АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«ЕАЭО-ның фирмаларына жерімізді тегін береміз деп жатыр»: Мұхтар Тайжан маңызды үндеу жасады[:]

[:kz]

Ол қазір «Үкіметтің бұндай сатқын әрекеттеріне» бейжай қарасақ, кейін кеш қалатынымызды ескерткен. Сол себепті, әзірше виртуалды түрде (карантиннің кезінде басқаша болмайды) жалпыұлттық қозғалыс құруды ұсынып отыр.

Жер мәселесімен «бел буып, білек сыбанып» айналысып, латифундистерге қарсы атой салып күресіп жүрген қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан өзінің «Жер қорғаны» атты қозғалыс құратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде билік ата-бабадан келешек ұрпаққа мирас болып қалған қазақтың жерін сатуға шындап кіріскелі жатқанға ұқсайды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Достар, өздеріңіз көріп жатқандай, карантиннің кезінде билік (Үкімет) жер жайлы түрлі-түрлі өте күмәнді шешімдерін қабылдағысы келеді. Бұл жайт бәрімізді қатты алаңдатады. Мысалы, субаренданы заңдастырғысы келді (ол туралы бір емес, екі рет пост жаздым). Қазір, міне, ЕАЭО-ның фирмаларына жерімізді тегін береміз деп жатыр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз және бұндай бассыздыққа жол бермейміз!» деп жазды ол facebook парақшасына.

Осы үндеуіне үңілсек, Мұхтар Тайжан біз қазір «Үкіметтің бұндай сатқын әрекеттеріне» бейжай қарасақ, кейін кеш қалатынымызды ескерткен. Сол себепті, ол әзірше виртуалды түрде (карантиннің кезінде басқаша болмайды) жалпыұлттық қозғалыс құруды ұсынып отыр.

«Жаңа қозғалыстың негізгі мақсаттары мынандай болады (менің ұсыныстарым):

1. 2016 жылы уақытша қабылданған 5 жылдық мораторийдің орнына түбегейлі жаңа Жер заңын қабылдатуымыз керек. Бізге концептуалды түрде мүлдем басқа Жердің заңы қажет. Сөзсіз, ескі 2003 жылы қабылданған Жер кодексі халық үшін өте зиянды болып шықты. Сол кодексінің кесірінен ауылдағы жұрт ортақ жерінен айырылып қалды. Сол ортақ жерді латифундистер басып алды. Бүгінгі таңда, тіпті, мал бағатын жайылым жерлер де қалған жоқ. Ұрпақ үшін біздің буын бұны өзгерту керек. Алаяқтық болып шыққан пай жүйесін жаңадан қарастыруымыз қажет.

2. Одан басқа, субарендаға жол бермеуіміз қажет. Бұндай ұсыныс нағыз бассыздық деп білем. Себебі, субаренда арқылы латифундистер жерді мәңгі ұстап қалады, яғни қарапайым ауылдың халқы жерсіз мәңгі қаңғып жүре береді. Сондықтан біз субарендаға қарсы шығуымыз қажет!

3. Келесі мәселе. Өзге елдерге, шет елдердің азаматтарына, шетелдіктердің кез келген үлесі бар заңды тұлғаларға, үлкен көлемдегі, яғни ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жеке меншікке немесе жалға беруге біз түбегейлі қарсымыз.

4. Қазақстан азаматтары бұндай жерлерді тек қана жалға алып жұмыс істесін. Ал жердің меншігі мемлекеттің қолында қала берсін. Үлкен көлемдегі жерлерді жеке меншікке ешкімге сатуға болмайды!

5. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпағына аманат еткен Жеріміз – жалпы ұлттың қазынасы. Сондықтан жермен кім қалай жұмыс істеп жатыр, ұтымды ма, ұтымсыз ба, жер кімнің қолынан табылды – бұндай ақпарат халыққа айқын болуы шарт. Ол үшін Үкімет замануи цифрлы-электрондық технологиялармен (ескі қағазбен емес) пайдалану керек. Оның ішінде космомониторинг те бар. Жер туралы бүкіл мағлұматтары халыққа ашық және оңай қолжетімді болуы керек.

6. Мемлекеттің орғандары, Үкімет болсын, «Атамекен» ҰКП болсын, әкімдер болсын, мемлекеттік орғандардың барлығы жер туралы заңдарды, өз қаулыларын, кез келген бұйрықтарын біздің жалпыұлттық қозғалысымызбен ақылдасып қана қабылдасын. Ол үшін біздің «Жер қорғаны» қозғалысымыздың атынан Астанада тұрып жатқан Мұхтар Тайжан жұмыс істесін. Біз оған сенім білдіріп, арнайы мандат беріп отырмыз. Ал Мұхтар Тайжан жер туралы Үкіметтің әр қадамдарын бізге әлеуметтік желілер арқылы баяндап тұрсын.

7. Егер Үкімет біздің виртуалды «Жер қорғаны» қозғалысымыздың келісімінсіз Жеріміз жайлы қандай болса да сатқындық шешім қабылдайтын болса, біз азаматтық наразылығымызды білдіруге құқылы боламыз. 2016 жылы Жер үшін көшеге қалай шықтық, қазір де шығуға дайынбыз, керек болса. Оған ешкімнің де күмәні болмасын.

8. Біздің қозғалыс – саяси партия емес. Мақсатымыз өте қарапайым – біріншіден, жерді сақтап қалу, екіншіден, жердің қарым-қатынастарын ашық, айқын және әділетті қылып орнату. Сондықтан бізге барша жер жанашырлары – басқа саяси партиялардың мүшелері де қосыла алады, қосылуға шақырамыз!» — дейді қоғам белсендісі.

Одан әрі «Билік бір қарапайым нәрсені түсінуі керек: жер мәселесі – бір немесе бірнеше ғана адамның мәселесі емес, жер деген – жалпыұлттық қазына» деген ол, жоғарғы жаққа халықтың өзі ата-бабадан қалған өз жерін ұрпақ үшін сақтай алатынын, сондықтан жермен «ойнауға болмайтынын» баса ескертіп қойды.

«Бұл үндеуімді қолдасаңыздар, лайктан басқа, өз аты-жөніңізді, тұрып жатқан қалаңызды, ауылыңызды, облысыңызды жазыңыз. Жерімізді бірігіп қана сақтай аламыз. Жерге келгенде, бәріміз бір жұдырықтай жұмылып тұра алатынымызды билік көрсін!» — деп аяқталған үндеуді қазір көптеген оқырмандары қолдап, «ортақ ұранға ұйысып» жатыр.

Ертеде батыр бабалардың атқа «Ел үшін! Жер үшін!» деп қонғанын ескерсек, шынымен де ендігі ретте халық есебінен байыған «ақшаның құлдарына» жайылымдық, шабындық аумақтарды меншіктеп алып, оны қалаған уақыттарында сырттан сұғын қадағандарға сатып жіберулеріне жол берілмеуі тиіс. Билік басындағы азаматтардың нағыз сыналар сәті – осы.

[:]