РЕЦЕНЗИЯ
…………………………………..дың диплом жұмысының тақырыбы
“Жақып Ақбаевтың өмірі мен тарихи-саяси көзқарастары”
Студенттің мамандығы – 020340 – тарих.
Диплом жұмысының құрылымы екі тараудан, кіріспеден және қорытындыдан тұрады.
Бірінші тарауда Ж.Ақбаевтың өмірі мен қоғамдық – саяси қызметін зерттеуді бүгігі заман талаптары тұрғысынан саралап, ол туралы жанама түрде болса да пікір білдіруге тырысты.
Екінші тарауда Жақып Ақбаевтың саяси қайраткер ретінде қалыптасуына және оның дүниетанымы, тарихи-саяси және құқықтық көзқарасы эволюциясының ішкі мазмұнын, тарихи мәнін ашып көрсетті.
Дипломдық жұмысының материалдары жүйелі мазмұндалып, тараудан тарауға біртұтас еңбек қалыптасқан.
Жұмыстың дерек көзі ретінде хрестоматия, ғылыми әдебиеттер, интернет материалдарын қолданған.
Қорыта айтқанда, Юсупова Гүлнұрдың “Жақып Ақбаевтың өмірі мен тарихи-саяси көзқарастары” тақырыптағы дипломдық жұмысы Тарих мамандығы бойынша Қазақстан тарихи кафедрасының дипломдық жұмысы дәрежесіне лайық, дипломдық жұмыс қойылған мақсатына жетті.
Мазмұны
Кіріспе
- I. Тарау. Ж. Ақбаевтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі
1.1. Ж.Ақбаевтың саяси өмірбаяны
1.2. Ж. Ақбаевтың ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның саяси күрес
тарихындағы орны
- II. Тарау. Ж. Ақбаевтың тарихи-саяси көзқарастары.
2.1. Ж. Ақбаевтың қазақ мемлекеті мен халқының пайда болу тарихына
2.2. Ж. Ақбаевтың саяси-құқықтық көқарастары
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік тізгінін өз қолына алғаннан кейін «өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деп жариялауы қоғамдық ғылымдар: заң, саясаттану, философия, тарих ғалымдары алдына тың тұрпаттағы жаңа міндеттер жүктеді. Солардың бірі және бірегейі ретінде халқымыздың ұлт болып қалыптасуына, оның үлттық сана-сезімінің оянуына, өзінің дербес мемлекеттілігін жариялау жолындағы күресуінің дамуына орасан зор әсерін тигізіп, осы процестерге жетекшілік жасаған Алашорда қайраткерлерінің саяси күресі мен тарихи қөзқарстарын зерттеу деп айтуға толық негіз бар.
Кешегі Кеңес Одағы дәуірінде осы тұрғыдағы тақырыптар терең зерттелмеді, зерттелген күннің өзінде комунистік идеология үстемдік еткен заманда маркстік-лениндік методология шеңберінде ғана қарастырылды. Сондықтан да ол кезде топтық және партиялық принциптер негізге алынып, ғылыми объективтілік мансұқ етілді. Сол сан салалы тарихи процестерді зерттеуде біржақтылықты, бір ғана идеология мен қоғамдық пікірді орнықтыруды мақсат етті.
Біз бұл арада кеңес дәуіріндегі зерттеушілерді кіналаудан аулақпыз. Себебі барлық баспа өнімдері цензураның «қырағы көзінің» мүмкін емес те еді. Сондықтан кеңес дәуіріндегі ғылыми еңбектердің басым көпшілігінде ел тарихының шешуші кезеңдерінде оның беталыс бағдарына үлкен әсер еткен көрнекті мемлекет және саяси қайраткерлердің еңбегіне өз дәрежесінде лайықты баға берілмеді. Ендеше еліміз тәуелсіздік алған кезеңде Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол ХХ ғасырдың басында Европадағы саяси күрестің беталыс бағдарларынан әбден хабардар қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобының ішінде өзіндік орны бар бірінші өмірі мен мол мұрасын жаңа заманның биік талаптары тұрғысынан және ғылыми объективтілік принципімен зерттеу, бүгінгі тарих ғылымының алдындағы маңызды бір тақырыптардың қатарынан саналса керек.
Тақырыптың мақсаты мен міндеттері. Біз бұл еңбегімізде ХХ ғасырдың
бас кезіндегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басы-қасында жүріп, патшалық
Ресейдің отаршылдық саясатына ашықтан ашық өзінің күрескерлік рухтағы
тарихи-саяси көзқарастарын айтудан қорықпаған бірегей тұлғаларымыздың қатарындағы – Жақып Ақбаевтың өмірі мен қызметі не! Сол арқылы оның тарихи-саяси және құқықытық көзқарастарының қалыптасу эволюциясын арнайы зерттеуді мақсат еттік. Осы мақсаттың негізінде зерттеудің төмендегідей міндеттері шығады:
— Ж.Ақбаевтың қоғамдық, саяси және ғылыми қызметіне қатысты барлық зерттеулерді бүгінгі заман талаптары тұрғысынан саралап, ол туралы жанама түрде болса да пікір білдіру, қарастыру;
— Ғасырлар тоғысы мен ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі саяси, қоғамдық-әлеуметтік процестердің қазақ зиялыларына, оның ішінде Ж.Ақбаевтың саяси қайраткер ретінде қалыптасуына және саяси күресте кәдеге жарағанын саралау;
— Ж. Ақбаевтың өскен ортасы, білім алған орны мен саяси күрестегі орыс және қазақ зиялылары арасындағы өмірін зерттеу, салыстыру арқылы оның дүниетанымы, тарихи-саяси және құқықытық көзқарасы эволюциясының ішкі мазмұнын, тарихи мәнін ашу;
— Патша өкметі құқық қорғау мекемелерінің 1903-1917 жылдар аралығындағы Ж. Ақбаев, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейхановқа қарсы қозғаған қылмыстық, әкімшілік істерін талдау арқылы олардың құқықтық, саяси сипаты мен мазмұнын көрсетіп, қазақ даласын отарлаудағы жазалаушылық қызметінің құпиясын ашу;
— Ж. Ақбаев көзі тірісінде жарияланған және жарияланбаған еңбектерін ғылыми тұрғыдан талдау арқылы оның бірегей ұлттық тұлға ретінде қалыптасқан теориялық және саяси кемелдігін дәлелдеу.
Тақырыптың хронологиялық шеңбері. ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің Ресейге бодандығының мейлінше күшейген кезеңінде “елім, жерім деп” саяси күреске шыққан Ж. Ақбаевтың туылғаннан, яғни Х1Х ғасырдың соңғ30-жылынан ХХ ғасырдың басына дейінгі 58-жыл аралықты қамтиды (1876-1934)
Тақырыпқа тарихнамалық талдау. Қазақстандық қоғамдық ғылымдар саласында әр жылдарда Ж. Ақбаев туралы қалам тартқан зерттеушілер мен бірлі-жарым зерттеу еңбектер болғанымен оның саяси қызметі мен тарихи көзқарастары, әсіресе қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі ретінде ролі түбегейлі түрде, жан-жақты зерттелген емес. Ол кешегі кеңестік идеологияның солақай саясатынан бір елі де таса қалмаған маркстік-лениндік методологияның зорлықпен таңған бағасы абсолютті ақиқат ретінде қабылданғандығымен түсінікті. Айталық, сол тұстағы бес томдық “Қазақ ССР тарихында”, 12 томдық Қазақ Совет Энциклопедиясында, мектеп оқулықтары мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне арналған іргелі зерттеу еңбектерінде, тіпті көркем әдебиет шығармаларында Алаш қозғалысы мен оның жетекшілерінің қызметіне, алдына саяси мақсаттар қойған ұлт-азаттық қозғалыстардың қайсысына болмасын үнемі теріс баға беріліп келді.
Осы орайда белгілі – тарихшы-ғалым, академик М. Қозыбаевтың: “Алаш партиясына топтасқан зиялылардың көзқарасы, идеологиясы, өмірлерінің әр сәті диалектикалық тұрғыдан әділдік таразысына салынғаны дұрыс”, — деген пікір жаңа ізденістерге батыл барып, еңбектер жазуды меңзесе керек.
Жалпы кеңес дәуірі кезінде жазылған еңбектерде зерттеушілердің кейбірі демей-ақ дені Алаш қайраткерлерінің бірде-бір еңбегін қолымен ұстап, көзімен көрмесе де, олар туралы ғайбат жазуды әдетке айналдырды. Екіншіден, Алаш қайраткерлерінің қазақ тіліндегі еңбектері кеңес тарихшыларының көпшілік бөлігі танымайтын араб әріпімен жазылған еді. Сондықтан Алашорданы қаралайтын зерттеушілер олардың еңбектерін оқымаса да, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, М. Шоқаевтардың, сондай-ақ Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрім сияқты әдебиет қайраткерлерінің есімдерін үнемі қара тізімге іліктіріп отырды. Болшевиктік тарихшылар жазған зерттеулерде олардың еңбектерін талдау, баға беру болмады, бола қалған күнде бір кітаптан екінші кітапқа көшіп жүретін цитаталармен шектелді.Жалпы Алаш тақырыбына 30-жылдарда шыққан Брайнин мен Шафироның “белгілі” еңбегінен басқа бірде –бір арнайы зерттеужазылмады десе де болады.
Жақып Ақбаев туралы замандас алаштың ардагер қайраткерлері өз кезінде қалам тартып, оның саяси күрестегі жетекшілік роліне лайықты баға беріп отырған. Ол өзінің “Дала өлкесіндегі сайлау. Даладағы 17 қазан Манифесі” деген мақаласында патша манифесінің байтақ қазақ даласына келіп жетуі, жергілікті халыққа әсер етуі баяндалса, мақаланың қалған едәуір бөлігі сол Ж. Ақбаевқа, оның манифестік құқықтың мән-мағынасын қандастарына қалай түсіндіргеніне арнайды. Осы жерде алаштың тағы бір аяулы ұлы, көзі тірісінде аты аталмастан қазақтың ақыны (А. Байтұрсынов) Ж. Ақбаевқа: “Яқұп Ақбаев – ер, шешен,қызу юрист. 1905 жылы патшаға тіл тигіздің деп екі үкімет сотқа беріп, неше ай абақтыда жатып ақталып шыққан. Онан кейін де сан рет абақтыға жабылып, бес жылға жер аударылып, көп тепкі көрді”, — деген бағаны “Қазақ” газетінің 1917 жылғы 14-қарашадағы “Алаш партиясы” атты бас мақаласында берген. Бұл жазылғаннан кейін де Ә. Бөкейхан “Қазақ” газетіндегі (1917, 4-шілде, №235) “Қазақ депутаттары” мақаласында Ж. Ақбаев туралы біршама нәрселер жазады.
Міне, осыдан кейін жарты ғасырдай Ж. Ақбаев туралы ешкім қалам тартпайды.
Тек алпысыншы жылдардың “жылымығында” араға жарты ғасыр салып Ж. Ақбаевтың туған қызы, заң ғылымының кандидаты Аспазия Жақыпова мен сол кездегі ғылым кандидаты – бүгінде Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғайрат Сапарғалиевтердің “Жақып Ақбаевтың қоғамдық-саяси қызметі туралы” атты арнайы мақаласы жарық көрді. Аталмыш мақаланың бірнеше жаңалығы болды. Оның авторлары әлі ешкім қалам тарта қоймаған тың тақырыпта түрен салды. Олар Қазақстан мұрағатымен қатар, Ресей (Омбы қ.) мұрағатындағы құжаттарды да қарастырып, ғылыми айналымға түсірді.
Бұдан кейінгі зерттеулерде Ж.Ақбаевтың қызметіне бірден бір әділ әрі батыл баға берген ғалым академик С. Зиманов болды. Бұдан бөлек зерттеуші-ғалым В.Г. Галиев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын зерттеушілер қатарында Т. Сейдалин, С. Жантуриндермен қатар Ж. Ақбаевтың да есімін атап өтеді. Алаш тақырыбына еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін дендеп барып, толымды зерттеулер жазған белгілі тарихшы-ғалым, академик Кеңес Нұрпейісов болды
Ол өзінің “Алаш һәм Алашорда” атты монографиясында Ж. Ақбаевтың саяси, күрескерлік қызметін мейлінше қарастырып, тоқталады.Сондай-ақ қазіргі отандық тарихшылардың көшбасшысы ретінде белгілі тарихшы,профессор М. Қойгелдиев те өз еңбегінде Ж. Ақбаевқа ерекше назар аударды.Бүгінде Жақыптануда бірталай іргелі еңбектер күн санап жарық көруде
- ТАРАУ. Ж. АҚБАЕВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІ
1.1. Ж. Ақбаевтың саяси өмірбаяны.
Жақып Ақбаев 1876 жылы 7 қараша күні Қарқаралы оязының Берқара ауданындағы №3 ауылда, Төңіртектес алқабында туған, Қарқаралылық Батталғазы ақсақалдың айтуы бойынша Ақбай әулетінің генеалогиялық тізбегі төмендегідей болып келеді: «Жақаңның ұлы атасы — Жарас. Жарастан Киікбай туады. Ал Киікбайдан жеті ұл туған. Олар: Едіге, Естемес, Есқұлы, Байқұлы, Құдабай, Қызылбай, Сырлыбай туады. Ал Жақып Ақбайдан туған” (Орталық Қазақстан”, 24 тамыз, 1991 жыл). Жақыптың ара-тұра “Жандеркин” деген фамилияны пайдалануының сыры атасының атынан келіп шықса керек.
Ақбай әулеті Қарқаралы өңіріне белгілі ауқатты, әлді тұқымдардың бірі болған. Сондықтан Жақыптың өз қолымен толтырған өмірбаянында әкесін – кедей, өзін жалшы ретінде көрсету бай біткеннің бәріне тас атылған заманның ыңғайына қарай жазылған нәрсе ғана деп қараған жөн. Ақбайдың Ыбырай, Мәжит, Жақып, Бек атты төрт ұлы, Шәмшіқамар есімді бір қызы болған.
Міне, осы Ақбайдың үміт еткен үшінші ұлы Жақып 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы орыс-қазақ мектебінің қазақ интернатына беріліп, оны бітіргеннен кейін Омбы гимназиясына түсті, сонан соң Томск гимназиясына ауысты. Томск гимназиясы берген кәмелеттік аттестатта Жақып Ақбаевтың Омбы гимназиясында жеті жыл және Томск гимназиясында бір жыл оқығаны айтылып, “оның Томск гимназиясында оқыған барлық уақытында жасалған
байқаулар негізінде мінез-құлық жалпы өте жақсы болды, сабаққа қатысуы мен
дайындалуы оңды, сондай-ақ жазбаша жұмыстарды орындауы, ұқыптылығы
жақсы және білуге құштарлығы мейлінше жеткілікті” деп атап өтілген.
Жас Жақып Томск гимназиясын 1898 жылы бітірді. Ол кезде Томск Ресейдің ірі ағарту орталықтарының бірі ғана емес, сонымен қатар қазақ жастары білім алған қала да болды. Осыдан Жақып гимназия бітірген жылы кейіннен Алашорда жетекшілерінің бірі болған Әміре Айтбакин Томск университеті медицина факультетінің бірінші курсына түскен еді. Қазан төңкерісіне дейін (1917) мұндағы жоғары оқу орындарынан кейін белгілі мемлекет және саяси қайраткерлері, ғалымдар Ысқақ Жақсылықов, Сәлімгерей Нұралыханов, Асылбек Сейітов, Мұратбек Сейітов, Бөжей Мыңғашев, Бейсенбай Тойсарин, Әлімхай Ермеков білім алды. Томск Жақып Ақбаевты да білім алуын одан әрі жалғастыруына ынталандырды.
1898 жылы Жақып Ақбаев Санкт-Петербург унивеситетінің заң факультетіне түсті.
Ол Ресейдің осындай беделді оқу орнының студенті болған екінші қазақ еді. Студенттер саясатпен айналыспауға, қоғамдық ұйымдардың жасырындарына да, жарияларына да қатыспауға тиіс болатын. Олар бұған қолхат беретін. Жас Жақып Ақбаев та осындай қолхат берді. Сол қолхаттың тексті міне мынадай: “Төменде қол қойып отырған мен 1898 жылы 3 қыркүйек күні өзімізнің ИМПЕРАТОРЛЫҚ С. –Петербург университетінің студенттері немесе тыңдаушылары қатарында болу кезімде қандай да бір құпия қоғамға кірмеуге осы қолхатты беріп, әрбір жеке жағдайда ең жақын бастықтардың рұқсаты болмайынша, тіпті заңда рұқсат етілген қоғамдарға да кірмеуге, сондай-ақ ешқандай да ақша жинауға қатыспауға міндеттенемін; осы уәдемді бұзған жағдайда мен оқу орнынан дереу шығарылып, өзім рұқсат етілмей жиналған ақшаға қандай да болсын құқықтан айырылуға тиіспін.
Заң факультетінің студенті Жақып Ақбаев. Куәлік, билет және студенттерге арналған ережелерді сақтауға міндеттеуші Жақып Ақбаев”.
Патша үкіметі зиялыларды саясаттан осылайша аулақ ұстамақшы болды. Бірақ оқу орындары мен қоғам арасына қытай қорғанын орнату мүмкін емес еді.
Студенттердің алдыңғы қатарлы топтары білім алумен бірге оқу орнының
қабырғасынан тыс жерлерде таралып жатқан демократиялық идеяларды бойына сіңіре берді. Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы Ресей үшін революциялық қозғалыстың дамыған кезеңі болғаны мәлім. Кеңбайтақ Ресей халықтарының барлық топтары арасында самодержавиелік құрылысқа наразылық өрістей түсті. Ж. Ақбаев ешқандай ұйымға кірмеуге, қоғамдық қызметпен айналыспауға міндеттеме алып, оны орындауға қаншалықты тырысқанына қарамастан, ол бұл міндеттемені дегенмен де орындаған жоқ, мұны оған қарсы Семей губернаторының қозғаған ісі дәлелдейді. Мұның өзі Ақбаевтың ыждағатты да тәртіпті студент қана емес, демократиялық идеяларды жанына жақын қабылдайтын жас болғанын да көрсетеді. Оның үстіне, біздің бұдан әрі көретініміздей, Ақбаевтың бойында ұлттық демократиялық көзқарастар мен идеялар қалыптасты. Ол демократиялық идеяларды абстрактілі түсінген жоқ, қайта оларды отаршылдық езгідегі қазақ халқының тұрмыс жағдайына бейімдеуге талпынды. Заң факультетінде оқи жүріп, Ж. Ақбаев мынадай курстарды тыңдады: Рим құқығының тарихы, Рим құқығының догмалары, Орыс құқығының тарихы, Мемлекеттік құқық, Шіркеу құқығы, Полиция құқығы, Саяси экономия, Статистика, Азаматтық құқық, Сот ісін жүргізу, Сауда құқығы, Қылмыстық құқық, Қаржылық құқық, Халықаралық құқық, Құқық энциклопедиясы, Құқық философиясының тарихы.
Санкт-Петербург университетінің Ақбаев оқуға түскен заң факультеті сол кезде Л.И. Петражицкий (құқық психологиясы), В. Милютин (орыс мемлекеттік құқық), И. Ивановский (дипломатия), К.Неволин, К. Кавелин (азаматтық құқық), Я. Баршев (орыстың қылмыстық және полициялық құқығы), В. Спасович (қылмыстық құқық), В. Порошин мен И. Горлов (саяси экономия мен статистика) және басқалар сияқты аса көрнекті ғалымдармен даңқы шыққан еді. Талантты жас жігіт оқу басталысымен-ақ оқытушылардың назарын аударып, олар мұның тамаша болашағы бар деп білді. Бұған мынадай мысал да айғақ бола алады: магистрлік диссертация жазатын кезде Жақыптың ғылымдық
жұмысына жетекшілік етуге ректордың өзі, қабілетті студентке жылы қарайтын
құқықтанушы профессор А.Х. Гольмстен ықылас білдірді.Оның ғылыми
жетекшілік етуі, ізгілікпен білікті ақыл-кеңес беруі Ақбаевтың салиқалы да іргелі еңбек жазып шығуына игі ықпал етті.
