МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ ………………………………………………………………………………………………….. 4
- СТИЛИСТИКАЛЫҚ ФИГУРАЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ……………………………… 7
- КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ СТИЛІНДЕГІ ФИГУРАЛАР……………………………….. 18
ҚОРЫТЫНДЫ………………………………………………………………………………………… 38
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ……………………………………………..40
КІРІСПЕ
Стилистика – тіл білімінің бір саласы. Стилистика тілдің көркемдегіш амал тәсілдерін, тілдің жұмсалу аясының түрлі қоғамдық салаларда қолдануын, қатысымдық әрекетінің функциясын атқарады. Стилистика мәселесі өте күрделі, өзінің функционалдығымен қарым-қатынас әрекетіндегі тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тәсілдерді қолдану принциптерін ретке келтіретін сала. Стилистика сөйлеу, коммуникация процесіндегі тілді пайдаланудың заңдылықтарын зерттейді. Стилистика түрлі қоғамдық салаларда тілдік амал-тәсілдер мен стилистикалық мүмкіндіктер арқылы коммуникативті-прагматикалық, эстетикалық қызметті қарастырады. Стилистика көптеген ғылыми-практикалық мәселелерді қамтиды. Ол тілдегі стилистикалық амал-тәсілдерді ғана қарастырмайды, стилистикалық мүмкіндіктердің барлық базасын қамтуды көздейді, сондай-ақ ұлттық әдеби тілдің нормасын сақтап, стилистикалық норманы қалыптастырады. Стилистика ғылымы стилистикалық ұғымдар мен белгілердің межесін өзіне тірек ете отырып, теориялық проблемаларды шешеді [1,6].
Қазіргі стилистика ғылымының проблемалары өте кең: тілдік пәндері кешенді түрде зерттеуді қажет етеді. Тілдік бірліктерді пайдаланудың тәсілдерін үйретеді әрі стилистикалық тәсілдерді коммуникативтік мақсатқа сай іріктеу ұстанымын негізгі меже етіп алады. Адамдық фактордың сөзді саналы түрде ұйымдастыруын есепке алып отырады, тілдік емес ситуациялар мен контекстің тікелей ықпалы арқылы дискурс пен мәтіндегі стилистикалық мүмкіндіктердің жүзеге асуын қамтамасыз етеді.
Стилистика – тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық принциптерін ғана ретке келтіріп қоймайды, прагматикалық әлеуметтік ықпалы ерекше стилистикалық әсер ететін тілдік бірліктердің қызметін толық есепке ала отырып, оны жүзеге асырушы экстралингвистикалық және басқа факторлармен бірлесіп стилистикалық мүмкіндіктерді қарастыратын тіл ғылымының күрделі саласы.
Қазіргі стилистиканың жалпы филологиялық, тілдік немесе әдебиеттік тұрғыдан бөлінуі де оның мазмұны мен бағыттарының әр түрлілігін көрсетеді. Қазіргі тіл білімінде стилистиканың даму бағыттарының бірнеше түрі өте маңызды орын алады. Олардың қатарына функционалдық стилистика, көркемдік тәсілдердің стилистикасы, прагмастилистика жатады. Жалпы тіл ғылымында стилистиканың даму бағыттарының жоғарыдай түрлерінің пайда болуы, стилистика мәселесінің өте күрделі ғылым саласы екенін көрсетеді. Жалпы тіл ғылымында функционалдық стильдерді былайша топтастырады:
– ауызекі сөйлеу тілі;
– ғылыми стиль;
– ресми стиль;
– публицистикалық стиль;
– көркем әдебиет стилі [2,8].
Стилистикалық фигуралар жоғарыда аталған функционалдық стильдердің барлығында бірдей қолданыла бермейді. Стилистикалық фигуралар көркем әдебиет стиліне тән стилистикалық тәсілдер болып табылады.
Ұлт тілінде көркем әдебиет тілінің алатын орны ерекше. Көркем әдебиет тілінде сол тілдің барлық байлығы еркін қолданылады. Көркем әдебиет стилі – стилистикада әдеби шығарманың көркемдік формасын құрайтын ерекше стиль түрі. Көркем әдебиет стилінің сыртқы құрылымдық жағы туралы әдебиетшілер мен тілшілер арасында ортақ пікірлер бар, сондай-ақ тілдік-стильдік тұрғыдан бөлектенетін тұстары да бар. Көркем әдебиет стилі тіл аясының негізін құрайды. Жалпы алғанда олардың арақатынасы ортақ болғанмен, соған қарамастан „көркем әдебиет тілі” бір-біріне ұқсас емес. Көркем әдебиет стилі өзінің әдеби тілмен ішкі бірлігі жағынан қаралатын объективті шындығын ешуақытта жоғалтпайды, керісінше қазақ ұлттық әдеби тілінің барлық тілдік-стильдік ерекшеліктері көркем әдебиет стилінде көрсетіліп отырады [3,36].
Көркем әдебиет стиліне әдеби тілдің нормасы да кіреді, сондықтан көркем әдебиет тілі арқылы әдеби тілге қатысты ізденістен көркемдік-эстетикалық топпен бірге стилистикалық категориялары өрбіп шығады. Көркем әдеби стилі жалпы әдеби тілдің ұлттық нормаларына, көркем сөздің нормаларына иек артады. Жалпы халықтық тілден, ауызша әдеби тілден, ауызекі сөйлеу тілінен, ұлттық әдеби тілден негізі қаланған көркем әдебиет стилі көркемдік, құрылымдық, эстетикалық өрісін беруде өзгеше стильдік мәнер түзе алады.
Стилистиканың ерекше бағытының бірі – безендіруші стилистика. Безендіруші стилистика – тілдегі экспрессивті әдіс-тәсілдерді қамтиды. Қазіргі стилистикада көріктеу, шеберлік тәсілдері көркем әдебиет стиліне ғана тән деп қарауға болмайды, ол барлық стиль түрлерінде коммуникативті-прагматикалық мақсатпен жүзеге асатын шеберлік тәсілдері безендіруші стилистикада жан-жақты көрініс табады. Безендіруші стилистиканың зерттейтін мәселелері мыналар болып саналады: тілдік бірліктердің безендіруші тапсырмаларының сапалық және тиімділік қасиеттерін әр түрлі стилистикалық амалдардың көмегімен анықтау. Олар: стилистикалық мағына, стилистикалық тәсіл, стилистикалық амал, стилистикалық тапсырма.
Стилистикалық тәсілдер деп стильдерді құрастырушының әр түрлі тілдік бірліктерді қолданудағы амал-тәсілдерін айтады. Олар: троптың түрлері, стилистикалық фигуралар, стиль құраудың стратегиясы мен тактикасы. Қолданыс аясында тілдік бірліктердің анық, көркем, бейнелі шығуына стилистикалық мағына үлкен ықпал етеді. В.Г.Винокур бұл безендіруші стилистиканың негізгі базасын құрайтын атауларды „узуальды-стильді комплекс” деп атаған [4,16], ол мәтінде коммуникативтік актінің құрылымдық-стильдік базасын толық қалыптастырады.
Тілдік бірліктердің ішінде сөз айрықша маңызды орынға ие. Тілдің функционалдық жүйесінде сөздің ролін стилистика саласы анықтап бере алады. Тілдің функционалдық стильдерге қарай ажыратылатын нормалар екені белгілі, осы бағытта сөздің стильдік, прагматикалық мәнін ашуға болады. Тілдің айшықтау белгілерін қолдану, прагматикалық мақсатын айқындап, стилистикалық ерекшеліктерін анықтау мәселесі стилистика ғылымымен тығыз байланысты.
Тілді ажарлаумен, құбылтумен қатар, керек жағдайда айшықтай білген жөн. Тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлілігі үшін де аса қажет тәсіл – стилистикалық фигура (латынша figura – келбет, бейне) – сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен, айрықша айшықпен құру. Мұндағы мақсат біреу-ақ – сөздерге ерекше екпін, леп, тыныс беру, сөйтіп, олардың оқырманға, тыңдаушыға әсерін күшейту [5,25]. Фигураның түрлері: арнау, қайталау, шендестіру (антитеза), дамыту (градация), ауыстыру (инверсия), эллипсис, егіздеу (параллелизм).
Бітіру жұмысымызда қарастыратын басты мәселе – көркем әдебиет тілін лингвистикалық поэтикамен байланыста зерттеу. Жоғарыда стилистикалық фигуралар функционалдық стильдердің барлығында кездесе бермейді дедік. Алайда, ауызекі сөйлеу стилінде стилистикалық фигураның бір түрі қайталаулар молынан ұшырасады. Қайталаулар – көркем әдебиет стилінде суреткерлік стильдік ерекшелік ретінде танылатын стилистикалық тәсіл, ауызекі сөйлеу стилінде мәнерлік қасиеті айтылған ойға параллельдік қатар түзу үшін пайдаланылады [6,102].
Қазір бәрі өзгерді, өмір өзгерді, заман өзгерді, мода өзгерді, адам өзгерді, пиғылы да өзгерді немесе заман жақсарды, өмір жақсарды, бәрі де жақсарды деген сөйлемдердегі бірінші қайталау өзгерді сөзін сөйлеуші бірнеше рет қайталап айтады, сол арқылы көлемді құбылыстың сырын баян етеді, ал екінші сөйлемде қайталау болып тұрған сөз жақсарды, ол бар-жоғы екі рет қайталанып тұрғанмен, заман мен өмірге ортақ зат-құбылыстың жақсарғанын көрсету үшін қолданылып тұр. Дегенмен біз зерттеу объектісі ретінде стилистикалық фигуралар көп кездесетін көркем әдеби стилін алдық.
Бітіру жұмысымызда алдымызға мынадай мақсат-міндеттер қойдық:
– көркем әдебиет стиліндегі стилистикалық фигуралар мәселесін айқындау;
– стилистикалық фигуралардың қызметін анықтау;
- стилистикалық фигуралардың стиль түзуші фактор ретінде мүмкіндіктерін ашу.
Зерттеу барысында қазақ стилистикасында стилистикалық фигуралардың түбегейлі зерттелмегені байқалды. Стилистикалық фигураларға әдебиет теориясында әдебиет тарапынан анықтама берілген. Ал стилистикалық айшықтау түрлерінің тіл білімінде стилистикалық қызметі, стиль түзуші фактор есебіндегі мәселелері жан-жақты қарастырылмаған. Тек жекелеген авторлар, мысалы ғалым Д.Әлкебаева М.Жұмабаев поэзиясындағы стилистикалық айшықтау түрлеріне тоқталған. Ал қазақ тіліндегі стилистикалық фигуралардың стилистикалық қызметі, тілдік стильдік ерекшеліктерін, стиль түзуші фактор есебінде әлі де терең зерттеулерді қажет ететіні зерттеу жұмысымыздың өзектілігін айқындай түседі.
1 СТИЛИСТИКАЛЫҚ ФИГУРАЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Әдеби тілді ажарлаумен, құбылтумен қатар, керек жағдайда айшықтай білген жөн. Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлілігі үшін де аса қажет тәсіл – фигура (айшықтау) – сөз тіркестерін, сөйлемді дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен, айрықша айшықпен құру. Мұндағы мақсат біреу-ақ – сөздерге ерекше екпін, леп, тыныс беру, сөйтіп, олардың оқырманға әсерін күшейту.
Айшықтаудың түрлері көп, бітіру жұмысымызда фигураның бірнеше түрін қарастырамыз.
Арнау – адамның, яғни ақынның өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, көпшілікке қайырыла сөйлеуі, олармен іштей кеңесуі. Арнауды Ахмет Байтұрсынов әуелден үш топқа бөлген: жарлай арнау, сұрай арнау және зарлай арнау [7,223]. Кейін бұл үлгіге айналды.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың…
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың…
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.
(Абай)
Бұл жарлай арнаудың үлгісі: ақын жеке адамға емес, жалпы жұртқа қайырыла сөйлеп, жеке адаммен оңаша емес, жалпы жұртпен жария кеңескен.
