АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Педагогикалық практиканың болашақ мұғалім дайындаудағы ролі

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКА ИНСТИТУТЫ

 

 

 

ЖАЛПЫ ПЕДАГОГИКА  КАФЕДРАСЫ

 

 

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

 

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКАНЫҢ БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМ ДАЙЫНДАУДАҒЫ РОЛІ

 

Алматы, 2009

М А З М Ұ Н Ы

 

 

КІРІСПЕ ……………………………………………………………..………… 

 

  1. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА БАРЫСЫНДА БАСТАУЫШ

СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІН ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ…………………

1.1. Педагогикалық жоғары оқу орындарында бастауыш сынып

     мұғалімдерін дайындаудың ерекшеліктері……………………..…….…. 

1.2. Жоғары оқу орнындағы педагогикалық практиканың тарихи-

      педагогикалық сипаттамасы………………………………………..…….

 

  1. БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІН ЖЕКЕ ТҰЛҒА РЕТІНДЕ

 ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКАНЫҢ

МАҢЫЗЫ …………………………………………………………………………..…. 

2.1. Мектепте болашақ мұғалімдердің педагогикалық практикасын

     кешенді ұйымдастыру жолдары ……………………..…………………… 

 

 ҚОРЫТЫНДЫ ……………………………………………..………………… 

 

 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ………….……………….. 

 

КІРІСПЕ

 

         Тақырыптың өзектілігі. Егемен еліміздің қай заңын алсақ та, білім беру барысында жасөспірімдердің жеке бас қасиетін, тұлға ретінде қалыптасуын және оның танымдық әрекетімен, ой-санасын дамытуға баса көңіл бөледі. Себебі, жасөспірім – бұл болашақ маман.  Осы тұрыдан алғанда, бастауыш сыныптарда білім беретін маман дайындау мәселесі қай кезде де өзекті істің бірі болып табылады.

Адамның жекебас болып қалыптасуындағы бүкіл болмысының ұйтқысы, мәйегі осы бастауышта құрылатыны педагоктердің де, психологтардың да еңбектерінде атап айтылып келеді. Оқушы бойында білім негізін қалайтын, баланың жеке басының дамуын қамтамасыз ететін тұлға – мұғалім.

Педагогикалық үрдіде орын алып отырған өзекті мәселелерді тиімді жолмен шеше алатын, өз ісінің шебері деуге болатын, мұғалім дайындау жоғары оқу орындарының міндеті. Қазіргі таңдағы білім беру жүйесіне ізгіліктендіру, демократияландыру бағыттарының енуімен байланысты болашақ ұстаздың психологиялық, педагогикалық тұрғыдағы дайындықтарын, яғни оқушымен дұрыс қатынасқа түсу икемдігін қалыптастыру, оны әдістемелік және теорилық жағынан дайындаумен қатар орындайтын мақсаттардың негізгілерінің біріне айналып отыр.

Педагогикалық институттарда териялық білім берумен қатар педагогикалық практиканы қазіргі заман талабына сай, мемлекеттік құжаттар негізінде, педагогикалық, психологиялық зерттеу жетістіктермен, алдыңғы қатарлы іс-тәжірибелермен сабақтастыра отырып жүргізудің мүмкіндігі мол.

         Қазақстан Республикасының білім стандарттары мен тұжырымдамаларының жарық көруі, осыған орай мектеп бағдарламалары мен оқулықтар мазмұнының түбегейлі өзгеруі, бастауыш сыныптарға жаңа буын оқулықтарының енуі, білім мазмұнын меңгертуге байланысты кіріктіре отырып оқытуды, оқушыларды дамыту мен шығармашылыққа жетелеуді міндеттеуі, болашақ маман дайындау ісіне өте жауапкершілікпен, ұқыптылықпен, зерттеушілікпен қарауды талап етіп отыр.

         Білім мен тәрбиенің байланысын диалектикалық тұрғыдан үнемі дамуда және бір-бірімен байланыста түсініп, осы үрдістегі күрделі мәселелерді дидактикалық бағдарда шеше білетін маманның тұлғасы педагогикалық практика кезінде қалыптасады.

         Орыстың белгілі ғалымдары, тіпті сонау Крупская Н.К. [1], К.Д.Ушинскийден [2] бастап, кеңестік дәуірде Сухамлинский В.А. [3], Каменский Я.А. [4]. А.С.Макаренка [5] т.б. атақты педагог классиктердің бәрі де жоғары оқу орынында білім мен біліктілікті жетілдірудің және мұғалім кадрлердің болашақтағы өз ісіне дайын болуының негізі педагогикалық практиканың дұрыс ұйымдастырылуына байланысты екенін атап айтқан. Солай бола тұрғанмен, әрбір мамандықты дайындауға арналған педагогикалық практиканың өзіндік ерекшелігі, мазмұны, жүйесі бар.

         Ғалым педагогтар, психолог, әдіскерлер: О.А.Абдуллин [6], Б.Р.Айтмамбетов [7], А.Е.Әбілқасымова [8], Л.К.Керімов [9], Н.Д.Хмель [11], Халықова К.З. [10], Қ.Әбдіжамитұлы [12] педагогикалық практиканың мақсатын, мәнін зерттеу барысында оны жастарды мұғалімдік қызметке дайындаудың бірден-бір үрдісі ретінде дәлелдейді. Бұл зерттеулердің әр қайсысы мұғалім дайындау мәселесінің әр саласына арналған. Бірі педагогикалық практика кезіндегі студенттердің өзіндік жұмыстарының жүйесін ашса, енді бірі студенттерді маман етіп дайындауда педагогикалық практиканың білімдік, тәрбиелік мәнін жүйелеуге арналған.

         Теориялық, әдістемелік, педагогикалық, психологиялық тұрғыдан алғанда да, педагогикалық институттарда бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудың өзіндік ерекшелігі бар. Бұл ерекшеліктер бастауыш сыныптарға жоғары білімді маман дайындауға арналған білім стандарты мен типтік оқу жоспарының мазмұнынан туындайды.

         Болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне сан-салалы ғылымдар негізінен теориялық берумен бірге бірнеше пәнді қатар оқытудің әдістемесін меңгертіп, олардың әрқайсысына тән мазмұндық және әдістемелік ерекшеліктерін жете білетін маман дайындау жан-жақты зерттеуді керек ететін күрделі мәселе.

         Жұмыстың объктісі: педагогикалық институттарда бастауыш сынып мұғалімін дайындау процесі.

         Жұмыстың мақсаты: педагогикалық практика барысында бастауыш сынып мұғалімдерін қазіргі талапқа сай кәсіби шеберлікке баулудың педагогикалық және әдістемелік негізін жасау.

         Жұмыстың міндеттері: педагогикалық институтта мұғалім кадрларды дайындаудың әсіресе, бастауыш мұғалімдерінің кәсіптік шеберлігін жетілдірумен айналысудың даму тарихымен танысып, оны ғылыми тұрғыда тұжырымдау негізінде алдыңғы қатарлы әс-тәжірибелерді анықтау.

         — Қазақстан бастауыш мектептеріндегі педагогикалық практиканың қазіргі жағдайын саралап, кездескен кемшіліктерді жоюдың жолын ұсыну;

         — педагогикалық практика барысында бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін қалыптастырудың бағдарламасын жасау;

         —  бастауыш сыныптардағы педагогикалық практиканың алдын-ала жүргізілетін жұмыс түрлерінің жүйесін жасау;

         — бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіптік шеберлігін баулудың әдістемелік нұсқауын эксперимент нәтижесінде ұсыну;

         Жұмыстың әдістері:

         — мектептегі және педагогикалық институттарда білім беру мәселесіне байланысты жарық көрген мемлекеттік құжаттармен танысу;

         — жоғары білімді бастауыш сынып мұғалімдерін дайындауға арналған білім стандартының мазмұнын жасау;

         — педагогикалық, психологиялық әдебиеттермен, зерттеу тақырыбына қатысты жүргізілген зерттеу жұмыстарымен және мерзімді баспа материалдарымен танысу, оларға талдау жасау;

          — бастауыш сыныптарға арналған бағдарлама, оқулықтар, әдістемелік нұсқауларға шолу;

         — педагогикалық институттың педагогикалық практикаға арналған оқу жоспарларымен, бағдарламаларымен және әдістемелік нұсқауларымен танысу;

         — бастауыш сыныптарда студенттердің өткізетін педагогикалық практикасының мазмұнымен, құрылысымен, оны ұйымдастырудың түрлерімен және әдістерімен танысу;

          — педагогикалық бақылау, жеке дара әңгімелесу және сауалнамалар жүргізу;

         — мектептегі оқу процесін бақылап, алдыңғы қатарлы әдіскерлердің іс-тәжірибелерімен танысу;

         — педагогикалық институттағы педпрактиканың алдынала жүргізілетін жұмыстардың мазмұнымен танысу;

         Жұмыстың методологиялық негізі: таным, баулу ұғымдарының ғылыми философиялық негізі, теория мен практиканың өзарар байланысы, болашақ мамандардың кәсіби шеберлігі туралы педагогикалық, психологиялық еңбектердегі жекеба қасиеттерін дамыту және оларды шығармашылыққа баулу туралы қағидалар.

         Жұмыстың құрылымы: Кіріспеден, төрт бөлім, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА БАРЫСЫНДА БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІН ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

1.2.   Педагогикалық жоғары оқу орындарында бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудың ерекшеліктері

 

Қазіргі кезеңде ғылымда және білім беру жүйесінде интеграция процестерінің жедел жүзеге асуының маңыздылығы тұсында, таныиның диалектикалық бірлігі және шындықтың қайта құрылуының маңыздылығы арта түсуде.

Педагогикалық практика әр түрлі, әсіресе интегралды, кешенді білімді қолдануды қажет етеді, сондықтан оны қолданудың соңғы нәтижесі жаңа білім алу және жаңа іскерлікке үйрену болып табылады. Педагоктік мамандықтың мәнін тану және меңгеру ұзақ уақытты керек етеді де, әлеуметтік дамудың әрбір кезеңінде оқу-ағарту ісіне жаңа талаптар мен міндеттер қойылған сайын жаңарып, жасарып, дамып отырады.

Қандай да болмасын маман дайындау мәселесінің нәтижелілігі теориялық білім мен практикалық іскерліктің қабысуынан келіп туындайтыны белгілі. Осыған байланысты педагогикалық практиканың негізгі міндеті студенттің педагогикалық ойын дамытып, іскерлігін шыңдау.

Педагогикалық практика студенттердің өзін-өзі дамытуына, ізденуіне, өз икемдігі мен талантын анықтауына да көмектеседі. Себебі, қазіргі таңда педагоктер алдына қойылып отырған талаптардың басты бір саласы – мұғалімнің, жалпы адамның өзін-өзі бағалай білуі. Сырттан біреудің берген бағасынан гөрі адамның ішкі және сыртқы мүмкіндіктерін есептей отырып, өзін-өзі анықтауы оның бойындағы күш-қуатты шығарып қана қоймай, білімі мен тәжірибесін орынды жерінде, тиімді пайдалануына жағдай туғызады.

Педагогикалық практика мамандық бойынша оқу-тәрбие үрдісінде ұйымдастырылатын жұмыс түрлерін саралауға, іріктеуге, алдыңғы қатарлы іс-тәжірибелерді тиімді қолдануға да үйретеді. Мектеп мұғалімдерінің іс-тәжірибесінің оңтайлы, қолайлы, жаңа түрлерін бақылай білуге, анықтауға, бағалауға, талдауға, қорытынды жасауға да төселеді. Басқа педагоктің жұмысындағы жақсы жақтарын көре білу үлкен дайындықты, мұғалімдік этиканы, мәдениеттілікті, білімділікті қажет етеді.

Өз ісін жете білетін маман дайындауда педагогикалық практиканың алатын орнын айтып қана қоймай, оның ішкі мазмұнын түпкі мақсатын түсінген педагоктер бұл туралы өз пікірлерін ертеден-ақ ортаға салып келеді. С.Т.Шацкий “Жас мұғалімдер өмірмен байланысты педагогикалық ортада үйрену керек. Жастар үшін академиялық қажеттілікпен шектелу және практикалық қызметке сырттай бақылаушы ретінде қарау зиянды. Өз күшімізді байқау үшін курстардың арнайы жағдайларында пайда болған идеяларды тексеріп көруді дамытуымыз керек”-деп, атап көрсетті [11,69]. Осы сияқты Ресейдің әлеуметтік тәрбие беру Академиясын басқарған белгілі педагог П.П.Блонский де өз естелігінде “Тек лекциялар мен кітаптар арқылы ғана педагогикаға үйрену мүмкін емес, сонымен бірге практика қажет, бірақ ол дәл көшірме емес, шығармашылық және саналы түрде түсіну тұрғысынан болуы керек”-деп жазған болатын [11, 75]. Сонымен қатар, Н.П.Блонский теориялық білім мен практикалық процестің үйлесімді бірлікті болуын жақтады. Осы бағыттың жалғасын қазіргі көрнекті ғалымдар О.А.Абдуллина [13], Ю.К.Бабанский  [14], Н.И.Болдырев [15], И.В.Кузмина [16], Б.Я.Гудзенко  [17], В.А.Сластенин [18], т.б. еңбектерінен де кездестіруге болады.

Практика таным әдісінің өзі болып табылады. Шындығында, студенттер практика кезінде өмірден байқағанын тікелей пайымдау, мақсатты түрде бақылау, талдау, жинақтау, дерексіздендіру және тағы басқа педагогикалық жағдайларды бастан кешіруге мүмкіндік алады.

Практика жалпы адамзаттық танымда оның бастапқы да, соңғы да кезеңі болып табылады. Кез-келген ғылым саласына маман дайындауда да практика осындай қызмет атқарады. Қазіргі ғылыцми әдебиеттерде танымның концепциясын әр-түрлі түсіндіру кездеседі. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, ғылыми ұғымдар, түсініктер тәжірибеден тумайды, алдымен жоспары жасалып, теориямен бекітілген болжамдар ұсынылады, содан соң ол тәжірибеде тексеріледі.

Студенттің танымы мектеп өмірінен басталып, көркем шығармалар оқуға, деректі ғылыми білімдер алуға, кинофильмдер көруге, сондай-ақ, институтта алған білімдері мен қоршаған ортадан әсер еткен жағдайларға және тәрбие нәтижелеріне тікелей байланысты. Студенттің танымын кеңейтіп, бұрын алған білімдері мен жинақталған тәжірибелерін іс жүзінде қолдану арқылы кәсіби шеберлікке төселуінің бірден-бір жолы педагогикалық практика.

Методологиялық білімнің абстрактілі негізі жанама немесе тікелей практикаға бағытталатынын атап өту керек. Студент мұғалімнің оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізу процесін талдай отырып, бастапқы кезде, өзі әлі оқу-тәрбие іс-шараларын жүргізбей тұрып, алған теориялық білімін салыстырады, оны іс жүзінде қолданудың жолын үйренеді. Сөйтіп, білімін практикада қолдана білу мүмкіндігін тексереді. Ал, педагогикалық практика болашақ педагоктің жеке тұлғасын қалыптастырудағы қоғамдық, әлеуметтік факторлардың арақатынасын түсінуге, оқытудың дәстүрлі уақыт талаптарына төтеп беретін және танымның қазіргі деңгейін көрсететін жаңа байланысын жасау үшін тиімді жағдай жасайды. Педагогикалық практиканы студенттердің педагогикалық іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыру құралы ретінде оның танымдық және шығармашылық белсенділігін арттыру ғана емес, сондай-ақ олардың теориялық білімін бекіту мен тереңдету құралы ретінде құрастыруға болады.

