[:kz]
Ресейдің Серпухов қаласында бес жасар тәжік қызы Хувайдо Тиллозоданы қатыгездікпен өлтіру оқиғасы Тәжікстанда наразылық туғызды. Тәжік билігі Ресейді қылмысты толық тексеріп, кісі өлтірушіні қатаң жазалауға шақырды.
Шілденің 25-і күні таңсәріде бес жасар Хувайдо Тиллозоданың сүйегін Ресейден Тәжікстанға ұшақпен жеткізді. Мәскеу облысындағы Серпухов қаласында кісі қолынан мерт болған баланың ата-анасы, Тәжікстанның еңбек, миграция және жұмыспен қамту министрлігінің өкілдері де осы ұшақпен келді деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі. Хувайдоны сәрсенбі күні Куляб қаласындағы зиратқа қояды.
Өткен жексенбі күні Серпухов қаласындағы үйінің ауласынан жоғалып кеткен кішкентай қыз дүйсенбі күні таңертең өлі табылған. Сот-медициналық сараптамасы қылмыскердің баланы зорлап, кейін пышақтап өлтіргенін анықтаған.
Хувайдо Тиллозода. Отбасы мұрағатындағы сурет.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Серпухов қаласында кісі қолынан мерт болған кішкентай тәжік қызының өліміне байланысты Ресей сыртқы істер министрлігіне нота жіберді. Онда Душанбе Ресей билігін «баланы айуандықпен өлтіру қылмысын мұқият тергеп, жауыздыққа барған қылмыскерді қатаң жазалауға» шақырған.
«Тәжікстан Республикасы мен Ресей Федерациясының дипломатиялық және консулдық мекемелері қылмыс толық тергеліп, үкім шыққанға дейін Ресейдің тиісті органдарымен үнемі байланыста болады», — делінген мәлімдемеде.
Бес жасар тәжік қызы Хувайдо Тиллозода шілденің 23-і күні таңертең Мәскеу облысындағы Серпухов қаласының теміржол станциясына жақын жерден өлі табылған. Хувайдоның әкесі Абдусалом Саидов Азаттық радиосына қызына сот-медицина сараптамасы жасалғанын айтты.
[:]