[:kz]
Бұл – XX ғасырда бүкіл республиканы асыраған ауыл. 1909 жылы Қарғалыда шұға фабрикасы салынғанда еліміздің әр аумағынан халық жиналып, осында жұмыс істеді. Кәсіпорын бүкіл республиканы, тіпті шет мемлекеттерді түрлі-түсті матамен қамтамасыз етті. Бір кездегі үлкен кент бүгінде қаңыраған ауылға айналған. Әсет Бейсеуов, Талғат Мұсабаев сынды айтулы азаматтарды дүниеге әкелген Қарғалы ауылының аянышты күйі тұрғындарын алаңдатып отыр. 20 мыңнан астам тұрғыны бар ауыл жағдайына көңілдері толар емес. Зейнеткерлікке шыққан қариялар өз заманында дүркіреп тұрған кентті сағынса, жастар жағы рухани демалу былай тұрсын, көңіл көтеретін орын жоқ деп налиды. Ауылда су да бар, газ да тартылған. Тек есік-терезесі үңірейіп бос тұрған, құрылысы басталып, аяқталмай қалған, іші қоқысқа толған ғимараттар жұртты қынжылтады. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қарғалы ауылына барып, жағдайдың мән-жайын өз көзімен көріп қайтты.
Ауылда бәрі бар…
Ұзынағаш ауылынан 11 шақырым қашықтықта, тау бөктерінде орналасқан Қарғалының табиғаты көз тартарлық. 1909 жылы шұға фабрикасы салынғанда ауылдың алғашқы іргетасы қаланды. Басында «Қарғалы», ал 1937 жылдан кейін «Фабричный» деп аталды. 2007 жылы Алматы облысы мәслихатының шешімімен ауылға о бастағы «Қарғалы» деген атауы қайта берілген.
Қазіргі уақытта Қарғалы ауылдық округінде халықтың жалпы саны – 20 мың 805 адам. 15-ке жуық жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. «Алматы конфеттері» кәсіпорны, есік-терезе шығаратын цех, 2 наубайхана жұмыс істейді. Ауылда 5 орта мектеп бар. Тәуелсіздік жылдары 50-ден астам шаруа қожалығы ашылған: ірі қара, қой-ешкі, жылқы, құс өсіріп отырған ауылдың тұрғындары тамақтан тапшылық көрмейді.
Әкімшілік ішіндегі кітапхана
Көркіне көз тоймайтын әсем табиғатын тамашалап, кәсіпорындарының жұмысымен сырттай таныссақ та, еститін құлақ болса, халқының айтар мұңы көп. Ауылдың тарихымен танысу мақсатында кітапханаға кіріп-шықтық. Қарғалы ауылының кітапханасында ел мен жердің өткен-кеткен өмірінен сыр шертетін басыламдар жетіп артылады екен. Бір өкініштісі, 10 мыңнан астам кітап кішкентай бөлменің ішіне сіресіп әрең сыйып тұр. Адам айналатын орын жоқ. Соншама рухани қазына үшін жергілікті әкімдіктің бір бөлмесі ғана берілген.
1964 жылдан бері жұмыс істеп тұрған ауыл кітапханасының бұған дейін жеке ғимараты болмаған. Кітапханашы Майра Тәкенова «барға қанағат», — деп шүкіршілік етіп отыр.
Мына кітаптардың бәрін рет-ретімен орналастырып қоятын жайлы орынға зар болып қалдық. Бөлме беріп отырған әкімдікке рахмет», — деді кітапханашы.
Қаңырап қалған ғимараттар
Ауылдың қақ ортасында, әкімдікке жақын тұсында атаулы күндер тойланатын алаң бар. Наурыз, Жеңіс күні, Білім күні, Жаңа жыл мейрамдары түгел осы алаңда өтеді. Тұрғындардың айтуынша, мейрам тойланатын күні алаң безендіріліп, мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Алайда мереке өтісімен қоқысқа толатын алаңның жағдайына алаңдайтын ешкім жоқ. Мерекеден қалған құмыралар мен сынған ыдыстардың қалдығы бірнеше күн бойы жата беретін көрінеді.
Алаңның оң жақ бөлігінде құрылысы басталып, аяқталмай қалған үлкен ғимаратты бірден байқауға болады. Тұрғындарының сөзінше, ғимаратты 1990 жылдары «Мәдениет үйін» саламыз деп тұрғыза бастаған екен. Бұл хабарды естіген қарғалылықтардың қуанышында шек болмаған. Рухани азығымызды Мәдениет үйінен алатын болдық деп бір-бірінен сүйінші сұрап та жүрген. Алайда сол жылдары-ақ ғимарат құрылысы белгісіз себептермен тоқтап қалған.
Тұрғындар осы істі қолына алып, құрылысты қайтадан жалғастырып әкететін қалталы азамат табылса деген арыз-армандарымен бөлісті. Сонда ауылдың кітапханасы да әкімшілікке қарап қалмас па еді?!