Педагогикалық институттарда маман дайындау мәселесінің жаңа бағыт, жаңа мазмұн, жаңа мақсатқа ие болуына байланысты, қазіргі таңда жоғары оқу орындарында мектептерге мұғалім мамандарды дайындау күрделі де, жауапты да істердің біріне айналып отыр.

Нормативтік құжаттар бойынша жоғары оқу орнына келген студенттер алғашқы күннен бастап-ақ, педагогикалық, психологиялық арнаулы пәндер теориясымен қатар жеке пәндер әдістемесін оқып, семинарлық, практикалық сабақтар барысында мұғалімдік жұмыстың қыры мен сырына төселе бастайды. Бастауыш сынып мұғалімдерінің негізгі іс-әрекеттерімен танысып қана қоймай, сабақ және тәрбие жұмыстарының жоспарларын жасайды.

Студенттердің институт қабырғасында алған теориялық және практикалық білімдері үшінші курстан бастап педагогикалық практикамен жалғасады. Бұл бастауыш сыныптар мұғалімін дайындауға бүртұтас үрдіс ретінде қарап, педагогикалық практика барысында студенттердің білім берудегі тек әдістемелік дағдысын қалыптастыруға көңіл бөліп қана қоймай, олардың теориялық білімін көтеру, тәрбие мен оқытудың дидактикалық жүйесін меңгеру мүмкіндігін жетілдіру, сол арқылы кәсіптік шеберліктерін дамытуды педагогикалық, психологиялық тұрғыдан негіздеудің керектігін көрсетеді.

Бастауыш сынып мұғалімі оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелерін өз дәрежесінде шешу үшін ең алдымен адам жайындағы ғылым салаларын меңгеріп, күнбе-күн жедел қарқынмен өсіп, дамып отыратын жасөспірімдердің анатомиялық, физиологиялық, психологиялық ерекшеліктерін жете түсініп, өз іс-әрекетінде осы ерекшеліктерді ескере білетіндей, дәрежеге жетуі тиіс. Сонда ғана мұғалім оқушылармен бірлестікте жұмыс істеу тәсілін меңгеріп, олармен дұрыс қарым-қатынасқа түсе алады.

Бастауыш сынып мұғалімдерінің әмбебап білім иесі болу керек деген пікіріміздің дәлелі – адам өмірінің бүкіл алдағы кезеңдеріне білім жағынан да, мінез құлық ұйытқысының қалыптасуы тұрғысынан да негіз боларлықтай іргетасы оқушылар бойында осы бастауыш сыныптан бастап қаланады. Оны мықты етіп қалау мен негіздеу, саналы, білімді, жан-жақты дамыған, қоғамда болып жатқан өзгерістерге тез икемделгіш, кәсіби шеберлігі қалыптасқан, оқушылардың психологиялық ерекшелігін жете білетін маманның ғана қолынан келеді.

Бастауыш сыныптарда сабақ берудің, тәрбие жұмысын жүргізудің теориялық және әдістемелік мәселелерін меңгеру жан-жақты дайындықты керек ететінін өз кезегінде мектеп ашып, ол мектептерде білім беру жүйесін жолға қоюмен айналысып, қазақ халқының білімі, мәдениеті, сана-сезімінің көтерілуіне жол салған Ы.Алтынсарин да айтып кеткені белгілі. Сол атақты педагог бастауыш мектепте сабақ беруге кез-келген мұғалімнің күш-жігері, кәсіби ыңғайы келе бермейтінін айта келіп, “Өйткені бұратана елдерінің балаларын, белгілі бір бағыт нұсқау алмай-ақ, өз беттерімен оқыта беру оқытушылардың бәрінің бірдей қолынан келе бермейді”-дейді [10,191].

Педагогикалық институттың бастауыш сыныптар мұғалімін дайындауға арналған оқу жоспары мен бағдарлама мазмұны маман дайындаудың жоғары деңгейде жүзеге асырылуын қарастырды және талап етеді. Сондықтан да, әрбір жеке пәндердің теориялық және әдістемелік негіздері жоспарға қатар енген. Білім беруге арналған оқу жоспарының бұл құрылымы әр пән бойынша семинарлық, практикалық, лабораториялық сабақтар ұйымдастырып, болашақ мамандарды аудиторияда институт қабырғасында педагогикалық практикаға шықпас бұрын-ақ, алдынала дайындауға мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысымыздың негізгі бір мақсаты студенттерді падагогикалық практикаға алдынала дайындаудың жүйесін, мазмұнын, әдістемесін негіздеу. Осыған дейінгі жарық көрген еңбектердің бәрінде дерлік, педагогикалық практикаға дайындықтың керектігін сөз еткенмен, қандай дайындықтарды айтатыны белгісіз болып қала береді. В.А.Сластелин педагогикалық практикаға дейін студенттердің педагогикалық ойдың дамуына мән беру керек десе, М.И.Лукьянова кәсіби бағдар қалыптасу үшін алдымен педагогикалық хабардарлығы (компетентность) басым болуы шарт деген пікір айтқан.

Студенттердің сабақ барысындағы және сабақтан тыс орындайтын жұмыстарының мазмұнын жүйелеп, оны орындаудың түрлері мен әдістерін анықтап алу арқылы оларды педагогтік мамандыққа үздіксіз және жүйелі дайындау мақсаты орындалады. Мұндай жұмыстарды орындау барысында студенттердің өз мамандығының мәнісін, маңызын, келешектегі мақсатын түсіну деңгейі дамып, танымы қалыптасады. Танымның түрі көп екені белгілі. Ғалымдардың танымы мен студенттердің оқу білім алу кезінде қалыптасатын танымдарын салыстыруға болмайды. Студенттер субъективтік жаңаны, ғылым бұрын зерттеп, танып қойғанды ғана қабылдап, таниды. Ал, ғалымдар болса, жаңаны іздейді, зерттеу жолында сәтсіздікке кездесуі де мүмкін. Соның негізінде басқа жол іздестіріп, талай қиындыққа ұшырайды. Студенттер болса, әбден байқаудан өткен әдіс-тәсілдерді танып, оның қолдану ретін іздестіреді. Бірақ, осы ізденістің өзі олар үшін жаңа танымға жетелеп, жаңа ұғым береді. Сол жаңалықты меңгеруге жетелейтінғ ізденуге жол сілтейтін, жаңалықтың іс жүзінде қолданылу ретін көрсететін жоғары оқу орнының мұғалімі.

Студенттер әр пәнді оқығанда сол пәннің келешектегі кәсібіне қаншалықты керектігін түсінген жағдайда ғана шығармашылыққа ұмтылып, өздігінен ізденушіліктері күшейеді. Бәләмдерін толықтырып, қосымша әдебиеттер оқып, өзін өзі бақылауға жұмылады. Себебі, қазіргі студент ол аз уақыттан кейін дайын маман, ол болашағын ойлап іс істейтін тұлға. Институт қабырғасында оқып, білім алу барысында олардың ғылыми түсініктері, түрлі талдаулар арқылы қалыптасқан ұғымдары бар.

Соңғы жылы Білім және ғылым министрлігінің бекітіп, маман дайындауда басшылыққа алуға ұсынған жоғары білімді бастауыш сынып мұғалімін дайындауға арналған стандартында [8] негізгі мамандықтарына қосымша мамандандыруға 500 сағат берілген. Бұл сағатты әр институт өз мүмкіндіктеріне қарай қандай бағытта мамандандыру керектігін өздері шешеді. Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогика институты мамандандыру бағытына педагогикалық колледждің мұғалімін дайындауды енгізіп, жыл сайын бітіруші студенттерге бастауыш сыныптар мұғалімі мамандығымен қатар педагогикалық колледж мұғалімі деген қосымша мамандық беріп келеді.

Бастауыш сыныптар мұғалімдерін дайындауға үлкен мән берілетіндігін білім стандартына енген жеті түрлі практикадан-ақ, байқауға болады. Егер, жоғары сыныптарда өткізілетін практикалар мазмұны оқыту мен тәрбие мәселелерін қамтитын болса, бастауыш сынып педагогикалық практикалары мектепте бастауыш буынға білім мен тәрбие беруде басшылыққа алатын жүйелі-жүйелі мәселелердің барлық жақтарын қамтыған. Мәселен, “Мектептегі алғашқы күндер” [3 апталық] практикасы өз алдына ерекше шешуін табуды талап ететін мәселе. Мектеп есігін жаңа ашқан жеті жасар баланың психологиялық дүниесінде болатын құбылыстарды кітаптан оқып меңгеруге мүлде болмайды. Оны көзбен көріп, жүрекпен сезінген маман ғана байқай алады. Ал, бұл тұста сол көңіл күй ерекшелігін білген маман ғана білім берудің алғашқы қадамын сәтті бастай алмақ. Сондықтан да, болашақ бастауыш сынып мұғаліміне кәсіби бағдар да осы практикадан басталады. Оқушылардың жаңа орынға, жаңа ұжымға, мұғалімнің жеке басына үйреніп, өзінің бүкіл еркін, сана-сезімін оқуға, білім алуға бағыттауы алғашқы күндердің сәтті ұйымдастырылуына тікелей байланысты. Сондықтан да, студенттердің бұл практикасына үлкен мән беріліп, практика кезінде кездескен ситуациялар аудитория жағдайында талданып отырады. Сонымен қатар, ғылыми зерттеушілік жұмысын ұйымдастыруға арналған тағы да үш апталық практика енгізілген.

Сөйтіп, студенттер үшінші курстағы педагогикалық практикаға теориялық, практикалық, психологиялық тұрғыдан дайын келеді. Үшінші курстағы педагогикалық практика [5 апта] институттағы аудиториялық дайындықпен қатар осыған дейінгі үш дүркін ұйымдастырылған педагогикалық практикалар негізінде өткізіліп, болашақ мамандардың келешектегі іс-әрекеттерінің ғылыми практикалық негізін қалайды. Осы практикалардың бәрінің нәтижесі төртінші курста ұйымдастырылатын алты апталық оқу-тәрбие практикасының мазмұнымен жалғасады. Осы келтірілген деректерден бастауыш сынып мамандарын дайындау барысында оларға кәсіби бағдар берудің мазмұны мен мақсатын байқауға болады.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудың ерекшелігіне институт қабырғасында оқылатын пәндердің әдістемелік тұрғыдан сабақтастығы да бар. Бұл әдістемелік сабақтастықтар туралы Қазақстанның белгілі педагогі, дидакт Р.Г.Лемберг өзінің “Оқыту әдістері” [19] еңбегінде жақсы көрсеткен. Оның пікірі бойынша бірде-бір оқыту әдісі жұмырланып жеке дара таза қалпында қолданылмайды, олар бір бірімен сабақтастықта, байланыста қолданғанда ғана нәтиже береді. Мұндай жағдайда кейде негізгі әдіс келесі бір оқыту әдісінің тәсіліне айналып кетуі ықтимал. Оқыту әдістерінің сабақтастығы мен оларды топтау И.Я.Лернердің еңбегінде де ерекше орын алады [20]. Сондықтан да, бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіптік шеберлікке баулуда осы жағдайлардың бәрі де ескеріледі.

Болашақ мұғалімдердің кісіби шеберлігі педагогикалық практика барысында шыңдалатын болса, оған дейін студенттерді педагогтік жұмысқа дайындау институтта аудиторияда жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда педагогикалық практиканың алдынала жүргізілетін жұмыс түрлерінің маңызы зор. Алдынала дайындық кезінде болашақ мамандарға оқытылатын пәндердің мазмұн сабақтастықтарын ескерумен қатар ұқсас пәндерді кіріктіре оқыту жағына көңіл бөлінуге тиіс. Осы кезге дейін жоғары оқу орындарында әр пән жеке-жеке оқытылуымен қатар кейде өзінен өзі сұранып тұрған мазмұн сабақтастығы да ескерілмей келгені шындық.

Сондықтан да алдынала дайындау кезінде пән аралық кіріктіруді күшейте отырып, барлық бастауыш сынып мұғалімдеріне оқытылатын пәндерге ортақ, сабақтас тақырыптарды күшейтуге көңіл бөлінеді. Ол мазмұн төмендегідей көлемді қамтыды:

  1. Студенттердің бастауыш сыныптарға арналған оқу бағдарламаларынң мазмұнын, әр сынып бойынша берілетін білім көлеміне жете біліп, меңгеруі. Бастауыш білім стандарты мен тұжырымдамасын оның талаптарын талдай білуі.
  2. Бастауыш сыныпқа арналған пәндер оқулықтарының мазмұнын, құрылысын, оның оқушыларға деңгейлеп білім беруге сәйкестігін, оқулықтарда берілген сұрақтар мен тапсырмалар құрылысы мен мазмұнын талдай білу.
  3. Оқулықтардың көркемдік безендірілуін, ондағы суреттер мен сызбалардың тиімді, тиімсіз жақтарын талдап үйрену.
  4. Сабақ түрлерін, осыған байланысты сабақтың құрылысын талдау.
  5. Сабақтың білімдік, тәрбиелік, дамытушылық мақсатын оның тақырыбы мен мазмұнына қарай дәлелдеу.
  6. Сабақ түрлеріне, тақырыбы мен мақсатына қарай оның жоспарын жасап жаттығу.
  7. Сабақтың тақырыбына байланысты оқушылардың сабақ барысындағы өзіндік жұмысының түрлерін талдай білу.
  8. Сабақтан тыс ұйымдастырылатын жұмыстарды тақырып пен тараулар бойынша жүйелеу.
  9. Сабақ барысында қолданылатын әдістер мен тәсілдерді тақырып мазмұны мен мақсатына байланысты саралау.
  10. Оқушылардың шығармашылығын дамытудың жолдарын меңгеру.
  11. Тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру әдістерін меңгеріп, оның жоспарын жасау.
  12. Пән мазмұндарын кіріктіре оқытудың әдістерін талдай білу.
  13. Оқушыға берілетін білімді міндетті және мүмкін деңгейге саралай білуі.
  14. Оқушыларға берілетін білім, білік және дағдылардың сапасын талдай білу.

Студенттердің педагогикалық практикаға дайындау кезінде аудитория жағдайында өткізетін сабақ үлгілерін және оқулықтар мен бағдарламалар мазмұнына байланысты туындаған пікірлерін де олардың өзін белсенді қатыстыра отырып талдау арқылы олардың болашақ педагог ретіндегі көзқарасы мен біліктілігін дамытып, кәсіби бағыт беру мақсаты жүзеге асады.

Педагогикалық практиканың алдынала дайындығына студенттерге дәріс оқыту да енеді. Дәрістің тақырыбын анықтау, жоспарын жасау, әдебиеттерін тағайындау, лекцияның түрін белгілеу (жаңа ұғым беру, проблемалық т.б.) мұғалімнің көмегі арқылы жүзеге асуы да, не студенттердің өздігінен орындауы да мүмкін. Бұл студенттердің осыған дейінгі дайындығының деңгейіне байланысты туындайтын жағдай.

