АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Сөздерді таптастыру жайлы алғашқы ұғым және оның қалыптасуы

МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ

 

І ТАРАУ. СӨЗДЕРДІ ТАПТАСТЫРУ ЖАЙЛЫ АЛҒАШҚЫ ҰҒЫМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ.

1.1. Сөздердi таптастыруға байланысты алғашқы ғылыми көзқарастың пайда болуы.

1.2. Үнді-Европа тіл біліміндегі сөздерді таптастыру мәселесі

1.3. Түркiтаным әлеміндегі және қазақ тіл біліміндегі

сөз таптастыру мәселесі

 

ІІ ТАРАУ. СӨЗ ТАПТАРЫ – ТІЛ БІЛІМІНІҢ НЕГІЗІ.

2.1. Сөздерді таптастырудың лексика-грамматикалық ерекшелiгі

  1. 2 Сөз таптары жүйесіндегі атауыш сөздер
  2. 3 Сөз таптары жүйесіндегі көмекші сөздер
  3. 4 Сөз таптары жүйесіндегі одағай сөздер.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы

      Жұмыстың өзектілігі. Қазақ тіл білімінің бастан өткізген тарихи белестерін жан-жақты айқындап, бүгінгі жай-күйімен сабақтастығын ашып көрсету(негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Өткенді безбендемей, алға басу жоқ. Морфологияның өзекті мәселесінің бірі – тілдегі сөздерді түрлі семантика-құрылымдық топтарға жіктеу теориясы да тіл білімі тарихын айқындауда өзіндік орны, салмағы бар мәселе екені анық. Бүгінгі таңда да жекелеген тіл білімдерінде (қазақ тіл білімінде) сөз таптастыру межелеуіштерінің (критерий) жетекшілік мәні, өзіндік маңызды сипаттары толық айқындалды деп айта алмаймыз. Осы тұрғыдан бұл теориялық ілімнің проблема ретінде қазақ тіл білімінде алғаш қойылып, пайда болуынан бастап, оның қалыптасу, даму процессін жан-жақты зерделеудің, осы даму барысындағы әр бағыт, әр кезеңнің өзіндік жетістік, кемшілігін нақты талдаудың қажеттілігі жұмыстың өзектілігін анықтады.

Зерттеу обьектісі. Қазақ тіл біліміндегі сөздердi таптастыру теориясының пайда болуы, дамуы, қалыптасуы.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Тіл біліміндегі әрбір теориялық ілімнің пайда болу, даму, қалыптасу жолдарын айқындау, осы арқылы дәстүр жалғастығын ашу, болашақ зерттеулерге бағыт-бағдар нұсқау – маңызды іс болып табылады. Осы қағиданы меже ете отырып, жұмыста қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының пайда болу кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі даму тарихын, бүгінгі жайын саралауды басты мақсат етіп қойдық. Негізгі мақсаттан төмендегі міндеттер туындайды:

─ Әлемдік тіл біліміндегі, түркологиядағы сөз таптастыру проблемасының тарихымен, бүгінгі жай-күйімен байланыстыра отырып, сөз таптастыру теориясының қазақ тіл біліміндегі дамуын ғылыми тұрғыдан кезеңдерге бөлу;

─ Қазақ тіл біліміндегі сөздерді семантика — құрылымдық топтарға жіктеу барысында  болған бағыттарды, олардың негізгі қағидасын анықтау;

─ Сөз таптастыру теориясының қазақ тіл біліміндегі бүгінгі жайына баға беріп, осы мәселеге қатысты әлі түйіні шешілмеген  проблемаларды бөліп шығару.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы.

─ Сөздерді семантика-құрылымдық топтарға бөлудің күрделі теориялық ілім ретінде қазақ тіл білімінде алғаш пайда болуынан бастап, оның даму жолы таразыланды. Осы даму жолында кездескен түрлі ағымдар анықталып, олардың негізгі қағидалары белгіленді, ағым өкілдерінің ой-тұжырымдарына нақты талдау жасалып, баға берілді.

─ Қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының өткен жолын таразылаумен қатар бүгінгі жайы да сөз етіле отырып, оның жетістігі мен кемшілік тұстары да айқындалды. Қазақ  тіл  білімінің бүгінгі жетістігі тұрғысынан сөз таптарының семантикалық, морфологиялық, синтаксистік принциптеріне анықтама берілді.

Жұмыс нәтижесінде сөз  таптастыру проблемасына қатысты  бірқатар   қосымша жаңалық, ұсыныстар енгізілді. Олар: а) модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде танудың   негізі  жасалды;   ә)   сөз   табы   ретінде   белгілі одағайды синтаксистік   категория ¾ оқшау сөздер құрамында қыстырма, қаратпа сөздермен бір қатарда қарауға болмайтындығы айқындалды; б) сөз таптастырудың синтаксистік принципі аясында сөздердің тіркесімділік қабілетін ескеру керектігі дәлелденді.

Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Сөз таптастыру   теориясының   қазақ  тіл   біліміндегі   алғаш пайда болу, даму, қалыптасу жолын саралау арқылы түрлі бағыт, ағымдар болғанын, олардың негізгі қағидаларын анықтау, сөз таптастырудың бүгінгі күнгі жайын зерделеу арқылы түйіні шешілмеген ірілі-ұсақты проблемаларды бөліп шығару – қазақ тіл біліміндегі морфологияның бұл өзекті мәселесінің болашақ дамуына оң ықпал тигізетіні сөзсіз.

Қорғауға ұсынылатын негізгі мәселелер:

  1. Сөздерді семантика-құрылымдық топтарға жіктеудің қазақ тіл біліміндегі ірі грамматикалық теория ретінде күрделі даму жолынан өтіп, қалыптасқандығы;
  2. Қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының дамып, қалыптасуы барысында бір-бірінен айырмашылығы    бар    семантикалық  және   лексика-грамматикалық аталатын бағыттардың болғандығы, олардың негізгі ұстанымдары;
  3. Қазақ тілі сөздерін таптастыру барысында әртүрлі бағыттар өкілдерінің өз  ұстанымы (позициясы) тұрғысынан келуі себепті сөз  таптарының  саны да, кейбір сөз таптарының сапасы да өзгеріп отырғандығы;
  4. Бүгінгі таңда қазақ тілші-ғалымдарының сөздерді түрлі топтарға  бөлу    мәселесінде жетістіктерге қол жеткізуі нәтижесінде сөз топтастыру теориясының қазақ тіл білімінде негізінен орныққандығы.

Жұмыс құрылымы: Жұмыс кіріспе мен қорытындыдан басқа екі тараудан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І ТАРАУ. СӨЗДЕРДІ ТАПТАСТЫРУ ЖАЙЛЫ АЛҒАШҚЫ ҰҒЫМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ.

 

1.1. Сөздердi таптастыруға байланысты алғашқы ғылыми көзқарастың пайда болуы.

 

Жеке, нақтылы тілдердегі немесе тілдердің тобындағы сөздерді сөз таптарына топтастыруда сөз таптарының жалпы теориясына общая теория частей речи сүйену өте-мөте қажет. Әрине, жеке,  нақтылы бір тілдегі сөз таптарының санын да, табиғатын да сол тілдің өзіндік ерекшеліктерін  ескермей немесе сол ерекшеліктерге байланыссыз айқындау дұрыс болмаған болар еді. Бұл жерде әңгіме  сөз таптарының жалпы теориясының жеке, нақтылы  тілдердегі сөздерді  сөз таптарына дұрыс топтастыра білуге қатысы жайында болып отыр. Жеке тілдегі немесе тілдердің тобындағы сөз таптарын айқындауда сол тілдердің немесе тілдер тобының грамматикалық ерекшеліктерін есепке ала отырып, сөз топтарының жалпы теориясына негізделу қажет. Мұнсыз сөздерді сөз таптарына  классификациялау мәселесі өзінің дұрыс шешімін таба алмайды.

«Жалпы теорияның негізінде ғана тілдер үшін сөз таптарының арнайы теориялық қажетті көрнекі мысалдармен және түсіндірмелермен жасала алынады. Мұндай  теориялардың жалпы және арнайы теориялардың өз ара қатынасы жалпы тіл білімі мен нақтылы тіл білімінің, жалпы теориялық грамматика мен жеке тілдердің грамматикаларының арасындағы ара қатынастардан басқаша болмауы керек. Кім сөз жүзінде емес, іс жүзінде жалпы теориялық білімінің, тілдің жалпы теориясының, тіл туралы  қазіргі ілімнің саналары ретіндегі жалпы фонетиканың, жалпы лексикологияның, жалпы грамматиканың қажеттілігін мойындаса, сол жалпы ғылыми грамматиканың бөлімдерінің бірі сөз таптарының жалпы теориясын жасау тәжірбиелерінің жөн екендігін мойындамай тұра алмайды.

Сонымен тіл білімінде сөз таптары және олардың классификациясы туралы мәселе сөз таптарының жалпы теориясы тұрғысынан қарауға тиісті мәселе болап табылады. (1, 152-154).

Лингвистика тарихын әр түрлі кезеңдерге бөліп қарастырушылық бар. Олар: 1) Ежелгі заман лингвистикасы, 2) Орта ғасырлар лингвистикасы 3) Қайта өркендеу дәуірі лингвистикасы, 4) ХІХ ғасыр лингвистикасы 5) ХХ ғасыр лингвистикасы.

Біздің жыл санауымыздан 5-6 мың жылдар бұрынғы египедтіктердің, шумерлердің т.б. Шығыс халықтарының жоғары мәдиниеті  болғандығын,  әр түрлі жазуларды пайдаланғандарын ескерсек, тіл білімінің көне ғасырлардың бірі екендігін байқауға болады. Бірақ египеттіктердің, шумерлердің тілге байланысты айтқан пікірлері біздің заманға жеткен жоқ. Тіл мәселелеріне байланысты айтқан пікірлері біздің заманға жеткен деректердің ең көнесі Ежелгі Қытай, Үнді, Ежелгі Греция елдеріне тән.

Ежелгі дәуір – лингвистикалық ой-пікірдің жаңа туындай бастаған және оның мейлінше  балаң шағы. Соған  қарамастан  бұл  кезеңдегі  лингвистикалық   мәліметтерді  қазіргі  кездегі  өркен  жайған  тіл  білімінің  бастамасы, қалана  бастаған  іргетасы  еді  деп  санаған  жөн.                                               

 Ежелгі  дәуір   лингвистикасында  ерекше  екі  түрлі   күрделі  проблема  болды. Оның бірі-атау, ат қою, екіншісі-грамматикалық өнер (исскуство) проблемасы. 

Ат қою теориясы мен грамматикалық өнер теориясы Ежелгі Қытайда да болған. Сондай-ақ, грамматикалық өнердің де негізгі ілімі көне жазуы – иероглифке негізделген.

Иероглифтік грамматикаларда морфема сөздер мағынасы, этимология мәселесi болмаса қалыпты грамматикалық әдебиеттердегідей грамматикалық категория мәселелері сөз болмаған. Қытай лингвистикасының өзіндік ерекшелігі, өзіндік дәстүрі де осында.

Адамзат тарихында өзіндік орны бар Қытай жеріндегі грамматикалық ілімнің негізін салған әкелі-балалы Ван-Нянь-Сунь мен Ван-Инь-Чжи қытай тілі сөздерін мағыналы сөздер (шицзы), мағынасыз сөздер (сюйцзи) және көмекші сөздер (чждцзи) деп бөліп, сөздерді іштей зат есім, сын есім, етістік деп ажыратты (2, 6). Бірақ  бұл тілде жазылып сақталған тарихи материалдар басқа тілдерге, әсіресе европалық тілдерге дер кезінде аударылмағандықтан, ғылым әлемінен шектеп қалып келеді. Лингвистикалық нұсқалар жағдайы да осындай.

Сондықтан лингвистка тарихын зерттеген Европа ғалымдарының барлығы дерлік әңгімені Ежелгі Үндістан, Ежелгі Грециядан бастайды.

Ғылымда қалыптасқан көзқарас бойынша тіл туралы ғылымның алғаш пайда болуы ежелгі үнділерден басталады. Үнділерден бізге жеткен зерттеулер жыл санауымыздан бұрынғы V ғасырдан басталады. Бұл материалдардың ғылыми жүйелігіне, ой тереңдігіне қарағанда Үндістан лингвистикасы бұдан да бұрын болғанға ұқсайды. Тіл білімі мұнда практикалық қажеттіліктен туған. Үнділердің өте ерте ежелгі дәуірден сақталған аңыздардан, гимндерден, діни жырлардан құралған «Веда» деп аталатын  кітаптары болған. Біздің дәуір алдындағы VІ ғасырларда белгілі болған бұл жинақты үнділер қасиетті, киелі деп санаған және қазір де солай санаушылық бар көрінеді. «Веда» жөніндегі зерттеулер үнділердің аса көрнекті лингвисі Яски мен Панини жазған еңбектер арқылы біздің заманымызға жетті.

Яски біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырларда өмір сүрген. Ол – «Веда» тілінің бес томдық сөздігін жасап түсінік жазған адам.

Панинидің біздің дәуірімізге дейінгі ІҮ ғасыр шамасында жазған «Аштадхьяй» (Грамматикалық ережелердің сегіз бөлімі) деген еңбегінде төрт мыңнан астам грамматикалық ереже берілген. Бұл еңбегінде Панини «Веда» тілін қалпына келтіру нәтижесінде пайда болған үнділердің санскрит деп аталатын көне әдеби тілінің және «Веда» жыры тілінің дыбыстық жүйесін, сөз туғызу, сөз өзгерту жолдарын жан-жақты зерттелген. Панини еңбегі – тіл білімі тарихындағы біздің дәуірге жеткен тұңғыш сипаттама грамматикасы. Ол санскрит тілінің грамматикасы деп те аталады. Мұнда сөздерді тапқа, түбірге, түрлі қосымшаларға бөлу, жұрнақ, префикс дегендердің бәрі де бар. Панини грамматикасы ережелерінің дәлдігіне, зерттеулерінің терең және жан-жақтылығына қарап, бірсыпыра ғалымдар Үндістанда тіл білімі Панинге дейін де даму басқышынан өткен, бірнеше грамматикалық еңбектер жазылған болу керек деп жорамалдайды. Бірақ ондай еңбектердің болған болмағына ғылымда әзірше белгісіз.

Үнділер тілдегі барлық сөздерді есім, етістік, предлог, демеулік деп төрт топқа бөлген де әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты сипаттаған. Етістіктің шаққа бөлінуі, есімдерде жеті түрлі септік жалғаудың барлығы т.б. көптеген грамматиканың мәселелер өте дәлдікпен шешілген.

Шынында да, үнділер тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосқан. Тіл фактілерін зерттеуде олар синтетикалық тәсілді де, аналитикалық тәсілді де қолданған. Сол арқылы тілдік элементтердің өзара ұқсастығын және бір-бірінен өзгешеліктерін айқындаған.

Кейінгі дәуірлерде Үндістанда Панини грамматикасының мән-мағынасын талдап түсіндірген оның жолын ұстанған лингивист-ғалымдар болды. Солардың бірі – біздің дәуірдің үшінші ғасырларында өмір сүрген Вараручи Катьяна. Ол Панини еңбегіне талдау жасаумен қатар, орта дәуір үнділерінің пракрит деп аталатын санскрит тіліне салыстыра зерттеген. Сөйтіп, лингвистикада бірінші болып тарихи – салыстыру әдісін қолдануға талпынған, тілдің тарихы, дамуы мен ұғымдарды алғаш сөз еткен ғалым. Ол өзінің «Пракрит грамматикасы» дейтін еңбегінде фонетика мәселесіне ерекше көңіл бөледі,  әрбір дыбыстың даму жолдарына, оларда болатын өзгеріс-құбылыстарға, үндесу заңдарына талдау жасайды. Мұндай құбылыстарды Катьяна морфологиялық өзгерістерге байланысты қарайды.

Ежелгі Үндістан лингвистикасы тарихының тағы бір көрнекті өкілі – философ-лингвист Бхартхари. Бұл – тіл мәселелерін философияға байланыстыра қараған ғылым.

Үндістан лингвистикасының кейінгі дәуірлердегі өкілдері ұзақ заман бойына осы үш ғалымның (Панини, Катьяна, Бхартхари) мұраларын жинақтап, талдап түсіндірумен болды.

Эренбург университетінің профессоры Джон Лайонз 1978 жылы орыс тілінде жарияланған «Теориялық лингвистикаға кіріспе» деп аталатын еңбегінде Паниниден кейін Үндістанда он шақты грамматикалық бағыт болған. Бізге олардан көне үнді грамматикасын зерттеген мыңға жуық еңбек жетті. Олардың көпшілігі Панини дәстүрін қолданған деп жазады.

Ежелгі дәуірі лингвистикасының тағы бір отаны Ежелгі Греция. Грецияда туған лингвистикалық ой-пікір бүкіл Европа лингвистакасының қалыптасып дамуына күшті әсерін тигізді. В.Энгельстің «Греция мен Рим қалаған негіз болмаса, қазіргі Европа да болмас еді», — деген сөзін тіл біліміне байланысты айтуға болады. Тіл мәселелеріне байланыста сол елден бізге жеткен жазба материалдар жыл санауымызға дейінгі V ғасыр шамасынан басталады.

Ғалымдардың айтуына қарағанда Греция лнигвистикасы Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» жырының тілін зерттеуден басталады. Эллинизм дәуіріне дейін тілді лингвистикалық тұрғыдан емес философиялық тұрғысынан сөз еткен, философияға тәуелді соның ажырамас саласы деп есептеген ежелгі Греция философтарының бір ерекшелігі – тілді құдай жаратты деген діни көзқарасқа қарсы оны дүниеге келтірген адамның өзі деген пікірді уағыздауы.