Өн бойымды күш қысып,
Қаным неге қайнайды?
Ащы тілім ашынып,
Неменеге сайрайды?
Жас іркіліп мөлтілдеп,
Көзім неге жайнайды?
Ақ қағазды қаралап,
Қалам неге ойнайды
Ақын неге қайғырып,
Терең ойға бойлайды?
(Ә.Есмәмбетов)
– Шырағым-ау, шашың неге ағарды?
Әлде біреу кемітті ме бағаңды?
Сенің қара тұлымыңнан сипаған,
Сарғайдың ба ойлап мендей ағаңды?
– Тентегім-ау, мұртың неге қыраулы
Көрдің бе әлде көп бейнетті, сынауды?
(Қ.Бекқожин)
Бұлар – сұрай арнаудың үлгілері: ақын немесе ақын жырға қосып отырған адам өз ойын өзгеге арнап, сан-сала сауал арқылы айтып жеткізеді де, өзі сол сауалдарға жауап күтеді. Бұл – бірінші түрі. Енді мына шумақтарды талдап көрелік.
Орай да борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма?
Туырлығы жоқ тұл үйге
Ту байласаң тұрар ма?
Қаптай соққан боранда
Қаптама киген тоңар ма?
Ту түбіне тұлпар жығылса,
Шаппаған нәмәрт оңар ма?
(Махамбет)
Немесе мынау өлеңді оқып көрелік:
Қызығалдақтай қызық өмір
Күні келсе солмай ма?
Еркін жүрген ерке көңіл
Қайғы-зарға толмай ма?
Тасқан қайтып, толған солып,
Сарғайтпай ма сондайда?
Алтын жастық жалған болып,
Аһ ұрар күн болмай ма?
Бұлар да сұрай арнаудың үлгілері. Бірақ мұндағы өзгешелік – арнауда қойылған сұрақтарға автор жауап күтпейді, өйткені олар ешқандай жауапсыз-ақ түсінікті, арнаудың өн бойында өзінен-өзі анықталып жатыр. Сұрай арнаудың мұндай түрлерін шешендік, яғни риторикалық арнау деп атайды.
Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Өлгені Төлегеннің рас болса,
Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?!
(„Қыз Жібек”)
Азаны шертер іштегі,
Аузыма сөз түспеді.
Жұртым-ау, кімнен айрылдық,
Ажал сұм неткен күшті еді.
(Д.Әбілов)
Алғашқысы – Жібектің зары, соңғысы – Дихан ақынның ұлы ғалым Сәтпаев Қаныш қайтыс болғанда аһ ұрып, аза тұтып айтқан бір ауыз өлеңі. Екеуі де – зарлай арнаудың үлгілері.
Фигураның тағы бір түрі – қайталау – сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу.
Мұның да бірнеше түрі бар.
Күн еді – өмір бойы күлді! – дер ме?
Күн еді – сүймеуші еді түнді! – дер ме?
Күн еді күндей айқын күле білді,
Сол күлумен ақыры өлді – дер ме?
„Күн еді – өмір бойы күлді – дер ме? ”
Бұл – жай қайталаудың үлгісі. Мұнда ақынның ерекше мән бере толғап, толғана жырлап отырғаны – жер дүниеге шуағын шашып тұрған күн, оқырман назарын да осыған мықтап аударып, оның ойында күн туралы бүтін бір ұғым қалыптастырғысы келді де, күн деген сөзге ерекше акцент жасап, бірнеше жерде қайталап отыр.
Ау қызғыш құс, қызғыш құс!
Ел қорғаған мен едім.
Мен де айрылдым елімнен.
Көл қорыған сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен.
(Махамбет)
Сарыарқаның бір тауы бар,
Бір тауы бар сымбатты.
Сол таудан сен сыр тауып ал,
Сыр тауып ал, қымбаттым.
Қалың зергер, құзды шаттар,
Құзды шаттар қалың ну.
Сарқырайды мұз бұлақтар,
Мұз бұлақтар у да шу.
Бұлар еспе қайталаудың үлгісі. Мұндайда ой мен сыр шынында да бір түрлі есіле түйдектеп, еселеніп келеді де, алдыңғы ұғымның аяғы соңғы ұғымның басына қайталана көшіп, өлеңге әсем әуез, әдемі әсер дарытқандай болады.
Ұйқыдан соң –
Жапырақпын
Жаңбыр шайып жаңғырған.
Ұйқыдан соң –
Құспын
Ұзақ ұшып көліне кеп дем алған.
Ұйқыдан соң –
Көк айдынмын
Мөлдіреген шайқалып.
Ұйқыдан соң –
Ну орманмын
Желбіреген жайқалып.
Ұйқыдан соң –
Дауыл өткен,
Жауын өткен
Менде қала қалпы бар.
Ұйқыдан соң –
Жаңа ашылған күн көзіндей,
Жаңа ашылған гүл жүзіндей,
Ой аспаным жарқырар!
(С.Мәуленов)
Бұл – әдепкі қайталаудың, яғни анафораның (грекше anaphora – биікке шығару) үлгісі. Мұнда өлеңнің әр жолы немесе әрбір ой ағымы бір сөзден басталып отырады.
Күншілдер өледі:
Көңілін от қарып:
Батырлар өледі:
Борышын атқарып.
Бұзықтар өледі:
Пышаққа құлшынып:
Сұлулар өледі:
Құшаққа тұншығып.
Арғымақ өледі:
Артында шаң қалып.
Ақындар өледі:
Бәріне таң қалып!
(Қ.Мырзалиев)
Бұл – кезекті қайталаудың яғни эпифораның (грекше epiphora – соңынан алып жүру) үлгісі. Мұнда өлеңнің әр жолының соңындағы немесе әрбір ой ағымының аяқ жағындағы бір сөз бірнеше мәрте қайталанып отырады.
Фигураның бір түрі – шендестіру, яғни антитеза (грекше antithesis – қарама-қарсылық) – бір-біріне кереғар құбылыстарды, мән-мағынасы әр тарап ұғымдарды, түр-түсі әр бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қою арқылы бұлардан мүлде басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суретін, сыр-сипатын, кескін-кейпін анықтау, аңғару, елестету [8,231].
Мысал үшін „Ер Тарғын” жырындағы Ақжүністің Қартқожаққа:
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр.
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де бетім көр, –
деп тақпақтап айтқан жұртқа мәлім жауабын немесе Абайдың „Қан сонарда бүркітші шығады аңға” деп басталатын әйгілі өлеңіндегі түлкі мен бүркіттің арпалысын суреттеп:
Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.
Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға, –
деп жазған өлең жолдарын әдебиет зерттеушілері шендестірудің шебер үлгісі деп ұсынып жүр. Шендестіру қазіргі қазақ әдебиеті ақындарының өлеңдерінде де жиі ұшырайды, және жаңа шыраймен көрінеді. Мысалмен дәлелдеп өтейік.
Бояулар: қара, қызыл, қоңыр, сары…
Қолында суретшінің соның бәрі.
Тек сарымен бояса, нетер еді?
Онда тегіс құлазып кетер еді.
Тек қарамен бояса қайтер еді?
Күндіз де түн бе деп айтар еді.
Ал бәрімен, әр түспен бояса ше?
Бәлкім ару күлімдер қара шашты.
Бәлкім гүлдер жайқалар алаулаған.
Бәлкім, таулар мұнартар манаураған.
Бір-бірімен тұтасын бояу біткен
Сәуле болып құйылар сонау көктен.
Сезімім кенет менің күбір етті:
Біріккен бояу қандай құдіретті?..
(Е.Ибраһим)
Фигураның бір түрі – дамыту, градация (латынша – gradatio – бірден бірге күшейе беру) – алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, адыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата түсу [8,232]. Мұның жа жұртқа мәлім мынадай үлгілері бар.
Шырағым, Бурыл шу! – деді.
Құбылып Бурыл гуледі.
Табаны жерге тимеді.
Тау мен тасты өрледі.
Төрт аяқты сермеді.
Құлақтың түбі терледі.
Тер шыққан соң өрледі,
Адырды көзі көрмеді,
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі…
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады,
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Кешке таман Тайбурыл
Жын қаққанға ұқсады.
Құлан менен құлжаның
Марал менен бұғының
Ұзатпай алдын тосады.
Көл жағалай отырған
Көкқұтан мен қарабай
Көтеріліп ұшқанша
Белінен қия басады.
(„Қобыланды батыр”)
Қиқу салып құзға ұшқан,
Құздан суық мұзға ұшқан,
Мұздан биік бұлтқа ұшқан,
Бұлттан биік көкке ұшқан
Қарулы қыран кім еді?
(Т.Жароков)
Осылардың қай-қайсысы да оқырманды бір түрлі еліктіріп, түйдектеле, еселене келетін екпінімен ертіп әкетіп бара жатады. Градацияның мұншалық қызық әсері өлеңдегі секілді прозалық шығармаларға да өзгеше рең береді.
М.Әуезов „Абай жолы” эпопеясында дамытудың дәл осы қасиетін біліп қолданған:
Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан салалы жырлар көшіріліп жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тұрады. Бұл атырап, бұл сахара бұрын естімеген сарын есті. Ғасырлар бойы жұмбақтай үнсіз сұрақпен мелшиіп, мүлгіп тұрған далаға жел қанатымен жырдай жауап есті: Игі желдей… Жыл жетерін білдіретін көктем желіндей есті. Ақшоқыда туған өлең мен ән жатталып, көшіріліп, әуендеп толқып Ералыға жетті. Ақшоқыда туған өлең мен ән жатталып, әуенге қосылып, кең атырапқа тарап жатты. Даланың қоңыр желіндей, жай соққан самалындай лүпіп-толқып, Тобықты жайлауларын түгел шарпып өтті. Сырттағы Керейге, ойдағы Уаққа, Арқадағы Қаракесекке, Қуандыққа да кетті. Аягөз, Тарбағатай, Алтай, Наймандарына да жетіп жатты.
(„Абай жолы”)
Қазақ поэзиясында қолданылу сипаттарына қарап градацияны, шартты түрде Е.Ысмайыловтың үлгісімен екіге бөлуге болады. Бірі – түйдектету:
Адам ол – қайғырымпаз, қуанымпаз,
Жиіркенімпаз, сүйімпаз, уанымпаз.
Дариядай шалқымпаз, шаттанымпаз.
Керкетімпаз, тасымпаз, суалымпаз.
(С.Мұқанов)
Екіншісі – баяулату:
Әм жабықтым, әм жалықтым,
Сүйеу болар қай жігіт,
Көңілден кеткен соң тыным?
Әм сүйіндім, әм түңілдім,
Үнемі неткен үміт,
Өткен соң бар жақсы жылым?
(Лермонтов – Абай)
Ал мына шумақта осының екеуі де – түйдектеу де, баяулату да бар:
Соқ, жігіт! Соқ! Соқ, жігіт! Күйіңді тарт!
Лапылдат! Жандыр! Күйдір! Құмарт! Құмарт!
Безілдет! Сарнат! Зарлат! Үздіктірші!
Керек жоқ! Лақтыр әрі! Қысқарт! Қысқарт!
( І.Жансүгіров)
Жалаң түр қуаламай, әр иіні мен иіріміне парасатты сыр ұялата, құр босқа алабұртпай, терең және кең тыныспен тебірене білсе, дамыту – аса әсерлі, адам жанын баурағыш нәрсе. Өйткені оның әр бұрылысына адамның әрі аяулы, әрі асқақ сезімі жатады. Мәселен, мына соңғы шумақтағы әр сөз – жай сөз емес, жігіт күйін тыңдаған қыздың керемет құштарлыққа толы көкірегінің оты мен өрті, дауылы мен жауыны. Осыған қарап, күйге еліткен ханшаның безгектей безілдеп, жанын қоярға жер таппаған қым-қиғаш қайсар қалпын да, оқ тиген киіктей омақаса құлап түскен аянышты халін де әбден сезіп, тіпті көріп отырамыз. Сонымен, дамытудың стилистикалық қызметі – оқиғаны бірінен соң бірін дамыта, түйдектете баяндай келе, оқырманның жан дүниесіне әсер ету.
