АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. Жұмағали Тілеулин – алаш ардағы, публицист

МАЗМҰНЫ

 

 

КІРІСПЕ

 

1.  АЛАШ ӨТКЕН ЖОЛ

 1.1  ХХ ғасыр басындағы елдегі саяси хал-ахуал

1.2  Ұлттық еркіндікті ту еткен Алаш қозғалысы

1.3  Алаш баспасөзі

1.4  Зиялылар қатарында – Жұмағали Тілеулин

 

2.  ЖҰМАҒАЛИ ТІЛЕУЛИН – ХХ ғ. КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕРІ

 2.1 Жұмағали Тілеулин өмірінен

  • Үш арыстың берік достығы (Мағжан, Міржақып, Жұмағали)

2.3 Ұстаздық еткен жалықпас… (Жұмағали — Қазпедтехникумның директоры)

2.4 Денсаулық сақшысы (Жұмағали — фельдшер)

 

3.  ЖҰМАҒАЛИ ТІЛЕУЛИН – АЛАШ АРДАҒЫ, ПУБЛИЦИСТ

3.1  Адам жанын емдеген… 

3.2 Денсаулық жайында бірер сөз… (Ж.Тілеулиннің денсаулық тақырыбындағы мақалалары)

  • Қаламы төселген публицист (Оқу-ағарту, саяси-әлеуметтік тақырыптағы мақалалары)
  • Алаш ардағы

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

СІЛТЕМЕЛЕР

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

 

КІРІСПЕ

 

         ХХ ғасырдың басында қазақ халқы саяси аренаға, азаттық пен тәуелсіздіктің жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерін шығарды. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмірді көкседі. Шын мәнінде, олар ғұмыр кешкен ХХ ғасырдың басы алып адамдарды қажет еткен, әрі осыған орай өздерінің ойлау, болжау  қасиеттері айрықша, талғам-танымдары жан-жақты алыптарды дүниеге келтірген дүбірлі заман еді.  

Бірақ көп жылдар бойы Кеңес өкіметі жүргізген озбырлық пен қырып-жоюға, тарихты өрескел бұрмалауға негізделген саясаттың тікелей салдарынан халқымыздың сана-сезімі өлшеусіз де орны толмас жұтаңдыққа ұшырап, оның интеллектуалды ауқымының қарыштап дамуына үлкен нұқсан келді. Соның тікелей кесірінен Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы адамзат өркениетінің төрінен орын алған ірі тұлғаларымызға “байшыл”, “кертартпа”, “діншілдер” деп ойдан шығарылған, жалған айдарлар тағылды. Олардың бай мұраларын зерттеуге цензура арқылы тыйым салынды. Партиялық талап, сол кездегі идеология қазақ халқының дарынды, дара перзенттерінің бостандық пен ұлт тәуелсіздігі үшін аянбай тер төккен, қабырғалары қайысқан ерекше еңбектерін большевиктік көзқараспен біржақты бағалап, оларды мемлекетке “қажетсіз” санап, жетпіс жылдан астам мерзімге жоққа шығарды.

Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ жұртына есімдері тарихта беймәлім болып келген алаш азаматтарының қайта оралуы халқымыздың сана-сезімін бір сілкіндіріп, рухани өмірімізге өлшеусіз серпін бергені тарихи ақиқат. Дегенмен, ұлттық еркіндік пен бостандықты аңсаған, сол жолда тынымсыз еңбек еткен, патша үкіметімен қудаланған Алаш азаматтарының қанша аттары бізге әлі белгісіз болып отыр. Белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың айтуынша, 1937-1938 жылдары Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, соның 23 мыңы атылыпты[1].  Республика Президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен 1997 жыл жалпы ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргінге түскен аяулы азаматтарымызды еске алу жылы деп белгіленгенде, солардың бірталайының аты аталып, еске алынды. Дегенмен әлде де көптеген боздақтарымыздың есімі жұртшылыққа толық мәлім емес.

Ендеше, осы біртуар ұлдарымыздың өмірі мен халық үшін атқарған қызметін жан-жақты, терең зерттеу, олардың әрқайсысын халық арасында насихаттау – бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейтесті, өзекті мәселе. Осы мақсатпен ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында ғұмыр кешкен, бүгінгі күнге дейін халыққа толық танылмай келген қоғам қайраткері, Алашорданың мүшесі, “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінде жарияланған көптеген мақалалардың авторы, ұлттық публицистиканың дамуына салмақты үлес қосқан дәрігер Жұмағали Тілеулин жайында сөз қозғағалы отырмын.

Зерттеудің өзектілігі. Сол кезде ат төбеліндей аз ғана ұлттық интеллигенция өкілдері патшалық Ресейдің отаршылдық саясатынан құтылудың, ұлт бостандығы үшін күресудің  бірден-бір жолы – баспасөз бетінде халыққа сөз айтып, елдің санасында сілкініс туғызу деп білді. Сондықтан да халықты мәдени-рухани ағарту мақсатымен ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған азаматтары  газет-журнал шығаруға басты назар аударды.

Бұл деген сөз, баспасөз бен оның басы-қасында жүретін шығарушылардың қай заманда болсын халық өмірінде алар орны жоғары болатынын дәлелдейді. Өйткені, мерзімді баспасөз — өмір айнасы. Ал осы өмір шындығын, заманның қоғамдық-саяси ахуалын аңғартатын – публицистер екені даусыз. 

Жұмағали Тілеулин де өз заманының білгір публицисі бола білген. Сондықтан өз дәуірінің суреткері  Ж.Тілеулиннің журналистік, публицистік мұраларын саралап-салмақтау кейінгі толқын буынға үлгі-өнеге, берері мол дәріс болып табылады.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ қайраткері, публицист Ж.Тілеулиннің жан даусымен көтерген өзекті мәселелері тәуелсіз мемлекетімізде дәл қазіргі күні де ешқандай мәнін жоймағанын аңғарту, тарихи сабақтастықтың нағыз айғағын көрсету керек. Себебі, тарихтан сабақ алмай, оның бай тәжірибесінен үйренбей, өткен дәуірдегі таңдаулы публицистердің тәжірибесін зерттеп, зерделемей, көкейге түймей  нағыз патриоттарды тәрбиелеу мүмкін емес. Тәрбиенің басы – тарих, сол арқылы патриотизмді күшейту қажет. Бұл жұмыстың өзектілігі де осында.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жұмағали Тілеулин – ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қоғам қайраткері, мамандығы фельдшер болғанменен “сегіз қырлы, бір сырлы” азамат еді. Ол өз дәуірінің білгір дәрігері болып қана қоймай, ұстаздыққа, ғылымға, оқу-ағарту ісіне бой түзеп, патша үкіметінің қазақ халқына жасаған озбырлығына қарсы шығып, онысын баспасөзде азаттық мазмұндағы мақалалар жариялау арқылы көрсеткен ірі қайраткер еді. Бірақ та осыған дейін Жұмағали Тілеулиннің баспасөз тарихындағы атқарған елеулі қызметін талдап жазған еңбек жоқ. Оның журналист ретіндегі тұлғасын ашып көрсетерлік дүние еш жерде кездеспеген болып отыр. Тек қана 2005 жылы “Жібек жолы” баспасынан шыққан жазушы Қайролла Мұқановтың орыс тілінде “Жумагали Тлеулин – деятель “Алашорды” деген еңбегі жарық көрді. Автор бұл еңбегінде Ж.Тілеулиннің өмірі мен қызметін ғана зерттеп, талдайды да, публицистикалық шығармаларына  көп тоқталмайды.

Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бақытжан Қанапиянов, Төлеген Қажыбаев, Гүлнәр Дулатова сынды жазушылардың кей еңбектерінде Жұмағалидың атын кездестіруге болады. Дегенмен оның публицистика саласындағы ұланғайыр қызметіне талдау жасайтын еңбектерді кездестіре алмадым. Ал осы ғылыми жұмыс Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен қызметі, публицистикалық шығармаларын талдап, зерттеуге, сөйтіп оның онша мәлім емес қырларын ашуға арналған.   

Ғылыми жаңалығы. ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде  түрлі эпидемиялардың кең өріс алуы бізге мәлім. Сол кезде көптеген ауруларға шалдыққан қазақ халқы ұлтжанды кәсіби дәрігерлерге мұқтаж,  зәру болғаны анық. Ал кеңестік заманда қазаққа – “оқымысты жұрт емес, ғылым, білім, өнерден бос, құралақан” деп қара жабылып, теріс пиғылдағы ой пәрменді түрде насихатталған болатын. Осының бір айғағы ретінде “..У узбеков раньше была арабская писменность, а у казахов ее вообще не было, да и откуда у кочевых  народов она могла быть”[2] деген тұжырымды келтіруге болады. Осы кезде қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қазақ арасынан ұстаз, заңгер, дәрігер мамандығын игеруге бел буған қайраткерлердің шығуы заңды еді. Олар шықты да. Соның ішінде – Жұмағали Тілеулиннің фельдшерлік қызметін айрықша атап өтуге тұрарлық. Ол губерниялық денсаулық сақтау бөлімінде қызмет жасаумен қатар, адамның денін баспасөз арқылы да сақтап қалуға тырысты. Оның бір дәлелі ретінде – Жұмағалидың денсаулық сақтау мәселесіне қатысты баспасөзде жарық көрген мақалалары мен пайдалы кеңестерін атауға болады. Міне, бұл  ғылыми жұмыста, өз халқының жанашыры болған Жұмағалидың денсаулық жайынан сөз қозғаған мақалалары алғаш рет талданады. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, осы уақытқа дейін Жұмағали Тілеулиннің аты аталып, кейбір әдебиеттерде кездесіп жүргенменен, оның публицистика жолындағы ізденістері еш жерде зерттеліп қарастырылмаған. Осында Жұмағали Тілеулиннің публицистикалық шығармашылық жолы тұңғыш рет қарастырылады.

Үшіншіден, Жұмағалидың әртүрлі мерзімді басылымдарда жарық көрген публицистикалық шығармаларының тізімі жасалды.

Ғылыми жұмыстың теориялық және әдістемелік негіздері. Жұмыстың теориялық негізін белгілі зерттеушілер: М.Қойгелдиев, К.Нұрпейісов, Ғ.Ахмедов және басқа да ғалымдардың еңбектері құрады. Жұмағали Тілеулин өмірі мен қызметіне қатысты жазушы, зерттеуші С.Сейфуллин, Қ.Мұқанов, Б.Қанапиянов, Г.Дулатова, Т.Қажыбаев және басқа да жазушылардың еңбектері мен жарияланымдары пайдаланылды.   Ж.Тілеулиннің публицистік қырын ашуға Ү.Субханбердинаның “Айқап” пен “Қазақ” кітаптары, сондай-ақ, Жұмағалидың 1911-17 ж.ж. аралығында “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінде жарияланған мақалалары жәрдемдесті.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. ХХ ғасыр басындағы ғұмыр кешіп, қоғамдық-саяси, құқықтық ой-пікірді дамытуға үлес қосқан қазақ қайраткері Жұмағали Тілеулин хақында кейінгі ұрпаққа мұра болып қалатындай із қалдыру қажет. Өйткені, өткен ғасырдың ойшылдары жайында жүргізілген әрбір зерттеу – тарихтың әлі ашылмай жатқан беттеріне біршама сәуле түсірері айқын. Яғни, қазақ зиялыларының өмірі мен қызметін зерделеу — кейінгі жас буынның рухани санасына нұр құйылып, көкірегі мақтаныш сезіміне, патриотизм идеясына толып жетілуіне себеп болады.

Сонымен бірге, Жұмағали Тілеулин публицистикасының қазақ баспасөзі тарихынан алатын орны мен ролін көрсету – негізгі мақсат ретінде алынды.

Ғылыми жұмыстың негізгі зерттеу объектісі – Жұмағали Тілеулиннің публицистік шығармашылығы болып табылады. Оның публицистік қызметін сөз еткенде, 1911-1927 жылдар аралығындағы жазған сын-мақалалары, фельетон, хабарлары тілге тиек етіледі, мысалға етіп алынады.

Негізгі қайнар көзі ретінде Ж. Тілеулиннің әр алуан тақырыптағы, атап айтатын болсақ, “Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер”, “Баспасөз” бас мақаласы, “Ат үстінде көрген түс”, “Мейірімді төре” фельетондары, “Ұлтшыл жігіт”, “Жалпы мұсылман съезі”, “Айқапты” үлкейту туралы”, “Оян, қазақ!” туралы”, “Қара жүз қажы яки “Қорғанский”, “Қызылжар уезінде”, “Денсаулық”, “Науқас һәм оның емделуі”, “Әуелгі байлық — денсаулық”, “Денсаулық жайында”, “Жұқпалы аурулар” сынды денсаулық тақырыбына арналған бірқатар мақалаларын республикалық ұлттық кітапханадан тауып алып, мұрағаттарын ақтарып, қолжазбаларын жинастырдым.

Зерттеудің құрылымы.  Жұмағали Тілеулин – сан салалы, жан-жақты тұлға. Ғылыми жұмыс Ж.Тілеулиннің бар қырын айқындайтын кіріспе, негізгі бөлім, қорытындыдан құралған. Кіріспеде зерттеудің өзектілігі, зерттелу деңгейі, ғылыми жаңалығы, теориялық және әдістемелік негіздері, мақсаты мен міндеттері, негізгі зерттеу объектісі, құрылымы баяндалады.

Ғылыми жұмыстың негізгі бөлімі 3 тарауға бөлінген. Бірінші тарау “ХХ ғасыр басындағы елдегі саяси хал-ахуал”, “Ұлттық еркіндікті ту еткен Алаш қозғалысы”, “Алаш баспасөзі” және “Зиялылар қатарында – Жұмағали Тілеулин” атты бөлімдерден тұрады. Яғни, бұл тарауда сол кездегі патшалық Ресейдің отарлау саясатының қазақ жерінде кең өріс алып, қазақтың ауыр халы суреттеледі. Орыстың бұл озбырлық саясатына қарсы  азаттық пен тәуелсіздіктің күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ат төбеліндей аз ғана ұлттық интеллигенцияның саяси аренаға сап түзеп шығуы да сөз етіледі. Сонымен бірге, ұлт бостандығы үшін күресудің бірден-бір жолы – баспасөз бетінде халыққа сөз айту деп білген алаш азаматтарының газет-журнал шығаруға ат салысқаны баяндалады. Алаш арыстарының қатарында Жұмағали Тілеулиннің де алар орны орасан зор екені көрсетіледі.

Негізгі бөлімнің екінші тарауы “Жұмағали Тілеулин өмірінен”, “Үш арыстың берік достығы (Мағжан, Міржақып, Жұмағали)”, “Ұстаздық еткен жалықпас… (Жұмағали — Қазпедтехникумның директоры)”, “Денсаулық сақшысы (Жұмағали — фельдшер)” деген төрт бөлімнен құралады. Бұл деген сөз, екінші тарау Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен қызметіне арналғандығын көрсетеді. Оның алаштың екі арысы Мағжан Жұмабаев пен Міржақып Дулатовпен жан аяспас дос, пікірлес болғандығы жайында көптеген деректер беріледі. Жұмағалидың Қызылжар қаласында Қазақ педагогикалық техникумның директоры болып, ұстаздық етіп жүрген жылдары суреттеледі, өз мамандығы бойынша губерниялық денсаулық сақтау бөлімінде фельдшерлік қызметін абыроймен атқарғаны да баяндалады.

Үшінші тарау «Адам жанын емдеген», «Денсаулық жайында бірер сөз…(Ж.Тілеулиннің денсаулық тақырыбындағы мақалалары)», «Қаламы төселген публицист» (Оқу-ағарту, саяси-әлеуметтік тақырыптағы мақалалары), «Алаш ардағы» атты бөлімдерден құралады. Бұл тарау Жұмағали Тілеулиннің баспасөздегі алып қызметін талдауға арналған, оның публицист ретіндегі тұлғасын ашып көрсетуге бағытталған. Жұмағалидың өз мамандығы бойынша қалам тербеп, денсаулық кепілі деп тазалықты насихаттап, елдің тұрмыс мәдениетін көтеруді күн тәртібіне қойғаны, енді бірде өнер-білімсіз өр асуға болмайтынын айтып, жеткіншектердің оқып білім алуына жол ашып, жағдай туғызуды талап еткені көрсетіледі. Сонымен қатар, Жұмағалидың халқының қамын жеген біртуар азаматы, “Алаш” партиясының мүшесі, ұлтжанды Алаш ардақтыларының бірегейі болғандығы бағамдалады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  1. АЛАШ ӨТКЕН ЖОЛ

 

1.1 ХХ ғасыр басындағы елдегі саяси хал-ахуал. Қазір — өзгерістер заманы. Қоғамның даму бағыты, идеологиялық бағдарлар ғана емес, кешегі өткен тарихқа деген көзқарастың өзі мүлдем жаңа сипат алды. Қазан төңкерісінен соң қазақтың күні шығып, айы туды деп шаттанып келсек, сол төңкерістен соң көп ұзамай қазақ халқының тең жартысы аштықтан опат болғанын енді біліп отырмыз. Қазақтың бұрынғы көптеген би, батырларын, хандарын үстем тап өкілдері деп қаралап келсек, олар қазақтың ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін жан салып күрескен қаһармандар екен. Басқа да ақты қара, қараны ақ деген кездеріміз шаш етектен.

Енді соның бәрін өз атымен атап, әрқайсысын өз орнына қою қажеттігі туды.

ХХ ғасырдың басында Қазақстанның тарихи өмірінде елеулі өзгерістерге толы, аса бір алмағайып оқиғалар болған еді. Атап айтқанда, бұл кезеңде Қазақстанның барлық территориясы Ресей империясының ішкі отарына айналып, өзінің саяси-экономикалық дербестігінен айрылған, орыс мемлекетінің құрамдас бөлігі ретінде танылды.

