[:kz]
Қазақстан Республикасында жыл басынан бері 3 баладан Кавасаки синдромы анықталған. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов оның нендей індет екенін және балалардың қазіргі жағдайы қандай екенін айтып берді.
«13 наурыздан бері Қазақстанда 2257 баладан коронавирус инфекциясы табылған. Қазір 114 бала ауруханада жатыр. Ал Кавасаки синдромы, яғни баланың ортаңғы және кіші тамырларын зақымдайтын, өте ауыр өтетін жүйелі ауру 3 баладан анықталды. Біреуі Нұр-Сұлтан қаласында, біреуі Алматыда, үшіншісі Петропавлда тұрады», — деді Бағдат Қожахметов.
Бағдат Қожахметов бұл өте сирек кездесетін ауру екенін және әр баланың денсаулығына қатысты әртүрлі ақпарат барын айтты. Мәселен, Нұр-Сұлтанда ауырып жатқан баланың жағдайын дәрігерлер орташа деп бағалаған.
Айта кетейік, Қазақстандағы мессенджерлер мен WhatsApp-чаттарда коронавирус инфекциясы балаларда Кавасаки синдромын қоздыратыны, сондай-ақ, қазір ауруханаларға денесінде бөрткен пайда болған балалардың өте көп түсе бастағаны туралы хабарламалар тарап жатыр.
[:]