Жабық тұрған мына ғимараттың да жағдайы мәз емес. Алғашында кинотеатр болып ашылған. Оның ісі оңға баспаған соң 2000 жылдардың басында жастардың би билейтін ордасына айналған. Қарғалы жастары осы клубқа жиналып көңіл көтеретін-ді. Тіпті кинотеатрдың жұмысын жаңғыртады-мыс деген сыбыс тараған. Алайда айтылған сөз сол жерде қалып қойды. Сырты қоршалып, іші қаңырап тұрған бұл ұсқынсыз ғимаратты көрген халықтың күрсінуден басқа амалы қалмайды. Бүгінде ауыл жастары қыдырып, бой сергітіп қайту үшін сонау Ұзынағаш ауылына немесе Алматыға барады.
Ал бос тұрған ғимаратты қайта қалпына келтіруге әкімдік те, оны жекешелендіріп алған иесі де асықпайтын сияқты.
Ал мынау — өз заманында аты дүркіреп, бүкіл республиканы асыраған Қарғалы шұға комбинатының қалдығы. Қарғалы ауылының өзі аталмыш комбинаттың құрылуы негізінде пайда болғанын жоғарыда айттық.
Құнды мата өнімдерін шығарған шұға комбинаты 1909 жылы құрылып, 2000 жылдарға дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келген. Фабрика өнімі тек Қазақстан ішінде ғана емес, Ресей, Украина, Орталық Азия, тіпті Қытайдың да кейбір аудандарына экспортталатын. Соғыс жылдары бұл кәсіпорында майдандағы жауынгерлерге шинель тоқылды.
Қазан төңкерісінен кейін комбинатта 3500-ға жуық жұмысшы 3 ауысымға бөлініп жұмыс істеді. Төңкеріске дейін фабрика жылына 150 мың метр шұға өндірсе, 1986 жылы 3 млн 685 метр түрлі-түсті мата шығарды.
Алайда XX ғасырдың аяғында директоры болған Марат Әлімов өмірден озған соң ғасырға жуық уақыт дүркіреп тұрған фабриканың жағдайы мүлде нашарлап кеткен. 2006 жылы комбинат жұмыс істеуін доғарды. 3 мыңға жуық адам жұмыссыз қалып, комбинатты өз иелігіне алған адам тарихы тереңде жатқан шұға фабрикасын дөңгелетіп әкете алмады.
Кәсіпорынның бүгінгі хәлі осындай. Қарғалы ауылындағы жасы келген әр тұрғынның шұға фабрикасына еңбегі сіңген. Кімнен сұрасаң да, комбинатпен байланысты жастық шағын еске алып, күрсінген қарияны көресің.
Жарты ғасыр өмірін шұға комбинатына арнап, сонда жұмыс істеген Бадыр Салимовпен тілдесудің сәті түсті. Түрік ұлтының өкілі 1944 жылы солақай саясаттың кесірінен Жамбыл ауданына жер аударылып келген. Содан бері Қазақстан бұл кісілердің Отанына айналды. Комбинат жұмысын тоқтатқанымен, Бадыр ата кезінде бірге жұмыс істеген Амантай ата мен Орынтай атаны жанына алып, күнде таңертең фабрикаға барады. Бұл әдетке бойлары үйреніп қалған.
«1962 жылдан бері жұмыс істедік. Жақсы жұмыс істедік, барымызды салдық. Көп марапатталдық та. Сөйтіп 1991 жылы Совет Одағы құлағаннан кейін фабриканың жұмысы нашарлай бастады. Сол жылдары директорымыз да қайтыс болып, фабрика өзгенің қолына өтті. Ол иелік ете алмады. Дегенмен 2006-ға дейін істеп тұрған. Біз де фабриканың қайта оңалып кетуінен үмітімізді үзбей, күнде таңертең жұмысқа аттанатынбыз. Алайда сол жылдары комбинат дәрменсіз хәлге ұшырап, банкрот болып, ақыр соңы жабылып, бірнеше мың адам жұмыссыз қалды», — дейді Бадыр ата.
Ал бүгінде комбинаттың тек қалдығы қалған. Ілініп тұрған плакаттардан Совет өкіметінің ізін ғана көресің.
«Осы комбинаттың жұмысы қайта басталып, өз ісін жалғастырса екен», — деген арманын ауыл халқы жасырмады.
Қарғалы ауылдық округінің жайқалған табиғаты да, білім алатын мектептері де, тамақ өнімдерін шығаратын фабрикалары да бар. Алайда түрғындар кеше ғана дүркіреп тұрған ауылды мынандай күйге түсірген кім екенін түсінбей дал. Осының бәрін қолына алып, «ауылды көркейтемін» деген бір жас буынның шақпай жатқанына егде адамдар налиды. Ал ауыл әкімін тұрғындарының жартысы танымайды. Себебі есеп беру кездесулерінің қашан, қалай өтетінінен хабарсыз. Ол кездесуге тек мұғалімдер мен дәрігерлер баратын көрінеді. Ал қалың жұртшылық жиі ауысатын әкімдердің түрін де көрген емес.
«Ол әкімді ауыл ішінен сайласа жақсы ғой. Өзге ауданнан әкеліп қояды, оны ауыл жағдайы алаңдатар дейсің бе?!», — деп аһ ұрады Бадыр ата.
Суреттер.qamshy.kz сайтынан алынды
[:]