Фигураның келесі бір түрі – сөз орнын ауыстыру, яғни инверсия (латынша – inversio – орын өзгерту, төңкеру) – прозалық, әсіресе поэзиялық шығармаларда сөздердің әдеттегі грамматикалық түзілу тәртібінен тыс, орындарын ауыстырып, өзгеше тіркестер құру. Тіл мен стильдегі үйреншікті тәсілді де оқта-текте орнымен қолданудың оғаштығы жоқ.
Қазақ жазушыларының ішінде инверсияға көбірек бой ұратын – Ғабиден Мұстафин. Оның романдарынан жиі ұшырайтын ауыспалы тіркестерге оқырман басында тосырқай қарағанмен, кейін үйреніп кетеді. Мысал келтіріп өтейік:
Сапардың Аманы … шаңқан боздың басынан аса секірердей, ерінен көтеріле, ұмтыла береді алға… Жаныңнан безгенің келе бер, – дегендей, етпетінен түсіп, көзінен от шаша күрілдеп жатыр көкжал. Қайтып тұра алған жоқ, талшоқпар жүйемелдете тиді шекеге.
(„Дауылдан кейін”)
Осы үш сөйлемнің де аяқталуы әдеттен тыс, үш сөйлемнің де соңғы сөздері өз орындарынан ауысып түскен, жазылған емес, сөйленген, оқылған емес, естілген сөздер секілді оқыс әсер туғызады. Инверсияның құбылту күші міне осында.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен де ұстап жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын.
(Ә.Сәрсенбаев)
Осы өлеңдегі әдеттегі заңды тіркестер тәртібімен құрсақ, былай болар еді: Ол аяғын тізеден кесіп, ақшаға сатқан жоқ; қолтықтағы ұзын таяғын еріккеннен де ұстап жүрген жоқ, түсіндің бе, қарағым? Сен оны құрметте! Ал ақын осы тіркесті инверсия айшығына салып, әдейі „бұзған” да, жай сөз емес, өлеңге айналдырып, бұрынғы ұғым үстіне енді әсерлі жылу, қызу қосқан.
Фигураның бір түрі – сөз тастап кету, яғни эллипсис (грекше ellepsis – түсіріп тастау, аттап айту) – сөйлем ішінде немесе өлең шумағында атап айтпаса да түсінікті кейбір сөздерді әдейі жазбай тастап кету.
Ақ көбігің… ақ жүзің
Айнам еді бір қарар.
Өткізген түнім… күндізім…
Тербетер мені, ой салар.
Сол майдандар… қатты айқас
Есіңде ме, ер Айдар?
Өшкен құрбан… аққан жас…
Өтті жылдар… көп айлар…
(Ж.Саин)
Осындағы әр ойдың арасында жеке сөз емес, бүтін сурет не үлкен шындық қалып қойып отыр. Айталық, ақ көбік айна болу үшін тап-таза, мөп-мөлдір болса керек. Оны ақын айтпайды. Айдарда өткен түн мен күн ақынды тербету үшін олар – жай түн мен күн емес, ірі-ірі оқиғаға, шындыққа, сырға толы түн мен күн. Оларды да автор айтпайды. Қай майдан? Қандай құрбан? Жас төккен кімдер? Қай тұстағы жылдар мен айлар? Бұларды да автор тәптіштеп жатқан жоқ. Өйткені бұлардың бірқатары ақынның шындықты суреттеу тенденциясынан айқын көрініп тұрса, бір алуаны жалпы логикадан түсінікті, ал қайсыбірін, тіпті айтудың қажеті жоқ.
Эллипсис кейде эвфемизмнің орнына да қолданыла береді: кейбір былапыт сөздерді бүкпелей жұмсартып жатпай-ақ, тастап кетсе де түсінуге болады: Шап, әкеңнің… – дедім мен оған ақырып. („Мөлдір махаббат”).
Эллипсис кейде адамның ішкі халін, қиын-қиын көңіл-күйін, шым-шытырық оқшау сезімдері мен ұғымдарын, шытырман психологиялық иірімдерін аңғарту үші де жұмсалады. Ала-құла ой, қиыр-шиыр қиял, әрі-сәрі түс, кейбір қияли кісінің оқыс күйініш-сүйініші. Осылардың бәрін эллипсис арқылы ұқтыруға болады. Мысалға ақылы ауысқан Қаракөздің мына сөздерін алып қаралық:
Жығылып барам. Ұйықтайын ба? Өлсем бе? Құлап кетем, тау басынан ұшып келем… жерде тоғай… көп тоғай? Шақырады… Иә, иә, барам… Келе жатырмын… тоғай. Ә… қайда кетті? (М.Әуезов)
Осыны әсіресе сахнадан Қаракөздің аузынан тыңдағандағы адамның үрейін ұшыратын сұмдық әсер кейіпкер сөзіне эллипсис арқылы дарып тұр.
Фигураның тағы бір түрі – егіздеу, яғни параллелизм (грекше parallelos – қатар жүру, қатынасу) – екі ұдай нәрсені, құбылысты, ұғымды, сезімді қатар қойып, жұптап суреттеу. Мұның түрлері көп. Біз кейбіреулеріне тоқталып өтеміз.
Көк ала бұлт сөгіліп.
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп, күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жайнар.
(Абай)
Бұл – адамның көңіл күйін табиғат құбылыстарымен салыстыра егіздеудің, яғни психологиялық параллелизмнің классикалық үлгісі, ақын жаздағы жаңбыр мен адамның көз жасын қатар суреттей келіп, екі түрлі шындықты танытады да, шынайы философиялық түйін шығарады.
Сарғая күтіп көктемді
Сап-сары боп су ақты.
Шынтаққа алып сексенді
Жағада жалғыз шал жатты.
Су сарғайды ылайлы,
Шал қарғайды құдайды.
Көктем келді, сарысу
Бола қалды мөп-мөлдір.
Жылға бойы у да шу,
Жамырады жас өмір…
Сылқ-сылқ етіп су күлді,
Шал бір ауыр күрсінді.
(Қ.Аманжолов)
Бұл да психологиялық параллелизм арқылы жасалған әсерлі сурет, сурет қозғаған сезім, сезімнен туған сыр, шынында да табиғаттың биыл „кеткен көктемі келер жылы жаңғырып қайта оралады, ал адамның өткен жас шағы ғұмыры қайтып келер ме? Шал соны ойлап күрсінеді.
Екі жаяу келеді:
Біреуінде күрек бар, лүпілдеген жүрек бар,
Біреуінде күрек жоқ, жүрек бар да, жүрек жоқ.
Бірі шаршап келеді, күні бойы жер қазып:
Бірі шаршап келеді, жолдасына ор қазып.
Бірі үй сап, сол үйдің жылынуын тілейді:
Бірі – орға досының жығылуын тілейді.
Екі жаяу келеді, ортасында – бір күрек:
Сол күректің астына қашан түсер сұм жүрек.
(Е.Ибраһим)
Бұл ақиқат өмірдегі жақсылық пен жамандықты, солар қалыптастырған екі түрлі бітімді, осылардан туатын адамдық пен зұлымдық туралы екі түрлі ұғымды жарыстыра егіздейді. Бұл параллелизм де парасатты байлауға апарады.
Сағындың ба, Қарақұм,
Сарыарқадан жаңбыр болып келейін,
Сағындың ба, Қарақұм,
Жаңа туған ән-жыр болып келейін.
(М.Әлімбаев)
Манаурайды балбырап таң ғажайып,
Торғын төсін тосады таңға жайып.
(Қ.Шаңғытбаев)
Қыңыр болды не керек – болайын деп болды ма?
Бір үн болды керемет – болайын деп болды ма?
(Ж.Нәжімеденов)
Бұлар – әр алуан синтаксистік параллелизмнің үлгілері. Егіздеудің мұндай түрлері де ақынның тілі мен стиліне айтарлықтай ажар береді, өрнек төгеді, нәтижесінде өлеңге кәдімгідей кенеулі күй, сүйкімді әуез бітіреді.
Сонымен, көркем әдеби тілді айшықтаудың түрлеріне жеке-жеке тоқталып өттік. Енді қазақ әдебиетінде, жекелеген ақындар шығармаларында айшықтаудың атқаратын стилистикалық қызметін қарастырамыз.
2 КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ СТИЛІНДЕГІ ФИГУРАЛАР
Әдеби тілді стилистикалық бояулы сөз өрнектерімен көркемдеумен қатар формалық жағынан да айшықтай білген жөн. Әдеби тілдің әсемдігі үшін ғана емес, әсерлілігі үшін де аса қажет тәсіл – фигура (айшықтау). Айшықтау дегеніміз – сөз тіркестерін, сөйлемді дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен, айрықша айшықпен құру дедік. Фигураларды көркем шығармада қолданудың мақсаты – сөздерге ерекше екпін, леп, тыныс беру, сөйтіп, олардың оқырманға әсерін күшейту.
З.Қабдолов: „Фигураның (айшықтаудың) бір түрі – қайталама – сөз әсерін күшейте отырып оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәртебе қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу” – деп анықтама береді [8,229].
Қайталамалар – дүние жүзі тілдерінде кең түрде дамыған, олардың әр түрлі семантикалық-грамматикалық функцияларды атқаратындығы, соның нәтижесінде әр түрлі мағыналарды беретіні белгілі.
Қайталамалар жаңа грамматикалық формалардың және мағыналардың жасалуының негізі үшін қызмет етеді де, коммуникативті процестердің құрылымдық және мазмұндық бүтіндігін жүзеге асырады. Сондай-ақ қайталамалар кейде ақын не жазушының ұқыпсыздығынан да болатын нәрсе.
Адам өзінің психологиялық сезімін, ой өрісін тіл арқылы ғана жеткізе алады. Яғни адамдар арасындағы түсіну құралы – тіл. Айтылған ойын ерекше жеткізу үшін сөз әсерін күшейту үшін қолданылатын тәсілдің бірі – қайталама. Қайталама – сөз жасау мен сөздерді қолдану барысында өте ертеден келе жатқан құбылыс, сондықтан да көптеген халықтардың фольклорына тән. Ең алғаш қайталама туралы зерттеу жұмысын жүргізген орыс ғалымы М.В.Ломоносов „Повторение есть многократное положение речей в предложениях” [9,258] деген еді. Зерттеу еңбектерінде В.И.Ломоносов қайталаудың классификациясын жете зерттеу мәселесіне тоқталады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында ХХ ғасырдың басында лингвистер қайтамаларға талдау жасауға көңіл бөле бастады. Американдық лингвист Э.Сэпер барлық тілдегі қайталамалардың кең ауқымда дамуын көрсетіп, олардың сан алуан семантикалық-грамматикалық функцияларының маңызын ашып берген [10,59]. Орыс ғалымдары В.В.Виноградов, Г.О. Винокур, В.Жирмунский, Е.А.Киселев және т.б. қайталаманың грамматикалық және стилистикалық ерекшеліктеріне де көңіл бөлді [11,54].
Қазақ тіліндегі қайталамалар көне жазба ескерткіштерден бастап, бүгінгі күнге дейін өзінің жалғастығын тауып келеді. Халықтың мақал-мәтелдер, жұмбақтар ырғағы ұйқасы жағынан ешқандай өлеңдерден кем емес, тоқсан ауыз сөздің тобықтай үлгісі ұйқасын келтіріп тұрған – тек қана қайталама. [12,27].
Қазақ тіл ғылымында Қ.Өмірәлиев, З.Ахметов, З.Керімбаева еңбектерінде қазақ ауыз әдебиеті, сондай-ақ белгілі ақын шығармаларындағы қайталамаға тоқталып, олардың сан салалы тілдік ерекшеліктеріне талдау жасалынған [13,7].
