[:kz]
Экономистер 2022 жылы бір доллар 500 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін екенін болжап отыр. Бүгіннің өзінде АҚШ валютасы 439-440 теңгеге дейін көтерілген. Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми сайтындағы соңғы деректерге сәйкес, бір айда АҚШ валютасы 4,75 теңгеге қымбаттаған. Ал соңғы тәуліктерде 0,81 теңгеге өскен.
Экономист Бекнұр Қисықовтың ойынша, 2022 жылы бір доллар 500 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. «Мен доллар 470-ке, 500-ге дейін көтеріледі деп ойлаймын. Ең алдымен, әрине, мұнай бағасы. Бұл тікелей корреляция. Біз үнемі Ресейдегі жағдайға қараймыз. Бәріміз білетіндей, санкциялық шаралар Ресей экономикасына әсер етті. Соның нәтижесінде доллар да көтерілді.
Біз Ресейдің тікелей серіктесі болып табыламыз және бұл елмен бір одақта, Еуразиялық экономикалық одақтамыз», — дейді Қисықов. Экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов та қаржы саласында алдағы жылы айтарлықтай қиындықтар болуы мүмкін екенін жасырмайды. Оның болжамына сай, келер жылы 1 доллардың құны 455-470 теңге аралығында сатылмақ.
Телеарнаның мәліметінше, доллардың нығаюы аясында қазақстандықтардың америкалық валютаға деген сенімі күннен-күнге артып келеді. Сауалнама нәтижесінде ел тұрғындары қаражатын доллармен сақтағанды құп көретіні белгілі болған. «Әйелім долларда сақтайды. Өйткені алдыға қойған мақсатымыз бар және ол үшін қаражат жинап, сақтау керек», «Доллар қымбаттауда, қалтамыздағы ақша да көбейіп жатыр», — дейді астаналықтар.
[:]