М а з м ұ н ы
Кіріспе ……………………………………………………………………..……..
1 Сын — әдебиеттің іші-сыртын бірден аралайтын
өткір айна …………………………………………………………….………..
2 Отызыншы жылдардағы әдеби сынның
негізгі бағыттары ………………………………………………….….……
3 Сын және әдебиеттану …………………………….………………….…
Қорытынды …………………………………………………..….……………
Пайдаланылған әдебиеттер …………………………..….……………..
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Отызыншы жылдардағы қазақ әдеби сынын сөз еткенде, оның коммунистік партияның тікелей басшылығына сүйеніп өмір сүргенін атап айту қажет. 30-жылдардың басында әлі республика басшылығында отырған Ф.И. Голощекиннің әдебиетте жік бар, соны әшкерлеп жою керек деген «нұсқауына» сәйкес, 1930 жылдың басында баспасөз бетінде «жікшілдіктің» сырын ашу мақсатымен айтыс ашылды. Бұл пікір талас «жікшілдікті» жоймақ түгіл,қайта ушықтыра түсті. Әдеби сынды көркем шығарманы сынау үшін емес,жазушының өзін сынауға пайдаланып,сынды сынампаздыққа айналдырып жібереді. Мерзімді баспасөз бетінде «жікшілдікті» жоюға арналған Ғ.Мүсіреповтың, Ә.Мұсаұлының, І.Жансүгіровтың, С.Мұқановтың мақалалары жарияланды. Бұрыннан келе жатқан «сәдуақасовшылдық», «қожановшылдық» сияқты атауларға, «сәкеншілдік», «бәйдіндилшілдік», «жансүгіровшілдік», «сәбитшілдіктер» қосылып,көбейе түсті. Жалпы,осы «жікшілдікке» байланысты жарияланған мақалаларда бір-біріне орынсыз кінә тағу, тіл тигізу сипат алған. [1; 59-86б].
Әдеби сындағы жағдайдың ушыққандығы соншалық, жазушылар бір-бірінің шығармаларының ішінен «тырнақ астынан кір іздегендей» болмашы кінәраттар тауып алып, оны халыққа, партияға қарсы «ұлтшыл», «халық жауы» етіп көрсетті. Мағжанның, Ахметтің, Жүсіпбектің, Міржақыптың тағы басқа шығармаларына тиым салынды. Әдебиет көшін бастаушылардың барлығы дерлік қуғынға ұшырады. Шығармада жас бала жыласа, «ол неге жылайды?» -деп күдікпен қарады себебі: «Кеңес Одағында ешкім жыламауы керек». Көркем туындының тағдыры «пролетариат», «кеңес», «партия», «кедей», «жалшы»деген сияқты сөздердің бар-жоғына қарай шешілді. Көркемдік категориялар елеусіз қалып, саяси бағытты ашу сынның басты міндеті деп ұғынылады. Көркем шығармаларды бағалағанда ол жазушылардың топтық шығу тегімен байланысты қаралды. Пролетариат әдебиетін тек «таза» пролетар жазушылары жасай алады деп түсіндірілді [3; 38б]. Жазушы шығармашылығын бағалауда «ең алдымен, біздің тексеретін мәселеміз кімнің қандай жазушы екендігі», «өлшеу: жазушы әдет, салт-сана, әдет-ғұрып тұрғысында пролетариат болып тууы бірінші шарт» делінді. [2; 123б].
Ә. Мұсаұлы осы өлшеміне сүйене отырып, Сәкен мен Сәбитті пролетариат жазушы емес деп тапқан. Сөйтіп, құрылыстың жұмысшы тобына шыққан еңбек ерлерін, колхозшыларды ол көрмейді. «Сейфоллаұлы коммунист бола отырып, көп реттерде байшылдық салдарынан шыға алмаған…»-деп жазды Әйтіке мақаласында.
«… ол жасөспірімдерді өз руын басқа рудан жоғары көтеруді міндетім деп білген ескі батырлардың әдемі дене құрылысынан үлгі алуға шақырады. Дене шынықтыру кезінде пионерге өгіздей қара күші бар Қажымұқанды үлгі етіп тартады. Сейфоллаұлының ескі ауылды сүйетіндігі сонща, кітабына Қажымұқанның суретін салдырады [4; 254б].
Ол С.Сейфуллинмен бірге Ғ.Тоғжановтың да кемшіліктерін көрсетуге біраз көңіл бөлген.Оны Ахмет Байтұрсыновты жеткілікті сынамады, сыни еңбектерінде Плехановтың пікірлерін пайдаланады-, деп кіналаған. «Мұны негізгі Тоғжанұлының әлі партияға жат ұлтшылдық-байшылдық әдеттен босана алмағандығынан шығады» деп, саяси сойылын тағы да сермеп өтеді. Ал Ахмет Байтұрсыновты қалай сынау үлгісін де өзі көрсетеді.
«Байтұрсынұлы ұлт бостандығы қимылының көсемі болғанда қазақ байларының мүддесін көздейді, қазақты орыс патшалығының қолынан шығарып алып, кедейлерді өз беттерімен тілегенше езгісі келеді. Қазақ байлары қазақ кедейлерін орыс саудагерлерінен қызғанады, қазақ кедейлерін өзі оңашалап сорғысы келеді».
Ғ.Тоғжанов тағылған кінәларды «мойындаған». Мұнда кемшіліктердің болу себебін өзінің бір кезде Самғұл Сәдуақасовтың жігінде болуынан деп көрсеткен [5; 23б].
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері:
- Отызыншы жылдардағы әдебиеттің көптеген өкілдері мен нұсқаларын жұртшылыққа таныстыру;
- Сыншылар мен зерттеушілер еңбектерін тереңдей анықтау;
Зерттеудің ғылыми болжамы: қазақ әдебиеті сынының өркен жаюына, оның білікті насихатшы, кемел кеңесші болып бекуіне көптеген авторлардың тиісті үлесін анықтау; отызыншы жылдардағы сыншыл ойдың едәуір марқайғаны, әдеби қозғалыстың зерек көмекшісі, насихатшысы болуға жарап қалғандығын таныту. Осының бәрін анықтай отырып, бүгінгі заман талабына сай өзіндік ғылыми болжам жасау.
Зерттеу объектісінің теориялық, практикалық маңыздылығы мен әдістемелік негізіне белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеу еңбектері мен мақалалары басшылыққа алынды. Сөйте отырып дипломшы тарапынан өзіндік ой қорыту, салыстыру жұмыстарын жүргізу де диплом жұмысының негізгі нысанасы болып табылады. Диплом жұмысының корытындылары мен тұжырымдарын жалпы білім беретін мектептердің бағдарлы сатысында, таңдау бойынша оқитын факультативтерде, әдеби шығармашылық үйірмелерде қолдануға болады.
Зерттеу әдістері: Дипломдық жұмыстың мақсат — міндеттерін шешу үшін проблемалық жүйелеу, жинақтау, талдау, қазақ әдебиетіндегі шығармалардағы кейіпкер портретінің өзіндік орнын межелеу, ғылыми баяндау әдіс- тәсілдері қолданылды.
Құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде, диплом жұмысының өзектілігі, міндеті мен мақсаты, зерттеу нысаны сөз болады.
Бірінші тарауда отызыншы жылдардағы сын жайлы және сыни ойлар жөнінде сөз болады.
Екінші тарауда сыншыл жазушылар туралы мәлімет беріліп, олардың шығармаларына толық талдау жасалынады.
Қорытындыда диплом жұмысының негізгі мазмұны тұжырымдалады.
1 Сын — әдебиеттің іші-сыртын бірден аралайтын өткір айна
Қаз АПП сынының өктемдігі соншалық-сынаған жазушылардан жіберген қателіктерін мойындайды талап етеді.Сол кездегі баспасөз бетінде бір сыпыра жазушылардың өз қателерін «мойындағандықтары» туралы жазған мақалалары жарық көреді. Солардың бірі «ұлтшыл», «алашшыл» деген кінәлар тағылып, көп қуғын көрген М.Әуезов те болатын. Оның хаты 1932 жылы 10 шілдеде «Социалды Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде қатар жарияланды. Ол Қаз АПП басшыларының сынын «матындап», «сол сынаған жайлардың барлығын еске ала келіп, мен барлық кеңес жұртшылығының алдында, менің өткен жолымды сынап шыққан Қаз АПП дауысына өзімнің де кінәларымды өзім айтпаған жаңа сыным мен пікір жолындағы жаулық құралымды анық тастаған дауысымды қослақпын»,-деп жазуға мәжбүр болды. Өз шығармаларын сын көзбен қарймын деп, «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» сияқты классикалық шығармаларын түкке алғысыз етіп тастайды: «Менің өткендегі жазушылық қызметінің айқын белгілері «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» сияқтылар еді. Бұлар бүгінгі төңкеріс дәуірінен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерінің екшеліп алыған тақырыптары бойынша төңкеріс тематикасынан әдейі аулаққа жайылып кеткендігі және ұлтшыл жазушылардың тобына кеткендікті бідіретін нәрселер» Қаз АПП сыншылары сынның нәтижелігін осылайша түсіндіреді [6; 123б].
Суреткер қай дәуірді бейнелесе, соны насихаттап отыр деп білді. Және осы түсінікті қаламгерлерге таңа сынады. Озық туындылардың қатарындағы С. Сейфуллиннің «Көкшетау», І. Жансүгіровтың «Дала», С. Мұқановтың «Сұлушаш» поэмаларында қазақтың өткен өмірі суреттеледі, ескі заманды уағыздайды, жазылу түрі жақсы болғанымен де, мазмұны, идеясы нашар деп сынады.
Қаз АПП-тың басшылары шығармашылық жұмысты әкімгершілікке бағындырды. Әрбір қаламгерге жоспар беріп, оны орындау талап етілді. Ал, орындай алмағандар сынға ұшырады. Мұның өзі көркем шығармаларды санына, көлеміне қарай бағалануға шейін апарды. Форма мен мазмұн тұтастығын бөле қарап, «мына шығарманың түрі жақсы, мазмұны нашар» деп сынаушылық жиі орын алды. Позияда жалған жаңашылдықтың өріс алуынан көркемдік дәрежесі төменде.
Қаз АПП-тың тұсында оның басшысы Мұстафа Қайыпназаровтың сыны үстемдік құрды.Қаз АПП-тың сынынан толығырақ хабар алу үшін осы ұйымның басшысы,әрі басты сыншысы М.Қайыпназаровтың Мәскеуде әдебиет сыншыларының жиынында қазақ әдебиетінің жай-күйі жайынан сөйлеген сөзіне назар аударалық. Ол: «жас қазақ совет әдебиеті партия басшылығымен өсіп келе жатыр»,әдебиеттегі бай-алаш ықпалымен,оның жазушыларымен күресіп келеді.» деп бастайды да, атқарып жатқан нақтылы жұмыстарға тоқталады: «Жақында Сталин жолдастың хаты шыққан соң әдебиетіміздегі тексеру жасадық. Көп қателердің барлығын байқадық [7; 154б].
Сыншы Ғ.Молдыбаевтың өлеңдеріндегі көркемдік кемшіліктерін емес, «ақ» деген сөздердің екі рет қолданып, жақсы мағынада пайдалануын сынап отыр. Сол кездегі ұғым бойынша «ақтар» үстем топтың, «қызылдар» еңбекші топтың саяси атаулары болғандықтанда бұл сөздердің жай мағынада қолданылуының өзінен үлкен идеялық кемшілік тапқан. Демек, «ақ жүректер», «ақ ниеттер» деп отырғаны байлар, оларды «ауызға арам салмайтын» деп мадақтау-саяси қателік. Олар үстем тап өкілдері болуіы себепті де ұнамсыз, келеңсіз кейіпте жырлануы қажет еді. Міне, сыншының ойлау жүйесі осылай.
Қаз АПП сынының ушыға түсуіне сол кездегі өлкелік партия комитетінің әдебиетке саяси басшылығындағы солақайлықтар да тікелей әсер етті. «Бұл істе Сталиннің «Большевизм тарихының кейбір мәселелері туралы» хаты қатерлі рөл атқарды. Осы хат бойынша 1932 жылы 10 қаңтарда ВКП (б) қазақ өкілі комитетінің мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинзм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстандағы теория майданында күрес міндеттері туралы» болды [8; 165б].
Қаулыда С. Сейфуллиннің шығармаларында ескі феодалдық-рушыл қоғам дәріптеледі; Ғ. Тоғжановтың әдебиет туралы еңбектерінде марксизм емес Плехановтың ықпалына түсіп, сорақы қателіктер жіберілді деп атап көрсетілді.
Осы партиялық нұсқау шыққан соң оны жүзеге асыру керек болды. Қаз АПП-тың 1932 жылы 26-30ақпанда өткен бірінші құрылтайытікелей осы қаулыны жүзеге асыру бағытында өтті.
М. Қайыпназаров ұйымның жұмысы туралы баяндамасында да жазушыларды шетінен тізіп қойып «сорттайды», сын айтып тағдырын шешеді.
Баяндаманың «Байшылдар ықпалы әрі күшті», «Байшылдар дәуіріндегі жазушылар» деген бөлімдерінде А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Ж. Аймауытов, Қ. Кемеңгеров, Ғ. Қарашев, М. Жұмабаев, С. Торайғыров, Б. Күлеев, С. Дөнентаев шығармаларындағы «ұлтшылдық-байшылдық», «кертартпа сарындарды әшкерлеуге» едәуір орын берілді. Мәскеуде шыққан «Әдеби энциклопедияға» аталған қазақ ақын –жазушылары туралы мақалалардың енуін үлкен саяси қателік деп сынаған [9; 97б].
С. Мұқановты «алған тақырыбы, айтқан мазмұны өте жақсы. Алайда көркемдік жағынан кемшілік көп. Мәселен, «Мырзабек» ұлтшылдықты қоздырады. «Сұлушаш» санашылдыққа шауып кетеді»,-деп бағалайды.
1917 жылғы рөлі мәселесіне», «Алаш қозғалысының бастаулары» мақалалары жарияланды. Олар алашордашылар Ресейдің империяшыл буржуазиясының жыртқыштық саясатын жүргізушілер, олардың агенттері және қазақ еңбекші бұқарасының дұшпаны деген пікірлерін дәлелдеп бақты. С.Сейфуллин туралы: « Сәкен күні кешеге дейін ұлтшылдықты, ақсүйектікті жырлап келеді. Әсіресе, «Домбыра», «Экспресс», «Айт», «Азияларында» түрік бірлігін көздейді.
Соңғы кезде Сәкеннің «Көкшетау» деген кітабы шықты. Бұл кітабы да салт-сана жағынан барып тұрған зиянды кітап. Толып жатқан өрескел қате пікірлерді айтады. Мәселен, ақсүйектік дәуірді жырлады. Қажымұқаннан өнеге ал, ескі Баян әніненүлгі ал дейді. Қазір Көкшетауда болып жатқан колхоз, совхоз, өндірісті және социялдық қатынасты, партия туралы түк те айтпайды дейді.