Қ.Жұмалиев қайталаманы белгілі стилистикалық тәсіл ретінде қарастырмайды, ол қайталауды әр шумақ жолынан емес, бүкіл өлеңнен іздестіріп мысалдар келтірген [14,220].
Қайталама – жаңа грамматикалық форманың және мағынаның жасалуының негізі үшін қызмет етеді де, коммуникативті процестің құрылымдық және мазмұндық бүтіндігін жүзеге асырады. Ауыз әдебиеті үлгілері мен жазушы-ақын шығармаларының да ұйқас, ырғағы қайталама негізінде жасалады. Өз шығармасында қайталаманы қолданбаған қаламгер жоқ шығар. Зерттеушілер қайталаманы қос сөз түрінде, енді бір тобы сөздердің, сөз тіркестерінің қайталануы түрінде қарастырған.
Қайталама ауыз әдебиетінде келе жатқан құбылыс болғандықтан, түрлі дидактикалық сарындағы шешендік толғау өлеңдеріне тән бірден-бір ерекшелік болып табылады. Қазақ поэзиясында баяндауыштық қайталама терме-толғау өлеңдеріне тән. Ауыз әдебиетіндегі шешендік өнердің толғау, терме, т.б. түрлері өзінен кейінгі әдебиетке тигізетін әсері мол. Өлеңнің алғашқы жолдары бір сөзді бірнеше рет қайталау арқылы басталады. Мұның өзі қазақ поэзиясында ертеден келе жатқан құбылыс.
Бүгін менің құшағымда кім болды?
Бүгін менің құшағымда Гүл болды?
Бүгін маған алтын Күн еді,
Бүгін менің құшағымда Күн болды.
„Күн еді – өмір бойы күлді – дер ме? ”
Сөздердің қайталануы қазақ тілінде лексикалық және экспрессивтік стилистикалық мақсатта жұмсалады. Әрбір қайталамалардың мағынасы айтушыны не жазушының мақсатты бағытына, контексте және шығарманың жанрына байланысты. Олай болса, қайталамалардың табиғатын ашуда жеке автордың ролі зор. Стилистикалық тәсіл ретінде қолданылатын қайталамалар поэзия жанрында қолдануында жаңа қырын байқатады.
Тілге үлкен күш және көтеріңкілік беретін қайталамалардың халықтың поэтикалық тіліндегі мағыналық стилистикалық қызметін анықтауда Мағжан Жұмабаевтың поэтикалық тілін талдауымызға болады.
Ауыз әдебиетінің, сондай-ақ орыс-батыс әдебиетінің тамаша үлгілерінен сусындаған Мағжан қайталамалары жаңаша түр мен мазмұнға ие болды. Мағжанның әсем ырғақты әсерлі ұйқасқа құралған көркем сөз кестелеріне толы қайталамалары оқушысын селт еткізбей қоймайды.
Мағжан поэзиясындағы қайталамалар өлеңнің көркемдігін эмоциялық эстетикалық әсерлілігін арттыруға ықпал етіп, лирикалық туындының әдемілігін, мазмұндылығын күшейте түсу мақсатында жұмсалады.
Мағжан поэзиясындағы қайталамаларды оның шығармашылық өнеріне үңіле отырып мынадай топқа бөлеміз.
- Дыбыстық қайталамалар. Дыбыстық қайталамаларды В.А.Звегинцев поэтикалық тілде өте ертеден қолданылатын белгілі дыбыстық элементтерді қарастыру арқылы екшелеп көрсетуде шығармаға беретін эмоциялық мағынасын атап көрсету керектігін айтқан.
Мағжан поэзиясында әсем де әсерлі үйлесімдерге құрылып, оның дыбыстық қайталамалары арқылы өзіндік поэтикалық мәнерін айқындау үшін Мағжанның „Шолпы” өлеңін алайық. Осы өлеңде с дыбысы 26 рет қайталанып келіп әдемі әуезді поэтикалық дыбыстық әсерін күшейтіп тұр.
Тұманбай Молдағалиев жырларында да дыбыстық қайталама жиі кездеседі.
Сен түсіме кіресің күнде менің,
Саған деген махаббат , бұл дегенің.
Сен ән шырқа деген соң ән шырқадым,
Сен үндеме деген соң үндемедім.
Неаполь халқының әуендері
Көркем шығармада дауыс ырғағы арқылы жететін дыбыстық қайталама 2 түрлі тәсіл арқылы жасалады:
- Аллитерация – бірыңғай дауыссыз дыбыстарды қайталау.
„Неаполь халқының әуендері” өлеңіндегі шумақта жырдың өзгеше интонациямен айтылуы аллитерация арқылы әсерлі, әрі бейнелі. Бұның өзі дыбыстардың біркелкі дыбыстардан басталуы өлеңнің пішінін келтіріп, әдеби тілде ажарлау қызметінде жұмсалады.
- Ассонанс – бірыңғай дауысты дыбысты қайталау.
Алдамайтын арманым
Айтқаныңа сенемін.
Немесе
Алданба жүрегім, енді қайтып,
Арманға кезінде есік ашқан.
„Куә бол”
- Буындық қайталамалар да ақын шығармаларында кездесіп қалады. Бұл қайталаманың түрі көркем әдебиетте сирек ұшырасады. Сөйлемнің басындағы бірінші буын қайталанады да, қосымшалар өзгеріске ұшырап отырады.
… Жолда келе жатамын мен әйтеуір
Жолым тосқан сол сәулеме жете алмай.
„Қол ұстасып”
Бұдан алғашқы буын, алғашқы түбір сөз қайталанып келіп, қосымша өзгергенмен айтылатын ойға әуендік, әуездік сипат беріп тұр.
- Сөздік қайталамалар. Түбір сөзге түрлі грамматикалық аффикстердің жалғануы арқылы жасалады. Бұл қайталамалар бұрын-соңды белгілі қазақ ақындарында кездеспейді. Жаңылтпаш, түр, ұйқас ретінде танылады. Автор ойының белгілі түбір сөзге жалғанған аффикстер арқылы беруге бой ұрады. Бірнеше құбылыс іс-әрекетті салыстыру арқылы қайталанған сөзге әсер беріп, әуездік артып, тамаша стилистикалық өрнекке, әсем поэтикалық тәсілге құрылған морфологиялық форманың ерекшелігін танытатын қайталамалар кездеседі. А.Ысқақов: „Қазақ тілінде сөзді қайталау және қосарлау тәсілі – өзінше ерекшелігі мол құнарлы жүйе. Бұл жүйе бойынша сөзді қайталаудан я қосарлаудан белгілі мағыналар туады, сөздің неше алуан жаңа формалары жасалады, олардың мағыналары түрленеді, бірақ лексикалық түсінігі өзгермейді, яғни жаңа сөз тумайды, сөз тек қана грамматикаланады”, – деген [15,107]. Тұманбай Молдағалиев жырларында жеке сөздердің қайталануы жиі кездеседі.
Жеке сөздердің қайталануына мысал келтіре кетейік:
. . . Саған көзі түспесе екен ажалдың,
Саған көзі түспесе екен жауымның.
„К. . . . . ға”.
Немесе
. . . Ерлерге мына әншілер әнін арнасын,
Ерлерге мына ақындар жырын арнасын.
„Комбайнер досқа”.
Енді Мағжанның шеберлігін танытатын қайталамаларды қарастырайық:
Сөнеді шырақ Сөнемін.
Сөнеді – Ай
Мен де ұзамай өлемін.
Батады Ай
Батқан Ай мен, мен батам
…Тілін ұқсаң, жел жылар,
Жер жыламас
Жел жыламас, ел жылар.
„Альбомына …”, 146 бет.
Дәл осындай стилистикалық етістік категориясына негізделген қайталамалар бұрынғы дәстүрлі поэзияда сирек. Мағжан табиғат құбылысы мен адамның іс-әрекетін қатар алып, қайталамалар арқылы ойдың мазмұнын тиянақтайды. Бұның оқырманға әсері ерекше сезіліп тұрады.
- Тармақтық қайталамалар. Тармақтық қайталамалар өлеңнің әр жолында келеді де, белгілі мақсатқа құралып, оқырманның эмоциясына әсер етіп, поэтикалық тілдің көркемдігін арттырады. „Айдашы атты Сәрсенбай”, „Шолпы” өлеңдері соған дәлел. Тұманбай Молдағалиев шығармаларының ішінде „Қара теңіз дәптеріне” атты бөлімінде ақынның „Күндер мұнда жылдай боп өтер емес” деген өлеңі үш шумақтан тұрады. Әр шумақтың басындағы бірінші және соңғы өлең тармақтары қайталанып келіп отырады.
. . .Күндер мұнда жылдай боп өтер емес,
Қиял қайда ақынды жетелемес.
Өзім туған ауылымның ауасына,
Менің ғашық екенім бекер емес.
Күндер мұнда жылдай боп өтер емес,
Даусым елге алыста жетер емес .
Өзім туған тауыма, кең далама
Менің ғашық екенім бекер емес.
„Күндер мұнда жылдай боп өтер емес”.
- Шумақтық қайталамалар.
Қасірет батты жаныма,
Уға толды жас жүрек,
Орамалды жарыма
Бітемін қашан кестелеп?
„Орамал”, 62 бет.
М.Жұмабаевтың „Орамал” өлеңінде осы шумақ басында айтылып, орамалды кестелеу себебі лирикалық кейіпкердің ой-арманы, өкініш-мұңы түсіндіріліп болған соң, өлеңнің соңында осы шумақ тағы қайталанып оқырманның сезіміне үлкен әсер қалдыра қайталанып барып аяқталады. „Гүлсімге”, „От” өлеңдері де шумақтық қайталамаларға дәлел.
- Сөз тіркестерінің, сөйлемнің қайталануы. Қайталаудың мұндай түрін ғалым Д.Әлкебаева сөздік тіркестік және сөйлесімдік қайталамалар деп алған [16, 27].
„Жазушылар кейде тип бейне жасау үшін кейіпкердің бір сөзін, не сөйлемдерін көп қайталау арқылы оқушының көңілін аударады” – деп ғалым М.С.Серғалиев айтқандай [17,32], Тұманбай жырларының мазмұнын аша түсетін оқушының көңіліне тез қонатын қайталама түрлері көп, соның бірі – сөз тіркестерінің қайталануы жиі кездеседі, біз оны есімді сөз тіркесі, етістікті сөз тіркесі дейміз.
А) Есімді сөз тіркесі.
Миллион жанның арманын,
Миллион жанның ақылын,
Миллион жанның талғамын,
Өзіне жиған батырым.
„Алатау қызы”.
Есімді сөз тіркестерінен келетін қайталамаларға Мағжанның „Сен сұлу” өлеңі жатады.
Білем анық жанға жайлы май сұлу,
Жарқ-жұрқ еткен майда найзағай сұлу.
„Сен сұлу”, 113 бет.
Ә) Етістікті сөз тіркесі, басыңқы сыңар модаль сөз арқылы беріліп тұр.
Арманыңды сағынғанда гүл керек.
Құдіретіңе табынғанда гүл керек.
Жарың келіп қол алғанда гүл керек.
Туған жерге оралғанда гүл керек.
„Гүл керек”.
Етістікті сөз тіркестері де Мағжан поэзиясының стильдік мәнерін ашып, айтылған ойдың көтеріңкілік қуатын күшейте түседі.
Өлді сұлу – өтті жылдар,
Өлді сұлу – бітті жылдар.
„Гүлсімге”, 120 бет.