Дәрістің құрылысын анықтап, конспектісін жазуды студенттер өздігінен орындайды. Ал, оқыған дәрістің нәтижесін талдау, қорытынды жасау бүкіл топ студенттерінің қатысымен жүзеге асады. Мұндай жұмыс түрлері арқылы студенттердің өз білімі мен біліктілігіне деген сенімі артады. Өз білімін бағалауға, кемшілігі мен жетістігін саралауға төселіп, мұғалімдік дағдысы қалыптасып, кәсіби бағыт алады.

Педагогикалық практиканың алдынала жүргізілетін жұмыстар негізінде студенттерде мұғалімге тән қасиеттер – оқушылар алдында өзін ұстау, дауыс ырғағы мен сөйлеу шеберлігін жетілдіру, дәрісті бастау мен аяқтау, қорыту, аудиториямен байланыс жасай білу сияқты дағдылар қалыптасады.

Педагогикалық практика жайында жазылған еңбектерде алдынала дайындық кезеңі жеке дара бөлініп көрсетілмейді. Алдынала дайындықтың педагогикалық, психологиялық және теориялық, әдістемелік тұрғыдан алғанда да үлкен бәрі бар. Себебі, педагог болудың алғашқы кезеңдеріндегі ең негізгі қиындық, студенттердің психологиялық кедергіні жойып оқушылармен қарым-қатынасты дұрыс деңгейде шеше алмауынан туындайды.

Педагогикалық практиканың алдынала дайындық жұмысына үлкен мән беріп отырмыз. Себебі, мұғалімнің маман ретіндегі дайындық деңгейіне оқушының білім алу сапасы тікелей байланысты. Білім екі жақты процесс екенін мойындасақ, оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастырудың көзі, оған түрткі болып жағдай жасайтын мұғалімнің іс-әрекеті екенін естен шығармауға тиіспіз. Білімді тиімді әдістер арқылы түсіндіріп, оның нәтижесінде оқушыларда ұғым қалыптастыру мұғалім шеберлігіне тікелей байланысты. Осы кезге дейін оқу үрдісінде мұғалім субъкт ретінде орын алып, оның әсер ететін объктісі оқушы болса, қазіргі білім беруді демократияландыруға байланысты мұғалімнің өзі оқушылар әрекетіне төтеп беретін объектіге айналды. Сабақта тек өз айтқанын жүргізіп, авторитарлығы басым өктемдікпен басқаратын қалыптың тиімсіздігіне мұғалімдер қауымының көзі жетіп отыр. Мұғалімнің күнбе-күн өзінің психологиялық ерекшелігімен, талабымен, мүмкіндігімен, мінез-құлқымен, ешкімге ұқсамайтын қасиетімен, тек шығармашылықпен қатынас жасауды керек ететін қалпымен күрделеніп, оқшауланатын объектімен жұмыс істеуіне тура келеді. Сондықтан да, мұғалім оқушылармен ынтымақтастықта, бірлестікте жұмыс атқарып, пікір алмасу, көзқарастарын ашық айтып, оны талқылау деңгейінде орынды және тиімді жасалған басшылық негізінде білім беру үрдісі жүзеге асады. Оқытуды ынтымақтастықпен ұйымдастыру мұғалімнен үлкен дайындықты және педагогикалық біліктілікті талап етеді.

Қазіргі таңда білім берудің бірлестікте, ынтымақтастықта ұйымдастырылуына көптеген ғалымдар көңіл аударып, пікір айтуда. Г.М.Коджаспирова мен Л.В.Бориковалар да өз еңбектерінде [10,7.] мұғалімдердің оқушылармен қарым-қатысы ынтымақтастық деңгейде ұйымдастырылса ғана, жетістікке жете алатынын көрсетеді. Әр мұғалім өзіне ғана тән талант иесі. Ол өз жолында кездесетін оқу-тәрбие ісіндегі күрделі мәселелерді дер кезінде, ғылыми тұрғыда шығармашылықпен шешетін, адамгершілігі мен мәдениеті дамыған тұлған. Сондықтан да, оның іс-әрекеті сол сәтте, сол жағдайда туатын, бір-біріне ұқсамайтын жағдайларды дұрыс және педагогикалық тұрғыда шешуге ыңғайлы болуға тиіс. Мұндай шешім қабылдау сәттерінде, сол дұрыс қабылдаған шешім нәтижесінде мұғалім өзі де қайта жаңарып, көзқарасы дамып, жаңа арнаға түсіп отырады. Мұғалімнің шығармашылығы осындай сәттерден құрылады. Біртіндеп, бұл шешімдері тәжірибеге айналады. Мұғалімнің шығармашылығы жаңалық табу, оны оқу-тәрбие мәселесінде тиімді қолдану екені белгілі Осы тұрғыдан алғанды педагогикалық практиканың маңыздылығы – студенттердің бұрын меңгерген білімі мен қазіргі таңда қажет болған білім арасында қарама-қайшылық туады. Бұл жағдай олардың ізденуіне жағдай жасайды.

Педагогикалық жоғары оқу орындарындағы педагогикалық практика мәселесін зерттеген көптеген ғалым әдіскерлер еңбектерінде педагогикалық практиканың атқаратын функцияларын атап көрсеткен. Мәселен, О.А.Абдуллина мен В.Г.Розовтардың жұмысында [6] педагогикалық практиканың білімдік, дамытушылық, тәрбиелік мәндері ашылған.Соынмен қатар, бұл еңбектерде педагогикалық практиканың диагностикалық маңызын баса айтады. Әрине, педагогикалық практиканың бұл маңыздылығын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, педагогикалық практиканың мұғалімдердің кәсіби біліктілігін күшейтуде алдынала ұйымдастырылатын жаттығу жұмыстарының мәнділігін басқа ешбір жұмыс түрлері алмастыра алмайды. Бұл жоғарыда көрсеткендей, бастауыш сыныпқа мұғалім дайындаудың өзіндік ерекшелігінен туындайды.

Біздің зерттеуімізде педагогикалық практиканың алдынала жүргізілетін жұмысқа баса көңіл беруімізге тағы бір себеп, Н.А.Бельская мен А.И.Пискуновтардың пікірлері бойынша студенттерге берілетін көмек семинарлық, практикалық сабақтардың барысында педагогикалық практика кезінде жүзеге асады дейді [21]. Шындығына келсек, педагогикалық практика кезінде студенттерге арналған семинарлық сабақтар өтілмейді. Мұндай сабақтардың бәрі де педагогикалық практикаға дейін ұйымдастырылып, студенттерді мұғалімдік жұмысқа дайындау мақсатын жүзеге асырады. Ал, педагогикалық практика кезінде ұйымдастырылатын жұмыстар мен конференциялардың алдына қоятын мақсаттары өзінше бөлек.

Сонымен қорыта айтқанда, қоғамдық құрылыстың жаңаруы, білім жүйесінің жаңа мазмұны, жоғары білімді маман дайындаудың жаңа стандарты, бастауыш буынға жаңа оқулықтардың енуі, жаңа бағытта жұмыс жасайтын жаңаша ойлайтын, жаңалықты көре білетін бастауыш сынып мұғалімдерін дайындауда оларға жаңаша кәсіби бағдар беруді керек етіп отыр.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне кәсіби бағыт беруде мына мәселелерге баса көңіл аударылуға тиіс:

— болашақ мамандарға мектеп жағдайында бастауыш сынып оқушыларын жеке тұлға ретінде дамытудың әдіс тәсілдерін меңгерту үшін, жоғары оқу орынындағы педагогикалық психологиялық пәндер байланысын күшейтіп, оларды кіріктіре оқытуды қамтамасыз ету;

— әр пәнді оқытудың әдістемесін болашақ мұғалімдерге меңгерту барысында пән аралық байланыспен қоса олардың өзіндік ерекшеліктерін (мазмұны, мақсаты, құрылысы, оқыту әдістері т.б.) талдауға көңіл бөлу;

— тәрбие жұмысының түрлері мен оларды ұйымдастыру әдістерін меңгерту кезінде оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін ескеруге көңіл бөлу;

— бастауыш сыныптарда білім беруге арналған стандарт пен бағдарлама мазмұнын жете түсіну;

— бастауыш сынып оқушыларына білім берудің жаңа технологиясын меңгерген;

  • білім мен тәрбиені сабақтас тұрғыдан жүргізе білетін;

           —  коммуникативтік мәдениеті қалыптасқан маман дайындау. Мұның бәрін жүзеге асыру үшін, институт қабырғасында педагогикалық практиканың алдынала ұйымдастырылатын жұмыс түріне негізгі мән беру; жоғары білім стандартының талаптарын жүзеге асыру; педагогикалық практика кезінде студенттің оқушыларды шығармашылыққа, дамытуға көңіл бөлу мүмкіндіктерін қадағалау; педагогикалық практика барысында бастауыш сынып білім бағдарламалары мен мектеп алды дайындығының білім бағдарламаларын байланысын талдау мәселелері қамтамасыз етілуге тиіс.

Жоғарыда келтірілгендерден көріп отырғандай, педагогикалық практика сезімдік, бейнелік, нақтылық сияқты бастамаларға дем беріп, болашақ маманның ойлау процесін педагогикалық бағытқа меңзейді. Педагогикалық практиканың өзіне тән ерекшелігі жалпы да, мәнді де көзге бірден шалына қоймаса да, өз тұрғысында нәтижесін беріп отыратын көптеген элементтерден тұрады.

Бастауыш сынып мұғалімдеріне педагогикалық практика кезінде кәсіби бағдар беруде ең алдымен негізге алынатын жағдай, олардың ұйымдастырушылық шеберліктерін жетілдіруге көңіл аудару. Ұйымдастырушылық шеберлігі дамыған мұғалім ғана керекті материалды іріктеп, оның білім берудегі маңзын айқындап, берілетін білімнің мақсатын саралап, керекті құралдарын дайындап, оқытудың әдіс-тәсілдерін іріктей алады. Бастауыш сыныптағы көп пәнділік, тұрғысынан алғанда бұл өте керекті де, қажет те, міндетті де, кәсіби бағыт. Жоғарыда көрсетіп кеткендей, бұл бағытқа бағдарлау да алдынала дайындық кезінде оқу-әдістемелік кешендері пайдаланып, онымен жұмыс жасап жаттығу арқылы, сол дайындықтарының нәтижесін педагогикалық практика кезінде жүзеге асыру барысында шыңдалып беки түседі.

Бастауыш сынып мұғалімдерінің бұл икемдіктерін кейбір ғалымдардың анықтамасына сүйенсек, құрастырушылық шеберлігі деп те атауға болады. Педагогикалық практика барысында болашақ мамандардың мұндай құрастырушылық икемдіктерін жетілдіру арқылы олардың кәсіби бағытына негіз салынады.

Бастауыш сынып мұғалімдеріне кәсіби бағдар беру қазіргі таңдағы қоғамдық құрылыс тарапынан, бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктері негізінде, берілетін білімнің көп пәнділігі мен жаңа буын оқулықтарының білім беру жүйесіне іс жүзінде енуімен оқшауланады.

 

 

  1. Жоғары оқу орнындағы педагогикалық практиканың тарихи-педагогикалық сипаттамасы

 

Білім беру жүйесінің алғашқы табалдырығы мектепке дейінгі мекемелерге мамандар дайындау көкейтесті мәселе болып отыр. Оған дәлел “Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде 16,3 мың педагог қызметкер еңбек етуде, олардың 38,7 %-ның жоғары білімі, 52,8 %-ның анрнаулы орта педагогикалық білімі және 2,1 %-ның орта білімі бар. Мектепке дейінгі ұйымдар педагогтарының 40 %-ның ғана жоғары және бірінші санаттары бар, ал 31,2 %-ның санаты жоқ” делінген [8,17]. Бұдан шығатын қорытынды болашақ мамандарды саналы дайындауды жоғары оқу орнына жүктеп отыр. Болашақ мамандардың кәсіптік даярлығында педагогикалық практиканың алатын орны ерекше. Педагогикалық практика барысында студенттердің бойында педагогикалық дағдылар мен біліктіліктерді қалыптастыру оның дербес әрекетінің шешуші, нақты алғышарты болып табылады.

Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында “Білім алушылардың кәсіптік практикасы мамандар мен жұмысшылар даярлаудың бір бөлігі болып табылады, ол практика базасы болып табылатын тиісті ұйымдарда жүргізіледі және білім беру ұйымдарындағы оқыту процесінде алған білімді бекітуге практикалар дағдылар алу мен озық тәжірибені меңгеруге бағытталады” делінген [8,20].

Бастауыш сынып мұғалімі мамандығын дайындауда, оның ішінде кәсіби бағыттылығын қалыптастыруда педагогикалық пратиканы ұйымдастырудың ең тиімді жолдарын, ғылыми теориялық негізін, мүмкіндіктерін анықтауда алдымен практика ұғымына талдау жасауды жөн көрдік. 

“Практика” ұғымы Ежелгі Грекияда енген, “қимыл, әрекет” деген мағынаны білдіреді. “Адам өз бойының ақиқаттығын, яғни шындығы мен күш қуатын, осы дүниелік екендігін практикада дәлелдеуі тиіс”. Философиялық сөздікте “Практика – қоғамның дамуын қамтамасыз ететін адамдар әрекеті. Адамдар өмірінің негізін құрайтын материалдық өндірістің объктивтік процесі” делінген [5,27]. Практика қазіргі философияның іргелі категориясы болып, диалектикалық материализмде практика – ақиқаттың өлшемі ретінде анықталған. Адам практика жүзінде әрекет жасай отырып, өзінің алдына белгілі мақсаттар қояды, бұл мақсаттарда оның айналасындағы құбылыстарды түсінуі, оның білімі көрсетіледі. Ағылшын философы Ф.Бэкон танымының қайнар көзі практика, бақылау, эксперимент, білім тәжірибеден шығады десе, француз ғалымы Р.Декарт ақыл-ойды таным процесінде бірінші орынға қойып, тәжірибенің рөлін сол ақыл-ойдың мәліметтерімен тексеретін қарапайым практикаға дейін түсіреді [9,7].

Шындығында, студенттер практика кезінде өмірден байқағанын тікелей пайымдау, мақсатты түрде бақылау, талдау, жинақтау, дерексіздендіру және тағы басқа педагогикалық жағдайларды бастан кешіруге мүмкіндік алады.

Практика жалпы адамзаттық танымда оның бастапқы да, соңғы да кезеңі болып табылады. Кез келген ғылым саласына маман дайындауда да практика осындай қызмет атқарады. Қазіргі ғылыми әдебиеттерде практика және танымның тұжырымдамасын әр түрлі түсіндіру кездеседі. Идеалист философтар Юм [7,3], Кант [7,5], Мах [7,9], Рассел [7,11] және басқалар танып білу үшін практиканың маңызы екенін мойындай отырып, оны бұрмалайды да, тек қана рухани қызметке әкеп саяды. Прагматизм өкілдері Дж.Дьюи [7,17], Шиллер [7,27] субъктінің өз басының толғаныстары саласындағы қызметін практика деп түсінеді, ал объективті идеалист Гегель практиканы белгілі бір мақсаттарды жүзеге асыратын адамның шығармашылық теориялық қызметімен теңестіреді. “Практика – танып білудің негізі” мұның өзі адамның танып білуінің, яғни ең қарапайым түсініктерден бастап, ақылдың ең абстракты құрылымдарына дейін практика негізінде дамиды.

