[:kz]
Бұған дейінгі сот отырысы онлайн өткен. Нұр-Сұлтанда бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке қатысты басты сот процесі басталды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сот отырысы Сарыарқа аудандық № 2 сотында өтіп жатыр. Журналистер бұрынғы денсаулық сақтау министрі Біратновтан өзінің кінәсіз екеніне қаншалықты сенімді екенін сұрады.
«Міне, сот басталды. Сотта барлығын естисіз. Барлық сұрақтарға жауап беремін», — деді ол.
Сонымен бірге Біратанов процеске дайындық «жақсы өткенін» айтты.
Бұған дейін сот заңбұзушылықтарды жою үшін экс-шенеуніктерге қатысты қылмыстық істі прокурорға қайтарған болатын. 11 мамырда өткен алдын ала тыңдауда Біртановтың адвокаттары заңбұзушылықтар жойылмағанын мәлімдеді. Алайда сот істі өндіріске қабылдады.
«Сот қылмыстық істі қайта қайтаруға негіз жоқ деген қорытындыға келді. Сот талқылауында сіздермен бірге ұсынылған құжаттарды зерттейміз және сот осы материалдарға баға береді. (…) Істі қайтаруға ең басты негіз қорғау тарапының шағымдарына жауап берілмегені болды. Бұл мән-жайды прокуратура жойды, ал сотталушылардың кінәсі немесе кінәсіздігі туралы дәлелдемелерді басты сот талқылауында зерттеп, бағалаймыз», — деп түсіндірді судья.
Еске салайық, 2020 жылдың 25 маусымында Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов 2020 жылдың қарашасынан бері үйқамақта отыр.
Бұрынғы министр Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Адвокаттың айтуынша, құқық қорғау органдары іс бойынша бапты қайта саралаған.
[:]