Мағжан поэзиясында қайталамалардың өзіндік ерекшелігі бар. Ақын не айтқысы келсе, сол ойын қарапайым жай сөйлемдерді қайталамалар арқылы білдіреді. „Пайғамбар” өлеңінде „қап-қара түн” деген жай сөйлемді бірнеше рет қайталап, қап-қара түннің бүкіл іс-оқиғасын құбылысты суреттеудегі мақсатына, белгілі жүйеге құраған. Осы бір жай сөйлем бірнеше қайталау арқылы бейнелік өлеңге айналып, өлең шумақтарының көркемдік қызметі әсерлі ұғынықты айқындалып тұр.
Қайталамаларды қолданудағы автордың мақсатын төмендегідей топтарға бөлеміз.
- Қайталамалар арқылы оқырман назарын ерекше, айрықша аударғысы келген құбылыс, зат, нәрсені анықтау мақсатында;
- Бірнеше мәртебе қайталап, ұқтырар сырды ұғымға қайта-қайта сіңіру үшін.
- Айтылар ойдың көркемдігін, әсерлілігін арттыру, эмоцияға әсер ету үшін;
- Белгілі нәрсені қабылдай отырып, санамалап көрсету үшін.
- Айтпақшы ойдағы негізгі сөздердің мағынасын келесі сөйлемде аша түсу ниетінде қайталанып сөз формасының ерекшеліктері келесі сөйлемде түсіндіріліп, дәлелденуі үшін.
- Бір сөйлемді қайталап бүкіл өлеңнің салмағын сол сөйлемнің төңірегінде көтеру мақсатында;
- Бір ой жалғастығын қайталамалар арқылы туатындығын анықтау мақсатында;
- Өзінің айтқан пікірін растау, мақұлдау мақсатында.
Ойды қорытындылау, тұжырымдау мақсатында ақын қайталамаларды белгілі ретпен өзіне ғана тән стилистикалық өрнекке құраған. Мағжанның поэтикалық әдемі тәсілдерінің бірі қайталамалар ақынның шеберлікке қуатты тіл қолданысына қарай түрленіп, құбылып алуан түрлі өрнекке негізделіп өзінің әдемі мәнерін тауып тұр.
З.Қабдолов „Сөз өнері” атты зерттеуінде қайталаманы төрт түрге бөледі: жай қайталама, еспе қайталама, әдепкі қайталама, кезекті қайталама [8,230].
Жиырма жаста көрмеген қызығымды,
Жиырма жаста үзбеген жүзімді,
Жиырма жаста жұлмаған гүлдерді
Бүгін көре алам ба, үзе алам ба,
Бақыттың дариясында жүзе алам ба?
„Жиырма жаста жетпеген арманыма . . .”
Мұнда ақын ерекше мән беріп баса назар аударып отырғаны, оқырманның назарын аударғысы келген сөз „жиырма”. Ақын әрине өзінің жастық шағын, соның ішінде дәл „жиырма” жасына оқырманның көңілін аудартып мән бергізу үшін осы сөзді қайталама қызметінде жұмсаған. Өлең бірнеше шумақтан тұрып жоғарыдағы мысалда үш тармақтың басында тұрғанымен басқа шумақтарда басқа да жерде орын алуы мүмкін.
Жан Әлия, ән – Әлия,
Әлия!
Арамызда біздің күнде бар иә.
Он жетіде отқа өртенген махаббат,
Бүгін халық құрметтейтін қария.
Тым ертерек өшкенімен арманы
Бұл Әлия елді жаудан қорғады.
Кеше ғана Әлиімнің
Әлиясы
Дәрігерлік дипломын қорғады.
„Әлия әпке”
Немесе
Боз киіктер өрген кезде,
Боз жусанды емген кезде.
Боз үйден сол аттандырып,
Боз ала таң келген кезде.
„Арман көріп Ақтоғайдан . . .”
Бұл әдепкі қайталама үлгісі өлеңнің соңғы жолдарына арнайы қайталанып отырады. Сондықтан өлеңге әуезділік күш түсіре отырып белгілі ырғақпен қайталанады.
Кезекті қайталама:
Көктемді сағындым ғой,
Өткенді сағындым ғой
Өзіңмен бірге жүрген
Көк белді сағындым ғой.
„Сағындым ғой”
Тұманбай поэзиясындағы қайталамалар өзіндік ерекшелігімен дараланады. Ақын не айтқысы келсе де сол ой-ниетін қарапайым сөздер, сөз тіркестері арқылы қайталама әдісімен әсерлендіре түседі. Өлеңдегі қайталамалар біріншіден бейнелік сипат алады, екіншіден әуенділік, әуезділік қасиетін күшейтеді. Ақын өзінің өлең жолдарында қайталаманың қай түрін қолданбасын оны өзінің тілдік қолдану жүйесіне қарай түрлендіріп отырады. Бұл түрлендіру қайталаманың тілдік қолданыстағы көркемдік-эстетикалық дәрежесін көтеріп тіл шұрайлығына қызмет етеді.
Айшықтаудың келесі бір түрі – арнау. Сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен құру, оқырманның сезімін күшейте түсу қызметінде жұмсалады. А.Байтұрсынов арнаудың 3 түріне тоқтаған: сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнау. Осы арнау түрлері қазақ тілінің негізгі үлгісіне айналды. Қ.Жұмалиев те өзінің зерттеу еңбектерінде арнаудың осы үш түріне тоқталған [23,6].
Тіл білімі мен әдебиет ғылымына ортақ бейнелегіш-көркемдегіш құрал бар, соның бірі – арнау. Арнауды таза тілдік тұрғыдан стильдік құрал ретінде қарастыру мүмкін емес. Біз көркем әдебиеттің деректеріне жүгінеміз.
Сонда да болса, арнау тіл ғылымында арнайы стилистикалық маңызы бар категория болып табылады. Сонда арнау дегеніміз – қаламгердің не өзіне, не біреуге, не өзін қоршаған ортаға, не көпшілікке қайырыла сөйлеуі, кеңесуі.
Ақын әр уақытта – халықтың көзі. Кейінгі ұрпаққа өзін-өзі таныту, сынау талабынан туған өлеңдері жалпы адам баласының өмірдегі өз орын анықтау мақсатынан туған.
Арнау оқырманның эмоциялық сезіміне әсер етіп, ақынның өзіне, өзгеге, жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы қалың қауыммен сөйлесуі, олармен қатысуы.
Мағжан жырларының арнауға құрылған өлең үлгісінің бірі деп мына өлеңді алсақ болады:
Анамыз бізді өсірген, қайран Орал!
Мойның бұр тұңғышыңа бермен Орал!
Қосылып батыр түрік балалары,
Таптатпа жолын кесіп тізгінге Орал.
”Орал тауы„ 56 бет.
Бұл ақынның жалпы еліне, ұлтына, қаны бір туыстас, бауырласқа жария айтқан арнауы.
Зарлай арнау өз елінің, ұрпағының мүшкіл халіне жаны ашып, айтуы дейміз. А.Байтұрсынов өзінің зерттеу еңбегінде Мағжанның:
Ойпырым-ай, алла жасаған!
Қысылды ғой шыбын жан.
Қуат кеміп барады,
Көл болды мынау аққан қан.
Тәңірі өзіңе жылайын.
„Жаралы жан”, 57 бет.
деген өлең жолдарын зарлай арнауға жатқызған [7,364].
Қинадың-ау, шыбын жан!
Тоқтамапты ыстық қан.
Зарлайсың ғой жетім боп,
Бесікте қалған балапан –
бұл шын мәніндегі аһ ұрып азаланған үн деп танимыз.
Мағжан поэзиясында сұрай арнаудың түрлері кездеседі де, ол ақынның өзіндік қолтаңбасын анықтап, мағынасы мен мазмұны, айтар ойы арқылы көркемдікке ие болған.
Сұрай арнаудың шешендік не риторикалық айшық деп аталынып, суреткер тілінде жаңаша әсершіл ойлы мағынаға ие болған.
Арнауда қойылған сұраққа автор жауап күтпесе де ол ешқандай жауапсыз-ақ түсінікті, яғни Мағжан тілінде ол өзіне-өзі есеп беру сияқты ұғыммен бағдарлас.
Осы айшық түрі – арнаудың шешендік үлгісі. Мағжан поэзиясының үлкен табысы. Бұл ақынның өз өмірінен, өз атынан баяндала отырып, бүкіл мақсат ниетін, ой-арманын, қуаныш-қасіретін танытатын тілдік ерекшелігі. „Жан сөзі” өлеңін талдап көрейік. Бұл өлеңде ақын жаны, сезім мұңы, қуанышы, мұрат, мақсатын түгел жариялап тұр. „Жан сөзі” өлеңінде:
Өмір – теңіз, жоқ оның түбі, шеті,
Сылқ-сылқ күлген сиқырлы толқын беті.
Осы өмірге кіргелі көп күн болды,
Енді бір ай толады жиырма жеті.
Мен туғалы ағарып, көп таң атты,
Қараңғылық жер бетін талай жапты.
Ес білгелі алыстым жүрекпенен,
Ырық бермеді қайғырды, ол не тапты?
Дариға, сол күндерде күнім қараң,
Қазақ елім, бір ауыз сөзім саған.
Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,
Кінәні жүрекке қой, қойма маған!
„Жан сөзі”, 166 бет.
Ақынның бұл Мағжан поэзиясында шешендік арнаудың мынадай нәзік иірімі, мағыналық қырлары бар.
- Өмірге, дүниеге келу мақсатының себебін анықтағысы келеді.
- Өмірге, дүниеге өкпе-наз артады.
- Өмірдің ауыр қасіретті шағын кіналайды.
- Қиыншылық сәттердегі шыдамдылығын көрсетеді.
- Өз көңілінің кеңдігін, дархандығын айтады.
- Тағдыр жазуын өз мойнымен көтеретіндігін, оның маңдайға жазған талап-тілектерін орындағанын айтқысы келеді.
- Өзіне ұнамды құбылыстарды сипаттайды.
- Өзіне ұнамсыз құбылыстарды сипаттайды.
- Өзінің өмірге ризашылығын, қуанышын танытқысы келеді.
- Көңіл-күйдегі жақсы нәрселерді оқиғаны мақтанышпен еске алғысы келеді.
- Өмірге, тіршілікке қанағаттанбаған сәттерін айтуға тырысады.
- Нәзік сезімді, махаббатты жырлайды.
- Өзінің жауапкершілікті сезінгенін айтқысы келеді.
- Алдағы мақсат-мұратын болжау, армандау ниетін айтқысы келеді.
- Кейінгі ұрпақтан өзін-өзі тану, сынау міндеттерін талап ету тұрғысынан айтылатын ой – бұл Мағжанның өзі, әрі лирикалық кейіпкерінің бүкіл жан-дүниесін танытуға арналған шешендік арнауы.
Арнауы ұрпағына үн қата отырып, өзін танытуы, өзінен кейінгі қазақ ақындарында өз қолтаңбасын қалдырды, атап, айтқанда Қ.Аманжоловтың „Өзім туралы” өлеңінің жазылуына себепкер болды.
„…Белгілі идеяны оқырмандарына қай жазушы қалай айтып береді, олардың ой-сезімдеріне қалай әсер етіп, көздеген негізгі нысандарына қандай шебірлік әдістерді пайдалану арқылы жетеді, міне, осы арадан келіп әр жазушының өзіне тән творчестволық ерекшеліктері, өз қолы, почеркі анықталады” – деп ғалым Қ.Жұмалиев айтқандай [18,13], әрбір қаламгердің өзіндік тіл ерекшелігін танытатын жиі қолданыстағы көркемдегіш тәсілдері болады. Сол сияқты Т.Молдағалиев жырларынан көркемдегіш амал-тәсілдердің сан алуан түрін кездестіруге болады. Ақын өз поэзиясында әрбір сөзді оқырман сезіміне терең әсер ететіндей құлпырта түрлендіруде асқан шеберлік танытады. Сондықтан да Т.Молдағалиев қолданысындағы фигуралардың ішінде ерекше көрінетін арнауға кеңірек тоқталуды жөн көрдік.