Кейбір зерттеушілердің айтуынша, ғылымда ұғымдар, түсініктер тәжірибеден тумайды, алдымен жоспары жасалып, теориямен бекітілген болжамдар ұсынылады, содан соң ол тәжірибеде тексеріледі. Басқа бағытты жақтаушылардың тұжырымдары бойынша “тәжірибе теорияны өмірге әкеледі”, яғни тәждірибеден алынғандар бұрынғы теориямен қақтығысады да, оны жоққа шығарып жаңаларын дүниеге әкеледі. Сезімдік пен рационалдық, тәжірибе мен терияның арақатысы, олардың бір-бірімен байланысы күрделі үрдіс. Бұларды бір-біріне қарама-қарсы қоюға болмайды.

Практикадан теорияға және теориядан практикаға ауысу заңдылық деп санаймыз. Студенттің танымын кеңейтіп, бұрын алған білімдері мен жинақталған тәжірибелерін іс жүзінде қолдану арқылы кәсіби бағыттылығын қалыптастырудың төселуінің бірден-бір жолы – педагогикалық практика. 

Қ.Әбішев өзінің еңбектерінде “практика, іс-әрекеттер – адамдардың дүниені игеріп, сол арқылы өзін, өз болмысын өзгерту, жарату, жасау қызметі. Адамдар рухани нәтижелерді, яғни, сезімдерді, ұғымдарды, түсініктерді, жалпы дүниенің оған қажет сан алуан бейнелерін тікелей практика түрінде жасайды”, — деп практиканың адам өміріндегі маңызын жоғары бағалаған [9,77]. Әдіснамалық білімнің абстрактілік негізі жанама немесе тікелей практикаға бағытталатынын атап өту керек. Қорыта айтқанда, материалистік диалектика теория мен практика арасындағы философия ғылымында ертеректе орын алған метафизикалық үзікті жойды, практиканы ақиқат категориясы ретінде анықтап, оның дүниені өзгертудегі басымдылық мәнін ашты. Студент тәрбиешінің оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізу процесін талдай отырып, бастапқы кезде, өзі әлі оқу-тәрбие іс-шараларын жүргізбей тұрып, алған теориялық білімін салыстырады, оын іс жүзінде қолданудың жолын үйренеді. Сөйтіп, білімін практикада қолдана білу мүмкіндігін тексереді. Ал, педагогикалық практика болашақ педагогтің жеке тұлғасын қалыптастырудағы қоғамдық, әлеуметтік факторлардың ара қатынасын түсінуге, оқытудың дәстүрлі уақыт талаптарына төтеп беретін және шығармашылық белсенділігін арттыру ғана емес, сондай-ақ олардың теориялық білімін бекіту мен тереңдету құралы ретінде қарастыруға болады. Адамның жан дүниесінің сан қырлы сырларын зерттейтін психология ғылымының жаңалықтары педагогикалық практика мазмұнын әдіс-тәсілдерін айқындауға маңызды рөл атқарады. Жоғарыда айтылған практика танымның негізі деген тұжырымнан кейін қалай танудың өзіндік психологиялық негіздері болмақ.

Психолог С.Л.Рубинштейн педагогикалық практиканың қызметіне: “Педагогикалық дағдыларды меңгеруі, педагогикалық диагностикалау жолы, практика білім беру құралы, жалпы және теорияны шығармашылықпен қайта өңдеу жолы, терең білім беру құралы”-деп анықтама берген [22].

Еліміздегі психология ғылымының дамуына үлес қосып келген ғалымдар М.Мұханов [23], Т.Тәжібаев [24], А.Темірбеков [25], С.Балаубаев [26], Қ.Жарықбаев [27], Ә.Алдамұратов [28], Х.Шериязданов [29] және т.б. еңбектерінде ұстаз психологиясы, адамның іс-әрекеті және практиканың педагогикалық оқу орнындағы болашақ маман дайындаудағы орны туралы жоғары баға берген.

М.Мұхановтың ұстаз психологиясына шеберлігі, мамандыққа лайықты сапаларды тізіп көрсете келе, педагогикалық практика арқылы жоғары оқу орны студенттерге кәсіби бағыттылық пен шеберліктің өзіне тән ерекшелігін ашып көрсетудің маңызы зор екендігін айтқан [23].

Психолог А.Темірбеков “Адам әрбір әрекетке әдейілеп жаттығып, үйреншікті қалыпқа, дағды айналдырады” деген пікірінен біз практика арқылы болашақ мамандарға қажетті көптеген кәсіби бағыттылығын қалыптастыруға мүмкіндік туғызады деп тұжырымдаймыз [25].

Педагогикалық сөздікте “Практика дегеніміз – адамдардың табиғатты және қоғамды қайта құруға бағытталған қоғамдық, материалдық және мақсатқа лайық қызметі”, -деп анықтама берілген [29]. Дегенмен, педагогикалық практиканы бүртұтас педагогикалық жүйе ретінде зерттеу тарихына тоқсталсақ, кеңестік дәуірдегі және Қазақстан Республикасындағы егеменді ел болып өз мәселелерін өзі шешуге бағыт алған кезеңдегі ізденістерді қамтуға тиіспіз. Өткенге тағзым ете қарамай, бүгінгіні бағалай аламаймыз. Әр кезеңнің қоғамдық саясаты мен білім беру жүйесіне қойылатын талаптардың байланыстылығын ескерсек, көзге бірден шалынаты, кеңестік дәуірде педагогикалық практиканың құндылығы бірдей бағытта тәрбиеленген, білім алған, коммунистік туралы идеялармен сусындаған мамандар дайындаумен бағаланғандығы. Осы тұста педагогикалық практиканың маңызын тарихи тұрғыдан талдап зерттеген Н.Г.Кушков революцияға дейін педагогикалық университетті бітірген мұғалімдерді бір жыл гимназияға практикадан өтуге қалдырылғанын айтады [29,77].

1920 жылдары жоғары педагогикалық оқу орындарында бірыңғай оқу жоспарлары мен бағдарламалары болған жоқ. Қоғамыдық-саяси, арнаулы және педагогикалық-психологиялық пәндерді үйлесімді оқытудың жан-жақты жолдары басты назарда болды. Жалпы педагогикалық цикл көп пәнділігімен сипат алды. Басты жұмыс бағыты мамандардың терең теориялық біліміне ғана бағытталып, практика тек ақырғы оқу кезеңінде ұйымдастырылып, оның төрт пайызын бөлді. Бұл жәйт Н.К.Крупскаяның болашақ педагогтарды дайындауда теория мен практиканың ұштастырып жүргізу принциптерін басшылыққа алу және өмірмен тығыз байланыстылығын қамтамасыз ету қажеттілігі теориясына қайшы келіп сынға ұшырады. 1920 жылдары болашақ мамандарды дайындау мәселелерінің әр түрлі аспектілерін Н.К.Крупская көтерді. Ғалым ұстаз болашақ мамандардың теориялық, практикалық дайындығын күшейтудің бағдарламасын ұсынып, төменгі курстарда теориялық білімге ерекше мән беріліп, жоғары курстарда теориялық білімдерін практика кезінде тиянақтап, педагогикалық әрекеттерін ұйымдастыру қажет деген ұсыныс айтты [1, 78]. А.В.Луначарскийдің еңбектерін педагогикалық практиканы ұйымдастыру жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие процесін арттырып, біліктілігін жетілдірудегі маңызын бағалай келе, “балалардың мектеп өміріне көбірек еркіндік бере білетін, оларды дербес іс-әрекетке үйрету біліктілігіне ие тәрбиеші дағдыларын жақсы меңгеруі керек”,-деп жазды. Мұғалім қауымының білім берудегі әдіс-тәсілдерді меңгеруі тек теориялық білім алумен шектелмей, оның іс-жүзінде үздіксіз жаттығуының негізінде ғана біліктілігі қалыптасатынын айтып, педагогикалық шеберліктің шыңдалу жолдарын көрсеткен [3,37].

1932 жылы жоғары педагогикалық оқу орындарының біртұтас жүйесінің іргетасы қалыптасып, онда жалпы педагогикалық даярлық – педагогикалық институттарда кәсіби педагог маман даярлаудың өздік жұмыс компоненті ретінде қарастырылды. Оқу жоспарларында педагогика тарихы пәндері бойынша өздік курстар ұйымдастырылып, тәрбиеші ұстаз даярлау құрылымында теориялық оқуту мен педагогикалық практиканы қатар жүргізу шаралары қарастырыла бастайды. 1930 жылдан бастап қана педагогика дербес пән ретінде жоғары оқу орындарының оқу жоспарынан өзіне лайықты орынға ие болады.

КХК-ның 1936 жылғы қабылданған “Жоғары оқу орындарының жұмысы және жоғары мектепті басқару жөніндегі” қаулысында “Өндірістік практика бүкіл оқу процесінің құрамды бөлігі болуы және теориялық білімдерді жақсырақ игеріп, оларды өзінің практикалық іс-әрекетінде қолдануға көмектесуі тиіс”-деп көрсетілген [8,77].

Педагогикалық практикаға ерекше мән берген К.Д.Ушинский болатын. Ұстаз ғалымның пікірінше: “Оқыту әдісін кітаптан немесе мұғалім сөзінен үйренуге болады, ал бұл әдісті дағдыға айналдыру тек ұзақ уақыт практика нәтижесінде келеді”. А.С.Макаренко педагогикалық практика барысында студент практикалық сабақ жаттығулар арқылы педагогикалық әрекетті меңгереді, өзін-өзі сыннан өткізеді деген [13,7].

1940-1960 жылдары негізгі оқу пәндері (педагогика, педагогика тарихы) бойынша тұрақты оқу жоспарлары, тұрақты оқу пәндерінің құрылымы белгіленді. Сонымен қатар болашақ педагогтың теориялық және практикалық даярлығының бірлігіне қол жеткізуге бағытталған ізденістер, педагогикалық практиканы жетілдіруге арналған жоспарлар тоқтаусыз жүргізілді.

1950 жылдары педагогикалық жоғары оқу орындарының оқу жоспарында теориялық білім беруге аз сағат бөлініп, өндірістік практиканың уақыты ұзартылды.

1956-1967 оқу жылынан бастап жоғары педагогикалық практикаға арналған уақыт екі есе артық белгіленіп, студенттердің теориялық даярлығына бөлінетін уақыт едәуір қысқартылды (130 сағаттан 90 сағатқа дейін, педагогика пәні бойынша), алайда 1960-1961 оқу жылында практикаға бөлінген аптасының саны тағы қысқартылды. Осы жылы “Студенттердің педагогикалық практикасын ұйымдастыру және студенттердің мектепте жұмыс істеуге практикалық әзірлігін жақсарту шаралары туралы” бұйрық жарық көрді. Осы бұйрық негізінде оқу және өндірістік тәжірибе деп аталатын практика оқу жоспарында белгіленіп, педагогикалық практика барысындағы студенттердің дербес жұмыстары, шығармашылық біліктілік және дағдыларын арттыру жолдарына ерекше мән берілді.

1960 жылдары педагогикалық практиканың мазмұны, ұйымдастырылуы және нормативтік құжаттары, бағдарламалары бекітілді. Онда педагогикалық практиканың үш түрі: Танысу практикасы (1-2 курс), жазғы педагогикалық практика (2-3 курс), мектеппедагогикалық практика (3-5 курс) барысында болашақ мамандардың меңгеретін практикалық біліктіліктері мен дағдыларының ерекшелігі көрсетілді. Ал, болашақ мамандардың біліктіліктері мен қабілеттерін дамыту бағытындағы зерттеулер Е.И.Антипова [30], Н.Н.Негаев [31], А.В.Усова [32] еңбектерінде барынша ғылыми-педагогикалық тұрғыда қарастырылған.

1972 жылы Оқу министрлігінің “Педагогикалық институттардың педагогикалық практикасын ұйымдастыру және өткізу” туралы шығарған нұсқауы осы келеңсіз жағдайларды жолға қоюдың алғашқы бастамалары іспетті болды. Нұсқау мазмұнында жоғары педагогикалық оқу орнында өткізілетін педагогикалық практиканың түрлері, ұйымдастыру жоспары, студенттердің міндеттері мен тәлімгер ұстаздардың жетекшілігі туралы нақты бағыттарайтылды.

1985-1986 оқу жылында педагогикалық оқу орындарына арналған жаңа оқу жоспарлары енгізілді. Себебі, заман талаптарына сай болашақ маман жұмысының маңызды кепілдіктерінің бірі тек өзіне деген жауапкершілікпен шектелмей, жұмыс практика барысында ішкі бостандықты сезіне білуі. Болашақ маман сапалы оқыту процесін қамтамасыз етуші етуші тұлға, оқу сапасын арттырушы ретінде таныла білуі керек деген басты талаптар қарастырылды. Н.В.Кузьмин педагогикалық әрекетті зерттеу әдістерін, болашақ мұғалімнің дайындығы жүйесінде және оның алғашқы тәжірибесі кезінде маңызды кәсіби сапаларының даму механизмі мен ретін көрсете отырып, педагогикалық іс-әрекеттің құрылымын анықтайды [33].

Студенттердің педагогикалық практикасының жалпы мазмұндық мәселелері 1987 жылы бекітілген жоғары оқу орындарының бағдарламаларында жан-жақты баяндалды. Онда студенттердің педагогикалық практикасын барлық курс барысында жоспарлап, үздіксіз өткізудің қажеттілігі дәйекті түрде баяндалды.    

Қазақ топырағында ағартушылық идеяның туын алғаш көтерген А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин сияқты алыптардың ой-пікірлерінде тәрбиеші, мұғалім туралы ой-тұжырымдары ерекше орын алады[34]. А.Құнанбаевтың “Адам баласы көзімен көріп, құлақпен естіп, қолымен ұстап, тілімен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады”, “адам баласы туа есті болмайды. Естіп, ұстап, татып, естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарында болады” деген көзқарасынан білімін практикада тексерген жағдайда ғана санада берік болатындығын, біліктілігі мен дағдысы жетілген маман даярланатындығын тұжырымдаймыз. Ы.Алтынсарин мұғалімдердің оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруын, мектептегі бүкіл жетістіктер оның беделіне, білімі мен біліктілігіне өз жұмысын жан тәнімен сүйе білгеніне байланысты дейді. Мұның өзі болашақ мамандарды жоғары оқу орнында теориялық және практикалық тұрғыда дайындау қажеттігін меңзейді.

Ғ.Қарашев мұғалім болған адамның шәкірттері риза болатындай мінезі, оларды толық қанағаттандыратындай білімі болуы керек. Ондай білімі жоқ ұстаздан шәкірт тәлім көре алмайды деп мұғалімдерге талап қояды. Ақынның бұл пікірінен педагогикалық оқу орнынан мұғалімдерді дайындауға ерекше мән беру керектігін түйіндейміз.

С.Көбеев айтқанын орындата алмайтын ұстаздарды этикасы жоқ деп кіналамай, онда балаға әсер етудің тәжірибелік қоры аз, амал-тәсілдерінің жүйесі түзелмеген, яғни өзіндік тактикасы жетілмеген дейді. Белгілі ұстаздың пікірі бүгінгі болашақ мамандарды педагогикалық практика барысында кәсіби бағдарын қалыптастыруда маңызы зор.

Ж.Аймауытов балаларды оқытып-тәрбелеу үшін мұғалімнің ұстаздық шеберлігі жоғары және кәсибилік еркіндікке ие болу керек деп ғұлама ғалым білім алуды күнделікті өмір тәжірибесімен ұштастыра білу арқылы кәсіби бағдарының қалыптасатындығын ескертеді.