Сол кездегі әдеби сын туралы қаулыдан «сын да тіпті қанағаттанарлықтай емес. Алашордашыл, ұлтшыл, троцкийшіл сындардың сыры жөнді ашылып, толық әшкереленген жоқ. Сәдуақасұлы мен соны қорғаушылар яғни алашорданың Қазақстан партия ұйымы ішіндегі агенттері де жөнді сыналған жоқ. Қаз АПП-тың басты мүшелерінің қатерлі де толық ашылып, әшкерленіп жеткен жоқ»,-деген сөздер бар. Қаз АПП-тың Құрылтайынан кейін арнайы жоспар қабылданып, онда «байшыл-ойшыл» әдебиетті барынша талдау, басқа жазушылардың «кітаптарын тексеру» міндеттері ұсынылды. Әдебиеттегі кемшіліктердің барлығы да сынның әлсіздігінен болвп отыр деп көрсетеді. Сол кездегі әдеби сынның басты өкілдерінің бірі Ғ. Тоғжановтың әдебиеттегі «бар пәлеге» бір өзі кінәлідей, саяси айыптаулардың астында қалды. Оған «ұлтшыл», «байшыл» деген айдар тағылып, тағдырын қыл үстіне қойды [10; 84б].
Тоғжанов өз «қателерін мойындап», кемшіліктерін жою мақсатымен әдебиеттегі «ұлтшылдықты әшкерлеуге» кірісті… Осы кезде С.Брайнии мен Ш.Шафиро қазақ «ұлтшылдарын», алашордашыларды әшкерлеуде ерекше еңбек сіңірді». Екі автор бірігіп жазған «Қазақ зиялылрының 1917 жылғы ролі мәселесіне», «Алаш қозғалысының бастаулары» мақалалары жарияланды. Олар алашордашылар Ресейдің империяшыл буржуазиясының жартқыштық саясатын жүргізушілер, олардың агенттері және қазақ еңбекші бұқарасының дұшпаны деген пікірлерін дәлелдеп баққан. Осындай «ізденістердің нәтижесінде «Алашорда тарихының очерктері» атты монография да өмірге келіп, ол Мәскеуде басылып шықты. «Алаш» партиясы былай қылып, енді бүкіл қазақ халқының, еңбекші бұқараның патша өкіметі мен империализмге қарсы шыққаны, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жылғы төңкерістерге қатысқан түгелдей қараланып, жоққа сойылды; бәрі де «антимаркеттік, антилениндік» болып шыға келді. Бүкіл ел теріс жолмен жүріп оның қайраткерлері қысастықтан басқа ештеме ойламаған жандар болып шыға келді» [11; 201б].
Әдебиет тарихында ВКП(б) Орталық комитетінің 1932 жылғы 23-сәуірдегі қаулысының шығуы-үлкен оқиға болды. Онда кеңес әдебиетінің дамуына РАПП-тың аясы тарлық етіп, кедергі келтіре бастағандығы атап көрсетіліп ол,тартылды. Орнына кеңес өкіметінің бағытын қолдайтын барлық жазушылардың басын біріктіретін кеңес өкіметінің жазушыларының бірыңғай одағын құру туралы қаулы етті. Осы қаулыға сәйкес, ҚазАПП 1932 жылы 18 мамыр күні Қазақстан кеңес жазушыларының ұйымы болып жаңадан құрылды. Оның артынша-ақ өлкелік партия комитетінің басшылығы ауысты. Жаңа басшылық ұлттық мәдениеттің дамуына шындап көңіл бөле бастады. Әдебиеттің өркендеу жолындағы кедергілер айқындалып, оны жоюдың нақтылы шаралары белгіленді. Бұл үлкен екі оқиға әдебиетімізге, оның сынына қарқынды серпіліс әкелді [12; 92б].
Б.Кенжебаев пен К.Өтепов «Әдебиет сынын дамытуымыз үшін алдымен оның методологиялық мәселесін шешіп алуымыз керек»,-деп жазды. Олар осы уақытқа дейін сында қолданылып келген әдіснаманың оңды еместігіне, сыншылардың теориялық дайындықтарының төмен жатқандығына назар аударады. Ғ. Тоғжанов «Өткен сынның үлкен бір кемшілігі көркем әдебиеттің жалпы искусствоның өзіне хас өзгешелігін ескермегендігі, осыдан барып біздің көп сынымыз бірбеткей саясат сыны болып кетті»,-деп ащы шындықтың бетін ашқан.
Көп ұзамай-ақ Қазақстан кеңестер жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің бірінші пленумы болып өтті. Онда І.Жансүгіров пен Ғ.Мүсірепов баяндама жасап, қазақ әдебиетінің жай-күйі егжей-тегжейлі әңгімеленді. Әдеби сынның алдында тұрған міндеттер де сөз болды. Пленумда М.Әуезов сөз сөйлеп, барлық күш-жігерін, шығармашылық еңбегін халқына қызмет етуге арнайтындығын мәлімдеді. 1934 жылы наурыз айында өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоян қазақ жзушыларымен кездесіп, әдебиет саласында атқарылып жатқан шаралармен танысты. Кездесуде де қазақ әдебиетін дамыту, теориясын меңгеруге түсу мәселелеріне назар аударылды [13; 189 б].
Қазақстан жазушыларының бірінші құрылтайы әдебиетіміздің дамуында үлкен асу болды.Онда әдебиеттің алдында тұрған негізгі міндеттер айқындалды. Бүкілодақтық Бірінші Құрылтайы болып өтті. Онда социалистік реализм әдісі бүкіл кеңес қаламгерлерінің негізгі шығармашылық әдісі деп жарияланды. Қазақстан жазушыларының атынан І.Жансүгіров пен С.Сейфуллин сөз сөйледі. Осы оқиғалардан кейін мерзімді баспасөз беттерінде әдебиетіміз бен сынымыз қайтсе жасарады деген ойларын ортаға салған бір сыпыра мақалалар көрінді. Әдеби сынға кең жол ашылғандай болды.
Әдеби ауыр сынның жүгін көтеріскен, оны дамытуға үлес қосқан сыншылардың қатары молая түсті. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, сияқты сақа қаламгерлер сын саласында да өнімді еңбек етті. Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов, Б.Кенжебаев, К.Өтепов, Е.Бекенов, Х.Жүсіпбеков, М.Жолдыбаев, Р.Жаманқұлов, Ж.Сәрсенбаев, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Тәжібаев, З.Шашкин, С.Ерубаев, Ө.Тұрманжанов, О.Беков, Қ.Қуанышев, Р.Уәлиахметов, С.Камалов, Ж.Шанин, Ш.Құсайынов, Ә.Мәметова, М.Дәулетбаев, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Аманжолов, Қ.Жұманов, Ш.Әлжанов, Х.Есенжанов, Ғ.Сланов, Ж.Саин, Ж.Сыздықов, А.Тоқмағанбетов, Д.Әбілов, С.Сейітов, М.Ғабдуллин, М.С.Сильченко, М.П.Баталов, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, т.б. әдебиетшілер сынның ыстық-суығына күйіп, өркендеуіне ат салысты. Бұрыңғы «Жаңа әдебиет» журналы «Әдебиет майданы» деген атпен шығып, сын мақалаларға көбірек орын берілді. Орыс тілінде «Литературный Казахстан» әдеби журналы шыға бастады [14; 158 б].
1934 жылы 10 қаңтарда «Қазақ әдебиеті» газетінің тұңғыш саны жарыққа шықты. Әдеби газеттің шыға бастауы мәдени, әдеби өміріміздегі елеулі оқиға болды. «Қазақ әдебиетінің» шығып тұруы-қазақ әдеби ой-пікірінің дамуына үлкен жағдай жасап, серпіліс әкелді. Газеттің алғашқы нөмірінен бастап әдеби сынға айрықша көңіл бөлінді.
Жазушылар құрылтайынан кейінгі кездерде әдеби сынның тақырыптық аясы кеңіп, көркемдік, теориялық талдауларының сапасы арта түсті. Бұрынғыдай идеялық жағынан көбірек мән берушіліктен оны әдеби-эстетикалық тұрғыдан танып білуге ұмтылушылық байқалды. Жаңадан көрінген әрбір көркем шығарма хаңында сын өз пікірін білдіріп тұруға кірісті. Кейбір елеулі туындылар төңірегінде пікірталастар да болып жатты. 1935 жылы желтоқсанда Б.Майлиннің «Шұғасы», С.Мұқановтың «Теміртас» романы жайлы пікір сайыс өткізілді.
Көп ұзамай-ақ І.Жансүгіровтың поэмаларытуындысы турасында да пікір алу болды. Талқылауды ашардағы кіріспе сөзінде С.Мұқанов Ілиясты Сәкенмен бірге «Қазақ кеңес поэзиясының классигі» деп атады [15; 22 б]
Отызыншы жылдардың орта шенінде орыс әдебиетінде натурализм туралы айтыс өтті. Қазақ қаламгерлері пікірталасуды әдебиетіміздің көркемдік сапалары хақындағы келелі ой жарыстарына айналдырды. Қазақ әдебиетіндегі формализм мен натурализм жөніндегі дискуссия 1936 жылы көкектің 11-де басталып, үш күнге созылды. Айтыстың материалдары «Қазақ әдебиетінің» осы жылғы көкек, мамыр айларындағы бірнеше сандарында жарияланды. Бұл айтыста қазақ әдебиетінің көркемдік мәселелері кеңінен сөз болды. Дегенмен де, кейбір артық-кем сындар да болмай қалған жоқ. Поэзиядағы жаңашылдықтың бәрін формализм, прозадағы шынайы өмір көріністерін натурализм деушілік, осыларды көркем әдебиеттен қазбалай іздеушілік те байқалып қалды.
Мұндай пікірталас бір жағынан науқаншылық сипат алғанымен де, сынның құлашы, белсенділігі арта түсті. Алдында болған жеке жазушылардың белгілі бір шығармалары төңірегінде айтыстарға қарағанда соңғы пікір алуда әдеби сын жалпы әдебиетіміздің, оны жетістіктері мен сырқаулары туралы байсалды ойлар айтылды. Сыншыл ойлар жетіле түсіп, әдеби ағымдағы жетекшілік қызметін атқаруға ұмтылды [16; 86б].
Әдеби сынның ең елгезек жанры рецензия күнделікті әдеби жаңалықтың барлығына дерлік ой салысып, өз пікірін білдіріп отырды.
Жиырмасыншы жылдардағы рецензияларда жеке шығарманың мазмұнын тұжыра баяндайтын аннотациялық сипат басым болса, енді оның «ішіне кіріп», идеялық-көркемдік сапасын анықтауға болады. Рецензиялар мен бірге шолу мақалаларында күнделікті әдеби процесте болып жатқан оқиғаларды ой талқысына салып, жинақтап, қорытылған тұжырымдар жасалды. Әдебиеттану ғылымы әлі нашар кезде әдебиеттің жалпы мәселелерін түсіндіру, даму заңдылықтарын анықтау-шолудың еншісіне тиген еді. Ал сынның пародия, памфлет сияқты көркем жанрлары сирек те болса көрініс берді. Әдебиеттің тарихын, теориялық жақтарын қарастырған зерттеу мақалалары әсіресе, отызыншы жылдардың екінші жартысында жиі жазылды. Осы тұстағы әдебиет сынында публицистикалық сарынның басым болуын аңғарамыз. Соғысқа дейінгі дәурде қазақ әдеби сыны қалыптасып, биік белестерге шығумен бірге он жылдықтың екінші жартысына қарай күшейе түскен жеке адамға табынушылықтың салдарынан, онда қазақ әдебиеті тарихының қаралы беттері де жазылды. Бүкіл елімізде, оның ішінде Қазақстанда заңдылықтардың бұзылуы қазақ әдебиетінің дамуына орны толмас зарадаптар әкелді. Әдеби сыннан қазақ әдебиетіндегі «ұлтшылдықты» әшкерелеу талап етілді. Баспасөз бетінде, әсіресе, 1937жылдары қазақ қаламгерлерінің шығармашылығынан «ұлтшылдық» іздеген мақалалар қаптап кетті. А.Байтұрсынов,М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов сияқты қазақ халқының «қас жауларының», «зиянкестік істерін» тағы да көтеріп, олармен аралас-құралас болғандардың барлығы да «халық жауларының құйыршығы» ретінде әшкерлене бастады [17; 145 б].
Көркем әдебиеттен социализм орнату жолындағы тек жетістіктерді жазуды талап етті. Сөйтіп, «әдебиет-өмір айнасы», «өмір шындығының көрінісі» делінсе де, ол жалған көріністерге айналды; шындықты шынайы көркем бейнелеуге рұқсат етілмеді. Қоғам бойындағы ащы шындықты жаза қалғандары болса, қуғындалады. Сол кездегі қоғамдық ғылымдарда үстемдік құрған «социалистік құрылыс» өрістеген сайын тап күресіде күшеие түседі .Бұл теория әсіресе, әдебиет сынында үлкен орын қалдырды Сыншылар кез келген шығармадан тап күресін іздеді.Жұмысшы табына қарсы жауларды әшкерелеген көркем туындыларды сынап, жасырын жатқан оилар жоқ па дегендей ,саяси қырағылық танытып, бірдеңелерді тауып алып, белсенділік көрсетіп жатты. Әдебиет пен мәдениетке қатысы бар партия-кеңес қызметкерлерінен, ақын жазушылардан, сыншылардың әдебиеттегі «ұлтшылдық», «ескішілдікті» әшкерелеуді талап етті. Қазақ халқының ұлттық өмірін шынайы суреттеген шығармалардың барлығынан дерлік «қателер» тауып, оларды көрсетіп келді.Осындай сындарды қортынды шығару мақсатымен көкек айының 5-7 күндері жазушылардың бірнеше күндік жиналысы болып өтті. Осы жиын туралы басылған есептерде оған қанағаттанбағандық білдірді. «Лениншіл жас» жиналыс өте нашар өтті, сын болмады дей келіп, мұның барлығы жазушылардағы «байшыл», «ұлтшыл» пікірлерді анықтау жоқ. Жазушылар одағында кемшіліктер бар, оның басты себептері тәрбие жұмыстарының, өзара сынының нашарлығында деп көрсеткен. Сол кездегі әдебиет сынының мәліметіне сенер болсақ, қазақ әдебиетінде жөні түзу бір жазушы жоқ. Қаптап жүрген «халық жаулары». Сондай «халық жауларының» бірі-Б.Майлин екендігі «анықталды». Міне, осындай жолмен жүргізілген науқанның нәтижесінде қазақ кеңес әдебиетінің С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров бастаған қалам қайраткерлері «халық жауы» атанып, қамалды. М.Әуезов пен С.Мұқанов ұсталса да екі ұдай күй кешті. Басқа да әдебиетшілер шектелді. Көпшілік сыны-халықтың жүрегінің қалай соғуын көрсетіп отыратын сын. Бұл халық қазынасы жарамағанды аяусыз лақтырып тастап отыратын, бір айтар үкім сияқты сын. Үшінші сын туралы «Мұнда ұр да, жық та бар, аяқтан шолу да бар, кәсіпқолық та бар, жауапсыздық та бар» дейді де, осындай сындардың орын алып келгенін жарамсыз құбылыс деп санады. 1939 жылдан былай қарай ғана әдеби сынның жандана бастағандығы байқалды. Отызыншы жылдардың аяқ кезінде әдеби сынның көлемі азайып, «жауынгерлік» сипаты болды. «Қазақ әдебиеті» газетінде де әдеби сын жандана түсті.