Ресей империясының қазақ жерін отарлау саясаты, негізінде, үш бағытпен жүзеге асырылды:

  1. Қазақ жерінің шекараларына әскери-стратегиялық маңызы бар бекіністер салу және оларға Орталық Ресей мен Сібір аймағын мекен еткен казактарды шоғырландыру;
  2. Саяси-құқықтық реформа жасау арқылы қазақ халқын өзін-өзі басқару, билік жүргізу процесінен айырып, патша өкіметінің отарлық саясатын тиімді түрде іс жүзіне асыратын басқаруды енгізу;
  3. Экономикалық саясатпен, яғни салық салу жүйесі арқылы жергілікті халықты қанау;

Патша үкіметі қазақ халқы мекендеген жерді мемлекеттің меншігі деп жариялап, шұрайлы шабындықтар мен құнарлы егіндіктерді қоныс аудару қорына, патша әулетінің меншігіне, казак-орыс әскерлерін орналастыру қажеттігіне және басқа мақсаттарға пайдалану үшін күштеп тартып алып отырды. Отарлаушылар осындай жолдармен бұрын қазақ қауымы пайдаланып келген 45 миллионнан астам десятина жерге қожалық етті. Революцияға дейін Россия империясының әртүрлі аймақтарында патша үкіметінің қарулы тірегі ретінде орналастырылған 11 казак-орыс әскерлерінің төртеуі (Орынбор, Сібір, Орал және Жетісу казак-орыс әскерлері) Қазақстанда мекен тепкен еді.

 “Орыс империясы саясатының қазақ жерінде кең қанат жаюы, негізінде, Орталық Ресей мен Сібір аймағындағы казактар мен орыс шаруаларын қазақ жеріне көшіріп, қоныстандырумен күшейтілді. Мұндай тәсіл басқа халыққа қарсы отарлау саясатын жүргізетін мемлекеттердің басты, заңды функцияларының бірі болып табылатыны ақиқат. Себебі, империя орталығынан шалғай, қашық жатқан кең даланы отарлық саясаттың шеңберінде ұстап тұру оңай шаруа емес. Осы мәселеге терең, көрегенділікпен үңіле білген патша өкіметі қазақ жеріне орыстарды қоныстандыруды мемлекеттік маңызы бар іс ретінде таныды.

Қазақ еңбекшілері, бір жағынан, патша үкіметінің отарлау саясатының қасіретін, екінші жағынан, ауыл мен қаладағы үстем таптар езгісінің ауыртпалығын көтерді.

Қазақстанға капиталистік қатынастардың ене бастауы өлкеде өнеркәсіп орындарының, темір жолдардың пайда болуына және бүкіл елдің көп ұлтты жұмысшы табының құрамдас бөлігі ретіндегі қазақ жұмысшы табының қалыптаса бастауына негіз болды. Алайда өлке жұмысшыларының саны өте аз әрі олардың ұйымдасу дәрежесі нашар еді.

Қазақ өлкесіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси хал-ахуал таптық, аграрлық және ұлттық мәселелердің шиеленісуімен ерекшеленеді. Қазақстанда осы шиеленістен орын алған аграрлық және ұлт-азаттық қозғалыс отаршылдық пен феодалдық езгіге қарсы бағытталды, сонымен бірге россиялық азаттық қозғалыстың құрамдас бөлігіне айналды.

1.2 Ұлттық еркіндікті ту еткен Алаш қозғалысы. ХХ ғасырдың бас кезінен өрістей бастаған қазақ қауымына тән қоғамдық қозғалыс өз алдына буржуазиялық-демократиялық мақсат-міндеттерді: ұлттың тең хұқықтық, халықтың мәдениетін көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, әйел теңдігін қамтамасыз ету, көшпелілерді отырықшыландыру сияқты міндеттерді қойды. Бұл істің басы-қасында қазақтың ат төбеліндей аз ғана тұңғыш интеллигенттері болды.   

“1897 және 1917 жылдар аралығында Қазақстанның орыс тұрғындарының саны екі есе өсіп, олар өлке халқының бестен бір бөлігін құрды. Кең қоныстандыру саясатымен бір мезгілде қазақтарды христиан дініне шоқындыру, орыс оқу орындары, әкімшілік жүйесі арқылы пәрменді түрде орыстандыру саясаты жүргізілді.

Міне, осы айтылған жағдайлар ұлттық тәуелсіздік үшін күрес жүгін ауырлата түсіп, оның алдына жаңа талаптар қойды. Ендігі уақытта батырлар бастаған қол түзіп, көтеріліске шығу өз мәнін жоғалтты. Қалыптасқан, жаңа саяси жағдайға лайық жаңа күрес құралдары, жаңа әдіс-айла, ең негізгісі осылармен халықты қаруландырып, қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын саяси әлеуметтік күш керек болды. Қазақ қоғамында ондай күштің қалыптасып келе жатқанын ХХ ғасыр басындағы саяси оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш – патшалық отарлау аппараты өзіне қызметке даярлаған, сан жағынан аз болғанымен, саяси күрес қазанында қайнап, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция еді”[3].

Олардың бір бөлігі бірінші орыс революциясының әсерімен және елдің орталық аудандарында, сондай-ақ кейбір ұлт аймақтарында көптеп құрыла бастаған әртүрлі бағыттағы саяси партиялардың ықпалымен қазақ қауымының әлеуметтік топтарының мүддесін білдіретін саяси ұйымдар құруға және өлкедегі буржуазиялық-демократиялық сипаттағы қоғамдық қозғалысты басқаруға талпынды. Соның алғашқы көрінісінің бірі 1905 жылдың соңында Орал қаласында өткен қазақ интеллигенциясы өкілдерінің бес облыстық делегаттық съезінде “Қазақ конституциялық демократиялық” партиясын құру жөніндегі әрекет еді. Мұндай әрекет 1906 жылдың басында Семей қаласында да орын алды. Қазақ топырағында кадет партиясының бөлімшесін құру жөніндегі осы іс-қимылдың басында кейін 1917 жылы Алаш партиясын ұйымдастырушылардың бірі Әлихан Бөкейханов болды. Демек, бірінші орыс революциясы жылдарында Ә. Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары өздерінің саяси аренаға шыққан алғашқы қадамдарында сол кезде патша үкіметіне оппозицияда болған және оны сынға алып жүрген кадеттер партиясын өздеріне үлгі тұтты. Басқаша айтқанда, буржуазияның және буржуазияланған помещиктердің өкілі болған кадет партиясына іш тартқан  Ә.Бөкейханов бастаған қазақ интеллигенциясының алғашқы легінің бір тобы ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанды буржуазиялық қатынастарға бейімдегісі келіп, феодалдық қатынастар үстем болған қазақ қауымын дамудың байшылдық жолына түсіруге жол көрсетпек ниетте болды.

Мәмбет Қойгелдиев Алашорданың өмірге келуін былайша сипаттайды: “Тар таптық, партиялық принцип абсолютке көтерілген кеңестік тарихтану Алашорда үкіметінің пайда болуын ең алдымен қазақ буржуазиялық-ұлтшыл интеллигенциясының кеңес өкіметі мен большевиктер партиясы қызметіне қарсы бағытталған әрекетімен байланыстырды. Ал, мемлекеттік бірліктің белгілі бір таптың белсенді саяси қызметі нәтижесінде ғана емес, сонымен бірге отарлық езгіге қарсы күрес жағдайында жалпы ұлттық сұраныс нәтижесінде өмірге келіп, белгілі бір кезеңге дейін ұлттық бірлік, тұтастыққа, жалпы ұлттық мүддеге қызмет етуі табиғи құбылыс екендігі есепке алынбады. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себепші болған жағдай уақытша үкіметтің басқа да шет аймақтардағыдай Қазақстанда да ең өзекті ұлттық мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархияға, зорлық пен зомбылыққа ұласуы еді. Қазақстанда жер мәселесінің шешілмеуі, қоныстанушылар легінің толастамауы, атты казак әскері, қарулы солдат пен қоныстанушылардың панасыз жергілікті халық үстінен жүргізген озбырлығының өрши түсуі соның айғағы болатын”[4].

Шынында да, бір жағынан ұлттық еркіндік үшін күрес жаңа тыныс алып, халықтың өз бостандығы жолында шешуші майданға шығуға даярлығы анық байқалса, екінші жағынан, керісінше, отаршыл күштер мен оның жергілікті сүйеніш-тіректері ұлт-азаттық қозғалысты басып-жаншуға бейімділік танытты.

Сөйтіп, ХХ ғасырдың басында қазақ халқы саяси аренаға, азаттық пен тәуелсіздіктің күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерін шығарды. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары бола білді. Олардың ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхаметжан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Елдес Омаров, Халел Досмұхамедов, Жұмағали Тілеулин сынды т.б. ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткерлері бар. Философ А. Қасабековтың пайымдауынша: “Ұлттық интеллигенция өмірдің объективті жағдайларын өзгертуді күшпен емес, сананы сол процеске енгізу арқылы өзгерту керек деп уағыздады. Олардың негізгі идеялары – бостандық, тәуелсіздік, отаршылдық езгіден құтылу жолдары және қазақ халқын жалпы адамзаттық құндылыққа жақындастыру болды”[5].  

Қазақ интеллигенттерінің басым көпшілігі әмбебап мамандар еді: олар ғылыми жұмыспен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару қам-қарекетімен де, көркем шығармашылықпен де қатар айналысты. Басқа сөзбен айтқанда, олар сол кездегі қазақ қауымының рухани сұраныстарына мүмкіндігінше толық жауап беруге ат салысты. “Айқап” журналын және “Қазақ” газетін шығару арқылы олар халықты оқуға, мәдениетке, көшпелі шаруаларды отырықшылдыққа шақыруда, шаруашылықты жүргізудің прогрестік формаларын, әйел теңдігін насихаттауда патша үкіметі тарапынан жүргізіліп отырған отаршылдық саясатқа қарсы пікір қалыптастыруда айтарлықтай оңды істер тындырды.

Алаш партиясы және оның жетекшісі Ә. Бөкейханов Қазан төңкерісінің жеңісін қабылдаған жоқ және Кеңес өкіметінің Қазақстанда жеңіске жетуіне қарсы болды. Бөкейханов және басқа Алаш партиясының басшылары тығырықтан шығудың жолын Қазақстанды буржуазиялық автономия деп жариялаудан іздеді. “1917 жылғы желтоқсанның 13-інде Орынборда өткен “бүкілқазақтық” екінші съезд Х. Ғаббасовтың автономия туралы баяндамасын тыңдай келіп, Уақытша үкімет құлағаннан кейін “бүкіл елді…жайлаған жаппай күйреу…мен анархиядан құтылу үшін” қазақтың территориялық-ұлттық автономиясын құру қажет деп тапты. Сонымен қатар “қазақ-қырғыз облыстарының автономиясына “Алаш” деген ат беру” жөнінде шешім қабылдады. “Съезд Алаш автономиясы Бөкей ордасын, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстарын, Ферғана, Самарқан облыстары мен Амудария аймағын, Закаспий облысының қазақтар мекендеген уездерін, сол сияқты Алтай губерниясының қазақтар мекендеген болыстарын біріктіретінін мәлімдеді. Осы аталған территорияның жер, су байлықтары, жер астындағы және оның үстіндегі барлық қазына Алаш автономиясының меншігі деп жарияланды. Съезд шешімдерінде Алаш автономиясындағы бүкіл атқарушы үкіметті дереу қолына алу үшін “Уақытша халық кеңесі” немесе Алаштың ордасы (Алашорда) құрылғандығы жарияланды. Алашорда аталған “Уақытша халық кеңесі” 25 адамнан тұру керектігі, ал үкіметтегі 10 орын қазақ автономиясын мекендейтін орыстар мен басқа да ұлт өкілдеріне берілетіндігі съезд қарарларында атап көрсетілді”[6].

Ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлттық мемлекет құруға бағытталған әрекеті сол кезеңдердегі ащы өмір талабынан туындаған бірден-бір тура шешім болатын. 1917 жылғы желтоқсанда өткен жалпықазақ съезі сайлаған заңды Алашорда үкіметі сол кездегі қазақ қоғамында көзге ұрып тұрған экономикалық, әлеуметтік және рухани мәселелерді қазақ оқығандары тарапынан терең ұғыну арнасында пайда болған және сол мәселелерді шешуге бар күш-жігерін жұмсауға даяр ұлтжандылық пиғылдағы билік еді.

1.3 Алаш баспасөзі. ХХ ғасырдың 1910-шы жылдарға дейін ұлтшылдар отаршылдыққа қарсы пікірін жеке-жеке айтса, 10-шы жылдардан кейін ұйымдасуды тілек қылды. Жеке қара басының пікірін көпшіліктің пікірі қылуға тырысып, отаршылдыққа қарсы әлеуметшілдік пікір туғызуға тырысты. Осы мақсатты жарыққа шығару ниетімен, әр жерде қазақ тілінде баспасөздер көріне бастады. 1910-шы жылдарға шейін қазақ ұлтшылдары ұлтшылдық пікірлерін шет пұшпақтап, татардың “Уақыт”, “Тәржіман”, “Жұлдыз” сияқты газеттері арқылы жазды. Бірақ олар қазақ даласына көп тарай алмай, бірен-саран кісі ғана алдырды. 10-шы жылдан кейін қазақтың өз тілінде, ұлтшылдардың қолынан күндік баспасөздер  шыға бастады.

         “ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған азаматтары  газет-журнал шығаруға басты назар аударды. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатынан құтылудың, ұлт бостандығы үшін күресудің  бірден-бір жолы – баспасөз бетінде халыққа сөз айтып, елдің санасында сілкініс туғызу арқылы қазақ азаматтығына қол жеткізу деп білді”[7].

1911 жылдан шыға бастаған “Айқап” журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпыұлттық басылымға айналған “Қазақ” газеті және басқа басылымдар отарлық езгі мен феодалдық мешеулікке қарсы күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті. Қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, европалық озық тәжірибені пайдалана отырып дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен бірге егіншіліктің, өнеркәсіптің өніп-өсуін қамтамасыз ету, жеке адам құқын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениет, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет жағдай жасау және басқа ұғым-түсініктер бұл идеологияның негізгі арқауына айналды.

Қазақ тілінде ең алғаш баспасөздердің ішінде көрнекті маңызы болған Троицкіде Мұқаметжан Сералин шығарған “Айқап” журналы. Бұл журнал – қазақ ұлтшылдарының пікіріне әлеуметтік маңыз беріп, көпшілікті ең алғаш өз маңына ұйымдастыра бастаған бірінші баспасөз еді.

Яғни, “Айқап” 1911 жылдың қаңтарынан бастап, шыққан қазақ тіліндегі бірінші журнал еді. Журналдың неліктен “Айқап” деп аталуының себебін М.Сералин: “біздің қазақтың неше жерде “қап” деп қапы қалғаны көп. Сол себепте “Айқап” болды”, — дейді. “1911-1915 жылдары тұрақты түрде шығарылып, қазақ елінің түкпір-түкпіріне таралған тұңғыш журнал ХХ ғасыр басындағы тарихи қайшылығы мол күрделі кезеңнің айнасы бола білді. “Айқапта” жарық көрген шығармалар ғасыр басындағы қоғамдық-саяси ахуалды аңғартып, сол кездегі өмір шындығының негізгі дерек көзіне айналды”[8].

Сонымен бірге бүгінгі күні тарих дерегі ретінде, ғасыр басындағы ел өмірінен ақпарат беретін “Қазақ” газетінің алар орны ерекше. Бұл газет екі жойқын соғыстың – І-ші дүниежүзілік соғыс және азамат соғысы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің, екі қоғамдық саяси төңкерістің (Ақпан төңкерісі, Қазан төңкерісі), төрт саяси биліктің (патша үкіметі, Уақытша үкімет, Алашорда үкіметі, Кеңес үкіметі) куәсі болды. “Қазақ” газетінің ХХ ғасырдың басындағы еліміз тарихының дерегі ретіндегі орны Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар атымен айқындалады.

Бұл басылымның қазақ халқының ұлттық даму жолындағы маңызды рөлі жайында көптеген пікірлер бар. Солардың ішінде  де газет туралы сол кезеңдегі ел зиялыларының нақты тұжырымдарға құрылған ойлары ерекше әсер қалдырды. Мысалы, “Қазақ” газеті 1916-жылға шейін “Айқапта” айтылып жүрген пікірлерге, тыңнан жаңа пікір қосқан жоқ. “Айқап” шала піскен мәселелерді дұрыстап пісірді. Көмескі пікірлерді айқындады, сонымен қатар, “Қазақпен” Қазақтың тілі туды. Таза Қазақ тілінде шыққан баспасөз “Қазақ” газеті ғана болды. “Қазақ” газетінің тілінен өрбіп, қазақша оқу құралдары шықты. “Қазақ” газеті ұлтшылдық пікірді дәуірлетті. Көпшіліктің пікірі, күші “Айқап” тан “Қазақ” қа ауды. Сондықтан “Қазақ” шыққан соң, “Айқап” көп ұзамай жабылды”[9].

“Қазақ” газеті 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін Орынборда шығып тұрған, ұлттық баспасөздің, әдебиет пен мәдениеттің дамуына үлкен ықпал еткен басылым еді. Оның редакторы – Ахмет Байтұрсынов еді. Газетте Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Ш.Құдайбердиев, С. Дөнентаев, М. Шоқаев, М. Жұмабаев, Б. Майлин, т.б. қазақ қаламгерлерінің публицистикалық, көркем шығармалары жарық көрді. Сол кездегі қазақ саяси өмірі мен қоғамдық ойының белсенді өкілдері ұлттық басылым төңірегіне тоғысуы – кездейсоқ жағдай емес еді. Оларды бірлесе қимылдауға, қосылып іс-әрекет жасауға итермелеген – ғасыр басындағы қазақ жеріндегі қоғамдық-саяси ахуал, елдің ауыр халы еді.

Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов Ресейдің саяси жағдайының өзгеруіне байланысты туындаған комитеттер құру, қазақ съездерін өткізу, өз жеріне өзі ие болу мақсатында құрылтайға депутаттар сайлау, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құру, түптеп келгенде ұлттық автономияға қол жеткізу сияқты ұлт алдында ірі, ауқымды істерге “Қазақ” ашық араласып, ұйтқы бола білді. Бұл істердің қажеттілігі мен маңызы, барысы мен туындаған қиыншылықтардан  шығудың жолдары туралы жазады. Сол арқылы “Қазақ”, бұрын қазақ даласында болып көрмеген, саяси құбылыстарға толы құнды жазба деректер көзіне айналды. 

Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың “Қазақ” газетінде жарияланған мақалаларының ерекшелігі, олардың өздері шығарып отырған газетке үлкен үміт артып, оған аса үлкен жауапкершілікпен қарағандығы. “Қазақ” газетінің бетіндегі алғашқы сөздерін “Заманына қарай амалы” деген сөз бар – деп бастаған Ахандар сол заман талабына сай амал жасауға көмектесетін нәрсенің бірі газет екендігін айта келе: “Әуелі газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі” – деп газеттің халық өмірінде алар орнын жоғары бағалап, сол газет арқылы: “Дүниенің төріне тырысқандар төрден орын алып жатыр. Тырыспағандар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік”- деп, қазағын өзге ғасырлардан орны бөлек ХХ ғасырға лайық іс қылуға, яғни газет шығаруға шақырды.

Осылай өз жұмыстарын “Қазақ” газетінің айқындаудан бастаған оның шығарушылары, газет жұмысын ел мүддесіне сай ұйымдастырып, оны ел керегіне жаратуға барын салды. Өздерінің мақсаты: “…ананы-мынаны жазып, қағаздың төрт бетін шұбарлап, тасқа басып шығару” – емес, елді жақсылыққа бастап, жаманшылықтан сақтайтын газет шығару екендігін айтты.

Қорыта айтсақ, “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті қазақ өмірінің аса бір күрделі кезеңнің шежіресіне баға жетпес дерек көздері болды.

1.4 Зиялылар қатарында – Жұмағали Тілеулин. Жоғарыдағы сөздің түйіні – сол кездегі қазақ елінде халықтың ұлттық сана-сезімін алғашқы оятушы үш арысымыз — Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов екені даусыз. “Революциядан бұрынғы кезде қазақ жастарының ұлттық сезімінің көзін ашқан Ахаңның “Масасы”, Жақаңның “Оян, қазағы”, Әлекеңнің орыс тілінде де, қазақ тілінде де жазған мақалалары еді. Осы үш адам халқының қамын жегені үшін патшаның түрмесінде де отырды, айдауда да болды, революциядан кейін совет түрмесінде, айдауында, лагерінде де болды, осы кісілердің соңына ерген басқа азаматтар да сондай азаптарды көрді, ақырында совет жендеттері атты. Қазақ халқының ұлт азаттығы қозғалысының алғашқы идеологтары осы адамдар еді”[10].

Ал осы, қазақ халқының ұлт азаттығы қозғалысының тұңғыш идеологтары болған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаевтардың ізімен жүрген, ұлттық еркіндік пен бостандықты аңсаған, сол жолда тынымсыз еңбек еткен, патша үкіметімен қудаланған Алаш азаматтарының бізге әлі белгісіз болып отырғандары қаншама!? Белгілі тарихшы Манаш Қозыбаевтың айтуынша, 1937-1938 жылдары Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, соның 23 мыңы атылып кеткен[11].  Ал  1997 жыл  жалпы ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргінге түскен аяулы азаматтарымызды еске алу жылы деп белгіленгенде, алаштардың бірталайының аты аталып, еске алынған еді. Дегенмен әлде де көптеген боздақтарымыздың есімі жұртшылыққа толық мәлім емес.

Енді, осы біртуар ұлдарымыздың өмірі мен халық үшін атқарған қызметін жан-жақты, терең зерттеу, олардың әрқайсысын халық арасында насихаттау – бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейтесті мәселе емес пе!? Ендеше ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында ғұмыр кешкен, осы күнге дейін халыққа толық танылмай келген қоғам қайраткері, жоғарыда айтылған Алашорданың мүшесі, “Айқап” пен “Қазақ”-та жарық көрген көптеген мақалалардың авторы, белгілі жазушы, публицист, ақын, дарынды қайраткер Міржақып Дулатов пен сыршыл ақын, көрнекті педагог, тамаша азамат Мағжан Жұмабаевтың жақын жолдасы, дәрігер Жұмағали Тілеулин туралы ойымды өрбітпекші едім. Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрдің: “Жұмағали — әкемнің жан досы. Құдайға шүкір, еліміз егемендік алғанының арқасында әкем мен ақын досы Мағжанның қасиетті есімдері халқына қайтып оралып, еңбектері қайта жарияланып жатыр. Ал Жұмағали Тілеулин жайында жұрт әлі аз біледі”[12] деуі алаштың бір арысы Жұмағали жайында өз алдына сөз қозғауға бізге түрткі болғандай.

Жоғарыда айтып өткенімдей, ел өміріне келген революциялық дүмпулер мен аумалы-төкпелі аласапыран кезең қазақтың көзі ашық, оқыған зиялы азаматтарын болып жатқан төңкерісшіл ахуал бейтарап қалдырмаған еді. Бодандық ноқтасына мойынсұнып болған туған халқының тағдырына алаң Алаш азаматтары бір тудың астына біріккен ел тәуелсіздігі жолындағы күреске үндеді. Ахметтің «масасы» болып ызыңдап, ауыл үйді аралай жүріп сезім, санасы ұйқыдағы қазақ жұртын мазаласа, ақберген ақын Міржақып «оян, қазақ!» деп сары даланы жаңғырықтыра ұран салды. Ал Жұмағали сияқты білімді, ел тағдырына бір азаматтай толғаныспен қарап қана қоймай, қолдан келер көмек-жәрдемін де аянып қалмауға бекінген бір ниеттегілер алаштың көсем серкелері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов туын көтерген “Алаш” партиясының төңірегіне ұйысты. Жұмағали Тілеулин “Алаш” партиясы уездік комитетінің мүшесі болып сайланды. Осы тұстарда Жұмағали Ахмет Байтұрсыновпен, Қошке Кемеңгеровпен, Әбікей Сәтбаевпен жақынырақ танысып қана қоймай, ұрандас ұрпақтың алдыңғы саптағы өкілдері ретінде “Алаш” партиясының сол тұстағы саясатын кеңінен таратуға, ел ішіне барып үгіт-көпшілік жұмыстарын бірлесе жүргізуге мұрындық болды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2. ЖҰМАҒАЛИ ТІЛЕУЛИН – ХХ ғ.  КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕРІ

 

2.1 Жұмағали Тілеулиннің өмірінен. Жұмағали Тілеулин ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ арасында саусақпен санарлықтай ғана арнаулы білімі бар сауатты дәрігер ғана емес, халықтың ойын оятып, оқу-өнерге, мәдениетке үндеген саналы күрескер, қаламын сан-салаға тербеген сындарлы жазушы, жастардың жан-ашыр ұстазы — салиқалы ағартушы да болған азамат.

Жұмағали Тілеулин 1890 жылы Көкше өңіріндегі қазіргі Айыртау ауданының Шұқыркөл деген жерінде дүниеге келген. Оның әкесі Тілеулі кәдімгі Абылай ханның атақты батырларының бірі — бәсентиін Айтбайдың немересі. Ел ішіне ертеден тарап, кейінгі ұрпаққа жеткен аңыз-әңгімелерге қарағанда, албырт та адуын қас батыр жас кезінде бір жалаға ұшырап, Ертіс бойындағы қалың бәсентиіннен бөлініп, осы Айыртау маңына келіп, Борлық өзенінің бойына қоныстаныпты. Жазықсыз жаза кесіп, бейкүнә басын оққа тіккен рубасыларының рабайсыз шешіміне шыдамаған шалт қимылды шәлкес батыр биік жардан атымен өзенге қарғып кетіп, Ертістің екінші бетіне шығып, қайтып ол жаққа қарасын көрсетпесе керек. Тәуекелмен тау жығып, дария тоқтататын жігіттің өрлігі мен ерлігіне тәнті болған ел ағалары артынан ауылын ертіп жіберіпті.

         Ақылман Абылай көзі тірісінде бір баласын хан көтермек болып, Орта жүздің бай-бағландары мен би-батырларын тегіс шақырып, Көкше баурайына жинағанда Керей Әлдебек бимен бірге Қасым төреге шығып, ат ойнатып, айбат көрсететіні де Айтбай батырдың осы әділетсіздікке төзбейтін өр мінезі екені де даусыз. Қаздауысты Қазыбек бидің бір қызына үйленген Айтбайдан алты ұл туып, Борлық бойы мен Сырымбет саласында алты ауыл боп отырған. Соның біреуінен тарайтын Тілеуліден Шәймерден, Есім, Мұқаш, Сәпи және Жұмағали сынды бес ұл туады.

         “Тілеуліден Шаймерден, Мұқаш, Есім, Сәпи және Жұмағали туған. Одан әрі тарата айтсақ Шаймерденнен Қайыржан, Күлзи және Бота; Мұқаштан екі ұл, үш қыз болған; Есімнен Науан (майданда опат болған), Қамаш, Аманқұл деген ұлдары есен-сау, қазір екеуі де Сарысай ауылында тұрады; Сәпиден Күляш (ақын Бақытжан Қанапияновтың анасы), Ләйлә деген қыздары, Қуандық, Әскер, Сүйіндік, Болат, Бекет туады; Жұмағалиден үш ұл болған. Соның екеуі Ерік пен Ғазиз “халық жауының” балалары ретінде соғыста айып батальонында алғы шептегі ұрыстарда опат болған. Ал бұл күнде көзі тірі, (ол сол айып батальонында ұрысқа қатысқан) медицина ғылымдарының докторы Серік Жұмағалиұлы Алматыда тұрады”[13].

Көзі ашық, көкірегі ояу Шәймерден зерек те зейінді, алғыр да ақылды інісі Жұмағалидың ауыл молдасынан алған біліммен шектеліп қалмай, одан әрі оқып, білімді де білікті азамат болуына көп күш салады. Бұған оның бала күнінен бірге өскен досы осы өңірде алғаш шыққан оқыған дәрігер Құсайын Темірбековтің көп пайдасы тиеді.

            Құсайын Темірбеков өз заманының аса зерделі, асқан зиялы азаматы болған. Он тоғызыншы ғасырдың аяқ шенінде Омбы әскери-медицина училищесін үздік бітіріп, әскери дәрігер атағын алып шығып, Қызылжар қаласында қызмет істеген. Ат-ізін суытпай туған өңіріне жиі келіп жүріп, ол денсаулық сақтау ісіне ұйытқы болып, жерлестерін өнер-білімге шақырып, жастарды оқуға тартқан. Жас Жұмағалидың да оқуға ынтасын байқап, қанатының астына алған ол, алдымен, оны орысша оқытып, өзі бітірген Омбы медицина училищесіне түсуіне қолұшын береді. Жазушы Төлеген Қажыбаев Жұмағали жайлы мақаласында «Ерсін Ерғалиев деген азаматтың естелігіне сүйенсек, Райханның әкесі Құсайын Темірбеков өз дәуірінің оқыған, зиялы азаматы болған. Омбының әскери-медициналық училищесін бітіріп, Көкшетау дуанында дәрігерлік қызмет атқарған. Кейін туған ауылы Қараталға келіп мектеп салдырып, бала оқытумен айналысады. Ол ашқан мектептен Біләл Малдабаев, Шахмет Құсайынов, Жұмағали Тілеулиндер білім алған. 1927 жылы сол Біләл Малдабаев Айыртау өңірінің ордалы білім шаңырағына айналған қос қабатты мектеп үйін салдырғанын ел тарихынан білеміз»[14]дейді.

Училищені  1913 жылы ойдағыдай тәмәмдаған Жұмағали Тілеулин өзі өскен аймақта дәрігер болып істейді. Әкесіндей боп кеткен абзал ұстазы Құсайынның қызы Райханға үйленеді. Әкесінің ақыл-кеңесімен, қалтқысыз қамқорлығымен тиянақты білім алған Райхан өз ортасының үлгі-өнегесі, гүлі мен көркі болады. Әрі бет біткеннің бәдендісі, асқан сұлу ол жаны ізгі, жаңалыққа, жақсылыққа құштар болған көрінеді. Төңкерістің алдындағы жылдары тәркіленуге тиіс болған М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабының мың данасын жары екеуі өз үйінде жасырып, аман сақтап қалған. Ұлт-азаттығы жолындағы күресінде, ағартушы ұстаздық қызметінде Жұмағалиды қолдап, жігерлендіріп, желпіндіріп отырған.

Төлеген Қажыбаев Райхан туралы былайша әңгімелейді: «Құсайын Темірбековтің сұлу да ақылды Райхан деген қызы болған. Қызылжар қаласынан білім алған. Айттырып қойған жеріне бармай, өзі сүйген Жұмағалиге тұрмысқа шыққан. Ерсін Ерғалиев: «Екі-үш күн өткен соң пәуескемен бір көркем жас жігіт келді. Райхан анасымен, көрші-қолаңмен қоштасып, сол жігітпен қол ұстасып, тұрмысқа шығып кетті. Кейін білдім, сол жігіт 15 жылдық Қазақстан ауылының азаматы Жұмағали Тілеулин екен» деп еске алады»[15].

Көптеген деректерге сүйінетін болсақ, Жұмағали Тілеулин ақын Мағжан Жұмабаев, публицист Міржақып Дулатовпен жан аяспас дос, пікірлес болғандарын аңғарамыз. Осы тұста Гүлнәр апайдың: “Жұмағали да, әкем мен Мағжан сияқты, Алашорданың белсенді мүшесі болған қайраткер. Ол Омбыда әскери-медицина училищесін бітірген дәрігер. Медицина жайында көп жазған кісі. Қыр халқының әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, денсаулығы жөнінде жазған көкейкесті мақалалары “Қазақ”, “Алаш” газеттері мен “Айқап” журналында жиі жарияланып тұрған. Жиырмасыншы жылдары Қызылжарда педагогикалық һәм фельдшерлік техникум ашып, өзі оның тұңғыш директоры болған. Ахмет Байтұрсыновпен, Әбікей Сәтбаевпен жақын қарым-қатынаста болып, араласып тұрған. Оның сол кісілермен және әкеммен бірге түскен суреті де болатын. Қызылжардағы үйінде бала күнімде әкеммен менің де болғаным бар. Зайыбы Райхан-апа бет біткеннің бәдендісі, асқан сұлу әйел болатын.

Алашорда мүшелерін, олардың ішінде Мұхтар Әуезов те бар, алғаш соттаған тұста Жұмағали Тілеулинге бес жыл беріліп, ол жазасын Орталық қаратопырақты аймақтағы Павлов қаласында өтеп қайтты. Келген соң да қудалап, қыр соңынан қалмайтын болған соң, Әбікей Сәтбаев сияқты Қырғызстанға кетіп қап, Бішкекте мұғалім болды. Ақыры отыз жетінің алапаты қоймай, асыл ер атылып кетті”[16] деген Жұмағали Тілеулин туралы деректі әңгімесін келтіруге болады.

Жұмағалидың өз жұртын озық елдер қатарынан көруді көксеген жоғарыдағыдай ұлтжандылығы, елінің азат ертеңін ойлап, қашан да халқының қамын жеген едіге азаматтығы оны қазақ қырында ұлт-азаттық қозғалысының туын көтерген «Алаш» партиясына алып келді. Кейін ол оның белсенді мүшесі болып қана қоймай, серкелерінің де біріне айналды.

Саяси қызметті ол ұйымдастырушылық жұмыспен тығыз ұштастырды. Қызылжарда педагогикалық һәм фельдшерлік техникум ашып, өзі оның тұңғыш директоры болады. Ол техникумнан тек Қазақстанның терістігінде ғана емес, исі қазақ даласына есімі таныс талай зиялы азаматтар қанат қағып түлеп ұшты. Онда Мағжан Жұмабаев, Сейітбаттал Мұстафин тәрізді тарландар дәріс берді. Бұл жылдары Жұмағали Тілеулин — Ахмет Байтұрсынов, Әбікей Сәтбаев сияқты ұлы ағартушылармен тығыз байланыста болды. Алайда, «Алаш» партиясының ой-ниетін әу бастан-ақ құп көрмей, мүшелерін қуғындаған Кеңес өкіметі ұлт зиялыларына қысымды барған сайын үдетіп, қуғын-сүргінді күшейте түсті. Алашорда серкелерінің қатарында он сегізінші жылы тұтқындалып, 3 жыл түрмеге отырып шыққан Жұмағали жиырмасыншы жылдардың аяқ шеніндегі қуғын-сүргіннің екінші толқынына тап болып, тағы да қамауға алынып, 2 жыл тұтқында отырған соң, Ресейдің Орталық қаратопырақты аймағына жер аударылды. Онда Белозер аудандық ауруханасында дәрігер болады. Айдауда жүріп те ол қаламын қолдан түсірмей, жергілікті газеттерге дәрігерлік кеңес жазады, медицинаның күрделі мәселелерін зерделеп, зерттеулер жүргізеді.

37-нің зұлматы басталып, Жұмағали қайтадан қамауға алынады. Адам тағдырын Ішкі Істер комиссариатының “үштігі” шешетін шақта Жұмағали Тілеулинді Түркістан әскери округінің трибуналы соттап, ату жазасына кесті. Үкім 1938 жылдың ақпанында жүзеге асырылды.

2.2 Үш арыстың берік достығы (Міржақып, Мағжан, Жұмағали). Міржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаев қазақ халқының ертеңі үшін жандарын пида еткен ардақты азаматтар екені белгілі. Олардың абзал есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған.

Міржақып – алаш ардақтыларының бірі, публицист, ұстаз, жазушы болған. Оның әлі де талай қырларын ашқан еңбектер жарық көріп жатыр. Міржақып Дулатов талантының ашылу сәті езілген қазақ халқының тарихи аренаға шыққан төңкерістік күрестер мен шайқастар дәуіріне дәлме-дәл келді. Болашаққа деген нық сеніммен жігерленген оның шығармашылығы қазақ халқының бостандығы мен теңдігі жолындағы күресімен тығыз байланысты, ол халықты оянуға, білімге, оқу-ағартуға, күреске үндеді.

Мағжан Жұмабаев та ғалым, тәжірибелі шебер оқытушы, асқан педагог, алаш арысы, публицист, ал ең бастысы халқын сүйген ақын еді. «Ол ешкімге ұқсамайтын өзгеше, аса талантты біртума ақын. Оның өзіне ғана тән үні, таңғажайып әуенді жыры бар, бұның қайнар көзі халық поэзиясының тұңғиық тереңінде»[17].

 Осы екі біртума қайраткердің өмірі Жұмағали Тілеулин өмірімен біте қайнасып, үшеуі жан достар болғанын сипаттайтын деректер көзі міне, бүгінгі күні ашылып жарық көруде.