А.Байтұрсынов “Тәлімгер атаулының сөз саптауы шорқақ, ойға саяз, тыңдауға әсерсіз болса шәкірт тәрбиесінде берекесіздік туады” деген ой-пікірінің бір ұшын кәсіби бағдарда болғандықтан педагогикалық практика барысында ескеруіміз керек. “Адамға іс үстінде пайда болған іс пен ес қосылуынан өнер, білімді ойлап үйренбейді, істеп, түюден үйренеді”, -деп педагогикалық практика туралы арнайы сөз қозғамаса да тәжірибеде студенттерді сөз мәдениетіне жетелеуге ерекше мән беру қажеттігін ескертеді [35].

М.Дулатов кімде-кім өзінің табиғатында не нәрсеге шеберлік барын сезіп, өз жолына түссе ғана, көзге көрінеді деген пікірінен болашақ ұстаздар практика барысында өзінің келбетін сезінуі және соған жағдай жасау керек деп санаймыз [36].

М.Жұмабаев “Педагогика” атты еңбегінде “Бала тәрбие қылғанда әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы — өз тәжірибесі”. Яғни, бала күнде өзі қандай тәрбие алған һәм баланы өзі бұрын қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүрді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәжірибесі аса қымбат нәрсе ескерген жөн. Тағы бір ойында “қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Тәрбиешінің табансыздығын сезсе, бала онымен сөйлеуден, тілін алудан қалады” мұның бәрі практика барысында болашақ мамандардың кәсіби бағдарын қалыптастыруда ескеретін жәйттер [37].

Б.Р.Айтмамбетованың педагогикалық практикаға арналған зерттеу жұмысы кандидаттық диссертация ретінде қорғалып, жарық көрді. Б.Р.Айтмамбетованың зерттеу жұмыстарында педагогикалық практиканың болашақ маман үшін өз мамандығына байланысты жүйелі ұғым алуында, сапалы білім игеруіндегі алға апарушылық орны туралы айтылған. Студенттердің өздері таңдаған мамандықтарына деген ынта-ықыласы олардың тәрбиеші-ұстаз мамандығы бойынша өтетін практикасымен тікелей байланысты [7, 27]. Сонымен, педагогикалық практиканың болашақ мамандыққа даярлауда зор маңызы бар екендігіне көз жеткіздік.

Жоғары педагогикалық оқу орны кәсіби тәрбиеші, ұстаз мамандарды шыңдайтын, үлкен өмірге жолдама беретін негізгі орын. Қоғамымыздағы қайта құру белестеріне сай жалпы білім беретін және арнаулы кәсіби білім беретін мектептердің оқу-тәрбие мазмұнында да жаңа түбегейлі өзгерістер бой көрсетті. Студенттердің жалпы педагогикалық даярлығы жоғары оқу орындарындағы оқу жоспарының басты бағыты болып табылады.

Профессор Н.Д.Хмельдің ғылыми зерттеуіне сүйенсек, “Педагогика ғылымында болашақ мұғалімді алдын ала практикалық даярлаудың мазмұны мен әдістемесіне әсер ететін – студенттің педагогикалық еңбектің барлық түрлері мен формаларына өз күштерін, біліктіліктерін байқауға мүмкіншілік беретін дәстүр қалыптасқан”-деген болатын. Бұдан педагогикалық практика болашақ мамандардың негізгі әрекетін терең білуге және өзін-өзі талдауға мүмкіндік туғызатындығын көреміз [10,7].

К.Аманқұлов зерттеу жұмысында педагогикалық практика барысында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіптік шеберлігін қалыптастырудың теориялық негізін анықтап, педагогикалық практиканың болашақ мұғалім тұлғасының қалыптасуына тизетін әсерлерін және келешекте оның педагогтік сапаларына айналатын көрсеткіштерді топтастырды.

Жалпы алғанда жоғары оқу орнындағы педагогикалық практиканы жетілдіру мәселесіне арналған зерттеулер практика барысында мектептегі тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, педагогикалық практикаға басшылық жасауды жетілдіру, студенттердің педагогикалық біліктілігін қалыптастырудағы педагогикалық практиканың рөлін анықтауға бағытталған.

Педагогикалық практиканы ұйымдастыру, мазмұнын жақсарту әдістерін тынбай іздестіру өмір талабынан туындап отыр. Осының негізінде педагогикалық практика барысында студенттердің кәсіби бағыттылығын қалыптастырудың жолдарын анықтау үшін бағыттылық және кәсіби бағыттылық ұғымдарының құрылымын диссертацияның келесі тармағында қарастырамыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. 2. БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІН ЖЕКЕ ТҰЛҒА РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКАНЫҢ МАҢЫЗЫ

 

Философиялық ұғымда тұлға қоғамның субъектісі ретіндегі жеке адам. Оның өзіндік талпынысы, қызығушылығы, қажеттілігі, қабілеттілігі, күші бар. Ол үнемі өзін-өзі іске қосып, әлеіуметтік процестің өнімділігі мен жаңаруына жағдай жасайды. Тұлғаның сапасы бірқалыпты болмайды. Әр қоғамдағы, әр кезеңдегі тұлғаның жеке бастық, ұжымдық, қоғамдық тынысы өзінше болады айырма жасайды. Тұлғаның болашақта қандай іс атқаратынына қарай сапасы, талпынысы, қызығушылығы, қажеттілігі өзгеріп отырады. Оның белгілі бір бағытта қалыптасу арқылы қажеттілігі де өзгереді. Тұлға әлеуметтік қоғам талаптарынан қол үзіп жеке дами алмайды. Сол сияқты қоғамның дамуына да тұлға өзінің іс-әрекетімен әсер етеді.

Тұлғаның қалыптасуы оның іс-әрекетіне байланысты екенін ескерсек, педагогикалық практиканың оған қалай әсер ететінін түсіну қиын емес. Педагогикалық практиканың мұғалім тұлғасын қалыптастырудағы орны оның сол қызметке қызығушылығымен байланысты. Психологтардың пікірінше қызығушылық туу үшін жекебастың іс-әрекеті өзін қоршаған шындыққа тікелей бағытталуы тиіс. Қызығушылық ерекше таңдап алған бағыттың аса шапшаңдықпен орындалып, осыған байланысты іс-әрекеттің нәтижелі және тартымды болуы. Бұл іс-әрекет жекебастың қажеттілігінен туындағанда нәтижелі болмақ. Мәселен, студенттердің педагогикалық еңбекті қажет етуі оның өз ісіне қызығушылығының күшеюінің бірден-бір себебі. Болашақ маман студенттің педагогикалық еңбекке қызығушылығы күрделі психологиялық процесс. Бұл болашақ маманның педагогикалық еңбекке саналы қажеттілігінің дамуын керек етеді. Сондықтан да, тұлғаны қалыптастыру жан-жақты қарастыруды керек ететін жауапты мәселелердің бірі. Әр тұлғаның қызметі сол тұлғаның мінез-құлқына, білім деңгейіне, адамгершілік, этикалық сапаларына тікелей әсер етеді.

Алдыңғы қатарлы озық тәжірибенің жаңа бағытқа, жаңа мазмұнға, жаңа мақсатқа сай жақтарын көре білетін мұғалім ғана жекебас жетістіктерін байыта түспек. Себебі, ол жеке тұлға ретнде алдыңғы қатарлы іскерліктерді көріп қана қоймай, оны педагогикалық, психологиялық, теориялық жетістіктермен байытып, өзі де сол арқылы теориялық және практикалық тұрғыдан байып отырады. Осы кезедегі оқушыларға білімді деңгейлеп беру, даралап оқыту, білім мазмұнын кіріктіре білу, оқушыларды шығармашылыққа баулу, дамыту талаптары мұғалімнің жеке басына, оның кәсіби шеберлігіне қойылатын талаптар деп қарауға тиіспіз. Бұл талаптарды жүзеге асыру мұғалімнің жекебастық білімділігі, іскерлігі, шеберлігіне тікелей қатысты.

Осы кезге дейін қалыптасып келген мектептегі тәрбие ісінде ең басты көңілді оқушылардың адамгершілік, еңбек сүйгіштік, эстетикалық жақтарына аударуды қамтамасыз ету болатын. Ал, қазіргі таңда бұл талаптармен ғана шектелуге мүлдем болмай отыр. Қоғамдағы кездесіп отырған тәрбие мәселесіндегі қиындықтар да (нашақорлық, маскүнемдік, түрлі аурулардың етек алуы т.б.) мұғалім тұлғасына қойылатын талаптарды күрделендіре түсуде. Жастар арасында тәрбие жұмысын жүргізудегі қоғамдық талаптарды орындау ісіндегі басты тұлға мұғалім, оның көрнекті орны мен жекебастық қасиеті, ерекшелігі.

Тұлға қалыптастырудың, оның ішінде педагог тұлғаны қалыптастырудың өз ерекшелігі бар. Сондықтан да педагогикалық практика барысында педагог тұлғаны қалыптастыру мәселесі өз алдына ерекше мақсат ретінде қарастырылады. Педагогикалық іске сәйкестік, бұл сол істің қыры мен сырын меңгерген, оның ерекшелігін жете түсінетін адам. Педагог өзінің кез-келген әрекетінде бұрыннан дайын тұрған ұсыныстарды қолдануға асықпай, өз шешімін, өз әдіс-тәсілін, өз тәжірибесін қолдануға ыңғайлы болуға тиіс. Педагогтің мұндай білім берудегі ыңғайлылығы, өз ісіне сәйкестігі бірден пайда бола қоймайды. Оның шыңдалып жетілуінің алғашқы қадамы педагогикалық практика кезінен басталады.

Тұлға қалыптастыру мәселесі туралы сөз болғанда, оны әр ғалым әр қырынан қарастырады. А.И.Щербаковтың, Н.В.Кузьминаның, Ф.Н.Гонобалиннің, В.А.Сластениннің еңбектерінде мұғалімнің жекебас сапасы оның педагогикалық іс-әрекетіне байланысты қалыптасады деген пікірді құптайды. Н.В.Кузьмина педагогикалық тұлғаның өлшемі ретінде мына мәселелерді алады:

— мұғалімнің көпшілдігі, адамға жақындығы, яғни бұл оның әлеуметтік қажеттігі;

— бейімділік, ыңғайлылық, бұл мұғалімнің оқушыға деген ықыласынан, ынтасынан туындайтын сапасы ретінде қаралады.

— тартымдылығы, байқағыштығы да күшті болуға тиіс [5,77].

Педагог тұлғаны қалыптастыруда ұлттық ерекшеліктерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Әр елдің тарихи, жалпы адами, ұлттық рухани даму тарихы бар. Сонымен қатар, әр ел өзінің әл-ауқаты мен қоғамдық құрылысы жағынан да өзгеріс жасап қана қоймай, тұлға қалыптасуға әсерін тигізеді және ерекшеленеді. Себебі, бұл жағдайлар сол елдің мектептерінің, жоғары оқу орнының құрылымы мен мазмұнына, білім беру үрдісіне тікелей әсер етеді

Мамандардың тұлға ретінде қалыптасуында педагогикалық практиканың мәнін көтерудің бірнеше себебі бар:

Біріншіден, институт қабырғасында өткізілген дайындықтар нәтижесі педагогикалық практика кезінде қолданылады да, оның жетістігі мен кемшілігі айқын көзге түседі.

Екіншіден, педагогикалық практика кезінде студенттер оқушылармен тікелей қарым-қатынасқа түсу арқылы оның жеке бас икемдіктері айқындалып, мінез құлықта кездесетін кейбір кемшіліктері жөнделіп, өңделсе, жақсы тұстары шыңдала түседі.

Үшіншіден, педагогикалық практика кезінде студенттердің өзіндік “менің” мәні көтеріледі. Мен білемін, үйренемін, үйретемін, тәрбиелеймін, қарым-қатынас жасай аламын деген сияқты сенімі нығаяды. Оқушыларды тәрбиелеуге көңіл бөле отырып өзі де тәрбиеленеді, қиындықты жеңуге, сол сәтте кездескен мәселелердің шешімін табуға төселеді. Ғалымдар тілімен айтқанда педагогикалық ойы дамиды.

М.М.Рубинштейн мұғалімдер дайындау мәселесін сөз еткенде педагогикалық практиканың ең негізгі үш түрлі мәнін ашып көрсетеді. Ең бірінші, педпрактика кезінде педагогикалық біліктілікке төселетінін, екінші, теориялық білімдерінің тереңдейтінін, үшінші, әрбір студенттің өзінің педагогикалық икемдіктерін болжауына жағдай туатындығын [22,15]. Бұл пікірдің қазіргі таңда да құнын жоймағандығын мойындай отырып, біздің пікірімізше, педагогикалық практика кезінде болашақ мұғалімнің өз ісіне деген сенімі артатындығын да атап өтуге болады. Педагогикалық практика студенттің өз қабілетіне, мүмкіндігіне, білімі мен іскерлігіне деген сенімін, тиянақты ойын нығайтады.

Педагогикалық практика кезінде болашақ мамандарды тәрбие жұмысына дайындаудың өз алдына зерттеуді қажет ететін мәселе екендігін З.И.Васильева мен А.И.Пискунов [21.5.] еңбектерінен кездестіреміз. Тұлға қалыптастыруда бұл пікірлерді де ескеруге тиіспіз. В.А.Сластениннің пікірі бойынша мұғалімнің жеке тұлға ретінде қалыптасуында оның кез келген қиын жағдайда педагогикалық тұрғыдан дұрыс шешім таба білуі негіз салады. Ғалым-педагог өз еңбегінде мұғалімнің тұлға ретінде қалыптасу деңгейін байқауға болатын жағдайларды былайша жіктейді:

  • жеке-жеке педагогикалық нақты деректер бойынша теориялық тұжырым жасай білуі;
  • педагогикалық жүйеден басқа деректерге қарағанда ерекше деректерді ажырата білуі;
  • білімнің әр бөлігінің шығу, қалыптасу, даму кезеңдерін ашу;
  • берілетін білімнің әр бөлігінің маңызын анықтау;
  • осы бөлімнің басқа біліммен байланысын және тәрбие жүйесіне тигізетін әсерін аша білу [18,12].

Қазіргі таңдағы болашақ мұғалім тұлғасын қалыптастыруға жаңаша көзқараспен қарауға тиіспіз. Бұған қалай түсінуге болады? Бұрынғы жоғарыдан берілетін бұйрық арқылы іс істеп, оның тәтижесі жайында есеп беру мәселесі мүлдем жойылды. Олай болса, білім беруді ізгіліктендіре отырып, болашақ маманның өз іс-әрекетіне өзі жауап беріп, оған ұқыптылықпен қарап, өз ойын, білімі мен білігін жалтақтамай жүзеге асыруына мүмкіндік туып отыр. Сондықтан да, педагогикалық практика кезінде неғұрлым шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе, сол ғұрлым болашақ маманның тұлға ретінде жетілуіне жағдай жасалады. Білім беруді игіліктендіру мұғалім мен оқушылардың қарым-қатысына өзгеріс енгізіп, кішіпейіл, әдепті тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік тудырып отыр. Болашақ маман өзінің педагогикалық іс-әрекетінде бостандық шеңберінің кеңдігін сезінуге жағдай мол.