Грек ғалымдары көтерген тағы бір лингвистикалық проблема – грамматика мәселелері. Грамматиканы да алғашқыда философия, әсіресе логика ғылымына тәуелді соның бір саласы ретінде логикалық категориялардың көрсеткіші ретінде ғана қарады. Бұл саладағы алғашқы пікір Платон пен Аристотель еңбектерінде кездеседі. Платон тілдегі сөздерді есім, етістік деп екі топқа бөлсе, Аристотель алдыңғы екеуі үстіне жалғауыш дегенді қосып, үш топқа бөледі. Күні бүгінге дейін қолданылып жүрген грамматикалық катергориялардың, терминдердің көпшілігі сол Аристотельден қалған.

Яғни, екі кезеңге бөлінген (философиялық кезең V-ІІІ ғғ., филиологиялық кезең ІІІ-ІV ғғ.) Грецияда философиялық дәуірдің көрнекті өкілдері Платон, Аристотельдер сөздерді логикалық негізде жіктеп, есім, етістік, жалғауыш деп ажыратты.

Грамматикалық ілімнің философияның,  логиканың ықпалынан босанып өз алдына дербес пән ретінде қалыптасуы Греция тіл білімінде филология дәуірі деп аталады. Грамматистердің александриялық мектебін қалыптастырып, грамматика ілімін дамытудың жоғарғы сатысына көтерушілер – Аристрах (б.д.д. 250 -150 ж), оның шәкірті Дионисий Фракийский, Апалони Дискол (б.э ІІ ғ.) болды. Аристрах тілдегі сөздерді есім, етістік, есімше, член (артикль), есімдік, предлог, үстеу, жалғаулық деп сегіз топқа бөлген. Сөздерді тапқа бөлудің алғашқы грамматикалық үлгісі Д. Фракийский еңбегінен басталады. Бұл ғалым сөздерді тапқа бөлуде лексикалық – семантикалық және құрылымдық белгілерге сүйенген.  Осы уақытта да қолданылып жүрген зат, сын, сан есімдерді есім деген бір ғана  талаумен атауда осы Фракийскийден басталады (3, 167).

А.Дискол синтаксис мәселелерін зерттейді. Дегенмен ежелгі Грецияда морфологияға қарағанда синтаксис аз зерттелген. Грецияны жаулап алған римдіктер тіл білімін дамытуға айтарлықтай үлес қоса алмады. Олар Александрия грамматистерінің ілімін өз тілдеріне сәйкестіндіріп қолданудан аса қойған жоқ. Рим грамматистерінің ішіндегі ең көрнектісі – Варрон (жыл санауымызға дейінгі І ғ. өмір сүрген), кейінірек Доната (ІV ғ.) болды. Бұлар латын тілі грамматикасын жазғандар. Рим грамматистерінің жаңалығы өздерінен бұрын анықталған сөз таптарына одағайды қосуы болды. Сонымен қатар олар латын тілінде болмауына байланысты артикльді сөз табы қатарынан алып тастауы арқылы сегіз сөз табын анықтады: 1) Есім; 2) Етістік; 3) Есімше; 4) Есімдік; 5) Үстеу; 6) Шылау; 7) Предлог; 8) Одағай (2, 7).

Орта ғасыр — адамзат қоғамы дамуының он шақты ғасырын қамтитын және прогресс тұрғысынан алғанда әр тектес болып келетін күрделі де шытырманы көп дәуір.

Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі – әр түрлі діндердің туып, дүние жүзілік діндерге айналуы. Ондай діндер қатарына будда, ислам, христиан діндерін жатқызуға болады.

Канондық тіл бірден-бір дұрыс тіл деп жарияланды да, әр халыктың өз ана тілі, сөйлеу тілі, теріс тіл, пендешілік тілі деп саналды. Жазба тіл, әдеби тіл деп саналатын да канондық тіл болды. Мысалы, түркі халықтары, сондай-ақ қазақ халқы үшін де канондық тіл араб тілі, исламның ең қасиетті, киелі кітабы – құранның тілі болды. Европа халықтары үшін канондық тіл – латын тілі. Олар латын тілін жазу тілі, ғылым тілі ретінде пайдаланды. Бүкіл оқу орындарында ғылыми пән ретінде оқылатын да латын тілі грамматикасы болды. Сөйтіп, VIII ғасыр мен XV ғасырлар арасында ирланд, исланд, француз, испан, итальян, ағылшын т.б. тілдердің грамматикалары жарық көреді.

Дүние жүзі ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан халықтардың бірі – арабтар. Бұлардың жазбалары IV ғасырлардан басталады. Арабтар – тіл ғылымының дамуында да елеулі роль атқарды. Орта ғасырлық арабтардағы тіл білімінің ерекше дамыған кезі – халипат дәуірі деп аталатын VII-XII ғасырлар шамасы. Арабтар үнді, грек лингвистикасының табыстарын жақсы пайдалана отырып, өз тілінің фонетикасын, морфологиясы мен лексикасын зерттеуге ерекше назар аударады. Фонетика саласында дыбыс пен әріп арасындағы өзгешеліктерді айқындайды. Дыбыстың физиологиялық сипатын ашуға көп көңіл бөледі. Қейбір ғалымдар (Сибавейхи) жасалу орнына қарай дыбыстарды 16 топқа бөліп қараған. Грамматика мәселесінде де (көрнекті өкілі – Сибавейхи, 796 ж. жазылған «Ал Китоб» деп аталатын еңбегінде), әсіресе сөздерді тапқа бөлуде араб ғалымдары Аристотелъге еліктеген. Аристотель сияқты бұлар да сөздерді есім, етістік, жалғауыштар деп үш топқа бөледі. Арабтар ежелгі дәуірдегі лингвистикалық табыстарға сүйенеді дегеннен соны көшіріп алды деген ұғым тумайды. Арабтар оларды қайталаған жоқ, өзіндік тың жол салды, соны пікірлер айтты (18, 215-217.

Европа тарихы тұрғысынан алғанда, қайта өркендеу дәуірі XV-XVI ғасырлар арасын қамтиды.

Қайта өркендеу дәуірінде ерекше қолға алынған тағы бір мәселе – орта ғасырда жөнді мән берілмеген ежелгі грек, рим жазба нүсқаларын тауып, жариялау, оларға филологиялық талдаулар жасау болды. Әлемдік тіл білімі тұрғысынан алып қарағанда бұл дәуір тілдік материалдар жинақтау сипатымен ерекшеленеді. Өз дәуірі үшін бұл саладағы күрделі істер қатарында Ж.Скалигердің 1540 жылы шыққан «Латын тілінің негіздері туралы», Р.Стефанустың 1553 жылы шыққан «Латын тілі қазынасы» және «Грек тілі қазынасы», араб ғалымы П.Алкаланың «Араб тілі грамматикасы» (1505-жыл), Рапхлиннің «Еврей тілі грамматикасы» (1506 жыл) атты еңбектерді атауға болады. Осылармен қатар XV-XVI ғасырлар ішінде испан, корей, нидерлаңд, жапон, парсы, армян, венгер, ағылшын, француз, мексикан тілдерiнің грамматикалары шығарылды.

1757 жылы М.В.Ломолосовтың «Россия грамматикасы», т.б. жарық көрді. Бұл әлі де болса, латын тілі грамматикасы үлгісінен шыға алмаған, тілдік материал ретінде сөйлеу тілі фактілерінен гөрі ескі жазба тіл фактілеріне көбірек сүйенген еңбек болса да, латын тілі грамматикасы тіл атаулының барлығына бірдей жарамды бола алмайтынын, әр тілдің өзіндік ерекшеліктері, өзіндік грамматикалық құрылымы болатынын байқатқан және осы бағытта жүргізілетін зерттеулерге жол ашқан, бастама болған еңбек еді.  

ХІХ ғасыр лингвистикасындағы салыстырмалы-тарихи әдіспен тіл білімінің қалыптасуының алғашқы басқышы болды. Тіл білімі дамуының жаңа дәуірі тілді – дамып, өзгеріп отыратын тарихи құбылыс деп танумен ерекшеленді. Бұл ғасыр лингвистикасында бірнеше ағымдар мен мектептер, сондай-ақ салырмалы-тарихи әдіс негізінде жазылған еңбектер дүниеге келді. «Жас грамматистер бағыты» деп аталатын көзқарас қалыптасты.

ХХ ғасыр тіл білімі «Жас грамматистерге» қарсы күресте туып қалыптасты. ХХ ғасыр лингвистикасы – лингвистикалық ой-пікірлер дамуының жаңа кезеңі болып саналады (3, 12-35).

Міне, сонау ежелгі үнді, гректердің тіл туралы алғашқы еңбектерінен бастау алатын сөздерді түрлі топқа бөлу ілімі осылайша өзінің пайда болу, даму кезеңдерін бастан өткізді.

 

1.2. Үнді-Европа тіл біліміндегі сөздерді таптастыру мәселесі

 

Ең алдымен бұл тіл біліміндегі сөз таптарының шығуы мен дамуы жайында сөз қозғасақ, бұл тiл бiлiмi тарихи тұрғыдан сөз таптарын сөйлем мүшелерімен байланыстырып топтастырады.

Бұл мәселе жайында академик И.И.Мещанинов «Сөйлем мүшелері мен сөз таптары» деген салыстырмалы-типологиялық зерттеуінде былай деп жазды: «Зат есім өзінің сөйлемде заттық мағынадағы мүше (бастауыш және толықтауыш) болуымен бөлініп шығады, сөздердің сөйлемнің атрибутивті мүшесі (анықтауыш) ретінде жұмсалуы арқылы сын есім жасалады, үстеулер пысықтауыш мүше ретінде жұмсалады, етістік басқа сөз таптарынан баяндауыш (сөйлемнің іс-әрекетті білдіретін мүшесі) ретінде қызмет атқаруы нәтижесінде ажыратылады. Бұл жерде, сөйлемнің осылай мүшеленуімен лексикалық топтар жасалады», — дейді.

Зерттеушілер сөз таптарының сөйлем мүшелері қызметінде жұмсалу барысында біртіндеп жасалып қалыптасқанын көрсетеді

В.М.Жирмунский индоевропа тілдерінің көне дәуірінде зат есімдер мен сын есімдердің жігінің ажыратылмағандығын есім негіздердің ортақ болуы, есімдердің септелу формаларының бірдей болуы және т.б. жайындағы деректерді келтіре отырып дәлелдейді. Зат есімдер мен сын есімдердің және үстеулердің тілдердің даму барысында біртіндеп жігі ажырап, дербес лексика-грамматикалық категориялар ретінде қалыптасқандығын көрсетеді.

Сөз таптарының бірден пайда болмай, тілдің тарихи дамуы барысында біртіндеп жасалатындығы үстеулердің сөз табы ретінде жасалып қалыптасуынан әсіресе ашық айқын көрінеді. Зерттеушілер индоевропа тілдерінде зат есімдер мен сын есімдердің септік жалғаулы түрлерінің сөйлемде пысықтауыш қызметінде жұмсалу барысында олардан үстеулердің жасалғандығын айтады. Бұған орыс тіліндегі вечером, порой, кругом, издавна, вплотную және т. б. үстеулер дәлел бола алады (1,166-170).

Үнді-Европа тіл білімі ішінде орыс тіл біліміндегі сөз таптастыру  мәселесі және сөз таптарының табиғаты жайында әр түрлі көзқарастар мен пайымдаулар бар. Олардың бірі бойынша сөз таптары сөздердің лексика-грамматикалық категориялары болып саналса, екіншілері бойынша сөз таптары сөздердің формальді грамматикалық категориялары, үшіншілері бойынша сөздердің таза грамматикалық топтары болып саналады.

М.В.Ломоносовтың XVIII ғасырдың орта тұсында басылым көрген «Русская грамматика» атты еңбегінен бастау алатын орыс тіл біліміндегі сөз таптастыру ілімінің тарихи даму жолын бүгінгі тіл білімі жетістігі тұрғысынан саралағанда, төмендегі негізгі бағыттарды ажыратып көрсетуге болады:

  • семантикалық бағыт;
  • формальдi-грамматикалық бағыт;
  • лексика-грамматикалық бағыт.

Семантикалық бағыт өз бастауын жоғарыда сөз болған ежелгі үнділер мен гректердің тіл туралы ілімдерінен алады. Ежелгі үнділер мен гректердің сөздерді топқа бөлудегі сөздің семантикасына сүйенетін ілімін қабылдап, одан әрі дамытқан орыс грамматистерінің көрнектілері М.В.Ломоносов, А.Х.Востоков, Н.А.Греч, А.А.Потебнялар болды. Қазіргі орыс тіл біліміндегі бұл бағытты жақтаушылар ретінде А.С.Чикобава, М.В.Панов, В.Н.Мигирин, О.М.Ким секілді ғалымдарды атауға болады.

М.В.Ломоносов орыс тілі сөздерін семантикалық белгісіне қарай сегіз топқа бөледі:

1) есім; 2) есімдік; 3) етістік; 4) есімше; 5) үстеу; 6) сөз алдына   қойылатын   көмекші   сөздер   (предлог); 7) шылау (жалғаулық); 8) одағай.

Сөз таптары туралы ежелгі дәуір грамматикаларынан бастау алатын ілім XIX ғасырда көптеген тілші-ғалымдар тарапынан сынға ұшырай бастады. Бұл проблеманы шешу жолындағы ғылыми ізденістер сөз таптастырудың семантикалық бағытына қарама-қарсы бағыт – формальдi-грамматикалық бағытты дүниеге әкелді. Бұл бағыт өкілдері сөз таптарын анықтауда негіз етіп сөздің формасын алуды ұсынды. Олардың басты идеясы «сөз тұлғасы сөздің мағынасын да анықтайды»дегенге саяды.

Формальдi-грамматикалық бағыттың алғашқы бастауы К.С. Аксаковтың еңбегінде салынып, Москва мектебінің өкілдері одан әрі дамытты. Формальдi-грамматикалық бағыттың ең көрнекті өкілі Ф.Ф.Фортунатов болды (2, 8-9).

Ф.Ф.Фортунатов және оның мектебі сөз таптарын формальдi-грамматикалық (дәлірек айтқанда, морфологиялық) категорпя деп қарады. Ф.Ф.Фортунатов сөздерді «түрленетін» және «түрленбейтін» сөздер деп топтастырады да, «түрленетін» сөздерді «жіктелетін» (етістіктер), «септелетін» (зат есімдер) сөздер, септелетіндердің ішінде тек (род) категориясына орай сөз түрлендіруші формаларға ие болатын сөздер (сын есімдер) деп іштей жіктейді. Ф.Ф.Фортунатов үстеулерді «түрленбейтін», бірақ сөз тудырушы формаларға ие болатын топқа жатқызады. Сөздерді бұлайша тек сыртқы белгілеріне қарай сөз таптарына топтастыру тар шеңбердегі морфологизмге әкеп соқтырды (1, 152). Бұдан шығатын қорытынды төмендегіше:

  1. Сөз таптастыруда сөздің тұлғасы негізге алынуы керек.
  2. Сөз тұлғасы қосымша қабылдау арқылы сөздің мағынасын да анықтайды.
  3. Қосымша қабылдау қабілетіне қарай сөздер өзгеретін (изменяемые) және өзгермейтін (не изменяемые) сөздер тобына бөлінеді (2, 9).

Сөз таптарын таза грамматикалық категория деп қарайтын лингвистер де бар. Мысалы, О.П.Суник сөз таптарын классификациялауда тіл білімінде негізге алынып жүрген заттылық, атрибутивтік, процесс ретіндегі іс-әрекет тәрізділерді лексикалық мағына емес (ал А.А.Шахматов бұларды лексикалық мағынамен ұштастырады), жалпы грамматикалық мағына деп есептейді. Оның пікірінше, заттылық (предметность) – зат есімдерге тән және оны басқа сөз таптарынан (сын есім, сан есім, етістік және үстеулерден) ажырататын жалпы грамматикалық мағына (общеграмматическое зиачение). О.П.Суник сөз таптарының әрқайсына тән жеке грамматикалық категориялар мен мағыналарды, грамматикалық формаларды сөз таптарын ажырататын белгілер ретінде емес, сөз таптарының әрқайсысының өзіне тән жалпы грамматикалық мағынасынан туатын, соған бағынышты құбылыстар деп қарайды. «…Формальдi белгілер де, жалпы грамматикалық заттылық мағынаға қосақтала жүретін жеке грамматикалық мағыналардың өздері де (әр басқа тілдерді былай қойғанда, бір тілдің өзінде де түрлі-түрлі болатын жеке грамматикалық мағыналар) зат есім категориясын айқындай да, жасай да алмайды. Керісінше, олардың өздері зат есімнің жалпы грамматикалық мағынасы – грамматикалық жалпы және универсальды заттылық мағына арқылы жасалып қалыптасады, айқындалады, ал жалпы грамматикалық заттылық мағына сөздің формаларында да (синтетикалық және аналитикалық формаларында), оның лексикалық мағыналарында да, синтаксистік қызметтерінде де көрінеді». Сонымен, О.П.Суник сөздерді сөз таптарына классификация жасауда сөз таптарының жалпы грамматикалық мағыналары – заттылық, атрибутивтілік, процессуальдылық және т. б. мағыналарды негізге алады да, сөз таптарын таза грамматикалық категория ретінде қарастырады.

Сөз таптарын А.А.Реформатский де грамматикалык категория деп санайды. Ол былай деп жазды: «Сөз таптары – грамматикалық (бірақ лексикалық немесе лексика-грамматикалық емес) категориялар, олардың құрамы мен орналасуы әрбір тілде басқаша болады және олар өздерінің лексикалық қасиеттерімен емес, морфологиялық және синтаксистік ерекшеліктерінің жиынтығымен және мүмкіндіктерімен айқындалады».