Қорыта айтқанда, отызыншы жылдары қазақ кеңес әдеби сыны әрі қарай қадам басты. Барлық жанрларда жоғарыда айтылғандай, асыра белсенділікке қарамастан. дамудың алда тұрған маңызды мәселелері жайында пікір айта алатын дәрежеге жетті. Әдеби ағымдағы көшбасшылық жайға құлаш ұрды [18; 78 б].
2 Отызыншы жылдардағы әдеби сынның негізгі бағыттары
Отызыншы жылдар ішінде республикамыздың экономикасы мен мәдениетінде үлкен өзгерістер туды; бұрын шаруашылығы артта қалған Қазақстан алдынғы қатарлы аграрлы-индустриялы елге айналды. Даңқты бесжылдықтар тұсы қазақ даласына орасан өрлеу, серпілу әкелді, өнеркәсіп пен ауылшаруашылық, мәдениет істері жаңа биікке шықты, халықтың санасы өсті. 30-жылдардың бас кезінде Қазақстанда ауылшаруашылығында ұсақ, жеке өндірістен ірі, өндіріске көшу жұмысы аяқталды. Көшпелі, жеке меншік шаруашылықтан колхозды өмір қалпына ауысу – қазақ еңбекшісінің тарихындағы аса үлкен, түбірлі оқиға.
Қазақ әдебиеті кадрларының қатары 30-жылдарда толысып, одақтағы үлкен әдебиеттердің біріне айналды. Бесжылдықтардың бас кезінде әдебиет майданында қызу ат салысып жүрген жазушылар жасағы 30-жылдардың орта тұсы мен екінші жартысында талантты ақын-жазушылармен толыға түсті. Қазақ совет әдебиетінің: С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов секілді танымал суреткерлері қатарында Қ.Әбдіқадыров, Ж.Сыздықов, Ө.Тұрманжанов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов секілді жазушылар өнімді еңбек етті. Ал аталған он жылдықтың орта шенінен бастап әдебиетімізге жазушылардың тағы да бір үлкен легі келді. Қ.Аманжолов, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, Ғ.Сланов, Ә.Әбішев, С.Ерубаев, С.Камалов, С.Омаров тәрізді прозашылар шоғыры көрінді [19; 245 б].
Қаламгерлер қатарына жергілікті ақын-жазушылар тың күш қосты. Жазушылар одағының облыстық бөлімшелері жас талапкер әдебиетшілер арасында жұмыс жүргізіп, олардың бекуіне, шеберлігінің шыңдалуына көмектесті.
Бұл тұстың сапалық өсу сипатының бір қыры – қаламгерлердің «жанр бөлісуінен» байқалған еді. Ендігі жерде бір жанрды негіздеп ұстану, сол тарапта шеберлік шыңдау қажеттігі күшейген. Драматургиямен көбірек шұғылданатын М.Әуезов, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ж.Шанин, Д.Еркінбеков, Ш.Құсайынов, С.Камалов секілді қаламгерлер тобы айқындалды. Әдебиет зерттеу мен сынның да жүгін көтеретін сыншылар мен зерттеушілер кадрлары өсіп жетілді. Ғ.Тоғжанов, Қ.Өтепов, Е.Ысмайылов, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, тағы басқалар әдеби сынның кемелденуіне үлес қосты. Соғысқа дейінгі бесжылдықтарда қазақ совет әдебиеті түрлі жанрда өркен жайғанын атап айту керек. 20-жылдардағы қазақ әдебиетіндегідей, бесжылдықтар кезінде де әдебиетімізде поэзия жанры басым болды, қазақ қаламгерлерінің көпшілігі ақындар болатын. Дегенмен прозалық шығармалардың аумағы да бірте-бірте ұлғайып келе жатыр еді. Прозамен айналысатын жазушылардың қатары көбеюі, түрлі әңгімелер, очерктер жинағының шығуы, он шақты роман, повестердің жариялануы бұл жанрдың өсуінің күшті екенін байқатты. Драматургиялық шығармалар да сан, сапа жағынан көп ілгеріледі. Әдеби сын мен әдебиет тану саласында бірталай монография, зерттеу, сын-рецензия мақалалар басылды. Балалар әдебиетінің көптеген жақсы үлгілері осы дәуірде жарық көрді [1; 191 б ]
Қазақ әдебиеті шығармаларының тақырыптық шеңбері 30-жылдарда орасан ұлғайды. Жазушыларымыздың бәрі дерлік қалам тартып, белсене көтерген тыңның бірі – ауыл өмірін суреттеу.
Қазақ әдебиетінің 30-жылдардағы зор жаңалығының бірі — өндіріс өмірін, еңбеккерлер тұлғасын, еңбекті суреттеу. Бесжылдықтар кезінде еңбекті, өндірісті, жұмыскерді жырлау мүлде соны сипатқа, өзгеше көлемге шықты.
Отызыншы жылдардың екінші жартысында қазақ әдебиетінде жиі көтерілген тақырыптың бірі – Отан қорғау, қырағылық мәселесі. Суреткерлер өздерінің шығармаларында халықты Отан қорғауға әзір тұруға, зиянкестер мен бүлдіргіштерге қарсы қырағылықты күшейтуге шақырды [4; 64 б].
Қазақ жазушыларының халықаралық тақырыпқа баруы да жетістік. Олар дүние жүзінде болып жатқан күрделі оқиғаларға дер кезінде үн қосып отырды. 30-жылдардағы қазақ әдебиетінің жедел көркейіп өсуіне ықпал жасаған жағдайлардың бірі – орыс әдебиетінің жақсы, ілгерішіл үлгісі. Орыс совет жазушыларының творчестволық тәжірибелерін, идеялық ізденістерін, жанрлық түр өрнектерін ұлт республикаларының қаламгерлері кеңінен үйреніп отырды. Мәселен еліміздің тарихындағы аса үлкен оқиғалар: бірінші дүниежүзілік соғыс, Ұлы Қазан революциясы, азамат соғысы жылдарының ақиқатын алғаш рет, кемел көркемдікпен суреттеген орыс жазушылары. Жаңа заман шындығын әр қырынан ақиқат көрсететін туындылар да тұңғыш рет орыс совет әдебиетінде көрінген. Сондықтан олардың өзге әдебиеттерге бастаушылық, біріншілік өнегесі болғаны шүбәсіз [20; 87 б].
Қазақ оқушысының орыс және әлем әдебиетінің таңдаулы нұсқаларымен ана тілінде танысуына көркем аудармалар мүмкіндік туғызды. Аудармалар арқылы тіліміздің қоры байыды, көптеген көнерген, сирек қолданылатын сөздер қайтадан қатарға қосылды; жаңа туынды сөздер, тіркестер шықты; сөздердің нақтылы қызметі саралана, жіктеле түсті. Қысқасы, аудармалар тілді байытудың да маңызды құралы болды.
Коммунистік партия әдебиеттің идеялық жағынан шынығып, көркемдік биіктіктерге шығуына әрдайым нақтылы жетекшілік жасап отырды.
Қазақстан жазушыларының ұйымдық жағынан нығайып өсуіне, олардың творчестволық дарыны мен жігерін социалистік өмір ақиқатын суреттеуге бағыттау ісіне Орталық Комитеттің 1932 жылғы 23 сәуірдегі «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысының мәні зор. Бұл қаулыда совет елінің суреткерлерін түгел қамтитын ұйымның – Жазушылар одағының құрылу қажеттігі көрсетілді. Пролетариаттық әдебиеттің тәжірибесінде кездескен кемшіліктер нақтылы сыналды; жазушылармен істелетін жұмыстарды жаңа биікке көтеруді өмірдің өзі талап етіп отырғандығы айтылды.
Шынында пролетариаттық жазушылар кезінде қаншалықты маңызды роль атқарғанымен, өскелең өмірдің ірі міндеттеріне толық жауап бере алмай қалып еді. Мәселен, ҚазАПП ұйымында көптеген олқылықтар орын тепті; ол жазушылардың белгілі бір тобын ғана қамтып отырды; басқару ісінде әкімшілікке, төрешілдікке жол берілді; сын мен өзара сынға кеңістік тумады, жастарды тиісті тәрбиелеуге көңіл бөлінбеді. Бұл кемшіліктер кезінде баспасөз бетінде де қатты сынға ұшырады.
Алайда, 30-жылдар әдебиетінде елеулі кемшіліктер де кездесті. Соның үлкен саласы – суреткерлеріміздің шеберлік шыңдауды жете қолға алмағандығына байланысты. Жақсы идеяны, жақсы мазмұнды оқушыға нанымды, ұғымды, әсерлі жеткізу үшін соларға лайық форма керек қой. Ал тың форма, өрнек табу тіпті де оңай міндет емес. Сондықтан кейбір ретте мазмұн мен форма сәйкестікке келмей, қайшылыққа ұшырады. Ақындар халық әдебиетінің дәстүрін кейде ұтымды жаңғыртып қолданғанымен, бірсыпыра ретте фольклор сарынын жалаң қайталады.
Біріншіден, өлең толғауларда көп тақырыптылық басым еді. Ақындар белгілі бір оқиғаға өлең арнай отырып, басқа да талай мәселені «қамтып» кете беретін. Азат қазақ әйелінің еңбектегі сүйсінерлік ісі айтылса, қазақ арасында ерте кезде адам құқығы аяққа тапталғандығын қоса ескерту лайық деп табылатын. Мәселеге нақтылы келмей, көп мәселені қабаттап қосу — әрі өлең көлемінде шамадан тыс ұзартып, әрі поэзияның эмоциялық күшін әлсірететін. Бұндай олқылық, әсіресе отызыншы жылдардың бірінші жартысындағы поэзияда жиі кездесті.
Екіншіден, өмірдегі туып жатқан жаңалықты әсерлі айта білу үшін тың бейнелеулер қажет. Бірақ, ақындар көп жағдайда ауыз әдебиетіне кәнігі сөз айшықтарынан шыға алмай қойды. Ретін, кілтін тауып қолдана білмегендіктен, кей өлеңдерде «қыран», «тұлпар» секілді дәстүрлі бейнелі сөздер де ажарсызданып шықты.
Үшіншіден, ескі жыр, толғау өлшемін ғана үлгі тұту ұйқас, ырғақ, бунақ мәселелерінде жаңа өзгерістер тудыруға белгілі дәрежеде тұсау болды. Әсіресе еркін ұйқаспен жазылатын өлеңдерде бұл ақау айрықша орын тепті.
Төртіншіден, өндірісті, еңбекті суреттеудегі маңызды, принциптік жетістіктермен қатар, процестің жалаң көрінісін ғана түсіруді көздеген, көркемдігі келіспеген өлеңдер де аз кездеспейді. Өндірістің, қайланың, трактордың, сырт тоқылына еліктеп, шумақ қайырмасында жасанды тіркестерді тізу ұшырайтын.
Проза мен драматургиядағы профессионалдық олқылықтар, шалағайлықтар қатарына негізгі мәселені қосалқы мәселелерден екшеп, іріктеп ала білмеушілікті, құбылыстарды неғұрлым көп қамтуға ұмтылушылықты, кейіпкерлер көптігін, психологиялық мотивировка жетімсіздігін, тартыстарды шегіне жеткермеушілік, кейде шындықты бұрмалап, қолдап икемдеушілік, схема ізімен кетушілік сияқтыларды айтуға болар еді.
Шығармаларда суреттеуді баяндау басып кетушілігі де реалистік прозамызға елеулі мін болатын [6; 181 б].
30-жылдардағы қазақ әдебиетіне жеке адамға табынушылық тудырған түрлі кесір бөгеттер зиянын тигізді. Бұл бүкіл совет әдебиетінде ерекше зарар шектірген құбылыс еді. Жеке адамға табынушылықтың асқынуы шаруашылықта да, мәдениет майданында да сорақылықтарға душар еткені мәлім. 30-жылдардың бас кезіндегі асыра сілтеу, партиялық, мемлекеттік саясатты тікелей бұрмалау салдарынан Қазақстанда малдың жаппай қырылуы, көшпелі елдің аштық пен босқыншылыққа ұшырауы халықтан байланысын үзген бюрократтардың қылмысты әрекеттерінен туған. Қазақстанның сол кездегі басшысы Голощекиннің және оның серіктерінің асыра сілтеушілігі мен бұрмалаушылығы жеке адамға табынушылықтың етек ала бастаған жағдайында ғана мүмкін болды. Қоғам өмірінің сала-саласында партиялық, советтік принциптердің бұрмалануы барған сайын күшейе берген. Мұның аяғы 1937-38 жылдарда көрнекті партия, совет қызметкерлерін, өнер өкілдерін репрессия жолымен жазалауға ұласты. Қазақ совет әдебиетінің С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сынды ірі өкілдері нақақ мерт болды.
Дегенмен, жеке адамға табыну кезеңі әдебиетіміздің жалпы даму тенденциясын, алға басуын тоқтата алған жоқ [3; 265 б].
Бесжылдықтар кезінде совет әдебиеті социалистік реализм туы астында идеялық жағынан бекіп, көркемдігі мен ұсталығы шеберлене түсті. Он жылдың ішінде қазақ жазушылары идеялық-көркемдік мәні үлкен туындылар жасады, олардың бірталайы орыс тілінде басылып, одақтық оқушыға танылды. Қазақ совет әдебиеті тақырыптық, жанрлық баюдың, көркемдік бояуларды арттырудың жаңа шептеріне шықты. Үлкен халықтық, партиялық міндеттер көтеріп әкетерліктей, өмір сынына төтеп берерліктей қауқарға ие болды; оол бүкіл совет әдебиетінің үлкен арнасына қуатты толқынын қосып, дүниедегі ең демократиялы совет әдебиетінің бір мәуелі бұтағына айналды.
Бесжылдықтар тұсындағы әдебиетімізде өзге жанрларға қарағанда поэзияның аумағы артық жатты. Түрлі тақырыпқа жазылған шығарманың басым көпшілігі өлең болатын. Өмірде туып жатқан алуан құбылыстар жайында елгезек үн қатып, насихатшылық, таныстырғыштық, тәрбиешілік роль атқаруда поэзия айбынды да алғыр құралға айналды. Қазақстан өмірінде елеулі із қалдырған оқиғалар мен фактілердің поэзиядан көрініс таппағаны жоқ шығар. «Бронь бұзар поэзия» (М.Әуезов) халқымызға эстетикалық тәрбие таратуға, көп жаңалыққа көзін үйретіп, көңіліне ұялатуға еңбек сіңірді.
Дегенмен 30-жылдардағы қазақ поэзиясы өзінің ежелгі классикалық бірегейлігін жоғалта бастағандай еді. Күн сайын туындап жатқан мол жаңалықтар мен ұлан-асыр өзгерістердің, адам мінезіндегі эволюцияның сыр-сипатын толық ашу үшін өзге де жанрлардың иық сүйесуі қажет болды. Кейбір жазушылар әр жанрда қатар жазатын бұрынғы дағдысынан ажырап, көбінше прозамен яки драматургиямен шұғылдануға ден қойды. Мәселен, Б.Майлин бұл дәуірде негізінде әңгімелер, повестер, пьесалар жазуға ауысты. 20-жылдар ішінде оннан астам поэма жариялаған С.Мұқанов та ендігі жерде прозаға аяқты нық басып көшті. С.Сейфуллин мен І.Жансүгіров творчествосында да барған сайын «қара» сөздің үлесі ұлғая түсті. Негізінде поэзия саласында қызмет етіп жүрген Қ.Әбдіқадыров, Ғ.Орманов, М.Дәулетбаев, А.Тоқмағамбетов секілді ақындарда ара-кідік прозада ат салысты. Сонымен, 30-жылдарда поэзияның кадрлары, бір жағынан, жас ақындармен толықса, екінші жағынан, қаламгерлердің кейбіреулері жанр ауыстырып отырды.