Осы орайда: „Мастерство – это есть умение наиболее выразительно, наиболее эмоционально, наиболее экономно и наиболее благозвучно донести до читателя то, что есть у писателя на душе” – деген орынды тұжырымды ойға ала отырып [19,41], Тұманбай өлеңдеріндегі сұрай арнаудың риторикалық айшық деп аталатын түріне тоқталайық.
Ғалым З.Қабдолов: „…арнауда қойылған сұрақтарға автор жауап күтпейді, өйткені олар ешқандай жауапсыз-ақ түсінікті, арнаудың өн бойында өзінен-өзі анықталып жатыр. Сұрай арнаудың мұндай түрлерін шешендік яғни риторикалық айшық деп атайды” – деп оның нақты анықтамасын берген [8,227]. Мұндай сұрай арнаудың риторикалық айшықты түрі негізінен поэзияда мол ұшырасатыны және оның тамырының әріден келе жатқаны белгілі. Ал прозада ол поэзиядағыдай өнімді емес, өйткені мұнда оқиға тартыс үстемдікке ие. Әрине, көптеген прозалық туындылардан авторлық баяндаулардан да, диалог пен монологтан да оны табуға болады. [20,154].
Мысалы:
Айтшы, Алатау, көпті көрген ақылдым!
Бағланың кім, ақының кім, батыр кім?
Дүниенің өрмегіне ілікпей,
Неге әлі мен төсегімде жатырмын?
Айтшы, Алатау – айналайын құдірет,
Бітпейтұғын қасиеті көп, нұры көп.
Тұманбай деп қол соға ма дүние,
Қол соға ма тым құрыса бір рет?
„Айтшы Алатау”
Ақын қандай нәрсені суреттесе де адамның жан-дүниесіне, сезіміне әсер беруді көздейді. Ақын арнау арқылы осы мақсатына жетіп отыр.
М.Әлімбаев өзінің Тұманбай туралы шерткен бір сырында: „Арнау өлең десе аза бойы қаза боп тұратын ағалар бар. Бұл неліктен? Жасық, желбауыз, жайдақ арнаулардың көбейіп кетуінен, қаракөл қозылардай бір-бірінен айырғысыздығынан. Арнау өлеңдерінің арнасы алыс ғасырлардан басталады. Тұманбай Молдағалиев арнау өлеңді аса көп жазған ақындардың бірі. Біріншіден, арнау өлеңдерді айшықты, ақылды жазған автордың өзімен бірлеспей-ақ, соның қайырымды жүрегінің жылуын алыстан сөзгендей боласың. Оның жанындағы жанасқан пендесінің қадір қасиетіне жеткенін аңғарасың. Екіншіден, соған бейтаныс адамның өлеңнен бейнесін, жақсылығын табасың” [21,225].
Тұманбай өлеңдерінде арнаудың үш түрі де кездеседі. Төмендегі өлеңде өлең жолдары сұраулы сөйлемге құрылған. Бұл сұрай арнаудың үлгісі.
Елу деген асқар тау ма, әлде биік төбе ме,
Нысанаға дәл қадалған әлде „Қызыл жебе ме?”
Елу деген елге ұл боп қайта туу ма,
Өртену ме, әлде оттай махаббатқа суу ма?!
Елу деген немене, аға қымбат па өзі, арзан ба,
Қазына ма тіршілікте таптырмайтын бар жанға,
Қаратаудың тереңінен қопарылып шыға сап,
Өзіңе даңқ ала келген әлде „Қара Маржан ба?!”
„Елу деген немене? Шерхан Мұртазаевқа”
Зарлай арнау негізінде адамның дүниедегі психологиялық ауыр халдерін суреттеуде қолданылады. Ауыз әдебиетінде жоқтаулар зарлай арнауға жатады. Өлең жолдары негізінен дауыс ырғағына құрылады.
Топтан озған торы аттай жайтаңдаған, бауырым,
Ағайынның көңілін қайтармаған, бауырым,
Өз берерін түгелдей бере алмаған, бауырым,
Айтар сөзін түгелдей айта алмаған, бауырым…
Көз жасының кеудеден ағылды да бұлағы,
Сүйген жары анасы, барлық досы жылады.
Айтып айтпай немене басылмай-ақ арыны,
Орта жолда оқ тиіп ақ боз тұлпар құлады…
Ал, бақыл бол бауырым көп жыламай отбасың,
Барлығына тірліктің шүкір ғылып тоқтасын.
Өмірімен өзінің елге жаққан жақсыны,
Өлең ғана іздесін, өлең ғана жоқтасын.
„Сырым інімді жоқтау”
Жарлай арнау:
Ақ шашты атадан қорқам,
Өзім де сондай болам-ау деп.
Мүрделі жотадан қорқам,
Мен де сонда қалам-ау деп,
Кім есіркер қартайсақ, – балам-ау, деп.
Шимай-шимай әжімнен қорқам,
Бетіме менің көшеді-ау деп,
Күлімдеген көзімнен қорқам,
Оның да оты өшеді-ау деп.
Заманым менің көшеді-ау деп.
Сықырлаған таяқтан қорқам,
Бір күні қолға алам-ау деп.
Тықылдаған сағаттан қорқам,
Бір күні тоқтап қалады-ау деп,
Уақыт зулап барады-ау деп.
Қырқадағы гүлдерден қорқам,
Күз келсе бәрі солады-ау деп.
Зулаған жүйрік күндерден қорқам,
Қанаты бір күн талады-ау деп.
Көтеремін баланы: – әу, деп
Лап етіп өшкен сезімнен қорқам,
Түбіме менің жетеді-ау деп.
Бәрінен де өзімнен қорқам,
Көп күнім бекер өтеді-ау деп.
Уақыт тастап кетеді-ау деп.
„Ақ шашты атадан қорқам…”
Жарлай арнауда өлеңдер қазақ тіліндегі барлық сөйлем түрінде құралады және барлық сөз табы толығымен қатысады.
Айшықтаудың бір түрі – шендестіру, бір-біріне кереғар құбылыстарды, мән-мағынасы әр тарап ұғымдарды түр түсі бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қарсы қойып, бұлардан басқа құбылыстардың, нәрсенің суретін кескін, кейпін анықтау.
З.Қабдолов шендестірудің қандай тілдік тәсіл екеніне былай анықтама берген: „Фигураның бір түрі – шендестіру, яғни антитеза бір ұғымның, нәрсенің суретін, кескін-кейпін басқа затпен анықтап аңғарту, ілестіру” [8,225].
Абай өлеңдерінде кездесетін шендестіру үлгісінде талай жырлаған Мағжан шендестіруді қолдануындағы табысы ойды құрсаулап, анықтап, даралап оқырман назарын аударғысы келген көркемдеу тәсілдеріне тілдік қызметін айрықша әсерлі көрсетуінде жатыр.
Кеудеде от, іште – жалын, көзде – жас,
Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас.
„Тұтқын”, 81 бет.
Шендестіру өлеңде көркемдік эстетикалық жағынан әсерлеп қана қоймайды, айтылған ойдың мазмұндылығын, мағынасын жан-жақты саралап ашады.
Өмір – өзен, үміт – шабақ ойнаған,
Мен – есалаң, мен – нәресте, үміт – от.
Жүз күйсе де қырмануын қоймаған –
бұл өлеңдегі шендестіру де Абайдың стиліне тән үш нәрсені, не үш түрлі өмір құбылыстарын бір-біріне елестетсе, Мағжанда осы қызметке шендестірудің түрлі қасиеттерін дамытқан.
Шашың қара, денең ақ бұлт, жүзің Ай,
Тісің меруерт, көзің сәулем құралай.
Ләззат, рахат, бақыт бәрі қойныңда,
Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай.
„Сүй жан сәулем” 110 бет.
Т.Молдағалиев жырларында шендестірудің тамаша үлгілері көптеп кездеседі.
Бақыт – қамал қарсыласты-ау алынбай,
Санаң – ойлы, жүрегің – жаз, жаның – бай.
Қайта маған жер таңдатса тағдырым,
Қайта сені таңдар едім жаңылмай.
„Қол ұстасып”
Немесе:
Білгендерге: ол – пайғамбар, ол – құдай,
Көңілі – көктем, көңілі – базар, көңілі – бай.
Ақынына тіл тигізген оңбайды,
Анасына тіл тигізген сорлайды.
„Алматыдағы Жамбыл ескерткішінің алдындағы ой”
Тойға келген әжең ұстаз тағы бір,
Көзі – көктем, жүрегі – от, жаны гүл.
„Сәлем, саған, болашақ”
Шендестіру өлеңінің көркемдік эстетикалық жағын әсірелеп қана қоймай, айтылмақшы ойдың мән-мағынасын жан-жақты саралап, ерекшелендіре түсіндіріп береді.
Жаратпайды білесің сезім суды,
Бір ағасың сөзің – өрт, сөзің – шулы.
Өмір – күрес болғанда, сол өмірге
Күлетін де жан керек өзің сынды
„Қалтай ағаға”
Фигураның келесі бір түрі – дамыту – өлеңде алдыңғы ойдан, соңғы ойды, алдыңғы оқиғадан соңғы оқиғаны күшейтіп айтуды атайды. Бұл – сонау ауыз әдебиетінен келе жатқан өмір құбылыстарын суреттеуде жиі қолданылатын поэтикалық тәсілдердің бірі. Дамыту әсіресе батырлар жырында аттардың жарысып шапқанын, батырлардың жекпе-жек шайқасқан жерлерін суреттеуде жиі қолданылады. Мағжан табиғат құбылыстары мен жаратылыс әлемінің болмысын суреттеуде Абайдан кейінгі шебер екені оның құдіретті жаратылыспен біте қайнасуы – қазақ поэзиясындағы жаңа кезең деп танимыз.
Мағжан поэзиясында сюжетті оқиғаға құрылған „Жазғы түнде” өлеңдерінде дамыту оқиғаның мақсатын ашуға жұмсалады. Адамның ізгі сезімін бірте-бірте ашу сарынында жұмсалып поэтикалық тілдің көркемдеу амал тәсілі Мағжан поэзиясында жиі кездеседі.
Құшып Мұса аяғын
Өлеңім – ізгі таяғым,
Көкшеге мен де шығамын,
Аяқ басып Арсыға,
Жүгіріп барып қарсына,
Тәңірінің тілін ұғамын.
„Көкшетау”, 150 бет.
Табиғат құбылыстарындағы өзгерістерді дамыту арқылы ақын оқырманға әсерлі де әсем сезімнің мағыналық қызметінде жұмсайды.
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқын мен толқын жарысад,
Күңіреніп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен,
Жарысып жарға жарысад.
Дамыту әдісімен өрілген өлең жолдары бірте-бірте баялап тоқтайды.
Сылдыр, сылдыр сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады,
Жарына бел береді,
Береді де өледі.
Өледі толқын өледі.
„Толқын” 151 бет.
Табиғат құбылыстарын адамның іс-әрекетіне теліп дамыту әдісін Мағжан түрлі бояулармен жанды суреттерге теңеп әдемі өрнектерге құрайды.
Дамыл алмай жылар қар,
Ақ шымылдық ашылар,
Сылқ-сылқ күліп сылдырлап,
Бірдеңе деп былдырлап,
Көрінгенге сүйінші
Сұрайтын жан баладай,
Асығып сулар жүгірер.
„Жазғытұрым” 36 бет
Зерттеушілер қарастырған дамытудың екі түрін Т.Молдағалиев поэзиясынан кездестіреміз. Бірі – түйдектету, екіншісі – баяулату. Дамытудың түрлі қызметін Тұманбай жырларын талдау арқылы көруге болады.
Жиырма жаста жетпеген арманыма,
Жиырма жаста бармаған тауларыма.
Бүгін жете алам ба, жүре алам ба,
Барша бақыт тілеймін бір адамға.
„Жиырма жаста жетпеген арманыма”
Немесе
Жалыныш па, өксік пе,
Сағыныш па, о, бұл не.