Жақыптың ынта-ықыласының жан-жақты, білімге құштар болғанын мынадай факт айқын көрсетеді: 3-курсты бітіргеннен кейін, 1901 жылғы тамыз айынан ол университеттегі оқуын жетекші акамедиялық оқу орындарының бірі Археологиялық институтта дәріс тыңдаумен ұштастыра бастады, ал оған негізінен басқа жоғары оқу орындарын бітіргендер қабылданатын. Оның астанадағы оқу жылдарын жемісті пайдалануға, өзінің тарих жөніндегі білімінің ауқымын кеңейтуге ұмытылуы университет басшылығынан қолдау тапты, мұны ректор қол қойған мыныдай анықтама дәлелдейді:«Бұл Императорлық Санкт-Петербург университетінің студенті Жақып Ақбаевқа (сол кездегі құжаттарда, соның ішінде біздің еңбегіміз кейіпкерінің өзі жазған құжатарда да оның есімі мынадай нұсқада беріледі: Якуб(Якуп) Мурза Акпаев.- М. Қ. –М.) С.-Петербург Археология институтына көрсету үшін оның аталған Институтта дәріс тыңдауына бастықтар тарапынан кедергі жасалмайтынына беріліп отыр» (№ 8418 анықтама, Ж. Ақбаевтың жеке ісінің 52-беті). Жақыпқа келесі жылы да нақ осындай анықтама берілді (№5394), өйткені Археология институтында оқу мерзімі екі жыл болатын, оның үстіне оқушылар оқу аяқталып, сынақтан ойдағыдай өткеннен кейін институттың толық мүшесі дәрежесін алатын студенттер мен осы шарттар сақталған жағдайда корреспондент-мүше дәрежесі берілетін тыңдаушылар болып бөлінетін.Университет студенті Жақып институтта тек тыңдаушы ғана бола алатын еді және оқуды бітіргенен кейін Ресейдегі әйгілі ғылыми орталықтардың біріне корреспондент-мүше болды. Әлбетте, болашақ заңгерлер университетте де тарих (орыс заңының тарихи және басқалар) бойынша арнаулы курстарды оқитын, бірақ Археология институтында Ақбаев тарихпен ғылым ретінде, былайша айтқанда, оның негізгі бөлімдерімен және қолданбалы пәндерімен қоса «таза күйінде» танысты: ол археологияны, архив ісін, палеографияны, нумизматиканы, метрологияны, психологияны және т.б. оқып-зерттеді.
Заңгер студенттің тарихқа ден қоюы заңды еді және ол ақталды: құқылық құжаттар нақты тарихи жағдайлардан туындайды, онда өз дәуірінің ізі қалады және ол өз кезеңінде тарих барысына ықпал етеді, сонымен қоса тарихи қайраткерлердің де, халық бұқарасының да құқылық сана-сезімі мен психологиясын анықтайды. Ақбаевтың магистрлік диссертациясы тақырыбының құқық пен тарихқа тоқайласып жатқандығын да осымен түсіндіруге болады. ХХ ғасырда пәнаралық байланыстардың барған сайын бөлшектеніп маманданумен қатар, ғылымның интеграциялануында объективті қажеттілікке айналғанын, сөйтіп В.И.Вернадсийдің биосфера туралы ілімі, Н. Винердің кибернетикасы, М.Блоктың, Л. Февр мен Ф. Бродельдің француздық тарихи «Анналдар» мектебі және басқалар сияқты синтездік білім салаларын туғызғанын ескерте кеткен жөн.
Бірақ мұндай синтездің қажет екенін ынтызар ақыл-ойлылар одан бұрын да түйсік арқылы-ақ аңғарған еді. Петербург университетінде Жақып Ақбаев жоғары білім, қамсыз өмір сүру мен қоғамда құрметтелуге кепілдік берген беделді мамандық алып қана қойған жоқ.
Лекциялардан және алдыңғы қатарлы профессорлармен тікелей қарым-қатынас жасаудан ол ізгі мақсатқа заңсыз амалдармен қол жеткізу мүмкін емес деген басты қорытынды шығарды. Патша өкіметі мен оның отаршылдық саясатына кәміл сеніммен қарсы болған Жақып сонымен бірге әрқашанда қантөгіс және жай адамдарға қайғы-қасірет әкелетін революциялық зорлық-зомбылықты әсте де жақтаған емес. Сондықтан ол тіпті ең өткір мәселелерді де өркениетті жолмен, жүйенің кеселдерін ашық сынау, әшкерелеу, құқылық негізінде іс-қимыл жасау жолымен шешу мейлінше қолайлы деп санады. Ақбаевтың отаршыл өкімет орындарының жүгенсіздігіне қарсы күресі студенттік жылдардың өзінде- ақ басталғандықтан мұны атап өту маңызды.
Оның саяси сенімсіздігіне алғашқы ресми айғақ нақ сол кезде жасалды, ол Семей вице-губернаторының, Семей округтік соты прокурорының және Омбы
казначейлігі палатасы шенеунктерінің университет ректорына хабарламасы болатын (1901, №1501), онда Ақбаевтың өз жерлестерін өкімет орындарына
бағынбауға шақырып жүргені айтылған. ( Бұл туралы тиісті бөлімде егжей-тегжейлі айтамыз.) Ол оқиғаның мәні мынадай: отаршыл әкімшіліліктің шенеуніктері жергілікті тұрғындардың жылқысын өз қажеттеріне үнемі дөрекілікпен, ал кейде қорқытып тартып алатын. Осындай озбырлықты көзімен көрген Жақып оларға іс-әрекеттерінің заңсыздығын дәлелдеді, ал жерлестеріне олардың мұндай талаптарға бағынбауға құқылы екенін түсіндірді. Алайда шенеуніктердің Ақбаев туралы мәліметтерінің ешқандай әсері болған жоқ, мұның өзі университетте орын алған адамшылық ахуалды да, болашағы зор, қабілетті студентке деген көзқарасты да барынша жақсы сипатайды. Жамандаған хабар жолдаған ректор А. Х. Гольмстеннің, жоғарыда айтқанымыздай, екі жылдан соң Жақыптың магистрлік диссертация жазған кезінде оған өз тілегімен ғылыми жетекші болғаны да ерекше сипатталды.
Жақып Ақбаевтың болашақта өкімет орындарымен мұндай қақтығыстары көп болды, бірақ олар бұлайша сәтті аяқталған жоқ. Сайып келгенде, бұл сирек кездесетін жағдай еді, ал Жақып Ақбаев мәселенің нақты парақор-шенеунктерінде емес, тұтас алғанда мызғымай қала берген жүйеге байлансты екенін түсінді. Демек, ағаштың тасасынан орманды көрмей қалмау үшін ұлттың өзін-өзі белгілеуі, ежелгі жердегі байырғы халықтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, отаршылдық жүйені жою және т. б. сияқты іргелі проблемаларға шығу керек болды. Соларға жұртшылықтың назарын аударып, оларды шешудің құқылық әдістерін әзірлеу керек еді, сондықтан студент болып жүрген кезінде-ақ қазақ халқының сол кездегі жағдайына байланысты ең өткір, көкейкестегі мәселелерді алға қою үшін баспасөзді, бірінші кезекте астаналық баспасөзді мінбер ретінде пайдалана бастады. Мәселен, оның Семей губерниясының Өскемен уезінен жолданып, бұрынырақ«Санкт-Петербургские новости» газетінде басылған мақалаға жазған түсініктемесі (1901, № 69 ) осындай. Мақалада 1898 жылы күшіне енгізілген малға салынатын салық жүйесі сөз етілген еді. Сол жүйеге дәлелді талдау
жасап, нақты фактілермен қуаттау Жақыптың ол жүйе инспектор-шенеунктер тарапынан қиянат жасау үшін жол ашып қана қоймай, кедей шаруалардың
онсыз да ауыр жағдайын нашарлата түсіп, халықтың тұрмыс деңгейіне едәуір төмендеуіне әкеп соғады деп пайымдауына мүмкіндік береді. Қортындысында Жақып бұрынғы салық салу жүйесін сақтап қалуды ұсынды, өйткені, оның пікірінше, « пропорциялы салық салу кедей және қайыршылық халге түскен қырғыздардың жеке басы бостандығының партиясы әрі игілігінің кепілі болып табылады». Ақбаевтың бұл мақаласын сол жылы «Дала уәлаяты» газеті орыс және қазақ тілдерінде көшіріп басты (1901, №12). Сөйтіп, Жақып өз халқының мүдделерін студент болып жүрген кезінде – ақ қорғай бастаған. Сол жылдары Петербургте Ақбаев Алашорда бойынша болашақтағы серіктері болған, кейінгі қазақ халқының мақтанышына айналған Әлихан Бөкейханов, Барлыбек Сыртанов, Райымжан Мәрсеков, Тұрлыбек Айдарханов, Жанша Сейдалин, Мұхамеджан Тынышбаев және басқалар оқыды.
Унерверситетті алтын медальмен тәмәмдап, қазақ халқынан тұңғыш «право магистрі»деген ғылыми атаққа ие болған Жақып Ақбаев 1903 жылы туған еліне оралды. «Елге оралған соң әкеме ата-анасы, жора-жолдастары «үйлен»деп, оқыған, мәдениетті, сымбатты жігітке өзіне лайық жар таңдатады. Таңдау сол кезде Қарқаралыдағы ауқатты татар байларының бірі Халиолла Бекметовтың бойжетіп отырған сұлу қызы Гүлбахорға түседі. Әкесі арқылы Халиолла байға кісі жіберіп, сұрау салады. Болашақ қайын атасы қызы көнсе, өзінің қазақ байымен құда болуға қарсы еместігін білдіреді. Мұны естіген Жақыпты бұрын көрмеген қаланың ерке сұлуы «қазаққа бармаймын» деп қиғылық салыпты. Осы кезде үйге Халиолла байдың рұқсатымен үстіне су жаңа фрак киіп, алтын пенснесін жарқылдатып Жақып келеді. Көріп, көңілі әбден орныққан анамыз әуелгі райынан қайтып, келісімін береді», — деп жазады өз естелігінде Жақаңның үлкен қызы Аргуния апай әкесінің үйленуі туралы. Шындығында Гүлбахор (ел арасында Жақаңның еркелетіп қойған атымен «Гүлбіш» деп атап кеткен) жеңгеміз өте көрікті, келісті адам болыпты. Оны Гүлекеңнің жас кезінде түсіп, әлі күнге дейін сақталған суреттері дәлелдей алады. Кейін екеуі
Омбыдағы сауық кештердің сәні болып, Гүлбахор ең сұлу әйелге берілетін жүлделерді алып отырған.
Жақып Ақбаев өмірбаянының келесі жолдарында: «Мен 1903 жылы 9 маусымда (Ескі санақ бойынша – 27 мамыр) Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп шықтым. 1903 жылы күзде Омбы сот палатасына қызметке тұрып, 1904 жылдан бастап палатаның хатшысы болып істедім. 1905 жылдың тамызынан бастап Омбы қаласындағы 2-учаскесінің мировой судьясы қызметін атқардым», — делінген.
1903 жылдың күзінде Ж.Ақбаев Омбы сот палатасына қызметке кіріп, онда палата хатшысы болып істеді. Ал 1905 жылғы тамыздан бастап Ж.Ақбаев Омбы қаласындағы 2-учаскенің бітістіруші судьясының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Омбы Қазақстанның кең көлемді аймағы – Дала генерал-губернаторлығының орталығы болатын. Ресейдің орталығында басталған революциялық қозғалыс Омбыға, айтар болсақ, азды-көпті ірі елді мекендерге дейін де жеткен еді. Ал Ақбаев болса қызмет парызы бойынша өзінің саяси көзқарастарын жалпы жұртқа көрсетуден тартынуға тиіс болды. Мұның өзі Ақбаевтың азаттық қозғалысында кездейсоқ жолбике болмағанын және ойлы қоғамдық қайтаркер болып қалыптасқанын көрсетеді. Ж. Ақбаев өзінің «Қысқаша өмірбаянында» бұл туралы былай деп жазады: «1905 жылғы қазан-қараша айларында Омбы қаласындағы үкіметке қарсы митингілерде самодержавиені құлату қажеттігі туралы сөздер сөйлеумен байланысты мен сот ведомствосынан кеттім. Кезеңнің қоғамдық-саяси ағымы туғызған сезімдік серпіннің, буырқанған шабыт пен ынта-жігердің күші мен жаршы-уағызшылар қатарына қосылдым ».
Әрине, Ж. Ақбаев революциялық оқиғаларға қатысқаннан кейін «сот ведомствосынан кеттім» деген сөздерін дәл мағынасында түсінбеу керек. Қолданылып жүрген заңдар мен самодержавиелік құрылысты қорғаған органда ол қызметтен босатылды және босатылуға тиіс те еді. Ақбаев мұны жақсы түсінді, сондықтан да сот ведомствосынан өзін судья қызметінен босатқанға дейін кетіп дұрыс істеген. Бірақ ол өз мамандығы бойынша адвокат болып істей
аламын деп санады, бұл қоғамдық (дұрысырақ айтқанда, жекеше) қызмет және мемлекеттік құрылымға жатпайды деп ойлайды. Алайда мұндай самодержавиенің жартылай феодалдық, демократияға қарсы, монархиялық мемлекетінде лауазымды адамдар тарапынан туындайтын наразылықтың тіпті болмашы көрінісін де мемлекеттік механизмнің барлық буындары дұшпандық әрекет деп қабылдайтын. «Саяси сенімсіз» болып шықпау үшін асқан сақтықпен жұмыс істеу, патша шенеукінтерінің қызметін «қопармау», қолданылып жүрген заң ережелерін қиянат жасап пайдаланбау, үнемі бұзуға жол бермеу керек болатын.
Бірақ адвокат болған соң Ж.Ақбаев әдеттегі шағым жазушы, заң жүзінде өтініш жасаушы болып қалғысы келмейді. Қорғаушы кәсібіне ол жай ғана заңгер-формалист ретінде қараған жоқ, қайта заң бұзылуының бастапқы себебін табуға, нақты тәртіп бұзушыларды, сондай-ақ құқық бұзушылық субъектілері басшылыққа алған жеке дәлелдерді анықтауға ұмтылды.Ж. Ақбаев жазған құжаттарға (шағымдарға, өтініштерге және т.б.) жасалған талдау оның патша заңдарын, соның ішінде Дала өлкесін басқаруға қатысты ережелерді терең білетіндігін көрсетеді. Оның үстіне «жазда ата – анасының қозысын, қыста қойын бағып» ауылда өскен Ақбаев өз руластарының, әрбір екі-үш жылда өтіп тұратын сайлаулар кезінде қандай ұсақ саяси тартыс тұтынатынын, оларда ең басты қатысушы кейіпкерлер уездік лауазымды адамдар, сондай-ақ ауыл старшындары мен болыс қызметіне үміткерлер болып келгенін бала кезінен көріп өскен. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласы үшін “сайлаулар” бітіп болмас оқиғалар болып келді, өиткені сайлаудан кейін сайлау туралы заң ережелерінің бұзылуына байланысты олардың нәтижелерінің күшін жою жолындағы күрес басталатын. 1890 жылғы 17 наурыздан Әскери министрдың атына жазылған бір жазбада Түркістан өлкесіндегі сайлау былай суреттелген: “Жаңа сайлау уақыты туатын әрбір үш жыл өткеннен кейін бүкіл халық өз кандидаттарын ұсынған нақ қандай партияның жеңіп шығатынын күтіп, шиеленіскен мазасыз жағдайға көшеді. Мұндай жағдай халықты сыйлаудың өзін өткізу кезінде ғана билеп қоймайды, одан әрі, сайлау нәтижелері қаралып, түпкілікті бекітілгенге дейін де созылады… Осы уақыттың бәрінде жеңіліс тапқан партиялар сайлаушылардың сатып алынғаны
және сайлау кезінде алуан түрлі қателіктерге жол бергені жөнінде толып жатқан хабарлар, шығымдар және т. б. арыздар береді. Сайлаудың өзімен қоса – қабат халық тарапынан тәртіпсіздіктер, тіпті орыс өкімет орындарына бағанбаушылықтар орын алады. Осы жағдайлардың бәрі облыстық әкімшілік тарапынан жауап алуға, ал сонан соң формальды тергеу тағайындауға мәжбүр етеді…”.
Бұл арада бір маңызды жағдайды айта кеткен жөн. Сайлау кезінде және одан кейін далада болған тәртіпсіздіктер үшін барлық кінәні отаршыл шенеуніктер жергілікті халыққа жауып жүрді. Ал Дала ережесінде сайлаудың шелеуліктерге халықты топтарға, партияларға бөлу үшін қолайлы жағдай жасайтын құқықтар мен мүмкіндіктер беретін және оларды пара алу жолымен өздерінің баюы үшін пайдаланатын тәртіп белгіленген еді. Алайда бұл адамдар тасада қала беретін, өйткені далада, бір жағынан, халыққа Дала ережесінің отаршылдық мән – мағынасын түсіндіретін, ал екінші жағынан, далада озбырлық пен қылмыстың кең таралғанын қорықпай жаза алатын адам болмады. Отаршыл шенеуніктердің аса зор өкінішіне орай, ХХ ғасырдың басында далада осындай адамдар пайда бола бастады. Ж. Ақбаев сондай адамдардың бірі болды, білімі терең және борынша батыл болған ол халықтың қанын сүліктей сорған зорлықшыларға тау селіндей тасқындап шүйлікті. Ж. Ақбаев өз руластарына билік жүргізуге жан салатын дала байларының періште емес екенін және топшылдықты, ұсақ саяси тартыстар мен араздықты нақ орыс шенеуіктердің тұтатып, қолдап отыратынын көрсетті. Бұл орайда олар екі мақсатты: 1) жеке басының баюы; 2) қазақтардың ұлттық және саяси топтасуына жол бермеу мақсатын көздеді. Ж. Ақбаев, оны қолдаған серіктері
осының бәрін халыққа түсіндіруге тырысты. Ж. Ақбаев өзінің өтініштері мен шағымдарында негізінен шенеуніктердің қиянат жасауы мен парақорлығына назар аударып, сонымен бірге ұсақ партиялық топтардың ұйымдастырылуына нақ солардың себепші болып отырғанын атап көрсетті. Отаршыл шенеуніктер Ақбаевтың өз қылмыстарына ғана қарсы күресіп жүрмегенін, оның отаршылдық құрылысқа қарсы қоғамдық сананы қалыптастырып жүргенін ұғынды да, түсінді де. Сондықтан да олар Ж. Ақбаевты үкімет орындарына тым қауіпті адам деп, өздерінің арам пиғылын ашықтан-ашық дәрежеде жүзеге асырды. Ж. Ақбаевтың 1907 жылдан кейінгі өмірі тек қана жер аударулардан, қылмысты жауыпқа тартулардан, қуғыннан тұрады.
1.2. Ж. Ақбаевтың ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның саяси күрес тарихындағы орны.