30-жылдарда поэзия жасағына көптеген ақын жаңадан қосылды: бірдің орнына он келді. Қазақ совет поэзиясы түрлі тың тақырыптарға барды, әр жанрда шығармалар туды. Жалпы алғанда, 30-жылдарда қазақ поэзиясы сан жағынан да, сапа жағынан да жаңа қияға өрледі. Оның тұрақты да өнімді өкілдері ретінде І.Жансүгіров, С.Мұқанов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Қ.Әбдіқадыров, Ғ.Орманов, Ж.Сыздықов, Ө.Тұрманжанов сияқты белгілі ақындар қызмет етті. Отызыншы жылдардың орта тұсында бұлардың қатары Ә.Сәрсенбаев, Қ.Аманжолов, Ж.Саин, Қ.Бекхожин, Қ.Сатыбалдин, М.Хакімжанова, Д.Әбілов, А,Жұмағалиев тәрізді ақындармен көбейді. Әлі де болса қандай жанрға жіп тағарын шешіп болмаған, алғашқы кезде дүрмекке қосылып өлең жазған, екі-үштен жинақ шығарған қаламгерлердің өзі бірталай.
Соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезінде қазақ поэзисында социалистік реализмнің жасампаз принциптері мықтап орын тепті. Нағыз жазба әдебиет өлшемдеріне сай келетін үлкенді-кішілі шығармалар жарық көрді. С.Сейфуллиннің, С.Мұқановтың, Ә.Тәжібаевтың, А.Тоқмағамбетовтың, Қ.Әбдіқадыровтың, Т.Жароковтың, Қ.Аманжоловтың, т.б. ақындардың қаламынан лирикалық жырлардың түрлі үлгілері туды. Бұл тұста саяси-әлеуметтік лирика кең тыныспен өрістеді, үгіттік, ұрандық мәні күшті өткір жырлар көптеп жарияланды. Кезінде ондай шығармалардың халыққа советтік идеяларды таратуда, жұртшылықты отаншылдыққа, еңбекке, интернационализмге баулуда ересен үлкен мәні болды. Саяси-әлеуметтік үгіт өлеңдердің таңдаулылары халық арасында жатталып, кеңінен тарап кетті [13; 147 б].
Лириканың әлеуметтік құлашы кеңейіп, тереңдігі артты, публистикалық серпіні ұлғайды. Ақындар өлеңдеріне шабытты халықтың қайнаған ортасынан, өндіріс алаңдарынан, колхоз даласынан, материалдық игілік жасалып жатқан мекендерден тапты. Ақынның лаулаған тілегі мен қоғамның бағытында үлкен үндестік, үйлестік пайда болды. Олардың қай-қайсысы да «Менің қаным миллионның тамырында ағады, бір жүрегім миллионның жүрегі боп соғады» (Саттар) дегенді айтқысы келетін еді. Совет ақынын өз үйінің жай-күйінен бастап, халықаралық коммунистік қозғалыстың жағдайлары да қызықтыратын. Олар өздерін Отанның дауылпаз жаршысы, жақсылық пен жаңалықтың үндеушісі, халық бақытының жыршысы сезінген. Әлеуметтік, саяси-публицистикалық лириканың ерекше етек жаю себебі осыдан. Ақындар өлеңді заман талабына сай, ділгір міндеттерге бағыттады. Олардың нысанасы коммунистік партия алға қойған ұлы мұраттармен қабысып, ұштасып жатты. Сол тұстағы поэзияның қымбат қасиеті заман бірінші кезекке қойған мәселелерге жұмыла қызу ат салысуында болатын. Заман мен замандасты жырлап үйрену – қазақ поэзиясының зор табысы [2; 301б].
Соғысқа дейінгі бесжылдықтар дәуірінде қазақ поэмасының көптеген қызғылықты үлгілері туды. Ақындар ел өмірінің бұрын-соңғы белес оқиғаларын көркемдеп, қайта жаңғыртты, түрлі характерлер жасады. Тақырыптық жағынан ол шығармалар әр алуан болып келгенімен, қай-қайсысы да уақыт талабына лайық туғанын көреміз.
Заман мен замандастардың өміріне қатысты жайлардың басымдығы – поэмалардың ұнамды сипаты. Коллективтенген елдік жаңа тұрмысы немесе өндіріс өмірі суреттелсе де, негізгі мәселе жасампаз совет адамының ұлы табыстарға жету сырын көрсету болды. Қаламгерлер өзгерген, өскен елдің жеңістері мен жемістерін зор шабытпен, асқан пафоспен жырлады. Тіпті өткен дәуірлер хикаясы қайта қозғалған жағдайда да тарихқа социалистік реализм шарттары тұрғысынан қарауға талаптанды.
Сонымен, отызыншы жылдардағы поэмаларда халық өмірінің кең панорамасы қайта елестеді, талай-талай шындар мен сырлар ашылды.
Жалпы алғанда, поэма жасау шеберлігі арта түсті, болған істің хабарын емес, характерлердің жасалу жолын көрсетуге ұмтылу күшейді, көркем бейнелердің қайталанбас даралық сипатын беру ұсталығы өсті. Шығармадағы характерлерді неғұрлым толыққанды етіп шығару үшін суреттеу құралдары мен бояулар молынан пайдаланылды. Тұлғаның портретінен бастап ішкі монологіне дейін нақтылы, әсерлі суреттеу қажеттігі күшейді [21; 269 б].
Халыққа үлгі тарататын ұнамды қаһарман әйтеуір жақсылық иесі емес, бұқара мүддесі үшін күресе білетін адам, теңдік үшін айқасқа түсетін өжет қайраткер болып көрінуге тиіс болды. И.Байзақов поэмаларындағы Балағаз, Ақбөпе, Ж.Саиннің «Күләндасындағы», Әбікеш, Д.Әбілевтің «Шалқымасындағы» Шалқыма, Т.Жароковтың «Нарынындағы» Бейсекеш, Жамбыл дастандарындағы Сұраншы, Өтеген осындай тұлғалар.
Халықты өткен істер үлгісімен ғана емес, қазіргінің де жақсылығы арқылы тәрбиелеу қажеттігін ескерген ақындар советтік өмірдің сан өлкесін суреттеді. Сол кездегі поэмалардың көпшілігі заманның қилы-қилы проблемасына арналғандығы осыны сипаттайды.
Қазақ әдебиеті үшін тың тақырып — өндіріс пен еңбекті бейнелейтін поэмалар туғаны да атап көрсетерлік мәселе. («Көмір коммунизм», «Шахтер», «Олқылық», т.б.). Енді бірде колхозды ауылдың жаңа бейнесін елестететін, ауыл шаруашылығының табысы мен кемісін жинақтап көрсететін поэмалар легі ұшырайды. («Дала», «Қызыл ат», «Жаңа туған», «Қаскелең», «Шәуілдір» т.б.). Совет адамдарының еңбектегі ерлігі, дүлей табиғатты табындырушылығы, асқан отаншылдығы, революциялық қырағылығы туралы дастандар ондап саналады. «Челюскин» кемесінің ержүрек экипажының қаһармандығы хақында жазылған, жұртшылық назарын аударған поэмалардың өзі әлденешеу. («Ақ аю», «Уборшица», «Мұз тұтқыны», «Құтқару», т.б.). Социализм орнатушы еңбекші елдің өміріндегі әрбір елеулі оқиға поэмаларға негіз болып отырған. Совет ұшқыштарының таңғажайып батырлығын мадақтаған «Пилот сыры», «Күн тіл қатты», «Он бір күн, он бір түн» секілді шығармалар және бір төбе. Қазақстандағы тарихи өзгерістерді әр қырынан сипаттаған үлкенді-кішілі дастандар бұлар ғана емес [22; 177.б].
Отызыншы жылдарда жүйелі оқиғаларға, сюжеттік өрістеулерге, адам тұлғасын ашуға құрылған эпикалық сипаты бар поэмалармен қатар, публицистикалық дастандар да көп жарияланды. Қоғамда болып жатқан үлкен істерді авторлық баяндау күшімен, лирикалық қаһарманның қатысы арқылы көрсету көбейді. Публицистикалық поэмалар («Күн тіл қатты», «Колхозды ауыл осындай» т.б.) ақындардың субъективтік аңсарын төтелей, үлкен патетикаға көтеріп айтуының жемісі.
Сонымен, қазақ ақындары поэмаларының үлкен бір тобы өткен істерді көркемдеп қайта баяндау арқылы әдебиетіміздің қорын кеңейтті, жаңадан қызғылықты характерлер қосты, неғұрлым шебер жасалған шығармалар да осы топтан көбірек көрінеді.
Дегенмен, бұл шығармалар мүлде мінсіз деуге болмайды. Кейбір шығармаларда (Қ.Бекхожиннің «Батыр Науаны») жіберілген идеялық қателерді өз алдына қойғанда, көптеген көркемдік олқылықтар да орын тепті. Оқиғасы қызғылықты, образдары екшеліп алынған, тартысы табиғи, тілі тартымды шығармалардың кейбіреулерінде кейіпкерлерді даралау, психологиялық мінездеу жағы жетіспей жатты. Кей жағдайда характерлердің қозғалысы мен әрекетіне дәлелдеме кем соқты. Қаһармандардың үлкен істерге баруына әлеуметтік себеп анық болғанымен, олардың жан дүниесіндегі диалектикалық құбылыс жете, жан-жақты көрсетілмеді.
Сонда да болса, поэма үлкен биіктерге шықты, бұрын айтылмаған талай қызғылықты тағдырлар тарихы мәлімденді. Шығарма құрылысын үйлесімді соғу, оған жүйелі сюжет табу, характерлерді өмірден ойып алу, оларға даралық пішін, өрнек беру, тартысты әлеумет өмірінің ең өзекті, ұрымтал жерінен алу, оқиғалар іріктеу, сөздік бейнелеу, іздену, ақырында, кез-келген оқиғаның сыры мен шынын өз заманының, партиялық талаптың мұнарасынан тарап бағалау сияқты аса маңызды мәселелерде, жер жүзілік әдебиет үлгілерінен үйренуде, ұлттық характер жасауда социалистік реализм талаптарын орындауда қазақ ақындары жемісті еңбек етті [23; 172 б].
Сынның жанр ретінде қалыптасуы оның өз проблематикасына ғана байланысты емес, көбіне-көп оның атқарған, жүзеге асырған көркемдік-эстетикалық ісіне тәуелді. Шындығында, сынның өз проблематикасы ақын-жазушы, әдебиетшіл қауым және сыншылардың бірлесіп жазған, жариялаған еңбектеріне байланысты күн тәртібіне қойылатындығын ескерсек қана әдебиеттің әр саласында тындырған ісі, жасап жатқан ізденісі нақты байқалмақ.
Өсу жолының қиындықтары 30-жылдардың ортасында формализм мен натурализмге қарсы күресу кезеңінде бір байқалды. Мұны саяси-эстетикалық науқанға айналдырмай, өнерпаздық арнамен алып шығудың өзі қалыптасқан сынымыздың дәйектілігі мен пәрменділігін аңғартып, шығармашылық табыстарға бастады. Қазақ әдебиет сынының осындай күрделі шығармашылық мәселелері жайында оңтайлы шешім ұсынуы, өнерпаздық ізденіс жасауы, табиғи дамудың өркенді желісін аңғарып, бағдарын белгілеуге талаптануы оның оңаша отау тіккендігіне дәлел. Сондықтан да 30-жылдардағы сыни ой-пікірлер өзінің жалпы түр-тұлғасымен ғана емес, ішкі тарам-өзектерінен көрінді.
Осы реттен келген, сынның шығармашылық келбетінің қалыптасуы оның ішкі процесінде болып жатқан мәнді бір құбылысқа айрықша назар аударуды тілейді. Ол әдебиет жанрларының өсіп-жетілуі,даралана бастауы, жаңа өлкелерге көз жанарын тастауы еді [24; 364 б].
Қазақтың сыншылық ой-пікірінің ояну, туу, қалыптасу дәуірлерінің бәріне өзек болған жанр – поэзия екені айдан-анық.Тарихи деректердің басым көпшілігі талай ғасырдан бері рухани азық болып, өзінің көркемдік дәстүрін жасаған поэзияға байланысты екені аян. Сондықтан поэзия сыны деген проблеманы өз алдына әңгімелеу шарт емес. Өйткені әдебиетіміздің анасы іспеттес поэзиядан сын іргесін аулақ салып көрген жері жоқ.
Ал проза сыны дараланып көрінбеді, өзінің эстетикалық қауқарын танытпады деп айту да қиын. Әсіресе, кеңестік заманда қанатын қомдап, «Жұмбақ жалау» романымен кезеңдік қорытынды жасаған прозамыздың сайланып шыққан сыншылары болмағанымен, оның да даму барысына көз салып, артық-кемін айтып отырған ой-пікірлер көп. Оның шет жағасы тиісінше баяндалды. М.Әуезов, Б.Майлин, тағы басқа авторлардың әңгіме, повестеріне жазылған пікір-сындар С. Мұқановтың «Теміртас» романы бойынша 1935 жылы арнайы өткізілген творчестволық айтысқа ұласты. «Адасқандар» романы орыс тіліне аударылып, «Сын бая» болып шыққан уақытта «Комсомольская правда» мен «Литературная газетаның» қазақ романының жай-күйі жайында айтысқанының өзі әдебиетіміз үшін үлкен абырой әрі олжа еді. Солай бола тұрса да, жаңадан қалыптасқан жанрдың әлі де болса көп проблемалары эстетикалық тұрғыдан шешім күткенін аңғармасқа болмайды. Бұл мәселе әдеби сынның есейген, көркейген шағының ең түбегейлі проблемасына айналып, талай құнды зерттеулерге арна болды.
Сонымен поэзия, проза сындарын жалпы сын жанрының қалыптасу дәуірінің өзекті арнасы ретінде қарап, олар жайындағы ой-пікірлердің бәрі де мүмкін қажетінше әңгіме арқауына тартылғанын ескеріп, енді өзіне тән ерекшелігі бар драматургия, театр сынына тоқтала кетсек, қазақ әдебиет сынының қалай толыса қалыптасқанын анық аңғарар едік [25; 15 б].
30-жылдар әдебиетінде Қазақстанның арғы-бергі дәуірінің көп шындығы түрлі жанрда көрінуі тілдің де орасан байлығын жарыққа шығарды, тіліміздің сөздік қоры кеңінен таныла түсті, көптеген жаңа баламалар, оралымдар пайда болды, ертедегі әдебиетте қолданылып келген көпртеген эпитет, теңеулер (тұлпар, сұңқар, қыран, арыстан, т.б.) жаңа мағынаға сонылыққа ие болды.