Осылайша, орыс тіл біліміндегі сөз таптарын анықтаудағы семантикалық бағыт пен формальдi-грамматикалық бағыт бір-бірін жоққа шығарып отырды. Семантикалық бағыт өкілдері сөз таптастыруда мағынаны бірінші орынға қойып, грамматикалық форманы негіз етіп алып, мағыналы принципті шегіндіріп тастайды. Алайда, бір-біріне қарама-қарсы екі бағыттың да сыңаржақ болуы аталмыш проблеманы объективті шешуге мүмкіндік бермеді.

Орыс тілінің морфологиясын сипаттауға бұлайша әр тұрғыдан келу сөз таптарын анықтау ісіндегі бұдан әрі ізденісті қажет етті. Осы ізденіс нәтижесінде үшінші бағыт – лексика-грамматикалық бағыт дүниеге келді.

Сөз таптарын сөздердің лексика-грамматикалық категориялары деп қарайтындар сөздер өзіне тән белгілері, атап айтқанда, семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері бойынша топталып, тиісінше белгілі бір сөз табына телінеді деп есептейді. Мысалы, А.А.Шахматовтың пікірі бойынша, әрбір сөз табының мағынасы сөздің негізгі (лексикалық) мағынасы мен оған қосымша грамматикалық ұғымдардың, грамматикалық категориялардың жиынтығынан құралады. Орыс тіліндегі зат есімдерде негізгі атауыш түсініктер (основное знаменательное представление) грамматикалық жекелік-көптік, тек (род), септік категорияларымен ұштасады да, етістіктерде – грамматикалық шақ, рай, етіс, жақ және т. б. категориялармен ұштасады. А.А.Шахматовтың бұл жерде «мағына» жайында емес, «түсінік» жайында әңгіме етуінің себебі оның грамматикалық теориясына тән психологизмге байланысты екендігі аңғарылады (1, 154-155).

Орыс тіл білімінде көптеген академиктер мен грамматистер де сөз таптарын сөздердің лексика-грамматикалық топтары деп есептейді. Сөз таптарын бұлайша анықтау, сайып келгенде И.А.Бодуэн де Крутенэ мен Л.В.Щербаның сөз таптары туралы көзқарасына барып тіреледі. Л.В.Щерба сөз табын сипаттауда жеке-жеке негізге алынып келген семантикалық принцип пен формальдi принципті бір-біріне қарсы қоюдан бас тартып, қайта бұл екеуін бір тілдің екі қыры ретінде таныды. Сөз таптарын сипаттауда семантикалық белгі мен формальдi белгіні бірлікте қарау туралы Л.В.Шербаның бұл идеясын қабылдап, одан әрі дамытқан академик В.В.Виноградовтың мына бір тұжырымы оның сөз табы туралы пікірінің мәнісін айқындай түседі: «Сөз лексикалық және грамматикалық мағыналардың ішкі, конструктивті бірлігі болып табылады» (4, 15). Академик И.И.Мещанинов те сөз таптарын сөздердің мағыналары мен формаларын өзара ұштасуы деп қарайды: «Семантикалық жақтан да, форма жағынан да сипатталатын лексикалық топтар сөз таптары деп аталады» десе, Н.С.Поспелов: «Сөз таптарын сөздердің лексика-грамматикалық топтары деп санайды да, ол топтар өздеріне тән грамматикалық категорияларымен сипатталады деп тұжырымдайды» (1, 155).

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың алғашқы отыз жылдығындағы сөз таптары туралы орыс грамматистерінің ілімінің қорытындысы іспетті болған еңбектерінде ғалым В.В.Виноградов сөз таптарының бес түрлі белгісін атап көрсетеді:

  1. Синтаксическая функция;
  2. Морфологический строй и форма слова;
  3. Лексическое значение;
  4. Отражение действительности;
  5. Различие в в грамматических категориях.

Ғалым бәрінің бір деңгейде бола алмауына байланысты алдымен сөздерді төрт «Структурно-семантические типтерге» ажыратады: 1) слова-названия или части речи; 2) связочные  слова или частицы речей; 3) модальное и слова; 4)междометие, ал сөз табы ретінде зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, жай-күй категориясы аталады.

Сөз таптарының В.В.Виноградов жасаған бұл жүйесі орыс тіл білімінде дәстүрге айналды. Кеңес дәуірінде жарық көрген «Орыс тілі грамматикаларында» осы жүйе негізге алынды.

Басты өкілдері Л.В.Щерба, В.В.Виноградов болып саналатын сөз таптастырудың лексика-грамматикалық бағытының негізгі идеялары мыналарға саяды:

  1. Сөз таптарын анықтаудың негізгі өлшемдері лексикалық және грамматикалық өлшемдер болуы қажет;
  2. Сөз – лексикалық және грамматикалық мағыналарды бойына топтастырған тілдік бірлік;
  3. Сөздің морфологиялық категорияларын синтаксистік категориялардан ажыратып қарауға болмайды;
  4. Атаулы (номинативті) қызмет атқара алатын сөздер ғана сөз табы бола алады;
  5. Сөз табының лексикалық мағынасы, өзіндік грамматикалық тұлғалар жүйесі және синтаксистік қызметі болуы шарт.
  6. Сөз таптарына қарама-қарсы топ – атаулы (номинативті) қызметі жоқ сөздер – көмекші (частицы-речи) сөздер бөлінеді;
  7. Лексикалық және грамматикалық сипатына қарай сөз таптарына да, көмекші сөздерге де қосылмайтын сөздер бар.

Орыс тіл біліміндегі сөз таптастыру іліміне байланысты жоғарыда аталған үш бағытты (семантикалық, формальдi-грамматикалық және лексика-грамматикалық) дәстүрлі деп танысақ, үстіміздегі ғасырдың 70-жылдарынан бастап осы дәстүрлі бағыттардан басқа өкілдерінің өздері жаңа бағыт деп санаған бағыт пайда бола бастады. «Структуралық» аталған бұл бағыттың идеясын қорытып орыс тілі сөздерін топқа бөлуде қолданған ғалым А.Я.Баудер тілдік бірліктің құрылымын (структурасын) өзара қарым-қатынастағы элементтердің жиынтығы, ал семантикасын тілдің парадигмалық және синтагмалық жүйесінде көрінетін лексикалық, грамматикалық мағыналарының жиынтығы ретінде қарастыра отырып, автор сөз таптарының төмендегі белгілерін атап көрсетеді.

  1. Классифицирующее значение слова;
  2. Морфологические категории слова;
  3. Система форм слова (парадигматический план);
  4. Морфемная структура слова;
  5. Сочетаемость с единицами других классов (семантический план);
  6. Функция в предложении.

Бұл бағыт өкілі А.Я.Баудердің сөздің лексикалық мағынасына, грамматикалық құрылымына байланысты өзіндік жетістігі болғанымен, нақты сөздерді таптастыруы нәтижесіне үлкен жаңалық табу қиын, автордың ішінара сатылап барып, кейбір сөз  таптарының ара жігін ажырата түсуі болмаса, қорыта келгенде, сол бұрынғы сөз таптары айқындалады.

Сонымен, орыс тіл біліміндегі сөз таптастыру ілімінің дамуы барысында төрт түрлі бағыттың болғаны анықталып отыр. Оның алғашқы үшеуін (семантикалық, формальды-грамматикалық, лексика-грамматикалық)  дәстүрлі деп танысақ, ХХ ғасырдың 70-жылдарынан басталған структуралық аталған жаңа бағыттың да нәтижесі ретінде арнаулы қомақты жұмыс жарық көрді (2, 8-10).

 

1.3. Түркiтаным әлеміндегі және қазақ тіл біліміндегі

сөз таптастыру мәселесі

 

Орта ғасырлардағы Махмұд Қашқаридің Мұхаммед ибн Қайсаның, Асир-ад-Дин Абу Хайианның, т.б. еңбектерінен бастау алатын түркі тілдеріндегі сездерді таптастыру мәселесі XVIII ғасырда орыс түркологтарының еңбектерінде жалғасын тапты. Араб ғалымдары аталған еңбектеріңде араб грамматикалық ілімінің үлгісімен түркі тіліңдегі сөздерді логикалық тұрғыдан есім, етістік, демеулік деп белсе, орыс түркологтары әлемдік лингвистиканың кейінгі дамуы барысында қол жеткен жетістігі тұрғысынан алғашқы кезеңде семантикалық және синтаксистік принципті басшылыққа ала отырып сөз таптарына ажыратты (2, 12).

Араб тілінде, араб грамматикасымен түркологиялық еңбектер ХІ-ХV ғасырлар арасын қамтиды. Осы мезгіл ішінде түркі тілдерінің салыстырмалы сөздіктерін жасау, шағын көлемді практикалық, грамматикалық очерктерін жазу саласында едәуір жұмыстар істелді. Сондай еңбектердің ең алғашқысы және ең көлемді де құндысы түркі әулетінен шыққан, Бағдат ғалымы Махмуд Қашқари жасаған «Диуани Лұғатит Түрік» деп аталатын сөздік. Мұнда түркі тілдерінің сөз қолданысы, оның семантикалық, дыбыстық, грамматикалық сипаттары, бір-біріне ұқсастық, өзгешеліктері кең қойылып, терең баяндалған.

Төрт томдық салыстырма сөздіктің дені сөз табының ерекше, әрі күрделі тобы – етістік деуге болады. Өйткені, екінші том – түгелімен етістік және сөз табына қатысты ережелерден тұрады. Үшінші том мен Индексте де етістіктер басым (5, 66).

Араб ғалымдары Махмұдтың Диуанынан кейін де бірнеше салыстырмалы сөздіктер жазылды. Сондай сөздіктің бірі – Абулқасым Махмұд ибн Омар (Әл-Замахшари) жасаған «Муккаддимат әл-Адаб» (әдебиетке кіріспе) деп аталатын арабша–парсыша–түрікменше–монғолша сөздік. Еңбек төрт бөлімнен құралған: бірінші бөлімі ¾ есім сөздерге; екінші бөлімі – етістікке арналған.  

ХІV ғасырда сақталған тағы бір материал – араб ғалымы Жамал-Аддин Мұхаммед ат – Турки жазған «Түрік, қыпшақ тілдерін жақсы оқып үйренуге арналған кітап» деп аталатын сөздік. 71 беттік бұл сөздік екі бөлімге бөлінген: есім деп аталатын бірінші бөлімінде астрономиялық, топономикалық атаулар және үстеу сөздер берілген, екінші бөлімінде – етістік сөздер. Бұлардың бәрі де арабша-қыпшақша сөздік түрінде берілген.

Міне, осылайша араб ғалымдарының аталған еңбектерінде араб грамматикалық ілімінің үлгісімен түркі тіліндегі сөздерді логикалық тұрғыдан есім, етістік, демеулік деп үшке бөлсе, ХVІІІ ғасырда орыс түркологтарының еңбектерінде әлемдік лингвистиканың ішкі дамуы тұрғысынан сөздерді таптастыру мәселесі өз жалғасын  тапты.

   Орыс түркологтарының негізінен семантикалық белгіні, кей сөз таптарына қатысты синтаксистік белгіні нысана етуі түркі тілдері сөздерінің лексика-грамматикалық табиғатына байланысты болды, бұл жағдай, әсіресе зат есім мен сын есімнің, сын есім мен үстеудің қарым-қатынасынан анық
көрінді. Мысалы, қарт сөзін семантикалық принцип тұрғысынан
бірде зат есім десе, қарт кісі тіркесі арқылы сын есім         ретінде анықтады, ал жақсы секілді бірқатар сөздерді семантикасы арқылы сын есім дей отырып, пысықтауыш қызметінде жұмсалуына байланысты үстеу деп те таниды. Бұл сипат түркі тілдерінің грамматикалық құрылысын зерттеуге арналған алғашқы ресейлік еңбек «Сочинения, пренадлежащие к грамматике чувшского языка» атты еңбектен бастап, И.С.Хальфиннің «Азбука татарского языка» (1809), М.А.Казам-Бектің «Общая грамматика турецко-татарского языка» (1846), Алтай миссиясы мүшелерінің (негізгі авторы және редакторы Н.И.Ильминский) «Грамматика алтайского языка» (1869) атты зерттеулері де, жалпы, тағы басқа түркологтардың 1930 жылдарға дейінгі еңбектеріне тән болды (2, 12).

Орыс  тіл білімінде   1920  жылдардың   аяғында        сөз таптастырудың үш принципі (семантикалық, морфологиялық, сиптаксистік) пайда болуына байланысты, түркі тілдері сөздерін таптастыру теориясына да өзгеріс енді. 1936 жылы «Революция и письменность» журналында жарық көрген арнаулы мақаласында түркі тілдері сөздерін таптастыруда жүйелі түрде үш принципті (семантикалық, морфологиялық, синтаксистік) бірлікте қолдану керектігін айтқан А.Боровковтың тұжырымы түркологияның кейінгі дамуында берік қолданыс тапты. Орыс түркологтарымен бірге өсіп жетілген ұлттық мамандар да осы дәстүрді дамытып әкетті. Бүгінгі таңда түркологияда сөз таптастырудың бұл дәстүрі қалыптасқан ілім болып табылады.

Ал, жеке түркі тілдеріндегі анықталған сөз таптары саны әр түрлі болуы бұл тілдердің тарихи даму дорсжесінің әр түрлі болуымен қатар, бірқатар сөз таптарының әрқалай танылып, жіктелуіне де байланысты болып отыр. Мысалы, тоғыз сөз табы бар деп саналатын қазақ тіліндегі шылау сөздердің түрлері, шақыру одағайы кейбір түркі тілдерінде жеке-жеке сөз табы ретінде танылады. Орныққан сөз таптастыру теориясы бар түркологияда жеке тілдерге байланысты осылайша сөз таптарының санының әртүрлі болуына әрбір ғалымның жеке көзқарасының да әсер-ықпалы жоқ емес.

Қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлудің алғашқы соқпағын салған түрколог – Николай Иванович Ильминский (1822-1892). Ол 1860-1861 жылдарда Қазан университетінің ғылыми жазбаларында жарияланған «Материалы к изучению киргизского (казахского. Т.Қ.) наречия» дейтін еңбегінде сөздерді тоғыз түрлі тапқа бөледі. Осы сан (П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казахско-киргизского языка» деп аталатын еңбегін қоспағанда) совет дәуіріне дейін жарық көрген еңбектердің барлығында да сақталған. Тек П.Мелиоранский ғана аталған еңбегінде сын есімді әлі жекеленіп жетпеген сөз табы деп санап, оны зат есім тобында қарайды да, сөз табы санын сегіз деп көрсетеді (6, 167).

Бұл еңбектен басқа қазақ тілінің грамматикалық құрылысын зерттеу объектісі еткен тағы бір еңбек М.Терентьевтің «Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская» деген атпен жазылған еңбегі. Осындағы «қырғыз» деген атпен жазылған грамматика қазақ тілінікі. Бұл ¾ хронологиялық тәртібі жағынан алғанда қазақ тілі грамматикасына арналған екінші еңбек.

Сипаттау тек морфологияға ғана арналған. Морфология, зат есім, сын есім, есімдік, сан есім, жалғаулық, септеулік (послелоги), үстеу, одағай, етістіктер, көсемше, есімше, жіктеу, сөз туғызу және демеулік (частица), күрделі сөздер деп аталған тақырыптарға бөлінген.

Жалпы алғанда, өз заманы, ғылым тарихы үшін демесек, еңбек білгірлікпен жазылмаған. Оның осылай екендігін, жүйесіздігін, кітаби  тіл мен сөйлеу тілін бір-бірімен шатастырғанын өз кезінде П.Мелиоранский де көрсете отырып, өзінің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деген еңбегінің «Есім»  деп аталатын үшінші бөлімінде қазақ тілінде сегіз түрлі сөз табы бар деп көрсетеді. Олар: есім, есімдік, етістік, сан есім, үстеу, жалғаулық, септеулік, демеулік деп жазды. Еңбекте зат есім, сын есім, етістікке жеке-жеке тоқталғанмен басқа сөз таптарын топтап бір ғана тарау етіп берген. Оның баяндауларында алдыңғы авторлардан бөлекше айтылған пікір жоққа тән.

1897 жылы В.В.Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка, фонетика, этимология и синтаксис» деп аталатын еңбегінің этимология (морфология) деп аталатын бөлімі тоғыз тарауға бөлінген. Сөздерді тапқа бөлуде бұл еңбекте біраз өзгешелік бар. Мелиоранскийде одағай сөздер жеке сөз табы ретінде қаралмаса, мұнда қаралған, алдыңғы автор сын есімді зат есіммен бірге алса, соңғы автор оны дербес сөз табы ретінде қарайды. Соңғы авторда алдыңғыдай демеулікті жеке сөз табы ретінде қарау жоқ.

Мелиоранскиймен Катаринскийдікі сияқты қомақты да мазмұнды болмағандарымен, шағын көлемді, таяз мәнді очерктер де жазылды. 1800 жылы И.Лавтевтің «Краткий грамматическии очерк казахского языка», 1912 жылы И.Созановтың «Записки по грамматике киргизского языка» атты еңбектері жарияланды. Бұларда да соны пікірлер жоқ (7, 41-49).

20 жылдардағы грамматикалық еңбектің екіншісі Г.Архангельскийдің құрастыруымен («Грамматика казахского языка») 1927 жылы Ташкентте басылып шыққан. Бұл – орыс түркологтары қаламынан шыққан грамматикалық әдебиеттердің соңғысы. Осы оқу құралының «Морфология» тарауында қазақ тіліндегі сөздерді тек формалық белгілеріне қарай ғана жіктеуге болатынын көрсетіп: не разложимые основы, самостоятельные слубжебные  слова, полуприставки, приставки, междометия деп бес түрге бөледі. (6, 169).

