АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Түркештің түркі әлеміндегі тарихи мен Қытаймен, Арабтармен қатынасы

МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ

 

І.ТАРАУ. ТҮРКЕШТІҢ  ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ ТАРИХИ ОРНЫ

1.1. Түркеш қағанатының құрылу тарихы

1.2. Түркештің этникалық территориялық бөліністері

 

ІІ.ТАРАУ. ТҮРКЕШТІҢ ҚЫТАЙМЕН, АРАБТАРМЕН ҚАТЫНАСЫ

2.1. Түркеш тарихындағы Атлах шайқасының рөлі

2.2. Түркеш қағанатында исламның таралуы

 

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН СІЛТЕМЕЛЕР ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ

 

 

Кіріспе

 

Түркеш  қағанатының тарихы әлі  де жүйелі түрде зерттеле қойған жоқ. Кезінде академик Әлкей  Марғұлан мен Мұсатай  Ақынжанов бастаған атақты  ғалымдардың көз майын тауысып, зерделеуге үңіле түскен қадамдары өз жалғасын таба қоймады. Өткен ғасырдың 80-жылдарыңда Қытайдағы Нығмет Мыңжан, Жақып Мырзахан бастаған қазақ тарихшылары түркештер туралы көлемді зерттеулер жүргізіп, қазақ халқын құраған ру-ұлыстарға ұйытқы болған алғашқы, дербес этностық одақ ретінде қарастыра бастады. Орыс тарихшыларынан алғашқылардың бірі болып Л.Н.Гумилев түркештер туралы жан-жақтылы мағлұмат жинақтап, талай жаңалықтардың бетін ашты. Ал, қытай тарихшылары Лин Ган мен Шуе Зұң Жың қатарлылар соңғы жиырма жылда көктүріктер мен түркештер жөнінде өте қызғылықты тың  деректер берді.

Жоғарыда аты аталған шетелдік және отандық авторлардың зерттеу еңбектері негізінен Қытайдың «Таңнама» (Көне және жаңа таңнама).»Таң Хуей Яу». «Сы Фу Иуан Гуй», «Зы Жы Тұң жияы», «Тұң дян» сияқты жылнамалары мен орда хаттамаларынан алынған үзінділерге сүйене жазылғаны белгілі. Осынау аса бағалы тарихи жазбаларда бәрі бірдей еш қатесіз және түпкі ақиқат емес болатын. Ұлы хандық шовинизммен бұрмаланған, қара дүрсін әскери рапорттар тілімен жазылғандары да жиі кездеседі. Ал, орыс зерттеушілері болса, оның парқына бармай-ақ сөзбе-сөз аударып, еуроцентристік астамшылықпен талдауға бой алдырған тұстары да жоқ емес еді.

Түрік тарихын, сол қатарлы  түркештер тарихын да дұрыс зерттеу үшін Орхон-Енисей сына тас жазуларымен салыстыра қарастырудың мөні зор. Онда да бірер аудармамен шектелмей, өр тілдердегі аудармаларын  салыстыра қараудың маңыздылығын баса айтқымыз келеді. Біз Көшесайдамдағы тас жазулардың тұп-нұсқа мәтінін қазақша (Ғ.Айдаров, М.Жолдасбеков), орысша (В.В.Радлов, С.Е.Малов, С.Кляшторный), түрікше (Талат Текин), қытайша (Гең Шемин) аударма нұсқаларымен салыстыра қарағанымызда көптеген ұқсамаған, тіпті бұрмаланған жағдайларға кез болдық.

Кейінгі ізденістерге сүйене отырып,  Түркеш қағаны үлкен ордасын Суяб қаласына алғаш көшіріп апарған 692 жылы ресми құрылған деген түйінге тоқтадым. Ал, тарихшы М.Ақынжанов «Түркеш ұлыстарының одағы Батыс Түрік қағанатынан 689 жылы бөлініп шықты. Жетісу бойына келіп орналасты. Жергілікті жердің халқымен (үйсінмен) қосылып, 704 жылы өз алдына жеке — Батыс Түрік қағанатынан тәуелсіз аймақ (мемлекет) жасады», — деп жазыпты.  Тарихтан белгілі болғанындай, 630 жылдан былай қарай батыс түрік жерін қытайшыл (тәбғаш хандар) қуыршақ қағандар биледі. «Күлтегін» (үлкен жазуда) ашына жазғанындай, «Түркі бектер түркі атын жоғалтып, тәбғаш бектердің төбғаш атын тұтынып, тәбғаш қағанына бағынды. Елу жыл ісін, күшін берді». Ақырында 679 жылы Құтлұқ бастаған Таң империясына қарсы ұлт-азаттық көтеріліс нәтижесінде 682 жылы Шығыс Түрік қағанаты қайта қалпына келді. Ал, Батыс Түрік елін қытайшыл қуыршақ қағандар билігінен құтқару күресін Баға тархан Өжелі бастаған түркештер жүргізе бастады. 690-691 жылдары  қуыршақ қаған Асана Құсырау Бөрі ордасы болған Суябты 691 жылы шығыс түріктер әскері басып алған еді. Іле алқабындағы Қойлық (Гуң Ие) қаласын орталық еткен түркештердің Өжелісі Құсырау Бөріні одан әрі тықсыра түсті. Екі жақты қудалауға ұшыраған Құсырау Бөрі бас сауғалап Таң ордасына қарай қашуға мәжбүр болды. Міне, осыдан бастап, Батыс Түрік қағанатына қарасты ел мен жер Баға тархан Өжелінің басқаруына өте бастады. 692 жылдың басында Өжелі мен Шығыс Түрік әскерінің қолбасшысы Ашиде Июань Жен Туяб қаласы үшін соғысқа кіріседі. Осы кезде Өжеліге Таң генералы Уаң Шяу Жие көмекке келеді. Ашиде Июань Жен осы соғыста жараланып шегінеді де Өтукенге барып қайтыс болады.

Батыс-Түрік қағандығы болсын, Түркеш қағандығы болсын оған қарасты халық «он оқ бұдұн» немесе «он жебе халқы» деп аталғанымен, қағандық құрамында одан басқа да үлкен-кіші рулар аз емес еді. Тарихшы Лин Ган «Ту жуе шы» атты еңбегінде жоғарыдағы он тайпаға тағы да 11 тайпа атын қоса тіркегені белгілі:

Түркеш-Суо Го-мұхы ұлысы. Іле өзенінің орта ағысында; Қарлық-мұрын (Муло) ұлысы. Зайсанның шығысы мен Ертістің түстігінде; Қарлық-Чи еркін ұлысы. Мұрындардың шығыс оңтүстігінде; Қарлық-тасты ұлысы. Мұрындардың батыс оңтүстігінде; Яғма ұлысы; Мұкы Тархан (Мохэ Даган) ұлысы; Ду можы (тушы) ұлысы; Чу ми ұлысы; Чу йо ұлысы Үрімжінің батыс оңтүстігінде; Шато ұлысы Баркөлдің шығысында және Касо ұлысы Каспий теңізі маңында.

699—704 жылдары түркештердің қолбасшысы Үш-Елік (Уч-Элиг) Батыс қағандықта орын тепкен басқа түркі тайпаларын Қытайға ығыстырып, Хосрау Бөрі шадты жеңіп, Шаш (Ташкент) пен Турфан және Бешбалыққа дейін өз билігін орнатты.

Түркеш атауының төркінінің араб тарихшысы Әл-Идириси «Нағыз түрік, шын түрік» деген мағынамен түсіндіреді.         

Қытай және қазақ тарихшылары түркешті «сары үйсін» деп жазып жүр. Сондай-ақ Түркеш қағанатын бүгінгі Қазақстан аумағында қазақ ру-ұлыстары құрған тұңғыш дербес қазақ мемлекеті ретінде қарастыру керек деген ұсыныс айтады. Белгілі тарихшы   Нығмет Мыңжан одан әрі нақтылап: «Түркештер Батыс Түрік қағанатындағы Бес арыс ел Дулаттың белді тайпасы. Дулаттар ежелгі үйсін күнбиі Елжаудың ортаншы ұлы Дулының (Долоның) үлесіне тиген он мың үйден өрбіген, Дулы — Дұғлы ұлысы дегеннен Дулат              —  Дұғлат атанған. Демек, Дулаттар ежелгі үйсін    Дулы ұлысының ұрпағы… Дулат ұлысы заманындағы бұрынғы ғасырлардағы  үйсін заманынан-ақ Іле өзені өңірін мекендеген» — деп жазады.

Ал, кешегі кеңестік дәуір тарихшылары Л.Гумилевтен бастап: «Түркеш халқы екі тайпадан — мұқылар мен абарлардан пайда болған. VII ғасырдың өзінде-ақ түркеш тұқымы сарыларға (мұқылар ұрпағы) және қараларға (абарлар ұрпағы) бөлінді» — деп қысқа қайырып келді.

Су Бейхай бастаған қытай тарихшылары түрік-қазақ арасына қорған соға «…зерттеушілер Түркеш қағандығын Батыс Түрік қағандығы аясында қарастырып жүр. Бұл тарихқа сай келмейді. Өйткені, түркештер қазақ ұлтына тән тайпаларға жатады. Солар құрған қағандық… түріктер құрғақ қағандық емес», — деп бұра тартады.

Соңғы кезде жоғарыдағы көзқарастарды бүтіндей терістейтін қырғыз тарихшысы Нусуповтың ой-пікірі көрініс бере бастады. Яғни, тұтас төркіні бір қырғыздан өрбітуге орынды-орынсыз килігу ындыны асқынып келе жатқандай. Бұған дейінгі ұйғыршылдық пен өзбекшілдік желігі дем беріп, қанын қоздырып жіберген сияқты.

Егер тарихты ғылым деп мойындар болсақ, ғылыммен айналысатын  адамдар  тар жершілдік пен   ұлттық оқшауланудан биік тұрғаны жөн болар.

708 жылғы Күшеге (қала аты) қарсы даярланған жорықты бір кезде Үш-Елік іске асыруды ойлаған еді. Оның мақсаты — Тань империясын Жетісуға шабуыл жасаудан мүлде үміт үздіріп, қытайлық басшыларын бағындырып алу еді. Ашық даладағы ұрыс барысында қытайлар бас көтере алмастай талқандалып, Аньси басшысы (Күше басшысы) Ню Шицзян қаза тапты. Онымен бірге көптеген әскери қолбасшылары опат болды. Күше гарнизонының қалдықтары өз қорғаныстарында жан тасалады, Сөйтіп түркештердің оңтүстік жағында біраз уақыт тыныштық орнады. Бірақ көп ұзамай Согәнің кіші інісі Чжэн ағасына қарсы жорыққа шығып, шығысындағы көршісі Қапаған қағаннан күш-көмек беруді өтінді. Ал Сого қытайларды жақтап, інісіне қарсы соғысу үшін олардан көмек сұрады. Қытай деректері бойынша Шығыс Түркі қағаны Мочжо (Қапаған) Согә мен Чжэнді қатарынан тұтқынға алды да, екеуін де өлтіруге бұйрық берді. Әрі оларға айтқаны «Сендер бірге туған ағайындысыңдар, екеуің келісіп іс-қимыл жасай алмадыңдар, сендердің маған шын берілгендіктеріңе сене аламын ба?!»—деп, өлтірді деп жазып келдік.

Және Согәнің орнына Түркештің шеп тайпасының көсемі Сұлуды жалпы түркеш елінің қағаны деп жариялады. Түркеш қағаны Сұлу мемлекет басына келісімен аса күрделі геосаясат жүргізуге мәжбүр болды. Жас қағандық шығыс-солтүстікте күн сайын күшейіп келе жатқан Шығыс Түрік қағанатымен, шығыста Таң империясымен, оңтүстікте Таң империясының өзіне қауіп төндіріп тұрған қуатты тибеттіктермен, батыс-оңтүстікте Мәуреннахрға ішкерілей кіріп келе жатқан араб халифатымен, сондай-ақ осынау мазасыз көршілері арасында біресе оған, біресе бұған бағыныштылығын білдіріп, жалтақтап отыратын, сенімсіз соғдылармен де байланыста болуға, икемді дипломатия жүргізуге тура келді. Түркештер өз елінің тәуелсіздігі мен бостандығын сақтап қалу жолында Таң империясымен уақытша одақтасып, басқа көршілеріне қыр көрсету бағытын ұстанамын деп 711 жылға келгенде Шығыс Түрік қағанатының тегеурінді соққысына ұшырап, қағанынан да, елдігінен де айрылды да, 715 жылға дейін бұлғақ кезеңді басынан өткізуге мәжбүр болды.

Күні бүгінге дейін тарихи жазбалар мен зерттеу еңбектерінде ешбір анықтама, түсініктемесіз сілтеме жасалып келген оқиғаның бірі Түркеш қағаны Сақал (Согә) мен оның інісі Женудің (Чжом) өліміне қатысты жаңсақтық еді.

«Көне Таңнаманың» 194-ші орамында «Сақалдың інісі Жену өз үлесіне тиген елдің аз болғанына ызаланып, Бөгі (Білге) қағанға қашып барады да, оның әскерін бастап келіп, ағасынан өш алмақ болады. Бірақ, Бөгі (Білге) қаған оны ордасында қалдырып, өзі 20 мың қолмен Сақалға шабуыл жасайды. Оны тұтқындап әкетеді. Білге Бөгі қаған Женуге былай дейді: Сен ағаңмен рақайласып шығыспағанда, маған қалай адал бола алмақсың? Сөйтіп екеуінің де басын кестіреді», деп жазылған. «Жаңа Таңнаманың» 215-ші орамында бұл жолдар онша өзгеріссіз қайталанады. Сөйтіп одан кейінгі тарихнамалар мен тарихшылардың зерттеулерінде бірінші Түркеш қағанатының жойылуы және ағайынды Сақал мен Женудің тақ пен бақ үшін ешнәрседен де тайынбайтын оңбағандықтарын әшкерелеу үшін де бұл материал онды-солды қолданыла берді. Қазақ тарихшылары да осы сүрлеуге түсіп кетті.

Ал тарихи шындық қандай болған еді? «Күлтегін» (үлкен жазуда) «Түркеш қағаны түркіміз, өз халқымнан еді. Білместігі үшін, бізге жауыздығы үшін қағаны өлді, әміршілері, бектері және өлді, он оқ халқы азап көрді», — деп жазылған. Ал, «Тоныкөк» ескерткішінде жарыс даласында түркештер оныкөк әскеріне қарсы «…Өртше жанып келді, соғыстық. Бізден екі-үш есеартық еді. Тәңірі жарылқағандықтан, көп деп біз қорықпадық. Соғыстық… еңдік. Қағанын тұтқындадық. Жабғысын, Шадын сонда   өлтірдік» ,-деп анық жазылған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І.ТАРАУ. ТҮРКЕШТІҢ  ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ ТАРИХИ ОРНЫ

 

                 1.1. Түркеш қағанатының құрылу тарихы

 

VIII ғасырдың басында әйгілі Батыс Түрік қағанаты біржола құлайды. Батыс Түрік қағанатына қарасты ұлан-байтақ жер, оны мекендеген «он оқ халқы» жаңа қағандық — Түркеш қағанаты иелігіне өтеді.

Түркеш қағанаты — негізінен, Жетісу мен Еренқабырғаны мекендеген ежелгі үйсін, дулат тайпалары мен басқа да түркі тайпаларының басын біріктірген бес дулаттың белді тайпасы — түркештер құрған ежелгі феодалдық мемлекет. Түркеш қағандығы қай жылы құрылды, оның этникалық  құрамы мен этно территориясы қандай болған еді деген сұраққа тарихшылар әр түрлі Пікірлер мен болжамдар айтып келеді.

Түркештер жөніндегі ең алғашқы жазба мәліметті әйгілі қытай тарихшысы Сы Магуаң құрастырған «Билік ғибратнамасы»1 кітабынан кездестіреміз. Онда «Ту Шишы (Turgesh) деген батыс түріктің бес дулат тайпасының бірі, Іле өзеннің орта және төменгі ағысында оңтүстіктен солтүстікке қарай жайыла қоныстанған»2 деп жазылған. Ал «Күлтегін» (үлкен жазуда) тас әскерткішінде: «Түргіс қаған түркіміз, будунум ерті»3 деп айқын жазылған. Мұндағы Turgesh-Turgis этнонимінің мағынасын араб тарихшысы әл-Идириси «Түркеш –нағыз түрік, шын түрік» деген мағынаны білдіреді десе, тағы бірі араб тарихшысы Ибн Атхам Әл-Куфи түркешті «» түрінде дауысты дыбыстарсыз жазып, мағынасына талдау жасамаған. Қазақ шежіресін негіз еткен қазақ зерттеушілері түркешті «Сары үйсің» деп жазып жүр. Қазақ совет энциклопедиясының Н томында «…қытай, араб, парсы жылнамаларына қарағанда 6 ғасырда Абар, Муари тайпаларының біріккен одағы болған түркештер 7 ғасырда Батыс түрік қағандығының құрамына енді» деп жазады. Бұл туралы Пікірімізді алдағы уақытта кеңінен баян етеміз.

Түркеш қағандығы қай жылы құрылды дегенге де әлденеше болжам бар. Аталмыш І томда ешбір дәлел, негізсіз-ақ «… Түркеш қағандығы. — Жemicy аймағындағы ежелгі феодалдық мемлекет (704 — 766)» деп қысқа қайырған.

Біз қытайдың «Билік ғибратнамасында» көрсетілген дереккөзіне сүйене отырып, басқа да тарихи оқиғалар хронологиясын сараптай келе, Түркеш қағанаты 699 жылы құрылған деп қараймыз. Қытай дерегінде былай деп жазылған: «,.. 699 жылы күзде (Таң патшалығы У Зытян әйел патшасы, Шен Ли 2 жылы.) түркештердің Үгілінің баласы Жыну4 Ордаға келіп. патшайыммен дидарласты. (Патша) Орда шабарманы Иуан Чең мен Жие Иуанді Үгіл мен «он оқ елінің» көңілін аулап қайтуға жібереді»5. Қытайлық тарихнама. түркештер құрған қағандықтың ресми Орда хаттамаларында айтылған сол 699 жылды есепке алған сияқты. Шын мәнінде Түркеш қағанаты одан кемінде екі-үш жыл бұрын, яғни 696, 697 жылдары біршама тәуелсіз ел болып, өз билігін жүргізе бастаған. өйткені ол тұста Шығыс Түрік қағанаты «Күлтегін» — 1 жырда» «…ілгері – Шаңтүң жазыққа дейін жауладым, теңізге сәл жетпедім, түстікте – тоғыз Ерсенге дейін жауладым, Тибетке сәл жетпедім»6 деп жазылғанындай, үлкен жорықтармен болып жатқан көзге тура  келеді. Таң империясы түрік қатерінен қауіптенгендіктен түркештерді тым болмаса бейтарап күйде қалдыра тұруға мәжбүр болады. Таң Ордасы елшісін жіберген 699 жылдың күзінде Үгіл өзіне — өзі әбден сеніп, тек сырт көз үшін билігін заңдатыруды ғана көздеген сияқты.

Тарихи дерек көздеріне жүгінер болсақ, :түркештер VI ғасырдан бастап Батыс Түрік қағанаты құрамында Іле өзені мен шу өзені аралығында, Іле Алатауынан Балқаш көлінің оңтүстігіне дейінгі аса құнарлы, байтақ өлкеде өмір сүрген. Олар мал шаруашылығын негіз ете отырып егіншілікпен де, қалалық өмірге бейімделіп, сауда-саттықпен де, қолөнерімен де молынан айналысқан. Ең бастысы – Шығыс пен Батысты жалғап  жатқан сауда, керуен жолының басым бөлігі түркештер бақылауындағы қалаларды басып өткен. Осындай қолайлы жағдайлар түркештердің тез арада еңсе тіктеп, қуатты мемлекет ретінде бой көрсетуіне аса күрделі саяси, экономикалық және әскери мүдделер тоқайласар алаңға айналуына себепші болады.