Тоймай қалған ақ сүтке
Әлде қозы – көңіл ме?
„Жалыныш па, өксік пе”
Т.Молдағалиевтің сюжетті оқиғаларға құралған өлеңдері дамыту тәсілінде жазылған. Сюжетті өлеңнен басқа да Тұманбай жырларынан әдемі мысалдар табуға болады.
Кетерміз, құлар көктен сұңқарымыз,
Сүрінер қатты шапқан тұлпарымыз.
Ең соңғы оралмайтын бір сапарға ,
Ұзатып салар біздің ұрпағымыз.
„Адам жолы”
Сонымен, ақындар қолданысында дамыту әдісі шынында да табиғаттың құбылыстарының жылдамдығына бағытталып әсерлі суреттерге енген.
Айшықтаудың тағы бір түрі – егіздеу, екі ұдайы нәрсені, құбылысты, ұғымды қатар қойып суреттеу. Қазақ ауыз әдебиетінде айшықтаудың бұл түрі Абайға дейін аса дамып жетілген жоқ. Өзіне дейінгі әдебиет үлгілеріне егіздеуді дамытып, сезім дүниесіне терең бойлаған оның тамаша үлгілерін дамытқан Абай еді. Айшықтаудың әдістері мен тәсілдері ауыз әдебиетінде батырлар жырында, махаббат өлеңдерінде жиі байқалады. Адамның сезімінде болатын әр қилы құбылыстар тікелей суреттеу әдісі – ұлы Абай қолданған тілдік тәсілдердің бірі болады.
- Мағжан егіздеу тәсілін табиғат құбылыстарымен салыстыра адам
өмірін бір бүтіндеп, жұптап суреттейді.
Жайнаған жаз көреді адам алдын,
Өткен күн – көңілсіз күз желді, салқын.
Қуаныш, қайғымемен қатар жүрмек,
Болмайды толық минут жүзі жарқын.
„Өмір”
- Табиғат құбылыстарымен жан-жануарлардың іс-әрекетін жұптай отырып, айтылған ойды егіздеу тәсілі арқылы адам эмоциясына әсер ету қызметінде жұмсалады.
Бұрқыратқан екпінді дауыл еді,
Сабап құйған жиіркеніш жауын еді.
Қорқып-сасып, жан-жануар есі шығып,
Бір-ақ іздеп баспана тауып еді.
- Адам сезімінің түрлі харакетін салыстырып қатар қою арқылы суреттеу.
Тұманбай Молдағалиев шығармаларында да егіздеу тәсілі көп қолданылған. Соның бірнеше түрінен мысал келтіріп өтейік.
Үлкеннің баласы, әйелі бар,
Бұдан бұрын белгісіз қайда еді олар.
Кішісінің жанары жанған оттай,
Үлкеннің көзінде әйнегі бар.
„Екі тұман”
Екі адамның сыртқы тұлғасын салыстыру арқылы олардың тіршіліктегі орнын анықтау үшін егіздеу тәсілін қолданған. Сондай-ақ өмірдегі адамдардың, өмірлік мақсаттардың әр түрлі дәрежедегі екендігін психологиялық параллелизм үлгісінде өте көркем бейнелеген.
Біреулер отыр табардай бақыт сайқалдан,
Уақытты ұтып, шарапты жұтып шайқалған.
Біреулер жүр ғой арманын мәңгі жоғалтып,
Іздеумен соны шықса деп шіркін қайта алдан.
„Біреулер бар-ау”
Ақын екі адамның көңіл-күйлерін салыстырып көрсету үшін де осы тәсілге жүгінген.
Махаббат тапқан жігіттің
Жүрегі ғана бар мұнда.
Ұлына деген әженің
Тілегі ғана бар мұнда.
„Алатау қызы”.
Адамның көңіл-күйін табиғаттың түрлі құбылысымен салыстыру арқылы суреттейді.
Қабағым – қату, жанарым – жасты, жабы бұлт.
Аспанды түгел алыпты басып жанығып.
Табиғат өзі көз жасын тұр ма тия алмай,
Қияда өлген қыршын жастарын сағынып.
„Дубасеков. Жаңбырлы күн”
Төпеші, жаңбыр, кәнекей, дүние, бұрышы,
Жетіп бір кел де Жеңістің әні, шырқашы.
Ағаларымды, әкемді мен де сағындым,
Оттан да ыстық көзімнен ұшты бір тамшы.
„Дубасеков. Жаңбырлы күн”.
Параллелизмнің жасалу жолдары адам сезімдерін, көзқарасын, ішкі-сыртқы тұлғалық қасиеттерін қатар қою арқылы табиғатты да түгел параллелизмдік жұптастыруға Тұманбайдың да шебер екендігін байқадық.
Айшықтаудың бір түрі – сөз орнын ауыстыру, яғни инверсия. Прозалық, поэзиялық шығармаларда сөздердің әдеттегі грамматикалық орналасу тәртібінен тыс орын ауыстырып айту, өзгеше тіркестер құру. Поэзиялық шығармалар көбінесе инверсияға құралады. Инверсия әдісін ғалымдар әр түрлі пікірде олардың қолдану мақсатына қарап түсіндіреді.
Казам-бек, П.М.Мелиоранский, Н.К.Дмитриев сияқты ғалымдардың түркі тілдеріндегі сөздердің белгілі бір тәртіппен орналасатындығын кез келген сөйлем мүшесіне айтушы не жазушы қалауы бойынша қозғай беруге болатындығын дәлелдеген [22,116].
П.М.Мелиоранский инверсиялық әдісті қаламгердің асығыстығынан, ұмытшақтығынан көреді. Н.К.Дмитриев „Инверсия является отображением особых логических и психологических условий под впечатлением которых говорящий, высказывает свою мысль. Прежде всего инверсия является средством усиление так называемого фразового ударения и логического акцента” [22,116].
Инверсия әдісін автор өз оқырманына қызғылықты да әсерлі жеткізу үшін белгілі сөз не сөз тіркесінің орнын ауыстырып қолданады.
Өлең шығармаларда ұйқастың, ырғақтың қажеттілігімен сөйлемдегі сөздер орын ауыстыруға бейім келеді. Инверсия құбылысынан ақын өз ойын оқырманына әсерлі жеткізумен қатар толқыныс, тебіреніс, қуаныш, өкініш сияқты сезімдерін баса көрсету мақсатында да жұмсайды.
Тілдің ғасырлар бойы жұмсала келе қалыптасқан синтаксистік құрылысында белгілі бір заңдылықтар мен жүйеліліктер болады. Сөздер сөйлемде қалай болса солай орналаспай, тілдің синтаксистік ерекшеліктеріне лайық белгілі бір тәртіппен орналасады. Сондықтан әрбір сөздің сөйлем мүшесінің сөйлемде қалыпты орнын өзгерту сөйлем мағынасын өзгертуге, түрлендіруге қызмет етеді. Сөздер сөйлемде белгілі бір орнында тұру арқылы синтаксистік байланысқа түседі. Сонымен қатар, олардың синтаксистік қызметі айқын сөйлем мүшелерінің қалыпты орнын өзгертіп айту инверсия жасау арқылы ондағы сөздің бірі болмаса біріне ой екпінін түсіріп айтуға болады. Сөйлем мүшелерінің орнын өзгерту инверсия жасау стильдік қызмет атқарады.
- Мағжан поэзиясында өлеңнің айтылған ойдың мағыналық қырының сан алуандығына қарай сөйлем мүшелері белгілі бір тәртіппен ажыралып, орнын өзгертіп отырады. Әдетте бастауыш сөйлемнің басында келеді.
Еңіретіп күн ғып сататын
Еріккенде ойнап жататын.
Болды да қалды бір хайуан.
„Әйел” 136 бет.
Осы мысалдағы соңғы сөйлем орын тәртібі арқылы дұрыс құрсақ, хайуан болып қалды болар еді де алдыңғы ойдың мазмұнын ашпайды, әрі ұйқас бұзылады. Көркемдігі нашарлайды. Автордың мақсатты ойы дұрыс аяқталмайды. Яғни оқырманға эмоциялық күш-қуат бере алмайды. Ал өлең жолындағыдай оқысақ, бастауыш басым әуенмен айтылады да, логикалық екпін қазақ тілінің заңы бойынша соңғы сөз бастауышқа түседі.
- Баяндауыштың сөйлемдегі орны тұрақты, баяндауыш сөйлемнің соңында тұруы керек. Ал Мағжан инверсия заңына сүйеніп баяндауышты алға шығарып жібереді. Өлеңді сөйлемдерде бұйрық рай, есімше тұлғалы етістіктер, есімдерден болған баяндауыштар сөйлемнің басында келеді. Бұл инверсия заңы көркем әдебиет тілінде бұрыннан бар, Мағжан поэзиясында да жиі қолданыс тапқан.
Қылсын мазақ, мейлі тағдыр ойнасын,
Жалмауыз жер мейлі жұтсын тоймасын.
„Бүгінгі күн өмір, өлім — менікі”
- Сөйлемнің басқа тұрлаусыз мүшелері толықтауыш болсын, анықтауыш болсын Мағжан поэзиясында да осындай белгілі бір мақсатқа жұмсалады.
„Ұмытты адам алласын” толықтауыштың орны өзгеріп, толықтауыш басым мағынада айтылып, ұйқас, ырғақ үшін оқырман көңілі логикалық екпінмен айтылған мүшеге ауып белгілі мақсатты инверсия құрады. Мағжан Жұмабаев инверсия әдісіне мынадай мақсат үшін сүйенеді.
- Ақын өз ойын, айтайын деген құбылыс оқиғаны белгілі суретке құрады, сонда ақын танымының шексіздігі, молдығынан бірінші ой екінші ой мен қабат келген сәттерде инверсияға сүйеніп сөздердің орнын ауыстырып жібереді.
- Ақын өзінің айтпақ ойын тереңдету үшін ойдың түрлі қатпарлары көрініс береді де, автор өзі сурет сала берген құбылыстың сырын, қырын түрлі бояу беру арқылы жеткізбек болғанда, инверсия әдісімен түрлендіріп жібереді.
- Мағжан поэзиясында өлеңнің 1,2, жолына, яғни тармағына қарағанда 3,4, тармақтарда инверсия жиі байқалады.
Сұм тағдырдың емес пе бұл мазағы,
Аз өмірде естен кетпес азабы.
Жатың түгіл жақыныңа жексұрын,
Болып өзі тілесін деп қазаны.
„Бүгінгі күн өмір, өлім — менікі”, 92 бет.
1,2 жолда ақынның айтпақ ойы дұрыс шешімін тапқанын 3,4 жолдарда ой қорытындыларын шашыратып алады да инверсия әдісіне сүйеніп ойын жинақы түрде береді.
- Мағжан көбіне өлеңнің 4 етістікті 1 орынға шығарып жібереді. Ой мақсатын оқырманға тез түсіндірмек болады. Оған қосалқы себептің салдарын жеткізу үшін инверсияға сүйенеді.
Құшағымда жан-тәнінен айрылып,
Өледі әйел, мен де бірге өлемін.
„Сырым”, 109 бет.
Мағжанның поэтикалық тілінде инверсия осылайша түрлі мақсатта қолданыс табады.
Фигураның бір түрі – сөз тастап кету, яғни эллипсис (грекше – түсіріп тастау, аттап айту) сөйлем ішінде немесе өлең шумағында атап айтпаса да түсінікті кейбір сөздері әдейі жазбай тастап кету [8,235].
Эллипсис кейде адамның психологиялық сезімін, ауыр көңіл күйін, ұғымдарын, психологиялық өзгерістерін аңғарту үшін де жұмсалады. Адам көңіліндегі құбылмалы қиялын, сөз алуан толқыныстағы ойын, күйініш- сүйінішінің эллипсис арқылы ұқтыруға болады.
Мұндай сөз тастап кету прозалық шығармаларда сирек қолданылатыны байқалады. Тұманбай жырларында эллипсис сирек те болса қолданыс тапқан.