Ең алғаш Жұмағали Тілеулин туралы қысқаша ақпар берген 1989 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан Мағжан Жұмабаевтың кітабы. Бұнда:

Көкшетаулық,

Денге саулық

Ақ жаулық.

Жерді шарлап,

Жыладым зарлап,

Ғали жоқ,[18]деген Мағжан ақынның достық әзілінде Ғали деп отырғаны Жұмағали екен.

Бұл эпиграммадан Жұмағали Тілеулиннің көкшетаулық екені анық. Кейін “Жұлдыз” журналының 1990 жылғы 6-шы санындағы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апайдың “Ардақтап өтем әкемді” деген көлемді мақаласында ұлы ақынның достары, пікірлес жолдастары, сол тұстағы саяси ағым, «Алаш» туын көтерген нелер алып тұлғалар төңірегінде дәйекті де дәлелді, келелі сөз қозғалған. Солардың ішінде Жұмағали Тілеулин де бар.

1909 жылы Міржақыптың «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы шыққаны белгілі. Осы кітап үшін патша өкіметі оның авторын қудалауға айналады. Міржақып жан сауғалап 1910 жылы Қызылжарға келіп паналайды. Сол кезде елдегі ағасы Асқарға жазған бір хатында ол былай депті: «Қызылжарға келгелі бірталай кісілермен таныстым. Олардың ішінде тез тіл табысып кеткенім – Жұмағали Тілеулин деген дәрігер. Ол — әрі қаламы төселген жазушы екен. Өнерден де құр еместігі арамызды жақындата түсті. Оның үйіне барып тұрамын»[19]. Бұл хатында Міржақып Мағжан туралы да айтқан еді: «Осы қалаға келгелі орысша оқытып жүрген шәкіртім Мағжан Жұмабаев сынды ақыным бар. Оның менен жасы кіші, жазған өлеңдері тамаша, ақындығы күшті, өте дарынды жігіт. Екеуміздің өмірге деген көзқарасымызда айырмашылық жоқ десем де болады, сырласып, достасып кеттік»[20].

Міржақыптың осы хаты арқылы бізге Жұмағалидың «дәрігер» екенін, «қаламы төселген жазушы» екенін, «өнерден де құр еместігін» белгілі болып отыр. Сонымен қатар Мағжанмен де достасқанын білдік. Бұл үшеуінің сол 1910 жылы басталған достығы өмірлерінің соңғы күндеріне дейін сақталған. Міне, Қызылжар қаласында ұшырасқан Міржақып, Мағжан, Жұмағали бір дәуірдің ғана перзенттері емес, идеялас, пікірлес, тілектес болған, сол арқылы бір-бірін аса қадірлеп, құрметтей білгендіктері осы хат жолдарынан анық сезіліп тұрғандығы көзі қарақты жанға түсінікті.

Жұмағали Тілеулин де өзінің достары Міржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаев сияқты туған халқының білімін көтеріп, санасын оятуға атсалысқан. Оны мына бір мысалдан да көруге болады. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы № 239-шы санында Міржақып Дулатов өзінің “Оян, қазақ!” атты кітабы үшін патша өкіметі бір жарым жылға түрмеге қамап, кітапты халыққа таратпауға үкім шығарғанын айтады. Одан әрі патша өкіметінің қаһарлы үкімінен қорықпай, 1916 жылғы маусым жарлығынан кейінгі аласапыран мен күйзеліске қарамастан бұл кітаптың 1000 данасын Жұмағалидың көзінің қарашығындай сақтағанын келтіреді. Енді патша өкіметі құлағаннан кейін осы кітапты сатып, одан түскен ақшаны Міржақып 1916 жылдан бері босқында жүрген бауырларға көмек ретінде бергісі келетінін айтады. Хабарламасының соңында Міржақып: “Оян, қазақты!” жоғарғы шартпен алдыруға талабы бар, сорлы болған бауырларына жаны ашыған азаматтар мынау адрестегі Жұмағали Тілеулиннен алдырсын, адресі: г. Петропавловск, Ақмола облысы, уездная больница, фельдшеру Джумагалию Тлеулину”[21] деп жазады. Гүлнәр апайдың: “Революцияға дейін қуғынға ұшырап, тәркіленуі тиіс болған әкемнің “Оян, қазақ!” кітабының 1000 данасын жасырып, аман сақтап қалған Жұмағали Тілеулин еді”[22] деуі де осының айғағы  бола алады.

Гүлнәр апамыз: “Жұмағали Тілеулин менің әкем Міржақыптың айнымас досы, өзім де білетін кісім,” – деп алады да, “- Біз үшін бағалы суретте менің әкем Міржақып Дулатовпен креслода қатар отырған жазушы-публицист, ағартушы-мұғалім әрі дәрігер, әкемнің жанындай көретін досы Жұмағали Тілеулин, екі ағасының ортасында екі қолын кеудесіне қусырып түрегеп тұрған ұлы ақын Мағжан Жұмабаев, 1940 жылы Шымкентте тұрғанымызда үйімізге ұры түсіп, бірталай заттарымызбен қоса айтылған альбом да қолды болды. Соны ойласам ішім удай ашиды”[23] – деп бір суреттің тарихын тарата баяндап береді.

Міржақып пен Жұмағали өздері  достықта болып қана қоймай, сонымен бірге жанұялары да бір-бірімен араласты. Гүлнәр апай өзінің екітомдықтың 1-ші кітабының “Жұмағали Тілеулин” атты бөлімінде 1925 жылы өзінің Петропавлда болған кезін былайша баяндайды: “Біз, менің құрдасым Азем екеуміз 1925 жылдың жаз айларында Шыңғыстауға дем алуға барып едік. Одан Петропавл қаласына Жұмағали ағамызға поезбен келдік. Ол бізді вокзалда қарсы алды. Келген бетте бізді моншаға жуындырып, дастархан басына отырғызды. Жұмағали ағай мен оның әйелі Райхан тәте қонақжайлы, зиялы адамдар екен”[24].

Кейін де Жұмағали Міржақып Дулатовпен достық қатынасын үзбей жүрді. Ал Мағжан Жұмабаевпен Жұмағали жиі кездесіп отырды. Мағжан Петропавлдың Мұхаметжан Бегішевтің медресесінде оқығанда да, Петропавлға “Ғалия” медресесінен келгеннен кейін де Жұмағали екеуі араласты. Омбы қаласында Мағжан мұғалімдік семинарияда оқып жүргенде де, кейін екіжылдық педагогтік курстардың директоры болып қызмет істегенде де Жұмағалимен кездесіп жүрді.

Ал 1918 жылы Жұмағали алаш өкілі ретінде айыпталып, Петропавл абақтысына жабылады. Мағжан Жұмабаев оған “…ға” деген атпен, яғни “Жұмағалиға” дегенді білдіретін өлең жолдарын арнайды:

 

Мейірімсіз тағдыр құрған торға түсіп,

Жапанда жатыр едік біз оққа ұшып.

Кеудеден таза ыстық қан сорғалап,

Қайырымсыз қара салқын жерді құшып;

Айрылып алтын ерік, ар-намыстан,

Қайрылмай қанат қағып бақ құсы ұшып,

Тас жүрек, көңіл қара жауыз жаудың

Қолынан құлдық, қорлық уын ішіп;

Жан таппай төңіректен жәрдем қылар,

Өмірден енді алдағы үміт кесіп,-

Қайратты ер, сын-бәйгеге тігіп басың,

Сол кезде ауыр жолға қадам бастың.

Құтқарып келімсектен, тірілтпекке

Көз жетпес кең, бай Сібір сар даласын.

Ұмтылған ізгі жолда тілегіңе,

Түссе де темір шынжыр білегіңе,

Қасіретті қара күнде жанды сүйген

Қонған жоқ кіршік таза жүрегіңе.

Сол жолда қайғы жұтқан бізді көрдің,

Бауырдай бірге туған қолың бердің,

Есіркеп жаның ашып, жақын тартып,

Жазуға сыртқы, ішкі қалың шерден.

Баладай еркелеткен қолыңа алдың,

Жұбаттың еске салып өткенді алтын.

Тіледің таза жүрек, ақ көңілмен

Болсын деп баяғыдай жүзің жарқын.

Ардақты ер! Ұмытылмас еткен ісің,

Күні ертең айбынды алаш жинап есін,

Көксеген көп заманнан тілегіңді

Жарыққа шығаруға жұмсар күшін[25].

 

Мағжан Жұмабаевтың өзін де “Үш жүз” партиясының қайраткерлері тұтқындап, ол 1918 жылдың ақпанынан мамыр айына дейін Омбыда абақтыда отырды. Ал 1920 жылдың жаз айларында Мағжан Петропавлда “Қызыл мұғалімдер” деген үш айлық педагогикалық курстарының жетекшісі болды. Сол кездерде Жұмағали Көкшетауда қызмет жасаған. 1921 жылы күзде Жұмағали Петропавлға Ақмола губерниясының атқару комитетінің мүшесі ретінде қайтып оралғанда, ал Мағжан жергілікті үш жылдық орыс педкурсында лектор, сонымен қатар “Бостандық туы” газетінің редакторы болып қызмет істегенде, екеуі қайта кездеседі.

1927 жылы Мағжан Мәскеу әдеби-көркем институтын тәмамдап, Петропавл қаласына қайта оралды. Осында ол орыс, қазақ педтехникумдарда қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы болып жұмыс істейді. Осы кезде екеуі тағы қауышты. Енді жұмыс барысымен күнде кездесіп, жүректерін аялаған ой-пікірлерімен бөлісіп отырды.

Дегенмен, 1928 жылы Алаш зиялылары үшін ауыр кездердің басы көріне бастады. Олардың жан досы Міржақып Дулатовтың, кейін Ахмет Байтұрсыновтың және басқа белсенді алаш азаматтарының тұтқындалғаны жөнінде хабар келді. Сөйтіп, 1929 жылдың шілдесінде Мағжан Жұмабаев та өз үйінде тұтқындалып, этаппен Алматыға, одан Мәскеудегі “Бутырка” абақтысына жіберіледі.

1930 жылдың 5 шілдесінде Жұмағали да контрреволюциялық ұйымның ісі бойынша тұтқындалып, 1930 жылдың 2 тамызына дейін тергеуде болды. Кейін Жұмағали босатылып, 1931 жылы медициналық техникумның қазақ тілі пәнінің оқытушысы болып тағайындалды. Көп кешікпей қайтадан тұтқындалып, Жұмағали Алматыға жіберіледі. Ал бұнда 5 жылға сотталып, Воронеж облысына айдалды. Бұдан кейін Міржақып пен Мағжанды көруге Жұмағалидың маңдайына жазбады.

Гүлнәр Дулатованың осы баяндауларынан кейін Жұмағали Тілеулиннің халқымыздың екі алып та ардақты азаматтарымен жан аяспас дос, пікірлес, туған халқының тәуелсіздігі жолында бастарын бәйгеге тіккен алаш арыстарының бірі емес, бірегейі болғандығын бағамдаймыз.

Міржақып, Мағжан сияқты Жұмағалидың есімі де халқымызға жақсы таныс болуға тиісті. Оның өмір жолы мен шығармашылығын әлде де зерттей түсу, бізге, кейінгі ұрпақтарға зор парыз.

2.3 Ұстаздық еткен жалықпас… (Жұмағали Тілеулин – Қазпедтехникумның директоры). «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Жұмағали Тілеулиннің салиқалы ұстаз болғанын да қалдырмай тілге тиек ету зор парыз деп санаймын.

20-шы жылдардың басында мектеп мұғалімдерінің, әсіресе қазақ мұғалімдерінің білімі төмен болғаны белгілі. Осыған байланысты бұрынғы мұғалімдер даярлайтын бір-екі айлық қысқа курстардың орнына қазақ мұғалімдеріне арнап 3-жылдық педагогикалық курс ашу ұйғарылады. 1922 жылғы қазан айының жетісі күні Ақмола губерниялық оқу бөлімінің арнайы комиссиясы Қызылжар қаласында губерниялық үшжылдық педагогикалық курс ашу туралы қаулы қабылдайды. Курстың меңгерушісі етіп ұйымдастырушылық жұмыста тәжірибесі мол Тілеулин Жұмағалиды тағайындауды ұйғарады. Сол жылғы 10-шы қазанда болған Ақмола губерниялық оқу бөлімінің коллегиясы комиссияның бұл шешімін бекітеді. Коллегия қаулысында Тілеулинге курсты ұйымдастыру жұмысын сол күннен бастап қолға алуды тапсырады.

Коллегия өзінің 3-ші қарашадағы қаулысымен 3-жылдық орыс педкурсын педагогикалық техникумға айналдырады да, қазақ педкурсын осы техникумда қатарласа жұмыс істеуге ұйғарады. Кейін ол жеке қазақ педтехникумы болып қайта құрылады. Оның бірінші директоры болып сол кезде губерниялық оқу бөлімінде әлеуметтік бөлімнің меңгерушісі қызметінде жүрген Жанұзақ Жәнібеков тағайындалады. Бірақ ол көп істемейді. Сол жылдың аяғында Қазақ педтехникумының директорлығына Жұмағали Тілеулин кіріседі. Сөйтіп оны қазақ педтехникумының алғашқы ұйымдастырушысы және басқарушысы деуге толық негіз бар. Міне, осы кезде Жұмағали Тілеулин ұйымдастыру жұмысына және жаңа оқу орнына оқытушылар іріктеп алуға көп еңбек сіңіреді. Бірінші жылы педтехникумның орыс бөлімінде (меңгерушісі Стрижов) 66 оқушы, қазақ бөлімінде (Тілеулин) 47 оқушы оқиды. Әр бөлімде 11 оқытушы істейді.

Сол кезде қазақ бөлімінде сабақ бергендер: Тілеулин Жұмағали, Жәнібеков Жанұзақ, Мәмеков Ғалауетден, Айбасов Біркей, Бейсенов Мұхамеджан, Кемелев Ғали, Жандосов Садуақас, Ержанов Бейімбет, Болғамбаев Хайретден, т.б.

Бұлардың барлығы да әртүрлі кеңес мекемелерінде қызметте болғандықтан губерниялық атқару комитетінен оларды сабақ беретін уақытта басқа қызмет міндеттерінен босату сұралады. Атқару комитеті бұған келісімін береді. Жұмағали Тілеулиннің өзі техникум оқушыларына тарих, жаратылыстану, педагогика пәндерінен сабақ береді.

Сәбит Мұқанов: “Сол кездегі Ақмола губерниясы атқару комитетінің председателі Ұзақбай Құлымбетов Ы.Алтынсарин мектебінің мұғалімі еді, ол халық мұғалімі болған. Әрине, бұл мамандық оның сөйлеу мәнері мен мінезіне әсер еткені белгілі. Ол ақырын сөйлеп, өзін қатты ұстады. Тек   ағарту, мектеп ісі жайында сөз болғанда ғана, көзі жанып, өзі қыза бастайтын еді. Оның халық білім беру ісіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, соның ішінде Петропавлдың да. Ұ.Құлымбетов тұсында Романовтардың үйі деп аталатын — қаланың ең жақсы үйлердің бірі – педагогикалық техникумға берілген. Бұрын фельдшер болған техникумның директоры Жұмағали Тілеулин өзін қабілетті ұйымдастырушы ретінде көрсете алды. Құлымбетовтың көмегімен ол техникумды Қазақстанның үздік мәдени мекемелердің біріне айналдырды”[26] деп жазды.

Осы оқу орны алғаш рет 40 шәкіртке орта дәрежелі білімі бар мұғалім деген куәлікпен қанат қақтырып шығарды. “1925 жылғы 20 маусым күні педтехникумды бірінші бітірушілерді шығарып салу рәсімі жасалады. Техникумның орыс бөлімін 32 адам, қазақ бөлімін 8 адам бітіріп шыққан”[27].

“Архивте 1926 жылғы 2-ші мамыр күні болған қазақ педтехникумының педагогикалық кеңесінің протоколы (мәжіліс хаты) сақталыпты. Онда курсты аяқтаған 17 мұғалімге куәлік берілсін деген қаулы қабылданған. Олардың 11-іне аудандық мектептерді басқаруға құқық беріліп, қалғандарына ауылдық мектептерге жолдама тапсырылған. Педагогикалық кеңестің аяғында педтехникумның директоры Ж. Тілеулин педтехникум оқытушыларының атынан оқу бітіріп куәлік алған мұғалімдерді құттықтап сөз сөйлеген”[28].

Жұмағали Тілеулин сауатсыздықпен күреске қарқын қосып, алыстағы ауылдарға білімді жастардың көбірек баруын, ел санасына серпіліс, сезіміне намыс қуатын құюды көкседі. Содан болар қазпедтехникум жанынан қазақ тілінде білім алатын қысқа курс ұйымдастырды. Бір шеті Ташкент, екінші шеті Омбыдан білімді қазақ жастарын педтехникумға сабақ беруге шақырды.

Сөйтіп, қысқа курстың алғашқы легін 100 тыңдаушы тәмамдап шығып, алыс елді мекендерге барып, білім сәулесін әлсіз болса да себездете төгуге жол ашты. Әрине, бұл сол тұстағы өлшеммен қарасақ қыруар күш, қажырлы ұйымдастыру жұмысының жемісі еді. Ал оның бастауында Жұмағали аға тұрды.

Басынан өткен қиыншылыққа қарамай, Жұмағали Тілеулин педтехникумның оқу-ағарту жұмысын үнемі жетілдіру үстінде болды. Ол үшін Жұмағали аға, бір жағынан, шәкірттердің сабағы, еңбегі мен өмірінің жағдайын жақсартумен айналысып, екінші жағынан, қызметке жаңа мықты оқытушыларды шақырумен болды. Мысалы, Жұмағали Көкшетаудан Стамбул мұғалімдік семинариясының түлегі, қазақ фольклоры мен Шығыс әдебиетінің білгірі Сейітбаттал Мұстафинді шақырып, оны қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы етіп қояды. Бұл туралы 2003 жылғы Жұлдыз журналының 4-ші нөмірінде “Сейітбаттал Мұстафин 1922-25 жылдары Көкшетау қаласында халыққа білім беру бөлімінде қызмет атқарды, ал 1925-30 жылдары Қызылжар қаласындағы Педагогикалық техникумда ұстаздық етті. Осы тұста ол қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевпен етене танысып, пікірлес болды. Сәбит Мұқанов, Жақан Сыздықов, Серкебай Бекмұхамедов, т.б. кісілермен араласты. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері ғалым Есмағамбет Ысмайылов, драматург Шахмет Хұсайынов және тағы басқалар С.Мұстафиннен сабақ алған қайраткерлер”[29]делінген.  