Жалпы алғанда бұл еңбекте сөздердің тұлғалық типтері мен лексикалық-грамматикалық  типтері араластырыла берілген. Шылау мен үстеулерді сөз етулерінде де сондай қателіктер бар. Ал сөз табы болып отырған еңбекте осы принципте сақталмаған. Көп мәселеде бұл еңбекті 20-шы жалдарда жарық көрген, осының алдында сөз болған қазақша оқулықтың аудармасы деуге боларлық (6, 169).

Сөздерді таптастырудың теориялық негізінің қазақ тілі білімінде  пайда болып, қалыптаса бастауы орыс түркологтары еңбектерінде осылайша көрініс табады. Н.И. Ильминскийдің, М.Терентьевтің, В.В. Катаринскийдің, И.Лавтевтің еңбектерінде қазақ тілі сөздерін зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, жалғаулық, септеулік, үстеу, одағай деп бөлсе, П.М.Милиоранский мен Г.В.Архангельский ғана зат есім мен сын есімді ажыратпай,  бір ғана сөз табы ретінде танып, сегіз сөз табын атайды.

Жалпы қазақ тілінің грамматикалық  құрылысын сипаттауға арналған орыс түркологтарының ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастау алатын еңбектеріне қатысты мына ортақ жайттарды айтуға болады:

  1. Бұл түркологтардың еңбектерінде саны кейде сегіз, кейде тоғыз болып ажыратылғанымен, сөз таптарына анықтама берілмейді. Қысқаша жасалу жолдары, түрленуі, бірқатар мағыналық топ, категориялары ғана сөз болады;
  2. Тіл білімі салаларының ара жігі айқын ажыратылмаған, морфология этимология деп аталады, көмекші сөз таптары кейбір еңбектерде синтаксистің аясында қаралады;
  3. Барлық еңбек орыс тілінде, орыс тілі грамматикаларының қалпымен жазылған, орыс тілімен салыстырылып отырылады;
  4. Қазақ тілі сөздерін таптастыруда негізінен семантикалық белгі басшылыққа алынады, зат есім мен сын есімнің, сын есім мен үстеудің қарым-қатынасына байланысты синтаксистік белгіге сүйену де кездеседі. Дегенмен, түркологтардың соңғы еңбектерінде сөз табының формальдiк белгісін тануға қарай алғашқы нақты қадам жасалады (2. 14).

         Қазақ тілінде сөз таптастыру проблемасының зерттеліп жарық көруі ХХ ғасырдың 10-15 жылдарынан басталады. Оның бастауы – 1914 жылы «Тіл құралы» деген атпен Орынборда жарық көрген А.Байтұрсынов жазған оқулық. 1914 жылы жарық көріп, кейіннен бірнеше дүркін қайта басылған еңбекте автор сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер, одағайлар деп үш топқа бөледі де, бұлардың біріншісіне зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістікті; екіншісіне үстеу, демеу, жалғаулық деп аталатындарды жатқызады да, одағайды өз ішінен еліктеуіш, септеуіш одағайлары деп екіге бөледі. Осы еңбегінде айтылған пікірлерін «Тіл құралының» 1924 жылғы басылымында кеңейте, дәлдей түседі (8, 199).

         Бұған қарап, А.Байтұрсынов тіліміздегі сөздерді таптастыру ісінің берік іргетасын қалаушы деуімізге болады.

         1930 жылдардан бастап морфологияның жеке мәселелеріне арналған шағын көлемді мақалалар мерзімді баспасөз беттерінде, әсіресе  сол кездегі   ғылыми-педагогикалық журналдар — «Төте оқу», «Ауыл мұғалімі», оның   орнына   келген   «Халық   мұғалімі»   журналдары беттерінде жиі-жиі көріне бастайды. Осы он жылдықтың аяғына дейін жеке сөз таптарына, қосымшаларға арналған отызға тарта   мақала жарияланыпты. Олардың көпшілігін Қ.Жұбанов, X.Басымов, Ш.X.Сарыбаев, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, С.Аманжоловтар жазған.

30-жылдарға дейінгі жарық көрген еңбектерді қазақ тілінде пәлен сөз табы бар дегені болмаса, сөздерді түрлі топқа бөлудің  принциптері жөнінде ештеме айтылмайтын. Н.Сауранбаевтың «Сөз таптары» атты мақаласында осы мәселе талданады

Автор: тілдердегі   сөздерді   тапқа   бөлуде   ғылымда қалыптасқан үш түрлі принцип бар, олар «семантикалық, синтаксистік, морфологиялық белгілер» деп жазады да, осы үш түрлі белгілерді мысалдар арқылы талдай келіп, қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлуде сөздердің мағыналық    жақтарына  шешуші мән  берілу керек деген дұрыс қорытынды жасайды.

Сөздерді әр түрлі кластарға бөлу, олай бөлуге негіз болатын    принциптерді     айқындау  ісімен профессор Қ. Жұбанов та айналысқан.

Жұбанов ойынша, сөздерді тапқа бөлуде олардың тек мағыналық жағына ғана көңіл аудару жеткіліксіз. Сөз табын ашу  үшін үш түрлі   өлшеуді   қатар алып отыру дұрыс. Үшеудің бірдей сынына толса, сонда ғана бұл пәлендей сөз табы деуіміз керек. Ол үшеудің бірі – мағына, екіншісі – морфология, үшіншісі – синтаксис деп бүгінгі күні қазақ тіл білімінде орныққан сөз таптастырудың үш принципінің атын атап, түсін түстеп көрсетеді (9, 230-235).

         Автордың сөздерді тапқа бөлуінде А.Байтұрсыновтың терминдерін қолданбаудан туған кейбір өзгешеліктер ғана бар. Ең алдымен, тілдегі сөздерді түбір тап, шылау тап, одағай тап үш топқа бөледі.

         Автордың сөздерді тапқа бөлуге критерий етіп алған түрлі белгісінің қазақ тілі үшін мәні бірдей еместігі, ең маңызды белгі ¾ сөздің семантикалық жағы екендігі бұл күнде талас туғызбайтын қағида болса керек.

Отызыншы жылдардың аяқ кезінде жариялған морфологияға тікелей қатысы бар тағы бір еңбек – орта мектепке арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулық. Бұл – 1938 жылы баспадан шыққан, авторы – С.Аманжолов. Өз кезінде бұл оқулықтың біраз кемшіліктерін сынға алған мақалалар болған. Шынында да, еңбектің жоғарыда талданған А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов оқулықтарынан теориялық дәрежесі төмендеу болатын. Алдыңғы еңбектер сияқты мұнда да өздерді тұлғасына, тобына қарай жіктейді.

Морфология тұрғысынан алғанда 30-жылдардың алдыңғы он жылдан өзгешелігі – бұл саланы тек оқулық көлемінде ғана емес, ғылыми мақалалар жазу арқылы тереңірек зерттеуіге талпынудың алғашқы бастамасы көріне бастады. Сол кездегі педагогикалық журналдар мен Ұлт мәдениеті институтының ғылыми жинақтарында X.Басымовтың, С.Аманжоловтың қазақ тілінің қосымшаларын зерттеген мақалалары, сөздерді тапқа бөлуде басшылыққа алынатын принциптерді айқындауға арналған С.Жиенбаевтың т.б. еңбектері жарияланды. Сөйтіп, алдағы уақытта тек практикалық қана емес, теория мәселесіне де көңіл бөлудің алғашқы қадамы жасалды.

    Қазақ тіл білімінің басқа да салалары сияқты морфологияның да жоспарлы түрде кең көлемде зерттелуі 40-жылдардан басталады. Бұл онжылдықтың атап айтуға тұрарлық бір жаңалығы – қазақ тіл білімінің салаларын даралап арнайы зерттеу, солардың негізінде (кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау болды. Мұндай зерттеулерде ғылымның басқа салаларынан гөрі морфологияға қатысты мәселелер көбірек қамтылды. Тек 40-жылдар ішінде ғана морфологиядан етістіктің есімше, көсемше, етіс шақ, көмекші етістік, сын есім шырайлары мен үстеу арнайы зерттелді.

40-жылдар ішіндегі морфологияға қатысты еңбектердің бір елеулісі – Н.Сауранбаев пен Ғ.Бегалиев жазған «Қазақ тілінің грамматикасы». Осы еңбектің морфология деп аталатын саласы «Сөз» деген тақырыппен басталады. «Морфема» дейтін грамматикалық термин қазақ тілі білімінде алғаш рет осы оқулықта қолданылған, бірақ авторлар оны қосымша формалардың ғана атауы деп түсіндіреді. Қ.Жұбанов еңбегінде өзгертіп қолданған грамматикалық терминдерді соңғы авторлар А.Байтұрсынов қолданған атаулармен атап, дұрыстаған.

Қ. Жұбанов сияқты соңғы авторлар да сөздерді тұлғасына қарай алты түрге бөледі. Терминдік өзгешеліктері болмаса, әр тұлғадағы сөздерді түсіндірулерінде А.Байтұрсынов  Қ. Жұбановтан  айтарлықтай бөтендік жоқ.

Қ.Жұбанов сияқты бұл авторлар да сөздерді тапқа бөлгенде олардың семантикалық, морфологиялық, синтаксистік белгілері бірдей дәрежеде ескерілуін талап етеді. Қазақ тіліндіге сөздерді сегіз тапқа бөлу дұрыс емес деп тауып оларды есімдер, етістіктер, есімдіктер, үстеулер, көмекшілер, одағайлар деп алты түрге бөледі.

Сонымен, терминдік, классификациялық ала-құлалықтарына қарамстан 40-шы жылдар ішінде қазақ тілі морфологиялық жүйесі А.Байтұрсынов қалыптастырған негізде ілгері дамыды. Бұған түркологияның 30-40 жылдар ішіндегі түркі тілдері грамматикалық құрылысын зерттеуде қол жеткен табыстарының да игілікті әсерi аз болмаса керек.

1950 жылдан бері қарайғы уақыт ішінде морфологияның жеке мәселелеріне қатысты жүзге тарта ғылыми мақала, жиырмаға тарта монографиялық зерттеулер мен кітапшалар жарық көрді. Олардың ішінде етістік категорияларын зерттеуге арналған Ы.Мамановтың, А.Қалыбаеваның, И.Ұйықбаевтың, осы жолдар авторының, Н.Оралбаеваның, Т.Ерғалиевтың еңбектерін, сын есім катергориясына арналған Ғ.Мұсабаев, Ж.Шәкенов, Ә.Төлеуов еңбектерін, сан есімге арналған Ә.Хасенов, одағай, еліктеуіш сөздерін зерттеген Ш.Сарыбаев, Катенбаева, үстеуді зерттеген А.Ысқақов, есімдіктерді зерттеген Ә.Ибатов, шылауларды зерттеген Р.Әміров,Т.Қордабаев, Ф.Кенжебаева т.б. еңбектерін атауға болады.

Морфологияға тән әртүрлі мәселелерді бөліп алып, жекелеп зерттеушілер қазақ тіл білімінде аз емес, бірақ солардың ішінде морфологияны, әсіресе оның есім саласын тұтас алып зерттеуші, оны өзінің ең негізгі ғылыми объектісі деп есептейтін ғалым – А.Ысқақов.

А.Ысқақовтың морфологияны ғылыми пән ретінде жоғарғы оқу орындарында оқытуы және оны зерттеуі 40 жылдар ішінен басталды. Содан бері қарай жүргізілген ғылыми зерттеулердің ең соңғы қорытындысы ¾ «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» деген атпен 1964, 1974, 1991 жылы оқулық ретінде бiрнеше рет жарық көрген кітабы (10, 96-102).

Соңғы жылдары қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясына елеулі жаңалық енгізген ғалым С.Исаев болды. Ғалым қазақ тіл білімінде бұрын да термин ретінде жиі қолданылғанымен, мән мағынасы күнгірт граммикалық мағына, грамматикалық форма, граммикалық категория секілді іргелі грамматикалық ұғымдарды қазіргі лингвистикалық даму дәрежесіне сай нақты анықтап, басын ашып беру арқылы сөз таптастыру мәселесінде де барынша айқындық енгізді.

Ғалымның бұл саладағы негізгі ерекшелігі – А.Ысқақов қалыптастырған жобаны сынай отырып сөз табына оныншы етіп модаль сөздерді қосып қарастыруы болды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ ТАРАУ. СӨЗ ТАПТАРЫ – ТІЛ БІЛІМІНІҢ НЕГІЗІ.

 

2.1. Сөздерді таптастырудың лексика-грамматикалық ерекшелiгі.

 

Сөз таптары жөніндегі мәселені бағдарлау әрі тілдің құрылымының, әрі сөздің құрылымының теориялық та, практикалық та мәселелерін терең зерттеу,   жете білу үшін керек. Мысалы, бастауыш,   орта, жоғары мектептерде тілді оқытудың негізгі түйіндері, сайып келгенде, сөз таптарына, солардың айналасына шоқталады; сондай-ақ, тілдің грамматикалық құрылысына байланысты көптеген мәселелерді алсақ, оларды сөз таптарына байланыстырмай зерттеу  де, шешу де мүмкін емес. Олай болса, сөз таптары жайындағы мәселелер тілдің грамматикалық құрылысының, сөздің грамматикалық құрылымының әрі кіндік қазығы, әр негізгі  арқауы сияқты мәселелер. Шынында, тереңірек үңілсек, сөз табы грамматиканың көптеген түйіндерін шешетін арқау ғана емес, оны   (грамматиканы) лексикамен байланыстыратын да негізгі баспалдақ сияқты.    Сөздің морфологиялық құрылымы жайындағы ілім тек сөздің  құрамын (түбірінің, негізін, қосымшаларын) талдаумен ғана тынбайды, оның бүкіл грамматикалық жүйесін, әр тобына тән сөз тудыратын, сөз түрлендіретін жүйелерін де зерттейді. Тілдегі сөздерді грамматикалық топтарға бөлу, оларға тиісті грамматикалық сипаттамалар беру, алды-алдына талдау грамматиканың негізгі өзегі, ең түйінді, ең басты мәселесі.

   Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық және морфологиялық (формальдік) белгілеріне қарай, ең алдымен, үш үлкен топқа бөлінеді. Олар – атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер.

Атаушы сөздер, өздеріне тән дербес мағыналары болғатындықтан,  коммуникацияға  негіз  болып,  контекстен тыс та, контексте де қажетіне қарай қолданыла береді; олар сөйлемде грамматиканың заңы бойынша түрленіп те, түрленбей де жұмсалып, өз алдына мүше бола алады; ол сөздерден қалыптасқан белгілі тәсілдер бойынша жаңа сөздер тудыруға да болады. Сөйтіп, атаушы сөздер дегеніміз – өздеріне тән лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар және ретіне қарай, үстеріне әр қилы қосымша реңдер жамап алып, өзге сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсе алатын дербес сөздер.

Көмекші сөздер, мағыналық дербестігі болмайтындықтан, тек контексте атаушы сөздермен селбесіп қана жұмсалады да, өз алдына дербес сөз ретінде қолданылмайды. Осыған сәйкес, олар сөйлемде өз алдына мүше бола алмайды, тек атаушы сөз арқылы жасалған мүшенің құрамына енеді де, сол мүшелерді өз ара жалғастыруға дәнекер болады; көмекші сөздерден негізінде жаңа сөздер жасалмайды. Сонымен, көмекші сөздер дегеніміз – өздеріне тән лексикалық мағыналары солғындаған, лексикалық мағыналарынан гөрі грамматикалық мағыналары басым болу себебінен көбінесе әр алуан грамматикалық қатынастарды білдіріп, әр қилы грамматикалық қызмет атқаратын жәрдемші сөздер.

Одағай сөздер деп ешқандай да ақиқат ұғымдарды білдірмейтін, тек адамның әр алуан көңіл күйі мен әр қилы сезім райларын білдіру үшін қолданылатын (бірак олардың атаулары есебінде жұмсалмайтын) сөздерді айтамыз. Одағайлар шығу тегі мен қалыптасу табиғатының ерекшелігіне қарай, өзге сөздермен ешқандай да грамматикалық қарым-қатынасқа түспейді. Сол себептен одағайлар белгілі бір сөйлемдерге қабаттасып жұмсалатын жарыспа сөйлемдер ретінде жұмсалғандарымен, бірақ өздері сөйлем мүшесі бола алмайды.

 Сөйтіп, қазіргі қазақ тіліндегі барлық сөздердi ең әуелі атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деген үш топқа бөлсе, ол топтар лексика-грамматикалық жақтарынан сараланып, ішінара тағы да топ-топтарға бөлінеді.

Әдетте, сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен  белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздердің тобын айтамыз.

Орыс тіл білімінде Л.Б.Щербадан, түріктанымда А.К.Боровковтан бастап сөздерді топтастырғанда жоғарыдағы екі белгісіне сүйену үлгісі бар. Қазақ тіл білімінде Қ.Жұбанов бастаған жаңа лек-буынның келуіне сөздердің семантикалық сипаты мен грамматикалық құрылымын бірдей ескеретін лексика-грамматикалық бағыт пайда болып, бірден қарқын алды (2, 16).

Орыс тіл білімінде Л.Б.Щербадан бастау алған бұл сипаттау, кейінірек В.В.Виноградовтың, И.И.Мещаниновтың те сөз таптары жөнiндегi тұжырымдармен ұштасты (1, 155).

Ал қазақ тіл білімінде Қ.Жұбановтан бастау алған бұл сипаттау, кейінірек А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» атты оқулығында былай тұжырымдалады: «Сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен  белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздердің тобын» айтамыз дейді.

