеуге әкеп соғады. Осындай фактілердің жиіленіп қайталануы – баланың тұтығуына әкеп соғады.

   Мысалы, кейбір ата-аналар балаларының қабілетін жұртқа мақтаныш ретінде көрсеткісі келгендей, миы әлі қатып үлгермеген жас балаға көлемді өлең, тақпақтар, ертегілер, өлеңдер оқытқызады. Осының өзі баланың орталық нерв жүйесін шаршатып, тілдік сөйлеу анализаторын бұзып, тұтығуға жол береді.

   Жасы жетпеген балаға кітапты көп оқуға болмайды. Әсіресе түнге қарай қорқынышты ертегілерді оқу зиянды. Өйткені бала қатты қорқып, түсінде түрлі қорқынышты нәрселерді көруі мүмкін. Бала түсінде қорқып, шошып оянады, ал бұл, орталық нерв жүйесіне әсер етеді, осының өзі тұтығуға әкеледі.

   Баланы жазалау мақсатында қорқыту әдісі де көп қолданылады. Бірақ, қорқытудың да жөні бар. Шамадан тыс қорқыту, үйде жалғыз қалдырып кету, осының бәрі баланың үрейленгіш болып өсуіне септігін тигізеді.

   Тұтығатын бала күдікшіл болады, өзінің құрдастарының алдында сөйлеуге ұялады. Тұтыққан баланы өзге балалардың мазақтауынан сақтау керек. Мүмкіндігнше, дұрыс күтім жасап, баланың ойнауына, оқуына ыңғайлы жағдай туғызу керек.

   Тұтығу асқынбастан арнайы мамандарға көрсетіп, уақытылы кеңесіп  отыруы қажет, ал оның зардабынан дауыстың реңі мен әуезділігі және дыбыстардың айтылуы бұзылуы мүмкін.

   Дисфония – дауыс шығаратын аппараттың патологиялық кінәратқа шалдығуынан дыбыстың мүлдем болмай қалуын немесе әуезділік үннің бұзылуын сипаттайды.

   Брадилалия – сөйлеу тілі мүшелерінің қимыл-қозғалыстарының патологиялық сылбырынан дыбыстар  созылып шұбалаңқы айтылады.

   Тахилалия – сөйлеу тілі мүшелерінің бірқалыпты жылдамдық қимылдарының патологиялық ауытқуынан дыбыстардың қарқындық ырғағы бұзылып, быдықтанып айтылуы.

   Афазия – мидың белгілі бір жерінің жинақталып зақымдануынан бұған дейін қалыптасып, дұрыс жетіліп келе жатқан сөйлеу тілінің толық немесе ішін-ара жойылып кетуін сипаттайды. Афазия көбінесе ересек адамдарда кездеседі.

   Афазия екіге бөлінеді: моторлы және сенсорлы.

   Моторлы афазия – ауру тек қана ымдау арқылы түсінеді. Кейде, бұндай ауруларда 1-2 сөз қалып, осы арқылы қарым-қатынас  жасайды. Жеңіл түрінде ауруда 10 шақты сөз қалып, сол арқылы қысқа сөйлемдер құрайды. Сөйлемде сөздердің не әріптердің түсіп қалуы мүмкін немесе орындарын ауыстырып айтуы мүмкін (қала – лақа, стол – скол) . Сөйлемдері телеграфтық стилде болады, тек қана зат есім мен етістіктен тұрады. (Мысалы, Папа барды завод). Оқыған кезде, сөйлемдері түсініксіз, түрлі қателер кездеседі.

   Сенсорлық афазия – біреудің айтқанын түсінбейді. Есту органы қалпында. Айтқанды естісе де, оны дұрыс орындамайды. Мысалы, «Орындықты алып, бері әкел, сөйтіп үстелге отырып, оң қолыңды көтер» деген тапсырманы алып, оның тек кейбіреуін ғана түсінеді. Ал, кейбіреуін түсінбей бірден екі қолын көтеріп тұра береді. Өздерінің айтқан сөздерін- де, сөйлемдерінде де түрлі кемістіктер болады. Контаминация – екі сөзді біріктіріп, бір сөз етіп оқу (мысалы, мектепке бару – мекбар).