«1927 жылғы 15-ші тамыздан бастап Қазақ педтехникумының директоры болып Жиенғали Әділұлы Тілепбергенов тағайындалады. Ол бұған дейін 1926 жылдан бастап “Бостандық туы” газетінің редакторы болып істеген белгілі жазушы болатын. Жұмағали Тілеулин аз уақыт педтехникумда сабақ беріп жүреді де, сол жылдың аяғында өз мамандығы бойынша басқа жұмысқа ауысады. Оның беріп жүрген сабақтарын бұрынырақ Мағжанмен бірге Қызылжар және Уфа медреселерінде оқыған Бекмұхамед Құсайынұлы Серкебаев (халық артисі Ермек Серкебаевтың әкесі) алады»[30].

Жұмағали Тілеулин Петропавл Қазпедтехникумның директоры болған кезінде, техникумның жұмыс істеу барысын биікке көтере алды. Оның ұрпағы да бұл қызметін жоғарғы деңгейде жалғастырды. Бұл туралы Қазақ ССР ағарту ісінің бұрынғы министрі Сембаев өзінің “История развития советской школы в Казахстане”: “ҚазССР-дің халық ағарту комитеті халықтық білім беру бойынша тәжірибелік шаралар жоспарын құрған және 1928 ж. 2-жартысында педагогикалық техникумдардың деңгейін тексерді. Республика техникумдарын жан-жақты тексеру барысында, оқушылардың оқу барысы, қоғамдық-саяси тәрбиесі жақсарғаны байқалды.

Мысал ретінде Петропавлдағы Қазақ педагогикалық техникумның оқу-тәрбие жұмысын алуға болады. Қазақстанның басқа техникумдарында сияқты мұнда да оқу мерзімі 4 жыл болды. Педтехникумның 4 негізгі курсы және екі жылдық дайындалу топтары болды. Шәкірттер тұрмысқа жайлы жатақханада тұрды”[31] деген.

Алғашқы директоры Жұмағали Тілеулинмен салынған техникум дәстүрі Қазпедтехникумда кейін де жалғасын тапты, қазір де жалғасуда. 1936 жылдан бері педтехникумның аты – педучилище болып өзгертілді. 1993 жылдан 1999 жылға дейін педагогикалық колледж деп аталған. Ал 1999 жылы – гуманитарлық колледжі. 1993 жылы Жұмағалидің досы, көрнекті ақынның Мағжан Жұмабаевтың 100-жылдығына орай, оқу орнына ақынның аты берілді. Енді ол – Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі деп аталады. Колледждің мұражайында ХХ ғ. 20-жылдарында педтехникумда қызмет жасаған Жұмағали Тілеулин мен Мағжан Жұмабаевтың алар орны ерекше.

2.4 Денсаулық сақшысы (Жұмағали — фельдшер). ХІХ ғасырдың 90-жылдардың басында Қазақстанның солтүстік аудандарында тырысқақ (холера) ауруы тарала бастады. Петропавл қаласында бұл эпидемия 20-шілдеден 21-қазанына дейін өршіп тұрды. Бұл аурумен күресте көптеген медицина қызметкерлері  биік адамгершілік, кәсіби қасиеттерін көрсете алды. Петропавл уезінде 1891-1893 ж.ж. аштық, сүзек аурулармен күресудің Қасен Кікібаев, Ыбырай Сарджанов, Нұрпейіс Боранбаевтың қызметі бағаланған. 1913 жылдың мәліметі бойынша қаланың медициналық қызметі төмен деңгейде еді. Қаланың бір ғана ауруханасында жататын жердің саны 10-нан аспады. 1925 жылы Петропавл қаласында 30 дәрігер, 19 фельдшер, 18 акушерлер, 23 медбике қызмет етті.

«Сол кезде қалалық аурухананың негізін салушылардың бірі – А.И.Мухин деген Ақмола губерниясының  озық 11 дәрігердің қатарына ілініп, Еңбек Ері атағын алған еді.

Жұмағали Тілеулин Петропавл қаласы мен бүкіл губернияда тәжірибелі дәрігерлердің бірі болған Алексей Иванович Мухинді жақсы білген. Бірақта 1926 жылы Жұмағалидің губерниялық денсаулық сақтау бөліміне келгенге дейін А.И.Мухин қайтыс болды.

Сөйтіп, Жұмағали денсаулық қорғау қызметіне келгенде, Петропавл мен Ақмола губерниясында бұл саланың жағдайы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарды»[32].

 “Облыстық архивте сақталған Петропавл округтік денсаулық сақтау бөлімінің 1927-1928 жылдардағы кадрлар жөніндегі жазбаларынан Жұмағали Тілеулиннің губерниялық денсаулық сақтау бөлімінде емдеу кәсіподағының меңгерушісі болып істегенін көреміз. Бұл жазбалардағы құжаттар Ж. Тілеулиннің осы емдеу кәсіподағының меңгерушісі ретінде 1927 жылғы қарашаның 19-ынан 1928 жылғы сәуірдің 30-ына дейін әртүрлі 22 құжатқа қол қойғанын көрсетеді.

Бір қызығы, осы құжаттарға кәсіподақ меңгерушісі Тілеулин ылғи губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Савельевпен қатар қол қойып отырған. Соған қарағанда ол кезде кәсіподақтың маңызы үлкен болған сияқты.

Осы құжаттардан тағы бір байқағанымыз, Ж.Тілеулин денсаулық бөлімінде істеп жүріп те сондағы қызметкерлерге арнап қазақ тілі курсын ашқанға ұқсайды. Оған дәлел сол кездегі Ақмола губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі Қожахметовтың денсаулық бөліміне 1928 жылғы 16 ақпанда жазған хаты. Бұл хатта ол денсаулық бөлімінен қазақ тілі курсының жұмысы туралы мәлімет беруін сұраған”[33].

Жоғарыда жазылғанның бәрі Жұмағали Тілеулиннің губерниялық пен аймақтық денсаулық сақтау бөлімдерінде қиын да қыруар жұмыс атқарғанын көрсетіп берді. Педтехникумда сияқты, Жұмағали бұл салада да өзіне жүктелген міндетін абыроймен, тиянақты орындағаны айқын.

Жұмағали Тілеулин өз мамандығы бойынша қызмет жасағаны – оның сондағы қиыншылыққа төзіп, қара басының қамын ойлау емес, ол ХХ ғасырдың басындағы қазақ еліне келген түрлі жұқпалы індеттермен күресуді міндет санады.

Жұмағали елім, жұртым деп халқына қолынан келген жақсылығын істеп, адамның денсаулығын сақтап, тән емшісі болып қана қоймай, жан дертін емдеуде де шипагерлік нұрын шашқан адам еді. Ал адамның жанын емдеу — Жұмағалидың баспасөз арқылы таралған ағартушылық сипаттағы дүниелердің шығуымен жүзеге асырылды. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

3. ЖҰМАҒАЛИ ТІЛЕУЛИН – АЛАШ АРДАҒЫ, ПУБЛИЦИСТ

 

3.1 Халық жанын емдеген. Белгілі орыс дәрігері және жазушысы А.П. Чехов өзінің мамандығы жайында былай деп жазып еді: «Медицина – менің заңды әйелім, әдебиет — тоқалым». Жұмағали да өз мамандығының білгірі болып қана қоймай, қазақ сөз өнерінің дамуына да сүбелі үлесін қосқан публицист еді. “Жұмағали Тілеулин — публицист” деген тақырыпта ой өрбіту алдында алдымен публицистиканың мән-маңызын анықтап алу қажет деп ойлаймын. Ахмет Байтұрсынов: “Публицистика – бұл заман тарихы, дәуір тынысы, өмір шежіресі. Көсем сөз — әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерді қозғайтын саласы. Көсем сөздің мақсаты – нақтылы саяси, экономикалық, әлеуметтік, философиялық мәселелерді көтере отырып, өз кезеңіндегі қоғамдық ойға ықпал ету”[34] дейді. Профессор Тауман Амандосов: “Публицистика — өмірдің сырлы суреті. Публицистика арқауы – шындық…. Публицистика – адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастардың көрінісі деген сөз”[35] деп ойын түйеді. Публицистің қандай болу қажеттігін Ахмет Байтұрсынов былайша сипаттайды: “Көсемсөздің басшылығы дұрыс болса әлеуметті түзейді, теріс басшылық қылса әлеуметті адастырады”[36]. Сол сияқты Жұмағали Тілеулин де сол кездегі әлеуметті түзейтін, жақсы істерге бастайтын нақыл сөз айтқан көсемсөзші еді. Бұл оның баспасөз бетіне жазған дүниелерінен көрініс тапқан.

Жұмағали Тілеулин «Қазақ» газетінде жарияланған халықтың өмірі мен тұрмысын, денсаулығын нығайтуға бағытталған мақалаларды ұдайы оқып отырған. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтың қазақ халқының бостандығына, ағартушылыққа шақырған мақалалары Жұмағалидың жанына жақын болды.

Сонымен бірге, ол белгілі дәрігер, ғалым Халел Досмұхамедовтың халқына  берген денсаулық сақтаудағы пайдалы кеңестерін де оқыды. Осылайша, сол дәуірдегі баспасөзде жарық көрген мақалалармен жете танысып, Жұмағали Тілеулин де өз мақала, өлең, хабарларын жариялай бастады.  

Жұмағалидың ағартушылық қызметі қаламгерліктен басталған тәрізді. Ол кезінде көп тарап, кең танылған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне жиі жазып, жазғандары ұдайы жарияланып тұрған. Орынбай мен Арыстан ақынның жыр толқынында тербеліп, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың сазды әуенімен әлдиленіп өскен Жұмағали өнер тұсауын әуелі өлеңмен кескені анық. Оған «Айқаптың» алғашқы сандарының бірінде жарияланған «Жас туғандарымызға» деген өлеңі айғақ. Өлең дәстүрлі ғақлия үлгісінде өріліп, жастарды жаман әдеттен жерітіп, жақсы істерге еліктіруді нысана тұтқан. Ой-өресі «пілден биік аспайтын, шабан атша аяғын баспайтын, бой түзеп, дұрыс жолға бастайтын атадан қалған мұрасы жоқ» жастарды басқалардың озық үлгісінен өнеге алып, жарасымды жол табуға шақырады.

 

    Құрметті кейін келер жастарымыз,

Көсем боп өз бетіңмен басталыңыз.

Хор болған тұқымына жәрдем үшін,

Қосылсын әрбір уақыт бастарыңыз.

        Низамсыз біздің халық бара жатыр,

Әр түрлі пайдалы істен болып ғафыл.

Түзу жол, ғылымдыққа қойылған жоқ,

        Жас жетпей һәм басына толмай ғахыл…

Жаз күні ұйқы, қымыз ермегіміз,

Жасы бар, кәрісі бар елдегіміз.

Ғұмырың бүйтіп босқа өтер болса,

Не үшін бұл дүниеге келгеніміз?

Әр істі уақыт келді ойлайтұғын,

Көңілде бірлікті ізгі жоймайтұғын,

Қылжаңдап бет алдына жүргенменен,

Әй, құрбым, ешбір пайда болмайтұғын,

 

— деп құрбы-құрдастарын бойкүйез енжарлықтан, жатып ішер жалқаулықтан жирендіріп, еңсе көтеріп, ізгілік жолына түсуге, бірігіп болашақ қамын ойлауға үндейді.

Жұмағали Тілеулиннің әр алуан тақырыптағы, атап айтатын болсақ, “Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер”, “Баспасөз” бас мақаласы, “Ат үстінде көрген түс”, “Мейірімді төре” фельетондары, “Ұлтшыл жігіт”, “Жалпы мұсылман съезі”, “Айқапты” үлкейту туралы”, “Оян, қазақ!” туралы”, “Қара жүз қажы, яки “Қорғанский”, “Денсаулық”, “Науқас һәм оның емделуі”, “Әуелгі байлық — денсаулық”, “Денсаулық жайынан” деген бірқатар мақалалары бар. 

Жұмағали Тілеулиннің публицист ретіндегі мақсаты – белгілі бір тақырыпты таңдап алу, оған байланысты өмір құбылыстарын мейлінше терең зерттеп, өз көзқарасымен айқын да салмақты қорытынды жасау. Оның шығармаларына тән ерекшелік – тақырып ауқымдылығының кеңдігі, журналистік пайыммен өмірдің әр саласынан жазғаны. Жұмағали Тілеулиннің жалпы публицистикасына тән белгілер – қоғамдағы кез келген жағдай публицист назарынан тыс қалған емес. Сол оқиғалар Жұмағалидың публицистикалық шығармаларында әлеуметтік-саяси сипатта көрініс тапты. Ол кез келген оқиға, шындықтың бәрін өмірдің өзінен алып, сол құбылысқа үлкен шеберлікпен, жеделдікпен үн қатып отырды. 

Жұмағали публицистикасының ең негізгі ерекшелігі – халықтың өмірі мен тұрмысын, денсаулығын нығайтуға бағытталған мақалаларды жазу басты міндет деп санауы.

3.2 Денсаулық жайында бірер сөз… (Ж.Тілеулиннің денсаулық тақырыбындағы мақалалары). ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде  түрлі эпидемиялардың кең өріс алуы бізге мәлім. Сол кезде көптеген ауруларға шалдыққан қазақ халқы ұлтжанды кәсіби дәрігерлерге мұқтаж,  зәру болғаны анық. Ал кеңестік заманда қазаққа – “оқымысты жұрт емес, ғылым, білім, өнерден бос, құралақан” деп қара жабылып, теріс пиғылдағы ой пәрменді түрде насихатталған болатын. Осы кезде қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қазақ арасынан ұстаз, заңгер, дәрігер мамандығын игеруге бел буған қайраткерлердің шығуы заңды еді. Олар шықты да. Соның ішінде – Жұмағали Тілеулиннің фельдшерлік қызметін айрықша атап өтуге тұрарлық. Ол губерниялық денсаулық сақтау бөлімінде қызмет жасаумен қатар, адамның денін баспасөз арқылы да сақтап қалуға тырысты. Оның бір дәлелі ретінде – Жұмағалидың денсаулық сақтау мәселесіне қатысты баспасөзде жарық көрген мақалалары мен пайдалы кеңестерін атауға болады. Ол денсаулық жайында бірер сөз айтқысы келіп, баспасөз бетінде денсаулықты сақтауда қажетті кеңестермен бөлісті.

Оның 1911 жылы “Айқап” журналының бір санында “Әуелгі байлық – денсаулық” мақаласы жарық көрді. Автор бұл мақаласында дененің сау болуына қатысты басты шараларға тоқталады. Ең алдымен, адам баласы дененің саулығына ұмтылуы қажет. Алайда, автордың пайымдауынша “..дененің саулығы үшін істелетін істерінің көбі, әсіресе біздің қазақ арасында ешбір орындалмайды. Осы орындалмайтұғын істерден дененің саулығына ең керектісі болған тазалық бізде ескерілмейді”[37]. Мұнда автор, менің пікірімше, қазақ халқын төмен санап отырған емес, қайта бұл мақаланың басты мақсаты – қазақтарға тазалықтың мән-маңызын түсіндіріп, дене саулығын сақтауға бағытталған шараларды орындауға үйрету, қазақ халқының жалпы денсаулығын сақтап қалу. Автордың өзі дәрігер болғанымен де, жазған мақаласында ғылыми стиль терминдерімен емес, түсінікті қарапайым тілмен  адам терінің қан айналымының функцияларын, олардың тыныс алу кезінде атқаратын жұмысын талдап түсіндіреді. Терінің құрылымына ерекше тоқтап, оны таза ұстаудың маңыздылығына ерекше көңіл бөледі.

“Тер көбінесе адам қиналған уақытта, яки болмаса науқастанған уақытта пайда болады. Бұл айтылған екі уақыттың екеуінде де адамның қаны сау қалпындағысынан өзгеріп, артығырақ қозғалады. Соның үшін, қанның ішіндегі залалды нәрселер бөлініп, бағзысы сыртқа тер болып шығады. Терлеудің кейбір науқасқа пайдалы болуының мәнісі осы. Ал енді адамның терісі һәммен кір болып тазаланбай жүрсе, бұл жоғарыдағы айтқан тесіктерді кір басып, бітеліп қалады. Кісінің мойны ешнәрсеге жар бермей, басы ауырып, денесі қызып, тынысы тарылып, мең-зең болатұғыны осыдан”[38]. Демек, Ж.Тілеулиннің айтуынша, дененің сау болуы ең алдымен дененің тазалығына байланысты екен. Менің ойымша, автор бұл мақаласында  денсаулық мәселесіне жай ғана тоқтала қоймай, науқастың пайда болу себебтерін тауып, оларды шешу жолдарын нақты да түсінікті етіп талдап берген. Жұмағали Тілеулин бұл мақалада науқас болмаудың амалдары жөнінде сөз айтса, “Науқас һәм оның емделуі” (Қазақ, 1915, №99) мақаласында науқас болған адамды емдеу жолдарын талдайды. Мақала басында науқас болудың себебін, адам ағзасының микробтарға қарсы күресін патшалардың соғысымен салыстыра отырып, түсіндіреді. Осыдан көріп отырғанымыздай, бұл мақалада да автор халыққа ұғынықты тілмен, қарапайым баяндаумен медициналық терминдер мен анықтамаларды жеткізуге тырысады. Сондай-ақ, емделудің түрлерін, қалай емделу керектігін ашып түсіндіреді.

Автор: “Науқасты емдеу екі түрлі. Бір түрі: науқастың себебін әбден біліп алып, сол себепті жоятын дәруді басып, соны жұмсау. Бұл дәру, бірінші, микробтың себебінің күшін азайтып, сонан кейін оны жоймақшы; екінші, ол уақытта дененің һәр бір клеткаларын бабына келтіріп, науқастың денесіне қарсы тұрғызбақшы. Екінші түрі: науқастың күшін жоятын тура… ең үлкен ем – денені бабына келтіріп ұстау. Мысалы: таза ауа, таза үй, тамақ, киім һәм өзге дауалар. Олар дененің һәр бір клеткаларына күш беріп, науқастың себебімен қарсыласуға көп көмек бермекші”[39] – дейді. Сонымен бірге автор бұл мақалада науқасты емдеудің ең пайдалы жолы – дәрілерді дұрыс қолдану, міндетті түрде олардың химиялық құрамын анықтағаннан кейін ғана пайдалану қажеттігіне ерекше тоқталады.