Түркештер тарих сахнасына шығар қарсаңда қазіргі Қазақстан аумағындағы саяси, әскери жағдай өте шиеленісі болып еді. 651 жылы іргесі шайқалған Батыс Түрік қағанатын қалпына келтіру үшін Таң империясының обзырлығына қарсы көтерілген Шбара Хилаш қаған алты жылдан кейін, яғни 657 жылы жеңіліп, қолға түседі. 659 жылы отаршыл империя астанасында құсалықтан өледі.

Батыс түрік тайпалары бас иесіз қалады. Ел батыраңқылыққа ұшырайды. Осы орайды пайдаланған Таң империясы 658 жылы бұл тайпаларды басқаратын екі үлкен әскери аймақ құрған болатын. Оның біріншісі Іле өзенінің орта және төменгі сағасына орналасқан Суого Мохә (Сақал Баға) тайпасын тізгіндсу тапсырылған Вен Лу Уәли мекемесі, екіншісі – осы уәлиліктің батыс жағындағы Алаш (Алишә) тайпасын тізгіндсу міндеттелген Жие сан Уәли мекемесі.

Түрік-қытай қатынастарын жақсы білетін академик Ә.Марғұлан сол дәуір шындығын талдай келе «Бұл көзде Шығыс ТүркісТаң мен Жетісу өлкесінде екі түрлі саяси бағыт болды, бірі Таң мемлекетін жақтайтын «Табғаш хандар» сойы, екіншісі жергілікті халықтың мүддесін жақтайтын патриоттық күштер»7 деп жазған еді. Соның  жарқын бір мысалы 685 жылы Таң империясының  жесір патшайымы У Зытян шығарған жарлықтан көрінеді. Ол жарлықта «Табғаш хандар сойынан» шыққан Асана Низухтың (Ашина Мишы) баласы, аты да қытайшы Ашина Юаншиді бес Дулат тайпасына қаған әрі Кун Лун Тұтық мекемесіне бастық етіп тағайындайды. Бес Нүшбені оқшаулап, оған да «Табғаш хандары сойынан» Асана Баянның (Ашина Буженнің) баласы Асана Хусараны (Ашина Хусело) қаған әрі Мың Ше аймағы уәлиі етіп белгілеп, қалың қолмен батысқа жәнелтеді. «Табғаш хандар» жартыкеш билік үшін жанын сала кірісіп, өз халқына құтырған қасқырша шабады.

Л.Н.Гумилев әділ айтқандай «VIII ғасырдың орта шенінен былай қарай әулетті  (Таң әулеті — Ә.Д.) қолдап тұрған Ашин тұқымына деген дәстүрлі сый-құрмет сейіліп, соңғы хандар өздерін қытайлықтардың сенімді малайы және өз халқының жаулары ретінде танытқандықтан, оларды бүтіндей сыйламайтын болды»8.

Жағдай-күрт өзгерді. Кезінде Асана Хусараның қол астында баға Тархан болып жүрген Үгіл (Өгелі) он оқ халқының осындай көңіл-күйін дәл басқан ақылды, көсем ретінде мойындалып, көптің қолдауына ие болады. Асана Хусара өзіне берілген 60-70 мың адамдық халқын бастап Таң империясын паналайды. Оған қараған ел мен жер Үгіл басқарған түркештерге өтеді.                                                                                                                                                                  

Үгіл ұлан-байтақ қағанат аумағын басқарудың жаңа жүйесін жасауға кіріседі. Бүкіл елді ру-ұлыстың қоныстану жағдайына қарай 20  әкімшілік аймаққа бөледі. Әр аймақты басқаратын 20 бақылаушы өкіл әкім белгілейді де, олардың қолына 7000-нан әскер беріп, 140 мыңдық сайлауыт армия жасақтайды. Бүкіл елді түріктердің ел билсу дәстүрі бойынша он және сол қанат болып екі үлкен ұлысқа бөледі. Өзіне-өзі әбден сенген Үгіл қалың қолды бастап Батыс Түрікқағанатының бұрынғы астанасы Суяпқа шабуылдап, басып алады да, Шу өзенінің батысындағы уақытша ордасын көшіріп, осында әкеледі. Суяп – ұлы астана, ал Іле өзені бойындағы Қойлық (Күнгіт) қаласы кіші астана болып белгіленеді.

Түркеш қағанаты күн сайын қанатын кең жайып, бүкіл Батыс Түрік қағандығының елі мен жеріне иелік етеді. Қытай деректеріне қарағанда, 704 жылдары Түркеш қағандығының аумағы мынадай болған: «Шығыс Солтүстікте (шығыс) Түрік қағандығымен, Батыс Оңтүстікте соғдылармен ал Шығыс Оңтүстікте Шитин аймағымен шекараласқан»9. Ал осы ұлан-байтақ таулы, далалы шекара аса шиеленісті жанжалдарға толы еді. Қайта қалпына келген Шығыс Түрік қағанаты айнала көршілеріне қарсы үздіксіз жорықтар жасап жатқан, оңтүстіктен Тобандар (Тибет) да бой көрсетіп Тәңіртаудың түстігіндегі иеліктеріне басып кіріуін жиелете түскен. Осындай қауіпті жағдайдан шығар жолды іздеген Таң империясы ежелгі зұлым тәсілге басып, түркештерді барынша қолдағансып, Үгілге алдымен (699ж.) уәлилік, соңынан (705ж.) «игі хан» (хуайди жүн уаң) атаған беріп, шырғалайды. Өз қағанатын нығайту жолында арпалысқан Үгілге де керегі осындай сыртқы қолдау еді.

706ж. қыста Үгіл кенеттен ауырып, қайтыс болады да, оның орнын үлкен ұлы Сақал10 (Саға-Суого) басады. Сақалға Таң ордасы бірден уәлилік, «игі хан (хуайди жүн уаң) және сол қанат әскерлерінің қолбасшысы» деген атақ-дәрежелерді үйіп төгеді. Бұл кезде Сақалдың қарамағында 200 мыңдай сайлауыт әскері бар болатын.

Сақал уәилікке тағайындалған Вен Лу аймағы Іле аңғары болатын. Стратегиялық орны аса маңызды аймақ. Қытай деректеріне қарағанда, 708 жылы түркештердің басшысы Сақал (Саға) өзін қаған деп жариялайды. «…Таң патшалығы Сақалды он төрт тайпа қағаны деп мойындайды»11 деп жазылған. әйтсе де түркештер өз мүмкіндіктеріне және өзгермелі шекаралық оқиғалардың беталысына қарай Таң патшалығынан тәуелсіз, дербес жолмен жүріп отырады. Таң патшалығына тегеурінді соққылар беріп жатқан Шығыс Түрік қағандығымен құдандалық байланыс орнатып, тату-тәтті тұруға талпынады. Тобан (Тибет) патшалығымен де бейбіт қатар өмір сүреді. Сондықтан да Сақал басқарған Түркеш қағанаты барлық көршілермен тең, пайдалы  мәмілегерлік қатынас орната алды.

Таң патшалығының бас уәзірі Зұң Чуке қытайшыл Ашина Кул Чор Жүнжені қолдап, Сақалға қарсы арандату сосын бастамақшы болғанда Сақал бірден әскери жорыққа аттанып, Таң патшалығының құзырындағы төрт қалаға12 шабуыл жасайды.

Сақал – аса өжет, білгір қолбасы. Ол еліне төнген қатердің алдын алу үшін батыл қадам жасап, «Бес мың қолды Әншиге, бес мың қолды Ферғанаға, бес мың қолды Қашқарға, бес мың қолды Қарашәрге шабуыл жасауға аттандырады»13.

Түркеш қағанатының тәуелсіздігі мен мемлекеттік мәртебесін қорғауға деген құлшынысын, күш-қуатын айғақтар мұндай деректер Таң патшалығы Орда жазбаларында ішінара болса да кездесіп қалады. Қытайлық бастаухаттардың бәріне дерлік ортаң кінәрат – түріктің ұлы қағандары мен үлкенді-кішілі елбасыларын ылғи да қытайға бағынышты немесе бағынғысы келіп, жағынып өткендей қылып жазатындығы. Мемлекеттер арасында болып тұратын табиғи, әрі шартты қарым-қатынастардың  мәмілегерлік мән-мыңызы дегендер көбінесе есепке алынбай жатады.

Сақал билік құрған заманда Түркеш қағанаты мен Шығыс Түрік қағанаты арасындағы байланыстар бір қалыпты болған жоқ. Олардың арасын ашып, бір-біріне айдап салуда мемлекеттік саясат деңгейіне жеткізген Таң патшалығы түркештердің тегсурінді күшін Шығыс Түрік қағанатына  қарсы жұмсауға барын салады. Ақыр соңында олар дегеніне жетеді. Нәтижеде түркештер арандап қалады. Бұл жағдай бізге 716 жылы жазылған Тоныкөк тас жазуынан белгілі. Онда: «Түркеш қағанынан хабаршы келді, сөзі мынадай: Шығыстан қағанға (Шығыс қағанына) әскер аттандырмақ болды….Түркеш қағаны жиналды, он оқ халқы қалмай жиналды. Табғаш (Таң патшасының) әскери бар деді».  Одан әрі нақтылап: «Үш хабаршы келді, сөзі бір: қаған әскері аттанды, он оқ әскері қалмай аттанды. Жарыс  жазығында біргеміз деді»14.

Мұндай нақты мәлімет қытай жылнамаларында кездеспейді. Әйтсе де «Билік ғибратнамасы» атты жазбада «Таң патшасы, Шуан Зұң Кай иуан 2 жылы (714 ж) желтоқсанда түркеш қағаны  Шоу Жұңның (қытайлардың Сақалға берген құрметті атағы — адал, инавати дегені — Ә.Д.). інісі  Жену үлесіне тиген елді азырқанып, ағасына өкпелеп, түріктерге бет бұрып кетті.  Солардан әскер бастап келіп, Шоу Жұңды жазаламақ болады, Бөгу қаған өзі 20 мыңдық қол бастап келіп Шоу Жұңға  соққы береді де, оны тұтқындап алып қайтады. Бөгу  қаған  Женуға: «Сен туған ағаңмен рақайласа алмағанда, маған қалай адалдық көрсете аласың» деп басын кесіп алады»15  деп жазады.       

Жоғарыдағы екі деректің айтылуы әрқалай болғанымен аталмыш бір  оқиғаны баяндап тұрғаны анық. Түркеш қағандығының негізін қалаған  Үгіл (Өгелі) таң мұрагері Сақалға, Л.Н. Гумилевтің сөзімен айтқанда, «Жақсы жабдықталған Ордасын, 300 мың (?!) әскерін, қытаймен одақтастығын және арабтармен соғысын қалдырып кеткен 708 жылмен салыстырғанда, Сақал 715 жылы өлгенде артына шашырап, тозғындаған елін, мұрагерсіз тағын ғана тастап кетті»16 Күлтегін. Үлкен жазуда атап көрсеткендей «Түркеш ханы түркіміз, өз халқымнан еді» бола тұра білместігі үшін, бізге жауыздығы үшін қағаны өлді, он оқ халқы азап көрді», солай бола тұра «Атамыз, бабамыз ұстаған жер-су иесіз болмасын деп… Елін қайта бердік»17 дейді.       

Қытай жылнамаларында «… Шоу Жұнның (Сақалдың лауазым аты- Ә.Д.) елін Сұлұқ (Сулу деп те жазылған — Ә.Д.) жинап бастарын құрады да оларға өзі бас болды. Сұлұқ  қоластындағыларға ерекше қайырымды болды, елдің жағдайын жасады. Он Арыс елдің ру-тайпалары біртіндеп оған бағынды. Сөйтіп оның халқы 200 мыңға жетті. Байтақ далаға жайыла қоныстанды»18 деп жазылған. Мұның Тоныкөк пен Күлтегіннің «Ата-бабамыздан қалған жер-су иесіз болмасын» деп, елін қайта бергендіктен болған қолайлы жағдайдан туындап жатқанын Қытай жылнамалары елегісі келмейді. Сондықтан да жоғарыдағы мәтіннің аяғын ала «… Сол жылы Сұлұқ Зуо йүй Лин Да Жияң жүн, Жин фаң дау жиң Луеда Шы болып тағайындалды»19 деген жолдарды қыстырады.      

716 жылы Түркеш билсушісі Сұлұқ өзін қаған деп жариялауда ешкімге  жалтақтамаған еді. Өйткені қағандық атақты Сақалға бергеніндей Сұлұққа да Шығыс Түрік қағаны берген болатын. Ол тұста дүниенің төрт бұрышына созса қолы жетіп, «бастыны идіріп, тізеліні бүктіріп» тұрған Шығыс Түрік қағанаты шарасыз емес еді. Ал Таң патшасы «718 жылы  мамырда, түркештің өкіл әкімі  Сұлұқ Сол қанат жасауылдарының бас сардары, елдескен төре, Алтай бағытындағы жолдың Басқақ бегі»20 атағын үйіп-төгеді. Оның үстіне 722 жылы қытайланған «Табғаш хандары сойындағы» Асана Хидаяттың (Ашина Хуайдау) қызын Жияу Хе ханшасы дәрежесімен Слұлұқ қағанға ұзатаңы. Дәл осыдан бұрынырақ Тобандар (Тибет) патшалығы да бір ханшасын Сұлұққа әйелдікке беріп, Қытайға қарсы одақ құруға әрекеттеніп жатқан болатын. Түріктің Білге қағаны да (716-734) «Мен өз қызымды сән-салтанатымен түркеш қағанына ұзаттым. Мен (Әрі) сән-салтанатпен оның қызын өзімнің ұлыма үйлендірдім»21 деп мәлімдеген болатын.

Сонымен түркештің Сұлұқ қағаны үш бірдей ұлы көршісіне күйсу-болып, елінің мәртебесін асырады. Бұл құдалықтың бәрі де алысты көздеген саяси құдалық екені анық. Түркештердің үш көршісі де Батыстан төніп келе жатқан Араб халифатының жойқын тасқынын түркештің күші тасыған атты сарбаз-сардарларының қолымен тостыру болатын.

Араб тарихшылары «Мұзаххам – Сүзеген»  деп ат берген Сұлұқ қаған өзі билік құрған көзеңде, негізінен, Батыстағы араб қолымен алпарысумен болады. Араб әскерінің Әмудариядан бері өтуіне жол бермейді.

Сұлұқ қаған елдің тәуелсіздігі мен елдің мәртебесін қорғау жолында ештеңеден тайынбаған. Таң патшалығының державалық өктемдігіне де жол бермеуге тырысады.

 Таң патшалығының «Жияу Хе ханшасы» (Едиқұт ханшасы) мәртебесімен Сұлұқ қағанға ұзатылған әйелі, ханшалық мәртебесімен Ән Шидің өкіл әкімі Ду Шиянге «Тәлімхат»22 жолдайды. Өзінің арнайы жіберген Орда ұлығын Ду Шиян дүрелеп, саудаға жіберген мың жылқысының қарлы боранда үсіп өлгенін естіген Сұлұқ қаған каһарланып, арабтармен айқасын доғарып, қалын қол аттандырып, империяның «Төрт қаласын» талқандап, мал-мүлкін тонап алады.

Түркеш қағанатының көршілерімен жасаған мәмілегерлік саясаты осындай аса нәзік, әрі аса қатал болған еді. Қатал заман, қатал саясат туғызары анық.   

Таң империясы мұндай жағдайларға төзбесі, қайткенде өзіне қолайлы қуыршақ хандарды таққа отырғызуға барын салары белгілі. Көп ұзамай оның орайы да келді.

737 жылғы түркештердің соғдылармен бірлесіп арабтарға қарсы жасаған жорығы Әмудария бойында сәтсіздікке ұшырап, соғдылық шаруалар мен саудагер, қолөнершілер жаппай Түркеш қағандығы жеріне босып, қым-қуыт аласапыран басталады, шаруашылық күйзеледі.

Түркеш қағанаты арқылы өтетін керуен жолы кесіліп, осындай бұлғақ заманның келуін аңди күтіп отырған Таң патшалығы кәнігі арандату саясатын жүргізуге кіріседі. Ол саясат — «біртіндеп бағындыру үшін астыртын айла-шарғыға бару». Мәселен, қытайдың әйгілі уәзірі Шаң Шүн Шиң былай деген: «…Сырттай қарағанда олар тату-тәтті  ағайындай болып көрінгенмен, іштей бір-біріне кектеніп, жауласуын қоймайды. Осындай осал тусын дәл басып, дұшпандығын создыра алсаң, көп кешікпей-ақ аяспас айқасқа шыға салуы түк емес. Ең ұтымдысы — күштілерінің арасына іріткі салып, ала көздендіру, әлсіздерінің басын біріктіріп, күштіге айдап салу болмақ»23.

Таң империясы еккен зәһарлы ұрық 738 жылы өнім бере бастайды. Сұлұқ қаған сал ауруына шалдығып, жатып қалады. Сұлұқтың қол астында, жүрген Баға Тархан мен Домжы астыртын тіл табысып, орайлы бетті пайдаланады. Олар түнделете қаған ордасына басып кіріп, Сұлұқты өлтіріп тастайды. Сол аралықта Домжы Баға Тарханға білдірмей Сұлұқтың баласы, Тоқсан Күлчорды Суяп қаласына алғызып, қаған тағына отырғызады.

 Қытайдың «Жаңа  Таңнама» және «Көне Таңнама» кітаптарының түрік тарауында атап көрсетілгеніндей, Домжы мен Тоқсан Күлчор Талас қаласында тұратын қара түркеш ханы Науа тегінмен (Ерой тегін) тізе қоса отырып, қытайшыл Баға Тарханға, ол бастап әкелген Таң империясы әскерлеріне қарсы аттанады. Бірақ, кескілескен шайқастар барысында көтерілісшілер жеңіліп қалады. Империя армиясы Түркеш қағандығының астанасы Суяп пен Талас қаласын қиратып, қара түркеш ханы Науа Тегінді өлгіреді де, Тоқсан қағанды тұтқындап әкетеді.

Түркеш қағандығы тағынан үміткер Баға Тархан империяға қанша жағынғанымен, Таң ордасы 742 жылы қытайшыл Асана Шин дегенді «он оқ қағаны» етіп тағайындай салады. Таң империясының қалың қолымен түркеш тағына отыруға келе жатқан Асана Шинді Баға Тархан Суяптың батысындағы Құлан қаласында өлтіріп тастайды. Қытай әскері 744 жылы Баға Тарханға қарсы жорық жасап, оны өлтіреді.

Осынау қанды қырғындардан әбден іргесі шайқалып, әлсіреген Түркеш қағандығының тағына жігерсіз, қуыршақ қағандар тағайындала бастайды. 747-753 жылдары Ел Етміш Құтлық Білгі қаған, 756-766 жылдары Ата Бойла қаған билік жүргізеді.                                                                       

VIII ғасырдың екінші жартысында Орта Азия мен Таң империясы тарихында Түркеш қағандығының тағдырын белгілер аса маңызды бірнеше оқиға болады. Түркештер ішкі қырқыстаң әлсіреп, бұрынғы айбынынан айырылған тұста Орта Азияға сұғына бойлаған Араб халифаты әскерлері Талас бойына жақындап қалып еді. Алтайдың батысы мен Жоңғарияның оңтүстік-батысына дейін дендеп кірген Харлұқ тайпасы Таң империясымен одақтасып, түркеш жеріне қоныстана бастаған. Таң империясының Тибет пен түркештерді   бағындырушы генералы Гау Шиян Жы 24 империяға тәуелді түрік тайпаларынан құралған қалың қолмен ілгерілеп, араб  әскерлері шебіне жақындап барады. 