   Дислексия – оқу процесінің ішін-ара бұзылуының өзіне тән ерекшелігін сипаттайды.

   Дисграфия – жазу процесінің ішін-ара бұзылуының өзіне тән ерекшелігін сипаттайды.

 

Есту қабілеті нашар дамыған балалардың ерекшелігі

   Есту органы адам организмінде өте үлкен рөл атқарады. Адамның есту органы үш бөлімнен тұрады: сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақ. Іштен туа біткен сыртқы құлақтың зақымдануы сирек кездеседі. Сыртқы құлақтың толық бітеліп қалуын «атрезия» дейді. Атрезия сыртқы дыбыс тесігінің қабынуынан болады. Сыртқы құлақтың зақымдануына сыртқы дыбыс тесігінде жиналып қалған құлық та жатады. Егер адамның құлағына құлық жиналып қалса, ол маман дәрігерге баруы тиіс.

   Ортаңғы құлаққа ауру қоздырғыштар енсе, ол ауыр зардаптарға әкеліп соқтырады. Бұл жағдайда ортаңғы құлақ қабынады. Ол әр түрлі себептерден болады, мысалы, ангина, грипп аурулары.

   Ішкі құлақтың зақымдалуы мына себептерге байланысты: қабыну процесінің ортаңғы құлақтан ішкі құлаққа енуі, инфекциялық аурулардың асқынуы, ми қабынуының құлаққа таралуы.

   Есту органының күшті бұзылуы бұл – өздігінен немесе емделудің нәтижесінде есту органының жақсармауы. Есту органының күшті бұзылуы іштен туа біткен және жүре пайда болуы мүмкін. Іштен туа біткен есту органының күшті бұзылуы сирек кездеседі. Оның себептері: тұқым қуалаушылық, әйел баласының түрлі дәрі-дәрмектерді қолдануы, оның инфекциялық аурулармен ауруы.

   Жүре пайда болған себептер: ортаңғы құлақтың күшті қабынуы, мұрын және жұтқыншақ аурулары, ауыр инфекциялық аурулар (менингит, скарлатина, қызылша) туылу кезіндегі баланың алған жарақаттары.

   Есту функциясының бұзылу дәрежесіне қарай есту жетіспеушілігі екіге бөлінеді: кереңдер және құлағының мүкісі бар адамдар.

   Кереңдік – есту қабілетінің толық жойылуы.

   Құлағының мүкісі бар адамдар – сөз-сөйлемді қабылдаған кезде түрлі қиыншылықтардың кездесуі. Сөз-сөйлемді қабылдағанда түрлі тәсілдер қолданылады (дауысты қатты шығару, дыбыс күшейткіш приборларды қолдану, нашар еститін адамның құлағына жақындап сөйлеу).

   Есту жетіспеушілігінің түрлеріне байланысты балаларды екі топқа бөледі: кереңдер және нашар еститіндер.

   Кереңдердің өзі екі түрге бөлінеді:

  1. Сөз сөйлеу қабілетінен айырылған кереңдер (керең-мылқаулар);
  2. Сөз сөйлеу қабілеті бар кереңдер (есту қабілетінен кеш айырылғандар).

 

Көру қабілеті бұзылған балалардың ерекшелігі

   Оқу процесіндегі қиындықтар кейде көру қабілетінің бұзылуымен байланысты болады. Шар тәрізді көз алмасы бас сүйектің көз шарасында орналасқан. Көз алмасы келесі бөліктерден тұрады: ақ қабықша, қасаң қабық, тамырлы қабықша, түсті қабықша. Қасаң қабық пен түсті қабықшаның арасында мөлдір сұйық болады. Жарық сәулесі көздің қарашығы арқылы көздің ішіне өтеді. Қарашықтың артында мөлдір көз бұршағы, шыны тәріздес дене және тор қабықшасы орналасқан. Тор қабықшасында жарық сәулелерінің тітіркенуі әсерінен қозу толқыны пайда болатын жасушалар орналасқан.

   Зат анық және нақты қабылданған кезде дұрыс рефракция болады, яғни, заттан келетін сәулелер тор қабықшасында шағылысады, содан заттар анық қабылданады.