1908 жылдан Жақып Ақбаев өмірінде азап пен жоқшылыққа толы кезең басталды. Сол жылғы 29 қарашада Дала генерал – губернаторлығы кеңсесінің құпия бөлімінде оған арнаулы іс ашылып, ол 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін жүргізілді деуге болады. Бұл іс (“құпия” деген белгі соғылған) ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік Симоновтың 6 беттік хабарламасымен ашылған, ол хабарламаны Семей губернаторы Тройницкий 1908 жылғы 17 қарашада Дала генера-губернаторының атына жолдаған еді. Хабарламада Ж. Ақбаевтың Санкт-Петербург университетін бітірген күнінен бастап барлық “ қылмыстары мен күнәларі”, соның ішінде патша – ағзамға “тіл тигізіп”, сол үшін сотталғаны да тәптіштеп тізіп келтірлген. А. Тройницкий хабарламасын әрбір жолынан Ж. Ақбаев өте қауіпті және дөрекі, байырғы тұрғындардан қолдау тауып, сүйіспеншілігіне бөленген, олардың ақыл – ойына бүлік, әкімшілік пен өкімет орындарының алаңдаушылығы мен мазасызданғандығын туғызады деген ой көктей өтеді. Атап айтқанда, хабарламаны “ Ақбаевтың үш жыл бойы жазасыз өтуі дала халқының көз алдында өкімет әлсіздігінің күмәнсіз белгісі болып көрінеді” деген сияқты жолдары көп нәрсені аңғартады. Ақбаевтің ісінде оның әрбір басқан қадамы қадағаланып отырған, мысалы; оның Баянауыл почтасы арқылы Ә. Бөкейхановқа ақша аударғаны айтылып, ал соңғы Выборг үндеуіне қол қойған “ қылмыскер” делінген. Шынында да, Омбы мен Қарқаралыда болған кезінде Ж. Ақбаев Әлейхан Бөкейхановпен және Ахмет Байтұрсыновпен өте жақын, достық қатынас жасаған еді бұл туралы архивтерде сақталған деректер бар. Істе Ж. Ақбаевтің Санкт-Петербург университетінің профессоры Петражицкийге хатында “ қазақ халқы қолына қару алып күресуге әзір” деп жазғаны да хабарланған.Троиницкий жолдаған
хабарламада Ақбаевтің өміріне қатерлі рөл атқарды, ол генерал-губернаторға мынадай өтінішпен аяқталған: “Жоғары мәртебелім, Мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық тыныштықты сақтау жөніндегі шаралар туралы ереженің 33, 34 және 36-баптары негізінде Ақбаевті Сібірдің алыс губерниялары мен обылыстарының біріне полицияның жария бақылауы мен 5 жылға жер аудару туралы Ішкі істер Министрімен байланыс жасалу керек”.
А. Тройницкийдің өтініші аяқсыз қалған жоқ: 1908 жылғы 1 желтоқсанда Дала Өлкесінің генерал-губернаторының өзінің №30 қаулысы мен Ақбаевті Ақиола облысының Омбы уезіне этапппен жер аударды. Төрт күннен кейін ол Ішкі істер министірлігінен Ақбаевті одан да әрі – Якут облысына жер аудару туралы рұқсат алуға келіскендігі жөнінде қосымша хабарлайды. Көп кешікпей генерал-губернатор Ішкі істер министірлігіне Ақбаевті Якутияға полицияның тұрақты жария бақылауымен 5 жыл мерзімге дереу жер аудару туралы рапорт жазылған
Істе Жақыптың апасы Айғаным Ақбаеваның, енесі Фатима Бекметова мен әйелі Гүлбахордың Омбыға жер аударылған Ақбевқа да кешірім жасауды өтініп генерал-губернаторлыққа соққан жедел хатты да сақталған, онда оның денсаулығының күрт нашарлағаны көрсетілген. Жеделхат мынадай сөздермен аяқталған: “ Жоғары мәртебелі Сізге Ақбаев белгіленген жазаны — әкімшілік жер аударуды кешіруіңізді барынша бас ие отырып, Сізден жалбарына өтінеміз. Жоғары мәртебелі Сіз Ақбаевты бейшара әйелдер –біздің жанымызда қалдырыңыз. Біз рақым етіп, бізге, бақытсыз әйелдерге, адамшылық үшін қайырым жасаңыз”. 19 желтоқсанда өтініш қанағаттандырылмайды деген жауап қайтарылды.
Істің насырға шауып бара жатқанын аңғарған Жақып Ішкі істер министрлігіне хат жазып, онда өзін жер аудару туралы Дала генерал-губернаторы қабылдаған қаулының мүлде заңсыз екендігін заң жүзінде негіздеп дәлелдейді. Министр жергілікті өкімет органдарының заңдарды өрескел бұзғанын көріп, Ерекше кеңестің шешіміне сәйкес Дала Өлкесіне генерал-губернаторына: “Ақбаев Астанадан басқа өзі қалаған тұрғылықты жерінде мерзімімен 1908 жылғы 22 желтоқсаннан бастап полицияның жария бақылауына бағындырылсын”, — деген жауап қайтаруға мәжбүр болды. Соның нәтижесінде жер аударылу мерзімі бес жылдан екі жылға дейін кемітілді, ал табиғат жағдайы қатаң Якутия өз қалауы бойынша кез келген жермен ауыстырылды.
Ақбаевтың ісінде айдаудағы жеріне Жетісу облысының Қапал қаласын оның өзі таңдап алғаны туралы мәлімет сақталған. Жақып ол жерге 1908 жылғы 22 желтоқсанда аттанып кеткен.
Уақыт табы өтіп, сарғайып кеткен архив материалдарының беттерін ақтарып
отырғанда оның бұлжымас рухы мен табандылығына қайран қаласың. Әрине, оны қартайған ата-анасының, туыстары мен жақындарының жағдайы толғандырған еді, бірақ ол өз халқының адал ұлы болатын, сондықтан да ол соның мүдделері мен тағдырын тіршілігінің нәрі етті, туған өлкесінің тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы күрестен бас тарта алмады.
Қапалда болған кезінде Жақып ішкі Ресейдің халақтық қозғалысының жаңа лебін сезініп, өз мақсатын қазақ халқының азаттық күресін жаңа сатыға көтеруде деп білді. Бұл үшін Қарқаралыда Ахмет Байтұрсыновпен қысқа уақытқа болса да кездесіп, онымен іс-әрекет жоспарлары, күштерді біріктіру туралы ақылдасу керек болды. Сондықтан ол «анасы ажал ауызында, қызы Иммузия ауырып жатқан» Қарқаралыға бару үшін рұқсат сұрап генерал-губернатордың атына өтініш берді. Осы өтінішіне (1909 жылғы 1 қазанда жазылған) Ақбаев анасы мен қызының ауру екендігі туралы доктор Сәдуақас Шылымбековтің қортындысын қоса тіркеген. Сәдуақас Варшава мал дәрігерлік институтын бітіріп, кейіннен Алашорданың белгілі қайраткеріне айналған Әшірбек Шалымбековтің бауыры болатын. Бұл өтініштен біз оның тұңғыш қызы Иммузияның есімін білеміз. Ол туралы басқа еш жерден мәлімет кездеспейді, сондықтан оны бала кезінде қайтыс болған деп санауға болады. Хат маржандай әдемі әріптермен жазылған, астына Ақбаев өз қолын қойған. Әр түрлі құжаттар мен архив материалдарына қарағанда, Жақыптың өз жазуы ірі, бірақ өте түсініксіз болған көрінеді. Сондықтан оның ресми органдарға хаттарын жазуы жақсы, оңай оқылатын адамдарға көшіртіп, өзі оларға қол қойып отырған.
Дала генерал-губернаторынан рұқсат алған Жақып Қарқаралыға дереу жүріп кетеді. Вице-губернатор Останкиннің сол сапарға рұқсат еткен жеделхатының астына күні 1909 жылғы 17 қазан деп көрсетілген. Ақбаевтың ежелгі дұшпаны, Семей губернаторы А. Тройницкий оның Қарқаралыға сапарын елеусіз қалдырмады. Ол генерал губернаторға дереу мынадай жеделхат жолдады:«Қарқаралы уезінде Ақбаевтың жақтастары қалды, бірақ олардың ең бастыларының бірі- Қарқаралы орыс-қырғыз училищесінің бұрынғы меңгерушісі Байтұрсынов жаз кезінде-ақ қамауға алынған еді. Соңғысының қылмысты әрекетін тергеу үшін мен жандарм басқармасы бастығының көмекшісі ротмистр Леваневскийді жібердім, оған жалпы алғанда Ақбаев пен Байтұрсыновтың ықпалымен уезде орын алған пиғылды анықтау тапсырылды»( № 251 құжат).
Ақбаев пен Байтұрсынов арасында жасалуы мүмкін саяси одақ алаңдатқан Тройницский: “Осы себепті Ақбаевтың онда тіпті ең қысқа мерзімге болса да баруы өте қажетсіз”, — деген қорытынды жасайды. Дала генерал-губернаторы бұл ескертуді елеусіз қалдырмай, өз рұқсатымен күшін жойды ( 3 қарашадағы №747 құжат). 13 қарашада полиция Жақыпты Қарқаралыда ұстап, оны Қапалға қайтарып жіберді.
Ақбаев Байтұрсыновпен бұл жолы кездесе алмауына А. Тройницкийдің қалт жібермей қадағалау ғана емес, Ахметтің сонау 1 маусымда-ақ Қарқаралыда ұсталып, Семей түрмесіне отырғызылғаны себеп болған еді. 6 шілдеде нақ сол Тройницкий өзінің Дала генерал-губернаторы атына жолдаған рапортында А. Байтұрсыновтың қамалу мерзімін ұзарту туралы өтініш жасайды. Ал 15 шілдеде жеделхат арқылы Ішкі істер министрінен де нақ соны өтінеді. Сөйтіп екі күннен кейін министр оған рұқсат береді. Біздің, атап айтқанда, Байтұрсыновқа егжей-тегжейлі тоқталып отырған себебіміз – Жақыптың Қарқаралыға келуіне ол біраз күш салынған еді. Бұл да оның кінәсін Терендете түскен факт болды. Істің №172 құжатында былай делінген: “Қарқаралы қаласындағы орыс-қырғыз училищесінің бұрынғы меңгерушісі Байтұтсыновтың әрекеті жөнінде айтар болсақ, аталған Байтұрсынов Қарқаралы уезінің қырғыздары арасында үкіметке қарсы сеперативтік рухта насихат жүргізген және Семей облысынан жер аударылған Жақып Ақбаевты қайтару туралы келісім жасаған”.
Ахметтің түрмеге қамалуына амалсыздан кінәлі болғаны Жақыптың жанына қатты батты. 1909 жылғы 6 желтоқсанда “Современное слово” газетінің 682-нөмірінде “Қырғыздың халық ақыны түрмеде” деген мақала жарық көрді. Мақалаға Ә.Бөкейханов пен Ж. Ақбаевтың тікелей қатысы болуы әбден мүмкін, өйткені олар астана жұртшылығымен жақсы байланысын үзбеген еді. Мақалада Ахметке кінә етіп тағылған бес “қылмыстың біреуі оның Ә. Бөкейхановпен және Ж. Ақбаевпен таныстығы болғаны” айтылады. Мақала мынадай сөздермен аяқталады: “Байтұрсыновтың отырғанына 5 ай. Оған айып та тағылмай, босатылмай да отыр. Оның губернатор атына берген өтініштері жауапсыз қалуда” (“Современное слово”,1909, №682).
Осы мақала жарыққа шығысымен-ақ Мемлекеттік думанның мүшесі Н. Скалозуб Дала Өлкесінің генерал-губернаторы Е. О. Шмидке фактілерді тексеруді өтініп хат жіберді. Өкінішке қарау, бұл тексеру сол баяғы А. Тройницкийге тапсырылды. Ол, әрине, А. Байтұрсыновтың қамалуын ақтауға тырысқан. Ол өзінің Е. О Шмидке 1909 жылғы 30 желтоқсанда жолдаған жауап хатында А. Байтұрсынов заңды қамалғандығын мақұлдайтын мынадай үш «самақты» дәлел келтірді: 1. Байтұрсынов бүлікшілер Ж. Ақбаев пен Ә. Бөкейхановтың тобынан; 2. Ол өкіметке қарсы Ж. Ақбаев ұйымдастырған саяси әрекеттерге қатысушы; 3. Өлкеде соғыс жағдайын енгізуге қарсы. Осының бәрін тізіп келтіре отырып, губернатор өзінің “досы” Жақыпты атап өтуді де ұмытпаған: “Үстіміздегі жылдың қаңтарында Жақып Ақбаевты айдаудан қайтаруға өтініш жасалған келісім пайда болды. Бұл кесімді Байтұрсынов жазды деген күдік туды. Байтұрсыновтың іс-әрекетін тергеудің басталуына да осы жағдай себеп болды”.
“Семей жауызы” атанған губернатор А. Тройницкий даладағы ықпалды да құрметті адам Байтұрсыновты түрмеде ұстау үшін барын салды, ал халық оның айтқанын қалт жібермей құлақ асатын еді. Отаршыл әкімшілік шенеуніктерінің
қауіптенгені де нақ сол болатын, сондықтан олар қазақ қоғамының ықпалды адамдарын оқшаулап тастауға тырысты. Ахмет пен Жақып ортақ мүдде бекіткен тығыз достықпен байланысты болатын. Ахмет өзі де үнемі полицияның бақылауында бола жүріп, Жақыпқа көмектесуге, қол ұшын беруге тырысады да, сол үшін қамауға түседі.
1910 жылғы 17 қаңтарда нақ сол Тройницкий қудалауға ұшыраған бірқатар қазақ зиялыларының тағдырын анықтауды сұраған Скалозубтың сауалына байланысты Дала генерал-губернатора рапорт жібереді. Тройницкий Өскемен түрмесінде Көлбай Төленгітов (кейіннен “Үш жүз” партиясын құрған, тарихта Көлбай Тоғысов деген атпен алдыңғы қатарлы білімді адамдардың бірі ретінде мәлім) пен Жаменей Жансүгіровтың отырғанын мойындайды. Бірақ рапортқа қарағанда, Тройницкий оларды қамаудан босатуда гөрі, тұтқындарды еркіндікке шығаруға тырысушыларды қамауға алуды дәлелдеу жайын ойластырады. Ол былай деп жазады: “Скалозуб мырзаның беймәлім хабаршылары – жай ғана өсекшілер мен өтірікшілер, сондықтан оларды өсек айтқаны үшін сот арқылы жауапқа тарту мақсатымен Скалозуб мырзаны олардың есімдерін атауға мәжбүр ету өте пайдалы болар еді.” Мемлекеттік Думанның мүшесі жөніндегі осы бір полициялық-ұрдажық “мәжбүр ету” режимінің тіректерінің, тіреушітерінің және басқа да шіріген сүйеніштерінің бірі “құқықтану” деңгейін өте айқын сипаттайды. Қапалда айдауда жүрген кезінде-ақ, Ақбаев 1909 жылдың орта шенінде сенатор граф Панелге хат жолдап, онда ХХ ғасырды басында отаршылдық құлдықта болған қазақ халқының ауыр жағдайын суреттейді, дала халқының экономикасына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қысқаша талдау жасайды ( Ж. Ақбаев ісінің 150-186 беттері). Хатта Ақбаевқа қарсы сот ісі суреттеліп, оның заңсыздығына дәлелдер келтірілген. Онда Қарқаралы уездік басқармасының бастығы полковник А. Цыловтың, Омбы сот палатасының төрағасы А.А. Кобылиннің және басқа да отаршыл аппарат шенеуіктерінің ашықтан-ашық озбырлығы мен зорлық-зомбылығы, ашкөздік әрекеттері көрсетілген. (Бұл өтінішті біз басқа бөлімде қарастырамыз.)
Жақыптың граф Панелге хаты бірнеше шенеуніктің мансабын жойғанымен, жалпы жүйеге ықпал ете алмады. Оның үстіне, әдетте айтылатынындай, қарға қарғаның көзін шұқымайды. Осы тонаушы шенеуніктердің бүкіл сыбайластары су жұқтырмай шығып, сайып келгенде Дала Өлкесі генерал-губернаторының міндетін уақытша атқарушының 1910 жылғы ақпан айында Ішкі істер министріне рапорт беріп, оның Жақыпты жер аудару мерзімін тағы да екі жылға ұзартуына қол жеткізді.
Академик С. Зиманов Ж. Ақбаевтың сол кезендегі қоғамдық-саяси қызметіне былай деп лайықты бағасын берді: “Деятельность Ақбаева в этот период, во первых, была высшей ступенью, на которую мог подняться только деятель передовой мысли живший в казахском обществе в начале ХХ века. Во-вторых, его агитации в массах была революционной работой действовавшего в одиночку человека, добивавшегося временного успеха”. Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында Ж. Ақбаев, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов жүргізген күрес өлкесінің тәуелсіздігіне большевиктер сияқты күш қолдану құралдарымен, кантөгіс арқылы емес, заңды, конституциялық жолмен, халықтың ұлттық сана-сезімін ояту жолындағы саяси күрес арқылы жетуді жақтады. Жақыптың тағдырына одан кейін болған тартысқа толы өзгерістер туралы А. Жақыпова мен Ғ. Сапарғалиев былай деп жазады: “ В феврале 1910г Министерство внутренних дел вынесло постановление о воспрещении Акпаеву, жительства в предалах Семиреченской и Тургайской областей опять на два года. Я. Акбаев поселяется в Караганде”. Бұл мәліметтерді нақтылаған кезімізде біз ғалымдар сілтеме жасаған архив деректемелеріне жүгіндік. Л. А.Фалькевичтің 1907-1918 жылдардағы Қарағандыдағы революциялық оқиғалар туралы бұрынғы Партия тарихы институтының архивінде сақталған естеліктерінде былай делінген: “1911 жылы рудникке Қарқаралыдан Ақбаев (кейіннен алашордашылар) келді. Ол қазақтар арасында зор жұмыс жүргізді, сөйтіп ол Спасск пен Қарағанды да барлық қазақ жұмысшыларының үш күндік ереуілін ұйымдастыра білді. Қазақтар жұмысқа шықпады, полиция оларды жеркепелерден шығара бастады, олар киіз үйлерге кетті”. Қарт революционердің бұл хабарына мынадай себептермен сену қиын. Біріншіден, Ақбаевтың әр қадамын қадағалап отырған полиция архивтерінде Л.А Фалькевич суреттеген оқиғалар туралы материалдар (рапорттар, хабарламалар, шағымдар және т.б.) жоқ. Екіншіден, Жақыптың ауыр науқас анасына баруына рұқсат етпеген полиция оның жұмысшылар шоғырланған Қарағандыға баруына жол беруі екіталай. Үшіншіден, естеліктер көп жыл өткен соң жазылған автордың, әлбетте, қателесуі, ұмытып қалуы мүмкін. Төртіншіден, “Айқапта” жарияланған мақаласында Ж. Ақбаев өзінің 1911 жылы абақтыда қамауда отырғанын жазады.
“К. Найманский” деген бүркеніш атпен қол қойлып, 1913 жылы “Айқаптың” 7-нөмірінде “Қазақ даласынан” деген тақырыппен жарияланған бұл мақала осы кезге дейін ғылыми айналымға түсе қойған жоқ. Онда Ж. Ақбаев былай дейді: “Сот үкімінің 129-бабы бойынша мен бір жарым жыл абақтыда отырып, 1912 жылғы 19 тамызда босандым. Сол күні мені Семей полицейстері Коблецкий шақырып алып, үш күн мерзімді Семей облысының шегінен кетуіме қолхат беруге бұйырды. Ол менің қайда барғым келетінін сұрады. Мен Қапал қаласын атадым. Сөйтіп сол жаққа бет алдым… Сегізінші қазанда-ақ Қапалға жетіп, онда қазақтармен, барлық тұрғындармен танысып алдым”. Ақбаевты көз жазбай қадағалап отырған полицияның көптеген құжаттары сақталған. Барлық хабарламалар мен рапорттарда бір-ақ нәрсе: Ақбаевтың бүлікшілдік жұмысты тоқтатпағаны, қазақтар арасында насихат және үгіт жүргізетіні, оларды азаттық күресіне шақыратыны айтылды. “Айқаптағы” мақала Ж. Ақбаевтың сол кезеңдегі өмірі туралы анық пікір айтуға мүмкіндік береді. Ол кезде Қапал сонау 1847 жылы негізі қаланған шағын қала, Жетісу қазақтары орталықтарының бірі болатын. Қала өмірінің түрлі жақтарын суреттей келіп, Жақып былай деп жазады: “Мен қала өмірінің қараңғы шетінде жұлдыздай жарқыраған Тұрысбек және басқа Мамановтар сияқтылармен, сондай-ақ жуан қарындарын қасынып, өз малын ұсақ-түйекке шығындап, көп әйел алуға, қымызға үнемі масаң тартып жүруге тырысып, осы бір кең-байтақ даланы құдаймен былғап жүргендермен таныстырғым келді!” Ол халықты алға
бастайтын жақсы бастамалар туралы, оның жетекшілері бола алатын жақсы адамдар туралы сүйсіне жазады. Ақбаевтың пікір бойынша, қазақтың ықпалды байларына үлгі, бостандыққа жетер жолдағы жарық жұлдыз бола алатын мұндай тұлғалар туралы жолдар міне мынадай: “Марқұм Маманов Тұрысбек қажы қазақтар арасында асқан данышпан адам деп саналған еді, көзі тірі кезінде халықтан ешнәрсе аямаған. Ол өз ұлдары Құдайберген мен Тәңірбергеннің, інісі Есенқұлдың білім алуына қамқорлық жасап, оларды сауда жасайтын жақсы татар адамдармен таныстырған, бұларды солар саудаға үйреткен.