751 жылы Талас өзені бойындағы шағын ғана Атлах бекінісі маңында жойқьн соғыс басталады. Бес күнге созылған қанды шайқаста, мұсылман әскерлері Таң империясының жер қайысқан  қалың қолының тас-талқанын шығарады. Соғыстың ең шешуші шегінде қарлұқтар мен сары түркештер өзінің ата жауы болып келген Таң империясы әскерлерінің ту сыртынан өлтіре соққы беріп, арабтардың жарқын жеңісіне  жол ашып береді. «Жаңа Таңнама» және «Көне таңнамаларда» бұл туралы қысқа ғана мәлімет беріледі.

Қытай жылнамаларының тарих жазу, тарихи оқиғаларды қағазға түсіруінде қалыптасқан бір сипат бар. Ол қытай, армиясының жеңісті жорықтары, түсірген олжалары мен кескен бас немесе құлақтары тәптіштей жазылады да, соңынан «тыныштандырды» деген бір сөзбен түйінделеді. Ал жеңілістері туралы мүмкіндігінше жазбауға, жазса да бірер сөзбен ғана орағытып, елдебір жабайылардың опасыздыры немесе ауа райындағы күрт өзгеріс немесе әлдебір «дарынсыз қолбасының сәтсіз басшылығы туралы қысқа қайырады.                                                                                      

Шын мәнінде Атлах түбінде он мыңдаған әскерін жоғалтқан Таң империясы өзінің 800 жылдай Орта Азияға жасаған жаугершілік жорығының  күллі табыстарынан ғана ажырап қойған жоқ, ол қазіргі Қазақстан мен Орта Азия халықтарын уысымда ұстаймын деген үмітінен де ажырап қалған еді. Қайта күш жинап, қазақ жеріне келуге империяның мұршасы болмайды. 757 жылы бүкіл Таң империясын дүр сілкіндіріп, империяның іргесін шайқалтып тастаған түрік текті қытай генералдары Ән Лушан мен Шы Сымиң бастаған көтеріліс болады. Таң империясы көтерілісті зорға басады, бірақ күш-қуаты сарқылып, өзі де құлдырауға  бет бұрады.

Осындай ішкі-сыртқы қолайлы жағдайды дер кезінде ұтымды пайдаланған қарлұқ тайпалары күн өткен сайын күшейіп, түркештердің байырғы Отанына үдере көшіп, пәлендей қарсылықсыз-ақ он оқ қағандығының жерін мекендеп алады. Билік толығымен қарлұқтардың қолына өтеді. Әйтсе де тегі, тілі, өмір сүру салты бір-біріне өте жақын түрік тайпалары түркеш пен қарлұқтар бір шаңырақ астына кіргенде қағанаттың этникалық құрамында ерекше өзгеріс те, жатырқау да болмағандығы тарихи жазбаларда атап өтілген.                                        

VIII ғасырдың ортасында Тибет—Қытай қатынасының барынша шиеленісуі, тіпті көп жағдайда тибеттіктердің империяның он мыңдаған армиясын талқандап тастап отыруы, Мәуренақырда орныға а бастаған араб қолы үшін де үлкен қатер туғызады. Араб қолбасыларының Атлах түбіндегі шешуші жеңістің желігімен одан әрі ілгерілей берудің орнына Шашқа қарай шегініп кетуінің сырын, онтүстіктен атойлап тұрған Тибеттің жеңімпаз армиясының соққысынан қауіптенуден деп ұққанымыз жөн.    

Таң империясы мен арабтың қалың әскерінен құтылып, еркіндікке ие болған қарлұқтар мен түркештер ендігі мүдделерін бір арнаға тоғыстыруға тырысады. Алайда барлық түркеш тайпалары қарлұқтармен қоян-қолтық араласып кетпеген.

Бернштам атап көрсеткеніндей, түркештердің Жоңғариямен, Бесбалық, Шығыс теріскер Тәңіртауында қоныстанған бір бөлегі сол тұста күшейіп кеткен Ұйғыр қағанатына қосылады.

Алтай тауынан Тәңір тауына, Баркөлден Хазар тәңізіне  дейінгі ұлан даладағы Батыс Түрік қағанатына қарасты ел мен жерге бір ғасырға жуық иелік еткен түркештер тарих сахнасынан осылай кетеді. Ежелгі үйсін жерін тірек еткен түрік тайпаларының бір бөлігі кейінгі қазақ ұлтын қалыптастырған, Қазақ хандығына  алтын бесік болған Жетісу, Сыр бойын мекендеген туыстас қарлұқ қараханиттер, кимек-қыпшақ хандықтары құрамында өмір сүре береді.

 

1.2. Түркештің этникалық территориялық бөліністері

 

Түркеш қағандығы – Батыс Түрік қағанаты билік жүргізген аумақта шаңырақ көтергендіктен, халықтың этникалық құрамына да ерекше өзгеріс ене қоймайды. Қалыптасқан үрдіс бойынша, қағандық «он оқ қағандығы», халқы «он оқ немесе он жебе халқы» деп атала береді. «Он оқ, он жебе» атауының тарихы тым арыда жатқаны белгілі. Тарихшылар оны ағайынды Бумын мен Естеми қағандардың ұлы жорықтарына байланыстыра қарастырады. Қазақ тарихшысы Н.Мыңжани «Таң патшалығы  тарихына» сілтеме жасай отырып: «… Естемірдің қоластында он шад басқарған 100 мың әскер болған. Ол Батыс өңірдегі елдерді бағындырған соң өзін қаған деп жариялады. Оның қол астындағы тайпалар «он оқ бодұн» («он оқ халқы») деп аталады»24 — деп жазады.

Естемиден (576 ж. қайтыс  болған) кейін таққа отырған аға-інілердің тақ таласы салдарынан Ұлы Түрік қағанаты 582 жылы Батыс және Шығыс Түрік қағанаттары болып екіге бөлініп кетеді. Екі түрік қағанатының шекарасы Алтай тауы мен Ататүрік жоталары болып қалады.

Түркештер мұрагерлікке алған Батыс Түрік қағанатының негізгі халқы жергілікті түрік тілдес, салттас үйсін, қаңлы, дулат, қарлық, теле, басмыл, оғыз, шығыл, т.б. тайпалары және олармен араласып, сіңісіп кеткен басқа тайпалардан құралған «он оқ халқы» еді.

Оларды Таң патшалығының көмегімен Ышбара Хилаш (Халяш) қаған (634-639) Шу өзенін шекара еткен «бес арыс дулат» пен «бес тайпалы нүшбе» қылып, екі қанатқа бөліп басқара бастайды.

Түркештердің этникалық құрамына тарихшылар әртүрлі талдаулар жасап жүр. Мәселен, Н.Мыңжани «Түркештер – Батыс Түрік қағанатындағы бес арыс ел Дулаттың белді тайпасы. Дулаттар ежелгі Үйсін күнбиі Елжаудың ортаншы ұлы Дулының (Далонның) үлесіне тиген он мың үйден өсіп өрбіген. Дулы (Дұғлы) ұлысы дегеннен Дулат (Дұғлат) атанған. Демек, түркештер ежелгі үйсін Дулы ұлысының ұрпағы. Олар шежіре деректерінде «Сары үйсін» деп те аталады… Дулат Ұлысы заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырдағы ежелгі үйсін заманынан бері Іле өзені өңірін мекендеген»25 — деп жазады.

Біз де осы тұжырымды жақтаймыз. Қазақтың шежірелік баяндарына зер салған адам күллі ру-ұлыстардың атауы, негізінен, сол ру-ұлысты басқарған әйгілі адамдардың есімімен бастау алғанына көз жеткізеді.

Белгілі тарихшы Л.Н.Гумилев бірден: «…Түркеш халқы екі тайпадан – мұқырлар мен абарлардан пайда болды. VIIғ. өзінде-ақ түркеш тұқымдары Сарыларға (мұқырлар ұрпағы) және қараларға (абарлар ұрпағы) бөлінді»26 деп, қысқа қайырды. Ал, мұқырлар деген кімдер дегенге Шабанненің сөзімен «мүкрін мұқры – мой-кі тұңғыстардың қытайлықтар мохэ деп атап кеткен тобына жатады»27 деп жауап береді. Бұл жөніндегі өз ой-топшылауларымызды сәл кейінге қалдыра тұрып, түркештердің этногенезін толайым көк түріктерге жалпы түрік этносына жатқызғысы келмейтін басқаша ұстанымдағы қытай   тарихшысы Су Бэйхайдың пікіріне назар аударып, көрелік. Су мырза былай дейді: «Бұл күндері еліміздің іші-сыртындағы Орта Азия даласы тарихы мен түрік тарихын зерттеушілер  түркеш қағандығын батыс түрік қағанаты аясында қарастырып жүр. Бұл тарихқа сай келмейді, өйткені, түркештер қазақ ұлтына тән тайпаларға жатады. Солар құрған қағандық, былайша айтқанда, қазақ ұлты тарихта бірінші рет құрған қағандық. Алтайдан Каспийге дейінгі ұлан-байтақ қазақ даласын бірлікке келтірген… «Түріктер құрған қағандық емес»28. Тарихшы осы арада қазақтың ұлттық мемлекеттік құрылымының қалыптасу барысына тоқталудың орнына «Таңнама» Батыс Түрік баянындағы «Түркештер … Батыс түріктің басқа бір руы-тұқымы еді» деген жолдарға негізделген. Демек «Таң дәуіріндегі адамдар түркеш пен батыс түріктер арасында айырмашылық барын білген» деген қорытындыға тоқтайды.

«Таң дәуіріндегі адамдар білді» делінген «айырма» нақтыланбайды.

Профессор Су мырзаның түсінігінше, ол айырманың ең белгілісі «Таң патшалығы тарапынан түркештерді билеуге жіберіп тұратын Асана (Ашин) ханзадаларын қабылдамай қарсы тұратындығы, оның түп себебі басқа емес өздерінің (түркештердің — Ә.Д.) түрік текті болмағандығынан еді»29 дегенге саяды.

Бұл пікірмен әсте келісуге болмайды. Бұл жерде түркештердің түрік текті Асана ханзадаларын бөтенсіну, жатсыну себебі ханзадалардың қытайланып, өз халқының жауларына «Табғаш хандары сойына» айналып кеткендігінен деп ұққан жөн. Бұл мәселеге кейінірек толығырақ тоқталамыз.

Түркештердің түрікке, оның ішінде Батыс түрікке де бөтендігін дәлелдеу үшін Су Бэйхай мырза көк түріктерден қалған мәңгі тас жазулардан да мысалдар келтіреді.

Тоныкөкке арналған тас жазудың 19-жолындағы «Табғаш қағаны жауымыз еді» деген жолды қалдырып, «он оқ қағаны жауымыз еді» деген жолдарға қоса «Күлтегінге» арналған үлкен жазудың 18-қатарынан «Түркеш қағаны түркіміз, өз халқымнан еді» жолдарын аттап өтіп,   «…білместігі үшін, бізге жауыздығы үшін қағаны өлді, он оқ халқы азап көрді» дегенді мысалға келтіреді30. Біз осы арада қытай мен түріктер тарихының білгірі, қытайлық бастау хаттарының мән-жайын білетін Еверхардтың мына сөзін еске ала кетуді жөн көрдік. «… Ең алдымен қытайлар неліктен және қандай мақсатпен бөгде халықтар жөніндегі аңыз-әңгімелерді жинады екен деген сұрақты қоюға тиіспіз. Өз басым, алдын-ала шығарылып қойылған өкімсіз тарих жазыла салады дегенге сене алмаймын. Кез келген бастау хаттардың ар жағында әдейі, біле тұра немесе білместіктен болса да белгілі мақсат үшін қызмет ету аңсары тұрады»31. Мұндай жағдайда зерттеушілер не істеу керек деген сұраққа Л.Н.Гумилев: «Ақиқат шындықты бұрмалау сыйпатын анықтау зерттеушінің ең бірінші міндеті болмақ» — дей келіп, оның себебін «тариххат (летопись – ред.) аса маңызды іс болғандықтан да, хрониканы жүргізуге саяси көзқарасы күмән келтірілмейтін кісілер ғана алынады екен. Осының бәрінен, міне, қытай тариххатының өкімет тапсырмасын орындап отырғаны көрінеді. Ендеше ол белгілі дәрежеде сыңаржақты болмай қалуы мүмкін емес»32 тігінен іздейді.

Тарихшылар мен түркологтар үшін ең сенімді, әрі ең бай жазба деректер Орхон-Енесай мәңгі тас жазуы екені даусыз. Сол қасиетті тас жазуда Түркеш пен Батыс Түрік қағанаты халқының Орхон түріктеріне туыстығы, жанашар жақындығы былай жазылған еді.

1.«Күлтегін» (үлкен жазу) ІІ-қатарда: «Мен барлық айтар сөзімді мәңгі тасқа бастым». 12-қатарда: «… көңілдегі айтар сөзімді, он жебе ұрпағына, таттарға арнадым. Мұны көріп, біліңдер…..»33.

2.«… Түркеш қағаны түркіміз, өз халқым еді» (18-қатар).

3.«Білместігі үшін, қағаны өлді, әміршілері, бектері және өлді, он оқ халқы азап көрді. Атамыз, бабамыз ұстаған жер, су иесіз болмасын деп Аздарды (Az) халық етіп құрап» 19-қатар. «Оларға Барыс бек (bars bag) болды. Қаған атағын оған біз бердік. Қарындасымды – қаған қызын бердік. Өзі жаңылды, қағаны өлді» 20-қатар.

4.Күлтегін қазасына аза тұтып, көңіл айта келген ондаған үлкенді-кішілі елдерден бөле жара: «он оқ ұлым – түргіс қағанынан Макрач таңбашы, оғұз Білге таңбашы келді»34 деп жазуында да айрықша жақындық білініп тұрған жоқ па?!

Жоғарыдағы үзінділерден Батыс Түрік қағанатына, кейіннен Түркеш қағанатына қарасты он оқ халқы мен Орхон (Шығыс түрік) түріктерінің барынша жақын тілдес салттас қандас халықтар екеніне анық көз жеткіземіз.

Батыс Түрік пен Шығыс Түрік қағанатын құраған тайпалардың этникалық құрамы жөнінде дербес пікірі бар қытайдың көрнекті тарихшысы Линганды тыңдап көрелік: «Батыс түрік пен шығыс түріктің ата-бабасы әуелден бір болатын. Шығыс түріктің бөлшектенуі – түркілік ішкі қырқысуларының тікелей нәтижесі, түріктердің ұлттық құрамының өзгеріп, бөтенденіп кетуінен болған емес»35.

VI-VIII ғасыр аралығында он халқының этникалық құрамында да этно территориясында да айта қаларлықтай өзгеріс болмағаны, тек бес арыс дулаттың кейбір рулары Жетісу аумағынан жылжып, Еренқабырға, Боғда тауларына, Бесбалық, Құмыл атырабына дейін шығандап барса да, түркештер күшейген тұста қайтадан Тарбағатай, Жетісу жағалап ата қонысына жақындайды.

Тұтастай алғанда он оқ халқының тең жарымын құраған бес арыс дулат ру-ұлыстарының этникалық мекен-жайы Жетісу, Тарбағатай және Еренқабырға өңірі болған. Ал, олардың тайпалық құрамы ескі тарихи жазбалар мен шежірелерде былай айтылады36.

  1. Чимойын Лүй-чор ұлысы, Тарбағатай өңірін мекендейді.
  2. Қойлау – Күлүч-чор ұлысы – Манас өзенінің солтүстігі мен батысында.
  3. Ысты – Тон-шор ұлысы, Іле өзенінің ортаңғы және төменгі аңғарының терістік бетінде
  4. Жаныс – Шопан-чор ұлысы, Қарашәр мен Жұлдыз өзені аңғарында.

Тарихшы Н.Мыңжани «Қытай тарихи сөздігі, түрік тарауына» сілтеме жасай отырып, аталмыш түркеш, қойлау, чимойын, ысты, жаныс дегендер тайпа аттары. Алаш, Лүй, Күлүч,  Тон, Шопан дегенден тайпа бастықтарының аттары болар деген байламға келеді.

Он оқ халқын құрайтын екінші бестік «Бес тайпалы Нүшбе» деп аталады. «Таң патшалығының жаңа және көне тарихында» бес тайпалы нүшбе төмендегінше жазылған болатын:

  1. Азғыз (Аскіл) Күл – Еркін ұлысы.
  2. Касо – Күл – Еркін ұлысы.
  3. Барысқан (Барсаған) тон Ашбар – Еркін ұлысы.
  4. Азғыр (Аскіл) Нижұқ – Еркін ұлысы.
  5. Касо – Шопан – Еркін ұлысы.

Мұндағы Азғыз, Барысқан дегендер тайпалардың аттары. Күл, тон Ашбар, Нижұқ, Шопан дегендер сол тайпаны билеген көсемдердің аттары, ал, Еркін солардың лауазым аттары еді. Осындағы Касо, Ағыз-Азғыр деген тайпа аттарының қайталануы, тайпалар көші-қоны мен әкімшілік бөліністерінің әр кезде әрқалай өзгеріп отыруына қарай қалыптасқан деп қарау керек. Кейде ру аттары, сол руды билеуші көсем мансабымен (Мохэ Даган, Суго Мохэ, т.б.) аталып кеткен жағдайлар да кездеседі. Оның себебін басқадан іздеп әуреленудің керегі жоқ. Ол тек Орда жазбалары көшпелілер өмірі мен тұрмысын, ел билеу жүйесін анық біле бермейтін қытайлық әскерилер қолымен жазылған рапорттарды негіз ететіндігіне байланысты блатын. Оның нақтылы көрінісін Касо тайпасының көші-қоны мен этникалық құрамының өзгерісінен анық байқаймыз.

Касо тайпасы кезінде Батыс Түрік қағанатының Шығыс жағында Чуйо, Чымыр, Бесенелермен көрші болған.

634 жылы Шбара Хилаш атағымен Батыс Түрік қағанатын билеуге Таң патшалығы жіберген Тоңа Шад өз билігін нығайтып, он оқ халқын өзіне тарту мақсатымен он оқ тайпасын басқару құрылымына өзгеріс енгізеді. Осыған дейін бір мезгіл нақтылы билігі де, айқын шек-шекарасы да болмай, бетімен кеткен он оқ тайпаларындағы «Бес Дулаттың» әрқайсысына бірден «Чор», ал, «Бес Нүшбеге» бірден «Еркін» тағайындап, бақылауды күшейтеді.

Дәл осы тұста касолар екіге бөлінеді. Оның біл бөлігін Күл Еркін, екіншісін Шопан Еркін билейді. Ал, Түркеш қағандығының алғашқы жылдарында Касолар Батысқа жылжиды да, Жетісудың Шығысындағы Қарлықтармен араласа қоныстанады. Бара-бара қағандықтың оң қанатындағы Нүшбелер құрамына қосылып кеткенін көреміз. Қарлықтар Батысқа жылжып, Түркештердің мекенін иеленген тұста Касолар да бірге қоныс аударған болса керек. Араб тарихшысы Әл-Ауфи қарлықтар ішінде үш ұлыс қазақ бар дегенде осы касоларды айтқан болар.

Азғылар (Ask) туралы да осыны айтуға болады. Шбара Хилаш он оқ тайпаларын сол қанат және оң қанатқа бөліп басқарғанда Азғырлар да екіге бөлінеді… Оның бірін Күл Еркін, екіншісін Нижұқ Еркін билеген еді.

Кейбір зерттеушілер тарихи жазбаларда каса, гыса, касо, гешу, т.б. түрінде жазылып келген этнос атауын бүгінгі қазақ этнонимінің ертедегі айтылуына қарай қытайша жазылған түрі деп пайымдайды. Осы пікірде шындық бар деп ойлаймыз.