   Көрудің жақыннан және алыстан көргіштік түрлері жиі кездеседі.

   Жақыннан көргіштік күшті рефракцияны сипаттайды, яғни, заттан келе жатқан сәулелер тор қабықшасының алдында шағылысады, содан алыстағы заттардың бейнесі анық көрінбейді.

   Алыстан көргіштік әлсіз рефракцияны сипаттайды, яғни, заттан келе жатқан сәулелер тор қабықшасының артында шағылысады, содан заттардың бейнесі жақыннан бұлыңғыр болып қабылданады. Сондықтан жақыннан орналасқан заттарды қабылдау үшін ынталы зейін қажет. Балаларда алыстан көргіштік жақыннан көргіштікке қарағанда сирек кездеседі.

   Астигматизм – заттардың бейнесі тор қабықшада бір нүктеде шағылыспайды, керісінше тор қабықшадан әртүрлі қашықтықта орналасқан бірнеше нүктеде шағылысады, содан заттардың бейнесі қате қабылданады.

   Көру қабілеті бұзылуының бұл түрлері рефракцияның ауытқуларымен байланысты, бірақ бұл жағдай көзілдірік кию арқылы орнына келе алады. Мұндай балаларға мектепте және отбасында дұрыс санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасалуы қажет. Таблица, карта, кесте, тақтадағы оқу материалдарын балалар дұрыс қабылдай алулары қажет.

   Соқырлар – бұл жарықты түйсіне алмайтын балалар. Егер қалыпты жағдайда біздің көруімізді 1-ге тең деп алсақ, онда қараңғы мен жарықты ажырата алатын адамның көруі 0,03-0,04-ке тең болады. Соқырлар өте әлсіз жарықты түйсіне алады, яғни, жарық пен қараңғыны ажыратады.

Осындай көру қалдықтары соқырларды айналадағы өмірге бейімделуге көмектеседі.

  • Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аномальды балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері.

       

   Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 11 арнайы коррекциялық      мектеп-интернаты бар. Бұл мекемелерде жалпы саны 1958 оқушы оқиды. Ақыл-есі кем балаларға арналған мектеп-интернаттар Шымкент, Жетісай, Түркістан, Сайрам және Ленгір қалаларында орналасқан. Шымкент қаласында ақыл-есі кем балаларға арналған қосалқы мектеп және құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернат бар. Ленгір қаласында тіл кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернат, қосалқы мектеп-интернат және құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп интернат орналасқан. Түркістан қаласында қосалқы мектеп және нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернат орналасқан.

   Аномальды балаларға арналған арнайы оқулықтар бар. Бұл оқулықтардың ерекшелігі осы мектептердегі мақсат-міндеттерге негізделген. Оқулықтардың мазмұны қарапайым тілмен сипатталған. Нашар көретін және соқыр балаларға арналған мектептің бағдарламасы жалпы білім беретін мектептің бағдарламасына негізделген.

   Нашар көретін балалар үшін, оқулықтар, олардың ерекшеліктерін ескере отырып ірі шрифтпен басылады. Оқулықтарға қосымша ретінде рельефті суреттер, сызбалар, географиялық карталар қолданылады. Нашар көретін балалар – бұл біраз көру қалдықтары сақталған балалар. Бұл балалар көзілдірікті қолданған уақытта олардың көруі 0,04-0,2 аралығында болуы керек.

   Жақыннан көргіштік, алыстан көргіштік және астигматизм атты көздің бұзылуы бар балалар кәдімгі жалпы білім беретін мектептерде оқиды. Соқырлар арнаулы мектептерде Луи Брайль (нүктелі шрифт) жүйесі арқылы оқытылады. Сонымен қатар бұл мектепте түрлі оқу машиналары да қолданылады. Мысалы, типографиялық белгілер белгілі дыбыс сигналдары арқылы беріледі.

 

   Нашар еститін және керең балалар үшін жоғары сыныптарда жалпы білім беретін мектептің оқулықтары қолданылады. Бұл балалар үшін оқу, оқу-әдістемелік құралдар көру қабылдауына бейімделген. Нашар еститін балалар үшін арнаулы мектепке, кәдімгі сөйлемді 2 метр аралығында, ал сыбырлап сөйлегенді 0,5 метр аралығында ести алатын балалар қабылданады. Нашар еститін балалардың сөйлемінде өзіндік ерекшеліктер болады. Олар естімеудің нәтижесінде айтылған сөйлемнің мағынасын толық түсінбейді. Дауысы қатаң, ашық емес, сөздері анық шықпайды.