Марқұм сексенінші жылдарда осы өлкеде тұңғыш қазақ мектебін ашқан. Осы бір ғажап адамның содан кейін қайтыс болғаны өкінішті-ақ, ол өзін әлі де көптеген ізгі істермен даңыққа бөлер еді. Тұрысбек 18 жыл болыс болған, осы уақыт ішінде пара алмаған, өзгенің атын мінбеген, қазақтардың бірде-бір қойын жемеген, оларды зорлық-зомбылық жасап жылатпаған, халқын ақшаға сатпаған. Осының бәрі оған жұмақта еселеп қайтсын…
Құдайға шүкір, ұлдары – Құбайберген мен Тәңірберген әпенділер, інілері – Сейтбаттал қажы мен Есенқұл әпенділер өздерінің даңықты әкесі мен ағасының ізгі жолына түскен. Олар 20-30 мың сом жұмсап, “Мамания” мектебін салдырыпты, алты адал оқытушы мұғалім шақырыпты, олар жылына 2500 сомнан айлық алады, жақсы пәтерлерде тұрады, оларды да байлар берген. Мұғалімдер де, Ғабделғази және Мұхамметқали әпенділер де адамдардың игілігі үшін жаралған жандар. Мен оларды осылай бағалаймын. Алайда “Мамания” инспектордан қысым көруде. Өткен жылы Мамановтар өз ақшаларына орыс тілін оқытатын бір қазақ жігітін шақырған еді, бірақ оны инспектр қабылдамады. Оның орнына тілді мүлде білмейтін бозбаланы жіберген. Осы бір сорлы мұғалім уақытын домбыра тартумен өткізіп, жалқаулыққа салынған. Ақыр аяғында оны инспектордың өзі жұмыстан шығарып, оның орына Сарқант атаманы Назаровтың баласын жіберді. Он тоғыз жасар бұл жігіттің де пайдасы шамалы. Сөйтіп, «Мамания»”мектебі орысша
оқытуға зәру болып отыр. Менің ойымша, Маманов – Тұрысбеков әпенділер біз
барша жұртпен тең болатын жақсы кездерге дейін есімдері тарихта қалуға тиісті тұлғалар.
Білім адамзаттың шамшырағы екенін білген бұл адамдар өз есебінен үш баланы Верный мен Семейдің гимназиясына жібреген. Есенқұл әпенді әлі он жасқа толмаған екі қызын Сарқант мектебіне берген. Тәңірберген қажы балаларымен бірге өзінің ханымын да оқытып жатыр.
Жетісулық бір студентке Маманов- Тұрысбековтер жыл сайын 20 сом степендия төлеп отыруға міндеттенген. Ах, біздің барлық жерімізде осындай патриоттар болса, біздің қазақтар надандықтың шегіне жетпес еді-ау”. Жақып қамқоршы-байлардың жерлестерінің көзін ашудағы рөлін осылай анықтайды.
“Мамания” медресесін Маман байдың білімді баласы Есенқұл салдырған, 1903-1904 жылдары оның ашылуына байланысты той өткізілген. Атақты “Ғалия” медресесінің жобасын үйрену және құрылыстан тәжірибе алу үшін Уфаға әдейі адам жіберілген. Қазақ байлары балалары орысша оқып, шоқынып кетеді деп қорыққан. Олардың қорқынышын сейілту үшін Маман бұл мектепке өз балаларын бірінші болып берді. “Маманияның” медреседен айырмашылығы сонда төртінші кластан бастап сабақ орыс тілінде жүргізілген.
Осы бір үлгілі мектепке Ілияс Жансүгіров сияқты көрнекті қазақ қайраткерлері тәрбиеленіп, білім алғанын айта кеткен жөн.
“Ж. Ақбаев 1910-1912 жылдары қайда болды?” деген тағы бір сұрақты анықтап алу керек. Егер Фалькевич оны 1911 жылы Қарағандыда шахтерларды стачкалар мен ереуілдерге шақырып жүргенде көрдім десе (Партия тарихы институтының архиві, 811-қ, 1-т, 144-іс, 3-4 б.), “Айқап” журналында оның бұл кезде абақтыда қамалып жатқандығы айтылады (“Айқап”, 1913,№17). Ал Ақбаевтың ісінде Ішкі істер министрлігіне 1910 жылы жолдаған №34 құжат бар. Онда мынадай жолдар келтірілген: “Жақып Ақбаевтың Семей облысына жақын жатқан және оның Қарқаралы қырғыздарымен тығыз қарым-қатынас жасап, үгіт жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беретін Қапал қаласында тұруы себепті Ақбаевты Қапалдан әлде бір Солтүстікке, тым болмағанда Тобыл
губерниясына аударып, оның үстіміздегі жылы 22 желоқсанда аяқталатын
полицияның жария бақылауындағы жағдайы мерзімін ұзарту мүмкін деп тануға болмас па екен” (211-б),
Ж. Ақбаев 1910 жылғы ақпанның 1912 жылғы ақпанға дейін Троицк қаласында айдалу мерзімін өтеді. Бұл “Айқап” жураналындағы мақалалардың жазылу мерзіміне сәйкес келеді, өйткені оның редакциясы нақ сол Троицкіде болатын. Өкінішке қарай, Ж. Ақбаевтың бүркеншік аттары әлі күнге дейін анықталған жоқ. Егер олар анықталса, Ж. Ақбаевтың “Айқапта” жарияланған басқа да материалдарын анықтауға болар еді.
1912 жылдың ақпанында туған жері Қарқаралыға қайтып оралған Ж. Ақбаевқа полиция көз жазбай қадағалау жасап отырды. 1913 жылы онда Ш. Уәлихановтың досы, қазақ мәдениеті мен ауызекі шығармашылығын зерттеуші әрі құрметтеуші Григорий Потанин келеді. Оның қазақ даласына осы соңғы саяхаты шалғайда жатқан уездік Қарқаралы қаласы үшін елеулі оқиға болды. Қазақтың болашақтағы тұңғыш математика профессоры Ә. Ермеков еріп келген Г. Потаниннің осы сапары, оның нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор Н. С. Смирнованың редакциясымен шыққан “Г.Н.Потанин жинағындағы қазақ фольклоры” деген кітапта (А.,1972) баяндалған. Алайда, онда неге екені белгісіз, Г.Н. Потаниннің Ж. Ақбаев ауылында құрметті қонақ болғаны айтылмайды. Ал ол құқық магистріне қонаққа арнайы келіп, оның қабылдауына өте риза болып кеткен.
Зерттеушілер Ю. Попов пен В. Новиков “Григорий Потаниннің соңғы саяхаты” деген еңбегінде былай деп атап көрсетеді: “Саяхатшылар ат басын Ақбаевтың ауылы орналасқан Майбұлаққа бұрды. Жақып Ақбаев мырза қазақтың тұңғыш құқықтанушысы болатын. Ол Петербург университетін бітіріп, Омбы сот палатасында қызмет істеді. Географиялық қоғамның да мүшесі болған Ақбаев Г.Н. Потанинді жақсы білетін. Сондықтан ол меймандарды құшақ жайып, қуана қарсы алды… Г.Н. Потанинге әрі пайдалы, әрі ұнамды ету мақсатымен Жақып Ақбаев музыкалы-әдеби кеш өткізді. Онда мектеп пен гимназия оқушылары ән шырқап, өлеңдер оқыды, ұлттық музыкалық шығармаларды орындады” (“Индустриальная Қарағанда”, 1969, 17 қыркүйек).
Ұзаққа созылған әрі титықтатып шаршатқан айдаудан қайтарып оралып, әбден тыныққан соң Жақып 1914 жылдың жазында өзін Омбы сот палатасына қызметке қабылдауға өтініш берді. Алайда оның өтініші “саяси сенімсіздігі”, “ мемлекеттік құрылысқа қарсы сөйлеген сөздері”, “ бұратаналарды азаттық күреске шақырғаны”, “ұлы мәртебелі патшаға тіл тигізгендігі” және басқа да қылмыстары үшін қабылданбай тасталды. Ж. Ақбаев езілген жерлестерінің мүдделерін қорғап, адвокаттық практикасымен айналыса бастады.
Ол өзіне қатер төнгенін сезініп, жерлестерінің мүдделі адамдар ұйымдастырған орынсыз тиісулерінен мазасызданып, Ботовтан (Қояндыдан) 1915 жылғы 26 маусымда Семей губернаторының атына мынадай жеделхат жолдайды: “Мені ғайбаттанушылардан қорғауды, барлық басқарушылардан, бастық Проховтан менің қызметім туралы жауап алуды өтінемін. Құқық кандидаты Жақып мырза Ақбаев”.
Семей губернаторының міндетін атқарушы Ф. Чернецов, вице-губернатор Сайлотов, кеңесші Красновский 1915 жылғы 26 маусымда полиция департаментіне Ақбаевты қамауға алу үшіне негіз жеткіліксіз деп көрсетті. Алайда сол жылдың күзінде Жақып қайтадан түрмеге түсті.
Қуғындау мен қудалаудың осы жаңа кезеңі туралы Ж. Ақбаев өмірбаянында былай деген: “1915 жылдың күзінде жандармдар мені қылмысты істердің әйгілі 103,108 129-тармақтары (ұлы мәртебелі патшаға тіл тигізу, мемлекеттік құрылысты өзгерту мақсатымен үгіт-насихат жұмысын жүргізу) бойынша айыптады. Бұрынғысы сияқты, мені тұтқынға алып, содан соң этаппен Павлодар түрмесі арқылы Семейдегі түрмеге жеткізді. Онда сасық, ылғал, суық бір орынды, қос құлыпты камераға қамады. Ал Павлодардан Семейге мені тұруға да, отыруға да мүмкін емес тар қапасқа қамап апарды”.
Ақбаевтың Семей түрмесінде қанша уақыт болғаны белгісіз. Біз бұл туралы архив деректерін таппадық. Алайда, Ақбаевқа қатысты басқа да архив материалымен таныса келіп, ол қамаудан 1917 жылдың басында шықты деп жорамалдауға болады.
1917 жылғы наурыз айында Қарақаралы уездік комитеті Ж. Ақбаевты ақтау ұсынылған қаулы қабылдайды. Онда Жақып Ақбаевтың көп жылдық қызметіне лайықты баға берілген. Ол амалсыздан босатылған. Соның ізінше оған тағы да “саяси сенімсіз” деген айып тағылды. Осыған байланысты оның өмірбаянынан тағы бір үзінді келтірейік. “1917 жылдың қаңтар-ақпан айларында бес жылға Якут облысына жер аудару туралы мәселе көтерілді.Мен бұл сапарға шындап әзірлендім, бірақ мені Якутияның түрмелеріне ұзақ уақыт этаппен айдалудан ақпан революциясы құтқарды. Бірақ оның есесіне 1917 жылғы наурыздың аяғында комиссар (Уақытша үкіметтің) Вайсер мені қазақтар арасында жаңа саяси ұрандар: халық билігі, автономия, республика ұрандарын бірінші болып ұсынғаным үшін қамауға алып, орыс казактарымен Семейге жөнелтті”.
Біз Ақбаевқа қарсы бұл істі әлі қарастаратын боламыз. Бұл арада Ж. Ақбаев “саяси ұрандарды” – халық билігі, автономия, республика ұрандарын патша өкіметі құлатылғанға дейін ұсынған еді. Бұл туралы, тағы да айтылатынындай, патша шенеуіктері бұрын да жазған болатын. Ж. Ақбаевтың саяси көзқарастарын түсіну үшін бұл жағдайдың елеулі маңызы бар. Өмірбаянды Ж. Ақбаев 1928 жылдың аяғында Сырдария округтік қорғаушылар алқасының мүшесі болып жүрген кезінде жазған. Бұл қанаушы таптарға – кулактарға, байларға, феодалдар мен олардың идеологиялық қорғаушыларына қарсы белсенді күрес басталған кез еді. Большевиктік партия кезінде “Алаш” партиясын, Алашорда автономиясын ұйымдастырғандарды қайтадан қолға алған болатын. Мұның бәрін Ж. Ақбаев сияқты тәжірибелі саяси қайраткер сезбей де, көрмей де қалған жоқ. “Алашорданың” принципті құжаттарында баянды етілген “халық билігі”, автономия, республика саяси тұжырымдамаларын ұсынған алғашқы қазақтардың бірі өзі болғанын өз еркімен мойындау мұның, Ж. Ақбаевтың, “қазақ буржуазиясының”, жалпы “қанаушылардың” идеологы болғанын және солай болып қалатынын мойындаумен бірдей еді. Сондықтан Ж. Ақбаевтың бірден қуғындалып, “саяси сенімсіз” адам ретінде Воронеж облысына жер аударылғанына таңдануға болмайды.
Ж. Ақбаев өмірбаянының 1917 жылдың басындағы кейбір кезеңдерін түсіндіру үшін біз біршама ілгері “озып” кеттік. Енді қайтадан 1917 жылға оралайық. 1917 жыл Ж. Ақбаев пен оның пікірлестері үшін ерекше жемісті кезең болды. “ Алашорда” идеологиясы айқын қалыптасады, қазақ халқының тарихында тұңғыш саяси партия құрылады. Ж. Ақбаев, асырып айтпағанда, осы тарихи оқиғалардың бәрінің саяси идеологияларының және оларды ұйымдастырушыларының бәрі болды.
Жақып Ақбаев Алаш партиясының жұмысына қызу кірісіп, Алашорда үкіметін құруға қатысады. Ол 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда өткен бүкіл қазақ съезіне қатысып, оның басшы құрамына енгізілді. Сол жылғы 5-13 желтоқсанда Орынборда екінші бүкіл қазақ съезі өтіп, онда Жақып Ақбаев “Алашорда” үкіметінің мүшесі болды. Съезде ол 26,5 мың жауынгерден тұрақты армия құру идеясын ұсынды. Кейініректе үш алаш полкін құруға басшылық етті, олардың екеуі Семейде, ал үшіншісі Торғайда орналасты. Торғай полкінің бірнеше бөлімшесі Жымпитыда орналастырылды.
Жақып Ақбаев “Алашорда” жоғары класты заңгер ретінде де, мемлекеттік құқық жөніндегі маман-ғалым ретінде де лайықты орын алды. Ол мемлекеттік құрылысты белгілеуде, Алашорда автономиясының мемлекеттік институттары мен үкімет құруда зор рөл атқарды. Әрине, Алаш партиясын құруда қазақ зиялыларының алыптары Ә. Бөкейханов пен Міржақып Дулатов оның басты бағдарламалық бағыттары мен қазақ қоғамында алатын орнын белгілеп берді. Олар Алаштың идеялық көсемдері болды. А. Байтұрсынов пен М. Дулатов “Алашорда” үкіметіне кірмегенімен, олар оның құрылуына теңдесі жоқ үлес қосты. Ал Жақып Ақбаев Алаштың екінші съезінде жарияланған Алаш автономиясының құқылық негіздерін қалады. Ол “Алашорданың” құрылымын анықтап, оның жергілікті басқару органдарын белгіледі. Жаңа ғана дүниеге келген үкіметтің резиденциясын Ресей шекарасына жақын, қауіпті торапта тұрған Орынбордан алыстағы ежелгі қазақ жерлері: бір бөлігі Астрахан облысымен шектесіп жатқан Бөкей Ордасы, Орал ,Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Ферғана және Закаспий облыстары, Әмудария уезі, Алтай
губерниясының едәуір бөлігі Алашорда автономиясына енгізілді.
1918 жылы Семей канқұйлы зұлымдықтармен атағы шыққан қазақтардың қолына көшті. Олар алашордалықтарға қырын қарай бастады. Алаш автономииясын қайткен күнде де сақтап қалуға ұмтылған Ж. Ақбаевты қамауға алды. 1919 жылы түрмеден шығысымен Қарқаралыға келген бойды Жақып колчакшыларға, атамандардың озбырлығына қарсы күресі үшін тағы да абақтыға түсті. Алаш автономиясын сақтап қалу мақсатымен ақ қазақтарға қарсы қарулы көтеріліске басшылық еткені үшін колчактық әскери дала соты 1919 жылғы 7 шілдеде Ж. Ақбаевты атуға үкім шығарды. Үмітін үзген Жақып кассациялық өтініш жасаудан бас тартады. Алайда тағдырға кейіннен пролетарлық мемлекет тарапынан ауыр сынақтар мен қуғындар көру үшін сақтап қалу керек болды. 1919 жылы ақ қазақтар толық жеңіліске ұшырап, Қазақстан арқылы Қытайға қашып құтыла бастады. Бірақ режимді қалпына келтіруден үміт үзбеген олар прогресшіл қайраткерлер арқылы қазақ халқын одақтас етуге тырысты. Бұл қулыққа толы саяси ойын болатын. Ж. Ақбаевтың халық арасында зор танымал екенін біліп және мұны өз мүдделерне пайдалануға тырысып, ақ қазақ корпусының команирі Березовский (петербург университетінде Ж. Ақбаев бірге оқыған) сібір үкіметінің төрағасы Вологодскийдің ұсынысы бойынша үкімнің күшін жойып, Ақбаевты қамаудан босатты. Семей ақ қазақтардан азат етілгеннен кейін Жақып Ақбаев облыстың заң мекемелері құрылысына жігерлі түрде араласты. Оның өмірбаянында мынадай жолдар бар: “1920 жылғы қыркүйектен бастап мен Семей губревкомының әділет бөліміне басшылық еттім. Менің тікелей қатысуымен губерниялық сот тергеу учаскелері құрылды. 1920 жылғы сәуір айынан бастап мен Семей кеңестік халық сотының мүшесі қызметін атқардым. 1921 жылдың қараша айынан 1922 жылғы ақпанға дейін халық ағарту бөлімінде жұмыс істедім, қазақтың ауыз әдебиеті шығармаларын жинау жөніндегі комиссияның төрағасы болдым…” .Солай бола тұрса да, Ж. Ақбаевтың бүкіл білімі мен тәжірибесін өз халқына қызмет ету үшін жұмсауға, жаңа құрылыстың заң жүйесін қалыптастыру мен нығайту ісіне жәрдемдесуге шын жүректен ұмтылысы “революциялық санасын” таратушылардың өршеленген қарсылығына ұшырады. Ол 1903 жылдан Қазан төңкерісіне дейін үздіксіз қуғынға ұшырап келді, сондықтан жаңа өкімет оны қолдауға тиіс сияқты еді, бірақ Омбы, Қарқаралы, Семей, Павлодар, Қапал және Троицк түрмелерінің тұрақты тұрғыны кеңес кезінде құқық де тыныш қалдырмады.
Қанқұйлы Колчак жендеттерінен сәтін салып кездейсоқ аман қалған патриоттың басына Сталиннің мейірімсіз балтасы төнді. Ж. Ақбаевтың ылғал да суық қапастарда болуы, айдау кездерінде жоқшылық көруі өпкесінің ауыруына себеп болды. Науқасын барған сайын жиі сезініп, үнемі күдік қаупімен жаңадан қудалану қатері төнген Ақбаев 1922 жылы Қарқаралыға қайтып оралды.