“Бұл соңғы уақыттарда газет, журналдарда мақталып жазылған дәрілер көбейіп барады. Мысалы, құрт ауруды (чехотка) жазатын, қылтамақты жазатын дәрі деп, бұлары жәй алдап, ақша табудың айласы. Бұл дәрілер жаңа шыққан, көбін әлі медицинский совет бекітіп шығармаған һәм ғылымдық жолымен де пайдалылығы көрсетілмеген. Соның үшін оларға да әуес болу артық”[40]. Бұл мақаланың мақсаты – халыққа емделу түрлері мен жолдарын, дәрілерді дұрыс қолдану, бақсы балгерлер мен жарнамаға сенбеу, яғни науқас адамның дұрыс емделуі үшін қажетті ақпаратты түсінікті етіп жеткізу. Ал Ж.Тілеулин, менің пікірімше,  әр мақаласында бұл мақсатына жетіп отыр.    

«Денсаулық: жас босанған әйелді күту туралы» мақаласында да автор осы мақсатты көздегені анық көрінеді. Бұрын жазылған мақалаларды еске ала отырып, оларға біраз түсініктеме де береді. Әйелдің босанар алдында да, босанғаннан кейін де қандай халде болатынын суреттеп, әйелдің денсаулығына зиян болатындай істерден сақтандыру мақсатында өте қажетті кеңестер беріп кетеді.

«Бала дүниеге келген соң, кейбір әйелдердің көзі қарайып, басы айналып, талқысып кетеді. Оны жұрт «марту басты» деп, үшкіріп, оқып, кейбіреулері шайтанды қуамын деп, манағы жас босанған әйелді ұрып, соғып, өзі әлсіреген кісіні сүйрелеп далаға шығарып, халқының ішіне апарып әурелейді. Әрине, өзі халы нашарланған әйел мұны көтере алмай өліп кетуі мүмкін. Әйелдің босанған соң көзі қарайып, талып кетуі — қан көп кету себебі, мидің қаны азайғандықтан. Ол уақытта үйге кісі толтырмай, бір нәрсемен жүрек жалғатып, жатқызып, жастықты аласа салып тыныштық беру»[41]. Автордың пайымдауынша, босанған әйелдің сау қалпына келуі үшін ол 4-5 күнге шейін қозғалмай, шалқасынан жату қажет және де үй шаруасымен алты жұмадай айналысуға болмайды. Алайда бұл істердің бәрі тек әйел дұрыс босанып, оған қажетті жәрдем орындалғанда ғана көмектеседі. Өйткені көп жағдайда босанған әйелдер қосымша науқастарға ұшырауы мүмкін. Осы жерде Ж. Тілеулин тағы да тазалық жөнінде сөз қозғайды.

«Босанған һәм босанатын әйелдерде, әсіресе біздей тазалығы жоқ, жәрдемсіз жұртта, өзге қосымша науқастар да көп ұшырамақшы: баланың дұрыс келмейтіні, бала туған соң фәннің көп жоғалуы себепті дене, одан барып басты жоғары көтеріп отырғызған соң (құрған жіпке асылу), ми қансырап, көз қарайып талып кету. Кейбір уақытта тазалықтың жоқтығынан өз алдына бір түрлі «микроп» деген кіріп, йә болмаса бұған қосымша бүйрек ауруы пайда болып белгілі «жындану»лар (родильная горячка) секілді. Бұл айтылғандарға оқыған дәрігерлер болмаса, басқа кісілер керекті емін істей алмайды»[42]. Яғни, мұнда да Ж. Тілеулин тазалық жоқ жерде, денсаулық болмайды деген қағидасын қайталауға шаршамай, оны халыққа жеткізуге қайта талпыныс жасайды. Сондай-ақ, басқа елдер мұндай мәселелерге көп ұшырамайтынына аса көңіл аударады. Өйткені, автордың айтуынша, «бұл жұрттарда әйелдің мұндай халына сонша мойын бұрған: өз алдына жеке оқу шығарып, ол оқумен сол әйелдерге жәрдем беретін арнаулы «акушер», әйел болса «акушерка» дейтін жәрдем емес дәрігерлер шығарады»[43].

Бұл мақалада Ж. Тілеулиннің өкінетіні босанатын және босанған әйелдердің денсаулығына қатысты мақалалар өте аз жазылады. Ал автордың айтуынша, қазақ халқының әйелдеріне аса көңіл бөлу қажет. Өйткені соңғы кездері босанған әйелдердің ішінде науқас әйелдер өте жиі кездесе бастаған. Және оның басты себебінің бірі «қазақ әйелдерінің ауыр, ұзақ жұмыста ғұмыр өткізуі». Сонымен, қорыта айтқанда Ж. Тілеулин бұл мақаласын босанған және босанатын әйелдерді күту, оларға қажетті көмекті дер кезінде және дұрыс көрсету керектігін айтып, оны халықтың санасына тағы да жеткізу ниетімен жазған көрінеді.

Ж. Тілеулин әр мақаласында денсаулық сақтау мәселесін көтере отырып, науқас болған жағдайда міндетті түрде дәрігер маманға көріну қажетіне ерекше мән берген. Алайда қазақтардың дәрігерге аса бара бермейтінін білген автор өзі дәрігер ретінде оларға денсаулық сақтау шараларын, науқас болған жағдайда емделу жолдарын, тазалық ұстау қажеті жөніндегі, тағы да басқа түрлі кеңестерді қалам арқылы жеткізуге бел буып, түсінікті түрде қарапайым тілмен жазды.

3.3 Қаламы төселген публицист (Оқу-ағарту, саяси-әлеуметтік тақырыптағы мақалалары). Гүлнәр Дулатованың «Ардақтап өтем әкемді» атты естелігінде әкесі Міржақыптың Асқар ағасына жазған хаты келтіріледі. Сонда Жұмағали жайында «Қызылжарға келгелі бірталай кісілермен таныстым. Олардың ішінде тез тіл табысып кеткенім – Жұмағали Тілеулин деген дәрігер. Ол — әрі қаламы төселген жазушы екен. Өнерден де құр еместігі арамызды жақындата түсті. Оның үйіне барып тұрамын» делінеді. Міржақып Дулатовтың Жұмағалиды қаламы төселген жазушы деп  мойындағаны оның жазған еңбектерін оқығанда ғана, шындық екеніне көз жеткіздім.  Жұмағали халықтың өмірі, мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары жайындағы мақалаларында маңызды әлеуметтік мәселелерді көтерген. Сонымен қатар патша үкіметінің озбыр саясатын сынға алды. Сол үшін де қудалаудың құрбаны болған.

Жұмағали Тілеулин туындыларының ол тұстағы тақырыбы әралуан еді. Бірде ол өз мамандығы бойынша қалам тербеп, денсаулық кепілі деп тазалықты насихаттап, елдің тұрмыс мәдениетін көтеруді күн тәртібіне қойса, енді бірде өнер-білімсіз өр асуға болмайтынын айтып, жеткіншектердің оқып білім алуына жол ашып, жағдай туғызуды талап етеді.

“Айқап” журналының 1911 жылғы сегізінші санында «Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер» деген мақаласында Жұмағали орыс мектептері мен татар медреселерінде оқитын қазақ жастарының көбейіп келе жатқанына қуаныш білдіріп, енді оларды ана тілінде оқыту мәселесін алға тартады. Ол үшін мектеп, медреселер салу ісіне жұртты жұмылдыру мәселесін көтереді. “Қазақ шәкірттері Петропавл, Троицк, Уфа, және басқа қалаларда, барлығы ең кем санағанда 200-дей болса керек, осыншама бола тұрып сіздер өзара ынтымақтасып тіреулі бір іс істеген жоқсыз”[44], -деген сөзін қазақ шәкірттеріне арнайды. 

“Халықты жақсылық жолға үндеп сөз айту, жазу керек, бірақ қанша айтсаң да хадіретке құлаққа алушы кім болып тұр. Қазақта ғылымдықтың пайдасын білген адам аз. Ғылымның қадірін білсе байлар бөтен оқушыларға жәрдем етпес еді, өз балаларын оқытар еді. Өз баласын оқытқан байлар да көрінбейді. Соның үшін шәкірттерге айтатұғын сөзім: байлар жәрдем етер деп бекерге көздеріңізді талдырып тұрмаңыз, өздеріңіз беттеріңмен талап етіңіз. Өз басына пайдасын білген, кісіге де пайда келтіре алмайды”[45] деп, қазақ шәкірттеріне жалтақтаудан арылып, өз күшіне ғана сену керектігін айтқан еді.    

Яғни, Жұмағали Тілеулин әлеуметтік әділетті мемлекет құрудың жолы елге билік жүргізу емес, алдымен халықтық жаппай білім мен мәдениетін көтеру деп білген. Оның бойында ұстаздық парасат, абыздық қасиет болған, оның мұраларының сарқылмас күш-қуаты да осында.

Алаш публицистикасының ең негізгі мәселесі – жер мәселесі болатын. Алғашқы қазақ басылымдардың ішінде жер мәселесін көтерген “Айқап” журналы болды. Халық арасында жер төңірегінде екі түрлі пікір қалыптасты. Біреулері қазақтарды отырықшылыққа шақырып, бірігіп мал, егін шаруашылығын өркендетуге, ол үшін жеткілікті мөлшерде жер алуына үгіттесе, екіншілері – қазақ елін жаппай отырықшы етуге болмайды деп бұра тартты. Бұл екі пікірде журнал бетінде кеңінен талданып талқыланды. Қазақ елі отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен шұғылданса өнер-білімге жол ашылып, мектеп салуға, емхана ашуға мүмкіндік туатыны жан-жақты сөз болады. Ол тұста Міржақып Дулатовтың “Айқапта” жарық көрген “Жер мәселесі” мақаласының қоғамдық мәні зор болды. Бұл мақаласында ол осы екі пікірді де жан-жақты талқылайды. Мұнда публицист М. Дулатов жер мәселесін шешудің дұрыс жолын іздестіреді, көпшілікті ойласуға, ақылдасуға шақырады. Патшалық Ресей саясатының зардаптарын А.Байтұрсыновтың  “Тағы да жер жайынан” деген проблемалық мақаласынан көруге болады.

Ал Жұмағали Тілеулин өзінің «Ат үстінде көрген түс», «Мейірімді төре» атты әңгімелерінде де жер мәселесін сөз етеді. Онда ол пікірін нақты деректерге құрмай, көркем әңгіме түрінде кестелейді. Яғни, өз ойын әдеби-көркем, публицистикалық, сатиралық жауынгер жанры  болып табылатын – фельетон арқылы жеткізеді. Темірбек Қожакеев: “Фельетон – объектісі әр түрлі адамдар бола береді. Кейде ол совет елінің дұшпандарына, енді бірде өз ішіміздегі ұры-қары, жегіш-жырындыларға, тағы бірде негізінен дұрыс, тек сәл қателескен, жауапсыздық жіберіп алған адамдарымызға шүйіледі. Мұндайда сол объектіге, оның қоғамға келтірген кәсір-кесапатына қарай әр түрлі үн, тілдік құрал қолданамыз”[46] дейді. Жұмағали Тілеулин де — өз ойын білдіруде жауынгер жанрын қолданған публицистердің бірі еді.   

“Ат үстінде көрген түс” әңгімесінде Қақсал (отағасы) мен Мұқыл деген екі салт атты адам – бас кейіпкерлер ретінде алынды. Бұлардың қалың ағашты, жұғымды шөпті, тұщы сулы жерлері мұжыққа кетіп, өздеріне жаңадан ағашсыз, ащылы жер кесіліп беріліп землямерден қайтып келе жатқан күйлері, яғни жер өлшетіп алып қайтқан беттері суреттелді. Осындағы Жұмағалидың шеберлігі – ел басына төнген зардабына шыдай алмаған жердің (табиғат) өзі оның иесіне ақыл-кеңес айтып, айналадағы табиғатқа тіл бітіріп қоюында. Бұнда ол аллегорияны қолданып отыр. Яғни, осы жерде адамның ішіндегі ойын ағаш бейнесі арқылы адам жанына әсер ету мақсатымен қолданылды. Мысалы, “Қайран қалып пысқырмай кісінемей бір әсем жүріспен аялдамақта еді. Мұқылға белгілі теректің жапырағы, желі азғантай болса да бір қайғылы даусыменен зарлаңқырап тіпті былайша деп сөйлегендей болып та көрінеді: “Мұқыл, біздерден айырылатын күн де жетті ме? Неше жылдан бері сенің бабаларыңменен бірге ғұмыр сүріп, олар жыл сайын біздің көлеңкемізге шыққан бүлдірген, жидекті ерінбей-ақ теретұғын едің. Балалықпенен біздің жапырақтарымызды да сындырып алатұғын күнің болушы еді. Енді бұл соңғы уақытта бізден күллі мұқтаждарың табылып тұрушы еді. Шөбіміз болса шауып алып, маңдайымыздағы тәуір топырақтарға егін салып, күн көріп тұрушы едіңдер. Енді осының бәрін де ұмытып бізден айырылғанда, басқа ағайындарынды іренжітіп, жер алғандарыңа мәз болып келе жатқаның ба?”. Бұған: “Шіркін бұрынғы иеленген адамдарымыз-ай! Мал жайып көркейтетұғын қайран елдер-ай. Аз да болса бірге шаттықта ғұмыр өткізіскен, біздің аралымызда жазғытұры рахаттанып жататұғын малдар. Қой-қозы қайтып көргенше саламат болыңдар” – деп алдында қуанып сөйлеп келе жатқан Мұқыл мынадай қиял көңіліне түсіп, көзінен жас ағып, жанындағы отағасына сөз сөйлемей үйіне келіп жатып қалды”[47]. Яғни, қазақ халқының кең даласы, бай жері Ресей келімсектердің оның иесінен тартып алынуы – бұл әңгімеде көркем тілмен астарлап берілгендігі көзі қарақты жанға түсінікті.

1913 жылғы “Айқап” журналында Жұмағали Тілеулиннің “Мейірімді төре” атты тағы бір жер мәселесі жайындағы фельетоны шықты. Өкінішке қарай, Республикалық Ұлттық кітапханада бар қолжазбалардың ішінде Жұмағали Тілеулиннің бұл фельетоны толық сақталмаған. Оның кейбір жерлерін оқып қарауға мүмкіндік болмағандықтан, фельетонның толық мазмұнын түсіну қиын болды. Дегенмен де, бізге жеткен бар түпнұсқасында Жұмағалидың жер мәселесі жайында айтқаны, ал соңында өлеңмен  қорытындылығаны белгілі.

«Мейірімді төре» фельетонында төре, ақсақалдар, қойшы бала сияқты кейіпкерлер бар. Бұнда халықтың жерін тартып алып, енді берген уәдеден қашып отырған төрелерге келген ақсақалдардың ауыр халі суреттеледі. Төрелердің «Пошел старый черт» деп ақсақалдарды қуып, «бұл қазақтай мылжың жұрт көрсем көзім шықсын» деп қазақты төмендетіп отырғанын автор айқын жеткізді.  Жұмағали кейіпкерлер арқылы әркімнің қоғамнан алатын орнын дәл көрсетіп берді. Мысалы, ақсақалдардың жер кескізу үшін төрелердің қыр соңынан қалмауын, қайта-қайта арыздарын жазып, өз жерін өлшетіп алу үшін неше түрлі сөзге қалғандарын айтқанда, Жұмағали бәрін өмірдің өзінен алып, үлкен шеберлікпен үн қатып отырды. Фельетонның «Мейірімді төре» деп аталуының себебі, менің ойымша, Жұмағалидың сол жарымжан төрелердің ішінен адамгершілігі бар бір ғана төрені алып суреттеуінде. Бұл төре ақсақалдарға берген уәде орындалады деп сылап, сипап істері орнына келетінін айтты. Десек те, «Бұл төренің арызшы халықтан жылдамырақ құтылуға істеген ісі екенін қайдан білсін. Арыз айтқан ақсақалдардың ішінен өте мейірімді көрген соң, бұл төре мұсылман шығар деп ойлағандары да болыпты»[48] дегенде, Жұмағали қазақ халқының қаншалықты момын, әлдекімге сенгіш екенін көрсеткісі келді. Автордың мейірімсіз адамдардың қазаққа мейірімді болып көрінуін сынға алғаны анық. Фельетон соңында ақсақалдардың ауылға қарай аттанысып келе жатқандары суреттеледі. Осында автор бұларменен қатарласып, ағаш жақтан қойларын жайып, ауылдың бір қойшы баласы келе жатқанын келтіреді. Ақсақалдардың тойып шыққан қойларға көздері түсіп, кетейін деп жатқан жерлерінің қандай қасиеті бар екенін түсінгендерін автор оқиғаларды қиюластырып беру арқылы шебер көрсетеді. Фельетон қойшы  баланың айтқан өлеңімен аяқталады:

«Кеттің бе шыныменен қара ағашым

Маңыңан мал кетпейтін бал ағашым

Қалатын қара ағашым қилы болса

Болар ем өзім барып садақасын»[49].

Осында Жұмағали қойшы бала мен ақсақалдардың мұң-мұқтажы ортақ екенін аңғартып, қойшы баланың халықтың кеткен жерлеріне шығарған өлеңін келтіруі шеберлік.

