[:kz]
Елімізде жыл басынан бері 800 келіншек сексуалды шабуылдың құрбаны болды. Күдіктілер бұрымдыларды әр түрлі жерден тосып алып отырған. Бірі жаман ойын жеделсатының ішінде асырса, енді бірі көлікке отырғызып, ешкім естімейтін, көрмейтін жерге апарып зорлаған.
Статистикаға сенсек мұндай фактілердің дені Алматы мен Алматы облысында тіркеліпті. Алайда мамандар деректер шындыққа жанаспайды, әсілінде құрбандардың саны бұдан да көп деп дабыл қағып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тальго жүрдек пойызында Ақтөбелік аруды екі жолсерікші зорлап кеткен. Десе де, жұрт тентектерді даттаудың орнына, қара нәсілді азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қызын жерден алып жерге салып жатты.
Қысқасы соңғы оқиға әуелгісінің көлеңкесінде қалып кетті. Бұл нені білдіреді? Біздің қоғам «Қызды қырық үйден тыю» деген қағиданы әлі де қатаң ұстанады. Бірақ, соған қарамастан қаракөздерін ренішке беріп қоятыны тағы бар. Жыл басынан 800 бұрымды зорланыпты елде!
Писсимистік статистиканы Алматы облысы бастап тұр. 129 факт тіркелген. Одан кейін Алматы — 79-қылмыстық іс. Астана да қалыспайды — 54, ал Шымкентте — 40 ару зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған.
Неге сонша қыз зорлағыш болып кеттік? Аурудың ең негізгі себебі қоғамдағы имандылық барометрінің төмендеуі дейді білетіндер. Яғни елде ұлттық идеология жоқ.
«Ал жалпы зорлыққа кім барады? Зорлыққа әдетте өзіне-өзі сенімсіз адамдар барады. Мәдениеті төмен. Қазақ айтады ғой, «Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары жүреді» деп. Немесе қазақ айтады тағы «Жақсының ақылы жүрегінде болады, жаманның ақылы білегінде болады»деп. Сол жақсылар азайып, жамандар көбейгенде осындай зорлық көбейеді», — дейді абайтанушы Омар Жәлел.
Қысқасы «Келші қарғам шашыңнан иіскейін, иіскейін бірақта тиіспейін!» деген Мұқағалидің көзқарасын қоғамға қайтару қажет болып тұр. Тентектерді тезге салудың тағы бір тетігі заң екені бесенеден белгілі. Алайда одан қорқып жатқан біреу бар ма өзі?
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған талай бұрымдының ісін қарап, сотқа дейін сүйреп жүрген Айманның айтуынша біздегі жазалау жүйесін әлі де жетілдіру қажет.
«Шынымызды айтсақ, кінәлілер көп жағдайда жазаларын алмайды. Елу проценттен астам десек те болады. Себебі біздің елде көп әйелдер біріншіден өздерінің зорланғандығы туралы арызданбайды. Себебі полицияға ешқандай сенім жоқ. Мысалы менде қазір бір іс бар, Астанада болған. Жаңағы екеуі шенеунік, үшіншісі шенеунік емес. Олар қызды зорлаған. Ол іс әлі күнге дейін сотқа кеткен жоқ. Дәлелдер болса да. Екі шенеунік ауылшаруашылығы министрлігінің шенеуніктері», — деді заңгер Айман Омарова.
Қысқасы заңнан қорықпағасын иті де, биті де қызға тиіскіш қазір.
«Мысалы Америка құрама штаттарында осындай қылмыс үшін, мысалы біздікілер сияқты қамаққа алмау, жаңағы жәбірленушіні ары-бері жүргізіп, жылатқызып, біздің полициялар барған кезде жәбірленуші әйелдерге мазағымен қарап, бір кабинетте отырып алып, бір бірімен темекі шегіп, хаха хохо деп мазақтап отырады», — деді заңгер.
Бұрымдылар тарапына мұндай көзқарастың қалыптасуы да бекер емес шығар. Бәлкім, «Құнажын көзін сүзбесе, бұқа да жібін үзбес пе еді!». Алайда бұл полиция өкілдерін жауапкершіліктен босатпайтыны анық!
[:]