Сөйтіп тағы да түрмеге түсті. Бұл жолы Ақбаевқа Алаш буржуазиялық-ұлтшылдық партиясында және “Алашорда” үкіметінде болғаны айып етіп тағылды. Бұл Қазақстандағы қанқұйлы саяси жазалаулардың басы болатын. Ж. Ақбаев кеңес түрмесінің сұмдық жағдайларында екі жыл отырып, еркіндікке титықтап, өте қалжырап шықты. Қол қусырып қарап отыруға дағдыланбаған Ақбаев денсаулығын сәл жақсартып алған соң 1925 жылы Семейге келіп, губерниялық атқару комитетінде, халық сотында әр түрлі қызметтерде істей бастайды. 1926 жылдың шілдесінен 1927 жылғы 13 желтоқсанға дейін ол Семей губерниялық соты жанындағы адвокаттар алқасы мүшесінің міндетін атқарады. Бейнелеп айтқанда, бұл мұхитта жүзетін алып кемені тайыз көлге жүзуге салу, деген сөз еді. Әрине “Алашорда” үкіметінің бұрынғы бас прокуроры, ғұлама ғалым, жоғары класты маман шала сауатты кеңестік шенеунік-сымақтардың қарамағында қызмет ету қорлығы күйінгенді.
Сүйікті ғылымына қайтып оралуы да Жақыптың өмірін еш жақсарта қойған жоқ. Оның 1927 жылы жазылған “ Қазақ халқының шығу тегі туралы” деген сүбелі еңбегінің осы кезге дейін жарияланбауы қатты өкінішті. Осы бір өте құнды, бірегей еңбектің көшірмесін біз Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ғ. Сапарғалиевтің жеке архивінен таптық. 1927 жылдың қаңтарында Семей техникумында қоғамның (ОГҚ) мүшесі ретінде қазақтардың шығу тегі туралы көлемді баяндама жасады.
“Қазақтардың шығу тегі” Ж. Ақбаевтың соңғы еңбектерінің бірі деп санау керек. 1927 жылғы ақпанда өзі сөз сөйлеген конференция аяқталғаннан кейін іле-шала Ж. Ақбаев Семейден кетіп, өзін алашордалық кезі жөнінен азырақ кінәлар деп Қызылордаға барады. Бірақ онда да болшевиктердің “құрыш қолы” оның алқымынан қатты қысады. Ж. Ақбаев бір жыл жұмыссыз жүреді, тек 1928 жылы ғана көп қиындықпен Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болып орналасады. Өзінің үміттенгеніндей, алуан түрлі очерктер мен саяси айыптаулардан аулақ болу үшін Ж. Ақбаев қазіргі Жамбыл облысының Шу ауданындағы Новотроицкое селосына кетеді.
Ж. Ақбаевтың оңашада ғылыми жұмыспен айналыспақшы болған арманы бұл жолы да орындалмайды. 1930 жылғы 14 қыркүйекте ОГПУ жендеттері “контрреволюциялық әрекеті” жөніндегі айып тағып, оны абақтыға отырғызады. Бұл, бар кінәсі өз халқына бақыт пен бостандық тілегені болып табылатын бұрынғы алашордашыларға қарсы жаппай террордың басы болатын. Олардың біреулері өлтірілді, біреулері Сібір лагерълеріне қамалды, біреулері Ресейдің меңіру солтүстік аудандарына айдалды. “Алашорданың” премьер-министрі Әлихан Бөкейханов екі рет 1922 және 1926 жылдары түрмеге қамалды. Ә. Ермеков пен М. Әуезов 1930 жылы тұтқындалып, олар екі жылдан қамауда болды. Міржақып Дулатов 1928 жылы бас бостандығынан айырылып, Соловкиге айдалды. Жүсіпбек Аймауытов 1929 жылы тұтқындалып, 1931 жылы атылды. Халқымыздың даңқты ұлдары Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаев та кеңес түрмелерінің сұмдық қапастарында қаза тапты.
Онсыз да сырқат, денсаулығы нашар Жақып қамауда большевик тергеушілердің сан алуан азаптары мен қорлықтарын бастан кешірді. Түрме тозаңында бір жарым жыл болғаннан кейін, 1932 жылғы сәуір айында Ж. Ақбаев қайғылы да әйгілі 58-10 және 59-3 баптар бойынша айыпталып, 5 жыл мерзімге Воронеж облысына жер аударылып жіберілді. Онымен берге Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі, жазушы-драматург Қошке
Кемеңгеров те сол жаққа жер аударылды.
Солтүстік ылғал әрі салқын климаты жағдайында Ж. Ақбаевтың патшалық Ресей түрмелері мен айдауында-ақ әлсіреген денсаулығы мүлде нашарлап кетті. Айдаудағы адамның өлім халіне жеткенін білген түрмешілер рақым білдіріп, 1934 жылы оған емделу үшін Алматыға келуіне рұқсат етті. Осында келген соң бірсыпыра уақыт өткеннен кейін Ж. Ақбаев мәңгілікке көз жұмды. Оның қайтыс болған күні – 1934 жылы 4 шілде, Сталин мен оның тобының қанқұйлы жазалау жылдарында кінәсіз қаза тапқан басқа да көптеген патриоттармен бірге Жақып Ақбаев 1958 жылы толық ақталды. Бірақ бұл туралы оның зайыбына да, балаларына да хабарланбады. 1989 жылы “Қарағанды. Қарағанды облысы” деген энциклопедиялық сөздікте және “қазақ КСР-інің” қысқаша энциклопедиясының төртінші томында осы жолдар авторының мақалалары жарық көргеннен кейін Ж. Ақбаевтың бақытсыз әкесін бүкіл өмір бойы жоқтап жылап келген үлкен қызы Аргуния Жақыпова республиканың Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне Жақып Ақбаевты ақтады.Тек осыдан кейін ғана, 1990 жылғы 7 шілдеде төрағаның бірінші орынбасары С. К. Әбдірахманов А.Жақыповаға мынадай мазмұндағы хат жіберді: “Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 1958 жылғы 28 ақпандағы №22/015-н ұйғарымымен Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ Үгіттігінің Ақбаев Жақып жөніндегі 1932 жылғы 20 сәуірдегі қаулысының күші жойылды және іс жүргізу қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылды”. Міне, сөйтіп Ж. Ақбаев ақталғаннан кейін 32 жылдан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті азап шеккен адамның туған қызына бұл жөнінде хабарлауға, ақырында” уақыт тапты.
Ж. Ақбаев сан қырлы талант иесі болған. Ол қазақ арасынан шыққан тұңғыш құқық магистрі, әмбебап тарихшы, энциклопедиялық білімі бар ғалым, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы қажырлы күрескер. Жақып Ақбаевтың есімі тәуелсіз Қазақстан тарихынан заңды түрде лайықты орын алуға тиіс.
Жақаңның өз кіндігінен Көмілмұрат (1910-1960), Кәмілшат (1916-1976) атты екі ұл, Аргуния, Наймания, Аспазия, Андромеда атты төрт қыз туады.
Көмілмұрат пен Кәмілшат жас кездерінде-ақ қуғын-сүргінді көп көріп, жазықсыз жалаға көп ұшырады. Сондықтан олар алаңсыз ғылыми жұмыспен айналыса алмады. Қанқұйлы репрессия кезінде қорқытып-үркіту, үздіксіз тексеріс пен тергеуден әбден ығыр болған олар 1941 жылы соғыс басталысымен алғашқылардың бірі болып майданға аттанып, аман-сау оралған соң өмірінің соңына дейін мұғалімдікпен айналысады.
Жақып Ақбаевтың қыздары әке жолын қуып, бүкіл ғұмырын ғылымға арнады. Өмірдің қандай қиындықтарына болса мойымай қарсы тұра білген олардың
қай-қайсысы болмасын қазақ қыздары ғылыми интеллигенциясының алдыңғы қатарынан лайықты орын ала білді. Әсіресе, сіңілілеріне әке орнына әке, аға орнына аға ретінде жол көрсетіп, қанатымен су сепкен қарлығаштай жанашырлық жасаған Аргунияның еңбегі айрықша болғандығын атап айтқан жөн. Ол Орта Азия мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітіріп, 1961 жылы химия ғылымының кандидаты атағын алды. Кейін Қыздар педогогикалық иститутының ұзақ жылдар бойы доцент, кафедра меңгерушісі ретінде жемісті еңбек етті. Наймания Қазақ педогогикалық институтын тәмәмдап, филиология ғылымының кандидаты (1970), доцент (1976) атанса, Андромеда Москва мемлекеттік университетін бітіріп, биология ғылымының кандидаты (1967) атағын алды. Қазақтың алғашқы заңгер-ғалым қыздарының бірі болған Аспазия да әке есімін ақтауға зор еңбек сіңірді. Осылайша Жақаңның төрт қызының төртеуі де ғылым кандидаты атанып, әке атағын аспанға шығарып, абыройын асырды.
Жақып Ақбаевтың тағдыры патша өкіметі жылдарында өз халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күресіп, полицияның қуғындауына ұшыраған, ал “Ұлы Қазаннан” кейін өз үміттерінің жүзеге асуы орнына одан да өткен арсыз да қанқұйлы “қызыл” отаршылдық көріп, соның салдарынан, өздері үшін патша каторгасын лениндік-сталиндік концлагерлер алмастырған көптеген ұлттық зиялылар өкілдерінің тағдырларына ұқсас. Олардың орасан зор интеллектуалдық мүмкіндігі, сарқылмас жұмыс қабілеті, асқан жоғары жауапкершілігі мен адамгершілік тазалығы “социализмнің жарқын патшалығына” керек болмай шықты, өйткені тоталитарлық құбыжыққа жеке тұлғалар, ойшылдар – халықтың ар –ожданы болған адамдар керек болмайды. Ж. Ақбаевқа, оның есіміне күйе жағып, оны алуан түрлі ғайбаттаған сөздермен, өтірік-өсектермен шырмап, жала жауып, заңсыз қамауға алып, әкімшілік қудалауға ұшыратып, халықтың жарқын болашағы үшін еңбек етуге мүмкіндік бермеген сонау бір 20-30 жылдардан да нақ соны көруге болатын еді?
II—ТАРАУ. Ж. АҚБАЕВТЫҢ ТАРИХИ-САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫ
II.1. Ж. Ақбаевтың қазақ мемлекеті мен халқының пайда болу тарихына көзқарастары.
1927 жылғы 23 қаңтарда Семей мемлекеттік географиялық қоғамының жиналысында Ж. Ақбаев қазақ халқының шығу тегі туралы тақырыпта баяндама жасаған. Баяндамасында ол ғылыми әдебиетте аз жазылған көкейтесті мәселелерді кең ауқымда қозғаған. Атап өтуге тұратын бірінші нәрсе – оның қазақ хылқының шығу тегі туралы көптеген әдебиетті зерттеуі. Еңбектің екінші белгісі – осы кезге дейін кесімді шешімін таппаған проблемалар. Баяндамаға тән үшінші белгі мынадай: Ж. Ақбаев маңызы жағынан саяси-құқылық құбылыстарды бірінші орынға қояды. Заңгер былай деп жазады: “Тарих – халықтардың мәдени жағдайына байланысты олардың құқылық-саяси тағдыры туралы ғылым. Халықтардың өмірінде кейде жекелеген данышпан тұлғалар немесе шағын тайпа маңызды рөл атқарады”. Бұл қағидалар белгілі бір тұжырымдама болып табылады. Мұнда кем дегенде маңызды үш жайт бар. Біріншісі- халықтың тарихи – саяси ұйымының тарихы. Осыны негізге ала отырып, Ж. Ақбаев қазақ мемлекетінің пайда болу, қалыптасу, даму және ыдырау тарихын қарастырады. Кейбір тарихшылар қазақтарды император Константин Багрянородный мен ақын Фирдоуси айтқан “Косогтардың” тікелей ұрпақтары деп атап көрсетеді. Басқа біреулер қазақтар тарих сахнасына ХV ғасырда шыққан деп жазған.
Ж. Ақбаев М. Тынышбаевтың орыс, араб, француз, ағылшын сөздері мен басқа да сөздердің мәнін табуға тырысу сияқты, “қазақ” сөзінің мәнін іздестіру де
пайдасыз деген пікірмен келіседі. Айтар болсақ, кейбір тарихшылар “қазақ” сөзінің мәнін қазіргі күнде де іздестіруге болады және бұл сұрақтың жауабы қазақ халқының шыққан уақытын анықтауға мүмкіндік береді-міс деген пікірде. М. Тынышбаев сияқты, Ж. Ақбаев та халық атауының шығу тарихына неғұрлым кең көлемде қарайды. Халық өзіне белгілі бір атау берілген кезде пайда болмайды. Өйткені халық әп-сәтте емес, ғасырлар, тіпті мыңдаған жылдар бойы қалыптасады ғой. Бір кеңістікте мекендейтін, бір-бірімен шектесіп жатқан туыс тайпалардың белгілі бір объективті жағдайлардың салдарынан бірігуге ұмтылатын уақыт туады. Мұнда да олардың мәдениетінің, тілінің, психикалық құрылымының жақындығы маңызды рөл атқарады. Сөйтіп, халықтың саяси-құқылық тағдырына елеулі ықпал ететін мәдени фактордың маңызын атп көрсетуден Ж. Ақбаев тұжырымдамасының екінші сипатты белгісі көрінеді. Бұл орайда саяси-құқылық құбылыстар шығуының психологиялық теориясын жақтаушы, өз ұстазы, психологиялық құқық мектебінің негізін салушылардың бірі Петражицкийдің ізбасары ретінде Ж. Ақбаев қазақ халқының тарихындағы психологиялық фактордың маңызын үнемі атап көрсетіп отырады. Ж. Ақбаев М. Тынышбаевтың “қазақ” этнонимінің шығуы жөніндегі пікіріне қосылмайды. Ол “қазақ” сөзін мұқият талдау оның белгілі бір мәні мен мағынасы туралы тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді деп жазған еді.
Ж. Ақбаевтың пікірінше, тарихи әдебиетте “қазақ” ұғымы “солдат, әскер, шерік, әскерилер(әскери сословие)” мағынасында қолданылады. Бұған дәлелге түрлі тарихи құжаттардан үзінділер келтірілді. Атап айтқанда, Қазан ханы Абдуллатиф ұлы князь Василийге “өз қазақтарын соғысуға” жібермеуге уәде беретінін жазған; өзбек ханы Ибақ 1000 “казагымен және Ноғай мырзалары 15000 казагымен Алтын Орда ханы Ахметке шабуыл жасап, оны өлтірген” және т.т
Бұл деректерді Ж. Ақбаев М. Тынышбаевтан алған. Келтірілген материалдар негізінде Тынышбаев Керей мен Жәнібек хандығының халқы қазақ деп аталған деген қортынды жасайды. Ол былай тұрсын, Тынышбаев 15-16 ғасырларда
«қарапайым татарлар, Қазан, Қырым татарлары және басқалары әдетте казактар деп аталған және олар өздерін казактар деген», — деп жазған Вельяминов-Зерновпен келіседі. Вельяминов-Зерновтың айтқандарына М. Тынышбаев сын көзбен қарамаған. «Қазан, Қырымның карапайым татарлары және басқалар» өздерін ешқашан да казактар деп атай алмайтын. Егер де олар өздерін «казактар»деп атаса, бұл факт зерттеушіні сақ болуға тиіс етер еді. Өйткені халық бір ғана «қарапайым» адамдардан емес, басқа да әлеуметтік топтардан тұрады ғой. Егер түрлі жерлерде тұратын қарапайым татарлар өздерін «казактар» деп атаса, демек, бүкіл халық емес, ортақ белгіларі бар белгілі бір топтар жайында сөз болып отыруы мүмкін. М. Тынышбаевтың бұдан әрі келтірілген мәліметтері белгілі бір қортынды жасауға сұранып-ақ тұр; әңгіме жалпы халық туралы емес, жай адамдар туралы емес, атап айтқанда, жауынгерлер, әскери сословие туралы болып отыр. Ол былай тұрсын, М. Тынышбаев өзі келтірген материалдардан ешбір туындамайтын қортынды жасайды. Ол былай деп жазады:«Келтірілген анықтамаларда Жәнібек үйінің билігіндегі қазақ хандығының болуымен бірге бұрынғы Алтын Орданың Қырым мен Кавказдан Сібірге дейінгі барлық халқы казактар деп аталғаны» анық байқалады.
Ж. Ақбаев Вельяминов-Зерновтың, Тынышбаевтың және басқаларының көзқарастарынан мүлде басқа, әлдеқайда қисынды, иланымды қортындылар жасайды. Деректі тарихи фактілер келтіре отырып, Ж. Ақбаев мынадай зор маңызды жағдайды атап көрсетеді: «Әскер және атты әскер ретінде «қазақ» сөзі Кавказда да ,Алтын Ордада да, Өзбекстанда да, Көшімнің Сібір хандығында да Қырымда да Түркияда да Қолданылған. Басқаша айтқанда, тарихшы М.Тынышбаевтың пайымдағанындай, халықтың өзі емес, бұрынғы Алтын Орда халықтарының бүкіл әскер бөлімдері Қырым мен Кавказда, Сібір мен Монғолстанда (Монғолстан-Жетісу) КАЗАКТАР деп аталған». Оның үстіне, Ж. Ақбаев »жай ғана атты әскер емес, қайта әскери сословие деп санап, бұған дәлелге бірқатар нақты деректер келтіреді. Кейбір тарихшылар (Карамзин, Семенов Тянь-Шанский және басқалар) черкестерді «казактар» деп атаған. Осы
деректерді келтіре отырып, Ж. Ақбаев «бұл арада казактардың ( яғни қазақтардың.-М, Қ. –М.) черкестерден шықпағаны туралы айтудыңда керегі жоқ. Черкестер барлық түркі халықтары мен тайпаларй ішінде батылдықтың, ержүректіктің, туралық пен адалдықтың үлгісі болып табылады; олардың арасынан басқа тайпалармен салыстырғанда «казактар» деп аталатын айбынды жауынгер-салт аттылар шығуы мүмкін» деген тұжырымға келеді.
Ж. Ақбаевтың пікірінше, Керей мен Жәнібекте атты әскер – казак сословиесі болған. Олар қолбасшысы Қобыланды (қыпшақ) бидің қолбасшы Дайырқожаны (арғын) өлріргені үшін өз жақтастарымен және таңдаулы атты әскерлері – казактарымен бірге Өзбекстаннан Жетісуға барып, онда «Шағатай ұрпақтарының егеменді Монғолстан мемлекетінің ұлысының) қорлығымен 1456 жылы Балқаш көлінің маңындағы Хантауда үлестік автономиялы мемлекет құрды». Ж. Ақбаевтың пікірінше, Кереймен және Жәнібекпен бірге «оларға жақын және адал жауынгерлер ғана дала кезіп көшудің тар жол, тайғақ кешуінен өткен. Соңғылары алғашқы туған жері – Отаны (Сарай хандығы) сияқты, екіншкі Отанынан (Өзбекстаннан) да кетіп, әр түрлі сезімдермен: хандарына адал берілгендіктен, жауынгерлік ерлік сезімдерімен, сол кезде толассыз көшіп-қонып жүретін қайсар да қызба қанды Алтын Орда ұлдарының өзін-өзі сақтау сезімдерімен, мінез-дағдысымен өз хандарының ізіне еріп, бұрынғы Алтын Оданың барлық түкпірлерін өз отаны деп санады».
