[:kz]
Той маусымы басталғаннан отандық жұлдыздар өздерінің кестесі мен талап ететін қаражат құнына өзгеріс енгізуге кіріседі. Тойдан табысты еселеп табатын шоу-бизнес өкілдері кімдер? Гонорары бойынша көш бастаған жұлдызды асабалар мен әншілер жайлы «Астана» арнасының «Ел аузында»бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Олардың ең қымбаты тойға 15 мың долларға барса, ең арзаны 6 мың долларды қанағат тұтқан.
Нұрболат Абдуллин — 6 мың АҚШ доллары
Нұрболат Абдуллиннің бір тойдан табатын табысы 6 мың АҚШ долларын құраған.
Әншіні қуанышыңызға шақыратын болсаңыз, қонақ үй мен ұшақ билетін алуға да дайын болыңыз.
«Бізде гонорар 6 мың доллар. Жол билеті мен қонақ үйге екі адамға орын аласыздар. Егер алдын-ала белгілі бір сомасын төлеп қоямыз десеңіздер, жеңілдікпен 2 млн теңгеге барады», — дейді Нұрболат Абдуллиннің көмекшісі.
Бүркіт пен Аиша — 7 мың АҚШ доллары
Бүркіт пен Аишаның тойдағы гонорары былтырғы жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалған.
Жұлдызды жұпты өз қуанышыңызда көргіңіз келсе, 7 мың АҚШ доллар төлеуге дайын болыңыз.
«7 мың доллар. Осы соманың ішінде жолы, қонақ үйі де бар. 20 минуттан екі рет шығамыз», — деді әнші.
Төреғали Төреәлі — 8 мың АҚШ долларына тойда ән айтуға дайын.«Алматы қаласында бағамыз 7 мың доллар. Ал басқа қалаларға 8 мың доллар. Бір аптаның ішінде гонорарды төлесеңіздер, үш адамға билетті өзіміз аламыз. Сонда сіздер тек қонақ үймен қамтамасыз етесіздер. Ең азы — 8 ән айтамыз. Ал егер төлем бір аптаның ішінде орындалмаса, үш адамға ұшақ билетін өздеріңіз аласыздар», — дейді Төреғали Төреәлінің көмекшісі.
Қайрат Нұртас — 9 мың АҚШ доллары
Мұнан бөлек әнші мен көмекшісінің билеттері, қонақ үйі де сіздің қалтаңыздан төленеді.
Тұрсынбек Қабатов — 15 мың АҚШ доллары
Ал танымал әзілкешке той басқартқыңыз келсе, 15 мың АҚШ долларын төлеуіңіз керек.»15 мың доллар. Тек жүргізуі, ұшақ билеттері, тамағы мен қонақ үйі осы соманың ішінде», — дейді әзілкештің көмекшісі.
[:]