[:kz]
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – цифрлық экожүйені үдемелі дамыту арқылы қажет мәліметтерді электронды түрде пайдаланып, өмір сүру сапасын жеңілдету. Осы жайлы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығы баспасөз мәслихатын өткізді.
«Жалпы мемлекеттік сақтауда 33 мыңнан астам аса құнды құжаттар бар. Осы құжаттарды электрондық архивке көшіруімізбен құжаттардың сақталу мерзімін ұлғайтуға мүмкіндік аламыз. Себебі облыстық архивте 1834 жылдан бері қағаздар сарғайып, көнерген күйінде сақталуда. Оны электрондық нұсқаға көшіру қажет. Осы орайда электрондық жүйе құжаттарды электрондық түрге айналдыруға, оған қол жетімділікті қамтамасыз етуге және электрондық архивті басқаруға мүмкіндік береді», — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлім Тұрғанғазықызы.
Электрондық архивке көшу барысында әр түрлі іс-шаралардың жүргізілуі айтылды. Олар: «Үздік іс жүргізуші», «Үздік ведомстволық архив», «Үздік филиал». Бұл сайыстар сапалы іс жүргізуді, архивтік мекемелерге уақтылы құжаттардың тапсырылуын және оның электрондық түрге тез арада көшуіне жол ашады.
Ақпарат үшін айта кетсек, маңызы бар құжаттарды сканерден өткізіп микрофишаға жүктеу қолайлы тәсіл болып отыр. Қазіргі таңда сканерден 245 000 парақ өткізіліп, 3628 микрофиша бар.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
Оралбекова А.Т
[:]