АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Экс-президенттің кеңсесіне биыл бюджеттен қанша қаржы бөлінді?[:]

[:kz]

 

Өткен айда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экс-президент Н.Назарбаевтың зейнетақысына қатысты сұрау салған тілшіге жауап беретінін айтты. Nege.kz редакциясы Қаржы министрінің атына ресми сауал жолдаған. Бүгін қаржы вице-министрі Т.Савельевадан жауап алдық.

Қаржы министріне мынадай сауалдар жолдағанбызТұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет тарапынан алатын зейнетақысы қанша теңге?

Экс-президенттің жүріп-тұруына, күнделікті түрлі қажеттілігіне, қызметкерлеріне және жалпы жұмысына мемлекет тарапынан ай сайын бюджеттен қанша қаржы бөлінеді?

Назарбаевтың отбасы мүшелеріне кімдер кіреді және олардың ай сайынғы шығыны қанша?

Н.Назарбаевтың өзіне отбасы мүшелеріне және жақын туыстарына мемлекет тарапынан қандай да бір қаржылық қолдаулар қарастырылған ба?

Фото: ғаламтордан

Қаржы вице-министрі Т.Савельеваның жауабы мынадай болды: «Конституцияның қолданыстағы 46-бабына сәйкес Республика президентін, Республиканың экс-президенттері мен олардың отбасыларын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

Бұл ретте Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебенсі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және Конституциялық заңмен айқындалады.

Конституцияның осы нормасын іске асыру үшін 2000 жылғы 20 шілдеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заң қабылданды, ол Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси және құқықтық жағдайын айқындайды.

Конституциялық заңның 4-бабына сәйкес елбасының қызметін ақпараттық-талдамалық, құжаттамалық, ұйымдастырушылық-хаттамалық және өзге де қамтамасыз етуді және оның мәртебесін іске асыруды мемлекеттік мекеме болып табылатын Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесі жүзеге асырады.

Бұдан басқа, Конституциялық заңның 9-бабына сәйкес Тұңғыш Президент – Елбасы Республика Президентінің өкілеттігін орындаған кезеңде ол Тұңғыш Президент – Елбасының қорын, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын құрады және қалыптастырады. Тұңғыш Президент – Елбасының және кітапханасы мен жеке мұрағаты ұлттық игілік болып табылады және мемлекет меншігі болады.

Тұңғыш Президент – Елбасының қызметін қамтамасыз ету, оның ішінде қорды толықтыру мен ұстауға және оның үй-жайларын күзетуге, жеке кітапхана мен жеке мұрағатты сақтауға арналған шығыстарды қаржыландыру Конституциялық заңның 12-бабына сәйкес республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады

2022 жылға арналған республикалық бюджетте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің қызметін қамтамасыз етуге 1 249, 6 млн теңге сомасында және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызметін қамтамасыз етуге 1 392, 9 млн теңге сомасында шығыстар көзделген».

Конституцияға өзгертулер енгізу үшін биыл 5 маусымда референдум өтпек. Референдум сәтті өтіп, өзгертулер қабылданса, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң күшін жоюы мүмкін. Ал егер бұл заң күшін жойса, экс-президент Назарбаевтың «айлығы» мен «шайлығына» бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі де өзгермек.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Е.Жамаубаев уәдесінде тұрмады. Кейбір нақты сұрақтарымызға нақты жауап алғамыз жоқ.     

[:]