Батыс Түрік қағанаты «он оқ Бодун», «он жебе халқы» немесе «он тайпа қағандығы» деп аталып кеткенімен қағандық құрамында басқа да толып жатқан үлкенді-кішілі тайпалар болғандығы қытай бастаухаттарында анық жазылған. Қытай тарихшысы Лин Ган «он жебе тайпаларына» тағы да 11 тайпаның аты мен мекен-жайын қоса көрсетіп жазған еді37. Олар мыналар:

  1. Түркеш – Суға – Мұһы ұлысы (Іле өзенінің орта және төменгі сағасының терістік жағасында).
  2. Қарлық – мұрын (Муло) ұлысы (Зайсанның шығысы мен Ертіс өзенінің оңтүстік жағалауында).
  3. Қаолық Чи-Еркін ұлысы (мұрындардың Шығыс оңтүстігінде).
  4. Қарлық-тасты ұлысы (мұрындардың Батыс оңтүстігінде) оңтүстігі шимойындармен шектеседі.
  5. Яғма ұлысы38.
  6. Мұқы тархан (Мохэ Даган) ұлысы.
  7. Ду Можы ұлысы39.
  8. Чуми ұлысы.
  9. Чу йо ұлысы (Үрімжінің Батыс оңтүстігінде).
  10. Шато ұлысы (Баркөлдің шығысында).
  11. Хеса ұлысы (Каспий теңіз маңында).

Осыншама көп ру-ұлыстардың басын біріктірген Батыс Түрік қағанатының мұрагері Түркеш қағандығы айбынды қолбасы Сақалдың тұсында тіпті дәуірлеп, төрт тарапқа мәлім болғанын Таң патшалығының 708 жылы Сақалды «он төрт тайпа қағаны» деп танығанынан әрі оған «Қара Білге қаған» деген атақты қоса бергенінен байқауға болады. Мұндағы «Қара» сөзі күллі түрік әлеміне белгілі «күшті, мызғымас тақ иесі» мағынасында қолданылып тұр. Ал, «он төрт тайпа» дегені – Бес Дулат, Бес Нүшбеге қалың қарлық, яғма, мұқы тархан және думожы тайпаларын тұтас аумағы мен Түркеш қағандығы иелігі ретінде мойындаған.

Аталмыш он төрт тайпа бірлсетігі дегеніңіз жоғарыдағы 21 тайпаның Шато, чум, чу йөден басқасын түгел дерлік қамтып тұрғанын көрсетеді. Әйтсе де бұл тайпалар да Түркеш қағандығынан аулақтанып, басқа жаққа шығандап кете қойған жоқ. Шато бір кездері Шу й оның құрамында Батыс Түрік қағанатына бағынып, Іле өзені аңғарын мекендеп тұрған уақытта түркештермен тығыз байланыста аралас-құраласа өмір сүрген еді. Батыс Түрік қағандығы әлсіреп, ішкі қырқыс жиілеп, асқынған тұста Шығысқа жылжып, Баркөл мен Ұлы қорған шегіне дейін ауа жайылып қоныстанады. Сол замандарда олар Шато түріктері40 деп атала бастайды.

Жоғарыда өткеніміздей, түркештердің шығу тегі мен этникалық құрамы жөнінде өзгеше, тіпті бүтіндей басқаша дерлік көзқарастағы ғалымдардың бірі Л.Н.Гумилев болатын. Ол өзінің әйгілі «Көне түріктері» кітабында түркештерге әлденеше жерде арнайы тоқталған. Л.Николай «Түркеш халқы екі тайпадан мұқырлар мен абалардан пайда болды»41 дейді. Ал, мұқырлар мен абарлар деген кімдер, олардың өзі қайдан келді деген сұраққа онша қиналмастан-ақ «абарлар мен мұқырлар сияқты олардың ұрпақтары түркештер телестік те, шулық та, тегінде түріктік те (түркіттік) топқа жатқан жоқ»42 — деп тұжыра жауап береді.

Біз бұл тұжырымды қостай алмаймыз. Өйткені бұл арада басын аша кетпесе болмайтын аса шешуші мәнге ие тарихи шындық пен тарихи аққара таразы басына тартылып тұр. Біздіңше, Л.Гумилевтың жоғарыдағы тұжырым жасауға итермелеген үш жағдай болса керек. Оның біріншісі, әрі ең бастысы – Қытайдың «Жаңа және көне Таңнама» дейтін тарихи жазбаларында жиі кездесетін мохэ, мохэ ду, Алиша, мо хэ даган, т.б. атаулардың этимологиясы мен қолданыс аясын түсінбеуден туындап жатса керек. Ендеше бастау хаттарда осы атаулар қалай қоланылған, ол Л.Н.Гумилев айтқандай, ру-тайпаның аты ма, әлде мансап-лауазым ба немесе әр кезенде бір-бірінің орнына ауыстырылып қолданыла берді ме деген сұрақтың жауабын іздеуге тура келетін шығар.

Бұл сұрақтарға жауап іздеуге әрекеттенгендіктен де болар Л.Н.Гумилев өзіне дейінгі зерттеушілердің сілтемелерін талдай келе «…Мохэ (Шабанн «Баға» деп оқиды) ешқандай да біреудің жеке есімі болуы мүмкін емес, өйткені үшжеленің де «Мохэ даган»деген құрметті атағы болған»43 — деп жазады. Біз өз уәжімізді осы арадан «Мохэ даган» құрметті атағы дегеннен өрбіткенді жөн көрдік.

«Мохэ»қытай жазба деректеріне тым ертерек ілінген атаудың бірі. Ол алғаш рет «Солтүстік Вей» патшалығы тарихында (386 — 534) «ормаендықтар» деген мағынаны білдіретін «Шывій» түрінде хатталады. Ол кейбір тарихшылардың пікірінше, «Шиян Би» деген тұңғыс тайпасының басқаша жазылған түрі көрінеді. Вій, таң патшалығы дәуірінде Шывійлердің 20- дан астам тайпалары болғаны, олардың басыларын «Мохэ дуо» деп атайтындығы44 белгілі болған. Осыдан былайғы қытай жазба деректерінде «мохэ» әр түрлі қосымша жалғаулар тіркелген түрде, мәселенки, мохэ фу, мохэ даган ,мо хэ қаған, мо хэ дуошы т.б. атаулар да кездесіп отырады. Бұл жөнінде тарихшы Линган мынадай түсінік береді: «бұл сөздер түрік тілді халықтарда жиі кездеседі, оның ішінде «Мофу» мен «Мо хэ»сөзі, бүгінгі түрік тілінде Batur, күшті немесе ержүрек батыр дегенді білдіреді45. Ал, әр кездегі қолданыста бұлардың барлығы дерлік тайпа атын емес, мансап, онда да әскери шен дәрежесін көрсетіп тұрған атаулар болатын. «Мо хэ»-ні қытай-түрік тарихының білгірі Н.Мыңжани кейде «мұқы» түрінде, кейде «баға» түрінде қолданады. Ал, ұйғыр тарихшылары «мохэ»-ні – «баға» деп, «мохэ дуо»-ны «Бахадур» түрінде жазып жүр. Мо хэ даган – Баға тархан ретінде қабылданып, қалыптасып кетті деуге болады. Олай болғанда Л.Н.Гумилев «мұқры-бакрин» этнонимін қайдан, қалай алған болды екен дейтін заңды сұрақ туады. Ол сұраққа мынадай жауап береді: «Қытайлықтар тайпа мен тархан құрметті атағын бір ғана иероглифпен жазады. Бұл «Мохэ-баға» термині адамның қай тайпаға, бұл арада мұқыры-бакринге жататындығын білдіреді. Соның өзінде Мо хэ Дигань, яғни Мұқры Тархан – тұқымдық атақ екенін, өйткені Түркеш қағанатының бағыныштылық тәртібінде бізді қызықтырып отырған бұл персонаж Куль-чур құрметті атағын алып Чу мугунь тайпасын басқарғанын ескеруіміз керек»46. Біріншіден, қытайлықтар тайпа мен құрметті атақты бір ғана иероглифпен жазып тұрған жоқ, «баға тархан» дейтін әскери атақты білдіріп тұр, екіншіден, түркештер ғана емес Орхон түріктері (көк түріктер) де «Баға тархан» атағын кеңінен пайдаланған. «Тоныкөк» мәңгі тас жазуының 6-қатарында дана Тоныкөктің «Білге тоныкөк бойла баға тархан» (Білге тонуку, бойла баға тархан) атағы бар екендігі анық жазулы тұр. Сонда Тоныкөкті де бойла мұқры-тарханы еді деп қабылдауымыз керек пе? Л.Н.Гумилевтың өзінің де «718 немесе 719 жылдары хан оған тарханның бойла бағасы шені мен мемлекеттік кеңесші қызметін қайтарып берді»47 деп жазғаны бар. Бұл арада мұқры-тархан туралы сөз болмай тұрғаны түсінікті шығар.

Көк түріктер қағанатының негізін салушы ағайынды Бумын мен Естеми қаған тарихын зерттеушілер пікірін сарапқа салушы қытай  тарихшысы Лин  Ганның пікірлері де ойлануға тұрарлық деп қараймыз. Ол былай дейді: «…Батыстағы тайпаларды басқаратын мансапытыларды көбінше Ябғи деп атайды. Мәселен, Батыс түріктің түп атасы Естемидің әкесі Ұлық Ябғу еді. Естемидің өзі бағындырылған өңірдің баһадүр Ябғуы (Мо хэ луо йе ху) болған. Батыс түріктердің кейінгі қағандарына көбінше «Ябғу» атағы қосымшалана айтылатыны содан болар. Мысал үшін, Шекуй қағанның ұлы алғашында Ябғу деп аталады».

Жоғарыдағы айтылғандарды түйіндер болсақ, IV-V ғасырдан бастап тарихи жазбаларда көрінген «Мо хэ» атауы, негізінен, тайпалық, халықтық этноним емес, Шиян би – Шы вій, комұқ (ку мочи) жүржіттерден (авар) бастап, Түрік қағанаты (шығыс, батыс) мен Түркеш қағанатына дейінгі үлкенді-кішілі әскери мемлекеттік билік жүйесінде қолданылып келген, қағаннан кейінгі Ябғу дәрежелес немесе Ябғудан кейінгі үлкен лауазым атауы деп қараймыз.

Ал, Түркеш қағандығындағы «Баға тархан» — қағанның қол астындағы өзі әскери қолбасшы, тіпті бас қолбасы дәрежелес мансап болса керек. Мәселен, Түркеш қағандығының негізін салушы Үгіл (Өжелі-Өгелі) «… алғанда Ху селоның (Asana qusara) қол астындағы Баға тархан деп аталушы еді»48 деп анық жазылған. Мұнда да сөз Мұқры тайпасы туралы. «Мұқры — дикань» туралы емес, нақты әскери билік атағы жөнінде айтылып тұрған жоқ па?

Л.Н.Гумилев сүйенген екінші тұғыр – мұқры, сотэ және моко рулары жөніндегі сілтемелерінен көрінелі. Ол былай деп жазады: «Олар жөніндегі алғашқы мәліметтер VIIғ. Екінші ширегіне жатады, онда бұлар Дулудың бес тайпасы құрамында атап көрсетілген, 659 жылы Батыс Түрік қағанатын қытайлықтар жаулап алған кезде түркештер екі округті: Согэ және моко рулары  өмір сүрген Іле өзені алқабының жоғары бөлігіндегі Ву – Лоуды және Алишэлер тұрған Іле өзенінің батысындағы Го-Шаньді мекендеді»49.

Таң патшасы Гау зұңның жарлығымен 659 жылы қайта құрылған Күн мен тұтық мекемесіне кейіннен Бей тиң – Бесбалақ қарайтын 23 уәли мекемесі құрылған болатын. Солардың ішінде «түркеш» атауы анық тіркеліп тұрған екеуі ғана емес. Түркеш қағандығына қарасты Бес Дулат құрамындағы бес тайпа аумағы тіпті Сұлұқ билеген 14 тайпа қағандығы жері түгел ұмытылған еді. Олар мыналар:

1.Бүгінгі ШҰАР-дың Тарбағатай өңірін мекендеген Шимойын Лүй ұлысын бақылайтын Хұң Ян Уәли мекемесі.

2.Вен Лу (Ву-Лоу емес – Д.Ә.) Уәли мекемесі — Іле өзені орта және төменгі ағысының терістік жағасын мекендеген Сұға – Баға (Суогэ мұхэ) ұлысының аумағы.

3.Жие сан уәли мекемесі – Суого мұхэ ұлысының батыс аумағын мекендеген түркеш Алаш (Алишэ) ұлысы.

4.Екі өгіз уәли мекемесі – Ысты тон шор ұлысы мекендеген бүгінгі ШҰАР, Бұратола ауданына қарасты батыс Бұратола өзені бойында құрылды.

5.Иың Са уәли мекемесі – Жаныс Шопан шор ұлысы мекендеген ертедегі Агінй, Қара шәр аумағындағы Жұлдыз өзені аңғарында.

6.Ян бо жу уәли мекемесі – Қойлау Күлүч чор ұлысымекендеген Үрімжінің батыс солтүстігі мен Манас өзенінің батысында құрылады.

Біз бұл тізімнен де, оның ішінде түркештер жеке дара бағынғандай етіп көрсетілген екі аймақ – Вын Лу мен Жие сан уәли мекемесіндегі «манжурлардың орман-тоғай тайпасы мүкрилер мен (мохэ) мүқырларды»50 таңбалап көрсете алмай тұрмыз.

Осы арада түріктер құрған алып империялардың әскери, әкімшілік, шаруашылық басқару жүйесі тудырған әр дәрежелі атақ, мансаптардың төркіні, этнимологиялық мән-мағынасы туралы бірер сөз айта кетудің реті келіп тұрған сияқты. Сонда «согэ, моко» тәрізді бұлдыр атауларға сәуле түсер деп үміттенеміз.

Ертедегі қытай жазба деректерінде51 мынадай аса құнды мағлұмат келтірген екен:

«Бұмын өз қалауы бойынша Ел қаған болып аталды. Ол ежелгі Шаниүй (Тәңірхұт – ой сеңгір – Д.Ә.) дегенмен бірдей дәреже, ал әйеліне қатын деген атақ берді, ол да ертедегі Алшы-бәйбіше (әтше) дегенмен дәрежелес. Ұлдары мен інілері тегін, басқа тайпалардың әскерін басқарушы қолбасшылар Шад деп аталды. Мұнан кейінгі биік лауазымдар ретімен – чорұқ Шор (Шүй лүй шуо), аба (апа), елтебер, тудұн (тұтық) еркін, мемлекеттің үлкенді-кішілі мансаптыларының саны оннан асады».

Біз үшін аса құнды дерек осыған байланыстырыла былай таратыла баяндалады. «Бұл атақ-дәрежелер мансаптылардың дене бітіміне, жас шамасына, түр-түсіне, сақал-шашына, шарап пен етке, тіпті хайуандардың атына қарай берілген еді. Мәселен, қайтпас, батыр тұлғалыларды Шбара (Шы боло) немесе Бағадұр (мохэ фу) деп атады. Толық, төртпақтарды сан дало (талыс немесе сандық, кебежеге, ұқсатқан сөз болар – Д.Ә.), да лобян – бәлкім, тостаған болар – Д.Ә.) шарап ішетін ыдыстың аты, мүйізге ұқсайтын әрі жуантық, қысқа, тұрқына қарай мансап аты болып қалыптасқан.

… Сондай-ақ олардың жасамыстары ге ли (бәлкім кәрі, қария, егде, ел ағасы, аға тәрізді мағыналы болар – Д.Ә.), бұрындары гели дагуан (даған, tarqan) аға тархан деп аталған. Әскер ұстап, қол бастағандарды қыран, сайыпқыран деп, мәселен, Хелан суни – қыран әскербасы, шар әскербасы деп атады. Ал, қара түстілерді Хелобян, яғни қара шор деп атады, қара шордың шендік дәрежесі өте жоғары әрі егде тартқан жасамыс болып келеді. Шаша, сақал-мұртына қарай суогэ деген ат берілді. Ертеде суогэ тудұң (тұтық) дейтін мансап болған. Ол негізінен, аймақтарды билейтін мансаптылардың атағы болушы еді»52.

Осынау аса құнды дерек көзіне үңілгенде, тарихшылар мен тілші түрколог ғалымдарды бір-бірінен мүлдем алшақ пікірлер айтуға мәжбүр қылған тіркестер мен жеке атаулардың этимологиясы айқындалып, басқасын былай қойғанда, біз сөз етіп отырған түркештердің этногенезі мен этникалық құрамын анықтауға мүмкіндік туады.

Олай болса, біз қытайдың «мо хэ, мохэду, мохэфу, мохэ даган» деп түрліше  жазып келген иеорглифінің мағынасы – «баға, баға тархан, бағадұр, баһадүр» дейтін түрік-қазақ сөзінің әрі дыбыстық, әрі мағыналық аудармасы, оның  «манжурдың орман-тоғай тайпасы болған соге, мокоға» ешбір жақындығы жоқ деп, батыл түрде айта аламыз.

Қытайдың жазба деректерінде көп кездесетін атаудың бірі – суогэ. Ол түркештерде «суогэ мохэ» болып қосарлана келіп, ұлыстық, кейде аумақтық мағынада да қолданылады. Суогэні –сақал (сақал қаған, саға ал, сағй, сөге, саға, т.б.) деп жазған қытай тарихшысы Шуе Зұңжың, әрине, суогэ – түріктің  сақал-мұрт, шаш түрі мен түсіне қарай қойылған атақ екеніне көз жеткендіктен солай түсініп, солай қабылдаған деп қараймыз. Олай болса «суогэ, суоге, мохэ» сақалды немесе шашты, түкті бағадұр (баһадұр) дегенді білдіретін атау болып, бара-бара басқа да мансап, шен атақтары сияқты түріктік-түркештік мансаптардың атына, сол арқылы ру-тайпа атына айналып кеткен деймін. Біз бұл пікірімізді жоғарыдағы үзіндідегі «Ол, негізінен, аймақтарды билейтін мансаптылардың атағы болушы еді» дейтін хабарламамен нықтай түскіміз келеді. Түріктер құрған үлкенді-кішілі мемлекеттердің аймақтары мен кіші хандықтарын, сол және оң қанаттарын, тіпті ру-тайпаларын да әскери атағы бар адамдар басқарып келгені анық. Түріктерде қалыптасқан билік жүйесіне қарағанда әр адамның атқарған қызметі мен билеген аумағының өзгеруіне, дәрежесінің өсуіне қарай оның бұрыңғы атақ-дәрежесіне жаңасы тіркеліп отырған. Мәселен, Түрік қағанатының 7-қағаны Баға қаған (Мохэ қаған) бағындырылған Шығыс өңірді билеп тұрғанда Қара Шор (шу ло ху) деп аталушы еді. Батыс түріктің Ел Құтлық бек қағаны қаған болмай тұрғанда Баға Шор (Мохэ дуо) атағымен ел билейді. Дәл сол сияқты түркештердің бірінші қағаны Үгілдің де қағандыққа дейінгі атағы Ку Сара қағанның қол астындағы Баға тархан екені естеріңізде болар.

Л.Гумилев соңғы үшінші айғақты дәлел ретінде «Түркеш халқы екі тайпадан: мұқырлар мен аварлардан пайда болды. VII ғасырдың өзінде-ақ түркеш тұқымдары Сарыларға (мұқырлар тұқымы) және Қараларға (аварлар ұрпағы) бөлінді. Бұл арада Азияда сары түс ақсүйектерді, ал қара түс бұратана халықты бейнелеп келгенін»53 алға тартады. Тарихшы ойын одан әрі нақтылап: «Біздің талдауымыз бойынша «сарылар» — байырғы тұрғындар – мұқырлар, ал «қаралар» — келімсек аварлар, олар бірігіп, бір халық боп кетсе де өздерінің шыққан тегін, нәсілі бөлектігін әлі ұмыта қаймаған»54 деп жазады.