Алайда, 30-жылдар әдебиетінде көптеген елеулі кемшіліктер де кездесті. Соның үлкен саласы – суреткерлеріміздің шеберлік шыңдауды жете қолға алмағандығына байланысты. Жақсы идеяны, жақсы мазмұнды оқушыға нанымды, ұғымды, әсерлі жеткізу үшін, соларға лайық форма керек қой. Ал тың форма, өрнек табу тіпті де оңай міндет емес. Сондықтан кейбір ретте мазмұн мен форма сәйкестік таппай, қайшылыққа ұшырады. Ақындар халық әдебиетінің дәстүрін кейде ұтымды жаңғыртып қолданғанымен, бір-сыпыра ретте фольклор сарынын жалаң қайталады.
Біріншіден, өлең толғауларда көп тақырыптылық басым болды. Ақындар белгілі бір оқиғаға өлең арнай отырып, басқа да талай мәселені «қамтып» кете беретін. Азат қазақ әйелінің еңбектегі кісі сүйсінерлік ісі айтылса, қазақ арасында ерте кезде адам правосы аяққа тапталғандығын қоса ескерту лайық деп табылатын. Мәселеге нақтылы келмей, көп проблеманы қабаттап қосу әрі өлең көлемін шамадан тыс ұзартып, әрі поэзияның эмоциялық күшін әлсірететін еді. Бұндай олқылық әсіресе, 30-жылдардың бірінші жартысында ақындарымыздың бәрінен дерлік кездесетін.
Екіншіден, өмірдегі туып жатқан жаңалықты әсерлі айта білу үшін, тың бейнелеулер қажет еді. Бірақ, ақындар көп жағдайда ауыз әдебиетіне кәнігі сөз айшықтарынан шыға алмай қойды. Ретін, кілтін тауып қолдана білмегендіктен, кей өлеңдерде «қыран», тұлпар», секілді дәстүрлі мықты бейнелеу сөздер де ажарсызданып шықты. Совет әскерін шапса қылыш кеспейтін, атса оқ өтпейтін ертегінің дәулеріндей етіп суреттеу осындай себептерден туатын.
Үшіншіден, ескі жыр, толғау өлшемін үлгі тұту ұйқас, ырғақ, бунақ мәселелерінде жаңа өзгерістер тудыруға белгілі жәрежеде тұсау болды. Әсіресе, еркін ұйқаспен жазылатын өлеңдерде бұл ақау айрықша орын тепті.
Төртіншіден, өндірісті, еңбекті суреттеудегі маңызды принциптік жетістіктермен қатар, процестің жалаң көрінісін ғана түсіруді көздеген, көркемдігі келіспеген өлеңдер де аз ұшыраған жоқ. Өндірістің, қайланың, трактордың, перфоратордың сырт үніне еліктеп, шумақ қайырмасында «шақ-шақ», «тақ-тақ», «тыр-тырларды» ұйқас етіп алғандар аз болмады [5, 47 б].
Проза мен драматургияда профессионалдық шеберлік жетіспеушілігінен шығатын түрлі олқылықтар, шалағайлықтар ұшырады. Шығарма құрылысын қалауда көп ағаттықтар аңғарылатын. Негізгі мәселені қосалқы мәселелерден екшеп, іріктеп ала білмеушілік, құбылыстарды неғұрлым көп қамтуға ұмтылушылық жиі кездесетін. Мәселен, «Жолдастар», «Қызылжар», «Теміртас» секілді романдардың үлкен олқылығы осы тарапта болатын. Онан соң сюжеттік желіге өзек болған тартыстың таралып бітпей, орта жолдан қайрылуы, сол себептен характерлердің іс үстінде ақырына дейін сомдалып көрінбеуі де бірсыпыра шығармалардың ақауы еді. («Азамат Азаматыч» т.б.). Өмірдің типтік құбылыстары орнына талғаусыз, натуралистік суреттеулер де аз орын алмайтын. Характерді ашуға септігі доқ жанама эпизодтар мен тарихтар композицияға да, адам бейнелерінің анықтығына да залал келтіретін. Ақырында шығармаларда суреттеуді баяндау басып кетушілігі де реалистік прозамызға елеулі мін еді. Бұл және басқа кемшіліктер жазба әдебиетіміздің әлі де ширамаған шикі жерлері, осал тұстары, балаңдықтары бар екендігін сипаттайтын [25; 78 б]
Аталған дәуірдегі қазақ әдебиетіне тән басқа да бөгесіндер болды. Оның басты көрінісі — өмірдің табиғи ағысын, оқиғалар дамуының логикасын, мінездер диалектикасын алдын-ала сызылған схемаға салып жіберушіліктен байқалатын. Осының салдарынан шығармаға ең керек қасиет – шыншылдық жоғалатын, көркемдік жинақтаудың шарттары бұзылатын. Шығарма негізіне алынған оқиға мен қаһарман іс-әрекеті жасанды суреттелген соң, бүкіл көркемдік компоненттер өз міндетін атқара алмайтын, тек автордың ырқымен ғана қиыстырылатын. Нанымсыз тартысқа құрылған шығарманың қаһармандары да ақиқат келбетін танытпай, тек өлшеулі рольді ғана орындап шығатындай сезілетін. Мұндай туындының композициясы да әлсіз болмасқа шарасы жоқ еді. Тартыс орта жолда оңай бітіп жатқан жерде композицияның да «тағдыры» шешіліп қалатын.
Өмір бар жерде қайшылық бар дейтін диалектика заңын ескермеу – көп олқылыққа душар етті. Қаһарманды тек бірыңғай жеңіс үстінде көрсетуді дағды еткен жазушылар да болды. Олар көркем әдебиеттің өзіндік ішкі заңдылықтарын ескермеді, жалаң идеяны төтелей тартып, біржақтылыққа, үстірттікке ұрынды. Кейбір жазушылардың мұндай жолға баруына сол кезде жарыққа шыққан шалағай әдеби тұжырым, «теориялар да» зиянын аз тигізген жоқ.
Соның бірі – аты шулы «тартыссыздық теориясы» болатын. Бұл теорияны жасаушылар социалистік қоғам ішінде қайшылық атаулы болмайды, сондықтан адамдар арасындағы тартысты көрсету бекер деп дәлелдемек болды. Мұндай ғылыми жағынан қате қисындардың шығуына жеке басқа табынушылық өз әсерін тигізді. Кейбір шығармаларда халықтың тарихи өзгерімпаздық ролінің жете көрінбеуі де осындай атмосфераға қатысты еді. Өмірді сырлап бояп көрсету әдебиетті өзіне тән сипатынан алыстатты.
Дегенмен, қазақ әдебиетінің озық өкілдері осындай қолайсыз жағдайларға қарамастан, өмір ақиқатын дұрыс бейнелейтін шығармалар жасады. С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасында, Ғ.Мүсіреповтің «Шұғыла» әңгімесінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын тепкен олқылықтар партиялық позициядан нақтылы сыналды. Табыстарды көрсете отырып, кемшіліктерді сын отымен қару сарыны 1933 жылдың аяғында, Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшылығы ауысқаннан кейінгі кезеңде кең өріс жайды. Л.И.Мирзоян бастаған Қазақстан Коммунистік партиясы одақтық үкіметтің жетекшілігі және жәрдемімен шаруашылықта жіберілген қателерді неғұрлым тез жойып, социалистік экономика мен мәдениетті жедел өркендетудің шараларын жүзеге асырды. Ел өміріндегі жаппай өрлеу мен сергу мәдениет пен әдебиеттің көтерілуіне де әсерін тигізді.Отызыншы жылдардың орта тұсында (1934-38) қазақ әдебиеті мен өнері бұрын болып көрмеген дәрежеде дамиды, көптеген белгілі, құнды шығармалар жарық көреді, әдебиетіміздің профессионал бітімі айқындала, баий түседі. Қазақ әдебиетінің «Шұғыла», «Қызыл ат», «Азамат Азаматыч», «Жұмбақ жалау» («Ботакөз»), «Күйші», «Құлагер», «Оркестр», «Тасқын», «Менің құрдастарым», «Арман ағысы» секілді әйгілі туындылары осы тұстың жемісі. Советтік қазақ әдебиетінің ірі қайраткерлері С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, Б.Майлиннің, С.Мұқановтың т.б. таланты бұл кезде дарқан қуатын ашты.
Әлбетте, буржуазия елдеріндегі жазушылар мен олардың шығармаларына бір ғана өлшеммен қарауға болмайды. Солардың ішінде өмір диалектикасын коммунистік дүниетаным тұрғысынан бағдарлай білетіндері де, сыншыл реализмнің үлгісін ұстанған да суреткерлер аз емес. Олардың шығармалары капитализм дүниесінің сыры мен шынын түсінуге көмектеседі. Бірақ сонымен қатар, көптеген қаламгерлер «творчество еркінідігі» дегенді өмірдің үлкен шындығын көмескілеудің еркінідігі деп ұғатынын көреміз. Алдында белгілі мақсаты жоқ, дағдарған, аңырған, торыққан, өмірден түңілген немесе тамағы тоқтықтан іші пысқан, сезім күйлеген қылмыскер адамдардың тіршілігін егжей-тегжейлі түгендеп жазу оларша реализмнің шыңы болып саналмақ. Бұл – империализм дүниесінің рухани дағдарысының белгісі, адамзат алдындағы асыл мақсатты – жақсылыққа, әділдікке, бақытқа деген құштарлықты аяққа басу адамның өмір орнықтырғыш, жаратқыш қуатына сенбеу нышаны. Бірсыпыра шет ел теоретиктері романның «қаһармансыздығын» үнемі насихаттап жүргені де осының салдары. Шындығында, империалистер еңбекші бұқараның жақсы өмір, жайлы тұрмыс жасауын көздейтіндерге, қоғамдық тәртіпті өзгерткісі келетіндерге өлердей өш. Әдебиетте күрескер тұлғасының көрінуіне олардың ұдайы қарсылық жасайтыны, әркім ойына келгенін жазсын деп өтірік көлгірситіні де осыдан.
Социалистік реализм әдебиетінің өзіне тән көптеген соны сипаттары бар. Егер «өнер өнер үшін» дейтін қағидасымақты пір тұтатындар өмірдің кез-келген құбылысын талғаусыз тізуді насихаттаса, совет жазушылары өмір оқиғаларын іріктеп, екшеп көрсетеді, мәнді мен мәнсіздің парқын айыра біледі, тіршілік диалектикасын революциялық дамуы үстінде суреттейді.
Суреткер кемшілік пен кедергіні жеке өзіндік мақсат деп қарамай, оларды ұнамды мұрат тұрғысынан сынайды. Социалистік әдебиетте адам мен адамның, халық пен халықтың байланысы, интернационалдық достық ынтымағы да жаңаша көрсетіледі. Ең бастысы – совет әдебиетінде адам атына лайықсыз ескі түсініктер мен салттарға, ілгері басуға кедергі атаулының қандайына болса да төзбейтін, жақсылықты жақтаушы, озықты орнықтырушы күрескер адам тұлғаларының жасалғаны және жасалып отырғаны.
Батыстағы «жаңа роман» теоретиктері шығармадағы «қаһармансыздықты» көркемдік дамудың жаңа сөзі деп қанша дабыл көтергенімен, идеялық бейшаралығын, үмітсіздіктен тығырыққа тірелгендігін ешбір жасыра алмайды. Оның есесіне социалистік елдер әдебиеті неше алуан көркемдік жинақтаулар жасап, нағыз коммунистік сананы таратушы, асыл мұраттар жолында талант пен қайратын жұмсайтын үлкен іс-әрекет адамдарының толыққанды тұлғасын көркем бейнелеп келеді. Социалистік реализм әдебиетінің әлемдегі ең демократиялы, ең өміршең, ең тартымды әдебиет болу сыры да жаңа салтты, үлкен адамшылықты, биік мұратты іс жүзіне асырып жүрген, қалың қауымға үлгі бола алатын кесек, ірі, өмірсүйгіш, оптимист қаһармандарға – күрескер мінезді тұлғаларға байланысты.
Бұған орыс әдебиетінен де, еліміздегі басқа халықтар әдебиетінен де көп мысал табылады. Орыс совет жазушыларының әлденеше романдары, олардағы ұнамды қаһармандар легі жер жүзі прогресшіл оқушыларына таныс. М.Горькийдің, В.Маяковскийдің туындылары, А.Толстойдың «Азапты сапарда», М.Шолоховтың «Тынық Дон», «Көтерілген тың», Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты», Д.М.Фурмановтың «Чапаев», Ф.Гладковтың «Цемент», А.Фадеевтің «Тас-талқан», «Жас гвардия», А.Макаренконың «Педагогикалық дастан», Л.Соболевтің «Күрделі жөндеу», П.Павленконың «Бақыт» секілді шығармалары дүниеге жаңа қаһарман, революциялық дәстүр таратқан совет әдебиетінің айтулы туындылары. Бұл тізімді толықтыра беруге болады… [26; 327 б].
3 Сын және әдебиеттану
Отызыншы жылдардағы әдебиет сынының қаншалықты қомақтала түскені көптеген мысалдардан көрінеді. Бұл тұста қазақ әдебиет сыны өмірдің күн тәртібіне іргелі мәселелерді қоя білген. Қазақстанның пролетарлық жазушылар ұйымының (ҚазАПП) жұмысын жандандыруға бағытталған мақалалардан, айтыстардан, ұсыныстардан, қарарлардан, үлкен идеологиялық күрестің, әдебиетті партиялық жолмен өсіру, жетілдіру әрекетінің лебі еседі. ҚазАПП жұмысына талдау жасаған, жетістігі мен кемшілігін көрсеткен, алдағы міндеттерін ескерткен мақалалардың кезінде принциптік, ұйымдастырғыштық мәні болды.
Ол кезде көтерілген үлкен мәдени мәні бар мәселенің бірі – ескі әдеби мұраларды сын көзімен іріктеп іске жарату, пайдаға асыру төңірегінде еді. Әдеби жәдігерліктерді жат жаладан ақтап, аршып алуда сыншыл ойдың қызметі көп. Қазақтың жаңадан дүниеге келген театр өнерін дамыту жайында пікірлер де отызыншы жылдардың алғашқы жартысы мен орта тұсында жиі айтылған. Осы дәуірде жеке жазушылардың творчестволық юбилейлеріне (Бейімбет, Қалмақан, Сәкен, Асқар, Жамбыл) байланысты таныстыру, насихат мақалалары да көп жарияланды. Қазақстанда коллективтендіру ісінің олқылықтарын суреттеген («Шұғыла», «Қызыл ат», «Балабас») шығармалар төңірегінде бірталай мақалалар жазылды.
Отызыншы жылдардың орта тұсында сын дәрежесі едәуір өрледі. Бұл кезде жеке шығармалар туралы рецензиялар, әдеби шығармаларды белгілі тақырып, жанр көлемінде топтап, жинақтап әңгімелейтін мақалалар көбеюмен қатар көркемдік шеберлік (роман, поэма, поэзиядағы формализм, натурализм, аударма, тіл мәселелері) жайы да көтеріле бастады. Қазақ жазушылары шығармаларының орыс тіліне аударылған нұсқаларына орыс сыншыларының білдірген пікірлері де әдеби процестің дамуына жәрдемдесті.
