[:kz]
Қазақстанға 5 жыл бұрын келгенмін. Иә, мен қазақпын, бірақ бұл елдің азаматы емеспін. Атымды әжем Гүлсім деп қойыпты.
Тап-таза қазақша сөйлеп тұрғаныммен құжат жүзінде мен сіздерге, сіздер маған өгейсіздер. Қазір Алматыдағы дағдарыс орталығындағы мамандардың қадағалауындамын.
Тысқа шықсам «Өмір желісі 24» Қоғамдық қорының қып-қызыл дабыл түймесі бар құрылғысын алып жүремін. Себебі маған аяқ астынан қауіп төнуі мүмкін. Мұндағылардың барлығы дәл мен секілді айналасына үрке қарайды.
Сонымен айналамнан үрейленеітндей маған не болды дейсіз бе? Мен Өзбекстаннан келген қазақпын.
Басқа жерлестерім секілді менің де өз Отаныма орныққым келді. Жұмыс таптым. Өзімді қамтамасыз етуге ақшам жететін еді.
Бір күні Ерлан деген азаматпен таныстым, бірімізді біріміз жақсы түсінетін едік. Бірақ Ерланның отбасы мені қабылдамады.
Өзге елдің қазағы болғандығыма әсіресе енем қатты назаланды. Осылайша біз батасыз шаңырақ көтердік.
Бірінші балам дүниеге келгенде мен Ерланға елге барып, менің ата-анамның алдынан өтіп қайтайық деп ұсыныс жасадым. Бірақ күйеуім еліңді ұмыт деді де, құжаттарымды отқа жағып жіберді. Құжатым отқа жағылған күні селкілдеп тұрып жыладым. Енді мен ешкім емеспін. Туған жерімнің де, атажұртымның да азаматы емеспін деп еңкілдедім.
Күйеуім «құжаттарды реттейміз, сен осы елдің ааматы боласың», — деп жұбатты. Осылайша 3 жыл өте шықты. Ерлан істі болып, темір тордың арғы жағынан бірақ шықты. Ішімде 7 айлық балам бар еді.
Дүниеге перзент алып келгеннен кейін үлкендердің бізге деген мейірімі түсетін шығар деп кішкентайымды жетелеп енеме бардым. Бірақ олар менің жүкті екендігімді көріп естері шықты.
Қызымды алып қалатынын айтты да, ал ішіңдегі балаңды өзіңнің еліңе барып ту деген ақыл берді.
Далада қалдым. Мен анамын ғой. Кішкентай қызымды өзімнен ажыратқым келмеді. Ішімдегі баланы да өмірге аман алып келуді ойлай бердім. Бірақ шарасыз едім. Қайда баруға болады? Адамы сапырылысқан, бірақ адамдығы жоқ қоғамнан мейірім күтуден қалдым.
«Алтын орданың» көпірінен өзімді лақтырғым келген кездер де болды. Бірақ көзі жәудіреп қарап тұрған кішкене қызым мен құрсағымды тепкілеген нәрестені өлтіруге дәтім жетпеді. О дүниенің жауапкершілігінен қорықтым. Сөйттім де интернеттен осындай жағдай болғанда не істеуге болады деген сұрақтар жазып, жауап іздеуге тырыстым. Алғашында жеке-меншік орталық көмек қолын созуға талпыныс асады.
Қызым екеуміз жылы жер мен жақсы тамақпен ауқаттанып ес жинадық. Бірақ олар мені босандырып алу мен құжатымды реттеуге келгенде қауқарсыз екендіктерін айтты.
Сөйтті де осы Дағдарыс орталығына жолдама берді. Осы жылдың қаңтар айында перзентімді дүниеге алып келдім.
Жас босанып отырған анамын. Екеу болып келіп, үшеу болып өмір сүріп жатырмыз. Бұрынғы телефоныма енем хабарласып: « Баланы бер, әйтпесе сені тауып алып баланы өзімізге алып кетеміз», — деп қоқан-лоқы жасады. Мен бұл бопсалаудан қатты үрейленетінмін. Қазір арнайы SOS түймесі бар телефон пайдаланамыз. Қызыл түймені басып қалсақ, жедел түрде заң қызметкерлері мен медициналық көмек берушілер әрекетке көшетініне сенімдіміз. Орталық қызымды балабақшаға орналастырды. Ал менің құжаттарымды реттеу жұмыстарына орталықтың заңгер мамандары кірісіп кетті. Рас, мен құжатсыз 4 жыл бойы заң бұздым.
Бұған айыппұл салынатынын да білемін. Орталықта жатып жұмысқа барып келетін келіншектер бар. Солардан көмек сұрадым. Көмек болғанда қыс бойы шұлық, балаларға арналған киімдер тоқыдым. Осылайша айыппұлға да қаражат таптым. Енді жол кіреме ақша жинап, құжатым реттелсе аулыма қайтамын. Теперіш көргенім рас. Бірақ көзінен мейірім төгіліп тұрған жандарға да жолықтым. Бір рет жолсыз жерге түсіп кетіп, айналаның барлығы тығырық екен деп ойлау қате екен. Өзімді көпірден лақтырғалы тұрған кезде маған әлем мейрімсіз көрінген. Бірақ бала кезімде әжемнің айтқан екі бақа туралы тәмсілі мені қайта жолға салды.
«Екі бақа түнде беті ашық қалған ыдысқа су екен деп секіріп түссе, ол қоп- қою түсініксіз бірдеңе екен. Бір бақа ойбай біз ажалға секіріп түскен екенбіз деп әлгі қойырпаққа батып өліпті. Ал енді бірі қиын болса да, әлгі қойырпақта жүзе берсе керек. Қайта секіріп шығайын десе, қойырпақ денесіне жабысып жібермейтін көрінеді. Таңға жуық әлгі түсініксіз қою заттан су бөлініпті. Сөйтсе, түнде секіріп түскендері кілегей екен. Малти берген соң, шайқалып, шайқалып майға айналыпты-мыс»
Бәлкім бұл тәмсілді бұрын естіген боларсыз. Бірақ осындай дүниелерді баланың құлағына құя беру керек екен. Әрине, әжем марқұм айтып отырған кезде бұл мысалдың менің өмірімді құтқарып қалатынын ойламаған да болар. Балам ширап, құжаттарым реттелген соң, әжемнің басына барамын.
Кейіпкердің оқиғасын жазып алған
Айнұр Төлеу
elana.kz
[:]