   Нашар еститін балалар үшін түрлі күшейткіш приборлар қолданылады. Бұл приборлар керек уақытысында дауысты күшейтіп тұрады. Нашар еститін балалар үшін арнаулы мектептерде микрофондық сыныптар бар. Нашар еститін және керең балалар еріннен оқу әдісін де қолданады. Бұл әдістің негізінде еліктеу рефлексі жатыр.  Керең бала айтылған сөзді естімейді, бірақ ол тіл органдарының қимылын көреді. Сондықтан ол барлық уақытта артикуляция аппаратының қозғалысын байқап, қайталап, оған анализ жасап және сол қозғалыстарды есінде қалдыруға тырысады. Бірте-бірте бала әр әріптің артикуляциясын емес, сөздердің, сөйлемдердің суретін қабылдай бастайды. Мектептегі оқу дактилалогия әдісіне негізделген. Әр әріп дактильдік таңбамен белгіленеді. Сонымен қатар мимика-жест әдісі де қолданылады. Бұл қарым-қатынас жасаудың ең қарапайым, жай формасы.

 

   Ақыл-ойы кем балалар қосалқы мектептерде тәрбиеленді. Бастауыш сыныптарда ерекше назар сөз-сөйлемді қалыптастыру ерекшелігіне аударылады, яғни сөз-сөйлемді дұрыс түсініп қабылдау, сұрақты дұрыс түсіну, дұрыс сұрақ бере алу, өзінің іс-әрекеті туралы ойын дұрыс жеткізе білу, тапсыраны дұрыс орындау т.б.  Сурет салу, пластилинмен жұмыс орындау, дене шынықтыру, өлең айту сабақтары ақыл — есі кем балаларды дамытуда, олармен коррекциялық жұмыстар өткізуде ерекше рөль атқарады.

   Жоғары сыныптарда (5-8 сынып) ақыл есі кем балаларды арнайы мамандықтарға үйрету, оқыту жұмыстары басталады. Оқу шеберханаларында оқушылар жүйелі дайындық арқылы арнайы мамандықтарды игере бастайды (ағаш өңдеу, темір өңдеу, тігін шебері, қағаз-картонды түптеу жұмыстары, ауыл шаруашылық мамандықтардың кейбір түрлері  т.б.).

   Еңбек тәрбиесі ақыл-ойы кем балалардың жан-жақты, интеллектуалдық жағынан дамуына, сонымен қатар баланың бойында өнегелі қасиеттерді қалыптастыруға ерекше ықпал етеді. Сондықтан ақыл-ойы кем балалармен жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысында еңбек-оқытудың ең негізгі әдісі болып саналады. Өнегелі қасиеттерді қалыптастыру, яғни ұжым арқылы, ұжым үшін тәрбиелеу, мадақтау, ұялту, түсіндіру, үйрету әдістерін қолдану   ақыл-ойы кем балалар үшін өте қажет.

   Қосалқы мектептерде ұйымдастырылған оқыту және тәрбие процестері, ақыл-ой кемістігін дұрыс коррекциялау және емдеу әдістерін қолдану баланың қалыптасуына ерекше әсер етеді. Қосалқы мектептердің тәрбиеленушілері мектепті бітіргеннен кейін, нәтижелі түрде өндірістік еңбекпен айналысып, өздерінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарай отырып қоғамға пайда келтіре алады.

 

 2.2.  Аномальды балаларға көрсетілетін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметі.

 

   Психикалық және физикалық кемістігі бар балаларға түрлі коррекциялық жұмыстар ұйымдастырылады. Оларға психологиялық, медициналық және педагогикалық тұрғыдан кеңестер беріледі. Осы кеңес қызметін ұйымдастыруда арнайы ереже бар. Бұл ережелер психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қызметін ұйымдастыру тәртібін белгілейді, даму проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру арқылы халыққа көмек көрсетеді, оқыту мен тәрбиелеу мәселелерін шешу, кемтар балаларға әлеуметтік және психологиялық-медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсету құқығын белгілеу үшін құрылады.