Ендеше, сөз табының мазмұны осындағы лексика-грамматикалық деген қос сөз арқылы айтылған екі компоненттің бірлігінен құралады. Бірақ мұндағы бірінші бөліктің мазмұнынан таза лексикалық семантиканы ғана емес, грамматикалық семантиканы, яғни заттық, амалдық, сапалық, сандық… деген тәрізді тым жалпы мағынаны білдіретін семантиканы қабылдау керек. Грамматикалық семантика деген ұғымға сөздің материалдық я лексикалық мағынасы емес, заттың атын, заттың амал-ісін, заттың сапалық, сандық я басқа (қатыстық) белгілерін, амал мен белгінің белгілерін және басқа да солар сияқты материалдық ерекшеліктерді білдіретін семантика-грамматикалық мағыналар енеді. Бұдан, әрине, сөздің лексикалық мағынасы тіпті ескерусіз қалады екен деген түсінік тумасқа тиіс. Өйткені дербес лексикалық мағынасы бар сөз белгілі бір сөз табына енеді де, оған әрі таяныш есебінде қызмет етеді. Егер де мұндай байланыс болмаса, жалпы лексика мен грамматикада ешқандай қатынастар да болмаған болар еді.

Ал, қос сөздің екінші бөлігінің («грамматикалық» деген компонентінің) мазмұнына белгілі бір сөзге тән грамматикалық категориялардың және олардың жасалу, түрлену формаларының мағыналары енеді. Бұл арадағы грамматикалық мағына деген ұғымға белгілі бір сөздің жаңадан сөз тудыру, сөз түрлендіру, сөз байланыстыру жүйелерінің мағыналары мен формалары, демек, бүкіл морфологиялық белгілері (сыр-сипаттары) және сол сөздің сөйлемдегі қызметтері, өзге сөздермен тіркесу қабілеттері, демек, бүкіл синтаксистік белгілері (сыр-сипаттары) енеді. Қысқасы, сөздің лексика-грамматикалық белгілері деген термин белгілі бір сөзге, сөз табына тән бүкіл лексикалық (семантикалық) морфологиялық және синтаксистік сыр-сипаттарды түгел қамтиды.

Сөз табының лексикалық (семантикалық), грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) белгілерін дұрыс ашу үшін, осы аталған семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілердің үшеуін де бірдей түгел қамту қажет. Өйткені, егер осы үш белгінің үшеуі де тегіс қамтылса, сездің мазмұны да, материалдық (морфологиялық) формасы да, синтаксистік функциясы да түгел ескеріледі.

Дегенмен, сөздердің бәрінен бірдей осы үш белгі теп-тегіс табыла бермейді, ендеше, кейбір сөз таптары үшін белгілі бір принципті негізгі етіп алып, өзгелерін я қосшы (көмекші) принцип етіп, я болмаса, тіпті қолданбай-ақ қоюға да әбден болады. Мысалы, одағай сөздерді анықтау үшін морфологиялық белгіні іздеп жатудың қажеттігі де болмайды. Сол сияқты, шылау сөздерді анықтау үшін, тек олардың семантикасын және сөзбен, сөйлеммен тіркесу ерекшеліктерін ғана негізге алмаса, олардан арнаулы морфологиялық формалар іздеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, үстеу сөздер мен еліктеу сөздерді анықтауға олардың семантикасы мен синтаксистік функциялары ғана тірек болады, морфологиялық белгі тек қостаушы ретінде ғана қаралады. Сөйтіп, кейбір сөз табын анықтау үшін, үш белгінің (принциптің) үшеуін де бірдей қолдануға болса, кейбір сөз таптары үшін я екі белгіні ғана, я бір белгіні ғана қолдануға болады. Ал, егер бір ғана белгіні таяныш етерліктей болса, ондайда тек семантикалық белгі ғана тірек болуға тиіс. Олай болатын себебі – сөзді сөз деп тануға таяныш болатын белгі – оның семантикасы.

Қазақ тілінде тым ерте замандардан бері қарай әрі есім, әрі етістік мағынасында қолданылатын омоним сөздер бар. Ондай омонимдер лексика-семантикалық жақтан қарағанда, бір негізден шыққандығы аңғарылып тұратын сөздер болса да, грамматикалық жақтан бір сыңары есім, бір сыңары етістік болып келеді. Бұлардың қатарына, мысалы, той, көш, тоқ тәрізді түбір омонимдер мен қызық, қанық, тынық, кіріс тәрізді туынды омонимдерді жатқызуға болады. Мысалы, «Қаратаудың басынан көш келеді. Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» (халық өлеңі) дегендегі көш сөзі де, көшкен сөзі де, «Тойга барсаң, тойып бар» (мақал) дегендегі тойға сөзі де, тойып сөзі де, сол сияқты, қызық, қанық, тартыс тәрізді туынды омонимдер де – әрі есім, әрі етістік болып қолданылатын сөздер. Мұндай омонимдерден жана туынды сөздер, басқа туынды формалар жасайтындай жағдайда, олардың есім сыңарлары есімдерше, етістік сыңарлары етістіктерше түрленіп, (мысалы: көшші, көш басында, тойшы той басында; көшкен, көшер, көшсе; тойған, тойып, тойса т.б.) соларға тән категориялық формаларды иелене кетеді. Сондықтан сөздерді таптастырғанда, мұндай омонимдердің есім сыңарлары есімдерге, етістік сыңарлары етістіктерге жатқызылып, сол сөз таптарының аяларында қаралуы керек.

Сонымен қатар, тілімізде мағыналары әр түрлі сөздердің ішінде бір мағынасына қарасаң, зат есім, екінші мағынасына қарасаң, сын есім болып келетін сөздер де жоқ емес. Мысалы, жарық деген сөз, «Бөлмеге жарық түсті» дегенде зат есім болса, жарық бөлме, жарық ай дегендерде, сын есім болады. Сондай-ақ, тең деген сөз әрі зат есім (мысалы: буылған тең, түйеге артылған тең), әрі сын есім ретінде (мысалы: тең құрбы; тең праволы; ол екеуі бір-біріне тең) жұмсалады. Сөздерді таптастырғанда, тілдегі мұндай құбылыстар да ескерілуі қажет.

Тілдің даму барысында сөздің мағыналық шеңбері кеңеюмен байланысты, грамматикалық табиғаты мен кызметі де өзгереді. Осындай процестің нәтижесінде кейбір сөздер бір сөз табынан басқа бір сөз табына ауысады. Мұндай жағдайда ол сөздің бұрынғы мағынасы мен грамматикалық қызметінің үстіне жаңа мағына мен жаңа грамматикалық қызмет үстеледі. Мысалы: Хасенніц басынан қалпағы ұшып түсті. Қаратаудың басынан көш келеді. Жұмысты басынан осылай ұйымдастыру керек еді деген үш сөйлемде де түбірлері де, қосымшалары да бірдей басынан деген сөз бар. Бірақ осы үш сөздің мағынасы да, қызметі де бірдей емес. Бірінші сөйлемдегі басынан деген сөз өзінің бастапқы лексикалық (материалдық) мағынасында қолданылып, сөйлемде өз алдына мүше болып тұрса, екінші сөйлемдегі басынан сөзі бастапқы лексикалық мағынасын сәл солғындатып, сөйлемнің дербес мүшесі бола алмай, өзінен бұрынғы ілік жалғаулы Қаратаудың деген сөзбен селбесіп барып, күрделі мүшенін құрамына еніп тұр. Демек, екінші сөйлемдегі басынан сөзі негізгі зат есімнен көмекші есімге айналған. Ал үшінші сөйлемдегі басынан сөзі мағына жағынан да, қызмет жағынан да ауысып, тіпті басқа сөз табына (үстеуге) көшкен. Өйткені бұл соңғы сөйлемдегі басынан деген сөз әуелден (әуел-бастан, алғашқыдан) деген мағына беріп, қайдан? деген сұрауға жауап бермей, қашаннан? деген сұрауға жауап беретін болып, ең әуелі мазмұны жағынан, содан кейін қызметі жағынан ауысып, біржолата үстеу категориясына көшкен. Әрине, бұл сөз үстеуге бірден көшпеген, бірте-бірте дамып, бастапқы шығыс септік жалғауының формасында көнеленіп барып қалыптасқан. Соңғы үстеу сөз өзінің әуелгі төркініне тек сыртқы жамылышы жағынан ғана ұқсас көрінгені болмаса, семантикалық мағынасы мен синтаксистік сипаты жағынан бастапқы төркінінен біржолата қол үзген. Дәл осы сияқты ерекшелікті «Бұл ауылдың адамдары шетінен шебер. Бұл сөзді сен маған басында неге айтпадың» дегендерден де байқауға болады. Сондай-ақ, кейін, соң, әрі бірге, бірден, бірде, жатқа тәрізді сездердің мағыналары мен қызметтерінен де осындай сырлар аңғарылады. Сөздерді таптастырғанда, осы айтылғандай, кейбір сөздердің, олардың формаларының ауысуы, саралануы сияқты жағдайлар да ескерілуі керек (10, 130-133).

Тілдегі   барлық  сөздерді   грамматикалық  жағынан топтастырғанда, екі түрлі нысана «темір қазық» («шамшырақ») болуға тиіс.

Біріншіден, барлық сөздер, күллі сөз таптары тілдің сөздік құрамына енеді. Қай сөз табына енсе де, сөздердің лексикалық жағы ескерілуге тиіс. Ал, сөздердің лексикалық жағын ескеру деген сөз — олардың семантикалық жақтарын еске алу дегенмен бірдей. Олай болса, әрбір сөз табына енетін сөздер лексикалық тұрғыдан қаралып талдануы қажет (10, 129).

Сөз таптарының лексика-семантикалық сипаты. Әр сөздің өзіндік ұғымы, мағынасы болады. Олардың терминдік, лексика-грамматикалық мәні контексте, сөйлем ішінде анықталады, өйткені сөз мағынасы әр қилы. Мектеп грамматикасында сездердің лексика-семантикалық мәні ережелер арқылы беріледі.

Зат есім заттың атын (кітап, ағаш, сүт), сын есім заттың сынын көрсетеді: ақ, қара, жақсы, үлкен, сары т. б. Сондай-ақ сан есім заттың санын (үшеу, екінші, бес, елу, отыз), етістік істің қимыл процесін білдіреді: айту, алу, көру, жүру т. б. Осындай тұжырымдар сөзді лексика-семантикалық жағынан анықтайды (11, 5).

Екіншіден, барлық сөздерді белгілі-белгілі грамматикалық сөз таптарына телу, олардың өзді-өздеріне тән түрлену өзгеру жүйесін, сөйлем мүшесі болу қабілетін, өзге сездермен тіркесу ерекшелігін анықтап, жан-жақты сипаттама беру мәселелері – тікелей грамматикада қаралатын мәселелер. Ендеше, қанша сөз табы болып, оларға қанша сөз енсе де, барлығының грамматикалық жақтары ескерілуі қажет. Ал, сөздердің, сөз таптарының грамматикалық жақтарын ескеру деген сөз – олардың грамматикалық сипаттарын анықтау дегенмен бірдей. Олай болса, әрбір сөз табы және оларға енетін жеке сөздер грамматикалық тұрғыдан да қаралып талдануы қажет.

Сөйтіп, тілдегі сөздерді таптастырғанда, олардың лексика-семантикалық жақтары да, грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) жақтары да бірдей ескерілуі керек.

Сөз таптарының морфологиялық белгісі. Сөз таптарының морфологиялық белгісі – әр сөз табының сөз тудыру тәсілі мен түрленуіне, ол формалардың грамматикалық ерекшелігіне қатысты. Мәселен, зат есім түрленсе (септелсе, көптелсе, тәуелденсе), өзінің номинативтік мағынасынан айырылмайды, сын есім ондай емес, өзінің мағынасынан айырылып, субстантивтенеді. Сын есімде шырай категориясы болса, басқа сөз таптары олай емес. Етістікте шақ категориясы болса, басқа сөз таптарында ол жоқ. Басқа сөз таптарына жұрнақ қосу арқылы сан есім жасалмайды, тек өз ішінде лексика-грамматикалық топтарға бөлініп жатады.

Сөз таптарының синтаксистік қызметі. Әр сөз табы белгілі бір сөйлем мүшесіне бейім тұрады. Мәселен, зат есім атау тұлғасында бастауыш болса, сондай формадағы сан есім мен сын есім көбінесе анықтауыш: етістік – баяндауыш, үстеу – пысықтауыш болады. Сөз таптарының сейлемдегі осындай функциясы – синтаксистік қызметі деп аталады. Бірақ мұнан олар басқа формаларда, тіркестерде тұрып, сөйлемнің басқа мүшесі бола алмайды деген қорытынды шығаруға болмайды.

Соңғы жылдары қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясына елеулі жаңалық енгізген ғалым С.Исаев болды. Ғалым қазақ тіл білімінде бұрын да термин ретінде жиі қолданылғанымен, мән-мағынасы күңгірт грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория секілді іргелі грамматикалық ұғымдарды қазіргі лингвистикалық даму дәрежесіне сай  нақты анықтап, басын ашып беру арқылы сөз таптастыру мәселесінде де барынша айқындық енгізді.  С.Исаев ең алдымен, сөздерді түрлі топқа жіктеу барысында бұрынғы еңбектерде жіберілген ең басты қателік-тілдің лексикалық қабаты деңгейіндегі құбылыстар мен грамматикалық қабаты деңгейіндегі құбылыстардың шатастырылып жүргендігіне байланысты орын алған қателікті түзеп, әрқайсысын орын-орнына қойып берді. Мысалы, бұрынғы зерттеулерде қазақ тілі сөздері алдымен атауыш сөздер, көмекші сөздер, кейде одағай қосылып, осылайша үшке бөлінуін ғалым Сол еңбектерде айтылатындай сөздердің семантикалық және морфологиялық (формальдық) белгілеріне қарай емес, таза лексикалық сипаты, белгілеріне қарай жіктелуі деп тілдің лексикалық деңгейіне жатқызады. Оның дәлелдеуінше, алдымен, сөздерді жоғарыдағыдай үш топқа бөлуде морфологиялық белгілердің еш қатысы жоқ, өйткені атауыш сөздердің түрленетіндері (зат есім, есімдіктің бірқатары, етістік) бар, түрленбейтіндері (сын есім, сан есім, есімдіктің кейбірі, үстеу) бар, сол сияқты бұл құбылыс көмекші сөздерге де тән, яғни көмекші есім, көмекші етістік түрленсе, шылау, еліктеуіш сөздер түрленбейді. Сондықтан морфологиялық белгілер тілдегі сөздерді атаушы, көмекші, одағай деп бөлуге негіз бола алмайды (12, 285). С.Исаев лексикалық семантика мен грамматикалық семантиканы ажырату арқылы сөз таптарын «сөздердің грамматикалық (лексикалық емес) сипатына негізделген ортақ белгілері арқылы біріктірілетін грамматикалық топтары» ретінде таныса, жоғарыдағы үш сөз тобын (атаушы сөздер, көмекші сөздер, одағай) лексика-семантикалық сипаты, белгілері арқылы жіктелгендіктен, оларды тілдің лексикалық қабаты денгейіндегі құбылыс деп түсінеді. Көмекші есімдердің сөз табы ретінде зат есімнің, көмекші етістіктің лексикалық  мағынасының бар-жоғына қарамастан етістіктің аясында қаралуы да ғалымның сөз таптарын грамматикалық сипаттағы топ, ал атаушы сөздер, көмекші сөздер, одағайлар деп бөлінген үш топты лексикалық сипаттары топ ретінде тануының тағы бір дәлелі бола алады. (12, 286).

Сөздердi таптастыруға байланысты көптiң ойларына профессор М.Оразов «Көмекшi сөздер» деген еңбегiнде айтып, С.Исаевтың пiкiрiне қосылады (13, 66-67).

С.Исаев сөз таптастыруда бірден-бір қажеті ұғым грамматикалық мағына ұғымын жан-жақты зерделеп, оны айқын қалыпқа түсірді. Грамматиканық   мағынаны   сөздің   негізгі   грамматикалық өзегі ретінде анықтай отырып, ғалым оны (грамматикалық мағынаны) жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын анықтаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық  мағына, қатыстық грамматикалық мағына деп іштей үшке беледі. Ғалым және сөз таптастырудың белгілі үш принципі         негізінде осы үш грамма-тикалық мағына (семантикалық принцип негізінде жалпы грамматикалық мағына, морфологиялық принцип негізінде категориялық грамматикалық мағына, синтаксистік принцип негізінде қатыстық граматикалық мағына) жатқанын айтып дәлелдеді.

Сонымен, С.Исаев және М.Оразов сөздерді таптастыруда семантикалық принцип морфологиялық принцип және синтаксистік принципті негізге ала отырып қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетті.

 

  1. Зат есім
  2. Сын есім
  3. Сан есім
  4. Есімдік
  5. Үстеу
  6. Етістік
  7. Еліктеу сөздер
  8. Шылаулар
  9. Одағай
  10. Модаль сөздер

 

 

Ғалымның модаль сөздерді де жеке сөздерді де жеке сөз табы ретінде қатарға қосуы сөз таптастыру мәселесіндегі жаңалық болды (12, 290-293; 13, 66-67).

