[:kz]
«Қазақ нені болса да біліп айтқан. Ал енді аппаратпен аңыратып есек сауғанды көріп отырмыз. Сұмдық», — деп қынжылыс білдірді әріптесіміз.
Белгілі журналист Серік Әбікенұлы Facebook-тегі парақшасына арнайы аппаратпен бір қора есек сауып жатқандардың видеосын жариялады. Watsapp желісі арқылы тарап жатыр екен. Түсірген адам қазақша сөйлеп жүр, деп жазды paryz.kz.
«Баяғыда үлкендер ақымақтығыңа ыза болып: «Әй, есектің миын жегенсің бе?» — деп ұрысса, мұрынды бір тартып қойып: «Жоқ», — деп қарап тұрушы едік. Енді: «Сүтін ішкенсің бе?» — деп ұрсамыз ба?
Христиандар Иса пайғамбар Құдысқа мініп кірген хайуанды ерекше құрметтейтіні рас, тіпті, жонындағы айқыш секілді қара сызықты тәңір таңбасы санайды. Мұсылмандар Ібілісті Нұқ пайғамбар кемесіне ертіп кірген осы малғұн деп жеккөреді.
Бұл мақұлықтың денесінде шошқадағыдай адамға аса қауіпті микробтар бар екен. Баяғыда миынан сұйықтық алып, адам дуалаған екен. Миын жегенсің бенің мәні сонда болса керек. Қазақ нені болса да біліп айтқан. Ал енді аппаратпен аңыратып есек сауғанды көріп отырмыз. Сұмдық», — деп қынжылыс білдірді әріптесіміз.
Шылпылдатып шошқа етін жеген қазақты да көргенбіз. Енді қалғаны есек сауу еді. Әйтеуір өткізудің амалы болса керек, қазіргі қандастарымыз «есектің сүті денсаулыққа пайдалы екен» деген жарнама тарата бастапты. Карантинде коронавирусқа қарсы қойдың құйрығын, ақжелкен тамырын көбірек жеу керек деп, сол екеуінің саудасын қыздырған едік. Тіпті, тұтас құйрықты майын ағызып тұрып қомағайлана асап отырған жаны тәтті қазақтың видеосы да тарап кетті сонда. Аяқ астынан қыруар пайдаға кенелмек болғандар жарқанаттікі деп құрқылтайдың ұясын құртып, аюдың өтін де іздеп кетті.
Енді мына мақұлықтың сүтін сататындар да «коронавирустан құлан таза айықтырады екен» деп желі арқылы бір желіктіріп қойса болды, «есек ембеген» отандас кемде-кем болғалы тұр ғой. Осы бетімізден таймасақ, еріккендердің сандырағына сеніп, тышқан сойып жейтін де түріміз бар. Қытайға айналмасақ жарар еді…
[:]