 Ж. Тілеулиннің «Ұлтшыл жігіт» мақаласы Ахмет Жанталиннің абақтыға қамалуына байланысты жазылған. Ахмет Жанталин Жұмағалидың жан досы болғаны көрінеді. Мақаланың басынан-ақ Ж. Тілеулин адамдарды бірнеше категорияға бөліп, олардың ішінен ұлтына жаны ашитын, барынша халыққа көмек тигізетін азаматтарды ерекше атап өтеді. Сол жігіттердің қатарына Ахмет Жанталин де жатады. Мақаланың өн бойында Жұмағали Тілеулин Ахметті абақтыға жала жауып отырғызғанын айтып, шағым жазған кім екенін анықтауға тырысады. Ахметтің қандай істермен айналысқанын, Петроградта уездің жері мен шаруасына байланысты дауларын шешуге көмек тигізгенін айта келе, басқа қажы-молдалардың атқарған шаруасымен салыстырады. Сонымен бірге, Ахметтің қандай себеппен қамалғанын түсіндіреді: «Иә, болмаса ат үстінен кейбір ақсақалдар, мырзалар азырақ үн, жайға орыс Граниннің шетіндегі «пайдасыз» қазақ жерінен бір-екі десятина сатылса, ол жер жыртыла келе 10-15 десятина болып кетеді. Бұл іс жөнсіз, мұны қалдырайық десе, Ахмет секілділерге бір жағынан манағы ақсақал, екінші жағынан мұжық қабағын түйеді»[50]. Яғни, Жұмағали Ахметтің қазақтан жердің тартып алуына, байлардың жерді арзан бағаға сатуына қарсы тұрғанын айтты. Сол себептен де абақтыға қамалғанын жан ашырып жеткізеді. Бұл мақаладан автордың озбыр саясат пен оның салдарынан туындаған әділетсіз істерге бей-жай қарамауы аңғарылады.     

         Асылы, Жұмағалидың жазғандарынан білімінің тереңдігі, пікірінің кемелігі мен мұндалап тұрады. Мысал үшін оның он төртінші жылғы “Айқаптың” алғашқы санында бас мақала орнына берілген “Баспасөз” атты шығармасын алсақ, “Кешегі өткен орыс жұртының данышпаны Толстой күллі жан иесіне бір көзбен қараған, қай жерде жәрдемсіз қалған жан болса, қаламымен соны қорғаған. Мечников деген асып туған зор дәрігер бар. Неше түрлі аурулардың тегін ашқан адам. Оның тапқан дәруін бүкіл адам баласы пайдаланып тұр. Бұлардың мұндай пайдалы жұмыстарын жұртқа шашатын баспасөз[51] деп айтумен баспасөздің болашақты барлаудағы, бірдің білімін мыңның игілігіне айналдырудағы маңызын дәлелдеген. 

Баспасөздің басын ұстаған кісінің қандай адам болуында да көп шарттар болмақшы. Біреулер оқып жол көріп ұстайды, білім алып жеткен соң, не болмаса өзгелерден асып кеткен зерек жұрт ісіне қанық болған соң. Бұлар дүниенің өткен істеріменен қазіргі болып тұрған істеріне әбден қанық болған соң, оны жұртқа жеңіл тілменен түсіндіреді. Болашақ істер турасында тарихқа сүйеніп болсын, басқаға болсын, жоруы онша теріс те кетпейді. Олар басарлық сөздерді салыстырып, толғап, сынап сонан соң басады[52] дей келе, Жұмағали Тілеулин қай жұрттың баспасөзі болса да, оның шығарушылары  сол жұрттың ортасында бірдей, барлығына бір көзімен қарап, жақсылықты бәріне бірдей іздеу керектігін айтып, қай жұрттың болса да ең үлкен қорғаушысы баспасөз екенін дәлелдеп береді. Бұл мақалада ол алдымен әр сөзін ойластырып барып жазатын баспасөз қызметкерлерін ғана қолдайтынын көрсетті. Ол баспасөз қызметкерлеріне, әр сөздің астарлы мәнін терең түсінетін оқырмандарды тәрбиелеу керектігін айтады.

 Ал оның “егерде баспасөздің басын жоғарғы екі жолдан хабары болмаған кісі ұстаса, басқаға қарасуға шамасы жоқ болса да, ерлікпенен ұмтылып жұрт ісінің басына мінбесе, біраздан соң шелегінің түбі көрініп қалады[53] деуі, қолдарынан келмеген халық алдындағы жауапты іске кірісудің керегі шамалы екенін білдіреді. 

         Сонымен қатар, автор баспасөздегі сынның мәніне тоқталады. “Біраздан бері бұл журналға (“Айқап” журналына) жас сөз сыншысы боламын дегеннің сөздерін көруші едік. Қуанышты едік, бізден де Писарев, Белинский, Добролюбовтар шығып, жолдан тайған жағымпаздардың қаламын түзеп тұрады ғой”[54] дейді. Бұнда ол қазақтан шыққан Добролюбовтардың болуын арман етеді. Сонда ғана, — дейді ол, — бізде баспасөздің құны өсер еді. Жұмағали Тілеулин қызметінің құндылығы – біз одан Жұмағалидың эстетикалық көзқарасы мен түсінігін көріп білетінімізде.    

Жұмағали Тілеулин “Айқапты” үлкейту туралы” атты мақаласында қазақ тілінде газет-журнал шығару мәселесіне тоқталған. “Айқап” журналының көлемін үлкейту керектігін, шығу мерзімін жиілету керектігін сөз еткен еді. Бұнда ол бірнеше білімділердің пікірін талдап көрсетіп берген. Яғни, “Айқапты” үлкейту туралы жұрттың маслихат сұрап жазған сөздеріне әр жерден жауап жазушылардың пікірін жазған. Мысалы, Орал облысынан Хусейн Байгилдинұлы былай деп жазыпты: “Айқапты кеңейту керек. Кеңейткенде газетке қосып шығармай-ақ, “Айқаптың” өзін толықтырып, қаршын молайтып һәм жұмасына бір шығару керек”[55]. Ал Павлодардан Уалихан Ғұмаров: “Журналдың бір жағын орысша жазған болмас. Біздің журналдарды орыстардан алып оқушылар болмас. Қазақ халқының хал жайын орыстарға таныту үшін шамаларынан келген мырзалар орыс газеттеріне жазсын. Бір жағын орысша, бір жағын қазақша айтқанменен одан не пайда күтіп болар”[56] деп журналдың қазақ тілінде ғана шығуын дұрыс көрді. Қостанай уезінен Омарған Жименеевтің: “Әуелгі тілегім – Орынбордағы шығатұғын “Қазақ” газетасына шамамыз келгенше жәрдем берейік.

Екінші тілегім – бөтен газетаны қоя тұрып “Айқапты” жұмасына бір рет шығатұғын қылайық.

Үшінші тілегім – журналға орысша жазуды қоя тұрып, орысша білімі бар жігіттеріміз үкіметтің жер алу, мектеп-медресе, оқу, оқыту секілді уа ғейри біздің тіршілігімізге керекті шуам бұйрықтардан қазақша аударып “Айқапқа” жазып тұрсалар екен. Бұл қазақша аудару орысша жетік оқығандарымызға керек болмаса да, біз секілді бишаралар пайдалану үшін керекті”[57] деген сөзінен, оның журнал тағдырына бей-жай қарамауы, қазақ ұлтына, тіліне, оның баспасөзіне де жан ашығаны  көрініп тұр.

Ал Жұмағали Тілеулиннің өзі “қолда бар алтынның қадірін білмегендік – ақымақтық” сөзінің барлық білімділердің айтқан пікірімен ұштасуын құптап, олардың айтқан сөздерін мақаланың арқауы етіп қойған.

Жұмағали аға сол кездегі қазақ зиялыларының ішіндегі аз жазса да саз жазатын ірі қоғамдық мәселелерге үн қататын, асқан білімді, беделді адамдардың бірі болған. 1917 жылғы “Қазақ” газетінің 3 маусымда шыққан “Жалпы мұсылман съезі” мақаласында ол қоғамдық маңызы зор мәселелерге тоқталды. Бұнда Россия мұсылмандарының съезіне жиылған 800-ден артық өкілдерінің мемлекет түрі қандай болу мәселесін шешкені жайында айтылады. Съездегі өкілдер екі жаққа бөлінді. “Біреулері – мемлекет түрі демократическая, децентрализованная, парламентарная унитарная республика, яғни мемлекет билігі халықтың өз қолында болып, бүтін Россиядағы жұрт бөлінбей, тұтас тұру. Екіншісі – демократическая федеративная республика, яғни жұрт өз тізгінін өзі алып, өз ісін өзі бітіріп, бөлектеніп, жалғыз-ақ мемлекетке ортақ іске қатынасып тұру. Бір жағы – унитаристер, екінші жағы – федералистер. Ахметбек Салықов, Ғаббас Асхатов – бұлар унитаристер басшылары, үш шығып сөйлегенде сөзін үш түрлі негізге тіреп сөйледі”[58].   

 Унитаристер “федерация аламыз деп тұрған халық қазақ, сарт, Кавказ һәм басқалар тіпті надан. Оларда неше түрлі фабрика, завод жоқ. Оны шығарарлық оқымысты жұрт емес, ғылым, білім, өнерден бос, құралақан”[59] деп бір ойын жайып салып, осыдан кейін де ашық айтқан ойларын Жұмағали қазақ даласына жеткізуді мақсат етті.

“Ең соңғы сөйлескендерінде федералистер жеңетін түрі көрінген соң, бұрынғы тәтті сөздерін қалдырып, нағыз шын ойларын айтыса бастады. Қазақ, сарт, Кавказдарға федерация болуға жібермеу керек. Олар бөлінсе, Россия қолында Еділ бойындағы татарлар қалмақшы. Және де қазақ пен Түркістан жақтарында бос жер көп. Олар бөлінсе, жерімен бөлінеді. Онда бізге пайда жоқ. Егерде бөлінбей тұрса, онда жері жоқ татарлар қазақ пен Түркістан жеріне көшіп барып, жер алады”[60] деген мұсылман съезінде айтылған сөздерін қазақ еліне баспасөз арқылы таратып, қорғансыз кезеңде еш қымсынбай айтуы Жұмағали ағаның публицистика саласындағы ерлігі мен өжеттілігін дәлелдей түспек.

Сонымен, Жұмағали Тілеулиннің аты қазақ публицистика тарихында алтын әріптермен жазылуға тиіс есімдердің бірі деп ойлаймын. Публицистика дәуір үнін жасай отырып, тіршіліктің сан қилы оқиғаларын бейнелеп, өткенді бүгінгімен, бүгінді келешекпен байланыстыра отырып, болмыстың бүкіл шығармашылығын бұқара алдына жайып салады. Жұмағали Тілеулин сүбелі мақалалар жазып, қазақ публицистикасының өскелең өміріне, журналистиканың өркендеп, дамуына өзіндік үлес қосқан журналист, публицист ретінде кез келген жанрда еркін көсілтіп жаза алатын шеберлігін тағылымдық арнаға ұластырған еді.

3.4 Алаш ардағы.  Жұмағалидың өз жұртын озық елдер қатарынан көруді көксеген жоғарыдағыдай ұлтжандылығы, елінің азат ертеңін ойлап, қашан да халқының қамын жеген едіге азаматтығы оны қазақ қырында ұлт-азаттық қозғалысының туын көтерген «Алаш» партиясына алып келді. Кейін ол оның белсенді мүшесі болып қана қоймай, серкелерінің де біріне айналды. Оған оның партияның негізін қалаушы Әлихан Бөкейханов бастаған бір тізімде он бірінші болып тіркелуі де куә болып отыр. Омбыда «Алаш» партиясының облыстық комитеті ашылғанда оған ол мүше болып сайланды. Партия комитеттерін ояздарда ашуға белсене атсалысты.

1917 жылы 21-26 шілде айында Орынборда өткен Бүкілқазақтық съезінде 14 мәселе қарастырылғаны белгілі. Соның ішіне «Учредительное собрание сайлауына даярлану һәм қазақ облысынан сайланатын депутаттар» мәселесі де кірді. Жұмағали Тілеулиннің Қызылжар облысынан депутаттыққа сайланғаны Үшкілтай Сүбханбердинаның кітабынан белгілі болды. Сонда «Съез әр облыстан сайланатын депутаттарды һәм олардың кандидаттарын лайықтады. Депутаттар тасқа түскенде спискеге жазылатын ретін де төменде көрсетті. Әр облыстан депутаттыққа һәм оларға кандидатқа лайықтанған адамдар ретімен мыналар: Ақмола облысынан: 1.Айдархан Тұрлыбаев; 2. Асылбек Сейітов; 3. Ережеп Айтбаев; 4. Сейілбек Жанайдаров. 5. Жұмағали Тілеулин»[61] деп көрсетіледі.

1917 жылдың қазан-желтоқсанында облыстарда Алаш партиясының комитеттері құрылды. Осылайша, 1917 жылдың 17 қазанында Омбы қаласында І-ші бүкілқазақтық съездің шешімін орындау мәселесін талқылаған Ақмола облысында Алаш партиясын құру жөнінде съезд өткізілді. Съезде Алаш партиясының бағдарламасын Әлихан Бөкейханов сөз сөйлеп түсіндіріп берді. Бұл съезге Ақмола облысының 5 уезінен шамамен 50-60 адам қатысты. Съезде Алаш партиясының Ақмола облыстық комитеті құрылды. Облыстық комитеттің председателі Айдархан Тұрлыбаев, комитет мүшелері – Асылбек Сейітов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Саматов, Бекмұхамбет Серкебаев, Ережеп Итбаев, Дінмұхамбет Әділов, Жұмағали Тілеулин, Кошмухамбет Кемеңгеров, Бірмұханбет Айбасов және басқалары.

Кейін Алаш партиясының уездік қазақ комитеттері құрылды. Петропавл уездік комитетінің жетекшілері болып Жұмағали Тілеулин, Салмақбай Күсемісов, Мұхамедкәрім Қарабалин сайланды. Тұрсын Жұртбаевтың «Талқы» атты кітабында уездік комитетінің өкілі Есім Байғаскин Алаш партиясының Петропавл уездік ұйымының жетекшісі Жұмағали Тілеулин болғанын айтады.

Алаш партиясының өкілдері қазақ ауылдарында насихат жұмыстарын жүргізді. 1917 жылдың соңында өткен сайлау Алаш партиясын қолдаушыларының халық арасында беделді екенін көрсетті. Уездердің көбінде үш негізгі партияның ішінен Алаш партиясы эсерлер мен социал-демократтарды озып шығып, жеңіске жетті. Алайда 1917 жылдың желтоқсанына қарай Ресейдегі жағдай өзгере бастады. 25 қазанда (7 қарашада) Қазан төңкерісі болды. Уақытша үкімет жойылып, өкімет большевиктердің қолына өтті. Осындай жағдайда 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында II-ші Бүкілқазақтық съезд шақырылды. Елде азаматтық соғысының өрши бастауына байланысты және Қазақ даласында анархияны болдырмау мақсатында съезд делегаттары екі маңызды шешімге келді: Алаш Автономиясын құру және өз қарулы күшін нығайту. Алаш Автономиясын басқару үшін Алаш үкіметі – Халық кеңесі немесе «Алашорда» сайланды.

Алашорда үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов тағайындалды. Алашорда көшбасшылары Әлихан Бөкейхановтың басқаруымен съезд шешімдерін жүзеге асыру үшін үлкен жұмыстар атқарды. Бұл жөнінде профессор А. Х. Қасымжанов өзінің «Портреты» кітабында (А.: «Қайнар» университеті. 1995) былай деп жазды:

«Әлихан Бөкейханов саясатының ұлттық-мемлекеттік идеясын жүзеге асыру мақсатында көп күш салған қайраткерлер 1917 жылдың желтоқсанында Алашорда мемлекетін құрып, сол үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалды»[62].

Алашорда жағдайы күннен-күнге нашарлай бастады. Алашорданың көшбасшылары ең алдымен автономия жөніндегі мәселені шешуге тырысқанымен, олардың үміттері ақталмады.

1918 жылдың 6 қаңтарында большевиктердің Бүкілресейлік жиналысты таратып, Қызыл гвардияшылдардың Орынбор қаласын жаулап алуы Алашорданың жағдайын қатты қиындатты.

Осы кезеңде Алаш партиясының өкілі Жұмағали Тілеулин де тұтқындалып, абақтыға қамалған болатын.

“Алаш” партиясының ой-ниетін әу бастан-ақ құп көрмей, мүшелерін қуғындаған Кеңес өкіметі ұлт зиялыларына қысымды барған сайын үдетіп, қуғын-сүргінді күшейте түсті. Алашорда серкелерінің қатарында 1918 жылы тұтқындалып, 3 жыл түрмеге отырып шыққан Жұмағали 20- жылдардың аяқ шеніндегі қуғын-сүргіннің екінші толқынына тап болып, тағы да қамауға алынып, 2 жыл тұтқында отырған соң, Ресейдің Орталық қаратопырақты аймағына жер аударылды. Онда Белозер аудандық ауруханасында дәрігер болады. Айдауда жүріп те ол қаламын қолдан түсірмей, жергілікті газеттерге дәрігерлік кеңес жазады, медицинаның күрделі мәселелерін зерделеп, зерттеулер жүргізеді.

Гүлнәр Міржақыпқызы «Аманат» естелігінде: “1929-1930 жылдары Міржақыптың көп жолдастары ұсталды, жалпы саны 32. Ішінде Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тілеулин бар”[63] деп айтады.

«Жұмағали тұтқындалысымен оның туысқандары мен отбасын қудалау басталады. Ағасы Шәймерден тәркілеу түрінде бүкіл мал-мүлкінен айрылып, жеке басы жауапқа тартылады. Қалған бауырлары бірі атшы, бірі балташы, бірі қара жұмысшы болып артельге кіріп жан сақтайды. Шиеттей бала-шағасы мен туғандарының ауыртпалығы өз мойнына түскен Райхан күнкөріс қамымен Өзбекстан асып кетеді»[64].

Аталған естелігінде Гүлнәр апай әкесінің айдауда жүргенде бірсыпыра жолдастарынан алған хаттарынан үзінділер келтіреді. Солардың бірі Павловск қаласында айдауда болған Жұмағалидың 1934 жылғы 30 мамырда жазған хаты: “Ст. Медвежья гора. Мурманск.ж.д. 1 ОЛК. Центральные курсы лекпомов при сан-отделе Дулатову М. г.Павловск ЦЧО ул. К.Маркса, дом 6. Ж.Тілеулин. Адрестеріңді жуырда алдым. Тұрмыс саулықтарың қалай? Тұрағым Павел қаласы, қаратопырақ бетінде саулық сақтау жұмысындамын. Менен басқа мұнда біздің жақтан кісі жоқ, жалғызбын. Тұтынуға қиындау болғандықтан үй-іші мұнда келген жоқ. 2 жылдан бері Ташкентте тұрып жатыр… Мұнда қызмет болғанмен табыс аз. Үй-іші келе алмай отырғаны содан. Өздерің қандай халде тұрсыңдар. Абдолла Воронежде тұрады, көптен хат келмей тұр… 30.05.1934 жыл. Жұмағали”[65].