Біз жоғарыда түркештердің этногенезі мен этникалық құрамы жөніндегі ой-пікірімізді біршама өрбіте айтып өттік. Түркештің түрік екенін, «нағыз түрік» мағынасы барын, Дулаттың белді тайпасының бірі ретінде Жетісу, Еренқабырға мен Алтайды мекендеп келген ежелгі халық екенін дәлелдеуге тырыстық. Сондықтан да Л.Н.Гумилевтің V ғасырдың алды-артында «манжүрлардың орман-тоғай тайпасы» ретінде аталған мұқырлардың (Мохэ-мүкрилер) VII ғасыр басында Жетісудың «байырғы тұрғындары» ретінде сарылар – ақсүйектер қатарына жатқызылуын құптай алмаймыз.

Ал, түркеш халқын құруға қатысты делінген екінші этникалық аварлар жөніндегі нақтылы тарихи деректерді кездестіре алмады. «Таңнама» (Көне және жаңа), «Сүйнама», «Билік ғибратнамасы» қатарлы ескі бастаухаттарға сүйенген белгілі қытай тарихшысы Шуе Зұң жың былай дейді:

«Түркеш қағандығы – Таң патшалығы дәуірінде Батыс өңірде бірінші рет басқа бір түрік әулеті құрған өкімет еді. Оны түркеш, шеп, шимойын (шу, мукүн) қатарлы үш тайпа құрды. Осының алдыңғы екеуі тарихтан бері қаған шығып келген тайпалар болып, соңғы біреуі – (ши мойын) қағандықтың ең басты көмекші қолқанаттары болушы еді… 738 жылы сұлұқ қаған өлтірілген соң қағандық ішіндегі сары және қара тұқымдас арасында қырқыс басталды да, мемлекеттің берекесі қашты»55.

Демек, тарихтан бері қаған шығып келген түркеш, шеп тайпасы тұтастай алғанда ақсүйек «сарылар» аталуға хақылы. Олай болғанда «келімсек, аралар» шимойындар болып шығады. Алайды, олай деуге ешбір тарихи негіз жоқ сияқты. Біздің пайымдауымызша түстер, оның ішінде сөз болып отырған VI- VIІІ ғасырдағы азиялықтардың сары, қара түстер жөніндегі ұғым-түсініктері тіпті де басқашалау болса керек еді.

Өздерін «көк пен жерден жаралған Күн мен Ай таққа отырғызған… Тәңірінің әке перзенті» деп білетін ғұндардың ұрпағы – түріктердің «тәңірдей, тәңірден болған» көк түріктер атауы әсте кездейсоқтық емес еді. Түрік халықтары елін көк түс – қасиетті, киелі, көк бөрідей тәңірлік мағынаға ие. Түріктің өңірлік наным-сенімі бойынша, көк-әке, жер, қара жер – ана, тіршілік көзі мәңгіліктің, сарқылмас күш-қуаттың баламасы іспетті. Түрік қағандарының атағына қосыла айтылатын қара сөзінің осындай жердей зіл батпан алмағы бар болатын. Мысалы, алғашқы Түрік қағанатының (552-599)  7- қағаны Баға қағанның (Мхэ қаған) «Қара шор» лауазымы болса, Шығыс түрік қағанатының (599-630) 3-қағаны – «Қара қаған» деп аталған.

М.Қашқари қара сөзіне «Хақаняның хандары «Қара» деп аталады, — Бұғоа қара хақан – Бура Қара хан сияқты»56 деген анықтама берген болатын. Әйтсе де біз бұл анықтамадан қара сөзінің түп  мағынасын – этимологиясын да алмаймыз.

Әлемнің туркологтері мен тарихшылары түстер жөнінде, оның этимологиясының, этникалық тарихқа қатысы жөнінде көп жазды, көп таласты ақырғы сөз әлі айтылған жоқ.

Қытайдың белгілі тарихшысы Шуе Зұңжының пікірі қара жөніндегі бұлдырлыққа сәуле түсіретін сияқты, ол былай дейді: «Түркеш қағандығының соңғы кезеңінде Сұлұқтың ұрпағы мен Сақалдың ұрпағы арасындағы тақ таласы өршіп кетті. Қағандыққа жол ашып, көш бастаған Сақал хан шыққан түркеш тайпасы Сары шаштылар тұқымына жататындықтан оны жақтап қолдаушылар сарылар (сары тұқымдылар – Д.Ә.) деп аталынды. Ал, Сұлұқ болса қағандықты қалпына келтіріп, айбынын асырған хан еді. Ол шыққан Шеп тайпасы Қара шашты, нақ моңғолдық типке жататындықтан Сұлұқты қолдаушылар қаралар (қара тұқымдар – Д.Ә.) болып аталады»57.

Бұл арада сөз Л.Гумилев айтқандай, ақ сүйек, қара сұйек, бұратаналар туралы болып тұрған жоқ. Өйткені, Сақал да, Сұлұқ та – тарихтан бері қаған шығып келген түркеш пен шеп сияқты билеуші ақсүйек тайпаның өкілдері.

Қараның, қара шаштың дегдарлыққа, ақсүйектікке қатысы туралы ой кездірер болсақ, сөз ұзаққа кетеді. Түйіндеп айтқанда Миллер мен Г.Е. Грумм-Гржимайло хұндардың қара шаштыларға жататынын, ал Х.Қороғлы «Оғыз ханның шашы мен сақалы қара болғанын»58 жазған еді.

Грумм Гржимайлоның анық жазғанындай, түріктердің де шашы қара болған. Түріктердің дене бітімі мен түр-түсі қандай болғанына дауласпай-ақ Күлтегін бейнесі түсірілген тас мүсінге бір қарай салу жеткілікті шығар.

Сарылар, сары шаштылар жөнінде бірер сөз.

Антропология, генетика ғылымы әлдеқашан дәлелдеп бергендей, қазақтың антропологиялық типі негізгі екі нәрселік жүйеден құралған. Оның бірі – еуропалық, екіншісі – мұңғұлдық (монголоид) нәсілдер. Бірінші жүйе қазақ даласының негізгі тұрғындарына тән қасиет.  

Заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдан бастап Жетісу мен Тарбағатай Оңтүстік Алтай, Еренқабырғаны мекендеген үйсіндердің нәсілі жөнінде Таң патшалығы (618-907) дәуірінде өмір сүрген Ян Шығу: «Үйсін Батыс өңір ұлттары ішіндегі пішіні тым ерекше … Көзі көк сақалы жирен»59  деп жазады.

Біз түркештер ежелгі Үйсін-Дулы ұлысының ұрпағы, шежіре деректерінде айтылатын Сары үйсінді түркеш қағандығы кезіндегі Үгіл мен Сақал қаған шыққан Сарылардың (сары тұқымды түркештер) үрім-бұтағы деп қараймыз.

Ал, Үйсіндердің хұндармен, қаңлы-аландармен бертінгі көк түрік тайпаларымен салттас, тілдес, діндес екені ертедегі қытай-жазба деректерінде60 жеткілікті дәрежеде жазылып қалдырылған.

Сондықтан сары және қара түркештер арасындағы «бітіспес жаулықтың» негізгі себебін – олардың «жергілікті мұқырлар ұрпағы» болғандықтан ақсүйектер тұқымы, ал «келімсек аварлар ұрпағы» — бұратана – қара тұқымдар болғандығынан емес, «тарихтан бері қаған шығып келе жатқан» туыстас екі тайпаның таластығы мен бақталастығынан дегіміз келеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

II.ТАРАУ. ТҮРКЕШТІҢ ҚЫТАЙМЕН, АРАБТАРМЕН ҚАТЫНАСЫ

 

             2.1. Түркеш тарихындағы Атлах шайқасының рөлі

 

Еліміздің тарих оқулықтарында өз жерімізде болып өткен осынау аса маңызды тарихи оқиға туралы мардымды ешнәрсе жоғы өкінішті. Ендеше алдымен Атлах туралы жазба деректеріміз не дегеніне назар аударып көрелік. Атлах VI-XII ғ.ғ. аты шартарапқа мәлім болған Талас-Шу бойындағы түрік қалаларының бірі. Академик Әлкей Марғұлан Атлахты – Отлых61 деп жазыпты. Араб тарихшысы Әл-Макдиси 985 жылы «Атлах-үлкен қала, көлемі жағынан орталық қалаға жақын, айналасы биік дуалмен қоршалған. Бау-бақшасы көп, жүзім мол өседі. Мешіті орталығында, базары – рабатта (қала шетінде) болған»62 деп жазады. Махмұт Қашқари болса «Атлұқ Талас (Тираз) маңындағы бір қаланың аты»63 деп қысқа қайырды. Орыс тарихшысы А.Н.Бернштам өзі ашқан археологиялық айғақтарға сүйене отырып «Атлах қаласының орны Тараз қаласына таяу жердегі Жуантөбеде, оның үйіндісінің айналасы 280/140 метр аумақты алып жатыр» деп, нақтылай түседі64. Атлахтың харабаға айналу тарихы туралы жазба дерекке кезіге алмадық.

«Атлах-Талас шайқасы» дегеніміз – қандай шайқас? Оған қай елдерден, қанша әскер қатысты? Соғыстың алғашқы төрт күнінде Таң империясы жағында соғысқан қарлұқ қолы бесінші күні неліктен арабтар жағына өтіп кетті? Қытай армиясынан қанша адам өліп, қаншасы тұтқынға түсті? Түркеш әскері бұл шайқасқа қатысты ма, қатысса, кімдер жағында болды? Соғыс аяқталғаннан кейінгі геосаяси жағдай қалай өзгерді? Шайқастың тарихи мән-маңызы қандай болды? Бұл сұрақтар төңірегінде тарихшылар алуан түрлі ой-пікір айтып келгені белгілі.

Алдымен «Атлах-Талас шайқасы» қарсаңындағы геосаяси, әскери жағдайға қысқаша тоқталуға тура келеді. VII ғасырдың ортасында нақтылап айтқанда 750 жылы Араб халифатындағы ұзаққа созылған тақ таласы қырқысы аяқталып, қара киімділер аталған аббасшылдар толық жеңіске жетеді де, осыған дейін бақылаудан тыс қалған бұрыңғы ортаазиялық иеліктеріне бақылауды күшейте бастайды. Бұған дейін Тибет пен Шығыс Түрік қағанатына және ішкі қырқыстан әбден әлсіреген түркештерге әлденеше жеңісті жорықтар жасап, Жетісу мен Мәуреннахрға сұғына кірген Таң империясы армиясы халифат иелігіне тікелей қауіп төндіре бастаған болатын. Осы дәуір туралы жан-жақты зерттеу жүргізген Қытай тарихшысы Шуе мырза екі империяның мүдде қақтығысын былай түйіндейді: «Бұл аймақтағы билік үшін болған текетірес қарулы қақтығысқа ұласты. Бір ғасырға созылған саяси ықпалдастықтың күшейіп-әлсіреп отыруына орай, ақырғы тоқайласар алаң, бұрынғыдай «тәңірі қағанның батыс қақпасы»65 атанған Әмудария емес. Суябқа жуық Талас аңғары болып қалған еді»66. Бұл жолдарда тарихи шындық бар екенін атап айтуымыз керек. «Атлах-Талас шайқасы» алдындағы Орта Азия елдерінің геосаяси жағдайын төмендегідей топтастыра айтуға болады.

  1. 737 жылы түркештердің құдіретті билеушісі атанған Сұлұқ қаған қастандықпен өлтірілгеннен бергі он жыл бойы қағанатты құраған бес дулат пен бес нүшбе арасындағы тақ таласы Түркеш қағанатын біржола тұралатып тастаған еді. Түркештерді Таң империясы тағайындаған қуыршақ қағандар билей бастады.
  2. 744 жылы яғма, қарлұқ, ұйғырлардың тегеурінді соққысынан талқанған соңғы Түрік қағанатының тағы үшін болған ішкі соғыстар барысында ұйғырлардан ойсырай жеңілген қарлұқ, яғмалар Жоңғарияға, Тұрпанға, Жетісу өңіріне қарай жөңкіледі. Ішкі соғыстан, Таң имериясының әлденеше реткі тегеурінді соққысынан әлсіреген түркештер қарсылық көрсете алмайды. Таң империясы ендігі жерде қарлұқ жабғуын барынша қолдауға кіріседі. Қарлұқтардың қолымен түркештерді ықтырып, Араб халифатының ілгері жылжуын тоқтатуды көздейді. Таң империясы бір мезгіл ол мақсатына жеткендей де болады. Қытайдың өркөкірек генералы Гау Шиян жы халифаттың айбынды қалың қолына қарсы шеру тартқанда дәл осы қарлұқ жабғуымен Ферғана ханының қуатты әскери қолдауына есенгені белгілі.
  3. Генерал Гау67 «Атлах-Талас шайқасы» болардан бір жыл бұрын 750 жылы қалың қолмен Тобанға, Шашқа шабуыл жасап, хандарын тұтқындап, Таң ордасына апарды. Дәл сол кезде Қытайдың тағы бір үлкен қосыны түркештер ордасы Суябты басып алған болатын. Түркеш қағанын да тірілей қолға түсіріп, Қытай астанасына жөнелтеді. Екі генерал мезгілде екі бағыт бойынша жорыққа шыққандығы байқалады.

Осы тұста заңды сұрақ туады. Генерал Гау Таң Ордасы тағайындаған Шаш ханын неліктен тұтқындап әкетті? Арабтар Таң ордасымен одақтас болған Ферғана иелігінен аттап өтіп, Талас бойына қалай шабуыл жасайды? Бұл сұраққа былайша жауап беруге болады. Шаш иелігі, әсілі, Түркеш қағанатына қарушы еді. Оның билеушісі Баһадүр тұтұқ (Мохо дуо тудун) түркеш қағаны жіберген өкіл әкім болатын. Алғашқы кезде ол Таң Ордасының да тағайындауын қабылдап, тарту-таралғы да жіберіп тұрады. Алайда Шаш ханы бір жағынан қытайлардан қорлық көріп жүрген қара түркештермен туыстығынан, тағы бір жағынан арабтарға әлдеқашан одақтас, діндес болып кеткен соғды ықшидымен құдандалылығынан арабтармен де жақсы қарым-қатынас жасап тұрады. Тіпті оның хандық мәртебесін халифат заңдастырып берген болатын. Көріністе қытаймен, іс жүзінде арабпен одақтас болған Шаш ханына генерал Гаудың өшіге шабуылдауында өзіндік сылтау бар еді. Әйтсе де генерал Гау бірден шабуылға шықпай, «келіссөз арқылы ұғысуды» сылтауратып, Шаш ханын соғыссыз-ақ қолға түсіріп әкетеді де, опасыздықпен өлтіріп тастайды. Шаш ханының баласы аман қалып, арабтардан және көршілес елдерден көмек сұрайды.

«Көне таңнамады» мынадай дерек бар: «Ол арабтармен тіл біріктіріп, төрт қалашыққа шабуыл жасайды деп қорыққан Гау Шиянжы 20 мың әскерді бастап жабайылар жеріне өтіп кетті де, Таласта арабтармен соғысты»68.

Таң әскері «Әнши бекінісі қалашығындағы»69 қытайдың таңдаулы жаяу және атты әскерін негіз еткен, Ферғана, қарлұқ атты әскері толықтырған қалың қол еді. Бірақ оның нақтылы саны қытай деректерінде анық көрсетілмеген. Халифаттың Хорасандағы өкіл әкімі Әбу Муслин Бұхара мен Самархандағы көтерілістерді тез тыныштандырып, өзі Самарханда қалады да, Зияд Ибн Салих бастаған қалың қолды Атлах-Талас бекіністерінде қорғаныста тұрған араб қолбасшысы Сайд Ибн Хумайд әскеріне көмекке шұғыл аттандырады.

Талас соғысы жөнінде арнайы зерттеу жүргізген О. Т. Большаков Әл-Макдиси дерегіне сүйене отырып, Тараз бен Атлах бекінісінде қорғаныс жүйелерін қалпына келтіріп, жаңа дуалдар тұрғызумен айналысып жатқан араб гарнизоны болғанын растайды70.

Осынау қүнды дерек күні бүгінге дейін жұмбақ болып кеткен Атлах-Талас шайқасының соңғы — бесінші, шешуші күні шайқаста қарлұқтардың Таң империясына сырт беріп, арабтар жағына шығып кетуінің сырын ашуға көмектесетін сияқты.

Орыс ғалымы А. М. Мандельштам түрік халықтары, оның ішінде қарлұқ, шығыл, шуйе, шумй тайпалары VII ғасырдың басында-ақ Шаш пен солтүстік Ферғана өңіріне дендеп ене бастағанын, соғдылармен, сол арқылы арабтармен де әртүрлі деңгейде қарым-қатынаста болғанын атап көрсетеді71. Демек, түрік халықтары оның қатарында қарлұқтар арабтарды көптен бері жақсы біледі деп айта аламыз. Оның үстіне қытайлардан талай теперіш көріп келе жатқан түркештер мен қарлұқ жабғуы түпкі мақсаттары жағынан жақын одақтастар болып үлгіргені байқалады. Шаш ханымен туыстық қатынасы бар қара түркештер арқылы арабтардың қарлұқ жабғуымен ортақ тіл табысқаны, өрлеу, ілгерілеу үстіндегі Ислам әскерінің күш-қуатына сенім артқаны тарихи шындық болатын. Қытай дерек көздері араб әскерінің құрамы мен күш-қуаты жөнінде мынадай жалпы сипаттама береді. Арабтар жағында Зият бастаған Хорасан, парсы армиясын негіз еткен қалың қол және Орта Азиядағы Соғды бірлестігіне жататын елдер әскерлері болған. Бұл өңірдегі халықтар көптен бері-ақ арабтарға бағынып, ислам дінін қабылдаған болатын. Араб армиясында атты әскер, жаяу әскерден басқа, түйелі қосын, найзалы қосын, отпен шабуылдаушы арнайы топ бар еді. Қару-жарақ жағынан арабтар әлдеқайда үстем болатын. Ал Қытай жағы өздерінің жат жерде артқы саптан қол үзе, жазалау, жаныштау жорығында жүргенін мойындайды.

Сонымен, 751 жылдың зұл-хиджа (шілде) айында Атлах-Талас жерінде әйгілі қанды шайқас басталады. Қытай-дерек көздерінен мынадай хабарларды көреміз: «Екі жақ бес күн бойы шайқасты, қарлұқтар жаппай бет бұрып кетті де, арабтарға болысып, екіжақтап Таң армиясын қыспаққа алды. Шиянжыны (Гау Шиянжыны — Ә. Д.) ойсырата жеңді»72.

Таң әскері бірін-бірі таптай, түн жамыла қашады «Жол тар, адам мен ат көлік жолға кептеліп калды. Ферғаналық қалың әскерлер алдымен қаша жөнелді, қаптаған ат пен түйе адамдарға жол бермеді. Гау Шиян жының бір генералы Ли сыие қолына жуан таяқ алып, алдыға шығып, адам мен ат көліктің өлігінен тазалап, жол ашып отырды. Гау Шиян жыға ерген қалың тобырдың өтіп кетуіне жағдай жасады»73. Генерал Гау аздаған адаммен Ән ши бекінісіне аман-есен жетеді.

Атлах-Таластағы масқара жеңілістің Таң империясы үшін қандай ауыр соққы болғанын тарихшы Шуе мырза былай бағалайды: «Төртқалашықтың таңдаулы армиясы түгелдей дерлік жоқ болды: Осы соғыстан кейін Таң патшалығының абыройы түсті, бұрынғы құдіретінен айрылды. Сөйтіп, Таң патшалығының дәурені өтіп, құлдырауы басталды»74.