Ж. Ақбаевтың баяндамасынан алынған жоғарыдағы үзіндіге мынадай екі жағдай тән: 1. Жәнібекпен және Кереймен бірге Жетісуға тек жауынгерлер, басқаша айтқанда, казактар деп аталғаны осыдан-ақ түсінікті кейінен нақ Жәнібек пен Керей келіп қонстанған жер жаңа саяси бірлестік құрылған орталыққа айналды. Өте қызықтысы, біріншіден, осы бірлестіктің негізінен қазақтар, яғни әскери сословие қалағанына, екіншіден, оларды басқа жерлерден келген казактар да қолдағанына, алғаш рет болуы да мүмкін, Ж. Ақбаев өзіне дейін де мәлім болғанымен, нақ осылайша түсіндірілмеген нақты материалдар келтіреді. Керей мен Жәнібектің «автономиялы» (дұрысырақ айтқанда, вассалдық) хандығының халқы бастапқыда әскери сословие – казактардан
тұрған. Содан соң бұл хандыққа Өзбек ұлысынан адамдар келе бастайды. 2. Ж. Ақбаев әскери сословие -–казактардың Керей мен Жәнібекке еруін, бір жағынан, психологиялық теория тұрғысынан түсіндіреді. Бұл – жауынгер- казактардың ежелден орныққан дәстүрлі нормаларға бағынуынан көрінетін «категориялық императивті»салт. Петражицкийдің психологиялық теориясын жақтаушы болған Ж. Ақбаев бастапқыда Жетісуға Кереймен және Жәнібекпен бірге тек жауынгерлер ғана келгенін нақ осы психологиялық фактормен түсіндіреді. Біздің пікірімізше, Ж. Ақбаев «категориялық императив» ұғымымен шектелмейді, психологиялық фактор шеңберін бұрынғыдан да кеңейте түседі. Алтын Орда ыдырап кеткенімен де, бір кезде құдіретті мемлекеттің әскери тірегі болған казактар өздерін парасаттылықтары мен дербестіктерінен айрылғысы келмеген тәуелсіз сословие деп сезіне берді. Ж. Ақбаевтың атап көрсеткеніндей, Керей мен Жәнібектің Жетісуға кетуіне де «сол кезде толассыз көшіп-қонып жүретін қайсар да қызба қанды Алтын Орда ұлдарының өзін-өзі сақтау сезімдері, мінез-дағдысы» психологиялық негіз болған. Жоғарыда атап өтілгендей, содан соң, өздерінің саяси ұйымын құрғаннан кейін, оларға түрлі тайпаларға жататын жай халық келіп қосыла бастаған. Казактарға қосылған жай сословие адамдарды да «казак» деп аталды. Ж. Ақбаев мұны да психологиялық тұрғыдан түсіндіреді. «Қарсылық білдіруші еріктілер», «еркін»,«қызба қанды» деген және басқа сөздердің «казак» есімімен байланыстырылуы, — деп жазды Ж. Ақбаев, -психологиялық жағынан әбден түсінікті; жаңа ұлыс халқының «казактар» деп атала бастағаны да әбден түсінікті, өйткені бастапқыда барлық халқы әскери адамдар мен казак кавалериясынан (атты әскерлерден) тұрған».
Сонымен, Керей мен Жәнібек хандығының әскери-саяси бірлестік ретінде құрылғанына, оның әлеуметтік негізі белгілі этникалық топ емес, қайта қазақтардың әскери сословиесі болғанына тарихи әдебиетте Ж. Ақбаев бірінші болып назар аударды деуге біздің толық негізіміз бар. Тек белгілі бір уақыт өткеннен кейін, осы саяси бірлестікке басқа ұлыстардан жай халықтың келіп қосылып, оның жер аумағының кеңеюіне қарай ол мемлекетке айналған да,
халқы қазақтар деп атала бастаған, сөйтіп ол енді әскери-саяси емес, этникалық мән алды. Бұл үрдіске барлық тайпалардың түркі тегінен шығуы себепші болды. Әлбетте, халықтың қалыптасу үрдісі бірнеше ұрпақ өмірі бойы жүріп жатты. Әскери-саяси бірлестікті құраған әскери сословиеге өзбектер деп аталатын жай халық келіп қосыла бастағандықтан, бастапқыда оның халқы өзбек-қазақтар деп аталды. Мұны «Тарих-и-Рашидиде» Мұхаммед Хайдар растайды. Ол былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақта Әбілхайыр хан билік етеін. Ол Жошыдан тараған сұлтандарды көп мазалады. Жәнібек хан мен Керей хан одан Моғолстанға қашып келді. Моғолстан ханы Есен-Бұға қарсы алып, оларға Моғолстанның батысындағы шет аймақ болып табылатын Шу және Қозыбасы өңірін берді. Сол жерге олар қоныстанып өмір сүріп жатқан кезде, Әбілхайыр хан өлгеннен кейін, өзбек ұлысы ыдырай бастады; онда үлкен талас-тартыс басталды. Көп бөлігі (оның бодандарының) Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті, сөйтіп, олардың маңындағылар (жиналғандар) сакны екі жүз мыңға (адамдар) жетті. Олар өзбек-қазақтар деп аталды. Қазақ сұлтандары сегіз жүз сексенінші жылдан (б.з. 1465-1466 ж. – М.Қ.-М) билік ете бастады».
Қазақтардың мемлекеті бірден қалыптасқан жоқ, өйткені ол әскери сословие негізінде құрылмайды. Сондықтан тарихи әдебиетте қазақ хандығының туу кезі туралы түрлі пікірлер бар. А.П. Чулошников Қазақ хандығы ХV – ХVI ғасырлар шебінде құрылған деп жазды. С. К. Ибрагимов дербес мемлекеттің түпкілікті құрылуын ХVI ғасырдың 30-40 жылдарында жатқызған және т.т. Осы уақыт ішінде қазақ ұлысының негізі қалыптасқан. Ж. Ақбаев нақ осылай деп дәлелдеді. Оның қазақ ұлысының қалыптасуы тұжырымдамасын қазіргі зерттеушілер де құптайды. «ХV ғасырдың аяғынан бастап «қазақ» термині саяси сипат алады да, Барақтың ұрпақтары – Жәнібек, Керей, Бұрындық құрған жекелеген феодалдық иеліктердің атауы үшін қолданыла бастайды; ХVI ғасырда, Шайбани хан бастаған көшпелі тайпалардың бір бөлігі қазіргі Қазақстан аумағынан Мауараннахрға көшіп
кеткеннен кейін, «қазақ» термині этникалық сипат ала бастайды».
Осы арқылы белгілі тарихшы-ғалым Кереймен және Жәнібекпен бірге халықтың әлдебір этникалық тобы емес, әскери сословие келді деген Ж. Ақбаевтың идеясын жанама түрде құптайтын тәрізді. Ал халықтың этникалық құрамы әскери-саяси бірлестіктің мемлекетке айналуы барысында қалыптасқан.
Қазақ халқының қалыптасуы бейберекет болған деп пайымдаған басқа тарихшылардан айырмашылығы, Ж. Ақбаев оны нысаналы қызметтің нәтижесі деп санайды. Ж. Ақбаевтың пікірінше, қазақ халқы қалыптасуының негізін Қасым хан қалаған. Ол былай деп жазады: «Үш жүз бен қазақ халқын ұйымдастырушы шынында да Қасым хан болғаны «қасқа жол» ұғымымен, ал «ескі жол» Есім ханның есімімен байланыстырылуынан көрінеді».
Халықтың аузында жүрген «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» деген әйгілі аңыздардан өзіндік ерекшелікпен түсіндірілуіне лайықты бағасын беру керек. «Қасқа жолды» халықтың неліктен Қасымхан есімімен байланыстыратынын Ж. Ақбаевқа дейін тарихшылар да, мемлекеттанушылар да түсіндірген емес.
Кейіннен тарихшылар да нақ осындай тұжырымға келді. Батыс Еуропа дербес этникалық қауымдастық ретіндегі қазақтар туралы нақ Қасымхан билеген жылдары білген.
Жоғарыда біз Қасым хан кезінде қабылдаған заңдарды Ж. Ақбаевтың құдай заңы деп санағанын атап өтейік. Мұнда тарихи ақиқаттың белгілі бір кезеңі көрсетілген. Тегінде, Қасым хан заңдарын жасаушылар сол кезде енгізіле бастаған шариғат нормаларына қарсы сақтап қалғысы келген ежелге құқылық ғұрыптарға сүйенген болса керек. Ал осындай жағдайда дағдылы құқық нормаларының көктен келіп түскенін көрсету керек болған. Қазақ халқы тарихының ғұлама білгірі Ә. Х. Марғұлан былай деп жазады: «15ғ. – 16ғ. Басында Бұхардың ишан-қазылары қазақ өлкесінде діни үгіт таратып, «ежелгі жарғы заңын қалдырыңдар, ол көкке хан билік ететін. Ол Жошыдан тараған сұлтандарды көп табынатын дінсіздіктің ісі, оның орнына шариғат қағидасына ауысыңдар. Ант бергенде көк соқсын деп айтпандар, құран соқсын деп, құранды бастарына көтеріңдер», — деп үгіттейді».
Көшпелі халық шариғат нормаларын қабылдағысы келмей, өздерінің тұрмыс жағдайларына жат ережелерді күштеп тануға тырысқан билеушілерге талай рет қарсы шыққан. Жаңа этникалық қауымдастықтың қалыптасуы жағдайында Қасым хан көшпелілердің тұрмыс жағдайларына сай келетін заңдар жинағын жасай білді. Өзін дербес ұлыс деп ұғынған жаңа этникалық қауымдастық Қасым ханның заңдарын жаңа құқық жүйесі деп қабылдады.
Бұл құқық жүйесі бүкіл халқы бір қазақ ұлысы болған үш жүзге түгел таралды. Қасым хан заңдарының тағы бір ерекшелігі міне осында. Оларды Ж. Ақбаев та нақ осылай сипаттайды. Ол былай деп жазады: «Үш жүздің» немесе тарихи, оның үстіне құдайдан – Айдан берілген заң болып табылады.
Сөйтіп, жоғарыда айтылғандардың бәрінен Ж. Ақбаевтың қазақ мемлекетінің , халқының пайда болуы мен құқылық жүйесінің қалыптасу тарихын құқықтанушы-ғалым ретінде өзінше бірегей түсіндіріп берген көрінеді.
2.2. Ж. Ақбаевтың саяси-құқықтық көзқарастары.
Ж. Ақбаев қазақ қоғамының ежелгі кезден бергі мемлекеттік-құқылық проблемаларын алғашқы зерттеушілердің бірі болды. Оның ғылыми ынта қойған мәселелерінің ауқымы қазақ мемлекетінің пайда болу, құқылық жүйенің, құқылық ұғымдардың, терминдердің қалыптасу мәселелерін қамтыды.
Ғылым үшін зерттеліп отырған тақырыптың өзекті, негізгі құбылысының мәнін анықтаудың шешуші маңызы бар. Құқылық жүйені түсіну үшін құқықтық мәнін зерттеу қажет; құқық деген не, әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде оның белгілі бір терминологиялық рәсімге ие болатыны неліктен?
Ресейге қосылғанға дейін қазақ қоғамының мемлекеттік ұйымы, ғасырлар бойы қалыптасып, дамытылған құқық жүйесі болған. Осы уақыт ішінде мемлекеттіліктің өзін, оның құрылымын, органдарының қызметін, сондай-ақ құқылық жүйесінің қалыптасу және жұмыс істеу үрдісін сипаттайтын зор нақтылы материал жинақталды. Ерте кезден бастап ғалымдар, жазушылар, ақындар түрлі дәуірлердегі саяси оқиғаларды, әдет-ғұрыптарды, заңдарды, дәстүрлерді суреттеген көп еңбек жазып қалдырған. Алайда бұл еңбектердің көпшілігі әзірше беймәлім болып қалып отыр. Оларға қазақ қоғамының мемлекеті мен құқығы проблемаларына ден қойған революцияға дейінгі ғалымдар да қол жеткізе алмады. XVIII- ғасырдың аяғынан қазақ құқығы проблемаларын зерттей бастаған Ресей ғалымдарының негізінен өздері социологиялық зерттеулер негізінде жинаған материалдарға сүйенгенін нақ осы жағдаймен түсіндіруге болады. Зерттеулерді қазақ халқының тарихын, қазақ қоғамының ерекшелігін білмейтін, қазақ тілін, қазақтардың психологиясын түсінбейтін адамдар жүргізді. Оның үстіне бұл зерттеулер қазақ халқы өміріндегі бетбұрыс кезеңде, Ресейге қосылу нәтижесінде оның мемлекеттік ұйымы мен құқылық жүйесі бұзылған кезде жүргізіледі. Қазақтың дағдылы құқығында елеулі өзгерістер болды: ежелден өмір сүріп келген құқылық әдет-ғұрыптарға, өнеге-өсиеттерге консерватизм белгілері тән болса да, олар өзгере бастаған еді. Сөз жоқ, қазақтардың дағдылы құқықтарын жинау, қорыту және зерттеу жөнінде Ресей ғалымдары зор жұмыс істеді. Олар Ресейдегі құық ғылымының дамуына оң ықпал етті, алайда қазақтардың құқылық санасына ешқандай әсері болған жоқ. Ал мұның себептері көп еді. Қазақ құқығы туралы еңбектер орыс тілінде жазылады, таралымы өте шектеулі болды. Ең бастысы – қазақ қоғамының кез келген салада, соның ішінде құқық саласында да ғылыми зерттеулер ұйымдастыру үшін ешқандай жағдай болмады. Заң ғылымымен аса көрнекті жалғыз-жарым адамдар, онда да ара-тұра айналысып жүрді.
Қазақтың дағдылы құқығы жөнінде Ш.Ш. Уәлиханов алғашқылардың бірі болып бірқатар еңбектер жазды. Ол қазақ құқығының проблемаларын кең тұрғыдан – тарихи және өз кезіндегі қырларынан қарастырады. Ол қазақтың дағдылы құқығын, мұсылман құқығын, Ресей заңдарын жақсы білген еді, оларды салыстыра отырып зерттеді, аталған құқық жүйелерінің жақсы және теріс белгілерін иланымды көрсетті. Қазақстан құқық ғылымы үшін Ш. Уәлихановтың қазақ құқығының тарихы, оның әлеуметтік мазмұны мен келешегі жөнінде айтқан пікірлерінің зор маңызы бар. Оның пікірінше, қазақ
құқығы ұзаққа созылған тарихи дамудың нәтижесі болып табылады және рулық құрылыс дәуірінде қалыптаса бастаған. Ол Қазақстан аумағында мекендеген және кейіннен қазақ халқының құрамына монғолдардың шапқыншылығына дейін-ақ қоысылып кеткен рулар мен тайпалардың өз ғұрыптары және «рулық құқықтары» болып, оларды тіпті Шыңғысханның өзі де жоя алмағанына кәміл сенген. «Сот реформасы туралы жазбаларында» Ш. Уәлиханов «бізден бұрын жүздеген, мүмкін, мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келген дағдылы құқық нормалары» туралы жазады. Бұл құқылық жүйе сияқты құбылыстың қоғам тіршілігі негізінде, ұзақ кезең ішінде қалыптасуы мүмкін екендігін түсінген ұлы ғалымның ғажайып болжамы еді. Өйткені ол кезде Қазақстан аумағындағы мемлекеттік ұйымдардың ерте кезден бергі құқылық жүйесін сипаттайтын құқылық та, әдеби де деректемелер ғылымда әлі мәлім емес болатын. Қазіргі кезде де бәрі бірдей мәлім емес және ғылыми айналымға ене қойған жоқ. Бірақ қазірдің өзінде белгілі деректемелер қазақтың көптеген дағдылы құқық ұғымдары ежелден келе жатыр деп санауға негіз береді. Олар туралы Ж. Баласағұнидің дастанында, М. Қашғаридің сөздігінде, «Кодекс Куманикус» трактатында және басқа шығармаларда көптеген мәліметтер бар.
Ш. Уәлиханов тарихи оқиғалар, әлеуметтік-құқылық өмір құбылыстары қазақ ауыз әдебиетінде, ақындардың, жыршылардың және басқаларының туындыларында көрініс тапқанына назар аударды. « Әдет-ғұрыптармен, мақалдармен, мәтелдермен және халық құқықтарының кодексімен жинақталған, алғанда осы жырлардың бәрі халықтың өткендегі тарихи деректерді толықтыруымызға және олардың шығуын анықтауымызға мүмкіндік береді. Қырғыздардың ежелгі аңыздары мен нанымдарын қандай қаз-қалпында сақтап қалғаны таңқаларлық». Оның пікірнше, адамның өзі қолданылып жүргенде өсіп, тәрбиеленген, өзіне неғұрлым таныс заң халық үшін жақсы болмақ.
Біз қазақтың дағдылы құқығына Ш. Уәлихановтың көзқарастары мен идеяларын қысқаша баяндап өту қажет деп таптық, себебі – ол қазақ халқы өмірінің ерекше жағдайларында оның пайда болуы мен қалыптасуының тарихи
жолын көрсетуге ұмтылған. Ал мұндай көзқарас қазақ құқығының мәнін, сипатын, ерекшеліктерін түсінудің кілті бола алады. Бұл қазақ халқының құқылық және тарихи өмірінде болған түбірлі өзгерістерге байланысты қажет болды. Х1Х ғасырдың басынан патша самодержавиесі қазақ қоғамына елеулі өзгерістер енгізген қалыпты құжаттар қабылдай бастады, олар қазақтар өмірін реттеуге көмектесіп келген құқылық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді түрлі салалардан ығыстырып шығарды. Ш. Уәлихановтың қазақ құқығы саласындағы ең басты мәселелерге арналған ғылыми идеялары патша үкіметінің саясатына айтарлықтай ықпал етіп, қазақ даласын басқару жөніндегі Х1Х ғасырдың 60-70 жылдарындағы құқылық құжатардан көрініс тапты.
Ш. Уәлиханов қазақ құқығының бірқатар өзіндік ерекше белгілерін көрсетіп, оны түсіну негіздерін қалады деуге болады. Жарты ғасырдан кейін бұл іске енді кәсіби-заңгер Ж. Ақбаев өз үлесін қосуға тырысты. Ол көп еңбек жазған жоқ. Өйткені мәселе көп жазуда емес, автордың қандай идеялар: терең, бірегей немесе құрама идеялар айтуында. Ж Ақбаев қазақ құқығының сипаттамасы жөнінде тұңғыш рет бірқатар бірегей идеялар ұсынды. Ж. Ақбаев қазақ құқығы институттарын түсіндіруде психологиялық құқық теориясының принциптері мен идеяларын қолдануға тырысқан бірінші және соңғы қазақ құқықтанушысы болып табылады.
Ж. Ақбаев қазақ құқығы жөнінде объективті құқық және субъективті құқық ұғымын бірінші болып пайдаланды.
Объективті құқық ұғымы. Құқылық жүйенің қалыптасуына байланысты барлық халықтарда тиісті ұғымдар пайда болады. Құқық ұғымын бейнелейтін негізгі термин әділеттілік туралы, ақиқат туралы, шындық туралы түсінікке байланысты. Бұған қазақ құқығының қалыптасу тарихы да кіреді. Алайда қазақтарда құқық ұғымы пайда болуының тарихи тым күрделі, оны әлі ешкім зерттеген емес. Мұндай ұғымның бар екенін заңдар туралы айтылатын Орхан-Енисей ескерткіштерінен бастап ХVI ғасырға дейінгі мемлекеттерде өздерінің құқық туралы түсініктері болған, бірақ олар қолданылып келген құқылық нормалардың жинақталған көрінісі емес еді. ҰҒА-ның корр. – мүшесі Ғ. Сапарғалиевтің пікірінше, ертедегі түркілер «құқық» ұғымын өздері үшін ең қасиетті «төру» (өмір) деген сөзбен білдіріп, сол арқылы заңның мәнін атап көрсеткен. Бұл термин объективті құқық ұғымын да , жеке заң ұғымын да бідірген. Осы мағынада «төру» сөзі Орхан –Енесей ескерткіштерінде, Ж. Баласағұнидің дастанында, М. Қашқаридің түрікше сөздігінде, Кордексте, «Төру бітігінде» және басқа шығармаларда кездеседі. Қазіргі түрік тілінде «төре» ереже, қағида дегенді білдіреді. Бұл термин қазіргі венгр тілінде осындай мағынасында қолданылады. Қазіргі қазақ тілінде «төруден» туындаған: «төре», «төрелік», «төрағасы», «төралқасы» сияқты құқылық ұғымдар сақталған. Бірақ бұл терминдердің ешқайсысы қазір құқық сипаттамасына жатпайды. Қазақ халқы құраған түркі тайпалары кем дегенде XVI ғасырдан бастап, тегінде, «төруң» терминін объективті құқық ұығымн білдіру үшін пайдаланбаған болар. Қара теңіздің солтүстігінде тұрып, католик дінін қабылдаған қыпшақтар ғана ежелгі ұғымын сақтап қалған, мұны армиян әліпбиімен жазылып, XVI ғасырда басып шығарылған «Төре бітігі» (Заңдар жинағы) дәлелдейді.