  1. 2 Сөз таптары жүйесіндегі атауыш сөздер

 

Көмекші есімдерді атауыш сөздерден ажырату үшін басты критерий етіп лексикалық мағынаның дербес болу, болмауын жеке тұрып заттық ұғымды білдіру, білдірмеуін алған ғалымдарымыздың пікірі дұрыс. «Атауыш сөз деп өмірде кездесетін ұғымдар мен түсініктерді не тікелей, не жанамалай білдіріп, олардың атауы ретінде қабылданатын және жұмсалатын, өздеріне тән толық лексикалық мағыналар бар, соған лайықты қалыптасқан, өзді-өздерінің дыбыстық құрамы бар дербес сөздерді айтамыз», – дейдi 1967 жылы жарық көрген «Қазақтың грамматикасы» І томында (14, 39; 21, 436-441). Көмекші сөздерді атауыш сөздерден бөліп алып: «Көмекші сөздер деп дербес лексикалық мағыналары я солғынданған, я алда – күлде жоғалған жәрдемші сөздерді айтамыз», – деген (14, 39). Жоғарыда мысал ретінде келтірілген екі анықтамамызда көмекші сөз бен атауыш сөздердің айырмашылығы ретінде лексикалық мағынаның дербестігі көрсетілген. А.Ысқақов өзінің басқа еңбектерінде де осы принципті сақтайды. Салыстырыңыз: «Атауыш сөздер деп ақиқат өмірде ұшырасатын ұғымдарды я жанай (орынбасар ретінде) білдіріп, олардың атауы ретінде қабылданатын (я қолданылатын), өздеріне тән толық материалдық мағыналары бар, қалыптасқан дыбыстық құрамы мен белгілі бір дауыс екпіні бар дербес сөздерді айтамыз» — деп атауыш сөздерге  анықтама берсе, «Көмекші сөздер деп өз алдына тұрып жеке ұғымды тікелей де, жанай да білдіре алмайтын (олардың атауы ретінде қолданылмайтын), тек атауыш сөздердің араларындағы әр түрлі қатынастарды білдіру үшін я олардың мазмұнына әр түрлі дәреже айқындық, дәлдік қосу үшін жұмсалатын мағыналық дербестігі я солғындалған, я жоғалған, дыбыстық құрамы да, екпіні де тұрақсыз жәрдемші сөздерді айтамыз», – деп анықтама берген (12, 183). «Атаушы сөздер дегеніміз – өздеріне тән лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар және ретіне қарай, үстеріне әр қилы қосымша реңдер жамап алып, өзге сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсе алатын дербес сөздер», «көмекші сөздер дегеніміз – өздеріне тән лексикалық мағыналары солғындаған, лексикалық мағыналарынан гөрі грамматикалық мағыналары басым болу себебінен көбінесе әр алуан грамматикалық қатынастарды білдіріп, әр қилы грамматикалық қызмет атқаратын жәрдемші сөздер», – деп бұл екi сөздiң мағынасын нақтылай түседi (10, 128).

Демек қазіргі кезде көпшілік ғалымдарымыз атауыш сөз бен көмекші сөздердің айырмашылығын:  а) лексикалық мағынасының болу болмауына, ә) сөйлемнің дербес мүшесі болу болмауына байланыстырады 13, 167).

Атаушы сөздер – осы үш топтың ішіндегі әрі ең көбі де, әрі ең негізгі ұйтқысы және тіліміздің бүкіл сөз байлығын барлық шұрайы да, негізі де болып табылады. Атаушы сөздерді, ерекшеліктері мен сипаттарының бір-біріне жақын белгілеріне қарай, іштей бірнеше лексика-грамматикалық топтарға бөлуге болады. Мысалы, оларды,   ең алдымен, есімдер   және етістіктер деген екі салаға бөлуге әбден болады. Бірақ есімдер де іштей бірдей емес. Мысалы, зат  есім, сын есім, сан есім, есімдіктер iшінара ұқсас, үстеу сөздер мен еліктеу сөздер өзара бір-біріне жақын. Осыған орай, шартты түрде, есімдердің алғашқы тобын атаушы есім деп, соңғы тобын үстеуші есім деген екі салаға жіктеуге болады. Ал, етістіктер өз алдына бір топ. Атаушы сөздерді осылайша үш топқа бөлу, әрине, белгілі бір принципке сүйенуден шыққан. Ол принцип бойынша жіктегенде, бұл сөздердің материалдық (заттық) мағыналары таяныш етілмейді, топ-тобына тән категориялық семантика сүйеніш етіледі. Ал, осы принципке  сүйене отырып бағдарласақ, атаушы есімдер заттық ұғымдардың және ойша зат ретінде тұспалданатын түсініктердің аттарын, сондай-ақ, заттарға тән әр алуан тұрақты белгілер жайындағы түсініктердің аттарын білдіреді. Үстеуші есімдер әр қилы іс-әрекеттің (амалдың) белгілерін және белгінің белгілерін білдіреді. Етістіктер амал-қимыл (процесс) ретінде қабылданатын әр алуан іс-әрекеттің, қилы-қилы көріністерінің аттарын білдіреді.

Сөйтіп, атаушы сөздердің аталған үш тобының бір-бірінен ажырайтындай айқын-айқын шектері бар. Бірақ олардың шекаралары жабық емес, өйткені тілдің даму процесінде (қолданылу дағдысында) есімдерден етістіктерге, керісінше, етістіктерден есімдерге сөздер ауысып отырады; есімдердің өздері де іштей ауысып, мысалы, кейбір сөздер зат есімнен сын есімге, керісінше, сын есімнен зат есімге, өзге есімдерден (сын есімнен) есімдікке, үстеуге, сондай-ақ, етістіктерден есімдерге көшіп отырады (10, 128).

Сөз таптарының шығуын, қалыптасуан бірсыпыра ғалымдар сөйлем мүшелерімен байланыстырады. Негізгі сөз таптары сөйлеу процесінде сөздердің белгілі сөйлем мүшелері қызметінде жұмсалу барысында біртіндеп жасалып қалыптасқанын көрсетеді. Әрине, бұл процесте сөйлем ішіндегі сөздердің орын тәртібі, орналасу тұрғысының да әсері бар. Өйткені сөздер, бір жағынан, сөйлемдегі орын тәртібі арқылы, (бұл сөздердің белгілі тәртіппен орналасуының, қолданыла-қолданыла келіп тұрақталуы негізінде қалыптасады), екінші жағынан, белгілі сөздерінен тұрақты синтаксистік қатынас жасап, грамматикалық сипаты айқындалу арқылы белгілі грамматикалық мағыналарға ие бола бастайды. Сол жалпы грамматикалық мағыналарының негізінде сөздер жеке-жеке грамматикалық топтарға яғни сөз таптарына жіктеле бастайды. Тілдің көне балаң шағында сөз таптары бүгінгідей бір-бірінен грамматикалық тұлғалары арқылы да, семантикалық сипаты арқылы да онша ажырап тұрмаған. Ол кезде грамматикалық тұлғалардың деривациялық қызметінің өзі дамымаған, тіпті грамматикалық тұлғалар қалыптаспай тұрғанда сөздер бір-бірімен орын тәртібі арқылы таза аналитикалық жолмен ғана байланысқан. Жіктеу есімдіктерінің Орхон-Енисей жазбаларының тілінде баяндауыш қызметіндегі сөзбен қайталанып тіркесуі, бір жағынан, олардың әлі жіктік жалғауға толық айналып бітпегенін, екінші жағынан, белгі бір сөздің жалпы грамматикалық мағыналарын қалыптастыруда сөздердің қосымшасыз, орны арқылы белгілі қызметте қолданылғанын көрсетеді.

Сөз жоқ, алдымен саралана бастаған – есімдер тобы мен етістіктер. Бұл топтардың өзі сөйлеуде қызметтері, орын тәртібі арқылы ажырап отырған. Есімдер субъект (субстант), объект есебінде, сөйлемнің соңындағы сөздер предикат қызметінде жұмсалып, көпшілік жағдайда бір сөздің өзі әрі есім ұғымында, әрі қимылдық ұғымды орын тәртібіне қарай білдіріп жұмсала берген. Тілімізде қазір омоним деп танылып жүрген, түркі синкретизмі деп аталатын құбылыс яғни есім-етістік негізгі түбірлер осының айғағы болса керек: көш (керуен) — көш (бір жаққа көшу), той (думан, ас беру) — той (тойып тамақ ішу), тон, (қатқан жер, кесек) — тоң (қалтырау, тоңу), ық (жел тимейтін жақ) — ық (желдің ағымымен кету), ой (төмен, ойпаң жер) — ой (жерді қазу), жау (май, көздің жауын алды немесе жаубүйрек, жау жұмыр дегенде, көне түрі: йағ-май) -жақ (майлау, сөз соңындағы ғ дыбысы есім сөзде у дыбысына айналған, етістікте қатаң қ дыбысына ауысқан) соз, (ақырын, жайлап: тез байығаннан соз байыған қайырлы деген мәтелде) – соз (тарту, ұзарту), т.б.

Демек, сөйлемдегі қызметі мен орын тәртібінің тұрақталуы арқасында ең алдымен есім (негізінен зат есім) және етістік сөз топтары қалыптаса бастаған. Сөйлемнің бірінші позициясындағы сөздер зат атауы мен оның алуан түрлі сипаттарын белгілейтін жалпы грамматикалық мағыналарға ие болып, сөйлемнің соңындағы сөздер сол есім сөздердің әр түрлі қимыл, іс-әрекеттерін білдіретін жалпы грамматикалық мағыналарға ие бола бастаған. Көне жазбалардағы сөйлемдердің қазіргі тілмен әсіресе жазба тілмен салыстырғанда өте қарапайым, құрылысы жағынан көбіне жалаң, жай болып келетіні осымен байланысты болса керек.

Есімдер тобы мен етістіктердің сыртқы түр-түлғасы ерекшелене бастайды да, түркі синкретизмі құбылысына алып келеді. Кейін келе грамматикалық түр-тұлғалар (олар көбіне көмекші сөздердің негізгі сөздер шылауында тұрақты қолданылу негізінде қосымшаларға айнала бастайды) есімдерге де, етістіктерге де жалғана бастайды: кейбір жағдайда есімге де, етістікке де ортақ жалғанса (жоғарыда айтылған қосымша, омоним қосымшалар талдауын қараңыз), енді біразы заттық ұғымға, зат атауының алуан түрлі қасиеттерін білдіретін ұғым атауларына бір түрлі қимылды білдіретін сөздерге басқа түрлі болып жалғанып қалыптасады. Тіл дамуының келесі бір сатысында есімдердің өздері өз ішінде саралана бастайды: зат атауын білдіретін сөздер бір грамматикалық топ болып қалыптасып, өзіндік түрлену жүйесі, парадигмалық сипаты қалыптаса бастайды, сонымен бірге заттың әр түрлі белгісін сындық қасиетін білдіретін сөздер (сын есім) бір бөлек, сандық белгісін білдіретін сөздер (сан есім) бір бөлек, қимылдың әр түрлі белгісін (амалын, сынын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін т.б.) білдіретін сөздер (үстеу) бір бөлек, негізгі сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер (есімдік) бір бөлек қалыптасады.

Сондай-ақ жеке сөздердің әрі сын есім (жаңа үй), әрі үстеу (жаңа келді) болуын немесе әрі зат есім (фильмнің соңы, әрі үстеу (соң келді) және оның септеулікке, одан қосымшаға айнала бастау процесін көруге болады: барғаннан соң – барған соң – барғасын т.б. Сонымен бірге сын есім мен сан есімнің прономилданып, есімдікке, адвербилданып үстеуге айналуы (бір, біреу,бірге: бір адам, бірге-бірді қос т.б. және бір қара көрінді, біреудің кісісі өлсе, қаралы ол, бірге жүреді), етістіктің, бір жағынан, сын есімге (құттықтау сөз, жанар май, сүзеген сиыр, қабаған ит т.б.), екінші жағынан, үстеуге (айпал-а, лық-а, әдей-і, жорт-а, өт-е, ас-а т.б.) айналып отырғанын көреміз және бұл процестің тіл дамуының барысында әмән болып отыратынын да байқаймыз (12, 290-293).        

 

  1. 3 Сөз таптары жүйесіндегі көмекші сөздер

 

Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық және морфологиялық  (формальдік) белгілеріне қарай, ең алдымен, үш үлкен топқа бөлінеді. Олар – атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер (10, 126).

Тіліміздегі сөздердің лексикалық мағынасының бар-жоқ болу тұрғысынан топтап бөлу яғни толық лексикалық мағынасы бар дербес сөздер – атаушы сөздер және лексикалық мағыналары солғындалған я ада-күде жоғалған, мағыналық дербестігі жоқ, сөйлемде атаушы сөздердің жетегінде ғана жұмсалатын жәрдемші сөздер – көмекші сөздер. Сондай-ақ ешбір ақиқат ұғымды білдіре алмай, сөйлемде жеке сөздермен грамматикалық байланысқа түспей тек адамның әр алуан көңіл-күйі мен әр түрлі  сезім райларын білдіру үшін жұмсалатын одағай сөздер деп бөлу грамматикалық сипаттарының негізінде емес, лексикалық сипаттарының, семантикасының негізінде болатындықтан, бұл грамматикалық топтар – сөз таптары бола алмайды. Сондықтан бұларды атаушы сөз таптары, көмекші сөз таптары деп бөлуге болмайды, тек атаушы сөздер, көмекші сөздер деп атауға болады (12, 288-299). Бұдан тілдегі сөздерді атаушы сөздер және көмекші сөздер деп бөлу үрдісін байқаймыз.

Көмекші сөздер деп нақтылы лексикалық мағыналары я әр түрлі дәрежеде солғындап, я бүтіндей жоғалып, сөйлегенде (сөйлемде) жеке-дара тұлға есебінде қолданылмай, тек толық мағыналы (атаушы) сөздермен тіркесіп қана жұмсалып, оларға жәрдемші болып қызмет атқаратын сөздерді айтамыз.

Көмекші сөздерге тарихи (динамикалық) даму тұрғысынан да талдау жасауға болады.

Тарихи шығу төркіні жағынан қарағанда, көмекші сөздердің бәрі де атаушы сөздерден, демек, әуелдегі дербес мағыналы есімдерден, етістік формаларынан шыққан. Бұл процесс тілдің бүкіл даму тарихында кейбір есім, етістік формаларының бастапқы лексикалық мағыналары бірте-бірте әр түрлі дәрежеде солғындап немесе жоғалып, әр алуан грамматикалық мағыналарға ие болуы негізінде болып отырған.

Айтылған пікірімізді дәлелдеу үшін тіл тарихына тиісті материалдарға жүгінуімізге болады. Көмекші есім деп жүрген сөздеріміздің этимологиялық түп-төркініне талдау жасап қарайтын болсақ, олардың көпшілігі адамның дене-мүше атаулары не қолмен ұстап болатын зат атаулары болғандығына көз жеткізуге болады (15, №3; 19, №1).

Мысалы, алды сөзінің түбірі ал (көне түркі тілінде маңдай мағынасын білдірген). Үсті сөзінің түбірі үс (көне түркі тіліндегі юз-жүз сөзінен өрбіген, мағынасы бет).

М.Оразовтың аталған еңбегінде былай дейді: «Қазір көмекші есім қызметінде қолданылып жүрген сөздердің барлығы да бір кездерде нақтылы, толық заттық мағынаға ие атауыш сөз болғандығы анық. Қазіргі этимологиялық зерттеулердің көрсетуінше олар, негізінен, адамның дене мүше атаулары болған сиықты. Адамның дене мүше атауларының қазір көп мағыналы болғанымен, ертеректе бір мағыналы сөз болғандығы анық. Адамның дене мүше атауларының сөздік құрамындағы басқа сөздерге қарағанда басты ерекшелігі сол – олар әрі нақтылы заттың  қолмен ұстап көруге болатын атауы, әрі күнделікті өмірде көп қолданатын актив сөздер болып саналады» — дейді.

Сөздер мағына шеңберін кеңейтіп, абстракты мағынаға ие болу үшін де бірнеше шарттар керек. Осындай шарттың біреуі – олардың көп қолданылатын сөз болуы болса, екіншісі – тіркеу қабілетінің кеңеюі (10, 140).

Бұл процесті көмекші сөздердің ішкі мағыналык жагынан дамуын ғана емес, көпшілігінің сыртқы формалары жағынан да дамып, тиіс-ті езгерістерге үшырауынан байқауға болады.

Ал, қазіргі кезде өз алдына категория болып қалыптасқан көмекші сөздердің сыр-сипаттарын анықтағанда, әдетте, олардың ішкі лексика-семантикалық мағыналары және сыртқы тұлға-тұрпаттары мен грамматикалық қызметтері сөз етіледі.

Сөйлемде өз алдына жұмсалмай, өзге сөздермен тіркесіп қана қолданылатындықтан, көмекші сөздер тек атаушы (толық мағыналы) сөздермен салыстыру арқасында ғана жеке-дара сөз есебінде бөліне алады. Мысалы: Бақанас өзені мен Жәнібек өзенінің екі арасы тай шаптырымдай-ақ жер (М. Әуезов); Жеті іріңдей ат түгіл, жеті тулақ та ала алмай ұлып қайттық (бұ да) деген екі сөйлемнің алғашқысын алсақ, ондағы мен, -ақ, түгіл, та сөздері лексикалық мағыналары жағынан да, грамматикалық қызметтері жағынан да атаушы сөздерден, әрине, өзгеше. Ал ол өзгешелік — бұл сөздердің лексикалық та, грамматикалық та сипаттары жеке-дара тұрғанда айқындалмай, тек атаушы сөздермен тіркескенде ғана, солардың арқасында ғана анықталады. Мысалы, жоғарыдағы мен, та тәрізді сөздер жеке-дара тұрғанда дербес лексикалық ұғымдарды білдіре алмайды, тек әр алуан қатыстық мағыналарды ғана білдіреді және оларда синтаксистік жағынан да дербестік болмайды.

Өзді-өздеріне тән лексикалық және грамматикалық мағыналары олқы болғандарымен, бүл сөздердің атқаратын қызметтерін басқа категориялардың бірде-біреуі, мысалы, атаушы сөздер де, өзге грамматикалық формалар да (қосымшалар да) атқара алмайды.