Таң патшалығына осыншама орасан зор шығын әкелген генерал Гау соғысқа 20 мың қытай армиясымен ғана қатысты деу ақылға симайды. Араб-қытай дерек көздеріне сүйенген әр ел тарихшылары бұл шайқастың қалай болғаны, қанша әскер қатысып, қанша адам өлгені туралы әр түрлі болжамдар жасап келеді.

В. В. Бартольд араб-қытай деректерін негіз етіп, «Гәу Шиян жы 30 мың әскермен арабтарға қарсы аттанды. Шамамен 700 ли алаңға жайыла сап түзеп ілгерілеп, Тараз маңында олармен қару түйістірді» деп жазады. Ал, Ибн Әл-Асыр болса: «Қытай жағы жүз мың әскер шығарды, соғыс Тараз өзені, Талас маңында, зұл  хиджа айында, 133-хиджыра (751 жылы 29-шілдеде — Ә. Д.) болды. Қытайлар өлілей 50 мың, тірідей 20 мың адамынан айрылды»75 деп нақтылайды.

X ғасырдың алғашқы жартысында жазылған Әл-Байхакидің «Кітаб Әл Махасин Вуа Л. Масауи» деген кітабында жорық жасаған қытай армиясының саны 70 мың еді, бірақ арабтардан күйрей жеңіліп, көп әскері тұтқынға алынғаны, қытай армиясының арқышын (обозын) олжалағаны, әрі қытай қолбасы ғажайып асыл жүзігімен қолға түскені аңыздалады. А. Г. Малявкин болса, қытайдан 50 мың әскер өліп, 20 мыңы тұтқынға түскен деп шамалайды76.

Аталған деректерді салыстыра қарағанда және Таң империясының жаулаушы армиясының тек Жетісу мен Сыр, Әмудария бойынан ғана емес, күллі Орта Азиядан біржола шегініп кетуіне қарағанда олар Атлах-Талас шайқасында шынымен-ақ жетпіс, сексен мың адамынан айрылғанына шүбәланудың орны жоқ сияқты.

Әр ел тарихшылары әрқалай жазып, түрліше пайым жасап жүрген мәселенің бірі — осы соғыста тірідей қолға түскен қытай әскерінің кейінгі тағдыры, тұтқындардың қолымен қытайдың қағаз жасау өнерінің Мәуреннахр мен Арабияға таралуы…

Ең алдымен, біз генерал Гау бастаған қытай армиясының санының қанша болғанына қарамай, оның Таң империясының Қытай қорғанының сыртындағы барлық бағынышты елдерді қарудың күшімен ұстап тұруға міндетті «төрт қалалық бекіністегі» таңдаулы әскерлері екендігін, олардың арасында қару-жарақ, құрал-сайман жасай алатын шеберлер болғанымен, қағаз жасау өнерін меңгерген мамандардың болғаны күмәнді деп қараймыз. Оның үстіне қытай тарихшыларының өздері жазғанындай, дәл сол тұстағы халифат әскерінің жарақтануы Таң армиясынан әлдеқайда артық бола тұра арабтар мен соғдылықтар қару-жарақ жасаудың озық технологиясын қытайлық тұтқындардан үйренді деудің де жолы жоқ. Ал әскери тұтқындарды армияның түрлі қажеттеріне қарай, тіпті, қару-жарақ жасауға пайдалануы әбден мүмкін.

Тарихи деректер Орта Азия мен Мәуреннахрда қағаз жасаудың тарихы тым ертеден басталғанын меңзейді. О.Г. Большаков Әл-Марузидің жазбаларына сүйене отырып, қағаз жасау өңдірісі Самарқан мен Ферғана қалаларында мұсылмандыққа дейінгі дәуірде жақсы жолға қойылғандығын жазған болатын77.

Тарихи жазбалардың айғақтауынша, қытай әскерлерін мындап тұтқынға түсіру бұрын да болып тұрған жағдай. 628 жылы Жетісу жерін басып өткен әйгілі қытайлық кезбе-монах Шуан заң Талас аңғарындағы бір шағын жабық қалашықта қолөнермен айналысатын жүздеген қытайлық отбасы бар екенін жазған болатын78.

Олай болса, қолға түскен қытай әскерінің бәрі шетінен өнерпаз, шетінен әлдебір жаңалық ала келуші ретінде дәріптелуі де тарихи шындыққа сай келмейді деп қараймыз.

751 жылғы Атлах-Талас шайқасында қолға түскен Гау Шиян жы сардарларының бірі — Ду Хуан Таласта біраз тұрып, айдаумен Арабияға дейін барады. Тұтқындар тартар барлық тауқыметті бастан кешіп, көрген-білгендерін қағазға түсіре жүреді. Ақыры амалын тауып, сауда кемесіне ілесіп, теңіз арқылы 762 жылы Шығыс Қытайға қайтып оралады. Ол көзімен көрген барлык, оқиғаларды, ел мен жер жағдайын, шаруашылығын, сауда жолдарын тәптіштей жазып, «Жиң Ши жи» (саяхатнама) деген бірнеше томдық кітап шығарған. Бірақ, «Саяхатнамада» қытайлық тұтқындардың арабтарға қағаз жасап бергені жөнінде ешбір дерек айтылмаған. Жетісу мен Мәуреннахр және Кіші Азия жөнінде құнды мәліметтер онда баршылық.

Біздіңше, Атлах-Талас шайқасында қолға түскен қытайлық тұтқындар қолымен қағаз жасалғаны жөнінде нақтылы дәлел жоқ. Тұтқын қытайлардың саны да ешбір тарихи жазбаларда анық көрсетілмесе де, оның он мыңдап саналатынына күмәнданбаймыз. Олай болса, Атлах-Талас шайқасының тарихи маңызы неде? Біздің төл тарихымыздан оның алар орны қандай болмақ?

Тарихшылар мен қоғамтанушылар үшін Атлах-Талас шайқасының жеңісін танып, бағалай білу үлкен сын деп білеміз. Біз бұдан 1250 жыл бұрын Қазақстан мен Орта Азия және күллі мұсылман әлемі тағдырына шешуші ықпал еткен ұлы Жеңіске қол жеткенін мақтанышпен әрі борыштарлықпен атап өтуге тиіспіз. Ендеше, біз осы ұлы жеңістің тарихи маңызын былай атап көрсеткіміз келеді:

  1. Сонау екі Хан дәуірінен (б.з.д. 206- б.з. 220) бері Қытай қорғанының сыртына шыға бастаған Хан патшалығы Таң дәуіріне (618-907) дейінгі сегіз жүз жылда шамамен он мың ли (5000 км) Батысқа жылжи отырып, 751 жылы Атлах-Талас түбіне жеткен қытай экспансиясының қанды жолы біржола, мәңгілікке кесіп тасталды. 751 жылдан бергі 1250 жыл бойы бірде-бір қару асынған қытай шерігінің осынау қасиетті аймаққа аяқ баса алмағаны тарихи шындық еді. Міне, сол үшін де Атлах-Талас түбінде шаһит кеткен құрбандар аруағы алдында күллі мұсылман-түрік әлемі тағзым етуге тиіс деп қараймыз.
  2. Атлах-Талас шайқасының ұлы жеңісіне араб мұсылман әскері қарлұқ, түркеш түріктерінің қолдап-қуаттауы мен жанқиярлық ерлігі арқылы қол жетті Көтеріліс жасаған қарлұқ әскері жағында қытайлардан қорлық көрген түркеш қағандарының сардарлары бастаған едәуір қосынның болғаны белгілі. Қанмен бекіген түрік-араб достығының ғұмыры ұзақ болды, берекелі болды. Түрік халықтары Алланың хақ діні — Исламмен ертерек қауышты. В. В. Бартольд әділ айтқандай «Турки были одними из первых народов, среди которых Ислам, отказавшись от пропаганды оружием, имел успех путем убеждения»79 болғаны тарихи шындық. Түріктер Исламды 751 жылдан былай қарай, негізінен, бейбіт жолмен қабылдап, ислам мәдениетімен ертерек танысып, оны игеруге барынша құлшынды. Соның нәтижесінде түрік дүниесі Ислам әлемімен рухани тұтастыққа қол жеткізді. Адамзат мәдениетіне Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Әбу Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Ахмет Иүгінеки, Ибн Сина қатарлы ұлы тұлғалардың данышпандық ілімдерін бере алды.
  3. Түрік халықтары біртұтас рухани, мәдени бірлікке қол жеткізу арқылы ұлт ретінде ұйысып, кірігу барысында едәуір тұрақты, гүлденген мемлекеттерге ие болды. Исламды мемлекеттік дін ретінде мойындаған Қарлұқ — Қарахан мемлекеті кейінгі Қыпшақ, Қазақ хандықтарының шаңырағын көтеріскен қазақ ру-ұлыстарын біріктірген алғашқы қуатты мемлекеті ретінде танылып, мойындалуға хақылы. Ол жөнінде тарихшыларымыз Әлкей Марғұлан, Мұсатай Ақынжанов сонау 60 жылдарда-ақ батыл ойлар айтқан болатын.

Қорыта айтқанда, «Атлах-Талас шайқасының» ұлы жеңісі жөніндегі ғылыми еңбектер Отан тарихының жарқын беттерінен орын алуға, әлемдік тарихи маңызға ие үлы оқиға ретінде бағаланып, мемлекеттік, еларалық деңгейде аталып отырылуға лайық деп қараймыз. Атлах-Талас шайқасына биылғы 2001 жылы 29-шілдеде 1250 жыл толады.

 

2.2. Түркеш қағанатында исламның таралуы

 

Исламият алып елдердің, мәселен Әмәуи (661 — 750), Аббаси (751 — 1258), Селжүк (1040 — 1157), Осман (1299 — 1922) патшалықтары сықылды әлемдік мемлекеттердің ресми болған дәуірінде азат етілген немесе олжаланған өңірлердің тұрғындарын жаппай дінге еңгізу, яки мұсылман болуға зорлау оқиғалары байқалмайды. Әуелі мұсылман еместерді мұсылмандырың туралы қажеттілік һәм мемлекеттік саясат болмаған секілді. Бодандар мен қамқорлыққа (вассал) алынған елдерге толық еркіндік берілген. Ислам билігіндегі жөһит, несториан, православ, католик, бұдда діндерін ұстанушылар шат – шадымен өмір сүрген, олар діни – рухани өмірінің ең гүлденген дәуіріне мұсылмандардың жанашырлығының арқасында жеткен. Мысалы, сан ғасырлар бойы Османияның билігінде болған Грекия, Бұлғарстан, Мажарстан, Сербістан, Рұмынстан, Әрмения, Гүжірістан (Грузия) сықылды мемлекеттер: Африкадағы мұсылман билеушілердің құзырында болған халықтар; Моғолстан иелігінде болған Үндістан халықтары өз дінінен аластатылған емес. Олардың өз дінін, тілін, әліппесін һәм ежелгі салт дәстүрін емін – еркін сақтап келгені айқын.

Аталған елдерге Исламияттың жайылуы  ғасырларға созылған табиғи барыстардан (процесс) кейін, яғни қабылдаушы адамдардың өз ықтиярымен болғаны байқалады. Мұсылман билеушілердің әділеттілігін көріп, осы ұстанушылары таңқаларлық сипаттарымен танысқан басқа дін өкілдері аралас – құралас мұсылман қоғамдарын қалыптастырған. 1372ж. қайтыс болған Ибни Кәсірдің «әл – Бидая уән –Ниһәя» кітабында айтуына қарағанда, Мұса Нұсайырұлы Солтүстік Африка аймақтарын мұсылман билігіне қосқаннан соң,  жергілікті халықтар еркінше иман келтірген80. Түркістан өңіріне Ислам билігін әкелген басшылардың аса даңқысы, ақылгөйі һәм күрескер Ғазы Құтайба Мүсілімұлы еді. Аталмыш кітаптың 167- бетінде Ибни Кәсір былай дейді: «Құтайба Мүсілімұлының еңбегімен шексіз көп адам мұсылман болды, олардың дәл санын Алла Тағала ғана біледі! ».

Әсіресе, Х ғасырда мұсылманшылықтың толқын – толқын таралғаны байқалады. Сол кездегі Орта Азия тұрғындарының лек – лек болып Исламға қосылғаны тарихи әдебиеттерде баяндалады. Мәселен, 960ж. 200 мың шатыр (үй/ түтін)түркі халқы Ислам дінің қабылдаған. Ұзын саны 2 милионға жететін осы көпшіліктің мұсылмандыққа кіру күллі адамзат және түркі халықтарының тарихындағы аса ірі оқиға. 1232ж. қайтыс болған көрнекті тарихшы Ибн әл — Әсир осы оқиғаны  қысқа һәм нұсқа ғып келтірген «Түріктерден екі жүз мың шатыр адам мұсылман болды!».

Шындығына келгенде, Әмәуи дәуірінде басталып, Аббаси дәуірінде кемеліне жеткен түрік қуаты, түрік факторы 10 ғасырдан астам уақыт Исламияттың қызметшісі һәм қылышы болғаны хақ. Ислам дінінің осы күнгі жағырапияларға таралуында, ғылым, білім, техника, өнер салаларындағы теңдессіз туындыларда түркі халықтарының үлесі аса зор. ХХІ ғасырға қадам басқан шақта түркілердің Ислам үмбеттерінің құрамындағы және халықаралық арендағы маңыздылығының тағы да өсіп келе жатқанын байқаймыз. Иә, осы түркі халықтары құрған мемлекеттер мұсылман үмбетінің басын қосқан, бір билікке ұюына ат салысқан. Тынық мұхитынан Әндүлүске, яғни Атлант мұхитына дейінгі шетсіз-қиырыз аумақтағы мұсылмандардың біртұтас сипаттарға ие болуына қызмет еткен-ді.

Пайғамбарымыздың замандас Түрік қағанаты және түріктер өмірінен хабардар болғаны, хатта түріктер хақында хадистер айтқаны көптеген әдебиеттерде келтіріледі. Оған Мұхаммед с.ғ.с.-ның «Түріктер сендерге тиіспесе, сендер де оларға тиіспеңдер!» сықылды хадистері айғақ болса керек.

Ұзақ ғасырлар бойы Ислам әлемінің дүниежүзілік саясаттағы уәкілшілігін түркілер жасағаны мәлім. Негізінен, жыл санауымыздан бұрыңғы ғасырларда белгілі мөлшерде отырықшы болған, көбінесе, көшпелі өмір салтын ұстанған түркі халықтарының ұлан-ғайыр аумаққа тарап, әртүрлі бөтен ұлттармен бірге өмір сүріп, олардың мәдениетінің, діні мен тілінің әсеріне ұшырағаны мәлім. Кей жағдайларда антропологиялық кескіні де мүлдем өзгеріп кеткен. Оғыз тобындағы батыс түркілері ежелгі бракисефальдық кескінін сақтағанымен, қарлұқ-қыпшақ тобындағы шығыс түркілері мүңгүлбейнелі (монголоид) типке қосылған. Орхон тастарында мәдени ықпалдасудың қаншалықты дәрежеге жеткені, Түрік қағанаты құлдырай бастағанда ел билеуші ханзадалардың, бекзаттардың, ақсүйектердің табғачтарға (қытайларға) еліктегені, ат пен атақтарын қытайшалағаны суреттеліп, ашына мысал етіледі.

Әсіре ұлтшыл зерттеуші Зәкария Китапчының пікірі бойынша түріктер арасында таралған арилық және Сами (семит) діндер, атап айтқанда бүддашылық, отқақұлдық, христиандық түріктердің мәрттік, жауынгерлік сықылды ұлттық қасиеттерін, аң-сезімін қоректендірудің орнына қаймықтырушы рөл атқарған. Нәсілшіл автор аталған еңбегінде Жібек жолы керуендері арқылы жиі жолаушылайтын миссионерлердің жылпостығының кесірінен көптеген түріктердің бүдда дінінен кіргенін, дін ауыстырудың жоғары дәрежелі мемлекет қайраткерлеріне дейін жұққанын мысалға келтіреді. Шынында, атақты түрік билеушісі Білге қаған бүддашылықты түрік мемлекетінің ресми дініне айналдыру туралы ұсыныс жасаған. Білге қаған «Қытай патша әулетінің ресми, мемлекеттік діні бар, түрік мемлекетінің де ұлттық діні болу керек» деп, осындай ойға келгенін айтады. Алайда, қытай елінде оқып, тәлім-тәрбие алған тонйұқұқ (644/646?-731) уәзір бүдда дінінің түріктердің жауынгерлік рухына сәйкес келмейтінін, мемлекеттік билікке кері ықпал тигізетінін айтып, қағанды әрең дегенде райынан қайтарады81.

Жоғарыда келтірілген дәйектерден байқалғандай, исламға дейін барша түркі халықтары бірыңғай ортақ дінді ұстанбаған. Түрік ұлыстары, тайпалары сатысы өскен сайын көптәңірлі нанымдардан алыстап бірте-бірте бір тәңірлі діндерді қабылдай бастаған. Олардың Исламияттан бұрынғы түрпайы қоғамдарға тән діндерді тастап, отқақұлдық, бүддашылық, манихейшілік, т.б. сықылды өз шамасынша ахлақи (этикалық) және фәлсәфалық түсініктері бар нанымдарды қабылдауы табиғи құбылыс. Орталық Азияда наным-сенімдердің таралу үрдісін былайша көрсетуге болатын секілді:

 

Ханиф Діні

(Ежелгі Ислам)

Тотемизм

Анимизм

Натұризм

Зороастризм

Манихейзм

Бүддизм

Йаһұдилік

Христиандық

ИСЛАМ

 Мүмкін, осы сатылардан өтудің өзі хақ дін Исламның теңдессіз алыптығын, шексіз ұлылығын, Бір Аллаһ Тағалаға ғана тәсілім болатұғын ықыласын, шынайылығын түсінуге зерделерді, жүректерді дайындаған шығар. Біртәңірлі діндерді кезегімен, жөһиттік, христиандық ретінде қабылданғаннан кейін, Ислам туын көтерген Пайғамбарымыздың VII ғасырда хақ дінге бүтін адамзатты шақыруына түрік ұлыстары да құлшына һәм ұмтыла қосылғаны хақ! Содан бастап Исламият барша түріктердің біртұтас дініне айналды, олардың біртұтас ұлт болып қалыптасуына ұйытқы болды, өзара қырғын соғыстарды тоқтатты, тілдің біркелкілігін! Түркілер Исламның жауынгері һәм жаршысы сипатында тарихта аса  маңызды орынға ие болды. Еуропалықтар үшін түрік және мұсылман атаулары мағына жағынан тым жақын сөздерге айналды, тіпті синонис болып кетті десек жаңылмаспыз. Түркілер Африка құрлығының ішкі аймақтарында, Еуропаның орталық елдерінде, Азия құрлығының көптеген түкпірлерінде Исламның нұрын шашқан, Исламдық құрылымдар мен ұғымдарды апарған, орналастырған, әділеттіліктің белгісіне айналған мұсылман халқы болды. Осы күннің өзінде Еуропаның мешіттер, қоғамдар ашып, мұсылманшылықтың қызметін істеп жатқан тағы солар. Түріктер бұрыңғы діндердің ешқайсысына осындай берік болып, құрбандыққа жанын пида еткен емес. Шынтуайттап айтатын болсақ, бұрынғы діндердің бүгінде аты аталғанымен заты түгімен жоғалып кеткен. Осы тұрғыда белгілі ағылшын ғалым Леуис (Lewis) былай дейді:

«Түріктер Исламға кіргеннен соң, олар осы діннің арқасында жап-жаңа бір тұлғаға ие болды және де олар өздерінің өткен тарихтағы қылықтарынан тез алшақтап кетті, тіпті ұмытып кеткен деуге болады»82.