Білімді игіліктендірудің педагогтің тұлға ретінде қалыптасуына тигізетін әсерін Е.Н.Шияновтың еңбегінде өте орынды талдаған. Мұғалім тұлғасының қалыптасуына педагогикалық практика кезіндегі оқушылармен қарым-қатынас үлкен әсер етеді. Қазіргі оқушы тек мұғалімнің айтқанын тыңдаушы ғана емес, ол пікір айтушы, өзінің талабын орындауға, қызығушылығын қанағаттандыруға, білімін кеңейтуге талпынатын субъект ретінде қатысқа түседі. Бұл талап-тілектерді қанағаттандыру мұғалімнен үлкен дайындықты, терең білім мен ұстамдылықты талап етеді. Педагогикалық практика кезінде студент мектептегі игіліктендіру ісінің жүйесімен, ұжымның бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарының барысымен танысады. Осы арқылы болашақ мұғалімнің біліктілігімен қатар жалпы мәдени деңгейі көтеріледі.

Мұғалім тұлғасының қалыптасуына педагогикалық практика кезінде атқаратын жұмыстар мен сол жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу әдістері үлкен әсер етеді. Ондай жұмыстар қатарына мына төмендегі мәселелерді ендіруге болады:

  1. Бастауыш сыныптарда оқытылатын пәндердің бағдарламалық талаптарын жете білу.
  2. Бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктерін меңгеру.
  3. Оқушылармен жұмыс істеу икемдігінің, білім, қарым-қатынас, адамгершілік сапаларының қалыптасуы.
  4. Ұйымдастырушылық шеберліктерінің болуы.
  5. Тәрбие мәселелерін оны ұйымдастырудың жолдары мен әдіс-тәсілдерін білу.

Сабақты ұйымдастыру және оқыту әдістерін меңгеру. Оған көптеген икемдіктер енеді: сабақты жоспарлай білу; тиімді әдіс-тәсілдерді таңдау, жаңа технологияны қолдану шеберліктері; сабақ барысында оқушылардың өздігінен атқаратын жұмыстарын іріктей білу; оқушылар шығармашылығына жағдай туғызу; оқушылардың тілін, ойлау қабілетін дамытуға көңіл бөлу; сабақ барысында оқушылар белсенділігін ұйымдастыру т.б. Егер Н.В.Кузьмина мен В.А.Сластениннің пікіріне жүгінсек, бұлардың бәрін қосып, үш топқа – құрастырушылық, ұйымдастырушылық, коммуникативтік деп топтастыруға болады.

Әр ғалым педагогикалық зерттеу барысында тұлға қалыптастырудағы педагогикалық практиканың мәніне тоқтала отырып, әр түрлі анықтама береді. Мәселен, А.И.Щербаков [13,15] өз еңбегінде тұлға қалыптасуының психологиялық тұстарына үлкен мән беріп, оқу-әдістемелік әрекеттің мұғалімнің жекебасының қалыптасуына әсер ететіндігін айта келе, ол әдістемелік икемдіктерді бірнешеге бөледі: ақпараттық, тәрбиелей отырып дамытушылық, ұйымдастырушылық, зерттеушілік деп, Егер, мұғалім тұлғасының қалыптасуындағы педагогикалық практиканың мәнін сөз ететін болсақ, бастауыш сынып мұғалімдері де ақпараттық қызметтің басым болуы керектігін естен шығармауға тиіспіз. Себебі, оқушыларды күнделікті жаңалықтармен таныстыру бастауыш сыныптардағы сабақ барысында ғана емес, сабақтан тыс жұмыстар барысында да басым орын алады. Мұнда мұғалімнің бастауыш сынып оқушыларының кез келген ақпаратқа сеніп қалу ерекшеліктерін ескеріп, оларға дұрыс бағыт беріп отыруды көздейді. Дұрыс бағытталған ақпараттық мәліметтердің оқушыларды дамытудағы маңызы өте зор. Оқушыларды дамыту олардың қоршаған ортадан алатын мағлұматтарын толықтырып, бұрын алған білімдерін тұжырымдап, қандай мәселелерде бұл білімнің керектігін, оның қолданылатын тұстарын айтып, оқушыларға бағыт беріп отырған мұғалім ғана ой-өрісін дамытуға жол ашады.

И.Я.Лернер еңбегінде [20,44] мұғалімнің мақсатты түрде ұйымдастырған әрбір әрекеті оның нәтижесін алдынала біліп отыруға жағдай жасауға тиіс деп көрсетеді. Ғалым-педагогтің пікірі бойынша мұғалімнің өзінің жұмысының нәтижесін алдын ала сезіп отыратын зерек, болжамы жетілген тұлға болуға тиіс. Мұғалім тұлғасын сөз еткенде қай ғалым болса да, оның кәсіптік шеберлікпен байланысты қалыптасатынын айтпай өте алмайды. И.Я.Лернер өзінің бұл пікірін оқу үрдісі және оның заңдылықтарын сөз еткенде тағы да қайталап, оқытудағы басты заңдылықтардың бірі ретінде мұғалім тұлғасының оқытып білім берудің барлық талаптарына сай келуін талап етеді [20,107].

Мұғалімнің басты сапасы ретінде оқу үрдісін ұйымдастыра білу шеберлігіне көңіл бөлудің керектігін орыстың ғалым-педагогтері Н.В.Кузьмина [16], В.А.Сластениен [18] көп мән береді. Қазақстан ғалымдарының ішінде мұғалім тұлғасының қалыптасу мәселесіне көңіл бөлгендер Т.Сабыров, Б.Р.Айтмамбетова, А.Е.Әбілқасымовалар. Олардың пікірінше мұғалімнің ұйымдастырушылық талантымен зерттеушілік және өздігінен ізденушілігі басым  болуы міндетті жағдай. А.Е.Әбілқасымова мұғалімдердің тұлға ретінде сапасын талдай келіп, олардың ғылыми көзқарастарының дұрыс қалыптасуына, кәсіптік бағытталуының жәй-күйін, идеялық пен азаматтық, балаға деген сүйіспеншілік, өзінің кәсібіне деген сүйіспеншілігі, ізгіліктік және ниеттілік  –деп, топтап кетеді [8].

Мұғалімнің тұлға ретінде дамуына педагогикалық практика кезінде әсер етіп, өз үлесін қосатын жұмыстардың бірі – бұл мектептегі озық тәжірибелермен танысып, оны өз іс-әрекеттерінде пайдалануға тырысу. Бұл бағытты көрсетіп, студенттерге жөн сілтейтін педагогикалық практика жетекшісі.

Әрбір мектепте, оның ішінде педагогикалық практика өткізілетін базалық орындарда міндетті түрде озық тәжірибелі алдыңғы қатарлы, жаңа технологиямен жұмыс істейтін мұғалімдермен кездесетіндігі айқын Педагогикалық практиканың алғашқы күнінен бастап-ақ, студенттерді осындай алдыңғы қатарлы мұғалімдер тәжірибесімен таныстырып қана қоймай, оларды келешекте өз іс-тәжірибелерінде қолданудың жолын үйрету жетекші педагогтардың міндеті.

Мұғалім тұлғасына ең керекті сапа – оқушыларды дамытушылық қабілетінің жетілуі. Оқушыларды дамыту ол қиын материалды түсіндіру арқылы жүзеге асады деген пікірден аулақ болуымыз керек. Дамытушылық оқушының кез келген жағдайда өмір тәжірибесін, алған білімін қолданудың тетітігін білуі, өздігінен орындайтын жұмыс барысындағы белсенділігі арқылы көзге түседі. Ол үшін болашақ маманның танымдық іздемпаздығы басым болуға тиіс. А.Е.Әбілқасымованың еңбегінде студенттердің іздемпаздығын қалыптастыру жайын талдай келіп, “…жеке тұлғаны қалыптастыруда мынадай компоненттерін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді: — мазмұнды-мақсатты компонент (өздігінен бейімделуге арналған уәждер мен міндеттер жүйесі ); — бағалау-нәтижелік компонент (нәтижелерді өздігінен бағалау өлшемдері мен тәсілдерінің жүйесі)” [8,46]. Осы қабілеттер мен іскерлікке қалыптастыру педагогикалық практкамен қатар болашақ мамандарға теориялық білім беру кезінде ескеріліп, оны дамытудың жолдары мен әдіс-тәсілдері жүзеге асады.

Болашақ мұғалім тұлғасының қалыптасуына педагогикалық практика кезінде оқушыларды тәрбиелей отырып дамытудың жолдарын, оны жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін үйрету де енеді. Тәрбиелей отырып дамыту ол оқушы бойындағы барлық мүмкіндікті көре біліп, оның болмысын жете танып, әрі қарай дамуына жол ашу. Бұл мақсатты орындаудың негізіне өз ұлтының, жалпы халықтың, қоршаған ортаның құнды жақтары мен ел мұрасын танып, оның маңызын түсініп, білім беру барысында кеңінен қолдану мақсаты жатады.

Мұғалім тұлғасына іздемпаздық тән қасиет. Танымдық іздемпаздықты әрбір ғалым өз тұсынан сипаттап анықтама береді. М.И.Махмутов проблемалық оқытуды жүзеге асыру арқылы студенттер – болашақ ұстаздардың танымдық іздемпаздығын күшейтуге мүмкіндік туады деп қарайды. Ал, Н.А.Половникова болса, танымдық іздемпаздық жеке тұлғаның іс-әрекет тәсілдерін өз күшімен игеруге ұмтылатын сапасы ретінде бағалайды. Тұлғаның педагогикалық бағытта қалыптасуына өте жоғары деңгейде мән беру И.Я.Лернер еңбектерінде айқын көрсетіледі. Ғалымның пікіріндегі негізгі бағыт – тұлғаның үнемі іс-әрекетін өздігінен ұйымдастыру қабілетінің жетілуінде, ізденісінің нәтижесін жаңа танымдық мәселелерді шешуге қолдана білу сапасының болуында деп біледі [20. 112.]. Ғалым-педагогтің бұл пікірі осы кезге дейін құнын жойған жоқ. Әсіресе, педагогикалық практика барысында күнбе-күн жаңарып, өзгеріп, әр түрлі күрделі мәселелердің туындап отыруы жағдайында тұлға қалыптастырудың басты мақсатының бірі – болашақ мұғалімдердің танымдық іздемпаздығын қалыптастыру болып қала бермек.

Мұғалім тұлғасын қалыптастыру сөз болғанда оған жекебастың бүкіл биологиялық, психологиялық болмысы енеді. Тұлға қалыптасудың негізіне оның денсаулығы, жүйке жүйесінің мықтылығы кіреді деп есептейміз. Себебі, мұғалім қауымына әсер ететін тітіргендіркіш те, кездейсоқ жағдаяттар да баршылық. Мұндай жағдайларға төтеп беріп, өзінің көңіл күйін үнемі жоғары ұстап, ұйымшылдықпен жұмыс атқару жүйке-жүйесінің мықтылығын керек етеді. Сабақ барысында зейінін тиянақты және үнемі белсенді ұстау, шапшаң шешім қабылдау мұғалім тұлғасына тән қасиет. Әсіресе, бастауыш сыныпта жұмыстың бір түрінен екінші түріне, бір сабақтың мазмұнынан екінші сабақтың мазмұнына көшіп отыруға тура келеді. Осы жағдайда мұғалімнің шапшаңдығы мен кез келген жағдайға икемдігі оның басты сапаларының бір қыры деп есептеуіміз керек. Қорыта айтқанда, педагогикалық практика барысында болашақ мұғалім тұлғасының қалыптасуына әсер етіп, келешекте оның педагогтік сапаларына айналатын көрсеткіштерді мына төмендегідей топтауға болады:

  1. Мұғалімнің өзіне ғана жеке басына тәнн адами қасиеттері: денсаулығы, төзімділігі, ұстамдылығы, адамгершілігі, эстетикалық талғамдылығы, мейірімділік, кішіпейілділік, коммуникативтік сапалары. Бұл сапалар бұрыннан да педагогтік бағыт алған адамның бойында біртіндеп қалыптасса, педагогикалық практика кезінде нығайып жетіліп, тұрақты кейіпке айналады.
  2. Тұлғаның білімділік сапасы: кәсібіне қажетті теориялық білімдер негізін толық меңгеріп, педагогикалық, психологиялық пәндерден алған білімдері мен біліктерінің тиянақты болуы.
  3. Тұлғаның әдістемелік сапасы: әр пәннің оқыту-тәрбиелеу әдістерін толық меңгеруі. Кіріктіре оқыту, оқушыларды дамыту мен шығармашылыққа баулу жолдары мен әдіс-тәсілдерін күнделікті ісінде кеңінен қолдана білуі. Білім берудің жаңа технологиясын біліп, оны өз іс-әрекетінде жүзеге асыру.
  4. Болашақ маманның диагностикалық сапасы: бастауыш сынып оқушыларына білім беру барысында кездесетін педагогикалық, психологиялық құбылыстарды дер кезінде байқау. Сыныптағы оқушылардың ақыл-ойының даму қарқынын аңғару. Оқушылардың жеке бастарында кездесетін ерекшеліктерді аңғарып, соған байланысты тәрбие жұмысын бағыттау. Оқушылардың адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиесінің деңгейін білу. Оқушыларда кездесетін үлгермеушіліктің себебін анықтай білу.
  5. Мұғалімнің құрастырушылық сапасы: сыныптағы оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай олардың оқу әрекетін ұйымдастыра білуі. Оқушылардың сабақ барысындағы және сыныптан тыс кездердегі өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру және оны түрлендіріп отыру шеберлігі. Сабақты жоспарлау барысында өзінің іс-әрекетін әр сабақтың типіне және тақырыптың мазмұнына қарай өзгертіп отыруы. Тақырыптың білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мазмұнын ашу мүмкіндігі.
  6. Ізденушілік сапасы: алдыңғы қатарлы іс тәжірибелерді танып, оны бақылап бағалай білу. Тиімді іс-тәжірибені қорытып, өз іс-әрекетінде пайдалану. Оның тиімді тұстарын талдап көрсету қабілетінің болуы. Педагогика, психология салаларынан жүргізілген зерттеу жұмыстарының жетістік жақтарын түсіну. Ғылыми-практикалық конференцияларда баяндамалар жасап, өз іс-тәжірибесін ортаға салу.
  7. Ақпараттық сапа: күнделікті ағымда жаңалықтардан хабардар болу, оны оқушылардың қызығушылығы мен дамуына жағдай жасау тұрғысынан бағалап, іс жүзінде қолдану.
  8. Ұйымдастырушылық сапасы: Сыныптан тыс жұиыстарды және мектептегі түрлі орталықтардың істерін ұйымдастыру мүмкіндігі. Бастауыш сынып кабинетін, табиғат бұрышын, мектеп жанындағы үлескіні, оқушылар еңбегін ұйымдастыру шеберлігі.

Осы сапалар мұғалім тұлғасының қалыптасуын көрсететін өлшем ретінде алынуға тиіс. Мұғалім тұлғасы күнделікті өмір талабына, мұғалімнің қоғамдағы орнына, білім жүйесіне қойылып отырған талаптарға, жекебастың қызығушылығы мен адына қойған мақсатына байланысты өзгеріп отырады.