 

Ереженің негізгі міндеттері:

а) Туылғаннан 18-ге дейінгі балалар мен жасөспірімдердің даму ерекшеліктерін анықтау, диагнозын белгілеу  және оларды емдеу, оқыту мен тәрбиелеудің лайықты жағдайларын анықтау мақсатында психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру;

б) Балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық және әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныстар әзірлеу, кемтар баланы оңалтудың жеке бағдарламаларын жасау және оларды арнайы білім беру ұйымдарында емдеуді, тәрбиелеуді, оқытуды ұйымдастыру;

в) Баланың жай-күйінің өзгеруіне байланысты оған бұрын қойылған диагнозды және арнайы қызмет көрсетуге берілген құқығын қажет болған жағдайда растау, нақтылау және өзгерту;

г) Балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсету мүмкіндігі, оларды халықтық білім жүйесінде арнайы оқыту мен тәрбиелеу, әлеуметтік қорғау және альтернативті білім мекемелеріне ұйымдастыру;

д) Дамуында әр түрлі ауытқушылықтары бар: мектепте үлгермейтін, тәртібі, эмоциялық ерік аясы бұзылған, басқалармен қарым-қатынасы қиындық көретін, оның ішінде арнайы түзеу ұйымдарына жіберуге жатпайтын балаларды емдеу, тәрбиелеу және оқыту мәселелері бойынша олардың ата-аналарына, педагогтарға, дәрігерлерге консультациялық көмек көрсету;

е) Дамуында әр түрлі ауытқушылығы бар және мамандандырылған жәрдемді қажет ететін балаларды, оның ішіндегі ерте сәби жастағы балаларды дер кезінде анықтау мәселелері бойынша білім, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау басқару органдарымен, қоғамдық ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеу;

ж) Кемтар балалардың физиологиялық психологиясы жай-күйінің ерекшеліктері туралы халық арасында білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстары.

   Психологиялық-медициналық- педагогикалық комиссияның жұмысының негізгі мазмұны балаға медициналық-психологилық-педагогикалық тексеру жүргізу мақсатында медициналық диагнозын қою, ауруының пайда болу ерекшеліктерін анықтау және оған қатысты патологиялық өзгертулер мен оның дамуының психологиялық-педагогикалық дәрежесін анықтап, ақыл-ой және тілінің даму ерекшеліктеріне негізделген бала білімінің ауқымы, оның жасы мен білім дәрежесіне сай келетінін анықтау болып табылады.

 

Балаларды қабылдау және тексеру тәртібі:

 

Балалар мен жасөспірімдерді консультацияға жіберу білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарының бастамасы,   сондай-ақ ата-аналардың мынадай құжаттарды көрсетуі бойынша жүзеге асырылады:

  • Туу туралы куәлік;
  • Маман-дәрігерлердің қорытындылары мен тексеру нәтижелері және баланың даму тарихынан толық көшірме;
  • Мектепке дейінгі білім мекемелері мен жалпы білім беретін мектептердің және өзге де ұйымдардың баланың осы ұйымдарда болған уақытын, оның дамуын талдауды, эмоциялық аясы мен мінез-құлқын, сондай-ақ дамуы мен үлгерімін арттыруды жақсарту мақсатында жүргізілген іс-шаралардың қорытындылары;
  • Баланың ана-тілі, математика, сурет бойынша жазба жұмыстары мен басқа да қызметінің жемісі.

   Психологиялық – медициналық — педагогикалық комиссияда тексерілген балалар мен жасөспірімдерге (білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау бөлімдеріне) қарасты мекемелерге қорытынды жолдама беріледі.

 

Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия – мамандарының функциональды міндеттері.

   Психологиялық- медициналық- педагогикалық комиссия мамандарының басты міндеттері: дәрігер балаларға дәрігерлік тексеру жүргізіп, ауруының түрін анықтайды, организмдегі қалыптан тыс патологияны тауып, оның жәй-күйіне қарай клиникалық баға береді.