Ислам түріктердің жүрегіне соншалықты орналасқан, оны қияметке шейін ешкім орнынан қозғалта алмақ емес. Тарихта болған көптеген тырыпспалардың нәтиже бермегенін көкірегі ояу ағайын өте жақсы біледі.

Түріктердің Ислам тарихында жасаған еңбегі мен қызметінің көлемін осы шағын мақалада айтып жеткізу мүмкін емес. Аллаһ Тағала Кәрімнің Маида сүресінің 54-аятында мұсылман үмбетіне былай бұйырған:

«5/54: Ей имандылар! Сендерден кім діннен қайтса, ол білсін-кім, шүбәсіз Аллаһ Өзі сүйетін һәм олар да Оны сүйетін, мүминдерге дегенде өте кішібейілді, кәпірлерге дегенде абыройлы уә паң бір қауымды әкеледі! Олар Аллаһ жолында күреседі және ешкімнің сөгуінен, жазғыруынан тайсалмайды. Бұл, Аллаһ тарапынан бір абырой және мейірім, оны кімге қаласа соған береді! Аллаһ, ихсаны мол, ең көп білімді!».

Тарих беттерін ашқанымызда Аллаһ Тағаланың Құранында баяндалған осы уағдасын орындағанын көреміз, Ислам нұрымен абыройланған түркілердің алдында, ендеше, аса ұлық мақсаттар пайда болған-ды: Аллаһ ризалығы үшін өмір кешу. Оның Баянын жан-жаққа тарату, Исламның хақ туын шартарапта желбірету! 623 жыл құдіреттілікпен, абыройлылықпен билік жүргізген Осман патшалығы осының нағыз айғағы. Түркілер өздерінің кеңбейілділік, мәрттік, жомарттық, батырлық сықылды қасиеттерін одан ары дамытқан хақ діннің жолында бір сәт ойланбай жанын пида ететұғын, сондай шәһидтер қиыр шығыстан батысқа дейінгі топырақтарда, өздерінің мәңгілік мекенінде жатыр, оларды өліктер деуге болмайды, үйткені, олар шәһидтер!

Ислам дінінің түркілердің ұлттық қасиеттерін қорғап қана қалмай, одан ары дамытқанын жоғарыда атап өттік. Бұл шындық тек қана түркілер үшін емес, Исламиятты қабылдаған басқа ұлттардың барлығына бірдей. Ислам дінін қабылдаған түркі халықтарының ешқайсысы да араб болған жоқ. Керісінше, арабтар, парсылар және мұңғұлдар түріктеніп кетті. Бұл Исламның бір ұлтқа ғана тән дін емес, күллі адамзаттың діні екенін дәлелдейді. Мұсылмандық дәуірде Жүсіп Хас Хажибтің «Құтты Білік» (1069-70), Қашғарлық Махмұдтың «Түрік Лұғатының Диуани» (1072-74), Әбіл Қасым Махмұд Омарұлы әз-Замахшаридің (1075-1144) «Мұқаддимат-ұл-Әбед», Сүлеймен Бақырғанидың (1104-1186) «Бақырғани Кітабы» (ХГГғ.), Ахмед Йүгнекидің «Һибат-ұл Хақайық» (ХІІ-ХІІІғ.), «Қорқыт Ата Кәтабы» (.), Ахмед Иассауидің «Хикмет Диуани», «Огузнама» (ХІV-ХVғғ), Насреддин Рабғұзидің «Қисса әл-Әнбия» (1310), Құтыбтың «Хүсрау уә Ширин» (1341-1342), Хорезмидің «Мұхаббат-нама» (1353), Хұсам Кәтібтің «Жұм-жұма Сұлтан» (1370) нәсірі, Сәйфи Сарайи (1320-1396) «Гулистан би-т Түрки», Сәййід Ахмедтің «Тағашшұқ-нама» (1435-36) сынды еңбектері жазылады, яғни түрік әдебиетінің алтын дәуірі Исламнан кейін ғана басталады. Исламнан бұрынғы тарих пен әдебиет шағын мөлшерде ғана (тас жазулар, ыдыстар) материал болғанымен, Ислам дәуірінен қалған әдебиет пен өнер туындылары бүгінде мұсылман елдерінің мұражайлары мен мұрағаттарын толтырып, бұған қоса Лондон, С.Петірбор, Мәскеу, Парис, Рис, Нью-Йорк, Пекин, Киото, Ватикан, т.б. қалалардағы кітапханалар мен мұражайлардың ең бағалы экспонаттары қатарында аталуда. Ислам дәуіріндегі әдебиет шығармаларымыз 100 мыңдық, миллиондық цифрлармен ғана айтуға болады.

Исламият дәуірінде түркі тілдерінің зерттелуіне, үйретілуіне, жоғары оқу орындарында (медреселер) сабақ ретінде оқытылуына мүмкіндік жасалған. Мәселен, Мұхтар Махмұдұлы әз-Закиди, Махмұд Мұсаұлы сықылды мәшһүр араб ғалымдары Сарай қаласында ғылыми жұмыстармен шұғылданған. Осы кезде,  мұсылманқыншақ ғалымдар махмұд Фатшаһұлы әс-Сарайи, Шаһабұддин әс-сарайи, Махмұд Абдұллаһұлы  әс-Сарайи Ислам әлемінің мәшһүр орталықтарынан Қаһирада сабақ алған. Түрік тілінің грамматикасы, сөз байлығы туралы мұсылман авторлар тарапынан жазылған еңбектерден бірнешеуін атайық: Әбу Хайан жазған «Китаб әл-Идрак ли лисан әл-Әтрак» (Түрік тілінің түсіндірме кітабы), жазушысы беймәлім «Китаб әт-Тұхфат әз-Зәкия фи лүгат әт-Түркиййа» (Түрік тілі туралы ерекше зерделі кітап), «әл-Қауа-а-нийн әл-Құллия ли-забт әл-Түркиййа» (Түрік тіліне толық ие болдыратын құрал). Мұның бәрі де мұсылмандардың түрік тілін зерттеуге һәм үйретуге қатты назар бөлгенін дәлелдейді.

Керісінше басқа дінге енген түркі тектес халықтар тілінен, ұлттық қаситеттерінен айырылған. Мәселен, бұлғарлар (Дұнайлық) мен мажарлар осының дәлелі. Африкадағы көптеген тайпалардың христиан болғаннан кейін туған тілінен айырылып қалғаны баршаға мәлім. Олардың көбісі не фырансызша не ағылшынша сөйлейді, есімдері де не ағылшынша, не фырансызша. Мұсылманшылық кісі аттарын ғұрыптық нәрсе деп бағалайды да бұған араласпайды. Мәселен, Түркияда бүгінгі күннің өзінде түркілер арасында  Исламнан бұрынғы дәуірдің яки Исламнан кейінгі ғайримұслим адамдардың аттары кездесе береді. Олар Ескендір, Мете (Мөде), Истеми, Билге, Аттила (Еділ), Шығыс, Ильхан, Құбылай. Орталық Азияда Шыңғыс есімі, көбінесе, қазақ-қырғыздарда кезігеді. Бұған мұсылманшылықтың кедергі жасамағаны анық.

Ислам – біріктіруші, бірлестіруші дін. Өзінің аясына барлық халықтарды, ұлттар мен ұлыстарды өңіне, санына, байлығына қарамастан біріктірген, бір күмбездің астында араластырған ұлық дін. Балқан елдеріндегі түркі халықтары мен қазақстардың яки ойғырлардың тәржімәшісіз сөйлесіп, бірін-бірі ұғынысып жатқаны, әрине, Исламның берекешілдігі, ұйымшылдығы. Ал, жағырапия жағынан түбімізде тұрған, бірақ басқа діндерге ауып кеткен хатқас, тува, саха сықылды түркі тілді халықтармен не орысша немесе аудармашы арқылы сөйлесе аламыз. Олар сіздің бісмілләңізді, ассалаумағалайкіміңізді, жәрекемаллаңызды, бәрекелдіңізді, жарапазаңызды, құрбан айтыңызды, қажылығыңызды, ылайымыңызды (Иләһым), сүндет тойыңызды, ауызшаларыңызды, карилыығыңызды, дұғай сәлеміңізді т.т. әрине білмейді. Демек, Ислам иманының дәмін татқан түркілер ғана емес, барлық мұсылмандардың жалпы ортақ дәстүрге, сезімге, түсінікке ие екені хақ.

Ислам тарихының алуан түрлілігі, орасан зор байлығы және жан-жақтылығы тікелей Орталық Азияға қатысты. Орталық азияда Ислам тарихының ең мәшһүр тұлғалары, Құран мен Хадис ғалымдары өмір сүрген, шаирлар, қаламгерлер, даналар, өнерпаздар керемет туындылары арқылы Исламдық мұрағаттарға өз үлесін қосқан. Самарқан, Бұхара, Хорасан, Мәру, Йесе, Тараз, Отырар, Исфиджаб секілді Түркістан қалалары ғасырлар бойы Ислам мәдениеті мен өркениетінің ең беделді орталықтары болған. Мұсылмандардың ғылымдағы, өнердегі жетістіктерге күллі адамзаттың игілігіне ұсынылады.

Түркілер Исламиятты қабылдаған соң Ислам әлемінде өздеріне тән ерекше мәртебелі орында иемденеді. Алғашында арабтардың хакімиятында болған олар кейінірек саяси  һәм әскери салада аса маңызды күшке айналады. Жазба құжаттарда арабтардың  түркілерді Исламнан бұрынырақ аз да болса білетіні туралы мәліметтер келтіріледі. Екі халықтың тығыз қарым-қатынасы халифа Әділетті Омар кезінде Иран мен Хорасан  өлкелерінің мұсылман билігіне енуінен кейін басталады. Деректер халифа әл-Мансүр  дәуірін (754-775) түркілердің Ислам әлеміне  терең үстем күш бола бастаған  кезең деп белгілейді. Халифа әл-Мағмұн билеген 813-833жж. Орта Азия аймақтарының маңыздылығы арта түседі. Өйткені, әл-Мағмұнның әкесі Һарұн әр-Рәшид (786-809) өз кезінде Иран мен Тұран аймақтарының әміршісі еді. Ол 813ж. бауыры әл-Әмиді жеңіп, халифа болғанымен Мәру қаласынан кетпейді, оның мақсаты Мәруді Аббаси әулетінің орталық қаласы жасау еді. Бірақ орталық болып қалыптасып қалған  Бағдадтағы кейбір қарсылас күштер Ибраһим әл-Мәһдиұлын халифа етіп жариялайды. Сондықтан әл-Мағмұн Бағдадқа баруға мәжбүр болады. Әл-Мағмұнның билігінде халифалықта түркілердің күш-қуаты мейлінше артады.

Атақты халифа Һарүн әр-Рәшид (786-809) арнайы сақшыларының (мұхафыздар) айтарлықтай бөлігін түрік жауынгерлерінен құраған. Әл-Жәһиз (776?-869) «Түркілердің үстемдіктері» еңбегінде Ибн Абди Раббиһтің осы мәселесі туралы былай дегенін нақыл етеді: «Халифа Һарүн әр-Рәшидке Үндістаннан елшілер тарту-таралғыларын алып келгенде халифа түрік әскерлеріне салтанатты түрде сапқа түруды бұйырды. Олар елшілер жүретін жол бойынша екі сап түзді. Түркі жауынгерлер сауыттарын кигені соншалық,  олардың көзінен басқа еш жері көрінбеуші еді. Һарүн әр-Рәшидтің (786-809) ең беделді сардарлары түрік-соғдылардан еді». Мысалы, һижраның 170ж. Е.Ф. әт-Түрки есімді қолбасы халифаның бұйырығымен осы күшті Түркиядағы Тарсұс қаласын орнатады және сонда Хорасаннан және басқа өңірлерден көшіп келген мұсылмандарды орналастырады.

Халифалар әл-Мағмұн (813-833) мен әл-Мұғтасым (833-842) дәуірінде  болса түркілердің халифат әскериесіндегі маңызды одан ары атын, әскериенің басым  көпшілігі тек түркілерден ғана құралатын болады. Сол түркілердің ішінен көптеген  мемлекет қайраткерлері мен қолбасылар шыққан. Түркілерден құралған түмендердің қаһармандығы мен соғыс өнері мұсылман елдерінде ғана емес, сонымен қатар басқа да мемлекеттерде аңызға айналады. Бартольдтың пікірінше, мұсылмандардың Бизантияны (395-1453) түбегейлі жеңіліске ұшыратуы халифалықта түрік билігі орнағаннан кейін ғана мүмкін болған.

Сонымен қатар мұсылман түркілер тарапынан құрылған керемет мемлекеттердің, патшалықтардың жалпы тарихтағы орасан маңызды, айрықша орнын күллі жиһан мойындайды. Ғазналық махмұд сонау Х ғасырда осы күнгі Иран, Ауғаныстан, Пәкістан және Үндістанның аумағында  мемлекет құрады.  Ол басқарған мемлекеттің (999-1031)  қүдіреттілігі соншалық, оның беделін Рим, Қытай сықылды сол заманның  алыптары мойындайды.

 Алман ғалым Хаұссиг түркілердің Исамды қабылдағаннан кейінгі жағдайын бүйтіп суреттейді: «Жаңа дінге (Исламға, М.Ж.)  түріктер толқын-толқын қосылды. Орта Азияның оғыздары енді осы мұқаддас (қасиетті) сенімнің қуанышымен қобалжуда еді. Бұл киелі сенімді Сырдарияның ар жағындағы әлі мұсылман болмаған бауырларына қабылдатқызу үшін жиһад етуші еді олар. Орта Азиядағы оғыз руларының  осы шабытын Османдықтардың ғғ. Жиһад һәйежанымен (энтузиазм) ғана  салыстыруға болады. Мұсылмандықтың туын көтерген Қарахандық, Ғазналық және Селжүк мемлекеттерін ылғи да осы түріктер құрған еді».

Әлемнің ең беделді энциклопедиясы «Британникада» былай деп жазылған: «Орталық Азия Ресей патшалығының ішқалына (оккупация), яғни 1870 жылға дейін Ислам мағарифітінің ең маңызды орталығының бірі болды. Осы аймақтың адамдары арабша классикалық әдебиет жасады. Ислам әлемінің тарихындағы ең мәшһүр ғалымдар мен  шаирлар, араб немесе парсы тілінде жазғанына қарамастан, осы территорияның өкілі болды. Демек, Тұран халықтары араб және парсы  тілдерінің өсуіне, дамуына кем дегенде арабтардай еңбек етіп, үлес қосқан.

Қорыта айтқанда, Ислам  үмметінің ішінде мұсылман түркілердің орны ерекше. Ислам дінінің шартарапқа жайылуында, мешіттер мен медреселердің ашылуында, ғылыми еңбектердің дүниеге келуінде, мұсылман үмметінің әскери  үстемдігінде мұсылман түркілердің орасан маңызды орнын мысалдармен атап  көрсеттік. Ендігі міндет, жас ұрпақтарымызға осы сара жолды лайығынша  түсіндіруде, тарихтағы жетекші орынды қайта жаңғыртуда.

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Ал  тарихи шындық қандай болған  еді?  «Күлтегін» (үлкен жазуда)  «Түркеш   қағаны   түркіміз,   өз  халқымнан еді. Білместігі үшін,  бізге жауыздығы үшін қағаны өлді,  әміршілері, бектері және өлді, он оқ халқы азап  көрді»,— деп жазылған. Ал,  «Тоныкөк»  ескерткішінде Жарыс даласында түркештер Тоныкөк әскеріне  қарсы «…Өртше жанып келді, соғыстық, Бізден екі-үш есе артық еді. Тәңірі жарылқағандықтан, көп деп біз қорықпадық. Соғыстық… Жендік. Қағанын  тұтқындадық. Жабғысын, Шадын сонда өлтірдік», — деп анық  жазылған. Осында жазылған Жабғу мен Шад  дегендер кімдер болуы мүмкін?

Түркеш қағандығы 708 жыддан былай қарай үлкен, кіші хандық жүйесімен басқарыла бастады. Ежелгі түріктерде қалыптасқан ел билеу дәстүрі бойынша қағанның ұлы немесе інісі кіші қаған болатыны белгілі. Түркештің кіші қағаны Жену екені даусыз. Түркештерде жабғу, шад деген лауазымдар болмаған. Он оқ елін құраған бес дулатта бес шор мен бес нүшбе де бес еркін дегендер болған. Ал, бағынышты иеліктерді билеуге жіберілген Тудұндар болған. Тоныкөк жазбасындағы жабғу деп отырғаны кіші хан — Жену болар деп шамалаймыз.

Женуді ағасына сонша өшігіп, бет бұрып кетті дерлік айғақты деректерді кездестіре алмадық Керісінше, ағасы Сақалдың ең сенімді адамы ретінде 699 жылы Тан ордасына елшілікке барған да Жену еді. 708 жылы Таң патшалығының қастандығына қарсы соғысқа аттанғанда қытайдың «Төрт қала бекінісіне» шабуылға шыққан түркеш қолына басшылық жасаған, сөйтіп, Әнши өкіл әкімі Ню Шы Жиянды өлтірген де Жену. 711 жылғы түркеш пен Шығыс Түрік соғысында алдыңғы аламан қосынды бастап барған да Жену болатын.

Таң патшалығының төрт қала бекінісіне берілген осы реткі сұрапыл соққы Таң ордасын түркештермен есептесуге мәжбүр еткені анық 709 жылы 7 айда Таң патшалығы ресми түрде Түркеш қағанатын мойындап, Сақалдың алып, Білге қаған деген кағандық атағын орда хаттамасына енгізді. Оған қытайша Шоу Жүн (адал, тәртіпті) деген ат берді. Ал, інісі Женуте Шоу Жие (арлы, намыскер) дейтін құрметті ат қойды. Демек, 709 жылдың өзінде аға-інілер арасында ешқаңдай араздық болған жоқ дей аламыз.

Зерттеушілер назарында болуға тиісті тағы бір өзекті мәселе «қара түркеш, сары түркеш» атауының мән-мағынасын түсіндірудегі жаңсақтық деп білеміз. Л.Н.Гумилев қатарлы әр ел тарихшы, түркологтарының біразы «қараны» төмен жік, кірме, бөгде, тіпті таптықта талдауға салып, «езілген еңбекші бүкара» деп ұғындырып келді. Бұл мүлде жаңсақ ұғым. Түрік халықтарының қара, сары түстер жөнінде қалыптасқан тарихи, этникалық, дүние танымдық  ұғым-түсініктерін жете білмеуден пайда болған  қорытынды деуге болады. Бұл арнаулы зерттелуге тиісті үлкен тақырып.

Орхон-Енисей тас жазуларында кездесетін «қара түркеш» тіркесі қытайшада (путұн) көпшілік, жәй халық,  бұқара  деген мағынамен аударылған. Білге қаған тас жазуындағы Кеңгерес жаққа қашып кетіп, Күлтегінмен соғысқан «қара түркеш» халқы да түрікше мен қытайшаға бұқара, жай халық мағынасында аударылған. Меніңше, мұндағы «қара түркеш»— қағаны тұтқындалып өлтірілген, барлық  жабғы, шадтары, бектері (шор-еркіндері) түгел қырылған түркештердің бас иесіз қалған күллі ақсүйек, қара сүйектерін меңзеп айтылған сөз болуға тиіс. Тас жазулар мәтініндегі «каrа  turgis bodun» тіркесінен қайдағы бір мұқыры — бөкірін, авар текті кірме,моңғол тайпаларын іздеп әуреленудің жөні жоқ  сияқты.