Түркі тілдес тайпалар(ұлыстар) Х-Х1 ғасырлардың өзінде-ақ арабтың (сирек болса да парсының) құқылық ұғымдарын қолдана бастаған. Солардың ішінде құқылық ұғымын объективті мағынасында көрсететін «хұқық» терминінің ерекше мәні болды. Алайда түркі тілдес халықтарда «хұқық» сол мағынасында қолданылған жоқ. Бұл ұғым субъективті құқық мағынасында орныққан, мұны мемлекеттік-құқылық проблемалар туралы мәліметтер бар түркі тілдес әдебиетінің бәрі дәлелдейді. «Құқық» термині орта ғасырдың үздік туындысы – Ж. Баласағұнидің «Құтты білік» дастанында субъективті құқық ұғымында қолданылған.
Түпнұсқандан екі жол келтірейік:
- һәқіппі отәунмәdim mәnin,
- Bayat oқ ofәsun заnin, hәкlasin,
«Оны (хақынды) өтемей жаным қалай жай табар,
Хақыңды енді құдай өзі қайтарар».
Бұл арада қызықтысы, «хұқ» терминінің субъективті құқық мағынасында қолданылуы ғана емес, сонымен қатар бұл сөздің жазылуы да өзгерген. Ол түрік тілі фонетикасының ерекшеліктеріне бейімделген. Шынына келгенде, «хұқ» сөзін қолдану да , айту да өте қиын, «хақ» әлдеқайда ыңғайлы. Сондықтан «хақ» термині қабылданған. Бұл араб сөзінен алынған термин қазақ тіліне әуел бастан осылай сіңісіп кетті. Бірақ арабтың құқық ұғымы – хұқұқ түріктің «төру» деген нағыз құқық ұғымын алмастыра алмады.
Барлық айтылғандардың қарастырылып отырған проблема тікелей қатысы бар. Ж. Ақбаевтың қазақ қоғамындағы объективті құқық ұғымы туралы айта келіп, түркі тілдес халықтардың құқылық жүйесіне мәлім «Төру» ұғымын да, арабтардан алынған «хұқық» ұғымын да ғасырдың өзінде –ақ Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың қолдануынан шығып қалғанын негізге алып жауап қайтаруға болады. Екінші сұраққа жауап мынадай: «хұқық» түркі мемлекеттері өмір сүрген кезеңде де, қазақ мемлекеттегі пайда болған кезде де объективті құқық ұғымы ретінде қабылданған жоқ. Бірақ өзінің әлеуметтік мәніне сәйкес келетін құқылық жүйесі болмайынша, объективтендірілген құқығы болмайынша, кез келген мемлекет өмір сүре алмайды. Объективті құқықтың қалыптасу мен құқылық нормалар жүйесі ретінде өмір сүруін, сөз жоқ, қоғамдық сана қабылдап, белгілі бір ұғымдық көрініс табады. Одан әрі абстрактілі, жалпы құқық ұғымы қазақ халқының құқылық санасына жайлап қалыптасып, белгілі бір ұғымдық рәсімге ие болды. Сонан соң бұл ұғым оларға қайдан алынғаны белгісіз түрде кездейсоқ күштеп таңылған жоқ. Ол қоғамдық қатынастарды жалпы қоғамның және жеке алғанда әркімнің игілігін қамтамасыз ететін бағытта реттеп отыратын мемлекеттік нұсқаулардың әділетті, дұрыс сипаты туралы табиғи түсініктерден туындаған. Басқаша айтқанда, негізінен көшпелі өмір салтын ұстанған қазақтардың құқықты қоғамдық өмірді дұрыс жолға салатын құрал деп білгені табиғи нәрсе болатын. Қазақ қоғамында қолданылған нақ объективті құқытың «Ақ жол» деп қабылданғаны сондықтан болар. Мұны мақұлдап жауап қайтаруға салмақты негіздер бар. Қазақтарда «жол» ұғымы өте кең мағынада қолданылады. Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігіне жүгінейік, онда «жол» сөзіне айқын мән берілген. Өз тақырыбымызға жақындарын келтіріп өтейік.
- Алға ұстаған бағыт, бағдар, «Қазақ» газеті төңкерісшіл жол ұстады, халық мүддесін қорғады. Ойы бөлектің, жолы да бөлек.
- Салт, әдіт-ғұрып, кәде, сый, сыйлық.
- Ақ жол. Қалың ел құдайына мінәжат етіп, батырларға ақ жол тілеп, құрмалдық отын лаулатты.
- Ата жолы. Ежелден келе жатқан дәстүр. Ата жолын бұзғанды тыйсаң, әуелі өзіңді тый.
- Жол бастады. Жолға шыққанда жолды бастап жүру, жол көрсету, бағыт, бағдар сілтеу.
- Жолға қойды. Тәртіпке келтірді, жүйеге түсірді.
- Жолға салды. Дұрыс қою, түсінру. Жақсылар жолдан азар ма, ниеті жақсы болған соң. Анты бар: Дайра-байға зайып болман, Ел ғұрпын жерге таптап «тайып жолдан».
- Жолдан жығылмау. Дәстүрлі, салты жақсы білу, ұстау.
- Жол көрген. Көпті көрген.
- Жол көрсету. Жөн сілтеу, үлгі, өнеге көрсету.
- Жол сілтеу. Бағыт нұсқау, жөн сілтеу.
- Қасқа жол. Анық, айқын, түзу жол.
- Оң жол. Дұрыс бағыт.
- Сара жол. Анық, айқын бағыт.
«Ақ жолды» І. Кеңесбаев «Ақиқат, әділ, адал жол» деп түсіндіреді.
Айтылғандардың бәрі «жол» көшпелі салт жағдайында өмір сүрген қазақ халқы психологиясының ерекшеліктеріне сай келетін құқық ұғымын білдіре алатын және шын мәнінде білдірген терминнің нақ өзі. «Ақ жол», «Ата жолы» арқылы жалпы объективті құқық ұшымын білдіре отырып, қазақ халқының психологиясы өз құқылық жүйесінің ерекшеліктерін көрсетті. Біріншіден, қазақ құқығының аса маңызды қайнары ұрпақтан ұрпаққа беріліп келген әдет-ғұрып, дәстүр болатын.
Сондықтан құқық (ақ жол) әдет-ғұрып, кәде ретінде қабылданды. Екіншіден, қазақ құқығының ерекше тағы бір қайнары билердің (сот) өнегесі – үлгісі болды. Бұл «жол көрсету», істің түйінін шешудің «жолын тауып беру» сияқты ұғымдардан көрінді. Сот үлгісінің қазақ құқығы дамуында ерекше маңызы болды. Үшіншіден, мемлекеттік анықтамалар да қазақ құқығының даму қайнары еді. Бұл «қасқа жол», «жолға қою», « жолға салу» сияқты ұғымдардан көрінді. Мысалы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы». Сонымен, «Ата жолы», «Ақ жол» қазақ халқының құқылық санасында объективті құқық ұғымын бейнелейді. Ж. Ақбаев бұл айтылғандардың бәрін түсініп қана қойған жоқ, бұл оның өз халқының құқылық психологиясын терең білетіндігін дәлелдейді, сонымен қатар ол ұлттық құқылық санаға сай келетін құқық анықтамасын берген алғашқы құқықтанушы – ғалым да болды. Ж. Ақбаев құқық ұғымын білдірудің аталған үш әдісімен қатар құқық ұғымын білдіретін төртінші әдісі де бар, атап айтқанда ол «жол» деген сөз деп жазады. Бастапқыда «жол» кәдімгі жүретін «жол» мағынасында қолданылған, ал сонан соң бұл сөз құқық мағынасында да қолданыла бастаған, демек, қырғыздар «жол» сөзіне екі жақты мағына беріп, бұл сөзбен кәдімгі жолды да, құқықты да айтады. Таза психикалық құқық ұғымын білдіру үшін қырғыздар, басқа да халықтар сияқты, материалдық дүниеден алынған сөзді пайдаланған. «Право» деген орыс сөзі сияқты, французша droit сөзі де «оң» (оң жақ) деген сөзден шыққан.
Құқыққа Ж. Ақбаев берген анықтамаға тән жәйттер мен оның мағынасы қандай ?
Бірінші. Ж. Ақбаев қазақтардың құқыты «жол» деген термин арқылы, яғни қоғамдық қатынастарды реттейтін, адамдар құқық қатынастарына түскен жағдайда олардың арасындағы проблемаларды шешудің көрсеткіші болатын құрал ретінде түсінгеніне күмән келтірген жоқ. Бұл жерде өте елеулі бір жағдайға назар аудару керек. Құқықты «жол» (даңғыл жол) деп сипаттай келіп, Ж. Ақбаев мұны оның мәнін көрсету қажет деп есептемейді. Бұл жаңсақтық немесе құқық табиғатын жете түсінбегендік емес. Біздің пікірімізше, Ж. Ақбаев
51
- Ф-ОБ-001/033
қазақ құқығын ол шын мәнінде қандай болса, сол күйінде түсінген.
Мемлекеттіліктің дамымағандығы, мемлекеттік органдардың тармақталған жүйесінің болмағандығы, бір жағынан, құқылық жүйенің дамымағандығы, оның салаларға бөлінбегендігі және жүйеленбегендігі салдарынан қазақ құқығында күштеу элементтері айқын көрсетілмеген еді. Бұл құқылық нормалардың бұзылғаны үшін жаза, күш қолдану көзделмегенін білдірмейді. Жаза қолдану да көздеді, күштеу де болды. Бірақ мұның бәрі негізінен қоғамдық пікірге сүйеніп, қоғамдық санаға «сіңіп кеткен» сияқты болатын. Ал біздің пікірімізше, құқық бұзушылық үшін жаза қолдану құқықтың сипатты белгісі ретінде қабылданбаған. Ол құқық ұғымының сыртында қалған. Әйтпесе, қазақтардың санасында құқықтың тек бір тұрғыда: «Қасқа жол», «Ақ жол» тұрғысында болғаны неліктен екенін түсіндіру қиын.
Екінші. Ж. Ақбаев өз анықтамасында құқық ұғымының психикалық қызмет нәтижесі екенін атап көрсетеді. Бұл арада Ж. Ақбаев қандай да бір ұғым ойлану үрдісінің қорытындысы болып табылады деген ғылыми теорияға сүйенеді. Құқық сияқты күрделі құбылыс терең ғылыми зертеулердің нәтижесі ретінде, сондай-ақ адамдардың өздерінің практикалық тіршілік үрдісінде ұғынылуы мүмкін. Екі жағдайда да құқық туралы түсініктер белсенді және қорытушы психикалық қызметтің қорытындысы болып табылады.
Үшінші. Ж.Ақбаев құқық ұғымында тар өрісті таптық көзқарасты қабылдамайды, ал ол ХХ ғасырдың бас кезінде заң әдебиетінде орын ала бастаған еді. Ж. Ақбаевтың тұжырымнша қазақ құқығы бүкіл халықтың еркін білдіреді, өйткені халық психологиясы жалпы алғанда оны әділетті, дұрыс құбылыс деп таниды. Сірә, әділ билерге құдайдай табыну мен қарау билерді сынау сияқты ғажайып құбылысты осымен түсіндіруге болатын шығар. Екі жағдайда да дамдар қалыптасқан құқылық нормалардың әділдігіне сенген.
Төртінші. Ақырында, Ж. Ақбаев «жол» термині «материалдық дүниеден» алынған және оның үстіне тек қазақ құқығының ғана ерекше белгісі емес деп дұрыс ескерткен. Орыс және француз құқығында да солай болған. Басқаша
айтқанда, Ж. Ақбаев халықта құқық ұғымы қалыптасуының объективті заңдылығы оның материалдық өмір жағдайларына байланысты екенін атап көрсетеді.
Ж. Ақбаев қазақтардағы құқық ұғымының тұжырымдалуымен шектелмейді. Ол құқық («жол») ұғымын әдет (обычай) ұғымынан шектеу қажет екендігі туралы ой айтты. Біздің ойымызша, бұл мәселеде де Ж. Ақбаев салиқалы пікірге келген. Ол «қырғыздардағы азаматтық hadat, hadlet — араб сөзі» деп дұрыс атап көрсетеді. Шынында да, түркі тілдес халықтар «хұқ» ұғымын, тегінде, Х-Х1 ғасырларда болар, арабтардан алған, қалай дегенмен де ол Ж. Баласағұнидің «құтты білігі» мен М. Қашғариде кеңінен пайдаланады және құқылық мәнінде көшпелі өмір салтын ұстаған қазақтардың құқықты қоғамдық өмірді дұрыс жолға салатын құрал деп мәніде емес, жай ғана әдет-ғұрып мәнінде қолданылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, «құқық» ұғымы «төртеу» терминімен білдірілген. Ал ежелгі түрік тілінде «әдет-ғұрып» «өгірәйүк» және арабша «ғадет» деп аталған.
Әдет-ғұрыптың «өгрәйүк» деген түрікше ұғымы М. Қашғаридың сөзідігінде кездеседі. Уақыт өте келе, «өргәйүк» «әдет-ғұрып» ұғымы ретінде қолдану үшін тоқтатқан, бірақ нақ сол мағынасында сақталып қалған, ал оны «ғадет» (әдет) термині алмастырғандықтан, жай ғана әлеуметтік маңызды сипатын жоғалтқан.
«Ғадет» (әдет) ұғымы толық құқылық мәнге ие болған жоқ және «құқық»ұғымын білдірмеді. Түркілер мен қазақтар, өз мұрагерлері сияқты, «ғадетке» неғұрлым адамгершілік мазмұн берген. Бұл ұғым, біріншіден, халықтың әдет-ғұрыпты мағынасында («ауру қалса да әдет қалмайды»), екіншіден, мемлекеттік (әкімшілік) ғұрып ретінде қолданыла бастаған.
Айтылғандардың бәрінен қандай қорытынды шығады? Ж. Ақбаев ашып жазбағанымен, оның пайымдауларынан қазақтар өздерінің құқылық жүйесін әдет немесе әдеттегі құқық (дағдалы құқық ) деп атамағанмен деген қорытындының туындауы қисынды. Қазақтардың өз құқығын былай деп атай алмағаны олрадың «әдетті» таза құқылық құбылыс деп қабылдамайтындығынан ғана емес, сонымен қатар құқылық нормалар жинағының әрқашанда аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің есімдерімен байланысты шығындығынан да болатын. Мысалы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы». Сондықтан қазақ қоғамында 1917 жылға дейін болған құқықты «қазақтың дағдылы құқығы» деп емес, қайта «қазақ құқығы» деп атау тарихи және ғылыми жағынан дұрыс болады. Қазақ құқығының бұлай аталуы құқылық әдет-ғұрыптың да, сондай-ақ кейбір реттерде (аса көрнекті билердің шешімдері) би (сот) өсиеті ретінде құқылық мән алған би шешімлерінің де маңызын ешбір кемітпейді. Керісінше, би өсиеттері санының едәуір көп болуы олардың авторларының белгісіз емес, қайта олардың болғанын атап көрсетеді, мұның өзі
құқылық әдет-ғұрыпқа тән. Құқық магистрі Ж. Ақбаевтың қазақ құқығын анықтауға сіңірген ғылыми еңбегін атап өте келіп, сонымен бірге оның бұл проблема жөнінде айтқандарының бәрімен бірдей келісуге бола қоймады. Ж. Ақбаевтың кейбір пайымдаулары, біздің пікірімізше, өмір шындығына сай келмейді немесе кем дегенде, даулы болып табылады. 1927 жылы жазылған «Қазақ халқының шығу тегі туралы тақырыптағы баяндаманың тезистерінде» Ж. Ақбаев «қасқа жол», «ескі жол», «ақ жол» сияқты қазақ құқығын түсіну үшін түйінді терминдердің этимологиясын анықтауға әрекет жасады. «Ақ» сөзінің шығуын түсіндіргісі келген Ж. Ақбаев былай деп жазады: «Қазақ тілінде «Х» әрпі жоқ, ал арабтың «хақ» деген сөзін қазақтар «Ақ» (ақ-хақиқат) деп өзгерткен де, бұл сөз қазақтарда азаматтық құқық алған».
Шынында да, «Хақ» термині арабтардан алынған. Көпше түрінде «хұқұқ» болып айтылатын «Хақ» құқық, ақиқат, шындық, әділеттілік дегенді білдіреді. Ол түркі халықтардың тілдерінде Х1 ғасырда тез енді. Оны Ж. Баласағұни кеңінен пайдаланған. Оның философиялық – құқылық шығармасы «құтты білікте» «хақ» жиі қолданылады. Аталған дастаннан кейбір жолдары келтірейік. Онда бұл термин субъективті құқық ұғымын білдіру үшін қолданылған.
- Бұқарада үш хақың бар сенің де, Құлағыңа құй оларды тегінде:
- Біріншіден, қадірленсін жарлығың, Не болса да тез тындырсын
барлығын.
- Екіншісі, қазына хакын жемесін, Ей колы ашық, дәл уағында төлесін.
- Өтер болсаң, сен өзіңнің хақыңды, Олар да өтер қарызынды ақынды.
«Хақ» термині одан кейін де субъективті құық мағынасында қолданылған. Ол әділеттілікті, ақихат пен құдайды білдіру үшін пайдаланылған. Сонымен бірге шетелдік «хақ» термині ғажайып өзгеріске ұшыраған. Өз мәнінде қала отырып және түркі халықтардың құқылық санасына еніп, «хақ» термині «Ақ» (әппақ) деген нағыз түркі сөзі түрінде егіздің сыңарын тапқан. Ал бұл сөздің қазіргі кезде де оның мың жыл бұрын болған мәнінде қолданылып отырғанына еш күмән жоқ. «Кодекс болған Куманикуске» (Х111 ғ.) жүгінейік, онда латын сөздерінің түрік тіліндегі мәні берілген:
латынша түрікше қазақша
colores чаndlач түстер (рең)
albun ac ақ
niqrum chara қара
blaum coc көк
janum sari сары
Сөздікте «Ас» (Ақ) сөзінің түсті білдіруінен басқа мәні бар. Тазалықты, ақтықты білдіретін «ақ» сөзі кейін арабтың «хақ» терминімен үндестігі себепті жаңадан әділеттелік, ақихат, шындық мағынасына ие болған. Ж. Ақбаевтың «ақ» сөзінің құқылық мәнін негіздеуден тұратын ғылыми еңбегін атап өте келіп, сонымен бірге оның қазақтар «хақ» сөзін «ақ» деп өзгерткен деген пікірмен келісу қиын. Қазақтар ертедегі кезден бері бүгінгі күнге дейін «хақ» сөзін оның өз мағынасында қолданып келді.