   Педагог-психолог, дефектолог, логопед кемістіктің құрылымын (структурасын) тауып, оның сөйлеу тілінің даму дәрежесін және тілдік кемістіктің түрін анықтай отырып, психологиялық-педагогикалық диагноз қояды.

   Дамуында ауытқушылығы бар балалардың дұрыс бағдарда білім алуына және тәрбиеленуіне ықпал жасайды.

 

Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия– принциптері:

  1. Мүмкіншілігі шектеулі балалар мен олардың жанұясына әлеуметтік қолдау көрсетіп оңалту көмегіне кепілдеме беру;
  2. Мүмкіншілігі шектеулі балалардың жанұясымен бірлесе отырып, оларға мекеменің мамандары әлеуметтік медициналық-педагогикалық түзетуге көмек көрсетеді;
  3. Балаларға ерте көмек көрсетуде олардың тең құқылы және қол жеткізу мүмкіншіліктерінің шектеулігіне қарамай жасына және әлеуметтік жағдайына байланысты білім беру;
  4. Әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету көмегін көрсету мақсатында әр балаға жеке жағдай жасау;
  5. Мүгедек балалармен айналысатын мұғалімдерді кадрлық жағынан іріктеу;
  6. Мүмкіншілігі шектеулі балалармен тікелей жұмыс істеу үшін жоғарғы оқу орындарында арнайы мамандар дайындайтын факультететер ашу;
  7. Мүмкіншілігі шектеулі балаларды оңалтудың жаңа әдісітерін енгізу;
  8. Мүгедек балаларды оңалту мен әлеуметтік бейімделуге мемелекеттің саясатын жүргізу;
  9. Бүгінгі заман талабына сай мүгедек балалалардың оқуына және келешекте жұмысқа орналасуына мүмкіншілік жасау;
  10. БАҚ-ның көмегімен мүгедек балалардың «толық қанды» өмір сүруі атты тақырыпта- салауатты жағдай жасау туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
  11. Толық-қанды өмір сүре алмай, зардап шегуші мүгедек балаларға ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін жеткізу;
  12. Әр балаға жеке жағдай жасау үшін шағын мамандандырылған жаңа оқу орындарын ашу.

   Аномальды балалар психологиялық, медициналық, педагогикалық және әлеуметтік жағынан тексеріледі.

   Психологиялық тексеру – кемтар балалардың психикалық жағдайының ерекшеліктері мен психикалық дамуындағы әлеуметтік мүмкіндіктер анықталады.

   Медициналық тексеру – балалардың тіршілік әрекетінің шектелуіне себеп болатын жекелеген ағза немесе организм функциясының бұзылу түрін, ауырлығын анықтайды.

   Педагогикалық тексеру – тиісті жастағы балаларға арналған жас ерекшеліктерін ескере отырып, балалардың ақыл-ой жағынан даму ерекшеліктерін және олардың ойын ойнауға, білім алу мен қарым-қатынас жасауға әлеуметтік мүмкіндіктерін анықтайды.

   Әлеуметтік тексеру – тиісті жастағы балаларға арналған жас ерекшеліктерін ескере отырып, дене кіріптарлығына, жинақылығы, әдеттегі қызметпен айналысу қабілеті, экономикаға дербестігі мен қоғамға кірігу қабілеті шектелуіне байланысты болуы мүмкін әлеуметтік кемістіктер дәрежесін анықтайды.

   Аномальды балаларды оңалтудың жеке бағдарламасы бар. Бұл баланың соматикалық жай-күйі деңгейінің болжамы, психикалық дене төзімділігін, отбасының әлеуметтік мәртебесі мен мүмкіндіктерін ескере отырып, оның қажеттіліктерінің құрылымына ден қоятын мәселелерінің шеңберіне, құштарлықтарының деңгейіне сәйкес баланың тұрмыстық, қоғамдық, кәсіби қызметке қабілетін қалпына келтіруге бағытталған медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік іс-шаралар тізбесі болып табылады.