Студенттердің педагогикалық еңбекті қажет етуі алғашында өзі қалап түске мамандығымен сол мамандыққа бағытталу талабы болса, ол қызығушылықтың үнемі бір қалыпта алға қарай дамып отыруына жоғары оқу орнындағы білім беру жүйесінің болашақ ұстаздың өскелең талабына сәйкес құрылуы себеп болады. Маманның өз ісіне қызығушылығы педагогикалық практика кезіндегі оқу-тәрбие жұмысының дұрыс жолға қойылуына тікелей байланысты.

 

2.1. Мектепте болашақ мұғалімдердің падагогикалық практикасын кешенді ұйымдастыру жолдары

 

Қазіргі таңда білім беру жүйесін кешенді ұйымдастыруға баса көңіл бөлініп отыр. Осыған байланысты мектепте өтетін педагогикалық практтиканы да кешенді ұйымдастыру міндеті туады. Кешенді деген ұғымға маман дайындауға байланысты ұйымдастырылатын жұмыс  түрлері мен іс-әрекеттердің барлық түрі енбек. Педагогикалық практиканың кәсіптік бағдар берудегі маңызын ашатын болсақ, бұл мәселені шешуде бірнеше жағдайларды ескеруге тиіспіз. Ең алдымен жоғары білім беру стандартының талаптарындағы маман дайындауға қойылатын басты-басты міндеттерді шешудің жолдарын іздестіру.

Ол міндеттерге бірінші кезекте студенттерді теориялық біліммен қаруландыру жатса, екінші кезекте, олардың мектептегі оқу мен тәрбиені жүзеге асырудың түрлері, әдіс-тәсілдері жайындағы дағдыларын қалыптастыру.

Көптеген зерттеулерде педагогикалық практиканың тәрбие жұмысына қатысты тұстарын, не студенттердің педагогикалық мамандыққа қызығушылығын жеке алып қарастырады да, оның білімдік, дамытушылық, шығармашылыққа жетелейтін тұстары көмескі қала береді. Ал, шын мәніне келсек, педагогикалық практиканы кешенді ұйымдастырғанда ғана ол өзінің болашақ маманды жан-жақты дамыту мақсатына жете алады.

Педагогикалық практиканы кешенді ұйымдастыру мазмұнына енетін жұмыстардың түрлерін топтастырсақ, бірінші кезекте мектептің басқару органдарының жұмысымен танысуды атауға тура келеді. Басқару органдарына сынып, сынып мұғалімі, сынып жетекшісі, оқу ісі бойынша директордың орынбасары, педагогикалық кеңес, ата-аналар кеңесі енеді. Сонымен қатар мектепте әр түрлі бірлестіктер да бар. Олардың қатарында әдістемелік бірлестікті, сынып жетекшілерінің тәрбие жұмысына байланысты бірлестігін атай аламыз.

Бастауыштағы оқушы тұлғасының қалыптасуына тек сынып мұғалімі ғана емес, мектептегі басшылар мен мұғалімдер ұжымы, жалпы мектептік оқушылар ұжымы, тәрбие орталықтары түгел әсер етеді. Сондықтан да, екінші, үшінші курстарда ұйымдастырылатын баланың мектептегі алғашқы күндеріне арналған педагогикалық практика, тәрбие жұмысының практикасы және диагностикалық педагогикалық практикалар кезінде осы мәселелермен таныстыру, олардың әр қайсысының жұмыс жоспарын талдау, ол туралы студенттердің пікірін тыңдау жұмыстарына баса көңіл бөліну керек.

Студенттерді педагогикалық практикаға дайындау барысында басты көңіл аударатын мәселелердің бірі – оқушылардың танымдық әрекетін ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерін меңгерту.

Мұғалім сабақ барысында оқушылардың таным әрекеттерін тиімді ұйымдастыра алғанда ғана олардың білімді саналы меңгеруіне жағдай жасайды. Оқушыларға берілетін білімді олардың таным әрекетінің негізінде меңгертудің тиімділігін және таным әрекетін қолданудағы әдістерді (бақылау, тәжірибе, зерттеу) Т.И.Шамова мен Г.И.Шукина еңбектерінен кездестіруге болады.

М.Жұмабаевтың балалардың психологиялық ерекшелігін сипаттап, оның қандай да болмасын затты ұстап көруі, көзбен байқауы кезінде бүкіл сезім мүшесінің қатысы арқылы қабылдауының басым және нәтижелі болатыны жайындағы зерттеуде осы кезге дейін мәнін жойған жоқ. Сондықтан да, бастауыш сыныпта ұйымдастырылатын практикалар кезінде оқушыларға білім берудің тек оқу-тәрбиелік жағын ғана  қарастырып қоймай, жалпы білім берудің осы кезеңіндегі шешуге тиісті мәселелердің бәрінен де болашақ мамандардың хабардар болуын қамтамасыз ету талабы қойылады. Ол талаптар қатарына бастауышқа арналған жаңа оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерінің сапасын байқауға дейін енеді.

Болашақ мамандардың кәсіби біліктілігінің қалыптасу деңгейі:

Жоғары деңгейі: Оқытуды ұйымдастыру түрлерін меңгерген; оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолдана білетін; жаңа технологияларды игерген; тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруға қабілетті; оқушыларды дамытушылық міндетін шеше алатын; оларды өздігінен ізденуге; шығармашылыққа баули алатын; қарым-қатынас стилін сақтай білетін; педагогикалық іс-құжаттарды керекті тұстарда басшылыққа ала білетін.

Орта деңгей: Оқытуды ұйымдастыру мүмкіндігі бар, бірақ жаңа технологияны жете меңгермеген; тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда оқушылар мүмкіндігін ескеру қабілетінің төмендігі; мұғалімдік жұмысқа қызығушылығы бар болғанмен, бүкіл жұмысты дәстүрлі түрде ұйымдастыруға бейімдігі; оқушылармен қарым-қатынаста өзін жоғары ұстауы (тұйықтық, қысылушылық т.б.) оқу бағдарламаларымен жұмыс істегенмен, календарлық тақырыптық жоспарларды құрудың қиыншылыққа түсетіндігі.

Төменгі деңгей: оқытуды ұйымдастыруда, тиімді әдістерді қодануда педагогикалық дайындығының төмендігі. Бұл істерді теориялық тұрғыда түсінгенмен, іс жүзінде қолдануға жаттықпағандығы; шығармашылықпен жұмыс істеу деңгейінің, қарым-қатынас мәдениетінің төмендігі.

Педагогикалық практиканы кешенді ұйымдастыруда жүзеге асыру мақсатында сабақ беру практикасына дейінгі өткізілген педагогикалық практикалардың нәтижесіне сүйеніп, студенттердің осыған дейінгі теориялық және әдістемелік дайындық деңгейін ескере отырып, педпрактиканың нақты бағдарламасы жасалады.

Педагогикалық практика бағдарламасында оның түсінік хатынан бастап, қазіргі таңда мұғалімдер алдына қойылып отырған міндеттер айқындалады. Бастауыш сыныпта берілетін білім бүкіл өмір бойы қол жететін білімнің ірге тасын қалайтыны белгілі. Осыны ескеріп, қоғам дамуы мен әлеуметтік жағдайға байланысты бастауыш сыныптардағы білім жүйесінің мазмұны ғана өзгеріп қойған жоқ оны оқытуға, оқушылардың жекебасын дамытуға қойылатын талаптар мазмұны да өзгеріп отыр.

Бастауыш сыныпта ұйымдастырылатын педагогикалық практикалардың күрделілігі – оның көп пәнділігінен туындайды. Болашақ мамандар практика кезінде бірнеше пәннен, әр түрлі сабақ өткізеді. Сонымен қатар екінші ерекшелігі – 3-курстағы педагогикалық практика [5 апта] бастауыш мектепте өткізіліп, оған барлық студент бірдей қатыстырылады да, ал 4-курстағы практикаға келгенде студенттерді мамандандыруға байланысты олар екіге бөлініп, жартысы педагогикалық училищелерде, ал бір жартысы мектепте өтеді. Осыған байланысты екі түрлі бағдарлама дайындалады. Бастауыш мектепте өтілетін педагогикалық практиканың ерекше мақсаты бар. Ол студенттердің осыған дейінгі практикалар кезіндегі алған бірліктерін, институт қабырғасында меңгерген теориялық және әдістемелік білімдерін мұғалімдік және әдіскерлік қызмет атқару кезінде іс жүзінде қолдана беруге жаттығу. Сонымен қатар, қазіргі таңда білім беру жүйесіне қойылып отырған  талаптарды жүзеге асыру жолдарымен танысу, мектеп құрылымындағы жаңалықтарды байқау. Сабақты түрлендіре ұйымдастыру арқылы оқушыларды дамытудың, олардың шығармашылыққа жетелеудің жолдарын меңгеру.

Педагогикалық практиканың алдына қойған мақсатына байланысты оның міндеті туындайды:

  1. Бастауыш мектептің оқу жоспарымен танысып, оны жетекші және топ студенттерінің қатысымен талдау. Бұл тұста ескере кететін жәйт, осыған дейін аудиториялық жағдайда бастауыш сыныптың оқу жоспарын әдістемелік пәндердің практикалық сабақтарында таныстырылып, талдануы міндетті мәселе. Бірақ, қазіргі таңда әр мектеп өзінің қалау және оқушылардың сұрауы бойынша оқу жоспарына белгілі мөлшерде өзгеріс енгізе алады. Ондай өзгерістер ендіру мектептің педагогикалық кеңесінің шешімі арқылы жүзеге асады. Сондықтан да, әр мектептің ерекшелігін, оның оқу жоспарына қандай өзгеріс ендіргенін, оны ендіру себебін болашақ мұғалімдердің біліп, түсінгені жөн. Әр сынып бойынша жетекшілік жұмыс атқару да практиканттың міндетінің бірі. Практика кезінде аса көңіл аударуды керек ететін мәселе – студенттердің педагогке байланысты іс қағаздарын, яғни қажетті құжаттарды сауатты жүргізуге төселуі. Ол үшін, бастауыш сынып мұғалімдерінің іс қағаздарымен танысып қана қоймай, оның мазмұны мен маңызын жете білуі қажетті ескеріліп, практика жетекшісінің көмегімен іс қағаздарының әр қайсысының мәніне тоқталып, оны толық және жүйелі жазу талап етіледі.

Практиканттың іс қағаздарының ілгісі алдын ала дайындық кезінде көрсетіліп, оларға дайындық кезеңінде тыныстырылады. Іс қағаздарына негізінен мына төмендегі мұғалімнің жекебастық құжаттары енеді:

  1. Практиканттың жұмыс жоспары: а) Практика мерзімінде өткізілетін сабақтарының күнтізбесі; ә) Тәрбие жұмысының жоспары.
  2. Сабақ жоспарлары мен оның толық конспектілері жеке дәптерге жасалады.
  3. Сабақтарды талдаудың хаттамалары.
  4. Педагогикалық практика күнделігі.
  5. Бір-екі оқушыға берілетін психо-педагогикалық мінездеме.
  6. Сыныптан тыс өткізілетін тәрбие сағаттарының конспектісі.
  7. Ата-аналарға, мұғалімдерге, конференция кезінде жасайтын баяндамаларының, не алдыңғы қатарлы іс-тәжірибелермен танысуға арналған қорытында пікірлерінің жеке конспектісі.
  8. Педагогикалық практиканың есебі.

Бұл тұста іс қағаздарын жүргізуге көңіл бөлу арқылы педпрактика жетекшілері болашақ мұғалімге кәсіптік бағдар беруді көздейді. Себебі, мұғалімнің бүкіл жұмысының нәтижесі оның іс-қағаздарының мазмұны мен құрылысын-ақ анықталады.

Бастауыш сыныптарда педагогикалық практиканы ұйымдастыру екі кезеңнен тұрады:

  1. Мектептегі бастауыш сыныптардың сабақтарына қатысып, оқу-тәрбие жұмыстарымен танысу, мұғалімдердің іс тәжірибесін бақылау, олардың жұмысындағы өзіне ұнаған және пікір туғызған тұстарын белгілеу. Озық тәжірибелер кездессе, оның ерекшелігін, неге озық тәжірибеге жатады деп, есептейтіндігі жайында пікірін жазу. Бұл пікірлер институт тарапынан басқаратын жетекшінің басшылығымен топтағы студенттердің қатысымен талқыланып, келешекте өз істеріне қолдануға керекті жағдайларды анықтауға көмектеседі. Сабаққа қатысу барысында білім берудің жаңа формалары (проблемалық сабақтар, пікір таласы, топсаяхат, табиғат бұрышындағы, үлескідегі сабақтар, жаңа білімді хабарлау, жарыс сабақтары т.б.) мен әдістерін (бақылау, тәжірибе, зерттеу, модельдеу т.б.) қолдану деңгейлерімен және сабақтың құрылысын, оның білімдік, тәрбиелік, дамытушылық деңгейін аңғарып, оқушылардың сабаққа белсенділігін тудырған жағдайларды ажырата білуге тырысады /15,17/.

Алғашқы кездегі сабаққа кіруде бірнеше мақсаттар жүзеге асады. Оның бірі – жоғарыда айтылған сабақ түрлері мен оны ұйымдастырудың әдістерімен танысу арқылы өз біліктерін нақтылай түсу болса, екінші кезекте әр пән сабақтарының ерекшелігене қарай, оқушылардың сабақ барысына қарай, оқушылардың сабақ барысында меңгерген білім деңгейлерін, өздігінен атқарған жұмыстарының түрлерін, сабақ барысындағы олардың оқу әрекеттерінің түрлерін, мұғалімнің оқушылардың танымдық әрекетін ұйымдастыру деңгейін байқауға тырысады. Тақырыпты саналы меңгертуге байланысты жүргізілген жұмыс түрлері мен оқу әрекеттерін байқай алған болашақ маман кейін өз тәжірибесінде бұл жетістіктерді қолдануға мүмкіндік алады.

  1. Бастауыш сыныпта оқылатын пәндерден сабақ беру, тәрбие жұмысын жүргізу іске асады да, осы тұста болашақ мамандардың шеберлігінің шыңдалуына жағдай туады. Сабақ беру барысында бастауыш білім беру жүйесіне қойылып отырған жекебасты дамыту, кіріктіре отырып оқыту, тәрбиелей отырып білім беру, шығармашылыққа жетелеу мәселелері үнем назарда ұсталады. Көрсетілген мақсаттарды өз дәрежесінде жүзеге асыру үшін мектептің материалдық базасын, кітапхана, оқу кабинеттері, оқу және оқу-әдістемелік құралдары, бейнелі және техникалық құралдардың құрамы мен олардың сақталу жағдайын біліп алу жағы көзделеді. Бұл мәселелерді қамту да алдын ала жасалған бағдарламада айқын белгіленеді.

Сонымен қатар, педагогикалық практика жетекшісінің қатысуымен мұғалімдер құрамын, мектептің ішкі ережесін, бастауыш сыныптың сабақ кестесін, әдістемелік бірлестіктер мен арнаулы жабдықталған әдістемелік кабинеттермен танысады. Әдістемелік кабинеттердің жабдықталу жағдайымен танысып, осыған дейінгі өздерінің жаңа талапқа сай жасаған әдістемелік кабинеттерінің жобасымен салыстырады. Әдістемелік кабинетте қазіргі таң талабына сай қандай мәселелер қамтылған, студенттердің пікірінше тағы не жетіспейді осы жағына көңіл аударылады /15, 47/.