Жоғарыда атап атілгеніндей, қазақ қоғамында Қасым хан билеген кезінде орныққан құқылық жүйені халық «Қасым ханның қасқа жолы» деп атаған. Ж. Ақбаев «қасқа» сөзіне «бастың қасқасы, жарық, шырақ, ай» деген түсіндірме береді. «Қасқа жол» деген қос сөзді Ж. Ақбаев: «Қасқа жол – Айдың (құдайдың) құқығы немесе заңы, қасиетті құқық», — деп түсіндіреді. Оның
пікірінше, «Қасым ханның қасқа жолы» — Қасым хан кезіндегі басты заң. Ж. Ақбаевтың осы пікірлерін анықтап көрейік. Ж. Ақбаевтың «қасқа» сөзі мәндерінің бірі – ай деп санайтыны «ай қасқа», «ай маңдай» тіркестерінің «қасқа» ұғымын білдіретіндігін аңғартуы болар. Әйтпесе қазақтар «айды» ешқашан «қасқа» деп атаған емес. Ал сонымен бірге «қасқа жол» деген қос сөз шынында да құқылық нормалар жүйесі (жиынтығы) ретіндегі құқық туралы халықтық ұғымды білдірген. Ж. Ақбаевтың «қасқа жол» — «қасиетті құқық» деген пікірімен келісуге болады. Мұнда асыра айтқандық жоқ. Егер халық құқықты әділетті құбылыс деп қабылдаса, әрине, ол халық үшін қасиетті болған. Бірақ Ж. Ақбаевтың «қасқа жолды» да «ай (құдай) заңы» деп атағанымен келісуге бола қоймас. «Қасым ханның қасқа жолы- Қасым хан кезіндегі құдай заңы» болатыны неліктен? «Бұл арада мәселе, — деп жазады Ж. Ақбаев, — жазылып қойған заңдар немесе құқықтар жайында болмай, қайта құқық – айдан – құдайдан келген көк заңы туралы проблема айтылып отырғаны күмәнсіз. «Қазақ» деген халықтың және үш бірліктен тұратын «үш жүз» саяси одағының немесе қазақтың «үш жүзі» одағының құрылуы туралы заң, кезінде ҚҰДАЙДАН – АЙДАН рұқсат алған заң осындай естен кетпес әрі тарихи, оның үстіне айдан – құдайдан шыққан заң болып табылады»
Келтірілген пікірде кейбір қызықты және онша айқын емес жайлар бар. Біріншіден, Ж. Ақбаев қазақ қоғамының заңдары немесе құқығы жазылмаған деп санайды. Басқаша айтқанда, олар «құдайдан — айдан» берілген. Белгілі бір дәрежеде Ж. Ақбаевтың айтқаны дұрыс. Көптеген құқылық нормалар би үлгісінің (өсиетінің) нәтижесі ретінде, сөз жоқ, жазылмаған болатын. Сонымен бірге қазақтарда жазылған заңдардың болғанын толық теріске шығарудың негізі бола қоймас. Мысалы, ХVI ғасырда «Төру бітігі», яғни қыпшақ заңдарының жинағы осындай жазылған заң болды, оны әлі де зерттеу керек. Екіншіден, Ж. Ақбаевтың құқық, заңдар қазақтарға Көктен берілген деген пайымдаудың тарихи түсіндірмесі бар. Ертедегі түріктер, қазақтардың бабалары, өздеріне құқықтың, заңдардың Көктен (тәңірі) берілгеніне сенген. Орхон-Енесей ескерткішінде Тоныкөктің құрметіне мынадай жазба бар: «турк
будун қанын болмайтын табғачда адырылты канланты…Теңрі анча теміс ерінч кақ бердім — өз ханы болмаған түрік халқы табгачтардан бөлініп шығып, өз ханы болды… Көк міне былай деген деп ойлау керек: «Мен саған хан бердім». » Демек, хандардың және олардың заңдарының көктен берілгені туралы ғасырлар қойнауынан келе жатқан түсінік Ж. Ақбаевтың пайымдауларынан көрініс тапқан. Ж. Ақбаев пікірлерінде халықтың өзінің құқылық жүйесі туралы, заңдар туралы түсінігі берліген деуге болады. Заңдарда адамдар жасайтын болғанымен, Ж. Ақбаевты құқықты құдайдай көрді деп кінәлауға бола қоймас. Біздің бұрын атап өткеніміздей, ол құқықтың халықтың тұрмыс жағдайларымен байланысын көрсетті. Сонымен бірге Көк пен Айды теңестірумен келісуге болмайды. Түркілер, қазақтар Көкке – тәңірге табынған, бірақ Айға, осы бір керемет аспан денесіне зор құрметпен қараған. Сондықтан Айды ең жоғары сезімдерін білдіру үшін пайдаланған және ерлерге де, әйелдерге де соның атын берген. Мысалы, Ж. Баласағұни дастаны «Құтты біліктің» атақты кейіпкері — «Айтолды». Ал әйелдердің есімдері — «Айгерім», «Айжан», «Айкүміс».
Ж. Ақбаев қазақтардың неке құқықтары мәселесі жөнінде бірқатар бағалы идеялар айтқан. Қазақтардың неке құқығы туралы мақала жазылған кезге қарай қазақ ғалымдарының да, орыс ғалымдарының да қазақтардың отбасы-неке құқығы туралы заң әдебиеті бай болатын. Отбасы-неке проблемаларын зерттеушілердің көпшілігі оларға этнографиялық тұрғыдан қарады. Олар құда түсу, тойға әзірлену ғұрпын, оның өткізілуін сипаттады, бұл үрдіске қатысушылардың қатынастарына этникалық баға берді. Ж. Ақбаев неке қатынастарының кейбір түйінді мәселелерін құқылық тұрғыдан қарастырады. Бұл орайда ол жекелеген құқылық терминдердің этимологиясын анықтауға әрекет жасайды.
Жазу-сызуы бар халықтарда, әдетте, некеге тұру үшін жазбаша шарт жасалады. Ал қазақтар шарт жасамаған, неке байланыстарын діни мекемелерге де, мемлекет те тіркемеген. Қазақтарда ауызша неке шартының өзіндік ерекше нысандары қалыптасқан, оның құқылық негізі ерекше заңдық фактілерден
тұратын. Ж. Ақбаев былай деп жазады:«Қырғыздарда алғашқы неке шарты «қарғыбау» деп аталатын тартулармен бекітіледі. Көп жағжайда 1 түйеден және 1 жылқыдан тұратын бұл тартуды күйеудің ата-анасы жасайды. «Қарғыбау» сөзі: а) «бау» — жіп (шынжыр) деген сөздерден шыққан. Көрініп отырғанындай, «қарғы бау» тарту бір кезде қалыңдық пен қүйеудің ата-аналары арасында заңдық қатынастардың және мәңгілік байланыстың пайда болуына жәрдемдескен фактор қызметін атқарған. «Қарғы бау» тарту беріліп, алынғаннан кейін құдалар бір-біріне үйдің жанына қазыққа шынжырланған иттер сияқты байланып, маталған болды».
Ж. Ақбаев қазақтарда неке шарты бір-бірімен дәйегі де қисынды түрде байланысқан бірқатар заңдық фактілер негізінде пайда болатынын бірінші рет түсініп, көрсете білді. Неке шарты пайда болуы заңдылық факт қызметін атқарған «қарғы баумен» байланысты. Ж. Ақбаев «қарғы баудың»бір кезде заңды қатынастардың пайда болуына жәрдемдескен фактор қызметін атқарғанын арнайы атап көрсетеді. Сірә, ХХ ғасырдың басына қарай-ақ «қарғы баудың» бұрын болғанындай құдіретті заңды мәні болмаса керек. Сондықтан ол заңды мәнінен айырылған немесе онысын жоғалтқан. Мұндай пайымдаудың кейбір негіздері бар. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «қарғы баудың» бір мағынасы туралы былай делінген:
«Құдаласқан адамның қалың малдың сыртында беретін ырымы». Көрініп отырғандай, авторлары «қарғы бауға» заң жүзінде мүлде ешқандай мән бермейді, өйткені оны «ырым» деп санайды. Бұған дәлел ретінде М. Әуезовтің «Қараш-Қараш» деректі хикаясына сілтеме жасалады: «Қоқыш, Сәрсен, Жарасбай болып ақылдасып, Бәйтен аулына қарғы бау мен қалың малды бірге қосып, қарбытып бір-ақ беріп жіберген».
Ж. Ақбаев «қарғы бау» мәнін түсінуге ғалым ретінде қарайды. Арнаулы құбылысты, бұл ретте неке шартын сипаттау үшін оның элементтерінің бастапқы мағынасының маңызы бар. Тіпті «қарғы бау»дербес заңдық мәнін жоғалтқан кездің өзінде де ол, дегенмен, неке шартын жасауға бағытталған
алғашқы қадам ретінде одан әрі өмір сүре берді.
Қазақ халқының отбасы мен некеге байланысты мәселелерін терең зерттеген ғалым Х. Арғынбаев былай дейді: «…Қарғы бауы алынған қыз бұдан былай айттырушының заңды қалыңдығы боп есептеледі». Неке шартын одан да күшейте түсетін екінші салт «құйрық-бауыр» тағамын дайындап, оны қалыңдық пен күйеу ата-аналарының (екі жақ құдаларының) жеуі болды. «Құда түсер кезінде шарттың ресми жасалуы «құйрық-бауыр»асын жеумен ресімделген шартпен қосылып, бекітіледі. Қазіргі уақытта бұл шарт актісінің елеулі маңызы бар және шын мәнінде неке-шарт қатынастарының пайда болып, қалыңдық пен күйеудің ата-аналары арасында толып жатқан құқықтар мен міндеттер туғызады».
Сонымен, «құйрық-бауыр» жеу неке шартының түпкілікті жасалғанын көрсететін, мәні жөнінен неғұрлым зыңды екінші факт болып табылады. «Жақындық туыстығын түсіндіргісі келген қазақ, — деп жазады Х. Арғынбаев, — «құйрық- бауыр жескен құда едік» дейтін. Ал құйрық-бауыр жеудің мәні не? – десек, бұл – екі жақтың бауырласып, туыс болғанын көрсету белгісі. Құда болған екі жақтың бірі жазатайым бата бұзып, би алдына жүгініске барса, «ақ бата жасасып, құйрық-бауыр жесіп пе едіңдер?» — деп сұраудың өзі ілгеріректе мұның маңызды әдет екендігін дәлелдейді. Екі жағы құйрық-бауыр жегендерін мойындаса, билер бата бұзған жағына дереу айып кесетін».
Ж. Ақбаев қазақтарда неке шартын жасасудың заң жүзіндегі ерекшеліктерін көрсетіп қана қойған жоқ. Ол неке шарты қатынастарының субъектілері құқылық жағдайының ерекшеліктеріне назар аударды. Неке шарты шаңырақ көтеріп, үй болғысы келген әйел мен еркек арасында жасалмаған. Неке шартының субъектілері, бір жағынан, қыздың ата-анасы және екінші жағынан, күйеудің ата-анасы болатын. Сондықтан, Ж. Ақбаевтың дұрыс атап өткеніндей, неке шартын жасасу нәтижесінде қалыңдық пен күйеудің ата-аналары арасында толып жатқан құқықтар мен міндеттер пайда болады.Бұл құқықтар мен міндеттерді ол егжей-тегжейлі қарастырмайды, олардың жалпы мағынасы мен бағыт-бағдарын атап көрсетеді. Бұл орайда Ж. Ақбаев құқықтың шығу тегі мен мәнінің сол кезде Ресейдің кең таралған психологиялық теориясына сүйенеді.
Ж. Ақбаев «құйрық-бауыр» жесу жолымен жасалатын неке шартының психологиялық мағынасы адам организміндегі қан түзуші мүше – бауырдың мәнінен туындайды. Түркілер туған аға-інілері мен апа –қарындастарын ежелден «бауырым» деп атаған. «Бауыр» жесуден аңғарылатыны, — деп жазады Ж. Ақбаев, — қалыңдық пен күйеудің ата-аналары туған аға-інілер мен апа-қарындастар сияқты туыстасып кетуге тиіс екендігін көрсетеді.
Осының нәтижесінде қалыңдық пен күйеудің ата –аналары адамгершілік-құқылық жағынан бірігеді және олар бір-бірі жөнінде өздерінің барлық байлығы мен мүлкін құрбан етуге тиіс. Олар – қалыңдық пен күйеудің ата-аналары (туыстар) кейінгі бірнеше ұрпақтар бойы туыстарға айналған. Неке шартынан туындаған бұл құқылық дәстүрдің тым еретеден келе жатқанын және ата-аналардың қоғамдағы өз жағдайын нығайту үшін әлеуметтік зор маңызы болғанын айта кеткен жөн. Бұл жөнінде «Талас ескерткіштерінде»қызықты мәліметтер бар: «Қыз берісіп, келін ічкәріп мің йыл түмән күнкі сақынч сағынұрлар» — «Қыз беріп, келін түсіріп, олар мың жылға және он мың күнге (бәрін) ойластырады». Демек, қазақтардың неке шартын құқық тұрғысынан ғана емес, психологиялық теория тұрғысынан да түсіндірудің негізі бар сияқты. Сондықтан қазақтың Ж. Ақбаев келтірген «күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген мәтелі қазақтардың бұрынғы бөгде адамдардың туыстық топқа бірігуіндегі, жақындасуындағы неке одағының мәні туралы түсінігін көрсетеді.
Неке шарты жасалғаннан кейін сахнаға тікелей неке қатынастарының субъектілері ретінде күйеу мен қалыңдық шығады. Бірақ ерлі-зайыпты болардан бұрын күйеу ендігі жерде адамгершілік жағынан да, құқылық жағынан да еш маңызы жоқ, матриархат кезеңі ғұрпының қалдықтарын психологиялық жағынан маңызды жайт болмайтын бірқатар кедергілерден өтуге тиіс. Біздің пікірімзше Ж. Ақбаевтың оларды психологиялық құбылыс ретінде сипаттауы негізсіз де емес. Күйеу басқа рудан, қыз алып қашқысы келетін жау сияқты қабылданады. Ру мүшелері оған қарсылық көрсетеді, күйеудің серіктері мен қалыңдықтың туыс қыз-жігіттер арасында тартыс
60
болады. Күйеу мен оның достары психологиялық жағынан жеңіліс тауып, тарту-таралғының көмегімен жеңіс шығуға дайын болуға тиіс. Тек содан ған қалыңдықтың туыстары «тартысты» доғарып «бақандарын» тастайды. Бірақ «қарулы» қарсылықты жеңген соң, күйеу мен оның достары басқа кедергіге – қартаң әйелдерге тап болады , олар қорғаушы міндетін атқарып, күйеуді қалыңдықтың ата-анасы үйіне өздерін «ит ырылдатар» деп аталатын тарту-таралғымен риза қылғанша жібермейді. Осы ғұрыпты сипаттай келіп, Ж. Ақбаев былай деп жазады: «Бұл тарту-таралғының психологиялық мағынасы мынада: бір кездерде әрбір қожайынның үйінде бірнеше қабаған ит болып, олар түнде есікті бұзып киіз үйге кіргісі келетін шақырылмаған жігіттерді үріп, ырылдап жиі ұстап беретін ұстап беретін болған. Киіз үйге кіру үшін шыныда да қалыңдықтың жақыт жеңгелеріне сыйлық беріп, аузын алу керек еді. әйтпесе, Шақырусыз келгендер қырғыз малының күзетшісі… иттермен бірге қиын жағдайда қалуы мүмкін болатын».
Қазақтың отбасы құқығын зерттеутін қорыта келіп, Ж. Ақбаев қазақтардың неке құқығына байланысты әрт түрлі ғұрыптарда, өз пікірінше, бұрынғы мәдени ерекшеліктердің қалдықтары бейнелейді, мұның өзі антрополог Тейлордың «… біздің психикамызда бұрынғы мәдениеттің әсер түріндегі түсініксіз нанымдарының сақталуы туралы» тұжырымдамасының дұрыстығын растайды деп атап көрсетеді.
Қорытынды
Кез келген мемлекеттің тарихы сол елдің, халықтың тәуелсіздік жолындағы саяси күресі тарихымен өзектес келеді. Ал саяси күрестің нәтижелі болып, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруы оны басқарған қайтаркерлердің еңбегі мен басшылыққа алған саяси және құқықтық ілімдерінің өміршеңдігіне байланысты. Осы тұрғыдан келгенде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудағы ұлы мақсаттарын жүзеге асыруға кіріскен Қазақтан Республикасының тұтас тарихын жасау үшін оның мемлекеттілігінің қайнар бастауына, әр дәуір, кезең сайын өсіп-өркендеп, қалың бұқараның басым көпшілігін өз соңына ерте білген, елдегі саяси күштерді, қозағлыстарды
біртұтас Алаш қозғалысына ұластырып, ұлттық-демократиялық бағыттағы Алаш партиясын ұйымдастырған, европалық үлгідегі Алашорда үкіметін құрып, соның нәтижесінде Алаш автономиясын жариялаған Алаш қайраткерлерінің өмірін және олардың саяси, құқықтық көзқарастарын зерттеудің маңызы ерекше болмақ. Сондықтан еңбегімізде Х1Х ғасырдың соңында Ресейдің аса ірі ғылыми орталықтарында білім алып, әуелі ағарту ісіне, кейін саяси күреске белсене қатысқан, біртіндеп оның қазақ даласындағы жетекші күштеріне айналған қазақ зиялыларының Алаш қозғалысы төңірегіне топтасуы, сол негізде Алаш партиярының құрылуы мен оның қызметінің басты кезеңдеріне жан-жақты баға берілді. Алаш партиясының негізгі ұйымдастырушылары европалық білім алған қазақ зиялыларының алғашқы буыны Ә. Бөкейханов, Ж. Ақбаев, Х. Досмұхамедов т.б. халық арасынан шығып, қазақ даласында оқу-ағарту, әдебиет пен публицистика саласындағы қызметті өрістеткен А. Байтұрсынов, М. Дулатов сияқты халық қайраткерлерімен ортақ мақсат жолында рухани және саяси одақ құруы Алаш қозғалысын қазақ даласындағы бірден-бір жетекші саяси асыру жолындағы іс-әрекетінің жиынтығы және оның петициядан бастап, Алаш бағдарламасына дейінгі формалары қазақ жаласында қалыптасқан жаңа құқтық доктринаны дүниеге әкелді.
Оны жасауға ұлт-азаттық қозғалыс көсемі Ә. Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларының алғашқы буыны, Ж. Ақбаев, Х. Досмұхамедов сияқты орта буын өкілдері және 1917 жылғы Ақпан төңкерісі кезінде Томск технологиялық институтының 5-курстында оқып жүрген Ә. Ермеков сияқты жас буын өкілдері, сондай-ақ ХХ ғасыр басында қазақ даласында шығармалары кеңінен тараған А. Байтұрсынов, М. Дулатов сияқты халқытың зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл Алаш қозғалысы мен олардың басшылыққа алған саяси және құқтық ілімін жасауға қазақ халқының зиялы қауым өкілдерінің барлық топтары қатырып, бүкіл қазақ қоғамын қамтыған саяси күш болғандығының айқын дәлелді болса керек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Абжанов Х. М., Гуревич Л. Я. Интеллигенция Казахстан: история, теория, современность. Алма-Ата: Ғылым, 1992
- Амелин П.П. Интеллигенция и социялизм. Л.: Изд-во ЛГУ, 1970.
- Асфендияров С. Д. История Казахстана (с древнейших времен). Второе издание. Под. ред. проф. А.С. Такенова. Алматы: Қазақ университеті, 1993.
- Ахмедов Ғ. Алаш «Алаш» болғанда. Алматы: Жалын, 1996.
- Әбжанов Х.,Әлпейісов Ә. Қазақ интеллигенциясы мен мәдениеті туралы. Алматы, 1996.
- Гуревич Л. Тоталитаризм против интеллигенции. Алма-Ата, А\О «Караван», 1992.
- Жиренчин К. А. Политическое развитие Казакстана в ХІХ- начале ХХ веков. А., 1996.
- Знаменский О. Н. Интеллигенция накануне Великого Октября. Л., 1988.
- Казахстан в начале ХХ века: методология, историография, источниковеднение. Сборник статей. Алматы, 1993.
- Кул-Мұхаммедов М. А. Жакип Акпаев. Патриот. Политик. Правовед. Алматы, 1995
- Құл-Мұхаммед М. Алаш ардагері. Ж. Ақбаевтың саяси-құқылық көзқарастары. Алматы: Жеті жарғы, 1996.
- Қозыбаев М.Қ. Ақтандақтар ақиқаты. Алматы, 1992.
- Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы, 1995.
- Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды. Алматы: Атамұра, 1993
- Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995.
- Тастанов Ш. Ю. Казахская советская интеллигенция (проблемы становления и развития). Алма-Ата: Наука, 1982.
Мерзімді басылымдардан
- Ақиқат – Ұлттық қоғамдық саяси журнал.
- Қазақ тарихы – Қазақстан мектебі журналының екі айда бір шығатын
қосымшасы.
- Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің «Хабаршысы» тарих сериясы.
- Қазақ ғылым академиясының «Хабаршысы».
- Егемен Қазақстан — Ұлттық қоғамдық саяси газеті.
- Жас Алаш-Ұлттық тәуелсіз қоғамдық саяси газет.
- Ана-тілі 1990 жылдан шығатын тіл және елтану апталығы газеті.
- Қазақ әдебиеті – Қазақстан жазушылар одағы органының газеті.