Қорытынды

 

   Дефектология – бала дамуындағы әр түрлі ауытқулар мен денсаулықтың бұзылу себептерін зерттейтін ғылым. Бұл пәннің мақсаты – әр түрлі дәрежедегі дамуында ауытқуы бар балалардың психофизикалық дамуындағы ерекшеліктерін қалыптастыру, осы тұрғыдағы балаларға коррекциялық тәрбиелеу жұмыстарын жүргізуінің бағыты мен оқытудың мазмұны туралы білімді қалыптастыру. Дефектология ғылым ретінде әлі де кеңінен мәлім бола қоймағанымен, ғалымдар және әр түрлі ғылым саласындағы мамандар оған аса зор мән беріп отыр.

   Ақыл-ойы кем, өсуі нашар (аномальды) бала тәрбие ісінде, оқытуда көптеген қиындықтар келтіретіні белгілі. Әдетте, кемістігі бар бала     ақыл-ойы мен өсуінің бұзылуы оның организмін жаңадан қалыптаса бастаған кезде пайда болады. Балалардың көпшілігінде ондай бұзылу 1-2 жас шамасында, яғни организм әлі қалыптасып, жетілмеген мезгілде болады.

   Балалардың өсіп-дамуы бұзылған кезде алуан түрлі ауытқушылық болғандықтан, аномальды балаларды зерттеу қиындай түседі. Мысалы, есту мүшелері, көзі зақымданады, балаланың қимылында,                    жүріс-тұрысында иекемсіздік байқалады, орталық жүйке жүйесі және т.б. қызметі бұзылады. Ондай бұзылудың қайсысы да баланың өсіп-дамуына өз тарапынан әсер етеді.

   Аномальды балалар біздің елімізде жылдан-жылға азаюда. Жұқпалы ауруларды профилактикалық емдеу әдістерімен жолға қою арқылы елімізде балалардың денсаулығы жақсарып келеді.

   Дефектология көптеген ғылымдармен байланысты. Дефектология аномальды балалардың психологиялық ерекшеліктерін білу мақсатында жалпы психологияға сүйенеді. Дефектология мен педагогиканың алдына қойған мақсаттары бір бағытқа негізделген, сондықтан олар мына мәселелерді шешеді: білім беру әдісінің мазмұны, бағдарлама түзу принципі, арнаулы мектептерге арналып шығарылған оқулықтар, бағдарлама мазмұны, қабылдау ерекшеліктері. Дефектология ғылымы жалпы педагогикадағы білімнің мазмұнына сүйене отырып, аномальды балалардың әр категориядағы мүмкіндіктеріне қарай өздерінің білім беру жүйесін ендіреді.

   Дефектология ғылымы медицина, ортопедия, спорттық емдеу, массаж атты салалармен байланысты. Бұл сала қозғалыс аппарат функциясының бұзылуын емдейтін профилактикалық емдеу түрлері. Дефектология өздерінің әдістемелік, әлеуметтік және ғылыми жетістіктері жағынан аномальды балалар дамуындағы теориялық және практикалық жағынан жаңа кезең болып табылады. Өзінің даму кезеңінде дефектология үнемі жаңа ғылыми ізденістермен, жаңалықтармен байыпталып отыр.

   Біздің елімізде аномальды балаларды тәрбиелеп, оқытудың мемлекеттік негізі құрылған, арнаулы мекемелердің жүйесі бар. Бұл жүйе бойынша бастауыш білім беретін сыныптар ғана жұмыс істеп қана қоймайды, сонымен қатар орталау және орта білім беретін сыныптар да жұмыс істейді. Дефектологияның зерттеу аймағындағы негізгі мақсаты – аномальды балаларға жалпы білім беру болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