Сондықтан бірнеше мысалды келтіруді жөн көрдік.
Үнсіздік. . . Терең ойлау арман қуып
Талайды кетесің- ау алдандырып.
Сәуле боп шіркін қыздар кей-кейде бір,
Шақырып тұрасыңдар алдан күтіп.
„Мазасыз махаббат”
Үнсіз ғой . . . анашымның тілі бар-да,
Бір тағдыр көрген екен бүкіл алды.
Сол кезде Мұқаш ағам қуып жетіп,
Атына жерден мені іліп алды.
„Бір арба”
Немесе
Жанбыз ғой жарқын көңіл, біз ақ Еділ,
Бақытты аз, азабы көп, тұзы жеңіл
Жалғыздың жалғыздарға тілейтіні,
Тек өмір „Өмір ғана”. . .ұзақ өмір.
„Өмір жайлы”
Т.Молдағалиевтің осы бір өлең жолдарында әр ойдың арасында жеке сөз емес, үлкен өмір шындығы қалып қоғандай. Атап айтқанда, қыз мінезінің сан құбылысын, жігіт жүрегінің жаулаушысы екенін ашып айтпай отыр. Сол сияқты ана тағдырындағы қиын кезеңді де анық айтпаған.
Сонымен, суреткер қандай нәрсені суреттесе де адамның сезіміне, жан-дүниесіне әсер етуді көздейді. Әдеби тілдің әсемдігі үшін қолданылатын айшықтау түрлері түрлі стилистикалық қызмет атқарады. Осы тарауда шығарманың әсерлілігін күшейтуде стилистикалық фигуралардың атқаратын қызметтері жан-жақты талданды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Стилистика тілдің көркемдегіш амал тәсілдерін, тілдің жұмсалу аясының түрлі қоғамдық салаларда қолдануын, қатысымдық әрекетінің функциясын зерттейді. Стилистика сөйлеу, коммуникация процесіндегі тілді пайдаланудың заңдылықтарын, түрлі қоғамдық салаларда тілдік амал-тәсілдер мен стилистикалық мүмкіндіктер арқылы коммуникативті-прагматикалық, эстетикалық қызметті қарастырады. Стилистика көптеген ғылыми-практикалық мәселелерді қамтиды. Ол тілдегі стилистикалық амал-тәсілдерді ғана қарастырмайды, стилистикалық мүмкіндіктердің барлық базасын қамтуды көздейді, сондай-ақ ұлттық әдеби тілдің нормасын сақтап, стилистикалық норманы қалыптастырады.
Стиль түзуші фактор ретінде стилистикалық фигуралар функционалдық стильдердің барлығында бірдей қолданыла бермейді. Бітіру жұмысында стилистикалық фигуралардың көркем әдебиет стиліндегі стилистикалық қызметін жан-жақты қарастырдық.
Ұлт тілінде көркем әдебиет тілінің алатын орны ерекше. Көркем әдебиет тілінде сол тілдің барлық байлығы еркін қолданылады. Көркем әдебиет стилі – стилистикада әдеби шығарманың көркемдік формасын құрайтын ерекше стиль түрі.
Көркем әдеби стилі жалпы әдеби тілдің ұлттық нормаларына, көркем сөздің нормаларына иек артады. Жалпы халықтық тілден, ауызша әдеби тілден, ауызекі сөйлеу тілінен, ұлттық әдеби тілден негізі қаланған көркем әдебиет стилі көркемдік, құрылымдық, эстетикалық өрісін беруде өзгеше стильдік мәнер түзе алады.
Стилистиканың бағытының бірі – безендіруші стилистика тәсілі стилистикалық фигуралар тілді айшықтауда үлкен қызмет атқарады. Яғни сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен, айрықша айшықпен құру арқылы сөздерге ерекше екпін, леп, тыныс беру, сөйтіп, олардың оқырманға, тыңдаушыға әсерін күшейтуде стилистикалық фигуралардың ролі ерекше. Фигураның түрлері: арнау, қайталау, шендестіру (антитеза), дамыту (градация), ауыстыру (инверсия), эллипсис, егіздеу (параллелизм).
Арнау – ақынның өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, көпшілікке қайырыла сөйлеуі, олармен іштей кеңесуі. Арнау арқылы ақын-жазушылар мынадай стилистикалық мақсаттарды іске асырады: өмірге, дүниеге келу мақсатының себебін анықтайды, өмірге, дүниеге өкпе-наз артады, өз көңілінің кеңдігін, дархандығын айтады, өзінің өмірге ризашылығын, қуанышын танытқысы келеді, өмірге, тіршілікке қанағаттанбаған сәттерін айтуға тырысады, алдағы мақсат-мұратын болжау, армандау ниетін айтқысы келеді.
Айшықтаудың тағы бір түрі – қайталау арқылы сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түседі. Қайталамаларды қолдануда автор мынадай мақсаттарды көздейді: қайталамалар арқылы оқырман назарын ерекше, айрықша аударғысы келген құбылыс, зат, нәрсені анықтау мақсатында; бірнеше мәртебе қайталап, ұқтырар сырды ұғымға қайта-қайта сіңіру үшін; айтылар ойдың көркемдігін, әсерлілігін арттыру, эмоцияға әсер ету үшін; белгілі нәрсені қабылдай отырып, санамалап көрсету үшін, айтпақшы ойдағы негізгі сөздердің мағынасын келесі сөйлемде аша түсу ниетінде қайталанып сөз формасының ерекшеліктері келесі сөйлемде түсіндіріліп, дәлелденуі үшін; бір сөйлемді қайталап бүкіл өлеңнің салмағын сол сөйлемнің төңірегінде көтеру мақсатында; өзінің айтқан пікірін растау, мақұлдау мақсатында.
Шендестіру арқылы бір-біріне кереғар құбылыстарды, мән-мағынасы әр тарап ұғымдарды, түр-түсі әр бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қою арқылы бұлардан мүлде басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суретін, сыр-сипатын, кескін-кейпін анықтайды. Шендестіру өлеңнің көркемдік эстетикалық жағын әсірелеп қана қоймай, айтылмақшы ойдың мән-мағынасын жан-жақты саралап, ерекшелендіре түсіндіреді.
Фигураның келесі бір түрі – сөз орнын ауыстыру, яғни инверсия прозалық, әсіресе поэзиялық шығармаларда сөздердің әдеттегі грамматикалық түзілу тәртібінен тыс, орындарын ауыстырып, өзгеше тіркестер құру үшін қолданылады. Ақын өз ойын, айтайын деген құбылыс оқиғаны белгілі суретке құрады, сонда ақын танымының шексіздігі, молдығынан бірінші ой екінші ой мен қабат келген сәттерде инверсияға сүйеніп сөздердің орнын ауыстырып жібереді.
Фигураның бір түрі – сөз тастап кету, яғни эллипсистің стилистикалық қызметіне тоқталсақ, эллипсис сөйлем ішінде немесе өлең шумағында атап айтпаса да түсінікті кейбір сөздерді әдейі жазбай тастап кету болып табылады. Эллипсис кейде адамның психологиялық сезімін, ауыр көңіл күйін, ұғымдарын, психологиялық өзгерістерін аңғарту үшін де жұмсалады. Адам көңіліндегі құбылмалы қиялын, сөз алуан толқыныстағы ойын, күйініш- сүйінішін эллипсис арқылы ұқтыруға болады.
Фигураның тағы бір түрі – егіздеу, яғни параллелизм – екі ұдай нәрсені, құбылысты, ұғымды, сезімді қатар қойып, жұптап суреттеу. Егіздеу тәсілі арқылы табиғат құбылыстарымен жан-жануарлардың іс-әрекетін жұптай отырып, айтылған ойды адам эмоциясына күшті әсермен жеткізу қызметінде жұмсалады. Адам сезімінің түрлі харакетін салыстырып қатар қою арқылы суреттеуде қызмет атқарады.
Қорыта айтқанда, стилистикалық фигуралар көркем шығарманы оқырманға әсерлі жеткізуде ерекше қызмет атқарады. Әр жазушы, не ақынның шығармашылығындағы стиль түзуші фактор есебінде де үлкен рөл атқарады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Әлкебаева Д. Қазақ тілінің прагмастилистикасы. – Алматы: Зият-Пресс, 2007. – 244 бет.
- Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манаспаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. – Алматы: Мектеп, 1974. – 128 бет
- Виноградов В.В. О языке художественной литературы. – Москва: Худ. литература, 1959 – 159 бет.
- Винокур Г.О. О задачах истории языка. // Избранные работы по русскому языку. – Москва: Учпедгиз, 1959 – 225 бет.
- Серғалиев М. Синтаксис және стилистика. – Алматы: Қазақ университеті, 1997 – 122 бет.
- Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктері. – Алматы: Мектеп, 1977 – 96 бет.
- Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы, 1991 – 270 бет.
- Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992- 301 бет.
- Ломоносов М.В. Краткое руководство к риторике. // ППС Т7. Москва-Ленинград, 1952 – 109 бет.
- Рубайло А.П. Художественное средство языка. – Москва, 1961 – 56 бет.
- Кисилев Е.И. Лексическое повторение как грамматические средства речевого языка. – Москва, 1954 – 210 бет.
- Досжанова Р.А. Көркем шығармадағы лексика-семантикалық қайталамалар. – Алматы, 1997 – 83 бет.
- Керімбаева А. Қазақ ертегілері тілінде етістікті қолдану. // Изв. АН КазССР Филология серися, 1988 – 130 бет, № 3.
- Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. – Алматы, 1992 – 52 бет.
- Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1991 – 33 бет.
- Әлкебаева Д. Мағжан поэзиясының тілдік ерекшеліктері. Филол. ғыл. кан. дис – Алматы, 1993 – 142 бет.
- Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. – Алматы, 1995 -65 бет.
- Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы, 1964 – 126 бет.
- Инбер В. Вдохновение и мастерство. – Москва, 1961 – 113с.
- Ғұбайдуллин С. Әбіш Кекілбаев прозасының тілі. Филол. ғыл. канд. дис дәр. алу үшін дайын. дисс. – Алматы, 1995 – 136 бет.
- Әлімбаев М. Толқыннан толқын туады. – Алматы, 1992 – 285 бет.
- Винокур Г.О. О некоторых синтаксических особенностях диалектической речи // Исследование по грамматике. Москва, Изв. АН СССР, 1955 -92 с.
- Шалабаев Б. Көркем проза тілі. – Алматы: Білім, 1994 125 бет.
- Дмитриев Н.К. Грамматика кумыского языка. – М-Л, 1940 – 77 с.
- Жұмабаев М. Шығармалар. 3 томдық. Т 1. – Алматы: Білім, 1995 – 208 бет.
- Гальперин И.Р. Проблемы лингостилистики. Новое в зарубежной лингвистике. Вып. ІХ. Лингвостилистика. – Москва: Прогресс, 1980 – 96с.
- Серғалиев М. Лингвистикалық стилистиканың түрлері мен бағыттары // ҚазМУ Хабаршысы. Филология сериясы. 1999 – 169 бет, № 31.
- Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілі мәдениеті. – Алматы, Мектеп, 1995.
- Ефимов А.И. Стилистика русского языка. – Москва: Наука, 1969 – 201с.
- Кожина М.Н. Стилистика русского языка. – Москва: Просвещение, 1983 – 89 с.
- Солганик Г. Стилистика текста. – Москва: Флинта-Наука, 1997 – 123 с.
- Шмелев Н.Д. Функциональная-стилистическая дифференциация языковых средств // Грамматическое исследования: Функционально-стилистический аспект. – Москва, 1989 – 57 с.
- Петрицев Е.Ф. Стилистически окрашенная лексика русского языка. – Москва: Наука, 1984 -304 с.
- Сыздықова Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. – Астана: Елорда, 2001 – 78 бет.
- Виноградов В.В. Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. – Москва: Наука, 1963 – 86с.