Бұл сөздердің көмекшілік қызметтері, тарихына қарағанда, әрине, олардың әрдайым атаушы сөздермен тіркесуге бейімделуі нәтижесінде пайда болған. Соның арқасында көмекші сөздер, бір жағынан, лексикалық мағыналары солғындап, екінші жағынан, грамматикалық қызметі ауысып, өз алдына категория болып қалыптасқан. Осындай категориялық ерекшеліктеріне қарай, демек, үнемі жәрдемші сөздер есебінде қолданылуларына қарай, олар көмекші сөздер деп аталады.

Көмекші сөздердің кейбіреулерінде, грамматикалық мағынадан гөрі лексикалық мағына басым болса, кейбіреулерінде, керісінше лексикалық мағынаға қарағанда, грамматикалық мағына басым болады. Осы қағидаға сәйкес, лексикалық мағынасы басым көмекші сөздер, әдетте, атаушы сөздерге бір табан жақын тұрады да, грамматикалық мағынасы басым көмекші сездер семантика жағынан олардан (атаушы сөздерден) аулақтанып, таза грамматикалық қызмет атқаратын формаларға (қосымшаларға) бір табан жақын тұрады. Бұған, мысалы, көмекші сөздердің кейбіреулері әрі атаушы сөз ретінде, әрі көмекші сөз ретінде қызмет ететіні (жан, қас, кет, бер, қой, әрі, бері, соң т.б.), кейбіреулері тек қана көмекші сөздер ретінде жұмсалатыны (дейін, үшін,сайын, ғана т.б.) да айғақ бола алады. Осындай ерекшеліктеріне қарай, алғашқылары өздері тіркесетін атаушы сөздерге қосымша лексика-грамматикалық мағына (рең) үстеп, аналитикалық тәсіл арқылы кұралған біртұтас лексика-грамматикалық күрделі тұлғаның құрамындағы көмекші компонент есебінде жұмсалса, соңғылары көбінесе таза грамматикалық мағына ғана жамалған күрделі аналитикалық форманың құрамындағы көмекші компонент есебінде қызмет етеді. Осы белгілерімен байланысты, көмекші сөздер, ең алдымен, атаушы кемекшілер (көмекші сөздер) және шылаулы көмекшілер (шылау сөздер) деген екі топқа бөлінеді.

Жоғарыда айтылғандай, грамматикалық мағынадан гөрі лексикалық мағынасы басым болғандықтан, атаушы кемекшілер өздері тіркесетін атаушы сөздерге қосымша лексика-грамматикалық мағына үстейді. Мысалы: үй іші, тау асты, жұмыс басы, оқып бер, жазып ал, оқып шық деген күрделі формалардың әрқайсысының соңғы компоненттері алғашқы компоненттеріне қосымша лексика-грамматикалық мағына жамап тұр. Сол себептен осы күрделі формалардың қай-қайсысына болса да тиісті категорияларға тән грамматикалық формаларды жалғастыра беруге болады. Мысалы: үй ішіне, үй ішінің әңгімесі,  тау астында, жұмыс басынан деген тәрізді формаларды қажетіне қарай қолдана беретініміз сияқты, оқып бердім, жазып алған екен, оқып шықса деген формаларды да қолдана береміз.

Бұл күрделі (аналитикалық) формалардьің құрамдарындағы көмекші сөздер де, әрине, біркелкі емес. Өйткені олардың алғашқы үшеуінің құрамындағы іші, асты, басы, сөздері лексикалық мағыналары тек солғындаған көмекші есімдер болады да, олар семантикасы жағынан да, түрлену үлгісі жағынан да, қызметі жағынан да зат есімдерге әрі ұқсас, әрі жақын болумен қатар, үнемі сол есімдермен тіркесіп жұмсалады. Ал, бер, ал, шық сөздерді лексикалық мағыналары солғындаған көмекші етістіктер болғандықтан, семантикасы жағынан да, түрлену үлгісі жағынан да, қызметі жағынан да негізгі етістіктерге әрі ұқсас, әрі жақын болумен бірге, үнемі сол етістіктермен тіркесіп қолданылады.

Осыған орай, көмекші сөздердің бұл тобы іштей көмекші есімдер және көмекші етістіктер деген екi салаға бөлінеді.

Грамматикалық сипаттары мен формалары жақтарынан өздерінің шыққан төркіндерінен біржола қол үзіп кетпегендіктен, көмекші есімдерді зат есімдермен байланыстыра қарау теориялық және практикалық жақтарынан қандай қолайлы болса, көмекші етістіктерді негізгі етістіктермен байланыстыра қарау да сондай орайлы. Сол себептен де, бұл жағдайларды еске ала отырып, оларды зат есім мен етістікке арналатын тиісті тарауларда талдау мақұл деп саналады. Бірақ бұған қарап көмекші есімдер мен көмекші етістіктерді көмекші сөздер емес екен деп есептеуге болмайды. Өйткені көмекші есімдер мен көмекші етістіктердің семантикалық жағынан да, синтаксистік жағынан да олқы көрініп, өз алдарына дербес сөздер есебінде қолданылмау ерекшелігі – тек оларға ғана емес, жалпы көмекші сөз атаулының бәріне де тән қасиет. Ал, көмекші есімдер мен көмекші етістіктерде бұл екі қасиеттің екеуі де бар. Оның бер жағында, көмекші сөздердің әрбір тобын алсақ олардың өздерінде де семантикалық және синтаксистік дербестік біркелкі емес. Мысалы, ал, бер, кел тәрізді көмекші етістіктер мен бол, еді, де көмекші етістіктері, қай жағынан болсын, өзара еш уақытта да бірдей де, біркелкі де бола алмайды (10, 358-361).

Қазіргі қазақ тілінің матиралдарының көрсетуінше көмекші сөздерді мағына дербестігін деңгейіне қарай екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа бірде көмекші сөз, бірде толық мағыналы сөз қызметінде қолданылатын көмекші есімдер мен көмекші етістерді қоссақ, екінші топқа тек көмекші сөз ретінде қолданылатын шылау көмекшілерді қосамыз. Тіл білімінде бірінші топтағы көмекшілерді функционалды көмекшілер деп те атайды, ал екінші топтағы көмекшілерді нағыз көмекшілер деп атайды (13, 39).

         Шылаулар – сөз бен сөздің немесе сөйлем мен сөйлемнің араларын байланыстыру, құрастыру үшін қолданылатын, өздері тіркескен сөздерінің ұғымдарына әр қилы реңктер үстеп, оларға ортақтасып, тұлға жағынан тиянақталған, лексика-грамматикалық мағынасы бар сөздер.

         Тіліміздегі шылаулардың бәрінің атқаратын қызметтері де бірдей емес. Олардың бірқатары сөз бен сөздің арасындағы грамматикалық байланыстарды айкындау үшін қызмет етсе, бірсыпыра шылаулар сөз тіркестері мен сөйлемдердің арасындағы байланысты айкындау үшін дәнекер болады. Ал кейбіреулері жеке сөздер мен сөз тіркестерін немесе сөйлемдерді анықтау, толықтау үшін я қосымша реңк беру т.б. мақсаттар үшін қолданылады. Міне, осындай грамматикалық сипаттарына қарай, шылаулар ішінара үш жікке бөлінеді: олар – септеуліктер, жалғаулықтар және демеуліктер (10, 361-363).

         Түрік тілдеріндегі шылау сөздердің лексикалық мағынасы тіпті зерттелінбеген десек те болады. Айтылып жүрген пікірлер негізінен дұрыс болғанымен, арнайы зерттеуді талап ететіндігі анық. Шылау көмекшілердің лексикалық мағынасының дерексіздену дәрежесі мүлде жоғары болғандықтан да оны шылаулардың сөйлемдегі қызметімен байланысты анықтаған жөн. Ең алдымен, шылау көмекшілерді қызметі мен байланысты ажыратып алу керек сияқты. Мысалы, септеулік шылаулар жеке сөздермен байланыста қолдыналып, оның мағынасын толықтарып, сонымен бірге бір синтаксистік байланысқа түссе, жалғаулық шылаулар таза синтаксистік қызмет атқарады. Нәтижеде септеулік шылаулар сөз формасы ретінде қаралып, септік жалғауын толықтырады, мағыналарын тиянақтайды. Мағыналық дербестік дәрежесіне қарайтын болсақ, септеулік шылаулар функционалды көмекші сөздерге жақын, сыбайлас тұрады. Ал жалғаулық шылаулар лексикалық мағынасын  дерексіздендірген. Осы қасиетімен басланысты септеулік шылауларды өздері тіркесіп келген сөздердің тұлғасымен байланысты топтастыру жалғаулық шылауларды байланыстырған сөздер мен сөйлемдердің арасындағы семантикалық қатынас негізінде іштей кіші топтарға бөлу дәстүрге айналып қалған.

         Түріктанымда көмекші сөздердің бір тобы ретінде модаль сөздерде алынады. Қазақ тілшілері модаль сөздерді жеке топ ретінде бөліп алса да, оларды көмекші сөздердің қатарына қоспайды. Тіпті қазақ тілінің кей оқулықтарында модаль сөздер жеке бөлініп те алынбаған. Дегенмен де қазақ тілінің материалдарының көрсетуінше, модаль сөздер семантикалық, синтаксистік қызметі жағынан жеке топ ретінде бөліп алуға болатындай ерекшелікке ие. Басқа түркі тілінің материалдары модаль сөздерді бөліп алып қарастырып жүр. Модаль сөздердің мағына дербестігін анықтауда бір ізділіктің болмауы оның зерттелінбеуінен емес, модаль сөздердің өздерінің бір типті болмауынан. Мысалы, керек  сөзі модаль сөз деп есептелінеді. Тескттегі қолданылуына байланысты бұл сөздер де анықтауыш та, толықтауыш та бола алады. Керек заттың ауырлығы жоқ дегенде анықтауыш қызметінде қолданылып тұр. Ақыл керек, іс керек, мінез керек, Ер ұялар іс қылмас қатын зерек дегенде баяндауыш болып тұр. Бірақ бұл сөз көмекші сөз сияқты екінші бір сөздің жетегінде келіп, сонымен бірге сөйлемнің бір мүшесі болуы, мәжбүрлік, болжамдық, белгісіздік мағына білдіруi де мүмкін. Сондықтан да модаль сөздерді көмекші сөздердің қатарына жатқызу үшін әр сөзді жеке-жеке талдау, мағынасын анықтау керек. Біздіңше, модаль сөздерде көмекші сөздерге тән қасиет барлығы жоққа шығаруға болмайды. (13, 66-68).

    Модаль сөздер тюркологияда өз алдына тек соңғы жылдар ішінде ғана қолға алынып жүр. Мысалы Е.И.Убрятова, Н.А.Баскаков, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов якут, қарақалпақ, башқыр, түрік тілдері жайындағы монографиялық және оқулық түріндегі зерттеулерінде оларды, яғни сөйлем мазмұны жөніндегі сөйлеуші адамның пікірін білдіретін сөздерді жеке тақырыпша етіп алып өз алдарына бөлек талдайды. Бұл сөздер сондай-ақ «Қазіргі заман өзбек тілі» деп аталатын жоғары оқу орындарына арналған оқулықта да, қырғыз және түрікмен тілдерінің грамматикаларында да осылай жеке параграф түрінде сөз етіледі. Бұл еңбектерде де және С.Саидовтың, Ф.А.Ангелидің, Н.Г.Агазаденің, Н.К.Коцаревтің диссертациялық жұмыстарында да – ешқайсысында да модаль сөздер өз алдына сөз табы ретінде қаралмайды, Өйткені, олардың ішінде, Е.И.Убрятова айтқандай, өз алдына жеке толық мағыналы сөздер де, көмекші сөздер мен кейбір шылаулар да, қыстырма сөздер де — бәрі де үнемі аралас жүреді. Және сөз таптарына тең қасиет, негізгі белгілер бұлардан (модаль сөздерден) байқалмайды. Мұның үстіне тағы модальділік категорияиы жөніндегі түсінік те әлі басқа-басқа. Модаль сөздің сондай-ақ саны қанша, көлемі қандай – бұл мәселе туралы да көзқарас әзір әр түрлі.

Лингвистикалық әдебиеттерде, сондай-ақ соңғы кездегі басқа да кейбір зерттеулер мен оқулықтарда қолданылып жүрген «модальность» термині орыс сөзі де емес. Ол латын тіліндегі «modus» («мера») деген сөзден алынған. Бұл сөз латын тілінде грамматикалық термин (рай атауының) орнына да қолданылған.

Айналада үнемі болып отыратын әр алуан құбылыстар, өмірдегі сан-сала болмыс түрлері, белгілі бір заттың сын қимылы, іс-әрекеті сөйлемде жалпы жалаң хабар түрінде ғана айтыла салынбайды. Сөйлеушінің осы хабар туралы пікірі, яғни сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатынасы жөніндегі оның көзқарасы, әдетте, қоса беріліп отырады. Сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатынасы және сөйлеушінің ол жөніндегі пікірі тіл білімінде, әдетте, сөйлемнің модальділігі деп аталады.

Сөйлемнің модальділігін тіл білімінде жалпы объективті модальділік және субъективті модальділік деп екі тұрғыда қарайды. Мысалы, сөйлем мазмұнының ақиқат шындықпен сәйкестілігі объективті модальділік деп аталады. Объективті модальділік сөйлемнің жалпы  предикаттығы (категория предикативности) деген өз алдына бөлек проблемамен ұштасып жатады. Ал, субъективті модальділік деп сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатынасы (сәйкестілігі) жөніндегі сөйлеушінің көзқарасын, пікірін айтады (объективті модальділік, көбінесе, райлар арқылы беріледі де, субъективті модальділік, негізінен, арнаулы жеке сөздер арқылы білдіріледі).

Сөйлемнің модальділігі басқа да әр алуан, әсіресе экспрессивті және эмоциональдық мағыналармен өте ұқсас; көп жағдайда олар өз ара тығыз байланысты болып келеді. Демек таза модальдық мағына бар да, бұған қоса экспрессивті мағына мен эмоциональдық мағына тағы өз алдына. Модаль сөздердің санының, олардың жалпы құрамы туралы пікірдің осы күнге дейін әр түрлі болып келуі модальділіктің жоғарыда аталған екі түрін сондай-ақ таза модальдық мағына мен экспрессивті, эмоциональдық мағыналарды бір-бірінен дәлді ажырата бермеудің салдарынан болса керек.

Сөйлем модальділігі, әдетте, әр түрлі жолдар арқылы білдіріледі. Сөйлемнің модальділігін білдіретін морфологиялық тәсілге етістіктің рай категориясы, шақ категориялары да жатады. Бұл ретте, әсіресе, қалау райдың, -а р\\-е р формалы келер шақтың және -ып\\-іп, -пын\\-пін; -сың\\-сің; -ты\\-ті қосымшасымен келетін бұрынғы өткен шақтың қызметі айрықша. Рай мен шақ жалпы етістікке тән категория. Ал, модальділік етістіксіз сөйлемде де болады. Модальдық реңк сөйлемнің типтік түрлері арқылы да, интонациямен де яғни белгілі бір дауыс ырғағымен де білдіріледі. Бұл – сөйлемнің модальділігін білдіретін синтаксистік тәсіл. Сөйлемнің мазмұны жөніндегі сөйлеуші адамның көзқарасын, пікірін білдіретін жеке сөздер мен кейбір демеуліктер де (-ғой, -ау т.б.), бірді-екілі шылаулар да бар. Модальдық реңк одағайлардан да, қыстырма сөздерден де, В.В.Виноградовтың айтуынша, әсіресе, сұраулық шылаулардың қайқайсысынан да айқын сезіледі. Бірақ сөйлемге модальдық реңк беретін сөздің, шылаудың, одағайдың, қыстырма сөздің т.б. – бәрін бірдей модаль сөз деуге болмайды. Сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатынасы жөніндегі сөйлеушінің пікірін білдіретін мұндай арнаулы сөздерді модаль сөздер дейді (пікірлеуіш сөздер деуге де болады) (13, 66-67).

Сөйлеуші адамның сөйлем мазмұны жөніндегі пікірін білдіру үшін қолданылатын осындай арнаулы модаль сөздер өздерінің құрамы жағынан түрлі-түрлі болып келеді. Модаль сөздер өздерінің лексикалық және грамматикалық белгілеріне қарай есім сөз таптарынан да, етістіктерден де, көмекші сөздерден де, басқа да кейбір сөз таптарынан бола береді. Мүмкін, шамасы, рас, әрине, зады, тәрізі, зайыры, әлбетте, бәлки сөздері – өздерінің синтаксистік функциясы және формасы жағынан қыстырма сөздер. Ал, мағыналық ерекшелігі жағынан, яғни сөйлемдегі ой жөнінде сөйлеушінің пікірі қандай – мақұлдай ма, күдіктене ме, болжал айта ма, әлде нық сенімділік білдіре ме – осы тұрғыдан алғанда, бұлар – модаль сөздер. Өйткені, кейінгі жылдардағы көптеген лингвистикалық әдебиеттерде сөйлеуші адамның сөйлем мазмұны, яғни ондағы айтылған ой жөніндегі күдігін я болжалын, мақұлдау пікірін, немесе қалауын, не оның нық сенімін, осылар тәрізді басқа да пікірін білдіретін сөздерді модаль сөздерге жатқызады.

Модаль сөздер қазіргі қазақ тілінде сан жағынан оншалықты көп те емес. Бірақ олар өздерінің қолданылу ерекшеліктеріне қарай әр алуан болып келеді. Мысалы, білем, көрінеді, керек тәрізді біраз сөз күнделікті қолданылу процесінде бірте-бірте грамматикализацияланып, лексикалық мағынасының сыртында модальдық мағына да білдіреді. Бұлардың модальдық мағынасы әуелгі лексикалық мағынасының негізінде кейіннен қалыптасты. Білем, көрінеді, керек сөздерінің грамматикализациялану нәтижесінде модальдық мағынаға ие болғандығын мына бір мысалдарды өз ара салыстырып көру арқылы оңай байқауға болады: мен оны көптен білем мені оятқан сен білем; бұл жерден ауыл анық көрінеді мұны істеген Асқар көрінеді (сөзімді айтқан көрінеді); маған кітап керек төргі үйдегілер қонақтар болу керек, ол ендігі шықса керек. Модаль сөздер өздерінің модальдық мағынасы және формасы жағынан да әр түрлі. Демек, әрбір модаль сөздің өзіндік сыр-сипаты, өзіндік ерекшелігі бар (14, 240-242).