Осы естелігінде Гүлнәр апай: Жұмағали “Міржақыптың інісіндей сенімді жолдасының бірі, қатар қамалып бес жылын Ресейде өтеп, 1936 жылы Қырғызстандағы Новотроицк поселкесінде дәрігерлік атқарып үй-ішімен тұрып жатқанда, 37-нің зобалаңына ұшыраған аяулы жан”[66], — дейді.

1935 жылы айдау мерзімі аяқталған Жұмағали Тілеулинді Қазақстанға жібермей, Қырғызстаннан бір-ақ шығарады. Бішкекте ол тағы да бір ауданның ауруханасында дәрігер боп жұмыс істейді. Жан сауғалап Ташкентте күнелтіп жатқан отбасын көшіріп алады. Ауруханадағы жұмыстан қолы қалт еткенде ұстаздығын жалғастырып, педтехникумда сабақ береді.

Бірақ бейбіт, бейқұт өмір, ызы-шусыз тыныш тіршілік көпке ұзамайды. Екі жылдан соң 37-нің зұлматы басталып, олар қайтадан қамауға алынады. Адам тағдырын Ішкі Істер комиссариатының “үштігі” шешетін шақта Жұмағали Тілеулинді Түркістан әскери округінің трибуналы соттап, ату жазасына кесті. Үкім 1938 жылдың ақпанында жүзеге асырылды. Сөйтіп, Алаш ардагерінің ұлтым, жұртым деп соққан от жүрегі басқа елдің аспаны астында тоқтап, басқа жерден топырақ бұйырды.

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Міне, қазақ халқының жанашыры болған ХХ ғасырдың 20-30 ж.ж. ұлтжанды қазақ интеллигенциясының бір өкілі  Жұмағали Тілеулин туралы зерттеу жұмысы аяқталды. Тоталитарлық режимнің озбыр саясатынан миллиондаған адамдар зардап шекті. Әсіресе қатыгез қудалауға ұлттың оқыған азаматтары ұшыраған. Олардың ішінде — Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел мен Жаханша Досмұхамедовтар, Мұхаметжан Тынышбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тілеулин және тағы басқалары.

1920 ж. аяғы мен 1950 ж. басында КСРО-ның тоталитарлық тәртіппен жойылған  азаматтардың көбі РСФСР-дің Қылмыстық кодексінің “Контрреволюциялық қылмыс” деп аталатын 58-ші бап бойынша сотталған еді. Бұл бап бойынша қылмыскер жоғарғы жаза үкімі болып саналатын – ату жазасына кесілген. Жоғарыда аты аталған тұлғалар контрреволюциялық іспен шұғылданбаса да, өз білім мен қабілетіне қарай туған ел мен халқының өрістеуіне қызмет еткендері үшін ату жазасына кесілді. Ал егер де оларды шығармышылық қызметтері дәл өрістеген кезеңінде, уақытынан бұрын жойып жібермегенде, бұл арыстар әлі де өз халқына пайдасын келтірер еді.

Осыған байланысты біздің міндетіміз: біріншіден, замандастар мен өскелең  жастардың, кейінгі ұрпақтың санасына өткен дәуірдің қарама-қайшы саясатын жеткізу. Екіншіден, нәубетке тап болған адамдардың қандай жағдайда болашаққа сеніп, қиыншылыққа төзіп, рухтарын биік ұстағандарын баяндау. Үшіншіден, арыстардың өздері қалап кеткен қоғамның сыр-сипатын ашу.

 Бүгін біз жаңа мыңжылдыққа аттап отырмыз, бірақ біздің бүгінгіміз бен болашақтың түп-тамырлары өткен ХХ ғасыр еншісінде қалып отыр. Кеңес дәуіріндегі ел тарихы өзінің ақтандақ беттерімен бүгін халықтың ой елегінен өткізілуде. Дәл қазір біртуар ұлдарымыздың өмірі мен халық үшін атқарған қызметін жан-жақты, терең зерттеу, олардың әрқайсысын халық арасында насихаттау – бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейтесті мәселе екенін түсінетін кез келді. Осы біртуар ұлдардың бірі – денсаулық сақтау мен ағартушылық саласында халық игілігіне қызмет еткен Жұмағали Тілеулин болғаны белгілі. ХХ ғасыр басындағы ғұмыр кешіп, қоғамдық-саяси, құқықтық ой-пікірді дамытуға үлес қосқан қазақ қайраткері Жұмағали Тілеулин хақында кейінгі ұрпаққа мұра болып қалатындай із қалдыру қажет.

Жұмағали Тілеулин – ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қоғам қайраткері, мамандығы фельдшер болғанменен “сегіз қырлы, бір сырлы” азамат еді. Ол өз дәуірінің білгір дәрігері болып қана қоймай, ұстаздыққа, ғылымға, оқу-ағарту ісіне бой түзеп, патша үкіметінің қазақ халқына жасаған озбырлығына қарсы шығып, онысын баспасөзде азаттық мазмұндағы мақалалар жариялау арқылы көрсеткен ірі қайраткер еді.    

Жұмағали Тілеулин өз заманының білгір публицисі бола білген. Сондықтан, өз дәуірінің суреткері  Ж.Тілеулиннің журналистік, публицистік мұраларын саралап-салмақтау кейінге үлгі-өнеге, берері мол дәріс болып табылады. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қайраткері, публицист Ж.Тілеулиннің жан даусымен көтерген өзекті мәселелері тәуелсіз мемлекетімізде дәл қазіргі күні де ешқандай мәнін жоймағанын аңғарту, тарихи сабақтастықтың нағыз айғағын көрсету керек.

Жұмағали Тілеулиннің қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған, аңсаған тәуелсіздік туын көтерген алаш арыстарының қатарында болуының өзін тарихи құбылыс деп бағамдаумен бірге оның ағартушылық қызметі саласындағы ұланғайыр еңбегін бүгін бағдарлап, бағалау оңайға түспейді. Дәрігерлік білім алуы, онысын ел игілігіне сарқа жұмсауы, педтехникум ашып, оның алғашқы директоры бола жүріп “қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болсам” деген ұлы арманды жолында аянбай қызмет жасауы соқтықпалы соқпақсыз сары даладан соныдан із ашуы тәрізді тағылымды істері Жұмағали Тілеулиннің тұлғасын биіктетіп, дарақтай дараландыра түсері даусыз. 

Жұмағали Тілеулиннің ғұмырнамалық жолын әлі де тереңірек зерттеу, беймәлім еңбектері арқылы оның ой өресі мен білім біліктілігін бағамдау, Алаш арыстарымен қатынастары әсіресе Міржақып, Мағжан естеліктерін іздестіру, Омбы, Қызылжар, Бішкек, Ташкент, Орынбор тәрізді қалалармен тамырлас алаш арыстарының қызмет аясын терең зерделеу мәселелері тарихшылар еншісіндегі жұмыс десек те, қолында қаламы бар біздердің де қарап қалмай әрекет етуге ұмтылғанымыз мақұл болмақ.

Әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев досы Жұмағали абақтыға алғаш түскенінде оған жыр арнап:

Ардақты ер! Ұмытылмас қылған ісің,

Күні ертең айбынды алаш жинап есін,

Көксеген көп заманнан тілегіңді

Жарыққа шығаруға жұмсар күшін,[67]

деген екен. Иншалла, бүгінгі тәуелсіз, азат алаш баласы ардақты жайсаң азаматын есте қалдыруға күш салар деп сенеміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

СІЛТЕМЕЛЕР:

 

[1] М. Қозыбаев. Ер есімі – ел есінде. Егемен Қазақстан. 1998. 18 сәуір.

[2] “Молодая гвардия”. 1990. №12. 37-бет.

[3] М. Қойгелдиев. Отаршылдыққа қарсы күрес кезеңдері. Қазақ тарихы. 1993. №1.

[4] М. Қойгелдиев. Алашорда. Егемен Қазақстан. 1992. 18 қаңтар.

[5] А .Қасабеков. Қазақ философиясы тарихын қалай зерттейміз? Ақиқат. 1994. №5. 18-бет.

[6] К. Нұрпейісов. Саяси партия болып санала ма? Қазақстан коммунисі. 1991. №5.

[7] Б. Жақып. Қазақ публицистикасының пайда болу, даму кезеңдері. Алматы. 2004. 

[8] Сонда

[9] С. Мұқанов. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. Қазақстан баспасы. 1932. 44-45 б.б.

[10] Ғ. Ахмедов. Қилы-қилы заман болды. Жұлдыз. 1992. №5.

[11] М. Қозыбаев. Ер есімі – ел есінде. Егемен Қазақстан. 1998. 18 сәуір.

[12] Г. Дулатова. Мәңгілік мирас. Қазақ әдебиеті. 2003. 7 ақпан.

[13] Т. Қажыбаев. Алаштың бір арысы. Арқа ажары. 2003. 26 сәуір.

[14] Сонда

[15] Сонда

[16] Г.Дулатова. Мәңгілік мирас. Қазақ әдебиеті. 2003. 7 ақпан.

[17] Бес арыс. Құрастырған Д. Әшімханов. Алматы: Жалын, 1992.

[18] М.Жұмабаев. Шығармалары. Алматы. 1989. 60-бет

[19] Г.Дулатова. Ардақтап өтем әкемді. Жұлдыз. 1990. №6.

[20] Сонда

[21] М.Дулатов. Оян,қазақ! Қазақ. 1917. №239.

[22] Г.Дулатова. Мәңгілік мирас. Қазақ әдебиеті. 2003. 7 ақпан.

[23] Сонда

[24] Г.Дулатова. Жұмағали Тілеулин. Мәңгілік мирас. Алматы,1998.

[25] М.Жұмабаев. Шығармалары. Алматы,1989,64-65 беттер.

[26] С.Муканов. Школа жизни. Юность. Алматы,1985 г.

[27] Қ.Мұқанов. Мағжан мен Міржақыптың досы. Солтүстік Қазақстан. 1998. 24 шілде.

[28] Сонда

[29] Н.Батталқызы. Сейітбаттал Мұстафаұлы – Шернияз ақын. Жұлдыз. 2003. №4.

[30] Қ.Мұқанов. Мағжан мен Міржақыптың досы. Солтүстік Қазақстан. 1998. 24 шілде.

[31] А.И.Сембаев. История развития советской школы в Казахстане. Алматы,1962 г.

[32] Қ. Мұқанов. Есімі ескерілмей келеді. Қазақ батырлары. 2000. №10.

[33] Қ.Мұқанов. Мағжан мен Міржақыптың досы. Солтүстік Қазақстан. 1998. 24 шілде.

[34] А. Байтұрсынов. Әдебиет танытқыш. Алматы. 2003. 75-бет.

[35] Т. Амандосов. Публицистика – дәуір үні. Алматы. 1974. 106-бет.

[36] А. Байтұрсынов. Әдебиет танытқыш. Алматы. 2003. 77-бет.

[37] Ж. Тілеулин. Әуелгі байлық – денсаулық. Айқап. 1913. №8.

[38] Сонда

[39] Ж. Тілеулин. Науқас һәм оның емделуі. Қазақ. 1915. №99.

[40] Сонда

[41] Ж. Тілеулин. Денсаулық. Қазақ. 1915. №96.

[42] Сонда

[43] Сонда

[44] Ж. Тілеулин. Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер. Айқап. 1911. №8.

[45] Сонда

[46] Т.Қожакеев. Жас тілшілер серігі. 167-168 бет.

[47] Ж. Тілеулин. Ат үстінде көрген түс. Айқап. 1912. №12.

[48] Ж. Тілеулин. Мейірімді төре. Айқап. 1913. №8.

[49] Сонда

[50] Ж. Тілеулин. Ұлтшыл жігіт. 1915. №108.

[51] Ж. Тілеулин. Баспасөз. Айқап. 1914. №1.

[52] Сонда

[53] Сонда

[54] Сонда

[55] Ж. Тілеулин. Айқапты үлкейту туралы. Айқап. 1913. №6. 124-126 б.б.

[56] Сонда

[57] Сонда

[58] Ж.Тілеулин. Жалпы мұсылман съезі. Қазақ. 1917. 3 маусым.

[59] Сонда

[60] Сонда 

[61] Ү.Сүбханбердина. Қазақ газеті. 407-бет.

[62] А. Қасымжанов. Портреты. Алматы. 1995. 54-55 б.б.

[63] Г.Дулатова. Аманат. Жұлдыз. 1994. №3-4.

[64] С. Ақтаев. Алаш ардағы. Ақиқат. 2003.  №6.

[65] Г.Дулатова. Аманат. Жұлдыз. 1994. №3-4.

[66] Сонда

[67] М.Жұмабаев. Шығармалары. Алматы. 1989. 64-65 беттер.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ :

 

  1. «Айқап» // Құрастырушылар Ү. Субханбердина,С. Дәуітов. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995.
  2. Ақтаев С. Алаш ардағы // Ақиқат. 2003. №6.
  3. Амандосов Т. Публицистика – дәуір үні. Алматы: Қазақстан баспасы, 1974.
  4. Атабаев Қ. Қазақтың негізгі авторлары // Ақиқат. 2000. № 12.
  5. Ахмедов Ғ. Алаш — «Алаш» болғанда. Алматы. 1996.
  6. Ахмедов Ғ. Қилы-қилы заман болды // Жұлдыз. 1992. №5.
  7. Батталқызы Н. Сейітбаттал Мұстафаұлы – Шернияз ақын // Жұлдыз. 2003. №4.
  8. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Алматы: Атамұра, 2003.
  9. Бес арыс. Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар // Құрастырған Д.Әшімханов. Алматы: Жалын, 1992.
  10. Дулатов М. Оян, қазақ! // Қазақ. 1917. №239.
  11. Дулатова Г.М. Ардақтап өтем әкемді // Жұлдыз. 1990. №6.
  12. Дулатова Г.М. Аманат. Естелік. // Жұлдыз. 1994. №3-4.
  13. Дулатова Г.М. Жұмағали Тілеулин // Мәңгілік мирас. Алматы, 1998.
  14. Дулатова Г.М. Мәңгілік мирас // Қазақ әдебиеті. 2003. 7 ақпан. № 6.
  15. Жақып Б. Қазақ публицистикасының пайда болу, даму кезеңдері. Алматы: Білім,
  16. Жалмұхамедов Ә. Ішкі хабарлар // Қазақ. 1917. № 235. (Араб графикасы).
  17. Жұмабаев М. Шығармалары. Алматы: Жазушы, 1989.
  18. Жұртбаев Т. Талқы. Алматы: Қазақстан, 1997.
  19. Қажыбаев Т. Алаштың бір арысы // Арқа ажары. 2003. 26 сәуір.
  20. «Қазақ» // Құрастырушылар Ү. Субханбердина, С. Дәуітов, Қ. Сақов. Алматы: Қазақстан, 1998.
  21. Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. Астана: Фолиант, 2002.
  22. Канапьянов Б. Жумагали Тлеулин // Тағылым. Алматы: Жібек жолы. 2000. с. 423-442.
  23. Қасабеков А. Қазақ философиясы тарихын қалай зерттейміз? // Ақиқат. 1994. №5. 18-бет.
  24. Қожакеев Т. Жас тілшілер серігі. 167-168 бет.
  25. Қойгелдиев М. Алашорда // Егемен Қазақстан. 1992. 18 қаңтар.
  26. Қойгелдиев М. Отаршылдыққа қарсы күрес кезеңдері // Қазақ тарихы. 1993. №1.
  27. Қойгелдиев М. Алаш өткен жол // Ақиқат. 1994. № 3.
  28. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы: Санат,
  29. Қасымжанов Қ. Портреты. Алматы. 1995.
  30. Қозыбаев М. Егемен Қазақстан. 1998. 18 сәуір.
  31. “Молодая гвардия”. 1990. №12. 37-бет.
  32. Мұқанов С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. Қазақстан баспасы. 1932.
  33. Мұқанов Қ. Мағжан мен Міржақыптың досы // Солтүстік Қазақстан. 1998. 24 шілде.
  34. Мұқанов Қ. Есімі ескерілмей келеді // Қазақ батырлары. 2000. №10.
  35. Муканов С. Школа жизни. Юность. Алматы: Жазушы, 1985 г.
  36. Муканов К. Жумагали Тлеулин – деятель «Алаш-Орды». Алматы: Жибек жолы, 2005.
  37. Нұрпейісов К. Алаш және Алашорда тарихының зерттелуі хақында // Қазақ тарихы. 1994. № 1.
  38. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы: Ататек,
  39. Нұрпейісов К. Ұлт азаттық күрес және «Алаш» қозғалысы // Ақиқат. 1996. № 6.
  40. Нұрпейісов К. Саяси партия болып санала ма? // Қазақстан коммунисі. 1991. №5.
  41. Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың. Алматы: Жеті жарғы, 1998.
  42. Рысбеков Т., Қарабалин Г. Алаш ардақтыларын алғашқы айыптау // Ақиқат. № 8-9.
  43. Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу. Тарихи мемуарлық роман. Алматы: Жазушы,
  44. А.И.Сембаев. История развития советской школы в Казахстане. Алматы: Казучпедгиз, 1962.
  45. Тілеулин Ж. Жас туғандарымызға // Айқап. 1911. № 3.
  46. Тілеулин Ж. Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер // Айқап. 1911. №8. (Араб графикасы).
  47. Тілеулин Ж. Ат үстінде көрген түс // Айқап. 1912. №12.
  48. Тілеулин Ж. Әуелгі байлық – денсаулық // Айқап. 1913. №2.
  49. Тілеулин Ж. Мейірімді төре // Айқап. 1913. №8. (Араб графикасы).
  50. Тілеулин Ж. Баспасөз // Айқап. 1914. №1.
  51. Тілеулин Ж. Айқапты үлкейту туралы // Айқап. 1913. №6. 124-126 б.б. (Араб графикасы).
  52. Тілеулин Ж. Денсаулық // Қазақ. 1915. №96. (Араб графикасы).
  53. Тілеулин Ж. Науқас һәм оның емделуі // Қазақ. 1915. №99. (Араб графикасы).
  54. Тілеулин Ж. Ұлтшыл жігіт // Қазақ. 1915. №108 (Араб графикасы).
  55. Тілеулин Ж. Жалпы мұсылман съезі // Қазақ. 1917. 3 маусым.