Әдеби сынның іске пайдалы, жанашыр, жетекшілік парызын өтеуін коммунистік партия ұдайы қадағалап отырды. Партия сыны әдебиеттегі жақсы мен жаңаны дер кезінде қолдап, демеді; кемшіліктерді ашып көрсетіп, адасу мен ауытқудан сақтандырды. Сыншыл ойдың дамуына партияның сара нұсқаулары, қарарлары мен тұжырымдары игі ықпал жасады. Әдеби сынның кең тыныспен еркін құлаш жаюына партияның орталық органдары «Еңбекші қазақ», «Казахстанская правда» газеттерінің, «Жаңа әдебиет» журналының, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінің ролі күшті болды [16, 89 б],
Сынның ауыр жүгін көтеріскен әдебиетшілер легі бұл кезде молая түсті. Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов, Б.Кенжебаев, Қ.Өтепов, Е.Ысмайылов, М.Қаратаев секілді сыншылар әдеби қозғалыстың алғы шебінде жүрді. Ақын, жазушылардың өздері де сын майданына қызу араласып, творчестволық пікір айтыстарына қатысты. Бұл ретте өнімді еңбек еткендер әдебиетіміздің сақа қаламгерлері еді. С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Ә.Тәжібаев, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов әдебиеттің сан-сала проблемаларын талқылауға ат салысты. Отызыншы жылдардың екінші жартысында әдебиет сынына Қ.Бекхожин, Қ.Аманжолов, Қ.Сатыбалдин, Ғ.Сланов, Ж.Жұмақанов, С.Сейітов сияқты ақын-жазушылар жиірек қалам тартты. Әр тұста әдеби өрлеу ісіне пікір, үн қосып, кейде принципті мақалалар жазған авторлар (С.Ерубаев, З.Шашкин, Ж.Сәрсеков, Ө.Тұрманжанов т.б.) және бір топ.
1930 жылдың 18 сентябрінде С.Мұқанов, Б.Майлин, І.Жансүгіров Қазақстан пролетарлық жазушыларының барлық мүшелері мен жалпы бұл іске іш тартатын жолдастарға ашық хат жариялады. Осы хатта Қазақстан жазушыларының алдағы міндеттері түбегейлі сөз болған. Хат авторлары Қазақстанда үлкен ілгерілеулер болғанын ескерте келіп, солардың көркем әдебиетте көрінуге тиістілігін айтады; жазушылардың творчестволық белсенділігін арттыруға кедергі келтіріп жүрген жайларды да ашып көрсетеді және ҚазАПП-тың бірсыпыра кемшіліктерін нақтылы атаған.
Қазақстанның қайта құрылған жазушылар ұйымы әдебиет пен өнерді дамыту жолында көп жұмыстар атқарды. Мұны әдеби сынның тақырыптық жағынан байып, мазмұны тереңдей бастағанынан да көруге болады. Ендігі жерде көркем шығарманың сыр-сипатын кеңірек талдау, жалпы, әдебиет алдындағы мұқтаждықты көбірек айту сарыны байқалатын еді. Сыншылар мен жазушылар түрлі тақырыпта пікір қозғады. Мұның өзі жалпы әдебиет шаруашылығына жаңа серпін туғанын аңғартады [14; 9 б].
Енді социалистік әдебиеттің азды-көпті табыстарын қорытындылайтын, жаңа әдебиеттің өзіндік соны сипаттарын сөз ететін мақалалар да жариялана бастады. Бұған өз кезінде маңызы болған бірер мақаланы мысалға алайық. С.Мұқанов «Социалды реализм туралы» (1933) деген мақаласында осы тақырып төңірегінде тұңғыш жүйелі пікір айтқан.
«Поэзия мәселесі» (1933) деген мақаласында да С.Мұқанов өте маңызды жайларды әңгімелейді. Ол қазақ ақындарының формалық ізденулерін, осы жолдағы жетістіктері мен олқылықтарын сөз етеді. С.Сейфуллиннің «Советстаны», І.Жансүгіровтің «Даласы» қазақ поэзиясының жетістігі екенін айта келіп, творчестволық ізденуге шақырады. Автор С.Сейфуллинді поэзияда тапқан жаңалығын тереңдетіп әкетпеді деп сынайды. Өзінің өлең жазу тәжірибесін ортаға салады, Асқар, Әбділдә, Қалмақан, Жақан, Тайыр сияқты ақындардың шығармашылық ерекшеліктеріне талдау жасаған.
Отызыншы жылдардың алғашқы жартысында өткендегі ақындар шығармалары мен фольклорлық мұраны игеру, пайдалысын іске жарату мәселесі көтерілді. Бұған жазушылар мен сыншылар ат салысты. Мұраны меңгеру жұмысында ҚазАПП-тың жіберген қателіктері сыналып, батыл пікірлер айтылды. Қысқасы, бұл тұста қазақтың әдеби сыншыл ойы бұрынғыдан көп ілгеріледі [25; 65 б].
Өткеннің әдеби, өнер мұраларын зерттеуге бетбұрыс жасаған пікірлер Қазақстан үкіметінің сол кездегі басшыларының бірі Ораз Исаевтың хаттарынан кейін өріс алды. О.Исаев өзінің хаттарында екі мәселені – қазақтың революциялық әдебиет шығармаларын орыс тіліне аудару, халықтың ескі әдеби мұраларын, жеке ақындар шығармаларын жалпы жиып, тиісті түсініктермен жариялау жайын көтерген еді.
Қазақтың Абай, Сұлтанмахмұт сияқты классик ақындарының мұрасын бағалау төңірегінде көптеген пікір таластары да болды. Бірсыпыра әдебиетшілер Абайды да, Сұлтанмахмұтты да байшыл, ұлтшыл ақындардың санатына қосты, енді бір жағдайда бұларды жалпы алғанда орынды бағалағанмен, тым көп кінә қоюшылық бой көрсетті. Дегенмен, осындай пікір алысулар іске пайдасын тигізді, көп мәселе анықтық енгізді.
«Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы 10-12 санында қазақ әдебиеті мен мәдениеті өкілдерінің Абайға арналған бірнеше сын, зерттеу мақалалары басылды.
Махамбет, Сұлтанмахмұт, Нармамбет, Шәңгерей, Ақмолда, Ақан сері ақындығы жайында да пікірлер жарияланып, олардың кітаптары шықты. Ауыз әдебиетінің нұсқаларын іріктеп алуға, керектісін екшеуге әдеби сынның себі тиді.
Өзінің мақалаларымен ескі әдеби ескерткіштердің дұрыс түсінілуіне үн қосқан сыншылардың бірі – Бейсенбай Кенжебаев. Ол отызыншы жылдар ішінде түрлі тақырыпта ондаған мақалалар жариялады, сын жанрының қалыптасуына ат салысты. Оның мақалаларының қатарына фольклор, бұрынғы өткен әдебиет қайраткерлері жөніндегілері мәнді орын алады. Сыншы өткендегі әдеби мұралардан халық қажетіне жарайтындарын аршып алуға, ел игілігіне жаратуға шақырады, халықтың ғасырлар бойы жасаған қымбат қазынасын қадірлеуге үндейді. Оның Абай, Сұлтанмахмұт хақындағы мақалаларынан туған әдебиетті сүйетін де білетін кісінің лебізі танылады. Қазақстан жерінде қадім ғасырларда пайда болған жазба, ауызша жәдігерліктерге иелік ету, зерттеу, елге таныстыру жөнінде сыншы баты пікір қозғайды, әдебиет таризын жүйелеу, дәуірге бөлу туралы өз тұжырымдарын ұсынады.
Алайда, Б.Кенжебаевтың кейбір мақалаларынан даулы, асығыс, үстірт айтылған тұстар да табылады. Ол кейде көркем шығармаларды талдағанда олардың жанрлық нәзік айырмашылықтарына жете көңіл бөлмейтінін байқатады. Жалпы, сол дәуірдегі қазақ әдебиеті сынында орын тепкен түрлі шалағайлықтар Б.Кенжебаев мақалаларынан да ұшырап отырады. Қалай дегенде де сыншының әдебиет мүддесі үшін көп жұмыс атқарғанын, маңызды мәселелер көтергенін атап өту жөн.
І.Жансүгіров «Қазақ кеңес әдебиетінің бүгінгі күйі, келешектегі міндеттері» деген тақырыпта негізгі баяндама жасап, әдебиеттің түрлі жанрындағы табыстар мен кемістерді атады. Ол қазақ совет жазушыларының жаңа өмірді жырлауға жаппай бетбұрыс жасағанын үлкен жетістік, қуанышты құбылыс деп бағалады. Сонымен қатар, баяндамашы Қазақстанды Голощекиндер басқарған кезде әдебиет пен өнердің өсуіне мүмкіндік тумағанын, шығармада шыншылдықтан гөрі жалпыламалық, жалғандық басым болғанын ашып сынаған [26; 214 б].
Прозаның, поэзияның, драматургияның жай-күйін шолып, бұл жанрларда көзге түскен туындыларды атай келіп, баяндамашы жас қаламгерлерді тәрбиелеу, ұлт секцияларының жұмысын жақсарту, әдебиеттің интернационалдық үнділігін арттыру, балалар әдебиетіне көңіл бөлу, ескі мұраларды жинау, бағалау, жазушылар арасындағы жікшілдіктен құлан таза арылу мәселелерін қозғаған.
Жазушылар съезінде С.Мұқанов қазақ поэзиясының көп мәселелерін көтерген. Баяндама «Қазақ поэзиясының халі мен келешектегі міндеттері туралы» деп аталғанымен, С.Мұқанов совет поэзиясын ғана қамтып қоймайды, ол революцияның алдында жасаған ақындар творчествосына да кең тоқталып шолады; ұлтшылдық идеяны ұстаған ақындар шығармашылығына дәлелді, білгір талдау жасайды.
С.Мұқанов поэзия мәселесіне кеңінен тоқталған. Ол қазақтың советтік поэзиясының үлгісін жасаған ақын деп С.Сейфуллиннің есімін атады, оның салған жаңа дәстүрін дамытып, ілгерілетіп әкету қажеттігін көрсетті. «Орыс поэзиясында Маяковский қандай орын алса, қазақ поэзиясында Сәкен сондай орын алады», – деді ол. С.Мұқановтың бұл пікірінің әділдігін әдебиет тарихы толық растады.
М.Әуезовтің сын, зерттеу мақалаларында өз кезінде әлі шешімін тауып болмаған кейбір принциптік мәні бар мәселелер де көтерілді. Соның бірі – ауыз әдебиеті оқиғаларының негізіне құралған шығармалар сипаты туралы. Белгілі жырлардың халыққа ежелден танымал қаһармандарын жазба әдебиетте қалай көрсету керек деген сауалға өз тұжырымын дәлелдеп ұсынады.
Сонымен, Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі республиканың әдеби жетістігін қорытындылап, келешектің міндеттерін нұсқаған үлкен асу, әдеби өсудің белгілі белесі болды. Съезд баяндамалары әдеби сынның да жаңа биікке бет алғанын байқатты. Бұрынғы-кейінгі әдеби туындыларды, тарихи құбылыстарды түсіну мен бағалаудағы кейбір шалағайлықтар мен тайыздықтарға, біржақтылықтарға қарамастан, съезд материалдары аса маңызды документтер болып табылады [1; 56 б].
Әдебиет сыны тақырыбының бұл жылдарда кеңейіп, талдауының кемелдене түскенін сипаттайтын мысалдар көп. Жаңадан көрінген елеулі туындының қай-қайсысына да пікір айтып, қадір-қасиетін анықтау, пікір жарыстыру дағдыға айналды. 1935 жылы С.Мұқановтың «Теміртас» романының төңірегінде болған сындар бұған дәлел.
Осы тұста әдебиет сынына белсене араласып, өнімді еңбек авторлардың бірі – Е.Ысмайылов. Өзінің творчестволық сапарының алғашқы кезінде өлеңдер жазған, екі-үш жинақ шығарған Е.Ысмайылов бірте-бірте сыншылыққа ауысады, сынның белгілі, білікті қайраткері болады. Оның отызыншы жылдар ішінде жазған мақалалары түрлі тақырыпты қамтиды. Ол ертедегі әдебиет өкілдерінің шығармашылығы туралы да, советтік жазушылардың туындылары жайында да өнімді жазып, өнікті ойлар айтады. Е.Ысмайыловтың С.Сейфуллин творчествосына арнаған мақалалары революционер ақын шығармаларының ерекшелігін танытуға көмектеседі.
Әдеби сыншыл ойдың бір серпілген тұсы – С.Сейфуллин творчествосының 20 жылдығын атап өткен кез. Көптеген мақалаларға ақынның социалистік әдебиеттің ірге тасын қалағандығы ерекше ескертілді. С.Мұқановтың, М.Әуезовтің, І.Жансүгіровтің, Е.Ысмайыловтың, т.б. мақалаларында С.Сейфуллин творчествосы жан-жақты сөз болған. Мәселен, М.Әуезов «Шыны қайда, өзі қайда екенін білдірмейтін, жаза баспайтын, ішіне тығынған, кедір-бұдырсыз тақтай жолдың ақыны Сәкен емес. Оның шыншылдығы – қозып, жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша шын сезім, шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан мұның жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз ақын жолы», – деп жазды. Жалпы алғанда, С.Сейфуллин творчествосының сипатын дәл белгілеп, әдеби орнын танытуы — әдеби сынның елеулі жетістігі.
Қазақ әдебиеті сынының өркен жаюына, оның білікті насихатшы, кемел кеңесші болып бекуіне көптеген авторлар тиісті үлес қосты. Реті келгенде сын жүгін ақын жазушылардың өзі қатар көтерісті. Дегенмен, бұл жанрды негізгі ісім деп танып, оның ауыр, тайғақ жолына түскен авторлар да екшеліп қалып еді. Б.Кенжебаев, Қ.Өтепов, Ғ.Тоғжанов, М.Қаратаев, Е.Ысмайылов қатарында көзге түскен басқа да әдебиетшілер болды. Ә.Қоңыратбаев, І.Қабылов, Ә.Лекеров, Ә,Үсенов сияқты жолдастан бірсыпыра мақалалар қалдырды.
Әдебиет сынына мол біліммен, үлкен дайындықпен келген, өткір де принципті мақалаларымен көзге түскен, жастығына қарамай белгілі әдебиетшілер легіне қосылған сыншы М.Қаратаев. Ол әдебиеттің табиғатын жақсы түсініп, сауатты талдаулар жасай алатынын, суреткерлер алдына биік міндеттер қоя білетінін, принципшілдігін өзінің мақалаларында көрсетті.
Қазақстан жазушылар одағының І пленумында «Қазақ әдебиеті сынының міндеттері» деген тақырыбына жасаған баяндамасында М.Қаратаев әдеби сынның жай-күйіне тоқталып, жан-жақты талдаған. Әдеби сынның өсу жолдарын, жетістіктерін, қайшылықтарын һәм міндеттерін ашуда қызғылықты, дәл тұжырымдар айтқан.
Отызыншы жылдарда қазақ әдебиет сыны жаңа қадам жасағаны анық. Профессионал мамандар, жазушылар, кітап оқушылар сыны жиылып келгенде сыншыл ойдың едәуір марқайғаны, әдеби қозғалыстың зерек көмекшісі, насихатшысы болуға жарап қалғаны танылады [10; 132 б].