 1999 жылы Бішкектен шыққан тарих ғылымы кандидаты Нусуповтың «Қырғыздар»  атты кітабында Еуразияны жайлаған қаптаған қырғыздардың бір тармағы ретінде түркештер де аталады. Онда: ҮІІ ғасырда Тянь-Шаңда қырғыз тайпаларының түргеш тобы күшейе бастады, оның ішінде Іле, Жетісу, Шуды мекендеген тұқси, аздардың рулық бірлестіктері батыс қырғыздардың уақытша тайпалық одағы — түркеш мемлекетін құрды» деп жазылған. Сонымен бізге түркештер жөнінде, оның этникалық құрамы жөнінде бір-біріне бүтіндей қарама-қарсы төрт-бес түрлі көзқараспен бетпе-бет кездесіп, пікір таластыруға тура келіп отыр.

Ең алдымен басын аша айтарымыз: қазақ  халқының этникалық төркінін туыстас түрік халықтарынан оқшаулап, бөлшектеуде ешбір ғылымилық жоқ, керісінше саясиланған қитұрқылық пиғылы жатыр.

І-ХІҮ ғасыр аралығында қазақ атымен шаңырақ көтерген дербес мемлекеттілік болмағаны, ділдес, салттас, туыстас, көп тармақты түрік халықтары құрған қуатты мемлекеттер болғаны рас. Ол бірде үйсін, қаңлы, бірде көктүрік, бірде ұйғыр, қырғыз, бірде қарлұқ-қараханит, бірде қима-қыпшақ, оғыз т.б. болып атала жүріп, XIII ғасырдың екінші жартысынан былай қарай  Жошы  ұлысын негіз еткен  Қазақ хандығы шаңырақ  көтерді.

Түркеш қағанатын құрысқан «он оқ халқы» «он төрт тайпа халқы» кейінірек 21 тайпалы Түркеш қағанаты құрамында басқа да түрік халықтарымен араласып, сіңісіп кеткен моңғол текті, тұңғұс-авар, қарақытайлар, мұқры-бәкіріңдер болмаған еді деп ешкім де кесіп айта алмайды. Алайда, түрік халықтары шоғыр отырған Батыс-Түрік қағанаты орнында шаңырақ көтеру тегі жат, өзі кірме мұқыры-аварлардың қолынан келмейтіні тарихшыларға түсінікті болса    керек еді.

Түркеш қағанатын Батыс-Түрік қағанатын құраған он оқ халқынан да, Шығыс-Түрік қағанатынан да оқшаулауға, ыңғай білдіретін тарихшыларды сынаған хұн-түрік дәуірінің білгірі Лин Ганды тыңдап көрелік. Ол айтқан «Батыс түрік пен шығыс түріктің ата-бабасы әуелден бір болатын. Шығыс түріктің бөлшектенуі — түркілік саяси күштердің шығыстан батысқа қарай кеңеюіне орай,   билеуші   топтардың   ішкі  қырқылысуларының тікелей нәтижесі. Әсте түріктердің ұлттық құрамының өзгеріп, бөтенденіп кетуінен болған нәрсе емес» дейтін қаныққан ойға біздің де алып-қосарымыз жоқ.

Түркешті айбынды Сұлұқ қаған   билегенде, қытайлар оны  «он   төрт тайпа»  қағаны, Қара Білте  қаған деп мойындаған еді. Он  немесе  он  төрт,  тіпті  21  тайпадан құралды делінген. Түркеш қағандығының халқы тегі жағынан түрік, тілі жағынан алтай-түрік тілі тобында сөйлеген, кейінгі қазақ хандығын құраған ру-ұлыстарды негіз еткен түріктер екендігін дәлелдеуге керекті тарихи деректер қолымызда баршылық.

Тарихтан белгілі болғанындай, түркештер қағанат құрып, өз алдына ел болуға қанша талпынғанымен, ҮІІ-ҮШ ғасырдағы қалыптасқан әскери-геосаяси жағдай мүмкіндік бермеді. Солай болса да қағандыққа тірек болған «он оқ бұдун» елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін қан кеше арпалысып жүріп, даңқты Сұлұқ қаған тұсыңда төрт тарапына сыйлы, айбарлы қағанат ретінде мойындалғаны да шындық. Дәл осы дәуірде, кейінгі Қарлұқ-Қарақан мемлекетін дүниеге келтірген күллі этникалық заттық, мәдени, тіпті аумақтық тұтастық алғы шарттары жасалды деуге болады.

Қорытып айтқанда, сонау ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда «он оқ еліне» ұйытқы болып, айбынды қағанат құрған түркештер XIV ғасырда қасиетті қазақ жерінде қазақ хандығын құрған ұлыстардың бірі ретінде қарастырылып, тарих оқулықтарынан кеңінен орын алса игілікті іс болар еді демекшіміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер және деректер тізімі:

 

 

  1. . Сы Магуаң Билік ғибратнамасы. Қытай тарихшысы 1066 жылы қолға алып, 1084 жылы аяқталған, 294 томнан құралған әйгілі топтама. Ол кейде «Ел басқару жылнамасы» деп аталған.
  2. Түркештер жөніндегі естелік. 206-том.
  3. Күлтегін (Үлкен жазу). 18-жыр. Аударма М.Жолдасбековтің «Асыл арналар» атты кітабынан алынды. Ал Қытай тарихшысы Лин ган «Тужуе Шы» кітабында профессор гең шеминің аудармасын  пайдаланған. Онда жоғарыдағы сөздер былай аударылған: «Түркеш қағаны түргіміз, өз халқымнан еді».
  4. Күні бүгінге дейін жалпы тарихи атауларды, сол сияқты түркештерге тайпа, адам аттары, мансап, лауазым атауларын әр елдің зерттеушілері әр түрлі жазып келгендіктен оқырмандарды шатыстыруымен болды. Соларды бірлікке келтіру мақсатымен түрліше жазылған нұсқаларды  сарапқа салып, ең қонымдылау келгенін қолдануға ұмтылдым. Мыс, «Үгіл» қағанның аты Л.Н. Гумилевте (Көне түріктер) «Үш желе», 1986 жылғы «Қазақстан тарихы» 1- томында «Үшлік» Ә.Хасеновтың «Он оқ будун» еңбегінде «Үшіргелі», Н.Мыңжанның «Қазақтың қысқаша тарихында» Өжелі-Әйгілі, ұйғыр басылымдарында «Үжіл», т.б. түрінде жазылған. Мен қытай тарихшысы Шуе Зұңжыңның «Тужуе Шы» (Түрік тарихы) кітабындағы «Үгіл» нұсқасы түркілікке ең жақыны деп қабылдадым.
  5. «Билік ғибратнамасы» Түркештер туралы естелік бөлімі.
  6. Күлтегін. 1-жыр, 4-тармақ. Жолдасбеков М. Асыл арналар. 50-б. Мұнан былайға Орхон-Енесай тас жазуларынан алынған үзінділердің қазақшасы, негізінен, осы кітаптан алынды.
  7. Ә.Марғұлан. Ежелгі жыр-аңыздар, 1985. 98-б.
  8. Гумилев Н. Көне түріктен. 1992. 250-б.
  9. Таң патшалығы көне тарихы. Батыс түрік шежіресі.
  10. Сақал-қытайша Суо ге таңбасын тарихшы Шуе Зұңжың «Түжүе Шы кітабында деп жазыпты. Ежелгі түрік тілі мен жауын жетік білетін маманның тоқтағанды жөн санап, Суо Ге Мохәні Сақал Баға түрінде жаздық. Бұған дейін Гумилевте Сога, Н.Мыңжанда Саға, «Қазақстан тарихында» Сөге (Сақал) түрінде жызылып келген болатын.
  11. Таң патшалығының «Жаңа Таңнама», «Көне таңнама», «Түрік баянында» және «Билік ғибратнамасының» 209-томында Сақалға бекітіп берілді деген 14 тайпа қағаны дегендегі он тайпа, бұрынғы он оқ тайпасы, ал кейін қосылған төрт тайпа – қарлұқ (Ге Лолу), Яғма (Ян миян), Баға тархан (Мохэ даган), Допшы (Ду мо жы) болатын. Мұндағы төрт тайпаның алдыңғы екеуі тайпаның атымен жазылса, соңғы екеуі сол тайпаны билеуші адамның лауазым атымен жазылып тұр деп қараймыз.
  12. Төрт қала – таң патшалығы Шығыс Түркістан мен Жетісу Орта Азияны отарлау мақсатымен құрған әскери бекіністі қалалардың ортақ аты. Ол қалалар бұл өңірдегі әскери, саяси жағдайлардың өзгеруіне қарай әр кезде әр түрлі аталып келді. Түркеш қағаны құрылар алдында төрт қалаға Күшар, Қашқар, хотан, Қарашар кірсе, 692 жылы қайта құрылған «Әнши төрт қала Тұтық мекемесіндегі» Қара шәрдің орнына Сұып қаласы енгізілгені жазылған, «Төрт қапталды, он екі қақпалы Суяп дегеніміз осы». VIII ғасырдың ортасынан (751 жылдан) былай қарай Әншиге қарасты «төрт қала тұтық мекемесін» күшін жойды. Таң әскері шегініп кетті.
  13. Билік Ғибратнамасы. 209-том.
  14. Бұл жазуларды әр елдің туркологтары мен тарихшылары азды-көпті өзгерістермен әрқалай аударып келгені белгілі. Мен солардың Жолдасбеков М., Айдаров Ғ., Мұсабаев Ғ. Аудармаларын қытай ғалымы Шуе Зұңжаңның аудармасымен салыстыра келе профессор Шуе мырзаның аудармасына тоқтадым.
  15. Билік ғибратнамасы. 211-том.
  16. Гумилев Л. Көне түріктер. 294-б.
  17. Күлтегін. Үлкен жазуы. 18-қатар М.Жалдасбеков аудармасы.
  18. Билік ғибратнамасы. 211-том.
  19. Билік ғибратнамасы. 211-том. Мұндағы біріншісі әскери шеннің мазмұны – сол қанат жасауылдардың бас сардары, ал екіншісі-Алтын (Алтай) бағытының Басқақ бегі болып шығады.
  20. Билік ғибратнамасы. 212-том.
  21. Білге қаған мәңгі тасы. Қытай тіліндегі тастың теріскей беті. 9-10 қатарынан алынды.
  22. «Тәлім» — Таң патшалығы белгіленген тәртіп бойынша ханшалық мәртебемен ұзатылған Орда ханымдары патшалық аумағындағы әрқандай лауазым иелеріне хат жазар болса, оны «Тәлімхат» деп атап, нұсқау, бұйыру мазмұнында жазуға хақылы болушы еді. Сұлұқтың «алтын ханшысы» Асана тұқымы болғандықтан өркөкірек Таң мәнсаптысының кемсітуіне ұшырап отыр. Оның аяғы еларалық, ірі қанды соғысқа ұласқанына куә болдық.
  23. Бұл үзінділер Түркияның «»журналынан (№118. 1999) алынды.
  24. Гау Шан жы (703-755) Таң патшалығы генералы, тегі корейлік. Талас қаласы маңындағы Атлах бекінісі түбінде араб, қарлұқ, түркеш біріккен шабуылы барысында тас-талқан болып жеңілген.
  25. Аз ғана әскермен қоршаудан қашып шығып, еліне аман жетеді.
  26. Мыңжани Н. Қазақтың қысқаша тарихы. 159-бет
  27. Гумилев Н. Көне түріктер. – 355-356-б.б.
  28. Шин Жияң шуе Шуе бау (Шыңжаң университеті ғылыми журналы), №3, 1987.
  29. Еверхард В. Қытайдың солтүстігіндегі көршілері (түрік тілінде). Анкара, 1996. 6-б.
  30. Гумилев Н. Хұндар. Алматы, 70-71-б.б.
  31. Лин Ган. Ту жуешы, 1988. 120-б.
  32. Гумилев Н. Көне түріктер. 355-б.
  33. Лин Ган. Ту жуе шы. 21-б.
  34. Гумилев Н. Көне түріктер. 358-б.
  35. Көне Таңнама. Түркештер баяны. 7-бап. 194-том
  36. Гумилев Л. Көне түріктер. 292-бет.
  37. Жоу нама, Түрік баяны, «Суйнама», «Бейнама», «Тұңдян» (Билік ғибратнамасы). Көне таңнама. Жаңа таңнама, «Се фу йуангуй» қатарлы тарихи жазба деректерінде түрік халықтарының ертедегі мансап, лауазым аттарының этнимологиясы мен қолданысы жөнінде мол мағлұмат бар.
  38. Билік ғибратнамасы. 197-томының «Түріктер» тарауы, жоғарғы бөлігінде солай жазылған.
  39. Л.Н.Гумилев. көне түріктер. 335-356-бет.
  40. Шуе Зұң жың. «Шинжияң Ли шы Сыдян». Үрімжі, 1993. 505-бет.
  41. М.Қашқари. түрік сөздігі. ІІІ том. 301-бет.
  42. Шуе Зұң жың. «Шинжияң Ли шы Сыдян». Үрімжі, 632-бет
  43. Х.Короғлы. Огузский георический эпос. 133-бет.
  44. Уаң Митң жы. Уаң Биңхуа. «Үйсін туралы зерттеу». Нәбижан Мұхаметхан аударған. Үрімжі. 1989. 99-бет.
  45. Ханнама. Үйсін тарауы. Ханнама. Хұндар тарауы. Жинама. Винама. Сұңнамалардың Батыс өңір тараулары.
  46. Әлкей Марғұлан. Ежелгі жыр-аңыздар. Алматы, 1985. 202-б.
  47. Қаз. Сов. Энциклопедиясы. 1-том. Алматы. 1972. 551-б.
  48. Махмұт Қашқари. Түрік сөздігі. 1-том. Алматы 1997. 128-б.
  49. Материалы и исследования по археологии (СССР. Т. Под. ред. А.Н.Бернштам. М.Л. 1650).
  50. «Тәңірі қаған – Тян қағанның Батыс қақпасы» дегендегі Тәңірі қаған – түріктің tangrida buimis gahan деген сөзінен алынған. Бірақ бұл арадағы Тәңірі қаған атауы Таң патшасы Тайғұңға қаратыла айтылып  тұр. қытай тарихшылары Әмударияны аталмыш «Тәңірі қаған  иелігінің Баыс қақапасы» деп әдейі жазып отыр.
  51. Шуе Зұң жың. Ту Жуе шы. Бейжан. 1892. 693-б.
  52. Гау Шиян жы. Тегі көрейлік. Таң империясының генералы. Төбет. Шаш. Түркеш қалаларын талқандаған басқыншы генерал. Туған жылы белгісіз. 756 жылы әйгілі Ән Лушан көтерілісі кезінде Таң армиясы ішіндегі бақталастары өлтірген.
  53. Көне таңнама. 138-орам. Ли Сы ие баяны.
  54. Ән Ши. Таң империясы түріктерді тізгіндеу үшін 640 жылы құрған шағын әскери әкімшілік мекеме орналасқан бекіністің аты. 709 жылы оны үлкейтіп Ән Ши Да духу фу (Ән Ши Бас тұтұқ мекемесі) деп атады. Аса көп мөлшерде әскер ұстаған. Генералы Гау Шиян жы да осында Бас тұтық блып тұрған. 751 жылғы Атлах-Талас шайқасындағы ұлы жеңістен кейін Ән Ши тұтық мекемесі біржола жойылды.
  55. Большаков О.Г. К истории Таласской битвы 751 (страны и народы Востока. Под.ред. Д.А.Ольдероге) Вып. 22. Средняя и Центральная Азия, география и история. Кн. 2. Москва «Наука». 1980. 132-133-беттер.
  56. Мандельштам А.М. ІІІ-VII ғ.ғ. аралығындағы Орта Азия. Москва. 1958. 358-бет.
  57. «Зы жы Тұң Жиян» (Билік гибратнамасы) 216-орам. Тян-Баудың оныншы жылы. Ту Жуе Шы бойынша 695-бет.
  58. Көне Таңнама. 109-орам. Ли Сы ие баяны (Ту Жуе шы бойынша 695-бет).
  59. Шуе Зұңжаң. Ту Жуе шы. Бейжин. 1992. 695-б.
  60. Бұл үзінділер Талас шайқасын арнайы зерттеген О.Г.Большаковтың «К истории Таласской битвы» деген еңбегінен алынды.
  61. Малявкин А.Г. История Восточного Туркестана в VII-Х в.в. /Восточный Туркестан в древности и раннем средневековье. Москва. «Наука». 1988. 297-351-б.б.
  62. Большаков О.Г. Жоғарыда аталған еңбек. 136-бет.
  63. Шуан Заң. «Да Таң Ши йүй жи». 1-орам. Лин Ган. «Ту Жуешы». 12-б.
  64. Бартольд В.В. Сочинение Т. 2. Москва. 244-бет.
  65. Ибни Кәсір. Әл-Бидәя. 9-том, 172-бет
  66. Сонда 167 бет
  67. Ибн-әл-Әсір. Әл-Кәміл. 8-том, 532-бет
  68. Ғалым Бартольд бұл туралы  былай деп жазған: «Турки на востоке, как берберы западе, вообще выступали в роли защитников религии в тех странах, где представители религии вели борьбу с правительством, Махмуд Кашгарский приводит хадис, в котором,  слов пророка, самому Аллаху приписаны слова: «У меня есть на востоке войско, котором называют турками; когда я разгневаюсь на какой-нибудь народ, я посылаю их на его». Қараңыз: Бартольд В.В., Тюрки-Двенадцать лекций . . . , 65-бет».
  69. Әбу Дәуіт. Сұнен-и Әбу Дәуіт. Мысыр баспасы, 4-том, 112-бет, ьелгілі араб тарихшысы әл-Жәһиздың 1964ж. Қаһирада басылған «Ресаил-ұл Жәһиз» деген кітабының 1-томының 76-бетінде де осы хадис келтірілген.
  70. Философтарымыз бұл жөнінде: «Тарихшы, антропологтардың көрсетуі бойынша халқымыздың ең арғы ата-бабалары – түп түркі, түп мұңғұл және түп тұңғыстардың этник бірлестіктері – неолит (жаңа тас) дәуірі кезінде қалыптасып болды» дейді. Қараңыз: Қасабеков Аманжол., Алтаев Жақып. Қазақ философиясының тарихына кіріспе. Алматы, Ер-Дәулет, 1994, 38-бет.

70.Құран Кәрім, маида сүресі (5),  54-аят.

71  еrгіп     5-6 бет

72   кіtарсі 

             73   ваrtgjld

74    uevis

 

 Қорқыт Ата Кітабының араб хәріптерімен жазылған екі нұсқасы Ватика және Дрезденде сақтаулы. Қазақшаға алғаш аударған — Ә.Қоңыратбаев (1986).

75 «Оғыз-нама» жырының ойғыр және араб хәріптерімен жазылған екі нұсқасы сақталған. Қараңыз: Шербак А.М. Огуз-нама. Москва, 1959, 22-42 беттер.

76 Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы. 1 том, Алматы, 1998, 317-бет.

77 Көрнекі ғалым Рахманқұл Бердібай мұның себебін былайша түсіндіреді. «Әсіресе, сахалардың ғ. соңы  мен ғ. басында жаппай шоқындырылуы, аты-жөндерінің орысша  жазылуы, елдің дағдысына христиан салттарының ене бастауы оларды түрік, мұсылман әлемінен  тіпті алыстатып жіберген. Оның үстіне сахалардың ғасырлар бойында мұңғұл, бұрят, эвен,  венкі, чукчи, юкагир секілді халықтармен аралас-құралас өмір кешкендігі сөздік  құрамының  күшті өзгеруіне әсер еткен». Қараңыз: Бердібек Рахманқұл. Байқалдан Бақанға дейін. «Қазақстан» баспасы. Алматы, 1996. 3-бет.

78   Бартольд В.В. Тбрки – Двенадцать лекций . . . , 83-бет.

79   Dilorat 3- бет

80    Kaikan 110 -бет

81    Caniz

82    Cahiz 29-бет