Педагогикалық практика басты екі бөліктен тұрғанмен оның осы бөлімдерге енетін салалары жан-жақты. Студенттердің бір-бірінің сабағына қатысып, талдау жасаған жағдайда да, осы жоғарыда айтылған мәселелер қамтылады. Сабақ талдау кезінде сабақтың жүйесінен бастап, оның әрбір бөлігінің білімдік және тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарын жекелеп көрсетеді.

Практиканттар педагогикалық практиканың бірінші күнінен соңғы күніне дейін күнделік жүргізеді. Күнделіктің мақсаты – қатысқан сабақтары туралы ғана емес, бүкіл педагогикалық іс-әрекет барысында байқаған, ойға түйген, өзін ойландыратын, не қызықтыратын мәселелердің бәрін де қағазға түсіріп отыру.

Педагогикалық практиканың іс қағаздарының қатарына сабақты талдау, оның хаттамасын жазу да жатады. Сондықтан, сабақ талдаудың үлгісін беру де практика жетекшісінің жұмысының негізгілерінің бірі. Педагогикалық практиканы кешенді ұйымдастыруды қамтамасыз етуге осы жұмыстардың бәрі де енуге тиіс. Әсіресе, мектептерде болып, сабақ талдауларын тыңдағанда, байқалатын жағдай, студенттердің сабақтың ең басты мақсатын ескермей, сабақтың көзге бірден шалынған сыртқы құрылысына көбірек мән беретіндігі. Сабақтың қандай түрі ұйымдастырылса да, басты мақсат тақырып мазмұнын оқушылардың саналы меңгеруін қамтамасыз ету болмақ. Саналы меңгеруді жүзеге асыру оқушылардың оқу әрекетін түрлендірумен қатар олардың логикалық ойын ой қорыту әдеттерін ұйымдастыра білу. Осы тұрғыдан алғанда, сабақты талдаудың үлгісімен практиканттарды алдын ала тыныстырып, аудитория жағдайында өзара өткізген сабақтарын талдатып жаттықтыруды жөн көрдік.

Сабақ талдаудың үлгі жоспары мына төмендегідей беріледі:

  1. Пәннің аты. Тақырып, мұғалімнің аты-жөні.
  2. Сабақтың түрі, құрылымы, оның өзара байланысы.
  3. Сабақта қолданылған әдістердің тиімділігі: қандай логикалық жұмыс жүргізіледі, өздігінен жұмыс атқару үшін қандай әдіс қолданды, оқушылардың шығармашылығын дамыту үшін қолданған әдістің қолайлылығы. Оқушылардың бұрын меңгерген білімдерін қолдануға қандай әдіс тиімділік көрсетті. Жаңа технологияны қолдану деңгейі. Көрнектілікті қолдану кезеңдері, оның тиімділігі. Көрнектіліктің оқушылар шығармашылығына тигізген әсері. Көрнектіліктің тақырып мазмұнына сәйкестігі.
  4. Сабақтың мақсатына жету, тақырыптың теориялық мазмұнының ашылуы, тәрбиелік мәнінің шешешілуі. Сабақтың өмірмен және күнделікті ақпараттық мәліметтермен байланысы. Оқушылардың қызығушылығы мен белсенділік деңгейі. Жаңа тақырып мазмұнын түсіндіруде пән аралық байланыспен кіріктіре оқыту мақсаттарының жүзеге асуы.
  5. Оқушылардың тілін дамыту үшін ұйымдастырылған жұмыс түрлері. Жаңа сөздер мен терминдерді оқушылардың сөздік қорына айналдыру жолдары.
  6. Жаңа тақырыптың мазмұнын бекіту, сабақты қорыту. Сабақтың қорытынды бөліміндегі оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру және оқушылардың іскерлік дағдысын қалыптастыруға байланысты қолданған әдісі. Оқушылардың білімін нақты, әділ бағалай білу шеберлігі. Оқушылардың тақырыпты саналы ұғынғанын көрсететін көрсеткіштер. Оқушылардың жаңа тақырып мазмұнын өткен тақырыптармен байланыстыра білу шеберліктері.
  7. Үйге тапсырма берудің тиімді ұйымдастырылуы. Оқушыларға берілген тапсырмалардың түсініктілігі. Өздігінен атқаруға берілген тапсырманың көлемі мен мазмұнының оқушылардың жас ерекшеліктеріне лайықтылығы. Тапсырмалардың оқушылар шығармашылығын дамытуға тиімділігі.
  8. Сабақтың ұйымшылдықпен, жүйелілікпен өтуі. Мұғалімнің уақытты тиімді пайдалануы.

Сабақты жоғарыдағы жүйемен талдау арқылы болашақ мамандарға кәсіптік бағдар берудің мақсатын жетілдіре түсуге болады.

Педагогикалық практикаға бағыт беру конференциясының құрылысы:

  1. Конференцияны ашу (кафедра меңгерушісінің қысқаша сөзі).
  2. Педагогикалық практиканың түрі, мазмұны, мақсаты жайында педагогикалық практиканың жетекшісінің баяндамасы.
  3. Практика өтетін мектеп мұғалімінің мектеп жайындағы қысқаша мәлімдемесі.
  4. Педагогикалық практиканың іс-құжаттарының озық үлгілерінің көрмесімен таныстыру (топ жетекшісі).
  5. Педагогикалық практика жетекшілерімен таныстыру.
  6. Алдын ала дайындалған әдістемелік нұсқау, бағдарлама, педагогикалық практика күнделігін тарату.
  7. Бұрын өткізілген педагогикалық практикалар барысынан түсірілген бейнетаспаны көру.
  8. Конференцияны қорыту, студенттердің сұрақтарына жауап беру. Педагогикалық практикаға бағыт беру конференциясына оқу ісінің проректоры, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, жетешілер, практикант студенттер, сонымен қатар төменгі курс студенттері қатыстырылады. Конференция өтілетін дәрісхана алдын ала безендіріледі. Мұнда іс-құжаттарының көрмесі, білім, ғылым, тәжірибеге байланысты нақыл сөздер, атақты педагогтердің пікірлері жазылған түрлі плакаттар ілінеді.

Қорытынды конференцияның құрылысы мұнан гөрі басқаша болады.

  1. Конференцияға алдын ала дайындық:

а). Педагогикалық практика барысында студенттердің ашық сабақтарда қолданған көрнекіліктерінің жиынтық көрмесі.

ә). Тәрбие жұмыстарына байланысты қолданылған көрнекіліктер көрмесі.

б). Педагогикалық практиканың іс-құжаттардың көрмесі.

в). Қолданылған техникалық құралдар.

г). Әр топ бойынша екі студенттің баяндамасы. Біреуі оқу ісі бойынша, екіншісі жұмысына байланысты.

  1. Баяндамалар тыңдау.
  2. Жарыс сөздер (мұғалімдер мен студенттер).
  3. Арнайы құрылған комиссияның көрмелерді бағалауы.
  4. Мектеп мұғалімдері мен педагогикалық практика жетекшілерінің құрытынды сөздері.
  5. Сұрақтарға жауап.
  6. Кафедра меңгерушісінің педагогикалық практиканың барысы мен қорытындысы туралы пікірі.
  7. Педагогикалық практика кезіндегі мектеп өміріне байланысты көріністерден үзінділер, сықақ-әзілдерді қамтитын практиканттардың күшімен қойылған шағын концерт.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

         Еліміздің егемендік алуына орай жоғары білім жүйесіне де, арнаулы орта білім мазмұнына да елеулі өзгерістер еніп, оны жүзеге асырудың нақты жолдары белгіленеді. Теориялық білім тереңдеп, әдістемелік шеберлігі шыңдалып, педагогикалық ойы дамып, бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудағы оның алатын орнын айқындап, зерттеу жүргізу керектігі белгілі болып отыр.

Осыған дейінгі педагогикалық практика мәселесіне байланысты жүргізілген зерттеулер мен елеулі еңбектерге зер салып, олардың мазмұны мен мақсатын саралау нәтижесінде және нақты деректер негізінде мына төмендегідей қорытындығы келеміз:

  1. Бастауыш сыныптар мамандарын дайындаудың өзіндік ерекшелігі бар екенін ескерсек, ең алдымен жоғары білім беру стандартының болашақ мұғалімдерге кәсіби бағыт берудегі алатын орны мен бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктеріне назар аударылуға тиіс.
  2. Педагогикалық практиканың кәсіби бағыт берудегі маңызын ашу үшін ең алдымен мұғалім тұлғасының сапасына қойылатын талаптар айқындалуы керек.
  3. Мұғалім тұлғасы өзін қоршаған дүние мен қоғам талабынан алшақ бола алмайды. Қоғамда болатын жаңалықтар, маманның алдына қойған мақсаты, қызығушылығы, өмір талабы мұғалім тұлғасының қалыптасуының негізін құрайды.
  4. Педагогикалық практиканың кәсіби бағыттылығын күшейту студенттерді институт қабырғасында алдын ала мамандыққа дайындау жұмысын жүйелі жүргізген жағдайда ғана өз мәнінде жүзеге асады.
  5. Тұлға қалыптасуда ұлттық ерекшеліктерді назардан тыс қалдыруға болмайды. Әр ел тарихи, жалпы адами, ұлттық, рухани дамуы, әл-аухаттық жағдайларымен ерекшеленеді. Бұл сол елдің білімберу жүйесінің өзгеруімен қоса, білім беруді жүзеге асыратын тұлғаның қалыптасуына тікелей әсер етеді.
  6. Педагогикалық практикаға арнайы алдын ала дайындықты ұйымдастыру. Ол дайындықтың жүйелі жоспары жасалып, жұмыс түрлері белгіленіп, әдістемелік пәндердің практикалық, семинарлық сабақтары барысында талқыланып отырылуы керек.
  7. Педагогикалық практика барысында оқушылармен бірлестікте, түсінушілік, жеке басты қадірлеушілік, білім беруді игіліктендіру негізінде жұмыс жүргізу.
  8. Педагогикалық практиканың басты мақсатының бірі – мұғалім тұлғасын қалыптастыруға бағытталуы.
  9. Тәрбие жұмысының жоспарлары мен арнаулы тақырыптарын практикалық сабақтар барысында талқылау.

Жүргізілген зерттеу нәтижесінде дипломдық жұмысқа төмендегідей мәселелер енді:

  1. Педагогикалық практиканың қазіргі жағдайына шолу жасалып, мектеп практикасында кездесіп отырған жетістіктер мен қатар осы таңда орын алып отырған кемшіліктерді болдырмау жолдарын іздестіру.
  2. Педагогикалық практиканың мұғалім тұлғасын қалыптастырудағы маңызы талданумен қатар, тұлға қалыптастыруға қойылатын талаптарға жаңа тұрғыдан қарап, оны жүзеге асыру жолдары көрсетіледі.
  3. Педагогикалық практиканы кешенді ұйымдастырудың әдістері берілді.
  4. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін педагогикалық практикаға алдын ала дайындауға байланысты жүргізілетін жұмыс түрлерінің жүйесі жасалды.
  5. Болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін арттырудың әдістемелік нұсқауы эксперимент жұмысы арқылы байқаудан өткізіліп, ұсынылды.
  6. Бастауыш сыныптарда жүргізілетін педагогикалық практика күнделігі жасалды.

Қарастырылып отырған мәселе күрделі болғандықтан, оның барлық салаларын терең қолданып шығу мүмкін емес. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің 6 түрлі педагогикалық практикасында кәсіби шеберлікті дамыту жолдарын жеке-жеке зерттелуі қажет деп есептейміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

  1. Крупская Н.К. Бороться за качество школьной учебы. // Пед. соч. в 6 т. (Под. ред. М.А.Арсеньева и др.) М; 1980. Т 5. С. 13-17.
  2. Ушинский К.Д. О пользе педагогической литературы. // Избр. Пед. соч. М; 1968. С. 223-250.
  3. Сухомлинский В.А. О воспитании. М; Политиздат, 1973. С. 271
  4. Каменский Я.А. Великая дидактика. // Избр. Пед. соч.: В.2 т. М; Педагогика, 1982. Т. 1. С.576.
  5.  

 

  1. Абдуллина О.А. Проблемы организации педпрактики студентов. М.: Просвещение, 1989. –174 с.
  2. Инструктивно-методические материалы по педагогической практке для старших курсов. // Состовители: Б.Р.Айтмамбетова и др. Алматы: КазПИ. Им Абая. 1989. –44 с.
  3. Әбілқасымова А.Е. Студенттердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру. Алматы: Білім, 1994. –188 с.
  4. Абылқасымова А.Е. Позновательная самостоятельность в учебной деятельности студента. Алматы: Санат, 1998. –149 с.
  5. Хмель Н.Д. Сущность педагогического процесса. // Сбор. Науч. трудов. Педагогический процесс как объект проф. Под. ред. учителей. Алматы: Мектеп, 1984. 7-31 с.
  6. Халықова К.З. Жоғары оқу орнындағы педагогикалық практика. Алматы; АлМУ, 1999. – 102 б.
  7. Әбдімажитұлы К. Педагогикалық практика барысында студенттерді тәрбие жұмысына даярлау. (Ауыл мектептерінің тәжірбесінен). Дисс. Пед. ғыл. канд., АлМУ. 1997. –112 б.
  8. Абдуллина О.А. Проблемы организации педпрактики студентов. // Сбор. Научных трудов. Педагогическая практика в системе подготовки будущих учителей. М; 1978. С. 16-43.
  9. Бабанский Ю.К. Проблемы решения научного руководства педпрактикой студентов. // Тез. Док. Межвуз. Конф. Ростов-на Дону. 1972. С.18-21
  10. Болдыров Н.И. Класс жетекшісі. 2-ші басылым. Алматы; Мектеп, 1980. –278 б.
  11. Кузьмина Н.В. Очерки психологии труда уяителя. Педагогическая структура деятельности учителя и формирования его личности. Л.: ЛГУ. 1967. –183 с.
  12. Гудзенко Б.Я. Профессиональная самовоспитание будущих учителей в процессе педпрактики. Автореферат дисс. Канд. Пед. наку М.: 1987. 16 с.
  13. Сластенин В.А. Педагогическая деятельность и формирования личности учителя. // Проблемы проф. Подготовки студентов педвузов и университетов. М.: МГПИ, 1978. С 13-23.
  14. Лемберг Р.Г. Оқыту әдістері. Алматы.: Мектеп, 1958. –145 б.
  15. Лернер И.Я. Дидактические основы методов обучения. М.: Педагогика, 1981. –185 с.
  16. Пискунов А.И. Основные проблемы и задачи исследований в области общепедагогической подготовки будущих учителей в высшей школе. // Вопросы общепед. Под. будущих учителей (Под. ред. А.И.Пискунова). М.:1972. С 3-10
  17. Рубинштейн М.М. Основы общей психологии. М.: Педагогика, 1973. —424 с.
  18. Кузьмина Н.В. Методы исследования педагогической деятельности. Л.: Изд. ЛГУ. 1970. –114 с.
  19. Оралбаева Н.О. Мұғалімдерді дайындау жүйесіндегі педагогикалық практика. Алматы, АлМУ. 2000. –45 б.
  20. Байтұрсынов А. Шығармалары. Алматы. 1989. 318 б.
  21. Дулатов М. Шығармалары. Алматы. 1991. –348 б.
  22. Жумабаев М. Педагогика. Алматы. 1992. –160 б.
  23. Аймауытұлы. Ж. Психология. Алматы: Рауан, 1995. –311 б.