Отызыншы жылдарда әдебиет зерттеушілік саласында атқарылған жұмыстар да алуан. Қазақстанда бастауыш, орталау және орта мектептердің көбеюі, жоғары оқу орындарында тіл, әдебиет факультеттерінің ашылуы әдебиеттің тұрақты хрестоматиялары мен оқулықтарын қажет етті. Оқулықтар, хрестоматиялар жасауға жазушылар мен сыншылар қызу ат салысты. Соның арқасында көптеген кітаптар жарыққа шықты, әдебиет тарихының түрлі мәселелеріне белгілі анықтық, жүйелілік енгізілді, фольклордың, ертедегі жазба жәдігерліктердің, совет жазушылары шығармаларының сын бағасы берілді, әдебиет тану ғылымы қалыпқа түсті…
Ғ.Тоғжановтың сыншылық, зерттеушілік еңбегігің бұл дәуірдегі күрделі ескерткіші – Абай туралы кітабы. Мұнда ол Абай творчествосының көп қырын табуға көмектесерлік ойлы, жүйелі пікірлер айтқан, Абайдың аса үлкен әдеби көрініс екеніне жұртшылық назарын аударған, болашақ зерттеушілерге ой саларлық мәселелер тобын нұсқаған.
Абай поэзиясын, жалпы алғанда, жоғары бағалаған Ғ.Тоғжанов бірсыпыра жаңсақ пікірлер де айтады. Бұл оның кітабында қайшы пікірлердің көп екеніне айғақ. Мәселен, оның Абайды байлар табының мұңшысы, ұлтшыл ақындардың басы деген теріс пайымдауларына қосуға болмайды.
Әдебиет зерттеушілер сөз өнерінің арғы-бергі дәуірдегі ескерткіштерін екшеп, пайдалысын халыққа ұсынуда көрнекті қызмет атқарғанына басқа да мысалдар мол. Оқулық, хрестоматия авторлары өз тарапынан әдебиет тарихының аз да болса «тыңын» көтеруге тырысты, ілгергілер пікірін анықтай, толықтай түсуге талаптанды.
Қазақ әдебиеттану ғылымында отызыншы жылдардың аяқ кезінде әдебиет теориясына арналған күрделі еңбектердің бірі — Есмағамбет Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) атты кітабы.
«Әдебиет теориясының мәселелері» негізінде орыс тіліндегі оқулықтар мен теориялық кітаптардың тікелей ықпал, әсерімен туса да, кей жерлері, автордың өзі де атап көрсеткеніндей, әлгі еңбектерден алына тұрса да, қазақ оқушысы үшін сонылық болып есептелді. Автор белгілі қағидаларды қазақша сөйлетіп қана қоймай, оларды қазақ әдебиетінің материалымен дәлелдеген. Оқулық әдебиет теориясынан құралған және өскелең қауымға оқуға септігі бар, олардың әдеби білімі мен талғамын өсіруге септесті.
Бес бөлімнен құралған «Әдебиет теориясының мәселелерінде» өнер атаулыға қойылатын жалпы шарттар да, әдебиеттің сыр-сипаттары да баяндалған. Мұнда әдебиет теориясының предметі, түр мен мазмұн, стиль, көркемдік тәсіл, әдеби ағымдар, әдебиеттің салалары мен жанрлары, тақырып пен идея, образ, сюжет, композиция мәселелері нақтылы түсіндірілген. Көркем тіл, поэтикалық сөздік, өлең құрылысы және басқа толып жатқан жайлар сөз болады.
Сонымен, отызыншы жылдарда қазақ әдебиет тану ғылымы бұрынғы-соңғы әдебиеттің көптеген өкілдері мен нұсқаларын жұртшылыққа таныстырды, батыл барлаулар жасау нәтижесінде қазақ әдебиет тарихының негізгі кезеңдері мен көрнекті ескерткіштері анықталды; ХVIII ғасырдан бері өмір кешкен ақындардың бірталайы, советтік суреткерлер шығармалары ғылыми тексеру объектісіне айналды.
Алайда әдебиет сынында әлі де болса балаңдық, тәжірибесіздік, талдау саяздығы жиі байқалатын. Шығарманың көркемдік ерекшелігін жіті анықтау орнына үстірт, тұрпайы кінә таққыштық басым болатын. Кейде сын сынау үшін ғана жазылатын. Белгілі бір шығармадан алдымен жақсылықты емес, кемшілікті іздеу арылып болмаған салтты.
Дегенмен, бұл және басқа да жетімсіздіктер сын мен әдебиеттанудың түбірлі табыстарын, оның жиырмасыншы жылдармен салыстырғанда көп ілгерілегенін көлегейлей алмайды. Басты жетістік – сыншылар мен зерттеушілер еңбегінің тереңдей түсуінде, олардың қатары өсіп отыруында, сынның әдебиетке насихатшылық, қамқорлық ролінің артқандығында. Коммунист партиясының күнбе-күн басшылығы арқасында қазақ әдебиетшілері өз халқының мәдени өрлеуіне, арғы-бергі әдеби мұрасын танып қабылдауына пәрменді түрде көмектесті. Қазақ сыншылары мен әдебиетшілері қаламгерлер жасағының қатарында социалистік реализм принциптерінің өркен жаюына белсене ат салысты.(20. 259б) Қазақ әдебиетінің абыройын асыруға бар күш- жігерін жұсаған, алыптар тобының алдыңғы легінен көрінген атақты жазушы Ғ.Мүсірепов Ілияс Омаров шығармашылығы жайында: Ілияс жиырмадағы кезінен бастап –ақ көркем әдебиет пенг өнерге жанашырлық мінезін көрсете бастады. Қазақ ақын- жазушыларының еңбектерін одан да көп оқитын, қуанып, ренжіп оқитын адамды мен біле бермеймін. Абайдың, Сәкеннің, Бейімбеттің, Мұхтардың, Ғабиденнің, Асқардың, Тайырдың, Ғалидың, Бауыржанның, Қасымның тағы басқа ондаған ақан-жазушылардың еңбектерінен Ілиястың көзіне шылынбағаны болмайтын, — деп кезінде сыншыны жоғары бағалаған.
Жекелеген авторларды атап өтпегеннің өзінде коллективтік жинақтар мен оқулықтардан, анықтама- энциклопедиялардан Ілияс Омаров азаматтық, сыншылық тұлғасын өзге сыншылармен тең дәрежеде қарастырған пікірлерді кездестіре аламыз.
Ілияс Омаровтың әдеби- сын мақалалары оқырманға толық танылып бітпеген. Оның азаматтық, адамгершілік тұлғасы, сыншылық даралығы, шығармаларындағы толғамды ойлары мен жаңалақтары, шығармашылық шеберліктері зерттелмеген. Оның қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі әр кеде айтылғанымен, сол үлестің аты аталып, түсі түстелген емес.
Қысқаша айтқанда, жоғарыда айтылған мәселелерді ескеру қажеттігі, әрі Ілияс Омаровтың қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін өркендетуде сіңірген еңбегі ауқымды болса да, оның әлі күнге ғылыми бір жүйеге түспегендігі- келелі мақсатқа жетелейді. Ол мақсат- Ілияс Омаров әдеби- сыншылық мұрасын жинақтай отырып, ғылыми жүйеге келтіруді іске асырудың өзектілігін айқындай түседі.
«Советтік Қазақстан жазушылары» туралы библиографиялық анықтамалықта: Ілияс омаров- қазақ әдебиеті мен көркем өнерінің тарихы, жай- күйі жөніндегі көптеген публицистикалық, әдеби- сын еңбектерінің авторы», — деп көрсетілген. Бұл сыншы мұрасының мол екендігін аңғартады.
Ілияс Омаровтың әдеби-сыншылық мұрасы туралы жазушылар – М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Б.Момышұлы, Ә.Нұрпейісов, З.Қабдолов, Ж.Молдағалиев, сыншылар – М.Қаратаев, С.Қирабаев, Р.Бердібай, С.Әшімбаев, Ж.Ысмағұлов, ақындар – М.Әлімбаев, Ғ.Қайырбеков, С.Мәуленов, А.Тоқмағанбетов , сондай-ақ сыншымен бірге жүріп, бірге оқыған, қызметтес болған замандастары – М.Бунин, Ф.Закарин, Б.Исабеков, Ө.Жәнібеков, Ө.Атамбаев, Т.Дарқанбаев, тағы басқалар да кезінде зерделі ой-пікірлерін білдірген естеліктерін жария еткен болатын. Сол естеліктердің біразында С.Әшімбаев мұрасын ғылыми жүйеде зерттеуге, насихаттауға, оны кейінгі ұрпаққа таныстыруға деген енжарлықтың бой көрсетіп қалатынына назар аудырылған.
Ілияс Омаров қазақ әдебиетінің мәселелері, әдебиеттің даму процестері жайындағы әдеби-сын, публицистикалық сын еңбектері, кезінде жұртшылықтың биік бағасына ие болды.Оның «Серпін» атты кітаптары жайында республикалық мерзімді басылымдар бетінде, әр кезде жазылған рецензиялар оқырмандар назарын аударып отырды.
Қоғам қайраткері Ілияс Омаров аз өмірінде (1947-1997) өз халқының қалаулысы болды. Осы кезге дейін әдебиеттану ғылымында портреттік сын мақала рецензия ғалымдардың назарынын тыс қалып келсе де, көптеген ақын — жазушы, сыншы, әдебиет зерттеушілері бұл жанрға анда — санда ғана тиіп-қашып назар аударғаны болмаса, оның теориялық ашуға көп бармаған. Соңғы жылдары қазақ әдебиеттану сынның жанрлық өрісін кенейтуге айырықша мән айрықша мән берілуде. Ғалымдардың қазақ әдеби сынының негіздерін теориялық мазмұнда сипаттауға батыл кірісуі — сынының өрісін кеңейте түсері ақиқат.
Ілияс Омаровтың әдеби-сыншылық мұрасы туралы жазушылар – М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов , С.Мұқанов , Б.Момышұлы , Ә.Нұрпейісов, З.Қабдолов , Ж.Молдағалиев , сыншылар – М.Қаратаев , С.Қирабаев, Р.Бердібай, С.Әшімбаев, Ж.Ысмағұлов, ақындар – М.Әлімбаев, Ғ.Қайырбеков, С.Мәуленов, А.Тоқмағанбетов , сондай-ақ сыншымен бірге жүріп , бірге оқыған , қызметтес болған замандастары – М.Бунин, Ф.Закарин, Б.Исабеков, Ө.Жәнібеков, Ө.Атамбаев, Т.Дарқанбаев, тағы басқалар да кезінде зерделі ой-пікірлерін білдірген естеліктерін жария еткен болатын. Сол естеліктердің біразында І.Омаров мұрасын ғылыми жүйеде зерттеуге, насихаттауға, оны кейінгі ұрпаққа таныстыруға деген енжарлықтың бой көрсетіп қалатынына назар аудырылған.
Қорытынды
Ұлы Отан соғысына дейінгі қазақ совет әдебиетінің бірсыпыра ерекше сипаттары бар. Ең алдымен, әдеби шығармалардың тақырыптық ауданы артты. Ауыл шаруашылығын коллективтендірудің әрбір кезеңі, өлкеге өндіріс ошақтарының көптеп салынуы, қазақ адамының техниканы меңгере бастауы, зиялылар өмірі, елімізде социалистік қоғам орнатудың түрлі саладағы көріністері, әйел теңдігінің іске асуы, жаңарған адам мінездері, совет халқының отаншылдығы, интернационалдық достық, Отан қорғау, қырағылық мәселелері, халықтың революциялық күрес дәуіріндегі оқиғалары, ауылдағы тап күресінің жағдайлары, өткен заман шындығын жаңартып көтеру сияқты сан алуан тақырыпқа көп шығарма жазылды.
Әдебиеттің бұл дәуірде барлық жанрда дамығандығы, әр жанрда елеулі туындылар жасалғандығы да атап көрсетерлік. Отызыншы жылдарда саяси-әлеуметтік лирика кең құлаш жайды, олардың азаматтық пафосы мен идеялық өткірлігі күшті болды. С.Мұқановтың, І.Жансүгіровтың, С.Сейфуллиннің, А.Тоқмағамбетовтың, Т.Әбдіқадыровтың, Т.Жароковтың, тағы басқаларының шығармалары саяси лириканың өскендігін көрсетті. Сонымен қатар көңіл-күй лирикасы да бірте-бірте өзінің «заңды» орнын ала бастаған еді. Бұл тарапта әсіресе, Ә.Тәжібаев, Қ.Аманжолов, т.б. көрнекті еңбек сіңірді.
Аталған дәуірде қазақ поэмасының да көптеген жақсы үлгілері жасалды. Бұған мысалға І.Жансүгіровтың, «Күйші», «Құлагер», Т.Жароковтың «Күн тіл қатты», «Тасқын», Ә.Тәжібаевтың «Оркестр», «Абыл», И.Байзақовтың «Алтай аясынды», «Ақбөпе», Жамбылдың «Өтеген батыр», Ж.Саиннің «Күләнда», Д.Әбілевтің «Шалқыма» секілді поэмаларын алуға болады. Бұларда поэманың жанрлық мол мүмкіншіліктері көрінді.(21. 159б)
Отызыншы жылдарда қазақ прозасының алған шептері мен шыққан биіктері аз емес. Қазақ әңгімесінің классикалық үлгісіне қосылатын бірсыпыра шығармалар бұған айғақ. Б.Майлиннің, М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің көптеген идеялық-көркемдік бедері кемел шығармалыра осы кездің жемісі.
Очерктердің әр алуан тақырыпта көптеп жазылуы, олардың қазақ әдебиетінен «орын тебуі» — отызыншы жылдар олжасы.
Қазақ повестерінің де жақсы ұсталықпен жасалған үлгілерін («Айша», «Арман ағысы» т.б.) осы он жылдық әдебиетінен табамыз.
Роман жанрының толық қалыптасып, әдебиеттен елеулі орын алған тұсы – отызыншы жылдар. Бұл кезде көркемдік дәрежесі түрлі сатыда тұрған бірнеше роман жарыққа шықты. М.Дәулетбаевтың «Қызылжар», І.Жансүгіровтың «Жолдастар», Б.Майлиннің «Азамат Азаматыч», С.Мұқановтың «Теміртас», «Жұмбақ жалау», С.Ерубаевтің «Менің құрдастарым», Ғ.Слановтың «Дөң асқан», Ғ.Мұстафиннің «Өмір не өлім» романдарында жанрдың көп хикметтері тұңғыш рет іске асты. Әсіресе С.Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романы қазақ совет әдебиетінің тек роман саласында ғана емес, бүкіл отызыншы жылдардағы әдебиеттің үздік табысы еді.
Драматургияның сол дәуірдегі жасалған туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын тепті. Бұл ретте М.Әуезовтің «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан», «Абай», Б.Майлиннің «Майдан», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты», С.Камаловтың «Ер Тарғын» атты драматургиялық шығармаларын көрсетіп өту орынды. Театрлардың пайда болуы – тарихи мәдени мәні күшті оқиға.
Әдеби қозғалыстың барысын, даму тенденцияларын, жақсылықтар мен олқылықтар жайын үнемі қадағалап отыратын, әдеби дамуға өз тарапынан ықпал жасай алатын әдебиет сынының өсуі де ұнамды құбылыс. Отызыншы жылдардағы елеулі әдеби туындылар төңірегінде пікір қалыптастыруға сын пайдалы қызмет етті. Әсіресе, әдеби мұраны меңгеріп, оның керектісін аршып алуға сыншыл ойдың септігі көп тиді. Қазақтың әдебиеттану ғылымы орасан зор өсті.