 

  1. 4 Сөз таптары жүйесіндегі одағай сөздер.

 

Одағай сөздердің мағыналық жағынан да, морфологиялық жағынан да, синтаксистік қызметі жағынан да өздеріне тән ерекшеліктері бар. Осымен байланысты одағайлардың жалпы сөз таптарының ішінде алатын орны ерекше.

Одағай сөздер мағына жағынан заттың (субстанцияның) өзі туралы да, сыны, саны, қимылы туралы да, қимылдың жайы-күйі туралы да ұғым бермейді. Олай болса, одағайлар мағына жағынан зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу сияқтанған негізгі сөз таптарына тән сөздердің бірде-біреуіне ұқсамайды. Осындай ерекшеліктерімен байланысты, одағай сөздер сөйлемде не тұрлаулы, не тұрлаусыз мүшелердің қызметтерін атқармайды, сөйлемдегі басқа сөздермен тікелей синтаксистік қарым-қатынасқа түспейді.

Сонымен қатар, одағай сөздер түрлі шылау сөздерге де ұқсамайды, өйткені шылау сөздердің өздеріне тән лексикалық мағыналары болмағанымен, сөйлемдегі басқа мағыналы сөздермен селбесіп, оларды өз ара байланыстыратын грамматикалық дәнекер болып қызмет атқарса, одағайларда бұл қасиет те жоқ.

Одағайлар – өз алдына ерекшеліктері бар сөздер. Ал ол ерекшеліктері мыналар:

Біріншіден, одағай сөздердің мағыналары адамның, әр түрлі сезімімен байланысты шығатын дыбыстық ишараттарды білдіреді. Мысалы: Мұны бастап жүрген кім екен, ә? (Ә.Әбішев); Япырмау, жастық деген қандай қызық? (Ғ. Сланов) дегендердегі ә, япырмау деген сөздер – одағайлар. Алғашқы сейлемдегі ә күдіктенгендікті білдірсе, соңғы сөйлемдегі япырмау деген сүйсіну, шаттану жайын байқатады. Япырмау, қайда сол күндер! (Абай) дегендегі япырмау деген өкінгендікті, арманды білдіреді.

Екіншіден, адамның көңіл күйі құбылмалы болатындықтан, одағай сөздердің көпшілігінің мағыналары да құбылмалы, ауыспалы демек, көп мағыналы болып келеді. Одағай сөздің дәл мағынасы сөйлемде айтылатын ойдың жалпы сарынына байланысты болады. Өйткені одағай сөздер сөйлемде айтылатын оймен жарыса қабаттаса айтылатын сезімді білдіреді. Ендеше, сөйлемде айтылатын ойдың жалпы аңғарына қарай, демек, бірде сүйсіну, бірде кею (ренжу), бірде күдіктену, бірде өкіну сияқты алуан түрлі сезім құбылыстарына қарай, одағай сөздердің айтылу ырғақтары да (интонациясы) кұбылып отырады. Мысалы: Уай, жарандар, мен бір ақыл айтайын ба (Ә. Әбішев); Әй, кім барсың (бұ да); Уай, қой деймін, бала! (бұ да) деген сөйлемдердегі айтылған ойдың мағыналарына, аңғар-сарындарына қарай, одағай сөздер де, дауыс ырғағы арқылы, сөйлеуші адамның көңіл күйін жарыстыра, қабаттастыра білдіріп тұр.

Үшіншіден, одағай сөздер сөйлемнің басқа мүшелерімен грамматикалық жағынан байланыспайды, олай болса, өзі жарыса айтылған сөйлемнің мүшесі болмайды. Одағайлар — өздері жарыса, қабаттаса айтылатын сөйлемнен дауыс ырғағы арқылы оқшауланып, бөлініп тұратын сөздер. Мысалы: Қап, барлық еңбектері далаға кетеді-ау! (Ғ. Мүсірепов). Бәсе, соны айтыңызшы (Ғ. Сланов); Бәрекелді, жігіттер, осы беттеріңнен қайтпаңдар (Ғ. Мүсірепов); Паһ, мықты екен-ау мынау мұндар, (С. Мұқанов) дегендердегі қап, бәсе, бәрекелді, паһ деген одағайлар сөйлемдермен жарыса айтылып, олардағы негізгі мағыналарды үстей, толықтыра түсіп тұр. Бірақ бұл мысалдардағы одағайларды жеке алғанда сөйлем деп қарау қиын.

Одағай сөздер көбінесе адам сезімінің алуан турлі күйін білдіретін дыбыстар сияқты болып келеді. Бірақ олар жай ғана дыбыстар емес, жұртшылыққа әбден түсінікті болып, белгілі дағды бойынша сөз ретінде пайдаланылатын дыбыстар. Олар жұртшылыққа әбден түсінікті болып қалыптасқандықтан, жай ғана дыбыстардың қатарынан шығып, белгілі сөзге айналған. Мысалы: Уау, жігіттер-ау, бұл қалай? (Ғ.Сланов); Па, сабаз, мал болғаныңа! (бұ да); Түу, қандай тымырсық түн (бұ да); Е, жолдас, жақсы жатып, жай тұрдыңыз ба? (С. Мұқанов) дегендердегі уау, па, түу, е деген одағайлар үйреншікті сөздерге айналып, жұрттың бәріне түсінікті болып кеткен.

Одағайлар негізгі және туынды болып екіге бөлінеді.

Негізгі одағайларға: ау, па, ей, әй, е, уа, уау, уай, я, пай, ә, о, оһо, ой, әй, ие, аһа, ау, беу дегендер жатады. Бұл одайлар қайталанып та қолданылады.

Туынды одағайларға: мәссаған, бәрекелді, әттегенай, жаракімалла, масқарай, о тоба, астапыралла, япырмай, ойпырмай, о дариға… сияқтанғандар жатады. Бұлар әуелбастағы мағыналы сөздерден я сөз тіркестерінен бірігіп одағай сөздерге айналған. Мысалы: мәссаған деген одағайдың бастапкы төркіні — мә, саған; бәрекелді дегеннің төркіні — барақа аллаһу (алла саған бақыт берсін); жаракімалла дегеннің төркіні — я рақым (бер) алла; масқарай дегеннің түбірі — масқара-ай; о тоба дегеннің төркіні — иситиғфару ..аллаһу (алла кешірсін); япырай, ойпырмай, апырай дегендердің түбірлері — я, пірім-ай; ой, пірім-ай дегендерден шыққан. Ал әттегенай деген одағай әйт деген-ай — (айт дегенің -ой) дегеннен шыққан. Бірақ бұл сөздер өздерінің бастапқы ақиқаттық мағыналарынан тіпті алыстап, таң қалу, ұнату, мадақтау, өкіну шошыну сияқты көңіл күйлерін білдіретін одағайларға айналып кеткен.

Сол тәрізді, е, тәйір; тәйір-ай; уа, дүние; әттең; шіркін-ай; я сәт; аттан; алақай деген сияқты ескі ұғымдарды білдіретін сөздер көбінесе одағай ретінде әуелі ауызекі тілде қолданылып, біртіндеп әдеби тілге де еніп кетіп жүр.

Сөйтіп, одағайлар тек көңіл күйін білдіретін күрделі дыбыстардан ғана емес, бастапқы кезде ақиқаттық мағынасы бар сөздерден де шығады. Одағайлар тек ертеректегі дәуірлерде шыққан сөздер ғана емес, я олардың калдықтары ғана емес, кейінгі кездерде де, біздің заманымызда да шығып отыратын категория.

Одағайлардың дәлді мағынасы нақтылы сөйлеу жағдайларымен байланысты контексте айқындалады, өйткені бір одағай сөздің өзі, қолданылу ерекшелігіне қарай, әр сөйлемде әр түрлі мағына береді. Демек, бір одағайдың өзі бірде таңырқау, бірде сүйсіну, бірде налу, бірде аяу, бірде ызалану, бірде ұнату, бірде ұнатпау, бірде күдіктену, бірде мысқылдау, бірде назар аудартып қарату сияқты жай-күйлерді білдіріп ауысып отырады. Мысалы: Әй, сол ма, тәйірі! (Ғ.Сланов); әй, байғүсым-ай,  басын бастаса, түсіне кетесің-ау! (С. Мұқанов); Әй, сен өзің әрі кетші! (С. Мұқанов).

Сөйтіп, көңіл күйіне байланысты, жоғарыдағы сияқты, одағайлардың өздері әлденеше түрге бөлінеді. Бірақ мағыналарының соншалық ауысып отырғандығынан оларды жіктеу тіпті қиын. Егер топтасақ, көңіл күйінің алуан түрлі райын бас-басына атап санауға мәжбүр болатын сияқтымыз. Сондықтан жоғарыдағы сияқты одағайларды шартты түрде бір топқа жатқызып, көңіл күйі одағайлары деп атауға болады.

Бұлардан басқа тілімізде адамға арнай айтылатын: кәне, міне, әні, мә, жә, әйда, әй, тек, тәйт сияқты одағайлар да бар. Бұлардың мағыналары жоғарыдағы одағайлардан гөрі басқашалау. Демек, олардың кейбіреулері көрсету я нұсқау (кәні, міне, әні), кейбіреулері ұсыну (мә, айда), кейбіреулері тыю (жәй, тәй, тек, тәйт) мағыналарын береді; бұларды ишарат одағайлары деген дұрыс.

Одағайлар   ойды   көріктендіріп,   ырғақпен   (интонация) айтылатын сөйлем емес, бірақ сөйлемге балама ретінде қолданылатын сөздер. Бірақ олар — іштей мүшеленбейтін, синтаксистік жағынан басқа грамматикалық категориялардан   оқшау   тұратын,   әлеуметтік   қызметі мен мәні әбден түсінікті болып қалыптаскан сөздер. Осы ерекшеліктеріне қарай,   одағайлар адамның көңіл күйлерімен байланысты   алуан түрлі сезімдерді  білдіретін лепті, сұраулы сөйлемдер ретінде қолданылады. Мысалы: қане! деген одағай келіңдер! іске кірістік я іске кірісіңдер! деген ишаратты білдірсе, міне!  деген одағай көрдіңдер ме, айтқаным осы еді немесе осы сияқтанған басқа мағынада қолданыла береді. Ауызекі тілде қане! міне! дегендердің орнына сыпайырақ қанікиіңіз, мінікиіңіз деп, мә! жә! деудің орнына мәңіз! жеңіз! деп те айтады.

Одағайлар екі  түрлі жағдайда ғана сөйлем   мүшесі бола алады.

1) Одағайлар кейбір кемекші етістіктермен тіркесіп күрделі мүшенің құрамына кіреді. Мұндайда көмекші етістік одағайды басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түсіретін дәнекер болып қызмет атқарады. Мысалы: Әт-те-ге-не-ай деді ол таңдайын қағып (С.Мұқанов); Құр — құр.. рр. Әй,әй!десті үйдің ішінен екі дауыс (бұ да); Моһ! моһ!деп кешкі тымық даланы басына көтерді (бұ да) дегендердегі одағайлар де етістігінің дәнекерленуімен, қайтті? не деді? қайтіп? не деп? деген сұрауларға жауап болып, сөйлемнің мүшесі бола алады.

2) Одағай сөздер субстантивтеніп, түрлі қосымшалар қабылдап, сөйлемнің қалыпты мүшесі болады. Мысалы, Аллаңнан ойбайым тыныш (мәтел); Кешке әрі тоңып, әрі шаршап аһлап, уһлеп отырған, кемпір өзін өлтіріп кете жаздаған кім екенін есіне алды (С.Көбеев); Қойдың көл жағынан тәй-тәйлеп бір бала түрегелді (Б. Майлин) т.б. (10, 378-382).

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

 

Қорыта айтқанда, сөздердi семантика-құрылымдық топтарға бөлудiң күрделi теориялық iлiм ретiнде қазақ тiл бiлiмiнде алғаш пайда болуынан бастап, оның даму жолы таразыланды. Ежелгi дәуiр лингвистикасында философиялық және филологиялық кезеңнiң болғандығы, дәуiрдiң көрнектi өкiлдерi сөздердi логикалық негiзде жiктеп, есiм, етiстiк, жалғауыш деп ажыратты. Филология деп алататын кезеңде Грамматистердiң Александриялық мектебi қалыптасып, грамматика iлiмiн дамытудың жоғарғы сатысына көтерушiлер – Аристрах, оның шәкiртi Дионсий Фракийский, Аполони Дискол болды.

Орта ғасыр – әртүрлi дiндердiң туып, дүниежүзiлiк дiндерге айналуымен ерекшелене отырып, дүниежүзi ғылымы мен мәдениетiнiң дамуына елеулi үлес қосқан араб ғалымдары жарыққа шығарған еңбектерiмен толықты. Бұл жерде сөздердi тапқа бөлуде көрнектi ғалым – Сибавейхидiң 796 жылы жазылған «Ал Китоб» деп аталатын еңбегiнiң маңызы зор.

XV-XVI ғасырлар арасын қамтитын қайта өркендеу дәуiрi – орта ғасырларда жөндi мән берiлмеген ежелгi грек, рим жазба нұсқаларын тауып, жариялау оларға филологиялық талдау жасаумен ерекшелендi. Бұл тұста атап өтер еңбектiң қатарына 1757 жылы жарық көрген М.В.Ломоносовтың «Россия грамматикасы» атты еңбегiн жатқызамыз.

Салыстырмалы-тарихи әдiспен тiл бiлiмiнiң қалыптасуының алғашқы басқышы болған ХІХ ғасыр лингвистикасы. Бұл дәуiр тiлдi – дамып, өзгерiп отыратын тарихи құбылыс деп танумен ерекшелендi. Бұл ғасыр лингвистикада бiрнеше ағымдар мен мектептер, сондай-ақ, салыстырмалы-тарихи әдiс негiзiнде жазылған еңбектердiң дүниеге келуiмен және «Жас грамматистер бағыты» деп аталатын көзқарастың қалыптасуымен ерекшелендi.

«Жас грамматистерге» қарсы күресте туып қалыптасқан лингвистика – ХХ ғасыр тiл бiлiмi. Бұл дәуiр лингвистикалық ой-пiкiрдiң дамуының жаңа кезеңi болып саналады.

Қазақ тiл бiлiмiндегi сөз таптастыру теориясының өткен жолын таразылаумен қатар бүгiнгi жайы да сөз етiле отырып, оның жетiстiгi мен кемшiлiк тұстары да айқындалды. Қазақ тiл бiлiмiнiң бүгiнгi жетiстiгi тұрғысынан сөз таптарының семантикалық, морфологиялық, синтаксистiк принциптерiне анықтама берiлдi. Бұл принциптер әр ғалым еңбектерiнде әртүрлi дәрежеде негiзге алына отырып, сөздердi таптастырудың бiртiндеп даму сатысынан өткендiгi айқындалды.  

Орыс тiл бiлiмiнде Л.В.Щербадан, түркiтанымда А.К.Боровковтан, қазақ тiл бiлiмiнде Қ.Жұбанов бастаған жаңа лек-буынның келуiмен бұл үш принцип негiзге алына отырып, сөздердi таптастырудың теориялық принципi қалыптасты.

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер.

 

  1. Аханов К. Грамматика теориясының негiздерi. Алматы, 1972.
  2. Мұхтаров С. Қазақ тiл бiлiмiндегi сөз таптастыру теориясының қалыптасуы. Автореферат. Алматы, 1983.
  3. Қордабаев Т. Жалпы тiл бiлiмi. Алматы, 1983.
  4. Виноградов В.В. Русский язык (грамматическое учение о слове), М-Л., 1974.
  5. Хасенова А. Қазақ тiл грамматикасы бойынша зерттеулер. Алматы, 1975.
  6. Қордабаев Т. Қазақ тiл бiлiмiнiң мәселелерi. Алматы, 1991.
  7. Қордабаев Т. Қазақ тiл бiлiмiнiң қалыптасу, даму жолдары. Алматы, 1987.
  8. Байтұрсынов А. Тiл тағлымы. Алматы, 1992.
  9. Жұбанов Қ. Қазiргi қазақ тiлi жөнiндегi зерттеулер. Алматы, 1966.
  10. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. Алматы, 1991.
  11. Төлеуов Ә. Сөз таптары. Алматы, 1982.
  12. Исаев С. Қазiргi қазақ тiлi сөздерiнiң грамматикалық сипаты. Алматы, 1998.
  13. Оразов М. Көмекшi сөздер. 1 кiтап. Ташкент, 1997.
  14. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. І том. Алматы, 1967.
  15. Оразов М. Кейбiр көмекшi есiмдердiң түп-төркiнi туралы //Қазақстан мектебi. 1968. №3
  16. Ысқақов А. Қазiргi қазақ тiлi. Морфология. Алматы, 1964.
  17. Томанов М. Есiм сөз таптарының дамуы. //Қазақ тiлiнiң тарихи грамматикасы. Алматы, 1983.
  18. Оленич Р.М. Александрийская грамматическая лакала. //История лингвистических учений. Древний Мир. Москва, 1980.
  19. Оразов М. Қазақ тiлiндегi сөздердi таптастыру принциптерi. //Қазақ тiлi мен әдебиетi. 1993. №1.
  20. Ораов М. Атауыш сөздерден көмекшi сөздерге. //Қазақстан мектебi. 1991. №12.
  21. Қазақ грамматикасы. Алматы, 2002.