  1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2008 жылғы 6 ақпан.
  2. «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы заң». 2002 жыл 23 шілде
  3. ҚР Білім туралы заңы 7.06.1999 ж.
  4. ҚР Білім туралы заңы (толықтырулар мен өзгертулер енгізілген) 15.08.2007 ж.
  5. ҚР-ның 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы 9.01.2004 ж.
  6. ҚР-дағы мемлекеттік жастар саясаты туралы 14.05.2004 ж.
  7. Абдуллина Г. «Арнайы мекемелерге көмек» «Бастауыш мектеп» №4 2005 ж.
  8. Басова А. Г., Егоров С.Ф. «История сурдопедагогики» М., 1984 г.
  9. Белкин А.С. «Нравственное воспитание учащихся вспомогательной школы» М., 1987 г.
  10. Богомолова А.И. «Нарушение произношения у детей» М., 1979 г.
  11. Брёзе Б. «Активизация ослабленного интеллекта при обучении во вспомогательных школах»: пер. с нем. М., 1981 г.
  12. Волкова А.С. «Выявление и коррекция нарушений устной речи у слепых и слабовидящих детей» Ленинград., 1985 г.
  13. «В помощь директору спец. школы» под ред. Кузнецова А.            М., 1982 г.
  14. Григорьева Г.В. «Особенности владения невербальными средствами общения дошкольниками с нарушениями зрения» Дефектология. М., 1998 г.
  15. Грищенко Л. Л. «Устранение дефектов речи», «Семья и детский сад» №1 2005 г.
  16. Дуанбай Ж. «Саңыраулардың сағыныш сезімі», «Жас Алаш»    №37 2002 ж.
  17. Дульнев Г. М. «Учебно-воспитательная работа во вспомогательной школе» М., 1981 г.
  18. Елубаева Қ. К. «Дайындық сыныбы оқушыларының есту қабілетін дамыту сабағына әдістемелік нұсқаулар» А., 2003 ж.
  19. Ермаков В. П., Якунин Г. А. «Развитие, обучение и воспитание детей с нарушениями зрения» М., 1990 г. 
  20. Жарықбаев Қ., Сангилбаев О. «Жантану атауларының түсіндірме сөздігі» А., 2006 ж.
  21. Забромная С.Д. «Отбор умственно отсталых детей в специальные учереждения» М., 1988 г.
  22. Зайцева Г. Л. «Дактилология. Жестовая речь» М., 1991 г.
  23. Земцева М.И. «Обучение и воспитание дошкольников                     с нарушениями зрения» М., 1988 г.  
  24. Зыков С. А. «Методика обучения глухих детей языку» М., 1987 г.
  25. Крайнин В. А., Крайнина З. М. «Человек не слышит» М., 1990 г.
  26. Курбатова С.В. «Профессиональная компетентность педагога — дефектолога» , «Менеджмент в образовании» №3 2007 г.
  27. Лапшин В. А., Пузанов Б.П. «Основы дефектологии» М., 1990 г.
  28. Малдыбаева А.О., Орынбаева Э.Ә. «Дефектология негіздері» Шымкент 2007 ж.
  29. Намазбаева Ж. «Дефектологтың кеңесі» А., 1980 ж.
  30. Намазбаева Ж., Сүлейменова Р. «Дефектологиялық сөздік»  А.,1993 ж.
  31. Назарова Л.П. «Методика слуховой работы в школе слабослышащих» М., 1981 г.
  32. Өмірбекова Қ., Серікбаев Қ. «Логопедия» А., 1996 ж.
  33. Петров Ю.И. «Организация и методика обучения слепых ориентировке в пространстве» М., 1988 г.
  34. Плаксина Л.И., Григорян Л.А., «Проблемы воспитания и социальной адаптации детей с нарушением зрения» М., ВОС 1995
  35. Рубинштейн С. Я. «Психология умственно отсталого школьника» М., 1986 г.
  36. Серкебаев Қ. «Менинго-энцефалит ауруының зардабынан ақыл-ойларының даму процестері бұзылып жетілмей қалған балалар», «Ұлағат» №4 2006 ж.
  37. Сивинская М.В. «Обучение неслышащих и слабослышащих учащихся с помощью компьютерных прграмм», «Начальная школа Казахстана» №6 2006 г.
  38. Феоктистова В. А. «Хрестоматия по истории тифлопедагогики»

      М., 1995 г.

  1. Филичева Т.Б., Чевелева Н. А. «Логопедическая работа в специальном детском саду» М., 1997 г.
  2. Литвак А.Г. «Тифлопсихология» М., 1995 г.
  3. Еременко И.Г. «Олигофренопедагогика» Киев., 1985 г.
  4. «Аутичный ребенок в быту» под ред. С.А. Морозова. М., 1998 г.
  5. «Специальная педагогика» под ред. М.Н.Назаровой.  М., 2000 г.
  6. Венгер Д. «Реабилитация детей — инвалидов» М., 1995 г.