Әрбір әдебиет заманы алға тартқан ұлы сауалдарға қаншалықты көркемдік жауап айта білгендігімен қадірлі. Қазақ әдебиетінің отызыншы жылдардағы бас табысы – заман мен замандастардың жай-күйін толғаушы, солардың үншісі, жаршысы бола білгендігі.
Бесжылдықтар дәуіріндегі қазақ совет әдебиеті шын мәніндегі профессионал әдебиетке тән ұсталық тәсілдерді жан-жақты бойға сіңіріп ілгері дамыды. Тарихтар мен тағдырларды жалпылама, сырттай баяндаудан нақтылыққа көшу, характерлерді даралау, психологиялық дәлдік табу процесі ерекше көзге түседі [27; 287 б].
Социалистік реализм принциптерін басшылыққа алған қаламгерлер өздерінің шығармаларында көптеген жаңаша шешімдер мен бейнелеулерге барды. Атап айтқанда: жаңа қоғам орнатушы – жасампаз еңбек адамының бас кейіпкерге айналуы; бұқара көпшіліктің өмірді өзгертушілік ролінің көрінуі; адамдар мен адамдар, халықтар мен халықтар арасындағы жаңа қарым-қатынастың суреттелуі; өмірді революциялық даму үстінде көрсету; кемшілікті ұнамды идеал тұрғысынан сынау секілді аса мәнді сипаттар қалыптасты.
Қазақ жазушылары өмір құбылысын маркстік-лениндік дүниетаным тұрғысынан бағалап, партиялық әдебиет нысаналарын басшылыққа алды. Социялистік реализм принциптерінің кеңінен жүзеге асуы – отызыншы жылдар әдебиетінің зор жетістігі.
Ұлы Отан соғысына дейінгі қазақ совет әдебиетінің дамуына тән ерекшеліктердің бірі, жазба әдебиетпен қатар ауызекі әдебиеттің дамып отырғандығы. Ауызекі әдебиеттің Ж.Жабаев, Н.Байғанин бастаған өкілдері өздерінің шығармаларымен фольклордың сан ғасырда сұрыпталған байлығын ала келді. Сонымен қатар ауызекі әдебиетті жасаушылар жазба әдебиеттің де ықпалын көрді.
Әдебиеттің күрт көркеюіне алдыңғы қатарлы орыс совет әдебиетінің игі, ұстаздық әсері көп тиді.
Дегенмен, отызыншы жылдардағы әдебиет идеялық-көркемдік межелерді түп-түгел меңгерді деуге болмайды. Принциптік маңызы, көркемдік-эстетикалық тұрғысы зор шығармалармен қатар шамалы, жалпылама ортақол дүниеліктер, кейде мүлде жасанды, жалған туындылар да кездесетін. Әдебиет шығармаларында ұшырасқан кемшіліктерді жалпы жинақтағанда, оларды екі салаға бөлуге болады. Біріншіден, өмірдің ақиқат ағынын, шындығын, зерттемей, алдын-ала жасалған схемаға лайықтап, қолдан бейімдеп суреттеу; қайшылықтар мен тартыстарды үстірт қалқу немесе боямалап көрсетушілік үлкен қырсық еді. Екінші кемшілік – жанрдың ерекшелігін жетік білмеуден, ұсталық аздықтан туатын. Бір шығармада шамадан тыс оқиғалар қамтушылық, кейіпкерлерді ағыл-тегіл мол қатарлаушылық, орталық қаһармандарды іріктеп, екшеп көрсетудің жетіспеушілігі, суреттеуді баяндау басып кететіндігі, көркемдік бояулардың сәйкес гармония таппауы, образдардың қайталанбас даралығын көрсете алмаушылық сияқтылар осы айтылғанға байланысты еді. Бірақ бұндай олқылықтар отызыншы жылдардағы қазақ совет әдебиетінің үлкен идеялық-көркемдік табыстарын тасалай алмайды. Ол дәуірде әдебиетіміздің бүкіл одақтағы өскелең әдебиеттер қатарына қосылды; өмірдің қандай қиын, шытырман проблемаларын көтере аларлықтай кәмелетке жетті, реалистік дәстүрлерді кеңейте, тереңдете түсті. (28. 98б)
Әдебиеттану ілімі – қашаннан да синкретті ілім. Тарих, философия, этика, эстетика және де бүгінгі таңда айрықша өркендеп отырған математикалық элементінің енуі әдебиет мәселесінің күрделене түсуінің көрінісі. Міне, осындай жағдайда ғылым мен оның методологиясы қатар даму заңдылығы туады.
Шындығында да көркем шығарманың таза құрылыстық «моделі» оның поэтикалық ерекшелігін құрай ма? Немесе, түр туралы Аристотель салған белгілермен бүгінгі әдебиетті өлшей аламыз ба? Аристотель кезіндегі әдебиет пен бүгінгі әдебиет дамуы бір ме? Бұлар – қазіргі әдебиеттану ғылымының дамуы барысында аттап өтуге болмайтын саудалар.
Әдеби жанрдың қай-қайсысы болмасын, оның ішінде біз арнайы сөз еткелі отырған лириканың поэтикалық ерекшеліктерін ашу үшін әлгі сауалдарға тереңдеп үңілмей, зерттеу жүргізу мүмкін емес.
Поэтика мәселесінде ертеден келе жатқан даулы нәрсе – стиль. Жалпы жазушы стилі әдебиетшінің бе, жоқ тілшінің объектісі ме? Немесе, лингвистикалық поэтика деп бөліп алып оны тілшіге, ал әдебиетке көркем шығарманың образдық жүйесін жүктейміз бе? Мұндай пікірлер де біраз уақыт үстемділік еткен. Бірақ, оның көркем туынды табиғатынан алшақтататын зиянды жағы да жоқ емес. Бұл пікірімізді лингвистикалық ілімді танымау тұрғысында айтып отырғанымыз жоқ.
Мәселенің түп-төркіні – біздің отандық әдебиетіміздегі көптеген зерттеу еңбектерімізде жанр, стиль мәселесінің қарастырылуы жоғарыдағы ғылыми ой дамуының негізгі принциптерінен алшақ жатуында. Сондықтан ол әр түрлі поэтикалық тәсілдің құрғақ тізімі болып шығуына апарып соқтыруы да мүмкін. Сөйтіп диалектикалық бірліктен айрылады. Ғылымның көздеп отырғаны осы тұтастық.
Жоғарыда жойып өткен теориялық байламдар – қазіргі әдебиеттану ғылымын өрістетуде үнемі назарымызда ұстап, салмақтап отыруға тиісті принципті мәселелер. Ендеше өлең сөз поэтикасын зерттеуде де біз осынау өміршең методологияға сүйенгеніміз жөн сияқты.
Яғни, біз бүгінгі лириканы сөз еткенде ертеден келе жатқан, ғұмыры ұзақ бұл жанрдың өміршеңдік сыры, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, дәстүр жалғап келе жатқан негізгі қасиетін, көркемдік критерийлерін көздеуге тиіспіз. Осы биіктен барып көркемдеу құралдарына, образ даму эволюциясына, амал тәсілдеріне қарай ойысамыз. Әрине, мұның бәрі жанды процесс күйінде көрініс беруге тиіс. Әр халықтың көркемдік дамуында өзіне ғана тән ерекшеліктері болады. Қазақ әдебиетінің көп жанрлы болуы, әрі мейлінше бай болуы қазақ халқы рухани мәдениетінің өзгеше сипаты. Қазақ әдебиетінің санн қырлы тармаққа бөлінетін күрделі жанрларының ішіндегі қомақтысы – проза. Бұл қазақ елінің тұрмыстық, салттық, мәдени ерекшеліктеріне сәйкес туып, қалыптасып, заманның туу, өсу, өнуіне қарай жалғасын тауып отырады.
Сөз. Сөз өнері қашанда құдіретті, өзінің қадірін қашырмайды, жоғалтпайды, егерде, өз әдебиетімізді орыстар сияқты «Алтын ғасыр», «Күміс ғасыр» деп бөлетін болсақ, сөз жоқ абай алтын ғасырды еншілесе, күміс ғасырды иеленетіндер: М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б. Майлин, Ж.Аймауытов т.б. екені анық. Сөз өнері кеше кереңінің құлағын ашса, бүгін де дәл солай: саңырауға саңылау бітіріп, мұңсыздың миын ашады. Адамның рухани өміріне есік болады. Ақиқатты ашып беретін ұшқыр, ұтымды, қуатты ойды білдіретін көркем сөз көрікті ойдан шығады. Ағыл-тегіл ойдың ағымымен ілескен сөздер еркін келіп төгіліп отырады, ой қисынынан сөз қисыны, сөздің мағыналық дәлдігі, терең мазмұндылығы келіп туады.
Туған еліміздің сан- салалы бай арналарының ең өрісті, өнімдісі — әдеби тіл. Әдебиеттің өзі сөз өнері. Әрбір әдеби шығарма-белгілі дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі. Әр дәуірдің өз шындығы бар. Бұлар бірін –бірі қайталамайды. Олай болса, әр дәуірдің шындығын сәулелендірген шығармалар да бірін-бірі қайталамайды: тектері мен түрлері ұқсас болғанмен Шекспир трагедиясы Мүсірепов жазған трагедиядан, Бальзак романы Әуезов романынан, Абай поэзиясы Жансүгіров поэзиясынан өзге екені даусыз. Мұны да историзм принципінен қарағанда ғана аңғарамыз. Міне, осы өзгешеліктерді ажырату әрекетінің өзі жанр мәселесін тарихи тұрғыдан толғауға әкеледі.
Әдеби шығарманың өзгешелігін осылайша тарихи тұрғыдан пайымдай тұра, қай дәуірде жазылсын, қандай қоғамдық шындықтан тусын бәрібір, тектес туындыларда адам өмірін бейнелеу жағынан заңды ұқсастық, композициялық құрылым жағынан бірлік болатынын тағы ескеру қажет: лирика жеке басқа тән сан иірім сезімге құрылса, эпос адам өмірінің кезең –кезеңіне кеңірек қанат жаяды да, драма нақты қимыл әрекеттен өрбіп, өрістейді. Мұны ескеру зерттеудегі историзмді жоққа шығармайды, жанр мәселесін неғұрлым байсалды, терең және жан-жақты талдауға, әрбір әдеби түрді өзара өзгешелігімен қатар, бірлігін де жіті тануға мегзейді.Әдебиеттің тектері мен түрлерін тексеруге осы жолмен барған жөн.
Отызыншы жылдардың орта тұсында сын дәрежесі едәуір өрледі. Бұл кезде жеке шығармалар туралы рецензиялар, әдеби шығармаларды белгілі тақырып, жанр көлемінде топтап, жинақтап әңгімелейтін мақалалар көбеюмен қатар көркемдік шеберлік (роман, поэма, поэзиядағы формализм, натурализм, аударма, тіл мәселелері) жайы да көтеріле бастады. Қазақ жазушылары шығармаларының орыс тіліне аударылған нұсқаларына орыс сыншыларының білдірген пікірлері де әдеби процестің дамуына жәрдемдесті.
Әдеби сынның іске пайдалы, жанашыр, жетекшілік парызын өтеуін коммунистік партия ұдайы қадағалап отырды. Партия сыны әдебиеттегі жақсы мен жаңаны дер кезінде қолдап, демеді; кемшіліктерді ашып көрсетіп, адасу мен ауытқудан сақтандырды. Сыншыл ойдың дамуына партияның сара нұсқаулары, қарарлары мен тұжырымдары игі ықпал жасады. Әдеби сынның кең тыныспен еркін құлаш жаюына партияның орталық органдары «Еңбекші қазақ», «Казахстанская правда» газеттерінің, «Жаңа әдебиет» журналының, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінің ролі күшті болды [30; 89 б].
Сынның ауыр жүгін көтеріскен әдебиетшілер легі бұл кезде молая түсті. Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов, Б.Кенжебаев, Қ.Өтепов, Е.Ысмайылов, М.Қаратаев секілді сыншылар әдеби қозғалыстың алғы шебінде жүрді. Ақын, жазушылардың өздері де сын майданына қызу араласып, творчестволық пікір айтыстарына қатысты. Бұл ретте өнімді еңбек еткендер әдебиетіміздің сақа қаламгерлері еді. С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Ә.Тәжібаев, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов әдебиеттің сан-сала проблемаларын талқылауға ат салысты. Отызыншы жылдардың екінші жартысында әдебиет сынына Қ.Бекхожин, Қ.Аманжолов, Қ.Сатыбалдин, Ғ.Сланов, Ж.Жұмақанов, С.Сейітов сияқты ақын-жазушылар жиірек қалам тартты. Әр тұста әдеби өрлеу ісіне пікір, үн қосып, кейде принципті мақалалар жазған авторлар (С.Ерубаев, З.Шашкин, Ж.Сәрсеков, Ө.Тұрманжанов т.б.) және бір топ.
Пайдаланылған әдебиеттер
- С. Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Алматы, 2003.
- З. Қабдолов. Көзқарас. Алматы, 1998.
- М. Мырзахметов. Абай және шығыс. Алматы, 200
- З. Қабдолов. Арна. Алматы, 1998.
- Ы. Дүйсенбаев. Мұхтар Әуезов. Алматы, 1974.
- Р. Бердібай. Тарихи роман. Алматы, 1997.
- Ғ. Мүсірепов. Әдебиет – кәсіп емес, өнер. Алматы, 1987.
- М. Әуезов. Әдебиет тарихы. Алматы, 1991.
- Ж. Дәдебаев. Қазаіргі қазақ әдебиеті. Алматы, 2002
- Ж. Қалыбеков. Кенесары хан. Алматы, 200
- Ә. Байтанаев. Абай жолы айшықтары. Шымкент, 200
- Мақалалар, естеліктер. Зауал, Алматы, 200
- М.Базарбаев. Әдебиет және дәуір. Алматы,1966
- М.Әуезов. Мақалалар, зерттеулер. Алматы, 1969.
- Қазақ әдебиетінің тарихы. ІІ- том. Алматы, 1961.
- М. Дүйсенов. Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты.- А., 1982. 21 – б.
- Т. Амандосов . Публицистика — дәуір үні. А., Қазақстан, 1974. 45 – б.
- С. Мұқанов. Айтыс . І том. А., 1988. 163 – б.
- Н.Ә. Назарбаев. Қазақтың бүкіл тарихы — бірігу тарихы, тұтастану тарихы // Түркістан , 2002, 12 қаңтар.
- XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы А., 1985. 320- б.
- Бес ғасыр жырлайды. Екі томдық. А., 1989, 2-т. 496 – б.
- Бес арыс. Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалары . А., 2004, 290-299 – беттер
- Б. Майтанов. Қаһарманның рухани әлемі. А., 1987.
- М.Мағауин. Таңдамалы шығармалары. А., 1992.
- С. Оразалинов . Шындық және көркемдік шешім. А., 1977.
- А. Сейдімбек. Қазақ әлемі. А., 1997
- Ә. Қайдар // Білім және еңбек 1919, № 10
- Р. Бердібаев Ғасырлар толғауы. А., 2004
- Т. Кәкішев . Қазақ әдебиеті сынының тарихы. А., 1994
- Л. Ақбаева . М. Әуезов шығармашылығындағы фольклор. А., 2005